Өлең, жыр, ақындар

Мұғалім Мори

(новелла)

Жыл аяғы болатын. Бір күні кешқұрым сыншы танысым екеуміз "Ұсақ чиновниктердің жолы" деп аталатын аллеямен Кандабаси жақты бетке алып келе жаттық. Аллея бойындағы теректер жапырағын жоғалтып, жалаңаштанып, сидиып қалған. Оң жағымыздан да, сол жағымыздан да иіндері түсіп, ілби басқан адамдардың сұлбалары қараңдайды. Бұлар бір кезде Симадзаки-Тосонды қатты ашындырып: "Еңселеріңді көтерсеңдерші!" — деуге мәжбүр еткен ұсақ чиновниктер болса керек. Олар енжарлықтан, сары уайымнан құтылудың жолы жоқтығын білетіндіктен ілби басатын сияқты. Біз де Отэматидегі трамвай аялдамасынан өткенше үн-түнсіз, иық түйістіре, жеделдете жүрдік. Аялдамадан ұзаған соң танысым артына бұрылып, суықтан бүрісіп қызыл бағанның түбін сағалаған, кезекті трамвайды күткен адамдардың сұлбаларына көз тоқтата қарап тұрды да, кенет әлденеге селт ете қалып, өзіне-өзі айтқандай:

— Мори-сэнсэйдің есіме түскені, — деп күбірледі.

— Мори-сэнсэй дейсің бе? Оның кім?

— Мен оқыған мектептің бір мұғалімі. Ол туралы саған айтпап па едім?

"Жоқ" деген жауаптың орнына мен қалпағымды көзіме түсіре кидім. Төменде танысымның сол Мори мұғалім жайлы айтқан естелігі баяндалмақ.

* * *

Бұл осыдан он жыл бұрын аймақтық орта мектептің үшінші класында оқып жүргенімде болған еді. Қысқы демалыс кезінде мектебімізде ағылшын пәнінен сабақ беретін жас мұғалім өкпесі қабынып ауырып қайтыс болды. Істің тым тосыннан болғаны сонша, тіпті марқұмның орнына лайықты адам іздеп жатудың реті келмей, мәселе атүсті шешіле салды. Сөйтіп, марқұм Адати-сэнсэйдің пәнін әлдебір жеке меншік мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген Мори қарт жүргізетін болды.

Мен Мори мұғалімді алғаш рет біздің мектепке келіп, сабақ беруге кіріскен кезінде көрдім. Жаңа мұғалім қандай екен деп әуестеніп, тағатымыз таусылып отырғанда, дәлізден оның аяғының тықыры естілді де, класс іші тым-тырыс боп тына қалды. Міне, ол күн көзі бір сығаламайтын суық класымыздың есігінің алдына келіп тоқтады, сосын есік ашылды. Апыр-ай десеңші, сондағы сол бір көрініс, сол сурет күні бүгінге дейін көз алдымда. Күйкентайдай ғана мұғалім Мори аяғын әлтек-тәлтек басып класқа кіріп келгенде бәріміздің ойымызға оралғаны маскарадтағы өрмекші адамның бейнесі болды. Өйткені оның бір тұтам күйкі кейпіне кереметтей кереғар нәрсе басытұғын, не үлкен де емес, кіші де емес, жып-жылмағай, жып-жылтыр; рас, желкесіне жуықтау жерде бірер тал ақ шаш селтиеді, ал басының өзге бөлігі жаратылыстану пәнінің оқулығында бейнеленген түйеқұстың жұмыртқасынан бір айнысайшы. Ең ақырында, мұғалімнің можантопай пішінінде көзге түсетін бір нәрсе — ұзақ киілгендіктен көнеріп, түсін жоғалтқан көкшіл бешпенті-тін, онысының түсі бір кезде қара болғанына сену тіптен қиын-ды. Ол аз болса, кірлеу жағасына көбелектің қанаты секілдендіріп сиякөк галстук жапсырып қойыпты. Осы болымсыз белгілердің жадымда соншама айқын жатталып қалуы қызық-ақ. Сонымен не керек, мұғалімнің класқа кіруі мұң екен, әр бұрыштан булыққан, қыстыққан күлкі естіле бастады, олай болуы заңды да еді.

Әйткенмен Мори мұғалім еш сасқан жоқ, хрестоматия мен класс журналын қыса ұстаған күйі, ештеңені елең қылмай мінбеге көтерілді, біздің сәлемімізге сартап тартқан жүдеу жүзіне мейірімді күлкі үйіріліп, жылы шырай жауап қайырды да, шіңкілдеген шыңылтыр даусымен:

— Мырзалар! — деп бір қойды.

Мектеп табалдырығын аттағалы бергі үш жыл ішінде бірде-бір мұғалім бізді "мырзалар" деп атап көрмеп еді. Сондықтан да Мори мұғалімнің "мырзалар" дегенін естіген сәтте бәріміздің көзіміз бағжиып, таң-тамаша қалғанымыз өз-өзінен түсінікті. Осы аңырған қалпымызбен демімізді ішімізге тартып, леп белгісімен аяқталған "мырзалар" деген сөзден кейін айтылмақ әңгімені, яки мұғалімнің осы пәнді жүргізу өзіне қалай жүктелгенін баяндаған ұзақ-сонар түсіндірмесін күттік.

Әйтсе де, "мырзалар" деуін дегенмен, Мори мұғалім ештеңе айтпады, тек класс ішін көзімен жай бір шолып шығып, үнсіз тұрып қалды. Ісіңкі жүзінде жаймашуақ күлкі ойнайды, бірақ көңілінде әлденендей алаң бар тәрізді, сиырдың көзіне ұқсаған ала көзінің қарашығы жылт-жылт жүгіріп, ерні тынымсыз жыбырлайды. Түріне қарағанда, бізден бір нәрсе өтінбек сыңайы бар, бірақ оның не өтініш екенін және оны бізге қалай жеткізерін мұғалім тап басып білмейтін сияқты.

— Мырзалар, — деп қайталады Мори мұғалім біраздан соң. Бұл жолы "мырзалар" деген сөзден кейін еш мүдіріс жасамай, асыға-аптыға: — Бүгіннен бастап сіздерге хрестоматияны оқытамын, — дегенді қосты.

Әуестік өршіп, оның бетіне қадала қарап, тыпыр етпестен тынып қалдық. Бірақ әлгі сөзді айтқасын Мори мұғалім класс ішін және бір мәрте жалынышты жанармен шолып шығып, бейне бүкіл денесін сірестіре тартып тұрған ішкі бір пернесі үзіліп кеткендей сылқ етіп отыра кеткені. Сосын ұялған тек тұрмастың керін келтіріп, класс журналын беті ашылған хрестоматиямен қатарластыра қойып, парақтай бастады. Танысудың бұлайша қысқа қайырылуы қарнымызды ашырғанын айтпаса да болар, дәлірек айтқанда, қарнымызды ашырып, күлкімізді келтірді.

Абырой болғанда, мұғалім күлуімізге дес бермеді, сиырдың көзіне ұқсаған ала көзін оқушылардың тізімінен тайдыра салысымен-ақ әкесінің атына "сан" деген сөзді тіркестіріп, бір оқушыны тақтаға шақырды. Бұл енді орныңнан тұрып, тәржімаға кіріс дегенді білдіретін еді. Оқушы атып тұрып, токиолық оқушыларға тән әдетпен дабдырлап, шапшаңдата сөйлеп, әлдебір ағылшын кітабынан, ұмытпасам, "Робинзон Крузо" болар, үзінді аударуға кірісті.

Мори мұғалім қолын деміл-деміл сия көк галстугына апарғыштап, оқушының тек сөздерді аударудағы ғана емес, дыбыс үндестігіндегі сәл-пәл қателіктерін де сыпайылықпен түзетіп отырды. Мори мұғалімнің ағылшын сөздерін айтуы бір түрлі өзгешелеу еді, бірақ, әйтеуір, басын жарып, көзін шығармай түсінікті, анық етіп жеткізетін, өзі сонысын іштей мақтаныш тұтатын тәрізді.

Дей тұрғанмен, оқушыны орнына отырғызып, мұғалімнің өзі аударуға кіріскенде кластың әр-әр жерінен құмыққан күлкі естіле бастады. Оның мәнісі мынада еді, ағылшын сөздерін айтуының тосындығын былай қойғанда, мұғаліміміздің кейбір жапон сөздерін білмейтінін байқадық емес пе, жапонның жапон тілін жетік білмеуі оғаш-ақ қой. Мүмкін ол сөздерді білуін білетін шығар, бірақ, әйтеуір, қажет кезінде есіне түсіре алмағаны анық. Мысалы, бір сөйлемді ол былай деп аударды: "Сөйтіп, Робинзон Крузо асырамақ болды. Кімді асырамақ болып еді? Әлгі бір қызық мақұлықты... олар өзі хайуанаттар паркінде көп көрінеді... қалай еді әлгі... өздері аузы-басын қисаңдатып мазақтағанды тәуір көретін ше... ой, сіздер жақсы білуге тиіссіздер. Әлгі, мынандай, беті қызыл ше... не дейсіз, маймыл? Иә, иә, маймыл Сонымен ол маймыл асырамақ болды". Бір ғана маймылдың төңірегінде осыншама әбігерге түскесін, оның басқа, бұдан да қиынырақ сөздерге қанша тер төгетінін шамалау қиын емес, қысқасы, бір сөйлемді дұрыс сөйлетіп болғанша байғұс бірді айтып, бірге кетіп, әбден шатасып шаршады. Онымен қоймай, Мори мұғалім қатты сасып, қайта-қайта қолын тамағына апарғыштап, сиякөк галстугын жұлып алардай тартқыштап, жан-жағына жаутаңдап қарағыштап, қысылып, қиналып бітті. Ара-арасында жалтыр басын қос қолдап ұстап, үстелге тесірейе қарап тұқырайып, үн-түнсіз дымы өшіп отырып қалады. Ондай кезде мұғалімнің онсыз да шағын денесі шүңкиіп, ішінен ауасы кеткен үрме шар құсап бүрісіп бір бейшара күйге түседі, сол сәт бізге оның жерге тимей орындықтан салбыраған екі аяғы бос кеңістікте жіпке ілініп тұрғандай көрінеді. Бұл жағдай оқушылардың күлкісін келтіріп, олар еріксізден-еріксіз мырсылдауға мәжбүр. Мұғалім аударған сөйлемін қайта бір пысықтауға кіріскенде, күлкі күшейе түсіп, ақыры алдыңғы партадан қарқылдаған күлкі естілді. Мейірбан Мори мұғалімге күлкіміздің қаншалықты ауыр тигенін қазір ғана сезінгендеймін, сол бір қатыгез күлкіні еске түсірсем-ақ болды, қос құлағымды тығындап алып айдалаға безіп кеткім келеді.

Қайткенмен де Мори мұғалім үзіліс болғанын хабарлаған қоңырау сыңғыры естілгенше аударуын доғарған жоқ. Тек ең соңғы үзіндіні оқып түгескен соң ғана кітапты жауып, жаңа бір әзірде өзін мазақ еткенімізді ұмытып кеткендей әдеппен қоштасып, аспай-саспай кластан шықты. Сол, сол-ақ екен, біз күлкіге ерік бердік, қарқылдап, шиқылдап, сақылдап, партаның қақпағын қақыратардай тарсылдатып қарық болдық; кейбір оқушылар мінбеге мініп алып, жаңа мұғалімнің іс-қимылы мен даусын салып қисаңдауға көшті. Тіпті класс старостасының белгісін таққан менің де қауқылдаса қаумалаған қалың оқушының ортасына шығып, әлдеқандай болып, мұғалімнің жіберген қателерін тергіштегенімді қайтерсіз... еске алудың өзі ұят. Ол бір ненің жөн, ненің теріс екенін білмейтін шала кез, кещеліктен көпірсем керек.

* * *

Бұл әлгі оқиғадан үш-төрт күн кейін, үзіліс сағатында болды. Бірер оқушы гимнастика алаңындағы құм үйіндісінің жанына жиналып алып, жақындап қалған жылдық сынақ жөнінде айтысып, дуылдасып, күнге қыздырынып тұрғанбыз. Кенет: "бір, екі!" деген әмірлі дауыс естілді де, құмға Тамба мұғалім дік ете түсті, ол сол маңда бір шоғыр оқушымен темір тұрыққа тартылып, жаттығып жүрген, үстіне жеңсіз желет киіпті, басында жеңіл телпек, өзі еңгезердей, салмағы артық-кемсіз 18 кан.

— Иә, жаңа мұғалімдерің, әлгі кім еді... Мори қалай? — деп сұрады ол. Тамба-сэнсэй де біздің класқа ағылшын тілінен сабақ беретін, бірақ өзі спортпен шұғылданғанды тәуірірек көретін, бұл іске көңілі құлағанына талай жыл болғандықтан джиуджицу мен қылыштасудың айтулы шеберлерінің арасында, олардың ағылшын тілін жаратпайтынына қарамастан, әжептәуір беделі бар-тын. Сондықтан бұл мұғалімнің сұрағына боксшының былғары қолғабын киген спортшы батырлардың бірі өзінде жоқ әдетпен жасқаншақтай жауап қатты:

— Өзі онша... қалай десем екен, өзі онша жақсы білмейтін сияқты.

Қол орамалымен шалбарына жұққан құмды қаққыштап тұрған Тамба мұғалім менменси мырс етті.

— Сенен нашар біле ме, немене?

— Жоға, менімен салыстырғанда тәуірірек болар.

— Онда несіне міңгірлеп тұрсың?

Батырымыз қолақпандай қолғап киген қолымен басын қасығыштап, жүзі төменшіктеп мүләйімси қалды.

Сол тұста класымыздағы ағылшын пәнінің бірінші білгірі батылдық көрсетті, мұрнына ілген көзілдірігін түзеп қойып, өзінің жасына лайық емес байыпты кейіппен қарсылық білдірді.

— О не дегеніңіз, сэнсэй, көпшілігіміз арнаулы институттарға түсуге талаптанып көрмекпіз, сондықтан да анау-мынау емес, іліп-шалып сабақ берумен шектеліп қана қоймайтын білімдар оқытушыдан дәріс алсақ па деген ойдамыз.

Бірақ Тамба-сэнсэй сол мардымси күлген қалпы:

— Сол да сөз бе екен, бар болғаны бір семестр ғана емес пе, кімнен оқысаңдар да қирап қалмайсыңдар.

— Демек, Мори-сэнсэй бізді бір семестр ғана оқытады екен ғой?

Бұл сұрақ, сыңайы, Тамба мұғалімді сәл састырған сияқты. Бірақ тіс қаққан неме еш жауап бермей, телпегін сыпыра салып, қысқа етіп қырыққан шашына қонған шаңды қаққыштауға кірісті, сосын бізге барлай бір қарап алды да, әңгіме барысын байқатпай ғана бұрып жіберді.

— Қайткенмен де Мори-сэнсэй қарт адам ғой, мінез-құлқының бізден өзгешелеу келуі заңды да... Бүгін бір қызық болды, таңертең трамвайға мінсем, ішінде Мори-сэнсэй отыр, қақ ортасына жайғасып алыпты, содан трамвай ол түсетін аялдамаға келгенде кенет: "Тексеруші, тексеруші!" — деп бар даусымен айқай салсын. Мені күлкі қысқаны сонша, қарқылдап жіберуге шақ қалдым. Не дегенмен тосындау адам екені рас.

Иә, әңгіме Моридің тосын іс-қылықтарына ауды дегесін-ақ, бізді тоқтату қиын-ды, ол туралы Тамба – сэнсэйсіз-ақ білетініміз шаш етектен...

— Бар ғой, Мори-сэнсэй жауынды күні үстіне еуропалық костюм, ал аяғына гэта киіп алады.

— Өзі ылғи белдігіне ақ қол орамалға түйілген бір нәрсені іліп жүреді, ол не дейсіздер ғой — таңертеңгілік тамағы көрінеді.

— Ал мен Мори-сэнсэйді трамвай ішінде көрдім, мықтап жақтау жіпке жабысып алыпты, биялайы жырым-жырым.

Тамбаны жан-жағынан қаумалап, жарыса сөйлеп, осы тәрізденген бос бірдеңені гөйітіп жатырмыз. Бұл әңгіме Тамбаның да жанына жаққан тәрізді, өйткені біздің шуымыз әбден үдеген кезде, телпегін саусағымен айналдырып тұрып, көңілді дауыспен:

— Сол да сөз болып па. Оның қалпағын айтсаңшы, сау-тамтығы жоқ.

Қызық болғанда дәл осы кезде, бізден небары он-ақ қадам жерде, екі қабатты училищенің есігінің аузында, спорт алаңының нақ қарсы бетінде Мори мұғалімнің күйкентайдай тұлғасы пайда бола кеткені, басында сол ескі қалпағы, қолы әдеттегідей сиякөк галстугінің төңірегінде. Есік алдында бірінші класс оқушылары бірінің арқасына бірі отырып, ат болып ойнап жүрген; мұғалімді көре салысымен бәрі иіліп, әдеппен сәлемдесе бастады. Мори-сэнсэй де сәулесі тас баспалдаққа түскен күннің өтінде тұрып алып, жүзі жыли жымиып, қалпағын сәл көтеріңкіреп әрқайсысына ықыластана жауап қайырумен болды. Әлденеге бұл көрініс бізге әсер етіп, қысылыңқырап қалдық, әзірдегі абыр-дабыр күлкіміз де тыйылды. Тек Тамба-сэнсэйдің қатты сасқаны сонша, үн-түнсіз тұрып қалуға да дәрмені жетпеді. "Қалпағының сау-тамтығы жоқ", — деп айта салысымен, тілін бір жылтың еткізді де, жылдам телпегін киді, сөйтті де, "бір!" деп қатты дауыстап, желет киген жуантық денесін лып еткізіп, темір тұрыққа асыла кетті. Сосын аяқтарын тарбитып жоғары көтерді де "екі!" деп дауыстап барып, шыныдай шыңылтыр қысқы аспанда денесімен айқын бедер сызып, тұрықтың төбесіне шықты. Өзінің қысылғанын қымтау үшін осынша әбігерге түсіп, шала бүлінген Тамба мұғалімнің қылығы күлкімізді келтіргені-ай. Бастарын шалқайтып, бір сәтке үн-түнсіз Тамба мұғалімге қарап қалған оқушылар осы тұста ду ете түсіп, футбол ойынын қызықтаушы жанкүйерлер құсап дуылдата қол соқты.

Өзгелерге ілесіп мен де қол соқтым. Бірақ дәл сол сәттен бастап өз еркімнен тыс Тамба мұғалімді жек көре бастағаным анық-ты. Бірақ бұған қарап Мори мұғалімге жаным ашыды деуге болмайтын. Мори мұғалімді мұқатпақ мақсатпен Тамба мұғалімге даурығып қол соққаным соның дәлелі. Қазір ойлап отырсам, сонда мен Тамба-сэнсэйді жек көре тұрып, Мори-сэнсэйге де жек көрінішімді білдірген сияқтымын. Әлде Тамба мұғалімнің "қалпағының сау тамтығы жоқ" деген сөзі менің Мори мұғалімге деген жек көрінішімді еселей түсті ме екен. Қалай болғанда да, қол соғып тұрып мектептің кіреберіс есігі жаққа айызым қанып, қоқилана қарағаным рас. Ал ол жерде, тас баспалдақ үстінде, қысты күні жарға жабысып, күнге қыздырынған жалқы шыбын құсап жарбиып, қаннен-қаперсіз, бірінші кластықтардың ойынын қызықтап Мори мұғалім тұрған-ды. Жәпірейген қалпағы мен сия көк галстугын айтсаңызшы... Бір жалт етіп қарағанда көзім шалып қалған, әлденеге күлкілі сияқтанып көрінген сол суреттің күні бүгінге дейін есімнен кетпейтіні несі екен?

* * *

Өзінің сыртқы сықпытымен, білімінің тайыздығымен алғашқы сабағында-ақ жек көрініш тудырған Мори мұғалім Тамба мұғалім аңдаусызда айтып қалған әлгі бір сөзден кейін бүкіл кластың мазағына айналды. Арада бір аптаға жуық уақыт өткен. Таңертеңгілік шақ еді. Кеше кешкісін бастап жауған қар жауынды күні спорт алаңы есебінде пайдаланылып жүрген баспанасымақтың терезеден жылтырап көрініп жататын кіреміт төбесін тұтас басып қалыпты. Алайда класс іші жылы-тын, пеште әбден қызған көмір маздап жатқан, тіпті терезенің әйнегіне жабысқан қардағы әлгіндей болмай еріп бітуге айналған-ды. Орындығын пеш алдына жақындатыңқырап қойып жылы жерге жайғасқан Мори мұғалім, даусы шіңкілдеп, жанын салып, хрестоматияға енген "Song af Life" өлеңін түсіндіруде, бірақ оны тыңдаған жан адам жоқ. Тыңдағаны былай тұрсын, тіпті кейбіреулер мүлдем басқа шаруамен айналысып ауа жайылып отыр, мәселен, менің парталас көршім, джиуджицудің шебері класқа кіргеннен-ақ "Буке-сэкай" журналын хрестоматияның астына жасырып, Осикава Сюнроның шытырман оқиғалы романын оқуға кіріскен.

Осылайша жиырма-отыз минуттай уақыт өтті. Сосын Мори мұғалім кенет орындықтан атып тұрып, Лонгфеллоның өзі әлгінде ғана түсіндірген өлеңін қайталап айта бастады, содан қызды-қызды адам тіршілігі жайлы пәлсапаға ауысты. Нақты не жайлы айтқаны есімде жоқ, бірақ меніңше ол өз өмірін, көрген-білгенін әңгімеге арқау еткен сияқты, өйткені оның соншама қызынып, толқып, қанаты жұлынған құс құсап қос қолын ербеңдетіп айтқан әңгімесінен мынадай бір үзік-үзік сөздер есімде қалыпты:

— Сіздер әлі адам тіршілігі жайлы ештеңе білмейсіздер. Білгілеріңіз келгенмен, білмейсіздер. Басты бақыттарыңыз да, міне, осы. Біздің жасымызға жетіп, біздің күйімізге түскенде, өмірдің не екенін әбден білетін боласыздар. Өмірдің тауқыметті тұстарын түсінесіздер. Ұғасыздар ма? Тауқыметі көп-ау. Мәселен, менің екі балам бар. Екеуін де оқыту керек. Ал оқыту үшін... оқыту үшін... ақша төлеу қажет. Иә, оқытуға ақша керек. Түсінесіздер ме? Сондықтан да тіршілікте тауқымет көп...

Алайда өміріндегі қиындықтары, тіршілік тауқыметі жайлы мұңын шаққан мұғалімнің қынжылысы өмірдің не екенін әлі парықтай қоймаған біздерге, сарыауыз шәкірттерге түсінікті болуы мүмкін емес еді. Түсінгенді қойып, біз әуелі ол мұңын шағып тұрғанда мұрын астынан мысқылдап күлдік емес пе. Бұл мысқылдың аяғы қарқылдаған күлкіге айналмағанына себеп болған нәрсе-мұғалімнің жұтаң киімі мен қамығыңқы жүзі болса керек, шынында да, ол сол тұрған бойымен, бар болмысымен тіршілік тауқыметінің айқын көрінісі, мысалы іспеттес-тін. Сондықтан аздап болса да аямау мүмкін емес еді.

Бірақ күлкіге тежеу салғанымызбен, мәселе осымен тәмам болмады. Менің қасымда отыратын джиуджицудің шебері оқып отырған журналын былай қойып, шапшаң орнынан тұрды:

— Сэнсэй, біз класқа ағылшын тілін оқытсын деп келдік. Ал бізді дұрыстап оқытпайды екен, класта отырып қажеті қанша? Егер сіз әңгімеңізді доғармасаңыз, гимнастика залына кетіп қаламын.

Осылай деп ол бетін тыржитып, дүрс етіп орнына отыра кетті. Сондағы мұғалімнің түрін көрсеңіз ғой. Төбесінен жай түскендей аузы ашылып, қиқар оқушының жүзіне аңырая қарап, пеш жанында үн-түнсіз қатты да қалды. Бір шамадан соң сиырдың көзіне ұқсаған ала көзі кәдуілгі жалынышты кейпін тауып, әдетінше қолын сия көк галстугына тигізіп, нақ бір жылап тұрғандай бет-аузы тыржия аянышты күлімсіреп, жылтыр басын қайта-қайта игіштеп:

— Мен кінәлімін. Мен кінәлімін және сол үшін кешірім өтінемін. Шынында, сіздер класқа ағылшын тілін үйренуге келесіздер ғой. Ағылшын тілін оқытпағаным үшін кінәлімін. Мен кінәлімін және өте-мөте кешірім өтінемін. Түсінесіздер ме? Өте-мөте кешірім өтінемін.

Пештің жартылай жабық аузынан түскен алаудың қызғылтым жарығы оның бешпентінің иығындағы, бүйіріндегі желінген, жұқарған жерлерін одан сайын айқындай түскен. Әр еңкейген сайын қызғылт-сары түске еніп, жарыққа шағылысқан жалтыр басы түйеқұстың жұмыртқасынан бір аусайшы.

Бірақ бұл аянышты көрініс Мори-сэнсэйдің мұғалім ретіндегі беделін бұрынғыдан бетер төмендеткені болмаса, маған тіпті эсер еткен жоқ, ол кезде біз не білгенбіз. Бейшара, орнын жоғалтып алудан қорқып оқушылардың алдында құрдай жорғалап, құрақ ұшады да. "Мұғалімдікті жаны жақсы көргеннен жүрген бұл жоқ, мұнікі амалсыздың күні, күнкөріс қамы", — деп ойладым мен сонда. Осылай ойладым да, оның киіміне, біліміне ғана емес, өз басына, адамдық болмысына қаным қайнап, жек көріп, хрестоматияның үстіне шынтақтай жатып алып, алаулап жанған пештің алдында жанымен де, тәнімен күйіп тұрған мұғалімді мазақ етіп ашықтан-ашық күлдім. Және бұлай істеген бір ғана мен емес едім.

Бейшара мұғалімнің өңі өзгеріп, үсті-үстіне кешірім сұрап бәйек болғанда, оны састырған джиуджицудің шебері маған жалт етіп бір қарап, қулана күліп Осикава Сюнроның хрестоматияның астына жасырылған шытырман оқиғалы романына қайтадан бас қойды. Ал күндегісінен бетер абыржыған, асып-сасқан Мори мұғалім үзіліске дейін жан ұшырып бақытсыз Лонгфеллоны аударды. "Life is real life, is lamest", — деп қайталаумен болды, бөздей бозарған жүзін тер жуған ол жалынышты дауыспен, оның сондағы үзіліп кетердей шыңылтыр даусы әлі күнге дейін құлағымда. Бірақ ол кезде осы шыңылтыр дауысқа ұқсаған миллиондаған қайғылы дауыстарды естуге бізде құлақ та, түсінуге түйсік те жоқ еді. Сондықтан да сол бір сағат ішінде қарадай ішіміз пысып, талайымыз-ақ ұялмай есінеп, өз бетімізше ерігіп отырдық. Ал Мори мұғалім болса, күйкентайдай денесі тас түйін болып қатып, пеш алдында қақиып тұрып, терезенің әйнегіне тиген қарға да көңіл аудармастан хрестоматияны сермелеп, бейне басында бір серіппе үздіксіз секіріп тұрғандай жан дәрмен: "Life is real life, is lamest", — деп шіңкілдеуден танбады.

* * *

Күнделікті күйіміз осы болып, арақатысымыз еш өзгермегендіктен, семестр аяқталып, келісімді мерзім бітіп, Мори мұғалім жөніне кеткенде, біздің еш қынжылмағанымыз, қайта қуанғанымыз түсінікті. Нақтырақ айтса, оның кеткеніне немқұрайды қарағанымыз сонша, тіпті дұрыстап қуанып та жарытпадық. Әсіресе сонан кейінгі жеті-сегіз жыл ішінде орта мектептен жоғары мектепке, ал жоғары мектептен университетке ауысқанда оны ризашылықпен еске алып, берген білімі үшін алғыс айтатындай күй менде де, өзгелерде де жоқ еді, сондықтан да оның өмірде бар екенінің өзін таза ұмытып кеттік.

Енді содан келіп күзде, университет бітіретін жылы... Бұл оқиға желтоқсанның басында, әдетте кешке қарай төңіректі қалың тұман торлап, аллеяда сап түзеген талдар мен шынар ағаштарының басынан жауыннан кейін сары жапырақтар саусылдап жерге түсетін кезде болған еді. Кандадағы букинистердің бәрін адақтап, Еуропа соғысынан кейін құнды, сирек затқа айналған неміс кітабының бірнешеуін қолға түсіріп қайтып келе жатқан бетім-тін. Күзгі қара суықтан қамсауланып жағамды көтеріп, Наканисия дүкенінің жанынан өтіп бара жатқам. Кенет әлденеге абыр-дабыр әңгіме, ыстық сусын жайлы ой түсті де, мен еш мақсатсыз, жайдан-жай сол төңіректегі кафеге кіре салдым.

Сөйтсем, әлгі кафем, ұядай ғана шағын болса да бос екен, үстел басында отырған жан адам жоқ. Бірнеше қатар етіп қойылған мәрмәр үстелдердің үстіндегі жиегі алтынмен апталған қант салғыштар жарыққа шағылысып жалтылдайды.

Бейне біреу мені алдап кеткендей көңілім ортайып, қабырғаға жымдастырылған айнаның қарсы алдына қойылған үстелге келіп отыра салдым. Келе қалған даяшыға кофе әкелуін сұрадым да, сигарамды суырдым, бірталай шырпыны шығын етіп оны әрең дегенде тұтаттым. Әлгіндей болмай-ақ үстеліме буы бұрқыраған бір шыны кофе де келіп жетті, бірақ терезе сыртындағы боз тұман құсап көңілімді торлап алған енжарлық тарар болмады. Букинистен сатып алған кітабымның қарпі ұсақ екен де, өзімді қызықтырған мақаланың (кітапты тек сол үшін ғана алғанмын) тіпті бір бетін де оқып түгесу оңайға түспейтінге ұқсайды. Содан лажсыз орындығымның арқалығына шалқайыңқырап отырып, біресе бразилиялық кофемді сораптап, біресе гаваналық сигарамды сорғыштап, қақ алдыма ілінген айнаға бейжай қарап уақыт өткізуге мәжбүр болғаным.

Айнадан сахнаның бір бөлігіне ұқсас екінші қабатқа көтерілетін баспалдақ, қарсы қабырға, ақ түске боялған есік, қабырғаға ілінген концерт жарнамасы айқын көрініп тұрды. Сондай-ақ, мәрмәр үстел, қылқан жапырақты ағаш өскен қондырғы, салбыраған электр шамы, фаянстан жасалған үлкен газ пеші, оған қоса пеш аузына шоғырланып алып әлдене жайлы әңгімелесіп отырған үш-төрт даяшы да көрінетін. Осылайша айнадан көрінген нәрселердің бәріне біртін-біртін ретпен көз тоқтата қарап отырып, ақыры пеш аузына жиналған даяшыларға жеттім, жеттім де әлгілердің қоршауында, үстел басында отырған кісіні көріп таңғалдым. Әуел баста оған назар аудармаған себебім, даяшылардың ортасында отырғасын, осы кафенің аспазы немесе басқа бір қызметшісі санасам керек. Бірақ таңданысымның басты себебі қаңыраған кафеде өзімнен өзге мейманның барын көргенім емес-ті. Мәселе мынада-тын: мейманның тұрпаты тек қырынан, болар-болмас көрініп тұрса да, жылтыр басының түйеқұстың жұмыртқасына ұқсаған бітімінен, әбден түсі оңып қарадан көкке айналған бешпентінен сол ықылым заманғы сиякөк галстугынан мен Мори мұғалімді жазбай таныған едім.

Оны көруім мұң екен, санамда арада өткен жеті-сегіз жылдағы тіршілік суреттері тізіле қалды. Орта мектепте ағылшын хрестоматиясын оқыған класс старостасы кезім мен үстел басына жайғасып алып, маңғазданып мұрыннан сигара түтінін бұрқыратқан қазіргі қалпымның арасында аз уақыт өтпегені, біраз өзгеріс болғаны өзіме аян. Не дегенмен де дүниедегінің бәрін өз дегеніне көндіріп, өзгертіп, өшіріп жататын уақыт асарын асап, жасарын жасаған мұғалім Мориге билігін жүргізе алмапты. Дәл осы кеште үстел басында даяшылармен бірге отырған мына мұғалім, сонау бір кезде, терезесінен күн сәулесі қарамайтын алагеуім класта бізге ағылшын хрестоматиясын оқытқан сол баяғы мұғалім. Жылтыр басы да өзгермеген. Сиякөк галстугы да қалпынша. Сол баяғы шіңкілдеген шыңылтыр дауыс... Байқауымша, өзі қазір де сол байырғы шіңкілдек даусымен даяшыларға әлденені барын сала түсіндіріп жатқан сияқты... Еріксіз жымиып, әлгіндегі енжарлығымды ұмытып, мұғалімнің даусына ынталана құлақ түрдім.

— Яки, мына зат есімді мына сын есім айқындайды. "Наполеон" — адамның есімі, сондықтан ол зат есім аталады. Түсіндіңдер ме? Ал бұл зат есімнің тасасында тура тасасында... не тұратынын білесіздер ме? Кәне, сен айтшы.

— Тәуелді... тәуелді зат есім, — деп кекештене жауап берді даяшылардың бірі.

— Немене, тәуелді зат есім? Тәуелді зат есімдер болмайды. Тәуелді... тәуелді... есімдік пе? Иә, солай, тәуелді есімдік. Бұл жерде есімдік "Наполеон" деген зат есімнің орнына жүреді. Ұқтыңдар ма? Есімдік дегеніміз — адам есімінің орнына жүретін сөз.

Сөз сыңайына қарағанда, Мори мұғалім осы кафенің даяшыларына ағылшын тілін оқытатын тәрізді. Мен орындығымды жылжытып, айнаның басқа тұсынан барып қарадым. Расында да, үстел үстінде хрестоматияға ұқсаған әлдеқандай ашық кітап жатыр.

Мори мұғалім кітаптың бетін саусағымен нұқығыштап, түсіндіріп біте алмай әлек. Бұл жағынан алғанда да сол бұрынғы күйінен еш өзгермеген. Тек оны қоршап алған даяшылардың ол кездегі оқушылардан айырмашылығы — жан-жақтан ентелеп, көздері жанып, мұғалімнің түсіндірмесін бар ынталарымен тыңдауларында.

Осы бір көріністі айнадан бақылап отырып көңілімде Мори мұғалімге деген жылы сезім оянғандай. Қазір жанына барып өзімен көптен бері көріспегеніме өкініш білдірсем бе екен деп бір ойладым. Бірақ мұғалімнің есінде қалуым екіталай-ау, класс ішінде тек бір семестр ғана кезіккен мені қайдан жадында ұстасын. Ал тіпті есінде сақтасын делік... Сондағы келеңсіз күлкіміз, Мори мұғалімді келеке еткеніміз есіме түсті де, жөнімді айтпағаным оған көрсетілер үлкен құрмет боларын түсіндім. Кофемді ішіп біткен едім, тартылып бітпеген сигарамды үстел үстінде қалдырып, ақырын ғана орнымнан тұрдым. Әйткенмен, қанша дымымды шығармайын десем де, мұғалімнің назарын өзіме аударып алдым-ау деймін. Өйткені орнымнан тұрған кезде, сарғыш тартқан сартап жүз, домалақ бет, кірлеу жаға мен сиякөк галстук мен жаққа қарап қалыпты. Сөйтіп, мұғалімнің сиыр көзі мен менің жанарым айна бетінде бір сәтке ғана ұшырасқаны. Алайда өзім ойлағандай-ақ оның көзінен ескі танысын көрген адамның күйін сездіретін ештеңе көре алмадым. Тек бір байқағаным, көзінде сол баяғы жалыныш.

Көзімді төмен тайдырып әкетіп, даяшыдан есеп қағазымды алдым да, есеп айырысу үшін кафенің кіре берісіндегі үстелге таядым.Үстел басында жылмита таралған шашын сәнмен қақ жарған таныс аға даяшы ерігіп отыр екен.

— Ана жақта адамдарыңыз ағылшын тілін үйреніп жатыр ғой. Оларды кафенің өтінішімен оқыта ма? — деп сұрадым мен ақшамды беріп жатып.

Аға даяшы есік сыртындағы жүргіншілерден көзін алмастан, жаратпаған сыңаймен жауап берді:

— Қайдам, оған өтініш айтқан ешкім жоқ. Жай өзі күнде кешкісін келіп, осылай оқытып отырғаны. Енді басқа не істесін, бұрын ағылшын тілінің оқытушысы болған көрінеді, қазіргі қалт-құлт түрі мынау, бұл күйімен еш жерде жұмысқа алмасы белгілі, содан бірдеңе етіп уақытын өлтіру үшін сүйретіліп келіп жүргені де. Бір шыны кофені ермек етіп бүкіл кешті өткізеді, қысқасы, бізге кіргізер кірісі де шамалы.

Даяшының жауабын тыңдап тұрып мен Мори мұғалімнің өзі де білмейтін әлдене жайлы өтініп, жалына қараған жанарын көз алдыма елестеттім. Әй, Мори мұғалім-ай. Енді ғана оның қандай адам екенін бағдарлағандаймын. Егер өмірде туа ұстаз боп жаралған жандар бар болса, ол соның нақ өзі. Бір минут ағылшын тілін оқытпай қоя тұру ол үшін тыныс алуды қоюмен пара-пар екен ғой. Алда-жалда солай етуге мәжбүр болса, дәл сол сәтте-ақ ол бойынан ылғалы кеткен өсімдік құсап солып қалар еді. Әр кеш сайын осы кафеге бір шыны кофе ішуге келуінің сыры да сонда. Сөз жоқ, ол бұны еріккеннен немесе аға даяшы ойлағандай уақыт ұттыру үшін істемейді. Баяғыда біз де оның адал ниетіне күмән келтіріп, келеке етіп, тек күні үшін сабақ беріп жүр деп ойлап едік, қазір сол кездегі жаңсақ ойым үшін ұялғаннан басқа амалым жоқ. Апыр-ай, осындай толып жатқан "уақыт өлтіру үшін", "күні үшін" деген сияқты теріс ой, тікенек сөзден біздің Мори мұғалім қанша жапа шекті екен десеңізші. Және осылайша азаптанып жүріп еш сыр бермейтінін қайтерсіз, өзінің көне қалпағын киіп, сиякөк галстугын тағып, шытырман ерліктерге аттанған Дон-Кихот құсап қалқайып аудармасын жасай береді. Тек анда-санда жанарында бір жалынышты от жылт ете қалады, бұл өзі оқытып жүрген оқушыларынан, мүмкін, тіпті тірлігінде кезіккен бар адамдардан болар, аяушылық тілеген азапты жалынышты.

Осындай аяқ асты келген ойлар қамалаған, әлдебір түсініксіз толқу еңсемді езген мен не жыларымды, не күлерімді білмей сілейіп қалдым, сосын түрілген жағама жүзімді жасырып, тездетіп кафеден шықтым. Ал арт жақта, жанарды жасауратқан жап-жарық электр шамы астында, келушілердің саябыр сәтін пайдаланып қалуға асыққан Мори мұғалім құныға құлақ қойған даяшыларға сол баяғыдағыдай шіңкілдек даусымен ағылшын тілін үйретіп жатты.

— Яки, бұл сөз адам есімінің орнына жүретін болғандықтан есімдік деп аталады. Ұқтыңдар ма? Есімдік... Түсінікті ме?

Аударған Б.Қожабекова


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз