(хикаят)
Аударған Ғ. Жұмабаев
"Біле-білсеңіз, әйелге ынтыға қарадым дегенше, ол адам пиғылында зынданға батып та бітеді".
(Матфейдін. V, 28).
"Егер адамның өз жамағатына жасайтын опасы сол-ақ болса, өйтіп үйленіп не керек", — депті оған шәкірттері.
"Үшбу сөзге сиятындары да бар, сыймайтындары да бар, асылы жаратылысына бақса керек, — депті ол әлгілерге.
— Өйткені анасының құрсағынан азбан боп ту атыңдар да бар, о дүниеде рақат көрем деп, өзінен-өзі азбан болатындар тағы бар. Ол әркімнің қалыбына қарай".
(Матфейдін XIX, 10, 11, 12).
I
Көктемнің аласапыран кезі еді. Екі тәуліктен бері жолдамыз. Жақынға баратындар вагонға бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатқан, тек үш адам ғана менімен бірге пойыздың шыққан жерінен бері тапжылмай келеді.
Бұлар: еркек киіміне ұқсастау шолақ бешпент, бөрік киген, жүзінде қасірет ізі бар, өңсіздеу келген, өзі шылымпаз бір сарқарын әйел, оның қасында қырықтар шамасындағы, киім-кешегі ине-жіптен жаңа шыққандай жинақы, сөзуарлау танысы және әлі кәрілік келмесе де, бұйра шашы мезгілсіз бурыл тартқан, бойын жұрттан аулақ ұстайтын жат мінезді, қалбалақ қимылды, ойнақы, жайнаң көз, тәпелтек мырза. Үстінде бір кезде шебер тігіншінің қолынан шыққан сеңсең жағалы көнетоз пальто, басында — төбесі биік сеңсең бөрік. Пальтосының омырау түймесін ағытқанда, ішінен киген кеудешесімен кестелі орыс көйлегі көрінеді. Бұл мырзаның тағы бір ерекшелігі — әлсін-әлі шегін тартқандай немесе күлкіге булыққандай бір түрлі оғаш мекіреніп қояды.
Бүл мырза жолшыбай жолаушы атаулыға жоламауға, ешкіммен таныспауға тырысты. Сөз қатқан көршілеріне жауапты шорт кесіп, дүңк ете түседі де, не кітаптан бас көтермейді, не терезеге теріс қарап алып шылым тартады, тіпті болмаса, ескі дорбасынан жол азығын алып, тамақ қаужап, шай сораптап отырғаны.
Маған ол жалғызсырап жүрген адамдай көрінді, екеуміз сәл қиғаштау болса да, қарама-қарсы отырғандықтан, бір-бірімізге көзіміз түсе береді де, талай рет тіл қатыспақ болып едім, әманда теріс айналып, жалма-жан кітап оқи бастайды, я болмаса терезеге тесіле қалады.
Екінші күні кешке жақын үлкен бір станцияда аялдаған кезімізде әлгі күйгелек мырза барып қайнаған су алып келді де, өзіне өлшеп шай салды. Ал нәрселерінің бәрі жап-жаңа, тап-тұйнақтай мырзамыз — оның адвокат екенін кейін білдім — пішімі ерекшелеу пальто киген шылымпаз ханыммен екеуі шай ішуге станция басына кетті.
Мырза мен ханым жоқта вагонға біраз жаңа адам қосылды, үстінде күзен ішік, маңдайшасы күректей шұға картуз киген; бет-аузы қатпар-қатпар, ұзын тұра, қырма сақал бір шал, сірә көпес болар. Көпес адвокат пен ханымның арасындағы орынға отыра салысымен, вагонға осы станцияда өзімен бірге мінген, сырт түрі көпестің приказчигіне ұқсас бір жас жігітпен әңгімелесе кетті.
Мен қиғаштау қарсы отырғанмын және пойыз тоқтап тұрғандықтан, кісі аяғы саябыр сәттерде әңгімелерінің шет жағасын еміс-еміс құлағым шалады. Көпес алдымен өзінің келесі станциядағы мекен-жайына бара жатқанын айтты: Сонсоң, әдеттегіше, биылғы Мәскеу нарқын, одан кейін Нижнегород жәрмеңкесін сөз қылысты. Приказчик екеуі де танитын бір бай көпестің жәрмеңкеде қалай сайран салғанын айта бастап еді, бірақ шал орта жолдан киліге кетіп, баяғыда бел ортасында өзі болған Кунавиндегі сайрандарын айта жөнелді. Сірә, сол сайрандарға қатысқанын өзі мақтан тұтса керек, тіпті рақаттана еске алып, әлгі танысы екеуінің Кунавинде удай мас күйінде жасаған қылықтары, сірә, сонша сорақы болар, ананың құлағына сыбырлап қана айтып еді, приказчик шек-сілесі қатып, бүкіл вагонды басына көтерді, сап-сары екі тісін ырситып шал да күліп жатыр.
Қызықты ештеме айта қоймас деп, пойыз жылжығанша платформада серуендеп келмек боп тұрып кеттім. Қызу әңгімелесіп келе жатқан адвокат пен ханым есік алдында қарсы жолықты.
— Үлгермейсіз, — дейді маған иман жүзді адвокат, — қазір екінші қоңырау соғылады.
Айтқанындай — ақ, шеткі вагонға жеткенімше қоңырау да соғылды. Қайтып келсем, ханым мен адвокат әлі әңгіме соғып отыр екен. Кәрі көпес қарсы алдарында, екеуіне жақтырмай қарап, босаған тістерін анда-санда малжаңдатып қойып, үн-түнсіз мелшиіп отыр.
— Содан кейін, — деді адвокат қасынан өте бергенімде езу тартып, — әйелі бұдан былай бірге тұра алмайтынын һәм және бірге тұрғысы да келмейтінін күйеуіне тұп-тура айтып салды, өйткені, — деді ол...
Тағы бірдемелер айтып жатты, бірақ не екенін ести алмадым, менің ізімше тағы біраз жолаушы сау етіп кіріп келді, одан соң прокурор да келді, жүгіріп артельщик те кірді, сөйтіп, біразға дейін абыр-сабыр болып, ештеме естіртпеді. У-шу басылған кезде адвокаттың даусы құлағыма тағы шалынды, сірә, әңгіме жеке бір оқиғадан жалпы сөзге ауысып үлгірсе керек.
Адвокат ажырасу мәселесіне қазір Еуропада жұртшылық түгел назар аударып отырғанын, ондай жағдай бізде де барған сайын жиі қайталанып жүргенін әңгімеледі. Өзінен басқа ешкім ләм демей отырғанын байқап қап, адвокат сөзін тоқтата қойды да, шалға бұрылды.
— Баяғыда мұндай нәрсе болмаушы еді ғой, солай емес пе? — деді ол жылы шыраймен күлімдеп.
Шал бірдеме деп жауап берейін деп еді, бірақ дәл осы кезде пойыз жүріп кетті де, шал басынан картузын алып, күбірлеп дұғасын оқып, шоқына бастады. Адвокат назарын басқа бірдемеге аударып, иба сақтап күтіп қалды. Дұғасын тәмамдап, үш қайтара шоқынды да, шал картузын миығына түсіре киіп, үсті—басын қағынып алып, сөзге кірісті.
Болатын, тақсыр, бұрын да болатын, — деді ол. — Бұл заманда олай болмай қоя ма? Тым білімді болып кеттік қой.
Пойыз жүрісі барған сайын үдеп, соқпа-соқпадағы салдыр-гүлдір түк естіртпей қойды, қызығып кетіп, қасына жақын барып отырдым. Жайнаң көз көршім — күйгелек мырзa да тыңдағысы келіп кетсе керек, орнынан қозғалмай құлағының тіге қойды.
Білімнің не зияны бар? — деп күлімсіреді ханым,— Күйеу мен қыз бір-бірін көрместен қосыла салатын баяғыдай үйленген жақсы дейсіз бе? — деді ол тағы да, ханым атаулының әдетінше, сұхбаттасып отырған адамның сауалына емес, бұл осылай дейді-ау деген сөз ойындағы болжамына жауап бере отырып. — Сүйе ме, сүймей ме, оны да білместен, қолға түскеніне күйеуге шығып, сонсоң өмір бақи ит қорлықта өтеді; сіздіңше сол да жақсы ма? — деді ол, сұрақты өзі әңгімелесіп отырған қариядан гөрі мені мен адвокатқа тіреп.
Тым білімді болып кеттік, — деді көпес, ханымның сұрағын жауапсыз қалдырып және өзіне тыжырына қарап.
Білім мен жұбайлар арасындағы кикілжіңнің бір-біріне қандай қатысы бар, айтып жібермес пе екенсіз? — деді адвокат миығынан күліп.
Көпес бірдеме дейін деп еді, ханым оның сөзін бөліп, кие жөнелді.
— Жоқ, ол уақыт өткен, — деді ол. Бірақ оны адвокат тоқтатып тастады.
— Жоқ, сіз оның өз пікірін айтып шығуына рұқсат етіңіз.
— Ақымақтық білімнен туады, — деп кесіп айтты шал.
— Бірін-бірі сүймейтін екі адамды қосады да, артынан бұлар неге тату-тәтті тұрмайды екен деп таңдай қағады, — деп сып ете түсті ханым, сөйтіп біресе адвокатқа, біресе маған, біресе тіпті өндіршегін созып, таянышты шынтақтай отырып, әңгімені ұйып тыңдаған приказчикке де жаутаң-жаутаң қарап қойды.
— Қожайынның үй хайуанын ғана қалай қосақтаймын десе де еркі бар, ал адам дегендердің адам болған соң бірдемеге әуестігі, бейімділігі, құштарлығы бар емес пе, — деді ол, сірә, көпесті мұқата сөйлеуге тырысып.
— Олай деп бекер айтасыз, ханым, — деді шал, — хайуан дегеніңіз мал ғой, ал адамға арнап шығарылған заң-закон бар.
— Апыр-ау, махаббатсыз қалай тұруға болады ол адаммен? — деп, ханым өз пікірін бұрынырақ айтып қалуға асықты, сыңайы, онысы керемет болып көрінсе керек.
— Бұрын о жағын тәптіштеп жатпайтынбыз, — деді шал парасатты үнмен. — Қазір ғой ондайдың етек алып кеткені. Қит етсе: "Мен сенен кетем", — дейді. Мұжық екеш мұжықтардың арасында да осы әдетке айналыпты. "Мә, — дейді әйелі, — әпергенің мына көйлек пен мына дамбал ма, ал да қал, мен Ваняға тиемін, оның шашы сенен гөрі бұйралау". Ал керек болса, тегі. Әйел заты айбынбаса, сыйламайды.
Приказчик күлуге бата алмай, жұрттың сыңайына қарай көпестің сөзін келеке қылуға да, құп алуға да әзір қалпы, біресе адвокатқа, біресе ханымға, біресе маған қарайды.
— Қорқуы несі? — деді ханым.
— Кәдімгідей: өзінің күйеуінен қорқуы керек! Әне сондай қорқу!
— Қойыңызшы, әкей, ол заман өтті ғой, — деді ханым ренішті үнмен.
— Жоқ, ханым, ол заман өтпек емес, Хауана ерінің қабырғасынан әйел болып жаралды ма, ақырзаман болғанша сол қалпында қалашақ, — деп шал көзін ежірейтіп, басын шайқап —шайқап қалып еді, көпес жеңіп кетті деп ойлаған приказчик қарқылдап күліп жіберді.
— Иә, сіздер, еркектер, солай ойлайсыздар ғой, — деді ханым әлі де жеңілгісі келмей, біз жаққа қарап қойып, — өздеріңіз емін-еркін болып, әйелдерді қапаста ұстағыларыңыз келеді. Ал өздеріңізге ғой, ойларыңызға келгенді істеуге ерік беріп қойғансыздар.
— Ерік берген ешкім жоқ, бірақ еркек кіндік — еркіндік те, әйел жынысы — ырыстың ыдысы ғой, — деп көпес тағы да ақыл айтты.
Көпестің сесті үні тыңдаушыларын ықтырып тастағандай, тіпті ханымның өзі де жуасып қалған тәрізді, бірақ әлі де берісер емес.
— Иә, бірақ, әйел де адам, еркек сияқты, оның да сезімі бар ғой, сіз бұған келісерсіз деп ойлаймын. Күйеуін сүймесе не істеу керек сонда?
— Сүймесе! — деп күж ете түсті көпес, қабағын түйе, мұрнын тыржитып. — Сүймесе де сүйеді!
Шорт кескен мынау оқыс тұжырымның приказчикке керемет ұнағаны сонша, ол тіпті оқыранып кетті.
— Жо, жоқ, сүймесе сүймейді, — деді тағы да әлгі ханым. — Сүйіспеншілік болмаса, сүй деп зорлауға тағы болмайды.
— Ал егер әйелі күйеуінің көзіне шөп салса, онда қайтеді? — деді адвокат.
— Олай болуға тиіс емес, — деді шал, — оны қарап жүру керек.
— Ал егер болар іс болып қалса ше? Ондай да болып қалуы мүмкін ғой.
— Болса басқада болар, ал бізде ондай болмайды! — деді шал.
Жым-жырт. Приказчик қана қипақтап барып, ентелеңкірей түсті де, жұрттан қалысқысы келмей, жымия күліп былай деді:
— Иә, тақсыр, мәселен, біздің бір жігіт те сондай бәлеге ұшыраған. Оған да қазылық айту қиын-ақ. Оған да сондай бір жеңілтек әйел кездесті. Ойнақтатты — ай кеп! Ал жігіт салмақты, көзі ашық болатын. Әуелі кеңсешімен шатысты. Жақсылықпен қоя қой деп жалынып еді. Қоймады. Жасамаған жамандығы жоқ. Ақшасын қымқыра бастады, ұрып та көрді. Бұрынғысынан да бұзылып кетті. Айтар ауызға да ұят, ғибадатсыз, дінсіз жәйітпен де былықты. Не істесін енді? Біржолата тастады. Өзі әлі күнге дейін сұрбойдақ, ал әйелі, кім көрінгеннің босағасын аңдып ол да жүр.
— Өйткені ол ақымақ, — деді шал. — Әуел бастан тізгінін босатып жібермей, дұрыстап тұқыртып ұстағанда, ешқайда да кетпейтін еді. Ә дегеннен еркінсітпеу керек. Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе.
Осы кезде кондуктор келіп, келесі станцияда түсетіндердің билетін сұрады. Шал билетін берді.
— Иә, тақсыр, әйел затын э дегеннен тұқыртып ұстаған жөн, әйтпесе құрыдым дей бер.
— Ал, бірақ, әлгінде ғана өзіңіз әңгіме қылған, анау әлгі Кунавин жәрмеңкесінде сайран салып жүрген бала-шағалы адамдарды қайда қоясыз? — деп сауал бердім шыдай алмай.
— Оның жөні бір бөлек қой, — деді де, көпес қалың ойға шомып кетті.
Ысқырық естілгенде көпес орнынан тұрды да, сәкінің астындағы қапшығын алып, омырау түймелерін салды да, картузын сәл көтере есендесіп шығып кетті.
II
Шал шығып кетісімен, жұрт жамырап қоя берді.
— Ол қария ескі салттың адамы ғой, — деді приказчик.
— Кәдімгі тірі Домостройдың өзі, — деді ханым. — Әйел, неке туралы ұғымдары қандай тұрпайы!
— Иә, тақсыр, неке жөнінде еуропалықтардың көзқарастарынан әлдеқайда артта қалып қойдық қой, — деді адвокат. — Мұндайлар ең басты нәрсені түсінбейді, — деді ханым, —махаббатсыз неке — неке емес, тек махаббат қана некені қадір-қасиетке бөлейді, сүйіп қосылған неке ғана нағыз неке болатынын түсінбейді бұлар.
Приказчик зиялылардың әңгімесінен пайдалануға болатынын құлағына молырақ құйып алу үшін жымиып отырып тыңдай берді.
Ханым сөзін орталай бергенде, ту сыртымнан біреудің күлкіге булыққандай, не еңіреп барып, кілт тоқтағандай дыбысы естілген соң жалт қарасам, жалғызсыраған жалтаң көз мырзам, яғни ақ бас көршім екен, әңгімеге елтіген болар, бізге білдірмей жанымызға келіпті. Орындықтың арқалығына сүйеніп тұр, сірә, өте толқып тұрса керек; жүзі нарттай жанып, екі беті жыбыр-жыбыр етеді.
— Қайдағы махаббат ол... махаббат... махаббат... некені қадір-қасиетке бөлей ме? — деді ол тұтығып.
Оның ызалы түрін көріп, ханым неғұрлым биязы, неғұрлым байыпты жауап беруге тырысты.
— Нағыз махаббат... Ер мен әйел арасында осындай махаббат болса ғана неке қиюға болады, — деді ханым.
— Иә, тақсыр, әйтсе де, нағыз махаббат дегенді қалай ұғынуға болады екен? — деп сұрады жайнаң көз мырза өзінен өзі қолайсызданып ыржия күліп.
— Махаббат дегеннің не екенін жұрттың бәрі де біледі, — деді ханым, сірә, әңгімені осымен доғарғысы келіп.
— Ал, мына мен білмеймін, — деді мырза. — Анықтап алу керек, сіздің қай мағынада айтып тұрғаныңызды...
— Қай мағынасы несі? Кәдімгідей, — деді де, ханым, бірақ ойланып қалды. — Махаббат? Махаббат дегеніміз біреудің біреуді басқалардан айрықша жақсы көруі, — деді ол.
— Ол қаншаға дейін жақсы көрмекші сонда? Бір ай ма? Екі ай ма, әлде жарты сағат па? — деді мырза күлімсіреп, сосын күліп жіберді.
— Жоқ, рақым етіңіз, сірә, сіз басқа бірдемені айтып тұрған боларсыз.
— Жоқ, тақсыр, мен дәл соның өзін айтам.
— Мына кісі айтады, — деп адвокат ханымды нұсқап, араға түсті, — неке, біріншіден, өзара сүйіспеншіліктен, тіпті керек десеңіз, ғашықтықтан тууға тиіс, сол бар жерде ғана, тек сондай жағдайда ғана неке дегеніміз былайша айтқанда, қасиетті антқа айналмақ дейді. Сонсоң, негізінде табиғи құштарлық — махаббат қоспаған некеде, керек десеңіз, ешқандай адамгершілік — рухани міндет жүктерлік ешбір қасиет болмасқа тиіс. Менің түсінуімше, солай ғой? — деді ол ханымға қарап.
Ханым басын изеп, өз ойының дұрыс түсіндірілгеніне разылығын білдірді.
— Сонымен... — деді адвокат сөзін жалғамақ болып, бірақ осы сәтте көзі жайнаңдап, сірә, өзін-өзі зорға ұстап тұрған ана мырза адвокатты кимелеп, сөзін бөліп кетті.
— Жоқ, мен де сол жайлы, біреуді біреудің басқалардан айрықша жақсы көруі жөнінде айтып тұрмын, әйтсе де қашанға дейін айырықша жақсы көреді? — деп сұрағым келеді.
— Қашанға дейін? Ұзақ уақытқа, кейде тіпті өмір бойына, — деді ханым иығын қозғап қойып.
— Е, ол романдарда ғана солай ғой, ал өмірде еш уақытта да олай болмайды. Өмірде әлгі айтқан біреуді біреудің айрықша жақсы көрушілігі бірнеше жылға ғана созылады, ондай жағдай бірақ өте сирек кездеседі, көбіне оның өмірі айлап, апталап қана, тіпті кейде күнмен, сағатпен өлшенеді, — деді ол, өз пікірінің жұртты қайран қалдыратынын біліп, соған жаны кіретіндей пішінмен.
— Ах, оныңыз не? Жо-жоқ. Жоқ, рақым етіңіз, — деп үшеуміз бірдей өре түрегелдік. Тіпті приказчиктің өзі де бір түрлі жақтырмаған үн шығарды.
— Иә, тақсыр, мен білем, — деді ақ бас мырза ешқайсымызға сөз бермей, — сіздер болмысқа жататын жайды айтасыздар, ал мен болсам, болған жайды айтып отырмын. Сіздер махаббат деп айдар таққан нәрсе әрбір сұлу әйелді көрген сайын әрбір еркектің басында болатын жайт.
Ах, сіздің айтып тұрғаныңыз жан түршігерлік нәрсе; ал енді әлгі махаббат деп аталатын және өзі айларға, жылдарға ғана шектелмей, өмір бақи өшпейтін сондай бір сезім адамдар арасында әйтеуір бар екені рас қой?
— Жо, жоқ. Тіпті, бір еркек белгілі бір әйелді өмір бойы басқалардан айрықша жақсы көреді десек те, ол әйел, қара да түр, басқа еркекті жақсы көреді, бұл жалғанда әманда солай болған һәм солай бола да бермек, — деп ол темекі сауытынан алып, шылым шeгe бастады.
— Әйткенмен екеуі де бір-бірін сүйетіндер болмақ керек қой, — деді адвокат.
— Жоқ, тақсыр, болуға тиіс емес, — деп тойтарып тастады анау, — бір лау бұршақтың ішінде таңба салған екі дәннің қатар жатуы мүмкін бе, бүл да солай. Оның үстіне бүл арада мәселе махаббаттың ақылға сыймайтындығында емес, адамның бірін-бірі жалықтыратындығында болса керек. Өмір бойы бір адамды ғана сүю бір шырақ өмір бойы сөнбейді деумен бірдей, — деді ол шылымын құмарта сорғыштап.
— Бірақ сіздің мынадай айтып тұрғаныңыз тән жарастығы ғой. Ой-арман бірлігі мен рухани туыстықтан махаббат тууы мүмкін емес деп ойлайсыз ба? — деді ханым.
— Рухани туыстық! Ой-арман бірлігі! — осы сөздерді қайталап тұрып, ол бұрынғы әдетінше шегін тартты. — Олай болатын болса, бірге жатудың не қажеті бар (тұрпайылығым үшін кешіріңіздер). Ой-арманымыз бір деп бір төсекте жататындарын қайтерсің, — деп ол ызалана күлді.
— Әйтсе де рақым етіңіз, — деді адвокат, — ақиқат сіз айтқанға қарама-қарсы ғой. Ерлі-зайыптылық өмірде бар нәрсе екенін, күллі адамзат немесе оның басым көпшілігі некелі өмір сүретінін, көбінің ұзақ жылдар бойы тату-тәтті отасатынын көзіміз көріп жүр ғой.
Ақ бас мырза тағы да мырс етті.
— Мен сезім құштарлығы болмаса, махаббат дегеннің бар-жоғына шек келтіріп отырсам, сіз маған неке махаббатқа негізделеді дейсіз, неке болған соң махаббат та бар деп дәлелдемек боласыз маған. Ал неке дегеніңнің өзі біздің заманымызда барып тұрған көзбояушылық емес пе!
— Жоқ, тақсыр, рақым етіңіз, — деді адвокат, — неке бұрын да болған, бұдан былай да бола береді, — менің айтқаным тек сол ғана.
Бола береді. Бірақ та ол неліктен бола береді? Некені қасиетті тылсым күш деп, сол тылсым үшін өзін құдай тағаланың алдында жауапкермін деп есептейтін адамдардың арасында неке деген бұрын да болған, бүгін де бар. Оларда бар да бізде жоқ. Біздің адамдар үйленгенде некені жұптасу деп қана қарайды, содан кейін бірін—бірі алдау немесе зорлау шығады. Алдау ғана болса, оның жарасы жеңіл-ау. Ер мен әйел некелі жармыз деп жұрт көзіне қарғаша қояды да, өздері талай еркек, талай әйелмен ашына болады. Бұл жаман-ақ, дегенмен оған да төзуге болады, ал бірақ, көп жағдайда ер мен әйел өмір бойы бірге отасамыз деп ресми шарттасады да, екі ай болмай жатып, бірін-бірі өлердей жек көріп кетеді, ажырасқысы келіп, айырылыса алмай, содан тамұқтың қып—қызыл отына түседі де, не маскүнем болып кетеді, не атысады, не өзін де, өзгені де улы қасіретке душар етеді, — деді ол. Ешкім сөз қоспаса екен деп, барған сайын қызынып, барған сайын бастырмалата сөйлеп. Ешкім ләм — мим деген жоқ, ұят қой.
— Иә, күмән жоқ, ерлі—зайыптылардың өмірінде қиын — қыстау кезеңдер болады ғой, — деді адвокат сөлекет қызба әңгімені доғармақ оймен. Байқауымша, менің кім екенімді білдіңіз —ау деймін? — деді ақ бас мырза сабырлы көрінгісі келгендей жұмсақ үнмен.
— Жоқ, ондай мәртебеге жете алғам жоқ.
— Онда тұрған мәртебе шамалы. Менің атым Позднышев, әлгінде ғана өзіңіз шет жағасын тұспалдаған қиын—қыстау мезетті бастан өткеріп, өз әйелін өзі өлтірген адамның нақ өзімін, — деді ол, әрқайсымызды көз жүгірте бір шолып өтіп.
Ешқайсымыздың аузымызға сөз түспей, тым—тырыс бола қалдық.
— Мейлі, бәрібір емес пе, — деп ол баяғы жат дыбысын қайта шығарды. — Әйтсе де, ғапу етіңіздер! Ә!.. сіздерді мазаламайын.
— Жо—жоқ, рақым етіңіз, — деді адвокат, неменеге "рақым етіңіз", — деп тұрғанын өзі де білмей.
Бірақ Позднышев оған құлақ салмастан жалт бұрылып, өз орнына кетіп отырды. Мырза мен ханым сыбыр—күбірге көшті. Мен Позднышевтің қасында, не айтарымды білмей аңырып отырмын. Оқиын десем қараңғы, сондықтан көзімді тарс жұмып, ұйқым келген бола қойдым. Келесі станцияға дейін солай үн қатыспаған қалыпта бардық.
Кондуктормен ертерек уағдаласып қойған екен, ол станцияда мырза мен ханым басқа вагонға ауысты. Приказчик сәкіге жайғасып алып ұйқыға кірісті. Ал Позднышев әлсін—әлі шылым тартып, бағанағы станцияда алғызған шайын әлі сораптап отыр.
Көзімді ашып бетіне қарап едім:
— Бәлкім, менің кім екенімді білген соң, бірге отыруға арланатын шығарсыз? Онда, мен кетейін, — деді ол жұлып алғандай, тұла бойын ыза кернеп.
— О, жоқ, кешіріңіз.
— Ендеше, мынаған қалайсыз? Бірақ тым ащы, — деп, ол маған шай құйып берді.
— Айтуларын айтады — ау... Бірақ бәрінікі де өтірік... – деді ол.
— Нені айтасыз? — деп сұрадым мен.
— Е, баяғы бірдеме де: әлгілердің махаббат дегендерін, оларының не екенін айтам. Сіздің ұйқыңыз келген жоқ па?
— Тіпті зауқым жоқ.
— Ендеше сол махаббат дегенің мені қайда апарып соққанын айтып берейін, тыңдайсыз ба?
— Әрине, егер өзіңізге ауыр болмаса.
— Жоқ, маған үндемеу ауыр. Шай ішсеңізші. Әлде тым ащы ма?
Шай шынында да сыра сияқты екен, әйтсе де бір стақанын ішіп алдым. Сол кезде кондуктор келді. Анау оны үн—түн жоқ, көзінің аласымен шығарып салды да, ол кеткен соң ғана әңгімеге кірісті.
— Ал ендеше айтып берейін сізге... Әйтеуір тыңдағыңыз келетіні шын болса?
Тыңдауға ете құмар екенімді тағы айттым.
Ол сәл үнсіз тұрды да, алақанымен бетін бір уқалап, бастай жөнелді.
— Айтқан соң, басынан бастап айтайын: қалай және не себепті үйленгенімді, үйленгенге дейін қандай болғанымды баяндап берейін.
Үйленгенге дейін жұрт қалай болса, мен де солай, яғни өз тұстастарым құралыптас өмір сүріп жаттым. Өзім помещик, өзім университет кандидаты, оның үстіне ақсүйектер ағзамымын. Үйленгенге дейін жұрт қалай өмір сүрсе, мен де солай, яғни зинақорлықпен күнім өтті, өзімнің барша құрдастарым тәрізді мен де зинақорлық жасап жүріп, тірлік салты осыда дегенге шек келтірмейтінмін. Өз басым өзімді еркетотаймын, әжептәуір парасатты адаммын деп ойлайтынмын. Мен өзім әзәзіл болмайтынмын, жұрттан алабөтен талғампаз да емеспін — ді. Өзімнің көптеген замандастарым тәрізді осыны өміріме басты мақсат тұтпай, зинақорлықпен сабырлы, салиқалы, тек тән саулығы үшін ғана шұғылданатынмын. Жүкті болып қалар немесе ғашық боп қалып, аяғыма оралғы болар деген әйелдерге жоламайтынмын. Бәлкім, кім біледі, бала тапқандары да, ғашық болып қалғандары да болған шығар, бірақ мен ондай ештеме болған жоқ дегендей сынай танытып жүре беретінмін. Және мұнымды жақсы қылық деп қана қоймай, мақтан ететінмін.
Ол сәл бөгеліп, баяғы жат мекіреніске тағы басты, сірә, мұнысы ой түскендегі әдетіне айналып кетсе керек.
— Ал ең жексұрынның өзі осы ғой, — деп шар етті ол — Зинақорлық тән қарекеті ғана ма, көрінген тәртіпсіздік зинақорлық бола бермейді, ал зинақорлық, нағыз зинақорлық дегеніміз тәнімен тәнің қауышқан әйелмен адамгершілік қарым—қатынасты мойындамау болып табылады. Ал мен сол мойындамаушылықты өзімше үлкен дәреже деп санаппын. Шынайы сүйгендігінен көне қойған бір әйелдің төсек ақысын табан аузында төлеуге үлгіре алмай, бір рет жаман ұялғаным есімде, кейін ақшасын беріп жіберіп, сол арқылы бұдан былай оған ешқандай адамгершілік қатысым жоқ екенін білдірген соң ғана көңілім орнықты. Сөзімді құптағансып, басыңызды шұлғымай—ақ қойыңыз, — деп кенет зекіп қалды. — Ондайды білем мен. Сіздердің бәріңіз де, егер елден ерек тумасаңыз, соның ішінде сіз де, ең керемет дегенде, менің баяғы көзқарасымдағы адамсыздар. Мейлі, бәрібір емес пе, сіз мені ғафу етіңіз, — деді ол сөзін жалғап, — дегенмен шын мәнісінде мұның өзі масқара ғой, масқара, масқара!
— Немене масқара! — деп сауал бердім.
— Әйелдер және олармен арадағы қарым—қатынас жөнінде өзіміз шатылып барып түскен шыңырауды айтамдағы. Иә, тақсыр, бұл жайында әңгіме қозғалса, сабыр сақтай алмаймын, әлгі айтқандай, сол бір мезетті басымнан өткергеннен емес, сол мезетке ұшырағаннан бері көзім кең ашылып, дүниенің бәрін басқа қырынан көретін болдым. Бәрі керісінше, бәрі керісінше!..
Ол шылым тартты да, тізесін шынтақтап отырып, әңгімесін бастады.
Қараңғыда маған жүзі көрінбейді; вагонның салдыр — гүлдірінен тек байсалды һәм биязы даусы ғана еміс—еміс естіледі.
IV
— Иә, тақсыр дәл өз басымнан өткен қасіреттің бар тақсіретін тартқаннан кейін ғана, тек соның арқасында ғана осының бәрінің түп—тамырын, һәм не зат лазым екенін ұғындым және сондықтан да болмыстың мұқым сорақы сиқын қаз қалпында айқын көрдім.
Білгіңіз келсе, мені сол оқиғаға ұрындырған жайттың қалай және қашан басталғанын да айтайын. Оған 16—ға толар — толмаста шарпылғам. Бүл менің әлі гимназияда, ал тетелес ағамның 1—иіі курс студенті болып жүргенде болған оқиға. Мен әйел затына әлі жуысып көрмегем, бірақ өзім қауымдас барлық сормаңдай балалар тәрізді, мен де бүл кезде сүттен ақ, судан таза сәби емеспін — ді: балалар ниетімді бұзғалы екі жылға таянған; енді маған әйел заты жай ғана әйел емес, шекер—балдай көрінетін, әйел атаулы, оның ару тәнінің ашық жері дегбірімді алатын болды. Оңаша қалсам, оңбаған ой шырмайды. Біздің балалардың 0,99—ның басындағы қасірет мені де азапқа салды. Үрейім ұшып, ішқұса боп, тәңірге жалбарындым, сонда да құлдилай бердім. Ой жүзінде де, іс жүзінде де әбден күнәкар болғам, бірақ, әйтеуір ақырғы шектен аттағам жоқ. Әлі өзге жанға залалым тимей, құрып бара жатқан өз басым ғана. Бірақ ағамның жолдасы, сауыққой бір студент бар еді, тәуір жігіт деген атаққа іліккен, яғни бізді ішімдікке де, алақағазға да баулыған нағыз оңбаған болатын; сол бір үлкен ішуден соң сонда барайық деп болмағаны. Тартып кеттік. Ағам да әлі ауызданбаған, сол түні оның да шаруасы бітті. Сөйтіп, он бес жасар балақан басым, не қарекет екенін өзім де білместен, өзімді де былғадым, онымен қоймай, анау әйелдің де ластануына себеп болдым. Ол қарекетті жаман дегенді үлкендердің бірде —бірінің аузынан естіппін бе? Қазірдің өзінде де оны жамандайтын бір адам жоқ. Ол жайлы өсиет — қағидаларда айтылатыны рас, бірақ, қағида деген емтихан тапсырғанда ұстазының сауалына жауап қайыру үшін ғана керек қой, оның өзі де шартты сабақтас сөйлемдегі ut демеуін қолдану жайындағы қағидаға қарағанда, оншама қажеті жоқ.
Сөйтіп, өзім пір тұтқан үлкендердің бірде — бірінің мұны сорақы дегенін естіген емеспін. Сыйлайтын адамдарым, қайта, оны мақтап отырғанын құлағым шалған. Арпалыс пен қасіретім сөйтсем барып саябырлайды—мыс, солай дегенді естігенім де, оқығаным да бар, оның өзі денсаулыққа пайдалы дегенді маған үлкендер айтқан, ал жолдастарым оны әжептәуір мәртебе, жігітшілік деп мақтаған. Сонымен, жалпы алғанда, одан жақсылықтан басқа маған келер—кетер ештеме көрінбеді. Ауру жұқтырып алам деп қорқам ба? Оның да алдын алғанбыз. Көз қырын салатын мейірбан үкіметіміз бар. Ол жезөкшелер үйінің қызметін дұрыс атқаруын қадағалайды және гимназистердің зинақорлық жасауына жағдай туғызып отырады. Дәрігерлер арнайы жалақы алып, бақылап жүреді. Сол дұрыс. Олар зинақорлық кейде денсаулыққа пайдалы деп табады, тек оны шамалап, бабымен жаса деп үйретеді. Соған байланысты балаларының денсаулық тауқыметін өзі арқалап жүрген шешелерді де білем. Ғылым да оларды жезөкшелер үйіне жетелейді.
— Ғылымы несі? — дедім мен.
— Е, дәрігер деген кім? Ғылымның қызметшісі емес пе? Денсаулықтарыңа тиімді деп, жап—жас жігіттерді азғындық жолына салатын кімдер? Солардың өзі. Созға шалдыққан соң барып, білгішсініп — бәлсініп, емдеп жатқандары өздерінше.
— Е, созды емдемей қайтеді?
— Қайткенде бар ғой, егер сол жегі созды емдеуге кеткен еңбектің 0,01—ін зинақорлықты жоюға жұмсаса, сөз — мөз дегеннің әлдеқашан аты өшкен болар еді. Ал шынында зинақорлықтың тамырына балта шабуға емес, оны қолпаштап, зинақорлықтың зиянсыз болу жағына ғана күш саламыз. Жә, мәселе онда емес. Мәселе әлгі сұмдыққа менің белгілі бір әйелге ғашық болғандықтан кезікпегендігімде және бұл жайт бір мен емес, біздің қауым түгіл, қара шаруалардың да, тіпті жұрттың бәрінің де, ең кем дегенде, 0,9—ның басынан өткен. Жоқ, мені ешбір әйел дуалаған жоқ, менің абыройдан айырылуыма өз ортам кінәлі: біреулер бүл азғындықты кәдуілгі заңды нәрсе, денсаулық үшін бой суыту деп есептесе, басқалары — бүл жас адамға сөлекет еместігі былай тұрсын, нағыз табиғи, бейкүнә бой жазу деп ойлайды. Мен мұның масқарашылық екенін де түсінбеппін, күні бұрын құлағыма солай құйып қойғандықтан, оған белгілі бір жас мөлшеріне лайықты әрі ләззат, әрі рақат дүниесі деп құлаш ұрдым, шылым мен ішімдікке қалай машықтансам, осынау зинақорлыққа да әуелде солай құнықтым. Әйтсе де сол алғашқы күнәңнің жан тебірентетін өзгеше бір қасиеті болады екен. Шаруамды бітірісімен, дәл сол сәтте, сол арада, сол бөлмеден шықпай жатып, жүрегім бір түрлі сыздап қоя бергені есімде, көңілімді соншалық бір қаяу басып, жылап жібере жаздадым, мерт болған пәктігімді, әйелдер жөніндегі келмеске кеткен ізгі көзқарасымды жоқтап, егіле еңіреп жібере жаздадым. Иә, тақсыр, әйелге деген кәдуілгі, табиғи көзқарасымның күлі көкке ұшты. Әйелге деген адал ниет содан бері менде жоқ, һәм болуы да мүмкін емес. Зинақор дейтіннің нағыз өзі болып шыға келдім. Ал зинақор да бір, апиыншы, маскүнем, темекішіл болу да бір, бой алдырған бір бәлекет. Апиыншы, маскүнем, темекішілер деген кісіліктен шығады ғой, ал бір әйелден соң бір әйелмен жүріп, әбден құнығып кеткен жүргіш те сол сияқты, адам санатынан шығып, біржола бұзылып, нағыз азғынға айналады. Маскүнем мен апиыншыны бір көргеннен—ақ бет әлпетінен, жүріс — тұрысынан, айыруға болады ғой, зинақор да сол сияқты. Зинақор өзін—өзі ұстай біледі, күресер қабілеті де бар, бірақ әйел туралы ашық, айқын, бауырмалдық, жанашыр көзқарас онда еш уақытта да болмақ емес. Зинақорды жас әйелге жалт қарағаннан — ақ жазбай тануға болады. Мен де зинақор едім, әлі де сол қалпым, түбіме жеткен де сол.
V
— Иә, тақсыр. Сонымен солай дәндей бердім, дәніге бердім, әр алуан аумалы—төкпелі шақтар да өтті. Құдай — ай! Сондағы жексұрын қылықтарымның бәрі есіме түссе, төбе шашым тік тұрады! Жолдастарым бейкүнә сәби деп әжуа қылатыны менің өзімнің есімде қалғаны сондай. Ал, дәуірлеп тұрған жастардың, офицерлердің, париждықтардың қылықтарын естісеңіз! Сол мырзаларыңыздың бәрі де баяғы өзім сияқты, отыздағы нысапсыз жас біздер әйел затына жан түршігерлік жүздеген қорлық көрсететінбіз, отыз жасар зинақор біздер қонаққа жылмағай қырынып, әтір себініп, мұнтаздай фрак немесе мундир киіп баратын ек — тазалықтың үлгісі — тамашаның көкесі едік!
Қалай болмақ керек еді, қалай боп шықты, өзіңіз ойластырып көріңізші. Былай болса ғой: қарындасыма, қызыма бір мырза келіп жұғысса, оның өмірді қалай өткізетінін білетін мен қасына барып, оңаша шығарып алып, ақырын ғана: "жарқыным, сенің қалай өмір сүретініңді, түнді қалай һәм кіммен өткізетініңді білем ғой. Саған мұнда орын жоқ. Мұнда ары таза, күнәдан пәк қыздар тұрады. Кет" деуім керек ғой. Солай жасау керек — ақ, ал іс жүзінде былай боп шығады, егер ол әрі бай, әрі тамыр—танысы көп болса, ол мырза келе берсін, билей берсін, қарындасымды, қызымды құшақтай берсін, қуанбасам жыламаймын. Кім біледі, Ригольбоштан кейін оның құзыры менің қызыма түсер. Артында із қалса, сырқатқа шалықса, не қылар дейсің, тәйірі? Қазір жақсы емдейді. Онда не тұр, ата—анасы қуана—қуана ұзатқан жоғары қауым қыздарының талайын білем, мен. О! Қандай жиіркенішті! Осынау жексұрындық пен өтіріктің бет пердесі сыпырылатын күн де туар —ау!
Ол бірнеше мәрте, баяғы оқыс дыбысын шығарды да, шайға кірісті. Шай ғажап ащы, үстейтін ыстық су жоқ. Өзім ішкен екі стақан шай өте—мөте тынышымды алғанын сезіп отырмын. Сірә, шай оған да эсер етсе керек, өйткені барған сайын қызына түсті. Даусы барған сайын мақамданып, сазды саңқылға ұласты. Тұла бойында бір дамыл жоқ, бөркін біресе шешеді, біресе киеді, айналамызды қоршаған ала көлеңкеде бет—аузы бір түрлі құбыла береді.
— Сөйтіп мен отыз жасқа дейін солай өмір сүрдім, әйел алуды нағыз парасатты, кіршіксіз таза тұрмыс құру арманын ешқашан естен шығарғаным жоқ, — сол мақсатпен қолайлы қыз болса қарастыра жүрдім, — ол әңгімесін одан әрі сабақтады. — Өзім азғындықтың жалқаяғында малтығып жүріп, өзіме теңдес кіршіксіз қыз таңдаймын. Көбін кіршіксіз арудың өзі емес деп, лайықсыз көріп жаратпай тастаушы едім; ақыры маған осы лайықты — ау деген біреуін таптым — ау. Ол өз заманында аса ауқатты болып, кейініректе жұтап қалған Пенза помещигінің екі қызының бірі еді.
Бір күні кешкілік қайықпен серуендеп, түнде, ай жарығында үйге қайтып келе жатқанбыз, торғын көйлегі денесімен дене болған құлын мүшесі мен бұрымына қызыға қарап келе жатыр едім, кенет, апыр—ай, іздегенім сен емес пе деген ой сап ете түсті. Сол кеште маған ол көкірегімдегі ойым мен сезімімді жаза баспай түгел түсінетіндей боп көрінді, ал менің ой — сезімімде ол кезде ең асқақ арманым қалықтап жүргендей сезінетінмін.
Шынтуайтқа келгенде, торғын көйлек пен бұрымы өз бойына жарасып тұрғандықтан, күн ұзақ бірге болған соң, түнді де жанында өткізгім келгендіктен, маған ол сондай боп көрінген екен.
Бір ғажабы, сұлулық дегеніміз — ізгілік деген алдамшы ұғымға әбден сенеді екенсің. Сұлу әйел ақымақ сөз айтса, сен оны елти тыңдап, ақымақтығын аңғармай, ақылды сөз көресің. Оңбаған сөз сөйлеп, оңбайтын іс істесе, соның бәрі саған сүп—сүйкімді сияқтанады. Ал егер ақымақ та, оңбаған да сөз айтпаса, тек сұлу болса болғаны, саған ол ақылы да, адамгершілігі де ғаламат боп көрінеді.
Мен үйіме есім шығып қайттым да, ол адамгершіліктің шыңына жеткен адам, сондықтан да маған жар болуға лайық деген тоқтамға келіп, ертеңіне сөз айттым.
Бұл неғылған былық! Біздің тұрмыс—салтымызға ғана емес, қасіретке қарай, бұқараның өзінде де, үйленетін мың еркектің ішінде неке қиюға дейін он рет, тіпті жүз peт немесе Дон — Жуан сияқты мың рет жігітшілік жасамаған бір адам табыла қояр ма екен. (Рас, осы кезде ары таза, һәм мұның өзі ойыншық емес, ұлы шаруа деп сезінетін де түсінетін жас адамдар бар екенін естіп те, көріп те жүрмін. Құдай жар болсын оларға! Ал бірақ менің заманымда он мың адамнан ондай бір адам да табылмайтын). Мұны жұрттың бәрі де біледі, сөйте тұра білмегенсіп мүләйімсиді. Романдардың бәрінде де кейіпкерлердің ой —сезімі, олар жүретін қарасулар мен бұталар түгі қалмай түгел суреттеледі, бірақ солардың белгілі бір бойжеткенге ғаламат ғашықтығын суреттей отырып, сол тартымды кейіпкердің басынан бұрын нелер өтіп еді, ол жағынан түк жазылмайды;
Оның харамханаға барғаны жайында да, даяшылар мен аспаздар, бөтен біреулердің әйелдері жайында да бір ауыз сөз айтылмайды. Ал егер ондай әдепсіз романдар бола қалған күнде де, оны бәрінен бұрын ең ділгер адамның — қыз балалардың қолына да ұстатпайды. Әуелінде жұрт өз қыздарын қала, тіпті деревня өмірінің тең жарымын жайлаған осынау зинақорлықты жоқ деп алдайды. Сонан соң өз өтірігіне өз құлақтары үйреніп кететіні сонша, ақыр аяғында, ағылшындарға ұқсап бәріміз де ары таза адамдармыз, бәріміз де адалдық әлемінде өмір сүреміз дегенге өздері де иланатын болады. Қыздарға келсек, ол байғұстар бұған шынымен—ақ сенеді. Менің сорлы әйелім де солай сеніп қалған екен. Күйеу боп бұрын барып жүргенімде, аз да болса өткен — өмірімнен хабардар болсын, ең бастысы — ең соңғысы жүрісімді біліп алсын, әйтпесе басқа біреуден естіп қояр, одан да өзім айтқаным дұрыс деп, күнделігімді қолына бергенім әлі есімде. Оқып біліп, түсінген шақта құты қашып, торығып, абыржығаны да есімде. Сол сәтте мені тастап кеткісі келгенін де байқадым. Әттең, шіркін—ай, неге тастап кетпеді екен сол кезде. Ол бағы дыбысын тағы шығарды да, шайдан тағы бір ұрттады.
VI
— Жоқ, дегенмен осының өзі жақсы, осының өзі жақсы! — деп айқайлап жіберді ол — Өзіме де сол керек! Бірақ мәселе онда емес. Менің айтқым келгені, екі ортада байғұс қыздар ғана алданады — ау ылғи. Шешелері осыны біліп отырады, әсіресе оз күйеулерінен тәлім алған шешелер мұны өте — мөте жақсы біледі. Сонда да, еркектердің адалдығына шанған болып мүләйімсіп, іс жүзінде мүлде басқаша қарекет жасайды. Олар өздері үшін де, қыздары үшін де еркектерді қалай қармаққа түсіруді біледі.
Өзіміз айтатын ең асқақ, ең аяулы махаббат — адамгершілік қасиеттерге емес, тән жақындығына және бұрымның қалай өрілуіне, көйлектің түс — түрімен тігіміне байланысты екенін біздер, еркектер мүлде білмейміз, өйткені білгіміз де келмейді, ал әйелдер оны өте жақсы біледі. Біреудің басын айналдырып алуды өзінің парызы деп санайтын тәжірибелі кербезден, қызықтырғың келген еркектің алдында өтірікші, безбүйрек, тіпті, зинақор екендігін әшкереленгені жақсы ма, әлде оған нашар тігілген көріксіз киіммен көрінген жақсы ма деп сұрасаңыз, қайда болса да әманда бірінші жақсы деп жауап берер еді. Біздің ағайынның асқақ сезімі деп шатуымыздың бәрі шылғи өтірік екенін, оған керегі тек қана тән екенін, сондықтан да ол әйел бойындағы оңбағандықтың бәрін де кешіргенмен, киімді олпы—солпы, қалай болса солай, талғамсыз киюді кешірмейтінін әйел адам жақсы түсінеді. Кербез әйел оны санамен білсе, әлі бейкүнә қыздар аңдағыш хайуандар тәрізді түйсік арқылы ғана біледі. Денемен дене боп жабысып қалған жексұрын торғын көйлектер, жалаңаш иық, жеңсіз қол, жабусыз омырау осыдан барып туындаған. Әйелдер, соның ішінде әсіресе еркектердің қолынан өткен әйелдер асқақ дүниеліктер жайын әңгіме — әңгімемен, ал сайып келгенде, еркекке керегі тән, сол тәнді талдым көзге қызықтырып көрсете білу екенінен әбден хабардар; жасайтындары да сол. Бойымызға қосалқы мінез боп жабысқан, көргенсіздікке, көнбістік әдетімізді сыпырып тастап, жоғары қауымдарымыздың өміріне барлық ұятсыз сиқымен қаз—қалпы қарасақ, кәдімгі тұнып тұрған сайқалдар сарайы. Сіз қарсымысыз? Ғафу етіңіз, дәлелдеп берейін, — деді ол менің сөзімді бөліп. — Сіз айтасыз, біздің қауым әйелдерінің ой—арманы жезөкшелер үйіндегі әйелдердікінен әлдеқайда басқаша дейсіз, ал мен айтамын, ешқандай айырмасы жоқ деймін және соны дәлелдеп те беремін. Егер адамдар өмірдегі мақсаты, өмірінің ішкі мән — мазмұны жөнінен әртүрлі болса, онда бүл айырмашылық сырт пішінге де эсер етер еді. Сырт пішіні де әр түрлі болар еді. Ал бірақ, жұртқа жексұрын сол бейбақтар мен жоғары қауымдағы ханымдарды салыстырып көріңізші: бәрібір сол киім, сол үлгі, сол әтір, жеңсіз қол, жалаңаш иық, апайтөс омырау, торситып, томпайтып, бұлтыңдатып қойған майбөксе, сол баяғы жылтырақ құмарлық, қымбат, бағалы асыл бұйымға құштарлық, сол баяғы қыз — ойнақ, би мен музыка, ән. Аналар да арбауға келгенде барын аямайды, мыналар да солай. Ешқандай айырмасы жоқ. Қайткенде де ара жігін ашқымыз келсе, айтарымыз: қысқа мерзімдік жезөкшелерді жұрт жек көреді, ұзақ мерзімдік жезөкшелерді — жақсы көреді.
VII
— Иә, сөйтіп, осынау торғын көйлек, ту бұрым, жапсырма бөкселер мені қармаққа осылай іліктірді. Мені торға түсіру қиын емес—ті, өйткені мен ғашық болған жастарды жас қыздардай буға балқытып сөлін сығып алатын жағдайда тәрбие алдым. Үнемі нәпсіңді қоздырып, елеуретіп отырса, ешқандай дене еңбегімен айналыспайтын біздерді ішпей—жемей мас қылатын сол ғой. Таңданыңыз, таңданбаңыз, бәрібір солай. Менің өзім де сол бір соңғы күндерге дейін ештеме көріп жарытқан жоқпын да. Енді көрдім. Сондықтан да жұрттың бәрінің мұндайдан түк түсінбей жатып, бағанағы ханым сияқты, жоқ сөзді айтатындары — ақ жаныма батады.
Иә, тақсыр, биыл көктемде менің маңайымдағы темір жол бойында мұжықтар жұмыс істейді. Шаруа жігіттің, байырғы тамағы — нан, квас, жуа; сау—сәлемет, көңілді, дені—қарны таза, істегені даладағы жеңіл жұмыс. Темір жолға жұмысқа алынса күнде ауқаты — ботқа мен қадақ ет. Бірақ оның есесіне 30 пұттық қол арбамен он алты сағат жұмыс істегенде, ол еттің қайда кеткенін де білмей қалады. Оған бұл дәспе — дәс. Ал біз күніне екі қадақ ет, құс етін және әр түрлі күшті тамақтармен бірге, ішімдіктен қанша сіміреміз, — соның бәрі қайда кетеді? Тентек сезімге. Соған кетсе болды, бүрмеден дем шығарсаң, сәті түсті дей бер; ал бірақ мен сияқты, уақытша болса да, оның аузын буып байқа, бірден — ақ қаның тасып, алдамшы өміріміздің алданыш айнасында нағыз керемет ғашықтық, тіпті кейде елірме махаббат бейнесінде бұрқырап шыға келеді. Жұрт сияқты мен де ғашық болдым. Айна — қатесі жоқ: елту де, елжіреу де, сұлу сезім де бар. Шын мәнісінде менің бүл ғашықтығым, бір жағынан, шешей мен тігінші еңбегінің туындысы болса, екінші жағынан — бұрау басын сындырмай, еркетотай өскендіктен өмір нәрін шамадан тыс сіміргендігімнен болды. Бір жағынан алғанда, егер қайықпен серуендемесе, тігіншілер оның белін осынша қынамаса, т. б. оның орнына әйелім қолбыраған шапан киіп, үйде отырған болса, ал мен екінші жағынан алғанда, жұмысқа қанша қайрат жұмсасам, тамақты да сонша ішетін байырғы жағдайдағы адам болсам және дем шығатын бүрмемнің аузы ашық болса, дәл сол кезде ойда жоқта буыла қалмаса, мен де ғашық болмас едім, ондай ештемеге кезікпес те едім.
VIII
— Жә, со жолы бәрі тап бола қалды: өз жағдайым да жақсы, оның көйлегі де жақсы, қайықтағы серуеніміз де сәтті. Жиырма рет сәті түспей жүріп, сол жолы түсе қалғаны. Қапысын баққан қақпан дерсің. Күліп отырғам жоқ. Қазіргі кезде қыз айттыру қақпанның шабуымен бірдей ғой. Сонда табиғиы қайсы? Қыз бой жетті, күйеуге беру керек. Қыз көріксіз болмаса, алам деген жігіттер табылса, онда тұрған не бар дейсіз ғой. Баяғы заманда солай болушы еді. Қыздың жасы жеткен соң ата—анасы ұзату жағын қамтитын. Күллі адамзат: қытайлар да, үнділер де, Мұхамбеттің үмбеттері де, біздің халық та осылай жасап келеді, қазір де солай; бүкіл адам баласының, кем дегенде, 0,99 бөлігінде осы салт. Тек 0,01 бөлігі ғана, яғни сары ауыздыққа салынған біздерге қарағанда әлдеқайда азғана топ — бұл жақсы емес деп, өздерінше жаңа салт тауып алыпты. Сондағы жаңалығы немене? Жаңалығы сол, қыздар үйлерінде отырады да, еркектер базар аралағандай аралап жүріп, таңдағанын алады. Ал қыздар үйлерінде сарыла күтеді. "Әкетайым, мені ал! Жоқ, мені ал! Оны емес, мені ал: көрмейсің бе, иығым және басқа жерлерім қандай менің", — деп ойлайды, бірақ айтуға батылы бармайды. — Ал біздер, еркектер, алшаңдай басып, асықпай қарап, бәлсінеміз — ай кеп. "Білем, алдауыңа түспеймін" дейміз. Бәрі де алшаңдай басып, асықпай таңдап, осының бәрі бір өзіме жасалған құрмет — ау деп масайрайды. Енді қараса, оқыс басыпты — қақпан шап етіп қыса қояды.
— Ал сонда не істеу керек? — дедім мен.
— Немене, алдымен әйелдің өзі сөз салуы керек пе?
— Қалай болу керектігін мен өзім де білмеймін, бірақ теңдік деген соң теңдік болсын да. Құда түсу ұят дейтін болсақ, ал мынау одан мың есе сорақы. Онда екі жақтың құқығы мен мүмкіндігі бірдей болса, мұнда әйел не базардағы күң де, не қақпанның дәнікпесі. Қыздардың не шешелеріне, не өздеріне: бітіретіндерің тек күйеу аулау деп шынын айтып көріңізші. Құдай сақтасын, қалай ашуланар екен! Ал сайып келгенде, солардың бар жұмысы осы ғана, одан басқа ермегі де жоқ. Кейде осы машақатпен әлі жап — жас, бейкүнә байғұс қыздардың айналысып жүргенін көргенде, жағаңды ұстайсың. Және бар ғой, осының бәрі ашық жасалса екен—ау, бәрі арбау. — "Ах, түрлердің тегі дейсіз бе, қандай қызық! Ал біздің Лиза сурет өнерімен өте көп шұғылданады! Ә, сіз көрмеде боласыз ба? Не деген өнеге! Тройкашы, спектакльші, симфонияшы? Неткен тамаша! Менің Лизам музыка десе есі кетеді. Сіз неге бұл пікірге қосылмайсыз? Қайық па!" Aл, көкейінде бір—ақ ой: "Aл, алсаңшы мені, менің Лизамды ал! Жоқ, мені ал! Тым болмаса байқап көрші!.."— О жексұрын! Алдамшы! — Ол сөзін солай бітірді де, шайдың қалғанын сарқып ішіп, шыныаяқ пен ыдыстарын жия бастады.
IX
— Сіз білесіз бе, — деді ол, шайы мен қантын дорбасына салып жатып. — Әйелдердің дүниеге қасірет әкелген үстемдігі бар ғой, соның бәріне түп себеп осы.
— Әйелдер үстемдігі дегеніңіз қалай? — дедім мен. — Құқық, құқықтың да майлы басы еркектер жағында емес не.
— Иә, иә, сол, соның өзі, — деп кимелей кетті ол. — Менің айтайын дегенім де тап соның өзі, бір жағынан алғанда, әйелдің нағыз табан астына түсіп, езіліп, қорлықта жүруі — барып тұрған әділеттілік болса, екінші жағынан, — оның үстемдік құруы — таңқаларлық нәрсе, ал мынау соған түсінік береді. Әйелдер де еврейлер тәрізді, еврейлер өздерін қанаушылықтың есесін ақша үстемдігімен қайтарады. "Ә, сіздер бізге саудагер ғана болыңдар дейсіз ғой. Мақұл, бірақ біздер, саудагерлер, сіздерге қожа боламыз", — дейді еврейлер. — "Ә, сіздер бізді сезімнің қолжаулығы еткілеріңіз келеді ғой, — мақұл, бірақ, сезімнің қолжаулығы бола тұрып біз сіздерді табанымызға салып еземіз", — дейді әйелдер. Әйелдің теңсіздігін олардың айтқаны болып, атқаны тимеуінде немесе төреші қазы бола алмауында емес, — ондаймен айналысуда тұрған ешқандай құқық жоқ, — оның орнына, жыныс қатынасында еркекпен бірдей болып, еркектерді қажет кезінде пайдаланып, қажетсіз деп тапса, бойын аулақ салуға, өзі таңдауға түспей, қайта, еркектерді өзі таңдауға еркі болса. Бұл көргенсіздік дейсіз ғой. Мақұл. Онда еркектерге де ондай құқық бермеу керек. Еркектер пайдаланып жүрген құқықтан қазір әйелдер жұрдай боп отыр. Міне, содан келіп, сол құқықтың есесін қайтару үшін, олар еркектердің сезіміне ықпал жасайды, сол ықпалы арқылы ырқына көндіріп алады да, сырт көзге оған таңдатқызған ғып, ал шын мәнінде өзі таңдап тиеді. Ал осы құрал қолына бір түскеннен кейін, оны оңды—солды сілтеп, жұртты бір шыбықпен айдайтын сұмдық өктемдікке жетеді.
— Ол сұмдық өктемдік дегеніңіз қандай? — деп сауал бердім.
— Өктемдік қайда? Е, аяғыңды аттап бассаң, алдыңнан шыға келеді. Кез—келген қаланың үлкен дүкеніне барыңызшы. Миллиондаған сомның қазынасы тұрады, оған адам баласының сіңірген еңбегіне баға жетпейді, ал, қарап көрсеңіз, сол дүкендердің 0,9 бөлігінде еркектерге қажет — ау дейтін бір зат бар ма екен? Өмірдің күллі сән — салтанат —сердебесі әйелдерге ғана қажет, солардың арқасында ғана жан сақтап тұр. Фабрика атаулыны санап шығыңызшы. Солардың басым көпшілігі кәкір—шүкір әлпеншектер, күймелер, үй жиһазын, әйелдер ойыншығын жасайды. Әйел нәпсісіне қызмет ету үшін ғана жасалған осынау фабрикаларда жан түршігерлік ауыр жұмыста жүріп талай миллион адам, құлдардың талай ұрпағы қырылды. Әйелдер, қатын патшалар сияқты, адамзат әулетінің 0,9 бөлігін құлдық бұғау мен ауыр мехнатта ұстап тұр. Ал осының бәрі оларды төменсіткеніміз үшін, еркектермен тең құқықтан айырғанымыз үшін, олар біздің сезімімізге ықпал жасау үшін, бізді өз торларына түсіру арқылы кегін осылай алады. Иә, бәленің бәрі осыдан. Әйелдер сезімге ықпал жасайтын құдіретті қаруға айналып алған, еркектер әйел көрсе, бар сабырынан айрылады да қалады. Әйелдің маңайына жолап кетсе болды, еркек оның еліртпесіне елтіп, есінен адасады да қалады. Мен той көйлек киіп сәнденген әйелді көргенде, бұрын да қолайсызданып үрке қарайтынмын, ал қазір тұп—тура өлердей қорқам, жұртқа аса қауіпті және заңнан тыс бірдеме көргендей болып, айқай сап полиция шақырғым, мынау қауіп—қатерден құтқара көр деп жалынғым, қауіпті нәрсені жолдан алып, көзін жою керек деп талап еткім келеді.
— Е, сіз маған күліп отырсыз ғой! — деп айқай салды ол маған. — Бұл сіз күлетіндей ойыншық емес. Жұрт мұны түсінетін де кез келер, біздің қоғамымызда әйелдердің жұртты қызықтыру үшін, өз тәнін өзі сәндеп, сезімге ықпал жасауына жол беретін, сөйтіп жұртшылықтың тыныштығын бұзатын мұндай қауымның қайдан шыққанына таңданатын да кезі келер, оған көп те қалған жоқ, мен оған кәміл сенем. Жұрт серуендейтін жерге жағалай қақпан құрып қойғанмен бір емес пе бүл, тіпті одан да сорақы! Ұтыс ойындарға неге тыйым салады, ал жезөкшелерше сезімге шабатын сән—салтанатпен жүрген әйелдерге неге тыйым салмайды? Олар анадан гөрі мың есе қауіптірек емес пе?
Жә, сонымен мені солай торға түсірді. Мен сол жұрт айтатындай ғашық болып қалдым. Күйеу бала күнімде мен оны ғана емес, өзімді де адамның асқар биігі деп ойладым. Іздеп жүріп кей жағдайда өзінен де сорақы оңбағанды таба алмайтын, соның өзіне тәуба айтып, сонысына мақтануға дәлел таппайтын бірде—бір оңбаған жоқ қой. Мен де солай: ақшасына бола үйленгем жоқ, — ақша немесе абырой үшін үйленетін көп таныстарым тәрізді дүниеқоңыз пайдакүнемдік айдаған жоқ мені, — мен бай едім, қыз кедей болатын. Бүл бір. Менің тағы бір мақтанатын нәрсем: басқалар үйленгенмен де неке қиылғанға дейінгі көз таныстарынан айрылмай, бұдан былай да көп әйелдердің көңілін табам деп үйленеді; ал мен болсам, үйлену тойынан соң қосағымнан басқаға мойын бұрмауға бел байлағам және соны өзіме — өзім мақтан тұтатынмын. Иә, нағыз жексұрын шошқа бола тұрып, өзімді періште деп шатысыппын.
Ұрын баруым ұзаққа созылмады. Сол күйеу бала күндерімді еске алсам жаман ұялам! Неткен пасықтық! Ғашықтық дегенде сезім емес рухани ғашықтықты айтады ғой. Ал егер ғашықтық рухани болса, қарым—қатынас рухани болса, онда сөйленген сөз, айтылатын әңгіме, сұхбаттасу осынау рухани байланыс қана сөз болуы лазым ғой. Ондайдың бірі де болған жоқ. Екеуден екеу оңаша қалғанда, бір—бірімізге тіл қатудың өзі ғаламат қиын еді.
Сизиф механты да бұдан өтпес. Айтатын сөзіңді ойлап, тауып, оны айтқан соң, енді не айтсам екен деп тағы ойланасың, тағы да үндей алмай қаласың. Айтатын да ештеме жоқ. Алдымызда тұрған өмір, оның тауқыметтері мен жоспарлары жайында айтылуға тиістінің бәрі айтылып болған, енді не айтасың? Егер хайуан болсақ, сөйлеу бізге жазбаған деп жүре берер едік; ал мына жағдайда әңгіме шертіп отыру керек, бірақ түк те түспейді аузыңа, өйткені көңіліңдегі ойыңды айтуға болатын сөз емес. Оның үстіне осы бір кәмпит деген тәттіні өлердей жеп, күпті болу сияқты оңбаған әдет, үйлену тойына әзірлік деген жексұрындық тағы бар: пәтер, тынығу бөлмесі, төсек—орын, қаптал желбегей, жейде, сәнді киім, иіс май мен шаш майы жайын ойластыру керек. Түсінесіз бе, егер көне шарғы —шариғат бойынша үйленсе, ол қарияның айтуынша, жасау — жабдық, мамық — жастық дегендер осынау тылсым құбылысқа көрік беру үшін ғана қажет майда—шүйде дүниеліктер санатында болуы керек қой. Бірақ, неке қидыратын он адамның ішінен, осының тылсым қасиетіне сенбейтіні былай тұрсын, жасап жатқаны бір жағынан өзінің парызы екеніне де иланбайтын бір адам табу, жүз еркектен бұрын үйленбеген бір еркек табу, елу адамнан үйленгесін де реті келсе, жұбайының көзіне шөп салуға сай тұрмайтын бір еркек табу оңайға түспейтін біздің арамызда, көбісі шіркеуге барып неке қиғызуды белгілі бір әйелді жәукемдеудің айрықша шарты деп қарайтын заманда, өзіңіз ойлаңызшы, осынау майда —шүйденің өзі сұмдық зор маңызға ие болады ғой. Мәселенің түйіні де осында екен. Қып—қызыл сауда сияқты. Азғынға сәби қызды сатып, ал сауданы және белгілі бір ресми салттармен өрнектеген болады.
XI
— Жұрт қатарлы мен де үйлендім, мақтаулы бал айы да басталды. Атының өзі қандай оңбаған! — деді ол тістене. — Бір рет Париждің ең қызғылықты деген орындарын аралап жүріп, бір жарнама бойынша сақалды әйел мен су итін көруге бардым. Бақсам, оным әйелдердің апайтөс көйлегін киген еркек пен морж терісін бүріп тігіп, ваннада суға салып қойған жай ғана ит боп шықты. Ешқандай қызығы жоқ; әйтсе де көрсетуші мені есікке дейін өте сыпайыгершілікпен шығарып салды да, шыға берісте тұрған халайыққа мені нұсқап айқай салды. "Өздеріңіз мына мырзадан сұраңыздаршы, көруге тұра ма, жоқ па? Кіріңіздер, кіріңіздер жан басына бір франк!" Көретін түгі де жоқ; әйтсе де көрсетуші мені есікке дейін шығарып салып өтемін соған құрса керек. Бал айының бүкіл былғанышын басынан өткерсе де басқаларды жиренткісі келмейтіндер де дәл сондай жағдайда болса керек. Мен де ешкімді үркітпеп едім, енді бірақ шындығын айтпайтын не бар дегенге тоқтадым. Керек десеңіз, бүл жайындағы шындықты жасырмай түгел айту керек деп ойлаймын.
Қолайсыз, ұят, жиренішті, өкінішті және ең бастысы, көңілсіз, тіпті бар ғой, көңілсіз! Шылым тартуды жаңа үйреніп жүрген кезімдегі сияқты ма қалай, онда да құсқым келіп, жүрегім айнып, сілекейімді жұтып тұрып, рақаттанып тұрған түр көрсететінмін. Шылымның да, мұның да ләззаты болса кейін аңғарасыз: одан ләззат алу үшін, ерлі—зайыптылар өз бойларын осы бір жаман әдетке машықтандырулары қажет.
— Жаман әдетіңіз не? — дедім мен,— Сіздің айтып тұрғаныңыз адамның нағыз табиғи қасиеті ғой.
— Табиғи? — деді ол,— Табиғи? Жоқ, мен айтам — керісінше деймін, мұның өзі тіпті де табиғи емес деген тоқтамға келдім мен. Иә, тіпті де... Табиғи емес. Нанбасаңыз балалардан сұраңызшы, абыройына берік қыздан сұраңызшы. Менің қарындасым күйеуге жап—жас кезінде өзінен екі есе үлкен әрі зинақор біреуге шықты. Ұзатқан түні оның боп—боз боп, ағыл—тегіл еңіреген бойы қашып келіп, ананың өзінен не сұрағанын айтуға әсте де аузы бармайтынын айтып қалш—қалш еткенінде, біздің таң қалғанымыз әлі есімде.
Ал сіз айтасыз: табиғи дейсіз! Табиғи нәрсе — тамақ жеу. Тамақ жеу де жаныңды жадыратып, бойыңды сергітіп, рақатқа батырады, һәм басынан аяғына дейін ешбір сөлекеттігі жоқ; ал мынау — әрі жиренішті, әрі ұят, әрі ауыртады. Жоқ, бүл табиғи нәрсе емес! Және балиғаты бұзылмаған қыз қашанда болса оны өлердей жек көретініне көзім жетті.
— Онда қалай болғаны, — дедім мен, — адамзат ұрпағы онда қалай өсіп—өнбек?
Иә сол адамзат ұрпағы жойылып кетпегей! — деді ол, ocы бір өзіне таныс арамза наразылықты өзі де күткендей, мені ызалана кекетіп. — Ағылшын лордтары әманда мелдек атып тойып жүру үшін, бала табудан бас тартуды уағыздау керек, — оған рұқсат. Ләззат молырақ болу үшін де бала табудан бас тартуды уағыздау керек, — оған да рұқсат, ал бала табудан адамгершілік жолымен бас тарт деп ауыз ашып көр, ой әкетайым — ай, қандай айқай—шу көтерілер екен: он—он бес адам шошқа болудан бас тартқаннан адамзаттың тұқымы құрып кететіндей көреді олар. Әйтсе де кешіріңіз. Мынаның сәулесі маған ұнаңқырамайды, көлегейлеп қоюға болар ма екен? — деді ол, шамды нұсқап.
Маған бәрібір деп едім, ол өзінің шапшаң қимылдайтын әдетінше, сәкіге шықты да, шамды жүннен тоқылған шымылдықпен көлегейлей салды.
— Әйтсе де, — дедім мен, — жұрттың бәрі мұны өзіне заң тұтынса, онда адамзаттың тұқымы құрып кетуі ықтимал ғой.
Ол бірден жауап бере қойған жоқ.
— Адам баласы қалай өсіп—өнеді дейсіз бе, сіз? — деді ол, тізесіне шынтақ тіреп, тағы да қарсы алдыма талтая келіп отырды да — Оған. адамзат тұқымының өсіп — өрбуінің не керегі бар? — деді ол.
— Негесі қалай? Әйтпесе біз де бол мас едік қой.
— Біздің болуымыздың не қажеті бар?
— Не қажеті бары несі? Өмір сүру үшін де.
— Ал өмір сүріп керегі не? Ешқандай мақсатың болмаса, өмір бізге өмір сүру үшін ғана берілген болса, тіршіліктің қажеті жоқ. Олай болса Шопенгауэрлердің, Гартмандардың да, будист атаулының бәрінің де айтқандары айна — қатесіз дұрыс. Өмірде мақсат болған соң, ол мақсатқа жетісімен өмір тоқтауы тиіс, өзі де солай ғой, — деді өз ойын бұлдағандай, әжептәуір өрекпіп, — өзі де солай. Зер сап қараңызшы: егер адам баласының арманы —игілік, жақсылық, қажет десеңіз, мейлі, махаббат дейік, егер адам баласының арманы, пайғамбарлық өсиетнамада айтылғандай, адам атаулының махаббатпен бауырласып, найзаны қайта соғып орақ жасау т. б. болса, сол мақсатқа жетуге кедергі болатын не зат? Кедергі болатын — нәпсі. Нәпсінің ішіндегі ең күштісі, ең залымы, ең қайсары — жыныс, тән ләззаты, ал егер нәпсілердің ең күштісі саналатын соңғысы, яғни тән ләззаты жойылса, пайғамбарлық болжам орындалады да, адамдар бір ананың баласындай бауырласып, адамзат арманына жетеді, сондықтан одан әрі өмір сүрудің қажеті болмай қалады. Адам баласы өмір жасап тұрғанда, мұратсыз болмайды, әрине, ол қалайда тезірек көбейсек дейтін үй қояндар мен шошқалардың мұратындай емес, һәм қайткенде де жыныс құштарлығын қандырып, керемет бір ләззат алып қалсақ дейтін маймылдар мен париждіктердің мұратындай емес, төзім мен тазалық арқылы қол жететін ізгілік мұраты. Әманда адам бал асы соған құштар боп келеді, әлі де құштар. Енді қараңызшы не шыққанын.
Сөйтіп, тән ләззаты дүмпігенде дем шығаратын тескіндік болып шықты. Адамзаттың қазіргі тірі ұрпағы мақсатына жете алмаса, нәпсісін тия алмағаннан, соның ішінде ең күштісі — тән ләззатын тойдыра алмағаннан жетпеді. Тән ләззаты болған соң, жаңа ұрпақтар өрби береді, демек, бүл буын жетпеген мақсатқа келесі буынның жетуі мүмкін. Ол буын да жетпесе тағы да келетін ұрпақ бар, әбден мақсатқа жетіп, пайғамбардың өсиеті орындалғанша, адам атаулы бауырласып болғанша, солай қайталай бермек. Әйтпесе не боп шығар еді? Егер құдай адамдарды белгілі бір мақсатқа жету үшін жаратты десек, онда оларды жыныс нәпсісінсіз өлі зат қып, немесе мәңгі — бақи өлмейтін ғып жаратар еді ғой. Егер олар ажалды пенде бола тұра, жыныс нәпсісі болмаса, одан не шығар еді? Аз уақыт өмір сүріп, мақсатына жете алмай арманда кетер еді; мақсатқа жету үшін, құдай тағы да жаңа пенделер жаратуға мәжбүр болар еді. Егер олар мәңгі өлмейтін болса, бәлкім жаңа ұрпақтардың ескі қателерді жөндеп, мінсіз боп жетілуінен гөрі ол адамдардың өздеріне анағүрлым қиыныраққа түсетінімен, бәлкім олар өз мақсаттарына талай мың жыл өткен соң барып жететін болар, бірақ ол кезде олардың өздерінің неменеге керегі болады? Оларды қайда апарып тастайсың? Осы тұрғанының өзі бәрінен де жақсы... Дегенмен, бәлкім, сізге менің сөз саптауым ұнамай отырған шығар, сіз, бәлкім, эволюционист боларсыз? Онда да, бәрібір солай боп шығады. Хайуанаттың ең жоғары түрі — адам баласы басқа жануарлармен күресте берік болу үшін, ұшы—қиырсыз бет алды балалай бермей, араның омартасынша бірегей, ынтымақтасуға тиісті, сол араларша өз ішінен жыныссыздарды тәрбиелеп шығаруға, яғни біздің бүкіл тіршілік құрылысымыз құлаш ұрған нәпсіні қоздыра түсуге емес, тағы да тоқтасуға тырысуы керек. — Ол сәл уақыт үндемей отырды.— Адамзаттың тұқымы құриды? Дүниеге қалай қараса олай қарасын бірақ осыған күмәнданатын бір адам табыла қояр ма екен?
Өлім қандай күмәнсіз болса, бүл да солай емес пе. Барлық діни ілімде де ақырзаман болады ғой дейді, барлық ғылыми білімдер бойынша да оның болатыны даусыз. Рухани ілім де соған әкеп салса, оған таңданатын не бар?
Ол содан кейін біраз уақыт үнсіз отырды, тағы да шай ішті, шылымының қалдығын тартып бітірді де, дорбасынан жаңасын алып, айбақ — сайбақ ескі сауытына салып алды.
— Сіздің ойыңызға түсініп отырмын, — дедім мен. — Шекерлер де1 осындай бірдемелерді уағыздайтын.
— Иә, иә, олардікі дұрыс, — деді ол, — қаншама мәнерленгенмен, жыныс нәпсісі бәле ғой. Ең қауіпті бәле сол, біздерше кешіре бермей, онымен күресу керек. Әйелге сүқтана қараған адам көңілінде зинақорлық жасап та үлгереді деген інжіл сөзі басқалардың жұбайлары ғана емес, ең алдымен өз әйелің жайлы айтылған.
XII
— Ал біздің қауымда керісінше: бойдақ кезінде адам өз нәпсісіне берік болуды аз да болса ойластырып жүрсе, үйленген соң бәрі де нәпсіні тиюдың енді қажеті жоқ деп ойлайды. Үйленгеннен кейін ата—ананың рұқсаты бойынша жұбайлардың алыс сапарға оңаша шығуы зинақорлыққа рұқсат беру емей немене. Бірақ ұждан заңын бұзсақ, сазайыңды тартқызбай қоймайды. Бал жаласар айымды өткізем деп қанша тырыссам да, ештеме шықпады. Ылғи бір жиіркеніш, ұят һәм көңілсіз көрінеді де тұрады. Көп ұзамай аяғы ауыр қасіретке ұласты. Мұның өзі көп ұзамай — ақ басталған. Үш—төрт күн өткесін ғой деймін, әйелімнің қамығып отырғанын көріп, мәнісін сұрадым, өзімше бұған керегі — осы ғана деп аймалай бастап ем, қолымды ысырып тастап, жылап жіберді. Онысы несі? Ол сөзге жоқ—ты. Бірақ, көңілінде қапа, жанында күйзеліс бар. Сірә, оймен қажыған жүйкесі өз ара қатынасымыздың жиіркенішті сырын сездіріп қойған болар; бірақ ол сөзге жоқ—ты. Тергеп көріп ем, жанымда анам болмаған соң бір түрлі көңілсізбін деген сияқты бірдеме айта салды. Өтірік айтты — ау деймін. Мен оған жалына бастадым, бірақ анасы туралы ләм—мим дегем жоқ. Көңілінде ауыр мұң бар екенін, анасын жай сылтау ғып отырғанын түсінгем. Бірақ анамды неге аузыңа да алмайсың, айтқаныма нанбай отырсың ғой деп жатты да өкпеледі. Мені сүймейсің, көріп жүрмін деп күстәна қылды. Қыңырлықты қайтесің деп ем, табан астында түсі бұзылып, қамығудың орнына қайнаған ашу бұрқ етті де, маған өзімшілсің, мейірімсізсің деген сияқты айып тағып, нағыз улы тілмен шағып алды. Бетіне жалт қарадым. Жүзінде қақаған ызғармен жауығу, тіпті маған деген өшпенділік байқалды. Соны көргенде жүрегімнің зырқ ете түскені әлі есімде. Мұнысы қалай? Мұнысы несі? —деп ойлаймын. Махаббат — екі жанның одақтасуы емес пе, оның орнына мынау ма сондағымыз? Қой, бұлай болуы мүмкін емес, бүл басқа біреу болар. Ептеп жібіткім келіп еді, маңдайым мелшиген мұздай тасқа соғылғандай, зәрлі дұшпандыққа тап болдым да, алды—артымды аңдап болғанша, ашу—ыза өзімді де буып тастап, екеуміз бір — бірімізге бірсыпыра сүйкімсіз сөздер айтып үлгірдік. Осы алғашқы ұрсысу өте жаман эсер қалдырды. Ұрсысу деймін — ау, бұл ұрсысу емес, шын мәнісінде арамызды қақ айырған құлама құзды алғашқы көруіміз ғана еді. Сүйіспеншілігіміз сезімді ғана қанағаттандырған да, сарқылып біткен, енді біз бір—бірімізге шын мәнісінде қалай қарасақ, гол қалпымызда бетпе—бет қалдық, яғни бірінің арқасында пірі неғұрлым молырақ рақат көргісі келетін, бір—біріне мүлде жат екі адамбыз. Ұрысу деппін — ау арамызда болған жайды; бірақ бүл ұрсысу емес, сезімталдықтың тоқталуы салдарынан бір—біріміз туралы шын сырымыздың ашылуы болатын. Сазарған салқын жүз бен дұшпан қарас арамыздағы байырғы қатынас болып қалатынын түсінбедім, түсінбейтін себебім, алғашқы кездегі араздық көп ұзамай тағы көтерілген аумалы—төкпелі сезім пердесімен, яғни сүйіспеншілікпен жабылды да, көзімізді байлады.
Ұрсыстық, татуластық, бұдан былай өйтпес деп ойладым. Бірақ сол бал жаласатын алғашқы айдың өзінде тағы да жеріну дәуірі туып, тағы да бір—бірімізге қажет болмай қалдық та, жанжал қайтадан бұрқ етті. Екінші ұрсысымыз мені алғашқыдан әлдеқайда сұмдық өкіндірді. Демек, алғашқы араздық ойда жоқта тумаған, осылай болуға тиіс екен, осылай бола береді ғой деп ойладым. Екінші жанжалдың алабөтен қайран қалдыратын себебі, өзі қайдағы бір болмашыдан басталды. Ақша төңірегінде бірдемеден, ал мен еш уақытта ақша аяп көргенім жоқ, оның үстіне өз әйелімнен аяуға тиіс емеспін. Әйтеуір есімде қалғаны, ол бірде мені әдейі насырға шаптырды, өзіне айтқан бір ауыз сөзім үшін, ақшам бар деп маған қожаңдағың келеді, ақшаны тек өзің ғана ұстағың келеді, бұл болмайтын шаруа, бұл ақымақтық, бұл оңбағандық, бұл екеумізге жат нәрсе деп байбалам салмасы бар ма. Мен ызаланып кетіп, мұның сыпайыгерлікке жатпайды деп ескерттім, ол өзіме бас салды, сөйтіп тағы басталды да кетті. Айтқан сөзінен де, бет пішінен де, қас—қабағынан да баяғы өзім таң қалатын мейірімсіз, зәрлі араздықты тағы көрдім. Аға—іні, жолдас—жорамен, әкеммен ұрсысып қалғаны әлі есімде, бірақ біздің арамызда дәл мұндай ысқырынып тұрған зәрлі өшпенділік болмайтын. Бірақ біраз уақыт өткен соң бағанағы бас араздық сүйіспеншіліктің, яғни жылы сезімнің құшағына кіріп ғайып болды да, мен тағы да: ол ұрыстар жаңсақтықтан туған ғой, көш жүре түзелер деп өзімді—өзім жұбаттым. Алайда үшінші, төртінші жанжал да бұрқ етті, енді мен мұның кездейсоқ емес, солай болуға тиіс һәм бола беретін нәрсе екенін түсіндім, алда не боларын ойлап жағамды ұстадым. Оның үстіне ойлаған жерінен шықпай, келіншегімен жаман тұратын жалғыз мен шығармын, ерлі—зайыпты басқаларда мұндай жағдай болмайтын шығар деген қорқыныш одан жаман азапқа салды жанымды. Ондай — ондай жұрттың бәрінің де басында бар екенін, бірақ солардың бәрі де, дәл мен сияқты, мұны бір өзінің ғана маңдайына жазылған ерекше бақытсыздық деп ойлап, сол ерекше және масқара бақытсыздығын басқа түгіл өзді — өзінен де жасыратынын, өздерінің мойындағысы келмейтінін мен ол кезде білмеуші едім.
Алғашқы күндері басталған жанжал бір толастаған жоқ, асқына берді, ушыға берді. Жанымның терең түкпірінде: мен осы оппаладым — ау, ойлағанымдай болмай шықты—ау, үйлену деген бақыттан гөрі ғаламат бір ауыртпалық әкелді ме қалай деген күдік пайда болғанын алғашқы жетілердің өзінде—ақ сезінгем, бірақ басқалар сияқты, менің де мұны мойындағым келмеді (егер ұштығына шықпаған болсам, әлі де мойындамас ем) және оны басқа түгіл, өзімнен де жасырдым. Өзімнің қандай жағдайға тап болғанымды қалай аңдамағаныма енді өзім де таң қалдым. Жанжал басылғанда да оның неден туғаны есіңе түспейтін, жағдайды содан — ақ білуге болатын еді. Толассыз туындап жататын тынымсыз жауығуға әманда себеп тауып беруге сананың өзі үлгіре алмайтын. Әйтсе де, татуласу үшін қажетті дәлелдің аздығына одан бетер таңданасың. Кейде сөз де, түсінісу де, тіпті көз жасы да орнына келе қоятын, ал кейде... аһ! Есіме түссе, қазір де жүрегім айниды – бір — бірімізге ең жексұрын сөздерді айтып—айтып алып, кенет бір—бірімізге үн—түнсіз көз тастап, жымиып, сүйісіп, аймаласып... Түу, неткен жиіркенішті нәрсе! Осынымыздың соншама пасықтық екенін сол кезде қалай сезбегенмін.
XIII
Екі жолаушы кіріп, алысырақтағы сәкіге барып жайғаса бастады. Мынау солардың орнығып болуын күтті де, олар тынышталған кезде әңгімесін жалғастыра жөнелді, сірә бір минут та ой арқауын үзбесе керек...
— Ең бастысы, ең жексұрыны сол, — деп бастады ол, — қисынына қарағанда, махаббат деген қол жетпес арман, көз жетпес биік болса керек еді, ал іс жүзінде махаббат дегенің айтуға да, еске алуға да жиреніпті, һәм ұят — доңызға ғана лайық, жексұрын бірдеме көрінеді. Табиғаттың оны көрер көзге жексұрын қылып жаратуы тегін болмаса керек. Ал өзі жексұрын, өзі ұят екен, оны солай деп ұғыну керек. Оны, керісінше, мына жұрт жексұрын, ұят нәрсені тамаша, ғаламат деп мүләйімсиді. Менің махаббатымның алғашқы белгілері қандай еді? Оның белгісі — мен хайуани астамшылыққа беріліп кеттім, әйелдің рухани өмірі түгіл дені — қары жайлы ойыма кіріп те шықпағаны былай тұрсын, сол шектен тыс тән астамшылығына әлім жеткеніне ұялудың орнына, әйтеуір, мақтанып жүрдім. Бір—бірімізге деген осыншама реніш қайдан шыға береді деп таң қалатынмын, ал істің мәні, енді ойласам, айдан анық: ол — ашу, басқа ештеме де емес, өзін езіп — жанышқан хайуандық кесімге адами табиғаттың жасаған қарсылығы боп шықты.
Мен бір—бірімізге деген соншама өшпенділікке қайран қалатынмын. Бақсам, басқаша болуға тиіс те емес. Бүл өшпенділік басқа ештеме де емес, бірлесіп қылмыс жасағандардың арандатқаны, араласқаны үшін бір—бірін жек көріп кетуі сияқты бірдеме. Егер ол байғұс алғашқы айдың өзінде—ақ жүкті боп қалса, ал оған қарамай, доңыз қатынасымыз тоқтамай қойса, мұның аты қылмыс емей немене? Мені әңгіменің арқауынан ауытқып кетті деп отырсыз ба? Әсте олай емес! Манадан бері мен сізге өз әйелімді қалай өлтіргенімді айтып отырмын. Сотта менен: әйеліңді немен, қалай өлтірдің деп сұрады. Өңшең ақымақ! — Мен оны сонау 5 қазан күні пышақтап өлтірді деп ойлайды олар. Менің оны өлтіргенім ол кез емес, одан әлдеқайда ертерек. Қазір жұрт, иә, жұрттың бәрі әйелдерін қалай өлтіріп жүр, мен де солай...
— Сонда немен? — деп сұрадым.
— Ғажаптың өзі сонда ғой, өзінен — өзі айқын, мен мұндалап тұрған нәрсені ешкімнің білуге құмартпайтындығында ғой, дәрігерлердің білуге, уағыздауға тиісті нәрседен үндемей құтылатындығында ғой. Ал бұл өзі тіпті бар ғой, оп—оңай шаруа. Ер мен әйел де хайуан тектес жаратылған, сондықтан жыныс ләззатынан кейін жүкті болады, сонсоң оны емізу керек, мұндай жағдайда жыныс ләззаты анаға да, балаға да зиянды. Әйелдер мен еркектердің саны бірдей. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Айдан анық тәрізді. Бұдан қорытынды шығару үшін үлкен даналықтың қажеті шамалы, ол хайуанның да қолынан келеді, яғни айтқанда, нәпсіге ұстамдылық керек. Жо, жоқ. Ғылым қанда жүгіріп жүретін лейкоцит деген бірдемелерді, түкке тұрмайтын қажетсіз тағы басқа бірдемелерді табуға дейін жетті, ал мынаны әлі күнге дейін түсіне алмай келеді. Әйтеуір ол жөнінде ештеме айтты дегенді естігем жоқ.
Сөйтіп, әйелге екі—ақ жол қалады: біріншісі — еркектің әманда емін — еркін ләззат алып тұруы үшін, өзін — өзі кемтар етуі, қажетіне қарай, әлсін—әлі әйелдік, яғни аналық қабілетін жойып отыруы керек; я болмаса басқа амал бар, бүл тіпті амал да емес, көрер көзге бадырайтып отырып табиғат заңын тікелей бұзу, бүл адал деген әр отбасында әдет боп кеткен жағдай. Атап айтқанда, әйел, өзінің жаратылысына қарама—қарсы, әрі жүкті боп жүріп, бала емізеді, әрі күйеуінің көңілашары болуы керек. Оған әлі жете бере ме? Біздің тұрмысымызда көкайылдар мен қояншықтардың, халықта ұстамалы желікпелердің шығуы да осыдан. Байқайсыз ба, оң жақтағы қыздарда ұстамалы желікпе ешуақытта болмайды, ол тек әйелдерде, әйел болғанда күйеуі бар әйелдерде ғана кездеседі. Бізде солай, Еуропада тап солай. Ұстамалылар емханаларының бәрі де табиғат заңын бұрмалаған әйелдерге толы. Ұстамалылар мен Шарко емін қолданушы әйелдер нағыз жарымжандар ғой, ал бүкіл дүние... мүгедек әйелдерге толы, жүкті болып қалған, немесе сәбиін емізіп жүрген әйелдің бойында ғажайып ұлы құбылыс жүріп жатпай ма. Оның бойында біздің ғұмырымыздың жалғасы, ізбасарларымыз өсіп өнеді. Ал осы қасиетті іске кеселін тигізетін не? — ойыңа түссе зәрең ұшады!
Және сөйте тұра әйел бостандығы, әйел теңдігі деп даурығамыз. Мұның өзі жалмауыздардың қолға түскен адамдарды жер алдында бордақылап отырып, олардың құқықтары мен бостандығына қамқорлық жасап отырмын деп сендірмек болғаны тәрізді.
Мұның бәрі мен үшін жаңалық еді, мен қайран қалдым.
— Бұл қалай болғаны? Онда, — дедім мен, — әйелді екі жылда бір—ақ рет сүю керек қой, сонда еркек байғұс...
— Еркекке бұл аса қажет, — деп іліп әкетті ол. — Ғылым уағызшылары тағы солай деп жұрттың құлағына құяды. Әйелдерсіз еркектердің күні жоқ деп ойлайтын осынау сәуегейлерге, билік қолымда болса, сол әйелдердің міндетін атқарар ем, қалай—қалай әндетер еді сонда? Адамға ең қажеті арақ, темекі, апиын деп иландырыңызшы, онсыз тұра алмайтын боп шыға келеді. Не керек екенін құдайдың өзі не білмей, оның үстіне, сәуегейлерден сұрап алмай, қалай болса солай жарата салған тәрізді. Байқайсыз ба, қию қашып тұрғанын. Еркектердің нәпсісін қанағаттандыру керек, онсыз болмайды деген ұйғарымға келеді олар, бірақ екі ортадан бала туу, бала емізу килігіп, ол қажетті өтеуге кеселдік жасайды. Енді не істеу керек? Сәуегейлерден жәрдем сұрау керек, реттеп берер. Шынында да бірдеме ойлап тауыпты. Апыр—ай, осы сәуегейлер жұртты алдауын мұнан қояр екен? Тіпті жұрт есалаң боп, бір—бірімен атысуға иейін барды, бәрі соның қырсығы. Енді қайтсін? Ұрпақтары тұрғанда тұқымы құрып кетпейтінін білетіндей, хайуандар пул жөнінде белгілі бір заңнан таймайды. Тек адам ғана мұны білмейді, білгісі де келмейді. Соны жасайтын кім? Адам — табиғат патшасы! Өзіңіз қараңызшы, хайуандар ұрпақ жасау керек болғанда ғана жолығысады, ал табиғаттың жексұрын патшасына қашан болса да бәрібір, тек рақаттанса болғаны, ол ол ма, өздерінің осынау маймылдығын асылдың асылы, махаббат деп төбелеріне көтереді. Және сол махаббат үшін, яғни сол бір былапыт үшін нені дейсіз ғой — адам баласының тең жарымын бүлдіреді. Адамзатты ақиқат және игілік жолмен алға өрлеуге жәрдемдеседі ғой деген әйелдердің барлығын ол оз басының рақат ләззаты үшін жәрдемші орнына жау ғып шығарады. Байқап қараңызшы, адамзаттың алға басуына кеселін тигізіп отырған не? Әйелдер. Олар неге өйтеді? Тек әлгі айтқанның қырсығынан. Иә, тақсыр, солай, тақсыр, — деп бір сөзін бірнеше рет қайталады, ептеп тынышталғысы келген болуы керек, күйбеңдеп, шылым алып тартты.
— Мен осылай, доңызша тіршілік еттім, — деп әңгімесін бұрынғы әуенмен соза түсті. —Бәрінен жаманы сол, мен өзім осылай оңбағандық күн кешіп жүріп, басқа әйелге қызықпаймын, сондықтан отбасына адалмын, ендеше, мен ұжданды адаммын, егер арамызда ұрыс—керіс болса, оған менің титтей де кінәм жоқ, өзі кінәлі, мінезі кінәлі деп ойлайтынмын.
Әрине, кінәлі ол емес. Ол да көптің бірі, көпшіліктің бірі. Біздің қоғамымызда әйел жағдайы не талап етсе, дәулетті таптардың әйел атаулысы түгелімен солай тәрбиеленеді, олай тәрбиеленбеуі мүмкін де емес, ол да сондай тәрбие алған. Әйелдерге жаңаша білім беру деген бірдеме сөз болып жүр. Бәрі бос сөз: әйелдің білімі әйелге деген көзқарастың қазіргі мүләйім түрі емес, шынайы кезінде қандай болуға тиіс болса, сондай болуы лазым.
Сонда әйелдердің білімі әр уақытта да еркектердің оларға деген көзқарасына сай болмақ. Еркектердің әйелдерге қалай қарайтыны өзімізге белгілі ғой: "Wein, WeiBer аnd Gesang"2 ақындардың өлеңдерінде де осылай жырланбай ма? Ғашықтық жырлардан, жалаңаш Венералар мен Фриндерден бастап, бүкіл поэзияны, бүкіл сурет өнері мен мүсін өнерін алып қараңыз, әйелдердің тек құлқынның құштары ғана екенін көресіз, Трубеда да, Грачевкада да, сарайдағы сауық кешінде де солай. Ібілістің қулығын қараңыз: Жә, ләззат құмар—ақ болсын, ал енді сол рақатты — рақат, әйелді – бал тәттім десек болмай ма? Жоқ, серілер алдымен әйелді тәңірге тең санаймыз деп ант—су ішті (тәңірге тең санап тұрып, сонда да оған құлқынның құштары деп қарайды — ау). Енді қазір әйелдерді құрметтейміз деп ант—су ішеді. Біреулер оларға ұшып тұрып орнын беріп, жерге түскен орамалына жып етіп қол жалғай қояды; кейбіреулер олардың қай қызметті атқаруға да, қай жұмысты басқаруға да қақы бар екенін мойындайды. т. б. Солай жасап—ақ жүр ғой, әйтсе де әйелге деген көзқарас қаз—қалпы, әйел — құлқынның құштары. Тәні — ләззаттың құралы. Өзі де біледі мұны. Құлдық та бір, бұл да бір. Құл иелену дегеніміз көп адамның еріксіз еңбегін бір адамның пайдалануы ғой. Құлдық болмау үшін, адамдар біреудің еңбегін қанаудан бас тартып, оны әрі күнә, әрі ұят нәрсе деп есептеуі керек. Алайда құлдықтың сыртқы түрін жойып, бұдан бұрынғыдай құлдарды сатып алуға тыйым салынғанмен, құлдық осымен құрыды деп ойлап, өздерін—өздері алдағанмен, құлдықтың бәрібір жойылмағанын аңғармайды, аңғарғысы келмейді де, өйткені адамдар, сондай—ақ басқа адамдардың еңбегімен пайдалануды да ұнатады, оны әрі жақсы, әрі әділ нәрсе деп есептейді. Әйелдерді кіріптарлықтан азат ету жайлы тап сондай. Әйелдердің дейтініміз, — жұрт оларды құмар қандырудың құралы ретінде пайдалануға тырысады және онысын тым жақсы қылық деп есептейді. Жә, сөйтіп әйелдерді азат етіп, еркектермен бірдей әртүрлі құқықтар береді, бірақ, бәрібір, оған әлі де болса құмар қандырудың құралы деп қарайды, сәби күнінде де, жұртшылықтың пікірі арқылы да соған баулиды. Содан әйел баяғы кембағал, абыройсыз күң қалпы, ал еркек баяғы ардан безген құл иеленуші қалпы қала береді.
Әйелдерді курстар мен палаталарда азат қалдырады да, бәрібір оған құмар қандыратын құрал деп қарайды. Біздің әйелдер өзі жайлы қандай пікір ұстанса, оған да соны үйретіп көріңіз, ол өмір бойы сол кембағал міскін боп қала береді. Не болмаса, ол залым дәрігерлердің көмегімен жүкті болмау жағын қарастырады, яғни хайуан халіне жетпегенмен, меншікті бұйым дәрежесіне дейін құлдыраған нағыз жезөкше болып шығады, немесе әйелдердің басым көпшілігінің жолын құшып, есірік, ұстамалы, рухани өсер өрісі жоқ сормаңдай боп, сол бағзы қалпында қалады.
Гимназиялар мен курстар бүл жағдайды өзгерте алмайды. Оны еркектердің әйелдерге, әйелдердің өзіне деген көзқарасының ауысуы ғана өзгерте алады. Әйел заты адамның шығар биігі. Қазіргіше ұятсыздық пен арсыздық деп ұғынбай, абыройдың үлкені —абыройыңа ие болу деп есептейтін күн туса ғана бүл жағдай басқаша болар еді. Әзір олай болмағандықтан, білім дәрежесіне қарамастан әрбір қыздың асыл арманы, бәрібір, жігіт атаулыны көбірек қызықтырып, еркек кіндіктілерді молырақ тарту, сөйтіп таңдар көбейту болып қала бермек.
Ал, бір қыз математикаға жетік болар, екіншісі арфада жақсы ойнар, бірақ оның бәрінен келер—кетер шамалы. Еркекті өзіне құштар етсе ғана әйел заты бақытына жетіп, бар тілегі орындалады. Сондықтан әйелдің бас мақсаты — еркекті қызықтыра білу. Осылай болып келді, солай бола да бермек. Бүл жалғанда қыз күндегі сол кәсіп ерге шыққанда да қалмайды. Оң жақта бүл күйеу таңдау үшін қажет болса, ұзатылған соң байына би болу үшін керек.
Бүл кәсіпті тыятын, я не болмаса саябырлататын бірақ себеп бар, ол — балалар, онда да, егер әйел жарымжан болмаса, яғни баласын өзі емізсе ғана. Бірақ осы араға тағы да дәрігерлер килiгe кетеді.
Менің әйелім кейінгі бес баласын өзі емізем деп еді, емізіп те шығарды, бірақ тұңғышымыз туғанда сырқаттау болды. Беттері шімірікпестен әйелімді тыржалаңаш шешіндіріп, о жер — бұ жерін жағалай сипалап, сол үшін менен алғысқа қоса ақы алатын баяғы сүйікті дәрігерлер әйелім бала емізбеу керек деп тапты да, содан ол алғашқы кезде қылтың—сылтыңнан сақтайтын бірде—бір емнің өзінен де айырылып қалды. Бөпені сүт ана емізді, басқаша айтқанда, біз бөтен әйелдің кедейлігін, мұқтаждығы мен надандығын пайдаланып, өз баласынан бездіріп, өз баламызға телідік, сол үшін оқалы шапан кигіздік. Бірақ мәселе онда да емес. Мәселе әйелімнің бала табу мен емізуден бос кезінде әйел біткенге тән, бірақ біраздан бері бойында мүлгіп жатқан сол бір қылтың—сылтыңның ерекше бір еліріп шыға келгені. Соған орай менің көңілімде де, үйленгеннен бері дамыл таптырмай мазамды алып жүрген қызғаныш азабы өршелене түсті, әйелімен менше тұратын, яғни бейтағлым тірлік ететін жұбайлардың арасында бұл азаптың тақсіретін тартпайтыны кемде—кем.
— Ерлі—зайыпты өмір сүрген кезімде менің көкірегімде қызғаныш азабы бір сәт те толастаған жоқ. Бірақ сол азап қинаған кездер болды. Соның бірі — алғашқы бала туғаннан кейін дәрігерлердің бала емізуге тыйым салған кезі. Ол уақытта менің айрықша қызғаншақ болып кеткен себебім: біріншіден, өмірдің дұрыс ағымы себепсізден — себепсіз кілт бұзылғанда ана жүрегін торлайтын үрей менің әйелімнің де тынышын алды; екіншіден, аналық адамгершілік борышына онша қиналмастан қолын бір—ақ сермегенін көріп, е, жұбайлық борышқа да қолды бір—ақ сілтеу бұған оңай екен ғой деген ойға келдім, мұнымның жаңсақ болса да жаны бар екен, өйткені әйелімнің дені сап—сау болатын және дәрігерлердің тыйым салғанына қарамай, кейінгі балаларын өзі емізіп, тамаша өсірді.
— Дегенмен дәрігерлерді жаратпайсыз — ау, — дедім мен, олар жайлы сөз болса даусы ылғи ызалы шығатынын байқап қалып.
— Бұл арада мәселе жарату — жаратпауда емес. Мыңдаған, жүз мыңдаған адамның тұқымына жеткені тәрізді, олар менің де өмірімді күл—талқан қылды, ал мен болсам, салдарды себептен іздемей отыра алмаймын. Олардың да адвокаттар және басқалар сияқты ақша тапқысы келетінін білем, жарты табысымды онсыз да беретін едім, жалғыз мен емес, істің мәнісін түсінсеңіздер, қай—қайсының болсын, әйтеуір солардың отбасыңыздың шаруасына килікпеу үшін, еш уақытта да маңайыңыздан жүрмеулері үшін бүкіл дәулетіңіздің тең жарымын бөліп берер едіңіздер. Мен арнайы мәлімет жинағам жоқ, бірақ сонда да, олардың босана алмайды деп анасының құрсағында баласын өлтіргені, ал кейіннен сол ананың басқа балаларын аман—есен тапқаны немесе әртүрлі операциялар жасаймын деп балалы әйелді өлтіргені тәрізді талай оқиғаларын білем, айта берсең сан жетпейді. Адам баласының игілігі үшін деген соң, инквизицияның қолынан өлгендерді санамағаны сияқты, бұл өлімнің де ешкім есебін жүргізбейді ғой, олардың жасаған қылмысына сан жетпейді. Алайда, бүл қылмыстар олардың дүниеге әсіресе, әйелдер арқылы жасап отырған рухани материалистік бүлдіру әрекеттерінің жанында түк те емес. Олардың айтқанын істей берсең, бірдеме жұқтырып алмау үшін, қайда болсын, қашанда болсын бас қосуға тырыспай, әманда бір — біріңнен тұра қашуға тырысу керек: олардың ілімі бойынша карбол қышқылын бүркетін аспалты аузына тістеп, әр адам әр бұрышта секиіп отыру керек (айтпақшы, ол да жарамай қалды деп тауыпты). Ол ол ма. Адамдарды, әсіресе, әйел затын аздыруға басты қызмет атқаратын у бар.
Қазіргі уақытта біреулерге: "Тірлігің нашар екен, тәуірірек тұрмаймысың" деуге болмайды, мұндай сөзді өзге түгіл, өзіңе де айта алмайсың. Тірлігің нашар болса, жүйке тамырларыңның жұмысты дұрыс істемегендігінен, т. б. Демек дәрігерге бару керек, ол 35 тиынға дәріханадан алатын дәрі жазып береді, сіз оны ішесіз. Дертіңіз одан жаман асқынады, тағы дәрі, тағы дәрігер керек. Тамаша нәрсе ғой.
Бірақ істің мәні мұнда емес. Әйелім өз балаларын өзі емізіп, тамаша аяқтандырып жіберді, сол бір жүкті кезі мен бала емізген кезі мені қызғаныш азабынан аз да болса азат қылды деп мен сізге айтып едім ғой. Егер ол болмаса, бұл оқиға баяғыда—ақ болатын еді.
— Қазір қайда олар, балаларыңыз? — деп сұрадым мен.
— Балалар? — деп үрейлі пішінде қайта сұрады.
— Ғафу етіңіз, бәлкім сізге еске алудың өзі ауыр шығар?
— Жоқ, ештеме етпейді. Балаларымды балдызым мен оның ағасы алып қойды. Маған бермеді. Мен оларға бүкіл дүние—мүлкімді бердім, ал олар маған балаларымды қайтармады. Е, мен есінен адасқан жынды есебіндемін ғой. Мен осы сапар солардан келе жатырмын. Оларды көрдім, бірақ оларды енді маған бермейді ғой. Кім біледі, мен тәрбиелесем, ата—анасына ұқсамай шығуы мүмкін ғой. Ал тәртіп бойынша солардан аумауы керек. Жә, не істеуге болады! Оларды маған бермейтіні, маған сенбейтіні белгілі. Оларды тәрбиелеп шығуға күшім жете ме, жоқ па, — оны білмеймін. Жетпес — ау деп ойлаймын. Мен отырған салдама, кемтар жанмын. Менің жалғыз ғана қасиетім бар. Оны өзім білем. Иә, оның рас, менің ол білетінімді жұрт әлі көп заманға дейін таба алмайды.
Иә, балалар аман—есен, айналасындағы тағы адамдар сияқты, олар да тағы боп өсіп келеді. Оларды көрдім, үш рет көрдім. Қолдан келер жақсылығым жоқ. Түк те келмейді қолымнан. Өзім тұрған оңтүстікке қайтып барам. Онда шағын үйім, кішкентай бағым бар.
Иә, менің білетінімді жұрт білгенше әлі көп заман өтер. Күн бетінде, жұлдыздарда темір көп пе, қай металл бар, — оны табулары оңай, ал біздің доңыздығымызды әшкерелеу — ол өте қиын, адам айтқысыз қиын...
Сіз, әйтеуір, әңгімемді тыңдап отырсыз, оныңызға да рақмет.
— Сіз менің балаларымды есіме салдыңыз. Балалар жөнінде де нелер сұмдық өтіріктер айтылады ғой. Балаларың болса — тәңіріңнің жарылқағаны, бала деген — қуаныш деседі. Осының бәрі де шылғи өтірік. Бір кезде солай да болған, бірақ қазір ондай дәнеме де жоқ. Балалар — құдайдың азабы, басқа түк те емес. Аналардың көпшілігі мұны жақсы сезінеді және кейде аңдамай айтып та салады. Өзіміз құралыптас ауқатты қауымдағы әйелдердің көбінен сұрап біліңізші: балалар ауырып қала ма деп қорыққандықтан бала көтергілері келмейтінін, ал тапқан баласын тым жақсы көріп кетіп, ол үшін қасірет шекпеу үшін, емізбейтінін мойындайды. Сүп—сүйкімді бөбекті, оның кіп—кішкентай қолдары мен аяқтарын, құйтақандай бойын көргенде, кеуде кернеген қуаныш, баланың тәтті қылығы сол баланың кесірінен тартатын ана азабының жанында түкке тұрмайды, ауырып немесе өліп қалғанын айтпағанның өзінде, ауырып қала ма, өліп қалама деп үнемі қыпылықтап отырудың өзі қаншама қасірет әкеледі. Тиімді — тиімсіз жағын безбендей келгенде, тиімсіз жағы басып кетеді де, әйелдердің бала табуға құлқы болмайды. Бүл сезім балаға деген махаббаттан туды деп ойлап, олар бүл туралы жария қылып, ашық айтады, оны жақсы сезім, мақтарлық сезім деп күпінеді. Бүл ойлары махаббатты көрінеу теріске шығарып, өздерінің өзімшілдігін баянды ететінін байқамайды олар. Олар үшін баланың қызығынан гөрі қасіреті көп, өбектеп қорқасың да отырасың, сондықтан сүйкімді болса да сол баланың қажеті жоқ. Олар сүйкімді сәби үшін өздері құрбан болудың орнына, өздері үшін болашақ сүйкімді сәбиді құрбандыққа шалады.
Әрине, бұл махаббат емес, өзімшілдік. Бірақ алпауыттық өмірімізде тағы да сол дәрігерлердің құзырымен балалардың денсаулығы үшін әйелдердің қаншалықты бейнет көретіні есіңе түскенде, ауқатты үйлердегі әйелдерді өз басын ғана күйттейді деп айыпқа тартуға аузың бармайды. Баламыз үшеу, одан төртеу болып әйелімнің ылғи солардан қолы босамай жүретін алғашқы кездеріндегі хал—жағдайы есіме түссе, жағамды ұстаймын. Тіпті, тірлік емес қой. Ылғи қыл үстінде тұрған бір өмір, бір қатерден құтылсаң, екіншісі төне қалады, әманда суға батып бара жатқан кемедегі жағдай. Кейде: осының бәрі жорта емес пе, мені жеңу үшін балалардың қамын ойлағансып әдейі бәйек болып жүрмей ме деп те ойлайтынмын. Қызық емес пе, бар мәселенің бәрін өз пайдасына оп—оңай шешуге болады ғой. Сондай сәттерде ол не істеп, не айтса да, маған бәрін де жорта істеп, жорта айтқандай боп көрінетін. Жоқ, ол шынында да балалар үшін, балалардың денсаулығы үшін қалтырап, ауырса, қашан сауығып кеткенше қасірет шегіп сұмдық уайымдайтын. Мұның өзі маған да, оған да ауыр азап еді. Оның азапқа түспеске амалы жоқ. Балаға бар ықыласын салу, оны тамақтандыру, әлпештеу, қауіп—қатерден сақтау тәрізді әйелдердің көбінде бар хайуани ғадет онда да болды, әйтсе де хайуандарда бар бір қасиет онда жоқ: ол ой мен санадан құралақан болу қасиеті. Мекиен балапанының басына не күн туатынын, оны қандай сырқат, қандай дерт күтіп тұрғанын, адамдар ауру мен ажалға бірден — бір ем деп ойлайтын дәрі—дәрмектің бірде—бірін білмейді. Сондықтан да мекиенге балапан қасірет боп көрінбейді. Балапанына қамқорлығы да — өз бойына шақ, өз ойынша шат әрекеттер; бала деген ол үшін қуаныш. Балапаны ауырып қалса, оның міндеті айдан анық, жылытады, қоректендіреді. Сөйтіп тұрып, не керек болса, бәрін жасадым деп есептейді. Балапаны өліп қалса, неге өлді, қайда кетті деп басын қатырып жатпайды, қыт—қыттап, біраз жүреді де, бұрынғы тіршілігіне қайта кіріседі. Ал бірақ біздің әйел байғұстар, әсіресе менің әйелім олай деп қарай алар ма? Ауырса, қалай емдеу керектігін былай қойғанда, баланы қалай тәрбиелеп, қалай өсіру керектігі жөнінде жағалай жұрттан естіген, кітаптардан оқыған, бірі былай десе, екіншісі олай деп, үнемі құбылып жататын ақыл —кеңес қағидаларда сан жоқ. Тамақтандырғанда анамен былай тамақтандыру керек; жоқ, олай емес, онымен емес, олай емес, былай тамақтандырған жөн: киіндіру, ішіндіру, жуындыру, ұйықтату, серуендету, ауа жұтқызу, — бәрі—бәрі жөнінде біз, әсіресе ол, жеті сайын жаңа ереже тауып алатынбыз. Балалы бола бастағанымыз кеше ғана тәрізді. Не тамақтандыруы, не шомылдыруы олай емес басқарақ, беймезгілдеу болса, бала ауырады да қалады, тағы да әйел кінәлі, айтқанды істемейді.
Бұл әлі сау кездегісі ғой. Ол да азап, ал ауыра қалса, ақырзаман сонда орнайды. Тамұқтың нақ өзі. Дертке дәру бар, сондай ғылым бар, сондай адамдар бар, оларды дәрігер деп атайды, олар бәрін біледі дейміз. Бәрі болмағанмен, ең тәуірінің білетіні рас та. Ал енді бала ақыры ауырып қалды делік, сол әлгі ең тәуір деген, ажалдан арашалап қалады деген дәрігерлердің орнын сипап қалсаң, немесе ол дәрігер тұратын жерде тұрмасаң, балаң өлді дей бер. Тек қана бір емес, өзі құралыптас бар әйелдің ұғымы осы, қайда да ылғи еститіні осы: Екатерина Семеновнаның екі баласы өліп қалыпты, өйткені Иван Захаровичті уақытында шақырмаған көрінеді, ал Марья Ивановнаның үлкен қызын Иван Захарыч аман алып қалыпты; ал Петровтар дәрігердің айтуымен дереу мейманханаларға бытырай қашқаннан аман қалыпты да, ал қаша көшпегендердің балалары опат болыпты. Анау әйелдің баласы шала түсіктеу болатын, дәрігердің ақылымен оңтүстікке көшіп кетіп еді, —баласы аман қалыпты. Жанындай көретін балаларының тірі қалу—қалмауы үнемі Иван Захарычтың ол туралы пікірін уақытында біліп тұруына байланысты болса, өмір бойы солардың бейнетіне төзіп, азабын тартпағанда қайтер ол Ал Иван Захарычтың не дейтінін енжім де, бәрін қойғанда, оның өзі де білмейді, өйткені өзінің түк те білмейтінін, түк те себі тимейтінін, осы бірдеме біледі деген жұрт сенімінен айрылып қалмас үшін, тисе —терекке, тимесе — бұтаққа деп, бұлаң құйрыққа салатынын өзінен артық ешкім де білмейді. Егер әйел толайым мүлде хайуан болса, мұншама азап шекпес еді; ал егер әйел толайым мүлде адам болса, құдайға құлшылық етер еді де, діншіл қатындарша: "тәңірімнің өзі берді, өзі алды, жазмыштан озмыш жоқ" дер еді де, солай түйер еді. Барша пенде тәрізді менің балаларымның да өлу — өлмеуі адамның қолында емес, құдайдың қолында деп ойласа, балаларымды ауру мен ажалдан алып қалу амалы өз қолымда деп азап шекпес еді. Бірақ олай жасаған жоқ. Ал енді оның жағдайы мынадай еді: пешенесіне тигені — қит етсе қырсыққа алдымен ұшатын, шиеттей қызылшақа тіршілік иелері. Осынау тіршілік иелерін жан—тәнімен жақсы көріп, соларға жіпсіз байланғанын сезінеді ол Ол аздай, осынау тіршілік иелері оның өз міндетінде ғана, ал сол тіршілік иелерін аман сақтау амалы біз үшін тылсым, мүлдем басқа адамдарға мәлім болыпты—мыс және олардан ақыл — көмек алу үшін көп пұл төлеу керек, кейде ол тіпті ақшаға да түсе бермейді.
Өмір бойы бала бағу әйеліме де, маған да қуаныш емес, бейнет болды. Бейнет болмағанда ше? Оның әманда көретіні азап.
Қызғаншақтық қырыспасы немесе үйреншікті ұрыс — керісіміз жаңа ғана толастап, енді—енді тіршілік құрып, бірдеме оқып, әр саққа жүгіртсек — ау деп отырғанда, бір жұмысты қолыңа енді ала бергенде, кенет: Вася құсып жатыр, немесе Машаның ішінен қан өтті, я болмаса Андрюшаға бөріткен шықты деген хабар сап ете түседі, енді оның аржағында не тіршілік болсын. Қай жаққа, қай дәрігерге шабу керек, қай жерге оңашалау керек? Ал келіп басталды дейсің: іш айдау, ыстық өлшеу, дәрі ішкізу, дәрігер шақыру. Одан құтылмай жатып басқа бірдемесі басталады. Дені дұрыс, дәйекті тұрмыс құра алмадық. Үнемі, әлгі өзім айтқандай, не қияли, не шынайы қауіп — қатерден бас сауғалап жатқанымыз. Қазір кімнің үйінде болсын жағдай көбінесе солай ғой. Менің үйімде одан да асқынып кетті. Әйелім балажан, жоққа нанғыш болатын.
Сөйтіп, балалар тұрмысымызды жақсартудың орнына, ушықтыра берді. Оның үстіне, бала деген әманда ұрыс — керісімізге жаңа бір сылтау болып алды. Үбірлі—шүбірлі болғаннан бастап оларымыз есейген сайын, балаларымыздың өздері де бала емес бәлеге айналды. Бір—бірімізбен атыстырып қана қоймай, талас—тартыстың қолшоқпары болып кетті, бір—бірімізді баламен соғатын тәріздіміз, әрқайсымыздың төбелесте сойыл ғып соғар өз еркіміз бар. Төбелеске түскенде менің қаруым көбінесе тұңғышым Вася да, ал ананікі —Лиза. Сонымен қатар, балаларымыз есейіңкіреп, мінез көрсете бастасымен, біз оларды әрқайсысын өз жағымызға тартып, одақтастар жинауды шығардық. Сорлылар мұнымыздан ғаламат азап шегетін, бірақ толассыз соғыста жүріп, олардың жайын біз қайдан ойлайық. Қызым мені жақтайтын, ал ананың өзінен аумайтын сүйіктісін тұла бойы тұңғышым болса да, кейде соншалық жек көріп кетуші едім.
XVII
— Сонымен, тақсыр, солай тұра бердік. Арамыз күннен — күнге жауығып, өшігісе түстік. Ақыры жетер жерімізге жетіп, ендігі өштік таластан тумай, талас өштіктен туатын болды: анау не айтса да, дүрсе қоя берем, ол да солай.
Төртінші жылға аяқ басқанда, екеуміз де: өзара ұғынысу, біріміздің айтқанымызға біріміз көне салу біздің қолымыздан келмейді—ау деген тұжырымға тоқталдық. Ұштығына жетіп, бір байламға келуді ойлаудан да қалдық. Оп—оңай шешіле салатын кәкір—шүкір жайында, әсіресе бала мәселесіне келгенде, әркім өз дегенінен таймай сіресе қалатын. Енді ойлап қарасам, таласып жүрген пікірлерім соншама тіресерліктей ерен қымбат көрінбейді; дегенмен ананың пікірі кереғар болғандықтан, ол пікірге мойынсұну оның өзіне мойынсұну тәрізді. Ал мен оған көнбеймін. Ол да солай, ылғи өзімдікі дұрыс деп ойласа керек, ал мен болсам, оның алдында өзімді әулие санайтынмын. Екеуден екеу қалсақ, немесе үндемес ойнауға, немесе: сағат қанша? Жатар кез болды. Бүгін түскі асқа не пісіріпті? Қайда барып келсек екен? Газетте не жазыпты? Дәрігер шақыртшы. Машаның тамағы ауырады", — деген сияқты тіл қатысуға ғана мәжбүр боламыз, ондай әңгіме, менің ойымша хайуандардың да қолынан келсе керек. Әңгіменің адам айтқысыз осынау тар шеңберінен қылдай ғана тайып кетсең болғаны, жанжал бұрқ ете түседі. Кофе, дастархан, арба қарттың бір жүрісі екеумізге де көк тиынға қажеті жоқ кәкір—шүкір үшін де ойда жоқта шартпа — шұрт, қырқылжың бола қаламыз. Әйтеуір, менің өзім оны көбінесе өлердей жек көретінмін! Кейде шай құйғанын да, аяғын ербеңдеткенін де, қасықтан үріп ішіп, сораптай тартқанын да ұнатпай, онысын нағыз оңбаған өнегесіздік деп, сол үшін де зығырданым қайнайды. Менің ызам әлсін — әлі белгілі бір кезде және махаббат деп аталатын шағымызға дәл келіп отыратынын ол кезде аңғармаппын. Ләззат шағынан соң —кикілжің шақ, ләззаттың қызулы шағынан соң — ұзақ уақыт ызалы шақ, ләззат мимырттау болған шақтан соң — қысқа мерзімдік кикілжің шақ. Ләззат пен кикілжің дегеннің екеуі де бағзы хайуани сезім, бірақ екеуі бір—біріне кереғар сезім екеніне ол кезде түсіне қоймайтынбыз. Өз жаймызды өзіміз аңғарған болсақ, бұлай өмір сүруге аза бойымыз қаза болар еді, бірақ біз өз жайымызды өзіміз түсінбеппіз де аңғармаппыз. Өмірі дұрыс құрылмаса, адам өзінің мүшкіл халін елемеу үшін, буалдыр перде жасап алады, оның құтқарушысы да, құртушысы да осынысы. Біз де солай еттік. Анау үй шаруасының толассыз қарбаласына, жасау — жиһаз, сәнді киім, бала қамына, балаларды оқыту, денсаулығын түзеу тауқыметіне жан—тәнімен беріліп, ештемені ойламауға тырысады. Ал мен болсам, өз қызызғыммен маспын — қызмет, аңшылық, ала қағаз мастығы дегендей. Екеумізде мұрнымыздан шаншылып жүреміз. Жұмысымыз неғұрлым көп болған сайын, бір—бірімізді соғұрлым жек көре түсетінімізді екеуміз де сезінеміз. "Тыржаңдау саған оңай ғой, — деп ойлаймын ол жайлы, — түні бойы ойран сап діңкемді құрттың, ал менің мәжіліске баруым керек".
— "Саған не, — дейді ол, солай ойламақ түгіл, тура бетіме басып, — ал мен сорлы баламен түні бойы көз ілгем жоқ".
Буалдырға бүркеніп алып, қандай жауға тап болғанымызды өзіміз де байқамай, осылай күн кеше бердік. Болған іс болып тынбаса, мен де жағым түскенше өмір жасап, мен де өлерімде: жақсы тұрдым, асқан жақсы болмағанмен, жұрт қатарлы әжептәуір дәурен сүрдім деп ойлар едім; өзім ішінде малтығып жүрген бақытсыздық тұңғиығы мен жиренішті жалғанды түсінбей өтер едім.
Ал бізді шынжыр бұғаумен қосақтап қойған, бірінің жан — жарасын бірі ушықтырып, оны өздері сезсе де сезбегенсіп жүретін кісендеулі тұтқындарға ұқсайтынбыз. Ерлі—зайыптылардың 0,99—ы өзім сияқты тамұқта тұратынын, олай болмаса болмайтынын ол кезде мен қайдан білейін. Өзгеден де, өз басымнан да мұндай жайттарды айыра білмеген шағым еді.
Дұрыс өмірде де, тіпті бұрыс өмірде де ғажайып ұқсастықтар бола береді екен ғой! Әке—шеше бір—бірімен сыйыса алмайтын халге әбден жеткен кезде, балаларға тәрбие беру үшін қала жағдайы қажет бола қалады. Сөйтіп енді шаһарға көшіп бармаса болмайтын болады.
Ол үндемей біраз отырды да, баяғыдай тағы екі рет ықылық атты, бірақ бұл жолғысы өндіршекке кептелген өксік тәрізді. Станцияға келіп қалған екенбіз.
— Сағат қанша? — деп сұрады ол.
Қарап жіберсем, екі болып қалған екен.
— Сіз шаршаған жоқсыз ба? — деп сауал берді ол.
— Жоқ, бірақ өзіңіз шаршаған боларсыз.
— Тынысым тарылып барады. Рұқсат етсеңіз, аз — мұз желпініп, су ішіп келейін.
Сөйдеді де, вагон бойлап, тәлтіректей жөнелді. Айтқандарының бәрін ой елегінен өткізіп, жалғыз өзім отырып қалдым, ойға қатты шомғаным сонша, оның басқа есіктен қайтып оралғанын да байқамай қалыппын.
XVIII
— Иә, бірді айтып, бірге кете берем, — деп бастады ол — Көп нәрсені ой елегінен қайта өткізіп, көп нәрсеге басқаша қарайтын болдым, сондықтан соның бәрін айтып бергім келеді. Сөйтіп, шаһарға келіп жайғастық. Бақытсыз адамға қалада түру жеңілірек. Адам қалада жүз жасаса да, өзінің әлдеқашан өліп, сүйегі шіріп кеткенін де байқамауы мүмкін. Өзіңді өзің сарапқа салуға уақытың жоқ, қол тимейді. Жұмыс бар, қоғамдық қарым—қатынас бар, денсаулық күйттеу, өнер тамашалау, балаларды аман—есен тәрбиелеп өсіру тағы бар. Біресе ананы, біресе мынаны шақыру, не анаған, не мынаған қонаққа бару, бірдемелерді көріп, бірдемелерді тыңдау, біреулермен дидарласу керек дегендей. Қалада қай уақытта болса да я бір, я болмаса қатарынан екі—үш әйгілі ғаламаттар боп тұрады ғой, көріп қалмай бола ма, я өзің емделуің керек, я ананы, я мынаны емдеу қажет, біресе мұғалімдермен, біресе үйретушімін, біресе гувернанткамен сөйлесу керек, ал өмір деген іліп алар түгі де жоқ, босқа зая. Қайтейік, солай тұра бердік, отасудың оттасуы бұрынғыдай жанға бата қоймайтын тәрізді. Оның үстіне, алғашқы кезде тамаша бір ермек табылды ғой, — жаңа қала, жаңа пәтерде орналасу, жайғасу бар, тағы бір ермек — қаладан деревняға, деревнядан қалаға жүріп — тұру бар.
Бір қыс тұрып, екінші қыста сырт көзге елеусіз, бірақ майдангүйде көрінгенмен, болған істің бәріне кінәлі мынандай бір оқиғаға ұшырадық. Анау сырқат еді, содан оңбаған біреулер оның бала табуына тыйым салып және оның әдісін де үйретіпті. Ондайды жаным жек көреді. Қаншама қарсылық көрсетіп бақтым, бірақ анау жеңілтек қиқарлығына басып, ақыры мені өз дегеніне көндірді; доңыз тірліктің ең соңғы дәйегі бала еді, — енді одан да айрылып, өмір одан бетер бықсық нәжіске айналды.
Мұжыққа, малайға бала керек, асырауы қиын болса да, оған бала керек, сондықтан оның зайыптық қатынасы өзін — өзі ақтап түр. Ал балалары бар біз сияқтыларға енді баланың қажеті жоқ, мұра талас, аққұла масыл Сондықтан доңыз тірлікті ақтайтындай бізде ешқандай дәнекер жоқ.
Баладан не жасанды жолмен құтыламыз, бүл анадан да сорақы. Ақталарлық ештеме жоқ. Адамгершіліктен жұрдай болғанымыз сонша, тіпті сол ақталудың өзін қажет деп таппаймыз. Осы күнгі зиялы қауымның басым көпшілігі осындай зинақорлыққа беттері былш етпестен — ақ белшесінен батып жүр.
Жұртшылық пікірінен, немесе қылмыс заңынан ұялу деген ғана болмаса, одан басқа біздің тірлікте ұяларлықтай ар қалды ма. Ал мына жағдайда ол екеуінің бірде—бірі бұрмаланбайды: жұртшылықтан именетін ештеме жоқ, өйткені оның бәрін жасайтындар: Марья Павловна мен Иван Захарыч. Өйтпеген күнде аққұла қайыршыларды көбейте берудің, немесе өзіңді—өзің қоғамдық өмірден аластаудың не қажеті бар? Қылмыс заңынан именудің де, қаймығудың да қажеті жоқ. Найсап қыздар мен байы әскердегілер ғой нәрестелерін қарасу мен құдыққа тастайтын; оларды, әрине, абақтыға қамау керек, ал біз болсақ бәрінің алдын алып, жып—жылмағай етіп қоямыз.
Солай тағы екі жыл тұрдық. Пасықтардың тәсілі, сірә, жақса керек, бой—басы тазарып, жаз сарқытындай жайнап кетті. Сонысын сезіп, өзі де сыланып — сипануды шығарды. Оның дидарынан жұрттың бүйірін қыздыратындай ұшқынды бір сұлулық оянды. Жасы отызда, тұла бойы толысып, талағы ісінген, тумайтын ту келіншектің нағыз өзі болып шыға келді. Дидары дегбіріңді қашырады. Еркектер арасымен өте қалса, бәрі соған еміне қарайды. Байлауда көп тұрып, әрі қоңайып, әрі зерігіп қалған байталды арбаға жегіп, жүгенін сыпырып жібергендей. Жүген дейтін жүгені де болмайтын, өйткені біздің әйелдердің жүзден 99—ы жүгенсіз кеткендер ғой. Оны өзім де сезіп, зәрем кетіп жүрдім.
XIX
Ол кенет отырған орнынан ұшып тұра келіп, терезенің дәл алдына барып отырды.
— Кешіріңіз мені, — деп күбір етті де, терезеге тесіле қарап, үн—түнсіз үш минуттай отырды. Сонсоң ауыр күрсініп, менің қарсы алдыма келіп қайта отырды. Бет — пішіні мүлде өзгеріп кеткен, көз жанары жасып, екі езуінде күлкі тәрізді оқыс әжімдер жиырыла қалыпты. —Шаршаңқырап та қалдым, бірақ айтып шығайын. Әлі уақыт көп, таң атқан жоқ. Иә, тақсыр, — деп бастады ол тағы да, шылымын тұтатып алып. — Баладан тоқталысымен, толысуға айналды, ғұмыр бойы балаларды ойлап, соның тауқыметін көтеру деген дерттен де айыға бастады; айығу былай тұрсын, мастықтан жаңа ғана оянып, ес кіріп, етегін жиып, айналасында өзі ұмыт қалдырған, бірақ онда қалай тұруды өзі де білмейтін, құдайдың қызығы мен кең дүниесі, өзі мәнісін білмеген жаратқанның жалпақ дүниесі жатқанын жаңа көргендей. "Мақұрым қалмайыншы! Дәуренің өтсе, қайта айналып келмейді!" Ол солай ойлады ғой, бәрінен бұрын солай сезінді ғой деп ойлаймын; басқаша ойлау, басқаша сезінуі мүмкін де емес: дүниеде кісі қызығарлық бірақ нәрсе бар, ол — махаббат деп баулыған оны. Ол ерге шықты, сол махаббаттан үзіп — жұлып бірдеме татқан да болды, бірақ уәделесі мен дәмелісі түгел тимегені былай тұрсын, көп—көп өкініш, көп—көп мұң—зар шекті, оған қоса бала деген тағы бір қасірет тағы тап болды! Сол қасірет титықтатып та тастаған. Сөйтіп жүргенде, даяшылау дәрігерлердің арқасында, баласыз — ақ бәрін реттеуге болатынын біліп қалды. Ол қуанып кетті, әлгіні байқап көрді де, өзі білетін жалғыз ғана нәрсе үшін — ләззат үшін қайта тірілді. Бірақ қызғаншақтық, қайдағы жоқ қазымырлық былғап кеткен күйеуден бұрынғыдай ләззат шыға ма? Оның көз алдында тап—таза, жап—жаңа басқа бір ләззат елестеді де тұрды, әйтеуір мен өзім солай ойлаймын. Сонан ол бірдемені аңсай күтіп, жан—жағына көз тастады. Мұнысын көзім көріп отырып, көңіліме күдік келмей қайтейін. Бәз баяғы әдетінше, әманда менімен біреу арқылы сөйлесе отырып, яғни біреуге айтқан боп, маған тигізіп, осыдан бір сағат қана бұрын айтқан пікірі қазіргісіне қарама — қайшы екенін ойлап та жатпастан, ана мейірімі деген —жай алдау, жас ғұмыр, қызық дәуреннің рақатын көрудің орнына, бала — бала деп өміріңді өксітіп не бар деген сияқты әзіл—шыны аралас бірдемелерді ашықтан—ашық, тайсалмай жиі айтатын боп кетті. Балаларға да бұрынғыдай іші елжіреп, жаны ашымайтын болды, баладан гөрі, күн асқан сайын өз басын күйттеп, онысын бізден жасырғысы келсе де, қайтсем сұлу көрінем деп, өз қызығымен, тіпті өзін—өзі жақсартумен күні өтті. Бұрын мүлде тастап кеткен фортепианоға қайтадан құлшына кірісті. Бәленің бәрі содан басталды.
Ол қажыған мұңды көздерімен терезеге тағы да тесіле қалды да, бірақ, қайратын қайта жиып алса керек, әңгімесін одан әрі жалғастыра жөнелді:
— Иә, тақсыр, сол біреу пайда болды. — Ол өзі — өзінен қолайсызданып танауынан баяғы оқыс дыбысты тағы шығарып, ықылық атты.
Ол адамның атын атау, оны еске түсіру, ол жайында әңгіме айту жанын қинайтынын біліп отырмын. Бірақ ол бар қайратын жиып, тәуекелге бел байлап, көңілдің кермесін кесіп өтті де, құлшына баяндап кетті.
— Өз байқауымша, өз бағалауымша, ол нағыз оңбаған адам еді. Өміріме жасаған әсеріне бола бұлай деп отырғаным жоқ, шынында да өзі солай еді. Айтпақшы, оның оңбағандығы ананың қаншалықты көзі қарайғандығының куәсі болатын. Ол болмаса басқа біреу солай кезігуі хақ еді, — ол тағы да үндемей қалды. — Иә, тақсыр, ол музыкант, скрипкашы еді. Маман музыкант емес, былайша, шала маман, шала қоғами адам.
Әкесі — помещик, менің әкеммен көрші, мал—мүліктен жұрдай боп, балалары — үш ұл болатын — түгел орналасып алды; тек біреуі, осы кенжесі ғана, Париждегі кіндік шешесіне берілген. Онда оны консерваторияға беріпті, өйткені музыкадан таланты бар екен, сөйтіп одан скрипкашы боп шығып, концерттерде ойнаған. Ол адам өзі... — Мынаның, сірә, ол туралы жайсыз бірдеме айтқысы келген болу керек, бірақ, сабыр сақтап, әңгіме желісін шапшаң аттап өтті: — Жә, оның не тіршілікпен өмір сүргенін қайдан білейін, әйтеуір, сол жылы Ресейге оралды да, маған келді.
Жасаураңқы қой көз, күлімсіреген қызыл ерін, бояма мұрт, ең соңғы сән бойынша әсемдеп қайырған шаш, сұлу бет, дене бітімі кемтар болмағанымен, болбыр — босаң әйелдер тәрізді жуан бөксе, готтентоттар да солай болады деседі. Жұрттың айтуына қарағанда, олар да музыкашыл көрінеді. Өзін шамасы жеткенше еркін ұстауға тырысады, бірақ қас—қабағыңды бағып, құйттай қарсылық көрсетсең, қалт тоқтай қалады, сырт қарағанға парасатты көрінеді, әсіресе түймелі бәтеңкесінің Парижге тән ерекше бояуы, жалт — жұлт еткен галстугі, Парижге шеттен келгендер әуес болатын және басқа жылтырақтары көз тартады, ондай нәрсе өзгеден өзгешілігімен, жаңалығымен қашанда әйелдерді қызықтырғыш келеді. Сөйлеу әдетінде сырт көрме, жасанды сырбаздық бар. Әдет болғанда бар ғой, кәдімгі өзіңіз жақсы білетін, есіңізде қалған, ол жайлы өзіңіздің де қосарыңыз бар таныс нәрсені сөз ғып отырғанда, әр жерінен бір шалып қана тұспалмен сөйлейді.
Музыкасымен келіп, бар бәленің бастауы болған, міне, сол Сотта іс оқиғаның бәрі қызғаншақтықтан туған деп түсіндірілді ғой. Ондай түк те жоқ, яғни түк те жоқ емес — ау, бар деуге де, жоқ деуге де болады. Сотта мені көзіне шөп салынған еркек деп, оны өзінің қорланған намысын қорғаймын деп өлтіріп алды (оларша мұның өзі солай аталады) деп дәлелдеуге ұйғарды. Мені ақтап шығулары да содан. Мен сотта істің мән—жайын түсіндірейін деп едім, бірақ олар мені әйелімнің абыройын қорғағысы келеді деп ұйғарды.
Оның ол музыкантпен қарым—қатынасы қандай болса да мен үшін оның ешқандай маңызы жоқ, оған да солай. Істің мәні әлгі өзіңізге айтқандай, яғни менің доңыздығымда. Бәріне себеп болған — екеуміздің арамыздағы әлгі сізге айтқан түпсіз тұңғиық, қит етсе қиып түсуге әзір тұрған жан түршігерлік өзара өшпенділік. Екеуміздің арамыздағы жанжал соңғы кезде біртүрлі қорқынышты боп кетті және бір ғажабы ара—арасында жанталасқан хайуани құштарлық та киіп кетіп отырды.
Егер ол болмаса, басқа біреу жолығар еді. Егер қызғаншақтық болмаса, басқа сылтау да табылар еді. Мен мынаны талап етем: мен сияқты тұратын еркектердің бәрі не ойнас қылуы керек, не ажырасуы керек, не өзін өлтіруі немесе мен сияқты әйелін өлтіруі керек. Кімде—кім ондай жағдайға ұрынбаса, мұның өзі өте сирек кездесетін ғаламат. Мәселен, мен бар ғой, мәселені солай тәмамдардың алдында талай рет өзімді—өзім өлтіре жаздадым, ал анау да у ішкен болатын.
XX
— Иә, ол солай болды және сол оқиғаның алдында ғана.
Татуласқан сияқты едік, тіпті, оны бұзарлықтай себеп те жоқ болатын; кенет мен пәлен деген иттің көрмеде медаль алғанын айттым да, әңгіме содан басталып кетті. Ол айтады: "медаль емес, мақтау қағаз", — дейді. Талас басталды. Бірді тастап, бірді бастап: "е, бәсе, баяғыдан белгілі ғой, әманда осы: сен айтасың...", "жоқ, мен олай дегем жоқ", "ендеше, мен өтірікші болғаным ғой!" деген сияқты кикілжің бұрқ ете түсті; я өзіңді, я оны өлтіргің кеп кететін қатерлі жанжал енді басталды — ау деп ойлайсың. Қазір басталатынын білесің және одан өрттен бетер қорқасың, сондықтан сабыр еткің келеді, бірақ тұла бойыңды ыза кернеп кеткен. Анау да сондай, жағдайы тіпті сенікінен де нашар, не айтсаң да қасақана теріс түсінеді, оған теріс мән береді; оның әр сөзі бар ғой у жаққан оқтай; қай жеріме қаттырақ бататынын біліп, әдейі сол жеріме көздеп тигізеді. Бірте—бірте насырға шабады. "Жап аузыңды!", тағы бірдеме деп мен айқайлаймын. Анау бүл бөлмеден жүгіріп шығып, балалардың бөлмесіне қарай қашады. Айтарымды ақырына дейін айтып, дәлелдеп шықпақ боп, қолынан ұстай аламын. Анау: "Балалар, сендердің әкелерің мені ұрып жатыр!" — деп бір жері ауырып қалғандай жорта айқай салады. "Өтірігіңді соқпа!" — деп ақырамын мен; "Бір емес, екі емес, мұнысы несі?" — деп шыңғырады анау, тағы бірдеме дейді анау. Балалар оған жабысып жатыр. Ол оларды жұбатқан болады. "Мекерленбе!" — деймін мен. "Саған бәрі мекерлік; адамды өлтіріп тастап, ол мекерленіп жатыр деуден де жүз жанбайсың сен. Мен сені енді түсіндім. Саған керегі сол екен ғой!" — дейді ол "Шіркін—ай, мүрдем кетер ме ең?!" — деп айқайлап жібердім. Осынау жексұрын сөзден өзімнің шошып кеткенім әлі есімде. Осыншама қорқынышты, осыншама дөрекі сөзге аузым барады деп ойламап едім, сондай сөздің аузымнан шығып кеткеніне таң қаламын. Осы бір қорқынышты сөзді айқай сап айттым да, кабинетіме жүгіріп барып, темекі тарттым. Байқаймын, анау ауыз бөлмеге шығып, бір жаққа кетейін деп жатыр. Қайда баратынын сұрадым. Ол жауап бермейді. "Мейлің, қайда кетсең онда кет!" деймін ішімнен. Сонсоң кабинетіме қайтып келіп қайта жаттым да, шылым тарттым. Бұдан кегімді қалай алсам екен, бұдан қалай құтылсам екен және арамызда ештеме болмағандай ғып, жағдайды қалай түзеп алам деген сияқты басымды мыңдаған ойлар шырмайды. Соларды ойлап жатып, темекіні тарта берем, тарта берем. Одан қашып кетіп, көзімді жоғалтсам, Америкаға кетсем деп ойлаймын. Ойлай—ойлай: одан құтылсам, шіркін—ай, қандай рақат болар еді, басқа біреумен, мүлде жаңа, керемет бір әйелмен қосылар ем деп қиялдауға дейін барам. Я одан өліп құтылам, я ажырасып құтылам деймін және соны жүзеге асырудың жолын іздеймін. Шатасып, ойымның теріске тартып бара жатқанын да сеземін, бірақ ойымның сол терістігін сезбеу үшін де шылымды үсті — үстіне тарта берем.
Ал үй тіршілігі өзінше жүріп жатыр. Гувернантка келіп: "Madame қайда? Қашан келеді?" —деп сұрайды. Малай келіп: "шай әкелейін бе?" — деп сұрайды. Асханаға келсем, балаларым, әсіресе, ана — мынаны түсініп қалған үлкен қызым Лиза маған сұрақты көзбен сұрлана қарайды. Шайды үн—түнсіз ішеміз. Анау әлі жоқ. Бүкіл бір кеш өтті, ол әлі жоқ, көкірегімде екі сезім алма—кезек аласұрады; үйден кетіп қалып, әрі мені, әрі балаларды азапқа салғанына ызаланам, ақыры бәрібір қайтып келеді ғой деп ойлаймын, келмей қойса, өзіне—өзі бір пәле жасаса қайтем деп тағы қорқам. Іздеп барар ем — ау. Бірақ қайдан іздеймін? Сіңлісінікінен бе? Бірақ ананы сұрап онда бару ақымақтық. Әй, құдай бетінен жарылқасын; егер мені азапқа салғысы келсе, азапқа өзі түссін. Әйтпесе, оның күтіп отырғанының өзі сол ғой. Өйтсем келесі жолы бұдан да жаман болады. Aл, бірақ ол сіңлісінің үйінде болмай, өзіне — өзі бір пәле жасап жатса немесе жасап қойса қайтем?.. Сағат он бір, он екі, бір. Жататын бөлмеге бармадым, жалғыз жату, жалғыз күту бір түрлі ерсі, мұнда да жатқаным жоқ. Бірдемемен айналысып, біреулерге хат жазғым келеді; қолымнан ештеме келмейді, кабинетте жалғыздан — жалғыз қасірет шегіп, жыным келіп, елегізіп отырмын. Сағат үш, төрт — ол әлі жоқ. Таң ата қалғып кетіппін. Оянсам — әлі жоқ.
Үйде бәрі де баяғысынша жүріп жатыр; бірақ бәрі де аң—таң, бәріне кінәлі мен деп ойлап, бәрі де маған сұрақты көзбен кінәлай қарайды. Ал менің көкірегімде екі жақты арпалыс әлі жүріп жатыр — мені азапқа салып қойды деген ыза мен өзі бірдемеге ұшырамаса жарар еді деген қауіп.
Сағат он бірлер шамасында одан елші болып сіңлісі келді. Баяғы әңгіме: "Ол жаман қиналып жатыр. Бұларың не, бұл?" "Е, ештеме де болған жоқ". Мінезінің сорақылығын айтам, оған түк те қылғам жоқ деймін.
— Ылғи бұлай бола беруі мүмкін емес қой, — дейді сіңлісі.
— Бәрін бүлдіретін өзі, мен емес, — деймін мен. — Алдымен аяғымды аттап баспаймын. Айрылам десе, айрылыссын.
Балдызым ештеме өндіре алмай кетті. Алдымен аяғымды аттап баспаймын деп айтуын батыл айтып салсам да, анау кетісімен, бөлмеден шығып едім, үрейлері ұшып, үрпиісіп тұрған балаларымды көргенде, аяғымды алдымен аттап басуға көніп те қалдым. Оған қуана—қуана барар едім—ау, бірақ қалай барарымды білмеймін. Тағы да ерсілі — қарсылы сенделіп, темекі шектім, ертеңгі аста арақ пен шарап іштім, ақыры ойсыз арманның тілсіз жетегіне еріп: жағдайым сонша жаман, онша сорақы емес екен деген қорытындыға келдім.
Сағат үштер кезінде ол келді. Жолығып қалғанымызда маған ләм—мим тіл қатпады. Ол татуласқан шығар деп ойлап, өзің кінә таққасын, мен де шыдамадым дегенім ғой. Ол сол бір қатал да қажыған қалпы, мен сенімен кінәласуға емес, балаларымды алып кетуге келдім, екеуміз енді бірге отаса алмаймыз деді. Кінәлі мен емес, менің ызамды келтірген өзің деймін мен. Ол бетіме қатулы қайсарлықпен қарап алып:
— Ендігісін айтпай—ақ қой, өкінетін өзің боларсың, — деді масаттанып.
— Комедияны жаным жек көреді, — дедім мен.
Сол кезде ол, не айтқанын аңғармай қалдым, бірдеме деп шыңғырып жіберді де, өз бөлмесіне жүгіре жөнелді. Кілт салдыр етті: есігін жауып алды. Итеріп қараймын, жауап жоқ, сонсоң ызалы қалпым кетіп қалдым. Жарты сағаттан соң көз жасы бұлаудай боп Лиза жүгіріп келді.
— Не? Не боп қалды?
— Мамамда үн жоқ.
Жүгіре жөнелдік. Есікті бар күшіммен жұлқа тарттым. Ысырма тиегі әзер ілініп түр екен, екі жақ жармасы қабатынан ашылды. Кереуетке жетіп бардым. Юбкасы мен біз өкше туфлиін шешпестен кереуетте ес—түссіз сұлап жатыр, кішкене үстел үстінде апиынның бос шынысы түр. Есін жинаттық. Тағы да көл—көсір жылау, ақыры татуластық — ау. Татулық дейтін татулық та емес: әрқайсымыздың көңілімізде бір—бірімізге деген ескі кек қалды және оның үстіне мына жанжалдан қалған жан — жарасы қосылды, оны бірімізден — біріміз көрдік. Дегенмен осының бәрін доғаратын кез жетті — ау, ал өмір бұрынғысынша өтіп барады. Мәселен, мұндай жанжалдар және мұнан да сорақылары үзбей қайталанып тұратын, не жетісіне бір рет, не айына бір, немесе күн сайын, әманда сол Бір рет мен шетелдік төлқұжат та алып қойдым, — жанжал екі күнге созылды, — сонсоң тағы да шала түсінісу, шала табысу боп, ақыры тағы қалып қойдым.
XXI
— Анау адам келгенде біздің арамыз, міне, осындай еді. Ол Мәскеуге келді. Ата—тегі Трухачевский — маған келді. Таңертеңгі уақыт еді. Қабылдадым. Бір кезде мен — сен деп сөйлесуші едік. Ол сен, менсіз арасында біраз майталмансып барып, сен дегенге тоқтамақ болып еді, мен бір дегеннен сіз дегеннен таймадым, сондықтан сол арада ол да көнді. Бір көргеннен—ақ мен оны мүлде жаратпай қалдым. Бірақ, бір ғажабы, ғажайып бір сиқырлы күш кеудесінен кері итеріп, маңайыма жолатпаудың орнына керісінше, онымен жақын болуға мені ынтық қып қойды. Әйеліммен таныстырмай—ақ салқын ғана сөйлесіп, сол арада қоштасып қана қоя беру оп—оңай—ақ еді ғой. Жоқ, мен қырсыққанда, оның қалай ойнайтынын сөз ғып, скрипканы қойып кетіпті дегенді айттым. Керісінше, бұрынғыдан да көп тартатынын айтты ол Бір кезде менің тартқанымды есіне алды. Өзім ойнауды қойғанымды, бірақ әйелімнің жақсы тартанынын айттым.
Бұл не деген ғаламат! Оған алғашқы күнгі, алғашқы жүздескен сәттегі көзқарасым тек анау оқиға болғаннан кейін ғана туатын көзқарас сияқты еді. Оған дегенде өз — өзімнен сақтандым да қалдым: оның да, өзімнің де әр сөз, әр сөйлемімізге үңіле қарап, ерекше маңыз беріп отырдым.
Оны әйеліме таныстырдым. Сол сәтте музыка туралы әңгіме басталып, ол анаумен бірге ойнап, қызмет етуге ниет білдірді. Әйелім, соңғы кездегі әрдайымғы әдетінше, өте сыпайы, өте сүйкімді, көз жауын алғандай сұлу—ақ. Сірә, анау оған бір көргеннен—ақ ұнап қалса керек. Оның үстіне анаумен бірге скрипка ойнап рақаттанатынына қуанып кетті, бұрын скрипканы тым жақсы көретіні сондай, тіпті сол үшін театрдан скрипкашы жалдап әкелетін, сөйтіп бетіне шаттық нұры ойнап шыға келді. Бірақ, маған көзі түсіп кетіп, ішімде не жатқанын сезе қойды да, бет — пішіні құбыла қалды, өзара арбасу содан басталды да кетті. Маған өте ұнайды деген түр көрсетіп, сыпайы күлімсіреп мен жүрем. Сұлуларға қарайтын барша зинақор атаулының көзімен менің әйеліме қарап тұрып, анау маған музыкадан басқада шаруам жоқ дегендей түр көрсетеді, ал шынында оның көкейін тескен басқа болса да, музыка емес. Әйелім самарқау болуға тырысады. Бірақ менің қызғанған шақтағы жылтырақ, жалған күлімсіреуім мен ананың жаламыр көзқарасы, сірә елеуретсе керек. Алғашқы жолығысқандарында — ақ әйелімнің көзі жайнап кеткенін байқап қалдым және бәлкім, менің қызғаншақтығым да себеп болған болар, дәл сол сәтте екеуінің арасында ортақ тіл, ортақ ұғым, ортақ жымиыс тауып беретін электр тогі орнағаны сезілді. Анау қызарса — ол да қызарады, анау жымиса — ол да жымияды. Музыка жайлы, Париж жайлы, қайдағы бірдемелер жайлы әңгіме шертілді. Анау кетпек болып орнынан тұрып, қалпағын діріл қаққан бөксесіне қысқан күйі, осылар қайтер екен дегендей, біресе оған, біресе маған қарап күлімсіреп тұрды. Сол минут есімде қалыпты, өйткені сол минутта оны тағы шақырмауыма әбден болатын, онда ешнәрсе кезікпес те еді. Бірақ мен оған да, анаған да бір қарап алдым. "Сені қызғанған екен деген ойыңа да келмесін" дедім мен ішімнен әйеліме, "мен сенен қауіптеніп қалды дейсің бе" дедім ішімнен анаған, сөйттім де, бір күні кешкілік скрипкаңызды ала келіңіз, әйеліммен бірге тартарсыз деп қонаққа шақырдым. Анау маған таңырқай қарады, екі беті ду ете түсті де, үрейленіп қалғандай, мен әлі дұрыстап ойнай алмаймын ғой деп, қарсылық көрсете бастады. Ол қарсылығымен одан бетер ызаландырып, мен қылқылдап тұрып алдым. Құс шоқақпен секіре басып, біздің үйден шығып бара жатқанында, оның желкесіне екі айыр ғып тараған қара шашынан жалтырап көрінген аппақ мойнына қарап тұрып кеудемді кернеген бір оқыс сезім әлі есімде. Сол адаммен бірге болу мен үшін үлкен азап екенін өз ішімнен мойындамасқа шамам жоқ. Оны өмір бақи көрмей өтудің шарасы өз қолымда ғой деп ойлаймын. Бірақ олай жасау өзімнің одан қауіптенетімді мойындаумен бірдей. Жоқ, мен одан қорықпаймын! Ол мен үшін қорлық емес пе деп ойлаймын. Ал дәл сол арада, ауыз үйде, әйелімнің тыңдап тұрғанын сезіп, скрипкасын алып бүгін кешке келуге көндірдім. Уәде беріп кетіп қалды.
Кешкілік ол скрипкасын ала келді де, екеуі ойнай бастады. Бірақ көпке дейін ойындары оңға баспады, керек ноталар жоқ, қолда барын әйелім әзірліксіз ойнай алмайтын. Мен музыканы өте жақсы көретінмін, сондықтан ананың пюпитрін орналастырып, парақтарын аударып, ойындарына қолқабыс тигіздім. Сөйтіп олар бірдемелерді, қайдағы бір өлеңсіз әнді, Моцарттың сонатасын орындап шықты—ау, әйтеуір. Ол әдемі — ақ ойнады және айтса айтқандай—ақ нағыз тамаша өз мақамы бар екен. Оның үстіне, өз мінезіне үйлеспейтін, нәзік те парасатты талғамы бар болып шықты.
Әрине, ол менің әйелімнен анағүрлым күшті ойнайды, сондықтан да оған көмектесіп, сонымен бірге оның ойынын әдеппен мақтап та қояды. Ол бұл жолы өте ұстамды болды. Әйелім тек музыкамен ғана шұғылданғандай байырғы, табиғи қалпынан өзгерген жоқ. Ал мен болсам музыкаға елтіген боп көрінгенмен, бүкіл кеш бойы қызғаныш қасіретінен азап шектім.
Әйелімнің көзіне — көзі түскен сәтте—ақ, екеуінің де жан сарайында отырған тағы аң, лауазым мен жұртшылық шарттарының бәрін былай қойып, "бола ма?" деп сұрап, "е, әрине, әбден болады" деп жауап бергенін көзіммен көрдім. Мәскеу ханымы болып саналатын менің әйелім осыншама сүйкімді болар деп ойламаған екен, байқаймын, соған қуанып түр. Өйткені оның көнетініне ешқандай күдігі жоқ. Бар мәселе, тек қана қазымыр күйеуі ғана бөгет болмаса екен. Егер өз басым күнәдан пәк болса, мұны түсінбес те едім, бірақ жұрттың көбі тәрізді, менің өзім де үйленгенге дейін әйелдерді солай деп ойлайтынмын, сондықтан оның көкейіндегіні хатқа жазғандай көзбен оқып тұрмын. Айна—қатесіз өз көзіммен көргендіктен, менің жанымды ерекше қинайтыны: анда—санда ғана үйреншікті көңілшектік жасап, көңілімді аулағаны болмаса, мен дегенде үнемі зығырданы қайнағаннан басқа сезім дегенді білмейтін оған мынау адам сәнқой — салдығымен, жаңалығымен, ең бастысы, музыка ойнаудағы даусыз үлкен дарынымен, бірге қосылып ойнағанда бір—бірімен жақындасудың, сезімтал жандарға музыканың, әсіресе скрипканың ететін әсерінің нәтижесінде жақсы көрінуі былай тұрсын, анау мұны ешбір ойланбастан сөзсіз жеңіп, жұмарлап, жүндей түтіп, жіптей есіп, ойына не келсе, соны істеуге тиіс еді. Оны көрмейтін соқыр емеспін, сондықтан да жаным керемет күйзелді. Бірақ соған қарамастан, я болмаса, бәлкім, соның салдарынан болар, әйтеуір бір күш еркіме қоймай, онымен сөйлескенде сыпайы болу былай тұрсын, тіпті оған мейірбандық жасауға мәжбүр етті. Әйелім үшін солай жасадым ба, әлде анадан қорықпайтындығымды дәлелдеу үшін ерегістім бе, өзімді өзім алдау үшін өзіме жасаған қылығым ба, білмеймін, әйтеуір алғашқы араласқаннан — ақ онымен ашынажай бола алмай—ақ қойдым. Табан аузында өлтіріп тастағым кеп тұрғанда, жаман пиғылға жеңдірмеу үшін, оған жылы шырай білдіруге тиіс болдым. Кешкі аста қымбат шараппен суарып, оның скрипка тартысына таң—тамаша болуға, бетіне айырықша жылылықпен жымия қарап, келесі жексенбіде түстікке тағы келіп, әйеліммен бірге күй тартып кетіңіз деп қиыла өтінуге мәжбүр болдым. Музыканы ұнататындардан тағы бірер танысымды шақырайын, тыңдап көрсін дедім оған. Іс сонымен тынды.
Сонан соң Позднышев толқып — толқып кетті де, орнынан қозғалып барып, қайта отырып, оқыс дыбысын тағы шығарды.
— Бір ғажабы, сол адам отырғанда бір түрлі боламын, — деп, ол тағы әңгімелей жөнелді. Сабырлы болуға тырысып отырған тәрізді. — Содан екі—үш күн өткен соң, көрмеден үйге қайтып келіп, ауыз үйге ене беріп едім, кенет жүрегімді зілдей бірдеме езіп бара жатқандай сезіндім, бірақ не екенін білгем жоқ. Ауыз үйден өтіп бара жатып, ананы еске түсіретін бір нәрсені байқап қалғам, зілдей бірдеме дегенім сол екен. Тек кабинетіме барған соң ғана оның не екенін түсіндім, анықтап алу үшін ауыз үйге қайта келдім. Иә, қателеспеген екенмін: ілулі тұрған соның шинелі. Білесіздер ғой, кәдімгі сәнді шинель. (Неге екенін өзім де білмеймін, әйтеуір оған байланысты нәрсенің бәрін мейлінше сақтықпен бақылап жүретінмін). Сұрап біліп едім, үстінен түсіппін, осында екен. Қонақ үйге соқпай, залға класс арқылы өттім. Қызым Лиза кітап оқып, даяшы үстел басында бірдеменің қақпағын дөңгелетіп, кішкентай баланы алдандырып отыр екен. Залдың есігі жабық, арғы жақтан қоңыржай arpeggio және анау мен ананың дауыстары естіледі. Тыңдап көріп ем, бірақ ештеме айыра алмадым. Бәлкім дауыстарын, мүмкін, тіпті сүйіскендерін естіртпеу үшін фортепианоны әдейі тартып отырған шығар. О, тәңірім! Ішімде алай—дүлей бірдеме көтерілді де кетті. Сол кезде жан сарайымда қандай жыртқыштың арпалысып тұрғаны есіме түссе, зәрем ұшады. Жүрегім аузыма тығылып, тоқтай қалды да, кенет балғамен соққандай солқылдатып ала жөнелді. Қашанғы әдет қой, болғанда ең алдымен өзімді аядым. "Балалардың көзінше, даяшының көзінше бұ несі ей!" деп ойлаймын.
Сірә, түрім жаман болып кетсе керек, өйткені Лиза маған бip түрлі үрейлене қарады. "He істеуім керек?" деп сауал қойдым өзіме. — "Кірейін бе? Кіре алмаймын, кірсем не істейінімді бір құдайдың өзі де білмейді?! Бірақ кетіп те қала алмаймын. Даяшы менің бетіме, менің жағдайымды түсінетін адамша қарайды. "Иә, кірмей кетуге болмайды" дедім мен ішімнен, сөйттім де есікті айқара ашып қалдым.
Ол фортепианода аппақ, салалы маймақ саусақтарымен әлгі арпеджионы ойнап отыр. Анау рояльдың бұрышында ашық жатқан нотаны оқып тұр. Менің келгенімді немесе тықырымды естіген соң болар, маған жалт қарады. Қорқып кетті ме, әлде қорықпаған боп көрінгісі келді ме немесе шынымен—ақ қорықпағаны ма, білмеймін, әйтеуір селт еткен де жоқ, тұрған орнынан қозғалған да жоқ, тек қызарып кетті, оның өзінде де соңынан.
Келгеніңе мұндай қуанбаспын, жексенбі күні не ойнайтынымызды біз әлі шешкен жоқ едік, — деді ол, екеуміз оңаша қалғанда еш уақытта болып көрмеген жұмсақ үнмен. Әрі осынысы, әрі анау мен өзін қосақтап «біз» дегені жынымды келтіріп—ақ түр. Анаумен үндемей амандастым. Ол менің қолымды алды да, мені мазақ қылған адамдай езу тарта күлімсіреп, жексенбіге әзірлену үшін ноталар әкелгенін, бірақ неғұрлым қиынынан, классикадан, атап айтқанда, Бетховеннің скрипкаға қосатын сонатасын ойнау керек пе, әлде майда—шүйде дүниеліктерді орындаймыз ба, не ойнау жөнінде талас туып қалды деп түсіндіре бастады. Айтқанының бәрі ақиқат, бәрі шын сияқты, тіпті қай жерінен ұстарыңды да білмейсің, ал бірақ осының бәрі өтірік, мені алдау үшін ойлап тапқандары екеніне ішім кәміл сенеді.
Қызғаншақтарға азапты ең көп көрсететіні — (ал біздің қоғам өмірінде жұрттың бәрі қызғаншақ) — жоғары қауымның белгілі қағидалары, ол бойынша еркек пен әйелдің өте тығыз, өте қауіпті жақындасуына да рұқсат беріледі. Егер балда жүргенде ет жақын жүрулеріне кедергі жасасаң, дәрігерлердің емделетін әйелге жақындауына, өнерге, суретке, ең бастысы — музыкаға берілгендердің өзара жақын болуына кедергі жасасаң, жұртқа күлкі боласың. Өнер төресі музыкамен екі адам бірлесіп айналысса, ондайда екеуі белгілі бір дәрежеде қоян — қолтық жұмыс істеу керек, оның ешқандай сорақылығы жоқ, тек есалаң қызғаншақ күйеу ғана ондайды жамандыққа жоруы мүмкін. Ал сөйте тұра, біздің қоғамымызда зинақорлықтың басым көпшілігі нақ осы өнерпаздықтан, әсіресе музыкадан шығады. Сірә, менің бетімдегі ұят оты оларды да ұялтып тастаған шығар деймін: көпке дейін ештемеге тілім келмей тұрып қалдым.
Шыны шөлмекті суға толтырып, кілт тоңқайта қойсаң, аузынан су төгілмейді, мен де сондай халде едім. Менің оны балағаттап — балағаттап қуып шыққым да келді, бірақ тағы да сыпайы, мейірімді болуым керектігін сезіндім. Солай жасадым да. Бәрін мақұлдап тұрған түр білдірдім, ұсқыным, көргім келмей жарыла жаздап тұрса да, соғұрлым мейірімді болуға көндірген баяғы тылсым сезімнің жетегіне еріп, оның талғамына әбден сенетінімді, анаған да осындай ақыл қосатынымды айттым. Мен есіктен сұп—сұр боп кіріп келіп, тіл қатпай тұрып қалған кезімде туған қолайсыздықты сейілтуге қанша уақыт керек болса, сонша ғана отырды да, енді ертең не ойнайтынымыз шешілді деген сылтау айтып кетіп отырды. Көкейлерін тескен мәселенің жанында не ойнауды шешу деген жай бір түкке тұрмайтын сылтау екеніне менің көзім кәміл жеткен еді.
Мен оны ерекше құрметпен ауыз үйге дейін шығарып салдым.
Бүкіл отбасының тыныштығын бұзып, бақытын быт — шыт қылуға келген адамды қалай шығарып салмайсың! Аппақ, жұп — жұмсақ қолын айрықша ілтипатпен қатты қыстым.
XXII
— Сол күні, күні бойы онымен сөйлескен жоқпын, дәтім шыдамады. Жаныма жолап кетсе зығырданым қайнап, өзімді—өзім ұстай алмай қалам ба деп қорықтым. Түстік кезінде, балалардың көзінше, менің қашан жүретінімді сұрады. Қашан екенін айттым. Маған жолға ештеме керек емес пе деп сұрады. Мен ештеме демей, үстел басында үнсіз отырып, оз кабинетіме үнсіз шығып кеттім. Соңғы кезде, әсіресе бүл уақытта ол менің бөлмеме ешқашан келмейтін болған. Кабинетте ызам кеп жатыр едім, кенет таныс тықыр естілді, сонда менің көңіліме: мынау Урияның әйеліне ұқсап, жасаған күнәсін білдірмеу үшін осындай бейуақытта маған әдейі келе жатыр екен ғой деген масқара да, жексұрын ой келді. "Шынымен маған келе жатыр ма?" деп ойладым, жақындап келе жатқан аяқ тықырын тыңдап жатып. Егер маған келсе, онда менің айтқанымның келгені. Кеудемде оған деген адам айтқысыз ыза—кек бұрқ ете түсті. Аяқ дыбысы бірте—бірте жақындап келеді. Шынымен—ақ соқпай өтпей ме, залға қарай? Жоқ, есік сықыр етті де, босағада оның сұңғақ бойлы сұлу денесі көрінді, жүзінде де, көзінде де — абыржу мен жалыныш бар, оны жасырғысы келгенімен, айқын көрініп және мәнісіне де түсініп тұрмын. Демімді ішіме тартып оған ұзақ қарағаным сонша, тұншығып өліп кете жаздаған соң, темекі сауытын алып, шылым тарттым.
— Мұның не, кішкене отырып кетейін десем, шылым тартқаның, — деді де, мені шынтақтай, мен жатқан диванға келіп жаныма отырды.
Денесіне денем тимесін деп, шегіншектеп кеттім.
— Менің байқауымша, жексенбі күні музыка ойнайтынымды жаратпайсың — ау деймін, —деді ол.
— Ешқандай жаратпайтыны жоқ, — дедім мен.
— Менің көзім жоқ дейсің бе?
— Олай болса көрегендігіңмен құттықтаймын. Ал мен сенің өзіңді жеңілтек кәнизәкша ұстағаныңнан басқа ештеме көріп жүргем жоқ...
— Егер арбакештерше аузыңа келгенді айтатын болсаң, онда мен кетейін.
— Кет, бірақ есіңде болсын, отбасы намысын сен бағаламағанмен, маған сен емес (шайтанмен кетсең де мейлің), отбасының абыройы қымбат.
— Немене, не?
— Жоғал көзімнен, құдай үшін, жоғал!
Не туралы айтып тұрғанымды түсінбегенсіп жорта деп еді де, әлде шынымен түсінбеді ме, әйтеуір сол арада маған өкпелеп, ашуланып қалды. Орнынан ұшып тұрды, бірақ кеткен жоқ, бөлменің қақ ортасына барып тоқтады.
Мүлде бет қаратпайтын боп кеттің, — деп бастады ол. Мұндай мінезге періште де шыдамас, — сонан соң амандағы әдетінше, нағыз жанды жеріме тиюге тырысып, қарындасыма жасаған жамандығымды есіме салды (бірде ашу үстінде, қарындасыма тіл тигізгенім бар, оныма өзімнің қатты қынжылатынымды білетін, сол арама әдейі сұққылап тұр).
— Содан бері мен саған таңданудан қалғанмын, — дейді ол.
"Иә, масқара қылып, қорлап алып, енді менің өзімді күстана қылмақ қой" дедім ішімнен, кенет тұла бойымды сойқан бір ашу кернеп кетті, оған еш уақытта да мұндай ызаланып көрмеген шығармын.
Әуелінде ашу үстінде қол жұмсағым да келіп кетті. Орнымнан атып тұрып, жанына жетіп бардым, бірақ орнымнан атып тұрған кезде—ақ ызаға булыққанымды сездім, сездім де ашудың жетегінде кетуім дұрыс па деп сұрадым өзімнен, дұрыс, сөйтіп бетін қайтарып тастау керек деп жауап бердім сол арада және ашуымды ақылға жеңдірудің орнына, қайта оны қоздыруға тырыстым, оның барған сайын өршеленіп бара жатқанына қуандым.
— Жоғал көзімнен, әйтпесе өлтірем! — деп ақырдым, жүгіріп барып, қолынан ала түсіп. Соны айтқанда дауысымды әдейі қаттырақ һәм ызалырақ шығардым. Түрім жаман болып кетсе керек, өйткені ол сасқанынан не істерін білмей қалшиды да қалды.
— Вася, мұның не, не болды саған? — деуге ғана шамасы келді.
— Кет! — деп ақырдым, бұрынғыдан да бетер. — Мені жындандыру сенің ғана қолыңнан келеді. Мен өз қимылым үшін жауап бермеймін!
Жынымды еркін қоя беріп, жаным рақаттанып қалғандай, енді сол жынымның әбден шегіне жеткенін көрсету үшін, тосын бір сойқан салмақ болдым. Ананы ұрып жыққым, өлтіріп тастағым келіп—ақ тұрды, бірақ олай етуге болмайтынын білемін, сондықтан, ең болмаса құрыстаған жынымның құрысын қандыру үшін, үстел үстіндегі пресспапені шап беріп алдым да, "Кет!" — деп тағы бір ақырып, оған тура тимейтіндей ғып атып кеп жібердім. Тимейтіндей ғып мұқият көздегем. Сонда ғана бөлмеден шыға жөнелді де, есік алдына барып тоқтады. Тап сол кезде, ананың көзі көріп тұрғанда (көрсін деп әдейі сөйтемін ғой), үстел үстіндегі нәрселердің бәрін: шырағдандарды да, сия сауытты да еденге лақтырып:
— Кет! Жоғал! Мен өзім үшін жауап бермеймін! — деп ақырып—бақыра бердім.
Ол кетісімен мен де қоя қойдым.
Бір сағаттан соң даяшы келіп, әйелімнің ұстамал боп жатқанын айтты. Бардым, біресе еңіреп, біресе сықылықтайды, ештеме айта алмай, тұла бойы қалш—қалш етеді. Жорта емес, шын ауру екен.
Таң ата басылды да, өзіміз сүйіспеншілік деп ат қойып, айдар таққан сезімнің әсерімен татуласқан болдық.
Таңертең, татуласқаннан кейін, мен оған Трухачевскийден қызғанатынымды айттым, ол ұялған да, қызарған да жоқ, кәдімгі шынымен сақылдап келіп күлді — ай кеп. Оның айтуынша, сондай адамға өзі құмар болды дегенге тіпті таң қалып тұрғанға ұқсайды.
— Парасатты әйел ондайлардан музыкадан басқа қандай ләззат таба алады? Егер саған сол жақсы болса, мен онымен ешуақытта да жолығыспасқа әзірмін. Тіпті жексенбі күні де көрмей—ақ қояйын, жұрттың бәрін шақырып қойғаныңа қарамастан. Тек бір ғана жексұрын жағы бар, бірде болмаса біреу, ең алдымен соның өзі, содан қауіптенеді екен деп ойлайды ғой. Ал жұртқа ондай ой салу менің намысыма қатты тиеді.
Және бұл арада ол алдап тұрған жоқ, айтқанына өзі де сенеді, осы сөздер арқылы өз көңілінде анаған деген жиіркеніш туғызып, сол жиіркеніш арқылы өзін анадан қорғағысы келеді; бірақ онысынан түк шықпады. Жағдайдың бәрі, әсіресе сол баяғы қарғыс атқан музыка оның сорына қарай болып шықты. Іс сонымен тынды да, жексенбі күні меймандар келіп, анау екеуі тағы ойнады.
XXIII
— Өзімнің мансапқұмар болғанымды айтып жатудың қажеті жоқ қой деймін, күнделікті тірлікте мансапқор болмасаң, өмір сүрудің керегі не. Сонымен жексенбіде түстік пен музыкалы кешкі асты әзірлеуге бар өнерімді салдым. Қонақасыға керектің бәрін тікелей өзім барып сатып алдым да, меймандарды шақырдым.
Қонақтар кешкі алтыда жиылды, жеңінде алабажақ гауһар ілгегі бар қара фрак киіп анау да келді. Өзін өрескел тәкаппар ұстап, тіпті бар ғой, не істеп не айтарың маған белгілі дегенді әдейі ұқтыра, не сұрасаң да бас шұлғи, білгішсіне күлімсіреп, жүре жауап береді. Оның өн бойындағы тұрпайылықтың бәрін көзім бұрынғыдан тезірек шалып, өте—мөте рақаттанып қалатын болдым, өйткені осының бәрі жанымды жадыратып, менің әйелімнен гөрі оның әлдеқайда төмен сатыда тұрғанын, әйелімнің, мана өзі айтқандай, ондай дәрежеге дейін құлдырамайтынын көрсетуге тиіс еді. Мен ендігі жерде қызғаныш дегенге жол бермей қойдым. Біріншіден, мен ол азапты түгел шегіп болдым, енді маған әл жинау керек; екіншіден, әйелімнің уәдесіне сенгім келеді, һәм сендім де. Бірақ қызғанбағаныммен, түстік кезінде де, кеште музыка басталғанға дейінгі алғашқы жартысында да не анаған, не мынаған қаным тұшымай—ақ қойды. Әлі де болса екеуінің қимылы мен көз қиығын бағумен болдым.
Қонақасының аты қонақасы, қызғылықсыз, мүләйім өтті. Музыка уақытынан едәуір бұрын басталды. Апыр — ай, сол кештің әрбір көрінісі дәл бүгінгідей есімде сақталыпты; оның скрипканы қалай әкелгені, қобдишаны қалай ашқаны, бір келіншек кестелеп берген қақпағын қалай сыпырғаны, скрипканы алып, бабына келтіргені — бәрі есімде. Әйелімнің жорта самарқау келіп отырғаны да өзінің керемет жүрексініп отырғанын, әсіресе өз қабілетінен жүрексізденуін жалған самарқаулықпен бүркемелегісі келетінін сезгенім де есімде, — қылымсып кеп рояль басына отырды да, фортепианода, үйреншікті скрипкада пиччикато, нотаны орналастыру басталды. Сонаң соң: екеуінің көздерінің ұшырасқаны, жайғасып отырып жатқандарға бір қарап өтіп, бірдеме деп тіл қатысқаны, сонан соң басталып кеткені есімде. Әйелім бірінші аккордты ойнады. Ананың бет—аузы бір түрлі байсалды, маңызды, сүйкімді бола қалды да, өз дыбысына өзі құлақ тіге қойып, епті саусақтарымен сым шекті басып қарап, рояльға үн қосты. Сөйтіп, басталды да кетті....
Ол тоқтай қалып, баяғы дыбысын қатарынан бірнеше рет шығарды. Бірдеме айтқысы кеп еді, бірақ мұрнын тартқыштап тағы тоқтай қалды.
— Олар Бетховеннің "Крейцер сонатасын" ойнады. Бірінші бөлімін білуші ме едіңіз? Білесіз ғой? — Түу... бұл соната масқара ғой. Әсіресе осы бөлімі. Жалпы музыка дегенің масқара ғой. Бұл не, бұл? Түсінбеймін мен! Музыка деген не? Ол не істетпейді? Сол істегенін неге істейді ол? Музыка адамның рухын көтеруге көмектеседі деседі, — сандырақ, жалған! Оның әсері бар, әсері масқара күшті, мен өз басым туралы айтып отырмын, ал бірақ ешқашан рух көтермейді. Оның әсері рухыңды көтермейді де, жасытпайды да, тек алабөтен әбігерге салады. Қалай десем екен сізге? Музыка оз қара басымды, өзімнің шынайы жағдайымды еріксіз ұмыттырады, ол мені қайдағы бір бөтен, өзімдікінен өзгеше жағдайға түсіреді, музыканың ықпалымен мен өзім сезбейтінімді сезініп, түсінбейтінімді түсінетін, қолымнан келмейтінді келтіріп жіберетіндей. Мұны мен: музыканың әсері есінеу, күлкі тәрізді деп түсіндірген болар ем; ұйқым келмесе де, есінегенге қарап, мен де есінегендей; күлкім келмесе де, күлгенге қарап мен де күлгендей болдым.
Ол музыка мені музыка жазған адамның сол музыка жазғандағы жан дүниесінің жағдайына айна қатесіз түсіреді. Менің онымен жан—тәнім бірігіп кетіп, болмыстың бір жағдайынан екінші біріне ауысып тарта берем, бірақ, неге өйтетінімді өзім де білмеймін. Әрине, анау, әлгі сол, мәселен, Крейцер сонатасын жазған адам, Бетховен, неге ондай жағдайда болғанын өзі білетін шығар, — ол жағдай оны белгілі бір әрекетке жетеледі, сондықтан ол жағдайдың ол үшін мәні бар, ал маған оның түкке де керегі жоқ. Сондықтан да музыка тек әуре қылады, ештеме тындырмайды. Мәселен, әскери марш ойнағанда солдаттар марш ырғағымен жүріп өтеді, демек, музыканың көздеген мақсатына жеткені, би күйін ойнаған екен, мен билей жөнелдім, демек, музыканың көздеген мақсатына жеткені; дұға оқылған екен, тахил шарабынан ауыз тием, демек, мұнда да музыканың дегеніне жеткені, қалғанының бәрі жай елірту, ал сол елірген кезде не істеу керек, — одан түк нышан жоқ. Сондықтан да музыка сонша қауіпті, кейде соншама масқара эсер етеді. Қытайда музыка мемлекет қарауында. Солай болуы да керек қой. Кім көрінгеннің бірін—бірі немесе бірнеше адамды сиқырлап, сонсоң оларға не істеймін десе, соны істеуге ерік беріп қоюға бола ма? Және ең бастысы, қайдағы бір ұятсыз, арсыз адамның сиқыр күшін пайдалануына жол бермеу керек.
Онсыз осынау масқара құдіретті құрал кім көрінгеннің қолында жүр. Мәселен, әлгі сол Крейцер сонатасын, соның бірінші бөлімін алайық. Сол бөлімді ашық жаға, апайтөс ханымдар отырған қонақ үйде ойнауға бола ма? Ойнап болып, сонан соң қол шапалақтап, содан соң балмұздақ жеп, содан соң соңғы өсек—аяңдарды айтады — ау олар. Мұндай дүниелікті тек қана белгілі бір маңызды, мағыналы жағдайда, сол музыкаға сай, белгілі бір маңызды қарекет жасарда ғана орындау керек. Ойнап болған соң, сол музыка істе дегенді істеу керек. Онсыз, не орны, не мезгілі сай болмай тұрып, адамның қайрат—жігерін текке қоздырып, ештемеге жұмсамау бірдемеге ұрындырмай қоймайды. Басқаны білмеймін, менің өзіме бүл жай сұмдық әсер етті, бұрын өзім білмейтін мүлде бейтаныс жаңа сезім, жаңа өріс ашқандай болды маған. Бұрынғы ұғым, бұрынғы тірлігімдегідей емес, жанымның жаңа тапқан арманындай бірдеме. Жаңа білген жаңалығым не, оны сараптай алмадым, әйтсе де сол жаңа жағдайды сезінуімнің өзі маған зор қуаныш әкелді. Бәр—бәрі де, соның ішінде өз әйелім де, анау да бұрынғы адамдар болғанымен, мен оларды мүлде басқа бір қырынан көргендей болдым.
Әлгі бөлімнен кейін ойнағандары — тамаша болғанымен, жаңалығы жоқ, тым үйреншікті andante , салалары да оңбаған, соңғы түйіні де тым босаң. Сонан соң олар меймандардың өтініші бойынша біресе Эрнсттің элегиясын, біресе басқа да әр түрлі нәрселерді ойнады. Бәрі де жақсы—ақ, бірақ соның бәрі де маған алғашқыдан алған әсерімнің 0,01—ін де бере алған жоқ. Мұның бәрі сол алғашқы әсерімнің көлеңкесінде кете барды. Жаным жеңілейіп, кеш бойына көңілді отырдым. Әйелімнің дәл сол кештегідей қияпатты болғанын бұрын еш уақытта да көрген емеспін. Ойнап тұрған кезде көздері қандай нұрлы еді, дидары қандай салмақты, жүзі қандай ойлы еді, тартып болған соң соншалық бір абыржып, имене, рақаттана сәл ғана күлімсірегені қандай. Соның бәрін көзіммен көріп тұрып, ешқандай мән бере қойған жоқпын, тек оның халі де қазір менікіндей шығар, мен сияқты, оның да жүрегінде бұрын болмаған, бастан кешпеген, ұмытылып барып, қайта еске түскендей жаңа бір сезім оянған болар деп қана ойладым. Кеш ойдағыдай өтті де жұрттың бәрі үйді — үйлеріне жүріп кетті.
Менің екі күннен кейін съезге жүретінімді біліп, Трухачевский келесі келгенінде бүгінгі ғанибет кешті тағы қайталайтындықтарына сенетінін айтты. Ол сөзінен өзім жоқта біздің үйге келе алмайтынын айтып түр ғой деп түйіп, ішім жылып кетті. Шындығында, мен келгенше ол жүріп кетеді екен де, екеуміз енді қайтып кездеспейді де екенбіз.
Мен бірінші рет оның қолын құшырлана қатты қыстым да, көңіл көтергені үшін рақмет айттым. Ол сондай—ақ менің әйеліммен де біржолата қоштасты. Және олардың қоштасуы маған табиғи да әдепті боп көрінді. Бәрі де тамаша. Әйелім екеуміз де кештің жақсы өткеніне өте қуанып қалдық.
XXIV
Арада екі күн өткен соң, әйеліммен қоштасып, өте көңілді, өте жарқын сезіммен дуанға жүріп кеттім. Дуанда жұмыс деген әманда бастан асатын және мұндағы тұрмыс мүлде өзгеше, өзгеше бір дүние ғой. Екі күн бойы он сағаттан кеңседе өткіздім, келесі күні кеңседе отырғанымда әйелімнен хат әкеліп берді. Табан аузында оқып шықтым. Балалар туралы, ағай туралы, бала күтуші әйел туралы, не сатып алғаны жайлы жазады және сонымен қатар, кәдімгі бір майда—шүйде тәріздендіріп, Трухачевскийдің келіп кеткенін, әкелем деген нотасын әкеліп бергенін және тағы да келіп, бірге музыка ойнауға рұқсат сұрағанын, бірақ өзінің қарсы болғанын жазыпты. Ананың нота әкеп берем дегені есімде жоқ, ол анада біржолата қоштасып кеткен сияқты еді; сондықтан мұнысына қайран қалдым. Бірақ жұмыс толып жатыр, оны ойлауға уақыт болмады, тек пәтеріме келгесін, кешке ғана хатты қайыра оқып шықтым. Трухачевскийдің мен жоқта үйге тағы да келгені өз алдына, оның үстіне хаттың өзінен салқын леп ескендей сезілді маған. Құтырған жыртқыш қызғаныш апанында аласұрып, шыға шаппақ, бірақ ол жыртқыштан қорықтым да, аузын тезірек бекіте қойдым. "Қызғаншақтық деген қандай жексұрын сезім!" дедім ішімнен. Жазғандарының бәрі көңілге қонымды, одан артық ақиқат хат бола ма?"
Сонымен мен жатып алып, ертеңгі істелетін жұмыстарды ойға салдым. Осы съездің кезінде, жаңа жерде әманда ұзаққа дейін үйықтай алмай жүретінмін, ал бүл жолы жата салысымен ұйықтап кетіппін. Өзіңіз білетін шығарсыз, кейде шырт ұйқыда жатқан адамның электр тогы соққандай шошып оянатыны бар ғой. Бір кезде оянып кеттім және ояна келсем, анау туралы, оған деген еркектік махаббатым, Трухачевский туралы, анау мен оның арасындағы байланыстың біржолата үзілгендігі туралы ойлап жатыр екем. Жүрегімді үрей мен ашу қысып барады.
Бірақ өзіме — өзім ұрса бастадым. "Бұл не ақымақтық, — ешқандай негіз жоқ қой, ештеме де жоқ, ештеме болған да жоқ. Сондай сұмдыққа аузым барып, әрі өзімді, әрі оны қалай қорламақпын. Анау қайдағы бір жалдамалы скрипкашы, оңбаған сілімтір деген аты шыққан адам, ал анау салиқалы әйел, бір үйлі жанның анасы, менің әйелім! Бұ не сандырақ!" деп ойлаймын, бір жағынан. "Олай неге болмасын?" деп ойлаймын екінші жағынан. Анау әлгі әрі оп—оңай, әрі түсінікті нәрсе не себепті болмауы мүмкін, мен оған сол үшін отастым ғой, одан маған керегі тек сол ғана еді ғой, ендеше ол мен сияқты басқаға да, ана музыкантқа да керек болуға тиіс қой. О л өзі бойдақ, дені сау (котлеттің ішінде кеткен шеміршекті оның қарш—қарш шайнап, стақан толы шарапты қып — қызыл ашқарақ еріндерімен қылғыта жұтатыны есімде), өзі тығыршықтай, жып—жылтыр және қолға түскен қызықтан құр қалма дегенді харам емес қағида қылып алған болар. Және оларды өзара жалғастыратын сезімнің ең нәзік үздікпе құмары музыка бар емес пе. Оның қолын байлайтын не бар? Түк те жоқ. Қайта, бәрі де оны қызықтыра түседі. Анаушы? Е, ол кім, тәйірі? Ол деген бір жұмбақ, бұрын қандай болса, қазір де сол Мен оны білмеймін. Оны тек хайуан ретінде ғана білемін. Ал хайуанды ешнәрсе де ұстап тұра алмайды, ұстап тұруға тиіс те емес.
Сол кеште Крейцер сонатасынан кейін қайдағы бір жандым — күйдім бірдемені, кімдікі екенін білмеймін, әйтеуір біреудің бейбастақ сезімді қоздыратын пьесасын орындаған кездегі бет пішіндері ғана енді есіме түсті. Қалай ғана кетіп қалдым екен? — деймін өзіме —өзім, аналардың бет пішінін еске түсіріп жатып, — сол кеште екеуінің арасында бәрі біткені ап—айқын емес пе еді? Және сол кештің өзінде—ақ олардың арасында ешқандай бөгет қалмағаны, олардың ең бастысы — әйелімнің, өз араларында болған істен ептеп қана ұялатыны көрініп—ақ тұрған жоқ па еді? Мен фортепианоның жанына барғанымда, әйелімнің албыраған бетінің терін сүртіп тұрып, аянышты, дәрменсіз ғана жымиғаны есімде. Сол кездің өзінде—ақ олар бір—бірінің бетіне тура қарай алмайтын, кешкі аста жігіт оған су құйып беріп жатқанда ғана екеуінің көздері ұшырасып қалып, болар—болмас жымиысты. Бір—біріне арайлап күлімдей қараған осынау көздер енді есіме түсіп, жағамды ұстадым. Е, болары болып біткен екен ғой дейді маған бір дауыс, тап сол сәтте басқа бір дауыс басқаша айтады: "Сенің көзіңе солай елестеген ғой, әйтпесе өйтуші ме еді" дейді сол басқа дауыс. Тұла бойым тітіреніп, қараңғыда жата алмай, шырпы тұтатып ем, сары қағаз жапсырған осынау кішкентай бөлме үрейімді ұшырды. Шылым тарттым, шешілмейтін қайшылықтардың қоршауында қалып, басыңды тауға да, тасқа да ұрған кездерінде шылым тарту қашаннан әдет қой, өзімді—өзім буалдырға көміп, сол қайшылықтарды көрмеу үшін мен де бір шылымнан соң бір шылым тарта бердім.
Түн баласы ұйқы көргем жоқ, содан сағат бес кезінде "қой, одан әрі мынадай жан күйзелісінде қала беруге болмас, дереу жүріп кетем" деп шештім де, төсектен тұрып, өзіме қызмет жасап жүрген күзетшіні оятып, аттарды алып келуге жібердім. Тығыз жұмыспен мені Мәскеуге шақырып жатыр, сондықтан менің орныма мүшелердің бірі ауыса тұруын өтініп, мәжіліске тілдей хат жолдадым. Сағат сегізде тарантасқа отырып, тартып кеттім.
XXV
Кондуктор келді, балауыздың жанып біткенін көріп, орнына жаңасын қоймай, сөндіріп тастады. Сыртта таң ағарып қалған. Кондуктор вагоннан кеткенге дейін Позднышев жұмған аузын ашпастан тек ауыр күрсінумен болды. Кондуктор шығып кеткен соң ғана әңгімесін сабақтап әкетті, қара көлеңкеде жүріп бара жатқан вагонның әйнек тырсылы мен приказчиктің бір қалыпты қорылы ғана естіліп тұрды. Таңғы елең—алаңда оның бет —жүзін көре алмайтын болдым. Тек оның барған сайын ширыға ызаланған қасіретті дауысы ғана естіліп тұр.
— Атпен 35 шақырым және шойын жолмен сегіз сағат жүру керек. Атпен жүру тамаша. Күн төбеде жарқырап тұрған күздің аязды күндері. Май топырақ қара жолда таға шегесінің ізіне дейін сайрап жататын ондай кезді білетін шығарсыз. Жол тақтайдай, күн көзі жарқырап түр, бойыңды сергітетін таза ауа. Тарантаспен жүру де бір ғанибет. Айнала жарық болысымен жүріп кетіп едім, бойым жадырап сала берді. Аттарға, егін даласына, қарсы жолыққан жүргіншіге қараумен қайда бара жатқанымды да ұмытып кетіппін. Кей—кейде сонда тіпті жай бара жатқандаймын, мен бара қоярлықтай ештеме болмаған тәрізді. Мұндай ұмытшақ сәттерімде бір қуанып қалатынмын. Қайда бара жатқаным есіме түскенде: "бара көрерсің, уайымдай берме!" дедім өзіме — өзім. Оның үстіне орта жолда өзімді біраз кідіртіп, одан бетер көңілімді аулаған оқиға болды: тарантас сынып қалып, соны жөндеу керек болды. Бүл қираудың үлкен маңызы болды, соның салдарынан мен Мәскеуге жетем деген сағат бестің орнына сағат он екіде келдім де, үйге бір кезінде бардым. Өйткені курьер пойызына іліге алмай, жолаушылар пойызына мінуіме тура келді. Арба тауып әкелу, жөндеу, ақысын төлеу, жолаушылар үйінде ішкен шай, аула тазалаушымен әңгіме бар, осының бәрі менің ойымды бөліп, сергітіп тастады. Іңірде бәрі дайын болып, тағы да жүріп кеттім, күндізгіден гөрі, түнде жүру анағүрлым жақсы екен. Айдың жаңа туған кезі, азғана шыңылтыр аяз. Жол әлі де тамаша, рақатқа батып келем, алдымда не күтіп тұрғанын ойлаймын, әлде сол не күтіп тұрғанын біліп, өмір шаттығымен қоштасу үшін рақаттанып алайын деп әдейі ойламадым ба екен. Әйтседе осынау сабырлы қалпымнан, тулаған сезім толқынын ақылға жеңдіру мүмкіндігінен арбадан түсісімен айрылдым да қалдым. Вагонға мінісімен басқа дүние басталды. Вагонмен жүріп өткен осы бір сегіз сағаттық жолым сұмдық азап боп, өмірбақи есімде қалды. Вагонға отырысымен өзімді келіп қалдыға санағандықтан ба, әлде темір жол дегенің адамға солай эсер ете ме, әйтеуір вагонға мінісімен өз қиялым өзіме бағынбай, баяғы сол өзім жоқта анда не боп, не қойғанын, ананың менің көзіме қалай шөп салғанын, бірінен бірі сорақы, қызғанышымды қоздыра түсетін бейбастақ көріністер арқылы керемет ап — айқын ғып көз алдыма бірінен соң бірін елестетті де отырды. Сол елестерді көргенде, ашу—ызадан және бар ғой, намысым аяққа басылды — ау деген ерекше бір сезімнен өртеніп кете жаздадым, ал бірақ сол елестен көз ала алмаймын; қарамауға да шамам жоқ, өшіріп тастау да қолымнан келмейді, көрем дегенімді де көре алмаймын. Ол аз болса, әлгі елестерді көрген сайын соның шындығына сене түсем. Көзіме елестеген сол көріністердің соншама айқындығы күдігімді дәлелдей түскендей, куә болғандай, не бір әзәзіл маған бой бермей, қайдағы бір сұмдық болжамдарды ойлап тауып, ойыма салып келеді. Трухачевскийдің ағасымен баяғыда бір әңгімелескенім есіме түсіп, Трухачевский мен өз әйелімді мазақ қылып, оз жүрегімді ызалы кекесінмен улап келем.
Бұл баяғыда болған "оқиға еді, бірақ есіме түсе кетті. Трухачевскийдің ағасы, әлі есімде, жезөкшелер үйіне барып тұрасыз ба дегенімізде, зиялы адамға қашанда парасатты адам табылады, сондықтан да ол анандай ауру жұқтыратын, әрі лас, әрі жексұрын жерге бармайды деп жауап берген еді. Міне, енді келіп, оның інісі менің әйелімді тауып алыпты. "Рас, ол үлбіреген жас емес, азу тісінің біреуі жоқ, ептеп сары қарын тарта бастаған деп ойлаймын, оған ананың көзімен қарап, — әйтсе де амал нешік, қолда барды пайдаланып қалу керек". — "Иә, ал мұнымен жүрсем, мүсіркегеннен жүрем деп ойлайды, — деймін өзіме өзім. Және бұдан келер—кетер қауіп жоқ. — Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес! Ойыма әлде не түсуін! — деймін зәрем кетіп. — Ондай ештеме де, ештеме де болған жоқ. Және тіпті олай ойлауға ешқандай негіз де жоқ қой. Сенің қызғанғаныңның өзі менің намысыма тиеді деген жоқ па? Иә, оның айтқанының бәрі шылғи өтірік!", — деп айқайлаймын, — тағы қайта басталады... Біздің вагонда жолаушы дегеннен екеу—ақ, кемпір мен шал, екеуі де сөзге өтe сараң, олардың өздері де бір станцияда түсіп қалып, ақыры мен жалғыз қалдым. Торға қамаған жыртқыштаймын: біресе орнымнан ұшып тұра келіп, терезеге жетіп барам, шайқалақтап жүрген болам, вагонды жөндегім келеді, бірақ күллі жаймаларымен салдыр—гүлдір етіп, дәл мынау вагонымыз сияқты, селкілдейді де тұрады...
Сонсоң Позднышев орнынан ұшып тұра келді де, бірер адым жасап, қайта отырды.
— Әй, қорқам мен темір жол вагондарынан, жаным түршігеді. Иә, сұмдық! — деді ол сөзін жалғастырып. — Басқа бірдемені ойлайыншы! — деймін өзіме — өзім. Мәселен, өзім шай ішкен жолаушылар үйінің иесі жайында ойлайыншы: Міне, ұзын сақал аулашы мен оның немересі — өзімнің Васяммен жасты бала көз алдыма елестеді. Менің Васям! Музыкант шешесін сүйіп жатқанын көреді—ау ол Бейшараның жан сарайында не боп жатыр екен сонда? Шешесіне немене? Ол ғашық... Тағы сол баяғы еске түсті. Жоқ, жоқ... Ал енді аурухананы аралап көру жайында ойлаймын. Иә, кеше ана бір сырқат адам дәрігердің үстінен шағым жасады — ау. Ал дәрігердің мұрты бар, Трухачевскийдікі сияқты. Жүрейін деп жатырмын деп алдаған қандай арсыз еді ол.. ол ғана емес, анау да. Тағы да басталды. Не жөнінде ойласам да соған келіп ұрынамын. Жаным керемет күйзелді. Қасіреттің үлкені — дерексіздік, күдік, екі ойлылық, әйелімді сүю керек пе, жек көру керек пе, — соны білмеу екен. Қасіретімнің күштілігі сондай, тіпті шыға келіп, темір жолға жата қалып, вагонның астына түсіп, шаруаны әп—сәтте бітіре қоймақ та болдым, ол ойым өзіме керемет ұнап та кетті. Сөйтсем, ең болмағанда, бұдан былай әйтеуір ештемеге күдіктенбейсің, әрі—сәрі болмайсың ғой. Оны істеуге бір—ақ нәрсе — өзіме деген аяушылық, оған ілесе туатын, анаған деген өшпенділік бөгет жасады. Ал ана жігітке деген көзқарасым бір түрлі; өшпенділік те бар, арымды аяққа басып, өзімді жерлеп кеткеніне қорлану да бар, бірақ әйелімді сұмдық жек көріп кеттім. "Өзімді құртып, оны тастап кетуге болмайды; аздап болса да, ол да тақсіретін тартсын, ең болмаса, менің қаншалықты азап шегіп, күйзелгенімді ұғынсын" деймін өзіме — өзім. Бой жазып, сергу үшін станция сайын сыртқа шығам. Бір станциядағы буфетте жұрттың ішіп тұрғанын көріп, сол арада мен де арақ ішіп алдым. Менің жанымда бір жөйіт түр еді, ол вагонда жалғыз отырмайын деп, оның әрі лас, әрі түтін, әрі шекілдеуіктің қауызы шашылған үшінші класс вагонына бірге еріп бардым. Қасына отырып едім, аузына дамыл жоқ, күлдіргі әңгімелер айтып, көп мылжыңдады. Тыңдап отырмын, бірақ бір сөзін де ұққам жоқ, өйткені әлі өз ойыммен алысып келем. Ол мұнымды сезіп қойып, тыңда деп бәле қылды, сондықтан орнымнан тұрдым да, қайтадан өз вагоныма кеттім. "Ақылға салып көру керек, — деймін ішімнен, — ойымдағым рас па, һәм мен қасірет шегерліктей негіз бар ма?" Асықпай ойлап алайыншы деп отырып едім, сабырлы, салқын ақылдың орнына баяғы әніме қайта бастым: ой елегінің орнына көріністер мен елестер. Азап шеккенім бір осы ма деймін өзіме — өзім (қызғаныштың бұрынғы ұстамалары есіме түседі), "бірақ, солардың бәрі де әшейін бірдеме боп шығып еді ғой. Қазір де солай болар, бәлкім, тіпті әйелімнің қаннен—қаперсіз ұйықтап жатқан үстінен шығармын; ұйқысынан оянып, менің оралғаныма қуанып қалар, ештеңе болмағанын, осының бәрі бос әуре екенін сөйлеген сөзінен, қараған көзінен де түсінермін. Шіркін—ай, солай болса қандай жақсы болар еді!" — "Әй, жоқ, ондай жақсылық тым жиілеп кетті, бұдан былай олай болмайды", дейді маған басқа дауыс, баяғы елес қайта басталды. Азаптың үлкені мынада екен ғой! Жас жігітті әйелдерден жиіркендіру үшін жегілердің емханасына апармай—ақ, өз жаныма үңілтіп, оны кесек—кесегімен жұлып жеп жатқан албастыларды көрсетер ем мен оған! Ең жаманы сол, мен әйелімнің тәнін өз тәнімдей көріп, оған билік жүргізуге даусыз, толық хақым бар деп есептедім, бірақ соған қарамастан, ол тәнге билік жүргізе алмайтынымды, ол менің тәнім емес, сондықтан әйелім оны қалай жұмсаймын десе де еркі бар екенін, бірақ менің айтуыммен жүрмейтінін де сезінемін. Және мен оған да, анаған да ештеме істей алмаймын. Анау дар алдындағы кілтші Ванькаша шекер — балдай аузынан қалай сүйіп алғанын т. б. шырқап береді. Ол сонысымен жеңеді. Ал мынаған келгенде, мен одан да дәрменсізбін. Егер ол әйел әлі ештеме жасап үлгірмеген болса, бірақ жасағысы келсе, ал жасағысы келетінін анық білем, онда тіпті жаман: көзім анық жетуі үшін, әрі—сәрі неғайбіл болмауы үшін, жасап үлгіргені дұрыс еді. Өзімнің не тілегенімді өзім де білмеймін. Менің тілегім: әйелім аңсауға тиіс арманын аңсамаса екен деймін. Барып тұрған есалаңдық екен ғой!
— Соңғы станцияның алдында, кондуктор билеттермізді алайын деп келгенде, заттарымның бәрін жинап алып, бөгесінге шықтым да, түйіннің шешілетін кезі таяу қалды деген ой одан сайын толқыта түсті. Тұла бойым қалтырап кетті, тісім — тісіме тимей сақылдап барады. Көппен бірге қарбаласып, вокзалдан шықтым да, арбакеш алып, үйге тарттым. Ештеме де ойламай, анда—санда кездескен жолаушылар мен аулашыларға, шам жарығында астымдағы арбамның біресе алға, біресе артқа түскен көлеңкесіне жағалай қарап жүріп келем. Жарты шақырымдай жүрген соң, аяғым тоңа бастады, вагонда жүн шұлығымды шешіп алып сөмкеге салғаным есіме түсті. Сөмке қайда? Осында. Кәрзеңке қайда? Жүгімді ұмытып кеткенім есіме түсті, бірақ қолхатты тауып алып, жүрегім орнына түсті де, соған бола қайта қайтудың қажеті болмас деген түйінге келіп, ілгері жүре бердім.
Сондағы халімді қанша есіме түсірейін десем де, ештеме шықпай—ақ қойды: нені ойладым? Не істегім келді? Түгін де білмеймін. Бір есімде қалғаны: өз өмірімде керемет бір сұмдық, керемет маңызды нәрсе болғалы тұрғанын сезіндім. Сол маңызды оқиға мен солай ойлағандықтан болды ма, әлде солай болады — ау деп болжағандықтан болды ма, білмеймін. Бәлкім, болар іс болғаннан кейін оның қарсаңындағы минуттар менің есімде кіл жүдеу қалпында сақталған болар. Есік алдына таяндым. Сағат бірге кеткен. Қақпаның алдында, шам жанып тұрған терезелерде жолаушы бар деп, бірнеше арбакеш күтіп түр екен (шам жанулы әйнектер біздің пәтерде, зал мен қонақ үйде көрінеді). Түн ортасы ауғанша біздің терезелерде шам неге жанып тұр деген сұрақ ойға да келген жоқ, ғаламат бір сұмдықтың боларын ішім сезген сол баяғы қалпымда баспалдақпен жоғары көтеріліп, қоңырау соқтым. Ақ көңіл, ұқыпты һәм тым аңқау малайым Егор келіп есік ашты. Көзіме ең алдымен оттай басылғаны, ауыз үйдегі адалбақанда басқа киімдермен бірге ілулі тұрған ананың шинелі болды. Сол арада таңдануға тиіспін ғой, жоқ, осылай болатынын білгендей таңданған жоқпын, "Айтқаным келді" дедім ішімнен. Егордан үйде кім бар деп сұрап ем, Трухачевскийді айтты, одан басқа тағы кім бар деп сұрадым.
— Басқа ешкім жоқ, тақсыр, — деді ол Анда басқа тағы біреу бар ма деген күдігімді сейілтіп, мені қуантқалы тұрғандай боп көрінгені әлі есімде. "Басқа ешкім жоқ, тақсыр. Солай —солай", — дегендей болдым ішімнен.
— Ал балалар ше?
— Құдайға шүкір, дендері сау. Тақсыр, олар әлдеқашан ұйықтап қалған.
Тынысым тарылып, селкілдеп бара жатқан екі жағымды тоқтата алмай қалдым. "Иә, демек, менің ойлағанымдай болмай шыққан екен: бұрын бір бәлеге ұшыраған шығармын дегенде, әманда бәрі жақсы, бәрі бұрынғы қалпында болып шығушы еді. Енді, міне, бәрі де бұрынғы қалпында емес; міне, көз алдыма қалай елестетсем, қалай деп ойласам, сол елестің бәрі, міне, ақиқат болып шықты. Бәрі де бітті деген, міне, осы...
Өкіріп жылап жібере жаздадым, бірақ сол баяғы әзәзіл: "Жылай ғой, егіле ғой, аналар аспай—саспай ажырасып кетіп, мойнына қоятын айғағың болмай қалсын десең, сонсоң өмір бақи күдікпен азап шегесің" деп ақыл қосты. Осалдығым бірден ғайып болып, бір түрлі бір сезім — айтсам, нанбайсыз ғой, азаптан ақыры құтылатын болдым — ау, енді әйелімді жазалауыма да, одан мүлде құтылуыма да болады, ашуға тізгін беріп бір көрейін деген шаттық сезім пайда болды. Ашуға тізгінді бердім — ау еркінше, мен жыртқыш аңға, ызалы да зұлым аңға айналдым.
— Керегі жоқ, керегі жоқ, — дедім қонақ үйге бара жатқан Егорға, — сен былай істеші: сен бар ғой, бар да, тезірек арбакеш жалдап, тез тарт; міне түбіртек, нәрселерімді алып кел Бара ғой.
Ол дәлізді бойлап, пальтосына кетті. Аналарды үркітіп алар деп қауіптеніп, оны жататын шоланына дейін ертіп апарып, киінгенінше қарап тұрдым. Келесі бөлменің ар жағындағы қонақ үйден күбір—күбір әңгіме, пышақ пен шанышқы сылдыры естіледі. Тамақ ішіп жатып, есіктің қоңырауын естімеген ғой. "Қазір шығып қалмаса екен" деп ойлаймын. Егор пальтосы мен елтірі астрахан бөркін киіп шығып кетті. Мен оны шығарып салып есікті жауып алдым, ақыры оңаша қалдым—ау деген ой келгенде тұла бойым тітіреп кетті. Не істеймін — оны әлі өзім де білмеймін. Бар білетінім — бәрі де құрыды, оның күнәкарлығына дүдәмал болуға тиіс емеспін, қазір мен оның сазайын тарттырып, сөйтіп онымен жал—құйрық кесісуім керек.
Бұрын мен әлі де болса дүдәмалда болатынмын, "бәлкім, бүл жалған болар, бәлкім, мен қаталасқан шығармын" дейтінмін ол кезде ішімнен, енді оның бірі де жоқ. Бәрі де қайтпастай боп шешілді. Менен жасырын, ұзақ түн екеуі оңаша отыруын! Дүниенің бәрі тіпті естерінен шығып кеткені ғой. Я болмаса, одан да сорақы болуы мүмкін қылмысын жасырып, бейкүнә боп көріну үшін осылай әдейі өжет қимылға барды ма екен? Бәрі де белгілі. Дүдәмал жоқ. Анау екеуі екі жаққа қаша жөнеліп, тағы бір өтірікті ойлап тауып, бұлжытпас айғағымнан, сазайын тартқызу мүмкіндігімнен айрылып қалмасам жарар еді деп қана қорқам. Екеуін қылмыс үстінде тезірек ұстау үшін, аяғымның ұшынан басып, залға қонақ үй емес, дәліз бен балалар бөлмесі арқылы бардым. Балалардың бірінші бөлмесінде балалар ұйықтап жатыр. Балалардың екінші бөлмесінде даяшы әйел оянғысы кеп, аунай бастады, ол байғұс не болғанын түгел білгенде не деп ойлар екен деген ой келді басыма; сол сәтте өзімді — өзім аяп кеткенім сонша, көз жасыма ие бола алмай қалдым, балаларды оятып алмау үшін, аяғымның ұшынан басып дәлізге жүгіріп шықтым да, кабинетімдегі диваныма сұлай кетіп, еңіреп қоя бердім.
"Мен — адал адаммын, мен — ата—ананың перзентімін, мен өмір бойы отбасының бақытын ойлаумен болдым, мен өмір бойы өз әйелімнің үстінен жүрмеген еркекпін... Сондағым мынау! Қатарынан бес баламыз бар, ал ол ерні қызыл екен деп, музыкантпен аймаласады! Жоқ, бүл адам емес! Бұл — қаншық, жексұрын қаншық! Балалар бөлмесінің дәл қасында, соларды ғой жақсы көрем деп өмір бойы алдап келді. Және маған жазған хатын қарашы! Сөйте тұра, сайқалданып ананың мойнына асылуын! Е, мен немді біліп жүрмін? Мүмкін оның істейтіні ылғи осы шығар. Менің балам боп есептеліп жүрген балалардың бәрін, мүмкін, ол баяғыда малайлардан тапқан шығар. Егер ертең келсем ғой, шашын сәнмен өріп, белі тал шыбықтай бұралып, кербез басып қарсы алар еді—ау мені (оның сұлу да жексұрын келбеті көз алдыма елестей қойды), содан ғой қызғаныштың қызыл иті жүрегімде өмірбақи ырылдап, кемірер де жатар еді—ау жанымды. Даяшы не деп ойлар екен, ал Егоршы? Әй сорлы, Лизочка — ай! Оның бірдемені түсіне бастаған кезі ғой. Соған қарамай сайқалдық жасауын! Жәдігөйленуін! Өзіме мәлім хайуани нәсіпқұмарлығын ананың!" — деймін ішімнен.
Орнымнан тұрайын деп едім, тұра алмадым. Жүрегімнің дүрс—дүрс соққаны соншалық, аяғымнан тік тұра алатын емеспін. Е, менің бұл соққыдан өліп кетуім мүмкін ғой. Ол мені өлтіріп тынады. Оған керегінің өзі со л Өлтірмей қайтеді? Жо—жоқ, бұл оған өте пайдалы екен, ондай қуанышқа жеткізбеймін мен оның қолын. Иә, мен әлі отырмын, ал аналар анда ішіп—жеп, күліп—ойнап жатыр, сонсоң... Иә, әйелім үлбіреген жас болмағанмен, менсінбей кеткен ол жоқ: "дегенмен ол түрсіз әйел емес, ең бастысы, әйтеуір ана жігіттің аялаған тән саулығына залалы жоқ. Осы әйелді ана жолы неге қылқындырып өлтірмедім екен?" —деймін өзіме — өзім, осыдан бір жеті бұрын оны үйден қуып шығып, нәрселерімді қиратқан кезім есіме түсіп. Сол кездегі өз халім есіме түсті, есіме түсіп қана қоймай, тағы да сол күнгідей қолыма түскенді қиратып, күл—талқан қылғым кеп кетті. Қайткенде де қимылдап қалғым келгені, қимылдан басқа миыма ештеме де келмегені есімде. Басына қатер төнген аңның немесе адамның тұла бойы қандай қызынатын болса, мен де сондай халге жеттім, ондайда адам бір минутын да босқа жібермей, бірақ аспай—саспай, дәл қимылдайды және көздеген бірақ мақсаты болады.
— Ең алдымен жасаған әрекетім — етігімді шештім, шұлықшаң қалдым да, диван тұсындағы мылтықтарым мен қанжарларым ілулі тұрған қабырғаға келіп, өмірі ұсталмаған және сұмдық өткір, қайқы дамас қанжарымды алдым. Қынабынан суырдым. Әлі есімде, қынабы диванның артына түсіп кетті, "кейін оны тауып алу керек, әйтпесе жоғалып қалар" дегенім де есімде. Сонан соң үстімнен әлі шешпеген пальтомды шештім, сөйтіп, шұлықпен ғана аяғымды еппен басып, солай қарай беттедім.
Білдірмей барып, есікті ақырын ғана аштым. Бет — әлпеттері әлі есімде. Әлпеттерін ұмытпайтын себебім, ол мені ызалы шаттыққа бөледі. Жан түршігерлік қорқыныш тұрды беттерінде. Маған керегінің өзі де сол еді. Мені көргендегі алғашқы секундта екеуінің де бетіне ойнап шыға келген жан тәсілім үрей әлі күнге есімде. Меніңше, ол жігіт үстел басында отырды ғой деймін, бірақ мені көре салып ұшып тұра келіп, шкафқа арқасын тіреп қалт тұра қалды. Бетінде — бір ғана үрей. Әйел де қорыққаннан өңі қуарып кеткен, бірақ оның жүзінде қорқыныштан басқа тағы бірдеме бар. Егер әйелімнің жүзінде қорқыныштан басқа ештеме болмаса, бәлкім, болған істің болмауы да мүмкін еді, бірақ оның бетінде ең кем дегенде, менің алғашқы сәттегі байқауымша, сүйіспеншілік ләззатына, анаумен тапқан бақытына бөгет жасағаныма өкініш пен реніш бар сияқты, осы сәтте бақытына кеселдік жасамаса, оған содан артық ештеменің керегі жоқ тәрізді. Жүздеріндегі екі құбылыстың екеуі де көзді ашып — жұмғанша ғайып болды. Жігіттің жүзіндегі үрей: "өтірік айтуға бола ма, жоқ па?" деген сұрақ нышанымен алмасты. Егер мүмкін болмаса, онда бастай беру керек. Мүмкін болмаса, онда басқа бірдеме басталып кетеді. Бірақ, сонда, немене? Ол сұрақты пішінмен әйелге қарады. Ананың жүзіндегі өкініш пен реніш белгісі, жігітке қараған көзінен ұқтым, соның қамын ойлаумен алмасқан тәрізді.
Қанжарды артыма ұстап, есіктен кіре бере бір сәтке тоқтай қалдым. Жігіт сол кезде барып күлімсіреді де, кісінің күлкісі келетіндей жайбарақат үнмен:
— Ал біз музыкалатып жатыр едік... — деді.
— Келе қояр деп ойламап ем, — деді анау дәл сол сәтте, мынаның ырғағынан шыға алмай.
Бірақ мынау да, анау да айтып үлгірген жоқ: осыдан бір жеті бұрын тұла бойымды билеп алған ызалы есірік бұрқ етіп қайтадан шыға келді. Тағы да қолға түскенді қиратқым, жайратқым келіп, долы есірікке құшырлана ноқтамды ағыттым да жібердім.
Екеуі де айтам дегенін айтып үлгірмеді... Ана жігіттің қорыққан нәрсесі басталды да, сөздерін шорт кесті. Әйелімді жүрек тұстан, ала бүйірден ұруыма ана жігіт бөгет болмасын деп, қанжарымды артқа ұстаған қалпым, әйеліме тап бердім. Ол тұсты әуел бастан таңдап алғам. Оған тап бергенімді анау көріп қалып, қолымнан шап беріп ұстай алды, одан ондай шығады деп ойламап ем:
— Ақылға келіңіз, мұныңыз не! Халайық! — деп айқай салды ол.
Қолымды жұлып алып, үн—түнсіз өзіне тарпа бас салдым. Көзі — көзіме түсіп кетіп еді, өңі, ерніне дейін ақ матадай аппақ боп кетті, көзінде мен күтпеген бір сәуле жарқ ете түсті де, фортепианоның астымен есікке қарай қаша жөнелді. Соңынан қуа жөнелейін деп едім, сол жақ қарыма зілдей бірдеме жабыса кетті. Бүл — әйелім еді. Жұлқына тарттым. Ол одан сайын асыла түсіп жібермей қойды. Ойда жоқтағы осы бөгесін зілдей ауырлығы және жынымды келтіріп жабыса қалуы ыза—кегімді ушықтырып әкетті. Әбден долданып алғанымды, түрімнің жан түршігерлік екенін сезінем және соған қуанып та жүрмін. Сол қолымды бар пәрменіммен сілтеп қалып ем, шынтағым дәл бетіне сарт ете түсті де. Ол шыңғырып қалып, қолымды қоя берді. Жігіттің соңынан қуа жөнелейін деп ем, аяғымдағы құр шұлықпен көшеде әйелімнің ойнасын қуып жүргеніме жұрт күлер деген ой сап ете түсті, ал менің күлкі болғым келмейді, қорқынышты дүлей болғым келеді. Сұмдық долданып жүрсем де, өзімнің басқаларға қандай эсер ететінімді ылғи сезіп жүрдім, керек десеңіз маған мұрындық болған да сол эсер. Әйеліме қарай жалт бұрылдым. Ол төсағашқа құлап түсті де, жаралы көзін қолымен басып, бетіме тура қарады. Жүзінде торға түскен атжалманның тор қақпағын ашарда дұшпанына ызалана қарағаны сияқты, қорқыныш пен маған деген өшпенділік бар. Әйтеуір оның жүзінен осы үрей мен өзіме деген өшпенділіктен басқа ештеме көре алмадым.
Бұл үреймен маған деген мынау өшпенділік оны қайткенде де басқа жанға ғашық қылуға тиіс еді. Әйтсе де, егер ол үн қатпаған болса, мен анау істегенімді істемей, сабыр сақтаған болар едім. Бірақ ол бірдеме деп, қанжар ұстаған қолыма жармаса берді.
— Ақылға кел! Мұның не? Не болды саған? Ештеме де болған жоқ, ештеме, ештеме... Ант етем!
Әлі біраз аялдай тұратын ем, бірақ соңғы сөздерін кері мағынасында, яғни болары болып, бояуы сіңді деген мағынада түсіндім де, дереу жауап қайтардым. Жауабым өзіме — өзімді әкелген, барған сайын crescendo, онан сайын буырқана түсуге тиісті көңіл күйіме сай болуы керек. Долданудың да өз заңдары бар.
— Алдама, сұмпайы! — деп ақырып, сол қолыммен қолынан шап беріп ұстай алдым, бірақ құтылып кетті. Содан кейін қанжарды қолымнан тастамай, дегенмен сол қолыммен кеңірдегінен ала түстім де, шалқасынан құлатып, қылқындыра бастадым. Мойны қандай қатты еді... Ол екі қолыма қос қолдап жабысып, алқымын босатуға жанталасты, соны ғана күтіп тұрғандай, бар күшіммен қанжарды сол жақ бүйірінен, қабырғадан төменірек салып кеп алдым.
Егер біреу ашу қысқанда не істегенімді білмеймін десе, онысы шылғи өтірік. Бәрі де есімде, әрбір секундына дейін есімде қалыпты. Ішімді кернеген долылық буын өзім өршітіп, буырқана түскен сайын ақыл—санам сәулесі жарқырай түсті, қолмен істегенімді көзбен көрмеуге лажым қалған жоқ. Не істейтінімді күнілгері білдім деп айта алмаймын, ал бірақ сол секундта, тіпті одан сәл бұрынырақ — ау деймін, өкінуге мүмкіндік болуы үшін, ішімнен әлі де болса сабыр етуге болатын еді—ау деу үшін әдейі жасағандай, өзімнің не істеп жатқанымды біліп тұрдым. Қабырғасынан төменірек ұратынымды, қанжардың бойлай өршеленіп қадалатынын біліп тұрдым. Сөйткен шағымда бұрын еш уақытта жасамаған бір сұмдықты бастайын деп жүргенімде, оның ақыры сұмдық зардабы болатынын білгем. Бірақ ақыл—сана найзағайдай жалт етті де жоқ болды, оның ізінше қимыл да жетіп үлгірді. Ол қимыл айрықша ап — айқын анда сайрап тұр. Қанжарымның жалпақ іштартпаға, тағы бірдемеге тіреліп, сәл ғана тұтқырланғаны, сонан соң жұмсақ бірдемеге кірш етіп еніп кеткені анық сезіліп тұрды да, есімде бәрі ап—айқын сақталыпты. Ол екі қолымен қанжардан ұстай алды, текке қолын кескенмен, тоқтата алмады. Кейінірек абақтыда отырғанымда, жан сарайымда рухани төңкеріс болып өткеннен кейін, осы бір сәт жайында ұзақ ойландым, әлім келгенше есіме түсіріп, сарапқа салдым. Сол әрекеттің дәл алдында бір сәтке ғана, тек бір сәтке ғана, апыр—ау, осы мен кісі өлтіріп жатырмын —ау, қорғансыз әйелді, өз әйелімді өлтірдім — ау деген сұмдық ойдың сап ете қалғаны есімде. Сұмдық жасағанымды сезгенде төбе шашымның тік тұрғаны есімде, сондықтан да қанжарды тығуын тықсам да, бүлдіргенімді жөндегім, тоқтатқым келіп, қайта суырып алған болармын деймін, солай жасағаным болар—болмас есімде де қалғандай. Енді не болар екен, жөндеуге болар ма екен деп бір секундтай қалшиып тұрдым да қалдым. Ол ұшып тұра келіп:
— Даяшы! Мынау мені өлтірді ғой! — деп шыңғырып жіберді.
Айқай—шуды естіп келіп, даяшы есікте түр екен. Артын бағып, өз көзіме өзім әлі сенбей тұрмын. Бірақ сол арада іштартпаның сыртына қан шыпшып шыға келді. Енді түзеуге болмайтынына сонда ғана көзім жетті де, болмаса, болмағаны да жөн, өзімнің күткенім де осы емес пе еді, бәрібір солай етуге тиіс едім ғой деген түйінге келдім табан аузында. Ол құлап түсіп, даяшы: "әкетайым — ай!" деп шыңғырып жанына жүгіріп келгенше тұра тұрдым да, содан кейін ғана қанжарымды анадай жерге лақтырып жіберіп, бөлмеден шығып жүре бердім.
"Саспау керек, не істегенімді біліп отыруым керек" дедім өзіме — өзім, анау мен даяшыға қарамай. Даяшы айқайлап, қызды шақырып жатыр. Мен дәлізді бойлап барып, қызды сонда жібердім де, өз бөлмеме тарттым. Енді не істеу керек дедім өзіме — өзім, не істеу керектігін табан аузында таптым да. Кабинетке кірісімен тұп—тура қабырғаға жетіп барып, ілулі тұрған тапаншаны алдым, қарап шығып ем, оқтаулы екен, — оны үстел үстіне қойдым. Сонан соң диванның артында жатқан кітапты алып, диванға отырдым. Мен солай ұзақ отырдым. Ештеме ойлағам да жоқ, ештемені еске түсіргем де жоқ. Ана жақта абыр—сабыр әбігер боп жатқанын құлағым шалады. Біреулердің келгенін, одан тағы біреулердің келгенін естіп жатырмын. Сонан соң, Егордың менімен бірге келген кәрзеңкені кабинетке кіргізгенін құлағым естіп, көзім көрді. Біреуге соның қажеттігі болған болар ма, тәйірі!
— Не болғанын есіттің бе? — дедім мен. — Аулашыға айт, полицияға хабар берсін.
Ол ештеме демей шығып кетті. Мен орнымнан тұрып, есікті кілттеп, темекім мен шырпымды алып шылым тарттым. Тартып болуға қаратпай, бір ұйқы сол арада алып ұрды. Сірә, екі сағаттай ұйықтаған болуым керек. Әлі есімде, түсімде анау екеуміз тату—тәтті тұрады екенбіз, мұның өзі азап бөгесін болғанымен, екеуміз тату тұрады екенбіз деймін. Біреу есікті дүрсілдетіп, оятып жіберді. "Бұл полиция болар, — деп ойлаймын ояна келе. — Мен өлтіріп тастаған сияқты едім ғой. Мүмкін бүл әйелімнің өзі шығар, мүмкін ештеме болмаған шығар". Есік тағы тарсылдады. Соның өзі болды ма, болмады ма деген сұрақты шешемін деп отырып, ешбір жауап бермедім. Иә, болған. Пышақтың іштартпаға барып тіреліп, сонсоң барып жұмсақ етке кіріп кеткені есіме түсті де, тұла бойым түршігіп кетті. "Е, болған екен ғой. Иә, енді өзімді де сөйту керек" дедім өзіме — өзім. Бірақ солай дегенмен, өзімді—өзім өлтірмейтінімді білем. Алайда орнымнан тұрып, тапаншамды қайтадан қолға алдым. Бір ғажабы: әлі есімде, бұрын мен талай рет өзімді — өзім өлтіре жаздаған болатынмын, мәселен, тіпті, әнеукүнгі темір жол бойында бүл маған оп—оңай сияқты көрінді, өйткені онда мен әйелімді солай етіп жеңбек едім. Енді мен өзімді—өзім өлтіру түгіл ондайды ойға алуыма да болмайды. "Өйтіп қайтем?" деймін өзіме — өзім және ол сұраққа жауап ала алмаймын. Есікті тағы тарсылдатты. "Ең алдымен кім тарсылдатып тұрғанын біліп алу керек. Әлі үлгірем ғой". Тапаншамның үстіне газет жаба салдым. Есікке барып, ысырма тиегін ағытып жібердім. Бүл келген әйелімнің апасы екен, ақ көңіл, аңқау жесір.
— Вася! Бұл не? — деді ол, содан кейін әманда дайын тұратын көз жасы нөсерлей жөнелді.
— Не керек? — дедім дөрекіленіп. Оған тұрпайылық көрсетудің керек емес екендігін, ешбір күнәсі жоқ екенін сезіп тұрып, бірақ басқаша қалай сөйлесудің ретін таба алмадым.
— Вася, ол өлейін деп жатыр ғой! Иван Федорович айтты.
Иван Федорович дәрігер еді, соның дәрігері, ақылшысы болатын.
— Ол осында ма? — деп сұрадым мен, әйеліме деген ыза мен кек сол арада қайта лықсып шыға келді. — Ал, сонда немене?
— Вася, барсайшы жанына. Апыр—ай, бүл не деген сұмдық, — деді ол.
"Барсам ба екен жанына?" — деп қабырғаммен кеңестім. Бару керек деген шешімге келдім сол арада, сірә әйелін өлтірген күйеулер қашаннан сөйтетін шығар, олай болатын болса, дереу бару керек, "салт солай болса, бару керек, — дедім өзіме — өзім. — Анандай қажет болса, қай кезде болса да үлгірем ғой" деймін, атылып өлем дегенім есіме түсіп, сөйтіп анаған кеттім. "Сөз, тыржиыс деген басталды ғой енді, бірақ мен оларға көне қоймаспын" деймін ішімнен.
— Тоқтай тұр, — дедім мен апайға, — аяқ киімсіз бару ыңғайсыз ғой, ең болмаса туфлиімді киіп алайын да.
XXVIII
— О ғажап! Бөлмемнен шығып, үйреншікті бөлмелердің бойымен кетіп бара жатқанымда, ой, осы ештеме де болмаған шығар деген үміт көңілімде қайта тұтанды, бірақ дәрігердің әлгі бір йодоформ, карболка деген жексұрындарының исі жанымды түршіктірді. Жоқ, болар іс болған. Дәліздің бойымен балалар бөлмесінің жанынан өтіп бара жатып, Лизажанымды көрдім. Ол маған үрейлі көзбен қарайды. Сол арада бес баламның бесеуі де маған қарап тұрған тәрізді боп көрінді. Есігіне барып ем, қызметші әйел ішкі тиегін ағытып, өзі шығып кетті. Ең алдымен көзіме түскені — оның қап—қара қан боп орындықта жатқан ақшыл сүр көйлегі. Біздің екі адамдық төсегімізде, тіпті менің орнымда жата кетуге оңтайлы төсағашта тізесін жоғары көтеріп әйелім жатыр. Омырау түймелері ағытулы, басы тым көлбеу, жалғыз—ақ жастық салыпты. Жараның аузына бірдеме таңып қойған. Бөлме йодоформ сасиды. Бәрінен бұрын және ең қатты шошытқаны — беті де, мұрнының біраз бөлегі мен көзінің алды да көкпеңбек боп ісіп кетіпті. Бұл оның мені ұстап қалам деп жармасқан кезінде, шынтағыммен ұрғанымның нәтижесі еді. Жүзінен ешқандай сұлулық нышанын көре алмадым, қайта маған жиіркенішті боп көрінгендей болды. Табалдырықта қалшидым да қалдым.
— Жақында! Жақын барсаңшы жанына, — деді маған апасы.
"Е, бұның кінәсын мойындағысы келетін шығар", — деп ойладым. "Кешірсем бе екен? Е, бүл өлейін деп жатыр ғой, кешіре салуға да болады", — деп ойлаймын, кеңпейіл болуға тырысып. Жанына жақын бардым. Ол көзін зорға ашып, маған қарады, бір көзі ісіп кетіпті, арасын үзіп — үзіп, әзер дегенде былай деп тілге келді:
— Дегеніңе жеттің, өлтірдің... — Ауыр жарадан жаны қиналып, өлім халінде жатса да, жүзінен өзіме таныс ызғарлы өшпенділіктің ызбары көрініп тұр. — Балаларды... Бәрібір мен саған... бермеймін. Мынау (оның апасы) алады...
Мен үшін ең бастысы жайында ләм—мим демеді, оны айтуға тұрмайтын бірдеме деп есептейтін тәрізді.
— Иә, не істегеніңді көріп, көз қандырып ал, — деді ол, есік жаққа қарап, сөйтті де жылап жіберді. Есік алдында апасы балалармен тұр екен. — Әне, сенің істеген ісің.
Балаларға бір, өзінің күп боп ісіп кеткен бетіне бір қарадым, өмірімде бірінші рет өзім де, өз құқым да, өз көкірегім де есімнен тарс шығып кетті, мен бірінші рет оны адам ретінде көрдім. Бұдан бұрын намысыма тиді деп жүргенімнің бәрі, — бүкіл қызғаныш атаулым мынау қылығымның қасында түк емес екен ғой деп ойладым, етпетімнен жата қалып қолын сүйейін: "Кешір!" — деп айтайын деп едім, бірақ батылым бармады.
Ол екі көзін тарс жұмып үнсіз жатыр, сірә одан әрі сөйлеуге әлі жоқ сияқты. Сонан соң қанталаған беті дір — дір етіп, тыржиып кетті. Ол мені әлсіз ғана кері итерді.
— Осының бәрін не үшін жасадың? Не жазығым бар еді?
— Кешіре гөр мені, — дедім.
— Кешіру ме? Мұның бәрі ақымақтық!.. Тек өлмей аман қалсам екен!.. — ол шыңғырып жіберіп, басын көтермек болды. Жанталасып от шашқан көздерімен маған тесіле қарады. —Иә, сен өз дегеніңе жеттің! Жаным жек көреді сені!.. Ә — әй! Ах! — деп шыңғырып жіберді, сірә, сандырақтап кетіп, бірдемеден зәресі ұшса керек. — Кәне, өлтір, өлтір қорықпаймын мен сенен... Бірақ бәрін, бәрін, ананы да. Кетіп қалды ма, кетіп қалды—ау!
Сандырақ бір сәт тоқтаған жоқ. Ешкімді танудан қалды. Сол күні түске қарай жан тапсырды. Оның алдында, сағат 8—де, мені бөлімшеге, одан абақтыға апарған. Сонда он бір ай сот күтіп отырып, оз халімді де, өткен істі де ой елегінен өткізіп, әбден ұғындым. Үшінші күні—ақ ұғына бастағам. Үшінші күні мені анда алып барған...
Ол бірдеме айтқысы келді де, өзін—өзі ұстай алмай, еңіреп жіберетінін біліп тоқтай қалды. Бар күшін жинап, қайта жалғастырды:
— Оның табытта жатқанын көргенде ғана ұғына бастағам... — Өксіп қалды да дереу сөзін сабақтап әкетті. — Өзімнің не істегенімді оның әлі дидарын көргенде ғана бір — ақ түсіндім. Оны өзім өлтіргенімді, кеше ғана сап—сау жүріп жүрген, жып—жылы ол бүгін менің қырсығымнан ешбір қимылсыз, мұп — мұздай балауызға айналғанын, оны енді ешуақытта да, ешқайда да, ешнәрсемен жазып ала алмайтынымды сонда ғана түсіндім. Басынан өткермеген адам мұны қайдан түсінсін. У! У! У! — деп бірнеше рет уһледі де тына қалды.
Біз көпке дейін үнсіз отырдық. Ол қарсы алдымда үнсіз селкілдеп, өксіп — өксіп қояды.
— Жә, ғафу етіңіз...
Ол менен теріс айналды да, жамылғысын бүркеніп, сәкіге қисайды. Өзім түсетін станцияға келгенде, — таңғы сағат сегіз шамасы болатын, — қоштасайын деп қасына барып ем. Ұйықтап жатыр ма, әлде жорта сөйтті ме, әйтеуір қозғалмады. Қолыммен түртіп ояттым. Ол жамылғысын ашқанда, ұйықтамай жай жатқаны көрініп тұрды.
— Қош боп тұрыңыз, — дедім мен қолымды беріп.
Ол маған қолын беріп жатып сәл ғана езу тартып еді, жылағанға бергісіз екен, еңіреп қоя бергім келді.
— Иә, ғафу етіңіз, — деді о л күллі хикаясын тәмәмдаған жалғыз сөзді тағы қайталап.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі