(Индия жазушысы — Навтежден аударылды.)
Ән жаңа ғана айтылып, оның қызғылықты әуені біткенмен түнгі гүлдің иісіндей бөлменің ішін лық толтырып тұрды. Біз бәріміз де аса зор көңілденген сезіммен Индраға қарай қалдық... Бұ не үн!..
Кенет кішкене қоңыраулардың сылдырына ұқсаған баяу күлкі естілді. Индра көрші бөлмеге сығалады да:
— Менің ең жақсы сүйетін әнім, — «Доллей» деді.
Содан кейін Индра баласын алып келді де, айналып — толғанып:
— Джика, әнім менің, қуыршағым менің! — деді.
— Мұның тамаша ән екені рас, — деді профессор Лолл баланы Индраның қолынан алып. Ол аз кідірді де, — балалық бақытыңды сақтаушы тәңірім болсын! — деді балаға.
Одан кейін мәдениетке байланысты мәселелер сөз болып кетті. Профессор, офицер және Пысық үшеуі, бұл жөнінде оқу кітаптарынан, көргендерін өз пікірлері ғып айта бастады.
— Құлшылық үйінің маңайында ойнаған балаларға сүйсінгенде, — деді Пысық Индраға, — тәңірінің өзі де пенделерін ұмытып кеткен. Сіздің балаңыз да солардың арасында болған ғой деймін.
Дәл сол кезде бөлмеге жаңағы әдемі баланы күтуге алған Айя келіп те кірді.
— Бәйбіше, — деді ол Индраға, — балаға тамақ беретін уақыт болды.
Бәрі де күтуші қызға қарай қалыпты. Оның жасы 14 шамасында. Бірақ, ол әлі жас шыбықтай нәзік екен. Оның қап-қара нәзік қолының сәулесі баланың жаялығына да түсіп қоңырландырып тұрғандай. Ересекке ұқсаған оның кескіні толықша сегіз айлық баланың да бетінен кішірек. Ол баланы Индраның қолынан алды да, шығып кетті.
— Әлгі сұмпайыны мұнда неге кіргіздің? — деді Пысық Индраға көтеріңкі дауыспен.
Бұл сөзге профессор да қосарланып:
— Өскен ортаның балаға әсері бар, әлгі қыздың қара өңі балаңызға жұғып жүрмесін, — деді.
Маған бұл сықақ сөздер Айяға шымылдықтан естіліп тұрған сияқтанды.
— Тәңірі құлшылық үйінің маңайында ойнаған бұл қыз сияқты балаларға сүйсіне қарамауына менің сенімім зор, — деді профессор.
Әннің бойды билеген әсері сол кезде тарап жүре берді. Бұл бөлмеде тынысым тарылып кетті. Болмашы бірдемені сылтауратып, мен кешірім өтіндім де шығып кеттім. Неге екенін қайдан білейін, күтуші кішкене қыздың елесі көз алдымнан кетпей — ақ қойды. Оның ғана елесі емес, өзге сансыз балалардың елестері ше. Олардың дауыстары қоңыраудай сылдырламайды. Мысалы, мынау Престо әкесі оны бір офицердің үйіне күтушілікке жалдады.
— Сардар Жи, — деді ол офицерге, — бұл қызымды ал да жұмысқа қос, сенің сарқытыңды жеп тамағын асырасын.
Жалданып алған ақысына үй — ішін қашаннан бері асыpaп келе жатқаны Престоның есінде жоқ.
Оның хозяині мен хозяйкасы жақсы кісілер болып шықты. Қыздың өтініші бойынша, ай сайынғы еңбекақысын әке — шешесіне олар жіберіп тұрды. Офицердің қызметі жиі ауыса берді. Ол Амирицаро, Мадрас, Бомбей, Сринагар сияқты қалалардың бірінен соң біріне көшті. Жолаушымен бірге қыз да көшті. Қай қалада не көргені қыздың есінде аздап сақталғанмен, өз туған қыстағынан есінде ештеңе де жоқ. Тек бөгесін сумен, оның жиегіндегі мыжырайған үйшіктің, бейнесі ғана күңгірт бұлдырайды. Одан басқа түгін де білмейді. Өз қуыршақтары мен өзге балалардың қуыршақтарын құда түсіріп ойнағаны да, өзінің де келіншек болып түсіп ойнағаны да, тығылмақ ойнағаны да, балшықтан илеп жасаған ойыншықтары да, өлеңді жатқа айтулары да оның есінен шыққан.
Тіпті ол шешесінің қандай екенін де еркін есіне түсіре алмайды. Оның есінде шешесінің басынан өткен бір оқиға ғана айқын сақталды.
Бірнеше күннен бері әкесі ауырып жатты. Бір күні шешесі сүт пісіргенде Престо бір жұтым сүт сұрады. Шешесі оған:
— Қыз ешуақытта сүт ішпейді, егер ішсе, іші кеуіп өледі, — деді. Содан бері ол сүт ішкен емес, ішейін десе қорқады. Жыл тәулігінде кездесетін бірер мейрамда хозяйка сүт берсе ол ішпейді. Сонда ол, сүттен өлмейтінін де біледі, өйткені, оның қолынан сүт ішкен балалар өліп жатқан жоқ. Сүт ішпеу оның дағдысына айналған.
Бір сәтте хозяині ол туған қыстаққа жақын кеп тұрды. Престоның қуанышы шектен шықты. Хозяйка оған ескі көйлек — көншек, сынған ойыншық, тозған лента сияқты көр — жерді беретін еді. Оның бәрін Престо бір жәшікке сала берді, сондағы ойы — кішкене інілері мен сіңлілеріне сыйлау. Мұндай ойыншықтарды көзі көрген емес. Өз қыстағына бару мақсатымен қымбатты сыйларын құшақтап машинаға мінгенде ол өзін бақыттымын деп санады, оған қанағаттанғандай сезім пайда болды. Қыстаққа жақындаса, бөгеген судың орнында құрғақ тақыр жатыр, үйшіктің орны да жоқ. Енді оған жол сілтейтін не! — оның жеңіл қанаты қорғасындай салмақтанып жүре берді. Үйін, туған үйін ол кезінде жырларда мақтайтын Балкха мен Бұхараның ғажап сарайлары сияқты елестететін еді. Ондай үйді Престо туған қыстағынан таба алмады. «Үйім қайда менің? Мен Харнамоның қызымын» деген оны, қыстақтың қыздары ду күле мазақтады. Престо үйіне апаратын жолды таба алмады...
Башира ше? Ол менің мектептес досым. Әнді ол көп білетін. Кейде мектепке әлдеқалай офицер келе қалса, учитель оқытушы Башираға «менің айтар зікірім біреу ғана». Немесе, сол сияқты, тәңіріні, не бай мен бекті мақтаған әндерді айтқызатын.
Башира бір күні мектепке келмей қалды. Келер күні де, одан кейін де Башира көрінбеді. Оны көрмесем жабырқай беретін болған соң, мен қыстағына іздеп бардым. Ол далада қодастың сиырын бағып жүр екен.
— Мектепке неге келмейсің? — дедім мен оған.
— Біз қодас сатып алдық, — деді ол көңілсіз кескінмен.
Мен оған қайран қалдым. Менің ұғымымда, әкесі сатып алған қодас оған сүт ішкізіп рахаттандырады екен десем, мектептен айыруға себеп бопты.
Әкесі қодас сиыр сатып алғанмен, сүті жалға алған пәтерінің төлеуіне кетсе керек. Мен оған әдемі доп сыйладым. Бірақ, сол допты ойнайтын уақыт сыйлай алған жоқпын.
Анау жүрген Калу ше... 16 жастағы ол кәмпит пен картопты ерігіп сатпайды, соқыр шешесі мен кішкене інілерін асырау үшін сатады. Шешесі оны дүниедегі жарық сәулем деп атаса, былайғы жұрт күңгірт Калу деп мазақтайды.
Калу корзинкасын көтеріп біздің мектептің маңайында жүреді. Үзіліс уақытында одан кампит сатып ап, балалар шуласа ойнаса, ойынға сондай уақыты болуын Калу арман етеді.
Калудың құмарын қандырып, бір түн ұйықтамауына ғасырға жақын уақыт өткен сияқты. Сататын кәмпитін даярлау үшін, соқыр шешесі мен ол күн сайын таң сәріден тұрады. Одан кейін сатуға шығады. Күні бойы сатқаны ертеңгі азығына әрең жетеді. Балалардың шырқаған әнін естігенде ол мұңайып «мен, тегі өмірімде ән салып көрдім бе екен?—деп ойлайды. Оның айтар әні — біркелкі көңілсіз дауыспен таңертеңнен кешке шейін сататын бұйымының атын айқайлау...
Одан кәмпит сатып алатын балалар есеп, тарих география сабақтарын айтса, Қалуғаға олар сыр жұмбақ ертегі сияқты естіледі...
Мен Делидің орталық көшесінде жазы — қысы саудамен жүретін қызды да әлденеше рет көрдім. Оның бетіне аштықтың таңбасы басылған. Газет сататын бұл қыз, газет оқи алмайды, оның әріптерін білмейді. Ғылымның сәулесі оның ақылына түскен емес. Әнге де ол құмартқан емес. Газет сатып айғайлаудан оның даусы мезгіліне жетпей қарлығып, тұрпайыланып болған. Оның бетінде балалықтың түк ізі қалмағанмен, кескін — кейпі сәбилік қалпында. Кім біледі, ол ешуақытта да бойжеткен қыздың қалпына келмес!..
Бихарадан шыққан тағы бір бала болды, аты Раму, Калькутта бақшасының ішінде бір күні менің бәтенкемді тазалады. Әр паркте сол сияқты балалар қаптап жүреді. Кәсіптері — бәтеңке тазалау. Олардың қолына ойыншық түспейді, олар ойнамайды, гүл шешектей құлпырмайды... Олардың алдынан көп кісі өтеді, бірақ, олар өткінші адамдардың тізесінен жоғарғы жағына қарамайды...
Етік майын сынған шеткеге жұқтырып алып, қимылға кіріскен Рамудың қозғалысынан мен капиталистік зор қаланың асыққан ырғағын көрем. Сонымен қатар бұл қимылда дене өнершілерінің қозғалысы бар. Соған қарасаң адам өмірінің рахаты, искусство, дене өнері, билеу, шегемен шұрқ-шұрқ тесіліп, заңның жібімен бәтеңкеге қосақталған сияқты. Мен өмірімде талай балаларға кездестім. Солардың бірі велосипедпен жүк тасушы еді. Оны мен Луканов көшесінің бірінде, іңірде кездестірдім. Аяғы педальды басуға жетпеген ол, велосипедін жүргізу үшін, оңы мен солына кезек ырғалып, ауытқыды да отырды.
— Есек пен адамға осындай жеңіл жүкті тасыту заңын кім шығарды екен? — деді ол кейіп, — кім шығарса да, ол бұзық адам.
Мұндай балалар қараңғы, дымқос күркелерде тұрып, құстың қанатын шөп жасайды, резинкеден түймелер мен ойыншықтар жасайды. Типографияларда әріп теріп, беті-қолы бояу болып жүреді. Велосипедпен жеңіл жүк тасиды, газет сатады, бала күтуге жалданады... Мұның бәрі аянышты балалық. Оларды мен өмірімде көп кездестірдім.
Балалардың ішінен бір баланың бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Ол әрқашан да көз алдымнан кетпейді. Міне, ол қазір де қарсы алдымда елестеп тұр. Одан мен қорқам. Онымен кездескенімді ешкім көрмесе екен деп тілеймін. Мұндай сезім маған сол баламен Калькуттада кездескенде пайда болған еді.
— Тақсыр! — деп дыбыс берді ол маған.
Мен жалт қарадым да, шашын майдалай тараған ұл баланы көрдім.
— Тақсыр! — деді ол, — сізге рахат минуттары керек емес пе?.. Мен тамаша қызға татимын...
Балаға қайран қалдым. Оның бойы, менің кіші інімдей ғана екен. Ол мына қылығымен шешесінің я апаларының бетіне қалай қарайды?.. Әйел мен еркектің арасындағы махаббатты ол ешуақытта ұға алар ма?.. Сүйікті қыздың көзінен көгілдір аспанын таба алар ма? Ерлі-зайыптылардың ұясындағы рахатты сезе алар ма? Сүйіскендердің ернінде мәңгі сақталатын ләззатты түсінер ме? Өз өмірінен әйелді мадақтайтын ән табар ма?
Баланың айтуынша, әкесі соңғы империалистік соғыста бомба түсіп өлген. Кәрі шешесі мен кішкене інісін асырау ауыртпалығы оның мойнында қалған.
— Тақсыр! — деді ол, — ұрлық қылсаң абақтыға түсесің. Мынау кәсіп одан жеңіл. Мұнда тек полициядан ғана таяқ жейсің. Шешем мұнымды білмейді, дос баланың үйінде отыр деп жориды.
Қылығына ұялған оның менің кіші ініме ұқсайтын кескіні қып-қызыл болып кетті. Ол үлкен кісідей ұялды...
— Інімді мектепке бердім, — деді ол, — оған адал қызмет тауып бергім келеді. Сізге тігіншілік кәсібі ұнай ма?..
Содан кейін ол жүріп кетті. Алыста оған ағылшынның су әскерлері көрінді. Неонгазының қалада жанған шамдары қыпылықтай бастады...
Кеше Чаучоуринхидің тапталмаған алаңында зор митинг өтті. Бір жұмысшы, «мынау оттың ішінде жұмысшының қаны қайнап жатыр» деді. Жиналған жүз мыңдай адам, Неоннан жасалған рекламаға қарай қалысты. Темірді тартатын Магнитке ұқсап, бұл рекламалар олардың еңбектеніп тапқан тиындарын жұтатын еді. Бүгін бұл отқа олар басқа көзбен қарады, басқа жүрекпен толғанды. Оларға правосы үшін күресуді өмірдің өзі үйреткен сияқтанды. Мыңдаған көздер бүгін қажымас кектің ұшқынын шашты. Ол Индияның көзі еді. Оның көзіне қосылып, дүние жүзінің миллиондаған көздері ұшқынданды. Ол ұшқындарға жаңа өмірдің тәтті қиялдары бейнесін түсірді.
Қызметші кішкентай кескінді қара қыз, мұнда кел сен! Сүт ішпеген, туған үйіңді таба алмаған Престо, мұнда кел!.. Менің мектептес досым Башира, мұнда кел!.. Сенің жүрегіңнің жасырын түкпірінде жарқын қиял бар, барына мен сенем. Соқыр шешеңнің жарық сәулесі Калу, сен де кел мұнда!.. Газет сатқанмен, аштықтың құшағынан шықпаған кішкене қыз, сен де кел!.. Өмірің искусстводан, дене өнерінен, биден айырып, бәтеңке жұлығына үңілдірген Раму сен де кел!.. — Арын Бенгали Пенжаба, Европа қыздарының орнына сатып жүрген аты мәлімсіз бала, сен де кел. Сенің жүрегің адал кәсіпті тілейтінін мен жақсы ұғам...
Кім де кім бақытын қиялдың қанаты үстінде жасап жатқандарға қосылам десе, мұнда келсін!.. Барлық көздердің ұшқыны бір ұшқынға қосылсын! Барлық қиял тұтассын. Өзіміздің берік мекенімізді жасайық. Жанымыз жайланып, рахаттансын. Өмірімізді ойдағыдай құрайық. Жұрттың бәрі түрлі түсті топпен ойнай алатын болсын. Бәрі сүт ішетін болсын. Жұрттың бәрі тарихтың, географияның, физиканың, математиканың ертегідей өлкелерінде саяхаттайтын болсын. Жұрттың бәрі өз сүйіктісінің көзінен көркем аспанның көгілдір түсін көретін болсын.
Ноябрь, 1953 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі