Анда-санда ауылдан келіп, әңгіменің майын тамызып айтып отыратын әкей лашығымызда көсіліп жатып, көп уақыт бөгеле бермейді. Ары кетсе үш-төрт күн қонады да, қайтуға асығады. Қаланың тірлігі сондай, алыстан сыйласатын әдетке көшкелі қашан. «Өзіміз пәтер жалдап тұрып жатқанда, бөгелмегені де дұрыс болды ма», — деп ойлап үлгеретін бізден не үміт, не қайыр?.. Бізге сабақ болсын дей ме, әулетіміздің аяулы аналары, аталары туралы көбірек тоқталатын. Сондай әңгімелердің бірі қаламыңды алып қашып, қағаз бетіне төгіле жөнеледі...
Алтайдың арғы бетінде Бағышай анамызға құдалық айттырған Арықбай шалдың (төртінші атамыз) құдасы Семей өңіріне қоныс аударады. Ол кез қазақтың даласы талан-таражға түспеген, шет-шекара жоқ, ары-бері көшіп-қонып жүре беретін. Уағдаласқан сөзі бар, баласын ашамайға мінгізіп көшіп кеткен құдасын іздеп келген Арықбай ақсақалға Бағышайдың әкесі: «Балаң тым жас. Біздің қыз болса ержетіп қалды. Бақытын басқадан іздесем бе деп отырмын. Берген қалың малыңды алдыңа салып берейін, ыразы-қош боп қайт», — дейді. Атамыз оған көнбейді. Ақыры бұл дау-дамай елдің игі жақсылары бас қосатын үлкен жиында талқыланатын болып шешіледі. Бір айдай күткен ол жиынның да уақыты келеді. Елдің сорпа бетіне шығарлары бас қосып, кеңес құрған алты қанат ақ орданың сыртына келген Бағышай анамыз: «Мені іздеп келген кісілер қандай адамдар екен, көрейінші», — деп үйдің жабығынан сығалайды. Төрде қас-кірпігі көзін жапқан, аппақ сақалы кеудесіне түскен абыз тұлғалы ақсақалды көріп: «Мына кісінің кәріне ұшырасам, менің де жолым болмас», — деп іштей байламын да жасайды. Кеңес қыза-қыза келіп, қыздың өзіне жүгінуді жөн санап, ортаға шақырылады. Есіктен иіліп сәлем беріп кірген қызға сөз тізгіні беріледі. Қыз да бөгелместен байламын айтады. «Ақсақалдар, абыздар! Төлеген қалың малын алдына салып мына кісіні «итке қос артқандай» етіп ауылына қайтару жөн білетін адамның шаруасы емес. Әлпештеп, аялап өсірген ата-анамның алдында қарыздармын. Бірақ кез келген аттың басына сала беретін ноқта-жүген емеспін ғой. Кімге атастырса, соған барайын. Баталарыңызды беріңіздер», — дейді. Шарт жүгініп отыра кеткен Арықбай ақсақал алдымен қолын жайып, көзінен аққан жас сақалын жуып, дауысы дірілдеп ұзақ бата береді. Жүйелі сөзге жығылатын халық жасау жабдығымен, салтанатымен Бағышай анамызды аттандырып салады...
«Арықбай атаңның талай батасын алған Бағышай анаңның бұл бір ғана әңгімесі ғой. Жатқан жері жарық болсын! Сол кісілерден өсіп-өнген біз де бір қауым ел болдық. Сендерге иманы мен ізгілігі, санасы мен салауаты жұғысты болсын», — деп бетін сипайтын әкеміз. Ізгілік пен иман, ар-ұятты ұрпағының ең ұлы қазынасы санайтын үлкен кісілердің аманатына адалдық пен қиянат — күнделікті тіршілігімізден менмұндалап көрініп тұратын қарапайым іс-әрекеттеріміз екен...
Біздің ауылдың үлкен кісілері нағашы деп атайтын (руы Төртуыл Найман, Бағышай анамыздың руынан болған соң, үлкендер нағашы дейді екен), жасы елулер шамасында, жолдасы ертерек марқұм боп кеткен Нұржамал деген кісі болды. Бір ұл, бір қызы бар-тұғын. Ұлы ертерек үйленген, балалы-шағалы. Қызы сәл кештеу, біз үшінші, төртінші сыныпқа барып жүргенде тұрмысқа шықты. Аты — Аққыз. Сол Аққыз ұзатылып, алты-жеті ай боп қалған кезде ғой деймін, үй ішіндегілеріне хат жазып, үкілі сәлемін жолдапты. Ол кезде хат жазу, хат алу деген бір керемет дүние. Мектептен келе жатып осы қуаныштың куәгері болғаным бар. Нағашымыз латынша қаріп таныған, кейінгі Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуын (қытай қазақтары басында латынша, жетпісінші жылдардың соңында төтеше жазуға көшкен) тани бермейтін. Мені жолшыбай көріп қалып: «Қызымнан хат кепті. Үйде ешкім жоқ еді, оқып берші, шырағым», — деген соң, апаның үйіне бұрылып кеттім. Конверттің аузын жыртып, оқып жатырмын. Аман-сәлемнен басталған Аққыздың хаты ауыл аймақ, бота тайлақтың хал жағдайын сұрап, өзінің елді қатты сағынғандығын айтып, бір күңіреніп алады екен. Барған жеріне тастай батып, судай сіңгендігін де жеткізіпті. Хаттың соңы «Жеңеше, құлағыңызға сыбырлайыншы»,— деп тәмамдалғанда, апам жылап қоя берді. Көзінің жасын сүртіп, қолын жайып, іштей бірдеңелерді күбірлеп, бетін сипады. «Рахмет, құлыным, рахмет», — деп бетімнен сүйді. Ештеңе түсінбей мен отырмын. Әйтеуір, өз шаруамды атқардым. Қалтама толтырып кәмпит салып берген соң, үйге зыттым. Үйге кеп шешеме тындырған ісімді мақтанышпен баяндап жатырмын. Тек хаттың соңында Аққыздың жеңгесіне сәлем жолдап, «құлағыңызға сыбырлайыншы» дегенге апаның жылағанын, қолын жайып тілек тілегенін түсінбегенімді айттым. Шешем де елең ете қалды. «Тәңір жар болсын! Жеңілдігін берсін. Оны біліп не қыласың, түге», — деді де қойды. Кейін білдім. Сөйтсек, Аққыздың ішіне шикі ет бітіп, оны жеңгесіне ибалы ишарамен жеткізген түрі екен ғой. Қайдан білейік...
Қоғамдық көлікте келе жатып, бүкіл автобусты басына көтеріп сөйлескен ана мен қыздың әңгімесі осы оқиғаны ғайыптан еске түсірді. Тыңдайын деп тыңдамайсың, қатты айтылған сөздер құлағыңа кіріп-шығып жатады. Телефоны безек қаққан орта жастағы әйел біреумен сөйлесіп келе жатқан. Кенет: «Ой, қызым құтты болсын», — деп айқайлап жіберді. «Енді олардың отымен кіріп, күлімен шықпай өзіңді дұрыстап күт. Адамнан адам шығу оңай емес», — дегенде автобус толы адам өздері мүлде танымайтын бір әйел затының жағдайынан хабардар боп үлгерді. Ана мен қыздың сөзі күнделікті телесериалдардан көріп жүрген бөгде жұртта болатын мүлде жат қылықтар. Әлдеқашан ұмыт боп кеткен Аққыз сонда есіме түсті. Мен ғана емес, біраз жұрттың көп нәрсені естен шығарып алғаны тосын әңгімеден санамда салмақталып, аласапыран күй кештім. Ұлтқа тән ибалылық, нәзік құбылыстар бырт-бырт үзіліп, қарабайыр қатынасқа түскен сүреңсіз өмір кешуге мықтап кіріскен қоғамнан қашсақ құтылмас секем жайлады көңілді. Ол аз болғандай, радиоқабылдағыштың құлағына маза бермей келе жатқан ,жүргізуші жігіттің сорғалап төгілген халық әнінің үстінен түскенде «ой, шешеңнің...», — деп бір боқтанып алып, ары қарай қиқылдап-шиқылдаған музыкаға басын шұлғып, «көңілді күй кешкені» онан әрмен мазаны қашырды. «Қағынған жатырдан құтырған ұл туады». Біз онша қара аспанды төндіріп трагедия санамайтын дөрекі барыс-келістің «өнімі» емей не? Қағынан жеріген деген осы шығар. Әттең, бүгінгі егілген бір тал дәннің, ертеңгі қара орман екендігін сезіне алсақ, ұмытуға болмайтын заң-закон қаншама?..
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі