ПРОЛОГ, ЯКИ ЭПИЛОГТЫҢ БАСЫ
I
— Ойпырмай, өлді-ау!..
Қара мұртты қартаң кісі көзін жұма, шашын жұла зарлап отыра кетті.
II
Түнгі дала ұйқыдан шошып оянғандай. Аспанның алып тіреуі тәрізді биік мұнараны бір құдіретті жұмбақ күш жұлқып-жұлқып қалды да, штурвалда тұрған әлдекімді тымақтай жұлып алып, лақтырып жіберді. Бота терісінен тігілген жансыз тұлып секілді аяқ-қолы сереңдеген біреу басында шам жанған баған түбіне сылқ етіп, бүктетіле құлап түсті.
Мұнара маңындағыдар үрпиісе дүрлігіп, у-шу болды да қалды:
— Анау кім, ойбай, Қабен бе?
— Не дейді, сұмдық?!
— Қап, қапы кетті-ау қасқа бала, мерт болды-ау...
— Өй, жүгір, өлді ғой!
Түн қараңғысын қуатты прожекторлармен түріп-түріп тастаған мұнара маңындағы бір ойдым жердің тырбық бұйырғыны мен селдір жусаны жалбыраған көлеңкелерін жаппай дірілдетіп, құйындата төгіп келіп қалған нөсер лебіне тітірегендей, жаз бойы жамылған шаң-тозаңын бұрқылдата сілкініп, түгел тербеліп сала берді.
Алайын деген ажал қашан да көкірекке, тынысқа жабысады. Түн құшағында керіле қалғыған маң даланың аядай ояу тұсына — жарық кеудесіне зауал туды.
Дала тыныштығы бұзылды. Жер беті жер астыңдағы ғаламат күшке қалтырап, қалш-қалш етті. Төңірек тегіс төңбекшігендей ыңырана, күрсіне бастады. Біресе гулеп, біресе азынаған, кейде кәдімгідей боздаған қайдағы бір жан шошытар жат сырын үрей ғана емес, қауіп, қатер шақырады.
Енді бірде скважина аузы опырылып кетті.
Шыңыраудан шыңғыра шапшып, жөңкіле лықсыған жал-жал бұйра толқын жер бетіне шыққан соң арыстандай өкіре, тіп-тіке аспанға шаншылды да, мұнара маңын самаладай жайнатқан көп прожекторды көме нөсерлетіп, тулап, бұлқынып, булығып, қайтадан кері құлап түсіп жатты.
Смена адамдары фонтанды скважина аузына арматура орнатпақ боп әуре-сарсаң, кейбіреулері селдеткен қара-көк тасқынға кіріп-кіріп кетеді. Енді біреулер кезек-кезек привинторға жүгіреді, привинтор тұтқасын екеу-үшеуі қосыла жабылып бұрайды. Тұтқа сіреседі, қозғалмайды. Амалы құрыған бір-екі адам бір-біріне ажырая қарап, айқайласады:
— Тұтқа неше рет бұралды?
— Жиырма рет.
— Алты айналымы кем. Айттым ғой, кондукторды газ бұзып өткен.
Әбден ыза боп, зығыры қайнағандар тұтқаға қайта жабысады: күш-қуатты жұдырыққа жинап, өздері де жұдырықтай жұмыла тістеніп, тегершікті бұрайды. Бәрі бос әрекет: тұтқа сіреседі, қозғалмайды.
Фонтан өрши түсті. Қарақошқыл қою бұрқақ бірден бірге жалданып, биіктей берді. Мұнара маңы қолма-қол мұнай теңізіне айналып барады. Шоқтығына қол тимеген асау тәрізді жабайы, тағы табиғаттың біресе ішін тарта өксіген, біресе аһ ұра аңыраған үрейлі үні де толастар емес.
Болат мұнараға толқынды сел арасынан қорғасын бытырадай сырт-сырт соққан әлденелер жылт-жылт ұшқын шашыратқандай еді, ізінше моторлы будка жақтан қып-қызыл от жарқылдап, күп-күрең жалын сүйреңдей бастады.
— Ойбай өрт!
— Масқара болдық!
— Құрыдық!..
Оқ тілі де, от тілі де шолақ. Күрең жалын қас пен көздің арасында тұтаса алаулап, мұнараға бір-ақ лап берді.
III
Өрттен аулағырақ бір дөңесте бес-алты кісі ошарылып тұр. Ортада қимылсыз сіресіп, жаралы жігіт жатты: көзі жұмулы, ерні кезерген, өңі құп-қу.
Бағанағы Қара мұрт жұрт ішінен суырылып шығып, жігіттің кеудесіне құлағын тосып, бетіне бетін тигізіп:
— Қабен... Қабенжан... — деп, қайта-қайта елбіреп еді, анау үн қатпады. Көкірегін әлсіз, сирек қозғағаны болмаса, көне шүберектей оңып бара жатқан бет-жүзі анық тірлік белгісін таныта қоймады.
Енді мұның да дымы құрып, деміге сыбырлады:
— Сөніп бара ма, құдай-ау? Шыбыным-ай, енді қайтейін...
— Қойыңыз, Азамат-аға, мұныңыз не? Сіз бүйтсеңіз, біз і іс болдық? — деп, бір жуан Сары жігіт Қара мұртқа басу айтты да, мол денесін дағдыдан тыс тез қозғап, Қабеннің жауырынына алақанын төсей берді: — Оданда бері келіңізші, басын көтеріп көрелік.
Азамат көмейіне тірелген жасын жұтып, Сары жігіттің еркіне бағынды: екеуі Қабенді еппен демеп, сүйемелдей тіктеп келе жатты. Өзгелер де ұмтылысып, жаралының бетіне үмітпен телмірді.
Енді бірде Қабен күшпен тістеніп, көзін ашты. Көз шарасын кілегей кіреуке тұтқан, нұры тым солғын. Өзін алақанына салған әлгі жігітке баяу бұрылып қарады. Қарағанмен көрмейтін тәрізді. Соны аңғарған Азамат:
— Ізбек қой, қарағым, өзіңнің Ізбегің ғой, — деп еді, сонда ғана ақырын бас изеп, "солай ма" дегендей ишарат жасады.
Сөйтті де селк етіп, аяқ-қолына болмашы әл жиғандай, кеудесін оқыс қозғап ілгері ұмтыла бере, маңдай алдында маздаған от топанын көрді.
Өрт түрі әрі жан шошырлық қатерлі, әрі ертегідей ғажайып сұлу. Сүйреңдеген алқызыл жалын арасында тулап аққан қаракөк толқын бар. Қырмызы тудай желбіреген күрең жалынды тура бұлттан төгілгендей бұлықсып, буырқана құлап түсіп жатқан жал-жал бұйра толқын кейде қара мақпал көрпедей жаба қалады, қызыл жалын қызыл шүберектей дал-дүл жыртылады. Кейде жаңағы қара мақпал көрпені сүйреңдеген қызыл тілдер тесіп-тесіп шыға келеді. Жалын ессіз құмарлықпен толқынды аймалап, толқын асау еркелікпен жалынды сабалағандай. Сонда осынау құз аспанының астыңда, ұйқыдан шошып оянған дала төсінде от пен судан адам айтқысыз арқан есіліп, өріліп жатқан секілденеді.
Қабен осы суреттің әсерінен аз құбылғандай еді. Бірақ бұл бір-ақ мезет екен. Көзі қайта жұмылды. Реңі тағы бұзылып, қалпынша құп-қу, құл болып барады.
Азаматтың амалы тағы құрыды:
— Ойпырмай, қайта талықсып кетті-ау. Енді қайттік? Сөне ме шынымен...
Ал, от сөнер емес. Отпен алысқан адамдарда да мігір жоқ. Жарыққа жиналған көбелектер тәрізді кейде ұйлыға топырлап, кейде ыдырай серпіліп, жалынмен шарпысып, жан ұшырысып-ақ жатыр.
Бірер қызыл машинаны ышқынта шыңғыртып, әлдеқайдан өрт сөндірушілер де жетіп үлгіріпті. Өңкей бір лақтай ойнақтаған кенеп бешпеттілер күрең жалынды көк болат дулығалармен сүзе-сүзе тұра қалып, мұнай фонтанына шүмектеген су фонтанын қосып жүр.
Бірақ өрт сөнер емес. Өрт өршіп барады.
Темір мұнара қып-қызыл шоққа айналды. Мұнара маңындағы қарағай үйшіктер түгел жанып кетті. Енді көкжайқын мұнай селі жана бастады. Жыра-жылғалардан мұнай емес, күреңжал от ағады. Өртті сел аулақтағы жертөлелер мен кенеп шатырларға беттеп, лықсып-лықсып қалады.
Маңайындағы адам атаулы туп-түгел аяқтарынан тік тұрды.
Мұнара жақ шеттегі үш-төрт шатырды иелері жығып ала қашқалы жатыр.
Ешкім күтпеген, ешкім көрмеген бір аласапыран, апат. Түнгі дала азан-қазан: жылаған қатын-бала, үрген ит, маңырап-жамыраған мал...
IV
Алыстан жүйткіп, ағызып келген жеңіл машина өртке таяп барып, лық етіп тоқтады. Машинадан бір қыз, бір жігіт секіріп түсті. Екеуі орағыта жүгіріп, өрттің екінші жағына шықты. Қыз жүгіріп келе жатып, өрт маңында қараңдаған адамдар ішінен әлдекімді іздегендей, кей тұста кілт тоқтай қап, әркімнің бетіне бір тесіле қарап өтеді.
Жігіт көзі аспанда, өртпен өріле шапшып тұрған мұнайлы бұрқақтың ұшар басында; өзін де, өзгені де ұмытып, ғайыптан пайда болғандай ғажап құбылысқа қызыға, қызғана қарайды.
Қыз жүзінде әрі қуаныш, әрі қорқыныш — ала-құла толқу, — жеңісе алар түрі жоқ.
Кенет, бұлардың ту сыртынан қатқыл дауыс естілді:
— Тайман емеспісің?
Екеуі бірден бұрылып қарап еді, өрт маңындағылардың бірі:
— Неғып тұрсыңдар, барсаңдаршы, — деп, өрттен аулағырақ үрпиіскен бір топ адамды нұсқады. — Әне, Қабен өлді ғой, Қабен...
Бұл жаманат Тайманды тұрған жеріне қазық қып қағып жібергендей болды. Қыз қалай жалт бергенін өзі де аңғармады, әлгі кісі нұсқаған жақта ошарылған топқа қарай жан ұшыра жүгірді. Оқыс айтылған суық сөз атылған оқтан жаман: ол буынынан айрылып, тізесі қайта-қайта бүгіле берді. Қабенді қаумалаған шоғыр жап-жақын, бірақ үрейі ұшқан қыз бір жығылып, бір тұрып әрең жетті.
Қыздың шаршы тартқан жібек орамалын жел ұшырып әкетті. Маңдай шашы дудырап, ұзын бұрымы кейде мойнына оратыла сусып, жұқа плащтың омырауын керген қыз кеудесін қамшылап-қамшылап қалады. Құстай ұшқан күйі, жұртты кимелей ұмтылып кеп, Қабенді құша құлады. Өліктей серейіп жатқан Қабенді көре сала зәре-құты қалмай, оның басын сүйеген Азамат пен Ізбекті қапелімде тани алмаса да:
— Ағатайлар-ай, не болды? — деп, екеуіне кезек жаутаңдады.
Қыз үні құлағына шалынған сәтте Қабен тағы бір селк етіп, көзін ашып алды. Дереу қызға қадалды: о, ғажап, жанында Жанар отыр. Рас сол ма? Иә, сол. Өзі!.. Қашан, қалай келіп үлгерген?
Өң бе, түс пе?
Қабен көзін ақырын төңкеріп, маңдай алдын, маңын барлады. Күзгі сұрғылт аспан, ақ дөңгелек ай; ай қасыңда жарқыраған жалғыз жұлдыз. Айнала бозамық, алакеугім; таң жақын. Төңіректегі қара-құралар да тегіс көзге шалына бастапты.
Бір таң қаларлық нәрсе — Қабен көзіне іліккен жанды-жансыздың бәрінде өзгеше, оқшау шырай бар: бәрі қызғылт, бәрі бірдей жұқа қызғылт шымылдықтың арғы жағынан көрінгендей айрықша арайлы кіреукемен құбылып, сәулеленіп, бұлаңдап тұр.
— Қашан келдің, Жанар?
Қабеннің бұл әлсіз дыбысын Азамат қана естіген-ді. Ол Жанарға жалт бұрылып, терең бір күрсінді де, арқа-басы кеңігендей серпіле сөйледі:
— Қалқам-ай! Әй, бәсе шырамытып едім-ау! Сірә, Жанаржан боларсың деп едім-ау! Жақындашы қане, келші, басын өзің сүйеші бір кезек... Көзін ашты, саған қарайды. Бірдеңе дегендей болады... Ой, жасаған-ай, тілекті берсе игі еді... Жанаржан-ай, сен келдің де кеудесіне жан салғандай болдың-ау, қалқам. Кел, келші Қабеніңе, жақын келші. Ой, жасаған-ай!
Қабен шынымен қуаттанып келе жатқандай. Көзі Жанарда: бетіне де шым-шым қан жүгірген тәрізді.
Жанар ығыса берген Ізбектің орнына кеп, Қабеннің басын Азаматтың алақанынан алып, еппен өзінің тізесіне салды. Көзінен үзіліп түскен бір тамшы жасты Қабеннің маңдайынан сүртіп еді, Қабен қадала қараған күйі, басын шайқады. Не дегені: сүртпе дегені ме, жылама дегені ме?
Әрине, жылама дегені.
— Жылама, Жанар... — деді Қабен ішінен сыбырлап. Мұны ешкім ести алған жоқ, — Жанар, жылама!
Қабен кеудесіне кенет жылу тарап, кәдімгідей тынысы кеңіді. Іштегі жылы сезім сыртқа да өң берді: оның бетіне жұқа да болса әп-әсем рай, ажар бітті.
Қабен маңындағылар да ес жиып, үн шығара бастады.
Қабен көзі әлі Жанарда: мықтап бір қадап ап, енді аудара алмай жатыр ма?.. Әлдене айтпақ болады, бірақ айта алмайды, үнсіз тесіліп қарайды; қарайды да іштей толқынады: Жанар, Жанар... Бар иманың бетіңде тұрады-ау, Жанар-ай... Мөлдіреген қара көз; қашан да осы тап-таза, кінәсіз сеніммен, қалтқысыз ілтипат пейілмен, ылғи ғана үмітпен, жақсы үмітпен жаудырайды. Осы көзден, мөлдіреген қара көзден күдік көрген, кінә сезген жерім бар ма? Жоқ, жоқ... Ылғи осы: мөлт-мөлт етіп, менен тек қана жақсылық күтеді. Ал, мен не жақсылық жасадым?
Алматыда аздап қана сыр аштық... Қайран сол бір күндер-ай! Сен үмітпен қарадың, мен Мұнайлыға жөнелдім. Сенің бар үмітің Мұнайлыда жүрді, мен Жетісайға кеттім. Тенті-реумен күн кештім бе, қайттім? Бірақ соның бірі сенің үмітіңді әлсірете алды ма? Жоқ, міне соңымнан келіп отырсың, іздеп тауып отырсың. Сен жалғыз едің, жапан түзде жалғыз іздеп тауып отырсың. Жалғызым! Қашан ғана сая болдым, пана болдым мен саған? Бола алмадым. Сонда да бір қабақ шытып, кінә таққан жерің жоқ.
Көкірегіне сау етіп құйылып, сана-сезімін кенет әлдилей бастаған осы ойлар Қабен көңіліне күй дарыта жаздайды. Бәрі Жанардың әсері: "жан-жүрегі шыбынсыз жаз, бар мінезі тап-таза наз, Жана -ай!.."
Осы кезде сүрініп-қабынып Тайман келді. Қабен тағы талықсып кетті. Азамат ыршып тұрып, оны қаусыра құшақтай алды:
— Ей, шыбыным, Қабенжан!
Қабен қайтадан тістене күш жиып, басын көтере бере көп ішінен Тайманды таныды; ымдап, өзіне еңкейтіп, оның маңдайын бетіне басты. Сөйтті де қайтадан шалқалап, басын Жанарға сүйеді. Маңында жіпсіз байланған жұртқа:
— Маған енді алаң болмаңдар, — деп ақырын ескертті. — Мұнара жаққа барыңдар.
Жұрт жуық арада кете қоймады. Қабенді жұмсақ алақандарына салып, өртті мұнарадан алысырақ қырат үстіндегі ақ шатырлардың біріне әкелді. Әрең әкелді.
Қабеннің жарақаты үлкен сияқты. Сірә, темір тигенді, дәл қарақұсында бас терісін тас қып сірестіре керіп тұрған алақандай қалың ісік бар. Жарақаттың ең ауыры бұл да емес, ішінде болуға тиіс. Кеудеден төмен қол тигіздірмейді. Өкпені қысып, жиі талдыратын да сол іштегі құзыр. Кейде мүлде тыныс таппай демігіп, қан қақсаған дене сырқатын ұмыта тыпырлап, көк терге түскенде, бұл халді көргендер түгел жаннан түңіле жаздайды.
Қабен шатырдың ішіне кірмеді, есіктің алдына киіз, көрпе төсетіп, басына биік жастық салғызып, шалқасынан жатты. Өртке, Азаматқа, Жанарға қарады. Жанарды бас жағына отырғызып, иығына қолын салды.
— Ал, сендер тұрмаңдар, — деді Азамат Тайманға, — құдай бермес дейсің бе, есін жиды ғой.
— Енді әйтеуір сақ бол, сақ... — деді Ізбек шаратабақтай жалпақ бетіне күллі таң арайын, өрт шұғыласын түгел жиып алғандай жайнап, Жанарға жадырай сөйлеп: — Өзің бақ, қарындасым.
Тайман қуанышын қайда қоярға білмей:
— Бүгінгі самолетпен өзім апарам Сағаға, құлан таза жазылып кетесің, — деп елбең-елбең етті.
Жұрт дүрліге мұнараға беттеді. Азамат Ізбек пен Тайманға:
— Қабен тыныш болса, біраздан соң мен де барармын. Әзірге мұнара маңын өздерің қолға алып, басқара беріңдер, — деді.
Өрт әлі алаулап жатыр. Қабен, Жанар, Азамат — бәрі соған, алқызыл жалынға қарады.
Жалын!
Жалынның арғы жағынан қылаң беріп, таң атып келеді. Сонау алыс көкжиектегі жұқа қызғылт арай таң шұғыласынан гөрі ерт сәулесіне көбірек ұқсайды. Жер жалынына аспан жымиып күлетін секілденеді.
Адам қашан да отқа құштар. Қабен аспан мен жердің арасын тұтастыра лаулаған күрең жалынға құмарта көз тікті.
От бар жерде өмір бар. Қабенге кәдімгідей ес кірді: от жайын, өз халін ойлай бастады.
V
Тоқта! Осы жалын неден тұтанды? Мына ғаламат қайдан басталды?
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ШЕГІНІС
I
Бәрі сол түннен басталды.
II
Қабен столдан басын көтеріп, терезеге қарады.
Ашық терезенің арғы жағы қап-қараңғы, үңірейіп тұр. Ұры түсетін тәрізді.
Оның бойы тітіреді. Орнынан сүле-сапа тұрып, терезе алдына барды.
Терезе ернеуінің кір басқан сұрғылт бояуын әлдекімнің адуын қолы аяусыз тілгілеп, шегемен жыра беріпті: жазу жазған, сурет салған. Жазудың көбі — қыз есімі, суреттің көбі — қыз кескіні. Әсіресе бір қыздың қаз омырауы, қиғаш қасы, иығына толқып төгілген қалың шашы айрықша ыждағатпен мүсінделген.
Жуырда болған профсоюз жиналысында осы жатақхананың коменданты кәдімгі қызыл мұрын Христофор қыза сөйлеп, мінбені бірер жұдырықтап өткен:
— Қазына мүлкіне контраша қарау қашан құриды?
Жұрт ұнатпады. Қабен де түкке түсінген жоқ. Христофор қылмыс жасағандай ыңғайсызданып, мінбеден түсті.
Әттең, аузында дуа жоқ, әйтпесе соның сөзінде әжептәуір шындық бар.
Бұл бөлмеде бұрын студенттер тұрған. Кейін Марғау мекендеді. Ол үйленіп, келіншегінің төсегі тұрған жерге (ата-енесінің қолына) көшті де, бөлме Қабенге қалды.
Терезе ернеуін ойран-ала қылған, әрине, Марғау емес. "Сүр бойдақ" атанғаны болмаса, ғұмырын тек қалғумен ғана өткізіп келе жатқандай, бұйығы, жуас жігіт; ол мұндай рабай-сыздыққа бармаса керек-ті. Сірә, студенттер шығар. Қыз кескінін қызықтауына қарағанда бозбала болуға тиіс. Қайран, қыз!.. "Қызға кім қызықпайды, қымызды кім ішпейді..."
Бірақ, дал-дұлы шыққан терезе ернеуіне кеудесін басып, түнгі тұнық ауамен тыныстамақ болған Қабен, неге екені белгісіз, адам жайлы емес, сиыр туралы ойлады.
Жазу столының жанында тым ұзақ отырып қалғанын ол енді байқады. Түн ортасы ауған, таң қараңғысы таяу.
Соңғы трамвай тоқтағалы қашан!..
Қала жым-жырт.
Ұйқы жайлаған үй әйнектері соқырлар киетін қара көзілдірік секілді сессіз, құлазыған бос көшеге текке телміреді. Үйлер маңында бесеует ошаң еткен тірі жан жоқ. Қимылсыз көше базары тараған алаң тәрізді, әдеттен тыс далиып, кеңіп кетіпті.
Жазғы түн, бірақ бір түрлі жайсыз түн: ашық терезенің ішкі жағы да, сыртқы жағы да бірдей пысынаған демсіз, қапырық.
Ай қорғалапты. Жұлдыздар әрі ұсақ, әрі шашыраңқы. Аспанның ай жақ шалғайы аз сәулеге ағараңдаған күңгірт қола секілденіп, суық жалтырайды. Болмашы жел де жерде емес, сол арада: аспан оқта-текте кәдімгідей шаңытады.
Ашық терезеден әрі, Қабеннің маңдай алдында мүлгіген бойшаң теректер күндізгі беймаза көше шуынан қалжырап, бір ауық дамылдап тұрғандай. Тек әлгінде ғана әлденеден себепсіз шошып, жапырақтарын кенет тыпырлата сілкініп, дереу қайта қалғыды. Сонда да маңдайға тиер салқын леп болмады. Жалғыз-ақ, оқыс қозғалып, ақырын сыбырласа бере үні өшкен елгезек жапырақтар терезеге асыла ілгері еңкейген Қабенге "Әне, кеп қалды" деп, белгісіз үреймен ұйлыға үрпиісіп, жат хабар жеткізгендей.
Кісі кейде балаға ұқсайды. Қабен түнді жек көрді. Ойы да әртарап, жүйесіз еді: түн — дүниенің суқараңғы соқырлығы... Аһ, түн!.. Ниеті қаралар түнді ториды. Қылмыстың көбі түнде жасалады. Түн не үшін керек? Не рақат бар түнде тұрған?!
Жоқ, қате, түн де керек. Тыныс үшін керек. Содан соң... адамдардың ұятын жасыру үшін керек.
Ол жымиып күлді. Бірақ бойы сергімеді. Әбден шаршапты. Басы темірмен құрсағандай ап-ауыр, денесі дел-сал. Сонда да кірпік ілер түрі жоқ: ой ма, уайым ба, әйтеуір аяқ астынан қоңылтақси қалған көңілде кісіні ығыр ететін мазасыз абыржу бар.
Түн ортасы ауды; кешікпей таң атады, күн шығады. Ал, сәске түс шамасында Қабен университетте, мінбеде, оқымыстылар алдына тұрады: диссертация қорғайды, ғылым кандидаты болмақ... Соған елегзи ме?
Елегзитін несі бар, диссертация университет пен академиядағы білімдар жұрттың көбіне ұнады. Ресми төрешілер дәйектемесі қолда: бір профессор, бір доцент, — екеуі де мұны мұнай өнімін арттыру тәсілдерін терең байыптаған тың зерттеу, геология ғылымына қосылған ірі үлес деп, тым биік бағалаған.
Қабеннің ғылыми жетекшісі Профессор Сапаров еңбекті Ембі мұнайшыларына арнап кітап қып бастыруды ұсынып жүр. Кеше ол аспирантын кафедраға шақырды. Өзі райлы. Қолға ұстар жері аумаған өзі секілді шоқша сақал шалға ұқсаған мүйіз трубкасын темекіге сықап, бұрқырата тартып отырып, көз маңындағы көп әжімге күлкі жиды:
— Жүрегің орнында ма?
— Әрине, ақсақал.
— Бәсе, қобалжыма! Қорғау сәтті өтуге тиіс. Ғылыми советте маған қарсы бір-екі кісі бар. Солар болмаса, өзгелері құптар.
Қабен таңырқады:
— Неге қарсы? Кімдер олар?
— Ей, қалқам-ай, неге қарсы дерің бар ма? "Мал аласы сыртыңда, адам аласы ішінде" деп қазақ тегін айтпаған ғой. Ал, кімдер екенін біліп саған және керегі жоқ.
Сапаров жүзін суытып, сөзін салқын бітірді:
— Біреулер болады... Ғылымнан гөрі ғылым адамдарының арақатынасын, тату-араздығын танып-білуге шебер. Ондайлардан түбінде ғалым емес, залым шығады. Сенің жөнің бөлек, сондықтан білмей-ақ қой. Одан да ертеңгі сынға дайындал!
Қабен сынға дайын. Бірақ кім білсін... Көңіл күдіктен де құр емес: аспирантурадағы үш жылғы еңбегін аудиториядағы үш сағат тас-талқан етсе, одан өткен абыройсыздық болар ма?
Ол орнына келді. Стол үсті қоқыған қағаз, қорыс боп жатыр. Әдетте тас төбеден шағыраятын жалғыз шам бауы салақтап төмен түсіп, стол үстіне жарты құлаш қана жетпей тұр. Дәл шам астыңда қызғылт мұқабалы қалың қолжазба, аты тасқа басылған: "Ембіде мұнай өнімін арттыру проблемалары (диссертация)". Мұндағы әр жол о баста сиямен емес, Қабеннің көз нұрымен жазылғандай; ұдайымен үш жыл үңілгені осы жазулар. Әр беттің сыры ап-анық, тап-таныс. Қабен ашып қараса болды, әр парақ сөйлеп жүре береді.
О, жоқ, олай емес. Бұл шіркінді оқи-оқи, түзете-түзете әбден мезі боп бітті. Кейде әп-әдемі — осында бәрі бар; кейде дәнеңе де жоқ. Әсіресе бір нәрсе, ең қажетті, ең ірі нәрсе жоқ. Ол не? Өзі де білмейді. Іздейді, шарқ ұрады, таппайды.
Қабенді айрықша қинаған соңғы апта. Бұдан он күн бұрын газеттер төртінші бетке хабарландыру басып, Қабен Оразовтың диссертация қорғайтынын жазды. Дәл сол күні диссертация университет кітапханасына қойылды. Кім танысқысы келеді.? Бәріне рұқсат.
Қолжазбаның кітапханадағы данасын кім оқып, кім қойып жатқанын Қабен білмейді, ал, өз қолында қалғанын өзі соңғы рет тексере бастап еді, құдай басқа бермесін, ойран ала қылды. Сірә, сау қалған бет аз шығар-ау. Мінбеден айтар кіріспе сөзге, төрешілерге қайтарар жауапқа дайындалудың орнына балапан басқан құс тәрізді күндіз-түні тапжылмастан қолжазбаға үңіліп, өзінің жылдап жүрген сартап сүрлеуіне қайта түсіп, тоңын қопарып, малтықты да қалды.
Бұл жайды кеше жетекшісіне барғанда білдірген жоқ, жасырды. Оның "ертеңгі сынға дайындал" деген ақылын да тыңдағаны болмаса, орындаған жоқ. Бөлмесіне келісімен әлгі әрекетін кайта жалғап, қай-қайдағы қалың шытырманға белшесінен батты да қалды. Ақыр аяғында, міне, не істеп алғанын өзі де білмейді, ұйқыдан да безді, күлкіден де айрылды: басы мең-зең, ойы әрі-сәрі, сезімі ұйқы-тұйқы...
Әлгібір әзірде жазу столының жанынан тұра беріп, ойран ботқасы шыққан қолжазбасын қайта бір парақтап еді, үрей мен ұяттан бойы қалтырап кетті: бұл қолжазбаны ертең ғылыми советке қайтып көрсетпек?
Осындай бір кездер болады. Адам өзінің біткен ісін місе тұтпайды, азабы мен рахаты мол көп айларын сарп еткен өз еңбегінің нәтижесіне өзі қанағаттанбайды. Басында дүние сиып жатқандай, ал қолға ұстағаны — сәл ғана нәрсе. Не істеу керек? Ол іштей ыдырынады, әлекке түседі. Бәрін жиып тастап, басынан қайта бастағысы келеді. Олай ету тағы қиын. Сонда өз-өзінен дағдарады, күйзеледі, өзіне өзінің көңілі толмайды; кеңірдегінен суда тұрып шөлдеген кісіше өз құрмасында, өзінің үйреншікті ортасында жүріп жалғызсырайды.
Иә, адамға, әсіресе, ой еңбегінің адамында осындай бір оқшау сезімдер болады. Қанағаттанбау, қапысы таусылмау. Мүмкін керек сезім шығар... Кім білсін!..
Кенет есік қағылды. Қабен селк етті. Швейцар әйел бас сұғып, ақырын тіл қатты:
— Оразов, ояусыз ба?
— Немене?
— Телефонға шақырады.
— Кім? — деп таңданды Қабен. — Қайдан?
— Білмеймін, ауруханадан көрінеді. Хирургия деді ме... әйтеуір шақыр, шақыр деп болмайды. Мен сізді ұйқыдан оятам ба деп қысылып ем.
— А-а?.. Жеті қараңғы түнде... Ауруханадан?.. Қызық екен.
Қабен бөлмеден шығып, ұзын коридордың телефон тұрған қанатына бұрылды.
Иә, бұрылды. Бірақ ол дәл осы сәтте университет жатақханасының коридорымен ғана емес, тіршіліктің өзі бұған дейін мүлде ойламаған, күтпеген бір тың жолымен, соны соқпағымен бұрылғанын аңғарған жоқ.
Қабен телефон трубкасын құлағына апарды:
— Тыңдап тұрмын.
— Маған Оразов деген керек еді, — деді бір қарлыға шығатын шыңылтыр дауыс.
— Оразов деген — мен.
— Ұйқыңды бөлдім, кешірерсің, шырағым, жасың кіші шығар.
— Оқасы жоқ.
Аздаған әдеп әлгі ғана екен:
— Оразов болғанда... — деп ыңыранды трубкадағы бейтаныс кісі әлдебір оқшау өпіремдікпен, Қабенге кәдімгідей зәбір бере сөйлеп: — Әлгі... Ембіден бірдеңе жазып жүрген сен бе?
— Неге бірдеңе? — деді Қабен кенет зығыры қайнап. — Бірдеңе емес, еңбек.
Жоқ, зығыры қайнап тұрған бұл емес, анау боп шықты:
— Еңбек? Мынау ма еңбегің?!
Қабен түсінбей, аздап абдырап қалды:
— Не дейді?
— Бәсе, не деп жүрсің? — деді анау шап беріп.
— Не деппін?
— Әңгіме сонда. Түк те деген жоқсың сен, — деп ақырды трубкадағы кісі. — Түк емес мұның, білдің бе, түк емес.
— Айғайламаңыз! — деді Қабен тығылып қап, басқа сөз таппай. — Не біліп айғайлайсыз?
— Сен не біліпсің! Сен не біліпсің Ембіден?
Тосын адуындық Қабенді нығыздыққа көшірді:
— Мен білем!
— Қайдан білесің! — деп қадалды анау. — Ембіде болып көрдің бе өзің, алдымен?..
— Болмақ түгіл туғанмын Ембіде.
Енді анау нығыздала түсті:
— Сен жөндеп тыңда, шырақ! Ембіде туғаныңның керегі жоқ. Қайта сұраймын. Ембіде болдың ба, жоқ па?
Қабен көйлегінің ішінен қоңыз жорғалап өткендей оқыс шіміркеніп кетті:
— Болдым... болып жүрмін.
— "Болып жүрмініңді" қоя тұр, болдың ба деймін.
Қабен трубканы құлағынан жұлып алып, өзін әлгіде осы телефонға шақырған швейцар әйелге шүйлікті:
— Мынауыңыз кім өзі?
Швейцар әйел қайдан білсін, Қабенге ұнатпай қарады да қойды. Оның есесіне трубкадағы кісі қояр емес, тергеп-тексеріл әкетіп барады:
— Ембіде болдың ба деймін?
— Болдым, — деді Қабен амалсыз.
Анау аздап жұмсарды:
— Аһа! Дұрыс екен. Не жұмыста болдың?
— Жұмыста болғаным жоқ, ғылыми практикада болдым.
Трубкадағы дауыс қайтадан шыңылдай жөнелді:
— Немене, немене? Ембіде тұрақтап жұмыс жасаған жоқсың, бірақ болдым дейсің, солай ма?
— Иә, солай!
— Түу, шіркін!.. Жә, Жетісай жақта болып көргенің бар ма?
— Жоқ!
— Онда менде де сауал жоқ! — деп, трубкадағы бейтаныс кісі шорт кесті.
Қабен ызаға булықты:
— Сіз кімсіз осы?!
— Оның саған керегі жоқ! — деді анау да ызғарлы, қатал үнмен: — Қош бол, бала!
Қабен аң-таң. Бөлмесіне қайтып келді. Стол жанына отырды, тізесі дір-дір етеді; әлдебір оқыс күдік билеген кеудесі аузына тығылып, тынысы тарылды. Кереуетке жантайды, ұйқы келер емес. Бойын булыққан тентек күш кернеп, орнынан ұшып тұрды да, ашық терезе алдына қайта барды. Көшеге қарады: үп етер леп жоқ, құр қаңырап тұрған ауасыз бос қуыс па дерсің... Аспанға қарады: бағанадағыдан гөрі қоңырая түсіпті, ай алыстаған-ды.
Аспан райсыз, лайсаң.
Аспан шаңытқандай болады.
III
Дүниедегі ең жаман нәрсе — күдік.
Бұл шаққа дейін Қабен тыныстаған күндер, Қабен кешкен тіршілік онша ұзақ емес. Бірақ күрделі: аумалы-төкпелі, бұралаңы мен шырғалаңы да бірқатар...
Осынау аз ғұмырының ішінде бұл жігіт шерменде күдік дегеннің не екенін білгендей болды. Тірі кісі үшін, әсіресе, өзін жазықсыз жазықты сезінуден ауыр азап жоқ. Осы сезім Қабенге бала күнінен таныс.
Тегінде, адам тағдыры әр алуан.
Біреулер үшін өмір сүру онша қиын емес: ойға алғанын оңай орындайды, көздегеніне көп бөгелмей жетеді. Тіпті өзі үшін (солай болмаса да) солай, қайтесіз! Сондықтан тіршілік оған жаймашуақ, қызық, ылғи күліп тұрғандай. Бұл да күлкіден көп ажырамай, қызығын керіп, сейіл-серуенің құрып жүріп-ақ күн артынан күн ұзатып, алшаңдап келе жатады. Өз басынан өткен күндердің парқын ойлап, немесе өзгелер үшін уайым жеп, қайғы алып жатқан бұл және жоқ. Сондықтан ба, әйтеуір мұндай кісілер біраз бойлауық, аңғырт келеді. Мұнысын өзгеден гөрі өзі біліңкіреп, өзге емес өзі бағалап, өзін оп-оңай ақкөкіректер, әулиелер, керек десеңіз қожанасырлар санатына қосып жүреді. Табиғатыңдағы жайдақтықпен жеңіл-желпілікті солайша жуып-шаяды.
Бағзы біреулер үшін өмір мүлде басқаша: биік тауға тік өрмелейтін жалғызаяқ сүрлеу сияқты. Ентікпей, тас қияға тырмыспай ілгері аттау мүмкін емес. Бұл жолдың қиындығы сондай, кей тұстарда ілгері жылжымақ түгіл саусақты тасқа тілгізіп, тырнақтың көбесін сөкпей, жеткен орнында ілініп тұрудың әзі мүмкін емес; құрдым құзға құлап түсуің ықтимал.
Қабен тағдыры осыған ұқсаңқырайды.
Қабеннің арғы атасы — Ораз — күнінде Жайық бойына мәшһүр ауқатты кісі екен. Оразов атанғаны болмаса, Қабен атасын көрген жоқ. Білетіндердің айтуынша, Ораз ойына алғанын орындамай тынбайтын өжет, "малым — жанымның садағасы" дейтін жомарт, оның үстіне өзін осынау "фәни жалғанға" әшейін от ала келгендей уақытша санап, ат басын ылғи алысқа — "о дүниеге" бұрып жүретін мейлінше діндар кісі болыпты. Өз көзінің тірісінде бар байлығын "бір құдайдың жолына құрбан" ғып, Меккеге барған көрінеді.
Жайық бойына жаңа тұрмыс орнағаннан кейін Ораз өз басына төнген "қатер бұлтынан" үркіп, "Тескен тау өтпек" боп түрікпендерге қарай қашқан бетінде Үстірт асып, Манатаның Атырау жағындағы айдалада қарашешек шығып өліпті.
Байғұс шал "бақи дүниесіне" осылай аттанған-ды.
Зәуде бір жолы түсіп, Қабен ауылға бара қалса, тот басқан теңгедей ескінің көзі секілді әр жерден бір табылатын кәрі-құртаңдар бұл жігітті танымайды. Жалғыз-ақ, "Ораздың немересі" дегенде ғана жалт қарасып:
— Өй, Оразың кім?
— Өзіміздің кәдімгі қажы Ораз ба? — десіп шұқшия сұрасады да, содан соң барып сарабдал шұлғыса бастайды:
— Ие-е-е, фақыр-ай, тұлпардан қалған тұяқ екен ғой.
— Жәрәйді, жәрәйді. Бет-бітімі сой тұқымына келіп-ақ тұр.
— Пай-пай, қажекем кісі еді ғой, жарықтық.
— Ой, дүние-а-ай...
Бұған қарағанда, Ораз күнінде болған кісі тәрізді.
Қабеннің өз әкесі Керей — Ораздың жалғыз ұлы — діндар шалға қарама-қарсы, Орекеңнің ғұмыр бойы табынған "алла-тағаласына" көп таң қала қоймаған адам. Сірә, қызылдар құрған "Құдайсыздар одағының" ықпалы болса керек. Мұның ұғымынша, шын мәнісіндегі құдай аузы-мұрны жоқ, көкте екені, жерде екені белгісіз жұмбақ жаббар-ие емес, жортуыл жылдарында Атырау атырабының астын үстіне шығарып, Орал мен Арал арасын сілкіп-сілкіп алған мылтықты мықтылар. Солардың жуан ортасында жүрген мұның өзі де құдіреттен құралақан емес. Демек, Керей білетін "о дүние" — Ақырапқа дейінгі алыстағы өмір де, "бұ дүние" — кейінгі жаңа тіршілік.
Керейдің білекке ердің күші біткелі қолына ұстағаны көк болат темір ғана: күрес күндерінде қылыш, бейбіт күнде — бұрғы.
Соңғы кәсібінен не нәтиже шығарғанын Қабен жөнді білмейді, әйтеуір анау бір жылдары әкесінің Үстірт үстінде, Төңірекшың маңында мұнай іздеп, әр жерге бұрғы салып жүргені еміс-еміс есінде қалған.
Қабеннің анық аңғарғаны — күллі қазаққа тән бір мінез әкесінде де бар екені: Керей — керемет балажан адам.
Әлі есінде, Қабен мектеп есігін тұңғыш ашатын жылғы бірінші сентябрь күні Керей сарала таңнан оянып, тойға баратыңдай сәнденді. Баласын да тап-таза ғып киіндірді. Көңілді-ақ. Үй ішін қаңқылдаған қоңыр үнге толтырып, жиі күліп, тынымсыз сөйлеп жүрді.
Әйелі Асыл риза боп, әзіл айтқан:
— Құбылып кетіпсің-ау, Керей. Құдды баяғы қайындап келген түріңе түсіпсің.
Керей қалжыңсыз сөйледі:
— Әкемнің аллатағаласы онша мырза қазақ болмаса керек қой, Асыл. Өзің білесің, біз жеті атадан бері жалғыз аяқтап, бір-бірімізге ылғи кіндіктен дара жалғасып келеміз. Ораз жалғыз, Ораздан мен жалғыз, менен Қабенжан дара. Сол жалғызым алғаш рет мектеп есігін ашқалы тұр. Құбылмай қайтейін?
Қабен дегенде қалбаңдай қалатын елпілдек, балажан Керей соғыс басталған жаздағы бір күнде өрттен шыққандай түнеріп, адам танымастай өзгерді де кетті.
Көп кешікпеді, соғыс комиссарына өтініш арыз жазып, майданға аттанды.
Батысқа қарай бет алған жайдақ қызыл вагонның аңырайған ашық есігінен еңкейе бере Керей Қабеннің мойнын мұртымен қытықтап, құшырлана бір сүйді. Әке ернінің со бір ыстық табын Қабен еміс-еміс әлі сезінетін секілді. Бірақ не керек, Керей сорлы жалғыз ұлын соңғы рет сүйген екен: сол кеткеннен қайтқан жоқ, хабар-ошарсыз кетті.
Қасірет деген бір бар да, оған зәбір-жапа қосылса, тіпті сұмдық болады екен. Со кезде тергеу орындарының бірінде істейтін бір бишікеш "Керей жау жағына өтіп кетіпті" деген қауесет есітіп, Асыл мен Қабеннің бетіне қара таңба басқандай ауыр азап тауып берді.
Күдік деген кесапат кішкентай Қабен кеудесіне дәл осы тұста орын тепкен еді.
Жаманатқа бала көкірегі мүлде үйренбейді, қауесетке сенбейді. Қиналады.
— Мама, — деп қиылады Қабен, — папам келе ме?
— Тірі болса, келер...
Бұл жауап Қабенді қанағаттандырмайды. Және ол анасының осы сөзді айтарын айтып ап, соңынан езін қайда қоярға білмей сенделіп кететінін байқады. Қабен тілін тістегендей болды: әке жайын сұрауды амалсыз сиретті.
Бір жолы Асыл әлденеге бел байлағандай, қайратқа мінді: жалғыз ұлын жетектеп, бұл арадан шет Түзтөбе жақ шалғайдағы бір колхоздың түйесін бағатын төркінін сағалап, біржола қырға көшті. Бірақ мұнда да жағдай өзгермеді, аналы-балалы екеу жалғыздық зардабынан арыла алмады.
Тіпті қиын еді. Асыл кейде қарадан-қарап отырып өксіп қалады да, көз жасын Қабеннен жасырып, үйден сыртқа атып шығады. Енді бірде тапа-тал түсте, үйге симай, иығына ала қап салып, тезек терген боп, қыр асып кетеді. Сол кеткеннен ұзақ жоғалып, күн еңкейе бір-ақ оралады. Түрі өрт сөндіргендей. Қас-қабағы қабарып, көзінің асты күлтілдеп іскен. Қабы иығында, бос, сірә тезектеріп келуге емес, көз жасын төгіп келуге кететін болса керек. Келісімен кішкене Қабенін тамақтандырып, құшағына алады да, үнсіз булығып, қызыл іңірден бүрісіп жатып қалады. Оңдай күндері жерошақта от, үй ішінде шам да жанбайды.
Ана мен бала басындағы ауыр хал сары аурудай созылып, айлар, жылдар бойы айықпады. Анасын осынша жалғыз- сыратқан, зар қақсатқан әке жайын, оның өлі-тірісін Қабен сонда да жөндеп біле алмай қойды.
Күндер өтіп жатты.
...Жаз еді. Колхоздың түйе фермасы — бар болғаны үш-ақ үй, мал жайылар бұйырғыны мен жусаны мол кең жазыққа жылжып қонды. Үш үйдің жаңа қонысқа дабырлап көшкен күні болмаса, қыстақтағы қалың жұрттан жырақ жапан түз тым жабырқау; әсіресе, бір үйде анасымен екеуінен өңге қаңғыр-күңгірі жоқ Қабен үшін тіпті көңілсіз.
Ортадағы киіз үй — ферма бастығының үйі. Үй иесі — сақал-шашы қудай ақшұнақ шал. Түгі терісіне жабысқан сопақ бас күн астынан көрінсе, күміспен қапталғандай. Дегенмен, қария қажудан аман, пысық, жүріс-тұрысы ширақ. Атқа мінгені шапшаң, күрең биенің беліне жеп-жеңіл қона қалады. Қаңбақтай. Мұрнын қисайта тартып, шырт-шырт түкіріне береді. Қырымпоз.
Шал да онша басқа жарыған кісі емес-ті: өзінен өзге екі-ақ жан — күнінен бұрын қартайған ақсақ кемпірі, жігіт боп қалған жалғыз баласы ғана бар.
Кемпірі шалдың өзінен әлдеқайда кәрі секілді.
Ал, баласы...
Ой, баласы бар болсын. Жайық жағалауындағы орманшы орыстың бульдогі сияқты ұрты салбырап, ерні көнтиген бір дүрегей. Жасы биыл кәмелетке толыпты; денелі, бойшаң, беті де ертерек ескіріп бара жатқан ересек жігіт; тек не керек, мінез-құлқында, әдет-ғұрпында кәмелет дегеннен жұғын да жоқ.
Өзі барып тұрған сал бөксе, жалқау, бойкүйез, еңбекке мүлде икемсіз, шөп басын сындырмайды. Баққаны — ұйқы, тәуліктің үштен екісін бырқыраған ұйқымен өткізеді. Қашан көрсең де ылғи ұйқыдан жаңа оянғандай, төсектен жаңа ғана тұрғандай. Кірпігінің әр талына әлдекім тас байлап қойғаннан сау ма екен ант ұрғанның?.. Қашан көрсең де сол — кілкірген мағынасыз көзін әрең ашып, мүлгіп-шұлғып, бетін желіндете сазарып жүргені. Осы маңдағы орта мектепті өткен жылы түгеспей тастап кеткен екен, қазір тіпті қаракетсіз жүр.
Жігіттің азан шақырып қойған аты Марқасқа көрінеді, жұрт құлқына лайық қысқартқан шығар, кейін Марғау атанып кетіпті.
Шалдың да шын аты белгісіз. Кемпірі байырғы салтпен ізет сақтап, шалының есімін айтпай, әшиін "Түйеші" дей салған (қашанғы кәсібі — түйе бағу болғаны ғой). Содан мұны танитыңдардың бәрі "Түйеші" атайды. Қабен де "Түйеші нағашы" дейді. Асылдың төркін тұтып, алыстан іздеп, қасына кеп жүрген жұрағаты — осы түйеші. Арғы аталары бірге туған екен, тек сонысы ғана, әйтпесе жақын емес жат тәрізді, суықбауыр, тұйық кісі. Селеу сақал мен сертік мұрт арасы жырта қарыс ауыз, езу құлаққа жете жаздайды. Бірақ соншама үлкен ауыз есінегенде болмаса, тым сирек ашылады: Түйеші сөзге сараң-ақ. Арғы шеткі үйдегі қолқанатымен ғана өр нәрсені күбірлесіп, кеңескен болады. Басқа жердің бәрінде сақау. Өзге түгіл өз үйінде де жым-жырт. Мұрнын шыр еткізіп, оң шықшытына қарай қисайта бір тартады да, үй ортасындағы ошақта жанған отқа қарап, қырынан жантайып жатады. Тегін де жатпайды, ақ кірпік арасынан сығырая жылтыраған шегір көзін зыр жүгіртіп, кемпірінің жүріс-тұрысын бақылап жатады. Мысықша бағады. Онысы не қимырлық екенін кім білсін! "Әр ханның тұсында бір сұрқылтай" дегендей, жарықтықтың жасаң тұста көп аңдысқан жауы әйелі болды ма екен?.. Әйтеуір бір ыңғайсыз әдет.
Кейде нағашысы үй сыртынан Қабенге кездесіп қалады. Көбіне үндемейді. Үндей қалса бұған қояры жалғыз сауал:
— Шұбат іштің бе, жиен?
Болды, басқа айтары жоқ. Түйеші мұрнын шырқырата қисайтып бір тартып, мүжілген сарғыш тіс арасын шыртылдата екі түкіреді де, қаздаң етіп, алқа бел күрең биенің шоқтығына шап береді.
Оның есесіне әйтеуір, жасықта болса жас емес пе, кей-кейде кәдімгідей Марғау үйірсек. Әкесінің түйеге қашан кетіп, қашан қойғанын білместен ұйықтап, тал түсте тұрады да, айран-шалабын ішіп алған соң, ортадағы өз үйінен мамырлап сыртқа шығады. Манаураған жалпақ бетін самардай төңкеріп, алақанының астынан күнге қарайды. Содан соң бүйірін таянып, бейне құсы кеткен кісіше сонау қиыр көкжиекке қадалып, ұзақ-ұзақ үнсіз тұрады. Енді бірде, әрекетсіздіктен әбден рәсуа болғаны ма, кім білсін, арғы шеткі үйдің жас келіншегін тауып ап, қорбаң-қорбаң етіп, әлгіні шаңқылдата ашуландырып, оқыс түртіп қалып, бірдеңелер істеп жүреді. Ақыр аяғында сол келіншектен Күйеуінің домбырасын сұрамай алып қайтады да, өз үйінің көлеңкесіне күрс етіп отыра кетіп, қасына Қабеңді шақырады. Қабен барады. Марғау мұның маңдайынан сипап, бір "р"-дың орнына екі-үш "р"-ды қатар айтып, күрмеле тіл қатады:
— Бүлк етпе, бала, қайтесің? Етіңнен ет кесіп әкетсе де, дыбысыңды шығар-рма!
Мұны неге айтады? Қабен түсінбейді, тек өзін есіркегені, әкеңді көп ойлап, уайым жей берме дегені шығар деп топшылайды да қояды.
Одан әрі Марғау Қабенмен көп ісі бола бермейді. Домбырасын шіңк-шіңк шертіп, оның шыңылтыр үніне өзінің баяу міңгірін мұрнымен қосады:
"Жел кірді көңіліме он бесімде,
Айдады ерікке қоймай сол несібе.
Желпілдеп желдім екен мен несіне?
Түседі адасқаным енді есіме..."
Өзі — бір жаттанды өлең. Мынау соны өзінше өзгертіп, бұрып айтатын секілді. Бұрылысының біріне сенсең, біріне сенбей қаласың: "Он бесінде көңіліне жел кіріп", оқуды тастап, бет алды қаңғып кеткені рас-ты, ал, "желпілдеп", желіп кеткені, ай, дәл осынысы өтірік қой. Дей тұрғанмен, "адасқанын енді ескеріп" жүруі аздап аяныш шақырады.
Жоқ, мүмкін, желсе, желген де шығар-ау. Арғы шеткі үйдегі сөйлеуік келіншек Марғау жайлы көп өсек айтады. Оның айтуынша, бұл — бұзық. Әдептен тым ерте аттаған ант ұрған. Аусар. Ішкіш. Мас болса, қартаға астыңдағы атын, әкесінің түйесін салудан да жүзі жанбайтын елірме. Соның бәрін бұл бозбала қыстақ сыртына аттарын суарып, күркелерін тігіп, бір жаз осы манды "іңірде шайтан көшкендей" қылған цыгандардан үйренген көрінеді. Сол-сол екен, өткен жылы оқуды тастаған. Баққаны — аяқ жетер жердегі ауылдарды аралап — ет жеу, қымыз ішу, карта ойнау болған.
Келіншектің өсегіне бақсаң (осының өзі өсек болмауы да мүмкін!), Марғау былтыр қыстақ сыртыңдағы сол тентек тобыр жақтан удай мас боп кеп, шешесінің құлағына екі елі қалың ернін тақап, жан ұшыра сыбырлапты:
— Масқар-ра, болдым, қар-ра басты балаңды...
— Не болды, ойбай?
— Баласы құр-рғыр-рың құдайды құлатып келіп отыр-р.
— Не дейді, ойбай?
— Р-рас. Нанбасаң бар-рып көр-р, құдай құдық басында, жығылып жатыр-р.
— О нес, ойбай?
— Бір-рге ішкенбіз.
Кемпір байғұс арғы жағын тыңдай алмай, талып түсіпті. Түйе маңындағы адам атаулы түгел үйге тығылып, үрпиісіп, бір түн ұйқыдан айырылыпты.
Ертеңіне бәрі жиналып Марғауды кінәласа, мына бетпақ міз бақпай:
— Байғұс-ау, сендердікі не сонша әбігерленіп? Менің бөтелкілес болып жүргенім сігандардың пірі — Кудулай деген дүр... — деп қарап тұрған көрінеді.
— Қой, — дейді сөзшең келіншек аузы-басы сүйреңдеп, — бұл көктемегірді қой!
"Көктегісі" келіп жүрген Марғау да жоқ.
Айтпақшы, көктем кезінде колхоз бастығы Марғауды орталыққа шақыртып әкетіп, мықтап ұрсыпты: "Не оқу оқымайтын, не жұмыс жасамайтын итсің" — деп, мұның көзін қорқытпақ боп, төбесіне қамшы ойнатыпты деседі.
Марғау дым көрмегендей үйіне қайтып келіпті де, үн-түн жоқ, әкесінің "Бассалма" деп аталатын қабаған итін ұстап ап, мойнына галстук тағыпты.
— Өй, мұның не сенің, Бассалмада нең бар? — деп өзінің әке-шешесі, арғы үйдің әйелі мен еркегі түгел шошып кетісіпті: — Дені дұрыс адам итке галстук таға ма екен?
— Жо.... — дейді Марғау, — бұл Бассалма емес, Басқарма!
Мойнына галстук таққан ит қызық болады екен. Екі үйдің үлкен-кішілері Марғаудың сөзіне емес, иттің түріне күлісіп, шек-сілелері қатқан.
Келіншек Марғауды әлі күнге қорқытпақ болады:
— Итке галстук таққаныңды Басқармаға айтып, төбе шашыңды талдап жұлғызайын ба, көктемегір!
Ал енді бар ма, келіншек әншейін сөйлеуік болған соң соға береді, Марғауда төбе шаш, яки айдар, кекіл дейтіндер атымен жоқ, Күзен терісінен парик киген кісі тақылетті, басы қап-қара, тып-тықыр, жып-жылтыр. Марғаудың әкесіне аумай тартқан жері — басы: Түйешінің басы күмістей ақ, мұныкі көмірдей қара — ал, екеуі бірінен бірі аумайды. Екеуі де ұзарып өспейді, тып-тықыр, екеуі де майлап қойғандай жып-жылтыр.
Демек, арғы үйдің келіншегі қанша жұлқынғанмен, Марғау онша қорқа қоймайды: төбесінде де, самайында да сипайым деген кісі болмаса, жұлғысы келген Басқарманың қолына іліге қоятын жібі түзу түк жоқ екенін жақсы біледі.
Марғау осындай жігіт. Өзі шынында да бір түрлі оқыс, оқшау адам. Қылығында қарама-қарсылық көп. Әр нәрсеге бейтарап, енжар ұяңдығы да, сонымен қабат ұрт кететін тоңмойын, қияңқылығы да жететін болуға тиіс.
Бұл араға алғаш көшіп келген бетте Қабен Марғаудың машығы бөлек бір түрлі бұйығы, сөйте тұра әрі аңғырт, әрі тапқыр қылығына, қимылына кәдімгідей елігіп, көп күлетін. Қазір мұның да қызығы тарап бара жатқандай.
Биыл Қабен төртінші класта оқуға тиіс. Күз түсе жуық маңдағы бастауыш мектептердің біріне барып, құрбыларына араласқанша мүлде күн өтпейтіндей, іші пысып жүр.
Асыл таңертең ерте, елең-алаңда тұрады. Баласын оятпайды. Оған керек дәм-тұзын дайындап, кебеже үстіне қояды да, өзі малға кетеді. Дұрысында кетеді емес, тіпті кетіп болмайды. Табалдырықтан аттай бере төрге алаңдап, шілдеде суық шалатыңдай баласын көрпемен қымтап, қайта-қайта төбесінен иіскеп, қараша үйден әрең шығады. Содан кешке бір-ақ оралады.
Ымырт үйіріле боталарына боздаған боз інгендермен бірге жалғыз ұлын ай, яки жыл көрмегендей аңсап, айналып-толғанып, сүрініп-қабынып Асыл келе жатады.
Осындай ақшам мен азан арасындағы ана көкірегінің жылуы болмаса, күні бойғы жалғыздық кішкене Қабенді шынында да шілдеде тоңазытқандай еді.
Оның үстіне, анасы тек мұның бір өзіне ғана елжіреп, құрақ ұшқаны не керек, өзгелерге салқын, салғырт. Тағы бір оқшау нәрсе — Асылда күлкі жоқ, күрсіну көп. Күлкісін біржола ұрлатып алғандай. Бұлар да — іңір қараңғылығы секілді күңгірт, көңілсіз жайлар. Күндегі хал осы: ылғи бір ұқсас, үйреншікті, кісіні ығыр еткендей жұпыны, жүдеу күндер.
Қабен ана қасында жатып, тағы да әкесін ойлайды. Ойламасқа не шара? Осынау "ит мініп, ирек қамшылағандай" ырғылжың тірліктің сұрықсыздығы — әкенің жоқтығы. Әке, Қабеннің ойынша, асқар тау; әкенің жоқтығы жел жақтағы таудың жоғалуымен пара-пар, панасыз, ықтасынсыз, азынаған желдің өтінде қалумен бірдей. Жас баланың көкірегі қарс айырылып, осылайша әрі аңғырт, әрі мұң мен зар аралас шытырман ойға, уайымға толып кетеді. Ана құшағына симай дөңбекшіп, қозғалақтап болады. Әкесінің күн өткен сайын тот басқан теңгедей көмескі тартып бара жатқан бет-бедерін көзіне елестетеді. Сағынады, аңсайды, күтеді. Мынау тірі жетімдіктен бұларды тек әке ғана суырып алуға тиіс. Қабен сол шақты армандайды. Түнде үмітпен ұйықтайды, таң ата үмітпен оянады. Әкесі келмейді. Құр үміт тағы жалықтырады. Көкірек енді бірде шерге толады. Анасы тағы да малға кетеді, бала тағы да жалғыз...
Сондай дағдылы күндердің бірінде жалғыздықтан іші пысқан Қабен қараша үйдің киіз есігін серпіп ашып, сыртқа шықты.
Үш үйдегі естияр адамдар түгел түйе бағуға кеткен. Бассалма да ылғи түйелермен бірге. Үй маңында сүйек кеміріп қалатын бірер барақ ит қана болушы еді, бүгін олар да жоқ. Ортадағы үйдің көлеңкесінде беті желіндеп, Марғау ғана отыр. Көзін кілкіртіп, ернін дүрдитіп, манаурай береді. Ұйқысы қанбаған-ды.
Марғау Қабенді көріп, қасына шақырды:
— Бала, төңір-рекке қар-рашы, кер-рім емес пе?
Қабен айналаға көз жүгіртті.
Сәске түс. Күн қыза бастапты. Төңірек тегіс сағым құшағында: жазық жер қыратқа, қырқа-шоқылар тауға айналып, бәрі бірдей керемет көк теңізге шомыла қалған. Таңда, не кеште бірқалыпты сұлық, қимылсыз жататын дала шалғайы қазір түгел қозғалып, желпініп тұр. Кей тұста мөлдір суға шомылып, әлдебір түйелі кісілер жүргендей. Оларға әр тараптан бөтен жүргіншілер — бөгде біреулер келе жатқандай. Бәрі де толқын кешкен және еркін есіп, әлдеқайда асыға жылжып, заулап асып барады.
Қабен төңіректің ғайыптан пайда болғандай сұлу көркіне қатты қызықты. Марғауда соны сезгендей:
— Бала, — деді сағымның бір тұсын нұсқап, — анау шалқар-р дар-рия. Сол судан әр-рі өтсең не болады, соны білдің бе?
— Не болады?
— Бапаңа кездесесің.
— Қойшы, — деді Қабен жұлып алғандай. Оның сөзіне қапелімде сенбесе де елігіп, құлшына қарады.
Анау міз бақпайды. Беті бүлк етпестен:
— Шын айтам, мен бір-рдеңе білсем, сенің бапаң сол ар- рада жүр-р, — деді де, Марғау миығын қағып қап, теріс айналып кетті.
Кішкене Қабен әр күйге түсті. "Әкең сол арада жүр" дегенге, әрине, нану мүмкін емес. Дей тұрғанмен, анау көлкіп жатқан көк шымылдықтың арғы жағы құр болмауы да ықтимал-ау...
Дәл осы сәтте Қабен халі әрі-сәрі; ол өң мен түстің, бар мен жоқтың арасы секілді бір түрлі бір бейуақта тұрғандай.
Әлденені тағатсыз іздейді, аңсайды. Ал, іздегені осынау көз тартқан көк теңіздің қойнында; соны анау толқын кешкендер көріп, Қабенге "Кел мұндалағандай". Бұл барса, іздегенін қалай да табатын тәрізді.
Не іздейді?
Оны өзі де анық білмейді. Әйтеуір іздейді, аңсап іздейді, осы арадан кеткісі келеді.
Одан әрі ойлауға шыдам қайда, бала жүгіре аяңдап, жүрді де кетті. Сағым арасында қараңдағандар мұны қол бұлғап, шақырды да тұрды. Бала соған әсерленіп, жүре берді, жүре берді. Көк толқын әрі аунап көше берді. Толқындағылар кейде тереңге сүңгігендей шым батып, көрінбей кетеді де, қалтылдап қайта шығады. Қабенді қайта шақырады. Енді бірде артына қайырылып қарап еді, жусанды ойдағы үш үйді де сел басып қалыпты. Қабен тағы ілгері аяндады.
Осы бетімен қанша жүргені белгісіз, әйтеуір зауал ауа көк сағым жым-жылас жоқ болды да, баланың көз алдында әлгі ажардан ада ұшы-қиырсыз өлі дала керіле сұлап жатты.
Әкесін таба алмады, әке жайын сонда да біле алмады.
Күндер өтіп жатты...
Қабен оныншы оқитын жылы дәл осы класқа Марғау қайта түсіп оқып, орта мектепті өзінен жеті жас кіші Қабенмен бірге бітірді де, дәл бір құрдас адамша қол ұстасып, тағы да Қабенмен бірге Алматыға — университетке аттанды.
Тек осы тұста ғана Керей туралы қауесет ұшқары екені, оның әйгілі Сталинград шайқасыңда қаза тапқаны анықталды. Қабеннің қойнынан қара жылан суырылып түскендей болды.
Университет те бітті. Мұнай мен газ инженер-геологы мамандығын алған соң өзімен бірге оқығандардың Марғаудан басқасы жер-жерге, өндіріс орындарына жөнелісті де, Қабен ректораттың ұйғарымымен конкурске түсіп, аспирантурада қалып қойды.
Аспирантурада өткен үш жылдың нәтижесі, міне, стол үстінде жатыр. Осы жұмыстың ғана қамымен ұйқысыз отырған Қабенді әлгібір қоңырау, шыңылтыр дауыс, қытымыр сұрақтар кенет шошытты.
Қабенді қайтадан күдік биледі.
IV
Сын сағаты соқты.
Университеттің кіші залына ғылыми совет жиналды.
Қабен мәжіліс басталардан бұрынырақ келіп, босаға жақтағы бос орындардың біріне отыра қойып еді, әбден ыңғайсызданып бітті. Есікте тыным жоқ, мазасыз: сапырылысып кіріп-шыққандар көп. Бұған да төзуге болар еді. Ең қиыны — кіргендер мен шыққандар арасынан таныс аспиранттар, ассистенттер, тілектес құрбылар Қабенді көреді де, бірінен соң бірі арнайы бұрылып кеп, қуана жылтырасып:
— Ал, кәне!..
— Көсілші бәлем, көрелік.
— Қорықпа, бас! Қайдан шықса, онан шықсын... — десіп, мұны тура бәйгіге қосатыңдай қамшылап, даурыға қолпаштап, кеу-кеулей берді.
Енді біреулер Қабенге ұсынған қолымен бірге құлай ұмтылып, құлағына сыбырлап, амандасу орнына алдын ала құттықтай бастады.
Қабен ұялды, дегбірден айырылды. Совет мүшелерінің бірі болмаса, бірі естіп қала ма деп қысылды. Ақыры залдан шығып, кафедраға бара тұруға мәжбүр болды.
Бірақ ыңғайсыздықтан мұнда да құтыла алмады. Ол өзінің түндегі халін, бүгінгі жайын ойлап, сәл іркілген; есік сарт ашылып, Профессор Сапаров кірді:
— Ау, мұның қалай, шырақ! Немене, сен Советке барасың ба, әлде Совет саған келе ме?
Әрине, Қабен Советке барды.
Кіші зал осындай бас қосуға, кеңесуге, мәслихаттасуға ыңғайлы-ақ. Бір қабырға — түгел терезе, жарығы мол, төбесі биік, ауасы таза. Залда жүз кісілік жұмсақ кресло; әр креслоның алдында беті шынылы, шағын төрткүл стол, — тыңдап қана емес, жайланып ап, жазып отыруға да болады. Төрде — залдағы орындардан жарты метр жоғарыда кесе-көлденең ұзынша мауыты стол, — арғы жанынан кеп отыра кетсеңіз болғаны, мәжіліс тізгінін қолға ұстап жүре бересіз. Бір қанатта биік мінбе, — пікірі барды сөзге шақырады да тұрады.
Зал — көп нәрсенің үнсіз куәсі. Әшейінде түкпен ісі жоқ, мүлгіп-қалғып жайында жүретін Марғау осы төңіректің өткеніне келгенде ұйқысын дереу ашып алады. Марғау бүгінде отыздың екеуінде, осында — университеттің Петрография кафедрасында — Профессор Сапаровтың лаборанты. Отыздың екеуіне келгенше еркін білетіні — өткен күннің көп белгілерінің тек екеу-үшеуі ғана. Қайдан естігенін кім білсін, әйтеуір оның айтуына қарағанда, Кіші залдағы мынау Президиум столының жанында бір кезде Калинин отырған, мінбеден Киров сөйлеген. Анау терезе сыртыңда жайқалған ақ қайың да тегін ағаш емес, оған ертеректе ер Фрунзе атын байлаған көрінеді...
Мұның бәрі, әрине, тарих. Ал, бұл күндері Кіші залда, әдетте, ректорат мәслихат құрады. Төрдегі жалпақ столды жалғыз жайлап ректор отырады. Мінбеге кезек-кезек кафедра басшылары, декандар, проректорлар — белгілі, білікті оқымыстылар шығады. Көбі шешен, ділмар; студенттер алдында жылдар бойы лекция оқып, әбден ысылғандар; оның үстіне көпшілігі ойлы, көшелі кісілер, — мінбеге шықса-ақ төгіле сөйлеп, есіле жөнеледі.
Ректорат мәжілісі кейде тым қызық өтеді. Ойлар жарысады, қилы-қилы толғамдар талқыға түседі. Ғылымда тек әділдік пен адалдыққа ғана жүгінетін нағыз ірі ғалымдар әрқашан қара қылды қақ жарғандай шындықты ғана айтады. Тура билік те солардың үлесінде болады. Олар майыспайды, тұрғысы берік, талғамы биік келеді. Ғылымның шоқтығын шығарып, айдынын көрсететін сондай білімдар кісілер. Олар көреген, жіті, байқағыш: талант қайсы, табынушы қайсы — мүлт жібермей таниды. Талантты қолдайды, табынушыға қолды бір-ақ сілтейді. Атақпен дәрежені перделеп, жанудың орнына бықсып жүретін кейбір қарға адымдылардың батпағынан ғылымды аршып-тазартатын да солар. Ректорат мәжілісінен осының бәрін көріп, білуге болады.
Кейде Кіші залда шетелден келген мәртебелі меймандар қабылданады. Кім болса да бәрібір, республика мерейін танығысы келгендер университетке соқпай кетпейді. Төрде тағы да ректор отырып, қонақтарға университеттің тарихын, бүгіні мен ертеңін, оқу жайын, оқымыстылар халін баяндайды.
Содан соң, міне, бүгінгідей диссертация қорғалар шақта Кіші зал әр факультеттің ғылыми советіне беріледі. Кандидаттық, не докторлық дәреже алмақ болғандар ғалымдар сынына түседі. Сондай сын алдында бүгін Қабен тұр.
Кіші зал кісіге толы. Бәрі де дәл қазір болуға тиіс аса мәнді құбылысты ықыласпен күткен дей серпінді, сергек.
Президиум столына Совет председателі мен ғылыми хатшы келді. Мәжіліс басталды.
Бәрі ретше: Совет председателі ғылыми хатшыға сөз берді. Ол Совет мүшелерін диссертанттың өмір деректерімен таныстырды:
— Қабен Керейұлы Оразов, жасы жиырма бесте, ұлты қазақ, партия мүшесі, білімі жоғары...
Қабеннің жетекшісі сөзден бас тартты: диссертант жөнінде де, диссертация туралы да бар пікірін егжей-тегжейлі жазып бергенін, оған қосар-алары жоқ екенін айтты.
Сөйлеу кезегі диссертантқа келді.
Қабен мінбеге шығып, еңсесін көтеріп алған: барлық көз жаудырап, өзіне қадала қалған екен. Әркім әр түрлі сезіммен қарайтын сияқты. Біреулер жылы шыраймен үміттене көз тіксе, біреулер "не айтар екен" дегендей ап-анық сынай қарайды, ал енді біреулер жайбарақат, енжар, "айтарың мәлім ғой" дегендей салғырт, самарқау.
Қабеннің ойына түндегі — телефондағы тергегіш кісі сап ете түсті. Осы залда сол да отырғандай түйсінді. Сонау бұрыштан бір бадырақ көз көрінеді. Түрі тым ожырайлау екен. Бұ кім? Түндегі пысық осы емес пе?
Залдың орта тұсында өңкей ажарлы қыздар, әрлі әйелдер: олардың арасында (қайдан түсіп кетіп жүргенін кім білсін!) беті желіндеп Марғау отыр. Жарықтықтың тұла бойындағы жылтырайтын жері жалғыз-ақ тып-тықыр басы ғана ғой, басқа тұсының бәрі күңгірт. Күллі ғұрпы, әдеті, әсіресе, тумыс-табиғаты түсініксіз. Сал бөксе, жалқаулығы да бәз-баяғы қалпында! Әне, жан-жағынан жалт ойнатқан қыз-келіншектер қаперіне кірер емес, түнімен кірпік ілмей, қора күзетіп кайтқан қорықшы секілді, өз-өзінен манаурап, мүлгіп-шұлғып отыр. Апырм-ай, бір нәрсеге қызығу, сергу, серпілу деген жоқ-ау мұнда... Тіпті отырған орныңда ұйықтап қалу, қарсы алдындағы кісіні тыңдаған күйі пыр ете түсу деген түк емес бұған... Биыл жазға салым үйленген; қалыңдығына қайындап барып отырып, ата-енесінің алдында, дастарқан шетінде, ет пен шайдың арасында қалғып кетіпті; бұған не деуге болар?..
Қабен Марғауды танығалы қашан! Тайман үшеуі геология факультетін бірге бітірген.
Қабен жасы кішілігіне қарамай, бұған талай ренжіп те көрді:
— Сенің құлқың құрсын, Марғау. Аудиторияда еңкейіп ұйықтайсың, жатақ үйде жантайып ұйықтайсың!.. Ұйқыдан басқа бітірерің жоқ. Неменесің өзің? Ұят бар ма өзіңде?
Марғау бұған бүлк етпейді, манаурап отырып, қайта Қабеннің өзіне ақыл үйретеді:
— Тоқта, бала! Асықпа! Күйіп-піспе құр-р сен босқа. Неме кер-рек күйгелектеніп? Бәр-рі бір-р сен күйіп-піскенмен дүние мыңқ етпейді. Күн ор-р-нынан шығады, ай ор-рнынан батады, неме кер-рек күйіп-пісіп?
— Қойшы... — дейді Қабен амалы құрып.
— Қоятыны жоқ. Білем. Сен асығасың, алып ұшасың, бұзып жар-рып алға ұмтыласың. Ал мен асықпа деймін саған. Неме кер-рек босқа ентігіп? Адам өмір-рге бір-р-ақ келеді екен, несіне асығады сонша? Кетпей қою кер-рек өмір-рден, білдің бе?
Қабен еріксіз езу тартады:
— Ол қолдан келе ме?
— Келеді, — дейді Марғау, — келеді. Түкке тұр-рмайтын тасбақа үш жүз жыл өмір сүр-реді, үш жүз жыл!
— Қойшы, — деп таңданады Қабен, — үш жүз жыл?
— Несіне қояйын, солай, үш ғасыр-р жасайды тасбақа! Неліктен, соны білесің бе?
— Жоқ, білмеймін.
— Білмесең біл, жазған шір-ркін. Тасбақа сіз бен біз құсап нер-рвничать етпейтін көр-рінеді.
Қабен әдеттен тыс сақылдап, қатты күледі:
— "Нервничать етпеу" деймісің?.. Өзіңнің етіңнен ет кесіп әкетсе де міз бақпастан ұйқылы-ояу мамырлап жүретінің сол екен ғой.
— Енді қайтейін. Сен бекер-р күлесің, Қабен. Түптің түбінде менікі дұр-рыс. Адамды құр-ртатын жүйке-тамыр-р көр-рінеді ғой, соған сақ болу кер-рек. Менің саған күйіп-піспе деп, құдайдың зар-рын қылатыным да сол емес пе, жазған шір-ркін.
Сол Марғау міне, қашанғы әдетінше бет алды манаурап, босқа отыр. Маңыңдағының бәріне енжар, бейтарап. Қабеннің булығып қап, сөзін бастай алмай тұрғанымен мүлде шаруасы жоқ. Асылы, "біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді" деген рас қой.
Жоқ, олай болмады, там-тұм сезігі бар емес пе, әне, Марғау мінбеге — Қабенге қарады: "Неге үндемейсің" дегендей.
Ой, қарағаның да құрсын-ау сенің, Марғау. Мұның көзінен пәтуәлі бірдеңе байқау мүмкін емес, ұйықтай-ұйықтай көзін орнынан оқыс аударып алған тәрізді: қыли ма, қитар ма?.. Екі көзі өзара атысып-шабысып тұрады. Өзі саған қараса, көзі құла далаға қаңғырып кетеді. Ал, маған қарап тұр деп әлдене айта қалсаң, адастың: Марғау сенімен ісі жоқ, басқа жаққа қараған боп шығады. Басқа жаққа қарап тұр деп тіл қатпасаң, тағы сүріндің: Марғау саған қадалып, сені күтіп тұрады. Шатастырады Марғау...
Дегенмен, бұл жолы шатастырмады, түзеді: Қабен Марғауға қарап кәдімгідей көңілденіп, кеудесін күдік емес күлкі билей бастап еді, тілі де шықты.
Қабен сөйлеп кетті. Алдында бір де бір парақ қағаз жоқ, ту сыртыңдағы тақталарда сурет-сызықтар ғана бар. Бірі — түрліше мұнайлы қабаттардың схемасы болғанда, бірі — скважиналар, бірі — көлденеңінен жарып көрсетілген әр алуан жер жыныстары... Қабен қолына таяқ алып, соларды нұсқап, ойын дәлелдей сөйледі. Сөйлеген сайын шешіле түсті. Енді бірде осы залда өзін сынар ешқандай білгіш жоқ, бәрін тек өзі ғана үйретіп тұрғандай еді.
Диссертант сөзіне-әсерленген зал толқып, көңілденіп, әр жерден риза тыңдаушылардың күбір-сыбыры естіле бастады:
— Е, бәсе!
— Осылай болса керек еді.
Мынау сірә Марғаудың үні шығар:
— Не қар-ра басты деп зәр-рем кеткенінші.
Мына сөздер кімдердің аузынан шыққанын ажырату қиын:
— Жігітің сайрап тұр.
— Дайын кандидат екен ғой!
Қабен қағаз жазғанда, жазуға қарағанда, кейде тіпті көшеде келе жатып та оқта-текте көзілдірік киетін. Және оны жұрт сияқты кезінің үстіне емес, астына, ұзынша қыр мұрнының ұшына түсіре киетін. Сонда Қабен алдында жатқан әлденені оқығанда ғана болмаса, мұрнындағы мүйіз көзілдіріктің үлкейткіш әйнегін пайдаланбайды, ылғи оның үстінен сүзіле қарап тұрады. Сондықтан ба, әйтеуір Қабенге көзілдірік жараспайды. Қазір де солай, жұрт мінбеде тұрған ұзын бойлы, қарасұр жігіттің нық, нығыз шығатын майда қоңыр үніне, байсалды ой-пікіріне сүйсініп, қаншама "дайын кандидат" дегенмен, мұрнының ұшындағы мүйіз көзілдірік оны ғалымнан гөрі етікшіге көбірек ұқсатады.
Бірақ шындыққа не дау бар, диссертанттан кейін сөйлеген екі ресми төреші — бір профессор, бір доцент — Қабен Оразовтың "етікші" емес, нағыз ғалым — шын мәніндегі зерттеуші екенін келістіріп-ақ дәлелдеп берді.
Диссертант ресми төрешілеріне жауап қайтарғаннан кейін мінбеге ғылыми хатшы қайта шығып:
— Оразовтың зерттеу жұмысына ғылым институттарынан, кафедралардан, жеке ғалымдардан, небары он тоғыз дәйектеме түсті, — деп, оларды бас-басына арнайы атап өтті. — Бұлардың бәрі де Оразов диссертациясының ғылымдық-теориялық құнын жоғары бағалайды.
Ғылыми хатшыдан кейін ресми емес төрешілер сөз алысты. Әсіресе, үшінші болып сөйлеген бір доценттің сөзіне жұрт мықтап ұйыды.
— Маған бұл диссертацияның ең құнды болып көрінетін тарауы — екінші тарау, — деді ол. — Мұнда мұнай өнімін арттырудың екінші әдісіне айрықша анализ берілген. Сіздер мынаны білесіздер ме? Мұнай өндірудің екінші әдісі болып табылатын — жер бетінен жер астына су айдау, сөйтіп, мұнайлы қабаттың қысымын күшейту, сараң табиғаттың бермесін қолдан сығып отырып тартып алу бар ма, жолдастар, тарихта тұңғыш рет Ембі топырағында туған. Ол мың тоғыз жүз қырық екінші жыл болатын. Соғыс кезі. Содан бергі екі он жыл ішінде бұл әдіс қандай өріс тапты, қандай бел-белестен өтті. Оның қазіргі хал-күйі нешік? Міне, осы сұрақтың жан-жақты және толық жауабын Оразов Қабеннің диссертациясынан табасыз. Бұл ретте мен екінші тараудың шежірелік сипаты бар деуден жүз жанбас едім... Ал, жұмыстың басқа құн-қасиетін ресми төрешілер де, менің алдымда сөйлеген ресми емес төрешілер де жеткілікті айтты. Сонымен, менің ойымша, бұл зерттеу еңбегі үшін Қабен Оразовқа геология-минералогия ғылымының кандидаты атағын беруге әбден болады.
Доцент мінбеден түсе бергенде жұрт дуылдай қозғалып, қол соғып жіберді. Ғылым советінің председателі алдындағы су құюлы графинді қаламымен сыңғырлата ұрып, орнынан тұрды:
— Жолдастар, бұл — әбден мереке-мейрамға арналған салтанатты жиын емес, ғылым советінің жұмыс мәжілісі. Мұнда Оразов — юбиляр емес, диссертант. Аздап иба сақтауларыңызды сұрар едім.
Зал басылды. Тым-тырыс тыныштық.
— Тағы кім сөйлейді? — деді председатель.
Зал жым-жырт. Ізінше әр жерден ұсыныстар айтылды:
— Біраз кісі пікір айтты ғой.
— Талқылаудай-ақ талқыланды.
— Сөз тоқтатылсын.
Председатель тағы да жұртқа қарап:
— Сөйлеушілер жоқ қой, солай ма? — деді.
— Жоқ.
— Жоқ.
— Олай болса, — деді председатель көп ішінен Қабенді көзімен іздеп, — ресми емес төрешілеріне жауап беру үшін және қорытынды сөз сөйлеу үшін диссертант Оразовқа...
Зал ішінен біреу председательдің сөзін бөле:
— Тоқташы! — деп қалды.
Жұрт жаппай солай бұрылды. Қабен де әлдебір таныс дауыс естігендей жалт қарап барып, бір бейтаныс адамды көрді: ұзын бойлы, мойны да ырғайдай ұзын, мұрны салбыраған мұртты біреу. Өзінің жирен жүзі тым жүдеу, әбден қалжыраған сырқат кісі тәрізді. Жадаулықтан болса керек, бетінің бәрі оқтаудай салбыраған ұзын мұрын мен мұрын астыңда шалғысы шиыршық атқан жез мұрт қана. Бояуы оңған кішкене қиықша көзін жалбыраған жүндес қабағы жиі-жиі жауып, перделей береді.
— Мен екі-ақ сөз айтпақ едім, — деді бейтаныс кісі қарлыға шығатын жіңішке, шыңылтыр дауыспен тамағын қырнай сөйлеп, — рұқсат болар ма екен?
— Неге болмасын, — деді председатель шарасызданып, — неге болмасын, сөйлеңіз!
Бейтаныс кісі жұрт арасымен асықпай аяңдап, мінбеге барды. Совет председателі азырақыңғайсызданып, бейтаныс кісіге:
— Кешіріңіз, есіміңіз кім сіздің? — деді.
— Сардар Сұлтанов, — деді анау.
— Қай институттансыз?
— Институт емес, Ембінің қазағымын, — деді Сардар Сұлтанов қиястау сөйлеп, — және зиялы емес, жай мұнайшымын.
— Өте жақсы. Сөйлей беріңіз.
Сардар Сұлтанов мінбеге кеуделей еңкейіп, қалт тоқтады да бірер минут үнсіз қалды. Көзі тас жұмулы. Сірә, айтар ойын жүйелеген-ді. Бірақ тұрысына қарағанда ойланған емес, басы айналып кеткен сияқты. Осы тұрысымен ол залды тұтас өзіне баурап, тылсымдай тындырып тастады.
Бірер минуттан кейін Сардар жалбыр қабағын желпіп-желпіп жіберіп, қас астынан сығырая жылтыраған күрең көзін зал ортасындағы әлдекімге шоқтай қадап алды да, сөз бастады:
— Әлгі Оразов деген жігіт Ембіні зерттеп отыр ғой, солай ма? Хош! Менің бар ғұмырым Ембіде өтті. Ембі — менің жүрегім. Жүрегім менің — Ембі! Олай болса, Оразов менің жүрегімді зерттеп отыр. Осыған талас бар ма, зиялы жұрт?
Жұрт ду-ду қол соқты. Қабен де мінбедегі шешенге қызыға қарай қалды. Тек ғылым советінің председателі ғана залды тыныштыққа шақырып, өзі тынышсыздана берді.
— Обалы не керек, Оразов — оясыз жігіт емес. Қисын, қағидажағы мықты, мығым. Сірә, кеп ізденген, көп оқыған кісі болар, жазғандарынан сол аңғарылады. Танысып көріп ем, тым шебер жазады екен. Қызық. Ертегі секілді, жеңіл оқылады. Мұның бәрі жақсы! — деп, Сардар сәл кідіріп, күрең көзін бір нүктеден аударып, залдың арт жағын шола барлап аз тұрды да, ізінше пышақпен кескендей: — Ал, енді бар ма, шындықтың маңдайы қасқа... Оразовтың осы жазғандарынан мұнайлы Ембіге келер қыл елі пайда жоқ. Тек сол жаман! — деп сарт еткізді.
Зал шайқалып кетті. Біреулер шешенге ренішпен қол сілтеді. Біреулер ызалы мысқылмен сақ-сақ күлді:
— Мә, бәлем!
— Айтады екен жампозың!
— Не деп тұр өзі?
— Рас, рас, — деп қасарды Сардар Сұлтанов, — рас айтам. Дау жоқ, Оразов қорғайды, оқымысты деген шенін де алады, шекпенін де жамылады, бірақ іс жүзінде оның осы оқымыстылығынан не бүгінгі Ембіге, не ертеңгі Ембіге тиер тұлдыр пайда жоқ!
Алдыңғы қатарда отырған біреу шыдай алмай, әлдене шағып алғандай ыршып тұрып, саңқ етті:
— Неге?
Тыңдаушылар қайтадан гу-гу дүрлікті. Председатель залды тағы да тәртіпке шақырды.
— Негесі сол, — деді Сардар зал мінезіне міз бақпастан сөзін жалғап, Қабенді иегімен көрсетіп, — бұ жігіт бүгінгі Ембі тынысынан мүлде бейхабар.
Профессор Сапаров та қатты шамданып отырған:
— Жә, не деп барады мына кісі? — деді креслосын сықырлата шалқайып. — Не деп барады?
— Сен, жолдас сабыр... Сені білдік қой бағана, тұра тұр кішкене, — деді Сардар оған. — Сенің жетелеп жүрген Оразовың о баста не жайлы жазбақ еді! Ембіде мұнай өнімін арттыру жайлы жазбақ еді. Хош! Аса ірі, көкейкесті мәс-сәлә! Ембінің аңсап отырғаны осы, осы мәсәләнің шешілуі. Бірақ осыны Оразов біле ме?
— Неге білмейді? — деді Сапаров ажырайып.
— Жоқ, білмейді. Білсе, қайсы, не шешті Оразов? Түк те шешкен жоқ. Тапты ма мұнай өнімін арттыру жолдарын? Түк те тапқан жоқ. Табуды айтасың, анық біле ме соны өзі?
— Неге білмейді?
— Жоқ, білмейді. Қайсы білгені? Екінші әдіс пе? Қате. Соны мақтаған әлгібір кісі... — деп Сардар өзінің алдында сөйлеген доцентті көзімен іздеп тапты. — Сенікі де қате.
Ембінің екінші әдісі үшін пәлендей үлкен ғылымның қажеті жоқ. Жазсын Оразов, жазбасын Оразов — бәрібір, Ембі ол әдісін іс жүзінде қолданған және қолдана бермек одан әрі... Жаңалықпа сол? Қай мұнайшы таңданбақ бұған?
Доцент те шыдамады:
— Сіздікі де қате, — деп қолын сілтеді. — Таңданту шарт емес.
Көп ішінен бір теке көз, теке сақал ұзын кісі тұрды да, ғылым советінің председателіне қарай доғадай иіле берді. Әйел дауысты кісі екен, сөз емес, ақырын ән айтқандай дірілмен толғап кетті:
— Сіз кешіріңіз, Профессор. Мінбедегі шешеннің сөзін бұлайша белден қосаяқ салып бөліп жіберу, яғни оны сөйлетпеуге әрекет жасау — ВАК ережесіне шәлкес келетін мінез.
— Жолдастар, — деді председатель залға, — шынында да бөлмеу керек. Айтқысы келгендер кейін сөз алуына болады ғой, бөлмеңіздер енді, өтінемін.
— Әсіресе диссертацияға қарсы яғни диссертант гипотезаларын тікелей сынап, немесе диссертант аргументтерін түп-тұғиянымен жоққа шығара сөйлеген шешенді бөлу — ВАК ережесіне... — деп әлгі кісі әйел даусын одан әрі дірілдете созып бара жатыр еді, председатель зекіп тоқтатты:
— Жақсы. Айттық қой жаңа. Сіз де бөле бермеңіз.
— Кешіріңіз, профессор, — деп анау президиум жаққа тағы бір шұлғыды да, орнына отырды.
— Жоқ, деді Сардар, — мені бөлген ешкім жоқ. Қайтесіңдер мен үшін босқа терлеп? Ембі үшін терлейік одан да бәріміз жабылып...
Ол алдымен Қабенге:
— Оразов, шырағым, өзіңнен сұраймын, үлкен Ембі проблемасы деген не? Үлкен Ембінің үлкен тағдыры қайда жатыр? Соны білдің бе? — деді де, жұртқа қарап: — Ау, ағайын, өздерің айтыңдаршы қане, ғылым өміршең болсын, ғылым тәжірибемен тығыз байланысты болсын, бірге жүрсін дейміз. Қайда сол? А-а-а?.. — деп барып аңыра тоқтады. — Мен болдым.
Сардар мінбеден түсті.
— Жолдастар, жетті ғой деймін, — деді председатель жұртпен ақылдасқандай, — ендігі сөзді диссертанттың өзіне берген жөн болар.
—Дұрыс-ақ
— Өзі сөйлесін.
— Бәрінің жауабын бір-ақ берсін.
Сапаров ашулы. Қолға ұстар жері өзінен аумаған шоқша сақал шалға ұқсаған мүйіз трубкасын темекіге сықап алды да, жұрт толы залда отырғанын ұмытып, бұрқырата тұтатып жіберді. Көзінің ағы әдеттен тыс қызғылт тартыпты. Көз маңына мейірім жинап тұратын көп әжімдер де бір түрлі қолмен кергендей сызаттана сиреп кетіпті. Мол денесін тұтас қозғап, әуелі аспирантына бұрылды. Қабен төмен қарап ойланып қалған, жетекшісінің қимылын қапелімде көре қойған жоқ. Содан соң Сапаров председательге қарады:
— Өзіңіз ештеңе айтпайсыз ба?
— Не жайлы?
Сапаров шап ете түсті:
— Бәсе не жайлы? Білмейсіз бе не жайлы екенін? — Орнынан ұшып тұрып мінбеге беттеді. — Маған беріңіз олай болса...
Председатель Сапаровтың мұншалық неге ширыққанын іштей ұққанмен, дәл осы арада орынды көрген жоқ:
— Тек қысқа айтыңызшы, қысқа ғана. Созып алдық, тым ұзаққа кеттік.
— Мен сізге түсінбей қалдым, — деді Сапаров оған мінбеге шыққан соң, қолын жая таңданып. — Бұ не бұл? Ғылым советінің мәжілісі ме, әлде мұнай кәсіпшілігіндегі өндірістік кеңес пе?
Председатель Сапаровты әлі де болса құптай қойған жоқ еді:
— Сіз неге олай дейсіз?
— Демей қайтейін. Кім әлгі кісі?
Председатель де қабағын шыта бастады:
— Кім екенін айтты ғой. Әрілесе, кім екенінде не шаруамыз бар біздің?
— Неге шаруамыз жоқ? Оның шаруасы бар, біздің шаруамыз жоқ, солай ма? — дегенде Профессор Сапаров қалшылдап кетті. — Мен білмеймін қалай екенін... Кез келген көлденең көк атты көшеден кіріп келеді де, көзімізді бақырайтып қойып ақыл айтады. Бұ не сұмдық бұл?!
Сардар сыздап тұра келді:
— Замандас, сен ыссылама! Зиялыға жараспайды ыссылау. Ғылым иесі сөйте ме екен? Сен одан да мынаған жауап бер: неге көлденең көк атты болам мен? Неге көшеден кіріп келем мен? Неге бақыраяды көз жөн жоқ, жосық жоқ... А-а-а?
— Жарайды, — деп Сапаров амалсыз жуасыды, — қаттырақ кеткен болсам, ғафу етерсіз.
— Е, сөйт бәсе, соның дұрыс, — деді Сардар орнына отыра беріп. — Білімдар кісі сөйтер болар.
Сапаров ойын қайта жалғады:
— Сіздер түсініңіздер, жолдастар. Менің айтқым келгені мынау. Ғылымды жайдақтауды, жалаңаштауды, кейде тіпті... — дегенде қарт Профессор қайтадан ызаға булығып, ызғарланып бара жатты... — аяқ асты етуді қоятын уақыт жетті! Ғылым қолжаулық емес. Ойнамау керек ғылыммен. Қорламау керек ғылымды!
Залдағылардың бірқатары бұл пікірді қуаттап отырды:— дұрыс айтады.
— Сананы ғылымға қарсы қою қайдан шыққан осы?
— Адуын ағамыздан шыққан ғой бәрі... — деп біреу көмейіндегісін анық көрсетпей, күбірлей беріп еді, қасындағылар айтпай түсініп, іліп-іліп әкетісті:
— Қуыс қоңыраулық деген сол-ау.
— Білімді ботқа қыла жаздады ғой, жарықтық.
Профессор Сапаров әлі мінбеде:
— Ғылым практикамен бірге жүрсін дейді әлгі кісі.
— Немене, қате ме? — деп қалды Сардар.
— Тоқтай тұрыңыз! — деді Сапаров оны кеудеден итергендей қолымен жайқап. — Алдымен, бұл — тым жалпылама сөз, жалаң уағыз. Содан соң, ғылым — практика емес, теория. Қажет жағдайда ғылым бірыңғай практикалық міндеттерден біраз алшақ тұруға тиіс. Керек десеңіз, ғылым кей ретте тап-таза теориялық обобщениемен айналысуға тиіс. Теорияны байыта алмаған, тереңдете алмаған ғылым практикаға да шешуші ықпал жасай алмайды.
— Сен де тоқта олай болса... — Деп, Сардар орнынан тағы да ыршып тұрды. — Өзің ал! Өзің ал ондай ғылымыңды. Тәжірибеден тыс, өмірден алшақ ғылымның керегі жоқ маған. Ембі де зәру емес оған...
— Жолдас, Сұлтанов, сабыр... — деді председатель жалынып, — өзіңіз айтқандай, сабыр... сабырмен сөйлесейік, түсінісейік, тұра тұрыңызшы кішкене...
— Тұра тұрмаймын, — деді Сардар қарысып, — несіне тұра тұрайын? Және біз түсінісетін түк те қалған жоқ бұл арада. Одан да оқымысты жасай берің... — деп Қабенді нұсқады, — анау жігітті. Соған қарсы деп тұрсыңдар ма мені? Суыртпақтай сырт пиғылым болса, бұйырмасын!
— Енді неге қарсысыз? — деді Сапаров оған жалт бұрылып.
— Ембі тағдырына енжарлыққа қарсымын. Ембіге керегі құр сөз емес, іс. Зиялының жазуы мұнайшының жер қазуына, май табуына қолма-қол жәрдем етсін деймін. Менің талабым сол ғана. Несі бар?
— Біздікі басқа ма? — деді ғалымдардың бірі.
— Басқа! — деп саңқ етті Сардар. — Ау, зиялы жұрт, сендер неге түсінбейсіңдер мені? Оразов неғып отыр? Көне құдықта қалып отыр. Маған не дейді? Құлаған құдықты аршып іш те, отыра бер дейді. Ал, мен ше? — Сардар көзін тас жұмып, толғанып кетті. — Менің өмір бойғы мақсатым — жаңа құдық қазу, жаңа тұнық табу!
Сардардың толғанысы залдағы жұртқа кенет тосын әсер туғызды. Енді қарсыласа берудің орайы жоқ екенін білген Профессор Сапаров мінбеден түсіп, орнына кеп отырды. Председатель залдан сұрады:
— Басқа сөйлеушілер жоқ па?
— Жоқ.
— Онда соңғы сөз Оразовқа беріледі.
Мінбеде Қабен. Қабағы қату, бірақ қажу емес, көзінде ұшқындаған әлдебір белгісіз қайрат, жігер оты бар. Дәл осы түрмен ол мінбеде "ләм-мим" деп аузын ашпастан ұзақ тұрды. Зал жым-жырт. Залдағылардың бәрі Қабеннен бір нәрсе күтеді. Ал, Қабенде үн жоқ.
Енді бірде ол өзіне шалқыған оттан бетін алып қашқандай оқыс кейін шалқая бере:
— Мен сөйлемеймін! — деді де, мінбені тастап, орнына беттеді.
Жұрт аң-таң.
— Бірер сөзбен болса да түйіндемедің бе? — деп Совет председателі ашуын алқымына тығып, ажырая қарады.
— Жоқ! — деді Қабен.
— Үзіліс! — деді председатель жұлып алғандай.
Жұрт үзіліске шықты. Әркімнің аузында әр түрлі сөз.
— Оразовтың әлгісі не мінез?
— Түкке түсінсем, бұйырмасын!
— Парлап ұшып келе жатып, топ етіп жерге түскендей болды, немене өзі?
— Апыр-ай, бейшара-ай десейші, құдды жылан арбаған торғай.
— Ой, қойыңдаршы әрі, бәрі бір қорғады, не қылсын босқа өзеуреп...
— Дұрыс айтасың, әлгі жадаудікі — авантюра, оған жауап қайтарудың керегі де жоқ еді.
V
Неге керегі болмасын? Керек-ақ еді ғой. Амал не, Қабен жарытулы жауап таба алмады. Сардарға қарсы шығып, өзін өзі арашалап қалу үшін, осынау көз алдында шиеленісіп жатқан дау-шарды байыптай бастаса-ақ болды, оның ғалымдық жайлы, жалпы, ғылым туралы түсінігі төңкеріліп түсе берді.
Ғылым, немесе өнер туралы Қабеннің о бастағы ойы тым өзгеше еді. Оның ұғымынша, ғалым болу, не өнер кайраткері болу әншейін өгізді өрге салу емес, өзгелерден бөлек оқшау қабілетті, айрықша табиғи талантты қажет етеді. Ғылым ордасы, өнер ордасы — ақыл, ар ордасы. Бұл ордаларға тек ардан туған, арман қуған адам ғана кіруге тиіс. Ақыл, ар ордаларының есігін ашқан әр адам тек ақылға ақыл, арға ар қосуға ғана келуі шарт. Масқара ғып, халықтың ғасырлар бойы көз шырасындай сақтаған кіршіксіз арына аз да болса зақым келтіретіндер ар ордасының маңынан жүрмеуі керек. Ар ордасына аңдаусызда кіріп кетіп, адыраңдап, арпы-тарпы басып, бәрін бөрікпен ұрып алмақ боп, усойқылық жасау да, жылысуланып, жымысқы қыбырмен құр тамақ асырамақ боп, бейшара халде жүру де — қылмыс, рухани өліммен тең қылмыс! Нағыз ғылым адамының, не өнер адамының зәресі ұша қорқатыны тән өлімі емес, осындай жан өлімі болса керек. Құдай сақтасын, тірі жүріп өлу деген не сұмдық! Ғылымды, не өнерді жеңіл-желпі кәсіпке айналдырып, күн керіс жасамақ болғанша, қолға күрек алып жер қазған дұрыс. Ол қолдан келмесе амал не, қайыр сұрау керек, бірақ ғылым мен өнерді қайыршылыққа салып қорламау керек! Ал, қайыршылық деген оп-оңай: ғылым мен өнер дарынсыздың далбасасына, күн көріс кәсібіне айналса, — қайыршылыққа түскені!
Ғылым, өнер туралы бұрын Қабен осындай ойда болатын. Сардар сыны Қабенді өзінің осы ойына қайтарып әкеле берді.
Әрине, Қабен аспирантурада жүріп, ғылым жолында ап-адал әрекет жасады. Жүз алпыс бес бет диссертациялық еңбек жазды. Жаман жазылған жоқ. Бірақ осында не айтылған? Ақыл айтылған. Кімге айтылған? Мұнайшыларға айтылған. Гәп дәл осы арада.
Қабен Ембі маңында туды. Сәбилігі сол өңірде өтті. Болды. Кейін бұл арадан алыстап кетті. Студент кезінде бір-екі рет өндірістік практикада болғаны болмаса, ес білгелі Ембіде не тұрып, не жұмыс істеп көрген кісі емес. Енді келіп, Ембінің ежелгі мұнайшыларына жаттанды ақыл айтып, өнеге көрсетпек...
Нағыз ғылымдық еңбек деген бір нәрсе, тың нәрсе ашуы керек. Қабен не ашты? Екінші әдіс пе? Ол, Сардар айтқандай, Қабенсіз де белгілі нәрсе. Сонда диссертацияда байыпталатын үлкен Ембі проблемасы қайсы?
Бәсе, кейде әп-әдемі — осында бәрі бар; кейде дәнеңе де жоқ. Әсіресе бір нәрсе, ең қажетті, ең ірі нәрсе жоқ. Ол не? Өзі де білмейді. Іздейтін, шарқ ұратын, таппайтын...
Жә, бір еңбекпен бәрін шешу мүмкін емес. Кандидаттық диссертация адамның ғылымға, зерттеу ісіне қабілетін, мүмкіндігін ғана танытуға тиіс. Ғылым кандидаты болу — ғылым докторы болу емес. Қай кандидат жарқыратып, жаңалық ашып тастай салып жатыр. Оның үстіне, әр кандидаттың диссертациясы ғылымдағы колумбылық әрекет болса, ғылым мен өнер бірігіп, одан соң өнер өмірге, өмір өнерге айналып, астасып кетер еді. Бұл мүмкін бе? Әй, мүмкін емес қой, қиын ғой. Олай болса, Қабен де сағым қуғандай сандалғанша, осы бетімен қорғап шығып, кандидаттық дәрежесін алса не қылады?
Тоқта, ғылымдағы не өнердегі дилетанттық деген осындайдан тумай ма?
Қой, неге? Қабеннің теориялық білігіне кім шүбә келтірді? Тіпті Сардардың өзі мойындаған жоқ па? Дилетанттықтың тасасында сауатсыздық тұр. Қабенді ғылыми-теориялық жағынан сауатсыз деп кім айта алады?
Жақсы! Бәрі де тұра тұрсын! Ал, қорғады Қабен, ғылыми дәреже алды. Содан соң?
Содан соң ол не университетте, геология факультетінің студенттеріне мұнай және газ жөнінен лекция оқуға тиіс, немесе академияда, геология институтыңда ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге тиіс. Бірақ өндірісте істемеген кісі осының бәрін тек кітап бойынша жасап, бөтен біреулердің пікірін қайталаумен жүрмей ме?
Егер Қабен өндірісте істеген болса, теориялық білігін нақты іспен, затты тәжірибемен байланыстырып, не айтса да, не жазса да, тек өз пікір-тұжырымын ғана ұсынар еді ғой. Қазір ше? Қазір сөйте ала ма?
Міне, өзінің ғалымдық мансабын ойлағанда Қабен жүрегінің май жегендей кілкіп қоя беретіні осыдан. Ол осыған қиналады.
...Неге керегі болмасын? Керек-ақ еді ғой. Амал не, Қабен Сардарға қарсы айтар жарытулы жауап таба алмады. Сардар сынын байыптай бастаса-ақ болды, оның ғалымдық жайлы ұғымы осылайша ұйтқып, ауытқып, төңкеріліп түсе берді.
Ол үзіліске шығып, вестибюльде сапырылысқан адамдар арасында азырақ әрлі-берлі жүрді. Маңындағыларға қарамай, қабағы түюлі, ойда жүрді. Кейбір таныс, тілектес кісілер мұның көңілін орнықтырғылары кеп, ере түсіп:
— Қапа болма, қайтесің.
— Сенен кінә жоқ.
— Бәрі орнына келеді, — десіп, бірақ бұл сөздерді Қабен мүлде естімейтін адамша жауапсыз қалдырған соң, олардың өздері де ыңғайсызданып, жөніне кетісті.
Жұрттан оқшаулау бір бұрышта Профессор Сапаров тұрған; өзіне жақындай берген шәкіртін көріп, ызасын әрең іркіп, көзімен оқтай атты да, жалт бұрылып кетіп, трубкасын бұрқырата берді.
Бір қанаттан манаурап Марғау шығып, биікке қарай велосипед айдаған адамша аяғын күшпен қозғап келді де:
— Бала, ғалымдар-р дауыс бер-ре бастады, не қыласың босқа нер-рвничать етіп... — деп күбір-күбір етті. Қабен бұған да құлақ асқан жоқ, өзімен-өзі; біреу елеп, біреу есіркеп жол бере ме, қалай, әйтеуір бұл жақындаса жұрт екіге жарыла жол ашады; сол жолмен әрі кетіп, бері келіп, сырт көзге сенделіп жүргендей бір қыдыру ерсілеу адымдаған. Бір кезде мұның маңдай алдынан:
— Өй, Қабен! — деген жайдары дауыс естілді.
Қабен қалт тоқтай қап, еңсесін көтеріп алған: қарсы алдында Тайман тұр. Тайман, кәдімгі Тайман Дәуренов — университетте бес жыл бірге оқыған сыралғы досы. Бұ қайдан жүр? Қолында портфель, қарында плащ... Келген беті болмағай еді? Жер шеті — қияннан, түу Атырау жағасынан келіп жүр-ау, шамасы...
Бұлар көріспегелі үш жыл. Үш жыл — бірсыпыра уақыт. Өзі әжептәуір өзгеріпті: сұлу біткен ақсары жүзі тотыққан. Онысы ештеңе емес, еңбек тотықтырған-ды, күн тиген, жел қаққан. Бірақ денесі толыса бастапты. Мұнысы қалай екен? Ембіден келген-кеткендер Тайманды сұраған Қабенге:
— Ойбай, досың мықты.
— Бүкіл Мұнайлыны бір өзі басқарады.
— Дүрілдеген директор, — десетін.
Бастық болған соң семіріп жүруден сау ма өзі?
— Ау, сен неғып тұрсың? — деп Тайман қарсы алдында сырықтай серейе қалған досына құшақ жайып, ұмтыла берген; Қабен ойын бұзбастан қолын көтеріп, әзіл-шыны аралас:
— Кілт тоқташы! — деді.
Тайман өздеріне таңдана қараған сырт көздерден қанша ыңғайсызданғанмен амалсыз іркіліп:
— Құп! — деп ақсия күлді.
— Қайдан жүрсің?
— Ембіден.
— Маған келдің бе?
— Саған келдім.
— Әдейі іздеп келдің бе?
— Әдейі іздеп келдім.
— Өтірік айтасың. Өз шаруаңмен жүрсің.
— Олла да рас. Тек сен үшін келдім. Жеткен бойым осы... Жоқ жерден самолет кешігіп...
— Қалғанын қоя тұр! — деді Қабен Тайманды қолынан сүйрей жөнеліп: — Бері жүр!
Екеуі бір оңаша аудиторияға кірді. Кірген бетте Қабен қайырыла бере Тайманды қапсыра, қатты қыса құшақтап, ыстық маңдайын досының салқын бетіне басып біраз тұрды. Содан соң құшағын жазып жіберді де, буланған көзілдірігін қолорамалымен сүртіп, оған тұнжырай қарады.
Тайман өзінің іздеп келгенін білуге асық:
— Иә, қалай болып жатыр?
Қабен көзілдірігін киді де, шеткі бір стол жанына отыра қап, төсқалтасынан қаламын алды:
— Қалай болғанын қазір көресің. Бір жапырақ қағазың бар ма?
Тайман портфелін сарт-сұрт ашып, Қабенге бір парақ ақ қағаз әперіп жатып, абыржи сұрады:
— Не болды деймін? Ашып айтсайшы? Қорғау бітті ме?
Қабен Тайман берген қағазға айдақтатып, әлдене жаза бастады. Тайман тағы сұрады:
— Қорғау бітті ме деймін?
— Бітті!
Тайман шытынып, ренжіп қалды:
— Онда немене бұлтақтатып отырғаның?
Қабен осы сәтте столдан басын көтеріп ап, Тайманға тік қарап, безере тіл қатты:
— Құлап қалдым!
— Тек!
— Жаңа айтпадым ба, қазір көресің.
Тайман енді қайтып жұмған аузын ашпады.
Сол екі арада Қабен жазуын тез аяқтап, қағазды екі бүктеді де, ғылыми советтің председателіне әкеп берді. Соңында бір қызарып, бір сұрланып, шарасыз Тайман ілесіп жүр.
Председатель Қабен берген қағазды ашып оқыды да, шошып кеткендей, оған тағы ажырая қарады:
— Бұ не түріңіз?
— Түрім емес, имандай сырым.
Председатель Қабеннің бетіне түкіргендей теріс айналып кетіп, ғылым советінің бірнеше мүшесімен ақылдасты.
Олар да бас шайқасып, қол сілтесіп жатты.
Енді председатель ғылыми хатшыға әмір етті:
— Есеп комиссиясына барыңыз, жұмысын тоқтатсын. Жұртты залға шақырыңыз.
Түкке түсінбестен хатшы кетті. Жұрт залға жиналды. Председатель орнынан тұрды:
— Диссертант Оразовтың өз өтініші бойынша диссертация қорғау процесі осымен тоқтатылып, белгісіз мерзімге кейінге қалдырылады. Сау болыңыздар.
Көпшілік тарар емес. Залда айғай-шу:
— Не дейді?
— Бұ не нәрсе бұл?
— Бұрын-соңды болмаған оспадарлық екен!
Қабен басын тік ұстап, залдан шықты. Соңында Тайман, Қабеннің жіпсіз жетегінде, оған тіпті тіл қатуға батпады. Босқа еріп келеді.
Не істеп алғандарына өздері де түсінбей, ошарылып қала берген ғылыми совет мүшелерінің бірі қатты күйзелген халде:
— Мұндайды кім көрген? — деп еді, осы сөзді құлағы шалған Сардар Сұлтанов жалбыраған қас-қабағын бір желпіп, әлгі кісіні күрең көзімен отша шарпып:
— Уай, сол жаман! Көрмегендерің жаман мұндайды! — деп ақырып қалды.
VI
Осы оқиғадан кейін бас-аяғы бір жұма өтпей жатып, Қабен газет бетінен некролог оқыды: Сардар Сұлтанов дүние салыпты. Төбесінен мұзды су құйып жібергендей тұла бойы түршігіп кетті. Өз көзіне өзі сене алмай, газеттің төртінші бетіндегі қалың қара сызықпен қоршалған қысқа хабарды қайтадан оқыды: Сардар Сұлтанов, қарт мұнайшы, пенсионер... Әрине, сол.
Қаралы хабарды Геология министрлігі жариялаған. Сардардың табыты да сол маңда секілді; жерленетін күні бүгін болуға тиіс.
Қабен газетті тастай беріп, орнынан ыршып тұрды да, үйден шыға жүгірді.
Алматы күні қапырық, ыстық. Мезгіл түс кезі. Көше бойындағы қалың ағаштың көлеңкесі қою болғанмен саясында салқын ауа жоқ, тымырсық, тыныс тарылтқандай тыншу. Әлде Қабеннің өзі демігіп келе ме? Әйтеуір, шалшық суға көпір қып алшақ тасталған тастан тасқа дақ-дақ секіргендей қаздаңдап, аяғын әр жерден бір басып, жұлқынып келеді. Қарсы кездескендердің бірқатары мұның тым асығыс екенін анадайдан аңғарып, тұстарынан тулап өтіп кеткенше жол езуіне шығып, әдейі аялдай тұрады.
Қабен құстай ұшып, министрлікке де жетті.
Кеш қалыпты: жұрт Сардардың денесін жерлеуге әкетіпті.
Не істеу керек?
Ол көп аялдаған жоқ, автобусқа отырды да, қала шетіндегі қаралы баққа — зиратқа тартты. Көзі тірісінде көрмесем деген жері еді, амалсыз келе жатыр. Көңіл күйі ала-құла, ойран-асыр. Кеше ғана сау, сайрап тұрған адам, бүгін жоқ... Қалай бұл, неге шұғыл? Тіпті сену қиын.
Асылы, адам құлқы әр түрлі. Біреулер осы өмірді өтпестей көреді, қанағаттан айырылады, көз алдындағы қызарған мен жылтырағанның бәрін өзгеден бұрын шеңгелдеп, өзіне иемденіп қалмақ боп омақаса жығынып әбігер. Көзде қызыл, кеудеде қыжыл; бір өзінен өзгеден бәрін қызғанады. Сондықтан айналасына көз алартып, бұғып тұрып тас лақтырудан да жүз жанбайды.
Солар да Дәурен сүрдім, адамша тіршілік еттім, ғұмыр кештім дей ме екен?..
Енді біреулер өмірді күрмеуге келмейтін қысқа жіптей көреді. Күндер өткен сайын ажалға, өзінің ақырғы сағатына жақындай түскендей сезеді. Сондықтан оны өмірден гөрі өлім көбірек толғантады. Өзі әжептәуір тақуалау келеді. Тірлік қамына тым енжар, салғырт...
Қабен Сардарды бір-ақ рет көрді (алғаш көруі де, ақырғы көруі де сол екен); ал, мұның топшылауынша, Сардар әлгілердің біріне де ұқсамайды.
Өзі қартаң, кескіні жүдеу, бірақ жігерлі, шымыр, қайсар, отты кісі. Көкірегінде асау теңіздің ақжал толқынындай, шалқып, ағындап жатқан ой, арман бар-ды. Өлім үш ұйықтаса түсіне кірмейтін тәрізді, сондықтан жұртқа өмір сүруді, тіршілікте қандай іс, қимыл жасау керек екенін үйретіп тұрғандай еді. Қабен осыны ұққан және өзінше дәл, анық ұққан.
Ол саңқ етіп, сөз сұрап, мінбеге көтерілгенде, неге екенін өзі де білмейді, Қабеннің қарадан қарап отырып бойы тітіркеніп, тізесі дірілдеп кетті. Асылы, адам тек сыйлағанынан ғана именеді. Ал, мына кісі — бейтаныс, сыйламақ түгіл керіп тұрғаны осы. Бұдан неге жасқанады?
Сардар Сұлтановтың сырт түрінде, кескін-кейпінде тұңғыш көрген тосын көзге оқшау әсер туғызар бір белгісіз күш, бір түрлі көңіл ұйытар тартымдылық бар-ды. Содан ба? Оны өзі де анық білмейді, әйтеуір осы кісіден Қабен өзгеше жаңалық, өзінің ойында жоқ соны нәрсе күтті. Күтті де, бар ықыласын Сардар тұрған мінбеге аударды. Адамға лық толы зал ішінде Қабен кезіне дәл осы кісіден басқа ешкім ілінбей қойды.
Күтуі күту-ақ екен. Сардар мұның ойында бұлыңдап, бұлдырап жүрген бір көмескі шындықтың бетін ашты: ғұмырында қолдап мұнай өндіріп көрмеген адам мұнай өндіріп жатқандарға қалайша ақыл айтады? Және мұның айтқан ақылын қай мұнайшы қабылдайды? Олай болса, мұнай өнімін арттыру жолын тапқансып, жоқ жерден ғалым атағына ұмтылудың қандай жөн-жосығы бар? Және мұндай кісіден жібі түзу ғалым шыға ма? Бәрінен бұрын мұндай жасанды ғалымдықтан Ембіге келер пайда не?
Қабенді қас пен көздің арасында тұйыққа тіреп тастаған осы сұрақ болды. Ол осы сұраққа жауап іздеп, үзіліс кезінде тіпті сенделіп кетті. Ақыры тапты: Сардар Сұлтанов дұрыс айтады, Қабеннің дәл осы тұстағы ғалымдығынан мұнайлы Ембіге келер пайда жоқ.
Пайдасыз ғалым — жалған ғалым. Мұндай тағдырдан шошына қалған Қабен шұғыл шешімге келді: өтірік ғалым болғаннан шын жұмысшы болған дұрыс.
Қабен осылай өзгерді.
Бұл өзгеруді, әрине, жұрт түсінген жоқ. Жұрт тұрмақ, өз халін Қабеннің өзі де толық байыптап, анық ұғып үлгірген жоқ-ты.
Қорғау түйінсіз тоқтады, ғылым советі тарады, таңданған топ түкке түсінбестен жөндеріне кетті. Қабен қасыңда бірер аспирант қана қалды. Олар да түс көргендей аң-таң болатын:
— Бұ не боп кетті, түсінбей қалдық.
— Не түсінбейтіні бар, Қабен құлады.
— Қойшы! Өзі арыз берген жоқ па!..
Қашанғы қалпын сақтаған тек Марғау ғана:
— Босқа нер-рвничать етпеңдер-р, жігіттер-р, қайте-сіндер-р. Өмір-р осынысымен қызық.
Ал, Қабеннің қорғаудан бас тарту себебін білген беттегі Тайманның өкінішінде тіпті шек жоқ еді. Ол шоқ басып алғандай ойбайлады да қалды:
— Масқара-ау, не істегенің бұл, а? Бәрі бір қырсық шалдың кесірі ғана ма?
— Неге қырсық?
— Сардар Сұлтанов па? Түу, құдай сақтасын, шідер үзген, шекесіне жіп байлаған емес пе?
Қабен Тайманға таңырқай қарады:
— Оны қайдан білесің?
— Мен бе? — деп күйіп-пісті Тайман. — Неге білмеймін. Үш жыл бойы сілкілеп, есімді тандырған Сардар ғой ол. Қыңыр, қисық, құдайдың атқан адамы.
— Не деп тұр?
— Қой деймін, айтатыны жоқ. Биыл көктемде пенсияға шығарып, "әкең жақсы, шешең жақсы" деп сылап-сипап, әрең құтылғанбыз әйтеуір...
Қабен қызыға бастады:
— Өзі қайда тұрады?
— Анық білмеймін. Осында қызы бар Жанар деген... Жалғыз қызы... Оқуда. Биыл бітіре ме екен сол, әлде келер жылы ма?.. — деп Тайман кенет ойланып, өзіне-өзі: — Апырм-ай, ол бір есті бала секілді еді, неғып... — дей берді де, қолын сілтеп, түңіле сөйледі: — Қой, бірақ әкесі көнбейді оған. Өз дегені болмаса қасарып, қырсықтықтан көше алмай қалады.
— Иә-ә... — деді Қабен ойланып. — Ембіден кеткен кісі де.
— Ембіден кеткен. Сырқат еді, қызыма барам, докторға қаралам деп кеткен.
— Сөйтіп, сен оны жек көресің, солай ма?
— Жек көру ғана емес, тіпті көргім келмейді, ал не қыласың?
— Неге?
— Оны Сардардан сұра! — деп Тайман ызаланып, сөзін шорт кесті. — Тыңдайтының сол шал екен ғой, бар, өзінен сұра!
Қабеннің өз ойы да осы — Сардарды іздеу, табу, жолығу. Сардар Үлкен Ембі тағдырын ойлап, өмір бойы толғанған адам секілді. Ембінің ол білмейтін ойы-қыры жоқ-ты. Ембінің бүгінгі-ертеңгі бар құпиясы Сардар көкірегінде көлдей толқып тұрғандай. Қабен оның осы сырына еркін сүңгімек болған.
Тайманның Сардардан неге түңілетініне Қабен жөнді түсінген жоқ, тіпті түсінгісі де келмеді. Бұл жайды енді қайтып одан сұраған да жоқ. Соңғы күндердегі әңгімелері басқа болатын.
Бұрнағы күні Тайман Ембіге жүріп кетті, соңынан баруға уәделесіп Қабен қалды. Бірақ Сардарға жолықпай, Сардармен ақылдаспай аттап баспақ емес-ті... Амал не, күтпеген жерден, бәрі бітті. Қабен үшін бір жұмбақ жан өтті де кетті дүниеден. Алас-қапаста, қас пен көздің арасында кетті. Бейне құйрықты жұлдыз, бұл көз тоқтатып үлгіргенше болған жоқ, зулап ақты да өтті. Сардар Сұлтановтың енді дүниәуһи әңгімемен, тірілер қамымен не жұмысы бар?
Лық етіп, автобус тоқтады. Қабен жебелей басып, зиратқа келді. Келді де күтпеген сұмдығын көрді. Кеше ғана бетіне жан қаратпай, бүкіл залмен бір өзі сөйлесіп, шалқыған арманы мен мүддесі жер-көкке сыймай тұрған шіркін Сардар аядай астауға сыйып кетіпті. Міне, жатыр. Сұп-сұлық. Сұп-суық. Жігер де біткен, от та сөнген, бәрі әдірә қалған. Өмірге деген құштарлық тек езуінде, жез мұртының шалғайын әнтек көтере бере шүйірілген үстіңгі ернінің қиығында ғана қалыпты. Қабен жадына бір көрсе де біржола ұялаған бірегей бет-бейненің өзге тұсында тіршілік елесін танытар түк белгі жоқ. Мәңгі тыныштық. Және дым көрмегендей; өмір бойы осылай жым-жырт ұйықтап жатқан адамдай.
Қабен өз ойына өзі шырмалып, өзге дүниені ұмытып, көз алдындағы оқшау көрініске қабырғасы қайыса, жерге қарап қалып еді, бір кезде табыт баяу қозғалып қараңғы үңгірге түсе бергендей болды. Мұны тұқырта толғантқан үнсіз сыр мен шындық дәл осылай қолма қол қара жерге көмілгелі жатыр еді.
Қабенді әлдене көтеріп кеткендей, қабірге түсіп бара жатқан табытқа жан ұшыра ұмтылып, қарсы алдындағыларға оқыс тіл қатып:
— Ау, тұра тұрыңдаршы, — деп қалды.
Екі адам оны қабірдің дәл ернеуінен ұстай алып, кейін шегеріп әкетті. Сардар аялдар емес, Қабен қимастық жасады деп түсін де бұзар түрі жоқ, шалқалап көрге түсіп бара жатты.
Дәл осы кезде әлдекімнің құлын даусы шығып, бір нәзік үн — әйел үні сыңсып қоя берді.
Қабен дереу есін жиып, үн шыққан жаққа қарады: зар еңіреп жас қыз тұр. Оны да екі кісі екі жағынан тас қып ұстап алған. Қыз ботаның көзіндей мөлдіреген қап-қара қара көзін кең ашып, мұң басқан ұзын кірпіктерін дірілдете егіліп, қабірге төнеді:
— Көкешім-ай, қайтейін...
Қыздың қою кірпігін жапыра парлаған көз жасы бетін жуып кеткен. Өзі астыңғы ернін қанын шығара қырқып, тістеп алыпты.
Қабен қыздың көз жасы қозғап жіберген көп ішінен әркімнің:
— Жанар, қой қалқам!
— Өлген артынан өлмек жоқ.
— Қайтсын, жалғыз қызы ғой бақырдың, — деген сөздерді естіп, сай-сүйегі сырқырады.
VII
Бәрі бітті. Қорғау сәтсіз болды. Мақсат өзгерді. Қабен үшін Алматыда ештеңе қалмады. Тайманмен уәдесі уәде: Ембіге кету керек.
Тіршілік деген осы, аумалы-төкпелі тіршілік қамындағы адамдар да солай, құбылмалы. Студент Қабенді де, аспирант Қабенді де анық білетін, түсінетін адамдар бірталай еді. Солардың өздері өзгере бастаған: мынаған артқан үміттері таңғы түстей тез ұмытыла жаздап, сенімдері су сепкендей басыла қалыпты.
Қабен қорғаудан "құлап" шыққан бетте жатақханаға келген. Әрине, іші алай-дүлей; бірақ өңі орнықты, байсалды, оның үстіне ерекше қатал, сұсты. Көзілдірік үстінен тұнжыраған көзінде қайсар жігер оты бар.
Ол жатақүй қақпасынан кірген бетте іркес-тіркес, шашырай қозғалған бір шоғыр топ қарсы жолықты. Бәрінде де оқшау ыңғайсыздық бар: бірі Қабенмен жасқана сәлемдесіп, не дерге білмей күмілжісе, енді біреулері бұған көз қиығын аянышпен тастап, әшиін бас изегендей болады. Біреулері Қабенді көре сала қазықтай қалшиып, қалт тоқтап қалса, тағы біреулер жүзін тайғызып әкетіп, қияс бұрылып барады. Ал, өздерін Қабенге жақынырақ сезінетін бір-екі жігіт оны құшақтай алды да, күбір-күбір етті:
— Масқара болды ғой.
— Қайтесің енді, амалың қайсы?
— Өлімнен ұят күшті, дегенмен көнесің де!
Қабен не істерін білмей, ыза болды: қорғай алмай құлаудан гөрі мынау жаман екен ғой. "Өгей ене бауырсақ..."Құласам мен құладым, бұлардікі не?
Енді бірде Қабен әлгі жылымық жігіттерді қолымен демеп, өзінен әрі ығыстырды да, серпіліп, Жанарын ұшқындата көз алдыңдағылардың бәріне суық қарап, ақырып қалды:
— Қайда барасыңдар? Қара жамылғандай ғой өздері... 11 смене, мені жерлеуге жиналып па едіңдер? Жоқ, мен тірімін!
Жұрт аңтарыла тоқтады. Шет жақтағы біреулер ырқ-ырқ күлді. Қабенге таяу тұрған әлгі бірер жігіт:
— Бізге не қыл дейсің, тарап барамыз.
— Тойға жиналып, топалаңымыз шықты, енді қайтейік, жазған-ау!
— Өл дейсің бе?
— Қаралы болмасақ та жаралы болдық, жасырмаймыз! — десті.
Қабен бұл сөздерді байыппен тыңдап, сәл іркілді де, жұрттың бәріне естірте:
— Мені тыңдасаңдар, бірің қалмай ішке кіріңдер, сөйлесетін сөзім бар! — деді.
Сөйтті де, Қабен енді қайтып үн қатпастан үйге кірді. Тарап бара жатқандар жаппай тоқырап, кері бұрылды.
Университет асханасының шағын бір залын Қабен тойға дайындап, алдын ала сұрап алған-ды. Залдағы столдар үсті тағамға толы болатын.
Жұрт енді осы залды қайта толтыра бастады. Төрге Қабен, біраздан кейін Қабеннің қасына мұндағылардың көпшілігіне бимәлім Тайман келіп отырған. Жұрт көзі төрде, осы екеуінде. Есік жақтағы біреулер сол Қабен қасындағы Тайманның жай-жапсарын біле алмай, бірінен бірі сұрайды:
— Мынау кім?
— Білмеймін.
— Марғау, сен білесің бе?
— Неге білмейін, білемін.
— Кім?
— Тайман Дәур-ренов.
— 0, кім, Тайман Дәуренов?
— Қабеннің досы. Универ-рситетті бір-рге бітір-ргенбіз.
— Қазір қайда бұл жігіт?
— Ембіде. Кәсіпшілік дир-ректор-ры.
— Ойбай!.. Тойға келіп жүр де!
— Әдейі ар-рнап ұшып келіпті.
— Қап, бейшара-ай босқа арамтер болды-ау!..
Енді бір тұстағы қыздар мен жігіттердің арасында мынадай әңгіме бар:
— Қабен кандидат болысымен академияға ауысады деп естіп едім.
— Жоқ, ғылыми жетекшісі өз кафедрасында доцент етіп қалдырмақ болатын.
— Өзі қайсысын қол көрген екен?
— Қайтесіңдер соны! Енді бәрі жайына қалған жоқ па?
— Өзіне өзі істеді ғой жігітің, не қыласың...
Тағы бір тұста оспадар әзіл, мырс-мырс күлкі:
— Сенде де бет жоқ екен.
— Немене?
— Не үшін ішпексің, құлан құдыққа құлады деп ішпекпісің?
— А өзің ше?
— Эй, осы ненің тойы болды, — деп әулікті біреу, — соны айтыңдаршы!
— Сайтан білсін бе, әйтеуір ішеміз.
— Тоқта, әне бір жігіт тұрды ғой...
Тайман орнынан тұрып, жұртқа тіл қатты:
— Қане, достар, толтырыңдар бокалды, мен бір-екі ауыз сөз айтайын.
Жұрт шөлмектерді сыңғырлатып, рюмкаларға арақ-шарап құйып жатты.
— Достар, — деді Тайман сөзін жалғап, — байқаймын, сендер осы жиынға таң қалып отырсыңдар. Заңды нәрсе. Таңдану керек. Еһ, таңданбай... Қорғаған кісінің той жасағанын бәріміз көрдік, құлаған кісінің той жасағанын кім көрген?
Ішіңкіреп алған масаңдау біреу Тайманның сөзін аяғына дейін күтпей, бұрқ-сарқ ашуланып қалды:
— Тәйт әрі, не қылжақ мынанікі!
Оны көршісі тежеп:
— Тек, ей, оның не? — деп жатыр.
— Жоқ, мынау дені дұрыс кісі емес, әне, көрдің бе, әдейі тәлкек қылып тұр.
Қызық. Өзінің дені дұп-дұрыс секілді. Бірақ мұның сөзін пәтуаға алып жатқан ешкім жоқ-ты.
— Апыр-ай, жетім қыздың тойы сияқты болды-ау, — деп тағы біреу ыңыранды. Мұны да елеген жұрт аз.
— Бірақ, — деді Тайман, — Қабенді құлаған адам деуге бола ма? Жоқ! Қабен бүгін кандидаттығын қорғаған жоқ, азаматтығын қорғап шықты. Қабен жеңілген жоқ, жеңді! Қабен оңай олжадан бас тартты. Ол қиынға, шиырға салды! Шынына келсек, Қабен — ғылымның кандидаты ғана емес, оз адамы! Ал, Сұлтанов деген шал — белгілі шал, оның өзі...
— Мына жігіт не деп бұлдыратып барады? — деді біреу. — Түсінбедік! — деді тағы біреу.
— Уай, қойшы пәлсапаңды, қарағым, айналып кетейін, деп бағанағы мас кісі орнынан тағы ұшып тұрды, — одан да мынаны айт, не үшін ішеміз мынау арақты?
Қабен амалсыз тұрып, Тайманның сөзін бөліп жіберді:
— Былай! Диплом үшін емес, адам үшін ішеміз. Ғылымдағы тайғанақтыққа емес, өмірдегі азаматтыққа бастаған Сардар үшін, менің әділ сыншым Сардар Сұлтанов үшін ішеміз.
Қабен осы сөздерді шын пейілімен-ақ айтқан шығар, бірақ бұл қызғылт, тым қанатты сөздер залдың көңіл-күйін көп өзгерте алмады. Рас, біреулер аздап таңданыңқырап, күлкі де емес, емес те емес, ыңғайсыздау бір жымиыспен тыңдаған болды; дегенмен, жұрттың көбі мардымды ештеңе түсінген жоқ. Қабен сөзі олардың миына дари қоймады, тек алдарындағы рюмкелерін көтертуге ғана жарады.
Тайман енді бірде орнынан қайта тұрып, Қабеннің иығына қолын салып, көпке естірте:
— Мен бұл жігітке құдайыңды ұмытсаң да, мұнайыңды , ұмытпа дегенмін. Маған құдай берді. Сардар шал бүкіл Жем мен Жайық арасына сыймаған... — дей бергенде, Қабен оған
Суық Жанармен жалт қарап, "Қой!" дегендей ишарат етті. — Жарайды, қойдым, — деп күлді Тайман. — Біздің Қабен қызық, досынан дұшпанын қорғайды. Ал, ал... Оны да қойдым. Олай болса, мынадай жолдастар: Сұлтановтың пайдасы тиді. Қабен өндіріске барады, менің қасыма келеді...
Әңгіменің бет алысын енді ғана түсіне бастаған Марғау ,ұйқыдан шошып оянғандай қопаң етіп, маңындағылардың әрқайсысының аузына аңырая қарап аз отырды да, кенет орнынан ұшып тұрып, Қабенге жетіп барып:
— Қойшы, бала, р-рас па? Шынымен кетесің бе Ембіге? — деп таңдана сыбырлап еді, Қабен оған ықыластана бұрылып, нығыз түрде бас изеді:
— Кетемін!
VIII
Обалы не керек, Тайман Алматыға алым жоқ, бұйым жоқ, шынында да тек Қабен үшін ғана келіпті; досының қорғаған тойы емес, "құлаған" тойын өткізе сала ешқайда бұрылмастан, келген ізімен кері — Ембіге аттанды. Алматыға кеп түскен бетте душар болған өкінішті оқиғаға мықтап қапаланған; аттанарда әйтеуір сол шырғалаңды біраз ұмыта жаздағандай болды. Көп ұзамай Қабен біржола Ембіге көшеді; ал, Қабенмен бірге істеу, бір ортада болу, бірге жүру — мұның қашанғы тілегі. Өкінішін ұмыттыра жаздаған да осы еді.
Аттанар алдында Тайман Қабенді тағы да нықырта түсті:
— Уәдең орнында ма? Сен шегіншексің. Айтарын айтып ап, артынан келмей қалып жүрме!
— Жоқ, мұның қате. Мені құртып жүрген шегіншектік емес, шегіне білмеу. Бұлтара алмай қалам.
— Қойшы, әйтеуір келесің ғой?
— Әрине.
— Қалайда да келесің ғой.
— Өлмесем...
— Әкел қолды!
Уәде орнында. Сол уәдемен Тайман аттанып барады.
Түн ортасына таяу аэропортқа баратын автобусқа отырмақ боп Қабен мен Тайман көшеге шықты. Түн ажары әсем; қала шұғылаға шомылып тұр. Үй маңдайшаларындағы, төбелеріндегі, тіпті аспандағы әдемі жазулардың бәрі қызыл-жасыл отпен өрнектелген. Түп-түзу, кең көшелерден жоғалған ине табылғандай, әрі таза, әрі жарық. Көшелерде қатар түзеген қалың ағаштар түбі сылдырап аққан тау суы; көше тынысы кеңіп кеткен. Таудан да қоңыр салқын леп еседі. Аспан ашық, ай төбеде, жұлдыздар жиі...
— Міне, түн, — деді Қабен көңілді, серпіле сөйлеп. — Мен қорғайтын күнгі түн тұншыққан, тымырсық, бір түрлі ұсқынсыз еді. Қарашы, Тайман, қандай ғажап бүгінгі түн?
Тайман іліп әкетіп:
— Түу, қорғайтыныңды қорғап, көңіліңді бірлеп алған соң, әрине... — деп, көшені жаңғырықтыра күліп, әжуалай бастады да, дереу тыйылып, жаймалай берді. — Ай, Қабен-ай, әулием-ай, қайтейін... Екі дүние бірдей-ау саған.
Тайманның нені айтып келе жатқаны түсінікті. Бірақ Қабен оған мән бермеді, досының сынын да, сықағын да бойына дарытқысы келмеді.
Бұлар жүріп келе жатқан көше — маужырап, малынып тұрған әсем бульвар; қабат-қабат қалың тал арасы — арқатіреулі ұзынша орындықтар. Баған басындағы шам орындық үстіндегілерге елбіреген жас жапырақтар арасынан сығалағандай; бұл да әрлі, ажарлы. Осыған керісінше, дәл әлгі орындықтар үстінен ара-тұра әрсіз, ажарсыз көріністер кездеседі: әлдебір масаң біреулер тосыраңдап, шашын дудыратып, ықылық ата толықсып отырады; немесе, қай-қайдағы үрпек бас қыздар мен сымпыс жігіттер жұрт көзінше беттесіп, шылп-шылп сүйісіп жатады...
Қабеннің жер үстіндегі ең жек көретіні — осындайлар.
— Осы не масқара, қайдан келген індет? — деді Тайман бір-біріне жабысып қалғандай құшақтаса сілейген қыз бен жігітті иегімен нұсқап, зығыры қайнап. — Ар-ұяттан тұлдыр жоқ. Байқайсың ба?
Қабен де көріп, ыза боп келе жатқан. "Не қылар екен?" дегендей, қайырылып тұра қалды. Не қыз, не жігіт, — бірінің міз бағар түрі жоқ. Қыздың беті баттасқан бояу: қас-кірпігі ғана емес, көзінің айналасы қап-қалың, сұп-сұр бояу, ерні қып-қызыл. "Саған не керек?" дегендей, көзінің ағын үлкейте тесірейіп бір қарады да, қалтасынан ұзын папирос алып, жігітінен от сұрады. Бетін қыздың төсіне көміп жіберіп, мажыра болған жас жігіт Қабенге жалт қарап, әдейі жанжалға шақырғандай, лекіте күлген күйі, қызының темекісін тұтатты да, мұрнын қайтадан оның иегінің астына тыға берді. Аяқтар айқасып кеткен.
Одан әрі тұруға Қабеннің дәті шыдамады:
— Құрысын, жүр, кеттік.
Қыз бен жігіт қосыла күлді.
— Ұятсыздар, — деген Тайманның ызалы сыбырын естіп қалған қыздың жігіті орнынан одыраң етіп ұшып тұрды да, аяғына іліккен әлденені бұларға қарай допша теуіп жіберіп еді, таскесек екен, Тайманның тобығына сарт ете қалды.
Бұған не істеуге болады? Төбелесу керек пе? Оған анау дайын; несі кетеді? Ақыл айту, не ұғысу керек пе? Жоқ, бұл мүмкін емес. Амал жоқ, сойдауылдай екі кісі бір сымпысқа түк істей алмай, жігерлері құм боп жөндеріне кетті.
Тайман осыны айтып, бір түрлі оқшау өкінішпен сөйлеп еді, Қабен бөтен бір ұғым білдірді:
— Күйзелетін нәрсе бұл ғана емес. Осындай оясыз, мақсатсыз жастар көбейіп барады. Өздерінің болмыстары тым қораш, сезімдері анайы, жалаңаш. Ал, осылардан не шығады?
— Түк те шықпайды.
— Міне, күйзелетін нәрсе сол, — деп келе жатты да, Қабен сөз бетін кенет Тайманның өзіне бұрды: — Мен бір нәрседен саған қарсымын.
— О не нәрсе?
— Сенің Сардар Сұлтанов жайлы түсінігінде мықты қате бар. Меніңше, ол — кісілікті кісі. Сен соны не ұқпайсың, не ұққың келмейді.
— Сен қайдан біле қойдың соның бәрін?
— Кейбір кісілер болады, — деп Қабен ойлана сөйледі, — кім екенін білу үшін көп мезгілдің керегі жоқ, бір көргенде-ақ даңғыл жол секілді сайрап жатқан, ең басты қасиетін тани кетесің. Түбінде сол алғашқы әсерің дұрысқа шығады, алданбайсың. Енді біреулер бар, өмір бойы бірге жүр, бәрі бір көкейіңе не қадірін ұялатпайды, не қасиетін дарытпайды, әрі-сәрі бірдеңе... Оны... ұғам деген сен де дел-сал, бей-жай, іш пыстырар бір бытпылдықтың арасында жүресің де қоясың...
Тайман ашудан ада, досының байырғы таныс пәлсапасын қайта тауып, рахаттана саңқылдап күлді:
— Жарықтығым-ай, қаз-қалпында екенсің-ау!
— Жоқ, сен тыңда!
— Ал!
— Сардар сенің ойындағыдай құрығын сүйрете кеткен асау, не тентек емес, есінде болсын. Сен несін біліп, немесе несі үшін жазғырасың оны?
— Айналайын, қойшы осыныңды құдай үшін... Жарайды, сенікі-ақ дұрыс болсын. Қойдың ба енді?
Қабен дәл осы мінезге түсінген жоқ: Тайман Сардарды біледі. Қабен болса жөнді білмейді, білгісі келеді, ал Тайман білгенін ашып айтпайды, Қабен сұрай бастаса-ақ табанына тікен қадалғандай безек қағады:
— Сұрама! Сұрамай-ақ қойшы соны. Жолығам деп отырсың ғой, өзінен сұрап білсейші бәрін...
Бірнеше мәрте осылай етті, Сардар жайын әдейі айтпады, ат-тонын ала қашты. Түсініксіз.
Ал, мына жайға Қабен ренжіді, іштей ренжіді.
Тайман дәл ұшар алдында, Қабеннің қорғалмаған диссертациясына байланысты бір ойының орайында бұған ап-ашық аянышпен қарап:
— Аллай, өзің бір сәтсіздік үшін ғана туған адам екенсің!— деп қалды. Бар болмысымен күйзеліп айтты.
Қабен денесіне ток тигендей дір етті: бұ не дегені? Әлі өкініп жүр ме? Тіпті ұқпайды екен-ау! Жә, өкініш өз алдына, ал, мынасы не сөз? Егізінің сыңарындай көретін досының да өзі туралы бар ұғымы осы болғаны ма? Жеткен жері осы-ақ па?! Бір түрлі, мойнына жүк арқалағандай қиналады ғой өзі... Сонда... Қой, олай болмас, дос адам ғой, әшиін аяныш сезімі шығар.
Аяныш! Жоқ, аяныш әр түрлі. Байыбына бақсақ, адамды адамның жақсы көру сезімінің түп негізінде де аяныш жатады. Аяй білмеген адам аялай білмейді. Бірақ мұндай аяныш жасырын, жарыққа шықпайтын, толқымалы сұлу сезімнің бетінде емес, тереңінде жүретін жылы ағыс.
Енді біреу біреуді дәрменсіз бейшара көріп, ап-ашық есіркейді, мүсіркейді. Өзінше, бұл да пейіл — аяныш. Тайманның Қабенге деген аянышы осыған ұқсайды. Мұндайда есіркеушінің бейшараға бағыштаған аяныш сезімінде булыққан ызасы, шарасыздығы араласа жүреді. Құрып кетсін! Осы аяныш болушы ма еді! Бұл — адамның арын, абыройын қорғау емес, қорлау. Намысқа тию.
— Аллай, өзің бір сәтсіздік үшін ғана туған адам екенсің!
Тайман осы сөзді Қабенге анық шарасыздықпен айтты. Неге? Бұл соншалық бейшара халде ме?
Қабен бейне ауға шырмалғандай шым-шытырық ойға қалды. Тайманнан бұрын-соңды мұндай оқшау, немесе ожар қылық көрген жері жоқ-ты. Ол, әрине, әлгі сөзді де ойлап айтты. Қабенге ойламай айтпауға тиіс. "Сәтсіздік үшін туған адам..." Шынында солай ма? Не деген зілді сөз? Адам жанына бір түрлі түрпідей тиеді.
Ол аэропорттан аса көңілсіз қайтты.
IX
Қабен шамадан тыс қайсар, қыңыр. Ал, шындық Қабеннен бетер қияс, қатал.
Бір ауыз сөзге шатынап, бұлан-талан болудың не жөні бар?
Асылы, адуын ашу — ақылдыға тән мінез емес. Асаулық — ақылсыздық болмаған күннің өзінде — албырттық. Албырттық тасасында әрқашан аңғырттық тұрады.
Өмірінде сәтсіздік көп десе, Қабен ашуланады. Немене, өтірік пе? Жоқ, өтірік емес, шын. Ендеше, орынсыз қыңыратқудың орайы қайсы? Шындық деген Қабеннен гөрі қайсарлау емес пе?
Бас-аяғы бірнеше ай; дәл биылғы қаңтардың өзінде Қабен басынан қаңтардай қақаған қасірет өтпеді ме? О немене, сәтсіздік емей шаттық па?
Қыс қатты еді. Бұл өңірде көптен болмаған қыс. Қалшылдаған боран үскірік аязға, ізінше аяз боранға кезек ауысты да тұрды.
Қыс аспаны қорғасын түстес сұп-сұр әрі ап-ауыр; төмен жапырыла құлап кеп, қарлы тауды жасыра жауып, қымтап тастады. Қала шетіне шықсаң-ақ көзің түк көрмейді, төңірегің қиыршық қармен шаңытып, құр бұлындай береді. Қала көшелерінде де еркектің жағасын, әйелдің етегін жұлқылап, ойнақ салып, қарлы құйын ұйтқып жүр.
Осындай адам сыртқа шығуға бетінен басатын қытымыр қыс күндерінің бірінде Қабен үйінен суық хабар алды: "Анаң әл үстінде. Тез келіп кет!"
Үй дегенде, Қабеннің үйі сол — жалғыз анасы ғана.
Қабеннің анасы Асыл Күйеуінен қалғанда отызға да жеткен жоқ-ты. Содан бері өткен ғұмыр жиырма жылға жуық; Асыл үшін жалғыз ұлынан басқа тірліктің бәрі ұмыт. Қайтсе де Қабенің кісі санатына қоспақ боп, көрмеген азабы қалған жоқ. "Бір азаптың бір рахаты бар" деп, күллі үмітін келер күнге артып, сүрініп-қабынып ылғи ілгері ұмтылып келе жатты.
Бастан кешкен көп қиындықтың зардабы ма, кім білсін, Асыл соңғы жылдары жүрек сырқатына шалдықты.
Алматы — биік жер, сиқалы жүрекке жайсыз. Сондықтан Асыл бұл қалаға көшіп келе алмады. Сол баяғы түйелі ауылда өзін өзі күтіп, "құдай жеткізсе, жалғызымның панасына да ілігіп қалдым ғой" деп, ақ тілеумен баласының жолына қарай-қарай жүрген жайы бар-ды.
Енді міне, сол ана өлім халінде деген қауесет келіп отыр. Қабеннің жан-жүрегін тітіренткен сұмдық, жат хабар: қыраулы қыс сырттан ішке ауысты.
Қорыққан кісі не ойламайды. Қабеннің көңіліне келмеген күдік жоқ. Хабар тым суық, суыт. Масқара болғанда, мұны анасы өлім халінде емес, өліп қалғаннан кейін шақыртып отырмаса не қылсын! Ең ауыр күдік осы.
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады: әуе райы қолайсыз болған соң Алматыдан Арқаға қарай жуық арада самолет ұшпай, Қабен анасы тұрған ауылға поезбен кетті. Шойын жолдан жырақ біраз жерге машинамен барды. Одан әрі түтеген боран; омбы қар кісі бойы кеудеден; ұлыма қыс жол атаулыны жым-жылас жұтып жіберіп, машинаны мүлде жылжытпай қойғасын, Қабен ат шанаға мініп, бас-аяғы бірнеше күн жол жүріп, үсіп-шаршап, үйіне әрең жетсе, күдігі — күдік, көрші-көлемдер әдірә қалған тұл пәтерге жиналып, Асылдың жетісін беріп жатыр.
Бұл — Қабен басына тиген тағдырдың соңғы соққысы және соққы болғанда аяусыз, сілейте тиген, тек өлтірмеген, одан басқаның бәрін істеген аса ауыр, мейірімсіз, қатал соққы еді.
Ол анасының жүзін көру тұрмақ, үнін де ести алмады. Ауыл сыртыңдағы биік дөңнің піл сауырында қудай ұрып ісіргендей тағы бір томпақ ұра пайда болған екен, оны да қар басып үлгіріпті.
Иесіз қаңыраған бос үйдің бір қабырғасында Асылдың үлкейтілген фотосуреті ілулі тұрған. Кезінде Қабен Алматыдан үлкейттіріп әкелген сурет еді: көзі түскенге жұмсақ мейіріммен қарайтын, бейнебір тірі кісі секілді әсем, нұрлы сурет. Қабен соған қайта-қайта қадалып қарай берді.
Асылдың көзі мөлдір қара, отты болатын. Баласына дәл бір тірі күндегісіндей еміреніп, айналып-толғанып, үзіліп тұрғандай.
Қабен көкірегін шерлі сезім биледі.
Ана!
О дариға, аспан астыңда анаңның барын, жер басып жүргенін сезінуден асқан бақыт бар ма? Күн нұры, таң самалы, гүл иісі... осының бәрі сені тапқан анаңның қасиетінен таралған, мейірімінен жаралған рахат екен ғой. Тіршіліктің бар қызығы ананың саған дымы қалмай, діңкесі құрып, елжіреп қараған көз шарасына сиып, көз шырасында ғана тұрады екен-ау! Жер үстінен анаң кетті дегенше осынау жарық дүниеге деген жан жылылығыңның жарымы қараң қалды десейші!
Ана, ана!..
Сені қолымен жасап, саған жарық көрсетіп, бір рет кешер ғұмыр берген құдірет қой ана деген... Сені жаратушы да, қашан өзіңмен өзің болып кеткенше жаныңды сақтаушы да сол — Ана!
Сен дүниеге келдің, айғай сала жылап, бұлданып келдің. Кімге жылап, кімге бұлдандың? Әрине, анаңа жылап, анаңа бұлдандың. Ал, анаң үшін сенің соныңның өзі бақыт: қансыраған, қирап қалған денесін әрең қозғап жатып, сенің айғайыңа жүйесі босап, жан-жүрегі елжіреп мәз болады. Қайран ана, анажан, мейірімді көзі мөлт-мөлт етіп, елеңдеп, күш жияды содан, медет қылады соны...
Сен беймаза ғана емес, бейкүнә нәрестесің. Сенің бұл халде жер тепкілеп жылаудан басқа не білерің бар? Сонда сені алақанына салып, жерден алғаш көтерген, ыстық құшағына алып, бауырына басқан аяулы ана ғой. Шіркін-ай, дүниеде ана кеудесінен асқан жұпар, хош иіс — кең тыныс бар ма?!
Егер сен таңғы ауадай таза, кең болсаң, кеудең қасиетке толы майталман болсаң — жөргегінде ана көкірегімен еркін тыныстаған екенсің, азамат!
Егер сен бықсыған шаладай тымырсық, тар болсаң, кеудең бір уыс күйкі болсаң — ешқашан ана көкірегінің хош иісін сезбеген сығыр екенсің, жазған!..
Сен жарық дүниеге тұңғыш рет көзіңді аштың, көргенің өзіңе күле қараған анаңның ақ дидары болды. Сен түңғыш рет тыпырлап, өзіңнің тірлік иесі екеніңді таныттың, тепкілегенің анаңның кеудесі болды. Сен тұңғыш рет дәмге ұмтылдың, аузыңа салғаның анаңның ақ мамасы болды.
Тоғыз ай құрсақта көтерді; сен анаңның мүсінін бұзып, түрін алдың ба, қайттің? Жоқ, жоқ, анаңның ең сұлу шағы — сол сені көтеріп жүрген кезі. Солай емес пе? Жер үстінде аяғы ауыр әйелдің дене бітімінен артық қандай сұлулық бар? Анадан туған адам ананың бұл сұлулығын тебірене ұғып білмес пе!
Тоғыз күн толғатып жүрді; сен анаңды азапқа салдың ба, қайттің? Әрине, сен анаңды өмір мен өлімнің шегіне апарып қойдың. Сенің анаға жасар ғұмыр бойғы рақымың оның осы тұста тартқан азабының бір минутына тұра ма? Жоқ. Олай болса, сен анаға мәңгі-бақи қарыздарсың.
Ана сені жылдар бойы, түн ұйқысын төрт бөліп, бесікте тербетті. Қаз тұрғызып, қасына ертті...
Сен өзіңе өзің кел, өз қолың өз аузыңа жетсін, адам бол, ұядан ұш, жөніңде жүр... Бәрібір ана көзі сенде, ана тілегі сенің үстінде. Анаң сенің құрбаның болуға әрқашан даяр...
Сөйткен анаға сен не мінез көрсеттің? Көп ренжіткен жоқпысың? Ай, айналайын анажан-ай, бәрін кешіреді-ау! Және сен қандай тентектік жасасаң да біржола, ұмыта кешіреді-ау ол!.. Саған қараған көзінде әрқашан күдік емес, тап-таза үміт тұрады. Сол үмітті — ана үмітін қайтып ақтадың? Немен ақтадың?!
Қабен көзінен жас шықпаса да көкірегі қарс айырыла өксіп-өксіп алды:
— Ана, ан-а, айналайын атыңнан!..
...Бас-аяғы бірнеше ай, дәл биылғы қаңтардың өзінде Қабен басынан осынау қаңтардай қақаған қасірет өтті. О немене, сәтсіздік емес шаттық па?!
Х
Сол түнгі Сардар үні — қаққан шегедей нығыз, салмақты үн жатса-тұрса Қабеннің жадынан шықпады:
— Ембіде болып көрдің бе өзің?..
— Болмақ түгіл туғанмын Ембіде.
— Сен жөндеп тыңда, шырақ! Ембіде туғаныңның керегі жоқ. Қайта сұраймын. Ембіде болдың ба, жоқ па?
Мірдің оғындай дәл һәм шымыр сұрақ. Одан арғы сұрақта да сыр жатыр:
— Жә, Жетісай жақта болып көргенің бар ма?
— Жоқ!
— Онда менде де сауал жоқ!
Тоқта, олай болса Қабенде сауал бар: Жетісай?.. Бұл Үстірттен әрі Атырауға қарай көсіле көлбеген кең атырап емес пе? Ембінің ертеңі сонда болғаны ма? Бұған бүгінгі Ембідегілер қалай қарайды?
Бұлардың бәрін Қабен Ембіге барып білмесе, Алматыда отырып біле алмайды: көп бөгелмей кету керек Ембіге!..
Кетпегенде Алматыда Қабен үшін не қалды? Түк те қалған жоқ. Абыройсыздау атағы ғана қалды: әркім бір өрекпітіп, әлдеқандай ғып, алып-қашып жүрген Оразовтың аяғы аспаннан келді деген сыпсың-сыбыр мұны білетіндер арасын кезіп жүр. Дегенмен сол қара жерді нық басып тұрған аяқтың не себепті аспаннан келгенін ешкім анықтап айта алмайды. Әйтеуір қаңқу, гу-гу әңгіме; Қабен маңында ымырттай тұтасады. Дей тұрғанмен, қараңғыда жарқ еткен жарық сәуледей жақсы ниет те мүлде құрып кетпейтін көрінеді. Сенім азаяр, үміт жіңішкерер, бірақ біржола жоғалмайды, үзілмейді екен. Қабен соны білді. Бұдан әлде де үміткер кісілер жоқ емес: геология институтының мұнай секторы кіші ғылыми қызметкер болуын қалады; университеттің петрография кафедрасы ассистент етіп қызметке алмақ болды... Бірақ Қабеннің көңілі бұл ұсыныстардың біріне дауаламады. Кеткісі келді. Не де болса, кету керек Ембіге!..
Осы шешімге бекіген Қабен университет басшыларына жолығып, кетуге рұқсат сұрады.
Ректор тым көңілсіз қабылдады:
— Қандай рұқсат керек, кете беріңіз!
— Алдыңыздан өткім келіп еді, орынсыз болған екен ғой. Кінәлімін, кешірерсіз.
Ректор одан әрі нығыздала түсті:
— Біріншіден, сіз менің алдымнан ғана емес, өзіңізге сегіз жыл ұя болған күллі университет қауымының алдынан өткен кісісіз. Көрдік оныңызды. Енді келіп менен рұқсат сұрауыңыз артық. Екіншіден, сіз менің алдымда ғана емес, өзіңізге сегіз жыл ұя болған күллі университет қауымының алдында кінәлі кісісіз. Білдік оныңызды. Енді келіп менен кешірім тілеуіңіз тағы артық.
Қабен ректордан көңілсіз шықты. Кең вестибюльде қаптап жүргендердің ешқайсысымен ісі жоқ, өзімен өзі, жатақ үйге қайтпақ боп, есікке беттеп келе жатыр еді, қарсы алдынан бір қыз кездесті. Бет-жүзі, түр-тұлғасы таныс, өңі жылы ұшырайды.
Қабен қалт тоқтап, қызға оқыс бұрылып қарап қалды.
Өзінің қабағы қату, жүзі жүдеу. Кірпігін кіреукелеген мұң ізі білінеді. Қабеннің ойына Сардар түсті.
Жігіттің оқыс қадалғанына қайран қалды ма, әлде жат назарын жатырқай тіксінді ме, кім білсін, әйтеуір қыз да бұған жалт бұрыла бере дереу бойын билеп алды. Көзін кең ашып, бейтаныс жігітке салқын қарады. Қабен өзінің ерсілеу қылық көрсеткенін енді ғана сезіп, жүзін тайғызып әкетті. Жалғыз-ақ, қызға сырт айналын, шығар есікке қарай адымдай бергенде өз жүрегінің оқыс дүрсілдеп, ойнақшып, жиі соғып кеткенін аңғарды.
Көше көңілді. Күн төбеде. Жер үсті жаз шырайлы, жұрт мінезі де шуақ жадыраңқы. Қабеннің алдын кесе университет жаққа асығып өткен бірнеше қыз-бозбала өзара күле сырласып, бәріне ортақ бір сезімді бірдей бөлісіп барады. Таныс-ақ қылық. Бірақ Қабен үшін осы көріністің өзі аяқ астынан жұмбаққа айналып, бұдан жасырын бір құпия сыр тауып, мұны жатырқағандай, көшенің бір бұрышында қағыс қалдырып барады. Кеше ғана өзі кешіп жүрген дуы мол, шуы көп студенттік өмір көңілділік толқынына толы кең арнасын әрі ала қашқандай. Ол ол ма, тіпті Қабен өзін осы көшедегілердің ортасында тек бүгінше ғана жүрген, ертең жөніне кететін, бұлардан арман-мүддесі де, қуаныш-қайғысы да бөлек көлденең кісі — жолаушы сезіне қалыпты.
Мынау гүл алаңы. Бұрын Қабен бұл аландағы желге ырғалған түрлі түсті хош иісті гүлдер ішін асықпай аралап, рахаттана демалуды ұнататын. Қабенді гүлдер шұлғып шақыратын. Қазір басқаша, бұған "сені шақырған мен емес, мен емес" деп бас шайқағандай. Қабен үшін де бұл алаң қазір рахат аясы, сейіл-серуен орны емес, ұзақ жолда зырлап асып бара жатып, вагон терезесінен керген сұлу суреттер секілді.
Арықта сылдыраған тырнакөз бұлақ бұрын сылқ-сылқ күліп, Қабеннің әдейі жолын тосатын, енді бұдан көзбе-көз сырғақтап, күлкісін ала қашып барады...
Бұл қалай? Осы қалада Қабен қызығар шынымен-ақ еш нәрсе қалмағаны ма?
Солай сияқты...
Мейлі! Кейде тіпті осының өзі дұрыс. Адам айқын мақсат жетегінде, алыс арманға бет түзесе, көз алдындағы күнделік қызықтың қызыл-жасыл көбелек қанатыңдай құбылған оңғақ бояуы қол бұлғай бермес болар. Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, тітіренбе, көзді жұм да қойып кет, белді шеш те кешіп өт!
Қабенді алыс Атырау шақырады. Оны енді астананың қиял-ғажайып ертегідей қызық думаны қайта баурап, бұл бетінен бұрып алып қалмақ емес.
Әрине, астана рахат! Бірақ ірі мақсат соңында болсаң сол рахатты біраз жатырқау, тіпті жатсыну керек. Айналсоқтап, ата-ана бауырынан ұзап шыға алмайтын "ақ жұмыртқа — сары уыз" үрпек бас балапандар емес пе? Олар да бұғанасы бекіп, қауырсыны қатқан соң өз жөнін өзі таппас па?
Бір ой, бір сезім... Бір сезім, бір ой... Ой мен сезім құшағында келе жатқан Қабеннің есіне кенет әлгі қыз қайта түсті. Жаңа неге тілдеспеді?
Ол өкіне бастады.
XI
Қабен ерте оянды. Төсектен күн шықпай тұрып кетті.
Шіркін, Алматы таңы!..
Талғардың ту сыртынан өрт жібергендей, аспанның шығыс шалғайын қызыл нұрға малындырып жазғы таң келеді. Қарлы шындарын шығар күнге тоса көлбеген кербез тау әлгібір әзірде қала жағын қоңыр шымылдықтай көлегейлеген таң қараңғысын құз-шатқалдарына сырғытып түсіріп жіберген де, кеудесін жалаңаштап алған. Өзі орнынан бір қопарылып, бері тақаған тәрізді, күндегіден әлдеқайда жақын, қалаға ентелей төніп тұр. Жотасында сыңсыған жасыл қарағайларының көлеңкелеріне дейін ап-анық, көзге еркін шалынады. Алатау, шіркін паң-ақ-ау!..
Кең көшелерге тау қойнауынан таза, мол тыныс еніп, сергітіп тұр. Жасыл жапырақтарын ақырын ескен таң самалына жайқалтып, бұтақтарында әнші құстарын сайратқан бұйра теректер мен ақ балтыр қайыңдар жан біткенге жұмақ саясын ұсынып, жайлы таңда өз сұлулығына өздері елтігендей рахаттана маужырайды.
Таңғы қала табиғатының әсем ажары Қабен бойын да сергіте түсті. Әрине, бұл жігіттің жан дүниесі сыртқы әсерсіз-ақ ояу еді. Ояулығы сол — Қабен кешеден бері іштей тынымсыз, құйындай ұйытқыған бір ойнақы сезімге тап болды. Тіпті бір шым-шытырық, түсініксіз сезім. Өзінде бұрын-соңды болмаған сезім: жан дүниесін әлдебір тосын күш жұлқып қалып, үйіріп-үйіріп жіберген де, енді қайтып бұл бұрынғы бейбіт қалпына түсе алмай шайқалып тұрғандай.
Ол университетке келе жатты. Ойы ала-құла, сезімі қым-қиғаш. Уақыт тым ерте; Қабен оны аңғарған жоқ, университетке келе жатты. Келе жатқан мақсаты да оқыс: кешегі қызды іздейді, онымен кездескісі келеді, одан өз халін, әкесінің жайын сұрағысы келеді. Сардар сырын қызы білуге тиіс. Қабеннің ұғымынша, қарт мұнайшының өзі бүкіл өмірін сарп еткен еңбек мекені — Ембі келешегіне қараған өзгеше дүрбісі болса керек. Сардарды тірі кездестіре алмағанмен, тым құрыса қызы арқылы болса да сол дүрбіден Ембінің ертеңіне бір көз тастар ма еді?..
Бірақ Қабен қызды қайдан таппақ? Аты-жөнін білмейді; анау жолы Тайман аузынан естіген; қабір басындағылар да қыздың атын атағандай болып еді, есінде қалмапты. Әкесі — Сардар Сұлтанов. Демек, қыздың фамилиясы Сұлтанова, не Сардарова болуға тиіс. Өзі оқып жүрген қыздың түрі, қай факультетте, қай курсте оқиды? Әкесі — мұнайшы; мүмкін, қыз геология факультетінде — мұнай бөлімінде шығар. Мүбәдә, қыз оқымайтын болса, университетке әншейін келіп жүрген адам болса ше?
Қабен қыз бейнесін көз алдына елестетті. Оның жабырқау жүзіндегі ой мен уайым туралы ойлады. Ой, уайым — әсем қасиеттер; адамға біткен ақыл мен сананың саралығы ойда, даналығы уайымда емес пе?
"Ой да көп, уайым да көп — ойлай берсең;
Ой да жоқ, уайым да жоқ — ойнай берсең".
Данышпанның сөзі. Ойлай білген, уайымдай білген жақсы. Кешегі қызда ой да мол, уайым да мол...
Университетке геология факультетінің адамдары келген соң, Қабен деканатқа кіріп, студенттер тізімінің "С" әрпін тексерді; төртінші курсте Сұлтанова Жанар деген есім тұр.
Жанар.Осы болар-ау!.. Тайман да Жанар деген сияқты еді. Қабен іздегенін тауып, оның адресін де сұрап ап, деканаттан енді шыға бергенде алдынан дәл кешегі қыз секілді біреу өтіп, ұзап барады.
— Жанар! — деді Қабен.
Қыз жалт қарады. Сол. Дәл тапты: аты — Жанар фамилиясы — Сұлтанова, факультеті — геология, курсі — төртінші... Университетте төрт жыл оқыған. Жалғыз-ақ, бұдан бұрын Қабен неғып білмеген? Төрт жыл бойына бір көрмеуі қалай?
Бірақ, Қабен қай қызды қадағалап, көріп-біліп жүр? Мұның өзі адамға жанасуға, әсіресе қызбен танысуға қашаннан икемсіз байғұс емес пе? Тумысынан солай, қызға жуыса білмейді: аяқ-қолы сереңдеген оданы пенде!.. Бұл сыры өзін білетіндердің бәріне аян.
Қатар құрбылары Қабеннің осы қырсыздығына қынжылып, бозбалашылықтан иненің жасуындай жылт көре алмағасын, ойын-шыны аралас:
— Сен түбінде қатынсыз Қаратон өтерсің, — деп қағытатын.
"Қаратон өту" дегеннің не екенін Қабен білмейді. Сондықтан құрбыларының қалжың-қылжағы да оған пәлендей дари қоймайды.
Міне енді, ақыр-аяғында, Қабен Оразов Ембіге жүргелі жатыр. Рас. Ембіде Қаратон деген мұнай кәсіпшілігі — өндіріс ошағы бар. Әлгілердің айтып жүргені, әрине Ембідегі Қаратон емес шығар. Дей тұрғанмен, не болғанда да, әйтеуір Қабен Ембіге — Қаратонға бара қалса, әйелсіз баратыны кәміл.
Енді қайтсын! Университетке дейін Қабен — бала. Университет қабырғасында — білім соңында, ғылым жолында өткен соңғы сегіз жылдың әр жылында ол, сөз жоқ, әр тілек-мақсатпен жүрді. Алайда, солардың бәрі жиналғанда бір ғана мақсат — жалпыға ортақ адамдық, азаматтық мақсат. Жалқы өз басының қамын, яки семья жайын жөндеп ойлап көрген жері жоқ.
Семья дегенде, Қабенде не семья бар? Семья жоқ Қабенде: жалғыз анасы еді, ол да кетті дүниеден. Қабенің — көзінің қарашығындай жалғызын тастап кетті, Қабен, тегінде, тіпті жалқы.
Жалғыз ұлы болған соң шығар. Асыл марқұм Қабеннің тілегін тілегенде ылғи ғана "жалғыздың жары — құдай" деуші еді. Бұл да бір жарым көңілдің жұбаныш-желеуі де, әйтпесе жалғыз атаулыға жар бола беретін көп құдай жер-көкке сияр ма?
Жә, құдай жар болсын, болмасын, әйтеуір Қабен жалғыз.
XII
Ол есік қағып, үйге кірді. Жиһазсыз, жұпыны бөлме: бір қабырғада жинаулы тұрған төсек-орын мен ортадағы шағын столдан басқа көзге көрінер мүлік жоқ. Сондықтан шығар, бөлме рабайсыз кең, тұрғын үйден гөрі көне клубтың бос мүйісіне көбірек ұқсайды; кең болғанмен күңгірт, еңсе түсіргендей көңілсіз; төрдегі жалғыз терезе де үлкен, бірақ жарыққа тым тапшы; бүгінгі күн де сондай бір бұлтты, бұлыңғыр еді.
Бүкіл бөлмеде бір ғана Жанар, жалғыз; есікке сыртын беріп, столға еңкейіп қалған. Әлдене жазып, сызып отыр. Қабеннің есік қаққанын да, есікті ашып кіргенін де сезбегенді. Өзімен өзі, баяу ыңырсып ән салады. Бір түрлі мұңды, шерлі әуен.
Құлазыған бос бөлмеде мұншалық қоңыр күйді, жүдеу халді Қабен айтқызбай ұғып, кәдімгідей жүрегі сазып тұрды. Бір жағынан қатты ыңғайсыздық сезеді. Дегенмен бойын билеп, батылдық жасады:
— Сәлеметсіз бе, Жанар?
Қыз селк етіп, жалт қарады. "Кімсің, қайдан жүрсің, не іздейсің" дегендей. Сәлем алмады, жауап қатпады. Босағада сырықтай серейе қалған бейтаныс жігіттің бас-аяғын үнсіз барлап, ұзақ отырды.
— Сіз, — деген Қабеннің даусы қысылғаннан қарлыға дірілдеп шықты, — әрине, мені күткен жоқсыз.
Жанарда үн жоқ.
— Мен білем... — деді Қабен тағы да тайсала жаздап. — Бәрін білем...
Тек осы арада ғана Жанар оқыс тіксініп:
— Нені білесіз? — деп қалды.
— Қасірет жайын... — деп, Қабен қыз бетіне тік қарады.
— Мен көңіл айтқалы тұрғаным жоқ...
Жанар серпіліп, әрі ығысты.
— Шошымаңыз, Жанар, — деді Қабен әлгі ойын жалғап, — қайғыны сөзбен емдеу мүмкін емес. Қайғыны уақыт емдейді. Мен соны айтып тұрмын. Және... сіз ес жисын, өзіне өзі келсін деп, көп күттім...
Жанар бір сәтте бірнеше халге түскендей: әлі ізі суып үлгірмеген әке қасіретімен күйзеледі; өзінің осы күйзелісін мынау бейтаныс жігіттен жасырғысы келеді, оның үстіне, неге екенін өзі де білмейді, бойын кенет билеген бір оқшау күдік бар.
— Сіз неге келдіңіз? — деді ол қиналып, шытынып. — Сіз мені қайдан білесіз?
— Білем, Жанар, мен білдім сізді...
— Жоқ, сіз мені білмейсіз! — деді қыз үзіп алғандай. — Содан соң, сіз бұл үйге келуге тиіс емессіз. Неге келдіңіз?
— Жоқ, Жанар, мен келуге тиіспін бұл үйге... — дегенді қалай айтқанын Қабеннің өзі аңғармай қалды.
Бұл сөз қыздың ашуына тиді. Ол тіпті әлденеге арланғандай болды, өрлікке, қайсарлыққа басты:
— Тиіс емессіз! Не керек сізге? Айтыс па тағы да? Кіммен айтыспақсыз?
— ?
— Және сіз не айтушы едіңіз? Ештеңе де айтпайсыз. Айта алмайсыз! — деп ол ызамен қозғалып, жүріп кетті. — Сырқат кісі... Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде... Өлі мен тірінің арасында жүріп, арнайы барды. Барма десем, болмай барды. Сіздермен сырласуға барды. Өлер алдындағы өсиетін айтуға барды. Ал, ал, сіздер... бәріңіз жабылып... — деп дірілдеп, одан әрі жөндеп сөйлей алмай жасқа булығып, отыра кетті. — Аясаңдар қайтушы еді ең болмаса...
Қабенді бір тосын күш көтеріп әкеткендей, әдеттен тыс қалбаңдап:
— Жанар... Жанар... — дей берді. — Тоқтаңызшы кішкене, Жанар...
— Тоқтамаймын!
— Тыңдаңызшы мені...
— Тыңдамаймын, — деп қыз күйіп-пісіп есікке барды. — Шығыңыз үйден.
Қабеннің бар үміті тасқа соқты. Амал жоқ, Жанарға еріксіз бағынып, есікке беттеді.
Жалғыз-ақ Қабен үйден шыға берген жерде ғана ол кенет жуасып, бірақ ызасын ірке алмай:
— Жоқ-ау, — деді, — жоқ-ау, тоқтай тұрыңызшы, сіз неге келіп жүрсіз мұнда?
Қабен тұнжырай бұрылды:
— Сардар-ағамен жолықпақ едім.
Жанар үсік шалғандай қалтырап кетті:
— Сардар-аға жоқ қой! Неге түсінбейсіз, көкем жоқ...
— Білем, — деді Қабен сазарып, — ол кісі жоқ. — Содан соң өзімен өзі сөйлескендей, нығыз: — Бірақ мен бәрібір іздеймін.
— Нені? — деді Жанар түсінбей. — Нені іздейсіз?
Қабен қалпын бұзбады:
— Сардар аға көзінің тірісінде нені іздеп еді?
— ?
— Соны іздеймін.
ЕКІНШІ ШЕГІНІС
I
Жанар — ерте есейген қыз. Және бұл есею — кекселік емес, ой орнықтыру, бой түзеу, ақыл тоқтату.
Адам бойындағы барлық қасиет тәрбиеден. Алайда, тәрбие ата-ананың баланы жастан баулығансып, соқырға таяқ ұстатқандай, оған ылғи ғана ақыл айтып, қақпалап өсіруі емес. Артық ақыл мезі қылады.
Жанардың көзін ашқалы көргені әкесі ғана. Бұл қыз анасын білмейді: Жанар дүниеге келгенде анасы дүниеден кеткен (баладан қайтыс болыпты). Қызының көңіліне қаяу салмау үшін Сардар бұл жайды Жанар оңы мен солын танығанша тісінен шығарған емес. Оның есесіне қызына анасын жоқтатқан да жері жоқ. Әрі әке, әрі ана — екеуі де бір өзі. Балаға беталды билік айту, я болмаса ұрсып-зеку деген Сардардың табиғатынан тыс нәрсе; Жанарын көрсе бітті, әншиіндегі азырақ қатыгездеу, тұнжырлау түрі адам танығысыз өзгеріп, көл қорыған қызғыш болады да кетеді. Қызын құшағынан шығармайды, айналып-толғанын, көкірегіне басын ұйықтайды.
Жанар есін білгенде, өзін ана кеудесінен емес, әке көкірегінен тапты. Сәбилік шіркін қызыққой, балауса-бала кезінде Жанар өзін шынымен анадан туған емес, әкенің аузынан түскен қызбын деп ойлайтын. Соған өзі кәдімгідей сеніп, жұртты да сендірем деп әлектенетін.
Сардардың және бір орнықтылығы, — қызы ес білгелі ер адам боп, ошаң еткен кісі емес. Бар қызығы — қызы. Көрсе, есі кетеді. Қолына түскенін қызының үстіне жапсырады; қызын қуыршақтай құлпыртып алып, баламен балаша ойнау — Сардар тіршілігінің артықша тынысы. Одан басқа жан рахатын Сардар іздемейді. Бүкіл бір үйде тек қызымен екеуі ғана. Екеуі бейне бір рулы ел; жұрт қатарлы бұл үйдің де өз отының басы, өз тіршілік қарбаласы бар. Ол тек екеуіне ғана ортақ. Сардар үшінші адамды іздемейді, сірә, әйелін кезінде ессіз сүйген кісі болуға тиіс.
Сардар — қатардағы мұнайшы. Мұнайлы Ембіге жарты ғасырға жуық тер төкті. Бірақ ешқашан мансап қуып, атақ абырой іздеп, ат сабылтқан жері жоқ. Білері — өз ісі. Енді бар ма, Жанар бірдеңе білетін болса, әкесі марқұм өз ісіне мығым!
Сардардың тым қарапайымдығына қарағанда, шап-шағын тұрмыс-тіршілігіне қарағанда қуаныш-қайғысы бір түрлі ірі еді.
Сардар қуанса, үйіне мүлік жиып, өзі мен қызы киім кигеніне қуанбайды, жалпы жұрттың жабығынан күн сығаласа, соған қуанатын.
Сардар ренжісе, өз үйінің нан-суы азайды деп ренжімейтін, жалпы халықтың тұнығын лайлар жат әрекеттерге ғана күйінетін.
Қалай болғанда да, Сардар үйінде өзі мен қызының ғана демі емес, үлкен өмірдің кең тынысы дірілдеп тұратын. Жанар сезімін таза тәрбиелеген сол ма екен.
Адам көзін ашатын — жоқшылық деген бар. Арғы жағын кім білсін, әйтеуір Жанар ес білгелі не әкесінің, не өзінің ішер асқа, киер киімге, жатар орынға тарыққанын көрген күні жоқ.
Байлық баланы шолжың етеді деген де ұғым бар. Анау кей ретте рас та шығар, ал мынау жалған. Жанардың қаршадай күнінен ішкеніне, жегеніне мәз болған жері жоқ: ойыншыл емес, уайымшыл еді. Жанардың кірпігінде ойнақы еркелік емес, бір түрлі бір назды мұң ілініп тұруы да, мүмкін, содан болар-ау!..
Жанар Сардардың жерорта жасқа таянғанда көрген баласы. Бұған дейін ұлы бар, қызы бар, сегіз нәресте көрген екен; бәрі өліпті. Жанардың тұсында зайыбы қайтыс болды. Оның қасіреті үлкен. Бірақ Сардар қайғы-мұңға бой алдырмай, майыспай, тіп-тік қасқайып тұрып қалған кісі. Бұл оның суық бауыр қаталдығы емес, төзімі берік қажыр-қайраты болатын. "Болмасқа болат бол" деген қағида Сардар кеудесіне серттей ұялап қалған-ды.
Туған әкесінің осындай қия-қалтарысы көп, бұралаңы мол күрделі тағдыры терең ойға тартып әкете бере ме, кім білсін, қайткен күнде де, Жанар әуелден-ақ кішкене тұлымын желпілдеткенмен өзі желпілдемей, орнықты өсті. Мектеп есігін ойнап ашқан жоқ, оймен ашты.
Жоғарғы кластарда оқып жүрген кезінде Жанар жазғы каникулын үйде өткізейін десе анасы жоқ, сондықтан түзде — өндірісте — әке жанында өткізетін. Мұғалім емес, дәрігер емес, мұнайшы болам деген берік шешім сол тұста бекіді.
Мектептен кейін Жанар Бакуде, мұнай инженерін дайындайтын институтта үш жыл оқыды. Одан Алматыға университеттің геология факультетіне төртінші курстен ауысты. Бұған ең үлкен себеп — Сардардың денсаулық жайы еді.
Сардар соңғы жылдары жиі науқастана берді. Адам қанша емен боп баққанмен жылжып өтіп жатқан жылдар да өз үлесін ала кетіп жата ма, қалай, әйтеуір Сардар соңғы кезде кәдімгідей құзырлы кісі болды. Өзін қашаннан осынау Ембі даласына мәңгіге қағылған қазықтай сезініп, бұл жерден тыс өмір-тіршілік бар деп білмейтін Сардар бір жолы — қызы институттағы оқуының үшінші жылын аяқтап, жазғы каникулға келгенде төбеден түскендей ғып, өзінің бір тың байлауын айтты:
— Жанаржан, биыл күз Алматыға көшелік. Мен емделіп, енді бір ауық жан бағуға тиіс болдым.
Мұны неге айтты? Жанар білмеді. Ал, әке ажарынан (біраз жүдеу болғанмен) алып-жұлып бара жатқан ештеңе байқалмайды, сау күндегісіндей. Жанар ойланып қалды.
II
— Ембі — менің жүрегім. Жүрегім менің — Ембі!
Осы сөзді Жанар өткен жолы, Қабен диссертация қорғайтын ғылыми советте өз әкесінің аузынан естіді.
Айтса, айтқандай.
Ембіде Сардар Сұлтанов жұмыс жасамаған өндіріс кем де кем. Ембі даласын шарлаған Сардар ізі бұл өңірде бейне құс жолындай сайрап жатыр.
Қызы оныншы бітіріп, институтқа түскен жылдың күзінде Сардар Ембідегі ең қарт өндіріс орны — баяғыда талай ұңғы-скважинасын өзі бұрғылаған Мұнайлыға жұмысқа ауысқан. Мұнда ол үш жылға жуық істеді.
Алғашқы бетте, қызына жазған хаттарында Сардар Мұнайлының адамдарын қатты мақтайтын. Әсіресе, Мұнайлы өндірісіндегі жаңа басшылардың бірі Тайман Дәуренов деген жігіттің іскерлігін, адамгершілігін көп айтатын. Оның әкесі Дәуренмен бір кезде өзінің бірге істегенін, Дәурен — кезінде "кісінің төресі" болғанын, оның баласы да әкесіне тартқан сырбаз жігіт екенін жазатын. Бұл күндерде Ембіде осы Тайман Дәуренов тәрізді жаңа, жас буын инженер-геологтар, әрі білімді, әрі іскер жастар көбейіп келе жатқанына қуанатын. Солардың арқасында жалпы Ембіде қазір жаңа леп есіп тұрғанын өзінше қызық қып баяндай келе, қызының сол жастар сияқты нағыз маман мұнайшы болып шығуына керек талап-шарттарын ұсынатын.
Жанар институттың бірінші курсын бітірген жылы өзі білмейтін жаңа мекенге көшкен әкесіне келе алмады, өндірістік практика бабымен Башкирия жағында жүрді. Тек екінші курстан кейін ғана мүмкіндік тауып, жазғы каникулында Мұнайлыға келсе, әкесінің қазіргі өзі істеп жүрген кәсіпшілік туралы пікірі хаттағыдан алшақ, бүтіндей өзгеріп кетіпті. Бұрынырақта хат сайын атайтын әлгібір Тайман Дәуренов деген мақтаулы жігіт бүгінде өндіріс директоры екен; Сардардың ол туралы пікірі де мәз емес.
Көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Өзінің Ембіде туып-өскеніне қарамастан Жанар Ембінің атасы атанған Мұнайлыны сырттай естігені болмаса, бұған дейін көрген емес. Сондықтан бұл өндірістің өз олқылығы неде, адамдарының міні не, оны Жанар қайдан білсін. Сардардың өзінен сұрастыра жүріп оның өндіріске, өндіріс басшыларына риза болмауының себебін ашты: Сардарға ұнамайтын нәрсе — өндіріс өнімінің жылдан жылға құлдырай кемуі екен.
Бұрын жас болып аңғармапты, Жанардың әкесінде жұмыс бабында көрінетін қызық мінездер бар сияқты.
Сол жылы жазда Жанар Мұнайлыда жүріп, әкесінің өндірісті басқарып отырған Тайманмен әжептәуір қатты сөзге келгеніне куә болды.
Сардардың үстінде жұмыс киімі, сменадан шығып келе жатып, қызына кездесті.
— Қарағым, үйге бірге барайық, — деп, Сардар Жанарды баяғы жас күніндегідей қолынан жетектеп, Тайманның кабинетіне кірді, — бүгінгі халді біле кетейік.
Тайман адамға бір көргеннен әрлі әсер қалдыратын байсалды, ақсары жүзіне жылылық, үлкен қара көзіне ой жиған реңді жігіт екен. Сардармен түрегеп амандасып, оның "Не хал?" деген сұрағына бірден ағынан жарылып:
— Нашар! Тоқсан төрт процент! — деді.
Сардар қабақ шытып, күбірлеп кетті:
— Процент құртады ғой сендерді...
Жанар әкесінің сөзіне қысылып қалды. Тайман да абыржып, қалыс қала алмай:
— Енді қайтеміз, процент көрсеткіш емес пе? — деді.
— Процента қойып, өнімді арттыру керек.
— Түсінбей тұрмын, Сәке! Проценттің өскені өнімнің де өскені болмай ма?
— Жоқ, олай емес, — деді Сардар қолын сілтеп. — Бұрын отыз тонна берген скважинаң қазір үш тонна береді. Үш тонна берсе жүз процент дейсіңдер де, іс бітті деп ойлайсыңдар. Сені жүз процент қуантса, мені үш тонна қынжылтады. Үш тоннаның жүз процентін ойлағанша, отыз тоннаның елу процентін ойласаңдаршы!
Жанарға бұл пікір таныс: осы кәсіпшілікке жұмысқа ауысқалы жұрттың бәріне қақсап келе жатқаны осы екенін қызына Сардардың өзі айтқан.
Сардар ойына алғанын орнықтырмай тынбайтын кісі. Сол жылы жазда өзінің әлгі пікіріне бүтін аупартком бюросын арнатты. Қым-қиғаш айтыс-тартыс болды. Сардар дымын қалдырмай сынап, Тайманға қатал жаза бергізді.
— Мұнай өндіру сиыр сауу сияқты, — деді Тайман аупартком бюросында ашумен зіркілдей сөйлеп, — сиырдың сүт беруінде шек болса, жерден мұнай өндірудің де шегі бар.
— Ал, сиыр суалды, — деп Сардар оған бас салды: — немесе қысыр қалды. Сонда қайтесің сен, сүтсіз отырасың ба?
— Жоқ, — деді Тайман сұстанып, ызамен безеріп: — жоқ, қысыр сиырды сатам да, буаз сиыр алам.
— Бәсе, солай болар.
Біреулер күліп жатты. Аупартком секретары айтысты тыйып, Сардарға қарады:
— Сонымен, не ұсынасыз, Сұлтанов жолдас? Сіздіңше, мұнай өнімін арттыру үшін қандай шара керек?
— Жаңа мұнай көзін ашу керек.
— Қайдан?
— Мен бұрын да талай айтқам, тағы айтам, Атырау қолтығынан, болмаса Өзен аралығынан ашу керек.
— Ол біздің ауданның жері емес.
— Міне бар пәле осында... — деп отыра кетті Сардар. — Діңкені құртатын осы ұғым. Шекара тұрған жерде шексіздік қайдан болсын! Онда анау Таймандікі дұрыс, сиырдың сүтінде де, жердің майында да шек бар. Соны тыңдаңдар онда...
Аупартком секретары айтысқа араласпады. Тайман Сардарға қарады:
— Сәке, сіз мынаны білесіз бе? Алматыда менің университете бірге бітірген бір досым бар. Аспирантурада. Ембіде мұнай өнімін арттыру проблемасын зерттеп жүр.
— Хош! — деді Сардар үміттеніп. — Бұл бір жаңалық екен.
— Жаңалығы сол, о жігіттің қатты қолдайтыны — біздің тәсіл, мұнай өндірудің екінші әдісі.
— Ойбай-ау, бұл тәсіл мұнай өнімін арттыру емес, бар мөлшерді мүмкіндігінше кемітпеудің амалы емес пе?
— Қайтесіз енді? Біз секілді байырғы өндіріс үшін содан басқа қандай айла бар? — Тайман одан әрі өз пікірінің түйінін айтты. — Бұл жердің мұнай өнімін тек екінші әдіспен ғана кемітпей ұстап тұруға болады. Әрине, мұнымен тынбау керек екені Сұлтановсыз-ақ белгілі. Терең бұрғылауға көшу керек. Қолдан келсе, тұз күмбезінен әрі өтуге күш салған дұрыс. Қалай болғанда да қарап отырмау қажет. Жаңа мұнай көзін іздеу керек. Іздегенде, әрине, мүмкіндігінше осы маңнан, өз ауданымыздың көлемінен іздеу керек.
Сардар Тайманға қолын бір-ақ сілтеп, осы айтыстан кейін жөндеп сөйлеспей қойды. Екеуінің арасы сабындай бұзылды. Сардар Тайманды жігерсіз, саяз, мақсатсыз жігіт деп ұқты. Осы ойының ұшығын әр жерде ап-ашық айтып салып жүрді.
Дегенмен, Тайман тегінде есті жігіт; осыдан бір жыл кейін Сардарды пенсияға шығарғанда одан жылы ниетін, жібек пейілін аяған жоқ. Жалпы жұрт — мұнайшылар қауымы Сардарды қатты сыйлайтын. Сондықтан Тайманның олай етпеске шарасы қалмады ма, кім білсін.
Оны қойшы, Жанар ол жайды ойлап бас қатырып не қылсын; жалғыз-ақ, сол бір кеш — аяулы әкесі пенсияға шығатын күнгі салтанатты кеш бұл қыздың есінде мәңгіге ұялап қалды.
Салтанатты кешке Жанар әдейі арнап барып қатысты. Шынында да, естен кетпес кеш еді: ол әкесін жаңа көргендей, әкесінің артықша қадір-қасиетін, биік мерейін енді ғана тереңірек ұққандай болды. Әкесі марқұмның да бір алақанға салынған, аяланған кеші сол екен ғой. Тек соңғы аялануы екен, оны кім андаған.
III
Клуб ішін салтанатты тыныштық жайлап алған. Зал толы адам, бірақ шыбынның ұшқаны білінеді. Кірген-шыққандар аяқтарын ұшынан басып, қазықтан қазыққа еппен аттағандай, қаз-қатар орындықтар арасындағы ұзынша алаша үстінде дыбыссыз қаздаңдайды.
Жиынға біраз кешігіп келген Жанар залға кірген бетте самаладай жайнаған сахнадағы бір топ адам арасынан өзінің әкесін көрді.
Сырықтай ұзын кісінің отырысы да кесек; мойны бір қарыс, ортасынан оқшау, биік; маңындағылардың төбесі мұның иығынан ғана келеді.
Әкесін бағана үйден Жанардың өзі киіндіріп жіберген. Сахнаға пенсияға кету үшін емес, ән салу үшін келген артисше киіндіргенін енді аңғарды; су жаңа қара костюмнің омырауынан үлбіреген ақ жібек көйлектің жағасында қара бантик. Кейде тірі кісіден гөрі тас мүсінге де ұқсап кетеді; көзін қасымен, аузын мұртымен қымтап тастап, жұртқа тек салбыраған мұрнын ғана көрсетіп, қыбыр етпестен қимылсыз отыр.
"Есіктен орын табылса, төрге озба" дегендей, Жанар той иесінің қызы екенмін деп алға ұмтылған жоқ, шет жақтағы бір бос орынға отыра салды. Көзі әкесінде; бұл да бірден залдың мінезіне көшіп, демін ішіне тарта, сахна төріндегі қимыл-әрекетті ғана бағып қалды.
Сардардың қасынан Тайман тұрды:
— Ендігі сөз озат мұнайшыларымыздың бірі Алексей Алексеевич Алексеевке беріледі.
Мінбеге жігіт ағасы шамасындағы орта бойлы, жалтыр бас сары орыс шықты.
Алексеевтің пішіні бір қарағанда бір түрлі қызық: төбесінің жалтыры маңдайымен жіксіз жалғаса жайылып, жалпақ бетінің жартысына дейін созылғанда сиректеу сарғылт қасы мен жылт-жылт еткен көкшіл көзі, таңқылау мұрны мен дүрдік ерні бұғаққа тұтасқан иекке қарай төмен сырғып кеткен де, салмағымен шықшытын шығарып жіберген тәрізді.
Соған қарамастан, осы кісінің тыпырлаған тез жүрісі де, мінбенің ернеуіне етбеттеп жатып алғандай оғаш тұрысы да өзгеше сүйкімді. Жанардың көкірегіне айрықша жылы толқын таратқандай болды: өзі бір түрлі бір балаша құрақ ұшқан, құлдыраған қызық, оның үстіне ұяты бетінде тұрған ибалы, инабатты кісі. Жүріс-тұрысы шапшаң болғанмен үні баяу, баппен шығады. Бұл да қызық қарама-қарсылық.
— Мұнайлы Ембінің іргесін қалаушы ардагерлеріміздің біріне біздің ризалығымыз шексіз, — деді Алексей Алексеевич. — Оны әлгі сөйлеген адамдар дәл және толық айтты.
Жанар маңына жағалай көз жүгіртті. Залға қараса да, сахнаға қараса да — бәрі интеллигент; май басқан кенеп костюмді бір де бірі жоқ. Жұмысшы кім, қызметкер кім — адам ажыратқысыз. Ең қарт жұмысшы — өз әкесінің түрі анау: артист десең де, академик десең де болғандай.
Әсем жіксіздік. Жанар бұған дән риза еді.
— "Орамал тон емес, жол" дейді қазақ бауырым. Біздің мұнайшылардың ақсақалға тартар аздаған сыйы бар.
Залдағы орындықтар сықырлап, жүрт көңілденіп, гу-гу етті.
— Сыртта Сардар Сұлтанұлына арналған жеңіл машина тұр. Ол шағын "Москвич" болғанмен залға жетектеп кіре алмадық.
Зал тағы да теңселе толқып, жадырай күлді.
— Ал енді, — деп Алексей Алексеевич сахнаның бір түкпіріне бұрылып қарап еді, сол тұстан бір толық денелі жалпақ бет сары жігіт мақпал шапан алып келе жатты. — Мына бір масаты бешпетті Сардар Сұлтанұлының иығына жас шәкірттерінің бірі Ізбек Қалиевтің қолымен жапсақ дейміз. Мұның өзінде аздаған символ бар.
Алексей қаншама "жас шәкірт" дегенмен, Ізбекірі, бітімі кесек, бойлы-сойлы жігіт секілді еді; бірақ ол сырықтай серейіп өзіне қарсы көтерілген ұзын Сардардың кеудесінен ғана келіп, қолындағы масаты шапанды оның иығына ырғи секіріп, әрең жапты. Жанар әкесін тағы да жаңа көргендей таңданып отырды: арыстан, адамға тұлға да біте береді екен ғой.
Сардар Ізбекті құшағына қысып, маңдайына ернін тигізді:
— Ғұмырлы бол, балам!
Сардардың екінші жағынан келіп Алексей Алексеевич те құшаққа құшақ қосты.
Әке маңындағы осынау ерекше жылылыққа жүйесі босаңқырап кеткен Жанар кішкене мұрнын ерсілеу тартып-тартып қалғанын аңғарған жоқ.
— Ендігі сөз Ембінің Сардар Сұлтановтан кейінгі орта буынының өкіліне — Азамат шебер Қуатовқа беріледі.
Азамат Қуатов мінбенің үстіне шықпады, ернеуіне шынтағын салып, жанында тұрды.
— Ау, халайық, — деді ол байсалды бет-жүзін бір тартымды пандықпен жоғары көтеріп, анау-мынау маңдайдағы кішігірім кекілдей күлтеленген қою қара мұртын алақанымен сипап. — Әлгілердің бәрі Сәкеңе қарап сөйледі. Мен сендерге арнап екі ауыз ақыл айтамын.
Кеш бойы қаққан қазықтай қыбырсыз отырған Сардар осы тұста ғана бір қозғалып, жалбыр қабағын желп еткізіп жоғары көтерді де, қызғылт көзін сексеуілдің шоғындай жайнатты.
— Мына отырған Сардар — адам емес, — деді Азамат мол кеудесімен ілгері ұмтыла бере президиум жаққа қарамастан саусағын шошайтып, — бүтін бір ұрпақ. Мұнай қаласы — Ембінің атасы болса, мына ұрпақ — біздің әкеміз. Анау Тайманның әкесі — кешегі өткен Дәурен де солай еді.
Жұрт жым-жырт тына тыңдап қалды.
— Ау, өздерің ойлаңдаршы! Совет хүкіметін Жем мен Жайық арасындағы жалпақ далаға кім әкелді? Мойнына мылтық асынған орыс әкелді, орыспен бірге қолында балғасы бар қазақтың қара жұмысшысы әкелді. Сол балғалы батыр — міне, мына Сардар.
Азамат қыза сөйлеп, мінбенің алдына шықты:
— Сардардың істегені сол ғана ма? Жоқ, ол ғана емес. Уа, атаң қазақты адам санатына қосқан қойшы Сұлтанның таяғы емес, Сұлтанұлы Сардардың балғасы!
Азамат тағы ілгері жүрді.
— Сардарға машина мінгіздік, зырлар да кетер; кетіп қана қоймас, бұл шал дүниеден де өтер. Е, темір дейсің бе Сардар, темір екеш темір де тозады...
Тыңдаушылар бір шайқалып басылды.
— Бірақ естеріңде болсын, балғалы сардарлар соғып шыңдаған қазақ жұмысшысы қалады. Жасайды ол, жасай береді. Сол жасампаз жұрт, бүгінгі болған, толған жұмысшы қауым "өзі болған әкесін танымастың" керіне ұрынбау үшін, аға ұрпақты әрқашан кеудеде аялауы керек. Ол не деген сөз? — деп Азамат сахнадан залға түсіп келе жатты. — Ол — осынау дәстүрлі жұмысшының болмыс-бітіміне, мінез-құлқына көзбен емес, көкірекпен үңіл де жүр деген сөз. Ал қараңдар Сардарға, қарап бағыңдар...
Ақырғы сөз Сардардың өзіне берілді.
Қызығы сол — Сардар сөйлемеді: орнынан баяу тұрып, президиум столының алдына шықты да, оң қолымен жүрегін басып, зал толы жұртқа маңдайы жерге тигенше бас иді. Мұны көрген Жанардың жүрегі лүпілдеп ойнап-ойнап кетті.
Сардар басын жерден алып, тағы да үн-түнсіз баяу қозғалып барып орнына отыра берген; стол үстінде, Сардардың дәл маңдай алдында жатқан қағаз бетіне оның көзінен шамға шағылыса мөлдіреп, екі үлкен тамшы үзіліп түсті. Бұл екі тамшы жастың қағаз бетіне тиген тырс-тырс дыбысын Сардардың оң жағынан Тайман, сол жағынан Алексей ғана естіген-ді.
IV
Ірі мақсаттың, кесек қимылдың адамдары өз ортасына азаматқа лайық өмір сүре білудің үлгісін көрсетпек. Елу жыл бойы солай еткен Сардар ғұмырының соңғы күндерінде өнегесін одан да асырып жіберді: маңындағыларға қалай тіршілік ету ғана емес, қалай өле білу керек екенін де үйретіп кетті.
Тірі кісінің ойға алғаны ылғи оңғарыла бере ме? Бір шама ұзын өмір жолының бағзы бір қайқаңында Сардардың да ілгері басқан адымы кейін кетіп шалыққан шағы, өкініп бармағын тістеген тұсы болған. Соның бәрінде де ол жолбарыс жүректі батыр ақынның мына бір өр өсиетін іштей таяныш тұтып, қиындыққа тік қарайтын:
Қабырғасын бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек...
Осы сөзге өлгенше беріктігін Сардар аңдаған адамға өткен жылы керемет қайсарлықпен дәлелдеп көрсетті. Шіркін, еңіреген ер емес пе: ажалмен бетпе-бет кеп қарсы кездескенде де, тілерсегі дір етпестен қия тастай қасқиып тұрып алды.
...Сол пенсияға шыққан жылдың күзінде Сардар біржола көшіп кеп, Алматыға орнықты. Жанар университетке ауысты. Сөйтіп, бір пенсионер қарт, бір студент қыз жаңа мекенде тұрмыс шегіп, тіршілік кеше бастады.
Алғашқы екі-үш айда Сардар үйде отыра алмады: қала қанатын жан-жаққа жайып әкетіп бара жатқан құрылысшылар арасында болады, ауыр машина жасау заводындағы жұмысшыларға кетіп қалады, өзі есепке тұрған партия ұйымының тапсырмасымен насихатшылар қоғамында жүреді. Бір жолы тіпті қызын бірнеше аптаға жалғыз тастап, Алакөл төңірегінен мұнай, газ іздеген ғалымдар экспедициясына ілесіп, ұзақ жоғалып кетті. Осы сапардан оралған беттегі байлауы қызық:
— Академик Губкин мұнайды тау астынан емес, теңіз түбінен ізде деген. Соның дұрыстығын тексере кеткем. Пайғамбардың сөзін айтқан екен сорлы.
Әке мінезін Жанар өзінше топшылады.
Жарты ғасыр бойы көк болат темірден қыл елі ажырап көрмеген, сол темірдің өзіндей тегеурінді топшы — қуатты қол, мүйіз алақан құр қусыруға келмейтін-ді.
Жарты ғасыр бойы ашық аспан астына, аялы жер үстіне — қимылға толы өмірге, еңбекке үйренген адам біржола үйге келіп, от басында, пеш түбінде отырғанда өзін тура тұтқынға түскендей түйсінетін-ді.
Жанардың бұл екі жорамалы да дұрыс, тек дәл емес.
Шынында, Сардар соңғы кезде, неге екені түсініксіз, батпандап жүк арқалаған адамша кары салдырай шаршап, өз-өзінен езіліп-жаншылды да жүрді: денесі дел-сал, асқа зауқы шамалы, көңілінің хошы жоқ. Төбесіне қорғасын құйып қойғандай басы да ап-ауыр, тіпті еңсесін көтертпейді.
Дәрігерге көрініп байқап еді, олар мұның не құзырға-душар болғанын қапелімде тап басып, дәл анықтай алмады. Жалғыз-ақ "төсек тарт, үйде жат, қозғалма" деп кеңес берді.
Бірнеше күн дәрігерлердің айтқанын істеп, жастық таянып көріп еді, бұрынғыдан бетер буыны құрып, қалжырап бара жатты. Оның үстіне, көшкен елдің жұртыңда қалғандай құлазып бітті.
Ол жоқ жерден кезіккен кеселді халіне ерегіскесін тұлабойын төмен тартқан күллі ауыртпалықты иығымен тістене тіреп тұра келді де, шатқаяқтай басып жүріп кетті. Аурумын деген күңгірт күдікті қолмен сыпырғандай көкірегінен жұлып тастады. Төсек үстін торлаған жалғыздық бұлтын сілкіп-сілкіп жіберіп, құлшынған көңілді қауымға қайта қосылды да кетті.
Рух күші — таптырмайтын күш!
Астанада тұратын байырғы геологтардың ішінде Сардар Сұлтановты білмейтіні жоқ. Бір жағынан олар да мұны іздеп тауып, араларына тартып әкете береді.
Геология министрлігіндегі мұнай мамандары, тіпті министрдің өзінен бастап Сардарды ескінің асыл көзіндей қадірлеп, құрмет тұтады. Келмей жатып, бұған қала ортасынан үй бергізді. Қарт мұнайшының елу жылдық еңбегін министрлік коллегиясы қайтадан сарапқа салып, оны жаңа жылдан бастап республикалық дербес пенсияға көшіртті. Қыс бойы арнаулы жолдамамен таудағы санаторийде тынықтырды.
Амал не, осынша назар мен күтімге қарамастан Сардар күн өткен сайын көрер көзге жүдей берді. Әсіресе, көктемге шекті мүлде құлдырап кетті.
Бұл жайдан қатты шошынған Жанар әкесінің денсаулық күйін білгісі келсе, ол еш жерінің ауырмайтынын, тек аздап ас сіңіре алмай жүргенін ғана айтады. Басқасының бәрі жұмбақ.
Көктемде Сардар қызының күштеуімен тағы да докторға қаралды, қайта-қайта қаралды. Апталап ауруханада жатып, білікті профессорлардың тікелей бақылауында болды.
Енді бірде дәрігерлер консилиум жасап, күтпеген жерден бір жан түршігер шындықтың бетін ашты: Сардардың ішінде асқынғалы тұрған зиянды ісік бар, оны емдейтін құрал тек пышақ қана.
Мұны естігенде Жанардың төбесінен жасыл ұрғандай болды. Әкесін аяп, жаны қыдырынып, екі-үш күн не істерге білмей сенделіп жүрді. Не керек, мұның күйзелуінен, күйреуінен ауру әкеге келер залалдан басқа пайда жоқ. Осы шарасыздық Жанарға ес жиғызды: ол зыр жүгіріп ауруханаға барып, Сардарды қараған докторлардың бірінен соң біріне жалбарынып, әкесіне ауруының атын айтпауды тілек етті.
Сардар, керісінше, ауруының анығын білген мезетте өзін емес, қызын ойлады; өзін емес қызын аяды. Әйтпесе, ауру боп төнген ажалдан абдырап, сескенген жоқ. Ажал қауқары оның қабағын жауар бұлттай бір сәт түнертуге ғана жарады. Ізінше ол жалбыр қасын желпіп, серпіп қалып, күрең көзін оттай лап еткізіп, қарсы алдындағы докторға қарады:
— Анық сол ма?
— Анық.
— Олай болса, осыны тек қызыма сездіре көрмеңіз!
Ер әке осылайша науқасының тым ауыр екенін, операцияға жата қалған күннің өзінде одан айығар-айықпасы неғайбыл екенін қалай еткенде де бауырын паналаған жалғыз балапанына байқатпауға бекем бел буды.
Тағдыр деген жыны ұстаса әрі тарым, әрі жарым нәрсе: бірінен бірінің суыртпақтай сырт бүкпесі жоқ әкелі-балалы екеуін аяқ астынан екі ажыратып, біріне бірін оп-оңай алдатты да қойды.
— Жарайды, — деді Сардар дәрігерге, — жарайды, пышағыңызға көндім. Тек он бес күннен кейін келіп жатармын, мақұл ма?
— Неғұрлым тез қолдап кетсек, солғұрлым дұрыс деп ұйғарып едік...
Сардар аузын тегіс жауып тұрған жез мұртын ыдырата селкілдеп күлді:
— Мені өлтірмеуге кепілдік бере аласыз ба?
Дәрігер сасқалақтап қалды:
— Жоқ, кепілдік беру қиын.
— Олай болса сол, он бес күн!..
Сардар ауруханадан үйіне келді. Әкесінің сау күндегісіндей қунақ кескінін көріп, Жанар қайран қалды. Ол қызын бауырына басып тұрып:
— Қарғам, ертең Ембіге ұшамын, — деді.
Жанар одан әрі таңданып:
— Қой, көке, сырқат халде... — дей беріп еді, Сардар сөзін бөлді:
— Жоқ, Жанаржан, көкеңде алып-жұлып бара жатқан түк те жоқ. Екі жетіге елге барып келем. Қарсы болма!
Сардардың бет алған жағынан қайтпайтынына қашаннан қанық Жанар оны алыс жолға жалғыз жіберуге қимай университетке барып, мән-жайды ректорға құпиялап айтып, екі жұма күн сұрап алды да, Ембіге әкесімен бірге ұшты.
V
Сұмдық-ау, бұл не ғаламат!
Жем мен Жайық арасындағы жалпақ дала астан-кестең: аңырап-жамыраған мал мен жан беталды құлатүз ығып барады. Ессіз жөңкілген жұрт өз ұяларынан өздері безіп, артынып-тартынып жолға шыққан. От сөнген, ошақ сынған — атамекен әдірә қалған.
Түйе байғұстың азаптан арылған күні бар ма, әр есіктің алдына қирап келіп шөгеді де, моладай шошайған өркешінің маңына жарты дүниенің жүгін артып, қайтадан екі құлап, үш бүктеліп барып белін жазады. Әр қақпаның алдынан түйе тұрып кеткен сайын терезесін үңірейтіп, босағасын опырайтып, бір үй қаңырап босай береді.
Жанарда ес-түс жоқ, түкке түсіне алар емес, бір аласапыранға араласты да кетті. Ақырзаман деген пәлекетті құдайшыл кемпір-шалдардан, қиял-ғажайып ертегілерден ғана естуші еді, сол қиямет-қайым осы болғаны ма?! Не боп кеткен бұл жалған, не боп кеткен?!
Жер түрі неткен сұрықсыз, жұтаң! Елбең етер ебелек жоқ, бәрі қурап күйіп кеткен. Ағаш атаулы жап-жалаңаш. Әр жерде сарғайған жапырақтар қаудырлақ қағаз тәрізді; соларды саудырата ұшырып, оқта-текте жел ұйтқиды, құйын ойнақ салады. Лап беріп шалқып қалған алау лебіндей бір ып-ыссы жалын шарпып өтеді.
Жанар жан ұшырып, босқан елдің бір шетінде жүріп келеді. Жөңкілген жұрт арасынан әкесін іздейді. Таппайды. Түнерген, түсі қашқан кәрі-жас; бәрі бірдей бұған оқты көздерін қадап, бір түрлі кінәлай қарайды.
Жанардың үрейі ұшты, тірі жанға тіл қатуға батылы барар емес.
Ойпырмай, сүрініп-қабынып жүріп, көп ішінен бір танысын тапты әйтеуір: қонақүйдегі семіз сары қатын әлденені ызамен сілеп, тарғылдана шығатын дөрекілеу еркек даусымен дүңк-дүңк етіп, сөйлеп жүр.
Жанар оған төніп:
— Апай-ау, бұ не керемет мынау? Қайда барамыз шұбап? — деді.
— Не деп түр, — деп таңданды анау. — Білмеуші ме едің? Су іздеп барамыз, су!
— Не дейді жаным-ау!
Семіз сары қатын оған енді жауап қатпады, самайынан бұғағына сорғалаған терін саусағымен сыпырып, тас төбеде шақырайған күнге қарады:
— Осы маңның изені мен итсигегін түгел жиып, аспанның әнебір жеріне үйіп, өртеп жатқан болар шұнақ құдай! Мынау күн емес, өрт қой ойбай, өрт қой!
Жанар аңырып тұр. Сары апай тағы зарлады:
— Құдай-ау, құдай, қу құдай! Аспанын қарашы, аспанын... Көгерген де безерген! Бір тамшы ышық тамызар түрі жоқ.
Жанар бұл жылауық қатынның қасынан тайқып, жұрт арасынан сытылып шықты да, әлгібір келген ізімен кері жүгірді. Қалай, қайда, неге жүгіріп келе жатқанын өзі де шала түсінеді. Әйтеуір Мұнайлының маңы... Міне, шаһар шетін сілкілеп жатқан алып өндіріс. Міне, қаланы қақ айырып аққан.. өзен: теп-терең, мөп-мөлдір. Ал әлгілер су іздейді. Бұ не ғажап, шырақ-ау!
Жанар қала шетін шаңытып ұзай берген шұбырынды топты қайта қуып жетті, семіз сары әйелді қайта іздеп тапты. Көз алдын қолымен қармап:
— Ыдыс, ыдыс! — дей берді.
— Оны қайтесің?
— Қызықсың-ау сен, апай, қала ортасы қаракөк өзен, суы тап-таза, сенің көз жасындай мөлдірейді. Су әкелемін содан.
Сары апай аһ ұрып, екі шекесін қос алақанымен қысты:
— Қарақасқа қыз-ау, саған не болған? Білмеуші ме едің? Су ма сол, у емес пе, ойбай, әдірә қалғыр у ғой ол. Удай ащы тұзды сорды өзен дегені несі бейшараның.
Ой құрып кетсін, құрып кеткір: сулы сортаң екен ғой. Мұнайлының ортасымен бұрала ағатын ащы су бар. Судың асты қабат-қабат көк тұз. Қаланы тұңғыш көрген тосын адам сордың суы терең, айдынды болған соң, су үстінде екі жерден кең көпір тұрғандықтан оны кәдімгідей өзен деп ойлайтын. Ащы су көлденең кісінің көзін алдап, шынында да шалқар өзендей шалқып жатады. Ал, Жанардікі не? Алжасқаны ма?
Жанар тағы да жүгіре жөнелді. Бұл жолы Мұнайлының бір қиырындағы аэропортқа беттеп келеді. Асыққан, сасқан адамда ес болмайды екен-ау: қолына шелек алыпты, ең болмаса әлгілерге бір шелек тұщы су ала қайтпақ.
Ол аэропортқа келді. Аэродромда жұртта қалғандай жалғыз вертолет тұр. Пилот — таныс кісі.
Енді бірде Жанар пилот жанында, вертолет үстінде еді. Бағыты — батыс, Саға.
Вертолет тым төмен, жер бетінен он-ақ метр жоғары ұшты. Мұнда да сыр бар: Жанар жол-жөнекей су жүретін құбырларды тексере кетпек. Бір жерден құбыр жарылып, бүлінген-ді. Әйтпесе немене, су қалайша тартыла қалады.
Жоқ, бұл — бос күдік: жарылған құбыр да, жайылған су да жоқ.
Әне, Саға да көзге шалынды. Саға десе — саға — Ақжайықтың Атырау теңізіне құяр сағасын түгел алып жатқан үлкен шаһар: мұнайшылар астанасы, балықшылар мекені, малшылар ордасы.
Саға сағымға шомылып тұр. Қаланы көлегейлей ойнаған көк сағым арғы тұстағы Атырау толқынына ұқсайды. Сонда, вертолет жақындаған сайын әлдебір торғын шымылдығын әрі ысырғандай болған осы қала қабат-қабат биік үйлерін көлең сағымнан емес, терең теңізден суырып, бері самсатып шығарып жатқандай.
Оң қанатта Қайынды — Жайықпен жайқала жарысып, бірақ ұзақ ілесе алмай, бір бұралаңда қалып қойған оқшау орман — жалаңаш даланың жалы секілді, көкке көксілін ұшырып, мұнарта көз тартады. Вертолет бауырында Қайраң — Жайықтан жырылып шыққан жасыл су — жіңішке жылға...
Енді бірде биік жиналған жүктей текшеленіп, Ақжайықтың арғы қабағы — құлама тік жар көрінді. Вертолет лифтіше сусып, бергі жағаға ептеп қонды.
Жанар қолында шелек, өзенге жүгірді.
Сұмдық-ау, бұл не керемет: Жайықта су жоқ, шаңы бұрқыраған бос арна ғана жатыр.
— Ойбай!
Жанар шошып оянды.
VI
Айналайын, Ақжайық, ақжал ағыс — ерке су жатыр екен ғой шалқып... Арнасы толық, кемері кең. Айдыны да аспандай шалқар, таза, тұнық. Баяғы бір байыпты мінез, қырмызы қылық, ойлы жүз: асықпай, ентікпей ағады. Толқынды бетін болар-болмас шымырлатып, самал сипаған торғындай үлбіретеді, оқыс желпімейді. Астыңда албырт ағын барын, асау күш жатқанын бетіне бөрене тастап білмесең — байқау қиын; аққан су емес, жай жатқан су ма дерсің! Ара-тұра шиырыла қалатын кері үйірімдеріне дейін бір түрлі назды, нәзік; ала қашып, лепіре жөнелмейді, әлдебір әдемі ирек сызып, шолп етіп шабақ ойнаған жердей дөңгелене дірілдейді.
Жаға толқындары да жар сүзе жұлқынып жатқан жоқ, қабаққа жұмсақ қана ырп-ырп соғады да, кері сырғыған сәтте сол сабындана ағараңдап, ақырын аунап түсе береді.
Айналайын, Ақжайық, ақжал ағыс — ерке су жатыр екен ғой шалқып...
Уһ, әлгібір сұмдық түс екен әйтеуір. Қуаныш дегеннің де неше түрі бар-ау! Жанардың соңғы кезде шындап бір сергігені осы шығар. Қатты қуанды. Жер бетінде Жайық барына қуанды.
Сардар мен Жанар Сағаға келгелі бүгін екінші күн. Туған топырағына келгесін бе, Сардар қазір мүлде ауру адам тақылетті емес, сау кезіндегідей ширақ. Кеше самолеттен түскен бетте қызын ертіп, тура Мұнай барлау басқармасына барды. Мұнда жаңадан ұйымдасып, Атырау қолтығындағы кең даланы кезе барлау үшін бөлініп шығып, көшіп кеткелі жатқан трест бар екен. Трест бастығы Сардардың шәкірті — белгілі геолог Ізбек Қалиев: Сардар тура Ізбектің кабинетіне кірді.
Ізбек — отыздың үстіндегі орта бойлы, толықша сары жігіт — Сардарға көзі түскенде самғап ұшып келе жатқан құс қанатыңдай қою қара қасын бұрынғысынан бетер кере серпіп-серпіп қалып, орнынан ұшып тұрды да, құшағын жая есікке жүгірді. Сардарды көргенде бар салмақтан бір-ақ айырылып, құдды балаша қуанды: екі туып, бір қалғанымен табысқандай өзге дүниенің бәрін ұмытып, өзін түп басымен қонағының еркіне берді де қойды. Кабинетті жапты, екі жолаушыны үйіне апарды. Содан бүгінгі таң атқанша Сардар мен Ізбектің әңгімелері түгесілген жоқ.
Ертеңгі шайдан кейін Ізбекпен бірге Сардар Барлау басқармасына кетті. Одан екеуі сәскеде қайта оралып, әкесі Жанарға:
— Қарашығым, сен біраз демала тұр, Ізбек ағаң екеуміз обкомға барып келеміз. Амандық, болса, кешке қарай Ембіні аралауға шығып кетерміз, — деді.
Сардардың көзінен таса қылмайтын үлкен, сыртын сафиян былғарымен тыстаған, қалыңдығы жырта қарыс қызғылт-сары папкасы болушы еді. Бұл — Сардар өмірінің сырлы шежіресі. Қарт мұнайшы елу жыл ұдай не ойлады, немен тыныстады, нені мақсат етті — бәрі сол папкада сайрап тұр.
Сардар Алматыдан бері ұшарда чемоданға салып, қызғылт-сары папкасын әдейі ала шыққан. Бағана Барлау басқармасына кеткенде папка оның қолтығында еді. Міне, үйге қайтып оралды, қолтығында папкасы жоқ. Бұрын-соңды болмаған нәрсе! Жанардың іші қалтырап кетті. Әкесі Ізбекпен бірге обкомға кеткен соң да ол осы жайды ойлап, тыныш отыра алмады. Сезімі құйындай ұйтқып, ойы әр саққа бір жүгірген күйі, үйден шықты да Жайыққа беттеді.
Мезгіл майдың аяқ кезі болғанмен, күн шілдедегідей шағыр, ауа қапырық. Жанардың тынысы тарылды. Өзен лебіне кеудесін тосып, аздап салқындап қайтпақ боп, жағажайға келді.
Жағажай — қаланы екіге бөліп өтетін Жайықтың жұрт көзінен тасалау, үй терезелерінен қағаберіс бір иіні — ұсақ қиыршық құмын су шайып, жел кептірген жайпақ жазық, кең алаңқай. Сарғыш құмдақ үсті көлемі қолшатырдай өңшең ақ қүмбездерге толы. Өзенге шомылып шыққандар көбіне осы ақ күмбездер көлеңкесіне күн көзінен жасырына саялап, рахаттанады.
Су сырына кішкентайынан жетік Жанар әдемі жүзе білуші еді. Тереңге сүңгіп, ұзақ-ұзақ су астыңда жүруді ұнататын. Әсіресе Бакуде оқыған кезінде теңіз суына көп шомылды. Кейде тіпті кеудесін кере тыныстап алып, су бетіңде шоршып ойнаған шабақтай жарқ етіп, ауаны теуіп қалып, жым-жылас жоқ боп кететін де, теңізге өзімен бірге келген серік қыздарының шыдамы бітіп, үрейі ұша бастағанда әлдеқайдан бұлаң етіп, бір-ақ шығатын. Қазір оның бірі жоқ: шешінуге ұялады, жұртқа жалаңаш жауырынын көрсетіп малтып бара жатуды мүлде ерсі көреді.
Жанар жағажайда қаптаған жалаңаш жұрттан, әсіресе шағаладай шулаған қиқулы қыздардан, қызулы күн көзіне мажыра боп манаурай төңкерілген бура сан қатыңдардан аулағырақ барып, сырт киімін шешті. Ойланып, бірқыдыру отырып қалды. Ақыры өзенге өзін зорлап түсіріп, азырақ салқындаған да, ақ кенеп күмбездердің шеткі біреуінің көлеңкесін иығына түсіріп қисая қойған; жол соқтылау жүрген адам емес пе, ұйықтап кетіпті. Сонда көрген ғаламаты — әлгі, шошып оянған түрі — мынау.
Уһ, түс екен әйтеуір. Жер үстінде Жайық барына мұндай қуанар ма!
Жанар көлеңкелі қалқан астынан селк етіп ұшып тұрған қалпы, есеңгірегендей, тізесін құшақтап отырып қалды. Қатты ұйықтағаннан ба, басы зеңгіп, аздап жүрегі лоблыды.
Жағажайда адам сирепті: әр жерден етбеттеп жатып, не тізесіне қойып кітап оқығандар, өзен шетінде бір-біріне су шашыратып ойнаған жас балалар ғана.
Күн райы кенет құбылып, күрт бұзыла бастағандай. Көк жүзін батыстан бұлт торлапты. Көкжиектен күндіз, мүлде мезгілсіз көрінген түннің шеті сияқты қою қара бұлт будай бұрқырап бері шапшып, төбеге қарай тұтасып келеді. Теңіз жақтан жаңбыр иісі білінеді. Өзен де өңін өзгерткен, сәл лайсаң тартып, жалдана бастапты.
Жанар асықпады. Әлгібір түс әсерінен айыға алмай, өз қиялына өзі шырмалып, біресе бұлтқа, біресе суға телміріп ұзақ отырды.
Ойпырмай, шынында да... Жайық болмаса не күн кешер еді бұл өлке? Әлгі сұмдық түсте емес, өнде болар ма еді?
VII
Жанар көзіне көрінгеннің бәріне таңырқай қарайтын тым балғын шағында бұл өлкені Атыраудан Аралға қарай бір кесіп өткені бар: Үстірт жақтан мұнай іздеп, жапан түзге шығынып шығып кеткен бұрғышы әкесін Төңірекшыңдағы түйеші шалдың арбасына мініп, әрең дегенде қуып жеткен болатын. Ол кездегі бұл өлкенің түр-реңі тым жұтаң. Ұшқан құстың қанаты талатын қиырсыз кең дала, сардала — шөл жазира. Мұғалжардан Маңғыстауға қарай көсіле сұлап жатқан өңкей бір өлі белдер, сыры жұмбақ құба жондар. Бірінен бірі өтеді: өңсіз қуқылдығы да, үнсіз тылсымдығы да ұқсас. Бақырауық қоспақ соңында қыңсылаған қазақы арбаның майсыз дөңгелектері әрең сиятын атамзаманғы ескі сүрлеу бірде қарауытып, бірде күреңітіп, әр белге бір асыла береді. Жолаушы да бар үмітін арқандай шұбалған осы жолдың ұшына байлап, белден белге лақтырып келе жатқандай. Бел мен бел арасы сораң ойпат, бірқыдыру ұзақ жер: бір белдің еңісінен құлаған түйе арбаға екінші белдің төскейі-ақ жеткізіп бол май діңкені құртады. Алдағы бел алдамшы; мақсат соның аржағына жасырынады да, жолаушыны жалығудан сәл сергітетін сол ғана. Түйе арба белге шығады. Төңірек бағанағы бір сұп-сұлық өлі реңін тағы көрсетеді. Алда тағы бір ойпат, оның шетінде дәл мынадай тағы бір бел жатыр, белге асылып жол жатыр. Одан әрі сиқырлы шымылдық — көк сағым. Жанар соған қызыға қадалады. Сағымды шалқар су екен деп ұғып, кезерген ернін тілімен түртіп, тамсанады. Сағымға шомылып, бір зәулім күмбез көрінеді. Әдемі-ақ.
— Анау не, ата? — дейді Жанар түйеші шалға: — көкемдер қазып жатқан мұнай мұнарасы ғой, ә?
— Жоқ, қызым, ол Әнет әулие.
— Ол кім?
— Адай.
— Адай адам ба?
Осы арадан тұлымы желбіреген кішкене қыздың сұрағы да, сақалы селдіреген ақшұнақ шалдың жауабы да шорт үзіледі. Қайыстан өрілген жіңішке шыбыртқы жыландай ысқырып, түйе сауырын тіліп өтеді. Жылауық қоспақ езуінің жынын шашырата баж етіп, шиқылдақ арбаны жұлқып қалады. Болды. Қоспақ күйсеп, шал есінеп, екеуі де үйреншікті қалпына түседі. Бірақ Жанар шалды тағы ашуландырып алармын деп жасқанып, енді ештеңе сұрамайды. Іш пыстырған сылбыр сағаттан соң бұлар тағы бір белге көтеріледі. Сағым әрі серпіледі, алда тағы бір бел көсіле сұлайды. Әлгібір сауал шешімін жауапсыз-ақ табады: күмбез — мұнай мұнарасы емес, жапан түзде жалғыз тұрған мола екен. Төбесінде көзі қанталаған қарақұс отыр, іргесінде ініне жүгірген суыр ғана жүр.
Жанар алты күн жүріп, әбден жалығып, шаршап-шалдығып, әкесіне әрең табысты. Сардар қанша қатты болғанмен, қызын көргенде шыдамай жылап жіберді:
— Жалғызым-ай, таңдайың кеуіп кетпей қалай жеттің!
Десе дегендей: алты күндік алыс жол үстінде жалғыз тамшы тұщы су жоқ. Жанды алып қалған шалдың үлкен қара сабадағы шұбаты ғана. Түйе жарықтыққа шал арбаның артына таңылған ағаш құмырадағы жылы судан күн ара бір татқызып отырды.
Үстірттегі мұнайшыларға Жайық суы машинамен тасылатын-ды. Судан қымбат тағам жоқ. Тек бұл маңда ғана емес, түбек жақтағы Қарарна, Қаратон маңы, Жылой атырабы, Шұбыртпалы саласы... Саркөл мен Тайсойғанның түстігі тандыры кепкен қу медиен құба шөл.
Жанар Үстірт жақтан әкесімен бірге қайтты, түйе арбамен емес, машинамен қайтты. Машина қыр сүрлеуімен емес, ішкі жолмен, теңізді сағалай жүрген. Бұл сапар басқаша болды. Жол-жөнекей Жанардың көргені күнге шағылысқан күрек, қазылған ор, қопарылған төбе, тамшылаған тер.
Жанар жасынан зерек. Бәрін білгісі келеді:
— Бұл не, көке?
Сардар — түйелі шал емес, қызына раймен сөйлеп, ықыласпен түсіндіреді:
— Бұл — өмір, қарағым, шөлді шүлен ететін өмір.
— Мынау жыраға көміліп жатқан темір не?
— Түтік. Құбыр.
— Ол неге керек?
— Құбырмен су жүреді.
— Қайдағы су?
— Жайық, қарашығым, Ақжайық келеді мұнда...
Иә, Жайық. Жер астын түтікпен тесіп, түс-тұсқа күретамырдай Жайық суы таралды. Жайық қолы созылған сайын дала жайнайды. Далада тіршілік қайнайды.
Осынау өлке тек соғыстан соңғы санаулы жылда Жанардың көз алдында өзгеріп еді. Бұйырғын мен жусаннан басқа шөп өспейтін шел жазираның изеннен өзге бұтасы жоқ бұлың беткейлерінде бір кұдіретті күш көктен жұлып алып қондыра қойғандай ойдым-ойдым орман жапырақтары сыбырласатын болды. Айналасы тап-тақыр жұмысшылар поселкесі жасыл бақты қалаларға айналды. Осының бәрі Жайықтан таралған құт-береке.
Жанар өзінің туған өлкесінің әрі қиын, әрі қызық тағдырын жаңа танып отырғандай. Мұнайшы мінезін де қайта толғайды. Не деген жандар бұлар — еңіреген ерлер ғой.
Мұнайлы Ембінің көп жері — күні кешегі теңіз түбі, табиғаты тентек, қатыгез, қытымыр: күлдей қара топырақ желді күні борпылдай шаңытып, тымықта тортадай туырылады. Бүгінгі төбе — ертеңгі сай. Жер беті мың құбылады: майсақтанған мамық қыртыс теңіз жақтан жел үп етсе болды, орнын оя қопарылып, оп-оңай аунап түсе салады. Шілде-тамызда қап-қара қара боран түтеп, күндізі түнге айналып кетуі оп-оңай. Бірақ ылғи бір күшті кісілер соның біріне міз бақпастан, тентек жерді темірмен байлап, матап тастап, сараң табиғаттың бермесін шыңғыртып тартып алып жатыр. Сұйық қара алтынды көлдей ағызған осы өңірге ауыз судың тамшысы қат. Сол араларға Жайық суы бір күн бармаса не болар еді?
Ана сынды Ақжайық! Бұл өлкенің нәрі — осы өзен.
Жанар Жайықтан көз алмады.
Жайық шалқып жатыр. Толқынды беті әнтек тұнжыр тартыпты. Астыңда Атырауға асыққан асау ағыс бар.
Жанар ойы толқынмен бірге ақты.
VIII
Сардар Ембі даласын он күн аралады. Өзінің елу жыл тер төккен еңбек өлкесін армансыз кезіп жүріп, бұл атыраптың дәл бүгінгі бітімін кәнігі көз алдынан бір сүзіп өткізді.
Адамға туған жер қымбат: жалаң аяқ жүгірген балғын күндердің куәсі, қайта оралмас жастық шақтың ұясы, әрине, ыстық. Ал тек туған жер ғана емес, азаматтың бар өнерін сарқып, бар ғұмырын игілігіне сарп еткен жері болса, одан да ыстық.
Сардар Ембі тағдырын ойласа, төсекте тыныш ұйықтай алмайды. Бұл даланы ол қазір де әлдебір ресми басшылықтың өкілдігімен келіп барлап жүрген жоқ, өз жүрегінің өктем әмірімен шарлап жүр.
Ембі даласында өткен он күн ішінде Сардар мен Жанар қасыңда Ізбек бірге еді. Ұзақ сапарда жалықтырмайтын, жолыңның тең жарымын қолма-қол қысқартып отыратын ақжелең, әңгімеші, қызық кісілер болады. Ізбек сондай адам: жас жағынан онша егде болмағанмен осы өңірдің әр бұтасына дейін жіті білетін тірі шежіре. Ол сыр шешсе, төңірегіндегі өлі табиғатқа түгел әрі жан, әрі тіл бітіп, сөйлеп қоя бергендей.
— Жанар қарындасым, оң жағыңа қарашы.
Оң қанатта, жолдан елу метрдей жерде біріне-бірі шырмауықтай оралып, тура жерден өсіп шығып тұрғандай атамзаманғы бірнеше темір түтік мойындарын көкке соза андап, машинамен жарыса дөңгеленетін тәрізді.
— Байырғы бір скважина орны-ау, шамасы?
— Дәл айтасың. Он алтыншы жылы Сардар көкеңнің ағылшын алпауытын арақтың шөлмегімен сабаған жері осы, қалқам.
Сардар мұртының шалғысын шиырып, сәл езу тартты:
— Ізбегім-ай, білмейтінің жоқ-ау. Оның рас. Жалғыз-ақ, сен оны жұрттан естіп жүрсің. Әйтпесе, он алтыншы жылы сен туған да жоқсың ғой.
Жанар әкесінің сөзін бөлді:
— Сонда бұл да сен бұрғылаған жер ме, көке?
— Солай еді.
— Жанар қарындасым, сол жағыңа қарашы.
Сол жақ бүйірдегі бұйырғынды биік төбе үстінде он-шақты құлаған қыстаулар қалып барады.
— Бұл — сонау жиырмасыншы жылдары Сардарград атанған шағын қыстақтың орны.
Жанар жадырай күлімдеп, құмарта сұрады:
— Мұнда кімдер болған?
— Мұнда Сардар көкеңнің бір жағы Түбекке, бір жағы Бөгетке созылып жатқан жеті қат жер астын жеті жыл тергеп-тексерген сейсмикалық экспедициясы тұрған.
Ізбек осылайша, кең жазира даладан көзге түсер бұдыр көрінсе болды, бірқыдыру әңгіме қып өрбітіп әкетеді де отырады. Бір қызығы — соның бәрі Сардар атымен байланысты. Бұл шынында да Жанар жүрегіне жақын, айта қалғандай әсем сырлар еді.
Жанар өз әкесін жете білем дейтін. Оған қақы да бар: ес білгеннен бергі бар өмірі үйде де, түзде де әке қасыңда өтіп келеді. Енді бақса, сол әке төбесі, төскейі көрініп тұрғанмен, кісі көзінен қағыс қала беретін қалтарыс-қойнауы түгесілмес зеңгір тауға ұқсайды. Жарықтық, адамның асылысың-ау!.. Сағаңа сарқып құяр шағыңда алыс-жақынның бәрін жаңа көргендей ғып, өз өміріңе көзбен де, көкірекпен де үңілтіп қойдың. Тек тыныс алар айларың көп, ақтық күнің алыс болғай да...
Жанардың жас буған денесі дірілдеп кетті.
Сағадан шыққан бетте бұлар теңіз жақпен төте тартып, Мұнайлының түстігіндегі Естөбе, Шонаш, Қармақарқылы Қаратон құлап кетті. Бұл жерлер екі жүз шақырымға созылатын әжептәуір ұзақ жол. Кей тұстар елсіз, сусыз; жолы одан бетер қиын: машинаның мүлде бауырын жаздырмай, тұсаулы атша секіртеді де отырады, Шонаш пен Қармақ арасындағы ойлы-қырлы орғыма грейдердің екі езуінде іркілдеп, он-сан батпақ сор жатыр; сәл табаның тайса, қылғып жұтып жібере жаздайды. Өздерінің бұл қиын жолмен неге жүргенін Жанар кейін түсінді.
Сардар Шонаш өндірісінің бүгінгі болмысына риза болмады.
— Өмір күн санап өзгереді, Шонаш-ақ өзгермейді екен, деп қынжылды ол.
Шонаш — Ембі кәсіпшіліктерінің ең реңсіздерінің бірі: сылауы түскен көне қыстаулар үйме-жүйме, бірінің үстіне бірі мінгеседі де тұрады. Үйлер арасында жөнді көше де жоқ. Отызыншы жылдардың басында осы жерге алғаш бұрғы салғандардың ішінде Сардар да бар-ды. Сол кезде бұрғышылар уақытша баспана еткен қалқима лашықтарда әлі күнге дейін адамдар тұрады. Оларды саз еденнен екі-үш қарыс жоғары көтеру Шонаш марқасқаларының ойына кіріп те шықпапты.
Сардар бұл халге ыза боп, Ізбекке біраз реніш айтты:
— Шырағым, мен осы сапарға сайрандап қайту үшін шыққам жоқ. Менде бір ғана мақсат бар. Қазіргі өзің секілді ел басқарып жүрген ер-азаматтар жұрт қамын қалай ойлайды екен: бүгінше ме, бұрынғыша ма? Соны білгім келген. Қарағым-ай, халің баяғы екен ғой!..
Ізбек қып-қызыл болды. "Қаз ашуын тырнадан алады" дегендей, Шонаш өндірісінің директорын шақыртып, Сардар көзінен тасалау жерде біраз шаңын қақты. Амал не, одан ұшқан шаң бәрібір өзін басып жатады. Асылы, ақылды, алғыр басшының өзгені сілкілеуді ғана мақсат етпей, өзі қоса сілкінуді көбірек ойлағаны абзал ғой!
Шонаштан шығып Қармаққа, одан Қаратонға келген жолдың екі жерінде бұлар мінген машина қалаға емес, далаға, дала болғанда — айдалада оқшау тұрған бір-екі молаға тоқтап өтті.
Екі мола да — Сардардың балалары, Жанардың ағалары; Сардар мұнай мұнарасын ойдан қырға, қырдан ойға сүйреп, дала кезіп жүргенде қаза болған ұлдары көрінеді.
Бұл жайға Ізбек қашаннан қанық; Жанар жаңа ғана білді.
— Осы даланы елсіз деседі жұрт, — деп жымия күлді Сардар, — мен үшін олай емес. Бұл даланың беткейлерінде менің сегіз ұлым мен қызым, әкем мен шешем, жар-зайыбым жатыр. Бір қаладан шығып бір қалаға келетініміз сияқты бір моладан шықсам бір мола шақырады да тұрады мені. Бұл аймақтың қаласы ғана емес, моласы да өзімдікі.
Қаратон көріністеріне Сардар көңілі толды. Әсіресе, өндірістің түгел автоматтанған Өзек бөлімшесіне қатты сүйсінді.
Қаратон — тағы табиғаттың бар қатыгездігін бір өзіне жинаған қиын жер, Ембідегі ең күрделі кәсіпшілік. Қаланың көзін аштырмай тұншықтырып, қыста қар, жазда құм борайды да тұрады. Кейде батыстан түтеп соққан долы дауыл жиырма-отыз шақырым жырақтағы Атырау толқынын сапыра шапшытып, жалынын сүйреп Қаратонға әкелетіні бар. Бір жолы Өзек скважиналары теп-тегіс су жамылып, теңіз астыңда қалған. Мұнайшылар да өңшең жүрек жұтқан ақиықтар ғой, белуардан бір ай су кешіп жүріп өндірісті бір сағат тоқтатпады; теңіз суының бетін жыбыр қақтырып, қара жерді қалтыратты да тұрды.
Айтатыны жоқ, Қаратон прометейлерінің қиындыққа қасарысып, өз кәсіпшілігін өңдендіруге сіңірген еңбектері шаш-етектен. Өндірістің теңіз жақ сыртына көш-құлаш қып "қытай қорғанын" салып алыпты: бүгінде Өзек скважиналарының бәрі қатерсіз, биік бөгет тасасында тұр. Онымен қоймай, жүз скважинаны он оператор орнына бір-ақ оператор басқарып, әрқайсысының қимылын алдындағы айнадан көріп, қас қақпастан бағып отыр. Бұрын ол әр скважинаның хал-күйін үйден шығып, қасына барып білсе, енді әр скважина өз жайын бұған келіп, үйге кіріп айтады. Бұрын ол өз сменасының жеті сағатыңда өндіріс ішін шарлап, отыз шақырым жер жүрсе, енді орынсыз отыз қадам аттап баспайды.
— Ембі өндірістерін шетінен осылай етер ме еді, — деді Сардар қиялдана сөйлеп.
— Мақсат сол, — деді Ізбек. — Сөзсіз солай болуға тиіс.
— Ай, қарағым-ай, сөзсіз болса алдақашан істеліп біткен болар еді, қайдан сөзсіз болсын. Әлі күнге істен гөрі сөз көбірек қой, сөз көбірек!
Қаратоннан әрі бұлар Арна, Жарма өндірістерін басып өтіп, байтақ Үстірт үстіне шығып кетті. Үстірт — жүздеген шақырымға керіліп жатқан теп-тегіс кең жазық. Жолы қайсы, жолсызы қайсы — бәрібір: баллонға тиер бұлдырықтай бұдыры жоқ мол даңғыл. Сол даңғылмен құйындатып отырып кештете Жетісайға тақаған жолаушылардың ұзақ жол бойы көңілін ұйытқан нәрсе — бұл маңдағы бұрғылау ісі. Маң даланың қай бұрышына көз салма, — бәрінде барлаушылар: басына бұлт ораған болат мұнараларын жапалақ ұшпас жапан түзге жалғыз орнатып қойып, жер-көкті еңбек жырына бөлеп, думандатып жатыр. Мұны көрген қарт бұрғышының кәрі аруағы қозғалды ма, кім білсін, машинада отырған қалпы, кенет иығын қомдай дүр сілкініп, Ізбектің құлағына аузын тақап:
— Қайран дүние-ай, бір бес жыл ғұмырым болар ма еді!.. — деп қалды Сардар.
Осы сөз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармағанды, қызына жалт етіп, дереу бойын жиып ала қойды. Бір жақсысы — бұл сөзді күйзеліп, күйініп айтқан ештеңесі жоқ, қайта жарқын шыраймен серпіліп, жадырап күліп айтты. Сонда да тыңдауға ауыр сөз; Ізбек құлағының түбіне ине шаншып алғандай ыршып түсті. Естіп қалмады ма деп зәресі ұша Жанар жаққа көз тастады. Жанар әкесінің сөзін естімесе де сырын дәл ұққандай, қабағын қалыңдата ойланып, қоңырайып отырған; сонысын сездіргісі келмей, жүзін әрі бұрып әкетті.
Ұзақ жол, бірқалыпты дала түрі жалықтырды ма, әйтеуір Жанар жеңіл машинадағы артқы диванның арқа тіреуіне шалқалап қалғып кетіп еді, оң жағында отырған Ізбек оятты:
— Қарындасым, Жетісайға жеттік.
Сардардың Алматыдан шығарда Жанарға айтқан сөзіне қарағанда, оның осы сапардағы ең үлкен жұмысы — Маната сыртыңдағы, Атырау аңғарындағы Жетісайға келіп қайту; Жетісай алқабындағы аты жоқ бір шым қорған іргесінде бұдан аттай бес жыл бұрын Ізбек екеуі қаққан қазықты көріп қайту.
Сардардың осы қазық туралы ұғымы қазықтай нығыз, берік. Оның ұғымынша, бұл қазықтың астыңда Атырау теңізіндей шалқыған мұнай көлі бар. Сардар жұртқа осыны ұғындыру үшін жары жасын жұмсады. Қазық астыңдағы мұнай көлін дәлелдеген бар дерегі Сағада Ізбекке табыс еткен сафиян папкада сайрап тұр.
Сафиян папка әр тұста талай адамды сендірді. Соның бірі — Ізбек. Мұның сенімі әлі мықты: шым қорған түбіндегі қазық қопарылып кетпесе, мұның сенімі міз бағар түрі жоқ. Сол сенімге сүйеніп, жуық арада күллі мекемесімен біржола осы маңға көшіп келгелі жүр.
Жетісай тек Ізбек қана емес, кезінде талайлардың ой-мақсатын баураған. Бұл аймақ бұдан бұрын бірнеше мәрте бұрғыланған. Ең соңғы бұрғы былтыр ғана салынды. Екі мың бес жүз метр тереңдікке барып, мұнайлы қабатқа жетті. Бірақ, аттырып қарағанда бір қасық май шықпастан күллі еңбек зая кетті. Қазір бұл жерден Ізбектен басқа геологтардың көбі күдер үзе жаздаған-ды.
Сардар керісінше: көзінің тірісіндегі бар арманы — Жетісай. Қазіргі келген мақсаты да сол — бұрынғы қазығын нығыздай түсіп, Ізбектің келер күндерге деген үміті мен сенімін сол қазыққа шиелеп байлап кету.
Әкесінің аңыздауына қарағанда Жанар Жетісайды жер бетінің құты, шұрайы деп білетін. Түгі де жоқ, күн қақтаған сардала. Кеудесінде қыбыр еткен тіршілік иесі көрінбейді. Жым-жырт құлазыған бір ғана шым қорған, оның іргесінде ұқыппен қағылған бөрене қазық.
Сардар қорған түбінде қынжылып тұрды. Өзін көшіп кеткен елдің жұртына келгендей сезінген-ді: қорғанды айналдыра әр жерден салынған екі-үш бұрғының орны — құлап қалған құдығы ғана жатыр. Бүгінде бұрғылау экспедициялары түгел басқа жаққа ойыса көшіп кеткен. Қазір олар Қияқ, Төбешік, Қараған сияқты шалғай шеттерді бұрғылап жүр. Барлау басқармасының да бір назары солай ауған. Ізбек басқаруға тиіс жаңа трестің не тындырарын кім білсін, әзіргі хал әлгідей көрінеді. Осы жайға қатты толғанған Сардардың
Жетісайдағы шымқорған түбінде Ізбекті оңаша шығарып алып, оған қызынан жасырып айтқан сөзі мынау болды:
— Ізбек інім, мен осыдан барған бетте операцияға жатам. Өлермін, сірә!.. Өлмесем, осы араға өзім келіп бұрғы салам. Өлсем, өзің ал қолыңа! Қазақтың көбі мансапқа құмар. Сен өйтпе! Мансабыңды талақ етсең де осы араға кел, бұрғы сал! Келем дейсің ғой өзің. Мұның — ерлік. Тек осы бетіңнен қайта көрме! Сенен ақырғы тілегім болсын!
Содан соң Сардар күрең көзімен Ізбек бетін оттай шарпын, сұстана, қадала қарап аз тұрды да, оқыс жадырап:
— Егер осы тілегімді орындамай кетсең, ақыретте алдыңнан шығам да жағаңа жармасамын, білдің бе! — деп, қасы мен мұртын кезек желпіп, жапан даланы басына көтере нажағайдай сатырлап, саңқ-саңқ күлді.
Шымқорғанның арғы жағынан естілген әкесінің шат даусына масайрап, Жанар да солай басты.
IX
Жалғыз терек!
Сардардың Ембіден аттанарда келіп, ат басын тіреген жері — Қаракөлдің қау өскен қалың шалғынының нақ ортасындағы жалғыз терек!
Сардар, Жанар, Ізбек Жетісай жақтан кері оралған жолында Шағыл, Сары, Нар, Сәбіз, Шоқпар, Ақат өндірістерін аралай отырып Мұнайлыға түнделетіп келді де, оған көп аялдамай, Қаракөлге суыт аттанып кеткен. Сонда іздеп жүргені — осы бір жалғыз терек.
Жалғыз терек!..
Кең дүниеде талай белгі бар шығар, бірақ Сардар үшін осынау жалғыз теректен сырлы бедер жер бетінде жоқ.
Жалғыз терек — Сардардың басынан өткен балалығының, шыбынсыз жаз секілді жастық шағының аяулы белгісі, сан қилы сұлу сезім мен сырдың үнсіз куәсі.
Сардар бұл теректі Құйылыс жақтан арнайы әкеліп, осы араға өз қолымен еккен. Ол кезде бұл тоғызда болатын. Алты жылда жас терек жапырақ жайып, мәуелей өсті. Сардар он беске келді. Он беске келді де қол жұмысына араласты: Мәтенқожа маңындағы Май деген жерден мұнай іздеген барлау экспедициясында жұмысшы болып жасады. Үйі сол өзі еккен жалғыз терек түбінде, жұмысқа сол арадан қатынап тұрды. Осы арада алғаш махаббат таңы атты. Осы арада ол түңғыш рет бақыт дегеннің не екенін білді. Бақытсыздықпен де алғаш рет бетпе-бет кездескен жері осы — жалғыз терек түбі: әке-шешесі осы арада көз жұмған.
Жиырма бес жасында Сардар жалғыз терегімен қош айтысып, біржола Ембі даласына көшті. Мұнда көшіп келгеннен былайғы он жыл бойына Сардар өзі туған ауылға — кіндік кесіп, кір жуған, ержетіп, ат жалын тартып мінген жеріне — жалғыз терекке жыл сайын қатынап туратын. Он жыл ұдайы жылына екі рет — көктемде бір, күзде бір келіп-кетіп жүрді.
Көктемде келгенде жалғыз терек жасыл желек жамылып, маңын сырға, сыбырға толтырып, желкілдеп тұрады. Ал, күзде жапырағын желге ұшырып, мұң төгіп, Сардарға әлде-бір нәзік наз айтқандай болатын. Сардар өз терегінің әсем ажарынан айырылып, жапырақсыз сида бұтақтары жел өтінде сызғыра зарлап тұрған қалпына біраз өкінеді. Бірақ келер көктемде теректің қайта құлпыратынын біледі де, одан көзін аударып, терек түбіндегі өзі туған тас пәтерге қарайды. Терек жылдан жылға мәуелей өссе, тас пәтер жылма-жыл мүжіліп, жерге шөгіп бара жатады. Бір жолы көргенде шашын алғызған кісідей ескі үйдің төбесі сыдырылып, төрт қабырғасы ғана қалған секілді еді. Содан былайғы отыз жылда Сардар бұл жерге ат ізін салмастан кетті.
Рас, Сардар үйіне кезінде ел адамдары жиі келіп, қона жатып жүрді. Ол өз аулындағы өзгерістерді солардан естіп, біліп жүрді. Бірақ арнайы іздеп келіп, туған ауылын өз көзімен көрмегеніне тура отыз жыл болды.
Көрмейін демейді; тірі кісінің ісі біткен бе, жылдың төрт мезгілінде Сардар өндірістен ұзап ешқайда шыға бермейтін. Демалыс кезінде курортта, немесе Жайық, Теңіз жақта тынығып қайтып жүретін...
...Міне, сол ауылына отыз жылдан соң оралған беті — осы. Ауыл табиғаты сырттай қарағанда бұрынғы қалпында: Тайсойған мен Бүйректің тортадай туырылған қызыл шағылы жал-жал үюлі жатыр. Тайкеткен мен Жусанды ойдың, Кезауыз бен Шығырдың сулары да бәз-баяғысынша мол, терең. Биыл жазғытұрым мықтап тасыған-ды. Тек Сырым бөгетінің ағаштары ғана сиреп, бұрынғысынан біраз аласарған тәрізді. Болмаса, үшашаның айдыны Сардардың бала кезіндегідей жарқырап, бетінен үйрек-қаз ұшырып жатыр.
Сардарға аса ыстық көрінетін Тайкеткен өзенінің шығысындағы шағылдан әрі жатқан кең көгал — Ақкөл алқабы. Бұл бір кезде Сардар ауылының жайлауы еді.
Сардардың жас кезінде жағасынан кетпейтін өзені Тайсойғанның қалың құмын тіліп өтетін Жарыпшыққан. Бұл бір қызық өзен. Шілденің шыжыған ыстығында құмға аяғыңды әрең басып, жағасына келсең, мөлдіреп аққан тұп-тұнық таза су тап-тайыз көрінеді Мөлдірлігі сондай, суда жүзген шортан жағадағы адамнан үркіп жасырынар жер іздеп әлекке түседі. Өзен түбі бетінде жатады; суы әрілегенде тізеден ғана келетіндей. Соған енді шешініп түсе қалдың бар ма, шым батасың да кетесің. Үш кісі бойы терең су таза, әрі сап-салқын, рахат...
Жарыпшыққаннан бөлініп ағатын жіңішке жылғаны Сарыөзек дейді. Сарыөзек жіңішке болғанмен суы мол, терең жылға; мың бұрала ағып, Ақкөлге құяды. Міне, дәл осы Сарыөзектің Ақкөлге құяр сағасында Сардардың жалғыз терегі тұр.
Терек иесін отыз жыл көрмедім деп жатырқар емес. Биыл көктеген жас жапырақтарын жалтылдата шулатып, иесіне талай жылғы түгесілмес мол сырын шертетін секілді. Жалғыз- ақ терек түбіндегі үй орнынан із-түз жоқ. Әлде сол жайды баяндай ма бұл терек?
Жалғыз терек!
Жапырағын желге тосқан, сыбыр қаққан, сыр ағытқан көктерек! Көркі қандай әдемі! Сардардың алыс көшкен, алдап кеткен, арманда өткен жастығының куәсі... Көркі қандай әдемі! Баяғы балапан жапырақтары жылдар керуенін үстінен өткізіп жіберіп, өздері бояуын өзгертпестен бірқалыпты сырлы, шулы күйінде қалып қойғандай; төңірегін сол баяғы азан-қазан үнге, сыбырға толтырады. Түгесілмес құпиясы қандай көп...
Терек түбінде ізсіз жоғалған үйді мекендеп, осынау теректі саялаған адамдардан тірі жүрген тек Сардар ғана. Оның да бір аяғы жерде, бір аяғы... Сардар өзінің оқыс туған ойынан өзі шошып, байқаусызда қызын бір барлап алды да, терек көркін тағы тамашалады: баяғы ажар... бірінің ізін бірі басқан, біріне бірі ұласқан үзілмес өмір желісі ғой мынау. Табиғаттың мәңгілік ғұмыры осы да!
Сардарға теректің әр бұтағы таныс. Бұтақтар бұрынғы шыбық қалпынан бүгінде біраз жуандап, толысып, көкке бойлап, биіктеп кетіпті; мәуелеп өсіпті. Тек жапырақтар сыбдыры бұрынғыша. Жалғыз-ақ осы сыбдырды Сардар кәдімгідей тосырқап, тіпті жатырқап қалыпты. Терек қасыңда ұзағырақ тұрып, со бір өткен күндерді еске алған сайын терек сыбдыры да бірте-бірте Сардардың өз сырына, өз құпиясына айналып келе жатқандай.
Сардар өз терегіне қарап тұрып, дүниедегі баянсыз ғұмыр, мәңгілік өмір туралы ұзақ-ұзақ ойға шомды. Өз көңілін барласа, ренішінен қуанышы көп; жек көргенінен жақсы көргені көп екен. Соған шүкірлік етіп, қасыңдағы екі жолдасына — туған қызы мен Ізбек інісіне сездірмей, осынау өзі алпыс бес жыл өмір сүрген жарық дүниемен — көктемнің кілемдей құлпырған шиыр шүйгін жерімен, көк торғындай үлбіреген әсем айдын аспанымен бір түрлі... үнсіз қоштасқандай, астыртын бақұлдасқандай халде еді.
Ғұламаның сөзі бар: өлер болсаң артыңда мал қалмасын, тал қалсын! Одан әрі былай депті сол жүйрік: көзіңнің тірісінде егіп өсірген бір терегің өлгеннен кейінгі ғұмырыңды екі мүшел ұзартады...
Сардар бұдан елу алты жыл бұрын өз қолымен отырғызған көк шыбығының бүгінде өзі шар тартып, айдыннан аралға ыққан кемесі қайырлай жаздаған шақта құшақ жетпес көк терек боп жайқала қарсы алғанын... және сол теректің жапырыла жаздаған Сардар аспанын жалғыз өзі тіреп тұрғандай құдіретін көріп... көзінен жас шыққанша қуанып қайтты.
Машина қозғала бергенде "Кетпеші" дегендей жабыла жаутылдап, жан ұшыра тыпыр-тыпыр ете қалған жапырақтар үнін Сардар көкірегіне күй қып құйып әкетті...
X
Алматыға қайтып келісімен дәрігерлер Сардарды ауруханаға алып, операцияға дайындады.
Әкесіне операция жасайтын күн Жанар үшін аспанның жерге құлап түсетін күні сияқтанды да, оған дейінгі әр күн аптадай жылжып, Жанарды күндіз-түні бірдей азаптап, мүлде өтіп болмады.
Ақыры, міне, операция күні де келді. Жанар түні бойы кірпік ілместен, көрер таңды көзден атырып, елең-алаңда ауруханаға келді. Ойы — не де болса, қашан операция аяқталғанша сол маңда болу.
Дәрігерлердің кешегі ұйғарымы бойынша бүгін сәскеде Сардар операция столында жатуға тиіс. Бұл туралы тағы сұрап, тиянақтап алғысы келгенмен, Жанардың батылы бармады. Тіпті осы жайды ойлаудан жасқанды. Әкесін аяды. Әйтеуір күту, не болғанда да көзді жұмып күту! Жанардың бүгін қолынан келері сол ғана.
Күн шықты.
Көше де күндегідей көңілді. Ағаш жапырақтары алақандарын сәулеге тосып, болмашы лепке тыпыр-тыпыр етіп елбіреп тұр. Тек не керек, осынау рахаты мол кең дүние бүгін Сардар үшін ғана бір уыс.
Мұны ойлаған Жанардың көз алды бұлдырап, басы айналып кетті. Дәл осы мезетте ол отырған босаға сықыр етіп, есік ашылғандай болып еді; енді бірде әкесі алдында тұр; жирен жүзі оңып кеткен, бормен бояғандай аппақ, жүдеу.
Жанар отырған орнынан бір белгісіз күш қаңбақ қып көтеріп әкеткендей ұшып тұрды да, өзін баураған ұйтқымалы сезімнің не қуаныш, не қорқыныш екенін білместен, шап беріп әкесінің кеудесіне жармасты:
— Көкежан-ау, мұның қалай? Неге тұрып кеттің?
Қызының басын көкірегіне сүйеп, құдды тұлыбына ыңыранған боз маядай болған Сардар:
— Жалғыз балапаным-ай! Мені сыртымнан күзетіп, бағып жүргенің-ау, садағаң кетейін-ай, — деп даусы дірілдеп, айналып-толғанып, бірақ еркек кісінің тек тарыққанда ғана жылт етер ащы жасын Жанарға көрсетпей ішіне жұта берді. — Қайтесің бүйтіп, өзіңді өзің жеп? Түу, аз күнде не боп кеткенсің өзің, азып-тозып... Жүр, үйге жүрші!
— Не дейсің, көке, біржола ма?
— Жоқ, жұлдызым, тек бүгінше ғана. Бүгін түс қайта университетке Оразов деген біреу Ембі жайынан диссертация қорғайтын көрінеді. Бейтарап қала алмадым. Барып, тыңдап, кешке қайта келмек болдым.
— Дәрігерлер рұқсат етті ме?
— Көнді. Әрең келістім.
Сол күні түс қайта Сардар университеттің ғылыми советінде Қабеннің диссертациясын талқылауға қатысты.
Жанардың мұндай мәжілісті бірінші рет көруі еді. Бір түрлі салтанатты, сәнді мәслихат болады екен. Ғалымдар-ақ байсалды, бапшыл: сөздері өздерінің жүріс-тұрысы секілді паң, тіпті самарқау, салғырт, бірақ нығыз, парасатты. Осы жиналыстың аяғын ала ғалым боп шыққалы тұрған диссертант жігіт те ділмар, білімдар; желсіз күнгі тымық теңіз бетіндей жым-жырт отырған зал толы жұртты кіріспе сөзінің өзімен-ақ баурап, жиырма минут ішінде төрт-бес дүрліктіре ұйтқытып-ұйтқытып алуы тегін бе?
Задында, адам бойындағы асыл қасиеттің бәрі ақылда; ал, ақыл көзі білімде жата ма, қалай? Диссертант көзілдірігін мұрнының ұшына қондырып, мінбеге шыққан соң-ақ ұзамай соны дәлелдеді. Шешен жігіт. Баритон домбыраның бәсеңдеу бұралған шегіндей ақырын дірілдеп естілетін майда қоңыр үнінде ағыл-тегіл сыр жатыр. Жаратылыс, жер жайынан соңғы төрт жылда Жанар да бірқыдыру мағлұмат алған. Сөйтсе де, мына жігіттің жер үстінде — үй ішінде тұрып жер астының құпиясына сүңгуі бөлек: қабырғаға ілінген қара тақта, ақ қағаздар түп-түгел қырық қыртыс жер жыныстарына айналып кетті. Мұнай миграциясы дәл осы арада — көптің көз алдында болып жатқандай. Мұнайлы қабаттың қысымын күшейтетін су, газ, солардың күшімен жоғары лықсыған май; құм басқан мұнай қайнарын гидравликалық жару — үш мың метр жер астын бетінде тұрып тілімдеу; таспадай тілінген коллектордан шыпшып өнген мұнай... Осылардың бәрін диссертант тыңдаушылардың көз алдынан өткізіп, санасына сіңіріп тұрды.
Шын ғалымдар адал, әділ: Оразовтың диссертациясын төреші атаулы тегіс құптап, орнымен бағалап өтті.
Жанарға осының бәрі заңды көрініп еді, амал не, қасыңда отырған әкесі жоқ жерден көтерілді де, оқымыстылар мәжілісінің шырқын бұзып, аяқ астынан ойран ботқасын шығарды.
Сардардың сөйлеймін деген ойы жоқ-ты. Әкесінің сөйлеуін Жанар да күтпеген.
Дүниеде не көп, күтпеген құбылыс көп: әне, залдағы жүз көзді өңменіне жүз найзадай кірш-кірш қадап алып, барлығын бір кеудесімен шірене тіреп, Сардар-әке мінбеде тұр...
Жанар жұрттан қысылып жерге кіре жаздады. Әкесін аяп тағы өртеніп барады. Көп ішінде бұғып отырып, мінбеге көзінің астымен үрке қарады.
Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ: ресми төрешілер де, ресми емес төрешілер де жағалай мақтап жатқан диссертацияны Сардар жалғыз шығып ап, қатыгез қайсарлығына бағып сабалап, жүндей түтіп тұр. Оның сөзін шыған тоғайда біреу болмаса, тыңдаушылар ап-ашық жақтырмай, көп адам тіпті тыңдағысы келмей, залды жыңылата дабырласып жатты. Жанар одан сайын ұялды. Әкесін бұрынғыдан бетер аяды. Оның сөзін өзі де қабылдаған жоқ. Мүлде орынсыз! Дегенмен, не шара, ренжуге болмайды, туған әке... Жо-жоқ, туған әке деген не? Жанардың діңкесін құртатын Сардардың туған әкелігі емес, науқастығы: өлі мен тірінің арасында, ертең пышаққа түскелі тұрып жиналысқа қатысу, мінбеге шығып сөз сөйлеу, ол ғана емес-ау, күллі жұртқа қарсы топырақ шашқандай болу... Әлдеқайдағы бейтаныс біреуді жерден алып, жерге сала сынау... Осылар неге керек, жаным-ау? Ай, көкетай-ай, кейде кісі сүйер құлқың... Тек! Не деп барасың, Жанар?!
Жанар тілін тістегендей болды. Осыдан кейін де өз сезімімен өзі арпалысып, қара терге түсті. Әкесі қасына келгенде бұл бір түрлі алқынып, демігіп отырды. Кеудесінде жүрек дүрсілдеп тұрған жоқ, әлдекім жұдырықтап жатқандай...
Дүниеде не көп, күтпеген құбылыс көп: мінбеге аспирант шықты да, залды таң қалдыра үн-түнсіз Сардарды құптай бас иіп, тек соның сынын қабылдап, өз бақытынан өзі теріс айналды. Оның бұл мінезі өзінен жұртты тегіс айналдырғандай. Күтпеген жерден ала-топалаң, шырғалаң бір жай болды да қалды.
Бұ несі! Бұл неткен ырғылжың? Мынау мүйіз көзілдірікті қарасұр жігіт те бір түрлі кісі түсінбес қияс, қырсық біреу боп шықты ма, немене? Бұ не болғандағысы? Өзінің үш жылғы жұмыс нәтижесін өзі жоққа шығарып, өзін мақтаушылар мен жақтаушыларды құптамай, өзіне қарсы кісіні қолдау деген Жанар ғана емес, осынау зал толы жұрттың бір де бірі көрмеген, білмеген шындық.
Бұ несі? Жоқ, тоқтай тұршы, бұ несі деген не? Бір реттен, бұл жігітте не бар, амалы қайсы? Өзі құлағысы келді дейсің бе, өзге ғой. Жанардың әкесі ғой құлатқан... Мұнда не шара бар, қайтсын енді?..
Ақыр-аяғында Жанар диссертантты аяды, мықтап аяды. Тек не керек, оған қол ұшын берер қауқар жоқ.
Бар қолынан келері — аяу.
Жанар ғылыми советтен өзін өрттей шарпыған осындай ұйқы-тұйқы сезіммен шықты.
XI
Жанардың өзгені аяуға енді мұршасы да болған жоқ, сол күннің ертеңіне түске таман операцияға жатқан Сардар түс қайта мәңгіге көз жұмды.
Қайран дүние-ай!
Дүние — қызыл түлкі бұлаңдаған,
Өтер деп дүниені кім андаған?
Жоқ, андайды; жарық дүниенің уақытша екенін тірі пенденің бәрі андайды. Тек екінің бірі соны біле тұра білгісі келмейді, әдейі, жорта білгісі келмейді.
Абзалы білу керек! Адам адамша өмір кешу үшін, залым болмай жалын боп өту үшін, күйкі қыбыр емес, ірі қимылдар жасау үшін, кеуде толы дірілдеген ар, адалдық, адамдық болу үшін, білу керек!
Жә, біле тұра білмеген жөн. Өлімді емес, өмірді ойлау үшін, өзіңді ғана емес, өзгелерді ойлау үшін, жұртқа пайдалы еңбек ету үшін, дүниеден жылап өтпей, күліп өту үшін, біле тұра... білмеген жөн.
Сардар осының екеуін де істеді: білді, біле тұра білмеді, сонымен өтті дүниеден. Бір кереметі — иілмеді, ажал алдында да тілерсегі дірілдемеді, биік бойлап, шалқая тік шырқап барып, шар болатша шарт сынды.
Жанар әкесінің өлгеніне алғашқы бетте сенген жоқ. Ол көңіл күдігін операция сәтті бітер-ау деген үмітке көп жеңдіріп еді, содан ба? Әлде, әкесін қимағандықтан ба? Әйтеуір Жанар ақшапандылар арасында тұрып, олардың бұған қылмыс жасағандай ыңғайсыз күйде — "Болмады, қолдан келмеді" дегеніне мүлде сенген жоқ: әрқайсысының бетіне кезек-кезек бедірейе қарады да, тілі байланғандай үн-түнсіз тұра берді.
Содан Жанар күн ұзағына аурухана маңынан кетпей, сенделіп жүрді де қойды. Іші қуыс қоңырау секілді қаңырап бос қалды; сезім де, сана да жоқ, жұрдай. Көз жасы да тартылып, суалып біткендей. Кездесе қалған таныстар болса, бір түрлі безеріп, оясыздау қарайды; қарайды, бірақ солардың бірін де жөнді көрмейді. Оларға тілдесудің бабын тағы таба алмайды.
Осы хал бір тәулікке созылды.
Ертеңіне ол табытта жатқан әкесінің сұрғылт жүзін көрді. Тек осы арада ғана көңіліне үрей шауып, кенет сұмдық көргендей шошып, көзі ұясынан шыға шатынап ұмтыла бергенде табыт маңындағылар оны қолтықтай алып, екпінмен ілгері қарай бірге лықсыды. Жанар сол ұмсынған бойымен әкесіне төніп, "көке, неғып жатырсың" дегендей іштей күбірлеп еңкейе беріп еді, көз алды ылғи бір жарқ-жұрқ ағып түсіп жатқан ақ оттарға толды да кетті... Арғы жағын біле алмай қалды.
Содан есін тағы да бір тәуліктен кейін жиды.
Бұл былай болған еді.
Жанар үшін көз алдындағы қара үңгірге өзінің жүрегі көміліп жатқандай. Ол көрге де қиналмай, қабақ шытпай шалқалап түсіп бара жатқан әке жүзін ең соңғы рет бір көріп қалмақ боп, бар пәрменімен ақырғы рет жан ұшыра жұлқынды. Екі жағынан екі адам дәл кешегі сияқты тағы да тас қып ұстай алды. Осы сәтте ол көрдің арғы ернеуінен дәл өзінше жұлқынып, табытқа ұмтылып тұрған бейтаныс жас жігітті көрді. Оны да екі кісі екі жағынан сүйеп, ілгері жібермей тұр. Ал, анау безек қағады. Бұ кім? Тоқта! Ойпырым- ау, мына кісі... Бұдан үш күн бұрын университетте Сардар сынаған, диссертация қорғай алмай құлаған жігіт қой мынау... Не істеп тұр? Өзін аямағанды бұл аяй ма, немене? Я, солай: қабірге табытпен бірге түсе жаздайды. Бұл қалай?..
Осынау оқыс таңдану Жанарды жаншып тұрған зіл қара-кесек қайғы салмағын әлдебір қуатты топшымен түйіп-түйіп қап, бір сәтке болса да ысырып әкете жаздағандай еді.
XII
Сол жігіт міне, Жанарды іздеп тауып, тағы таңданып тұр:
— Сардар аға көзінің тірісінде нені іздеп еді?
— ?
— Соны іздеймін!
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ҮШІНШІ ШЕГІНІС
I
Мұнайлыға поезд тоқтады.
Алматы вагонынан бір ғана Қабен түсті: жеңіл чемоданын жерге қойып, перронда қарбаласқан қалың жұртқа мұрнының ұшындағы мүйіз көзілдірігінің үстінен қарады, бірақ ешкімді іздеген жоқ.
Әдетте, Алматы вагонынан түсетін жолаушылардың екі түрі болушы еді.
Бірі — оқудан қайтқан шәкірттер. Ондайда ата-ана, туыс-жекжат түгел дүрліге поезд күтеді; жыл сайын мінезін, яки қылығын, тіпті болмағанда киімін өзгертсе де, әйтеуір бір жаңалықпен келетін жас қызға, не бала жігітке жаппай, жамырай ұмтылып, жаудыраса қарап, вагон баспалдағынан жүлып әкетіп бауырларына басып, мәре-сәре боп жатқаны...
Жүргіншілердің екінші түрі — бұл өңірге қызмет бабымен келетін астана әкімдері. Оларды қарсы алу өзінше бөлек: вокзал іргесінде өндіріс басшыларының кенеп бүркемелі жеңіл машиналары тұрады да, вагон алдында әшейіндегі ауыр қалыптан әжептәуір жеңілденіңкіреп кеткен бастықтардың өздері әбігерленіп жүреді.
Вокзал маңындағы бесеует адамдар, әсіресе Сағаға бара жатқан тамыр-таныстарына үнді шайын тауып әкел деп ақша қосқалы жүрген шайқор қатыңдар әр нәрсеге көз салғыш, мән бергіш келеді. Олар — бірі аузын сылп еткізсе, екінші саусағымен бетін сызып, — таңданбасқа таңданып, өздері үшін әлгібір үнді шайының түйіріндей пайдасы жоқ бос сөздерін желдей гулетуге жалықпайды-ақ:
— Бекет, Қоңыз мұртты қара!
— Көктемегір, ит қуған тайлақтай желпілдейді де жүреді екен.
— Тапап өтердей тасыраң-тасыраң етеді.
— Шынында да қырар мынау, майтоп қылар бізді...
— Бетім-ау, Қоңыз мұртқана емес, бастық атаулының бәрі босып жүр ғой.
— Қонақ келетін болды-ау, шамасы.
— Ибай, ие... Біздің үйдегі бірдеңе деп отырған түнде, кіндіктен бір дырау келетін көрінеді.
Сол екі арада Алматы вагонынан "дыраудың" өзі түсіп жатады. Жұрттың бірқатары аңтарыла тоқтап, бір бөлегі лықсып қалып, бәрі бірдей "дырау" жаққа қарайды. Вагоннан машинаға жеткенше Мұнайлы мықтылары құрметті қонақты қызғыштай қорып, сырт көзден жасыра қоршап, қаумалап болады. Бұрын осы маңда әр түрлі қызметте болған, бүгінде өндірістің шаруашылық жағын басқарып жүрген Әли Ғалиев деген бір орта жастардағы төртбақ қара (лақап аты — Қоңыз мұрт) тіпті көзін бадырайтып, қораздай қолдиып, ойқастап, әлгі "дырауды" маңындағыларымен қоса қорғаштап, жалпы жұртқа жағалай тыжырынады. Және не пәле болса да осы жұрттың үстінен емес, астынан өтіп келетіндей, Қоңыз мұртәйел-еркектің бетіне қарамастан аяқ жағын тінтіп, балтырлардың арасынан сығалап, әлдебір жат сыр аңдып, жаманшылық шақырып, төңірегін түгел көзімен ішіп-жеп бара жатады.
Бірақ мәніс білетіндер Қоңыз мұрттың бұл құлқына көп ыссылай қоймайды, өзара жайбарақат күбірлесіп:
— Осы байғұстікі әдет-ау?
— Әдет, сүйекке сіңген әдет қой.
— Ауру қалса да әдет қалмайды деген осы... — деседі де, бұрылып жүре береді.
Рас айтады: Әлидікі әшейін әдет қана. Әйтпесе, бұл қалада жолаушыға зақым келтірер жат әрекеттер жоқ.
Бүгінгі жолаушы әлгі келгендердің екеуіне де — шәкіртке де, әкімге де ұқсамайды. Вокзал басында бұл бейтаныс жігітті қарсы алған ешкім болған жоқ. Ондай қошаметті бұл да күтпеген-ді; перрондағы қалың қарбаластан шеткерірек шығып, бір оңашалау жерге сәл аялдады.
Күз аспаны көкмұнар, кірбің. Жер де жіпсілең, аласабыр. Жаңбыр ашылған, бірақ теріскей тұста жербауырлай жылжып, қоңыр қойдың түбітіндей қопсыған дода-дода бұлттар көшеді. Ауық-ауық сүйреңдеген от қамшылар түбіт бұлттарды тіліп-тіліп өтеді. Дәл төбеден аспанның өзіндей жалпақ қаңылтыр жапырылғандай, сатыр-сұтыр күн күркірейді. Дымқыл ауада топырақ иісі бар: бір түрлі самиян, рахат, кеудеге саулап құйылған кең тыныс.
Вокзалдың құбыла бетіндегі биік қырқадан күн асып түскен-ді: аспанның жермен тұтасқан жиегі мыс жалатқан қорғасынға ұқсайды. Дал сол шалғайдан жалпақ басқұр лақтырылып, садақтай иіле бере ауада асылып қалған. Бұл — кемпірқосақ. Қызылды-жасылды әсем жолақ, сұлу шұғыла түрлі түсті бояуларын енді-енді айқындап келеді; қалаға кірер ауызға құдайдың өзі орнатып жатқан қиял-ғажайып қақпа ма дерсің.
Осыған оқыс әсерленген Қабеннің тұнжыраған ойлы жүзінен жып-жылы нұр себездеп, аз-кем көңілділік белгісі білінді.
— Армысың, жігітім? Алыстан келесің-ау тәрізі...
Қабен үн шыққан жаққа қарады: вокзал іргесінен бері сырық тастам жерде жирен айғырға жегілген жеңіл арба, арбаның үстінде көзі үясынан шыға бадырайған төртбақ біреу түрегеп тұр. Мұрны таңқы. Танауы делдиген таңқы мұрнының астыңда бар көлемі бармақ басындай ғана дөңгелек мұрты бар, онысы көмірмен бояғандай қап-қара. Сонда бұл мұрттан гөрі танауға жорғалап кіріп бара жатқан кәдімгі қара қоңызға ұқсап кеткен. Оны мынау үстіңгі ернінен ұшырып түсірмек болғандай қайта-қайта ыршыта қозғағанда көрген жанның көз алдында әлдебір ерсі құбылыстар болып жатады. Дегенмен Қабен күлмеді, үндемеді. Әлгі сөздің өзіне, не өзгеге айтылғанын да жөндеп аңғара алмай, аңырып тұрып қалды. Соны сезген Қоңыз мұртарбадан секіріп түсті де, оң қолын көтере бере ілгері созып, бейне көбелек ұстамақ болған баладай еппен, жұмсақ басып, Қабенге қарай жылысты. Өзі сөйлеп келеді:
— Ау, жігітім-ау, мұздай қаракөксің бе деймін? Амандық сұрасам, аузыңды ашасың. Мұның не, заңғар?
Қабен оның өзіне тіктеп келе жатқан кісі екенін біліп, етек-жеңін жиып ала қойды:
— Тоқтаңыз, сіз маған сөйлеп жүр ме едіңіз?
— Енді!.. — деп Қоңыз мұрткеудесінен біреу тіреп қалғандай кілт тоқтады да, себепсіз қырқылдап күлді. Тағы бір оғаш жері — күлгенде оның бетінде күлкінің елесі де жоқ, тек адамның өңменінен өте жылтыраған екі көзі ұясынан ыршып түсетін екі моншақ секілденіп, екі иіні құр селкілдей береді екен.
— Сіз мені қайдан білесіз? — деді Қабен әрі таңырқап, әрі тіксініп.
— Неге білмейін.
— Қайдан білесіз?
— Ау, заңғар, — деп Қоңыз мұртта күлкісін кенет тыйып алды. — Өзің бір тік бақай болмағай ең! Шекесінен қарап, осқырынғаны несі маған келіп-келіп... Ал, білмей-ақ қойдық!
— Білмесеңіз білмеңіз, соныңыз жақсы.
— Жоқ, білем, — деді анау қайта жабысып, — мен білмейтін нең бар сенің?
Қабеннің көңіліне күдік кіре бастады:
— Кім деп тұрсыз мені?
— Сен бе? Е, сен кім болушы едің құдайшұнақ, Сәм-сүгірдің Көсеуқарасысың. О несі маған барып!..
Қабен не қыларға білмей, ызамен сақылдап күлді.
— Күлме, — деді Қоңыз мұртшатынап, — одан да жүр, арбаға отыр, қалаға апарып салайын. Күткенім жайын еді, ауыма оралғаны алабұға болды, амалым қайсы. Жүр, арбаға жүр.
Дігірлеп алып барады, не істерсің бұған? Ашуланып, қол сілтегеннен не шығады, мына аласабырда жаяу батпақтағанда не болады?
Қабен арбаға бір-ақ секірді.
"Солай ма екен" дегендей Қоңыз мұртта солқ-солқ еткен жұмсақ пәуескеге домалана мініп, жирен айғырды жұлқынта аяңдатты.
Вокзал мен қаланың арасы екі шақырымдай жер. Бұл екі арада бүк түсіп жатқан биік доң, дөң үстінде үрпиіп-үрпиіп тұрған бір шоғыр мазар бар-ды. Қоңыз мұрттың арбасымен қалаға беттеген Қабеннің көзі бірден соған сүрініп, бойы тітіркенді: поездан түскен жолаушы вокзалдан шыққан бетте қалаға емес, молаға келе жатқандай болады екен. Дәл осы сезім тосын көз Қабенді ғана емес, тіпті Қоңыз мұртты да тітіркентті ме, кім білсін, жалт бұрылып, оң бүйірдегі жаңбыр шайып құлаған жемірген, қабырғасын қақыратқан ылғи бір тоқал тамдарды нұсқап:
— Мынаған біз де барамыз-ау бір күні... — деді де, онысына жауап күтпестен ізінше қайтадан әрі бұрылып, жирен айғырды жіңішке шыбыртқымен шылп-шылп қамшылап қалды.
Қабеннің ойын зираттан ажыратқан осы сөз болды. Өзі мынаған ыза боп, әрең отырған: "Құдай ұрсын, — деп, іштей ащы мысқылмен күлді. — Сен өлсең дүние қараң қалар..."
"Біз де өлеміз-ау бір күні". Осы сөз неге керек екен. Осы сөзді Қабен көп естіді және ылғи бір тайыз адамдардан естіді. Өмірдің уақытша екенін, екі аяқтының бәрі түбінде өлетінін әсіресе көп айтатын — арман-мұраты өзі ішіп босатқан бөтелке маңында ғана мұнартып тұратын арақ-құмар антұрғандар, әуейі әулікпелер, немесе тірлікте анық мақсаты жоқ жігерсіз, ынжық, жылауық біреулер. Бұл — жалпы жай. Ал, Қабеннің өзі танитыңдар ішінен осындай өресіз, келеңсіз бірдеңелерді кейде Марғау айтушы еді. Енді, міне, мынау айтып келе жатыр. Бәсе, мұның да өрісі осы шама екен ғой!.. Апыр-ау, бұл шіркіндер өлетінін ойлағанша, өлгенше не бітірмек, соны неге ойламайды?
Дөңнен құлай берген бұлардың маңдай алдында күзгі кештің қоңыр көлеңкесіне мұнартып, Ембінің атасы атанған әйгілі қала жатты.
Бұл қала Қабенге әрі таныс, әрі бейтаныс.
Таныс болатыны — бұдан бес жыл бұрын Қабен бұл қалаға тұңғыш рет келіп, өндіріс тәжірибесінен өткен, өзімен университетте бірге оқыған Тайманмен бірге, Тайманның әкесі Дәуреннің үйінде бір жаз жатқаны бар.
Бейтаныс болатыны — Қабен ешқашан бұл қаланың тұрақты тұрғыны болып көрген жоқ. Соңғы бес жылда талай су ақты, талай жаз шықты, мұнайшы Ембіде сан қилы өзгерістер болды; бұл жігіт бәрінен бейхабар.
Сонымен, өткен жылдың күзінде бейтаныс қаладағы бейтаныс адамдар арасында ұзақ орын тебуге алыс Алматыдан бір жалғыз жігіт келді. Рас, бұл жігіттің туған жері, бір кезде ата-бабаларының тұрған жері осы атырап — Атырау аңғары; бірақ ата-мекенін іздеп келіп жүрген бұл жоқ, өз сөзімен айтқанда "өмір логикасы" жетелеп алып келді.
Мұнайлыда, әрине, Қабен келді деп селт еткен ешкім болған жоқ. Далада, жайлауда отырған ауылға келсе, ең болмаса ит үрер еді. Мұнда ол да жоқ. Жалғыз-ақ, айтқандарының ойын екені, шын екені белгісіз бір бадырақ қара байырғы танысындай бас салып жабысты да, қаланың қонақ үйінің алдына әкеп арбадан бір-ақ түсірді:
— Сен кіре бер, мен ат туарайын.
II
Қонақ үйдің қожасы — орта жастардағы ірк-ірк еткен семіз сары әйел (ернінің үстіне ерсілеу өскен қоңыр түбіт пен аздап сөкеттеу естілетін жуан даусын елемесек) қыз күнінде әжептәуір-ақ әрлі кісі болған шығар, бірақ сол бір кездегі бедерін бүгінде шикіл сары бетінде ғана қалдырып, басқа жағын жайына қоя берген секілді. Бет пішіні мен дене бітімінде үндестік жоқ Сондай-ақ түр-тұрпаты мен мінез-құлқы да бір-біріне қарама-қарсы: денесі ауыр болғанмен аузы тым жеңіл екен.
Қабен қонақ үйдің табалдырығынан аттаған бойда-ақ осы апасының қақпақылына түсті де кетті.
Кең вестибюль. Төбеде самаладай жайнаған люстра. Люстра астыңда төрт адам карта ойнап отыр. Қонақ үйдегі мейман атаулы осы ғана. Өйткені вестибюльдің екі қабырғасында қарама-қарсы тұрған төрт есік те ашық, төрт бөлме де бос.
Мейманхана дегеніңіз осынау он шақты ғана адамға арналған шағын-шағын төрт бөлме болуға тиіс.
Қабен үйге кіре бергенде бір бұрыштан әлгі Сары апай шыға келді де, сұқ қолымен ернін езгілеп:
— Тсс-с! — деді.
Аңырып тоқтай қалған Қабенді босағадағы бұрышқа серейтіп, тікесінен тік тұрғызып қойып:
— Ана қонақтардың мазасын алма, жай сөйле, — деп, тарғылдау еркек үнмен күңгір-күңгір етті де, өзі сол қонақтар жақтан бір орындық әкеліп, Қабеннің тізесінің деңгейіне екі аяғын айқастырып жіберіп, жайғасып отырып алды.
Апайдың не айтып жүргенін кім білсін, біріншіден, Қабен келді деп мазасызданып жатқан қонақтар жоқ, өздерімен өздері мәз, дөңгелек стол үстін кезек-кезек сарт-сұрт соққылап жатыр; екіншіден, Қабен жай сөйлемек түгіл есіктен кіргелі аузын да ашқан жоқ.
Сонда бұл апайы құрғыр неменеге шала бүлінеді? Онымен де қоймай:
— Бұл қонақтар Вали Галичтікі, қазір өзі келеді, абайла! — деп тағы сескендірмек болды.
Бірақ апайдың бұл ереуілдеріне Кабен сескене қойған жоқ, апайға тіс жарып, тіл де қатқан жоқ, тек оның қызығына қарағандай, көзілдірігінің үстінен сүзіле төнді де тұрды.
— Бұл әдірә қалғырда орын қайдан болсын? — деп өз-өзінен ренжи берді апай.
Қабенде үн жоқ.
— Қонақ үй дейтін қонақ үй де емес, сапарға шыққан мұнайшылардың аяқ суытып өтер жатағы ғана.
Қабен бұған да үндемеді.
Енді апай даусын бұрынғыдан да гөрі жуандата дүңк-дүңк етіп, ашулана бастады:
— Сен кімсің өзің?
Қабен осы арада ғана тіл қатты:
— Жолаушымын.
— Ей, құдайым-ай, көріп тұрмын ғой... Қайдан келе жатқан жолаушысың?
— Алматыдан.
Апай кенет сескеніп:
— Алматыдан? — деп қайыра сұрады.
— Иә.
— Госконтрольден емес пе?
— Жоқ.
Апай қайта нығыздала бастады:
— Командировка қағазың бар ма?
— Жоқ, өз бетіммен жүрген кісімін.
— Мұнайшымысың?
— Жоқ.
Дәл осы кезде, қай есіктен кіргені белгісіз, арғы жақтан Қоңыз мұртшығып, қонақтарға келді де, бірінің қолындағы картаны бас салып ұстай ап:
— Тоқта, заңғар, тоқта, ал, ұр! — деп қарсыдағы ойыншыны жекпе-жекке шақырғандай қасарып тұрып қалды. Енді бірде анау түскен картаны баспақ боп көтере берген қолын әуеде ұстап, мұртын қайта-қайта ыршыта қозғады да, жалт етіп есік жаққа адырая қарады: "Ә, келдің бе" дегендей. Қабен еріксіз күлді. Оған апай өзіне күлгендей шамданып:
— Неге күлесің? Орын жоқ, жүре бер жөніңе, — деп бір-ақ кесті.
— Неге жоқ? — деді Қоңыз мұрткөтерулі қолындағы көзірмен көршісі түскен картаны емес, тура апайдың өзін ұрғысы келгендей бері қозғалып: — Неге жоқ? Жоқ емес, бар орын!
Қабен ештеңеге түсінген жоқ, тағы аңырды.
Қоңыз мұртапайдың ту сыртынан төне берді де, оның семіздіктен шүйделенген мойынсыз желкесіне ажырая қараған қалпы, көзірін ту ғып көтерген қолы да аспанда, ізінше кері қайтып бара жатты:
— 0 несі келіп-келіп! Жоқ емес, бар орын.
Қоңыз мұртәрине ұрған жоқ, ал, апай төбеге ұрғандай толас тапты. Үні де бағанағыдай емес, баяу:
— Бері жүрші, қане.
Екеуі оң бүйірдегі пердеден әрі өтіп, апайдың жұмыс орнына келді. Жұмыс орны дегенде — бір көне стол, бірнеше орындық... Стол үстінде сия сауыт, қалам, қалған жердің бәрі кесек-кесек қалаш нан, білем-білем шұжық, тұздалған қияр, аршылған жуа, суыған шай... — Алайдың кешкі тамағы болса керек. Әлденелер жазатын қағаз, мұқабасы мүжілген бірер кітап, қалың дәптер — бәрі үйпа-түйпасы шығып, әлгілердің астыңда қалған.
Қабен стол үстіндегі тағамдарға бір, апайға бір қарап, үнсіз жымиып тұрды: байғұс шіркін, арықтап қалам деп қорқа ма екен? Бетінің орта тұсындағы алақандай жерде айта қалғандай әр бар. Жанары да жап-жас, көзінің ағы мен көгі айқын, кісіге қарағанда көл-көсір көгілдір от төгіледі; көз шарасында спирт жанып жатқандай. Бірақ не керек, шықшыт пен желкеге қарай кеткесін-ақ бәрі болбырап, былқылдап жайыла бастайды. Ал, кеудеден төменгі жақтың айтатыны жоқ, қос құшақ қатар қаусырып бірдеңе қылмаса, бірме-бірге мүлде игертер емес.
Сары апайға Қабен көзінің астымен қарап, бетінің орта тұсы мен көзіндегі жастықты өзге жеріндегі өрескелдіктермен салыстыра байқап, осы күйінің өзінен ертеректегі бедерін іздеп, тағы да оқыс ойға қалды: "қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?" Рас-ау!.. Задында, қатыңдардың көбі өздерін өздері бүлдіреді. Оның көзі тағы да стол үстіндегі нанға, шұжыққа, қиярға, жуаға, шайға түсті.
Апай төмен шұқшиып, әлденелерді ұзақ жазып отырды да, басын шұлғып қап, Қабенге:
— Жарар, анау төртінші бөлмеге бар да жат! — деді.
Қабен төртінші бөлмедегі екі кереуеттің жинақы, таза тұрған бірін меншіктенді (екінші кереует бос болмауға тиіс, жамылғы мен төсек арасынан таяуда тұрып кеткен әлдекімнің орны ояңданып жатыр).
Бөлменің шамы жарық, еденіне кілем төселген. Жайлы орын. Вокзал, Қоңыз мұрт, жирен айғыр, жеңіл арба, мола, Сары апай, тағы да Қоңыз мұрт... Байқап қараса, алыстан іздеп келген Мұнайлыға түскен бетте көрген-білгендерінің көңіл көншітері шамалы екен. Қабен денесі дел-сал боп, ұзақ жолдан шаршағанын осы арада ғана сезді.
Ол тез шешініп, кереуетке қисайды.
III
— Өй, жігітім ұйықтап қалғанбысың?
Қабен көзін ашып алды. Екі кереуеттің ортасында кескен томарға ұсап, бағанағы төртбақ кісі тұр; қалай қарасаң олай қара, — мұрын астыңдағы мұрт емес, танауға жорғалап кіріп бара жатқан қара қоңыз: маңдайда бақырайған көз емес, ұясынан ыршып түскелі тұрған қос моншақ. Өзі — құдды Қабеннің көне тамыры: етене, еркін.
— Қой, тұр! — деді ол. — Тұр! Мен байтоғыздардың езуін ырситып, ұтып келдім.
— Байтоғыз деген не? — деді Қабен орнынан тұрып жатып.
— Білмеуші ме едің? Әлгілер байтоғыздың қулары ғой! Сыриттым бәлем өздерін де... — деп, Қоңыз мұртқалтасынан бір уыс көкала қағаз шығарып, ұқыппен текшелей берді.
Дегенмен Қабен білгісі келді:
— Сонымен, байтоғыз деген ру болды ма?
— Дәл айтасың, жігітім. Ру. Менің қайын жұртым, — деп, Қоңыз мұртрахаттана күлген; тағы да бағанағы тұр — бетінде күлкінің елесі жоқ, сол ажырая сазарған қалпы, тіпті міз бақпайды, ал өзі шек-сілесі қата булығып, қырқ-қырқ етеді. — Бұлар шетінен даңғой, желөкпе келеді, — деп жалғастырды сөзін Қоңыз мұрт, — жуырда Жайыққа шомылып жүріп, "үйрек бойлаған жерге адам бойламай ма" деп, бір байтоғыз суға кетіпті, ых-ых-ых!
Өтірік айтса обалы Қоңыз мұртқа, ал "үйрек бойлаған жерге адам бойламай ма" деген ұғым шынында да айта қалғандай аңғырттық екен. Қабен бұған еріксіз күлді. Алайда Қоңыз мұртың байтоғыздарды баррикаданың арғы жағына қоя сөйлеуі біраз тіксіндіріп те тастаған еді: япыр-ай, бірін-бірі кекетпесе, мұқатпаса, бірінің сыртынан бірі сыпсың сөз жүргізбесе, көп қазақтың ішкені ас болмайды-ау?..
Қабен бөлмеге таза ауа кіргізбек боп, төргі терезені ақырын ашып көріл еді, сырты желкем екен. Терезе түбінен, үй іргесінен әрі қарай қалың ағаш — қалалық бақша; бұтақтары тырбиған аласа талдар майыса шұлғып, жапырақтарын жидегімен қоса шашын, ызғырыққа ыңырсып, бір түрлі бір мұң төккендей. Қабен терезені қайта жапты.
Қоңыз мұртҚабенге әлдебір ұсыныс жасамақ боп:
— Шырағым, — дей берді де, үзіп алғандай: — Айтпақшы, осы сенің ныспың кім? — деп қалды. — Және кімсің өзің, қайдан жүрген баласың, танысуға бола ма? Өзіңді арбамен тасыдым, бөлмеме паналаттым. Енді міне, жатар орнымыз бір, жөн біліскеннің айыбы болмас деймін, солай ма?
— Ешбір айыбы жоқ, — деп Қабен мұрнының ұш жағындағы мүйіз көзілдірігін сіргелігінен саусағымен итеріп, жоғары көтеріп еді, қолын алған бойда көзілдірік қайтадан сырғып орнына барды. — Бірақ сіз бағана вокзал басында мені біліп шыққан жоқ па едіңіз?
— Ых-ых-ых, — деп, Қоңыз мұртқайта қырқылдады. — Өзім де соны айтар деп ем-ау!.. Жә, оны қойшы, құдай-шұнақ. Түрің менің бір жиеніме ұқсағасын айта салып едім. Ал, қарақ, өзің кімсің сонымен?
Қабен енді көп қарсыласқан жоқ:
— Аспирант едім.
— Асперан? Аһа! Аты-жөнің кім?
— Оразов Қабен дегенмін.
— Кілт тура қал! Оразов, Оразов Қабен... — дегенде Қоңыз мұрттың мойнын былқ еткізіп, бір құлағын әлдекім жоғары тартып қалғандай болды. — Бір таныс есім. Жә, асперан болсаң бозды қайда тауыстың?
— Бозыңыз вуз ғой деймін... Алматыда бітіргенмін.
— Өй, тоқта, сен әлгі Тайман айтып жүрген жігіт болмағай едің?
— Болсақ болармыз.
— Мәссаған безгелдек! — деді Қоңыз мұрткөзін бұрынғыдан да гөрі тосырайта түсіп. — Сенің мұнда екеніңді Тайман біле ме?
— Жоқ, білмейді.
— Хабар қоймадың ба?
— Жоқ, хабарсыз келдім.
— Мәссаған безгелдек! — деп, Қоңыз мұртбағанадан бері кірпік қақпастан қанша тосырайғанмен Қабенді дәл осы қазір ғана көргендей: — Ой, тоқта, сен бір қызық жігіт болып шықтың, ә!.. — деп, Қабенге қарай таңдана, тамсана бір ұмтылып қойды: — Ал ие, содан?
— Содан сол... осында келдім.
— Семья қайда?
— Менде семья жоқ.
— Келін жоқ па еді?
— Жоқ.
— Солай де, солай де... Оразов, Оразов, — деп, Қоңыз мұртҚабенді ойлана барлап, көзінің астымен баға қалды.
Бөлме ішін бір сәтке жым-жырт үнсіздік басты.— Қой, жігітім, жүр, бір жерден ауыз жылытып қайтайық, — деді Қоңыз мұрт, — біздің де жаман торы жем жейтұғын дегендей... Аштан аш ұйқы келмес, мұқым.
— Осында буфет сияқты бірдеңе болмаушы ма еді?
— Бөпет не ала жүрсін мұнда? Бұл гастенсе емес, әшиін презжи ғой. Менен басқалардың бәрі уақытша. Осы бөлме өзіме қарайды. Мына кереуеттің ақшасын босқа төлеп жүр едім, енді сен ие болдың... — деп, Қоңыз мұрттың шұбата берген жерінен Қабен шорт кесіп:
— Сөйтіп, қайдан тамақтанатын болдық? — деді.
— Қаланың ортасындағы асханаға барамыз.
— Жақсы. Жүріңіз!
Көше қараңғы. Баған басында бозарған әлсіз шам сирек, әр жерден бір кездеседі. Аласабыр аяқ астын Қабен тек үй терезелерінен түскен қызғылт сәуле арқылы ғана әрең бағдарлап келеді. Түн желді, ауа дымқос.
— Сенің екі нәрсеңе қайранмын, шырағым, — деді Қоңыз мұртҚабеннің алдында қалтақтап бара жатып. — Тайманды неге іздемейсің осы сен?
— Неге іздемеймін! — деп таңданды Қабен. — Осында іздеп келгенім де сол Тайман.
— Мәссаған, іздегенің осы ма?
— Несі бар, ертең барам, жолығам.
Қоңыз мұртқайырылып тұра қалғанда көзі түн қараңғысын тесіп-тесіп өтті:
— Жоқ, ертең жолыға алмайсың.
— Неге?
— Тайман қалада жоқ. Бір жұма болды, Сағада жүр. Байтоғыздардың пәлесінен құтылса, ертең-арғы күн келіп қалатын шығар.
— Пәле дейсіз бе? О не қылған пәле?
— Апырм-ай, түкпен ісің жоқ маубас сияқты едің, енді келіп-келіп... — деп Қоңыз мұртырқ-ырқ күлді: — мысықтабандап барасың ғой, мұқым, ых-ых-ых!
Қоңыз мұрткүлгенмен Қабен күлген жоқ. Серігінің түрпі тілін ұнатпады:
— Әңгіме Тайман туралы болғасын сұрағам, айтпауыңызға болады.
— Тек, неге айтпайын, шырағым, айтамын, — деп Қоңыз мұртҚабенді қолтықтай алып, әңгімесін қайта қоздатты: — Тайманды Сағаға обком шақыртып кеткен. Промсолында припескі бар, мұнай өнімін артық жаздырып, өтірік премия алып жүрсің деген жаламен шақыртқан. Мана телефон соғыпты. Бәрі өсек көрінеді. Кіл байтоғыздың ішінде бір сиық, сосын мүйіздеп жүргендері ғой әтеңелеттердің. Осы жерге деректр болуы-ақ мұң екен, байғұсым, промсолын жалпақ Жемнің алдына бір-ақ ырғытып шығарды. Енді өл дей ме иттің балдары!..
— Осы өндіріс Ембінің маңдай алды ма бүгінде?
— Не айтады ойбай! Көшіп жүретін қызыл жалау бізде, тоқсан сайын премия! Бәрі Тайманның арқасы! Жылдан жылға тұралап келе жатқан көне промсолды анадан қайта туғандай жасартып, гүрлетті де қойды, қасқа шіркін! Байтоғыздар соны көре алмайды.
Қабен бір сұңғылаға тап болғанын енді сезе бастады:
— Солай деңіз!..
— Солайы солай-ау, — дей берді де, Қоңыз мұрткенет шап ете қалды: — Әй, бала, менің саған тағы бір таңданған жерім бар.
— О не?
— Осы сен менің жөн-жосығымды неге сұрамайсың?
— А-а... — деді Қабен ойланып, — соны неге сұрамағанымды өзім де білмеймін. Әркім өзіне керегін сұрайды ғой, сірә керегі бола қоймаған шығар.
— Апырм-ай, өзің бір сүргі көрмеген дөкірлеу неме болмағай едің, заңғар, о несі келіп-келіп... Неге керегі болмайды! Біле жүр, өз атым — Әли, әкем аты — Ғали, екеуі біріккенде — Әли Ғалиев. Осыны орысшаласақ— Вали Галич!
— Дұрыс.
— Тоқтай тұр, әлі айтып болғаным жоқ.
— Жоқ, айтыңыз, айта беріңіз!
— Мен де өзің сияқты, шырағым, мұнда келгеніме көп болған жоқ. Тайман-деректрдің ізбасарымын. Осы өндірістің шаруашылық тауқыметін бір өзім түп-түгел көтеріп, жүріп жатам. Бір кезде күні-түні бірдей істейтін қиын қызметтерде де болдым. Оған денсаулық жарамады. Содан соң облыс кіндігінде — Сағада істегенмін.
Бұл кезде Қабен мен Әли қаланы қақ айыра келіп, асхана алдымен өтетін грейдер үстіне шыға берген-ді.
— Мына тас жол Сағадан шығып, бүкіл Ембіні кезеді. Күні кеше ғана мен сол Сағадағы Мұнай комбинатыңда Ембідегі барлық промсолдардың үй салу және жол салу жұмысын қосып басқарғандардың ішінде де жүрген заңғармын, ал! Енді қайтесің, ых-ых-ых! Сонда менің неге керегім болмайды? Ых-ых-ых! Өзің осында мәңгі-бақи орын тебуге келіп жатсаң, төбеңе үйді мен тұрғызсам, табаныңа жолды мен төсесем... — дей бергенде Әли жаңбыр тисе мидай езіліп жататын грейдердің ұйыма батпағына тайып жығылды.
IV
Қабен Тайманды күтіп көріп еді, жуық арада келе қоймады. Білетіндер оның әлі бір апта Сағада болатынын, жұмысы бітпей жатқанын айтты.
Бір қиын нәрсе — күту, не нәрсені болса да күткен қиын. Қабен жер-көкке сыймады. Уақыт та әдеттегіден ұзарып кеткендей: түн болса таң атып болмайды, күндіз оңайлықпен күн бата қоймайтын секілді. Ембі топырағына табаны тиген бойда еңбекке араласа кетпек боп екпіндеп, алып ұшып, өзін билеген өр мақсат жетегінде білегін сыбанып, құлшынып келген Қабеннің аяқ астынан кемесі қайырлағандай болды да қалды.
Шыдамады. Кәсіпшілік директорының орнында уақытша отырған Мұнайлының бас инженеріне барып, мән-жайды түсіндіріп, бұйрық шығартты.
Бас инженер алпыстар шамасындағы бұжыр сары кісі екен. Бет жүзі айғыз-айғыз әжім. Пенсияға неге кетпей жүргенін кім білген, әйтеуір өзі әбден шаршаған шалдың түрі. Стол жанында әлдекім зорлаған соң ғана амалсыз отырған тәрізді. Маңына жуыған адамға "сен-ақ діңкемді құрттың-ау" дегендей, бояуы оңған қой көзін алартыңқырап, күйзеле қарайды.
Қабенге де сөйтті. Тіпті мұның жөн-жосығын сұрап та жатпады.
— Уһ, — деп қалжырай күрсінді де, — қане, жұмысыңды айтшы, шырақ, — деді.
— Жұмысым — жұмысқа орналасу.
— Біліп отырмын, — деді. Бірақ оның қалай біліп отығанын Қабен мүлде білген жоқ. — Не жұмыс?
— Қол жұмысы.
Бас инженер терезеге қарап, езуін екі айыра жаздап бір есінеді де, сол жаққа құсы кеткендей қадала қалған қалпы:
— Подземныйға оператор боп барасың ба? — деді.
— Барам.
— Жарайды. Отдел кадрға бар, бұйрық жазсын. Мен айтты де!.. Дүкіметтеріңді сонда апар.
Сонымен, Қабен оп-оңай оператор боп шыға келді.
— Ау, заңғар, мұның не? — деді Қоңыз мұртҚабенді көрген бетте бадырақ көзін бұрынғыдан бетер ажырайта таңырқап. — Оператор боп кеткеннен саумысың өзің?!
— Иә, оператор болдым.
— Тек!
— Несі бар?
— Заңғар-ау, оператор деген қара жұмыс емес пе?
— Болса қайтейін.
Қоңыз мұртлықытып, ықлық ата күлді.
— Ых-ых-ых!.. Түсінсем бұйырмасын. Жаным-ау, бұ қара жұмысшы болу үшін боз бітіріп, әсперантөре түгесіп не жыным бар менің әй, аһ?
Қоңыз мұртқалай ойласа, олай ойласын, Қабен өз шешіміне берік. Мұның білуінше, оператор — жан-жақты мамандық. Кейін кім болсаң о бол, басында оператор болмай тұрып жібі түзу мұнайшы болуың қиын. Инженер де, геолог те, — бәрі де операторлық сын-сынақтан өтіп шығуы шарт.
Оператордың араласпайтын жұмысы жоқ: качалка тоқтаса, жүргізесің; насос сынса, жөндейсің; болат арқан үзілсе, жалғайсың; флунжер бұзылса, мың метрден суырып алып қарайсың...
Жер астынан май, майға қоса құрлыққа қол тұрғызар су тартып алу бір бар. Сонымен бірге мұнайлы қабаттың қысымын күшейту үшін жер астына құрлықтың көлі сарқылғанша су айдау және бар. Бұл да оператор атқаратын жұмыс.
Өндіріс іші өзгеше бір өмір; өзінше соғатын жүрегі, өзінше тарамдалған қан тамырлары, өзінше тыныстайтын демі бар тұтас бір денеге де ұқсайды. Осының бәріне сақшы — оператор; әлсіреген жүректі қалпына келтіретін, тоқтаған қанды айналысқа түсіретін, тынған демді қайта тыныстататын — оператор.
Өндіріс іші күндіз-түні бірдей толассыз қимыл: жүздеген качалка ырғақпен шұлғып, мыңдаған метр тереңнен Жанар май тартады. Бейне тірі кісідей әрекет үстіндегі осынау жансыз темірлердің әрқайсысының қозғалысына қарап, жеті қат жер астыңдағы көк болаттың мұнайлы қабатта не істеп жүргенін жер үстінде тұрып тапжылмай танитын — оператор. Ол үшін, әрине, темірдің тілін білу қажет. Қабен темір тілін көп оқыған, біледі, енді сол білгенін іс жүзінде сынап көрсе қайтер еді?..
Қабеннің қол жұмысына қызығу себебі осы еді.
Ол көп ойланып жатпады; қатардағы оператор боп тағайындалды да, Мұнайлының жерасты жөндеу бригадасына барды.
— Мәссаған безгелдек! — деді Қоңыз мұрт. — Азаматтың қол астына барғанбысың?
— Иә, жерасты жөндеу бригадасына бардым.
— Ых, жетіскен екенсің.
— Несі бар?
— Көресің ғой несі барын... — дей берді де, ізінше Әли бұған бір ғаламат құпия сыр ашатын адамдай жан-жағына елең-елең қарап, сыбырлай сөйледі. — Байтоғыз. Тайман сиықтың сорын қайнатып жүргендердің бірі со заңғар. Өзі барып тұрған қатал, қара жүрек кісі. Пәрменіндегілердің жонынан таспа тіліп алады.
— Қойыңызшы? — деді Қабен Қоңыз мұрттың "құпиясына" қызыға күлімсіреп
— Көресің ғой...
— Рас, көру керек екен.
V
Күзгі түн. Бұлтты аспанда ай да жоқ, жұлдыз да жоқ. Бірақ электр шұғыласына шомылған өндіріс іші жап-жарық.
Батыстан, Атырау жақтан ысқыра гулеп, қара суық жел еседі: суды сор беті толқындана тулап жатыр. Тентек жел сор бетіндегі қаралтым мұнай тамшыларын тұтастыра жиырып, қаймақтай қалқып, жағаға айдап әкеледі де, шеткі качалкаларға шашып-шашып жібереді.
Шеткі качалкалардың бірі мойнын төмен салып, омақаса құлап барып тоқтаған. Оның астыңдағы терең скважинаның бергі езуінде Қабен, арғы жағында Азамат — жерасты жөндеу бригадасының бастығы, мастер, — қою қара мұрты кекілдей күлтеленген жуан қара кісі.
Азамат қолын Қабеннің ту сыртына қарай көтере бере шұғыл сілтеп қалды. Әлдене дүр ете түсті. Қабен артына жалт қарап, жөндеу машинасының үстіндегі лебедка педалін басып қап, мотормен бірге селкілдеген Алексейді көрді. Қабен онымен жөндеп әлгіде, смена басталарда ғана танысты. Өзі ширақ, шымыр, ғаламат іскер. Мұндайды әдетте аттың құлағында ойнайтын жігіт деседі. Бұл болса, моторлы машинаны асықтай үйіретін нағыз мықшеге...
Осы маңдағы көп қимылды Алексей істетіп тұр; аспанмен үйрек ұша жөнелгендей әлдене су-су еткен, жуандығы білектей болат арқан шамға шағылыса жыландай ирелеңдеп, зәулім мачта басына лып етіп барып орала берді де, дереу сусып төмен заулады.
— Ал, інім, көне! — деп қалды Азамат.
Қабен арқан ұшындағы үлкендігі кісідей темір қармақты Азаматпен қосыла ұстап, скважина аузындағы алып қысқашқа дәлдеді.
— Іл, іліп қал!
Қабен қармақты кеудесімен қағып, қысқашпен тістетті де тастады.
— Жігітсің! — деп, Азамат Қабенге масаттана жайнап қарады да, төрткүл кенеп қолғабын шешіп, күректей кең алақанымен мұртын сипады. — Алеша, енді тарт, кейін тартып әкет!
Мачта басындағы жылжымалы ауыр блоктар сарт-сұрт етті. Болат арқан тысыр-тысыр керілгенде ұзына бойынан от жүгіріп өткендей қып-қызыл ұшқындар шашырады. Екі мың метр жер астына созыла сүңгіп тұрған адам айтқысыз алып колон тереңнен ыңырана көтеріліп, оның алғашқы түтігі мачта бойына теңелді.
— Тоқтат! — деді Азамат Алексейге. — Ал, Қабен!..
Азамат пен Қабен атауыз тәрізді ап-ауыр темір тістеуікті екеулеп, шірене көтеріп әкелді де, тісін сатыр-сұтыр еткізіп колонды қаптыра қойды. Содан соң екеуі екі шынжыр кілтпен алғашқы түтікті айналдыра бұрап, колон тізбегінен ағытып ала бергенде лебедка үстінен секіріп түскен Алексей де жалма-жан көк болат темірмен сайысып қалған екен.
Жұмыс қызды. Әншиінде адамның өңменінен өтетін қара күздің сызды ызғырығы жазғы кеште көлдеудің көкорайлы терең сайына жүгіріп түсе бергенде бетке жібектей тиетін жанға сая қоңыр салқынға айналып бара жатқандай.
— Алеша, орныңа бар!
Алексей лебедкаға ырғып мініп, колоннан ағытылған түтікті тағы да темір арқанмен тартып, скважина аузынан ажыратып жіберген; сол сәтте Қабеннің кеуде тұсындағы кісі жұтқандай темір үңгірден лық етіп төгілген қаракөк мұнай желмен ұйтқып, Қабеннің бүгін ғана киген су жаңа ақ кенеп костюміне шашырады.
Бұл қол жұмысының Қабен үстіне өрнек төккен тұңғыш із-белгісі болатын.
Қабен өзін енді ғана шын мағынасындағы мұнайшы сезіне бастады.
VI
Жоқ, Қабен асығыс сезінген: нағыз мұнайшы болу бұған әзір ертерек.
Алғашқы түнгі жұмыстан әбден шаршап, таң ата жатар жеріне әзер жетіп, төсекке құлап түскен Қабен түс қайта бір-ақ оянды. Ол өмірінде мұншалық рахат ұйқыны көрмеген-ді. Бұрын басы жастыққа тисе бұлттай торлап алатын шым- шытырық түс дегеннен бұл жолы елес те жоқ. Бұрын басын жастықтан көтерсе мең-зең, дел-сал болатын дене бұл жолы суытылған ат секілді тып-тың, тұла-бойы түгел жеп-жеңіл, лыпып тұр.
Бірақ не керек, бүгінгі смена Қабенді су бетіндегі қалтқыдай қалтылдатып, алғашқы күннің қуанышын тұңғиыққа тастай батырып, тартып әкетті.
Бүгінгі әрекет өткен түнде суырылған екі мың метр колонды жаңартып, шыңырауға қайта түсіру болатын.
— Кірістік! — деді Азамат Қабен мен Алексейге.
Лебедка дүр ете қалды. Сусып келген блок басындағы қысқаша көлденең жатқан ұзын түтікті тістетіп жіберем дегенде Қабен ауыр темірдің топшысы тиіп, мұрттай ұшты. Тізесін болат арқан жырып, дал-дұл етті.
Ол қан болған тізесін ұмытып, Азаматқа қарады.
Еңбек адам еркінен тыс әдеттер қалыптастыратын көрінеді. Өзінің бет бедері әжептәуір әрлі екенін өзі көбірек сезіп, оған өзгеден гөрі өзі көбірек тояттайтын сылқым бикештер, немесе ерке келіншектер болады-ау бір; олар әрқашан айнаға құштар. Өз бейнесі жалт етер жалтыраққа кезіксе, көзін бір сүзбей өтпейді: өзін өзі қас қақпай бақылап, бой түзейді. Сол сияқты, Қабенде де бір әдет пайда бола бастады. Бірақ мұның әдеті жұрттікіндей әдеттегі әдет болушы ма еді, оқшау әдет! Бұл да әлгібір айнақұмарлар секілді бір жерден өзін өзі көргісі келеді. Мігірсіз қимыл, қозғалыс үстіндегі өз қалпы дұрыс па, бұрыс па? Бірдеңе тындырып жүр ме, әлде құр шабуыл ма? Жұмысшының қиын өнері өзіне даритын ба, жоқ па? Осының бәрін білгісі келеді. Сонда бұл өз халін өзі аңғару үшін қайда қарайды? Айнаға ма? Жоқ, Қабен айнаға қарамайды, ерсілігін елемей, Азаматтың мұртына қарайды.
Азаматтың сұлу қара мұрты — құдды барометр. Қабен оның мұртына қарап, күллі көңіл күйін бақылайды; оның көңіл күйі ғана емес-ау, өзінің халін байқайды. Қабен, не Алексей өз міндеттерін ойдағыдай тындырып жүрсе, Азаматтың қара мұрты күлтелене жылтырап, танауы делдиген дөң мұрынның астыңда жиюлы жатады. Оның үстіне Азамат мұртын жел ұшырып кетпесін дегендей алақанымен бір сипап, екі басып, әлгіден де гөрі жылмитыңқырап қояды. Соның бәрін асықпай, аса паң, бір түрлі нәшімен жасайды.
Егер Қабен мен Алексейдің бірі болмаса бірі жаза басты ма, бітті: Азаматтың қара мұрты ыдырай шашылып, үрпиіп тұра келеді. Онда әлгі қылықтың бірі жоқ. Дөң мұрынның танауы тарыла түсіп, кең маңдайда жалт ойнағандай екі көзі оқыс ағараңдап қалады.
Қабен жаза басты: аңдаусызда түтікке соғып, құламайтын жерден құлады. Тізесі қанға боялды. Дегенмен, ұшып тұрып, тізесін ұмыта Азаматқа қараған; оның мұрты сертиіп шыға келгенмен, көзінде ашу емес, аяныш оты жылтырайды:
— Шырағым-ай, абайласаң еді.
Алексей моторын тоқтата салып, жүгіріп келді де, Қабеннің тізесін таңды:
— Қалай, қатты ауыра ма?
Қабенді парықсыздау ыза көтеріп кетті:
— Түк те емес, ауырмайды. Бас педальды!
Блок қайта жылжыды. Мачта бойымен бірдей ұзын түтік жантая қозғалып, жоғары көтерілгенде бір ұшын Азамат пен Қабен қаусыра құшақтай алып, скважина аузына дәлдеді де, Алексейге Азамат:
— Түсір! — деп әмір етті.
Шыңырауға колон сусып түсіп бара жатты. Скважина түбінде тұна қалған мұнайға жаңа насос жіберілмек; тереңде мезгілсіз суалған байлық қайтадан көлкіп, жер бетіне шықпақ. Әсем әрекет-ау, шіркін. Бұл жолда тізе тұрмақ, барлық бұлшық етті айырып-айырып, қайтадан қамырдай илеп, құрыштай шынықтырып алмай бірдеңе тындырдым деуге болар ма?
Сөйткенмен, қандай қиын? Өнеркәсіп атаулының бәрінде жаңалық; қол жұмысының көбін машина атқарады, адам азаптан арылып келеді. Ал, мұнайшылар халі әлі ауыр; Қоңыз мұртайтқандай, нағыз қара жұмыс; бұл несі? Мұны қайтып жеңілдетуге болады? Жаз, күз айлары да ештеңе емес. Ертең қызыл шұнақ аязды қыс күндерінде аяқпен су кешіп, бетке май шашыратып, жалаңаш алақанды суық темірге қарытып жүріп атқарар жұмыстар қандай көп? Бұл азапты қалай азайтуға болар?..
Қабен ойын Азамат бөлді:
— Бері кел!
Азамат кіші-гірім қойтастай жұмыр темірдің бір жағын көтере бере Қабенді күткен екен. Бұл жүгіріп барып екінші жағына жармаса кетіп еді, масқара, орнынан қыл елі қозғай алмады.
— Ойбай-ай, — деп, Азамат діңкесі құрып отыра қалғанда Қабен ұяттан өртене жаздады.
Азамат көмекке Алексейді шақырды. Ол Қабен жылжыта алмаған жүкті оп-оңай өңгеріп әкетті: Азамат екеуі скважина аузына апарып сарт еткізген еді, жұмыр темір енді бірде атауызға айналып, шыңырауға сүңгіген колон ернеуінен тас қып қысты да қалды.. Бұл да — тосын көзге түсініксіз өнермен болған құбылыс.
Алексей орнына барды. Блок тағы келді. Түтік қайта көтерілді. Оның бір ұшын қармай ұмтылған Қабенді бұлаң еткен блок сырты көкіректен түйіп өткен; Қабен кеудесі езілсе де сыр берер емес, шойынды төсінде күл қып сындыратын кісіше қыса құшақтай алып, жалғыз итеріп, скважина аузына әкелді.
— Бәсе, — деді Азамат шынжыр кілтті түтікке орап алып, — кәне бұрайық.
Азамат пен Қабен шынжыр кілтке сүймендерін салып-салып жіберіп, бірін-бірі қуа жөнелген: түтік түтікке кептеле кірігіп, дөңгелене зырлап барып сарт етіп бекіді.
— Дұрыс, қалқам, — деп Азамат бір қолымен мұртын сипап, екінші қолын Қабеннің иығына артты.
Қабен жаралы тізесінің солқылдап ауыратынын осы арада ғана аңғарды.
VII
Мұнайлы кәсіпшілігінің басқармасы қаланың күнгей бетінде: айналасын аласа қыш қашамен алыстан орағыта қоршаған екі қабат қызыл кірпіш үй. Дуал іші жиі өскен жидек ағашы; кішкене көксұр жапырақтар шулай сыбырласып, төменгі қабаттың терезелерінен сыр аңдығандай ұйлыға ентелеп, елбең қағады да тұрады.
Үйдің кіреберісіндегі ені үш қадам биік баспалдақта аралары алшақ (анау-мынау адамның шатын айырғандай) алты саты бар. Бір қызығы — осы сатылар кеңсеге келім-кетім кісілердің түсіп-шығуы үшін жасалған баспалдақтан гөрі Әли Ғалиевтің қысыр сөзін тыңдаушыларға арналған шалқаймаға көбірек ұқсайды.
Задында, уақыт тастың да түрін өзгертеді: бір кезде күлгін цементтен құйыла салған бүрі мол бұж-бұж баспалдақ аяқ суытқандар сүйкене берген соң бүгінде жып-жылтыр мәрмәр сатыларға айналған.
Әли күн сайын елең-алаңда тұрып, қонақ үйдегі сары апайға су ысыттырады да, өзін жасартуға кіріседі. Ондағысы сақал қыру, мұрын астыңдағы бармақ басындай ағылшын мұртының маңын тазалау. Қырынып болған соң да баптануын қоймай, қайыс бетін қос алақанымен біресе жиырып, біресе керіп, бір сағат сипаланады.
Содан соң асықпай жайғасып отырып, терлеп-тепшіп бір сағат шай ішеді. Шай ішіп болған соң мейманханадан шығып, атқораға келеді. Атқорадан жирен айғырды жетектеп шығып, солқылдақ жеңіл арбаға жегеді де, сәскеге таман өндіріс басқармасына қарай желдіріп келе жатады.
Басқарма үйінің маңында, жидек арасында сейілдеп жүрген бірен-саран пенсиядағы қариялар:
— Қоңыз мұрткеле жатыр.
— Бадырақ қырт келе жатыр.
— Бүгін не дер екен?
— Тыңдап көрелік! — десіп, Әлидің алдынан шығып, шауқылдаса амандасып жатады.
— Бірақ бұл антұрған бізге ештеме айтпайды.
— Уа, қырыққан серкешік-ау!
— Уай, көктұқыл қу-ау. Тайман-директор бағана келді, қайда жүрсің? — дейді шалдар бірін бірі қоштап.
Әли бұл мазақтың құнын біледі, біріне жақ ашып жауап қатпастан тырсиып жүріп, атының аузына сұлы толы дорба кигізеді де, өзі басқарма үйінің баспалдағындағы бір сатыға отырып алып, жирен айғырдың күрт-күрт шайнағанына құлақ тіге тұқырып қалады. Шалдарға не десін: Ембінің ой-шұңқырын түгел білетін өңшең көне көз қарияларға жаңалық тауып айту қайда?
Қоңыз мұртүнсіз безере қалған соң шалдар ыңғайсызданып, өзара ымдасады да, жөніне кетеді.
Енді бірде Әли баспалдақ үстінде біреу-міреуді күткен бейтаныс адамдар, немесе сынаудан гөрі тыңдауға құмар жастар отырғанын көреді. Міне, оның шешілер жері осы.
Әлидің әкесі Ғали күнінде тыңдаушысын ылғи ғана:
— Пай-пай!
— Қасқа шіркін қарашал-ай! — дегізіп, ауыз атаулының суын құрыта тамсандырып отыратын айтулы ділмар болыпты-мыс.
Ғалекең көзінің тірісінде құдайдан сұрамасты сұрап, айтпасты айтып ығыр қыла беріпті деседі жұрт. Сондағысы Әлидің қамы екен.
— Ей, шырақ құдай, — дейтін көрінеді Ғалекең, — балама жарытып бой бермедің, тапал, енді ой бер.
— Ей, шұнақ, құдай, — дейтін көрінеді Ғалекең, — балама сен жібі түзу көз бермедің, бадырақ, мен сөз берем, тек соған қарсы болма!
Құдай ашуланып қалып, Ғалекеңді үйінен сүйреп әкетіпті-міс. Әкеткенде өзімен қоса үй ішін түгел тінтіп, көл-көсір сөзін де бірге әкетіпті. Ғалекең есіктен шалқалап шығып бара жатып, босағада жылап тұрған баласына сыбыр етіп:
— Зыт, атқораға бар. Арба үстінде алты қап сөзім қалды, тым құрыса соған ие бол, байғұс бала! — депті.
Бұл аңызды білетіндер:
— Әли жирен айғырдың артыңдағы солқылдақ арбамен өзін емес, әкесінен қалған алты қап сөзін тасып жүреді, — деседі.
Десе дегендей. Жирен айғырды сұлымен алдап қойып, өзінің сырын білетін шалдар сырт айналған соң, не айтса соған нанатын жас жігіттерге, келін-кепшіктерге Әли бір шешілсе, мол шешіледі. Кірпік қақпастан бақырайып тұратын бадана көздеріне маңын түгел бақылатып қойып:
— Шешен болмасақ та сөйлеп көрелік, қарасөздің қайнары қасқа да шіркін қас жүйрік, қара шалдың қиқымымыз ғой, заңғар, — деп бір бастады бар ма, отырған жері өндіріс басқармасының алды, уақыт жұмыс кезі екенін мүлде ұмытып, сұлысын жеп тауысқан жирен айғыр түгіл өзінің тыңдаушыларын да түгел жусатпай тоқтамайды.
Әли әңгімесінің көбі — өзі туралы хикая. Мұның сөзіне бақсақ, бұл — завхоз емес, "замнәшәндік", қаласа, жирен айғырды ғана емес, жұрттың бәрін жалғыз шыбықпен айдап кететін "дырдың" өзі. Бұл маңайда Әли көрмеген, Әли білмеген құпия атымен жоқ. Күллі Мұнайлының тұңғыш қаланған кірпішінен бастап, кеше ғана төбесі жабылған он мыңыншы үйдің шатырына дейін өз көзімен өткерген.
"Соның бәрін көріп жүрген мына көз-ау" дегендей тыңдаушылар түп-түгел Әлидің көзіне қарағанда ғана ол мұрынын бір тартып, көзін ұясынан ыршытып түсірердей бадырайтып, орнынан тұрып кетеді.
— Қой, Тайман балаға барайын, қайда сілтер екен.
"Қайда жұмсар екен" демейді, "сілтер екен" дейді.
Директорды бала дегеніне осы лайық тәрізді.
— Дәуреннен мен бір-ақ мүшел кішімін, — деп бастайды Әли Тайман-директордан аздап өз бойын асырып алғысы келгенде, — ойбай, Дәурен кісі еді ғой марқұм, не қыласың. Бір кезде Дәуренмен тізе тіктестірген мен бейбақ бүгінде мынау шіп-шикі жас баланың аузына қараймын. Қайтесің, құдайдан күштімісің, өлі арыстаннан тірі мысық деген ғой. Бұл да жаман емес, бір иманы бетіне шығып тұрған бала, әйтеуір... Әрине, Дәурен болу қайда бұған...
— Осы өндірістің мұнай берген бірінші құдығын қазған Дәурен екеуміз едік, — деп жалғастырады Әли.
Мұнан қырық бес жыл бұрын Мұнай қаласында түңғыш фонтан атқызған Тайманның әкесі екені рас, ал, Әлидің бірге бұрғыласқанына сену қиын.
— Дәурен екеуміз тізе қосқанда Нобель алпауытыңның көзін алапардай қылатынбыз. Он төртінші жылы Мәтенқожада понт шығарып, ағылшынның байын соққыға жыққандардың ішінде де Дәурен екеуміз бармыз, ал керек болса!.. — деп бір қояды Әли.
— Он тоғызыншы жылы осы араға Шапай келгенде қуанышымды қайда қоярға білмей, батырдың омырауына шапшып шығып, шалғысы шиыршық атқан шабдар мұртынан сүйген дәдең мына менмін. Сол жылы Ілбішін тұсында Жайыққа кетіп өлді ғой, бақыр. Өй, несін айтасың, кісім-ақ еді, заңғар... — деп, Әли шырт түкіріп, мұрнын тартып-тартып қалғанда, "мені ұмытпа!" дегендей жирен айғыр да бір пысқырып, жер тарпып қояды.
Одан әрі Әли "талай зұлыммен жекпе-жекке түсіп, зиянкестігін әшкерелеген жаужүрек" екенін айта бастайды да, шошып кетіп, пышақ кескендей тиыла қалады. Ізінше күрт өзгеріп, жаңа ғана шешіле сөйлесіп отырған адамдардың әрқайсысына сезіктене қарап, әркімнен бір жат сыр аңдып, ысқаяқтанып кетеді. Тыңдаушылар түкке түсінбейді. Бірі болмаса бірі мұншалық шұғыл өзгеріске ыңғайсызданып, сөз ретін басқаға бұрып, әлгібір әдеттегі әңгімені қайта жалғатпақ боп әрекеттенсе, Қоңыз мұрттырсылдап:
— Қой, қайтесің оны, білеміз ғой!.. — деп орнынан шірене тұрып, мынадан мүлде түңіліп, ішіндегі бір сұмдық құпиясын жұрттан жасырып әкетіп бара жатады. Содан келер кездесуге дейін Әлиден сыр тарту мүмкін емес.
Бұл не қылық? Белгісіз, жұмбақ.
Әйтеуір бір айқын нәрсе — Әли өзі, немесе бірлі-жарым өлгендер болмаса, қазіргі тірі жүргендердің бір де бірін сыртынан сыйлап көрген кісі емес. Көз алдында көбелектей ұшып-қонады, бәйек болады; сырт айнала бере сыпырта сыбап отырады.
Бұл не мінез? Белгісіз, жұмбақ.
Соңғы күндерде Әли әңгімесі жаңа мақамға көшті.
Үй арасының қатын-қалашы болмаса, нағыз мұнайшы жұрт жел сөзге, өсек-аяңға онша үйір емес-ті. Бірақ Әли таратқан бір топ қаңқу өтірік-шыны аралас, кей жері қиял-ғажайып ертегіге ұқсап, ауыздан-ауызға көшті де, үйден-үйге кіріп, Атырау беттен дауыл тұрғандай күллі қаланы гу-гу еткізіп кете барды.
Өткен жұмада Әли поездан қалып қойған Қабен деген біреуді арбаға салып, қаланың қонақ үйіне әкеліпті де, төсек-орнын жайлап, өз бөлмесіне жатқызыпты. Бұл бір үйсіз-күйсіз, тума-туысқансыз тентіреп жүрген жалғызілікті жігіт деседі. Өзінің ақыл-есі де кәміл болмауға тиіс. Шырақ-ау, дені дұрыс адам қара күзде көкала тұзға түсе ме? Келген күнінің ертеңіне елең-алаңнан тұрып, қала ортасындағы сорға шомылыпты. Адам тұрмақ ит жаламайтын тұзды суды малти кешіп жүріп, аузымен ұрттап төгеді дейді. Жағадағы ақ үйде тұратын Азамат мастер мұның бәрін терезеден көріп, сыртқа жүгіре шыққан екен, Қабен су бетін шолп еткізіп бір теуіп, жым-жылас жоқ боп кетіпті.
Азамат ертеңгі шайын ішіп, жұмысқа бара жатса, әлгі жігіттің үсті сортақ-сортақ, үй іргесінде мұның алты ұлымен асыр салып, ойнап жүр дейді. Азаматтың алты ұлы — ылғи күл-шыпыр: алды комсомолға биыл ғана өтті, соңы балалар бақшасына барады. Жас балаларға, әрине, ойын керек; өздері анау жігітке әбден үйреніп, бауыр баса қалған, атына дейін біліп алыпты:
— Қабен-аға, Қабен-аға! — деп құлдырасады.
— Қабен-аға, мені көтер.
— Енді мен.
— Мені де, ағатай, мені де...
Қабен екі қолын екі жаққа керіп жіберіп, екі білегіне екі бала, мойнына бір бала, арқасына бір бала мінгізіп, орнынан көтеріліп, тәлтіректей баса бергенде Азамат көріп қап:
— Ау, қарағым, бұ қайсың, қырамысың! — дегенде Қабен жалт қарап, балаларды бір-бірлеп еппен жерге түсіріп, бас жоқ, аяқ жоқ:
— Сіз жер үстіндегі ең бақытты адамсыз! — деп, Азаматтың қолын алып, құшағына құшағын қосыпты: — Алты ұл тапқан анадан айналу керек!
Азамат мастер риза боп кетіп, өзін жерасты жөндеу бригадасына оператор етіп алыпты. Қазір Қабен мен Азамат бірге істеп жүр.
Қабенді Азамат кеудесіне басқанмен, кейбіреулер келемеж қылыпты. Оның әлгі сөзін ас үйдің ашық терезесінен естіп қалған қонақ үйдегі Сары апай кеудесін сыртқа шығарып, үстіңгі ернінің мұрт тәрізді қою түгін тарқата еркек даусымен "о-һе-һе" деп кеңкілдеп күлген екен, Қабен тұнжырай қарап тұрыпты да:
— Күлкіңіз мұртыңыз сияқты, оспадар! — депті.
Оған ыза болған Сары апай бұл сөкет сөгіске шыдамай, жігітті "ұстатпақ боп" қуынып жүрген көрінеді.
Қабен со күні күнұзағына қала аралапты. Әсіресе, көп кезгені — қаланың "ауын" аталатын бөлегі; көшесі ығы-жығы иін тірескен көне шым үйлер арасындағы аяқ алып жүргісіз лас-қоқысты көреді. Қаланың шет жағындағы қазандыққа мұнай жаққан пәтерлердің тұрбасынан ұшқан қара күйеге қарап, ұзақ-ұзақ дағдарып тұрады. Ол бірнеше үйге кіреді; кірген үйлерінің көбінің едені цемент, төсеніші киіз екен. Өзінің үй аралағаны қызық көрінеді: амандық жоқ, саулық жоқ, "рұқсат па?" деп кіріп барып, бота-лақ тұрған қораны, қорадан арғы ыбырсыған ауыз үйді, одан арғы жер иісі шыққан төргі бөлмені көріп, күйзеле бас шайқап шығып бара жатады деседі. Үйдің іші-сыртыңдағылар біріне-бірі қарап:
— Мықтылардың бірі болды-ау, — деп күбірлесе таңданысыпты. — Қала басшыларына бір шойтым болмаса не қылсын.
Түс кезінде Қабен бір пұшпақта шелектерін даңғырлатып, су айдағыш алдында үйме-жүйме кезекте тұрған қатыңдар арасына кіріп кетіпті. Әр қатынның қолында уыс-уыс темір талон.
— Мынау неткен темір? — дейді Қабен.
— Құдайдың қара суы да сатулы емес пе мұнда, су алатын қаңылтыр талонымыз ғой.
Қабеннің қаны қайнап кетіп, темір талонмен су беріп жатқан еркекке:
— Мыналарың масқара екен? — депті.
Анау да ажырая қарап, бұрқылдай жөнеліпті:
— Не деп тұр маған, горсоветке айт айтқыш болсаң, о несі-әй! Бұ кім өзі?
Қабен түс қайта қала ішіндегі бұралқы иттерді қаңсылата кесектеп, қалалық советке келіпті де, кең кабинеттегілердің біріне:
— Мұндағы бастық кім? — депті.
— Мен едім.
— Үйін көр де, түсінен түңіл дегенді білесіз бе?
— Білмейтін едік.
— Білмесеңіз не бағып отырсыз мұнда?
— Тоқта, сіз кімсіз өзіңіз?
— Менің кім екенімді қайтесіз, ал, сіздің түк білмейтін топас екеніңізді енді біліп тұрмын.
Бастық столының үстіндегі темір безді басып қап, есіктен бас сұққан көмекшісіне:
— Милиция шақыр! — дейді.
Сонымен, Қоңыз мұртқа құлақ ассаң, қаланың ойран-ботқасын шығарып, осындай бір оспадар жігіт жүрген көрінеді.
Бұл сияқты ұшы-қиырсыз көп аңыздың шет-шепірін Тайман Сағадан үйіне келген бойда естіді де, қалаға сұрау салып, Қабенді іздеді.
Қабен таптырмады. Жатқан жері — мейманхана; онда болмай шықты. Қайда жүргені? Неғып хабар-ошарсыз келген?
Азанда Тайман қызметіне — өндіріс басқармасына келе жатты. Ойында — Қабен.
Әли де күндегі әдетінше сұлы жеген жирен айғырға қарап, басқарма алдында бадырайып отыр еді, Тайманды көріп, орнынан тұрды:
— Уоу, қарақ, аман келдің бе? Ал!..
Тайман оған ә дегеннен:
— Қабен Оразовты білесіз бе? — деді.
— Білгенде қандай, бірге жатамыз.
— Маған қазір соны тауып әкеліңізші.
— Жарар. Бірақ ол мына ат-арбаға мінбейді.
— Неге?
— Қой, өзі бір қырсық жігіт қой, заңғар. Бұрнағы күні жол-жөнекей өндіріске тастап кетейін, мін деп едім, мені мінеп, айғырды сынап, арбаны әжуалап тұрып алғаны...
Тайман рақаттана күлді:
— Айтқандай, өндірісі не, жұмыс жасай ма?
— Е, осында келген соң, екі түн ұйықтады да, үшінші күні қол жұмысына кірісті де кете барды той, заңғар.
— Қойшы!
Тайман ойланып қалды.
— Менің ат-арбамда несі бар екенін білмеймін, — деді Әли, — сенің мұның машиналы дәуірге жапсырылған жамау демесі бар ма маған. Оны сол маңдағылар жабыла қоштады.
Тайман тағы күле бастады.
— Анау күні бағзалдан осы арбамен әкелгем заңғарды, — деп жалғады Әли сөзін, — оны ұмытып қапты. Жоқты соғады келіп-келіп... Тыңдап тұрайын ба, алқымыма ашу тығылып қалды да, жирен айғырды сауырға бір тартып, жөніме зыттым.
— Иә, арбаға мінбесе жаяу әкеліңіз, әйтеуір маған тауып беріңізші со жігітті.
Тайман осыны айтты да, басқармаға кіріп кетті.
— Ойбай, сендермен кәләкәйтқа уақыт болмай қалды, мықтының өзінен бір мығым тапсырма болды, ал кеттім, — деп, Әли баспалдақ үстіндегілерді жөнінде қалдырып, жирен айғырды шұлғыта жөнелді.
VIII
Қабен кәсіпшілік директорының кабинетіне кіргісі келіп еді, қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз жібермей қойды:
— Болмайды.
— Өзі шақырған.
— Шақырса қайтеміз, болмайды.
— Жоқ-ау, неге болмайды?
Кенет өрт шыққандай: хатшы қыздың арғы жағындағы төрт-бес телефонның; екеу-үшеуі қатар, жаппай, жамырай сылдырады. Оның үстіне кабинет маңдайшасындағы жез қоңырау безілдей жөнелді. Қабылдау бөлмесінің іші қас пен көздің арасында осылайша азан-қазан болды да кетті. Хатшы қыз ара талағандай. Телефон трубкаларының бірінен соң бірін көтеріп, әрқайсысына шолақ-шолақ жауап қатып, қайта сала берді:
— Бос емес.
— Мәжіліс өткізіп жатыр.
— Қазір сөйлесуге уақыты жоқ, кейін сылдыратыңыз.
Қабен "неге болмайтынын" енді айтқызбай-ақ ұғып, босағадағы көне диванға сылқ етіп отыра кетіп еді, серіппе сымдары босап, мақтасы ұйысып, әбден қаусап біткен болса керек, белбуардан кептелді де қалды.
Маңдайшадағы қоңырау қайта-қайта безілдеді. Арғы бөлмедегі адам мінезін үрейге айналдырып, зарлап жеткізгендей. Хатшы қыз киіктей орғып, кабинетке кіріп кетті.
Қабен жаңа байқады, кабинет есігінің маңы әйнекке салып тастаған ылғи алтын әріптер екен. Әйнектің өзі бірнешеу: бірінде — "Директор", бірінде — "Т.Дәуренов" деген жазулар, енді бірінде директор Дәуреновтің қабылдау сағаттары көрсетілген. Ал, есіктің жоғарғы жағында (тағы да директор Дәуреновтің тілегі болса керек) "Темекі тартпаңызшы" деген өтініш тұр. Бірақ мұның үстіндегі маңдайшадан бастықтың жез қоңырауы безілдей жөнелгенде өтініш дереу бұйрыққа айналын, "Таста аузыңдағыны" деп жатқандай.
Әйтеуір, аядай есік маңында аспан астыңдағы әкімшілік әдет-ғүрып дегеніңіз түп-түгел, тұнып тұр.
Кабинет есігі ашылған; хатшы қыз жылап шықты. Көз жасын Қабеннен жасыра бір қырын қозғалып, өз орнына жете бергенде жез қоңырау тағы безек қақты. Алапат ашумен басылған қоңырау! Хатшы қыз шарасыз; әлгі жылап шыққан есігіне теріс айналыңқырап барып, қайта кірді. Қыз байғұс енді бұл есіктен еңіреп шығатын секілденді.
Қабен шыдамады, жылыстап сыртқа шықты. Ойына әлдене түсіп, езу тартты: "айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады" деген осы-ау! Екі қабат үлкен үй; үй іші толған әкімшілік: сапырылысқан адам, қопыраған қағаз, бітпейтін жиналыс, қарбалас, жүгіріс. Күллі кәсіпшіліктің тәулігіне өндіріп отырғаны қос уыс май, ал соны басқару үшін бір корпус аппарат.
Қос уыс емей немене, Мұнайлыдағы үш жүз скважинаның өндіргенін фонтанды жердің үш-ақ скважинасымен өндіруге болатын. Мұның бәрін Қабен осы қалаға келгелі өткен бес-он күн ішінде өз көзімен көріп, білді.
Әрине, Қоңыз мұрттың айтып, таратып жүргендерінің көбі лақап. Дей тұрғанмен, жел болмаса шөп басы қимылдай ма, Қабеннің Мұнайлы мейманханасында бір ұйықтап оянып, ертеңіне қала аралағаны да, өндіріспен танысқаны да рас еді.
Мұнайлы — біршама көлемді шаһар. Қала ортасын қақ айырып өтетін кіші-гірім өзен тәрізді тұзды сор бар. Тұзды сор беті мөп-мөлдір су; су болғанда тасты жарып ағатын бұлақ, не бастау емес, тура жер астынан, осы өндірістің жүздеген скважинасы мыңдаған метр тереңнен тартып алып шығарған су. Бір тонна мұнай алу үшін кейбір скважиналар жүз тоннаға дейін су тартады. Кәнігі мұнайшылар жер қазынасының бір тамшысын ысырап етпестен қала ортасында күнмен шағылысқан алып күмбез ақ қазандарға қотарып алады да, таза суын сорға төгеді. Әлгі тұзды өзен осылай жасалған.
Тұзды өзеннің екі жерінде көпір бар. Арғы бет пен бергі бетті жалғастырып тұрған осы екі үлкен көпір. Сол екі көпірдің бірімен әрі, бірімен бері өтіп, Қабен өндіріс ішін ұзақ аралады және ол аралай жүре жұмысшы жайлы ойлады: жұмысшы тағдырына қызықты.
Осы қалаға келгелі көзі түскен бір көрініске Қабен мейлінше риза: ол — адам. Шіркін, жұмысшы дегеніңіз шынында да ер әрі өр. Майға баттасқан жып-жылтыр кенеп костюмдердің ішінде шетінен шиыршық атқан шымыр, ширақ, жаны да, тәні де сау еркек, әйел.
Қабеннің бұған, әрине, көзі тояды. Бірақ ол қала көріністеріне онша разы емес.
Қалада үйлер көп, ал, көп жерінде көше жоқ. Қаланың шет жақтарында үйме-жүйме сіресіп, иін тірескен шатырсыз тас қыстаулар "ауыл" делінеді. Бұлардың іші тіпті нашар: жері лас, ауасы тар, көп үйлер ең арғы жағы күлдеріне дейін боратып, үй араларындағы саяз шұқырларға төгеді.
Сонда осы қалада ескілік пен жаңалық қатар жасап, өзара ымыраға келіскендей. О несі? Бұған қала басшылары қалай төзеді? Осылар, асылы, адам қамын аз ойлайды ғой!
Қабеннің бұл ойын кейін Азамат құптады.
Азамат Қуатов — тетігі тілінде тұратын ашық, ой-пікірлері де орнықты, көшелі кісі. Қабен оның мінезіндегі көп ерекшелікті бірге істескен, аз күнде анық танып, екеуі бір-біріне етене іш тартысып, тез ұғысып кетіп еді.
Азамат бригадасы Қабен еңбекке араласқан соңғы аптада Мұнайлының Басқұдық участкасындағы бұзылған скважиналарды күрделі жөндеуден өткізіп жүрген. Дәл осы маңнан Қабен Сардардың ізін тауып, бір шындықтың бетін ашқандай болды.
Отыз скважиналық Басқұдық участкасы қаладан жырақ — жеті шақырым жерде. Мұндағы мұнай көздері бұдан он жыл бұрын ылғи фонтанды скважиналар екен. Фонтанды отыз скважина іске қосылғанда күллі кәсіпшілік бір дүрілдеп қалған-ды; өнім екі еседей өскен, өндіріс өрісі кеңіген, "бұл жер тозды, мұнайы сарқылуға жақын" дейтін күдікшіл кісілер аузын жапқан. Қайта олардың кеудесіне де күдік орнына үміт ұялап, "тұз күмбездерінің астына өтіп, тереңірек сүңгіп көрер ме еді" деген арман ояна бастаған. Сол оймен Басқұдықтың қала жағындағы бел үстінен "тірек бұрғы" салынған. Үш жыл қатарымен әрекеттенгенде бұрғы төрт шақырым тереңге жетіпті де, қайта-қайта сынып, тұз күмбезінің карнизінен әрі өте алмай қойыпты.
Бұл жайды Азамат жыр қып айтады.
Бел үстінде биік мұнара тұр. Маңы толған болат темір — түрлі құрал-жабдық. Бірақ оған тірі жан бармайды: бел де жым-жырт, мұнара да тым-тырыс. Мүлгіп тұр. Төбесінде ұшып-қонып ала сауысқан, қара қарғалар ғана жүр. Олар да қанат қағып, көп қалықтай бермейді, қыс таяғанын сездіріп, бүрісіп ұзақ отырады.
— Осы тұрған жалғыз скважинаны бұрғылау үшін бүкіл Басқұдыққа жұмсалған қаражаттың үштен бірі кетті, — дейді Азамат. — Нәтиже жуық маңда шыға қоймады. Содан соң, қайтсын, комбинат басшылары одан арғы әрекетке тыйым салды. Сонысы дұрыс та шығар...
Қабеннің бір аңғарғаны — Азамат ешкімді кінәламайды.
— Осы бұрғылаудың сәтсіздігінен Сардар ақсақал көп жапа шекті, — деп күрсінеді Азамат, — Әли антұрған Сәкеңнің үстінен ысқырта арыз айдап, "зиянкес" дегенге дейін барды. Тек сол дұрыс болмады.
Сардар десе Азамат алты ұлын сағынып көргендей құрақ ұшып, қалбаңдап қалады:
— Ой, арыстан еді-ау жарықтық! Біріне мойымады. Қайыспады, аумаған осы темір мұнара, тірі пендеге бой бермей, тіп-тік шаншылды да тұрды сабазың. Әй, ондай кісі жоқ қой, Қабенжан, жоқ қой.
Азамат өзінің осы сөзімен Қабен көкейіндегі бір күй пернесін ақырын басып-басып қалғандай. Сырт түрі жуас, кейде тіпті жұбау көрінгенмен ішкі дүниесі құйындай ұйтқып, тулап жатады. Кенет, көзілдірігінің үстінен от ұшқындата Азаматқа жалт қарап:
— Сонымен, бұрғылау ісі бұл маңда мүлде тоқтады ма? — деп сұрады.
— Тоқтады. Сардар бұрғысын аударып салмақ болып еді, әлгіден кейін кімнің жүрегі дауаласын, басшылар келіспеді. Екеуіміз де өндіріске көшіп кеттік.
— Енді бұл өңірден ешкім мұнай іздемей ме?
— Іздемейді. Бұрғылау ісінің кілті бүгінде Комбинатта емес, Барлау басқармасында көрінеді. Олар басқа жақты кезіп жүр.
— Қай жақты?
— Атыраудың үстірт жақ қолтығын, Еділ жақ маңдайын зерттеп жатыр.
— Иә, ол жерлер, әсіресе Түбек атырабы мол үмітті нәрсе, — деп Қабен ойланып тұрды. — Айтпақшы, сіздер сол жаққа неге көшпедіңіздер?
— Жібермеді. Аудан шегінен тыс шыған деп жергілікті басшылар жабысса, өз қарамағынан шығаруды Комбинат та қол көре қоймады. Өзіміз де көз ашқалы топырағына қанымыз бен теріміз сіңген туған жерді қиып тастап кете алмадық қой.
— Сардар да сөйтті ме?
— Сөйтуші ме еді... Сардар жөні бөлек жан емес пе?! Ол шіркін ауруға шалдықпағанда Жетісайсыз өмір сүрер жерде жоқ еді. Басын тауға да ұрды, тасқа да соқты, ақыры өліп тынды ғой жазған. Өй, өзі де ер еді-ау, несін айтасың.
Сардар!..
Сардар сыры Қабен алдында сайрап жатқан ақ жол секілді. Бейне құс жолындай. Алматыдан Мұнайлыға әкелген де осы жол. Амал не, Қабен мұнда келіп, сол жолдың қандай бұралаңға түскенін сезгендей. Енді Тайман мен Сардар арасындағы алғау да өзінен өзі түсінікті еді.
Қабен өз халіне өкіне де жаздайды. Алматыдан Ембіге аттанған беттегі жігері бір түрлі тасқа соғылғандай. Ойына Марғау түсті. Қабенді поезға шығарып келе жатып Марғау әдеттегі ұйқылы-ояу қалпын бұзбастан бұған енжар тіл қатып:
— Сен бір-р бет алдың, енді қайтпайсың ғой. Әйтпесе осы сапар-рың менің көкейіме қонбайды мүлде... — деген.
— Неге?
— Ой, құдай-ай, пәлен жер-рде бақыр-р бар-р, бар-ррсаң бақыр-р түгіл тақыр-р да жоқ деген емес пе? Біз көр-рмеген Жем мен Сағыз бар-р ма? Қар-ра май жар-рықтық құтымның қу шоқысынан шығады. Құлатүз, құба шөлге бар-рып, не мыр-рғамға бата қояр-р екенсің?
Қабен, әрине, Ембіге келіп, "мырғамға батуды" мақсат еткен жоқ. Бірақ іздеп келген ең ірі нәрсесінен көз жаза жаздап жүргеннен сау ма? Қой, олай болмас!..
Ол өз ойынан өзі сескеніп, дереу бойын жиып алды. Басқарма есігінен шығып, алты сатының төменгісіне түсе бергенін жаңа білді; қайдан шыққаны белгісіз, Қоңыз мұрттап бола кетті:
— Оу, жігітім-ау, қайда кеттің заңғар? Тайман-деректр күтіп отыр ғой, Тайман-деректр.
IX
Тайман әдеттегі кағілездігімен орнынан атып тұрып, төрге беттеген Қабенді бас салып құшақтамақ еді, мынау тұнжырап түсін бұзбады.
— Немене өзің, менімен күнде бірге жүрген кісідей... — деп, Тайман амалсыз тоқырады.
Қабен оның қолын қысып, бірер сілікті де, директор столының алдында тұрған жұмсақ креслоға отыра кетті.
— Жоқ сен отырма, тұр!
— Жақсы, тұралық.
Қабен енді ғана аздап езу тартып, Тайманға көзілдірігінің үстінен сүзіле қарады.
Тайман қуанышын ірке алар емес:
— Өткенде есім танып жүріп, тұлғаңа дұрыстап көз жүгірте алмай кетіп едім. Өзгермепсің-ау өзің!.. Көзілдірігіңе дейін қаз-қалпында, желбезегіңе зорға ілініп тұр. Өй, етікші! Бетін қарашы, бетін... Қанын ішіне тартып алған, сұп-сұр! Қой әрі, көзін кісінің өңменіне найзадай қадағаны несі?.. Сайтанның сапалағы! Кәне, жүрші былай!..
Қабен емпеңдей басып, есікке барды да, бұрылып кері қайтты.
— Дұрыс. Жүрісің де сол. Енді маған қара! Мен өзгеріппін бе?
Қабен Тайманның бешпетін бойына өлшеп байқап жүрген тігінші секілді о жағына бір, бұл жағына бір шығып, күллі денесін көзімен тінтіп өтті де, креслоға қайта отырды:
— Өзгеріпсің, күрт өзгеріп кетіпсің. Анау күні Алматыда да аңғарғам. Мен білетін сыпайылығың тек көзіңде ғана қалыпты, басқа жағыңның бәрі дөрекі, добал. Қарның шығып кеткен, бетің жап-жалпақ. Мұнша неғып семіріп жүрсің?
— Қой, соқпа! Өтірік айтасың.
— Неғылайын өтірік айтып... Байқаймысың, тілің де біраз түрпілене бастапты. Ай, мансабы құрғыр-ай, бойға сіңсе бұл да арақ секілді, аңқаны айналдырып әкететін пәле шығар...
— Жә, жә, жетті!.. — деп, Тайман қызараңдай жымиып, сөз сыңайын басқаға бұрды. — Неге хабар-ошарсыз келдің?
— Енді қайтейін, жар салайын ба?
— Содан соң, сен мені күтпестен жұмысқа шығып кетті дейді, рас па?
— Рас.
Тайман таң қалды:
— Оның не?
— Қайтейін, өзің келіп болмадың.
— Не жұмыс істеп жүргенің?
— Оператормын. Азамат Қуатовтың қарауындамын. Тайман әлі де түсіне алмай тұр:
— Өзің ризамысың соған?
— Риза болғанда қандай. Іздегенім осы еді. Тайман бұған сенбеді, селқос қана:
— Қой, сенің түу Алматыдан іздеп келгенің ол емес шығар, — деді.
— Дұрыс айтасың. Іздеп келгенім мына сен, сен секілді мұнайшылар.
— Іздегенің мен болса, мен сені ренжітпеймін, достым, — деп Тайман еркін, лекіте күліп, Қабеннің иығына қолын салды; арқадан қаққандай.
— Не дейсің? — деді Қабен. — Ренжітпегенің қалай?
— Қалайы жоқ, сенен өз мамандығың бойынша геолог, өндірістің бас геологін жасап аламын.
Өзімсініп те еркін сөйлейтін шығар, сөйтсе де Тайман біраз өрекпіп отыр.
— һе, — деп мырс етті Қабен, — жасап алам! Қызық екен.
— Қызығын қайтесің? Ең қызығы — міне, біздің бірге істеуіміз. Бас геолог боласың! Бітті! Комбинат бізбен есептеседі, келіседі. Бүкіл өндіріс қолында болады. Және сен де бір ел қатарына қосылсайшы! Төрт жүз сом ақша, машина! Басқа не керек саған?
Қабен Тайманға есінен танғандай аңыра қарады. Содан соң үзіп алғандай:
— Тоқта! — деді.
Тайман да өзінің не істеп алғанына түсінбей, таңдана қараған.
— Сен мынаған жауап бер! — деді Қабен қатал, нығыз түрде: — Мен мансап іздеп келдім бе саған?
Тайман үндемеді.
— Мен машина сұрадым ба сенен? Тайман үндемеді.
— Мен байлық іздеп келдім бе саған?
Х
Таң білінген. Бөлме іші бозғылт. Сыртта ызғырық жел бар; әйнекті тысырлата қиыршық құм ұйтқиды. Терезе жақтауларының көбесінен кірген қара суық үй ішін аңыратып жіберіпті.
Ашық есіктің арғы қайырылысынан әлдекімдердің алқына сыбырласқан үні, әлдебіреудің шіби қорыған тауықтай қырқылдаған оданы күлкісі құлаққа келеді.
Қабен басын жастықтан жұлып алып, бөлме ішіне көз жүгіртті. Көршісінің кереуеті бос. Әлидің өзі жоқ, көрпесі жерде жатыр.
Қабен бүгін күндізгі сменада: жұмысқа таңертеңгі сегізден кірісуге тиіс. Ұшып тұрды да, жуынбақ боп вестибюльге шықты.
Босағадағы диванның сықыр-сықыр еткенін ол жөнді аңғарған жоқ, вестибюльдің шамын жағып жіберді. Диванда жатқан Сары апай, судан жағаға шығып қалған жайындай, сыйымсыз мол денесін тез игере алмай, Қабенге шалқалай қарап:
— И-и-и, ақылсыз... — деп қалды.
Әли оның ірге жағына дүрс етіп, оқ тиген қодықтай құлап түсті де, жамылғы көрпесін бүркене қойды.
Қабен шамды өшіруге де шамасы келмей, бөлмесіне қайтадан ытқып кірді...
Осы күннің кешінде Қабен жұмыстан Азаматты ерте келді де, мейманханадан біржола көшіп кетті.
Азаматтың үйі төрт бөлмелі, кең; соған қарамастан Сая жеңгейдің бауырынан өрген үйелмелі-сүйелмелі алты ұл бөлмеден бөлмеге жарыса кіріп, асыр салғанда кең үйді көрер көзге тарылтып, араның ұясындай жыңылатып жібереді екен.
— Қабенжан, мына бөлме сенікі, — деді Азамат оны ең төргі бөлмеге алып кіріп: — Тек інілеріңнің біршама айғай-шуы бар. Соған төзсең болғаны.
Дене бітімі жұқалау, бірақ шымыр әрі қағылез Сая жеңгей бар жылылығын ін түбінен көрінгендей шүңірек қара көзіне жиып, ақсия күлді:
— Бала көрмей жүр деймісің?
Әлгіде Азамат пен Қабен үйге кіргенде ұзын дәлізді сатырлата шауып, әкесіне таласа жабылған ылғи бір торсық шеке, қара-қоңыр балалар қазір, міне, құйылып ұшып кеп бұтаққа қонған бір топ торғайдай жыпырласып, есіктен ұйлыға, анталай қарасып тұр. Бәрі бірдей бейтаныс қонаққа жаудырасып, жылтың-жылтың етеді.
Кенет біреуі тұрып:
— Әй, мынаң қара, мынау әнеугі бізді арқалаған кісі... — деп, жерден жеті қоян тапқандай қуана саңқылдап еді, өзгелері қосыла шулады:
— Оһа, дәл өзі.
— Қойшы-ей...
— Иә, сол!
— Алақай...
Қабен шыдамай есікке бұрылып қарағанда бәрі бірдей жапырыла үркіп, әрі қашты. Осы арада Азаматтың өзінен аумаған толықтау біреуі балпаңдап, қаша алмай құлап түсті де, үйді басына көтере барылдап жылады.
Қабен жүгіріп барып, жылаған баланы тұрғызып алған: көзінде жас жоқ, жұбанатын жерде және болмады. Қысылған Қабен жалма-жан чемоданын ашып, ішінен бір уыс кәмпит алып бергенде барып су сепкендей басылды. Оның есесіне бұл маңға дереу басқалары жиналып, әлгіні енді солар ортаға алып, кеукеулей бастады. Ең кішкентайы болуға тиіс, құлдыраған жылтықай қара жаңағы балпаң баланың қолындағысына тура бас салып, ағасын да бажылдатып, өзі де шыңғырып тұр.
— Жігіттер, — деді Қабен, — оған тимеңдер, бері келіңдер.
Бағанағыдай емес, балалар үрікпеді, жабыла жүгіріп, енді Қабенді қаумалады.
Қабен чемоданын шалқасынан ашып тастаған; балалар ішіндегі дәм атаулыны түгел іріктеп алды да, Қабеннің көйлек-көншегін ғана қалдырды. Сырты жылтырағасын қызыққан болуға тиіс, ең кішкене қара бала ұстаралы қобдиды қоса әкетіп бара жатыр еді, Сая ұстап алды.
Қабен түгі қалмастан, жан-тәнімен рахаттан күлді:
— Төзуді айтасыз, Азамат аға, менің іздеп таба алмай жүрген ортам осы.
Сая жеңгей Қабен жататын бөлмені тап-тұйнақтай ғып тазалап, еденіне кілем төсеп, жайнатып қойыпты.
Бүгін осы үйге келгелі Қабен көңіліне өзгеше бір рең бітті. Үй ішіндегі адамдардың қылығы, қимылы, мінезі оны кенеулі ойға салды.
Сая — үй қызметіндегі әйел. Алды жетінші класта оқитын, соңы балалар бақшасында тәрбиеленетін алты ұл — бұл үйдің күллі көңіл күйінің кілті. Азаматтың үй келесіндегі бар мүддесі — алты ұлдың тамағы тапшы, киімі жыртық болмауы; Саяның барлық қуаныш-реніші де түп-түгел солардың қамы. Өзі сырттай сида, етсіз бола тұра іштей әрлі, мінезге бай кісінің түрі; сарабдал ақыл иесі — орнықты бәйбіше. Көп сөзбен ісі жоқ, кейбір көрші қатыңдардың от басы, ошақ қасы күйкі күбір-сыбырына мүлде мән бермейтін тәрізді.
Бағана шай үстінде бір қызыл қатын келіп, шаршы тартқан ақ орамалының шалғайын құлағына іле сап, Сая қасына жалп етіп отыра кетті де:
— Бетім-ау, әлгі мұртты бейбақ... — деп қай-қайдағы сүреңсіз бірдеңені қопсыта беріп еді, Азамат пен Қабен әңгімесін қызыға тыңдаған Сая ақсия күлген аузын жия қойып, қызыл қатынға суық Жанармен қарап:
— Отырсаң шай іш, жарықтығым, отырмасаң сөзің де өзіңе, өзің де өзіңе, өсек-аяңыңды естіртпе маған! — деп тиып тастады. — Үлкен отыр, кіші отыр жоқ, пыш-пышың-ақ бітпейді екен сен сорлының...
— Не дейді шұнақ құдай, менің орныма егін ексең, кетейін, — деп қызыл қатын шаңқ-шаңқ етіп, Қабен мен Азаматты енді ғана көрген адамша жалт-жұлт қарап, шығып бара жатты.
Азамат әйеліне райлана сөйлеп:
— Қатты айтпай-ақ қойсаң етті, абысыныңды аяқ астынан ренжітіп алдың-ау, — деп еді, Сая:
— Жоқ, айтатыны ылғи мұртты қатынның жүріс-тұрысы, әбден мезі қып бітті, қағынғыр. Мына баладан ұяттағы... — деп, қайтадан ақсия күлді.
Үй ішінде әсем шырай бар. Бөлмелерді айғай-шуға, күлкі қуанышқа толтырып жүрген балалар-ақ ғажап. Ерлі-зайыпты үлкендерде оғаш қылық, оқшау сөз жоқ. Өз қызығы өзіндегі, іргесі бүтін, от басы көңірсіген бір момын семья.
Азамат — орасан балажан адам. Ұлдарын көрсе өңкілдеп, үстіне түсе жаздайды. Бірін бауырына қысса, бәрін кезек-кезек сүйіп, түгел аймалап шығады. Балаларын жаппай тамақтандырып алғанша, нәр татпайды. Әрқайсысының аузына қарап, өзі ішіп-жегендей рахаттанады да отырады. Одан бетер бәйек боп, ұлдарына тамақ тасып Сая жүр... Жарықтық ата-ана...
Қабенді ойға салған үй иелерінің осы бір әсем тіршілігі мен ғұрпы.
Жер үстіндегі өмірдің ең мағыналысы — семья өмірі; отан, ел деген ұғым осыдан басталар болар. Семья мақсаты да сол отан, ел мақсаты емес пе? Семьяда берекесіз адам отанға, елге не опа таптырмақ? Азамат өмірінің мағынасы да осынау дулы-шулы тамаша семьяның бабы мен қамы екен ғой!
Қабен жиырма бестен асты. Әлі күнге семья сырын байыптап түйсініп көрмепті. Әке болса өзінше кетті. Анасын, жалғыз анасын қолына алып, ең болмаса бір жыл аялай ал мағаны-ақ өкінішті...
Бүгін Қабен Басқарма кассасынан ғұмырында бірінші рет еңбекақы алды. Бұл — студенттің, не аспиранттың стипендиясы емес. Маңдай термен табылған жалақы. Бәрі қалтасында жүр. Мұнайшының айлығы да — әжептәуір байлық. Еңбекпен келген нәрсенің орны да бөлек. Бұл ақшаны не істемек? Басы артық костюм сатып ала ма? Ол не мұрат? Әлде кокала, сарала қағаздарды текшелеп, қалтасына жия бере ме? Онда не тапты?
Шіркін, анасы болар ма еді; жұмыстан қуана күлімдеп келіп:
— Апатай, міне, мынау сен үшін еңбек етіп тапқан дүнием, — деп анасына ұсынар ма еді...
Ал, Азамат болса, анау. Қандай әдемі? Өзінің қайыс етігінің жұлығы жыртық. Бөркінің де бөрік сиқы шамалы, төбесінде өлген қарақұстай ұйпаланын жатқан бірдеңе. Бағана май басқан кенет костюмін тастағанда үстіне кигені көнетоз тоқыма бешпет-шалбар, шыт көйлек; әйтеуір таза демесең, бәрі жұпыны. Бірақ, Азамат дүниенің бірінші байы өзі сияқты, қара мұртын тарақпен тарағандай күлтелеп қойып, жымың-жымың етеді. Сонда мұның байлығы неде? Әрине, үй ішінің ажар-көркінде: жар серігінде, балапан бөбектерінде. Бүгін Қабенмен бірге алған еңбекақысын әйеліне әкеп берді. Балалары да әкесі базардан келгендей мәз-мәйрам.
Міне, өмір. Үй ішінде осындай мақсатты, мағыналы тұрмыс шеккен Азамат, әрине, еңбекте де мүдделі қимыл-әрекетке көшеді.
Қабеннің тұрмыс қызығы неде сонда?.. Ұзақ жол үстіндегі жүргіншінің әр бекетке бір түнеп, дамылдап шыққаны сияқты жатақүй, мейманхана, пәтер жалдап, ұйықтап оянуда ғана ма?..
Азамат үйінің бір бөлмесіндегі Сая жеңгей жайлап берген таза төсек үстінде тыныққалы жатып, Қабен ойлаған ой осы еді.
Ол кенет кереует үстінен секіріп түсті. Жазу столының жанына келді. Қолына қалам алды да, қағазға еңкейді.
Жарты сағат отырып жазғаны жалғыз сөз: "Жанар!.." Одан әрі не айтарға білмеді. "Сені аңсап сағына бастадым" дегісі келді. Бірақ мұны жазуға ұялды. Мұның орнына, "сіз, бізбен" ' сызылған сыпайы сөздер дәл қазіргі сезімінің маңын да көре алар емес. Ол қайта-қайта жазып, жазғанын сыза берді. Ақыры "Жанар" деген жалғыз сөзден басқа ештеңе жаза алмаған қағазын жапырақтап жыртып, сыртқа тастамақ боп есік ашса, алты ұл азан-қазан, ұзын дәлізбен бері қарай асыр сала құйғытып келеді екен. Бәрі бірдей бір түсті қара тондарын желбегей жамылып, омырауларының ғана түймелерін салыпты. Астарында ат қып мінген бір-бір сабау; қолдарында бір-бір таяқ, төбелерінде жалаң қылыштай жалақтайды. Алтауы — алты Чапаев...
Қабен жүресінен отыра қалып, құшағын жая қойып еді, бәрі топырлап, оның алдында шоғырланды, бірақ құшағына симады.
— Эй, чапаевтар, — деді Қабен айғай сап: — жүріңдер, кеттік!
— Қай жаққа?
— Ағатай, қайда барамыз?
— Е-е-е... мен де баям...
— А мен ше?
— Бәрің де жүріңдер, — деді Қабен сырт киімін киіп жатып.
Ең кішкентай жылтықай қара қояр емес, Қабеннің тізесін айнала жүгіріп, құлдырап болды:
— Мен де баям деймін.
— Е, жүр барсаң.
— Қайда?
— Дүкенге.
Балалар қуана шулап, түгел жаудыраса қалғанда үйдің іші кәдімгідей жарығая түсті.
XI
Жылда келетін Ақырап мейрамын Мұнайлы тұрғындары ыстық қуанышпен қарсы алады. Мекеме үйлерінің төбелерінде желмен толқып, алқызыл тулар желбірейді; маңдайшаларында ірі қайраткерлердің портреттері, оқыған кісінің қанын қыздырып, құлшынтып жіберетін жалынды ұрандар ілінеді.
Өндіріс басқармасының алдында Мұнайлының түңғыш қазылған скважинасы; оның бұрғыланғанына елу жыл болған. Мұнайлыда орнар жаңа өмір үшін жанын пида еткен бірінші мұнайшы да әлгі скважина басында көз жұмыпты. Сол арада мереке күндері үш тәулік бойы сөнбестен ақжалын маздап тұрады.
Мейрам тұсында қала мінезі де кісі танығысыз өзгеріп кетеді. Жұрт таза киінеді. Әшиінде үйден өндіріске, немесе өндірістен үйге асығып, жұлқынып жүретін әйел-еркек түп-түгел арқа-басы кеңіп, тыныстап, жайбарақат серуен салып қалады. Көшелер күлкіге толады. Күндізгі күлкі түнде әнге, күйге, биге ауысады. Қала ұйықтамайды. Үйлерден от сөнбейді. Қала түні бойы ән салып шығады.
Бүгін клубта көңілді кеш — салтанатты жиын өтті. Тайман мерекеге арнап, баяндама жасады. Соңынан ойын-сауық болды.
Күн желкем, суық. Күндізгі ақ жауынның арты қарға айналды. Алайда сауықшыл жұрт мұның бірін де елең қылмады. Қала керемет көңілді, гулеп жатты.
Қабен клубтан кешірек қайтты. Азаматты үй ішімен Алексей қонаққа шақырған. Қабен қонақтықтан гөрі клубқа барғанды жөн көрді.
Азамат Қабенге:
— Бірге барайық, — деп біраз жалынды да, көнбеген соң амалсыз келісті. — Мейлің. Бұл қаланың мерекелі салтанатын бұрын көрген жоқсың, барсаң барып қайт.
Клубтағы жиыннан кейін Тайман Қабенді оңашалап алып, өкпе айтты:
— Сен Мұнайлыға келгелі, сен мұнайшы болғалы қашан? Ең болмаса, Айжан апаңа барып, сәлем берсең неғылатын еді? Ай суық бауырсың-ау өзің...
Қабен бір ауыз сөз айтқан жоқ, Тайманға еріп, досының үйіне тартты.
— Ақ мама, балаң келді, балаң... Қабенің келді.
Айжан апай ауыз үйде абдырап:
— Не дейді шырақ-ау, Қабен болғанда... — деп, әлденені ойлап үлгіргенше есіктен екі бүктетіле еңкейіп, Тайманның соңында Қабен көрінді.
Айжан бір сәтке аузын ашып, аңырды да қалды.
Қабен бойын кенет бір ойнақы еркелік биледі. Сонау бұдан бес жыл бұрынғы студенттік кездегі тәжірибе тұсынан бері көрмесе де, сол тұста аналық ақ пейілінің өз көкірегіндегі жылы ізі әлі суымаған осынау Айжан апаға деген сарабдал сағынышы да жоқ емес. "Не қылар екен" дегендей, Қабен Айжан қасына адымдай аттап келді де, өкшесін солдатша сарт еткізіп, қаздиып тұра қалды:
— Мен — Қабен!
Айжан бұған күлген жоқ. Тіс жарып тіл де қатқан жоқ. Тек мейірімді көзінде аса бір ыстық ықылас сәулесін ойната баяу қозғалып келді де, Қабенді иілдіре еңкейтіп алып, көзінен сүйді.
Маңдайына Айжан апайдың аз дірілді майда демі тигесін Қабеннің ойына анасы түсігг, жүйесі босады; кірпігі кілегейлене қалған көзін орамалымен бір сипап, буланған көзілдірігін сүртті.
Айжан апай осы арада ғана сөйлей бастады:
— Ие, қарағым, төрге шық, отыр.
Ауыз үйдегі кең стол жасаулы. Қабен солай беттей беріп еді, төргі есіктен жүгіре шыққан Тайманның кішкене інісі Қоңыр мұның мойнына асылды. Қабен оны кеудесіне қысты да, қайта босатты: жіп-жіңішке қара торы бала жас шыбықтай бойлап, өсіп кетіпті.
— Қай кластасың, Қоңыр?
— Сегізінші бітірдім.
— Оқу қалай?
Қоңыр тісін ақситып, төмен қараған; оның орнына Айжан жауап берді:
— Ой, шайтанның ойыны көп. "Кім боласың" деші, Қабенжан.
— Кім болушы еді, Тайман ағасы сияқты маман мұнайшы болатын шығар...
— Жоқ, футболист боламын.
— Иә, Қабенжан, — деді Айжан үстінде тамақ толы столдың бір басындағы быжылдаған ақ самауыр қасына отырып жатып (Тайман да столға келген). — Қайдан жүрсің?
— Мамам қызық, — деді Тайман, — қайдан жүрсің несі, бұл осында.
Айжан таңданды:
— Соны осы күнге дейін білмегеніміз-ау?.. Шыдамды-ақ екенсіңдер.
— Әдейі істеп едім, — деді Тайман. — Бір-ақ көрсеткім келіп еді.
Ас үстінде кәсіпшілік жайы әңгіме болды. Қабен осында келгеннен бері өндіріс ішін аралап, көп нәрсемен танысып үлгергенін айтты.
— Қалай екен? — деді Тайман.
— Жаңалық аз екен.
— Қандай жаңалықты айтасың?
— Бұдан бес жыл бұрын да осы өндіріс осындай сияқты еді.
— Жо-о-оқ, бұдан бес жыл бұрынғы хал қайда? Онда, мысалы, қазіргі жеті участканың өнімін бір ғана участка беретін.
— Бұл, әрине жаңалық емес.
— Ескі жер ғой. Еме берген соң емшек сүті де сарқылады.
— Менің ойым басқа, — деді Қабен. — Ең жеңілі эксцентрик те құрып болмапты. Кей жерде алты-жеті качалка бір моторға таласып тұр. Бұл күйкілік емес пе?
Аздап күле сөйлеп, әңгімеге Айжан араласты:
— Қабенжан, осындай сүрінген жерін өзің айтпасаң, менің балам бүгінде осы өңірдегі бірінші бастық, әркімді тыңдай бермейді.
Тайман Айжанның сөзіне мән бермей, өзінше ойланып отырып:
— Мынау, Шоқпар кәсіпшілігі биыл телеуправлениеге көшті, — деді. — Әзір қарық қылғаны шамалы. Дегенмен мамандардың бірін сонда жіберіп алғым келіп отыр. Көріп қайтсын. Қаласақ, біз де қолданып көруіміз мүмкін.
Қабен елең ете қалды:
— Телеуправление? Сонда бар өндіріс бір жүйеден бақылана ма?
— Жалпы идеясы сол ғой. Бірақ әзір нәтижесі аз-ау деймін.
— Е, оны қолма-қол көріп-білуге болмай ма?
— Әбден болады.
— Бәсе!..
Астан кейін Тайман ақырын шертіп домбыра тартты. Баяу созып ән салды:
...Содан бері өтті сәулем талай күн,
Әлсін-әлсін суретіңе қараймын.
Тағдыр бізді алыстатты, қоспады,
Сыры ғой бұл екеуміздей талайдың.
Бұл өзі алыс арман туралы бір мұң, бір сыр; адам жанын жұмсақ әлдимен тербеген аса сұлу сарын еді. Қабен бір түрлі шерлене толқып, ұйып тыңдап қалды. Есіне кенет Тайманның тұңғыш махаббаты сап ете түсті: ақта пәк, уыз сезім еді-ау, шіркін!.. Осы арада дәл осы жайдан суыртпақтап сыр тартпақ боп бір оқталды да, бұл құпияның оңай ашыла қоймасын біліп, өзін өзі амалсыз ірікті...
Қабен бұл үйден көңілсіздеу шықты. Шығарып салмақ болғандарды да ерткен жоқ, түнгі қаланы жаяу аралап, жалғыз кетті.
Қала көңілді еді. Бірақ Қабеннің өзге қызықпен ісі шамалы, өз ішіне өзі үңілгендей. Көзі түскен көңілді құбылыстарға аз аңырып қарағаны болмаса, көргенінің байыбына барып, мән бере қойған жоқ; ойында бір ғана Жанар келе жатты. Өзін мықтап сағыныпты. Айрылысар сәттегі кескіні көз алдында; төңіректегі гу-гу көңілділік арасынан сол елес береді.
Алматыдан бері аттанарда Қабен аллея шетіндегі биік терек түбінде тұңғыш рет батылдық жасап:
— Жанар, жаным, Ембіге кел, — деп оны бір мезет құшағына қысқан. Қыз тартынбады, жігіт бауырында қоянның көжегіндей дір-дір етті. Сөйткенше болған жоқ, көшеден өте берген бір жеңіл машина қаңқ ете қалды. Жанар жігіт құшағынан үркіп шықты. Дәл осы қылығына оның өзі де ұялған-ды, Қабенге тіктеп қарай алмай, аса бір сыпайы, ұяң назбен көзін білегіне басты... Жанардың сол кескіні мұның көз алдынан бір кеткен емес.
Сыпайы ғой өзі де: артық сөз жоқ, пейілін үнсіз ұсынады. Байқап қараса, Қабен Жанармен танысқан аз күндерде кең отырып, мол шешіліп сөйлескен шағы жоқ, сөйтсе де, ұққаны мен түйгені ұланқайыр; қашаннан бірге өсіп, қол ұстаса тіршілік кешіп келе жатқан егіздер секілді...
Түнгі қала сергек. Адамдар ағыл-тегіл: қала халқы тура екі-үш есе көбейіп кеткендей.
Көше жарық, аспан қараңғы. Сол қараңғылықты дүркін-дүркін серпіп жіберіп, шырқау биікте әр түрлі отты жазулар жаудыраса қалады.
Қабен қаланың көпірден арғы екінші бетіне өндіріс ішімен қайтты. Ырғалған көкболат темірлер мігір алар, толас табар емес, күндегі қалпы, төңірегін түгел әлдилеп, жыңылап-ақ тұр. Тек түнгі сменадағы операторларға ғана қиын: бұлар сауықтан қақас, серуеннен аулақ, өндірісті тастап аттап баса алмайды. Қабен өндірістен шыға бере іштей бір байлау жасады: телеуправлениеге көшу керек және шұғыл көшу керек. Таймандар адам қамын шын жанашырлықпен ойласа, тек қана солай етуге тиіс.
Ол қалалық бақшаға барды. Мұнда да сапырылысқан халық, Жазғы театрда соңғы кинофильмдер жүріп жатыр. Төбесі жабық кең алаңда джаз-оркестр ойнайды, дүйім жұрт дөңгелене би билейді. Қабен де бірер қызды биге шақырып, аланды бірнеше айналып өтті.
Содан соң ол буфетке кіріп, лимонад ішті. Сағатына қараса, түн ортасы боп қалыпты. Ертең таңертең қала ортасында жиын, одан кейін қала сыртыңда сайран. Сол есіне түсіп және Азаматтар да ендігі үйге оралған болар деген оймен буфеттен шыға бергенде арт жағынан әлдекім:
— Кілт тұра қал! — деді.
Қабен жалт бұрылды: Әли.
— Қайдан жүрсің, інішегім? Мені тастап кетті-ау өнер бастап... — деп Әли әдеттегісінен әлдеқайда жұбау, солғын, тіпті әлдекім оянып кетпесін дегендей баяу үнмен Қабенге асына сыбырлады. Өзі масаң. — Қайда кетіп барасың? — дей тұрғанмен, Әли бұл сұрағына жауап күткен жоқ. — Сен маған көрші едің, көшіп кеттің, ерулігің мойнымда қалды, інікешім, — деп Әли Қабеннің мойнында асулы жатқан сол қолымен оны өзіне қарай бір жұлқып, бетінен сүйген; Қабен бетінің ерін тиген жерін алақанымен андаусыз сипап қалды. — Жүр, бақшадан бірге шығайық.
— Жүріп келеміз, — деді Қабен қатқыл үнмен, — мына қолыңызды тартыңыз. Өздігіңізден жүре аласыз ба?
Әли сол қолын қалақай қарығандай Қабеннің иығынан жұлып алып, буфет алдындағы шам жарығында көзін тосырайта қарап, ағылшын мұртын бірер секіртіп алды да, бір ықылық атып, басын шұлғып қалды:
— Жүрем! Жүре алам! Е, о несі келіп-келіп...
Екеуі қатар аяңдады. Бақтың қақпасына дейін Әли біреу итермелеп, не сүйрелеп әкетіп бара жатқандай аяғын әр жерден бір басып, қаздаң-қаздаң етті де, қақпадан шыға бере қайтадан сұлқ түсіп, Қабеннің иығына асылып қалды.
Арақ құмарлар — Қабеннің ең бір жек көретін пенделері Әли болса, бұрын мынадай түрде көрмеген кісісі. Әншейіндегі тырсылдаған жүріс-тұрысына қарағанда ізі-жолын білетін пысық тақыл етті. Мынасы қалай екенін Қабен мүлде түсінбеді. Сондықтан амалсыз бірге жүріп келеді. Әли дәл осыны сезгендей:
— Бала, тоқташы, — деп қалды.
— Ал, тоқтадық.
— Мен сенен қорқам, заңғар...
— Неге?
— Он сегіз жыл оқып, подземныйға помоператор болу... Әй, сен тегін емессің, бала, білем, — деп Әли басын шайқап, ырқ-ырқ күлді. — Әй, тоқта! Сен кісі-ақсың, білдің бе? Сен соны білдің бе? — деп ол Қабенді тағы сүйді.
Қабен оның сүйген жерін тағы сүртті:
— Қой, жүріңіз, ұят болар. Үйге барғыңыз келсе, жүріңіз.
— Үй деген не, гастенсе гой менікі. Асықпа, бала, асықпа!
Жердегі жұрт шырайы аспанға да рай бергендей. Күндіз жаңбыр, кешке қар бүріккен қорғасын бұлт жұқара селдіреп, түткен түбіттей әр жерде додалана бастады. Бір шумақ бұлт шетінен ай сығалады. Қабен мен Әли әлі келе жатыр. Екеуінің жүргенінен тұрғаны көп. Кейде екеуі бір пұшпақта біріне-бірі қарама-қарсы тұрып ап, әсіресе Әли қолын шо-шаңдата сөйлегенде жанынан өткендердің бірі таңданып, бірі күліп бара жатады. Олардың ішінен Әлиді білетіндер ап-анық үн қатып:
— Мына бейбақ жын қаққандай болыпты ғой.
— Қасыңдағы сырықтай серейген ұзының кім?
— Сол кім бәсе?
— Білмедік, — деседі.
Әлиге бәрі майжұма. Қасыңда сөзін тыңдар кісі бар. Болды. Өзі және Қабенді жаңа танып тұрғандай. Танығанда оған бір сөз кезегін беріп, "адам сөйлессе, жылқы кісінессе" дегендей, оны да тыңдап, сыр шешісіп барып ұғысып жатқан жоқ, бәрін өзі айтып, өзі қойып, тек өзінше ғана ұғып келеді.
— Сен, бала, маған ұнайсың, — деді Әли, — ұнайтының — біріншіден, сен өз еркің өзіндегі жігіт екенсің; екіншіден, сен өз пікірің өзіндегі жігіт екенсің. Сен тек осы екі қасиетіңнен айрылма! Сонда сенде әрқашан ап-анық мақсат болады да, өзің ылғи соған қарай келе жатасың. Тек мақсаттан көз жазып қала көрме! Көз жаздың ба, бітті, онда айна-қатесіз мен боласың да шығасың, заңғар.
Қабенді Әли тағы таңдандырды. Бәрінен бұрын "мақсаттан айрылсаң — мен боласың" дегені қызық. Бұл не? Парықсыз масаң адамның өзін өзі оп-оңай құрбан етуі ме, әлде өзін өмір ысып, сүргілеп, жонып тастаған тәжірибелі кісінің өзгеге айтар адал ақылы ма?
— Осы сен кім болғың келеді? — деді Әли шап беріп: — Тоқ етер турасын айтшы, бала.
Қабен бұл сұрақты кездейсоқ көрмеді, шынымен ойлана сөйледі:
— Мен, әрине, сізден көп кішімін. Бала деуіңіз дұрыс. Дегенмен, баланың екінші аты — адам. Қолдан келсе, адам болудан артық не мақсат бар?
Әли көзін тосырайта тыңдап алды да, оң қолын сілкіп, Қабеннің иығына салды:
— Біраз бесокопарно айттың, бала, бірақ дұрыс айттың. Мысық болу, есек болу... Сол мұрат па? Әрине, мұрат емес. Адам болу — мұрат. Дұрыс айттың. Олай болса, тоқта, менде сұрақ бар: өзі екі аяқты адам боп жаратылғанына қарамай бағзы біреулер төрт аяқты доңыз болуға тырысады, о несі? Сен соны білдің бе?
— Білмедім. Ойланып көрелік.
— Жоқ, тоқта! Сен енді ойланғалы жүр екенсің. А мен мұны алдақашан ойланып алғанмын. Жүр, айтайын. Тек мында, гастенсеге кірелік, міне, келдік.
— Жоқ, рахмет.
— Рахметіңді кейін айтарсың, інікешім, жүр кірелік. Бізден бөтен ешкім жоқ, жүр.
— Жоқ, бармаймын. Түн ортасы ауыпты, ал қош болыңыз.
Қабен қолын ұсынды. Әли тағы жабыспақ боп бір оқталды да, Қабеннің илікпес түрін танып, амалсыз қоштасты.
— Бала, бала, сен қаталсың, бала, қаталсың. Кесіп тастайсың, шорт кесесің. Қорқам сенен, інішегім, қорқам, — деп келіп ол Қабеннің қолын алды да, бетінен тағы сүйді, Қабен тағы бетін сипады. — Сен жаңа адам болғың келетінін айттың. А мен кім болғым келмеді, соны білдің бе? Қара басқанда... Жә, кейін сөйлесерміз. Ерулігің мойнымда қалды- ау, көрші бала...
Қабен Қоңыз мұртты тіпті түсінген жоқ.
XII
Осы күннің ертеңіне қаладағы күлкі мен қуаныш далаға көшті.
Қаланың тозаңы мен түтінінен, өндірістің тарсыл-гүрсілінен аулақ жатқан, қоңыр бұйырғыны мен сұр жусаны күзгі желге кіші-гірім көлдей толқыған кең алқапқа қараша күні түске тақағанда халық сыймай кетті. Аттылы, машиналы, түйе арбалы тойшы жұрт түгесілер емес; жаяуы одан да көп, ағылып келіп жатыр.
Аспан бүгін бұлтсыз, ашық. Жел де күндегідей ызғырық емес, қажыры аз қара суық. Күзгі күннің әлсіз де болса мол төгілген ашық шұғыласына жер жүйесі босағандай, бұйырғын мен жусан, көде мен көкпек арасынан селдіреген бу көтеріледі.
Бұл өңір қашаннан сауықшыл, әнге әуес, күйге құштар. Қыз ұзату, келін түсіру, нәрестелі болу... Бұлардың бәрі кәрі-жасқа ортақ жаппай жатқан той-думан. Ең жеңілі жаз сайын демалысқа шығатын шәкірттердің елге келу-кетуіне шейін бір топ адамның көңіл көтеру, бой сергіту, серуен құру шаттығына әжептәуір азық болады.
Қала мен дала қазақтарының үй басына бір-бір домбыра; оның құлағын күйге бұрай алмайтын адам некен-саяқ. Кейде паң, баяу ағатын, кейде асау теңіздің ақжал толқынындай бұрқ-сарқ таситын, кейде ағыл-тегіл нөсердей құйылатын небір сылқым, сырлы, сиқырлы күйлерді екі шектен дүниенің дыбысын туындататын саңлақ күйшілер құйқылжыта жөнелгенде көне көз кәрілер тұрмақ жап-жас балаларға дейін тыңдап отырғандары — Құрманғазы ма, Дәулеткерей ме, — кім екенін айтпай таниды.
Ән десең, әнші Мұхит өз алдына бір төбе: Кіші айдай, Ортаншы айдай, Үлкен айдай... Көкке шаншыла тік шырқалатын ылғи бір ащы үн, бұлттан ырғыған нажағайдай өңшең от өрім. Мұны білмейтін тірі жан және жоқ.
Кең қоныс Қаракөлге аты әйгілі Үмбет әнші үкілі домбырасын баяу шертіп, әуелі қоңыр үнмен нақпа-нақтап:
Білдім мен: кедейліктен кісі өлмейді,
Құрысын өлмегенмен, іс өнбейді;
Қабылам қайқы қылыш қайран ерді
Кедейлік ұрмай-соқпай-а-ай...
деп жайма-шуақ жайыла бере, кенет жұлып алғандай, домбыраның пернесіз сағасынан бір-ақ шығып, "а-а-а-ай, кісе-е-ендейді-а-ау дәй-дә-ә-ә-әй-а-у!.." деп күп-күрең боп әрең тоқтаса, жұрт шу ете қалып:
— Паһ, паһ!
— Даусыңнан айналып кетейін-ай...
— Уә-һәй де!..
— Енді "Паң көйлекке" бас! — деседі.
Осының бәрі — екі үйдің бірінде күнара болып тұратын көңілді отырыс.
Ал, бүгін — мереке, енді не жорық. Қаланың күллі күлкісі мен қуанышы бір жерге тоғысып, кең алқапқа сыймай шалқып төгіліп жатты.
Бір жерде төрт машинаның қорабын түсіре түйістіріп қойып, үстін қалы кілемдермен жауып, ашық аспан астына әсем сахна жасаған. Мұнда Мұнайлының өнер сүйгіштері ойын көрсетіп жатыр. Енді бір жерде алтынқабақ, жамбы; тағы бір жерде күрес, сайыс. Ат жарыс — бәйге үлестіру, мүше алып қашу өз алдына...
Бұл Қабеннің көптен көрмеген думаны болатын. Содан ба, әйтеуір оның әншейіндегі дырдуға, дүрмекке онша еліге қоймайтын ауыр мінезі аяқастынан өзгеріп, маңындағы көңілді көріністерді құмарта қызықтап кете барды. Жалғыз-ақ ол дәл осы арада өзімен бірге Жанар болмағанына іштей опынды. "Осы қызықты Жанар көрер ме еді" деп ойлады. Бұл да Қабенге соңғы кезде біткен бір оқшау мінез: қуанса да, ренжісе де көкірегінде Жанар тұрады. Көңіл күйіне қашаң да сол бір ғазиз жанды ортақ еткісі келеді. Тек не керек, бұл маңда Жанар жоқ. Сонда Қабеннің ол туралы әлгі ойларының бәрі бір түрлі жүрек тербетер арманға айналады. Осыған орай Жанар бейнесі де қиял қанатыңда мұнартып, шұғыл алыстай береді. Бұл тұста Қабен көкірегінде өзі соңғы кезде тауып, танып, өз көңіл күйіндей тербеле түйсініп жүрген бір сұлу әуен ғана қалады. Өзі сол әнді іштей қайталап, үнсіз шырқап айта бастайды. Әннің сөзі де өзінікі секілденеді: " көз Жанарым, сәулем, көңіл қуанышым..." деп іштей сілкіне, тебірене түлеп кеп, әсіресе, "есімнен жатсам-тұрсам еш кетпейсің" деген сөздерді көзі жасаурап, өзін өзі ұмыта елтіп, елбіреп айтады. Ессіз беріліп айтады. Осы сәтте Қабен Жанардың әлгібір армандай бұлыңдап алыстай берген елесіне "кетпеші, тұра тұршы кішкене..." деп жалынғандай, жалбарынғандай болады. Тағы бір кереметі — осынау әнді толғай жөнелсе болғаны, Қабенді қоршаған тіршілік дүниесі де лезде жадырап, мұның көңіл күйіне сәйкес құбылып, құлпырып кетеді. Көзіне көрінген жанды-жансыздың бәрі сұлу сағымға шомылғандай әдеттегіден әлдеқайда ажарланып, өзгеше келісім, жарастық түр табады.
Қабен қазір де сондай бір әрлі сезім құшағында, думанды топ ішін асықпай аралады. Көргендерінің бәрі көңіл күйіне дәл райлы, шырайлы...
Ұлыстың ұлы күнінде торқалы тойдан топ жарып, жүлде алуға әр түкпірден айтулы жүйріктер келген. Жұлындай жараған арғымақ аттар аяқтарымен жер тарпып ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, әр шоқтықта бір-бір жұмулы жұдырық секілді құдиып отырған кілең жас баланы қит етсе ала жөнелгелі ұйтқып-ұйтқып қояды. Сәйгүлік мінезі де, Қабеннің сан иірім сыршыл сезіміне ұқсас.
Осы екі арада бір бүйірден Әли пайда бола қалды.
— Уоу, Қабенбісің-ау, мейрамың құтты болсын-ау, — деді ол мұрты мен көзін кезек ыршытып, Қабенмен қос қолдап амандасып. — Бір шаруам бар еді сенде, Тайманға байланысты еді, қап, жақсы кездестің-ау.
Қоңыз мұртӘли бүгін түндегіден мүлде бөлек, құрдай жорғалап, "аухаулай" қалыпты. Сап-сау. Түк көрмеген адамдай. Қабен осы кісінің бойынан өзі аңғарған бір-біріне ұқсамайтын қарама-қарсы құбылмалы қылық-мінездерге қайран қалады: бір қарасаң — жайдақ су, қайта айналсаң — қара тұңғиық. Бір кездессең — ащы ішектей шұбалған әңгімесі түгесілмейтін мылжың, қайырылып көрсең — бадана көзінің астымен қыбыр еткеніңді бағып, қылтия қалған қимыр пәле... Әйтеуір, жан түсініп болмас жұмбақ біреу.
— Иә, шаруаңыз болса, айтыңыз, — деді Қабен Әлиге.
— Былай шықсақ қайтеді?
— Болсын.
Екеуі оңашаланып, тойшы жұрттан шеткерірек шыққан соң, Әли ұясынан ыршып түскелі тұрғандай бадырақ көзін Қабенге кірпік қақпастан қадап, мұртын бүлк-бүлк қозғап қойып сөз бастады:
— Қабағат жолдас, жөн білетін жігітсің. Мен жаңа шаруам бар дедім-ау саған. Түптеп келгенде шаруа менікі емес, Таймандікі. Есінде болсыншы, менің шаруам қашан да қара бастың қамынан қашығырақ жатады, заңғар. Менің қабырғам қашан да өзіме емес, өзгеге қайысады. Енді қайтейін, мұқым, қашан да қаймана қазақтан қол жайып, жәрдем тілеген жан емен...
Қабен әуелі "осы не айтқалы келеді" деп таңырқай тыңдаған, бітірмей шұбата берген соң шыдамады:
— Сіз әлгі шаруаңызды айтсаңызшы.
— Кілт тұра қал, шаруам жайсыз нәрсе. Тек сен деп айтам, дос деп айтам, жігітім.
— Айта беріңіз.
— Айтсам, Тайман баланың басы тағы дауда қалды.
— Қандай дау?
— Өй, қандай дау дерің бар ма? Баяғы бақас байтоғыз... Қатырғалы жүр қасқа шіркінді!
— Не үшін?
— Өй не үшін дерің бар ма? Баяғы суалған байлық... Баяғы қуарған бастық... Үйде де, түзде де береке жоқ... Қойшы, әйтеуір... Менен басқа жаны ашыры қалмады, жан-жақтан жаудай тиіп, Тайман үйінің сықырлауығын сындырып, түндігін желпілдетіп әкетіп барады. Қоламтада сөне берген сексеуіл шоғын алақанына салып ап, демімен үрлеушілер-ақ көп. Өрт шығармақ қой, заңғар. Хош, сонымен Тайман ісі таяуда парткомда қаралмақ. Айыптау сыңайлары жаман. Тура үйтіп жейтін түрлері бар байғұс баланы... Осыған аралас дегелі тұрмын, заңғар. Тайманмен доспын дейсің, кәне, корсет соныңды!
Қоңыз мұртты тыңдай тұра Қабен тағы да Тайман жайын ойлады. Үйде де, түзде де жұқара бастағаны ма? Бұл қалай? Мұндайда ақыл айтар камқоршысы мынау болғаны ма, сонда?
Қабеннің миы айналды. Қоңыз мұрттың қопсытып тұрғаны — ұшы-қиыры жоқ өсек-аяң. Оны тыңдауға тіпті төзім жетер емес.
Қабеннің зығыры қайнады. Тайманға күйіне ме, Әлиге ызалы ма, ол арасын өзі де анық ажырата алмайды, әйтеуір шиыршық атқан бұла ашуға булыққан бойы, безгектей қалтырап кетіп:
— Апыр-ай, айтып болдыңыз ба? — деп үзіп алғандай оқыс дауыстап қалды.
Әли түкке түсінбей бедірейе тоқтады:
— Болдым.
Қабен оған жауап қатпастан жалт бұрылып, жүгіре аяңдап, әлгі әзірде өзін Әли ажыратып әкеткен тойшылар тобына қайта қосылды. Қосылғаны құрсын, бойында бағанағы әсем әсерлерден тұлдыр жоқ, маңындағы қызық думан құр дырду секілденіп кетті.
XIII
Күндер өтіп жатты.
Қабен мұнайшылар арасына келіп, біржола орын тепкелі үш ай. Бұл айлар оған күн санап сабақ үйреткен өнегелі мектеп еді.
Байыптап қараса, аз ғана уақытта бір түрлі қызық құбылыс болып өткен тәрізді. Кешегі ойдың адамы — бүгін қолма-қол істің адамы. Оның қолында кеше қалам болса, бүгін болат темір; алдында кеше қағаз жаюлы жатса, бүгін дала жаюлы жатыр. Ол кеше таза суға ғана жуынса, бүгінде кара-көк мұнайға шомылып жүр.
Бұл — Қабен тіршілігіндегі терең мағыналы құбылу еді. Интеллигенттің жұмысшыға айналуы, яки адамның ой еңбегінен дереу қол еңбегіне көшуі кез келген тағдырда кездесе бермейтін нәрсе.
Дей тұрғанмен амал не, бары осы ғана: Қабен — жұмысшы. Болды. Одан әрі ауыз толтырып айтар мардымды не бар?
Рас, оператор мамандығын әжептәуір үйреніп, игеріп қалды. Жер астыңдағы құбылыстар құпиясына күн санап сүңгіп, тереңдеп келеді. Жер үстіндегі тілсіз темірлермен де тіл тауып ұғысып, жөн тауып ұстасып жүр.
Алайда, осылардың бәрі — әдеттегі әрекет, екінің бірінің қолынан келе беретін қарапайым қимыл.
Сонда бұл жігіттің арнайы Ембіге келгендегі күллі мақсат-мүддесі осы-ақ болғаны ма? Арманы асқақ емес пе еді? Сағымдай мұнартқан сол албырт арман, асыл мұрат қайда? Тау қопарардай буырқанып, ұшқын атқан, жалын шашқан өртті жігер қай орында?
Қабеннің өңі түгіл түсінен кетпей, бейне Гамлеттің әкесі секілді бұған дамылсыз қол бұлғап, ылғи ғана алға, алысқа шақыратын Сардар қайда, Сардар?!
Осы өндіріс ел кәдесіне асқалы елу жыл екен. Былай қарағанда бәрі ретше: Мұнайлы халық игілігіне аз қызмет еткен жоқ. Басқасы өз алдына, кешегі сұрапыл соғыс жылдарында аспаннан ажалға ажал боп төнген қызыл қырғилар тек қана осы қаланың Жанар майымен ұшты. Биікке, ұзаққа самғар әуе қырандары әлі күнге дейін тек осы қаланың мұнайын пайдаланады. Өйткені, мұның сапасы — жер бетінде жоқ сапа.
Өндіріс директоры Тайман Дәуренов анау күнгі Ақырап жайлы баяндамасында:
— Мұнайлы майының қадағын басқа жердің тоннасына бермеймін! — деп салды. Осыны жұрт алдында айрықша мақтанышпен айтты. — Сондықтан, — деді ол, — біз Мұнайлы майының әр тамшысы үшін күресеміз. Бар күшті өлсек-тірілсек те тек осыған жұмсаймыз.
Талас жоқ, мұнысы жөн: сұйық қара алтынның "әр тамшысы" үшін күрескен дұрыс. Жалғыз-ақ күрес жайына осынша тербелген адам күрескер қамына одан бетер тебіренбес пе? Мұнай жайын әлгіше әрлі ойлайтын Тайман-директор сол мұнайды өндіретін мұнайшы қамына неге салғырт?
Мұнай өндірісіндегі қол жұмысы орасан ауыр. Мұнайшының әрекет алаңы ызынаған дала, ашық аспанның асты. Әсіресе, қыста қиын. Сақылдаған аяз бен алай-дүлей боранда майға малшынып, темірмен тіресіп, адам айтқысыз азаппен алысып жүруге кісінің кісісі төзеді. Осы ауырлықты мүмкін қадарынша жеңілдету үшін өндіріс басқармасы не қарекет етіп жатыр?
Қабен осы сұрақтардың жауабын көп ойлайды, тынымсыз күндіз-түні бірдей ойлайды. Таппайды. Оның үстіне, өткен жолғы өндірістік мәжілістегі Тайман пікірі мұны мүлде таңдандырды.
— Мұнай өндіру де бір сиыр сауу секілді ғой, — деді Тайман миығынан күліп, — біздің өнім де бірде көл, бірде шөл. Соңғы жылдары бірнеше скважина құдды қысыр сиыр, май орнына су тартады. Биыл былтырғыдан тәулік сайын он тонна кем береміз. Бұл бір жылда үш мың алты жүз тонна мұнай жоғалттық деген сөз. Амал жоқ, көнуге тура келеді. Жоспарды Комбинат басшыларымен кескілесіп жүріп, әрең кеміттім. Әйтпесе график орындау қайда бізге? Міне, жыл аяғы тақады. Тағы да төрт скважина істен шықты. Қайтпек керек? Амал жоқ, келер жылдың тәуліктік жоспарын тағы бірнеше тонна төмендету керек. Бұл бір қызыл қырғын енді... Осы жұмыспен Комбинатқа жүргелі отырмын.
Қабен шошып кетті: неге кемітеді? Кемітуді жұмыс көретіні қалай? Бетіне қараса, Тайманда пәлендей оғаш шімірігу жоқ, әлгінің бәрін әдеттегі әрекеттей сезіп тұр.
Қабен шыдамады:
— Сенің мұның қалай? Өнімді кеміту де мақсат болғаныма?
— Амал нешік, — деді Тайман жайбарақат, — басқа не айла бар? Болса, қане, тапшы сен!.. Таба алмайсың. Демек, жалған жоспардан ащы да болса ақиқат артық. Үндемесек, биылғы жоспар жарынға көшеді. Орындамасақ пәлеге қаламыз.
— Кемітіп мақтау алғаннан арттырам деп жүріп ұрыс естіген абзал емес пе?
Тайман Қабенге қадала қарап тұрып сақ-сақ күлді. Ол саңқылдап қатты күлетін, бөлмені басына көтерді:
— Ей, субханалла, бәз-баяғы. Сен де бір өзгерсең еді. Баланың сөзін айтасың, баланың сөзін...
Қабен түкке түсінбеді: баланың сөзі? Үлкеннің сөзі қайсы сонда?!
Әлде үлкен сөз бе? Жоқ, дәл осы арада үлкен сөз айтып жатқан да ешкім жоқ. Әйтеуір бір Тайман, не айтса да сол айтады. Өзі айтады, өзі қояды. Басқалар жетек арасында бос.
Әне, Тайманның қасында басын төмен тұқырып ап, бетін әжіммен қымтаған бір сары бұжыр шал отыр. Ұйықтап отырғаны, ояу отырғаны бимәлім. Қабен бұл кісіні Мұнайлыға келген бетте білген: өндіріс басшыларының бірі — бас инженер. Келе-келе ұға түсті, болғаны сол-ақ: бас инженер ғана. Ал, инженер боп тындырып жүрген түгі де ж:ок. Өзі бір бұйығы, Марғау сияқты ұйқылы-ояу кісі. Ең болмаса осындай кеңес үстінде ұйқысын ашып, ойын ортаға салып, жөн-жосығын танытпас па бір? Жоқ, тіпті селт етер емес. Бастықпен тізелес, қатар отыр демесең, қатар айтар бір батыл пікірі жоқ. Әшейін ерқара!.. Бұ не бұл? Қырсыздық дегенде де бір шек болмас па? Құдды жер ошақта сөнген оттың жылы қоламтасы, жылт етер жалғыз шоғы жоқ. Ой, сорлылықтың да түрі көп-ау! Осындайлар қайдан пайда болады? Әлде Тайман секілді директорлар әдейі іздеп жүріп тауып ала ма?
Бір бүйірде қоңыз мұртын мұрнының астыңда босқа секіртіп "директордың ізбасары" Әли Ғалиев отыр. Көзін ұясынан шатыната шығарып, ыршытып түсіре жаздап, жан-жағына адырая кеп қарайды. Көз тоқтатқан адамының кеудесіне тура найза қадағандай. Осы бөлмеге ұры кіріп кеткендей әркімнің іргесін бір тінтіп, сұғын сала ішіп-жеп әкетіп барады. Құрып кетсін, мұның да бар болғаны осы-ақ, құрдан құр едірең-едірең етіп, "қырыққан серкешік" секілденгені болмаса, серкеліктен суыртпақта жоқ. Осындайларды Тайман әдейі таңдап тапқандай қайдан жиып әкеп жүр?..
Өндірістік кеңестің сиқы мынау, жұрттың бәрі бір Тайманның аузына қарайды. Тайманнан кейін сөз алып, ошаң етер оқшау ешкім жоқ. Бәрі ретше... Қабен Мұнайлыға келгелі мұндай мәслихатқа, міне, төртінші рет қатысып отыр. Ылғи көретіні осы: бір қалыпты баяу үнмен директор кәсіпшіліктегі мұнай өндіру барысының онша мықты емес екенін, аянып жүрген ешкім жоқ, бірақ халді бұдан гөрі жақсартуға мүмкіндік мүшкіл екенін, дегенмен әйтеуір бар күшті салып, жұмыла қимылдау керектігін айтады, жұрт тыңдайды, үнсіз қоштайды да тарасады.
Ол қандай күш? Қандай қимыл? Бұл сауалға дерек іздеп, бас қатырып жатқан басшы да жоқ, қосшы да жоқ.
Осы тәртіпті кім орнатып жүр? Шүңейттің ақпайтын қара суы сияқты құр тұнжыраған бұл не мінез? Тау өзеніндей секіре шапшып, толқын атып, белгілі бағытқа тулай ағып бара жатпас па бұлар? Өндіріс үшін сондай бір тынымсыз, "қанағатсыз" қимыл керек.
Өндіріс — еңбек майданының алғы шебі. Бұл араға кейбір кеңселердің құлқына сіңіп кеткен жеке басқа тән мансап жүрмеуге тиіс. Мұнда әркім — өз ісінің қожасы. Есілген еркіндік керек бұл жерге; оны матамау қажет. Ал, Тайман тәртібі басқаша. Бұл жігіт анау екі орынбасарын өзіне жайлы болғасын ғана сұпыдай мүлгітіп ұстайтын тәрізді.
Қабеннің есіне тағы да Сардар түсті: "бәсе, мына халге ол кісі қайдан төзсін?"
Қабен жан-жағына көз жүгіртіп, Азамат пен Алексейді іздеп еді, көре алмады.
Ол жылыстап шығып кетті. Сол бетімен өндіріс ішіндегі мәдениет үйшігіне келіп, Алексейді тауып алды.
Әркімнің өз ермегі бар; Алексей Алексеевичтің негізгі харекеті — әрине, мұнай өндіру; одан қала берсе үйіне барып ұйықтайтын шығар; ал, ұйқысы қанса болғаны, қалған уақытын түгел мәдениет үйшігінде өткізеді: бильярд, домино, шахмат ойнайды, газет қарайды, кітап оқиды.
Дүние хабарына Мұнайлыда Алексейден жетік ешкім жоқ. Европада әйелінен ажырасқан еркек қанша? Азияда егіз туған әйел қанша? Америкада оққа ұшып өлген президент нешеу?.. Бәрінің есебі Алексейдің қалтасында жүреді. Сондықтан ба, әйтеуір жұрт осы кісіден жаңалық тыңдауға құмар.
Өзі бір жинақы, кінәз адам. Жүрген-тұрған жері тап-тұйнақтай. Жұмыс киімін шешіп, таза көйлегін, не бешпетін кисе болғаны, жағасы мен өңіріне қынау тұрмайды.
Дегенмен, асылы, әр пенденің не нәрсе құны болса, сол міні де болатыны рас-ты, Алексейде бір оқыс қылық бар: алым жоқ, бұйым жоқ, мойнын екі жағына кезек бұрып, басын тұқыра бере екі иығын, не өңірін үрлеп-үрлеп қалады. Өзін өзі аңдаңқырап отырмаса, кейде осы қылығын тым жиілетіп жібереді. Ондайда Алексей сырт көзге өңірінен тозаң үрлеген секілді емес, екі иығын жұлып жей жаздағандай бір түрлі ыңғайсыз көрінеді. Кейде, тіпті, алдында не тұрса, соны үрлеп тазартқысы келетіні бар. Онысын да орынды деу қиын.
Алексей үрлеп тазартты ма, қалай, мәдениет үйшігінің іші таза, тынысқа толы сап-салқын. Ол жасыл шұғамен жабылған ұзын стол жанында жалғыз, газет оқып отыр екен. Есіктен кіріп келе жатқан Қабенге көзінің астымен қарап:
— Сәлем! — деді де, мойнын тұқыра тұра кеп, стол үстін екі-үш мәртебе үрлеп-үрлеп қалды. — Кіріңіз.
Алексей — үлкен-кішіге бірдей жанасқыш, үйірімді кісі. Амандықтан кейін тағы да өзі сөйлеп:
— Иә, халіңіз қалай? — деп, ішке тарта берді.
Қабен аз ойланып, күле тіл қатты:
— Шынымды айтсам, Алексей Алексеевич, сол хал дегеннің жақсы-жаманың өзім де анық байыптап болғам жоқ. Мен дәл осы жайды өзіңізбен ақылдасуға әдейі келіп отырмын.
— Ақылдассаңыз бері келіңіз, — деді Алексей Қабенге қолындағы газетін көрсетіп. — Ал енді бар ма, достым, ақылдасудың үлкені Сағада болатын көрінеді.
Қабен қызыға бастады:
— О не нәрсе?
— Кеңес. Сағада республикалық кеңес өткелі жатыр.
— Не туралы?
— Ембінің келешегі жайлы.
— Ау, — деп Қабен қатты қуанды, — мынауыңыз тамаша ғой!
— Тамашасы сол, кеңеске еліміздің түкпір-түкпірінен әйгілі ғалымдар, озат мұнайшылар келмек. Солай. Ақылдасудың мықтысы Сағада болайын деп тұр.
— Оған бізді қатыстыра ма?
— Неге қатыстырмайды? Үлкен Ембі проблемасы бәрімізге бірдей ортақ емес пе? Айтамыз, қатыстырады. Тек ортаға салар ойыңыз болсын.
— Онда мен барам соған... — деп, Қабен ойлана берді де, ізінше үзіп алғандай, Алексейден: — Не білгеніңіз бар, осы Тайман қандай кісі? — деп сұрады.
Бұл секілді төте сауалға Алексей қапелімде жауап таппай қалжыңдай күліп, оның өзіне сілтеді:
— Тайманды менен гөрі сіз жақсы білуге тиіс емессіз бе?
— Оныңыз рас, — деді Қабен, — оныңыз рас. Бірақ бар ма, Алексей Алексеевич, осы жігіт — мен білетін Тайман емес.
— Сіз білетін Тайман қандай еді? — деді Алексей күлкісін дереу тыйып.
Қабен іркілген жоқ, ап-ашық ағынан жарылып, Алексеймен етене сырласқандай:
— Мен білетін Тайманның несін сұрайсыз, кісі-ақ еді ғой. Жаны нәзік жөне тап-таза болатын. Сезімтал, адамды аяғыш еді. Керемет қиялшыл еді. Біздер әзілдеп, өзін тіпті кейде жылауықтау көріп, французша Senti-mental деп атайтынбыз. Қазір байқасам, мүлде басқа. Қатал ма, қасаң ба, жақсы көруінен жек көруі көп пе... әйтеуір, бір түрлі ысқаяқтанып кеткен секілді.
— Иә-ә, достым, — деді Алексей де даусын соза ойланып, — өмір сүру — есею, ал есею — иллюзиядан арылу.
— Жоқ, тоқтай тұрыңызшы... Алдымен, менің әлгі айтқаным қалай, дұрыс па?
— Әрине, дұрыс қой. Бұрынғысын қайдам, бүгінгі Дәуренов — біраз сұсты, қатал бастық. Онысы да ештеңе емес-ау, бәрінен қиын жері — Тайманда маңын ұйытып, жұмылдыра ертіп әкетіп бара жатқан ірі мақсат жоқ...
— Міне, міне, — деді Қабен құлшына қуаттап, — менің ұғымым да — дәл осы. Ал, ол жігіт неге осындай, соны айтыңызшы.
Алексей қиналды:
— Қайдан білейін. Асылы, адамды орта билейді деген рас қой.
— Жә, Тайманның ортасы жаман ба? Тап-таза жұмысшылар арасында жүр. Мен сізге бір шындықты айтайын. Қазақтың жұмысшы табының тұңғыш қалыптасқан жері — міне, дәл осы ара. Бұдан артық қандай орта керек?
— Оныңызға дау бар ма? Бірақ Тайманды қоршаған топ басқа ғой, қайтесіз...
Қабеннің таңданғаны сонша, тура төбеге ұрғандай:
— Не дейді? — деп тоқтады.
— Солай, достым. Оның өзі іріктеп, таңдап тапқан қолқанаттары бар. Ортасы — сол, өзі соған сенеді. Және, ол органы Тайман емес, Вали Галич билейді.
Қабен бұрынғыдан бетер таңырқады:
— Қойыңызшы! Кәдімгі Қоңыз мұртпа?
— Дәл өзі.
— Ойбай-ау, ол бір парықсыз бейшара емес пе?
— Қате айтасыз. Ол — хамелеон!
Қабен ойланып қалды.
XIV
Осыдан бір апта өткенде Қабен Сағада — үлкен мәслихаттың нақ ортасында отырды.
Кеңес үш күнге созылды. Мұнайлы Ембі тағдыры келелі әңгімеге айналды. Москва — Алматының көрнекті ғалымдары Атырау аймағының ертеңін жұрттың көз алдына жайып салғандай қызық баяндамалар жасады. Бір топ адам Ембінің бар кәсіпшілігінің мүмкіндігін мейлінше сарқа пайдалануды, бұл маңдағы мұнайдың сапасы еш жерде жоқ, сондықтан өндірісті түгел автоматтандырып, екінші әдісті, гидравликалық жару тәсілдерін... бәрін іске асыру жолдарын айтты. Ғалымдардың, маман мұнайшылардың тағы бір тобы Үстірт, Төңірекшың, Теңіз қолтығының байлығына көп көңіл бөлді. Ал, Сағаның жергілікті жас ғалымдарының бірі Еділ мен Жайық арасының мұнайы мен газын ертегідей аңызға айналдырып, күллі кеңеске қатысушыларды ұйыта тыңдатты. Оны ірі оқымыстылар қолдап, осы кеңес бітісімен екі өзен аралығына үш экспедиция дереу аттанатын боп шешілді. Бірін әлгі жас ғалымның өзі басқаратын болды.
— Сен жеңіске жеттің, — деп оның қолын қысушылар көп.
Ал, Қабен көңіліне мықтап ұялаған Барлау тресінің бастығы Ізбек Қалиевтің сөзі еді.
Ізбекті Қабен осымен екінші рет көріп отыр. Бірінші жолы тым асығыс көрді: Ізбек өз тресі жуырда орын тепкен теңіз қолтығына қарай суыт жүріп бара жатқан бетте Мұнайлыға жол-жөнекей, бірер сағатқа ғана асығыс соғып өтті.
Екінші көруі, міне, осы.
Ізбек — қорғасыннан құйылғандай нығыз, мығым, денелі жігіт. Отырған, тұрған орнында ап-ауыр, өзінде жер қозғалса қозғалмастай салмақ бар. Мұнысы оның бар қимылына сырт көздің сенімін ұйытады.
Бұл кісінің жасы отыздар ішінде деседі, ал бет пішініне қарасаң жер орта жастан ауып кеткен адам дерсің. Бір түрлі кең біткен бет-жүзі айқыш-ұйқыш сызық. Сызық болғанда айғыздалған әжім іздері емес, әлдебір ерлік пен өрлік, қайсарлық пен қаталдық белгілері секілді терең сызықтар. Қалың қабақтың ортасымен қырлы мұрынға тік түскен екі сызық қап-қара, қоп-қою екі қастың да жебесін басып қап, шалғайын самайға қарай серпіп-серпіп жіберген. Сонда Ізбектің қабағы қашан көрсең де шарт түйіліп, оның астыңдағы кішілеу дөңгелек көздері ылғи от шашып, айбат шегеді де тұрады.
Жаңағы бір әзірде Ізбек сөйледі: сөзі де өз бітіміне лайық байыпты, орнықты. Ол Атырау аңғарын, әсіресе, Жетісайды зерттеу кезек күттірмейтін нәрсе екенін айтты. Жетісайдағы қазіргі іздеу, барлау жұмыстарының әлі мардымсыздығын сынады. Ондағы бұрғылау қарқынын шұғыл көтеру талаптарын көп алдына тартты.
Қабенді таң қалдырған Ізбектің Жетісай қазынасы жөніндегі геологиялық деректері; оның байыптауынша, Жетісай даласының Мұнайлы қабаты отыз жеті қыртыс та, мұнайының қалыңдығы үш жүз метр. Бұл рас болса, Атырау астыңда осынау ұлы теңіздің өзіндей мұнай теңізі бар деген аңыз шындыққа айналмақ.
Қабен ұйып тыңдап қалды. Ойы да сол теңіз толқынындай тулайды: кең арнамен өзендей ағызуға болатын байлық қазынаны қымтап қойып, құдықтан қауғалғанға місе тұту не деген шабандық?
Бірақ, неге екенін кім білсін, Ізбек сөзін жұрттың көбі, әсіресе президиумдегілер онша қызықтамай, қызына да қоймай, енжар, селқос тыңдады.
Кейін үзіліс болған. Кулуарда әңгімелескендердің сөз репеті де Қабеннің Ізбек туралы ұғымынан біраз бөлектеу. Әркім өзінше, бірақ бір-біріне ұқсас сөйлейді:
— Ізбек — геолог. Ал, геолог атаулының бәрі осындай, шетінен қиялшыл келеді.
— Мұнікі белгілі ария ғой. Бұл жігіт Барлау тресіне бастық болмастан бұрын Комбинаттың бас геологі болған. Сонда жарты ғұмырын Жетісайда өткізгені бар. Есі-дерті әлі Жетісай.
— Одан бері он жыл өтпеді ме?
— Талай жерден бұрғы салдыртты, түк те шықпаған.
— Қайтесің. Әйтеуір Жетісай десе осы кісі бар дүниеден баз кешуге әзір.
Бұл сөздерді Қабен таңдана тыңдап, үнсіз жүрді. Дегенмен оның үнсіздігі сырттай ғана, ал, іштей бұлардың біріне ұқсамайтын өз пікірі, түйін-тұжырымы бар. Ол өз ойымен өзі толғанып жүрді.
Кешкі мәжілісте Қабен сөз алды. Әуелі ол кеңестің келелі мәселе көтеруін құптайтынын, осындай бір үлкен әңгімені көптен күтіп жүргенін білдірді. Сөйлеп тұрған қалпы президиум жаққа бір бұрылып қарағанда трест бастығы байсалды кейпін өзгертпестен, "не айтар екен" дегендей бұған ұмсына құлақ түріп қалған екен. Оған Қабен онша қобалжи қойған жоқ, ойын жалғастыра берді. Өзі жұмыс жасап жүрген Мұнайлы кәсіпшілігін мысалға ала келіп, ескі орынды қанша жамап-жасқағанмен мардымды нәтиже шығару қиын екенін, мұнай өнімін арттырудың ең басты әрі шешуші кілті — бұрғылау; бұл іске күллі Ембі болып жаппай жұмылу керектігін айтты.
— Мен мұнымен, әрине, сіздерге жаңалық ашып тұрғаным жоқ. Бірақ, тағы да астын сыза түскім келеді. Мұнайлы Ембінің ертеңі үлкен! Ол ғажап! Үлкен Ембі перспективасы кеудесінде жаны бар мұнайшыны тебірентуге, толғантуға тиіс. Меніңше, Ембінің келешегі бүгінгі шағын-шағын он-он бес промыселда емес... Рас, бұлардан мұнай табылды. Ал, табылған мұнай ешқайда кетпейді. Ембінің келешегі табылмаған байлыққа байланысты. Бүгінгі табылған байлық Ембінің әлі табылмаған, бірақ табылуға тиіс байлығының жүзден біріне тұрмайды. Оны Қалиев жолдас жақсы айтты. Демек, Ембінің келешегі барлауда, бұрғылауда. Ал, негізгі күш қайда қазір? Негізгі күш разведкада емес, промыселдарда... Мысалы, менің Тайман Дәуренов деген досым бар; мамандығы — геолог. Қазіргі қызметі — директор. Және, әділін айтсақ, тәп-тәуір директор. Кәсіпшілігі де жаман емес. Тәуліктік график асыра орындалып отырады. Бірақ мұның бәрі, менің ойымша, Тайман Дәуреновсіз-ақ бола беретін құбылыс! Ал, Дәуреновтің орны — разведка! Ол жаңа өндіріс орнын іздесін, жаңа мұнай көзін тапсын! Талап неге осылай қойылмайды?! Жанның тыныштығы үшін, әрине, разведка емес, промысел жақсы!..
— Бұ не сөз бұл! — деп Тайман орнынан ұшып тұрды. Жұрт аздап таңданыңқырап қалды.
— Сен бөлме! — деді Қабен. — Мен бір Дәуренов туралы емес, жалпы Дәуреновтер туралы айтып тұрмын. Майданның ең алғы шебінде болатындардың бәрі тылда қазір. Мұнымен ойдағыдай жеңіске жету мүмкін емес. Нағыз мамандар, оқығандар, зиялылар түп-түгел промыселдарды төңіректеп кеткен. Бұл қате! Бұл — қауіпті құбылыс! Мен басқаны білмеймін, жастар түгел шабуылға шығу керек. Мамандар разведкаға баруға тиіс. Қалада түру жеткіліксіз. Далада, құлазыған құла далада түру керек. Бізге мұнай теңізін ашу керек. Ол далада! Жапанды жұмақ ету деген сол болады...
Қасыңда отырған Әли Тайманның құлағына әлденені күле сыбырлағандай еді, Тайман қолын бір-ақ сілтеп:
— Ә, авантюра, — деп тағы айғайлап жіберді. — Баяғы Қабен ғой бұл. Мұның қашанғысы осы, бұл әуелден осындай әулікпе, беймаза жігіт болатын.
Дәл осы тұста Қабен өзінің сол жақ бүйірінен әлдекімнің:
— Міне, міне, бізге осындай инициативалы, самопожертвованиеге әзір жігіттердің бір оны керек. Сонда шіркін... — деген сөзін естіді.
Бірақ оны кім айтқанын және кімге арнап айтқанын Қабен аңғарған жоқ. Сөзін жалғай берді.
XV
Осы күннің ертеңіне Қабенді Ізбек қабылдады; әдейі іздеп тауып, арнайы шақырып қабылдады.
"Адам сөйлессе" дегендей, пікірлесе келе Қабен Ізбектің орнықты ғана емес, ойлы да кісі екенін аңғарды. Өзінде бір қызық қомағайлық, әлденені аңсау бар, көкірегінде ірі мақсат жатқандай. Қабеннің іздегені осындай адамды.
Бұлайша жеке кездеспей, шүйіркелесе сөйлеспей, әшиін сырттан кесіп-пішкен кісіге Ізбек тұйық, тікшіл, тіпті қатыгез жан секілденетін. Жоқ, олай болмай шықты. Қабенмен оңаша кездескен бетте ап-ашық қып, мұның кешегі пікіріне өзі риза екенін айтып салды да одан әрі өзін толғантатын ойларын ірікпей, қашаннан етене, бірге жүріл, біте қайнасып келе жатқан досымен кеңескендей ұзақ сөйледі:
— Мен сіздің жалпы барлау ісіне көзқарасыңызға дән ризамын. Расын айту керек. Комбинаттағынар кәсіпшіліктер тағдырына енжар қарай алмайды. Ол дұрыс та. Кәсіпшіліктерге де маман кадрлар керек. Байырғы өндіріс ошақтарындағы дәстүрлі жұмысшыларды беталды бытыратып, жан-жаққа шашып жіберуге болмайды. Содан соң, Комбинаттың міндеті — жоқ нәрсені табудан гөрі бар нәрсені, яки табылған байлықты оқсатып, ел игілігіне жарату. Алайда, осының біріне қарамастан, олар экспедиция, барлау, разведка жайын естерінен шығармауға тиіс еді, тек сол жағы жоқ. Бұрғылау жұмысын жөн жолға қойып алмай, мұнай өнімін еселеу, молайту мүмкін емес. Демек, бұл екі жұмысты бір-бірінен бөле қарау, екеуін екі түрлі мақсатқа айналдыру қате. Бұл ретте, мен бүгінде дәл осы екі жұмыстың екі мекемеге беріліп, бұл тұста параллелизм болуын онша ақынды істелген шаруа деп білмеймін. Бұрын мұнай өндіру де, бұрғылау да Комбинаттың қолында болатын. Қазір барлау ісі Комбинаттан алынып, басқа Басқарманың билігіне берілді. Сол Басқармадағы кейбір жолдастар жоқ жерден еркек қойдай бөлініп, барлау ісін Комбинат мүддесінен тыс өз бетінше, өздерінің, тек өздерінің ғана ұйғарымдарынша шешпек болады. Дұрыс емес. "Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды" дегендей ұят нәрсе!
Ізбек өзін үнсіз тыңдап қалған Қабеннің ойлы жүзіне көз тоқтатып сәл іркілді де, темекі тұтатып тартып, сөзін қайта жалғады:
— Біздегі осындай бұрыс мінездер жергілікті кадрлерге де зақым-зардабын тигізген. Мысалы, сіздің кәсіпшіліктің директоры Тайман Дәуренов, тек ол ғана емес. Ембі кәсіпшіліктерінің көптеген басшылары барлау ісіне саусақ арасынан сығалайды. Әрине, олар жаңа мұнай көзін табуға қарсы емес. Бірақ өздері тұрған ауданнан тыс шет аймақтарға көп алаңдағылары келмейді. Өз адамдарын басқа жаққа әкетуге қарсы. Бұл қылықта логика да жоқ емес. Комбинат олардан кәсіпшілікте бар скважиналарынан тиісті мұнай өндіріп беруді талап етеді, жоқ скважиналарды тап, мұнай көзін аш деп талап етпейді. Осы келеді де олардың өрісін тарылтады, оларды арқандайды.
Бұл тұста сөзге Қабен де араласты:
— Сол директорларыңыз өзінен талап етілген нақты жұмыстың өзін аздап өрелілеу ойлап, өрістілеу шешсе екен- ау! Соны көре алмай әуреміз ғой.
— Қандай өрісті айтпақсыз? — деп тоқтады Ізбек.
— Айталық, адам күші... Өндіріс процестері автоматтандырылса, адам күшінің мүмкіндігі қолма-қол артады. Мысалы, Мұнайлыдағы тек қана отыз скважиналы Басқұдық участкасын соңғы бір айда бір жерден бақылау мүмкіндігін жасауға әрекеттеніп көріп едік, әжептәуір нәтиже шығатын түрі бар. Бұл арқылы біз әр сменадағы үш оператордың екеуін қысқартып, бір участканың өзінен алты маманның басын ашып алып отырмыз. Бұл тек бір жердегі отыз скважинаны үйден бақылау ғана. Ал, бүкіл кәсіпшіліктегі барлық скважиналарды жүргізу, тұрғызу, екі жақты байланыс, мұнай ағызу, скважина өнімін өлшеу... тәрізді комплексті шараларды автоматтандырсақ, қазіргі жүздеген адамдардың жұмысын ондаған адамдар-ақ атқармас па еді?
Ізбек жымиып күлді. Риза боп күлді ме, әлде "шырағым- ай, алды-артыңды аз ойлайсың-ау, белсенділеу екенсің" деп күлді ме, белгісіз. Қабен содан сезіктеніп:
— Әрине, мен мұның бәрі оп-оңай, аз айда тындырыла салатын жұмыс емес екенін жақсы білемін, — деп, ыңғайсыздана езу тартты. — Жалғыз-ақ, біздің директорлар, соның бірі Тайман, осы іске шынымен, жан сала ұмтылмайды. Мен соған қайранмын. Кешіктіре береді, кейінге қалдыра береді. Жарты ғасыр өмір сүрген Мұнайлыда әлі күнге дейін автоматтан тұлдыр жоқ деген не сұмдық. Айтып отырмын ғой, күні ертең бір ғана Басқұдықтан, скважина аралап, босқа сенделуден бақандай-бақандай алты маман босағалы отыр. Осы алты адамды барлау, бұрғылау ісіне араластырса ше? Қандай әсем күш!
— Ойың онды-ы-ы!.. — деп Ізбек қоңыр үнін соза сөйледі. "Сізден" "сенге" ауысты. — Ойың әрлі. Осы мінезіңе мен қызығам, бүгінгі кездесу себебім де сол, — дей берді де Ізбек үзіп алғандай, — жә, ол туралы кейін... Ал, сен, Оразов, біздің директорлардың неге әлгідей істейтінін білдің бе? — деп қалды.
— Қандай?
— Жаңа өзің айттың ғой, автоматқа асықпайды деп... Соның себебін білдің бе?
— Білдім, — деді Қабен әлденеге көзі жеткендей сеніммен, нығыз сөйлеп, — білдім. Кәсіпшілік түгел автоматтанса, жүз адамның орнына он-он бес адам, екі жүз адамның орнына жиырма-отыз адам қалар еді. Демек, жиырма-отыз адам үшін бүгін бір басқарма, аппарат, ондаған бастық, маман инженер-геологтар ұстаудың қажеті болмас еді.
Ізбек Қабен сөзіне қызыға түсіп, ризалықпен дауыстап, рахаттана күліп алды:
— Апырым-ай, айтып отырмын ғой, сен бір... нәрлі жігіт болдың... Ал, я? Мысалы, сен комбинат бастығы бол. Әлгі бір кәсіпшіліктің, мәселен екі жүз адамның орнында автоматтанған соң отыз-ақ адам қалды. Ал, сен енді не істер едің?
— Нені, қалған жүз жетпіс адамды ма?
— Жо... жоқ, оны не істеу керектігін қазір ойласайық. Әлгі отыз кісілік кәсіпшілікті қайтер едің?
— Аһ, — деп Қабен кәдімгідей жайнап, серпіліп қалды. — Оны жоям! Отыз адам үшін кәсіпшілік басқармасын ұстап қайтем? Жоямын! Жоямын да, осындай бес-алты кәсіпшіліктен үлкен бір кәсіпшілік жасаймын. Ал, ауысқан кісілерімді бар ма?
— Ал?
— Жүздеген мамандар — ылғи ығай мен сығайлар жұмыссыз қалды ғой. Міне, соларға "ал, кеттік" деймін.
— Қайда.
— Далаға кеттік! Дала кеземіз! Мұнай іздейміз. Ембінің келешегіне сапар шегеміз! Теңіз түбін тіліп қараймыз! Жаңа, тың көз — мұнай қайнарын ашамыз! — деймін. Шіркін, нағыз мұнайшы үшін даладан артық сырлы шежіре, даланы адамға қызмет еткізуден асқан абыройлы мүлде болуы мүмкін бе?
— Ұғамын, түсінемін сені... — деді Ізбек. Оның жүзінде кенеулі ой толқып тұрды. — Түсінемін, інішек! Дәл айтасың, тауып айтасың. Біздің ісіміздегі аяққа оралғы көп қырсықтың ең үлкені — әлгі, өзің айтқан территориялық тар шеңбер. Сол Тайман Дәуренов, мысалы, тамаша кісі. Ірі маман. Бірақ не керек, әлгідей тар мүлде жылғасында амалсыз қала береді. Бұл — бір Тайман емес, бар Тайманның осал жері.
— Жоқ, — деп қарсыласты Қабен, — егер Тайман осындай тар мүдде мөлшерінде мәңгі қалған болса, ол сіз айтқандай ірі маман, тамаша кісі емес.
Ізбек бұл қарсылықты жаңа кездескен жас жігіттен күтпеген-ді. Сәл ыңғайсыздана жымиып күлді де, дерексіздеу тіл қатып:
— Қайдан білейін, мүмкін, менен гөрі Тайманды сен көбірек біліңкіреуің мүмкін, — деді де қойды.
Қабен оған да қарсы болды:
— Мен де білмей жүрмін олай болса!.. Егер Тайман әлгідей тек көз алдындағы аз ғана нәрсеге алданып жүрсе, директорлық креслосын қиыңқырамай жүрсе, ол — қыры кеткендеу, қырсық шалғандау кісі болғаны. Ал, бұл сияқты жеке бастың қырсығы, оның үстіне ол басшы болса, — басшының қырсығы өз маңына, ортасына, сайып келгенде бүкіл бір коллективке тиеді. Меніңше, бұған енжар қарауға болмайды!
— Амал жоқ, бізде ара-тұра осындай жайлар бар. Қалыптасқан нәрсе! Мұны бұзып-жару, әрине, оңай да нәрсе емес.
— Оныңыз рас-ақ. Бірақ, мысалы, Тайманды түзеу, не Таймандарды тезге салу қолынан келетін басшылар болуға тиіс.
— Логикалық жағынан, әрине, сенікі дұрыс. Ал, енді бір тұрғыдан қарасақ. Тайманға қояр не сын бар? Кәсіпшілігі жақсы! Өнім жоспары артығымен орындалып отыр. Адамдары да әсем, іскер коллектив. Екінші әдіс сол кәсіпшілікте ерекше үлгілі жүргізіледі. Тапсырмаңды тап-тұйнақтай атқарып-ақ отыр. Ал?.. — деп Ізбек Қабенге тағы да сұрақ қоя тоқтады.
— Жоқ-ау, автоматтандыру проблемасы ше? Бұл неге екінші кезекке ысырылған?
— Неге? Неге екінші кезекке? Өндірісті автоматтандыру тек бір Тайманның, немесе бір ғана кәсіпшілік коллективінің қолында тұрған нәрсе емес. Алдымен, автоматтандыру ісін арнаулы мамандар бригадасы жүргізеді. Ембі кәсіпшіліктері ондап саналады. Бәрі де өз ретімен. Кезек күтетін шығар. Екіншіден, кез келген кәсіпшілікті автоматтандыру салған жерден ойдағыдай нәтиже бере бермеуі мүмкін. Мысалы, Мұнайлыда үш жүз скважина бар. Берер мұнайы Көкарнаның отыз скважинасының өніміне жетпейді. Ал, сіз қайсысын автоматтандыру бірінші кезектегі шаруа дер едіңіз? (Ізбек енді "сізге" көшті). Ойлап қараңызшы, үш жүз скважинаны автоматтандыру оңай ма, отыз скважинаны автоматтандыру оңай ма? Үш жүз скважинаны автоматтандыру пайдалы ма, отыз скважинаны автоматтандыру пайдалы ма?
— Әрине, өнімі көп болса, отыз скважинаны бұрын автоматтандыру дұрыс.
— Ол — ол ғой, — деді Ізбек, — кейде кейбір кәсіпшіліктің күллі скважинасының өнім нәтижесі оны автоматтандыруға жұмсалған еңбек хиуазын көп уақытқа дейін қайтара алмайтыны және бар. Мұны ойламауға тағы болмайды.
Қабен үндемеді. Ойланып отырды. Сырт көзге Ізбек Қабенді сөзден тосқан секілденді. Бірақ, Ізбек мұндай оңай ұйғарымның адамы емес-ті. Ол өзі тоқтатқан Қабенді қайтадан өзі оята бастады:
— Бірақ, жігітім, есінде болсын, осы айтқанымның бәрі кейбір басшы қызметте жүргендердің білгіштігі емес, білместігі; профессионалдық міні! "Ахилесова пята" деп осыны айтады. Мүмкін менің солар тұрғысынан айтқан пікірім дәлелді, деректі-ақ шығар. Бірақ осы соңғы ойлар сенің жігерлі ұсыныстарың мен ірі мақсаттарыңның тұяғына тұрмайды. Қане, енді шешіліп, дұрыстап ақылдасайық!..
XVI
Ізбек Қабенді Басқарманың треске тиісті геология бөліміне ертіп апарды. Көп терезелі, кең, ұзын бөлмеде екі қатардан тізіп қойылған бір тектес шағын столдардың әрқайсысында бір-бір геолог; есіктен кіргендерге төбелерін ғана көрсетіп, түп-түгел тұқырып қалған. Әркім өз столының бетімен бет керіліп тасталған етектей-етектей жұқа, жылтыр қағаздарға үшкір қаламын қадай үңіледі. Қағаз беттері айқыш-ұйқыш, шым-шытырық қара сызық. Бөлме іші тып-тыныш; кейде тек жұқа қағаздар ғана шытырлайды, одан өзге оғаш дыбыс та, ошаң еткен оқшау қимыл да жоқ.
Өз ісін өлгенше қадірлей білген адам ғана сол істің шын маманы. Білу әрқашан сүюден басталады. Сүю — ынта, құштарлық — білгір кісінің мәңгілік мінезі. Ізбектің геологияға көзқарасы бөлек жатыр. Геолог ісін шексіз құрмет тұтатын сияқты. Геологтар бөлмесіне кірген бетте ол осындағы сергек, салтанатты тыныштыққа табынғандай, аяғын ұшынан басып, жұрттың бәрінен жасқана қорғалады да қалды.
— Ақырын, ақырын, — деп сыбырлады ол, — осылардың әрқайсысының алдында қағаз емес өмір жайылып жатыр. Ойларын бұзбайық.
Екеуі екі қатар столдар арасымен жүріп өтпей, жүзіп өткендей болып, төргі бөлмеге кірді.
Ізбек оңаша бөлмеге келген соң сейфтен Жетісайдың геологиялық картасын, Сардардың сафиян папкасын алып, Қабенге осылар жайын баяндап, егжей-тегжейіне дейін түсіндірді.
Жетісайдың соңғы бұрғысы өткен жылы суырылыпты. Оған дейін де бірнеше рет қазылған жер; өткен жылы тағы нәтиже бермепті. Тірі мұнай таптырмай қойған. Бұрғышылар өкінішке қалған, кейбірі тіпті торығып:
— Геологтар түк білмейді, құр долбар, бізді босқа әуре етіп жүр, — десіп, қолдарын сілтеп жөніне кеткен.
Ізбек болса, бұл реніштердің біріне міз бақпаған; кеудесіндегі бар арманы — әлі күнге Жетісай. Мұның үміті мүлде үзілер емес, қайта құштарлығы күшейе түскен. Оған, әсіресе, көп себеп болған Сардар, Сардардың сафиян папкасы көрінеді.
— Шырақ-ай, мынада бәрі сайрап-ақ тұр, — деп Ізбек қызғылт-сары папканы ашты, — бұл Сардар Сұлтановтың Жетісай байлығын дәлелдеп, өмір бойы жиған-терген деректері. Өлер алдында маған тапсырған ақтық аманаты да осы, кейінгіге қалдырған қасиетті мұрасы да осы. Қайран шіркіннің соңғы айтқан өсиеті де сол Жетісайды бұрғылау, қайткен күнде де содан бір нәтиже шығару еді.
Қабен Сардар атымен байланысты сырды тына тыңдап, жырдай жаттап отырды. Көз алдына қайта-қайта Сардар елестеп тұрды. Сафиян папка нағыз шежіре болса керек. Қабен Ізбекке:
— Осыны бір түн оқып қайтаруға бола ма? — деп жабысты.
— Мақұл.
Ізбек енді Қабеннің алдына өз қолымен жасалған Жетісайдың геологиялық картасын жайып тастап, әдеттегі қалпынан өзгеріп, жеңілденіп:
— Қарашы, мынаны, — деп, әлдебір тосын құштарлықпен өзін-өзі ұмыта сөйледі: — өткен жылы мына нүктеде бұрғы үш мың метр тереңдікке дейін барды. Мұнайлы қабатқа жетті. Тіпті асып та кетті. Қас қақпай бағып отырдық. Бәрі ретше, бәрі күткен дей. Үш мың метрдің ұзына бойында кездесуге тиіс күллі қыртыс дәл мен топшылағандай. Қазылған скважинаны өзімізше қапысыз, жан-жақты байқаудан өткіздік. Қайта-қайта аттырып көрдік...
— Иә! Мұнай болмады ма?
— Болмады! Мен түкке түсіне алмадым. Әлі хайранмын. Болмады! Болмауы мүмкін емес еді, қайтесің, болмады!..
Ол осы сөздерді жұлқынып, ренжіп, күйініп айтты.
Қабеннің құлағы Ізбекте, көзі қазылған скважинаның үш мың метр тереңдік сырын қағаз бетіне бұлжытпай түсірген геокартада. Үш шақырым жер астының бар жынысы қабат-қабатымен карта бетіңде сайрап тұр: лентадай созылған ұзын, шытырлақ қағазда шетсіз, шексіз ирелеңдей берген қара сызықтардың әр ирегі құпия сыр шертіп, сөйлей жөнеледі. Қабен бұл тілсіз тілді нәзік түсінеді. Құлаш-құлаш ұзын белдеу қағазды тарқата созып, үңіле оқып отыр. Екі жарым шақырым тереңдіктің тұсы Қабеннің ұғымынша да қаракөк мұнай. Бұл картаға сенсе, Атырау астыңда мұнай мұхиты бары сөзсіз. Егер бұрғы сол мұхитқа тік барын, дәл түссе, Ізбектің есебінше де, Сардардың топшылауынша да бір скважина берер тәуліктік мұнай мөлшері Мұнайлының жүз скважинасының берерінен артық. Бұл неткен ғаламат.
Кезінде Сардарды да толассыз тербетіп, толғантқан осы шындық екен ғой.
Мұны сезген Ізбек қайтып тыныштық көрсін!
— Осыдан екі жыл бұрын астанадағы, шаруашылық советіндегі бір жолдас "сен анау өзіңе сеніп тапсырған Комбинаттағы міндетіңе мықты бол. Басқа жағын қайтесің. Геолог екенің рас. Білеміз. Ойың да түсінікті: жаңа көз ашсаң алар абырой-атағың да үлкен болар еді. Амал не, сенікі әзір бал ашу тәрізді, тым дүмбілездеу жатыр. Бұл проблеманы Геология министрлігі бар, Геология Басқармасы бар, коллектив боп шешер. Ол — солардың наны. Ал, сен, қане, мұнай, мұнай, мұнай бер бізге! Ашылған көзді әдемілеп сарқып бер!" демесі бар ма? Өй, әрең шыдадым-ау өзім де... Шыдамасқа шара бар ма? Ол бір жағынан қалжыңдап айтты. Бірақ шындық: бұрғыланған нүктелерімнің ең болмаса бірі мұнай бермей-ақ діңкемді құртты-ау, қайтейін... — деп опынып тынды Ізбек.
Қабенді Ізбек сөзіде, көріп, танысып отырған деректері де сан сала ойға салды. Оның көкейінде жүрген бір түйіннің шешілер жері осы секілді. Көкжиек бұрынғыдан гөрі кеңи түскендей. Мақсат та айқын сайрап түр. Демек, бұл Қабен тайынатын жер емес. Дегенмен, ол сонда да әр алуан күдіктерге амалсыз іркілді:
— Із-аға, сол Жетісайға мен барар едім, әттең...
Ізбектің көз шырасы жанып кетті:
— Тоқташы! Неге "әттең" дедің сен?
— Қайтейін, күш қазандай қайнайды...
— Ал? Мұнымен не айтпақсың?
— Мені толғантатын да бүгінгі Ембі емес, ертеңгі Ембі. Бірақ осы ойды, мақсатты мені білетіндер менің бойыма сыйымсыз көреді. Мені бір ожар, ұр да жық, ұрт жігіт, әлгі өзіңіз айтқандай жалған атақ, жалаң абырой іздеген біреу көреді. Тіпті Тайманға дейін осылай ұғады, адуын, авантюрист деп біледі.
Ізбек Қабен сөзін бөліп:
— Жә, бұл солай болсын. Әлгі "әттеңің" не? — деп қадала сұрады.
— Енді қайтейін? Бұлқынуымда, шиыршық атуымда қапы жоқ. Әлгілер беймаза десе дегендей. Осы өңірге өзімді сүйрелеп әкелген де сондай бір құштарлық. Тек, не керек, менің қолымда не күш бар?
Ізбектің маңдайындағы қабаққа қарай тік түскен екі сызық тереңдеп кетті:
— Қандай күш керек саған?
Қабен Ізбектің оймен түнере қалған сұсты түрінен әлдебір шешім, оқыс шешім танып, серпіліп алды:
— Маған бір бұрғылау станогі, сол станокті қимылға көшіретін маман бұрғышылар керек. Оның мықты біреуін өзім тауып тұрмын.
— Кім?
— Азамат Қуатов.
Ізбек Жанары жалт етті:
— Аһ!.. Онымен келістің бе? Сенімен бірге кетуге көне ме?
— Келіскенім жоқ. Ал, со кісінің келісетініне шүбәм да жоқ. Қой, келіседі, көнеді.
Ізбек ойланған қалпы:
— Дұрыс, дұрыс, біліп отырсың, көнуі мүмкін. Кәрі тарлан ғой, бойы құрыстап, әрең жүрген секілді еді, бір көсілуге бел байлауы мүмкін.
— Қысқасы, ол көнеді. Мен, міне, әзір отырмын. Енді бір станок, бір бригада болса, дәл әлгі Жетісайды бұрғылауға... біржола...
— Бұрғылағанда ол нүктені қайта бұрғылаудың қажеті жоқ. Одан нәтиже шықпауы да мүмкін, — деп Ізбек сафиян папканы ашып, бір фотосурет көрсетті. Суретте кәделі, көкпекті кең жазира дала; бір қиырда жалғыз мола тұр. Ізбек соны нұсқады: — Әлгі нүктедегі геологиялық жүйенің бір ұшы, міне, мына бір бейітке тіреледі. Білмеймін, қай заманғы бейіт, кімнің бейіті?.. Адайда үш жүз алпыс екі әулие болған деседі ғой, солардың бірі шығар... — деп Ізбек қалжың айтты. — Міне, дәл осы бейіттің түбінде Сардар қаққан қазық бар. Осыны бұрғылау керек. Бұл Жетісайдың ақырғы, шешуші байқауы болмақ еді. Соңғы үміт сол еді. Сардар марқұм бұрғы сала алмай, арманда кетті. Одан басқа ешкім жөндеп бел шеше алмай келеді. Жылдан жылға ығыса береді. Биыл бұрғыланбақ еді, Барлау басқармасы тағы келесі жылға көшірді.
— Неге?
— Әлгі ғой себеп... Күш, адам күші жетпей жатыр...
Осы сөзді айтуын айтса да, Ізбек іштей өзін-өзі құптай алмай, дереу өзгеріп, мүлде басқаша байлау жасады:
— Ал, енді мен бір қияс іске көштім, інім. Сен шын бел шешсең... — дей бергенде Қабен отырған орындығы өзін серпіп қалғандай орнынан жеп-жеңіл атып тұрған; денесін бір түрлі тосын үрей баурап, бойы қалтырап кетті.
ХVІІ
Ембі даласындағы бір қиын нәрсе — жол.
Сағадан жан-жаққа жосыла жөнелетін қасқа жолдар бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсас: қаладан шыққан бетте бәрі асфальт, бірақ бәрінің бәйгесі мықтағанда он бес-жиырма шақырым ғана, одан әрі көсіле зырлаған машинаны жер сипалатып, қалт-құлт кібіртікке салатын ойлы-қырлы орғыма грейдер.
Жем мен Сағыз, Жайықпен Теңіз... — бәрінің жолы сол. Жалғыз-ақ, Жайықтың қазақ бетімен Қаракөл-Қарабауға көсілген атамзаманғы күрең сүрлеу ғана тықыр тегістік: жазда түйелер таптап, қыста шаналар сүргілеп тастаған сара, таптаурын.
Қабен Сағадан шыққан бетте Мұнайлыға емес, Қарабауға қарай күрең даңғылмен құйындата ағызып барып, Баймөңке-Сары тұсынан оң бүйірге кілт бұрылмақ болды.
Кенеп бүркемелі жеңіл машина жүрдек: дала жолын қылғи жұтып, зырғып, зымырап келеді. Аспан қабағын шарт түйіп алған. Айрықша, сол қанат — сонау ойдым-ойдым қою ормандарын әрі ала қашып, Текеге қарай шалқая берген Ақжайық үсті тым тұнжыр; күн де сол тұста, бесін мен екінді арасында бұлтқа адасқан. Және аспан мінезі бір түрлі қызық: дала жолын белдеудей буынып ап, жым-жырт сұлаған құба белдер үстін сәл шаңыта сіркіреп, ұсақ тамшылар дүркін-дүркін көктен жерге жұқа шымылдық төгеді де, тез жиып ала қояды.
Қабен бүгін әдеттен тыс жайдары; іздегенін осы сапарда ғана тауып, көңілін бірлеп келе жатыр. Өзінің биылдыққа кәдімгідей бел жазып, еңсе көтергені де осы шығар. Бойда жігер, кеудеде қызу шабыт бар. Лыпыған жеңіл, сұлу шабыт. Өзі құдды ақын секілді, аспан мінезін адам қылығынша қабылдап, қызық қиялға шомады.
Шофер абыржиды: жол сабыр болмай тұрғанда Мұнайлыға жетіп қалғысы келеді. Қабен болса, өзімен өзі: көзін жасауратып, алға, әлдеқайда алысқа тігіп алған. Бел үстіне шымылдық құрғандай кенет жылы жаңбыр себездесе, бұл соны балаша қызықтап, ұшқындап қалады. Ой-сезімі де оқыс құбылып, ойнақыланып кеткендей. Дәл сол сәтте, неге екені белгісіз, оның тіліне екі жол өлең оралып тұрады:
Көкала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта...
Болды. Арғы жағын Қабен ұмытқан. Ал бірақ осы екі жол өлеңнің өзі-ақ ойдай мағынаға, мазмұнға малтытады. Сөйткенше жаңбыр пышақ кескендей тыйыла қалады. Қабен тіліндегі өлең жібі де дереу тарқатылып кетеді; көзіндегі ұшқындар да басылады. Енді бұл ойлы көзін оңы мен солына кезек төңкеріп, қайтадан үнсіз қиялдар дүниесіне көшеді.
Жол езуіңде жүз жасаған қара құзғын отыр. Үлкендігі кісідей. Машина қасына зырғып келіп қалғанша қозғала қоймай, тұмсығын майыстыра, көзін қанталата қарап, жолау-шылар өзіне есік пен төрдей тақағанда ғана бір-ақ қопарылды; алып қанатын асықпай ауыр қозғап, аз ғана жайқады да, арғы жағындағы құлаған қыстауға жылып қонды.
— Тастар сөйлер ме еді, — деп қалды Қабен, — тастарға тіл бітсе не дер еді?
Шофер Қабенге жалт қарады: беті-жүзі балбырап, ішкі шабыттың сыртқа шыққан әсем, әсерлі белгісін танытады. Бар тұлғасы, кескін-кейпі түп-түгел балғын, жас. Сонымен қатар піскен, сом бітім. Жас күш, жігер шапшып білініп тұр. Тәні де, жаны да сау адамның артықша бір асыл бітімі.
Шофер әлденеге разы болып, Қабенге күтпеген жерден:
— Жігітім, сен сүйіп көрдің бе? — деп қалды.
Қабен селк ете түсті де, түкке түсінбестен аңыра бере, әлгі ойын іштей қайталады: "Тастар сөйлер ме еді?"
Әрине, тастар сөйлемейді. Тастар сөйлесе, Жайық бойы ғасырлар сырына кенелер еді.
Бұл өңірдің шежіресі шексіз. Әлгібір құзғын қонған құлаған қыстауды білетіндердің айтуынша, бұдан жүз жыл бұрын Самал — Жамал мекендепті. Самал — көркем жігіт, Жамал — сұлу қыз; бұл екеуінің ғашықтық хикаялары Ләйлі— Мәжнүн жырындай, ел ішіне аңыз боп тараған. Демек, жол езуінде жым-жырт мыжырайған иесіз қыстауда бір кезде қызық тіршілік болды. Құлаған қыстаудың үңірейген терезелерінің алдында бетбақтың сексеуіліндей тырбия шөгіп, екі тұп үйеңкі тұр. Күнінде бұл ағаштар да жапырақ жайып, желмен жайқалған-ды. Ағаш түбін құпияға толтырып, жапырақ сыбырына сыңғыр күлкілерін қосып, Самал мен Жамал тұрды ма, кім білсін? Жә, Жайық бойында бұл секілді құлаған қыстаулар аз ба? Солардың бәрі — өткен ғұмыр, өшкен тіршілік куәлары, ықлым заманалар ізі. Тастар сөйлесе, сол тарихты баяндар ма еді?
Бірақ, Қабен арзан "Sentimental" емес, мұндай тарихты оп-оңай толғай қоймайды. Оның ойын тұтқындайтын басқа нәрсе: тарих тұманында мұнартқан қадау-қадау жартастай ірі тағдырлар.
Жайық жай ағады, арнасы толған су емес, жалпақ даланың ой-арманы тәрізді.
Бір кезде Ақжайықтың арғы жағын Атырау толқынындай сапырып, дала дауылы бұрқыраған. Қайқы қылышын кекке жанып, ер Исатай түн қатқан. "Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып", Махамбет батыр жүрген. Күні кеше ғана жай оғындай жарқылдап Чапаев жортқан. Солардың бәрінің ой-қиялын Жайық жинап алғандай.
Жайықтың бергі беті де бұрқанған ел ашуына толы болатын. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталатын жылы Мәтенқожадан мұнай іздеген ағылшындарға қарсы алғаш қол көтеріп, арпалысқа түскен жұмысшы қазақтардың қожайындарын арақ бөтелкесімен сабағаны өз алдына аңыз. Соның бәрі осы атыраптың бүгіні үшін болған кескілестер еді. Жайық солар мүддесін де толқынына қосып алған.
Бұл жердің жылдардан жылдарға ауысқан ірі мінезі, іргелі дәстүрі бар. Енді міне, сол дәстүрлі жердің бір тұтқасы Қабен қолына тие жаздап тұр. Бұл жігіт бұдан былай осы араның ізгі дәстүріне лайық не істемек? Ата-бабалар ісін — әкелер әрекетін қалай жалғастырын әкетпек? Осы сұрақ Қабенді қатты толғантады.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ТӨРТІНШІ ШЕГІНІС
I
Жанар ұйқыдан оянды. Көрпесін кеудесінен төмен ысырып, үй ішін көзін төңкере бір шолып байқады. Бәрі күндегідей. Бір үйлі жанға лайық кең бөлмеде бір өзі ғана. Жападан-жалғыз! Көкірегін көріктей көтеріп-басып, бір күрсініп қойды. Өрімі тарқатылған қалың бұрымы сусып, кереуеттен төгіліп кеткен екен, жиып ап, желкесінде жаншылып жатқан құс жастықтан асыра желпіп жіберді.
Қатты ұйықтапты. Кеше күн ұзағына университетте болып, кештете шаршап келген де, дереу төсекке қисайған. Түсте көрген жоқ, тып-тыныш; маужыраған рақат ұйқы... Әбден тынығып қалыпты. Бойы жеп-жеңіл.
Күн алдақашан шыққан-ды. Көктемнің шағырмақ майда шуағы ашық терезеден еркін құйылып, бөлменің бір қабырғасын қызғылт-сары нұрмен жуғандай жарқыратып қойған екен. Жайнап тұр. Көз ұялады.
Терезе сырты тізіле тұтасқан ылғи аққайың еді. Былтыр жазға салым Сардар күн сайын соны ермек етіп, қураған сояуларын кесіп алып тастап, жас бұтақтарын да тегістеп қиып, әр ағаштың балтырын ақ сырмен бояп, әбден баптаумен болған. Күтім көрген көп қайың күн жылына жамырай көктеп, жасыл жапырақтарын да бет алды бытыратпай, күлтелене жайқалып, бір түрлі сұлу өскен.
Биыл қол тигізген ешкім жоқ. Ерте көктемде енді ғана бүршік жара бастаған қайың бұтақтары әлі сида, жалаңаш екенін Жанар үйде жатып білді: ашық аспаннан мол шашыраған күн шұғыласын жапырақсыз бұтақтар көп көлегейлей алмаған, көлеңкелері терезеге ұсталған селдір перде секілді, қабырғаға әшейін айқыш-ұйқыш өрнек қана төккен.
Жас шыбықтар солқылдақ; ертеңгі лепке қалтырап қозғалады; қабырғада шұбартқан өрнек-көлеңкелер қосыла қимылдайды. Сонда анау бедерлі қабырғаның өзі болмашы дірілмен баяу теңселіп, аздап ысырылып-ысырылып қалатын тәрізді.
Жанар осы қимылға балаша таңырқап, қызыға қарады. Өзінің көптен бері табиғат тынысын байқағаны, дүниені дүр сілкіндіріп, жаңғырта жасартып келе жатқан көктем көркіне көңіл аударғаны да осы еді. Бойын бір әсем сезім биледі. Көрпесін серпіп тастап, көңілді тұрды. Жеңіл қозғалып, ашық терезе алдына барды.
Көктем...
Көз жетер жер тұп-тұтас көксіл атқан, бусанған, торғын түсті жұқа шымылдық ішінен көлеңдеп көрінгендей көгілдір рең тапқан. Аспан айрықша биіктеп, адам айтқысыз алып шатырдай күмбездене керіліп тұр; шатыр болғанда үлбіреген көк жібек шатыр секілді, әдеттен тыс таза, мөлдір. Әлгібір ақ қайындар іргесін қуалап бұраң қаққан бұлақтар да таза, тастан тасқа секірген ылғи тырнакөз және әлдебір шыны сауыттан шыны сауытқа құйылғандай шылдырай төгіліп, сыңғырап, әдемі ағады.
Тау жақ тіпті сұлу. Қолмен шанышқандай түп-түзу, тіп-тік көк бұйра шынарлар мұнартқан құз-шатқалдардан қашып шығып, қар жамылған күнес шындарға қарай қаптап, ентелеп, өрмелеп барады.
Көшедегі ағаштар тегіс жапырақ жамыла қоймағанмен қою, ағаш арасы алуан түрлі үнге толы. Жер бетінде әр дауысты әнші құстар-ақ көп екен, оны да Жанар жаңа білді; бүгін, дәл осы қазір сезді. Өз көңілінде де оқшау үн, күй бар. Қалай, қайдан дарыған күй? Оны Жанар ойлап та тұрған жоқ.
Аспанның алыс шалғайында, сонау тау шоқтығында бар көлемі бір құшақ қана бұлт тұр. Ақ бұлт. Ал қойдың түтілген түбіті тәрізді, үп еткен лепке үлбіреп ұша жөнелгендей жеп-жеңіл ақ ұлпа бұлт. Аспан тегіс көкпеңбек, бұлт аппақ: шым жібекке шаншылған ине секілді бірдеңеге ілініп қалғандай шынында да бір құшақ қана ақ мамық түбіт...
Жанар мұндай суретті де бұрын-соңды көрген жоқ-ты. Алдақашан ұмыт болған әлденені еске салғандай әсем, айрықша әрлі сурет.
...Қара күз еді. Жанар мектепке жаңа барып жүрген шақ. Ойнап-ойнап шаршап, түнде көкесінің құшағында бұйығып, ұйықтап оянған; таң ата тұрып еді, жер беті теп-тегіс қар. Күртік, омбы қар. Үй шатырлары, ағаш бұтақтары тұтас үлпілдеп, тегіс қар жамылған. Үй іргесінен қос қалың жолақ жол басталып кетуші еді. Жым-жынас, бетінде бір сызық жоқ ақ ұлпа қар ғана жатыр. Кейбір ойпаң жердің қары тізеден келеді. Сірә, түнімен жауғанды. Қазір күн ашық. Төңірек түгел май тоңғысыз ақ тымық.
Сол күні елең-алаңнан көрші балалар — Жанардың мектептес серіктері мұны сыртқа шақырып, барлығы жаңа жауған ақ ұлпа қарды жентектеп, лақтырысып ойнап, әбден қызыққа батты.
— Жанаржан!
Жанар жалт қарады. Жез мұртының шалғысын ширата күлімдеп, Сардар тұр. Жанар жүгіріп көкесіне барды. Қайта-қайта қар уыстаған қолы қып-қызыл болатын. Сардар да қызын сол қызыл саусақтарын көруге шақырғандай; кеуделігінің түймелерін ағытып, оның мұздай қызылшақа қолын жып-жылы жалаңаш төсіне тығып жіберіп, ұзақ ұстап, бейне пешке басқандай қып жылытып берді.
Дәл сол күннің кешінде Сардар үйреншікті машығында жоқ өзгеше, оқшау әрекетпен әуре боп жатты; бөлменің бір бұрышына шам жағып ап, түнімен шұқынды да отырды. Жанар байқайды, көкесінің істеп жүргені мүлде еркектер істейтін іс емес. Қайдан алғанын кім білсін, ақ қойдың бір құшақ ақ түбітін тауып әкеліп, оны қайта-қайта сабындап жуып, бөлме ішіне жіп керіп іліп, кептіріп, ақыр аяғында, міне, бұрышқа жайғасып отырып ап, түнімен түтті. Асықпайды, әбден баптап түтеді. Түткен сайын қасында мамықтай үлбіреген жеп-жеңіл ақ түбіт қопсып, көбейе түседі. Кейін ол көрші әйелдерге жалынып жүріп, әлгі түбітті біріне иіртіп, біріне тоқытып, қызына қолдан қолғап, шұлық, орамал жасатып, Жанарды қарлы қыста тура ақ қардың өзінен жасалған адамдай, ақ түбітке орады да қойды...
Көктемнің көк торғын аспанында ақ ұлпадай үлбіреген мынау ақша бұлтқа қарап тұрып, Жанардың ойына сондағы көкесі түткен ақ түбіт түспесі бар ма? Аумаған сол ақ түбіт: түрі де, түсі де, көлемі де сондай... Дегенмен, көз алдындағы көрініс оны өткен жылдың соңғы айларындағыдай ауыр күйзелте, егілте алмады. Әрине, көкесін ойлады, бірақ бор боп, босап ойлаған жоқ, санамен сарғая, аса сарабдал ойлады.
Дәл осы арада Жанар өзінің әкеге деген көңілі бұрынғы емес, кәдімгідей суығанын сезді. Есіне Қабен түсті. Кеше күні бойы ойынан шықпаған, міне тағы сап ете түсті. Қабеннің сөзі құлағына келгендей: "Қайғыны уақыт емдейді..."
Жанар жалт бұрылып, есікке қарады. Ешкім жоқ. Тым-тырыс, жабық, кілттеулі. Үй іші де тылсымдай тынған, үнсіз. Жанар қайтадан терезеге тауға, одан әрі бұлтқа қарады...
Енді бірде Жанардың жүрегі сазып, көңіліне көл-көсір сағыныш ұялады. Сағыныш! Тағы да әлденені аңсап, армандап қалды. Қызды қиял биледі. Кенет бәрі өзгерді; сана, сезім — бәрі араласып кетті. Жоқ, енді әлгідей емес, зеңгір аспанның ақша бұлтына мөлдірей қадалған қара көзіне бірер тамшы жас іркілді. Бірақ реніштен, қайғыдан туған жас емес, көкіректі жылытып, бойды шымырлата еркін шыққан тыныс жасы секілді. Қасірет емес, мұң, өкініш емес, арман жасы...
Жасаураған көзін Жанар алыстағы ақ бұлттан әлі аударған жоқ. Ой-қиялы да бір түрлі биіктеп, сонау бұлттан әрі шырқап асып, әлдеқайдағы әлдебір көгілдір кеңістікке маңып жүргендей.
Ойына көп нәрселер оралды; өткен күннің сан алуан шындығы, сырлы жұмбағы жаңғырып, жаңарып оралады. Өздерінде жөнді жүйе жоқ, өткінші емес, көшкін құбылыстар... Бірінің басы, бірінің аяғы... Бірақ сондай сұлу, жан тебірентер жылы, аяулы, асыл елестер. Анау ақ бұлттың арғы жағы толып тұрған сондай сұлу суреттер. Жанарды біресе қиялға шомдыра, біресе мұңға батыра сан түрлі сезіммен толқытқан сол елес-суреттер еді. Бәрінен артықша бір жері — осынау сырлы, сиқырлы суреттер ортасында айрықша ажармен Қабен елес береді.
Қабен...
Бұл бір бөлек сыр, көңіл қазынасы; тәтті қиялдай алыстан, биіктен мұнартқан бір алуан бұлыңғыр қыз құпиясы болатын. Жанар бұл құпияны көп қозғамайтын, тіпті қозғауға бата алмайтын, қорқатын. Бүгін басқаша... Қабен жайлы жұмбақ сыр бүгін кенет лапылдап, бұл қыздың ойында арбап, бойын да баурап алғандай.
Жанар лып етіп, төсегіне барды. Бойы аздап қалтырағандай болады. Жастығын қопсытып, кереуеттің бір басынан алып, екінші басына жайлап салды да, көрпесіне қайта көміліп, жата қалды.
Бұл енді терезеге қарап, шалқасынан жатыр. Ашық терезеден, көшенің арғы бетіндегі үй шатырының үстінен төрт күлденіп, аспанның туырлықтай тұсы ғана көрінеді. Ал, осы туырлық көлеміндей көк торғын аспан бетінде әлгі бір құшақ бұлт түгел сиып, мұның көз алдында үлпілдеп тұр. Бұлттан арғы елестер де тараған жоқ.
Жанар көзін жұмды. Аспанның шалғайы мен ақ ұлпа бұлт ғайып болса да, елестер қалпынша қалып қойды.
II
Қабен...
Ұзын бойлы қарасұр жігіт. Дене бітімі тік, сындар; бет пішіні ашаң, сұлу. Сұлу болғанда әдеттегі нәзік, көзге ұрып тұратын жылтырақ келбет емес, әлдебір қайсар, қатал кескін. Бұл рең өзгелер көңілін өзіне уылжыған жұмсақ, жылы шырайымен емес, қылыш жүзіндей суық айбынымен, сұсымен аударады.
Жанар адамдардың пішін-тұлғасына қарап, кейде алуан түрлі қызық ойларға шоматын. Ойында, қалай екені белгісіз, өнерлі қолдан жасалған мүсіндер тұрады. Олардың түрлері көп.
Адам мүсіндерін әуелі мүсінші саздан соғып, қолдан жапсырып, құрастырып жасайды. Көшелер мен пұшпақтардан көп кездесетін кейбір арзанқол, күл түстес күңгірт мүсіндерден әсіресе сол сезіледі. Бұлар онша көз тартар келбет боп шыға бермейді.
Жанарға мұндай қола, тас, шойын емес, мыс мүсіндер ұнайды. Соның бірін ілгеріде сонау Еділден арғы үлкен шаһарлардың бірінен құмарта қызығын көргені бар-ды. Мыс мүсін әлденеден жапсырылып, не соғылып жасалған емес, тұп-тура құйылып жасалғандай тұтас, сом, тым сұлу болады екен.
Былтырғы жазда — Қабенге алғаш көз тоқтатып қараған сәтте бұл жігіттің мүсіні Жанарға әлгідей асыл металдан құйылып жасалғандай бір түрлі оқыс, қызық әсер етіп еді.
Шынында да... мыстан құйылғандай. Күнге тотыққан қарасұр бетінде мыс тақылеттес жұқа, қылаң-қызғылт бояу бар. Үстіндегі киімі де мыс мүсінге кигізілгендей, онша қона қоймайды, бөлектеу...
Жүзі сұсты. Ғұмырда күліп көрмеген кісі ме дерсің: тұңғыш көрген адамды кәдімгідей сескендіріп тастайды. Атжақты, ашаң, сопақша бетіне үлкен доң мұрыны да ылғи жараса бермейді. Әсіресе қырынан қарағанда шамадан тыс үлкен, ерсілеу; мұрнының әнтек көтеріңкі, өркештене біткен орта тұсы кәдімгідей күдіс.
Өзінің көзілдірік кигені-ақ қызық. Көзілдірік мұрнының әлгі дөңесінің жоғарғы жағында тұрмайды, сіргелігі соның дәл үстінен тап келеді де, дереу төмен сырғып түсіп, көзі көзілдіріктің әйнегінен емес, үстінен сығалап қалады.
Жанардың көкесі де... бай-бай, бетің бар, жүзің бар демей, турасын қойып қап, қарап тұрушы еді ғой. Сол ғылыми советте де өз машығымен:
— Көзілдірік киісіне қарағанда өзі етікші секілді екен, — демесі бар ма?
Жанар кенет дауыстап күле бере шапшаң тыйылып, қып-қызыл боп, ернін тістеп қалды. Күлмеске де болмайды, дәл айтып тұр: көзілдірікті құдды етік тігетін кісіше киеді. Бірақ, әрине, артық айтылған сөз, ап-ашық мысқыл, кекесін. Жанар күлкісін соны ойлап тыйды.
Ал, енді бар ма, кейін, анау жолы осында, дәл осы үйге өзі іздеп келгенде...
Жанар жастықтан басын жұлып ап, есік жаққа қарады. Күндегідей. Бір үйлі жанға лайық кең бөлмеде бір өзі ғана. Жападан-жалғыз! Көкірегін көріктей көтеріп-басып, тағы бір күрсініп қойды.
Иә, Қабен анау есіктен үн-түнсіз кіріп, қатты ыңғайсызданып, босағада тұрып қалды.
Бұл бейтаныс жігіттің бұл үйге бұлайша келуін Жанар мүлде күткен жоқ-ты. Әсіресе, оның мынадай еркін, сұраусыз, екпіндеп келуін күтпеген. Мүмкін, есік қағып, рұқсат сұраған-ды. Жанар естімеген шығар. Өзі әжептәуір ыңғайсызданып та тұр. Қолын қайда қоярға білмегендей, біресе қалтасына салады, біресе қайтадан шығарып алады. Бірақ көзі өткір, суықтау жалтылдап, Жанарға жасқанбай, батыл, тік қадалады: "Ә, халің осы ма? Бүгінде бұл күйге түскен екенсің ғой. Солай ма екен... Жә, әкең қайда? Кешегі мені құлатқан пысық әкең қай орында? Тап! Маған әкең керек. Мен сенің әкеңді іздеп жүрмін" — деп, әдейі табалап тұрғандай.
Басқаша ойлауға Жанардың шамасы келмеді. Көйлегінің ішімен қоңыз жорғалап өткендей, бойы мұздап, қалтырап кетті.
— Шығыңыз үйден!..
Ізінше ойлады: мүмкін, білмей келген-ді, "білмеген кісі у ішеді" емес пе? Жоқ, біліп тұр. Білмесе, "қайғыны уақыт емдейді" дер ме еді. Біліп тұр. Және біле тұра іздейді; кәдімгідей, ап-ашық, "іздегенім со кісі" дейді. Бұ не нәрсе бұл?
Көрер көзге зәбір беріп тұрғандай.
Әлде мұның бәрі жігіттің осы үйге келу үшін ойлап тапқан амалы ма? Оның не жөні бар? Неге келеді бұл үйге? Ешқашан бұл маңда не жүздесіп, не тілдесіп көрмеген жат жігіт; қыз болса, әкеден айырылған, бір үйде бір өзі жалғыз қалған қыз... Әрине, сылтау тауып, сынап байқауға болады. Қыз, қымыз! Бұларға әркім әрқашан...
Жоқ-ау, осы жігітті Жанар не үшін жазғырып тұр? Анау жолы қорғай алмады, қулады. Қорғатпаған, құлатқан басқа емес, Сардар. Оған бұл жігітті кінәлау жөн бе? Жоқ, жөн емес. Онда Жанар неге зәбірленеді? Қайдағы ыза мұнікі?..
Дей тұрғанмен, бұл жігіт кінәлі; Жанардың ауру әкесін соншалық ашуландырған, азапқа салған, оған адуын әрекет жасатқан осы жігіт. Тіпті сол кісінің дүниеден соншалық шұғыл кетуіне осы жігіттің кәдімгідей себебі болған секілденеді де тұрады. Егер осы жігіттің қорғауына бармаса, одан соншалық күйініп, күйзеліп қайтпаса, тағдыры басқаша болатын секілденеді де тұрады. Оның үстіне, дәл сол қорғауда, дәл көз жұмар алдында қайран әке бар абыройдан бір-ақ айырылғандай болды ғой. Залдағылар ішінен Жанар өзінің әкесін құптаған бір де бір тірі жан көруден аман. Керісінше, сілтідей тұнған, тұнжыраған ренішті көздер оған лағынет, қарғыс жаудырғандай.
Не керек, ол тұста Жанардың жаны шошыған.
Сәл таң қалған жері — Сардарды күллі жұрт ішінен тек осы жігіттің өзі ғана құптап шыққандай болды. Дегенмен, солай ма екен өзі? Шырақ-ау, адам өзіне зиян жасаған кісіні қайтып құптайды, қалай ұнатады? Мұның мына келуі де...
Тоқта! Қабір басы ше? Жігіттің қабір басындағы халі ше?
Жанардың көз алдында Қабеннің сол бір өзгеше, оқшау кескіні елестеп кетті. Қайсар жүзінде қасірет көлеңкесі тұтасып өңін бір түрлі түнертіп, түтіктіріп жіберген. Қабағы қалың, қату, түрі үрпиген, жүдеу. Жалғыз-ақ, осы реңіне қарама-қарсы, көзінде кенет тұтанып, кенет сөніп, ізінше қайта лып етіп жанып кетіп тұрған ақшыл от бар. Әріден, тереңнен тұтанатын от, жан оты. Шақпақтастан шыққандай ұшқындап, жарқ-жұрқ етіп, жалтылдап қалады.
Жанарға бір сәт ес жиғызып, күшті әсер еткен Қабен көзіндегі осы от болатын... Жалт қарап, шұғыл байқап көріп еді, ойпырмау, ол да дәл мұның өзі сияқты, екі жағынан демеген екі кісіні сүйрей адымдап кеп, табыт түсіп бара жатқан қабірге ұмтыла төніп, оқыс дауыстап жіберді:
— Тоқтай тұрыңдаршы!
Бейтаныс жігіттің бұл қылығын Жанар мүлде күтпеген.
Міне, сол жігіт. Бұл жолы да күтпеген қимыл жасады, күтпеген мінез көрсетті. Жанар әрі ашуланды, әрі зәбірленді:
— Шығыңыз үйден!
Жігіт маңдайы тасқа тигендей. Амалсыз шегініп, есіктен шығуға беттеді. Тек осы арада ғана әлгі жайды шапшаң ойлап үлгірген Жанар кенет өзгеріп, тез жуасып:
— Жоқ-ау... Тоқтай тұрыңызшы... — деп, оның соңынан өзі ұмтылды.
Қабен жалт бұрылған: қабағын кере серпіп қап, көзін кең ашып, Жанарға айрықша бір әдемі раймен жайнап қарады. Бар жылылығы бетінде тұр. Ойлы көзінде бұған деген үміт, ілтипат қана. Қалтқысыз ақ, пәк пейіл ғана. Ыстық ықыласқа толы, кіршіксіз таза рең, тіпті бір сыпайы, сұлу сымбат.
...Жанар оңаша үйде жалғыздан-жалғыз ұйықтап оянып, көктем таңында кеудесін таң шырайлы арманға, құпия сырға, мұңды сағынышқа бөлеп, қалың ойға шомған күйі, мөлдір аспанның сонау теңіз түбіндей тұңғиық тереңінде үлбіреген ақ мамық бұлт ішінен Қабеннің әлгібір әсем келбетін қаз қалпында қайта елестетіп, көңіл көзімен сүйсіне көріп жатыр еді.
III
Екеуі алғаш рет қыз бен жігіт боп қатар түзеп, көшеге шықты.
Алғаш рет!
Жер үстіндегі жігіт атаулыдан Жанарды іздеп кеп, көшеге шақырып алып шыққан тек Қабен ғана.
Жанардың бұл шақыруға көне қоятын, немесе шала таныс жігітке еріп, аяқастынан сейіл-серуенге шыға қоятын реті де жоқ-ты. Бірақ ол осыны ойлап жатпады. Шынын айтқанда, дәл осы ой оның басына келген де жоқ. Неге? Жігіт амалын асырды ма, әлде қыздың өзі осынау кеспірсіз құлазыған жалғыздықтан запы болды ма, кім білсін? Әйтеуір Жанар Қабенмен бірге көшеде келе жатты.
Кеш еді. Әр пұшпақтан ымырт қараңғысы мұнартып туып, тұтасып келеді. Ағаш арасы, үй іргелері қоңырқай, күңгірт.
Тау жақтан оқта-текте аңқылдап, лекіп-лекіп қалатын салқын самал бар. Өзі дереу лап қойып, дереу сап болатын тым шапшаң, елгезек жел; әлденені ала қашқандай ағаш жапырақтарын ду еткізіп, түгел тыпырлата бере, пышақ кескендей тыйылады. Түзу көшенің сонау көз ұшында жіңішкерген шеті жебедей сүңгіп барып кілт тірелген заңғар тау кеш қараңғысымен бұлдырап, кейде қанатын жая құлап жатқан әлдебір алып құсқа да ұқсайды. Ауық-ауық құйындата ұйтқып өтетін әлгібір ойнақы, ескек жел осынау алып құстың қалбаң етіп бір ғана сермеп қалған ғажайып қанатының екпін-лебі тәрізді...
Қабенмен қанаттас келе жатқан күйі, Жанар көзінің қиығымен оған білдірмей қарады.
Ол тағы да үнсіз. Өзімен өзі, тағы да тұнжырап, ойға кеткен. Бұл не қылған ой? Айықпайтын, бұлттай торлайтын да тұратын шытырман ғой өзі...
Бағанағы келісі де қызық. Екінші келуі болатын. Есікті қақпастан сарт еткізіп ашты да, дәл осындай тұп-тұнжыр, ойға батқан қалпы, үн-түнсіз кіріп келді. Көзі терезе алдында жалғыз отырған Жанарға түскенде барып бір-ақ селк етті: ой тұманын осы арада ғана шошытып серіпкен секілді. Есін енді ғана жиғандай, келген ізімен дереу кері ытқып шықты да, есікті арғы жағынан жауып, әрі-беріден соң ақырын тықылдатып рұқсат сұрады.
Жанар қатты дауыстап, еріксіз күлді; жігіттің мынау ебдейсіз, ерсі қылығына қайран қалғаннан күлді. Әдейі істеп жүр деуге — оның орайы жоқ, әдеті деуге — мұның қисыны жоқ... Қожанасырлық дегенде де бір жөн, жосық болса керек еді. Ал, мұнікі не: албырттық па, аңғырттық па? Тіпті түсініксіз.
— Кіріңіз.
Жанар күлгенмен, Қабен езу де тартқан жоқ. Енді әлгідей емес, есікті еппен ашып, ақырын басып келді де, байсалды түрін бұзбастан анық, еркін тіл қатты:
— Халің қалай, Жанар?
Дәл осы сөзінің өзі де оқыс: кездескені, тілдескені аз-кем көзтаныс болғаны кеше ғана; жаңағы келісі әлгі; ізінше, міне, баяғыдан бірге өскен етене серік секілді "сен, сен" деп екпіндеп, еркіне бағындырып әкетіп барады. Келген беттегі тұнжыр, ойлы түрі кенет өзгерген, тіпті кісі танығысыз."Ай, ұяң мінезден ада, тым өзімшіл, өпірем кісі боларсың-ау" деп ойлады Жанар.
Сөйте тұра, Қабеннің дәл осы ашықтығы өзіне де еркіндік дарытқанын Жанар аңғарған жоқ. Көп іркілмей:
— Рахмет, жаман емес, — деді.
— Дұрыс, — деп Қабен көңілдене саңқылдап, бөлме ішін көзімен сүзе қарап, өзіне орындық іздеп тұрды. — Менің тілегім де сол, Жанар, сенің халіңнің жақсы болғаны...
Әлгі — әлгі ме, енді бұл есік жақтан орындық тауып, стол жанына қойды да, орнығып отырып алып, Жанарды өзіне шақырды:
— Бері кел, Жанар, уақыт тығыз, мен жол жүрем, өзіңе айтарым ағыл-тегіл, не істеу керек?
Жанар мойын бұрғанмен үндеген жоқ, ал анау болса, өзіне өзі жауап беріп жатты:
— Меніңше, әдеттегі әдеп дегендерді жиып тастап, көкейдегіні көп созбай, кіріспесіз ақтарып айтып шығуым керек. Ойлап-ойлап, ақыры өзіңе дәл осы байлаумен келіп отырмын, Жанар, қалай қарайсың?
Жанар тыңдап қалды.
Қабен іркіліссіз сыр шешіп, сөйлеп кетті:
— Байқап қарасам, екеуміздің тағдырымыз ұқсас. Сен ана мейірімін көрмеген болсаң, мен әке жылылығын сезіп, біліп үлгіре алмадым. Жазда сенің әкең өлсе, одан аз бұрын — қыста менің шешем өлді. Енді, міне, екеуміз де жалғызбыз.
Жанарда үн жоқ.
— Бірақ мен осының бәріне, тіпті соя қайғыға да, қуанышқа да шартты түрде қараймын, — деп Қабен аз кідірді де, сөзін одан әрі жалғады. — Әрине, анам өлгенде сен сияқты мен де қайғырдым. Қақаған қыс ішінде арнайы іздеп барып, өзін көрудің орнына қабірін көріп ішім удай ашыды. Жыладым. Қайтып келген соң да көпке дейін ес жия алмай, өз-өзімнен егіліп, азып-тозып жүрдім. Айналама қараймын, әркім мені аяған болады. Ал енді бар ма, осының бірінің керегі жоқ екен. Менің жылауым да, жұрттың мені аяуы да түк болмады, өлген ана тірілмеді. Ойлап қарасам, дүниеде өзіңе өзгенің аяныш шақырғанынан жаман дәрменсіздік жоқ екен. Мен соған ширығып, өз қасіретімді өз қолыммен жұлып, лақтырып тастадым.
Жанар әлі үнсіз тыңдап отыр.
— Қалай дейсің ғой? Былай. Кеудесінде жаны бар адам өледі; ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні көз жұмады. Ендеше, амал қанша, уақыт солай болған-ды, қайтейін демеске не шара? Өзіме өзім осылай тоқтам салдым.
Қабен Жанарға бүкіл денесімен бұрылып қарады:
— Жалғыз-ақ, мұндай тоқтамға келу үшін біраз уақыт керек. Меніңше, Жанар, сенің де сол тоқтамға келер уақытың болды. Менің ақылым — енді көп қайғыра берме, есіңді жи, еңсеңді көтер! Мен алдақашан Ембіге аттанбақ едім. Сенің дәл осы уақытыңды күтіп, жіпсіз байланып жүрдім.
Жанар "оның не?" дегендей Қабенге таңдана қарады.
— Рас, рас, — деді Қабен, — сені күтіп, жіпсіз байландым. Әңгімем бар. Ақылдасар нәрселер көп. Енді әшейін ызылып- сызылып, уақыт өткізудің не керегі бар? Одан да жүр, Жанар, көшеге шығайық, көп-көп айтар ойым бар. Жаңа мен тек соларды ойлап келдім.
Содан, міне, қалайша көнгенін Жанардың өзі де аңғара алмады, әйтеуір Қабенмен бірге көшеде келе жатты.
Тек не керек, көшеге шығуы-ақ мұң екен, Қабен әлгі ашықтықтың бәрінен ада, кенет тұнжырап, қайта ойланып қалды. Сырт көзге жұптасып, қатар келе жатқандай көрінгенмен, екеуі де үнсіз, аралары салқын, біріне-бірі еріксіз еретін сияқты.
Жанардың ойына әр нәрсе түсті. Өзінің қасірет басқан қаралы халін кенет қайта сезгендей болды. Оның тіпті мына түрде жүргісі келмеді. Кенет жалт беріп, жаңа ғана өздері шыққан қақпаға қайта бұрылды.
Қабен ойы да кенет айықты. Төбесінен лақ еткізіп мұздай су құйып, ұйқыдан әлдекім шошытып оятқандай. Дереу Жанарға бұрылып, "не жаздым" күйге түсті. Үнсіз еріп, елбеңдеп келеді. Не деудің де бабын таппайды.
Үйге таяу көшемен трамвай жүретін. Көшені қақ айыра кесіп-кесіп өтіп, қос-қостан төрт рельс жатыр.
Жанар келер пұшпаққа жетпестен үйіне бұрылды. Қабен қоса бұрылды. Емпеңдеп, адымын жиілете жебедей басып кеп, Жанардың қарынан ұстамақ болды. Қолы дірілдейді.
Жанар оған жалт қараған: жаңа ғана мағынаға толып, оймен сазарған самарқау түрі, қалғыма көздері қазір көзілдірік астында тынымсыз ағараңдап, жалт ойната қалған екен. Жанарға тіктеп қарай алмай қаймыға, жасқана тайқып кете берді. Қолын да амалсыз тартып алды.
Дәл осы мезетте Қабен көлденең жатқан рельске аңдамай сүрініп, қалпақтай ұшты.
Рельсті сарт-сұрт еткізіп, трамвай келіп қалды. Жанар жан ұшырып, Қабенді құлаған жерінен сүйеп тұрғызды. Орнынан шапшаң тұра берген Қабеннің тізесіне көзі түсіп еді, темір рельс айырып жіберген екен. Тура алмаспен қиғандай, шалбардың дәл тізерлігіндегі бір қарыс жерді түп-түзу ғып, тіліп түсіпті. Қабен аяғын қозғаса, сол жыртылған жер жарқ етіп ашылып қалады; ал, тізесі қып-қызыл қан.
Жанардың жаны ашыды. Қатты аяды. Әрі жігіттің тізесін көрсетуге өзінен ұялатынын сезіп, тағы ыңғайсызданып барады. Дегенмен, Жанар шыдамай, енді ол емес бұл елбіреп, енді оған өзі ұмтыла қолтықтап, салдыр-гүлдір етіп келіп қалған трамвайдан Қабенді ала қашып, көшенің арғы бетіне жетелеп шықты.
Қабен жаралы аяғын әрі әкетіп, жасыра береді. Әрине, шалбардың жыртығынан ұялған-ды. Жаралы тізе солқылдап, ауырып та тұрған-ды. Жігіт оны да сездірер емес. Тіпті ештеңені елең етпейтін адамдай, көшенің арғы бетіне шыққан соң Жанарға қайта-қайта жаудырап қарай берді. Көзінен ұят отын да, сыйлау ұшқынын да, үрей сәулесін де қоса лапылдатып, бір түрлі ұмсынып, дымы қалмастан құлай елбіреп, ап-анық жайнап қарайды.
Өзі бір жағынан әжептәуір қысылып, сасқалақтап та тұр. Аузы ашыла бере жабылмай қалған. Ұсақ, тегіс, жиі тістері қолмен тізгендей әрі кіршіксіз аппақ екен. Бұл түрі, бірақ, күлген сияқты емес; бетінде қынжылу, реніш елесі тағы жоқ. Әйтеуір бір кінәсіз жас баланың анау сұлу тізілген ақ тістердей жарқыраған кіршіксіз пәк тазалығы бар еді.
Жанар өз көкірегінің еріксіз елжіреп, жылып кеткенін өзі сезбеді.
IV
Ембіге жүрер алдында Қабен Жанармен тағы да дидарласқысы келді. Жанар қарсы болмады: соңғы лекциядан кейін университет жанындағы аллеяда кездеспек боп келісті.
Соңғы лекция жоғарғы қабаттардың бірінде болып жатқан.
Жанар терезе жанында отырды. Терезеден университет іргесіндегі кең аллея, аллеямен жүрген-тұрғандар, аллеядағы ұзынша орындықтарда жайғасып отырғандар — бәрі алақандағыдай түгел көрінеді.
Лекцияның соңғы сағаты өтіп жатты. Бәрі белгілі жай. Соншалық бір тартымсыз лекция! Лектор да әбден қажыған егде кісі. Есіктен енжар кіреді; бетінен басып, әрең келе жатады. Аудиторияға кірісімен кафедра іздейді. Кафедра болмаса, бір студентті жүгіртіп, қалай да таптырып алады. Содан соң, сыры түскен, бұрыш-бұрыштары жеміріліп, жез кілті сынған көне портфелін қаудырлатып ашады да, ішінен әлгі сынық кілт секілді сап-сары ескі дәптерді алады; кафедра үстінен ашып тастап, көзілдірігін киеді. Көзілдірік киюі-ақ мұң, дәптерге тұқыра үңіледі; содан соң, бас көтеру деген жоқ, мұрнының астынан міңгірлеп, бірдеңелерді ұзыннан ұзақ шұбата береді.
Кейбір пысықтау студенттер лектор келместен бұрын-ақ көздерін жоғалтады. Оларды іздеп жатқан бұл жоқ. Енді біреулері бұл келгенше кетіп үлгере алмай қалса, бәрібір, көп қысыла қоймайды, бірі есік жапқан боп, бірі кафедра іздеген боп, бірі орындыққа жүгірген боп, қалғандары "жетек арасында бос", лектордың жан-жағынан ағыла, жосыла, жөңкіле жылысып бара жатады. Оларды тоқтатып жатқан бұл және жоқ.
Аудиторияда ошарылып, шүлдіреп қалған студенттер әрі-сәрі: тыңдайын десе тартымсыз, жазайын десе тағы бұдырсыз... Лекторға қарап, тек отыруға тағы қиын: жалығады, есінейді... Лекторға бәрі бір: үстінде сонау соғыс кезінен қалған сары гимнастерка, оның сыртынан бешпет киген. Тіпті үйлеспейді. Аяғында етік. Бұл да атамзаманғы көне етік. Бірақ, лектор аяғын қозғаса болды, сықыр-сықыр етіп, аудиторияны басына көтереді. Батар күннің терезеден түскен соңғы сәулесіне елтіп, ұйықтап бара жатқандарды лектор анда-санда осылайша етігін сықырлатып қана оятып алып тұрғандай.
Басқалар басқа, ал Жанар лекторды аяғаннан тыныш отыр. Рас, адам аяғандай. Ал аясаң, ашуланбасқа тағы шара жоқ: осынау бейшара халде аудитория есігін ашуға неге ұялмайды? Жалпы жоғары оқу орнында осындай бейшара лекторлар неге жүреді? Осыны реттеуге әбден болады ғой!..
Жанар терезеден аллеяға қарап еді, Қабен тұр екен. Лекция бітуге әлі жарты сағат бар. Уақыттың өтіп болмайтын тұсы енді келді. Әр минут сағатқа айнала жаздағандай, тіпті баяулап кетті. Ал, Қабен әлі тұр.
Қабенмен танысқан аз күндер ішінде Жанар одан бір нәрсе сезгендей еді. Ол университетке жоламауға тырысатын сияқты.
Әрине, онысының орны да бар. Қорғаған түрі анау жолғыдай. Оған университеттегілердің таңырқамағаны, бас шайқамағаны жоқ-ты. Бұл, әрине, университет есігін жуық маңда ашпастай жабу. Енді келіп, сол университетті қайтадан шырғалай берудің орны да, орайы да жоқ екені рас қой.
Қабен қазір де сол ыңғайсыз халде тұр. Университет есігі ашылып, әлдекім тысқа шықса, Қабен сырт айналады. Өзін өзі қайда қоярға білмегендей. Қайта-қайта сағатына қарайды.
Бір кезде ол бір шоқ ағаштан әрі айналып кетті. Аллея бос қалды. Жанар қарап отырып құлазығандай болды. Көкірегінде әлдебір түсініксіз өкініш, мұңды өкініш тұтана бастағандай. Аллеяға қарай берді. Басқалардың бәрі де көзіне ілінер емес. Аллея бос. Аллея мағынасыз.
Жанардың жүрегі лүп ете қалды. Бейне шырпы жаққандай, көзінен ұсақ ұшқындар тұтанып шашыраған. Оны ешкім көрген жоқ. Аллея көз тартты, көңіл аударды. Аллеяға көрік бітті. Аллеяға өмір келді. Қолында бірнеше газет,
Қабен аллеядағы ұзынша орындыққа сол газеттердің бірін төсеп, орнығып отырды да, бірін оқи бастады.
Ол енді университеттен шыққандардан да көп ұяла қоймады, бетін газетімен қалқалап отыра берді.
Аяғын айқастырып, тізесін тізесінің үстіне қойды. Плащының етегі жерде. Жанар оның өткен жолы жыртылған тізелігін ойлады. Жүрегі лүп-лүп етіп, жиірек соғып қалды. Жақсы көру, өкініш... Бәрі біртүтас. Сараланбаған сезім.
Қабен орнынан қайтадан тұрды. Сағатына қарады. Көзілдірігін түзеді. Плащын шешіп, қарына ілді. Тағы да сағатына қарады. Әрлі-берлі жүрді.
Қоңырау. Жанар мұндай қуанбас. Кітапқа толы сумкасын көкірегіне қысып, университет есігінен қалай атып шыққанын өзі байқаған жоқ. Жүгіріп келді де, Қабенге асыла кетті.
Қабен бұл қылықты мүлде күтпепті. Қысылып қалды. Жанарға қол ұсынған. Қолы дірілдеп тұр. Бет-жүзінде де әрі шошу, әрі таңырқау секілді бір оқыс ояну бар.
Жанар ернін тістеп, қып-қызыл боп кетті.
V
Поезд жүруге аз-ақ қалды.
Қабен Жанармен кеше біржола қоштасып кеткен. Поезд басына шақырған жоқ. Ұялған-ды.
Бұлар уәде байласты. Хат жазысып, хабарласып тұрмақ боп келісті.
Екеуі де бірін-бірі жақсы көреді. Оны екеуі де өзара сезеді. Бірақ екеуі де тіс жарып, түс бұзбайды. Үнсіз ұғысады.
Осылар бір-бірін шын ұната ма? Қай мағынадағы, не мақсаттағы ұнату? Оны білгілері келгенмен, екеуі де білуге жасқанады. Қорқады. Күдіктенеді. Сондықтан, бұл сыр жылы жабулы тұр.
Қабеннің Ембіге аттануына, аттанғанда Сардардың жоғын іздеуші боп аттануына Жанар, әрине, риза. Өзінің де тұп мақсаты — Ембіге бару, бар қабілетін әке арманының жолына — жаңа мұнай көзін ашу әрекетіне жұмсау. Кеше Жанар Қабенге осыны айтты:
— Келер жылғы жазда, амандық болса, оқу бітісімен елге аттанам, соңыңыздан арнайы іздеп барам.
— Күтем, — деді Қабен.
Екеуі қол алысып, бір-біріне көш айтысты.
Ал, бүгін, неге екені белгісіз. Жанар күні бойы елегізумен жүрді. Көңілі алаң. Әлдене іздейді, бір түрлі аңсап іздейді. Әлдекімді кенет сағына бастайды.
Кейде Жанарды басқа сипаттағы бір оқшау сезім билейді: мұның қасынан ең бір қимасы кетіп бара жатқандай, бұл жалғыз қалатын секілді, өзінің бірден-бір сүйеніші ұзап кете бергендей... Мұны сезіну Жанарға бәрінен қиын.
Бұрын поезд дегенге, вокзал дегенге ешбір мән бермеуші еді. Бүгін, міне, паровоз үні шықса болды, елегзи қалады. Қаланың төменгі жағына — вокзал жаққа қарай-қарай көзі талды.
Ақыр аяғында Жанар шыдамнан біржола айырылды. Үйде отыруға тағат таппады, шықты да, вокзалға жүгірді.
Жанар да перронға шыққан; поезд жылжып жөнеле берді. Кешкі мезгіл. Күн жаңа ғана ұясына енген шақ, батыс көкжиектің қызылы әлі семген жоқ. Перрондағылар да, вагон есігі мен терезелерінен қарағандар да анық көрінеді. Қабен қай вагонда, белгісіз. Жанар көзін бірден бірге жүрісін шапшаңдата берген вагондардың бірінен біріне тайдырып түсіріп тұр. Вагондар тізбегі шұбала жүйткіп, сырықтастам жерден тайып кеткендей қайқаң етіп, әрі бұрылғанда вагондар жіксіз тұтасып, бірін-бірі тасалап жатыр. Қабен де тасада қалды-ау деп, Жанардың көрем бе деген үміті сарқыла бергенде соңғы вагонның ашық терезесінен:
— Жанар! — деген таныс үн шықты.
Жанар төбеге ұрғандай қалшиып тұрып қалды. Ал жүрегі жүгіріп келе жатқандағыдан жаман тулап, аузына тығылды.
Қабен қолын ілгері созып, вагон терезесінен кеудесін шығарып, Жанарға дымы қалмай ұмтылған, ұмсынған қалпында әлгі қайқаңнан жалт берді де, жоқ болды.
VI
Университетте жігіттер көп.
Жанардың курстас, көңілдес қыздарының бәрі бір шындықты бір ауыздан мойындағандай. Олардың ұғымынша бір жерде оқитын қыз бен жігіт бір-бірінің қадірін білмейді. Әсіресе, жігіттер бір аудиторияда күнбе-күн бірге жүрген қыздарды менсінбейді, оларды басқа жердегі бейтаныс қыздар көп қызықтырады.
Мүмкін, рас та шығар. Бірақ бұл бұлжымас шарт деу тағы қиын.
Жанардың курсінде Бұйратов деген жігіт бар. Сурет секілді, сұлу жігіт. Сұңғақ, ақсұр, бұйра шаш, қыр мұрын. О, билегенін көрсең, билегенін... Ұршықтай үйіріледі. Мәдениеттілігі деген шамадан тыс: иіліп-бүгіліп, майысып-қайысып жатқанда осынша ілтипатын арнаған адамның өзі ұялып, қайда кетерге білмей қалады. Тілі, ғұрпы қазақша; өзі қазақпын дейді. Кескін-кейпіне қарап, жолдастары ингуш дейді. Бұйра шашын төбесінен бастыра ала тақия киеді. Сондықтан тәжік те болады. Ылғи ғана "Ғалия-Бәнуді" шырқайды. Сондықтан татар да бола салады. Ал, осының қайсысы болса да жігітке жарасып жатыр.
Ал енді бар ма, шыны керек қой, Бұйратов Жанарға ғашық, ессіз ғашық.
Байғұс шіркін-ай, адам аяғандай, баққаны — бір-ақ қыз. Университетке лекция тыңдау үшін емес, Жанарды көру үшін ғана келетін сияқты. Және қай жерде, қай кезде болмасын, әдейі іздеп кеп, тек қана Жанардың қасына отырады. Оны курстас қыздар да, жігіттер де түгел біледі. Тек сол арасы қиындау.
Бұйратов есіктен кіріп келсе болғаны, жұрт жамырай күліп, ду-ду етеді. Бұйратовтың миына кірмейді: кімде кімнің не шаруасы бар, күлмек түгіл шегі үзілсін дейтін секілді, есіктен кірген бетте араның ұясындай ду ете түскен құрбылар мінезіне айылын да жимастан, жайбарақат, көптің арасынан Жанарды іздеп, аудитория ішін көзімен тінте шарқ ұрып, босағада іннен шыққан суырдай сораяды да қалады. Ақыры Жанарды табады да, жарқ етіп, рақаттана жадырап, енді оның қасына отыруға келе жатады. Жұрттан ұялып, не қыларға білмей отырған Жанар Бұйратовты маңына жуытқысы келмей шытынып, қабағын түйіп алады. Дей тұрғанмен, бейшараның қылапсыз, тап-таза үмітпен жаудырап, ботаның көзіндей мөлдірей жасаураған бейкүнә көзін көреді де, амалы құриды.
Бұйратов үн-түнсіз, тықырсыз, тіпті ішке тартқан демін де тұншығып өлгенше сыртқа шығармай ернін жымыра тістеп, Жанарға жақындаған сайын бұқпақтап, бойын жасырып, бір уыс боп, көздеген жеріне әрең жетеді де, еппен жайғасып отырып ап, демін тек енді ғана дірілдете шығарып, кеудесін босата бастайды.
Лекция жүріп жатады. Бұйратов та бір қарағанда кәдімгідей қағазын жайып, қаламын алып, әлдене жазбақ боп оқтала береді. Болғаны сол. Қаламын қағаз бетіне безеген күйі, қолы бір орында қатады да қалады. Осы қалыпта біраз отырғаннан кейін еппен бұрылып, қатарындағы Жанарға қиғаштаңқырап, көз қиығын салады; оның қырынан көрінген балғын, сұлу жүзіне — қою кірпігіне, қыр мұрны мен жұмыр иегіне қадалады. Бірден бірге тіпті ыңғайсыз, көзімен ішіп-жеп бара жатады. Жанар соны сезеді. Жанардың бетіне жігіт көзінен шашыраған ұшқындар тиіп, дуылдатып, қыздырып бара жатқандай болады да, ол енді шыдамай, Бұйратовтың қалам ұстаған қалпында қағаз үстінде қатып жатып қалған оң қолын шынтағымен түртіп, "конспект жазсайшы" деген ишарат білдіреді. Жігіт тек сонда ғана дір ете қап, өзінің лекцияда отырғанын да жаңа біліп, жан-жағына қысыла көз тастап, ұялғаннан мағынасыз күлімдеп, лекторды енді-енді көреді.
Көргені бар болсын! Әйдемге бармай әлгі қылығын бұлжытпай қайталап отырғаны...
Бұйратов Жанарды әлденеше рет киноға да шақырды. Жанар барған жоқ. Бұйратов мұны қыздың бұлданғаны деп ойлайтын шығар, кім білсін, ал Жанар болса, бұлданбайды, Бұйратов өзіне ынтыққан сайын бұл Қабенді ойлайды. Бірақ Бұйратов қоймады, Жанарға оның көңілдес құрбы қыздарын жеңгетайлыққа салды.
Жеңгетайлар ішінде Жанарды о ғып, бұ ғып, әйтеуір бір рет Бұйратовпен бірге киноға баруға көндірген Ханымзия болды.
Ханымзия — Жанармен бір курсте оқиды, кореянка секілді, қысық көзінің қарашығы жылт-жылт етіп, ылғи зыр қағып жүгіріп тұратын, жүріс-тұрысы да сондай лып-лып еткен жеңіл, аузы одан да жеңіл, бірақ бір түрлі үйірімді, ашық, ақжарқын қара келіншек еді. Соңғы кезде Жанарға айрықша іш тартып, көп ретте бұл жалғыз қыздың қамын жеп, көңілдес пейілмен жүретін.
Бір жолы Ханымзия Жанарды үйіне шақырып, Күйеуімен таныстырды. Жылтыр қара шашы бас терісіне жабысып қалған тып-тықыр біреу ұйқы басқан бүйрек бетін желіндетіп кеп үн-түнсіз Жанардың қолын алды да, танысқан сықпыты болуға тиіс, мұрнының астынан міңгір етті:
— Мар-рғау.
Содан соң оның қонақ қызбен де, әйелімен де ісі болған жоқ, бір қабырғадағы көне диванға қисайып, газет оқып жатты.
Ханымзия болса жарылған ернін тілімен жалап жұмсартқандай, маңының бәріне бейтарап, Күйеуінің жайын Жанарға жаймалап түсіндіріп:
— Айналайын, ағаң үндемегенмен тәуір кісі; білімі де, ақылы да бірқыдыру. Тосырқама, өз үйіңдей көр, ас ал, — деп, шыбын-шіркей боп бітті.
Марғау Ханымзияның сөзін де құлағына ілер емес, Жанардың жөн-жосығын да сұраған жоқ, өзімен өзі боп, жөнінде қалды да қойды.
Ханымзияның қағілездігі Марғаудың салбөкселігіне қарама-қарсы. "Қонақ аз отырып, көп сынайды" дегендей, Жанар аздап салыстырып байқаса, салбөксе Күйеудің маңындағы әйелдің қағілездігі барып тұрған азап сияқты. Осы ұғымнан ба, кім білсін, әйтеуір Жанар Ханымзияны бір түрлі аяп қайтты. Сондықтан шығар, Жанар Ханымзияның өзін іш тартуын шет көрмеді, оның ықыласын сыртқа теппеді.
Сөйтіп, бір жолы Ханымзия соңғы лекциядан шыққан соң және бір құрбы қызын ертіп, Жанарды Бұйратов әкелген билетпен киноға баруға көндірді.
— Ағай да бара ма? — деген Жанарға Ханымзия:
— Ағаң киноны ұнатпайды, одан ұйықтағанын артық көреді, — деп күлді.
Екі қыз, бір келіншек, өзімен — төртеу, Бұйратов ұшып-қонып, анау үшеуіне біресе шоколад әперіп, біресе лимонад ішкізіп, барынша иіліп-бүгіліп бақты. Лимонад ішкен құрбыларын қуаттамақ боп, буфеттің қоймасына қисая бере бір қолымен бүйірін таянып тұрып, аздап сыра ішіп еді, соның қызуы ма, кім білсін, өзі бұл жолы әдеттегіден гөрі оқшау батылдықпен серпіле, өрепки сөйлеп, бірталай сезімді әңгімелер айтты. Дегенмен, Жанарға өз көңілін тура ашып айтуға батылы да бармады, ретін де таппады; әйтеуір арғы жағы елжіреп, есі кетіп жүргенін тек қимылымен ғана танытқандай. Жігіт солай болған соң қызға не жорық, бұл да өз жайын ешқашан ашқан жоқ.
Ашқанда не демек? "Менің сүйгенім — Қабен" демек пе? Оның не қажеті бар? Қажетін өз алдына қойғанда, дәл солай деуге Жанардың қақы бар ма? Рас, Қабенді жақсы көреді; сондықтан шығар, сағынады; сағынғаннан болар, со жігітті тым көп ойлайды. Болды. Одан әрі не бар? Байласқан уәде, айтысқан серт бар ма? Жоқ, бірі де жоқ.
О, бұл да бір құпия сыр, немесе сырлы жұмбақ қой!..
Жаңа жыл келді. Биылғы жылды Жанар жалғыз қарсы алуға қалды. Ханымзия соны сезген-ді, Жанарға келіп, жаңа жылды осы үйде бірге қарсы алмақ боп келісті.
Отыз бірінші декабрь күні Ханымзия Жанардың үйіне өздерімен бірге оқитын бір-екі қыз ерте келіп, көптен құлазып тұрған оңаша ұй ішін көңілді күлкіге толтырып, Жанарды да жұмсақ аймаласып, бүгінгі кештің дайындығына кірісті.
Ымырт үйіріле, Ханымзия мен қыздар стол үстін тағамға толтырып болған шақта есікті әдеппен ашып, екі жігіт кірді. Астанадағы жоғарғы оқу орындарының бірі болмаса бірінде оқитын шәкірттер болуға тиіс. Біреуін Жанар көрген де секілді. Қайдан көрді, қашан көрді? Есінде жоқ. Тіпті соны еске түсіріп жатқан Жанар бар ма, өздерінің келулері де пәлендей ерсі емес, мынау екі қызбен көңілдес, дос-жар адамдар шығар деп, қос жігіттің бейтаныс есікті аздап еркіндеу ашқанын да іштей кешірген сияқты еді, бірақ кейінірек, бұлар стол жанына отыра берген шақты дәл бағып тұрғандай, құшағын шампан шараптарына толтырып Бұйратов кіріп келгенде Жанар таңданғаннан не істерге білмей дағдарды.
Енді бәрі түсінікті. Мыналардың мұншалық жылы-ұшырап, тым етене бола қалуы кездейсоқ емес екен. Екі жігіт — екі қыздың серіктестері, ал Бұйратовтың көздегені кім? Ол да түсінікті еді.
Дей тұрғанмен, Жанар сыр бермеді. Қалай болғанда да, әйтеуір, бір кеш бәрі бас қосып, қаумалап жинала қалған екен, құрмасын бұзып не қылайын деп ойлады. Кімде кімнің не жұмысы бар? Кім не оймен жүр? Соның бәрін бір адам біліп, өз дегеніне бағыңдыру мүмкін бе? Әрине мүмкін емес. Олай болса бұл арада да бүлініп жатқан ештеңе жоқ. Курстес қатар-құрбылар, келе жатқан жаңа жылды жылы шыраймен бірге қарсылайды да, тарайды. Несі бар?..
Бір кезде бәз-баяғы мүлгіп-қалғыған қалпы:
— Кеш жар-рық! — деп "р-рылдай" сәлемдесіп, Марғау келді.
Жанар бұған риза болды. Бұрын көрген, үйінде болған кісіні кәдімгідей таныс ете сөйлеп:
— Жақсымысыз, ағай, түу, жақсы болды ғой, қалай таптыңыз? — деді.
Қалтасынан бір парақ қағаз алып, оның бетіне күллі көшелер мен үйлерді, Жанар тұрған үйдің кақпасы мен қорасына дейін салынған суретті көрсетті:
— Біздің Ханым мынадай ғып бәр-рін сайр-ратып кеткен жоқ па? Мынадай анықтамасы бар-р адам, қар-рағым, қар- рындасым, сіздің үй емес, Мекеге барар-р...
Жұрт ду күлді.
Адамдары аз болғанмен, самбырлаған сөздері, ақжелең күлкілері бірқыдыру шағын кеш онша көңілсіз де емес еді. Жаңа жыл жақындаған сайын кеш қыза түсті. Жанар жайын айтып, шарапқа дағдыланбағанын түсіндіріп, бойын тарта ұстағанмен, қалған алты-жеті адам онша іркілетін жерде болмады, біраз шарап ішілді. Ара-тұра ән шырқалып, жігіттердің бірі қойын дәптерінен өзі шығарған өлеңін оқыды:
Жадында бар ма, уай, жаным,
Жамылған түн жапырақ,
Жадырай құшақ жайғаның
Ғаламат еді, апыр-ау!..
Жата алмай жалғыз жабығып,
Сарғая, сені сағына,
Жайлы түнді жамылып,
Жаңылмай келдім тағы да...
Жанар тыңдап отырды. Тыңдаған құлаққа онша жағымсыз емес. Ал, Марғау бірден ұға алмаған-ды, өлеңші жігіттің қойын дәптерін сұрап ап, оқып көрді де,
Жанар амалсыз алды. Үнсіз оқыды. Тыңдағандай емес, оқығанда ізінше:
— Қар-рашы қар-рындасым, қалай өзі? — деп, Жанарға ұсынды.
Жанар амалсыз алды. Үнсіз оқыды. Тыңдағандай емес, бұған өлеңнің көп жері ұнамады: сөзі суретсіз, ойы олақ, сезімі анайы, соған қарамастан тым тәттілеу жазылған, сондықтан жылылығынан гөрі жылымшылығы басым өлең екен.
Автордың оз ұғымы бұлай емес, басқаша. Ол аса ірі ақындық көрсеткендей, өлеңнің әр жолын тамсана, нақпа-нақтап қайта оқып, қатарында ұйып тыңдап қалған құрбысына лыпып, толықси ұмтылып-ұмтылып қояды.
Тағамға толы стол кең бөлменің ортасында; Жанардың қонақтары — Ханымзия мен Марғау, тағы да екі қыз бен жігіт өзара жұптасқан, қос-қосымен өз орындарында; ал, Бұйратовқа Жанардың қасынан басқа жерде орын жоқ.
Бұйратовтың көздегені де сол еді. Оның үстіне Ханымзия әдетінше лыпып, жүйткіп жүріп, тартынған, тіпті ренжи жаздаған Жанарға:
— Саған не болған, жаным-ау? Немене, күнде бірге жүрген курстес құрбымыз емес пе, нең кетеді сонша, отырсын да қасыңа! — деп, Бұйратовты жетектеп әкеп, Жанардың қасына сілкіп құлатып, дүрс еткізіп қисайта салды.
Бұйратов әрі именіп, әрі ұялып, ылғи қалтасында бүктеулі жүретін ала тақиясын басына киіп, маңының бәріне иіліп-бүгіліп жатты.
Жанар көңілсіз отырды. Маңындағылар гу-гу: екеу-үшеуі осылып ән салады, тағы бір-екеуі сыбыр-сыбыр сыр шертісіп алады да, өз құпияларына өздері елтіп, құмыға күледі. Жанар кейде осыларға қосылып, біресе аздап ыңырси әндетіп, біресе үнсіз езу тартып көріп еді, бәрі де әлдебір зорлықпен істелгендей; ойын да, бойын да жөнді сергіте алмады.
Өзіне таяу отырғандардың әңгімесін естігенмен, оған да араласа қойған жоқ.
Бұйратов әдеттегі жасандылау көргенділігіне, жалаңаш-тау мәдениетіне басып, кімге де болса ызылып-сызылып, иіліп-бүгілген шақтарда "бауырым" деген сөзді тым көп қолданатын. Бұл жолы да Жанарға қарай жапырыла сыбырлап, "бауырымдап" баққан. Бірақ Жанар оның жетегіне жүрмеді.
Жанардың ойында — Қабеннің бейнесі; көз алдында — Қабеннің елесі. Маңындағылардың мінез-құлқын аздап таныған сайын Қабен елестейді, осылардың біріне ұқсамайтын бөлек, өзгеше қасиет иесі секілденеді. Егер анау Марғаудың орнында, немесе мынау жігіттердің, болмаса өз қасыңдағы Бұйратовтың орнында Қабен отырса қайтер еді?.. О, онда бұл үйде басқа бір шырай орнар еді. Мынау кеш, басқосу басқаша мағына табар еді. Жанарға дәл солай көрінеді. Солай ма, жоқ па? Оған Жанардың ешбір қүмәні жоқ, тек қана солай, солай!..
Қабен Жанар үшін алыстағы — көз ұшындағы арман. Оны ойламай жүре алмайды. Мұның ойлайтынын, армандайтынын ол біле ме, жоқ па, бәрібір, әйтеуір бұл ойламай жүре алмайды. Өзге емес, өзі үшін ойлайды. Осыны ойласа, бұл қыздың жан дүниесі бір түрлі байып, құнарланып қалады. Асылы, әркімге де осындай бір аяулы арман керек қой!
Міне, маңындағылар гу-гу көңілді, Бұйратовтың да езуі жиылған жоқ, сыры мен сезіміне көршісі ортақтаспаған жағдайда бұл басқалардың қуанышын бөліседі, жан-жағына жымия қарап, сызыла тіл қатып, оқта-текте лекіте күліп, рақаттанып алады.
Ал, Жанар үнсіз, ойлы. Ойында — Қабен. Қазір қай орында, не күйде? Оқшау мақсат пен әрекеттің адамы! Жанардың Сардар көкесі секілді, қиын, қызық кісі. Көзді жұмып, кетті де қалды. Ембінің жайы белгілі, табиғаты қатал, қытымыр. Қалай көндікті екен?.. Қызметінің жайын да көп айтпайды. Анау жолы бір хат жазған. Онысы бір жігіт боп, сырын айтып, сезімін суреттеп, қызға жазған хат емес. Жолдастық, тілеулестік сәлем ғана. Өзі туралы айтқаны тіпті сараң: Мұнайлыда қатардағы оператор боп жұмыс жасап жүрген көрінеді. Ондағы мақсаты — Мұнайлы ортаға дағдылану, мұнай өндіру тәсілдерін игеру, техника тілін түсіну. Бұл мақсаты біраз орындалып келе жатқанын жазады. Бірақ Мұнайлының хал-күйі Қабенге ұнамайтын көрінеді. Бұл ретте де оның Мұнайлыдағыларға, әсіресе, кәсіпшілік директорына берген бағасы мен байлауы дәлме-дәл Жанардың көкесімен үндес.
Жанардың үнсіздігі — осы ойлардың салдары. Әрине, Қабен Жанарды дәл осылайша армандап, аңсап ойламайтын да шығар. Бірақ бәрібір Жанар оны ойламай отыра алмайды. Армандап, қиялдап ойлайды. Өзге үшін емес, өзі үшін, өзінің көңіл хошы, жан тынысы үшін ойлайды. Кейде тіпті оны тым жақын тартып, әлдебір етене сезімдермен толқи ойлап қалатыны да бар. Мысалы, өзінің дәл осы күйінен өзі қысыла ойлайды: мұным не отырыс, мұны Қабен көрсе не демек?.. Тіпті мына жігіттің қызындай қылтиып, қатар түзеп отырып алыппын. Бұ не болғаным?
Е, несі бар? Қабен не деуші еді бұған? Қабеннің бірдеңе деуге, жалпы, қақы бар ма?
Ізінше тағы да басқаша ойлайды: қой, пиғылым таза ғой! Бұйратовқа не қатысым бар? Рас, ол мені жақсы көреді. Бірақ менің көңілім бөлек емес пе? Бөлек болса мұнда не ғып отырмын? Сүйгені жырақтағы, немесе сүйген жігіті жоқ жолдастарым жүр ғой жөнінде: бөгде жігітті үйіне шақырғандай қасына әкеліп, қатар түзеп, ызылып отырған жоқ, бір-біріне серік боп, институт клубына, балға, немесе кино-театрларға кеткен-ді. Олар еркін, өздерімен өздері, өз ойларына өздері малтып жүр. Мен ше? Түу, мына Бұйратов та қызық, маған иіліп-бүгіліп жанаса түседі. Күлімдей қарайды. Көзі жалт-жұлт етеді. Кейін шалқая бере, қолын менің орындығымның арқа тіреуіне артады, мені алыстан құшақтағандай бола ма, қайтеді мынау? Түу, осылар осында қайдан келіп жүр? Осы отырысым не?
— Сіз қолыңызды тартыңызшы!
Бұйратов қып-қызыл боп, орнынан ұшып тұрды. Ұялып қалды-ау, байғұс. Дөрекілік жасадым ба, қайттым? Өзім аздап қызған емеспін бе? Ба!.. Екі-үш бокал шарап ішіп қойыппын, бетім дуылдап барады. Бұйратов бокалдарды қайта толтырды.
— Достар, жаңа жыл, ал жаңа жыл келді, келіп қалды міне! — деді жігіттердің бірі. — Қош келдің, жаңа жыл!
Марғау, стол жанында отырған қалпы, қалғып кеткен екен, шошып оянып, алдындағы бокалға жабысты. Өзгелер де, қолдарында шарап толы бокалдар, орындарынан тұрды. Радиодан Кремль куранттарының сыңғыры естіле бастады. Оған хрустальдар сылдыры қосылды.
— Көтерелік, достар, бақыт үшін!
Бұйратов оң қолындағы шарап толы бокалын жұрттың бәрімен соғыстыра келіп, жанында тұрған Жанарға қарағанда бар денесімен ұмсынып, сол қолымен оны өзіне қаусыра тартып алғандай болды. Жанар дір етіп, жүрегі жиірек соқты. Бірақ үндемеді. Бұйратовты қайтадан ұялтқысы келмеді ме, әлде дәл қазір оның осынысының өзі дұрыс көрінді ме, оны табан аузында өзі де аңғарған жоқ.
Кенет есік қағылды. Жұрт жалт қарасты. Бірақ тұрған орнынан қозғалып, есік ашуға барған ешкім болған жоқ.
— Кіріңіз! — деді Бұйратов.
Есік ақырын ашылған; о ғажап, Қабен!
Жұрттың көбі танымайды, аңтарылды да қалды. Жанар да аң-таң. Өз көзіне өзі сенбеді, шынымен Қабен бе? Қабен де қалт тоқтаған; әрі де кетпейді, бері де баспайды. Бір түрлі ерсі!
Бұйратов дөрекілеу тіл қатты:
— Кім керек сізге?
Жанар осы арада ғана есін жиып, Бұйратовтың қасынан жұлынып шығып, Қабенге жүгірді. Қабен өзіне тақаған Жанардың аузындағы шарап иісінен сескенгендей, жүзін бұрып әкетті.
— Өй, — деді Марғауда есін енді жиғандай, — өй, Қабен... Өй, өй, Қабен... Ойбай-ау, Қабенбісің?
VII
Осы кештен үш күн кейін Жанар Қабенді қайтадан Ембіге шығарып салып, үйіне келіп, жатты да жылады. Реніштен емес, қуаныштан, өкініштен емес, ризалықтан жылады.
Қабенге Жанар екі нәрседен бүкіл болмысымен риза еді.
Ол — жол алыстығына қарамастан, жаңа жылды Жанармен бірге қарсы алу үшін арнайы іздеп келді. Бұл — нағыз жақын, қимас дос адамның ісі.
Ол өзінің іздеп келген Жанарын жалғыз таппай, дуылдаған көңілді, бірақ бейтаныс бөтен ортадан, бөгде жігіт қасынан тауып алды, бірақ "мұның қалай" деп бір ауыз сөз де айтқан жоқ, қылаптай күдік те артқан жоқ. Бұл — өз бағасын өзі білетін, өзім деген адамға қалтқысы жоқ өр адамның, ер азаматтың мінезі.
Жаңа жылдың жарқын, жақсы үш күні өтті, Қабен жүріп те кетті. Жанар енді ойлап қараса, Қабен соншалық биік, қол жетпес алыста тұр. Бірақ соншалық жақын, қасында, құшағыңда жүр. Бақыт құшу деген осы ма екен. Осы болар-ау!
Иә, Жанар бақыттылықтан жылады.
Ол университеттің тез бітуін тіледі, одан арғы күндерді аңсады. Қабен кетерде Жанар қасында оңаша отырып өзінен бұрын-соңды көп байқалмаған қылық көрсетіп, адам танығысыз өзгеріп, көңілденіп, құлпырып, айғайлап тұрып ән салған:
Аспандағы асылға қол созамын,
Көңіл шіркін болсын деп көтеріңкі!..
Әсем ән. Мағыналы жолдар. Дәл осы әндегі сияқты, Жанар аспандағы асылы — биіктегі досқа қол созды, соның қасына баруды қалады. Университеттің тез бітуін қалады...
БЕСІНШІ ШЕГІНІС
I
Қабен шатырдан шығып, мұнараға қарай жүрді. Азамат келе жатыр екен. Қабенді көріп, қалбаңдады да қалды:
— Қарағым-ау, жат дегенім қайда? Көз шырымын алсаң нетті ең болмаса? Өлесің ғой мына күймен... Сен кірпік ілмегелі үш тәулік, бұ не байғұс-ау!..
— Тіпті жата алмадым, — деді Қабен. — Өзіңіз білесіз, бүгін шешуші күн: не бүге, не шіге...
Азамат аяғына дейін тыңдамады, қорбаңдап аяңдап, "техснаб" аталатын шеткі шатырға қарай асыға жөнелді: бұрғы іздеп бара жатқан-ды.
Күз күні қызуын әлсіретіп, қып-қызыл боп, батыс жақтағы аласа қоңырлыққа иек артыпты. Көлеңке басы ұзарып кеткен. Күн сәулесі қиғаш шашыраған Маната жақ — мидай жазық, үшы-қиырсыз кеңжазира. Көсіле керілген кең атырапта көз тоқтатар қарасын — Қабеннің мандай алдында жер тітірете жыңылап тұрған жалғыз мұнара; мұнара іргесінде желге қалтыраған он шатыр; шатырлар маңында жайылып жүрген он-он бес қой-қозы, екі-үш боталы інген... Бүкіл Жетісай даласындағы бар тірлік тек осылар ғана.
Ал осының өзі бір рулы ел секілді, жапан түзді ертелі- кеш әр алуан үнге болеп, тіршілік қарбаласына толтырып, кәдімгідей қимылға көшіріп жіберген.
Қабен мүнарага, одан әрі дала қиырына көз тікті. Көп нәрсені қазір көріп тұрғандай. Кеудесінде әлдебір әсем, жылы сезім бар. Далаға бір түрлі сүйсіне қарайды; дала тынысын айтпай танып, терен түйсініп, тіпті осы даланы өзіне оқыс меншіктене жаздайды.
Дәл осыған Қабеннің қақы да бар еді.
II
Биыл жазғытұрым Қабен Жетісайға келгенде тірі пенде тізе бүгер ықтасыны жоқ ызынаған елсіз, сусыз меңіреу түзде қыста карлы боран, жазда жаңбырлы жел мүжіп, жермен жексен ете жаздаған жападан жалғыз шым қорған, оның іргесінде құлпытастай ербиіп Сардар қаққан сырық қазық тұрды да, қазықты тұғыр ғып мініп, көне қорғанның қорықшысы секілді даланың күрең көз қыран бүркіті отырды.
Қыранды көргенде, әсіресе, оның адамның өңменінен өтетін өрт қызыл көзімен көзі тіктескенде, неге екені белгісіз, кенет Қабеннің есіне Сардар сап ете түсті.
Қыран әуелі Қабенге маңғаз бұрылып, тосырқай қарады. Содан соң әлденеден секем алғандай оқыс қозғалақтап, дүр-дүр сілкінді де, бір аяғы тұғырынан тайып кетіп, сол жақ қанаты сырнайдай созыла бере қалбаң-қалбаң етіп қалды. Бұл сәтте қыран көзінен таңырқау емес, әрі сескену, әрі ашу белгісі білінді. Бірақ оның қанатын қалбаңдата сермеп-сермеп барып қайта қомданып алған қалпы "жә, не де болса кел, кел" деп отырғандай.
Енді бірде қыран бәрін тастап, "ал, міне, орын сенікі" дегендей тұғырынан сілкіне көтеріліп, қорған үстін қалықтап екі айналды да, Манатаға қарай парлап ұшып, самғай жөнелді. Құстың қос қанаты қашан көзден ғайып болғанша бір ырғақпен жалп-жалп етіп, "қош, қош" деп бара жатқандай.
Бұл не дегені?
Жым-жырт құлазыған тылсым тағдырына үнсіз куә боп көп күзеткен көне қорғанға қош айтқаны ма? Талай жыл топшысы талғанда тұғыр болған сырық қазықты қия алмай, қайта-қайта қол бұлғағаны ма? Әлде тіпті өзін үркітіп ұшырған адам баласына бірдеңе ұқтырмақ боп, алыстан ымдағаны ма?..
Кім білсін!
Әйтеуір, не де болса, даланың ақиық қыранына ғұмыр бойы тұғыр болған сырық қазық енді Қабеннің меншігінде қалғаны күмәнсіз.
III
Қабенге қазір бұл өңір түгел таныс: Жетісай маңын кезінде жалықпай аралап кезген, жапан түздің талай мінезін байқаған, маң даланың талай сырын естіп, түйген.
Әлі есінде, сәуірдің аяқ шені болатын. Күн шуақ. Жазықтың бетегесі мен бұйырғыны әлі қырбық, жаңа көктеммен жаппай тебіндегені болмаса, әзір ұзарып үлгірмеген. Бүргенді, изенді сайлардан қышқыл-кермек жусан иісі аңқиды.
Қыс кеткенмен Атырау беттегі Ақтау шоқтығында қар жатыр. Бірақ қарлы таудан ызғар емес, қоңыр салқын леп еседі. Атырапқа көктен жылу, сайдан хош иіс, таудан кең тыныс тарап, байтақ даланың балбырап, бусанып жатқан бір әсем шағы.
Осындай мезгілде айдалада, ат үстінде келе жату қандай рақат!
Ат — адамның канаты. Ат үстіндегі кісінің көкжиегі қашан да кең, көңілі көтеріңкі, еңсесі биік. Тек атың жүрдек болсын. Пай-пай, тақымында ойнаған жүйрігің жалын желге желпіп, елбең қағып, есіле майсаңдап келе жатса, сен бесіктегі балғындай тербелесің ғой. Сонда сені ат емес, бүкіл дала тербетеді, әлдилейді. Даланың дөңдерін орағытып, көлдеуін жағалаған күрең сүрлеу бұраң-бұраң етіп, ылғи ғана алға, алысқа, арманға жетелеп әкете береді. Төбеңнен төңкеріле мөлдіреген тұп-тұнық торғын аспан сенің қиялыңа толып, толықсып төгіле жаздап тұрады. Сенің он салғың келеді. Ол үшін тек сәл тебініп қал. Атың сар желе жөнелсін. Ақсай желсе тіпті рақат. Сен оң қолыңды баяу бұлғап, атыңды сипай қамшыла; ұрма, ат сауырын қамшымен сипа. Міне, енді даланы сен тербете бастадың. Қане, енді кең дүниені әлдиле, ән сал:
Ат қайда Ақбақайдай ақсай желген,
Қыз қайда құдашадай көзі күлген...
Паһ шіркін, дала, дала... Қасиетті кең дала, жанға сая құт-мекен! Біліп айтқан бағзылар: әкем Күйеу болған жер, шешем келін болған жер. Ата қоныс, ыстықсың!..
Жетісайға келген беттегі бір ай ішінде Қабен тек бұрғыланар жер ғана емес, күллі Түбектің түкпір-түкпірін түгел тінтіп шықты. Ұзақ-ұзақ үй көрмей, қажет жағдайда далаға түнеп, ат үстіне әбден машықтанып алды.
Бұлай етпеске шарасы да жоқ-ты. Экспедиция жұмысы ол тұста жаңа басталып жатты. Құба түзде жападан-жалғыз құлазыған шым қорған іргесіне тіршілік келіп, адам үні естілгені де кеше ғана. Не көп, жетпес керек-жарақ көп.
Ізбек ерледі: сөз байласқан бойда Сағаның өзінен арнаулы бұрғылау станогін тауып, оны дереу теңіз бетімен Түбекке жеткіздірді. Өз тресінің қарамағына келген соң да мұнара жабдықтарын көп кідіртпеді, теңіз жағасынан трайлермен шұғыл Жетісайға жөнелтті. Сол-ақ екен, меңіреу жапанның тұнық тыныштығы бұзылды; құла түзде күні-түні бірдей толассыз қимыл, қызу қарбалас.
Жерден аспанның тіреуі секілді алып мұнара өсіп шығып, бірте-бірте биіктеп, күн астына көтеріле берді.
Үш мың метр тереңді тесіп баратын бұрғылау вышкасын орнықтыру оңай емес еді, монтаждау ісі аптадан аптаға созылып, аяқталып бітпей қойды.
Вышкадан жырақ қырат үстіне он шатыр тігілді. Оның бірі — техснаб, бірі — дүкен, бірі — асхана; қалған жеті шатырда алғашқы бетте Қабеннің өзімен жеті-ақ кісі болды. Сонда Қабенге бір дегеннен екі қиындық кезікті: жеті адамды жеті есе көбейту және жеті адамға жетпіс шақырым жерден ауыз су тасу. Қабенді жол жүруге мәжбүр еткен де, көбіне осылар.
Экспедиция жұмысы беймезгіл шақта басталды: не қыс емес, не жаз емес. Дала еріген қар суына жібіп, мидай езіліп жатты. Дала жолы да ала сабыр, батпақ. Ойпаңда балшыққа батқан машина қайқаңға жылжып шыға алмайды. Сондықтан Қабен аяқ жетер жердің бәрін атпен аралады.
Міне, ол тағы да ат үстінде. Жалғыз-ақ, бұрын Қабен бұл бөктерлерде бір өзі ғана жортып жүретін; қазір олай емес, қасында өзі сияқты салт атты серігі бар: ол — Азамат.
"Апама да барайын, тайыма да бас үйретейін" дегендей, Қабен бұл сапарында екі шиені бір-ақ шешті: кеше Таушаға қонған самолеттен Азаматты күтіп алды, бүгін жол-жөнекей Жондыға соғып, Таза бұлақтан Жетісайға тұщы су тасытатын боп келісті.
Мұнайлыдан Азаматты әкету оңай емес-ті. Қабен бері шығарда көп қиындық көрді. Азаматтай байырғы мұнайшыны өз кәсіпшілігінен сыртқары жіберуге Тайман үзілді-кесілді қарсы болды. Әбиір болғанда іске Ізбектің өтінішімен Комбинат бастығы араласып, күшпен көндірді.
Тайман амалы құрып, Қабенге ыза боп бармағын тістеді:
— Сені Ембіге сүйреген мен едім, сыбағамды алдым, не қыласың, өзіме де осы керек.
— Тағы не айтасың?
— Осы өңірде бұрынырақ Құныскерей деген конокрад бопты, — деп Тайман ызамен мырс-мырс күлді. — Елге қасқырша тиген қарақшы екен. Менің Құнысым — сенсің! Қасқа не айтайын. Жә, керегіңді ал, тартып ал, қайтейін.
Қабен жауап қатқысы келген, аузына сөз түспеді. Жалғыз-ақ;
— Құнысты мен де білем. Қате айтасың. Ол банды емес, батыр болған. Елге қасқырша тиген жоқ, елді екі аяқты "қасқырлардан" қорғаған! — деді де бұрылып жүре берді.
Бірақ бір қиын болған жері — Қабенмен қол ұстасып бірге кетпек боп, әбден буынып-түйініп отырған Азамат бұлар енді жолға шықпақ болғанда аяқ астынан көкірегіне қатты салқын тиіп, өкпесі қабынып, ауруханаға түсті.
Сонымен, "Ал кеттік" дегенде күллі Мұнайлыдан Қабенге еріп шыққан тірі жан болған жоқ.
Әдетте Қабенге кездесе қалса, екі туып бір қалғанын қалғанын көргендей, шырғалап шықпай қоятын Қоңыз мұртбұл тұста оп-оңай жалт беріп сырт айналды да, көзін бадырайтып, бетін безертіп қойып, қарнын сілке қырқ-қырқ күлді:
— Ых-ых-ых! Бәсе, кім ерсін оған? Нағыз бір нақұрыс болмаса, Кербаланың шөліне есі дұрыс адам басар ма?
Тайман да тым кердең жүрді: "шоқ, шоқ" дегендей.
Қабен бұл мінездердің біріне қыңбады, алған бетінен қайтпады, қасқиып қалды. Азаматты сауыққан соң Жетісайдан күтпек боп, өз меншігіне тиген жүк машинасының қорабына далада ұйықтайтын жылы төсегін салып, қолтығына Ізбектен уақытша сұрап алған Сардардың сафиян папкасын қысып, Сағаға тартты да кетті.
Сағаға келген бойда Қабен Ізбекті тауып, жолықты. Көңіліндегі күптігей жайлардың бәрін түгел ашып айтты.
Ізбек — жігіттің нары. Екі иығына екі кісі ырғып әрең мінгендей бөлекше сырт бітімі тәрізді, сөзі де орнықты, нығыз. "Ұзын арқан, кең тұсау" деген атымен жоқ, нені де болса кесіп-пішіп бір-ақ айтады.
— Қорықпа! — деп Ізбек Қабенді жігерлендіре сөйледі. — Экспедиция түгіл бүкіл трест құрылғанда мен жалғыз болатынмын. Қорықпа! Станок дайын. Адам беремін. Қияқта, Төбешік пен Қарағанда біздің экспедициялар бар. Солардан ауыстырып әперем. Жергілікті жерден езің де табасың. Тек экспедицияның тұтқасы боларлық маман бұрғышыны өзің таңда. Онсыз болмайды.
Қабен оны әуелден ойлаған, таңдап та қойған. Ол — Азамат...
...Міне, сол Азамат, сырқатынан айыққан; Мұнайлыдан Таушаға кеше ғана келіп түсті. Қабеннің қуанышында шек жоқ.
Азамат та көріспегелі көп күн өтпегенмен, аңсап, сағынып қалған екен, мұртын Қабеннің мойнына, бетіне, көзіне, маңдайына қайта-қайта қытықтай қадап, ұзақ сүйді.
— Айналайын, — деді Азамат мейірбан көзінен ұп-ұсақ ұшқын шашыратып, — айналайын, өлсем көрім ғана басқа болар. Келдім. Әкел бұрғыңды. Қайда салсаң онда сал, пәрменіндемін. Біргемін өзіңмен.
Азамат Қабенге көп-көп сәлемдемелер әкепті. Сая жеңгей бір қоржын сұр — қазы-қарта, жал-жая жіберген. Азаматтың алты баласы алты парақ қағазға бәсекемен сурет салын, Қабенге жолдапты. Ылғи бір соғыс даласының көріністері: танк пе, ұшқан самолет пе, атылған зеңбірек пе, сондай бір нәрселер. Әрқайсысын әр бояумен бояп берген. Бәрінен ыстық жері әр суреттің аяғындағы әрқайсысының Қабенді "ағалап", жамырай жазған жазулары. Шіркін, балапандар-ай. Жапан түзге жас жапырақтай шулап, әсем сындыр үн таратқандай болды.
Ал, Азаматтың қалтасынан шыққан Жанардың екі хаты — өз алдына бір хикая. Оны Қабен дірілді жүрегімен ғана ұғып, өзгеден, тіпті сол хаттарды әкеліп отырған Азаматтың өзінен де жасырып, құпия түйсінді.
Сөйтіп, Азамат пен Қабен екі салт атпен Таушадан Жондыға, Жондыдан Жетісайға тартып келеді. Сәуірдің жайма-шуақ жақсы күнінде ағалы-інідей, немесе тіпті әкелі-баладай екі адам шалғай бетте қайта табысып, құшаққа құшақ қосып, көңілдерін бірлеп келеді.
Азамат бұл өңірді ертеректе бір аралаған секілді. Оның үстіне, Азамат — Адайдың әлемге аңыз боп тараған сан алуан сыр шындығын кеп естіген кәрі құлақ, көне көздердің бірі. Ат үстінен төңірегіне тамашалай қарап, Түбектің ой мен қырын, ойпаты мен жазығын ертегіге айналдыра шежіре шертеді.
Бұлардың маңдай алдында әлдебір алып заңғар тау сілеміндей тізіле, тіркесе көлбеп, үш төбе жатты. Үш төбенің біріне-бірі ұқсас үш төскейіне дара-дара үш күмбезді там тұр. Осы үш тамның жайын Азамат ертеден біледі екен, жол қысқарту үшін қызық әңгіме қып айтып берді.
Азаматтың айтуынша, сонау арғы төбедегі мола — қалыңдық, ортадағы — Күйеу, мынау бергі қырқадағы — құда. Бұл үш мола — атамзаманғы бұлдыр, бұлыңғыр күндерде болған "не қылайыны" жоқ қатыгездіктің далада қалған суық ізі.
Үланақ алқабын жайлаған бай адайдың асқан сұлуын Сам жақтан келген әсем жігіт әкетпек болады. Бай аулы оган "қия келді" деп, қыз бермейді. Сонда ауылдың бір ақылды ақсақалы жігітке:
— Қыздың әкесі бір тыңдаса Манатаның Мағжанын тыңдар. Соған барып, жалынып көр. Мағжан құда боп келсін, қайтер екен, — депті.
Мағжан көнеді, құда боп келеді. Бірақ ештеңе шығара алмайды. Ал, қыз жігітке ашына; жігіт қызды көрсе, күллі дүниені ұмытады; не істеу керек?
Ақыры жігіт қызды алып қашпақ болады. Оны Мағжан да құптап, үркер туа үш салт атты бай ауылдан аққан жұлдыздай жұлынып шығып, зыта берген: құда, жігіт, қыз. Адайдың атыс, айқас, жанжал іздеп таба алмай жүрген бір топ қанды қолдары қашқындардың ізіне түсіп қуып береді.
Қыз алып қашқандар таң ата Шетпеден асып, күн шыға осынау үш төбенің шетіне іліккенде қуғыншылар да жетіпті. Содан бір төбенің басында садақ оғы құдаға қадалады. Ол ат сауырынан сыпырыла құлап бара жатып, қыз бен жігітке "тоқтамаңдар, тарта беріңдер" дейді. Екінші төбенің басында жігіт мерт болады; қалыңдығына "жөнел, жаным, менің еліме жет" дейді де жер құшады. Үшінші төбенің басында қыз оққа ұшады.
— Мынау үш төбенің басындағы үш күмбез сол үш бейшараның бейіті, — деп сөзін бітірді Азамат. — Ал, мұндай аңыз әңгімеге адай арасын аттасаң кезігесің. Көп. Бұл жақтың адамы ғана емес, мынау бүк түсіп жатқан құж-құж қара тастарына дейін ертек айтып, сыр шерте жаздайды.
Онысы рас, Түбектің түкпір-түкпірі толған құпия тәрізді. Қабен бұл жердің табиғатын тани бастағандай.
Екі салт атты адыр-адырдың арасымен арқандай шұбалған көне сүрлеуді ат тұяғымен жаныштап, бір биік дөңнен әрі асып түскенде алдарынан аспанды тіреп, жапан түзде жалғыз маңқиған зәулім мұнара көрінді. Азамат ер үстінен ұша жөнелетін қырандай құдия бере атын тебініп-тебініп қалды:
— Бәрекелде-е-е... Мына шіркін біткен секілді ғой. Бұрғылау қашан басталмақ?
— Бүгін бітсе, ертең.
IV
Қабен бүгін күтпеген жерден бір ауыр соққыға душар болды.
Түнде қатты ұйықтапты. Көптен бері еркін, тыныш тыныстағаны екен. Бұрын басы жастыққа тисе, түннің бір уағына дейін кірпік іле алмай, төңбекшіп, ұзақ-ұзақ ойланатыны екі нәрсе болатын: бірі — Жетісай қамы, енді бірі — Жанар жайы. Бұл екеуін кезек-кезек ойлап кеткенде Қабен ұйқыдан безіп, қилы-қилы қиын күйге түседі.
Мынау бар құпиясын бауырына басып, бір қиырдан бір қиырға көсіле көлбеген кең дала; мидай жазық даланың бетіндегі мең тәрізді көне қорым — айналасын шыммен қоршап тастаған атамзаманғы ескі қабір. Сардар қазығы қорымның қабырғасына ентелей, тіреле қағылыпты. Дәл соның үстіне вышка орнатуға тура келді.
Міне, бір ай — сәуір түгесіліп, зауза басталуға қалды, көне қорым маңы бір күн тыныш тұрған жоқ — толассыз қарбалас, қимыл. Вышканы монтаждау ісі аяқталып та қалды. Кеудесімен көк тіреп жер бетінен мұнай мұнарасы өсіп шығып, күннен күнге биіктеген сайын көне қорым жерге сіңіп, жоғалып бара жатқандай.
Қыратқа тігілген ақ шатырларды мекендеген адамдар да күн санап көбейіп келеді. Экспедиция жұмысына осы маңнан тартылған екі-үш жергілікті кісі Жетісайға семьясымен біржола көшті. Олардың бірлі-жарым қара-құралары осында төлдеді. Сөйтіп, мұнара маңында мотор үні ғана емес, төңірекке бұл жерде де көктем барын паш етіп дүбірлеген жас тол, асыр салып ойнаған сәби балалар даусы да естіліп жатты.
Көктем қай жерде де көктем. Ерте кеткен қар суымен ой-қырға, әсіресе Маната беттегі бөктер мен беткейге жас бұйырғын көк салып, ара-тұра жауқазындар қылтия бастады. Кәдімгідей, кішкене қырмызы қиқымындай құбылып, құлақтанады.
Адамдар да құла далаға үйреніп, көндіге бастады. Кей-кейде кешке қарай бірен-саран желғабаз жігіттер домбыраға қосылып, жерошақта жанған отқа қарап, буы бұрқыраған қазандағы жас еттің иісі мұрынға келген сайын көңілденіп, ән шырқайтын болды.
Сағадағы мұнай техникумынан Жетісай экспедициясына әрі тәжірибеден өтуге, әрі білек сыбанып жұмыс жасауға келген бірер қыз, адайлардың ұзын сырғалы сыңғыр шолпылы жас келіншектері шатырлар маңына әжептәуір сәуле шашып, айдалаға, ашық аспан астына көңірсіген жып-жылы өмір әкелді.
Міне, осылардың бәрі бір ғана Қабенге қарайды, үмітпен, сеніммен қарайды. "Сен бізді орға жықты, сорға айдады" демейік, тек біздің іс-әрекетімізде мағына болсын, жарқыным. Ел-жұртты, ауыл-аймақты, бірқатарымыз тіпті үй-ішімізді тастап, рақаттан безіп, жапан далаға саған еріп келдік. Сенің етегіңнен ұстадық. Сені үлкен арманның, биік мақсаттың, асыл мұраттың адамы деп білдік. Әйтпесе меңіреу түздегі бимәлім мазар үстіне мұнара орнатып, жел өтіне шатыр тігіп, етегімізбен су кеше сенделер не жөніміз бар?"
Осы сұрақ Қабенге қараған әр көзде жазулы тұрғандай. Егер осынша жұртты көрер көзге отқа, суға салып, соңынан нәтиже шықпаса, не масқара?!
Мұны ойласа Қабен кейде тұңғиыққа бата жаздайды.
Екінші уайымы — Жанар.Бұлар дидарласпағалы тағы да айлар зырлап өтіп барады. Не күйде жүр екен. Биыл диплом қорғап, оқуын аяқтайтын жылы; оны не істеп жүр?
Қабен Жанарды сағынды, Жанар тұрған Алматының қоңыр мақпал түндерін армандайды. Жанармен кездесуді аңсайды. Кәдімгідей жалғызсырайды. Асылы, адам бір ерек қимылға көшерде, ересен іс бастарда жан серігінің, не жар серігінің қасыңда болғаны дұрыс. Сонда адам нені де болса нық, нығыз ұстанады. Адамның әр адымы, әрекеті айрықша мағынаға толады, мақсаты бекем, берік болады. Дәл қазір Қабеннің қасыңда Жанар болуы керек-ақ. Амал не, жоқ. Тек кейде мұның түсіне енеді. Түсінде Жанар өңіндегіден гөрі ашығырақ, батылырақ. Қабенді өзі іздеп келіп, қол ұстасып, кейде мұны жетектеп жүреді. Бұған мөлдіреп, ұзақ қадалып қарайды. Бірақ тіл қатпайды.
Кеше Азаматтың қалтасында келген соңғы хатыңда Жанар да Қабенді мықтап сағынғанын айтады. Бұрын бүйтпеуші еді, бұл жолы ап-ашық жазыпты: "Менің бар өмірім осы сағынышта ғана тұр. Үйге кірсем де, сыртқа шықсам да көкірегімді жылытар, көңілімді ұйытар ақ жалын отым осы сағыныш. Адамның сағынары болған қандай жақсы. Сағындым".
Қабен бұл жолдарды оқығанда шошып кетіп, дереу жан-жағына қарайды. Біреу-міреу бірге көз жүгіртіп тұрған жоқ па деп ойлайды. Қызғанады.
Осындай екі түрлі парыз бен қарыз Қабенді жатса ұйқыдан, тұрса күлкіден ажыратып, өз ішіне өзін үңілтіп, тұнжыратып әкететін. Ал, бүгін түнде ой да ойлаған жоқ, түс те көрген жоқ, басы жастыққа тиісімен жым-жырт ұйқыға батты да кетті. Алыстан іздеп Азамат келген соң көңілін бірлегені ме, әлде ат үстінде ұзақ жол жүріп шаршағаны ма, әйтеуір, ұйқысы терең әрі тыныш болды.
— Қарағым, ұйқың қанды ма? — деген дауысқа оянса, Азамат, қара мұртын ыдырата жадырап күліп, шатырдың етегін серпіп ашып кіріп келе жатыр. — Тұрып шай ішсейші, мұнара жаққа барып қайталық.
Қабен төсегінен ұшып тұрып, шатырдан сыртқа атып шықса, күн сәскеге таяпты. Әркім өз жұмыстарында жүр. Бүгін мұнараны монтаждау бітетін күнді, құрылысшылар түгел сол жаққа кеткенге ұқсайды.
Апрельдің ақырғы күні еді. Аспан аздап мұнарлау. Кеше кеште жауған жаңбыр мен еріген қар суы буға айналып, көкжиектен сырық бойы көтерілген күн көзін жұқа шымылдықпен бүркегендей кіреукелеп тұр.
Қабен мен Азамат жұмыс басына келді. Мұнара монтажы біткен секілді. Бәрі ретше; көз тойып, көңіл орныққандай. Бірақ, бір күтпеген кірбіңнің дәл осы арада тап бола кетпесі бар ма!
Азамат жұмыс басына келген бетте бұрғылау вышкасының бір қанаты қабырғасын құлата тоқтаған шым қорғанға әлдеқандай секем ала, сезіктене қарады. Ізінше қорым маңын шұғыл шола бере шым қорғанның ішіне секіріп түсіп, сол жерде жатқан құлыптас сынығынан әлдебір арапша жазу оқыды да, көз шарасын үреймен үлкейтіп, салы суға кеткендей болдырып шықты:
— Бәсе! Көргеннен-ақ үрейім ұшып еді-ау.
— О немене? — деп Қабен де шошыды.
Азамат өзіне өзі күбірлеп, моланың құбыла жағына кетіп бара жатты:
— Әли иттің білмейтіні бар ма, Мұнайлы басына атасының көрін қазып жатыр деп қауесет таратып еді ант ұрған, рас боп шықты-ау.
Қабен тағат таппай, айғайлап қалды:
— О не деймін?
— Қарағым-ау, білмеуші ме едің? — деді Азамат қайырыла тоқтап.
— Нені?
— Мына шым қорғанның не екенін?
— Жоқ.
— Ойбай, жаным-ау, енді қайтейін... Бұл — Орекемнің — сенің туған атаң Ораздың қабірі... — деп Азамат қорғанның құбыла жағынан тізерлей отыра қап, әйет оқи бастады: — Ағузыбилләһи, минаш-шайтан рәж-ж-жи-и-им!.. Қабен қақ маңдайдан сойыл тигендей теңселіп кетті.
V
Май айының бірі күні жер бетіндегі еңбек адамдары түгел той тойлап, дүниені думандатып жатқанда Жетісай жазығындағы жалғыз мұнара мереке туын ұшар басына желбіретіп байлап алды да, тонды топыраққа тұңғыш болат бұрғы салды.
Кешегі қорған басындағы құбылыс Қабеннің кеудесіне шаншудай қадалғанмен, зардабы ұзаққа бармады, сол күннің кешіне дейін толғантуға ғана жарады.
Несі бар? Қабен, Қоңыз мұртайтқандай, атасының көрін қазып жүрген жоқ, қайта, оның құба шөлде құлазыған қабірінің қасына шүлен өмір, жас тіршілік әкеліп жүр; қысты көктемге айналдырар мезгіл құдіретіндей күшті жаңғыру, жаңару жасамақ. Мұның несі сұмдық?!
Азамат та өз қылығының ерсілеу болғанын артынан аңғарды; Қабен алдындағы кінәсін сезіп, әжептәуір азып-тозып қалды. Дегенмен, өзін өзі шапшаң билеп, мұнара жақтан шатырға оралған соң Қабенге кіріп, ағалық сөзін айтты:
— Қарағым, кешіргейсің, менен бір білместік болды. Жоқ жерден пендешілік жасап алыппын. Біз қарайлас қартаң кісілердің кейде осындай осалдығы болады. Оған мұқалма! Бетіңнен қайтпа, сілтей бер.
— Беттен қайту жоқ қой, Азамат-аға, — деп Қабен де көңілденді.
Азамат мойнынан бір батпан жүк түскендей жеңілейіп, мұртын алақанымен сипап, аса бір асқақ шабытпен шешіле, серпіле сөйледі:
— Бәсе! Жылан інге қарай қашады, қыран көкке парлап асады. Өр мақсатта қыран мінездес, алысқа, ғарышқа баспаса, қайқаң аспаса, ойпаңға қайтпас болар.
Кешке қарай Қабен барлық бұрғышылар бригадасын өз шатырына жинап, бұрғылау мәслихатын өткізді.
Жетісай төңірегінде бұған дейін жүргізілген түрліше барлау, бұрғылау әрекеттерінің нәтижесінде жасалған геологиялық картаны Қабен Сардардың сафиян папкасындағы көл-көсір көп деректермен салыстыра қорытып, енді бұрғыланбақ жердің астыңғы қабаттарын біршама нанымды топшылап, қай тұста қандай жыныс кездесерін алдын ала көзбен көріп, қолмен ұстағандай айқындап қойған еді. Шатырдағы бас қосуда ол осы топшылауларын ортаға салды; геологиялық картадағы әр иректің сыр иірімдерін әр бұрғышыға тәптіштеп түсіндірді. Қай жерде бос топырақ, қай жерде қиыршық құм, қай қабатта тұз, қай қабатта тас кездесуі мүмкіндігін, қай жыныс саз, қай қуыс су екенін, соған орай қай тұста қандай бұрғы ауыстырылуы керектігін аңғартты.
Әр сменадағы әр адамның міндеті, әр сменадағы іс шапшаңдығының шама-мөлшері де осы жиылыста белгіленді.
— Булардың көбі долбар, — деді Қабен жасырмай, — осы топшылауларды негізге алып, мұнара тұрған жердің астында нақты не бар, не жоғын, әрине, тек бұрғы арқылы ғана дәл білуге тиіспіз. Тек екеуін салыстыра отыруды ұмытпағанымыз дұрыс.
Жетісай экспедициясының негізгі адамдары — төрт бұрғышы, төрт бұрғышының төрт көмекшісі, төрт бұрғылау жұмыскері, төрт слесарь және төрт дизелист. Қабен осы жиырма адамды үш сменаға бөліп, Азаматты бір станоктың бар жұмысын басқаратын бұрғылау мастері етіп тағайындады.
Алайда бүгін — алғашқы күн; штурвалда Қабеннің өзі тұрды. Ол Азаматты да, бірін дем алдырып қойып, қалғандары үш сменада кезек ауысып отыратын, төрт бұрғышыны да түгел қасына алып, дәл сағат сегіз соққан шақта, мұрнының ұшына қарай сырғыған мүйіз көзілдірігін жоғарырақ бір ысырды да, моторлы будка жаққа қол көтеріп:
— Бастаймыз! Жүргіз дизельді! — деп әмір берді.
Мотор гүр ете түсті. Дала да кәдімгідей дір-дір етті.
Көкке бойлаған биік мұнараның тұла бойы тұп-тұтас қимыл. Вышканың табан тақтайын тесіп өтіп, қара жерге найзадай қадалып тұрған болат бұрғы тоң топыраққа дірілдей сүңгіп, құлаш-құлаш қара түтіктерді соңынан жұлқа тартып әкете берді.
Қабеннің қарсы алдындағы қос манометр жер астының қысым мөлшерін хабарлап, ақ табақшада қызыл тілдерін сүйреңдете бастады.
Турбобур ұшына шүмектей құйылған сазды ерітінділер тоң топырақты тортадай жібітіп, скважина аузына қайта лықсып шығады да, астаудан астауға қотарыла кері ағады. Сонау биікте сарт-сұрт зымыраған жылжымалы блоктар түтікті түтікке жалғап тыпырлаумен жүр. Оларға ысқыра шапшыған болат арқандар оратыла қалып, иреңдеп, шиыршық атады.
Мұнара маңында қозғалмайтын бір де бір зат жоқ. Моторлы будка іргесіндегі қар суымен көк тартқан жас бұйырғын желсіз қалтырап, көгал жер бетін құрлықтың көкшіл толқынына айналдырғандай. Вышканың ық жағы ұшпай бұрқылдаған боз бұйра құйын.
Жапанға осылайша жан бітті.
Атырап дүр сілкінгендей.
Мұнара тұрған жерден теңізге қарай көсілген кең көгал бар-ды; соның арғы басын айналып бір үйір ақ бөкен үркіп, даладағы тосын үнді үрпиісе тыңдап аз тұрды да, таңын жарқылдата ойнақ сап, қыр асып кетті.
Қабен, штурвалда тұрған қалпы, кеудесін кере кең тыныстап, қасыңдағы Азаматқа, одан әрі төрт бұрғышыға өзгеше бір шуақ раймен бұрылып, әлденені қуана айқайлап, ұзақ айтып еді, қарш-қарш шайнасқан шар болат темірлер мен жыңылаған мотор үні тыңдаушыларға түк естіртпеді.
VI
Бұл ай да жаңбырлы болды. Жетісай аспанын сірестіре құрсаған қалың сұр бұлт кейде бірнеше тәулік күндіз күн, түнде ай, не жұлдыз көрсетпей нөсерлетумен тұрады. Аспанды сындыра шатырлап нажағай ойнайды, әлдеқайда аулаққа жай оты түсіп жатады.
Бұл аласабыр лайсаң күндер бұрғылау жұмысын тоқтата алмағанмен экспедиция адамдары үшін қолайлы да емес еді. Жер батпақ, жүріп-тұруға қиын. Кенеп шатырлар күнде жаурап, сіресіп, түнге қарай ызғар шашады. Үйімен көшіп келген екі-үш семьяда жас балалар бар-ды, әсіресе, соларға жайсыз. Жерде балшық кешіп машина жүре алмаса, көкте бұлтты жарып самолет ұша алмайды. Сөйтіп, Жетісайға жан-жақтан келетін хабар да пышақ кескендей тыйыла қалды.
Асылы, мұнайшылар — тым төзімді жандар; жалғыз мұнараға жан-жақтан жабысып, күндіз-түні бірдей дүрілдетті де тұрды. Монша жоқ, кітапхана, клуб дегендер үш ұйықтаса түске кірер емес. Ең арғы жағы аптасына бір рет кино да көре алмайды. Осындай өмірге көбі көндігіп алған, міз бақпайды.
Бұл халге жалпы жұрт мойымағанмен, Қабен мазасызданады. Сафиеводағы барлау тресіне барып, біраз нәрсені қолма-қол шешіп қайтпақ болды.
Жаңбыр бірнеше күн қатарымен нөсерлетіп, тіпті ашылмай қойды; таңның атысы, күннің батысы, төпеп құяды да тұрады. Көктің көбесі сөгіліп кеткендей.
Алысырақта болса да айналадағы жергілікті тұрғындармен Жетісай экспедициясының аздаған араласы бар-ды. Жайлауға шыққан колхоздардан біреулер сүт әкеледі, қымыз әкеледі; Жондыдан жекелеген адамдар су тасиды. Солардың айтуларына қарағанда мұншалық мол жаңбырды бұл атырап бұрын-соңды көрмепті. Ал, осының өзіне жергілікті адайлар дән риза, жаңбырды бейне осылар әкеп, жерді осылар көгерткендей, мұнайшыларға алғыс жаудырысады:
— Сендер бұл жерге құт боп келдіңдер, шөлді шүлен еттіңдер.
— Ақжауын қойсын ба, жер жаннаттай жайнап барады.
— Шеттің шөп шықпайтын шер тақырына дейін екі қарыс жусан өсіп, желкілдеп тұр ғой, несін айтасың.
Осы сөздердің растығын Қабен жолға шыққанда білді.
Майдың аяғына таман жаңбыр аз-кем саябырлап еді, Қабен атын ерттеп мініп, Сафиевоға жүріп кетті.
Міне, Қабеннің маңдай алдында тағы да мидай жазық, маң дала көсіліп жатыр. Осынау кермиық кербез даланы көрсе, Қабеннің кеудесінде құмыр бұлбұл сайрағандай болады. Не кереметі бар шырақ-ау!.. Қызығына бір тойсайшы, Қабен! Дала сұлулығына жетер жаһаннан ешбір әдемілік көре алмай-ақ қойды. Дала бұған қашан көрсе де әсем. Қыста ақмамық қар жамылған бұйығы қалпы да, күзде бояуы оңып, сарғыш тартқан жұпыны түрі де — бәрі де жарасымды. Енді міне, көктем нөсерінің астыңда түлеген көкжасыл дала бәрінен көрікті.
Жауыннан соң, даланы теңіз бетіндей тербеп, көктемнің өкпек желі соғып тұр. Далада желге қозғалмайтын бір де бір бұта жоқ, жас жусан, көк бұйырғын, жаңа көктеген изен мен жыңғыл — бәрі елбіреп, дірілдеп оянып, елбең қағады. Кейбір құмайт төскейлерде қияқ, ояңға түскен жол езуінде селеу, ши өскен. Қияқ пен шитүптер желге сызғырып, нәзік әуез үн шығарады; даланың өзіндей шалқыған мол, сұлу әндерінің бірін бастап, аяғына жете алмай тұрған секілді.
Жалпы барлап қараған адамға бұл көктем көркіне кенелген ұшы-қиырсыз кең дала айна-қатесіз телегей-теңіз. Мұнда да теңіздегідей толқын, теңіздегідей ағыс бар.
Қабен Жетісайдан жырақтау ұзап біраз жүргеннен кейін атын көгалға тұсап, кеудесін самал желге тосып, дала төсінде әрлі-берлі жүрді. Кейде көктесін шоп үстімен баладай ойнақтап, жүгіріп-жүгіріп алды. Енді бірде ебелектей елбіреп, елбең-елбең етіп тыпырлай сілкінген бір ойдым жердің бүрлі жусанына бауырын төсеп, етпеттей жата кеткісі келді де, шөп түбінің суынан іркіліп, тұсаулы атына қайтып келді.
Жетісай мен Сафиевоның арасы алпыс шақырымдай жер. Соған Қабен күн көтеріле шыққаннан зауал ауа әрең жетті.
Сафиево — шалқыған көк теңіздің дәл жағасындағы шағын қалашық. Бір кезде төңкерісшілер мекені болған қыстақ екен, көп жылдар бұл да даламен бірге құлазып, қазір қайта жанданып келеді. Трест келгелі қыстақтың үйлері де көбейіп, бірнеше көшелер пайда болған. Қазір өңкей шағаладай жайнаған ақ корпустар жүргіншіні алыстан тартып, өзіне шақырып тұрады.
Ізбек Қалиевтың ойынша, Сафиево — болашақ мұнайшылар шаһары. Жетісай мен Қияқтан, Төбешік пен Қарағаннан мұнай табынып, өндіріс орнағанда, сол өндірістерде істейтін барлық мұнайшылар Сафиевода тұрмақ. Жұмысқа осы қаладан апта сайын вертолетпен ұшып барып қайтып тұрмақ. Жоспар үлкен.
— Тек, Жетісайдан мұнай табылсын десейші, — дейді Ізбек.
Қабеннің келгеніне Ізбек Қалиев қатты қуанды:
— Енді болмағанда өзім барып қайтқалы отыр едім, жақсы келдің. Ал, халдерің қалай?
— Хал өте жақсы, — деді Қабен. — Бұрғы барысы ойдағыдай. Геологиялық картадағы әр сызық қолмен қойғандай расталып келеді.
— Бұрғы қанша жерге барды.
— Бір шақырымға жуықтадық.
— Тамаша!
Осы жігіт Қабенге қатты ұнайды. Нағыз жұмысшы, маман геолог. Мінезінде ешбір оғаштық жоқ, бар қимылы табиғи. Өзі құбылу дегеннің не екенін білмейді. Нені де болса бір айтады. Сонысы-ақ жақсы. Қабеннің мұнайшылар ұрпағынан ылғи іздейтіні, көргісі келетіні осындай табиғилық. Тайманға іштей ренжіп қала беретіні — досының осы мінезден алшақтап, бір түрлі кеңсешілдеу, тым ысқаяқтау боп бара жатқаны.
Қабен Сафиеводан да Тайман туралы жайсыз хабар естіді. Ізбек кеше ғана Сағадан оралған екен. Обкомның бюросында болыпты. Тайман жұмысты нашарлатқаны үшін қатаң сөгіс алыпты.
— Тағы бір жаңалық, — деді Ізбек, — Алексей досың осында, екеуміз Сағадан бірге келдік.
— Қойшы, — деп Қабен қуанып кетті. — Алексей енді бізге жүрсін де!..
— Оны өзі біледі ғой. Әйтеуір не де болса, Алексеев енді Түбекте істемек. Өздерің келіссеңдерші.
Қабен сол бойда Алексейге жолықты. Мұнайлының көп жаңалығын білді. Тайманның қатал жаза алуы тек өндіріске байланысты емес, оның өз өміріне — жеке басына да қатысты болып шықты. Алексей бұл жайды Тайманға деген аса аянышпен айтады. Өзі обкомның бюросында мықтап сынаған екен, Тайман ашуланып қалыпты. Алексей оған:
— Қайтейін, коп болса бірге істемей-ақ қоярмыз, — депті.
— Вали Галич қайда? — деп сұрады Қабен Алексейден.
— О, ол өлмейді. Да, ол да сырғақтап шығып, қазір басқа бір жұмысқа ауысты.
— Қандай жұмыс?
— Мұнайлыдан тіке осы араға дейін газ құбыры тартылып жатыр. Сенің Жетісайыңның үстін басып өтуге тиіс.
— Я?
— Сол құрылыстың прорабы ма, әлде бір бөлімнің бригадирі ме, әйтеуір әкімдерінің бірі.
— Қарай гөр, — деп Қабен көзілдірігінің үстінен күлімсірей қарап, әлдене ойына түскендей мәз болып отырды.
Осы күннің кешінде Алексей Қабенге Қоңыз мұрттуралы қашаннан айтпақ боп талай оқталса да бір жағынан бата алмай, бір жағынан мұны аяп жүрген бір оқшау жайы бар екен, соны айтты. Алексейдің сөзіне қарағанда, Қоңыз мұртмұның алдақашанғы ата дұшпаны секілді: Керейге жабылған бар жала осыдан шыққан көрінеді. Мұны Алексей әбден анықтап алып, тек бүгін ғана астыртын сыр қып, Әлиден түңіле түршігіп отырып айтты.
Естіген Сағатыңда, әрине, Қабен де шошынды. Сенер-сенбесін білмей дағдарды. Соңынан сенді. Бірақ Алексейге түк жауап қатпастан тұнжырап шығып кетіп, бір түн оңаша ойланды. Ал, Алексей ертеңіне көргенде Қабен дым білмеген адамдай қаз-қалпында жүр.
Алексей оңаша шығарып, ризалықпен:
— Кеше көңіліңе қаяу салдым ба деп едім, достым рахмет, шыдамды екенсің, — деді.
Қабенде түс бояу, көлгірсу деген болмайды, Алексейге тук бүкпесіз имандай сырын айтты:
— Кезінде дұшпандық жасағаны рас шығар. Ал қазір сол сорлыда не қалды? Барлы-жоқты тырнағын алдақашан түсіріп бітірген. Қайтейін, жүре берсін. Белдесер жауымның түрі Қоңыз мұртболса, сонда өзім кім болдым?..
Алексей рахаттана сақылдап күлді.
— Менің ойлап жүргенім әлі де болса Тайман, — деді Қабен шын қиналып. — Тумысында жаман жігіт емес еді, түбі біржола бүліне қоймас, бүтінделер. Соған сенемін.
— Мен де солай ойлаймын.
— Ал енді бар ма, — деді Қабен көңілденіп. — Мені Тайман Алматыдан Мұнайлыға шақырып әкеліп еді, мен оны алдағы күзде, аман болсақ, Жетісайға әкелем.
— Оған дейін Жетісай бір шаң беруге тиіс қой шамасы.
— Сөз жоқ. Және Тайман креслоны жек көрмейді, — деп Қабен зілсіз күлді, — оны жаңа өндіріске директор қып әкелем.
Алексей Азаматпен бірге істеуге қашаннан қарсы емес. Ол Барлау тресіне маман ретінде ауысып келген екен, Ізбекпен келісіп, Алексейді Қабен сұрап алды да, өзіне орынбасар етіп бекіттірді.
Содан соң Ізбек, Қабен, Алексей үшеуі бас қосып, Жетісай қамын ойласты.
Сардардың сафиян папкасына бақсақ, Атырау астыңда Атыраудай мұнай бар. Жетісай — соның дәл кіндігі. Міне, бұрғылау басталғалы айға жуықтады. Турбобур мың метр тереңдікке барып қалды. Бәрі ойдағыдай. Бұл ретпен жүре берсе, бұрғы ұшы мұнай мұхитына барып бір-ақ сүңгитіні сөзсіз. Ол үшін үш мың метрге жуық қазу керек. Демек, бұрғы авариядан аман болса, жаздың аяғында Жетісай не бүге, не шіге боп шығуы тиіс.
Егер мұнай табылса, Жетісай жалпы жұрттың тұрақты мекеніне айналады. Қалың жұрт шақыру күтпестен қаптап көшіп келері күмәнсіз.
Өзеннің басы жылғадан басталатыны секілді үлкен өндіріс орны да бірден жыңылап ашыла салмайды, алғашқы палаткадан басталады. Мұнай орнының басы — бірер қазық. Демек, қазіргі Жетісайдағы он шатырдың он мың үйлі өндіріске айналмасына кім кепіл. О, мұны ойласа, Қабен қиял-ғажайып ертегідей толғайды. Сол болашақ ұлы шаһардың тұңғыш тұрғындары бүгінгі ондаған адам емес пе?
Бұлардың бесеу-алтауы семьясымен тұр. Өзгелері кейінірек көшіртпек. Азамат та тек балаларының оқуы бітуіне қарайлап жүр. Әйтпесе, Саяны алты баласымен Мұнайлыға алты күн қоятын ниеті жоқ.
Осы адамдар қамын қазірден бастап ойламасқа болар ма?
Ізбек Қабеннің талап-тілектерін түгел мақұлдап, трестің қарауынан Жетісайға бір құрылысшылар бригадасын бөліп, екі корпус салдыртатын болды. Басқа да өтініштерін орындап, әбден ризалап, үйінен қонақасы беріп, қасына Алексейді ертіп, бетінен қайта-қайта сүйіп шығарып салды.
Қабен жөнелердегі Ізбектің бір ғана тілегі мынау еді: — Жетісайдағы бұрғы тек мұнайға жетсін, мұнайға!..
VII
Қабен Жанарға хат жазды.
"Жанар! Атыңның алдына менің өзіңе деген жан жылылығымды аңғартар сөз іздеп ем, таппадым.
"Ардақтым" дейін десем, бүгін өзіңмен танысқалы, ұғысып-біліскелі дәл бір жын, ең болмаса бір күн ардақтап, алақанға салғандай аялап, жан-жүрегіңді жөндеп әлдилей алмаппын. Өзің үшін дүниенің төрт бұрышын түгел кезсем де іздеп тапсам деген бақыт пен рақаттың әлі күнге ұшқынын да көрсеткенім жоқ. Осыдан кейін "ардақтым" деуге қандай қақым бар?
"Сүйіктім" деуге болар еді. Бірақ бұл да сөзбен емес, іспен танылуға тиіс нәрсе. Сахнада, немесе экранда көңілі ауған қыздың соңынан "мен сені сүйем" деп айғай салып, көбелектей ұшып-қонып жүретін біреулер болады. Соларды көрсем, ұялғаннан жерге кіре жаздаймын. Адамдағы ең бір аяулы, асыл сезімнің қалайша арзандағанын, аяқасты болғанын байқап қынжынамын.
Ал, "қымбаттым", "сымбаттым" дегендер тым жайдақ ұғымдар. Сондықтан, ешбір бояусыз, табиғи түрде "Жанар" дедім.
Мені Тайман қаттысың, суықсың дейді. "Жанар" десем болды, мен жұмсарамын, жылынамын. Тайман соны неге білмейді екен? "Жанар" десе ғой мен жаныммен елбіреп, құлап түсем.
Жә, Тайманның білмей жүргендері көп. Алдымен, ол өмір сүру дегеннің не екенін білмей жүр. Өмір сүру деген жанның тыныштығын көздеу емес. Жанның тыныштығын көздеу — тамақ асырау, әшиін жан бағу. Бұл, сайып келгенде, қол қусырып, нені күтетінін өзі де білмей қарап отыру, тоқырау. Дүниеде бұдан артық зәбір көру, жапа шегу бар деп білмеймін.
Сен қалай ойлайсың, Жанар? Меніңше, өмір сүру деген адамның арманға қарай келе жатуы деп түсінемін.
Адамда ірі мақсат, үлкен арман болуы керек. Ол болмаған жерде өмір сүрудің де қажеті жоқ.
Мен Алматыдан Мұнайлыға, Тайманның қасына соншалық зор үмітпен, досымды аңсап келгем. Келдім де жігерім құм болды. Бір күйкі тіршілік. Күнбе-күн бір қалыпты қоңыр өмір. Тайман болса, кеңсеге келеді, графиктің орындалуын тексереді, содан соң барлы-жоқты аз мұнайын әрең тартып шығарып тұрған көне качалкаларды бір шолып өтіп, үйіне қайтады. Бұл не?!
Сен білмейсің, мені оқып жүрген кезімде қатар құрбыларым геолог емес, философ көруші еді. Бәрінен бұрын осы Тайман "сенің пәлсапаң-ақ таусылмайды, бас қатырасың" деп, мен сөйлеп келе жатсам зыр-зыр қашатын. Дұрысында геолог пен философтың арасында айырмашылық аз. Екеуі де арман қанатыңдағылар. Тайманның өзі де солай секілді еді. Бүгінде мүлде басқа. Оның "басын қатырып" жүрген менің "пәлсапам" емес, өз пәлсапасының саяздығы ма деймін.
Тайманның тағы бір білмей жүрген жері — мені адуын, асқақ көруі, ерекше ерлік іздеп жүрген, атақ, даңқ қуып жүрген адам көруі.
Бұл — әрине, қате. Мен досымның мұнысына ренжимін.
Бүгін сенен хат алдым. Оқып, қатты қуандым да, міне, хат жазуға отырдым. Әсіресе, оқуыңды ойдағыдай бітіргеніңе қуандым. Енді көп кешікпе, тезірек кел. Сен келер шамада, сірә, біз де бір қараға жетпес пе екенбіз.
Қазір бұрғы үш мың метр тереңдікке жақындап барды. Айта қалғандай шындық — мұнай табылды. Бірақ бұл — берідегі, бірінші қабаты. Біз бұған тоқтамадық, әрі тесіп өтіп кеттік; екінші — ең қалың, терең қабатынан барып бір-ақ шыққымыз келеді. Әзірге бәрі геокартадағыдай. Егер төменгі қабат та сенің көкең анықтап кеткендей болды бар ма, онда Ембі шыңыраудан шыңға бір-ақ шырқап шықты дей бер. Бұл қабат игерілгенде өнім қырық есе өседі. Ғажап емес пе? Бұл үшін еңбек етуге болады. Міне, менің іздеп жүрген "даңқым" осы!..
Жанар! Сен хатыңда Жетісай жайын, Жетісайдағы адамдар халін көп сұрайсың.
Жетісайдағы алғашқы өміріміз тым қиын болды. Бүгінде бәрі ретке келтірілді, келген соң көресің ғой. Ал, адамдар жөніне келетін болсақ, Азамат деген ағаңызды айрықша атағым келеді.
Өзің салыстырып қара. Егер сенің көкеңнің шежіре папкасы мен Ізбектің геокартасы болмаса, мен Жетісайға келмес едім. Сол секілді, егер Азамат мастер болмаса, мен Жетісайдағы әрекетімнен ойдағыдай нәтиже шығады деп ойламаған болар едім.
Бұл бір керемет кісі. Шойыннан құйылғандай мығым. Тек еңбек үшін туғандай. Өзінің бойында дәстүрлі Ембі жұмысшысының тап-таза асыл қасиеттері тұнып тұр. Оғаш сөз, ұсақ-түйек мүдде, қулық, қиянат дегендердің не екенін білмейді. Адалдық, адамдық, ұят пен ардан ғана құйылып жасалғандай.
Бізде үш сменада төрт бұрғышы бар. Азамат болса, ешқандай сменамен есептеспейді. Таң ата барғаннан түннің бір уағына дейін мұнарадан кетпейді. Бұрғы тереңдеген сайын жер астының не сыр ашарын қас қақпастан бақылап, топырақ тексеріп тұрады. Қазір үш шақырым тереңдіктің әр метрінде не жыныс бар екенін бес саусақтай біледі.
Мен сәл ертерек ұйықтап, түн ортасына жуық оянам да Азаматты аяп, тыныс алуға шатырға қайтарамын. Мен барғанша тіпті табан аудармайды. Үш ай бойғы құлқы осы, бір өзгеріп көрген жоқ.
Жетісай — жапан түз, мен — жалғыз екен деп ойлама, бізде Азамат және басқа азаматтар бар.
Менің мына пікіріме қалай қарайсың? Ембіде біз білетін үш ұрпақ бар. Бірі — сенің көкең Сардар бастаған, мынау менің қасымдағы Азамат қоштаған үлкен ұрпақ. Бұлардың алды Ембіні қолдан жасаса, оны сол бір дауылды жылдарға әкелсе, соңы сол дәстүрді одан әрі жалғастырып, біздің күндерге дейін жеткізіп жүр. Бұлардың оқуы жоқ болғанмен тоқуы көп, тәжірибесі ұшан-теңіз. Күні бүгінге дейін Ембіде жұмысшыға тән жақсы қасиет болса, бәрінің бастауы — қайнар көзі — осылар. Бұлар — шетінен самородоктар, асыл жандар. Бұлар — шетінен бізге үлгі, өнеге, мектеп.
Екінші ұрпақ— Ізбектер. Бұлар бірен-саран. Мұнайшы мамандығына белгілі дайындықпен келген, Москвада, не Бакуде институт бітірген білімді инженер-геологтар. Бұлар үлкен ұрпақтың тамаша тәжірибесін біліммен ұштастырған, көне мен жаңаның ең жақсы жақтарын жалғастыра білген, білім мен тәжірибені қатар алып жүрген мамандар.
Үшінші ұрпақ — біз және біз тұрғыластар. Бізде білім бар да, тәжірибе аз, немесе жоқ. Демек, біз алдымен, үлкен ұрпақтың табиғи талантын, ортаншы ұрпақтың білімі мен өнерін қабылдап, бойға сіңіріп, содан әрі өзімізше жаңа өріс табуымыз керек, биікке шығуымыз қажет. Бізге әзір алдымыздағы екі ұрпақ эстафета бере қойған жоқ. Оны алу үшін өзімізше тыңға соқа салуымыз, сөйтіп, өзімізді өзгеге танытуымыз керек. Эстафета алуға лайық екенімізді көрсетуге тиіспіз.
Ол үшін не істеу керек?
Ол үшін ағалар ашып берген мұнай құдықтарына қауға салып, майын сарқамыз деп ойтаңда жүрмеуіміз керек, қырға шығып, бел-белестерден асып, жаңа қайнар іздеп табуымыз шарт. Аға ұрпақтың дәстүрін ілгері әкетіп, тынымсыз ізденіп, тыпырлаумен өмір сүруіміз керек. Істің ең қиыны, жауапкершіліктің ең үлкені қазір біздерде тұр. Оны іске асыру үшін, шын мәніндегі жұмысшы — мұнайшы болуымыз үшін біз үлкен жігердің адамы, ұйқылы-ояу емес, ылғи ояу жандар болуға міндеттіміз.
Мен Алматыдағы мансабымды сол үшін тастадым. Тайман досымның қасынан сол үшін кеттім. Осы жолым, бағытым дұрыс деп кеттім. Міне, құлазыған меңіреу далаға тіршілік әкелдік. Онымен қоймай, Ембінің тарихында болмаған жаңа мұнай көзін, көзі емес-ау, мұхитын ашпақпыз. Менің сенімім мол, — ашамыз! Егер біз аша алмасақ, басқалар ашады. Ашпай қоймайды. Онсыз Ембіні — Ембі деуге болмайды. Ембінің келешегі үлкен. Біз Ембінің келешегі үшін өмір сүріп, іс-қарекет етуге тиіспіз.
Жалғыз-ақ тілегім — мені сардаланың сағымын қуып сенделіп жүрген біреу дей көрме! Мені ізде, Жанар, іздеп тап! Жақындықпен айтар дөрекілеу тілегім осы ғана. Мен күтемін сені, Жанар, Жанар.Кел, тезірек кел!"
Қабен хатты конвертке салып, Сағаға ұшқалы жатқан самолеттің пилотына тапсырды:
— Алматыға өз қолыңнан жөнелтерсің.
VIII
Маң дала шырт ұйқыда. Аспанда ай жоқ, жұлдыз сирек. Тек Маната беттегі үркер ғана бір уыс боп, ұйлығып тұр.
Мұнара күндегіше қимыл үстінде; кішкене будкадағы жалғыз моторда дамыл жоқ, бір қалыппен баяу зіркілдейді де тұрады. Дала бүгінде мотор үніне үйреніп алған, оған бола ұйқысын бұзбайды. Тосын дыбыс болмаса болды, қайта бір қалыпты жыңылаған мотор үніне бұл төңірек тербеліп ұйықтайды.
Шынында тіршілік дүниесі неге үйренсе, соған дағдыланады ғой. Жайлаудағы колхоздың қотанында қой күзеткен шопан тысыр еткен дыбысқа селк етіп, көзін ашып алады; бөтен дыбыссыз тыныштықта ғана ұйықтайды. Қаладағы көп этажды үлкен үйлердің астында от жағып отыратын кочегар зіркілдеген, дүңкілдеген, дүрсілдеген дыбысқа мажыра болады. Зіркіл тынса, үн үзілсе, шошып оянады.
Сол сияқты, бұл шақта Жетісай дал асы да мұнара түбіндегі мотор үніне үйреніп алған, сол үнге тербеліп ұйықтайды. Оның үстіне дизель үні де бүгін әдеттен тыс баяу, әбден қалжырап, қалғып бара жатып еріне күбірлегендей.
Ояу нәрсе — мұнара маңындағы түнді күндізге айналдырған биік-биік бағандар басындағы, жердегі жасанды ұя ішіндегі көп прожекторлар. Бұлар зәулім вышканың өн бойын самаладай жайнатып, қуатты, қызулы сәулелерін айқұш-ұйқыш жосылта таратады.
Содан соң бұл түнде Қабен мен Азамат кірпік ілген жоқ.
Кеше кешке қарай Сафиеводан Ізбек Қалиев келген. Ол Жетісайдағы бұрғының межелі нүктеге жетіп қалғанын біліп, нәтижесін көзбен көруге арнайы өзі келген. Сөйтіп, Қабен, Азамат, Ізбек үшеуі жоба бойынша ертең күндіз болуға тиіс бір ерекше жаңалықты асыға күтіп, кейде бәрі бірге, кейде әрқайсысы жеке-жеке сменадағыларға қайта-қайта келіп, бүгін түнгі мұнара мінезін қас қақпастан бағып жүрді.
Алдан жақсылық күтуден артық не бар. Бүгін түнде бір Қабен, не Азамат қана емес, Жетісай басындағы он шатыр мен үш-төрт киіз үй, бірер жертөле және екі қызыл вагон іші де шамдарын сөндірген жоқ. Қашаннан күткен , аңсай күткен ұлы селді көруге бәрі ынтық. Тіпті бір жас балаларға дейін құлдырап, дүрсілдей жүгірісіп, мұнара маңында жаудырасып тұрып-тұрып алады.
Бұрғышылардың үш сменасы да түгел скважина басында. Мотористер дизельді бір сөндіріп, бір жүргізіп, турбобурды аса еппен, мұқият сақтықпен қозғалтады. Олар да бірнешеу. Бәрі жабылып, кезек-кезек бұрғышы тұрған штурвал жаққа қарасады. Бәрінің аңдығаны Азаматтың қолы.
Түн ортасы ауа бергенде әбден ұйқыдан қалжыраған Азаматқа Қабен келіп:
— Штурвалды маған беріңіз де, өзіңіз шатырға барып, таң атқанша дем алыңыз, — деді.
Азамат көпке дейін кете қоймады. Екеуі жүріп, топырақ қарады. Екеуі де ап-анық мұнай белгісін сезді. Қабен топырақты уыстап ұстаған қалпы, ұшып тұрып, Азаматқа бір нәрсе айтпақ болған сәтте, қарсы алдынан көзі алапардай боп, Әли жолыға кетті:
— Ау, Қабенжан-ау, бұ не бұл, аһ? Мені өлмесе өме қапсын дегенің бе, бұ не бұл, аһ?
Қабен түкке түсінген жоқ, сәлемдесті де, аңырып тоқтады. Азамат олай емес. Әлиге қабағын түйіп:
— Қабенге не сиқыңмен көрінгелі жүрсің? Қой, бар, жат, жата бер. Саған тірелген ештеңе жоқ, — деп, қолын сілтеп, жуытпай қойды. Қоңыз мұртмұнараның екінші жағына қарай айналып кетіп бара жатты.
Қабен Азаматтан сұрап білсе, жағдай мынадай екен.
Кеше таң алдында Азамат штурвалды Қабенге тапсырып, өзі шеткі шатырда ұйықтап жатса, шошытып оятып, есікті сілкіп ашып, түте-түтесі шыққан бір жан түңілгендей әлдекім кіріп келе жатады. Өзі төрт аяқтап, жорғалап жүреді. Киімінің сау жері жоқ, дал-дұл. Екі тізесі, жалаң аяғының бастары, саусақтары, аузы-мұрны түгел күлтілдеген ісік, қып-қызыл қан. Пері секілді пәледен зәресі ұшып, Азамат жан ұшыра ақырып, бетіне үңілсе, Қоңыз мұрт:
— Уай, сен Әли емессің бе?
— Иә, мен.
— Ойбай, не болды саған?
— Қой, сұрама заңғар, қайтесің. Өзім де білмеймін не болғанын...
Азамат айтпасына қоймай тінтіп сұрап көрсе, Әли осы келген бетте Өзектен Түбекке, Түбектен Өзекке қарама-қарсы тартылып, Жетісай тұсынан жалғанғалы тұрған газ құбырының ішінен шығыпты.
Соңғы айларда Әли сол түтік тартушылардың бір бригадасын басқарып, әжептәуір әкімшілік жүргізген секілді. Мынада парық бар ма, шегірткенің айғырындай қыдыңдай берген соң екі-үш бейтаныс біреулер (өздері жуырда түрмеден шыққандар деседі) Әлиді қырыққан серкешіктей тырситып апарып ырсиған газ түтігінің ішіне салып жібереді де, түбін дәнекерлеп тастайды.
— Әуелі ойнап жүр екен дедім, заңғарларды, — деді Әли.
— Ал содан?
— Содан не болушы еді... күттім, күттім, түк сес жоқ. Енді құрыған екенмін дедім. Кейін бұрылуға сыймаймын. Сонымен не де болса ілгері жылжиын деп, бетім қарап тұрған бағытқа еңбектедім де кеттім.
— Қанша еңбектедің?
— Екі күн еңбектедім, ойбай! — деп Әли баж ете түсті. — Қанша дейді ғой. Он сегіз шақырым жерге қанша еңбектеуші еді. Құдайдан құдай боп, әйтеуір, жаңа ғана жарық көрдім. Бір жұтым суың бар ма?
Азамат мұншалық харамдыққа зығыры қайнап:
— Қайда қазір олар, тауып бересің бе, танисың ба? — деп шұқшия сұраса, Әли есінен танып, безек қағады:
— Ойбай, қоя тұр, айтпа, айтпа оны... оларды... Кейін, кейін...
Бұл бір шешілмеген жұмбақ. Мұны айтқызып отыруға Азаматта уақыт жоқ, мұнараға жөнелу керек. Сондықтан төсегін Қоңыз мұртқа берді де:
— Жә, кейін сөйлесерміз. Жат. Есінді жи. Таң да атып қалды, әзірге мынаны қаужай тұр, — деп, қолға іліккен нан-тұзын аузына ұстап, өзі шатырдан шыға жөнеледі.
Мұнараға келсе, Қабен көңілді:
— Ал, ағатай, мәреге жетуге қалдық. Бәрі қолмен қойғандай. Мынакы көрдің бе? — деп, скважина түбінен жаңа ғана шыққан қоймалжың қоңыр балшықты уыстап-уыстап қояды. — Бүгін мұқият болуымыз керек. Жеңіс жақын.
Азамат Қабеннің ажарлы көңіл күйін бұзғысы келмей, жаңа ғана көріп шыққан жамандықты аузына да алмады.
Күні бойы екеуі де шатырға барған жоқ. Шатырдағылар мұнда келді. Түскі тамақты да, кешкі тамақты да мұнара басындағыларға әкеліп ішкізді. Міне, түннің бір уағы, бәрі шат. Бәрі де сарғая күткен бақыт минутының жақын екенін сезіп қуанады. Бұларға кешке таман Ізбек Қалиев келіп қосылған. Ол да осы маңда. Содан, міне бәрінде де мігір жоқ, жеңіс сағатын жақындата түсу үшін жан сала қимылдап жатыр.
— Бұл араға әлгі Әли неге келіп жүр? — деп, Қабен Азаматқа қабақ шыта қарады. —Және өзі қайдан жүр?
— Құрсын, кейін айтармын, Қабенжан, қазір керегі жоқ құрғырдың... — деп, Азамат Әли жайын ашып айтпады. Оған тіпті мүмкіндік те жоқ-ты.
Таң қараңғысының тұсы еді.
Таңғы ұйқы тәтті ғой. Штурвалды Қабенге тапсырып:
— Шыбыным, шылым шегіп келе қояйын, — деп, мұнара төсіндегі бұрғышы алаңынан іргедегі ықтасынға түскен Азамат аласа ағаш сәкінің шетіне сәл тізе бүгіп, арқасы шалқаймаға тірелуі-ақ мұң екен, қалай қалғып кеткенін білмей қалды.
Атырау беттен аздап жел еседі. Мезгіл — күз, жел де — күзгі жел; бірақ бір түрлі жұмсақ, дымы-сызы жоқ, ақыраптағы ызғырық қара суықтан гөрі наурыздың жеңіл өкпегіне ұқсас майда, қоңыр самал; ұлы теңіздің таңғы тынысындай ғана дірілді леп... Өзінде кәдімгідей ерке қылық бар: жауырынын жастана шалқайған Азаматтың анау-мынау маңдайдағы кіші-гірім кекілдей күлтеленіп, езуін жасыра қымтап тұратын қою қара мұртын мұрнының астынан ұшырып әкете жаздап, біресе ыдырата үрлеп, біресе шалғысын ысқырта шымшып, жұлқып қояды.
Ұйқы баураған Азамат мұның бірін де сезген жоқ.
Кенет, жер асты оқыс дүңкілдеді: әлдекім алысырақта ағаш келімен тары түйгендей немесе ағаш тоқпақпен қазық қаққандай. Азаматқа бұл түс секілденді. Енді бірде оның дәл аяғының асты дүмпіп, бүлк-бүлк етті де, сәкі селкілдеп кетті.
Азамат орнынан ыршып тұрды. Өң мен түс арасындағы алапат осы арадан басталды: кондукторды бұзып өтіп, скважина аузын опыр-топыр еткен газ бен мұнай зеңбірек оғындай борай атылып, штурвалда тұрған Қабенді тымақтай ұшырып әкетті.
ЭПИЛОГ, ЯКИ ПРОЛОГТЫҢ АЯҒЫ
I
Бүгін де күндегідей таң атқан, бүгін де кәдімгідей күн шыққан. Бірақ қыраттағы шатыр алдында, Қабен жанында отырған Жанар Шығыс көкжиекті де, көкжиектен көтерілген күңді де көре алған жоқ.
Күн көзі өртте қалды.
Жалын қанаты жайынын, алау аспандай берді: күнді жағып түгесе алмай жатқан секілді..
Азамат жұртты өрт шетіне шұғыл жинап алды:
— Байқап тұрсыңдар, өрт бой берер емес. Мұны тек бомбалап сөндіру қажет. Ізбек рацияда, Бакуден бомбашылар шақыртып жатыр. Біздің қолдан келері әзірше біреу-ақ: от селін өңірге жаймау. Басқа әрекеттің бәрін доғарын, шапшаң соған кірісіңдер. Қане, қаптаңдар түгел, жабылыңдар бірің қалмай!
Осы әмірін мұнайшыларға шолақ-шолақ ескертті де, Азамат қайтадан Қабенге жөнелді.
Жұрт сол ақылмен жабыла жұмылып, ылдиға, оңға лықсыған отты селді бөгеуге кірісті.
Өрт маңында мойындарын сорайта маңқиған үш-төрт экскаватор дереу тістерін ырсита ауыздарын ашын, бастарымен жанталаса жер соғып, даланың қоңын ойын лақтыра бастады. Жалын төңірегі ілезде орланып, үйінді топырақпен көмкеріле берді.
Бұл шақта Қабен сәл тыншып, кірпік іліп еді. Жаралы денесінің ауырғанын бір ауық ұмытып, аз дамыл тапқандай. Қаны қашқан қуқыл өңі алыстан алаулаған өрт сәулесіне ағараңдап, жұмулы көз аясында кейде жұқа қызғылт рең саз беріп, әлсіз құбылады. Бірақ дем алысы қиын, тынысы әлі ауыр.
Азамат осының өзіне шүкірлік етті:
— Шыбыным-ай, әбден қалжыраған ғой, аздап көз шырымын алсын.
Содан соң Жанарға бұрылып, көңіліндегі бір қуанышын ірке алмай, сыбырлап айтып еді:
— Тек Қабен жазылсын, несін сұрайсың, кенелдік қой. Мына жалын — Ембінің өңі тұрмақ түсінде көрмеген кереметі.
Бұған Жанар онша серпіле қойған жоқ.
— Дәрігерді қайттіңіз?
— Шақырттық. Сағадан самолетпен шығатын болған. Мен тез рацияға барып, біліп қайтайын. Шапшаң оралам. Сен тек Қабеннен көз айырмашы, қалқам, — деді де, Азамат өртке қарай қорбаңдай жүгірді.
Неге көз жазсын Жанар:
— Ой, жаным-ай, — деп, Қабеннің қалғу екені, қажу екені белгісіз сұлық жатысын мұңая барлап, шерлене күрсінді. — Дертіңе дауа табылса игі еді.
Енді бірде Қабен көзін ашып, еңсесін көтере өртке қарамақ болған; денесі зіл қара кесек, қозғалтпады. Басын әлдебір тегеурінді топшы — Жанардың тізесіндегі құс жасыққа көме жаншып, қорғасынмен бастырып қойғандай. Аяқ-қолында жан бар-жоғын өздігінен аңғара алмады. Әйтеуір күллі денесі төмен тартып, салдырап, жүз инені қатар сұққылап жатқандай шымырлап, шаншып, ұйып ауырады.
Осының бәрін айтпай танып, көзімен емес, бүкіл денесімен сезінген Жанар Қабен көзін ашысымен еппен қозғалып, оның құп-қу жүзін ақырын бұрып, өртке тіктеді. Дәл осы сәтте ол Қабеннің танауы әдеттен тыс қусырылып кеткенін, ұрты суалып, жағы көрер көзге ояң түскенін байқады. Иегінің асты, мойны, желкесі, шаш арасы ағыл-тегіл тер. Бұған қарағанда Қабеннің бағанадан бергісі тыныш ұйқы емес, әлі құрып қалжыраған дененің аз уақытқа ғана амалсыз дел-сал тыншығуы болып шықты. Кезерген ерні ерніне жабысып қалған екен. Жанар оның аузына қол жетер жерде тұрған кеседегі сүттен бір қасық тамызып байқаған; ернін әрең ашты да, жағы қарысып қалғандай күрек тістері жіксіз сіресе берді. Сүттің жартысы Қабеннің езуінен сорғалап, жастыққа сіңді. Сонда да қоймай, Жанар төгіп-шашып оған тағы бірнеше қасық сүт ішкізген; Қабен оның бәйік боп, құрақ ұшқан беймаза халіне аяныш білдіре әлдене айтпақ болды ма, әйтеуір, көз қиығына барлы-жоқты нұр жия бастады.
II
Даладағы көрініс дағдыда жоқ, тым бөлек.
Күн биіктеп, мезгіл түске тақады. Және бүгінгі күн көкжиектен — Үстірттен емес, өрттен шықты. Өзі де өрттей ыстық қызулы: от топанынан тұсау бойы көтеріліп барып, күзгі сұрғылт даладағы көсенің сақалындай сирек селдіреген ши мен селеуді пышырлата жағып жіберердей бар қызуын осы өңірге төгіп тұр.
Күн астыңда лайсаң аспанның аз ғана алыс шалғайы; одан төмен көкжиек те, дала да жоқ, көктен жерге төгіліп кеткен шайы жібектей, немесе жерден көкке керілгелі жатқан күрең мақпалдай шұбалаңдаған өрт, жалын.
Өрт маңында жанталасқан дүйім жұрттың діңкесі құрыған-ды: бұйырғын бұталарынша шашырап, бытырап, дөң үстінен қарағанда көзге қораш кішкене денелер әр жерден әбігерленіп жатыр. Тындырған істен гөрі сапырылыс, жүгірістері көбірек.
Әзірге бұл маңның жанын сақтап тұрған Қияқтан келіп үлгірген, Сафиеводағы трестен жеткізілген бірнеше бульдозер мен экскаватор: әрқайсысы әр тұстан өртті қоршап, анталай тұра қап, саз топырақты бірі асап лақтырса, бірі күреп апарып, қара күрең жалынды айналдыра төгеді. Әсіресе, Сам жақтың ойпаңына сапырыла жылжыған от толқындардың алдын бөгеп, құмнан қоршау қырат жасап жатыр. Осы әрекет болмағанда өрт көлемі қазіргіден еселеп өсіп, етек жайып, аяқ жетер жерге ажал, апат апара беретін түрі бар.
Түс кезінде Жетісайға самолет қонды. Самолеттен Сағаның бас дәрігері түсті. Қабен маңындағылардың таң атқалы тағат таппай асыға күткені — осы кісі; Азамат дәрігерді көрген бойда алды-артына қаратпастан шатырға бастады.
Дәрігер самолет қонған алаң мен шатыр арасындағы өртке таң қалды:
— Мынау қалай сөнбек, жаным-ау?
— Бұл жалын сөнбейді, лаулай береді, — деді Азамат.
— Қойшы!..
Екеуі бірін-бірі ұққан жоқ;
Азамат өртке қызығып қарай берген дәрігерді қолтықтай алып, кимелеп әкетті:
— Бассаңызшы аяғыңызды. Аз күткеніміз жоқ сізді... Жедел жәрдемнің жылдамдығы осы болса...
— Қайт дейсіз? — деп дәрігер Азамат сөзін жақтырмай қалды. — Теңіз үсті тұнып тұрған тұман. Үстіртпен орағытып, әрең ұшып жеттік. Қайт дейсің? Қане, сырқат қайда?
Бұлар келгенде Қабеннің халі тым қиын еді. Кеудесінде аздаған тыныс бары анда-санда әлсіз қозғалған иығынан ғана байқалады. Өзге түс түгел қимылсыз, сұлық. Дәрігер соны імапшаң барлап, оған дереу укол салды. Күллі денесін сынықшыдай еппен майда сипап әрі массаж жасап, біраз отырды. Содан соң тағы да бірер уколмен сыртқатты қолға ұстатқандай әлдендіріп, кәдімгідей тілге келтірді де, енді бірде оның тамырын ұстап, кеудесін, бүйірін, жауырынын тыңдап, қан жері қаттырақ ауыратынын өзінен сұрап отырды.
Мұны көрген Азамат өшкені жанғандай қуанып, дәрігерге ризалық білдіре бастап еді, анау Қабеннің кебіңкі, тоқ тұрған кеудеден төменгі жерін қайта-қайта басып байқап, әлдебір жайсыздық аңғарғандай басын шайқады:
— Қуануға әзір ертерек...
Жанар шоқ басып алғандай шыр ете қалды.
Дәрігер сасқанынан не істерге білмей апалақтап:
— Шошымаңыз, шошымаңыз... О, неге шошисыз сіз... — дей берді.
Жанар оған жаутаң-жаутаң қарап:
— Жазыла ма? — деп жалына сұрап еді, дәрігер:
— Әрине, — дей салды.
Әншейінде әрі-сәрі "әрине" деген бір ғана сөздің мұншалық күші барын кім білген. Дәрігер "әрине" дегенде Жанардың жоғала жаздаған үміті көкірегіне қайта ұялады.
Азамат Қабеннің бас жағынан ептеп еңкейіп:
— Қарағым, қалайсың? — деді де аузына құлағын тосты.
— Жаман емеспін, — деді Қабен оған даусын әрең естіртіп. Содан соң мына сөздерді үзіп-үзіп ұзақ сыбырлады: — Не боп... жатыр?.. Не істеп... жатырсыңдар?..
— Ол жағын сен ойыңа да алма! Сен тек бізге өзіңді сыйласаң бітті. Басқасын бізге тапсыр. Қолдан келгенді аяп жатқанымыз жоқ. Кешікпес, Бакуден өрт сөндірушілер де келіп қалар.
— Бомбалап... сөндірмексіздер ме?
— Өйтпей болатын емес. Сенің бұрғың тесіп барған жер шиңырау түбінің май бұлағы емес, жер астының мұнай мұхиты болып шықты. Фонтанның сағат сайын лақтырып тұрған тап-таза мұнайының өзі елу тонна, ғажап емес пе?!
III
Түс қайтты. Күн еңкейе аптап та аздап бәсең тартты. Ал, Жетісай атырабының астын үстіне шығара сілкілеп, бет бақтырмай түтеп тұрған сұрапыл от топаны бір сәт бәсеңдер емес, лаулаған үстіне лаулап, лапылдай берді.
Жер үстінде жанған мұнайды сөндіруден қиын нәрсе жоқ: жел тұрса шалқиды, су құйса өршиді...
Өрт сөндірушілердің амал-айласы әбден таусылған-ды. Күн ұзағына ышқына-шыңғырып, жан ұшыра жүйткіген қызыл машиналар қолдан келер әрекеттерін істеп бітіріп, діңкелері құрығандай әр жерде мелшие-мелшие қалыпты. Аздаған адымды экскаваторлар ғана тынымсыз жұлқынып, кеңірдек соза бас шұлғып, топырақ шашады. Оған от жасқанар ма?
Аяқ жетер жердегі тірі жан тайлы-таяғы қалмай осы араға жиналған. Әлі ағылып келіп жатыр. Келгенмен не пайда, "тілсіз жауға" естері кете таң қалып, құр бекер таңдай қаққаннан әрі асып, бірдеңе тындыра қояр бірі жоқ. Бәрі жиналып Ізбекке келіп, одан әлдебір үмітпен жабыла сұрасады:
— Әлгі Бакудың бомбашылары қайда?
— Қашан келеді?
— Келмейін деп жатыр ма, — дейді Ізбек қынжылып. — Атырау үсті ақ тұман, аттап өте алмай масқара боп тұрған жоқ па!
Жұрт тағы дағдарады:
— Енді қайтсын. Баку түгіл өзіміздің Сағадан ұшқан самолет қанаты талып, кері оралып жатыр деседі ғой.
— Апыр-ай, о ғып, бұғып дәрігер жетіп үлгіргенін айтсаңдаршы...
— Қабеннің халі қалай екен қазір?
— Оңалар түрі бар ма?
— Әй, сірә, нашар шығар... Азамат шатыр маңына жан жолатпай жүр, ауру аяқсып жатыр, әрі кетіңдер дейді...
Дәрігердің халі өрт сөндірушілерден гөрі шынында да қиынырақ еді: Қабен де, Қабен маңындағылар да бутан қарайды, ал мұның шарасы түгесіліп келеді. Бағана Қабен ауырған жерін айтып, сол тұсқа дүркін-дүркін ине сұққылатып, блокада жасататын. Қазір қай жері ауыратынын айырудан қалып барады. Бұрынғыдай аяқ-қолын қозғауы да азайды; сырқатын ауырлап ыңылдау деген бұл жігітте мүлде жоқ екен: тек әйтеуір сұлқ түсіп, ұзақ-ұзақ үнсіз әлсіреп жатады.
Оқта-текте ұйқыдан оянғандай кірпігін дірілдетіп, көзін күшпен ашады. Көзін ашса, Жанарды іздейді. Жанар қайда барсын, табан аудармастан қасында отыр. Қабен Жанарды көреді, сол бойда көз қиығында көмескі жылтырап, аз кем тіршілік оты ұшқындайды. Осының өзі дәтке қуат; ол кәдімгідей шираған секілденеді. Шатыр маңында іштен тынып, күзетте отырғандарға осы да әжептәуір медет, біріне-бірі қарап, суық жымыңдасып қалады.
Енді бірде Қабен көзін төңкеріп, кең дүниенің өрттен тыс бір қиырына қарайды. Жанар оған құлай ұмтылып, қан-сөлсіз бет-жүзіне төне еңкейіп, әр қыбырын, дірілін бағады: көзінде әдеттегідей тұнық мағына жоқ, түтіккен азап ізі, қабарған қажу нышаны ғана бар. Жанар соны байқап, тағы жанын жей бастайды. Осы кезде Қабеннің тұншыққан сыбырын естиді:
— Да-ла... Қайран менің кең далам... Жанардың денесі қалшылдап кетеді: неге айтады, не себеппен айтып жатыр бұл сөзді?
Неге айтқанын кім білсін. Жалғыз-ақ, осынау құпия сырлы кең жазираны бұл жігіттің менікі деуге қалай да болса қақы бар еді.
IV
Аспанның батыс шалғайын алтынның буына малғандай жалтыратып барып күн теңізге шомылды. Дала енді ғана еркінірек көсіліп, кеудесін кешкі самалмен желпе бастады.
Бұл атыраптың күні ыстық болғанмен, түні салқын. Сам жамырар алдында шатырлар ішін лекілдеген Атырау желі кеулеп әкетті. Ауа әп-сәтте тұнып, жан сергітер жайлы лепке айналды.
Күні бойғы аптап, аңызақтан арылып, баппен бусана тыстаған кешкі табиғаттың шипалы әсері ме, әлде қолдан келер амал-айласын түгесе тыпырлаған тынымсыз дәрігер ақыр-аяғында дертіне дауа тапты ма, әйтеуір кешке қарай Қабен күрт өзгерді. Маңындағыларды түгел таңдантып, бейне сау күніндегідей қунап шыға келді. Жалғыз-ақ, жатқан орнынан тік тұрып, жүріп кете алмайды. Әйтпесе, басқа қимыл-қозғалысының бәрі ширақ. Көзі күллі нұрын қайта қиып, шарасына толтыра құйып алды. Күндізгідей еміс-еміс әлсіз сыбыр емес, баяу да болса өзінің майда қоңыр үні шығып, езуіне, көз қиығына кәдімгідей жып-жылы күлкі үйіріліп, жанында отырған адамдарға кезек-кезек тіл қатты.
— Ой, шыбыным, сөне жаздаған шырағым қайта жанғандай болды ғой мүлде... — деп, Азамат айналып-толғанып отыр.
Жанар да қабағын ашып, көңілдене бастады.
— Мені қойшы, мен... — деп Қабен әлі топандатып жатқан өртке қарап, кілт кідіре сөйледі: — апаттың үлкені мынау болған екен.
Ізбек қол сілтеп, киіп әкетті:
— Ойбай, тырс етпе, бұл түк емес. Қазір, осы қазір Баку самолеті келіп қалуға тиіс. Бірнеше бомбамен бір-ақ сағатта ұйпа-тұйпасын шығарып жоқ қылады. Ең керемет жері — жер қойныңдағы ғажайып қазынаға қол жеткені болып тұр ғой.
— Айналайын, Қабенжан, — деп Азамат та елпілдей жөнелді. — Сен тапқан бұл байлық жалпақ Жем бойы жүз жыл жабылса таусылмас та сарқылмас, несін айтасың.
Қабен өз ойымен өзі, екі көзі әлі өртте:
— Апырм-ай, аңғарусыздық жасаған екенбіз. Привинторды мұқият бекіте алмадық-ау, шамасы?
— Бекітпейін дегеніміз жоқ, жиырма рет айналды да қарысып тұрып алмады ма, құрыған неме... — деді Азамат.
— Жиырма алты рет айналып жабылушы еді.
— Айтып отырмын ғой, сірідей сіресіп, әрі қарай бұралмай қойды.
— Солай деңіз... Иә, газ... газдан болды бұл өрт.
— Мейлі, — деді Ізбек. Түк қынжылар түрі жоқ. — Фонтан-ақ сұмдық! Күні ертең Түбектің күллі экспедициясын осында әкеліп төгіп, сенің от өзекті ой-құдығыңды айнала қаптатам да жіберем. Бірден алты жерге бұрғы салдырам, көр де тұр.
— Иә-ә-ә... Не істеуге де болады. Бұл жер енді гүрлейді, — деп сөзге Тайман да араласты, — мына скважинаны қойшы, өртке кетсе кетсін, Қабеннің басының садағасы. Қайнар табылды, горизонт ашылды, қазына шеті қолда, енді қоя ма жұрт. Тасқындатып әкетеді.
— Мұнай астанасы мұнда көшер әлі... — деп Ізбек ұшатын бүркіттей екі иығын қомдап, Қабенге төне түсті. — Ақиығым, тек өзің жазыл, қайтесің, тез жазыл!
V
Шатыр маңы шу ете қалды:
— Самолет, самолет!
— Өрт сөндірушілер келді.
Қабен қасындағылар да дүр көтеріліп, өртке қарай беттемек-ті. Қабен қуанып:
— Барыңдар. Түгел барыңдар. Тамаша болды. Ізбек қайда? Тайман, сен де баршы, — деді.
Азамат Қабеннің бетінен бір сүйіп, Жанар мен дәрігерге кезек қарап:
— Ал, қалқаларым, Қабеніміз есін жиды ғой, қудай берді ғой. Өшпес, жарығымның шырағы өшпес. Өшетін реті жоқ қой, — деп, одан соң Қабен бетіне қайта үңіліп, — шыбыным, жақсымысың... — деп, шырғалап шыға алмай жатты.
— Жақсымын, бара беріңіз, — деді Қабен. — Ізбекті мында жібергейсіз.
Бәрі дүрліге өрттен әрі қонғалы құлдилап жүрген самолетке қарай қаптай жөнелді.
Қабен бойын үсік шалғандай кенет дірілдеп, деміге бұрылып, Жанарға қарады да, басын жастықтан көтерместен қолын созды:
— Келдің бе, жаным... келші... кел...
Жанар "жаным" деген сөзді Қабен аузынан тұңғыш естіді. Бір түрлі ауысып айтқандай.
Жанар тағы шошыды; орнынан ұшып тұрып, ұмтыла берген; дәрігер ұстай алып:
— Сәл тоқтаңызшы... — деді.
Қабен қайтадан әлсіреп кетті...
1962-1964,
Ақтау—Алматы
ІРІ ТҰЛҒАЛАР
Осынау дарынды жазушының балалық шағы да, оқушылық дәуірі мен бастапқы әдеби қадамы да көз алдымызда... Онан бергі ақыл тісі шығып, әдебиеттану ғылымында сіңіріп келе жатқан ғылыми, публицистикалық сын мақалалары, тұңғыш көркем еңбегі — "Ұшқынмен "де, қоғамдық, ұстаздық өмірімен де кәнігі таныс, айғақ болып келеміз.
Бүгінгі сөзіміздің негізгі тақырыбы — Зейнолланың соңғы ірі шығармасы жайында болған соң, енді әңгіме бетін солай қарай бұрайық.
Осыдан бес жыл бұрын, "Жұлдыздың" номерлерінде "Жалынның" тұңғыш тарауларын оқығанбыз-ды. Сондағы қалпынша да кітап етіп шығаруға болатын еді. Алайда автор осындай әдемі де тұлғалы перзентін жұртқа тұтас етіп көрсетуге желпілдемей, неғұрлым сұлулап, мейлінше ажарлы киіндіруге тырысқан. Ол мақсаты авторға зиянға түспеген, қайта пайдалы болып шыққан. Өз басымыз баспадан алып, 350 беттен асып жығылатын қол жазбаны қадағалап, оқығанымызда аса сүйініп, рахаттанып қалғандай болдық. "Ұшқыннан " шын мәнінде дарынның "Жалыны "лаулағанына риза жайымыз бар.
Көркем әдебиеттің нағыз қасиеті — түйінделген ірі тұлғалар жасауында ғой. Халқымыз жазушыға жүктеп отырған зор міндет — қоғамымыздың өз ғасырымыздағы тарихын ілгері сүйреген адамдар тұлғасын жасау болып табылады. Осы идея 3. Қабдолов туындысында ерекше сипатта көрінген.
Мұндағы кейіпкерлер ішінде өте-мөте ірі тұлға — Сардар образы. Түйіндеп айтар болсақ, бұл қазақ жұмыскерлерінің ең бастапқы буынынан шыққан өкілі, бүкіл Атырау шежіресін шерткен тамаша бейне.
Жалпы Жем — Ембі деп аталатұғын Мұнайлы аймақтың терең жер астына бұрғы бойлатып, тұңғыш Жанартаулар атқызған да осы — Сардар, аймақтың жалпақ жапанын қоймай кезіп, қымбат мұнайдың бастапқы қайнар көздерін ашып берген де осынау зор тұлға. Тіпті Атырау аймағында жаңа өмір орнатысқан да осы күрескер Сардар.
Ең ақырында, тоқтасқан шағының өзінде Жем аймағының қиыр бір шеті — Маңғыстау түбегінің астында жасырынған Атырау теңізіне пара-пар "қара алтын"жатыр деп болжап, Жетісайға қазық шаншатын да Сардар дайын "беймаза ", өзіне де, жұртқа да тыныштық бермеген және дағы осы зор тұлға.
Міне, ол енді қартаң тартты да, әрі ауыр сырқатқа ұшырап зейнетке шығып еді. Соңынан қалмаған ажалдай науқас қуып әкеп, ауруханаға түсірді. Сонда да қарап жата алмады ма?Ембінің болашағына бола түн ұйқысын төрт бөлген, асыл арман жолындағы аяулы қарт мұнайшы Қабен деген жігіттің диссертациясымен танысты да, төсегінде шыдап жата алмады. Бір күнге ғана рұхсат алып, университет залында болып жатқан жиынға кірді. Диссертанттың сөзін тыңдады, ғалым Профессорлардың Қабенді құптаған пікірлерін де есітті. Бірақ, беделді қауымнан жасқанған Сардар болмады. Жеке батырдай жалғыз өзі ғалымдар тобына қарсы шықты...
Бұл көріністі біз қазақтың М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының сахнасынан көргенде де айрықша сүйсініп едік. (Автор "Жалын"материалынан сахнаға лайықты пьеса жазған ғой, онысы да абырой тауып, драмасы республикалық лауреат атағына ие болған-ды).
Алайда, сахнаға көп нәрсе сия бермес болар. Драма өмірдің бір-ақ кесегін көрсете алады ғой. Ал роман дегеннің өмірдегі қалың кабаттарды төңкеріп-ақтаруға құдіреті жетеді. Осы бір көріністің өзінде-ақ роман беттерінде талай жанның сипаты сахнадағыдан анағұрлым кең де мол көрінген.
Ембінің келешегіне бола жанын пида етіп Сардар опат болды. Опат боларының алдында ол жарты айға ғана рұқсат алып Үстірттегі Жетісайда өзі қаққан түп қазығын көріп, бүкіл Мұнайлы аймақтың ой-қырын түгел аралап, әзімен пікірлес Ізбектей ойлы инженерлермен де, тәжірибелі бұрғышылармен де кездесіп, қош айтысып қайтады.
Сардардың әкелік тәрбиесі қыз баласын жақсы оқытып, бұла ғып өсіруінде ғана емес, өз мақсатын баласының бойына сіңіруінде, өз бойындағы бар қасиетін еге білуінде. Тап осындай тұлға бұрын-соңды қайсысымыздың туындыларымыздан ұшырайтын еді? Біздіңше, ұшыраған жоқ-ты. Сегіз бірдей сәбиінен, жастай кеткен жарынан айырылып, қырық бес төңірегінде жесір қалғанда, тағы бір үйленбей өту еркек атаулыда болмайтын шығар. Біздіңше автордың сипаттауындағы Сардардың бар жайына сенесің де, нанасың.
Сардардың мақсатына ұйыған адамдар да бір қауым. Ол — бұрғышы Азамат пен Алексеев, ол инженер Ізбек, ол осылардың кейінгі буыны — Қабен мен Жанарлар. Бұларға Сардар өлгенде де оның тастап кеткен мұрасы — "қызыл сафьян папкесі" жетекші, кәкейтесті мұрат болады. Демек, сафьян папка — орындалмай қалған Сардар арманы. Ембінің үлкен болашағы. Осы арманға ақыр соңында Ізбек, Азамат, Қабендер жетеді.
Енді Сардардан кейінгі тұлғалар қандай? Соларға келейікші.
Ең бір ірі бітім — Қабен. Ол Сардардың университет залындағы сөзінен кейін, дайын тұрған кандидат атағынан бас тартып, өзін қолдаған қауымның күстанасына қалса да, мұнайшылар арасына кетеді. Мұнай өндірудегі ең киын бір мамандық — оператор болады. Осы құбылысының өзі-ақ Қабеннің ерекше бір жаратылыс екенін танытады.
Қабен алған бетінен қайтпайтын, өз дегені болмаса, оңай олжаға да бұрылмайтын қайсар тұлға. Ол өзін құлатқан Сардардың жөн сөзін мойындай біледі. Сардарды әкесіндей қасиет тұтады. Қорғауда өз еркімен құлағаннан кейін, кешікпей-ақ Сардар өлгенде оның аласапыран боп ұйытқып, зират басына жүгіруі тамаша бір көрініс. Қабірге түсіріліп бара жатқан Сардар табытына ентелей ұмтылып, жаны жылаған халде есінен адасқандай болуы да арғы төрінде қасиет байлығы мол адамның құбылысы.
Қабен бұрын бет-жүзін де көрмеген Сардарды қасиет тұтып, әкесінен бетер жақсы көреді. Енді тумаса да Қабен — Сардарұлы: Сардар оның рухани әкесі, ал Жанармен табысқаннан кейін тіпті сүйектес әкесі болып шықпай ма?..
Әке демекші, Қабеннің өз әкесі қайда? Ол қайда, сонау бір... Қабен тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттаған күні із-түзсіз жоғалған. Қайда кетті? Жоқ, ол өз бетімен жоғалған жоқ-ты. Оны осы романның бір жағымсыз кейіпкері Әли Ғалиевич — "Қоңыз мұрт" әкеткен-ді. Талайды ақтан күйдіріп, талайдың обалына қалған "Қоңыз мұрттар" әлі жүрген жоқ па ?
Жасына жетпей, жеті жасар кезінен әкесінен себепсіз айрылған Қабендейін жалғызын Асыл ана қолынан жетектеп жүріп оқытты, Азамат қатарына жеткізді.
Бұның Жанарға деген, Жанардың бұған деген махаббаты қандай пәк, қандай адал. Екеуін осылайша табыстырған да әке арманы. Сардар арманы. Асылы, бір мақсат тұтынған адамдардың достасып, табысуы ұзақ сапарға шыдайтын болса керек. Түбінде Қабен мен Жанар арасындағы махаббат та берік, азбас-тозбас махаббат болатынына күдік келтіре алмас едік.
Әттең, фонтан атып аварияға ұшырағанда Қабен жарадар бон, эпилогтың ең соңғы жолы "Қабен қайтадан әлсіреп кетті... " деп тынғанда аһ ұрып қалғандайсың.
Қабен тағдыры осылайша ойландырып тоқтайды. Өлі болатыны, тірі қалатыны бимағлұм. Әйткенмен, оның бейнесі ұмытылмастай жарқын да жарасымды.
"Жалынның"басынан аяғына дейін үзілмей отыратын және бір басты қаһарман, ол — Тайман бейнесі. Бұл әзі бір алуан қыр-сыры бар, бұралаң бұлтарысы көп, кейде олай, кейде бұлай шырғалаңға түспей жазылмайтын едәуір сырқаты бар құбылыс. Әуелде Тайман Қабенмен бірге оқыды, екеуі бірге бітірді. Екеуі ежелгі дос, сырлас еді. Бұ да алғыр жаратылыс. Ал, кәсіпшілікке келіп, кешікпей директор болып, мансап креслосына отырған соң-ақ өзгеріп шыға келді. Жаңалықты көздеген Сардармен де, Азамат, Алексеевтермен де араздасып кетті. Кейіннен бір өндірісте бірге істесе жүріп, өзінің ежелгі досы Қабенмен де қырбай боп, айтысқа түсті. Ақырында орнынан алынып, таяқ жеген соң ғана Қабенмен қайта жарасқан тәрізді. Мұнда да ол көп бастықтың бірі болды. Тайманның бар мақсаты — мансап. Айналасына қолынан іс келмесе де, күбір-сыбырмен, арыз-жаламен айналысатын жағымпаз "қоңыз мұрттарды" жинады. Содан барып ол ұқсатып таяқ жеді. Сонсоң барып түзеле бастаған сияқты ма, кім біледі...
Бір "сырлы дүние" — Қоңыз мұрт. Мұның іші өңез бір қаңсық. Бірақ автор мұның іші-тысын бірдей жарқыратып тастамайды, бірте-бірте асықпай, баптап алады. Мұның ежелден үйреніп қалған өз кәсібі бар. Кез келген адамның ізін аңдиды, тілдесіп сыр тартады, тұла бойы толған бір күдік. Сардар екеш Сардардың үстінен арыз айдап едәуір әуре қылады. Әуелде Қабеннің әкесі Керейдің ізін бағып айдатса, енді Қабеннің өзін аңдиды. Аңқаулығымен Әли Ғалиевичті оң қолы етіп сеніп жүрген Тайманның өзін аңдиды. Азамат, Қабен, Сардарлардың сыртынан жалған сөздер айтып, өсек-аяң таратады.
Жалпы романның негізгі он шақты басты қаһарманнан оқшау көрінетін біз талдаған төрт-бес адам. Олар — Сардар, Қабен, Жанар, Тайман, жағымсыз кейіпкерлерден — Қоңыз мұрт. Азамат, Ізбек, Апексеевтер көбіне-көп Сардар мұратына жетудегі қосымша адамдар есепті көрінгенімен, оларды да бас-басына сөз етуге болатын еді. Сөз көбейтіп қайтеміз дедім.
Асылы, көркем әдебиеттің үлкен бір қасиеті тілінде ғой. Осы жағынан да әттеңіміз жоқ та, түшіркенуіміз кеп. Жеке-жеке бір сөздер ғана болмаса, тұтас алғанда Зейнолланың тілге аса ұқыпты қарап, шеберленіп қалғанына ден қоясың.
Ақыр соңында, шығарманың құрылысы қандай? Бұл жағынан да автордың өз ерекшелігі бар.
Ең әуелі "пролог, яки эпилогтың басы " деп келеді де, көп ұзамай бірінші бөлім басталады. Мұнда "бірінші шегініс", "екінші шегініс" бар. Екінші белімде — "үшінші шегініс". Үшінші бөлімде — "төртінші шегініс ", "бесінші шегініс ". Ең ақырында: "эпилог, яки прологтың аяғы ".
Осынау шегініс тәсілі соңғы жылдары бірқатар өрістей бастағаны мәлім. Мұны қазақ әдебиетінде тұңғыш бастаған да Зейнолла мен Тахауи болатын.
Әңгіме шегініс әдісін қалай қолдануда ғой. Біздіңше "Жалын" авторының шегіністері бірінен бірі өрбіп, шебер туындап отырады.
Бәрінен бұрын заманымыздың тың ойлы ірі тұлғаларын автордың жасап бергені қандай қуаныш! Әдебиетімізде тыңнан көркем де құнды, замандастарымыздың келбетін танытатын шығарма туса, қайсымыз қуанбаймыз?
Мұндайда болмашы бір сездер жайын шұқылау сияқты ұсақ іліктерді іздеудің жөні жоқ-ау дедік. Ток етерін айтсақ 3. Қабдоловтың "Жалын" атты романы болашақта әдебиетіміздің бір мақтанышы болғандай, әрі туған халқымыз алдымызға қойып отырған талапқа сай салмақты да қомақты, аса сәтті туынды деп білеміз.
ҒАБДОЛ СЛАНОВ, 1968.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі