Өлең, жыр, ақындар

«Сары иттің ауылы» атанбас үшін...

«Қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған, ақсақалдың алдын кеспеген халық» деп жатамыз. «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ». Бұл енді алғашқы айтқан сөзіміздің анықтауышы іспетті. Отыз тістен шыққан сөздің қандай бастан жария болғанына аса мән беретін болмысымыз осы тұстан мағұлым. Шалкиіз айтады:

«Тебінгінің астынан

Ала балта суырып,

Тепсінісіп келгенде

Тең атаның ұлы едің,

Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті».

Өйтсек, аталы сөз айтар ауыздың Құдай жаратқан өзгеше болмыс-бітімі бар екен. «Мен ісімді Хаққа тапсырған» хакімдік болмаса «күйбеңдескен көп жаманнан» биік тұрар жаратылыс керек екен. Ол жаратылыс — «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» болмақ-дүр. Бірақ «сөзім бар да, көзім жоқ» қалпы қартайып барамыз… Баяғының жай адамын қойып, батырларының өзі өз орнын біліп, қаланар кетігін адаспай табар қасиетін аталарымыз айтып отырушы еді…

Жоңғар шапқыншылары қазақ даласын жаулап, ата қонысымызға көз алартқан қиын күндер жадымызға жазылған. Бір жолы басым күшпен келген жоңғар әскеріне қарсы аттанған Абылай басқарған қазақ қолы қатты шайқасады. Сан жеңіліп, сан шегініп, ілгерілеудің бірінде қазақ қолы шайлығып, қаша соғысады. Алды жөңкіле қашқан сарбаздардың артын соғысқа бастап кіру қиынға соғады. Оның үстіне неше күндік сайыстан сарбаздарды қойып, тұлпарлар да бұрлығады. Шаршап, шалдықса да жоңғардың қалың әскерінен қайтпай Абылай хан толарсақтан қан кешіп, ұрыс даласынан шегінбейді. Осыны байқаған Жәнібек батыр (ол кезде Жәнібектің батыр атағы шығып, аса таныла қоймаған кезі екен) бір бүйірден ұшыртып келіп, Абылайдың алдын кес-кестеп тұра қалып:

— Алдияр тақсыр! Атыңыз болдырған екен, менің атыма мініп, сарбаздардың алдын тоқтатыңыз. Әйтпесе, қуған дұшпан құтқармайды. Жалғыз соғысып жау алған жанды атам қазақтан көрген емеспін, — дейді. Бала жігіттің сөзін жөн санағанымен, ат ауыстыруды намыс көрген Абылай:

— Тұлпарың шалымды көрінеді, менің атымнан сен барып тоқтат, — дейді.

— Тақсыр-ай, — дейді оның қатарына келген бала жігіт, — мен сен бола ал-маймын, ақыратын айбатым, көпке жүретін салауатым жоқ. Жаудың алдын бөгеп, соғысуға қайратым ғана бар! Мұқым қазаққа сөзі жүретін қасиет сізде ғана бар ғой, тақсыр!

Жас жігітке жалт бұрылған Абылай оның сөзіне иланса да, намысын жібермей, жаумен жалғыз алысуға тағы да дайындалып:

— Жас екенсің шырағым, жау басым, жазым боларсың, — дей бергенде ашуына мінген Жәнібек батыр қылышын суырып алып:

— Басыңды қалмаққа кестіріп, қанжығасына байлатқанша, өзім кесіп әкетейін, — деп тап береді. Көзінен от ұшқындап, сөзінен ерліктің екпіні есіп тұрған жас жігіттен жасқанғанын, әлде жау жағадан алғанда жанжалдасып жатуды жайсыз көргенін немесе «қашқан қолды тоқтат» деген кеңесін орынды санағанын кім білсін әйтеуір, Абылай тұлпарын Жәнібекке беріп, бала жігіттің көк дөненін мініп, шегінген қолдың алдын тосуға қамданады. Кейін Жәнібек батырға ырза болған хан Абылай батырға оң тізесінен орын беріпті...

Осы бір әңгіме еске түскен сайын «дәрежесін артық етсе, Тәңірі еткен» тұлғаның қасиетін анық барлайтын бұрынғының адамдары-ай дейсің. Сәл орай болса эфирден болмаса халық көп жиналған жерде «ұлтшыл», «халық батыры» болып көрінгісі келетін бүгінгінің бейпілауыздарына не дейсің? Халық кейде бала, кейде ана секілді. Баланы әлпештеп, ананы ардақтайтын даналық бұйырған «жан көрінбес көзіңе». Мақсат, мұраттан гөрі, қулық-сұмдық сауған заманда ет жақыныңның иманын пайдаланып, шіренгеніңе де жол табасың. Ұлдың мінезі ұсақталып, ұлылық орға жығылған сәтте бүкіл жұрағатқа кесел айналып, кесір иектейтінін естен шығарып алдық. Ақсақалдықтан адыра қалған тас жетім тағдырымызға налып, әркімді кінәлі санауға әуес бөтен жыныстың бойымызға сіңе бастаған бөгделігі — ұлтымыздың трагедиясы. Шіркін, Абылайлар, Жәнібектер... Бір студент айтып еді: «Біздің университетте пәленбай деген ғалым бар. «Ұлтым» деп күңіренеді-ау, шіркін! Сағаттап сөйлеген сөзі Жүсіпбек Аймауытовтың бір сөйлеміндей әсер етпейді», — деп. Неге солай екен? Аузының дуасы қашқан деген осы шығар. Ауылға сыйлы, ағайынға құрметі зор кісілікті адамның реніштен туған сөзінің өзі бір әулеттің сүйегіне таңба болып кететін қазақ емес пе едік...

Баяғыда әжем жарықтық Қытайда басталған «Мәдениет зор төңкерісінде» сын-тезіне алынып, күнде тергеледі екен. Тергейтін өзіміздің қазекеңдер, «күні туған қу кедейлер». Атпал азаматтары түрмеге кетіп, ауыр еңбекке жегілген әжеміз тау арасындағы ауылды солқылдатып тұрған «мықтының» туысының қорасын тазалайды екен. Бір күні сол жазғанның сары иті жоғалып кетіп, қос атты жетекке алып төңіректі шарлап кетеді. Сол күні әкемнің ағасы түрмеден босап, аудан орталығына келеді. Ауылға жетуге көлік жоқ, әжеміз кешкі жиналыста ана «мықтыдан» (аты Қали екен) көлік сұрайды. От алып қопаға түскен Қали әжемізге дүрсе қоя береді. «Бөлтіріктің түрмеден босағанына менен сүйінші сұрап тұрсың ба! Түрмеде шіруі керек еді, қайта босапты ғой. Оған жіберетін атымыз жоқ, үкіметтің шаруасы ақсап қалады. Келетін неме болса келер өзі бірдеңе ғып». Бұл сөзден кейін әжеміздің ашуы оянып, айтарын ірікпепті. «Ей, Қали! Не көкіп тұрсың! Дүниені ұстасаң мендей-ақ ұстарсың. Уызында жарымаған тексіз! Итің жоғалса да қос атпен дүниені шарлатасың. Қара басты адамға жаны ашымайтын сендейлерге зауал! Адамды құрт-құмырсқа ғұрлы көрмейтін тас жүрек! Сары иттің ауылы...». Дүйім елдің алдында кәрін төккен кейуананың бұл сөзі Қалидың жынын қағып алғандай сүмірейтіпті... Кейін солақай саясаттың ұйтқып соққан бораны да басылды. Қақыш әжеміз марқұм болды. Қали жазғанның сүйегіне түскен таңбаны бәрібір уақыт желі өшіре алмады. Еңкейген кәрі, еңбектеген балаға шейін күні бүгін Қали әулетін «сары иттің ауылы» атап кетті...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз