«Дала уалаятының газеті» және ұлттық сананың оянуы
Баспасөз – халық өмірінің айнасы. Газет те, журнал да, кітап та елдің саяси, шаруашылық, мәдени тіршілігі өркендеген сайын туады, күрделенген сайын қалыптасады, қоғамның дамуымен бірге тамыр жайып, өрісін кеңейтеді. Қазақ баспасөзі – Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижесінде туды. 19 ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының қоғамдық ой-пікірі, саяси көзқарасы, мәдениеті мен тұрмыс-салты үлкен өзгерістерге түсті. Бұл өзгерістерге ең алдымен қазақ тілінде шыққан алғашқы мерзімді басылымдар әсер етті. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – 1888-1902 жылдары Омбы қаласында жарық көрген «Дала уалаятының газеті». Бұл басылым алғашында патша үкіметінің ресми органы ретінде құрылғанымен, уақыт өте келе қазақтың әлеуметтік ойының дамуына, әдебиетінің өркендеуіне, тілі мен мәдениетінің ілгерілеуіне ықпал етті. Газеттің редакторы әр кезде Е.Абылайханов, Д.Сұлтанғазин болды. Газет- қазақ қоғамын білімге, өнерге, жаңашыл ойға жетелеген үлкен мектеп болды.
«Дала уалаятының газетінің» негізгі міндеті – патша үкіметінің бұйрық-жарлықтарын, жергілікті биліктің қаулыларын қазақшаға аударып, ел ішіне тарату еді, көбіне прогресшіл саясатты ұстанды. Бұл – империяның халықты өзіне бағындыру саясатының құралы болатын. Газеттің екі бөлімі: ресми және бейресми бөлімдері шыққан. Газеттің ресми бөлімінде патшаға жағатын мақалалар жиі жарияланды. Мысалы, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістер «қарақшылық», «бүлікшіл әрекет» ретінде сипатталған. Мұндай жарияланымдар империяның идеологиясын халық санасына сіңіруге бағытталды. Алайда осы ресми мақалалардың өзі қазақ қоғамына ой салды. Халық «кімнің жау, кімнің қас екенін» саралап, биліктің шынайы бет-бейнесін тани бастады. Бұл да ұлттық сананың оянуына жанама түрде ықпал етті десек те болады. Газеттің бейресми бөлімі халық үшін ерекше маңызды болды. «Дала уалаятының газетіне» қазақтың сол кездегі оқығандары, хат білген адамдары: оқытушылар, молдалар, қазақтың тарихын, тұрмысын, әдебиетін зерттеп жүрген орыс ғалымдары едәуір қатынасып, хабарлар, мақалалар, өлеңдер жазып, ауыз әдебиеті нұсқаларын жіберіп бастырып тұрған. Атап айтар болсам, Абай Құнанбаевтың өлеңдері халықтың ой-пікірін жаңғыртып, әділетсіздікті сынауға үйретті. Оның «Болыс болдым мінеки» памфлеті жарияланғаннан кейін газетте очерк, әңгіме, фельетондар қазақ тілінде жариялана бастады. Ыбырай Алтынсариннің еңбектері жастарды өнер-білімге шақырды. Ал Әбубәкір Диваевтың мақалалары қазақтың тарихы мен тұрмысын зерттеуге арналды. Осындай ұлы тұлғалардың туындылары және мақалалары газеттің жаңа деңгейге көтерілуіне зор үлесін қосты.
«Орыс мәдениетінің әсерімен қазақ қыздары мен әйелдері арасында өзінің құқығын қорғап, наразылық білдіре бастағандары да болған екен. Газетте қазақ жастарының өз бақыты үшін жанын пида етуге бел байлағанын реалистік тұрғыдан суреттейтін әдеби шығармалар да басылды» деп зерттеушілердің айтқанындай бұл мәселе туралы да туындылар жарық көрген. Мысалы, «Махаббат күші» деген поэмада бір жігіттің ғашық болған қызға қосыла алмай, отқа түсіп өлгені(«Дала уалаяты», №43, 1901), ал «Бәти» әңгімесінде бір қыз өзінің сүйген адамына бару үшін түнгі боранда үйінен қашып шығып, жолда үсіп өлгені жыр болады(«Дала уалаяты», №4, 5, 1897). Қыздардың бостандығы үшін жасаған әрекеті- қоғамдағы жаңа сананың белгісі. Бірақ ескі дәстүр мен тосқауылдар олардың трагедиясына әкелді. Бұл шығармалар әйел құқығын алғаш рет әдеби деңгейде көтеріп, ұлттық ойды жаңғыртты. «Қазақтар өнер-білімге ұмтылуда» деген бір бас мақаласында: «Егер қазақтар өзін тарихта ізсіз қалдырайын демесе, барлық күшін салып, шын ниетімен өнер-білімге және орыс халқымен өте тығыз жақындасуға ұмтылу керек. Орыс халқы қазақтың қазіргі аянышты хәлінен құтылуына көмектессін» деп жазды газет(«Дала уалаяты», №15, 1895). Бұл - газеттің прогресшіл жағын көрсететін пікірі еді. Менің ойымша, бұл мақаланың басты ойы – қазақ халқы өркениеттен артта қалып қоймас үшін міндетті түрде оқу-білімге бет-бұруы керек екенінде. Демек, ұлттық сананың оянуының айқын көрінісі. Біріншіден, ол қазақ халқының тарих алдындағы жауапкершілігін еске салады. Екіншіден, білім мен өнерді ұлттың өркендеу жолы ретінде көрсету – жаңаша ойлау үлгісі. Үшіншіден, орыс халқымен байланыс орнату деген пікірі шынайы прогресс жолын қалыптастыруға ниетті екенін айқындайды. Білімсіздік құрсауынан шығатын кез келгенін меңзеді деуге келеді. Газет бетінде мұндай мақалалардың жариялануы қазақ қоғамындағы ағартушылық идеялардың кең таралуына ықпал етті. Сондай-ақ көзіме ерекше түскен редакцияға жазылған Бөкен Адықовтың хаты бойынша тіл мәселесі туралы да айта кету керек деп ойлаймын. Газеттің 1888 жылғы 42-номерінде Бөкен Адықовтың редакцияға жазған хаты жарияланды. Ол бұл хатында «Осы уақытта Қазанда һәм басқа шаһарларда басылған кітаптар түрікше, ноғайша аралас тілдермен жазылған, бұл қазаққа түсінікті емес. Сондықтан таза қазақ тілінде кітаптар шығарса халыққа пайдалы болар еді» - деп тілек білдірді. Бұл пікірді жан-жақты қарастыруға болады. Мысалы, ұлттық сана тұрғысынан қарастырсақ, Б.Адықов «Тіл-ұлттың тірегі» деген ұстаныммен қазақ тілінің болашағын ойлауы, ана тілінде кітап шығару туралы ойы – халықтың сауатын ашып, ұлттық инетеллегенция қалыптастырудың негізі. Ал прогрессивті жағын алып қарасақ, халыққа түсінікті, қолжетімді білім құралдарының қажеттігін көрсетті, ұлттық мүддені қорғады. Сонымен қатар Қ.Жапановтың мақаласында қазақ арасындағы өсімқорлықтың зияны әшкереленді. Бұл – халықтың әлеуметтік әділетсіздікке қарсы көзқарасын оятқан материал. Газетте өнер-білімнің қажеттігі туралы, орысша оқудың пайдасы туралы, жалпы оқу-ағарту ісі туралы көп жазылды. Мұның өзі нәтижелер де бермей қойған жоқ. Жұртқа мәлім, XIX ғасырдың екінші жартысында гимназияларда, орыс-қазақ мектептерінде, оқытушылар семинарияларында, түрлі училищелерде мұғалім, фельдшер, дәрігер, адвокат болып халыққа қызмет ететін қазақ интеллигенциясының құрамы жасақталды.
Газет қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, бастыруда сондай-ақ орыс әңгіме-ертегілерін аударып жариялауда едәуір ізденістер танытқан. Л.Н.Толстойдың «Ұзақ пен көгершін», «Бұғы мен қарақаттың сабағы», «Бұғы», «Қоян», «Өтпес пышақ» сияқты мысал-әңгімелерін аударған қазақ зиялыларының аудармасын жариялауы да сол кездегі жағдайға байланысты болса керек...
«Дала уалаятының газеті» 1902 жылы тоқталды. Бұл газет – қазақ баспасөзінің ғана емес, ұлттық сананың тарихындағы да ерекше кезең. Газет бір жағынан өткеннің айнасы болса, екінші жағынан болашаққа жол сілтеген шамшырақ еді. Осыдан XX ғасыр басында қазақ арасында мектеп, медреселер көбейіп, оларда дүниелік ғылымдар оқытылды, қазақ тілінде кітаптар көбейді. Қорытып айтқанда, ресми орган болғанымен бұл газет қазақ халқының шаруашылығы мен мәдениетінің, қоғамдық ой-пікірінің дамуында белгілі дәрежеде әсерін тигізді. Бұл қазақ баспасөзінің тарихы Қазақстанның Ресейге қосылу тарихымен өте тығыз байланысты екенін ыспаттайды. Мен талдаған мақалалар мен шығармалар тек бір бөлігі ғана, 14 жыл бойы тоқтаусыз шығарылып тұрған тарихи тағылымы мол газеттің әрбір жарияланған мақаласы оқырман жүрегіне жеткені анық!
Жанерке Айдарқызы,
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.
Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қозыбаев С, Рамазанова А, Аллаберген Қ, Әлем баспасөзі тарихынан, Алматы, «Санат», 1998
2. Кенжебаев Б, Қожакеев.Т, Қазақ совет баспасөзі тарихынан, Алматы, 1962
3. Бекхожин Х, Қазақ баспасөзінің даму жолдары, Қазақ Мемлекет баспасы, 1964
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі