Есеп бергенде не жазып, не жазарыңды айту, өзіңнің шығармалық пландарыңды жариялау, әрине, есеп берер адамның қағидасы. Міне, осы қағидаға қосымша мен өзім қатынасып жүрген қазақ совет поэзиясы жайында өзімнің кейбір ойларымды да айтқым келеді.
Біз совет жазушысы, ақындары ұлы бірлікпен коммунизм идеясын жырлаймыз. Сондықтан біздің арамызда да бөтен ағымдарға, теріс ауа жайылушыларға орын жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда біздің әдебиеттің барлық жанрларында мызғымас тұтастық бар. Ол тұтастық бір адамның дене мүсініне ұқсас дейтін болсақ, поэзия екі көзіміздің бірі тәрізді.
Қазақ совет әдебиетінде поэзия жанры ең бұрын туған аға жанр. Ол өзінің алғашқы туысында-ақ «Бостандықты» жырлай, ауылда, қазақ елінде совет үкіметінің орнауын құттықтай келді. Оның бер жағында партия үкімет жүргізген барлық науқандарға қызу араласып, жалынды, өткір тілмен жырлай отырды. Советтік құрылыстың алғашқы он жылдарында-ақ Сәбит, Асқар, Тайыр, Әбділда, Жақан. Ғали, Қалмақан, Ғалымдар секілді топтаған совет ақындары өздерінің жалынды жырларымен совет қазақ поэзиясының кірпішін қалағандар болатын. «Бостандық», «Сүт заводы», «Айнабұлақ», «Шеңбер», «Каспий», «Сырдария», «Майкөл тамы» сияқты өлеңдер нағыз реалистік поэзияның совет поэзиясының үлгілері. Бұлар өздерінің әдісі мен мазмұны, сөз өрнектері жағынан фольклорге ұқсамайтын жаңа поэзияның үлгілері. Мен және мен сияқты осында отырған талай ақындарды әдебиетке шақырған әлбетте қазақ совет поэзиясының күшті, революциялық екпіні, жалынды үні болатын. Сондықтан совет поэзиясы қазақ фольклорінен жаңа ғана қол үзіп келе жатыр деген кейбір жолдастардың ойы жаңсақ, қате ойлар.
Бұл жаңсақ ойға себеп болып жүрген қазақ совет поэзиясына Жәкеннің халық ақыны есебінде келуі болар.
Октябрьден бұрын кедейлерді қорлама, адамды құлдықта ұстау қате, теріс деген сияқты гуманизмнен аспаған Жәкеңнің пролетариат үстемдігі дәуірінің ұлы ақыны дәрежесінде көтерілуінің өзі де меніңше сол қазақ совет поэзиясының екпінді, күшті, жалынды үнінің қасиетті шарпуына байланысты ғой деймін.
«Адамзаттың алыбы «Батыры сенсің— Ленин!» — деп, ауыз әдебиетінің бедері мен қазақтың советтік жазба поэзиясының есігін ашып, «Ленинградтық ұлдарға» деген сияқты көптеген өлеңдермен жазба поэзияға қосылып кеткен Жәкеңді құмды жерге өз-өзінен шыға қалған жалғыз арша деуге болмайды. Жәкең поэзиясының көпшілігі жазба поэзия болуының, Жәкеңнің бүкілодақтық көлемдегі ұлы ақын дәрежесіне жетуінің өзі де кездейсоқ нәрсе емес. Ал ауыз әдебиетінің кейбір жақсы әдістерімен пайдалану, оның әдістеріндегі кейбір байлықтарын алуымыз өте заңды, өте дұрыс. Ол біздің жазба поэзиямыздың осалдығы емес, оның әр жолмен байып өсіп келе жатқандығының нышаны.
Сонымен қазақ совет поэзиясы Октябрьмен бірге туған реалистік поэзия. Әрине, оның өсу жолдарында өзіне тән ірілі-уақты кемшіліктері де бар екені даусыз. Ол кемшіліктер жайын сөз қылу өзіне басқа. Ендігі бір тоқталайын дегенім жырлау мәселесі.
Еңбек пен адамды қатар жырлау керек, істеліп жатқан істің өзін көрсету керек деген жалпы ойларға біздің кейбір сыншыларымыз «ішіне кіре» жырлау керек дегенді қосып айтады. Бірақ қалай жырлау керек деген сөздің өзін кесіп жауап айтпайды.
Еңбек ету, оның нәтижесіне қуану, өз ісінің шебері болу әрбір совет адамының зор мақсатына айналды. Сонымен бірге адамның еңбектен тыс, үйдегі, даладағы өмірі де бар. Сүю, сүйсіну, таңдану, таңырқау, әдемі жасалған үйді, көркем табиғат көрінісін тағы да сол сияқты сұлулықтарды көріп, тамашалау әрбір адамға тән. Ортақ сезім. Міне, поэзия осының бәрін жырлауға міндетті. Осы бір адам өмірінде болатын қуану, масаттану темасына мен бірнеше өлеңдер жаздым. Оның бірі «Туған жерім, сол Баян!»
...Жаз еді таңмен шамалас
Шығып қырға көз салдым
Бидай, сұлы аралас,
Ырғалады қарсы алдым.
Дөңгелек жүз, ақ Баян,
Тартты сұлу сағымды,
Мұнарамен ойнап таң
Кел деп маған жалынды...
Міне, мен мұнда ұзақ жылдары шетте, басқа бір қалаларда тұрып, өзінін; туған жеріне, Баян көлінің жарасына келіп тандана, сүйсіне қарап отырған жанның бейнесін бергім келеді. Қызмет бабымен, болмаса оқу, өнер қуу жолында ұзақ жылдар өзінің ауданы мен колхозынан кетіп қалатын адамдар аз ба! Сол ұзақ жылдардан кейін сәті түсіп өз колхозына келе қалған адамның құмарту, әсер алу, масаттану жайының бір алуан жүйесі осы емес пе!
Ал кейбір сыншыларымыз менің осы өлеңімді оқып, сырттан таңырқайды, еңбекке араласпайды, ауыл қыдырып, тек жүреді дегенді айтты. Шындарыңызды айтыңыздаршы, егер сіздердің әрқайсыларыңыз өз колхоздарыңызға әлдеқалай бара қалсаңыздар, бара сала киімдеріңізді шешіп тастап, іске кірісер ме едіңіздер? Әлде сол ортаның жетіскендерін жүрекпен қабылдап қуанышқа батар ма едіңіздер? Совет адамдарын қуану, таңырқау, тамашалау сезімінен айырсақ біз жұртшылық алдында кешірмес күнә жасаған болар едік.
Мен мұнымен ақын адам өмірінің еңбекпен байланысын да, еңбектен тыс жеке басына ортақ жәйттерін де жырлауы керек дегім келеді. Біздің сыншыларымыз мұндай темаларға теріс қарамай жылы, адамшылықпен қабылдауы керек деймін.
* * *
Әр ақынның жолында өз бет, өз даусы болсын деген тілек өте заңды, өте дұрыс тілек. Ақын шығармасының құнды болу шартының негізгісінің бірі осында. Егер ақын өз даусынан айрылса оның ақындық бұлағы сарқылады. Оның өсуі, ілгері басуы тоқтайды, сондықтан мен әрқашанда өз дауысымды сақтағым келеді. Мысал үшін қойшылар темасына арналған «Бақташы шал мен бұлбұл» деген менің өлеңімді келтірейік: мысал бұл өлеңнің көркемдік жағынан қай дәрежеде екені өзіне басқа. Ал қойшылар тақырыбына жазылған осындай өлеңдерге ұқсамайтындығы даусыз.
Міне, сол сияқты соғыс темасына, достық, Отанды сүю, партия, тағы басқалар туралы жазған өлеңдерімде жақсы, жаман болсын мен өзімше айтып, өзімше жырлауға тырыстым.
* * *
Ендігі кезеңді мәселе ақындық шеберлік. Біздің советтік дәуіріміз басқа ешбір дәуірлерге ұқсамайтын ғажайып ұлы дәуір, адам баласынын, ғасырлар бойы көксеген дәуірі. Сондықтан қазақтың совет поэзиясы осы тамаша дәуірімізге сай болуы үшін өзінің көркемдік шеберлігін күнбе-күн жоғарғы сатыға, ең биік сатыға көтеруі керек. Бізге, қазақ ақындарына бұл бағытта ете көп жұмыс істеуге тура келеді. Ақындық шеберлікті ақын жырының алуан өрнегін, келісті көркем бедерін байыту үшін біз алдымен ұлы орыс халқының Щипачев, Твардовский, Тихонов, Исаковский сияқты шеберлерінен үйрену ісін мықтап жолға қоюымыз керек. Солардан үйренуіміз керек. Бұл тілегімізге екі түрлі жолмен жетуге тиістіміз.
1) Олардың шығармаларын үздіксіз оқып, зерттеп, қауғалап үйрену.
2) Олардың шығармаларын аударып, сол арқылы өзіміздің ақындық тәжірибемізді кеңіту, ұсталық өнерімізді өмірдің ішіне кіре жазу дегенге тек қана ақындық шеберлігі арқылы, сол өмірді білу арқылы жетеміз. Өйткені өмірдің ішіне кіру менімше қай теманы алсаң да, адам өмірінің қай кезеңін жазсаң да, шығармаңды қандай өндірістің тақырыбына арнасаң да, сол өзің жырлап отырған тұрмыстың кішкене кесегін ақын жүрегінің ыстық лебінен өткізіп оқыған адамның жан сезіміне тиерліктей көркем жырлауда жатқан сияқты.
***
Жолдастар! Менің әдебиетке келгеніме жиырма жылдан астам уақыт еткен екен. Осы жиырма жыл менің азды-көпті еңбек үстінде ізденген, ілгері басайын деген талап үстіндегі ойлану, үйрену жылдарым сияқты. Күн санап сені қарсы алатын еңбек күні сенің ойыңа жаңа бір ой қосып ілгері жетектейтін тәрізді. Кешегі қонған, бүгінгі түстенген жеріңнен сенің барар жерің әлі өте алыста екені мәлім. Сондықтан тоқтаусыз, тыным таппай ілгері басқың келеді.
Қазақ совет поэзиясы тұрған биіктің ұшар басына шығып, кейін қараған адамға біздің артта, төменде қалған көптеген өлеңдеріміз бедерсіз, жалаң, топас болып көрінуі сөзсіз. Өйткені олар біздің алғашқы баспалдағымыз ғой. Бүгін солардың өткен шағымыз болуының өзі де біздің қалайда ілгері басып келе жатқанымызды көрсетеді. Әйтсе де сол өзім аттаған алғашқы баспалдаққа, менің ақын достарым, сіздердің сол ертедегі еңбектеріңе мен бүгін де аса бір кең, сүйікті ықыласпен қарайтын сияқтымын. Оның себебі ол баспалдақтар, ол өлең жолдары бүгін ескіріп, кейінде қалғанымен кезінде әдебиеттің әрбір кадрының өрлеуі, өсуі үшін де жалпы қазақ совет поэзиясының өркендеуі үстінде өз қызметтерін атқарған баспалдақтар пайдасын көпшілікке тигізген өлең жолдары.
Біздің кейбір жолдастарда, әсіресе ақындар маңында өзінен басқа ақын жолдастарын әдебиеттен өшіріп тастауға қызығып тұратындық бар. Мен мұндай дерттен аулақпын. Үлкен әдебиетті көптеген таланттар туғызатынын ешқашан да естен шығаруға болмайды. Сондықтан ақын, жазушыларымыздың барынша көп болғаны олардың шығармалық беттерінің айқын бола түскені әдебиетімізді байытып, оның көркемдік түрлерін сан түрлі бояуларға бөлемек. Оның сымбатына бұрынғыдан да ажар енгізіп, сұлулық бедерін күшейтпек.
Енді маған не жазып жатқандарым туралы сіздерге мәлімдеуге ұлықсат етіңіздер!
Мен биыл Лермонтовтың «Біздің заманымыздың геройы» атты романын аударып бердім. Ол роман ендігі жұмаларда баспадан шығады. Сонымен қатар жиырма шақты жаңа өлең жаздым. Бұдан көп істеуге денсаулығымның жайы көтермейтін болды. Қазір жаңа өлеңдерімнің жинағын дайындап жатырмын. Оны январь айының орта кездерінде тапсырмақпын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі