Адамзат баласы «бақыт» деген ұғымға әлі тұшымды түсіндірме ойлап таба алмай келе жатқандай көрінеді. Бірі – «бақыт деген - сәттер ғана» деп байлам жасаса, енді бірі адамның жаратылысына терең бойлап, жауапты ағзадағы зат алмасудан, дәлірек айтқанда, гормондардан іздеп кетеді. Анығында мұның дөп жауабын қазақтың маңдайына біткен мықтысы, ақиқат аламанының арғымағы Мұқағали айтып кетті емес пе?
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің...
Иә...Тілеуін тілеп, күйін күйттеп, жоғын жоқтап, жыртысын жыртатын жұрты болмаса, жұмыр басты, жұдырық жүрек пенденің қолынан бірдеңе келуі екіталай. Сайып келгенде, игерген білім, жиған тәжірибе де халқыңның игілігі үшін екені анық.
Атағыңның айға жеткені не керек, сен халқыңның, халық сенің қадіріңе жете алмаған болса? Жата-жастанып оқығаныңнан не пайда, түйгенің халқыңның кәдесіне жарамаса? Делебеңді қоздырып, қиқулап отыратын елің болмаса, дүбірлі додаларда оза шапқаныңнан не пайда?
Қуанышың қойныңа сыймай, шаттықтан шәпкеңді аспанға атқаныңнан не қайыр, мұныңды бөлісер халқың болмаса? Айналып келгенде, соның бәрі кім үшін?! Ақынның айтпағы осы болса керек.
Қазақ о бастан халқының қамын бірінші кезекке қоя білген. Батасының соңын «Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп қайыратыны да содан болар. Жұрт – жаныңның жалауы, алынбас қамалың. Жоқтаушы жұртың болмаса, бақытсыздық дегенің – сол.
...Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім...
Бір ғана түйе жануарының сексенге жетіп жығылатын атауы бар екенін естігенде, қазағымның бір бақыты – ана тілі екеніне шүбәланбайсың. Не деген бай, не деген шұрайлы тіл десеңізші?!
Қазақ тілінің мөлдірлігі, тұнықтығы соншалық, сөзге шешен адамдарға құлақ түрсеңіз, таңдай қақпай отыра алмайсыз. Өткірлігі де бір төбе. Бір ауыз сөзбен-ақ нүкте қоюға қауқарлы салмақтылығы тағы бар. Оның байлығын сөз зергерлері Ғабит, Оралхан, Ілиястар да түгесе алмаған ғой, шіркін?!
Ғабит Мүсіреповтың: «Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің біріне көңіл аудармау – үлкен қылмыс» деген сөзі бар.
Жасыратыны жоқ, соңғы кезде тілімізге көп қиянат жасалды. Дүбәралап, шұбарлап, барымыздан айырылуға шақ қалдық. Себебі айтпаса да түсінікті. Ақыры «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!» деп ұрандататын халге жеттік.
Тіліміздің халықаралық тілдердің табанында әбден тапталып қалмай, бүгінге аман жеткені шұрайлы болғанының арқасы болар деп те ойлаймын. Өкінішке орай, бүгінгі қолданыста ол қасиеті сирек байқалады. Қасаң, жұтаң қазақшаға тап болдық. Шүлдірлеп орысша сөйлегендерін абырой көретін адамдар бар. Тіпті, кейбіреулер үшін қазақша тілдесу «сәннен» қалған. Анағұрылым заманауи көрінгісі келген кісінің орайы келсін-келмесін орысшалай жөнелетін үрдіс бар.
Мұхтар Әуезовше айтсақ: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ болады». Өткен ғасырда айтылған пәлсапа болса да, әлі де өзекті. Сорақысы – сол тілді бақытқа баламақ түгілі бір ауыз сөз айтуға жарамайтын сыңаржақтардың көптігі.
Бағасын білгенге ана тіліміз – зор бағымыз. Осы тілде жазылған рухани байлығымыз – баға жетпес мұра. Бұл – пафос емес, шынайы пайым. Соңғы кезде қазақша сөйлеуді қайтсек трендке айналдырамыз деген ой мазалайды. Ондай күннің туарына да сенім кәміл.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.
Туған Отаныңның төрінде алаңсыз сауық-сайран салып жүргеніміздің зор бақыт, шексіз нығмет екеніне осыған зар замандастар туралы естігенде илана түсемін. Қаншама адам Отанынан безіп, туған топырағын бір иіскеуді армандап жүр...
Басқасын былай қойып, зобалаң жылдарда шекара асып, елден жырақ кеткен қандастарымыздың жат жерде жапырақ жайған ұрпақтарын алып қарайықшы. Туған жерге табан тіреп, қара жерге маңдайын қойып, құшырлана сүйіп, солқ-солқ жылап жатқан бауырларды теледидардан талай көргенбіз. Әрине, мұндай бақыт бұйырмаған, атамекеннің саф ауасын бір жұту арман болып қалғандар да жетерлік. Атамекеннің қадірін солардың жақсырақ білетінін мойындауымыз керек шығар. «Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деген сөздің жаны бар. Оның қадірін шетке шықсақ түсінетіндейміз. Бойды сағыныш билеп, ел жаққа қарап елеңдеп, ерекше бір күйге енеміз. Бұл – махаббат.
Десе де, туған өлкеге деген махаббат оны сүюмен ғана шектелмеуі керек деп ойлаймын. Отанға деген махаббат әр адамның адал еңбегінен, елжандылығынан көрінсе игі. Отансүйгіштік сөзден ғана емес, істен көрініс табуы керек деп есептеймін. Әр адам туған жеріне жақсылық жасауға ниеттеніп, ең болмаса бір көшет отырғызса, соның өзі жылдар өте біреудің жанына сая болар еді.
Иә, Мұқағали ақынмен жарыса санамалап шыққан алақандағы үш бақытты бір-бірінен жеке дара бөліп қарау қисынсыз. Үшеуі адамның басындағы зор бақыттың, баға жетпес бақыттың құрамдасы. Халқыңды тіліңнен, туған жерді халқыңнан ажырата алмайсың. Бәлкім, үш бақыттың ұлылығы да осында болса керек.
Бағымызды баянды ету өз қолымызда. Жерімізді қорғап, халқымызды ардақтап, тілімізді құрметтей білсек, басымызға қонған ұлы бақ мәңгі тұрақтайды деп ойлаймын. Қаншама тілді жаһандану дәуірі жұтып қойды, қаншама адам туған жерден жырақ жүр, қаншама ұлт жер бетінен жойылып кетті? Осының бәрін ой елегінен өткізгенде, кейде «бақыт» деген сөздің мәнін мүлдем басқа нәрседен іздеп кететінімізге көз жеткіземіз. Расында, бұл дүниеде жанашыр халқың, туған жерің мен ана тіліңнен асқан бақыт та, байлық та жоқ!
Әсем Мурзагалиева
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі