Корейская косметика премиум класса

Вице-министр оқушылардың төртінші тоқсанда қалай білім алатынын айтты

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 4-тоқсанда оқушылар қалай білім алатындығын түсіндірді.

«1 сәуірде 4-тоқсан басталады. 4-тоқсанда оқушы саны 300-ге дейінгі мектептерде бір сыныпта оқушы саны 25 бала жинақталып, штаттық режимде оқу жалғасады. Сонымен қатар 4-тоқсанға енгізіліп отырған жаңа формат – жасыл және сары аймақта аралас оқыту барлық сыныптар үшін ұсынылады. Осы ретте бірқатар мәселеге назар аудар қажеттігін еске саламын. Біріншіден, карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Бұл ретте білім басқармалары, әр мектептің әкімшілігі тиісті санитарлық талаптарды сақтау жұмысын толық жүргізуі қажет. Екіншіден, әлеуметтік арақашықтық, оқушылар мен педагогтардың жеке гигиенасы сақталуы керек. Мұнан бөлек, оқушылар ауырған жағдайда не науқастармен байланыста болғанда және ата-ананың өтінішіне орай қашықтан оқыту мүмкіндігі сақталады», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.

Оның атап өтуінше, 4-тоқсанда негізгі пәндер штаттық режимде, ал музыка, еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік негіздері сынды пәндер қашықтан оқытылады.

Әр сыныпта 15 баладан аспауы тиіс. Ал сабақтардың ұзақтығы 40 минутқа созылады. «Қазіргі уақытта кей өңірлер қызыл аймақта тұрғаны белгілі. Бұл - тәуекелі жоғары өңірлер. Онда сабақ 3-тоқсандағыдай форматта жалғасады. Демек, 1-5 және 9 бен 11 сыныптарда аралас оқыту форматы қолданылады. Басқа сыныптар қашықтан оқи береді», - деді Шолпан Каринова.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

×