Өлең, жыр, ақындар

Сыр бойы. І

БІРІНШІ БӨЛІМ

БҮЛІНІШЛІК ОСЫЛАЙ БАСТАЛДЫ

Көз жетер жерде қарайған қара жоқ, cap далада сағым көшеді. Сары шалдың астындағы Ақтұлпар cap желістен танған жоқ. Сарбасаттың сыртындағы ауылдан таң сәріден шығып еді, енді күн сәскеге көтеріліпті.

Сары шал заманында қапсағай жігіттің бірі, қарттық жеткен соң дене де шар тартады. Сіңірлі бұлшық еттерді май басқан. Күзен ішіктің шалғайын тізесінің астына қымқырып басып, үйдей болып отыр. Шолақ төбелі түлкі тымақтың құлағы қайырып байлаулы. Күзен ішіктің тысы түйе жүні биязы шекпен, тымақтың тысы көк мауыты. Ал кең қоныш былғары мәсінің сыртынан көксауырлатып тіккен кебіс киіпті. Шалдың томпақтау біткен қой көзінде күйініш ізі бар. Төбесінде жарысып қалмай келе жатқан ала бұлттың қабағын баққандай. Қызыл былғарымен қаптатқан ердің күміспен шегеленген қасында салақтаған садақ — сары шалды бейбіт жолаушыдан гөрі, жортуылшы батырға көбірек ұқсататын еді. Санын соғып келе жатқан қорамсақта сұр жебелердің ұшы қылтияды.

Қарт ер үстінде еңкейе түсіп, атының мойнын сипады. Ақтұлпардың құлақ түбі қоңырқай тартып, тер білініп тұр. Кешегі бәйгеден кейін сыр бермей келе жатқаны... Жануар бабында екен. Жәнікенің бурыл атын арқан бойы артқа тастады-ау... Сары шалдың жүзі сәл жылы шырай тартты.

Бұл Жылқайдар батыр еді. Тайлақ бидің асынан қайтқан беті. Талдыөспеде төрт қонды. Ақтұлпары бәйгіден келді. Осы аста бір Жылқайдар емес, бар Жақайымның мәртебесі бір көтеріліп қалғандай... Бірақ қайтатын күні қабағына кірбің түсті.

Әке балаға сыншы: Сырлыбайдан тараған көп жаманға батырдың көңілі әсте толған емес. Бәрі де Жылқайдардан буына семіріп, сыртқа шықса кеуделерін соғады. Зәуде бір арғын-қыпшақтың ауылын торып, бір үйір жылқысын алып қайтса, үйге сыймай күпінеді... Бұрын заман басқаша еді...

Жылқайдар он бес жасында ат жалын тартып мініпті. Құба қалмақ заманы жолықты. Жиырмадағы жігіт санаттағы батырлардың бірі еді. Батыр атағын ол ас пен тойда төбелес шығарып алған жоқ. Қалмақтың жер қайысқан қалың қолына тайынбай шауып, ат сауырынан қан кешкен қайран күндер!.. Қара саннан найза тиіп қансырап жатқанда, қыңқ етуге намыстанатын. Екі рет қылышқа ұрынды... Жылқайдардың найзасы тиген қалмақ аман кеткен емес!

Батыр ішінен шыққан баласы Бостанға күйіп келеді. Бір басына қос табақ сұратқаны не сұмдығы? Енді мешкейлік мақтан болғаны-ау. О, тоба! «Арғымақтың баласы аз оттар да, көп жусар...» Өзімен құрдас Жәніке миығынан күлді. «Жабысың» дегені ғой. Жаман баланың қылығы Жылқайдарды дұшпанның табасына қалдырды.

Жас жеткен соң адам мінез ашады екен. Бүгінде Жылқайдар тентек шал атанды. Тілінен бұрын қамшысы жүреді. Соны істейін демейді-ау, жамандардың қылығына күйеді ғой. «Ораздының баласы он бесінде бас болады...» Бостан елу беске шықты... «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қонысына қайта оралған қазақ есін жинап келе жатқан. Алтын тақта Әбілқайыр... Ол да бір заман екен-ау. Әкесі Сырлыбай жоңғар шапқыншылығынан кейін тыныштық орнаған кезде, ырым қылып, Жылқайдардың тұңғышына Бостан атын берді. Ал Әбілқайыр өлген соң жеті жыл еткен кезде Достан туды...

Кеше түсте ас тарқады. Жылқайдар ат ұстайтын бала таппады. Сырлыбай ұрпағынан жан қалмай, Бостанға еріп кетіпті. Сонда батырдың есіне он екі жасар Байшоқы түскен. Жаршағыл алыстан биік қырат сияқты болып көрінеді. Баланын атына ата қонысын ырым қылды. Қартайғанда көрген шарана тәтті бола ма, Жылқайдар кенжесіне жан теңгермейді.

Ирелеңдеген жалғыз аяқ жолдың, қалың жыңғылды шоқаттардың арасына кіргенін байқап, сары шал ердің үстінде түзеліп отырды. Анадай жерде Қарашоқат... көрінгелі бір заман, жеткізбей келеді.

Қарашоқаттың сыртында жостыртып келе жатқан жалғыз аттыны кәріп елең етті. Қашқын ба, қуғын ба? Қайдан шықты? Ұшыртуы жаман екен. Ер үстінде қалай-қалай отырады? Жасы сексенге тақап қалса да, батырдың көзі қырағы еді. Бейсеубет жолаушының ат жалын құшып жатқанын кенет байқады. Әлде неге тұла бойы мұздап, құлағы шулағандай. Ақтұлпарды қаттырақ тебініп, енді салт аттының алдын кес-кестей шапты.

Жасы отыздар шамасындағы жігіт екен. Басы жарылған. Аққан қаны бетіне жолақ-жолақ із салып, қақ болып қатып қалыпты. Жылқайдар жеткенше болған жоқ, ерден сыпырылып түсті. Торы айғыр бір жамандықты сезгендей, кілт тоқтады. Оның да үсті малшынған тер, төбеге ұрғандай қозғалмайды.

— Ей, кімсің? Не болды?! — Жылқайдар аттан түскелі қамданып, он аяғын үзеңгіден шығарып жатыр еді.

— Мән... Сырлыбай...

Жігіт одан әрі тілге келмей, көз жұмды.

— Мынау не дейді? Мән, Сырлыбай?..

Сырлыбай өз әкесі болғанда, Мән кіші шешесінің аты еді. Сырлыбайдың үш қатыны үш ауыл... Ауылға жау тигені ғой!

Үш ауыл қатар отыратын еді. Мына жігіттің түсі өз аулының жылқышыларына ұқсамайды. Әлде көктемге салым жылқыға тұрған басқа ауылдың кірме жігіттерінің бірі ме екен?

Әлгінде тұла бойын мұздатқан жаман түйсік қайта жүйткіп өткендей. Жылқайдар Ақтұлпардың басын Қарашоқатқа қарай бұрды. Қамшымен жостырып, айқайды салып барады.

— Аттан, аттан!

Түн тастай қараңғы еді. Қара барқыт аспанда түйдек-түйдек бұлт көшеді. Көктемгі жел ызғары сүйегіңнен өткендей, сап-салқын. Нұртай бойы тоңази бастағанын байқады.

Қырық аттың тұяғы жер төбесін оятындай дүсірлейді. Түнгі дыбыс қиянға кететінін білетін Нұртай, желіккен жігіттерді еркіне жібермей, аяңмен келеді. Алдарында жол ұзақ, сүргін шабуыл күтіп тұр. Әзір ат қинауға ертерек еді...

Анда-санда үзеңгілер қағысып қалып, шылдыр етеді.Алтын ай бұлттың тасасынан бір сығалап қойып, қайта жасырынды. Әлдеқайда дуадақ шыңғырып, артынан жым-жырт болды.

Жігіттер, анау қарайғанды байқап келесіңдер ме? Сарбұлақ сол! — Нұртайдың дауысы тыныш түнді селк еткізгендей, жігіттер аттарында бір-бір қозғалып қойды. - Қазір Шүкісудің үстімен жүреміз. Осы маңайда Мәмбет-Сырлыбайдың аулы отыратын еді. Ендігі олар жайлауға шықты. Жан-жақтарыңды зерлей отырыңдар. Алдымызда сай бар. Сонда жетіп ат тынықтырамыз. Ақназардың да хабарын білу керек...

Кеше түнделетіп келіп жортуылшылар Шөміштің жырасына жасырынған. Күндіз ат арқасын суытып, арқандап қойып оттатты. Нұртай сол жерде Ақназарды ілгері оздырып жіберген.

— Жалғыз адам елеусіз. Жан-жағындағы құдық-құдықтарды шола жүріп, бүгін түн қалайда Сарбұлақ тауына ілігетін бол. Өзің білесің ғой, Шүкісудан әрірек, биік жонды етектей үлкен жыра жатыр. Қырық жігітті жасыруға жарайды. Бір мезгіл ат арқасын суытармыз. Бізді сол жерден күт.

— Шөміштің маңы мидай жазық ақ тақыр, оты-суы жоққа тән, көшпелі ел көп аялдамайды. Жортуылшылар зауал ауа атқа қонған, Нұртай жершіл, құмға соқтырмай, қайда қатқақ жерді қуалап жолсызбен тіке салып келеді. Арал теңізінің тұсынан намаздыгер өлетінде етті. Тебіренбестің үстінен түнделетіп асты.

— Ара-тұра ат тұяғын қыздырып жарысып алады. Қазақ ауылдары жақын жерде екенін есіткен жігіттер жан-жағына елеңдей қарады.

— Кәне, тоқтай қалыңдар! Нұртай ат басып тартып, оқыс тоқтады. Даусы ақырын шыққанмен, әмірлі естілді. Іркес-тіркес келе жатқан жұрт ат басын түйістіріп ошарылып қалған. Мұрынға судың иісі, сыздың исі келді. Аттар тізгіндерін сүзе жерге ентелейді.

— Жануарлар шөлдеген екен. Ауыздығын алыңдар. Бірақ аттан түсіп, уақыт оздырмайық!

Жігіттер ер үстінен етбеттеп, аттарының ауыздығын сыпырды. Түк көрінбейді. Суды аттың тұмсығы тауып жатыр.

— Жанназар, сен аттан түс. Жігіттердің жанторсығына су құйып бер, - деп Нұртай әмір етіп тұр.

Әлдеқайда маңқ-маңқ үрген иттің дауысы келеді.

— Мәмбет-Сырлыбай Сарбұлақта отыр екен. Мынау Құтпанның даусы. Қырағы ит еді. Әлі тірі екен-ау, жарықтық, — дегенде Нұртайдың дауысында діріл білінді.

Әрі-беріден соң иттердің даусы көбейді. Шабаланған, маңқылдаған, ұлыған қырық құрау дыбыстан түн жүрегі дір етіп, ұйқысы шайдай ашылды. Бірақ ауыл бұл маңайдан екі-үш шақырым жерде еді. Нұртай айылын жиған жоқ. Алыстан айбат шеккені болмаса, иттер де ұмтылмады. Әлдеқайда біреудің айқайлаған даусы барлығыңқы шығады.

— Ал, кеттік! — деді Нұртай кенет асықтырып. — Бөрі-қарыдан күтініп отыратын сақ ауыл еді. Дүрлігіп жүрер. Тезірек қара үздіріп кетейік.

Жігіттер аттарының ауыздығын салып, дүрк қозғалды. Сәлден кейін иттер де шабаланғанын қойып, далада тағы да жым-жырт тыныштық орнады.

— Мен айтқан жыра осы тұста. Ақназар ұйықтап қалмаса, күтіп тұрған шығар, — дейді Нұртай күңк етіп.

— Әне, біреу қараяды. Нұртай атына қамшы басып шоқытып шыға берді. Қарындағы найзаны ердің үстіне алып, оңтайлай ұстап барады.

— Нұртай аға!

— Ақназармысың, ей? Тірімісің, бауырым!?

— Тірі болмай...

— Ал, кәне, көрген-білгеніңді айта бер!

— Ылғи құмды іргелей жүріп отырдым. Теңіз маңында үш-төрт құдықта ғана ауыл бар. Бәріне де соғып сусын іштім. Жылқышы, қойшы-қолаң болмаса, бұл өңірдегі ауылдарда қару ұстайтын ер азаматтан ешкім жоқ. Бәрі Тайлақ бидің асында, қайтпай жатқан көрінеді.

Бұлар атқа қонғалы бір айдың жүзі болды. Әмудариядан Жіңішке құмға шейін... мың шақырым жол асқан екен...

Бір кезде мынау ұшы-қиырсыз дала оның қиялын еліктіре тартатын еді. Қаршадайдан кешкені бейнет, жетім бала Нұртай жер кетпендеді, қолсамар атты... Бай ағайын ақ иық қылған бала он алты жасқа шыққан жылы сызып тұрды. Қазақ арасы, кең далада жүйрік мініп жостырып жүретін жылқышы өмірі оған жұмақ көрінетін. Сол арманы Жақайым Жылқайдар батырдың жылқысын бақтырды... Жұмысына адал, қайратты жігіттің ісіне қазақ батыры сүйсінді. Екі жылдан кейін Нұртай бір қос жылқышының басшысы болып шыға келді.

Батырдың екі баласы Бостан, Достан үйірдегі жылқыға жиі қатынайды. Екеуі де кеудесіне нан піскен мақтаншақ... Әсіресе Достан Нұртайға қожаңдап тыныштық бермейтін еді. Есіл-дерті күрес. Сол күрестің кесірінен Нұртай Жылқайдардан кетті. Бір жығылған жолы намыстанған Достан жас қарақалпақты басынан тартып қалған. Содыр қамшы жігіттің шала мас санасын дүр сілкіндіргендей, туған жерін еске алды. Қайтқысы келіп қыңқылдаған Нұртайды батыр онан соң да бір жаз ұстады. Қимайды екен. Қатын алып беріп, үстіне үй тікпек те болды...

Қазақ арасында жүріп Нұртай көп нәрсеге түсініп еді. Жылқайдар қатын әперіп, қасына қоңсы қондырады екен. Оның аты құлақ кесті құл деген сөз. Байға өмір бақи қарыздар, жылқы соңында күні өтеді. Таяқ соғар ағайыны да жоқ... Достан төбесінен қырғыш сүйек алса да көнуі керек...

Жылқайдар төрт жылғы еңбегі үшін ат мінгізуі керек еді. Ақ тай Нұртайдың қолына солай түскен...

Бес жүз жылқы ішінде жүйрік көп. Бірақ Нұртай біреуін де ұстаған жоқ. Көк биенің ізінде құлдырай шауып жүрген ақ тайға көптен қызығатын еді. Түгі басқа жылқыдан бөлек, сүттей аппақ. Жылқы баққан бес жылда талай құлынды ат қылып өсірді. Әлгі тайдан түбі ат шығарын іші сезетін...

Жылқайдар сөзінде тұрды. Нұртай Ақиректегі ауылына тай жетектеп қайтты. Бес жыл кісі есігінде жүріп, қолына жалғыз тай іліпті. Қатар-құрбылары Нұртайды келемеждейтін еді.

Ақ тай төрт жылдан кейін Ақтұлпар атанды. Қазақ пен қарақалпақтың талай асы мен тойында додаға түсті. Ақтұлпар атанғалы бәйгені басқаға берген жоқ. Хиуа ханының үкілеп баққан талай арғымағы Ақтұлпардан сүрінді. Нұртайдың атағы әрі асып Үргенішке жайылды. Ақтұлпар үшін хан құшағын ашты. Ақтұлпар үшін қазақ байлары үйір-үйір жылқы ұсынды. Мейманасы тасқан бай бағлан жалғыз атты кедейге жылқының жүйрігін, астың дәмдісін де қимайды. Маңдайына басқан жалғыз тұлпарын Нұртай қызға айырбастамайды. Ақтұлпардың даңқы асқан сайын, оның дұшпаны да көбейді.

Жылқайдар бір жазда екі келіп кетті. Ақтұлпарды қолқалайды. «Түбі өзінен шыққанын» ескертті. Қазақтың білсең барымта, білмесең қарымтасынан Нұртайдың да хабары бар...

Қайта-қайта қиылған қазақ батырынан сескенді. Туған жерін қиып, Үргеніш асқаны сонан кейін...

Хорезм жұртындағы Айдос бимен көңіл жақындығы бар Нұртайдың Үргеніш асуына қарақалпақ биінің бір ауыз сөзі себеп болды. Жас Айдос қарақалпақтардың әр жерде шашылып жүргенінен шығарып, көптенгі күйінішін ақтарған еді. Албырт Нұртай ұйып қалды.

Қарақалпақтың түбіне қорқақ сұлтан Қайыпқали мен Оразақ батыр жетті ғой. Көздері қарайғандай, Әбілқайырдың қолтығына кірді. Өрдегі қарақалпақ Сұлтанмұратты хан көтерген жоқ па? Соған қосылуы керек еді. Ақыры қорлықты сол қазақтар көрсетті. Әбілқайыр, Абылай, Ерәлі, Есім — қазақ сұлтандарының қарақалпаққа көз алартпағаны жоқ екен. Шапқыннан көз ашпады. Тоз-тоз болы, Жаңадария мен Қуаңдарияға қарай босты. Сыр бойында кім қалды? Желкесінде Қызылқұм, қазақтың содыр батырлары сойылын әлі тақап отыр. Әмударияның жағасынан қоныс беріп, қасына шақырған Хиуа ханына қарақалпақтар сонда жолағылары келмейді...

Айдостың әкесі Сыр бойынан Ерәлінің соңғы жорығының Хиуада қоныс аударыпты. Қазақты айтса, көзіне қан толады. Айдос қарақалпақтарды Хиуаның қоластына жинап, басын қосқысы келетін еді. Күшейіңкіреп алған соң, қазақтармен ақ найзаның ұшын алдына тосып сөйлеседі. Ата қонысын қайта даулайды...

Бұл сөзге Нұртай да елігіп жүр. Төрт-бес үй Оймауытын ертіп Үргенішке тартып тұрды... Бірақ Айдосқа қоңсы қонған і оқ. Бір ауыл болып, бөлек отырды.

Былтыр күз ойда жоқ пәле кездесіп, Ақтұлпар қолды болды. Нұртай алғаш Хиуа ханынан қауіптеніп еді. Астыртын тыңшы салып, күдік алған жерлерін арылтып шықты. Үргеніштің ұрысынан аман сияқты... Қыс ортасында суық хабар жетті. Жақайым Жылқайдар батырға ғайыптан бір Ақтұлпар пайда болыпты... Нұртайдың іші кіпі алды...

Әуелі Ақназарды жұмсап анығына жетті. Жылқайдардың қолындағы өз тұлпары екен. Сонда мың шақырым алыстан Жылқайдар қалай келіп алды? Қандай жүрек жұтқанды жұмсады?

Сол күні-ақ аттанатын еді. Айдос жібермеді. Қазақтың қарақалпаққа көрсеткен ақыреті аз емес. Ақтұлпар көп зорлықтың бірі. Өзі тағы Жылқайдардың қолына түссе, оңайлықпен қайтармас. Қамданып бару керек деп еді.

Содан соң Ақтұлпар оқиғасын бір әрекетке пайдаланып қалғысы келетінін айтты. Нұртай мәрт жігіттің ісін қылуы керек. Әңгіме Ақтұлпарда емес, қарақалпақтың кеткен есесін қайтаруда жатыр... Осылай Айдос бидің үйінде Жылқайдар батырға өлім жазасы кесілді...

Жылқайдар жазым болса, Қарақұм мен Қызылқұмның қазағы түгел көтеріледі. Айдос соны тілеп отыр. Қазақтардың Нұртайға сілтеген соққысы, ен. алдымен, Жаңадария мен Қуаңдария бойында отырған қарақалпақтарға тиетін еді.

— Құдай сәтін салса, Сыр бойындағы ата қонысты қайтарып алудың сәті түсіп тұрған сияқты, інім. Тықы батыр шектінің билеріне тісін басып жүр еді. Қарақалпақ тік көтеріліп, атқа қонатын күн туса, қол бастайтын да сол Тықы болар. Бара жатқан бетінде оған соқпай кетпе. Менің сәлемімді жеткізерсің. Маған тек Жаңадария бойындағы қалың қарақалпақтың көтерілгені керек. Мұнда Хиуа ханы қылышын тасқа жанып отыр. Хабаршы келген күні, жер қайысқан қол алып, артыңнан жетем!

Қазақ ішінде Сыр бойына алғаш қыстау басқан Жақайым Сартай би екен. Нұртай оны да Айдос биден есітті. Одан бері де он бес жылдай уақыт өтіпті... Сартайдан кейін Сырдарияның құйылысында Әйдербектер орнайды. Сонау Ерәлі сұлтанның шапқыншылығы кезінде ығыса бастаған қарақалпақтар бұл күнде көшіп бітуге жақындады...

Соны ойласа, Нұртайдың жүрегі сыздайды. Ол жақта қалың қарақалпақ атқа қонып, бұл жақта Айдос би Хиуа сыпайларын алып жететін болса, қазақтардың басына қара күн ойнайтыны анық.

Нұртай аттанып шыққалы жиырма күн. Тықының қамалында бөгеліп қалды. Қырда Тайлақ бидің асы болғалы жатқанын сол жерде есіткен. Жылқайдардың ауылы оңашасын тауып, қапыда басулары керек еді. Нұртайдың бөгеле түскені де сондықтан...

Бұл екі арада Тықы да қарап жатқан жоқ. Жан-жақтағы қарақалпақтар ауылына ат шаптырып, аталықты билерді алдырды... Басталғалы жатқан бүліншілікті ескертіп, түгел елді тік көтерудің әрекетін ойластырып жатыр...

Бірақ... Қарақалпақ жақсылары баяғы алтыбақан алауыз қалпы... Нұртай олардың сөз әлпетінен шошып келеді... Бір оқыс іс көрсетуі керек...

— Ау, таң саз беріп қалды ғой!

Дауыстаған Ақназар еді. Нұртай басын көтеріп алды.

— Жігіттер, тұрыңдар! Жанназар, атты әкел!

Шырт ұйқыда жатқан жігіттер апыр-топыр орындарынан тұрып жатыр.

— Ақназар, әлгіде айтқан тапсырмаларды ұмытқан жоқсың ғой?

— Қылп етпе, батыр! Айтқанындай болады!

Күрең төбел жетегінде, Жанназар келді. Әлгінің арасында ерттеп қойыпты. Нұртай Жанназардың шықшыты шығыңқы қара сұр жүзіне сүйсіне қарайды. Жанназар оған Жаңадария бойынан еріп келді. Он алты жастағы түрі мынау, әр саусағы жас баланың білегіндей... Өсе келе Жанназардан түйе балуан шығады әлі...

— Жанназар, сенімен бірге болсын, — деді Ақназарға.

Жылқайдар ауылында қан төгіс болмай қоймайды. Жас жігітті жаза тиетін таяқтан сақтап қалуды ойлап тұр.

— Жолдарың болсын! — деді Ақназар арттарынан дауыстап.

Нұртай бастаған топ қозғалған кезде, кек жиекте қызыл шапақ шашырап еді. Көп тұяқтың дүбірі шырт ұйқысын бұзғандай бұта-бұтаның астында қонақтап отырған бозторғайлар дүрк көтерілді. Шыр-шыр етіп, жолаушылардың алдын кес-кестеп, үстерінде шыр айналады.

Дала тақтайдай жазық. Жас жусанның шашағы елбек қағады. Әр жерде селтейіп еркек шөп көрінеді. Түндегідей емес жел басылған. Таңғы самал айнала жусан иісін аңқытады. Жер қатқақ, аттар ауыздығын сүзе тастап, соқтыра аяндайды.

Алыста биік жон, аппақ шағаладай көз тартады.

Күрең төбелді Нұртай алдында, жиырма жігіт Жылқайдар аулына ат қойды. Бір мезгіл тынығып алған аттар көңілдене көсілтеді. Бауырлары жазылған соң, созыла тартты. Сексен тұяқ жер төбесін тесетіндей, сатырлаған дыбысы даланы басына көтерді. Қатқақ жердің шаңы онша биіктемей, шұбала түсіп артта қалып жатыр. Нұртайдың қызыл шырайлы жүзі қара қошқыл тартып, демін алқына алады. Ауылға төніп келген сәт даусы саңқ етті.

— Кездескен еркек кіндікті аямаңдар!

Жау тигенін ауылдағылар енді ғана байқап еді. Бір қатынның қатты шыңғырған даусы

— Ойбай, жау!

Осы дауыс Достанның ұйқысын шайдай ашты. Астан түнделетіп қайтқан жігіт қатып ұйықтап қалған екен. Суық сөзден жүрегі дір еткен. Қарманған қолына түк түспейді. Есікке жеткенше екі сүрінді. Үрей ұшқан, буын жоқ. Босағада сүйеулі тұрған найзаны да байқайтын емес.

— Достан, кездестің ғой ақыры! Баяғыда жығылып қалсаң, қамшы үйіретін едің! Енді қайтер екенсің?

— Нұртай!.. Сенбісің?

Достанның көз алдында Ақтұлпардың бейнесі жалт етті. Өткен күз... жабық қорадан... осы Нұртайдың қорасынан өз қолымен жетектеп шығып еді... Нұртайдың қанжары көкірек сүйегіне тақалған сәт шыңғырып жіберді.

Достан кеңірдегінде қара қанжардың суық жүзі сыр еткенін ғана сезді. Қорқырап құлап бара жатты.

Нұртай Бостанды төсегінде бауыздады.

Ауыл у-шу, ақ үйлердің шаңырағы ортасына түсті.

Байшоқының ұйқысы сергек, күндегі әдеті таң сәріде тұрған. Үйде жақын туыстары Пірімжар қарт қонақ еді. Тебіренбестің астында бір үйір киік көріпті. Пірімжар түнде соны айтып, Байшоқының арқасын қоздырды. Бүгін атасы екеуі ат ұстап, киікке шығатын болып келісіп қойған. Төсектен бірге еріп, бұлақтың басында жылқыны күтті. Пірімжар таң намазын оқыды. Садағына оқ жонды... Соның қызығымен келіп қалған жауды да аңғармай қалды. Шыңғырған дауыс шығып, қамысқа қарай қашқан қатындарды көрген кезде ғана бастарын көтерді.

— Ойбүй, сорлаған екенбіз ғой! — Пірімжар Жылқайдардың сегіз қанат үйіне сатыр-сұтыр жауып кеткен сойылды байқап, Байшоқыны қолынан ұстай алды. — Қаш, бері қаш!

Кәрі жүрек түсі бұзық аттылардың жай барымташы емес, қанды кекпен келген жау екенін түсінді. Шаңыраққа сойыл сілтеу - қайтып көріспейтін қанішердің жұмысы... Ендеше кісі өлімі болуы да ықтимал... Екі көзі артында, Пірімжар Байшоқыны қолынан жетелеп қалың құрақтың ішіне кіріп бара жатты.

Ауыл әп-сәтте ұйпа-тұйпа болды. Әйелдердің ойбайы молая түскен. Түйелерге жүк теңделді. Жау абыр-сабыр... Сұмдық сурет жанын түршіктірген Байшоқы қалш-қалш етеді.

Жау талаған дүние үлкен қош болып, ауылдан шыға берді. Алдыңғы түйеде екі қыз -Қарлығаш пен Тұйғын... Бостанның қыздары... Байшоқы бақырып жіберді.

— Апатайларым! Ата-ау, әкетті ғой!

Пірімжардың көзі қырағы, бәрін көріп тұр. Баланың даусы кеудесінде булығып жатқан ашу-ызаны дір еткізгендей. Қазір баспашы жаудың кімдер екенін де аңғарып тұр еді. Күрең төбелді Нұртайды нысанаға алып, садағын шірене тартты. Сұр жебе ысқырына жөнелгенде, қартың кеудесінде күдік қараң етті.

Нұртай бейқам отыр еді. Жебе ердің қапталына дік еткенде, жалт қарады. Оң жақ үзеңгісі аяғынан сыпырылып барады екен. Сұр жебе қайыс таралғыны қиып түсіпті.

Кім атқанын іздеп айнала қыдырған көзі Қарашоқаттың басында ағызып келе жатқан жалғыз аттыны көрді. Ақтұлпар!..

Атты таныған сәтте, басқа дүние естен шыққан. Жас сәби Байшоқыны да Ақтұлпар құтқарып қалды.

Келе жатқан Жылқайдар еді. Әуелі көзіне қалың жылқы түскен. Торылары мен күреңдері үйір-үйірімен Сарбұлаққа қарай жосып барады. Тал түсте жылқы қуатын бұл қандай жүрек жұтқандар? Бостан мен Достан...Қос табақтан ет жейтін сабаздарыңа болайын... Бірақ қарттың ой арқауы кенет үзілді. Тасбұлақтың басындағы үш ауылда сау шаңырақ жоқ, құйын жүріп өткендей екен. Он шақты түйелі кеш шұбап шықты. Шапқыншылық екені көрініп тұр... Батырдың жүрегі тіксініп, есіне Бостан мен Достан түсті. Кішкентай Байшоқыдан қауіптенген жоқ-ты.

Қарасы жиырма шақты адам, ауылдан шыққан жау, кенет жапырыла қозғалып, бері қарай ат қойды. Жылқайдар олардың анық өзіне төніп келе жатқанын біліп тұр. Аяспас жаудың түрі. Сонан кейін көзіне ала шапандар шалынды. Қарақалпақтар Нұртай! Үргеніштегі Нұртай... Ақтұлпардың ізін шығарып келген... Тағы да есіне Бостан түсті. Бостанның жазым болғанына енді шәк келтірген жоқ. Кеше оған қатты наза болғанына өкінді. Қап, қарғысқа ұшырады-ау...Шаңырағын ортасына түсірген Нұртайдың жұмысы — арадан қан өткенін аңғартып тұр еді. Ертелі тұла бойын мұздатып айықпай қойған жаман түйсік төбе құйқасын шымырлатып, қара табанынан бір-ақ шықты. Қартайған шағында тағдыр ауыр сынға кездестірді. Бар қаруы сары садақ пен он алты өрме қамшы... Қоян-қолтық шайқасқа оның екеуі де жарамсыз. Жауды жақынға жібермей, алыстан аңдысуы керек... Соны әлдеқалай түйсініп, ердің қасындағы сары садақты ала берді. Оң қолы қорамсақты қармалайды. Көзі жауда еді. Алға түскен күрең төбелді нысанаға алып, адырнасын тартты...

Әй, мынау Нұртай ғой. Талай жыл есігінде жүріп, дәмін татып еді найсап... Көзінің қиығымен Ақтұлпарға бір қарады. Кеудесін өкініш сыздатты. Ізін шығарып, шын жауығып келген. Қатты ширығып, сары садақты шірене тартқан. Нұртай екі жүз қадамдай жерде, жүзі ап-анық көрінді. Байлап-ақ атты. Күрең төбел жалғыз қазыққа ұрынғандай тұмсығын жер сүзіп омақаса құлады.

Нұртайдың жүрек тұсын нысанаға алып тартқан саржасы атқа тиді. Қартайғаны, қаруы қайтқаны ғой... Өзегін өрт шалғандай, өкініш ұшқыны көзінде жалт етті. Нұртайдың ізіндегі қалың нөпір түйдек-түйдек келіп қалыпты. Жылқайдар апыл-ғұпыл екі саржаны бірден суырып, құлашын аттың басында үйме-жүйме иірілген топтың ортасына ала бірінен соң бірін жөнелтті. Қимылы асығыс еді. Көздемей атты.

Біреудің өкірген даусы шықты. Тиді! Жылқайдар ақырын бұйрық беріп тұрған Нұртайдың дауысын ап-анық есітті. Абыржып қалған жау оның тірі екенін жаңа байқағандай, бастарынан асыра былғаған сойылдары сораңдап, алмас қылыштар жарқ етті. Жиырма жігіт жалғыз шалға жапырыла ұмтылды.

Енді кідіріп болмайтын еді. Ақтұлпарлы Сары шал Қарашоқатты бөктерлей тартып берді. Қуғын көптің басын ыдыратып, жеке-жеке қарсы алу керек. Ат басын бұрып жатпай-ақ, қуған жауды ердің үстінде бір жамбастап жатып тартып-ақ түсіріп кете беретін жастау кезі көз алдында елестейді. Кәрі омыртқа қатып қалған екен. Екі-үш рет оқталып көріп, артына қайрылудың оңтайын келтіре алмай, батырдың діңкесі құрыды. Ыза қысқанда, жүзі күп-күрең болды. Әзірге дәтке қуаты Ақтұлпар. Айқай-шуға делебесі қозған ат ауыздығын жұлқып қояндай орғиды. Алдыңғы күні бәйге, кешелі бері жүріс, бұл да қашанғы шыдайды... Ақтұлпардың мойынында тер білінеді.

Қуғыншылар жайылып артта қалды. Сірә, батырды ұзап бара жатқан көшке шабар деп күтсе керек, бес-алты жігіт алдын кес-кестей салды. Артында екі-үш жігіт тақап келе жатқан, Жылқайдар ат басын жалт бұрды. Садақ қолда, саржа ауызында тістеулі еді. Бірақ, ашу қысқан асыққан күйі, төрт оғының үшеуі далаға кетті. Алдағы жігіт шалқалай құлағанда, қасындағы серігі жалт берді. Далақтап қашып барады.

Ақтұлпар да босаңси бастапты. Батыр ат басын Қарашоқаттың басына қарай бұрды. Жау ұрланып келе алмайтын биік жер. Мақсаты алыстан нысанаға алып, бөгей беру еді. Ақтұлпар ерге салғанда, екі өкпесін соғып, сыр алдырды. Батыр қорамсақта қалған жебелерін санап келе жатыр. Алтауы қалыпты... Амал қайсы, осы таусылғанша жауды бөгей тұрар... әлі де тіршіліктен күдер үзген жоқ. Жан-жақта ауылдар бар... Астан қайтқан жұрт ойранның үстінен шығып қалса, ғажап па? Тек соған шейін мыналарды ірке тұруы, айналдырып жібермеуі керек...

Биік төбенің басында қарауылдай қақиып тұр. Аттан түскен жоқ. Әлгіде пышырап кеткен жау басын құрапты. Төртке бөлініп жан-жақтан қоршап келеді. Нұртай ат үстінде, жағалай шауып, әрқайсысына бір ақырады.

Біреуі топтан бөлініп, ұзап кеткен көшті бөгеді. Бір түйені бері қайтарып еді...

Батыр, сөзге кел. — Нұртай жақындай қоймай, аулақтан тіл қатты. Өзін де түсініп тұрған шығарсың. Мен Ақтұлпарды қуып келдім. Бір басыңа азаттық. Ақтұлпардың жүгенін басына түріп, бері жібер.

— Оттама, жаман құл! Саған Ақтұлпар керек екен ғой. Әуелі желкеңнің шұқырын көр! Ақтұлпарды сонда аласың!

Жылқайдар ашумен айтты. Аттан түсіп жаяу қалса, одан кейін не боларын құдай біледі. Батыр айбат шегіп тұр еді.

— Көрерміз!

Нұртай көш жаққа қамшысын шошайтты. Түйе жетектеген әлгі жігіт желе шоқырақтап келіп қалған екен. Мән шешесі көшке мінетін қараша інген... Екі жағында салақтаған не пәлесі еді... Жылқайдардың құлағына шыңғырған ащы дауыс жетті... Тал бұрау түскен тайлақтай бақырады. Әйтеуір адамның дауысына ұқсамайтын еді.

Апыр-ау, мынау Қарлығаш қой... Немересі... Бостанның қызы... Жылқайдар немерелерінің киімін танып тұр.

Бостанның екі қызы қаздың балапанындай қатар өсіп келе жатқан... Салақтаған солар екен... Бұрымдарын байластырып, екеуін түйенің екі жағына тастай салыпты. Қыздар жазы ағашқа қолымен жармасып, жан ұшырып шыңғырады.

Жылқайдардың діті қатты-ақ еді. Баяғы әкесі Сырлыбай дүние салған жолы бір рет жылапты. Онан соң көзіне жас алған жері есінде жоқ. Мынау сұмдық көрініс төбе құйқасын шымырлатты.

— Боталарым-ай!

Батырдың көзінен жас ыршып шықты. Ақтұлпарға қалай қамшы салды, Қарашоқаттың басынан қалай шауып түсті... Оны өзі аңғарған жоқ. Қарақалпақтардың қалың ортасына қойып кетті. Қара дойырды оңды-солды сілтеп жүр...

Өңкей атан жілік қарулы жігіт жалғыз шалды қараша інгенге жеткізбеді. Қара сойыл мен көк найза жан-жағынан жауып кетті. Сары шалдың жасаураған көзі түк көрмейді. Құлағында боталарының дауысы, тек соларға жеткісі келеді. Ә, түстің бе қолға, Жылқайдар? Нұртай ер бауырға шыдамасын біліп еді. Көштегі қыздарды әдейі алдыртты. Жылқайдармен қарсы келіп қалып, найзасын тоса берген... Ағыны қатты Ақтұлпар атылып кеткенде, батырдың көкірек тұсынан көк найза кірш етті.

Жылқайдар екі қолын жая шалқасынан құлады. Көкірек сүйегі қақ айрылғандай, қатты ышқынтқан ауруды бір-ақ сезді... Содан соң қараңғы тұңғиыққа, шым батқан. Төс айылы шарт үзіліп ер сыпырылып түскенде, Ақтұлпар үрке шапшып кеткен. Құлап бара жатқан денені қос аяқтап тепті.

Көз жауын алған арам дүние демің біткен күні басқа тебеді. Нұртайдың жүзі қаракүреңденіп, сырт айналды. Әлде кімнің аянышты үні құлағына тиді.

— Обалдағы-ай! — дейді.

Сол сөз өз аузынан шыққандай, Нұртайдың құлағы шыңылдады. Бүгін қанша жазықсыз жәбір көрді. Үш бірдей ердің түбіне жетті...

Ақтұлпардың шылбыры қолында... Бірақ кеудесінде өрекпіген қуанышты сезе алған жоқ. Жалғыз қалып жалынбай жан кешкен Жылқайдар ... Есіл ерді басқа тепкен хайуан... Көз алдында әлі тұр. Нұртай жан-жағына мәңгіре қарайды.

— Жүрейік жігіттер, — деді, даусы булығып шықты.

Әнетей ұйқысынан қорқып тұрды. Бір өңкей қара қой... Ақпайдың аржағындағы құмның ішінен шығып, бері қарай еріп келеді екен. Құмырсқадай қыбырлайды... Көкшекөлдің ұлтанындағы жартусыз мөлтегі есіне түскен Әнетейдің жүрегі зырқ етті. Қой қайыра жұмсайтын баласы да жоқ, айқайласа дауысы шықпайды. Сөткенше болмай, қой дегені самсаған сары қолға айналыпты. Алдында Әбілқайыр...

Осыдан қырық жыл бұрын өліп, ендігі сүйегі қурап қалған қаһарлы хан... Түске енгенін әлі қоймайды. Қатты тіксінген шал ырсиған қабырғасын тыр-тыр қасынып, оң жағына аунап түсті. Қарын тұтқан терезенің орны қап-қара болып үңірейіп, ескі балшық үйде күлімсі сыз иісі аңқиды. Енді қашан ұзақ түн аяқталып, өзі таң намазына отырғанша оған ұйқы жоқ. Әтеней өкінді.

Жасы жетпістің үстіне шыққан қарт халық басынан кешкен үлкен бір дүрбелең дәуірдің көзі тірі куәсіндей еді.

Өткен күн бір көрініп жоғалған түс сияқты. Зәуде Әнетей ақ найзаны қолға алып, айқай салып жауға шабатын жас күндерін аңсаса, көзіне жас келеді. Сөйтіп едім десең, қазір кім нанғандай? Ауыздан тіс, аяқ қолдан күш кетті. Қаусаған шал... Әнетей ұзап сыртқа шықпайды.

Аласа қақыраның аядай терезесі бозамық тартты. Ойбай-ау, таң атқанын да байқамай қалғаны ма?

— Кемпір-ау, кемпір!

Кәпірдің ұйқысы қандай қатты еді. Бұл байғұсқа да сын жоқ... Кеше екеулеп тарының жерін кетпендеді. Ондайда бейнеттің ауыр жағын қара кемпір көтереді. Әнетей биыл қыс сырқаттан шықпай қойған. Бір күн сау отырса, екі күн төсек тартып жатады... Құр сүлдері қалды...

Шал өзінің шын мойығанын кеше жер кетпендеп жүріп байқады. Бір-екі атыз шұқыған соң өкпесі қысылды.

— Кемпір-ау, таң атты, намазың қаза болды ғой.

Бірақ кемпірдің тұруын күтіп жатуға тағаты жеткен жоқ. Қолында құман, сүрініп-қабынып далаға шықты.

Көкжиекте таң шапағы нарттай жанады. Ақпайдың аржағындағы кесе құмға көзі түскенде әлгі көрген түсін еске алған. Кәлима қайтарды. Жылы төсектен тұрған адам етіне салқын су тигенде тітіркенді. Сол жақ бүйірі сыздап ауырады. Үш-төрт күннен бері ауа райы да салқын. Қазақтар айта беретін құралайдың салқыны... Ескі шаншуы қайта білдірмесе жарар еді.

Шал намазын оқып болғанда, күн де көрінді.

Үйге қарай беттеп келе жатып, Көкшекөлдің арғы қабағындағы құмның іргесінде он шақты түйелі көшке көзі түсті. Артында жер қайысқан қалың жылқы көрінеді. Пай-пай, бай ауыл екен-ау... Бірақ бұл кезде қазақтар қырдан Сырға қарай көше бермеуші еді? Өзін жау қуғаннан аман емес қой... Бір әйелдің сыңсыған дауысы естілді. Жіп-жіңішке нәзік үн құлағына талып жетеді. Бәсе, бәсе... Сірә, қаралы көш болды ғой... Біреуі өлген...

— Ассалаумалайкүм!

— Әликүм...

Ту сыртынан біреу қапсыра құшақтай алғанда, би шошып кетті. Бұрылғанша болған жоқ, күректей екі алақан қолынан шап берді. Көк көз сары жігіт сылқ-сылқ күледі. Ал тұқыл иегінде бір тал қыл жоқ еді.

— Ей, ей, Өмірқұлмысың?! — Әнетейдің даусында қуаныш білінеді.

— Қашан келіп қалдың? Жер астынан шықтың ба?

— Жердің үстіндемін, аға, Мамыттың үйінен шықтым. Екі жүз қап тары алған байдың үйі тұрғанда, басқа жұртты менсінем бе? Былтырғы кеусенімді биыл сұрай келіп едім. Қырық сиыры батпаққа батып қалып, жылап отыр екен. Түнімен ішегім шұрылдап шықты.

Өмірқұлдың қу тіліне түсінген Әнетей жымың-жымың күледі. Белгілі лаққы... Шаруа бақпайды, егін салмайды. Қай ауылда ас, кімнің үйінде той — Өмірқұл сол жерден табылады.

Ақиректегі елге былтырдан бері ат ізін салған жоқ-ты. Әнетей оның күлкісін сағынып қалыпты.

— Уа-ха-ха-ха!

— Жалғыз қалған соң ойыңа әрнеме түседі екен. Алдап соға ма деп те қауіптендім. Ақ адал малымның еркек — ұрғашысын айырып қойғым келіп еді. — Өмірқұлдың беті бүлк етпейді. — Сорлы басым, басы бүтін айырылдым.

Уа-ха-қаның үстіне Мамыт келді. Бидің жүзі күп-күрең, Әнетейді сыртқа шақырды.

— Би аға, масқара болдық! — Мамыттың үні дірілдей шығады. — Нұртай Жылқайдарды өлтіріпті!

— Жылқайдар?..

— Кәдімгі батыр Жылқайдар. Былтыр Ақтұлпарды ұрлатып алдырады екен. Нұртай ізін шығарып келіпті...

Әнетейдың есіне манағы көш түсті.

— Қашан өлтіріп жүр?

— Онысын білмедім...

Мамыт жалтарды. Бұдан бір апта бұрын Тықы шақыртып, кеңеске қатысқанын да жасырып тұр. Қарақалпақ билері алауыз еді. Алдымен Мамыт... Сыр бойындағы азғантай ауыл қазақтармен көрші отыр. Сойыл жұрттан бұрын соларға тиеді. Нұртайдың бәле шақыра келгенін есіткенде қатты тіксінді...

Мамыт жасырынып барып, жасырынып қайтқан. Нұртайдың қашан аттанатынынан хабарсыз еді. Таңертең Ақпайдың үстінен асқан көп жылқыны көріп жүрегі су етті. Әлгіде жорамалмен айтты. Жортуылшылардың артынан жетіп, анығын білуге де батылы барған жоқ. Сонша жылқы, он түйеге бастырып артқан қазине... Тұтқын қыздары бар... Жылқайдар көзі тіріде ауылын шаптырып қойып, қарап отырмақ емес...

Дағдарған екеудің сыртында ат тұяғының дүрсілі естіліп, Мәтнияз көрінді. Аттан домалай түсіп жатыр.

— Қырғын, қырғын! — Өзі қалш-қалш етеді. — Нұртай Жылқайдарды шауып қайтты. Екі баласы мен өзін өлтіріпті. Екі қызын тұтқындап келе жатыр. Ақназар айтты! «Естерің барда, ірге аударыңдар» дейді маған.

Бұл кезде үйде отырғандар да шыққан. Жұрт бір-біріне кезек бермей даурығысып кетті.

— Бүлдіріп қайттық, бәлесі сендерге дегені ғой!

— Енді шапқыншылық басталды!

— Шауып немді алады? - деді Сағындық кекетіп. - Қорықса — байлар қорықсын!

— Сонда мені шауып жатады, сен қызығына қарап отырады екенсің ғой! — Мамыт оның сөзін кіді алды.

— Ay, ағайын не істеуіміз керек? - Мәтнияз дегбірі кетіп жұртты асықтырды. — Үстімізге жау келсе, кедей-байыңды айырып тұрмас. Адамы өліп өшіккен қазақ не тыңдайды!

— Бәсе десейші!

— Би аға, сен не айтасың? — Шарасы таусылған Мамыт Әнетейдің аузына қарайды.

— Мына бәленің алдын алмай болмайды. Қазақтарға адам ему керек.

— Сіз барасыз. Қазақтар атағыңызды біледі. Атыңызды сыйлайды. Таныс-тамырыңыз көп...

— Ей, шырағым-ай, баяғы Әнетей ғой демесең, бізде не қауқар қалды? — деп би күрсінді. — Бірақ барамын. Әйдербек ауылдары ендігі жаз жайлауға шығар. Шықыман, Көкшоқат маңында отыратын еді... Қара есек қанша жерге апарады? Маған бір тәуір ат тауып бер.

— Көк жұлын қорада, ерттетіп қойдым. — Мамыт етегін қағынып орнынан тұрды.

— Ей, ей, батыр! — Сөз аңғарын бағып отырған Өмірқұл оның алдын кес-кестеді. — Қазақта мен білмейтін би жоқ. Би ағамды жалғыз жібермейік. Маған ат тауып бер.

— Қатынымды міне ғой! — Мамыт ашу шақырды.

— Ендеше қайтем, бидің артынан жаяу жортармын.

— Сенің көкейіңді тесіп тұрған жас бағланның еті ғой...

— Қазақтар өзіңді сойып жүрмесін!

— Үлкен уай-уай сонда болар...

Жігіттер Өмірқұлды біраз жерге шығарып салды.

Сол екі арада көк жұлынды секіртіп Мамыт та келді. Әнетей жолға шықты. Шалдың ізінде шапаны жалпылдап Өмірқұл барады. Мамыттың сөзін құлағына қыстырған жоқ.

— Қырық сиырың қораңда, менен қазақтың қонақасысын қызғанасың ба? — деп кейіді. — Би ағамнан менің келе алмай қалғанымды есітсе, Тәбекеңнің балалары өкінеді ғой.

Алда көк атты Әтеней, артында Өмірқұл, аттылы жаяу екеуі Ақирек жотасына көтерілгенде түс қайтып еді.

Ауыл көзден таса болған соң, Әтеней аттың басын тартты. Артындағы Өмірқұлды тосып тұр.

— Әй, құрғыр, мінгес енді!

— Өзім де асығып келе жатырмын. — Өмірқұл көк жұлынның сауырына ырғыды. — Уа-ха-ханың көкесі енді болған шығар!

* * *

Бекқұлының жетегіндегі торы атқа қарап тұрып, Әнетей қомсынып қалды. Қыстан жүдеу шығып, көктем туа қойшының астына түскені көрініп тұр. Қабырғасы ырсиған кәрі торы ат басы салбырап аяғын шау басады.

Көк жұлынның арқасында жалғыз терлік қалдырып, көк бас ерді торыға ауыстырып салды. Жаман да болса өз малы ғой... Әнетей торыны мініп қайтқысы келіп тұр. Осы арада күтпеген жағдай кездесіп, жұртты күлкіге қарық қылды.

Ертелі Бекқұлының қасында, ат ерттеудің қызығына қарап тұрған Өмірқұл үзеңгіге аяғын салды. Атқа сол жағынан мінеді. Үзеңгіге сол аяқтың орнына оң аяғын салған Өмірқұл, аттың үстіне қарғып шыққанда өзінің теріс қарап отырғанын көріп, таң-тамаша қалды.

— Бұнысы қалай болғаны? — дейді.

Торы атты қомсынған лаққы, Бекқұлыны мазақтап тұрғанын Әнетей ғана түсінді. Дос бергеннің тісіне қарамайды. Бірақ аңқау Бекқұлы түк аңғарған жоқ. «Ат мініп көрмеген көргенсіз қарақалпақтың ісіне» мәз болып, күлкіден ішек-сілесі қатып құлай кетті. Өмірқұлдың өзі де күлкі, сөзі де күлкі, кешелі бері жұрттың езуін жидырған жоқ-ты. Кетер жерде тағы да қарық қылды.

Өмірқұл былай шыққан соң, Әнетейді қажады.

— Осы не бітіріп қайттық? - Биге алақанын жаяды.

— Таңсыққожа міндетіне алды ғой. Менің сәлемімді Жылқаманға да айтатын болды...

— Билердің ісі осы ғой — дейді, шабан торыдан озып кетпес үшін, көк жұлынды шаужайлап қояды. - Ел тыныштығын ойлаған болып жүреді. Өзінің көмекейін де ұмытпайды. Енді Нұртай қасқаның басы Жылқаманның қанжығасында кетпеген несі қалды? Мына торы ат тегін дейсің бе, соның өтеуіне келіп отыр ғой. Сорлы басым-ай! — деп күңіренді.

Өмірқұлдың жағы тынбайды. Былай шыққан сол бай ауылда қала тұрмағанына өкінді. Кешегі семіз қойдың майлы жамбасын еске алғанда, аузының сілекейі шұбырады.

Торы аттың жүрісі жайсыз екен. Ылдиға қарай түскен сайын солқ-солқ желеді.Әнетейдің тынышы кетті.

Қамысты көлінің басында кедейлеу қазақ ауылында қонып, ат шылдырды. Жақайым ішінде Тоқал Асанға қараған үш-төрт үй екен. Ұзақ көшіп жайлауға шығатын көлік жоқ. Азғантай қойдың жайына қарап, қол сағалап отыр. Қамыстының суы биыл далаға шығып кетіпті. Жағалай жасыл құрақ, жайылған жылқының жоны көрінбейді. Жер от еді.

Жолаушылар бұл ауылдан ертерек аттанды.

Ақиректің жотасы көрінгенде күн сәске еді.

Етекте Домалақкөл жарқырайды.

Жағаға жақын төбенің баурайында қоңырқайлау екі үй сексиіп тұр. Есіктің алдында үш-төрт жылқы көрінеді.

— Жаман Күржібай байыпты ғой, би аға. Желісіндегі үш құлынды көрдің бе? — Өмірқұл көк жұлынның тізгінін тартты. — Қымыз ішкім келіп, аңсарым ауып тұрғанын қарашы. Күн күйіп тұр. Мына ауылда кідіріп, ат шалдырайық, би аға.

Күржібайдың түбі — Үйсін. Әбілқайырдың тұсында Қытай қоластындағы бір ауыл қаша көшіп, Кіші жүздің ішіне келеді. Әр жерде тарап жүрген үйсін-қаңлылар кездесетін еді. Біреу-жарым қырғыздар да табылады.

Жетісудың маңында өскен қазаққа диқаншылық таныс кәсіп. Бір жұтқа ұшырған жылы, қолындағы мал тұяғынан айрылған Күржібайдың әкесі Ақиректің астына құлайды. Енесеймен бұрын да аяқ-табақ қатысы болса керек... Бос жатқан Домалақкөлдің басынан қыстау басып, жаз жер кетпендеп тары салып, кәсіп қылады. Күржібайлар бірте-бірте қарақалпақтың ішіне сіңісіп бара жатыр еді...

Онан бері де отыз жылдай уақыт өтіпті. Бұл күнде Күржібайдың жасы елудің үстіне шықты. Жаз тары салады. Бір жағынан ата кәсібін де ұмытпай, бір-жар мал ұстайды. Адамға азары жоқ, момын Күржібайда басқаның да шаруасы жоқ. Қоңданып қалғаны рас еді...

Күржібайдың қатыны Масаты қарақалпақ қызы. Әнетейді танып, көзіне жас алды.

— Күйеу балаң ауылда жоқ, аға. Бұрын қой ұстаушы едік. Екі жылдан бері есігіміздің алдына желі тартылып, құлын байланды. Күйеудің малы жанды. Былтыр бір інгенді болдық. Боталап тұр. Сыр бойында түйенің шөптен табатыны бар ғой. Оның жағдайын істеп, жайлауға көшуге тарымызды қимаймыз. Жалғыз інгенді қосамын деп, Палуандардың ауылына кетіп еді. Кеше кеткен. Аман болса, кешке дейін келіп қалар. Отырыңдар, сыбағалы малың бар...

Масаты бар шынын ақтарып отыр. Қыз кезіндегідей емес, жалпайып семіріпті. Үйдің шаруасын өзі жайғаратыны көрініп тұр, жүзін күн шалып күрең тартқан.

— Рахмет, айналайын. Біз көп кідірмейміз. Ауылға асығып келе жатыр едік...

Әнетей Масатының сөзін тыңдап отырып, бұл ауылдың Нұртай салған ылаңнан хабарсыз екенін аңғарды. Өзі де айтқан жоқ. Жалғыз үй, бала-шаға қорқып жүрер...

— Мақпал айналайын, атаңа қымыз әпер.

Масаты шидің ішінде сары сабаны күрп-күрп піседі. Бабында тұрған қымыздың иісі үйдің ішін алып кетті. Өмірқұл жыбырлай берген мұрынын уқалап қояды.

Он жасар Мақпал қыз үлгісімен киіндіріп қойған қуыршаққа ұқсайды. Қыз салтын жасап, басына кәмшат бөрік кигізіпті. Қап-қара көзі тұңғиық судың бетіндей мөлдірейді. Бір тостаған қымызды әрең көтеріп келе жатқандай, белі майысқанда, аққұба жүзінде нұр толқып тұрды.

Әнетей Мамыт жалғыз баласы Жабыға Күржібайдың қызын айттырыпты деп еститін еді. Енесей бидің тұқымы жаман Күржібайдың қызына қалай аяқ салады деп жүрсе... Мақпал сұлу болып өсіп келеді екен. Әрі тәрбиелі көрінеді. Мамыт көңілі жүйрік бәлекет қой... Алтынды таныпты... Мақпалдың көрсеткен қызметіне кәрі бидің көңілі толды.

Мәстәттағы ауыл мен Домалақкөлдің арасы он шақырым жер. Ақиректі асып түссе, үйдің төбесі көрінеді. Биік жотаны қиялай өрлеп басына шыққанша ғана, аржағы теп-тегіс жазық, аяғыңды шық ілмейді. Мал тұяғы тимей тел өскен тау басының ақ жусаны аттың тізелігінен келетін еді. Биік қырдың басында аңқылдап соққан аңызақ жел қойын-қонышыңды аралап, тершіген дене салқындап қалды.

— ... Баяғы Енесей атам өлерінде...

Өмірқұл тағы бір хикаяның қызығына түсіп кеткен. Шықыманнан шыққалы екінші күн, әлі аузына тыным жоқ. Ойпырай, неткен заржақ еді. Әнетей жымиып қойды. Енесей өлетіндегі лақтың оқиғасы есіне түсіп еді.

— Маған берген лағың еркек пе еді, уай-уай... - Әнетей Өмірқұлды келекелеп кеңк-кеңк күлді.

— Өмірі Өмірқұлдың есігінде бір тұяқ біткені екен. Өзің болсаң қайтер едің? Жалғыз лақ. Оның да еркек-ұрғашысын білмейсің. Үйде шыдап жатып көрер болсаң!

— Белгілі лаққы, көпшілікті көрген соң арқаң қозып кеткен ғой. Онан да шыныңды айтпайсың ба?

— Құдай сақтасын, Енесей атамның жаназасында күлкі іздеп маған не көрініпті? — Өмірқұл шынымен шыжбалақтап келе жатқандай көрінді. — Бірақ Мамыттың көңіліне келеді-ау деймін. Басы сол екен, менімен жөндеп амандасуды қойды ғой. Кеше он жылдан бері есігін ашқаным екен. Қатықсыз қара көже берді. Әкесі Енесейді мен өлтіргенім жоқ, ажалынан өлді, — содан соң тамсанды. — Шіркін, қазақтарды айт! Екеумізге бір қойды жайратты да салды. «Ата қоразды соясың, артқы көшеге ауыз тигізбейсің» деп төбелес шығаратын осы қай қарақалпақ еді, би аға?

Әнетей жымың етті. Өмірқұл қазақты мақтап, қарақалпақты даттағанда, бидің намысына тигісі келіп айтатын еді. Қазақ жанының дарқандығын, қазақ дастарқанының мырзалығын бұл білмей ме екен? Ата қораздан ауыз тигісі келсе, қарақалпақтың да кең пейілділігі. Жалғыз күлшесін бөліп жейтін көрші жомарттығы екінің бірінде кездесе бермес. Қарақалпақ қонағына қой соя алмаса, сараңдығы емес, таппаған соң қайтеді? Жер емшегін емген халық, басы артық мал ұстамайды. Егіннің көгін аялаған адам мал тұяғына түршіге қарайды. Жалғыз сиырының баспағын қай қонағына сойып береді? Әйтпесе, құдайы мейманнан дағарасын аяйтын қарақалпақ баласы жоқ. Әй, аңқылдағым, соны түсінсең етті болмағанда!

Би көкейіндегі ойын сыртқа шығарып айтқан жоқ. Онымен Өмірқұлды сөзден тосуың қиын еді.

Мәстеттің төбесі көрінгенде, екі атты әулиенің тұсынан өтіп бара жатқан. Әнетейдің ерні қыбырлайды. Кішкентайынан көзі ашық әулие, құмалақшы бақсыға күдікпен қарайтын би Арыстанбаптың атағын сыйлайды. Олай-бұлай өткенде, «құлқуалласын» аяп қалған емес.

- Әнетей аға, анау сұмдықты қараңыз!

Бұл жерден мына шеті Ақпай, ана шеті Үкілісай айналасы алпыс-жетпіс шақырым Ақирек алқабы алақандағыдай көрінетін еді. Өмірқұлдың сөзінен жүрегі тіксінген Әнетей аяттан жаңылды. Алдында құлама жар, атты кісі қиялай жүреді. Торының басын ірке берген...

Өмірқұлдың зәресін ұшырған сұмдық алыста емес, аяғының астында екен. Мамыттың ауылында қаптаған аттылар.. Біреу-жарым жостыра шапқан жігіттер көрінді. Әлде қарақалпақтар елеуресе бастағаны ма? Жоқ! Ақиректің астындағы азғантай елге мұнша жігіт қайдан бітсін-ау! Жұртта бұт артар да жоқ... Шалдың үрейленген көзіне қыстау үстін басқа аттылар қарақұрым халық болып елестеп еді.

— Апыр-ай, бүліктің басталғаны ма? — дегенде дауысы дірілдеп кетті. — Мыналар қазақтар ғой!

— Ойбай-ау, соны айтып тұрғаным жоқ па?!

— Адам аман болса етті. Өмірқұл, жүрейікші! — Әнетей жаман торыны шаужайлай бастады.

— Әлі қазақтар өзімізді жазым қылып жүрер. - Өмірқұл аттан түсті. — Биеке, асықсаңыз бара беріңіз, мен қарызымнан құтылуым керек, — дейді даңғырлай сөйлеп.

— Ей, сен не деп тұрсың?

— Масаты апамның қымызы саумал екен. Ішіме жақпады.

— Өй, құры!

Әнетей шабан торыны екі бүйірге тепкілейді. Тіп-тік жар қабақтан түсерде аттың артқы аяқтары талтақтап кетті.

Мамыттың ауылын басқан Балталы Жақайым Бесбасбай батырдың жігіттері еді.

Жылқаман батыр бастаған жүз жігіт Жаңадарияға бет алып аттанғанда, Бесбасбай іркіліп қала берген. Хабарсыз жатқан ауылдарды құлақтандыруды міндетке алды. Әрі Сырдарияның құйылысында жиырма шақты ауыл қарақалпақ бар... Мүмкін, жаңадариялықтармен жең ұшынан жалғасып жатқан шығар. Қазақтар аттанып кеткенін естіп, қосқа шауып жүрмесін...

Бесбасбайдың қасында бес жігіт кешеден бері құмның ішіндегі ауылдарды арылтып шықты. Түнделетіп Нұрлыбайдың сыртындағы Бидай батырдың ауылына жеткен. Әйдербек ішінде Алтынбай аталығы мал баққан шаруа еді. Жылқайдардың жаманатын енді естіп, қайда барарын білмей отыр екен. Бидай Жылқаманның аттанып кеткенін білген соң елеңдеді.

— Жігіттерді жинап, батырдың артынан жету керек шығар...

— Оған саспа! — Бесбасбай өз сөзін Жылқаманның бұйрығы етіп жеткізді. — Батыр бізге сыр бойындағы қарақалпақтардан сақ болуды тапсырды. Жолдағы ауылдардан жігіт жинап келем. Ертең қарақалпақ қыстауларын бір-бірлеп сүзіп шығармыз. Сонан соң Жылқаман ағамның артынан жетерміз. Олар Сараман Қосада еру болып, бас-аяғын жинақтайды...

Шектінің мол руы бөлек ауылдарына адам кеткенін айтты.

Бүгін ертеңгісін Бидайдың ауылынан шыққанда, Бесбасбайдың соңында бір жүздей жігіт бар еді.

Мамыттың ауылын қапыда басты...

Бір жігіт Көкшекөлдің ұлтанындағы сиырларды қуып келеді. Мамыттың қара қасқалары... Хайуан не біліп жатыр? Енесін көрген соң, үйдің сыртында жайылып жүрген бұзаулар жамырай шапты. Ауыл үсті азан-қазан... Сиырларға араласа, қыстауға Әнетей де кірді.

Мамыттың қорасында шаң-шұң дауыс шығады.

— Соқ, аяма!

Бесбасбайды бұл өңірдің қарақалпақтары түгел білетін еді. Күзді күні кеусен сұрай келгенде, қырмандағыларды қырып кете жаздайды...

Бұл ауылдағылар запы болған.

Бесбасбайдың беті көкпеңбек, қалшылдап тұр.

Мамыттың құйрығы жалаңаш, көйлегі басына түріліпті. Батырды етпетінен салып, екі жігіт басып отыр. Қасында он төрт жасар баласы Жабы жатыр еді. Жас баланың ақ мақтадай етіне қамшының ізі қып-қызыл болып тұрып қалған.

Әнетей Жабыны құшақтай құлады.

— Араша, араша!

Дүре соғып отырған бож қара гүж етті.

— Әй, мынауың кім!?

— Қаңғалақтап қайдан шыға келді!?

— Бұған да бұйырып тұрған бірдеңе бар шығар...

Бесбасбай арс етіп, қамшысын көтеріп алды.

— Тоқта!

Қалың сақалды төртбақ қара кісі Бесбасбайдың алдын кес-кестеп құшағын жая берді. Бұл Бидай батыр еді. Әнетейдің Әйдербек ауылдарымен аяқ-табақ қатысы бар. Бидай Әнетейді таниды. Бесбасбайдың әкесіндей адамға қамшы көтергені сұмдық көрінді.

— Бидай аға, алдымды кесіп неғыласың?! Әлде қарақалпақтың жоқшысы сен болмақпысың?

— Басқа қарақалпағың да жетіп жатыр ғой. Кәрі кісіге ұмтылғанына жол болсын. Әлде танымай тұрмысың? Әнетей мірі әруақтай, қарақалпақтағы жалғыз шал ғой...

— Әй, жаман қарақалпағыңды әулие қыла бермеші! Жылқайдар шал емес пе еді? Нұртайдың қолы қалтыраған жоқ!

— Бұл Жылқайдар емес. Сен екеуміз Нұртай емеспіз. Мен арынсыз қамшы сілтетпеймін!

Жасы үлкен Бидай омыраулап кеткен. Бесбасбайдың қолына жас жігіт Бәркелет шап берді. Еңгезердей ірі Бәркелет Бидай батырдың туысы, жауырыны жерге тимеген балуан жігіт еді.

— Асқынба, Бесбасбай! Күшің асса Нұртайды қумаймысың! Қатын-балаға қамшы үйіріп, Жылқайдардың кегі қайтпас!

— Әйдербек атамның балалары, сырың ашылды. Қарақалпақтан кеусен ішіп күн көріп, таңдайларына татыған екен!

— Кеусен сұрап қанғитын кім екенін құдай біліп тұрған-ды. Қарға өз атын өзі шақырады. — деді Бидай ашу шақырып. — Оттаған сөзді қойсайшы, Бесбасбай!

— Көрерміз, Әйдербек! Қарақалпақты бірің қорғап, бірің қалқан болсаңдар, көрерміз!

— Күш көрсетіп қайтесің, Бесбасбай!.. — Бәркелет оның қолын қайырыңқырап, кейін шегіндірді.

Дүре тоқтады. Біреулер Жабыны тұрғызып жатыр. Баланың жүзі сұп-сұр, көзіне жас алмаған екен. Мамыт жылап жүр. Жалаңаш етіне қамшы тигені бірінші рет еді.

Бесбасбай қарасын батырыпты. Қораның сыртында байдың қара қасқа сиырлары бөліске түсіп жатыр.

— Әйдербек атамның балалары, сыбағаларыңды алыңдар!

Қорадан шыққан Бидай батыр сиырларға қайырылған да жоқ.

Бесбасбайдың өзіне тиген отыз сиырды бір жігіттің алдына салып, ауылына қайтарды.

Сексен жігіт екі жарылып, қораның екі жағында тұр.

— Енді Құмбазар тартамыз! — деді Бесбасбай әңгірлеп. — Ал, кеттік, жігіттер!

— Біздің жолымыз осы жерден айырылады! — Бидай батыр ер үстінде қамшысын көтере сөйлейді. — Тонауға шыққан жоқ едік қой. Қуғанымыз Жылқайдардың кегі екен. Бұл жерде маған түк те жоқ. Жылқаманға барып қосыламын!

Бесбасбай қайтып аузын ашқан жоқ. Ауылдан шыға шапты. Жігіттердің жартысы ізінде кетті.

— Мен сиыр ала келгенім жоқ, малға қол тигізбеңдер! — Бидай жігіттеріне әмір берді.

— Бүлінген елден бүлдіргі алма... — деді біреу.

Қасында қырық-елу жігіт Мәстәттан әрі асқанда, намаздыгер еді.

Мамыт қораның ішінде теңселіп жүр.

— Әнетей аға-ай, қадіріңді білмейді екенбіз ғой...

Есіктен Өмірқұлдың басы қылтиды.

— Пай-пай, Әнетей ағамның айбаты-ай! — Даңғырлай сөйлеп кіріп келеді.

Жан-жақтағы қыстаудан жұрт ағылып жатыр.

— Әйтеуір аманшылық па?

— Қырып кетер ме екен деп едік...

— Әнетей ағам тұрғанда... — деп келе жатыр еді Өмірқұл.

— Өзіңнің қайда жүргеніңді айтшы одан да! — Әнетей оның сөзін бөлді.

— Мен даладағы қазақтарға «тәк-тәк» айтып тұрдым ғой!

Тұнжырап тұрған Мамыт езу тартты.

Биыл қуаңшылық болды. Қуаңдарияның арнасына Сырдан су құйып жарытқан жоқ. Жоғарыда отырған ауылдар Қуаңдарияның алдын бөгеп тастап, азғантай тарысын ылаждап суарып отыр. Төмендегі Мөйтендер теңіз жағасына ығысты. Шетінен балықшы, қуаңшылық жылдары торта-тобыр аулап күнелтеді.

Кеуіп қалған дарияның жағасында ескі қамалдың орны жатыр. Опырылып түскен мұнаралардың етегінде ескі қыштың қалдықтары... Балшық дуал... Сараман Қосаның бағзы замандағы дәуірлеп тұрған кезінен қалған белгі жартусыз еді.

Дарияның жағасында тік жар арнаның орнында тал-шілік, тас құрақ өскен. Қуаңдарияның екі өңірі қатқақ, ат шалар ештеңе жоқ екен. Ебелек пен тырбық жусаннан басқа шөп тұқымы көрінбейді.

Жылқаман Сараман Қосада жатқалы бес күн өтті.

Бұл күндері Жылқайдардың қазасына алты Әлім тегіс құлақтанып болған. Арқасы қызғандар атқа қонды. Қаракесек Ақтан батыр, төртқарадан Тілеулі келді. Сырт ағайын шөмекейден Елемес батыр елу жігітпен аттаныпты. Жылқаман Жәнікені күтіп еді. Жылқайдармен бастас... Баяғы құба қалмақ заманында бір-біріне ат тізгінін беріскен ерлер... Бірақ Қалбаның Қаратауын жайлайтын Жәніке, жаз ұзақ көшіп Сарыарқаға асатыны бар... Хабар тимеуі де кәдік. Өйткені арнап адам шаптырылған жоқ-ты. Әлде мойны ұзаққа түсіп, жете алмай жүр ме? Азамат ерлер санаулы... Бір ауыл Киікбай тұқымынан бір бала ғана ізіне ерген екен. Басқасын қойғанда, Өтеген-Нұрымбеттен сегіз ұл бар... Қарақалпақпен құдандалы жекжат ауыл, ашынып шықпай отыр-ау... Жылқаман соған жориды.

Бір заманда қақпақ жауырынды балуан жігіт Жылқаман — бұл күнде жасы жетпіске тақап, қаршығадай шал болып қалған. Табиғатында мінезі ауыр кісі, қаңқу сөзге көп араласпайды... Қисайса, қалғиды. Қабағы салыңқы, көзін ашып-жұмып отырғаны. Екі ұрты салбырап бұғағына түсіп жатады, аузы толған мылтықтың бытырасы. Көзі ұйқыға кеткенде болмаса, күндіз аузында сақтайды.

Қазақ баласында қолына мылтық ұстаған алғашқы жігіт те Жылқаман еді. Әбілқайыр Жолбарыс ханға аттанатын жылы, он бес жасар Жылқаман Жылқайдардың қасына ереді. Сол жорықтан сирақты мылтық алып қайтты. Өзі шаншып өлтірген жау сарбазынан түсірді. Сонан бері бір мылтық ұстамаған қылы жоқ. Кейін Жаманқаланың жәрмеңкесіне барып жүріп, үш жылқы беріп, бір орыс мүшкетін сатып алған. Білтелі мылтықтай қашан от алады деп отырмайсың, шүріппесін басып қалсаң тарс-ақ! Сорайтып жүруді ыңғайсыз көріп, мойнын кестірген. Қазақ оны «қара шолақ» атайды. Жылқаман «қарашолақтың» түтінін түтініне талай қосты. Бірақ дауысын дауысына қоса алмай-ақ жүр. Сонан келе анда-санда аң аулағаны болмаса, мылтықпен адам атып көрген жоқ екен. Бір-екі рет ауыл арасындағы жанжалда біреулердің астындағы атын атып құлатқаны рас... Оны да көзін қорқыту үшін істеді...

— Мына күн қайнап кетті...

— Азық таусылды...

— Тағы қашанға шейін жатамыз?..

Бүгін жігіттердің арасында күңкіл шықты.

Бір мұнараның түбінде қалғып жатқан Жылқаман басын көтерді. Кеше бір сұрастырғанда, адам саны алты жүздің үстіне шыққаны анықталған. Біреу-жарым бүгін де қосылып жатыр.

Жылқаман Нұртайдың ізін індетіп жүріп, Тықының қамалына кіргізді. Қарақалпақтың қара шоқпар содыр батырына барыпты. Оның қамсыз жатпағаны анық еді. Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы көп қарақалпақ ауыз біріктіріп кетсе, алдыруы қиын. Жылқаман көзсіз арандағысы келмейді, аңдысқан жауды оңай алудың амалын іздестіріп жатыр. Жаңадария бойына жігіттерді жұмсап, тіл алдыру керек екен...

— Әлгі Жылқы қайда?

— Жылқы батырды іздеп жатыр...

— Жәкем шақыртып жатыр...

Жылқаманның сөзі ауыздан-ауызға тарап, шашырап жатқан қолдың арғы шетінен бір-ақ шықты.

Белі буулы, қара сақалы қауқиып Жылқы келді.

— Сен тіл әкелуге бар!

— Қасыма екі жігіт беріңіз...

— Біреуіне Бәркелет барады... — Жылқаман жан-жағына қарады.

— Екіншісі...

— Мені алыңызшы, ағатай!

Жасөспірім қара бала орнынан атып тұрды.

— Кімнің баласысың?

— Әйдербек Сырлыбай байдың немересі. — Бала үшін Бәркелет жауап береді. — Бөгенбайдың баласы. Аты...

— Дүйсенбай!

— Тіл алып қайтуға бару оңай емес. — Жылқаман балаға сынай қарады. — Қандай өнерің бар?

— Осы баланы садақшы деседі. — Жылқы Дүйсенбайды біледі екен. — Біріне осыны аламын!

Көп адамның қобыры да кеп, Жылқы үшеу болып жүргенді артық керіп отыр. Қара күшке келсе, бір Бәркелет екі жігітті жалғыз байлап кетеді. Жақсы садақшы да керек. Жамандығына бағып, ізге жау түскендей болса, Дүйсенбайдың өнерін байқайды.

Зауал ауа аттанған жігіттер Қарақ тауына күн еңкейе жетті. Жаңадария көрінгенде қызыл іңір түсті.

— Анау көрінген Балсүгір қыстауы. — Дүйсенбай ақырын дыбыс берді. — Былтыр күз атам Хиуаға қой айдатқанда, осы ауылға қонып едік. Мына төбенің астында жиделі тоғай бар...

— Өзің жершіл екенсің. - Жылқы бала жігітке ырза болды.

Жиденің тасасы үш атты кісінің жасырынуына мол жетті.

Әрі бұл маңайдың бұтасы қалың екен. Жортуылшылар аттарын шылбырынан ұстап жайып отыр.

— Қараңғы түскен соң Бәркелет екеуміз жаяулап, қыстауды торуға шығамыз. Сен аттарды қорисың. Қорықпайсың ғой?

— О неге?

Жылқы жан-жағына мойынын созып қарайды. Ымырт үйірілді. Әрірек егіс басынан қайтқан он шақты адамның қарасы көрінеді. Оларға ұрынуға болмайтын еді. Шу шығып, ел құлақтануы мүмкін.

Қас қарайды. Аттар суға ұмтылып тыныш алды. Жігіттер бұғып жатқан жерінен шығып, ат суарды. Жылқы батыр дәрет алып жатыр. Түйе жүн шекпенін жайып тастап, намазға ұйыды. Ана жақта Бәркелет күңк етті.

— Аға...

— Не болды ?! — деді Дүйсенбай.

— Қараңдаған біреулер...

— А?

Жылқы батыр асығыс бет-аузын сипап қарғып тұрды.

— Қайда!?

— Бері... мына жақта...

Қарайған екеудің тұлғасы тұстарына келіп қалыпты. Жаяу екен. Қауқылдасқан сөздері ап-анық естіледі.

— Тоқтаңдар!

— Әй мыналары кім еді?

Әйелдің дауысы. Бұларды өз ауылының қылжақпас жігіттеріне жорыса керек. Бәркелет қолтығынан шап бергенде, шыңғырып қалды.

— Бас аузын!

Әйел аузын баспай-ақ жым болды. Екіншісі мосқал жасты еркек, қарсылық көрсеткен жоқ. Екеуі Тықының қамалынан келе жатыр. Шынын айтты.

— Біз жазықсыз диқанбыз. Қазақ болсаңдар, босқа әурелемеңдер. Үйде балаларымыз бар еді...

Еркекті Бәркелет, қатынды Дүйсенбай мінгестірді. Бұлар әлгіден соң тілсіз еді. Қорыққан қатынның мырс-мырс жылаған дауысы ғана естіледі.

— Тірі қалғың келсе, былшылдамай отыр, — деді Жылқы, қайта-қайта былпылдай берген еркекке ақырып.

Еркектің аты Қожамұрат. Тықы қол жиып жатыр. Қожамұраттың он алты жасар ұлы Жанназарды әкетеді екен. Соған азық ала барған әкесі аттан айырылып, жаяу қайтыпты. Үйі күйгір Тықы, жолы түсіп барған кісіні қайта жібермейді. Қожамұратты да ұстаған екен, әйелінің бай-байы құтқарыпты. Аты қандай еді! Арбасы бір танысының үйінде қалды...

Осыдан екі апта бұрын он алты жасар Жанназар Нұртайға еріп кеткен. Сол сапарда қазақ ауылы шапқынға ұшырайды. Қожамұрат ол сырды тіл ұшына салған жоқ.

Қамыстының басында Нұртайлармен сөзге келіп қалған Жанназар ауылына онан бұрын жетіп еді. Қазақ қыздарына ара түсемін деп, сөз сонан ұшыныпты... Үш күннен кейін Тықының жігіттер алып кетті. Жанназар қамалда...

Жылқаман Қожамұраттан жауап алып отыр.

— Тықы біздің хабарымызды біледі екен ғой?

— Қазақтар келе жатқанын елдің бәрі есітті...

— Сіздің ауылдан Тықыға қанша адам қосылды?

— Он жігітті алып кетіп еді. Бесеуі қашып келді. Жұрт Тықыны қайтеді, тарысына су жеткізе алмай жүр...

— Қамалда Хиуаның әскерлері көрінбеді ме?

— Әскер жоқ. Ондай жамандық болса, жұрт жатқызбас еді...

— Нұртай қайда екенін білген жоқпысың?

— Алдында көп жылқысы бар, Нұртай кеше аттанып кетіпті... Жанназар айтты. Менің балам... — Қожамұрат тілін тістеп алғандай үні ешті.

Жанназардың кім екенінен хабарсыз Жылқаман онан әрі қазбалаған жоқ. Нұртай ертерек сытылып кеткен болды...

— Тақсыр, бізді босата көріңіз...

— Босатамын. Қазір біз де атқа қонамыз. Сендерді ауылыңның қасында қалдырып кетейік...

— Ой, бала-шағаңның рақатын көр! — Қожамұрат қолын төсіне қойып, бас шұлғып жатыр. - Қазақтардың бізде несі бар деп айттым ғой. Тықының жігіттері жұрттың зәресін алып жүр. Қазақтар қырады екен дейді, көрінде өкіргірлер!

— Жұртты бізге қарсы қойғысы келгенде тапқан амалы ғой. Оны тыңдамағаның жөн болған. — Жылқаман Жылқы батырға бұрылды. — Мына қарақалпаққа ат бер, ауылына қайтады.

— Қазақтың қарақалпақта кеткен ұзында өші жоқ. Бізге Нұртай керек. Жүрген жеріңе сәлем айт!

Қожамұрат алғысын айта-айта кетті.

Біреулер күңкілдесіп жатыр. Қарақалпақ ауыл шауып, адам өлтіреді. Біз тұтқын қарақалпаққа ат мінгізіп қайтарамыз... Айыпты біз төлеген болып шықтық қой ақыры... Дабыра сөз көбейіп барады...

— Шуды тоқтатыңдар! — Жылқаман ақырды. — Жаңағы қарақалпақтың сөзін есіттіңдер ме? Тықы қазақты құбыжық көрсетіп, жұртты үркітіп жүр. Онысына елікпеген соң, қолына түскендерге күштеп қару ұстата бастапты. Мен қарақалпақты әдейі босаттым. Момын елге зиянымыз жоқ екенін бүкіл қарақалпақ хабарлансын. Сонда Тықы оқшау қалады. Әлгі сөзді есітсе, оны туыстары да тастап кетеді!

— Рас, рас!

— Жәкем дұрыс айтады!

— Күллі қарақалпақта біздің не қысасымыз бар!?

Наразы дауыстар сап болды.

— Ay, жұрт, аттанатын мезгіл жеткен сияқты. — Жылқаманның үні әмірлі естілді. — Қол Тықының қамалын қамайды. Қолбасшың Қылышбай...

Бұрынғы дәстүр бойынша, бұл сияқты жорықта қолды төре тұқымы бастайды. Әбілқайырдан кейін бірі келді, бірі кетті — Әлімұлына хан тұрақтап жарытқан жоқ...

Жәдік сұлтанның әулеті Қайып Хиуа тағына отырған бір жылдары бұл өңірді баласы Әбілғазының еншісіне береді екен... Оның тұсында алым-салық көбейеді. Қайыптан кейін Хиуа сарайында инақтардың ықпалы күшейіп, Әбілғазы билейтін Әлім-Шөменнің тынышы кеткен. Оның ақыры хан шекті ортасынан шеттетіледі...

Бұл өңірде Әбілғазы туралы әңгіме көп айтылады.

Бірде сұлтан Хиуа ханы сыйлаған алтын зерлі шапанды көрсетіп мақтана беріпті. Тәбекен бидің қартайған шағы, өзі сайқымазақтау кісі болса керек... хан жамылып отырған шапанды киіп көріпті...

— Хан иемнің бір олжасын сарқытқа алған екен, жақтарың қарысып қалды ма, неге құтты болсын айтпайсыңдар!?

Онсыз да тәлкекке айналып жүрген хан Киікбайдың үлкен ұлы Өтеген бидің қара шаңырағында қияс мінез көрсетеді. Хан алдындағы астауда үйме табақ ет, асата-асата таусылуға жақын қалған кезі екен. Ең соңынан кірген он төрт жасар бала Жанқожаға босап қалған табақты ұстата беріпті.

— Саған бұйырғаны мынау болды!

— Қонақтың алдынан қайтқан аяқ қатын-қалаштың сыбағасы. Хан болсаң да көргенсіз екенсің ғой!

Қазақта «көргенсізден» ауыр сөз жоқ. Одан кейін Жәдік сұлтан әулетінде қадір-қасиет қалмағаны... Не Жанқожа өлім жазасына кесілуі керек, не хан Әлім ішінен қоныс аударады...

— Әбілқайырдан кейін де Әлім-Шөмен жесір қалған жоқ. Әбілғазының жендетіне бала берілмейді!

Кішкененің сөзін ұстап шыққан Қылышбай ханның жоқшысын аяғына отырғызбайды...

Онсыз да қадірі кетіп, жұрт ауызында сықаққа айналған хан бетін Жайық бойына қарай бұрып, кешіп кетті. Онан бері де үш жыл өтіпті, Әлім ішіне аттап басқан емес. Бұған шейін ханды жоқтаған Шекті баласы да жоқ еді. Бүгін аяқ астынан қазаға ұшырады. Жылқайдар жардай құлап жатыр...

Әбілғазы оған да төбе көрсеткен жоқ. Жылқаман аттандырған шапқыншыны үйден қуып шығыпты...

Енді қолбасы қара қазақтан таңдалады.

Жылқаман Қылышбайдың атын атағанда, ішінде бір бау жантағы жатыр еді.

Қылышбай екі мың үй Кішкененің ішінде Өтеген-Нұрымбеттің ет жақын туысы саналады. Сыр Шектісін алғанда, ең жігіті мол тайпа да «Кішкене»... Қолбасы Қылышбай екенін есітсе, қалың Кішкене бірі қалмай атқа қонатыны анық еді.

Осы жорық басталғалы бір аптадан асты. Жылқаманның көкірегінде бір түйткіл айықпайды.

Киікбай тұқымының қарақалпақтармен құдандалы-жекжаттығы бар екенін біледі. Екі ауыл Өтеген-Нұрымбет осы жанжалдың тұсында бұғып қалатындай ыңғай танытып отыр...

Ағайынды екі шалдың кіндігінен сегіз ұл тарайды екен. Жақын-жуық, қоңсы-қосшылары тағы бар... Сонша жұрттан жалғыз бала — Нұрымбеттің Жанқожасы ғана төбе көрсетті...

Әбілғазы ханмен Әлімұлы ат құйрығын кесіп шығатын жиында Жылқаман да болды. Өтегеннің үйінде өзі жоқ-ты. Керген жұрт «қаршадай баланың бос астауды ханға қарай қалай жіберіп қалғанын» әлі күнге аңыз қылып айтады. Жылқаман осы баланы сырттан көріп сотқардың біріне жоритын еді...

Егер Қылышбай қол бастап, қарақалпақтың шымбайына батқандай іс қылса, иісі Кішкене, қалды Киікбай тұқымы қанды мойын қылмыскер аталады...

— Ау, Жәке, сіз тұрып, менің қол бастағаным қалай болады?

Қылышбай аузы айтқанымен, қуанышын баса алмай, жалқын сары жүзіне қан теуіп тұр еді.

— Менің қол бастайтын уақытым жоқ. Әлгіде Нұртайдың Хиуаға тартқанын есіттіңдер. Оны жіберіп қойып, қарап отыруға болмайды. Аман кетсе, Хиуадан әскер әкеледі. Мен соның ізіне түсем! Қасыма қырық жігіт беріңдер! Жылқайдарды өлтірген Нұртай ғой. Хиуаның өзіне барсам да, сол Нұртайдың басын алмай қайтпаймын! — деп Жылқаман дауды бір-ақ бітірді.

— Дұрыс!

Жұрт шу етті.

Жылқаман қырық жігітті қырық рудан таңдады. Ішінде Нұрымбеттің Жанқожасы да бара жатыр.

Қырық жігіт, қосарында бір-бір ат, атқа қонды. Қалған қол таң ата қозғалды.

Күн күйіп тұр. Жігіттер мезгіл-мезгіл ат ауыстырады. Жылқаман бір мезетте көз ілдірмей, суыт тартқан. Аяң шоқырақ, ара-арасында ат тұяғын қыздырып, шауып-шауып алады. Екінші күні адам сыр берді.

Түске таман құм оттай күйіп, ыстығы бет шарпыды. Құм шоқыларды асқанда, ат толарсақтап әзер шығатын еді.

Нұртай жершіл екен. Қазақ ауылдарына жоламай, қайдағы ескі құдықтарды тауып алып, сырттап жүреді...

Жортуылшылар сол құдықтың біріне бүгін де кездесті. Күн бесіннен ауып, жанторсықтағы сулары таусылып, жұрттың тілі аузына сыймай келе жатқан... Жапырласып аттан түсті. Түбіне көз жеткізбейтін шыңырауға үш-төрт шылбырды жалғағанда, әзер-әзер су алып шығады...

Жанқожа көкбестіні шылбырынан жетектеп, құдықтың сыртындағы жанбауырға беттеді. Оттың орнын көрген. Қолын тығып қарады. Шоқ жоқ. Бірақ от жаққан жердің күлі бұзылмаған күйі тұр. Нұртайдың бұл құдықтың басында ұзақ аялдап, ат шалдырып аттанғаны анық еді. Көзі шашылып жатқан жылқының тезегіне түсті. Оның арасы да дымқыл көрінді.

— Түсте аттанған-ау түрі...

— Өзіңді тентек дейтін. Сірә, зерделі тентек боларсың...

Ту сыртында Жылқаман батырдың даусы шығып, Жанқожа қарғып тұрды. Жылқаман да оттың орнын көріп, бұрылып еді. Жас жігіттің зеректігіне ырза болып тұр.

— Бұлар түнде ұйқысын қандырып, күндіз түстеніп алып, асықпай қозғалады екен. Нұртай қуғыншы күтпейтін тәрізді. Қазақтың жолында Тықы, оны орағытып кете алмас деген-ау.

Бірақ сұрағына жауап күткен жоқ, құдыққа қарай аяндады. Жанқожа еріп келеді. Шөлі қанған жігіттер ендігі ат суаруға кіріскен. Жылқаман жетегіндегі құла жиреннің тізгінін жалпақ сары жігітке ұстатты. Жанқожа жігітпен жол бойы танысып алып еді. Бердіңқұл Жақайым Толыбай екен. Сараман Қосадан шыққалы, кәрі батырдың қасында атын ерттеп, қолтығынан алып мінгізіп, қызмет көрсетіп жүр.

Ат суарып жатқандар кідіріп қалды. Терлеп келген атты суарған соң жүріп кету керек. Әйтпесе, өкпесі қабынады. Батыр соны ескертіп тұр. Қазір зауал ауды. Күн батқанша тынықтырып, салқынмен аттанады. Сонда ертең ертелетіп Нұртайдың үстінен басады. Жылқаманның ойын Жанқожа түсінді.

Көкбестінің ер-тоқымын сыпырды. Малшынған тер. Аттың арқасында бір терлік қалдырып, төс тартпасын тарты.

Аспан бұлттанып, жел соқты. Төбенің басында үш-төрт дүзген. Жігіттер соны паналап тырайып-тырайып жатыр. Дүзгеннен басқа көлеңке жоқ, біреулер тоқымын қалқаланады.

Жылқаман қасына Жанқожаны шақырып, шөндікпен су алдырды. Беті-қолын жуып, дәрет алған. Бесін намазын оқыды. Оны көріп, бір-жар намаз сабақ білетіндер тоңқаңдап жатыр. Көпшілік қозғалған жоқ.

Намаздан кейін Жылқаман төрт-бес жігітке тәртіп берді. Намаздыгерде аттар суарылады. Құптан намазына шейін ат шалдырылады. Алдын түн қылып жүріп кететінін айтты.

Жанқожа ерге басын сүйегені сол, қор етті.

— Ей, қисық найзалы бала, ей!

Біреу иығынан түртіп тұр екен. Тастай қараңғы. Жанқожа көзін уқалай тұрды.

— Қисық найзалы бала, қалып қоя жаздадың, — дейді. — Толыбайдың даусы.

Жанқожаның қоржынында найзаның ұңғысы жүретін еді. Сараман Қосада Бәркелетке саптатып алған. Дал ада онды ағаш табыла қоя ма? Қисықтау қарағай екен. Жұттың бәрі оны «Қисық найзалы» атап кетіпті.

Айсыз қараңғы түн еді. Алдында аттың құлағы ербиеді. Айналаңда адамдардың тұлғасы қараңдайды. Аспанды бұлт көрпесі қымтап алған, жұлдыздар әр жерде біреуі жылт етіп көрініп, қайта жоғалады.

— Жаңбыр жауса, жақсы болар еді. — Біреудің барлығыңқы даусы шығады.

— Жігіттер, шамалы ат тұяғын қыздырайық!

Бұл Жылқаманның дауысы еді. Жұрт дүрк қозғалды. Құмдақ жерде ат тұяғы топ-топ тиеді. Әрі-беріден соң аты жүйріктер суырылып алға шығып, енді біреулердің жайылып артта қалғаны байқалады. Көкбесті енді-енді қыза бастаған сияқты. Жанқожа алдында ат басын іріккен қалың топқа килігіп тоқтады. Дабырласқан дауыстар естіледі.

— Ойнасақ та біраз жерге шаптық.

— Құм жарықтық атты алқындырып тастайды.

Жанқожа да аян-шоқыраққа түсті.

Жылқаман жетектегі аттарды қосып, бір топ жігітті ертерек аттандырыпты. Таң алдында қуып жетті.

— Аттарыңды ауыстырыңдар!

Жылқаман Нұртай тобының жақын жерде екенін ескертті. Тың атпен өкшелей қуу керек еді.

Күн шықты. Жылқаман ат қинамай cap желіспен келеді. Алдарында жаудың сүрдегі сайрап жатыр. Кесе құмнан асты. Аржағы қоңырлық екен. Жусан иісі аңқып қоя берді. Қатқаққа шыққан соң аттар құлшына бас шұлғып, ауыздығын сүзе тартқан. Кенет Жылқаман құла жиреннің басын ірікті. Сол жерде жортуылшылар ат сарытты.

— Шамалы ат басын жіберіп алайық!

Жанқожаның астына омырауы есіктей торы төбел түскен еді. Қанша ұмтылғанмен қалың шоғырдың алдына шыға алмай, діңкесі құрыды. Аңдығаны Толыбай. Ол ә дегенде алға түспек. Әрірек сары жонға шыққанша шалдырған жоқ.

— Нұртай! Нұртай!

Толыбай қолын бұлғап тұр. Астындағы кербесті тізгінін сүзіп шыр айналады.

— Иә, әруақ!

Жылқаман құла жиренді сауырынан тартып қалып, сары жонның басына шауып шықты.

Ар жағы жазық екен. Төрт-бес шақырымдай жерде шұбатылған шаң барады...

— Ал, барыңды салатын жерлерің келді.

Жылқаман алға түсті. Құла жиренді сипай қамшылап, созыла шауып барады. Жануар түлкі алатын тазыдай көсіледі екен. Жанқожа батырдың тұлғасына сүйсінді. Шал ер үстінде бір уыс болып, бойын жинап алған. Қара шолақ мылтық оң қолында, алдына үңіле шабады. Торы төбел әлгідей емес, тұяғы қызып, бауырын жазыңқырады. Керегедей жалы желп-желп етіп, жігіттің бетінен сипайды. Қысыңқырай түссе, құла жиренге жететін түрін байқады. Бірақ жау шындап қашуға қараса, үлкен шабыс болады. Жанқожа сақтық ойлайды.

Бұларды жау да көрді. Қашып құтыла алмасы айқын еді. Аралары сәт сайын жақындай түсті.

Жанқожа бір ұмтылғанда, құла жиренмен үзеңгі қағысып келе жатқан. Шалдың бытыра толы ұрты сүзбе салған дорбаға ұқсап кетті. Жігіттің көзі Жылқаманның қолындағы шолақ мылтыққа түсті. Жанқожа бұл тәрізді қарудың сырын біліңкіремейді... Сондықтан мылтыққа қызыға қоймайтын. Жау әрірек төбенің басына шығып иірілді.

Ат басын бұлар да іріккен, cap желіске түсті.

Нұртай Тықыны алдап кетті. Көр көкірек батыр қысылып кетсе, қазаққа ұстап беруден тайынбайтындай көрінді. Нұртай Хиуадан әскер әкелетінін айтпағанда, Тықы тірі айырылмайтын еді. Соның өзінде бір апта ұстады... Қазақтар Сараман Қосаға келіп жатқанын білген соң, амалсыз босатты.

Қамыстының басында Жанназар бастаған бес жігіт бөлініп кетті. Он бес жігітті Тықы ұстап қалды. Нұртайдың тобы селдіреп қалған...

Ақназардың жетегіндегі Ақтұлпарды ерттеп мініп жатқанда, Нұртайдың көзі қазақтарға тағы бір түсіп еді, қарасы мол көрінді. Енді қашып құтыла алмайды. Нұртай бағын жекпе-жекте сынап көргісі келіп тұр.

— Жекпе-жек!

Нұртай Ақтұлпарды ойнатып шыға берді.

Жекпе-жектен бас тарту өліммен тең екенін Нұртай түсінеді. Қазақтың атақты батырларын білетін еді. Жәніке, Жылқаман тұрғылас әруақты ерлер қартайған шақ... Біреу-жарым қазан бұзар үй тентектер болмаса, қазір аты шығып жүрген қазақ баласы жоқ. Қолды кім бастап келе жатыр? Жекпе-жекке кім түседі? Сол сұрақ Нұртайдың көкейін тесіп тұр. Алғашқы шыққан батыры мерт болса, жау да абыржиды. Соны пайдаланып мына тұрған қырық жігітті бөріктіріп қуар еді...

Жылқаман қасында иірілген жігіттердің жүзіне бір-бір қарап алды.

— Жекпе-жекке кім шығады?

— Мен!

— Мені жіберші!

— Мен барайын!

Дауыс бес-алты жерден жамырай шықты. Мынау қалың қабақты жігіт қаракесек Ақтан... Жасы қырыққа жақындап қалған. Әрі қазақ қарап жүре ме, ертең «Жылқайдардың кегін алатын Шекті табылмады» деген сөз шығады ғой. Жылқаманның көзі Толыбайға тоқырады. Бердіңқұл Жақайым... Жылқайдар - Келіс, бұл — Игілік, жақын туыс... Бірақ осы неменің қайраты қандай екен? Нұртай осал жау емес, бірінші шыққан жігітке сын... Алды жазым бола бастаса, соңғылардың жүрегі шайылып қалатыны тағы бар...

— Ата, мені жіберіңізші!

Жанқожа торысын тебініп алға шықты. Қақпақ жауырын, апай төс... Нұрымбеттің қисық найзалы баласы шын қайрат иесіне ұқсайды екен. Кеше Нұртайдың жұртында кездескеннен бері Жылқаман осы балаға іш тартып келе жатыр еді.

Бұл жолғы дауыстардан Жылқаман қызғанышты ғана аңғарды. Қатар жігіттер Жанқожа абырой алып кетеді деп қорқады ғой. Жас көкірек даңққұмар келеді.

— Жәке, жол менікі еді ғой...

Омыраулап шыға берген Толыбайды Жылқаман тоқтатты.

— Жылқаман екі сөйлеп көрген жоқ. Күшің бойыңа сыймай бара жатса, көрсететін жер табылар. Нұртайға Жанқожа барады!

— Дұрыс!

— Баланың беті қайтпасын!

— Жолың болсын, Жанқожа!

Жанқожа шоқытып шыға берді. Дүйсенбайдың екі көзі сонда, ішінен күбірлейді. Есенәлі, Әйдербек бір туғанда, Жанқожа оларға жақын ағайын саналатынын біледі. Дүйсенбай ата-әруақтарға сыйынып тұр.

Нұртай қарсы салды.

Екі батыр Көктөбенің етегінде кездесті. Қарсы ұшырасқан өспе сатыр-сұтыр найза қағысып, ат екпінімен ағызып өте шыққан. Қайта оралған Жанқожа аяғын үзеңгіге тіреді, көк бас ердің қасына еңкейіп қалған екен. Арындаған аттар аспанға шапшығанда, қарап тұрған жұрт шу етті.

— Найзаласты!

— Е, әруақ, қолдай гөр!

Екі аттың мойыны айқасы түсіп, шіреніп тұра қалды. Ердің үстінде мықшиып қалған Жанқожаны көріп, Дүйсенбайдың төбе құйқасы шымырлайды. Жас толып бұлдырай берген көзін сүртіп, қайта қарады. Қайсысы бел алып, қайсысы аттан еңсеріледі? Жұрт соны аңдиды. Әп-сәтте жел тұрып, төбе баурайында ала құйын көтерілді. Көктөбенің үстінде ақ шаңдақ... Әрі-беріден соң, қайсысы Нұртай, қайсысы Жанқожа, айыруға болмай кетті.

— Апырай, анау еңсерілді!

— Нұртай білем!

— Жоқ, Жанқожа!

— Қап!

Ақ шаңдақ бұрқ етіп, біреуі шалқалай құлап бара жатты.

Жанқожа түсірді! — Дүйсенбай күрең атты сауырға бір көміп, тура шапты. — Бақтыбай, Бақтыбай!

«Бақтыбай» — бес Шектінің ұраны еді.

— Мына байғұс Нұртайды өзі түсіргеннен бетер қан сорпа болды ғой!..

Атын сауырлап шыға берген Толыбайдың сыртынан Жылқаманның ашулы көзі оқтай қадалды. Ақтанның даусы алқына шығады.

— Нағыз батыр қасымызда жүр екен ғой! — Мақтанып айтты. Жанқожа Қаракесекке жиен еді.

Жұрт жауға қарай жаппай шапқанда, Жылқаман мен Ақтан кейіндеп қала берді. Қарт батыр аузындағы батырларды алақанына сауылдатып төгіп тұр.

— Біздің бастан тайған бақты соған берсін, тәңірім...

Соны айтқанда Жылқаманның даусы дірілдеп тұрды.

Бесбасбай Мамыттың аулынан шыққан беті бес-алты қыстауға ойран салып, артынан ат басын тартқан. Көздегені Ешназар, Күжбан сияқты дәулетті ауылдар еді. Бірақ Бидай батырдың бөлініп Сараман Қосаға аттанғаны — Бесбасбайдың күшін әлсіретті. Әр ауылды шапқан сайын, екі адам, үш адам сиыр айдауға жігіттер қалып отырды. Ешназардың қыстауына тиетін жерде қасында жиырма жігіт қалған. Жамандық хабарды естіп, күтініп отырған ауыл сойылмен қарсы алды. Ең аяғы қатындарға шейін қолдарына бір-бір келдек, аянатын түрі жоқ. Бесбасбай бас аманда қашып шықты.

Хан, Аманөткел, Кәрібөгет сияқты дария бойындағы қыстауларға тиісе алмай, Бесбасбай ат басын Сараман Қосаға бұрған. Қалың қолға Тықының қамалында қосылды.

Тықы мен Нұртай қаза тапты. Қазақтың кегі қайтты. Жылқаман ізінен ерген жұртты таратып, ауылға беттеді. Дүрліккен ел тынышталып, бейбіт тірлік қамына кірісіп жатыр.

Бесбасбайға Бекбауыл келді. Мамыт нағашысы... Бір жанға жазығы жоқ Енесейдің баласы нақақ күйіп, ауылы шабылып отыр. Тұщы етіне ащы таяқ тиді. Талауға түскен малы бар... Мамыт айып сұрамайды. Бірақ Бесбасбай малды қайтаруы керек. Қоятын кінәсі болса, ақсақалға түсіп арылсын.

Ақсақалға түссе, Бесбасбай ұтылады. Сыңар езу дауға басты. Сол сықылды Жылқайдарды қарақалпақ өлтіреді. Үш бірдей азаматтың түбіне жетіп, іргесін түріп шауып әкетті. Өтекем баласы көзге көрінсе қайда қалды? Алты Әлім Сараман Қосада бас қосқанда, ол бұғып үйде жатты. Енді жаман қарақалпақтың жоқшысы болмақ қой. Қазақ кімнен қыз алмай жатыр? Осы Бесбасбайдың нағашысы қалмақ... Екі талай күн туса, қалмақтың жетегінде кетуім керек пе? Бесбасбай солай қыңырайды.

Бекбауылдың уәжі дайын еді. Жылқайдардың кегін іздесе, Бесбасбай Нұртайды неге қумайды? Бейбіт елді олжалағанына мәз болмасын. Әтеген-Нұрымбет қарақалпақтың иегінің астында отырды. Тап берер деп қорыққан шығар... Онда да Жанқожаны жіберді. Бір өзі-ақ бір ауылдың жігітіне татитынын біліп жіберді. Жылқайдардың кегін басқа ешкім емес, Киікбай баласы алған...

Сөзден ұтылғанын Бесбасбай да түсінді. Енесей баласының көп сиыры қайтарылды. Он шақты бас қара мал жаратылып кетіпті. Кедей ағайындар сойып жеген көрінеді... Солай жырымшыланып, көзі тірі қалғанын қайта айдатты. Бірақ үлкен қастығын түпке сақтап еді.

Бір аптадан кейін тарыға орақ түседі. Мамыт жиын-терін қамына кірісті. Қырман орнын дайындап, тары бастыратын күш көліктерді жемге қойған...

Бесбасбай осы кезеңді аңдып еді. Жайлаудан құлаған бетінде, Нарынбай тұзының тұсында еру болып, бір түнде Мамыттың тарысына үш үйір жылқыны жауып жіберді.

Жылқы да бір, тасқан сел де бір, аузынан гөрі аяғы көбірек бүлдіреді. Тарыны ұйпап кетіпті.

Бір айдан кейін Мамыт Ақиректен көшті.

— Қазақтар біресе малымды қуып алады. Онан қалса, егініме жылқысын жабады. Өтегеннің баласы қашанғы пана болады? Түбі көшірмей тынбайтын шығар, — деп еді.

Мамыт Ақирек өңіріндегі қызлауларға түгел хабар берді.

Әулиенің басында неше жерден жерошақ қазылып, көк өгіз ошаққа жығылды. Мамыт құдажолы беріп жатыр.

Халық көп жиналды. Мамыт төсекті ашық аспанның астына, кең далаға жайдырған екен. Табақ бесеу ара тартылды. Бала-шаға сорпаға тойып, ел көңілді еді.

Бағдад шаһарынан келген шайқы, шілдей арық, қу мұрт, ақ сұр кісі Арыстанбаптың шырақшысы отыр. Пайғамбардың үрім бұтағы көзін ашып-жұмып мүлгіп қалған. Сүтке тойған мысық іспетті. Сақал-шашында нысан жоқ адамның кәрі екенінде, жас екенін де айырып айту қиын еді.

Домалақ көлден Күржібай құда келді. Кемсеңдеп отыр. Осынша жұртта қабырғасы қайысып отырған да сол...

Жұрт ас ішіп болды. Мамыт қол жайды.

— Ілләһи әумин...

Әнетей бетін сипады. Содан соң аят оқылды.

Шырақшы бір ұзын сүреге түсіп алып, ұштығына шыға алып отыр. Қаны қашқан көкпеңбек ерні күбір-күбір етеді.

— Сухан раббікі...

Жұрт қосыла күбірлеп, төңірек күңіреніп кетті.

Ал, ағайын, ұрланып кеткен адамға ұқсамайын деп, шақыртқаным сол еді. Енді Хорезм жұртына бет түзеймін. Еремін дейтін қарақалпақ баласы болса, ала кетуге мен дайын. Отыз шақты сиыр, жеті-сегіз ат бар. Көлікті аямаймын...

— Тыныш отырған елді бүлдірді-ау...

— Мен де көшемін! — деді Күжбан.

Мамыттың сөзінен кейін жұрт Әнетейге қарады. Қарақалпақ қазаққа билік айтқан аузы дуәлі қария неге үнсіз отыр?..

Биылғы алған астығымды көлік тауып әкетудің амалын таппай отырмын. — Әнетей ызалы мырс етті. — Әйтпесе, алдарыңа түспес пе едім...

Қара қасқа кедей бидің сөзіне біреулер күлді.

— Әнетей ағаны қозғап қайтесіңдер. — Мамыт сөзді басқа жаққа бұрды. Мұнда да бір тайпа ел қалып барады. Оларға да тарыққанда ақылшы, қысылғанда басшы болатын біреу керек қой... Әлі біз де ат ізін салып тұрамыз. Далаға келгендей болмайық.

Мамыт соны айтқанда, жұрт Күржібайға қарады. Жабыға айттырып қойған Мақпал қыз он жасқа шығып отыр...

Мамыт көшуге бет алған соң, Күржібайға кісі салды. Құдасы қиса, келінін алып кетпек еді. Масаты бет бақтырмады бірақ. Шіп-шикі бала, ел асырып жалғыз жіберуге ана жүрек қимады. Ең болмаса он беске шықсын... Алып кететін адамға Үргеніш қашықтық қылмас... Масаты соны айтқан.

— Хорезм жұрты қыдыр дарыған ел... — Шырақшы көзін жұмды.

— Қайда барса, диқан байғұстың жалынатыны екі қолы! — Сағындық оған жақтырмай қарайды.

— Оған сөз бар ма!?

Күжбанның көкейіне жаман ой келді. Түбі Ақирек қазаққа қалады екен. Ата-баба мекені... Қарақалпақтар жаңа туған нәрестесін күншілік жерден әкеліп, мына бұлаққа жуып алатын еді. Енді оны қазақ жылқысының тұяғы ылайлайды. Күжбан қастасқан жауға, қайран, Ақиректің бір уыс топырағын қалдырмас еді, бірақ оған дәрмен жоқ... Қазаққа ең болмаса бір қастық жасағысы, ақ бұлақтың көзін бітеп кеткісі келді...

Жұрт тарады. Шырақшының қасында жалғыз Күжбан қалған. Шынын айтып ақыл сұрап отыр.

— Әділ сөз! Әділ істі құдай да қолдайды. Бұл сырыңды Мамыт мырза есітті ме?

— Менен басқа бір-ақ адам, сіз ғана білесіз...

— Ендеше ешкімнің білмегені мақұл. Ақиректің суы тартылып қалғанын көрген жұрт кешірмейді оны!

— Сонысы бар екен ғой! — деді Күжбан үркіп.

— Оның амалын табамыз...

Бұлақтың бастауына жақын жолым үйдей қара тас жататын

еді.

Күжбан төрт жігіт әкеліп, жер құшағына еніп кеткен тасты қаздырды. Басында шырақшы. Бұлақ көзіне қараған жағын үңірейтіп аштырып, құламалы еттірген. Екінші жағынан итерсе, домалауға дайын тұр.

Төрт жігітке Күжбан қосылып, қара тасқа иықтарын тіреп тұра қалған. Ауыр екен. Былқ етіп қозғалған жоқ.

Қара терге түскен Күжбанды шырақшы тоқтатты.

— Төрт пар өгіз керек!

Күжбанның көзі алақандай болды.

— Тастың беліне арқан салып, егіздермен тарттыру керек. Бір жылжыса сонда жылжиды.

— Осыны қойсақ деймін. — Бір жігіт үркектеді. — Құданың құдіретімен біткен тас адамның ырқына көнбес...

— Арыстанбап атам аян берді. — Шырақшы арамдығын білдірмей тұр. — Бұл бұлақтың суын қазаққа арамдатуға болмайды! Өгіз алдыр, мырза!

Айсыз қараңғы түн. Егер күн жарықта болса, жігіттер әлем тапырақ шырақшы жүзіне көздері түссе, зәресі ұшар еді. Қазір мүлгіген шал ашулы әждаһаға айналған. Дыбысы жыландай ысқырынып естіледі.

Күжбан екі жігітті ауылға шаптырды. Осы бәленің қайдан есіне түскенін білмей, қазір өкініп отыр. Шырақшы Арыстанбаптың атын атағанда, тіпті зәресі ұшты. Бір түйір шүбә қылған жоқ. Жарықтық әулие... көкірегіне сол салған ғой... Соны ғана дәтке қуат еткендей еді.

Мұрындары шуылдап өгіздер де келді. Шырақшы өзі жүгіріп жүріп қара тастың беліне арқан салды. Төрт жігіт тастың сыртынан тіреп тұр.

— Ал әуп деңдер!

— Әуп!

Қара тас бір лықсып қалды.

— Айт шу!

— Әуп!

Екінші рет лықсығанда, бұлаққа қарай еңсерілді. Қорқып кеткен жігіттер быт-быт болып, алды-алдына қашты. Су бір шалп етіп, тас салдыр-гүлдір құлап түскен. Жер қарс айрылғандай, ауыр гүрс еткен дыбыс қиырға кетті.

— Алда! — деді Күжбан жата қалып.

— Ата-бабаң енді ырза шығар...

Шырақшы мырс етті. Біліп қалар деп қорыққан, жүресінен отыра қалып жалма-жан аят оқыды. Басқалар да ес жиып, шырақшының қасына жақындады. Бұлақтың үңірейген қайнарына үрпиісе қарайды.

— Енді тастың орнын тегістеп кетіңдер, — деді шырақшы.

Төрт жігіт тастың орнын топырақпен тегістеп біткенде, таң алды еді.

Күжбан көшіп жатыр. Өгіздерге арба жегіп, тай-тай жүктерді, қап-қап астықты далаға сүйрейді. Артында тұсаулық жіп қалдырған жоқ.

Арбалар сықырлап, көш орнынан қозғалғанда күн шыққан.

— Болыңдар! — дейді Күжбан асықтырып.

Бұл күні ертерек тұрған типыша кемпір еді. Ірге жақта жатқан шалын жұлқылап оятты.

— Байдың ауылы көшіп жатыр ғой!

— Кім ол!?

— Күжбан. Жау қуғандай таң қараңғысынан бүлінді.

Типыша кемпір кейіді.

— Жаз болса бір сірә. Қазір күзді күні, қоңырсалқын...

Әнетей дәрет ала сыртқа шықты. Күзгі таң салқын.

Күжбанның көші қыстауынан шықты. Мамыттың аулы да қыбырлап жатыр. Өгіз арбаларға жүк тиеліп болыпты...

— Кешті...

Әнетей қасында Сағындық пен Мәтниязды керіп, көзіне келіп қалған жасты іркіп ала қойды.

— Күжбаннан жерағаш сұраймын ғой деп отыр едім. — Сағындық екінді. — Алды-артына қарамай зытқан екен.

— Ізінен жүгірсейші. Мүмкін, берер. - Мәтнияз көршісін келекелеп күліп тұр.

— Кісіден сұрағанның көзі шығады, — деді Әнетай.

Сағындық күрсінді.

Жұрттың көзі Мамыттың қыстауына ауған. Олар да қозғала бастаған екен.

— Енесей ағам қандай еді. Есіл қыстау енді иесіз қалғаны ғой. - Соны айтқанда бидің көзінен жас ыршыды.

Мәтнияздың көзі ертелі әулиенің басында еді. Терең жыра жым-жырт, бұрқырап аққан су да көрінбейді. Тал түсте не болғаны?

— Құдая сақтай гөр! Бұлақ!

— Бұлақ жоқ!

— Мынау ақырзаманның аламаты шығар?

— Бір түнде жер жұтып қойғандай!...

— Енесей ағам әулие кісі еді. Үрім-бұтағы тозып жатыр. Ол да көрінде бір аунап түсті ғой... — Әнетей кәлима қайырды.

Жер емшегінің кенет суалуын жұрттың бәрі де сондай кереметке жорыған. Ескі қыстауда жан қалмай сыртқа шықты.

Мамыттың көшіндегілер де артына қарай-қарай бара жатты. Тартылған бұлаққа қарайды. Жағаларын ұстайды.

Бұл сұмдыққа әулиенің де, әлі әруақтың да қатысы жоқ екеніне Ақиректегі елдің көзі кейінірек жетті. Біреулер қара тасты еске алған... Орнынан табылмады...

— Мен құдай жолын қуған адаммын, — дейді шырақшы көзін ашып-жұмып. - Пенде ісінде шаруам жоқ...

Бірақ надан елдің басын айналдырған қулығы іске аспай қалғанын енді түсініп, іші күйіп отыр.

МАҚПАЛ ҚЫЗ

Нар өркеш құм шоқылар бағы замандардың шөгеріп тастап кеткен керуендеріндей сұлап-сұлап жатыр. Ақ шағылдардың етегінде ақ селеу елбек қағады. Әр жерде көк қияқ дүзген ұшырасады. Дүзген ылғи жеке өсіп, жуан сіңірлі тамырын жерге терең жіберіп, алапат шелмен қайыспай алысады. Сол тұрысы жұртта қалған жолым үйдей көкірекке мұң салар еді.

Құм ішінде сарнап жатқан қасқа жол жоқ. Ескі сүрлеудің құр жобасы, үстінен құм жүріп өтіп, ол да көмескі тартқан... Анда-санда көшкен елдің жұрты кездесіп қалады. Маңайын мал тұяғы шиырлап тастаған. Көп іздікке араласып жол да жоғалады. Бірақ қазақ көзі жіті — дала картасының шимай-шимай бетінен іздеген жолын айнытпай таныр еді... Қазақтар әз жерінде, туған топырағында адаспайды.

Түнде бір құдықтың басында ат шалдырған жаушылар, таң атқалы cap желіс, соқтыртып келе жатқан. Күн сәскелікке көтерілді. Салтанатты төртеу де аяңға түсті. Күн ыстықта көлікті кеп қысуға болмайтын еді. Онда семізінен жараған аттарды қызылмай қылып құртады.

Аяң жүріс cap желіс емес. Ертелі үнсіз жорытқан жігіттер серпіле түсіп, бір-біріне тіл қатады. Тапал қара жігіт Балпан бір сөздің ұшын түртіп шығарды.

— Осы жұрттың Нияз көкемді Төбет атамның басына сірі бүріпті дейтіндері рас па? Сегіз аға, сен білесің ғой. Ағайын адамдарға не жетпей жүр сонда?

— Оны кімнен есіттің?

Топтың алдында келе жатқан тарланбозды жігіт аттың басын ірке түсті. Бұл төртеудің ішінде жасы үлкені де сол екен. Серіктерінен киім киісі де бөлек, көксауырлатқан кебісінің тірілігі мен тұмсығына күміс шегемен әшекей жүргіздірген еді. Қанауыз тысты жұқа шапанның ішінен қара масаты қамзол киіп, кең балақ пүліш шалбардың балағын алтын зермен көмкертіпті. Басында құндыз бөрік. Сегіз сері әсем киінетін.

— Әй, осы Шөмекейлер кездескен жерде мазақ қылады ғой!

Балпан жайбарақат сөйледі.

— Шөмекей нағашың, қалжыңдай береді де...

Мұны айтқан жасы он жетілердегі қара жігіт Айбас. Ол Балпанды жазғыра сөйлейді.

— Өзімізден өзіміз несіне жасырамыз. Шөмекей нағашың қалжыңдаса да шынын айтыпты. — Сегіздің ақ құба жүзінде мұң көлеңкесі, қабағын шытқан. - Құлым атамды білмейтін сырт ағайын «Жаманкөз» атап жүр...

— Ay, өзіміз де айтып жүргеніміз жоқ па? — Балпан тағы да киіп кетті. — Құлымды айтсаң, кейінгі жас балдардың көбісі түсінбейді. Ал Жаманкөз шалды білмейтін ел жоқ.

— Бәрі сол Шөмекейлердің сөзі...

Кейіп келе жатқан Айбасты Сегіз тоқтатты.

— Құлым атамыз жасы алпыстан асқанша ұл бала сүймеген. Бес қызы болыпты. Мың жылқы айдаған бай. Ақ Жайық пен Үлкен Борсықтың екі арасында ұзақ көшіп, кең жайлап жүре берген. Ал немере туыстары Кешубай мен Жұмағұлдың балалары сіңірі шыққан кедей екен.

— Өзіміз сияқты ғой. Жәніке-Сары жылқысын айдай алмай жүр. Онымен бірге туған Топының Сегізі. Сегіздің маңдайына басқан жалғыз тарпаң көктен басқа тұлдыры жоқ...

— Қайда ас болса, той болса Құлым атамды шақырады. Тойлыққа ту бие жетектеп, саба-саба қымыз барып жатыр. Алдында ақ боз үй тігіліп, күтіп тұрады. Әлгі айтқан Төбет пен Мойнақ Жұмағұл атам балалары. Біз сияқты сері жігіттер. Кейде ас пен тойға мініп баратын ат таппайды екен...

— Жаманкөз атам сараң кісі болған-ау түрі. — Балпан бір сөз қыстырып қалды. — Әйтпесе, немере-шөбере туыс. Аттың майын аяйтын иіні жоқ қой.

— Бір Шөмекейдің асы болған екен. Құлым атам тоғыз нарға саба артып аттанады. Алыс ел. Төбет пен Мойнақ аттары тұрып қалып жолдан қайтады. Алдында Құлым атасынан ат сұрап барып, салы суға кетіп қайтқандары бар... Ауылға келіп бай туысының желісін қиып, жылқысын қуады.

— Е-һе!

— Құлым атам бетіне жан қаратпайтын тәкаппар кісі, жүрегі қабынып кеткен. Қиылған желіні көргенде, үйге кіруге дәрмені жетпей, есіктің алдында құлапты. Қатын-бала, ағайын-туғанды тыңдамайды. Үш күн өтіп, алыс-жақын ағайын құлақтанып, Шектіге қараған игі жақсылар жиналып келеді. Құлым сонда да басын көтермейді. Бақашы Шөмекей Нияз би келіпті дейді. «Дәулет пен перзенттің кештігі жоқ, көтер басты!— деп ақырады. — Жасы үлкен ағамын, батамды бергелі келдім. Үйімде он бес жасар қызым бар, соны берем!..» Атам басын көтеріпті.

— Қызды айтқанда қызып кеткен екен да! — Балпан қарқ-қарқ күлді.

— Қалжыңды қойсайшы — деді төртінші жігіт Сайлыбай.

— Сонда Нияз «келер жылы осы уақта бір перзент, ұл перзент көрерсің» дейді екен. Үлкен шешеміз жылап қоя беріпті: «Ол қызың болғанда, мен де қызың, құр қалдыратындай жазығым не?» деген ғой. «Бердім саған да бір перзентті» дейді Нияз би.

— Пай-пай! Қолында тұрғандай үлестіріп жатыр. Құдай құдай емес, Шөмекейдің шалы болып шықты ғой...

— Нияздың қызы біздің шешеміз. Үлкені Нияз. Аузы дуалы шалдың есімін жиеніне қойыпты. Онан кейін Бәшке, сенің атаң Бабас, ең кенжесі Ботат туады. Бәйбіше де құр қалмай, сүт кенжесі Сырлыбайды көтерген...

— Шала туып, тымаққа салып керегенің басына іліп қояды екен. Сұраған ағайынға «бір лекеріміз бар ғой» дейді. Сырлыбай атаңның Лекер атанып жүргені сондықтан көрінеді, — деді Сайлыбай қарқ-қарқ күліп.

— Айдың-күннің аманында Сырлыбай атам қалай шала туып жүр десем, шешеміз алпыстағы кемпір екен той. — Балпан оны да әзілге шаптырады. — Енді мынаны айтшы, Сегіз аға Алтынбайлардың Ниязға Жаманшаның ортағы бар дейтіндері не былшыл?

Сайлыбай мен Айбастың жүзі күреңітті. Сегіз езу тартқан. Ана екеуі Нияздың батыр баласы Жәнікеден туады... Нияздың жеті ұлының біреуі — Сегіздің әкесі Топы. Бірақ есті жігіт Балпанның сөзіне намыстанып сыр берген жоқ.

Ол былшылдың да мәні бар, — деді тамағын кеней түсіп. Құлым атам шешемізді ұзатып әкеткелі барғанда, қасына шөбере-шөптіктей жақын туысы Жаманшаны ертеді. Шөмекей мың айдаған байды аясын ба? Қаде-қауметті қалдырмайды. Соның бірі — қыз көрсету. Қалыңдығы он бес жасар қыз. Жеңгелері отауға саларда кәрі күйеуді қылжақ қылған ғой: Қаусаған шалда қанша қауқар болады?» десе керек. Сонда Жаманша атамның: «Ағам кәрі болса, өзім жаспын. Сендер ұялып қалам демесеңдер, біз қысылмаймыз!» дейтін жері бар. Соны жұрт дабыра қылып кеткен ғой. — Сегіз Балпанға қарап күлді. — Ойпырай, сенің де есітпейтінің жоқ екен.

Ау, біліп қойғанның несі артық? - Балпан жоп-жорта таңырқағансиды. — Біз жасырғанмен, жұрт айтып жүр. Қайта осындайда анығына жетіп қойған жақсы ғой. Дегенмен осы арада бір шикілік бар. Әлгіні айтып жүрген Жаманша шешемізді қайдан аман қояды? Қанша мықты дегенмен, жетпістегі шалдың он бес жасар қызды қанағаттандыруы қиын ғой...

— Сен де оттайды екенсің! — Ат жақты Сайлыбай онсыз да қисықтау біткен бетін бір тыржитты.

Төртеуі де Жаманкөз шалдың тұқымдары, Сайлыбай мен Айбас сосын ғана шыдап келе жатыр. Басқа біреу айтса, қып-қызыл қырғын болар еді.

Тоқал шешеден тараған төрт бала - төрт ауыл, жаз Сарыарқаны жайлап, қыс Қалбаның Қаратауын қыстайтын еді. Биыл көктемде үлкен Қаратауға қарай жылжыды. Сойыл ұстар батыр жігіттері мол содырлы ауыл, көрші отырған ағайын Арғын-Қыпшақпен сиыспайтын. Әсіресе Жәнікенің Сақары, Сарының Бақасы, Рахметәлі, Мелдебегі — ат үстінен түспейтін еді. Үлкен Қаратауға жылжитын жолы қыпшақтардың екі үйір жылқысын қуа кеткен. Енді қашан қыс қысқанша Қаратаудағы қыстауына жоламайды... Барымтадан түскен олжа байға сіңуі керек. Тәшкен мен Қоқанның базарына тоғытып, көзін құртады....

Бастас ағаларының ондай ісінен Сегіз аулақ жүретін еді. Жауырыны жерге тимеген балуан, домбырашы, әнші... Жаз болса, жақсы көретін інілерін ертіп, осылай ауыл-ауылды қыдырып, сауық құрып күні өтеді...

Былтыр ұзатып алғалы отырған қалыңдығы шешек шығып қайтыс болды. Сол қаза сері жігіттің жүрегіне құса байлағандай. Жасы жиырма беске шықты. Күнде бір қыз айттыратын ауыр дәулет жоқ. Өзі талғамы биік жігіт, анау-мынау шүйкебас қызға аяқ салмайтыны тағы бар...

Сыр бойына Мақпал атты қыздың аты шығады. Ауыл-ауылды аралап қыз көріп жүрген серінің құлағы елең етті. Арал теңізінің маңында Сырлыбай ауылы,Таңсыққожа ағасы отыр. Ол туыстарына екі-үш жылдан бері ат ізін салған жоқ-ты. Ауылдан соны сылтауратып аттанады. Серінің бұл сырын қасындағы серіктері де біле бермейтін еді.

— Сөз неден шығып кетті әлі? — Сегіз қалт ойланып қалды. — Ә, Төбет атамның басына сірі бүрілген жайын сұраған екенсің ғой. Күліктен төрт бала — үлкені Құлымның әкесі Әліқұл. Онан кейін берше, тоқас, жаңбай. Төбет бершенің бір бұтағы Жұмағұлдың баласы. Әлгі оқиғадан кейін Жаманкөз атаң Берше туысынан ат құйрығын кесіседі. Бүлдіріп жүрген Төбет бастаған төрт-бес жігіт, басқа Бершенің жазығы не? Ара ағайын соны айтады. Жаманкөз тыңдамайды. Әрі Төбет те ағасының аяғына жығылып кешірім сұрай қоймаса керек... Қырық-елу үй Күліктің арасына жік түсіп, ағайын қиналады. Ақыры Төбеттің мойнына арқан салғандай қылып, алып келген. Нияз атамның он алтыға шыққан кезі екен. Атақты тентек. Ағайын Төбетті Жаманкөздің алдына әкелгенде, «өлтірсең де құны жоқ» деген ғой. Нияздың басына сірі бүретіні рас көрінеді...

— Не деген жібімес қаталдық еді,- деді Айбас түсі оңып.

— Өзіне сол керек!— деді Сайлыбай.

— Ал мен сендерді қуантайын ба? - Балпан толыса бастаған денесін ат үстінде жеңіл қозғап, бір жамбастап отырды. - Алдымызда ауыл көрінеді...

— Мұның көзі тұмсығына біткен, — деді Сайлыбай ағасын келекелеп.

— Ертелі мұрнын шүйіріп келе жатыр еді. Бір нәрсенің исін сезген екен ғой.

— Балпан айтса, қате кетпейді, — деді Сегіз де әзілге бұрып. — Мұның өзі иттен де бетер иісшіл.

Жігіттер ду күлді.

Жол үлкен құм жотаны асып түсті. Аяқтарының астында ауыл отыр еді. Жігіттер жүрістерін баяулатты.

Ауылдың отырған жері табандық екен. Құм ішіндегі сызы бетіне шығып жататын көкорайды « табандық» деп атайды. Ондай жерді қамшының сабымен шұқып қалсаң, астынан мөлдіреп су шығады. Балқұрағы жайқалып тұр.

Әрі қарай қоңырлық, үйездеген жылқылар көрінеді.

Ауыл табандықтың екі жағына жеті-сегіз үйден бөліне қоныпты.

Қоңырқай үзік сирек, бәрі де ақ боз үйлер еді. Қасына қоңсы сақтамайтын, өскен-өнген аталыққа ұқсайды. Желі де екі бөлек тартылыпты. Табандықтың терістік бетінде отырған ауылдың үй саны да молырақ, желіде байланған құлындары да көбірек көрініп еді.

Кер биені жайдақ мінген бір жігіт жылқы аралап жүр.

Бұларға қарсы ұшырасты.

— Ассалаумалайкүм!

Кер биелі қара сұр тізгінін тежей түсіп, бейтаныс жігіттердің бас-аяғын шола қарайды. Құндыз бөрік, қызыл сақтиян мәсі, омырауына зер төккен шапан, — алыстан келе жатқан тұрпаты бөлек жандар екенін аңғартты.

— Әйдербек Нияз бидің аулынанбыз... — Сегіз жол мәнісін айтты. - Қарақұм жақтағы ағайындарымыздың амандығын біле шығып едік. Осы маңайда Нұрымбет ағам отыр деген соң, әулие аттаған оңбайды дейді ғой, ат басын бұрдық...

— Нұрымбеттікі анау үй!

Кер биелі Бекбауыл еді. Қамшысын терістік бетте отырған ауылға қарай сілтеді. Өтеген көз жұмғалы жеті жыл етіпті. Сәлем бере келгендердің бәрі қазір Нұрымбетті сұрайтын еді. Бекбауыл көндіге алмай жүр. Ұзай берген жігіттердің артынан күңк етті.

— Иттің бажасы көп, басына пайдасы жоқ...

Бұл қонақжай Нұрымбетті сырттай қыжыртқандағысы. Ауылға беттеген жолаушылардың алдынан Ақмырза шықты.

Жаманкөз аулының жақсыларына сырттай таныс Нұрымбет балалары шұрқырасып жатыр. Әрі бұл ауыл Сегіз серінің атына қанық. Қырда әнші-жыршы сағындырып көріседі. Құдай айдап ат басын бұрса, апталап ұстап жібермейтін еді.

Қонақтарды Жанқожаның отауына кіргізді. Биыл шаңырақ көтерген жас отау. Әлі қызығы басылмаған. Ән-күй десе жас келіншек Мүмкін де жүрегін үзетін еді. Жас жігіттер қулық та ойлап тұр. Сегіз шалдың қолына бір түсіп қалса, ән-күйдің жолы тарылар деп те қорқады.

Бірақ бір тостаған қымыз ішіп, шөл басқан соң, Сегіз шалды жоқтады. Енді бөгеу ұят еді. Қазақ салтында ең алдымен жасы үлкенге сәлем беріп, өлгенге салауат айтып, тіріге берекет тілеу бірінші борыш саналады.

Сегізді Нұрымбет те біледі екен. Бір-екі тойда балуандыққа түскенін де көріпті. Серінің лебізіне әркім құмар. Жақсы бейілін аңғартты.

Шал Ниязға қарағандардың бәрін танып отыр. Жәнікенің бәйбішесі, Сарының кемпірі сияқты — жақсы керетін жеңгелерінің атын да ұмытпапты. Амандық-саулық сұрасу биенің сауымындай уақытқа созылды.

— Құлым атамды білмеген жұрт Жаманкөз деп жүр. Әкем он жасқа шыққан жылы Құлым атам үйге қонып кетеді екен. «Қолынан ет асадым» деп айтып отырушы еді...

— Қалай Жаманкөз аталып жүргенін...

— Ол бір ертерек жаугершілік заман еді ғой. — Нұрымбет ұзын сүре әңгімеге түсіп кетті. — Құлым атам бір жортуылда түрікпеннің батырымен жекпе-жекке шығады екен. Көздегені қате кетпейтін әккі кісі, сауыт киген түрікпенді өндіршектен шаншып түсіреді.Өзінің жалаңаш етінде жалаң жүн шекпен дейді. Құлым атамның көзі көк, тік қадалса, өңменнен өтетінін әкем айтатын еді, түрікпенді албастысы басқан ғой. Бірақ тірі қалып, арада он жыл өткенде, Хиуада кездесіп қалады. «Жаманкөздің найзасынан да аман қалғанмын» деп тұр екен. Бұл танытпайды. Түрікпеннің сөзін Құлым атамның қасындағы жолдастары елге айтып келіп, сонан тарап кетеді.

Ақ бейіл шалдың әңгімесінен кейін жігіттердің арқа-басы кеңіп қалды. Қасынан жіберетін түрі жоқ. Көптен қонақ келмей, әңгіме іздеп отырған сыңайы байқалды.

— Еркімізбен өлең де тыңдай алмайтын болдық-ау...

Ақмырза күңкілдеп жүр.

Күн кешкіріп, әңгіме бір толастаған кезде, Сегіз отауда қалған домбырасын алдыртты.

— Ағама өлең айтып беріп, көңілін көтерейін, - деген.

Сонан түннің бір уағына шейін қолынан домбыра түскен жоқ. Бір уақыт Шалкиіз жырауды термелеп кетсе, артына Доспамбет пен Асанқайғыны толғайды. Әр жырдың алдында, ол сөзді жырау қандай жағдайда, кімге арнап шығарғанын сөйлеп беретін еді. Айтуы да жұрттан бөлек. Доспамбетті айтқанда, қабағын тастай түйіп теге жөнелсе, Асанқайғының толғаулары тұсында ақ жүзін мұң шалатындай. Дауыс ырғағы да өзгеріп, шалқып аққан дарияның ағысындай, саябыр тартады.

Жастар жағы жаугершілік заманда жасаған Доспамбет пен Шалкиізді құлай тыңдап, еліріп кетті.

— Уай, ерім-ай! — дейді Ақмырза қиқу салып.— Жүрек жұтқанның өзі ғой! Айтуын да жеткізіпті.

— Ханның өзін сілейтіп салған жоқ па!?

Жанқожа шынымен елігіп, Сегіз даусын қаттырақ көтерген сайын, оның төбе құйқасы шымырлап қояды.

Ақсақалдың жүзінде ырзалық білінеді. Жастар сияқты қиқулап сыр білдірмей, іштей мейірленеді.

Тек Асанқайғының толғауы тұсында сыр берді. Шалдың жүйкесі босаған, көзінде жас дөңгелеп келіп қалып еді.

— Халық қамын ойлаған қасиеттім-ай! Желмая мініп сыдыртып, жер жаһанды шарлапты. Жерұйық тапты ма сонда? Ұрпағының қызылқұмда қамалып, көзі ағарарын сезген екен...

Ас келді. Үлкен ағаш астауда қайқиған қойдың басы көрінеді. Кәделі мүшелер түгел еді.

— Айналайындар, алып отырыңдар.

Бес ұлдың анасы томашадай сары кемпір, қолы ашық кісіге ұқсады. Қонаққа бейіл білдіріп, жалбырақтап жатыр.

Ақсақал қонақтарды ас қайырылып, дастарқан жиналған соң босатты. Ұзақ жол жүріп, ат соқты болып жеткен. Бәрі де демалыс тілеп отыр еді.

Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді.

Жігіттер ақ шағылға бауырын төсеп жатыр.

— Бекбауыл неге бойын сылап жүр? — Ақмырзаның дауысында кейістік бар. — Бекті екі рет жібердім...

— Жақай мен Қожа да төбе көрсеткен жоқ.

— Олар кінәмшіл ғой, — деді Жанқожа.

— Осы ауылдың үлкені Нұрымбет болғанмен, биі Бекбауыл болмақ қой. Қалған Киікбай тұқымының кемеңгері өзі екенін мойындатып алғысы келіп жүр ол! — Бекбауылмен жасы құрдас Ақмырза ашу шақырды. — Тырнақ астынан кір іздеп, қытымырланып барады мұқым. Мұнысын қоймаса...

— Қой қайтесің. — Жанқожа ағасына басу айтты. Сырт адамның көзінше ағайын арасындағы өкпе-кінәні ортаға салып жату ыңғайсыз еді.

Бұлардың сөзін Бек бұзды. Сегіз жасар бала, шалдың сүт кенжесі. Екі иінінен дем алады.

— Мүмсін жеңешем төсекті қайда салам дейді.

— Мүмсін жұмсаса, мықтының өзінен келген екенсің. — Жауқашар оны келекелей күлді.

Мүмсін — Байұлы Шеркестің қызы. Сегіздер жас отаудың есігін бірінші ашқан қонақ еді. Жас келіннің жақсы аты түскен күні шығады. Үлкен әже немересіне солай үйреткен. Мүмкін әжептәуір домбырашы. Әр елдің салты басқа... Келген жерінің тұтымы қатты керінді. Бұл ауылда «әу» деп өлең айтатын жан жоқ-ты. Келіншек болып түскеніне үш-ақ ай, Мүмкін іш құса болып біткендей. Оған мына қонақтардың жосығы бөлек көрінді. Былғарыға құндақтаулы домбыраны байқап, келіншектің жүрегі лүпілдеп кеткен. Бірақ ән тыңдағысы келген арманы тағы орындалмады. Қонақтар үлкен үйге кірді де, қалып қойды. Өз елінде сыйлы қонаққа әуелі шай беріледі. Сол отанда қызыл орамал тартқан қыз болса, шайды соған құйдыратын. Қыз табылмаған жағдайда, ондай міндет жас келінге жүктеледі. Бұл ауылда шайдың не екенін де біліп жатқан жоқ. Қонақ бар кезде үлкен үйдің есігі жас келіндер үшін тарс жабық екен. Қайта Мүмсіннің абысыны Дәріш еркіндеу, дастарқан жайып, ас қамдауды сылтауратып, қонақтардың үстіне кіріп жүр. Мүмсін елеусіз қалған. Жерошақтың басында отты қағыстырып отырып, әнші жігіттің даусына еліге құлақ тігеді. Бірақ толғау жырдың сөзін анық ести алмай, құр діңкесі құриды.

— Қайнағаңа айттырып, қонақтарды бір жұма ұстатамыз. Өлең-жырға құлақ құрышың қанады, — дейді Дәріш оны жұбатып.

Мүмсін қайнысын еркектерге жұмсағанда, қонақ иесі өзі екенін сездіріп қоюды ойлайды.

— Күн тынық, дала рахат екен, — деді Сегіз сөз қосып.

— Төсекті далаға салғаны онды болар еді.

— Төсек далаға салынады. Бар!

Бек борбайға бір салып тұра жүгірді.

Қонақтар келесі күні Өтегеннің үйіне сәлем берді.

Бекбауыл сырт қонақтарға сыр алдырған жоқ. Қайта жылы шырай көрсетіп, жарқырап отырды.

Жігіттер ағайын амандығын сұрасып, әңгіме-қауғамен отырғанда, ана жақта қой сойылып қалыпты. Басында ақ кимешек, өзі де аппақ өндірдей, жасы жетпістің үстіндегі кәрі кемпір қызыл қанауыз көйлегі шұбатылып, далаға бір шығып қайтқан. Бекбауылдың шешесі, қарақалпақ Енесей бидің қызы Жанбибі осы кісі еді.

Бекбауылдың інілері ішінде сөзуары Жақай екен. Қушық бет, арық қара Жақайдың аузы-аузына жұқпайды. Әңгімеге киіп кетіп, Бекбауылдың сөзін бөле берді. «Аға тұрып, іні сөйлегеннен без» деген сөзге имандай ұйитын Сегіз жас жігіттің ол мінезін жақтырмады.

— Жәніке атам Қаратау асқаны қалай? — деді Бекбауыл сөз ретінде.

— Аржағында сарт тынышты кетіріп тұрған жоқ па?

— Үйреніскен жау ғой...

Сегіздің сөзін аяқтатпай Жақай киіп кетті.

— Үйреніскен жау атыспаққа жақсы. Біз де қарақалпақтардың кек желкесінде отырғанымыз жоқ па? Әзір Киікбай ауылын жағалаған жау жоқ!

Ақ кемпір баласының сөзін мейірленіп тыңдайды. Ақыры сөз кезегі кемпірге тиді де, басқа жұрт үнсіз қалды.

— Он құрсақ көтердім. Бесеуін жер алды. Қыз Сасық атам тұқымына ұзатылды. Құдай көпсінбесін, төрт ұлым ержетті. — Кемпір енді балаларын бір-бірлеп таныстырып, әрқайсысына жеке-жеке баға беріп отыр. — Мынау Бекбауылды көтергенде, түсімде нардың басын ұстап отыр екенмін. Түйе түлігі ұлық, тасаттыққа шалмайтыны да сондықтан. Бұл шырағым түбі елге бас болатын шығар. Әзір халық сыйлайды.

Бекбауыл басын төмен салып отыр. Анасы айтқан сәуегейлікке бұлар да шәк келтірмейтін еді. Бірақ осы сөзді есіте-есіте ығыр болғандай екен, жүзіне қан тепті.

— Мынау Жақай бойыма біткенде, тұлпар аттың басын ұстап отыр екем. Жез таңдай жыршы болар деп едім. Өлең қуған жоқ. Осыдан шешен шығатын шығар...

Жақай қозғалақтап иығын қомдап қойды.

— Қожаны туарда қойдың басын жуып жатыр екем. Иістеніп кетіпті. Балаларымның ішіндегі момыны. Қойдың басы байлықтың нышаны. Түбі шіріген бай болар...

Қожа қонақтар келгелі үйге бас сұққан жоқ-ты.

— Мына жаманды туарда, - деді ақ кемпір, қасында жатқан сүт кенжесі Естекбайдың басынан сипап. — Найзаның ұшын көріп едім. қамал бұзып жау алатыны осы болар...

— Естекбай жалаңаш табанын тыр-тыр қасынып арсалаңдайды.

Бәрі де ақ кемпірдің «түсін» қонақ келген сайын есітіп, әбден құлақтары қаныққан, әлде қалай шешесі айтуды ұмытқандай болса, Жақай аузына салып отыратын еді.

— Әжем Бекбауыл ағам туарда...

Сол Жақай ғой. Қонақтардың алдында қыры шығып, өркештеніп отыр еді. Түбі иісі ІІІектінің топтан торай шалдырмайтын шешені өзі болғалы тұр екен. Ағасының сөзін бөліп, алдына түсе беретіні сондықтан сияқты. Сегіз езу тартты.

Сыртта хабарлас қылған біреудің дауысы шықты.

— Мынау Қожекемнің дауысы ғой!

— Жақай, шықшы!

Бекбауыл өзі де қопаңдап қалды.

Қожекесі — Қосым қожаның немересі Дәрменқұл екен. Сақал-мұрты ақ қырау шалған күрең жүзді кісі. Басында сары ала жібек сәлде, түріктеу біткен ернінің үстіндегі қылды таңқита қырып, бурыл сақалын еркімен жіберіпті. Аласы мол көзі түксиіп, төрде сартасынан жүгініп отыр. Басқа жұртты көзге ілмейтіндей, біразға шейін назар аударған жоқ. Бекбауылмен ғана тілдеседі.

Танысу кезегі әзер келді.

— Тақсыр, мына жігіттер Әйдербек ағайын... Нияз бидің аулынан. Қаратау жақтан келді.

— Әйтеуір-ау! — Дәрменқұл кимелей кетті. — Құлағыма қаптаған жынның даусы келіп, үйде жатқызбап еді...

Отырғандар сілтідей тынды. Бекбауылдың түсі бұзылыпты, көзімен жер шұқиды. Қожа жолы үлкен. Бірақ қазақ құдайы қонақты одан кем сыйламайды... Әрі Шекті ішінде Жәніке батырдың орны бөлек. Өзінің үйінде қадірлі ауылдың жігіттеріне қожаның тілі тиді. Қазақ салтында қонағын тілдетіп қою өлім. Қожаның мұндай мінезі жоқ еді. Бекбауылдың іші мұздап отыр.

— Қожеке, әруағыңыздан айналайын, — деді Сегіз ойнақы күліп. — Жоғалтқан жыныңызды адаспай тапқан екенсіз онда. Киікбай атам иісі Шектінің піріндей еді. Жын ұялаған жер сол шаңырақ болса, басқа қазаққа не жорық!?

Сегіздің қасында отырған Балпан мырс етті.

Киікбайға қарағандардың түсі оңып отыр.

Сөзден ұсталғанын байқаған Дәрменқұл қайтадан Бекбауылға бұрылып, әлде нені сұрастырып кетті.

Жанқожаны ыза буды. Қосым қожаның тұқымы деп дабырайтады. Мынада берекет жоқ екен ғой... Баяғы шариғат сұрап баратыны еске түсті. Бейбіт қарақалпақтарды тонауға салған тентектердің қылығын ақтап еді... Сөйлер білмес ауыздан... Қарап отырып сөзді Киікбайға тигізгеніне күйді.

Дәрменқұлдың әлгіде күреңіткен жүзі бәз қалпына түсті.

Киікбай балалары жақтырмай қалғанын іші сезіп отыр. Бірақ сыр бермеуге тырысты. Әлі күнге алдынан шыққан қазақ жоқ, кеудесіне нан піскендей еді.

— Жәніке қоңыраттың бірі болып, қара сарттың қолтығына кірді деп есіттім ғой. — Сегізге еңсесін сала бұрылды. — Бұл жақтағы ағайын өліп-тіріліп жатқанда төбе көрсетпейтін еді. Қоңырат болғаны рас-ау деймін.

Жәніке Өтегеннің жаназасына қатыса алмай, бір жылдан кейін келіп қол жайған. Ағайынның жаназасына, оның ішінде Өтеген сияқты ардақты азамат қаза болғанда төбе көрсетпеу үлкен айып саналады... Жәніке бой балаған жоқ-ты. Мезгілінде хабар тимеді. Қазақ сыйлайтын адамына ат шаптырып хабар береді. Бұл жағынан Киікбай балалары ұятты еді. Дәрменқл бұл жерде ондай уәжді Сегіздің айта алмасын біліп отыр. Онда сөз ұшынады.

— Жәніке қоңырат болса, ол да қазақтың бір баласы ғой. Онан жасында қалмақтан қорыққан жоқ, қара сарттың қолтығына неге кірсін. — Соны айтып отырып, ақырын езу тартты. — Сарттар арық-тұрақтарын қазақтың даласына жіберіп, семіртіп алатыны бар еді. Қосым атамның тұқымы құйрығына шел айналған екен. Басқа бәле тілден, осы қажап сөйлегенді қойсақ қайтер еді.

Ертелі үнсіз отырған Балпан сылқ-сылқ күлді.

Сегіз Қосымның құба қалмақ заманында Үргеніштен Әбілқайырдың ізіне еріп келгенін айтып отыр. Балпанның сөзінде ащы шындық бар еді. Қосым ата аузы ыластау кісі екен. Бір мәжілісте Ниязды қажай беріпті. «Сен туғанда әкең Жаманкөзді жетпіс жаста дейтін. Он бес жасар жеңгемізге қалай жарап жүр?» Нияздың жасы алпысқа таяп қалған кезі, айтулы тентек кісі шалдың басындағы сәлдесін жұлып алып, өзін қамшымен тартып жібереді. Нияз — жеті ұлдың әкесі. Соның бірі — Жәніке, құба қалмақ заманында даңқы шыққан батырдың бірі... Онымен кетісуге хан да батпайды...

Дәрменқұлдың талағы тарс айрылды.

— Тілің қыршаңқы екен, бала. Әкең Нияздың қырсығы күллі қазаққа тиіп, «ақтабан шұбырындыға» кездесіп еді...

— Қазақ қырсығын қожаға ұшықтаттырған жері жоқ. Оның иеменесін сөз қылып отырсың?

Бала Естекбай жырқ еткенде, Бекбауыл жекірді.

— Тәйт әрі!

Інісіне жекіргені — қонаққа кейігені. Оны Дәрменқұл да түсінгендей, тілден қалған. Жігіттер де үнсіз отыр. Тыныштықты Балпан бұзды.

— Біле білсек, бұл үй иісі Орыстың қара шаңырағы ғой, — деп бір қойды. Ақ әже, солай емес пе? — Кемпір іркіліп қалғанда аржағын өзі жалғап әкетті. — Орыстың кенжесі Есенәлі. Есенәлінің кенжесі Кішкене. Кішкененің алты баласының кенжесі Құттық атам емес пе еді?

— Өзі солай екен-ау...

— Палуан атам тентек кісі, он төрт жасар інісі Кішкенеге күн көрсетпей, қаңғытып жіберген...

— Қазақ не демейді. — Бекбауыл жақтыртпады.

— Қоңыр орта жүз Арғынның қызы. Әкесі атақты бай екен. Кішкене атам соған жылқыға тұрыпты. — Балпан Бекбауылдың сөзін құлағына да қыстырған жоқ. — Бір жылы үлкен жұт болады. Жылқы біткен ығып кеткен. Соның ішінде Кішкене де кете барады. Қыстай хабар-ошар жоқ. Көктем шығады. Жұтамаған бір бай жоқ, бәрі де ақсирақ болып, жүген ұстап қалған. Соның бірі - Қоңыр шешемнің әкесі. Күнде құмалақ салып, Кішкененің жолына қарап отыр. «Осыдан Кішкене жылқыны аман алып келсе, Қоңырымды қосар едім». Батыр жылқышымен байдың қызы көңілдес, әкесі әлгі сөзді айтып отырғанда, Қоңыр жымияды...

Әуелде тыжырынғанмен, Балпанның деректі әңгімесі Бекбауылды да қызықтырғандай, елеңдей бастады. Басқа жұрт аузын ашып, көзін жұмады.

— Бір күні Қоңыр үйге жүгіріп кіреді. «Әке, қоңыр айғырдың даусын есіттім!» Таңертең екен. Бәрі жүгіре-жүгіре шығады. Қоңыр айғыр да, Кішкене де жоқ. Күн сәскелікке көтеріліп, енді күдер үзе бастағанда, қырдан құмырсқадай қыбырлап, қалың жылқы құлайды.

— Сонда сәскелік жерден есіткені-ау...

— Жылқысы аман келген байдың қағанағы қарық, сағанағы сарық, бірте-бірте айтқан уәде де естен шығады. Арқада жұттан аман қалған жалғыз бай, оның қызын айттырушы да көп. Шабақтай тартып жүр. Кішкене байдың ниеті бұзыла бастағанын байқайды. Бұрынғы жалбақ онда да жоқ, жылқыны таңертең құлатады, содан кейін үйге кіріп, керегенің шұнақ басынан келіп жатады.

— Ой, ерің! - деді Ақмырза қызып.

Күз екен. Қаздар қайтып жатыр. Үйдің үстінен бір топ қаз өтіп барады. Кішкене шаңырақтың күлдіреуішінің арасына бір сарыжаны жөнелтеді. Атқаны құр кетпейтін мерген. Бір қаз далбаң етіп құлайды. Кішкене олжасын бәйбішенің алдына әкеліп тастағанда, байдың түсі бұзылады...

— Апырай! — деді Бекбауыл таңырқап. — Тап осы жері менің де құлағыма тиген жоқ еді.

— Ертеңіне Қоңырды Кішкенеге қосады. Бір жылдан кейін ұл туып, атын Жиеней қояды. — Балпан дауысын көтере түсті. — Ел болған соң біреудің тойы болады, біреу атасына ас береді. Қоңыр да барады. Шалдар «пәленше келін, түгенше келіндерін» шақырып жатады. Баласының қолына жілік ұстатады. Қоңырды елейтін бір жан жоқ. Бір тойдан қайтқан жолы шешеміз жанжал шығарады. «Ел-жұрты жоқ, қубас біреуге қайдан тап болдым» деген ғой. Кішкене ашуланады. Алты Әлім деген елі бар, Палуан атты ағасы бар! Қубас адам сондай бола ма? «Көштік онда!» Шешеміз сөз қайтаруға келтірмейді. Ертеңіне атасынан рұқсат алып, елге көшеді. Көш жөнекей екінші ұлын туып, оның атын Жолшора қояды...

— Онысы рас. — Бекбауыл Балпанның сөзін тірілтті.

— Келген соң Палуан атам той қылып, өз жанынан қыз айттырып қатын әпереді. Ол — біздің шешеміз Құланбике.

Ас келіп, әңгіме аяқталмай қалды. Сегіз Балпанға ырза болып отыр. Әлгі сөздің жартысын ойдан шығарып айтқанына күдігі жоқ. Тоңторыс жұрттың қабағын ашты. Балпанның осындай жүйріктігі оны еріксіз сүйсінтеді.

Қонақтар зауал ауа тарады. Дәрменқұл Бекбауылдың үйінде қалған. Сегіз бастаған жастар Нұрымбет ауылына жаяу аяңдады.

— Қожекем мұндай емес еді. Сендерге жаман шұқшиды ғой, - деді Жанқожа, былай шыққан соң.

— Қожаның өлең-жырды жеккөретін әдеті емес пе? — дейді Ақмырза. — Сегізге әдейі тиісіп отыр...

— Өлең-жырға өшіксін, Қаратауда жайлап жатқан Жәнікеде несі бар? Сегіз рас айтып отыр, қожа тұқымының құйрығына шел біткен. Бетіне жан қаратқысы келмейді!

— Оның бір мәнісі бар... — Сегіз жігіттерге «Қосым қожаның сәлдесінен» шығарып біраз әңгіме айтты.

— Уай, ерім-ай! — Ақмырза Нияздың ісіне сүйсініп келеді.

— Ау, қожаның қарғысы қате кетпейтіні қайда? — Жанқожа таңырқай сөйлейді. — Нияздың баласы қазір жеті ауыл болып отыр. Сендерге қарғыс та дарымағаны ғой...

— Қарғыста не тұр, тек көңіл қалдырады...

— Рас...

Жігіттер қожа әулетінің қайда ерсі қылықтарын еске алып, даурығыса күлді. Балпанның есітпейтіні жоқ, оған өз жанынан қосып, тірілтіп сөйлейді.

Дәріштің дегені болмады. Қонақтар бұл ауылда ұзақ сауық құрым жата алған жоқ.

Бекбауыл Жақайды жұмсапты. Жаманкөз ұрпағы екі-үш малдың басын мүжіді ғой, сол жетер. Ауылдың үстін жын ойнақ қылып қашанғы жатады. Енді Киікбай балаларының басын мүжігісі келмесе, аттансын, қожа нала болып кетті.

Бұл сөз Ақмырзаға айтылады.

Жанқожа ашуланды. Бұл Бекбауылдың қай құтырғаны? Әзір Нұрымбеттің көзіне топырақ құйылған жоқ. Басалқаны шал айтса жөн еді ғой. Нұрымбеттің шаңырағын билеп-төстейтін күшті Бекбауылға кім беріп жүр? Ағасына барып, ашылысып қайтпақ еді, қонақтар жібермеді.

— Біздің мақсатымыз шалға сәлем беру. Ағайын арасына от тастағалы жүргеніміз жоқ. Жол ақысы жүрмек. Екі қондық, мауқымыз басылды. Ұлықсат етіңдер, қайтайық.

Қонақтар отау үйде екі күн сауық құрды. Сегіз жыршы ғана емес, озған әнші де екен. Орта жүз бен Кіші жүз, Алатау маңындағы Ұлы жүз қазақтары... оның араламаған елі жоқ, білмейтін әні жоқ. Екі күн, екі түн ұйқы жоқ, екі ауылдың жігіт-желең, қыз-келіншегі сүрініп жығылды.

Аттанатын күні өкінбеген жан жоқ.

Мүмсін осы қонақтар келгелі бір жасап қалғандай еді. Сегіздің әнін бір ай тыңдаса жалығатын емес. Сусыны қанбай құр шөлдеп қалғандай, соған өкінеді.

Ақмырзаға салса, қонақтарды әлі бір ай ұстайды. Былтыр Нұрымбеттің балалары Сандал тауының ығына аран құрған. Арасы бір шақырымдай болып басталатын екі қатар ор, әрі қарай тарыла-тарыла, бес шақырымға созылып барып тұйықталады... «Аран» — нар қамыстан жонған істік, ордың тұйықталған жеріне бес жүз қадам қалғанда, екі қапталында жарысып отырады. Андаған істіктен сескенген киіктер, қашан тұйыққа қамалғанша, жан-жағына бұрылмай тіке салады. Артында қуғын жетіп, енді қашар жер таусылғанда, амал жоқ аранға ұрынады.

Бұл жерде ордың ені алты-жеті қадам, әрі терең... Талып жеткен киіктер асып түсе алар дәрмен жоқ... Ал нар қамыстан жонған істік қанжардан бетер, тиген жерін ойып түсетін еді. Былтыр күз бұл ауылдың үсті қан сасыды.

Ақмырза аранның қызығын айтып, оған Сегіз бастаған жігіттер түгел елікті. Әрі Жауқашар алдыңғы күні сол маңда бір үйір киік көргенін айтып отыр. Өздері де елеңдесіп отырған Нұрымбеттің балаларына қонақтар келгені қамшы болды. Жанқожа ат ұстатып, ендігі дайындыққа кіріскен. Бекбауылдың сөзі шырық бұзды. Жігіттер өкініп отыр.

Сегіз асығыс екенін айтып, сыпайы рұқсат сұрады.

— Ағаң бойдақ. Қай ауылда сұлу қыз бар, ат басын бұра жүреді.

— Бұл сырын Жанқожаға оңашалай айтты. Мақпал жайын сұрастырып еді, Жанқожа білмейді екен.

— Сіздерді шығарып салып қайтайын. Жанқожа да ат ерттетті. Қонақтар аттанды. Бір ауылға қонады, бір ауылға түстенеді. Сері Сегізге ерген жігіттер асықпай жылжи берді.

* * *

Қазақ кәсібі әйтеуір көшу. Ұзақ көшеді, кең жайлайды. Үстіне келіп қалмаса, алысқа аттанып барып бөтен елді бағындырамын да демейді. Барымтаның жөні басқа, есесі кеткен жерде, мейлі, ол текежәуміт түрікпен болсын, мейлі, көрші ағайынның бірі болсын, — қазақ айырып жатпайды, барады да жылқысын қуады. Бірақ ауыл үстінде ат ойнату қазақ салтында ауыр күнә болып есептеледі.

Егер Жылқайдардың ауылы талауға түсіп, адам өлімі болмаса, қарақалпақтарға қарсы көтеріле аттанбас еді. Ондай кезде қан қанмен жуылуы керек... Ал Сыр бойында қалған азғантай қарақалпақтың көбісі босып кетіп, қыстаулары қаңырап жатыр... Оған ие болу қазақтың есінде жоқ, баяғы қалпы, биыл Қызылда, келер жылы Қарақұм мен Борсықта, — ақырын өз жөнімен жылжи береді...

Бір заманда қазақ сарбаздары қарақалпақ қыстауларын шапқыншылыққа ұшыратқан кезі де болған. Онда бар бәлені хан-сұлтандар бастайтын еді. Хан әмірші, оның бұйрығын қазақ та екі еткен жоқ...

Қазір бұл өлкеде хандық дәуірі өткенге есеп. Ең соңғысы Әбілғазы еді, ол да жөнін тапты. Әлім-Шөмен Әбілқайыр тұқымымен кетіскелі қырық жылдан асты... Бір дәуір Батыр сұлтанның шашпауын көтерген Әлімұлы Нұралыға сыртын берген... Сол Нұралының ана жылы о дүниеге аттанғанын да бұл өлкенің қазақтары біле бермейді.

Сырым батырдан қашып, орыс қаласына барып тығылатынын ертеректе бір есіткен. Ол хабарды әрі індетіп жатқан да ешкім жоқ...

Оның есесіне Нұралының тағын Ерәлі сұлтан басқанын анық біледі. Сайлап қойған орыс патшасы көрінеді. Сырым батыр он екі ата Байұлының баласын атқа қондырып, Ерәлінің ордасын шапқалы жатыр деген сыбыс шықты. Бірақ бұл жақта елеурескен ешкім жоқ. Үстіне келіп қалғанда болмаса, қазақ енжар, оның кәсібі әйтеуір жылжи беру...

Сар далада үдере тартып көш келеді...

Екі мың үй Кішкененің ішінде етек-жеңі кең, мол руы — Асан. Қазір Асанда үй саны мың жарымға жақындайды екен... Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші сынға түскен заманда, қай ауылдың жігіті көп болса — айдыны биік, сөзі үстем. Атақты Нұрыбай би осы Асаннан шығады. Көзі тірісінде бес шектіге сөзін тыңдатқан шалдың кіндігінен сегіз ұл тарайды. Соның бірі Жылқайдардың күйеуі, азан шығарып қойған аты Амалдық еді. Нұрыбай сегіз ұлына енші бермеген күйі ана дүниеге аттанып кетті... Қазір сегіз ұлы сегіз ауыл, бірақ іргелерін әлі айырған жоқ. Қанаттаса қонады.

Нұрыбай бидің әкесі де Сырлыбай есімді. Жылқайдар Жақайым Сырлыбайдың баласы. Бір Сырлыбайдың баласы би, бір Сырлыбайдың баласы батыр - көздері тіріде бастары сиыспастан дүниеден көшті... Жасы қырыққа тақап әзер аяқтанған Амалдықтың тұңғышы биыл он беске шығып отыр. Баланың аты Бекарыстан еді.

Былтыр көктемде Нұрыбай би дүние салды. Ауыл Сыр бойына жақын қыстауында, жайлауға шығып үлгіре алмай қалған. Нұрыбайды қыстау сыртындағы көлдің қасына, биік төбенің басына қойды. Сонан бері ол қол Нұрыбай атанып кетті.

Биыл қыс жұмсақ болып, бұл ауыл Қарақұмды қыстап шыққан. Бүгін Қызылға қарай үдере тартып келе жатыр. Биыл ас беретін болып, Әлім-Шөменге сауын айтып қойып еді. Кішіқұмнан шыққан елу үйлі көш, арада үш қонып, Хан өткеліне жетіп отыр. Осы өткел тұрған жерде қарақалпақтың ханы Қайып қыстаған екен деген аңыз бар... Осыдан бес жыл бұрын едәуір қыстау еді, төрт— бес үй қалыпты. Бұл ауыл егін салуды әлдеқашан ұмытқан. Дариядан өтетін жүргіншілерге қайық жалдайды. Бес-он жәндік, бір-жар сиыр ұстап, онан қалса жолаушылардан түскен жартусыз ақыны талшық қылып күнелтетін.

Нұрыбай аулы екенін есіткенде, қарақалпақтар абыржыды. Тентек Қатираның тезі қатты. Анда-санда осы ауыл өткелден өтетіндей болса, Жылқайдардың қызы қарақалпақтарды қырып кете жаздайтын еді...

Көш ұлы бесінде талықсып жетті де, арғы бетке өтіп қонуды қиынсынды. Таңертең көшіп, күн бата қоналқаға тоқтайды. Үш күннен бері осы, жұрт титықтап жеткен.

— Ертең сәскелете арғы бетке өтеміз, — деді Қатира. — Арада бір қонып қыстауға жетеміз сонда...

Қатираға да сын жоқ. Жасы қырыққа шыққанша қыз күйі оң жақта отырды. Іш пыстаны ішіне түсіп біткен ғой... Оған әкесі мен бауырларының қазасы қосылды. Күйік кімге болсын мінез аштырады. Соны түсінетін қайын-қайнаға Қатираның бетіне келіп, қарсы сөйлемейтін еді.

Ауыл жылқыны тоқтатқан жоқ. Арғы бетке жалдап өткізді. Қарақалпақ ауылындағы төрт-бес қайық түнімен қой-ешкіні тасыды. Нұрыбай балалары, қанша қан сорпа қылса да, ақы беріп жарытқан емес. Бәледен машайық қашыпты, қарақалпақтар бұл ауылдан запы болған, құтылғанша асысады.

Қонғалы кесік құлақ арық жігітке де тыным жоқ. Қанша қой бір соның қолынан өтті. Бес қайыққа жалғыз үлгіреді.

— Әлгі қарақалпақ құл қайда?

Ана жақта Қатираның дауысы шаңқ етті.

— Қайықтың басына қой тиеп жүр...

— Мына жүк әр жерде шашылып жатқаны мынау. Оның қойды ермек қылып, күнін жұбатып жүргенін қарасайшы. Сонда жұмыстан қашады! Ол шұнақ итті ме!

— Апа, Ақназар үлгіре алмай жатыр, — дейді семізше келген жалпақ қара бала Бекарыстан. — Жапақ арғы бетте, еткен қойды қарауылдап тұр. Ақназар бір өзі қайсысына жетеді. Жүкті өзіміз-ақ...

— Осы сенің сол құлға ара түсе кететінің не? Намыссыз жаман болмасаң еді... Қатира баласына кейіді. — Енді жүк жинастыруың қалды ма?

Бекарыстан намыссыз емес. Бірақ тентек шешенің дауысы шықса, жүрегі зырқ ете қалады. Қатираның жыны ұстағанда, үйдегілерге бүйі тигендей болатын еді.

Осыдан жеті жыл бұрын Жылқайдардың босағасына байланған Ақназардың өмірі азаппен өтіп келе жатқан. Құл ұстау қазақ арасында онша кең тарамаған салт. Баяғы құба қалмақ заманында аты шыққан батырлар құл әкелетіні бар екен... Оның да көбісі, кейін еңбегі сіңе келе, басына бостандық алатын болған. Қызметі жағып кетсе, қожасы үстіне үй тігіп, қатын әперіп, қасына қоңсы қондырады...

Тағдыр ондай бақытты Ақназарға бұйыртпады. Жылқайдардың аулындағы қанды қырғынға өз басы қатыспағанымен, Нұртайға еріп келетіні анық... Сырлыбайға қарағандар оны кешірмейді. Ақназардың басына бір жаз сірі бүріп ұстады. Суға салып балбыратып қойған түйенің көнін басына кигізіп, айнала жиегін көктеп тастайды. Күн ұлы сәскеге көтеріліп қатты қыза бастағанда, кен де құрысады... Тастай қатып кеткен көзінде көн бір уыс болып бүрісіп, екі шекеден қысады... Сонда Ақназардың жаны көзіне көрінетін еді. Көк желкеден бастап маңдайға шейін, бас терісі бір жерге жиырылып, шеке сүйегі сынып кететіндей, зар қақтырып ауырады. Терімен тері болып қалған түйенің көні қол күшіне көнбейді. Құтылу үшін пышақ керек.

Ал құлдың қолына пышақ ұстатпайды. Қалыңдығы бір елі түйенің көніне саусақ батпайды...

Басына сірі бүрілген бірінші күнді Ақназар ұмытпайды. Жынданып кететіндей еді. Өшіккен Сырлыбай тұқымдары Ақназардың басындағы сіріні бір ай бойы алған жоқ. Қой соңына салып қойған. Түс болып, ауылға жеткенше жаны көзіне көрінеді. Жаршағылдың етегінде ұзыннан сұлап жатады. Арасынан жылап аққан бұлақ қыраттың етегінде жайылып, кішігірім көлшікке айналған. Ақназар жаны қысылғанда, көлге қойып кетеді. Бай ауылдың қылжақпас балалары найзамен шабақтап қуып, талай есін шығарды... Бір айдың ішінде миы ашып, екі есті бір күйге түсті...

Бір ай өтіп, басынан сірісі алынған соң, көзінің алды бұлдырайтын науқас тап болды. Бейнет ауыр. Далада қой бағып келсе, үйде от жағып күл шығарады. Жұрттан ерте тұрады, кеш жатады... Адам дозаққа да үйренеді деседі. Құлдық тағдырына Ақназар да көндікті. Уақыт өткен соң кек те көнереді. Ақназарға тісін қайрағанын Сырлыбай тұқымы да қойған. Соңғы бір жылдың ішінде сол үйдің бір адамындай болып кетіп еді. Былтыр жаз Қатираның қолына түсті...

Нұрыбайға бата оқи келген Жылқайдар ауылы мал айдасуға Ақназарды алып шыққан. Қатира «Щұнақ құлды» көрген жерде, әкесін еске алды. Азан-қазан дауыс қылды. Содан кейін Ақназардың қожасы — он алты жасар Байшоқыға жатты да жабысты Қатира... Ақназардың былтырдан бергі өмірін итке берсін. Бұл үйде Қатираның әділетсіздігін бір Бекарыстан ғана түсінеді. Бірақ он төрт жасар бала, адуын шешенін алдынан шығып, құлға ара түсе алмайды.

Хан өткеліне жеткелі, Ақназар Қатираның қолына түспей қойған. Мың жарым қой арғы бетке өтіп біткенше, түн ортасы ауды. Қатира да сөйлеп-сөйлеп ұйықтап қалды.

Ақназардың таяқ жемей өткізген жалғыз күні екен. Бұл күннің өзіне қымбатқа түсетінін білген. Көші-қон басталғалы тыным жоқ, салығып келе жатқан байғұс, қатып ұйықтап қалды, бірақ... Түсіне Нұртай кірді. «Кежектің көк төбесі... Қазақтар қоршап алып, жігіттер жан сауға сұрап, қол қусырып тұрған кезі екен дейді».

Соңғы бес жыл ішінде осы түсті жүз рет көрген шығар. Ылғи бастығырылып оянар еді. Қол қусырып тұрған Ақназардың ту сыртында Нұртайдың даусы саңқ етті. « Тұр, Ақназар! Құлдыққа түсіп қор болғанша, алысып өлген артық!»

Басына сақ еткен таяқ Ақназардың ұйқысын шайдай ашты. Көзі былшықтанып, кірпіктері желімдесіп қалған. Әлгі таяқ қатты тиіп, өкіре тұрып еді. Екінші рет тиген таяқтан, есін жинады. Қатира шаңқылдап тұр.

Мынау көрінде өкіргір қайтеді, әй! Тіпті керіліп-созылып тұратын емес қой! Әкесі мың жылқы айдаған байдың мырзасы да мұндай болмас!

Ақназар қарғып тұрды.

Бар, көнекпен су әкел!

Күн шығып, Ақназар қара басып ұйықтап қалғанына өкінді. Көнек қолында, дарияға жүгірді.

Сырдың суы сарғыш тартып, ауыр көшеді. Таңертеңгі күн сәулесі толқындардың жалында жалт-жұлт ойнап жатыр еді. Ақназар жарқабаққа құйрығын қойып беті-қолын жуынды. Көзінің іріңін кетірді. Шекпеннің етегіне сүртінді.

— Есіл жігіт-ай!

— Құлдыққа түсіп қор болғанша өлген артық...

Екі қарақалпақ қайықшы ақырын күңкілдеседі. Ақназар есітті. Түнде танысқан. Оның Нұртайға еріп келген жігіттердің бірі екенін білгенде қарақалпақтардың көзі шырадай жанып еді. Қазір аяп отыр. Ақназардың кеудесін намыс қысты. Иығында көнек емес, зілдей қара тас келе жатқандай, аяғын мамырлай басады.

Қатираның қырағы көзінен ол да қағыс қалған жоқ.

— Анаң қарашы, аяғын баспайды той, баспайды! — деп тісін қайрап тұр еді.

— Сақалды құл жарытпас... — Жапақ жырқ-жырқ күледі.

Жаман Жапақ... Ақназарды ол да мазақ қылады. Өзінен сүйегі артық адамды әркім де байқайды. Қызғанышын сездірмей шыдап тұруы қиын ғой...

— Әй, Жапақ! Сен мұнда жүрсің, ана жақта қойың ығып кетті ғой.— Бекарыстан оған зекіді.

— Баймырзаға тапсырдым. Қарыным тоймай кете алман!

Жапақ жамағайын, мырзадан ығып тұрған жоқ. Оған Қатира да көп тиіспейді. Өзі нәрегей жігіт, ерегіссе жатып алатын қырсығы тағы бар... Қойшы болғанмен, құл емес. Ақназарды бай үйі олай еркелетіп қоймас еді... Ақназар өзін-өзі аяп, іші елжіреп кетті...

— Әй, шұнақ, қазанға тамақ сал!

Қатира шұнақтығын еске алса, Ақназарды ашу қысады. Бұл жолы да солай болды. Қазанға су құйып жатып, бәйбішеге жаман көзімен бір қарап қойды.

— Ана көзін қарашы! Көзі жаман ғой! Түбі әлі бұл талайымыздың қанымызды ішеді. -Қатираның қолында ақ сабау, шекеден салып өтті.

Ақназар астау толы сүрді қазанға салып жатыр. Ашудан ерні дірілдейді. Бәйбішенің соңғы сөзі миында құйындай ұйтқып жүр. «Қанымызды ішеді, қанымызды ішеді...» Бүйтіп қор болғанша, қолында өлген артық!

«Қор болғанша, өлген артық!» Енді әлгі сөйлемнің орнын осы сөз басты. Миында шыр айналады. Осы бір жаман түйсік... қайдан тап болды оған?...

Бес жылдан бері қарақалпақ баласымен тілдескені осы жерде еді. Өзінің де елі бар екенін, о баста еркін адам болып туғанын кешеден бері байқағандай. Бес жылғы азап бәрін де естен шығарып, көзінің алдын кіреуке алғандай екен. Бүгін жарқ етіп қайта ашылғандай, жүрегі алқына соғып, кеудесіне сыймай барады.

«Қор болғанша, қолында өлген артық...»

Сол сөз ән әуеніне айналғандай, кеудесінде енді бұлбұл сайрайды. Көзіне ошақ басында жатқан пышақ түсті. Абыла ылғи осы пышақпен қой бауыздайтын еді. Ақназардың көзі алдына қыл тамақтан шапшып аққан қызыл қан елестейді... Жер-ошақтағы қоянсүйектің жалыны да қып-қызыл... Бар дүниені өрт шарпығандай, оның басы айналып кетті.

Бір есін жиғанда, қара пышақты көн етіктің қонышына сұға салды. Балтырын мұздай қарыған бірдеңені сезді.

Ақназардың жүрегіне ас батпай кілкілдеп отыр. Етегінде жатқан құйымшаққа тісін де тигізген жоқ. Отырып-отырып, төрт көз төбеттің алдына тастады.

— Әй, мынау миғұла болып кеткен бе!?

Қатираның даусы жер түбінен жеткендей. Басына шарт етіп таяқ тиеді. Жігіттер үйдің сүйегін қайыққа тасып жатыр еді. Арасында Ақназар да жүр. Қатираның айқайын бірде естіп, бірде есітпейді.

Арқасындағы зілдей ауыр бір нәрсені қайыққа аудара салды. Салдыр-гүлдір...

— Айтым ғой миғұла деп! Қап, керден кесені, сырлы тостағандарды қиратты-ау!

Ойбай, ойбай!

Қатира сигелектейді. Ақназардың басына таяқ жауып кетті. Сонда ғана бірдеңені бүлдіргенін сезген. Басын қолымен қалқалап, қашқалақтайды. Бірақ долы Қатира қоятын емес, қуып жүріп ұрады. Жүк тасып жүрген қазақ жігіттер қызығына қарап тұр.

— Байғұс-ай, - деді қайықшы қарақалпақ.

Сол мезет Ақназардың бар қаны басына шапшып шыққандай, долы ашу булықтырды. Қолы әлдеқалай қонышындағы пышаққа барып қалған екен. Жарқ еткізіп суырып алды.

— Тап әкеңнің ауызын!...

Ақназардың екі көзі қып-қызыл, қанталап кеткен, Қатираға шап берді. Қара пышақ екінші рет жарқ еткенде, қолы қатынның шашында еді, қарыннан ұрды! Аһ!

— Ойбай, өлтірді!

— Ұстаңдар ананы!

— Ойбай, әтеңе нәлет!

— Ұстарсыңдар! — Ақназар дарияға қойып кетті.

Сол күйі су бетіне қайтып шыққан жоқ...

— Жүзе білмейді екен-ау байғұс... — деді қайықшы.

— Сонысы артық болды... - деді серігі.

Көш тоқтады. Ашулы қол сілтеген қара пышақ Қатираның қарнын жарып жіберіпті. Дарияның бойына итарқа тігілді. Ішіне төсек салып, ауруды кіргізді.

Қатира жұлдыз шыға үзілді.

— Біліп едім... — деді, бар айтқаны.

Сегіз бастаған жігіттер осы қазаның үстіне келіп еді.

Қатираны ақ жуып, арулап, қоршаулы түйенің үстіне салды. Нұрыбай ауылы қыстауға қарай қозғалды. Қатындар неше жерден дауыс қылып, даланы күңірентіп барады.

Жанқожа көшке қосылды. Ағайынның өлігі, тастап кете беруді дәстүр көтермейді. Сегіздер бөлініп, ат басын Кәрібөгетке бұрды.

— Апырай, залым құл екен!

— Долы болған ғой!

— Баяғы Жылқайдарды өлтіретін Нұртайдың жолдасы екен...

Жігіттер даурығысып келеді. Сегіздің есіне Жанқожаның сөзі түсті. «Амалдықтың әйелі екі естілеу», — деген. Құл Нұртайдың жолдасы екен, өзі екі есті әйел оған күн көрсете ме? Байғұс қорлыққа шыдай алмаған ғой...

Бұлардың отанында жортуылшы батырлар көп. Нияздың тұқымында барымтадан мал жимайтын жалғыз Сегіз еді. Кейде туыстары түрікпеннен тұтқындап адам әкеледі... Сарының бір баласы түрікпенің қызын қатындыққа алып отыр. Екі баланы басына сірі бүріп, қойдың соңына салып қойыпты. Біреуінің далада өліп қалғанын Сегіз көзімен көрді. Есіне түссе әлі күнге жаны түршігеді.

* * *

Ақиректің бұл жақ беті жайпауыттау, сай-жырасы да саяз әрі сирек ұшырасатын еді. Етегінде Домалақкөл шұқырайып жатыр. Дөп-дөңгелек, қымыз толы сырлы тостағанға ұқсайды.

Батыс жақ жағалауы құрақтылау көрінді. Жиектей ескен қалың қурай тоғай болып кеткен. Арасында ат жасырынғандай. Көлдің көлемі шағын болғанмен, түйе бойламайтын терең. Сол күйі бір ортаймайды. Жалаңаш төсі күн көзіне шағылысып тура қаратпайды.

Күржібай ауылы екі-ақ үй. Іргесін Ақиректің құйрығындағы қоңырлыққа сала отырыпты. Домалақтың суы кермек, мал суаруға болмаса, адам ішуге жарамайтын еді. Ауылдың терістік жағы құм, онда Күржібай қазған құдық бар.

Иығында иінағашы, құндыз бөрікті талдырмаш қыз үйден шықты. Қос етек салдырып тіктірген ақ бәтес көйлектің сыртынан қызыл масаты қамзол киіпті. Аяғында биік тақа кебіс, үкілеп қойған қуыршаққа ұқсайды. Қынамалы қамзол қысқан белі үзіліп кететіндей. Қыз өз сұлулығына тән ырза жанның кескіні, кеудесін шалқақ ұстап, аяғын қаздаңдай басады. Үлбіреген ақ жүзінде толқыған нұр білінеді. Қара көздің жанарында таңертеңгі шық мөлдірейтіндей, айнала шың-шоқыларға қарағанда жасаурай түскен. Сүйір өкше қайта-қайта құмға батып кетіп, қыздың зықысын алды.

Жазғытұрым осы Мақпал анау Жаман Ақирек бөктерінде бір үйір ақ бөкен көріп еді. Оның шыңғырған даусынан үріккен киіктер дүркірей қашқан. Қас қаққанша, адырдан әрі асып жоқ болды. Содан қайтып ауыл маңында киік көрінуді қойды. Мақпал үркітіп алғанына әлі күнге өкінеді.

Биыл қыз жасы он жетіге шықты. Бірақ Мақпал есімі қырда қазақ, ойда қарақалпақ — бұл өңірге мәлім екенін өзі сезбейтін еді. Қазір Күржібай аты бір жола өшкендей, «Мақпал қыздың ауылы» атанды. Жұрт Домалақкөлді де бұрынғы атымен атамай, Мақпалкөл деп жүрген көрінеді.

Былтырдан бері маңайдағы елдің жігіттері Мақпал қыздың аулына көбірек қырындайды. Мақпал қыздың қолынан бір шай ішу бәсекеге айналғандай. Мақпалы бой жеткелі Күржібайдың да ұйқысы қашқан. Масатының Үргеніштен алдырып тұратын көк шайын да осы Мақпал құртты.

Күржібай дініне берік. Бата бұзып басқамен кеткен қыздың оңған жерін көрген жоқ. Қырда Тұрсынбике, Сырда Құмар қыздың бейіті... екеуі де ғашықтық құрбаны болған. Ақыры қарғысқа ұшырап, өзіне-өзі пышақ салып өліпті. Оны қазақтар бата бұзып, кәпір өлімінде кеткендер деп түсінеді... Солар есіне түссе, Күржібайдың зәресі ұшатын еді...

Мамыт құдасы көшкелі де жеті жыл. Жаңадария бойына да тоқтамай, әрі Үргеніш асқан. Араға жыл салып, бір хабарласады. Масатыға көк шайы мен науатын сәлемдемеге сол жіберетін еді. Күржібай биыл қыс құдасына хабар айтты: Жесірі бойжетіп отыр... Мамыттың қандай ойы бар» екенін сұрады. Онан кейін ешкім қатынаған жоқ.

Өзінің Жабыға атастырылып қойылғанын Мақпал да біледі. Оған хабар салынғанын да есітті. Қайын жұртын әке-шешесі мақтап отырады. Әлде соның әсері ме, кейде күйеу жігітін сағына күтетіндей, төс еті шымшып ауыратыны бар...

Әне, әкесі далаға шықты. Ауыл сыртындағы төбешіктің басында жалғыз өзі, дамбалшаң отыр. Күндегісі осы, Мақпал судан қайтқанда әкесі жолын күтіп отыратын еді. Әкесінің сырттан торып жүргенін қыз білген жоқ.

Суы толы шелек ауыр, Мақпалдың құмырсқа белі тал шыбықтай майысып, аяғын қиыршақ құмнан әзер тартып алады.

Бала деген! Осы үй суға жұмсайтын адам таппай отырғандай... Құдыққа барғанды қызық көреді білем. Күржібай орнынан тұрып жатып күрсінді.

Осы кезде ауылдың Темірші тауы жақ сыртынан бір топ атты ентелетіп келіп қалған. Анау-мынау емес, төрт адам... Күржібайдың іші мұздай болды. Қайтсін енді, бір тоқтының басы кеше де қырқылды. Қыз бойжетсе, үйге жұт кіреді...

Қынжылғанмен, қашып құтылған жері жоқ, Күржібай төбенің басында қалқиып тұр.

Жорыта аяңдатып келе жатқан жігіттер, үйге жақындаған соң, жүрістерін баяулатты. Ауылға қатты жүріп, екпіндетіп кіруді қазақ салты ұят біледі. Көргенді ауылдың балалары-ау... Күржібай қонақтарға ырза болып қалды.

— Ассалаумағалайкүм!

— Әликүмсәләм...

Жігіттер ат үстінде, Күржібай жерде, сәлем алысты. Жол болсыннан кейін Күржібайдың амандығы түзелді. Жәніке-Сары аулының жігіттері екенін білген соң, басы қалтырақтағандай. Қонақтардың алдында үйге қарай емпеңдеп келеді.

Жігіттердің киім түрі де бөлек еді. Мақпалдың көзі әуелі соған түсті. Масатыға көмектесіп төрге көрпе жайды.

Қонақтардың үйге беттегенін көрген соң, есіктен жып берді. Бәтес көйлектің қос етегі желбіреп, Қомшабай қойшының үйіне қарай қайқаңдап бара жатыр. Сол кеткеннен ұзақ жоғалып, шайдың дастарқаны жайылған кезде оралды.

Бұл үйдің қонағы көп. Көбіне жас жігіттер келетін еді. Бәрі де тымпиып отырып шай ішеді. Әкесі шаруа жайын сөз қылады. Қай маңайдың шөбі шүйгін, қай құдықтың суы мол... Жігіттер оған қозыдай маңырап бас шұлғиды. Рас, кейбір көкірегіне нан піскен мырзалар да кездеседі. Арқырай сөйлеп, тарқылдай күліседі. Ондай жігіттерді Мақпал сірә жақтырмайды. Кейбіреулері қапысын тауып көз қысатыны бар. Баста жігіттердің онысын өзі де қызық көріп, күлкісі келетін қыз кейін шамданатын болды. Анада біреуі көзін қысқанда, Мақпал ернін шығарды...

Мына жігіттердің сорты бөлек көрінді.

Бәрі де аталы жерден шыққан екен. Шықыман, Нұрлыбай тауы маңында жаз жайлап отырған ағайындары бар... Сонау Қаратаудан ағайын іздеп шығыпты... Мінездері қамырдан қыл тартқандай, жол мәнісін сыпайы айтып отыр.

Сөйлеп отырған Сегіз еді. Есті жігіттің бір сөзін қағыс жіберген жоқ, Мақпал ішке түйді.

Далада қоңыр тоқтының ішек-қарны ақтарылып, Қомшабай қаужаңдап жатыр. Ошақ басындағы жұмысты Қомшабайдың келіншегі мен Масаты атқарады.

Түс қайтқан. Жігіттер шайды ұзақ ішті. Күн ыстық, қатқақсырап жеткендері көрініп тұр. Мақпалдың көзі керегенің басында ілулі былғары құндақта... домбыра ғой... Мына жігіттердің қайсысы... Ойлап-ойлап Сегізге тоқырады.

Далада әнші-жыршы сирек, Мақпал енді Сегіздің енерін кергенше ынтығып әзер отыр. Ақыры шыдамады. Шайдың дастарқанын жинап болған соң, шешесіне сыбырлады.

— Айналайындар, ән салып отырыңдар.

Мақпалдың қолқасы шеше аузынан айтылып отырғанын көңілі жүйрік Сегіз бірден түсінеді.

Былғары құндақ шешіліп, омырмалы домбыра Сегіздің қолына тиді. Мойнына, бетіне неше жерден сүйек шаптырылыпты. Қаз мойын домбыра саусақ тисе, өзі сөйлеп тұр. Ал Сегіздің даусы қоңыраудай сыңғырлайды.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман...

«Елім-ай» әнін тыңдаса, көз суламайтын қазақ жоқ.

— Бәрі рас. Әкем байғұс айтушы еді. Мен онда бесікте екем. Құдай сақтап, біздің ауыл қалмақтарға жолықпай, көрші қырғыздардың ішіне сіңіп кетіпті...

Қопақтаған күйеуін Масаты тоқтатты.

— Сабыр қылсаңшы, өлең тыңдалық...

Қаратаудың басынан ұшар ләйлік,

Кәрлен кесе, аққұман, күміс шәйнек.

Сен есіме түскенде, беу, қарағым,

Әнге қосам сағынып, сәулетай деп...

Бұл Сегіздің өз әні «Қырдан асып, тепсеңге жылқы жайдық» болып келетін екінші жолы, «кәрлен кесеге» айналып кеткенін көргенде, Балпан жымың етті. Сегіз бір-ақ көріп, мауқы басылмай қалған қалыңдығы Қарлығашқа арнап шығарып еді. Қой көзінің жанарында мөлтілдеп жас тұрғандай, Мақпалдың да жүрегі шын елжіреп, қос алмасының ұшы шымырлап кеткен. Мына жігіттің жанын сонша егілткен ол қандай қыз екен? Кімге арнап шығарды? Балғын қыздың көкірегінде бірінші рет қызғаныш сезімі оянды.

Сол «сәулетай» өзі болса ғой... Сегіз сияқты сері жігіттің қары болған ұрғашыда арман бар ма екен? Әрине, Сегіздің қары бар... осынша жігіттің ішінде жасы үлкені де Сегіз екен... Руымен шіріген бай көрінеді. Сегіз ендігі неше қатын алған шығар-ау... Соны ойлағанда Мақпалдың өзегіне өрт түскендей. Оның да көзінде мөлтілдеп жас көрінді. Өмірі өзі көріп білмеген бейтаныс әйелдерден сері Сегізді қызғанып отыр.

Күн бата ас келді. Сегіз домбырасын керегеге сүйеп, маңдайының терін сыпырды. Бір қолында мыс құман, бір қолында шылапшын, алдында иығына сүлгісін салып Мақпал тұр.

— Жазғы таң қысқа ғой. Жігіттер алыс жолдан келеді екен. Демалғандары дұрыс болар — деді Күржібай, дастарқан жиналып жатқанда.

— Өзіміз де соны өтінгелі отыр едік.

Жігіттердің шаршап отырғаны рас. Айбас келгелі екі-үш рет қалғып кетіп, оянды. Сегіз ғана сергек, Мақпалдың үйінде бір таң дем алмай ән шырқаудан жалықпастай еді. Әлгі сөзді әншейін сыпайылық үшін айтқан.

Бұл үйде қатты қынжылған жалғыз адам Мақпал еді. Күн батқанша ән тыңдап отырғанда, Сегіздің жүзіне бір кез тоқтатып қарай алған жоқ екен. Енді бәрінің де ұйқысы келе қалғаны өкіндіріп отыр. Әнге елтіген қыз құмары қанбай қалғаны басқа жұртқа неге керек? Сегіз оны не қылсын... «Сағынып әнге қосатын сәулетайы» бар... Сері жігіттің шынымен-ақ сұлу Мақпалды елемегені ғой...

Мақпал төсегінде дөңбекшіп жатыр. Өзінің Сегізге ғашық болып қалғанын сезген жоқ. Мейлі, неше қатыны болсын, Мақпалдың жүрегі Сегізді қалайды. Түндік жабулы, үй тастай қараңғы... Қыздың шала жұмулы көзінің алдында Сегіз елестейді. Сері жігіттің әні құлағында ызындап тұр.

«Есіме сен түскенде, беу, қарағым...»

Мақпал ақ білегін керегенің көзіне айқастырып салып, демін дірілдете алады. Тұла-бойы күйіп-жанып, үстіндегі шәйі көрпені аяғымен әрі серпіп тастады. Даладан соққан самал желге жалаңаш төсін тосады.

«Сағынып әнге қосам сәулетай деп...»

Мақпал ақырын сыбырлайды.

Қыз таңертең сапқа ұрғандай сылынып жүдеп тұрды. Екі бетінің қаны қашып, қағаздай аппақ еді.

— Мақпал, қалқам, тұрамысың?

Шешесінің дауысын есіткен қыз, шымылдықтың етегін көтеріп, еліктің лағындай бір-ақ ырғып сыртқа шықты.

Мыс шәйнек қолында, есікті ашты. Көлеңке бетте қонақтардың төсегі жатыр. Өздері тұрып кетіпті. Аттарын шылбырынан жетектеп, көлге қарай барады.

Қара құман отта, бұрқылдап қайнап тұр.

Мақпал беті-қолын ұзақ жуынды. Қыздың екі көзі көл жақта, ат суарып жатқан Сегізге ұрлана қарайды. Жігіт жақындаған кезде, орнынан тұрды. Сызылып әсем қозғалады. Аяғының ұшынан басып, үйге кіріп барады.

Масаты дастарқан жайып, құрт-ірімшікті жоталай үйді. Ортада бір тостаған сары май тұр. Қонақтар үйге кірді. Мыс шәйнекті қасына алып, сұлу Мақпал бас бармағы майысып шай құяды енді.

Далада жылқы құлап, дүсір көбейді. Күржібай жылқышыға көмектесіп, құлын байласады. Масаты мен Мақпалдан басқа жан сыртта жүр...

Бірі терде, бірі төменде — екі адамның көзі жиі кездесіп қала берді, бірақ ұзақ тоқырап қадала түспей, тез тайқып кетеді. Қыздың көзінде үзілген ынтызарлық, тек желегі түспеген ұят қана жібермейді.Ақ жүзінде ду етіп қан тебеді. «Ағажан, мен саған ғашықпын, - дейтіндей ол, — бүгін түсіндім ғой, қожам өзіңіз екенсіз». «Ақ еркем, мен де өзіңе ынтызар. Кең дүниені шарлап, ез теңімді жолықтыра алмай, сарп ұрып жүрген біреу едім, жаңа таптым ғой, жарығым». «Сол дегеніңіз шындық болсын тек, ағатай». «Қайтсем дәлелдеймін, аяулым»... «Мен дәлелсіз де сенемін. Бірақ тәңір қашан қайтып жолықтырар, қашан іздеп келерсіз...»

«Кездесеміз, асығым, әдейі іздеп келермін. Сол кезде тек қол ұстасып кетуге дайын болсаң, ақ Мақпал!» «қол ұстасып...» Мақпал ол жайын өзі де ойластырмаған еді, ақ жүзінде күреңітіп қан тепті. «Қол ұстасып екеуміз, қараңғы түнді жамылып, Қаратауға асайық!» «Әкем не дейді, шешем ше? Әрі сіздің сәулетайыңыз да бар ғой...» «Ол сәулетай өзіңсің, ақ Мақпал. Біз ғашық жан, тыңдамаймыз ешкімді. От пен судан тайынбаймыз».

«Мен де тайынбаймын, ағажан. Бірақ ата-анамды жылатып қалай кетем тығылып! Менің басым байлаулы ғой, ата-анамның өтіңізші алдынан, ұлықсатын алыңызшы аузынан...» «Беріп қойған жері болса, көмейінен өтіп кеткен малы болса, Күржекеңді қиын шығар көндіру...» «Онда обалы өзіне, қолыңыздан ұстағаным ұстаған! Қараңғы түн жалынсын, жер түбіне әкетсеңіз де дайынмын!»

Қызыл тілден — көз шешен. Өйткені тіл байғұс көкейдегі көрікті ойды боямалап жеткізеді. Ал көз шешенде бояу жоқ, бар шындығын қаз қалпында жайып салады алдыңа. Екеуі де көзі айтқанды қалт жібермей ұғып отыр.

Бұл сырдың шет жағасын дастарқан басында отырған басқалар да аңғарды. Масаты жиі қозғалақтап, кесесін бір қолына ұстап, бір жерге қояды.

Сегіздің көкірегінде күмбірлеген күй, алып қашқан асау сезім қатты бұралған домбыраның ішегіндей шертіп тұр. Қыз жүзі қандай ыстық болса, ол құйған шай онан бетер, жігіт жүрегіне өрт құйылғандай. Бұл үйдегі барлық жан қимасына айналғандай, бұл үйдің жұпыны жиһазына бүкіл дүниенің қазынасы жетпейтіндей, сәт сайын қымбат тарта береді. Киіз жосамен бояған қан қызыл керегелері... Түйенің жүнінен тоқылған қызыл-жасыл бау-шулар... Кесте тіккен шым ораулы ши... Мүмкін, осы мүліктің бәрінде де алдында отырған ару Мақпалдың нәзік саусағынан таңба қалған шығар... Ол солай екеніне шәк келтірмейді.

Қара құман сарқылыпты. Оны үстеулеткен Масаты жоқ. Жігіттер шайды доғарды. Сегіз шөліркеп қалғандай, қазір алдындағы дастарқан жиналады.

Сегіз кешеден бері керегеде сүйеулі тұрған домбыраны қолына алды. Көкірегінде булыққан сезім көмекейден ақтарылғанша асығып, лықылдап тұр еді.

Көрінген анадайдан үйлеріңіз,

Тоқыған қазынақтай шилеріңіз,

Жіп пе еді, жібек пе еді кигеніңіз,

Біздерден артық па еді сүйгеніңіз...

Ән кілт үзілген. Салдыр-гүлдір Күржібай кірді. Мақпал жаңа ғана жинап алған дастарқанын төсіне басқан күйі, сілейіп тұр. Ән жалғасатын шығар деп күткен. Домбыраның дың етіп ,үні өшті. Оның мойны омырылғанда, қыз кеудесінде де бірдеңе үзіліп түскендей, көзінен жас ыршыды.

Мақпал қонақтардан бұрын шықты. Көз жасын бір жанға көрсеткісі келмейді. Қомшабайдың үйіне қарай жүгірді.

Төрт қанат қойшы үйінің алқам-салқам керегесіне жабысып, жабықтан қарап тұр. Жігіттер құмнан асып түскен кезде, қыз өксіп-өксіп жылады.

Қомшабайдың келіншегі Қарақыз бетін шымшиды.

Үйде Масаты Күржібайды алқымға алып жатыр.

— Мамыт ағаға сәлем айт. Жесірін алып кетсін. Қызың бой жетті. Еркек көрсе есі шығады. Ертең ұятқа қаламыз...

Шеше ашулы еді. Әйтпесе, жалғыз қызына жан теңгермейді. Мақпалдың жат жұрттық екені есіне түссе зәресі ұшады.

Күржібай Ақиректің астындағы қарақалпақтардың қыстауына аттанды. Үргенішке қатынайтын біреуді кездестірсе, Мамыт құдасына сәлем айтады...

Бұл кезде Жаман Ақиректің құйрығында Сегіз Қомшабаймен қоштасып тұр еді.

— Мақпал қызға сәлем айт. Қайта айналып бір соғамын. Мен де жоқ іздеген бейбақ ем. Сол қымбаттымды осы ауылдан жолықтырған сияқтымын.

— Мақпалдың айттырып қойған жері бар ғой. Қарақалпақтың белгілі байы Мамыт...

— Күржібай ол қарақалпақпен қатысып тұра ма? — Сегіздің көзінде кәдік білінді.

— Қатысқанда қандай! Қант пен шай бұл үйге қарақалпақтан келеді.

Қомшабай көзін қысты. — Бірақ көмейін толтыратын адам табылса, Күржібай қарақалпақты неғылсын. Батырым, бағыңды сынап көрсейші...

— Ендеше бір ауыз өлең айтайын. Мақпалға айтып бар.

Көрінген анадайдан көшің, Мақпал,

Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал,

Сүйгенің әлде жақсы, әлде жаман,

Қор болып жүрермісің есіл, Мақпал...

Жігіттер жүріп кетті. Қомшабай төбенің басында, қолын бұлғап тұр.

Бір аптадан кейін Күржібай аулына Таңсыққожа бастаған Әйдербектердің ақсақалдары ошарылды.

Ол кезде бес ауыл болып отырған Жаманкөздің тұқымында Таңсыққожаның үйі қара шаңырақ саналатын еді. Үлкен шалдың қара шаңырағы бәйбішеден туған жалғыз ұл Сырлыбайдың қолында қалады. Онан Таңсыққожаға ауысты...

Бері келе тоқалдан туған төрт бала — Нияз, Бәшке, Бабас, Ботат бір ыңғай болғансып жүргенмен, шалдың шаңырағын сыйламай кеткен жері жоқ. Соның ішінде Нияздың момын балалары Жолшы мен Топы кең пейіл Таңсыққожаны тонның ішкі бауындай көріп, келін түсіріп, қыз ұзатса, — сыбағалы кәдеден құр қалдырмайтын еді. Кезі келгенде, кедейлеу ағайынға Таңсыққожа да жәрдемдеседі...

Сегіз қыз тандап қана жүрген жоқ. Қалыңдығы өлді. Қайта к.ыз айттыруға Топы балаларының қолы қысқа, дәулет тапшы. Бай туысы Жәніке — Сары — өздері біліп қараспаған соң, Сегіз де жағдай айтпайды. Айтқысы келген әкесін де тиып қойған еді. «Ағайын іздеп» бұлай келісінде бір мәніс бар. Бір жағы қыз іздейді. Қалаулысы табылғандай болса, бай ағасы Таңсыққожаға салмақ салады... Көңілі жүйрік Таңсыққожа Сегіз Мақпал қыздың жағдайын айтқан соң-ақ, аржағын түсінді. Жаманкөзге қараған ауылдың жігіттері ішінде Сегіздің орны бір төбе еді. Бойына бұл сияқты күш дарыған басқа жұрт қайратын қайда сиғызарын білмей, әркімге бір ұрынады ғой. Алыстан жау іздейді. Барымталап мал әкеледі... Сегіздің ондай қақ-соқта жұмысы жоқ, домбырасын күйттеп, өлеңін айтып жүре береді. Содан келе өнер сатып мал да жинамайды. Жаны дарқан, бітімі бөлек біреу... Таңсыққожа Сегізді сол мінезіне бола іш тартады.

— Жаман Күржібайдың қызына ықыласың құлап келген екен. Оның не ойланатыны бар? Барамыз да айттырамыз, — деді сөзге келмей. — Қарақалпақ құдасы Үргеніш асқан. Әліқұл тұқымына қыз бұлдайтындай, Күржібай кім еді?

Сонымен Күржібай аулында ошарылып жатыр.

Бұл ауыл мың жылқы айдаған Тансыққожа атына қанық. Басқа Әйдербек Сырлыбайға қарағандарды «байдың баласы» деп атап кеткен. Сол қара шаңырақтың иесі өзі іздеп келгенде, Күржібай жаман састы. Сегіздің туысы... Ендеше Таңсыққожа Мақпалды көздеп келіп отыр ғой... Әліқұл тұқымы шынымен мойынын салып сұраса, жалғыз үйлі Үйсіннің бұлданатындай не шамасы бар? Онда бата бұзылады. Күржібай қарғысқа ұшырайды... Ол бармағын шайнап отыр, Мамытқа да кіжінеді. Былтыр хабар айтқан... Әтеңе нәлет қарақалпақ ат ізін салмай жатыр...

Қонақасы түн ортасы ауа желінді. Ас қайырылды. Дастархан жиналды. Таңсыққожа сөз айтатындай тісін шұқып отыр. Қасындағы жолдастарында үн жоқ, соның аузына қарайды. Таңсыққожа әріден орағытты. Мың жасаған пенде жоқ, идам баласы ұрпағымен мың жасайды. Бала қуанышы ата-ана қызығы. Ұл өсіріп, қыз өсіріп, оның қызығын көргісі келсе, айып па? Сегіз - жігіттің серкесі, бес ауыл Әліқұл тұқымында орны бөлек бала еді. Ақ сұңқардың көзі айдын көлдің төсіндегі аққудың көгілдіріне түсіпті. Таңсыққожа екі асылды қосқалы келіп отыр...

Масаты есінен танып қалды. Күржібай көзімен жер шұқиды. Күйеуін билеп-төстеп үйреніп қалған әйел шыдамады.

— Қайнаға-ау, айтып отырғаның Мақпалжан екен ғой, — деді сасқалақтап. — Қыздың атастырып қойған жері бар, алынған қалың малы бар. Ұялмай-қызармай қалай бата бұзамыз?

Мақпал ертелі Қомшабайдың үйінде еді.

Бір апта бір жылға татығандай, қыз екі көзі төрт болып Сегіздің жолын күткен. Қомшабай серінің бір ауыз сөзін сол күні-ақ жеткізіп еді. Оған қоса, Сегіз жақтан хабаршы келіп қалуы да мүмкін екенін аңғартты.

Күткен қонақтары келіп отыр. Бірақ ішінде Сегіз көрінбейді. Еліктің лағындай жан-жағына елеңдеп отырған Мақпалды кешкілік қырдан қой айдап қайтқан Қомшабай қуантты. Сегіз Нарынбай құдығындағы палуандардың аулында қонып жатыр екен. Түн ортасы ауа Ақиректің бөктеріндегі қасқа сайдан күтпекші...

Қыз жүрегі лоблығанда, ауыздан шығып кететіндей. Үйге бір кіреді, бір шығады.Әкесінің үйінде қонақтар әлі жататын емес. Олардың қандай бітімге келетіні де белгісіз...

— Құдалық сөйлесіп жатыр...

Қомшабай жүгіріп жүр. Мақпалға бір ауыз сөзді айтуға әзер үлгеріп, қайта жүгіріп кетті.

Қомшабайдың ізінен сыбдырын білдірмей Мақпал да шықты.

Қазір үйінің іргесінде тың-тыңдап тұр еді. Шешесінің әлгі сөзін есіткенде, жүрегі мұздай болды.

— Келін, бұның — төркін жұртыңа бүйрегің бұрғаны ғой. Қазақ пен қарақалпақ қай уәдесін бұзған жоқ еді? Күн жауғанда қойныма кірсе, қарақалпақ күн ашықта мойныма мінетін. Бүгін Әбілқайырға бағынып, күні ертең орыстың қоластынан пана іздейтін қарақалпақ емес пе? Жау болып келіп Жылқайдарды өлтірді. Сөйткен дұшпаныма ару қызын беріп отыра алмас қазақ. — Тансыққожа біраз омыраулап алып, сабасына түсті. -Көп болса қарақалпақтың өткізгені бар шығар. Оның да ақ адал малы. Мен дүниеге тарлық қылмаймын. Бірін екеу қылып қайтаруға дайынмын. Келін, сен де ойлан. Бауырындағы жалғыз қызың ғой Мақпал. Ана жер, мына жер емес, ел асырып Үргенішке қалай жібересің? Бала — адамның бауыр еті, сағынатын кезің болар. Сонда бір көруің қымбат болып жүрмей ме?

Бұл Масатының жанды жері еді. Мақпал бойжеткелі өзінде де маза жоқ, ел асып Үргенішке ұзатылатын болғаны, ана байғұстың жанына аяздай батып жүр. Таңсыққожаның соңғы сөзі сол пернені тап басты. Масатының көңілі бұзылды.

Күржібайдың жанын қатты қинайтын бір нәрсе, Мамыттан ішкені мен жегені бар. Қамқорын көрді. Мойнындағы қарызын ойласа, аза бойы қаза тұрады. Таңсыққожа оны екі есе қылып өтейтінін айтып отыр. Байдың баласы, қалай шашса да малы жетеді... Жесірін іздеп келетін болса қайда жүр Мамыт? Мал азаматтың құнын да өтейтін... Әліқұлдың балалары әлгі сөзінде тұратын болса, Күржібай Мамытқа қарыздар болып қалмайды...

— Байеке, айтқаның жөн. Баланы сендерден артық кімге береміз. — деп бір тоқтады.

— Бірақ қарақалпақтың өткізгені көп еді. Үргеніш асты дегенмен, әлі қатынасып тұрамыз. Ең аяғы мына келінінің қант-шайын да ұмытпайды. Ана дүниеге бармайтын адам жоқ, сонда ішкен-жегенім желкемнен шығар деп қорқамын...

— Оған Әліқұлдың дәулеті жетеді. Айттың — болды! Мен баланың қуанышына сауда айтпаймын. Сұрағанынды ал да, қарақалпақтың көмейін біте!

Сонымен сөз қысқарды.

Қонақтарға төсек қамдауға кіріскенін сезген Мақпал Қомшабайдың үйіне қарай жүгірді.

Масаты келді. Егіл-тегіл жылап жүр.

— Қарғам, осы үйде жата кет, — дейді қызына. — Үйде қонақ басы көпшілік қой...

Аржағын айтпайды...

Мақпалдың жүрегі алып ұшады. Қасқасайда Сегіз күтіп тұрғаны еске түссе, тағатынан айрылардай. Ел аяғы басылып, жұрт ұйқыға кеткенше асығады.

Қомшабай мен Қарақыз бастары жастыққа тиюі мұң, қор етті. Біреуі бие сауады, біреуі қой бағады... Онан қалса, Масатының шаруасына көмектеседі. Ерлі-зайыпты екеуіне таң атса тыным жоқ. Кешкілік сүрнігіп құлайтын еді.

Мақпал сілейіп отыр. Екі құлағы өз үйінде, қонақтардың дабыр-дұбыры басылғанын күтеді. Әлі басы жастыққа тиген жоқ. Жүрегі дүрс-дүрс ұрады. Ынтызар жанымен оңаша жолығысу қазақ салтында ерсі емес. Ондай-ондайды қуақы жеңешемдердің тұрпайы әзілі кішкентайыңнан құлағыңа құйып, еріксіз бойыңды үйрететін еді. Бір кезде оны қызық көретін, енді бетпе-бет келген сәтте, Мақпал қысылды. Бірінші рет жігітпен оңаша жолығысқалы тұр екен... Қыз тұла бойы тітіркеніп қобалжиды.

Осынша қорқатыны қалай? Күтіп тұрған Сегіз ғой... Өзінің Сегізі. Сері Сегіз... Оның жүзін бір көру Мақпал үшін арман емес пе еді? Күні ертең күйеуі болып, құшағына енетін сырбаз жігіт... Сегіз ата-анасының алдынан өтті... келісімін алды...

Мақпал төсектен сыбдырын білдірмей тұрды. Көк масаты шапанын желең бүркеніп, үйден шықты.

Ауыл жым-жырт, жұрт қалың ұйқы құшағына кірген.

Қотанда қойлардың бырт-бырт күйсеген дыбысы ғана естіледі. Көк төбет әлде неге мазасы кеткендей, шабаланып үріп тұр екен. Кетіп бара жатқан Мақпалды көріп, ізіне ерді.

— Бөрібасар, Бөрібасар... — Қыз төбеттің басынан сипап алдарқатып тұр, шу шығарып абырой теге ме деп қорқып та келеді. - Қайт, үйге қайта ғой, Бөрібасар...

Бөрібасар кейін қайтты. Мақпал артына қарай-қарай бара жатыр. Көне кеткен көк төбетке ырза болды.

Айсыз қараңғы. Қасқасай кешкен елдің артында қалған сүрдегіне ұқсап көрінеді.

Ақиректің жотасына асылып аппақ болып жатыр.

— Мақпал...

Оқыс шыққан дыбыстан шошыған қыз селк етті.

Ауыл жаққа көк төбет қыңсылайды.

— Ойпырай, Мақпалжан, мына төбеттерің қандай сақ еді. Биенің бір сауымындай өткен шығар, тіпті ауылға маңайлатпай қойды ғой...

Мақпалда үн жоқ. Үнсіз күйі жігіттің жайған құшағына кіре берді. Сегіз солай болар деп күткен жоқ-ты. Әлгі айтқан сөзінен қысылып қалды. Құшағында қыздың белі солқылдақ талдай майысады. Кеудесінде тастай тиген қос алма күйіп тұр екен. Бір сәт екеуі де үнсіз қалған. Қос жүректің дүрс-дүрс ұрған дыбысы ғана естіледі.

— Қарғам...

Қатты қысқан жігіт құшағында қыздың демі бітеді.

— Ағажан!

— Сәулем, Мақпалым...

— Ағатай...

Қыз дыбысы үздігіп-үздігіп шығады. Сегіз оны аяп кеткендей, қапсыра құшқан құшағын жаза берді.

— Аға, аға...

— Мен сендікпін, ағажан...

Мақпал құдалық жайын айтқысы келіп еді, тілі күрмеліп қалды. Сегіз түсінді.

— Сағындым, аға...

— Мен де сағындым, Мақпал жан...

— Сағынып әнге қосам сәулетай деп...

— Қойшы бала сәлемімді жеткізді ме?

— Бірақ онда сағындым деп айтпапсыз ғой. Әлде «Сәулетайыңыздың» көңіліне қарадыңыз ба?

Қыз үнінде қызғаныш аралас наз байқалды.

— Алда айналайын, Мақпал-ай! Көңілінде түйткіл жүр екен ғой. Менің сенен басқа сәулетайым бар ма еді? Аңсағаным, арман қылып іздегенім өзің едің, Ақиректің баурайында жолықтырғаным жоқ па? Енді менде арман жоқ.

— «Сәулетайды» Қаратауда қалдырып кете бергеніңіз бе?

— Қаратаудың бөктеріндегі сәулетайды берген құдай өзі алған. Ол қара жердің құшағында. Сегіздің жүрегінде Мақпалдан басқа жанның есімі жоқ, Сегіздің құшағында сенен басқа адам жоқ. Ортақтасар ешкімің жоқ.

Мақпал балқып кетті.

— Ағажан...

Сегіздің төсіне бетін қайта басты. Үнсіз тұр. Сыртқа тепкен қыз әдеп жігіттің кеудесін жалын болып шарпитындай. Қазір қыздың бойынан дәрмен кеткен, бірте-бірте әлі құрығандай, Сегіз оны бір қолымен сүйеп, бауырына тарта берді...

Еркек шөптің жапырағына қонған шық қыз мойынын мұздай қариды. Ол тітіркеніп қалды. Бір сәт екі құлағы бітіп, зәресі ұшқан. Анық қатерлі шақ таяп қалған екен.

Кенет жүрегі алқына соғып, Мақпал демсіз тынды. Сол қатерге өзі бас тіккендей, тезірек болғанша, біткенше асығады. Төсіне жанасып кеткен жігіт тәні етін шоқтай күйдіріп, жүйкесін босатып барады.

— Аға!

Дәрмені соған-ақ жетті.

Әлдеқайда бақ етіп үйрек дауысы естіліп, сап болды.

Бұтаның тасасынан дүр етіп бозторғайлар көтерілді.

Бұл атқан таңның белгісі еді.

Айқасқан құшақтар жазылды.

— Қош, сәулем!

Қыз жауап қайтарған жоқ. Қара шапанын басына бүркеніп, ауылға қарай зытып барады. Бір аяғын сылти басады. Әлде нені ауырсынып, әлде нені жаны тітіренгендей, оның қабағында кірбің бар еді.

Сегіз артына қарай-қарай Қасқасайға кірді. Торы төбелдің тізгінін ұстап Балпан да орнынан тұрды.

Мақпал қызға төленетін қалыңмал төрт тоғыз болып кесілді. Бұл ауыр шығын. Бір қыздың қалыңына жүзден аса мал тұяғы беріледі екен. Есіткен жұрт аузын ашып, көзін жұмды.

— Бір Таңсыққожада мың жылқы, бес жүз түйе бар...

— Мол байлық адамға не істеткізбейді?

— Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді?

Сырт ағайын солай дуылдасқан.

Ниязға қарағандардың дәулеттісі Жәніке мен Сары.

Бірақ туысқан адамдар жақын отырса, қадірі кетеді. Сегіз олардан ештеңе дәметпейтін еді. Өздерінің шаруасы болса да дөңгелек жігіт, төрт тоғыздың хабарын есіткенде, түсі қашты.

— Құдалық сөйлесілді. Бітімін есіттің. Енді ауылыңа барып қайт, — деді Таңсыққожа. — Сен де туыстарыңның алдынан өтуің керек қой. Ат алсаң ауылыңмен...

Сегіз кібіртіктеп отыр.

— Бір қыздың қалыңмалын көтеруге ағаңның дәулеті жетеді. - Таңсыққожа оның күйбектеп қалғанын байқады. - Менің айтқанымнан шығатын Сырлыбай баласы туған жоқ. Бірақ Қаратауда ендігі Әліқұлдың жасы үлкені Жәніке отыр. Шал кінәмшілдеу еді. Маған ойласпай істеді деп, ертең ағайынның кінә артатыны болады... — Соны айтқанда Сайлыбай мен Айбасқа бір қарап қойды. — Кінәмшіл дегенім мұқатқаным емес. Қартайған адам мінез ашады ғой. Қазақта момын шалды көргендерің бар ма?

Айбас көзімен жер шұқыды. Батыр әкенің талай тентектігін көріп жүр. Кейде бала-шағаның сөзіне де араласып, ауылды бидайықтай қуыратын еді. Мынау құдалықтың жайын есітсе, бір бүлінетіні күмәнсіз. Жәніке-Сарының өз балаларына да қалың беріп жарқыратқан жері шамалы. Осы Айбасқа әлі ешкімді атастырған жоқ... Ол ауылдың жігіттерінің көбісі-ақ жаугершілікте қолға түсіп, ат сауырына мінгесіп келген қызға үйлене салады...

— Ауылына барып қайт дегенде, ағайынға жағдай айтып жылу жина деген сөзім емес. Ақсақалдардың алдынан өт. Сонда өкпе-кінәдан мені де аршып аласың...

— Аға, түсіндім...

Бәйбіше-Тоқалдың арасында көптен келе жатқан өкпе бар. Құлым ақсақал көзінің тірісінде балаларына енші береді екен. Бала саны бесеу, мал-мүлік екіге бөлінген. Бәйбішеден туған жалғыз Сырлыбайға ауыр дәулеттің жарымы тиеді. Әрі қара шаңырақты да сол басады. Балалардың жас кезінде білінбегенмен, тоқалдан туған төрт ұл ержетіп, енші алысқанда, Әліқұл тұқымының дәулеттісі Сырлыбай болып шыққан. «Байдың баласы» атануы да сондықтан. Ескі қыжыл атадан балаға ауысып, Жәніке-Сары заманына шейін жетті. Ертерек айырылған Бәйбіше-Тоқалдың іргесі қосылған жері жоқ. Бірі Сырдарияның бойын сағалап, теңіз маңында қалғанда, екіншісі ұзақ көшіп Қаратауға асқан. Кейінгі балалар бұл сырды біле бермейтін еді...

Таңсыққожа Айбасқа әдейі құлақ қағыс қылып отыр. Әкесіне қара сұр өңі ғана тартқан, жас жігіт топыраштау болып өскен екен. Киіп-жарып кете алмас. Бірақ айтып барады ғой. Ағайынның шамына тимесе, арқасы қызбайтынын Таңсыққожа біледі. Осы құдалық үстінде өзі үлкен абыройға қаларына көзі анық жеткен. Оған қоса, бақас туысы Жәнікені де бір мұқататын еді.

— Әлгі сөзім сөз. Дәулет жетеді. Өздеріңнің шаруаларың дөңгелек екенін естимін. Топы ағамды қинама. Қолға түскен қара-құранды алып маған жет. Сірә, тездетіп оралғаның мақұл шығар. Ауыздан шыққан сөз де бір, аңқып соққан жел де бір. Ертең бұл құдалық жайлы алып қашты сөз ұзын елдің ұйырына, елдің қиырына кетеді. Қарақалпақ намысшыл халық, құлақтанса қарап жатпас. Жесірімізді жау әкетіп, досқа күлкі, дұшпанға таба болып жүрмейік...

Сегіз де содан қауіптеніп отырған. Кібіртіктегені де сол еді. Өзіне салса, Мақпалдың бар қалың малын қазір айдап беріп, ұзатып әкеткісі келеді. Бірақ олай салмақ салуға, жасы үлкен кісіден ұят. Әрі Жәнікенің де алдынан өтуі керек. Оны Таңсыққожа дұрыс ескертті. Ағайын арасында алауыздықта осындайдан кіреді. Қатын үшін туысынан безетін қазақ баласы жоқ...

Жігіттер түнделетіп аттанды.

Бұл күні Жабы да атқа қонып жатыр еді.

Мамыт Күржібайдың былтырғы сәлемінен кейін-ақ қамданып жүрген. Биыл баласын аттандырды.

Қоныс ауыстырғанмен, Мамыттың шаруасы шайқала қойған жоқ. Қазақтардың ылаңынан кейін жұқарыңқырап қалған мал Үргенішке келген соң қайтадан өсіп жатыр. Жылда көктемде көл-көсір қылып егін салады. Бұл күнде қара қасқа сиырлардың саны жүзден асқан. Қолы ашық байдың айналасына ағайын-туған да көбірек жиналады. Тақтакөпір маңындағы бар Қият Мамыттың аузына қарайтын еді.

Жабы Ақирекке он күнде жетті. Бұл өңірдегі көзі тірі Қияттың үлкені Әнетей екен. Соның үйіне түсті.

Күржібайдың қызына қазақтар құда түсіп жатқанын осында есітті. Қайын жұртына келгенде, Жабының қабағы суық еді. Күржібай ауылының үстінен құйын жүріп өткендей, ұйқы-тұйқысы шықты. Әйтеуір сыр бермеуді ойлап асып-сасып жатыр.

Қонақасыға тай сойып жалбырақтағанмен, Жабы сызданып қабағын ашпайды. Қомшабайдың үйінде бүк түсіп Мақпал қыз жатыр. Сегіз «екі аптадан артық бөгелмейтінін» айтыпты. Үш аптадан асты, хабар жоқ.

Жәніке батыр, атасы екен. Өзіне қараған ауылды бір шыбықпен айдайтын көрінеді. Сегіз онымен ойласпай құда түсті. Жәніке ондайды кешірмесе керек. Әкесі айтып отыр...

Бірақ Сегіз... сол сияқты асыл жігіт... айтқан сертін қалай жұтады? Келуі керек...

Солай тағаты кетіп жүргенде, Сегіздің орнына Жабы келді. Қалың қол ертіп келді. Берсе қолынан, бермесе жолынан алады. Құдай десіп бір Күржібай, бір Мамыт құда болғаны анық... Әкесі ыңқ етіп үн шығармайды.

Егер осының үстіне Сегіз келсе қайтер еді? Қалай ететінін Мақпал білмейді. Бірақ Сегізді бір көріп өлсе, арман қылмас еді. Сүйіп қосылған асылынан өлмей тірі айырылмас. Ажалы жетсе, бірге өлуге дайын...

Сегіз ертең келуі керек...

Жабының Әнетей бидің үйіне түскен хабары бұл ауылға алдыңғы күні жетті. Мақпал содан бері көз ілген жоқ-ты.

Бүгін де дөңбекшіп жатыр. Күйеу жігіт қонақасысын ішті. Дырду басылды. Масаты келіп қызының қасына қисайды. — Құдалар кідіргісі келмейді. Ертең тойыңды істеп, арғы күні ұзатамыз. Өзім...

— Кідіргісі келмесе, жүре берсін, — деді Мақпал шап етіп. — Қарақалпақ сонша неге керіледі? Әлде менен сендер құтыла алмай отырсыңдар ма? Маңдайыңа біткен жалғыз перзент екенмін. Қарақалпақтың алдына түсіп неге емпеңдей бересіңдер? Асықса, атамнан әрман, мен де қанжығасына байланғалы отырғаным жоқ, кете берсін!

— Жұрттан ұят-ты! Ойбай, жайырақ сөйлесейші! — Масаты қызының аузын басты. — Шалмен қазір сөйлесейін. Жалғыз екенің рас. Дәулет жетсе, отыз күн ойын, қырық күн тойынды істеп ұзатар едім... Қайтейін...

— Отқа қарап отырған жоқсыңдар. Шашыңдар малдарыңды! Мақпалдың тойына қазақ — қарақалпақ түгел келеді!

Мақпалдың есебі ұлы дүбір тойдың даңқы алысқа кетеді. Әрі тойдың қызығымен тағы бір апта өтуі керек еді. Оған шейін Сегіз де жетер... Ең болмаса Шықымандағы Таңсыққожа құлақтанады... намыстанса, жесірін айырып алып қалсын...

Қарақалпақ күйеуі келіп, Күржібай ауылында ұлан-асыр той болып жатқан хабары жеткенде, Таңсыққожа бармағын тістеді. Сегіздің кідіретін себебі де белгілі. Жәнеке батыр анау-мынау қазақты менсінбейді. Күржібайдың кім екенін есіткен соң, шатқаяқтанған шығар... Оның батасын алмай Сегіз де атқа қонбайды. Әйтпесе, сүттей үйіп отырған ағайын арасында жік шығады. Енді өкінді. Сол шалға ерегіскенде, Мақпалдың қалыңмалын бір күнде айдатып, жесірін бір күнде ұзатып алып кету керек еді...

Қарақалпақтың хабарын алып келгендер «самсаған сары қол» деп дабырайтқан. Ендеше жаманатты естіп аттанған болды. Сырлыбай ауылының бес-алты жігітімен қамданып келген қарулы қолға қалай тиіседі?

Жесірін айырып алу былай тұрсын, тойда Сегіздің туысқандары жағынан бір адам келіп төбе көрсеткен жоқ.

Той дүрілдеп өтіп жатыр. Басқа жұрттың несі кетсін, қағанағы қарық, сағанағы сарық, етке тойып сауық құрды. Өмірқұл лаққыға Бәлдір қосылып, жұртты күлкіге қарық қылды...

Күйзеліп жүрген екі адам — Мақпал қыз бен Жабы. Ақиректе есіткен суық сөзі күйеу жігіттің жүрегіне дерт болып жабысты. Қайын енесіне серігін жұмсап отыр.

— Мақпалды тағы біреуге айттырып, қарғы бауын алғанын есіттіңдер ғой. Менің көңілім жамандыққа шауып тұр деп еді. Қалыңдығымды көрсетсін...

Қазақтардың қыз көрсету салтын қарақалпақтар да еститін еді. Жабы соны еске алды. Мақпалды алып кете ме, абыройын төгіп тастап кете ме, артынан көре жатады...

Бұл хабарды естіп Күржібайдың түсі бұзылды. Таңсыққожалар қонып жатқан түні таңертең... есіктің алдында қызымен кездесіп қалған... Мақпал басына шапанын бүркеніп алыпты. Сол мезет Қасқасайдан шыққан екі атты әрі асып бара жатқанын көріп, Күржібайдың іші кіпі алды. Соңынан біз тақа кебістің ізін кесіп, оны да Қасқасайдың түбіне апарып қайтқан еді...

Күйеуінің осы кәдігін шет жағалап есіткен Масатының қаны ыршып, шошып түсті.

— Жабыжан маған да сенбегені ғой, — деді шарасы құрыған Масаты. - Бауыры емес пе едім?..

Мақпалға күйзеліп келді.

Қыздың онсыз да жүдеу жүзі, шешесінің сөзін тыңдап отырып, ақ қағаздай қуқыл тартты. Бірақ әке-шешесі сияқты сасқалақтап сыр берген жоқ. Қазір Сегізден де күдер үзген, ендігісі құр тәуекел еді. Жабы көрем десе, дайын екенін айтты. Мүмкін, тілегі қабыл болған шығар... Тәкаппар күйеу қалыңдығына көңілі бітпес те, қайтып кетер. Көп болса, абыройы бір төгіледі... Оның есесіне мойынын түскен қыл бұғаудан құтылады...

Қызының ол сырынан хабары жоқ Масаты Мақпалдың көне кеткенін жақсылықтың нышанына жорыды...

Күржібай үйіндегі таза көрпелер Қомшабайдың лашығына тасылып, әйелдер асып-сасып жүр.

Түн ортасы ауа жұрт ұйқыға кетті. Қалындық пен күйеуге арналған төсек дайын. Төрт қанат жолым үйге әуелі Жабы кірді. Қарақыз бастаған бір топ әйел Мақпалға келді.

Қыз тартынған жоқ. Үй тастай қараңғы. Қарақыз күйеу мен қалыңдыққа қол ұстастырды. Тас қараңғы түнде, қатал тағдырымен бетпе-бет қалғандай, Мақпалдың жаны тітірейді. Жабы білегінен жұлқи тартып төсекке алып ұрғанда, қыздың даусы шығып кетті.

Мақпал Сегізбен кездескен түні түк білмейтін сәби іспетті еді. Аңсап табысқан құштар көңіл оған ештеңені тыңдатқан жоқ. Сол түннен жанын тіксінткен бір жаман түйсік ала қайтқан. Әлде періштедей таза жан, пәктігімен қоштасқанын білген соң күйзелді ме... Мақпал үйге жеткенше жылады.

Жабының тұрпайы қимылы қыз кеудесіндегі жиреніш сезімін қоздыра түскендей... Ол ұзақ жылады.

— Әй, неге қорсылдап жатырсың? — деді Жабы сызданып. — Көрдік, күйеуіңді жарылқадың...

Мақпал қатайып ала қойды.

— Жыласам әйелдігім шығар. Адамды тәңір жарылқайды, батыр. Қуануым керек екен ғой!

— Құлан қағынан жерімейді дейді қазақтар...

— Қазақтар айтты деп былғай бердім десейші...

— Жоқ, қарақалпақтардан қысылдым. Үйінен жүктеп келмесе, келінің бөгенегі қураған деп сөгетін сіздің ауыл емес пе? Сондай жаманатқа таңылғым келмеген шығар.

— Онда олжалы екенмін ғой?

— Рас айтасың, батыр, ішімде екі айлық бала бар...

Жабы жарылып кете жаздады. Өзінің бұзылғанымен тұрмай, салдақы қалындық халыққа тіл тигізді. Ардан безген қарабет! Қарақалпақ тастап кетсе, бір қазақ табылар дейсің ғой! Оның бола қоймас! Тақтакөпірге алып барып, сен салдақының көзіне көк шыбын үймелетер Жабы!

— Құлан қағынан жерімейді десе, қазақтар біліп айтқан екен. - Жабы мырс етті. — Жүктеп қалғаның азаматтық болған. Көсеуі ұзын болса, қол күймейді емес пе? Бір басым үшеу болып барады екен. Халқым мені сөкпейді. Осы жұрт жауға аттанып, күл әкелсе де қуанып жатады ғой...

— Ішімнен шыққан баланы құл еткің келгені, менің күң болғаным ғой. — Мақпал ширықты. — Қазақтан қатын емес, күң әкелдім деп барасың онда!

— Соған ырза боласың енді...

Жабы орнынан тұрып киінді.

Жолым үйдің іргесінде тоңқайып тың-тыңдап жатқан бала-шаға тым-тырақай қашып барады.

Күйеу мен қалындық арасындағы әлгідей тәжіке сөз сол күні-ақ жалпақ елге жайылып кетті. Біреулер сүйсініп айтады, біреулер өкініп тыңдайды.

Масатының жаны қыдырып жүр.

Той өтті. Жиналған жұрт тарап жатыр. Үйге Қомшабай кірді. Мақпал жалғыз еді. Ақ жүзі қуаң тартқан, суын алған болаттай сұрланыпты. .

— Жат елге дәм-тұз айдады, аға...

— Мен қайтейін, Мақпалжан... Сегіз...

— Сегіз тірі болса, ат ізін бір салар. Ертең бір күн қалай қара көрсетпейді. Бірақ жау алып кеткен жесірін қуып шығуға тәуекелі жетер ме екен? Әлде Жабыдан қорқып, бармағын тістеп қала бере ме?

— Не айтайын оған?

— Бір ауыз өлеңімді жеткізерсің:

Аяғыма кигенім былғары етік,

Көзім талды, жолыңда құр дәметіп.

Жігіт болсаң — келерсің Сырдан өтіп,

Жасық болсаң — өлерсің суға кетіп..

— Айналайын-ай, зарықтың-ау...

Ертеңіне қыз жасауы үш түйеге теңделіп, жолға түсті. Қараша інгенге алты қабат текеметтен қоршау жасалып, үстіне Мақпалды отырғызды. Үйден Масаты шығып келеді. Қолында сегіз өрме қамшы, бар киімі үстінде еді.

— Қарғамды жалғыз жібере алмаспын. Жат жер, көзі жәудіреп кімнің қолына телміреді. Қайын жұртына бойы үйренгенше, қасында болайын, — дейді.

Оған ешкім қарсы болған жоқ.

Көш Ақиректің бөктерінде қарайып көрінеді. Мақпалдың сыңсыған даусы таудан асып түскенше естіліп тұрды.

Ақиректің басында ұшар ләйлек,

Алтын кесе, мыс құман, күміс шәйнек.

Сен есіме түскенде, беу қарағым,

Әнге салам сағынып сәулетай деп...

Қомшабайдың кірпігінде жас мөлдірейді. Оңаша ауылдың сәні Мақпал екен. Қазір дүние қараң қалғандай. Бұрын даусын шығарып ән салмайтын еді. Байғұс-ай... Даусын қарашы, күміс қоңыраудай сыңғырлайды. Қомшабай күбірлейді.

Жігіт болсаң — келерсің судан өтіп,

Жасық болсаң — өлерсің суға кетіп...

— Көкірегінде намыс болса, бұл сөзді естіп, қалай шыдап қалады?

Ана жақта Күржібай пышаққа түсіп жатыр.

— Қой қырдан асты. Не қарап тұрсың, доңыз! Қыз ұзатқанды бүгін көргеннен бетер аңқиуын қарашы. Қап, мына иттің баласының қорлығын-ай!

Қомшабай қойдың ізінен жүгірді. Әндетіп барады.

Жігіт болсаң — келерсің Сырдан өтіп...

Жау қапы соқты. Түнгі күзетте екі жылқышы бар еді. Бірі сойылға жығылды. Екіншісі түн жамылып сытылды. Қараңғыда тиген он жігіт қалың жылқыны бөріктіріп бара жатыр.

Жәнікенің баласы Қойбас, Сахар, Сарының үш ұлы — Бақа, Рахметәлі, Мелдебек — бұл бесеуіне басқа туыстары қосылады... Сайдың тасындай он жігіт, бәрі де ат үсті ұрысқа болдырмайтын жайсаңдар еді...

Бүгін қуғандары түрікпеннің жылқысы. Осыдан екі жыл бұрын Бабастың бір баласын баспашылар әкетеді. Хиуаның базарына салып тұрған жерінде, үстінен Ботаттың Ақыны шығып, сатып алады. Басы сол, екі жылда түрікпен ауылына Әліқұл балалары үш рет жорыққа шығып отыр.

Таң ата жігіттер Сырдариядан өтті. Қара үздіріп кеткен сияқты. Түсте бір көгалға ат басын іріккен. Аттар болдырып, адамдар аш еді. Бір құлынды шыңғыртып жығып, жайратып тастады. Кесек-кесек ет отқа тоғытылып жатыр...

Бірақ жайғасып отырып қаужаңдауға үлгіртпеді. Алыстан шұбатылған шаң көрінді. Бір-бір жілік қолдарында, жігіттер абыр-сабыр атқа қонды.

— Әй, Бақа қайда?

Рахметәлі ат үстінде шаңқ етті. Шақшиған шегір көзді сары жігіт, күйіп тұр. Жаңа ұстап мінген қасқа арғымақ ауыздықпен алысып, аспанға шапшиды.

— Бақа дәрет сындырып отыр...

— Сөйтеді ол! Жолшы аға, баршы!

— Бақа!

Бақа мықшиып отыр, мойнын бұрмайды.

— Ей, болсайшы, жау келді ғой!

— Жау келді деп бұтымызға...

Бақа Жолшыға кейіді. Балпиған жүзі былш етпес, орнынан тұрып, асықпай шалбарланды.

— Жетіп қалды! Қойбас, Жолшы, сен екеуің жылқыны айдап тарта беріңдер. Біз жауды бөгей тұрайық.

Қалың жылқы дүркіреп қырдан асты. Рахметәлі бастаған сегіз жігіт ат басын ірке шабады. Түрікпендер де көрінді.

— Беке, мыналардың біреуін жекпе-жекке шақырып бөгей тұрмасақ болмас...

Түн жамылып сытылып кетпеген соң, өкше ізге түскен жау құтқармайды. Түрікпендердің қарасы көбірек екен. Бұлардың ішіндегі жасы үлкені Бақа, Рахметәлі ақыл салды.

— Баршы, ал! — деді Бақа барқ етіп.

Рахметәлі ат басын тежей түсіп, кері бұрылды. Қарағай сапты найзаның ұстайтын жеріне қыл шылбырдың ұшын асығыс шалып жатып, Бақаға бір қарап қойды.

Қуғыншылар да, қашқандар да ат басын ірікті. Түрікпендердің ішінен өңкиген қара бері шықты.

— Кәпірдің сұры жаман екен...

— Ат үстінде төбедей болып отырысын қарашы!

— Бұған Сахарды салу керек еді...

Қазақтар күңкілдесіп тұр. Қапсағай денелі қара бұжыр Сахарға Бақа да қарады. Рахметәлі өзі тіленген соң амал жоқ, бұлардың ішіндегі қарулысы Сахар еді.

Екі батыр шоқыта шауып аралары жақындай түсті. Рахметәлі бойын тіктей қойып, ақ найзаны жарқ еткізіп көтеріп алған. Түрікпенді қоян-қолтыққа келтірмей, алыстан жіберіп ұрды. Мерген қол қате кеткен жоқ, найза өндіршектен қадалып, сабы қысқа арғымақтың басына сақ етті. Үріккен ат ала қашқанда, Рахметәлі түсіп қала жаздады.

Ат сауырында салақтап бара жатқан түрікпеннің батырына қарап тұрып Бақа өкінді.

— Есіл ер қапы кетті-ау!

Тұсына келгенде Рахметәліге кейістік айтты.

Түрікпендер сол жерде үймелесіп қала берді. Қазақтар кеткен жылқының жөнімен төпеп барады.

Күн ұлы бесін болды.

— Енді кідірмейік! Жылқы ұзады. Жеткенін қағып тастап, қаша ұрысу керек. Күн батқанша алдырмасақ, кеттік!

Бірақ қуғыншы ұзатпады.

Рахметәлінің айтуымен жарыса салған жігіттердің басы пышырап кетіпті. Ең алдында Мелдебек барады. Оның аты ұшқыр екен. Ат ауыстырып мінуге үлгірмеген Бапан кейіндеп қала берді.

— Мен Көкең, мен Көкең!

Жирен атты бір түрікпен төпеп келіп қалыпты.

Артына бұрылып қайрат қылар әл жоқ, Бапан күрең қасқаны жостырта түсті. Кенет оң жамбастан кірш еткен найзаның ұшын сезді. Бақ етіп, аттың жалын құша құлады....

— Бапан ағамды шаншып кетті!

Алда бара жатқандар амалсыз ат басын бұрды.

— Мен Көкең!

Бұл жолы түрікпен батырына Бабастың кіші ұлы Жәркеш кездесіп қалды. Оны да түсіріп кеткен. Бауыр қиын екен. Сахар ah ұрғанда қолындағы найзасын түсіріп алды.

— Мен Көкең!

Жирен арғымақ пен Сахардың кер құласы омырау қағыстырып қалған екен. Найза сілтесуге жер тар, түрікпен Сахардың жағасынан ала кетті.

— Сен көкем болсаң — мен Сахар!

Сахардың салалы саусақтары түрікпенді бас салды.

Қара шөгерме бастан ұшты. Сахардың көзі түк көрмейді, түрікпенді ат үстінен жұлып алған сияқты еді. Жағасы жыртылып жау қолында кетіпті... Бақ еткен дауыс шығып, жирен ат жалт берді.

Сахардың көзі алақанында, уысындағы шөгерме шығар деген, бас терісі екен. Жиреніп кетіп, жерге лақтырды...

— Сахар, қолың қандай қатты еді. Әлгінің көзі ұясынан шығып кетіпті. Бас сүйегі ырсиып жатыр.

Мелдебек алқынып тұр.

— Басқаларыңды қойшы, шын батыр Сахар ғой!

Бақа шақшасын ердің басына тық-тық ұрады.

Өлген ешкім жоқ. Екі жігіт жаралы. Оның үстіне бар жылқыдан айрылып қайтты. Бұлар Көкен батырмен болып жүргенде, жаудың бір бөлек тобы түре қуып айдап әкетіпті.

Осы жорық бұл ауылға қырсық болып жабысты. Түрікпендер енді тік көтеріле аттанып, ауылға тиюі кәдік еді.

Көршілерімен ылғи қырғи қабақ болып жаман үйренген ауыл, өздері де дәйім жау күтіп, атын арқандап ұстап, көш-көлігі дайын отырады...

Ауыл бір түнде көтеріле көшті.

Қос аттап шауып, ентігіп жеткен Сегіздер осы бүлгіннің үстінде кездесті...

Қырық күн шілденің іші, далада аптап соғады. Айнала шел, бір көш жерден бір құдық әзер кездеседі. Құба дөңдердің бауырында сұрғылт сағым бұлдырайды. Үдере тартқан көш алты қонып, Сарысудың арғы жағына өтті...

Ақирек бұл жерден жеті көштік жер. Салт жүріп кеткен жолаушы үш-төрт күнде құлайды. Сегіз бір ай бөгелді...

Таңсыққожа араласқан іске Жәніке қырын қарайды...

Құлымға ол да немере, бұл да немере... Баяғы енші бөлісте тоқал тұқымының бәйбішеде кеткен есесі бар. Нияз қанша тентек болғанмен, көпке топырақ шаша алмады. Есенәлі Әйдербектің төрт көзі түгел еді. Бірақ сондағы өкпе, әлі тарқамай келе жатыр...

Өзі қонысынан ауып, іші күйіп отырған Жәніке Сегіздің не істеп келгенін есіткенде, тас-талқан болып ашуланды.

— Тоқалдың баласы кедей болған соң, аяқтандыру міндеті Таңсыққожаға қалғаны. Баяғы кеткен есемді солай қайтармақ шығар. Барыңдар, Таңсыққожаға қоңсы қоныңдар! Ол малын айдай алмай жүрген көрінеді, оған отыншы, сушы керек...

— Топы теңселді. Мұнда алған бетінен Сегіз қайтпайды. Ана жақта пышаққа түсіп шал отыр.

Ал Жәнікенің ақ батасын алмай атқа қонғаннан гөрі, төңірге тіл тигізу жеңіл сияқты еді...

Әр күн жылға татығандай, Сегіз шиыршық атады.

Ауылдың екінші үлкені Ботаттың Ақыны еді. Топы соған барды.

— Әруақ сыйлаған қазақпыз ғой, — деді Сегіз. — Атамның алдын кесіп өту қиын болып тұр. Бірақ шал қияс тартты. Екі жыл өткен екен, айттырған қалыңдығым құдай ісі болып өлді. Мал беріп, қыз айттыратын болса қайда жүр? Соның аузына қарап осы кезге шейін келгеніміз жоқ па?

— Таңсыққожаның атын естісе, оны жын буатын әдеті ғой, — деді Ақын қынжылып.

— Әйтпесе, бәріміз бір торының тұқымы, кім айттырғанда не тұр?

— Әсер жастың алдына шыққан кәрі оңбайды...

Бақа кейіді.

— Ақын аға, атамның алдынан бір өтіп көрейік. Ердің екі сөйлегені өлгені. Үйсіннің қызын Таңсыққожа тауып берген жоқ, өзім таңдағам. Батасын бермесе де кетем. Айтыпты ғой, Таңсыққожаға қоңсы қонар деп. Ол да жауым емес, Құлымның бір баласы. Бәйбіше-тоқал болып сендер-ақ бөліне беріңдер. Мен ертең көшемін. Солай деп айт. Алса, менің басым ғой. Қанға жерік болса, ішсін де тынсын!

Қайратты Сегізден үлкен-кіші ыға жүреді. Ақын баланың қанына қарайып жүрген түрінен сескенді.

Жәніке қанша тентек болғанмен, Ақын өкшелес інісі, шын мойнын салып барса, оның сөзін жерге тастамайтын еді. Қазір жалғыз Таңсыққожаға өшігіп отырған жоқ. Басқа балалардай емес, өзін тәуелсіз ұстап бетімен жүретін Сегізді тұқыртпақ. Қайраты бойына сыймай жүрген балуан жігіт, ел асып олжа әкелудің орнына, ауыл қыдырып, қайда той-томалақ іздейді... Батырдың тұқымы азғанда бақсы көбейеді...

Ақын қанша сыпайылап жеткізсе де, Жәніке Сегіздің не айтқанын түсініп отыр. Топы екі-ақ үй, оның бөліне көшкеніне қабырғасы қайыспайды. Бірақ... бүгін Топы бөлінсе, онан бір ата қашық Бәшке, Бабас, Ботат қайтер? Бір өкпелеген күні бәрі де сырт айналады. Бір із түскен соң, аяғы сүрдек жолға айналуы оп-оңай еді. Есіне құба қалмақ заманы, қол бастаған батыр Тайлақ түсті. Туысы...

Онда да реніш бөліністен шыққан. Қалмақтарды ойсырата жеңген күндері еді. Тайлақ алтын сапты семсерді қапталына қойды. «Танығыма тұрсын...» Танық туған інісі. Тәуір дүниелік көрсе, Тайлақ Танықты ауызға алатын. Қол ішінде күңкіл бұрын да көбейіп жүрген. Жәніке бұл жолы жанжал шығарды. Соның ақыры қол екіге бөлінді. Жәнікенің соңында жеті жүз кісі, шығып кеткен. Сол түні Тайлақтың қосына қалмақ тиеді. Көп адам қырылыпты.

Тайлақ та, Танық та өлген... Жәнікенің әлі күнге жаны тітірейді.

Тоқалға қарағандардың арасына жік түскелі тұр. Дәулетті Жәнікенің етегін жауып отырған да кедей туыстары... Ағайын адам айтысып ақы сұрамайды. Жәніке-Сарының батыр ұлдары найзасы шошаңдап жылқы қуып жүргені де момын Топының арқасы екен. Жәніке шын ойлағанда, соның бәрін салмақтап отыр. Соңынан ерген жастың наласы қиын... Есіне тағы да Тайлақтың тағдыры түсті...

Сонымен шалдың ашуы басылды.

Сегіздің қасына Балпан мен Айбас бар, алты жігіт ерді. Ағайынның бергені, Топы шаңырағының өзінен шыққаны, бәрін қосқанда, үйірімен үш тоғыз еді. Құлынын еріткен тоғыз байталды қазақ бір тоғызға есептейді. Оған ішіндегісін қосып, жиырма жеті басқа жеткізетін еді...

Екі жігіт мал айдауға қалды. Бес жігіт суыт жүріп алға түскен. Төртінші күні

Шықыманнан құлады.

Сегіз төбесінен суық су құйғандай сілейіп отыр.

Таңсыққожа ағасын сөкпейді. Самсаған сары қолға Сырлыбай ауылының он шақты жігіті қайрат қылып жарытпас еді. Кінә өзінен.кешігіп жетті...

— Тойы тарқағалы үш күн өтті. Сонда бұрнағы күні жүріп кеткені ғой... — Таңсыққожа сөйлеп отыр.

— Түйе жетектеген жолаушы ұзап кете алмайды. Соны ішке түйген Сегіз басын көтерді.

— Аға, мен аттанам!

Қарақалпақтың Мақпалды алып кеткенін есітпеген ел жоқ. Алтынбайлар да елеңдесіп отыр екен. Бидай батыр қасына Бәркелет бастаған он жігіт ертіп келді.

— Аттану керек!

— Қарақалпаққа жесірімізді жіберіп отыра алмаймыз!

— Аттанамыз!

Жігіттер араның ұясындай күжілдеп кетті.

Саршатамыздың іші. Аспан жерге түскендей, ауызың кеуіп жүргізбейді. Айбас ізшіл, ұзатылған қыздың көші қай жерде ат шалдырып, қай құдықтың басында түнеп шықты, — бес саусақтай біліп отыр. Көш бес рет қоныпты. Бұлар үш күн жүрді... Айбастың есебі дөп келсе, өздері ертең Босағакөңге жетіп қонуы керек...

— Сол жерде бір мезгіл ат суытармыз...

Сегіз жігіттердің босаңси бастағанын сезіп еді. Түнгі жүріс Балапанға батты. Анда-санда қалғып кетіп, басын ерге соғып алып, қайта оянады.

— Олардың алты қонған жеріне біз төрт күнде жеттік.

Жігіттер Босағакөңде қонып отыр. Қоржындағы сүрді отқа көміп, қаужаңдасып алған соң, ер жастанып қисая-қисая кеткен. Бәркелет пен Сегіз ғана ояу еді.

— Олар да суыт тартқан екен...

— Ерден ердің қаупі бар деген ғой...

Біраздан соң Бәркелет те қалғыды.

Сегіздің кірпігінің астына тіреу қойғандай, көзі ілінбей жатыр. Ертең бір күн Мақпалды қуып жетеді. Айырып алып қалу - айтуға жеңіл... Жабы да намысты қолдан бермес. Бұл егесті көк найзаның ұшы ғана шешетіні анық еді. Оның ақыры қан төгіспен бітеді. Мақпал үшін Сегіз қаны түгіл, жанын да аяп қалмас. Бірақ бейкүнә жұрт күйетіні жаман ғой. Кісі өледі. Мынау жатқан жігіттер... Олардың Сегіз үшін басын оққа байлар жөні жоқ. Сол есіне түскенде ұйқысы шайдай ашылады.

Жекпе-жекке шығу керек... бәрі сонымен бітсін!

Сегіз өмірі қолына найза ұстап көрген жан емес. Найза да бір кәдеге жарар-ау деп үш ұйықтаса ойда жоқ. Қан көрсе, жүрегі айнитын еді. Адам түгіл, қой бауыздап көрмепті. Енді біреудің қанын төгу керек. Бәрі Мақпал үшін... Онан мәңгі айрыларын ойласа, ақылдан алжасатындай. Сағыныш өзегін өртеп, жанын шыжылдатып күйдіргенде, көкірегі қарс айрыла күрсінеді. Оны намыс қуып келе жатқан жоқ. Мақпалсыз өмірден мән кеткендей, ғашықтық дерті бір орнында жатқызбайды.

Жеті қарақшы, Темір қазықты айналып көкжиекке еңкейіп қалған екен. Түн ортасы ауғаны ғой. Ендігі аттар да тынықты. Таңғы салқында жүріс те өнеді. Жігіттерді ояту керек...

— Айбас! — деді ақырын дауыстап.

Айбас басы жастыққа тисе қор етеді. Соған орай оянуы да тез еді. Дыбыс шығуын ғана күтіп жатқандай атып тұрды.

Егер атты қысыңқырап жүрсе, осы түн қыздың көшіне жетіп қалатыны анық. Қарақалпақтар «Кежектің көк төбесінде» қонып жатқан. Жүрдек атқа сәскелік қана жол. Бірақ солай екенін жігіттер білген жоқ.

Жабының күндегі әдеті, таңғы салқынмен аттанып кетіп, алдағы құдыққа жетіп қонып отыратын еді. Кей күні бір көштік қана жер алады. Жетектегі түйенің ауанымен қимылдаған көштің жүрісі де өнбей, жұрт шөлден қырылып қала жаздайды.

Бүгін көш мойнын ұзартып, Көктөбеден ұзап барып қонды. Өмірі Домалақ көлдің басынан аттап шығып көрмеген Мақпал, бүгін отын ала алмай жатыр еді. Жеті күнге созылған ұзақ сүрдек оның титығына жеткендей. Аптап жел бетін шарпыса, төбесінен күн теседі. Ал қыз жүрегіндегі жалын күн көзінен де ыстық еді.

Қашан Қызылдың құмына кіргенше, екі көзі артында болды. Күткені Сегізі... Оның қуып жететініне шәк келтірмейді. Кешеден бері ғана күдер үзгендей. Мақпал бүгіндікке нәр татпай жатыр. Дәрмен құрып, әл біткен. Бірақ көзі ілінбейді. Шыққалы әдеті, екі күн қатарынан ұйықтамай шығып, үшінші күні тастай қатып, жұлқылағанда оянбайтын. Бүгін үшінші күн... Мақпалдың тұла бойы оттай күйіп, басы жастыққа тигізбейді.

Масаты ет астыртты.

— Кешеден бері нәр татқан жоқсың. Өзегің талып кетер, сорлы, аузыңа салсайшы, — деп жалынады.

Мұрнына еттің иісі келсе, Мақпалдың жүрегі айниды. Жерік болған әйелдердің құсып жатқанын көретін. Соны ойласа, жүрегі түршігеді. Мүмкін, өзі де жерік шығар... Бала бойына қашан бітіп жүр? Кімнен бітіп жүр? Әйел бойына бала біткеннен соң неше күннен кейін жерік болады? Бұл құпияны шешесінен артық білетін ешкім жоқ. Онан сұрауға беті шыдамайды.

Мүмкін бала Сегізден біткен шығар?.. Сегіз есіне түссе, жүрегіне шым-шымдап жылу енетіндей. Бойындағы бала Сегізден біткен болса деп тілеп еді. Сонда асығып сағынғанда, құмары баланы аймалап тарқар еді. Бірақ... ондай жағдайда өзінің тұла бойы тұңғышына «құл» атағы таңылады. Бүкіл ғұмыры жат біреуге пенде, көз түрткімен күн кешеді екен...

Мақпалдың ішін ит тырнағандай, ашуын шешесінен алады. Алдына әкеліп қойған тамақты аударып тастап, теріс қарап жатып қалған.

Мақпал ерке еді. Кішкентайында тәттіден тәтті таңдап, алдына қойған асты татып алмай қиғылық салатыны бар-ды. Масаты қызының бұл қылығын соған жориды. Бірақ қазір басына желек жамылған келіншек... Есі кіретін кезі болды ғой. Ертең жат босағаны аттағалы отыр. Қарақалпақтар оның балалық еркелігін көтере ме? Тағы да өзі күйеуінің алдында айыпты келіншек... Масаты қызының мінезінен түңіліп қалды.

Шаршап жүрген жұрт шала-шарпы қаужаңдап, отырған-отырған жерлерінде құлай кетіп, ұйқы құшағына енеді.

Қызының ертеңін ойлап қобалжыған Масаты біраз дөңбекшіп жатып, ақыры ол да қалғыды.

Көз ілмеген жалғыз Мақпал еді.

Бойына бала біткенін білгені бәле болып жабысқандай.

«Жауға аттанып, құл да әкеледі» деп еді-ау Жабы... Күйеуінің сол сөзі көкейінен кетер емес.

Өзін қарақалпақ ауылында күндік күтіп тұрғаны рас екен. Мақпал ондай құрыққа неге мойын ұсынады? Күң болып, жер басып жүргенше, өлген артық?

Қалай өледі сонда?

Өзіне-өзі қол жұмсаса, ана дүниеде дозаққа түседі...

Қайда барса, Қорқыттың көрі, тығылатын жер жоқ...

Қашып кетсе қайтеді? Түн жамылып қарасын батырады... Бірақ шешесі... Оған не істер дейсің?.. Бәрі өзінің қарақалпағы. Қияттың қызы...

Сегіз жете алмай қалған екен, оны іздеп барады Мақпал... Кенет қазақ аулына қалай баратыны көз алдына ап-айқын елестеп қыз жүрегі алып ұшады.

Мақпал сыбдырын білдірмей, далаға шығады.

Ай батыпты. Тастай қатып ұйықтап жатқан жұрт, құлағын кесіп алып кетсе білетін емес.

Жабы қара қасқа арғымақты ерттетіп, шатырдың қасына байлатып қоятын еді. Күндегі әдеті... Қыз жан-жағына алақтап, аттың тұрған жерін іздеді.

Басқа арғымақ басын төмен салып жусап тұр екен. Мақпал қасына келгенде құлағын қайшылады. Қыз қолы сағағына майда жанасып қаси бастағанда, арғымақтың жаны рахат тапқандай, шылбырынан жетектеген Мақпалдың ізіне ере берді. Құм белестен асып түскенше қыз үш сүрініп тұрды. Жүрегі дүрс-дүрс ұрады. Ұзап шыққанын көрген кезде, демін бір-ақ алды.

Қасқа арғымақтың үстіне ырғып шыққанда, өзіне қанат біткендей, атты екі бүйірге тепкілеп келеді. Бет алды құла түз шоқыта тартты.

Қаперінде түк жоқ-ты. Өзінің жол білмейтінін де ескермейді. Түн айсыз қараңғы. Біраз ентігін басқан соң, айналаға көз салды. Әлде не қараң еткендей. Жүрегі тас төбесінен шықты. Қасқырдан қатты қорқатын. Кез келген бұта қыз көзіне аш бөрі болып елестейді. Әлдеқайда жылт-жылт етіп от көрінеді. Енді есіне жын-шайтан, мыстан кемпірлер туралы естіген қорқынышты ертегілері түскен. Мақпалдың жаны түршігіп кетті.

Сонан кейін құлағына белгісіз бір дыбыс жеткендей. Жер түбінен талып келген. Алдаусыратып шақырған пері ме, аңдып жүрген аш бөрі ме?... Мақпал екеуінен де қорқады. Кенет әлгі дыбыс ән әуеніне ұқсап кетті...

Ән... таныс ән... Сегіздің әні... «Есіме сен түскенде, беу, қарағым, сағынып әнге қосам сәулетай деп...» Сөйдеп келеді. Сегіздің өзі ғой! Мақпал ән естілген жаққа қарай шапты. Сәт сайын ән жақындап, әр сөзі ап-айқын естіледі.

Сүйгенің әлде жақсы, әлде жаман,

Қор болған бір жаманға есіл, Мақпал...

Сегіздің өзі! Мақпалын іздеп жеткен екен!...

Мақпалдың қонып жатқан құдығы қашық емесін әлдеқалай түйсінгендей, серінің жүрегі өрекпіп кетті. Көмекейінде ән лықылдайды. «Мақпалды» қалай шырқап жібергенін әуелі өзі де білмей қалған.

Бәркелет селк етті. Жау күтіп қорқақтап келе жатқан жұртқа кенет ән ерсі көрінді. Енді біреулер бәрін ұмытып, әсем әнді тамсанып тыңдап қалыпты.

Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал...

— Апыр-ай, Сегіз аға, - деді Айбас ер үстінде қозғалақтап. - Жау төбесі көрініп тұрғанда мұның не? Түнгі дауыс жер түбіне жетеді...

— Естіп қалып сақтанып жүрер...

— Бір тасадан тап берсе!

Сегіз даусын көтере күлді,

— Жігіттер, біз жау іздеп келе жатқан жоқпыз. Бізге керегі Мақпал емес пе? Ендеше Жабыны алдап басатын жөніміз жоқ. Қапы ұрғызып алмаймыз, алдына ашық барып, шынымызды жасырмай айтамыз...

— Әй, бәрекелді! - деді Балпан ырза болып.

Айбас күйіп кетті.

— Сендердің не түсініп келе жатқандарыңды білмеймін. Мақсатымыз Мақпалды айырып алып қалу екен. Ала ғой деп қарап тұрмас. Ендеше қапы ұрғызу керек оларды!

— Айбас, сен үлкеннің алдын тоса бердің ғой! - Балпан інісін қағытты. - Сегіз аға ердің ісін істегісі келеді. Нәмәрттықты кім білмейді!?

— Балпан жөн айтты, - деді Бәркелет.

— Сегіз аға, айта бер!

— Құдай өзі берген жанын өзі алады!

— Айқайды салып барайықшы. Қарақалпақтың есі шықсын!

Әнге еліккен көпшілік кеу-кеулеп кетті.

Айбастың кәдігі дұрыс. Түнгі дауыс алысқа кетеді. Сегіз де соны біліп айтқан. Мақпалды түн ұйқысынан оятып, бір елең еткізгісі келіп еді. Бірақ ғашығы алдынан шыға келер деп күткен жоқ.

Таң білінді.

Алдарында бейсаубет салтатты қараң етіп, ездеріне қарай шоқыта шапқанын көрген кезде, жұрт шу етті.

— Жау!

— Ойбай, жау келді!

«Жау» даурыққан жұрттың сөзіне қарайтын емес, киіп-жарып келіп қалды.

— Аға!

Әйел даусы еді.

— Мақпал! — деді Сегіз тани кетіп.

— Мен Мақпал...

Жау күтіп тұрған жұрт қобалжып гуілдесіп кетті.

— Құдай сақтады, — дейді Дүйсенбай даусы қалтырап. — Садағымды кезей бергенім... Сегіз ағамның әлгі сөзі есіме түсіп, кідіріп қалып едім...

— Уай, ерім-ай?

— Біз Мақпалдың көшін іздеп жүр едік, - деді Балпан. — Бұл өзі іздеп келіп, масқара қылды-ау.

— Қашып шыққан!

— Апам қалды... - Мақпал өксіп жіберді.

Бар қатерден құтылғанын білген сәт қыз жүйкесі босап кеткен, шешесін жаңа ойлап тұр.

— Қап! — Айбас санын соқты.

Мақпал қолға тиді. Енді қарақалпақта алты аласы, бес бересісі жоқ. Ат басын ауылға бұруға асығып тұр еді.

Кемпір қолда қалыпты. Мақпалды ұрлап алып кеткен адам болып көрінбейік... Өшіккен жау кемпірге ақырет беріп жүрер... Жұрттың сөзі бір жерге құйылды.

Жау қырық жігіт екен. Көбісі Жаңадария бойынан қосылғандар көрінеді. Оны Мақпал айтты. Бұлар жиырма кісі... Бір кісіге екі адам көптік қылмайды...

— Сегіз, әлгі бір әніңді шырқап жіберші! — дейді Бәркелет шалқып. — «Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал» еді ғой. Үстеріне әндетіп бір барайық!

— Уай, пәле!

Сегіздің әнін жұрттан бұрын Масаты есітті. Таң қараңғысы екен. Не қылған дыбыс екенін жөнді түсіне алмай, әлдеқалай Мақпалдың төсегін сипалап еді. Көңілінде жамандық жоқ, ақырын дыбыс берді

— Мақпал...

Мақпалда үн жоқ.

Қызының шынымен жоғалғанын білген кезде Масатының даусы қаттырақ шықты. Онан даладағылар оянды.

— Қасқа арғымақ қайда?!

— Босанып кетіпті ғой...

Көкірегіне кәдік кіріп, шошынған Масаты шатырдан ойбайлап шықты.

— Мақпал, Мақпал!

— Қызынды қашырып жіберіп, не көлгірсіп тұрсың?

Жабы кемпірге ақырды. Қалған жігіттердің естияры Жанназар.

Жабыға Жаңадариядан қосылып еді. Ақирекке бірге барып, енді Мақпалды ұзатысып келе жатыр. Жабыға басу айтты.

— Қызын қашырып жіберіп, өзі қолда қала ма? Аңсыз қалған өзімізден көрейік! Ат бақтырып қойған күзетшіміз қайда жүр өзі? Бері шақыр!

Осы кезде Сегіздің әні ап-анық естілді.

— Бұл кім болғаны!?

— Еріккен қазақтар шығар...

— Сонда да сақтық керек!

Күзетші ұйықтап қалыпты. Ербиіп орнынан тұрды. Әр жерде шідерімен шашырап жүрген аттар жинастырылды.

Ән жақындап қалды.

— Самсаған сары қол!

Төбенің басында тұрған бір жігіт бері қарай домалай жүгірді. Қорыққанға қос көрінеді...

— Ат ерттеңдер!

— Қуғыншы!

Күн шыққан. Күншығыста қызыл шапақ нарттай жанады.

Жұрт түгел атқа қонып, төбенің басына шықты. Бір топ салт атты жақындап келіп, олар да тоқтады.

— Ей, кімсіңдер!? Елмісіңдер, жаумысыңдар!?

Бір жігіт атын тебініп жақын келді.

— Біз жесірімізді іздеп келеміз. Бізге Мақпал керек. Бұл келе жатқандар Жәніке батырдың інісі Сегіздің қолы. - Елшілеріңді жіберіңдер, сөйлесейік.

Жабы атын тебінгенде, Жанназар тізгінінен тартты. Баяғы Нұртайға еріп баратын жолы жас жігіт Жанназар бұл күнде аға болған. Оның сұсынан әркім де сескенетін еді. Жабы тосылып қалды.

— Батыр, тоқтай тұр. Біз жоғалтқан Мақпалды олар іздеп жүр екен. Мен барып сөйлесіп көрейін.

Жанназар аттан түсіп жаяу кетті. Оның алдында тұрған Бәркелет еді, екеуінің жасы құрбы көрінді. Жанназарды көріп, Бәркелет те аттан түсті.

Жанназар бұрын сәлем беріп еді. Бәркелетке бұл да жақсылықтың нышанындай көрінді. Енді күйбектеген жоқ. Іздеген жесірі қолында, өркештеніп отыр. Шынын айтты. Қазақ-қарақалпақ таласқан асыл Мақпалды ұрлап әкетсе, онысы нәмәрттық болар еді. Бәркелет қарақалпақ ағайыннан алдынан өткелі ат басын бұрып келді. Қарақалпақтар жесірін айырып қаламын десе, қазақтар тұрысудан қашпайды.

Бірақ Сегізге бейбіт тынымы керек. Осындай ұсақ нәрседен үлкен дау ұшынып, екі елдің арасы егес болған кезі бар... Босқа қан төгілмесін. Үйде Сегіздің бойжетіп отырған қарындасы бар, Мақпалдың өтеуіне соны береді... Жабы қолындағы кемпірді қайтарсын...

— Жабы — намысшыл байдың ұлы, оған көнбес... — деді Жанназар кәдік айтып.

— Ендеше Жабуыңа мынаны айт! — деді Бәркелет, Жабының атын әдейі бұра сөйлеп.

— Бір қызға таласып отырған Сегіз екеуі ғой. Ол ер жігіттің ісін қылсын. Жекпе-жекке шыға ма әлде күреске түсіп күш сынаса ма, онысын өзі біледі. Қай жеңгені Мақпалға күйеу болады! Бейбіт елдің қаны төгілмесін. Сегіз соны өтініп отыр!

Бәркелеттің екі талабы да көкейге қонатын еді. Құдай атып қолдағы жесірден айрылып қалды. Оны қайта айырып алу күшке түсерін Жанназар біліп отыр. Бірақ Мақпалдың өтеуіне басқа қыз алып бітуге өркөкірек Жабы өлсе көнбейді. Қазақтың аты аталса, қанын ішіне тартатын мінезін байқап қалған. Намысқа басары хақ. Онда Сегіздің шартына тоқтайды. Жанын тастай алмай жүрген ешкім жоқ. Қолдаулы мен Қияттың жайсаңдарын бір қыз үшін құрбандыққа шалдырып, Жанназар отыра алмас!

— Қан төгілмесін дегеніңіз менің көкейіме қонып тұр. Жабымен сөйлесіп, бейбіт тынымын жасауға күш салып бағайын, — деп Жанназар орнынан тұрды.

Жабы жауға аттанып, қару ұстап көрген жан емес. Атадан жалғыз екен. Мамыт көзінің қарашығындай жалғыз ұлын ондай қатерлі жерге жібермейтін еді. Бірақ үш-төрт жылдан бері той-томалақта күресіп жүр. Әзір жауырыны жерге тиіп көрген жоқ. Былтыр Хиуа ханы той қылғанда, Әуез ханның қоңыраулы балуанын сүріндіріп, иісі қарақалпақты бір қуантқан... Содан бері Жабының деміне нан піскендей еді.

— Ендеше, анау қазағыңа айтып кел! Қару жұмсасақ қапы кеттім дер. Мен белдесіп күресіп, бағымды сынаймын. Шартым сол, кім жығылса, соның басы алынады. Сегіз Мақпалдың ғашығы екен ғой. Ғашығынан айрылып, өмір сүріп не керек? Мен де жесірімнен айрылып жер басып жүргенше, көрге түскенім көп артық.

Жабының жауабына Сегіз де ырза болды.

Қазақтар да, қарақалпақтар да аттан түсті.

Жұрт екі жарылып тұра қалғанда, ақ құмшықтың баурайында майдан ашылған.

Балуандар иығына түк ілмей, жалаңаш етіне белбеу буынып шықты. Екеуінің денесі де жаңа жауған қардай аппақ екен. Көріп тұрған жұрт ішін тартты.

— Е, жасаған, жолын бер!

— Әруақтар, қолдай гөр!

— Е, бабам!

Тілекші жұрттың даусынан жер күңіренді.

Мақпалдың екі қолы көкірегінің үстінде, қалш-қалш етеді. Екі ұдай күн болып, Сегіз сүрінсе, оның өмірі қараң еді.

Жабы ашу қысып әзер тұр. Белдесіп қалған сәтте Сегізді бүріп тастайтындай омыраулап, өкім-өкім қимылдап еді. Бойы да биіктеу екен. Кейде төске алып дөңгелеткенде, Сегіздің аяғы жерге тимей кетеді. Қазақтарда зәре жоқ.

— Мынау итің қайтеді? — дейді Балпан дауысы дірілдеп.

Ашулы адам аңсыз келеді. Оған тек беліңді бермей бағу керек. Сегіз Жабының ішіне кіре түсіп, қапысын аңдып жүр... Жамбасқа алып, аяқтан бір қағуға келтірсе... Ондай кезде Сегіз қара нар болса да бір сүріндіреді...

Кім көп қимылдаса, сол адам да бұрынырақ болдырады.

Жабының маңдайынан моншақ-моншақ тер шықты. Өзінің күш иесіне тап болғанын енді ұққан. Қимылы бәсеңсіп қалыпты. Сегіздің күткені де сол сәт еді. Оң иықпен қолтықтан тірей беріп, сол аяқпен сарт еткізіп, шалып қалды!

— Түсті әдіске! — деп Балпан шыңғырып жіберді.

Оны Жабы да сезді. Түсі өрт сөндіргендей, мықшиып тұр. Оң балтыры ұйып, тізеліктен құмға кірді. Қап! Мұндай да әдіс пар екенін ескермепті-ау...

Жердің топырағы бұрқ етті.

— А, құдай! А, құдай!

Бұл даурығысқан қазақтардың даусы еді. Жабыны екі иығынан басып ұстаған күйі, Сегіз демін алқына алады.

— Болғалы тұрған бала екенсің, — деді, Жабының көзіне қадала қарап тұрып айтты.

— Қаныңды жүктеп қайтейін. Мақпал менікі. Айтқаным — айтқан, қарындасымды бердім!

Жабы үн қатқан жоқ.

«Бозқасқалаған» дауыстан жер күңіренді.

Сегіз талтаңдай басып күтіп тұрған жігіттерге қарай кеткенде, Жанназар маңдайының терін бір сыпырды. Ер екен ғой... Жазықсыз жанның қанына қолын былғағысы келмеді-ау. Сегіздің ерлігіне ырза болып тұр еді.

Қыздың көші бетін кейін қарай бұрды. Сегіз уәдесінен шықты. Қарындасы Қарлығашты Жабыға қосатын болып еді.

Той тойға ұласты.

СОҢҒЫ ТҰЯҚ

Қар аспаннан жауып, жерден борайды. Жел ішін тартып ышқына соғады. Ақтүтек бұрқасын түк көрсететін емес. Күрең аттың жалына бір елі қырау тұрыпты, аппақ болып күдірейіп көрінеді. Бесбасбай сескенді. Алдынан тұрған жел бет бақтырмай, қорғалақтай бастады. Аузы-мұрнына қар тығылып, тынысы тарылды. Түлкі тымақтың түгіне, сақал-мұртында сірескен қырау, бетінің ұшы удай ашиды.

Биылғы қыс мал баққан шаруаның қабырғасына қатты батқан. Күздің аяғы жаңбырлатып-жаңбырлатып келіп, бір күнде теріскейден дауыл тұрып, қыс түсті. Іш тастамаған мал жоқ. Шөп орнына мұздақ кеміреді. Оған мынау жынды боран қосылды. Алай-түлей ақ түтек екі күннен бері аңырай соғып тұр еді.

Мәстәттің басындағы төрт-бес үй биылғы қыстан қатты жүдеп шықты.

Жалғыз Бесбасбай емес, маңайдағы қазақ байлары аман қалған малын Ақиректің қопасына қарай қуалаған. Әр қамыстың түбі сайын бір жылқы... Оннан аса жылқышы әр үйге кезектесіп қонатын еді. Өздері «өлме, жаным, өлме» деп отырған кедей ел, қысқы азықтан қатты тарықты.

Қазір жұрт күннің жылынуын ғана күтіп отыр. Ауылдағы тірі жан түгел қыбырлап, енді атыз-арығын тазалайды. Кетпен-күректерінің жүзін қайрап, жер ағаштарын жөндетіп, көктемгі егістің қамына кіріскен.

Бір түнде Кәпірарықтың тоғаны бұзылып шықты. Арнасына сыймай шіреніп тұрған Сырдың суы, Ақиректің алқабына қарай ақтарылды.

Кәпірарық бір күнде кенересінен асты. Тасқын Қақбидай, Қурайлы, Көкшекөлдің ұлтанына қарай жосыды. Онан Ақпайға жөңкіді. Ақирек алқабын мекендеп отырған төрт-бес ауыл қарақалпақтың ер азаматынан ес кетті.

Тоған өзі бұзылды ма әлде біреу жырып жіберіп отыр ма, - оны білген жан жоқ. Біреулер бұл жосын апатты қазақтардың қастығына жорыды. Кәпірарықтың сағасына жақын жерден Бекбауыл қора салған... Бірақ оған не көрініпті... Енесей бидің туған жиені. Жазықсыз жұртта не қастығы бар?

— Тоғаңды қайта бөгеу керек...

Ер азамат Кәпірарықтың сағасына жиналды. Бар-жоғы жиырма шақты адам... Тасқын су тоғанды шайып кеткен. Құлама судың беті қатты, ықты-жарды тыңдайтын емес.

Бұл тоған бұрын да талай бұзылған. Соңғы апаттан бері жиырма жыл өтіпті. Әнетей өзі басында тұрып бөгетті. Ол кезде адам көп. Екі жағында қырық-отыздан жігіттер тұрып алып, қамыстан бұған бураны қардай жаудырып тастайтын еді. Неше қатар керіп тастаған жуан арқан бураның алдын бөгеп ұстап қалады...

Қазір ең аяғы дайын қамыс та жоқ. Оны ауылдан тасу керек. Оған көлік тапшы, адам жетпейді. Көп болып қауырт қимылдап кетпесе, үзіп-тамшылатып тастаған бураға ағын су ие бермейді. Еңбегің құр еш болады. Жұрт еңсесі түсіп ауылға қайтты. Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ. Әнетей іштен тынды.

— Мен көшемін, - деді Сағындық, тоғанға барып қайтқан күннің ертеңіне. Жалғыз талшығымыз Кәпірарық еді, құдай оны да көп көрді. Күн көрісіміз дән. Ертерек Жаңадарияның бойына жетіп алу керек...

— Бәріміз де көшетін шығармыз...

Сыр бойында жетімсіреп қалған азғантай қарақалпақты сырттағы ағайындар аяйды. Қияттар әсіресе Әнетейді қимайтын. Басы Мамыт болып, оны қасына шақырмаған бай ағайын жоқ. Бірақ сексендегі Әнетей не өзі көшпейді, не қасындағыларды жібермейді.

Қазір де үнсіз отыр. Ақирек оған ыстық еді. Жасы сексеннің үстіне шыққанда, тағы қайда қаңғиды... Топырақ бұйырса, жесінің қасында қалар... Соны айтқанда, ауылдың сыртындағы Мәстәт бидің қорымына қарады.

— Мен де көшпеймін! — деді Мәтнияз.

Қалған үш үйдің адамдары жаман арбаларын қораларынан шығарып, көр-жерін тиеп жатыр.

Көшкен ел ата қонысынан жылап айрылысады. Оны көріп тұрып қалатындардың да көңілі бұзылды. Сағындықтың маңдайына біткен бар тұлдыры қоңыр сиыр. Арбаға соны жекті. Жүктің үстіне үш баласын отырғызып, қатыны екеуі жаяу барады... Артына, қыстауға қарай-қарай барады.

Мәстәттің басында қуарып екі-ақ үй қалды. Әнетей жалғыз отырып үйге сиятын емес. Таң атса, таяғын беліне ұстап, Кәпірарықтың жағасына баратын еді. Тасқын суға бір тосқын болуынан дәметеді. Бірақ су күннен-күнге жоғары көтеріледі. Оны көріп, бидің еңсесі түседі.

Мәтнияз ақыры шыдамады.

— Мен Жылқы батырға барамын...

Белін шарт буып алыпты. Әнетейге келді. Би тіл-құлақтан айрылғандай, Мәтнияздың бетіне бақшия қарап сексиіп тұр.

— Жылқы батыр Лайкөлдің жағасына қыстау басады екен. Қазақтар ондай кәсіпке жоқ қой. Жазғытұрым әдейі келіп, жағдай айтып еді...

— Лайкөл... Лайкөл... Ау, онда ашамайлылар отырмайтын ба еді? — Әнетей айтарын айтса да, мүдіріп тұр.

— Ашамайлылар ерте көктемде-ақ көшіп кеткенін есіткен жоқ па едіңіз? Ендігі Жаңадария бойында отыр. - Мәтнияз күрсінді. — Бұрынғыдай емес, балықтың базары кетті. Ескі жер, онды өнім бермейді.

— Несіне айналады?

Мәтнияз кеткен соң, Әнетейдің берекесі тіпті қашты. Екі есті адамдай, бір үйге кіреді, бір далаға шығады.

Бүгін ертерек тұрып кетпенін иығына салды.

— Қос уыс дәннен қырық қап тары берген Ақирек еді... Қайта-қайта күбірлегенде, айтатыны бір-ақ ауыз сөз еді. Күн ұзын судың жағасында күйбеңдеп, күн бата шаршап қайтты. Үсті-басы кек шаңдақ, көзі ғана жылтырайды.

Ақиректей жер шұрайынан адам безгені ақылға сыймайтын іс болып көрінетін еді. Ертеңіне таң намазын оқып алып үйден шықты.

— Осы шал не істеп жүр? — Типыша кемпір күңкілдейді.

Жатар кезде Әнетей ала дорбаны жоқтады. Әкесінің көзін көрген дорба еді. Онда қауын-қарбыздың тұқымын сақтайды.

— Кешеден бері біраз жерді кетпендеп тастадым. Қарап отырып болмайды, кемпірім. Су көтеріліп келе жатыр.

— Кетпендеп тастаған жерін су алып кетсе қайтеді? Мына шал алжыған шығар.

— Оны білмесем, Әнетей болып нем бар? Су жете қоймайтын биіктеу жерден кетпендеп жатырмын той!

— Оған су қалай шығады?

— Қолсамар жасаймын!

Сағындықтың қорасындағы сырғауылдарды әкеліп, үш аяқ аша жасады. Қолсамарға сап жонды.

— Келін, әу, келін!

Мәтнияздың келіншегі Гүлбазар үйден шықты.

— Мен төрт-бес күннен бері жер шұқып жүрмін ғой. Кеше әуіт қаздым. — Әнетей күркілдеп жөтелді. — Балдарың бар, ертең азық керек. Қарап отырма, келін. Бір әуіттің суы екі үйдің ермегіне жарайды. Жетпей, қайратымыз тасып бара жатса, тағы біреуін жасаймын. Ертең менің қасымнан жер кетпенде.

Қанша айтқанмен диханның қызы ғой, Гүлбазардың көзі жайнап кетті.

Су әлі әуіттің деңгейіне көтеріле қойған жоқ-ты. Әнетейдің есебі бойынша, екі-үш күнде су келіп қалады. Бүгін күнімен жүріп, әуіттің мандайын биіктетті. Су ағарына қамыс тастады. Оны әр жерден қазықтады.

Гүлбазар жер кетпендеп жүр.

Екі үйде көк есектен бөтен көлік жоқ.

— Қап, Мәтнияздан айтып жіберетін! Бір аттың майын сұрап алсақ қой... Жер ағаш бар. Екі күнде дүниенің жерін жыртып тастамаймыз ба? - Әнетей маңдайында бұршақтаған терді сүртіп отырып өкінішін айтты.

Қыстауда жалғыз өзі, елегізіп отыра алмай Типыша кемпір де келген. Күйеуі қазған әуіттің құп-құрғақ тұрғанын көріп бетін шымшиды.

— Кемпір, су келмес деп қорықпа. Су өзі-ақ іздеп келеді. Онан да кетпеніңді ұста!

— Қолсамарды кім атады? Жасың сексенге келді. Осы жерге су жеткізіп алсаң да аз байлық емес...

— Гүлбазар атады, сен атасың. Ертең Мәтнияз да келеді. Әнетей ашу шақырды. — Сексен, сексен! Мен сексен жаста суды қалай ататынын көрсетейін!

Ертеңіне шал титықтап құлады.

Түнде Әуіттің ұлтанына болар-болмас су келіпті. Үшеуі бір-бірінен сүйінші сұрап жүр.

Таңертең көк есекті ерттетіп, Әнетей жолға түсті.

Ақирек алқабындағы үш-төрт ауылды аралап қайтпақ еді. Еріндері кезеріп отыр ғой. Оларға өзінің істеп жатқан әрекетін айтқысы келді. Қарап отырғанша, жер шұқысын...

Арықтардың, атыздардың ара-арасымен ирелеңдей тартқан жалғыз аяқ жол, анда-санда адастырып кетіп, қайтадан алдынан шығады. Былтырдан бері арқасына ер салынбай, ерігіп жүрген көк есек, тұяғы тық-тық етіп, тыпың қағады. Жер қатқақ еді. Есек үстіндегі шалдың да еңсесі көтеріңкі, жан-жағына елеңдей қарайды, Былтырғы атыздың көбісі су астында қалыпты. Мынау баяғы Күжбан қазған қарықтардың орны... Онда шығыр пар еді. Ескі атыздың аңызын қара барқын басқан. Күтім кетсе жер азады, көсемі өлсе — ел азады. Былтырдан бері ауылдан атып шыққаны еді, ақсақалдың көңілі бұзылды.

Бір заманда Ақирек алқабында отыз ауыл... Жылда көктемде көрші екі ру — Қият пен Қытай жерге таласып қырылысып жатқандары... Бір-біріне ұлтарақтай жер ауыстырмай, қылдай қылып бөліседі. Онда дән себілмей қалатын бір адым жер жоқ. Жазда Көкшекөлдің ұлтаны көк пүліштің өңіндей құлпырады. Салма бас тарының сабағы жерді қауып... жүгерінің ақ шашағы төгіліп... Күлтеленген пәлектердің астында дөңкиіп-дөңкиіп көк ала қарбыздар жатады... Ол да бір дәурен екен-ау. Кенет ақсақалдың аузынан су шұбырды. Күн ыстық, шөл қысты. Сары ала қауын кез алдында елестеп, кезерген ернін бір жалады.

Анау жатқан Күжбанның қыстауы... Там үйлердің қалқиған қабырғалары ғана қалыпты. Бәрінің де төбесі опырылып, ортасына түскен. Қамыс қоралар құрып бітіпті. Он-ақ жыл өтті. Бір қыстаудың, бай қыстаудың орнымен жоғалғаны ғой... Кешегі бар, бүгін жоқ, аумалы-төкпелі дүние-ай!

Ақсақалдың көзіне жас тығылды.

Алдында Жалмұраттың қыстауы көрінді. Шал жолдан шықты. Қыстауға қарай төтелей салған..

Анадайдан қарап келеді. Қыстаудың маңында селт еткен жан көрінбейді. Не бір бұзау-тана, қозы-лақта жоқ... Биыл қыс бұл ауылды жүдетіп-ақ кеткен екен-ау... Ірі қара алысқа ұзап жайылғанмен... Онысы да қай төрелі көп дейсің... Бірақ мынадай от жерде, біреу-жарым қозы-лақ үй маңында жайылуы керек еді... Апыр-ай...

Түс қызған шақ. Бәрі үйіне тығылып алып жатыр ғой, сірә. Қыбырлаған бір жан көрінсейші. Жаман Жалмұраттан не көсемдік шықсын... Жер шұқып тіршілік қылу керек қой... Бұлай жатып аштан қатар...

Есегін қораның алдына байлап жатып соны ойлады.

Үйдің есігі шалқасынан ашық. Әнетей бас сұға беріп, қалқиып тұрып қалды. Біреу тонап кеткендей, үй бос құлазып тұр. Астапыралла! Енді білді, көшіп кеткен екен!

Қыстаудағы бес үй түгел бос тұр.

Көк есектің шылбырын ұстағанда қолы қалтырап кетті.

Онан кейінгі қыстауға жеткенде зәресі ұшты. Қыстау жоқ еді, орнында үйіліп күлі жатыр...

Үйелменімен өртену осы екен ғой. Кім өртейді сонда? Қазақтарға иесіз қыстау неге керек? Әлде көшкен ел қыстауын қазақтардан қызғанып, өздері өрт салғаны ма? Баяғыда Күжбан Ақиректің басындағы жалғыз бұлақтың көзін таспен бітеп кетіп... Қазақтарға қастығы... Сол бұлақ болса, Кәпірарықсыз да азын-аулақ мөлтегін егіп отырар еді... Бұл да соның кері... Әнетейдің көзі қарауытып, маңдайынан тер бұршақтады...

Есіктің алды көл болып жатыр. Есегін жетелеп, жағаға келді. Су ішті. Беті-қолын жуды. Енді қалған екі қыстау... Олай қарай жүруге бетінен басқандай... Бірақ осынша Ақиректе өзінен басқа жан қалмағаны ақылға сыймайтын жағдай еді...

Бұл талай аштықта азық болған Ақирек еді ғой. «Ақтабан шұбырынды» заманы... қос уыс тарыдан қырық қап астық алатыны сонда ғой. Әкесі оны да Енесейден сұратып алған...

Үйде дән жоқ... Сол дән қазір де жоқ. Әнетей бір қалта тарыны кемпірге көрсетпей сақтап отыр. Қораның түбінде көмулі... Баяғы ақырзаманнан кейін де ел қалпына келген... Дәуірлегенбіз. Сонда осы Ақиректің арқасы...

Осындай асыл жерді тастап, көтеріле көшкендеріне жол болсын... Бұл халықты жын иектеген шығар... Би қартайып, алдынан ел кеткелі қанша жыл... Алдында дәулет болмаса, бақ та сырт айналады. Құр жақ, қоңылтақ етік. Бидің алдына әділдігіне баққан кедей-кепшік қана келетін еді. Шынжыр балақ шұбар тес ру басылар оны ертерек шетке қақты. Әнетей соңғы он бес жыл ішінде ел тағдырын шешетін үлкен кеңестен қалған. Өкінсе де, білдірмейтін. Оның алдынан ел кеткені ойыншық екен. Ақирек сияқты жер жаннатынан ел көшкені жанын қинап тұр.

Үзеңгіге аяғын салып тұр. Бірақ әлі дәмесіз емес. Қазанқойған жаққа мойнын созып-созып қарайды. Тұрып-тұрып көк есектің басын ауыл жаққа бұрды.

Мәстәтке кештетіп жетті. Қарны ашқан, қатқақсырап шөлдеген, тілі аузына сыймайды.

Өздерінен басқа қыстауларда жан қалмапты... Біліп келгенін айтпайды. Белбеуін шешуге де әлі келген жоқ. Қисайып жатыр. Кемпірі қасына келгенде, ерні қыбырлады.

— Шай...

— Ненің шайы, сорлы бала. Қалтаның түбін қағып салғалы қашан. Дым жоқ. — Типыша кемпір маңырап отыр.

Өмірі бар аузынан шықпайтын еді. Ақыры құртып тынды. Әнетейдің жыны құрыстады. Басын көтеріп алғанда, есіктің алдында тұрған Гүлбазарды көрді.

— Ата, үйге жүріңіз, ет асып жатырмын...

— Мәтнияз...

— ... келді. Лайкөлге асығып бара жатыр екен...

Әнетей онан арғысын есіткен жоқ құлағы шуылдайды.

Мәтнияздың қамыс қосында шәй ішіп отыр. Қара құман төрт қайнап келгенде, оған да тіл бітті.

— Мәтнияз әуітті көрді ме?

— Қуанып жатыр. Түске шейін жер кетпендесті...

— Әуіттің суы бүгін көтерілді...

— Екі-үш күннен кейін қолсамарға жарайды...

Екі әйел жарыса сөйлейді.

— Ертең қауындықты ұялау керек. Бақша биенің сауынындай, тарыққанда ерте қол береді...

Ақсақалдың қабағы жадырады.

* * *

Бекбауыл былтыр күз Нұрымбеттен іргесін айырды.

Киікбай екі ұлына енші бергелі он бес жыл өткен. Бірақ Өтеген-Нұрымбет тату болды. Қырық жыл бойы, қыстаса — бір төбенің бауырында, қонса - бір бұлақтың басында отыратын. Қазір Бекбауыл Қызылды тастап, Қарақұмды жайлап отыр.

Өтеген өлді. Онан қалған төрт ұл ер жетті. Баяғы татулықтың бетіне шіркеу түсті. Сырт ағайын Бекбауылдың бұл ісін соған жорамалдайды...

Биыл қыс Бекбауыл жылқысын Ақиректе сақтады. Ақбөгеттің қопасы қалың еді. Қызылда қыстап қалған Нұрымбет балалары жылқысының жартысынан айрылыпты. Біреу-жарым арық-тұрақ болмаса, Бекбауылдың шығыны жоқ.

Кентті жұрт бірдеңе біледі екен ғой. Қыс қазақ сияқты тоңып-шашырап жүрмейді. Жылы пештің алдында көңірсіп отыр. Бекбауыл оны көзімен көрді. Қыстан бері қыстау туралы ой көкей тескен. Қолайлы жер қарастырды.

Кедей-кепшікпен көрші отырып сәні келмес. Аш аламан жұрт... Шетке шыққан қозы-лақты қағып жеп, зықыңды шығарады... Бір үй емес, екі үй емес, көп қарақалпақтың қайсысымен жауласып жүреді. Әрі жиен тұтып қыл-қыбырдай жабысатыны бар. Барымталататын малы жоқ, несі кетсін олардың. Бай ауылдың дәулеті шайқалады. Бұл қарақалпақтарды Ақиректен көшіру керек...

Баяғы Жылқайдар батыр өліп... сонда мыналарға бықпырттай тиіп, қонысынан айдап шыққанда ғой... Бекбауыл нағашысы Мамыттың көңіліне қарады... Қалың қазақ атқа қонғанда, жалғыз шеттеп қалды...

Төрт-бес қыстау қарақалпақтың Ақиректе не бағып отырғанына Бекбауылдың ақылы жетпейді. Жаз күйбеңдеп жер кетпендейді... Кәпірарықтың сағасы кепсе қайтеді?

Тоған бұзу Бекбауылдың есіне солай түсті.

Ақирек алқабын су алып жатқанда, Бекбауыл қорасының басында еді. Қазақ қысылып кетсе, жерден бастырма қазып кіре салады. Там салуды кім білген. Бір-жар қарақалпақпен сөйлесіп көріп еді, төбе шашы тік тұрды. Бір там салып беру үшін төрт-бес жылқы сұрады...

Салы суға кетіп отырғанда Бәлдір кездесті.

— Бес жылқы беріп қарақалпаққа там салдырғанша, мені неге жалдамайсың? Маған бір ат мінгізсең болып жатыр. Өтекем баласынан ақы сұрап жыным бар ма? Қасыма Жалбыр мен келініңді аламын. Бірақ жаз азығымыз, қыс соғымымыз мойнында болсын.

— Әй, сен берекетсіз там салуды қайдан білесің?

— Менің қарақалпақ қызлауында екі жыл тұрғанымды есітпеген екенсің ғой. Ол былай, шырағым. — Бәлдір шырт еткізіп бір түкірді. — Бесбасбайдың қойын бес жыл бақтым. Алтыншы жылы қуып шықты. Ауыл Қамыстының басында, көктемде қой қырқып, онан кейін жайлауға көшті. Мен жалғыз үй қала бердім. Жер от, қойдың түгін тартсаң майы шығады.

Сол жылы Мақпал қыздың қарақалпақ күйеуі келіп, Күржібай той қылмасы бар ма? Бәлдір сонда жүргенде, қой лағып жөніне кетеді, Көкшешек келгір, бір серкенің қырсығы... Тоқ етерін айтқанда, қасқыр жеген жеті қой үшін Бесбасбай жалғыз түйені тартып алды. Көшетін көлік жоқ, көлдің басында жалғыз үй қалдым. Жақын ел қарақалпақтар. Жаяу-жалпылап сонда жеттік. Күз жиын-терінге көмектестім. Қарақалпақ сенің нағашың ғой. Адал халық. Екі жылда жерге бір уыс тары сепкенім жоқ. Біреудің жерін жыртысам, біреудің тарысын қоримын, орақ кезінде көмектесемін. Алған азын-аулақ ақым қыс азығымызға жетіп артылады.

— Сен там салуды қайдан үйренгеніңді айтшы!

— Манадан бері соны айтып отырғаным жоқ па? Тарысын орғызған қарақалпақ там да салдырды. Осы қолыммен үш тамның төбесін жаптым! — Бәлдір Бекбауылдың тұмсығының алдында күректей алақанының саусақтарын тарбитты.

Бекбауыл оның бір сөзіне де сенген жоқ.

Бір ат мінгізіп, бір тамды қарайтып алса... Онысы жаман сауда болмас еді.

Бекбауыл қыстаулық жерді Кәпірарықтың сағасына жақын жалпақ қыраттың түстік жақ баурайынан тандап алған. Сырдарияның жағасы. Қыс жел көбіне терістіктен соғады. Жанбауыр жер ықтасын, жел өтінен жота қалқалап тұр.

Бекбауыл Бәлдірдің төрт қанат жолым үйін қыстаудың қасына қондырды.

Бес түйе қамыс дайын. Жақын маңайдағы бос қалған қыстаулардың тамтығын қалдырған жоқ. Там біткеннің төбесін аударып, іске татыр ағаш-тасты тасытып алды.

Бес-алты күн қыстаудың басында болып, берекесіз Бәлдірдің жұмысын бақылады. Ағасынан гөрі інісі Жалбыр ұсынықты екен. Бір тамның шомын үш күнде буып тастады.

Қада қағылды. Жалбыр шомнан мата тоқып жатыр. Сонымен тамның қабырғасы да қалқиған. Енді іші-сыртын сылау керек...

Бекбауыл атқа қонды.

— Ертең үш қой жіберемін. Жатпай-тұрмай там салыңдар. Жалбыр төбесіне салатын қамыс матаны дайындап қойсын. Жігіттерді ертіп келіп, бір күнде жауып жіберем...

Кетерінде Бәлдірді қадады.

Қыс дария бойына жақындап қонған Нұрымбет ауылы қой қырқымы аяқталуға қарап отыр еді. Бекбауыл өзі барды. Там салып жатқанын айтып, немере туыстарын үмеге шақырды.

— Қыстан бері жұрт аудармай құрттап-биттеп құрыдық. Нұрымбет қынжылды. -Ертең бір күн жайлауға жылжитын едік.

Жанқожаны ерітсейші. Басқалары босамайды.

Бекбауыл Жанқожаны алып ауылға келді.

Өтегеннің төрт баласы, оған қойшы-қолаңдар қосылды.

Барлығы жеті адам болып қыстауға құлады.

Бекбауыл кеткелі тамға қол тимепті. Матасын тоқып бітірген Жалбыр, жолым үйдің көлеңкесінде жатыр. Бір топ атты cay еткенде, ербиіп басын көтерді.

— Бәлдір қайда?

— Ақиректегі қарақалпақтар көшіп жатыр дейді. Ағам алдыңғы күннен бері жоқ...

— Қарақалпақтарды көшірісе жүргені ме? - Бекбауыл ашуланды. - Мен тамның төбесін жабуға келемін деп айтып кетем. Ол қаңғып жүреді. Өй, шошқа!

Бәлдірдің келіншегі Дәлду жолым үйдің есігінен басын қылқитып тұр еді. Қара келіншек бір тыржың етіп, Бекбауылға ернін шығарды. Жанқожа мырс етті.

Бір түнеп, кешкі салқынмен үйдің төбесін жабады. Ауылдан сол есеппен шыққан жігіттер, Бәлдірдің үйінде бес қонды.

Тамның іші-сырты бір-бір сыланды. Онда да Жалбырдың көзі таниды екен. Төртінші күні там үстіне өрлік түсті. Матаны қалай қағудың жөнін білмей жігіттер дағдарып тұрғанда, Бәлдір келді.

- Әй, қайда қаңғып жүрсің? - Бекбауыл шап етті.

- Ойбай, Беке... Құмбазар, Лайкөл, Талбөгет... Бәлдір інің бес күннен бері бәрін аралап шықты. Сыр бойында бір үй қарақалпақ қалған жоқ...

- Соларды көшірісу міндеті саған түсіп пе!?

— Талай жыл дәмдес болған ағайын. Басына жамандық түскенде қалай қарап отырасың? Ешназардың жалғыз сиырын арбаға жегіп жатқанын көріп аяп кеттім. Соны Бозкөлге жақындатып салып қайтқаным...

— Жалғыз атынды қызыл май қылып... Бекбауыл кекетті.

— Қызыл май болса, сойып алармын. Бәлдірдің қай байығанына көрініп барады?

Бәлдір тәжікелесуге кетсе, ертеден қара кешке балпылдаудан жалықпайды. Дәлду күйіп кеткенде, ернін шығаратын еді. Сонысы дағдыға айналып, әлгіде Бекбауылға да ернін шығарды. Тамның матасын қалай салудың амалын таппай қиналып тұрған Бекбауыл ақыры жеңілді.

Әлі жаз бар, күз бар. Осынша асыққандарың не? Мен бітіремін дедім, болды ғой!

Бәлдір әуелі ақыл айтты. Онан соң үш қой желініп қойылғанын естіп, сабындай бұзылды. Тамның төбесін жабарда қазақ түгіл қарақалпақтар да тышқан мұрынын қанатады екен. Шалаптан басқа азық жоқ, мынаусы сұмдық қой...

Ақыры Бекбауыл ауылға адам шаптырды.

Ертеңіне там жабылды.

Жанқожа асылып жатқан етке қарамай атқа қонды. Ауыл ендігі көшіп кетті. Соны қуып жетеді... Жол мойны ұзақ, түнделетіп жүріп, жер ұтуы керек еді...

Жол-жөнекей екі-үш қарақалпақ қыстауының үстінен өтті. Жылт еткен жарық жоқ, иесіз қалған қыстаудың қарасынан жаны тіксінді.

Бір кезде дарияның екі жағы сыңсыған ел, төрт-бес шақырым жер жүрсең, алдыңнан қыстау шығар еді. Қарақалпақтар қандай қонақжай, қай үйдің есігін ашсаң да, қол қусырып қарсы алады. Піскен дағарасы дайын... Мынау қазақ екен деп жатырқаған қарақалпақ баласын өзі көрген жоқ...

Тату екі халықтың арасына Жылқайдардың қазасы өрт салды. Бір ат үшін Нұртайдың Үргеніштен қалай кетіп жүргеніне Жанқожа әлі таң қалады. Үш бірдей азаматтың түбіне жетті. Ұзында өші, қысқа да кегі жоқ... Бекбауыл Хиуаның ханынан көреді. Нұртайды солар жұмсап, қазақ пен қарақалпақ арасына өрт салғысы келген... Құдай сақтап, оңай өшті. Егер өрт ұшынғандай болса, Хиуаның әскері құмырсқадай қаптайды екен...

Жанқожа ол сөзді көкірек орайға жориды. Бірақ ығысқан қарақалпақтың көбісі Үргеніш асқаны анық еді. Жаңадариядан да көшіп жатқандары бар... Мынау босқындардың аяғы жеткендері сонда барып жығылады. Жанқожа сонда халықты жинап алғанда, Хиуаға не түсерін түсінбейді. Зекет алатын — қарақалпақ мал ұстап жарытпайды. Сондағысы үсірі шығар... Әлде Хиуа ханы бәрін бір жерге жинап, қазаққа айдап салғысы келіп отыр ма?.. Жалғыз адамды ой басады. Жанқожаның көз алдында Бекбауылдың қыстауы... Әлгіде өздері тамның төбесіне салған бау-бау қамыс лапылдап жанып жатыр... Қарақалпақ қайта айналып соғатын күн болса, талай қыстауды өрт алатыны анық еді.

Кәпірарықтың жағасында Бекбауыл, Лайкөлде Жылқы батыр... Дарияның аяғында татырандар мен күліктер қыстау басып жатыр. Әкесі Нұрымбет оны ақырзаман белгісіне жориды. «Қу моладан үйің болар, сары судан сыйың болар...» Жарықтық Мөңке би әулие екен. Сары суы шай. Бұрын оны қарақалпақтан көретін еді. Қазір қазақтардан да шайқұмарлар табылады... «Қу моласы» там екен. Бұрын көшпелі қазақ биыл Қызылды жайлап, келер жылы Қарақұмға жылжитын. Енді тамды қайда көшіреді?

Бекбауылдың Сыр бойында қалғаны қалған...

Олай-былай өткенде Ақиректегі қарақалпақтардың Көкшекөлдің ұлтанындағы жерді ұлтарақтайдан бөлісіп жатқанын көріп, қазақ күлетін еді. Әлі соның кері өздеріне келетін шығар... Қыстау маңы малдың қысқы азығы, Бекбауыл оған басқа ауылдың малын қия бастыра ма?

Әкесі қызық... «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деп ақыры жолатпай қойды. Кенет есіне әкесінің тағы бір қиястығы түсті. Жанқожаның жаны күйзеліп келеді.

Мүмсін түскелі төрт жылдан асты. Құрсақ көтермей жүр. Әкесі соны уайым қылып, құдайдың құтты күні бір айтады. Соңғы күндері шал қыңқылды тіпті күшейтіп, оған Мүмсін де көнгендей еді. Өз басы бала жайын көп ескермейді. Әрі Мүмсін сияқты асыл жардың үстіне тоқал алу...

Бірақ шал күнде қыжыртып құлаққа құя берген соң қиын екен. Бала туралы қазір ойланып жүр. Бірақ жанындай сүйетін жас келіншегінің көңілін қимайды. Кеше Мүмсін аяғынан тиіп, тоқал жайын сөз қылды. Тоқал... бала...

Ой үстінде Жанқожа қалғып кеткен екен. Түсінде Мүмсінді көрді. Өз отауы... Келіншегі жас босанып жатқан үстінен шығыпты дейді. «Ұста, батыр!» Мүмсін ұсынған қызыл шақа бірдеңеге өзі қолын созады. Қараса нәресте, бұтының арасында шүметейі шелтиеді.

Ол баланың шар-шар еткен дыбысынан оянды.

Ер үстінде былғалақтап келе жатыр екен, көзін ашты.

Жақын жерде шырқыраған баланың дауысы шығады.

Таң атқан. Анадай жерде доғарулы арба көрінеді. Арбаның үстінде бала жылап жатыр. Көш иесі қара кісі, оның сәлемін салғырт алды. Оған қараған тұнжыр көздің жанарында ызғар бар еді.

— Атым Сағындық. Ақиректің астындағы Әнетей бидің аулынан боламын. Жер кетпендеп, тары егетін диқан едік. Биыл Кәпірарықтың тоғаны бұзылып, күй кетті. Жаңадарияға қарай жылжып келе жатқан жайымыз бар...

Көшіп шыққалы бір апта өтіпті.

— Дариядан өте алмай төрт күн жаттық. Ел кеп, қайық жоқ, кезек тимейді. Осы араға кеше түсте жетіп едік. Көлік қоңыр сиыр. Бүгін оны да болдырттық. Далада қалып отырғанымыз мынау...

— Қуаңға дейін кеш жер... Шөлден қырыласыңдар ғой...

— Кеше-ақ қырылатын едік. Артымыздан жеткендерден сусын ішіп жан сақтадық. Бүгін қорқып тұрмын...

Қоңыр сиыр жолдың жиегінде шеп шалып жүр. Ыңыр-шығы айналған кәрі мешке, кешке жарамайтыны анық еді.

Жанқожа аттан түсті. Торы айғыр мініске көнбіс жылқы. Бірақ өмірі арба кермеген ат... Сонан қорқып тұр.

— Мынау атты құр-құрлап жегіп көрейік. Құдай қызыл шақа нәрестеге мейірімі түссе, кім біледі...

Жанқожаның көз алдында түсінде көрген нәрестесі тұр. Сағындық жылап жіберді.

— Аттың сыры иесіне мәлім, інім, мықтап ұстағайсың...

Жанқожа тәк-тәктап тұрып, торының мойнына қамыт кигізді. Арба сықырлап, екі бүйірден терте қысқанда, ат құлағын жымитып осқырынып еді. Жанқожа алқымынан мытыңқырап қойды. Қайратты қолды сезіп, хайуан да болса сескенгендей, қайтып бұлқынған жоқ.

Ат бастыққанша Жанқожа жетектеп отырды.

Сағындық екі жасар ұлын арқалап келеді. Онан үлкендеуі жаяу ілесті. Хайуанға сенім жоқ. Бұрын арбаға түсіп кермеген ат, ала қашса, балалар жазым болар деп қорыққан.

— Жуас жылқы еді. — Жанқожа біраз жер жүрген соң тоқтады. - Оңай кендікті. Бәйбіше, арбаға отыр.

Қатынның қойнында емізулі бала, жүре алмай келе жатыр еді.

Қоңыр сиыр арбаның жетегіне байланды. Сағындық артынан айдайды. Жанқожаның қолы торы айғырдың тізгінінде, әлі сақтанып келеді„

Түс қызды. Шөлдеген балалар ызы-шу. Жанқожа түнде жанторсығын толтырып алып еді. Әбүйір болды.

— Сен кездеспегенде қырылады екенбіз...

Сағындық алғысын жаудырып келеді.

Кеш түн ортасынан ауа Қуаңдарияға құлады.

Бір бейтаныс ескі қыстаудың үстінен шықты. Иттер үріп, азан-қазан. Елеңдеп келе жатқан аттан қорыққан Сағындық арбаны доғарды.

— Азаматым, рахмет. Сен болмағанда, мына балдар қырылатын еді. Сауабына қалдың. Апыр-ай, сасқалақтап жүріп, аты-жөніңді де сұрай алмаппын-ау. Қонысынан ауған адамда ес қалсын ба? Әлде Қыдырсың ба? Кім екеніңді айтшы?

— Оқасы жоқ, аға, Адам жақсылықты атақ үшін істемейді. Онда қасиет қалмас еді. Бәріміз де мұсылманның баласы, далада тастап қалай кете беремін?

— Аты-жөніңді...

— Әкемнің аты Нұрымбет, өзімнің атым Жанқожа...

— Киікбайдың Нұрымбеті ме?! — Сағындық дауыстап жіберді. — Онда құда болдың ғой. Біз де қиятпыз. Енесей бидің туғандарымыз. Өтегендегі ақ кемпір апамыз болады...

— Апаң тірі. Мен сол ауылдан шықтым. Бекбауыл жиенің қыстау басып жатыр. Кәпірарықтың сағасына жақын жерден. Кеше үмесінде болып, тамының төбесін жаптық.

— Нұрекеңді білем. Бір жылы Мамытқа еріп барып, үш күн қонақ болып жатқанмын. Сендер бала едіңдер. Азаматтан азамат туады. Атыңды естимін. Жекпе-жекте Нұртай батырды өлтірген сен дейді ғой. Сыртыңнан үрке қарайтын едік, Иман жүзді екенсің. Інім, іләйім жолың болсын!

Сағындық жылағандай болып қоштасты.

Жолаушылар Ақирекке жеткенше үш қонды.

Күн тал түс еді. Шөлдеп жетті. Тағы да Ақпайдың басын айналса, бір көш жер. Жанқожа Көкшекөлдің ұлтанынан Ақирекке тіке асып түсуге кеңес берді.

— Мәстәттің тұсы жіп-жіңішке өзек болып жатыр. — Оны кешегі жолы көріп еді. — Тым терең болса, атты жүздіріп-ақ өтеміз ғой.

Он күннің ішінде тасқын су тіпті жайылып кетіпті. Жанқожа айтқан өзек қол болып шалқып жатыр. Жолаушылар дағдарып, ат басын ірікті.

— Бұл жердің топырағы сары балшық. — Мақпал қауіп айтты. — Бір үйыққа батып қалмайық.

Сегіз арғы бетте қолсамар атып тұрған кісіге айқайлады.

— Меңіреу біреу ғой. Басын көтермейді.

— А-һай!

— Бұл маңайдағы қарақалпақтар көтеріліп болып еді, — деді Жанқожа таңырқап. -Бұл кім болды екен?

— А-һай!

Бұл Әнетей еді. Қауынын тікті. Тарысын септі. Бүгін бастап су беріп жатқан.

Қолсамар ұстамағалы елу жыл екен. Бір мезгілге жарамады. Сонан кейін Гүлбазар атты. Қанша айтқанмен жас неме, күрпітіп атқанда, су салманы жарып кете жаздайды.

Би түс қызған соң әйелдерді үйге қайтарды. Жалғыз өзі. Бір атызды ашып қойып, ақырын атып тұр.

Атыз толды. Оның құлағын жауып, екінші атызды ашу керек. Қолсамарды қоя салып, кетпен іздеді. Айқайлаған дауысты сол кезде есіткен. Мандайын қолымен көлегейлеп, арғы бетте тұрған салт аттыларға қарайды.

— Е, е, өткел іздеп жүр екенсіңдер ғой...

Қазақтар сыртпен кетеді. Мыналар осы ауылды іздеп келе жатқан кісіге ұқсап көзіне жылы ұшырады. Жаңадария, Үргеніш... Әнетейді іздей қоятын кім бар еді? Жұрттың қолы кетпеннен босамайтын кезі... Қарттың басы салбырап кетті.

— Бұл маңай ұйық. Әне бір тұстан өтіңдер!

Өзі де солай қарай аяндады.

Үш атты. Ортаңғысы әйел адамның түрі. Қазақтар екенін көріп тұр. Су тереңдеп кеткен екен. Жалы су бетіне жайыла түсіп, аттар пырылдап келеді.

— Мақпал, байқа!

— Мен суда балықтай жүзем. Өздерің байқаңдар!

Қатер үстінде де жастардың әзілі қалмайды. Мақпал алдында тұрған ақсақалды Әнетейді көріп, ерінін тістеді.

— Мынау Әнетей би. — Жанқожа күбір етті. — Алда байғұс-ай, бұл көшпей қалған екен-ау...

Сегіз көзі көрмесе де, Әнетейдің атын естиді. Аттылар шалға жамырай сәлемдесті.

— Е, өркендерің өссін. - Әнетей ырза болып, ақ сақалын бір сипады. — Қай ауылдың баласы едіңдер, өндірлерім?

Өтеген-Нұрымбеттің есіміне бұл жердің қарақалпағы таныс. Би Жәніке батырмен де дәмдес болған... Әлі тірі, әрі тың екенін есіткенде, көзіне жас алды.

— Ата, мені танымай қалдыңыз ба? Мақпалмын ғой. Масатыдан туатын жиенің...

— Жаным-ау, Күржібайдың қызымысың? Әкең Домалақ көлдің басында отыр. Қазір жұрт оны Мақпалкөл атап кетіпті. — Әнетей кеңкілдеп күлді. — Білем ғой. Жылқайдар батыр өлетін жылы он жасар едің. Таңсыққожаның аулынан келе жатып, сіздікінен қымыз іштік. Қасымда Өмірқұл лаққы бар... Ой, дәурен-ай!.. Онан кейін Жабы келетін жолы тойында да болдық...

Бір ауылда жалғыз еркек. Шер тарқатысатын ешкім жоқ, шал іш құса болып жүр. Көмекейде тығылған түйдек-түйдек сөз сағасы ашылған салмадай, ие беретін емес, шал жолаушыларға шынымен ақтарылды.

Жастар да аттан түскен. Қыр басындағы лашыққа жаяу көтеріліп келе жатыр. Мақпалдан басқалары су болған аяқ киімдерін шешіп, қолдарына алды.

— Кемпір, шай қой! — Әнетей әңгірлей кірді.

— Атаң сексенге келіп алжыды, шырақтарым. — Типыша кемпір қонақтарға шағынды. — Осы үйде шай таусылғалы он күн. Оны күнде айтсам, күнде ұмытады. Бір уақыт жер кетпендеп қайтады да, менен шай сұрайды.

Мақпал қызыл қоржынның аузын шешті. Масаты шайсыз отырмайды. Бұрынғыдай шай жіберіп тұратын Мамыт құдасы жоқ. Қазір Ақирек маңайында сәудегерлер де төбе көрсетпейді. Соның бәрін есіте жүретін Мақпал күз түсіп, ауыл базарға мал айдатқан сайын бір дорба шай алдыратын еді.

Қанты бар, шайы бар, — бір етек базарлық алған Типыша кемпір қарық болып қалды.

Жігіттер есіктің алдында киімдерінің суын сығып кептірініп отыр. Бұл жерден Ақирек алқабы алақандағыдай көрінеді екен. Әнетей өткен-кеткен тарихты еске алды. Шал әңгімені әріден, Әбілқайыр хандық құрған дәуірден бастап еді. Қай төбенің басында кімнің қыстауы қалды, қолмен қойғандай санап берді.

— Әбілқайыр өлген соң үлкен жұт болған. «Ала бұға дегенше, алтын жыға десейші, қызыл қанат дегенше — қызыл маржан десейші». Осы сөзді татыран Тәбекен би айтыпты десетін еді. Малдан айрылған қазақтар қарақалпақ ауылдарына қарай ығысты. Атаң Жәніке батырды сол жылы көрдім, — деді Әнетей даусын көтере түсіп. — Жиеней Ашабай би бастаған қырық жігіт Ақирекке келді. Егін салатын жер сұрайды ғой баяғы. Үбәйділда шайқы Енесей биге адам жіберіпті. Қай кезде төре тұқымының ниеті түзу еді? Қарақалпақ пен қазақты жауластырып қойып, қызығына қарайтын әдеттері емес пе?» Қазақтарды бойына үйір қылмасын» деп сәлем айтқан. Енесейдің қырыққа шыққан кезі.

Жомарт жүректі кісі ғой. Қазақтарды өзі бастап әкеліп, Мәстәттің астынан жер бөліп берді...

— Қазақтар сіз айтты деп жүр. — Сөзге Сегіз араласты. — Қырық жігіт арық қазып жатқанда, хан көре барыпты ғой. Қасына сізді ертеді екен. Қайтар жолы сіз айтты деген бір ауыз сөз бар: «Қыл белбеулі қырық жігіт, қырқы да сұр жігіт, әсіресе ішінде, қиық көзді бір жігіт» деген көрінесіз. Сол қиық көзді жігітіңіз кім еді?

— Ашабай би еді. Үбәйділда сұлтанның қасында он кісі, ішіндегі жасы мен едім. Төре пікір сұрағанда, жұрт бүгежектеп қалды. Мен әлгі сөзді айттым...

— Атамыз қазған арық әлі бар ма?

— Ол қазір судың астында қалды. Анау тұста, ізі әлі жойылған жоқ. Қарақалпақтар оны «Қырық жігіт» атайды. Қазақтар қадірін біле ме, бір қыстан соң қайта қалыптарына келді. Қазған арық жайына қалды. Қайтып оны іздеген қазақ жоқ...

— Енесей, Киікбай құда болатыны сонда ғой, — деді Жанқожа.

— Оның рас...

Шал онан әрі сөзін сабақтай алмады. Алдарына дастарқан жайылды. Дала қазақтары тамда қамалғанды жақтырмайтынын біледі. Типыша кемпір жаз айында жолы түскен қазақтардың ас-суын үйдің көлеңкесінде беретін еді.

Мақпал бас бармағы майысып, шай құйып отыр.

— Кесені қалай ұстауды ұмытқан екем, — деп күледі.

— Қазақ шай қадірін қайдан білсін. — Типыша кемпір ернін сылп еткізді. — Шай жарықтық дәрі ғой.

— Рас шығар, шай ішсем, маңдайымнан тер бұрқ етеді.

— Е, ішіңе ыстық су құйып жатса, терлемегенде қайтетін едің?

Жанқожа күліп қойды.

Жігіттер біреуі іліп, біреуі қағытып, Мақпалдың әлгі сөзін әжуаға айналдырды.

Қонақтар атқа қонғанда зауал ауған.

Жігіттер жер жайын кеңесіп кетті.

Көкшекөл мен Домалақтың арасы үлкен аңғар арқылы жалғасады. Ақиректің ұлтаны құрғақ кезде, Кәпірарықтың ауысқан суы сол аңғардың бойымен Домалаққа құятын еді. Биыл Көкшекөлдің атырабы көк теңіз, асау ағыс кең аңғардың екі кенересіне соғып жатыр екен. Жігіттер тау етегін жағалай тартты. Аяқтарының асты көкпеңбек шалғын, жас балаусаның хош иісі аңқиды. Ақиректің тұмсығын айналғанда, Домалақта көрінді. «Мақпал қыздың» атындағы көл кең жайылып жарқырап жатыр. Оның осылай шалқыған кезі Мақпалдың да есінде жоқ. Жүрегі өрекпіп кетті.

— Біздің үйдегі... отағасы... Секе! — Мақпал Сегізге өзі сүйіп қойған есімдерін түгел қайталап шықты. — Бір ән салшы. Ауыл біздің келе жатқанымызды біліп отырсын...

— «Мақпалды» айтайын...

— Әуелі «Сәулетайды», Ақиректің басында ұшар ләйлік... - Мақпал осы әннің өзіне арнап шығарылмағанына өкінеді. Соның көңілі үшін Сегіз Қаратау деген сөзді Ақирек етіп өзгертіп айтатын еді. Жанқожа байқап қалды.

— Бір кездегі Домалақ Мақпал атаныпты. Қаратау Ақирек болып өзгерді. Жеңешемде де арман бар ма екен?

Мақпалдың бетіне қызыл бояу жүгірді.

Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал,

Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал...

— Пай, пай, қалай шыдап келесің, жеңеше! Өзіңе осындай өлең арнап айтса, біздің қатындар бес күн талып жатар.

— Жеңешең талып та қалған, қайтадан тірілген де. Қазір құлағы үйренді, селт етпейді. — Сегіз күлді.

— Өйтіп жала жаппа. Құлақ құрышым қанбай жүр. Ауылда «әу» деп дауысыңды көтермейсің. Ең болмаса, оңашада тыңдап қалайық. Тағы біреуін айт!

— Әне, бұған тойым жоқ...

Домбырам екі ішекті қу қарағай...

Күржібай аулының үлкен-кішісі есіктің алдында, Ақиректің басынан жеткен әнді естіп, елеуресіп тұр.

Жолаушылап кеткен жігіттер ай жүріп оралды.

Биыл Құламан аулы Мұғалжар тауын бөктерлей көшіп, мойны ұзаққа түседі екен. Сұрай-сұрай әзер тауыпты. Жанқожа Құламанның қызын да жаратпады, үйін де ұнатпады. Жабағы шұлғау сасық байдың салақ қызы... Сонда есіне Мүмсін түскен... Ертеңіне атқа қонды.

Жанқожа Күржібайдың аулында да ұзақ қонақтап жатқан жоқ. Ауылға қайтып келе жатыр...

Ұзақ жолда талай ел көрді. Есіткен-білгені онан да көп. Оның қабағы салыңқы еді.

Ханның алдында қалтырап тұратын дәстүрдің бетіне түкіріп, қасқайып шыққан ер Сырым... Осыдан он жылдай бұрын еді. Елек қамалының түбінде орыс солдаттарымен болып өткен үлкен қақтығыстан кейін, жазалаушы отрядтың қуғынына түскен Сырым батыр Сыр бойына қарай жылжыған. Соңына ерген Байұлы бір тайпа ел... Нұрымбет Шеркештің қызына сол жылы құда түсті. Жиырма жасар жігіт Жанқожа Сырым батырды осы құдалықтың үстінде көрді.

Келер жылы Ерәлі ханның өлген хабары жетіп, Сырым батыр ата қонысына қарай бет алды. Хан ордасы орыс патшасына арқа сүйейді. Байұлының қос өкпесінен қадалған істіктей Теке мен Елек тұр. Ерәлінің орнын басқан Есім орыс бекіністеріне сүйене отырып, батырды тағы да қуғындайды. Оның ақыры Сырым Есімнің басын алды...

Бір жағынан Әбілқайыр тұқымы, бір жағынан орыс «әкімшілігі, — соңына шырақ алып түскен батыр Хиуаға сырғиды екен. Есіл ер жат жерде қайғылы қазаға ұшырайды. Соны есіткенде Жанқожа бармағын тістеді...

Қыр қазағы Сырым өлімін неше саққа жүгіртіп сөз қылады.

Бір қауесет Хиуа ханы у беріп өлтіріпті дегенге саяды. Екінші біреулердің айтуынша, Үстірттің шөлінде адасып өлген... Қайсысы болса да өкінішті еді. Әйтеуір Хиуаға аман жеткен батырдың қазақ ортасына қайта оралмағаны анық...

Әкесі хандық дәуірді әлі күнге аңсайды. Сондағысы бас кеткен соң кеуде лас, елдің ауызбіршілігін ойлайтын еді...

Ханның кескіні анау... Халық қамын, әділет жолын қойып, бәрі де қара басын ойлап жүр. Қазақтан шыққан ардақты ерді қудалайды. Ондай ханды халық қалай сыйламақшы...

Біліп қайтқаны ол жақтағы жағдай жан шошырлық... Оты шүйгін жер мен суы мол құдықты Әбілқайырдың әулеттері басып алған. Ордадан ауысқанын жекжаттарына үлестіреді. Қара қазақ баласы шөл далаға ығысып жатыр...

Ақ жайықтан Ор бойына шейін орыс бекіністері... Қазақ көшін жақын өткізбейді... Ту сыртында Хиуа, Қоқан, Бұхар... Бәрі де қылыштарын тасқа жанып отыр...

Орысқа мойынсұнған Байұлы мен Жетірудың көрген күні әлгі... Қоқан қоластындағы Үйсін, Қоңыраттың да оңып тұрған жері шамалы... Андаған дұшпан қазақ даласын жан-жағынан қусырып, тынысты тарылтып келеді...

Әзір аман отырған Әлім-Шөмен еді. Аш бөрілер анталап келіп қалған сияқты... Түбі ауыз салмай қоймас...

Аңдысқан жаумен алысу үшін ауыз бірлік керек. Бүгін жер дауы, ертең жесір дауы... бірінің малын бірі барымталайды. Күнде қырық пышақ қазақтан қайдан ауызбірлік табылады? Шекесіне тимей пенде ештеңе түсінбесе керек...

Бұл қазақ ақтабан шұбырындыдан кейін де ес жиып, ел болған. Онда да басына қорлық жеткен соң бірлікке келген екен. Қара қазақ баласын алдында тағы бір ақтабан шұбырынды күтіп тұрғандай, Жанқожаның жүрегі тіксінді.

Сырдан өтіп қонған. Далада қонды.

Таң қараңғысын жамылып жүріп кеткен жігіт, зауал ауа Жаңадарияға жетті. Күн ыстық. Торы айғыр болдырған. Терлігі малшынып тұр. Атты суыту керек. Әлі де үш көш жер жүреді... Аздап ат шалдырып, суарып алмай болмайды.

Жидекті тоғайдың іші еді. Торы айғырды қаңтарып, байлап қойды. Өзі де белін шешті. Дарияның суы лай, жылымшы екен. Шөлін басқан соң дәрет алды. Былтырдан бері басына үлкендік жеткендей, намаз оқитын болып жүр.

Ту сыртында дүрсілдеп келіп қалған аттыларды сезіп отырса да, намазын бұзған жоқ. Күбірлеген дыбыстарына қарап, қарақалпақтар екенін ұққан. Олар да намаздың аяқталуын күткендей екен. Оны сөз аңғарынан байқады.

Үш жігіт. Бәрінің де қолында найза еді. Жанқожаның сәлеміне жауап қайтпады. Қарақалпақ жігіттердің түксиген түріне қарап, батырдың ет жүрегі сескенейін деді.

— Қайдан келесің?

— Сыр бойындағы елден...

— Сыр бойында ел бар ма еді?

— Оттап тұр!

— Түндегі жылқының иесі осы. Адасып қалған!

Қарасұр жігіт Жанқожаға зілдене қарады.

— Қайдағы жылқыны айтып тантып тұрсыңдар?

Жанқожа жөнін айтқалы оқталып еді. Бұларға сөз өтпесін байқап кідірді. Нұрымбет ауылын бұл маңайдың қарақалпақтары біледі. Бір түсініспестік бар шығар... Не де болса үлкендерімен сөйлесу керек...

— Жанназар, торы атты жетегіңе ал! Жасы үлкендеу жалпақ сары қарасұрға бұйырды. — Қайдағы жылқы екенін ауылға барған соң көрсетерміз. Алға түс!

Қарсыласса жазым қылуы мүмкін. Қара жаяу қалып, қапыда қолға түскеніне Жанқожа өкінді. Бұларға кім екенін айтып болмайтын еді. Қарақалпақтың күнкөрісі тары... Оған біреудің жылқысы түскен... Қазір малын жауға алдырғаннан бетер, ашу үстінде жүр... Тықы мен Нұртай батырды өлтірген Жанқожаны аямайды...

Үш-төрт шақырым жүріп, жүдеу қыстауға жетті.

Тұтқынға түскен қазақтың хабары заматта тарап кеткен. Бала-шаға анталап жүргізбейді, Үлкендер де шығып жатыр,

— Балалар, тоқтай тұрындар!

Жасы жетпіске тақаған қара шал алдарынан кес-кестейді. Апыр-ау, мынау... бір жерде көрген адамы сияқты ғой...

— Ей, сен Нұрымбеттің баласы емеспісің?

Танып қалды! Кәрі қақпас құртты-ау. Жанқожа енді жалтара алмады.

Айдап келген адамдары кім екенін есіткенде, соңындағы жігіттер елеуресіп қалды. Жанназардың түсі бұзылды.

— Нұртайды өлтірдің, Тықының басын алдың. Қарақалпақтың қанына әлі тоя алмай жүр екенсің, Жанқожа. Енді келіп егініне жылқыңды жабасың! Кәне, сөйлеп көр!

— Тәйт әрі! — Қара шал оған жекірді. — Нұрымбеттің жылқысы егініңді қашан бүлдіріп еді? Жанқожа Нұртай мен Тықыны қазақ пен қарақалпақтың қан майданында елтірді. Жекпе-жекте өлтірді. Жасырынып келіп, жылқысын тарыға жабатын кісің бұл емес! — Сонан кейін Жанқожаға бұрылды. — Менің атым Қожамұрат. Нұртай бүлік шығаратын жолы Сарман К,осада жатқан қазақтардың тұтқынына түскенмін. Сені сонан білемін. Жылқаман батыр астыма ат мінгізіп қайтарып еді.

Қожамұратты қайда көргені Жанқожаның есіне жаңа түсті. Енді ғана шешіліп, жол мәнісін айтуға кіріскен.

Сол екі арада бір жеңі киулі, бір пиалғайы сүйретіліп біреу келе жатқан. Сағындық еді. Қазақтың бір батырының қолға түскенін естіп, үйінен жүгіре шыққан. Түндегі жылқылар Сағындықтың тарысын көбірек бүлдіріпті... Кім екенін керіп, бетіне түкіргісі келді...

— Әй, әй, мынау Жанқожа ғой! — Екі қолын бірдей ұсынып келе жатыр. — Аманбысың, шырағым. Жаман ағаңды таныдың ба? — деп ыржиып күледі.

— Таныдым, Сәке...

Жанназар қысылды. Әкесі рас айтқан сияқты. Ақ боз атты қақпалап, жұрттың ортасынан шеттей берді.

— Үйге жүр, айналайын. Жеңгеңнің қолынан шай іш. — Сағындық Жанқожаны жетектей жөнелді.

Жанназар Қожамұраттың баласының үлкені екен Екеуі Сағындықтың үйінде танысты.

Саршатамыз туып, тарының бас алып тұрған кезі. Аш аламан халық қуанып отырғанда, бүгін түнде егінге жылқы түседі. Бұрын-соңды қазақ жылқысы бұл өңірде көрінген емес. Жақын маңда ауыл да жоқ... Жылқының ізін кескен жігіттер құмға кіргізіп қайтады...

— Бөлініп қалған екі байталды ұстап отырмыз, - деді Қожамұрат жай-жағдайды түсіндіре келіп. Бүлдірген жеріне қарағанда көп жылқы. Әдейі айдап салып, тан алдында дүркірете қуып әкеткен сыңайы бар. Әйтпесе, екі байтал үйірінен бөлініп қалмас еді.

Жанқожа байталдарды көргісі келді. Өз аулының таңбасы — жылқының он құлағын тілетін еді.

Бірақ байталдардың таңбасын таныды. Оң жақ жамбастыққа қыздырып басқан тағаның ізі... Ай таңба... Құттықтың ішінде өздеріне немере-шөбере туыс болып саналатын Кенжеғұл аулының таңбасы еді... Айта алмай мүдіріп тұр.

— Біздікі емес...

Сағындықтың үйінен шай ішті. Жаңадарияға келгелі шаруасы жөнделіпті. Қоңыр сиырдың қасында қызыл қашар тұр еді.

Баяғыдай емес, қара қатын да ажарлы. Сағындықтан аумайтын қара баланы сүйрелеп алып келді.

— Неден қорыққаның, ағаң ғой, — дейді кейіп. — Мынау сондағы ұлым. Сен болмағанда жолда өлетін еді...

Сағындық жағдайын айтып отыр. Бұл ауылда қияттар жеті үй екен. Оған жылу жинап беріп, қатарға қосыпты. Қазір қыстаудағы үй саны жиырмадан асатын көрінеді. Сағындық Әнетейді еске алып қынжылады.

— Биыл күзге қарай көшіріп алсам деп отыр едім. Кешегі жылқы азғантай тарыны бүлдіріп кетіп...

Қарақалпақтар Хиуа ханымен астыртын сөз байласып жатыр екен деген сөз бар... Жанқожа соны сұрады.

Көктемде бұл жақтағы ел бір дүрлігіп басылыпты. Қарақалпақтардың алды Жаңадарияға қарай шұбырғанда, оны қазақтардың тағы бір зорлығына жорып, көпшілік қобалжиды. Әлгі алып қашты хабар сол тұста шықса керек...

— Бұл қыстаудағы жұрт шаруа баққан диқандар. Ондай дау-шарда жұмысы жоқ. Бәленің басы қайда да дәулетті билер ғой. Орынбай сияқтылар елді бүлдіреді. Хиуаға шауып жүргенін білмеймін. Бірақ ат суытқандар болды. Сыр бойына түскен қазақ қыстауларын өртеп қайтамыз деп желіккендерді де көрдік. Бірақ момын ел қозғалған жоқ. Артынан бәрі басылды ғой...

Сағындықтың сөзі көптен көкейін тескен бір сұрағына жауап тауып бергендей, Жанқожа ойланып отыр. Құттық ішінде бүлік басы Кенжеғұл балалары... Қожамбердіде Бәйділда болса, Матығұлда бәле-жала Нұрыбай баласы Тәуірден өрбиді. Жақайымда Толыбай мен Бесбасбайдың аты шығады. Әйдербекте Жәніке-Сары балалары... Бәрі де ру басы билер, батырлар... Қайда ел арасына ылаң салып, өрт тастайтындар да солар... Барымтадан мал жияды. Шын шаруа баққан адамға тыныштық керек. Бұл маңайдағы Шектіде Таңсыққожадан озған байды өз басы білген емес. Бірақ дау ұстап, ортаға түскен жері жоқ. Онда анадай көп малды ұстап отыра алмас еді...

Жанқожа атқа қонып жатып Сағындыққа бір сөз айтты.

— Ағайындарыңа сәлем айт. Жанназар анау екі байталды алып, ертең біздің ауылға барсын. Жылқыларды таптырып берем!

Сағындық аңырап қала берді.

Шықыманнан шыққанда таңертең еді. Күн бата Қамысты көлінің басына құлады.

Бес жылқы, төрт түйе, үш жүз қой... Түйе басы жиырма бес қой, жылқы тұяғы жиырма қойдың есебіне жүрді. Оған үш жүз қой қосылғанда Ақиректің құны өтеледі.

Қос ағасы Бәркелет. Қалған үшеуінің жасы үлкені Бөгенбайдың Шалқары еді. Бишігеш Итіғұл ерді. Таңсыққожа қой айдасуға он бір жасар Бұйраны қосты. Күлік ішінде ақпан аталығынан. Өз аулының сыбағасына тиген отыз қойды айдасып келген. Енді қарақалпақ биді көріп қайтады.

Итіғұл күңкілдеп жүр. Бар азық екі мес қымыз еді. Ал маңайда ауыл қарасы көрінбейді.

— Он мың қойды айдай алмай жүріп... Азыққа бір тоқтысын да қимайды. Енді құм обамыз ба?

— Бір тоқтыны сойыңдар!

— Барғасын санап бермейміз бе?! — Шикіл сары Шалқар шыр етті. — Бір қойды жаныңнан төлейсің бе?

— Қысылып кетсек, Күржібай құдадан аламыз.

Жасы үлкендер қажасып жатқанда, Итіғұл құйрығы дермендей қара тоқтыны алып ұрды. Аяғы байлаусыз еді. Тамақтан орып жібергенде, жан ұшырған тоқты тұра қашты. Итіғұл далбалақтап ізінде барады.

Пысық Бұйра шақпақ шағып, тозғақ тұтатты. Итіғұл тоқтының қарнын аршып, етті жілік-жілігімен соның ішіне тоғытып жатыр. Бұл кезде бір арқа қара бұта жанып бітіп, қып-қызыл қоздап тұрған. Итіғұл тамақ қамдауға ұста. Қозды аударып жіберіп, астын шұқырлап, қарынды сонда көмді. Үстіне қызыл шоқты жоталап үйді. Жан-жағына сиырдың қу тезегін қалап қойды.

Басқа жұрт бір тойғанына мәз, жалғыз Шалқар қашан көзі ұйқыға кеткенше қара тоқтыны жоқтады.

Таң атты. Бәрі де үйірінен айрылған, қозысын қалдырған қой, азан-қазан маңыраған даусы даланы басына көшірді.

Жігіттер жолға түсті. Қара тоқтыны айта-айта Шалқардың да жағы талған. Бәркелет былқ етпейді.

Темірші тауы көрінді. Бергі жақ баурайында қырық-елу қой жайылып жатыр. Бәркелет ат басын солай бұрды. Қой шетінде тыриған арық қара шал, маңдайына күн сала қарайды. Беліне ақ сабау қыстырыпты.

— Ассалаумәликум!

Бәркелет шалды танып тұр. Аты — Кәріп. Биыл Шөмішкөлді қыстаған он шақты үй ардана бар еді. Былтыр күз Сыр бойына ертелетіп құлаған ауыл түйеден қол жуады екен. Шөптен тапқан. Қыс жұт болды. Азғандай жылқыдан тағы айрылады. Ауылда бұт артар көлік жоқ. Көктемде Тасарықтың басына жұрт ауыстырып қонып, онан әрі жылжи алмай отырып қалған-ды...

Бәркелет жол мәнісін айтты. Ақиректің өтеуіне шығарылған бес жүз қойдың бір тоқтысы жол бойы қарынға түсті. Кәріптен қарызға қой сұрап тұр.

Кең пейіл шал көне кетті.

Жігіттер мәз болып қалды. Кәріп берген бір қой жүз жылдан кейін алдарынан шығатынын, Ақиректі меншіктенген Алтынбай-Күліктен Ардананың болысы Алданазар жер даулайтынын, ақыры Мәстәтті алып тынатынын бұлар біліп тұрған жоқ.

БҮЛДІРГІ

Көктемде Мәстәттің басындағы Әнетейдің қыстауы өртке кетті. Бәркелеттің қатыны бас-сирақ үйітіп, от содан қашады. Бір-біріне тығылысып отырған үш-төрт үйді ұйпа-тұйпа қылып өте шығады.

Қазақтың арқасы кеңіске түссе құдайын ұмытатыны рас. Ақиректі сатып алғалы төрт жыл, Алтынбай-Күлік ат ізін бір салған жоқ-ты. Қыс жайлы болды. Сыр бойын жайлаған түйенің шөптен табатыны бар. Жаз айында мойнын ұзаққа салып, өздері де жоламайды.

Өткен қыс доңыз еді. Қарашада қар басты. Екі күннің бірінде ақ түтек боран, қыстай көз аштырған жоқ. Қысылған кезде Ақиректі еске алды. Алыс көшіп Мұғаджар асқан Алтынбайлар Сыр бойына қарай дүркірей көшті.

Малдың көбісі көш-жөнекей қырылды. Біреу-жарымын Көкшекөлдің қопасы жұтты...

Әнетей көшкен жылы күзде қыстан жұтап шыққан төрт-бес үй Құрманай Кәпірарықтың сағасын қайта бөгейді. Келер жылы астықтың астында қалған. Жер емшегін бір еміп көрсе, таңдайынан кетпейді. Құрманайлар Көкшекөлдің жағасына үш жаз қатарынан егін салды. Тасқын орнында қалған су да бірте-бірте тартылып, әр жерде ойдым-ойдым көлшік жатқан. Қалың қопаның арасындағы күртілдек мұз, күн жылт еткеннен босай бастады. Талғажау іздеп қаңғалақтап жүрген жылқы ақсақ ойылып, ажалын судан тапты.

Біреуде аяқ ылау қылар көлік жоқ, біреуде таңдайға тартар сауын жоқ, Алтынбайлар дағдарып отыр.

— Тары салу керек...

Бұл ақылды Бәркелет айтты. Ақиректің астында Құрманайлар тары салып жүретінін біледі екен.

Бәркелет екі түйе, бір жылқы жетелеп, Жаңадария бойындағы қарақалпақтарға аттанды. Жылқысын тарыға айырбастап, екі түйе астық алып қайтты.

Қарақалпақтардың жерді қалай жыртып, тарыны қалай себетінін көзімен көріп келді. Бес-алты жігіт жинап, жерағаш шаптырды. Қайырдың талынан мойынтұрық жондырды.

Көкшекөлдің ұлтанында су тартылып, әр жерде ірінді көлшік жатыр. Тары салатын жер белгіленді. Жігіттер Кәпірарықтың көзін ашып, қарбалас қимыл басталды.

Құралайдың салқыны түсіп, астаң-кестең дауыл соқты. Быжып тұрған күн табан астында суытты. Сатыр-сұтыр жаңбыр жауды. Бидай батыр үйде, қидың шоғына қақталып рахаттанып отыр еді. Итіғұл кірді.

— Батыр-ау, Ақиректен айрылдық қой! Құрманайлар жабылып жатыр! — Асып-сасып сөйлегенде, аузынан түкірігі шашырайды.

Бос жатқан жерді ағайыннан қызғану қазақ салтында жоқ. Ақиректе Құрманайлардың егін салып жүргенін есітіп отырып, сөз қылған жан жоқ. Биыл өздері келіп отыр...

— Бәркелетке айтшы. Барып келсін.

Бәркелет белдеуде байлаулы тұрған қара биені міне шапты. Құндыз түкті қара құлын шұрқырай кісінеп соңында құлдырап келеді. Көп жылқыдан қалған жалғыз тұяқ қара бие еді. Бір апта бұрын аман-есен құлындап, Бәркелетті қатты қуантты. Басқа көлік жоқ, жерағашқа осы қара биені салады. Бәркелет арқандап бағып отыр.

Құрманайлар түнде келген сияқты. Жаңбыр кеше басылды. Соны күтіп кідірген ғой. Біраз жер жыртылып қалыпты...

Қазір түскі астың қамында әр жерде лаулатып жаққан от көрінеді. Аттар жайылып жүр.

Бәркелеттің көзі жұрттан оқшау тұрған Қабанбайға түсті. Биыл жүгенін ұстап қалған байдың бірі сол. Бірақ байдың балпаны қалмайды. Қамшысын беліне қыстырып, Бәркелет жақындаған сайын, шалқая түседі. Бұрынғы шермиген қарын жоқ, байдың құр шалқайғаны жараспай тұр.

— Ассалаумалайкүм, іске сәт! — Бәркелет даңғырлап сөйлей келді. — Қабеке, ертелетіп кіріскен екенсіңдер, ә?

— Шабан үйрек бұрын ұшады...

— Құрекем балалары, мыналарың асығыстық екен. Жер иесі бар емес пе? Әуелі алдынан өтіп, сосын кіріскенде де кеш қалмас едіңдер ғой. — Бәркелет түсін суытты.

— Жердің иесі Үргеніш ауып кеткен жоқ па? Енді сонда сандалуымыз қалған екен ғой! — Қабанбай көзін ежірейтті. - Сен өзің қайдан шықтың?

— Ay, Қабеке, олай кетіспейік. Бәріміз бір орыстың баласы, тоқалдан туған ешкім жоқ... — Бәркелет әдейі айтып тұр. Әйдербек бәйбішеден жалғыз болғанда, Есенәлі-Бөлек тоқалдан туатын еді. — Ал Ақиректің иесі Әйдербек. Әнетейден сатып алғанымызға құдай куә...

— Жалаңаяқ Әнетей Ақирекке қайдан ие болып жүр? Біз оны Енесейден алып қалғанбыз! — Қабанбай күркіреді.

— Сүйегі қурап қалған Енесейді алға тартып қайтесің. Баласы Бесбасбайдан қамшы жеп, басымен қайғы болып кеткен жоқ па еді? Көп болса, жекжаттығыңды бұлдап тұрған шығарсың. Енесейге біз де бір қыз беріп отырмыз...

Қабанбай Бекбауылдың үйреткен сөзін айтты. Бәркелет Жабыға ұзатылған Топының қызын алдына тартқанда, ақылсыз бай тосылып қалды.

— Әй, бала! — Сөз таппаған Қабанбай шарт кетті. — Көп оттамай, ауылыңды тап! Құрманай соқасының тісі тиген жерден айрылмайды. Бидай батырға сәлем айт!

— Жарайды. Бір сөзіңді қалдырмай жеткізермін!

Бәркелет шоқыта тартты.

Бидай батыр тез бейіл кісі, ақылынан ашуы бұрын келетін. Ауылды жау тигендей қылып, жігіттерді атқа қондырды.

— Қазір түріп айдап шығамыз!

— Өздері қырық-елу адам көрінеді. — Итіғұл қалтырап тұр. - Ат-көлігі сай, жазым қылып жүрер...

— Ой, аузыңды ұрайын, қорықсаң келіннің қойнына кір!

— Қорқып тұрған мен жоқ. Сірәдағысын айтамын ғой. Ең болмаса, жақын жердегі Күлік пен Ардана-Татыранға хабар берейік. Кішкене түгел көтерілсе, азғантай Алтынбайды түтіп жер. Қуып тастады екен деп кете береді ме? Күш көрсетсең, олар да ағайынға ат шаптырады.

— Осының сөзінің жаны бар. Қамсыз отырып болмас. Жәніке батырға адам жібер, Беке. — Бәркелет ақыл айтты.

Былтыр жаз ортасында Таңсыққожа дүние салды. Ағайынға қайыры мол ақсақалды Есенәлі-Әйдербек түгел сыйлайтын еді. Ет жақын туысы Әліқұлға қараған алты-жеті ауылдың азаматы жаназаға қатысты. Ақсақал өлімі ағайын үшін үлкен сын... Жетісі бар, қырқы бар... Одан соң жүзі келеді... Ас беріледі... Осындай атаулы күндерден Әліқұлға қарағандар қалыс қалып болмайды. Жәніке биыл Қарақұмға қарай жылжып, Көкқабаққа қонған...

Биыл батырдың соңындағы ауылдар көп шығындалды. Ондай кезде құдайдан тілеу салтында жоқ, Жәніке-Сарының тентек ұлдары жұтта кеткен есесін көршілерінен қайтарады. Бақа бастаған жеті жігіт кейіндеп қала берген. Мойынқұмда отырған Ұлы жүз аулының бір бөлек жылқысын көтере айдап кетті...

Осыдан бір аптадай бұрын Таңсыққожаның жүзі берілді. Бидай батыр барып қайтқан. Сырлыбайға қарағандар Сіңіртекті құдығының басында, көшуге дайын, қанаттарын қомдап отыр еді. Жәнікенің Көкқабақта екенін сонда есітті. Бұл жерден жеті көштік Жәнікеге хабар тигенше қашан... Бірақ Итіғұл төндіре сөйлейді.

— Бидай аға, астыма Сандалкөкті бергізші. Көкқабаққа ертең-ақ жетейін! Көріп жүрген жер ғой...

— Сандалкөк өзіме де керек болып тұр-ау...

— Жәнікеге хабар тигізер болсаң, Сандалкөкті мінгізейік, — деді Бәркелет. — Әуелі Шықымандағы Таңсыққожаға барасың. Дайрабай мен Дүйсенбай жігіттерін алып жетсін. Сандалкөкті сол жерден бері қайтар. Таңсыққожаның жылқысы жетеді. Жаманқұлдан бір жүйрік сұрап мін!

Сандалкөктің үстіне шыққанда Итіғұлдың көзі жайнап кетті. Ақиректің басына көтерілген жерде, артына бір қарап еді, қарасы қырық-елудей адам, өз аулының жігіттері Құрманайлар жатқан Көкшекөлдің ұлтанына қарай, шоқыта шауып барады екен. Итіғұл Сандалкөкке қамшы басты.

Қабанбай Бәркелеттің ашумен кеткенін біле тұрып, Алтынбай жақтан қауіп күткен жоқ, Ат төбеліндей Әйдербек... Екі мың үй кішкенеге қарсы таяқ көтеретіндей қауқар оларға қайдан бітіп жүр? Байдың кеудесінде астамшылық бар еді. Көп болса, Бидай батыр келер. Қабанбай оған басқаша мінез көрсетеді. Есенәлі-Әйдербек ағайын... Ақирек үшін қырылысып жатқаны ұят... Ақсақалға салғанда да Құрманайдың еңбегі бар емес пе? Кәпірарықтың тоғанын қайта тұрғызып, су алып кеткен жерді құрғатып отыр. Әлгіде сол сөздің аузына қалай түспегеніне Қабанбай енді өкінді.

Сәскеден бері мойны бос аттар тыңайып қалған. Жігіттер апыл-ғұпыл асқа отырды.

— Ойбай, Алтынбайлар!

Айқайлаған Бәлдір еді. Шабдар атты тепеңдетіп, көпшілікке ере келген. Өзі аттың басын жетелейді, Жалбыр жерағаш ұстайды. Таңертеңнен бері бұлар да қыбырлап жер тырналаған толып жүр...

Сатырлаған аттыларды көргенде шылбыр қолынан түсті.

— Аттан, аттан!

Қабанбай барқырап жатыр. Аты анадай жерде байлаулы тұр еді. Ырс-ырс сонда жүгірді. Қаперінде түк жоқ, ас ішіп отырған жұрт қапелімде сасып қалған. Көңілі зеректері атқа жүгірді. Бірсыпырасы қай жақтан жау келіп қалғанын өзі де түсініңкіремей, аңқая қарап тұр... Сатырлаған аттылар үстіне келіп қалған кезде ғана естерін жинады. Бірақ ат ұстап мініп, қарсы айқасуға кеш еді.

Бәлдір қалың қопаның ішіне зып қойды.

Жалбырдың миына түк кірген жоқ. Бәркелет келді. Қабанбаймен керісті. Үлкен адамдар керісе береді. Ондай-ондай Жалбырдың ойына кіріп шықпайтын шаруа еді. Жұрт асып-сасып жатқанда, ол жерағашын ұстаған күйі, анадай жерде аңтарылып қалған. Табан астында Бәлдір ағасының қайда жоғалғанын да білмейді. Мына жұрт Алтынбайларды бүгін көргендей, сасқандарына жол болсын...

Жалбыр қалың жаудың қарсы алдында тұр еді. Бір жалпақ сары сойылын басынан асыра үйіреді. Аузы ыржия ашылып, сап-сары тістері ақсиып кеткен. Жалбыр оны әдейі қорқытып келе жатыр екен деп түсінді. Момын жігітті кім көрінген тәлкек қылып, өп-өтірік қамшы үйіретін-ді... Жазығы жоқ, жапасы жоқ... сондықтан, сойылды сары төніп келе жатқанда, ол түк сасқан жоқ. Өзі де ыржия салды. Бірақ сойылдан жасқанып, басын қолымен қалқалауды ұмытқан жоқ.

Жауырын ортадан сарт еткен қақ сойыл Жалбырды жалпағынан түсірді. Даусы бір-ақ шығып, көз жұмған. Өйткені айнала дүние шырқ көбелек айналып, өзі де бір жаққа қарай далбақтап ұшып бара жатқандай көрініп зәресі ұшты.

Құрманайларда қамшыдан басқа қару жоқ еді. Жігіт саны екі жағында қарайлас болғанмен, жалаң қамшы қара сойылға қайрат көрсете алмады. Оның үстіне, көбісі қара жаяу. Атқа мініп үлгіргендерінің де бастары бірікпей, әр жерде пышырап жүрген жұртты Алтынбайлар бір-бірлеп қағып түсіріп, естерін жиғызбады...

Осылай боларын әккі Қабанбай да болжады. Аттың басын кейін бұрып, Ақпайдың үстімен, Талтаңбайқазғанды бетке алып, төпеп барады. Құмның ішінде Бекбауылдың аулы отыр. Алдыңғы күні Құмбазардағы Қабанбай аулына соғып кетті. Қой қырқылып, қозы аяқтанғанша сол құдықтан жұрт аудармайтынын ескертіп еді.

— Барыңдар да Көкшекөлге жерағаш салыңдар! Алжыған Әнетей жер сатуға артына бақсын! Ақирек Енесей бидің жері болатын. Алтынбайдың дауын маған бер. — Бекбауыл Қабанбайдың қайрауын жеткізді.

Қабанбай дауды ушықтырардай-ақ ушықтырды. Бекбауыл өзі тілеп еді, енді даудың аяғын соған тастауға бара жатыр.

Аман қалған Құрманайлар Құмбазардан шықты.

Бәркелет аттан түсті. Сойылға жығылған бір-жар Құрманай жігіттерді қолынан ұстап тұрғызып жүр. Қазақ арасындағы айқас осылай аяқталады. Ашу қысқанда, бірін-бірі қырып жіберердей, аянбай сілтеседі. Ақылы артынан кіреді. Өйткені адам жазым болса, арты құн дауына кетеді. Қазақ үшін жан қымбат емес — мал тәтті. Адам аман болса, мал түгел... «Бас жарылса - берік ішінде, қол сынса — жең ішінде», қайта жауға барып жаралы қайтқанды мақтан көрер еді. Қазақ үшін өлімнен басқаның жарасы жеңіл...

Біреулері сойыл тиген иығын ұстап жыламсырап, біреулері мұрнының қанын сүртіп... құлағандар тұрып жатыр. Енді жеңілген ағайынның сөзі үстем... қызып кетсе, шешеден басады...

Әзір аманшылық еді.

Бәркелеттің көзі анадай жерде жатқан Жалбырға түсті. Жерді басымен сүзе жатыр, Былқ етпейді.

— Әй, батыр, тұр!

Біреу барып Жалбырдың иығынан түртті. Қимыл жоқ. Құйрықтан тепті. Қыбырламайды. Жұлқа тартып, шалқасынан салды. Жылбырдың бет-аузында бір тамшы қан жоқ, көзі жұмулы, мойны былқ-сылқ етеді.

— Ойбай, өліп қалыпты!

Бәлдір әлі де қамыстың ішінен шыға қоймай, сығалап қарап жатыр еді. Бауыр қиын екен. «Өліп қалыпты» деген сөзді есіткенде, ет жүрегі езіліп жүре берді.

— Ойбай, бауырым!

— Әй, мынау Бәлдір ғой!

— Бұл қайдан шықты!?

— Ойбай, бауырым, жалғызым, Жалбырым!

Жалбыр тірі еді. Басын көтеріп қарағанда, өз аулының жігіттері бас амандап қашып барады екен. Алтынбайлар құлап жатқандарды сүйрелеп жүр... Баспашылардың шапқыншылығы жайлы есіткендері есіне сап етті. Еркек кіндікті шетінен бауыздайды екен... Қорыққан Жалбыр қулыққа басты. Өп-өтірік өлген болып «көз жұмды»... Тепкілесе тұратын ниеті жоқ. Бәлдір ағасының ойбайынан шошыды. Өзінің тірлігіне шәк келтіргендей. Әрі бүкіл өмірінде бір жаннан тәтті сөз естіп кермеген байғұс, «жалғызым» деген кезде, жүйкесі босап, өкіріп қоя берген...

Бәлдірді құшақтай алғанда, ағасы шалқасынан түсті.

Жұрт күлкіге қарық болып жатыр.

Бекбауыл өзіне тете інісі Жақайды атқа қондырды.

— Ақмырзаға бар, Қызылдағы Құрманай-Құттықты түгел құлақтандырсын. Өздері тездетіп атқа қонуын мұқият тапсыр, Бекарыстан мен Бәйділда жолында ғой, оларға соға кетерсің. Жиеней, Жолшора, Асан-Үсен ауылдарына хабарды сол екеуі тигізетін болсын. Көпшіліктің жиналатын жері Құмбазар екенін ұмытпа!

Есенәлі мен Әйдербектің арасына Қабанбай өрт тастап келді. Бекбауыл осындай сәтті көптен андып жүр еді.

Жақын маңайдағы Құрманай-Құттық ертеңіне-ақ құлақтанды, Құрманайдың жер жыртып жатқан жігіттерін Алтынбайлар қырып салыпты... Дала шу етті, Бекбауыл аттандырған хабаршылар — Естекбай, Жақай сияқты жігіттер, қайда барса да жау тигізе сөйлейді. Намысшыл қазақ емес пе, — бірі қалмай атқа қонды...

Үш күнде Құмбазарда жиналған жігіт саны бір жүзге тақады. Өзі тарығып отырған ауыл, осынша жұртқа көже тауып беруі де қиын еді...

— Қарап отырып аштан қатамыз ба?

— Қызылдағы жұртты несіне күтеміз?

— Жаман Алтынбайды өзіміз-ақ жайпап салмаймыз ба! — Естекбай сияқты ер жігіттер алақанына түкіреді.

Қалың шоғыр қара көрсетіп, Мәстәтке қарай жорытты.

Бидай батыр да қамсыз отырған жоқ-ты. Үш күннің ішінде жақын жердегі Ардана, Татыран, Күлік ауылдары түгел құлақтанып, аяғы жеткендер келіп жатыр... Қасына он жігіт ертіп Бөгенбайдың Дайрабайы келді. Қазір бұл ауылда да жүз қаралы адам басы құралып қалған...

Мәстәттің басында қарауыл қойып, Бидай батыр үйге кірді. Сандықтың түбінде жатқан ақ сауытты шығарды. Арғы атасы Андағұлдың көзін көрген мүлік еді, көптен ұсталмай тот басқан екен.

— Аттан, аттан!

Қарауыл жігіт төпеп келеді.

— Атқа қоныңдар!

Бидай батыр «біссімілда» айтып, ақ сауытты үстіне киді. Жарықтық Андағұл атасы ірі кісі болса керек, сауыт Бидай батырға қолқылдап тұрды. Кей жерінде шиыршықтары сетінепті. Ондай-ондай батырдың ойына кіріп те шықпайды.

Ауылдан шұбатыла тартқан жұрт Мәстәттің басына шыққан соң ат басын ірікті. Құрманайлар екі-үш шақырым жерде, келіп қалған екен. Бұлардың қарасын көрген соң, олар да кідірді. Ерден ердің қаупі бар... Екі жағының да қарасы мол, бұрын шабуға қайсысы да батпай тұр. Ошарылған күйі түске шейін тұрды. Түс қызды. Адамдарды шөл қысты. Әлден уақытта Құрманайлар ат басын ауылдарына қарай бұрды.

— Қашты, қашты!

— Тиісуге артына бақсын!

Әйдербек жағы өркештеніп қалды.

Бұл күн тыныш өтті.

— Әйдербек баласы түгел атқа қонғанын байқады. Енді жел жағыңнан жүре алмайды...

— Жанқожа болмаса, басқа Кішкененің жайы белгілі...

Мұны айтқан Ардана-Татыранның жігіттері еді. Бәрі де дарияның аяғында, жер тырналап жатқан жұрт... Қанша шаруа күтіп тұр. Ағайын тарайтын ыңғай танытты.

— Әу, ағайын, тоқтаңдар! — деді Бәркелет. — Олар да біраз елдің басын құрапты ғой. Оп-оңай тарай қоймас. Тағы бірер күн кідіріп, әліптің артын бағайық...

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, сыртта аттандаған дауыс естілді.

Айнымаған кешегі қалпы, Алтынбайлар Мәстәттің басында, Құрманайлар еңісте — биенің бір сауымындай аңдысты. Екі жағы да бұрын тиісуден қаймыққандай, алыстан ғана қара көрсетіп, жауар бұлттай түйіледі.

Зауал ауды.

Ақпайдың сыртындағы ақ шағыл құмнан бір топ салтатты шыға келді. Құрманайлардың елеурескені байқалады.

Бекбауылдың кешелі бері күткені солар еді. Нұрымбет аулының жігіттерін айнытпай танып тұр.

Қызылдағы елден Бәйділда ғана төбе көрсетті. Бекарыстанның әкесі Амалдық Жақайға кейіпті.

— Кеше бәрің жабылып қарақалпақты қарақтадыңдар. Олар көшіп еді, артында қалған қыстауға таласып, енді біріңді-бірің пышақтайсыңдар. Бүлдіріп жүрген Қабанбай екен. Асан баласы бұл даудың арасына кіріспейді...

Бәйбішеден тараған төртеудің Бәйділдадан басқасы жалт беретін сыңай танытты. Бекбауыл солай түсініп, кіжініп отыр. Бәйділда Асан ішінде аз үйлі Қожамберді. Бұрын оның шырт мінезіне бағып, Бекбауыл жақтырмайтын еді, тарыққанда көзіне Бәйділда көрінді. Кішкененің ішінде Құрманай-Құттық тоқал. Амалдықтың сөзі Бекбауылдың көкірегінде дық болып жабысатыны сондықтан...

Күткен Ақмырза, Жанқожасы келе жатыр...

— Майдан, Майдан!

— Құрманай, Құрманай!

— Асан!

— Құттық!

Бекбауыл бастаған жүз жігіт Мәстәтке ат қойды.

Төбенің басындағылар бір қобырлап қалғанда, Бәркелеттің көзі Дүйсенбайға түсті. Шоқша сақалды қара жігіт, садағын серіте ұстап, адырнасын кере тартып тұр екен.

— Ойбай, Дүйсенбай, қой! Адам жазым болып, үлкен дауға қалармыз!..

— Қап, Бәке, алдымды бекер кестің ғой. — Дүйсенбай өкінді. - Қабанбайдың тымағын көздеп тұр едім. Мейманасы тасқан сасық байды бір шошытатын!..

— Алтынбай, Алтынбай!

— Күлік, Күлік!

— Ардана, қайдасыңдар?

Қалың шоғыр етекке қарай дүркірей қозғалды.

Бәркелеттің қаруы түйенің мойынтұрығы еді. Салмағы екі пұт тартатын зілдей немені қамшыдай үйіреді. Ол жүрген маңайда жан жоламай безе жөнеледі. Жолап кетсе мұрттай ұшырады. Қалың Құрманайды қақ жарып ете шықты.

Арт жағы сартылдаған айқас екен. Біреу-жарым найза да жарқ-жұрқ етеді. Әйдербекте ондай соғыс қаруы жоқ, жалаң сойылмен шығып еді. Бәркелеттің жүрегі зырқ етті. Найза ұстап шыққандары, аяспас жаулыққа басқандары ғой... Әлгіде Дүйсенбайдың қолын бекер қаққан екен-ау... Мынасын білгенде, Қабанбайдың басындағы тымағы емес, өзін оққа байлайтын еді. Бәркелет ашынып алған. Аңдығаны Қабанбай, біреу-жарым қарсы кездескенді қағып тастап, шайқастың қалың ортасына қойып кетті.

Шыңғырған, өкірген дауыстар естіліп, оның иманы қасым болды. Қабанбай сатыр-сұтыр соқтығысқандарға жоламай, шеттеңкіреп жүр екен. Бәркелет бір бүйірден сап етті.

— Бәлем, Қабан, қолға түстің бе!?

Анау жалт қарағанда, көк желкені нысанаға алып сілтеген мойынтұрық бір иығына қаға тиіп жаны қалды. Қабанбай өкіре құлап бара жатты.

Осы кезде әлгі көрінген бір топ атты да араласып қалған екен. Ат басын кейін бұрған Бәркелет Сандалкөктің үсті бос, шыға тартқанын көрді. Бидай батырдың жазым болғаны анық еді. Жапырық тымақты біреу жапырып барады. Қолында қамшыдан басқа қаруы жоқ, қарсы кездескенді қалпақтай түсіріп жүр.

Бидайды ұрып жыққан да осы болды ғой... Бәркелет енді жапырық тымақтыны аңдыды. Аржағын да сойылын үйіріп Дүйсенбай да келіп қалған екен. Жапырық тымақты екеудің ортасына түсті. Бәркелет мойынтұрықты бұрынырақ сілтеп еді. Бір кезде жапырық тымақты «жаудың» жүзіне көзі түсіп кетті. Ау, мынау Жанқожа ғой... Бірақ ауыр мойынтұрық ырық бермеді. Жанқожаның ат жалын құшып бара жатқанын көрген Бәркелет өкініп тұр.

Қалың Құрманайдың арасында Дүйсенбай екеуі ғана қалған екен. Қара бие болдырыпты. Шатқаяқтап әзер шоқырақ қағады. Бәркелеттің тоқтап бөгеле бергені Бидай батырды іздеп еді. Тағы да алдынан Жанқожа шықты... Жаяу... Құлап жатқан Бидай батырдың басын сүйеп отыр.

— Бидай ағам екен ғой, қалай білмей қалдым...

Бәркелет аттан түсе қалды, Бір жағынан Дүйсенбай да сап етті. Бәрінде де үн жоқ. Жанқожа мен Бәркелет Бидай батырды аты мықты Дүйсенбайдың алдына көтеріп берді. Батыр тірі. Ту сыртынан сілтеген қамшы, аса тиіп қабағын жарыпты. Ес-түссіз жатыр еді. Құла айғырдың үстінде Бидай батырды құшақтап Дүйсенбай отыр. Бәркелет оны шылбырынан жетектеп келеді. Шыңның астындағы ауылға қайтты.

Бала-шаға үркіп қалған. Қиқу басталған соң-ақ қатын-қалаш үй жығып, жұрттың алды кешіп барады екен. Көш жолдан қайтарылды. Арыстанбаптың басына тақай Бидай батырдың үйі тігілді. Бір жағында дауыс қылған қатындар... Найза тиген жігіттер әр жерде бебеу қағады. Жер-дүние зарлаған, күңіренген үнге толды.

Ақсақалдар құрмалдық шалып жатыр.

Жұлдыз шыға Бидай батыр көзін ашты. Бірінші сұрағаны Жәніке еді. Айқайды салды.

— Жәніке қайда!?

Отырғандарда үн жоқ, бастары салбырап кеткен.

Бидай батыр атып тұрды. Не болғанын жаңа түсініп еді. Қамшы жегенін біледі. Сол кезде есіне Жәніке түскен...

— Жәніке, қайдасың Жәніке!

Намыстан жарылып кететіндей. Далаға қарай тұра жүгірді. Еңсесі түскен жігіттердің көздерінде жас мөлтілдейді. Бұлқынған

Бидай батырды Бәркелет пен Дүйсенбай қапсыра құшақтап тұр.

* * *

Ертеңіне Жәніке келді.

— Жеті күншілік жерден қалай біліп келді?..

— Бұл кісілер тегін емес қой!

Табанда аңыз қылып жұрт таратып әкетіпті. Жәніке Қаратаудың басында отырса, «Жәнікелеген» Бидай батырдың даусы құлағына сап етеді. Сонан қос аттап жеткені осы... Жұрт жағасын ұстайды.

— Адда әулием-ай!

— Жасы тоқсанның үстінде екен. Қаратау қайда, біреу қайда? Атқа жарап келіп отыр. Бұрынғының адамы сол...

Жәніке аулының жігіттері шетінен жау түсіргіш батырлар. Рахметәлі, Мелдебек, Сахар, Бақа — төртеуі де келіп отыр. Енді бірі Сегіз еді.

Хабаршы Итіғұл болған соң, Қараспанды жауға алдырып барған, Кішкенеге қараған ауылдар қалың қол болып аттанып, Ақиректің астына жиналып жатыр... Алтынбайларды шауып алмақшы... Қабанбай бастаған Құрманайлар Көкшекөлдің ұлтанына соқа салды. Жер иесі өзіміз деп, тайраңдап жүр... Көргенін емес, көкірекке түйгенін жеткізіп еді.

Қаратау маңы Жәнікеге де жайлы қоныс болып тұрған жоқ. Орыстан ығысқан біреу-жарым Арғын-Қыпшақ ауылдары бері қарай қоныс аударған. Қалбаның Қаратауын арғы ата-бабасы жайлау қылған атарман-шабармандар табылды. Бір жақсы қыстау Жәнікеге де керек еді...

Әйдербек баласы болып ауыз біріктіріп, Ақиректі сатып алғанын сонау жылы есіткенде, батыр мән берген жоқ-ты. Былтырдан бері Қаратаудағы қонысы тарылды да, Ақирек жайы еріксіз ойға оралды. Сыр бойындағы қопалы көлдің көпшілігін аталықты ауылдар меншіктеп жатыр. Рас, Күліктің де қолы құр емес, дарияның аяғында Қосарал, Қызылжар, Кішітүбек сияқты жерлерге қыстау басқан. Бірақ Ақирек тәрізді шұрайлы жердің жөні басқа, қолдан шығаруға болмайтын еді.

Жәніке қасына он-ақ жігіт ертті. Кішкенемен ұстасып абырой таппасын білді. Бір Асанның өзі Әйдербекті төрт орап алғандай екен. Балаларын еріткені батырдың доң айбаты, әйтпесе, ағайынымен ұстасатын ойы жоқ. Құрманай-Құттықты жолға жығады...

Жәніке келген соң біреу-жарым тентектер қайта елеуресті. Ақсақалдар батырдың аузына қарап отыр.

— Құдайдың жері кең еді ғой. Тек тар бейілден сақ болыңдар, ағайын. Бір Ақирек үшін Есенәлі-Әйдербектің жігі айрылмасын. Ертеңімізді де ойлайық. — Жәнікенің алыс-жұлыспен өткен өмірден жалыққаны, қартайғаны көрініп тұр, күрсінді. - Бұл істің бейбіт бітімін ойлайық. Құрманай-Құттыққа адам салыңдар...

Жолда Балпанды Жылқы батырға жұмсайды екен. Жақайым ара ағайын... Есенәлі-Әйдербектің арасын бітіруді соларға тапсыратын болып келісті.

Нұрымбет те қарап жата алмайды екен. Жәнікеге өзі келіп сәлем берді. Өкінішті бір іс болып өткенін айтады... Нұрымбеттің балаларына тапсырғаны басқа еді. Араздасқан ағайынды елдің арасына дәнекер болуды әдейілеп айтқан... Қызыл қырғынның үстінен шыққан соң, тентек немелер әкенің сөзін естен шығарып, қойып кетіпті...

Сегізге кездескен жерде Жанқожа да соны айтты. Кешегі жұмысқа ренішті еді...

Сегіз Жәніке атасының сөзіне өмірінде бірінші рет ырза болып отыр еді. Дау бейбіт тыным табуға бет алды.

Құрманайдың сөзін Бекбауыл ұстады. Кәпірарықтың сағасына жұрттан бұрын қыстау салған өзі еді. Бекер салмаған екен сонда... Көшер кезде Мамыттың емеуріні болыпты... Енесей бидің жалғыз жері, қарақалпақ көшсе, Ақирекке сол иелік ететінін Мамыт айтып кеткен көрінеді...

Бірақ Бекбауылдың бұра тартқан сөзі, басқа жұрт түгіл, өз туыстарын да қанағаттандырмады...

Әйдербектің сөзін ұстауға Сегіз шыққан. Ақиректі ақ адал малына сатып алғаны анық. Әнетейдің бір ауыз сөзін құлағымен естіп, Әйдербекке айтып барған өзі еді.

Куәлікке Жанқожаның өзін тартып отыр.

Өтегеннің баласын Нұрымбеттің баласы сөзге жығып берді. Қысылған кезде Бекбауыл Құрманайлар Кәпірарықтың сағасын бөгеп, еңбек сіңіргенін еске алды.

— Менің білетінім, Ақиректі Әйдербектің сатып алғаны анық. Жалғыз үй қалған Әнетей қоралы малмен көшті. Жылқы батыр екі жағына да қарап алды. — Бекбауылдың сөзінен байқағаным, нағашысының қонысынан сыбаға дәметеді екен. Оны да мақұл делік. Ақирек жері кең. Маған Енесейдің жерін тауып беріңдерші!

— Көкшекөл! — деді Бекбауыл сақ еткізіп.

— Көкшекөл ат шаптырым көл. Бір Енесей жеке алған жоқ шығар. Көп қияттың қонысы, ортақ пайдаланған... Сегіз дау айтты.

Оны басқа жұрт та растады. Көп қияттың бірі - Мәтнияз, Жылқы батырдың қасында қоңсы қонып отыр... Осы жиында ол да жүр еді. Жер шекарасын сол анықтап берді.

— Ендеше Кәпірарықтың Көкшекөл тұсындағы арғы беті, Құрманай-Құттық саған тиеді. Қалған Ақирек Әйдербектің еншісіне берілсін...

— Сонда біз құр қаламыз ба? — Есенәлінің бір баласы палуан руынан шыққан жас жігіт Қорен ішікті жамылып отыр еді, орнынан тұрды. — Ата-бабамыз Ақпайдың сыртындағы құмды жайлап келді. Ақпайдың жағасында қарақалпақтар бар заманда тары салып, дән жегенбіз... Қыс қыстау, жаз егіндік жер бізге де керек!

Бұл сөзді де Бекбауыл үйретіп еді. Ақиректі даулаушы басы көбейсе, түйін де шешілмейді. Сегіз соны байқады. Дағдарып қалған Жылқы батырдың аузына сөз салды.

— Азғантай палуан өкпелемесін. Ақдайды алсын!

Осымен дау да тынды.

Ертеңіне Кәпірарықтың бойында омақа үйіліп, жер шекарасы айырылды. Билік айтқан аға баласы Жақайымның сыбағасына Ақбөгет жақтан жер берді. Белгілі-белгілі алты ру басына «аталыққа» жер бөлінді. Бидай батыр, Жәніке батыр, Нұрымбет сияқты ылғи ығай мен сығайлар еді...

— Әкем бүлінген елден бүлдіргі алма деуші еді. — Жанқожа Сегіз бен Балпанды аулына ертіп қайтқан, көкейдегі түйткілін айтып келе жатыр. — Кеше қарақалпақ бүліне көшіп еді. Олар қалдырған жерді бөлісе алмай, қазақтар қырылысады. Жалғыз Ақирек болмас, бұл жер әлі талай жұртты бүлдіретін шығар...

Ақирек жанжалы бір пәленің басы еді. Ұзаған жоқ, әр жерден қыстауға таласып, қырқысып жатқан ауылдардың хабары шықты. Жанқожа біліп айтқандай екен.

* * *

Жан-жағындағы жамау түскен қоңырқай үзіктілердің ортасында, алты қанат ақ шаңқан үй оқшау көзге түседі. Тәуір атының басын солай қарай қырындатты.

— Байділда да үзігін ақтан жауыпты. О тоба! Қазақ қалай оп-оңай байи қояды осы! — деп күңкілдеп келеді.

Шағыр көзі есіктің алдындағы желіге түсті. Артық-кемі жоқ, он бес құлын. Биылғыдай жұт жылы, екінің бірі жүгенін ұстап қалғанда, Бәйділда он бес бие сауып отыр... Нұрыбай бидің немересі Тәуірдің желісінде жалғыз құлын... Былтыр ғана бір үйір жылқы еді. Сол есіне түскенде, ішін ит тырнағандай. Санатқа қосылмаған Қожамбердінің желісіне қарап тұрып, жарылып кете жаздады.

— Ау, хабарлас-ау!

Бәйділда көлеңке беттің шиін түргізіп тастап, омырауын керегеге тақап жатыр еді. Бір аунап түсті. Дауыстаған Тәуір екенін білгенде, жыны құрыстағандай. Нұрыбайдың тентек немересі бас тартпаған үйдің қазан-ошағын қиратып кететіні бар. Сонан келе бір аттың майын беруге жарамайды. Бәйділда қазір Тәуірде өткен-кеткен өкпе-кінәсін жіпке тізіп жатыр... Бір жылы Тәуірдің көк жорғасына көңілі кетіп, қолқа қылғанда беті қайтқан... Өмірі Тәуірдің үйінен бір аяқ көже ішіп көрмегенін де ойлап қойды.

Бүгін Бәйділда ұрынатын қара таппай отыр.

Асан төртеу болғанда, өсіп-өнген аталығы Сырлыбай. Ал Қожамберді мен Құдайбердіге тастаған толарсақ тимейді. Сондықтан Сырлыбайдың белді биі Нұрыбайдың тұқымында Бәйділданың баяғыдан тісі бар...

Қарақалпақ кешіп, қанша қыстау қаңырап қалғанда, Қожамбердінің сыбағасына бір көл тимейтін не әкесінің құны бар? Рас, былтырғы жұтқа шейін алыс көшіп, шет жайлап жүрді... Көзі жоқ адамның обалы жоқ па? Бекарыстанға өз көмекейі толса болды. Бір көлді жеке алып, «Нұрыбай» атандырып қойыпты. Қожамберді мен Құдайберді қыстау таппай отыр...

Ақиректің дауында өзі де араласып, көп нәрсеге көзі жеткен Бәйділда, көктем туғалы алас ұрып қыстау іздеп жүр. Көздеп келгені Қотанкөл еді. Әзір белгілеп жіп таққан ешкім жоқ, бір жыл Бәйімбет, бір жыл Келімбет... Жақайымдар қыстайды екен. Осындай әуір-сәуірді пайдаланып қалғысы келген Бәйділда, сүмбіле тумай Сыр бойына қарай үдере көшкен. Қотанкөл жиырма үйді паналатуға жетеді. Құдайбердіден тараған аз ауыл Сойырқас туысын да желіктіріп, еріте келді. Он екі үй Қожамберді, жер дауы теке тіреске кетсе тұрысуға аздық қылады. Сонда сойыл соғарға Сойырқастың Шорабайы керек...

Сыр бойына жақындаған соң Шорабай екеуі алға түскен. Қотанкөлдің сыртындағы құба дөңнің басында ауыл көрінді. Игілік жақайым Толыбай батырдың үйі шаңырағын көтеріп жатыр екен. Бұлар екеу, Жақайым көп... Толыбай екеуі тілмен шарпысып бір дәуір уақыт тұрды. Бірақ қол қимылға барған жоқ.

Көлден айрылып, сіркесі су көтермей жатқанда, дәудірлеп Тәуір келіп тұр...

Бәйділда күдіктенді. Кеше Қотанкөлде Толыбаймен кездесіп қалған соң, көш амалсыз Қыдырдың бөктеріне қона кеткен-ді. Бұйырғынды нұрада көк сораң мен тырбық жусаннан басқа шөп шығып жарымайды. Асығыс қимылдаймын деп, тәңірдің тәлкегіне ұшырағандай еді. Бәйділда аулының жылқысын Нұрыбайдың көліне айдап салып отыр. Ол да ағайынға көрсеткен бір қыры сияқты. Тәуір бекерден-бекер келе жатқан жоқ. Нұрыбай көлінде Бәйділданың жылқысы жатса, күзді күні жағасында мал шалатын от қалдырмайды. Тәуір дау іздеп келіп тұр...

Бәйділда айқайлай кірген Тәуірге басын да көтерген жоқ. Өп-өтірік ұйықтаған болып, қырыстанып жатыр.

Бәйділданың құйрығына қамшы шып етті. Тәуір белгілі тентек. Оның үстіне жасы үлкен кісі, бір жағынан базыналық қылады. Асанда Нұрыбай тұқымының алдынан шығатын адам да жоқ... Тәуір келгенде, Бәйділданың басын көтермеуі, ірілік көрсетіп жатқаны... Оны да көңіліне дық алды.

Бәйділда қарғып тұрды. Бірі шағыр, бірі қисық біткен екі көз кездесіп қалған. Бәйділданың жүзінде қанына қарайған ашу білінді. Тәуір онан айылын да жимайды.

— Енеңді ұрайын! Көтенге өкпелеген қойшы құсап, тоңқайып жатырсың. Сәлем жоқ, сауқат жоқ...

Бұл жеңетін жері. Қойшыны айтқан жері шамына тисе де, Бәйділда ашу шақыруға ұялды. Ықылассыздау сәлемнің ишарасын жасап, қыңырая отырды.

Тәуір үйдің ішін көзімен шолып отыр. Жаңа бастырған тар көз керегенің көзіне жұдырық сыймайды. Биыл тоқылған басқұрдың қошқар мүйіз оюы көз жауын алып қаратпайды. Шашағы төгілген уық баулар, шым ораулы ши... Тәуірдің көзіне ат көпір болып жататын өз үйі елестейді. Тамсанып отыр, тан қалып отыр. Әрі-беріден соң шөл қысты. Қайыстай қатқан қара келіншектің қозғалатын түрі жоқ. Шыпта ашылмады, аяқ-табақ салдырамады.

— Келін, қымыз әкел.

Қара келіншек орнынан шүйіле тұрды. Бірақ ол шыптаны ашып үлгірмеді, Бәйділда шаңқ етті.

— Қымыз жоқ!

— Енеңді ұрайын, он бес бие сауасың...

— Бие суалған. Діңді Нұрыбай баласы өзің аласын, Қотанкөлді құдаң Толыбайға бересің, - деді, соңғы ұтымды сөздің аузына қалай түскеніне Бәйділда өзі де таңырқап қалған. Қожамберді мен Сойырқастан қымыз сұрайтын не бетің бар еді, бидің баласы!?

— Оттаған екенсің!

Бұлай сөйлеу Тәуірдің салты, жаны қиналмай-ақ айта салатын еді. Бәйділда тарс айрылды.

— Нұрыбай тұқымы, көз еттерің өсіңкі еді! Баяғы азғантай Қожамберді, желкесіне мініп үйреніп қалғансың ғой. Ата сақалың аузыңа шықты, не деп үріп отырсың!?

Көз тостағанға құйған бір жұтым қымыз Тәуірге бұйырмады, «Ата сақалды» ауызға алу — қазақ үшін ауыр сөз. Онысы аз болғандай итке теңеп отыр. Жасы құрбы болса бір сәрі Бәйділда баласындай еді.

— Қап, әкеңнің аузын!..

Көз тостаған Бәйділданың басына сарт етіп, быт-шыты шықты. Екі тентек бірінен бірі асыра боқтайды. Шаңқылдаған дауыстан ауыл дүрлікті.

Тәуір иесі ұрған итке ұқсап, сүмірейіп шыққан. Белдеудегі көк бестінің үстіне қалай қарғып шыққанын білген жоқ. Тебініп қалғанда, біреу тізгінінен ала кеткендей болды. Шорабай екен.

— Ақсақал, біреудің ауылын қалай басынасың!? Қазық қылып қағып жіберейін бе өзіңді! — деп тап-тап береді.

Бәйділда ым қақса, Шорабай тұра шабатын еді. Бұл жолы да сонысын істеп тұр.

Тәуір көк бестіні сауырдан тартып қалғанда, атып кетті. Артына қарай-қарай барады.

Адамда Сойырқас, малда сиыр қас. Алты аласы, бес бересісі жоқ, мұныкі не, жаным-ау!

Тәуір сатырлатып шауып барады, сөйлеп барады. Бәйділдәнің ағасы Жанділда інісіне ренжіді.

Атақты жынды емес пе, оның несіне байланыстың!?

Сойырқаста Төлеген би сәуегей кісі болыпты. Осы Тәуір дүниеге келген күні, Нұрыбай бидің үйінде қонып отыр екен. Нәрестенің шырылдаған даусынан шошып, Төлеген би жағасын ұстайды. «Тумай жатып, қылығы мынау, бұл ержеткен соң жүрген жері қиқу болар. Ырым болсын, атын Тәуір қояйықшы дейді екен.

Жанділда соны еске алып отыр.

Жылқының басында өзің бол. Бәйділданың түсі бұзылыңқырап айтты. — Түнгі күзетке абай болыңдар!

Қонақ келген екен, мейлі ол жақсы болсын, мейлі ит болсын — сыйлап жіберу үй иесінің борышы. Бәйділда Тәуірді үйден қуып отыр. Кім көрінген қаймана қазақтың бірі емес, Нұрыбай бидің немересі. Немерелерін есептемегенде, бидің і індігінен сегіз ұл тарайды екен. Сегіз ауыл... Бұл оқиғаның ақыры ат-шапан айыпқа соғады...

Тәуір қатты ашумен шыққан беті, бір бауыр жер тасырлатып барып, ат басын тежеді. Айдалада қаңтарылып тұр. Ауыл Қызылдың құмында... Тәуір Нұрыбай көлінде Бәйділданың жылқысы жатқанынан да хабарсыз еді. Толыбайдың Қотанкөлді бетке алып көшіп келе жатқанын әлдеқалай есітті, Нұрыбай ауылынан бала барса да, Жақайымдар төбесінен тік тұрып күтеді... Алты ай жаз үй көрмей, ауыл-ауылды қыдырып күнін жұбататын Тәуір кенет атының басын Қотанкөлге қарай бұрды...

Қыдырдың нұрасында бейсаубет ауыл көзіне түсе кетті. Байділда ма, басқа біреу ме, — Тәуір үшін иісі қазақтың жаттығы жоқ, бұрыла салды. Нұрыбайдың әруағын сыйлайтын қазақ оның немересінің еркелігін де көтереді. Тәуір ат маңдайын тіреп барған үйінен бір бас мүжімей шыққан жері жоқ...

Қымыз сұрап, сақалын боқтатты. Енді есіткен жұрт дабырайтып әкетеді...

Тәуір барған той төбелессіз тарқамайтыны бұрын да бар еді, Қазір іргелі ауылға қара басы қайрат көрсете алмай, іш пыстаны ішіне түсіп келе жатыр. Ылаң салып бағатын ауыл да алыс... Оған да кәдіктенеді. Нұрыбайға қараған бүкіл өрен-жаран осы күні оны ауыздықтап ұстайды... Жұрт «Тәуір тентек» атандырып қойыпты. Талай аттан салып шауып, бірақ соңына бір Сырлыбай ермей, діңкесі құрыған бір кездерін еске алды...

Бәйділдадан қайткенде кек қайтарады?

Айтпақшы, Толыбай бар екен-ау... Бәйділда оның атын да ауызға алды... Қотанкөл...

Тәуір Толыбай аулына жеткенше асықты...

Астындағы көк бесті ақ сабын болып терлегенін ақ боз үйдің алдында аттан түсіп жатқанда байқады. Өзінің халі онан да нашар еді. Аузы құрғап, дыбысы шықпай қалған. Хабарлас қылып керіліп тұрудың реті келген жоқ.

Биылғы қыстан Толыбай аулы да жүдеп шыққаны көрініп тұр. Желісінде төрт-бес құлын көрінеді. Тәуірдің көңілі онан сайын омсырайды.

Игілік аулының жұтқа ұшырап, толысы шайқалғаны бір биыл емес. Сонда да ата қоныстан табан аударып, Сырдың бойын сағалаған кезі жоқ-ты. Шаруасы шын жүдеп шыққан жылы, аржағындағы Арғын-Қыпшақтан жылқы алады... Ортайған дәулеттің орны солай толып, енді бір жылы қайта байып дүрілдеп шыға келетін еді...

Толыбай Сарыарқаны кезіп, биыл да бір ай жорытты. Ондағы жұрт та ақ сүйек болып жүдеп, жүген ұстап қалған жайы бар екен... Біреу-жарым жұттан көп шығындамай шыққан байлар жылқы күзетін күшейткен. Алдырмады. Бір рет өзі қолға түсіп қала жаздап, байтал түгіл бас қайғы, қара басы әзер қашып құтылды...

Қайтар жолында Шөмекей аулының далада жатқан төрт-бес түйесі ұшырасып, айдай кеткен. Соған ырза болды.

Сыр бойын содан соң еске алды. Қол сақтаған жұрттың жағдайы тәуір. Әркімнен құлақ қағыс қылып сұрап байқаса, Сыр бойында бос жер қалып жарымаған екен. Қотанкөлге жұмсаған Жылқы батыр еді. Оты, суы мол қол... Бір жыл Бәйімбет, бір жыл Келімбет қыстайды. «Әзір менікі деп меншіктеп, жіп таққан ешкім жоқ» деген...

Бірақ доңыз жұты талайды тәубесіне келтірді. Қотанкөлдің иесі бұрын болмаса, енді табылады. Аурудың алдын алу керек. Толыбайдың асығыс қимылдайтын мінезінің пайдасы тиді. Бір күн кідіргенде, Қотанкөлді Бәйділда қағып кететін екен. Құдай сақтап, бұл алдын орап кетті.

Толыбай Тәуірге қой сойып жатыр.

Бұл үйден бір тостағаннан артық қымыз табылмады.

Тәуір төрде, тай тері жастықты қолтығына тыға түседі. Қол-аяғында тыным жоқ, тыпыршып кетті. Бәйділданың үйінде осы шыдамсыздығынан сөз естіп еді, шекесіне тимеген екен. Бір тостаған қымызға қанбай қалып, тағы сұрады.

— Тәуір аға, биыл қымызға ұяттымыз. — Соны айтқанда Толыбайдың ақ сары өңі күреңітті. — Қойыртпақ...

Ұзын бойлы ақ сұр келіншек лып етіп тұрып шыптаны ашты. Қара сабаны шайқап-шайқап пұшпағын шешті.

Не шұбат емес, не айран емес, қойдың қатығына түйенің сүті араласқан қойыртпақ еді. Тәуір ұрттап алып, қабағын кіржитті. Қойшының сыбағасы Нұрыбайдың немересіне бұйырды. Онан артық қорлық жоқ. Бірақ Толыбайдың кінәсі не? Жоққа жүйрік жетпейді. Тәуір сыр бермей бақты.

Қанымбикенің керік қасы дір етіп, төмен қарады.

— Төке, биыл жылқыдан қол жудық. Бүкіл ауылдың сусын қылып отырғаны екі-үш бие. Балалар түске жетпей-ақ местің түбін сарқады. Бұрын қымыз ашытатын Қанымбикенің қара сабасы бүгінде қойыртпақ құйылып, қор болып тұр.

— Жаман Бәйділда он бес бие сауып отыр! — Тәуір осқырынып қойды. Қойдың сүті таңдайына татымаған соң кежегесі кейін тартып, жаны қайта құрыстап келе жатыр.

— Рас шығар, кеше ауылымызға келіп, ылаң салып кетті. Он бес биенің буы шыдатсын ба!?

— Сендерге де тиісті ме! — Тәуір ежірейді. — Бәйділда әлі құтырады!

— Қотанкөлді даулап жүр. «Қарақұмнан қаңғып келдің, қалай ие боласың» деп кергиді. — Толыбай Тәуірден сыр тартқалы айтып отыр. — Қожамберді, Сойырқас болып Қотанкөлді қыстау қылмақ ойы бар екен...

— Екі кері кеткен қосылған екен!.. Тәуір мырс-мырс күлді. — Екі кері кеткен қосылған екен!

Толыбайдың Бәйділдаға тісін басып отырғанын Тәуір жаңа байқады. Көктен сұраған дауы жерден табылып, басын көтеріп алған.

— Әлгіде айтып отырған. Мен сол Бәйділданың үйінен шықтым. «Атаңа нәлет Жақайымға Қотанкөлді бұйыртсам, Бәйділда атым өшсін!» деп отыр. Жыным ұстап кеткені, тостағанмен қақ басына бір қойдым!

Толыбай сұрланды.

— Атамды боқтайтын Бәйділдаға не жазығым бар еді? Нағашылы-жиенді болса, бір сәрі, құдай айдап іргеміз жақындағаны еді, тыныш отырғызбайтын шығар...

— Ит қой ол, ит! Әкесіндей менің ата сақалымды аузына алды ғой! Күйіп кетіп май құйрықтан тартып қалғаным. Өмірі адамға қамшы үйірмейтін едім. Өз қолынан талай жұрттың басы жарылғанын Тәуір ұмытып кетті. Ал әлгі сөзінің ақпарын жек көріп, ат басын сіздің ауылға бұрдым. Әйтпесе, ауылға тартатын едім. Бәйділданың түндігін түріп, қойып шауып алатын едім...

— Сізге не деп тиіседі?

— Нұрыбайдың маңдайына біткен жалғыз көлді қызғанады. Қотанкөлге сені де мен шақырып әкеліппін. Аппақ сақалымды боқтады. — Тәуір иегіне біткен бес-алты түйір қылды бір сипады. - Содан соң аяйын ба, жостырдым!

— Бәйділда туысың емес пе?

— Сырлыбай мен Қожамберді ат құйрығын кесіскелі қашан!

Тәуір ойына келгенін айта салды. Толыбай бәтуасыздың сөзін шындыққа жорыды. Түнімен төсегінде дөңбекшіп шыққан. Тәуір тентек екені рас, бірақ өтірік айтпайды. Бәйділда ашумен кеткені анық... Толыбайдың атасына тіл тигізгенін Тәуір айтып отыр. Оны естіп, шыдап жатқан адам, еркек емес! Бірақ Тәуір де, Бәйділда да бір Асанның баласы... Дау ушықса, ағайынды елдің бөрідей ұлып қосылатыны тағы бар. Асан ішінде өскен-өнген аталық Сырлыбай. Бәйділданың Нұрыбай тұқымынан шығысқаны рас болса, Сырлыбай оған ат тізгінін бермейді... Басқа кішкенені қойшы, алыс ағайында бұларға жақыны Әйдербек екен. Көктемде Ақирек үшін Есенәлі-Әйдербек қырылысып қалғанын Толыбай да есіткен. Сонда Қабанбайға шылбыр ұшын беретін осы Бәйділда болыпты. Ендеше Қожамбердінің сөзін Әйдербек те сөйлемейді...

Бір дауды бастап жіберетін иіні келіп тұр еді.

Бәйділда он бес бие сауып отырған көрінеді. Жылқысы Нұрыбай көлінде жатқанын Бозорыс айтып отыр. Жігіттерді атқа қондырып, көп жылқыны қудырып алу керек...

Көпке жүгінгенде, Толыбайдың куәсі Нұрыбайдың немересі Тәуір болады. Атасына тіл тигізгенін айтып отыр. Тәуір бір айтты — бітті, басын кессең қайтпайды. Толыбай Бәйділдаға ауыр айып салдырады... Адам тілінен, сиыр мүйізінен байланады. Тентек Бәйділданың көзін бір қорқытып қойғанның өзі не тұрады...

— Тәке, мен күйіп тұрмын. Бәйділда ауылға келіп, шаңырағыма ат ойнатады. Онысы аз болғандай, үйінде жатып атамды тағы боқтайды. Не істеймін енді?

Тәуірді аттандырып жатып, сыр тартқалы айтты.

— Шауып ал ауылын! — Тәуір барқ етті. — Сен шаппасаң, мен шабам! Ауылға тірі жетейін! Бес жүз үй Сырлыбайды түгел атқа қондырмасам, бетіме түкір!

— Менің қысылатыным Сырлыбай атам балалары, өздерің ғой. Қожамберді неге тұрғандай, әйтпесе...

— Қалың Сырлыбай қасыңнан табылады. Ол итті есігімнің алдына еңбектетіп әкеліп, ат-шапан айып алмасам, Тәуір атым құрысын! — Тәуір кіжінді.

— Қонағы төбенің астына түсер-түспесте Толыбай да қимылдады. Бозорысты шақыртқан.

— Қасыңа бес жігіт ертесің! Бүгін түн Бәйділданың жылқысын қуып аламын. Өзім бастап барам!

— Төке-ay, өзім-ақ...

— Үнің шықпасын!

Екі ауылдың арасы қозы көштей ғана жер. Қатын-баланың құлағына тиді дегенше, жер түбіне жайылады. Тәуір сияқты қаңғыған біреу түстене кететіні бар. Құлағы есіткен жамандық хабарды жатқызбайды қазақ, сол қалпында Бәйділдаға жетеді... Толыбай сақтық ойлап тұр.

Сол түні Бәйділданың жылқысына жау тиді. Жанділда соққыға жығылыпты. Ауылға жаяу қайтты.

Бәйділда аттан салып жатыр.

Жан-жаққа Бәйділда аттандырған шапқыншылардың алды ертеңіне-ақ оралды.

Бекарыстан сәлем айтып отыр: «Бәйділданың ісі тентек. Ағасы Тәуірдің ата сақалын ауызға алады. Толыбайдың атасына тіл тигізеді. Жақайым жылқы қуса, намыстанғаны шығар... Адал мал ешқайда қашпайды. Мықтаса ат-шапан айыбы бар. Біз барамыз. Бірақ бейбіт тынымын жасауға мұрындық боламыз деп барамыз...»

— Жаман күйеу қайынсақ. — Бәйділда кекетті. Амалдықтың баласы нағашысының сойылын соғып отыр...

Жанқожа мен Бекбауыл атқа қоныпты. Бірақ қасына еріткен адамы шамалы. Бәйділданың іші кіпі алды.

Ақжігіт пен Қыдырдың арасындағы нұрада халық қаптап кетті. Бәйділданың аулын қонақ басып жатыр. Ең алдымен келген Құрманай. Қабанбай отыз жігіт алып келіпті. Кішкененің қалған балаларынан Жолшоры мен Үсен бар... Екі күннің ішінде жігіт саны жүзден асты.

Бәйділда асықты.

Осынша адамды асырап-бағу бір ауыл үшін ауыр тиетін еді. Оның үстіне ертең Бекарыстан мен Жанқожа келеді...Олардың ойлайтыны бейбіт тыным. Сүттей ұйып отырған ағайынның арасында алауыздық туады. Жұрттың басы ыдырайды.

Жылқысын қуып алған Толыбаймен бір айқаспай Бәйділда тоқтай қоймас!

Ертерек іс қылмаса, ертеңге қалса — кешігеді!

— Аттанамыз!

Зауал ауған шақ. Сал күреңді шоқырақтатып Шорабай ауылды бір айналып шықты.

— Ау, батыр келеді дейді, кідірсек қайтеді.

Біреу-жарым ақсақалдар ақыл қосқан, Бәйділда оларды құлағына ілген жоқ.

— Ат төбеліндей Жақайымға Жанқожасыз да бірдеңе қылармыз! Мен деген ағайын атқа қоныңдар!

Жұрт жабыр-жұбыр атқа жүгірді.

Толыбай қапыда қалды.

Екі күннен бері ол да қарап жатқан жоқ. Жан-жаққа шапқыншылар жосылтқан. Жақайым жайлаудан құлай қоймаған уақыт. Шапқыншылар кідіріп жатыр. Бар бітіргені Бәйділдадан алған жылқыларын Сырдың арғы бетіне айдап салды. Бір адамды Нұрыбай аулына аттандырып еді, Бекарыстан Бәйділдаға айтқан сөзін оған да айтыпты. Сырлыбайдың аузы қалай қисайса, Асан солай қарай жығылады. Көйлектей ағайыны Асан бейбіт бітім сұрап отырса, қалған Кішкененің Бәйділда үшін отқа түсетіндей несі бар? Толыбайдың арқасы енді кеңіске түскен.

Ауылдағы біреу-жарым шал-шауқан қаша көшкісі келіп, қопаңдап еді, Толыбай тыпыр еткізбеді.

Қызыл іңір шақ. Қатын-қалаш сүт пісіріп, құрт қайнатып сапсып жүр. Жерошақта от жалпылдайды.

Толыбай көйлек-дамбалшаң үйден шықты. Ауылдағы он шақты үйдің жігіт-желеңі Бозорыстың қасына жиналыпты. Үй сыртында сүйеулі найзалар көрінеді. Желіде қаңтарулы аттар, құр жусап тұр.

Толыбай жігіттерге қарай жүрді.

— Сол Жанқожаның өзімен салысар едім!

Желпініп тұрған Бозорыс еді. Еңгезердей Бозорыстың қарасын көріп әркім-ақ сескенгендей. Оның қайратына шәк келтіретін адам жоқ. Бірақ кез келгеннің жылқысын бағып күні өткен Бозорыстың аты бір шықпайды. Қазір жасы отыздың үстінде екен. Толыбай былтырдан бері қасына алған. Бір жағынан қыз алыспайтын туысы... Оны бауырға тартып жүр.

— Жанқожамен ұстаса алсаң, көрерміз...

Толыбай аңқау Бозорысты қайрап қойғалы айтып тұр.

— Көрсек — көрерміз!

Ана жақта Саққұлақ арс-арс етіп, тұра ұмтылды.

Жігіттердің назары Саққұлақ кеткен жақта, сөз тиылды. Шапқыншыларын күтіп, құлақтары елеңдеп отыр еді. Саққұлақ Қотанкөлді жағалай жүгірді.

— Ойбай, жау!

Төбенің басына шыға келген салт атты жау қарасын әуелі Бозорыс көрді.

— Аттан, аттан!

Сасып қалған Толыбай біресе атына, біресе найзаға жүгіреді. Шырқырап етегіне жармасқан тоғыз жасар ұлы Көтібарды қағып жіберді.

— Асан, Асан!

— Үсен, Үсен!

— Жиеней!

Жау үндемей бас салған екен. Бұлардың аттандаған даусын есіткен соң, айқай-сүреңді күшейтті.

Бозорыс тұра шапты.

— Игілік, Игілік! — деп ұран салып барады.

Он шақты жігіттің ізінде сол көйлек-дамбалшаң күйі Толыбай да кетті. Жау қарасы молайып, тасқын судай қаптап бара жатқанын көргенде, ет жүрегі сескенді. Алға түспей, ат басын ірке шабады.

Бозорыс жаудың қалың ортасына қойып кетті. Найзасын онды-солды сілтеп жүр. Мың сан қолмен жалғыз айқасатын бағы заманның ерлерінше қимылдайды. Толыбай опынды. Алда, аңғал Бозым-ай! Шеттен тиіп, жеке-жеке түсіру керек еді. Алды-артын қамап алған соң, аңдыған біреу көк желкеден қондырады ғой...

Қалған жігіттерді қаптаған жау селдей шайып жоқ қылды.

Толыбай енді айналған жоқ, аттың басын кері бұрды. Кертөбелді төпеп барады. Артында шулаған дауыс келеді.

— Толыбай әне кетті!

Қалт еткенді көзден таса қылмай, андып келе жатқан әккі Бәйділда, көйлегі ағараңдап бара жатқан жалғыз аттының Толыбай екенін айнытпай танып еді.

— Жігіттер, Толыбай кетті!

Сал күреңді бұл да төпеді. Аты дәмелі он шақты жігіт қосыла салған. Толыбайдың астындағы торы төбел, екі-үш жылдан бері бәйгеге қосылып жүрген жүйрік еді. Үш күннен бері суытып, үстіне жан шығармай күтініп отырған. Жануар бауыры жазылған соң, қайыстай созылып, бүктетіле тартты. Әрі-беріден соң қараңғылық қалыңдады. Толыбайды түн жасырып, қуғыншыларға шалдырмай кетті.

— Қап, жіберіп алдық!

Толыбай қолға түссе, Бәйділда тірідей түтіп жер еді. Айрылып қалып өкініп келеді.

— Толыбай басына жаулық тартып алыпты. Әдейі танытқысы келмегені ғой... Қатын болды...

Бәйділданың аузынан шыққан осы сөз аңызға айналып, елден-елге тарады. Біреулер Толыбайды әжуа қылып айтады... Ер жігітке күші асқан жаудан қашып құтылу ұят емес. Ал басына жаулық салу қатынның ісі еді...

Қас-қағымға созылған қақтығыс қазақ үшін қымбатқа түскен. Бозорыстың найзасынан төрт жігіт жарақат алды. Толыбай аулының жігіттерінде сойыл тимеген біреуі жоқ. Бозорыстың басы жарылыпты. Жауырын ортасы көкпеңбек талақтай, қозғаса зар қағады. Ессіз жатқан жігітті Бәйділда тұтқын қылып алып кетті.

Оған салғанда, Толыбай аулын тонаудан тайынбайтын еді. Біреу-жарым ақсақалдар басалқы болып, ондай артық қимылға жол берген жоқ...

Ауылды талауға салу қазақ салтында ауыр қылмыс. Қазақтың ұғымында үйдің құты қара шаңырақта... Қарғыстың үлкені «шаңырағың ортаңа түссін»... Үй ұлы ірге, оған қол жұмсалған жерде кешірілмейді...

Толыбай аулы улап-шулап жатқанда, Бәйділданың үйінде дырду күшейе түскен. Есерсоқ жігіттер бір-бір қойдан алдарына өңгере кетіпті. Бәйділда ол ауылдың түйе түлігін де қудыртып алдырған. Тоғыз жерден жерошақ қаздырып, қызыл қуырдақ қуырылып жатыр. Аш құрсақ қазақ аузы-мұрнынан бір шықты...

Бәйділда бір топ жігітті жылқы қууға алдын ала жіберіп еді. Құр сандалып қайтты. Жігіттер ұзаңқырап шығып, із кесуге қорқа соқтап... Сырдарияның жағасындағы қалың қамыстың арасында түнімен жатып, күн көтеріле қайта оралған... Онысын жасырады.

— Жер асырып жіберген екен! Көре көзге зорлық қылып, ақ адал малымның қарасын құртпақшы!

Бәйділда байбаламды күшейтті.

Бозорысты Шорабайдың үйіне қаматып еді. Ашу қысқанда, соған қарай жүгірді.

— Жылқы қайда? — Бозорыстың халі ауыр еді. Жауырып сүйегі қақ жарылғанын білетін бір жан жоқ. Ессіз жатыр.

Анда-санда есі кіріп кетсе, көкірек сүйегінің зар қақсатқан ауруына шыдай алмай өкіреді. Өзі ірі жігіттің даусы да зор, әлем тапырақ екен, бала-шаға ұйқыдан безіп кетті.

Ең болмаса, ауру дене өз ыңғайымен жатса екен-ау! Артына қайырып байланған екі қол Бозорысты тырп еткізбейтін еді. Екі аяқтың көмегімен аударылып түскелі ұмтылады да, есінен қайта танады.

Бәйділда осының үстіне келді.

— Жоқ, бұл ит өп-өтірік өлген болып жатыр. — Бәйділда ақырды. — Шорабай, тұр құйрығын! Соқ дүрені!

Тығыншықтай сары Шорабай орнынан тұрды. Быттиған бет-аузы адамға тән аяушылық сезімінен жұрдай еді. Сап-сары көз қарашығында қуаныш ұшқыны жылт етті.

Шорабайдың жалғыз құмары азаптау. Тірі жәндіктің азап артып жатқанын керсе жаны рахат табатын еді. Қыста ауыл маңында қасқыр төбе көрсетсе, Шорабай ізінде кетеді. Бүкіл тазы соңында, қасқыр жер түбіне тығылса да, Шорабай таппай қайтпас. Басқалар сияқты, сойып терісін алумен қанағаттанбайды ол. Қасқырды ауылға тірі әкеледі. Аузы тұмылдырықталған қасқырда дыбыс жоқ. Шорабай екі тілерсектен бастап іреп отырып, қасқырдың терісін мес қылып сыпырып алып, өзін қоя береді. Хайуанның қыңсылап дыбыс шығармаған мінезін қайсарлық біледі. Өзі де сонысына ерегісетіндей. Жаны ышқынған қасқыр тұра қашқан беті бір төбенің баурайына жетіп жығылады. Шорабайдың екі езуі құлағында, біраз жерге шығарып салып қайтады...

Бұл елде домбыраға ішек таппаған жұрт, Шорабайға жүгіреді. Тірі мысықты асып қойып, көтеншегін ойып қоя береді екен. Зәресі ұшқан жәндік қашан ішегі таусылғанша алды-артына қарамай зытады... Мысық қылжиған жерде, Шорабай жас ішекті жинап алады...

Бірақ адамға азап берудің сәті түспей жүрген.

Бозорыстың қолын артына қайырып байлап тастап, енді оның өкіріп жатқанын көрген кезде, Шорабай адам айтқысыз рахатқа кенелді. Жұрт бес қанат қоңыр үйдің маңынан безіп кеткенде, Бозорыстың қасында жалғыз отыр еді.

Ә, ә, қалай екен? — деп сұрап қояды.

Бұл сөзді қасқырдың терісін сыпырып жатқанда, жыртқыш аң мықшиып сыр берген кезде айтатын еді. Бозорыстың қиналғанын көріп, жаны кіріп барады.

Қазір Бәйділданың бұйрығын естіп тұрып, қуаныштан есі шықты. Бозорыстың қолын шешіп, жауырын ортадан бір нұқып етбетінен салған. Дал-далы шыққан жейдені жұлып тастап, шалбарын аяғының басына қарай сыпырып қойды. Қолында сегіз өрме қамшы, Бозорыстың үстінде отыр.

— Соқ дүрені!

Шорабай шып еткізіп тартып қалды.

Бұл қасқырдың терісін сыпырғандағыдай емес, құмары тарқамайды. Сонан кейін бас жоқ, көз жоқ төпей берді.

— Жетер, Шорабай!

Бәйділда бұл сөзді Бозорысты аяғандықтан айтқан жоқ. Шорабайдың соғысына қарап тұрып жүрегі айныды. Анау тым сүйсініп кеткен екен. Бозорыстың үстінен екі рет айтқызып әрең тұрды. Қасқыр да жанына қатты батқанда, қырқырап сыр беретін еді, мынада дыбыс жоқ. Шорабай Бозорыстың қайсарлығына таң қалды.

Жаралы жігіттің қайсарлығы ұстап жатқан жоқ-ты. Жан азабына, таяқ азабы қосылып, ес кеткен. Шорабайдың қамшысы оған бит шаққан ғұрлы сезілмейді. Миына зақым келген Бозорыстың жан тәсілім кезі жақындап қалып еді.

— Су...

Бозорыстың ерні быт-шыт, езуінде қанды көбік бұрқырайды. Шорабай жырқ-жырқ күлді.

— Бұл итке біздің қатынның сі... ішкізу керек...

Бәйділда тұра жөнелді.

Сол күні-ақ Шорабайдың сөзі жалпақ елге тарады. Бірақ басқа түрлі болып жайылып кетіпті. Бозорысқа— Бәйділда қарагер қатынының дәретін ішкізіпті-мыс... Есіткен жұрт жағасын ұстап отыр.

Бозорыс қайтып көзін ашқан жоқ. Күзетіп отырған Шорабай тұтқын жігіттің қалай жан кешкенін де байқамай қалған.

Бәйділданың есі шықты. Енді Толыбайдан жылқы даулап алу былай қалып, басы шарға түсті.

Жанқожа мен Бекарыстан осы оқиғаның үстіне келді.

Бұл күні Қотанкөлдегі Толыбай аулында үлкен жиын еді. Ағайын бір өліде, бір тіріде, «жау шауып жатыр» деп хабар тиді. Қырдағы Жақайым тік көтеріліпті. Бірақ мойны қашық жерде отырған ел, бірінен-бірі құлақтанып, бастары қосылғанша, бес-алты күн өтіп кетті.

Жақайым төрт ата — Ақбура, Тоқбура, Ағыс, Көгіс болып бөлінеді. Сыр бойына жақын отырған ауылдар ақбураға қарағандар еді. Ақбураны да кейде асан деп атап, — оны бәйбіше асан, тоқал асанға айырып жатады. Әуелі жеткендер осы ақбура тұқымы еді. Жылқы батыр бастап келді.

Алыстағы ағайындардан көгістің ұрпақтарын бастап, Жылқайдардың Байшоқысы жетті. Қазір ол отыздың үстіне шыққан. Ата көрген оқ жонады, соңғы төрт-бес жылдың бедерінде иісі Жақайымның сөзін Байшоқы ұстай бастап еді.

Бозорыстың хабары ертеңіне-ақ естілді.

— Атама тіл тигізіп, Бәйділда қонысымнан қумақ еді. Ашу үстінде жылқы алғаным рас. - Толыбай шағынып отыр. — Бәйділда азаматымды өлтіргені мынау...

Бозорыстың азаппен өлген хабары дабырайып жетті. Ақсақалдар тоқтау салып, Толыбайды әзер ұстап отыр. Бар-жоғы жүз қаралы жігітпен қалың Кішкенені шауып алу қиын. Әрі Бәйділданың аулында Жанқожа мен Бекарыстан жатқан көрінеді. Жылқайдардың кегін алатын жолы аса қайрат көрсеткен Жанқожаны Байшоқы да, Жылқы батыр да сыйлайтын еді. Бекарыстан болса, Жылқайдардың жиені...

— Әуелі сүйекті алдырыңдар...

Жылқы батырдың жарлығымен төрт-бес жігіт Қожамбердіге аттанды. Бозорыстың сүйегі әкелінді. Жалғыз шешесінен басқа жақыны жоқ, жеке жігіт еді. Алпыстағы кемпір ақ сүтін сауып аңырағанда, ел күңіренді.

Бесбасбай осы жылаудың үстіне келді. Жақайым ішінде Жылқыдан кейінгі жасы үлкені сол. Тентек шал «жаман туған інілерін» шетінен боқтайды. Оған салса, мейманасы тасқан Қожамбердінің биін қазір шауып қайтар еді. Олай босқа арандауға ақсақалдар жібермей отыр.

Бүкіл Кішкене жиылды. Бітім сұрай Бекарыстан мен Жанқожа батыр келеді...

Бұл Бозорысты алып қайтқан жігіттердің сөзі.

Бозорыс Қотанкөлдің сыртындағы төбенің басына қойылды. Басында қай рудың моласы тұрса, төбе де соныкі. Енді Қотанкөлге ешкімнің дауы жоқ еді.

Жанқожа мен Бекарыстан жаназаның үстіне келді.

Намазға жиналған жұрт желі басында иіріліп тұр. Қонақтарды көрген ақсақалдар шетке қағылып шықты. Бесбасбайдың қолында сегіз өрме қамшы, бәрінің төбесінен аса қарайды.

Жанқожа мен Бекарыстан анадай жерде аттан түсіп, бері қарай жаяу жүрді. Екі жақ жамырай сәлемдеседі. Жаназа үстінде артық сөз қашырып, сыр беруге болмайды.

Артында қалған анаға,

Ағайын-туған, ағаға,

Арыздасып қоштаспай

Арманда кетті-ау, арысым,

Атаңа нәлет Бәйділда,

Ит басыңа сарысын!

Қатындардың даусы ашына шығады. Елшілікке келген екі жігіттің еңсесі түсіп тұр.

— Арысымды азаптап өлтіріп, алдыма қалай келіп тұрсың!

Қолын ұсынып жақындай берген Жанқожаның басына Бесбасбайдың қамшысы сарт етьі. Тентек шал қайта ұмтылып үлгірмеді, бір жағында Жылқы батыр Бесбасбайдың қолына шап беріп еді. Жанқожаның даңқын сырттай есітіп, ерлігіне тәнті болып жүрген жұртта ес қалған жоқ. Батыр болған соң, шарт кетеді... Содан соң...

Бекарыстанның маңдайынан суық тер бұрқ етті.

Жанқожа басынан ұшып түскен қалпағын еңкейіп алып, шаңын қақты.

— Бекеме менің жазығым жоқ еді, Бәйділдаға сілтеген қамшысы мені тапты-ау...

Жанқожаның қолынан алдымен Байшоқы келіп алды. Сол-ақ екен, жұрт жаппай ұмтылды. Толыбайда үн жоқ, қонақтарды үйге қарай бастайды.

Ана жақта Бозорысты азалаған әйелдердің даусы күңіреніп жатыр. Бұл жақта дау қызды...

Аузы жылдам Бесбасбай басқа жұртты сөйлетпейді. Бәйділданы қанды мойын қылмыскер атандырып, бәле-жаланы үйіп жатыр үстіне. Оған дау айтқан да ешкім жоқ. Елшілікке келген екеу бірдеңе айтуға, жасы үлкендердің алдында сабыр сақтайды. Әлден уақытта Байшоқы қақырынды.

— Бәке, бір айтқанды қайта айтып, сөзді ұзартып қайтесің. Бұл отырғандардың ішінде Бәйділданы ақтап алатын ешкім жоқ. Сыңар езулей бергенше, бітуажаны ойласайық, — деді. Байшоқының салмақты даусы Бесбасбайды ықтырғандай екен. — Болар іс болды, өлген Бозорыс тірілмейді. Онан да осы даудың тынымына келейік те...

— Бәрекелде! — деді біреу.

— Тынымын мен айтайын! — Бесбасбай сартасынан жүгініп отыр. — Маған Бәйділданың басы керек! Қан орнына қан!

Жанқожаның түсі сұрланды.

Қанды кек жайында әкесі көп айтатын. Бір заманда қазақ даласындағы талай қанды қырғын бір адамның қазасынан өрбиді екен. Қанды кектің халық арасындағы апатты зардабын ескерген әз Тәуке атақты «Жеті жарғысында» адам құнын малмен өтетуге кесім шығартады. Жанқожа «Жеті жарғыны» жетік білетін еді...

Бекарыстан тершіген мандайын етектей орамалмен сүртіне берді. Толыбайдың беті бүлк еткен жоқ. Байшоқы ғана қабағын шытып, Жылқы батырға қарады.

— Ендігі үлкеніміз едің, Бесбасбай ағам не деп отыр? Ағайынмен қырылысамыз ба?

— Бесбасбай ашумен айтып отырған болар. Қазақ-қарақалпақтың кісі өлімінде де құн алып бітісетін едік қой. Ат үсті ұрыста жаза тиген таяқтың ұшында кім жазым болмайды... Жылқы батыр қақырынды.

— Оларда да үш жігіт қансырап жатыр... Бекарыстан қарттың соңғы сөзіне жармасты.

— Құн алып бітіңдер. Жылқы сөзді қысқа қайырды.

Дау енді қызды. Толыбай өркештеніп алған. Бозорыстың өлімі жазым іс емес, азапқа саяды. Есіл ердің арқасындағы сала-сала қамшының ізі соның айғағы... Екі ердің құнын сұрап отыр. Оның үстіне атасына тіл тигізген Бәйділданың ат-шапан айыбын қосты.

— Сол сөзге кәдігім бар. — Жанқожа уәж айтты. — Ұрыстың басы «боқ жеме» дейтін еді. Осы қырғын да бір ауыз сөзден ұшынып отыр екен. Сонда Бәйділданың атаға тіл тигізгенін :кімнен естіп жүрсің?

— Құлағын кесіп алатын болсаң, Тәуір ағаң айтты.

— Тәуір ағам қыдырып қайтқан сапарында жағасы бүтін қайтса, үш күн ұйқысынан айрылады. — Бекарыстан сылқ-сылқ күлді. — Оның жағасы үшін жылқы қуып, кісі өлтіре берсек, елге сиямыз ба? Бәйділда сақал боқтамайды. Ата сақалы аузына шыққанын айтамын деп, қамшы жепті. Тәкем кейде өзінің айтқан сөзінен жаңылып қалып, жаласын біреуге жаба салатыны бар еді...

— Аға сенікі. Біз қайдан білейік. Нұрыбай атамның тұқымы болған соң қойымызды сойып, қолымызды қусырамыз, сөзіне сене береміз. — Толыбай көре көзге кекетіп отыр.

— Толыбай сенікі - тентек. — Жылқы батыр кейіді. - Бәйділда мен Тәуірді қатар алып отырып, кінәласпайсың ба? Ақсақалға салып, ат-шапан айыбыңды алмайсың ба? Сөйдеді екен деп, бас салып жылқысын қуғаның тентектің ісі...

— Ендеше Бозорыстың құнын да маған төлетіңдер!

Даудың қайта өршитін түрін байқаған Жанқожа алдын алуға асықты.

— Қате кімнен кетпейді. Тәкем айтқан, Тәкем сеніп қалған. Біз асығыс қимылдады деп те айыптамаймыз...

— Кісі өлтіріп отырып, айыптап көр! — Бесбасбай тағы киіп кетті. — Осының бәрі, Жанқожа, сенің ісің! Исі Кішкене сені арқаланып құтырып жүр!

— Біз ұрыстан бір күн кейін келдік. Бекарыстан ақталғысы келгендей еді.

— Дауды доғарыңдар. — Жылқы батыр Бесбасбайға жақтырмай қарап қойды. — Құн жайын айтып едік қой. Толыбай екі ердің құнын сұрап отыр. Жанқожа, сен не айтасың?

— Тәкемнің мөлшері дұрыс. Бозорыс екі өліп отыр. Бірі сойылға жығылып мертікті. Екінші ретінде Бәйділда жылқыны таптырып алам деп дүре соқтырған. Мен Бәйділдаға екі ердің құны төленетінін айтқанмын...

Толыбай азғантай сұрап қалғанына өкінді.

— Ердің құны екі мың қой! — Бесбасбай осы жерде тағы бір даудың басын қылтитты.

«Жеті жарғыға» жетік Бекарыстан сөз алды. Оны Байшоқы қостап отыр. Қазақ ішінде белгілі мөлшер болған емес. Бірде өлген кісісіне қарайды, кейде жылдың жайлы-жайсыздығы да ескеріледі... Бірде екі жүз, бірде бес жүз, бірде мың... Ердің құны әр жылы әрқалай бағаланған екен. Естеріне түсірісті. Бірақ ердің құны екі мың қой деген кесікті есіткен адам табылмады.

Ақыры «Жеті жарғыға» тоқтады. Ердің құны мың қой. Бозорыстың құнына Бәйділда екі мың қой төлейді. Он бес үй Қожамберді мен Сойырқастың бар дәулеті алақанда... Мұндай ауыр құнды көтеретін әлі жоқ еді. Оны бәрі де біліп отыр. Бірақ қысылған жерде жамағайыны көмекке келеді. Бәйділда үшін ең алдымен көйлектес ағайыны Бекарыстан күюі керек... Төрт Асанның бірлігі. Онан қалса, салмақ Кішкененің алты баласына түседі. Соның бірі — Жанқожа...

Толыбай Бәйділданың жылқысын қайтаратын болды. Бірақ әлгі құнның үстіне ат-шапан айыбын қосады. Аулын шапқан Қожамберділер жүз қой, он бес түйесін айдап кетіпті. Бұл жерде қой санын екі есе өсіріп айтып отыр...

— Бәрі де қайтарылады, — деді Бекарыстан.

Сонымен Бәйділданың шығыны бастан асқан. Бір тостаған қымыздың өкпесінен осыншалық өрт шықты. Бейкүнә жігіт мерт болып, момын халық жапа тартты.

— Сөз ұстап барғанда, келістіріп қайтқан екенсіңдер! — Бәйділда екі иінінен дем алып отыр. — Қожамберді мен Сойырқас енді қоныз теріп кетсін дегендерің ғой! Ердің құны мың қой, қайдан шыққан кесік!

Бәйділда да Жанқожаға тісін қайрап отыр.

— Әттегене-ай, мыналардың қол байлағаны... Жаман Жақайымға есе берді-ау!

Оны айтқан жас жігіт Раманқұл, Жанқожаға төрт атадан қосылатын туысы, Кенжеғұлдың баласы еді.

Жанқожаға Толыбай да ызалы. Баяғыда Нұртайды өлтіріп, абыройға ие болса, бүгін кісі өлімін бітістіріп тағы атақ алып отыр...

Жанқожаның қаперінде түк жоқ, ауылға қайтты. Киікбай аулы мен Нұрыбай аулының ақсақал-билері түгел еді. Бекбауыл да бар. Жанқожадан үлкен, бұрын Құттықтың сөзін сол ұстайтын. Бұл жолы қағыс қалды. Азамат өліп жатқанда, екі тентектің арасында жүріп, абырой таппасын сезген. Мұндайда бұққан озады. Қазір де үнсіз келе жатыр.

— Әй, сені Бесбасбай сабапты ғой!?

Жақай Жанқожаны қамшының ұшымен түртіп қалды.

— Оны кім айтып жүр?

— Айтқаны рас, көзімен көріпті...

Мырта Жақайым рас, Жанқожаның құрдасы еді.

— Рас айтқан болса, рас шығар...

Жанқожа күлді де қойды.

Бекарыстан сөзді басқа жаққа бұрғанша асықты.

— Биыл жер дауы көбейді-ау, Жәке. Жазғытұрым Әйдербек пен Құрманай болып, Ақирекке таласты. Енді Қотанкөл үшін қырылыстық. Қарақалпақ бізге жер емес, қып-қызыл өрт тастап кеткен болды ғой...

— Бүлінген елден бүлдіргі алма...

Жанқожаның есіне әкесінің сөзі түсті. Нұрымбетте әлі белгілі қыстау жоқ, Қызылқұм мен Қарақұмның екі арасын жол қылады. Биыл бұлар да жүдеңкіреп шықты.

— Ру-рудың ақсақалдарын жинау керек. Бір қыстауға екі дуыл таласып күнде қырқысады. Бекарыстан көкейінде көптен жүрген ойын айтты. - Жұрт шекарасын ашып алсын!

— Бекарыстан дұрыс айтады!

— Бұл көп болып қолға алатын жұмыс!

Қыстау жайы жол бойы ұзақ-ұзақ сөз болды.

Ақирек сапарынан ауырып қайтқан Жәніке үйіне жетіп құлады. Науқас түрі жаман, қос өкпеден тұрған шаншу қозғалтпайды. Ағайын қорықты. Жақын-жуық қадірі қаза үстінде білінеді. Жәнікенің қазасы оңай емес. Бар жаманкөздің бір жерден төбе көрсеткені дұрыс... Батырдың аулы Көкқабақтан бері қарай жылжыды...

Көш жөнекей неше өліп, неше тірілген шығар. Жасы тоқсанға шыққан қарт батыр ауыр сырқатпен арыстандай алысты. Көкшоқатқа бір-ақ көштік жер қалғанда Жәніке батыр көз жұмды...

— Мені Сырдарияның жағасына қойыңдар... Қашан кеудесінен жаны шыққанша есін жоғалтпаған шалдың ақырғы тілегі осы болыпты...

Оны әркім әр түрлі жорыды. Қосаралдан жоғарырақта Таңсыққожа қойылып еді. Екі туыстың тіршілікте жөндеп сыйласа алмай өткенін бәрі де біледі. Түбі бірге үйірін іздейді екен-ау десті.

Шалдың Сырдарияны неге ауызға алған себебін Рахметәлі ғана дұрыс түсінді. Тоқалға қарағандарда қыс қыстау жоқ еді. Жәніке көзі тірісінде сол жайды жиі еске алатын. Ақирек жанжалы бұрқ еткенде, бес күндік жерден ат сабылтып келгенде де батырдың көкейінде осы түйткіл жатқан...

Рахметәлі сыртқа сыр шашқан жоқ, бірақ Хан өткелінен он шақырымдай төменірек, дарияның құйылысына таман Жәнікенің денесі қойылды...

Батырдың жаназасы шығарылды. Әлі жаз ортасынан ауған жоқ. Жәнікеге қараған ауылдар Көкшоқатта отыр...

Жаназада алты Әлімнің игі жақсылары түгел төбе көрсетті. Бәрі де батырдың мәрттігін таңдай қағып сөз қылады... Өмірі қыр жайлап жүріп, өлетін кезде Сыр бойын тапқаны жұмбақ еді...

Оның сырына Рахметәліден басқа тағы бір адам — Топы шал түсініп еді.

— Мынау туыстарыңның ниетін байқап отырсың ба! Жәніке ағам мәңгілік мекеніне Сыр бойын тандап алғанда, артында сойқаны жатыр екен. Мана құдық басында Сайлыбай кездесіп еді. Тұмсығын көтеріп көкіп тұр. «Бар Қосаралды бәйбішенің баласы жеке жайлап, ол ненің ақысы», — дейді. Биыл күз басып қонатындарын айтты.

Сегіз де бірдеңеден кәдік алғандай, Рахметәлінің әр қимылын сырттан бағып жүр еді. Тіксініп қалды.

Сайлыбай жанынан шығарып сөз айтпайды. Бұл сөздің түп төркіні Рахметәліден шығып отыр...

Сырлыбайдың балалары неше ұрпағынан бері қыстап келе жатқан қонысын өлсе бермейді. Бір жанжалдың ұштығы шығып тұр еді.

Жәніке-Сарыға қараған туыстарын Сегіз де жақтырмайды. Тоқалдан тарағандарды құл орнына жұмсайтынымен тұрмай, соңғы жылдары Сегіздің ізіне шырақ алып түскен. Мақпалға да таңбаған атақтары жоқ. «Ат көті күң» атап қойыпты.

Тек Жәнікенің әруағын сыйлап жанпелінде жүргендері болмаса, Сегіз ол ауылдың әңгіме-дүкеніне араласпайды...

Ертең үлкен жанжал ұшынады екен... Оны біліп отырып, Сырлыбай аулының азаматтарынан жасыратын болса, ар алдында айыпты саналады. Ал шындықты мезгілі жетпей жариялайтын болса, өз туыстары «өсекші» атандырады.

— Мен көшемін!

Сүмбіле туған. Сегіз көші-қонның қамына кірісті. Топы шалдың кіндігінен екі бала, екі шаңырақ еді. Дөңгелек шаруасы бар. Жеті-сегіз түйелі көш Ақиректі бетке алып, шұбыра тартып барады.

— Ay, жол бол сын!

Бір қырдан асқан кезде алдынан Сайлыбай шықты.

— Ақирекке барамыз. Қарақалпақтан сатып алған қонысымыз ғой. Бір пұшпағы тиетін шығар...

Сайлыбай аңқиып қала берді...

— Жаман күйеу қайынсақ, Күржібайды сағалаған ғой, — деді Рахметәлі сұрланып отыр.

Онысының жаны да бар еді. Биыл қыс Сегіз Мақпалкөлді сақтады.

Жәніке-Сары аулына келер жылы да қайтып оралған жоқ. Бұл беттегі ағайын Қарақұмды жайлағанда, Топанның балалары Қызылға қарай көшіп шыққан. Оның ізіне құдасы Күржібай ерді. Қомшабай сияқты малшы, қосшы, қоңсылары бар, өздері он шақты үй, қоңырқай ғана ауыл еді.

Сегіз Қызылға қарай жылжығанда, бір жағынан Мақпалдың өтеуіне кеткен қарындасы Қаракөздің де жағдайын ойлайды. Жаңадарияны көктей өтіп, Әмударияға жақындап барып қонды. Жабының қыстауы аржағында төрт-бес көштік қана жер еді. Қатысып тұр.

Тоқалға қараған Әлікүл ұрпағының арасына жік осылай түсті.

Қосарал жанжалы Сегіз көшіп кеткен соң екі айдан кейін басталды...

* * *

Жаз ортасынан ауған. Таңсыққожаға ас беріліп, Әлім-Шөменнің игі жақсылары түгел жиналды.

Жаманқұлдың дәулеті жетеді. Талай ту биелер пышаққа жығылды. Қой жүздеп сойылады. Ат бәйгісі болып, балуан күрестірілді. Үш-үш тоғыздан бәйгі тігіліп, жұрт қызықтан қырылып қалып еді... Сонша халық жиналғанда, шашау шыққан бір жан жоқ.

Бұл өңірде көп заманнан бері жанжалсыз тараған осы болды... Қазақтың жоңғардан мықты жауы болған жоқ. Жәнікенің атағы жоңғар заманында шыққан. Жақын туысы Тайлақ жоңғарлардың қолынан қаза тапқаннан кейін, Кіші жүздік қазақ қосын бастаушылардың бірі болды...

Ал Маңғыстаудың Адайынан кейін, жәуміттің жылқысын қууға тәуекел» жеткен ерлер де осы ауылдан төбе көрсетіпті. Бұл жақта Жәнікенің атағымен қоса қабат, Рахметәлі, Мелдебек, Сахар батыр, Бақаның даңқы да дабырайып естілетін...

Халықтың осы ықыласы Таңсыққожаның асы үстінде де байқалды.

Ас тарқады, Әліқұлға қараған ауылдардың ер-азаматтары сөктей екшеліп оңаша қалған. Жаманқұл тағы бір тай сойдырып, ет жақын туыстарына қонақасы беріп отыр.

Бір кикілжіңнің жақын қалғаны осы қонақасының үстінде көрінді.

Қаратау өңірінен көшіп келген Әліқұл тұқымы төрт ауыл болып отыр. Қыс қыстау керек. Рахметәлі алыстан орағытқанда айтатын сөзінің ақыры соған саятын еді.

Сырлыбайға қарағандардың ішінде әзір жауабы Дайрабай іле тіл қатты.

— Әйдербектің баласы болып, ақ адал малымызға алған Ақирек бар емес пе? — Соны айтқанда Дайрабайдың көңілінде ештеңе жоқ еді.

— Алтынбайлар отыр...

— Ақиректегі Алтынбай қырық-отыз үйден артық емес. Бір Көкшекөлдің ұлтаны төрт Әйдербекке жетеді!

— Оны Рахметәлі де біліп отыр. Бірақ ортақ өгізден, оған оңаша бұзауы артық. Жұтқа ұшыраған Алтынбай ауылдары ендігі Ақиректің басында шоғырланып қалды. Олармен іргелес отырып берекет таппайды. Кедей ағайын... Біреуі аттың майын, біреуі сауын дәметеді. Оның арты өкпе...

Рахметәлінің көкейін тескен Қосарал еді...

— Сонда біз көп Әйдербектің бірі болғанымыз ба?

— Мен сірәдағысын айтамын...

— Одан да айтатын сөзді айтсайшы. Қосаралды Сырлыбай атам балдары жалғыз қыстап отырсың. Ақирекке сілтегенше, қасыңа неге шақырмайсың?

Бұл Дайрабайдың күтпеген сөзі еді.

Бір кезде Тоқалға қарағандар Жәнікеңнің ізіне еріп Қаратау асқанда, Сырлыбай жалғыз ауыл Қарақұмда қала беріпті. Шаруа жайын жетік білетін Таңсыққожа, кейін қыстау қарастырып жүріп, Қосаралға жіп тағады. Қарақалпақтардың көтеріліп кете қоймаған кезі. Сыр бойында бос жатқан жер жоқ. Естек биі Орматбеттің шапқыншылығынан кейін босып кеткен Қарақалпақ топырағы егінге қолайсыз Қосаралға қайтып жоламайды. Дарияның аяғында балық аулап кәсіп қылатын бір-жар үй Мүйтендер қолы ашық байды жатырқаған жоқ...

Басқа қазақ баяғы дағдысымен құмды кезіп көшіп-қонып жүргенде, бұлар күзге салым Қосаралға жылжитын еді. Сырлыбай ауылының қанша жұтты бастан кешіріп, бірақ дәулеті ортаймай шыға беретін бір себебі сонда жатыр.

Рахметәлі оны да біледі.

Бұл жолы қажасқан жоқ. Ас жаңа тарқап жатыр. Жарқын жүзді ағайынның қабағына кірбің түсіруден тартынғандай.

Жәнікенің қырқы өткен күннің ертеңіне Ботатқа қараған төрт үй Тұщы келінің жағасына барып қонды.

Тоқалға қараған төрт ауыл баяғыда ірге айырған. Бірақ, қоныстарын жақын ұстайтын еді. Бұл жолы Кенже бала Ботат, Рахметәліге ойласқан жоқ. Демек, Дайрабаймен астыртын сөз байласқан болды. Жаман Ботат бәйбішеден туған бай ағайынның қолтығына кіргені ғой... Рахметәлі шамданды.

Содан бері Рахметәлі ат үстінде, дұрыс ұйқы жоқ, қыс қыстау іздеп жорытып жүр. Сырдың екі бетінде не көп — көл көп. Ешкімнің атадан қалған қыстауы жоқ. Қарақалпақ тастап кеткен жер екен. Кім бұрын қонса, сол ие болып жатыр. Қыр қазағы солай ойлайды.

Бірақ аралай жүріп, онысының бекер екеніне көзі жетті. Бұлар Қаратауда жүргенде, Сырдағы ағайындар қарап отырмапты. Бос жатқан көл көрінбейді. Таласып тартып алмасаң, төрелесіп түкте жоқ. Туысы Дайрабайдың сөзі анау, басқа жұртқа не жорық? Таңсыққожаның асынан түйткелденіп қайтқан Рахметәлі сырқат жатқан Жәнікеге барған. Қарт басын шайқады. «Бәйбішенің назары қатты, туысыңмен ренжіспе...» Жәнікеңнің сол сөзі қолын байлап отыр...

Қоныс іздей жүріп көп нәрсеге көз жеткізді. Кейбір аталықты ауылдар — біреуі Кішіқұмды, біреуі Қызылқұмды жайлайды... Содан келе Сыр бойында бір-бір қыстау сақтап отыр. Қыс қара өткен жылдары жоламайды. Бірақ Нұрыбай көлі, Бекбауыл қыстауы, Жылқы батырдың Лайкөлі сияқты ат қойып, айдар таққан. Басқа жұртты маңынан жүргізбейді...

Бір апта жорытты. Дарияның арғы жағынан бір көңді көздеп қайтқан. Бұдан төрт бес жыл бұрын біреу қыстап кеткені байқалады. Қойдың қиы жатыр. Көң ескілікті көлдің ұлтаны, қамысты ықтасыны мол көрінді. Бір жағы нұралық, қой мен түйенің жайы. Жылқы екібастан ауыл маңында ұсталмайды...

Ауылға соны айтып келді.

Неге болса, ертерек басып қалу керек еді...

Қоқаннан қашқанда үйренген әдеті, бір күнде жау тигендей бүлініп, ауыл дүркірей тартты...

Жылқы айдасуға, көшке көмектесуге жеті жігіт қалдырды. Рахметәлі мен Мелдебек төрт жігіт ертіп, алға түсті. Көңге жақын маңайдан, күзек алуға қолайлы жер қарастыра жүрулері керек еді. Бір күн бұрын жетті.

Құрымбай Шалқошқар батырдың жасы жетпіске еді. Бір жыл Қызылды жайлайды, бір жыл Қарақұмға жылжиды. Кей жылы алыс ұзап, Мұғалжар тауына шығып кетеді. Алдыңғы жұтта бар жылқыдан қол жуып, бір таудың қойнауында қалып қойған... Төрт жыл өткізіп, Сыр бойына қайтып оралды...

Рахметәлінің көздеп жүрген көңі Шалқошқардікі еді.

Екі тентектің басы түйісті.

Шалқошқар жасы ұлғайғанмен, жортуылдан қалған кісі емес. Қайың шоқпары тақымында жүреді.

Оның көші де кейінде келе жатқан. Қасында бес жігіт, озыңқырап кетті. Қыстауға таласып жатқан жұрт... Екі адамның бірі қауіптеніп, қару-жарағын сайлап жүреді.

Рахметәлі де жетті...

Екі жағы да одырайысып, бір-біріне осқырына қарасады. Амандық қысқа қайырылды. Шал жол мәнісін сұрап тұр.

— Мынау бір бос жатқан көң екен...

Рахметәлі жағдайлатып келе жатыр еді. Шалқошқар онан ары сөйлеспей киіп кетті.

— Оны саған кім айтып жүр!?

Екеуінің сөзі содан соң-ақ шәлкем-шалыс келді. Айдала, екіленген оларға басалқы айтар жан жоқ. Аңдыған сайтан мәз-мейрам, алақанын шапаттап қуанар еді. Шалқошқар тақымындағы шоқпарын ала тап беріп ұмтылды.

Қамсыз тұр еді, шалдың шоқпары Мелдебекке тиді. Онда да қаға тиіп жаны қалған. Қояншық шалдың екі езуінде ақ көбік бұрқырайды.

Рахметәлі найзасына екі-үш оқталып, бірақ өзін-өзі ұстады. Құрымбай көп кішкененің белді аталығы. Жынды шалдың көзі түк көрмейді.Найза жаза тиіп, жазым болса артының құн дауы одан да жаман. Қаратаудан ауыл келді. Енді ағайын арасын ушықтырса, есіткен жұрт неше саққа жүгіртіп алып кетер... Содан қысылды.

— Қашыңдар, жігіттер!

Алты жігіт шоқыта шауып қырдан асты.

— Сыр бойында бос жер қалмаған екен...

— Көшті қайттік?

— Дариядан өте қойған жоқ шығар. Сарыатан заузанға қарай бұрындар. Бәйімбеттер келіп қалмаса, отыра тұрармыз. Рахметәлі ендігі кесіп-пішіп қойып еді. — Салдыбай, сен Дайрабайға барып қайт! Ағайын адам, малымызды қыра алмаспыз. Қосаралды қосыла қыстайтынымызды айт!

Салдыбай дариядан өткен соң, Сіңіртектіде отырған Сырлыбай ауылдарына қарай ат басын бұрды.

Сонау Шықыманның тұсынан басталып, теңізді жағалай созылып жататын құмды өңір Сіңіртектіге жақындаған жерде қоңырлыққа ұласады. Алты шақырым жерде Тұщы көлі... Оның арғы жағындағы Қосарал еді...

Қыс Қосаралды қыстап, қалың қойды Тұщының қопасына айдап салып отыратын Жаманқұл жылдағы салтымен Сіңіртектінің құмында күзеу алатын еді. Ана жақта Жәнікенің қырқы беріліп жатқанда, Бекқұлының баласы Байқонақтың қасына он екі жасар баласын қосып, қойды Сіңіртектіге қарай құлатқан. Байқонақ бес қанат үйін ала кетті.

Кейінде қалған байдың үйі келгенше Тұщы көлінде қой тоғытты. Оның өзі екі-үш адамға бір апталық жұмыс еді. Бір қой емес екі қой емес, ұзын саны бес мыңнан асып жығылады. Байқонақ, келіншегі, Томан — үшеуі сапсып жатыр.

Ауыл көшіп келген соң ертеңіне-ақ қой күземі басталып та кетті. Жаманқұл Бөгенбайдың балаларына салмақ салмайды. Араларында өкпе бар. Немерелерін қосқанда, Бекқұлыдан алты-жеті адам келеді. Төлебайды Медеттің аулына шаптырады. Екі-үш бала одан да қосылады. Соның өзіне болдырмай, қойдың қырқымы созылыңқырап кетсе, көрші ағайындарды үмеге шақыратын еді...

Жерошақта қазан бұрқ-бұрқ қайнайды. Әлгіде Бекқұлы ақсақал бір тұсақтың желкесіне мініп отыр еді. Сәтке апармай қолын қол, бұтын бұт қылып, қазанға салды.

Жалпақ сары Томан отқа абынып отыр

— Жас сорпаға бір тояйықшы. Бүгін бе бүгін, бес аяқ сорпа ішпесем, маған кел!

Бес күннен бері қой тоғытудан босамай, күйіп жүр. Байқонақтың сараң қатыны тамаққа да жарытпады.

Томан өзін Таңсыққожаның сүт кенжесі түсінеді. Әкесі өлгелі малға көбірек айналып, күнде бір есептеп қоятын еді. Мыңға шейін дұрыс санап көрген емес. Әйтеуір көп қойдың есебіне бір шыға алмай қор болды. Таңсыққожадан үш шаңырақ... Шешесі Күңшаш солай үйретеді. Үш шаңырақ болу үшін Томанның да үйленуі керек екен... Сонда мынау малдың үштен біріне ие болып, ақ боз үйдің төрінде Томан қарнын сипап жатады...

Інісінің осы ниетін Жаманқұл да байқайды. Кейде жалқау Томан қисалақтай бастаса, алдына малды тартады.

— Тілеуі болғыр-ау, осы малдың егесі өзің емессің бе?

Бұл Томанның жанына жағатын сөз, қойдың ізінде қомпалаңдап бара жатады. Қазір де бетін алып-салып, қой қырқып жатыр. Басқа жұрттан қалмауға тырысады. Бай ағасынан бір ауыз мақтау сөз есітудің өзі неге тұрады...

Күн бата тамақ пісті. Он екі адам үш жүзге жақын қой қырқыпты. Жаманқұл қырықтық алып тастаған саусағын шүберекпен байлап тұр.

— Жігіттер, бүгінге осы да жетер. Ас қаужап алып, ертерек дем алайық. Ертең боз ала таңнан тұрып кірісеміз. Сонда өндіріп тастаймыз!

Тамақ үстінде бай Медеттің Бұршайы жаяу жүргенін еске алды. Оған сақтап жүрген дөнені бар екен... Бүгін керек Бұршай, ертең де керек... Жаманқұл соны есептеп отыр.

Ас қайырылды

Далада қатты жүріп келген ат тұяғының дүрсілі естілді. Әлде көмекке келе жатқан Бөгенбай аулының жігіттері ме? Жаманқұл елеңдеп отыр еді. Шалқар кірді. Бұл күнде сары жалақ шал болған. Бірақ жасы елуге жақындаған Шалқарды Бөгенбайға қарағандардың басқа жасы үлкендері баланың орнына жұмсайды...

— Жағасы қыстау, төбесі жайлау, отыр ғой мыналар! Жұртты жау шауып жатқанда!.. Шалқар кейіп кірді.

Отырғандар тіксініп қалған.

— Тоқалдың балдары «ауылыңды шабамыз» деп жатыр! Қосаралға басып қонбақшы! Дайрабай саған жіберді, Жаманқұл! - Шалқардың арыны қатты көрінді. — Ертең таңертең мына жігіттерді алып, біздің ауылға жет!

«Тоқалдың балалары» деп отырғаны кім екенін түсінді, Жаманқұл қыңған жоқ.

— Туысқан адам не айтпайды. Бізді итеріп тастамас. Көп болса, Қосаралды қосыла қыстармыз...

— Бәсе десейші!

— Өзің не оттап тұрсың! — Шалқар ашу шақырды. — Екі тоқалдың астына кіреміз бе? Таңсыққожа өлді, бас көтерер кімі бар дейтін шығар. Енеңді ұрайын! Бір Дүйсенбайдың садағының жебесіне он тоқалдың баласы сияды!

Алдыр-салдыр ақ көкірек Шалқар бір қызса басылуы қиын. Дүйсенбай сияқты тентектер сарының батыр ұлдарының атағын қызғанады. Әлгі соның сөзі. Енді үйдей бәледен үндемей құтылу керек. Жаманқұл мақұлдаған болды. Жауласқан туыстардың тұрысатын жері Сарыатан заузан жақтағы қоңыр төбе екен. Жаманқұл соны ғана сұрады.

Шалқар кеткен соң, қу жақ Бұршайға бұрылды.

— Ал не қылдық?

— Оны өзің білесің де...

— Мен білсем, мұндай даудың басына бармаймын. Бәрі жиналғанда бір Әлікүл тұқымы екен. Бір келдің қамысына таласып қырылысып жатқанымыз ұят. Осы бүткіл Сырлыбайдың мал түлігін бір жерге иіргенде, Таңсыққожаның бір отарына жетпейді. Жер алдымен маған керек екен. Бөгенбайдың балдары қай жылқысын сиғыза алмай жүр.

Дүйсенбай батырлық салыстырғысы келіп жүрген ғой...

— Ендеше, Дайрабайға сен бар. Менің сөзімді жеткіз. Соғысын қойсын, ауылды үркітпесін!

— Ойбай, мені тыңдамайды!

— Мен айтсам, ерегісіп қалады. - Жаманқұл қынжылды. — Бекқұлы ағам... Айта беріп мүдірді. Жуас Бекқұлыны «бес қойшы» аттандырып жүрген Дайрабай еді. Момын байғұстың сөзін құлағына қыстырмайтынын біліп отыр.

— Қойымызды қырқа алмай жатып... Төлебай торсаңдады. — Ұрысы өз басына, тақиясы таз басына...

— Тап осының айтқаны дұрыс, — деді Бұршай. — Ұрыс керегін алақандары қышып жүрсе, өздері барсын. Біздің неміз бар? Ашуы басылған соң қояр. Біз қозғалмасақ, бас-аяғы бес-алты жігіт жауға аттанып кімді қырады? Ақсақалға түскенде де бізді айыптайтын жөні жоқ...

Жаманқұл толқып тұр. Сайлыбайдың кейкиген тұмсығы қолайсыз еді. Дайрабайға ірілік көрсетті ғой... Бұл да дауды сатып алатын атақты тентектердің бірі... Сөз содан ұшынды... Бірақ Рахметәлі... есі бар азамат еді. Салдыбайдың айтқанына еріп, ұрысуға шыға қоймас...

Жәніке жоқ, Тансыққожа жоқ. Жақсылар да таусылды-ау... Қанша жауыққанда сыртқа білдірмей өткен екен. Бас кеткен соң кеуде лас, бір көлдің қамысына таласып қырылысып жатқандары мынау... Жөні түзу жалғыз Сегіз еді. Ол да Ақирек асыпты. Оған хабаршы жеткенше, бұлар қырылысып та бітер...

Жаманқұлда үн жоқ, сұлқ түсіп қалған.

Лайкөлден жоғарырақ, Сырдариядан алты-жеті шақырым жерде, тағы бір көл жататын еді. Оңтүстік-Шығыс беті қалың қопалы. Қарақалпақтар ескі ұра атап кеткен ол жерді Асан Жақайымның Дәулет атты аталығы қыстап отыр. Солтүстік бетінде екі қырат жатады. Жері тастақ, көлдің бұл жақ жағалауында құрақ та сирек шығады.

Қотанкөл оқиғасынан кейін Байділдәдан айырыла көшкен сойырқастар осы көлдің жағасына келіп қонды. Өзі дөңгелек шаруалы ауыл, алдында ғана ауыр құн төлеп шыққан. Бәйділдә сойырқастарды шыңғыртып отырып, үй басына он қойдан салық салып еді. Құйрық сұрап барып, мүйізінен айырылған ешкінің кері келді. Он үй сойырқас онсыз да аз дәулетті одан әрі жұқартты. Қазір Шорабай ызалы.

— Құтынайы қашқан жер екен...

Қатын-қалаш түңіліп отыр.

Шорабай оларға жағадағы жартусыз құрақты көрсетеді. Қыс түсіп, мұз қатады. Қой-ешкіні үйдің іргесіндегі қопаға айдап салып отырмай ма?

Тағы бір қырсығы, күзді күні жайлаудан құлаған ел осы көлдің үстімен өтеді екен.

Құдық пен құдықтың арасы ұзақ көштік жер. Қарақұмнан шыққан көш Сыр бойына жеткенше сүрініп жығылады. Қамысты көлінің басында бір күн еру болады. Онан көтерілген күні көш-көлігі сай ауылдар Талбөгетке жетіп қонады. Онда қайық бар. Ал кежегесі кейін тартса, Шорабайдың ауылы отырған көлдің басында еру бола салады. Бұрын ылғы солай жасайтын еді. Ел жоқ. Бір қонып, ертелетіп қозғалып кеткен көш Талбөгетке таңғы салқынмен жетіп барады. Қайықтан да күндіз өткен артық...

Шорабай қыс қыстауын қызғыштай қорып жүр...

Бұлар келгелі ағылып жатқан ауылдар. Күнде нешеуі өтеді. Шорабай бірде-біреуін қондырған жоқ. Талай салығып жеткен көш, түнделетіп Талбөгет асты.

Қарасақал руының азғантай үйлі аулы Шықыманның Сыр жақ бетіндегі қоңырлықта жаз жайлайтын еді. Өздері қазып алған құдығы бар. Ол құдық аулының бас көтерер азаматы Райдың есімімен аталып кеткен-ді. Ауыл отырған құба дөң де Рай аталады...

Райдың жасы қырықтың үстіне жаңа шыққан. Алты Әлімге белгілі азамат. Кіндіктен жалғыз еді. Аталықты ауылдармен таласа жүріп Сырдарияның арғы жағындағы көлдің біреуіне бұл да қыстау басқан...

Бұрын Райдың аулы бір көшіп хан өткеліне жетіп қонатын еді. Ол өткелдегі қарақалпақтардың соңы былтыр Жаңадарияға көшті де, қайықта құрыды. Енді жақын өткел Талбөгет, Райдың пулы солай қарай тартып келеді. Ертең бір күн қарашасы соғады. Жұрт асығыс...

Алдыңғы күні Қамысты көліне жетіп, Кетіксуаттың қолтығында қонып шыққан. Одан Қамыстының ала басын айналып, үдере тартып Талбөгетке жетіп қонатын болса, түн ортасы ауады. Рай Шорабайдың аулы отырған Домалақ көлдің жағасын межеге алып келеді...

Биік таудың етегіне ілінгенде күн батуға тақап еді. Үдере тартқан көш жасы жеткен қарттар мен жаңа туған нәрестеге қиын. Райдың қырқынан жаңа шыққан ұлы шыр-шыр етеді. Қоршаулы түйенің үстінде кәрі әженің әлдилеген дауысы естіледі. Көлге тақай бере көштің алды иірілді.

Көштің қарасын көрген Шорабай атқа қонған. Ауылдағы алты-жеті жігітті аяғынан тік тұрғызды. Көштің тоқтағанын көріп күйіп кетті.

Шорабай қимылдың адамы. Раймен тілге келген жоқ. Шөгеріліп жатқан түйелерді сойылдай келді. Көш астан-кестен. Қоршаулы түйе үркіп кетіп, қарғып тұрғанда, құшағындағы нәрестесімен кемпір жерге домалады...

— Әй, мына ит қыра ма!?

— Үр, жігіттер!

Шарт-шұрт төбелес басталды. Райдың қолында қамшы, Шорабайдың басынан тартып қалған. Жан-жағынан сойыл жауып кетті. Басқа жігіттер көмекке жетіп үлгергенше, ол да аттан ұшты...

Есіл азамат Рай опат болды.

Бір ауыл шулап қалды...

Осы оқиғадан бір күн кейін еді. Өкше ізі Қосаралдағы Жаманқұл аулынан шыққан, бір топ атты дарияны жағалай жортып келе жатты. Жанқожа мен Бекарыстан бастаған кішкененің жақсылары... Күзгі көші-қон Бөгенбай балаларының жаназасына қол босатпады. Бір ауылда бес азамат өліп отыр? Құлақ есітпеген сұмдық. Аяғы жетіп қол жайғаны осы болды.

— Ақырзаман болғанда, жердің бетінде екі-ақ адам қалып, олардың да басы пісіп жүре алмайды екен. Бірінің түбіне бірі жететін болғаны да. Сөйлеп келе жатқан Бекарыстан еді. — Дәрменқұл қожаның сол айтқаны рас-ау деймін. Бір кезде осы Сырдария бойында он төрт ру қарақалпақ сыйып еді. Қазақ Қарақұм, Қызылқұмды жайлайды. Сонда өлген жоқ. Енді Сыр бойынан қарақалпақ босып, жүз қыстаудың орны босап қалды. Қонысқа таласып қырылысып жатқан ел мынау. Жер тарылып-ақ кеткені ме? Әңгіме Жәніке-Сары тұқымы мен Бөгенбай аулының арасында болып өткен қақтығыстан шықты. Атасын айтсаң алыс емес, бір шалдың үрімбұтағы екен. Не жетпей жүр?

— Жер емес, бейіл тарылды, — деді Жанқожа, түнерген бойда келеді. - Бір Ақиректің астында қарақалпақтың жиырма қыстауы бар еді. Қазір отыз үй Алтынбай мен жиырма үй Құрманай сыйыспай отыр. Әр ру бір-бір көлді бауырына басып алған. Сондағысы бес-алты үй. Маңына келгенді иттей қауып жолатпайды. Қазақтың басы жерге сыймайды, көзі малға тоймайды.

Биыл көктемнен бері ғана — Ақирек, Қотанкөл, Қосарал үшін таласып, жұрт қырылысып қалды. Қыстауға өкпелі ағайын тіпті көп. Сыр бойынан алты Әлім түгел дәметеді... Жәніке-Сарының тентек ұлдары келіп еді, жанжал бұрқ етті. Шал-қошқармен де қақтығысып қалған. Қазақ қысылып кетсе, туысын аямайды. Бұл үлкен шайқастың басы ғана. Рахметәлі мен Мелдебек әзір ағайынның аужайын бағып жүр. Ерегіссе — біреудің көліне басып қонады. Өз туысын аямағанда, кімнің бет-жүзіне қарайды...

Жанқожа солай топшылайды.

Бекарыстанның іші бірдеңеден кіпі алды. «Әр ру бір-бірі көлді басып алды» деді-ау Жанқожа. Жай айта салған жоқ шығар. Осы қарақалпақты Сыр бойынан аударған Жанқожаның айбары сияқты... Нұртай мен Тықыны жекпе жекте өлтірді. Қазақ өркештеніп, қарақалпақтың есі кетті. Содан келе қыстау басатын жерде Нұрымбет балалары еленбеді. Жанқожаның басқа жұртта есесі кетіп жүр... Батырдың көңілінде сірә түйткіл бар-ау...

Бекарыстан қабағының астымен Жанқожаға қарап қойды.

— Дүние көздің құрты ғой. Оған кім тояды? Артылсын деу — доңыздықты, көбейтем деу — қоңыздықты тудырады. Пенденің ол мінезіне тәңір тоқтау салмаса, адам тыйып болмайды. Қай тентекпен алысарсың. Тыям десең, өзің тентек аталасың. Қолдан келсе, бүлінген елге бүтінші боларсың...

— Сонда қазақ қонысқа таласып, қырқыса берсін. Біз әрқайсысына бір шапқылап жүргеніміз ғой.

Жанқожа қынжылып айтты. — Сен бисің ғой, осы бүлінген елді бүтіндеудің амалын ойластырып көрдің бе?

— Ақсақал-билердің кеңесін шақыру керек. - Бекарыстан көкейінде жүрген ойын айтты. — Күл төбенің басында күнде кеңес құратын Әз Тәуке заманы есінде ме? Онда да әр би әр жаққа тартып, қызыл кеңірдек дау болған ғой. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деп жүрген заман екен ол. Әз Тәуке «Жеті жарғыны» бекер ойлап тапқан жоқ. Көп пікірі сонда тоқырап еді. Біз де байқап көрейік. Кер езулер керілдесіп-керілдесіп басылар Көп жиналған жер ақиқатқа көз жеткізеді. Көп талқысы – таразысы. Құр қалып есесі кеткендер қыстау алады. Әркімнің қонысы белгіленіп беріледі. Одан әрі ешкімнің өкпесі жоқ, бір келдің қамысына екі рулы ел таласпайды.

— Бұл сөзіңнің жаны бар... Жүргіншілер Райдың қазасын жол үстінде есітті. Бұл жаназаға алты Әлімнің аталықты билерінің көбісі қатысып еді. Кішкене тағы бір ауыр құн арқалады. Ашынған Жанқожа кеше Бекарыстанға айтқан сөзін жұрт алдына салды. Орынды ақылды жұрт теріс деп айта алған жоқ.

Бірақ айтуға жеңіл болғанмен, жер бөлісінің қитұрқысы көп, бір жылда біте қояр іс емес. Алты Әлімнің баласы түгел қатыспаса, артында өкпесі қалады. Сондықтан билер кеңесі келер жылдың көктеміне қалдырылды.

Жер қайта бөлінеді екен... Қыстауы жоққа қыстау беріледі! Осы әңгіме әр жерде айтылып жүрді. Әр рудың билері бір-біріне кісі салып, оңаша бәтуа жасап жатыр.

* * *

Мамыр айы туа көші-қон аяқталады. Қозы алынып біткен. Қой қырқуға әлі ертерек. Билер осы екі аралықты, бес-он күн кеңшілікті пайдаланып қалуға асықты.

Ақшатау Қызылқұм мен Қарақұмды жайлайтын елдің екі жағына да бірдей еді. Биік таудың тасасындағы оймақ көл. Кішкене мен Жақайым рулары бұл жерге де таласа қонады. Кеңес осы Ақшатауда өтетін болды.

Жазық дала төсіндегі жалқы шоқы, қырымнан көзге түседі. Етегіндегі терең көлдің жағасында көк шалғыны жапырыла толқиды. Бүгін тау бөктерінде он шақты ақ боз үй шаңырақ көтереді.

Қарақұм мен Қызылқұмнан атқа қонған билер Ақшатауға ағылып жатыр. Бекарыстан білген екен. Ақшатау жиыны Күлтөбенің басында Тәуке хан құрған кеңестен оңай болған жоқ. Қызыл кеңірдек дау бір аптаға созылды.

Билер ұйқысын қандырып тұрады. Сәске түске таман бір сусындап, түске таман қонақасы жейді. Түс қайта Байшоқы тіктірген сегіз қанат үйде игі жақсылар іріктеліп бас қосады. Содан түннің бір уағы болғанша керкіл... Ақыры қарындары ашқан соң, үйді-үйлерге тарайды.

Даудың қоздырушылары - қонысқа өкпелі Бәйділда, Рахметәлі сияқты атақтылар еді. Райдың қазасынан кейін Сойырқастар да қыс қыстаудан айрылды. Шұқыркөлдің басында Райдың моласы тұр. Мола кімдікі болса, жер де сол руға тиеді... Ал Сыр бойында бұрын-сонды ат тұяғы тиіп, мал суармаған қанша ауылдар бар? Қыстау дәметкендердің саны молайып кетті...

Әншейінде жерге сыймай, бір көлдің қамысына бола кісі өлтіріп, құн төлеп жүрген халық, қайдан аянып қалсын... Тәуір-тәуір көлді ертерек басып қалып, қулығын асырып кеткен ру басыларға ауызды салды...

Бұл кеңестің міндеті өкпелі жұрттың көңілін бітіріп, ағайын арасындағы араздық отын сөндіру екен. Барша халықты ырза қылу кімнің қолынан келсін. Бітуажа ойлайтын азамат басы да санаулы. Кішкене Жанқожа, Бекарыстан, Жақайым ішінде Байшоқы. Бұрқ етіп тұтанып кеткен жанжалға тосқауыл қойып жүргендер де солар... Шаруа баққан момын ауылдың Жаманқұл сияқты байлары әлгілердің ыңғайына бейімделеді. Бесбасбай мен Шорабайлар қанша бәле іздеп бұлқынғанмен, көпшіліктің талқысына түскен кезде, аузына құм құйылады. Сөз бір арнаға түсіп келе жатыр...

Жұрттың көбісі Сыр бойындағы көлдерді қайта бөліске салғысы келіп қиғылық салып еді. Ақсақалдар мақұлдамады. Он бес жыл қыстаған көлін Нұрыбай өлсе бермейді. Әйдербек болып мал жинап, Ақиректі сатып алған. Қырық жылғы қонысы Қосаралды тастап, Жаманқұл қайда барады?

Бірақ бір өзі екі қол алып, жұртқа жымын білдірмей жүргендер табылды. Ақшатау, Шәудіркөл сияқты қыс қыстаулық әлденеше көлдің басы ашылды. Көптің көзі сыншы — талайдың қулық-сұмдығын әшкерелеп, қоймасын ақтарды.

Шәуіркөл аз үйлі Сойырқасқа берілді.

Енді Шөмішкөл, Ақшатау сияқты бір-екі көлдің басы ашық тұр. Осы жерде Рахметәлі килікті.

Оған Жылқы батыр билік айтты. Шеттеп жүрген ауыл еді, ағайын сағынып келген екен. Сырлыбай тұқымы шетке қақпасын... Қосарал мен Тұщыны азсынса, дарияның өріне қарай, Жәнікеңнің қорымына шейінгі өңірді тағы кесіп берейік. Қонысы тар басқа Күлік туыстарын қасына алсын. Одан жоғарырақ дария бойынан Хан өткеліне шейін біраз жер Алтынбайларға аталды. Әйдербек ырза еді.

— Төреңе құлдық, аға!...

Бұл өңірдің жер жайын жақсы білетін Жаманқұл Жылқы батырдың алдында құлдық ұрып отыр. Рахметәлі үндеген жоқ.

Енді Ақшатау қалды, Шөмішкөл қалды. Әйдербектің бір аталығы Ардананың қыстаулық көлі жоқ. Жақайым ішінде шаңырақ саны мол ру Бейімбеттің де қонысы тарлық қылғандай екен...

Бұл жолы Қаракесек Ақтан батыр билік айтты.

— Шектінің үлкені Шыңғыс қой. — Атан түйедей ірі денелі Ақтан батыр, отырған жерінде бір қозғалып қойды. — Жақайым аға баласы. Таңдауын соған беріңдер. Екі көлдің бірінен-бірінің артық жері шамалы көрінеді ғой...

— Дұрыс, дұрыс!

Жақайымдар бір-біріне қарайды. Шөмішкөл де, Ақшатау да таныс жер. Екеуінің де қопасы қалың, қарасы шамалас еді. бірақ, кім біліпті, Жақайымның таңдауына күнде сала бермейді. Ертеңгі күні өкініп жүретіні болады. Сондықтан жер жағдайын білетін адамдар болып ойланып айтуы керек...

— Бесбасбай ағам сөйлесін!

Бесбасбай қипақтады.

— Өзді-өзіміз ойласайық, — деді Байшоқы оның алдын орап. — Жауабын артынан береміз.

Әр жерде қора-қора болып шоғырлаған адамдар. Ру-рудың билері бөлек-бөлек сөйлеседі. Кеңес екі көлдің айналасында еді. Жақайымның таңдауынан қалған көл Арданаға тиеді. Сондықтан Әйдербектер жағы белсеніп жүр.

Шөмішкөлді бір жыл Ардана қыстап кеткен. Көлі қопалы, айналасында оты мол. Шаруаға жай. Ақшатаудың айналасында ат шалатын шөп өспейді.

Бесбасбай әр топқа бір-бір жігіттен тыңшы салып, тың тыңдатты.

— Пай-пай, Ақшатаудың шоқысы-ай!

— Қойды былай қарай, жылқыны былай қарай айдап салып... Ақшатаудың басында қарауыл қарап отырсаң...

— Айнала алақандағыдай көрінеді...

Қызылдан келген Құттықтар да, Қарақұмның Алтынбайлары да тамсанып отыр. Әйдербектердің араға сөз жүгіртіп әлгі сөзді әдейі айтқызып отырғанын Бесбасбай білген жоқ.

— Біз Ақшатауды аламыз!

Бесбасбай айтпайды. Бірмойындап кетсе, айтқан ақыл ем болмайтын еді.

Ақшатау Жақайымға тиді.

Жұрт бөлек-бөлек тарап барады.

Бір топ бидің ортасында Толыбай, даусы жарқын-жарқын шығады. Мұқатқаны Бәйділда еді.

— Басқа пәле тілден дейді. Пәле көзде ме дедім ғой. Шағыр көз Бәйділда бір жылда екі күн төледі. Рахметәлі неге тентек десем, оның көзі шегір екен. Атасы Әліқұл Жаманкөз атанып кетіп еді. Мынаның көзі онан да өткен шығар. Бір тентекпен жақын қондық, құдай ақырын берсін...

Толыбай шектіде атағы шыққан адамға бір мін тақпай қоймайтын еді. Бұрын Жанқожаны қыжыртып жүретін. Қазір Жәніке-Сарының азаматтары — Рахметәлі, Мелдебек, Сахар, Бақаны жұрт көбірек ауызға алады. Бәйділда туралы бастап, оған Рахметәліні апарып теліді.

— Ақшатаудың айналасында тұлдыр жоқ, Бесбасбай оның несіне қызығып жүр?

Жанқожа былай шыққан соң Бекбауылға сұрақ қойды.

— Батыр неме, басына шығып, қарауыл қарап тұрғысы келген ғой, — деп Бекбауыл мырс етті.

Әйдербектердің қалай қулығын асырып кеткенін Жақай айтып келе жатыр.

— Ақшатауды алған аңқау Жақайым!

Жақайыммен нағашылы-жиенділігі бар сырт ағайын, Бекбауылдың осы сөзін мақалға айналдырып алып кетті.

Қарабұтақтағы Төртқара, теңіздің артқы бетіндегі Бөлектің ауылынан басқа, Әлім баласының құр қалғаны жоқ. Ауыл басы бір қыстаудан тиді. Бір көлге Жанқожа да жіп тақты.

— Шырағым, бұл қарақалпаққа опа бермеген жер. Ата-бабаң «бүлінген елден бүлдіргі алма», — деп кетіп еді. Әр нәрсеге бір зауал. Қазір құдайдан қорқатын адам аз қалды ғой. — Жанқожаны аттандырып жатып, Нұрымбет бір ауыз сөз айтқан. - Сөзімді жұрт тыңдасын десең, жақыныңа тартып сөйлеме. Қыстау алма. Өзің алмасаң, басқа ағайынның да өкпесі жоқ. Әй, бәрекелдісін айтады...

Бірақ кеңестің үстінде Бекарыстан мойындап кетті.

— Қарақалпақ-қазақ жауласқанда, қол бастамасаң да алға түскен, қазақтың кегін қайтарған азаматтың бірі едің. — Бекарыстан сөзді алыстан орағытып әкелді. — Бір қыстаулық еңбегің бар. Өкпең болса, оныңды айт.

Жұрт бас шұлғып қостап отыр.

— Киікбай тұқымының сыбағасын Бекбауыл алып отыр. Жанқожа жалтарды.

— Біз сені бір Киікбайдың емес, алты Әлімнің Жанқожасы деп жүр едік. Енеңді ұрайын! - Жылқы батыр кейіді. — Жылқайдар ағам тірі болғанда, осы қоныстың ең тәуірі соған тимес пе еді? Батырдың кегін қайтарып, айызымды қандырған інім едің. Ал таңдаған қыстауыңды!

Көпшілік Нұрымбетке жан-жағы тоғай, шөбі шүйгін бір көлді атады. Жанқожа ырзалық білдірген болды. Өз басы осы қыстауда қалып отырған тіршіліктен гөрі, қыс болсын, жаз болсын, кең сахараны емін-еркін көшіп-қонып жүргенді артық көреді.

Енді он шақты жылдан кейін жұт кездесерін, жылқысын қырып алған Нұрымбет балалары Сырға қарай үдере тартатынын Жанқожа білген жоқ...

ЕЛ АУА

Назарда сендей соғылысқан халыққа қарап тұрып, Бесбасбайдың есі шықты. Алушыдан сатушы көп. Аттұрман әбзелінен бастап, алмас қылыш, асыл болаттан соққан қанжар, — мына базарда сатылмайтын нәрсе жоқ. Өрік-мейізін, халуасы мен науатын жайып салып, алыпсатар саудагерлер отыр. Тапал сары біреуі базарды басына көтере айқайлайды.

— Су деп сүт құйыппын, тұз деп шекер салыппын, жаңылып жалпақ болыпты. Алың, алың!

Бесбасбай әуестеніп жақындап еді, төбесіне көтергені дағара екен. Жұқалағы сүт бетіндегі қаймақтай, үлкендігі етектей күлшелерді текшелеп жинап көтеріп жүр.

Әрірек жатаған там үйлердің алдында бай сәудегердің жалдаптары өткен-кеткенді етектен алып жүргізбейді.

Алтын жүзік, алтын моншақ!

— Үнді жібегі, Бұқардан келген батсайы!

— Шай алың, ішсең сусын қандырады, тоңсаң бойың жылынар!

Қарақалпақ диқандары сары ала қауындарын үйіп қойып, гүрің-гүрің әңгімелесіп отыр. Бәрі де жайбарақат, айқай салып асып-саспайды. Оларға Хиуаның күйіп тұрған күні де әсер етпейді.

Бесбасбай бір қарақалпақтан қауын сұрады. Ақшасы жоқ. Қарақалпақ анайы шалдың бетіне қарап бір тұрды да, қазақ екенін байқаған соң күлді.

— Мәңіз!

Қауынды алып жатқанда Бесбасбайдың жүрегі дір етті. Осы қарақалпақты Мамыттың қасында көретін еді. Аты жетегінде, базарында шығып оқшауланып барады.

Бесбасбай осыдан бір ай бұрын ауылдан шыққан. Тамды маңындағы қарасақалдың ішінде құдасы бар еді...

Баяғы Жалаңтөс батырдың соңына ерген қарасақалдардың бір бөлегі Бұқар әмірінің қоластында қалып қояды. Бесбасбайдың құдасы сол қазақтардың бірі еді. Қырдан келген қазақтарға бұл қақтағы ағайын жылап көріседі. Бесбасбайға бір-бір ат мінгізді.

Үлкен Қарақұмның елі Хиуа мен Бұқардың базарына жиі қатынайды. Үйір-үйір жылқы, қора-қора қой апарып сатады. Қызына жасау, үйіне керек-жарағын алады. Бесбасбай Хиуаға олжа жылқысын әкеліп отыр.

Он жылқы сатылыпты. Басында құдасы жүр еді. Бесбасбайды ертіп дүкен жағалатты. Дүрия мен Мақпалға, көк ала қанауыз бен мақта матаға қара қоржынның екі басы толды... Олжалы қайтқан Бесбасбай көңілді. Ауылдан ертіп шыққан жолдасына іштегі елдің тіршілігін жерге тигізбей мақтап, аузының суы құрыды. Бұл жақта қыс болып жарымайды екен. Бір малы екеу болып өсіп жатыр. Жарықтық Хорезм жұрты ырыс дарыған жер ғой. Бесбасбайдың осылай қарай жылжитын ойы бар еді...

Әлгіде жеген қауынның дәмі таңдайында қалыпты. Бұл жерде жаныңа не керек, бәрі табылады. Елдегі жұрт күзді күні Жаманқала асады. Дінсіздердің қолынан шыққан мүліктің не адалдығы бар дейсің? Бесбасбай қартайған сайын діндар болып алған. Бес уақыт намаз, отыз күн оразаны қаза қалдырмайды...

Құдасы таныс қарақалпақтың үйіне бет алғанда, Бесбасбай қалаға қарай тартты. Кеше Хиуа ханының сарайын көрген. Соған бір қарап қайтады.

Түйе жүн шекпенінің етегінде бір ауылдың шандағы ере барады. Оны аңғармайды. Қаланың көшесінде ұзақ шырматылып жүрді. Кездескен жұрттан «хан тұратын үйді» сұрайды...

Пәрәнжі киген әйелдер, ала шапанды өзбек шаруалары, Бесбасбайға бәрі таңсық бәрінің бетіне үңіле қарап өтеді. Таныс біреуін іздейтіндей...

Басында дағарадай сәлде, ала шапанды біреу ұшырасты. Ау, мынау Арыстанбаптың шырақшысы ғой. Әулиенің басына жылда бір рет зиярат етіп қайтар еді, тани кетті.

— Ассалаумалайкум! — деді Бесбасбай қуанып. — Тақсыр-ау, мұнда қайдан жүрсің?

— Немә деп гәп ұрып тұрғаныңды ұқпадым...

— Ойбай, шырақшы десем, сарт екен ғой!

Бесбасбай артына қарай-қарай барады. Қан-сөлсіз ақ сұр жүзі, сирек сақалы — бейтаныс әлгі сарттың бар кескіні шырақшыдан аумай қалғанына таңырқады. Мынаның үстінде ала шапан, шырақшы шекпен киетін еді...

Адамға адам ұқсай береді-ау...

Ала шапанды да артына қарай-қарай барады. Бір көшені айналған соң хан сарайына қарай бұрылды.

Күмбезді үйлер, төбесін күн шалған мұнаралар... Айнала биік қамал, темір қақпалардың алдында айбалтасын иығына салып, күзетшілер жүр.

Ала шапанды күзетшінің қасында кідірді. Қойнына қолын сұққан. Алақанындағы пайшаны күзетшінің көзіне тосты. Сол-ақ екен, түксиіп тұрған сарбаздардың түсі жылынып, ала шапанға жол беріп, есік ашты.

Қазір жан-жағына жалтақтағанын қойып, сабырлы қалпына түскен, Арыстанбаптың шырақшысы хан сарайына кірді.

Кенет елең етті. Өзіне сұқтана қарап тұрған біреудің назарын байқап еді. Қарақалпақ қой... Әлгіде қазақ байы кездесіп еді, енді алдынан қарақалпақ шықты...

Бірақ жігіт жүзі бейтаныс көрінді. Сый қонақтар түсетін махалланың алдында тұр. Әлде Жаңадария бойынан келген біреулер болды ма? Ондағы қарақалпақтар, сирек те болса, Арыстанбаптың жайына зиярат етіп қайтатыны бар еді...

— Адамға адам ұқсай береді-ау...

Бесбасбайдың сөзін қарақалпақ та айтты. Ала шапанды есіткен жоқ. Ұзап кеткен.

Жігіттің ұялы үлкен көзінде таңырқау бар. Бұл тұрған Жанназар еді. Айдос би шақыртыпты. Қазір де хан сарайына Айдосқа еріп келіп тұр.

Қарақалпақ билерінің ішінде Айдостың бағы асып, Мухаммед Рахым бектен «бегілер бегі» атағын алды. Соңғы жылдары бидің Жаңадария бойындағы қарақалпақтармен қарым-қатынасы күшейді. Хан да Айдостың сол артықшылығын өзінің түпкі мақсатына пайдаланып қалуды көздеп отыр. Жанназардың ондай жағдайдан хабары жоқ. Әмудариядағы ағайындарына келсе, Айдос би қасынан қалдырмайтын еді.

Хан сарайында үлкен бір кеңес өтпекші. Айдосты тығыз шақыртып отыр. Жанназарды ерте шықты.

Қарақалпақ билері төрт-бес жылдан бері әрекетті күшейтті. Халық тозып барады. Біраз жұрт Сырдария өңірінен ауып, Хиуа ханының қоластына өтті. Жаңадария жақтағы жұрт не ел болып басы бірікпейді, не Хиуаға бағынбайды... Бірсыпыра халық көшіп келіп еді, хан Әмудария бойынан қоныс берді... Мұндағы елге Айдос би үкімін жүргізеді.

Қолдаулының бір ақсақалы халық билегені Жанназар үшін зор мәртебе көрінетін еді. Айдос жарты патша іспетті... Араны қартайған сайын ашылып, енді бүкіл қарақалпақтың басын біріктірмекші. Бұл әрекеттің шет жағасы Әуез ханның тұсында басталып, Елтізердің тұсында қайта ұмытылған... Елтізер қарақалпақты бағындырмақ түгіл, алтын таққа құйрығы үйренбей жатып опат болды. Түбіне тәтті шарап, сұлу әйел жетті. Рахым бектің еті тірі екен, алтын тәжді кигені сол, елді бір тарының қауызына сыйғызып әкетіп еді. Қазір де қуырып, қусырып барады...

Бүкіл қарақалпақтың басын қосып, ел болу Жанназардыңда арманы еді. Ханның кеңесіне Айдос қана қатынасады. Ол жерде қалай шешіліп жатыр, Жанназарға қараңғы...

Баяғы Жабыға еріп баратын жолы... Арыстанбаптың шырақшысын сонда бір көріп еді. Хан сарайының алдында кездесіп отыр. Қазақ даласындағы белгісіз шырақшының хан сарайымен қандай байланысы болуы мүмкін...

Өздері Ақирек алқабында болып қайтқаннан бері де он бес жыл өтіпті. Сондағы қалпы... Қалай қартаймайды? Сірә, Жанназар басқа біреумен шатастырған болды ғой. Жер түбіндегі Ақиректен мұнда қалай келіп жүр?..

Бетіне дағарадай май жаққан жылтырап Айдос келе жатыр. Анадайдан айқайлайды. Бидің қабағы ашылыпты. Жанназар бір жақсылықтың нышанын байқады.

— Ат-көлікті дайындата бер, жүреміз! Кеңестің жайын жол-жөнекей айтты.

— Жаңа хан қарақалпаққа ықыласты. Халықтың басын бір жерге қосуға шынымен кірісетін болды. Сен, сірә, Жаңадария бойына жүретін шығарсың...

Екеуі қамалдан бірге шықты. Кеңестің ішінде Айдостан басқа үш-төрт адам ғана болған. Әуелі биді шығарып салды. Онан кейін басқалары тарады. Хан жалғыз. Екі жебелігін өсіріп жіберген қара мұртын ширатып қояды. Жиырма бестегі жігіттен бетер, екі бетінен қаны тамып тұр. Шын жасы қырықтың үстінде еді. Алтын тақ мәртебе көтереді. Тежеусіз билік адамның табиғатын бұзады. Кешегі сыпайы жігіт ертең қаһарлы әміршіге айналады. Жағымпаз тобырдың мадақ сөзі әуелі есті алады. Алыстан жау іздейді. Жеңіс даңқ әкеледі. Сарайда отырып зеріккен кезде той думанға бой ұрады. Шараптың уы қанға араласып, бірте-бірте адамның ағзасына сіңіседі. Денеңді май басқанмен, беттен қан қашады. Көздің алдында әжім білініп, күлтеленіп ісінеді...

Оның бәрі болашақтағы жұмыс. Рахым бек таққа отырғалы үш жыл да өткен жоқ. Сарай тіршілігі зеріктіруге оған әрі ертерек еді. Қан аңсаған ханның араны енді-енді ашылып келеді. Хиуа хандығының алақанның аясындай аймағынан аса қараған көз жанары көршілерді түгел шолып өткенде, тоқтаған нүктесі Жаңадария өңірі... Қоқан мен Бұқарға көз алартып абырой таппайды. Екеуінің де дәуірлеп тұрған кезі...Түстік бетте түрікпен... қысылса қойнына кіреді, қытығына тисең қылышын суырады. Белгілі тұрағы жоқ көшіп-қонып жүрген халық сынаптай жылпылдап қолда тұрмайтын еді. Қазір Рахым бектің назары теріске біржола ауған. Қарақалпақ тыныш халық...

Құдды өзбек, алты ай жаз жер кетпендеп, бел тебуден қолы босамайды. Тіл қайырмайтын момын екені көрініп тұр. Шариғат белгілеген алым-салығын да мезгілінде төлейді.

Қарақалпақ Жаңадарияда отырып, хан билігін мойындау қиын. Хиуаның Рахым бектен бұрынғы әміршілері де соны біліп, Әмударияның бойынан қоныс дайындап қасына шақырған екен. Қарақалпақ билері ұзын арқан, кең тұсауға салып жүр. Бүгін Айдос бимен сол жайында кеңесті.

Би бүкіл қарақалпаққа билік жүргізуден дәметеді. Рахым бек те Айдос бидің сол мансапқұмар, ашкөздігін пайдаланып көруге асықты. Ырық алып бара жатса, шетке қағу хан қолында... Оның орнына тағы бір Айдос дайын тұр.

Рахым бектің түпке сақтаған мақсаты қазақ сахарасына шым-шымдап кіру. Екі ортадағы қарақалпақ әлгі ниетіне бөгет жасап отыр. Тілі, тұрмысы, салты ұқсас екі халық, сырттан жау қарасы көрінсе, оп-оңай ауыз біріктіріп кетеді. Айдос би Нұртайды жұмсап, қазақ батырын да өлтірткен екен. Қазақпен жауласқысы келген адамды қара халық қолдамайды. Тізесі өтіп кеткен... Рахым бек бұл жағдайды соған жоритын еді. Сол қарақалпақтарды қасына көшіріп алса, қазақ даласына жол ашылады.

Қазақтардың аржағынан қусырып орыс патшалығы келеді... Аузы түкті кәпірден Рахым бек те сескенеді. Орыста солдат көп, қару мол... Оның қасында қара қытай мен қызылбас әміршілері ойыншық көрінеді. Орыс апыр-топыр асықпайды, ақырын жылжиды. Бірақ табаны тиген жерден айрылмайды. Қазақ даласын Батыстан Солтүстікке шейін қоршап отырған орыс бекіністері жатыр. Сыр бойында да тартылар. Онан соң орыс патшалығымен Хиуа бетпе-бет қалады...

Ол болашақтың ісі. Хиуаның бүгінгі ең қауіпті бәсекелесі — Қоқан хандығы... Таққа Нарбота бидің баласы Әлім отырды да, көршілерден маза кетті. Ташкент, Түркістан, Сайрам... Айналасы екі-үш жылдың ішінде Сыр өңіріндегі талай қамал Қоқанның алдында бас иді. Әлім Хиуа хандығының алдын орап қалуға асыққандай екен-ау... Қоқан бірте-бірте қазақ даласына сұғынып келе жатыр.

Қарақалпақтың жарасы жеңіл. Мухаммед Рахым бек онан әрірек бір кездерді көз алдына елестетті.

Қазақ даласын келешек кім билейді? Кімді кім?..Ол соны ойлап кетті.

Хан алақанын үш мәрте соқты.

Қызметші жігіт көрінді.

— Бас уәзір мен Қожаниязды келтір!

— Құп!

Қожанияздың тегі кім екенін білген жан жоқ. Хиуада неше атасынан бері тұрады. Өзі айтса: өзбек те емес, тәжік те емес, пайғамбардың әулетінен...Әріректе бір атасы хан сарайында қызмет еткен... Сарайға өзі де жақын жүреді. Рахым бекпен жігіт кезінен сырлас. Хиуа шаһарындағы сұлу қыздың санағы Қожанияздың қолында... Арасынан қыл өтпейтін жан досы Рахым бек таққа отырған соң, жақын кеңесшілерінің бірі болды. Қазір терістікте жатқан елдермен арадағы қарым-қатынас Қожанияз арқылы жүргізіледі.

Қожанияз бен бас уәзір кірді. Сыр бойындағы «адамдары» келген екен. Жансыз солай аталады. Қазақ арасындағы жансыздың қандай адам екенін білу хан үшін қызық көрінеді.

— Келтіріңдер!

Ала шапаны сүйретілген ақ сұр кісі кірді. Бұл Арыстанбаптың шырақшысы еді.

— Мәртебесі биік ұлы хан, өміріңіз ұзақ болсын. — Шырақшы қолын төсіне қойып, тізесін бүкті. — Басыңызға Алла тағаланың рахметі жаусын, ұлы Рахым бек.

— Отыр, отыр.

Хан кілемнің шетін нұсқады.

Шырақшы сөйлеп отыр. Хан оның сөзін жиі бөледі.

— Сыр бойында қарақалпақтан кім қалды?

— Тірі жан қалған жоқ, мәртебелім...

— Қарақалпақтар қонысын жоқтап сағынбайтыны қалай? Сыр бойына қайта оралғысы келетін ниеттері жоқ па?

— Қалай қайтып оралады? Сыр бойында бос жер жоқ. Қарақалпақтың мекені қазақтардың қыстауына айналды. Жауынгер қазақтарды жеңетін күш жоқ оларда...

— Хиуаның сыпайларын аттандырсақ қайтеді?

— Сыпайлар келеді де кетеді. Қарақалпақ қыстауларын кім қорып отырады? Қан төгілсе, артында кек қалады. Қарақалпақ пен қазақ арасындағы соңғы қақтығыстан бері он сегіз жыл өтті. Тықы мен Нұртай өлді. Қарақалпақ сонда селт етіп бас көтерген жоқ... Бұл жақта Хиуа да үнсіз жатты...

— Қарақалпақтың Сыр бойына қайта оралуы біз үшін тиімді бола қоймас. Олардың орысқа қол созатындары да бар. Мухаммед Рахым бек тыжырынды. — Сен мынаны айтшы. Қазақ арасы қазір тыныштық па?

— Өзді-өзі жиі қақтығысады. Сыр бойындағы қыстауға таласып қырқысқан. Қарулы соқтығыс болып, адам өлді...

— Соныңды айтпайсың ба?! Рахым бектің көзінде әуестік ұшқыны жалт етті.

— Мен осыдан екі жыл бұрын бір келіп кеттім. Марқұм Елтігез қайтыс болған жылы. Сыр бойына әскер жіберуін өтіндім мен. Қырқысып жатқан қазақтар онда басымен қайғы

Болып кететін еді. Қарақалпақтар ата қонысына қайта оралып, Хиуа хандығына өмір бақи қарыздар болып өтетін еді. Қазір бәрі де тынышталды. Қазақтар Сырдың екі жағындағы қыстаулық жерді бөлісіп болды... Қасиетті дарияға енді жәһидтер жылқы суарып жатыр...

— Елтізер сарай қақпасынан әрі жерге көз жібере алмаған күйі өтті ғой, —деген Рахым бектің үнінде мұң білінгендей. — Қазір алауыз қазақ бүтінделген екен де. Онда халыққа сөзін тыңдататын адамы мықты болды ғой...

— Әлім руының көпшілігі Шекті. Сыр бойының екі жағасындағы қыстаудың көбісі Шектіге тиді. Нұртайды өлтірген Жанқожа батыр да шектіден шыққан.

Шектінің бір атасын Орыс дейтін еді. — Бас уәзір бір жерде құлағына тиген сезді қыстырып қалды. Жанқожа сол орысыңнан...

Атасының аты Орыс екен. Қазақты да мұсылман деп жүріппіз-ау. - Мухаммед Рахым бек бетін тыржитты: - Өздері ораза-намазды біле ме?

Қазақтың шалдары діншіл келеді... Орыста Жанқожадан басқа тағы кім бар?

— Бекарыстан бидің аты шығып жүр. Жақайымда Байшоқы биді көп айтады.

— Жанқожа ендігі қартайған шығар?

— Қырыққа тақап қалды. Нұртайды өлтіретін жолы он жеті жаста екен...

— Көшпелі елді ақсақал билейтін еді. Жанқожаға тізгін беріп қойғандары қызық екен. — Рахым бек жақтырмай қалды. — Қалғандарының жасы қай шамада?

— Бәрі де қырыққа жетпеген адамдар, —деп шырақшы езу тартты. — Қазаққа тізгін алудың екі жолы бар. Біреуі батырлық көрсетіп, аты шығып бедел алады. Екінші біреулері аталықты жерден шығады, өзі де дәулетті болады. Бекарыстан атақты Нұрыбай бидің немересі, мың жарым үй кішкенеден шыққан. Байшоқы — Жылқайдар батырдың артындағы жалғыз тұяқ. Мың үй Жақайымның ендігі естісі де — сол. Жанқожа — батыр. Әкесінің кегін алған батырды Байшоқы да сыйлайды. Бекарыстан болса — Жылқайдардың туған жиені. Қазақ осылай ілік-шатыс болып кете береді...

— Осы үшеуінің жаз жайлау, күз күзеуін айтшы.

— Жанқожа көптен бері Қызылды жайлап жүр. Сыр бойында әзір қыстау баспаған да сол. Бекарыстан он шақты жылдан бері жаз Қызылды жайлайды. Байшоқы Қарақұмда, оның Сыр бойында қыстауы бар...

— Түрікпен жігіттері ыстыққа төзімді. - Рахым бек енді бас уәзірге қарап сөйлеп отыр. — Қызылға жиі-жиі шығып тұрғаны мақұл болар, — деп Қожанияз пен шырақшыға иек қақты.

— Сендер боссыңдар.

— Тақсыр, бір арызым бар еді? — Шырақшы бас ұрды.

— Айт!

— Отыз жыл ғұмырым жалғыздықта өтті. Жасым елу беске шықты. Жат жер қажытты. Қатын-бала зарықты. Екі жыл, үш жылда, онда да жасырынып келем. — Шырақшы Хиуаның шаһарында бір күн болғанда екі танысын жолықтырғанын еске алып, қорқынышын айтады.

— Бұл кісінің қасына зерек жігіттердің бірін қосу керек, деп Рахым бек уәзірге қарады. — Бір ай демалсын. Серігін таңдап алып, қазақ тілін үйретсін. Пірдің қасында мүриті жүреді. Бір жыл қасында ұстап, қазақ дәстүрімен таныстыр. Содан соң сізді сарайға қызметке аламыз. Бас уәзір сізге қазынадан жүз динар ақша бөліп қойды. Жанқожаны көзіңнен таса қылма. Оның атағын қызғанатын адамдар да табылар. Адам жаралған да қолына күншілдік күлшесін қыса кіреді. Сондай біреуді айдап салып, оның көзін құрту керек...

— Әміріңізге құлдық...

Шырақшы қайта-қайта иіледі. Сол екі бүктетілген күйі есіктен артымен шықты. Аяғын ұшынан басып барады.

Жанназар Хиуадан оралғанда, жылы шуақ күз еді. Бір ай өтті, қазан соғып, Жаңадария бойында күн суытып келеді.

Соған орай бұл өлкедегі халықтың қабағы да салқын еді. О басында Айдостың сәлемін есітіп, жылы шырай көрсеткенімен, билер күн айналмай өзгеріп шыға келді. Қарақалпақтың бірлігі сөз болса, ұйымайтын адам жоқ. Бірақ әңгіме Хиуаның қол астына қарай жылжу жайына тірелген жерде, бәрі де нілдей бұзылатын еді.

Бұл жақта Айдосты Маңғыт Орынбай би тонның ішкі бауындай көретін. Жанназарды құшақ жайып қарсы алған би, ұстап келген сөзін естіп, абыржып қалды. Айтар уәжінің түйіні «халықтың ауызбірлігіне» саяды. Билердің қашанғы әдеті, қысылған кезде жаласын халыққа жаба салады.

Жанназар бір ауылға қонады, бір ауылға түстенеді. Қалың қарақалпақ неге тіксінетіні түсінікті еді. Хиуаға бағынған елдің де маңдайы жарқырап отырғаны да шамалы. Алым-салық еңсесін көтертпеді. Ал бұл жақта тапқаны тамағына, жұтқаны жұмырына, — құдай бермесе амал қайсы, он қолынан басқа ортағы жоқ, оңаша тіршілігін қимайды екен.

Ханның қол астында халықтың маңдайы ашылмасын Жанназар да біледі, бірақ бүкіл қарақалпақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын күн туса, ешкімге тізгін бермесіне сенетін еді. «Көп қорқытады, терең батырады», көп болып тізе қосқан күні Жанназар ханмен басқаша сөйлеседі.. .

Басқаны қойып, туған әкесі Қожамұраттың өзі үркіп отыр. Бәрі де Хиуа ханының алым-салығынан қорқады. Қасында өзімен көңілдес төрт-бес жігіт, Тоқтаболат, Есенгелді сияқты билерге сәлем берді. Кемел ақылды Маман бимен кеңесті... Жаңадарияның суы кей жылдары егістікке жарамай жүр. Күйзеліс жиілеп кетті. Бай ауылдар қанатын қомдап отыр. Бірақ олар Хиуа ханы ұсынған қонысқа күдіктене қарайды. Біреуге қоныс қонғанша, өлмелі тіршілігі артық.... Одан Қоңырат хандығын қолайлы көретін. Құйылыстағы өзбектер мен Қарақалпақтардың арасында ертеректен келе жатқан достық бар. Бағы заманда Шахтемір хан мен Оразақ батырдың арасында қыл өтпейді екен. Әбілқайыр немере қызын Шахтемірге ырғап-жырғап ұзататын жолы құдалықта Оразақ батыр жүріпті... Жолбарыс ханның тұсында Хиуа үстемдігін мойындаған қоңырат хандығы одан соң да неше бөлініп шықты. Төремұрат софы таққа отырғалы Әмударияның құйылысына таман қоныс тепкен қарақалпақтарды қолтығынан тартқандай ыңғай танытып жүр...

Бір айға созылған сапардан кейін аттың белін бүгін суытты. Жанназар туған қыстауында, өз үйінің төрінде аунап жатыр. Ертең Орынбай бидің үйінде иісі қарақалпақтың игі жақсылары бас қосады. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Жанназар, осы мәслихатқа үлкен үміт артатын еді.

Қасында жолдастары, таңертең атқа қонды. Күн желдетіп тұр. Хиуадан күзде шыққан Жанназар қысты болдырды.

— Әкемнің тонын кимеген екем...

Орынбайдың ауылына күн орнына қона жетті.

Бұл өңірдегі қарақалпақ түгел жиналыпты. Маңғыт, Қытай сияқты өрдегі рудан - Ешжан, Кешенек билер, Жаңадарияның құйылысындағы Ашамайлы, Жабы, Қият ішінен Есенгелді, Маман, Тоқтаболат билер бар. Балықшы Мүйтендерден де келді. Атағы шыққан ақсақалдардан ешкім қалған жоқ.

Бұлардың қай-қайсысы да тұтымы қатты Хиуа ханын жақтырмайды. Баяғы «ақ табан шұбырынды» заманында көрген қорлығын ақсақалдар әлі күнге жыр қылып айтатын еді. Қоңырат әміршісі Төремұрат софымен былтырдан бері астыртын сөз жүргізіп жүрген Есенгелді, Маман билер айтар уәжін дайындап келген екен.

Жанназар Айдостың сәлемін алып келгелі Орынбай би мен Есжан тыныш ұйқыдан айырылған. Бұқар әміріне елші аттандырып еді. Былтырдан бері Әмірмен жел ұшынан жалғасы бар Көккөз би арада жүр. Бәрінің ішінде бір-бір бау жантақ сыртқа шығарып сыр бермей отыр...

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел болуға бәрі де қарсы емес, бірақ кімнің қолы... Билер сол даудың ұшығына шыға алмай, түннің бір уағына шейін ырғасты...

— Мен сендерді Хиуаға шақырғанда, құлдық қамытын ұсынып отырғаным жоқ. Елдің басын бір жерге қосу керек. Мен білген жерде, қарақалпақ жиырма мың үйден асады екен. Айқаса кетсек, көрінгеннен таяқ жейміз. Хиуа ханы мықтағанда бес мың сыпай шығарады. Оның ішінде мың жігіт қарақалпақ жүреді. Жиырма мың үй, жиырма мың қол емес пе? Басымыз біріксе, хан мен қамшыны алға тастап отырып сөйлеспес пе едік? Бізді құртқан бөлек-бөлек болып , басымыз піспей, әр жерде пышырап жүргендігіміз ғой... Бұл Жанназардың өз пікірі еді. Осы отырған көпшіліктің ішінде хан жансызы отырғанын, аузынан шыққан сөз өзінен бұрын сарайға жететінін білген жоқ... Жанназардың сөз аңғарынан қарақалпақ билері шошып қалды. Халықтың басын қосып, ханмен терезесі тең отырып, сөйлескісі келген екен... Сонда екі арыс қарақалпақ кімнің ауызына қарайды? Жанназардың айтып отырғаны Айдостың сөзі... Екеуі де Қолдаулы... Айдосқа хан бегілер биігі атаған беріпті. Бейшара дихандардың табан ет, маңдай терін алым-салыққа сыпырып алып, байып отыр. Ол қарақалпақты қайдан жарылқайды?

Билер солай таразылайды. Хорезм жұртындағы елдің ішіндегі біреуінің туысы, біреуінің жекжаты бар... Қолдаулыдан шыққан «арам биден» көрген қорлығын еске алғанда, қара халықтың еңіреген көз жасына етегі толатын еді. Айдосқа бұрын да тісін қайрап жүрген әр рудың жуандары Жанназардың соңғы сөзіне шамданып қалды.

— Жаңадария бойында он мың үй қарақалпақ бар екен. Біз де халықпыз деп отырмыз. Әзір көрші ағайындарға есеміз кеткен жері жоқ. Айдостың қолтығына барып тығылғандай, күніміз неден қуырылып отыр? — Отырғандардың атынан Кешенек би жауап берді.

— Айдос әуелі қасындағыларды жарылқап алсын! Біздің де құлағымыз бар. Естіп отырмыз. Қолдаулыдан шыққан бегілер бегінің көз еті тым өсіп кетіпті. Хиуа ханының жасауылдарын қасына ертіп, момын қарақалпақтардың ауылына ат ойнататын көрінеді. Осы сөзімді Айдосқа жеткізші.

Маман отырған орнында бір қозғалып қойды. Билердің ішінде жасы үлкені де осы. Оның ішкі есебі қарақалпақтың қоныс аударуына қарсы. Қазақ жақсыларының арасында сыйлы еді. Өзі осылай қарай шыққанда бір жігітті Әбілғазы ханға аттандырды. Егер қазақ ханы қол ұшын бергендей болса, Хиуамен құйрығын біржола кесіседі.

Маман биді Жанназар да сыйлайтын. Бірақ әлгі сөзіне шамданып қалды.

— Маман баба, олай артық кетіспейік. Мен сөз тасып жүрген кәсіпкер емеспін...

— Сәлемді жеткізу өсек тасығанға жатпайды. - Кешенек бидің үнінде ап-айқын кекесін байқалады, күліп айтты. — Өзіңді осында кім жұмсады? Айдостың сәлемін әкелдің ғой...

— Хиуа ханының тапсырмасын орындайсың. Айдостың сәлемін жеткізесің. Оны бойыңа ар көрмейсің. Маман Айдосқа бір ауыз сәлем айтқан екен, оған шамданасың! -Есжан бидің баласы Балмұхаммед есіктің алдында отыр еді, дауысы саңқ етті - Жанназар батыр, осыныңды түсіндірші!

Балмұхаммедтің тізесінің астында екі бүктеулі қамшыны көріп, Жанназардың түсі бұзылды.

Бес-алты жыл соңына ерді, бірақ Айдостың көп ісіне өзі де ырза емес еді. Былтыр Құттымұрат бек бастаған Хиуа сыпайылары Шартақты өңіріндегі Қытай ауылдарына ойран салған. Осы Орынбай бидің Бұқардан пана сұрап жатқанын естіп, бері қарай беттей алмай кейін қайтты. Сол жолы арқасы қызған Жанназар Айдос биге барғанда, сөзін тыңдата алмай, пұшайман болғанын ұмытпайды. Оның сондай-сондай сорақылықтары иісі қарақалпақ баласын Қолдаулыға жауықтырып қойғаным енді біліп отыр.

Бірігіп ел болудың орнына, әлден билікке таласады. Жанназарды Айдостың жетегінде жүрген біреуге есептейді ғой. Сыңар езулей берген билерге іштей кіжініп қояды.

Ел болудан кеткен екенбіз... Айдостың сөзін ұстап келгенде, оған іші-бауыры елжіреп бара жатқан Жанназар жоқ. Бегілер бегінің бір-ақ ісін ұнатады. Онысы: тозып кеткен елдің басын қаластырып, қайта халық қылғысы келген игі ниеті... Онан кейін кімді би қояды, оны көпшілік өзі таңдап алсын...

Бәрі де құр әурешілік... Екі арыс қарақалпақтың жуандары әр жаққа тартады. Көп ішінен кім шықпайды, кемел ойлы біреу табылар-ау... Бірақ мыналар аяқтан шалып құртады ғой... Ертең қайта қырқысады.

Жанназар атақты билерді елдің бүтіншілері деп білетін еді. Бір заманда ондай-ондай кемеңгерлер болыпты. Оразақ батыр, мынау Маман би ... Бірі өлді, бірі қартайды... Қалған билердің түрі әне, ішіне шынашақ айналмайды. Бұлар бүтіндеуші емес, өзі ері мойнына кетіп жүрген сормаңдай елді тоздырушылар ғой...

Орынбай бидің үйінен ауыр оймен аттанды.

Жанындағы жігіттер оның ар жағында қынжылады

Жанназардың жазығы қанша? Тозған қарақалпақтың басын қоспақшы еді. Айдос арам-ақ шығар. Бірақ ел қамын ойлап отырған мына ниеті көкейге қонатын сияқты. Көп болып ауыз біріктірсе, әңгіртаяқ ойнатуға Хиуа ханы артына бақсын... Қарақалпақ қайда осы алауыздығынан таяқ жеп жүр...

Ата-бабалар заманында өз алдына хандық құрған ел еді. Құба қалмақ кезінде тозып кетіпті. Бір бөлегі жеңген жау Қалдан Шерінің қолтығына кіреді. Қалған жұрт Әбілқайырдың шашбауын көтереді. Кейінірек орыс патшасынан пана іздейді. Сол алауыздығы түбіне жетті. Ежелгі қонысы Сыр бойынан да айрылды. Қашып келіп Жаңадарияға тығылып еді... Оны да Сырдариядан жырып алып отыр... Былтырдан бері дихан халық судан қаңтарылып, еткен еңбегі еш болды. Жерден құнар кетті, су тапшылығы сезілген сайын теңіз қолтығындағы балық та кеміп барады...

Жұрттың бәрі Орынбай мен Есжан емес. Жүз сиыр айдап отырған жоқ. Жер жоқ.

Хиуа ханы Әмударияның бойында бос жатқан қыруар жерді өз қолынан ұсынып отыр. Ол жақта топырақта құнарлы, Әнетей Ақиректен айдап қайтқан малының көбісін Қожамұрат қыстауындағы Қияттарға бөліп берді. Қолында қалған азын-аулақ қара-құрамен көшіп еді. Былтыр Сағындық бастаған екі үй Қиятын тағы алдырды. Мамыттың маңайындағы ағайындардың жағдайы түзеліп қалыпты.

Береке жердің құнарында ғой. Оған қоса мол су керек. Жанназар былай шыққан соң жігіттерге мұңын шақты. Осынша елден ақиқатты ақылға салып түсінетін бір адам таппағанына өкініп келеді.

Жаңадария бойындағы жер шұрайлы аталықты билерде, Қожамұрат қыстауындағы Қолдаулы, Қияттар кер топырақты құмайтта қамалып отыр. Қырық күн шілде туған кезде тарының жапырағы сарғайып шыға келеді. Дихандар мұңын шағады. Бірақ Хиуа ... Әмудария бойына көшкенде, еңбек жанса жақсы... Хан уәдесінен шығып, жер бөліп бере қоя ма? Әнетейдің жөні басқа. Сыр бойындағы қарақалпақтың кәрі әруағындай көзі тірі қалған жалғыз шал... Атын есітпеген ел жоқ. Қазақтардың өзі бір қора қой әкеліп беріп, көшірісіп салған... Хиуа ханы да тәуір жерден қоныс беріпті. Жай көпшіліктің қайсысын жарылқайды? Орынбай, Кешенек сияқты билер ол жақтан табылады. Хиуада Қолдаулылар беделді. Олар тұрғанда ашамайлы, қият сияқты аз руларға тастаған толарсақ тимес... Жанназар бәрін де тыңдап керді... Әлі де аттана қоймай кідіріп жүр еді

Сол күні өз үйінде. Жатар кезде ашамайлы аулындағы жолдас жігіті келді. Түсі бұзылған. Бір жаманшылықтан кәдік алған Жанназар далаға шықты.

Хиуаның ханы Әмударияның төменгі жағындағы Ашамайлыға аттаныпты. Орынбай биге Тоқтаболат пен Маманнан шапқыншы кетті. Жігіт жинайтын ойлары бар... Сейітназардың дыбысы әрең шығады. — Кеше билердің сыңайын жек көрдім. Егер жігіт жинап аттанатындай болса, сені ұстап қалады. Ел қамын ойлаған ер тыңшы атанатын заман болып тұр ғой. Есіткен-білгеніңді ханға жеткізеді деп, билер сенен қорқып отыр. Тезірек атқа қонайық, батыр.

Жанназар өз үйінен өзі ұрланып шықты. Мухаммед Рахым бек бүгін Әмудария маңындағы Ашамайлыны бағындырады... Одан кейін Жаңадария бойындағы қарақалпақтарға аттану керек. Оның шет жағасын өзі де естіп жүретін. Айдос би қайта-қайта ескертіп қалған...

Бұл да қарақалпақ ағайындарын көндіре алмай қайтып барады екен... Ертең Айдостың алдында есеп береді. Ол есіткен-білгендерін ханға жеткізеді. Мүмкін, Ашамайлыны бағындырып болған соң, Хиуа ханы бері қарай бет қояр... Оны көрген жұрт не айтады? Халықтың көзінде Жанназар туған елін сатқан опасыз болып көрінеді. Қанға боялған қыстақтар алдымен Жанназарды қарғайды. Өзін екі отты арасында қалғанын білген кезде Жанназардың жүрегі шымырлады. Жаманаттан құтылу жоқ. Қайда барса - Қорқыттың көрі... Айдостың қасына ергенде тапқан абыройы осы ғой. Әттеген-ай, алданыпты-ау... Енді Айдосты желкесінің шұқыры көрер.

Желдің ызғарынан қаңтар лебі сезіледі. Аяз қақап тұр. Жанназар суыққа шыдамды еді, қалтырап тоңып кетті. Үстіндегі қой терісі тонның екі омыраулығын айқастырып, қайта қымтанып алды. Бұл тонды ана жолы Сейітназардың үйіне қонып шыққанда қарт әкесі кигізіп еді. Ел дегенің сол, тоңып барсаң — бауырына қысып жылытады, қарның ашып келсең - аузыңа ыстық дағарасын тосады. Тек елдің қадірін ел ағасы азаматтардың біле бермейтіні өкінішті ғой...

Жанназар осы тонның арқасында тоңып-шаршамай Хиуаға жетеді... Хиуасы несі? Онда Жанназардың қимайтын қайбір туысы бар еді? Жат елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол. Жанназар қандай жаманшылық болса да елмен бірге күтіп алады. Аттың басын кері бұру керек.

— Сейтназар, мен сіздің ауылда боламын. Хиуаға қайта оралуым қиын болар. Ел іші — алтын бесік.

Доңыз жылғы жұт ұмыт болды. Онан кейін де неше қыс өтіп жатыр. Мал аман. Шаруаның біреуі екеу болып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еді. Қазақ жылқы мінезді. Бір кездегі шу асау, арқасына бір жыл ер тимесе, иесін танымай кетеді. Жақын барса — құлағын жымитады. Бір қыс қара өтсе, қазақ та солай, қайтіп жұт болмайтындай көреді.

Былтырдан бері Сыр бойында қыстауы бар екенін талайлар ұмытып үлгіріп еді. Алдағы жылдың қабағын шаруа қазақтар жазда бағады. Тіпті қай күнгі ыстыққа қыста қай күні боран тура келерін болжап қоятын сәуегей қарттар бар. Жаз жаңбырлы жылы алдағы қыстың шаруаға жайлы боларынан хабар беретіндей, жұрттың арқасы кеңіске түсіп қалатын. Биылғы жаз жаңбырлы болып тұр. Кез келген шұңқыр көк шалғын, жер от еді. Қазақ қысылмаса қимылы шау тартады. Әрі-беріден соң жұрт аударып қонуға ерінеді...

Ал малдың жайылымы тарылса, қазақтың тынысы тарылады. Сыр бойында аттап бассаң бір қыстау, меншікті көлдерін алыстан көздеп қойып, аяғы жеткен жерде емін-еркін көшіп-қонып жатыр. Сол күйі қарашаға жетеді. Қар аспаннан жауып, жерден борап, шынымен қысып кетсе, амал жоқ, қыстауды еске алады. Әйтпесе, құм ішінде бұйығы тіршілігін артық көрер еді.

Жаз Қызылды жайлаған Нұрбай ауылы теңізге жақындау бір бұлақтың басында отырып күзек алды. Былтыр да қыстауға қаңтардың қақаған аяғында көшіп еді. Малы қонды шықты.

Мал тұяғы тимеген көл жағасы тұнып тұрады. Нұрбай көлінің көк шалғынына жылқы жасырынғандай.

Бұйыртса, биыл да солай істейтін шығар.

... Қыстың қара өткендей сыңайы бар. Қарашада түскен қар бір-ақ күн жатып еріп кетті. Қыстың қанша айға созыларын шаруалар соған қарап та есептейді.

Екі-үш күннен бері аяз сақайып тұр. Есептен жаңылмаса, бас тоқсанның кіретін күні де жақындап қалды. Қазақ айдың өліарасынан қорқады. Кей жылдары бас тоқсан ақтүнек боранын ала кіретіні бар. Еркек кіндік ат үстінде аяқты малды шашыратпай, ауыл маңында ұстауға тырысады.

Бекарыстан бүгін ертерек тұрып еді. Күннің райы бұзылып тұр... Жылқыларды көздеп қайту керек...

Аттандаған дауыс шығады...

Қожабек ағасы үйге асып-сасып кірді. Бекарыстан керегенің басында ілулі садағын алуға әзер үлгіріп, далаға атып шықты.

— Аттан, аттан!

— Әй, мынау Тәуір ағамның дауысы ғой. Дәу де болса, тағы біреумен жаға жыртысып келе жатыр-ау...

— Кеше Шалқошқарға сәлем берем деп отыр еді.

Атын төпей кірген Тәуірге қарап, Бекарыстан езу тартты. Алпыстан асқанша ақылы кірмей қойғанына қынжылады.

— Аттан деймін, ойбай!

— Уа, не болып қалды!?

— Түрікпендер келе жатыр!

— Астапыралла!

— Шалқошқардың ауылын шауып кетті. — Тәуір аптығын баса алмай тұр. — Құдай сақтағанын қарашы. Түнде тоңазып жата алмаған соң, атымды ерттедім. Қарасам қаптаған түрікпен ат қойып келеді екен. Бір-екеуі ізіме түсіп қалды. Жануар Ақтанкер шалдырмай кетті.

Тәуірдің құты қашқан. Бекарыстың ағасының бұл жолғысы шындық екенін байқап тұр.

— Жігіттерді жинатыңдар! Тәуір ағамды, қасына үш-төрт жігіт беріп, жылқыны қыстауға қарай айдатуға жіберейік. Қалғандарың қатындарға көмектесіп, үй жығысыңдар. Шалқошқардың ауылы он бес шақырым жер. Салт атты жау әне-міне дегенше келіп қалады. Асығыңдар, көшеміз!

— Ауыл жау тигендей бүлінді. Үзік баулар бырт-бырт үзіліп, уықтар шешілді. Түйелерге кереге қомдады. Бие сауымындай да уақыт өткен жоқ, көштің алды ауылдан шыға берді.

Бекарыстан жылқышыларды шығарып салып, ауылға қарай шауып келе жатыр еді.

— Теңізге қарай тартыңдар. Төрт түйеге құм теңдеп, көштің алдына салыңдар.

— Салт атты қуғыншыдан жалаңаш далаға қарай қашып құтылмайтын еді. Теңіз жақын. Екі-үш күннің беделінде мұз ұстаса бастады. Әрірек иесіз аралшық Қиялы бар. Бекарыстан кештің басын солай қарай бұруды ойлады. Түрікпендер ат тағалауды білмейді. Көкше мұздың үстінде тағасыз жылқы кәріп, шатқаяқтап жүре алмайды.

Бекарыстанның түйеге құм теңдеткені сондықтан. Табанының бүрі бар жас түйелер болмаса, кәрі інгендерге қауіп, мұзда тайып жығылады. Аралға жеткенше мұз үстімен он шақты шақырым жол жатыр. Көштің алдына құм төгіп отыру керек.

Көш шұбала тартып алға түсті. Бекарыстанның қасында он жігіт, кейінірек келеді.

Күн түс болып қалған. Аспанда түйдек-түйдек бұлт жөңкіледі. Жел құтырына соқты.

Көштің алды мұзға іліккенде, жұрт демін бір-ақ алды.

Жігіттер шу етті.

Баспашылар ауылды қапысыз-ақ тауыпты. Бірақ жұртын сипап қалған. Қазір көш сүрдегіне түскені анық еді. Шамасы қырық-елу жігіт, айқай-сүренді салып келеді.

Бұлар да желе шоқырақтатып теңізге қарай тартты.

Көш әлі ұзап кете алмай жатыр...

Түрікпендер ат қойды. Қызыл атты біреу бәрінің алдында жалғыз суырылып шыққан.

— Бекарыстан-ау, не қарап тұрсың!

Қожабек ышқына дауыстайды.

Мұзға түскен жерде аттар кібіртіктей бастап еді. Бекарыстанның қолында сары садақ, ат басын ірке берді.

— Болсайшы, анау мылтығын алды ғой!

Қожабектің соңғы сөзін сарт еткен адырнаның дыбысы есіттірмей жіберді. Қызыл атты жүз елу қадамдай жерде еді. Шалқалап құлап барады. Сарыжа көкірегінен қадалыпты.

— Е, әруақтар, жебей гөр!

Түрікпендер қызыл аттының басына иірілгенде, бұлар мұз үстінде бара жатыр еді. Шашылған құмның сілемі ғана байқалады. Аттар әлгі кібіртік басқанын қойып, басын шұлғып тастап, соқтырта аяндайды. Ұзап шығып кетті.

Арттарынан екі-үш рет мылтық атылды.

— Құдайдың сақтағанын қарашы!

Қожабек артынан әлі жалтақ-жалтақ қарайды.

Құм артылған төрт түйе алдында. Көшті Бекарыстан үйінің қара атаны бастап келеді. Нұрыбайдың тағы бір баласы Әйітбек көш басшы еді. Мұз үстіне шыққан жерде құм салынған алаша қаптарға кездігін бір-бір сұғып алған. Көкше мұздың үстінде ақ қиыршық құм ақырын себелейді. Әзір тайғанақтап келе жатқан түйе жоқ сияқты.

Көштегі қатын-баланың көзі де арттарында, әркімнің-ақ ет жүрегі дірілдейді. Алға суырылып шыққан жалғыз атты жаудың жазым болғанын да көрді. Тарс-тұрс мылтық даусы шыққанда, қатындар шу етті.

— Алла, Алла!

— Тәңір, өзің жар бола гөр!

Қатындардың у-шуынан Әйітбектің есі шықты.

Арттарынан азаматтар да жетті.

Қатындар кезек бермей даурығысады. Әрқайсысы өз еркегінің амандығын көріп, бозқасқа айтып жатыр.

— Осы қайда бара жатырмыз?

— Күн қақап кетті.

— Балаларды қырып алмасақ жарар еді...

Қар ұшқындайды. Жел қатая түскен. Бекарыстанда үн жоқ, көштің алдына түсті.

Қар алай-түлей борап тұр.

Тағы да екі күн өтті. Ақ бұрқақ борасын басылған. Баспашылардың жөнін тапқаны анық еді.

Түйе жоқ. Қой көп шығындамапты. Қожабек бастаған жігіттер ығып бара жатқан үстінен түскен. Ауылға айдап келді.

Шалқошқардың аулында баспашылар екі-үш жігітті шауып өлтірген. Бір баланың қарнын жарыпты. Екі қыз тұтқыны бар... Жылқы мен түйеден тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетіпті... Оны да Қожабек естіп қайтты.

Баспашының қашанғы әдеті жан баласын аямайды. Қожабектің сөзіне ешкім таңырқаған жоқ. Баспашылар қазақ даласында екі-үш топқа бөлініп қимылдағаны мәлім болды. Бір күнде төрт-бес ауылға тиіп үлгеріпті. Жұртты таң қалдырған бір-ақ нәрсе еді: баспашылар қай ауылға барса да, Жанқожа мен Бекарыстанды сұрайды екен...

— Батыр екеумізге құда түсетіндей-ақ, шынымен ат мандайын қойып келген болды ғой онда. — Бекарыстанның жүзі күреңгітіп отыр. — Құдай сақтаған екен...

— Әкесінің құны бардай, айрықша осы екі ауылға құшыры түскені қалай? — дейді Әйітбек.

— Қайдам...

Баспашылардың тосын мінезіне түсінбей, бәрі де дағдарып қалып еді.

* * *

Ханның өз аузынан ұлықсат алған шырақшы үйінде аунап-қунап жатыр. Қатын-баласын қуантып, өзі де есін жинап қалған. Сол екі арада межелі бір ай да өтіп еді.

Қожанияз шақыртыпты.

Төрт бөлмеден тұратын қыш үй, кең аула. Жеміс ағашының жапырағы сарғайып, күз түскенін білдіріп тұр. Күн бүгін ерекше еді. Қожанияз төсекті аула ішіне, жапырақтардың көлеңкесінде саяжайға салдырыпты.

Кіріп шыққан әйел жынысы көрінбейді. Бұл үйде әйел жоқтықтан емес, Қожанияз мұсылман салтын қатаң ұстанады. Қонақасы үстінде екі баласы Майқара мен Қайдауыл отырды.

Әңгіме хан тапсырмасына қарай ойысқанда, қонағын ертіп Қожанияз оңаша бөлмеге кірді. Екеуінен басқа жан жоқ.

Терістік бетте отырған қарақалпақ қыстауларының жағдайы сөз болды. Айдос би ағайындарына адам салып, әрекеттенгенмен нәтиже шығатын түрі байқалмайды. Хан Арал теңізі жағалауындағы өзбектерге аттанады. Әбіләзіз қарақалпақтардың қолтығына су бүркіп, Мұхаммед Рахым бектің саясатына кедергі жасағанын қоймай жүр. Әуелі соны талқандайды. Онан кейін кезек қарақалпақтарға келеді...

Хиуа хандығының жері батыс пен терістігінде қазақ руларымен шектесіп жатыр. Қарақалпақты бағындырып алған соң қазақтарға, Сырдың бойын жайлайтын Әлім-Шөмен руларына қарай ат басын бұрады... Қалай да Қоқанның алдын орап, іс қылып қалуға асығуы керек!

Қожанияз өз пікірінде қазақтарды жақсы білемін деп ойлайтын еді. «Ақтабан шұбырынды» заманын да зерттеп жүр. Жоңғардың жойқын шабуылына ұшыраған қазақ ауылдары тозып кеткенде, көп жұрт Хиуа хандығының жерінде паналапты. Екі жылдан кейін Әбілқайырды Хан көтеріп, тік көтеріліп көшіп кетеді. Орта Азияны тітіреткен жоңғарлар қазақ найзасынан мерт болды...

Қожанияз осы бір мұсылман екені де кәдікті тағы халықтың табиғатына сүйсінетін еді. Тозып кеткен ел соншалық мойымас жігерді қайдан тапты?

Қазақ батырлары тосқауыл болмағанда, Жоңғар қалмақтары бұл өңірдегі бытыраңқы мұсылман иеліктерін бір-ақ жайпайтыны анық еді. Бағы замандағы Хорезм патшалығы... шежірешілер рас айтса, хандық Хиуа мен Қоқанға, Бұхар әмірін қосқанда, жүз мың сыпай шығара алар ма еді? Әй, білмеймін... Ана шеті парсы жұрты, мына шеті Ауғанстан... Маураннаһрдың қоластына дүниенің жарымы кірген ғой. Алты жүз мың әскерді сондықтан жинап жүр... Соның өзінде көшпелілердің көсемі Шыңғыс хан бастаған монғол сарбаздары Хорезмді жайпап өтті...

Шыңғыс алпыс мың қолмен аттанып еді. Қазақ даласына кіретін жерде жоңғар сарбаздары да сол шамалас болыпты. Қазақтарды бір тоздыруға тоздырды.

Қазақтар есін жинап алған соң ойсыратып кек қайтарды. Қазаққа көрші отырған мұсылман әміршілері қол ұшын берген жоқ. Жоңғарлардан зәресі кетіп қорқатын. Егер қарсы аттанған қазақ сарбаздарын жер құштырғанда, бір замандағы Маураннаһрдың тағдыры айнымай келетін еді.

Жоңғар хандығының алпыс мың қолын қазақ жігіттерінің қалай жеңіп жүргеніне Қожанияздың ақылы жетпейді. Үш жүздің басын қосқанда, Әбілқайырдың туы астында жиырма мың ғана сарбаз жиналыпты...

Қожанияз шариғатты қатты ұстанғанмен, ғайыптан болатын кереметтерді мойындамайды. Тәңір кәпір, мұсылмандыққа қарамайды. Қараса — мұсылман Хорезм шахы кәпір Шыңғыстан таяқ жеп, Әбескун теңізінің елсіз аралына масқара болып өлмес еді... Сол тұста шапқыншылыққа ұшырамаған мұсылман патшалығы жоқ, ойрандалмаған қала жоқ. Сонда бір жібімеген тәңірі қазақтардың көз жасын көріп, мейірімі түспеген шығар... Қожанияз ондай сәуегейлікке сенбейді.

Қазақтан соққы көріп қайтқан жоңғарлықтар Ташкентті талқан қылған жоқ па? Мұсылманның қасиетті қаласын талай жыл астана қылды. Әмірсана бүлік шығарып, қытай әскерлерін алып келіп, өз патшалығын тоздырып жібермегенде, жоңғарлықтардың Ташкентте әлі қанша отырарын құдай біледі...

Мухаммед Рахым бек таққа отырғалы терістік пен батыс бетте отырған елдерге көз сұғын мықтап-ақ қадады. Әмударияның құйылысындағы өзбектерді осы жолы бағындырып қайтуы керек... Енді бір жылдан соң Хиуаның қол астына қарақалпақтар қарайды. Содан соң...

Кезек қазақтарға жеткен кезде дәуірлейтін Қожанияз болады.

Хан бұл ниетін шет жағалап сездіріп те қойған....

«Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас». Бұл Рахым бектің сүйікті мақалы. Құлы - қалың тобыр қара бұқара, сонша құлдың ішінде не ақыл парасатымен, не батырлығымен айрықша шығатын біреулері табылады. Қара тобырдың тұтқасы да сол. Қалың ел ердің аузына қарайды. Ру-руға бөлінетін көшпелі жұрттың бір өзгешелігі хандық үстемдігін сирек мойындайды. Дүние жүзінің жарымын алып жатқан Монғол мемлекеті Бату көз жұмған күні ыдырап кетті... Әбілқайыр өлген соң, Әлім-Шөмен Нұралы ханды Сыр бойынан айдап салды... Алты Әлім Әбілғазы сұлтанды да мойындаған жоқ. Рушылдық жегідей жеген халықтың осал жері сонда, ауызбіршілік болмайды. Қарақалпақтар да сонысынан таяқ жеп жүр...

Қазақтардың «ақ табан шұбырынды» заманында тез ауыз біріктіруіне Әбілқайырдың даналығы себеп болды...

Хиуа хандығының жоңғарға қарағанда артықшылығы бар, аузы түкті кәпір емес, қазақтың өз бауыры, мұсылман жұрты... Қожанияздың пікірінде, бұл жерде діннің беделін мықтап пайдалану керек... Хиуаның базарында әркімге бір қол жайып, қаңғыбастанып жүрген қожа-шайхыларды қазақ даласына қарай дүркіретіп қуар еді...

Хан басқа тәсіл қолданғысы келеді.

Қожаниязға қазақтың басты-басты биі мен атағы шыққан батырларын есепке алуды тапсырды. «Алтын көрсе періште жолдан таяды», дүниеге қызықпайтын пенде жоқ. Әрі-беріден соң әкесін сатудан тайынбайды...

Күміс кесе толы шарап қолында, Қожанияз сөйлеп отыр.

Шарап уыты жүрекке тепті, шырақшының маңдайында шып-шып тер, үй иесіне қарап басын шайқайды.

Қазақ Бұхардың сәудегері емес, даланың жыртқышы, мирт келеді. Олар «жаным — арымның садағасы» дейді екен. Намысын жанынан қымбат санайтын халықтың алтынға сатылуы да қиын болар. Ал Жанқожа аузына дән салмайды екен, біреудің табан ет, маңдай тері бар дейтіні ғой. Құмнан құмаршық қағып, соны талқан қылып жейді.

Сол Жанқожаның жағдайын толығырақ сөйлеші...

Шырақшының сөзінен кейін Қожанияз ойланып қалған.

— Қазақ сойыл ұстағанның бәрін батыр дейді. Соның ішінде халыққа сөзін тыңдататындары санаулы,— деп шырақшы сөзін әрі қарай жалғастырды. — Бір батыры ағайынды Рахметәлі — Мелдебек. Әйдербек аталығынан шығады. Түрікпеннен жылқы алып жүрген батыр жігіттер. Соған қарап жұрт та сыйлайды. Жақайымда Толыбай бар. Оның туысы Байшоқы би. Кішкенеде Жанқожадан кейін Бекарыстан беделді. Әлім іші Қаракесек Ақтан батырды да әулие тұтады...

Хан «түрікпен сыпайларын қазақ ауылдарына жұмсап алу» жайлы пікірін тағы да еске алды. Осы бастан тынышын ала беру керек...

Салт атты баспашы, тұтқиыл соққан көк дауыл. Жанқожа сияқты батырларды түрікпеннің қолымен өлтіру керек. Сонда ханның атағына да кір келмейді. Баспашы қайда жоқ? Мұздай қаруландырып, біреу-жарымының қолына мылтық ұстатады... Қаншы батыр болғанда, қорғасын оққа не істейді?

Қожанияз әлгі аты аталған батырлардың жаз жайлау, күз күзеуін жазып алды...

Біреуі - ханның жансызы, біреуі бек — екеуі түннің бір уағына шейін отырды. Шарап басына тепкен кезде шырақшы былдырақтап мұңын шаққан. Қауіпін айтады. Биыл жаз Бесбасбаймен кездесіп қалғаны есінен кетер емес. Хан сарайының алдында кездескен қарақалпақ жігіт түсіне кіріпті...

— Қасыңа ертетін жігітімізді көрдің ғой. Қазақ ішіне жақсылап таныстыр. Өзі де пысық жігіт, бір көргенін ұмыта қоймас. Қазақ тілін бұрында да әжептеуір біледі. Ендігі хабаршың сол болар. Көктемде бір, күзде бір жұмсап алып тұрарсың. Жұмысқа біраз сірніккен соң, орнында соны қалдырып, өзіңді осында алдырамын...

Қожанияз қонағын шығарып салды.

Екі-үш күннен кейін Қызылға қарай шығатын жол үстінде екі шайқы кетіп бара жатты. Бірі - уыздай жас жігіт, бірі — қартаңдау еді.

— Ақиректе Арыстанбап, Түркістанда Қожа Ахмет, сап жүрегім, сап, сап!

Шал дәруіш қара көрінсе зікір салады.

Бұл жаңа тапсырмамен бара жатқан шырақшы еді.

Бұл кезде Әмударияның құйылысына қарай аттанған Мухаммед Рахым жорықтан оралған... Екі ай ішінде шаруа баққан халықтың талай қыстауы ойрандалды. Бекініс салуды білмейтін жұрт қарулы сыпайға қарсылық көрсетіп жарытқан жоқ. Жорықтан қайтқан сыпайлардың қолы бос еді.

Қожанияз қырық-қырықтан үш топ құрап, қазақ даласына асығыс аттандырған. Сыпайлар Жанқожаның аулын таппай қайтты. Бекарыстан айласын асырап құтылып кетіпті.

Кеш қимылдап еді. Сыпайлар Қызылға жеткенше қыс түсті. Жылы жақтың табиғатына үйренген жігіттер боранға ұшырап, адамдарын үсітіп, адаса-адаса әрең жетті...

Бұл екі арада Мухаммед Рахым бектің қарақалпақтарды бейбіт жолмен бағындырғысы келген саясаты нәтижесіз аяқталды. Айдос жіберген елші қайта оралмады... Қазір бірыңғай сол мәселемен айналысып кеткен Мухаммед Рахым бек қаһарына мініп отыр еді. Қожанияздың қазақтар туралы айтқанына құлақ асқан жоқ..

Осымен тағы бір қыс өте шықты.

Қожанияз күн ұзын хан сарайын жағалайды. Үйге ылғи кешігіп оралатын еді.

— Үйде мейман отыр... — Алдынан әйелі шықты.

— Қайдағы мейман?

— Былтыр күздігүні үйде болатын... мейман болып кететін кісі бар еді ғой...

Қожанияз шырақшыны күткен жоқ-ты. Қазір қасында жас серігі бар... Асығыс жұмыс болса, соны жұмсауды тапсырып жіберді. Мейманның түсін көргенде жүрегі дір етті.

— Ертелетіп қайтыпсыз... — Тілі күрмеліңкіреп сөйлеп еді. - Аманшылық па?

Шырақшы Ақиректе Бесбасбайды екінші рет жолықтырады. Аңқау шал кездескен жерде үлкен шу көтеріпті. «Хиуада... тап өзіңнен айнымайды-ау, айнымайды... ұстай алсам сарт болып шыққаны...»

— Құтылатын жер таппағанда аузыма қалай түскенін білмеймін. «Аталарың аруақты екен ғой, — дедім Бесбасбайға. - Аруақ әрдайым сарт болып аян береді». Шалым шалқасынан түсті. Ту бие сойдырып, құда жолы жасады. Тамды маңайында

Қарасақал құдалары бар екен. Сонда көшкелі жатыр. Тентек кісі еді, «аруақпен» кездескелі софы болды. Бес уақыт намаз оқиды.

Шырақшы мен Қожанияз қоса күлді.

— Енді несіне қорқып жүрсің?

Ол әлгі сөзін жалпақ жұртқа жайды ғой. Онан қарақалпаққа тарайды. Мені мұнда көрген бір Бесбасбай емес шығар. Біреу-міреу сезініп қалуы кәдік. Әбілсейтке айттым. Мені сұраған адам болса, «Меккеге кеткенімді» айтады. Өзі алғыр бала, қазақтарға сіңісіп кетті...

Осы кеңестің ақыры шайға ұласты.

Жанқожа мен Бекарыстанның биыл Қарақұмға қарай көшкенін есіткенде, Қожанияз бармағын тістеді.

— Қап!

Жанқожаның бетіне айтпағанына өкінді.

* * *

Қазақ ауылдарында жаңалық найзағайдай шапшаң тарайды.

Бесбасбайдың ата-бабасы аян беріпті. Бай Хиуаға қарай і өшейін деп жатыр...

Екі кісінің басы қосылса, әңгімесі Бесбасбай еді. Басына қарға саңғып жатқан атақсыз жаман шал әулие атанды. Жарықтық әруақ та қызық-ау, не түсінде емес, тал түсте... қабірінің басында болса бір сәрі, Хиуаның базарында сарт болып көрінгені несі?.. Жұрт жағасын ұстайды.

Бұған орайлас Хиуа ханы Жаңадария бойындағы қарақалпаққа қайта-қайта елші салып жатқан хабары шықты. Қазақ аулында баспашы бой көрсетті. Осының бәрі сабақтас нәрсе екенін біреу-жарым қазақ билері де түсініп жүр еді. Хиуа бүгін қарақалпақты бағындырса, ертең қазаққа ауыз салар... Қауіп күткен ел құлағын түрік ұстайды.

Толыбай биыл жаз Борсықтан әрі қарай көшіп шығыпты...

Ақшатаудың Жақайымдары Қарақұмды қыстап жүр...

Кеше қырылысып алған қыстаулары былтырдан бері қаңырап бос қалған...

— Осылардың не білгені бар?

Бекарыстан басын шайқап отыр.

Былтырғы баспашылардың оқиғасынан кейін жұрт шошынып қалған. Биыл Қызылда бір ауыл да қалған жоқ-ты.

Нұрымбет аулы мен Жақсықылыштың сыртына шығып қонды. Кішкененің бір топ жақсылары, қасында Бекарыстан.

Шалға сәлем беріп отыр.

— Хиуа ханы қарақалпақты қасына шақыратын көрінеді.

Қалай жасаса да, жақсылық емес. Әлі қарақалпақтар ханға арқа сүйеп алған соң, Сыр бойында тастап кеткен қыстауларын даулайды... — Мұны айтқан Бәйділдә еді. — Жақайым, аға баласы, қыстау бөлетін жерде таңдаулысын алады. Енді Қарақұм асып, жел жағына бізді ұстап отыр.

— Баспашының өзі қырып кете жаздады. Хиуа әскер шығарса, жүндей түтеді...

— Тап сол баспашыдан күмәнім бар. Баспашы Бекарыстан мен Жанқожаның аулын іздеп не қылады? Бәрі сол Хиуа ханы салып отырған ылаң ғой...

— Мен де содан кәдіктімін. Қарап отырып, арам қатармыз, бұған қарсы бір әрекет ойластыру керек...

Бекарыстан алты Әлімнің басын қосып ақылдасу туралы ой айтты. Әлім-Шөменнің ханы Әбілғазы қыңыр тартып ұзақ жайлап жүр. Оны да шақыртып алу керек. Орыс патшалығы Сыр бойына шейінгі өлкені Әбілғазының қол астына берген десетін. Ханның не ойы бар екен...

Әбілғазының атын есіткенде Жанқожаның қабағында кірбің білінді.

— Әбілғазыға Байшоқыны жұмсау керек, — деді Бекбауыл, ақыл қосып.

— Аржағында қатысып отыратын көрінеді ғой...

— Қарақалпақтарға да адам салайық, — деді Бекарыстан ойын дамыта түсіп. — Хиуа ханына шынымен бағынатын болса, қонысынан ауғаны мақұл. Қазақ ауылдары Хиуа ханының әскерлерін іргесіне қойып, тыныш ұйықтаулары қиын болар. Соқпа-соқпада тиіп қашатын баспашыларының өзі тынышымызды алып бітті. Жаңадарияға келген соң жаныңды қоя ма?

— Мен де соны айтамын ғой!

— Оған Жәкем барсын, — деді Бекарыстан. — Қарақалпақтар атағын біледі. Айтар уәжіміз: қазақтар Хиуа әскерлерінің аяғын Қызылдан бері қарай аттатпайды. Екі арада шыбын өледі... қарақалпақ ағайын қосақ арасында босқа күйіп жүрмесін!

— Әй, бәрекелді!

— Қарақалпаққа Бекемді салайық, —деді Жанқожа, басын әңгіме даудан ала қашатындай әлпет білдірді. — Бекем — Енесей бидің жиені. Оның адалын айтып отырғанына нағашы жұрты да шек келтірмейді.

— Бұл да дұрыс екен.

Билік құмар Бекбауыл елпең етіп көне кеткен. Тек қасына бір адам қосуды сұрады.

— Бәйділда барады!

— Барайын!

Мәслихат Көкдомбақта Бекарыстанның аулында өтетін болып келісілді. Оған шейін Әбілғазы да құлақтандырылады. Байшоқыға хабар беруді Бекарыстан өз мойнына алып отыр.

Бекбауыл мен Бәйділда ертең атқа қонады. Он күнді меже қылды. Соның ішінде қарақалпақтардың жауабын алып қайта оралуы керек...

Пікір бір жерге құйылды. Көпшілік бір уақыт Маман би мен Маңғыт Орынбай биге айтылатын сәлемнің жобасын талқылады.

Қой еті піскенше әлі біраз бар. Билер сырлы тостағаннан қымызды ұрттап қойып, енді қысыр кеңеске көшкен.

Бір уақыт шаруа қамы сөз болып, әркім өз мұңын шағынады. Құдайдың жайраңдаған жазында жұрт бой жазудан қалды. Құдық жетіспейді. Жайылым тарылды. Жаздың күні ештеңе емес, ертең қыс қысып кеткен кезде жұрт не күн көреді?

Жанқожаның жаз жайлауы да оңып тұрған жоқ. Жақсықылыш жалаңаш тұз. Батыс беті теңізге жеткенше сары жазық. Бір жағында биік қырат. Жылқыны Жақсықылыштың шығыс бетіндегі быжырға айдап салып отыр. Түйе ауыл маңындағы сораң мен тырбық жусанды ермек қылады...

Қарақұмдағы көп құдықтарды бұрыннан табан аудармай і еле жатқан ауылдар меншіктеп қойған. Басып қонсаң, арты нау. Араласып қонғанмен, мал сиыспайды. Бір құдық қыруар малды суға қалай жарытады? Амалы құрып отыр.

— Біз де қысылып-қымтырылып отырмыз, — деді Бекарыстан қынжылып айтады. — Көкдомбақтан айдап салған түйеміз сіздің ауылдың үстіне келіп құлады. Былтыр біздің құдыққа Рахметәлі отырған екен. Биыл да көшін үстімізден алып өтті. Бірақ ештеңе айтқан жоқ. Шықымандағы Сырлыбай аулына барып қосылыпты. Жаманқұлда бес жүзден артық жылқы, бес мың қой бар. Қиын ғой. Мына жер таршылығы ағайынның арасына жік салуға қарады.

— Жаманқұлдың дәулеті бір шайқалмайды. — Жақай таңдайын қағады. — Не пәлесі бар?

— Сасық ырыс айналған шаңырақ емес п? Әйдербектер ол ауылды әлі күнге «байдың баласы»атайды. — Бекарыстан әңгімесін жалғастырды.

— Таңсыққожа есті азамат еді, қақ-соқпен жұмысы жоқ, ағайынға да жағымды болды. Жаманқұлды да жұрт шаруаға пысық десіп жүр. Құдайдан сұрағанның бүйірі шығады деген осы...

— Осы Бесбасбайды Хиуаға көшеді деген не сөз?

— Елдің ішіне іріткі түсіргені жақсы ырым емес. Алды көше бастағанын көрген соң, басқа жұртта қобалжиды.

Бекарыстан қауіп айтты.

— Ып-ырас!

— Олай десеңдер, мен Бесбасбайдың кешін ұстаймын.

Жанқожа жайбарақат сөйледі.

— Ол тентек шал оныңа көне қойса!

— Қобалжып отырған елге мұрындық болатын ондай тентекті тыйып ұстау керек. Көнбей көрсін!

Жанқожа шын қатуланып отырды. Үш күннен кейін Бесбас байдың ауылы Жақсықылыштың үстінен құлады. Арқан-жібі дайын, күз түсуін ғана күтіп отырған ауылға Жанқожа жұмсаған жігіттер сап еткен. Бетіне жан қаратпайтын тентек шал жарыла жаздап отыр. Жанқожамен қатты-қатты тілге келді.

— Әй, мынау иттерің алдына салып айдап келе жатыр! Мені қоңсы қондыратын кім едің сен?!

— Қарақұм тарлық жасап, Хиуаға көшкелі жатқаныңды есіткен соң, жұмсаған едім. — Жанқожа мысқылдай күлді. Жақсықылышты қосыла жайлаймыз енді...

— Қап, мына иттің қылығын-ай!

Бесбасбай қамшысын сілтеп қалды. Сол күйі иығының сіңірі үзіліп түскендей...білегінде бүлдіргі, қамшы Жанқожаның қолында кеткен екен.

— Батыр, мұнан жеті жыл бұрын бір сабағансың. Сол жетер! Мен сені ұрып-соқпаймын, бірақ, қасымнан да көшірмеймін! — Жанқожаның түсі сұп-сұр еді. Бесбасбай сескенді, Орыс, атам баласы, кезіңнің еті өскен екен! Боқты көшірмейсің! Жақайым Бесбасбайды қасында қалай байлап ұстайтыныңды көріп алайын!

— Байлап ұстамаймын, бірақ Хиуаға қарай аяғыңды аттап бассаң, түндігіңді түріп қойып шауып алам!

Бесбасбай тулап-тулап басылды. Оның ойынша, Жанқожаның бұлай өшігуі тегін емес. Хиуа тек дәлел, баяғы Бесбасбай сілтеген қамшының кегін алып отыр...

Сол күні Толыбайға бір жігітті аттандырды.

— Нұрымбеттің баласы төбемде қамшы ойнатты. Бір кезде Бозорыс бауырым болған соң, қазасының үстіне шыдамай кетіп, Жанқожаны қамшымен бір тартып қалып едім. Бұл сол қамшының қарымтасы. Жақайымдардың іргесі аулақ кетіп, жалғыз ауыл қалған соң маған зорлық жасап отыр...

Бір аптадан кейін Нұрымбет аулына Толыбай келді.

Қырдағы Жақайымдарға Бекарыстан аттандырған хабаршылар да барып жетеді екен.

Қыр жайлаған бір тайпа ел әлі еш нәрседен хабарсыз еді.

Баршақұм, Борсықтағы жұрттың жағдайы да мәз емес. Қоныс онда да тарылған. Орысқа жақындап қонудан сескенеді. Жетірудың ауылдары бері қарай ығысып жатыр... Жер дауы көп... Күнде барымтадан бәрінің де тынышы кетіпті.

Алты Әлімнің жиыны туралы хабар Толыбайды да өлеңдетті. Жанқожаның маңында жортуылға аттанатындай. Құттықтың бар аулы қанаттаса қонған екен. Ат-көлігін дайын ұстап, жігіттердің басы бір жерге түйіскен. Толыбай онысын жақтырмады.

Мынауың бір Бесбасбай емес, иісі Жақайымның жүрегін шайып қойғысы келіп отырған жоқ па?

Бірақ бұл ауылда өзіне деген жау ниет байқалмайды.

Жақай есіктің алдында қой сойып жатыр.

Жанқожа қонағын отауға түсірді. Жасы отыздан асса да Мүмсін қартаймапты. Сызылып тұр. Қатынды шаршататын бала екен-ау... Толыбайдың есіне өз кемпірі түсті.

Дастарқан жайылды. Жауқашар қара сабаны күрпілдетіп пісіп тұр. Саумал иісі үйдің ішін алып кетті.

Жанқожа сыр бермейді, шаруа жайын жағалатты. Сөзінің арасында Хиуа хандығы ауызға алынды. Баспашысын жиі аттандырып, елді бүлдіріп барады. Толыбай бұл ауылдың жігіттері неге елеуресіп жүрген мәнісін енді түсінді.

Бірақ Бесбасбай... Оны Хиуаға көшірмей ұстап отыруының себебі не? Бір шалдан азайып, көбеймейді. Осы күні кім қайда көшпей жатыр?

Жанқожа Бесбасбайды қонақасыға да алдырған жоқ.

Толыбай ас піскенше далаға екі шықты.

— Бесбасбай ағаңды қоңсы қондырып алғансың ба?

Бұл кезде ас ішіліп, дастарқан жиналған. Жанқожа өз аяғынан тиіп, бірдеңе айтар деп күтіп еді. Бесбасбай жайы ауызға алынған жоқ. Толыбай енді шыдамады.

— Шалды көшірмей ұстап отырмын, Тәке...

Жанқожа шынын айтты.

— Көші-қонда әркімнің еркі қара басында... - Толыбай сызданды. - Ағайын, адам оның ұят емес пе?

Жанқожа Бесбасбайды неге ұстап отырған себебін түсіндірді. Бүгін қарақалпаққа ауыз салған Хиуа ханы ертең қазаққа келеді. Қолданып отырған тәсілі біреу... Қолдаулы Айдос биді қолтығына тартып, бұл жақтағы ағайындарына салады. Ертең қазаққа да сонысын істейді. Бүгін Бесбасбай көшсе, қоныстан тарығып отырған ел түгел елеңдейді. Хиуа құшағын жайып қарсы алып, ертең өзімізге Балталы Жақайымды балта қылып салмақшы. Басқаға не қылсаң да, өзің біл. Бірақ жасы жетпістегі шал ғой, оған обал болмасын!

Босатамын, Төке. Бірақ Әлім ұлы болып бас қосатынын естіп отырсың ғой. Сол кеңестен кейін Бесбасбай көше берсін, ұстамаймын.

Толыбайдың іші кіпі алды. Кішкенені қойып, мынау бес Шектіге билік жүргізгісі келіп отыр ғой. Енді жұрт көшіп-қонатын болса, Жанқожадан ұлықсат алуы керек екен. Былай шыққан соң осыны Жанқожаның бетіне айтпағанына өкінді.

Егер ол Кішкененің Жанқожасы болмаса, Толыбай түндігін түріп қойып шауып алар еді. Көпке топырақ шаша алмай, амалы құрып бара жатыр.

Бесбасбайға сәлем берді. Кеудесіндегі ашу отына шалдың сөзі май құйып өршіткендей, ызасы қайнады. Алты қанат ақ боз үйден қаны қарайып шықты.

Дүние кезек, Жанқожаның бұл ісін алдына келтірмесе Толыбай аты өшкені артық...

Мухаммед Рахым бек қарақалпақ ішінде жіберген елшісін жоғалтқалы да бір жылдан асып кетті. Жанназар сол кеткеннен Айдос биге соққан жоқ-ты. Бірақ оны ағайындары қалай қарсы алғандарын, Жанназардың олармен не жайында сөйлескенін хан біліп отыр.

Өткен бір жыл Әмударияның құйылысындағы қарақалпақ рулары Қоңырат пен Ашамайлы қоныстарына жорық жасаудың қамымен өтті. Жаңадария бойындағы елден басқа тайпаларды бірте-бірте уысына жинап алған. Енді жаңа жорықтың дайындығына кірісті.

Рахым бек сақ, қазір басқа түгіл, Айдосқа да күдікпен қарайтын. Жанназар қарақалпақ билерінің алдында көсіліп көп нәрсе айтыпты. Өз жанынан шықты ма әлде Айдос би үйретіп жіберді ме, — көзі ештеңеге жетпейді. Осылай толқып жүргенде, тағы бір оқиға кездесті. Айдос бидің өзіне тете інісі Бекіш Талдық маңындағы Қоңыраттардың арасында, ханға қарсы әрекет жасап жүрген хабары шыққан... Бидің өзі де мойындайды. Мухаммед Рахым бек Қоңырат ауылдарына Айдосты аттандырды. Ханға адал екені рас болса, Бекіштің басын алдыруы керек. Қойған шарты ауыр еді.

Айдос уәдесінен шықты. Қоңырат тайпасының ауылдары талқандалды. Би ханға тартуға туған інісі Бекіштің басын әкеліпті. Айдос би інісін қалай алдап түсіріп, басын қалай алған жайын айтып отырғанда, қаһарлы ханның төбе құйқасы шымырлады...

Бұл кезде Әмударияның төменгі құйылысындағы өзбек ұлыстарының ханы Төремұрат софы Қоңырат хандығы аталатын еді. Бір жағынан Бұхар әмірінің қолдауына сүйеніп, өз жанынан қарақалпақ билерінің қолтығына су бүркіп, тынышын алып жүрген. Қоңырат ханы бұл жолы Қоңырат тайпаларына ара түсе алған жоқ...

Төремұрат софыдан әлі де қауіп күтетін хан жаңа бағынған тайпаларға Хожелі маңынан қоныс беріп, ата мекеніне аударып жатыр. Әдейі жер шұрайын берді. Мухаммед Рахым бек осының бәрін Жаңадария бойындағы қарақалпақтардың ықыласын аудару үшін істейді.

Айдос биге ерекше ілтипат білдіріп, Көкөзек маңынан қала тұрғыздыртып берді.

Биыл көктемде жәуміттер мен сарт жігіттерінен жасақталған төрт жүз қол Жаңадария бойына аттандырылған. Хан қалың қолды бұл жолы да Айдосқа басқартты. Ақжолтай бидің сапарынан үлкен дәмелі еді. Бірақ Жаңадария бойын күшпен бағындырудың сәті тағы да түспеді...

Енді үлкен жорыққа ханның өзі жиналды.

* * *

Қалың елдің ішінде бой тасалап жүрген Жанназар Жаңадария бойындағы ағайындарын қайта аралап жүр. Бұл жолы ханның елшісі емес, халық қамын ойлап келді.

Әскер жасақталып жатқанын, оның Жаңадария бойына қарай аттанатының есіткен Жанназар Айдос биге барып қайтқан. Екі жылда кездескені екен. Би ашулы көрінді... Бекіштің тағдырын жол бойы естіп келе жатқан Жанназар әңгіме үстінде Айдос биден біржола түңілді...

Мінсіз адам болатын шығар... бірақ бойындағы мінін байқайтын пенде сирек қой. Айдос та пенде, халықты қан қақсатып жүрген өз қылығын жамандық деп түсінбейтін еді. Туған інісін оққа байлаған адам басқа адамды аямас болар... Жанназар аман қайтқанына қуанды...

Хан ниеті қарайғанын, ертерек қамданбаса, бейбіт жұрт босқа қырылатынын барған жеріне айтып жүр.

Қасында он жігіт жолдасы бар. Қолдаулы, Қият, Ашамайлы сияқты әр рудан шыққан аяулы азаматтар еді...

Бәрі сол қарақалпақтарды көтерудің қамы... Бәрі де жау түсіргіш жігіттер... Халық жасағының сапында Хиуа ханына қарсы шайқасуға дайын, белдерін буып шығып отыр... Алғаш Жанназардың бұл ниетін Маман, Тоқтаболат сияқты аузы дуалы билер де құптағандай болған...

Бірақ қарақалпақ алауыз еді. Орынбай баласы Дәулетназарды қасына Балмухамбетті қосып, Бұхар әміріне аттандырыпты. Бұлар халық бастап ұрысқа шыққаннан гөрі, Бұхар әміріне арқа сүйегенді артық көреді...

Маманның қасында, Кенегес, Қыпшақ Бессары тайпаларының белгілі билері жиналып, Әбілғазы ханға елші салыпты. Бұлар сонымен бір мезгілде Қоңырат ханы Төремұрат софыға да астыртын адам аттандырып еді...

Жанназар екіге жарылған елді бүтіндеймін деп құр шаршады. Сол екі арада Хиуа ханының елшісі де келді.

Бұхардың хабарын күткен Орынбай бұлталаққа салды.

Маман қазақ ханына бағынатынын айтып отыр....

Бұхар әмірі Дәулетназарды құр қол қайырды. Жаңадарияға шейін екі мың шақырым жер екен. Онда әскер аттандыруға әмір жүрексінеді.

Хорезм жұрты аталатын елде қазір үш мемлекет, бірін-бірі аңдып отыр... Бұхар әміріне қарайтын ел онсыз да қырық ру. Тау жайлайтын тәжіктер, диқан өзбектер, баяғы Жалаңтөс батырдың тұсында келіп, қайта көше алмай қоныс теуіп қалған қазақтар да бар. Осылардың ішінде жер емшегін емген тәжік пен өзбектер болмаса, қазақтар әлі күнге жартылай тәуелсіз өмір сүреді. Әмір ашу қысып кетсе, әскер аттандырып өз халқын өзі шауып алар еді....

Оның үстіне Бұхар мен Хиуа әрқайсысы көшпелі жұрт түрікпенге ықпал етуді армандайды. Аттың құлағында ойнайтын дала жігіттері шетінен жау жүрек батыр... Мухаммед Рахым бек те, Бұхар әмірі де, — сайыпқыран сарбаздарын солардың арасынан таңдайды. Бірақ тәуелсіз өмірге үйренген көшпелі тайпалар құлдық қамытын оңайлықпен мойындамайды. Бұхарға бетін берсе, Хиуаға сырт айналып, күні ертең бұлт етіп шыға келетіні бар. Талай жер соқтырды.

Араларында бұрыннан осындай кикілжіңі бар Бұхар әмірі Хиуамен ашық жаулыққа бара алмай отыр. Иегінің астындағы қарақалпақтарды әмір қағып кетсе, Хиуа ханы кешірмейді. Әрі соңғы он жыл ішінде Қоқан хандығы да күшейіп алған. Нарбота бидің баласы үшін Бұхардан қатерлі дұшпан жоқ, сәл қия басқанын байқаса, аяқтан шалып қалудан тайынбайды. Тіпті Хиуаға жақсыатты көріну үшін-ақ етегінен алып қалар...

Бұхардан күдер үзді. Хиуа ханының жер қайысқан қолы бері қарай аттанғаны анық болды. Жанұшырған Орынбай би Дәулетназарды ханның алдынан аттандырды.

Ханға бағынуға әзір екенін мәлімдейді. Бірақ Жаңадария бойында отырып жағдайы келмейді. Хиуаға бағынғанын білген күні қазақтар бас салуға дайын отыр... Хан Әмудария бойынан қоныс берсін...

Оған қоса, Маман бастаған бір топ бидің қазақ ханы Әбілғазыға адам салғанын да хабарлайды. Бидің қолынан қазық кеткен... енді басқаның басын оққа беру арқылы ханның алдында өз абыройын көтерудің амалын қарастырады.

Бұл кезде соңында үш мың сыпайы бар Мухаммед Рахым бек Әмударияның оң жағасына өткен. Көкөзекке жетіп, ат басын ірікті. Бір-екі күн еру болып, қарақалпақ жағынан хабарын күтеді...

Құба дөңнің басында, хан сарбаздарының құба төбел жаппаларынан аулақтау жерде бес шатыр көрінеді. Ортасындағы көк жібек шатырдың айналасында қарулы күзетшілер сап түзеп тұр.

Мухаммед Рахым бек бүгін көңілді еді. Таңертең Есенгелді биден шапқыншы келді. Жаңадария бойындағы қарақалпақтар ішінде Хиуа хандығының бас дұшпаны Маман би болғанда, Есенгелді оның оң қолы есептелетін. Олардың арасына жік түскені жақсылықтың нышаны ..

Осыдан екі ай бұрын Әбілғазы ханның ордасына мол сыйлықпен елші барып қайтқан... Қазақ әміршісі сөзінде тұрыпты. Енді ол жақтан қауіп жоқ...

Хан бүгін дастарқанын кең жайдырды. Алуан түрлі тағамнан көз сүрінгендей еді.

Кеңесші бектері мен әскер басы сардарларын түгел жинатты. Қай күні атқа міну керек... Соны ойласады. Әрі Маман биден қауіп күшті. Қазір екі жарым мың үймен қалыпты. Түгел атқа қонса, қатерлі еді.

Жаңадарияға жеткенше екі жүз шақырымнан артық жол жатыр. Құмның үстімен асады. Ең алдымен сусын жағын молырақ қамдату керек. Осы арадан шыққан соң, хан Жаңадарияға бір-ақ құлап, ат басын тартады...

Ол Орынбай бидің кешіккенінен қауіптенді.

Желтоқсан қабағын түйіп, сіркіреп қойып тұр.

Құба дөңнің етегі қыбырлаған әскерден көрінбейді. Әр жерде шатырлар, жапырайған итарқалар... Алаулап оттар жанады... Тоңған сарбаздар жерошақ басына үймелескен. Отқа түсетіндей, бәрі де абынып отыр. Бір жағынан бой жылытады. Көкөзектің қалың қопасына кіріп кеткен жылқылардың жоны ағараңдайды. Ханның жасауылдары ерсілі-қарсылы шапқылап әбігерге түсіп жүр. Осы кезде Балмұхаммед пен Дәулетназар да төпеп келе жатқан. Қарсы алдарында қаптаған әскер шыға келгенде ат басын еріксіз ірікті.

— Құдай-ай, сақтай гөр, құмырсқадай қыбырлайды ғой!

— Мынаған жан шақ келмес!

— Әлі, кім екенімізді білмей, жазым қылып жүрер!

— Айдосты тауып алсақ екен.

Екеуі тез-тез тіл қатысты.

Ел үстіне әскер келсе бүлінеді. Орынбайдың ойы хан әскерін кейін қайтару еді...

Қорқа-қорқа жылжыған екі жігіт бірте-бірте әскер жатқан жерге де жақындады. Жан-жақтарына жалтақтай қарасады. Айдосты іздеп келе жатыр...

Басына дағарадай сәлде ораған қара жігіт алдарын кесті. Суық қабақтың астында шүңірек көз ін түбінде тесіле қарап, ішіп жеп барады.

— Қайдан келесіңдер, кім боласыңдар!?

— Орынбай бидің елшілеріміз. — Балмұхаммед сөйле. — Айдос биге жолықсақ деп едік...

— Алдыма түсіңдер!

Әмірлі даусына қарап, жасауыл екенін екі жігіт те аңғарды. Қолы қылыштың қынабында, қате басса шауып жіберуден тайынбайтындай. Елшілер жасауыл нұсқаған төбенің басындағы шатырларға қарай сөлектеп келеді.

— Мыналар қарақалпақтар екен, ұстап алдым...

Шүңірек көз күзет бастығына мәлімдеп тұр.

— Осы жерде тұрыңдар. Қазір Сардарбекке хабарлаймын. Ол бас уәзірге жеткізеді. Уәзір ханға айтады.

— Бізге Айдос биді тауып берсеңіз..

Жарыса сөйлеген екеуге қарап тұрып, күзет бастығы мұрнын шүйірді.

— Кімге апаратынымды өзім білемін. Осы жерде күтіңдер деп айттым ғой! - Күзеттегі сарбаздарға мықтап тапсырды. — Бұлар қауіпті адамдар, айрылып қалмаңдар!

Жігіттердің зәресі ұшты. Бұлардың Айдосты білмейтініне таңырқайды. Әулиеге түней барып, ешкісін қырғызып алатын қазақ сияқты, елшілікке келіп әрі бастарынан айрылады.

Күзет бастығы шеткі шатырға кірді. Содан соң жоғалды. Биенің бір сауымындай уақыт өтті, хабар-ошар жоқ...

Әлден уақытта көк шатырдан екі адам шықты.

— Айдос аға!

Балмұхаммедтің жүрегі жарылып кетердей, Айдосқа тұра ұмтылған. Күзетшінің найзасы жарқ етті.

— Алла!

— Бұлар елші жігіттер екен. — Айдостың қасындағы қара құрайышты бірдеңені былдырықтады. — Хан шақырып жатыр. Қарақалпақ елшілерімен сөйлеседі.

Айдос жігіттермен ақжарқын амандасты. Екеуін кек шатырға қарай ертіп келеді.

Қонақ көп. Жібек сәлделі ханның бітімі бөлек. Иығында атлас шапан, шалғайын тізесінің астына қымқыра басып отыр. Қарақалпақ жігіттерге сынай қарап, тіл қатты.

— Орынбай мен Есжанның ізіне мықтаса төрт мың үй ереді. Басқа қарақалпақтар не ойлап отыр?

— Көккөз би де сәлем айтты. Екі мың үй...

— Көккөз би Бұхар әміріне берген антын қалай жұтты? - Хан сәл ойланды. — Маман би не ойлайды?

— Ол қазақ ханы Әбілғазыға адам салып жатыр.

— Жанназар қайда?

— Былтырдан кейін көрмедік... — Дәулетназар жалтарды.

— Қазақ арасы тыныш па екен?

— Қызылда қазақ қалып жарыған жоқ. Жазда елші салған. Хиуаға бағынсақ, тыныш отырғызбайды. — Дәулетназар шағынды. — Әкем сізден Әмударияның бойынан беретін қонысып атауды өтінді. Ел жылжуға әзір отыр.

Хан ойланды. Жаңадария бойында қалса, қарақалпақтарды бағындырып ұстау хандық үшін күшке түседі. Құйылыстағы жұртты шаққа бағындырып, Хожеліге көшірді. Бұлардың бәрін көз алдында ұстаудың амалын қарастыру керек...

— Орынбай биге сәлем айт. Көкжантақ пен Шылпықтың арасынан таңдаған жерін алып қона берсін!

Дәулетназардың жүрегі аузынан шығып кете жаздады. Бұл сияқты мырзалық түсіне де кірген жоқ-ты.

— Бірақ Көккөз би мен Есжан қасында болады. Опасыздық жасап, екі сөйлеймін деп ойламаңдар. Сендердің Бұхар әміріне барып қайтқан сапарларың маған мәлім. — Хан соны айтқанда қабағында салқын ызғар сезілді. — Хиуа хандығының құрығы ұзын, қайда тығылсаңдар да таппай қоймайды.

Дәулетназардын жүзі қуарып кетті. Құр сүлдері көзімен жер шұқиды.

— Қолтығына кірем дейтін ел болса, Хиуаның құшағы әрқашан ашық, - деді хан. Жүзі қайта жылыды. — Осы сәлемімді айта жүріңдер!

Көкжантақ пен Шылпыққа басқа жұртты ортақ қылып, Орынбай бидің жыны бар ма? Хан өзі жолдаған бұл сәлемінің қалың қарақалпаққа жетпейтінін білген жоқ.

Ханнан ұлықсат болды. Жігіттер дозақ азабын шеккеннен бетер, қан сорпасы шыққан, далада желпініп тұр.

Енді елге беттейсіңдер той. — Айдос оларды шығарып салды.

— Құдай жол берсе аттанамыз. Ел тек біздің хабарымызды күтіп отыр. — Дәулетназар бетінде сорғалаған терді жеңмен бір сыпырды — Осы ашық — жарықта көшіп алмасақ, ертең қылышын сүйретіп қыс келеді...

— Мен де соны ойлап тұрмын. — Айдос жанашыр кейіп көрсетті. — Хан әскері ертең бір күн қозғалады. Қарақалпақ ауылдары қобалжулы екенін естіп отыр. Соған ашулы. Қолдан келсе, бәленің бетін сендерден аулақ қылуға тырысып бағармын. Әскер Маманның қыстауына қарай бет алады. Оларға шапқыншы аттандырыңдар, ақылға келгені жөн...

— Әкем...

Тыңдап ал! — Айдос оның сөзін бөлді. — Жанназар бұзық жұртты дүрліктіріп жүрген көрінеді. Оның көзін жойған адамға хан мол сыйлық тартады...

Дәулетназардың іші мұздады. Кеше інісін өлтірген Айдос бүгін Жанназарды оққа байлап отыр. Жүзі сонда шімірікпейді. Бұдан қандай сұмдықты да күтуге болатын шығар.

Ол арамза ханның алдында абыройымды төкті. - Айдостың бұл сөзі одан әрі қисынсыз шықты. — Қасыма ертіп адам қылған өзім едім, ит болып қапты.

Алдыңғы сөзінен елші жігіттердің секем алып қалғанын байқап, ақталғысы келетіндей. Аңдыған дұшпан сыр алғыш. Балмұхаммед қапы жіберген жоқ. Енді өзі де шешілді.

Жанназар қазір ат үстінде, қасында қырық-отыздай жігіт жиналыпты. Оның ішінде аталықты ауылдан ешкім жоқ. Бәрі де кедей-кепшік диқан, қара борбай балықшы жігіттер... Жұртты желіктіріп жүргені анық. Өйткені Жанназардың қару-жарағы сай деп есіттім.

— Есірік! Қаруы қылыш пен найза шығар! Қырық жігітпен жау аламын деп жүрген шығар! Хан үш мың қолмен келе жатыр Мылтығы бар... — Айдос пышаққа түсіп тұр. — Бізді құртып жүрген Жанназар сияқты сотқарлар ғой! Соғыс болса, қанша дүние апатқа ұшырайды...

Екі жігіт ат басын ауылға қарай бұрды. Күңкіл-күңкіл сөйлесіп барады.

— Жұрт білмесе, айта ма? Бекіштің басын ханға тартыпты десетін еді. Мынаның көкірегі қап-қара екен ғой. Енді туысы Жанназарды өлімге қиып отыр. Ашықса бөлтірігін жейтін қасқыр шығар. Қолына түссек, кімді аяйды бұл...

— Әлде Жанназарға тұзақ құрып көреміз бе? — Дәулетназар сыр тартты.

— Ханның көзіне түсе бергеннің зияны жоқ...

— Құдай сақтасын! Қарап жүріп бәле тілеп неміз бар! Жанназардың қасында қарулы жігіттер топтасқан. Сый аламыз деп жүріп, басымызды алдырамыз...

Хиуа ханының қолы Көкөзектен аттанатын күні Жанназар да атқа қонды.

Бұл кезде батырдың қасында қырықтан астам жігіт, бәрі де өздері іздеп келіп қосылып жатыр...

«Жер қайысқан» деп дабырайтқанда, Хиуа ханының соңында үш-ақ мың қол екен. Он мың үйлі қарақалпақ түгел көтеріліп, атқа қонатын күн туса, ханның әуселесі белгілі... Былтыр Әмударияның құйылысындағы ел де бір жеңнен қол шығарып, қарсылық көрсете алған жоқ-ты. Бұл жақтағы ел қол ұшын беруге дәрмені жетпей, бұғып қалған...

Орынбай бидің аулына барып қайтқан Сейітназар Балмұхаммед пен Дәулетназардың хан әскерін қарсы алуға шығып кеткен хабарын айтып келді. Бұқар әмірінен, түп іргесіндегі Хиуа ханы қауіптірек. Орынбай Мухаммед Рахым бекке жағынып қалудың әрекетін жасап отыр. Көккөз би мен Есжан да сондай ұйғарымға келгені мәлім болды. Әмударияның бойына қоныс аударуға дайын, қанаттарын қомдап, көш көлігін қамдай бастапты...

Маманның қасындағы екі би — Есенгелді мен Тоқтаболат та кеткен. Бір бөлек Қыпшақ пен Ашамайлы руларының жақсылары ғана қалыпты. Бүгін Жанназарға шапқыншы келді. Маман би шақыртып отыр.

Жанназар қырық жігітін алып атқа қонды.

Бұл жақтағы елде үрей жоқ еді.

Хиуа ханы төменгі елге қаһарын тігіп келе жатқаны жайлы сыбыс бар. Баяғы Оразақ батырдың шашпауын көтеріп жүретін рулардың қазақ арасына іш тартатыны рас еді. Осының алдында Әбілғазы ханнан елшілікке Сейіткерей төре келді. Хиуаға қарсы әрекет жасаудың амалын қарастырған Маман би, төренің қасына адам қосып, өз тарапынан Әбілғазы ханға ақыл салды...

Қазақ ханында алғашқы қарқын жоқ, басылып қалыпты. Елші жігіттер сөз ұстай алмай қайтты.

Әбілғазының хан деген аты ғана, Қарақұмдағы әлімұлына билік жүргізуден қалған. Оның үстіне Хиуа ханы маманның алдын орап кетіп отыр. Мол сый-сияпат көрген Әбілғазының қазір үні шықпайды... Хиуа ханына қарсы аттанып, абырой алса жақсы, әйтпесе, күлкі болады.

Қазаққа сенім жоқ, шамына тисе — хан түндігін түріп қойып, шауып алудан тайынбайды. Сырым батырдың көтерілісінен кейін бұл тұқымның жүрегі шайылып қалған. Әлімұлының қонысы орыс бекінісінен де аулақ жатыр. Сондықтан құрық алып кеткендей жайы бар. Әбілғазы басын баққанды тәуір көрді. Қабағы бұзық Әлім ішінен іргесін аулақ салып, Жайық бекінісіне жақын маңайда көшіп-қонып жүретін еді... Маман есіткен-білгенін ортаға салып отыр. Сөз кезегі жағалап Жанназарға жетті. Ширығып жүрген жігіт арғы тарихтан қозғайды. Қарақалпақ талай батырды туғызып еді. Жанназар баяғы өткен Оразақбатыр, Мамыр батыр замандарын еске алды. Қазір сыр бойында он-ақ мың шаңырақ қалған екен. Жоңғар қосынын қойдай бөктіріп қуған Өтетілеу, Жәнібек сияқты қазақ батырлары таяқты қарақалпақтан жеген жоқ па? Қыпшақтан шыққан әруақты ер Сархан батырды өлтіріп, Ерәлі сұлтанды жүз отыз жігітімен тұтқынға алатын осы отырған жұрттың ата-бабасы еді... Қарақалпақ қылышының жүзі майрылуына не себеп болды? Қазақ хандарының он мыңдаған қолына қарсы шайқасқанда селт етпейтін қас батырлардың жүрегі Мухаммед Рахым үш мың сарбазы келе жатқанын есіткенде неге шайлығады? Рахымсыз ханға бағынып, құлдық қамытын кигеннен, туған жердің топырағында шейіт болып өлген артық. Ертеңгі ұрпақтың қарғысы әлі біздің үстімізде болады...

— Оның рас-ау, Жанназаржан. Маман би ақ күміс сақалын сипап отыр. — Сен айтқан заманда ел бүтін еді. Оразақ батырдың алдын кесіп өткен қарақалпақ баласы жоқ. Қазір оның бірі бар ма? Орынбай мен Көккөз өзі азғантай халықтың арасына іріткі салып олар жүр. Есенгелді-Тоқболат екі талай жер келгенде жалт берді. Орынбай ханның алдынан Дәулетназарды шығарыпты ғой. Құдай куә, сондағы даттайтыны өз туысы, біздер... Қазір менің қасымда үркердей ғана топ қалды, екі жарым мың үй қалды...

— Пәлі десейші!

— Тұрымтай тұсына, балапан басына деген заман ғой!

— Әбілғазы қорқады екен, қазақ билерімен өзімізше сөйлесіп көрейік! — Жанназардың есіне Сегіз түсті. Қарақалпақ көтерілсе, тізгін ұшын беретініне сенімді еді. — Біздің қауымыз ортақ екенін олар түсінбей отырған жоқ.

— Құм жиылып тас болмайды...

— Қазақ атқа қонғанша, Хиуа сыпайы бізді ойрандап та бітеді!

— Шуылдамай тоқтаңдар! — Маман даурыққан жұртты әзер басты, даусы дірілдей шығады. — Әбілғазының сөзі анау, Төремұрат софы бұғып отыр. Ендігі амал, қаша көшіп жан сақтау. Мен қасымдағы елді алып, теңіздің атауына қарай жылжимын.

Қашақтарға жақындаймын. Хиуа ханы бағынған қарақалпағын қалай жарылқайды, аңысын андып көрейік...

— Әй, бәрекелді!

Отырған жұрт шу етті.

Жанназардың бар еңбегі зая кетті. Ата әруақтардың атын ауызға алып, қанша тебіренткенмен, қорқып қалған қосүрей жұрт соғыстың атын есітсе үркіп отыр...

— Ойбай, сорлаған екенбіз ғой! Ел болудан кетіппіз... Қыстың көзі қырауда босқынға ұшырайды екенбіз... Қатын-бала қырылды десейші...

Отырғандар үн қатқан жоқ.

Жанназар Маманның үйінен жылағандай болып шықты.

Қараңғы түн. Қорғасын түстес қара сұр бұлт қымтап алған аспанда жылт еткен шырақ жоқ. Көзге түртсең көрінбейді. Елдің болашағы да қараңғы түнекке ұқсап кетті. Терістіктен соққан жел ызғары қос өкпеден қысып барады. Бас тоқсан ертең бір күн кіруі керек... егер қар жауып кетсе... аяғы ақ басқынға айналады... Ақ басқын...

Оның көзіне ақ боранмен алысып көшіп келе жатқан қарақалпақ ауылдары елестейді. Суыққа ұшқан бала-шаға... Кемпір-шал... Халық басына қаралы күн туып отыр. Тағы бір «ақтабан шұбырынды» басталды.

Не істейміз? Сейітназар екінші рет сұрады.

Жанназар үнсіз келе жатыр.

Хиуа ханының әскері Жаңадария бойына жақындап қалған. Сол хабарды естіп, Қожамұрат қыстауы алақтап отыр екен. Қалай қарай жылжырын да білмейді.

Жігіттер дер кезінде келді.

Не істейміз?

Ауыл Маманға қосылып, теңіз маңайына қарай көше берсін. Жанназар қысқа қайырды.

— Хан сыпайылары қуғын салар ма екен?

— Кедергіде өзім қалам!

Жанназар асықтырды. Қар жауып кетсе, бала-шаға тоңады. Ертерек қыс қонысына жетіп алу керек еді...

Бір жігітті Орынбай ауылына жұмсады. Ондағы елдің алды Көкөзекті бетке алып көшіп шыққан...

Хан сыпайлары кейбір қыстауда төбе көрсетіпті.

Ауылды көшіріп салды. Қасындағы жігіттерімен Жанназар қыстауда қалған...

Күн қабағын ашпай тұр. Бұл бұлттың қар ала келетіні анық еді. Таң атқалы жел терістіктен ауған жоқ. Ала құйын бұрқасын басталады...

Жанназардың көкейін тескен жалғыз ой. Енді көтерілістен күдер үзді, ең болмаса, көшкен елді ойраннан сақтау керек. Хан әскері бұл ауылдың жұртына ертең-ақ келеді. Соны бөгей түсудің амалын қарастырмақшы... айналдырған қырық жігіт, қалың қолға қандай қайрат көрсетеді...

— Әне-міне дегенше, кешкен ел де ұзайды. Біз де қарамызды батырамыз, — дейді Сейітназар.

— Мен жай кете бергім келмейді. Олардың зәресін алатындай іс көрсетіп кетейік...

— Өшіктіріп алып жүрмейміз бе? Содан соң қыр ізімізге түсіп... зиянымыз елге тиер...

— Сыпайлардың атын қуып кету керек, жаяу тобанаяқ болып қалсын. Қар түссе, ізімізді жасырады. Жылқыларды Хиуаның жолына қарай айдап саламыз. Ізге түсіп жүріп, қашқан ауыл естерінен шығады.

— Ол да дұрыс-ау...

Шолғынға шыққан Сейітназар хан сыпайларының қамалда жатқанын айтып келді. Тықының қамалы... Ұзын саны екі жүздей адам, сонда жайғасыпты... Қырық жігіт атқа қонды. Түн кешегі қалпы, қараңғы.

Бір заманда қамал болған аты, қазір он екіде бір нұсқасы қалған жоқ-ты. Қазған ор көміліп, орнына қалың бұта шыққан. Топырақтан үйілген дуал жермен-жексен болып жатыр. Өткен жылдар аты дабырайған қамалдың жұрнағын да қалдырмай, біржола тоздырып жіберіпті...

Үш күн бойы ат үстінен түскен жоқ, сілесі қатып жеткен сыпайлар қалың ұйқы құшағында жатыр еді. Тықының ұлы Төренияз алдыңғы күні Әмударияны бетке алып көшіп шыққан. Қыстау иесіз, бос қалған байдың қорасында аттар көк пішенді күрт-күрт шайнап, жайына тұр.

Сыпайлар қамсыз еді. Қорқақ қарақалпақтардан қауіп күткен жоқ. Қораға ғана күзетші қойды.

Баспалап кірген Сейітназарды күзетші сыпай байқамай қалды. Мосқал маңғыт қалғып-шұлғып тұрған. Қайқы қылыш қыл мойыннан шауып түсті. Марқұм қыңқ етіп дыбыс шығармастан кетті. Сейтназар қораға от қойды.

Жалын тілі жалақ-жалақ етеді. Үріккен аттар шылбырларын бырт-бырт үзіп, аспанға шапшиды. Шыңғырған, кісінеген дауыстан құлақ тұнады. Шырт ұйқыдағы сыпайлар дүрлігіп жатыр... Қора бос қалған...

Қырық жігіт үркіп шыққан аттарды бездіре қуып түн құшағына сіңіп жоқ болды... Ақ түтек іздерін жасырып жатыр. Қара жаяу қалған сыпайлар Тықының қамалында екі күн қамалып отырды. Күн алай-дүлей борап тұр. Далаға аттап басса — адасады...

Бұл бақытсыздықтың себебін одан сонда ешкім білген жоқ. Тоңған күзетші от тұтатқан шығар... өрт содан қашуы мүмкін... Сырт халық соған жорыды.

Екі жүз аттан он шақтысы табылды. Олар әр жерде, жалғыз-жалғыз жүр еді...

Сегіздің аулы тоқсанның басында Қарақұмға қарай көшіп шықты. Хиуаның әскері құмырсқадай қаптап келе жатқанын қазақтар да естіп отыр. Атқа қонған қарақалпақ жоқ. Жаңадарияның өріндегі ел түгел қозғалып, Әмударияға қарай көше бастағанын көрген соң Қызылды жайлап отырған азғантай қазақ ауылдары да қобалжыды...

Сегіз Жанназардан хабар күтіп отыр еді. Маман биге қараған біраз елдің теңіз қолтығына қарай жылжып бара жатқанын есітті. Қожамұрат қыстауындағы қарақалпақтар да сол жаққа бет алған. Содан кейін біржола күдер үзді...

Бас тоқсанның өліарасындағы соққан боран да басылды.

Қарақалпақтар көшіп болып, Хиуаның әскері кейін қайтқанын есіткен соң, қазақ арасы да тынышталды.

Жанқожа батырдың ауылында үлкен шоғыр болып топтасқан Құрманай-Құттықтың жігіттері де тарады.

Биыл күзден бері аталықты ауылдардың бәрінде де солай еді. Жаратылған аттар, найзасын саптаған жігіттер... Сырдарияның арғы бетінде әр жерден қарауыл бекеттері орналасқан... Қатер бұлты айыққан соң, қазақты бір минут ұстап тұра алмайсың... алды-алдына тарап жатыр...

Жылқы батыр Лайкөлдегі қыстауына көшіп келіпті.

Бұл ауылда жаңа ғана өлік шыққандай, қатын-баланың қабағы қату еді.

Баяғы Кәпірарықтың тоғаны бұзылып, қарақалпақтар босқынға ұшырайтын жылы Сыр бойында қалатын жалғыз үй - Мәтнияз көшіп жатыр...

Биыл қыс үріккен қазақ ауылдары Қарақұмның түкпір-түкпірін кезіп, ұзап шығып кетті... Бірсыпыра ел Қаракеңгір өзенінің бойына, тағы біреулері Сарысуға қарай ойысыпты.

Бұрын қазақ баспашылардан қорқатын еді. Енді Жаңадария бойына қарай хан әскері қаптай бастағанын көрген кезде, бәрінен де зәре кетті...

Сыр бойындағы қыстауына Жаманқұл ғана оралыпты.

Есіткен жұрт жағасын ұстап отыр.

— Басқа қазақ құм сағалап безіп жүрсіңдер, малды да қырасыңдар. Көрерсің әлі, Жаманқұл тағы да бір тұяқ бермей аман шығады. Бәрің де кеуделеріңе нан пісіп, жылқы қууға шебер едіңдер. Сірә, түбі нағыз жүрек жұтқан батырың осы Жаманқұл болатын шығар...

Жылқы батырдың қалжыңдап айтқан сол сөзі жұртқа жайылып кетті. Бас тоқсанда батырдың өзі Лайкөлдегі қыстауына қарай жылжып еді.

Соңғы екі жылда баспашылар да жиі-жиі айналып соғып, ойран болған талай ауылдың жұртында керегелердің сағанағы қалған. Ханның сыпайы қайсы, баспашы қайсы, — жұрт айыра алмай дағдарып отыр.

Сонау бір кеңшілік жылдары, жатпай-тұрмай кәсіп қылып, жалғыз үйлі қарақалпақ тұрмысын түзеп алған. Бойына шыр айналып, босағасына бес-алты бұзау байлайды. Ата кәсібі — қой мен сиырдан басқа малды ұстамайтын еді. Өйткені жаз Жылқы батыр жайлауға қарай көшкенде, Мәтнияз Лайкөлдің жағасында қала береді...

Талай қазақ байының қора-жайы қолынан өтті...

Жаз дарияның бойында мөлтек салады. Уысты құлақ тарысын алады. Байдың малына шөп дайындайды. Арасында там салатын кәсібін де ұмытпайды.

Сөйтіп жүргенде, Күләйімі бой жетті. Жылқының баласы Қошқарбайға ұзатылды.

Күләйім тым жас еді. Батыр үйінің бейнеті ауыр. Оған қоңсы отырған ағайындары көмектеседі. Қазақ жалшы ұстағанды бойына мін көреді. Қоңсы қонатындар да амалы құрығандар, көліктің майы, ішетін айран-шалабы үшін бай ағайынға қолқабыс тигізеді. Көп малдың бейнеті бай үйдің ержеткен ұлдары мен жас келіннің мойнына түседі.

Күләйімді аяған Гүлбазар сол жылы көктемде бай үйіне ілесіп, жаз жайлауға шыққан.

Онан бері де төрт жыл өтіпті. Мәтнияз жерге тары сепкен жоқ. Азғантай қара-құраның аузы шөптен қағылды.

Сиырды қыс Лайкөлдің қопасына айдап салды... Әнетей мен Сағындық ұзақ асып Үргенішке қарай көшкеннен бері, Мәтниязға ат ізін салған ағайын жоқ. Жас келді. Басы ауырып, балтыры сыздайтын болып жүр. Сондай кездері көп Қиятты жиі еске алатын еді... Сүйек шатысып, тамыр-сүгірей болып араласқанмен, қазақтың ішінде жалғызсырайды. Жас елуден асқан соң, адамның көңілшек тартатын әдеті... Баяғы бір аяқ көже таппай отыратын кездері оған ұжмақ болып елестейтіні бар...

Күләйім ұзатылған жылы ғой... Әнетей би Сағындықты жіберіпті. Жасы жүзге тақап, би төсек тартып жатып қалған екен. Ата қонысын сонда ұмытпайды. «Қайран, Ақирек-ай! Оның тарысының сөгі қандай еді. Қайнап жатқан суға бір тостағанын тастап жібергенде, бетіне көпіршіп майы шыға келетін еді-ау. Өлер шағым келді дей беріпті. - Бар арманым, Ақиректің сөгіне бір тойып өлсем деймін...»

Сағындықтың қасына Мәтнияз ерді. Ақиректің астында он шақты үй Алтынбайлар отыр еді. Солардан кеусен сұрап, Сағындыққа бір түйе тары алып берді...

Әнетейдің сөзі Мәтнияздың жүйкесін босатты. Ойланғаны да содан соң. Ағайындарын өзі де сағынып жүр еді. «Есің барда — елің тап» деген қазақтың мақалын еске алады. Мәтнияздың елі Хорезм жұртында...

Сөгіле көшкен ауылдастарынан жырылып қала бергенде, сонау жылы жалғыз үй қалып бара жатқан Әнетейді қимап еді. Онан Жылқы батырдың тамын салып беруге жалданды. Бір-жар қара-құра біткен соң, оны да қиып кете алмады... Тағы да батырдың баласы Қошқарбайға Күләйімді атастырған соң... Баста бір көңілденіп отырып, аузынан шығып кетіп, кейін жалтара алмай, діңкесі құрып қалған... Сиыр мүйізінен, адам тілінен байланатыны рас екен...

Бірте-бірте қарақалпақтығы ұмытылып, Мәтнияз қазақ арасына сіңісіп кетті. Сиыр тұяғы оннан асып жығылған... Мал көздің құрты, дүние қызыл түлкі... Сол түлкі көз алдында құйрығын бұлғаңдатып, арбап жібермесін...

Сиырдың санын жиырмаға жеткізіп, бір-екі жүз қой айдаса... Ойхой, дәурен! Мәтниязды арман адастырды ғой... Төрт қанат үйінің керегесін төрт түйеге теңдеп, көшіп бара жататын бір кезі көз алдында елестеп тұрып алған... Көп Қият қызыға қарап тұрар еді-ау...

Әрине, ерте ме, кеш пе. Қарақалпақ ағайындарына бір көшетіні анық... Баста да Жылқы батырдың қыстауы басусыз қалады екен деген жоқ. Қолының місекері бар, кәсіп істейді... Қазақтар қолынан іс келетін адамға ділгер болып отыр... Батырдың қасында қара-құра жинап алғысы келген игі ниетпен қалған...

Қара-құраның басы құралған сайын араны ашылды. Тағы да Күләйімді қимайды...

Онан Күләйім балалы-шағалы болды...

Қазір оның да бойы өсіп, бұғанасы қатты. Инабатты келінді ата-ене де ұнатады. Мәтнияз Күләйімнің енді қор болмайтынын біліп отыр.

Сағындыққа ілесіп кете бергенде ғой. Әнетей де айта-айта қалған екен. Марқұм ендігі тірі деймісің... Оған да топырақ салатын еді... Мәтнияз қазір өкініп жүр.

Ағайын дұшпан.... Қазақтың ішінде жалғыз үй қалып еді. Қазаққа қыз берді... «Сондағы тапқаны қайсы... шекпен шалбары бұтына қатып жүр...» Жұрттың сондай насағынан қысылған Мәтнияз байып көшкісі келді...

Былтыр, алдыңғы жылы... Жылқы батыр Лайкөлдегі қыс қыстауын біржола ұмытқандай. Әуелі қыс жайлы болып, құм арасында қыстап қалды. Одан баспашының хабары шықты... Ауыл бұрынғыдан ары ығысты...

Мәтнияз тайлақтың жабуына жабысқан құмалақтай, бай ауылдың көшіне ілесіп, жылжып қонып жүре берді. Өзі де ығыса-ығыса жырақ шығып кетіпті. Биыл байқады...

Өткен қыс сиыр мен қойдан қол жуды...

Сиыр деген жылқы емес, қар теуіп жайылу бұл пақырлардың салтында жоқ. Оның қыс жейтін шебін жаз дайындап, аузына тосып отыру керек. Қай құдықтың басында қыстап қалатыны беймәлім... Қазақ бір босып жүрген халық... Мәтнияздың сиырына шөп қайдан табылады...

Байытпасыңды біліппін, тіленте көрме, құдайым...

Мәтнияздың есіне былтырдан бері осы мәтел жиі түседі. Осы қаңғырғаны да жетер! Биыл ағайын ортасына көшуге біржола бел байлаған.

— Қатын, қарақұмның да қызығын көрдік. Бір қарақалпақ біздей-ақ кезген шығар. Онымен байығанымыз белгілі. Азғантай қара-құраны жұтқа бердік. Қазақтар «есің барда — елің тап» дейді екен. Біз де елімізді табайық...

Гүлбазар налыды. Ең болмаса, бұт артатын көлік жоқ. Былтыр батыр Гүлбазардың кенжесі Ырыстыға бір тайлақты енші қылып еді... Төрт керегені қалай жеткіземіз... Әрі бала-шағаның да басы баршылық...

Құдадан түйе сұрап алармыз...

Құдасы Мәтнияздың сөзін естіп қынжылды.

— Малынды айдай алмай жүргендей, көшемін деп айтасың. Биыл жұтап отырмыз. Аздырып-тоздырып жіберді деген маған да жақсы емес...

Оны Мәтнияз да ойлаған. Биыл ұштығына жетті. Баймын дем жүріп, қара шашы аппақ болды. Алдына қарай жасы алпысқа шығады екен. Осылай жүріп сүйегі құмның ішінде қалар... Ертерек ағайынға қосылғысы келеді...

Жылқы батырдың көңілінде алалық жоқ. Жаңағысы шыны еді. Былтырғы тайлақ құнанша шығып тұр. Оның орнына бір түйе берді. Батыр сүмбіленің тууын күткен. Мәтнияздың қасына күйеу баласы Қошқарбайды қосады. Бастағы келісім: Жаңа дарияның бойына көшіріп салып қайтатын еді...

Сол екі арада қазақ арасы бүлінді.

Жаңадария бойындағы қарақалпақтар Хиуа ханына бағынғалы жатыр екен... Ханның әскері іргеге келеді. Қарақалпақтан кейін ауызды қазақтарға салмақ көрінеді... Сондай алып-қашты сөз көбейді.

Көкдомбақтағы Нұрыбай бидің қара шаңырағында алты Әлімнің билері мәслихат құрған. Ордадағы Шерғазы ханға адам салу жайы ауызға алыныпты... Қазақ жігіттері найзаларын қарағайға саптап, ат жаратты. Хиуаға қарай бір үй жіберілмейді Бесбасбайды жолдан қайтарып, Жанқожа батыр қасына қоңсы қондырып отыр...

— Оның не жазығы болғаны?

Қонысы тарылған жұрт алды-алдына қозғала бастаса, тым тырақай бәрі көтеріледі. Билер содан қорқып отыр. Жылқы батыр есіткен-білгенін айтып келді. — Сен де кідіре тұр. Қазақтар қанына қарайып жүр, жазым қылар...

Мәтнияз түсінді. Сырдың бойынан алдымен Мамыт пен Күжбан көшіп еді, содан-ақ ел іргесі бұзылды. Қазақ билерінің бұл әрекеті көкейге қонады...

«Кідіре тұр, кідіре тұрмен» бас тоқсан жетті.

Жаңадария бойындағы қарақалпақтың көтеріле көшіп кеткен хабары естіледі. Хиуа ханының әскерінен жер қайысады Ақыры бағындырып тыныпты...

Қазақтар елеуресіп ат үстінен түспейді.

Бірақ Хиуаның әскері бері бері қарай аттап басқан жоқ. Қара қалпақтың іргесін аударған соң, өздері де еліне қарай бет қойған..

Ел арасы қайта тынышталды.

Жанқожа Бесбасбайды босатыпты. Оның құдаларына қарай көшкені естілді.

Мәтнияз бірдеңені ойға алса, қашан бітіргенше тағаттан айрылады. Баяғыда қазақ арасында жалғыз үй қалатын жолы да, Әнетейдің налығанын көре тұрып, тыңдаған жоқ-ты. Қазір де Сыр бойында байласаң тұратын емес.

Қыстың көзі қырауда көшкелі отыр.

Жаз шықса, былтырғыдай дүрбелең тағы басталды. Қазақтар көшін ұстап қалудан тайынбас. Осындай әуір-сәуірде сызып тұрғысы келеді...

— Басқамызға ештеме емес, Ырысты мен Дәмеліжанға қиын болады ғой... Шектібай түнеріп отыр.

Мәтнияздың жалғыз ұлы Шектібайдың жасы ендігі жиырманың үстіне шықты. Әлі аяқтана алмай жүрген. Мәтнияз бір жағынан оны да уайымдайды. Бір-екі қазақ ағайынға құда түсе барып беті қайтты. Бәрі де өзі сияқты кедей-кепшік еді. Сонда да қарақалпаққа қыз бермей сырғытады. Осы жағдай да ойландырған...

Мәтнияздың соңғы екі баласы қыз еді. Ырыстысы бесте, Дәмелі алты жасар... Қыстың көзі қырау... Шектібай кішкентай қарындастарын аяп отыр...

Мәтнияз тас-талқан болып ашуланды. Сәті келіп тұрғанда, бәрінің де кежегесі кейін тарта қалыпты. Жоқ, ондай қиқаңға Мәтнияз көне алмас!

Адам қартайса, мінез ашады.

Төркіні көшетін болғанын есіткелі Күләйімнің де көзінен жас кетпейді. Әкесін де айыптамайды. Құдадан гөрі, осы ауылға қоңыс қонып отырған байғұстарға көбірек ұқсайтын еді. Гүлбазар бие сауады. Шектібай жылқы бағысады. Соларды көре жүріп, Күләйім намыстан жарылып кете жаздайды. Бірақ жас келіннің жолы жіңішке...

Бай үйінің айран-шалабына көз сатқанша, еліне қосылған көп артық. Аштан өліп жатқан ешкім жоқ. Әкесі бір адамдай күнін көреді.

Оны Күләйім де бұйдасынан ұстаған жоқ.

— Бір өтінішім бар. Ырысты мен Дәмеліні маған тастап кетіңдер. Жолда ауыртып аларсыңдар. Қасымда қара болсын. Менің көзім тірі болса, ол екеуін қанаттыға қақтырмаспын, тұмсықтыға шоқыттырмаспын... Күләйім жылады. — Ертең айналып соқпайсыңдар ма?

Бәрі кетсе, қайтып ат ізін салмайтындай. Өзін далада қалып бара жатқандай көреді. Күләйімнің жүрегі шымшып ауырып тұр. Ең болмаса сіңлілерін алып қалғысы келді.

Мәтнияз Гүлбазарға қарайды. Бала анаға жақын. Гүлбазар кенжетайларына қарайды. Екі сіңлісі екі қолтығында, Күләйім көз жасын төгіп отыр.

Дүрбелең де басылар. Жаз шығып, жер аяғы да кеңиді. Барып орналасып алған соң Шектібайды жібермейсің бе? Қарындастарын келіп алып қайтсын. Құдайы аманат, балаларды қалдырып кетіңдер...

Жылқы батыр ақыл айтты. Жасы сексендегі шал, құдасына жаны ашып, ол да көзіне жас алды.

Бұл кеңес Мәтнияздың да көкейіне қонды.

— Кеудемде жаным тұрса, алдағы жазда айналып соғармын. Құдай қосқан құдам едің, мынау екі бала әуелі құдайға, содан кейін сізге аманат...

Гүлбазар еңіреп қоя берді.

Мәтнияз қарақалпақ көшіп бара жатыр.

— Апа, апа!

— Көкетайым

Екі қыз жаутаңдап қалып барады. Есі кіріп қалған нәрестелер ғой, ата-анасының алыс сапарға бет алғанын олар да іші сезеді. Бірақ бақырып-шақырып шу шығарған жоқ. Көштің артынан томсара қарап тұр.

Гүлбазар мен Мәтнияз, бірі - түйенің үстінде, бірі - жаяу, артына қарай-қарай барады.

Келер күзге қарай Сыр бойына соғып, балаларын алып кететініне шәк келтірген жоқ.

Күләйім де әкесін сарғая күтеді...

Туған бауырларын қайтіп көру жоқ екенін, екі жылдан кейін әкесінің қайтыс болғанын бейсаубет бір жолаушының аузынан есітетінін Күләйім білген жоқ.

Екі сіңлісі Дәмелі мен Ырысты бойжететінін, он жылдан кейін олар да өзінің кебін киіп, екі қазақтың үйінде келін болып отыратынын Күләйім білген жоқ.

Інісі Шектібай, қазақ ішінде қалған бауырларын еске алып, іздеп келгенше тағы да жиырма сегіз жыл бар екені ол кезде бәріне де беймәлім. Шектібай Күләйімнің қырқы беріліп жатқан үстіне келеді... Дәмеліні ғана тауып қайтты... Күйеу баласының есімі Қоңдыбай, Жақайым ішінде дәулетті екен. Жасы Шектібайдың өзімен құрбылас. Ағасы қонып отырған үлкен қуаныш күні Дәмелі жас босанады. Онан бұрын да бес құрсақ көтеріп, баласы тұрмай жүр еді. Шектібай соған ырым қылып, жиен қызының атын Тишімбике қойды. Перзенттері тұрмай, зарығып жүрген пақырлардың көңілдері тыншысын дегені ғой...

Ал Ырыстының ұзатылған елін Жетіру деп есітті. Шөмішті табындар Ор өзенінің бергі жағында көшіп-қонып жүретін... Ор қайда, біреу қайда? Әрі Кенесарының ылаңы басталып, орыстар мен қазақтың ел арасы мазасыз болып тұрған кезі еді. Шектібай Ырыстыны көре алмай қайтты.

Бұл оқиғаның бәрі де кейінірек болады.

Адамдікі үміт қой.Алдағы тағдырын кім болжайды? Күләйім де күдер үзіп тұрған жоқ.

Құртақандай екі қыз да ата-анасын жиі еске алады. Кейде түсінде көріп қуанып оянады.

Мәтнияздың үйі көшіп кетті. Сонымен бірге Сыр бойында қалған жалғыз үй қарақалпақ та жоғалды...

Жаңадария, Қуаңдария бойында да ел жоқ. Қарақалпақ қыстаулары қаңырап бос тұрған. Анда-санда Қызылға қарай көшіп өткен қазақтардың иесіз қыстауларға көздері түссе, төбе құйқалары шымырлайды.

Бұл жеті жұрт көшіп өткен жер емес пе? Әлі Сыр бойына кімдер келіп, кім кетпейді? Мәтнияз сол көпшіліктің ең соңы болмас.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ҚҰМАР СҰЛУ

Сары шалдың жүзін өткен жылдар аямай-ақ айғыздапты, шалбар-шалбар әжімнен көрінбейді. Үстіндегі сырмақ шапаны да - иегінде бір тал қылы жоқ өңіне ұқсайды, жырым-жырымы шығып тозған, түте-түте мақталары ендігі тозаққа айналыпты.

Тораңғылы тоғай ішіндегі жалғыз аяқ іздік бар. Сары шал емпеңдей басқанда, аттыға жеткізбейтіндей, жаяу жүріске кәнігі екені көрініп тұр.

Күн сәскеге көтеріліп, ысып кетті. Сары шалдың әжімді түрі сонда ғана жіпсіді. Жолдың шетіне отыра кетіп, аяғындағы кеміс-мәсісін шешінді. Тұла бойындағы ең қасиетті нәрсесі де сол секілді — жыртық шапанына орап алды. Шаршау тартқан дене қозғалуға ерінетіндей, күрсінді. Көзі айнала қыдырады. Тораңғы бұтақтарына қарады. Жарықтық бұлар да бүршіктеп қалыпты-ау. Шал кенет өзін шөл қысқанын сезінді. Жолдан оңға қарай бұрылса, жүз қадам жерде Әмудария ағып жатыр.

Жағалау қалың қамыс еді. Шөгірден қорыққан шал аяғым андап басады. Дария беті жарқырап жатыр. Судың саумал иісі аңқып қоя берген. Кенет...

Қорыққан шалдың дауысы шығып кете жаздады.

Шашы жалбыраған қыз. Алғаш оны шайтанға жорыған шал кейін қарай секіріп түсті. Денесі киіктей жеңіл. Оны байқаған сәт қыздың да есі шыққандай. Тұра қашқысы келетін сияқты. Орнынан тұра беріп жалп етіп құлайды.

Жоқ, шайтанға ұқсамайды.

Шал артына қайта қайырылды.

— Алда, пақыр-ай!.. — Шалдың даусы шығып кетті.

Қыз тағдырына құл болған жандай, ерні кемсеңдейді. Үстіндегі жалғыз лыпасы — жабағыдан қабыған күпі, сонысын жалаңаш тізесіне тарта түседі.

— Қорықпа, айналайын. Менің атым — Өмірқұл. Өмірқұл лаққы. Адасып кеткенсің ғой, сірә?

Өмірқұлдың әжімді жүзінде жылы мейір бар, оны қыз да аңғарып отыр. Кезерген ернін жалап қойды.

Қыздың нәсілі қазақ екен. Есімі — Құмар. Қазақ ішінде аштық жайлаған. Үй іші осыдан он күн бұрын он үш жасар Құмарды Хиуа саудагеріне сатады. Құмар әкесінің атын айтқанда Өмірқұл елеңдеді.

Бәлдір әпенді... Білем, білем... Алда, пақыр-ай!!

Қазақ нақұрыс адамды әпенді айтады. Ал «пақыр» сөзі қайыршыларға ғана арналады. Құмардың есі кіргелі бүйірі шыққан жері жоқ. Бірақ пақыр болғысы келмейтін еді. Әкесін де нақұрыс деп ойлаған емес. Намыстанып қалды.

Кеше Хиуа саудагерлерінің керуені Әмудария бойына жетіп түнейді. Құмар қараңғыны пайдаланып қашып шыққан.

Өмірқұл сасқалақтады. Өзінің да бала-шағасы аш. Бұл жақтағы Қиятта Мамыттан дәулеттісі жоқ. Сонда келе жатыр еді. Бұл қызды үйіне алып барғанда, не тауып береді?

Айтпақшы, Мамыт.. Жабының алып отырғаны қазақтың қызы еді-ау. Қаракөз келін... Мамыттың өзінен қайыр жоқ. Жабы азамат... сол ғана паналатады.

Мамыттың қыстауы бес-ақ шақырым жерде. Бірақ жұрт көзіне түсіп, күндіз баруға болмайды. Қызын жоғалтқан саудагер ұрып іздеп жүрген шығар. Өмірқұл Құмарды қалың

тораңғының ішіне жасырып, Мамыттың қыстауына жалғыз кетті.

Қашқын қыз жайы Мамытқа айтылған жоқ. Жабы Құмарды әуелі Шектібайдың үйіне жасырды. Қазақ ішінде екі бірдей қарындасы қалғанын иісі қарақалпақ біледі. Көзге түсіп қалғандай болса, «қарындасым» дей салар...

Бір айдан кейін Жабының үйінде ғайыптан бір сұлу қыз пайда болған хабары шығады. Қаракөздің туған сіңлісі екен. Әуелі әпкесіне келіп жатқанын айтып еді...

Сол бойы әпкесінің үйінде қалып қойды.

Құмардың өңі әкесіне тартқан, ашаң жүзді, аппақ қыз көздің сұғын алғандай сұлу болып өсті.

Жабының балдызы енді қарақалпақ жігіттерінің аузынан түспейді. Құмар есімі жыршылардың қосығына қосылып айтылып жүрді.

АРЫНҒАЗЫ

Торғын көйлектің сыртында желбегей жібек шапан, хан желең отыр. Сегіз қанат үйдің көлеңке беттегі туырлығы түрулі, жазғытұрғы самал лебі сап-салқын еді.

Арынғазының қолында мейіздей қатқан сары домбыра, пернелерінің ара-арасына сүйек шаптырылып, қос құлағын күмістен құйдырған. Қас шебердің қашауынан шыққан бұйым екені көрініп тұр. Ханның қабағы тұнжырай түсіп, салалы сау сақтары перне үстінде құлықсыз жылжиды. Домбыра көмейінен байланып, аянышты ыңырситындай...

Оң жақта отырған қама бөрікті келіншектің ақ өндір жүзінде кірбің бар. Балым сұлтанның көңіл күйі бұзылып отырғанын түсінді. Ол домбыраға ғашық. Басына ақ жаулық салынғалы екі жылға қарап барады, тыңдаған сайын құлқыны ашыла түсетіндей, бір тоймай-ақ қойған. Бүгін хан ие бір аяң шоқырақ әуен тауып алып, қайта айналып соға берді де. келіншектің жүйкесіне тиді. Балымның аңсары басқа күйде еді батып айта алмай отыр. Шамдандырып алуы кәдік. Кейде көңілшек, кейде қаһарлы хан мінезі оған жұмбақ. Балымның қарап отырып іші пысты. Иығында қызыл масаты шапан, сыбдырын білдірмей үйден шықты.

Арынғазы бұрын домбыра ұстаса, басқа дүниені естен шығаратын еді. Қазір күйші Арынғазыдан хан Арынғазы үстем түскендей, ол ой құшағында отыр. Домбыраның шанағы орнына көкірек күмбірлейді, үміт пен кәдік қос ішек болып арбасады.

Осыдан төрт жыл бұрын әкесі Әбілғазы хан дүниеден көшті. Осыдан төрт жыл бұрын Арынғазы таққа отырды . Мұрагер болып отырған жоқ, кескілескен күресте жеңіп алды. Атасы Қайып ханнан қалған алтын таққа отыру үшін Әбілқайыр әулетімен алысуға тұра келді.

Сонау жоңғар шапқыншылығы заманында Әбілқайырдың қалай хан көтерілетінін Арынғазы әкесінен есіткен. Жәдік сұлтан әулетінің аңғырттығын пайдаланыпты-мыс... Барақ сұлтан сонда кеткен есесін жиырма жылдан кейін қайтарады. Әбілқайырдың басын алады. Әкесі осы бір қанды оқиғаны мақтаныш керетіндей, ал Арынғазы өкініп отырады. Сонда ақылды ханның, түкпірлі Әбілқайырдың түбіне бір тентектің қанжары жетіпті...

Сол Әбілқайырдың шөбересі Жанғазымен Әлім-Шөменнің тағына таласатын жолы Арынғазы түк шіміріккен жоқ.

Әкесі Әбілғазының хан деген аты ғана, халық тізгінін қолдан шығарып алған екен. Әлімнің бір тайпасы Қаракесек пен Сыр Шектісінің көп аулы Жанғазының шашпауын көтерді.

Әкесінің соңғы жиырма бес жыл өмірін қыр Шектісінің ішінде өткізген себебін Арынғазы сонда түсінді. Оның жаз жайлауы Өтен сазы, сүйенетін адамы Қабақ Көтібар батыр еді...

Қиын жағдайда қалған Арынғазыға да сол Көтібар батыр шылбыр ұшын береді. Қыр Шектісі алты-жеті мың шаңырақ.

Оған Төртқара мен Қарасақал сияқты тайпалар қосылды. Кете, Шөмекей де Арынғазыны қолдап шыққан кезде, Жанғазының қасындағы топ үркердей ғана болып қалған...

Олар Жаңадария бойынан ірге көтерген соң, біржола қазақтардың еншісіне тиді... Арынғазы солай дәлелдейді.

Қазірдің өзінде Жанғазы сұлтанның соңындағы төрт мың үй Әлім Қызылқұмды жайлайды. Соны еске алғанда Хиуа елшісінің езу тартқаны Арынғазының көз алдында әлі тұр. Өз жауабы дайын. Елу мың үй Әлім-Шөменнен Жанғазының соңына төрт-ақ мың шаңырақ ереді екен. Бүтін отырған елге іріткі салып, бүйректен сирақ шығарып жүрген бүлікші сұлтанды ұстап беруді талап етіп еді.

Келер жылы күзде Әлімұлы шапқыншылыққа ұшырады. Жанғазының соңында екі мыңдай жігіт, Сырдың оң жақ жағалауына өткен Қарақұмды жайлайтын көп ауыл ойрандалды. Кейін кейбіреулер Жанғазы сарбаздарының ішінде Хиуа сыпайларын да көріп қалғанын айтып жүрді.

Шапқыншылық хабарын естіп асығыс атқа қонған Арынғазы кешігіп жетті. Жанғазы мал-мүлкін алғанымен қоймай, Әйдербек, Жақайымға қарайтын көп ауылдарды көшіріп әкетіпті. Арынғазының қасында бес жүз жігіт, Қызылқұмға шейін қуып барды. Қолына түскені он шақты ауыл, оларды кейін қарай, бұрынғы қонысына қайтарды...

Келер жылы хан ордасы Қызылға қарай көшіп шықты. Арынғазының көңілі жүйрік, жаудың жолында отыру арқылы, қара қазақ арасында абырой асыратынын біліп отыр. Көре көзге қатерге бас тіккен.

Үш жылға қарап бара жатыр, Хиуа тыныш жатыр.

Бірақ қатер екінші жақтан, Қоқан хандығы тарапынан күшейе түсетін сыңай танытты.

Әлім ханның есімі дүрілдеп тұрған сонау бір жылдары Арынғазы жас жігіт еді. Онда Қоқанның қарқыны тіпті қатты. Бірінен соң бірін — Ташкент, Шымкент, Сайрам қамалдарын бағындырып, қазақ даласына ентелей келе жатты. Алды-арты ойрандалған ауыл, ортасына түскен шаңырақ... Әлім хан жылау елдің қарғысына ұшырағандай, Түркістанға жете алмай басын жұтты...

Қазір Қоқан тағында Омар отыр.

Әлім бастап беріп кеткен жаугершілікті одан әрі жалғастыруды ойлайтындай, Омардың әрекеті де қатерлі көрінеді. Әуелі Орта Азия мұсылмандарының қасиетті ғибадатханасы саналатын Түркістанды бағындырды. Одан кейін Аққорған мен Жөлек... Омардың Сыр бойымен төмен құлап келе жатқанына төрт жыл... Былтыр жаңа қамал тұрғызып, онысын Ақмешіт атандырып отыр.

Былтыр Әлім-Шөмен жақсыларының кеңесінде Арынғазы ескі қамал Жәнкентті астана еткелі отырғанын жариялады.

Ақмешіт пен Жәнкенттің арасы үш жүз шақырымдай ғана жер. Арынғазы тағы да қатерге басты.

Жәнкент қарақалпақ ханы Есмұхаммедтің астанасы. Одан кейін Әбілқайыр... Атасы Қайып хан да бір кезде Жәнкентте отырыпты деген бар... Арынғазы қазақ хандарының ескілікті астанасына әдейі орналасты.

Жас Арынғазының бұл қадамы қара халыққа да ұнағандай екен. Әлім-Шөменмен іргелес отырған Орта жүз тайпалары да елеңдей бастады. Биыл қыс Борсық құмында отырған Арынғазы ордасына — бір жағынан Арғын-Қыпшақ, Керей-Уақ, бір жағынан Жетіру мен Байұлы ауылдарынан күнде шапқыншы келіп жатты.

Соңында қырық жігіт Адайы бар Сырым батырдың баласы Жүсіп келді. Қазір ол ханның әскербасы еді.

— Хан аға, Жүсіп келді!

— Келсін!

Арынғазы енді шынымен елеңдеді.

Осыдан төрт күн бұрын Жүсіп батырды Ақмешіт қамалына аттандырып еді.

Омар ханның арыны қатты. Түбі Хиуадан да гөрі, осы Қоқан хандығы қиынға түсетіндей, Арынғазы Ақмешіт қамалы түскелі тыныш ұйқыдан айрылды.

Қаракеткен маңында бір бөлек Кете, Шөмекейден шапқынщы келіп отыр. Қоқан жасауылдары жиі-жиі ат ізін салып, бөріктіріп бітіпті.

Жүсіп батыр Кете, Шөмекейге ара түсіп, қоқандықтарға бұл тайпалардың қазақ хандығының құзырында екенін ескертуі керек еді.

Жүсіптің жасы қырықтың үстінде, қызыл шырайлы кісі. Мұртының екі жебесін өсіріңкіреп, қалың қара сақалын дөңгелетіп қырықтырып қояды. Әр сөзі қолмен қаланған кесектей ақырын баппен сөйледі.

Ақмешіт бегі қазақ ханынан барған елшіні сыпайы қарсы алып, бұйымын бітіріп қайтарады. Бұл жерде түсініспестік жасауылдар тарапынан болыпты. Қоқан хандығының білетіні қоластындағы қоңырат ауылдары... Әлім-Шөменде алты аласы, бес бересісі жоқ екенін айтады. Бұзақы жасауылдардың қылмысына қарай жазасын алатынына сендіріп отыр...

Арынғазының қара сұр өңінде шырай білінді.

Хан ордасы қанатын қомдап отыр еді. Ас үстінде көші-қон жайы сөйлесілді. Қоқан тарапынан қауіп жоқ екені аян... Хиуа аңдысқан жау... Арынғазы қамсыз емес. Хан ордасының қасында төрт жүздей сарбаз ере жүреді...

— Бердіңқұл Жақайым мен бір бөлек Әйдербек ауылдары Сырдан өте қоймай, кешеуілдетіп жатқан түрі бар. Жігіттерін де жіберген жоқ,— деді Арынғазы ойланып. -Толыбай көптен бері қонаққа шақырып жүр еді. Соны сылтау қылып, Бердінқұл аулына барғым келіп тұр. Жүсеке, көштің басында өзің боласың ғой. Меже бұрынғыша, Жаңадариядан бір көштік жердегі «Қалыбай» құдығына қонарсыңдар...

Сол күні түс қайта, Арынғазының қасына он кісі серігі бар, атқа қонды.

Балымның астында қара жорға, төрт аяғы бірдей шалыс, жануар дөңгеленіп келеді. Жас ханымның соңында он шақты қыз-келіншек. Бәрі де сары желістен артыққа баспайды. Балымның ызасын қайнатты.

Алдыңғы жақта ақ шағыл құм шоқылары. Қызылқұм осы жерден басталады. Балым — Қабақтың қызы. Бүкіл өмірі құм ішінде өткен ғой. Өзі де қырдың ақ бөкеніне ұқсайтын еді. Кешеден бері көргені жусанды кебір жер, ат тұяғынан ақ шаңдақ бұрқырайды. Тұншығып тынышы кетіп келе жатқан келіншек, алдынан ақ шағыл құм шыққанда, шыдап тұра алмайды.

Құмға кірген жерде, қасқа жолдың сүрдегінен шығып, бір құм шоқының басына тіке салған. Жануар қара жорға құмға тізесінен кіріп, тапырықтап қалды.

Балым жан-жағына елеңдей қарайды.

Хан ордасының маңында қырық-елу үй жақын аға-інілері, уәзір-қолбасшысы, оған төлеңгіт аталатын атшылары мен қосшылары қосылады. Төрт-бес жүз үйлі кеш еді, алды құмға кіргенде, соңы сары даланың төсінде шұбатылып жатқан. Ұзын бір қара шұбар жылан жер бауырлай ирелендеп, келіп қалғандай, хан ордасының көші тым сұсты көрінді.

Алдыңғы жақта төрт-бес салт атты, көшбасшы шалдар бара жатыр. Қорғаушы сарбаздар әлдеқайда қарасын батырыпты. Бастығы Жүсіп батыр, төрт жүз жігіт, көштің алды қозғалған кезде атқа қонған.

Балымның кеудесінде әлдебір тентек тілек алабұртып тұр. Бәлкім, жорғаның желісіне елігіп, жас жүрекке желік кірді ме? Қазір қалың жау сап ете түссе екен дейді. Қарулы сарбаздар сарт-сарт шайқасып қалады. Ал ат үсті сойылдасып жатқандарға алыстан қарап тұру қандай қызық...

Көштің алды келіншектің тұсынан етіп барады. Ең алдымен сары інген. Қоршаудың ішінде ақ сары кемпір Алтын отыр. Төрт ұл, төрт қыздың анасы, осы отанның үлкені, қарт ене Нұрғазы қайнысының қолында тұратын еді. Жасы алпыстан асса да қайраты қайтпаған кісі, көшті өзі бастайды. Ашуланса, келіндерін бидайықтай қуырады.

Балым қымсынды, енді серіктерін іздейді. Қыздардың жүрісі баяғы аяң-шоқырақ, едәуір жерде қалып қойыпты.

— Аттан, аттан!

Қамсыз тұрғанда құлағына сап еткен қорқынышты дауыстан Балым селк етті. Енді екі көзі көшбасшылар кеткен жақта, үркектей қарайды. Ешкім жоқ. Тек көштің алды тоқтап қалған. Енесі қоршаудан домаланып түсіп жатыр еді.

— Аттан, аттан!

Бұл жолы дауыс бір төбенің астынан естілді.

Содан соң көшбасшы шалдар көрінді.

Шабдар атты сарбаз жігіт қамшысын әлдеқайда шошайтып, аптыға сөйлейтін сияқты. Балым оның сарбаз екенін ақ киіз қалпағынан таныды. Киіз қалпақты ойлап шығарған Жүсіп батыр. Сарбаздар былтырдан бері бір өңкей ақ қалпақ киетін еді.

Алдағы көш ошарылып, артынан жеткен түйелер кимелеп, соқтығысқан кереге-уықтар сықыр-сықыр сынып жатыр.

Балым солай қарай ұмтылды.

Көшбасшы төлеңгіт шал сары кемпірге әлденені түсіндіргісі келеді. Өзінде өң-түсі жоқ, алқынып тұр.

— Тәйт әрі! — Сары кемпір ақырды. — Түйелі көш кейін қарай босқанда, қайда қашып құтылады? Құдайдың салғанын көрерміз. Көш осы жерге тоқтайды. Жаудың беті қайтса, алдымыздағы құдыққа жетіп еру боламыз. Әйтпесе, бала-шаға шөлден қырылады.

— Самсаған сары қол деп отыр ғой...

— Қорыққанға қос көрінеді. Бұл да соның кері! — Кемпір енді сарбазға кейіді. — Сен кейін қарай тарт. Аттан салып көшті үркіткенді қой. Жолдан кезіккен ауылдардың бәрін хабарландырасың.Хан да онша қашықта емес, Жақайымдардың көшінде келе жатқан шығар...

Хабаршы жігіт шоқыта тартып ұзай берді.

Бес жүз түйелі көш бір жерге ошарылды. Түйелер шөгеріліп түсіріліп жатыр. Сары кемпір бар жұмысты бір өзі бастап-төстейді. Түйе біткенді тіздетіп тастады.

— Керегелердің аяқ бауын шешіңдер. Әй, Шоңмұрын, сүмірейіп нағып тұрсың? -Жасы өзі құрбылас үлкен мұрынды қара шалға ақырды. — Кереге қорған жасау керек...

Келе жатқан жаудан гөрі сары кемпірдің қаһары қаттырақ көрінеді. Бір керегені Балым да көтеріп бара жатыр. Бір жерге үймелеген көшті айнала керегелер жайылды. Сары кемпір талай сүргінді, шапқыншылықты бастан кешкен. Жаюлы керегелер атты жау үшін мықты тосқауыл еді.

— Ал, қатындар, қолдарыңа бір-бір адалбақанды алыңдар! Бақан жетпегендерге кетпенсап та жарайды. Жамандығына бағып, жау үстімізге келіп қалса, ең болмаса қарманып өлейік!

Балымның қолында қызыл жосамен боялған адалбақан, жүрегі дүрс-дүрс ұрады. Енесінің сөзі қайратын жани түскендей, жау келсе, өліспей берісетін түрі жоқ. Адалбақанның сабын құшырлана қысады.

Абыр-сабырдың үстінде уақыттың өткені де сезілмейді. Күн батуға тақап, көкжиекте қан қызыл шапақ шашыратады. Шөл қысқан балалар жылайды. Бір қатын жүктің астында қалған месін іздеп бажалақтап жатыр.

— Ойбай, жау келді!

Алдыңғы жақтағы құм шоқының қылтасынан бір топ салт атты шыға келді.

Бұлар жау емес еді. Өздерінен екі есе мол жау қолымен шайқасып, сарбаздарының жармысынан айырылып қайтқан Жүсіп батыр еді. Жан алып, жан беріскен осы қырғында Арынғазының туған інісі Нұрғазы да қаза тапты.

Арынғазының ордасы қай күні ірге көтеретінін Жанғазы сұлтан біліп отыр. Үш жерден тосатын болды. Әрқайсысында алты жүзден адам, екі топ, екі жақ қанатта қозғалып барады. Кездескен көшті ойрандап, мал-мүлкін талауға салу тапсырылған. Адамдарын тұтқындап, кейін қарай жөнелтеді...

Жанғазының қасында сегіз жүз адам еді. Оның да жартысынан артығы Хиуа сыпайлары. Арынғазының ордасында төрт жүз сарбаз бар екенін біледі. Кездесіп қалса, үстем түсетініне шек келтірген жоқ.

Бірақ ауылдағы әдемі ойды базардағы нарық бұзады.

Арынғазы сарбаздарының соңында көш келеді. Көшпен бірге көбісінің қатын-баласы келеді. Басы Нұрғазы болып, хан жігіттері ақикөзденіп алған, арыстанша айқасты. Майданда ең әуелі сыр берген хиуалықтар... Жүсіп батырдың қол шоқпарына ұрынып алды құлай бастағанын көргенде, жалт берді.

Жанғазының жігіттері болса, көпшілігі Шекті, Қаракесек ауылдарынан жиналған. Тап осындай қан төгіске кездесерміз деген ойда жоқ, көбісі Шорабайдың екекесіне елігіп, тегін олжадан дәметіп келе жатыр еді. Оның қымбатқа түсетінін, қып-қызыл қырғын басталған кезде барып ұқты...

Екі жағында да адам шығыны мол. Нұрғазы сыпайлардың мылтығынан өлді. Сол мылтықтан сескенген Жүсіп батыр кейін шегінген Жанғазы қолын қуа түсуден бой тартты...

Дауыс қылған қатындар... Оған жаралы сарбаздардың ыңқылы қосылады. Бір жағында шөл қысып қаталаған балалар шулайды. Қараңғы түн қасірет күйін шертіп, дала күңіреді.

Алда бес-алты шақырым жерде құдық бар. Соған жету керек еді. Тірі қайтқан жігіттер түйелерді қомдап, ауыл көш қамына кірісті. Жүсіп бәріне әмір беріп, өзі басқарып жүр.

Балым қоршаулы түйе үстінде дауыс қылып барады. Қайныларының ішінде әзілкеш ақ көңіл Нұрғазының орны бөлек еді. Келіншек шынымен егілді. Соғыс деген осы екен. Балым бұрын ас пен тойда ат үсті сайысты қызықтайды. Барымташы жігіттердің қалай сойылдасатынын естиді... соғысты соған ұқсас бірдеңеге жоритын. Қазір жаны түршігіп келеді.

* * *

Нұрғазының жаназасына ат жетер жердегі Әлімнің жақсылары түгел жиналды.

Төртқарадан Шүңгіл би, Қабақ Көтібар батыр келді. Сыр ІІІектісінен қарт батыр Бидай, Бекарыстан, Байшоқы... Келіп жатқан көпшілікте есеп жоқ. Қаза көрген адам тек төбе көрсетпеген жақсыларды іздейді.

Ат аяғы жетпейтін алыстар бар. Жаманат хабар олардың құлағына кешігіңкіреп тиеді. Оған кешірім де мол... Жетіру мен Байұлынан, Арғын-Қыпшақ, Керей-Уақтан ешкім келмей жатыр. Өйткені хабар тимей жатыр. Арынғазы жақын жерде отырып, төбесін көрсетпеген жақсыларды санайды. Қаракесек Ақтан батыр, Өтегеннің Бекбауылы, Бәйділда мен Раманққл... Олардың бәрі Жанғазы сұлтанның соңында жүр...

Бұл қазаның үстінде Нұрымбеттің балаларын да көре алған жоқ. Арынғазы Жанқожа батырдың атағын ғана естиді. Нұрымбеттің баласы осыдан төрт жыл бұрын болып өткен хан сайлауында да көрінбей қойған.

Шекті ішінде тағы бір әруақ қонған шаңырақ Жәніке мен Сары еді. Хан сайланатын үлкен жиында олардан да ешкімді көре алмағаны есіне түсті.

Арынғазыға сырт берген басқа Шекті Жанғазы сұлтанның шашбауын көтеріп жүр. Жанқожа мен Рахметәлі оларға да қосылған жоқ. Құрық алып қашқандай тосын мінез танытқан...

Арынғазы таққа отыратын жылдары Жәніке — Сары әулеті Қалбаның Қаратауын жайлайды екен. Келер жылы Сарысуға қарай жылжып кетіпті. Биыл Түркістаннан әрі қарай, үлкен Қаратауды беттеп бара жатқанын естіп отыр.

Үш жылдан бері Жанқожаның жаз жайлау, қыс қыстауы Боқан тауы. Арғы жағында — Хиуа хандығы, Жанғазы сұлтан, олардың Жанқожаны қалай тыныш қойып отырғанына Арынғазы таң қалады.

Сырт халық Жәніке—Сары әулетін барымташы сотқар атайды. Содан келе Әлім ішінде бір адаммен шексіп қалғанын көрген ешкім жоқ. Арғын—Қыпшақпен барымталасып, ары кетіп түрікпеннен жылқы алып жүреді екен...

Жанқожаның бітімі одан бөлек. Барымтаға шығып, жылқы алған да жері жоқ. Сырт көзге әншейін шаруа баққан көп қазақтың біріне ұқсайтын еді.

Ал Толыбай батыр оны сырттай қыжыртып отырады.

Арынғазы қазақ билерін тізгіндеп ұстайды. Олар ауыл-ауылдың арасындағы ұсақ-түйек дауды ғана бітіреді. Жер дауы, жесір дауы, барымта сияқты ақыры насырға шабатын дау-шаралар қазір ханның алдынан тарқайтын еді. Жылда күзге таман Арынғазы ордасында билер үлкен кеңеске жиналады. Елдің хал-ахуалы, тіршілік-қарекеті, зекет жайы сөз болады. Ең соңында әлгідей асқынған даулар талқыға түседі.

Қыр Шектісінде Көтібар батыр, Сыр Шектісінде Бекарыстан би мен Толыбай батыр... Хан ел билігін осы сияқты мықтыларға тапсырып, өзі тек солардың қабағын бағатын еді.

Хан ордасында жиі төбе көрсетіп, бар қызметіне әзір жүретін — Толыбай. Былтырдан бері ащы ішектей айналдырып, жанынан шықпайтын болып алған. Арынғазы осының Жанқожаны соншалықты неге жақтырмайтынына түсініңкіремейді.

Кеше бұл жақта қырған болып жатқан кезде хан Толыбайдың үйінде қонақ еді. Үй иесі Жанқожаны жиі ауызға алып, әлде нені жақауратқан. Кейде Толыбай сол мінезін хан ордасында да сездірсе, Жүсіп батыр жақтырмай қалатын. Бұл жолы ханды әдейі оңашалап, сыр айтқысы келгендей ыңғай танытты. Бірақ қонақасы үстінде шапқыншы келіп, Арынғазы асығыс атқа қонды.

Жанқожа Боқан тауында. Қасына екі жүздей үй жиналыпты. Онда кеп халық емес. Содан келе оған Хиуа ханы да тимейді. Жанғазы да бейбіт саясат ұстап отыр...

Бұл тегін емес. Батыр сұлтан Шектіні бөліп әкетпегенде, Барақ та Әбілқайырға қол жұмсай алмас еді. Арынғазы содан сескенеді. Жанқожа хан ордасынан бұлай шеттеуін қоймаса, күндердің күнінде Жанғазының қолтығынан табылуы кәдік.

Едіге Тоқтамыспен өкпелесіп бара жатқанда, Сыпыра жырау ханға ақыл қосады екен дейді:

Шақырып оны қасыңа ал,

Қасыңа ал да, басын ал.

Егер басын алмасаң,

Басыңа басын қосып ал...

Арынғазы да Шектінің екі тентегіне әлгі Сыпыра жырау айтқан амалды қолдануы керек еді.

Қазір қарсы келген қазақтың басын алдыру Арынғазы үшін жұмыс емес. Хан тағында отырған төрт жылының ішінде он шақты тентекке өлім жазасын кесіп, әлде неше бай ауылға ауыр айып салдырған екен... Ханның түсі бұзылса, әркімнің де шеке тамыры сырқырайтындай болған.

Нұрғазының жаназасы беріліп, оның аяғы хан жиынына айналды. Бір жылғы зекетін сырғытып, келер жылға шейін созып жүрген байлар бар. Біреуі жесір даулайды... Хан қылмыстыларға ауыр-ауыр айып салдырды. Жанғазы бастап келген кешегі Хиуа жорығында ондаған ауыл ойран болып, мал-мүліктен қол жуған. Өлген адамның саны үш жүзге жетті. Екі жүздей үй, ұзын саны бір мыңдай жанды көшіріп әкетіпті. Күштеп көшірген...

Хан бес жүз жігітті атқа қондырды.

— Жанғазының ауылы Қазақдария бойына қарай ығысып барады екен деген. Жетсеңдер ойрандап қайтыңдар. Ең болмаса жылқысын қуып алу керек. Мұндағылардың шығыны соның есесінен өтеледі. Бұл жорықты Жүсіп батырға тапсырды. — Қара халыққа қиянат жасалмасын. Егер бері қарай көшкісі келетіндер табылса, ала қайтыңдар...

Хан оны көз қылу үшін айтып отырған жоқ, шын ниеті. Қазір Жанғазыны қарғамай отырған Әлім жоқ. Жөнсіз жасалған қиянатты, кісі өлімін халық кешірмейді. Жанғазы бел күшке саламын деп тағы қате жасады. Қорқытамын деп жүріп, қара бұқараны үркітіп алғанын білмей отыр. Соңындағы төрт мың үйдің биыл қасынан қаншасы кететінін өзі білсін... Арынғазы осы бір шындықты әлде қалай түсінді.

Ханның бұйрығын құлағымен естіп отырған билердің бетіне хан жүгіріп, әндері кіріп қалыпты. Енді барған жерлерінде айта жүреді. Арынғазының данқы одан әрі дабыраяды...

— Биылғы жиын осымен аяқталған болсын. Сендерге айтатыным: тағы да жау келер деп қорыққандарың кейін қарай көшіңдер. Мен осы арада қалып, жаз жайлаймын. Жанғазыдан келген бәле болса, көріп алғаным!

Билерге ханның бұл қайыспас мінезі да ұнады.

Әр ру басы он жігіт, он бес жігіттен міндетіне алып жатыр. Көзі жоқ билерді есептемегенде, орда маңындағы сарбаздардың саны қазір-ақ мыңға тақап қалып еді.

— Оның азығы кімнен болады?

Ханның алдында көзге түсіп қалатын жер келгенде, Толыбай қапы жіберген жоқ.

Әр рудың белгілі-белгілі байлары аталды. Сойыстықты солар міндетіне алатын болды.

Хан билер тарайтын жерде келер жылы маусым айының аяғына таман жиын өткізілетінін ескертті. Оған жалғыз Әлім Шөмен емес, Байұлы мен Жетірудың жақсылары да қатысады. Орта жүзден Арғын-Қыпшақ пен Керей-Уақтың білгілікті билері де шақыртылады. Ол жиында не мәселе сөз болады. Арынғазы әрі қарай қазбалап айтқан жоқ. Тек жиын өтетін жерді атады.

— Қарақұмда Ақсақалтәуіп көлінің жағасында өткізем!

Арынғазы қыркүйектің басында ордасын Қарақұмға қарай көшірді. Қасында алты жүз сарбаз, көшті Сырдан әрі өткізім салған соң, аттың басын кейін бұрды.

Жүсіп батыр көктемде Қызылдың ішінде жиырма күн кезіп, Жанғазының аулын ұшырата алмай қайтқан. Әрі Қазақдария жағасында Хиуа сыпайлары топ құрып жатқанын есітті.

Жеті жүз жылқы олжасы бар, ордаға оралды...

Қызылда Арынғазының қоластындағы Шектіден он шақты-ақ ауыл, алты ай жаз ат үстінен түскен жоқ. Хиуаның жолынан күзетті айырмайды. Жанғазының қайта оралуынан қауіптеніп еді.

Жаз тыныш өтті.

Арынғазы ұзын хабардан естиді. Жанғазының аулы Қазақдария маңында көшіп жүрген көрінеді... Одан ойсыратып кек қайтару ханның арманы еді.

Қасында алты жүз қол, Қызыл құмында бір ай жорытты Жанғазы Қазақдариядан әрі өтіп кеткен. Қасында төрт-бес жүз үй, Қоңырат маңында кешіп жүргені белгілі болды.

Арынғазыға Қазақдариядан әрі өтуге болмайды. Хиуа ханы онсыз да сыныққа сылтау іздеп отыр. Хан Қызылдағы қазақ аулын бір ай аралады.

Бәрі де төбесіне көтеріп күтеді. Құдай алжастырып Жанғазының соңына ерген... Соны айтып отырып, Итіғұл сақалы селкілдеп жылап алды.

Бес жүздей үй бері қарай көшіп шықты.

Қалғандары қобалжиды. Қарақұм алты Әлімге тарлық қылатын еді. Оны Қаракесек аулы айтып отыр. Бір бөлегі қыс қыстауы да жоқ. Жаз Қарақұмға басы сыйыспайды. Құдыққа таласып, ағайынды екі рудың қырылысып қалатыны бар екен...

— Бізді Қызылдан қозғамаңдар. Одан да қырық күн шілденің аяғына таман екі-үш жігітті атқа қондырыңдар. Сол кезде Хиуаның зекет жинаушылары жасауылдарын ертіп шығады. Өзіміз-ақ ұстап берейік...

Бұл Сегіз балуанның сөзі еді. Арынғазы серінің үйінде бір түн жыр тыңдап, көңіл көтерді.

Сегіз он бес үйлі ауыл. Қызылды жайлап жүргелі көп заман өтіпті. Жылы орнын суытқысы келмейді.

Арынғазы серінің кеңесін түйіп отыр.

Жүсіп батырдың арманы Жанқожамен жүздесу еді. Екеуінің жасы да құрбы, кездесудің сәті түспей-ақ қойған. Әншейінде сенімді серігінің қолқасын қайтармайтын Арынғазы бұл жолы қабақ түйді. Хан басымен қарадан шыққан батырдың алдына кішірейіп баруды қорлық біледі. Жанқожа не жиында төбе көрсетпейді, не қазаға көңіл айтпайды. Хан ашулы еді.

Бірақ қастық жасауға бата алған жоқ. Нұралы хан қырсыққанда, осы Жүсіп батырдың әкесі Сырымның ізіне түскен. Оның ақыры көзі тірісінде тақтан тайып, қалған өмірін орыс қаласында өткізіпті... Әбілқайырдың тағы одан кейін алты жыл бос тұрады.

Нұралыдан соң таққа отырған Ерәлі сұлтан ұзақ жасаған жоқ. Бүкіл өмірін Сырым батырмен алысып өткізгеннің біреуі сол еді. Хан салтанатын үш-ақ жыл қызықтап, бахи жайға аттанды. Оның орнын басқан Есім сұлтанды екі жылдан кейін Сырым өлтірді...

Арынғазының топшылауынша, сонша дүрбелеңді Әбілқайыр әулеті өздері тілеп алып жүр. Сырым бүлігі оларға қымбатқа түсті... Байұлы, Жетіруды үркітіп алды...

Жанқожадан қорқып жүрген Арынғазы жоқ. Қасында алты жүз сарбаз, Боқан тауын жайлап отырған Нұрымбет аулының түндігін түріп қойып шауып алар еді. Онда күні ертең алты Әлімнен айрылды. Ең алдымен қасыңдағы досы Жүсіп батырмен кетіседі...

Арынғазы жорықтан ауыр оймен қайтты. Мына жақта Арғын-Қыпшақ, Керей-Уақ, мына жақта Байұлы мен Жетіру – оған бәрі қолын созып отыр. Хан етек-жеңі мол осынша елді құшағына сыйғызар амал таппай дағдарады.

Бір ай жүріп Қызылды аралады. Жанғазыдан бәрі де безердей болып отыр. Хиуадан одан да әрі... Бес жүз үй бері қарай көшіп шықты. Қызылда әлі де үш мыңдай шаңырақ қалып барады. Оны Хиуа шапқыншылығынан, Жанғазыдан қорғайтын шамасы жоқ, ханның іші қазандай қайнайды.

Жайық бойына, Ертіс жағалауына орыс бекіністері түскелі не заман. Әзір бері қарай жылжитын түрі байқалмайды...

Оған қатер басқа жақтан — Хиуа мен Қоқан хандығынан төніп отыр...

Сыр бойына Ақмешіт қамалын көшіру керек. Қолынан келсе, Түркістан мен Созаққа шейінгі өңірден Қоқанның табанын аударар еді. Бірақ дәрмен жоқ. Жалаң қылыш, қара сойылмен қамал бұзу қиын...

Хиуаның жолын кесу үшін Қазақдария бойына шығу керек. Арынғазының бір бүйірінде ондай ниет те бар. Жау бетіне ұстайтын тұрақты екі мың сарбазы болса. Хиуа баспашыларының аяғын Қызылқұмға бастырмас еді.

Бірақ екі бірдей қауіпті жау — Хиуа, Қоқанмен қатар алысып қалай күн көреді.

Түбі Хиуаны Қызылқұмнан күдер үздірмей, Әлім-Шөменді қолда ұстап тұру қиын екенін түсініп келеді.

Халыққа қоныс керек...

Буыны қатпаған қазақ хандығына сүйеніш керек...

Ол «сүйеніш» Хиуа мен Қоқан емес. Онда жақын жерден қылышын жалақтатып, еңсеңді көтертпейді.

Орыс патшалығы...

Арынғазы биыл көктемдегі Хиуа шапқыншылығынан кейін орыс патшалығын көбірек еске алатын болып жүр.

Баяғы Әбілқайыр заманы... оның орыс патшасына ант беретіні есіне түседі.

Әбілқайыр әулеті арғы астанасының орысқа бағынғанын мақтаныш етіп айтып отырады екен. Арынғазының ойында: ол әншейін оттаған сөз. Әбілқайыр орыс елшісі Мәмед мырзаның алдында анттың рәсімін жасағанда, сол арқылы Хиуа ханы Жолбарысқа айбат көрсетіп еді. Қарақалпақ билері орыс патшасына іш тартатынын көрген кезде, шауып алған жоқ па? Бағынышты екенін мойындаса, ондай қатерлі қимылға баруы мүмкін емес!

Арынғазының алдында да жалғыз-ақ жол қалып отыр. Хиуа мен Қоқанды ауыздықтап ұстау үшін, оған орыс патшалығының қолтығына кіру керек...

Жол бойы осы ниетін Жүсіп батырға айту үшін неше оқталған шығар. Бірақ мүдіре берді. Жүсіп сыр шашар деп қорықпайды, өзінің ертеңгі күні ойлантады.

Оның түсінігінде, орыс патшасы тәкаппар, түлкідей қу... Ертең қапы ұрғызып кетуі кәдік еді.

Салт атты төрт жолаушы Қызылқұмның ішінде cap желіп келеді. Бұл бетте ауыл сирек, адам-қара сирек ұшырасады.

Оңында да, солында да сұлап жатқан құм шоқылар. Айнала аппақ, қарап тұрып көз қарыққандай еді. Құм шоқының бірінен асып түссең, алдыңнан екіншісі шығады. Ұшы-қиыры көрінбей-ақ қойған. Бүгін үшінші күн өтті. Жолаушылар осылып жатқан Қызылқұмның ұштығына шыға алмай-ақ келеді.

Әлде қайда көз ұшында биік қыраттың сілемі мұнартып көрінеді. Өздері іздеп келе жатқан Боқан тауы сол екенін Бекбауыл айтты. Ол Жанғазыдан ат құйрығын былтыр күзде кесіскен. Соңында алты жүз сарбаз, Арынғазы ханның Қызылдағы ауылдарды аралап келе жатқанын есіткен күні Бекбауыл Сыр бойына қарай көшіп шықты.

Төбесі таңертең көзге шалынған Боқан тауы түс қайтқанша жеткізбей-ақ қойды.

— Батыр да жер түбіне шығып-ақ кеткен екен...

Байшоқының үнінде наразылығы ап-айқын білінеді. Жақайымның биі, жасы қырықты орталамай жатып-ақ толысып болған. Қаба сақалы, жүндес бет-аузы, ердің қасына түсіп жататын қарны, — оны тіпті кексе адам етіп көрсеткендей екен. Өзі етженді кісіні мойны ұзақ мынау жол тіпті ығыр қылған, ер үстінде жиі қозғалақтайды. Бүгін ат бүлкіліне әзер шыдап келе жатыр.

Қызылқұмның бұл тұсында ауылдың сирек ұшырасатын бір себебі бар еді. Осыдан бес-алты көштік жерде Шәудір түрікпендердің жаз жайлауы тиіп тұр. Жәніке-Сары әулеті сияқты тентек ауылдың жортуылшы жігіттері Шәудірдің жаз жайлауынан талай-талай жылқы алған. Иіні келсе, олар да есесін жібермейді. Қазақ ауылдарының іргесі жақындағанын есітсе, Шәудірлер де аттарын баптай бастайтын еді.

Еруліге — қарулы, қазақтың талай аулын зар қақтырып, жылқысын қуып әкетті...

Ондай-ондай шапқыншылықты талай кездестіріп, түрікпендерден көзі қорқып қалған жұрт, өзіне-өзі сенген. Тақа жүрек жұтқан біреулер болмаса, Боқан тауы жаққа көп үйір бола бермейді.

Қысы жұмсақ, шөбі шүйгін жайлау Қызылқұмда қадам бассаң қатер еді.

Биыл бесінші жаз қайтып оралды, Нұрымбеттің аулы осы Боқан тауын жайлайды.

Арынғазы хан сайланатын жолы Жанқожа қатысқан жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын өткен жиынға да бармай қалды. Билер ханды Жанқожаға ашулы деп біледі. Шақырып әкелуге өздерін жұмсағанда, қай-қайсысы да қуанып еді. Олар үшін батырдың бас амандығы керек... Жанқожа бұл жиынға қатысса, хан да райынан қайтады...

Төбесі таңертең көзге шалынған Боқан тауына жолаушылар ұлы бесінде жетті. Қызылқұм артта қалған. Алдарында жазық дала, кер топырақты сары белдің еркек шөбі аттың тізелігін қағады. Бекбауыл тамсанып қойды.

— Жарықтық Қызыл, малдың жайы ғой...

Боқан тауының күнгей бетіндегі қоңыр төбенің баурайында қанаттаса отырған он шақты үйлі ауыл елшілердің көзіне жылы ұшырай кетті. Нұрымбеттің аулын сонадайдан таныған Бекарыстанның жүрегі лықсып аузына тығылғандай. Төрт-бес жылдан бері елден жырақ шығып, ұзақ кешіп, шет жайлап жүрген ағайынға ат ізін салып тұрғандары да бүгін екен. Онда да Арынғазы ханның әмірімен келіп отыр. Өз бетінше іздеп шығуға жұрт ханның қаһарынан сескенетін еді...

Апырай, бастан билік кетіп барады екен-ау...

Боқан тауы өңіріндегі елдің бұл кезде бес жүз үйге жақындап қалғаны рас... Нұрымбет аулы сөгіле көшкенде, соңына немере-шөбере туысы Жұмағұлдың балалары ғана ерген. Бір Барақтан сегіз ұл, жиырма шақты үй, етек-жеңі мол ауыл еді.

Бір жылдан кейін бұларға қасында он шақты үйі бар Сегіз келіп қосылды. Бұл ауыл қырық ру құрандылау... Екі үй қарақалпағымен Жанназар батыр бар... Бір үй Үйсін қуда... Қалған үш-төрт үй Әлімнің әр қилы аталығынан шыққан жарлы-жақыбай ағайындар.

Соңында қырық-елу үй Қаракесегі, Ақтан батыр да былтырдан бері осы маңайда көшіп-қонып жүр.

Былтыр бұлардың қауымына отыз бес үй Қарасақал келіп қосылыпты. Олар да үш-төрт жылдан бері Арынғазыдан іргесін аулақ ұстап жүреді екен. Жазғытұрым хан аттандырған жасауылдар ауылды қапыда басып, ойран салады... Қарасақалдарға тігерге тұяқ қалдырмай, бар жылқысын көтере айдап кетеді...

Осыдан бір жыл бұрын болып өткен Хиуа шапқыншылығы Боқан тауы маңындағы елді де қатты тіксінтеді. Бұрын әр шұқырда бытырап бет-бетімен көшіп жүрген ауылдар, араларын жақын салып, төрт-бес құдықтың басында отыр.

Малды Боқан тауының жықпыл-жықпылында күндіз-түні күзетте ұстайды.

Хиуа жақ беттегі төбе-төбенің басында қарауыл, әр ауылдың сергек жігіттері кезектесіп тұрады.

Ауыл болған ауылда құрып тастаған кермелер, жүйрік аттардың арқасынан ері алынбайды...

Боқан тауындағы елдің тіршілігі қазір жаугершілік заманды еске түсіргендей екен.

Осының бәрі Жанқожаның ойлап тапқан әрекеті екенін түсініп, Бекарыстан сүйсінді.

Әйтеуір-ау... Сыр бойындағы қалың елді зар қақсатып шауып алып жатқанда, Жәкеме Хиуа ханының да тісі батпайтын еді. Бес жүз үйден кемі алты-жеті жүз қарулы жігіт шығады. Бір Жанқожаның өзі неге тұрады? Төбе-төбенің басында қарауыл күтініп отыр... Қапыда баса алмайды...

Өткен бес жылдың бедерінде Нұрымбет ақсақал көп еңкейіп қалыпты. Сонда да сағынып көріскен ағайынды қасынан шығарғысы келмейді. Қонақтар түннің бір уағына дейін отырды. Шал Арынғазының жайын көбірек сұрастырады.

Билердің жауабы әзір. Қазір Арынғазының аузына бір Әлім емес, Арғын, Жаппас сияқты тайпалар да қарап отыр. Халықтың да берекеті кіріп қалған... Бес жылдан бері баспашының хабары да естілмейді. Ел ішінде бірін-бірі барымталап жататын жаман әдет те тыйылып келе жатыр.

Олардың жауабына ақсақал қанағаттанбады.

— Біз де бұл жақта естіп жатырмыз. Бес жылдың ішінде он азаматтың басы алыныпты. Қазақ күнде барымталасып жатқанда кісі өлімінің хабарын он жылда бір еститін едік. Арынғазы хан емес, қанды балта болды ғой...

— Өйтпесе, тентек тыйыла ма, ханда қадір бола ма?

— Біреудің қанын жүктеу арқылы қадір таппақшы болса, ондай хандықта қанша қасиет қалады? — деді Жанқожа, ертелі үнсіз отыр еді, басын көтеріп алды. — Нұралы мен Ерәлі қанша қарабет болғанмен, қасындағы момын қарашаның қанын жүктеген жоқ еді. Арынғазы Әлімнің ортасына келгелі қан шеңгелдемеген күні жоқ екен. Тек осының арты қайырлы болсын...

Бұл күні екі жағы да онан артыққа барған жоқ. Жол соқты болып жеткен билер төсекке бас қойды.

Ертеңіне Жұмағұлдың немересі Боранбай қонақтарды үйіне шақырды. Барақтың балалары ішінде көзге түсіп келе жатқаны осы жігіт еді.

Қонақасы үстінде Арынғазының аты тағы ауызға алынып, билердің сағы сынды. Бұл ауылдағылардың аузы бір ыңғай екені көрініп тұр. Әңгіме үстінде, бастығы Барақ болып — бәрі де ытырынып отырды.

Боранбайдың үйіндегі қонақасыда сырт ағайыннан Сегіз ғана болды. Ақтан батыр ауылда жоқ, жолға шығып кеткен көрінеді. Жасы Боранбай құрбылас қара жігіт, Қарасақал руының ендігі бас көтерер азаматы екен. Есімі Дабыл. Былтыр Қарасақал ауылына хан жасауылдары салған ойран сөз болып еді...

Дабыл құтырғаннан құтылған деп отыр.

Билер Барақтың үйінен шыққан соң жаяулап қайтты. Екі ауылдың арасы екі шақырымнан артық емес. Кеше ғана жұрт аударып қонған жерде із түсіп жарымапты.

Зауал ауған шақ. Тау беттен қоңыр самал еседі. Әлі де мал тұяғына жапырылып үлгірмеген еркек шөп шапаныңның етегіне оратылады. Құртқашаштар жаппай қызғалдақ жарған. Көк жусанның салалы шашағы жұпар иісін аңқытып, мұрныңды қытықтайды.

Бекбауыл Арынғазының сәлемін келе жатып айтты.

Хан Жанқожаға Шектінің әр аталығынан бір-бір адам жіберіп отыр. Қасына туысы Бекбауылды қосты. Жанқожаның биылғы жиында төбе көрсеткені жөн. Әйтпесе, ханның қаһарына ұшырайды, елден де шығады...

— Барымталап мал қуған жерім жоқ, кісі өлтіріп қан да жүктегенім жоқ, қалай елден шығамын? — Жанқожа ширығып тұр. Ханның қасына барып, басыма құрық тілер жайым жоқ. Сендердің не бітіріп жатқандарыңды да біліп отырмыз... Егізіңнің сыңары басын алдырады, оған ара түсетін дәрмендерің жоқ. Жанқожа оған көнбейді. Біреудің қанына ортақ болғанша, басымды алдырғаным кеп артық!

Бекарыстан сартасынан жүгініп отыра кеткен күйі бір құртқашаштың қызғалдағын жұлып алып жатыр еді. Қолынан түсіп кетті. Жанқожа соңғы сөзді соған арнап айтқандай. «Егіздің бірі сыңарың...» Бұл Байжігіттің қазасын бетіне басып отырғаны ғой...

Байжігіт Бекарыстанмен жақын ағайын. Қыста ығып кеткен жылқысын іздеп жүріп, ханның жасауылына жолығады... Анау астындағы аты зорығып өліп, жаяу келеді екен. Байжігіттің атын аударып алғысы келген жасауыл таяқ жейді.

Арынғазы тентек Асанның аяқ-қолын байлатып әкелдірді. Байжігітке өлім жазасы кесілгенде, осы билердің төрт көзі түгел хан ордасында отыр еді...

Ер бауырға шыдамайтыны рас екен, Бекарыстан тіксінді. Бірақ ханға қарсы сөз айта алған жоқ. Мезгіл қырық күн шілденің іші, күйіп тұр еді. Би қамзолының екі омыраулығы ашық, ақ бөз көйлектің сыртына тері шыға келді. «Бекарыстан аға-ай, мені шынымен-ақ өлімге қиғаның ба?» — деді Байжігіт жылап жіберіп. Ет бауыры елжіреп, құр сүлдері отырған би үстіндегі бөз көйлектің омырауын қалай қақ айырғанын білмейді. Бар ашуы уысына жиналғандай, тес етін мытып қалғанда, емшегінен қып-қызыл қан шапшып кетті. «Жаным ауырмаса — мынау не? Екі қолым байлаулы, амалым құрып тұр ғой...» Соны айтқанда Бекарыстанның дауысы әзер шықты.

Бекер келген екем-ау. Хан қаһарына ұшырап, Жанқожаның мойнына құрық түскендей күн туса, осы отырғандардың ішніде ара түсе алатын бірі жоқ. Ал батыр шет жайлап жүрсе де хан оның айбарынан сескенеді...

Ашуланып келе жатқан Бекбауылды Бекарыстан тоқтатты.

Байшоқы көзімен жер шұқиды.

— Ханы құрысын! - деді күрсініп. — Менің жаным саған ашиды, Жәке. Ел іші — алтын бесік. Сені халқың іздеп отыр. Жалғыз ауыл қашанғы отырасың?

— Құдай жалғыздықтан сақтасын. — Жанқожа кейіп қалды. — Киікбай мен Жұмағұл отыз үй. Былтыр Ақтан нағашым келді. Биыл Сегіз балуан қосылды. Жаңа көрдің, Қарасақал ағайындар да бар. Ханның алдағы жиынынан кейін тіпті көбейеміз бе деп отырмыз. Біз де бір тайпа ел болып қалдық.

— Ханға не бетімізді айтып барамыз? — Бекбауыл етегін қағынып орнынан тұрды.

— Жамандап баруға тілің жетпей тұр ма? Жанғазының соңына еріп қашқан сен едің, жылы орынды тапқан екенсің! — Жанқожа қатуланды. — Мені жау алмайды. Аспан асты кең, тақа қысылып кетсем, түрікпеннің Қарақұмы жақын...

Бұлардың алдында Бәйділда келіп кетті. Жанғазы сұлтанның сәлемін әкеліп еді. Жанқожа оны да біраз сілкілеп алды. Жанғазы Шектіні соңғы бес жылда екі рет шапқыншылыққа ұшыратқан екен. Қасындағы сарбазының көпшілігі Кішкененің жігіттері... Соның ішінде Асанға қараған ауылдардан жиналғанын естіп отыр. Нұрымбет шал Бәйділданың ит терісін басына қаптады.

Егер Қожамбердінің биі сөзінде тұрса, биыл Жанғазы сұлтаннан ірге айыруы керек...

Бірақ ондай сыр Шекті билеріне айтылмайды. Сыпайы сөзбен шығарып салды.

Кешкісін Боқан тауын жайлайтын Әлімнің жақсылары Ақтан батырдың үйінде бас қосты. Батырдың жолаушылап кететіні бекер, хан жіберген елшілермен кездесуден бой тартқан... Ақтан батыр Қарақұмға оралғысы келетінін айтты.

Дабыл мен Жанқожа бір жақ. Ал Сегіз болса, Сыр бойына жақындайтын ойы жоқ. Қарақалпақтағы қарындасы Қаракөзді қимайды. Ол жақта Жабы беделді еді. Атасы Күржібай өліп, бар дәулеті Сегізде қалды. Бұрын дөңгелек шаруалы Топының балалары қазір кеуде байдың қатарына қосылып отыр.

Жанқожа қарт нағашысын тағы бір жыл күтуге әзер көндірді. Арынғазы тірі тұрса, әлі де талай жиын болар... Әзір аңдысын аңдыған дұрыс... Сөз осылай байланды.

Рахметәлі Құралайдың салқынын өткізіп барып атқа қонды. Қасында он сегіз жігіт, бәрінің де ер қаруы бойында, жиынға емес, түрікпеннен жылқы алуға аттанып бара жатқан адамға ұқсайтын еді.

Мерзімді уақыты әлдеқашан болып, ендігі маусым айы туса да, күн жиі-жиі жаңбырлатып қойып, қабағын ашпастан тұр. Биылғы көктем жаңбырлы, алдағы жаздың мал баққан шаруаға жайлы болатынын аңғартқандай еді. Көк жусанның салалы шашағы аттың шашасынан келіп, еркек шептің сабағы жел лебімен желкек қағады. Ұшы-қиырсыз дала төсін таспадай тіліп, ирелендеп жатқан жалғыз аяқ жолдың екі жағы бұп-бұйра, таң атқалы ала бұта көк шағыр жолаушылармен жарысып келе жатыр.

Бұлар шыққан Қалбаның Қаратауы мен Ақсақалтәуіп көлінің арасы салт атты жолаушыға онша қашық емес, арада төрт қонып жете беретін еді. Рахметәлі тіпті суыт жүрді. Ат мойнын талдырар ұзақ жолды үш күннің ішінде қусырып-ақ тастады.

Соңғы түні далаға қонып шыққан жолаушылар түске шейін хан ордасына жетуді меже қылған. Рахметәлі арқан бойындай жер алда, Шалбурылды соқтырта аяңдатады. Үстінде қара мауытымен әдіптеткен түйе жүнді шекпен, ішінен жұқа қамзол киіпті. Ат үстінде сыптай болып түп-түзу отыр. Аяғында Бұхардың текекісінен тіктірілген ұзын қоныш мәсі. Оның сыртынан киген кебісін көксауырлатып тіктіргені, мосқал жасты осы кісінің әлі де кәрілікті мойындай қоймағанын көрсеткендей еді. Басында киіз қалпақ, оны да қара мауытымен әдіптетіп, сай-сайын қызыл мақпалмен бастыртыпты. Әлі ат үстінде жортудан қалмаған кісінің он екі мүшесінде арам еттен ырымға жоқ, қағылез қалпы қайраты қайтпағанын көрсетіп тұр.

Жолаушылар түс қызғанша ат басын іріккен жоқ. Шалбурыл қаттырақ аяңдағанда, басқа аттар желіп отырады. Рахметәлі таңертеңгі қалпы, ер үстінде ең болмаса бөксесін де бұрып отырған жоқ. Көз алдында биік қоңыр төбе, сәскеден бері жеткізбей келе жатыр еді. Түс қызды. Қоңыр төбенің баурайында Рахметәлі Шалбурылдың тізгінін тартты. Қамшысының сабымен кек бас ердің қасын тық-тық ұрып тұр. Басқалары да тоқтады.

— Ақсақалтәуіп осы төбенің астында... Рахметәлі содан соң үнсіз қалды.

Жолаушылар қоңыр төбенің басына көтерілді.

Әрірек сары жонның бөктерінде аппақ шағаладай үйлер... Көптігі соншалық, көз сүрінгендей екен. Торы төбелді тебініп, ағасын жанамалай түскен Мелдебектің түсі бұзылды. Ақырын күңк етті.

Хан қанадан кетіп тұр екен-ау. Мынаусы ең кемі екі жүз үй бар ғой...

Сары жонның арғы еңкеуінде жалтырап көл көрінеді. Жағалау жап-жасыл, балғын құрақ ақырын толқып басылады. Ол маңайда жиырма шақты үйдің қарасы көзге шалынады. Бәрі де қоңырқай үзікті жұпыны үйлер. Ас-су сақтау үшін әдейі тіккізгені байқалады.

Ауылдың алдында жалғыз шоқат. Көк шоқаттың басында жалғыз кісі, қарауылдай қақшиып тұрғаны алдақашан. Бұлар қасына келгенде қозғалған жоқ.

Мал баққан қазақтың көзі қырағы келеді.

Ана тұрған жалғыз кісі хан иеңнің өзі, - деді Рахметәлі, тізгінін қымтыңқырай ұстап, аттың жүрісін баяулатты.

Қаһарлы хан туралы талай қорқынышты аңыздарды естіп, жүректері шайылып қалған жігіттер селк етті. Бәрінің де түстері оңған, дыбыстарын шығаруға қорқады. Рахметәлі оңына бір, солына бір қарады.

— Әуелі хан иеге сәлем бере кеткеніміз жөн болатын шығар. Соны айтып тұрып күлді. — Алдарында аранын ашып ажал тұрғаннан бетер құтанайларың қашқаны қалай, жігіттер. Қазір ханға сәлем беріп тұрған жерде бұттарыңа жіберіп қойып жүрмеңдер...

Жігіттер қысылды. Рахметәлінің қасында еріп жүріп, талай мәрте тура ажалмен бетпе-бет келіп байқағандары бар. Осы кісінің сасқалақтап сыр берген жерін осы тұрғандардың ішінде білген жан жоқ. Мінезі қандай салқын болса, қимылға соншалықты шапшаң, сақтықты бір мезгіл естен шығармайтын. Бұл жерде де қысылып тұрған түрі байқалмайды. Көк шоқаттың басында тұрған жалғыз адамға қарай Шалбурылдың басын бұрды.

Жолаушыларды Арынғазы да көрді. Өкше іздері Қалбаның Қаратауынан шыққан екен. Ол жақтан келетін қазақ билері санаулы. Топтың алдында арқан бойы озық келе жатқан батырды ешкімге ұқсата алмай тұр еді. Есіне Сары бидің баласы Рахметәлі түсті.

Ханның қабағында кірбің білініп, аққұба жүзі суын алған болаттай сұрланды. Арынғазының жасы алдына қырыққа шығады. Қарашығынан көрі ағы молырақ ұялы келген үлкен көзі сұп-суық қарайды. Бет сүйегі шығыңқылау, монгол тұқымдас болғанмен, хан ажарлы еді. Онсыз да ортадан биік бойын етегі жерге сүйретілген Хиуаның қызыл жібек шапаны тіпті биіктетіп көрсетеді.

Рахметәлінің өзіне қарай тіке келе жатқанын көргенде, жыны тіпті құрыстады. Енді қыңырая түсіп, жолаушыларға сыртын беріп еді.

— Ассалаумалейкүм, хан ием!

Қазақ батырының дауысында діріл байқалған жоқ. Әлі де зыбандығын өткізе түсуді ойлаған хан Рахметәлінің сәлемін алған жоқ.

— Сарының баласы тым асқақтап кеткен екенсің. — Арынғазы көмейінде тұрған ашуды іріккен жоқ. — Мен хан тағына отырғалы бес жыл, төбеңді бір көрсеткенің жоқ. Екі рет шақыртып әзер келдің ғой!

— Тақсыр-ай, келмейін деп жүрген мен жоқ-ау... Рахметәлінің шегір көзі кірпік қақпайды, ханға қадала қарап тұр еді, бір сәт арбасып қалды. - Қалай келейін, ұлы төбені шандайсың, кіші төбені қандайсың. Қай жағыңнан шығып қаламым деп қорыққаннан, Қаратауда бойымды бағып жата бергенім жоқ па?

— Ештен де кеш жақсы, — деді хан

Ер көкірек Арынғазы өр мінезді еркекті сыйлайтын еді Рахметәлінің жауабына ырза болды. Сол екі ортада төлеңгіттері де жиналып қалған. Ханның назары түзу екені қабағынан-ақ белгілі. Төлеңгіттер Рахметәлінің шылбырына оралып жатыр.

Сегіз қанат ақ боз үй. Күтушілер қонақтарды сонда бастап алып барды.

Көзіне жұдырық сыймайтын тар көз керегелерінің түсі қып-қызыл. Түскиіздерін көк масатымен оюлатыпты. Басқұрдан бастап, үйдің уық бауларына шейін қызыл мен сары түс жарыстыра шабыстырылып, шашақтары шым жібектен өрілген еді. Аяқтарының астында түрікпені атлас кілем, былқ-былқ етеді. Үстінде жайылған көрпелердің тысы қызыл ала батсайы. Ханның әдейілеп тіктірген үйлерінің бірі екені көрініп тұр.

Ат-көлікті жайғастыруға Айбас бастаған екі жігіт қалып басқалары үйге кірді. Ат соқты болып жеткен қонақтар бір-бір тай тері жастықты бастарының астына тастап, қисайып-қисайып жатыр.

Біраз күттіріп қымыз келді.

Сәлем беретін адамдар бір-бірлеп төбе көрсетті. Рахметәлі екі жылдан бері шет жайлап жүр. Сағынысқан ағайын осындайда жүздеседі.

Жаманқұл келді. Бәрі де жақын туыс, жалбырақтасын құшақтасып жатыр. Бұл жақтағы Жаманкөз тұқымының амандығы сұралды. Ауыл жылдағы жайлауы Шықыман төңірегіне көшіп келіпті. Ас келгенше шаруа сөз болды.

Түннің бір уағында қонақасы ішілді.

Төсекке кештетіп бас қойған, ұйқысы қалың Балпан сияқты жігіттер сәскелетіп оянды.

Хан мәжілісті бүгін түстен кейінге жобалап қойыпты. Жолаушылар соны сөз қылып отырып, сыздықтатып қымыз жұтады. Тағы да сәлем беретін жұрт қаптады.

Құм ашық. Бүгін әуе айналып жерге түскендей ыстық еді. Көл жағалай тігілген қоңырқай үйлердің алдында қазылған жерошақтар. Үйіткен бастың көңірсі иісі алып кетті. Тай қазандар бұрқ-бұрқ қайнап жатыр.

Сыр бойында жүрген Бәлдір осынау жиынның хабарын осыдан бір ай бұрын есіткен. Сол күні шабан торыға ер салды. Суыт жүріп кетсе бір аптада жетіп келер еді. Бірақ жол бойы

талай жылдан жолы түспей жүрген ағайындар отыр... Бір ауылда түстенеді, бір ауылда қонады. Жағдайы келіп, қарны тойса, апталап жатып та қалады... Бәлдір әйтеуір жеткеніне қуанады.

Кеше түсте Толыбайдың аулынан шығып, далада түнеді... Бәлдір аш. Шабан торы оның аржағында, жануар түйе сияқты, қысылып кетсе, жүріп келе жатып шалып оттайды. Қамшы батса, тұрып қалатын «ауруы» тағы бар...

— О, арам қат, арамқатқыр! Бекбауыл қайдан оңды атын мінгізе қойды деп едім-ау...

Оны түсініп жатқан торы ат жоқ. Түнде қонған жерде тас қылып байлап қойған ақыреті бар, Бәлдір балағаттап жатқанда, ал басын бір көтермейді.

Бәлдірдің көзі ақ ордалардан бұрын қоңыр үйлерге түседі. Ас қайда ырыс та сонда. Қоңыр үйлердің алдында қаздай тізілген жерошақтарды көргенде, жалақ ернін жаланып-жаланып қойды.

Бір тай қазан басқасынан оқшаулау қайнап жатыр еді. Соған тура келді. Бәлдір ұмар-жұмар аттан түсті.

— Ассалаумалайкүм!

Қазаншы оған бұрылып та қараған жоқ. Бәлдір сәлем берді, міндетінен құтылды. Бәлкім, байғұстың құлағы тас керең шығар. Есітпесе обалы өзіне, қазанның беті ашық тұр, бір жамбас Бәлдірдің көзіне жылы ұшырай кетті. Әрі бет жағында жатыр екен. Сұрағанмен саңырау неме есітпес... Қазаншының қасында жатқан темір істікті ала салып, жамбасты шаншып келіп қалды!

Әй-әй! — Қазаншы барқ етті.

Ондай-ондайды ілестіре берсе Бәлдір бола ма, өзі саңырау қазаншыға жағдай айтып түсінісіп жатқанша не заман... Қойдың жамбасы түйе жүн жыртық шапанның шалғайында кетті. Анда санда ауызды салып қалып, апыл-құпыл жұлмалайды. Қазаншы барқырап жүр.

— Бұл ханға асылып жатқан қазан деп тұрмын ғой саған! Әй, мынау керең неме екен ғой!

Қазаншы төбенің басында тұрған бір топ салт аттыға қарай жүгірді. Әлі байбайлап барады. Бұл екі арада ішіне ел қонып, есін жинап алған Бәлдір қазаншының айтқан сөзін ақылға салуға жарап қалған. Ханға асылып жатқан қазан деді-ау... Оның ішіндегі ең аталықты мүшесі қарнында жатқаны есіне түсті. Хан қаһары қатты екенін құлағы шалғаны бар. Ана қазаншы жасауылдарға жеткізіп барса, бір зобалаң дайын тұр. Бәлдір састы.

Қарны ашқан кезде түтін шыққан түндікті қиядан байқайтын көзі енді ақ үйлерде еді. Өзі де солай қарай емпеңдеп барады. Байғұс торы ат ханға асылып жатқан қазанды күзетіп қала берді.

Арт жағында дабырласқан дауыс естілді.

— Ана бара жатқан сол!

— Ананы ұстаңдар!

Қатер жақындағаны анық еді. Бәлдір ең бірінші кездескен үйге зып берді.

— Ағатайлар, ара түсе көріңдер!

— Е, не болды?

Бәлдір «не болғанын» айта бастап еді, төрде теңкиіп жатқан шүй желкелер үрпиісе бастады.

— Ойбай, құры! Басымыз кетеді!

Бәлдір үйден атып шықты. Анадай жерден қылыштары сартылдап екі жасауыл жақындап қалыпты.

Бәлдір екінші үйге кірді. Онда да сол «ханға асылып жатқан қазанның» жайы ауызға алынса, жұрттың көзі атыздай болып, қуып шығады.

— Ойбай, қаранды батыр!

Бәлдір төртінші үйден шыққан кезде, жасауылдар елу қадамдай жерде өкшелеп келіп қалып еді. Алдындағы үйдің босағасынан аттай беріп, құлай кетті.

— Ей, не болды?

Бәлдір айтып болған жоқ жасауылдар да келді.

— Мынау ғой!

— Жүр, сұмырай!

Жасауылдар Бәлдірдің үстіне төніп қалған кезде терде жатқан шегір көзді сары кісі басын көтерді.

— Оны қайтесіңдер, жігіттер?..

— Ханға айдап алып барамыз!

— Ендеше, жолдарыңнан қалмаңдар. Қонақ менікі. Бәлдірді ханға өз қолыммен апарып табыс етемін...

Жасауылдар төрде самсап отырған жігіттерді көрді, шегір көзді шалдың сұсынан да ығысқан. Бәлдірге қарай-қарай үйден шықты.

Қойдың жамбасынан шыққан даудың соншалықты ұшынғанын есіткенде, әркімнің-ақ түсі бұзылды.

— Ал, бауырым, мін менің мойныма!

Рахметәлі қарсы алдында тізерлеп отыра кеткенде, Бәлдірдің көзі атыздай болды.

— Аға-еке!...

— Доғар сөзді! Мін мойынға! — Бәлдір сасқалақтап орнынан тұрды.

Рахметәлінің көзі шақшиып кеткен екен, мойнына мініп жатқанда Бәлдірдің буын-буыны қалтырап, көзі бұлдырады. Батыр ағасының талай оғаш мінезін көре жүретін Балпан, тап осы жолғыдай сүйсінген емес. Ана екеуі үйден шығып бара жатқанда, қасындағы Мелдебекті түртіп қалды.

— Ал енді біз де сақтықты ұмытпайық. Рахметәлі ағам хан ордасынан тегін қайтпайды. Не әлгі байғұсты тірі әкеледі, не сол деліқұлмен бірге басын алдырады.

Жігіттер қаруына жармасты.

Айбас жайылып жүрген аттар жаққа жүгіріп барады. Көзі хан ордасында... Рахметәлі сол арқаланған күйі ордаға кіріп бара жатыр екен.

...Арынғазының қолында домбыра, саусағына көз ілеспейді. Қаперінде түк жоқ-ты. Мейіздей қатқан домбыра өзі сөйлеп тұр. Сары шанақтан күмбірлеген үн келді. Әлде бір үдере көшкен елдің сарынындай. Көш асығыс, жетер меже алыс, тартып барады... Күй тынысында тарығу, талықсу байқалмайды. Көш алдында дүркіреп үйір-үйір жылқы бара жатқандай, ара-тұра ат тұяғының дүбіріне ұқсас дыбыс естіліп қалады.

Домбыра да бір кәрі әруақ, анда-санда осылай буып-буып кететіні бар. Одан кейін бүкіл дүние ұмытылады. Хан алда-жалда домбыра қызығына түсіп кеткендей болса, күзетші бектер алдиярдың үстіне адам кіргізбейтін еді. Айбарынан арыстан ығысатын Арынғазының екі иығы бүлкілдеп домбыра тартып отырғаны сырт көзге ерсі көрінеді.

Қазір де оңаша, ханның қасында ханымы Балым ғана еді. "Қазан басындағы жанжалдың» хабарын алып келген жасауылдар есіктің сыртында күтіп қалған. Күзет бастығы екі рет бас сұғып, бір ауыз тіл қатуға батылы жетпей қайта шықты.

Күй арындап барып, кілт аяқталды.

Соны күтіп тұрған бас уәзір есіктен зып берді.

Ханға асылып жатқан қасиетті қазанға қара бұқараның қол сұққаны - адам құлағы есітпеген сұмдық еді. Оның жалғыз жазасы өлім болуы ләзім... Қазан бұзар тентекті жасауылдар ұстап алған жерде бір шегір көзді шал ара түсіп жібермей қойыпты... Хан аузын аша беріп тоқтады. Есіктен арқаланған екеу кіріп келе жатыр екен.

Тағы да Рахметәлі... Сарының тентек ұлы бүгін алдынан екінші рет шығып отыр.. Және жай келмей, тәртіп бұзған қылмыстыны арқалап кірді. Желкесіне мінгізгені — алдымен өз басын шаптырып барып, Бәлдірді өлімге содан соң беретінінің ишарасы еді.

Күй сиқырымен балқып отырған ханым сол әсерленген күйі соқталдай адамды арқалап кірген Рахметәліге сүйсіне қарады. Ер көңілді Арынғазы жайылып сала берді.

— Рахметәлі мырза, тентегіңді қайтара бер. Пақырдың бір қасық қанын кештім, — деді.

Бәлдір ыржия күліп, Рахметәлінің арқасынан түсті. Екі езуі құлағында, алдына отырған ханға алғыс айтып, бас ию салтында жоқ, есіктен шыға берді.

Орнынан тұрып жатқан батырға хан иек қақты.

— Батыр, өзің отыр.

Хан ордасының түскі қонақасы ішіліп болып, Дәрменқұл қожа ас қайырды. Бүгін төрт күнге созылған кеңес қорытындыланатын күн еді. Хан үнсіз ойға шомып қалған. Оның қабағын баққан қожекең да қалғып-мүлгіп отыр.

Арынғазы әрісі Әбілқайырдан бастап, кіші жүз ордасында таққа мінген бүкіл ханның тарихын бес саусақтай біледі. Төре тұқымында Әбілқайырдан басқа сұлтанның біреуіне де көңілі бітпейді. Әсіресе Нұралы... Орыс патшасынан алған жалақысына қызығып, хан тағының қадірін кетіргенін еске алса, жыны құрыстайды.

Әбілқайыр тұқымы түгел азғындайды. Ерәлі, Есім, Айшуақ... бәрі де сырттан жау іздеу орнына, халық ортасынан шыққан аяулы ерлермен ұстасты. Ең аяғы Қаратайға шейін Сырымның соңына шырақ алып түсіп еді.

Хан алдында қалтырап тұру қара бұқара үшін парыз екені рас. Бірақ тақ иесі ел тірегі батырлары мен халық тұтқасы батагөй билерді ренжітпегені ләзім. Қонысына қол салсаң, елдің тынысы тарылады. Арынғазы талай тентекті елім жазасына кесті. Бәрінде де қылмысын шаршы топтың алдында мойындатып алып жазалайды. Әлі күнге әруақты ерлер мен ауызы дуалы билердің маңдайынан шерткен жері жоқ. Айып салғанда да, аз аталықтан шыққан, арқа сүйер ешкімі жоқ байларды таңдап алады. Ал хан ордасы нөкерлердің шығыны мен қонақасыға қажет мөлшерде ғана мал ұстайды. Сондықтан Арынғазыға басы артық қоныс іздеп, біреуді жәбірлеудің қажеті болған жоқ.

Қазір-ақ кіші жүздің қақ жарымы, орта жүздің бір бөлегі уысына жиналды. Жалғыз Нұрымбеттің баласы... Ақтан батыр... Биылғы жиынға екеуі ғана келмей қалған. Олар да қашанғы жүреді? Қасынан ел кете бастаса, өздері-ақ келеді.

Кеше бір тентектің қанын кешіп, әділдік көрсетті. Сол үшін абырой тапқан Сарының баласы Арынғазыға өмір бақи қарыздар болып өтеді. Бұдан былай хан ордасына жақын жүруге тырысатыны анық.

Бірлік осылай бірте-бірте басталса керек...

Кеше ханның алдынан талай-талай дау тарады. Біреу барымтаға кеткен малын іздейді, біреу жесір даулайды... Қазақ арасында құдық таласы басталыпты... Арынғазы ешкімді ренжітпеудің әрекетін қарастырды. Жиналған көпшілік ырза болып тараған сияқты...

Күрделі кеңес бүгінге қалдырылған.

Терістікте орыс патшалығы, қолынан келсе, Арынғазының басына Шерғазы мен Бөкейдің кебін кигізуге дайын отыр. Оңтүстікте Хиуа ханы... Жанғазы сұлтанды бетке ұстап, бес жылдың бедерінде Әлімді екі рет шауып алды. Қоқан болса, түп іргесінде Ақмешіт қамалын тұрғызып, көк желкесінен қарауыл қарайтын сыңайын байқатады...

Жанғазыны қолтығының астына паналатып отырған Хиуа ханымен Арынғазы сөйлеспейді. Қоқанның да ырымы жаман... Қоластындағы Қоңырат ауылдарын қан қақсатып жатыр...

Ендігі қалғаны орыс... Арынғазы шылбыр ұшын содан сұрауға бекініп отыр. Бөкей елді. Жәңгір шіп-шикі бала... Айшуақ тағының мұрагері Шерғазы болса, күпі кигізіп әремнің шетіне қалқитып қойған қарақшыдай ғана қауқары бар. Оны хан тұтып, мойындап отырған қазақ баласы да жоқ.

Қызылдың құмы арқылы Бұхараға қарай шыққан орыс керуендері жылда тоналады. Тонап отырғандар да Хиуа мен Қоқанның бектері... Керуен жолын қауіпсіз ұстай алатын құдіретті біреу орыстарға да керек шығар...

Арынғазы биыл жаз ортасынан ауа қол жинап Қызылға қарай аттанады. Хиуа мектерлерінің зекет жинауды сылтау қылып жаппай қаптайтын кезі... Былтырғы Сегіз балуанның сөзі есінде. Хиуалықтарды тұтқынға алуды ойлап отыр.

Келер жазда хан Орынборға аттанады. Ең алдымен орысқа өзінің адалдығын көрсетуі керек. Қолға түскен хиуалықтарды Орынборға жөнелтпекші еді. Өзінің хан екенін солайша мойындатады...

Орыстың зеңбірегі мен мылтығын алу үшін ол Әбілқайырдың саясатын ұстануға бекінді.

Оған тек қару керек. Ал сарбаз қазақ даласында жетіп артылады...

Қырық мың үй Әлім-Шөмен ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Оған көрші отырған Жетіру мен Байұлы ауылдарын, Арғын мен Қыпшақты қосқанда, үй саны сексен мыңнан асып кетеді екен. Арынғазы шын қозғалса, сексен мың жігітті атқа қондыра алатын еді...

Көрші хандықтардың бәрінде де мылтық бар, зеңбірек бар... Қарағай сапты найза, қара сойылмен құрулы мылтық құрсанған жауға қарсы шаппақ қиын.

Арынғазы билердің алдында шын ниетін жайып салды. Хан қара қазақтың қайткенде қабырғалы ел болатынын айтып берген кезде, отырған жұрт аузын ашып, көзін жұмған. Арынғазы шешен сөйлейтін еді. Әрі білікті билердің көкейіндегісін тап басып тауып айтып отыр. Былтырғы Хиуа шапқыншылығынан кейін көзі қорқып қалған жұрт бұл сөзге имандай ұйиды.

Арынғазы былтыр күзден бері Жәнкент қамалын жөндетіп, соған орай бұл өңірде бұрын жоқ «ханның қазуы» атты салық шыққан. Қара жұмысқа жігіт, байлардан сойыстық жиналады... Жәнкентте Арынғазының туы желбіреп тұрғанда, Сыр бойындағы елге сырт дұшпанның аяғын аңдап-аңдап басатыны бәріне де анық еді. Ешкім де тартынып қалған жоқ.

Арынғазының бүгінгі сөзінен үлкен бір жақсылық нышаны сезіледі. Орыстың атын есітіп үркектей бастаған Жетіру мен Арғын-Қыпшақ билері, ханның шын ниетін байқаған кезде, бас шұлғысты.

Арынғазы көкейін тескен шындықты мойындатып алған соң, түпке сақтап отырған ойын ортаға салды. Орыс қару-жарағын тегіннен тегін ұстата салмайды. Оның ақыры есепсіз шығынға соққалы тұр. Оған қоса хан тұрақты сарбаз санын көбейтіп, алдағы жылы бір мың жігіттен қосын ұйымдастыруды жобалап қойған-ды.

Сарбаздарға ат-көлік керек, азық керек...

Жылдағы зекеттің үстіне хан атақты-атақты байларға биыл да қолқа салмақ...

Сойыстық сұрап отырған жоқ, жылу жинатады...

Жиынға келген бай-бағландардың ішінде жасы кішісі Жаманқұл жұрттың бәрінен төмен отыр еді. Хан жағдай айтқан кезде көпшілік тосырқап қалғандай, суырылып шыға қоятын ешкім табылмады. Бір жылы шапқыншылыққа ұшырайды. Біресе зекет, біресе сойыстық, қазақтың еңсесін көтертпей-ақ қойған. Оған мынау жылу қосылған соң, елде не берекет қалады. Билер бірінің қабағын бірі бағып, кібіртіктей бергенін көрген кезде, Жаманқұл бір ауыз сөз сұрады.

— Көріп отырмын, хан ием бір игілікті істі қолға алған екен. Нас иіп құп алу біз сияқты қара бұқараның борышы ғой. Дүниемен бітетін жұмыс болса, қазақ одан тартынып қалмайды. Ілләһи, хан ордасының іргесі берік болсын. Мен өз тарапымнан ханның қазынасына бес жүз қой, жиырма бес жылқы, он түйе қосам...

Жаманқұлдың байлығынан хабары аз жұрт ішегін тартты.

Байдың бір ауыз сөзі мұрындық болды. Басқалар да қозғалақтай бастап еді. Біреу аз, біреу көп, әркім өзінің шама-шарқына қарай зияпатын атап жатыр.

Осы жерде Бекбауыл сөз қосты. Осы ханның көп уәзірінің бірінен саналатын еді.

— Біраз малдың басы көрінді. Бірақ беретіндердің аты жылқы болмасын, ханға сарбаз мінуге жарайтын ат керек. Сұлама өркеш, қисық төс, күлге шөгетін қоспақ беріп құтыла алмайсыңдар, жүк артуға жарамды, сүт те беретін түс айырдан болғаны артық. Ақ ауыз қой айдатып, алдай салып жүрмеңдер. Сарбазға азық алатын болған соң, оның да қоңдысы жақсы...

— Зекет күз түсе жиналады. Ал мына малды осы қырық күн шілденің ішінде жеткізіп беріңдер. — Арынғазы өзінің келер жылы тамыз айы туа орыс патшасына аттанатынын айтты.

Содан кейін жорық жайы сөз болды.

Арынғазы әр рудың аталықты билеріне тапсырма берді. Қару ұстайтын жігіттерді түгел атқа қондырып, сүмбіленің басында жиналып бітуі керек... Тұрақты сарбаздар да кейін солардың ішінен іріктелініп алынатын еді.

Кейбір билер сарбазға алынатын жігіттерді ру-руға бөліп беретін ниет байқатқан. Рахметәлі қарсы шықты.

— Біздің Әйдербекте екі жүз елу үй, Кішкенеде екі мың бес жүз үй бар. Тағы да жігіт болған жігіт найза ұстап, жау қайтармайды. Қазақта жау түсіріп жүрген батырдың басы санаулы ғой. - Рахметәлі өзі білетін отыз адамның атын атады. — Басқа ер көңілді жігіттер де осылардың айналасына жиналады. Жаңағы аты аталған батырлар бас-басына отыз адамнан ертіп келсе, жетіп артылмай ма?

— Бұл да жөн!

— Бәрі де қасына өз аталығының жігітін ертіп жүр!

— Дұрыс айтады!

Арынғазы Рахметәліге көз тоқтата қарады. Сарының баласын жиынға бекер алдырмаған екен. Тарыққанда шылбыр ұшын беретін, сөзден тосылғанда ақыл тауып кететін мықтылар осындай тентектерден шығады екен-ау.

Арынғазы Әлім ішіне келгенде қасында Сырым батырдың баласы Жүсіп бар еді. Көптен сыралғы, үзеңгілес жолдасын тонның ішкі бауындай көреді. Көп сарбаздың сардарлығына да Жүсіпті сайлап отыр.

Әлгіден кейін Рахметәліге көңілі толды. Әттең, жасы ұлғайыңқырап қалғаны өкінішті. Болмағанда, бір мыңдықтың басына қоятын-ақ адам... Сарбаз ат үстінде күн кешеді, ашаршылық шөл кешеді... Ондайда кәрі сүйек сыр береді-ау...

Ертеңіне жиын тарайтын еді. Арынғазы басты-басты билерге ордасында қонақасы берді.

Жиын тарқаған соң, Балпан Рахметәлі ағасынан рұқсат сұрады. Боқан тауын жайлайтын ауылдарға төрт жылдан бері ат ізін салудың реті келмей жүр еді. Қасында Сайлыбай мен Айбас, Балпан сонда барып қайтқысы келіп отыр.

Бүгін Көкқабақтағы Жақайым ауылдарына қонып шыққан. Күн күйіп тұр. Алдағы құдықтың мойны алыс, ертелетіп атқа қонған жігіттер, жер ұтудың амалын қарастырып, оқтын-оқтын жарысып алады.

Жол нар өркеш құм шоқылардың арасына кірген жерде түс қызды. Шөлге шыдамсыз Балпан жанторсығындағы сусынды елдің алдымен тауысқан. Мауыты шапанын қоржынға салып, қамзолын басына бүркеніп алды. Күн көзінен тығылатын жер жоқ.

Анадай жерде қызыл дүзгеннің тасасынан біреу ербиіп тұрып жатыр. Балпан тани кетті. Кеше хан ордасының көлеңкесінде тоңқайып жатқанын көріп еді. Біреулер бейтаныс осы кісіні Арыстанбаптың шырақшысына ұқсатқан.

— Ассалаумалайкүм!

Бейтаныс жолаушының ерні әзер қыбырлайды. Айбас аттан түсе қалып, жанторсығын аузына тосты.

— Алда пақыр-ай, енді болмағанда өледі екен...

Балпан қоржынынан шапанын алып, қызыл дүзгеннің үстіне жапты. Бір адамның басы сыйғандай көлеңкеде үшеуі тығылысып жатыр.

Жігіттер жолаушыдан жол мәнісін сұрастырды. Есімі — Әбілсейіт, Ақиректе шырақшы екен. Хан жиынға шақыртып, сонан оралған беті...

— Тақсыр-ау, қырық күншілік шөлде жаяу жүргеніңе жол болсын...

— Жаяу жүрмек шайқылардың салты...

— Ақирек қайда, біреу қайда, мынау Қызылқұмда адасып өлем деп қорықпайсың ба?

— Бәрі құдайлық іс...

Айбас ұзақ тәжікелесіп, ақыры қояр да қоймай, шырақшыны артына мінгестірді.

Сол күні зауал ауа жолаушылар Бидай батырдың аулына құлады. Қазақ әулиенің шырақшысын төбесіне хан көтерді. Батыр астына ат мінгізді.

Шырақшыны жиынға шақырған хан да жоқ. Келген өзі еді. Оның хабарын Хиуада Мухаммед Рахым бек күтіп отыр. Атқа мінсе, жұрт көзіне түсіп қаламын деп қорқады...

Қазір Хиуаның жансызына әр өткен күні қымбат. Бидай батырдың ат мінгізгені жақсы болды. Жолда шөлдеп өлуі де мүмкін екен...

Шырақшы жолындағы Ақирекке да соққан жоқ. Хиуа хандығын бетке алып, сызып отырды.

Балпан бастаған жігіттер бір ауылға қонады, бір ауылға түстенеді. Жаздың күні Сыр бойында ел қалмайды. Алтыншы күні Ақиректен құлады. Әулиенің басына зиярат қылып шырақшының үйінде түнеп шықпақ еді. Орнын сыйпап қалды. Жігіттер иесіз тамда түнеп шықты.

Ақсақалтәуіпте өтетін жиынға Мұхаммед Рахым бек үлкен мон беріп отыр. Хиуа сарбаздарының көктемдегі шапқыншылығынан кейін Арынғазы ойлануға тиіс еді...

Сыр бойында қазақ хандығы пайда болып, оның жыл санап күшейе түскені Мухаммед Рахым бектің бір бүйірінен шаншудай қадалып, мазасын кетірді. Осы жиында Арынғазының қалай қарай бет бұратыны біржола анықталады.

Қоқан ханы Омар Ақмешіт қамалын орнатып жатқанда, Мухаммед Рахым бек қыңқ етіп дыбыс шығара алған жоқ. Арынғазының елшісі Бұхарда жүргенін біледі. Әмірге қарсы жалғыз күресу қиын еді, ол одақтас іздегенде Қоқанды тапты.

Сыр бойына бес жылда екі рет жорық жасаған екен. Екеуінде де Жанғазы арандатты. Биылғы жорықтың мақсаты Қызылға қарай көшіп шыққан Арынғазы ордасын қапыда басып, қазақ ханын тұтқынға алу еді. Қате еткенін енді түсініп отыр.

Мухаммед Рахым бекке қолында билігі бар адам керек. Жиырма мың шаңырақ Әлім-Шөменнен Жанғазының соңына екі-ақ мың үй ерген екен. Ондай беделден жұрдай болған сұлтанның шашбауын көтеріп, абырой табуың қиын...

Осылай толқып жүргенде жансызы да жетті.

Арынғазының Қызылдағы қазақ ауылдарына жорыққа шығатын ниеті бар екенін есіткенде, хан онша елеңдеген жоқ. Шапқыншылыққа ұшырайтын Жанғазы сұлтан екен. Сонысының өзі жақсы... Арынғазы икемге келетіндей болса, тентіреген сұлтанды жер соқтыруға алдымен Мухаммед Рахым бек көмектесер еді...

Қазақ ханы Орынборға сапар шекпекші... Жәдік сұлтанның әулеті Әбілқайырдың жолын қуғысы келгені ме? Бұл да орыс қаруына арқа сүйеп, Хиуаның жағасына қол салады. Мухаммед Рахым бек тістеніп отыр.

Жансызы рас айтса, қазақ билері бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарғаны анық еді. Көз алдына жер қайысқан қалың қол, салт атты қазақ сарбаздары елестейді... Оның бәріне азық-түлікті қайдан табатыны таң қалдырады.

Атақты байларға жағдай айтып, жылу жинатып жатыр. Хан қазынасына сыйлық есебінде, мал-мүліктерін өз еркімен беріп жатқандар да бар...

— Жауға олжа болғанша, сарбаздардың азығына бергендері, әрине, артық...

Бұл сөзді айтқан Қожанияз еді. Биылғы көктемгі жорық басталар алдында осы Қожанияз сақтық айтқан. Хан сарайының даласындағы іс-әрекетін басқаратын бегі Жанғазыны иттің етіндей керетінін Мухаммед Рахым бек те түсінеді. Қожанияздың болжауы дұрысқа шыққанын қазір біліп отыр.

Арынғазыға елші салу керек... Ол үшін ең алдымен Жанғазыны шеттетуі керек еді.

Құланның қасуына — мылтықтың басуы дәл келді. Күзетші қазақ сұлтаны келіп тұрғанын хабарлады...

Ақсақалтәуіптегі жиынның хабарын есіткенде, алдымен Жанғазы елеңдеді. Сол күні Шорабайды атқа қондырған. Сойырғастың содыры ай жүріп, бүгін оралып отыр.

Өзі ақылды, сөзге шорқақ адам ақылды кеңестен де ештеңе ұғып жарытпайды. Жанғазы ұзақ түрткілеп отырып, өз көңіліндегі көп түйткілдің жауабын әзер ұстады. Арынғазы орыс патшалығына қарай біржола бет қойғаны анық еді. Хиуа ханы Мухаммед Рахым бектің шамына тию үшін сол шындықтың өзі де жетіп артылады. Жанғазы атқа қонды.

Оған бес жүз сыпай керек. Арынғазы Орынборда жүргенде, бұл барып ордасына ойран салады.

Жанғазы қан аңсап жүр.

Бірақ жолы болмады. Хиуа ханы қабылдамай қайтарды.

— Ханның уақыты жоқ!

Сарай уәзірі соны айтқанда, беті қоса тыржиды. Бір жамандықтан секем алған Жанғазы енді кідірген жоқ. Қара сұр жүзі қанын ішіне тартқан, қақпа алдында өзін күтіп тұрған Бәйділданы да аңғармай, ірі аттап сыртқа беттеп еді. Ханның қабылдамай қайтарғаны алғашқы рет... Ал назары бұзылғаны алдақашан болатын. Жанғазы оны жоп-жорта аңғармағансып жүре берді.

Хиуа сарайына сенім жоқ. Хан Арынғазымен жең ұшынан жалғасып алған болды. Осыдан кейін бұл сарайды желкесінің шұқыры көрер...

Мухаммед Рахым бек Арынғазымен тіл табысқан күні Жанғазының басына қатер төнеді. Ертең көшу керек. Қазақ сахарасынан басқа тығылатын пана қалған жоқ. Арынғазы келесі жазда Орынборға қарай сапар шегеді екен. Осы жағдайды пайдаланып, қазақ билерімен тағы бір тілдесіп көреді. Ханның аузы түкті кәпірдің қолтығынан пана іздегені жақсылықтың нышаны емес. Қазақтың шын мұсылман билері Арынғазының бұл әрекетін қалай құптай қояды...

Оған шейін Шерғазы мен Бөкейдің біреуін паналай тұрады. Бастығы өзі болып, Әбілқайыр әулетінің Арынғазыға атарға оғы жоқ екені белгілі...

— Терем, ханның алдынан тез шықтың ғой...

— Оның мәнісін кейін айтармын...

Жанғазы артында сөлектеп келе жатқан Бәйділданы жаңа аңғарып еді. Тез бойын жиып, томсырайып ала қойған. Бәрі арығын білгізбейді. Биге шындығын айтып болмайды. Онда соңындағы төрт-бес жүз үйден айрылады. Енді өзінің қазақ арасына қарай жылжитын сапарын да ханның нұсқауымен болып отырған іс қылып көрсетуі керек...

Арынғазы әмірін жүргізіп отырған елдің үстін басып көше алмайды. Онда қатер... Арал теңізін арғы жағынан орағытып, Үстірт шөліне қарай шыққалы отыр...

Сұлтанның хан алдынан беті қайтып шыққанын Бәйділда да сезді. Былтырғы Жанқожаның сөзінен кейін Жанғазыдан ірге айыруы керек екен... Ақылы қырсықты. Жанғазы алдап соқты ғой. Хиуа сыпайларын алып, Арынғазыға қайта аттанбақшы еді.

Енді Сұлтан Үстіртке қарай бет алатынын айтқанда, Бәйділда да қобалжыды. Жанғазы аулына қарай бұрылған жерде, бұл Раманқұл отырған Аққұдыққа бет қойған. Сұлтанда күштеп көшіріп әкететін қауқар жоқ екенін біледі. Кішкенеге қараған ауылдардың төрт жүз үйін соңына ертіп, Бәйділда мен Раманқұл Сыр бойына қарай жылжыды.

Қасында қырық-елу үй, Жанғазы Әмудариядан жасырынып өтті. Ертерек кеткені абырой болыпты. Сұлтанның көші қозғалған соң, бір апта да өткен жоқ, Арынғазының Қызылға қарай аттанғалы жатқан хабары естілді.

Таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақпен тасты ұрсаң да — нәтижесі біреу... Сол сияқты, бұл жолы да қазақ ауылдары таяқ жеді. Арынғазы Хиуа мектерлерін жазалап қана қойған жоқ, Жанғазыны алты жылдан бері белсене қолдап келе жатқан билерді таңбалап шығарып, ауыр айып кесті. Ел Сыр бойына қарай көшірілді. Әлім-Шөменге Жаңадариядан әрі қарай аттап басуға тыйым салынды.

Жанғазы аман-есен Үстірттен әрі асып бара жатыр.

Арынғазы сақтықты да ескерді. Жаңадария бойында үш жерде қарауыл үйшігі белгіленді. Әр төбенің басында он бес жігіт қарауыл шолғыншы ұсталады.

Хиуа беттен қыбырлаған қимыл байқалса, қарауыл үйшігіндегілер хан ордасына хабарлайды.

Орынбор губернаторлары ішінде қара қазаққа тізесі батқан хан тұқымының атақ-абыройдан жұрдай болғанын алғаш байқайтын адам Игельстром еді. Ақылды баронның Кіші жүзде хандық салтанатын біржола жойғысы келген игі ниеті Александр патшаның отарлау саясатымен үйлесе кетті.

Ол кезде Нұралы хан Үпі қаласында ақырғы күндерін бастан кешіп жатыр. Оның намысын жыртқан Ерәлі сұлтан бұл жақта Сырым батырды қолға түсіреді. Кек қайтаратын кезеңі жеткендей еді. Кенет Орынбор әкімшілігі Сырым батырға ара түсіп, тұтқыннан босаттырды... Нұралы өлген соң бір жылдан кейін Ерәлі сұлтан хан сайланады. Өйткені орыс әкімшілігінің аталықты билерге сүйене отырып, қазақ даласын отарлауды жеделдеткісі келген жоспары үдесінен шығатын түрі байқалмайды. Сырым сияқты беделді батырлар ақ патшаға адалдығын сөз жүзінде ғана мойындап, ал іс жүзінде өздерін тәуелсіз ұстады. Қазақ арасы қобалжулы еді. Әрі бұл дағдарыс 1789 жылғы француз революциясымен тұспа-тұс келді де, Орынбор әкімшілігі Сырым батыр бастаған қозғалыстан үркіп қалды.

Ерәлі сұлтан хан сайланатын жиынға губернатордың өзі қатысты. Сонда Сырым батырды қолдайтын Байұлы мен Жетірудың жақсылары төбе көрсеткен жоқ-ты.

Үш жылдан кейін Ерәлі өліп, орыс әкімшілігі Әбілқайырдан қалған алтын таққа Есімді отырғызды. Сырымды бұрын да ата жауы көретін Есім соңына шырақ алып түскен. Ақыры Сырымның семсерінен ажалын тапты.

Есімнен кейін орыстың шөбі сексендегі шал Айшуаққа түскенде, Нұралы балаларының ең пысығы Қаратай сұлтан сыр берді. Салт бойынша тақ әкеден балаға мұра болып қалатын еді. Орынбор әкімшілігі ол дәстүрді бұзып отыр. Нұралының тағын балалары неге баспайды. Әуелі Ерәліге, одан кейін Есімге берді. Енді әкеліп алжыған шал Айшуақты хан қояды...

Қаратайдың мысық тілеуі қабыл болып, Айшуақ көзі тірісінде тақтан түсірілді. Орыс әкімшілігі бұл жерде де Нұралы әулетін айналып өтіп, Айшуақтың баласы Жантөрені хан сайлайды. Қаратай шарт кетті. Бір жылдан кейін хан ордасы шапқыншылыққа ұшырап, Жантөре Қаратайдың қолынан қаза табады.

Бәрінен де Нұралының екінші ұлы Бөкей түкпірлірек болып шықты. Жантөре мен Қаратай Әбілқайырдың тағына таласып, қырылысып жатқанда, ол орыс әкімшілігінен қоныс сұрады.

Еділ мен Жайық екі судың арасында Нарын құмы жатыр.

Бір заманда бұл өңірді қалмақтар қоныстанады екен. Обайшы ханның тұсында қалмақтар қазақтан соққы жеп, Еділдің аржағына өтеді. Бүгіндері қоныстан тарыққан Байұлы ауылдарының анда-санда Нарында қыстап кететіні бар. Онда да Жайық бойындағы орыс бекіністерінен рұқсат керек. Қазақ емес пе, ол тәртіпті бірде ескерсе, бірде естен шығарады. Талай қазақ жүздіктерінің шапқыншылығына да ұшырады...

Бөкей сол Нарын құмын сұрайды.

Орыс әкімшілігі ол тілегін қанағаттандырды.

Бөкей Нарынға көшіп шыққан жылы қасында бір мың үйдей Байұлы бар. Қазір сегіз мың шаңырақ болып отыр. Жан-жағында орыс бекіністері қоршап жатқан кең өлкені орыс әкімшілігі «Ішкі Орда» атайды. Бөкейге хан атағы берілді.

Бұл күндері Бекей өлген. Ішкі Орданы он үш жасар Жәңгірдің атағынан Шығай сұлтан билейді. Қаратай сұлтан да қартайып, бүліктен тыйылды. Жантөренің тағында Шерғазы отыр...

Сыр бойында Арынғазының даңқы қаттырақ шыққан сайын, Шерғазы мен Шығай сұлтан тыныш ұйқыдан айрылған.

Жәдік сұлтан әулеті Әлім ішінде орныққалы қашан. Бірақ Жетіру мен Байұлына жол болсын. Кіші жүзді қойып, Арынғазы қармағын Арғын-Қыпшақ, Керей-Уаққа да салып жатқан көрінеді. Ақсақалтәуіп көлінің жағасында өткен жиынға олардың да ақсақал билері қатысыпты...

Арынғазы былтыр күз бір топ Хиуа мектерлерін тұтқындатып, Орынборға жөнелткенін де есіткен. Қызылдың ішінде талай орыс керуендері талауға түсіп, адамдары тұтқында кеткен... Бәрінің ізі Хиуадан шығады. «Құл қашса, Хиуадан шығадының» кері. Орыс әкімшілігі оларға тісін басулы еді.

Арынғазы бұл жерде де қулығын асырып кетті. Енді Әлім-Шөмен ханына орыс әкімшілігінің назары түзеледі. Шығайдың қаупі сонда... Астраханда оқып жатқан Жәңгір ордаға келген сайын, ағасы құлағына құюдан жалықпайды. Арынғазы өліден Кіші жүздің жарымына ықпалын жүргізіп отыр. Түбі Ұлы Орданың әміршісі болуға жан салып жүргені анық... Бұл ауыр сырқат, алдын алмаса, асқынып кетуі кәдік еді...

Оған жас жігіт Жәңгір де елігеді.

Ақсақалтәуіп көлінің жағасында өткен үлкен жиынның бел ортасында Бекей ордасы салған жансыз да жүрді. Жанғазыға хабар тиетін күні Шығай да бар шындықты естіп отыр еді. Екі жігіт шапқыншы сол түні атқа қонып, Орынборға қарай төпеп бара жатты. Алдыңғысының қойнында Жәңгірдің қолымен жазылған хат. Шығай оны жансызы келмей жатып-ақ дайындатып қойған. Асығыс әрекетке кірісті.

Шығай Жәңгірдің атынан жаздырып, Арынғазының басына бар бәле-жаланы аямай-ақ үйіп-төгіп бақты. Әлім-Шөменнің әміршісі орыс үстемдігін мойындаймын деп бекер айтып жүр. Шын ниеті қару-жарақ алмақ... Орыстың зеңбірек-мылтығымен қаруланып алса, бұл өлкеде онан күшті хан болмайды. Қазірдің өзінде Байұлы мен Жетірудың бүйрегі Арынғазыға бұра бастағаны байқалды. Орта жүз ордасына ылаң салып, Арғынды бөліп алып отыр. Хат әсерін күшейту үшін «Арынғазының сарбазы бес мың жігіттен асады» деген сөзді қосып қойды.

Кешегі жиында ауызға алынбаған талай жәйтті өз жанынан қосқанда, Жәңгірдің беті шіміріккен жоқ. Ханның сөзіне бақса, Арынғазының түпкі мақсаты тіпті әріде көрінеді. Уәли ханның қоластындағы Орта жүз хандығы да ыдырап отыр. Ұлы жүзге қарайтын қазақтардың көбісі Қоқан хандығына алым төлейді. Арынғазы қуатты армия құрғанда, иісі қазақтың басын қосып, өзі хан тағында отыруды көксейді. Әрідегі әз Жәнібек пен Керей, онан қалса әз Тәуке тұсындағыдай ірі мемлекет құратын ойы бар екенін баса айтты...

Ақсақалтәуіпте өткен кеңесте осының бәрі ауызға алыныпты-мыс...

Мазмұны осыдан айнымайтын тағы бір хат Шерғазы Ордасынан да жолға шықты. Жәдік сұлтан мен Әбілқайыр әулетінің арасында хан тағына таласқан қырқыс басталды.

Барон Игольстром Орынбор губернаторлығынан баяғыда тайдырылған. Арынғазының атағы жаңа генерал-губернатор князь Волконскийдің тұсында шықты. Қазір ол да жоқ, әскери губернатор граф Эссен еді. Бүйректен сирақ шығарып, өзін-өзі хан сайлап алып жүрген Жәдік сұлтанның шөбересін Эссен онсыз да жаратпайтын. Сондықтан Әбілқайыр әулетінен шыққан екі ханның ағынан жарылып отырғанына титтей шәк келтірген жоқ.

Кәдік шындыққа көз жеткізуге көмектесетіні рас. Патшалық тәртіпке жан-тәнімен құлшылық етіп үйренген граф онша кемел ақылдың иесі емес еді. Ал алдында ғана Наполеонды тізе бүктіріп, ұлы жорықтан үлкен абырой алып қайтқан Александр патша болса бұл кезде мейманасы тасып дәуірлеп тұрған. Тағы қазақтың ортасынан орыс үстемдігін мойындағысы келмейтін, әлде бір аты-жөні белгісіз сұлтанның тұқымы шығып, өзін-өзі хан сайлап алып отырғаны туралы Орынбордың әскери губернаторы жазған рапортты тыжырына отырып оқыды...

Егер Еуропада француз революциясы басталып, оның аяғы үлкен дүрбелеңге ұласып қолын байламағанда, орыс патшалығы қазақ сахарасын ендігі бір-ақ қылғып қоятыны айдан анық...

Қазақ ханы бері қарай сапар шегетін хабарын есіткенде,

Орынбор әкімшілігі алақанына түкіріп отыр еді.

* * *

Жол Жетірудың үстін басып өтеді. Бұл өңір Арынғазы есіміне қанық, ат басын қай ауылға бұрса да, төбесінен тік тұрып күтіп алып жатыр. Әсіресе Жағалбайлы, Табындар... Бәрі де Жайық бойын жағалай түскен орыс бекіністері ата мекенінен ығыстырып шығарған ауылдар... Шерғазыдан түңіліп отыр.

Жәбір көрген елге сырт дұшпаннан қорғаныш болатын мықты әмірші керек еді. Бәрі де Арынғазыға хан салтанатын көрсетіп қарсы алды.

Хан Орынборға сүмбіленің ішінде жетті.

Генерал Эссен бұл кезде Петербургтен хабар күтіп отыр еді. Арынғазыны осы жерде тұтқынға ала ма әлде астанаға аттандырып сала ма — соның анығына жетуі керек. Қазақ ханын қабылдауды бір аптаға кешіктірді.

Губернатордың кең кабинеті жасаулы. Ауқатты қазақтар үстіне киюге таппай жүрген қызыл бүлішті, губернатор мырзаның үстелге жауып қойғанын көрген жерде, Арынғазы сұлтанның қасындағы билердің көзі жыпылық қақты. Ал сол үстелдің тартпасында қазақ ханына шығарылған үкім жатқанын ешқайсысы байқаған жоқ.

Ақ патша қазақ сұлтанын өз құзырына жіберуді бұйырып отыр. Бірақ хатта ханды тұтқынға алу жайында бір ауыз сөз айтылмапты. Эссен соған өкінді. Ондай жағдайда, «Қазақ ханын» қабылдап әуре болып жатпай-ақ, қолына кісен салып түрмеге тығар еді.

Граф барынша дегдарлық көрсетіп бақты. Арынғазының бар тілегі өз тарапынан қолдау табатынын айтып отыр.

Сұлтан ұзақ сөйледі. Қарақұм өңіріндегі Ақсақалтәуіп көлінің жағасынан қамал салдырып, астанасын сонда көшіретін ниеті бар... Оны Хиуа шапқыншылығынан шығарып айтты. Қарақұм қамалы салынса, Бұхар мен Хиуаға қатынайтын орыс сауда керуенінің жолы да қауіпсіз болатынын ескертті. Арынғазының қазіргі астанасы Жәнкент Орта Азиядағы мазасыз көршілеріне жақын тұрғаны рас. Қоқан ханы Ақмешіт қамалын салғалы, орыс әкімшілігінің де тынышы кеткен. Ханның бұл сөзі генералдың да көкейіне қонды.

— Оның жобасын жасауды бір сенімді инженерге тапсырармыз...

Көре көзге өтірік айтып отырғанда, асыл текті мырзаның беті-аузында бір тамыры бүлк еткен жоқ. Солай алдап-сулап Кіші жүздің беймаза әміршісін Петербургқа шығарып салып, қош айтып қала берді.

Петербург айшылық алыс жол. Қырдың надан қазағы ұлы Россияның қай қаласын, қай деревнясын біліп жатыр? Сонша адамның ішінде орыс тілін жөнді білетін де біреуі жоқ... Сондықтан сұлтанның қасына офицер бастаған он солдат күзетші ертті. Арынғазының түсінігінде, бұларды жолбасшы деп ұғады. Өзінің жартылай тұтқын есебінде бара жатқанын, ал мынау солдаттар сыпайы күзетші екенін білген жоқ...

Арынғазы осы Петербург сапарынан қазақ ортасына қайтып оралған жоқ. Қазақ сұлтанының сөз әлпетін бір жақтырмаса, оның елден бөлек сұсынан онан әрі қауіп қылған Александр патша сол жақтан «ханды» Калуга қаласына жер аударттыруға бұйрық берген. Қасындағы серіктерінен Арынғазымен бірге тұтқындалып Калугаға жіберілген Жүсіп батыр еді. Оны жеті-сегіз жылдан кейін босатып, елге қайтарды...

Солайша Әлім-Шөменнің билері өз білдігімен сайлап алған ханның өмірі онша ұзаққа созылмады...

Арынғазы кең байтақ Россияның белгісіз бір түкпірінде он екі жылдай әмір сүрді. Жүсіп батырдың басына бостандық берілгеннен кейін, жападан жалғыз қалған. Қара шашы бір айда аппақ құдай болып, қажып, қартайып бітті. Қасіретті бұл ғұмыры тағы да үш-төрт жылға созылды. Жат қала, күндіз-түні жандармерия тыңшыларының бақылауында, қаладан аяғын аттап бастырмайды...

Солай іш құстада күн кешіп, қазақтың кең даласын, шөл сахарасын аңсаумен ғұмыр кешіп жатты.

Арынғазының басқан қадамын қас қақпай бағып отырған сырт дұшпан оның айдалып кеткенін есітті.

Сыр бойына ентелей келіп қалған Қоқан хандығы Ақмешіттен әрі қарай аттап басқан жоқ. Бұхар әміріне қарсы жалғыз одақтасы Хиуа ханы. Мухаммед Рахым бек Сырдарияның төменгі ағысын мекендейтін Әлім-Шөменді қоластындағы отарына есептейді. Омар онан әрі жылжитын болса, одақтасын ренжітіп алатыны анық еді.

Арынғазының айдалып кетуі Хиуа хандығын да тыныштандырды. Қазір оның назары түрікпен даласында, Бұхар әмірімен арасындағы ескі дауды аяқтаудың әрекетінде еді. Шаржау өңіріне екі мәрте жорық ұйымдастырды.

Қазір Сыр бойы қазақтарына қарулы күш аттандыруға Мухаммед Рахым бектің уақыты жоқ. Анда-санда алым-салық жинауға мектерлерін жұмсайды. Онда да Сырдың арғы шетіндегі елге тереңдеп енуге бата алмай, Қызылдағы ауылдардан қайтатын.

Қазақ даласынан Бұхар әмірі де дәмесіз емес. Бірақ оның әрекет түрі басқаша еді.

Торғай мен Тосын маңындағы Керей-Уақ арасында Марал ишан атты біреу пайда болыпты. Шын есімі - Иса, Марал әкесінің аты екен. Бухари шерифте он сегіз жыл оқып, жеті ғылымды тамамдап шығады. Исаны пір тұтып төбесіне көтерген Құлсары Керей мен қалың Сибан, бұрынғы ата қоныстарын тастап, Қойбағар, Тұңғатар маңайына қарай жылжып топ құрап жатқан. Көрші Арғын-Қыпшақ рулары да толқып, Марал ишанның қасына жинала бастаған хабары естіледі.

Қырда алуан түрлі дақпырт жайылды. Марал ишан иісі қазақ даласының басын қосып, ел қылмақ екен. Онан әрі орыс патшалығына қысым жасап, мұнан бір ғасырдың аржағында бодан болған мұсылман уәлаяттарына бостандық алып беретін ойы бар екен. Онысы берісі башқұрт, әрісі ноғай халықтары деседі.

Табиғатында жыршы халықтың аңызында қиял да араласа жүреді. Бір айтқыштардың сөзіне қарағанда, Марал ишанға атсаң оқ дарымайды, суға салсаң батпайды, отқа салсаң күймейді.

Бұл да Бұхар әмірі ойлап тапқан әрекеттің бір түріне ұқсайды. Орыс патшалығымен соғысып жеңе алмасын байқаған жерде қазақтың діни сезімін оятып, әйтеуір бүлдіре беруді ойлайтын сияқты...

Александр патша болса, Арынғазыны айдатып жіберген соң, сақтанып қалды. Өздері қалап хан қойған Жәдік сұлтанның әулетін орыс патшасы тұтқынға алғанын есіткеннен кейін, қазақ арасы толқитыны анық... Тағы халық өкпесін оңайлықпен кешпейді. Қазақ даласы кең. Көшпенді елді қай шұқырдан іздейсің? Сондықтан бағындыру да қиын. Сахараға тереңірек сұғынғың келсе, арасы жақын-жақын бекініс салып отыру керек еді. Өзі наразы халық, жеріне қала түсе бастаса, онан әрі ашынар... Тағы халықтың қолтығына су бүркуге — аржағында мұсылман мемлекеттері да дайын тұр.

Сырдария бойына қарай жақындаса, ең алдымен Хиуа, Қоқан хандықтарымен соқтығысады.

Бұл кезде Александр патшаның бар назары Кавказ өңіріне ауған. Орта Азия мен Қазақстанның шет түкпірі Сыр өлкесін екінші кезектегі мәселе деп қарайды.

Ал Хорезм жұрты аталатын өлкедегі үш хандықтың қай-қайсысы болсын, бір ұлттан құралған мемлекет емес. Ұлттық бірліктің жоқтығы мемлекеттің іргесін де әлсіретеді. Өз қоластында мекендейтін халықтарға күдікпен қарайтын Хиуа ханы сарай күзететін сенімді сарбаздарын түрікпен жігіттерінен жасақтағанды артық көреді. Өзбек пен Қарақалпақты қысылған кезде ғана еске алатын Бұхар өмірінің халі де соған ұқсас, қоластындағы халықтарды атыстырып-шабыстырып, бір-біріне айдап салу арқылы алтын тақтың қауіпсіздігін нығайтуды ойлап отыр. Ондай мемлекет өзінен күштірек дұшпанның алғашқы соққысынан кейін-ақ ыдырап кетуі тиіс еді.

Оны Александр патша білген жоқ.

Қазақ көшпенді ел. Ол әйтеуір жылжи беруді біледі. Биыл Ақ Жайық маңында төбе көрсетсе, келер жылы Қарақұмнан шығады. Онан қалса Қызылқұм бар...

Боқан тауындағы Нұрымбет аулы, Қаракесек, Қарасақал рулары бері қарай жылжып келеді.

Сегіз бұл жолы да Сырдың бергі бетіне қарай аяқ салған жоқ. Қызылқұм өңірінің қысы жұмсақ, қыс қыстау іздетпейді. Хиуа хандығы тынышты алатыны рас... Бұрын да бірнеше рет алым-салық төлеп, бойы үйреніп қалған. Нар тәуекелге басты.

Биыл Жанназар Әмудария бойындағы ағайындарына көшті. Кегейлі маңында үлкен арық қазылғалы жатқан көрінеді... Сонан қоныс алудан дәмелі екен.

Жанназар бір жағынан Жабыға сеніп барады. Мамыт аулы мен Айдос би құдандалы жекжаттай бір жақындық тауыпты.

Бірі Қытай, бірі Қолдаулы болғанымен, Жабы мен Жанназардың арасында берік достық бар. Бірін-бірі жәбірлеуге бермейтіні анық еді.

Сыр өңіріндегі елдің тіршілігі дауыл алдындағы теңіз тыныштығына ұқсайды.

ҚҰН ДАУЫ

Жақсықылыштағы Нұрымбет аулы бес-алты күннен бері қонақбасты еді. Жаз мал баққан қазақтың қолы бос, топ-топ болып қыдырады. Өлінің артына қол жаяды, сырт ағайынның қуанышына құтты болсын айтады. Сондай көп борыштың біреуі - жасы үлкенге сәлем беру. Бұл күнде Нұрымбет ақсақалдың жасы тоқсанға тақап, ендігі Құттықтың үлкені болып қалған. Қара шаңырақта отырған батагөй шалға қарайған қазақ ат басын бұрмай кетпейді.

Жиырма жылдан бері Қызылды жайлайтын сері Сегіз биыл Қарақұмдағы ағайындарына келіп жатқан. Бір қырдың астында отырған Нұрымбет ақсақалға соқпай кете алмады. Боқан тауында екі жыл дәмдес болды... Көңілдері жақын еді Қасында Рахметәлі мен Балпан бар, алты-жеті кісі болып келді.

Бұл жақтағы ағайын серінің әніне ғашық. Көкдомбақ бір қырдың асты, онда Бекарыстан отыр. Жанқожа жақын маңайдағы сыйлас азаматтарын түгел шақыртты.

Күндіз ауыздары қымыз бен еттен босамайды. Арасында қысыр кеңес... Сегізден Хиуа жаңалығын сұрастырады. Үш жылдан бері Жанғазыдан да сыбыс жоқ. Хиуа ханы да тынышталды. Сол жерде Сегіз Мухаммед Рахым ханның жорықтан қолы босамай жүргенін айтты. Бір жыл Бұхар әмірімен, бір жыл парсы патшалығымен соғысады. Алдыңғы жылы да, былтыр да жорыққа шыққан... Билер таңдай қағады. Бір Хиуа ханының екі бірдей жауға төтеп беріп жатқанына таң қалып отыр. Арынғазы онымен да ұстасты-ау. Осыдан үш жыл бұрын Итжеккенге айдалып кеткен ханды еске алғанда, бәрі де елеңдесіп қалды. Шіркін, арыстан екен-ау. Орыс ақыры түбіне жетті...

Біреуі желпіне сөйлеп отырғанда, қымыз буынына түскен екіншісі қалғи бастайды. Жанқожа кешке қарай алты қанат үйдің көлеңкесіне төсек салдырады. Сегіздің қолында домбыра, Қазтуған мен Доспамбетті толғайды.

— Бес күннен бері Нұрымбет атамның қара шаңырағында жатырсыңдар. Бүйте берсеңдер, жамбастарың тесілер. Басқа жерге ірге аудармайсыңдар ма?

Жыр құмар Бекарыстан бір жасап қалған. Енді сері Сегізді қонаққа шақырып отыр.

Сәлем беру сылтау, қазақтың көкейін тескен ет пен қымыз ғой. Әрі жаз жайлауда зеріккен жұртқа ермек керек. Енді Нұрыбай бидің қара шаңырағына ошарылады...

Бекарыстан Жаршағылда отырған Байшоқы нағашысына ат шаптырды. Қонақтар рұқсатты әуелі ақсақалдан сұрайды. Нұрымбеттің қабағында кірбің бар еді. Есенәлі-Әйдербектің жақсылары жиналған екен. Сөзді содан сабақтап, Татыран Тәбекен биді еске алды. Жиырма жыл көріспей кеткен Нұрыбай би мен Жылқайдар батырды Тәбекен табыстырады екен. Бидің ақ батасы қабыл болып, Жылқайдардың қызынан мынау Бекарыстан туды. Қазақ пен қарақалпақ, екі тайпа елдің арасы неше бүлінген Жоқ, бәрінде де Тәбекен бітіретін...

— Сендердің кескіндерің мынау. Бір Майданның баласы Құлжаман мен Кенжеғұлды татулыққа шақыра алмай жүргендерің!

— Майдан атам балдарынан батыр да шықты, би де шықты. Бірақ ел бұзар тентек ешкім жоқ еді. Осы Раманқұлға таң қаламын. Кеудесіне нан пісіп, арындап тұрған біреу...

Бекарыстан күйініп отыр. Алты жыл Жанғазының соңында жүріп, ағайын ортасына оралған Раманқұлдың көре көзге өзгеріп қайтатыны рас. Әр жерде аталықты билердің алдын орап, ауызға қағып сөйлетпейтін еді.

Нұрымбет осыдан екі жыл бұрын Барақтың тентек ұлы Боранбайдың найзасынан қаза тапқан Раманқұлдың інісі Сәндібайдың өлімін еске алып отыр.

Бірі - Құлжаман, бірі - Кенжеғұл — шөбере-шөптіктей туыс еді. Барақ пен Киікбай Құлжаманнан тарайды. Боранбайға бір ата жақын Жанқожа, осы даудың тұсында бейкүнә күйіп жүр.

Бәрі бір жүйрік аттың кесірі...

Бұрын біреу біліп, біреу біле бермейтін Барақтың Боранбайы, маңдайына жүйрік ат бітті де, атағы алты Әлімге жайылды. Бұл өлкеде Тарланбозға ғашық болып, қолқа салмаған қазақ жоқ. Боранбайдың кеудесіне да бір аяқ ас сияды. Кісімсіген бай-шоралардың атын сұрағаны тентек жігіттің намысына тигендей екен.

Сол Тарланбозды Раманқұлдың тақымында көргенде, таң қалмаған Кішкене жоқ. Бірақ ерсі көрінетін де ештеңесі жоқ еді. Құлжаман мен Кенжеғұлдың туыс екені рас, төрт қоңырдың алалығы жоқ, Боранбай сияқты ағасының бір жылқысын Раманқұл сұрамай мініп кеткенде — кім сөгеді? Онда да майын сұрап мінген ғой. Қазақша — ағайын адам бір-бірінен ат майын сұрап мінгенді айыпқа бұйырмайды. Бір жаз басқа-көзге төпеп мініп, қызығын көріп, қыс түскен соң иесіне қайтарады...

Шатақ содан шықты, Тарланбоз бұл қыста Боранбайға қайтарылмады...

— Майданның маңдайына тәуір ат бітсе, оны біздің Раманқұлдың тақымынан көр...

Жанқожаның қалжыңға айтқан осы сөзін жұрт елден елге таратып әкетіпті. Онан бері де неше қыс өтті, батыр ағасының мысқыл сөзі Раманқұлдың құлағына тиген. Жанқожаны жақтырмай, сырттай қыжыртып отыратын еді.

Талай ағайын-туысының тәуір аты Раманқұлдың тақымында қартайғаны рас. Әуелі «майын» сұрап мінеді, артынан бұлаң бұйрыққа салып қайтармай, сіңіріп кетеді. Жас биді тонның ішкі бауындай көріп, туыс тұтып жүретін Боранбай Тарланбозды сұрап бара қойған жоқ.

Бір жыл өтпей достықтан ши шықты.

Көктемге салым Раманқұлдың келіншегі Кіпия ұл тауып, оған шілдехана жасайды. Бір төбенің астында отырған Боранбайдың аулына хабаршы жібермейді. Шілдехана бала-шағаның қызығы... Шақырмағаны сондықтан шығар. Ондай-ондайды Боранбай да елестірмейді.

Ши шығып жүргені осы шілдеханадан кейін...

Боранбай жылқы қарап жүріп, Раманқұлдың үйіне бара қалған. Қонақ бар екені көрініп тұр. Сандыбай қара тоқтының желкесіне мініп отыр еді. Боранбайға сәлем беріп, мойнын да тұрған жоқ.

Ол аз болғандай, Раманқұлдың үйінде «ата жауы» Бәйділдамен кездесті.

Бір аптадай ғана өткен, осы Бәйділда мен Боранбай құдыққа таласып қырылысып қала жаздағаны бар...

Боранбай - атағы шыққан құдықшы. Боқан тауынан оралған бетінде, қайда барса құдық жоқ, Барақтың балалары қонағын жер таппайды. Боранбай теңіз жағасынан алты-жеті шақырым жерде, бір адыраспанды төбенің баурайынан құдық қазған. Сол жерде күзек алды.

Қыс Сыр бойында қыстап шыққан. Нұрымбет Жақсықылышта отыр. Жалғыз ауыл Қызылға қарай беттеп шығуға баспашыдан қорқады. Боранбай, амалы жоқ, өзі қазған Адыраспанды құдыққа оралды...

Алыстан салығып жеткен көш, Бәйділданың аулына кездесті. Үш күн болған, Адыраспанды құдыққа Бәйділда қонып алыпты...

Бәйділданың үйінде осы Раманқұл бар... Қонақ екен. Төбелес бұрқ ететін жерде, Кенжеғұлдан туған інісі қолын ұстады. Бәйділда жасы үлкен аға... Басып қонса, туысқан адамның базынасы шығар. Бір құдық үшін Кішкененің екі аулы қырылысып жатқаны ұят... Раманқұл солай жылмаңдатып келіп, өз аулының қасында бос тұрған құдықты айтты. Боранбайды қасына шақырып отыр.

Ақ көкірек Боранбай Адыраспанды құдықтан солай айрылды. Сол жерде бір күн еру болып, ертеңіне Раманқұл айтқан Үден тамына қарай көшті.

Бірақ өзі қазып шығарған құдықтан айрылғанын еске алса, жарылып кете жаздайтын...

Сол дұшпаны Раманқұлдың төрінде шалжиып жатқанын көргенде Боранбайдың түсі бұзылды. Туысына жол болсын. Қырымдағы Бәйділданы үйіне шақырып, қой сояды. Іргесіндегі Боранбай шілдеханасына қатыспайды... Көңілге түйткіл байланды. Боранбай қазанда қайнап жатқан асқа қарамай, атқа қонған.

Үш күннен кейін інісі Олжабайды жіберіп, Тарланбозды сұратты. Бір жыл армансыз мінді ғой. Раманқұлдың құмары тарқаған шығар. Аттың кезін қайтарсын...

— Бәкем ұмытпайды-ау. — Раманқұл Олжабайды тыңдап отырып, лекітіп күлген көрінеді. — Сандыбай бір жаққа мініп кетіп еді. Келсін, беріп жіберейін...

Одан кейін де бір апта өтеді. Раманқұлдан хабар жоқ. Екінші мәрте ат сұрай барған Олжабайдың тауы шағылып қайтқан. Кенжеғұл аулының он шақты саяғы екі-үш күннен бері жылқыдан бөлініп кетеді екен... Шын айтса, Тарланбоз соның ішінде кеткен. Кезі табылса келер... Тақа табылмаса, Боранбай бір тай алады...

Бір топ жылқысы бөлініп кетіп, тыныш жататын адамың Раманқұл емес. Бұл жылжытпаға салғандағысы... Тайды аузына алғаны... зорлығы... Тарланбозды сіңіріп кеткісі келіп отыр... Тапқан екен мондыбасты!

Ертеңіне Тарланбозды алып қайтуға Боранбайдың өзі аттанды. Солай болатынын Раманқұл да сезіп отыр. Астында Тарланбоз, Бәйділданың аулына сызып тұрды...

Хабарлас қылған Боранбайдың алдынан Кіпия шықты. Байының кеткен жөнін жасырды.

— Маңырамай бай атамның ауылына барам деп отыр еді...

«Маңырамасы» — Қойлыбай. Үш көштік жер. Онда кеткені рас болса, бір аптасыз оралмайды.

— Тарланбозға келіп едім...

— Оны іздеп таба алмай жүр ғой...

Кіпия қасын керіп ыңырси сөйлейді. Қатынына шейін кертиіп, кісі менсінбейді. О, тоба, сынықтан басқаның бәрі жұтатыны рас екен-ау. Қайын-қайнағаның алдынан кесіп өтпей сызылып тұратын Кіпия... Енді «үйге кіріп, сусын ауыз ти» деумен де ісі жоқ. Боранбайдың көзі желіде жатқан қырық-отыз құлынға түсті. Кенжеғұлдың балалары қалай құтырып кетті деп жүр еді, құйрығына шел байланыпты-ау. Байып бітіпті...

Ауыл маңындағы жылқыларды бір шолып өтті. Бәрі де сауулы биелер еді. Жалғыз Боранбай емес, Раманқұл талайдың тәуір атын сіңіріп кетіп жүр. Сондықтан сақтықты ұмытпайды. Таңертең ауылға құлаған жылқыны суарып болған соң, қырдан асырып айдап салған ғой...

Боранбайдың кәнігі көзі жылқы өрісін айнытпай-ақ танып тұр. Боранбай шабдар айғырды шаптан тартып қалды. Не де болса, Раманқұлдың жылқысын бір сүзіп шығу керек еді.

Боранбайдың ниеті бұзылып бара жатқанын Кіпия да байқады. Байының ыңғайын бағып өскен сұм қатын қайнысы Сандыбайдың үйіне жүгірді:

— Ана жынды жылқыға бар жатыр!

— Атын таппаса, ақысы бар ма? Кетер...

— Ол тегін кетпейді, бір жүйрігіңе құрық салады! Бар, ойбай!

— Қап!

Сандыбай бәйгі күреңді көсілте шауып артынан жеткенде, Боранбай жылқы аралап жүр еді.

— Тал түсте жылқыда не ақың бар, ақсақал.

Сандыбай сүйкене келді.

— Тарланбоз қайда?

— Тарланбозды қасқыр жеген!..

— Бала, олай оттама! — Боранбай күйіп кетті. - Қандай қасқыр жегені көрініп тұр. Бірақ Боранбайдың ақ адал малын сіңіріп кетуге, Кенжеғұл, көтіңе бақ!

— Ақсақал, олай күш айтпа!

— Күш айтқанда қандай! Боранбай табаныңа іс қойып отырып, Тарланбозды таптырып алады!

— Аларсың!

— Ендеше, қара да тұр! Қалай алатынымды көрсетейін! Боранбай шабдар аттың тізгінін жұлқып қалып, қамшысын көтерді. - Ал, Кенжеғұл, қудым жылқыңды! Жұмағұл, Жұмағұл!

Жылқыға бөрі тигендей, бөріктіре қуды.

— Қайт, қайт!

Сандыбай қарына найза іле шыққан. Боранбайға бір бүйірден сап етті. Шаншарман жерге келіп қалыпты. Боранбайдың көзіне қан толды. Оның да қарында найза. Боқан тауында жайлап қайтқан бес жылдан бергі әдеті, құдайдың тыныштық кезінде қарағай сапты найза Боранбайдың қарында жүретін еді. Үйде болса, босағада сүйеулі тұрады...

Шалт қимылды Боранбай Сандыбайдың төніп қалған найзасын қағып тастады. Содан соң-ақ түк көрген жоқ. Екінші рет бетпе-бет келгенде, найзалары сарт-сұрт соғылып қалғанын біледі. Боранбайдың найзасы бұрын тиді. Әлде бір тастай нәрсеге тық етіп... суырып алуға келмей, Сандыбайдың денесінде қала берді...

Анадай жерге шығып кетіп, қайта бұрылды. Сандыбайдың екі аяғы үзеңгіде, денесі құр салақтап барады. Бәйгі күрең ерін бауырына алып тулап жүр. Бұрылып алып, ауылға қарай салды. Қарағай сапты найза Сандыбайдың денесінде кетті.

Боранбайдың жүрегі мұздай болды.

Сандыбайдың қалай өлгенін есіткенде, жүз елу үй Құттықтың есі шықты. Тал түсте төбесінен найзағай түскендей. Өтеген—Нұрымбет аулының ер азаматтары Кенжеғұл отырған Көкшоқатқа қарай шұбырды.

Ой бауырын сөгіп Раманқұл отыр. Басу айтқан ағайын жау, беттен алады. Оған қан орнына қан керек. Жұмағұлдың бір баласының қанын ішпей кегі қайтпасын ашық айтты...

Бес жылдан бері төсек тартып жатқан тоқсандағы Нұрымбет амалсыз орнынан тұрды. Бір заманда қанды қанмен жуатын салт болғаны рас. Тыйым салған әз Тәуке еді. Ердің қаны бір мың қой кесік содан кейін шыққан...

Бірақ «Жеті жарғының» кесігіне Раманқұл көнбей отыр.

Күйіктің жолы қиын... Ашуы басылмай жатқан шығар. Барақ та, Кенжеғұл да бір Майданның баласы... Өкпеге қиса да өлімге қимайтын туысы... Әліптің артын баққан жөн... Ағайын соған тоқтады.

Әліптің артын баққалы екі жылдан асты. Былтыр жаз Сандыбайдың жылы беріліп, оған Жұмағұл балалары шақырылмады. Раманқұлдың баяғы сөзі... Ашуы басылып, райдан қайтатын түрі байқалмайды. Қыстан бергі әдеті: Барақтың баласын қойып, Жанқожаға ауыз салып отыр.

Жаман Боранбай Кенжеғұл ауылының жел жағынан жүруге артына бақсын. Бұл істі Жанқожаға арқа сүйеп істеп отыр. Кеше Арынғазыдан қашып, Боқан тауына асқанда, Жанқожаның ізіне жалғыз Барақтың баласы еріп еді... Жанашыры сол болып отыр енді...

Бұл сөздің баста кімнен шығып жүргенін Жанқожа білмейді. Ата санап жүрген Раманқұл, оған салса Барақ та бірдей, Кенжеғұл да бірдей... Бір туысы оған арқа сүйеп, екінші туысын өлтіреді екен... Енді ақталып көр!

Әуелі екі туысын табыстырудың әрекетінде әбігер болып жүрген Жанқожа, әлгі сөзден кейін еріксіз бой тартты...

Құн төлеу жайын ауызға алуды Бекбауыл да қойған. Соңғы бір жылдың ішінде отыз үй Майдан бір-бірімен аяқ-табақ қатысудан қалып бара жатырмыз.

Биыл көктемде Жанқожа Бекбауылды Бекарыстанға жұмсады. Ел елдігін жасағаны жол... Майданды қырылыстырып қойып, қалыс ағайын қызығына қарап қашанғы отырады? Бекарыстан мен Бәйділда анау Раманқұлмен сөйлессін деген.

Соңғы екі-үш жылдың бедерінде Раманқұлға жақын жүретін жалғыз кісі Бәйділда еді. Жанғазы сұлтанның шашпауын көтергендердің бірі — Раманқұл... Сонда Бәйділда екеуінің пікірлестігі алты-жеті жылдың аржағында басталады екен...

Бәйділда рас айтса, Раманқұлдың баяғы сөзі сөз, ала-ала қашатын көрінеді.

Кішкененің көзі түгел, бір Раманқұлға сөзін тыңдата алмайды. Әлгіде Нұрымбет шалдың таусыла сөйлеп, Тәбекеннің әруағын тебірентіп отырғаны сондықтан еді.

Көктемге салым Нұрымбет аулына Бәйділда келіп кетеді екен. Раманқұлдың баяғы сөзі, құн жайы ауызға алынса, ерін бауырына алып тулайтын көрінеді...

— Ағайынның қадірі жоқ. Раманқұлға Кішкененің сөзі өтпей отыр ғой... — деді Рахметәлі, жайбарақат сөйлейді. — Бес Шектіге салып көрмейміз бе? Шідер үзгенде қайда барар екен?

Кішкененің жақсыларында Раманқұлдың қыңыр тартқан мінезін құптайтын бір жан жоқ. Сандыбай Боранбайдың найзасынан жазым болса, ол құдайлық іс. Қуып шыққанда Кенжеғұлдың баласы да қарында найза, аяспас жау ниетін танытыпты. Сол найза қате тисе, Боранбай да өлер еді. Бар бәле Тарланбоздан ұшынып отыр. Баста майын мінген жылқысы, Боранбайға бір жаз, бір қыс қайтармай қойған Раманқұлдың ісі тентек. Ағайынды басынды... Бір аттың қолқасы, бұлай кісі өліміне соғып отырғаны да сондықтан. Құн дауын сырттай салмақтап жүрген билер солай екеніне шек келтірмейді...

— Нұрекем айта қойған екен. Бұл даудың тезірек бітетін амалын қарастырайық. — Тағы да Рахметәлі сөйлейді. — Қазір осы үйден біз шықпай жатып, мына шеті Кішіқұм, Борсық, мына шеті Қызыл — бес Шектінің жақсыларына ат шаптырылсын. Енді бір айдан кейін жиын болып, сонда екі туысты табыстырамыз?

— Сол жиын біздің ауылда — Көқдомбақта өтсе екен, — деді Бекарыстан.

Дау бес Шектінің талқысына салынатын болса, кемі екі жүздей кісі жиналады. Оның аяғы есепсіз шығынға соғатын еді... Бекарыстан шал алдындағы кінәсін жуу үшін сол шығынды өзі сұрап алып отыр.

Сегіз Бекарыстанның аулынан кейін қыдыратын ойы жоқ, аулына қайтатын еді. Енді бөгелетін болды. Ендігі жасы елудің үстіне шықты. Серілік дәурен бастан озғалы қашан. Ақсақалдардың кеңесіне қатысып та керу керек.

Раманқұл былтырдан бері Қызылды жайлайды.

«Итжеккенге» айдалған Арынғазы сұлтан сол кеткеннен Әлім ішіне қайтып оралған жоқ. Қазақ даласында хандық дәуірі де осымен аяқталған сыңайы бар. Орыс патшасы Кіші жүзді үш әкімшілік өлкесіне бөліпті деген сыбыс естіледі. Бұдан былай төменгі елді, оның ішінде Әлім-Шөмен де қосылады, Жантөренің бір баласы Баймағамбет сұлтан басқаратын болыпты.

Арынғазыны еске алса, Әлімнің жақсылары әлі күнге өкініп отырады. Оның тұсында барымтаға, ұры-қары, телі-тентекке тыйым болды... Енді-енді өзіне келіп, Хиуа мен Қоқанның алдына тосқауыл қоя бастап еді... Баспашы тағы да басынып, ауыл-ауылға бүлігін салады ғой...

Хиуа шапқыншылығын ойласа, әркімнің де ет жүрегі тітірейді. Қазір Әлімұлы аталатын бір тайпа ел Қызылға қарай көшіп шығуға бетінен басады. Жаз жайлауы Қарақұм — Шекті, Қаракесек, Қарасақал тайпалары малын сыйғыза алмай қамалып отыр. Ауыл-ауыл болып құдыққа таласып, екі күннің бірінде қырылысып жатқандары...

Раманқұл Қарақұмдағы жаз жайлауынан Сандыбай өлетін жылы көшіп шыққан. Келер жаз оралған жоқ. Жалғыз ауыл Қызылға қарай жылжыды. Қан орнына қан сұраған тілегі орындалмады. Жас бидің шатаяқтаған мінезінен Құрманай-Құттық тіксініп қалған. Ал Раманқұлдың ағайынға деген екпесі қара қазандай еді. Бір жағынан бөліне көшкенде доң айбат көрсеткен. Іргесін біржола бөліп әкетті.

Одан кейін Қожамберді мен Құдайберді қараған ауылдарды соңына ерітіп Бәйділда көшті. Қарақұмда онды қоныс бұйырмай шеттеп жүрген аз ру — Жалшора мен Үсен де Қызылға қарай жылжып еді. Әзір баспашының хабары жоқ, тыныштық көрінеді. Күзге салым Хиуаның алым-салық жинаушылары аралайды. Қоныстан тарыққан қара халық оған құл болып отыр.

Ал Бәйділда мен Раманқұл сияқты азулы билердің бір жайында қулығы жүреді. Салық жинаушылардың төбе көрсететін кезі жақындағанын андып тұрып, үйір-үйір жылқысын адам аяғы жетпейтін алысқа айдап салатын еді.

Биыл Кішкенеге қараған ауылдардың көбісі сөгіле көшіп, Қызылға қарай бет алған...

Көкдомбақтағы Бекарыстан бидің аулында мәслихат болғалы жатқанын есіткенде Раманқұл таңданған жоқ. Бәйділда қырдағы ағайындардан хабар алып отыр еді. Нұрымбеттің үйінде болған кеңесті, онда не айтылғанын сол жеткізді.

— Қан орнына қан сұрап қасарысқанмен, оған бес Шекті көнбейді. Ақылға келейік, батыр, көпті жамандаған көмусіз қалады. Жалғыз басың елден шығып, қайда барасың? Жек көрсең ішінде тұр ғой. Жанқожа ағаңның жұлдызы қашанғы өрлей берер дейсің. Сүрінбейтін тұяқ жоқ, бір кезеңі келер. — Бәйділда ашулы Раманқұлға басалқы айтты. — Әзір татуласқан болып қоя сал...

— Ендеше, менің сөзімді ұстайтын өзің боласың. — Раманқұлдың көкейінде төрт ердің құны тұр еді, бірақ ашып айтуға ұялды. —Жалғыз өтінішім, Жұмағұл мен Киікбайды аяп қалма.

Бәйділдаға көзі түсіп еді, өңі кіріп жайнап отыр екен. Раманқұл көңілденді.

Бозорысқа екі ердің құнын төлейтін Қотанкөл дауы Бәйділданың көз алдына тағы да елестеп кеткен. Бидің көкейінде Жанқожаға айтар уәжі де дайын еді. Бозорыстың жөні басқа, ол ат үсті ұрыста, жаза тиген сойылдан өлді. Сандыбайды шаншып өлтіріп отыр... Боранбай туыс екені, жаны ашитыны рас болса, аттың бауырында салақтап бар жатқанын көре тұрып, неге қайрылып келмейді. Сандыбай бір өлгенде екі өлгенге есеп...

Екі бидің ізінде үш-төрт жігіт атқосшы, басқа ауылдың азаматтарына қосылған жоқ.

Бәйділданың ішінде бір бау жантақ, әрі-беріден соң ең жақын сырласы Раманқұлға да ашыла бермейтін еді. Азғантай Қожамбердіден туып, алты алашқа сөз тыңдатуы қиын екен. Басқаны қойшы, Асанның ішіне келгенде, сөз бір Бекарыстаннан ауыспайтын. Кішкенеге баққанда, сырт ағайын алдында бет беделдісі Құттықтың балалары... Бір найзаның ұшы Жанқожаға абырой алып берді... Қазір бүкіл Құттық «батырдың аулы» атанып, демдеріне нан пісіп жүр. Күріш арқасында күрмек су ішеді. Кейінгі жылдары Бекбауылдың белгілі билердің санатына қосылып жүргені де сондықтан. Шекті ішінде біреуге есесі кеткен ағайын Өтеген-Нұрымбеттің аулына шабатын болыпты. Бәйділда соны есіткенде қызғаныштан жарылып кете жаздайды. Бір заманда Жанқожаны өзі де арқа тұтып, алыс ағайынға желке жүнін үрпитетін еді. Толыбаймен шарпысып қалатын жылы біржола түңілді. Жанқожа мен Бекарыстан сөз ұстап барып, жаман Бозорысқа екі ердің құнын төлейтін болып қайтты-ау... Бәйділда оны екі дүниеде кешпейді...

— Ат төбеліндей Жақайымның алдында құрдай жорғалап, мына екеуі намысты қолдан берді-ау...

Сол жолы Раманқұлдың аузынан шыққан осы сөз Бәйділданың құлағында әлі тұр. Онда Кенжеғұлдың баласы он тоғыз жасар жас жігіт, жанып тұрған от еді.

Аузы бүтін Құттықтың арасына жік түсті. Бәйділда соған қуанды.

Жік шығарып отырған Жанқожаның көйлектей ағайыны Кенжеғұлдың баласы екен. Бәйділда бұл сияқты ертті өршіте түсуге тырысады.

Соңғы бес-алты жылдың бедерінде Раманқұл да кеуде билердің қатарына қосылған. Қай жерде дау болса — сол жерде Раманқұл жүреді. Тар қамау жерде осы бір жас жігіттің омыраулап кететін мінезі Бәйділдаға ұнайтын еді. Алдына өзі іздеп келген біреудің сөзін ұстамаса, Жанқожа даудың кісісі емес. Бұрын Құттықтың сөзі Бекбауылдан ауысқан жоқ. Оған Раманқұл қосылды... Қосылып қана қоймай, алдына түсіп бара жатыр. Раманқұл омырауға салып кетсе, Бекбауыл күлтектеп сөйлей алмай қалатындай. Түбі Құттықтың тізгінін осы Раманқұл ұстайтынына Бәйділда шек келтірмейді.

Сандыбай өліп, Раманқұл қара жамылып отырғанда, қасында Бәйділда болды. Басқа ағайын басалқы айтады. Бәйділда өз інісі өлгеннен бетер, ой бауырын кесіп отыр.

Бұрын бүкіл Құттықтың аузы бір, Нұрымбет шалдың сөзін жерге тастап, бұзып-жарып шығатын ешкім жоқ еді. Енді араларынан қан өтіп, бір Майданның баласы екіге жарылғанын көргенде, Бәйділданың жаны кірді. Қан орнына қан сұрау ағайынға шет іс екенін, Сандыбай үшін Барақ сегіз ұлының бірін елімге байлай алмайтынын бәрі де түсінеді. Бәйділданың ниеті бүлінген елді бүтіндеу емес, бітеу жараны ушықтыра түсу еді, Раманқұлдың қолтығына су бүркіп қалуға асықты. Бозорыстың қазасына екі ердің құнын төлететін Жанқожаны бір сүріндіретін жері келген екен.

— Құдай ісі...

Қаза үстінде Бекбауыл жұбату айта бастағаны сол еді, Раманқұл шалқасынан түсті.

— Бұл адамның ісі! Сандыбай ажалынан қырық күн бұрын өліп отыр. Құдайдың ажалы емес, Боранбайдың найзасынан өліп отыр! Жұмағұлдың ұрпағы көп қой! Барақ сегіз ұлының бірін берсін! Маған қан орнына қан керек!

Сандыбайдың жаманат хабарын алып шапқыншы жеткенде, Раманқұл Бәйділданың үйінде отырды. Отқа күйген, суға кеткен, жаудан өлген адамның ажалы қырық күн бұрын келеді екен деген сөз сонда айтылды. Шала молдадан есіткен шалағай шариғатын қоңырсытқан Бәйділда еді.

Күйікті Раманқұл басын тауға ұрып жатыр.

Нұрымбет Дәрменқұлдың баласы Сәмеке қожаға ат шаптырды. Суфы Әзінің әулеті, иісі қазақ, пір тұтқан тұқым еді. Бәйділда айтқан рауаятты бекерге шығарып отыр.

— Раманқұл мырза, оның бәрі бос әңгіме... Құдайдың бұйрығынан тысқары ештеңе болмақ емес. Қай күні демі бітеді, пенде сол күні өледі...

Раманқұлдың ойы жамандықты қауып қалған, қожаның сөзінен кейін де қайысқан жоқ.

Бірақ құдайдан да, оның қазақ ішіндегі өкілі қожадан да мықты бір күш бар екен. Шектінің жақсылары шақыртқанда, Раманқұл еріксіз атқа қонды.

* * *

Үшіргеден өткен соң, Ақирек сәскелік қана жол. Сол жағында Бекбауылдың қыстауы, тіп-тік жарқабақтың астында үркердей болып көрінеді. Аласалау қыраттың үсті кең жазық, топырағы тастақты болып келеді. Кәпірарықтың екі жағы жасыл құрақ, қашан Ақирекке жеткенше жарысып отырады. Оң жағында Қарақұмның сілемі көк еркекпен таласа ескен алабұта, итсигек, сүттіген сияқты шөлдің сіңірлі шөптері тамырын тереңге көміп алған, Ақпайдың басына жеткенше жалаңаш құм кездеспейді. Жолаушылардың сол жағында бес-алты қамыс қалып барады. Мәстәт төбесінен бастап, Ақпайға дейінгі Көкшекөл жағалауында — бір жерде екі үй, бір жерде үш үй, көзге ұшыраса бастады. Бәйділда ана жылғы үлкен жұтты еске алған. Онда Ақирек асты қараша үйлер мен қамыс қостан көрінбейтін еді-ау...

— Арынғазы хан сайланатын жылы ғой... - деп келе жатыр еді, Раманқұл түзетті:

— Арынғазы жұттан бір жыл кейін келді. Бұл жақтағы Шекті малдан жұқарып, жаппай Қызылға қарай көштік қой.

— Сол жылғы шөптің бітімі-ай! Қызылдағы ел бір жазда қалпына келіп, ортайған шарасы қайта толды...

Жолаушылар ат басын Арыстанбап әулиенің жайына қарай бұрды. Дау қуынып келе жатқан жайы бар... Бәйділда әулие аттаған оңбайды деген мақалға имандай ұйитын еді.

Ол соңғы жылдары тым діндар болып алған. Үйде болсын, түзде жүрсін, бес уақыт намазын қаза қалдырмайды. Сол намаз сабағын үйрену үшін Сәмеке қожаны үйінде бір жаз ұстағанын жұрт күлкі қылып айтып жүр...

Былтырдан бері жолы түссе, Арыстанбапқа бір соқпай кетпейді. Раманқұл өмірі басы сәждеге тиген жан емес. Арыстанбаптың басына бір-ақ рет барған екен. Бәйділданың сөзі сүйеу болды. Бір бүйірінде баяғы дүдәмал шариғатына жауап іздейтін арам пікірі де жатыр еді...

Шың басындағы тас қорымдарға көзі түскенде, төбе құйқасы шымырлады. Құдайдың бірлігіне, құранның шындығына осы жерде көзі жеткендей. Әркімнен үйренген бір-екі ауыз намаз сабағын күбірлей бастады.

Баяғы жас жігіт Әбілсейіт қайыстай қатқан қара сұр кісі болған. Бәйділданы жақсы таниды. Ұзын сүре аят оқыды. Екі би қипалақтап қалталарын ақтарғанда, Раманқұлдың қолына жалғыз күміс теңгелік қана ілігіпті. Шырақшы алып жатып езу тартты. Енді сол ұшқалақтығынан қымсынғандай, күміс теңгелікті маңдайына тигізіп тәу етті.

— Жарықтық, мұсылман патшасының таңбасы ғой...

Содан шығарып қазақ даласына қарай қаптап келе жатқан яжуси-мөжуси туралы ертегісін бастады. Ақмолаға орыс қамалы түскен. Аузы түкті кәпір... ақырзаманның аламаты... Раманқұлдың ерні күбір-күбір, шырақшының сөзін шала ұғады. Ол Жанқожаны қарғайды. Сол дінсізді жазалауды әулиеден жалбарынып өтінеді...

— Әй, мәжусиінді қоя тұр! Маған мынаны айтшы. — Отырып-отырып шырақшыға сұрақ қойды. — Жаудан өлген адамның ажалы қырық күн бұрын келетіні рас па?

— Ол қандай жаудан өлгеніне байланысты... — Шырақшының ойында Хиуа сыпайлары.

— Немере-шөбере туысым інімді өлтіріп отыр. Қанға қан сұрап едім, Жанқожаға арқа сүйеп, тендік бермей кетті. Бұл шариғатында қандай жауға жатады?

— Бауырын өлтірген адам мүртет қой. Ондай адам үшін құдай жүзін кермек арам дейді... Шырақшы Әбіл мен Қабыл туралы ертегіні бастап кетті.

— Жанқожа өлген соң, құдай жүзін көре ме, шайтан жүзін көре ме, маған оның қажеті шамалы. Менің есем оған бүгін бұл дүниеде кетіп отыр ғой. Жанқожаға осы дүниеде қандай жаза лайық екенін айтшы!

Шырақшы оның жүзіне зер сала қарады. Бидің шикіл сары жүзі нарттай жанып тұр екен. Ашу қысқанда көзі шапыраштанып, демігіп қалған. Бұл сияқты адам қысылып кетсе, әкесін сатудан да тайынбайды.

— Кентті жұртта туысының қанын жүктеген адамды қырық құлаш зынданға салады. Қырық рудан қырық кісі шығарып, тас атқызады...

— Әттең, Жанқожаны зынданда шірітетіндей бір мықты қазақ арасында табылмай тұр ғой!

Шырақшы тағы езу тартты. Ондай мықтыны қайдан іздеуге болатынын айтқысы келіп, бірақ бата алмады.

Қырық құлаш зындан жайын қазақтар ертегілерден ғана естиді. Өздеріне бейтаныс кентті жұрттың заң-дәстүрін шалалау ұққан сыңайлары бар. Былай шыққан соң да едәуір желпініп басылған. Раманқұлға ұнайтын жері — өзі жақтырмайтын Жанқожа сияқтыларды ол жақта зынданда шірітетіні еді.

— Бас-басыңа би болсаң, Манартауға сыймайсың. Әлім-Шөмен Жанғазыдан бекер айрылып қалды ғой. Көтібардың сөзінен шыға алмай, Әбілғазының деліқұл баласын хан көтерді. Жанғазы таққа отырғанда талайы тәубесінен жаңылатын еді... — Бәйділданың арманы хандық дәуірін қайта оралту, опынып келеді.

— Осы Жанғазың қайда, қарасы батты ғой?

— Байұлының ішінде жүрген шығар. — Бәйділда жарытып ештеңе айта алмады. Жанғазының Үстірт шөліне қарай беттегенін біледі. Асығыс неге көшті, кімнен қашып барады — тек сол жеріне ақылы жетпей қойған.

— Бұл өмірімде талай қара бақ адамды көріп едім, — деді Раманқұл шынымен өкініп. — Бір адамның талайсызы Жанғазы сұлтандай-ақ болар. Ақылы қырсықпаса, Байұлының ішінде оған не бар? Енді бір жыл шыдағанда ғой, Арынғазының тағын сол басатын еді.

Жанғазы хан тағына отырса, өздерінің желі оңынан тұратынын Раманқұл да түсінетін еді. Оның Хиуа ханы Мухаммед Рахымнан қорқып, басымен қайғы болып кеткен жайын екеуі де біліп келе жатқан жоқ.

Хиуа хандығының соңғы шапқыншылығы Сыр бойындағы өлімді, оның ішінде Жақайым ауылдарын қатты күйзелтті. Жаудың бетін солай қарай бұрғызатын да Бәйділда, Толыбайдың жылқысын қудыртып алды... Жақайымның батыры Арынғазыға тығылып қана аман қалған. Жанғазының Әлім ішіне қайта оралмай жүргені де сондықтан...

— Ұят иманның қабы деген рас қой...

— Хан тұқымында ұят бар екеніне өз басым сенбеймін. Бәрі де азғындады ғой. Әсіресе Әбілқайыр әулеті... — Раманқұл жақында бір Табынның шалымен кездескен, жағасын ұстап келеді. - Бөкейдің баласы Жәңгір орыс ішінде жүріп шоқынып келген көрінеді. Теріс қарап жазылған кітап оқиды дейді. Түрегеліп тұрып дәрет сындырады екен...

— Абылайдың тағына Уәлиханның тоқалы отырыпты. Жас тоқал орыс төресімен көңілдес екен. Қасым сұлтан өлерінің шағында, сақалының ағында қуғын көріп, Көкшетаудан қоныс аударыпты. Заман бұзылды ғой...

— Әлгі шырақшы Ақмолаға орыс қамалы түсті деп отырған жоқ па? Ақмоладан шыққан кісі аты жарамды болса, төрт-бес күнде Жаршағылға келіп құлайды...

— Осы Қоқан не бітіріп отыр?

— Омар хан өліпті. Бәйділда айтты. Қоңыратты тоздырып жіберіп еді. Ана дүниеде жазасын тартып жатқан шығар...

— Қазақ қорықпаса, сыйламайды. Қоқандікі дұрыс...

Раманқұлдың көз алдында ана жылғы шапқыншылық. Бір рет сыпайларға жол басшы болып, Шөмекей аулына апарғаны бар. Ойран болған ауыл көпке шейін түсіне кіріп жүрді.

* * *

Бәйділда күпініп барғанмен, тар қамау жер кездескенде күлтектеп қалды.

... Бір бай ақ тақырда асық ойнап жүрген балаларды қуса, басынан беркі ұшып түсіп, үріккен ат жалт бергенде, өзі жалп етіп құлайды. Құн дауына жиналған билер әрі тартысып, бері тартысып, бір шешімге келе алмай қойған. Сонда он жасар бала Мөңке терелік береді екен. «Балаларды қуған бай тентек, басынан ұшып түскен бөрік тентек, бөріктен үріккен ат тентек». Үш тентекті байдың өз бойынан тауып беріп, балаларға тақырда ойнағаны үшін бір тентектің үлесін кескен. Рахметәлі содан шығарып, біраз әңгіме айтты.

— Бұл да сол сияқты. Кім тентекке келсек, Раманқұл, сен де аман құтыла алмайсың. Мынау туысыңмен табыс! Бұқар жыраудың Керейге айтқан сөзін білетін шығарсың:

Абылай алдында табыссаң,

Құдандалы таныссың.

Абылай алдында бітпесең,

Атасын білмес алыссың!

Бес Шектінің алдында туысқанмен табыспаса, елден шығады. Раманқұлдан сауын сауып күн көріп отырған Шекті жоқ... Бұдан былай да сауын сұрамайды. Раманқұлдың болам-толам деген үміті бар, Шектіден шықса, сөзден қалады. Сөзден қалғаны өлгенмен тең...

— Ат жауырға шыдамайды, ер бауырға шыдамайды... Жан бауырым жардай қулап жатқанда, ашу үстінде шатқаяқтаған шығармын. Сендерден шығып қайда барамын?

— Е, бәсе!

— Ашу — дұшпан, ақыл — дос. Бала жөн айтады.

Үй толы жұрт қауқылдасып қалды.

Жанқожа Боранбайды бүйірінен түртті.

— Жасың үлкен болғанмен, қылмысты болған басын бар. Раманқұлдың қолын ал!

Бұл бір сын кезеңі еді. Боранбай шын табысатын адамның келбетін танытты. Орнынан тұруға жүрексінгендей, қашан Раманқұлдың қасына келгенше тізесімен жорғалап келіп еді. Көзінде жас, қолдасатын жерде еңкілдеп жылап жіберді.

— Тоң айырған май жейді, дос айырған боқ жейді. Туысқан адам бірін-бірі өкпеге қиғанмен, елімге қия ма?...

Бекарыстанның көз алдын кіреуме шалғандай, ақырын күбірлейді.

Осынша халықтың ішінде жібіместен қалған жалғыз Раманқұл, қанын ішіне тартқан күйі бір ауыз тіл қатқан жоқ. Боранбайдың алақанындағы саусақтары мұздай еді. Қолдасудың рәсімін жасаған соң, тез кейін тартып алды.

Екі туыс табысты. Енді бітпей қалған жалғыз дау құн кесімі. Әлгі сөзден соң артық құн сұрап, тартысып жатудың да жөні жоқ еді. Бәйділда тұяғын тас қаққан аттай кібіртіктейді. Бекарыстан көшелі. Сандыбайға екі ердің құнын өз аузымен атап отыр.

Екі ердің құны екі мың қой... Бәйділданың ойынша, бұл аз шығын емес. Ол Жанқожаның қабағын баққан. Ауыр құнның салмағы Құттық ішінде ең әуелі Киікбай балаларына түседі екен. Жанқожаның ауырсынар, қабағын шытар жері еді.

Киікбай мен Жұмағұлда бір жан қарсы дау айтып, ауыз ашқан жоқ. Бекбауыл ғана шыбыжықтағандай еді, Жанқожа оны да сөйлетпеді. Батырдың маңқиған салмақты түріне қарап, Бәйділда жағасын ұстады. Бұған дауа жоқ шығар, етінен ет кесіп алғанда, қыңқ ететін кескін байқатпайды.

— Малды жау да алады. Далаға кетіп жатқан жоқ, беретін де, алатын да бір майданның баласы екен. Береміз! Маған ағайынның татулығы қымбат...

Жанқожа осы сөзді айтқанда, Раманқұлдың жүзі күреңітті. Мұқатқалы айтып отырғанына күмәні жоқ. Өз туысын өзі шауып алып жатыр деп емеуірін жасаған түрі ғой... Раманқұл жер басып жүрсе, Жанқожаның осы табағын алдына тартпай қоймас! Оның ішінде бір бөлек мұз жатқандай, қалтырана түсті. Билер бата қылып, ағайын татулығын айтып жатқанда, Раманқұл тістеніп отырды.

Содан соң рұқсат сұрады.

Бекарыстан Байшоқыға қарады. Шектінің басы күнде бұлай қосыла бермейді. Жақайымның биі жақсыларды дәмге шақырып отыр. Бекарыстанның бөгеле түскені со