...Бүкіл денем сал-сал болып, бейкүнә баладай тұяқ серппестен қатып қалған екенмін. Жанымды да, тәнімді де баураған әлдебір рахат күйдің құшағынан ажырағым келер емес. Ұйқымның әбден қанып қалғанын сезсем де, жаңағы тәтті, ләззатты күй өз ырқынан шығаруға көнбей, бүкіл тұла бойымды иектеп басып алған сияқты. Кірпігімді қағып, көзімді қанша жыпылықтатсам да, біразға дейін өзіме өзім келе алсамшы.
Мауыққан мысықтай болып, қашанғы аунақшып жатарсың. Ақыр көзімді жыртита ашып, жан-жағыма қараған болдым. Сөйтсем... жанымда тірі жан, тісті бақа жоқ. Кілегейленген көзіммен кең бөлменің қуыс-қуысын тінте қарап шықтым. Көзге тұтылар айғақ іздеп, алас ұрып жүрмін ғой баяғы. Түнде шалбар-жейдесін, кеудешесін әр жерге лақтырып тастай салғанын байқап қалғанмын. Енді бәрі жылан жалағандай жым-жылас.
Мені төсегімнен жұлқа көтерген күш те осы — өзімнің үй ішінде жалғыз қалғандығым. Стол үстін, төсектің басын, тумбочканың тартпасын дегендей, әйтеуір барлық жерді сапырылыстырып, іздеген болып жатырмын. «Ой, шиқан шыққыр, импотент болғыр! — дедім ақыр күйіктен шыдай алмай. — Қыл аяғы соқыр тиын да қалдырмағаны ма мына жексұрынның?.. Рахаттануды біледі, аунап-қунағаны ешкімнен кем емес. Ең құрығанда, адамды сыйлап, бірдеме қалдырмай ма? Қалтасы қаңсыған сараң».
Үмітімді үзбестен, жоқ іздеуді одан әрі жалғастыра түстім. Енді екпеттеп алып сипалап жатқаным — едендегі кілемнің үсті. Қолыма тістері бүп-бүтін қоңырқай тарақ іліге кетті. Кәдімгі ер адамдар жиі қолданатын тісі қатқыл, дөкір тарақ.
Бұрқ ете қалған ашуымды тағы тежей алсамшы: «Мазақ қылғаны ма, ей, сонда мені?» Сол ашуланған қалпы қолымдағыны терезенің тор көзінен ары қарай тоғытып жібере жаздағаным. Қолымды құлаштап сермей беріп, олақ жасалған мүсіндей қаттым да қалдым. Мені тоқтатқан — басқа ештеңе емес, кеше түнгі жойқын арпалыс, оның маған сыйлаған ләззатты шақтары... Сараңы сараң-ау, бірақ адамды иітіп әкететін еркектік ебі керемет. Осынау жиырма тоғыз жасыма дейін нақ осындай шынайы жігітті кездестірдім десем, өтірік айтқан болар едім... сіз сұрамай-ақ қойыңыз, мен де ар жағын қазбаламайын.
Бір кезде қарасам, бөлме ортасында өзімді-өзім құшақтаған күйі әлі тұрмын. Оң қолымда — төсек астынан табылған жаңағы тарақ. Түнде жамбас жанастырған кісіден қалған жалғыз белгі. Танауымның астына тақата, олай-былай жүгіртіп қойдым. Сараң неменің иісі шығатын сияқты. Иіс болғанда да, бойымды балқытып, ойымды он саққа жүгіртіп, құмықтырып жұта беретін жұпар.
Сол-ақ екен, денем лезде бусанып қоя бергендей болды да, ойран ботқасы шығып, шашылып жатқан төсек үстіне солқ еткізіп отыра кеттім...
Өзіме өзім келіп, тас түйін болып бекініп алғаным — суық суға жуынып, иығыма киімімді ілгеннен кейін ғана. Босаға жақтағы айнаға қарап тұрып, өзіме-өзім серт бердім. Сіреспе ойдан шыққан ол сертімнің ұзын-ырғасы мынау:
«Енді бұдан былай Рәпілбек дегенді желкемнің шұқыры көрсін, бұдан былай жаныма жолатсам, неғыл дерсің? Бұл — бір. Осы есіктің босағасынан аттап көрсін енді. Өзім телефон соқпаймын, хабарласпаймын. Бұл — екі. Өзі мазалап жатса, амал жоқ, сөйлесуге тура келер. Иә, әрі кетсе, тек телефонмен сөйлесуден арыға бармаймын. Бұл — үш. Сараң неменің мені бір тиын құрлы көрмейтін мазағына көне берер жайым жоқ. Бітті осымен».
Арада бірер күн өтті. Мен нан тауып жүрген компанияның жұмысы бастан асады. Жылпос Рәпілбек тұрмақ, одан зорғы министрдің баласы келсе де, осы сірескенім — сірескен.
Ол туралы ойдың төңіректейтіні — түнге қарай. Осы бар ғой, түн мезгілі мен Рәпілбектің бір ажырамас байланысы бар сияқты. Неге екенін білмеймін, жалаңаштанып шешініп, басым жастыққа тие берісімен-ақ, Рәпілбектің елесі еңкеңдеп жаныма жетіп келеді. Әр жерін ақ шалған қалың қара қасын, әйелдікіне ұқсас шаралы көздерін көрген сияқтанам. Сіңірлі қолдарымен бауырына басқандай ма-ау... Аймалап, құшақтай ма-ау. Әр жерімді ұстап, мытығандай бола ма-ау, әйтеуір қасымда жүретін сияқты. Сөйтіп өзімді қинап, қиналып жатып, қайта-қайта аунап түсіп, талығып жатып, әрең дегенде барып көзім ілінгендей болады-ау.
Ал күндіз ол туралы ойды былай қойғанда, елесі жылт етсе, неғыл дерсіз.
Сенбі күні еді. Жалғыз басты адамда әкетіп бара жатқан қайбір тірлік бар. Асықпай тұрып, кішкене шыныаяқтағы «Neskafe» кафесіне ерінімді күйдіріп отырғам. Есіктің қоңыр дауысты қоңырауы жан біткендей күмбірлеп қоя берді. "Сол болмаса не қылсын? Жоқ, ашпаймын". Қатулы қабақпен тас түйін қалпы тақалып келіп, сығыласам, әйел адам.
— Сізге жеделхат. Міне, мына жерге "алдым" деп қол қоя салыңыз.
Біреулердің телефон соққаны болмаса, маған жеделхат күнде келе бермейді. Әуелде түсіне алмай, қайыра оқыдым. "Жексенбі күні түскі сағат 13 00-де кездесейік. Жолығатын жеріміз мынау" деп мекен-жайды нақты көрсетіпті. Көшесі, үйі, пәтері бәрі тайға таңба басқандай сайрап тұр. Соңына Рәпілбек деп қол қойылған.
Сол-ақ екен, бәрі жайына қалды. Неше күннен бері өзіме берген сөзім де, тас түйін болған көңілім де, айнаға қарап тұрып, дауыстап айтылған сертім де. Керісінше, ертеңгі күнді ойлаумен қайта-қайта уақытты санап, дегбірсіздене бастадым. "Менің мұным не?.. Өзіме өзім берген уәде қайда? Тоқылдақтың тәубесі сияқты болды-ау мұным..." деп өзімді қайраған боламын. Сол түнгі ұйқымның да ұйқы сияғы болмай, төсек үстінде қиялмен аласұрдым-ау деймін.
Таң атысымен-ақ кездесуге дайындала бастадым. Гардероб толы көйлектің нешеуін киіп, нешеуін шештім десейші. Мақтанбай айтайыншы, маған киім атаулының бәрі жараса кетеді. Ортадан гөрі сұңғақтау бойлы, арық денелі, ашаң өңді, қой көзді, ересек қызды көз алдыңызға елестетіңіз. Керемет маржандай болмаса да, тістері түгел. Тек үлкендеу жанардың кірпікке тапшылығын, танауының етек жағы сәл жайылыңқырап кеткенін айтпағанда, былай жаман емес қой, ә? Киім жараспай көрсін ендеше. "Бұнысы кім тағы?" деп, басыңызды қатырмай-ақ қойыңыз, бұл — басқа ешкім емес, сізге осы әңгімені шертіп отырған бойжеткеннің нақ өзі.
Иіссудың да түр-түрін таңдаумен өзіме өзім әлек тауып алдым. Ақыры ұзатылатын күнгі қалыңдықтай болып, даярлық кезеңін тәмамдадым-ау. Енді оның кез келген сөзіне, кез келген қимылына дайын тұруға, бір сөзбен айтқанда, құшағына құлай кетуге сақадай саймын.
Тек түсінбегенім — жеделхатта көрсетілген мекен-жай маған бейтаныс. "Қалада туыстарым көп, тіпті нағашыларымның да қолайлы пәтері бар" деп мақтанып жүруші еді, мынау солардың бірі болмағай.
Әдемі сумкамды иығыма асып, биік өкшемді нық қадап, бұраңдай басқан күйі баспалдақпен көтеріліп келемін. Көрсетілген мезгілден сәл-пәл ерте келіп қойған сияқтымын ба, қалай? Кеше ғана ит терісін басына қаптағым келіп, ашуланып тұрғаным қайда? Енді, міне, сол сараңның құшағына құлағанша тағат табар емеспін. «Сонда бұл не қылғаным? Не қылған күш мені оған тартатын?» деймін өзіме-өзім ұрсып.
Міне, іздеп келе жатқан пәтерім. Жүрегім лүпілдей соғып, дегбірсіздене қоңырау бастым. Есік ашылған сәтте алға қарай ұмсына бердім де, қайта серпілдім. Өйткені, есікті ашқан... Рәпілбек емес, басқа адам. Адам деймін-ау, өзім сияқты ұзын етек ұрғашы. Қыз ба, келіншек пе, қайсы бірін ажыратып жатарсың мұндайда. Тек ұлты қазақ емес, кәдімгі көк көзді орыс. Сасып қалғаным болар:
— Извините... извините! Я, кажется, ошиблась, — дедім де, кейін қарай кілт бұрыла бердім.
— Жоқ, сіз жаңылған жоқсыз. Рәпілбекті іздесеңіз, онда сіздің бет алған пәтеріңіз осы.
Найзағайдай жарқ етіп, ойымды осып өткен сұрақ: "Неғыл дейді? Рәпілбектің мұнысы несі? Есі дұрыс па өзі? Қайдағы бір орыс әйелдің үйіне свиданиеге шақырып..." Содан аттап үйге кірейін.
— Менің есімім — Надя. Ал сіздің ше? — деді жаңағы жас әйел маған жұп-жұмсақ қолдарын ұсынып. Сол сәтте өзі бір сүйкімді жан сияқты көрініп кетті. Мен есімімді айттым.
— Ендеше былай қарай жүріңіз, — деп, демеген күйі әкеп кіргізіп жібергені — бір кең бөлме. Аттай бере, кекжең етіп, тағы да кейін серпілсем керек.
— Қорықпаңыз, жайғасып отыра беріңіз, — деген үн, әрине, жаңағы Надянікі. Жиналыс өтіп жатқан шығар деп қалдым. Қазір не көп — жиналыс көп. "Мэри Кей", "Орифлейм", "Золотой конек" сататындардың семинар-сабақтары, кришнайттардың немесе Иегово куәгерлерінің уағыздары сияқты бәлелер қаптап кетті емес пе.
Бастапқыда басыма келгені: "Е, біздің Рәліпбек те осындай тіршілікпен айналысады екен ғой. Маған неғып айтпаған онысын?" деген ой болды.
Бір шеттен орын тауып, өзімше үлбіреп келіп отырғаннан кейін байқасам, бөлмедегілердің барлығы да әйел затынан екен. Әйел болғанда да жасы менің о жақ, бұ жағымдағылар. Тіпті бір-екеуі он жастай кіші ме деп те қалдым.
Оны қойшы. Көз қыдырта қарасам, барлығы да өзім сияқты барын іліп, бақанын асып дегендей, шеттерінен сәнді киінген. Жайшылықта танауыңа тақай бермейтін небір қымбат әтірлердің иістері, |қалыңдатылған, ұзартылған кірпіктер, қызарған еріндер. Қаздай әсем мойындар.
Өзара сөйлесіп, әңгімелесіп жатқан да ешкім жоқ. Бөлме іші құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бір бөлмеге сығылысып, әрең сыйысып отырған осыншама әйел затының бір бірімен жуыспай, жаңа көргендей одырайысып отыруы тіпті түсініксіз. Үн-түнсіз отырғандары былай тұрсын, қара торысы, бидай өңдісі, ақ сарысы, борықтай аппақ өңділері бар, бәрі өзара бір біріне жауыға қарайтын сияқты. Бір бірінің қабақтарын торып, аңдысып қалған. Албырттанып, дызақтаған көңіл күйім сап басылып, ақыл-есім енді орнына келгендей еді. "Қайда тап болдым мен? — деген кезекті ой жылт ете түсті басымда. — Мынау не қылған сұлулар? Біреудің қанын ішкелі отырғандай шеттерінен суық қой өздері! Әлде Рәпілбектің атын жамыпып, жеделхатты басқа біреу салды ма екен?.. Әй, сөйткен-ау. Мыналардың түрі жаман, осы жерден аман-есен шықсам жарар еді..." Енді бәрін былай жиып қойып бас амандығын ойлайтын жағдайға тап болған сияқтымын. Бойыма өстіп үрей үйіріле бастаған сәтте:
— Абыржымаңдар, ханымдар! — деп саңқ ете түскен дауыс қорқынышты ойларымды түйе тепкендей қылып шашып жіберді. Тағы да табалдырық күзеткен Надя: — Бәріңді шақырған — басқа ешкім емес, сол Рәпілбектің өзі. Үйленер алында ашыналарымен қоштасқысы келіпті.
Үстерінен әлдекім суық су шашып жібергендей сірескен сұлулар бір кісідей селк ете түсті.
— Не дейді! Сіз нені айтып тұрсыз? — деген мағынадағы әнтек ащы дауыстар да естіліп қалды. Суық көздердің сұғына қадалғаны —әрине, жаңағы Надядан басқа кім болсын. Осы сәтте бәрімізді тағы бір елең еткізген кезекті қоңырау даусы шықты. Неде болса, тағы бір сұлу ентігіп келген-ау, шамасы. Жоқ, құлағыма жеткені — еркінси амандасқан ер адамның даусы, сонымен бірге жағаласа шыққан шөп еткен сүйіс үні.
— Кір мына бөлмеге, — деген қатқылдау үн, әрине, Надянікі. Бәріміз жалт қарадық. Залдың босағасынан ішке қарай аттай берген… кім дейсіз ғой, әрине, Рәпілбек мырзаның тақ өзі. Алдыңғы күні түнде ғана менің қасымнан кетіп, сараңдығы үшін зығырданымды қайнатқан Рәпілбек, менің Рәпілбегім.
Орнымнан көтеріле беріп, қайта отырдым-ау деймін. Мен ғана емес, бөлмедегі сұлулардың бей-жай қалған ешқайсысы жоқ. Бәрінің көкірегінен күрсініске жақын әр түрлі үн жарыса шыққанда, бөлме іші шу ете түскендей болды. Әлдеқандай ырғақты үн ду ете қалғанда, бөлме ішіндегі жаңағы тұнжыраңқы тыныштық сыртқа қашып шықты.
Келбетті кескіні күлбеттеніп құп-қу болып үлгірген екен. Жалт бұрылып, кейін серпілді, тарсылдап кеткен есік тұтқасы болса керек.
— Кір қайтадан! — деген Надяның зәрлі даусы шықты. Апыр-топыр болып әлдекімдер жұлқыласып кеткен сияқты, шет жақта отырған мен біреулермен қабаттаса бөлмеден атып шықтым. Әрине, солар екен. Жалғыз жігіт жанталасып сыртқа қарай қашып шығудың қамында. Бірақ оған болар емес, Надя есіктің кілтін алып қойған, үшінші қабаттан секіріп кету ақымақтық — ауға түскен шортандай шоршыған жігіт лажсыз Надяның тұтқынына айналды. Тек қана Надяның болса бір сәрі ғой. Жаңағы тыныштық құсап жігіт те қашып шыққысы келді-ау деймін, бірақ байғұс шыға алмады.
— Ә, солай ма? Солай ма? Жоқ, бәрін шақырмапсың, шақырылмай қалып қойғандары да бар екен, — дейді енді Надяға арсыздана қарап. Өзін қапияда жау қолына түсіп қалып, қасқая құарап тұрған батыр барлаушы дерсің тіпті.
— Ә, солай ма? Осы қыздардың адресін алу үшін қанша сандалдым десейші. Сенің басқан ізіңді аңдып, нешеме ай бойы табанымнан тоздым. Сонда мен білмей қалғандар да бар екен-ау. Ай, сорлы басым, кімге тұрмысқа шыққалы жатырмын мен? Дон Жуанның өзі садаға кетсін сенен. Қыздар, қараңдар, көріңдер ме менің күйеуімнің түрін.
— Ол жағын білмеймін, — деді Рәпілбек иығын қиқаңдатып.
— Қалай білмейсің, осы бір жеті бұрын ғана емес пе сенің енді үйленем деп ант еткенің.
— Иә, дедім. Бірақ дәл саған үйленемін деп айттым ба осы?
— Әй, сен... сен енді өйтіп қиқаңдама. Осынша қыздың етегін ашсаң да, көзімді жұмып, тәуекелге барып тұрмын. Қыздар, сендерге көз қылу үшін әдейі айтып тұр. Рәпілбекте де ұят бар екен... — деді Надя адуындана сөйлеп.
Осы кезде отырған жұрттың арасынан бойы дерендей биік біреуі атып тұрды. Жексұрын неме өзі сұңғақ бойлы, арық қыздарды жақсы көре ме деймін. Бұған сонда модельдің мүсіні керек екен ғой.
— Сен, Надя! — деді әлгі ұзын қатқыл дауыспен. — Сен біздің арамызға от жаққанды қой. Менің жыныма тию үшін әдейі айтып отырсың. Рафихтың сөз берген адамы — мына менмін. Ол менен басқа ешкімге де үйленбейді. Солай деп жігіттік сөзін берген.
Сол-ақ екен, бөлмедегілер жапырлай түрегеліп кетті де, Рәпілбекті тұтас бойымен көру қиынға айналды. Әлдене шарт ете түскенде, менің де көзімнің оты жарқ ете қалғандай болды. Сөйтсем, қыздардың біреуі ләм-мим деместен, тура жанына келіп, бүгінгі заманның Дон Жуанын шапалақпен шарт еткізіпті. Іле:
— Қане, кілтті бер! — деген әмірлі үн естілді де, есік сатыр-сұтыр ашылды. Оның соңынан тағы біреулер баспалдақты тарсылдатып, құлдилай жүгірісіп бара жатты. Енді осы тарсылға ілесе жарыса көтерілген кезекті шу ол жылаған дауыстар еді. Менің дәл ту желке тұсымнан әлдекім Рәпілбекті қарғай жөнелді. Адамның иманы қасым болар неткен ащы сөздер десеңші. Тіпті жайбарақат тыңдап тұруға дәтім жетер емес. Ауылдың шарқыш қатыны мұның қасында садаға кетсін.
Қаншама арсыз болса да, осыдан кейін Рәпілбектің күні күн емес болар. Оңбағанның жүзін енді көрсем бар ғой, шыдай алмай, құсып жіберетін сияқтымын. Тынысым тарылып, жүрегім көтеріліп бара жатқандай болған соң, жанталаса далаға қалай атып шықтым.
Бір кезде қарасам, қалың адамның қақпақылына түсіп, көшеге шығып кетіппін. Екі етегім делеңдеп, бетке жаққан бояуды көз жасым іртік-іртік етіп ірітіп жіберсе керек.
"Бұл дүние не болып барады?" деген уайым-қайғыны басыма үйіріп. Жалғыз көшеде сенделектеп едәуір жүріп қалыппын. Бір жағы таң қалғанымнан есімді жинай алар емеспін. «Бұл не деген керемет! Жалаң аяқ, жалаң бұт жүріп, сонша қыздың басын қалай айналдырған? Бәріне сый-сияпат көрсетуге қайдан ақша тапқан? Осындай жігітке көне беретін бүгінгінің қыздары да ақымақ қой. Рәпілбек емес, нағыз Дон Жуан екен-ау мынау!».
Сонан таксилетіп үйге жетсем, подьездің алдында жайбарақат газет қарап... отыр. Көре салып, кейін қарай жалт бұрылдым-ау деймін. Бетім ауған жаққа қарай өкшем бездеңдеп безіп барамын. Желке жағымнан бір тысырлаған дыбыс шыққандай болды да, қарап үлгіргенімше әлдекімнің өңкілдеп келіп бас салмасы бар емес пе. Бұлқынып шығайын десем, тас қылып құшақтап алған қарулы қолдар босатар деген не? Қайдағы-жайдағыны айтып, тулаған болдым. Бірақ жөп-шөңкіге мойып, көне салатын Рәпілбек пе? Ана қыздардың бәрі «дежурный» қыздар екендігін, солардың ішінде негізгі адамның мен екенімді айтып сендірмек болып әуре.
Кешкі арпалыс кезінде оған күйеуге шығамын деп келісімімді қалай беріп қойғанымды білмей қалдым. Маған бұйырғаны осы шығар, қайтейін деп ойладым-ау деймін.
Оның үстіне жалғыз басты тіршілік әбден жалықтырып жіберген еді. Амандық болса, келесі жылы отызға шығамын ғой.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі