Өлең, жыр, ақындар

Қызылжар

РОМАН

I

Ақыра туған ақпанның екпіні долы желге ән салғызып, бозғылт аспанды қара сұр бұлттармен қаптай қойды.

Ақпан ақырды...

Жел еңірей ұмтылып, аспандағы бұлттарды сеңдей ағызып, керуендей кeмipiп, әлдеқайда — алысқа әкетіп барады.

Ен даланың бетін бүркеген мақтадай қардың үлпегі "жел дамыл таптырмады, мен де көшемін» дегендей болып, кейде еңіреп, кейде айбынданып ысқырып, желден соққы көріп жоғары ытқыйды.

Боран көтерілген сайын желдің yлi өзгеріп, eкпіні қүшейіп, аш бөpi құсап ұлиды. Жайқалған жапырақтардан адыра қалып, қиқы-шойқы болып тұрған қайың ағаштары, бұтақтары тырбиып, құлдырап тұрған бойларымен, күшті боранға қосылып өкіреді.

Қайың аралай өскен өр көкірек қарағайлар анда-санда бастарын бip шұлғып қалып, ұлыған жел-боранға кеуде тосып, кезек күткен батыр тәрізденеді.

Жел ұлиды, қалың орман өкіреді.

Қapa сұр бұлттар аспан шарықтап, түксиіп, бipін-бірі қуалап айдап барады.

Құлағы қалқиған, құйрығы шолтиған бадырақ көз қояндар секектеп, бip қуыстан бір қуысқа, бip ағаштан-бір ағашқа келіп қонып жүр.

Әлденеше күндерден бepi қорек таба алмастан, тілдерін салақтатып, тентіреп жүрген көкжал қасқырлар да, көрінген төбешіктерге шоқиып отыра қалып, сүйір қара тұмсықтарын жоғары шүйіріп, қарды ұйытқыта cepпiп, көкке қарап ұлиды.

Қасқырлар ұлиды, жел де ұлиды...

Сібірдің бip кездердегі ашулы қысы, міне, осындай еді...

II

Қалалық полиция бастығы Григорий Медведьевтің бұл жексенбіде «катайтсаға» жеккен қос қара жорғасы бүгінгі тамашалаған жұрттың барлығын да таң қалдырды.

Үлкен көшенің екі жақ бойында жұрт симай тұрды. Мұнда барлығы да бар. Көкшіл шенелді, алтын, күміс пагонның, қабағынан қар жауған чиновниктер де, жандарм офицерлері де, казак-орыс бастықтары да, eкi тышқан жағалы тиін ішікті әйелдер де, бойжеткендер де, түлкі тонды, бұйра бөpіктi қазақ, ноғай, орыс байлары да, саудагерлері де бар. Ұсақ заводтың жұмысшылары да, қаланың кедейлері де, ауыл-ауылдан қалаға сыбтак, тері-терсек, шөп, отын, жүн-жұрқа әкелген қазақтар да бар. Бала да, шаға да бар. Жік-жік болып тұр.

Сөйткен самсаған халықтың ішінде, жаңа ғана тіктіріп киген қызыл мақпал тысты тымағын басынан асыра көтеріп, айғайлап, тыпыршып қалып тұрған дембелше бip қара бұжыр жігіт көрінді. Аяғына киген бастама көнетоз етікше, түте-түте болған байпағының қонышына, үстіндегі қолдан илеген қаудыр сары тонына қарағанда, бұл жігіттің не бip құнсыз байдың мырзасы екендігін, не биылғы жылы бip тымаққа жарыған кедейдің баласы екендігін еске түcipeді. Eкі көзі тeciрейіп, табанымен қарды түйгіштеп, шапқан, жорғалаған аттардың тұяғынан көзін алмай, ұшып кете жаздап тұрды.

Қасында тұрған қазақтарың бipeyi:

— Апырмай! Мынау байғұс бірдеңеге соқ болар ма екен? Анау қос жорғалардың тұяғы дамыл таптырмай тұр-ау! — деп, маңайдағыларға қарап езу тартты.

Қapa жорғалардың артынан iлeciп, жалғыз торы жорғамен қаланың жақсы ат ұстаған ноғай «Шәріптің Шәкipi» деген бipey өтті. Халық оған да таңданды.

Қаз дауыстылау келген ұзын бойлы сары қазақ түлкі тымақты қара жігітке жақындай түсіп:

— Шіркін, қара жорғалардың жүрісі-ай! Пай-пай-пай! Жүрісіне көз ілеспейді! — деді де, жауырынға қағып қойды.

— Біздің қолға түсер ме еді... Ақ көбігін шұбыртар едік! — деді анадай тұрған бipeyi.

— Тәйір, торы шолағыңды баптап ұстап, енді жорғасы қалып па? — деді сары жігіт.

Арғы атаң Байсал байдан бepi жөнді мал бiтiп көрмеген қу сұғанақ еді, енді саған жорға қайдан бітеді? — деді, кейіндеу тұрған бурыл сақалды бip шал, күркілдей бepiп.

Қаpa жігіт ешқайсысына қараған жоқ. Қара жорға қарсы алдыңнан өткен сайын, тымағын басынан асыра былғап, қиқу салып қалып тұрды.

Күн төмен сырғанап, қаланың биік үйлерінің сыртында, қызара бөртіп, шоқтай жайнап тұр. Көшенің кейбір бұрыштарындағы фонар орнатқан бағаналардың қасына фонар жағушылар келіп, жоғарыдан фонарды бұрын түсіріп, май құйып, жағуға қамданысты.

Бірнеше peт олай бұлай желдіртіп өткен кезінде түлкі тымағын былғап қалып тұрған қара жігітке қарап Медведьев бетін тыржитты, қабағын түкситіп жерге түкipiп қалып отырды.

Қoc қара жорғаның артынан, қалай өтсе де ілесе желіп отырған үш құла ат еді. Үш құланы жеккен кашева шанада кілемді сыртына қайырып тастап, Медведьевтің әйелі, бала-шағасы отыр.

"Ардақы төренің» мегежін-бөлтіріктерін кеше де домалатып алмайын деген кісіше, алды артына жалтақтап, шананың алдында ат ұстап Найманбай отыр.

Медведьев: «Қос қара жорғаны өзім бip жүргізіп көрейін, әйтпесе сен скотина киргиз, жүрісімнен жаңылдырасың. Бала-шағаның мінген шанасына отыр. Байқа! Құлатып алсаң, моржаңды быт-шыт қыламын!» — дегеннен кейін Найманбай бүгін үш құланын, божысын ұстап еді.

Қара жорға әлден уақытта ызғытып келіп, қазақтар тұрған бұрышқа жетер-жетпесте, тып тоқтай қалдым. Городовойдың бipi, Медведьевтің қасына дереу жетіп келіп, қолын көтepiп тұра қалды. Медведьев қою мұртын қораздана сипап, городовойға кіжіне қарап, шананың үстінде отырып тепкіленіп:

— Сен, мощенник, городовоймысың? — деді городовойға.

— Так точно, тақсыр... Гор-радовой, — деді қарнын шертитіп тұрып городовой.

— Не қарап тұрсың, сволочь!

— Кө-кө... көшені, тақсыр.

— Қашан қарадың, ақымақ?

— Бү-бү... бүгін, тақсыр.

Найманбай тройкені айдап желдіртіп өте шықты. Шанада отырған қатын, бала-шаға қарай-қарай eттi.

Городовойдың көзі жымыңдады. Мас кісідей сенделді, epнi бүлкіл қағып қоя берді.

— Сен итсің, городовой емессің! — деді Медведьев.

— Так точно, тақсыр, — деді городовой.

— Әне, қарашы! Скотина киргиз бөpiгiн былғап әpi үpiктipiп, әpi начальствоны мазақ қылып тұр. Сен оны неге көрмейсің, каналья!

— Көремін, тақсыр.

— Қашан көресің?

— Қазір көремін, тақсыр.

— Жөнел жылдам! Марш!

Медведьев сол сөзді айтып, атты бip салып, қос жорғаны тербетіп кете барды. Ол көзден жоғалғанша, городовой көтерген қолын төмен түcipгeн жоқ. Қаққан қазық құсап аңырайып тұрып қалды.

Көшенің жиегіндегі сырғанақ тeyiп жүрген балалар, көшенің ортасында қол көтеріп қақиып тұрған «тәртіпшіні» түрліше сөзбен мазақ қып барады.

— Господин городовой, қарның өciп барады, жарылмасын.

— Әй... әй!.. Ал, ат басты!

Сөйдегенде-ақ городовой селк етіп, қолын төмен түcipіп, eкi өкшесін сарт еткізіп, жалт бұрылды.

«Тәртіпші» сабаз тауықтардың қоразы құсап, аяғын ipi-ipi аттап қазақтарға таман келе жатыр. Мұны байқаған адам жоқ. Жалғыз-ақ манағы балалар ғана ізінше қарап, мазақтап күлісіп қалды.

Городовой жетер-жетпесте, манағы қара жігіт желдіртіп өтiп бара жатқан шаналыларға қарап, өтіп кеткенше тымағын басынан асыра былғап қиқу сала берді. Городовойды ешқайсысы байқаған жоқ. Городовойдың оған көзі түсті. Көзін жыпық-жыпық еткізді. Ұpы мысықша еңкейіп келіп, тымақ былғап тұрған қара жігіттің білегінен шап бepiп ұстай алып еді, жалт бұрылды:

— Өй, қоя бер! — деді шегіншектей бepiп.

— Начальствоны сен неге мазақ қыласың, ақымақ?− деді городовой.

- Ой, мынау не дейді? — деп қара жігіт қасындағыларына қарады.

Не дегенін естіген адам жоқ, городовойдың екпінін көре сала маңайындағылардың көбi шетке серпіліп еді.

— Әй, ағатайлар−ау! Мына немемен сөйлесіңдерші? Mенің қолымнан неге ұстап тұр? Қараңдаршы? — деді қара жігіт төңірегіндегілерге қарап.

— Начальствоны мазақ қылдың, атын үркіттің... Давай малақайды! — деп городовой малақайға жабысты.

— Е, неге беремін?

— Давай, скотина, арда, сволочь, киргиз.

— Жоқ, не давай! Meнікi емес...

— Meнiкi незнайт. Давай! Ату, каталочкеге жүр!

— Бармаймын да, бермеймін де... аулақ жүр, өзің! Осы не қыл деп тұр өзi? — деп жан-жағына қаранып еді, түте-түте жаман тұлып киген бүкip шалдан басқа таныс ешбip адам көрінбеді.

Жақсы киім киген мырзалар, көгендеулі қой құсап, екеу-үшеу боп ағылысқан қаланың тоғышар-обывательдері, тымаққа таласқан қазақты кекете күліп өтіп барады.

Бүкір шал «әне-міне» деп городовойдың қасына жақындай бepiп eдi, городовой қылыштың сыртымен ұpып, қуып жіберді.

— Сол құрғыр тымақты сұрап тұр ғой! Берші! Бастан құлақ садаға! Бepшi, — деді, кейін барып cүмiрейіп тұрған бүкip шал.

Городовой тымақты қолына қысып, жұдырықты бұлғаңдатып кете барды. Қара жігіт eкi құлағын уқалап төбесін сипалап қала берді.

Көшенің фонарлары тeгic жағылған, үй-үйдің шамдары да терезелерден қылтиып көріне бастады.

Батқан күннің қызара бөрткен алабы, ақырындап-ақырындап қара күреңденіп, ұсақ-ұсақ бұлттар ерткен қорғасын сияқтанып тұрған аспан-көктің бетін, жоғары өрлеп бүркеп барады.

Көшедегі жұрттың біртіндеп азая бастаған кездepi еді.

Ат желдірген үлкен көшенің бip жақ жиегімен жүріп бара жатып, екі құлағын әлсін-әлсін уқалаған қара жігіт бip фонардың жарығында қоңырауы сылдырлап, аяңдап бара жатқан тройка атты көрді. Тройканың шанасындағы ақ тышқан жағаны, тиын iшiктi, қара қалпақты, басындағы қызыл мақпал тысты тымақты көрді.

Қара жігіт тымағын таныды.

— Анау менің тымағым ғой! — деді қасындағы бүкір шалға.

— Кәне, — деп бүкір шал бұрылып қарағанша, тройка ат өте шықты.

— Қап! Көре алмай қалдыңыз-ау! Әй, иттің ғана балалары, тымағымды иттің басына кигізгені нeci?! — деді өз-өзіне қара жігіт.

Бүкір шалмен eкeyi, пәтер түскен үйлерге жеткенше бip-бipiнe сөз қатқан жоқ. Әлден уақытта қақпасының алды мен қорасының iшi шөп, отын, тері−терсек, артқан шаналармен лық толып тұрған тәпелтек ecкi бip ағаш үй көрінді.

Қара жігіт сол үйдің қақпасының алдына жете бepiп, сарғайған eкi құлағын уқалап сырт бұрылды.

— Ата, әлгі ит менің тымағымды не қылмайсың деп алды? Түсіндіңіз бе? — деді шалға.

Бүкір шал он-он бес адымдай жерде теңселе басып, талтаңдап келе жатыр eдi.

— Не дейсің? — деді, басын жоғары көтеріп алып қара жігітке.

— Әлгі итті айтам-ау?

— Е, анау ма?

— Ия, тымағымды неге алды осы?

— Е, шырағым-ай, неге алды дерің бар ма? Аңғал көзді, аңқау халықпыз ғой!.. Не көрмей келеміз? Ай, шіркін-ай! — деді бүкір шал, төмен қарап ауыр күрciнiп.

Қалашы түcipгeн үй — eкi бөлмелі төpгi үйде бес жаны бар үй иeci Салақи абзи жатады. Қалған бip бөлме қалашылар үшін арналған. Eкi бөлменің екеуінде де үй жасауынан көзге түсерлік дәнеңе жоқ. Үй иeci жататын бөлмеде ағаш керует үстінде бүктeyлi ескі көрпешелер. Ecкi кip-кip жастықтар. Ортада төрт бұрышты биік үстел, жағалай сынған, бүлінген орындықтар. Отыра кетсең, жалпия түседі. Төр жақ қабырғадан сынған, беті теңбіл-теңбіл ecкi айна, сауыт-саба жинастырған шкаф. Еденде қырық құрау ecкi кілем. Ас үйдің еденінде шөп төселген, үсті түте-түте киіз.

Далаға шығатын үйде ас пісірілетін болғандықтан үйдің іші бу, түтін. Eciк ашылса, даладағы суық батпандап кіреді.

Қара жігіт мана шай ішерде бастаған әңгімесін жаңа тауысты. Сондағы әңгіме ғып отырғаны: «катайтса» күнгі көшедегі ығы-жығы көп халық, шабысты, желісті аттар, әсіресе қос жорға.

— Бұрын қалаға келіп көрмеп пе едің? — деді үйдің бip жақ бұрышында жанбастап жатқан бөтен елдің бір қалашысы.

— Келіп көріп отырғаным осы. Қала тұрсын, сонау өз ауылымыздан он-он бес шақырым отырған орыс поселкесіне де барғаным жоқ. Бар көргенім — кісі қолында жалшылық, жер жырту, егін егу, мал бағу, қора-қопсы бүтіндеу,- деді қара жігіт.

Салақи ағайдың әйелі Бәдірниса жеңгей қазан қайнатып, астың көбігін алып, от басында жүр еді. Қазанның қақпағын көтерген сайын, астың буы бұрқырап, төбеге соғылады. Даладан кіріп келген адамға үйдің ішіндегі адам көрінбейді, дабыр ғана естіледі.

— Қалаңды көргенім былай тұрсын, жаңа тіктіріп киген қызыл мақпал тысты тымағымнан айрылдым, — деді қара жігіт.

— Е, не ғып?

Тымақтан қалайша айрылғандығын, екі құлағын әлсін-әлсін уқалап үйге қалайша қайтқандығын, тымақты ең аяғында кімнің басынан көргендігін әңгіме етіп берді. Дабыр күшейді. Әркім әр жақтан кимелеп, тымақты сөз ғып кетті.

— Өй, атама оларды! Бұл... Бұл городовой дегенің — бұзылған ит.

— Жалғыз городовой ғана емес-ау, одан жоғарылар да...

— Сол иттер емес пе, түнеу күні қалаға әкелген бірнеше қойдың стагін «печать басқызбапсың» деп әуре қылып... каталачкаға сүйреп... Аяғында әрең құтылғам.

— Көрінген біреуі дікеңдейді.

Пештің қасында жүрген Бәдірниса жеңгей де қосыла кетті. Қаланың надзиратель, городовойларынан о да зарланды. Көшеге қар төккізбейтіндігін, пара сұрайтындығын, үйіне түскен қалашыларға дамыл бермейтіндігін, «законная» тыс штраф салатындықтарын, каталачкамен қорқытатындарын, тізбектеп айтты келіп:

— Қаһар соққан абыралінікі шул енді, ашау, кіші қанын ішу, лағнәтлар!.. Әлі, міне, көрші қорада пәтер тұра тұрған Мақсұт ишімлі рабошыны үйінен үстірәп шығарып, ит орнына сойдылар, көшеге қар төккөнсін деп. Бір жұмға бальница ятып шықты. Тирі заводында ішли тұрған еді, міскін қатын, балалары бір жұмға аш отырдылар. Көрші тирәдәгіләр гінә мұсылмандық шарапаттинә аш кіртіп, бальница ятқан. Мақсұтнің қатын-балаларын тойдырып тұрды. Қойыңыз енді, бу қаһар соққан городовойларын да, нәзәрә-тіләрін де, тағы әллә ниләрін!.. Рабошы дисә, шәшләрі урә тұра, көзләрі шақмақ қатлі бола, — деп қойды, астың бетін сапырып алып. Бұл жерде қарғыстың, зардың көбі надзиратель, городовойларға ғана төгілді. Қаланың басына мініп отырған жандармдар, полиция начальниктері, чиновниктер, офицер-атамандар, ауыздарына түспеді. Өйткені, бұлар жоғарғы орында отырған патшадан былайғысын әкім деп ұғынатын. «Көкте құдай, жерде патша» деген қараңғы ойды ғана білетін.

Қазандағы ас әлдеқашан түсіріліп, ішіп, желінген. Қалашылар біртіндеп далаға шығып, көліктерін жайласып келді. Кішкентай ғана шам жоғарғы пештің бір жағасында қылтиып жанып тұр. Бәдірниса ыдыс аяқтарды салдырлатып, қазандағы жылы, суға салып, тазалап, ас үйдегі шаруасын бітіріп, ішкергі үйге кірді.

Басы жастыққа тиген қалашылардың біреуі қорылдай түсті. Жалғыз қара жігіт қана ояу отыр. Оның көзіне әлденелер елестеді. Ол әлденелерді ойланды.

«Тымақ?!.. Ол кімдікі? Менікі, жоқ менікі емес, кісінікі. Қалайша кісінікі болады?.. Түлкіні өз қолыммен соғып алғам... Мінген ұшқыр ат байдікі. Байдың сал бөксе баласынікі... пүліс тыс қана оныкі; тігіп берген — жесір қатын Қадиша. Жоқ менікі де емес, байдың баласынікі де емес!.. Енді кімдікі? Кім күшті болса сонікі. Кім абыройлы, атақты, дәулетті болса сонікі. «Мынау қаудыр тонға түлкі тымақ дөп келмейді екен» деп кім көрінген айтып жүрген жоқ па еді?..

Кішкене, кішкене тұра тұр!.. Жас жиырма бірде... Сегіз-тоғыз жыл жалшы. Әкені де, шешені де білмеймін, бала күнімде өлген... Жесір қалған апамды ғана, Қадишаны ғана білемін. Сегіз-тоғыз жыл!.. Сонан бергі тапқаным қайда?.. Менің өз шаруам, өз дүнием қайда? Жоқ... Енді қалаға келемін. Қала байына жалданамын. Ақымды елдегі байдан түгел аламын. Түгел! — Құнаншығар... Тайынша, ту қой... киім-кешек...»

Қара жігіт ойды ақырын өршіте келіп, көзі кіртіңдеп, жұмыла берген соң, ұйқыға ерік берді. Біраздан соң ұйқы сабалап, қорылдағандарға еріп кете берді.

ІІІамның көзі қысулы. Үйдің іші қара көлеңке. Қара жігіттің қасындағы бүкір шал кеудесін тыр-тыр қасып, ыңырсып, ұйқылы-ояу түрде:

— Атымтай, даладағы аттарға көзіңді салдың ба? — деп қасынып аунақши түсті. Қара жігіттің аты Атымтай еді.

Шалдың ол ыңырсығанына ұйқыдағы адамдардың қорылдарынан басқа жауап болған жоқ.

III

Кірпіш сарайдың батыс жақ сайындағы жиырма-отыз шамалы үйлер Кірпіш сарай аталады. Өйткені, кірпіш істеп шығаратын завод сол сайда болатын.

Кірпіш сарай — қалашығы ежелден кілең жұмысшылардың, кедей адамдардың үйлерінен құрастырылған қала. Басында Домбай дейтін шалдың атындағы қала боп жүрсе де, бері келе жұмысшылардың дені кірпіш заводындағылар болып кеткендіктен, жұрт оны Кірпіш сарай атап кеткен.

Жебірей тауы дейтін таудың биік жарын бойлап төмен қарай түссең-ақ, алдыңнан мыжырайған кішкентай-кішкентай лашық үйлер кездеседі. Қай үйлердің болса да белдеуі жердің астында, құр бір-екі әйнегі ғана жердің үстіне қарап, жылтырап тұрады. Тіпті кейбіреулерінің әйнегі төбесінен шығарылған. Сыртынан қарағанда, бұл үйлерде адам тұрады деп ойлай мүмкін емес. Сықырлап есігі ашылса, қарайып кісі көрінсе, сонда ғана барып мұның да адам тұратын баспана екендігін білесің.

Бірақ жоғарғы қалада тұратын адамдар Кірпіш сарайдың тұрғындарын адам қатарына қоспайтын, «ұры-қарының ұясы» дейтін. Малдары жоғалса, шұбырып городовой, надзиратель ертіп Кірпіш сарайдағы үйлерді тінтетін.

Осы сияқты қауесеттердің салдарынан, жалғыз-жарым адам Кірпіш сарай көшесінен кешке тұрым жүрмейтін болып алды.

Өйткені, Кірпіш сарай төңірегінен кейде жоғалған мал да, өлтіріп тастаған адам да табылып жүрді. Осының барлығын да жұрт сай астындағы адамдардан көрді.

Сөйткен Кірпіш сарайда, Телегин дейтін орыс байының сабын заводы қасында, сыртын қызыл балшықпен сылаған кішкентай ғана бір лашық үй көрінеді. Айналасы білетенмен қоршаулы. Бұл үйдің көше жағында сығырайған екі кішкентай терезесі бар.

Бұ — Қылыштың үйі.

Қылыштың бастапқы әйелі Қаныштың баладан қайтыс болғанына екі айдан асқан. Қаныштан Қылыштың қолында бір жасар ер бала қалып еді. Оны күтетін Қылыштың қолы жұмыстан босамағандықтан бала да, Қылыш та көп азап шекті. Қылыш таңертең шыққаннан күн бата бір-ақ қайтады. Ол екі ортада баланы күтіп, тамағын беріп, мезгілінде тәрбие көрсетіп отыратын адам — көршідегі бір үйдің кәрі кемпірі Бибиханым болды.

Қылыш екінші жар-жолдас тапқанға дейін Бибиханым баланы өз шешесіндей күтіп, ең аяғы жұмысынан арып-шаршап қайтқан Қылыштың да тамағын әзірлеп беріп тұрды.

— Қылыш, шырағым, ана болмағаннан кейін баланың да бабы келмейді. Жүдеп жүргенін көрдің бе?.. Шырағым, көңіліңе ұнаған біреуді ал. Тым болмаса, сәби баланың көзі ашылсын. Шіркін-ай! Қаныш марқұм қандай еді!.. Құдай тек ақырының қайырын беріп, жалғыз балаңды тәрбиелеп, күтіп, өсіріп, қызығын көруге жазсын! — деп Бибиханым ауық-ауық көзінің жасын сығып алатын еді. Қылыш онда:

— Әже, сіз енді ауырсынбай біраз баға тұрыңыз, ренжітпеспіз. Қайтейін... Қарап жүргенім жоқ. Өгей шеше өз шешесіндей болмайды ғой!.. Сонда да... Шеше аты бар, тәуір болар еді. Азырақ шыдаңыз, көрейін, — дейтін.

Сөйтіп жүрген Қылыш бір күні кешке дембелшелеу келген таспа белді бір қара торы әйелді үйіне ертіп ала келді.

Бибиханым баланың бөстегін жуып жатыр еді.

Әже!.. Мынау бір шүйке басты әкелдім. Көңілімнің қалағаны осы болды. Келініңізбен танысыңыз! — еді Қылыш, үсті-басын шешіп жатып, міңгірлеп.

Құтты болсын, құтты аяғымен келсін! Қане, шырағым, келін, жоғары шық. Бүгінше қонақсың. Ертеңіне өзің билеп әкетесің ғой! — деп кемпір жаңа келіншектің төңірегінде шырқ айналды.

Жаңа келін қаймығып қарап отырған жоқ, біраздан кейін үйдің ішімен танысып, көз үйретіп алғаннан кейін үйдің ішін жинастыруға кірісті.

Ойбай, қарағым, келін, отыр. Бүгінгі міндет менікі. Отыр! – деп кемпір келінді орнынан тұрғызбай қойды. Ол екі ортада бала жылап еді, жаңа келіншек баланы жұбатты.

Отырып үшеуі әңгімеге кірісті.

— Шырағым, елдікімісің, қаланыкімісің? — деді кемпір жаңа келіншекке.

— Елдікімін.

— Руың қай ел?

— Бәсентиін... Күйеуім бар еді. Былтыр тигем, жіңішке аурумен ауырып, елдегі бақсы-балгерлердің барлығына қаратып, онан дәнеңе болмаған соң қаланың доктріне әкелгенбіз. Асқынып кеткен ауру екен, больницада жатып дүниеден қайтты. Осында тиірменде жұмыс қылып жүрген біздің елдің бір адамы бар еді, сонда жатқамыз. Ол адам бұл кісіге таныс екен... Сөйтіп дәм жазып келіп отырмыз, — деп келіншек Қылышқа қарады.

— Әже! Қалада болмаған кісі! — деді Қылыш

Кемпір басын изеп, аузын сылп еткізіп:

— Е, байғұс-ай!.. Үйренеді ғой әлі. Көндігіп алғанша ғана. Келін, шырағым, атың кім?"

— Кәтіш.

Кәтіш сол күннен бастап Қылыштың жар жолдасы болды. Қылыштың үйіне келгенінің екінші күні тиірмен жұмысшысының үйінде қалған көрпе-жастықтарын, киім-кешектерін барып әкелді, жұмысшының әйелі бірге ере келді.

— Қылыш! Қосағың қайырлы болсын! Тойларыңды қашан көреміз? Әлде үндемес бола ма? — деді тиірмен жұмысшысының әйелі Күмісай.

Қылыш қарқ-қарқ күлді.

— Осы алдағы жексенбіге шамадан келгенше тырысып байқармыз, — деді Кәтішке қарап.

Кәтіш жымия қойды.

Жексенбінің кешінде Қылыштың кішкентай лашығы кісіге лық толды. Айналдырған он екі-он үш кісі тауықтың ұясындай ғана үйге көп сияқты көрінді.

Жоғарғы қаладан: гармоншы Матай, скрипкашы Александр; тері заводынан: Громов, Мақсұт; Мынауныйдан: Балта, Балтаның әйелі Ұмсындық тиірмен жұмысшысы Қабыл, оның әйелі Күмісай; Кірпіш заводынан: бір-екі жұмысшы, көрші-қолаңдар отырды.

Әйелдер бірыңғай, еркектер бірыңғай шықты.

Гармон мен скрипка қосылып, татардың «Зиләйлук», «Баламишка» дейтін күйлерін еңіретіп жатыр.

Скрипкашы кірәшін Александр той болған жердің қайсысында болсын, ащы дауыспен айтатын «Добрый вечер, господа!» дейтін өлеңін айтуға кірісті. Сары сепкіл беті қызарынды, шегір көзі қысылды:

Добрый вечерь, господа,

Там тоже ляй-ай...

Шәй ішәбіз бақшада,

Там тоже ляй-ай... —

деп шиқылдап қоя берді. Басы айналып, көзі қызараңдап, кірәшін Александрдың жырын тыңдап отырған Громов «господа» деген сөзді естіген соң-ақ селк етіп, ұшып түрегелді: «Ы-что-о?.. Господа? Оныңның бізге не керегі бар? Жырла... шырқа!.. Бірақ байқа! Мұнда господалар отырған жоқ, рабочилар отыр. Сенің господаңнан келер пайда жоқ. Халық жырын, еркіндік жырын, шаттық жырын жырла! Господаның керегі жоқ. Сонау түкпірде, тайгада сен білмейсің ғой. Әне, олар господалардың тепкісінде жатыр. Вот саған господа!.. Ah, сен антұрған! — деп, басын қайқаңдатып, көзін ашып-жұмып отырған Александрдың қасына Громов жетіп барды.

Гармон тынды, Мақсұт Громовтың білегінен шап беріп ұстай алып:

— Громов! Саған не болды? — деді.

— Дәнеңе жоқ... Төбелескелі тұр деп ойлама! Бірақ господалар туралы жырлағанның керегі жоқ, керегі жоқ! — деп Громов басын ұстап орнына келіп отырды.

Мақсұт Громовпен недәуір сөйлесті.

Әлден уақытта Громов Қылышты шақырып алып, Мақсұтқа қарап (өйткені Қылыш орысша тілді аз ұғынатын):

— Сен Қылышқа айт, мені кешсін. Мен төбелесуге ойлағам жоқ. Неге мазасызданғанымның мәнісін өзің білесің ғой! — деді.

Мақсұт Қылышты далаға шығарып алып:

— Қылыш! Громовқа син әбижатса етмә. Ол синдан ғапу өтінірге қошты. Александр господалар хақында жырлады. Бит господалар алар: байлар, бәйбитшәләр. Алардан біз бірдә рәхим көрмибіз. Шоңарға ол біраз қызып алды. Әбижатса етмә! — деді.

Қылыш күлімсіреп:

— Қой, ол не дегенің! Мен оған неге әбижатса етейін. Баймырзадан қайсымыз болса да игілік көргеміз жоқ. Ондай болса, Александрдың жырының керегі жоқ, гармонь ойнаса болғаны. Жарайды, Громовқа айт, мен оған қайта рахмет айтамын, — деді Қылыш Мақсұтты жетелеп ішке кіре беріп.

Бал−сыра жағалай үлестіріліп, стакандар бірінің артынан бірі босатылып жатыр. Отырғандардың шекесі қызды. Бір бұрышта отырған әйелдер де көңілденуге айналды. Ұмсындық білегін сыбанып, қонақтарды сыйлауға мықтап тұрып кірісті.

Кірпіш сарай жұмысшысы бір татар жігіті түрегеліп, мықынын таянып, қолына стаканды ұстап, теңселіп, оң аяғымен еденді тепкілеп:

Сүйәлгәнсің шатта бағанаға,

Япырақ түслі сары юзләрің.

Қызғанимша халім шыди алми,

Бигірәк мұңлы қари кузләрің...

деп татардың «Зиләйлүк» дегенін шырқап қоя берді. Отырғандар:

— Тептір, Хамит, тептір! Дүниесі айналсын!

— Вот хорошо, вот песне молодец!

— Соқ, Хамит, соқ! Кірпіш қалағандай соқ! — десті.

Әйелдер жағы сақылдап күлді. Жалғыз-ақ Кәтіш қана көзі мөлдіреп, әркімнің бетіне бір қарай береді. Оған бұл жиын біртүрлі жат, жаңа, өзге көрінеді. Оның көңілінде — ауыл, көзінің алдында — қала. Оның қалаға келген бетінде көріп отырғаны, міне, осы. Бірінші қызығы да осы. Жас еді, өсті. Сылдыр қақты, еркеледі... Шәлі жамылды, жылады. Әлденеткен жылы құшаққа кірді. Баста барлық тамыры тартып, қол-аяғы тырысқандай болды. Бірақ бір ғана түн сөйтті. Артынан бір-екі күн денесі сал-сал болып жүрді. Онан соң үйренді. Кешті сағынатын болды. Бірақ, бұл ұзаққа бармады, жылы құшақтан айрылды. Күні-түні ыңырсыған аурудың, мола сасыған сасық иістің қасында болды, ауру бақты... Көп азап шекті. Оның құлағынан ыңырсыған дыбыс әлі кеткен жоқ, кейде көзінің алдында аппақ қудай болып, көзі илбиіп, жағы суалып, серейіп жатқан бастапқы күйеуі ерекше елестейді. Ол елестегенде Кәтіштің жүрегі мұздай болады.

Осылардың барлығын ойлап, Кәтіш отырған жұртқа қарады.

Күлкі... Ойын... Шаттық...

«Шіркін, тіршілік! Үнемі осылай өтер ме еді?» — деді ішінен ауыр күрсініп Кәтіш.

— Кәтіш, ал! — деген дауысты естіп басын көтеріп қараса, Ұмсындық стакан ұсынып тұр екен.

— Ал, Кәтіш, өз қуанышың, өз бақытың үшін ал! Бұл қала қымызы болады! — деді көңілденген түрмен Ұмсындық.

Кәтіш стаканды қолына алды. Ішіндегісі сары. Қою, иісті. Мұрнына алып барып, кеудесін ұстай қойды.

— Ішіп көр! — деді Қылыш артына айналып қарап.

Кәтіш көзін жұмып қағып салды. Онша қорқынышты дәнеңесі болған жоқ, дәмі тәтті-ақ!

Кәтіш оны да үйренді, әрі-беріден соң қасында отырған әйелдермен стакан қағыстыруға айналды, көңіл көтерілді, жүрегі тебінді.

Тыста ай жарық, кішкентай ғана сығырайған терезеден көше, аспан көгілдірленіп көрініп тұр. Көшеде Жолдың беті, ай сәулесі түскен жер меруерт төгілгендей түрленіп, құбылып жылт-жылт етеді.

Қылыштың үй ішіндегі айқай, у-шу көшенің арғы жағынан құлақ қойған адамға әлдеқайдан талып келіп естіледі.

Жақында паровоздың да дауысы құлаққа келеді. Бұл — шойын көпірден бері қарай өтіп келе жатқан түнгі поезд.

IV

Бұқпан Көмеев нотариустерге, сол күнгі чиновниктерге, қара халыққа өзін-өзі: «Көпес Тритай Гелди» деп танытатын. Шынында, ол мақтаншылық па, рас па, оны Бұқпан отағасының өзі білетін. Бұқпан отағасы осы күнге дейін ол атағын жоятын көңілі жоқ, ол атақ маңдайына басылған мөр сияқты көрінетін.

Бір сандық жатқан Бұқпан отағасының қағаздарында, вексельдерінде әр екі жазудың басы орысшалағанда "Господину киргизскому купцу Тритай гелдий Букпану Комеевичу Комееву» деп келеді. Неше түрлі төрелердің қолы Бұқпан отағасының қағаздарынан табылады. Бұқпан отағасының өзі әліпті таяқ деп білмейтін надан адам. Бірақ оның саудасы жалғыз Ресей байларымен ғана емес. Ағылшын, американ, неміс байларымен де үзілмейтін. Петербордағы Иван Иванович бай арқылы Бұқпанның саудасы шетелге де шығып кетіп еді. Бұқпанның ірі саудасы: өгіз, тері-терсек, қыл−қыбыр... Әсіресе, өгіз жағынан Бұқпан отағасының беделі Ресей байларына, әрі асса шетелге "ардақты" боп кетті. Бұқпан отағасының конторке үстелінің үстінде шетелден, өте-мөте ағылшын кампаны Войль Джексон мырзадан келген мәнерлі кәмпиттердің Сыртында Бұқпан отағасының аты сырлы жазумен жылт-жылт өтіп: «Пор Рассия. Компаньен Англо-рос. Пормейстр Вухван Коммей»... деп тұратын. Бұқпан отағасы мұның біріне де түсінбейді. Хатшысы чиновник Метрееч:

— Ағылшын байынан... — деп аузын ашса болғаны, Бұқпан отағасы қарқ-қарқ күліп, Метреечті арқаға қағып:

— А... А... Знай... Баил Жексон... Баил Жексон... 500 өгіз. Ие. Білем, — деп қоятын.

Бұқпан отағасының ұзын тұрқы: бойы бір жарым кез және бір сүйем, кебеже қарынды, ешкі сақалды, торсық бетті, түйе табанды, аяқ-мойыны қысқа (тіпті мойын да жоқ!), салпиған бұғақты, есек құлақты, тырбиған семіз саусақты, түкті білекті адам.

Сөйлемейді, мөңірейді, мөңіремейді екен, бақырады — дауысы сондай.

Бұқпан отағасының даңқы байлық жағынан қандай күшті болса, құнсыздық жағынан онан да жаман жексұрын, онан да жаман қомағай сараң.

Үстіне кигені: көйлектің сыртынан жеңсіз қамзол, дәл кеудесінде үлкен дорбадай болып қалтасы тұрады. Оның ішінде атам заманнан бергі майланып, тер иісі сасып тұрған бүктеме былғары күмәжник, бір жақ ернеуінде дәрет алғанда аузын шаятын жуан месуегі тұрады. Оң жаң кеудесінде бауын ілгішінен былай қарай салбырата байлаған күміс сағаты бар. Аяғында — бұдан екі жыл бұрын Ірбіт жәрмеңкесіне барғанда әкелген жылтырауық мәсі. Ернеуі сөгіліп, шажамайынан жоғары сары былғарымен бір-екі жері жамаулы. Шалбарының, көбінесе, бір қонышы ішінде жүреді де, бірі сыртында тұрады.

Бұқпан отағасы қала ішінде, көбінесе, жаяу жүреді. Жаяу жүрсе де, ат пен жүрсе де мінезі сол, жерде жатқан ескі темір-тұмырды, таға, жіп, шеге сияқты нәрселерді жия жүреді. Ең аяғы, көшеде ұшып бара жатқан қауырсын, қағаз болса да бүлкілдеп қуып жүріп алады, не кісі бойынан жоғарырақ жерге қояды. Әсіресе, қағаз көрінсе, жұмарланып жатса, оны жазып, оны тәптештеп қалтасына салады. «Мұныңыз не?» — десең; «Алланың есімі жазылған» болады. «Қағазда Алланың есімі болады, шырағым», — дейді.

Атпен бара жатқан кезінде, екі көзі арбаның жетегінде, аттың бөксесінде болады. Аттың түгі жерге түссе де, не құйрығынан бір тал түсе қалса да, атқосшысы болса, атқосшы өзі болса өзі арбадан әдейілеп түсіп, жерге түскен түкті, қылды шумақтап-шумақтап арбасының алдына тастайды. Ең аяғы ат, «жаманын» түсірсе де, мойнын бұрып оған бір қарамай қалмайды. Байқап тұрған адам Бұқпан отағасының ол мінезінен «Әттең, шіркін қалды-ау!» деген кескін елестеді.

* * *

— Сен атаңның көрін... Қораның ішін әлі күремепсің, шілиені әлі тікпепсің, — деп Бұқпан отағасы ат жегіп жатқан Атымтайды қолындағы ұзын қамшымен тартып-тартып жіберді.

Қаудыр сары тонда қамшының ізі жол-жол болып қалып отырды. Жауырынын сипап артына бұрылып қарағанша болған жоқ, үйге теңселіп кіріп бара жатқан Бұқпанды Атымтай бір-ақ көрді.

Атымтай, сонау тымақ оқиғасына бір талай өткен соң-ақ, елден қалаға келіп еді. Бұқпанға жалданғалы жылға жақындаған кез, екінші қыс.

«Бұл ит не қылмайсың деп тұр? Шілие тігілгелі қашан. Анау өзінің бейаузындай болып жалтырап тұрған қора атасының қақ шекесі ме екен? Оны мен күремегенде, кім күреген? Өй, өз атаңның ауызын:..» деді ішінен ызаланып Атымтай.

Бұл Атымтайдың «жең ішінен жұдырық» көрсеткені болды. Қақпа ашық.

Ат жегілді. Атымтай кашева шананың алдындағы қарын сыпырып түсіріп отырып, үйден шығатын байды тосты.

Күн сәске, қорада жан адам жоқ. Көшеде күртік қарды кірт-кірт басып, сықырлап өте шыққан дыбыстар ғана білінеді. Қақпа ашық.

Таң сәріден тамақ іздеп шыққан Сары малай иығына қабын арқалап, таяғымен жерді шұқылап келіп, байдың есік алдына келіп тұра қалды.

— Әй, бай, бай! Құдай үшін, қайыр садақа деп келіп тұрмыз. Әй бай... Бәйбіше, үйде бармысың?..

Атымтай үндемей біраз қарады. Әлден уақытта:

— Е, Сары әке!.. Бері кел! — деді.

Сары малай мойнын бұрып бір қарады да, «Әй, тәйір, басымды ауыртпашы, сенен тамар деймісің» деген түр көрсетіп, қайта сырт берді.

— Әй, бай! Берсең бер, бермесең қой... Құдай үшін бересің, — деп Сары малай қолындағы таяғымен есіктің қақпағын бір-екі сабалап қойды.

Ішкі есік ашылды да, тырс етіп қайта жабылды. Сары әке! Кет жылдам! Бай шықса таяқ жейсің, — деді Атымтай Сары малайға тағы да.

Сары малай көзін ілбитіп біраз қарап тұрды.

Әй, сен не деп былшылдап отырсың... Ақшаң бар ма өзіңнің? — деп Атымтайға едірейе бір қарады.

— Ақшаны қайтесің?

— Сен қайтесің?

— Қатын алам.

— Бес тиынға ма?

Сары малайдың не деп тұрғанына Атымтай түсіне де қойған жоқ, ол екі ортада есік ашылып қолына бір тілім нан ұстап Бұқпанның қызы Күлтай шықты.

— Мә, Сары малай!

— Алмаймын.

— Неге алмайсың?

— Ет керек, күміс ақша керек.

— Әй, адыра қал сол... Тамақ тауып жей алмай жүріп... Күміс ақшаны қайтпексің?

Күлтайдың қолындағы нанды жұлып алды.

Ақ қасқа күшік Сары малай қораға кіргеннен бері шәуілдеп үріп, маңынан кетпей тұр еді.

— Күш, күш! Мә! — деді, нанды итке лақтырып тастай беріп.

— Сары малай, антұрған, оның не? — деді аузы көнтектеніп Күлтай.

Қатып, суқар болып қалған нанға ақ қасқа күшік азуды салып, кітірлетіп жатты.

— Әй, қыз, қызбысың, қатынбысың, білмеймін. Бұл да әкең Қарынбайдың малы. Мені тойғызба, соны тойғыз. Соңыра сойып алып, терісін шекпен қылып жамыларсың, жарай ма? — деді Сары малай, таяғымен жерді бір түйіп.

— Өй, мойның үзілсін!.. Өй, аштан қат! Өй, нан ұрсын!..

Сары малай оны тыңдаған жоқ, бет алдына міңгірлеп, көшеге қарай шыға жөнелді.

Бұқпан ісініп, талтаңдап келіп кашеваға жалпия кетті.

Қақпаның алдына шығар-шықпаста Атымтайды мықынға бір түйіп қалып:

— Бойняға тарт! — деді.

Бүгін бойняда Бұқпан отағасының шеттен айдап әкелген үш жүз шамалы өгізі қырманға түсетін күн еді. Қырманшылардың көбінің әдеті — малдың етті, майлы жерлерін ұрлап, көйлектерінің, шалбарларының балағына тығатын еді, күнде кешке қырманнан қайтқан әйел-еркектердің көбі өнебойы былқылдап теңселіп жүре алмай келетін.

Осындайды сезген Бұқпан отағасы сойғызған малының бір жапырағын болса да бөтеннің қолынан аман сақтап қалу үшін бұл күні бойняның басына тартты.

Атты аяқ бүлкілге салып келе жатқан Атымтайға:

— Өлімісің, тірімісің?... Атты неге айдаңқырамайсың, көк соққыр! — деді Бұқпан отағасы.

Атымтай божыны қаққыштап жіберіп, біраз жер барғаннан кейін, басын тартып тоқтата қойды.

— Е, не болды? — деді Бұқпан алдына үңіле қарап.

— Жай, әшейін... Анау бір таға жатыр екен.

Атымтай Бұқпанның мінезін әбден үйреніп алған болатын.

— Ойбай, жылдам ала ғой ендеше! — деді Бұқпан.

Ескі қажалған тағаны әкеп кашеваның алдына тастай беріп, атты айдап жөнелді.

* * *

Бойня.

Жағалай — таған, қамба. Қан сасиды.

Біреулер малды жығып, аяғын байлап, пышақ салып жатыр. Біреулер тағанға асып, терісін пышақпен, сылып жатыр. Біреулер ішек-қарынын ақтарып, қамбаға аударып жатыр.

Бұқпан отағасы пысықшалау келген бір қазақтың қасына жетіп келіп:

Бұл кімнің малы? — деді. Әлгі қазақ іреп жатқан терісін бір жақ пұшпағынан ұстап тұрып, Бұқпанның өне бойына көз жүгіртіп шықты да:

— Қайдан білейік, бай-екесі... Айдап әкелді, сой деді, сойып жатырмыз... Сізге кімдікі керек? — деді. Менікі керек.

Менікі деген сөзді естіген соң-ақ қырманшылардың бірталайы Бұқпанға қадала қарады.

— Сіздікі ме? Танымадық. Үш жүз өгіз бе?..

— Осы кісінікі шығар?.. — десті жан-жақтан қырманшылар.

Әйелдердің ауыздары сылп ете түсті, саусақтарын бетіне жанып:

— Көтек, танымадың...

— Бетім-ау, байдың өзі екен... — десті біріне-бірі.

— Менікі ғой!.. Бүгін сойып боласыңдар ма? — деді қырманшыларға қарап.

Ешкім үндеген жоқ.

Қырманшылардың жүрістері жылдамдады. Біріне-бірінің айғайы көбейді.

Бұқпан ішек-қарын айналдырып жатқан әйелдердің қасына келіп:

— Ішек-қарынды таза жуыңдар, бөлек қатырыңдар! — деді.

Онан Бұқпан отағасы таған қасына келіп, олардың біріне:

— Өй, сен антұрған, желке майды қалпымен теріге жібердің ғой! Теріні бүлдіріпсің... Мынау не?... Тегі шұрқ-шұрқ тесік қой? Кесіпсің ғой! — деді.

Байдың сыртында сырт айналса, ожырая қараушылар көбейді.

«Осы ит қайдан келді! Күндегі былқылдан құр қаламыз ба? Көзіңді... нің көзі қалай еді...» деген өзара күңкіл де болды.

Қырманшылар дүрсілдетіп малды жығып жатыр. Бауыздап жатыр. Тағанға іліп жатыр. Сылып жатыр. Ішек-қарынның ішіндегісін, қан-сөлді қамбаға құлатып жатыр.

Бұқпан отағасы бәрінің қасында шыр көбелек айналып шығып, бір қамбаның қасында сырт беріп тұрып алды.

Қырманшыларда жүріс те, тұрыс та, жұмыс та жылдамдады.

Жылмаңдау келген пысықша қазақ бес-алты қырманшылармен манадан сөйлесіп тұр еді. Әлден уақытта Бұқпанның маңайында жұрт топырлай қалды. Бірі ішек-қарын аударыстырған болып, бірі арқан әкеле жатқан болып, бірі тері сүйреткен болып Бұқпан отағасының қасынан ерсілі-қарсылы жүріп жатты.

Сөйтіп жатқанда жан дауысы шыққан, қақалған, шашалған адамның айқайы естілді.

— Әй, о не?

— О кім? Ол кім?

— Әй, не бопты?

— Бетім-ау, мынау масқараны қара!

— Бай қамбаға түсіп кетіпті.

Сөйтіп, аңтарылған қырманшылардың арасында, бет-ауызы қан жалаған төбеттің бет-аузындай болып, кеңірдегінен қан-жынға малынып қамбада тұрған Бұқпан көрінді.

— Өй, арқан әкел!

— Қолмен тартып шығарайық та.

— Байқап жүрсеңдер болмады ма?

— Е, қамбаның қасында тұрсын деген кім бар оған?..

Осы сияқты айғаймен қырманшылар бойняны бастарына көтерді.

Бойняның довернайы шегір көзді бір орыс келіп Бұқпан отағасын қамбадан сүйретіп шығарды.

Бұқпан отағасында үн жоқ.

Қырманшылар орынды-орындарына барып:

— Қап!

— Үсті-басы бүлінді-ау!

— Суық өтпесе не қылсын?

— Байқап баспаған ғой! — десіп таңдай қағысты. Әйелдер ауыздарын қайта-қайта сылп еткізді.

Атымтай дірілдеп, қалшылдап, тісін сақ-сақ еткізіп тұрған Бұқпан отағасыны кигізге орап, кашеваға салып жатқанда, бойняның қорасындағы қырманшылар қарқ-қарқ күлісіп, біріне-бірі көз қағып, мәз-мәйрам болып жатысты.

Шанада жатқан Бұқпанда үн жоқ.

Атымтай атты айдап ала жөнелді.

* * *

Консерв заводының бергі жағындағы бұзылған, тасталған бір қораның ішінде денесі жап-жалпақ, төрт бұрыштанып келген қызыл шырайлы бір орыс әйелі, көлденең тартқан арқанға жуған кірлерін іліп жүрді. Арқанның бір ұшы қораның төрінде сорайып, жападан жалғыз тұрған бір діңгекке байлаулы; бір ұшы қораның көше жақ түкпірінде қисайып, құлаудың аз-ақ алдында тұрған кішкентай ғана бір ескі сарғайған ағаш үйдің маңдайшасына байлаулы. Әйелдің аяғының астында екі жақ, ернеуінде тұтқасы бар бір тоқыма кәрзеңке жатыр. Іші жуған кір. Әйел сол кәрзеңкенің ішіндегі кірлерді біріндеп алады да, сілкіп-сілкіп арқанға жая береді.

Күн ашық, сәске мезгілі. Жұмыстан бос күн — жексенбі.

Қораның ішіндегі күртік боп қатқан қардың бетінде күннің көзі жылтылдап, қардың үлпегін неше түрлі әдемі түрге салып гауһардай құбылтып тұрды.

Әйел қолындағы бір кесек кірін арқанға іліп, күннің көзіне қарап, көзін жыпықтатып, есінеп, ұзақ уақыт керілген сияқты болды да, кәрзеңкеге иіле беріп өз-өзінен жымия түсті.

Оның көз алдына үйде ағаш кереуеттің үстінде, ақ шүберекте, қол-аяғы шолтаңдап ойнап жатқан бір нәресте бала елестеді. Бала біресе көзінің жасы мөлдіреп жылаған тәрізді, біресе бұлқынып қалып қолын-аяғын шолтаңдатып, тілін шығарып күлген тәрізді. Кір іліп жатқан әйел онан жаман күлімсіреп, жымия берді. Тістері маржандай болып тізіліп, аппақ болып жылтырай түсті.

Әйел әрі-беріден соң, ауыр-салмағын салмай ғана арқанға асылынып тұрып, терең ойға шомғандай болды. Көз қадаған жері — күннің көзімен шағылысып көк, қызыл, жасыл, сарғылт түрде құбылып тұрған аппақ қар. Әлден уақытта манағы күлімсіреген ажары сөнді. Көзі ұясынан шығып кете жаздап, қабағы қарыс көтеріліп, әлденеден шошыған кескін берді.

Оның көз алдына бір шарбақтың түбінде ескі қиқым шүберекке ораулы жатқан, беті бүркеулі бір жас бала елестейді. Кешкітұрым уақыт. Күн жел, боран. Қалқиған қора-қопсылардан, қаңылтыр төбелі үйлерден әлденеше түрлі дыбыстар естіледі. Ысқырады, ұлиды, «қаңғыр-құңғыр» етеді. Бала!.. Аузында резеңке емізік. «Тастанды бала!..» шыңғырып жылайды. Өзегін өртеп өксиді. Ол оны қойнына тығып, құшағына қысып жүгіріп үйге алып келе жатыр. Алақ-жұлақ қарайды. «Ешкім көрген жоқ па екен?»

Сырттағы үйдің тақтаймен, қаңылтырмен жамаған ескі есігі ашылды да, қисайып шалқия түсті. Ішінен түбіт шәлі жамылған бір аққұба әйел шыға келді. Бұл оны сезген де жоқ, ойға шомған қалпы.

— Надежда-а-ау?..

Арқанға асылынып, ойға шомып тұрған әйел селк ете түсті де, бұрылып қарады.

— Ә, Надежда?

— Әу-у-у!.. Қаят, Қаят! Саған не болды? Баланы жападан жалғыз тастап...

Үйден шыққан аққұба, жұқа өңді әйел күліп, Надежданың қасына келді:

— Баланы бесікке бөледім.

— Қойшы?!

— Ішің пысты ма? Тысқа неге шықтың?

— Иә, саған болысуға шықтым.

— Мә, саған!.. Нечего, Қаятушка!..

Қаят кәрзеңкеге иіле берген Надежданың сыртынан алақанымен қағып қалды.

— Ұрма, жесір қалдырасың!

Соңынан екеуі де сықылықтап, рақаттанып тұрып күліп жіберді.

Надежда, Қаят екеуі де жесір әйелдер. Бұлар екеуі де консерв заводында істейді.

Надежда Викторовнаның ері бұрын консерв заводында жүріп, Герман соғысы басталған кезде солдатқа алынып, соғыс майданына жөнелтілген. Сонан бері хабар-ошарсыз жоғалған болатын. Қаяттың ері де сондай, консерв заводында істеп жүріп, өткен жазда больницада жатып өлген. Екеуі де бала көтермеген әйелдер. Алған ақы күнелтуге жеткіліксіз болған соң, әркімнің кірін алып жуып амал етті.

Кәрзеңкедегі ендігі қалған кірді екеулеп іліп жатты.

— Қаят?

— Әу, жаным!

— Сен қалай ойлайсың? Менімше, біздің осы табылдың баламыз тұрмайды ғой деп ойлаймын! — деді мұңайып қана Надежда.

Қаят, басын жоғары көтеріп алды.

— Тпу, Надежда! Есімді шығардың ғой! Жаман сөзді неге айтасың? Бір жұманың ішінде қандай оңалып қалды, байқайсың ба? Менімше, бұл бала аман-есен ержетіп, біздің екеумізді де асырайды әлі! — деді Қаят, қуанған, жұбатқан түр көрсетіп.

Надежданың өңінде күлкінің ізі аз ғана білінді. Оның есіне тағы да басқа ой түсті. Баланы тауып алғаннан бері Қаят пен екеуі оны кезек-кезек бақты. Бір кішкентай шыныға сиырдың пісірген сүтін құйып, оның басына резеңке емізік орнатып, баланы сонымен қоректендірді. Кейде Надежда тамақты ауызында жібітіп, шайнап беріп жүрді. Консерв заводындағы кейбір тентек қатындар «Надежданың жолдан тапқан баласы», «екеуінің жолдан тапқан ортақ баласы» десіп жүрді. Қаят пен Надежда ондай сөзді көп естіді. Бірақ оларға дәнеңе айтқан жоқ, ойын сөзбен жұбатып жүре берді. Надежданың ойындағысы ол да емес, басқа еді.

— Қаят? — деді тағы да Надежда.

— Мен мұнда!

Қаят Надежданың қасына жақын келді.

— Қаят! Бала екеуміздікі, ә?

— Енді қалай? Екеуміздікі! — деді жымиып Қаят.

— Атын кім қоямыз? Молда қоса ма? Поп қоса ма?

Надежданың бұл сұрауына қарсы Қаят баланың бас бармағын ауызына салып, ойланып төмен қарады. Үндемеді. Діннің тар шеңбері алқымнан қысып «мұсылмандығыңды ұмытпа!» деп тұрған сияқты болды. «Дүнияға туған адамның барлығы мұсылман болып туса екен» деген сияқты болып тұрды. «Ендеше, сүндеттеу керек!» деген қорытындыға келді.

— Надежда!

— Ал, құлағым сенде, айт!

— Молдамен сөйлессек қайтеді?

— Ә, поппен ақылдассаң?...

* * *

Қаланың батыс сыртынан, мойка жақ даладан, ұсақ қара сулардың бойынан қарағанда, етекте балшығы қып-қызыл болып биік құлама жарлар көрінеді. Сол жарлардың бірінің төбесінде сары сырға боялған әдемі үй тұрады, сары алтындай болып жылтырайды. Оның қасында ағаш мұржалары сорайып, завод көрінеді, арғымақ қамайтын сарайлары көрінеді.

Александр Богомолов — қаланың ең үлкен байларының бірі. Оның тері заводы онша үлкен де завод емес. Жұмысшылары да шамалы, екі жүздей ғана кісі. Бірақ жұмыс көп, заказ үнемі үзілмейді...

Александр Богомоловтың отыз-қырық шамалы арғымақтары болды. Барлығы да атақты Орловтың жылқысынан өрбіген тұқым.

Богомолов Герман соғысынан еш зиян көрген жоқ. Шамасына қарай бұл да байыды. «Но и то же! Үлкен балық — үлкен суда, кішкентай балық ұсақ суларда жүзеді. Бізге осы да жетеді!» — деп қоятын. Мұны ол кейде өзі құсаған байлармен компанияда отырғанда, ірі байлардың соғыс тұсында байығанын, саудасының өскенін сөз қылғанда айтатын, көшеде шанаға тиеліп, мас болып, у-шу көтерген рекреттерді (жаңа алынған солдаттарды) көрген сайын ұзын, қою, жирен мұртын екі жаққа ширатып: «Іһім... іһім!.. тон керек бұларға, тон керек!» — деді, мұртынан күліп міңгірлеп.

Қолында шыбық тәрізденген ұзын өрме қамшы. Басында ұзын құлақ малақай, үстінде сырты құлынның терісінен істелген іші жылы тұлып. Жеңіл, нәзік шанаға арғымақтарының күнде бірін жегіп шығады. Күнде таңертең банк көшесінің бір басынан бір басына желдіртіп, жорғалатып, шапқылап жүргені.

Сөйтіп, өмір сүріп келе жатқан Богомоловтардың соңғы кезде «мазасы кете» бастады. Идің, сасық шайырдың ішінде таңертеңнен кешке дейін топырлап жүрген жұмысшылардың арасы күннен−күнге өзгере берді. Кейде ақы даулап, кейде киім даулап, байдың конторына жұмысшылар жиі келетін болып алды. Байдың даверенныйы өзінің көршісі Ярков дейтін бір қара жүз неме еді. Конторға келіп дау соғып тұрған кейбір қазақ жұмысшыларын:

— «Арда!.. Қазір табаныңды жалтырат! Әйтпесе, учаскеге жөнелткіземін!» — деп, желкеге түйіп қуып шығаратын еді.

Бірақ Ярковтың бұл амалы ұзаққа бармады. Громов жұмысшыларды бірте-бірте ұйыстырып, Ярковке қарсы қойды. Бәрі де бірауызды болғаннан кейін, енді қайтып қол жұмсамады.

Полицмейстер Медведьев Богомоловтың үйіне келген сайын:

− Александр Александрович! Сіздің жұмысшылардың арасы сау емес. Бунтовчиктер барлығы сезіледі Оны байқайсыз ба? — деп жүрді.

Богомоловқа бұл жаңа сөз. Көзін тасырайтып қолын бір-ақ сермеп:

— Қой, ол не дегеніңіз! Мен осы заводпен бірге қартайып келе жатырмын, тіпті ондай оқиға болып көрген емес, — дейді.

— Менімше солай, Александр Александрович!

— Нанбаймын. He қылған бунтовщик?! Көбі деревнияның сасық мұжықтары, бірен-саран ауылда қойдай маңырап өскен жуас, момын қазақ, біразы осындағы жатақ, татарлар. Мен әрқайсысын саусақпен санап көрсетемін.

— Жо-о-оқ, Александр Александрович, сіз байқамаған екенсіз. Түнеу күні Зенковтың былғары заводында не болғанын білесіз бе? — деді қабағы қарс жабылып полицмейстер.

— Ә, ие, білем. Оның жөні басқа. Онда төңкерісшілердің жасырын ұйымы...

Онымен қатар...

— Іздеріне түскен бір тыңшыны мұздың астына сүңгітіп жіберген.

— Тө-тө-тө... Әне сол! — деді, бармағын жанып, жоғары көтеріп Медведьев.

— Олардың ішінде ысылған сволочтар — катржандар болған. Ә, бізде ондай немелер жоқ... Айтып отырмын ғой, мен бәрін де танимын.

— Бекер олай ойлайсыз, Александр Александрович! Олай сенуге болмайды. Қазір қауіпті, мазасыз уақыт. Бұл — жұқпалы нәрсе. 1905 жыл есіңізде бар ма?

Богомолов иегінің астын қасып, төмен қарап ойлана кетті.

— Бізде қазір саяси қашқындар самсап жүр. Бірталайы тұтқында отыр. Біраз адамдарды бұдан бірнеше уақыттар бұрын Петербургтің сұратуы бойынша, Шлессельбург қамалына жібердік.

— Да, бір ойлағанда солай да. Меніңше, біздің жаққа да көз-құлақ болып жүрерсіз деп ойлаймын!

— Әбден, Александр Александрович! Әбден! — деді, полицмейстер Медведьев, Богомоловтың қолын ұстап, — біз патша ағзамның көзі аталамыз!

— Сенемін!

Соңғы уақыттарда жандармдар Богомоловтың қорасына жиі-жиі көрініп кетіп жүрді.

Бір күні түстен кейін тері салған «саңның» қасында тұрған Громовқа арғымақ бағатын малайлардың бірі жетіп келіп:

— Сізді конторға шақырып жатыр! — деді.

Громовтың ойында дәнеңе жоқ. Үсті-басы ій, шәйір сасыған бойымен конторға жүгіріп келді.

— Е, не бар? — деп жан-жағына қаранып алғанша болған жоқ, қолына кінеге ұстап тұрған бір надзиратель үстелдің қасында отырған Ярковқа қарап басын изеді.

— Да, Громов осы! — деді Ярков.

Надзиратель жеңінен бір қағаз алып:

— Петр Иванович Громов? — деді Громовқа қарап.

— Ия, мен соның өзі! — деді Громов.

— Кәсібің не?

— Жұмысшы.

— Жасың нешеде?

— Отызда.

Надзиратель кінегесіне жазып алып, қолындағы қағазды Громовқа ұсына берді.

— Мынау кінегеге қол қой, господин Громов!

— Повеске ме?

— Да, да так точно.

— Ертең сағат... 11-де...

— Да, да... қол қой!

Кінегеде де жазылғанына қарайтындай мұрсатана болған жоқ. Громов қол қойды. Енді айналып тысқа шыққанша болған жоқ, қарсы алдынан екі городовой шығып, Громовты тоқтата қойды.

— Алып жүріңдер! — деді, артына ілесе шыққан надзиратель мұртын сылап қоразданып, екі городовойға...

— Ертең сағат 11-де деп жазылған емес пе, господин надзиратель, бұл қалай?

— Молчайть!

Громов дәнеңесіне түсінген жоқ, аяғын ақырын басып қорадан шығып бара жатты. Арғымақ баққан малайлар, «саңның» қасында жүрген жұмысшылар иіріліп тұрып, біріне-бірі қарады.

— Байғұс Громов, осымен төртінші рет! — деді бір жұмысшы күбірлеп.

Доверенный Ярков есіктің алдында тұрып, екі қолын қалтасына салып ұзақ уақыт есінеп алды да, көзімен жеп тұрған жұмысшыларға, малайларға қарап ақырып қоя берді.

Жұмыстарыңды біліңдер, не тамаша бар, сволочтар!

— Сен өзің сволочь!

Байдың қаншығы!

— Кадет! — деді жұмысшылардың ішіндегі бірнешеуі шу ете түсіп.

Ерні бүлкілдеп, көзі аларып, жұдырығын түйіп Ярков канторға кіріп жөнелді.

Жұмысшылардың қолы жұмысқа әрең барды. Біріне-бірі анда-санда күңкілдеп қойды.

— Heгe әкетті?

— Қайдам...

— Громов ежелден патшаға қарсы адам ғой, бірдеңе айтқан болар.

Громовтың төңірегіне әбден ұйлығып қалған жұмысшылардың сөзі басқа еді. Олар бұл оқиғаның неден басталғандығын, соңғы кезде полицияның бұл қораны неге көп айналдырғанын білетін, сезетін.

— Барлығымыз ұйымдасып Громовты босатып алуымыз керек! — деді кәрі жұмысшы, бұрынғы ломовой (жүк тасушы) Иванов.

— Иә, арыз жазып босатып алу керек! — деді, қазақ жұмысшысы Ботай.

V

— Бұқпан отағасы науқастанып қалған екен, соған барып келейін, менің медаль таққан мундирімді сандықтан алып берші, — деді жуас қана, толық келген семіз сары бәйбішеге, Бейсембай қажы Бұланов.

Бәйбішесі Нұрила тәптештеп бірінің үстіне бірін салған үш сырлы сандықтардың біреуінің астынан жіпке тізген кілттерді сылдырлатып алды да, үстіңгі сандықты бұрап қалып еді, даңғырлаған дыбыстар шықты.

Бейсембай қажы жапсарға сүйеулі тұрған айнаның алдына барып, үңіліп пішінін қарады. Оның көзіне жоғарғы ернінің үсті екі жақ езуіне дейін қаптай өскен қою қара мұрт, иегіндегі шоқша қара сақал, салбырап омырауына түскен қалың бұғақ, өзіне бөлек бір өзгеше келбет беріп тұрған сияқты көрінді.

— Қатын, осы бүгін жұма ғой! — деді, алақанын иегінің астынан жоғары қарай серпіп, шоқша сақалын сипап қажы Бұланов.

Сандықты ақтарып-төңкеріп жатқан Нұрила оны естіген жоқ.

— Саған айтамын, қатын.

— Ия, не дейсіз?

— Бүгін жұма ма?

— Ия, жұма. Бұқпандікіне барсаңыз, жұма намазына кешікпейсіз бе?

— Жолдан Қамидоллаға кіріп, сонымен бірге мешітке барам.

Нұрила екі дана «Қазақ» газетіне ораған мундирді қажының қасында тұрған орындықтардың бірінің үстіне әкеп қойды.

— Жұма намазына дейін үйге келіп, киім жаңартып кететін боларсыз?

— Е, неге келем?

Қажы екі үлкен көзін тасырайтып Нұрилаға қарай қойды.

— Кіреш медальмен намазға бармайтын шығарсыз дегенім ғой? — деді Нұрила мүләйімсіп, тоңған адамдай екі қолын біріне-бірін үйкеп, жұмырлап беріп.

— Е, ол қайтушы еді! Мешіт құдайдікі, медаль патша ағзамдікі. Қол орамалмен бүркеп, байлап тастап оқи беремін.

— Енді сізге менің керегім жоқ шығар? — деді Нұрила.

— Шұлғауым даяр ма?

— Даяр.

— Киіз галошымшы?

— Алып қойдым.

— Түлкі ішік?

— Бәрі де даяр.

— Бар, ендеше.

Нұрила бәйбіше ақырын аяғының ұшымен ғана басып, ішкергі үйге шыға жөнелді.

Қажы Бейсембай күміс сағалы, екі жақ құлаққа қоятын көзілдірігін орната қойып, біресе көзілдірігінің төбесінен асыра, біресе әйнегі арқылы айнаға қайта-қайта үңілді екі ернін жыбырлатып «пісмылда» деп көк шұға мундирді бір сілкіп қойып, үстіне киді. Сол жақ төсінде шүберекке тіккен күміс медаль теріс айналып, теңселе түсті. Қалтасынан қол орамалын алып тәж кигізген қос басты қара құс бар жез түймелерді бірінен соң бірін сүртіп, медальді оңына қаратып қойды. Оны да орамалмен бір-екі үйкеп, сүртті.

Әбден түймелеп, мундирді нәшіне келтіріп киіп алған кезде, қоқырайған қызыл жиекті жаға қажының бұтағын бұрынғыдан да үлкейтіп төмен түсіріп, ісіндіріп жіберді. Басына түріктің қою қара шашақты қызыл пәсін (биік тақиясын) киді. Сөйтті де, айнаның алдында ерсілі-қарсылы жүріп көрді. Сол күнгі байшыл романтик кәрі бір «асан қайғы» түрік шайырының бір ауыз өлеңі есіне түсті. Қажыға барған жылы Стамбулда бір түріктен жазып алып, жаттап қойған еді. Айнаға қарап тұрып, жыламсыраған мосқал әйелдердің дауысын шығарып соны айтты.

Жаһад әйла, Бір қарип данайы ол

Я бір санам латип рагнайы ол

Бо екісінін біріни боламазсаң

Тәрік әйла масивай, тәнһай ол

"Мен осы екеуі де боламын!» деп тұрды ол өз-өзіне. Оның көз алдына өзінің аты шулы қызметі, қызмет орны елестеді.

"Мундир! Медаль... Ол ақ патшаның қызметімді бағалаған белгісі, ұмытпастық сыйы. Әуелі, мен — патша ағызам билеген Ресейдің «пачетный гражданы", екінші, мен — қажы (кейбіреулер, әрине Бейсембай жалданып барып қажы болып келді дейді, онысы ничего не значит! Қанша айтса да мен қажы!). Үшінші, мен — уезной начальниктің помощнигі (кейбір Балта, Қылыш, Громов, Мақсұт сияқты көк соққан «басяктар» мен «қара жүз тыңшы» деп те өсек таратқан. О да ничего не значит! Қанша айтса да мен шен алған господин Буланов). Кейбір қызыл ауыздар, менің уезной нәчәндік хатшысын қаламның сабымен маңдайға қойып қалғанымды өзінше жорып, ұлт геройы, социалист, революционер «деп лақап шашып, беделіме қол сұғып та байқады. Онысы да ничего не значит! (Қанша айтса да мен господин, почетный гражданин, манаргист Бейсембай Бейсембаевич Бұланов. Ұлт геройы болсам, оныма болашақ қазақ бал асы қуанса!»

Үлкен, қалың айнаның алдында ерсілі-қарсылы жүріп, Бейсембай қажы Бұланов өзі туралы осыны ойлап алды. Мундирді кигеннен кейін, оның өне бойы рақаттанып, іші судай тасып, жүрегі қуанып лобылып тұрды.

— Қатын, әй, қатын!

Нұрила есіктің алдына келді.

— Бүгін газет келді ме?

— «Қазақ» газеті ме, мана балалар ұстап жүр еді.

— Жергілікті «Приешим» газеті жоқ па?

— Көрінбейді.

— Журнал келді ме?

— «Айқап» па?

— Ия.

— Жоқ.

— Ал, есікті іліп қал. Үйге сыған-мыған кіріп кетпесін.

Бейсембай қажы Бұланов күрке тауықтың қоразындай болып ісініп, тысқа шыға жөнелді.

— Ата, алып барып тастайын ба? — деді, есіктің алдында, атты шанаға жегіп, дайын ғып тұрған қысық көз бұжыр сары бала.

— Тоңып қалмайсың ба?

— Жоқ.

VI

Үлкен қызыл тас үйдің астыңғы подвалы лық толған тұтқындар.

Мұнда түрліше қылмыстылар бар: кісі өлтіргендер, ат ұрлағандар, қалтаға түскендер, мастар, қасы-көзі боялған жезөкшелер, штрафтан бас тартқан қала жатақтары...

Петр Громов осылардың арасында төрт кеш қонды.

Подвалдың іші сасың, былық. Бит, бүрге құж-құж қайнады. Түтін. Бір мүйісте көзі бақырайып, өне бойын қаси беріп, Сары малай да отыр. Кейбір бейбастақтар оны әуре қылып жатты.

Жағын кір орамалмен таңып алған бір жуан сары әйел бет-ауызы көкпеңбек болып ісініп, көзі жұмылып кеткен сары сақалды арық біреуді мойнынан құшақтап, бұрқыратып шылым тартып отыр. Кейде әлдекімді боқтайды, кейде аяғымен еденді тепкілеп өлең айтады:

Ақ, шарабан мой, шарабан

Денег не будет.

Тебя продам.

Подвалдың айналасындағы іші әйнек, сырты темір шарбақпен қаптаулы жоғарыдағы сығырайған кішкентай терезелерден даладағы сәуле аз ғана көрінеді. Қара көлеңке.

Бір мүйісте бірнеше адамдар дөңгелей отырып, қарта ойнап жатты. Тыста тықыр білінсе, қарттарын жасыра қояды.

Петр Громовтың оң жағындағы бет-аузын түк басқан, дорба сақал, бұжыр қара біреу таңертеңнен бері бүктетіліп жатыр еді. Әлден уақытта күрік-күрік жөтеліп, басын жоғары көтеріп, Громовқа жақындай түсті де, мыңқ етті:

— Осы жердікімісің?

Громов бетіне үңіле қарап:

— Ия, — деді.

Ол Громовтың ій сасыған, қайысталып қалған шолақ тонына, аяғындағы қысқа қоныш етігіне көз жүгіртті.

— Рабочий?

— Ия.

Бармағымен өз тамағына шертіп қалып:

— Бүйткенсің ғой? — деді.

Онысы «мастықпен түскенсің ғой!» дегені еді.

— Неге ұсталғанымды өзім де білмеймін! — деді ақырын ғана тамағын кенеп қойып.

— Өзім де білмеймін... Қа-қа-қа!.. Неге білмейсің, ә? Вот, чудак! Мен өзімнің неге ұсталғанымды, неге қамалғанымды білемін, сен...

— Сен неге жатырсың?

— Ат ұрладым. Ишим уезінен ат ұрлап әкеліп, базарға салып тұрған жерден ұстап алды.

— Сол-ақ па?

— Сол. Мен «ақ үйді» талай көрген кісі. Менің ат ұрлаудан он бес жылдық стажым бар. Мен көп жерлерде болдым: Ірбіт, Макаржа, Саратов, Самар, Омский, Томский.

— Ат ұрлаудың не қызығы бар? — деді Громов «сөз жоқта сөз болсын» деген кісіше ерініп қана.

Қара бұжыр тарқылдап күліп алды да, Громовты арқаға қағып-қағып қойды.

— Сен мұндағы Ярохин деген атақты ат ұрысын естігенің бар ма?

— Ия, естуім бар.

— Ол біздің құда. Біз дүниенің қызығын бірге көрдік.

— Е, оны бас-аяғын дал-дал қып жұрт ұрып өлтірген жоқ па еді?

— Ия.

— Сені бір күні сөйтпесін қайдан білесің?

— Ничего! Ұрып өлтіргенше әлі талай заман бар. Сен өзі қызық адам екенсің.

— Е, неге?

— Е-е-х! Сен өзің ат ұрлаудың ләззәтын білмейтін адам екенсің! — деді қара бұжыр сақ-сақ күліп.

Громов теріс қарап отырды.

Кеш. Ымырт жабылып, қас қарайып бара жатқан мезгіл. Бір-екі солдат шам әкеліп жақты да, қолындағы қағазға қарап, Громовты шақырды.

— Петр Громов!

— Мен мұнда.

— Қане, тез жылдам, бері жүр!

Громов орнынан ұшып түрегеліп есіктің екі жағында тұрған екі солдаттың ортасына түсті.

— Үш сом штраф, сонымен шабаш! — деді, өз ойынша Громовты «мас болып ұсталған» деп ойлаған түкті бет, қара бұжыр ат ұрысы, бір жағына аунақши беріп.

Подвалдағылар Громовты көзбен шығарып салды.

* * *

— Сволочь! Разбойник!., з-з-з-ззадавлю, — деді полиция бастығының кабинетінде, еденде соққыға жығылып жатқан Петр Громовқа полицмейстер Медведьев, ерні бүлкілдеп, көзі шатынап. Медведьевтің қолында резеңке таяқ (рузга) отыр еді.

— Түрегел!

Кейінірек тұрған екі жандармның бірі желкесінен, бірі қолтығынан жұлмалап, Громовты полиция бастығының алдындағы орындыққа қайта отырғызды. Громовтың бет-аузы қан, маңдайы рузганың ізі, сала-сала.

Медведьев есіктің екі жағындағы қақиып тұрған екі жандармға иек қақты. Олар честь беріп, сыртқа шықты.

— Мен, гадина емес, жұмысшы.

— Молчать, сволочь!

— Сволочь та емес.

— Енді кім?

— Әділдік үшін, теңдік үшін күресуші, жұмысшы.

— Әділдік?! Теңдік?!.. Мә, саған!

Рузга Громовтың желкесіне тағы да сарт ете түсті.

— Ұрмаңыз, господин полицмейстер!

— Бәлем, сені ұрмақ түгіл, түрмеде шірітермін!

Үстелдің үстіндегі звонокты баса қойып еді, манағы екі жандарм жетіп келді.

— Түрмедегі разбойник қырғызды әкелді ме?

— Так точно, господин полицмейстер, әкелген.

— Мұнда жіберіңдер.

— Құп болады господин полицмейстер.

Екі жандарм саудырап шыға жөнелді.

«Бұл кім екен?» деді ішінен ойланып Громов. Көзі тұнып, өне-бойы аши бастады. Соққының астындағы екі сағат уақыт оған екі күн сияқты болды. Ішке, бүйірге тепкілегенде тірі қаламын деп ойлаған жоқ. «Шынымен-ақ, енді қайтып жарық дүниені көре алмайтын болғаным ба? Шынымен, осы иттердің қолында өлгенім бе?»

— Петр Громов! — деді аз ғана жұмсарған дауыспен полицмейстер Медведьев. Сүй деді де, үстелдің қасына келіп отырды.

Громов Медведьевтің ілездің арасында неғып жұмсара қойғанының мәнісін сезді. Бұл мінезді ол төрт қабат тұтқынға түскенде, Медведьевтен бірнеше рет сезіп еді.

— Петр Громов!.. Сенде қатын, бала-шаға бар, ә?

— Бар.

— Үй бар той?

— Бар, иттің ұясы құсаған. Біздей кісі бұл күнде үйге жарыған ба?

— Сонда да... Сонда да...

— ???..

— Дүниеде тұрғың келеді ғой?

— Е, неге келмесін! Барлығының да дүниеде тұрғысы келеді. Мен дүниеден тойдым деп кім айтады деп ойлайсыз?

— Да, тұрғың келеді. Ендеше, неге бүйтіп отырсың?

— Бүйтіп отырғаны қалай?

— Алғаның жанға бататын жаза...

Громов ызалы түрде мырс етті.

— Бұл — сіздің өнеріңіз.

— Мен қылмысы жоқ адамды, айыпсыз адамды бүйтпеймін.

— Менің сондағы қылмысым не?

— Сенің қылмысың, біздің патша ағзам үкіметінің заңы бойынша, үлкен қылмыс, саяси қылмыс. Патшашылыққа, патша ағзамға қарсы ниет. Сен, сенің тілектестерің 1905 жылғы алған сыйларын ұмытқан жоқ шығар?

— Оны патша ағзамыңыз да, сіз де ұмытқан жоқ шығарсыз?

— Әрине, біз сабақ бердік, патшаға қарсы бейбастықтардың, разбойниктердің бетін тойтардық, қайтып тұрмастай қылдық.

— Мен анархист емеспін.

— Енді кім?.. Бәрі бір сайтан емес пе?

— Жоқ. Рұқсат етіңіз, ендеше мен сізге бұл жөнінде жік−жікке бөліп түсініс берейін.

— Но, молчать, Громов! Жетер! Сенің пәлсапәңнің маған қажеті жоқ. Сен — мерзавец, больше ничего!

Есік ашылып жандармның бірі честь беріп тұра қалды.

— Тұтқын даяр!

— Бері кіргіз!

Әлден уақытта аяғын әрең басып тәлтіректеп төмен қapaп біреу кіріп келді де, есіктің алдында тұрған қалпы ақырындап басын жоғары көтерді. Громов сырт қарай отыр еді.

— Петр Громов! Мынаны танисыз ба? — деді Медведьев, есік жақты нұсқап.

Громов сырт бұрылды. Алғашқы қарауда Громов таныған жоқ. Бірте-бірте шырамыта келіп, күбідей боп ісінген бет ауыздың ішінен Балта екенін біле қойды, іші оттай жанды. Денесі ыстықты-суықты боп кетті. Громов Балтаға қарап «сездірме!» деп белгі бергенше болған жоқ. Балта қалшылдап жақындай беріп.

— Петр! Петр! — деді.

Громов Балтаның ісінген бет-аузына, жылтыраған көзіне қарап, шыдап тұра алмады.

— Мұның жазығы не? — деді Медведьевке бұрылып.

— Сенің жазығың не болса, оның жазығы да сол!

Сөйдеп, Медведьев екі қолын артына салып, бөлмеде тағы да әрлі-берлі жүрді.

— Значит! — «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегеніңнің салдары осы! — деді Балта мен Громовқа қарап.

— Ия! Господин полицмейстер! Жұмысшы жұмысшыны таниды. Бірақ оған қарап жазықты қыла алмайсыз.

— Менің сөзім рас емес пе? Сендер нағыз разбойник емес пе? Қайдағы-жайдағы қырғыз бар ма, сыған бар ма, бәрі де сендерде. Әрине, разбойник!. — деді Медведьев өз сөзін өзі қуаттап.

— Ия, бірақ сіз ойлағандай разбойник емеспіз. Жұмысшы — таптың негізі интернационалдыққа үйретеді. Бізде ұлтқа бөлу жоқ, тапқа бөлу бар! — деді Громов, манадан еденде аунап жатқан берігін алып басына киіп.

— Жетер, мерзавец! — деді үстелге жақын келіп звонок беріп. Сырттағы екі жандарм кіріп келді.

— Екеуі де түрмеге жөнелтілсін! — деді Медведьев, тұтқындарды оқты көзімен атып.

— Түрмеде шірисіңдер! — деді шығып бара жатқан екеуіне.

VII

Қол басындай ғана бурыл сақалды, беті иге түсіп шыққан терідей болып сарғайып қатпар-қатпар болып қалған бүкір бір шал күмістей жылтыраған серіппелі, екі кісілік варшава кереуетінің үстінде биқасап тысты қалың көрпеге оранып жатқан аурудың қасынан тұра беріп, мыңқылдай түсті.

— Депуис қандай?...

Бұл ауырып жатқан Бұқпан Көмейұлының үйіне әдейілеп шақыртылып алынған доктор Арненбаум еді. Оның ширек ғасыр өмірі шетелдерде жүріп өткен. Париждан әскерлік дәрігерлер мектебін бітіріп, Европаның бірталай қалаларын кезген адам. Орыс тіліне араластырып латын, француз, неміс тілдерін баттастыра сөйлейтін.

Mұның әлгі мыңқылдағанына былай отырған адамдар түсінген жоқ. Жалғыз-ақ, Метрееч қана түсінген адам құсап көзін жыпық-жыпық еткізді де, Арненбаумға:

— Депуискунизекорус — деді.

Бұқпан жатқан бөлмеде бәйбішесі мен тоқалынан, Метреечтен басқа, үлкен магазин иесі Шамсутдин деген татар байы, Бейсембай қажы Бұланов отыр еді.

— У−у−у−уһ! Ал-лай!.. Не дейді? Өледі дей ме?! — деді Бұқпан, бір аунақши түсіп.

— Алла сақтасын, ол не дегеніңіз! Жазыласыз құдай бұйыртса, жазыласыз!— деді, қопақтай түсіп, Бейсембай Бұланов. Доктор Арненбаум, Бұқпанның кантор үстелінің қасында Метреечпен сөйлесіп отырды. Mетрееч ойын, бойняда болған оқиғаны, сонан бері Бұқпан Көмейұлының жатып алғандығын, сауда-саттық жұмыстарды өзінің басқарып тұрғандығын, жұмыстан қолы босамайтындығын қысқаша түсіндіріп айтып берді.

Бұқпанның онша жанына батқан науқасы жоқ еді. Ол; көбінесе, жұрт көзіне көрінуден ұялып жатты. Оның көз алдына өзі құсаған «беделді» байлар: Шамсутдинов, Қабанбай, Богомолов, Казанцев, тағы әлдекімдер елестеді. «Олар естіді-ау ә?.. Оларға не бетіммен көрінемін? Масқара болдым-ау!» деді ішінен ойлап, көңілін сұрап үйінде отырған Бейсембай мен Шамсутдиновке беттеп қарай алмай, жапсарға бұрыла берді де, ауыр күрсінді.

Доктор Арненбаум бір жапырақ қағазды — рецепті Метреечке ұсынып жатып:

— Суық тиген, дәнеңе етпейді. Біраз күн төсекте жатсын. Далаға шықпасын.

— Сүйдеп айтады, — деп тұрған Метреечтің сөзін естігеннен кейін, Бұқпан ақырын басын көтеріп тұрып, керуеттің бас жағындағы жуан бәйбішеге қарап:

— Менің жеңсіз камзолымды әперші! — деді. Бұқпанның бәйбішесі Қадиша еді.

— Пешке сүйенгені несі? Қане, әперші! — деді Қадиша, пешке арқа сүйеп тұрған аласа бойлы қара торы жас әйелге — Бұқпанның тоқалына.

Тоқал кеуде жағында үлкен қалтасы бар қара сәтен тысты жеңсіз қамзолды Бұқпанның қолына ұстата берді. Бұқпан кеуде қалтадағы үлкен сары әмиянды ашып қалып еді, екі ортасындағы жуан месуак алдына түсті.

— Мә, берші! — деді Бұқпан, Екатеринаның суреті бар жиырма бес сомдық қағаз ақшаны қолына сытырлатып ұстап. Ішінен: «Дос-дұшпанның алды шығар, көрсін!» — деп ойлады.

Доктор Арненбаум кішкентай ғана былғары дорбасын қолына ұстап, басын әлсін-әлсін шұлғып бүкірейіп шыға жөнелді.

* * *

— ... Қазіргі қайсы шәһәр болса да боталышлар сезилип тұра Богомоловтың әйтуінә қарағанда, ішшіләр арасы тыныш тугілди. Әллә қайда ди, исімдә юқ ұнттым... фронтқа жібәрілә тұрған солдаттар да баш кутәрип: «10 инді бизні алди алмассыз, соғыш бізні тойдырды» деп, казармаларының тәрәзәлерін уатып, күл-парша иткенлер, ди, магазинларының жиміргәнләрди! — деп қойды Шамсутдинов. Тырбықтанған қысқа саусақтары екі ортасына қысқан жуан тобыр шылымды олай-былай қозғап қойды. Жаңа ғана сорған шылымның көк түтіні құрсауланып, төбесінен жоғары бара жатты.

Бейсембай, Шамсутдинов, Метрееч, Бұқпан төртеуі төргі үйде әлдеқашаннан оңаша отыр. Бұқпан жеңсіз камзолды иығына жамылып, төсектің үстінде отырды. Оның енді өңі кірді, беті ашылды. «Ұяты» әлдеқашан жоғалды. Бейсембайдың, Шамсутдиновтің манадан бері сөйлеген сөздері, оны «жазатайым қиыншылықтарға соқ болған жалғыз мен емес екемін ғой! Ақшалы, ең дәулетті жер дұшпансыз, қағажусыз болмайды екен ғой! Көппен бірге екем!» деген ойға келтірді. Ол өзін-өзі жұбанған баладай болды.

Олар не айтты, қай жөнінде сөйледі?..

Шамсутдинов сөзі қаланың үлкен көшесіндегі екі қатарлы өзінің үлкен магазинінен, ондағы сауда-саттық жұмыстарынан, ақшадан, кіріс−шығыстан, піркәшіктерден басталды. Піркәшік арасындағы кейбір тойымсыз қылықтардан, жалақы арттыру мәселесінен басталды. Соның аяғы келіп, «ботышу» мәселесіне — революцияға көшті... Шамсутдинов кейбір татар байларындай надан емес еді. Сол күнгі ағымнан хабары бар, орысша, татарша газет-журналдарды оқып тұрарлық мәліметі бар адам еді. Ақша саясатын, капиталдық өршу жолдарын, оның неше түрлі амалдарын білетін адам еді. «Уақыт ақшадыр, ғапыл болма қарашадыр» деген мәтелді ол аузынан тастамайтын. Бұл мәтел оның ақша алатын кассасының алдында, магазиннің ішінде де жазылынып қойылған болатын, Шамсутдинов - араб, түрік әдебиетін жақсы білетін бай. Стамбулда, Жүсіп Ақшура ұлының (татар Акчурин байлардың тұқымы) шығарып тұрған «Түрік жұрты» журналын ол үзбестен алғызып тұрды. Шамсутдинов, негізінде, «Панисламист»1 еді. Бірақ ол капитал мәселесіне келгенде; «Байлыққа шекара жоқ, европа байлығына шомылып алу керек», — деген пәлсәпәні соғатын.

Шамсутдинов салбырап омырауына түсіп тұрған бұғағын тырбиған қысқа, семіз саусағымен бір қасып қойып:

— Господин Бұланов! Сіз мұңар ни әйтесіз? — деді, Бейсембай қажыға қарап, Бейсембай Бұқпан Көмейұлына қадала қарап, күлімсірей түсті:

— Байеке! Сіз әлі естіген жоқ шығарсыз?

— Ол не? — деді ожырая қарап Бұқпан.

Осындағы қызыл ауыздардың бірнешеуі Медведьевтің қолына тапсырылды.

Бұлардың тілінде «қызыл ауыздар» жұмысшылардың арасындағы төңкеріс ұйымының адамдары еді.

— Е, бәрекелді! Кім-кім?..

— Балта, Мақсұт, Громов дегендер бар екен ғой?

— Громов?... Білем, білем... Бір қаһар соққан нәрсе. Маслаков деген байда грузчик те болып тұрды. Ілік тә болырға кирәк, — деді Шамсутдинов Бейсембайдың аузына қарап.

— Ол иттердің көзін жоғалту керек қой енді, — деді Бұқпан күркіреген дауыспен.

— Тұра тұрыңыз, оның қызығы бар! — деді Бейсембай бір ұмтылып.

— Ал?!..

— Әйтіп қарағыз әлі!

Бейсембай сол жерде желкесін күжірейтіп, қабағын қарс жауып еңкейе берді. Манадан үндемей, қозғалмай тыңдап отырған Метрееч те (Метрееч қазақша сөйлейтін, түсінетін) қозғалып тамағын кенеп қойды.

— Давайте, господин Буланч!

Бейсембайдың манағы қажылар құсап шалқайып, күлімсіреп отырған кескіні жоғалды. Төңірегіндегілерге біресе көзілдірігінің үстімен, біресе астымен қарады. Нағыз барып тұрған жауыз тыңшылардың, правокаторлардың қалпына түсті. Отырғандардан өзге байқап тұрған адам болса, «атақты правокатор, тыңшы Бейсембай Бұланов өз қалпына түсті» деп ойлайтындай болды.

— Мен сізге айтсам, бұл қызыл ауыз адамдардан бүкіл Россия патшалығының қол асты сау емес екен. Тіпті бұлардың бір тізгіні біздің крайдан тыс — Германия, Швейцария, Англия деген мемлекеттерде жатқан көрінеді.

— Пой-пой-пой! — Метрееч, отырған жерінен ұшып кете жаздады.

Бейсембай сөзін жалғап:

— Сіз мынаған қараңыз: бұдан бір жыл бұрын жандарм отделениясының қолына түскен, осылардың ұйымы шығарған бір прокламацияда... — Бейсембай ішкі қалтасынан бір кінешке суырып алып: — ...бір прокламациясында: «Бүкіл жер жүзінде Америкадан бастап Жапонияға дейін, Швейцариядан алып оңтүстік Африкаға дейінгі жерлердің барлығында да пролетариаттың тиянақты ұйымдары бар» делінген сөздер жазылған. Мұны 1913 жылы осы қызыл ауыздардың бір бастаушылары жазған. Пролетариат дегенің, байқасаңыз, жалаң аяқ, жалаң бастар, жұмыста жүргендер екен. Бұларды құтыртып жүрген жолдың өзі, бұдан әлденеше жылдар бұрын Маркс деген бір неміс шығарған жол екен. 1798 жылы осы Россияда шығып тұрған "Вестник иностранной литературы» деген ескі бір журналда сол Маркстың бір кітабына қарсы жазған статьяны оқыдым... Ойбой, Байеке, бұл саясат деген нәрсенің өзі, адамның басын быт-шыт ететін көрінеді. Қысқасы... бұлардың алған жолы, патша ағзамға, оның сән-салтанатына, байлыққа, жеке адамның малай, жұмысшы жалдап бай болып тұруына қарсы жол екен...

— Не дейді, айналайын-ау!? — деді Бұқпан жөтеліп қалып. — Ол не дегені! Байлықты құдай берген. Қолынан келсе олар да байысын! — деді артынан тағы да.

Бұқпан саясат дегенімізді ұқпайтын адам еді. Оның он ұғымынша, дүниеде бақытты, беделді, күшті болып жүру үшін бір ғана жол бар. Ол — байлық. Оны тырнақтайдан жинап ұстап тұра білсең, онда сен мәңгі бақыттысың. Егерде оны білмесең, орынсыз шашсаң, үсті−үстіне жамамасаң, онда «байлық — бір айлық». деп қана ұғынатын. Ол, екінші жағынан, байлықты бәсеке деп білетін. «Пәлен бай банкрот болған екен, бүлінген екен» деген хабарды еміс-еміс етіп тұрғанда, ол өзінше пәлсапа ашып: «Әне, дүние ұстап тұра білмесең, бәсекенің амалын ұқпасаң, ақыр аяғы көретін күнің сол!» — дейтін. Оның білген саясаты сол ғана еді.

Бейсембай Бұланов сөзін жалғай берді:

— Ия, сүйтіп сол қырсық біздің қаланы да шалған көрінеді. Мен сізге құпия бір әңгіме айтайын. Әрине, Байекелер, бұл осы жерде, өз арамызда ғана айтылатын әңгіме. Медведьев мырза мені бір күні кабинетіне шақырып алып, көп сөйлесті. Онда менен басқа Арамқанов та отыр еді. Господин Бұланов! Осы облыстағы қырғыз сахарасының бағалы ақсақалдарының бірі сіз боласыз. Сіздің еңбегіңізді бағалай білеміз: Омбы жанарал — губернаторы сіз жөнінде бізге үлкен «рекомендация» беріп тұрады. Қалайда, сіз үкіметке қарсы құпия ұйымдардың қалада болсын, сахарада болсын бетін ашып беріп тұру жағына өте көңіл бөліңіз. Сахраларда болса, сіздің һиммәтіңізді өзіңізбен бірге істес болған болосной, крестьян начальниктері, ұлы ақсақал-қажырлар арқылы білеміз. Әрине, бүгінге дейін, сіз оларды, олар сізді ұмытқан жоқ шығар. Ал, енді қалада болсаңыз, сіздің таянышыңыз біз және атақты, құрметті байлар, қалалық управа деген сөздерді айтты. Әрине, ол сөздің аяғы неге әкеп соғатындығын мен сезіп, біліп отырдым...

— Сіз, тегі, разбойник Громовларны нишік тұтқанларын әйтігіз әлі! — деді Шамсутдинов, сабырсызданып.

— Қазір айтамын... Ия, сезіп, біліп отырдым. Мұратов, Кочков, Палеков тиірмендерінде, Зенков, Трусов заводтарында жұмысшылардың, ломовойшылардың арасында анда-санда құпия жиылыстар болып тұрады екен дегенді Арамқановтан есітіп жүретін едім. Айтқандай, Меновнай жұмысшыларының арасында да сондай бір жасырын жиылыстар болып өткен екен. Сіз қазір осымен айналыссаңыз екен. Сізге көмекке городовойлардан басқа господин Арамқановты және «Зайчик» деген орысты беремін» дейді.

— Кім айтты? — деді Бұқпан.

— Медведьев мырза. Сонан бірнеше күн өткеннен кейін, Трусов заводында істейтін Громов деген біреудің Зенков заводындағы жұмысшылар арасында құпия жиылыс өткізгендігі туралы жандарм отделениесіне хабар әкелінді. Онан бір күн бұрын Төленді баласы Балта дегенді консерв заводында бір жерден ұстап әкеліп еді. Зенков заводының Мақсұт деген біреуі қолға түспей қашып кетіпті. Сүйтіп, осы күні Громов пен Балта деген қарақшылар «ақ үйде» отыр. Бұлардың бір лаңы сол: бұлар қырманшылар арасында да уыт жайған көрінеді. Оның бір нәтижесі Букаевкеңнің қамбаға жағылғаны болса керек. Жандарм отделениесіндегі материалдар соны айтады.

Манадан үндемей тыңдап қана отырған Метрееч жирен мұртын бір ширатып қойып:

— Оларды каторгаға жіберетін болады, — деді.

— Конечно, конечно, әлбетте! — деді Шамсутдинов, Метреечке жалтақтай беріп.

Бейсембай көзілдірігін түзеп алып, басын шайқады.

— А, как же, как же! Бұланыч! Даже, даже ешапоға салып асып та жіберетін болады, — деді қипалақтатып Метрееч. Сонан біраз уақыт аузын ашып аңқиып тұрып қалды.

Бейсембай Бұланов жұдырығын түйіп, сөзін зілдендіріп былай деді:

— Нағыз главный себеп — дәлелді материал. Бұл иттерді біз ондай зор материалдармен қолға түсіре алмай жүрміз. Бұл туралы мен социал-демократ, қазір қалалық управада қызмет істейтін Алексей Иванович Вендокомен көп сөйлестім. Ол қазір Медведьевпен де жақын жүреді. Сол айтады: РСДРП (б) мен біздің арамызда үлкен шекара бар. Олардың негізгі программаларының бірі — революцияны жұмысшыларды ұйыстырып отырып, құрал күшімен орнату керек дейді, олардың жасырын таратқан прокламацияларын, тыққан қару−жарақтарын тауып алу керек, сөйтсе, дар ағашының жолы оларға өзінен−өзі ашылады дейді.

— Мұңар қарағанда, тігі әлі миньшевик дип юргинләрі бізге алай ұқ душман да тугіл икән лабаса. Мінә, иншік! − деп қойды басын сілкіп Шамсутдинов.

Бейсембай Бұланов жалпақ күміс баулы сағатын жан қалтасынан алып қарады да:

— Уақыттың өзі өтіп кеткен екен. Ептеп үй жаққа аяңдау керек,— деді түрегеліп.

Отырғандар бірінен соң бірі қонақ үйге шықты.

* * *

Бұқпан отағасының тоқалы Шамсия мен Атымтай екі ортадағы көңіл қосқан мінезді, өздерінен басқа еш адам сезген жоқ. Күдіктенген де ешкім жоқ, көңіл сұрай келген кісілер кеткеннен кейін, олардан қалған сарқытты ас үйде отырып Атымтай мен Шамсия ішіп, жеді. Кейде бірі мен бірі әзілдесіп те қойды.

− Биялайың қурап қалыпты ғой! — деді пештің мойнында тұрған сырты көн биялайды уқалап Шамсия.

— Қураса уқалап тұрсыз ғой, икемге келтірерсіз, — деді күліп қана Атымтай. Шамсия мырс етті.

Тамағын ішіп, киініп жатқан кезде, Шамсия Атымтайдың ішкі камзолының жеңінен ұстай алып:

— Камзолыңның етегі қақ айрылыпты ғой! Тігіп берейін, — деді ақырын еркелеген дауыспен. Шамсияның ерке дауысы Атымтайдың жүрегін қытықтап өтті. Көзіне қадалып қарап тұрды. «Аш белінен құшақтап алып бауырға басып жатар ма едім», — деді ішінен. Сүйдеп ойлағанша болған жоқ, жақындап келіп қалған Шамсияны құшақтай алып, тамағының астынан сүйіп алды.

— Ойбай, келе жатыр! — деді сыбырлап қана, демін зорға алып Шамсия. Атымтай қоя берді.

— Кешке жамап бересің ғой, — деді Атымтай есіктен шығып бара жатып. Шамсия сүйініп қарап қалды.

Громов пен Балта түрменің бір камерасында, ірі-ұсақ ұрлықпен түскендердің арасында жатты. Бұл камера жоғарғы қабатта еді.

Түрменің ішінде он кісі қатарласып жататындай ғана тақтай сәкіден басқа, үстел-орындықтан дәнеңе жоқ. Жапсарының кейбір жерлерінде ақ ізбесі қопарылып түсіп, қызыл кірпіштері көрініп тұр. Кейбір жерлерін көмірмен, қарындашпен сызған сызықтар, жазған жазулар, адамды, атты, сиырды жасаған суреттер бар.

Алғашқыда он төрт адам бір камерада жатты. Бері келе азайды. Кейбіреулері екінші қалаға жөнелтілді. Кейбіреулері мерзімді күні бітіп, босанып шықты. Қазір сонан тоғыз-ақ адам қалып еді. Тамақты үш мезгіл беруші еді: бір тілім қара нан, ыстық су, кейде лай сорпа болып жүрді.

Бүгін Громов пен Балта және бірнеше тұтқындар жоғарғы қабаттағы үйдің коридорындағы дәретхананы тазалады. Қарауылшы солдаттардың қарамағында жүріп, шелектеп лас суларды тасыды.

Түрменің астыңғы бір камерасында кілең әйелдер жататын еді, сол күні олар да дәретхананы тазалады.

Бетін қызартып бояған, көзі үңірейіп ішке батқан бір әйел шелек көтеріп бара жатқан Громов пен Балтаға қарап сақылдап күлді де, көзін қысты.

— Онысы несі? — деді Балта Громовқа міңгірлеп.

Громов күлді:

— Өзінен сұра!

— Бұлардың жазығы не?

— "Қызыл панар" шығар?

— Ол қандай орын?

— Патша Ресейінің ол да бір ашқан «тәрбие орны»...

— Түсінбеймін, — деді Балта.

— Түсінерсің әлі!

Түрме қорасының төрт бұрышында, биік құйманың төбесінде тұрған часовой солдаттар, қораның ішінде жұмыс істеп жүрген тұтқындардан көздерін алмады. Кейбіреулер әйелдерге сөз айтты:

— О, тетке! Неғып жүрсіңдер?

— Көріп тұрған жоқсың ба? Жұмыс істеп жүрміз.

Сырттан қарауылдап тұрған солдаттар ақырып қоя берді.

— Тұтқындарға сөйлесуге рұқсат жоқ!

— Ендеше, олар неге тілді қытықтайды?

— Молчать!

Манағы әйел Громов пен Балтаның қасынан өте беріп:

— Әй, әдемі жігіттер! Шылымдарың бар ма? − деді.

Громов әйелдің кекесінсөзіне түсіне қойды. Өйткені Балта мен екеуінің әдемілікке жататын кескіндері жоқ еді. Полицмейстер Медведьевтің розгасының ізі екеуінің бет аузын көкпеңбек қып ісіріп жіберген болатын.

Балта қалтасынан кесетін алып, уыстап әйелге мохорка берді.

— Рахмет! Бізге қонаққа келіңдер! — деді әйел, "мохорканы" пешпетінің қалтасына салып. Сүйдеп, жан-жағына қарады да, Громовтың қолындағы бос шелектің ішіне бір қағазды тастай берді:

— Сендерге берді!

— Кім?

— Білесіңдер. Келіп жүріңдер!

— Жібермейді, — деді Балта.

— Жібереді. Надзирательдің көңілін аулаңдар.

— Немен аулаймыз?

— Ақшамен, арақпен. Қош болыңдар!

— Қош!

— Камераларыңа барыңдар! — деді маңайдағы қарауылшылар айқайлап. Громов шелектің ішіндегі қағазды алып, жылдам қалтасына салды.

Тұтқын әйелдер, еркектер біріне-бірі қолдарын былғап камераларына тарады.

* * *

Кешкі тексерістен кейін Громов пен Балта екеуі манағы әйел берген қағазды оқыды. Қағаздағы жазу орысша жазылған еді. Басқа тұтқындар әрқайсысы әр жерде отырып, сыбырласып, сөйлесіп жатты. Хаттағы жазудың мазмұны мынау еді:

«Аянышты арыстандар!

Сендердің қандай жұмыспен отырғандарыңды мен естідім. Сендерді сырттан білемін. Мен консерв заводының жұмысындағы бір жесір әйел едім. Күйеуім он бесінші жылы күзде Герман фронтына кеткен болатын. Онан хат алып жүрдім. Бір күні түнде менің үйіме тінту жасап жандармдар келді. «Сенің күйеуің большевик екен. Фронттан қашып кетіпті. Біз осында келіпті деп естідік. Соны бізге тауып бер!» — десті. Көзім көрмеген күйеуді мен қайдан тауып беремін? Соны айттым. Олар маған нанбады. Міне, бүгін бір жұма болды түрмеде отырмын. Мені Надеждадан сұрасаңдар, айтады. Сендердің большевик екендеріңді мен сонан білгем. Сырттан таныспын. Бұл қағазды оқып болған соң жыртып тастаңдар.

Таня Гаврилова»,

Громов хатты оқып болған соң, сәкінің үстіндегі май шамға ұстай қойып еді, жалынданып жанды да, күл болды.

— Күнә өртелді! — деді мүйісте қисайып жатқан бір тұтқын. Басқалары бастарын көтеріп Громовқа қарады.

— Ол қайсы екен? — деді хат туралы ойлап Балта.

— Білмейім. Тысқа шықпағандардың бірі шығар... Әлде, жәй әшейін «провакация» ма екен? — деді Громов.

— Кім білсін?

Ол күні түні бойы Балта да, Громов та ұйықтай алмады. Сәкінің астынан әлдене сыбдырлап, бір мүйістен бір мүйіске жүгіріп дамыл бермеді. Ол тышқан еді.

Бөтен ұйықтап жатқан тұтқындардың арасында кейбіреулері қорылдады. Ойланған адамға олардың онысы ағаш кескен ирек тіс араның сырылдағаны құсап естіледі. Әлдеқайсы сандырақтап, ішін тартып жылап қойды. Кейде сырттағы коридорда олай-бұлай жүрген часовойдың аяқ дыбыстары естіледі.

— Сен қалай ойлайсың? Бізді осылай ұстап жатама?- деді, ақырын сыбырлап қана Балта.

— Кім білсін. Материал таппаса...

— Шығарады, ә?

— Жұмысшылар да, комитет те қарап жатқан жоқ шығар.

— Менімше бізді ұстап тұрарлық ешбір дәлел жоқ.

— Болған күнде де, райдан қайтатын ой жоқ, Балта! Әлде сен босаңсып қалдың ба? Шаршадың ба? Қорқасың ба? — деді Громов ақырын ғана.

— Мен бе?

— Ия, сен.

— Ол не деген сөзің?

— Жәй, әншейін, шығу жағын көп айтасың.

— Сенің шыққың келмей ме?

— Келеді. Бірақ ойлағым келмейді. Менімше, жадыраңқы болу керек, өзіңді нық ұстауың керек, неге де болса шыдау керек.

— Ендеше мен де сондаймын, Громов! Мені сен өзіңдей көр. Сен маған ақылша да, дос та! Сенің әр сөзің мені бекіндіреді, шынықтырады.

— Рахмет! Жақсы сөзіңе! Әне соны іс жүзінде орындауымыз керек. Алда әлі жұмыс көп. Күрестің әкесі әлі алда. Бірақ шындық біздің жақта, біз жеңеміз!..

Тағы бірнеше минуттан кейін камераның ішінде ешбір сыбыр естілген жоқ. Тек әшейін сәкінің астындағы тышқандар ғана олай-былай жүгіріп, шиқ-шиқ етті.

* * *

Громов пен Балта жатқан камераға күннің көзі алдымен түсті. Өйткені, бұл камераның терезелері күншығыс жаққа қарап тұр еді. Күннің сәулесі айқыш−ұйқыш темір шарбақты салалап, жапсарға түсті. Шарбақтың елесі айқыш−ұйқыш болып жапсарда тұрды.

Камераның ішіндегі тұтқындар ерте тұрып еді. Жалғыз−ақ, Балта мен Громов қана жатты.

Түрменің кілтшісі есікті салдыратып ашып, ащы дауыспен шыңғырып қоя берді:

— Тұрыңдар!

Оның артынан қылыш, мылтық таққан екі адам (бірі — түрме бастығы) әрқайсысының атын, фамилиясын атап тексеріс жасады. Балтаға қарап:

— Төлендин Балта! — деді қайқы мұртты, аласа бойлы біреуі.

— Ия, мен!

— Бір сағаттан кейін дайын тұр! — деді.

Сүйдеп ол екеуі, соңынан кілтші камерадан шыға жөнелді. Есіктің сыртында кілттер тағы да сылдырлады.

— Мені қайтеді екен? — деді Балта, етігін киіп жатқан Громовқа жетіп келіп.

Тұтқындардың ішіндегі бетінде қорасанның ізі бар ұзын бойлы, ат жақты біреуі:

— Значит, түрмемен қош айтысасың, — деді.

Балта оған жалт бұрылды:

— Қош айтысасың!?..

— Ия, қош айтысасың, босатыласың.

— Оны қайдан білдің?

— Бұлардың дағдысы солай. Түрмеден босатылатын адамды сол уақытта шығарады.

Балта не айтарын білмей аңтарылып тұрып қалды да, етігінің қонышын тартып, өкшесімен еденді түйгіштеген Громовқа қарады.

— Босатса, екеуміз де бірге босанамыз. Екеуміздің жұмысымыз бір, — деді міңгірлеп.

Громов күлімсірей берді.

— Мүмкін, солай шығар, — деді, сәкіге отыра кеткен Балтаға.

— Ендеше, неге сені шақырмады? — деді Громовқа қадала қарап Балта. Громов екі қолын қалтасына тығып әрлі-берлі жүрді.

Кілтші есіктің жоғарғы жағындағы тесіктен айқайлап:

— Қане, старосталарыңды жіберіңдер. Нан, шай алсын! — деді. Есік ашылып камерадағы староста, талдырмаш бір сары жігіт сыртқа шықты.

— Но, Балта жолдас! Мүмкін, мен де босармын. Бірімізден соң біріміз шықсақ та, бұрын шықсақ та бәрібір. Мүмкін, мен әлі осында қалып та қоярмын. Бірақ есіңде болсын: комитеттегі жолдастарға хабар айт.

Петр Громов тірі, көңілді, мықты де. Мен үшін олар қапа болмасын. Мен ешкімге тізгін бермеймін. Партияның жолында басым құрбан. Саған да айтатын ақылым сол. Надежда мен Қаятқа да сәлем айт. Тамақ әкелген сылтаумен келіп тұрсын. Таня Гаврилова туралы ұмытпа. Шын ба екен, біліп ал.

Бір сағаттан кейін Балта түрме бастығының кеңесіне шақырылды. Громов екеуі бірінің бірі қолын қысып ұстап, ауыздарын сүйісті.

— Қош, Балта!

— Қош, Петр!

Бірге жатқан тұтқындар да шуласып қоштасып қалды.

Балта сол шыққаннан камераға қайтып келген жоқ. Громов кейінірек тұрып, түрменің сыртындағы базарға қарады. Өйткені, Балта сол жол тиісті еді. Біраздан кейін көшеде, базар жақ далаңқыда аяңдап жүріп бара жатқан Балтаны көрді. Қасында еш адам жоқ. "Значить, біріміз босандық", − деді көңілденіп, ішінен қуанған Громов. Сүйтті де, сәкінің үстіне алқа қотан отырып шай ішкен тұтқындардың қасына келді.

Староста сары жігіт күлімсірей түсіп, Громовты арқаға бір қағып қалып:

— Мә, сенің есең! — деді бір тілім қара нанды қолына ұстатып.

— Ендігі бір тілім нан қазынаның пайдасына түсті, - деді тұтқындардың бірі қарқ-қарқ күліп.

Оған қарап Громов та күлді. Оның жүрегі көңілді. Көңілі құстай ұшып, өне бойы жеңілденіп қалғандай болды. Ол Балтаның босанғанына өзі босанғаннан анағұрлым артық қуанды. Бір ойлағанда, ол Балтасыз ыстық−суықты бірдей көрген жан жолдассыз қалғандығына күйінуге де тиісті еді. Бірақ ол оған күйінбеді. Түрмеде текке жатудан көрі, жалғыз адам болса да бос жүріп, революцияның артқан міндетін қалың жұмысшылар көпшілігіне ұғындыруы, оған бәрінен де артық, бәрінен де пайдалы, бәрінен де қасиетті көрінді. Громов түрмеде жатуды, «революцияға пайдасыз жатыс» деп есептеді.

Громов сол күні кешке өзімен бірге жатқан «головник» тұтқындарға патшаның саясаты мен революцияның екі ортасындағы айырма жөнінде біраз әңгіме айтты. Оны ол қылмыс пен тәрбие мәселесіне әкеп байланыстырды. «Біз неге жатырмыз?» деген сұрауды қойып сол сұрауға анық, айқын, түсінікті етіп жауап берді. Бұрын бірін-бірі боқтап балағаттап жататын «уголовниктер» сол күні сең соққан балықтай болды.

VIII

Сығырайған кішкентай ғана терезенің әйнегіне жаз басындағы жауған жауынның ұсақ тамшылары анда-санда бір тамып, әйнекті шылап тұрды.

Түс ауған мезгіл.

— Бұл кім? — деді, томпайған доп-домалақ сары баланы, сол қолымен кеудесіне қысып түрегелген Надежда. Есікті әлдекім жұлып тартты.

— Мен, аш, Надежда!

«Еркек даусы! Бұл кім екен?» деді ішінен Надежда

— Мен, Балта, аш, Надежда! Су өтті!

Надежда селк ете түсті де, есіктің ырғақ темірін көтеріп, сырттан кіре берген адамды құшақтап алатын кісідей оң жақ қолын керіп тұра қалды.

— Бал-та!...

— Ия, мен... мен, Надежда!

Жаңбырға шыланған құлақшынын басынан алып, Надежданың қолын ұстады.

— Бал-та... Бал-та! — деді, Балтаның бетіне тесірейе қарап күбірлеп Надежда. Тіпті Балтаның кескінінен шошып, шырылдап жылай бастаған баланың даусын да сезген жоқ. Қол ұстасқан бойымен Балтаны жетелеп төрге қарай жөнелді де, отырғышты көрсетті.

— Танымай қалыпсың ғой! — деді Балта отырғышқа отыра беріп, күлімсіреп. Бірақ Балтаның бетінен ол күлімсіреудің ізі де көрінбеді. Жалғыз-ақ, үңірейген кезінің қарашығы ғана аз қозғалып жылтырап тұрды. Тыстан түскен жарықпен қатар Балтаның көз қарашығының үстіне терезенің елесі түсті.

Надежда бірнеше минуттай сөз таба алмай дағдарып қалды. Жыламсыраған баланың бетіне аузын тигізіп, арқасына қағып, теңселтіп, Балтаға қарай берді. Бірақ оның көңілінде тірі Балтаны көріп отырмын деген ой жоқ еді, болса да дүдамал болып отыр еді. Сондықтан ол кенет көктен түскендей болып отырған Балтаға айтатындай сөз таба алмады.

Балта орнынан тұрып, қолына жұмарлап ұстаған құлақшынын есіктің алдына таман алып бірнеше рет сілкіп, шегеге ілді де, дәл төбесіндегі үрпиісіп тұрған қою қара шашын бір сипап, Надежданың қасына қайта келіп отырды:

— Қане, Надежда! Не хабар бар? Сөйле. Қалдерің қалай? Қаят қайда?... Балаң құтты болсын!..

Сүйдеп, баланың кішкентай ғана қолын алып, еркелеткен іспетті болып, бір-екі қозғап қойды.

— Ү−у−yһ! — деді әлден уақытта Надежда. — Балта! Mен сені тірі деп естігем жоқ, өлді деп естігем. Тіпті, біз Қаят екеуміз қосылып жылап та алып едік.

— Е, неге?

— Сол. Шешін, кейін сөйлесерміз.

Балта үстіндегі берзент шекпенін шешіп, іштегі қысқа қара бешпентінің түймесін ағытып, терезенің алдындағы отырғышқа келіп отырды да, қалтасынан кестелі кесетін шығарды. Надежда Балта отырған терезе мен бергі терезенің екі ортасындағы кішкентай биік үстелдің қасына келіп отырып, Балтаның өңіне, үсті-басына көз жүгіртті. Балтаның ақ араласа бастаған қою қара шашына (Балтаның жасы жиырма бестен аз-ақ асса да, шашына ақ кіре бастаған еді), ернін жауып түскен қырқусыз қою мұртына, имек келген мұрнына, үңірейген көзіне, иегіне, жұқарған өңіне қарады. Кірі айғыз-айғыз ішкі көйлегінің жағасына, майланып жылтырап тұрған бешпетіне қарады.

— Ал, Надежда, сөйле! — деді шылымын тұтатып, Үстелге шынтақтап Балта.

Надежда сүйсінген түр көрсетіп, жымиды.

— Нe сөйлейін? Баяғы өзің көрген тұрмыс, өзгерісі кем. Өліп тірілген сенің сөзің таңсық.

— Өлгені қалай?

— Ол былай: сені тұтқын қылып алып кетті дегенді біз «Менаунай двордың» жұмысшыларынан естідік. Сонан кейін барып Мұратов тиірменіндегі, консерв заводындағы жұмысшылар: Қабыл, Громов, Мақсұт барлығы арыз жазып, қол қойып, сені босатуға амал көздеп жүргенде, комитетке жандармдар тінту жасап, онан дәнеңе таба алмаған соң, тері заводынан Громовты тұтқын қып әкетіпті. Соның артынан бірнеше күннен кейін түрмеге сендерді іздеп, тамақ алып бардым. Түрме қараушылары: «Бізде ондай кісі жоқ!» — деп мені балағаттап қоя берді.

— Неге балағаттайды?

— "Разбойник, большевиктерге жаның ашиды екен. Керек болса, саған да орын табармыз" десті. Сонан кейін мен, қой, пәле үстіне пәле жабыспасын деп, үндемей кете бардым.

Балта қолындағы шылымын сөндіріп, есіктің алдындағы шылапшынға тастай берді.

— Өлді деп кім айтты?

— Оны біз базар ішінде саудагерлерден естідік. «Менаунайдан» ұстап әкеткен бір большевик қазақты полицмейстер Медведьев соққыға жығып өлтіріпті» деген қауесет шығарды, — Надежда күлімсірей түсті, — Сенен басқа ұсталған «Большевик қазақ» болмағаннан кейін, біз отырып Балта деп жорыдық.

Балта тісін ақситып қарқылдап күліп жіберді.

— Сол-л-лай!... Надежда! Қаят екеуіңе Громов сәлем айтты.

— Құдай саламаттық берсін!

Надежда қолындағы баланы Балтаның қолына ұстата берді.

— Біз баланы байсыз да таптық.

— Мариям ана сияқты ма?

— Ия.

— Онда дүниеге тағы бір Айса пайғамбар туды десейші!

— Ия, тағы бір Айса туды. Бірақ бұл көктікі емес, жердікі!

Балта баланың жұмсақ басын алақанымен сипап мұртынан күлді. Түбін сыммен шырмап байлаған, бүйірі біраз жапырылған кішкентай сары жез самауырды көтеріп пештің алдына алып бара жатқан Надежда көзін толтырып балаға бір қарап қойды.

— Айналайын, сол!

Балтаның алдына отырған бала Надежданың еркелеткен сөзін ұққан адам құсап, тілін шығарып, қол-аяғын шолтаңдатып қойды.

— Надежда! — деді кенет есіне бірдеңе түскендей Балта.

— Әу?

— Сен Таня Гаврилова деген орыс әйелін білесің бе?

«Мұнысы кім екен?» деген тәрізді болып Надежда аз ойланып, таңдайын сырт еткізді.

— Консерв заводында ондай әйел болды ма?

— Жоқ, болған жоқ. Мен барлығын да білемін.

— Еш уақытта да болған жоқ па?

— Білмеймін, біз көргеміз жоқ.

"Провокация болғаны ма?" деді ішінен ойланып Балта.

— Оны неге сұрадың, Балта? — деді Надежда.

Балта күрмеліңкіреп жауап берді.

— Жәй әшейін... сондай бір әйел түрмеде отырды. Громов екеумізге хат жазыпты. «Консерв заводында істеп ем, бір себептермен түрмеге әкеп жатқызды» депті.

— Кім біледі? Басқа заводтардан түрмеге түскен әйелдердің барлығы естіледі. Бірақ консерв заводында ондай әйел болған жоқ, — деді Надежда, салмақты дауыспен.

Балта терезеден көшеге қарады. Жаңбыр сол баяғы қалпы. Қайта, күшейген тәрізді. Жоғарыда алақанның аясындай ғана болып аспан көрінеді. Қара қоңыр бұлттар көшкен керуендей болып бірте-бірте жоғалып барады.

Надежда Балтаның алдындағы үстелдің үстіне дастарқан әкеліп жайды, нан, қант, бір консерв әкеп қойды.

— Громов неге келмеді? — деді, баланы Балтаның алдынан алып Надежда.

Балта төмен қарады.

— Әлде...

Балта басын жоғары серіпті.

— Әлде, оны босатқан жоқ па? — деді Надежда Балтаға үңіле қарап.

— Ия, — деді Балта ауыр күрсініп.

— Неге?.. Неге босатпады? Барлығыңды бір жұмыспен әкеткен жоқ па?..

— Жоқ. Онікі тағы да ауырырақ, — деді, дастарқанның бір шетін бас бармағымен түйгіштеп Балта. — Ол мың тоғыз жүз он төртінші жылы Бакуда болған саяси забастовкеге де қатынасыпты. Жандарм иттердің қолына хабар түссе керек, — деді тағы да артынан.

— Е-е-е, Иван, Иван!.. Жүрмеген жерің де, көрмеген бейнетің де жоқ екен! — деді мұңды дауыспен Надежда.

Балта бір қозғалып қойып:

- Сірә, Громовты... бір жерге айдап жібермесе неғылсын? — деді.

Надежда да, Балта да мұңайып төмен қарады.

Жалғыз−ақ, Надежданың алдында отырған бала ғана былдырлап сөйлеп, төмен қараған Надежданың кеудесін жұлмалады, қолдарын шолтаңдатты. Тыпыршып отырды.

IX

Үлкен көшемен түйіскен бір көшенің мүйісінде аласа ғана бір қабат тас үй тұрды. Көше жағында баспалдақты үлкен, қызыл сырлы есік. Бергі жағында сол түсті қызыл сырмен бояп, жоғарыдан төмен қарай жасыл сырмен салалап әдемі өң берген үлкен қақпа тұр. Ашық қақпадан бұл үйдің қорасының төріндегі кішкентай үй, үлкен сарайлары көрінеді.

Бұл — қаладағы белгілі қазақ көпесінің Нөсербайдың үйі. Бұл үйдің қарсы алдындағы мүйіс — үлкен көшеге қараған жақтағы асты тас, үсті көк сырға боялған екі қабат үй — Нөсербайдың нөмірі. Әр жерден келген жолаушыларды түсіретін гостиница. Оның бергі жағындағы бір аласа ағаш үйде Нөсербайдың інісі Мәули тұрады.

Нөсербайдың бой жетіп, сыланып отырған төрт қызы болатын еді. Бесінші қызы тағы бар. Олардың Жәмжан, Қалима деген екеуі таңдап отырып төренің, байдың балаларына тиді. Ол екеуінен кіші, Көпей деген біреуі еркекшора боп жүрді. Төртінші қызы — Бәтжан. Оған Мәулидің Жәмжан деген қызы тетелес болып қосылды да, Бәтжан, Жәмжан аталып кетті. Бұл екеуі әйелдер гимназиясында оқып жүретін.

Нөсербай, Ресейдегі қазақтар былай тұрсын, Қытайдағы бай қазақтармен, торғауыттармен, қытай қазақтарының шенді адамдарымен танысып, байланыс жасап тұрды. Қытайдың Мамырбек төре дегені жылда Нөсербайдың үйіне мейман болып жатып кетіп тұратын. Нөсербайдың үйінде бір жұмадан бері бірнеше кісі болып, солар жатыр еді.

Бүгін күн батып, қас қарайғаннан кейін пар-пар ат жеккен тарантас-пәуескелер қақпаның алдындағы жырақаның үстіне салған тақтай көпірді дүрсілдетіп Нөсербайдың қорасына кірді.

Екі-үш күн жауып басылған жаңбыр көшені, қораның ішін сел ғып тастап еді. Аттар шылп-шылп басып қораға кіргеннен кейін, есіктің алдында фонар бар, жарық.

— Ассалаумәлейкүм!

— Қош келдіңіз, Бейсеке!

— Жоғары шығыңыз.

— Мал−жан аман ба?

− Жоғары... жоғары...

Есіктің алдында үймелеп, меймандарды қарсы алып тұрған даяршылардың арасынан сондай дауыстар келді.

Нөсербайдың үйінде, Мамыр төренің келген құрметіне жасалған кеш еді, «бал-сыра жиыны» еді.Нөсербай қаладағы өзінің тамыр-таныстарының барлығын да шақырған болатын.

Тыстан келе берген адамға төргі бөлмеден скрипканың ащы даусы естілді. Онымен баттасып дабырлаған дауыстар да естілді. Әйелдердің сақылдап күлген дауыстары естілді.

Сұқсұр Арамқанұлы қала байларының ешбір той−топырынан қалып көрген жан емес. Ол даяршылық етпеген той-топыр жоқ. Ол бас сұқпаған жер жоқ. Өйткені Сұқсыр даяршылық етіп мұнда да жүрді. Оның аузынан тастамайтын дағдылы сөзі: «Е, байекелер, ағалар, дүние екі айналып келмейді. Ішіңдер, жеңдер!" болатын. Бірақ бұл үйдің меймандары толық жиналып болмай, үстел басындағы қызу басталмағандықтан, ол әлі мұны аузынан шығарған жоқ еді. Оның күлген даусы ешкінің бақылдағаны сияқты еді. Сол күлкісімен күліп, Жиенбайды арқаға бір қағып қойды:

— Жиеке!... Сен әйелдер жағынан босай алмай жүрсің-ау!

Жиенбай Аманжолұлы езуін жиырып күлімсірей түсті.

— Қашан?

Білем, білем. Күнә емес, жарайды Жиеке, жарайды! — деді Сұқсыр.

Анығында, Жиенбай басқа бөлмеде отырған әйелдердің қасынан шыққан жоқ. Көзден таса болса-ақ Көпейдің қасына жетіп барады.

Жиенбайдың Нөсербай үйіне қайдан келіп қосылғандығын жұрт түрліше айтатын. Біреулер: «Жиенбай Нөсербайдың малайы еді. Нөсербай оны оқытып адам қылды» дейді. Біреулері: Жиенбай Нөсербайдың Қаракесектен әкелген молдасы. Қыздарын оқытуға жалдаған» дейді. Екінші біреулер: «Жиенбай Нөсербайдың давернайы» дейді. Қысқасы, Жиенбай Нөсербайдың үйіне әлдеқашаннан келіп бауырласып, біте қайнап қалған адам еді. Оны «оқытушы еді» десе жөні бар, ол сол күнгі татар газет, журналдарын үзбестен алып оқып тұрды. Оның шкабын ақтарған адам Қазанда шығып тұрған «Ялт-юлт», «Ақ юл», «Шукіш» журналдарын, «Юлдыз», «Бақыт», «Қазақ» газеттерін, «Айқап» журналын көретін, Бері келе жұрт оны: «Нөсербайдың кіші күйеуі, Көпейді алмақшы болып жүр» десті. Ол рас еді. Жидебайдың көңілі әлдеқашаннан Көпейде болды.

— Келетін кісі келіп болды ма? Қақпаны жаптым, аузына құлып салдым! — деді Нөсербайдың малайы Найманбай теңселе басып кіріп келді де.

— Болды, — деді Сұқсыр, меймандар отырған бөлмені сығалап, айнала көзбен шолып.

Малай тысқа шықты.

Ұзыннан-ұзақ үстелді жағалай отырған адамдардың әрқайсысының алдында бір-бір стақан тұрды. Оның ішінде боп-боз болып бал-сыра тұрды. Отырғандар бірте-бірте қыза бастап еді.

Сұқсыр мен Жиенбайға дамыл болған жоқ. Әлсін-әлсін ерсілі-қарсылы жүріп тұрды. Подносқа салып бал-сыра тасыды. Әйелдер басқа бөлмеде еді, оларға пілегірде тұратын қызметші сары ноғай әйелімен Шәрипа, Қалима даяршылық етті. Кейде бұларға даяршылық етіп Сұқсыр мен Жиенбай да қабаттасып кетіп жүрді.

Бәтжан мен Жәмжанның бүгінгі киген көйлектері кең жеңді, неше түрлі безегі бар жібек, торғын араластырып тіккен қытай көйлек, шаштарын орап әкеліп, төбелеріне қоқырайтып қойған. Оны әлденеше түйреуіштермен жан-жағынан түйреген. Жалғыз-ақ, қазақша-орысша араластырып сөйлегендері болмаса, сыртқы кескін-келбеттеріне қараған адам қытай қыздарынан айырып боларлық емес. Жалғыз-ақ, Көпей ғана бұрынғыдай еркек-шора. Үстінде — еркекше костюм. Аяғында — әйелдердің биік өкшелі кебіс-төплесі. Шашын еркекше қырықтырып тастаған. Нөсербайдың жуан бәйбішесі Айшаның қасында отырды да қойды. Тек анда-санда әйелдер отырған бөлмеге, сыра тасыған Жиенбайға ғана көзінің астымен күлімсіреп қарап қояды.

Еркек жағы қызды. Дабыр күшейді.

Бурыл шоқша сақалды, ақ шашты, аш өңді арық Ешмұқан төре үстелдің ең басында отыр еді. Оның ұзын етекті қара мундиріндегі жез түйме оттың сәулесімен шағылысып, жылтырап тұрды. Иығындағы саусақтың жуандығындай көлденең жапсырған пагон Ешмұқан төрені жанарал-губернатор тәріздендіріп көрсетті. Ол қолына стақанды алып ақырын орнынан түрегелді де жағалай отырғандарға қарады. Дабырлап бірімен-бірі сөйлесіп қызып отырған адамдар сөзді былай тастап, барлығы да Ешмұқан төреге жалт бұрылды.

— Мырзалар! Госпада! — деді Ешмұқан. Алғашқыда даусы тұтығып шықты. Тамағын кенеп алып, былай деді:

— Госпада! Бүгінгі кеш, алты алаштың ақсақалдарының, ұлықтарының бас қосқан кеші. Құрметті мейманымыз Мамырбек ақсақалдың құрметіне арналған кеш. Біздің ойдағы-қырдағы алты алашты ел болып отырған қазағымыздың Ресей патшалығының, патша ағзамының құшағына кіріп, саялы жерге, саналы ен дәулетке ие болғанына бір талай жылдар болды. Патша ағзамға, патша ағзамның мынау сұрапыл соғыста жеңіп шығуына алты алаш біз де тілектеспіз. Мұны бір жәйлі қылғаннан кейін, тізгін біздің қолымызға шексіз тиеді. Бұл қазақ хандығы. Сол үшін ішейік. Ор-р-а!

Ешмұқан сүйдеген кезде, үстелді жағалай отырғандардың барлығы да «оралап» шулап, стақандарын қағып-қағып салды.

— Брава, брава-брава! — деді бұғағы салбырап Григорий Медведьев.

— Бис! Бис! Бис! — деді, есік көзінде тұрған Сұқсыр.

Барлығы да орындарына қайта отырды.

Үстелдің бер жақ мүйісінде отырған меньшевик Бәкешев Қали шыдамады, ұшып тұра келді. Аласа ғана бойлы Қали жан-жағындағы еңгезердей адамдардың қасында бала сияқтанып қана көрінді. Жасы отыздан асқан адам болса да, сақал-мұртын қырып тастаған, беті бір уыс қана қара кісі еді. Қасында отырған Бейсембай қажы етегінен тартып қалып Қалиды қайта отырғызды.

— Рұқсат етіңіз, рұқсат етіңізші! — деді қопақтай беріп Қали.

— Қане, социалиске сөз береміз! — деді анадайдан байқап отырған Медведьев бақылдай түсіп.

Қали тағы да тұра келді. Алдымен Григорий Медведьевке қарады. Онан кейін көзімен сүзіп отырып Ешмұқанға, Мамырбек төреге, аяғында келіп шалқая түскен Нөсербайға қарады.

— Господа, меймандар! Мен — социалист. Но, толкі, біраз ғана разница болмаса, түбінде біздің мақсатымыз біріне-бірі ұштасады. Біз большевиктер емеспіз. Олардай қан проливайть ететін революциядан біз аулақпыз. Біз... біз барлық халықпен договорится етіп, тізе қосып отырып қан проливайт етпей ғана, құралсыз ғана революция жасауға талаптанамыз. От части... күншығыс халқына (мәселен қазақ сияқты) республика беруге де қарсы емеспіз. Егер жалпы халық қамын жеуші кемеңгерлер табылса, хан ғып қоюға да қарсы емеспіз.

— Ұғымды, ұғымды господин социалист! — деді Григорий Медведьев.

— Да... Біздің тілегіміз — ақыр түбі жеңіп болғанға дейін соғысу, вот! Жасасын...

Қалидың соңғы сөзін отырғандар шулап естіртпей кетті. Қали орамалымен бетін сүртіп орнына отырды.

Атымтай есіктің алдында тұр еді. Анда-санда Бұқпанға қарап қойды. Бұқпан кім сөз айтса, соған жалтақтап қарап, күлімсіреді де отырды.

«Осылар не айтып отыр?» — дейді ішінен Атымтай. Есіктің бір жағына келіп жарықшадан сығалап: «Мұның ішіндегі қытай қазағы қайсы екен?» — деді тағы да өз-өзіне. Сұқсыр Атымтайды жеңінен тартып, тысқа шығатын есіктің бір жағына отырғызды да, қолына стакан берді:

— Шырағым, қай елсің? — деді Сұқсыр.

— Атығаймын.

— Ә-ә-ә... Кімнің малайысың?

— Көмейдікі.

— Ә-ә-ә... Кісілер отырған үйдің есігінің алдына барма. Ұят болады, — деді кетіп бара жатып Сұқсыр.

Атымтай стакандағы сыраны қағып салды да, кетіп бара жатқан Сұқсырды етектен тартты:

— Мә, отағасы!

— Орныңа барып, отыр, шырағым! — деді, еппен ғана Сұқсыр.

Бас қазандай ұзын бойлы бір аққұба жігіт орнынан түрегелді.

— "Талап" қауымының председателі господин «Ыбраш» Жұмажан Тілекұлы сөйлейді, — деді Бейсембай қажы алақанын шапалақтап.

— Іһім−іһім... Біз қазақ жастарын, алты алаштың жаңа өспірім үрім-бұтақтарын өнер-білімге даярлаймыз, Земства төңірегіне ұйыстырамыз...

— Оррра! Ор-ра!

— Брава! Брава!...

— Орра! — Быра-а...

Оның да соңғы сөздері естілген жоқ. Отырғандар алдын ала көтеріп, шу ете түсті. Барлығы да қызған еді. Артынан музыка ойналып, сөз былай қалды.

Ешмұқан төренің баласы Қиғаш пен Бәтжан екеуі қора жақ есіктің сыртында, тыста тұрды. Қорадағы лай болып жатқан батпақтың исі мұрынға келеді. Аспандағы теңбіл-теңбіл бұлттардан жылтыраған ешбір нәрсе көрінбейді.

Бәтжан Қиғаштың құшағына еніп, басын кеудесіне қойып, сыбырлап сық-сық күлді.

— Бәтжан! Биыл қайда боласың?

— Биыл ма?... Биыл тағы да сол Жарқайыңға барып жатамын.

— Омбыға келсең қайтеді? Жарқайыңда не бар?

— Білмеймін... мүмкін...

Тағы да сық-сық күлкі. Шөпілдеген сүйіс.

— Қиғаш! Сіз Кадецкий корпусты қашан бітіресіз?

— Бәтжан!

— Әу!

— Сіз Женский гимназияны қашан бітіресіз, Кадецкий корпусты мен де сол жылы бітіремін.

— Ха-ха-ха... Қойыңызшы!

— Қоятын дәнеңе жоқ. Серьезный!

— Серьезно?!... Ха-ха-ха...

Екеуі де таңдай қағып тұрған тәрізді. Бұл сүйіскен дыбыстары.

— Бәтжан!

— Слушаю!

— Барсақ қайтеді?

— Қайда?

— Анау жерге.

Қиғаш сырт қораға мезгеді.

— Лай, батпақ...

— Ол қайтушы еді?

— Туплиімді былғаймын.

— Көтеріп алып барайын.

— Көтере алмайсыз. Мен салмақтымын.

— Көтеремін!

— Көтере алмайсыз.

— Көтеремін.

Шөпілдеген сүйіс.

— Көтере алмайсыз.

— Кө-те-ре-мін!..

— У-у-уһ! Құлаймын...

Қораның ішіндегі лай-батпақ аяқтың астында шылп-шылп етіп жатты. Аяғын ауыр басқан біреу ағараңдаған бірдеңені сыртқы қораға таман алып жүрді.

— Құ-құ... лаймын... Құлаймын!

Бергі жақта байлаулы тұрған аттар қасынан өткен адамнан үркіңкіреп, осқырып қойды.

Төрт−бес малай асхананың еденінде, жайған кенептің үстінде тамақ жеп отырды. Атымтай табақтың ішінен бір жапырақ етті алып, кішкентай кеседегі горчицаға малып аузына салып жіберіп еді, әлгідей болмай-ақ қақалып-шашалып бүркіп қайта түсірді.

— Е, не болды? — деді, Нөсербайдың малайы Найманбай Атымтайдың желкесіне түйгіштеп. Ол сүйекке қақалды ма деп ойлады. Атымтай біраз уақыт үндемеді. Артынан міңгірлеп:

— Май екен десем...

— Уа, қа-қа-қа...

— У ма екен?

— Thy! У екен! — деді, жеңімен аузын үйкеп Атымтай.

Асханаға келген Сұқсыр еденде отырғандарға ожырайып қарап:

— Бұларды мұнда кім шақырды? — деді қазан басында жүрген аласа бойлы сары әйелге.

— Мен едім, — деді әйел.

Сұқсырға бұлардың мұнда отырып тамақ жеуі Нөсербайдың төбесіне отырғандай көрінді, маңызын түсіргендей болды.

— Ұят қой!... Қане, Найманның балалары, аяқтың астынан былай шығыңдар, ұят қой, — деді қыпылдап, шыр көбелек айналып Сұқсыр.

— Жей берсін. Меймандардан қалған тамақты аяйсыз ба? Оны, бәрібір, ешкім жемейді! — деді, ыдыс тазалап жүрген сары ноғай әйелі.

Малайлар орындарынан түрегеліп есік жаққа кетті.

Қытай қазағының төресі Мамырбек өз атына арналып шақырған кешке өте ырза болып отырды. Қасындағы төбесінде ұзын кекілі бар арық қара жігітке, нөкеріне қарап жымиып еді, бүкіл жағын қатпар-қатпар қып жиыршық сырып әкетті. Қақсап, сарғайып тұрған ұзын−ұзын тістері көрінеді. Ұсақ-ұсақ болып екі көзінің жиегі де шиыршықтанды... Бұлар үш кісі еді. Үшеуінің кигені — Қытай киімдері. Мамырбектің жағасынан төмен қарай тізген тас түймелері шамның сәулесімен шағылысып, гауһар құсап түрлі түске құбылды.

Бөлменің дәл ортасындағы биік ұзын үстел жиналып алынды да, меймандар кейін сырылып отырды. Орталары алқа қотан ашық қалды. Музыка «Мазурка» биін ойнады.

Екі беті қыздардың бетіндей домалақтанып қып-қызыл болып тұрған жез-түймелі бір жас жігіт, «мен қазір билеймін» деген кісідей болып орнынан түрегелді. Жаңа ғана қарайып мұрт шығып келе жатқан жігіт еді. Сөйтсе де, қою мұрты бар адамдай болып, екі жақ езуінің үстін екі бармағымен бұрай береді. Мұнысы — оның дағдыланған түрі. Сұлу мұртты студенттерден, офицерлерден үйренген әдеті. Қыздың қасындай болып имие келген қасын бір-екі секіртіп қойып, есік жаққа қарады. Бөлек үйде отырған қатындар, келіншектер, қыздар топталып есіктің алдында тұр еді.

- Әбіш! «Мазурканы» сізден басқа адам билей алар ма екен? — деді Сұқсыр тұрып. Түрегеліп тұрған әдеміше жас жігіт — Әбіш мырс етіп күлді де, есік алдындағы әйелдерге жақындады. — Сіз екеуіміз мазуркаға бір түссек қайтеді, — деді бетінде аздап қорасанның ізі бар, мыртықтау келген дембелше бір қара торы шалға жақындап Әбіш. Ол — Сұқсырдың қызы Жұмабике еді. Манадан бері Әбішке қадала қарап, көзін ала алмай тұрып еді.

Әбіш Ділдабай баласы Омбыдан, оқудан келген бетінде Сұқсыр Арамқановтың үйінде жатып жүрді. Осы келген бетінде де сонда жатыр еді. Екеуі көңіл қосып жүрген болатын. Жұмабике билеу білмейтін. Билеу былай тұрсын, әуелі жүрген жүрісінің өзі өрескел еді. Кейде митыңдап, кейде тырп-тырп басып, аяғын ломовойлардың атындай әрең алып жүретін. Білсе-білмесе де Ділдабай баласы оны көңілді болсын деп әдейі шақырды. Бірақ, Жұмабике өзіндегі кемшілікті білдіргісі келмегендей болып, аузын майыстырып, тырбықай саусақты, жуан білекті қолын ақырын бір серпіп қалып, шолжың тілімен:

— Жоқ, Әбіш! Кейіме, нұқшаниет келіп тұр. Мені қойыңыз! — деді.

— Билегің келсе, биле қарағым, биле! — деді шешесі тұрып. Жұмабике қызарақтап кейін шегінді.

Қиғаш пен Бәтжан «Мазурканың» ырғағына басып әлдеқашан секіріп жөнеліп еді. Еш адам шықпаған соң, Әбіш Ділдабай баласы жападан-жалғыз секірді. «Өнердің негізгі бір тарауын аямай көрсетіп қалайын» деген кісідей болып, өзін-өзі олай да, былай да ырғалаңдатты. Қыздың беліндей нәзік белі былай да майысты: әлсін-әлсін көзін жауып әкетіп тұрған ұзын қара шашын басымен серпіп қалып жүрді.

— Брава!... Брава! Әбіш! Брава! — деді Бейсембай Бұланов алақанын сарт-сұрт еткізіп.

Отырғандар алақан шапалақтады. «Значит менікі!» деді ішінен ойланып Әбіш. Музыка тоқтаған кезде кеудесін ұстап, ентігіп барып отыра кетті. Басы айналғандай болды. Неге екені белгісіз, оның көз алдына Омбыдағы Учительская семинария, ондағы жолдастары елестеді. Кадецкий корпус, онда оқып жүрген Сентұр Менатаров елестеді. Есіктің алдында тұрған Қиғашқа қарады да, күлімсірей түсті. Қиғаш Әбішті өзіне шақырды.

— Әбіш!

— Да, господин прапорчик, Қиғаш!

— Болашақ...

— Дос, болашақ!

— Сіз, кадрельді білесіз ғой, ә?..

— Көп емес, аз ғана.

— Музыка қалай болар екен?... Музыканттар біле ме екен?...

Қиғаш музыканттардың қасына барды.

— Бәтжан!

— Әу! — деді иығына қолын салған Жұмабикеге қарап Бәтжан.

Шашыңа шөп қайдан жабысқан?... Алып тастадым, — деді ақырын ғана сыбырлап.

Екеуі бірін-бірі жетелеп, Бәтжанның бөлмесіне қарай жүгіре басып жөнелді.

Жастар жағы бимен әуре болып жатқанда, ішкен-жегендері бастарына шыққан «ақсақалдардың» арасында кейде көтеріңкі, кейде саябыр, кейде сыбыр болып өзара әңгімелер естіліп жатты.

- Менімше, қазақтан солдат алу деген хабар — маңызды хабар. Мәдениет дегенді ауызға алатын болсақ, Европаны аламыз. Мәселен: бір, тағы өсті деген халықтар — арабтар, үндістандар, зәңгілер... олар ағылшын үкіметіне солдат береді. Африкадағы зәңгілер өзі бағынған үкіметке солдат береді, — деді, "Талап" қауымының басты адамы Жұмажан. Сүйдеп,тап−тақыр ғып қырған басын сипалап Жұмажан орысша сөйледі. Үйткені, әңгіменің ішінде Григорий Медведьев, байлар: Казанцев, Богомолов, Маслаков отыр еді.

— Междупрочем... да... татарлар мен башқұрттар да азият. Олар патша ағзамға әлдеқашаннан бері солдат береді, — деді Богомолов отырып. Алпамсадай болып отырған Маслаков тоқты қойдың басындай жұдырығын жұмарлап тізесін бір қойды да, өршелене түсті:

— Бүгінге дейін қазақтан солдат алмаған мәнісін байқайтын шығарсыздар, господа! Қазақтарға қарағанда татарлар азият емес, өзімізбен біте қайнаған халық. Олар... олар — мәдениетті. Оларда фабриканттар бар, ірі .магазин иелері бар. Купецтер бар, дворяндар бар... бәрі де бар. Ә, қазақ оларға қарағанда нағыз азият. Қойдай өрген халық. Оларда жауынгерлік жоқ, — деді «бәрін де өзім білем» деген кісідей болып өркөкіректеніп.

— Иван Алексеевич, қате айтасыз, қате! — деді үлкен көзін тасырайтып Григорий Медведьев... Ол көптен үндемей отыр еді. «Саясат» сақтап отыр еді.

— Қалайша қателесемін, Григорий Павлович? — деді жуан мойны икемге келмей, денесімен тұтас бұрылып Маслаков.

— Қазақ жауынгер халық, бірақ надан. Мұндағы сіз айтқан дворяндар, миллионерлер қазақта да бар... Значит, байлық бар. Байлық болған жер Ресей патшасына пайдасыз болмайды. Ал, енді солдат қызметіне келсек, бірте-бірте оны да үйретеміз. Алдымен қара жұмысқа, окоп қазуға, барак салуға жұмсаймыз...

— А-а-а... мен сізді понимаю, Григорий Павлович! — деді қарқ-қарқ күліп Бейсембай Бұланов.

Тісін шұқып-шұқып керіле отырған Бұқпан:

— Не дейді? Не дейді? — деп, Бейсембайға қарады.

Манадан екі қолын қалтасына салып, қақиып тұрған Жиенбай да бір жағынан кимелей түсті. Ұзын қою мұртын сылап-сипап, тамағын кенеді:

— Ғапу етесіздер, господа!

— Пожалуйста, пожалуйста!

— Пожалуйста, отырыңыз!

— Отыр, Жиенбай мырза!

Әрқайсысы Жиенбайға сүйдеп қойды.

— Ғапу етесіздер!... Менімше, қара жұмысқа алғаннан да, тура солдат қызметінің өзіне алған жақсы. Әрине, патша ағзам үкіметі оның мәнісін өзі біледі. Бірақ біздің қазақ қара жұмысты «қалу бәледен» бері істеп келеді. Ысылу үшін, тәрбие көру үшін солдат қызметінің өзі дұрыс. Біздің қазақ надан, ол рас. Бірақ патша ағзам Ресейінің қай қызметіне болса да қарсылық етпейді. Оны біз, қазақ оқығандары, жақсы білеміз, — деді Жиенбай.

Ол өзінше «біздің қазақ» деген сөзімен өзінің патриоттық та, ұлтшылдық та пікірін алдында отырғандарға анық түсіндірдім деп ойлады. Оның сөйлеген мақсаты да сол еді. «Социалист» Қали Жиенбайдың бұл сөзіне сүйінгендей болды. Қалтасынан күміс шылым сауытын алды да, жағалай отырғандарға шылым үлестіріп болып, Жиенбайға да ұсынды.

Музыка «Полька» деген биді ойнап еді, Қали мен Жиенбай билеушілер жанына қарай шықты.

Үйде отырғандар бір-бірлеп тарай бастады. Алдымен Бейсембай, Григорий Медведьев, Богомолов, Казанцев жөнелді. Нөсербай өзінің даяршыларымен, бірнеше әйелдермен, өзінің меймандарын шығарып салды. Өзінше, ол кешін көңілді өткіздім деп ойлады, ішінен сүйінді, көңілденді.

Мамырбек төре өзінің нөкерлерімен Нөсербайдың нөмерінде, ең жақсы, әшекейлі бір бөлмесінде жатыр еді. Нөсербаймен қоян-қолтықтасып ырза болып жөнелді. Нөсербай оларды ертеңгі шайға шақырды.

Түн жарымы. Аспан қара, түнеріп тұрды. Аз ғана жел ескендей. Көше-көшенің мүйісіндегі газбен жанып тұрған фонарлар анда-санда теңселіп қалып тұрды. Көлеңкесі бір олай, бір бұлай шығады.

* * *

Сұқсыр сол күні үйіне қайтқан жоқ еді.

Үйдегілер ұйықтап қалған кезде (Сұқсырдың үйінде «Мойнақ» ауылынан келген ауыл адамдары жатыр Жұмабике, ішкергі үйде, кішкентай бір бөлмеде жатқан Әбіштің қасына келді де, мойнына асылды.Әбіш шошып, Жұмабикенің қолын серпіп жіберіп еді, есіне түсіп, оянып, қолды өзіне қарай тартты... Жұмабикенің былқ-былқ еткен семіз денесінің ыстық буы Әбіштің мүлде ұйқысын қашырды. Жұмабикені көрпенің ішіне кіргізді.

— Мен сізге өкпеледім, — деді ақырын сыбырлап қана, демін зорға алып Жұмабике... Жүрегі алқымына келіп тығылғандай болып, ентігіп жатты...

— Неге, сәулем? — деді жұмсақ белінен құшақтап Әбіш.

— Мен сізге өкпеледім, — деді ақырын сыбырлап қана, көзіңіз Жәмжан жақта болды, — деді өзінше еркеленіп Жұмабике.

Өтірік айтасың. Көзім сенде болмаса да, көңілім сенде болды, — деді Әбіш. Сүйдеп, Жұмабикенің тамағынан аймалап иіскеп жатты. Жұмабике тырп еткен жоқ. «Қашан сүйер екен? Қашан сүйер екен?» — деді ішінен сабырсызданып.

X

Қаланың батыс жағындағы кішірек көшелердің бірінде, ылдилау жерде, сыртына бір-екі түп тал, терек өсірген, айналасы қоршаулы кішкентай ғана екі бөлмелі бір ағаш үй тұр.

Қарағайдан тізіп салған бөренелері Сібірдің ақ жауындарына шыланып сарғайған. Темірмен қапталған төбесінің ернеуі сөгіліп, шекесі көтеріліп, жел, дауылды күндерде тақтайы сабалап қаңғыр-күңгір етеді. Екі жақ самайындағы қызыл кірпіштен салған екі мұржасы, алыстан қарағанда түріктердің қызыл тақиясындай, онан будақтап шыққан қара түтін шашағындай болып елестейді. Ақшасы үй салғызуға жетпегендіктен бе, қақпасының сиқы жоқ. Шіріген, сынған тақтайларды құрастырып шегелеп, қиқы-шойқы қып ілекерлеп қойған.

Қорасын қоршап алған плетеннің іші-сыртына малдың жапасы сыланып, плетен ұстап тұрған қазықтардың басы сорайып тұр. Қатты жел соқса құлаудың аз-ақ алдында, солқ-солқ етеді.

Қоршаған үлкен қораның ішінде мал тұрарлық кішкентай тоқыма қора тағы да бар. О да ескі, о да малдың жапасымен сылаулы. Бұл қораның түкпірінде бір шанадан асар-аспас шөп, көтеремнің аз-ақ алдында тұрған бір тарғыл сиыр тұр. Науаның алдында тұз жалап бір кішкентай қара ат тұр.

Бұл тері-терсек «сортовщигі» Бөгенбайдың үйі. Жұрт оны «қара Бөгенбай» дейтін еді. Үйткені, Бөгенбай қазанның күйесіндей қара кісі болатын.

Бүгін таңертеңнен бері қала қара жауынның астында қалды. Қаланың сонау басынан көше-көшені салалап, жырақаны бойлап сарқырап аққан лай су, Бегенбайдың үйінің сыртындағы биік жарға келіп, тауды-тауға атқан бұлақтай болып күрілдеп төмен түсіп жатты. Сайдың астындағы терең арықты бойлап, қаланың шетіндегі ұсақ қара суларға құйып жатыр.

Тұңғат шешесінің басты мүжіген, құлақты ойған, жүректі тырналаған зарын естіп болып, түс ауа терезенің алдына келіп, Богомоловтың тері заводы жақ көшеге қарап отыр еді.

Жауын астында арбалы жаяу адамдар шылп-шылп басып, ерсілі-қарсылы жүріп барады. Жауын әлі басылған жоқ.

Аспандағы бұлттар қандай түксиіп қабақ шытып тұрса, үйдегі ызбарлы шешесінің де шырайы Тұңғатқа сондай көрінді. Күннен күн есейіп бара жатқан шақтары, балалығы, құрдастары көз алдына елестеді. Көзіне жас алған жоқ, бірақ ішінен жылап, еңіреп отырғандай сезілді.

Бөгенбай шал ағаш кереуеттің үстінде бүктетіліп ұйықтап жатыр еді. Тұңғаттың он төрт жасар інісі Қалмырза қорасынан шығып, төргі үйде жатты. Қолы тоқпақтай ғана татар кескінді сары әйел намаз оқып отырды. Ол — Тұңғаттың шешесі еді.

Тұңғат сол кезде он алты жаста болатын. Әкесі Бөгенбай оны он екі жасынан бастап қаланың байларына жалға беріп, қара жұмысқа салып қоя берген болатын. Бес жасынан бастап қаланың дүмше молдаларынан сабақ оқытты. Қыс сабақ оқыса, жаздың күні біресі мойкеде, біресе «Менаунай дворда», біресе қаланың етшілеріне жұмыс істеді. Ол жүн де жайды, теріге істік ете шанышты, қой да бақты.

— Мал оңайлықпен табылмайды, еңбекпен табылады. Сенің әкеңе тигенімде, әкеңнің жалғыз ат пен салт қамшыдан басқа, бит басқан тонынан басқа дәнеңесі жоқ еді. Әкеңді адам қылған мен. Қарашы! Тапқан−таянғанын тырнақтап жинап, аяғында үстімізге ымырат салғыздым. Осылар біз өлсек, сендерге қалады. Ащы-тұщының дәмін тат! — дейтін қит етсе-ақ шешесі.

Бірақ ол жағына Тұңғат терең көз жіберген жоқ. Оның көңілінде: «Өзімдейлер не болса, мен де солмын» деген ой болды.

Тұңғат терезенің түбінде отырып осының барлығын ойлап шықты. Тыста есік тарсылдамаса, Тұңғат әлі де ойланып отыратын еді.

Есік ашылған кезде, үсті-басы су болып, солдатша киінген бөлесі — Қасен Әмежанұлы кіріп келді.

— Жоғары шық! — деді Қасенді қолынан жетелеп, Тұңғат.

Қасен Әмежанұлы ел ішінде, қазақ арасында өскен жігіт. Бірақ паспортта татар есебінде жазылғандықтан, солдатқа алынып, қалада учебная командада үйреніп жүр еді.

— Екі күнге босанып шықтым! — деді Қасен, Тұңғаттың шешесінің қолын ұстап. Сөйлескен дауысқа керуетте жатқан Бөгенбай шал оянды. Басын көтеріп тұрып отырды.

Бөгенбай соғыс әңгімесін тыңдауға әуес еді. Қасеннен соғыс туралы сұрастырды:

— Соғыс қашан тоқталады екен? Оны білесің бе?

— Жоқ. Сірә, күшейсе керек. Бізді де фронтқа жөнелтпекші болып жатыр.

— Қай фронтқа дейді?

— Білмеймін. Бізді жолдастар Австрия фронтына дейді.

— Мүмкін, ол жақ онша қорқынышты болмас. Австрияның өзі пленге түскіш халық па? Немене? Ойында толып жүр ғой! — деді Бөгенбай, аңқаусымақ түрмен.

Қасен жымиып күлді:

— Біздікі де олардың қолында аз емес шығар!

Біраздан кейін Бөгенбай тағы да сұрады.

— Қазақтан окопке солдат алады деген қауесет бар дейді. Оны естіген жоқпысың?

— Ауық-ауық естимін. Ел іші бүлінісіп, бұлқан-талқан болып жатыр дейді.

— Құдай сақтасын. Өміріне ата-бабамыз солдат беріп көрмеп еді. Қазаққа қол салса, бұл иттің әбден алжығаны ғой, сасқаны ғой! — деді кейіп, бурыл сақалын салалап, Бөгенбай.

— Көрмейсіз бе енді мыналарды! — деді Бөгенбайдың әйелі Қасенді көрсетіп.

— Әкесінен ғой! Әлдеқашан қазақ арасына сіңіп, қазақ боп қалған немелер... Әлі күнге паспорттарын да түзеп алмапты. Ал, енді!.. Маршта да жүр! — деді, әлдекімді кекеткен, мұқатқан тәрізденіп Бөгенбай шал.

— Қазақтан да алатын болған соң, бәрі бір емес пе! — деді, міңгірлеп Қасен.

Ішкергі үйдегі науқастанып жатқан Қалмырза сандырақтап әлдене айтқан тәрізді болды. Кемпір бүкшеңдеп ішкергі үйге жөнелді.

— Ата, сіз Төлендінің үйін білесіз бе? — деді Қасен әлден уақытта.

— Қай Төленді? Етікші Төленді ме?

— Осы Кірпіш сарай төңірегінде, тау астында деп естіп ем, — деді Қасен.

— Е, ие сол, етікші Төленді. Осы жерде, таудың астында, Домбай шалдың үйімен қатар тұрады, — деді, иегін көтеріп Бөгенбай шал.

— Мен ертіп алып барайын. Керек пе еді? — деді Тұңғат отырып.

Қасен мен Тұңғат кешке таман Төлендінің үйіне баратын болды.

Кешке қарай жауын басылды. Батыстың ұшығы қызара бөртіп сала берді. Күн ашыққа батты.

* * *

Балтаның әйелі Ұмсындық Қасен мен Тұңғатты жіберген жоқ. Қазанға біраз ет салып, қолда бар тамағымен сыйламақ болды.

Балтаның үйінде Қасен мен Балтадан, Тұңғаттан басқа Қылыш та отырды. Қасен өзінің учебная командадағы тұрмысымен, солдаттар мен офицерлердің apaсындағы қатынастарымен таныстырды. Ұрудың, гауптвахтаға жабудың күнара болып тұрғандығын айтты.

Бұдан бір ай бұрын алты солдатты аристовайт етіп, Томскийге жөнелтті, — деді Қасен отырып.

Балта мен Қылыш Қасенге ентелей берді.

− Нe үшін жөнелтті?

— Солдаттардың арасынан «домалақ қағаз» шығыпты. Таратып жүргендер солар болса керек. Бір күні түнде алтауын да айдап алып жөнелді.

— Ол «домалақ қағаз» сенің қолыңа түспеді ме?

— Түсті. Аяғындағы «рабочий комитет» дегенін ғана көзім шалып қалды. Фетфевл келіп қолымнан жұлып алды. Жармаса кетіп ем, кеудеге бір түйді, — деді жымиып Қасен.

— Ал, сен ауызға неге бір салмадың? — деді, қарқылдап күліп Қылыш.

— Сені қашан жөнелтетін түрі бар? — деді Балта, Қасеннің иығына қолын салып.

- Жақында жөнелтеміз дейді.

Онда бізбен ұзақ жолдас бола алмадың ғой! — деді Қылыш.

— Ия... рас. Ұзақ бола алмадың. Қайтесің? Бұйрық солай! — деді күрсініп Қасен.

Бір шақырым жердегі шойын көпірдің үстін басып өтіп бара жатқан поездың ауыр салмақты жүрісі, күрсілдегені үйдің ішіндегілерге естіліп тұрды.

— Әне! Жә, зеңбірекке жем болатын солдаттарды әкетіп барады. Жә болмаса, көгендеген қойдай қып тізіп көк киімді австриялықтарды тасып әкеле жатыр, — деді, поездың дауысына құлақ қойып Балта.

— Бізді де сол Австрия фронтына жібереді деседі.

— Австрияларды топырлатып ұстап әкелемін десейші! — деді Қылыш.

— Мен соғысқа барсам мылтық атпаймын.

— Енді қалай? Ұйықтап жатамысың?

— Ұйықтамаймын да.

— Енді қайтпексің?

— Аспанды көздеймін..

— Сені сүйткізіп «құс атқызып» қоя ма?

— Қоймаса қайтейін?

Балта мен Қылыш қарқылдап күліп жіберді. Оларға қарап ерікті-еріксіз Қасен де күлді.

— Әлі шикісің, — деді бетіне қадала қарап тұрып Балта Қасенге.

Қасен ұқпады. Тек әшейін жымия берді.

— Әлі шикісің, Қасен!.. Сен өздеріңмен бірге жатқан Павлов Аркадий деген жігітті білесің бе? — деді Қасенге.

Қасен аз ойланып, жалт қарады:

— Ия, білем. О да фронтқа бізбен бірге жөнелтіледі. Өте жақсы жігіт.

— Ол қайсысы? — деді Қылыш, Балтаның жеңінен тартып.

— Былтырғы жылы Москалевтің қолында барлығымыз бірге жүк тасып жүргеміз.

— Ә-ә-ә... маңдайында тыртығы бар, сепкіл бетті сары жігіт пе? — деді Қылыш.

— Ия, сол. Ол — жақсы жігіт.

— Біздің солдаттардың арасында ақылды, жайдары мінез адам сол! — деді Қасен.

— Ендеше, сен, қайда жүрсеңдер де сонымен бірге бол. Ол тұрмыстың ащы-тұщы дәмін көп адамнан артық біледі. Өлсе амал жоқ, өлмей тірі қалсаңдар, ол саған жол мегзей білетін жігіт! — деді әрбір сөзін зілдеп, қабағын қарс жауып, маңдайын жиырып Балта.

— Жарайды, — деді Қасен орнынан тұрып, шылапшынға қарай барып. Үйдің іші булана қалды.

XI

Саусақтың жуандығындай ғана май шам вагонның ортасындағы кішкентай пештің үстінде ырғалаңдап жанып тұрды. Пеш жағусыз. Оның қазір вагонға керегі де жоқ тәрізді, ұмытылған тәрізді. Бұл вагонда Петр Громовпен бірге он төрт кісі жатты. Олардың денесінде, бет аузында розганың ізі бар. Кейбіреулерінің бет-аузы мүлде жара боп кеткен. Петр Громов бұлармен әлі танысқан да жоқ еді. Өйткені, бұлардың арестанттар вагонына мінгеніне ұзақ та болған жоқ. Бұдан екі-ақ сағат бұрын, кешке таман ғана вагонға қамалды. Петр түрмеден жапа-жалғыз айдалып келді. Бұларды ол вагонда ғана көрді. Қайдан, неге тұтқын болғандықтарын сұрауға шамасы да келмеді. Қалжырап вагонның ішіндегі тақтай сәкіге құлай кетіп еді. Сонан ұйықтап қалыпты. Бас көтеріп тұра келсе, вагон ішіндегі көрініс әлгі. Көршілері, әрқайсысы әр мүйісте бүктетіліп жатыр. Вагон іші қара көлеңке, сырты екі жақтан жабық. Жалғыз-ақ, үлкен бір жүректің лобылып соққанындай болып дүрсілдеп вагон ғана жүріп барады.

— Ә, көрші! Ұйқың қанды ма? — деген дауысты естіп Петр жалт қарады.

Төмендегі тақтай сәкіде, вагонның мүйісінде алдымен шылымның қызарған шоғы көрінді. Онан көз ашып−жұмғандай да болған жоқ, қызарған шоқтың үстінде әлдекімнің иегі, ерні, қою мұрты көрінді. Артынан тағы да қара көлеңкеленді. Кескін жоғалды.

— Қай стансаны өттік? Оны білесің бе, көрші? — деді тағы да манағы таныс дауыс.

Сүйдегенше болған жоқ, қою мұртты, қалың ерінді үстінде солдат шинелі бар біреу, сәкінің астыңғы жағынан сүйретіліп түрегелді де, шамның жарығына жақындады. Петр Громов көршісінің бетіне ұзақ қарап тұрды. Оған бұл бет-өң таныс сияқты көрінді. Маңдайдағы тыртықты, сепкілденген бетті әлдеқай жерлерде көрген тәрізді болды. Бірақ қою мұрт оның есіндегісін жаңылдыра берді. «Қой, ол емес шығар!» деді ішінен.

— Қай стансаны өткенімізді білмеймін. Мен жаңа ояндым ғой!

Манадан май шамның лапылдап, ырғалаңдап жанғанына қарап алып тістерін ақситып жымия түсті.

— Мен де әлгіде ғана ояндым, — деді. Артынан ауыр күрсінді.

Петр өзінің жатқан орнында, қараңғы жерде отыр еді. Бұ да түрегеліп, ақырын аттап шойын пештің қасына келді. Шамнан көзін алып Петрге қараған көршісі аузын ашып аңқия қалды. Ол да шырамытқан сияқты. Бірақ Петрдың үңірейіп ішке батқан көзі, қауқиған сақалы үстіңгі ернін жауып, екі жақ езуін айналып, сақалымен тұтасқан мұрты, қатпар-қатпар болып кеткен маңдайы оның да ойындағысын елестете алмай тұрған тәрізді.

— Мен мұны қайда көрдім?» — деді Петр ішінен.

— Таныс сияқты ғой! Қайда көрдім?» — деді ішінен шенелді адам да.

Екеуі де ойланып, май шамның жапырақтанып тұрған отына қарады.

Петр шенелді адамның аты-жөнін сұрауға батпады. Үйткені, өзі ойлап таң қалды тәуір көрді. Шинелді адамның да ойы сол еді. Екеуінің анда-санда қозғалған лебінен ырғалаңдап, серпіліп, майысып қалып тұрған қылтиған от, жаздың әдемі кешінде жарық айдың сәулесі түскен жапырақ тәрізденіп тұрды. Аз ғана жел үрлеп, сыбдыр қағып тұрғандай болды. Соны елестетті. Екеуінің де ұмытқанын еске түсіретін жалғыз-ақ нәрсе осы от, осы қылтиған шам ғана сияқты болып, екеуі де тесірейіп соған қарады.

Шинелді адам тым әріден ойлады. Ол көзінің алдына Герман соғысын, фронтты елестетті. Окоп... бір терең шұңқырда айнала алқа қотан болып оншақты солдаттар, арада бірлі-жарым төмен дәрежелі офицерлер де бар. Большевиктер комитетінің солдаттарға арнап жазған хаты. Талқы... орта бойлы бір сары жігіт сақтыққа қойылды, күзетте. Ол — Петька аталатын. Фамилиясын да біледі Громов. Соңынан ол көзге түсіп, жоғалып кетті. Штабтан іздеп келгендер де болды. Жандармдар да ізіне түсті. Тағы да қайда көрді? Шинелді адам жаралы. Сыртқа жіберілді. Лазареттен шығарылып уақытша учебная командаға қойылды. Сонан... сонан кейін...

Сол кезде Петр ойланып болып басын жоғары көтерді де, қиын бір жұмбақты шешкен баладай болып қуанып:

— Аркадий Павлов, товарищ Павлов! — деді, масайраған түрмен.

— А-а-а... Петька... Петька товарищ... товарищ Громов! — деді алқынған дауыспен шинелді адам да.

Бұлардың дауысына ұйқыда жатқандардың кейбіреулері оянып, бастарын көтерді. Бұл кезде Петр мен Аркадий екеуі бірінің қолын бірі ұстап сілкіп тұр еді.

— Таныстар.

— Ұйқыдан кейін!

— Мен тіпті әлдеқашанғы уақыттарды ойладым. Есіме жаңа ғана түсіріп келе жатыр едім, — деді, сол қолын Петрдың иығына салып, Аркадий.

— Мен, ендеше, берірек ойладым, — деді күліп Петр.

Сәкіде отырғандар көтеріліп шылым орап жатты. Қылтиып жанған шам әрі-беріден соң бірте-бірте тұнжырап барып, мүлде сөнді. Мүйіс-мүйісте жүнді құрт құсап қызарған шоқтар, иек, ерін, мұрындардың ұшы ғана көрінді. Күбірлеген дыбыстар ғана естілді. Вагондардың дүрсілдері естілді. Әлде қайсы түрегеліп есікті тепкіледі. Жауап жоқ. Әлден уақытта поезд тоқтады. Вагонның есігі шиқылдап барып ашылды да, алдымен қолға ұстаған фонар көрінді. Оның артынан екі кісі ептелеп вагонның есігінің алдына келді. Бірі – мұрны таңқиған, көзі тасырайған ұзын бойлы арық офицер, бірі — жабайы киімді дембелше, қаршыға мұрынды, бұжыр қара жігіт. Иегінде шоқша жирен сақалы бар. Офицер қолындағы қағазға қарап біреудің атын шақырды. Түрегеліп отырғандардың арасынан көзілдірікті, жағасы қоңырайған, белі бүкірейген қара бөрікті, қырма сақалды біреуі:

— Мен мұнда! — деді, орнынан қозғалып.

— Бері түс!

Сүйдеген дауысқа әлгі көзілдірікті адам вагоннан қарғып түсе қалды. Манадан көрінбей тұрған істікті мылтығы бар екі солдат, сыртта есіктің екі жағынан сап ете түсті де, әлгіні әлдеқайда айдап алып жөнелді.

— Шам беріңдер! — деді Петр фонарь ұстап тұрғанаға.

— Шам?!.. һым! Шам?!.. Көздерің көрмей бара ма?..

— Қараңғыда отыра алмаймыз.

— Үйренесіңдер.

— Ол не деген сөз? — деді Аркадий ызбарлы дауыспен.

— Ол ма? Ол... үйретеміз деген сөз.

Фонарь ұстап тұрғанның қасында тек әшейін дембелше бұжыр қара жігіт қана қалып еді:

— Әй!.. Адамның жолдан туған балалары! Өліп, мүрдем қатып қалдыңдар ма? Неге тұрмайсыңдар? — деді сәкінің үстінде серейіп-серейіп ұйықтап жатқан тұтқындарға айқайлап.

— Тұрғызғанда беретіндерің не? Жатсын! — деді Петр оған.

— Молчать!.. Айуан!.. Керек болса қалағандарыңды аларсыңдар! — деді кекетіп фонарь ұстаған адам.

Көп ұзаған жоқ, манағы айдап әкеткен көзілдіріктіні алдында офицер, артынан екі солдат айдап тағы келді.

Вагонның есігі қайта жабылды. Көзілдірікті адам бүрісіп жата кетті де, көзі жылтырап, пештің қасында отырған Петр мен Аркадийге қарады. Пештің үстінде жаңа шам жанып тұр еді.

Поезд орнынан қозғалған жоқ. Сыртта, стансаның алаңында, ерсілі-қарсылы жүрген аяқ дыбыстар, айқайлаған, бірін-бірі атап шақырған дауыстар естілді. Күрсілдеп, буы пысылдап ерсілі-қарсылы паровоздар жүрді.

— Бұл қай станса? — деді, тұтқындардың бірі көзілдіріктіге.

— Татарка!

Көзілдірікті сүйдеді де, теріс қарап жатты.

* * *

— Бізді қайда алып барады?

— Менің ойымша, Омскіге.

Петрдың сұрауына Аркадийдің жауабы сол болды. Түн ортасы ауған. Петр мен Аркадий екеуі жоғарыдағы нардың мүйісіне тығылыңқырап қатар жатты. Екеуінің де көзінде ұйқы жоқ. Екеуінің де ойлағаны өз бастарынан кешкен ащы-тұщы өмір.

Өмір соңғы кезде бұрынғыдан анағұрлым тәтті сияқты. Әйнектен, жарықшадан жылтырап көрінген от, не күндіз көрінген көгерген аспан, ұзақ, кең дүниенің, тәтті өмірдің сүйкімді бір кесегі құсап елестейді. Аз ғана қараңғылық тынысты тарылтып тұншықтырып тұрған тәрізді. Зілдей болып еңседен басып тұрған тәрізді. Қабағын қарс жауып, түксиген қараңғылық одан да көңілсіз. Адам тірідей көрге көмілген сияқты болады. Ол неге солай екен?

Неге екені белгісіз, Петрдың көңіліне осындай ой келді.

Әрине, соғыс соты, онан басқа дәнеңе де емес. Бұл жалғыз фабрик-заводтағы жұмысшылардың арасында жүргізген жұмыс емес, үкіметтің жоғарғы тірегі болып отырған солдаттардың арасына... Солдат итпен бірдей, солдат не, ит не — патша үкіметіне бәрібір. Соғысқа барса, зеңбірекке жем. Мүйізінен бас жіп тағып сүйреген өгіз тәрізді. Оған саңылау беруді патша үкіметі өгізге сөйлейтін тіл берумен бірдей көреді. Оларға саясат түсіндіруді керосинге от бергенмен бірдей көреді. Патша үкіметі үшін ол — ең барып тұрған қауып-қатерлі жол.

— Меніңше, маған соғыс соты. Мені соған айдап барады. Онан басқаны бұл иттерден күтуге болмайды!

Аркадий, сүйдеп ойланып жатып, ұйықтап кетті.

— Аркашка!

— ???...

Петр аунақши түсті.

Төменде әлдеқайсы ұйқысырап жатты.

— Маша! Маша! Шпиондар ізіме түсіп жүр! — Патшаның иттері менің соңымнан қалмайды. Маша!.. Қош!

Вагонның іші тағы да қара көлеңке, май шам қалтылдап әзер жанып тұр.

Көзілдірікті адам басын ақырын көтеріп, вагонның астылы−үстілі қабаттарына көз жүгіртіп шықты. «Селт» еткен ешкім жоқ. Ақырын аяғының ұшымен ғана басып барды да, шамға шылым тұтатты. Жан қалтасынан кішкентай ғана бір книжка алып біраз сөз жазды да, екі қолын қалтасына тығып әрлі-берлі жүріп алды. Ойланған адам тәрізді.

Петр Громов екінші рет ұйқысынан оянған кезде, оның көзіне алдымен көрінген нәрсе — вагонның есігі, екі ортадағы аз ғана жарықшадан түскен сәуле еді. Ол біраз есін жиып, ұйқысын әбден ашып алғанға дейін вагонның еденіне көлденеңдей түскен жалпақтығы бір елі ұзыннан ұзақ сәуледен көзін алмады. Өзінің қайда жатқандығын ұмытқан кісі сияқтанып, көзін жыпық-жыпық еткізді. Әрі-беріден соң ұшып тұра келіп, есіктің қасына барды. Сыртта у-шу. Вагон бір орында тұрған тәрізді.

— Но, как?.. Жібермей ме?

Сүйдеген дауысқа Петр жалт бұрылды. Вагонда төрт-ақ адам қалған. «Он кісі қайда?» деп ойлағанша болған жоқ, аяғына жөкеден өрген «шабата» киген, қысқа бешпентті қаба сақалды сары крестьян құсаған біреу:

— Да, Омбыға да келдік! — деді.

Вагондағы тұтқындардың азайғанына таң-тамаша болып тұрған Петр көзі ұясынан шыға жаздап әлгі адамға қарады:

— Сіз қайдан келе жатырсыз?

— Мен бе?.. Мен алыстан!

— Қай қаладан?

— Пензаны естуіңіз бар шығар?

— Ия.

— Сонан этаппен айдалып келем.

— Қайда алып бара жатыр?

— Черт білсін!

Бұл төрт ісісінің ішінде Петрдың таныған адамдарынан екі кісінің екеуі де көрінбеді. Оның есіне алдымен Аркадий түсті. Онан кейін түндегі көзілдірікті, қара бөрікті бүкір кісі түсті. Әлгі адамға тағы да қадала қарады:

— Басқалар қайда қалды?

— Оларды поезд тоқтаған соң-ақ, таңертең әкетті.

— Олар кеткелі шамасы қанша уақыт болды?

— Шамасы, үш сағаттай болар, — деді крестьян кескінді адам.

Отырғандар біріне-бірі қарады.

Аркадийдің неғып оятпай, сөйлеспей кеткеніне таң қалды. Өкінді. «Соншама қауырт әкетті ме екен?» деп ойлады.

Тыста сылдырлап вагонға жақындаған аяң дыбыстары білінді. Дауыстар естілді.

— Мұнда не бар?

— Арестанттар.

— Сендер соны күзетіп тұрсыңдар ма?

— Ия, тақсыр.

— Саясатшылар ма?

— Так точно, тақсыр.

— Қайда барады?

— Айта алмаймын, тақсыр.

Аяқ дыбыстары сыбдырлап алыстай берді. Біраздан кейін зілді жүріспен дүрсілдеп, әлдеқандай поезд келіп тоқтады. Паровоз пысылдап, арестанттар қамалған вагонның дәл қасында тұрған сияқты.

Айқай, у-шу басталды.

— Бай! Госпадин бай!.. Соғыстан келген мүгедекпін. Біраз қайыр қылсаңыз?

— Пошол! Пошол!

— Аяғымда етігім жоқ.

— Пошол!..

Әлденеткен бір әйелдің айқай салып жылаған даусы естілді. Біресе шыңғырады, біресе солқ-солқ жылайды.

— Қарауыл! Қарауыл! Шамаданымды әкетті. Шамаданымды...

— Городовой Қайда? Городовой!..

— Бұл жерде саған не қылған городовой!.. Ішіп, сілейіп бір фонардың түбінде жатқан шығар, сонан ізде!

— Қа-ра-уыл!.. Қара...

Петр вагонның сыртындағы сол дауыстарды есітіп төмен қарап ұзақ уақыт отырды.

− Айтыңызшы, бізді қайда алып барады?

Петрдың бұл сөзіне, қасындағы отырған біреу, жауырынын жиырып, қолын екі жаққа керді.

— Черт білсін!

Сырттағы дауыс саябырлаған сияқты. Бірақ вагонның қасында тұрған паровоз ғана буын екі жақ бүйіріне бүркіп, манадан пысылдап тұр. Гудогінің даусы құлақтың ішін жарып жібере жаздады.

Күн әлдеқашан батқан. Жұлдыздар жымың қағып, көк барқыт аспанды сірестіріп барады.

Вагоннан түсіріп айдап әкеле жатқан бетінде Петрдің әлсін-әлсін ішіне тартқаны кешкі таза ауа болды. Алды-арттары атты казак-орыстар. Төрт адамды орталарына қысып, қоршап көшені бойлап айдап барады.

— Омбы жақсы қала екен, — деді тұтқындардың ішіндегі ұзын бойлы біреуі.

— Да! — деді сырттан бірі.

— Молчать!

Биік, екі қабат бір ақ тас үйдің алдына келгенше, біріне-бірі ым қаққан жоқ.

— Дверцке келдік! — деді манағы крестьян кескінді тұтқын қасындағыларға.

— Молчать! Сөйлеме!

Тұтқындар қақпаның кішкентай тесігінен бір-бірлеп қораның ішіне кірді.

XII

Аспан-көктің ұшығы қызарған шоқтай болып тұрды. Кешкі салқын самал үрледі. Құлақтың түбінен сыбырлап, сүйіп өте шықты.

Қаланың табынға қосқан сиырлары дөңнің етегіндегі Бескөл суын бойлап, шаңды бұрқыратып у-шу болып келе жатыр. Беті — дөңнің басындағы «загон».

Оң жақ далада қаладан бірнеше шақырым отырған поселкелер: Архангель, Кировозор көрінді. Олардың сыртында қалың ағаштардың арасынан ағараңдап Ново-Камень поселкесінің ақ тас шеркеуі, бірлі-жарымды үйлері көрінді. Бері, қаланың етегі, қара құртша қыбырлаған атты казак-орыстар. Түс ауғаннан бері ұсақ қара сулардың бойында олай да, былай да шапқылап жүрді. Қазір күн бата олар да лек-лек болып қалаға барады. Олар да шулап келеді, аттарының тұяғы шаңды аспанға шығарып, үйіріліп келеді. Дала у-шу айқай.

Загонның басы да сол.

Доп ойнап жүрген бозбалалар, карта ойнап отырған мосқал еркектер, алқақотан отырып алып бірінен-бірі «жаңалық» тыңдаған қатындар, өріп жүрген қыздар, зыр жүгірген балалар Бескөл жағынан жоғары көтерілген, будақтаған шаңды көріп, барлығы да мойындарын сол жаққа бұрды.

— Табын келеді, табын келеді!

— Аукім-аукім...

— Қане, жүріңдер, алдынан шығайық!..

Табынның алды дөңнің басына шықты.

— Му-у-у... му-у-у-у...

— һайт, тшу!.. һа, һа!..

— Аукім-аукім-аукім!..

Дөңнің бір жақ шекесінде, лек-лек болып шулаған казак-орыстар көрінді.

Калинушка ламала, ламала, ламала,

Бубарики шөпши ламала...

Вдоль полыни Кавказа,

Там сизой орел летал...

* * *

Православный генерал!..

Дауыстар біресе үзіледі, біресе қарлығып, шырылдап шығады. Әрбір легінің әндері де, дауыстары да басқа-басқа естіледі.

Атымтай аттың үстінде тұрып ұзақ уақыт тыңдады. Табынды, сиырларды ұмытқандай болды. Ол алдымен аттың үстіндегі өңдерін шаң басқан казак-орыстарға, самайларындағы үрпиген шаштарына, бастарындағы қоңырайған картоздарына, маңдайларындағы какардаға, белдегі қылыштарға, сырттарындағы асқан мылтықтарына қарады. Найзаның басына ілген туларына қарады. Онан кейін барып аттарына көз жіберді. Доп-домалақ бір қара ат оның есіне өзінің плүш тысты тымағын түсірді. Өткендегі тымақ, қара жорғалар, городовой, Григорий Медведьев көзінің алдынан бір-бір өтті. Ауыр күрсініп қойды.

— Әй, жігіт! Анау сиырларды қайыршы! — деген дауысқа сескеніп, басын жұлып алды. Бірнеше сиырлар табыннан бөлініп «Миновный» жағына шығып барады екен. Атымтай қайырып әкеліп табынға қосты.

Әркім айнала қоршаған загонның ішін аралап жүріп өз сиырларын сыртқа айдап шығып жатты. Тұңғат та осында еді. Миновныйдан жұмыстан шыққан бетінде жалғыз қасқа сиырды күтіп о да отырды. Қазір о да сиырын загоннан айдап шықты.

— Әй, күйеу бала! — деген дауысты естіп Тұңғат бұрылып қарап еді, төрт-бес сиырды ақырын айдап келе жатқан Атымтайды тани кетті.

— Ә, қайын аға, хал қалай? — деді Тұңғат та.

Бұл, «күйеу бала», «қайын аға» деген сөздер, екеуінің қалжыңы еді.

— Күлтай қайда?

— Үйде. Саған сәлем деді.

Сүйдеп Атымтай күліп жіберді.

Анығында-ақ Тұңғат Күлтаймен жүзбе-жүз таныс та емес еді. Тіпті тіл қатып та көрген емес. Бірақ Күлтайды жақсы көретін. Тек әшейін сырттан көріп, «әй, осы менікі ғой!» деп, өзінше меншіктеп жүрді. Күлтайдың мінезін, құлқын білмейтін. Жұмыстан шыққан қалпында өзінің осы кескінімен, терінің шаң-шайыры жабысқан басымен Күлтайдың көзіне көрінуді Тұңғат ойламайтын. Шамасының келгенше сыпайырақ, таза кескін-келбетпен көрінгенді жақсы көретін. Бір рет ол Күлтайды осы табында көрді. Қасында Бұқпанның тоқалы Шамсия бар еді. Тұңғаттың жұмыстан шыққан беті еді. Қасқа сиырды айдап Шамсия мен Күлтайдың алдарынан төмен қарап Атымтайға айтқан болатын. Сонан бері Атымтай Тұңғатты «күйеу» атап қалжыңдап жүрді.

— Күйеу, тұнжырап не ойлап келесің?

— Кім? Мен бе?

— Ия.

— Қалжырап қалыппын. Бүгін бақауыздан жылқының терісін тасып шығарып, күннің көзіне кептіріп едік.

— Кімнің терісі?

— Әркімдікі. Кейде Шауали Оспанов дегеннің терісін, кейде Зайнулғабиден Бурнашев деген мырзаның терісін кептіреміз. Пұшпақ-пұшпағына істік шаншамыз.

Біраз жерге барғанша екеуінде де үн болған жоқ.

— Ия, күйеу бала, мал тап! Қызымызды тегін бермейміз. Оны өзің де сезетін шығарсың? — деді тағы да қалжыңдап Атымтай. Бірақ Тұңғат бұл жолы сөзді екінші жаққа бұрды.

— Қасеннен хат келді, — деді Атымтайға қарап.

— Әмежановтан ба? Ия, қайда екен?

— Австрия фронтында, соғыста.

— Не жазады?

— Мені көрген-білгендерге сәлем айт депті.

Атымтай Қасенді бала жасынан білетін. Екеуі бір ауылда ойнап-күліп өскен жігіттер. «Ол, солдат болды-ау, о» деп қойды ішінен. Екеуінің елде жалшылықта жүрген уақыттары есіне түсті. Қасен Аққошқар қажының үйінде жүретін. Оның сырықтай-сырықтай қыздары бар еді. Қасен десе ауыздарынан суы құрып жүрді. Үйткені, Қасен онша көркем жігіт болмаса да, денелі, жауырынды, толық жігіт болатын. Ол сол қыздардың барлығымен де «көңіл қосып» жүрді. Ауылдағы байдың сал балалары оларды Қасеннен қызғанып жүрді. Тіпті кейде ұрарманға келген күндері болды. Бірақ Атымтай екеуі ол мырзалардың көздеріне шыққан сүйелдей еді. Шамалары келмеді. Атымтай лездің арасында соны ойлап шықты.

— Қасенге менен хат жазыңдар. Аққошқар қажының қыздарынан ешкім қалған жоқ. Барлығы да бытырады, мал болды, — деді. Тұңғатпен айырылатын мүйіске келгенде Атымтай.

— Жарайды.

— Қолың боста біздікіне келсейші.

Тұңғат көзін жылтыратып «рас айтасың ба» деген кісідей болып Атымтайға қарады.

— Күйеу бала, кел. Күлтайдың қолын ұстатамын, кел! — деді алыстап бара жатып.

Көшедегі бытырап келе жатқан сиырлар әр қораға кіріп азая берді. Тұңғат Крайный көшені бойлап таудан төмен қарай түсіп бара жатқанда, алыстағы Зенков заводының гудогі естілді. Богомоловтың қақпасының алдынан топталып шығып келе жатқан жұмысшылар көрінді. Бұлар — тері заводындағылар еді. Соңынан қабағы қара түнеріп Ярков шықты, оның соңынан бір топ болып шыққан қазақ, орыс, татар жұмысшылары бірін-бірі тіркестерімен нұқып қалып, Ярковке қарады. Мүйістегі үйіне жеткенше қақпасына кіріп жоғалғанша, жұмысшылар оны ашулы түрде оқты көздерімен шығарып салды.

Тұңғат мұны сезді.

* * *

Миновныйдың ішіндегі кішкентай ғана мешіттің ішіне үйіле, намазын оқуға кірген бай-мырзалар, шулап, топырлап, сасып далаға шықты. Кейбіреулері шамасы келмеген соң, кебістерін қолдарына ұстап шықты. Кейбіреулерінің киімдерінің бір жеңін киіп, бір жеңін тыста киді. Кейбіреулерінің бастарындағы сәлделері тарқатылып, аяқтарының астында шұбатылып жүрді.

— Иә, алла, не бар? Не болып қалды?

— Өрт бар ма?

— Ұры ұсталды да?

Миновныйдың дәл ортасында жұрт үйіріліп, топталып тұр еді. Көбі жұмысшылар. Кейбіреулерінің қолында уыстап ұстаған қамыс істік, бір қолында пышақ, бәкі, кейбіреулерінің қолында тері ілетін тағанның сырғауылы, дәл ортасынан сындырып, ықшамдап төбесіне көтеріп жүр. Солардың сыртында, үстерінде ақ қамзол, белдерінде қылыш-мылтық, иықтарында пагон екі-үш городовой жүрді. Қоршаған жұмысшылардың дәл ортасында, алдарында кенеп алжапқыш, жалаң бас, қолдарын олай да, бұлай да былғалаңдатып екі жұмысшы тұрды. Бұлар Балта мен Мақсұт еді. Екеуі де бірдей сөйлейді. Екеуі де ашулы, екеуінің де көзі қанталап кеткен. Екеуі екі жаққа сөйлеп жатыр.

— Миновный фабрик емес, завод емес. Бірақ бұ да байлардың ұясы, бұ да ауыр қара жұмыстың орны. Кімге тері кептіреміз? Байларға. Кімнің қылын күзейміз, терісіне істік шанышамыз? Байдікін. Кімдердің малын Ірбітке, Иван постқа — жәрмеңкеге асығып жөнелтеміз? Байлардікін. Кімнен алған ақымыз күндік тамағымызға жетпейді? Байлардан... Қит етсең городовоймен, учаскемен, түрмемен, каторгамен қорқытатын кім? Байлар. Енді олардың «түшкіргеніне жаракім алда» деп отыруға орын қалмады. Кеше тері заводының бірнеше мықты жұмысшыларын байлар жер аударып жіберді. Бүгін байлардың доверенныйы бір жұмысшыны таспен ұрып жықты. Айыбы-ақысын толық сұрағаны, қарсыласқаны. Нанбасаңдар, әне қараңдаршы! Қараңдаршы! Жандарың аши ма? Жоқ па? — деді Балта.

Балтаның нұсқаған жағында бет-аузын қан жауып кеткен бір татар жұмысшысы тұрды. Екі адам екі жақ қолтығынан сүйеп тұр еді. Әрқайсысы үңіліп қарап қойды.

— Өй, мынау Шапиқов қой!

— Мұны бүйткен кім? Қай жауыз?

— Блоктың довернайы дейді.

— Ол қайда өзі?

— Қашып кетіпті.

— Блоктың өзі қайда?

— О да жоқ, қашқанға ұқсайды.

Қанды көргенде Тұңғаттың көзінен жас өз-өзінен шығып кетті. Оны өзі де байқаған жоқ. Оның көз алдына жас күнінде балалармен төбелесіп жүргенде, бір баланың таспен ұрып басын жарғаны елестеді. Олар онда папкеге таласты, ә, бұлар не үшін?.. Ол жағын Тұңғат түсіне алмады. Жалғыз-ақ басынан қан ағып тұрған Шапиқовты ғана аяды!

Мақсұт өзінің зор даусын көтеріп, өршеленіп, айғайлап та жіберді:

Байларының политикасының қайсы жаққа алып бара тұрғандығын биігірек яхша біләсіз. Әйі шул, біләбіз!.. Соң бұни?.. Ішләрін ішлисің, нинді михнәтләрні курәсің. Ә, алар... алар нишли? Алармы, алар... таяқылай. Полиция, городовой, китергәннәр, қарағыз әлі! Кімнәрге китергәннәр соң аларны? — Іншіләргә! Әйе шул, мінә бізгә! Бізне естіріп алып китәргә тұралар. Әйдәгіз, туғанан, бізне тотып биргізер! Ниге тұрасыз, тұтып биргіз. Біз сізнің үшін әрләшик, ә сіз алар үшін бізні тұтып биргісіз. Түрмәгә отыртсыннар. Әйе шул!..

Теңселген топ күңірене түсті. Екеуін ұстауға ыңғайланған городовойларға қарап жұмысшылар ентелей берді. Городовойлар ысқырып жатты.

— Полицияға! Полицияға!

— Солдаттармен қоршап алуға керек.

— Иттердің басынғанына не берерсің!

— Нағыз жүлік қой өздері!

— Иә, алла! Заманалар бозылып бара!

Мешіттен үркіп шыққан байлар, саудагерлер шетте топталып тұрып, сүйдеп айқайлады.

— Полицияның қолына бермейміз.

— Соққыға жығып алып, полиция шақырып тұрғандарын қара!

— Қане, жақындап көріңдерші!

— Қане, өздеріңе не керек?

Сүйдеп шулап, ат қойған бірнеше жұмысшыларды көріп, байлар бірінен соң бірі ақырын зыта жөнелді. Өрік, мейіз сатып тұрған өзбек байлары, саудагерлері дүкендерін жапты. Сыртын көк сырға бояған темір есіктерге ауыр-ауыр құлыптар ілінді.

Мақсұт пен Балтаны орталарына алып, Шапиқовты сүйемелдеп жұмысшылар Миновныйдың есігінен сыртқа шықты. Жан жоқ, шұбырған бала-шаға. Қаланың Миновныйға жақын отырған жатақтары. Анда-санда Балта мен Мақсұтты ұстауға ыңғайланып, ұмтылып қалып екі-үш городовойлар арттарынан еріп отырды. Амалдары құрыды.

— Тараңдар! Атамын! — деп айқайлады бір городовой. Бірақ атқан жоқ. Қолдарындағы мылтықтарын былғалаңдатып, топтың бір оң жағыңа, бір сол жағына шықты.

— Далада, ойнап жүрген казак-орыстарға кісі жіберді, — деген сыбыстар естілді.

Жұмысшылар городовойларды маңайларына жолатқан жоқ. Қарсы алдарынан өтіп бара жатқан ломовойлардың арбасына Шапиқовты отырғызып алып, бірнешеуі больница жаққа жөнелді. Қалғандары — Мақсұт, Балта және бірнеше жұмысшылар бір арбаға отырып, қаланың батыс жағына қарай кетті. Городовойлар аңқиып қалып отырды.

— Вот, разбойниктер! — деді, маңдайындағы терін сүртіп, ерні бүлкілдеп, қою ұзын мұрты селтеңдеп, асуан қарынды, мұрны қолақпандай бір городовой.

Мақсұт, Балта отырған арба қалаға кіріп жоғалғанша, Тұңғат ұзақ уақыт қарап тұрды.

— Уһ!.. Жоғалды сволочтар! — деді мұрны жапырылған, бет-аузын түк басқан тапал бір мал дәрігері. Бұл екінші жағынан тыңшы да еді.

Тұңғат жалт бұрылды. Бірақ мал дәрігері Тұңғатты елең де қылған жоқ, жүріп кете барды.

XIII

Ноябрь айындағы күзгі салқын жел қуарып сарғайған ағаштың жапырақтарын жан-жаққа ұшырып түсірді. Аяқтың асты сырт-сырт етеді. Аспандағы сұрғылт бұлттар терең суда жүзген сеңдердей болып сіресіп, айнала ұшықты қаптап әкетті. Жел ысқырады. Терезелердің бос тұрған қақпақтары бір ашылып, бір жабылып тұр. Көше қаптаған жұрт.

Қара, көк түсті шенелдерінің жағасын қоңырайтып, бүрісіп топ-топ болып тұрған австриялықтар үлкен шеркеудің далаңқысында жүр. Кейбіреуінің қолында күрек, кейбіреуінің қолында балта, балшық сылайтын қалақ, кейбіреулері екеу-екеу болып көтергішке салып құм, балшық тасып жүр. Бұлар — тастан үй салып жатқандар.

Бүгін прием басталған күн. «Новосвет» киносының алды қыбырлаған жұрт-қазақтар. Киноның алдындағы ат байлағышта тізбектелген арба, салт аттар. Тіпті, ол көшеден атпен өтіп еш адам жүре алатын емес. Елдің шалдары, бала-шағасы, кемпірлер, жас әйелдер барлығы қабаттасып кеткен. Кейбір қорапты арбалардың сырт жағында лықылдап толып тұрған саба, піспектің төрт қырлы кертпеш басы көрінеді, қой көрінеді. Әрқайсысы үстінен киізге орап, арқанмен таңып тастаған. Кейбір сабаның астынан қымызы жыламсырап ағып та тұр. Арбалардың маңы қымыз иісі аңқиды.

«Новосветтің» есігінен біреу кіреді, біреу шығады. Кейбір пұшпақ бөрікті, күміс кемер буынған жалпақ бетті жігіттер есіктен шыға сала езу жиырады. Жуан қарынды, қаптал шапанды, кісе байлаған кең қоныш мырзалар теңселе басып алдарынан шығады.

— Балам, не болды?

— Қалдым, жарамадым.

Езуінде күлкі, көзінде шырадай жанып жайнаңдаған от.

— Е, айналайын, жарықтық қожа Баустен, қырық шілтен әулие-әнбиялар жар болған екен, — дейді ерке баласын құшып, бәйбішелер, кемпірлер.

— Жасағанға құрмалдың! — дейді қуанғаннан барар жерін таппай ақсақалдар, бай-мырзалар.

— Шырақ! Біздікі қайтер екен?

— Менің Нұрланымды көрдің бе?

— Жоламан не қылды екен? Басы таз еді, қотыры бар еді.

— Біздің баланың мойнынан ағатын ықпасы бар еді. Оны алмайтын шығар?

Есіктен шыққан әр біреуге осындай сұраулар төпей берді.

Олардың ешқайсысында жұмыс жоқ. Барлығының да қамы өз басы, өзінің мүддесі.

Белі бүгілген, көзінен сорасы жылтыраған аппақ сақалды бір шал таяғын демеу етіп алай да, былай да жүрді. Шыққан бірінен сұрастырады. Ешқайсынан жылы жауап жоқ.

— Көргеміз жоқ.

— Алды білем.

Алынғандарды солдаттар қоршап бөлек үйге қамап жатыр.

Шал жылайды. Жүрегі шерлі, көңілі зарлы. Көзінен аққан жасты қолының сыртымен анда-санда бір сүртіп қояды. Бүкіл денесімен қалшылдайды. Бірақ үні шықпайды. Кейде ақырын бүкшеңдеп барып, байлаулы тұрған арық атының маңдайын сипайды, терісі қатпарланып тырысқан саусақтарымен атының жалын салалайды. Аты анда-санда кірпіктерін бір қағып шалға қарайды. Ұзақ уақыт көзін алмай тұрады да, басын шұлғып-шұлғып қояды. «Ей, байғұс шал! Балаң қайда?» деп тұрған тәрізді. «Бәсе, жалғыз балам, Амантайым қайда? деп тұрған тәрізді көзінен сорасы аққан аппақ сақалды қуарған шал.

Бұл қаладан алпыс шақырым ауылдағы бір кедей шал. Жалғыз баласын приемға әкеліп, тағдырын күтіп толғанып жүр. Кемпірі толғанып ауылда жатыр, кім білсін, ауыр қайғыны көтере алмай талып өліп те қалған шығар!

— Ағатайым-ей! Ағажаным-ай!.. Шынымен, бізді тастап кеткенің бе? — деп жылайды, шешесін құшақтап, мұрны таңқиған бір қара қыз. Ағасы алынған. Бірақ, шешесімен екеуі тас үйді шыр көбелек айналып бебеу қағып, зар жылап жүр.

Бірнеше мырзалар, бірі таз, бірі ақсақ екі баланы қоршап, кезек-кезек құшақтарына алып қысып-қысып қояды. Сыртынан қарап тұрған адамға, бұлардың мұнысы мазақ-келемеж сияқты көрінеді. Екі баланың екеуінің де үсті-бастары жамау, ескі, «Бұларға неғып жаны ашып тұр? Неге бүйтіп ерекше қойды екен?» дейді сырттан қарап тұрған кісі.

Бұл екеуі — байдың балаларына айырбасқа келген балалар. Байлар үшін, бұлардың алынғанынан келетін зиян, қалғаннан келетін пайда жоқ. Сөйлескен ақыларын берсе болғаны!

Қуанышы қойнына сыймаған бір арбалылар сабаларын лықылдатып аттарын айдап ала жөнелді. Олардың соңынан күміс ер-тоқымды, салт жігіттер шапқылады. Іліктес, ашна қала байлары, молдалар, саудагерлер шапқылады.

— Бұйырса, бір мәжіліс құратын болдық!

— Шабден қажының Нұрсейіті қалды!

— Салмақбай таниды ғой! Приемның тілмашы емес пе?

— Бейсембай қажы да бар.

— Бұланов па?

— Иә.

Шапқылап бара жатқандардың әрқайсысынан сондай сөздер естіледі. Арбаның доңғалағы мен аттардың тұяғы опыр-топыр қылған шаң-топырақты күздің салқын желі үрлеп ұшырып әкетті.

Белі бүкірейген, аппақ сақалды шал қуаныштылардың соңынан мөлиіп қарады да отырды. Оның Амантайы қашан шығар екен? Ол неге кешікті? Әлде, рас-ақ алынды ма? Ендеше, неге естіртпейді? Қой, алған жоқ шығар!

Манағы қара қызды жетектеген әйел әлі жүгіріп жүр.

— Аға жаным! Аға жаным!...

Әлі де бірталай адамның көзі телміріп есікке қарап тұр.

Әлден уақытта қасына көзілдірікті, ақ киімді, пагонды бір орысты алдына салып Салмақбай Күсемісұлы шықты да, баспалдақтың алдында тұрып, жирен сақалын салалап, қасындағы орыстың сөзін аударды:

— Приемның бүгінгі жиналысы тарқайды. Ертең келесіңдер, — деді.

— Менің аға-жаным қайда?

— Менің Нұрланымды бері шығарыңдаршы!

— Ей, балам! Біздің Амантай деген бала бар еді. Соны...

— Менің боздағым, құлыным қайда екен? Ой аллай!

Есіктің алды күңірене қалды.

— Приемға түсе алмай іште қалғандар қазір шығады! — деді де, Салмақбай мен әлгі чиновник кіре жөнелді.

Жүздеген көз тағы да телміріп есікке қарап тұрды. Бірақ оның ішінен жігіттер аз шықты. «Новосветтің» сыртқы есігі жабылғанда, есікке телміріп тұрған бір топ адамдар аңтарылып біріне-бірі қарады. Оның ішінде шал да, қара қыз жетелеген жесір әйел де бар еді.

* * *

Атымтай «Новосветтің» қызыл тас үйіне, қалай кіріп қалғандығын сезген де жоқ. Бейсембай қажы Бұланов сыртынан итермелеп отырып залға кіргізді. Залдың іші тер сасиды. Үлкен кең залға кіргендердің басында, сахнада көлденең ұзын биік үстел жағалай төрт-бес адам отырды. Ақ шапан жамылған, қолында жалғыз көзді дүрбі құсаған бірдеңесі бар, бурыл сақалды бүкір шалдың алдында бірнеше жігіт тырдай жалаңаш болып қатар түзеп тұрды.

— Осы жерге отыр. Кезегің келгенде шақырады, — деді, Атымтайды залдың ең алдындағы бір орындыққа отырғызып Бұланов. Сүйдеп, басбалдақты аттап сахнаға мінді де, үстел төңірегіндегілердің қасына барды.

Бір жақта мылтық, қылыш асынған бірнеше солдаттар, приемная өткен, алынған жігіттерді бір бөлмеге қамап жатты.

Атымтай әрі-беріден соң өзінің мұнда неге келгендігін ойлады. «Мен неге келдім осы?» деді өзіне-өзі сұрау қойып. Бірақ мұнда келе жатқанда оның себебін ішінен ойлап, біліп келіп еді. Неге екені белгісіз, Бейсембай Бұланов Атымтайды Бұқпан бай екеуі (қастарында тағы бір жуан қазақ бар) болып ортаға алды. Бұрын жылы шырай көрсетпеген, адам деп елемеген Бұқпан «балам!» дейтін болып алды. Ол неліктен? Атымтайды неге олар приемге түсуге үгіттеді? Мұның мәнісі не? Бұлановтың қылығы ма? Е, оған не істеп еді? Не жазығы бар? Әлде Бұқпанның өзі ме?.. Шамсиямен екі ортадағы жақындықты сезіп қойды ма?.. Кім білсін? Ұғымсыз бір нәрсе әйтеуір.

Үйдің іші ығы-жығы, толған қазақ жігіттері. Дабырлаған сөз. Ішінде неше түрлі мүгедектер бар: ақсақ та, соқыр да, бүкір де, тазы да, кекеш те, селтек бас та, сақау да...

Манадан қасындағылармен әжептәуір сөйлесіп, сыбырласып отырған кейбір жігіттер доктордың, комиссияның алдына барғанда не сақау, не кекеш болып шығады. Қойшы құсаған бір бүкір баланы желкесіне түйгіштеп доктор өлгенше шыңғыртты. Шалқасынан да, етбетінен де жатқызды. Аяғында доктор:

— Не годен! — деп, артынан балағаттап қолын бір-ақ сермеді. Бүкір бала қуанып, домалап шыға жөнелді.

Сақалы қауқиған біреу сақаусып, доктордың алдында былдырап тұрды.

— Атың кім?

— О-о-оу. Уаһау... Ө-у-у

— Фамилияң?

— Ө-у.

— Жасың нешеде?

— Уаһа..һа..ө-у...

Отырғандардың тістері ақсиып жымия түсті. Манадан жүрегі дүрсіл қағып үндемей, күлмей отырған Атымтайдың да өңіне күлкі жүгірді.

Доктор қауқиған сақалдының жанын қинап бірнеше өрескел әдістер қолданып еді, «сақаура» тіл бітті. Салмақбай күлімсіреп тұрып, оның айтқан сөзін докторға түсіндіріп берді.

— Жарайды, алынады, — деді доктор, кеудесінен итеріп қалып сақалды кісіні. Ол өкіріп жылап қоя берді. Солдаттар бөлек бөлмеге итеріп кіргізіп жіберді. Өкірген дауыс біраз уақыттан кейін ғана барып қойылды.

— Атымтай Әупілдеков!

Комиссия хатшының сүйдеп ағайлаған дауысын естіп Атымтай «селк» ете түсті. Жүрегі алқымына келіп тығылғандай, ақырын орнынан түрегеліп, шақырған жерге жөнелді.

Доктор Атымтайды онша ұзақ қараған жоқ:

— Таза, жарайды, алынады, — деді.

Бірдеңе айтпақшы болып балпылдап келе жатқан Бұлановты Атымтай кеудеге итеріп қалды да, киімдерін құшақтап, солдаттардың айдаған ыңғайына барды. «Енді айтатын не бар. Жұмыс бітті!» — деді ішінен өз-өзіне. Киімін киініп жатқанда оның көз алдына Қасеннің кескіні жарқ ете түсті. Басын оң жақ иығына таман жыға түсіп ойлана кетті. Етігі қолында тұр еді, оны байқаған да жоқ, ұстап отырды. Оның артынан күлімсіреп, еркелеп тұрған Шамсия елестеді. Біресе, мұңайып қарағандай болды. Біресе, аузын бұлтитып, өкпелеген түр көрсетеді. Ауыл, жас шағы, ашына достары, құрдастары көзінің алдынан елестеп бір-бір ұшты. Жүн иіріп отырған кемпір шешесі, етік жамап отырған кәрі әкесі елестеді. Жан-жағын орлап тастаған мола елестеді. Атымтайдың өңі бірте-бірте тұнжырай берді. Жексұрын кескінді Бұқпан қарсы алдында қарқылдап күліп тұрған тәрізді. Аузының тістері сарғайып, сорайып тұр. Екі көзі үңгірдей. Аузы бір түпсіз шыңырау тәрізді.

Атымтай сол тұнжыраған бойымен асығып киініп алғанын байқамай да қалды.

Залдың іші күңгірт. Дабырлаған дауыстар естіледі. Әлдеқайсы сыңсып жылаған тәрізді. Мұрнына ауыр тер исі келді.

— Ша-гом марш! — деген дауысты естіп алдына қарай беріп еді, топырлап далаға шығып бара жатқан жігіттермен бірге ере шықты. Алды-арты қоршаған солдаттар.

Кеш қара көлеңкеленіп, түн пердесі бері қарап сырылып келе жатқан сияқты болды.

XIV

Түн аспан-көкті қара пердесімен қаптап, түнереді де тұрады. Көшенің әлдеқай жерлерінде абалап үрген сақ иттердің дауысы жаңғырығып, біресе оңнан, біресе солдан естіледі. Көшеде жан жоқ. Шет көше, еш адам мезгілсіз жүрмейтін қауыпты көше. Қаладағы қыбырлаған жанның барлығы да шырт ұйқыда жатыр. Көп үйлер, терезе қақпақтарының сыртынан көлденең темірмен бастырып тастаған. Әлдеқай көшелерде квартал күзеткен күзетшілер жүр. Олардың дағдылы, түнгі белгілері:

Тоқ-тоқ! Тоңи-тоқи, тоқ-тоқ!..

Тоқылдақ ұрып жүр... Олардан басқа тағы кімдер ояу? Қазармадағы күзетте тұрған солдаттар. Полицияның, түрменің алдындағы кішкентай күркешіктердегі қарауылшы солдаттар. Үй, қора есігін бұзып, қолына түскен затты көтеріп әкететін ұрылар. Ит құсап әр жерді тіміскіп, патшаның, байдың, солардың үкіметінің амандығы үшін жалданып «кәсіп» қылып жүрген тыңшылар...

Надежданың үйінде, күбірлеген дыбыстар естіледі. Бipece көтеріңкі, біресе саябыр. Іші лық толған адам, бықсыған көк түтін. Жалғыз-ақ жапсардағы шегеге ілініп қылтиған шам ғана байқалады. Көзді үйретіп алғанша, үйдің ішінде түк көрінбейді.

Әр жерде әркімнің өңі көрінеді. Біреулері орындықта отыр, біреулері жапсарға арқа сүйеп түрегеліп тұр. Пештің қасында үш-төрт әйелдер де көрінеді. Қаят пен Надеждадан басқа екеуі бүгінге дейін көрінбеген бөтен әйелдер.

Омырауы ағытулы, шашы үрпиген еңгезердей біреу қағазды жайып тастап үстелдің қасында отыр. Анда-санда қолын бір көтеріп қалып, отырған орнынан ұшып түрегеле жаздап қопақтап қояды. Көзі көрінбейді. Жалғыз-ақ сыртында тұрған шамның жарығында жылтырап үрпиген шашы, ағараңдаған өңі көрінеді. Орыс сияқты.

— Жолдастар!.. Соңғы кездерде біздің большевиктердің Орталық Комитетінен алынған хабарында, орыс армиясының немістерден жеңіліп бері қарап шегінгенін айтады. Бірақ газеттер оны жазбайды. Меньшевиктер, эсерлер соғыстың үдегенін тәуір көреді. Немістер біздің армияны Польшадан, Карпаттан бері тықсырып тастапты. Осы күнгі күшті соғыс Польша жағында болса керек. Бірақ оған қарап, патша үкіметінің қыспағы, тегеуріні босаңдаған жоқ. Байлармен бірігіп алып меньшевиктер, эсерлер «немістерді жеңгенше соғысу керек» деп ұран көтеріп жүр. «Алдымен, немістерді жеңіп алайықшы, революцияны соңынан көрерміз» деседі. Бірақ біз, большевиктер, олардың ниетінен аулақпыз. Біздің ұранымыз: «Соғыс бітсін! Еңбекшілерді табанға салып илеген байлар үкіметі жойылсын! Жұмысшы тапқа үстемдік берілсін!» Міне, осы жол, әрине, мұны біз жалғыз құрғақ тілекпен ғана іске асыра алмаймыз, не істеу керек? Жұмысшылардың, қара шаруалардың, солдаттардың арасында үгіт жұмысын күшейтумен, қару алып патшалыққа, байлар үкіметіне қарсы соғысумен жарыққа шыға аламыз. «Завод, фабрика — жұмысшыға, жер — қара шаруаға!» деген ұранды біз сол уақытта ғана іске асырамыз. Революция қансыз, құрбандықсыз жасалмайды. Біз меньшевиктер емеспіз. Қиыншылықтан, қорқыныштан қаймығып, жауырды жаба тоқып жүре бермейміз...

Ешкім отырған орнынан қозғалған жоқ. Бастарын жоғары көтеріп сөз айтып отырған адамға қадалып қарады да отырды. Ол бұл сөздерді әрбір сөйлемін зілдендіріп, ашық-ашық қып айырып тастап отырды. Әрқайсысының қолында түтіні жоғары көлбеп тұрған шылым көрінді.

— Да, учебная командадағы солдаттар арасындағы үгіт-түсініс жұмыстары бізге арзанға түскен жоқ. Аркадий Павловичтен айрылдық. Громовтың жұмысын тағы да өздерің білесіңдер. Олар кеткеннен кейін комитет көп ойсырады. Арамыз көп олқыланды. Бірақ олардың еккен жемісі құрыған жоқ. Фронтқа біз революция рухы бар бірталай солдаттарды жібердік. Әрине, олардың ішінде революция үшін әбден белін бекем буып, білегін сыбанып жетпеген кейбір солқылдақтар да бар. Оны да жасыруға болмайды... Медведьевтің тыңшылары біздің соңымызға мықтап түсті... Зенков, Богомолов заводтарындағы оқиғаларды әлі ұмытқан жоқ шығарсыздар!.. Жұмысшылардың мүддесін ұстап беріп жүргендердің кім-кім екендіктерін біз жақсы білеміз. Меньшевик, эсер, кадет... ұсақ байлардың арасынан шыққан зиялылар, поп пен молдалар, Патшаның сый қып тартқан шекпеніне, наградына мәз болып, урядникке, крестьян начальниктеріне предатель (ұстап беруші) болып ерген волостнойлар, қазақтың байлары... Тегінде, Балта, Қылыш, Мақсұт, Қабыл жолдастар олардың қылықтарын ашып айтты. Бізде қазір консерв заводындағы жұмысшылар арасы да жақсы. Механический завод жұмысшыларының арасы да жаман емес. Бізде әлі күнге дейін көңілдегі ұйыстырылмаған жерлер: ломовойлар арасы, тиірмендегілер, Зенков, Богомолов заводтарындағы жұмысшылар арасы болып отыр. Громов жолдас барында Богомолов заводының жұмысшылары арасында үгіт жұмыстары жолға қойылып келе жатыр еді. Жағдайсыз оқиға туып қалып, ондағы жұмысшылардың арасы бізбен байланыссыз қалды. Меніңше, «тыңшылардың ізі суысын» деген пікірді былай қоя тұрып, осы айтылған жерлердің жұмыстарын қайта жолға салу керек. Әрине, комитет басында жүргендер, біз, азбыз. Бірақ көбейтуші де, көбеюші де өзіміз. Большевик партиясының төңірегіне жұмысшыларды ұйыстыру: ол — біздің үздіксіз, ешбір бұлтарусыз істейтін міндетіміз... Революция бізден соны тілейді!..

Үрпиген шашты, омырауы ашық жігіт сүйдеп сөзін тоқтатты да, жан-жағына қарады. Біраздан кейін отырғандар біртіндеп қозғала бастады. Бірі жөтелді, бірі тамағын кенеді. Бірі есік алдындағы шылапшынға түкірді.

— Маған сөз беріңізші, жолдас Макаров! — деді барылдаған дауысты біреу, есік жаққа тұрып. Бұл — Богомолов заводындағы жұмысшы Иванов Алексей еді.

— Сөйлеңіз, жолдас Иванов!..

— Жолдас Макаровтың сөзіне түгел қосыламын. Бірақ, менің азғантай ғана замечаниям бар, ол мынау: жолдас Макаров айтады, Богомолов заводындағы жұмысшылармен байланыссыз қалып отырмыз дейді. Менімше, жолдас Макаров ондағы жұмыспен таныспаған болар. Мен жолдас Громов тұсында, соның рекомендациясымен партияға кірдім. Онша сауатты емеспін. Бірақ жолдас Громов арқылы біздің большевиктердің программасымен, революцияның негізгі әліппесімен таныстым. Қазіргі күні біздегі жұмысшылардың бірен-саран сыңаржақтары ғана болмаса, басқасы тегіс большевиктер жағында, большевиктерге тілектес. Бізде орыс пен ноғайдан бірнеше кісі социал-демократтар бар. Өздері ақ-қараны танымайды. Бірақ өздерінше шешен-ақ. Олар: «большевиктер неміске сатылғандар. Бізге немістерді жеңіп болғанша соғысу керек. «Учередительное собрание керек» деп соғады. Бір күні біздің Ботай деген мықты бір қазақ жұмысшы қойып қалып біреуін шаңға құлатты...

— Ха-ха-ха...

— Хо-хо-хо.

Шашы үрпиген жігіт, Макаров, орнынан ұшып түрегеліп қолын жоғары көтерді:

— Тыс-сс-сс!.. Бері қараңдар, жолдастар! Тарқайтын уақыт болды. Айтатын бір-ақ ауыз сөзім бар: қару-жарақ жинау керек. Кімнің қолында қару қылатын зат болса, комитетке әкеп тапсырсын.

— Жарайды!

— Дұрыс!

— Бар!

— Тапсырамыз!

— Табамыз!

— Біз бір бердеңке мылтық тығып қойдық! — деді пештің қасында тұрған әйелдер.

— Молодец, әйелдер.

Үйдегілер бірінің соңынан бірі ақырындап шыға жөнелді. Қақпасыз, құймасыз қораның әрқайсысы әр жағынан шықты.

— Таня! Сендер Ұмсындық екеуің осында қоныңдар! — деді Қаят екі әйелге.

— Жоқ, мен күйеуіммен бірге қайтамын. Таня қонсын! — деді жалпақ бетті қара торы қазақ әйелі.

— Балта кетіп қалды ғой!

— Жоқ ол далада күтіп тұрған шығар!

Сүйдеп, қоштасып Ұмсындық шыға жөнелді.

* * *

— Таня Гаврилова дегені кім екен десем, аяғында сен болып шықтың ғой, — деді, сақылдап күліп Надежда.

Таңертең жұмысқа барардың алдында үш әйел — Қаят, Таня, Надежда шай ішіп отырды.

— Иә, мен, консерв заводының паяльный тарауында жүргенде, кәдімгі деревняның крестьян әйелі Маша едім, түрме мені «Таня Гавриловаға» айналдырды, — деді Таня.

— Біз сен туралы... Маша консерв заводынан өз бетімен шығып кетті деп жүрдік, — деді Қаят, Таняның иығына қолын салып.

Таня күлді.

— Үйімде тінту болғаннан кейін мені аяғында түрмеге айдап алып барып қамады. Бірнеше күннен соң түстен кейін терезенің алдында отыр едім, солдаттар үш-төрт адамды қоршап әкеліп түрменің қорасына кіргізді. Петрды бұрын танып жүретін едім. О да мені танитын. Бір күні түрмеде тазарту жүрді де, бірнеше әйелдер сыртқа помой алып барып төгіп жүрді. Біздің арада жезөкшелікпен кәсіп етіп жүріп, біреуді талап түрмеге түскен Наталия деген біреу бар еді. Мен сол арқылы Петрға хат жаздым. «Тысқа шығып жүрсе, берерсің» дедім. Үйткені, мені тазартуға шығармады. Наталия менің хатымды тапсырыпты. Бірақ Петр маған жауап қайырмады.

— Қалай жауап қайырсын. Өзіңнің шын атыңды жазбапсың. Тек әшейін «мені Надежда біледі» депсің де қойыпсың. Біз Балта екеуміз «провакация» деп ұқтық, — деді Надежда тағы да сақылдап күліп.

Сол күннен бастап, бұл үйде үш әйел тұрды.

XV

«Пеков қаласынан шықпаймыз ғой, сонда жатып-жатып елге қайтамыз ғой деп едім. Бекер екен!» — деді ішінен Атымтай!

Іші сасық, суық бір үлкен ағаш үйдің ішінде қазақтың жігіттері быж-быж қайнап жүрді. Бұл — Герман Фронтынан бұрын бөлінген, қираған бір кішкентай қаланың мектеп үйі. Бұл маңайда бұдан басқа ешбір үй жоқ, қора-қопсы жоқ. Кейбір жерлерде, айнала жапсарлары жермен−жексен болып, құр әшейін мойны ғана сорайып, жетімсіреп тұрған пештер ғана көрінді. Мыңдаған қазақ жігіттерін солдаттар айдап әкеліп осы үйге қамады. Бірақ, олар бұған сиған жоқ, аузы-мұрнынан шықты, тіпті бірталай адам күздің қоңыр салқын әуесінде далада жатты. Түн болса, немістердің окобына қараған терезелерді үйдің ішіндегі жылтыраған оттар көрінбестей етіп, қаптап қойды. Соңғы кезде жігіттер жұмысты түнде істеп жүрді. Үйткені, түнде соғыс салбырлайтын, ол бір. Екінші, күндіз немістер дамыл берген жоқ. Зеңбіректің, пулеметтің, мылтықтың оғы жаңбырдай жауды. Жігіттер бір өзеннің үстіне көпірді үш рет салып еді. Соның үшеуін де немістер аэропланмен ұшып жүріп, аспаннан бомбы тастап қиратты.

Енді бірер сағаттан кейін, түнде окоп түзеуге баратын болған соң, жігіттер «тынығып» жатыр еді. Кейбіреулері қара нанға, сорпаға таласты. Қазандағы ботқаға таласты. Кейбіреулері үйлеріне хат жазды. Кейбір өлеңшілері өз бастарындағы оқиғаларды тізбектеп өлең шығарып жатты. Кейбіреулері киімдерін жамады. Тағы біреулері шалқасынан жатып әлденеге мұңайып, көздерін жылтыратып, ой ойлады. Атымтай да соңғылардың бірі еді. «Жаным-ау, елге қашан қайтар екенбіз?» деді үйдің ашасына көзін тігіп. Жігіттердің көбі-ақ соны ойлады:

«Елді аман-есен көреміз бе? Әлде қиыр шетте қырылып қаламыз ба?»

Екінші бір жағынан солдаттардың бастықтары да, офицерлері де дамыл берген жоқ. Қит етсе-ақ боқтап, балағаттап онбасы жүр. Кейбір қазақ жігіттерін сабап та тастады. Оған қарсылық еткен ешбір адам жоқ. Зығырдандары қайнап, ашу кернеп, бұйрықтарына бойсұна берді. Жігіттердің арасындағы молдалар:

— Сабыр етіңдер, жігіттер! Ыждағат етіңдер, жігіттер. Патша ағзамның низамына бойсұнбасқа болмайды! — деп үгіттеп жүрді.

Бойсұнбағанда қолданатын амал не?..

Күндей күркіреген зеңбірек дауысы, нажағайдай жарқылдаған оқ, ол зәрені бір алса, бастықтар зәрені екінші алды. Атымтай мұны да ойлады. «Былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң — арба сынады», — деді ішінен тағы да Атымтай.

Кеше жаралыларды, өлгендерді көтерткіге салып теріп жүретін адамдар соғысып жүріп өлген солдаттармен бірге, денелері быт-шыт болып кеткен бірнеше қазақты да әкелді. Бірақ мұны жігіттердің көбі көрген жоқ. Атымтай оны көрді. Бір қазақ жігітінің денесі бар, басы жоқ. Оқ жұлып кеткен. Жалғыз-ақ, қазақ екенін киген түте-түте болған киімінен ғана білуге болады. Біреулерінің қарыны жарылып шегі салбырап жатыр. Тағы біреулерінің екі аяғын, қолын жұлып әкеткен. Қаны шапшып тұр. Өне бойлары үлпілдеген қызыл шақа. Осылардың барлығын да терең бір шұңқырға көміп тастай берді. Молда мен поп арасында жүр. Атымтайдың көзінің алдынан бұл да елестеп өтіп жатты.

Бұлардың артынан Атымтайдың есіне Нөсербайдың үйінде болған кеш, ондағы жиналған түрлі кескінді адамдар түсті. Сөйленген түрлі сөздер есіне түсті. Әсіресе, оның көзінің алдында көзі күлімдеп, ерні жыбырлап тұрған Жиенбай Аманжолұлы, кішкентай ғана қара тақияны шекесіне орнатып, сырлы подносқа салып сыра тасып жүрген Сұқсыр тұрды. Екі қолы қып-қысқа, денесі жуан, бұғағы салбыраған, екі көзі сығырайған Бұқпан, аюдай аңырған Медведьев, тағы да әркімдер тұрды. «Ұят болады, ұят болады» деді өз-өзіне Атымтай. Бұл — Нөсербайдың үйіндегі жиында Сұқсырдың Атымтайға айтқан «ақылы» еді. Онан кейін Атымтайдың ойына, сол жиында Жиенбай Аманжолұлының біраз сөздері түсті: «Ғапу етерсіздер!.. Менімше, қара жұмысқа алғаннан да, тура солдат қызметінің өзіне алған жақсы...» деді өз-өзіне тағы да Атымтай. Осыларды ойлап олай да, былай да аунақшыды, өзінің сол жиында азын-аулақ естіп қалған сөздері құлағының түбінде шыңылдап тұрғандай болды. Сөйтіп жатып, қалтасынан, жиегін қызыл-жасыл жіппен кестелеп тіккен бет орамалын алып бүктеуін жазды да, айналдырып қарады. Мұны Шамсия беріп еді. Енді есіне Шамсия түсті. Кішкентай ғана доп-домалақ болып Атымтайға қарап сызылып тұрған сияқты, қалжыңдап әлдене айтып күбірлеп тұрған тәрізді. Сол бірнеше минуттың арасында Атымтайдың көз алдына өз өмірінің бірталай оқиғалары, көріністері елестеп өтті. Миының ішінде біраз жылдар өтіп кеткен оқиғалар да бар еді. Бірақ осының барлығы да қазір бірнеше минуттың ішінде қайталанып көзден бір-бір ұшты. Түс сияқты болды.

— Тұрыңдар! — деген дауысты естіп Атымтай селк ете түсті де, отырған орнынан басын көтеріп, шоқия түсті. Артынан түрегелді.

Әр жақта бытырап, үйме-жүйме болып жатқан жігіттер өңдері аппақ қудай болып біріне-бірі қарады. Ұйықтап жатқандары біреулердің жұлқылағанына есі шығып кеткен адам құсап аузы аңқиып, көзі тасырайып, алақтап жан-жаққа қарады да, есін жиып алып, ақырын түрегелді. Ешқайсысында үн жоқ. Жалғыз-ақ мылтық, қылыш асынған «бастықтар» ғана әрқайсысына бір өкіреңдеп, кейбіреулерін желкеге бір қойып қалып, опыр-топыр қылып жүр. Олар жүрген жер қойға тиген қасқырларды еске түсіреді.

Қазір жігіттер окоп түзетуге барады. Тағы да қауып-қатер. Тағы да терең ордың ішін бойлап отырып, фронттың алдыңғы жағындағы көлденең қазған позицияға шығады. Құм толтырған қаптарды тізеді. Доп түсіп қираған тіреуіштерді қайта тұрғызады. Тағы да жердің дымқыл иісі мұрындарына кіреді. Тағы да...

Ешқайсысында үн жоқ. Сондай бұйрық бар. Ешбір жылтыраған от көрінбейді.

Ешбір қаруы жоқ, мыңдаған қазаң жігіттері бірінен соң бірі көгендеген қойдай қатарға тізіліп, аяқтарын әрең басып, шұбыра жөнелді. Түнерген түн. Барлығы да жым-жырт. Дала қауіп-қатерсіз тәрізді. Еркін тәрізді. Бірақ неге екені белгісіз, жүректе дамыл жоқ. Ойлаған ойды да, даланы да, түнерген түнді де көңілсіздендіріп жіберді.

Ең әуелі аспанда жап-жарық болып қызылды-жасылды оттар көрінді. Артынан үлкен шелекпен шелектеп құйғандай болып әр жерге оттың қою сәулесі жүгірді. Біресе сөнеді. Тағы да қап-қараңғы түн. Бірнеше минут сөйтіп тұрды.

Атымтайдың қолындағы темір күрек әлденеткен бір жұмсақ нәрсеге тиді де, былқылдады да тұрды. Күректі барлық салмағын салып төмен түйреп еді, әрі бармады. Сол жердің балшығын бір-екі рет серпіп тастап, қолын жүгіртіп еді, қолы сұп-суық, былқылдақ жұмсақ бір нәрсені сипалай берді. Жоғарырақ жүгіртіп еді, өлген біреудің денесі болып шықты. Қолы барып иегін ұстады, қолын жылдам тартып алды да, күректі иыққа салып, былай шықты. Әлдекімді сүйкеп өтті.

— Өй, бұл кім?..

— Мен!

— Е, не болды?

— Жәй, әшейін... Балшықтың астында өлген солдаттың денесі жатыр.

— Ол қайда?

— Анау жерде.

Сол сөзді айтып бұрылғанша болған жоқ, біреу қарсы алдында тұрып алды.

— Қайда барасың? — деді орысша әлгі адам. Дыбысы жыланның ысылдағаны тәрізді.

— ???

— Қай-да, бара-сың? — деді тағы да, күшті сыбырмен.

Атымтай «бастықтардың» біреуі екенін білді де, кейін шегінді. Күрегін қолына ұстап жерді шұқылауға кірісті.

Түннің кескіні баяғыдай. Жалғыз-ақ манағы сәуле біресе аспанға, біресе жерге шығады. Қызылды-жасылды оттар да жиі-жиі жарқылдай бастады. Түн тұңғиық бір сырды ішіне жасырды да тұрды.

Жігіттерде үн жоқ. Кімнің қайда жүргені белгісіз. Позицияның іші, жолы жықпыл-жықпыл, бұралаңдап әлдеқай жерлерге барады. Бір бүйірдегі жолды бойлап, ұрланып әлденеткен адамдар ілгері қарай өтіп жатты. Бұлар позицияның алдыңғы жағына бара жатқан солдаттар еді. От жарқылдап жоғары шыққанда, өтіп жатқан солдаттардың, әр жерде бытырап жүрген қазақ жігіттерінің тараулары көзге көрініп қалып тұрды.

Бір кезде тып-тыныш тұрған тұңғиық түн қақ айырылған сияқтанды. Жер өкірді, тулады. Аяқтың асты тербеліп тұрды. Жігіттердің үйреніп қалған дағдысы еді, бұғып жата қалды. Әлденеткен бір үлкен құс жоғарыда ұшып келе жатқан сияқты.

— Лоқ-лоқ-лоқ-лоқ-лоқ!..

— Ба-ба-бақ! Бух!.. — деді бір кезде.

Жердің астында әлденеткен бірдеңе күркіреп тұрған тәрізді. Жерді аударып, төңкеріп тастайтын тәрізді. Алдыңғы жақта күңіренген, еңіреген, айқайлаған дауыстар естілді.

«Жаным-ау! Ал-лау! Бұл соғыс түнде де болушы ма еді?» — деді етбетінен бұғып жатып Атымтай. Өйткені, бұлар оны білген жоқ еді.

— Құдай-ай! Сақтай гөр!

— Жетім-жесірлердің көз жасын ие көр.

— Аллай! Жасаған-ай!

— Не болдың? Неге душар болдың?

— Ел қайда? Жұрт қайда? Туған-туысқан...

— Уай, қайдасыңдар?.. Қайда...

Қазақ жігіттерінің арасынан кейде сол дауыстар естіліп қалып тұрды. Көбінесе, күркіреген зеңбірек дауыстары, алдыңғы жақтағы у-шу, айқай бұл дауыстарды бүркеп әкетті. Естіртпеді.

— Прицел! Трубка... Пли!

— Біріңнен біріңе хабар беріңдер! Командасыз атпасқа! Командасыз атпаңдар!

— Правая батарея!.. Прицел! Трубка!..

Бұл дауыстар қазақ жігіттерінің алдыңғы жағындағы солдаттардың арасынан естілді. Күркіреген дауыстар үсті-үстіне күшейді. Бұдан кейін ешбір бөтен дыбыс естілген жоқ. Жер күрілдеп, тыным алмастан дірілдеп, қалшылдап тұрды.

— Сиыр құсап неге жатырсыңдар?

— Скотиналар!

— Енелеріңді...

— Всс-тать!

— Күректі қолға алыңдар!

«Бастықтардың» бұл бұйрығын жігіттер тыңдады ма, тыңдамады ма, Атымтай оны байқаған жоқ. Өзі «келген жағымыз осы ғой» деген оймен, сырт бұрылып ақырындап жүріп келе жатты. Жан тәтті, тіршілік ету қымбатты. Бостан-босқа өлгісі келмеді.

— Бұл кім! — деді бір ауызда топталып, дауыстары қалтырап, бірнеше қазақ жігіттері Атымтай бұл дауыстарды естіп қуанғандай болды. Жүрегінің дүрсілі басылғандай болды.

— Мен! Қазақ! — деді ентіккен дауыспен.

— Біз қайтатын бетімізді біле алмай тұрмыз... Осы ауыздың қайсысы екен?

— Бері келіңдер.

Атымтай түн іші болса да келген жағын есінен шығарған жоқ еді. Әлгілерді соңынан ертіп жүрді.

— Апырмай! Құдайдың мынау кісіні кез келтіргенін айтсайшы! Тегі, жолымыз болар, аман-есен елге қайтармыз,− деді қарлыққан дауысты бір жігіт, Атымтайдың соңынан жүріп келе жатып.

Сыртта манағы қалпы. Жерді тербелтіп, күркіреп жатты.Аспан жарқ-жұрқ етіп тұрды. Бір кезде, жоғарыдан мысықтың даусын шығарып, жыламсырап, ысқырып, тарам-тарам болып мылтықтың адасқан оқтары өтіп тұрды. Бірақ жігіттер оны елең қылған жоқ.

— Бүйткен құдайдың да, патшаның да, діннің де...

Бірақ арғы жағын Атымтайға ешкім айтқызған жоқ. Жігіттер тұс-тұсынан шулап қоя берді.

— Бізді аман қалдырған құдай шығар.

— Қой, тіл тигізбеңіз!

— Қаһарына душар болмайық!

— Жасаған ие, өзі сақтар!

Жігіттер бірінің соңынан бірі сүйдеп міңгірледі. Біраз жүріп барған соң, бірімен бірі сөйлесе бастады.

— Мә, саған Германия!

— Әлі, осы жеңдік, Германия қашып барады дегені қайда?

— Мынау дүмпуіне қарағанда, Германияның өзі кейін қарай емес, ілгері қарай қашып келеді.

— Әй, осы Мәулімбек қайда екен?

— Мәулімбегің кім? — деді манадан үндемей келе жатқан Атымтай, мойнын бұрып.

— Кәдуілгі өзіміздің Мәулімбекші!

— Қай ел?

— Е, мұсылман дейді ғой!

— Жоқ қай ел? Аты-жөні бар ма?..

— Мәулібек, Мәулібек, әлгі... соғысатынды айтам.

— Ондай мұсылманды естігенім жоқ! — деді ыза болып Атымтай. «Есі дұрыс адам ба, өзі?»— деді ішінен.

— Ей, аузың құрсын сол! Кім екен десем. Өнербекті айтып келе жатыр екен ғой! — деді сыртта келе жатқан бір қазақ.

Ешкім дәнеңе деген жоқ. Төмен қарап, аяғын теңселе басқан Атымтайға еріп, бір топ жігіт шұбырып келе жатты. Бұлар жоғары қырға шығып еді. Фронт үш-төрт шақырым жерде қалды. Бірақ зеңбірек дауыстары дәл жақындағыдай болып естіліп тұрды.

XVI

«Большой собордың» бергі жағында, Казанцев магазинімен түйіскен үлкен көшенің алаңға шығатын аузында, күрең қызылмен сырлаған үлкен ағаш қақпа.

Маңдайшасында желбіреген қызыл тулар. Екі жақ босағасында екі үлкен плакат шегелеулі:

Ресей пролетариат, еңбекшілерін үш жүз жылдар бойы табанға салып илеген, сүліктей сорған байлар үкіметі — Романовтың ұрпағы Николай II тағынан құлады. Петроград жұмысшыларының ызбарлы екпіні оларды шыдатпады, құлатты. Оның орнына уақытша революционный үкімет құрылды, Ресей еңбекшілері патша шеңберінен азат!

Жасасын Кеңестер үкіметі!

РСДРП(б)

Николай Романов тағынан безді. Қара бұқараның уақытша үкіметі құрылды. Революция аяқталды. Біздің ендігі жауымыз немістер, оларды жеңіп болғанша барлық күштеріңді аямаңдар.

Жасасын қансыз революция!

Социал-демократ партиясы.

Кеуделеріне қызыл таспа таққан самсаған қалың көпшілік, көше-көшені керіп әкетті. Алдымен лек-лек болып Зенков, Богомолов тері заводтарының, механический заводтың, темір жолдың, тиірменнің, консерв заводының, Миновныйдың, Кірпіш сарайдың жұмысшылары өтті. Оның соңынан банкінің қызметшілері, магазиндердің сатушылары, ұсақ байлар, бақалшылар, студенттер, қаланың обыватель-мещандары өтті. Барлығының да көңілдері көтеріңкі, барлығы да бір туысқан сияқты. Барлығы да бір ниетте, бір тілекте жүріп бара жатқандай көрінеді. Бірақ әрқайсыларының айқайлары, көтерген ұрандары басқа-басқа шығады.

— Жасасын бостандық! Жойылсын патша үкіметі! Жасасын Кеңестер!

— Яшасін хүррият!

— Жасасын биш құйрықлы юлдыз!

— Жасасын уақытша үкімет!

— Жасасын земство!

— Жасасын учредительное собрание!

— Жасасын саяси партиялардың хурлігі!

— Керенский үкіметі жасасын!

— Жер — крестьянға, завод, фабрика — жұмысшыға берілсін!

Жұмысшылар лектерінің арасында төңкеріс жырлары естіліп жатты:

Түрегел, көтеріл.

Жұмысшы халық

Көтеріл күреске, ашыққан жұрт,

Алға! Алға! Алға!..

Бүгін қою мұртты, тоқпақ мұрынды, өр көкірек, қабағынан қар жауған жандармдар, городовойлар көшеден көрінбейді. Бүгін олар қолдарына сыбызғы ұстап, қызарынып-бөртініп ысқырған жоқ. Фаэтонға отырып, соңынан атты жандармдар ерткен полицмейстер Григорий Медведьев те көрінбейді. Олар қайда?.. Жер жұтқан ба?

Қаланың ұсақ байларының, обыватель-мещандарының арасына қосылып сыртын өзгерткен көкжалдар: Бейсембай Бұланов, Сұқсыр Арамқанов, Жиенбай Аманжолұлы, Бұқпан, Богомолов, Казанцев, Қамидолла, Шамсутдинов бай, «Зайшік» саудагер, қора жүз Каметай, жуан Мұқаматше, күйеуі Жалалай, Маслаков тағы әлдекімдер кетіп барады. Барлығының да кескіндері таныс. Бірақ сыртқы пішіндерін құбылтып «біз де шатпыз, біз де тілектеспіз!» деген сияқты түр көрсетеді. Ұры мысық құсап ұрланып жан-жақтарына қаранады. Бұлардың бұл көріністерінен «бізді жұрт танып тұр ма екен?» деген кескін елестеді.

— Жасасын хұррият! — дейді, өкірген өгіздей болып, Шамсутдинов бай.

Көшенің былайғы жағында қаз-қатар тізіліп тұрған қаланың еңбекшілері сақылдап тұрып күледі. Шамсутдинов бай сияқтылардың жүрістеріне, кескіндеріне, дауыстарына күледі. Бұлар, алдыңғы қатарда бара жатқан топтарға — завод жұмысшыларының маңайына үйлеспейді. Бұлармен олардың екі ортасы жер мен көктей сияқты. Бұл көкжалдардың бұдан былайғы жүріс-тұрыстары еңбекшілер алдында күлкі, мазақ тәрізді.

Жұмысшылардан кейінгі чиновниктердің, обывательдердің ең алдында кеудесіне қызыл таспа тағыр Қали Бөкешев, Омармәзіннің баласы Тайлақ, тағы бірнеше меньшевик орыстар кетіп барады.

— Жасасын саяси партиялардың еркіндігі!

— Жасасын Керенский, хүкімәті! — дейді бұлар.

Балта, Қылыш, Мақсұт, Иванов, Қабыл, Надежда, Қаят, Таня, Ұмсындық қайда? — Олар жұмысшылардың алдыңғы сапында кетіп бара жатыр. Жалғыз-ақ, Громов пен Аркадий Павлович қана көрінбейді. Құлашын кең жайып желмен бірге желпілдеген қызыл туда «Жасасын Кеңестер өкіметі!» деген жазу күннің көзімен шағылысады.

— Жер — крестьянға, фабрик, завод — жұмысшыларға берілсін!

— Жойылсын таяс бен тақ, патша үкіметі!

— Жойылсын сүліктей сорған Николай!

— Бүкіл дүние еңбекшілері, бірігіңдер!

Жұмысшылардың ызбарлы, күшті дауыстары осыны айтады. Тұңғат аяғын апыл-тапыл жаңа ғана басқан баладай болып, бұл лектің бір ол жағына, бір бұл жағына шықты. Көңілі шат, көтеріңкі. Көзі күлмің қақты. Бірақ кенет өзгерген өзгеріске түсінген жоқ. «Апырай-патшаны қалай түсірді екен, ә?» деді, қақпаға ілулі плакатты көріп. Ол Зарқом, Салсал және басқа қиссаларды оқығанда, оның көзіне патша деген нәрсе сондай бір тұқымнан деп ойлады. Бірақ қисса оқығанда ол солардың қылығын көріп, өзінше батыр құсап, сол патшалардың бастарын шайнап тастардай болып отыратын. Қазір ол қуанышты. Әлденеткен бір батырлар шығып, Николайдың таж-тағын ойран қылып, өзін тымақтай алып ұрып отыр. Міне, күш! Міне, батырлық! Міне, өжеттік!

«Ол батырлар кім екен?» деді өз-өзіне сұрау қойып Тұңғат.

Шіркеудің бергі жағындағы алаңда, биіктігі екі кісінің бойындай саты тұр. Төбесі он шақты адам топталып тұрғандай жалпақ. Бірнеше адамдар соған шығып жан-жаққа қарап тұрды. Арасында кеспелтек, ат жақты, қыр мұрынды бір қара жігіт тұр. Бұл — Балта. Иванов та бар. Үстіндегі березент бешпентінің омырауын ағытып, екі құлағының түбіне дейін дөңгеленіп келген күрең сақалын оң қолымен анда-санда ширатып қойып, күлімсірей түседі. Кеудесінде мүйіздендіріп, қоқырайтып қадаған қызыл бант. Бір жақ мүйісте сақалы жіп-жирен болып Салмақбай, беті бір уыс болып күжірейген қара кескінді Қали Бөкешев көрінеді. Толқынданған қалың көпшілік у-шу болып, сатының төңірегін иіріп тұрып жатыр. Бір жағында иіріліп солдаттар тұр. Біріне-бірі сеңдей соғылады.

Желпілдеген жалаулар, барлығының да төбесінде күнмен шағылысып қызарып тұрды. Бір кезде сатыда тұрғандардың арасына қара сеңсең берікті, қара пальтолы жалпақ бетті, тасырайған үлкен көзді, мойнына жібек ораған ақ құба жігіт барып қосылды. Бұл — Жұмажан Тілекұлы еді. Ол өзінің «талапшыларын» ертіп бірге келді.

Гимназияның, сауда мектебі студенттерінің арасында, бірін-бірі қолтыққа алып сық-сық күліп тұрған бірнеше қазақ қыздары көрінді... Бұлар: Бәтіш, Жәміш, Көпей, Көлтай, Жұмабике, тағы сол сияқты сылаң қыздар.

— Азаматтар!.. Қалың бұқара! — деген айқай естілгенде, барлығы да басын жоғары көтеріп, биіктегі адамдарға қарады. «Не айтылар екен?» — деді барлығы да.

— Азаматтар! Қалың бұқара! — деді ұзын бойлы, бурыл, ұзын қайқы мұртты, ұзын кірпікті, көзі үңірейген бір орыс шалы. Бұл қалалық управаның өкілі еді. — Иә, қалың бұқара! Бүгін барлығымыз да шатпыз. Иә... күннің көзі жылытып, жаздың әдемі көркі айқындап келе жатқанда, біз кенет бір суық хабар естідік. Бұл аспаннан жауған мұз бұршақтай суық. Өне бойымызды тітіркендіріп жіберді. Иә... да, алғашқыда бұл өте таңқаларлық хабар. Пат... ә, Николай Романов тақтан безген ә... Конечно, үкіметке әлдеқашан жаңару керек. Опырошим, егер Михаил Николаевич, не патшаның ағасы Николаевичқа берілсе, о да жаңалық...

Алғашқыда жұрт селт етпестен тыңдады. Бұл алжыған шалдың не айтайын деп тұрғанын ұға алмады. Соңынан жұмысшылар, солдаттар жағынан күндей күркіреген ашулы дауыстар естілді:

— Бұл кім өзі, ә?..

— Қалалық управаның тышқаны!

— Күнің әлдеқашан біткен! Үйіңе барып жылы жамылып жат!

— Долой! Да-да-да-а-а-лой!

— Долой монархист! До-а-а-лой!!!

Шал мұртын, сақалын сипап тұрды да, кейін шықты. Желкесі күжірейді. Қолындағы қара бұйра бөркін қалш-қалш етіп басына әрең киді.

— Сөз социал-демократтар партиясының қалалық ұйымы атынан Қали Бөкешовке беріледі, — деді Жұмажан Тілекұлы үрпек қара бөркін басынан алып еді, шашын қырған жуан тақыр басы айнадай болып жарқ ете түсті.

— Ардақты, граждандар! Қала халқы! Қалың бұқара! Николай Романов тағынан құлады. Қалың қара бұқараның үстінде түнерген қара бұлтты қансыз, жанжалсыз революцияның желі әлдеқайда алысқа айдап әкетіп барады. Бірақ әлі мұнымен ғана тынышталып, қарап жатуға болмайды. Бізде үлкен қауіпті жау бар. Олар — немістер. Оларды әбден жеңу керек. Қазіргі уақытша үкіметтің еңсесінде осындай ауыр жүк бар. Мұны жалғыз үкімет қана көтермейді. Бүкіл қалың бұқара болып көтеруге тиісті. Уақытша үкімет «бостандық заемы» деген заем таратудың қасында отыр. Әрбір сөзімді, саңылауы бар азамат төңкерісті сақтаймын десе, осы заемды сатып алсын! Мұны біз, социал-демократтар, жақында таратамыз. Естеріңде болсын: біз немістерге оқпен де, найзамен де, зеңбірекпен де, ақшамен де тойтару береміз. Оларды жеңбей тұрып, бізге атар таң, шығар күн жоқ. Жасасын қансыз, жанжалсыз, революция! Жасасын аяғына дейін үдеткен соғыс!" Ур-ра-а!..

Қаланың обыватель-мещандарының, ұсақ байлардың, саудагер-бақалшылардың арасынан, жұмысшылардың арасынан бірен-саран адамдар, әр жерден терінді дауыспен шулап өтті:

— Уррра!.. Урррр-а-а!..

— Уррраа Урра!.. — деді, гимназияшылардың арасы да.

— Жасасын уақытша үкімет! — деді бір жалғыз дауыс, айқайлап.

— Уррра! — деді тағы да манағы терінді дауыстар.

— Жойылсын соғыс! Жасасын Совдеп!

— Сатынды социалистердің сөзі керек емес!

— Жасасын Кеңестер!

— Бізге жұмысшылардың, крестьяндардың үкіметі керек!

— Уақытша үкімет соғысты қуаттаса, бізге ол үкіметтің керегі жоқ.

— Урра... Жасасын Кеңестер! Ур-рра!..

— Балтаны, Ивановты тыңдаймыз!

— Қанекей, Иванов шықсын! Балта шықсын!

— Қане, сөйле Балта!

— Товарищ Иванов. Товарищ Иванов!

— Балта-а-а-а!..

Жұмысшылардың тасқын судай тасыған шуы күрілдеп барып биік тас үйлердің қабырғасына соғылды. Магазиндердің қалың терезелері, терезелерінің сыртынан қаптаған жиыршықты қақпақтары күшті дауыстардың екпініне сілкініп, дірілдеп тұрды. Жапырайған, майланған, түте-түте болған ескі бас киімдер жұмысшылардың төбесінде ойнайды. Солдаттар «уралап» мылтықтарын төбелеріне көтеріп, найзаларының ұшын, істіктерді, күннің көзіне шағылыстырып, жарқ-жұрқ еткізді. Боз бөріктерін аспанға шүйірді.

— Сөз большевиктерге берілсін!

— Товарищ Иванов!

— Това-а-а-рищ, Балта!

— Жасасын большевиктер.

— Жасасын Кеңестер! Совдеп!

— Долой самодержавие!

— Долой байлардың министрлері, князь Иванов!

Сатының үстінде тұрған Қали, тағы бірнеше орыс меньшевиктері, эсерлер табандарын түйгіштеп, өңештерін керіп манағы өздері айтқан «қара бұқараға» өкпе айтып айқайлады:

— Революцияны немістерге сатпақшы болдыңдар ма? Бұлар — большевиктердің өсегі, олар неміске сатылып, революцияны ұстап бермекші. Кім революцияға қарсы болса, сол — предатель!

Жұмысшылар, солдаттар жағы онан жаман шулады.

— Білеміз қандай революцияны айтып тұрғаныңды!

— Енді бізді алдай алмайсыңдар!

— Долой меньшевиктер, эсерлер!

— Бізге Иванов пен Балтаны сөйлетіңдер!

— Енді сөйлесеңдер істіктің басына ілеміз!

Жұмысшылар, солдаттар сүйдеп шулады.

Иванов дуда-дуда болған шашын оң қолымен салалап, сол қолымен бұзау терісінен істеген қызыл малақайын қысып, сатының көлденең қоршауына келіп тұрды. Ол жұмысшылар жағына қарады. Оның көзіне жұмысшылардың арасындағы өзінің жолдастары металшылар, шойын құюшылар, (Иванов соңғы кезде механика заводында істеп жүрді) темір жол жұмысшылары, тері заводындағы таныс кескін-келбеттер көрінді. Қабылды, Сәтпайды, Мұқатайды көрді. Әйелдерді көрді. Бастары қызыл-жасыл болып Таня Гаврилова, Надежда, Қаят, Ұмсындық және толып жатқан консерв заводының еркек-әйел жұмысшылары көзінің алдында тұрды. Иванов бұлардың барлығын да біледі. Құр олардың өңдерімен ғана таныс емес, әрқайсысының мінезімен, құлқымен, ісімен, пікірімен таныс еді. Ол ұзақ уақытқа дейін үндей алмай тұрды. Өйткені, көп уақытқа дейін «уралап» шулаған дауыс басылмады. Біраз уақыттан кейін дауыстар басылды. Тек әшейін қаланың обывательдарының арасынан біреудің:

— Болшевиктерге сөз берілмесін деген даусы шырылдап келіп естілді. Жұмысшылар мойындарын созып қарап еді, әлгі айқайлаған адам топ кісінің арасына кіріп жоғалды. Жалғыз-ақ, Қабыл ғана ол адамды байқап, танып қалды.

— Жолдастар! — деді әлден уақытта Иванов нығыздап тұрып. Барқыттай жұмсақ, жәйлі дауыс саңқ ете түсті. — Жолдастар!.. Біз, большевиктер, революцияны социал-демократтар айтқандай түсінбейміз. Олай түсіндірмейміз де, қансыз, жанжалсыз, тартыссыз революция болмайды...

— Немістер үйреткен! — деді айқайлап Қали төне беріп еді, Иванов қолын көтеріп тоқтала қойды.

— Иә, қансыз революция болмайды! Монархия — еңбекшілерді үш жүз жыл бойы сүліктей сорған патшалық сән-салтанат жұмысшылардың алдыңғы сапы болған большевиктердің, қалың жұмысшылар көпшілігінің күшті екпініне шыдап тұра алмады. Жұмысшылар оны құлатты. Бірақ бұл әлі революцияның басталуы ғана. Онымен ғана әлі байлар үкіметі мүлде құриды деуге болмайды. Николай тақтан құлаған соң-ақ, қазіргі күні уақытша үкімет құрылып отыр. Мұның басында — белгілі князь Львов, меньшевик Керенский. Бұл — уақытша үкімет, Ресейдегі барлық саяси партияларға ерік берген болып отыр. Бұл — уақытша үкімет амнистия жариялайды деген хабар. Ол, әрине, әлі алдағы күнде көретін нәрсе. Уақытша үкіметтің қандай үкімет екенін осыдан-ақ байқарсыздар!.. Енді соғыс мәселесіне келсек: біз, большевиктер, немістермен соғысты күшейтуге қарсымыз. Социал-демократ Қали мырза айтқандай, «жеңгенше соғысу керек» деген ұранға қосылмаймыз! Бізге осы соғыстың салдарынан ашыққан, торыққан елді жөнге салу керек, түзеу керек. Олай ету үшін, бірден-бір жол: немістермен бітім жасап, фронтта ашығып жатқан, неше түрлі ауруларға шалдығып қырылып, күйзеулік көрген солдаттарды үйлеріне қайтарып шаруашылықтарын жөнге салғызу біздің міндетіміз. Қазір фронтта жатқан солдаттар өздері де қалжырады, өздері де мұны білді. Фронтты тастап, үйлеріне келіп жатқандары да бар. Ал, енді Қали мырзаның манағы «бостандық заемы» дегеніне келсек, ол шындыққа келмейтін нәрсе, оны сатып алсаңдар, соғысты күшейткен болып табыласыңдар!

Ұсақ байлардың жағында әлде қайсылары ысқырып қойды.

— Жолдастар!.. Қазіргі күні Петроградтағы жұмысшылар ескі үкіметтің мүшелерін, министрлерін абақтыға қамаған. Ішкі істердің министрі Протапов думаға өзі келіп, абақтыға алыныпты. Ахранка, жандармдардың барлығын да быт-шыт қып жіберген. Полицияның учаскелерін бұзған. Мәскеу мен Петроградтағы саяси тұтқындарды түрмеден босатыпты. Өз қаламыздың көлемінде біз де соны істедік. Милиция ұйыстырылды. «Красная гвардия» жасағын ұйыстырып жатырмыз. Әрбір саңлауы бар еңбекшіні қатарға шақырамыз. Жасасын социалдық революция! Жасасын большевиктер партиясы! Жасасын Кеңестер! Урра! Урра!..

Дауыс, шу бұрынғыдан анағұрлым күшейді. Бөріктер бұрынғыдан анағұрлым жоғары лақтырылды. Жұмысшылардың қала еңбекшілерінің, солдаттардың арасы бұрынғыдан анағұрлым толқынданды. Жалғыз-ақ, үркердей ғана болып тұрған бір лектер сең соққан балықтай болып біріне-бірі қарады. Қали, Жұмажан сөз айтамыз десіп әлденеше рет оқталып байқаса да, оны ешкім естіген жоқ. У-шу естірткен де жоқ.

— Долой, меньшевиктер!

— Долой, предательдер!

— Жасасын Кеңестер!

— Жасасын, большевиктер!

Зор мұхиттың толқынындай болып өрлеген дауыстар, тасыған тасқындай шу кең алаңды, көше-көшені керіп әкетті. Сатының үстінде Жұмажан, Қали, тағы бір меньшевик орыстан басқа ешкім қалған жоқ. Жұмысшылар, солдаттар, қала еңбекшілері Иванов пен Балтаны көкке шүйіріп жатты.

Жиенбай Аманжолұлы ұсақ байлар, саудагерлер, бақалшылар тобынан шығып сатының қасына барды да, Жұмажан мен Қалиды шақырды:

— Біздің үйге барайық. Біраз тамақ бар еді!

Сатының үстіндегі үшеуі де төмен түсті. Өңдері тұнжыраған. Көздері өлең айтып бара жатқан қалың жұмысшылар жағында болды. Бірақ оларға сүйсініп қараған жоқ. Нөсербайдың қыздары да бұлардың қасына келіп, бірге еріп жүрді. Басқа байлар, әрқайсысы әр жаққа мана-ақ зыта жөнеліп еді.

— Халықта бірлік жоқ! — деді Жұмажан кейіп.

«Талаптың» бірнеше жігіттері де еріп келе жатты.

Жиенбай тісі ақсиған, толық денелі, орта бойлы, басына шляпа киген бір жігітке сыртынан келіп қол берді. Бұл Омбыдағы учительская семинарияның студенті, ақын Ақыжан Құрманбайұлы еді.

— Қалай? Революцияның бұйымтайлары сізге ұнады ма? — деді Жиенбай, Ақыжан қыздармен амандасып жатқанда, күлген бойымен.

Ақыжан ойшаң көзімен Жиенбайға біраз қарап тұрды да, артынан тұнжырап міңгірлей берді:

— Іһім!.. Немене боп кетті өзі!.. Аяғы мырқылдаған доңыздар мен ызыңдаған қоңыздар! Больше ничего!..

Сөйдеп келіп, Жәмжанды қолтығына алды.

— Сіз неге жүдеусіз?! — деді.

— Кім? Мен бе?

— Иә, өңіңіз аппақ қудай, қан жоқ, сөл жоқ. Черт вазьми, бұрын ұжмақтың қорындай едіңіз ғой! Не болып қалғансыз?

— Науқастандым.

— Қандай науқаспен? Әлде, революцияның желі, суығы сізге де тиді де?

— Жоқ. Не панимаю! Революцияны білмейміз!

— Значит, «ваша хата в краю?»

— Да!

— Дұрыс! Жәмжан! Сіз бұлбұлды жақсы көресіз бе?

— Конечно!

Қасындағы қыздар сық-сық күлді.

— Гүлді де жақсы көресіз бе?

— Иә, гүлді де жақсы көремін.

— Ендеше сіз — гүл.

— Онда қалай? Сіздің бұлбұл болғаныңыз ба?

— Тұра тұрыңыз. Иә, сіз — гүл. Иісті жұпар гүл.

— Иіссіз гүл бола ма?

— Болады!

Көлденең көшеде қызыл туды жоғары көтеріп өлең айтып жұмысшылар, қала еңбекшілері кетіп жатты. Келе жатқандар олар өтіп кеткенше тоқтап тұрды.

— Бірақ сіздей гүлді солғызбайтындай етіп ұстау үшін кіршіксіз жүрек, сүттей аппақ қол керек.

— Ол не деген сөз? Не понимаю!

— Егер, сол гүлді мынау кетіп бара жатқан Ивановтардың, ақымақ Сәрсембайлардың қолына берсе...

Ақыжан сүйдеп алдындағы көлденең өтіп бара жатқан қалың топқа қарады.

— Онда қайтер еді?

— Лезде солар еді!

Жәмжан еркелене берді. Бірақ Ақыжанның не айтып келе жатқанына түсінген жоқ.

— Сіздің сөзіңіз жұмбақ екен! — деді Ақыжанға.

— Менің өзім де жұмбақ!

— Маған жұмбақ болуыңыз қате ғой!

— Солай ма?!.. Бірақ көрінген жан шешіп тастай бермесін дегенім ғой!

— Мен көрінген жан емеспін ғой!

— Дұрыс. Сіз көп көрінгеннің ішінде, олардан бөлінген жансыз.

— Ол не деген сөз?

— Артықсыз дегенім.

Жәмжан Ақыжанның қолтығы астында қиқаңдай берді. Ол еркелегені еді. Өзінше өзге бір «мәнерлері» еді. Ақыжанның қасында доп-домалақ Көпей тоқтыдай бұлт-бұлт етті.

Қала үйлерінің қақпаларының көбінде қызыл жалаумен қатар плакаттар да ілінген. Өйткені, оның бірнеше бөлмесінде РСДРП (б) Комитеті тұратын.

— Үйге жүріңіз!

— Жоқ. Ертең келемін, — деді үйіне шақырып тұрған Жәмжанға Ақыжан.

— Сіз кейде келмей алдап та кетесіз!

— Кім?

— Сіз.

Ол екі ортада Бәтжан келіп Ақыжанның қолын ұстады да, қоштаса бастады.

— Қиғаш қашан қайтады екен? Білдіңіз бе? — деді Ақыжанға.

— Әбіш екеуі жақында келіп-ақ қалар, — деді салқын ғана Ақыжан.

Бәтжан мүйістен бұрылып үйіне жөнелді.

— Сіз маған арнап өлең жаздым дегеніңіз қайда? Оныңыз қайда? Қашан бересіз? — деді мұңайып қана Жәмжан.

Ақыжан күлді.

— Объязательно беремін.

Анығында, Ақыжан ол өлеңді жазған да жоқ еді. Тіпті оны жазу ойында да жоқ болатын. Жолыққан сайын Жәмжан сұрай берген соң, «жазып берейінші» деді ішінен. Жәмжанның бүгінгі кейпіне, өңіне, қабағына барлығына да әбден үйреніп алатын кісідей болып, ұзақ уақыт қарады. Жазатын өлеңінің бірнеше сөздері, шумақтары Ақыжанның ойына сол жердің өзінде-ақ түсіп тұрды.

— Қош! — деді Жәмжанның қолын тартып.

— Қош! Күтемін.

Жәмжаннан айрылып, былай ұзаған кезде, Ақыжан қойынынан дәптерін алып манағы есіне түскен шумақтарды тез-тез сызып қойды:

«1.2.3.4.5. жүдедің,

1.2.3.4.5.6.7.8.

1.2.3.4.5. жүрегің

1.2.3.4.5.6.7.8»

XVII

Не істеу керек?.. Қайсысы тыныш? Қайсысы тұрақты? Қали Бөкешев жағы ма? Кәрім Бөкешев жағы ма?... Қызың өзі!.. Туысқан туысқанға қарсы келгені қалай? Бірі — меньшевик, бірі большевик! Қали — меньшевик, оның жағында кісі көп. Үлкен байлардың, саудагерлердің, бақалшылардың, мәзін-молдалардың балалары барлығы сол жақта жүр. Тіпті Маслаковтың кейбір жүк тасушы жұмысшыларының өзі Қалидың төңірегінде жүр. Ал, енді Кәрім Бөкешев жағына келсек: өңшең жалаң аяқтар. Сары малай құсаған құл құтаңдар, қайыршылар. Иванов, Балта, Қабыл дей ме, тағы да әлденеткен қашқындар, қатындар. Қашқан-пысқандардың барлығы да солардың арасында жүр. Не қыламын?.. Әлде Мойнаққа барып құдайдан күтіп жатамын ба? Бәлки, осының барлығы да уақытша шығар, ертең патша келіп тағына қайта отырар. Господин Медведьев қызметке қайта енгізер, ә?.. Әлде ешқайсысына жазылмай тұра тұрам ба?.. Жұрт жазылып жатыр-ау, ә?.. Әлде алаштың арасына қосылам ба?.. Мұның әлі кадет, эсер, меньшевик, большевик, монархист дегендері толып жатыр-ау. Ақай, Жақай деген мырзалар алаш дейді. Жұмажан, Жиенбай сол жағын қуаттайды. Қой! Бәрін айт да, бірін айт! Меньшевик пен алаш екеуі біріне-бірі онша теріс те қарамайды. Екеуінің де шашбауын көтерейін.

Сұқсыр Арамқанов кереуеттің үстінде шалқасынан жатып соны ойлады.

XVIII

Казак-орыстардың полкы қаланың үй-үйлеріне бөлініп жатып алды. Ат-саймандары, қылыштары өздерімен бірге еді. Жалғыз-ақ мылтықтары ғана жоқ. Неге екені белгісіз, көшеге аз шығады. Шыққан күнде топ-топ болып жүреді. Жалғыз-жарым көрінбейді, түнде аз ғана тықыр не мылтық дауысы білінсе-ақ бастарын төсектен жұлып алады да, құлақтарын түреді.

Бөгенбайдың екі кішкентай бөлмесін бірдей алып жатты. Кемпір мен шалды, екі баласын мүйіске тықсырды. Шалда да, кемпірде де үн жоқ. Анда-санда өз беттерімен күйініп, міңгірлеп қояды.

«Құдай-ай, бұлардың тәлкегінен құтылар күн бар ма?.. Әлгі, жанға жайлы болады деген құрыжаттары қайда?» — деседі.

Бір күні атыма шөп бермедің деп бір казак-орыс Бөгенбайды шауып өлтірмек болып қылышына жүгіріп еді, бірнешеуі бас салып ұстап жібермеді.

Қалада түк өзгеріс жоқ, баяғы қалпы. Байлары сол баяғы кескіндері. Екі езулері екі жақта. Завод та, Миновный да, мойка да, тиірмен де өз қолдарында тұрды. Банкі көшесіндегі бір сары терезелі үйдің маңдайшасында «Талап қауымы» деген жазу бұдан әлденеше айлар бұрын, патша тұсында шегелеулі тұр еді, әлі де сол баяғы қалпы.

Бір күні кешке таман, банкі көшесінің сыртынан, таудың төменгі жағынан қаланың ортасына қарай гүрсілдеп, көше бойындағы үйлердің терезелерін қозғалтып бір грузовой машина өтіп бара жатты. Ішіндегі адамдарының кескіндері адамның зәресін аларлық — бастарында қара бұйра бөрік, беттері қара күйе, машинаның жан-жағында пулеметтер. Үстінде он шақты кісі. Бөгенбайдың үйінде отырған казак-орыстар ақырын жұмылып қарап еді, өңдері аппақ қудай болып, қайтадан бұғып отыра кетті.

— Красная гвардия!

— Большевиктер!

Казак-орыстар сол күні түні бойы ұйықтаған жоқ. Бірнеше күннен кейін жоғарғы қаладағы казак-орыстар полкы шұбырып төмен қалаға қарай көшті. Жоғарғы қаланы мүлде босатты.

— Атаман Волковтың казак-орыстары! — деді көшеде топталып, казак-орыстарды көздерімен шығарып салып тұрған обывательдер.

Олар қайдан келіп жатыр? Төмен қалаға неге көшті? Неғылмақ боп жүр? Оны ешкім білген жоқ. Бірақ әлдеқандай бір терең сырды ішіне жасырып тұрған сияқты. Қаланың ішіндегі обывательдер күн батар батпаста-ақ қақпаларын бекітіп жауып ала бастады. Күндіз дүкеннің алды, шөп базары, отын базары, талкочке, мешіттің алды пыш-пыш өсек, сыбыр-күбір сөз.

— Петроград пен Мәскеуде «Красная гвардия» деген бір отряд құрылған дейді. Осында да бар көрінеді.

— Совдеп дегеніне түсіне алмай-ақ қойдық.

— Білмәсәңіз мин әйтіп бирим әлі: совед дипутаты дигонларі икән!

— Ә, хүррияті мі? Біләбіз.

— Бәсе, құржаты де!

— Немістерге сатылды дегені қайсы?

— Ә, әнә шүл сәбипләрі инді! Большевиклар!

Қаланың тоғышар-обывательдерінің аузынан шыққан сөздері осындай болды.

Өндірістегі жұмысшылардың арасында күн сайын митингі, күн сайын жиылыс.

— Жолдастар! Уақытша үкіметтің бастығы Керенский фронттағы соғысты күшейтуге бұйрық шығарған.

— Ондай үкіметтің керегі жоқ!

— Петроградтағы жұмысшылар қару-жарақтанып, қыр көрсетіп көшеде жүріпті. «Үкімет Совет қолына көшсін!» деген ұран көтеріпті.

— Совет үкіметі болсын!

— Біздің де ұранымыз сол!

— Уақытша үкімет құрысын!...

— Жетер!.. Соғыстың керегі жоқ.

Большевиктердің комитеті өндірістегі жұмысшылардың арасында жұмысты күшейтті. Балта, Иванов, Громов, Мақсұт, Аркадий, Қабыл дамыл көрген жоқ. Күндіз-түні комитеттің қарамағында болды.

Тұңғат дәнеңесін ұққан жоқ. Оның көз алдына бұл өзгерістердің барлығы да күздің құлпырмалы әуесіндей көрінді. Ол барлығының ортасында тамашашы ғана болып жүрді. Ол базарды да, дүкендерді де, заводты да, тиірменді де, миновныйды да, кірпіш сарайды да — барлығын көрді. Бәрін де аралады. Бірақ ол тереңірек кіре алмады. Сондықтан, болып жатқан тұңғиық оқиғалардың маңыздарына түсіне алған жоқ. Оған, жалғыз−ақ, әрбір өндірістің еткен еңбектері ғана таныс. Ол кейде өз басындағы өмірдің тармақтарына көз жүгіртті.

Қазір ол он сегіз жаста. Не бітірді? Бес жасынан бастап қолына «иман шарт», арқасына сұйық шыбық; он екі жасына дейін әптиек, құран, жағына шапалақ, арқасына таяқ, құлағына шымшу. Ол цыгандардың таяқпен ұрып биге үйреткен аю баласындай болды. Ол зейінін, сезімін, ақылын көрінген дүмше молданың қолына беріп «тағдыр алладан» деп отыратын дүлей сияқты еді. Он екі жасынан бастап қара жұмыс: мойка, «Миновый двор», қасапшыларға қой бағушы... Бері келе өзіндей ауыл балаларына «кішкентай молда-мұғалім». Қыс мұғалім, жаздың күні тағы да мойка, «Миновный», қара жұмыс, қара жұмыс!.. Ол осының барлығын да көзін жұмып жүріп, дәнеңені сезбей жүріп істегендей болды. Қазір де сол тәрізді. Айналасында не болып жатқанын сезбеді. Кейде ол жынды адам құсап жылап та алады. Бірақ неге жылағанын өзі де білмейді. Ол сөйтіп өсті!

XIX

Аркадий Павлович таңертең ерте тұрып, қақпаның алдына шықты. Оның ойы штабқа кіріп-шығу еді.

Күннің нұры жердің бетіне жаңа ғана өріп, ұпық нұрға балқып тұрды. Қақпа-қақпаның алдында, жырақаның бойындағы көгерген көк шөпті жеп жүрген сиырларды табын бағушылар қуалап айдап кетіп жатты. Онан басқа көшеде тірі жан жоқ, терезелерінің қақпақтары жабулы, жұрт ұйықтап жатқан тәрізді.

Есік алдында мылтығының сүңгісін жоғары қаратып, анда-санда дүмімен тақтайды түйгіштеп қалып тұрған красный гвардеец қолын көтеріп тәжім белгісін көрсетті де, Аркадий Павловичты ішке кіргізіп жіберді. Ол Аркадий Павловичтың штабқа мұнша ерте келгеніне таңданған жоқ. Өйткені, түнде, қашан болса сонда штабқа бір кіріп шығатын. Ол — штаб бастығы.

Аркадий Павлович екі қабат биік үйдің аяқтың астындағы жыбырлап кертпеш-кертпеш болып жатқан көп басбалдақтарын ақырын аттап, жоғары қарай шыға берді. Сөйтіп, бара жатып төмен қарап үңіле қойды. Аяғының астында сіріңкенің бір кішкентай ғана қорабы жатыр еді. Неге екені белгісіз Аркадий Павловичтың қорапқа көңілі бөлінді. «Қытай спичкесі» деді өз бетімен күбірлеп. Алайын ба, алмайын ба? — деп тұрғандай болды да, ақырын иіліп барып кішкентай ғана қорапты қолына ұстап, айналдырып қарап, алдына қарай жүрді. Жарты қорап сіріңке. Бұл анығында-ақ, неге сызсаң соған жанатын сіріңке еді. Бұл қалада тіпті жоқ, болса да сирек кездесетін.

«Мен мұны Омбыда көріп едім. Жақсы, бірақ өзінен-өзі қалтада жүріп тұтанып кететін қауіпті сіріңке!»- деді ішінен Аркадий Павлович, сүйдеп қалтасына салды.

Кең залдың ішінде винтовка, жапон мылтығы, бердеңке тізген «пирамида» ағаштың айналасында бірнеше гвардеец ұйықтап жатыр еді. Аркадий Павлович есікті ақырын ғана сықырлатып, ашар-ашпастан-ақ еденде жатқандар бастарын көтеріп алды.

— Ұйықтап жатырсыңдар, ә? — деді Аркадий Павлович күлімсіреп, есіктің алдында тұрып.

Дембелше қара бұжыр қазақ жігіті көзіне тіпті ұйқы ілінбегендей болып Аркадий Павловичке қарап жымия түсті.

— Жаңа ғана құлап едік, жолдас Павлов! Ұйықтап кетіппіз.

Сары сырмен сырлаған тақтай еденге сыртқы киімдерін ғана төсеп жатқан жігіттер бірінен соң бірі ұшып түрегеліп киініп жатты.

— Но, как? Түнде ондай-мұндай сыбыс болған жоқ па?

— Жоқ, Аркадий Павлович! — деді сұр көзді, жуантық, қызыл шырайлы бір зергер неміс. Қит етсе-ақ ойынды-шынды «муттер...» деп боқтап қоя беретін. Соңынан оны гвардеецтер — орыс, қазақ, татар жігіттері — «муттер» атап кетіп еді.

Аркадий Павлович түндегі қал-жайды өзі де білетін. Әйтсе де, сұрады. Өйткені, осы күні әрбір селт еткен сыбыс қауыпты. Қорқыныш. Қаланың іші өсек-өтірік. Қаланың байлары, мещан-обывательдері амалсыздың күнінен ғана бағынып тұрған сияқты. Олар мылтық асынып өтіп бара жатқан гвардеецтерді көрсе, көздерін біздей түйреп қалады. «Бәлем, қолға түсер ме едің» дегендей кіжінген көзбен қарайды. Аркадий Павлович оны әлдеқашан сезген болатын. Заң жүзінде қала Қызыл гвардеецтердің — большевиктердің қолында болса да, іс жүзіне қалаға казак-орыстар ие сияқты. Меньшевиктер екі ортада делдалдықта жүрді. Кейде бірер жұмыспен Қызыл гвардияның штабына айдап келген байларды, саудагерлерді меньшевиктер әлденеше рет сұрап (парукаға алған болып) босатқызып жіберді. Алашорданың жігіттері де сөйтті. Бір күні РСДРП(б) комитетінің, Кәрім Бөкешев пен Громовтың қол қойған бұйрығы бойынша, Штейнер мен Қабыл Мәулиді штабқа айдап әкеліп еді. Мәули Нөсербайдың нөмеріндегі комитетке келіп: «офицерлерге үй керек. Бұл үйді босатыңдар. Сендер жарытып ақша төлемейсіңдер!» деп ақырып қоя берген. Соны штабқа алып келгенде, Жиенбай Аманжолұлы, Жұмажан, тағы бірнеше алаштың жігіттері ере келді. «Парукаға» алды.

Аркадий Павлович дембелше қара бұжыр жігіттің қасына келіп, иығына қолын салды да, көзінің құйрығымен қасындағыларды сүзді. «Не айтар екен?» деді ішінен. «Бір жерге жұмсағалы тұр ма екен?» деді тағы да ойланып.

— Но, товарищ, мен сенің атыңды ұмыттым! — деді зілді дауыспен Аркадий Павлович.

— Атымтай! — деді қара бұжыр жігіт.

— Да, жолдас Атымтай! Маған қара! Сен байыңнан мүлде шықтың ба?

— Мүлде.

— Ақыңды түгел алдың ба?

— Алдым. Сіз түнеу күні шақыртып алып зәресін ұшырғанан кейін, ақымды түгел берді. Бірақ...

Атымтай мүдірді. «Бірақ...» деді де, тілін тістеп алғандай болып төмен қарады.

— Но.

— ???...

— Ал, «бірақ?»

— ???...

«Шамсия туралы айтсам ба екен? Айтпасам ба екен? Осындай сапырылысқан уақытта қатынды не қылмақсың? Сен біздің араға қатын алуға келдің бе десе, қайтем?» — деді ойланып Атымтай.

— Мұнікі қатын мәселесі, Аркадий Павлович! — деді бір көзінің шапырашы бар жирен, арық орыс жігіті езуін жия алмай.

Қасындағылар қарқылдап күліп жіберді. Атымтай қызараңдап, төмен иіліп, етігінің қонышын тартты да, тамағын кенеп қойды.

— Ну, что же! Жасыратын дәнеңесі жоқ... Қане, жолдас! Картаны ашып сал, — деді, Атымтайды терезенің алдына қарай тартып, Аркадий Павлович.

Атымтай өзінің өміріндегі бір тарауды Аркадий Павловичтың алдында қысқаша ғана сөйлеп берді. Aуыл, бақташылық, қаладағы малайлық. Шамсиямен көңіл қосу, Бұқпан Көмейұлының жиенінің орнына окоп қазуға кету... Бейсембай Бұланов... Шамсия жүкті екендігі...

Аркадий Павлович еркелеген баланың сөзін тыңдағандай жайдары мінез көрсетіп, Атымтайдың әңгімесінен құлағын алмады, ұйып тыңдады.

— Өзің осы күні қайда тұрсың? — деді Аркадий Павлович салмақпен.

Кірпіш сарайының қасында, Қылыштың үйінде.

— Ендеше, қатыныңды қолтығынан ұстап сонда алып бар.

— Оны кейін сөйлесе жатармыз... Вот, мес қарын!

— Бай дау салса қайтем?

— Біреуде бір қатын жоқ, ол екі қатынды құшақтап отыр!

Онан басқа дәнеңе айтқан жоқ. Атымтайды жауырынға бір қағып қалып:

— Сөйт, товарищ, — деді де, сырт бұрылып, тез-тез аттап кабинетіне кіре жөнелді.

Күн жарқырап жоғары өрледі. Көше жанданды. Қаланың халқы ерлісі-қарсылы жүріп жатты.

— Жолдас Штейнер! Ә, жолдас Штейнер! — деді кабинет жақтан дауыстап Аркадий Павлович.

— Мен!

— Бүгін кешке дежурда тұратын адамдардың тізімін әкелші! — деді, есік алдында қақиып тұрған Штейнерге.

— Қазір!

Штейнер қалтасынан бір сары қағазды суырып алды:

— Громов, Иванов, Белоусов, Төлендинов... Гаврилова...

— Бері әкелші! — деді, қолын созып, Аркадий Павлович.

Штейнер уқаланып, ернеуі жыртылып қалған сары қағазды Аркадий Павловичтың қолына ұстатты.

XX

— Пожар! Пожар!

— Өрт! Өрт!..

— Казанцевтың дүкені, магазині жанып жатыр.

— Жо-о-о-қ... Ганчиннің магазині дейді!

— Не айтып тұрсың өзің! Өзім көрдім!

— Ендеше, соқыр екенсің. Мен сонан жаңа келдім. Ганчин магазині!

— Фронттан келген солдаттар магазинді талап жатыр!

Қаланың халқы у-шу болып «Үлкен собордың» алаңына қарай жүгірді. Бақшаның ішінде серуен құрып, дөңгеленіп жүрген жұрттың барлығы да қақпаның алдына шығып, қып-қызыл болып жалынданып тұрған көктің ұшығына қарады. Көбі үлкен көшені бойлап өрт көрінген жаққа жүгіре жөнелді.

— Пожар!.. Пу-у-у-жар!

— Құдай-ай сақтай гөр, біздің үйдің тұсында ғой!

— Ойбай, жүгір жылдам!

— Пу-ужар!

— Әйдә инді, тизірәк инді!..

Халықтың у-шуымен қабаттасып өрт сөндірушілердің ерсілі-қарсылы шапқандағы қоңырау дауыстары естілді. Каланча қоңырауды үсті-үстіне қақты. Әр жерде ұзақ уақыт гудок айқайлады. Ың-жың...

Үстері түте-түте болған сұр шинелді солдаттар, фронттан ашығып қайтқандағы ашуларын байлардың магазиндерінен, дүкендерінен алды. Бұл қаладағы «сорпаға шығар» магазин Ганчиндікі еді.

Солдаттар «Ганчин» магазинінің ішіндегі сауыт-сабаларды, бас, аяқ киімдерді, неше түрлі әдемі барқыттарды, жібектерді, сисаларды, әйел-еркектердің тігулі киімдерін, былғарыларды, шай-қанттарды барлығын магазиннің терезелерінен көшеге лақтырды. Қалыңдығы бір елі әйнектерді мылтықтың дүмімен ұрып күлпаршасын шығарды. Магазиннің астыңғы подвалындағы неше түрлі арақтарды шынылап, бөшкелеп алып келіп жыраға ағызды.

— Кімнің тамағы қышыса жұтқыншағы кеуіп бара жатса, кенелсін!

— Сволочь, буржуйлар! Біз фронтта ашпыз, жалаңашпыз....

— Бізден аяғаны осы ғой, ә!

— Біз кім үшін соғыстық, ә!.. Кім үшін қан төктік, ә?..

— Ұр! Қират! Жырт!..

— Лақтыр! Аяма!.. Енеңді!..

Қаланың тоғышарлары, саудагерлері тегін олжаға кездескендей болды. Терезеден түскен нәрселерді әкетіп жатты. Өзара таласып, төбелесіп те жатты.

— Бер әкеңнің... тұмсығыңды бұзайын ба?!..

— Қызыл барқыт менікі! Менікі!

— Сенікі емес, менікі! Менікі!

— Мен бұрын қағып алдым!

— Әй, самауырды қайда алып барасың?

— Үйге!

— Бері әкел!

— Е, неге?.. Керек болса барып ал!

— Қане, қайда жатыр екен?

— Тігіндә! Тігіндә ятта!

— Ұр яңа Паташев самауыры икән лабас! Харап иткәнләр бит, янішкәнләр бит!..

— Әй, худайым! Әй раббым!.. Нинди матур бизәклі жіфәкләр бар икән. Ала алми қалдым бит!

— Әй қатын! Қабыңды... Қабыңның аузын бері ұсташы!

— Енді сыймайды!

Кейбіреулері етбетінен түсіп, жырақадағы сарылдап бара жатқан қызыл арақтарды, коньяктарды ішіп, тәлтіректеп тұрып жатыр. Кейбіреулері шелекке құйып жатты. Бірнеше адамдар әбден ішіп, сілейіп жырақаның ішінде аунады.

Ішіндегі товарды әбден «құтты жеріне» қондырғаннан кейін бір бөшке бензинді магазиннің айнадай жарқыраған еденіне төгіп жіберіп, тәлтіректеп, солдаттар сыртқа шықты.

— Ванька! Сіреңке тұтат!

— Менде бомбы бар!

— Бомбы!.. Бомбы!

— Раз! Два... Три... Е-е-е-еһ!

Магазиннің ішінде от жарқ ете түсті де, лапылдаған көк жалын жоғары бір-ақ шапшыды. От гүрілдеп ала жөнелді. Әлдеқай жерлері күтірлеп жеміріліп түсті. Жұрт кейін серпілді.

— Же, буржуй!... Бізден аяғаның осы болса, ал! Же!

— Уррра!..

Үш қабатты, сұрғылт түсті әдемі тас магазинді сансыз тілдерін салақтатқан көк жалын жалап-жалап алды. Оны ол бір ғана түн жем етті. Таңертең тұрып қараған жұрт, денесі бақша-бақша болып, терезелері үңірейіп, қара күйе болып тұрған магазинді, жеміріліп ішіне түскен төбені, тастарды, әр жерде сорайып майысып тұрған жуан темірлерді, қаңылтырларды көрді. Айналасындағы шашылып жатқан жәшіктің тақтайларын, кірпіш шай ораған жұқа қағаздарды, арақтың, терезенің күлпарша болған әйнектерін, шыныларын, кездеменің қиқымдарын аяқтың астына басылып боялған, топыраққа былғанған қатырғы жағаларды, папирустарды, бас, аяқ киімдерінің қатырғы қағаздан істеген қорапатарын көрді.

Бұйрық №

«Барлық қала халқының есіне!

Ганчин магазинін фронттан қайтқан кейбір санасыз солдаттардың группасы талап, өртеп жібереді. Қала халқының ішіндегі бейбастық, парақоршылар, саудагерлер, бақалшылар революцияның жолын талау, өртеу деп ұққандар, магазиннің товарларын үйлеріне тасыды. Иесіз жатқан тегін олжа деп ұқты. Анығында, сол товарлардың барлығы да революция үкіметінің қолына көшкен нәрселер.

Кім де кім сол күнгі болған оқиғаны олжалап, үйіне товар тасыған болса, ешбір тоқтаусыз Красный гвардияның штабына әкеп тапсырсын. Ең аяғы бір сыдырғы жіп алса да сөйтсін. Бұл бұйрықты жиырма төрт сағаттың ішінде орындамаған адам революцияның жауы деп танылып, қатаң жазаға бұйырылады.

Қаладағы К. Г. штабының бастығы: А. Павлов.

хатшы: Б. Төлендин.»

Бұл бұйрық көше-көшенің құймаларына, бақшаның алдына, барлық жерге жапсырылды. Жұрт топталып оқып жатты.

Бүкірейген бурыл сақалды бір қара шал, бұйрықты оқып жатқандардың қасына келіп тұрды. Бұл Бөгенбай еді.

— Ал, қарт! Товар олжаланған болсаң, қазір штабқа алып барып тапсыр! — деді сақал-мұртын қырған қысық көзді бір орыс шалы Бөгенбайға қарап.

Бөгенбай басын шайқады.

Мен балаларымды ондай тегін олжаға жібергенім жоқ. Бізде ескіден бір ырым бар: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!».

Бөгенбай сол жерде өзінің ескі ырымына мәз болып күлімсірей түсті.

Иә, «бүлінгеннен бүлдіргі алма!» — деді тағы да өз−өзіне.

XXI

Қабағы ісініп, желкесі күжірейіп, ерні салбырап, бұғағы омырауына түсіп Бейсембай қажы Бұланов Аркадий Павловичтың алдында, штабта отырды.

— Сізге не керек? — деді Аркадий Павлович.

— Маған дәнеңе де керек емес. Мен бала оқытатын мұғалім едім. Мені сіздің кісілеріңіз аристовайт етіп осында айдап әкелді.

— Кім-кім аристовайт қып әкелді?

— Үш кісі. Екеуін танымаймын, біреуін танимын. Өзіміздің қолымызда өскен бір қазақ жігіті еді, аты — Атымтай.

Аркадий Павлович үстелді қатты-қатты түйіп қалып, сырттан кісі шақырды:

— Жолдас, Атымтай!..

Винтовкасын сүйретіп Атымтай кіріп келді.

— Ну-ка, товарищ! Мынау кісіні танимысың?.. Мұны арестовайт еткен кім?

— Танимын. Біз!

— Қане, түсіндірші! Не үшін ұстадыңдар?

— Үйінен бірнеше топ кездеме шықты.

«Ал, енді не айтар екенсің?» деген кісідей болып Аркадий Павлович Бұлановқа мойын бұрды. Ол басын төмен тұқырып, Атымтайға көзінің астымен қарап отыр еді.

— Жоқ, тақсыр!.. Товарищ! Ол менің өзімдікі. Мен магазин өртенген кезде үйде болғаным жоқ. Нанбасаңыз сіздің... Анау, товарищ Белоусовтан сұраңыз. Онан басқа да куәм бар... Анау... Торговой көшеде тұратын товарищ Арамқановтан сұраңыз. Мені осы қаланың Жиенбай Аманжолов, Қали Бөкешев деген зиялылары, үлкен адамдары барлығы біледі. Доктор Жұмажан Тілекұлынан сұрасаңыз, о да айтады. Мен өзім ешкімге зиянсыз адаммын. Ескі уақытта біраз орысша оқып...

Атымтай мұртынан күліп тұрды. Ол Бейсембай қажының ентігіп, булығып сөйлеген сөзіне емес, кеше «төбем көкте» деген кісінің, бүгін жусаннан да аласа болып кішірейіп, мүсәпірсіп отырғанына күлді. Атымтайды окопке жіберерде Бұланов байлармен екі ортадағы делдал еді. Бұқпанның сал бөксе жиенін қалдырып, Атымтайды айырбас қылып, приемға қаратып айдап жіберген дәл осы отырған Бейсембай қаясы болатын. Атымтай оның мұнан басқа «өнерлерін» білмейтін еді. Соны ғана ойлады. Бірнеше топ кездеме тауып алып, қылмысын мойнына қойып айдап әкеліп отырғанда айтып отырғаны мынау!

— Шырағым, мұсылмансың ғой! Айтсайшы! Бейкүнә бір алжыған шалды әуре қылып қайтесіңдер. Кездемесі құрсын, алыңдар. Өзімді қоя беріңдер, әуре қылмаңдар!

Бейсембай қажы сүйдеп, мөлиіп Аркадий Павлович пен Атымтайға кезек-кезек қарады.

— Бұл кісіні астағы үйге алып барыңдар. Белоусовты шақыртыңдар! — деді, алдындағы қағаздарды қарап отырып Аркадий Павлович.

Атымтай Бейсембай қажыны алдына салып, айдап алып жөнелді.

— Е-е-е-ей, шырағым-ай! Әуре...

Бейсембай қажының жарым сөзі жабылған есікпен бірге өшті.

Аркадий Павлович орап аузына салып отырған шылымын тұтатты да, есіне бірдеңе кілт түскендей болып, жан қалтасынан бір кішкентай қорапты суырып алып, айналдырып қарай берді. Бұл шылым тұтатқан сіріңкеден басқа еді. Бұдан бірнеше күн бұрын баспалдақтан тауып алған құрттай сіріңкесі еді. Әрі-бері қарап, үстелдің астыңғы тартпасына тастады да, көзін бір нүктеге тіреп ойға шомды.

«Егер құдай өзі өмір беріп, осы иттердің қолынан аман құтылсам, қаланың мықты біраз адамдарын етке, қымызға бір тойғызамын!.. Сол кездемесі құрығырды үйге неге әкелдім осы? Нәлет соққыр, мойыны үзілгір Атымтай ит-ай! Қылдың-ау қылықты!.. Әй, ит-ай! Тым болмаса саған германның бір оғы аяулы болды ма екен?.. Астыңғы сары сандықты ашқызбағаны, мұндай тәуір болар ма! Оны ашса ғой... Садағасы кетейін, патша ағзамның... көк қамзолынан, күміс меделінен... «Құдай сақтаған шығар!..»

Тас үйдің астыңғы подвалында отырып Бейсембай қажы Бұланов сүйдеп ойланды. Подвал дымқыл, салқын, күңгірт. Бірнеше гвардеецтер мылтық тазартып, патрон оқтап отырды.

Тот басқан үлкен алты атарының шүмегін Бұланов отырған жаққа қаратып, ішін көзімен сүзіп, сығалаған тапал сары гвардеецке қарап, Бейсембай қажы қалш-қалш етті:

— Әй, мырза... товарищ! Атылып кетеді, атылып кетеді!..

Гвардеец күлді.

— Бай-екесі! Жаның сонша тәтті болғаны ма?..

Онысы рас еді. Бейсембайдың көңіліне өмір бұрынғыдан да қымбатты, жан бұрынғыдан да анағұрлым тәтті көрінді. Ол өз қолымен ешкімді де атып көрген жоқ. Бірақ ол нысанашы ғана болды. Патшаның «әділ заңына» қарсы келгендерді мегзеп, ұстап беруші ғана болды. Ондай ұсталған адамдарды «әділ заң» ата ма, шаба ма, аса ма, ол ойлаған жоқ. «Менен кетті, ахранкеге жетті» дейтін ол. Барлық «ойлағаны» сол ғана! Ал, қазірші?.. Қазір мүлде басқа. Бейсембайдың дүниеде тұрғысы келеді. Басқа адам не болса, ол болсын, оның ғана тірі қалғысы келеді. Мылтық көрсе, жүрегі мұздай суынады. Дөп-дөңгелек болып қарайып тұрған аузынан зәресі ұшып кете жаздайды.

«Иттің түсі суық қой!» — деді жүрегі дүрсіл қағып, Бейсембай өзі-өзіне.

Бір-екі сағаттан кейін, бір гвардеец Бейсембайды айдап жоғары шығарды.

— Нука, господин Буланов!.. Жолдас Белоусов, міне, отыр! — деді Аркадий Павлович, алтын сағалы көзілдірігі бар, шашты, сақал-мұртты жылтыратып, қырып тастаған біреуді нұсқап Бейсембай Бұланов барып қол берді. Бірақ Белоусовтың бетіне тура қараған жоқ.

— Отыр! — деді Аркадий Павлович Бейсембайға.

Бейсембай қажы түгі, серіппесі сыртқа шығып, ескіріп, жыртылып қалған диванға ақырын отыра кетті. Аркадий Павлович Бейсембай мен Белоусовқа жалтақ-жалтақ қарады.

— Үйінен бірнеше топ кездеме шыққан адам осы!

— Мен мұны білемін, жолдас Павлов! Бұл — зиянсыз адам! Бір алжыған шал. Менімше, кездемесін алып, өзін босату керек.

Белоусов сол сөзді айтты да, қалтасынан сіріңке алып тізесіне үйкеп тұтатып, шыбығын еденге тастай берді. Көкпеңбек түтін папиростың басынан шығып дөңгеленіп жоғары көтерілді.

— Жарайды. Бірақ, товарищ Белоусов, бұл адамды білетіндігіңізді айтып қағаз жазып бересіз! — деді көзінің құйрығымен сіріңкенің еденге тастаған шыбығына қарап Аркадий Павлович.

— Ол не дегеніңіз, товарищ Павлов?.. Өз арамызда сондай...

— Жоқ! Тәртіп осылай еді ғой? Оны енді бұзбайық!

Белоусов кібіртіктеп барып міңгірлей түсті.

— Но, ладно, ендеше!.. Черт с ним!..

— Кездеме өзімдікі еді, оны... — деді Бұланов.

— Кездеме қазынаның пайдасына түсті. Оған қам жемеңіз! — деді кекесін түрмен, зілмен Аркадий Павлович.

Жүз жыл жасаған жуан емен ағашының түбіріндей болып домаланып Бейсембай Бұланов көшеге шықты. Қалтасынан орамалын алып бетін сүртіп, сыртына қарады. Оның көзіне екі қабат ақ тас үй тажалдай болып көрінді.

— ...Жолдастар! Мен Белоусовтан сезіктенемін. «Мен білемін! Мен сенемін!» деп қолға түскен қылмысты, саяси сенімі жоқ адамдардың әлденешеуін босатқызып жіберді. Белоусовтың берген анықтамасының өзі менің қолымда үлкен бір дело боп қалды, бір топ қағаз. Қысқасы... мен оған сенбеймін! — деді Громов пен Бөкешевке, Балтаға қарап Аркадий Павлович.

«Сіріңке туралы айтайын ба? Айтпайын ба?» деді ішінен ойланып.

Балта Громовқа қарады. Біріне-бірі жалтақтады. Ешқайсысы үндеген жоқ. Бөкешев төменгі ернін тістеп, қою күрең мұртын сипай берді. Әлден уақытта ақырын ғана, жұмсақ дауыспен:

— Аркадий Павлович!.. Қазір өте қауыпты уақыт. Оны біз барлығымыз да білеміз. Патшаның тақтан құлатылғаны ғана болмаса, уақытша үкімет пен оның екі ортасындағы айырма аз. Үкімет, анығында, революция жауларының, қиянатшыл меньшевиктердің, эсерлердің қолында отыр. Бізде қазір күш аз. Біз бір жағынан үгіт жүргізіп, жұмысшылар, еңбекшілер көпшілігін ұйыстырып жатсақ, меньшевиктер, Қали сияқтылар қара жүздіктерді бізге қарсы қояды, өз үгіттерін жүргізеді... Уақытша үкіметтің В. И. Ленинді тұтқын қылу жөніндегі қарарын барлығымыз да есіттік, оқыдық. Уақытша үкіметтің қандай үкімет екендігі сонан да белгілі. Қазір біздің жағдайымызға қарасақ... қауіпті! Орталықта төңкеріс жауларымен, саботаждармен, спекулянттармен күресетін төтенше комиссия (ЧК) құрылды деп жазған хабарды әлдеқашан алдық. Бірақ бізде ол құрылған жоқ. Оны біз штабқа жүктеп отырмыз. Енді Белоусовқа келейік. Меніңше — Кәрім Бөкешев біраз мүдіріп барып, Аркадий Павловичқа қарады:

— Меніңше, ол — большевик! Қазір ол өте белсенді болып жүр. Комитет оны сынап та жүр. Жұмысшылар арасына барып ұйымдастыру жұмысын да жүргізді. Баяндамалар жасады...

Аркадий Павлович мырс етіп күліп қойды да, Кәрімнің иығына қолын салып тұрды. «Ақылдысың, бірақ көңілшексің» деді ішінен. Артынан Кәрімге былай деді:

— Жолдас Бөкешев!.. Мен ұқтым. Әйтсе де, онан гөрі тереңірек ойлау керек қой деймін. Мүмкін, мен қателесетін де шығармын. Бірақ мен неге де болса сын көзімен қараймын. Онан кімге де болса сенімсіз көзбен қараймын деген мағына шықпайды. Революцияның жаулары жағдайға қарап әлденеше түрге құбылады. Оның ішіндегі ең қауіптісі мынау: екі түрлі «версия», екі түрлі тактика қолданады. Бір жағы пайда келтірген болып белсенді болып жүреді де, екінші жағы — сол пайдалы жұмыстың астын шірітеді. Үстінен қарағанда, «ел аман, жұрт тыныш», барлығы өз қалпында сияқты көрінеді. Үңіліп асты-үстін бірдей қарасаң, бір жері жетіспей тұрған сияқты, кетіліп, желініп бара жатқан сияқты. Міне, революция жауларының бұл тактикасы біз үшін, революция үшін өте қауіпті!

— Бұған қарағанда, Аркадий Павлович, сіз Белоусовты осы екі «тактиканың» адамы деп ойлайсыз ғой, сірә!

Балта сүйдеді. Громов пен Бөкешев «осы сөзге жауап беріңізші» дегендей Аркадий Павловичқа қарады.

— Жо-о-оқ!.. Менің қолымда әзір ондай дәлел жоқ. Бір дәлел бар, бірақ ол әлі...

Аркадий Павловичтың ойына тағы да сіріңке түсті. Бұл дәлел болып жете ме? Бұған қарап, біреудің тағдырын, бір үлкен жұмыстың түйінін шешуге бола ма?.. Черлок Холмс, Нат пен Кертон болмай-ақ қояйын! Мен бай-манаптың, монархияның тыныштығын іздеген, соны қорғау үшін сабылуға бел байлаған «иллюзионист» (қиялшыл) емеспін. Мен революция адамы! Һа... сіріңке! Әзір, бұл дәлел емес...

Аркадий Павловичтың көңіліне осы ой нажағайдың отындай болып жарқ ете түсті.

— Сонымен, бұл жұмысты маған тапсырасыңдар ма? — деді үшеуіне қарап Аркадий Павлович.

— Болсын!

— Дұрыс!

— Жүктелінсін! — деді үшеуі де бірінің соңынан бірі.

XXII

— Әк! Хасен Әмежанов келді, Қасен Әмежанов келді, — деді, түстен кейін керуеттің үстінде бүктетіліп жатқан Бөгенбайды оятып, Тұңғат.

Бөгенбай күнде түстен кейін бір ұйықтап алатын.

— Ә?.. Кім? Ә! — деді ұйқылы-ояу түрде Бөгенбай.

— Қасен келді! Қасен!

Қасен Әмежанұлы фронттан қайтып келіп тұр еді. Тұңғат пен Қалмырза екеуі бөлесінің екі иығына асылына кетті.

— Тура стансадан келдің бе?

— Поездан келдің бе?

— Аман қайттың ба?

— Оқ тиген жоқ па?

— Жаралы емессің бе?

Сұрау үсті-үстіне төпеленді. Қасен етегі білтеленген ескі шинелін, жапырылған картозын, арқасындағы қоржынын шешіп төрге отырды. Үсті-басынан әлдеқандай бір ауыр иіс сасиды. Не түтіннің иісі емес, не шылымның иісі емес, әлдеқандай бір иіс. Әлсін-әлсін үйдің жапсарын, төсемін, пешті, терезені көзімен сүзіп, жарық дүниеге жаңа шыққан адам сияқтанды, артынан ауыр күрсінді.

— Неге күрсіндің? Өзің науқас емессің бе? — деді жағын таянып пешке сүйеніп тұрған көз ернеуі қызарған кемпір. Ол жылап алып еді.

— Жоқ. Жәй әшейін... шаршадым. Поезда кетіп бара жатқандай болып отырмын. Басым айналды, — деді Қасен міңгірлеп.

Белі бүкірейген, сақалы ағарған, көзі қызараңдаған Бөгенбай шал Қасеннің қолын алып амандасып ақырын отыра кетті.

* * *

Қасеннің фронтта көрген оқиғаларын тыңдап отырған Тұңғаттың көңіліне, «түске кірсе шошытады ғой!» деген ой келіп отырды. Қасен өте аянышты, өте қорқыныш істер жайында сөйледі. Ұзақ сөйледі. Тыңдауға ешкім жалыққан жоқ. Тыңдап отырғандардың көзі дөңгелек үстелдің үстіндегі, тілдің ұшындай ғана болып сарғайып жанып тұрған отта болды.

— ...Австрия фронтында болдық. Жаздыгүні жасыл-ала кілемдей, ағашы қалың жер. Алма ағашы көп екен. Қозғап-қозғап қойса, топылдап алдыңа келіп түсіп жатады. Алманы, жемісті көп жедік. Бірақ сол ішкен-жегеніміздің барлығын да фронт мұрнымыздан сығып алды. Мен пулеметшілердің ротасында едім. Герман фронтынан ауысып келген солдаттар «немістерге қарағанда австрия фронты балалардың ойыншығы» десті. Бірақ мен ойыншық көргенім жоқ. Өзендей сарқыраған қанды, денесі «бөлшек-бөлшек болып жатқан адамдарды, мипалау болып жатқан адамдардың миларын, ақтарылып иісі бұрқырап жатқан ішек-қарынды, әр жерде бытырап кесек-кесек болып жатқан бас-аяқты, қолды, кеудені көрдім... Бір күні кезек біздің пулеметшілер ротасына келді. Алдыңғы позициядамыз. Көк шинельді австриялықтар алдымызда құмырсқадай быж-быж қайнап келе жатыр. Мен қолыма винтовканы көздеп ұстап пулеметтердің қасында тұрдым. Жаудың келе жатқаны, өлімнің келе жатқанымен бірдей екен, келіп қалғанынан, ұзақ уақыт «келеді» деп күтіп тұрған уақыт адамзатты тез мұқатады екен, қинайды екен. Мен соны байқадым. Дәл жақынға келіп қалғанға дейін пулеметшілер тырп еткен жоқ. Жау қалай жақындап келді, солай ал пулеметтер сатыр-сұтыр ала жөнелді. Мен көзімді жұмып отыра кеттім. Жоқ, ешкімді атуға, түйреуге батылым бармады. «Мені атса атсын, түйресе түйресін. Көзіммен көрмесем екен» деймін. Ойыма әкем, шешем, туысқандарым түсті. Елдегі жақын жолдастарым көзімнің алдына келді. Жүрегім елжіреп езіліп тұрды. Көзіме жас келген жоқ. Бұл алдыңғы позицияға бірінші шыққаным еді. Бір кезде пулеметтің дауыстары сейіле бастады. Әрі-беріден соң мүлде тынды. Көзімді ашып, ақырын көтеріліп алдыңғы жаққа көз салып қарап едім, қалқиып көрінген дәнеңе жоқ. Манағы, алдымызда құмырысқадай қыбырлап келе жатқан жұрт жусаған қойдай болып қалыпты. Әлдеқай жерлерінде ыңырсынған, жыламсыраған дыбыстар естіледі. «Жаралылар» дедім ішімнен.

Тыңдап отырғандар ауыр күрсініп, әрқайсысы әр түрлі ойға шомды.

— ...Бір күні таңертең «штик пен штик» бетпе-бет келіп найзаласатын, қылыштасатын соғыс болды. Барлығымыз да мылтықтарымызды оқталып, ықшамдап қолымызға ұстап алып, алдымызға қарап «уралап» жүгірдік. Мылтықтың, пулеметтің оғы ысқырып өтіп жатты. Доп, шарапнель күркіреп жарылып, жалын, дара түтін, жердің қара топырағы араласып жан-жағымыз опыр-топыр болды. Жер үлкен үйдің алабындай болып сойылып, үңірейіп-үңірейіп қалды. Әрқайсысымыздың көзіміз қанталап кеткен. Жығылған-сүрінгеннің қасына баратын шама жоқ. Быт-шыт боп бөлініп аспанға шыққан жердің қыртысымен, топырақпен бірге біреулердің аяғы, қолы, басы жан-жағымызда топырлап жерге түсіп жатты... Жан тез шықпайды екен. Оны да байқадым. Кейбіреулер мылтықты тежеп ұстап бара жатып сүріне кетеді де, «ағаларым, құрбыларым мені қинамай атып, түйреп кетіңдер» деп зарлайды. Кейбіреулердің басын оқ жұлып әкеткен. Бірақ қолынан мылтығын тастамастан құр денесі бірнеше адым жүріп, жүгіріп барып құлайды.

Қасен сол қорқынышты көріністерге қарап отырған сияқты.

— ...Кейде сүйткен жаумен шүйіркелесіп бір туысқан сияқты боламыз. Олар да өзіміз сияқты. Сөйлесеміз, бірімізден-біріміз шылым алып тартамыз, соғыс оларды да тойғызған. Әрқайсысы өзінің үйдегі шаруасын, қатын-баласын айтады. Ымдап сөйлессек те бірімізді-біріміз түсінеміз. Австрия солдаттары өздерінің үй іші жандарының суреттерін ала жүреді екен. Соларды көрсетеді. «Гайль революцион! Гайль» деп былдырлайды. Онысын сұрастырып байқасақ: «Революция жасасын!» дегені екен, сүйтіп тұрғанда офицерлер айқай салып позицияға қайта әкеліп жатқызады, тағы да соғыс...

— ...Петроград, Мәскеуде революция болғанын естідік. Ол күні фронтта үлкен жиналыс, мереке болды, митингі жасалды. Әркімдер түрлі сөз сөйледі. Меньшевик дегендері: «Соғысты үдетеміз, немісті жеңгенше құралды қолдан тастаймыз» деседі. Большевиктер солдаттардың ойындағысын сөйлейді: «Соғыс бітсін!» Крестьян жерге, жұмысшы фабрик-заводқа ие болсын! — дейді. Бір күні меньшевиктер Керенскийдің бұйрығын оқыды. «Соғыс тоқтамасын. Фронттардың барлығы да ілгері қарап шабуыл жасасын. Отанды қорғаймыз. Большевиктер немістерге сатылған адамдар...» делінген. Солдаттар жер-көкті бастарына көтеріп: «Жоқ! Біз енді онсыз да ашықтық! Бит те, құрт та, сүзек те, барлығы еңсемізге асылды. Соғыстың керегі жоқ! — деп күркіреген күндей болып шулады. Солдаттардың көңілі кейінгі жақта болды. Сатылып кейін қашып жатты. Үкімет бұларды «дезиртер, қазан бұзар» деп полевой сотқа берді. Кейбіреулерін атқызып та тастады. Бірақ оған қарап тыйылған солдат көргенім жоқ. Қаштық! Сүйтіп, істікті жерге қададық! — деді Қасен. Қалтасынан кесетін алып шылым орап тартты.

Манадан ұйып тыңдап отырған Тұңғат Қасенге жалт қарады да:

— Өзің қазір қайсы болып келдің? Большевиксің бе? Меньшевиксің бе? — деді.

Қасен жымиып күлді.

— Большевик болып келдім!

— Ба-а-а-с-с-е! — деді Бөгенбай шал мұрнына насыбай иіскеп, түшкіріп алып. Оның ол әуенінен «бәсе, большевик дегендеріңіздің түбі тереңде жатыр екен ғой!» деген мағына ұғылды. Шал онан басқа дәнеңе де айтқан жоқ.

— Қарағым, Қасен! Аман-есен екендігіңді білсе, көрсе Айша өліп-тірілгендей болып қуанады ғой! — деді кемпір.

Қасен күлімсіреді.

— Тәте!.. Мен әлі елге қайтпаймын. Мұнда жұмысым бар. Қалаға келген кісіден естиді ғой! — деді.

— Қайда боласың?

— Осында! — деді Қасен салмақты дауыспен. Басқа дәнеңе айтқан жоқ.

XXIII

Кейде күндей болып күркіреп, кейде зарлап, еңіреп, кейде тасыған судай болып оркестрдің дауыстары естіледі. Бақшаның іші барлық нұрдың қорын осында әкеп төккендей жап-жарық. Сол жақ алаңдары қара көлеңке, арғы түкпірі қап-қараңғы. Кейде қара көлеңке алаңда, қолтықтасып сық-сық күліп, еркеленіп бара жатқан әйелдердің ағараңдаған көйлектері көрінеді. Бір жағында көк, қызыл, жасыл оттарды жан-жаққа бүркіп, зырқырап айналып «бенгал оты» тұрды. Түнерген түнді қақ жаратындай болып тарсылдап фейрверг жарылып түсті.

Ресторанның алдындағы алаңда, ашық сахнада оркестр ойнап жатыр. Бұғағы салбырап, қабағы екі көзін жауып әкеткен дирижер жұртқа сыртын беріп, жап-жалпақ болып екі қолын селтең-селтең еткізеді. Оң жақ қолындағы кішкентай ғана шыбық шошаңдап тұрды.

Бақшаның қай жағына қарасаң да, қалың жапырақтардың астында шыр көбелек айналып жүрген қайнаған халық. Электрдің нұрына бөленіп анда-санда сыбдырлап тұрған жапырақтар, алыстан қарағанда күздің күніндегідей болып қуарып, сарғайып тұрған сияқтанып елестейді.

Бүгін мұнда не бар?..

Бұдан бірнеше уақыттар бұрын, қаланың тоғышарлары кеш болса-ақ бекініп алып, үйлерінен шықпайтын еді ғой! Тыста азғантай ғана сыбыс білінсе-ақ, құлақтары қалқиып, аңқиып тыңдай қалатын еді ғой! Қазір неғып үйлерінен шыққан? Не өзгеріс болып қалды. Қазір неге құмырысқадай быж-быж қайнап жүр?.. Әлде төменгі қалада жиналып жатқан атаман Волковтың казак-орыстары қаланы босатты ма? Тарқады ма? Қала иесіз қалды ма? Енді қауып-қатер өшті ме?

Жоқ! Казак-орыстар әлі баяғы қалпы. Азайып жатқан жоқ, үсті-үстіне келіп, артып жатыр. Әлі де сол қалада екі ұдайы тұрған ие бар. Төменде казак-орыстар, жоғарыда — Красная гвардия.

Ресторанный; арғы жағында қатар тіккен екі үлкен киіз үй тұр. Ол мұнда қайдан келген? Мұны Қызылжардың өзі өз болып көргені осы. Оны кімдер тіккен? Неге? Әлде қымызшылар ма? Қымызшы Малиса ма? Зұлайқа ма?.. Мүмкін, онда сапырулы сары қымыз, тәтті ет бар шығар? Айналасын күміспен қаптаған үлкен тегенеде сұр қазының жұмсақ сары майы жүзіп жүрген шығар? Саба қарын бәйбішелердің бірі керіліп, кербезденіп сапырып отырған шығар? Қала сыртында, Бескөл бойында, үй тігіп, бие сауып отырған шала қазақ байлары — қымызшылар сүйтетін еді ғой...

— Не деген әдемі от! Не деген көңілді әдемі кеш, — деді көп жұрттың ортасынан бір зарлы дауыс. Қазақ қызының даусы, жүректің терең түкпірінен қақ жарып шыққандай дауыс.

Етек-жеңі кертпештенген жібек ақ көйлекті бір қыз, иығында күміс оқалы пагоны бар әлдекімнің білегіне асылынып, кеудесіне басын сүйегендей болып, бақшаның қара көлеңке жағынан бері шықты.

— Біздің киіз үйге барсаң қайтеді? Папам сонда отырған шығар! — деді тағы да сол баяғы дауыспен.

Талдырмаш, жұқа өңді, жібек ақ көйлекті қыз қасындағы орта бойлы, қара торы, сұлу мұртты жас жігітті киіз үй жағына тартты.

— Жәмжан!.. Сіз менен басқа адамды сүйесіз бе? — деді жігіт, сұлу мұртымен қыздың құлағын қытықтап, сыбырлап қана. Қыз күлімсіреді. Көзі электр отының сәулесімен шағылысып жалтырай түсті.

— Уһ!.. Сізден басқаны ма?.. Жоқ... сүймеймін.

— Мен естіп едім...

— Нені естіп едіңіз?

— Жәй, әшейін...

— Жоқ, жоқ! Айтыңыз, әйтпесе мен өкпелеймін.

Жәмжан жігіттің қолтығының астынан қолын жұлып алды. Жігіт жымия түсті де, Жәмжанның қолын қайта ұстады.

— Мен сізді Ақыжанмен тәуір деп естіп едім?

— Сол ма?

— Сол!

— Пішт... Сіз мені мысқылдап отырсыз!

— Е, неге, жоқ.

— Әйтпесе, мұны айтпас едіңіз.

— Неге?.. Ақыжанның несі бар? Ауқатты адамның баласы. Студент. Ақын. Әдемі.

— Оставьте пожалуйста! Мен сізден сұраймын!

Жәмжанның өңі бұзыла берді. Жүрегі лобылып, көзі жасаурады. Іштегі ызасы оттай қаулап, буы алқымына келіп, қысылып тұрғандай болды. Бірақ оны ол сыртқа шығармады, күрсінбеді. Оның есіне Ақыжанның өзіне арнаған өлеңі түсті. Бір куплетін көңілімен айтып, сарнап тұрғандай болды.

Бірақ артынан үһілегенін өзі де сезбеді. Қасындағы жігіт оны сезді ме, ернін жымырды.

— Әбіш қалай жігіт? — деді, әлі өңіне келмеген Жәмжанға...

Жәмжан ақырын күбірледі.

— Білмеймін... Әбішпен жақындығым жоқ. Оны Бәтжаннан сұраңыз!..

Біраз уақытқа дейін екеуі де біріне-бірі үндемеді. Қасындағы жігіт өз бетімен ақырын ысқырып маңайындағы ерсілі-қарсылы жүріп жатқандарды көзімен сүзді.

— Шоқан Құнанбаев! — деді, әлдеқайсы өтіп бара жатып.

Жігіт өз аты-жөнін айтқан адамды іздеп сыртына қарады. Бірақ таныс ешкімді көре алмады. Жәмжанның құлағына сыбырлай қойды.

— Ресторанға барсақ қайтеді?

— Маған бәрібір!..

...Жасы қырық-қырық бес шамасындағы орта бойлы, шоқша қара сақалды, қайқы мұрт бір қара торы кісі даяршылық істеп жүрді. Белінде ақ алжапқыш, белін күміс кемермен қынай буған. Қаусыратын жерінде күміс жалатқан, алақандай жалпақ бетінде: «С. Арамқанов деп білесіз» деген жазуы бар. Басында ноғайдың қара төбетейі.

— Е-е-е-е, заман екі айналып келмейді. Ішіңдер, меймандар, ішіңдер! — дейді, үлкен-үлкен ақ кеселерді әркімнің алдына тосып.

Төрде алқа қотан болып көп кісі отырды. Жұман, Нөсербай, Көбек, Бұқпан байлар, адвокат Салмақбай, Қали Бөкешев, Бейсембай Бұланов... тағы бірнеше казак-орыстардың ұлықтары бар.

Сұқсырдың ойнақшыған екі көзі шаңырақтан асылынып тұрған «асрам» деген жазуы бар (фирманың аты) үлкен электр шамы қуығының өткір отына да ұстататын емес. «Жоқ-жоқ, ұстай алмайсың!» деп тұрған тәрізді.

Бұқпан минут сайын керіліп төмен түсіп бара жатқан қарынын анда-санда бір сипап ыржия берді:

— Жарықтық, қымыз! Кетіп атыр, кетіп атыр. Қасиеті күшті-ау! — деп бір қойды. Адвокат Салмақбаев жирен сақалын саусақтарымен салалап қойып езу жиырды.

— Маған, кажется... да, осы мен қымызды екі рет удачно ішіп отырмын. Бірі... бай, сіз оны білесіз!..

Сүйдегенше болған жоқ, Бұқпан қалың қабағын жоғары бір серпіп қалып:

— Кімді айтасыз? — деді.

— Анау бір жылдардағы, 16 жылы сіздің жиеніңіздің окоптан қалған тойын айтамын.

Қалимен бір казак-орыс қызу-қызу сөйлесіп жатты.

— Екіншісі осы. Садағасы кетейін, бір тәтті қымыз екен! — деді кесенің ішіне шөп жүгіртіп, төмен қарап. Осы чех-словак дегендер көтерілді дей ме? — деді қасындағы Қалиға қарап тағы да.

Қали алдындағы казак-орыспен сөйлескен сөзін тастай беріп аңқия қалды.

— Ә?

— Чех-словак деген бірдеңе көтерілді деген қауесет бар ма? — деді Салмақбай тағы да. Қали басын изеді. — Уақытша үкіметтің чех-словак, венгр, румын, болгарлардан құраған алпыс мыңдық корпусы орталықтағы большевиктер үкіметіне Сібір арқылы үйімізге қайтамыз деп ультиматум жасаған.

— Ресей отанын қорғайды ғой, ә? Большевиктерден қорғай ма, ә? — деді Салмақбай қадала қарап.

— Иә, — деді салмақпен ғана Қали. Артынан казак-орысқа қарап еді, ол мұрнын тыржитты:

— Да, чех-словак... бірақ олар нағыз православный емес, нағыз отан қорғаушылар, міне, біз боламыз! — деп мұртын ширатып қойды.

Шоқан мен Жәмжан рестораннан шығып келіп, осында отыр еді. Жәмжанның екі езуі екі құлағында болды, күле берді.

— Сіз оқудан кім болып шығасыз? — деді сыбырлап қана Шоқанға.

Шоқан басын төмен тұқырып ойлағандай болды да, аздан кейін көтеріліп Жәмжанға қарады.

— Мен бе?.. Белгілі. Офицер.

— Қай үкіметке? Большевикке ме? Казак-орыстарға ма? Кадеттерге ме? Эсерлерге ме?

— Большевиктерде офицер жоқ, оларда комиссар, ол — бір. Екінші, меньшевик, эсер басқа-басқа болғанмен де, тілегі бір. Ол — екі. Мен кадетпін. Ол — үш.

— Солай ма?

— Иә.

— Мен алашқа қызмет етемін. Үкіметке бағынамын.

— Қай үкіметке.

— Әрине, чех-словактарға емес, олар үкімет те емес.

— Енді кімге?

— Адмирал Колчак мырзаға!

Шоқан сүйдеп, жымиып, қолындағы кесені қағып салды.

Жәмжан мұңайып, екі көзін киіз үйдің өрмегіне қадады. Оның көз алдына бұрын үш қайнаса түсіне кірмеген халықтардың сән-салтанаты елестеді. Чех-словак, неміс, румын деген жаңа аттарды естігенде, оның ойына шетел түсті. Париж, Берлин, Бухарест деген қалалардың аттарын ол үйіне келген чиновниктердің талайының аузынан естіді. Бір жылы Қытай қазақтарының төрелері келгенде, солармен еріп Шүгешек арқылы Қытайға да кетіп қалмақшы болып еді Бабасы қарсы болды. Онан кейін Ешмұхан төренің тұқымдары оны Парижға, Берлинге, Будапештке алып барамыз десіп жүрді. Соны ойлап жүргенде мынадай, «қилы-қилы заман» болды. Оның құлағына тағы бір жаңалық шалынды. Ертең бе, бүрсігүні ме, онан арғы күні ме чех-словактар келеді. Татар, орыс байларымен тілектес Бәтжанның әкесі Нөсербай да чех-словактар үшін ұпай ақша салды. Олар келсе, бәрібір, шетел келеді... Әдемі киінген сымбатты жас офицерлер... аяқтарында жылтыраған етік, өкшеде сылдыр қаққан шпор. Мүмкін, олар французша сөйлейтін шығар? Француз тілі қазір модаға асқан. Гимназияда жүргенде Жәмжан әжептеуір үйренді. Французша біраз біледі. Әдемі, жас чех-словак офицері шпорларын салдырлатып, екі өкшесін біріне-бірін ұрып тық еткізе түсіп, Жәмжанға қарап иіліп: «Вонжор мадмуазель!» деп тұрса, Жәмжан оған қарап күлімсіреп «Вонжор миссио» деп, кішкентай ғана қолын ұсына береді.

Сол ойларды ойлап, тәтті қиялға батып күлімсіреп, өзі сезбестен қолын соза бергенде, қасында отырған ІІІоқан Жәмжанның қолына, үлкен бір кесе қымызды ұстата қойды:

— Сусаған екенсіз ғой!

Жәмжан селк ете түссе де, шошынғанын білдіргісі келмей кесені қолына алды.

— Сусадыңыз ба? — деді, Шоқан.

— Да! — деді Жәмжан салқын ғана.

— Ендеше, ішейік, жаным!

— Ішем... Іше бәріңіз, пожалуйста!

Артынан, «бетімді жылтыратып бір қарамасам, ренжіп қалар» деген кісідей болып Жәмжан, Шоқанға жымиып бір қарады да:

— Сіз, менсіз іше алмай отырсыз ба? — деді Шоқан аузын бүрістіріп күлімсірей түсті.

«Ей, үлбіреген жүрек! Сен неге сонша нәзіксің? Аумалы көңіл! Сен неге опасызсың! Ей, әдемілік! Сен неге өлірте бересің?» — деді ішінен назаланып Жәмжан. Жылтыраған екі көзінің ернеуінен бірнеше бүртік жас шапшып шықты да, мөлдіреп төмен қарай домалады. Оны орамалымен тез сүртіп, кезерген жұқа ерніне үлкен ақ кесенің ернеуін баса қойды...

— Бұл не? Бұл не?

— Мылтық атқан кім?

— Неге атты?

— Сыбызғы дауысы шықты ғой!

Сүйдеген дауыстармен қаланың бақшада жүрген тоғышарлары түн ауған кезде бақшаның алдында топталып тұрды. Оқиға болған жерде алдымен жүгіргендер не болғанын біліп, екеу-үшеу болып тізбектеліп, шұбырып үйлеріне жөнелді. Бақшаның қараңғы түкпірінде жүріп соң қалғандар, оқиғаның соңынан келіп, бірінен-бірі сұрап, аң-таң болды да, иіріліп біраз тұрып, олар да бірте-бірте тарай бастады.

Дәл осы сол кезде Хлебников көшесін бойлап тура Миновный жағына қарай асығып аттап жалғыз бір адам бара жатты. Үстінде ескі шинелден тіккен қысқа бешпет, басында ескі каракуль бөрік, аяғында солдаттың қысқа қоныш дәу бас етігі. Көше жым-жырт. Артта, бақшаның төбесінде, аспан мен жер екі ортасындағы ұзын-ұзын ақ діңгектер құсап электрдің нұры тұрды. Жалғыз адамның соңынан келе жатқан ешбір қара көрінбейді. Анда-санда қақпасының алдынан өткенде кейбір үйдің қорасының ішіндегі иттер ғана қақпаның астынан басын қылтитып соңынан үріп, абалап қалады.

— Сволочь! Бандит! — деді өз-өзінен зекініп, ашуын тісінің арасынан тістеп шығарып әлгі жалғыз адам. Артынан шырт еткізіп жерге түкірді.

«Не болар екен, ә?... Красная гвардия штабына барса... Мә, саған безгелдек! Қаланың төменгі бір тарауында үй бас сайын орнығып алған ақ казак-орыстар, атаман Волковтың қолы. Жоғарғы қалада «Красная гвардия» штабы. Бұл қалай?.. Біріне-бірі батып бара алмайды. Казак-орыстар көп, «Красная гвардия» аз. Бұларда барлық құрал — жалғыз грузовая машина, оның үстінде екі-үш қана пулемет, толық бір отряд бола алмайды. Казак-орыстарда мылтық аз, қылыш көп, бәрінің де аты бар. Және барлығы да қарт казак-орыстар, фронтта болып ысылып алған адамдар. Қазан, Уфа, Челяба чех-словактардың қолында деседі. Ертең бе? Онан арғы күні ме, олар мұнда келеді деген сыбыс бар. Байлардың құлағы қалқиып, мұрттарынан күліп жүр. Балта тағы бүгін олардың қолына түсті. Казак-орыстардың штабына әкетті. Бандит Сұқсыр Арамқанов Балтаны көзіміздің алдында казак-орыстарға ұстап берді. Е-ех!.. Балта, Балта! Біз екеуміздің қолымыздан не келеді деп бүгін осы бақшада жүрдік?!.. Қазір сені олар шомпалдың астына алып жатқан шығар. Тіпті атып та тастар!..»

Жалғыз адам Громов, Крайный көшеге қарап бұрылғанша осыны ойлап келді. Крайный көшеден батысқа қарай жүріп отырғанда, таудан түсе беріс жолда, сол жақта Кірпіш сарай. Онда барса Домбай шалдың үйі, онда Қылыш бар. Онымен екеуі «Красная гвардияның» штабына, Аркадий Павловичқа бармақ.

Қаланың шойын жол стансасы жақ түкпірінде винтовка мылтықтың даусы шықты. Тыңдап тұра қалып еді — тағы да жым-жырт. Оң жақ көшеде әлдеқандай бір мас адам орысша өлең айтып келеді. Даусы басталып келіп үзіле кетеді:

Захочу — полюблю...

Захочу — разлюблю...

Я, над сердцем вольна...

Шойын көпірдің бергі жағында дүрсілдеп поезд жүріп барады. Тек паравоздың алдындағы қос көз ғана жылтырайды.

Әрі-беріден соң Громовтың көз алдына Сұқсыр Арамқанов елестеді. Шоқша сақалын уыстап ұстап, күліп тұрған сияқты. Громов тағы да кіжінді:

— Сволочь, бандит, қара жүз, тап дұшпаны!.. Көресің әлі? — деді жұдырығын түйіп, Громов.

Сайдан түсіп бара жатқанда, алдында қап-қараңғы болып Кірпіш сарайының баяғыдан таныс аласа үйлері көрінді. Әрі жоғарыда Поляков тиірменінің ұзын мұржасы қап-қара болып о да түксиеді. Кейбір жерлерінде оттар жылтырайды.

* * *

Ұмсындық штабқа, Аркадий Павловичтың алдында солқ-солқ етіп жылап отырды. Кабинетте ол екеуінен басқа тағы бірнеше адамдар бар. Бұлар: Петров, Қылыш, Штейнер, Маша Гаврилова, Атымтай, Кәрім Бөкешев, Қасен Әмежанов, Қаят және Белоусов. Барлығының да өңдері жабырқаңқы, төмен қарап тұнжырап отыр. Сырттағы үлкен залда, астыңғы үйде красно-гвардеецтердің аяқ дыбыстары, дабырлап сөйлеген сөздері ауық-ауық естіліп тұрды.

— Жолдас Громов! — деді әлден уақытта, күңгірлеген дауыспен Аркадий Павлович. Громов басын жоғары көтерді.

— Жолдас Громов!.. Бақшаға баруларыңа не себеп болды? Сендердің ол жүрістеріңді комитет мүшелерінен ешкім біле ме? — деді қабағын қарс жауып, екі қасының ортасы қатпарланып Аркадий Павлович.

Громов біраз уақыт үндемей отырды. Оның кескіні зор бір қылмыс істеген айыпты адамның кескіні сияқты еді. Ол өзін-өзі анығында-ақ үлкен бір соттың, революция сотының алдында отырмын деп ойлады. Бұдан біраз уақыттар бұрын жайдары мінезді, ашық шырайлы, күліп, әзілдесіп отыратын Аркадий Павлович, қазір мүлде өзгерген. Оның қазір түсі суық. Ол осы отырғанда ешкімнің бет-жүзіне қарайтын емес, ешкімді аяйтын емес тәрізді. «Не деймін?... Мен айыпты емеспін, Балтаның өзі айыпты деуге бола ма? Жоқ. Балтамен екеуміз де бірімізге-біріміз жауаптымыз. Екеуміз де бір тілектің — революцияның адамымыз. Екеуіміз жанымыз да, тілегіміз де, революция алдында жауаптылығымыз да бірдей. Мен айыпты!» деді ішінен Петр Громов.

— Петр! Осы отырған адамдар сізден жауап күтеміз... Жауап бер! — деді баяғы екпінмен Аркадий Павлович.

Громов қозғалыңқырап тамағын кенеді.

— Жолдас Павлов!.. Мен айыптымын. Біздің ол жүрісімізді комитет адамдарынан ешкім білмейді. Біз ешкімге айтқамыз жоқ. Біз төрт кісі едік! — деді Маша мен Қаятқа қарап.

— Кім-кім?

— Маған рұқсат етіңізші, Аркадий Павлович! Оқиғаны бастан-аяқ мен түсіндірейін! — деді түрегеліп, үстелдің қасына келіп Маша Гавриловна.

Аркадий Павлович Машаға жалт қарады.

— Пожалуйста! Отыр, товарищ Гаврилова!

Маша отырған жоқ. Басындағы тарағымен шашын бір тарап қойды да, сөйлеуге кірісті.

— Мұнда бір азғантай үй іші мәселелеріне байланысты. Сол күні кешке таман Балта Төлендин, Петр біздің үйде отырдық. Сөзден сөз туды да бүгін бақшаны аралап, біраз серуен құрып келсек қайтеді дестік әйелдер отырып. Балта мен Петрға жалындық. Жолдан Ұмсындықты да ала кетпекші болдық. Сүйтіп, бақшаға келдік. Сөзге айналып Ұмсындықты ала кетуді ұмытып қойыппыз. «Мен барып әкелейін, сендер күтіп отыра тұрыңдар» деп Балта түрегеліп үлкен алаңға шыға беріп еді. Сол екі ортада жұрт опыр-топыр болды да қалды. «Ұста!» деген айқайлаған дауыстар естідік. Бір кезде мылтық атылды. Иіріліп тұрған топқа жақындағанша болғанымыз жоқ, бірнеше казак-орыстар Балтаны извозчикке көтеріп ұрып шапқылай жөнелді. Артынан сатырлатып атты казак-орыстар шапты. Біз сол екі ортада Петрден айрылдық. Қайда кеткенін білмей қалдық. Сонан Қаят екеуміз (Надежда үйде қалып еді) жүгіріп осында штабқа келдік.

— Бас аяғы сол ма? — деді Аркадий Павлович.

— Сол. Петрда айып жоқ, айып бізде! — деді орнына отырып Маша.

Әрқайсысы орындарынан қозғалып қопақтап қойды. Белоусов төмен қарап ернін тістеді. Аркадий Павлович оның барлық қозғалысын көзінің қиығымен байқап еді.

— Жолдас Громов, сіз не айтасыз?

— Аркадий Павлович! Мен дәнеңе де айтпаймын. Жалғыз көргенім сол: басында қара тақиясы бар, шоқша қара сақалды, күміс кемерлі бір қазақ Балтаны извозчикке бірге салысты. Мен оны қасымда тұрғандардан сұрасам: «Бұл — осы қаланың жатағы Сұқсыр Арамқанов деген қазақ» деді. Жұрттың арасында жасырынып, сырттарында тұрып өңі-түсін байқап қалдым да, сырт айналып, Хлебников көшесіне түстім. Әлгі қазақ... Арамқанов, казак-орыстармен бірге кетті.

— Сонан екеуміз штабқа келдік! — деді Қылыш тамағын кенеп қойып. Белоусов көзін жылтыратып Аркадий Павловичқа қарады.

— Менімше, мәселе ашық. Ендігі сөз — Балтаны босатып алу, — деді Бөкешев отырып.

— Қалай босатып аламыз?

— Соғыспен бе?

— Сұрап па?

— Не амал қолданамыз!

Отырғандар, Белоусовтан басқасы, сүйдеп самбырлай түсті. Аркадий Павлович үндеген жоқ. Төмен қарап мөлиіп отырған Ұмсындыққа көз салды. Әрі-беріден соң оң қолын қалтасына тығып, әрлі-берлі жүре бастады. Екі ортада төрт-бес адымдық жер ашық тұр еді. Жұрт бері бұрылса, Аркадий Павловичтың тыртығы бар қабағына, сырт айналса қақпақтай болып тұрған жауырынына, былғары бешпентіне қарады. Кенет Аркадий Павлович басын жоғары көтеріп алып, қалтасынан алып шылым орады да, Белоусовтан сіріңке сұрады.

— Василий Тихонович! Сенің сіріңкең английский сіріңке. Әкелші мен бір жағып көрейін.

Белоусов қалтасынан сіріңкесін алып ұсынды.

— Английский емес, Аркадий Павлович, китайский!

— Солай ма? Черт білсін, әйтеуір қызық жанады. Сенде көп болуға керек. Мұны мен алайын.

— Пожалуйста, Аркадий Павлович!

Жеңіне үйкеп жіберіп еді, көк жалын жарқ ете түсті. Отырғандар жұбанған бала құсап өңдері біраз жадырап қалды.

«Өзі қызық кісі ғой» деді ішінен Қасен Әмежанов отырып.

Аркадий Павловичтің өңі тағы да баяғы қалпына түсті, орнына отырып шамның от боп жанған білтесіне қарады. Есіне вагондағы шойын пеш, үстіндегі май шам түсті. Громовпен екеуінің кездескен күндері түсті. Громовқа қарады.

— Петр Иванович!.. Сіз айыптысыз да, жауаптысыз да. Оған не айтасыз?

— Дәнеңе айта алмаймын, Аркадий Павлович. Балтаны босатуды маған тапсырыңыз. Мен өзім істеген масқарашылықты сонымен жоғалтайын. Оған қалай қарайсыз?

— Ол дұрыс.

— Мұны қабыл алу керек.

— Ендеше, сүйтсін.

— Жарайды.

Отырғандар, Белоусовтан басқасы, тағы да сүйдеді. Жалғыз Белоусов қана кім сөз айтса, соған жалтақтай беріп отырды.

— Сіз не айтасыз? — деді Аркадий Павлович Белоусовқа.

— Мен бе?.. Мен... Менімше, солай ету керек!

— Қалай?

— Босатып алу керек, больше ничего!

Аркадий Павлович мұртынан күлді де, Громовқа қарады.

— Ал, егер, сен босатқанша казак-орыстардың штабы Балтаны «расходқа» жіберсе, онда қайтпексің?

— Мені де расходқа жіберіңдер! Жауаптымын!

Громовқа барлығы да жалт бұрылды.

— Есіттіңдер ғой, жолдастар? — деді Аркадий Павлович отырғандарға.

Отырғандар бастарын изеді. Онан кейін Аркадий Павлович былай деді:

— Жарайды ендеше. Қанша срок берейін?

— Жиырма төрт сағат! Ертең осы уақытта нәтижесі мәлім болсын! — деді ұшып түрегеліп Петр Громов. Сүйдеп Аркадий Павловичтың қолын ұстады. — Мен кеттім, жолдас Павлов!

Петр Громов барлығымен қоштасып, аяғын қатты-қатты басып шыға жөнелді.

Жолбарыстың аузында тұрған Балтаны Громов қалай босатып алады? Онысы тым қызулық емес пе?.. Төменгі қаланың іші самсаған казак-орыстар. Әр жерде қарауылдары күшті. Екі есе қойған жерлері де бар.

Громов оны біле ме екен? Ол не ойлап батылдық істемекші болды?..

Қасен Әмежанов соны ойлады. «Революция оңайлықпен қолға түспейді екен ғой! Фронтта социал-демократтар «қансыз революция жасадық» деп бөріктерін көкке шүйіріп еді. Большевиктер: «Нағыз революцияны зор күреспен, қарулы күшпен жеңіп орнатамыз. Революция үшін, пролетариат үстемдігін орнату үшін елі талай құрбандар беріледі. Онан тайынбаймыз! деп еді. Осы басталып келе жатыр ма?» деді өз-өзіне Қасен.

Аркадий Павлович өткір көзін Белоусовқа қадады.

— Жолдас Белоусов! Сізге де кезек келді. Сіз, как ысылған, тәжірибелі революционер, Громовтың соңына көз-құлақ болып жүресіз. Соған көмекке жіберілесіз. Оған қалай қарайсыз?

Белоусов ұшып түрегелді.

— Құп болады, жолдас Павлов!

— Ендеше, сіз де қазірден бастап Громовтың соңынан ересіз. Алда-жалда жазатайым жұмыс болса, дереу штапқа хабар бересіз!

«Егер бермесе, онда қайтем?» деді ішінен Аркадий Павлович.

— Құп болады, ендеше, мен де кеттім!

Белоусов та Громовқа еліктегендей болып Аркадий Павловичтың қолын ұстады. «Қолы мұздай ғой, жүрегі де сондай ма екен!» деді зәресі ұшып Белоусов. Денесі тітіркене түскендей болды. Төмен қарады. Аркадий Павловичтың өткір сұр көзі өңменінен өтіп кеткендей болды. Белоусов қоштасып шыға жөнелді. Артынша Аркадий Павлович ұзақ уақыт ойланды. Отырғандар селт еткен жоқ. Барлығының да көзі Аркадий Павловичта болды. Өте зор қошаметпен, мойын сұңғандық түрмен қарады.

«Ол барлығына да жауапты еді ғой! Комитет солай ұйғарып еді ғой!» деді ішінен Кәрім Бөкешев.

— Жолдас Штейнер, жолдас Маша! — деді Аркадий Павлович салмақты дауыспен. — Біз барлығымыз да партияның қатардағы солдатымыз. Социалистік революция үшін, кеңестер үшін қандай ғана күреске болса даярмыз. Бұл күрестің тар жол, тайғақ кешулері әлі де алдымызда тұр. Сендер, мүмкін, жалғыз бір адам үшін, Балта үшін, сонша неге қамығады, азулы аңның аузында тұрған Балтаны құтқару үшін күшті неге селтитіп жібереді? Онан да төмен қалаға шабуыл жасасақ қайтеді деген ойды да ойлайтын шығарсыздар. Бірақ ол қате болар еді. Біз қазір жарым ашық, жарым жасырын түрде отырған ұйымбыз. Өйтіп ашық шабуыл жасауға бізде күш аз. Айналдырған бірнеше адамдармен, үркердей ғана Қызыл гвардеецтермен, казак-орыстардың үлкен қолына шабуыл жасай алмаймыз. Оны да есепке алу керек. Кейде жаудың күшімен есептеспей болмайды. Білемін. Қазір ең қауіпті уақыт. Партияның темірдей тәртібін үсті-үстіне нығайтатын уақыт. Партия — барлығымызды да солай тәрбиелейді. Революция үшін осы күні әрбір партия мүшесі қымбат. Шын большевик, революция үшін, кеңестер үшін күресетін адамды партия бағалайды. Міне, біз қазір сол сабақтың алдында тұрмыз. Жасыратын дәнеңе жоқ. Сен екеуің де әлгі жұмысқа аттанасыңдар. Бір жағы Балтаны босатуға көмектесу болса, екінші жағынан... Екінші жағынан... Екінші жағынан әлгі кеткен Белоусовқа сақ боласыңдар. Өзіне көрінбей отырып соңынан бір елі қалмайсыңдар. Егер аз ғана бұлтарса...

— Мир ун йедер Прейс, зур вернишһтунг! — деді, қолын жайқап қалып, жұлып алғандай болып Штейнер. Өз тілімен айтқанын сезбей де қалды.

— Аз ғана бұлтарса, қиянаты сезілсе, көзін жойыңдар! — деді Аркадий Павлович үстелді қойып қалып.

Отырғандар селк ете түсті.

«Белоусов шынымен-ақ сондай адам ба екен?» деді ойланып Кәрім Бөкешев. «Ол ондай солқылдағы қиянаты сезілген адам емес еді ғой!» деді тағы да ішінен. Аркадий Павловичтың үстіне жүктелген міндет есіне түсті де, іші кеңи берді.

— Жарайды!

— Орындаймыз, — деді Маша мен Штейнер.

Тыста тиірменнің гудогі естілді.

Енді бір минуттен кейін, Маша мен Штейнер отырғандардың арасында көрінбеді.

— ...Айтпайсың ба, сволочь? Айтпайсың ба қырғыздың мордасы, ә?..

Қара көлеңкелеу жанған шамның алдында қабағы түксиіп, қолын сыртына қойып әрлі-берлі жүрген бір казак-орыс офицері Балтадан допрос алды.

Жүрген кезде офицердің өкшесіндегі шпормеп бірге беліндегі қылыш та саудырайды. Жапсарда еңгезердей болып бүкіл бір үйдің ішін алып офицердің көлеңкесі тұрды. Жүрсе, отырса бірге қозғалады.

— Қаруларың көп пе? — деді үстелге шынтақтай беріп.

— Білмеймін, көргенім жоқ.

— Ендеше, мынау мылтықты қайдан алдың?

Офицер мойны сорайған ескі бір алты атарды қолында шүйіріп тұрды.

— Өзімдікі.

— Кім берді?

— Өзімдікі.

— Мұнымен не қылмақшы едің?

— Өзімді-өзім қорғамақшы едім.

— Кімнен.

— Жаудан.

— Қандай жаудан? Қазір жау бар ма?

— Бар.

— Ол қайда?

— Революцияға, кеңестерге қарсы жау қай жерде болса, сол жерде!

— Революция?.. Ол не?..

— Революция! Жұмысшыларды үкімет басына отырғызу, сүйтіп...

Сүйтіп, айтып бітіргенше болған жоқ. Қайдан келіп қалғаны белгісіз, бірнеше казак-орыстар Балтаны қойып-қойып жіберді. Көзінің алды жарқ-жұрқ етті. Құлағы шыңылдай берді.

— Арда! Мә, саған жұмысшылар үкіметі!

— Мә, саған республика!

— Мә, саған Совет! Совдеп!

Сүйдеген дауыстарды құлағы анда-санда бір шалды. Онан кейін дәнеңені естіген жоқ. Құлағы шыңылдап, көзінің алды қарауытып, тек әшейін, бүктетіліп жата берді. Ауырған, жанына батқан жерлерін қолымен қорғады. Соққыда қанша жатқаны белгісіз, бір кезде көзін ашып қарап еді, үсті-басы су, әлдеқандай бір қараңғы жерде екен, көзін ашып қозғалмай біраз жатты. Өзінің бұл жерге қалай келіп қалғандығын ойлады. Есіне түсіп еді, көзін қайта жұмды.

* * *

Штабта отырғандар бірінен соң бірі Аркадий Павловичпен қоштасып шыға жөнелді. Кабинетте Аркадий Павловичтен басқа ешкім қалған жоқ.

«Не істедім, енді не істеуім керек?» деді Аркадий Павлович ойланып, екі қолын қалтасына тығып әрлі-берлі жүрді. «Сол! Онан басқа ешкім де емес!» деді тағы да өзіне-өзі. Бұл ойы Белоусов туралы еді. Көзінің алдына вагондағы жағасы қоқырайған, желкесі күжірейген қара көзілдірікті адам елестеді. «Черт!., ұқсайды!» деді тағы да Аркадий Павлович. Сүйтіп, есікті ашып сырттан кісі шақырды.

— Кім керек, жолдас Павлович? — деді, қолында бердеңкесі бар бір орыс жігіті. Басы Аркадий Павловичтың иығынан келіп тұрды.

— Әупілдеков бар ма?

— Атымтай Әупілдеков дежорға жаңа ғана келді. Астыңғы үйде.

— Жарайды, жолдас Павлов!

Тағы да екі қолын қалтасына тығып, ерсілі-қарсылы жүріс. Тағы да он адым ілгері барып, он адым кері аттау.

Мен ұтамын ба? Ұтыламын ба?.. Егер... егер Балтаны казак-орыстардың полевой соты расходқа жіберген болса... онда... Громов Петр не болмақ?.. Ә? Белоусовшы?.. Белоусов оны ұстап берсе, өзі сол жаққа шығып кетпек! Олар Белоусовтың қиянатын қалай сезбек?.. Егер...

Аркадий Павлович сол ойлаған ойын бітіргенше болған жоқ, есікті ашып кіріп тұрған Атымтайға жалт бұрылды.

— Отыр, жолдас Әупілдеков!

— Сіз мені шақырдыңыз ба?

— Иә.

Аркадий Павлович ескі диванға Атымтаймен қатар отыра кетті.

— Жолдас Әупілдеков! Белоусовтың пәтерін білесің бе?

— Белоусовтың?

— Иә, Василий Белоусовтың пәтерін!

— Білемін.

— Ендеше, екеуміз... Иә, екеуміз соның пәтеріне барамыз. Қолыңдағы винтовканы таста да, қоймадан алты атар сайлап ал.

— Қазір барамыз ба, жолдас Павлов?

— Иә, дереу!

«Онда неге барамыз? Ол үйінен табылар ма екен?» — деді ішінен Атымтай. Үйден шыға жөнелді.

XXIV

Аркадий Павлович штабтан таңертең қайтып кереуетке құлай кетіп еді. Жаңа ғана көзі ұйқыға ілініп бара жатқанда екі гвардеец тарс-тарс етіп кіріп келді.

— Не болды? Не бар? — деді екеуіне кезек-кезек қарап Аркадий Павлович.

— Жолдас Павлов! Вокзалда толық бір эшелон чех-словак солдаттары тұр. Сізді сұрайды! — деді демін зорға алып ентігіп секпіл бетті бір бала жігіт.

— Чех-словак! Не может быть!

Аркадий Павлович орнынан ұшып түрегелді де, маузерін мойнына асты.

— Оны кім көрген екен?

— Жаңа стансадан бірнеше шойын жол жұмысшылары қызыл гвардеецтер келді. Чех-словактардың бастығы сізді телефонмен хабарлассын депті. Станса бастығының кабинетінде күтіп отыр дейді.

Екі қызыл гвардеец Аркадий Павловичтың соңынан азар еріп отырды.

— Сендер комитетке хабар беріңдер. Жұмысшыларға хабар берсін. Ондағыларды штабқа шақырыңдар! — деді тоқтай қалып Аркадий Павлович. Олар үлкен көшеге қарай жөнелді.

Аркадий Павлович кабинетіне кіре беріп еді, ішінде отырған гвардеецтер тәжім етіп амандасты.

— Стансадан келгендер кім?

— Біз, — деді үсті-бастары майланған, бет-ауыздары қап-қара төрт-бес депо жұмысшылары.

— Не хабар бар?

— Бүгін таңертең күн шығып келе жатқан мезгілде, қаланың стансасына бір эшелон чех-словак әскерлері келіп тоқтады. Коменданты станса бастығының кабинетінде отыр. Мені большевиктермен сөйлестіріңдер дейді. Станса бастығы жөндерін сұрастырып еді, ашып айтпады. Біресе «Омбыға барамыз» дейді. Біресе «осында біраз тоқтап, елге қайтамыз» дейді. Қару-жарақтары бар.

— Зеңбірек көріне ме?

— Жоқ. Онысын көргеміз жоқ. Вагондарының маңайынан еш адамды жүргізбейді. Часовойлар тұр.

— Станция... Вокзал?.. Телефондағы кім?.. Чех-словак эшелонының коменданты?.. Сізге не керек? Мен қызыл гвардия штабының бастығы.

Вокзал жақтан дауыс келді:

— Мен чех-словак эшелонының коменданты Камарок.

— Қ-о-ш! Қандай жұмысыңыз бар?

— Бізге қалаға кіруге рұқсат керек.

— Қалада не жұмыстарыңыз бар?

— Жоғарыдан бұйрық келгенше, осында жата тұрамыз.

— Қайда бара жатырсыздар?

— Елге қайтып бара жатырмыз.

Аркадий Павловичтың есіне чех-словактардың орталықтағы Кеңес үкіметіне қарсы қойған «требованиесі» түсті.

— Қару-жарақтарыңыз бар ма? — деді, Камарокке телефон арқылы.

— Бар, ол сіздерге неге керек?

— Керегі мынау: біз қару-жарақтарыңызбен қалаға кіргізбейміз. Оның барлығын да біздің қолымызға тапсырасыздар!

— Тапсыра алмаймыз. Ол біздің өзіміздікі.

— Елге қайтатын кісілерге қару-жарақ не керек?

— Қорғанамыз.

— Кімнен?

— Большевиктерден.

— Большевиктер қару-жарақсыз, зиянсыз соғыс тұтқындарын не қылмақ? Еліне қайтуға ешбір бөгет жасамайды. Қару-жарақтарыңызды бізге тапсырыңыздар, біз де сүйтеміз.

— Ақылдасып көрейін.

— Кіммен?

— Жоғарғы командованиямен.

— Ол қайда?..

Сонан кейін вокзал жақтан дауыс келуді қойды. Телефонда үн жоқ.

— Не былшылдайды? — деді Иванов түрегеліп.

Бұлар, Кәрім Бөкешев, Надежда, Қабыл, Мақсұт, Қылыш, Қасен барлығы бірге жаңа ғана кіріп отыр еді.

— Да! Көптеген «меймандар» келді, — деді тұнжырап Аркадий Павлович.

«Егер төмен қаладағы казак-орыстармен екеуі қосылып кетсе... онда құлағанымыз ғой» деді ішінен тағы да.

— Да, қауіпті «меймандар!» — деді Иванов пен Бөкешев.

— Заводтарға, тиірмендерге хабар айтылды, — деді Қабыл мен Қасен Аркадий Павловичқа.

Чех-словактармен екі ортадағы сөз таңертеңнен кешке дейін созылды. Мардымды ешбір нәтиже болған жоқ. Чехтар казак-орыстармен астыртын өзара ақыл қосып, план құрып қойып еді.

Громов, Белоусов, Штейнер, Маша зым-зия жоқ болды. Олар таңертеңнен жоқ. Ешкім іздеп таба алмады.

— Белоусовты қайткен күнде де тауып алыңдар! — деді бірнеше красногвардеецке Аркадий Павлович.

Кеш болды. Қас қарайып ымырт жабылды. Штаб, станция жақ қаланың төңірегіне красногвардеецтерден іріктеп-іріктеп қарауыл қойды. Қалаға қауіп орнады.

— Еш адамды қалаға кіргізбеңдер, ешкімді шығармаңдар! — деді қарауылдарға Аркадий Павлович.

— Сволочь, муттер.., тура кіре жөнелді. Часовойлар оны бөгеген де жоқ. Әрине, бұрын мұнда келіп жүрген. Әйтпесе, оған бұл үй, өз үйіндей бола ма?

— Мұнда атаман тұратын болар?

— Тұра тұр! Бұл қай көше?..

Штейнер біраз ойланғандай болды.

— Жоқ! Штабтары мұнда емес. Есіл жақ көшелердің бірінде. Громовты жоғалтып алдық-ау, — деді Штейнер.

Сол кезде часовой тұрған қақпа ашылды да, тұтқа темір сылдыр ете түсті. Қақпадан үш адам шықты. Бірі — Белоусов, екеуі — казак-орыс. Штейнер мен Маша дереу бөтен көшеге түсіп тасаға қарай жүрді. Бірақ арттарынан көз алған жоқ.

Есілден бері екі көше тұрған үсті қызыл тас, асты ағаш екі қабат үйдің баспалдағының алдында қарайып ту ілініп тұр еді.

— Штаб, міне, осы, — деді ақырын ғана сыбырлап Штейнер.

— Петр қайда? Көрінбейді ғой, — деді назаланып Маша.

Штейнер Машаны қолтығынан тартып, көшенің екінші басына, анда-санда бірдеңе қарайып көрінген жаққа нұсқады. Екеуі бір қақпаның алдындағы отырғышқа келіп отырып, біріне-бірі ығысып, манағы қарайып көрінген затқа көз салды. Әрі-беріден соң ол жерде дәнеңе де көрінген жоқ.

«Осы Петр емес пе екен? Ол неғып Белоусовтан соңға қалып жүр? Анығында Белоусов оның соңында жүру керек еді ғой. Сірә, Петр де Белоусовтың кім екенін сезген болар», — деді өзіне-өзі Штейнер.

Түн қараңғы, қара пердедей болып жерге қарап түнеріп тұрды. Төмен қаланың күні-түні пыс-пыс етіп су тартып, буы бұрқырап жататын «водокачкасы» да бүгін жым-жырт. Ең аяғы терезесінен жылтырап от та көрінбейді.

Көшеде бір тірі жан жоқ. Манағы әр жердегі сықылықтап күлген күлкі де, шырқаған ән де, бақырған гармонь даусы да естілмейді. Барлығы да демін ішіне тартып, «енді не болар екен?» деп, бірдеңені күтіп тұрған сияқты. Есілдің арғы жағындағы биік таудың басына қап-қара болып, түннен де бетер түнеріп шіркеудің кескіні тұр. Онда да үн жоқ. Есіл арқылы салынған ағаш көпірді тарсылдатып, дүрсілдетіп күні-түні жүргіншілер, ауыл-деревня шаруалары жүріп жататын елі, онда да тым-тырыс. Жер де, көк те біріне-бірі қабақ түйіп түнеріп тұр.

Бір кезде Есіл жақ көшенің бойында тарп-тарп етіп аттаған бірнеше аяқ дыбыстары естілді. Қарайып төрт адам көрінді. Екеуінің қолында ыңғайлап, алдыңғы жақтағы біреуге тежеп ұстаған винтовка мылтық, біреуі бос сияқты, қолында ұстаған дәнеңесі жоқ. Бірақ беліндегі қылыш әлсін-әлсін сирағына соғылып, сып−сып етіп барады. Бұлар Есілдің бергі жақ жағасын бойлап қаланың сыртына қарай жөнелді.

Балта аяғын әрең басты. Ол казак-орыстардың атуға алып бара жатқандығын қақпадан шыққан соң-ақ біліп еді, оған дейін ол үміт кешкен жоқ. «Жатып-жатып шығамын ғой» деп ойлады. Қақпадан шығып Есіл жаққа айдап жүре бергенде-ақ, ол өзінен-өзі өкінді. «Тым болмаса жаумен жағаласып та өлмедім-ау! Қапылыста, арманда өліп кетемін-ау» деді. Алғашқыда іші-сырты мұзды су құйғандай болып суына қалды. Жүрегі әлсін-әлсін тебінді. Көзі тұнып, аяғы ауырып, буыннан әлі кеткен сияқтанды.

— Шешін! — деді жардың биік жағасына таман келгенде, қолындағы алты атарының тұмсығымен түртіп казак-орыс офицері. Балта үндеген де жоқ, орнынан қозғалған да жоқ.

— Тақсыр! Шешіндіріп не керек. Сол, шешінбеген бойымен-аң жалпита салсақ болмай ма? — деді бір қарлыққан дауысты казак-орыс барылдап.

— Но, жарайды ендеше! — деді офицер, бәрібір деген кісіше ерініп қана. Сүйдеп бұрыла бергенше болған жоқ, кейінде, жардың бойында әлдекім ауыр күрсінгендей болды. Артынан, жардың омырылып түскен бір кесегіндей болып бір нәрсе терең суға күмп беріп түсті. Офицер казак-орыстың бірін сырт беріп тұрған Балтаның қасына қалдырып, біреуімен дауыс шыққан жаққа қарай жүгіре жөнеліп еді, жардың ернеуінен от жарқ ете түсті. Офицер омақатып барып құлағанша болған жоқ, от тағы да жарқ етті. Артынша мылтығын лақтырып барып қасындағы казак-орыс та құлады. Мылтықтың тарсылдағын жаңғырығы жым-жырт түнді тіліп барып, гулеп әлдеқайда асты.

Алдымен Громов, артынан Штейнер мен Маша жүгіріп келіп қалғанда Балта мен казак-орыс екеуі мылтыққа таласып жағаласып жатыр еді. Штейнер казак-орыстың сыртынан келіп әлденені кірш еткізіп желкесінен батырып еді, казак-орыс ыңқ етіп барып құлай кетті. Тұяқ та серіпкен жоқ.

Қуанып Громовтың мойнына асылған Балтаны қасындағылар жүгіріп ала жөнелді. Балтада ес жоқ.

— Есіңді жи, Балта! Есіңді жи! — деді ентігіп Громов.

Бұлар тау басындағы «Назаров» моншасының бергі жақ аралығымен жоғары әрлеген кезде, станция жақта мылтық дауыстары естіліп тұрды.

* * *

Түнде сағат бір-екі шамасында чех-словактар қалаға шабуыл жасады. Алдымен көше-көшенің мүйістеріндегі қарауылшы қызыл гвардеецтерді бір-бірлеп білдіртпей басып алды. Кейбіреулері түннің еңседен басқан зілдей салмағын көтере алмай қалжырап, ұйықтап та қалып еді. Чехтың бір солдаты бомбасын жарып алып өлді. Бомбаның даусы жым-жырт түнді жаңғырықтырып, кейбір қалғып-мүлгіп тұрған гвардеецтерді шошытып жіберді. Дереу мылтықтарын аспанға атып, тревога беріп, штабқа қарай жүгірісті.

Консерв заводындағы жұмысшылар мен чехтар екі ортасында атыс әлдеқашан басталып еді. Атымтай мен Иванов солардың арасында жүрді.

— Дереу менің соңымнан жүріңдер! — деді, чехтар штабының терезесінен бомбы тастаған кезде Аркадий Павлович. Жоғарғы басқыштан топырлап түсіп бара жатқан кезде, қарсы алдынан үш-төрт адам кез келді. Коридор қап-қараңғы еді.

— Жолдас Павлов бар ма? — деді біреуі.

— Бар!

Аркадий Павловичтың құлағына Громовтың қалың дауысы таныс еді. «Шынымен-ақ, Петр ма екен?» деді Аркадий Павлович.

— Жолдас Громов!

— Иә, мен Аркадий Павлович! Тапсырмаңыз орындалды!

— Жылдам кейін жүріңдер! Жылдам! Соңыра! Соңыра! — деді Аркадий Павлович, маузерін төбесінен асыра ұстап. — Оңбаған Белоусов қайда? — деді қақпадан қызыл гвардеецтермен жүгіре шығып.

Көшеде тарс-тұрс мылтық атылып, бомба жарылып жатты. Қызыл гвардеецтер атысып, консерв заводына қарай жылысты.

— Штейнер! Жолдас Штейнер...

— Да, мен! — деді бір жырақаның түбінде бұғып атып жатқан Штейнер.

— Белоусов қайда? Әкеліңдер Белоусовты! — деді ашулы дауыспен Аркадий Павлович, Штейнерге қарай ығыса беріп.

— Орындадық!

— Нені орындадыңдар?.. Балта босады ма?

— Босады. Әне жүр!

— Ал, Белоусовты?

— Расходқа жібердік, — деді тістенген дауыспен Штейнер. Онан басқа дәнеңе деген жоқ.

Қызыл гвардия отряды консерв заводына бекінді. Ұзақ уақыт атысты. Басқа жерде атыс әлдеқашан басылып еді.

Алыстан тасырлап шауып келе жатқан дауыстар естілді. Бұлар төмен қаладан шыққан казак-орыстар еді.

— Казак-орыстар!

— Казак-орыстар шауып келеді! — деді айқайлап қызыл гвардеецтер.

Бомба тұс-тұстан жарылды. Жақында әйелдің шыңғырған дауысы естілді.

— Маша! Маша! — деді, бір қалың дауыс.

Ешкім жауап берген жоқ.

XXV

Штейнер консерв заводының бергі жағында, бос қораның сыртында, терең орда жатты. Ол жаралы еді. Өне-бойы ұйып, оң жаң иығы омырылып түсіп бара жатқан сияқтанды. Кейде сыздайды.

«Бізді біреу ұстап берді. Бізді біреу ұстатты!» — дей берді ішінен. Бұл ой оның көңіліне чехтармен екі ортада атыс басталған соң-ақ келіп еді. Мұны ол ұмытқан жоқ. Басын жоғары көтеріп жан-жағына қарап еді — қараңғы, ешкім көрінбейді. Жалғыз-ақ, қала жағында бірен-саран мылтық атқан дауыстар естілді.

«Біздің жігіттер қайда?.. Неғып барлығы да хабарсыз қалды екен?» — деді ішінен тағы да. Шөлдеп тамағы кеуіп бара жатқан сияқты. Қозғалып байқап еді — зілдей, өзін-өзі көтере алатын емес. «Қалайда бір үйге тығылу керек! Қайда?.. Кімге?..»

Штейнер қозғалмай біраз жатты. Оның есіне Маша түсті. Ол қараңғы, құйма бойында атысып жатқан кезде жүгіріп бара жатып құлай кеткен Машаны көрген болатын. Онан соңғысын білмейді. Онан соң ол көрінген жоқ. Бірақ оған дейінгісі Штейнердің көзінің алдында тұр, ұмытқан жоқ.

Жоғарыда аяқ дыбыстары білінді. Ауық-ауық естілген сөздеріне қарағанда чехтарға ұқсайды. Штейнер етбетінен бұғып жатып көзін жұмды.

«Іздеп жүр, муттер...» деді ішінен, Штейнер.

Бірнеше минуттан кейін маңайда ешбір сыбыс білінген жоқ. Әлдеқайда тауық шақырды. Таң білінген тәрізді. Штейнер ақырын көтеріліп, ордың ішімен жүріп отырып, консерв заводының арғы жақ сыртына шықты. Қаланың ішінде ешбір жылтыраған от көрінбейді. Сол жақта қап-қара болып сорайып Мұратов тиірменінің ұзын мұржасы көрінеді.

«Маша! Маша!.. Геноссе! Диесес Ербеһіндерт нус, айн неуес Лебен зо вауен» — деді, түксиген қараңғылыққа, қарайған үйлерге қарап келе жатып Штейнер.

Штейнер Надежданың үйіне қарай келе жатты.

XXVI

Бір кезде қатын-баласын, қыздарын пәуескеге тиеп алып, қоңыраулатып, Нөсербай мен Мәули де қаладағы үйлеріне келді.

— Большевиктердің үні өшті, қырылды, жойылды. Абақтыға түсті. Енді дүниеміз кеңіді! — деді Жұмажан Тілекұлы, Жиенбай Аманжолұлы, Бейсембай қажы Бұланов, Қали Бөкешев сияқты «ел қамқорлары». Бұлар сүйдеп айқайлап байлардың алдарынан шықты. Нөсербайдың үйіне тағы да Қиғаш, Шоқан, Әбіш сияқты офицерлер, адъютанттар, Ақыжан сияқты «бұлбұл ақындар» толып кетті.

Қаланың тоғышарлары, қара жүз бейбастақтары көшедегі чех-словак солдаттарының артынан шұбырды. Чехтың офицерлері бала жұбатқан тәрізденіп, арттары нан шұбырған оларға кәмпит берді, папирос үлестірді.

Бәтжан, Жәмжан, Күлтай сияқты кербез «сұлулар» бетінің бояуларын бұрынғыдан анағұрлым түрлендіріп, өз офицерлеріне бунақ-бунақ қып букет берді. Жүріп Лира жатқандарында төбелерінен түрлі-түсті шұбар қағаздар шашты.

— У-р-рара! Ур-р-р-ра! — десті олар.

Сұқсыр Арамқанов та асығына қайтты. Ол қалада өзгеріс болатын күні басына күлапарасын жамылып, қашып барып орыс моласына жасырынған болатын. Басынан күлапарасын алып тастап, тақиясын шекесіне киіп, чехтардың соңынан ерді.. Қара жүзді бейбастақтардың басын біріктіріп алып «большевик қайдасың» деп үйден-үйге жүгірді.

XXVI!

— Ұста! Ұста!

— Ұстаңдар большевикті! Ұстаңдар!

Сүйдеген дауысты естіп, көшеде ерсілі-қарсылы жүріп жатқан халық жалт бұрылды.

Караванная көшесінің бойында, шашын, мұртын тап-таза қырдырып жалаң бас бір татар жігіті, алды-артына қарамастан жан-пәрменімен жүгіріп келе жатты.

— Ойбай, мынау Мақсұт қой! — деді, жүгіріп келе жатқан жалаң бас жігітті таныған адамдар... Сүйдеп иіріне-бірі қарады. Жалаң бас жігіт Караванная көшесімен Ровная көшенің түйіскен жеріне барған кезде, бір-екі адам әлгі жігітті шап беріп ұстады да, қойып-қойып жіберді. Бұлар қаладағы атақты қара жүздіктер Кәметай және Шамсутдиновтің приказщигі Жалали деген кісілер еді.

— Қоя беріңдер! Қоя беріңдер! — деп жұлқынып жалаң бас аққұба жігіт. Кәметай мен Жалали оны қоя берген жоқ. Жығып салып тепкілей бастады. Бұрқыраған шаң, қиратқан боқтық.

— Сол керек, енеңді! «Совдеп», «Красная гвардия» деп әбден тіпті, — деді ентігіп, ашуына булығып қуып келіп қалған жуан қарынды тасырайған көзді қара кісі. Бұл — Бейсембай қажы Бұланов еді.

Көшедегі жұрт иіріліп тұра қалды.

— Е, не болды? Не болды?

— Неге ұрасыңдар?

— Чехтарға алып бару керек!

— Не жазығы бар еді?

— Қажы! Бұларыңыз не?

Жұрт сүйдеп шулады. Әркім әр түрлі сөз айтты. Бірақ оны тыңдаған Қажы жоқ. Оны тыңдаған Кәметай мен Жалали жоқ. Аяқтарын да, қолдарын да жұмсады. Ұрды, тепкіледі.

— Жазық?!.. Ол не деген сөз? Жазық сол: большевиктерден біз жаңсылық көрдік пе? Бұл итті білмейсің дер ме? Бұл — большевик Мақсұт! Танымайсыңдар ма? Ұрыңдар, тепкілеңдер! — деді Бейсембай Бұланов жұртты ушықтырып. «Шоқ-шоқ-шоқ» деді бірен-саран мас извощиктер, босқа жүрген бейбастақтар Мақсұтты тарсылдата жөнелгенде, тағы да Бейсембай Бұланов.

Мақсатта үн жоқ, көтерілетін шама жоқ. Бет-аузын қан жауып кетті.

Белі бүкірейген, бетін әжім басқан, басында қара шәлісі бар, қарына бір кішкентай корзинка ілген бір орыстың кемпірі, міңгірлеп шоқынып-шоқынып былай шыға берді.

— Боже-мой! Боже-мой!.. Не деген жауыз адамдар, не деген мейрімсіз халық! Тапа-тал түсте кісі өлтіріп жатыр!

Бір талай адамдар бастарын шайқады. Кейбір әйелдер жылап, жаулықтарының шетімен көз жастарын сүртіп тұрды.

Көшедегі жүгірмек балалар опыр-топыр болған халықтың біресе о жағына, біресе бұл жағына шығып біріне-бірі айқайлады.

— Әни! Әни! Мақсұт абзины өлтірділер бит!

— Ұры ұсталды, ұрыны ұстап алып, ұрып жатыр.

— Өй!.. ұры емес, большевик ағай!

— Большевик ағай?..

— Кәметай мен Жалали ұстады.

— Қажы қуып келді.

Дәл сол уақытта бір той қызыл гвардеецтерді орталарына алып айдап бірнеше чехтар өтіп бара жатты.

— Господин офицер... Большевик, большевик! — деді балпылдап, қолын сермеп Бұланов.

Басында австриялықтардың киетініне ұқсаған қалпағы бар, жарқыраған құсты, қара мұртты бір чех офицері құдиып тоқтай қалды.

— Шауа?.. Большевик?!.. Красный?.. Аристовайть!

Офицер топталған халықты жарып өтіп, аяқтың астында бүктетіліп, аузы-басы қан боп, шаң-топыраққа боялып жатқан Мақсұттың қасына келді. Етігінің тұмсығымен бір-екі түртіп қалып қораздана түсті.

— Сволочь... Комендант Камарок приказал! Служим, тұр, сволочь, собака!

Мақсұтта үн жоқ. Тек, шала-жансар еді. Кеудесі анда-санда бір көтеріліп қояды.

— Померал! — деді мұрнының ішінен міңгірлеп офицер. Сүйдеп жан-жағына бір қарап алды да:

— Извозчик есть? — деді Бұлановқа.

— Есть господин офицер, есть!

Бейсембай Бұланов Кәметайды извозчик әкелуге жұмсады.

— Шагом марш! — деді тұтқындарды алдына салып тұрған солдаттарға офицер. Олар офицерді Мақсұттың қосында қалдырып, жалаң аяқ, жалаң бас тұтқындарды айдап алып жөнелді.

— Айдап алып бара жатқандары кім-кім екен? — деді шырылдаған дауыспен жуантық, саудагер құсаған бір сары кісі.

— Көбі орыс қой! — деді Бейсембай Бұланов ожырая қарап.

— Ішінде қазақтар да бар.

— Барсын! — деді қолын бір-ақ сермеп Бейсембай Бұланов.

Офицер Мақсұтты ломовойшылардың төрт аяғы құсаған арбаға көтеріп салғызып, үстін жөкемен жапқызды да, алып кетті. Өзі көшенің жиегін жағалап қоразданып жаяу жүріп отырды.

XXVIII

— Жұмысшыларды біздің қолымызға бер... Біздің кегіміз бар! — деді Маликов деген орыс байының үйіне келіп Сұқсыр Арамқанов.

Маликов ұйқысынан жаңа ғана тұрып қатын, бала-шағасымен шай ішіп отыр еді. Сұқсырдың бетіне күлімсіреп қарай берді.

— Пожалуйста, Арамқанов, шайға отыр, шайға кел! — деді бір кішкентай қызын орындықтан тұрғызып жіберіп, Сұқсырға орын көрсетіп.

— Рақмет, господин Маликов! Тыста кісілер бар. Жұмысшыларыңызды сұрай келдік — деді көзі ойнақшып, шоқша сақалын уыстап.

Маликов шыны-аяғын төңкеріп тастап түрегелді де, Сұқсырды ішкергі үйге шақырды.

Кең бөлме. Іші қара көлеңке күннің көзін түсірместей етіп терезелерін қалың пердемен жауып тастаған. Перделерін алып еді, күннің көзі еденге жарқ ете түсті. Жапсарда бірінің астында бірі суреттер тұр. Бір жақ жапсардағы үлкен әйнекті суретте Николай патша мен әйелі Мария екеуі түрегеліп тұр.

— Господин, Арамқаныч! — деді жан-жақты көзі мен сүзіп отырған Сұқсырға Маликов. — Өзің де білесің. Жұмысшылардың иесі осындағы большевиктердің комитеті. Егер білгің келсе, мен айтайын: Кәрім Бөкешев. Мен тек әшейін жалдаушы ғана.

— Кәрім Бөкешев?

— Иә, господин Арамқаныч.

— Қазір большевиктер жоқ. Қала «халық армиясының» — чехтардың қолында, қазір біз жеңдік. Енді олар большевиктер, қайта айналып келмейді, — деді, ақырын үстелді ұрып Сұқсыр.

— Ендеше, тіпті жақсы, тіпті жақсы, господин Арамқаныч, — деді Маликов өңі жадыраңқы түрде.

— О ит енді қайда екен? — деді орнынан тұра беріп Сұқсыр.

— Кім?

— Кәрім Бөкешевті айтамын.

— Е, ол әлдеқашан қашқан шығар! Қаланы чехтар алған болса...

— Қашып қайда барады. Бүкіл Ресей халық армиясының қолында тұр.

— Қайдам...

Сұқсыр Арамқанов Кәрім Бөкешевтің үйінде болатындығын тіпті ойына да келтірген жоқ. Маслаковпен екеуі бірнеше би-бастықтарды, извозчиктерді ертіп Кәрім Бөкешевтің үйінің алдында топталып тұрды.

Үйге Сұқсыр Арамқанов алдымен кірді. Әлден уақытта үйдің ішінен айқай естілді. Әлденеткен нәрселер тарсылдап еденге түсті, шыны аяқтар сылдырлап сынғандай болды.

— Мә, большевик! — деді Бөкешевті жағасынан сүйреп алып шығып Сұқсыр.

— Қорасының ішінде сұлатамыз ба?

— Жоқ, көшеге алып шығыңдар.

— Қане, бұл большевиктің әуселесін көрейік!

Кәрім Бөкешев жұлқынып байқап еді, еңгезердей жуан Маслаковтың қолы Кәрімді желкесінен бүріп алып қозғалтпады.

— Бандиттер, сволочтар! — деді Кәрім, жан-жағына қарап түкірініп.

— Әтештенбе! Саған мұнда Совдеп жоқ. Әкеңді танып қой! — деді желкесінен бір түйіп Сұқсыр.

Басы басталғаны сол-ақ. Кәрімнің үстіне жұдырық үсті-үстіне жауды. Кәрім бұлардың ниетін сезіп, айқайлап берді:

— «Самосот» жасауға ешбір қақыларың жоқ! Баратын жерлеріңе алып барыңдар. Ұруға қақыларың жоқ! Ұрмаңдар!

— Ұрмауға?!..

— Сотың міне, біз!

— Ұр! Жың! Тепкіле!

— Мә, саған!

Кәрімнің ендігі айқайы естілген жоқ. Ол топырлаған өңшең қара жүз бандиттердің аяқтарының астына түсті. Әлдеқайсысы іскектеп тұрып Кәрімнің ұзын қою мұртын жұлды. Онысы іскек емес тістеуік еді. Әлдекім етігінің өкшесімен ауызға тепті. Тістерін қиратты. Еріндері жырылып, мұрны жарылып қалды. Алғашқы кезде Кәрімді ешқайсысы жерге жыға алмап еді. Маслаков бай әлдеқайдан жете тауып алып, сонымен ұрып жықты. Кәрім сонан кейін бас көтеріп тұрған жоқ.

— Бәлем, қалай екен! Рабочийларға құдайсып...

Сүйдеп, Сұқсыр қан болған өкшесін көшенің топырағына үйкеді.

Айнала топталған, топырлаған халық. Оның арасында бұл аянышты оқиғаны, қара жүзділіктің бұл жауыз қылықтарын көріп, куә болып қаланың жарлы нашар жұмысшы халықтары: етікшілері де, зергерлер де, слесарьлары да, балта ұсталары да, көшеде ойнап жүрген балалар да, қазан-ошақ басындағы әйелдер де тұрды. Арашалап, арашаға түсуге ешқайсы батпады. Көздері қызарып, білектерін сыбанып қиратып боқтап жүрген бандиттер ешкімді аяйтын емес.

— Сен неге ұрмайсың, ә?

— Аяп тұрсың ба?

— Әлде сен де бірге болдың ба?

— Большевиктерге сатылған ғой!

Топырлаған бандиттер жай тұрған кісілерге сүйдеп әкіреңдеді. Кейбіреулер ақырын жүре берді.

— Әй! Кісі өлтірдіңдер. Кісі өлтірдіңдер, Әзімбайға айтамын. Біздің Әзімбайға айтамын! — деді топырлап адамдарды шыр көбелек айналып тапал бойлы бет аузын түк басқан жалпақ бетті біреу. Қарқылдап күлген күлкісіне, екі көзі тасырайып жүрген жүрісіне қирағанда, ешкім мұны дені дұрыс деп ойлайтын емес.

Бұл осындағы «жынды Жүсіп» деген бір есі жоқтау қорғансыз босяк еді. Басындағы қайыс боп қалған өзбек төбетейін жерге алып ұрып аяғымен таптап, жылап қоя берді.

— Былай, былай таптадыңдар өздерің, өлтірдіңдер! Әй, Сұқсыр сені Әзімбайға алдымен айтамын. Учаскеге жапқызамын! — деді Жүсіп.

Бандиттер күлді. Сұқсыр желкеге түйіп Жүсіпті былай шығарды. Бірақ былайғы ешкім күлген жоқ. Coққыға жығып болып кейін тарқаған бандиттердің арасында етбетінен сұлап Кәрім Бөкешев жатты.

— Өлді! — деді әлдеқайсы ішін тартып...

Бірнеше казак-орыстармен чех солдаттары Кәрім Бөкешевті жүк таситын машинаның ішіне тастай берді де, ала жөнелді.

— Ей, құдайым! Таза жуып жаназасын оқып, көмуге бұйырмаған екен! Ей, Кәрім абзи! — деді бір татар әйелі жаулығының шетімен көзінің жасын сүртіп. Жұмысшылардың арасында көбінің көзінің жасы бүртіктеніп беттеріне домалап түсті. Бірақ ешқайсысы оны білдірген жоқ. Үндеместен төмен қарап жан-жаққа тарады.

Кәрім Бөкешевті ұрған, оған қолы тиген қара жүз бандиттер мәз-майрам болып, көшені бастарына көтеріп біріне-бірі мақтанды. Кімнің қолы мықты екендігім, кімнің тепкілегендігін, кімнің таяқпен, жетекпен ұрғандығын сөз қылып барады.

— Бәлем, енді қайтып совдеп ауызға алынбайтын шығар! — деді Мослаковке қарап Сұқсыр.

Мослаков ожырайып қарады.

ХХІХ

Чехтар консерв заводында соғысып қолға түскен большевиктерді, қызыл гвардеецтерді, іші қараңғы, лас, суық бір подвалға әкеліп қамады.

Қабыл, Надежда, Иванов, Қылыш және Омбыдан келіп қосылған бір қара жігіт — Қонар Әлібеков барлығы бірге қамалып еді.

Қонар Әлібеков ешбір дамыл тапқан жоқ. Подвалдың іші қанша тар болса да әрлі-берлі жүріп, әлсін-әлсін тісін шықырлата берді. Кескіні қазанның қара күйесіндей болып, тістері ақсиып көзі аларып, ашуланып жүрді.

— Әй, Қонар! Сен осы подвалды бұзып-жарып шығып кеткелі жүргеннен саумысың? — деді дембелше ғана қара жігіт. Бұл Қабыл еді. Сөзі әзіл болса да, өңінде күлімсіреген із білінбеді. Надеждаға қарады.

— Уай, қойыңдаршы!... Бүйтіп подвалда отыратынды білсем жаумен жағаласып, сол жерде өліп-ақ қалмайын ба? — деді Қонар Қабылды көзімен жеп.

Қылыш ақырын ғана күбірлей түсті.

— Іс өткен соң, балтаңды тасқа шап!

— Жолдастар! Бізді арамызда біреу әдейі ұстап берді! — деді Надежда, Иванов пен Қабылға қарап. Надежданың омырауы ашылып аппақ болып кеудесі көрініп тұр еді. Қабылдың қадала қарағанын біліп, жарасын қаусырды да, күлімсірей түсті.

— Да! Арамызда предатель болды! — деді Иванов, ойланған түрмен.

Ивановтың ойына мұндары жоқ жолдастары түсті. Громов, Аркадий Павлович, Маша, Қасен Әмежанов, Атымтай, Штейнер, Балта, Мақсұт, Бөкешев елестеді. Маша мен Мақсұттың, Бөкешевтің не халде қалғанын бұлардың ешқайсысы да білген жоқ. «Олар түрмеде ме екен? Өлді ме екен?» деді ішінен.

— Надежда!.. Сенің үйіңде кім қалды?

— Қаят!

Иванов пен Надежда біріне бірі қарап біраз отырды.

— Штейнер, Балта қайда?

— Громовшы?

— Аркадий Павлович?

— Маша, Қасен?

— Бөкешев, Мақсұт?...

Қызыл гвардеецтер отырған жерлерінен түрегеліп бұлардың төңірегіне иіріле қалды. Қонар жұдырығын түйіп, қара түтеніп қиратып боқтап жіберді.

— Кімді мұқатып тұрсың? — деді тағы да Қабыл.

Қонар лапылдап сөне түскен оттай болып, жуасыған дауыспен мыңқ ете түсті.

— Чехтарды, қаланың сволочь байларын.

Қабыл кішкентай екі көзін тесірейтіп қалтасынан бірдеңе іздегендей болды. Ол насыбай шақшасы еді. Оны чехтар тінтіп алып қалған болатын.

— Жең ұшынан жұдырық көрсетіп неғып тұрсын? — деді Қонарға.

Отырғандар, тұрғандар барлығы да тесірейіп қарап тұрған соң, Қонар сырт бұрылды да, жапсарға қарай жөнелді. Қылыш Қонарды қасына шақырды.

— Әй, бері кел!

— Е, не болды?

— Кел, отыр, әңгіме айт!

— Өй, әңгімеңнің...

XXX

Бөгенбайдың үйі әлдеқашан жатып қалып еді. Әлдекім қақпаны қайта-қайта тепкілеп тұрғандай болды.

— Бұ кім? — деді терезеден тұрып Бөгенбай. Ешбір дауыс жоқ. Әлден уақытта құйманы солқылдатып бірнеше адам қораға қарғып түсті. Енді есікті тепкіледі. Үйдің іші тегіс бас көтеріп қорқып отырды.

— Шал! Өзің барып сұрашы! Кім екен?

Кемпір сүйдеп шалды жұмсады да, өзі, «әулие-әмбиелеріне» сыйынып балаларының қасында шыр көбелек айналды.

Бөгенбай бергі есікті ашып тыстағыларға дауыс беpiп жатты.

— Бұлар кім?

— Аш!

— Е, неге ашамын?

— Сөйлеме, аш!

Бөгенбай есікті ашпастан бұрын кемпірге шам жаққызды.

— Большевик бар ма? — деді ұзын бойлы бір чех офицері алдымен саудырап кіріп келіп, шал жуас қана дауыспен офицерге қарады.

— Тақсыр, мұнда не қылған большевик болсын. Балалар жас. Өзімізден басқа ешкім жоқ.

Офицер ішкергі үйді, шоланды қарап шығып Бөгенбайды көзге шұқығандай болып:

— Байқа, старик! Я — комендант города! Хочу аристую, хочу — растреляю, хочу — помилую, — деді.

Бөгенбай «жөн айтасың» дегендей болып басын изеді. Чехтар құймадан қарғып-қарғып шыға жөнелді.

— Тегі, біреу көрсеткен ғой!.. Кетті ме өздері? — деді Қасен Әмежанов подвалдың астынан басын қылтитып.

— Кетті, иттер! — деді Бөгенбай артынан ақырын ғана жөнеліп.

XXXI

1918 жыл, июнь айы.

Қош келдіңдер, қадірлі меймандар!

Тұңғат бақшаның сыртында тұрып, қақпаның маңдайшасындағы ақ шүберекке жазған көк сырлы осы жазуды оқыды да, «Күлтай да осында келді ме екен?» деді ішінен. Күлтай оның ойынан әлі де шыққан жоқ еді. Он бес−жиырма күннен бері оны көретін шама болған жоқ. Қайдан болсын!... Қала аумалы-төкпелі болды да тұрды. Біресе қаланың халқы көшеде құмырысқадай қайнайды. Біресе көшеде тірі жан жоқ; іннен басын қылтитқан суыр құсап қақпасын, есігін тастай қып бекітіп, «енді не болар екен?» деген кісілерше терезелеріне үңіліп қарады да отырды. Әсіресе, бірнеше түн осылай болды. Ә, қазір?...

Қазір, «жұрт» қуанышты, көңілді. Неге екені белгісіз, қазір өзіне бөлек, өзгеше бір «жұрт». Бұл, не қылған жұрт?» Қалада алпыс-жетпіс мың халық бар. Соның барлығы да көңілді? Барлығы да сондай қуанышты ма? Жоқ!.. Ендеше, бұл қандай «жұрт». Бұлар ма? Бұларр бұдан бірнеше күн бұрын:

— Біз бақытсызбыз!

— «Қарағай басын шортан шалды».

— Қилы-қилы заман болды.

— Тар шеңберде тұрмыз.

— Сауда күйзелді.

— Магазиндер бүлінді.

— Құдай бермеген байлықты қолдан тартып аламыз деген құл-құтандар шықты! — деп күйінген жұрт». Бірнеше күндер бұрын қызыл гвардеецтер, жұмысшылар лек-лек болып көшеде жүргенде, өзара күңкілдесіп «пыш-пыш» етіп:

— Пышт! Босяктер!

— Діннен безген, құдайдан безген адамдар.

— Жазаларыңды алла берсін! Аумин!

— Бәлем, сендерді ме? — деп зығырдандары қайнап, зекіріп тұрған «жұрт». Меньшевиктер де, төрелер до, кадеттер де, монархистер де, алашшылар да бұларды «жұрт» деп атады. Бұл, міне, солардың «жұрты» еді.

Қазір бұлар өздерін өздері «жұртпыз» деп жүр. Қазір бұларға чех-словактардың үшінші эшелоны «халық армиясы» келді. Бұлар қазір қуанышты, көңілді. Аспан-көктің қаладай бір кесегі кенет омырылып, осылардың дәл ортасына түскен сияқты. «Халық армиясы» келді. «Жұрт» көңілді, «жұрт» бақшада банкет жасап жатыр. «Жұрт» сық-сық күліп серуен құрып жүр. Сондағы «жұрт» дегені — осы өздері.

Қазір таудың басындағы жан-жағы қоршаулы екі қабат ақ тас үйде бүргеге, битке жем болып жүздеген адамдар, қараңғы лас камераларда, еденде аунап жатыр. Ақ тас үй оларды, енді қайтып құшағынан шығармастай етіп қысып алған тәрізді. Мүйіс-мүйісте мұрындарын көкке шүйіріп «Біз жұртты красныйлардан құтқардық!» — деп чех солдаттары тұр. Күндіз қақпасының алдында ағаларына, балаларына, әкелеріне азық әкеліп, топырлап кезек күтіп тұрған жұмысшыларды, қала жарлыларын, қыз-келіншектерді, кемпірлерді көресің. Күндіз бұл ақ тас үйге әкелініп қамалынған адамдарды түн ортасы болса-ақ үшеу-төртеу қып алып шығып, Есілдің биік жарына қарай айдап әкетіп жатқанын байқайсың. Қайда? Мұны бұл «жұрт» әбден біледі. Бұлар соның үшін мәз-майрам.

Қақпаның маңдайшасындағы жазу, қанша «қош келдіңдер!» деп тұрса да, көшедегі көрінген адам ішіне кіре алған жоқ. Үсті-басы жылтырап, қоразданып тұрған қарулы чех солдаттары әдейілеп шақырылған «жұрт өкілдерін» ғана кіргізіп тұрды.

Тұңғат бірнеше өзіндей жігіттермен бірге қақпадан үңіліп ішке қарай беріп еді:

— Сволочь! Собака! Куда? — деді кеуделерінен итеріп жіберіп ат жақты тасырайған көзді бір солдат. Бұлар жеті-сегіз «бозбала» еді. Ішіндегі ең өткірі, тентегі, пысығы Ванька Черемухин болатын.

— Айда, ребята! — деді көзін қысып қалып қасындағыларға. Басындағы кішкентай қара бөрікті шекесіне таман киіп, басып-басып қойып Тұңғат та солардың артынан ерді. Ванька Черемухин қақпаның арғы жағында құйманың бойында тізіліп күнбағыс сатып, гүл сатып отырған қатындарды сүйкей өтті. Кейбіреулерінің гүлін тартып алды, кейбіреулерінің күнбағысын уыстап әкетті.

Ванька Черемухин бұларды бақшаның станция жақ құймасының түбіне қараңғы жерге алып келді де:

— Ребята! Бір-бірлеп ұрланып осыдан түсеміз, — деді қырын сыбырлап қана. Тұңғат құйманың тесігіне қарап еді, онша биік емес. Бірақ ернеуін жоғары қаратып сүп-сүйір қып тізіп тастаған машина шеге.

- Кім бұрын түседі? — деді Черемухин.

Ешқайсысы үндеген жоқ.

— Шегені қайтеміз?

Шапиқ деген татар бала сүйдеп Ванькаға қарап еді. Ванька жоғары көтеріліп бір-бірлеп шегені төмен жапырды. Оны көріп алған соң басқалары да сүйтті. Шегені майыстырып тастады.

Құйманың ішкергі жағы қалың ағаш, түбі аласа бойлы тал.

— Патрульдер жүрсе қайтеміз? — деді Тұңғат Ванькаға қарап, үстіндегі австрия солдатынан сатып алған көк камзолын түймелеп. Шекесіндегі кішкентай қара бөркін тағы да жымырып қойды. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, көңілі қобалжи берді. Қасында тұрғандар бір-бірлеп азайып барады. Тұңғат жоғары көтеріліп, ақырын қарғып, ішкеріге түсті. Ванька Черемухин ең соңынан түсті.

Тарам-тарам болып айнала сұлап жатқан тап-тақыр жерде, алаңдарда таспадай болып тұтасып, тізіліп дамалар, қыздар, офицерлер, қаланың обыватель-тоғышарлары — «жұрты» ерсілі-қарсылы айналып жүр. Музыка ойнайтын күркешікте ән де, күй де өзгеше. Онда қазір дирижер-музыканттар басы жалпайған Гольдибассер емес, ұзын бойлы, екі жақ саны қоқырайған, үсті-басы жылтыраған чех офицері.

Тұңғат Күлтайды таба алмады. «Не ғып келмей қалды екен?» деді тағы да ішінен.

Қаланың коменданты чех полковнигі Камарок Сұңсыр Арамқановты «алда-жалда керек болса» деген сақтықпен қақпаның алдына қойып еді. Тұңғат көзі түсіп кетіп жалт бұрылды. Сұқсырда бұл жолы бір ғана «өзгешелік» бар еді. Ол бүгін көк әйнекті көзілдірік киіпті. Сондықтан, оның жылтыраған көзі сырттан қараған адамға көрінген де жоқ. Оның қайда, кімге қарағаны да белгісіз.

Ең үлкен алаңдардың бірінде жуан бір чех офицерінің қолтығына қуыршақтай болып домаланып Жәмжан көрінді. Оның артынан бір жақ аяғының сылтығы бар арық бір офицердің қолтығында асылынып бара жатқан Күлтай көрінді. Тұңғаттың көзі жыпық-жыпық етті. «Жетіскен екенсің!» деді ішінен. Біраз қызарғандай болып тұрды да, артынан қолын бір-ақ сермеп, сыртына бұрылғанша болған жоқ, бұлар түскен жақ құймадан берірек мылтық даусы тарс ете түсті. Құлағы жаман үйренген обыватель-тоғышарлар, бірінің қолтығынан бірі ажырап, көздері бақырайып біріне-бірі қарады.

— Не болып қалды?

— Тағы не пәле?

— Ол кім?

— Немене? Немене? — деді мылтық даусы шыққан жақтан келген адамдарға, аяғының сылтығы бар арық офицер. Аузы аңқиып, көзі тасырайып тұрған Күлтайды қайта қолтықтады да, мұртынан күлді:

— Ничего модмазель! Не боятся? Наш потруль мальчик убиль! Забор прыгал, — деді шала-шарпы орыс тілімен.

XXXII

Олар үшеу еді. Үшеуі да консерв заводында алдыңғы қатарда тұрып төңкеріс жауларына қарсы оқ атты. Олар қазір түрменің камерасында жатыр. Екі күн болды. Қазір оларды кішкентай ғана бөлек бір камераға шығарып қойды.

— Мен бір жұмадан бері үйден хабар алғаным жоқ. Алғашқы кезде піскен нанның ортасынан бір жапырақ қағаз алып оқып тұратын едім. Енді оны көргенім жоқ, — деді көзі үңірейіп ішке батқан, өңі сарғайған бір орыс әйелі. Бұл — үшеудің бірі еді.

Тапал бойлы, қара мұртты, кішкентай қысық көзді, қара торы қазақ жігітті чехтар қалаға кірердің алдындағы өз ойын сөйлеп отырды:

— Сегіз пулемет. Басқа қару-жарақ бар. Біз неге оларға күні бұрын шабуыл жасамадық? Неге құр әшейін аңдысып қана жаттық? «Далаға күзет қойдық. Ешкім келмейді. Жиналып жата беріңдер!» деген кім осы? Сол кім?... Соны айтқан кісі-нағыз предатель!.. Менің сол түні ұйқым келген жоқ. Алаңдадым да жаттым. Түнгі сағат екі кезінде тұрып терезеден қарасам, станса жақтан қаз-қатар тізілген қарулы чех-словактар келіп қалған екен. Жалма-жан жолдастарды, сендерді оятып мылтыққа жүгірістік. Өте кеш қалыппыз. Жарты-ақ сағат атыстың қой! Жарты-ақ сағат!

Мүйісте қисайып жатқан көмірдей қара жігіт тісін сықырдатып ұшып түрегелді:

— Сен не езіп отырсың? Өтіп кеткен жұмысты... Бізді атады! Сол! — деді зілді дауыспен. Әйел мөлиіп қара жігітке қарады да, әлдене деп күбірледі. Артынан безгек ұстап отырған адамдай болып тітіреніп қысық көзді жігіттің қолын ұстады.

— Мен тоңдым!

Қысық көзді жігіт үстіндегі бешпетін шешіп әйелдің арқасына жапты.

— Өзіңші? — деді әйел.

— Мен тоңғаным жоқ.

Біраз уақыт үшеуі де үндемей отырды. Түрме жым-жырт. Түн терезеден түксиеді.

— Сағат неше екен? — деді қысық көзді тапал ақырып.

Оған да ешкім үндеген жоқ.

— Әй! Сен екеуің жүнжіп барасыңдар ғой!

Көмірдей қара жігіттің сол даусына екеуі де сел ете түсті.

— Кім?

— Сендер.

— Е, неге?

— Үндерің өшті?... Уайымданатын дәнеңе жоқ. Әйтеуір өлеміз. Өлең айтсақ қайтеді?

Өңі сарғайған әйел арқасындағы бешпентті екі жақ шынтағымен кейін ысырып тастап, ақырын өлең айтты.

Смело товарищи в ногу,

Духом окрепнем в борьбе!

Түрменің іші күңгір-күңгір етіп тұрды. Түрменің жапсары бірге сөйлегендей болды.

— Молчайть! — деді тесіктен сығалап, қарауылшы. Оған да өшкен жоқ.

— Молчайть!

Алдында офицер, үш-төрт чех, түрме бастығы, кілт-кілт саудырап кіріп келді.

— Молчайть!

***

Олар үшеу еді...

Үш-төрт чех солдаттары оларды түрменің ішінен ақырын алып шықты да, «Әтеш қаласының» көшесін аралатып отырып, Есілдің биік жарына қарай айдады. Үшеуі де көздеріне жас алған жоқ. Үшеуі де бірдей аттауға тырысты.

Түн қабағын қарс жауып түксиген қалпы. Қора-қорада тауық шақырғандай болды. Төмен қала жақта водокачканың пыс-пыс етіп су тартқан дыбысы естілді, Әлдеқайда паровоз айқайлады. Міне, биік құлам жар. Айнала қап-қараңғы, әлденеткен қолаңсы иіс шығады. Боқтықтың иісі.

— Шагом марш! — деді офицер үшеуін де сырт айналдырып қойып, винтовканың құлағы сатыр-сұтыр етті.

— Он бес қадам артқа! — деді, солдаттарға команда беріп тағы да әлгі дауыс.

— Господин капитан! Дәнеңе көрінбейді!

— Чего?

Бір солдаттың винтовкасының құлағы тартылмады.

— Сволочь, Рутак! Сенбісің? — деді әлгі чехтың қасына жетіп келіп офицер. Шапалақ сарт ете түсті.

Винтовканың құлағы түзелді.

— Раз, два...

— Господин капитан! Дәнеңе көрінбейді!

Жалт бұрылып қараған офицер түксиген қараңғылықтан басқа дәнеңе көре алмады.

— Сволочь, куда? Куда? — деді солдаттармен бірге жүгіріп барып.

Чехтар олай да, былай да жүгірді.

Үшеуі зым-зия жоқ.

Жарты сағаттан кейін, Қабыл, Надежда, Қонар үшеуі қаланың сыртын айналып, қалың ағаштың ішіне кіріп бара жатты.

БІРІНШІ КІТАПТЫҢ СОҢЫ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз