Қазіргідей білімнің қадірі барынша артқан, ақпаратты технологиялар заманында елімізде жоғары білім берумен айналысатын мекемелер аз емес – бұл, әрине заңды құбылыс. Алайда сол толып жатқан оқу орындарының бәрі бірдей заман, қоғам талабына толық жауап береді деп айту қиын.
Жоғарғы оқу орындарының ішіндегі шоқтығы биік, дара университет – 90 жылдық тарихы бар көнекөз университет – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болып табылады. Бұл университет өзінің ұзақ ғұмырында қалыптасқан байыпты да байсалды тәжірибесімен ерекшеленетін дәстүршіл оқу орны ғана емес, сондай-ақ замана талабына дер кезінде жауап беруші, білім берудің жаңа технологияларын бірінші болып игеруші, жаңашыл университет.
Қазақстандық университеттердің ішінде алғаш болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 2020 ж. 165 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы да бірнеше сатыға көтерілді. Рейтинг бойынша ең үздік 200 университеттер тобына посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кіреді, бұл – ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).
Университеттің осы жетістіктерге қол жеткізуіне тарих факультеті де –қомақты үлес қосып отыр. Факультетте бірқатар мамандықтар бойынша мамандар дайындалады, атап айтқанда, «Тарих» (соның ішінде, ғылыми және педагогикалық бағыттар бойынша), «Археология» және «Этнология», «Мұражайтану және ескерткіштерді қорғау», «Мұрағаттану, құжаттану және құжаттармен қамтамасыз ету», «Кітапхана ісі» сияқты негізгі мамандықтарымен бірге, өткен оқу жылында «Тарих және география», «Басқаруды құжаттамамен қамтамасыз ету және архивтердегі ақпараттық технологиялар» және басқа да бірқатар қоғамда сұранысқа ие болып отырған жаңа мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары жасалып, оқу үдерісіне енгізілді. Аталмыш мамандықтар бойынша білім беру факультеттің үш кафедрасы – «Қазақстан тарихы», «Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану», «Археология, этнология және музеология» кафедраларының базасында жүзеге асырылады.
Факультет бірқатар жылдардан бері Болония үдерісі елдерімен белсенді әріптестік қызметін жалғастырып келеді. Соның ішінде білім беру ісін интернационализациялау бағытындағы іс-шараларға Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы қомақты үлес қосып отыр. Осы бағыттағы аса маңызды жетістік – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемнің белгілі университтетері – Ресей Мемлекеттік гуманитарлы университеті, Италияның Ла-Сапиенза университеті, сондай-ақ Түркияның Стамбул университеттерімен тарих мамандығы бойынша қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша мамандар дайындау туралы келісімнің жасалуы болып табылады. Аталмыш келісімдер іс жүзіне асырылып, 2018 жылдан бастап қос дипломды мамандар дайындау жолға қойылды. Қос дипломды білім беру бағдарламаларының алғашқы иегерлері, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Италияның Ла Сапиенза университеттерінің дипломын қатар алған Сейлбекова Меруерт және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және РМГУ-дің дипломдарын қатар алған Жүнісбаева Аида дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылды.
Сондай-ақ, кафедрада мамандар даярлау аясында Еуропа, АҚШ, Ресей, Жапония, Корея және Түркияның ең үздік ЖОО-мен және ғылыми ұйымдарымен қызметтестік байланыстар орнатылған. Кафедра магистранттары аталмыш университеттерде ғылыми-зерттеу тағылымнамаларынан тұрақты түрде өтіп отырады. Сондай-ақ факультеттің бакалавриат деңгейіндегі студенттері де, өзара алмасу бағдарламасы бойынша аталған университеттерде білімін толықтырып қайтып отырады. Сонымен бірге, аталмыш шетел университеттерінен ғалымдар шақырту ісі де жолға қойылған. Атап айтқанда, кафедраның шақыртуымен 2017 жылдың 16 қазаны – 30 қарашасы аралығында Невада университетінің (АҚШ) профессоры Пол Верт келіп, студенттер мен магистранттарға «Батыстағы империятану» атты курсын оқыса, 2018 жылдың 12 қазаны – 2019 жылдың 21 қаңтары аралығында Вашингтон университетінің профессоры М.А. Толмачева Фулбрайт (Fulbright) бағдарламасы бойынша «Еуразия тарихы әлемдік байланыстарда» атты курсын оқыды. Ал үстіміздегі жылдың 1 наурызы – 11 сәуірі аралығында оқылған Миннесота университетінің (АҚШ) профессоры Колен Макфадденнің дәрістері факультет студенттері мен магистраннтары тарапынан зор қызығушылық туғызды. Қазіргі таңда дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының шақыртуымен факультетте Варшава университетінің оқытушысы Ирена Скуба және Висконсон университетінің оқытушысы Нотан Снодграсс, Ресей Ғылым Академиясының профессоры Киселева Д.А. дүние жүзі тарихы бойынша бірқатар пәндерден сабақ беруде.
Мұндай табыстар университетіміздің әрбір факультетінде, әрбір кафедрасында бар десек артық айтқан болмаймыз. Ұлттық университеттегі соңғы жылдары қол жеткізілген осы жетістіктердің барлығы да университет түлектерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттігін еселеп арттырып отыр. Біздің университеттің дипломы Қазақстан экономикасының барлық саласында, соның ішінде білім беру саласында да өте жоғары сұранысқа ие. Сондықтан да мектеп бітіруші түлектерді Қазақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне білім алуға шақырамыз.
ҚазҰУ, Тарих факультеті, «Тарих және география» мамандығының 1 курс магистранты Ғалымова Інкәр
Жетекшісі: Қартабаева Е.Т., дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының доценті, т.ғ.к.,
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі