Өлең, жыр, ақындар

Қадірсіз қоңыр

Қойнау-қойнаудағы бытқылдарға орақ жүзін тигізбесе де болатын еді. Қандысу өзенінің арнасы онсыз да тұнып тұр. Төкпей-шашпай жинап алса, биылдыққа Покровка совхозының шөбі жетіп те қалардай. Ал, анау техниканың икемі келмейтін жықпал-жықпалдағы қалыңды да тастамайық деп жүрген — жаңа бригадир Есіркеп. Іс білетін кексе шөпшілер күңкілдескен болып еді, Есіркеп бет бақтырмады:

— Сол ойдым-ойдым тұмалардан қаншама шөп шығатынын білесіңдер ме? Былтыр қораларда кылтанақ қалмай, қамыс-құрақты тасығанымыз қайда? Тірнектеп, үйе берейік. Артылса, бас жармас. Сол араға тіпті көлік күші де керексінбейді. Ана Бәбең ақсақалдың қолындағы қоңыр өгізді аламыз. Бір адам бөлінсе, іс тәмәм, — деп отырып алсын. Ниетін таныған шөпшілер де қасарыспады:

— Өзің білші, — деген де қойған. Қоңыр өгізді әкелуді міндетіне алған — Есіркептің өзі. Қорықшы шал Бәбең бұзау күнінен өсірген жануарды көлденең біреудің алдына салып беруге қимай, біраз қиналды.

— Дырылдақтарың да жетеді ғой, жүрсін жайылып осында, — деп еді.

Момын шалға бірбет бригадир есе беруші ме еді? Өгіздің жылтыраған жонына дырау қамшыны сарт еткізді де, алдына салып, өкіреңдетіп жөнелді.

Қос басына келгелі екі-үш күн бос жүрген малды Есіркеп түс әлетінде шөпші балаларға ұстатты да, резеңке доңғалақты шағын арбаға байлап қойды. Сосын қасына шақырғаны — асхана жақтан ықылық атып, манаурай басып келе жатқан бүйрек бет қара жігіт. Оған әлденелерді тапсырып, бригадир кетіп қалды.

Өгіздің ендігі иесі — осы Әбілхан. Темекісін сора, ойланыңқырап тұрған ол сылбыр қозғалып, малды арбаның алдына тартты. Дертеге кіргізіп, жегуге оқтала беріп еді, күйлі жануар лып етіп жүріп кетті. Кері шегеріп, дертені көтергенше алағызып тоқтамады. Тыпырлап тұрар емес. Әбілхан қай бір шыдамды жан, мойынтұрықты кигізе алмай, әуреге түсіп, әбден долданған ол өгізді салып-салып жіберген. Сол-ақ екен, жануардың екі көзі ақшырайып шыға келді де, басын шайқап, әлгіні сүзердей болып шыр айналғаны. Қаны қайнаған жігіттің қаһарлы бишігі бас-көзге қарамай, осып-осып түсті. Өмірі мұндай соққыны көрмеген мал баласы дөңгеленіп жүріп, артқы аяғын сираққа қарай серпіп жібергені.

Әбілхан жіліншігін ұстап, безектеді де қалды. Үні мұндай ащы, жарықшақ болар ма. Қоңыр өгіздің түгін қоймай сыбап, төңіректегі балаларға қылғына айғайлады:

— Ей, жүгірмектер! Ана итті ұстап беріңдерші маған.

Босап шыққан өгіз анадай жерге барып үдірейе қарап тұрған. Баспалай келіп бас жіпке жармаса берген балалардың бірі оқыс қимылдап, абайсызда қолындағы шыбығын шошаң еткізіп еді, жануар ал кеп қашсын. Сонан мұқым баланы жарты сағаттай әбігерге салып, әрең ұстатты.

Сонан кейін жегені — шөп емес... тағы да таяқ. Мойынтұрық ілінген соң, жүні жығылып, жуасып қалыпты. Демігін баса алмай, артқы аяқтарының қыл-жүндері енді ұйпа-тұйпа. Майы шыққан сүбесінде айқыш-ұйқыш жосылған бишік, шыбық іздері бар. Сол жақ қабырғасынан білемдене сорғалаған қан бауыр жүнінен тамшылай бастапты. Терісінің суланған тұстарынан қайсысы тер, қайсысы қан екенін шамалау қиын. Қызу үстінде бәрі жарыса сілтесіп еді. Мықтап жегіп болғаннан кейін жігіт бортылдатып тағы ұрып алды. Хайуан көзін жұма, басын кекжитіп, шегіншектеуден басқаны білер емес. Кеңсірікті қиғаштай түскен таңбалар — соңғы соққының айғағы.

Ендігі кейпін балалар аяп кетті.

— Бекер ұрған екенбіз, — деді бір-екеуі обалсынып.

— Жә, аз ол бұған. Көрмейсіңдер ме аяғымды сындыра жаздағанын. Таяқты батырып, жуасытып қоймаса, өгіз екеш өгіз де басыңа шығып алады, — деп иесі бишігін білемдеді.

Орнынан жылжи жөнелген арбаны бұрып жолға салам дегені бос әурешілік екен. Тыртысқан мал шірене тартқан әмірлі қолға бағынбай, қиыстап ұзай түсті. Ауаны жанталаса тілгілеп, ысқырынған бишік те қауқарсыз сияқты. Аяусыз соққы бәрібір өгіздің ниетін өзгертер емес, бағытынан аумай, бүлкілдей желіп барады. Қарап тұрған балалар таңдайларын қағысты:

— Ізін көрдің бе, түп-түзу.

— Неткен бірбеткей мал. Сонша таяқ жегенше, бұрыла салмай ма?

Жігіт ыршып түсті де, өгізді жетектеп, арбаны кең айналдыра отырып, қайта бұрды. Өңі әлем-тапырақ, қап-қара боп түтіккен. Маңдайынан сілбеленген ащы тер сорғалайды.

— Біреуің барып істік темір тауып әкеліңдерші, — деп күңк етті ол қалжыраған үнмен.

Балалар енді қайтер екен дегендей жапырлай ентелесті. Алда болар азапты күтіп мөлиіп, қоңыр өгіз тұр. Көзінің төңірегінде үймелеген шіркейлерді жасқап, ұзын құйрығын қаққыштай береді. Өз демімен ырғаң-ырғаң етіп, тынымсыз пысылдайды.

Ұлы сәскенің кезі. Қүн ашық. Жайқалған шабындық лыпыған самалмен толқындана түсіп, көз алдайды. Төңіректен саялы салқын леп есіп тұр.

Істік темір де әкелінді. Әбілхан мыжырайған қалпағымен бет-аузын сүртті де, бас жіпті арбаға орап, бір ұшын ересектеу екі балаға ұстаңдар деп тапсырды.

— Өзгелерің аулақ кетіңдер ербеңдемей.

Өзі темірді ыңғайлап, еппен ғана өгіздің кеңсірігін сипалады. Жануар басын тұқыртқан. Не қылсандар да, өздерің біліңдер дегендей тып-тыныш.

— Мықталыңдар! — деп қышқырып қалған жігіт шалт қимылдап, темірді өгіздің танауынан өткізуге әрекеттенді. Мал мөңки жұлқынғанда, жіпке байлаулы арбаның ауып кете жаздағаны.

— Жібермеңдер!

Танаудың шеміршегіне істікті күштеп итеріп қалғаны — осы шолақ айқайдан кейін. Темір шанышқы тәнін тесіп өткенде, өгіз мөңіреп жіберді. Келгелі ыңқ етіп дыбыс бермеген жануардың осы үні аянышты еді. Бұл өмірінде тұңғыш шығарған дәрменсіздік лебізі болды-ау, сірә.

Жігіт сым темірді шығыршықтап орады да, мүйіздегі кендірді шешті. Енді оны ілмектеп әлгі шығыршыққа байлап жатыр. Танаудан жіпсіген қан ақты. Оның маңында кұжынаған шыбын-шіркей той тойлауда. Жануардың көздері мөлиіп, ұйқы тілегендей жұмыла береді. Әлгіндей ентікпейді де. Бір түрлі сұлық қалпы...

Сол түні ол қашып кетуге қам жасады. Күні бойы алыса-алыса шаршаған иесі бас жіпті арбаға іле салған екен. Босаң байланған жіп мұрындықтан ағытылып кетіпті. Өгіз аңырайып біраз тұрды да, бақайшықтары сытырлап жөнеп берген. Мұның қашқанын жұрттан бұрын сезген тақыс бригадир артынан қуа шауып еді. Қоңыр өгіздің бет алғаны Бәбең қыстауы екенін де білді. Қамшысымен қайқайта ұрып жүріп, қайрып әкелді.

...Кешке ұйқыға жатқанда кейбір кісілердің құлағына байлаулы малдың ыңырана күрсінгені шалынып еді.

Бұдан былай қоңыр өгіздің азапты күндері басталды. Алғашында жонарқасы таяқтан арылмаушы еді, саябырлағаны осы бертінде. Ол үшін жаңа өмір — өң мен түсі айырғысыз дөңгеленген азапты күндер тізбегі қалыптасты.

Күн көтеріле арбаға жегіледі. Иесі жайғасқан соң, бас жібін тартпаса да, бұрылар жағы белгілі. Күнделікті жүріс сорабымен шеңгел өскен дөңге беттейді. Одан әрі тік қия. Сол қияға іліне, резеңке басты бишік те ауаны тіліп ысқырына түседі. Бұл да төрт тағандай тырмысып, қашан мойнаққа іліккенше ентігіп болады. Арғы беткейдегі шөпшілерге тұмсық тіреп бір-ақ тыныстайтын.

Қорап толғанша біраз уақыт. Онан кейін шала-шарпы тиелген шөптің үстіне қонжиған қара жігітті тағы көресің. Техника бармайтын қиын жердің пішені осылай тасылатын. Бұл көрініс күніне төрт-бес рет қана қайталанады. Өйткені Есіркеп қанша ысқырғанымен, мандытып жатқан шөпшілер жоқ. Тек сүбелі ойдымдарға орақ тигізген болады. Одан шыққан шөп те мәз емес. Бүйрек бет Әбілханның да асықпайтыны сол.

«Өгіз бен арба сенің құзырыңда. Әйтеуір, төскейде көлденең қылтаң қалдырмасаң, ақыңды жемеймін. Пәлен тонна деп есептетіп жаздыртамын», — деген Есекеңнің сөзі үлкен медеу. Күнделікті міндетінен құтылған ол шеткі вагонның үстіңгі сөресіне бекініп алып, ұйқы соғады. Ұйқының қызығына түскенде, тасылмаған шөмелелер де, Есекең де, қоңыр өгіз де ұмытылады. Тоз-тозы шығып тұрған ескі вагонды басына көтеріп ұзақ қорылдар еді.

Иесі осындай рақаттың құшағында жатқанда да қоңыр өгізде дамыл жоқ. Қолдары бос, еріккен балалардың ермегі...

Есіркеп алғашында бұлардың қылықтарына күйініп, бықпырт тигендей етіп қуалап тастайтын. Көзден тасаланса-ақ іздейтіндері — қос басындағы жалғыз мал. Әсіресе ана бір Жақан деген дембелшелеу ақ сары бала, неге екені белгісіз, келген күннен бастап жазықсыз жануардың қыр соңынан түсіп алды. Ана жолы Әбілханның өгізді сабап отырып қалай жуасытқанына, танауын қайтіп тескеніне бастан-аяқ куә болып, ықыласпен көмектесіп жүрген балалардың бірі осы. Қаперсіз жануар жаны қиналып, өкіре мөңірегенде, рақаттанған кейіппен сақылдай күліп еді.

Сол қиналыс, азаптан өзгеше ләззат тапқандай болып, өзі бір түрлі құтырынып жүр. Ертеңінде-ақ, үлкендердің көзін тасалана беріп, бір-екі жолдасымен қоңыр өгізді жетектеп ойға түсірген. Бас жіпті жуандау талға байлап қойып, шаруаға жедел кірісіп те кетті.

Өгізді сырт айнала беріп, салбыраған ұзын құйрықтың ұшынан тартыңқырай жоғары көтерді.

— Әй, байқа, — деген жолдасының сөзіне Жақан мән бере қойған жоқ. Кәнігі адамдай еркін қимылдап, қолындағы шөп машинасының үшкіл жүзін құйрықтың ұшына тақау жеріне тигізе берген. Мұнан кейінгі көрініс тұрғандардың көз алдында жай оғындай жалғыз-ақ жарқ ете түсті. Обайып кимылсыз тұрған денелі малдың қалай сирақ серпігенін балалар байқамай да қалып еді. Тек келесі секундта көргендері — анадай жердегі қияқ шөптің үстіне жамбастай құлаған бала...

Өгіздің тұяғы оң жақ тізеден жоғары жанай тиген екен. Сипалап ұстап көрген үлкендер сүйегі аман, еті жаншылып қалған десті. Әйтсе де Жақан біразға дейін аяғын жөндеп баса алмай ақсаңқырап жүрді. Ұлының жағдайын естіген әкесі ертеңіне-ақ жетіп келген.

— Сен совхозды байытып, қарық қылмай-ақ қой. Бір күні шөп машинасына түсіп жазым боларсың. Түрің жаман сенің. Жүр үйге, — деп, болмай отырып алып кетті.

Бұл оқиғадан кейін өзге тентектердің жүрегі шайлыққандай болып, өгізге көп жолаңқырамай жүрді. Үш-төрт күн өткен соң, енді бұл жаққа оралмастай болып кеткен Жақан шөпшілердің қасына қайтып келіп, ыржия қарап тұр. Мұндағы жолдастарын қия алмай, үйреншікті жұмысына қайта кіріспек. Есіркеп алғаш жолатқысы келмеп еді, Жақан да қадалған жерінен қан алмай тынбайтын кене секілді бір жабысқақ бәле екен. «Әке-көкелеп» жалынып жүріп, бұрынғы тірлігіне қайта кірісіп те кетіп еді.

Сонан кейін барып жолдастарына сыр ашты. Шөп шаба беруге қайбір аңсары ауып әкетіп бара жатыр дейсің. Аяғын ақсатқан қоңыр өгізден кек алмақ көрінеді. Бұл ниетін келген күні-ақ іске асыруға кірісіп кеткен. Үлкендердің көзін ала беріп, екі-үш жолдасымен тебеген хайуанды байлап қойып сабады. Ана жолғыдай албаты батырсынып, бата кіріспей, сақ қимылдаған.

Жақан мен оның жақтастарының жайылып жүрген жазықсыз жануарға бұлай зәбір көрсетуі Мәди сияқты балаларға ұнаған жоқ.

Олардың сыпайы, жігерсіз ескертуін Жақандар қайдан құлаққа ілсін. Қаттырақ сөйлеп, қасарысып тұруды білмейтін момақан топтың сөзі алшаңдай басқан алкеуде немелерге шыбын шаққан құрлы әсер етпеген. Қайта ерегесіп, өгізді олардың көзінше әдейі қинайды. Амалын тауып, ана жолғы құйрықты да кесіп алған. Сынған шыбық секілді шолақ құйрықтың ұшы қанталап жүріп, ақыры құрттап кеткенін иесі байқамады деймісің. Басқа біреу болса, керолин құйып дегендей, ем-дом жасар еді.

Өздері ештеңе істей алмаған соң, сотқар балалардың сорақы қылығын Мәди Есіркепке тілі жеткенше айтып көрген. Бригадир Жақанға сес көрсетіп, тәуір-ақ қысып еді. Қоңыр өгізге тиіспейміз деген уәделерін де алған болуы керек. Бірақ бұл сөздің арты Мәдиге жайсыз тиді. Жақан оңашада тіземен нығарлап, өзін қорқытып қойды. «Ендігәрі айтсаң, менен жақсылық күтпе», — деген зәрленіп.

Сол көзінің кішкене ағы бар, тікенек шашты қара жігіт Әбілханды Мәди мүлде ұнатпайды. Боқтампаз да, жалқау да, ұйқышы да шығар, оларын қойшы тіпті. Бәрінен жанына батқаны — Әбілханның аяушылық дегенді білмейтін қатыгездігі. Өгізді әкелген күнгі істеген әрекеті баланың көз алдында сол күйі қалып қойған. Сонда туған ауыр сезім де ыдырамайды.

Қасындағы бір-екі жолдасымен Мәди өгізді құтқарудың амалын қарастырып көрген. Әбілхан, Жақандарға сөздерін өткізе алмасы анық. Есіркеп ағаға айтқанымен, таяқтың екінші ұшы өздеріне тиетін түрі бар. Заты момын Мәди Жақанның жуан жұдырығынан жасқанады. Содан айнала келіп, тоқтағаны — өгізді қашырып жіберу керек деген шешім еді.

Ымырт үйіріліп, шөпшілер орындарына отырған кезде екі жолдасымен Мәди өгізді байлаулы жерінен алып шықты. Бірі мұрындықтағы жіптен жетелеп, қалғандары «шу-шулап» айдап, қостан ұзатып әкетті. Бұл істері сәтті аяқталар ма еді, қайтер еді, егер шабындықты шолып қайтуға шыққан қарауыл шалға ұсталып қалмағанда.

— Әй, қулар, күндіз уақыт жетпегендей, малды түнде де қинайын дедіңдер ме? Қоймадыңдар ғой, түге. Бәлем, Есіркепке айтып, жазаларынды тартқызбасам, — деді қарауыл сес көрсетіп.

Бригадир үш баланы ал әкеп тергесін: «Өгізді қайда апара жаттыңдар? Не істемексіңдер? Әлде біреулер жұмсады ма? Сендер Жақан сияқты бұзақы емес сияқты едіңдер ғой, неғып өгізге жолай қалдыңдар?» деген сыңайдағы сұрақтарды жаудырды келіп.

Алғаш әр нәрсенің басын бір шалып, жөнсіз сылтауратқан балалар ақыры шындарын айтты. Есіркеп айтпауға қоймады. Сонан тамам жұрттың көзінше үш баланың өгізді жақсы көретінін, аяғандарын айтып мақтаған. Мақтай отырып, өзінің өгізді қашырып жіберуге мүлде қарсы екенін ашық сездірді. Өгіз сол қалпы жоғалып кетіп, мойынға мініп қалса қайтеді. Кейде ит-құсқа жем болуы мүмкін. Әйтпесе ұры-қараның қолына түспей ме?! Тіпті, басқа жаққа адасып кетсе, оны іздеп жүрудің өзі үлкен әуре.

Балалардың бұл әрекетін әркім әрқалай бағалады. Ересектердің кейбірі құптаған түр көрсетсе, кейбіреулер самарқау. Мәдиге ерегескен Жақан оның көзінше егіздің түгін қоймай сыбап, тілі жеткенше жамандап бақты. Өзге балалар өгізге ермек үшін мінсе, Жақан Мәдиге ерегесіп, қасақана істейді. Қарбалас шаруамен жүрген үлкендер қашанғы қадағалай бермек. Қайдағы бір Жақан, қайдағы бір қоңыр өгіз әрі-беріден кейін кімнің шікірәсі...

Қолдан шыққанына ай жарым толғанда, қоңыр өгіздің қу сүйегі қалыпты дегенді естіп, Бәбең ақсақал әдейілеп аттанды. Шөпшілер бұл шақта жер-суды өрлеп, ұзап кеткен. Қарт қосқа таяй, айналасын бағдарлап келеді. Қыбырлаған қаралардың қайсысы мал, қайсысы адам екенін оты азайған жанар айыра алмай, асығып тақай берді. Вагондардың арасында екі-үш адам жүр. Қарбалас азайып, қостың басы маза тапқан. Бәбеңді танып жүргендер дауыстап амандасты. Бірі Есіркеп екен:

— Иә, бала, өгіз қайда? — болды қарттың сәлемнен соңғы сөзі. Есіркеп жұқалап келіп, жануардың жүдеңкіреп қалғанын, кішкене әл жинау үшін арқандап қойғанын айтып түсіндірді.

— Өзіміз де сіз келіп қалатын шығар деп отыр едік, алып кетуіңізге болады.

Қарт ләм деместен, қамшысын беліне таянған күйі сілтеген жаққа қарай аяңдады.

Бұл тұс — шилі ойпауыт. Бастары селдіреген жүдеу шидің арасынан тулақтай қонырайған зат байқалады. Дәрменсіз сұлық жатқан хайуанның қоңыр өгіздің сүлдері екенін иесі әрең шырамытты. Жануар сыртынан шыққан дыбысқа құлақ қаққан жоқ. Жамбастап шөке түскен қалпы мойнын төмен салып, қыбырсыз жатыр. Мүйізінен байланған арқан шұбатылып, анадай жердегі қазыққа оралыпты. Қарт сәл кідірді де, сосын шапшаң жануарға ұмтылды:

— Күшім, күшім, күшекесі!

Қоңыр өгіз иесін танымады. Қолын созып, алдына келгенде, тұмсығын кекжитіп, кейін серпілді. Әбден жасқаншақ болыпты. Бәбең енді тізерлеп отыра қалып, сіңірлі саусақтарын еппен мойнына әкелді. Мүйізденген алақан жұмсақ сипап, өгізді тыныштандырмақ. Қарт кепкен көндей шөмиген денеге қарады: арқасы ұйпаланып, қыры шығып кетіпті. Бұрынғы жуан аяқтары сүйектеніп, адырайған қылта сіңірлері байқалады. Бүйірі суалып, екі иығын мойынтұрық қажаған. Қарағайдай мүйіздерінің ұшын қағынғандар кесіп, тұқылдапты. Көзінде баяғы тоқтықтың елесі жоқ, ойнақы ұшқын өшкен. Тағдырға еріксіз мойынұсыну бар.

Әукесін қасып еді, бұрынғыдай сүйсініп, мойнын соза қоймады. Басын тұқыртып, біраз тұрған соң ғана бірте-бірте әукесін көтеруге айналған. Көзі де жанданып, әлдеқандай ырзашылық сездіргендей. Сосын, кенет тұмсығын жыбырлатып, қарттың жеңін иіскеледі. Тілін шығарып, сілекейлей, киімді жалап та алды. Бұл — таныған сыңайы.

— Жануарым-ау, не болып кеткенсің?

Хайуан дел-сал күйінен арылып, еңсесін көтере қуанғандай ыңыранып та қойды. Аяқтарын жиып, алға ұмсынады. Қарт үні барлыға:

— Не болғансың, күшім-ау? — деп өгізді мойнынан құшақтады. Тұрғызып, алды-артына қараса, құйрығын шолтитып кесіп, танауын тесіп тастаған екен.

— Иә, бала, көрдік малды қайтіп бағып-қаққаныңды. Мына тірі аруақты қоңыр өгіз деп айтшы, қане. Осы жазықсыз хайуанның көргенін өз бастарыңа берсін! Кесіп алса, қан шықпас не деген пері соққан едіңдер!..

Нөсер бұлтындай болып күркіреп келе жатқан қарттың даусы шағын қостың басын дүр сілкіндірді. Шөп тайлайтын агрегаттың қасында жүрген Есіркеп пен тракторшыны қойып, аспаз әйел де сыртқа жүгіре шыққан.

— Әй, біргәдір!

Сол-ақ екен қарт қолындағы жылтыр таяқ күн көзіне шағылысып, жалғыз-ақ жарқ ете түсті. Бейғам тұрған Есіркеп жасқана беріп, тосын соққыға жонын тосып үлгерді.

— Мал қадірін білмейтін малғұн! Көзіңді шығарып жіберейін бе осы тұрған жеріңде? Бермесіме болмай, тартқандай ғып әкетіп едің... Не қастығың бар еді сонша?..

Жақ түктері үрпиіп, бозарып кеткен Есіркеп сең соққан балықтай әрі-сәрі күйде. Көзі жыпылықтап, таяқ тиген жерін сипалай береді. Ашуға булыққан қарт көкейдегісін сарқып болғанша, тұрғандардың ешқайсысы ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Есін жиып, өзіне өзі келген соң ғана Есіркеп ерін қимылдатып еді:

— Ақсақал... ақсақал, былай ғой. Бұл өзі бұрын көлікке жегілмеген мал екен. Соны жігіттер үйретеміз деп...

Болған жайды қысқаша баяндап еткен Есіркептің сөзіне қарт әлі де тоқтай қоймаған сыңайлы. Жүрегін тырнаған күйікті жасыра алмай қадала түседі.

— Балалардың ойынына өгіз ари ма? Он бала отырса да, қыңқ етпейтін мал емес пе. Соны да сөз деп айтып тұрмысың. Үсті-басы толған жара. Құйрығы құрттап кеткен. Шөп жей алмай, ауру болған мал ғой мынау. Әйтпесе осынша оттың ортасында отырып, өгіз арыды дегенге адам сене ме?

— Кінәліміз, ақсақал. Сеніп тапсырған жігіттер ұятты қылды. Алғашында дұрыс қараңдар, сақ болыңдар деп айтып тұрушы едім. Бірақ қашанғы қақсай берерсің. Күйіп бара жатқан науқан, жиналмай жатқан шөп. Өгізден басқа шаруа да бастан асып жатыр. Әлгі арбакеш жігіт малдың ауырғанын маған айтпапты да. Әйтпесе ветсанитарға көрсетуге болатын еді, — деді ақтала сөйлеген Есіркеп.

Бәбеңнің ашуы қатты болғанымен қайтымы жылдам еді. Бригадирдің соншама кішіктене сөйлеп, бар кінәні мойнына алғаны көңілін жібітті ме, жұмсарайын деді. Көлеңкеде отырып, аспаз әйел әкеп берген сусынды жұтты. Сосын шаруасына асығып, тықырши бастаған Есіркепті тізеден қағып тоқтатқан.

— Сендерді көп бөгемейін, әшейін ғибрат үшін айтып отырмын, — деп әңгіме бастап кетті. Сонау мойын-серік кезінен бастап соғыстан бергі уақытқа дейін колхоздың бар жұмысын өгіздер атқарғанын, қандай қиынға салса да, олардың қыңқ демей, өрге сүйреп, сенімнен шығып жүргенін әңгімеледі. Тіпті өгіз деген хайуанның қасиет-құрметін арттыратын бір-екі оқиғаны да еске алып өтті.

— Қазақтың тракторлары бір кезде осы өгіздер еді ғой. Жер бетінде қақиып әлі жүргеніміз — бір жағы осы жарықтық малдың арқасы. Адамға адал қызмет еткеннен басқа жазығы бар ма еді осы шіркіндердің. Зеңгі баба ұрпағына төрінен көрі жақын мені былай қойып, мына сендер де қарыздар емессіңдер ме әрі-беріден кейін?! Қаптаған көк темірге кенелдік деп іші боқ, сырты түк хайуанды шетке тебуге бола ма? Тілсіз жануарды аяй білу де адамгершілік емес пе? — деп желдіртіп келіп бір тоқтаған.

Ендігі сөзге Есіркеп үн қатқан жоқ. Жүрек түбінен әлдеқандай болмашы өкініш оянған сияқты. Қадірсіз қоңырды қашырып жібере жаздаған Мәди деген момақан бала көз алдына келді. «Сол жолы қашып кетсе, бұл өгіз ешқайда бұрылмастан, тұп-тура Бәбең ақсақалды табады екен-ау».

— Ақсақал, осы қоңыр бір жағы сізді сағынып құсадан арыған сияқты. Келген жағына ылғи қарай беруші еді, — деп, тізесін сытырлатып түрегеле бере, әзіл қашырған болды.

— Малда сезім жоқ, құсаланбайды деп кім айтты саған? Мені ғана емес, азаттығын да аңсаған ғой жарықтық.

Күн бесінге ауа, қоңыр өгізді жетектеп алған аттылы жолға шықты. Бұл кезде жер бетіне сарғайып күз табы түскен. Осынау жадау өлкенің сәні енді кіргендей шалда дегбір жоқ. Танауының астынан ескі бір әнді ыңылдап қойып, тартып келеді. Анда-санда бөгеліп, жол шетіндегі жусанды жұлатыны болмаса, өгіз де ширақ, қайда барарын сезгендей бүлкілдеп қояды. Жіпті бұйдалап емес, мүйізінен байлаған. Қыстауға жеткенше өгіз бүлкілдеді де отырды.

Бәбең мүйіздегі кендірді ағытып қоя бергенде, қоңыр өгіздің мөңіреп-мөңіреп жібергені. Содан кейін өзінің бұрынғы жем жейтін астауына мойнын үйкеп ұзақ тұрды.

1976


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар