Драма
ҚАТЫСАТЫН АДАМДАР
Қабен — Профессор
Дәурен — Доцент
Жанар — Басшы
Тайман — Хатшы
Қоңыз мұрт — Ақбас ғалым
Сағира — Хирург
Марғау — Азат
Ғалымдар, мұнайшылар
БІРІНШІ ПЕРДЕ
1
Ембі. Мұнайлыдағы өндіріс басқармасы. Бастықтардың бірі отыратын кең кабинет: бір жағы — ауызғы бөлме, онда Сағира отыр; бір жағында төргі бөлмеге өтетін есік көрінеді. Қоңыз мұртпен Марғау кіреді.
Қоңыз мұрт(Сағираға). Сағира шырағым, тұр да жүгір. Тайман-деректрді тап. Тап та, табан аузында Сағамен сөйлестір. Комбинат бастығы іздеп жатыр. (Сағира столының үстін жинап, орнынан тұрғанша шыдамай). Ойбай бол, Сағира, бол! Құрып кетеміз, бол. Қара жерге қазық қып, қағып жібереді бізді, бол!
Марғау. Дедіңіз-ау!..
Сағира (кетіп бара жатып, ренжіп). Ойпырмай, ағай-ай, аспанды алақандай, жерді тебінгідей қыласыз да жүресіз...
Қоңыз мұрт(Марғауға көзілдірігінің үстінен сүзе қарап). Отыр. (Өзі де отырады). Сөйтіп, кіндіктен келдік де.
М а р ғ а у (есінеп). Солай.
Қоңыз мұрт. Екі жігітпіз дейсіз бе?
Марғау. Солай.
Қоңыз мұрт. Қасыңдағың кім еді әлі, Қа... Кабан деп пе едің?
Марғау (есінеп). Солай. (Селк етіп). Жо-жо... Қабан деген қасқыр емес пе, Қабен деңіз, Қабен...
Қоңыз мұрт (кеңкілдеп күліп). Неге шошыдың со секілді... Қабенің де қабан тәрізді қасқыр көрінеді ғой, заңғар. Осы бар ма, ау, "әп" деп, бас салып, шап беріп, қыршып ап, қиып түсіп қарап тұрады екен, мұқым.
Марғау. Дедіңіз-ау... Оны қайдан білесіз?
Қоңыз мұрт (көзі қылиланып). Білгені несі, көрдім ғой мына көзіммен. Тайман-деректр екеуі ыңқыту аралады бағана...
Марғау. Тоқтаңыз, "ыңқыту" дегеніңіз НГДУ — нефтегазодобывающее управление дегеніңіз бе?
Қоңыз мұрт. Дәл айтасың, заңғар. Тіл келмейді, шорту. Тайман-деректр мына тілді (көрсетеді) талай бұрап та көрді, шөрәбнә болмай қойды.
Марғау (есінеп). "Шәробнәңіз" всеравно болды-ау сонда...
Қоңыз мұрт. Сенің Қабланың Тайман-деректрмен бозда бірге оқыған көрінеді ғой, солай ма?
Марғау. "Боз" дегеніңіз вуз болса, Тайман мен Қабен екеуі ғана емес, мына мен, яғни Марғау Мажыра баласымен үшеуі бес жыл жұп жазбастан бірге оқыды деп білгейсіз.
Қоңыз мұрт. Солай ма? Тайман-деректрмен бірге боз бітірсеңдер, биыл оған төрт жыл... Сонда сен екеуің төрт жыл бойы асперанбысыңдар?
Марғау. "Асперан" дегеніңіз аспирант болса, өте дұрыс айтасыз. Қабен екеуіміз төрт жыл бойы аспирантпыз.
Қоңыз мұрт. Асперанда сүрек болмаушы ма еді, солай жүре бересіңдер ме сонда?
Марғау. Жоқ, Қабен жүре бермейді, осы сапардан оралған бетте диссертация қорғайды, ғылыми дәреже алады.
Қоңыз мұрт . Өзің ше?
Марғау. Өзім жүре берем.
Қоңыз мұрт. О неге?
Марғау (есінеп). Маған асығыс жоқ.
Қоңыз мұрт. Неге асығыс жоқ?
Марғау (бей-жай). Асыққан — шайтанның ісі. Қайда барам асығып?
Қоңыз мұрт (кеңкілдеп күліп). Не дейді? (Залға). Ау, мынауың анау боп шықты... (Марғауға). Өй, сенікі бір асығысы жоқ ұзақ ғұмыр болды ғой сонда... Бұл дүниеде екі жасайтын заңғар шығарсың сен?
Марғау (жайбарақат). Әңгіме сонда (ыңырси әндетіп). "Ахау, жалған... Дүние екі айналып келмес саған..." (Қоңыз мұртқа). Солай, сіз бен біз асықты деп дүние шіркін мыңқ етпейді бәрі бір. Олай болса, мен де ерегістім. Сіз де сөйтіңіз. Асықпайық. Ретін тауып, кетпей қою керек бұ дүниеден... (Қоңыз мұрт қызыға, құмыға күледі).
Дәурен кіріп келе жатады.
Дәурен (әлденеге ызалы). Асықпайды-ей бұлар, тіпті асықпайды...
Қоңыз мұрт (күлкісін кілт тиып, ұшып тұрып). Құдай ұрды, келіп қалды.
Марғау (есіней бере селт етіп). О кім?
Қоңыз мұрт. Бас бұзар. Дәурен Сәлменов.
Дәурен (кіре бере, Қоңыз мұртқа). Иә, Қоңыз мұрт, неғып үрпиіп тұрсың күшік көрген мысықтай?
Марғау. Дедіңіз-ау!..
Қоңыз мұрт (өтірік күліп). Қой шалым, қой, неғылайын үрпиіп...
Дәурен (Марғауды көріп). Мына жігіт кім?
Марғау (қолын ұсынып). Марғау Мажыраев. (Есінеп, әрі бұрылып кетеді).
Дәурен. Марғау? Естімеген есімім. (Залға). Марғау десе марғау екен, өзі бір шынында да өз-өзінен мажыра боп ұйықтай беретін арамсан шығар, сірә... (Қоңыз мұртқа). Жә, хал қалай?
Қоңыз мұрт. Хал жақсы, шал, хал жақсы. Өткен тәуліктің мұнай өндіру крапігі жүз прасент орындалды.
Дәурен. Ой процентің бар болсын сенің. Процент құртар-ау сендерді.
Қоңыз мұрт. Ау-ау, енді неғыл дейсің маған, заңғар. Прасент көрсеткіш емес пе?
Дәурен. Процентті қойыңдар, өнімді арттырыңдар деймін мен.
Қоңыз мұрт (кенет ыза боп). Қап, құртты-ау мына шал. Ылғи осы істейтіні... Ау-ау, прасенттің өскені — өнімнің өскені емес пе, ойбай!..
Дәурен (нығыз). Жоқ, олай емес. Бұрын отыз тонна берген скважина қазір үш тонна береді. Үш тонна толса, жүз процент дейсіңдер де, мәз-мәйрам боласыңдар. Сендерді жүз процент қуантса, мені үш тонна қынжылтады. Үш тоннаның жүз процентін ойлағанша, отыз тоннаның елу процентін неге ойламайсыңдар сендер?
Қоңыз мұрт. Сендер, сендер... Сендерің кім сонда сенің?
Дәурен. Сендерім — сен, сенің директорың Тайман...
Қоңыз мұрт (жуасып). Қойшы, тіпті... Ылғи осы, жарық дүниеге жаңа келгендей, осының бәрін жаңа көргендей... О, несі келіп-келіп!..
Дәурен. Не сілкініс жоқ, не серпіліс жоқ, тіпті асықпайсыңдар, қалай қоям?
Қоңыз мұрт. Ау, Дәуке! Өзің білесің, мұнай өндіру де бір сиыр сауу емес пе? Сиырдың сүт беруінде шек болса, жердің мұнай беруінде де шек бар.
Дәурен (шамданып). Ал сиыр суалды, яки қысыр қалды. Сонда қайтесің сен? Сүтсіз отырасың ба?
Қоңыз мұрт. Жо, қысыр сиырды сатам да, буаз сиыр алам.
Дәурен (күліп). Ой, жарықтық! Бәсе, солай шығар...
Марғау (қосыла күліп). Міне, мұныңыз дұрыс, ақсақал.
Дәурен. Немене дұрыс?
Марғау. Күлгеніңіз дұрыс, ашуыңызды басқаныңыз дұрыс (Қолын шошайтады). Түкке тұрмайтын тасбақа дейтін жәндік үш жүз жыл өмір сүреді, үш жүз жыл. О неге, соны білесіз бе?
Дәурен. Жоқ.
Марғау. Күллі дүниенің тұтқасын қолына ұстап отырған адам, құдіретті күш, мына сіз бен біз, ең болмаса бір жүз жыл ғұмыр сүре алмаймыз. О неге, соны білесіз бе?
Дәурен. Жоқ, шырағым, мұның тым хияли фәлсафа секілді, одан да әлгіңді айтшы. Әлгі тасбақасы құрғыр қайтіп үш ғасыр жасайды дейсің? Себебі не?
Марғау. Айтайын.
Дәурен. Ал?
Марғау. Тасбақа мына сіз ғұсап нервничать етпейді, себебі — сол.
Дәурен (жымиып). Түу, бар болғыр. (Шығып кетеді).
Қоңыз мұрт. Апырай, шалдың емін сен таптың.
Марғау. Дедіңіз-ау!.. Менің емімді кім табады.
Қоңыз мұрт. Қандай ем?
Марғау (есінеп). Түнде... Тайман үйінде... Қонақта отырып, сілтеңкіреп жіберіп едім... Ұйқы басып, азып-тозып тұрғаным...
Қоңыз мұрт. Оның емі оңай.
Сағира келе жатады.
Марғау (ұйқыдан оянғандай, келе берген қызды көзімен тінтіп, Қоңыз мұртқа). Мына сұлу қай сұлу?
Қоңыз мұрт. Сағира да, жаңа ғана осы арадан кетті ғой.
Марғау. Мұнайшы қыз ба?
Қоңыз мұрт. Иә, енженер-технік.
Сағира. (Қоңыз мұртқа). Директорды тауып, айттым.
Қоңыз мұрт. Жақсы болды.
Сағира. Жаман болды.
Қоңыз мұрт. Не болды, ойбай!
Сағира. Жүз он бір тағы істен шығып қапты.
Қоңыз мұрт. Қойшы! Тағы бір үш тоннадан құлақ қақтық десейші. Мүлде құрыды ма?
Сағира. Құрығаны ма, жоқ па, қайдам," әйтеуір май орнына су тартып тұр.
Қоңыз мұрт (діңкесі құрып). Алда ойбай-ай, қап, тағы бір сиыр қысыр қалды. (Апалақтап, телефон трубкасын көтеріп, қайта салып). Қазір... Қазір мен... (Төргі бөлмеге кіріп кетеді).
Марғау (Сағираға). Қарындас, бір көрген адамым секілдісіз.
Сағира. Көрсеңіз көрген боларсыз, түнде Тайман ағайдың үйінде бірге болдық қой.
Марғау. Иә, иә... Солай екен-ау. Бірақ онда екі қыз секілді едіңіз. Тамаша болып еді... Апырай, сән- салтанаттарыңыз-ай сондағы... Іңірде шайтан көшкендей бір түрлі...
Сағира(күліп). Бірақ сіз ұйықтап отырдыңыз ғой.
Марғау. Сөйтіп пе едім? Япырмай, елтіп қалған болдым-ау онда... Сіздің атыңыз Сағира ғой деймін.
Сағира. Болсақ болармыз.
Марғау (қолын ұсынып). Онда былай: өз атым — Марғау, әкем аты — Мажыра.
Сағира (Марғаудың ұсынған қолын алып). Түнде де бізбен осылай танысып едіңіз.
Марғау. Дедіңіз-ау!.. Онда "сіз-бізбен" сызылып қайтеміз, "сенге" көшелік тура...
Сағира. Түнде де сөйткенсіз, түнде де "сенге" көшкенбіз.
Марғау. Қойшы, қарындас! "Сенге" көшкен соң не айттым сонда?.. Былай... нетіп кеткен жоқпын ба?
Сағира. Неткен-кеткеніңізді қайдан білейін, өзіңіз білмесеңіз.
Марғау. Қарындас, қарағым, шамданба. Мен өзі... осындай жігітпін. Өзің секілді шырайлылар кездескенде мен өзім... Шырғалап, шыр айнала... Нетіп...
Сағира сыңқылдап күледі. Тайман кіреді.
Тайман (Марғауға). Қалай, Мар, жақсы ұйықтап, жайлы тұрдың ба?
Марғау. Қабеннің қасында қандай ұйқы болушы еді. Ит қуған тайлақтай жүрміз әйтеуір желп-желп етіп...
Тайман (күліп). Паһ, сен желпілдей қоярсың оп-оңай.
Марғау. Дедіңіз-ау!.. Желпілдемесек, селкілдейміз. Тыным жоқ, тыныштық жоқ, тура трамвайда кетіп бара жатқандай селк-селк етеміз де жүреміз.
Тайман (иланып). Солай ма-ей?
Марғау. Енді қалай? Саған келгеніміз кеше ғана, алыстан ат арытып әрең жеттік. Түн ортасы ауғанша үйінде ішіп отырдық. Одан мейманханаға барып ек, тас төбемізде соқырдың көзіндей бақшиған жалғыз шамды таң атқанша шағырайтып қойып, жұмыс істеді. Мен сорлы төңбекшідім де жаттым.
Тайман. Өзі ішпеді ғой түнде.
Марғау. Білмейсің бе, тук татпайды. Ал мен мас едім. Мас қадірін сау біле ме?
Тайман (қоштап). Иә, Қабен солай. Өзгермепті. Бүгін менің де есімді тандырды әбден.
Марғау. Өзі қайда?
Тайман. Жанар ға тапсырып, әрең құтылдым.
Қоңыз мұрт(төргі бөлмеден шығып). Ә, келдің бе, Тайман?
Марғау. Жанар ың кім сенің?
Тайман. Инженер. Жер астының қысымын қолына ұстаған құдіретті қыз бір... (Жымиып күледі).
Марғау. Аһа, Қабеннің іздеп жүргені болды ғой.
Тайман. Солай. Қабеннің зерттеп жүргені сол — екінші әдіс, Мұнайлы қабатқа су айдау.
Марғау (өзімен-өзі). Жанар... Бір естіген есімім...
Сағира. Түнде бірге болдық қой.
Қоныз мұрт. Бағанағы Дәурен шалдың қызы...
Тайман (Қоңыз мұртқа). Дәурен келіп пе еді?
Қоңыз мұрт. Келіп кетті. Тағы ашулы, екі иығын жұлып жеп жүр шайтан шал!
Тайман (қоңырайып). Ауру ғой, бейшара. Жуырда астанаға, ауруханаға жүретін көрінеді (Марғауға). Дәурен деген ақсақал бар, елу жыл ғұмырын мұнай іздеумен өткізді. Қазір пенсиада.
Марғау. Көрдім. Былай тың кісі секілді.
Тайман. Қайратты. Ашуы да жетіп жатыр. Мінезі шәлкес.
Сағира(Тайманға). Сол кісі айтып жүрген жүз он бір тоқтап қалды тағы да...
Тайман (тіксініп). Не дейді? (Қоңыз мұртқа). Оны неге айтпай тұрсыз? (Қолын сілтеп). Түу, құдай сақтасын! Жүріңдер. (Бәрі төргі бөлмеге өтеді).
2
Өндіріс іші. Сахна ортасынан басталып, төріне қарай тереңдеп кеткен әр алуан вышкалар, мачталар, топты қондырғылар, жеке качалкалар... Алыстан ағараңдап алын резервуарлар көрінеді. Қабен мен Жанар бір скважинаның қасына кеп тоқтайды.
Қабен (скважинаны нұсқап). Мынау қанша мұнай беріп тұр?
Жанар.Дым да бермейді.
Қабен. Мұнан да су айдайсыңдар ма?
Жанар. Жоқ, бұдан газ айдаймыз, мұнайлы қабаттың қысымын газбен көбейтеміз.
Қабен. Тоқтаңыз, сонда... (Санап). Бір, екі, үш... (Орта тұста шұлғыған жеке качалканы нұсқап). Анау бір скважинадан мұнай тарту үшін қатарымен жеті скважина су, газ айдап тұра ма?
Жанар.Солай.
Қабен. Сонда осы қайнар қанша береді?
Жанар.Тәулігіне үш тонна.
Қабен. Басында қанша еді?
Жанар. Отыз тонна.
Қабен (басын шайқап). Он есе кеміген. Қазылғанына қанша болған қайнар бұл?
Жанар. Тұп-тура елу жыл.
Қабен (қойын кітатшасына түртіп жатып). Міне, "екінші әдістің" қажет жері — осы!
Жанар. Қажеттігінен бұрын бұл скважинаның бір-екі ерекшелігі бар. (Қабен тыңдап қалады). Біріншіден, бұл қайнардың майындай май бүкіл дүние жүзінде жоқ. Сапасы сұмдық. Әр тамшысы қасқалдақтың қанындай қымбат.
Қабен. Иә, соғыс кезінде Бас қолбасының жеке өз резервінде болған Жанар май осы ма?
Жанар. Білесіз екен ғой.
Қабен. Естігем.
Жанар. Онда дәл айтып тұрсыз, бұл араның тізгіні тікелей Бас қолбасының қолында болды. Содан соң (аздап шаттанып), бұдан дәл елу жыл бұрын дәл осы скважинаны өз қолымен бұрғылап, осы атырапта алғаш рет фонтан атқызып, мұнай селін ағызған — менің көкем.
Қабен (серпіліп). Ембі осыдан басталған десеңізші.
Жанар. Солай, Мұнайлы Ембі осы скважинадан басталған. (Қиялдана). Қараңызшы! Жарықтық, дәл осы қалпы, күні-түні тынымсыз да мігірсіз, жарты ғасыр бойы толассыз шұлғып тұр. Елу көктем, елу жаз, елу күз, елу қыс... Не деген ұзақ ғұмыр? (Кенет жуасып). Бірақ... Неткен қас қағым... аз дәурен?..
Қабен (түсінбей). Неге? Неге олай дейсіз?
Жанар (өзімен өзі, ойлы):
"Өтеді күндер, өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап.
Соғады дауыл, солады гүлдер,
Сарғаяды жапырақ".
Қабен (әсерлене жаздап). Қасіретті Кобзарь сарыны ғой бұл...
Жанар. Осы араға келсе, осы қайнарды көрсе болғаны, менің көкем күбір-күбір етіп, осы өлеңді дұғадай созып тұрғаны.
Қабен (өндіріс ішіндегі бір ұзынша орындықты нұсқап). Жанар , отырыңыз мына жерге. Байқаймын, сіздің көңіліңізде бір түйткіл бар. Әлде... құпия сыр ма? (Жанар орындыққа отыра бере бетін Қабеннің иығына басқанын аңдамай қап, бойын шапшаң жиып алғандай болады). Оқасы жоқ. Қысылмаңыз. Айттым ғой, сізде бір оқшау жай бар.
Жанар (жабығып). Көкем ауырып жүр.
Қабен. Ол кісі қайда қазір?
Жанар. Әзірге осында. Жуырда пенсияға шыққан. Көп кешікпеспіз, сірә, жолға шығармыз. Алматыға барып, дәрігерлерге көрінгісі келеді. Өзім алып барам.
Қабен (ойлы). Әрине, докторға көрінген жөн... Ембінің ардагері екен-ау, шіркін, азамат екен-ау...
Жанар. Егер осы өңірде көкем жүріп өткен іздерді бір жерге жиса, құс жолындай сайрап жатар еді... Көрген рахаты қандай болса, азабы мен бейнеті де сондай мол...
Қабен. Әрине. Жарты ғасыр бойы қолдан бұрғы түсірмеу бейнет-машақатсыз бола ма? Қалай дедіңіз: "Өтеді күндер, өтеді түндер..."
Жанар. Жоқ, көкемнің жыры — бұл ғана емес. Бұл өлеңді тек (нұсқап) осы қайнардың тұсында ғана айтады. Ал басқа жердегі, басқа кездегі әуені де басқа!
Қабен (жауап күтіп). Қандай әуен?
Жанар (сәл тұтанып):
"Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?"
Қабен. Бұл әлгіден мүлде бөлек. Мұнда күш, жігер, қайрат!..
Жанар. Бұл — Назым Хикмет. Байырғы Көне Шығыста Керім деген кісі өз жүрегіндегі құштарлық отына өзі өртеніп кетіпті деген аңыз бар. Сол сырды Назым Хикмет осылайша жыр еткен.
Қабен (құптап). Тамаша!.. Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Сол бір-ақ рет берілген аз ғұмырда жанып, жалындап, лапылдап өткенге не жетсін!
Жанар.Дұрыс айтасыз. Мүлгіп-қалғымай...
Қабен. Әрқашан ояу...
Жанар. Әрқашан алға...
Қабен. Арманға ұмтылып...
Жанар. Шарқ ұрып өту...
Қабен. Шарт!
Жанар (қайта көңілденіп). Менің көкем — сондай адам.
Қабен. Мен көкеңізді, көкеңізге деген көкіректегі діріліңіз арқылы өзіңізді де бір түрлі...
Жанар (күлімсіреп). Жаңа түсіне бастадыңыз ба?
Қабен (шынымен). Жасыратыны жоқ, солай.
Жанар (сырласып). Мен де жасырмаймын, біреулер соны түсінбеген, тіпті түсінгісі келмеген.
Қабен. Кімдер олар?
Жанар. Бір кезде Қоңыз мұрт, бүгінде Тайман...
Қабен (шүбәлі). Қойыңызшы! Тайман дейсіз бе?
Жанар. Иә, Тайманның өзі.
Қабен. Ал, Қоңыз мұрт деген кім?
Жанар. Ойбай, бұл бір Хамелеон!
Қабен. Иә?!
Жанар. Қазір Тайманның орынбасары, осы өндірістің шаруашылық жағын басқарады.
Қабен. Завхоз ба?
Жанар. Соның реті. Бірақ бұрын тергеу орындарында істепті.
Қабен (сұрақты түрде). Ал?
Жанар. Атырау қолтығында Арна дейтін жер бар.
Қабен. Арна?
Жанар. Иә, Арна — көкемнің өмір бойғы арманы. "Атырау асты — Атырау теңізіндей ағыл-тегіл мұнай" депті Губкин. Сол мұнай дариясының кіндігі — Арна деп біледі көкем.
Қабен. Бұрғы салған ба? Бұрғылап байқап көріп пе екен?
Жанар. Бұрғылағанда қандай. Көкемнің ұстазы — бір геолог орыс болыпты. Оның да бар ғұмыры Арнадан мұнай іздеумен өткен.
Қабен. Қайтыс болған ба?
Жанар.Елсіз шөлде мұнай іздеп жүріп дүние салыпты, марқұм. Қабірі — Арнада... Сол кісімен бірге көкем Арнаны бір емес, бірнеше рет — жеті-сегіз мәрте бұрғылап байқаған.
Қабен. Мұнай шыққан ба?
Жанар. Әңгіме сонда. Шықпаған. Бәрі ойдағыдай — жер астындағы барлық қабат тура геокартадағыдай, Мұнайлы қабат та өз орынында көрінеді. Жалғыз-ақ, аттырып байқаса, мұнай шықпайды дейді.
Қабен. Сонда?
Жанар (жуасып). Содан... қиын болды. Көкем сөзге ілікті. Жаза тартты, азап шекті...
3
Қабен мен Жанар тұрған жер қараңғыланып, сахнаның жоғарғы жағына жарық түседі. Әлде бір тергеу орны — оңаша бөлме.
Дәурен мен Қоңыз мұрт.
Қоңыз мұрт. Сенің өлген ұстазың — геолог орыс Арнаны бес рет бұрғылады, сен үш рет бұрғыладың, солай ма?
Дәурен. Солай.
Қоңыз мұрт. Бір қасық май таптыңдар ма?
Дәурен. Жоқ, табылмады.
Қоңыз мұрт. Миллион сом бет алды құла түз зая кетті ме, жоқ па?
Дәурен. Қаржы жұмсалды.
Қоңыз мұрт. Қайта айтам: миллион сом бет алды құла түз зая кетті ме, жоқ па?
Дәурен. Әрине, жұмыс жасалған жерде қаржы жұмсалады.
Қоңыз мұрт. Қайта айтам: миллион сом бет алды құла түз зая кетті ме, жоқ па?
Дәурен. Амал не, кетті.
Қоңыз мұрт. Қайта айтшы: Арнадан мұнай шықты ма?
Дәурен. Жоқ.
Қоңыз мұрт. Екінші сұрақ: Арнадан мұнай шыға ма?
Дәурен. Шығады.
Қоңыз мұрт. Сандалыпсың!
Дәурен. Сөкпе!
Қоңыз мұрт. Сөгу ме, заңғар! Одан да зорын көрерсің әлі.
Дәурен. Не үшін?
Қоңыз мұрт. Зиянкестігің үшін!
Дәурен. Зиянкестік?!
Қоңыз мұрт. Иә, зиянкестігің үшін!
Дәурен. Мен бе зиянкес?
Қоңыз мұрт. Иә, сен зиянкес! Жұртты құла дала — қу медиенге шұбыртып апарып, жер соқтыруыңда не мақсат барын білеміз, заңғар, есінде болсын. (Пауза. Қаламмен қағаз ұсынады). Мә, қол қой мынаған.
Дәурен. Бұл не?
Қоңыз мұрт. Әлгі айтқандарың. (Дәурен оқиды. Ыза бон жыртып лақтырады. Қоңыз мұрт сондай қағаздың тағы бір парағын тауып ұсынады). Мә, қол қой мынаған.
Дәурен. Бұл не?
Қоңыз мұрт. Әлгінің көшірмесі!
Дәурен отыра кетеді.
4
Сахнаның төменгі жағына жарық түседі.
Жанар мен Қабен.
Қабен. Арнаның жұмбағы әлі шешілмей тұр ма сонымен?
Жанар. Бүгінде Ембінің бар келешегі Арнада жатқаны жұртқа мәлім. Бірақ, бел шешіп, білек сыбануға ешкім батпай жүр. Көкемнің есі-дерті әлі де Арна. Бірақ денсаулық жағы... Қайдан білейін. Тыңнан байлық табу оңай ма? Бейнеті де мол. Таймандар болса, жылы орнын суытқысы келмейді. Сөйтіп, көне жерді жамап-жасқап жүрміз бәріміз.
Қабен. Жаңа көз ашу керек-ақ қой, бірақ көне қайнарды бітемеген де жөн шығар?
Жанар. Жаңа кен табу көне жерді жабу емес, әрине...
Қабен (ойланып). Қоңыз мұрт дейді? Апыр-ай, бар-ау, жер үстінде талайлар...
Жанар. Кейін көкеме қайта кездескен көрінеді.
Қабен. Бетіне қалай қарады екен?
5
Қабен мен Жанар тұрған жер қараңғыланып, сахнаның жоғарғы жағына жарық түседі. Қоңыз мұрт, аздан соң Дәурен шығады.
Дәурен (үңіліп). Қоңыз мұртпысың?
Қоңыз мұрт. Мен.
Дәурен. Сен әлі бар ма едің?
Қоңыз мұрт. Қайда кетеміз?
Дәурен. Талайды кетірген жоқ па едің?
Қоңыз мұрт. Солай болған.
Дәурен. О зәнді құртқан. Мені таныдың ба?
Қоңыз мұрт (көлгірсіп). Жоқ, танымадым.
Дәурен. Жә, танымасаң таныма. Ал өз халің қалай?
Қоңыз мұрт. Өз халім — осы, көріп тұрсың.
Дәурен. Қайтып жүрсің жер басып?
Қоңыз мұрт. Жүрмін. Тірі болсақ, жүре береміз.
Дәурен. Ұйқың бар ма?
Қоңыз мұрт. Бар. Жаман тус көрем, бастығырлам, бірақ бар ұйқым.
Дәурен. Күлкің бар ма?
Қоңыз мұрт. Күлкім де жоқ емес.
Дәурен. Қайда жүрсің бүгінде?
Қоңыз мұрт. Аспанасты кең, жүрміз ғой, заңғар, бір жерде.
Дәурен. Ой, тәубе! Жүреді бұлар, жүреді... Әзәзілге өлім жоқ деген осы. Осыдан тартқан бейнеттен менің шашым ағарды, мұның мұрты да қисаймаған. Құлқы да сол шығар. Бұған не дерсің? Пай-пай, өмір-ай, әлі сенің әділдігің ақсақ-ау!..
6
Жоғарғы шам сөнеді. Сахна жарық. Қабен мен Жанар.
Екеуі өзара ұғысқан адамдардай шүйіркелесіп қалған.
Бұлардың сырт жағынан Тайман, Марту, Қоңыз мұрт өтеді.
Қоңыз мұрт (Қабен мен Жанарды нұсқап). Қонақ жігіт пен қарындасымыз "бхай-бхайлау" боп қалған ба, қалай?
Тайман. Солай секілді.
Марғау. Дедіңіз-ау!..
Үшеуі әрі — өндіріс ішіне қарай тереңдеп кетеді.
Шымылдық.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
1
Түн. Кафедра меңгерушісінің кабинеті. Төрдегі стол жанында Профессор қалың қолжазбаны парақтап, әлдене жазып отыр. Телефон сылдырайды.
Профессор (трубканы көтеріп). Профессор Сапаров. Қабенбісің? Пікір дайын. Қазір кел.
Қолында шағын чемодан, қарында плащ, Тайман кіреді.
Тайман (жүгін жерге қойып, профессорға қолын ұсынып). Саламатсыз ба?
Профессор (қолын алып, қадала қарап). Тайман емеспісің? Я? Қайдан жүрсің?
Тайман. Елден келем.
Профессор. Ел болғанда... Ембіден бе?
Тайман. По, Ембіден, Мұнайлыдан келе жатырмын.
Профессор. Дұрыс. Мұнайлының директоры деп естігем сені. Отыр. (Тайман отырады. Профессор оны барлап, ойланып). Оған да төрт жыл. Өтіп бара жатқан ғұмыр-ай! (Езу тартып). Бәтеңкілеріңнің тұмсығы құм-құм боп, университетке әрең кіргендерің кеше ғана еді, енді міне, сырықтай-сырықтай азамат боп шыға келдіңдер.
Тайман (ойын-шыны аралас). Бізді қойыңызшы, біз қарапайым көп мұнайшының біріміз ғой. Мықтылық Қабендікі-ау деймін, ақсақал.
Профессор (құптап). Оның рас. Қабен мықты. (Қолжазбаны нұсқап). Мынау диссертациясы. Тамаша зерттеу.
Тайман. Ол шәкіртіңіз әуелден қабілетті жігіт қой. Аздап мінезінің кедір-бұдыры болмаса...
Профессор (ойлы-орнықты). Тек қорғап шықсын, дәрежесін алсын деп отырмын; өзін осында доцент қып қалдырмақпын, түбінде кафедраны да соған берем, сол басқарады.
Тайман (риза боп). Мұныңыз кендік екен.
Профессор. Соншалық кенді қазу қиын шығар, бірақ бұл мәселеге өзімнің кейбір әріптестерімнен біраз басқаша қарайтыным рас. Біреулер қолы қалтырап, тізесі селкілдегенше креслодан түскісі келмейді. Таң қалам. Жай әкім емес, ғалым. Кей әкім креслодан түссе, тамақ асырай алмауы мүмкін. Ал ғалымда өлгенше өзіне жететін атақ-дәреже бар емес пе? Кресло не керек оған? Таң қалам.
Тайман. Бірақ бұған таңданғаннан гөрі ойланған жөн емес пе?
Профессор. Ойланған дейсің бе?
Тайман. Айталық, адам алпысқа келді. Пенсияға шықты. Бірақ жатқысы келмейді. Неге? Кеше ғана еңбек еткен орны бар. Сырын қосқан, мұңың қосқан орта бар. Қимайды. Кеткісі келмейді. Неге? Ойлау керек секілді.
Профессор (ойланып). Солай ма? Мүмкін. Адам жаны күрделі ғой. (Пауза). Дей тұрғанмен, өмірді қимау, ортаны қимау өз алдына да, креслоны қимау бір бөлек...
Тайман. Солай-ау бірақ... (ойланып қалып). Қабен ертең қорғай ма?
Профессор. Ертең түсте, Сағат үште. Айтпақшы, Қабеннің зерттеуі сенің Ембің туралы, білесің бе?
Тайман. Білгенде мен білейін. Келген себебім де сол. (Чемоданынан бір буда қағаз алып, профессорға ұсынады). Мынау Ембідегі ірі мамандар мен ғалымдардың пікірлері, ала келдім.
Профессор. Дұрыс. Мұның зияны жоқ.
Тайман. Тоқтай тұрыңыз. Кәрі-жасы аралас, Ембіде бір топ Дон-Кихот бар. Мені арадай талап жүр.
Профессор. Не қылмайсың дейді?
Тайман. Кертартпасың, Ембінің ертеңін ойламайсың дейді.
Профессор (таңданып). Қызық екен. Немене, Ертең Бүгінді жоққа шығара ма? Жоқ, ол болмайды. Қабеннің зерттеуін сенің мұнайшыларыңа кітап қып бастырып береміз әлі, тұра тұр.
Тайман (жадырап). Апырай, тамаша болар еді, түптеген бойда талап әкетер едік...
Профессор (кіре берген Қабенді көріп). Міне, өзі де келді.
Тайман ұшып тұрып, Қабенге құшақ жаяды. Анау ерке қылықпен саусағын безеп, мұны тоқтатып тастайды.
Қабен . Кілт тұра қал!
Тайман (аңырып). Ал!..
Қабен. Маған келдің бе?
Тайман. Саған келдім.
Қабен. Әдейі іздеп келдің бе?
Тайман. Әдейі іздеп келдім.
Қабен. Өтірік айтасың.
Тайман. Олла да рас.
Қабен (Тайманды құшақтай алып, орындыққа отырғызады). Онда отыр осы араға, тырп етпе!
Тайман (таңырқап). Қызық-ей өзі... Амандық жоқ, саулық жоқ, менімен бірге ұйықтап шыққандай...
Профессор (Қабенге). Қалай,жүрегің орнында ма?
Қабен. Әрине.
Профессор. Қорғап шығамыз ғой?
Қабен. Сөз жоқ.
Профессор. Бәсе, қобалжыма. Қорғау сәтті өтуге тиіс.
Қабен. Әлбетте.
Профессор. Ғылыми советте маған қарсы бір-екі кісі бар. Солар болмаса, өзгелері құптар.
Қабен. Кімдер олар? Неге қарсы?
Профессор. Ей, шырағым-ай, неге қарсы дерің бар ма? "Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде" деп қазақ тегін айтты деймісің.
Қабен. Түсінбедім.
Профессор. Жә,түсініп керегі жоқ саған. (Аз ойланып). Біреулер болады... Ғылымнан гөрі ғылым адамдарының ара-қатысын, тату-араздығын аңдып, арам тер болады. Ондайлардан түбінде ғалым емес, залым шығады.
Қабен. Жоқ-ау, сізге қарсылар маған да қарсы бола ма сонда?
Профессор. Мүмкін.
Қабен. Неге?
Профессор. Оңбағандық қой.
Қабен. Неге?
Профессор. Туу сенің"негең"-ақ таусылмайды екен.
Қабен. Жоқ-ау, сізге қарсы болу оңбағандық бола ма сонда?
Профессор (зекіп). Жә, жетті. (Қағаз ұсынып). Мынау қорытынды пікір. Оқы, таныс. Ертеңгі сынға дайындал одан да! (Тайманға). Ал, қайырлы кеште болыңдар. (Кетеді).
Қабен (өзімен-өзі). Түсінбедім. Қорғаудың аты — қорғау. Қорғауда талас болуға тиіс. Талас қарама-қарсылықтан туса, шындық таластан туады. Оның несі ерсі? (Таңданып). Түсінбедім.
Тайман (күліп). Япырмай, бәз-баяғы қалпың. Түк өзгермепсің.
Қабен (серпіліп). Ал сен өзгеріп кетіпсің. Анау жолы барып та байқағам.
Тайман. Қандай өзгеріс?
Қабен. Денең толысқан. Қарның шыға бастапты. Мұның қай семіру сенің? Бастық болдым деп пе? Пай-пай, мансабы құрғыр-ай, бойға сіңсе бұл да бір алкоголизм секілді пәле ғой...
Тайман. Жарайды, қойшы. Жаңа жетекшің не деді саған?
Қабен (ойланып). Жетекшімнің пікірі белгілі ғой, бірақ... Шынымды айтсам... Жазғандарым өзіме тіпті ұнамайды.
Тайман. Қой, соқпа! Бұл да баяғы таныс арияларыңның бірі. Есіңде ме? Төртінші курсте жүргенімізде студенттік конкурста өзіңе берілген бәйгені алмай, маған бергізгенің... Сонда да өз жазғандарым өзіме ұнамайды деп жюримен дауласып болғансың. Сенен бе, сенен шығады.
Қабен. Жоқ, сен тыңда алдымен. Бері келші! (Тайман жақындайды. Қабен диссертацияны нұсқайды). Осы шіркінді қарай-қарай, түзете-түзете әбден мезі боп біттім.
Тайман. Енді қайтесің, оңай дейсің бе?
Қабен. Кейде әп-әдемі, осында бәрі бар. Кейде дәнеңе де жоқ. Әсіресе бір нәрсе, ең қажетті, ең ірі нәрсе жоқ.
Тайман. О немене?
Қабен. Өзім де білмеймін. Іздеймін, шарқ ұрамын, таппаймын.
Тайман. Түу, ол түк те емес. Өз ісіне өзі қанағаттанбау, қапысы таусылмау — ой еңбегінің адамына, дәлірек айтқанда ойлыға тән сезім. Задында, керек сезім. Асылы осы сезімсіз ілгерілеу қиын. (Пауза). Мәку-сәкуді қайтесің, қорғап алсайшы.
Қабен. Қорғауын қорғармыз-ау, бірақ... (есіктен кіре берген Марғауды көріп). Ойбай-ау, Марғау, ұмытып кетіппін-ау сені.
Марғау (манаурап). Дедің-ау!.. Соның жақсы болды, қарсыдағы бос бөлмеде аздап көз іліндіріп алдым.
Қабен (күліп, Тайманға). Бағана жатақханадан бірге келгенбіз. Профессордың көзіне түскісі келмей, жылыстап жүрген өзі.
Марғау. Онысы рас, аздап ащылап алып едім... (Тайманды енді көріп, жаңа танып). Ей, Тайман... (Құшағын жая асылады).
Тайман (көңілді). Ащыламай жүрмейсің-ау сен...
Марғау. Қайтейін. Бүгінде біз (Қабенді нұсқап) мына мырзаға аспаз боп кеттік. Асхананың бір бөлмесін алғанбыз. Күні бойы соның дастарханын дайындаумен жүрдім.
Тайман. О не қылған дастархан?
Марғау. Дедің-ау сен?.. Ертең түсте Қабен диссертация қорғайды, кешке ішпейсіңдер ме, жазған шіркін.
Тайман. Аһ, я.
Марғау. Я болса, сол. Екі қой сойғыздым, қайдан шықса онан шықсын. Арақ-шарапта хисап жоқ.
Қабен (тежеп). Қойшы, жетер.
Марғау (өзіне өзі міңгірлеп). Жететін болғасын ғой бәрі де... (Телефон сылдырайды, Қабен трубканы көтереді).
Қабен (тыңдап). Я мен — Қабен Оразов деген... Алло, алло!.. (Жауап жоқ.. Трубканы орнына қояды).
Марғау (Тайманға). Иә, менің қарындасым аман ба?
Тайман. Қай қарындасың?
Марғау (есіне түсіре алмай). Анау әлгі... Ира ма еді, Кира ма еді...
Тайман (түсініп). Эй, Сағира де...
Марғау. Иә, иэ Сағира... (басын шайқап). Ой, қыз-ақ- ау өзі де... Содан соң әлгі... ағамыз бар еді-ау, әлгі... Мұрты мұрнына кіріп бара жатқан қоңыз секілді ағай бар емес пе?..
Телефон сылдырайды. Қабен трубканы көтереді: "Алло, алло!" Жауап жоқ. Трубканы орнына салады. Телефон қайта сылдырайды.
Қабен (ығыр болғандай). Алло! Я. А?.. Аурухана?.. Хирургия? (Жуасып). Жарайды. (Иығын қозғап таңданып, Тайманға). Ауруханада жатқан біреу дейді...
Тайман (қосыла таңданып). Немене? Сөйлесем дей ме?
Қабен. Иә, шақыруға кетті.
Тайман. Қызық екен. (Сағатына қарап). Жеті қараңғы түнде... Ауруханадан... О не болғаны сонда...
Қабен (трубкадан дауыс естігендей). Я, Қабен Оразов деген — мен. Неге бірдеңе? Бірдеңе емес, еңбек менің жазып жүргенім, диссертация. (Түсінбей). Не дейді? Айғайламаңыз. (Нық). Мен білем: мұнайды да білем, мұнайшыны да білем. Ембіде талай болғанмын. Арна? (Трубканы құлағынан жұлып алып). Мынау кім өзі? (Қайта тыңдап). Жоқ, Арнада болғаным жоқ. (Ызалы). Сіз кімсіз осы?! (Қабен трубканы орнына салып, аң-таң отырып қалады).
2
Қабендер тұрған жер қараңғыланып, сахнаның жоғарғы жағына жарық түседі: аурухана, телефонда — Дәурен.
Дәурен. Алло! Маған Қабен Оразов деген керек еді. Мен?.. Әлгі Ембіден бірдеңе жазып жүрген сен бе? Бірдеңе емес, еңбек дейсің бе? (Қабеннің авторефератын лақтырып). Мынау ма еңбегің? Түу, шіркін! (Аз тыңдап). Мұнайдан не біліпсің, мұнайшыдан не біліпсің сен?.. Жә, тоқтай тұр... Ембіде болып көрдің бе өзің? (Тыңдап). Аһа! Арнада болғаның бар ма? Болғаным жоқ дейсің бе? (Шорт кесіп). Онда менде де сауал жоқ. (Трубканы орнына салады. Есіктен хирург кіріп, мұның ашулы кескініне таңдана қарайды).
Хирург. Түсіңіз бүзылып түр, мүнша неге ренжідіңіз?
Дәурен (жауап бере қоймай, біраз тұнжырап отырып барып). Хирург, Сіз турасын айтыңызшы, сырқатымның түрі не болды сонымен?
Хирург. Өткен жолы консилиумда айттық қой.
Дәурен. Рентген қорытындысы дұрыс боп шықты ма, сонымен?
Хирург. Солай боп тұр.
Дәурен (шөк етіп отыра кетіп). Ім-м-м... Емдеу түрі пышақ қана бола ма?
Хирург. Иә, операция ғана.
Дәурен (өзін өзі күшпен орнықтырғандай). Солай деңіз, Хирург, солай деңіз...
Хирург. Асылы операцияға тез жатқан жөн.
Дәурен (ойлы). Солай ма?
Хирург. Неғұрлым тез қолдап кетсек, соғұрлым дұрыс деп ұйғарып едік.
Дәурен (ойланып). Солай деңіз, Хирург, солай деңіз...
Хирург. Келіссеңіз, біз сізді дереу операцияға дайындамақпыз.
Дәурен (күшпен күлімсіреп). Мені өлтірмеуге кепілдік бере аласыз ба?
Хирург (сәл мүдіріп). Кепілді деп... кесіп-пішу қиын. Олай ету онша ақылдылықта болмас еді.
Дәурен. Неге?
Хирург. Бал ашуға болмайды.
Дәурен (тез ойланып). Олай болса, менде екі тілек бар.
Хирург. Айтыңыз.
Дәурен. Бірінші тілегім — менің жалғыз қызым бар...
Хирург. Білемін.
Дәурен. Ауруымның атын соған айта көрмеңіз. Сезбесін, білмесін, аздап жеңіл болар ма екен?
Хирург. Жарайды.
Дәурен. Екінші тілегім: маған бір күнге ғана рұқсат етіңіз, бір жиналысқа қатысайын да, палатама қайтып келейін.
Хирург (ойланып). Бір күнге дейсіз бе? Апырай... Жарайды, оныңыз да болсын. Мүмкін, бастықтар қарсы бола қоймас...
Дәурен. Рахмет. Рұқсат етер-ау деп сеніп, қызыма хабар беріп едім. Келіп тұрған-ды. Кірсе қайтеді.
Хирург. Кірсін, кірсін. Қазір шақыртайын. (Шығып, Жанарды ертіп қайта кіреді).
Жанар (сөйлей кіріп). Көкежан-ау, мұның қалай? Неге тұрып кеттің?
Дәурен (қызын көкірегіне қысып). Балапаным!.. Өзің жүдеп кетіпсің ғой. Түу, қайтесің бүйтіп, өзіңді өзің жеп?.. Көкеңде алып-жұлып бара жатқан түк те жоқ! Қазір бірге кетеміз.
Жанар.Біржола ма?
Дәурен. Жоқ, балапаным, тек бір күнге ғана. (Қызының қолындағы киімдерін алып). Мен қазір киініп келе қояйын. (Шығып кетеді).
Жанар (күйзеліп, Хирургке). Сол ма?
Хирург. Солай.
Жанар. Анық сол ма?
Хирург. Анық.
Жанар.Рентген қорытындысы дұрыс боп шықты ма, сонымен?
Хирург. Солай боп тұр.
Жанар (шөк етіп отыра кетіп). Емдеу түрі пышақ қана бола ма?
Хирург. Ия, операция ғана.
Жанар (көз жасын жұтып). Жалғыз-ақ тілегім — ауруының атын өзіне айта көрмеңіз. Сезбесін, білмесін. Аздап жеңіл болар ма екен?..
Хирург. Жарайды.
Дәурен кіреді. Киініп алған. Хирург шыға береді.
Соңында Жанар.
Жанар (Хирургке еріп бара жатып). Көке, мен есік алдына машина шақыртайын.
Дәурен (нәрселерін жинай бастап). Жарайды, балапаным, жарайды. (Кенет залға қарап, ойлы). Арна! Соңғы бұрғымды сала алмай кеттім-ау Арнаға! Өкініш тек сол ғана, басқасының бәрібір. (Серпіліп). Жә, мұны неге айттым? Тықыры таянған ажал ма айтқызып тұрған?.. Табыт па сұп-суық?.. Жо-жоқ! Жоқ!..
Шам сөніп қайта жанганда сахнада Ғылым советінің мәжілісі жүріп жатады. Төрде Басшы мен Хатшы; бұлардың маңдай алдындағы орындықтарда — Профессор, Қабен, Тайман, Марғау; соларға жалғас отырғандардың көбі сахна сыртына шығып кеткен. (Кейінірек осы ортаға Дәурен мен Жанар да келуге тиіс).
Мінбеде Доцент сөйлеп түр. Залға кешігіп кірген Ақбас ғалым аздап ыңғайсызданып, аяғының ұшымен басып барып, бір жерге отырады.
Доцент. Диссертацияның соңғы тарауы әсіресе құнды. Мұнда мұнай өнімін арттырудың екінші әдісіне айрықша анализ берілген. О не ол, екінші әдіс деген?.. Жер үстінен жер астына су айдау; Мұнайлы қабаттың қысымын күшейту; сараң табиғаттың бермесін қолма-қол тартып алу!.. Міне, екінші әдіс деген! Бұл тарихта тұңғыш рет Ембі топырағында туған нәрсе. Дәл осы әдістің кешегі қүйі, бүгінгі халі, ертеңгі жайы түп-түгел Қабен Оразовтың диссертациясында шежіредей сайрап тұр... Жұмыстың басқа құны мен қасиетін маған дейін сөйлеген ресми төрешілер де, ресми емес төрешілер де жеткілікті айтты. Мен солардың байлауына толық қосыламын. Қабен Оразов ғылым кандидаты болуға әбден лайық. (Доцент мінбеден түседі. Мүлгіп отырған Марғау ұйқыдан оянғандай ұшып тұрып, алақанын ұра бере қысылып қап, бұға қояды).
Басшы (Марғауға). Жолдас, сіз... немене? Концерт көріп отырсыз ба?
Марғау (әдетінше). Дедіңіз-ау!..
Басшы . Демей қайтеміз. Бұл — мерекелі салтанат емес, Ғылым советінің жұмыс мәжілісі. Мұнда Оразов — юбиляр емес, диссертант. Демек, ол қошемет көру үшін емес, сыннан өту үшін келіп отыр. Солай емес пе?
Марғау. Қойдық қосағасы, қойдық. (Мүлги береді).
Ақбас ғалым (орнынан тұрып, Басшыға). Сіз кешіріңіз, Профессор, мен дәлелді себептермен біраз кешігіп келдім. Рұқсат етіңіз, профессор, осында ВАК-тың бар ережесі түгел сақталып жатыр ма, жоқ па? Соны білгім келеді.
Басшы (байсалды). Әрине, ВАК-тың бар ережесі түгел сақталып жатыр.
Ақбас ғалым. Аһа! Олай болса мынаны білу мүмкін бе? Айталық, Оразовтың зерттеу жұмысына шеттен жазбаша түскен дәйектемелер, яки фікірлер канша?
Басшы . Олар оқылған. Ресми төрешілер сөзінен кейін дереу және түгел оқылған.
Ақбас ғалым. Сіз кешіріңіз, профессор, мен дәлелді себептермен біраз кешігіп келгенімді жаңа айттым. ВАК ережесі бойынша мен, ғылыми советтің мүшесі ретінде, бұл сифатта сұрақ қойып, оған жауап талап етуге праволымын.
Басшы (сәл қысылып). Жә, әрине... әрине праволысыз. (Хатшыға қарап). Сіз Профессор Шандозовтың сауалына жауап беріңіз. Қысқа, тек қысқа ғана.
Ақбас ғалым. Сіз кешіріңіз, профессор, мен қысқа емес, ұзын жауап талап етуге, мүбәдә қазымыр, яғни қатал жазылған дәйектемелер, яки фікірлер болса, түп-түгел, яки алғашқы жолдан ақырғы жолға дейін түгін қалдырмай толық оқып беруді үзілді-кесілді талап етуге әбден праволымын.
Басшы (жалығып). Дұрыс. Сіздікі дұрыс. (Хатшыға). Айтыңыз.
Хатшы. Оразовтың диссертациясына ғылыми институттардан, кафедралардан, жеке оқымыстылар мен мамандардан небәрі он үш дәйектеме түсті. (Басшыға қарайды).
Басшы (Ақбас ғалымға). Тағы қандай сауалыңыз бар?
Ақбас ғалым. Диссертанттың ғылыми аргументтерін қатты сынаған, яки ақи-тақи жоққа шығарған фікірлер болды ма?
Хатшы. Жоқ. Он үш дәйектеме де Оразов диссертациясының теориялық құнын, практикалық мәнін жоғары бағалайды. Әрине, кейбір сын-ескертпелер, талап-тілектер айтылған...
Ақбас ғалым. Оны ғылыми совет мүшелеріне тегіс мәлім еткен боларсыз?
Хатшы. Әлбетте.
Ақбас ғалым (Басшыға). Оларға диссертант толық жауап қайырды ма? Өз гипотезаларын қорғап қала алды ма?
Басшы. Ресми төрешілеріне жауап қайырды. Ал жазба дәйектемелердегі жекелеген сын-пікірлерге, жаңағы сөйлеген ресми емес төрешілерге...
Ақбас ғалым. Кешіріңіз, нешеу?
Басшы. Ресми емес төрешілер ме?
Ақбас ғалым. Иә, ресми емес төрешілер.
Басшы (қағазға қарап). Үш адам сөйледі.
Ақбас ғалым. Аһа!
Басшы. Бұларға Оразов өзінің қорытынды сөзінде жауап беруге тиіс.
Ақбас ғалым (орнына отыра беріп). Менің сауалдарым тәмамдалды. (Басшыға сәл иіліп). Сіз кешіріңіз, профессор.
Басшы (залға). Тағы кім сөйлейді? (Зал үнсіз. Басшы Ақбас ғалымға бұрылады). Профессор Шандозов, мүмкін сіз сөйлерсіз.
Ақбас ғалым (орнынан тұрып). Жоқ, жоқ мен сөйлемеймін. (Қайта отырады).
Басшы. Олай болса...
Ақбас ғалым (орнынан тұрып). Профессор, кешіріңіз...
Басшы. Не айтпақ едіңіз?
Ақбас ғалым. Мен лабораторияға асығып тұр едім. Дауыс беріп кете берсем болмас па?
Басшы. ВАК ережесінде мұндай бап жоқ болса керек, құрметті жолдас Шандозов.
Ақбас ғалым. Сіз кешіріңіз, Профессор. Бұл хақында мен сізбен дауласпаймын... (отырады).
Басшы. Жарайды. Олай болса ресми емес төрешілеріне жауап беру үшін және қорытынды сөз сөйлеу үшін диссертант Оразовқа...
Дәурен (тұра қап). Тоқтаңызшы! Мен екі-ақ сөз айтпақ едім, рұқсат болар ма екен?
Басшы (шарасыз). Неге болмасын, сөйлеңіз. (Дәурен мінбеге барады). Жалғыз-ақ, ғафу өтінемін, есіміңіз кім сіздің?
Дәурен. Сәлменов.
Басшы. Қай институттан едіңіз?
Дәурен. Институт емес, Ембінің қазағымын. Және зиялы емес, жәй мұнайшымын.
Басшы. Өте жақсы, сөйлей беріңіз.
Дәурен (көзін тас жұмып, біраз ойланып барып). Әлгі Оразов деген жігіт Ембіні зерттеп отыр ғой, солай ма? Хош!
Менің бар ғұмырым Ембіде өтті. Ембі — менің жүрегім. Жүрегім менің — Ембі! Олай болса, Оразов менің жүрегімді зерттеп отыр. Осыған талас бар ма зиялы жұрт? (Залда көңілді қозғалыс).
Марғау. Дедіңіз-ау!..
Дәурен. Обалы не керек, Оразов — оясыз жігіт емес. Көзілдірік киісіне қарағанда оқымыстыдан гөрі етікшіге көбірек ұқсайды екен. Бірақ шындыққа не дау бар, бүгін осы мінбеден өзінің етікші емес екенін дәлелдеді. Жазғандарымен де таныспын. Шебер жазылған. Қызық оқылады. Мұның бәрі жақсы. (Пауза). Ал енді бар ма, шындықтың маңдайы қасқа, Оразовтың осы жазғандарынан Ембіге тиер тұлдыр пайда жоқ. Тек сол жаман! (Зал шайқалып кетеді).
Профессор (таңданып). Не дейді?
Дәурен. Оразов о баста не жайлы жазбақ еді? Ембіде мұнай өнімін арттыру жайлы жазбақ еді. Хош. Аса ірі мәселе, көкейтесті мәс-сәлә! Ембінің аңсап отырғаны осы, осы мәс-сәләнің шешілуі. Бірақ осыны Оразов біле ме?
Профессор (ажырайып). Неге білмейді?
Дәурен. Жоқ білмейді. Білсе, қайсы, не шешті Оразов? Түк те шешкен жоқ. Тапты ма мұнай өнімін арттыру жолдарын? Түк те тапқан жоқ. Табуды айтасың, анық біле ме соны өзі?
Профессор. Неге білмейді?
Дәурен. Жоқ, білмейді. Қайсы білгені? Екінші әдіс пе? Қате. Соны мақтаған (Доцентті нұсқап), шырағым, сенікі де қате. Ембінің екінші әдісі үшін пәлендей үлкен ғылымның қажеті жоқ. (Қабенге). Сен жаз, Оразов, жазба, бәрі бір, Ембі ол әдісін іс жүзінде қолданған және қолдана бермек одан әрі... Жаңалық па сол? Қай мұнайшы таңданбақ мұныңа?
Доцент. Сіздікі де қате. Таңдану шарт емес. Диссертация жұртты таңдандыру үшін жазылмайды.
Ақбас ғалым (Басшыға). Сіз кешіріңіз, Профессор. Мінбедегі шешеннің сөзін бұлайша белден қос аяқ салып бөліп жіберу, яки оны сөйлетпеуге әрекет жасау — ВАК ережесіне шәлкес мінез.
Басшы (Доцентке). Сіз шынында да бөлмеңіз. Кейін сөйлесуіңізге болады ғой, бөлмеңіз, өтінемін.
Ақбас ғалым. Әсіресе диссертацияға қарсы, яки диссертант тұжырымдарын тікелей сынап, немесе түп-тұғиянымен жоққа шығара фікір айтқан шешенді бөлу...
Басшы. Жақсы. Айттық қой жаңа!.. Сіз де бөле бермеңіз.
Ақбас ғалым. Кешіріңіз, Профессор. (Отырады).
Дәурен. Жоқ. Мені бөлген ешкім жоқ. Қайтесіңдер мен үшін босқа терлеп? Ембі үшін терлейік одан да бәріміз жабылып... (Қабенге). Оразов, шырағым, өзіңнен сұрайын, үлкен Ембі проблемасы деген не? Үлкен Ембінің үлкен тағдыры қайда жатыр? Соны білдің бе сен? (Жұртқа). Ау, ағайын, өздерің айтыңдаршы, қане... Ғилым өміршең болсын, ғилым тәжірибемен тығыз байланыста болсын, бірге жүрсін дейміз. Қайда сол? А-а-а? (Пауза). Мен болдым. (Мінбеден түседі).
Басшы (орнынан тұрып). Жолдастар, жетті ғой деймін. Ендігі сөзді диссертанттың өзіне берген жөн болар.
Дауыстар. — Дұрыс.
— Өзі сөйлесін.
— Бәрінің жауабын бір-ақ берсін.
Профессор (Басшыға). Өзіңіз ештеңе айтпайсыз ба?
Басшы. Не жайлы?
Профессор (шап беріп). Бәсе, не жайлы? Білмейсіз бе не жайлы екенін?.. (Мінбеге беттеп). Маған беріңіз олай болса...
Басшы (түсінбей). Тек қысқа айтыңызшы, профессор, қысқа ғана. Созып алдық, тым ұзаққа кеттік.
Профессор (мінбеде). Мен, председатель жолдас, сізге түсінбей қалдым. (Қолын жая таңданып). Бұ не бұл? Ғылым советінің мәжілісі ме, әлде мұнай кәсіпшілігіндегі өндірістік кеңес пе?
Басшы (шытынап). Жә, сіз неге олай дейсіз?
Профессор. Демей қайтейін. Кім әлгі кісі?
Басшы. Кім екенін айтты ғой. Әрілесе, кім екенінде не шаруамыз бар біздің?
Профессор. Неге шаруамыз жоқ? Оның шаруасы бар, біздің шаруамыз жоқ, солай ма? Мен білмеймін қалай екенін... Кез келген көлденең көк атты көшеден кіріп келеді де, көзімізді бақырайтып қойып ақыл айтады. Бұ не бұл?
Дәурен (орнынан тұрып). Шырақ, сен ыссылама! Зиялыға жараспайды ыссылау. Ғилым иесі сөйте ме екен? Сен одан да мынаған жауап бер: неге көлденең көк атты болам мен? Неге көшеден кіріп келем мен? Неге бақыраяды көз жөн жоқ, жосық жоқ... А-а-а? (Жанар жалынып, әкесін әрең отырғызады).
Профессор (сәл ыңғайсызданып). Жарайды, қаттырақ кеткен болсам, ғафу етерсіз.
Дәурен. Е, сөйт бәсе, соның дұрыс. Білімдар кісі сөйтер болар.
Профессор. Сіздер түсініңіздер, жолдастар. Менің айтқым келгені мынау. Ғылымды жайдақтауды, жалаңаштауды, кейде тіпті (тағы да ыза болып) аяқ асты етуді қоятын уақыт жетті! Ғылым — қолжаулық емес. Ойнамау керек ғылыммен. Қорламау керек ғылымды.
Ақбас ғалым (ұшып тұрып, профессорға жақындайды). Міне, міне... осы фікіріңіздің жаны бар. Сіздің бұл арадағы логикаңыз — темір... (Басшыға бір шұлғып). Сіз кешіріңіз, Профессор. (Орнына кеп отырады).
Профессор. Ғылым практикамен бірге жүрсін дейді әлгі кісі. Алдымен, бұл — тым жалпылама сөз, жалаң уағыз. Содан соң, ғылым — практика емес, теория. Қажет жағдайда ғылым бірыңғай практикалық міндеттерден біраз бой тартуға тиіс. Керек десеңіз, ғылым кей ретте тап-таза теориялық обобщениемен айналысуға тиіс. Теорияны байыта алмаған, теорияны тереңдете алмаған ғылым практикаға да шешуші ықпал жасай алмайды. (Дәурен түңіліп, шығуға беттейді).
Басшы. Жолдас Сәлменов сабыр... Тұра тұрыңыз кішкене, түсінісейік.
Дәурен. Біз түсінісетін түк те қалған жоқ бұл арада. (Дәурен кетеді, Профессор мінбеден түседі).
Басшы. Соңғы сөз Оразовқа беріледі. (Қабен мінбеге шығады. Сахна қоңырая береді. Жарық Қабеннің үстінде ғана қалады. Радиодан Қабеннің ойы естіледі: "Қорғауда талас болуға тиіс деуші едім, сол талас осы ма? Таластан шындық тууға тиіс деуші едім, сол шындық осы ма ?.. Әлгі бір қызыл көз... Жоқ, неге қызыл көз?.. Тоқта, сонда... Сонда не істеу керек?! Сахнаға қайтадан жарық түседі. Басшы Қабенге). Қане, жолдас, не айтасыз?
Қабен (шорт кесіп). Мен дәл осы қорғаудан үзілді-кесілді бас тартамын.
Мылқау сахна.
4
Бөлме. Қабен жалғыз, ойлы. Тайман кіреді.
Тайман (Сағатына қарап). Самолеттің ұшуына екі сағат қалды. Шығарып салатын Марғау әлі жоқ. (Мырс етіп). Тойға дайындаған арақ-шарабы түгел өзінде қалды, тұмсықты тығып қойып жатыр-ау жарықтық. (Қабенге). Ал, Қабен, Ембіге барам да күтем.
Қабен (сәл сергіп). Құп!
Тайман. Тек байқа, келмей қалып жүрме! Шегін-шексің сен.
Қабен. Қате айтасың. Мені қүртып жүрген шегіншектік гмес, шегіне білмеу. Бұлтара алмай қалам.
Тайман. Жарайды. (Қолын ұсынып). Әкел қолды. (Қабен қолын береді). Келесің ғой қалайда?
Қабен. Өлмесем.
Тайман. Келістік. Бітті.
Қабен. Сен тек мынаны айтшы: Дәурен Сәлменовті неге жек көресің?
Тайман.?
Қабен. Дұрысында оны сен емес, мен жек көруге тиіспін. Бірақ, нанасың ба, Тайман, мен сол кісіге бір түрлі қызығып жүрмін.
Тайман (қарқылдап күліп). Қызықсаң, бар, ізде, тап. Батарсың мырғамға!
Қабен. Табамын. Сені шығарып салам да, Дәуренді іздеймін.
Профессор кіреді. Қабағы қату.
Профессор (Қабенге). Мен қолқойған қағаз атаулының бәрін, менен алған кітаптарыңды түп-түгел апар да, лаборантка тапсыр.
Қабен (сұрланып). Жақсы.
Профессор (Тайманға). Досың ақтады ғой үмітімізді, солай ма? Жердің үстімен келіп, астымен кетіп бара жатқан шығарсың.
Тайман. Айтатыны жоқ.
Профессор (кете бере қайта оралып). Бұ жігіт өзін сыйламасын, өзгені сыйламасын, шіркін-ау, ең болмаса ғылымды сыйласа қайтты екен?
Қабен (нығыз). Менің бар жазығым — сол ғылымды сыйлағаным.
Профессор (зекіп). Жә! Жетті! (Шығып кетеді).
Тайман (Профессорды аяп). Қайтсын, не қыларға білмей жүр ғой.
Қабен (ойлы). Ақылды кісі еді, кейін ұғар тағы, қайтейін. (Пауза). Жалған ғалым болғаннан жібі түзу жұмысшы болған артық.
Тайман (ыза болып). Өй, қойшы айналайын. Жалған, малған... Қайтесің құр босқа... Сағым қуып...
Қабен (жуасып). Не қыл дейсің сонда?
Тайман. Не қыл деймін? Қорғап алу керек еді.
Қабен. Ал қорғадым. Содан соң?
Тайман. Сенің денің дұрыс емес шығар. Ойбай-ау жетекшің айтып жүрген жоқ па: студенттерге сабақ беретін едің, доцент болатын едің. Ол тіпті кафедраны да түбінде... Содан артық не керек еді саған?
Қабен. Тоқта, сен ашуланба, Тайман. Ғұмырында өндірісте істеп көрмеген адамның өндіріс туралы лекциясы қандай болмақ? Құр кітап кеміріп, жаттанды жайларды жәй қайталап бергеннен басқа не бітірмек?
Тайман. Қойшы, сабақ беретіндердің ішінде сондайлар аз деп отырмысың? Бес жыл бірге оқыдық. Кей лекциядан қашып құтыла алмайтынымыз қайда? Марғаулар артта отырып, ұйқысын қандырып алатын...
Қабен. Міне, ақыры сен де менің пікіріме келдің.
Тайман (тығылып қап, қолын бір-ақ сілтейді). Жарайды, несіне өзеуреп отырмыз осы? Енді бәрі біткен жоқ па соның?
Қабен. Жоқ, біткен жоқ. Бәрі басынан қайта басталды.
Марғау (қолында газет, күбірлеп сөйлей кіреді). Солай, солай жігіттер. "Біреуге ор қазсаң, өзіңе көр қазарсың" деген қазақ дана ғой, жазған шіркін.
Тайман. Немене Марғау, жыныңмен сөйлесіп келесің бе?
Марғау. Ой, анау күнгі жадау шал бар емес пе, Дәурен Сәлменов деген?
Қабен (секем алып). Иә?
Марғау. Өліпті со кісі.
Қабен (шоқ басқандай). Тек!
Тайман. Не дейді!
Марғау (газетін ұсынып). Міне, оқы сенбесең, некролог...
Бәрі сең соққандай аңырып қалады.
Шымылдық
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі