(новелла)
Бұл Гэнна жылы ма, әлде Каньэй жылы ма, әйтеуір, өте ертеректе болған еді.
Ол кездері құдайдың қасиетті ілімін қабылдаған адам өзінің нанымы жайлы жұртқа білдіріп алса-ақ болды, оны сөзсіз отқа өртер еді немесе бағанға шегелейтін-ді. Бірақ қуғын-сүргін күшейген сайын құдіреті күшті құдай тағаланың қасиетті іліміне нанушылар көбейе түскен-ді. Кешкі шапақ төңірекке қызыл-жалқын жарығын шашқанда Нагасаки деревнясының төңірегінде періштелер мен әулиелер жиналады екен. Тіпті әуелі Сан Дзёан Батистаның өзі Мигэру-Яхэя деген діндарды іздеп келіп, онымен Уракамидағы су диірменінің басында жолығысыпты деген де сөз бар. Бұл кезде ібіліс те қарап жатпаған, ол біресе арабтың кейпіне еніп, біресе жат жерлік апиынға айналып діндарлар тұратын деревняларды төңіректейтін көрінеді. Рас болса, жер астындағы түннің қайсы, күннің қайсы екенін ажыратуға болмайтын қараңғы қапаста Мигэру-Яхэяның мазасын алған тышқандар да ібілістің өзі дейді. Гэннаның сегізінші жылының күзінде Яхэяны өзі сияқты он бір құдайға нанушымен бірге отқа өртеді. Бұның Гэнна ио Каньэй жылы болғанын білмеймін, әйтеуір, өте ертеде болғаны анық.
Тау бөктеріндегі сол Ураками деревнясында О-Гин есімді қыз тұратын-ды. О-Гиннің әке-шешесі Нагасакиге сонау Осакадан көшіп келген-ді. Бірақ жаңа жерге үйренісіп үлгермей-ақ екеуі де қайтыс болды да, О-Гин жалғыз қалды. Олар өзге жерден келгендіктен қасиетті ілім жайлы білмейтін еді. Олар Сакья-Мунидің іліміне, буддизмге нанатын. Бір француз иезуитінің сөзіне қарағанда, тумысынан зұлым Сакья-Муни бүкіл қытайдың қуыс-қуысын шарлап, будда Амиданың ілімін таратыпты. Сосын сол мақсатпен Жапонияға да жетіпті. Сакья-Мунидің ілімі бойынша, біздің анимамыз күнәміздің аз-көптігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай не егізге, не ағашқа айналады екен. Ол аз болса, Сакья-Муниді жарық дүниеге әкелген мезетте анасы өліп кетіпті. Сакъя-Мунидің ілімінің көңілге қонымсыз екенін былай қойғанда, оның теріс екені де анық. Алайда О-Гиннің әке-шешесінің бұны білуі мүмкін емес еді. Тіпті соңғы демі таусылғаннан кейін де олар Сакья-Мунидің іліміне нанумен болды. Қарағайдың саясындағы көңілсіз зиратта жатып өздерін тозақ күтіп тұрғанын білместен жұмаққа баратын күндерін ойлап қиялдайды.
Бірақ бүлдіршін О-Гин әке-шешесі құсап қараңғылық зардабын тартқан жоқ. Сол деревняның тұрғыны, мейірбан шаруа Дзёан-Магосити оны асырап алып, қасиетті еумен жуындырып, Мария деп ат қойды. О-Гин Сакья-Мунидің өмірге келе салып, сұқ саусағымен көкті безеп, күркіреген дауыспен: "Көк пен жердегі жалғыз әулие менмін!" — дегеніне сенбейді. Оның есесіне "асқан қайырымды, мейірбан, нұр сипатты Санта – Мария-саманың" күнәдан пәк екеніне нанады.
Сондай-ақ "креске шегеленіп өліп, тас табытқа салынған", терең көмілген Дзэсусудың үш күннен кейін қайта тірілгеніне де нанады. Қаһарлы көк қазысының кернейі тартылғанда "мәртебелі, айбынды құдай тағаланың көктен түсіп, адамдардың күлге айналған денесіне дем бітіріп, жан қайтаратынына, тура жолдан таймағандарды жұмаққа жіберіп, ал күнәһарларды тозаққа түсіретініне" де иланады. Әсіресе сагурамэнтоға сенеді: "Қасиетті сөздің күшімен нан мен шарап өзінің сыртқы пішінін өзгертпестен тәңірінің тәні мен қанына айналады" дегенге имандай ұйиды. О-Гиннің жаны марқұм ата-анасының жандарындай құр қуыс, құнарсыз шел емес еді. Оның жанында раушан гүлдер гүлдеп, көкорай шалғын жайқалып тұрған-ды. Ата-анасынан айырылған соң О-Гин Дзёан-Магоситидің асыранды қызына айналған. Магоситидің әйелі Дзёана – О-Суми де қайырымды әйел-тін. О-Гин өгей әке-шешесіне мал бағысып, арпа түйісіп, ың-шыңсыз тірлік кешіп жатты, бірақ сөйте тұра жерлестерінің көзіне түсіп қалмауға тырысып, жасырын түрде дұға оқып, діни рәсімдерін жасаушы еді. Құдық басындағы інжір ағашының саясында, аспандағы жаңа туған айға қарап О-Гин жанын сала жалбарынатын. Шашы иығына төгілген бойжеткеннің дұғасы тым қарапайым еді: "Рақымыңа құлдық, қайырымды құдай-ана! Әулие Хауа-ананың қуғын көрген перзенті өзіңе тәу етеді.
Мейірімді жанарыңды бір сәт көз жасы көл болған бейбаққа сала гөр! Әмин!"
Ақыры күндердің бір күні, натара түні күзетшілер ерткен ібіліс Магоситидің үйіне кіріп келді. Магоситидің үйінде, үлкен ошақ ішінде "қасиетті от" жанып жатқан-ды, ыстанған үй қабырғасында крест ілулі тұрған. Бұның бәрі аз болғандай күзетшілер үй сыртындағы кілетке кіргенде астауға құйылған суды көреді, бұл жас нәресте Дзэсусу-саманы шомылдыратын су еді. Күзетшілер бір-біріне бас шұлғысты да Магосити мен әйеліне жіп ала жүгірді. О-Гинді де байлап тастады. Бірақ үшеуі де қорыққан сыңай танытпады. Өздерінің жанын күнәдан сақтап қалу үшін олар не азапты да тартуға әзір еді. Құдай тағаланың оларды ескерусіз қалдырмасы, қорғап-қоршары анық-ты. Тіпті оларды натара түні ұстағаны да көк тәңірісінің қайырымдылығын көрсетпей ме? Үшеуі бейне өзара келісіп алғандай осылай ойлаған болатын. Күзетшілер оларды байлап-матап, наместниктің сарайына алып келеді. Жол бойы үшеуі дұға оқумен болды.
— "Бэрэн елінде туған Вакагими-сама, қазір қайдасың? Даңқың арта берсін!"
Олардың ұсталғанын көрген ібіліс мәз-мейрам болып күліп, қуана қолын шапақтады. Бірақ үшеуінің мойымағаны ептеп ашуын да келтірді. Жалғыз өзі қалғасын ібіліс жерге бір түкіріп, үлкен тас келіге айналды да, тасыр-тұсыр домалап, қараңғы түнекке еніп жоқ болды.
Дзёан-Магоситиді, Дзёанна – О-Сумиді және Мария О-Гинді зынданға тастап, қасиетті ілімнен бас тарттыру үшін үздіксіз қинап-азаптаумен болды. Бірақ суға салса да, отқа қақтаса да олар өз дегендерінен қайтар болмады. Мейлі, тән күйіп, ет отқа шыжғырылсын, тек осы азапқа төтеп берсе болғаны, онда бұлар сөз жоқ, жұмаққа барады.
Олар құдіреті күшті құдайдың рақымы жайлы ойласа-ақ болғаны, тас түнек зындан іші жарқырап сала беретін-ді. Оның үстіне, иә түстерінде, иә өңдерінде екені белгісіз, әйтеуір, періштелер мен әулиелер ұшып келіп, кезек-кезек жұбататын. Тәңірінің рақымы әсіресе О-Гинге көп түсті. Бірде Сан-Дзёан Батиста әулие қос қолын бірдей созып, қос уыс шие ұсынып, "мынаны же" десе, енді бірде жебірейіл Габуриэру ақ қанатын қусырып, көркем алтын тостаққа құйылған су ұсынады.
Наместник қасиетті ілімді де, Будда ілімін де білмегендіктен тұтқындардың неге сонша қасарысатынына түсінбей таң-тамаша қалды. Ол тіпті осы үшеуі жынданып кеткен жоқ па деп те ойлады. Ал енді үшеуінің есі дұрыс екенін білген сәтте, олар оның көзіне алып айдаһар, иә болмаса жалғыз мүйізді теңіз құбыжығы, қысқасы, адам емес, аң тәрізді болып елестеді. Ал бұндай қорқынышты аңдарды тірі қалдыру заңға ғана қайшы емес, бүкіл елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай еді. Тұтқындарды зынданда бір ай азаптап, ол ақыры өртеуге шешім қабылдады. (Шынын айтқанда, наместник олардың тірі қалуы елдің қауіпсіздігіне қатер төндіре ме, жоқ па, аса парықтап ойлаған жоқ еді, өйткені заң тұрғанда, халық арасында әбден қалыптасқан түсінік барда, бас қатырып не керек).
Тіпті деревня шетіндегі жазалау орнына әкеле жатқанда да Дзёан-Магосити бастаған үш діндар қорыққан түр көрсетпеді. Жазалау орны болып зират қасындағы йен тастақ жер таңдалып алынды. Оларды осы жерге әкеліп, нендей қылмыстары үшін жазаланатынын айтқан соң төрт қырлы жуан бағандарға байлап тастады. Сосын алаңқайдың қақ ортасына бағандарды бекітті, ортаға Дзёан-Магоситиді тұрғызып, оң жағына Дзёанна – О – Су-миді, сол жағына Мария О-Гинді қойды. О-Суми үздіксіз азаптаудан қартайып кеткен тәрізді. Магоситидің де тікенектеніп кеткен бетінде қан-сөл жоқ еді. Ал О-Гин ше? О-Гин оларға қарағанда көп өзгере қойған жоқ-ты. Бірақ, қалай болғанда да, құрғақ бұтақ үстінде тұрған үшеудің де жүзі сабырлы еді.
Жазалау орнына біршама адам жиналып қалған-ды. Қызықтаушылардың ар жағында шоқ-шоқ қарағайлар бұтақтарын тарбита жайып, қасиетті далдалар құсап желкілдеп тұр.
Бүкіл дайындық істеліп біткен кезде сақшылардың бірі салтанатты түрде алдыға шығып, жазаға кесілгендердің қасына келіп, оларға қасиетті ілімнен бас тарту-тартпау жөнінде ойлануға уақыт берілетінін хабарлады. "Жақсылап ойланыңдар, егер қасиетті ілімнен бас тартсаңдар, аяқ-қолдарыңды шандыған жіп дереу шешіледі", — деді ол Бірақ жазаға кесілгендер жауап қатпады. Олар зеңгір аспанға қарап күлімсіреп тұрды.
Төңіректе жым-жырт тыныштық орнады. Тек сақшылар ғана емес, көрермендер де үнсіз тынып қалған. Барлығының көзі жазаланушыларда. Бірақ барлығы толқығаннан тынышталмаған еді. Көрермендер оттың жануына асықса, сақшылар күтуден жалығып, сөйлесуге ерініп тұрған-ды.
Кенет тұрғандардың бәрі тосын бір сөзді естіп елең ете қалды.
— Мен қасиетті ілімнен бас тартам.
Дауыс О-Гиндікі еді.
Көрермендер шуылдасып кетті. Бірақ артынша қайта тым-тырыс тына қалды. Магосити О — Гинге бұрылып, күйзеле тіл қатқан-ды.
— О-Гин! Сені ібіліс арбады! Енді сәл ғана шыдасаң, тәңірінің нұр сипатын көресің.
Ол сөзін аяқтап үлгермей, О-Сумидің әлсіз даусы естілді:
— О-Гин! О-Гин! Сенің жаныңды ібіліс жайлап алды! Дереу дұға оқы!
Бірақ О-Гин жауап қатпады. Әлденеге тұрғандардың сырт жағындағы жапырағын жайған қарағайларға қадала қарап қалыпты. Бір сақшы О-Гинді босатуға бұйрық берді.
Бұны көрген Дзёан-Магосити тағдырына мойын ұсынғандай көзін жұмды.
Байлаудан босатылған О-Гин біршама уақыт қозғалуға дәрмені жетпей мең-зең болып тұрды. Бірақ Магосити мен О-Сумиге көзі түсуі мұң екен, дереу екеуінің алдына тізерлей құлап, бір ауыз сөз айтпастан көз жасына ерік берді. Магосити көзін ашпады. О-Суми О-Гинге қарағысы келмегендей теріс айналып кетті.
— Әкетайым, анашым, кешіре көріңдер мені! — деп тіл қатты ақыры О-Гин.-Мен қасиетті ілімнен бас тарттым. Өйткен себебімді айтайын, анау бұтақтары салбыраған қарағайларды көріп маған кенеттен бір ой түсті. Осы қарағайлардың көлеңкесінен мәңгілік мекен тапқан ата-анам қасиетті ілімді білген емес, сондықтан да тозаққа түсетін болар. Егер жалғыз өзім жұмаққа барсам олардың алдында қара бет болмаймын ба. Сондықтан да мен әке-шешемнің соңынан еріп тозаққа түсем. Ардақты ата-анам! Екеуің Дзэсусу-сама мен Мария-самаға жетіңдер! Ал қасиетті ілімнен бас тартқан мен бейбақ енді жер басып жүре алмаспын...
Үздік-создық дауыспен осылай деген О-Гин еңіреп қоя берді. Сол кезде Дзёанна – О-Сумидің де жанарынан жас тамшылай жөнелді. Жұмаққа баруға жиналған адамның аһылап-уһілеуі жарасымсыз іс еді. Дзёан-Магосити қасындағы бағанға таңулы әйеліне бұрылып, ақырып жіберді:
— Сені де ібіліс арбауына түсірді ме? Егер қасиетті ілімнен бас тартқың келсе, мейлің, білгеніңді істе. Жалғыз өзім көз алдарыңда өртеніп әлем!
— Жоқ, мен сенімен бірге өртенем! Бірақ бұны...— деді О-Суми көз жасын жұтып, — бірақ бұны жұмаққа барғым келген соң істемеймін. Мен тек сенімен, әрдайым сенімен бірге болу үшін осылай еттім.
Магосити ұзақ уақыт үндемей қалды. Беті бір бозарып, бір қызарды. Маңдайы шып-шып терледі. Магосити өзі сонша ұмтылған жұмағын көз алдына елестетіп көрді. Өзінің жанына таласқан періште мен ібілісті де көрді. Егер осы кезде бұның аяғын құшқан О-Гин басын көтермесе... Бірақ О-Гин басын көтерген еді. Жас толы жанары жалт-жұлт етіп Магоситиге қадала қарады. Оның көзінен бейкүнә бойжеткеннің кіршіксіз таза жаны ғана емес, адамның жаны, Хауа-ананың қуғындалған қызының жан-дүниесі жарқырап көрініп тұрған еді.
— Әке! Тозаққа барайық! Анамды да, мені де марқұм болған ата-анамды да — бәрімізді де ібіліс әкетеді.
Одан әріге Магосити шыдамады. Ақырындап тізесі бүгіле берді.
Қасиетті ілімге нанатындарды азаптау жайында елімізде талай аңыз-әңгімелер бар, мына әңгіме діни нанымнан бас тартудың ең масқара мысалы ретінде біздің заманымызға дейін жеткен екен. Иә, үшеуі бірдей қасиетті нанымнан бас тартқан кезде тұрғандардың бәрі-кәрісі мен жасы, әйелі мен еркегі бар — оларды қатты жазғырыпты. Мүмкін, олар өздері көруге құмартып келген отқа өртеудің болмай қалғанына ренжіген болар. Аңыздың айтуына қарағанда, қатты қуанған ібіліс үлкен кітап кейпіне кіріп, түнімен жазалау орнының үстінде ұшып жүріпті деседі. Әйткенмен бұл оқиғаның ібіліс сонша қуанатындай үлкен жеңіс екендігіне автор қатты күмәнданады.
Аударған Б.Қожабекова
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі