Өлең, жыр, ақындар

Оттан ұшқын

1

Тағылы тауынан аса соққан октябрьдің өкпек желі, жұмысшылар барагының бүйірін солқылдатып жіберді. Шіріген тақтайдан жасалған есіктің жақтаулары дауылды желге төтеп бола алмады. Есікті еріксіз ашып кірген жел, ысқырынған дыбыспен барақтың ішін басына қыдырып, қаз-қатар тұрған жұмысшылар көйкесінің асты-үстін тіміскілей түгел аралап, олардың әр жерінде жылтыраған білтелі май шамдарды үрлеп сөндірді. Баракты тымық қараңғылық тұншықтыра бүркеп алды.

Бұл — күндізгі сменадан келген жүмысшылардың болмашы, нәрсіз тамақтарымен жүрегін жалғап, койкаларына ұйқыға жатқан шағы еді. Олардың тыныштығын, түнгі сменаға баруға жиналғандар бұзды. Әлі киініп болмаған олар, жел шамды сөндірген кезде, топтала жиналып, күңкілдеген кеңеске кірісті.

— Бұл қараңғы керде отырудың, сәні жоқ, — деді Антип Лескин, көптен бергі жұмыстас досы Кемербеков Әлпейіске, тысқа шығып, — жұмысқа жеткенше қимылмен жылынайық, аяғым мына суық барактан қатып қалды...

Аяғы тоңған тағы біреулер тебіне бастап еді, қараңғыда шылпылдаған саздың дыбысы естілді.

— Мұндай тұрмысқа қалай шыдауға болады, жаным-ау! — десті әркімдер ызалы үнмен.

— Менен туған баланың бәрін осы барақ жұтты...

— Осы барактың сазынан, менің әйелім екі тізесінен бірдей басұр боп, төсегінде қозғала алмай жатқан жоқ па?..

— Құрт аурудың ұясы емес пе, бұл барак? Талайдың өкпесін шірітіп жеген жоқ па?..

— Сонда, тамақ тойса бір сәрі-ау!.. Aш кісіні ауру айналдырмағанда қайтушы еді?..

— Айыңа үш-ақ сом еңбекақы алсаң, тамағың қалай тояды?..

Осы күңкілдер біраздан кейін шуға айналып, шу қимылға айналып, барактың іші ерсіл -қарсыл жүріс боп кетті. Қараңғыда біріне бірі соқтығып, бірінің аяғын бірі басып... дегендей, сапырылыс көбейген шақта:

— Апырау, жарық неге жақпайсыңдар біреуің?! — деді әлдекім, — сіреңке тұтатыңдаршы құдай үшін!..

— Қайдан аласын оны? — деді екінші, — дүкенге сіреңке түспегелі жұмадан асты.

Бұл қимыл мен бұл шуға араласпай, Федор Засыпкин мен Исхақ Қашқымбаев бір койкада қатар отыр еді.

— Сенде бар еді ғой сіреңке, — деді Федор Исхаққа, — жақсайшы, шулатпай аналарды!..

— Ақшасын төлесе жағам, — деді Исхақ қалжыңды үнмен.

— Қанша алушы ең бір сіреңкеге? — деді оның үнін таныған Әлпейіс, ұнатпаған дауыспен.

— Бір сіреңке бір тиын...

— Тез байиды екенсің онда!.. Каробкаңның елу тиын болғаны ғой ол?..

— Қымбатсынсаң жақтырма!..

— Біздің терімізді соймаған сен-ақ қалып ең енді, арзаныңды қымбатқа сатып!..

— Соны да сөз деп айтып тұрмысың?.. Мен кен ошағының басқарушысы Нельсон емеспін, жылына жетпіс мың сом ақша алатын. Мен де өзіңдей жұмысшымын...

О дан әрі, ол екеуінің жанжал сөздерін жұмысшылардың шуы бөліп кетті. Бәрінің аузындағы сөз: завод басқармасын кінәлау, сөгу, боқтау...

Әлпейіс сол кезде Исхақтан алған сіреңкені тұтатты да, сеніп қалмасын деп алақанымен қалқалап, майшамның білтесіне тигізді. Тоңазыған білтенің шырылдай от алған ұшына Засыпкин сағатын тосты да:

— Уақыт боп қапты, кеттік сменаға! — деді...

2

Ол кезде далада жынды боран бұрқырай соғып тұр еді. Сол боранға қақала-шашала, үйген күртігіне сүріне-жығыла, бараққа екі адам жақындай берді: бірі — Павел Торопкин, екіншісі — Әлімжан Байшағыров. Оларды бөгегісі келгендей, беттеріне қар лақтырған жынды жел өршелене орай түсті. Жүру аса қиынға соқты. Аяқты тұсауымен ғана қанағаттанбаған боран, жаяу келе жатқандарды қатты шапалағымен бетке осты, шекені құрсаудай қысты, өкпені қызған темірдей қарыды...

Өзара сөйлескілері келгенмен, сөйлесер сөздері де көп болғанмен, бораннан тұншыққан олар тіл қатыса алған жоқ. Сол қалпымен келе жатып, олар қар басқан барактың төбесіне шығып кетіпті. Өйтулерін ең алғаш Әлімжан сезіп:

— Паша, — - деді Торопкинге, — біз қайда шығып кеттік, аңғардың ба?

— Қайда?

— Барактың төбесіне...

— Оны қайдан білдің?

— Мына бір сорайып тұрған, біз іздеп келе жатқан барактың пешінің мұржасы!..

— Қойшы?! — деп таңданған Павел, мұржаның қасына кеп, Әлімжан сөзінің растығына көзі жетті де, — есігін қайдан табамыз мұның? — деді.

— Әне бір тұста болу керек! — деді Әлімжан, қолымен нұсқап, — Ұста, менің арт жағымнан!.. Төменге жылжып түсіп көрейік. Құлап қап жүрме!..

Сақсынған Әлімжан, сенген Павелды ала, барактың бір тұсынан омақата құлады. Екеуі де қалың, жұмсақ, күртікке күп періп кіріп кетті. Тақырға түскенде жараланып қалулары мүмкін еді.

Дес бергенде, құлаған жерлері дәл есіктің алды екен, — күртіктен шыққан Әлімжан тани кетті. Есікті сыртына қарай ашса, күртікті аршу қиынға түсер еді, ішіне қарай ашылатын болғандықтан, қалың буға орана, екеуі баракқа кіріп келді.

— Бұ кім, әй, түнделетіп жүрген? — деген дауыс шықты қаракөлеңке барактың ішінен.

«Подрядщик емес пе екен, смена кешікті деп келіп жүрген?.. Әлде, урядник пе екен, кейбір түндерде тексеріс жасайтын?!..» деген қорқыныш кірді, әркімдердің ойына. Өзгелері осы ойларын білдіріп күбірлесе бастағанда, Антип пен Әлпейіс, келушілерге көз тігіп, үн-түнсіз сазара қалды...

Үрейлене қараған келушілердің кім екенін, жұмысшылар олар жарығы әлсіз білтенің қасына келгенде ғана таныды. Өз жолдастарын көрген олардың қобалжыған көңілі орнына түсті.

Павелға уақыт қымбат. Ол қардың бетіне жабысқан қалдығы мен еріген суын сүртті де, қойнынан суырған қағазды жарыққа тоса жазып оқи бастады. Жұмысшылар тым-тырыс боп тыңдай қалысты.

«Біз — Успендегі кен ошағының жұмысшылары, — орыстар және қазақтар, туысқандық одақ жасаймыз да, капитализммен күреске шығып, төмендегі істерді талап етеміз:

«Бізге сатылып берілетін бұйымдардың бағасы тез арада төмендеп арзандасын;

«Жұмыс сағаты сегізге түссін де, еңбекақы жиырма бес процент өссін;

«Орыс және қазақ жұмысшыларының балаларына арналып мектеп ашылсын;

«Жұмысшылардың тұрақ жайлары тез түзетілсін, аурухана салынып, дәрігерлермен қамтамасыз етілсін;

«Бұл шарттарды орындау үшін, Нельсонға бір жұмалық уақыт берілсін, егер осы мерзімде орындалмаса, орыс және қазақ жұмысшыларының жалпы көтерілісі жариялансын!..»

«Үндеу осымен аяқталды» дегендей, Павел қағаздан көзін алып, анталай қамаған жұмысшыларға қарап еді, оның ендігі айтар сөзін айтпай-ақ түсінгендей кескінмен:

— Қоямыз қолымызды! — деп бәрі ду ете түсті.

Алақандай қағазға төне қарағандардан, хат білетіндердің өздері қол қойды, білмейтіндері үшін біреулер қол қойысты, біреулер «жазаға тартса өз таңбаммен тартылайын» деп білте шамның ысына тосқан бармақтарын басты.

Засыпкин мен Қашқымбаев, үндеу қағаздың маңына жолаған жоқ. Оны аңғарған біреулер:

— Сендер неге қол қоймайсыңдар? — деп ду ете түсті.

«Кім?» дегендей, Әлімжан жарықты көтерді де, кімдер екенін таныған соң:

— Нельсонның жыртысын жыртып тұрғаны да! — деп білтені орнына қойды.

Шу үдей түсті:

— Мүмкін, шіріген жұмыртқа болғылары келген шығар!..

— Шпион емесін қайдан білдіңдер?..

— Серіктерін тиынға сататындар болады дейтін!..

— Қабырғаларын күйрету керек, онда!..

Бұл шуды Павел әрең дегенде басты.

— Тыңшы болса, бола берсін, — деді ол, — біз бұл ісімізді ешкімнен де жасырмаймыз. Талап хатымызды Нельсонға ертең қолымыздан береміз. Бұл тақсырлардың қолдарын қойса да, қоймаса да еркі...

Павел солай дегенмен, төне қараушылардың көздері тым ішіп-жеп бара жатқан соң, Федор мен Исхақ қағазға еріне жақындады да, амалсыздан қолдарын қойды...

3

Екі қолын қалтасына салған Нельсон комнатада ауыр адыммен ерсіл-қарсыл жүрді. Сәкіге төселген түкті жұмсақ кілем, ол басқан аяқтың тықылын тұншықтырып естіртпеді. Бөлменің төбесінде үркердей шоқталып жанған люстра шамының шаңқан жарығы, стол үстіне жиі жайылған әдемі ыдыстарды одан да көріктендірді. Қызыл барқыт орындықтар, кең столды, сәнді киінген қыз-келіншектей қоршады. Үйде гүлдене көріктенген өсімдіктердің арасында торға қамалған шымшықтар шықылықтап ойнады. Терезе алдындағы шыны ыдысқа құйған мөлдір суда, нелер ғажап түсті балықтар жүзді...

Осынша рахаттың ішінде жүргенмен, Нельсон мазасыздануда. Ол шымшықтардың шықылдауына да, сырттағы дауылдың терезе қақпаларын сықырлатуына да ытырына қарайды, оған әлдекімдер есік-терезені қиратып кіріп жатқан сияқтанады...

Иә, ол бүгін аса тиышсыздықта!.. Не істеуге білмеген ол, біресе төс қалтасындағы алақандай алтын сағатын суырып, тілдеріне қарайды; біресе, осы бөлменің қабырғаларына айна ілініп, май-бояумен әдемі жасалған портреттерге қарайды. Олардың ішінде II -Николай да, осы маңдағы кендерді ашушы, атақты саудагер, Рязанов та, кен ошағының кейінгі иесі — француз капиталисі — Жан Карно да, оның өкілі — фон-Штейн де бар.

Нельсон оларға сүйсіне емес, сөгіне қарайды:

— Тамаша компанияның жиынтығы! — дейді ол, кекетінді күлкімен, даусын шығарып, сағатының қақпағын сырт еткізе жауып, қалтасына қайта сап, — біз — ағылшындар орыстың ақымақ патшасын да, есепке шорқақ саудагерін де, француздың қызыққұмар капиталисін де алдап, бұл кен ошағын қолға түсірдік. Енді оны уыстан оңай шығара қоймаспыз!..

«Дегенмен, — деп ойлады ол, аз кідірістен кейін, өз денесін өкшесімен айналдырып жіберіп, — Карноның да еңбегін бағаламауға болмайды. Француздар мылтықты ғана жақсы атпайды, сауданы да жақсы жасай біледі. Орыс патшасы бұл даланы ағылшындарға өз қолынан сатуға қорықты, — бұдан да Индия жасайды деп қауіптенді. Карно арқылы қолымыз лекпегенде, бұл дала бізге жоқ еді!..»

Бұл ой денесін біраз салқындатқан Нельсон, тағы да қызынып, қолдарын қалталарына біресе салып, біресе алып... дегендей, жүрісін жиылатуға айналды. Соңғы күндердің оқиғалары тиышсыздандырды оны: Россия орталығында күшейген революция дауылының екпіні мұнда да жетіп жатыр, мұндағы жұмысшылар арасында да қозғалыс басталып, көтеріліс қаупі туып тұр!..

— Осындай сауатсыз, надан жұртты желіктірушілер кім болды екен?! — деп ызаланады ол...

Кеудесін кернеген ызаның, уытын төккендей, алдына кез келген орындықтарды теуіп ұшырып жібереді...

Тағы да сағатын суырып, тілдерінің жалқау жүрісіне ызалана түседі ол; соғуы дұрыс па дегендей, құлағына басып тыңдайды ол... Өйтпегенде қайтсын, алтынмен жылына жетпіс мың сом жалақы алады. Тегін алуға болмайды, онша көп ақшаны. Ендеше, — қасқыр ұстаған қояндай, көтерілісті мейірімсіз тұншықтыру керек, ұйымдастырушыларды тез тауып, кен ошағынан аластау керек!..

Кім оны істейтін?.. Полиция!.. Одан басқа ешкім де жоқ, мұнда, көтерілісті баса алатын!.. Мүмкін, бұл рөлді жергілікті болыстық управитель Жәкен Мұстафинмен, оның кандидаты, — Исхақ Жамантықовтың атқаруы!..

«Ең тез және ең жақын жәрдем осылар» деп ойлаған Нельсон, столын бүгін соларды қонақ қылуға әзірлетті. «Үйімде Азия тонының иісін шығарып кетер, азар болса. Оған менің ештеңем де құрымас, тек жәрдемдері тисе болды» деп ойлады ол...

Есік алдына байланған неміс овчаркасы үрді... Оның дауысынан сескенген Нельсонның тұлабойы дірілдеп кетті. «Көтерілісшілер болса қайтем ?!» — деген ой кеп кетті оған. Егер олар болса, түтіп жейтіндей көрді. Сол қорқынышпен есік алдына барса, аспаз әйел, есіктің ішінен ілінетін темір шынжырын ағытқалы жатыр екен. Нельсон әйелді үнсіз қимылмен итеріп жіберді де, үн шығарғысы келген аузын алақанымен баса қойды. Сыртқа құлағын тігіп еді, ешбір дыбыс естілмеді.

— Елікбайды шақыр! — деп сыбырлады ол, аспаз әйелдің құлағына.

— Елікбайы — келетін қонақтарға асханада қазақша тамақ даярлап жатқан кісі еді.

— Біреулер келген сияқты, — деді ол, қасына еппен басып келген Елікбайға, — білші, кім екенін, дыбыс беріп!

Елікбай білсе, — Жәкен мен Исхақ екен. Қуанышы қойнына симаған Нельсон есікті кең ашып, аса жылы шыраймен, құшақ жая қарсы алды. Даладағы суықтық буына бөленген оларға ере, үйге тағы екі кісі кірді. «Бұлар кім?!» дегендей одырая қараған Нельсонның сезімін көз жанарынан аңғарған Жәкен, семіз денесін қозғай, ентіге дем алды да, асықпай -саспай, әуеле сыртқы қасқыр ішігін шешіп, киіміне жұққан қарды қағынып:

— Қорықпаңыз, өз кісіміз! — деді.

Қобалжыған көңілі тиышталған Нельсон, жатырқаған адамдарына сырт киімдерін шешкеннен кейін үңіле қарады да, жымиып қойды. Өз адамдары екенін енді ғана таныды ол: Қашқымбаев пен Засыпкин!..

4

Боран басылды. Оның орнына сықырлаған аяз отырды. Үскірік аяз адам түгіл, күннің де бетін шарпып, қалқайған құлағын күп-күрең ғып жіберді. Аяқ басқан жердің қары құйрығы басылған күшіктей қыңсылады.

Бірнеше күннен бері бекерге үңірейіп бос тұрған шахты алдына бір топ жұмысшы жиналды. Суық қысқан олар кірпідей жиырылып, тобарсуға айналған аяқтарын жылытпақ боп, тұрған жерлерінде билей тыпырлады...

— Бұл не деген суық?!..

— Күн неге күреңдене құлақтанды екен?.. Қан төгіліп жатқан жоқ па екен бір жерде?..

— Төгіле берсін!.. Өзіміз аманбыз...

Соңғы сөзге біреуі байлана кетті:

— Қалайша аманбыз? — деді ол, — біз сияқты көтерілген біреулерді, бір жерлерде қырып жатпағанын қайдан білдің? Бізді де қырмасына қай көзің жетті?..

— Біз төбелесіп тұрған жоқпыз ғой?

— Бұлай тұрғаннан, төбелескеніміздің өзі жақсы еді!..

— Төбелесіп көр, Әлімжан мен Павелдай өзіңді қамасын да қойсын!..

— Соларды не істейтінін білдіңдер ме? — десті бәрі шуласа, шоғырлана қалысып.

— Ақмолаға жөнелтеді дейді...

— Сонан соң?

— Одан әрі айдайды дейді...

— Апырау, біздікі не осы?!.. Біз үшін қамалды ғой олар!.. Қорғаныш бола алмадық қой біз оларға!..

— Әлі де боламыз!.. Егер босатпады бар ғой, жанжал жасап тартып аламыз!..

— Істеп көр оны, мықты болсаң!.. Ақмоладан отряд кеп тағы да не көрсетер екен өзіңе!..

— Ол рас, — деді көпшілігі күрсініп, — мылтыққа қарсы кім тұрады?.. Амалсыз бағынған жоқпыз ба? Өкіметтің де жайын көрдік. «Ол байдың жағы» деген сөз рас екен...

Осылай сөйлесіп дірдектеп тұрғандардың ішінен, біреуі:

— Мен қатып қалдым. Күн төбеден ауып кетті. Енді шыдай алмаймын, кетем! — деді.

— Менің де шыдағым кеп тұрған жоқ, — деді екінші, — көтеріліс басылғаннан кейін, бұлай топталудан түк те шықпайды. Біздің тілегіміздің бірі де орындалмайды. Одан да жұмысқа шығайық...

Сол кезде Нельсонның қорасынан екі семіз атты көсем жеккен әдемі шаналы, қасқыр ішікті адамдар шыға жөнелді. Аттар айдаусыз-ақ еліре шапты.

— Жәкен мен Исхақ! — десті жұмысшылар.

— Кетсін, иттің балалары!..

— Тамақтары тоқ, киімдері жылы, суық не істейді оларға!

— Тегі көңілді кетіп баратқан болу керек өздері...

— О не дегенің?.. Көтерілген жұмысшылардың арасына іріткі түсіріп, біріне бірін қарсы қойып, жанжалды басып берген олардан Нельсон несін аяды дейсің?.. Тыққан шығар көмейлеріне сиғанша!..

Олардың артынан Нельсонның қорасынан шаналарға үйіле-төгіле мінген қарулы солдаттар шықты да, Ақмола жаққа беттеп жүріп кетті. Алдыңғы шанада Ақмоланың уездік начальнигі Нехорошев кетіп баратқанын жұмысшылар танып тұрды.

— Әне бір қоршағандары Павел мен Әлімжан! — деді төне қарап тұрғандардан біреуі, — Ақмолаға әкеткені ғой оларды!.. Біздің тілегімізбен есептеспегені ғой мұнысы!..

— Бөгесек қайтеді алдын?..

— Егер күшің жетсе! — десті жұмысшылар ауыр күрсініп.

Нельсонның семіз аттарына мінген отряд алыстай берді. Аздан кейін Нельсонның үйінен, ас пен араққа тойып, беттері шиқандай қызарған Қашқымбаев пен Засыпкин шығып, жұмысшылардың қасынан өте шықты. Зұлымдық қылықтарына ұялмаған бейне көрсетті олар. Несіне ұялсын — жұмысшыларды сатулары бірінші рет емес.

Олар аттанарда қасында тұрған Павел мен Әлімжаннан да ұялмай, беттеріне тура қарады. Нельсон да сол арада тұр еді.

— Міне, қайда басын кесетін адамдар! — деді Әлімжан Павелға, шанаға мініп жатып.

— Оны істер күнге де жетеміз! — деді Павел сенімді дауыспен.

Қақпадан шыға жөнелгенде, Павел Әлімжанды шынтағымен түртіп қалды да:

— Көрдің бе ананы? — деді.

Павел қолын нұсқаған жаққа Әлімжан қараса, шахты төбесіне кеше, — көтеріліс күні өз қолынан тіккен қызыл ту әлі сол қалпында желбіреп, нарттай жанып тұр екен. Бұл көрініс Әлімжанға жеңілудің емес, жеңудің бейнесі сияқтанып кетті. Суық ауада ол демін ішіне еркін тартты. Павел мен Әлімжан қараған сайын қызыл ту жарқырай түсті.

Ноябрь, 1935 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз