Өлең, жыр, ақындар

Ерлікке тағзым

 Ұлы дала қойнауы түрлі жеңістерге толы. Себебі, ата- бабаларымыз қай уақытта болмасын отанын қорғауға барын салған.  Жоңғар шапқыншылығы кезінде қолдарына қару іліп жаумен айқасса, кеңес өкіметі кезінде де талай соғыстарда ерлік көрсете білді. Сол кезде көрсеткен ерліктердің барлығы да ел есінде.  Туған жер үшін жасалған әрбір ерлік халық жадында мәңгілік сақтаулы. 

Ел үшін жасалған ерліктердің ең үлкені қазақ батырларының Ұлы Отан соғысында алдыңғы шепте жүріп айқасуы. 1941- 1945 жылдар арасында болған бұл сұрапыл соғыс қаншама адамның жанын қиды. Талай ана баласынан айрылды, талай жас-жеткіншектер отбасылырынан қол үзіп шет жерде жүріп дүние салды. 

Батырларымыздың сөзсіз ерліктерінің арқасында соғыс жеңіспен аяқталды. Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл. Соғыс жеңіспен аяқталса да зардабы орасан зор болды. Соған қарамастан елімізде Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда өнеркәсіп айтарлықтай жетістіктерге жетті. Мұның себебі Қазақстан соғыс кезінде майдан арсеналына айналды. Жаудың қолына түсуі мүмкін 200-дей кәсіпорындар қысқа мерзім ішінде Қазақстан аумағына эвакуациаланды. Соның әсерінен еліміз қорғасын, мыс өндіруден одақ бойынша алдыңғы орындарда болды. Әкелінген кәсіпорындар қатарында тоқыма, мақта- мата, аяқ киім фабрикалары да бар еді. Эвакуацияланған зауыттардың арқасында біраз адам жұмыспен қамтылды.

Соғыс аяқталғаннан кейін ерлік көрсеткен батырлар марапатталды. «Кеңес одағының батыры» атағын 97 қазақ иеленді. Олардың ішінде ерлерден кем түспейтін  ерліктерімен көзге түскен қазақтың ержүрек қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова да бар. Мәскеу үшін шайқаста өзінің құрамасын үш рет жау қоршауынан аман алып шыққан Бауыржан Момышұлы да көрсеткен ерліктері үшін атақ- даңққа бөленді. Рейхстагха ту тіккен қазақстандық Рақымжан Қошқарбаев та ерліктеріне сай марапатқа ие болды. Батыр атағын иеленген қазақтар жетерлік. Соғыстан аман оралған ардагерлер де бүгінгі таңда ерекше құрметке ие. 

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына мәдени қайраткерлер де өз үлестерін қосты. Өнер адамдарынан құрылған бригада әскери бөлімшелерде, шақыру пункттерінде, емдеу орталықтарында концерттер қойып, соғыстан шаршағандарға рухани жағынан күш берді. Бұл кездегі ақындар мен жазушылардың шығармалары отанды қорғауға арналды. Соғыста жүріп өз көздерімен көргенді қағаз бетіне түсірген ақындар аз болған жоқ. Баубек Бұлқышев, Қасым Аманжолов соғысты өлеңдеріне арқау етсе, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Бауыржан Момышұлы сынды жазушыларымыз соғыс туралы кітаптар жазып қалдырды.

Қазақтың қайтпас- қайсар ұл- қыздарының көрсеткен ерлік істері жас ұрпақ үшін өшпес өнеге. Отаны үшін аянбай тер төккен батырлардың алып келген жеңістері ешқашан ұмытылмайды. Ер есімі мәңгілік ел есінде!

Алайдар Мерей Мырзағалиқызы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз