Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» кітабы "түрме әфсанасы" деп те аталады. «Жегі», «Тез», «Талқы» атты үш бөлімнен тұратын түрме әфсанасында ғалым 1922-1957 жылдары аралығындағы кеңестік идеологиялық қысым мен саяси жазалау, ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату, ұлттық сана мен құндылықтарды жою бағытына арналған тұқым үзу (геноцидтік) мен халықтың жадын өшіру, әдебиеті мен мәдениетін рухсыздандыру тұрғысындағы репрессияның ащы шындығын халыққа ашып берді. Ең бастысы, «Алаш» және «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедовтың, Ж.Досмұхамедовтің, М.Тынышбаевтың, М.Есполовтың, М.Мұрзинның, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың,Х.Ғаббасовтың, С.Қадырбаевтың, А.Юсуповтың, Қ.Кемеңгеровтің, С.Сәдуақасовтың, Е.Омаровтың, Қ.Болғанбаевтың, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің, К.Жәленовтің,Д.Әділевтің, А.Байтасовтың, Д.Ысқақовтың, Ә.Байділдиннің, т.б. жиыны 71 адамның үстінен жүргізілген тергеу істерінің қалай жүргізілгендігін түрме деректерін негізге ала отыра зерттеу жасады. Өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарындағы қысымның да астарлы себептерін әдебиетші барынша ашып көрсетті. Т.Жұртбай өзінің «Ұраным – Алаш!..» атты 3 томдық (2008-2011) іргелі зерттеу еңбегі мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағының негізінде біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасады.
«Ұраным - Алаш!...» атты іргелі еңбектің негізі - Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы «аса құпия» құжаттарымен танысуға және алуға сол жылдары мүмкіндік туды. «Алаш орда» партиясының кеңес өкіметіне қарсы астыртын іс-әрекеттері» деген 14 томнан тұратын істі түгелдей дерлік сүзіп, кеңестік түнектің бет пердесін, қиянатын, қасіретін ашатын тың материалдар мен деректерді сол 1990 жылдардан бастап мерзімді баспасөзде үзбей жариялады. Автор 1988-1991 және 1997 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік (қазіргі Ұлттық қауіпсіздік) комитетінің архивіндегі жүзден астам «мемлекеттік аса құпия құжаттармен», тергеудің сұрақ-жауаптарымен, «айыпкерлердің» көрсетінділерімен, айыптау қорытындыларымен танысып шығуға мүмкіндік алған. Он бес жылдан астам уақыт бойы ғылыми ізденістер жүргізіп, әйгілі «үштіктің» сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға түсірген еңбек соның қорытындысы.
Жазушы өз сұхбатында Алаш тақырыбына бала кезінен қызыққандығын, алашордашылардың басқа жазушылардың еңбегінде бүркеншік атпен берілгенімен қоймай, бүркеншік мінезбен берілгенінен туған сезімі оны өмір бойы мазалаумен өткен. Алашордашылардың арақатынасы туралы халық арасындағы болжамдарды « Ахаң тергеуде «Мен Рысқұловпен нашармын. Себебі, ол – большевик, мен – алашпын. Арамызды байланыстыратын ешқандай идея жоқ. Ол мені алаш деп, жау деп есептейді. Мен де оны дұшпан көрем», «Қожанов коммунистік партияның өкілі, ал мен коммунистік партиядан шығып кеттім. Сондықтан көзқарасымыз келіспейді, оны Рысқұловпен жақсы деп ойлаймын» дейді, «Мағжан ақын ғой. Ақындар қиялшыл келеді. Мен ғалым адаммын. Оның өлеңдерін оқығаным бар, оқулыққа пайдаландым. Бірақ, ақындардың сөзі жеңіл, мен оны ғылыми көзқарас деп есептемеймін. Сондықтан онымен байланысым болған жоқ», – дейді. Мұның себебі біреу-ақ, осы сөздері арқылы ол Рысқұлұлын, Қожанұлын, Жұмабайұлын жауапқа тартылудан, куәлік беруден құтқарғысы келді. Сондықтан, тергеу барысында ол өзінің көзқарасын осылай көрсетті. Мағжан Жұмабайұлына сұрақ қойғанда ол да: «Ахаң үлкен адам, біз ол кісімен емін-еркін сөйлесе алмаймыз» дейді. Осымен екі ортадағы байланыс үзіледі. Бұларға екеуара байланыс туралы қайтадан сұрақ қойылған емес. Түрмедегі жауаптың психологиялық астары осында» деп түсіндіреді.
Әфсананың жазылуына себепші болғандардың бірі – Олжас Сүлейменов. Бұл туралы жазушы өз сұхбатында былай айтып кетеді: «1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: - Праволық комиссия құр, Алаш ардагерлерін ақтаймыз, Желтоқсан оқиғасының жайын тексерейік, -деді».
Алаш жайлы зерттегендер де көп, жазғандар да көп. Осы көптің ішінде Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» кітабы несімен ерекше?
Біріншіден, кітаптың тарихи деректерге сүйеніп жазылуында. Кітапты оқыған кезде, түрмедегі сотталушылармен бетпе-бет кездесіп отырғандай боласың. Әрбір келтірілген дерекке сілтеме көрсетілген. Жазушының өзі де тарихи деректермен жұмыс істеудің оңай еместігі туралы айтады: «Бұл кітап түрмеген түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттардың негізінде жазылды. Сол Алаш туралы түрме деректеріне сүйенбей, өз бетімше жазсам, кітап маған әлдеқайда жеңілдей түсетін еді».
Екіншіден, кітапта келтірілген деректердің «құпия», «қолжетімсіз» болғанында. Кеңестік кезеңде жазушылар да, зерттеушілер де Алаш тақырыбын жазуға жүректері дауаламай, «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деп шетке қалдыруға тырысты. Алашқа бас сұққысы келгендерге де жол жабық болды. Себебі, барлық деректер «құпия» болып, оны ақтаруға ешкімге рұқсат етілмеді. Тұрсын Жұртбайдың осында қолжетімсіз деректерге қол жеткізіп, басын қатерге тіксе де Алаш тақырыбын жазып шығуының өзі – ерлік. Қара бастың қамымен жүріп, қара халықтың халін естен шығарған заманда осындай азаматтардың болғанына сүйсінесің.
Кітаптың тарихи маңыздылығы мен құндылығы өте жоғары. Алашордашылар жайлы ел арасындағы тараған қауесетке, әдебиетшілер арасында тараған кереғар сөздерге де жауап болды бұл кітап. Тарихтың түкпірінде жасырынған шындық ашылды. Көңілде жүрген сауалдар өз жауабын тапты. Алаш тарихын ардақтайтын, болашақ ұрпаққа аманаттар тағы бір керемет дүниеге келді. Кітаптың өміршеңдігі оқырманға байланысты. Тарихи әфсанамыздың тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып, өмірлік кітаптардың арасынан орын алады деген үміттемін.
Пайдаланылған дереккөздер:
1. https://abai.kz/post/15904 «ҰРАНЫМ - АЛАШ!..». (Түрме әфсанасы). ТАЛҚЫ. (Үшінші кітап) –Алматы: Ел – шежіре, 2012. Талас Омарбековтің пікірі келтірілді.
2. https://qazaquni.kz/2017/02/21/65112.html Тұрсын Жұртбайдың сұхбаттарынан үзінді
3. https://dalanews.kz/9937 Тұрсын Жұртбайдың сұхбаттарынан үзінді
Авторы: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранті Әбдісәмет Қаракөз
Жетекшісі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жанатаев Данат
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі