Өлең, жыр, ақындар

Суретші

Суретші Жасбай бүгін түн шеберханасында қонып шықты.

Кешегі кеңес заманында тоқыма фабрикасының мақта, мата жинайтын қоймасы екен, жер әлемді алып жалпиып жатқан фабрика тоқтаған соң қойманың қажеті болмай, қолы жеткендер «жекешелендіріп аламыз» деп қолын тарбайтып, көзін бақырайтып ұмтылғанда — құдайына қараған қала әкімі: «Қойыңдар-әй, қайыршының кебін киіп жүрген ана жалаңбұт суретшілерге шеберхана ғып берелік», — деп шешім шығарыпты.

Суретші әулетінің қуанғаннан күзгі ұзақ қарғаға ұқсап шулағынын айт. Шеберханалық қуықтай бөлме тиген біразы бір-бір суретін көтеріп, әкімге алла разы болсын айтамыз деп, әкімшілікті басына көтеріп күңгірлеп жатса; шеберхана жетпей қалған біразы — әкімнің үстінен салақұлаш арыз жазып, әркімге қол қойдырып алашапқын. Ойда жоқта Жасбай шала байып, он екі шаршы метр бөлмеге ие болып шыға келді. Шеберханаға сықастырып суреттерін, аяқталмаған эскизін әкеп үйді. Үйінен сынық диван жеткізді.

Бүгін түн іші түскен диваннан шықты ма, әлде шіріген қойманы баяғыдан қандала, бүрге жайлап алған ба, әлдебір жәндік тұла бойын дуылдатып шағып, еш ұйықтатпады. Шекесі шағып түрегелді.

Таң алакеуімнен басын көтерген Жасбай ұзын залдың түкпіріне ілген қолжуғышқа барып салқын сумен жуынды. Шеберханаға қайыра енді. Қаттап, текшелеп жиған суреттерін суырып, сүзіп көрмеге әзірлей бастады.

Көрме Астанада өтеді. Тәңір жарылқағыр министрлік мамандарының көңілі түсті ме, әлде өзіне бұйырған несібе ме — суреттері қаланың кіндік ортасына орын тепкен Президенттік мәдениет орталығына қойылмақшы. Президент есімін иеленген қарашаңыраққа сурет қою, зиялы, өнерлі қауымды шақыру — үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Төбесі көкке жеткендей қуанды. «Көрмеге сурет әзірле, суреттерді апару, әкелу шығыны министрлік мойнында» деген жеделхат жетті артынша.

Қуанған мен қорыққан бірдей демекші, әуелгіде көтеріңкі көңілін сырт көзден жасыра алмай, асып-тасып қоңсы қонған суретшіге, кешкілік жұмыстан шаршап жеткен келіншегіне айтып үлгерді. Ертесіне күні бойы шеберханадан шықпай сурет іріктеді, кейбіріне сәнді кәсекі, кейбіріне кенеп қапқа тапсырыс берді. Көк түріктер деп аталатын баталды кереметін үш тәулік майлы бояуға малынып отырып аяқтап шықты. Сілелеп, кірпігі қимылдап үйіне жетуге әл-дірмәні жетпей сынық диванға сұлқ түсіп қонып қалғаны содан.

Әзірлене бастады деген бергі ауылдың қарабайыр сөзі. Шындығында осы екі сөздің астарында ұйқысыз түн, күлкісіз күннің қарымтасы жатты. Ұрымтал, мағыналы, бояулы живописін іріктеді. Әр суреттің көлемін, қалыңдығын есептеді. Картотекаға түсірді. Картотеканың бір данасын суретшілер одағының Төрағасына апарып қол қойғызды, келесі данасын министрлікке жөнелтті... Түзетті... түзді... шаң-тозаңнан арылтты... кәсекіге салды.... енді апарып контейнерге тиеу қалды... Көр де тұр, алда өзге де көзге көрінбейтін шаш етек шаруа анталап шығады. Тірсегі тірсегіне тоғысып, терін сүртіп, ентігін басып, суып қалған шайнектен салқын шәй сораптап отырған еді. Қалта телефоны шылдыр етті. Құлағына тосты. Суретшілер одағының Төрағасы жедел жетсін депті.

Төраға кешегі жайдары төраға емес, жауар бұлттай түнеріп қарсы алды.

— Жасбайдың жапырып тастаған дәнеңесі жоқ. Көк түріктері көшірме ғана, Жасбайды жарылқағанша мүйізі қарағайдай пәленше, түгенше баталистерді апарайық Астанаға деп үстіңнен үйдей арыз түсті.

— Е, бұ қазақ арыз жазбаса ішкен асы бойына сіңбейді, арыз жазды екен деп белгіленген көрмені кідіртпейтін шығармыз, басеке.

Төраға келідей басын шайқады, қауға сақалын салалай сүзді.

— Арыздың бір данасын Ақ Ордаға, бір данасын министрлікке жіберіпті.

— Е, домалақ арыз түсті екен деп діттеген межеден тайқып көрмені тоқтатпайтын шығармыз.

— Жасбай мырза, — деп Төраға жер тірегендей еңсесін езе түнеріп, — түсінбей отырсыз. Арызқойлардың беталысы жаман. Қалай ғана қол жинап үлгергенін білмеймін. Отыз бір кісі қол қойыпты. Отыз бір кісі қол қойған арызды оқыған министрліктің Мәдениет төрағасы шошып кетіпті. Неғыламыз деп түн жарымында өзіме телефон соқты, сасып отыр. Бәлесінен аулақ деп көрмені тоқтатамыз ба, әлде Жасбайдың шығарымпаздығын тарқатып мінездеме жазып бересіз бе дейді.

Жасбай жан қалтасынан ормалын алып моншақтаған терін сүртті.

— Көк түріктерім көшірме емес, түпнұсқа! Салиқалы сарапшылардың хаттамасы үйімде, әлгі хаттамада сіздің де пікіріңіз жазылған.

— Солайы солай ғой енді. Дарыныңа, сұрапыл еңбегіңе, бояулы бедеріңе титтей де шүбам жоқ. Әйтсе де мына арызқойлардың түтіп жейтін түрі бар, газетке, өзге де құзырлы орындарға жөнелтеміз, абыройын айрандай төгеміз дейтін көрінеді. Бұл пәлелердің аузын қалай жабамыз! Неғыларымды білмеймін!

Қайраңға шығып қалған балықтай тұншығуға айналды, аяп кетті.

— Жауыңыз осынша көп болар деп ойламаған едім,— деп жерге қарап түртінектейді Төраға.

— Алақол, тиіпқашты суретші болсам бәрі маңайымнан табылар еді. Үлкен дарынның қашаннан күні қараң, — деді де Жасбай орнынан тұрып шығып кетті. Төраға ләм демеді. Ой, дүние-ай! Көлеңкесінен қорқып, өз-өзінен пұшайман болып: ең болмаса министрлікке телефон соғып: «Дарынды адамның күні қараң, жауы көп болады... жақсылап мінездеме жазып берейін!.. көрмесін өткізуге пұрсат беріңіздер!..» — деп ара ағайын болып, пәтуа айтуға жарамады ғой. Нақа күні ертең басына арызқойлардың әңгіртаяғы ойнайтындай... бұқпантайлап... күмілжіп... жаутаңкөз мінез танытып «неғыламыз, неғыламыз» деп көткеншектей береді. Пәлі, Төраға болғаныңа!

Осы оймен Жасбай үйіне жетіп, шарасы таусылған адамша диванға көсіліп жата кетті. Көзіне қайдағы-жайдағы ұсқынсыз сұлба-көлеңке көлбеңдеді. Шай ішуге келіншегі шақырып еді, тәбеті тартпай, сұлағаннан сұлап жата берді.

Ертесіне Төрағаның бәлекей хатшы қызы тағы телефон шалды. «Келіп кетіңіз», — деді.

Қисықаяқтана басып суретшілер одағының Төрағасына келген. Қабағы ашылыпты.

— Ай, дүниеде жақсы адамдар бірен-саран бар ғой, ай, адалдың несібесін кім қақшып кетсін! Ақ Ордадан телефон шалыпты министрлікке. «Бүлініп бара жатқан дәнеме жоқ, өткізе беріңдер өткізетін көрмелеріңді» депті. Ай, әділеттің ақ туы жығылған жоқ қой әлі!

Жасбай түрегеліп кетуге оқталған.

— Ау, Жәке, байыған сайын қалтырауық болады деп сараң болып барасыз ба, қайдам, арызқойларды басқан осыншалық еңбегіме сыпайгершілік жасамайсыз ба, — дейді Төраға көмекейі бүлкілдеп.

— Астанаға баратын жолақымнан жырып бермесем, қалтамызды қағып күнелткенімізге біраз болды.

Төраға түңілген сыңай танытып қолын сермеледі.

— Ай, шық бермес Шығайбайға тап болдық десеңші, бара бер... жолға жедел әзірлен! — деді қарқылдай күліп.

Суретшілер одағы жерге қарап жұтап отырған мекеме болып шықты. Жасбайға Астанаға баратын іссапарға жұмсайтын ақша тауып бере алмады. Үлкен айпара бөлмені жалғыз иемденген бухгалтер келіншек аузын қу шөппен сүртіп шығарып салды.

Сонымен жазған құлға дауа жоқ, келіншегінің ас-ауқатқа жұмсап отырған отбасылық қаржысынан үзіп-жұлқып, жетпеген жеріне көршісінен қарызға ала тұрып, онша-мұнша жол киімін салған шағын мата шабаданын қолтықтап жолға шықты. Билетті плацкарт вагонға алды. Көрмелік суреттерін министрлік агенті қаттап, орап, контейнерге тоғытып бір күн бұрын жөнелтіп қойған. Поезға келіншегі шығарып салды.

Сарыарқаның жолы неткен ұзақ, көсіліп жатқан даласы неткен кең еді. Сартылдаған көгілдір поезд селкілдегеннен-селкілдеп тәулік жүріп, ертесіне таң әлетінде Астананың адам аяғы ығысқан вокзалына әкеп төкті. Суретшіні жан баласы қарсы алмады. Мата шабаданын қолтықтап, аяңдап, перронға шыққан. «Такси ұстаңыз» деген андыздаған алашапқын жүргізушіге бұрылмай өтіп ыңыршағы айналған абажадай 23 автобусқа мінді. Қарыны ашып, іші шұрқырап тұрса-дағы көрме өтетін Президенттік мәдениет орталығына жетіп жығылайын деді. Орталықтың қызметкерлері келе қоймапты. Еден жуушы, күзетші келіншекпен тілдесіп уақыт оздырды.

Көрменің ашылуына қаланың зиялы қауымы, журналист ағайын, өзге суретші, кескіндемеші, қолөнерші, мүсінші дегендер ығысып келетін шығар; бесінші қабатқа ілінген қырық-елу суретін тамашалап «аһ» ұратын болар деп дәмеленген. Орталық қызметкерлері там-тұмдап, журналист ағайын бірен-саран, өзге суретші әулетінен бес-алты кісі төбе көрсетті.

Көрмені ашуға Мәдениет комитетінің орынбасары келді. Лентаны қиюға қайшы табылмай біраз әуреленді. Жасбайдың көзіне басына тартса — аяғы ашылып, аяғын жапса — басы жалаңаштанып жататын кедейдің көрпесі елестеді; қай жағына бұрылып қараса да тақұл-тұқыл... кішімтайлы... жүдеушілік... жетіспеушілік андыздап көзге ұрады. Зал төріне қойылған Көк түріктері сонадайдан көркем көгістеніп нұсқаланады. Бірер журналистің сауалына жауап беріп, үш-төрт көрерменмен суретке түсіп, аяңдап, ығысып, Мәдениет комитетінің орынбасарына тақаған. Орынбасар мұның сөзін жанарынан түсінді.

— Дағдарыс кезі ғой, — деді.

— Ау, ең болмаса ана аяғынан тозып жеткен үлкен кісілердің тамағын жібітетін сусын, шай болмады ма сыпайгершілік үшін!

— Дағдарыс өкпені қысып тұр ғой, — дейді комитет орынбасары. — Өзіңіз қалтаңыздан шығарып бірдеме етпесеңіз.

Осымен әжік-күжік әңгіме тәмам. Көрермен Жасбайдың ашық, қанық, жарық пен кеңістікті құп үйлестірген, құйып келтірген суреттерін тамашалап асықпай жүріп алды. Сурет — суретшінің бояуын, қолтаңбасын сіңіріп қоймайды. Кенепке өнерпаздың жүрек лүпілі, көз майы, сезім сыры, түйсік тебіренісі... түгел жұтылыпты. Сиқырлы аура сезіледі. Көп қадалып қараған кісінің басы айналып, көзі қарауытады. Көп суреттен өнерпаздың жазымыш жазуы... ыстық лепесі... көз сиқыры атойлап көзге ұрады. Түсінген кісі — қай-қай майлы живопись — кескіндемеден айрықша сиқыр табады. Арбалады. Табуға тұсылады.

Мына міз бақпай сірескен, найзасы көк тіреген көк түріктер, екі бүктеліп азынатып қобыз шалған Қорқыт ата... мидай дала... шикіл уыз секілді езіліп тамған күн шуағы... сары сағымға ұйып түскен қиялшыл баланың көз жанары... көкжиекке тәспіше тізілген керуен.. өмір жорығы... өмір нәрі... дүние тіршілігі, бәрі-бәрі жиналып келіп кең айшықты құдіретті әлем жасаған кезде — манағы жетпейді... дағдарыс.... кедейшілік... кішімтайлы... артылмайды... деп төменшіктеген Жасбай суретші өнерінің күшінен, көрушінің қиялы,көл-көсір ризалық пейілден — Алыпқа айналды!

Төбесі биіктеді. Қарадай иықтанып кетті. Құдіреті күшті ұлы мәртебелі өнер суретшіні кәдімгідей шалқытып, қыран қанатына ілескендей аспандатып әкетті. Өнер нығметінің қасиеті мен кепиеті кеудесіне қонды.

Суретші түс қайта жұрт аяғы басылып, көрермен қауым тарқағанда барып жыны тарқаған бақсыға ұқсап, кәдуілгі қарапайым, қатардағы пендеге айналды. Пендешілік күйкі тірлікке қайыра оралды.

Кеш болса келіп қалды. Бейтаныс қала. Өз шаруасымен сабылған жұрт. Тірсегі тірсегіне тоғысып, көзі кіртиіп, қатты шаршағанын жаңа сезді. Жататын жер, қарынның қамын ойламапты. Дереу төменгі қабатқа түсіп, сырт киімін, қол жүгін қалдырған көзтаныс жазушының жұмыс бөлмесіне бас сұқты.

Жазушы көрменің ашылуы кәдімгідей салтанатты өткенін, бұрын мұндай қызықшылыққа келе бермейтін лауазымды кісілерді көргенін айтып көтере сөйледі. «Көрменің ашылуына көн шоқайым сартылдап плацкарт вагонмен жеттім, қонақ үйге түсуге қалта жұқа, жүрексініп отырмын», — деп Жасбай шынын айтты. «Атыңа затың сай суретші болмадың, вокзал бетке аяңдап сұрау салсаң, арзан бағаға бөлме беретін пәтершілер табылады», — деп ақыл берді. Баяғыда Көтеш ақын «тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» деп қапаланыпты. Қылқалам қуатымен қушиған тар дүниені ғажайыптар мекеніне айналдыра алатын сиқыр сұлулық иесі орталықтан қатынайтын нән автобусқа отырып вокзал жаққа жөнелді. Мұнда құмырсқаның илеуіне келеді. Жасбайдың жүріс-тұрысының өзі аңғартып тұр ма, кіреберісте сұңғақ бойлы әдеміше келіншек: «Пәтер керек емес пе», — деп беттесе кетті. Бұл көкең басын изеді. Сіркіреп жауын жауа бастады.

Қайыра автобусқа отырып, екі аялдамадан соң тіркесіп-ұшқасып түсіп қалды. Бір көше жүріп селикат қышы көрініп тұрған абажадай төрт қабат көне үйге келіп тірелді.

Төртінші қабатқа көтерілді. Келіншек қалтасынан кілтті алып, салдырлатып біраз бұрап есікті ашты. Аядай кіре беріс, сырт киімін, аяқ киімін шешіп ішке озды. Оң қапталда асхана, маңдай алдына үлкен бір бөлме, балконға шығатын есікке перде тұтып қойыпты. Жасбай іргеге қойған көне диванға тізе түгіп жатып:

— Жалғыз бөлмені жалға берсеңіз, өзіңіз қайда жатасыз, — деді таңданысын жасыра алмай.

— Ас үйге қисая саламын. Заттарыңызды мында қойыңыз. Қысылмаңыз. Демалысыңызға бөгет болмаймын. Поездан қалып қойған жолаушы болар деп ойлағам.

Іші-бауырына кіре сөйлеген келіншектің ашықтығына іші жылыды. Костюмін, галстугін шешіп орындық арқалығына ілді.

— Суретшімін. Көрме өткізуге келгенмін, — деді Жасбай қалтасынан ақша суырып жатып. — Мынаған кешкі шайға бірдеме аларсыз.

— Шайлық дәм-тұз табылады. Жайғаса беріңіз. Соңынан бір-ақ есептесерміз, — деді келіншек.

Жаңа байқады. Жас келіншектің көзінің асты көгіс, жүзі сынық. Ашып-жұмған жанарында айрықша көрік қосқан ұзын кірпігі екен. Бейтаныс жолаушыны бір көргеннен-ақ сескенбей, іш жимай, өзі тұратын бір бөлмелі пәтеріне ертіп келгені — я көзсіз батылдық, я жерге қаратқан жоқшылық қана. Екінің бірі. Бұзық ойлы кісі болса — асын ішіп, текеметін тіліп дегендей, арам ниетін іске асырып тайып тұрар еді. Кісіге сенуге болмайтын заман. Ақпарат бетін ашып қалсаң-ақ тонап кетіпті... зорлық жасапты... қол жұмсапты... ызым-ғайып жоғалыпты деген үрейді алар хабар-ошар андағайлап көзге ұрады. Кісінің зәре-құтын қашырады.

Келіншек жүрісі білінбей жылдамдатып шай жасап үлгерді. Қабағының көлеңкесі ыдырап, күле сөйлеп шайға шақырды.

— Суретші екеніңізді асынып алған мольбертіңізден байқадым, — деді келіншек ұзын кірпігін төмен салып, — есімім Айменкеш, құрбыларым еркелетіп Аймекеш дей салады.

Жасбай өзінің есімін атады.

— Таныс есім, — деді Айменкеш сүт қатқан күрең шайды ұсынып жатып. — Кейінгі кезде теледидар, газет бетінде жиі көрінетін, Жаратқан иенің назары түскен дарындылардың бірісіз.

Жасбай келіншектің аузынан жылы лепесті есітіп кәдімгідей иығы көтеріліп қалды. Тәңіріне іштей тәуба айтты күбірлеп. Кедей болсам кедей шығармын, кей күні күнделікті ас-ауқатқа, кейде бояуға ақша таппай аласұрамын... биліктегі мәртебелі лауазым иелері көбіне көрсе де көрмеген боп тұсыман өте шығады, ұсынған қолын салқын алады. Бәз бірде мұқтаждық желкелеп жағдайымды айтып шығайын деп алдына барса — уақытым жоқ, жиналысқа асығыспын деп, мың түрлі сылтау айтып қабылдамай қояды. Шаршаған, арыған көлікке «әйт-шүу» деп тізгінін қаққан демеу дегендей, салғаныңыз тамаша!.. әлі-ақ бас бәйгі сіздікі десе — жетіп жатыр емес пе. Қор қылғанда — пілдің құйрығын ұстағандай — менмен, тәкаппар, өзімшіл, өркөкірек шенеунік шашасына шаң жұқтырмай тұсынан өте шығады. Қаламақыдан қысады. Тақұл-тұқыл тұрмыстан өндіршегі сорайып, өлмелінің өмірін сүріп, сүркіл бейнеттен миы ашып жүре тұрсын деп ойлайды олар.

Мынау не енді! Қалтасындағы азғана теңгені жүз санап, қысып ұстап, арзан пәтер жалдап, арзанқол шай ұсынған кірпігі ұзын, қолы қысқа келіншектің барлы-жоқты суішкілігіне көзін сатып отырғаны. Мыңға жуық кескіндеме салды. Мың салса бір баспайтын жауыр ат секілді кедейшіліктен құтылмады. Ой, пәлі-ай! Осы да өмір болып па? Ең құрығанда жүгіріп барып бұрыштағы дүкеннен бір жартылық әкеліп, жас келіншекпен бөліп ішіп, оңашада ішін ашып сырласып, ұзын кірпігін ашып-жұмып қиылып отырған немені — оңашаласа нетеді! Тағы да қалтаның жұқалығы қолын тұсап, көңілін пәсейтіп, титығына жетеді.

Айменкеш шайды ысытып, шәйнекті жаңалап демдеді. Ойын оқып отырған секілденді.

— Өзім де болайын деп бола алмай қалған дизайнер суретшімін. Жүргенов атындағы академияны бітіргенмін. Тұрмыс құрып, күйеуім екеуміз Астананы құлпыртамыз, көтереміз деп осында келдік. Жатпай-тұрмай аянбай жұмыс істедік. Жұбайым сәулетші еді, ердей ғып жасаған ғажайып нобай-нұсқасын, жаңашыл еді, қала әкімінің орынбасары өзінің жиеніне жазып жіберді. Жиені бәйгені иеленді, миллионер болып шыға келді. Күйеуім күйікке шыдай алмай ішіп кетті. Әділет іздеп, жағаласып, аядай мына пәтерді алды, ішіп жүріп мәшиненің астына түсті. Жесірдің тіршілігі — жетімнің тіршілігі. Дизайнерлік жұмыс жасап табыс табайын десем, лицензияң жоқ деп сәулетшілер есігінен қаратпайды. Үйге алып бірер жұмыс жасап берсем, қолы жетіп, сөзі өтетіндер қосалқы автор ет, сүйрейміз, түзейміз, күйлейміз деп есімді шығарады. Дүниеден түңіліп біттім. Бүйтіп қор болғанша үйді сатып төркініме тайып тұрсам ба деп екі оқты боламын.

Әппақ табақтай ай терезеден сығалады. Жасбай түрегеліп барып жарықты өшірді. Келіншек жүзін көтерді.

— Неге өйтесіз?-деді.

— Бала жастан ай сәулесін жақсы көремін, — деді суретші, — туып-өскен жерімде ауа аса құрғақ болғасын ба, айы, жұлдызы үлкен болатын. Жаз айында тоқал тамның төбесіне төсек салып шалқамыздан жатамыз, түннің бір уағына дейін ертегі, әңгіме айтысамыз. Жұлдыз, ай созған қолың жететіндей болып төбеңе соншама жақындап төнеді. Сол әсерден жас күнімнен ай сәулесінің астында жүріп сейіл құрғанды, ай сәулесіне шомылып ұйықтағанды ұнатамын.

— Қызық екен, — деп Айменкеш сыңқ етіп күлді. — Өстіп жүріп айкезбе болып кетемін деп қорықпайсыз ба?

— Қорықпаймын, — деді суретші.

Келіншектің әзіліне шындап жауап берді.

Жасбайдың бір мінезі — әзіл, қалжыңға жоқ. Ауыздан шыққан әзіл-оспақ болсын, қиялшылдың шалқыған, әуелеген әңгімесі болсын — бәрін шындық деп қабылдайды, орысша айтса: чистая монета деп түсінеді. Дүниені өзіндік бояу, белгісімен көреді. Өзгеше өткір сезімінен өткізіп барып жан әлеміне сіңіреді. Бұл жолым да сүйегіне сіңген мінезінен табылды.

Құйылып түскен әппақ айдың сәулесі қандай. Ұзын кірпігін жиі қағып, бірде көз жасын сығып алып, бірде әппақ қаланған тісін көрсете жарқылдап іш босатып, сыр бөліскен сүйкімді келіншекті тыңдау неткен ғажап. Екеуі де кел-қайт, кел-қайт қошықты көңіл күйін кешіп, табиғи қалыпқа түсіп, табиғатқа біртабан тақай түскендей сезінді.

Көп кісілер уағында өз бақытын өзі сезіне бермейді. Денсаулығы мықты спортшылар тепсе темір үзетіндей болып жүріп, күндердің күні, ауырып төсек тартып жатып қалғанда барып саушылықтың қадірін біледі. Ақшаны қаптап жаратып жүрген байлар бір күні банкротқа ұшырап, қара нанға қарап қалғанда — барлықтың барақатын түсінеді. Сұлулар да солай. Жас кезінде «бетім барда кім шыдар деп кімі паңдау келеді, кімі тантық.» Бетіне әжім, самайға қырау түскенде барып әлгі арулар мөлдіреген, жан төзбеген аршын төс тәкаппарлығы есіне түсіп бармағын тістелеп еңірейтіні анық. Не нәрсенің барақатын, бақытын дер мезгілінде ұғынатын дарынды суретшілер ғана.

Жасбай келіншектің қолынан ұстады. Сүйрік саусақтар үріккен үкідей дір-дір етті.

— Бөлмеге өтейік, Айменкеш. Балконға шығатын терезенің пердесін түріп таста. Жарық жақпа. Осы қалпыңда, ай астында, үркектеп қана... қырын отырғайсың, эскизіме түсіріп алайын...

Келіншек ләм деместен, суретшінің дегеніне үнсіз келісіп, тұрып барып терезе пердесін ысырып салды. Жарық жақпады. Балкон әйнегін жартылай ашық қалдырды. Кешкі ауа бөлмеге лақылдай құйылды.

Суретші жалма-жан мольбертін ашып, сиясын, дәуітін сайлап, әппақ ватман қағазды іргедегі үстел үстіне жайып салды. Кеудешесін, көйлегін шешіп, мәйкішең қалды. Ас үйге жүгіріп жетіп, салдыратып, өзіне, келіншекке орындық алып келді. Келіншекті бөлме төріне, балконға шығатын дәл әйнектің алдына отырғызды.

— Тапжылма! — деді.

Қажетті қалам, қарындашын ұштап, ас үйге өтіп, бояуын езіп әуреленіп жүріп алды. Әрәдік дауыстап: «Қазір!.. қазір!..» дейді. Әлден уақытта барып қайта келіп орындығын арлы-берлі қозғап, бір тұрып, бір отырып кеңістікті таңдады.

Жалп етіп тізе бүгеді. Әппақ нұрдың астында қанатын қомдап ұшатын аққуға ұқсап үркектеген ұрғашыға үңіледі. Танауының астынан міңгірлеп: «Қазір... қазір!..» дейді.

Айменкеш бір ысынып, бір суынды.

Бір мезетте тілге келді.

— Суретті әрдайым шешініп тастап саласыз ба?

Жасбай үстіндегі жейдесін, жеңсізін сыпырып салып, майкішең қалғанын жаңа сезді. Ыңғайсызданып қалды. «Шабыт қысқан суретші де бір — жынды кісі де бір» деп ойлады. Жынды болмаса — бір көрген келіншекті сонша әурелеп, әйнек алдына сүйрелеп, нақа біртуар туғызардай, әрнәрсеге жүгіріп, әрнәрсесін езіп, мыжып, ақ тер, көк терге түсер ме еді. Өзге еркектің ойлайтыны басқа нәрсе болар еді. Мынау не енді?.. Арбаңдап... бос ауаны қармалап... қылқаламды басынан көтере ұстап.... үкіше үрпиіп тізе бүккен ұрғашыға көзін қадап емінуі, өңмеңдеуі өтіп барады.

Беу, жалған-ай! Жалған болмасаң — мына бейнетшіл, тірнекшіл, мүсәпір пенделеріңді осыншалық жан азабына салып жанталастырар ма едің.

Қанша уақыт өткені белгісіз. Бір уақытта барып келіншектің тым жырақтан әлсіз үні естілді.

— Тоңып барам.

Қиялына қанат жалғап, сол қанатпен құсша шалқып ұшып, қарадай шәт-шәлекейі шығып нақты дүниеден тым жырақтап кеткенін суретші жаңа сезінді. Ұрғашының үні бұл дүниеге қайырып алып келді.

— Сәл шыдаңыз!.. Ештеме жамылмаңыз, керісінше, үстіңіздегі көйлек-көншекті шешіп тастаңыз...

«Жастайымнан өлең жазып, қиял қуып, дүниеде жоқ дизайнер боламын деп мына өмірде әуел бастан ұшып-қонған қияли қыз!.. қияли келіншек!.. аталған ем» деп ойлады Айменкеш қалтырай түсіп. «Мына суретші табаны жерден ажырап, әлдеқашан әуелеп, айға таман ұшып кеткен, өзімнен өткен қияли болды. Қияли болмаса — ай сәулесінің астында, оңашада қағазға үңілгеннен-үңіліп, сексиіп, бүкшиіп осыншалық отырар ма еді.»

Ендігі кезекте есін жиса — сүт сәулелі әппақ ай ауып кетіпті.

Ертесіне келіншек ерте тұрып шаруасына кетіп қалыпты. Түс әлетінде оянып, басын көтерген Жасбай жастық үстінен тілдей қолхат оқыды. Жамбасақы төлемесеңіз де ризамын. Кілтті есік жақтауындағы ойыққа жасырып кетіңіз. Айменкеш.

Жасбай тұрып, жуынып, ас үйге өтіп шай қойып ішті. Кесе-шәйнекті ұқыптап жинастырды. Кеше кешкісін, түннің бір уағына дейін салған суреті жалаңаш қабырғаға ілініпті. Өзі ілді ме, әлде келіншек ілді ме, оншасын есіне түсіре алмады. Осылай тақап келгенде көзіне түк көрінбей кетті. Жанарын уқалап жіберіп, үш-төрт қадам шегініп, ілулі суретке көз салған еді: о, құданың құдіреті!.. өнер нығыметі!.. нәзік әйел бітіміне сұңғыла сұлулық пен ай астында ұйыған мұң құп үйлесіп, қосыла үндесе құйылған ұлы симфония секілді әсер етті. Қараған мезет шалқасынан түсті.

Біраздасын барып тәлтірек қағып, түрегеліп, шегіншектеп есікке жетті. Бой-басын түзеді. Жүрек лүпілі қалпына келген секілденді.

Суретті қабырғадан сыпырмады, со күйінше қалдырды. Мольбертін иығына іліп, сырт киімін киіп, сыртқа сытылды. Есікті жауып, кілттеп, кілтті келіншек жазып кеткен ойыққа жасырды. Басқышпен секектеп төмен түсіп көшеге шықты. Бір нәрсесін ұмытып кеткен адам секілді. Мольберті зіл тартып, иығын езіп, ұзын көшеде әрі-бері ұзақ сенделді.

Барар жері, басар тауы қалмаған кісідей айналып Президенттік мәдениет орталығына, көрме өтіп жатқан залға келді. Ілінген суреттері бәз-баяғы қалпынша.

Көрме сілтеушісі тілін төсеп сөйлейтін қыз: Әлгіде Америка, Ұлыбритания елшілігінен көрермендер келіп көрді. Көк түріктер деп аталатын қиян-кескі баталдық жұмысын ұнатып, он мың долларға бағалағанын айтып қуантты. Халықаралық сарапшыларын ілестіріп ертең келмекші деді.

Айналып орталық директорына бас сұққан. Көргені көп көсем кісі: «Бала, бәтеңкеңнің шиқылы кедейшіліктен бір көше бойынан естілуші еді, бағың бар екен, Ұлыбританияның елшісі жалғыз полотноңды сатып алды бар ғой, шала байып шыға келесің. Әрине сарапшыға төлейсің, орталықтың жалға беру ақысына мұнша сома, налогке, сақтандыру қорына сонша сома... қалғаны қаланы аралап, сауық-сайран салуыңа жетіп қалады», — деп, пейілін кеңге салып, арқасынан қағып көңілдендіріп шығарды. Иығы көтеріліп кісі қалпына келді.

Іргедегі орталық кітапханасына еніп Сезанн, Ван Гог, Салихиддин Айтбаев альбомдарын саралап күн еңкейгенше отырды. Қарны ашып, көзі кіртиіп, автобусқа отырып кешегі қонып шыққан үйіне келді. Есік қоңырауын басты.

Айменкеш есік ашқанда таңқалғаны — кешегі көзінің асты көгіс тартқан, тараусыз шашы ұйпаланған, ашып-жұмған ұзын кірпігінен өзге кісі қызығарлық ештемесі қалмаған жүдеу келіншектің орнында — көзі танадай жарқыраған, жүзіне қан ойнаған, ашаң жүзді, сұңғақ бойлы, ұршықтай үйірілген ару тұрды. «Өнердің құдіреті деген осы! Үлкен өнер жұтаң өмірді жүз сексен градусқа өзгертеді. Адамды қайта туғандай етеді. Сәті түссе — ару келіншек әлі-ақ атқан таңдай ажарын ашып шат-шадыман қуанышқа кенеледі. Тіл-ауызым тасқа» деді үйге кіріп келе жатқан суретші Жасбай.

Табалдырықты аттаған бойда қарсы алдынан құлпырып шыға келген келіншекті бассалып сүйіп-сүйіп алды. Денесі соншалық жұмсақ болар ма. Қаны басына шапшып, тамыр-тамырын ыстық ағыс қуалап, құштарлық жеңіп, дүние дөңгеленіп жүре берді.

Келіншек тапқа қойған сары майдай еріді. Икеміне ілесе берді.

— Кеше ашық әйнектің жел өтіне отырғызып әбден тоңдырып, қазықша қақайтып қанымды суытып едіңіз... — деп наз айта күледі.

— Бүгін мүсінші қолына түскен сазбалшықша илеп көз тартар көркем туынды жасап көремін!

Сазбалшық қайда?.. мүсінші қайда?..

Осы мезет көкейіне неге? деген сауал сап ете қалды. Өнерге бола жаратылған нәзік жанды ұлылап ұстаудың орнына — дөрекі сөйлеп, дөкір қимылға басып бей-берекет умаждап, денесіне уақыттың у-зәрін дарытып, ластауы қалып па. Өлермендік, дөкірлік өнердің қас жауы. Көріктіні көркейтіп ұстаса ғана кемелденеді.

Неге лап еткен нәпсілік қызыққа бола үкінің қауырсынындай үлпілдеген нәзікті табанға таптайды.

Неге ойдағы ұшқын мен бойдағы қуатты суалтып құртқанша қадалып отырып қылқалам жосығына бағыштамайды. Мәпелеп күтіп, ілгергі үмітке жетелеп, келіншектің жан әлемін неге нұрландырмайды. Күні ертең сурет сатып алушыдан түскен ақшаға байып шыға келеміз деп қалай қуандырмайды. Неге сүйкімдінің көз жасына алақан тоспайды! Неге? Неге? Неге?

Суретші сол негелердің құлағын басып, өзінен-өзі қашқан кісідей түрегеліп кетті. Келіншек екеуінің араларында ләззат ойыны тұтанбады. Әлгі көп негелер шайтанша азғырып нәпсіні тұсады. Қауқары құмға сіңіп жоғалды. Аядай бөлмені арлы-берлі ұзақ кезді.

Аспан астын алағаржақ бұлт кернеп кешегі әппақ ай көрінбеді.

Келіншек тұра сап жарықты жағып жіберді. Шашылған киімін теріп жылдам киіне бастады. Жасбайдың жүзіне тіктеп қарамады. Асықпады. Көйлегінің түймесін бір-бірлеп салып, сексиіп, селтиіп жайлап басып ас үйге өтті. Ыдыс-аяқты салдыратты. Бетін жуды білем, краннан сарылдатып су ағызып кідірді.

Сәлден соң бергі бөлмеге өтті. Жел өтінде тұрған сәмбі тал елестеді. Жүзін төмен салған күйі күбір етті.

— Кешірерсіз... Үйде тіске басар дәнеме қалмапты... Сіздің қалтаңыз жұқа... Бүгін түн сізге натурщица болуға жарамаймын. Жаныңды қуырдақша қуырған қу өмірден жалықтым әбден... Осымен қоштасалық... — деді жел өтінде майысқан қамыс ызыңы секілді сөзі бірде естілмей, бірде естіліп!

Жасбай оқиғаның тап бұлай жүз сексен градусқа теріс бұрылып, көңілдегі көрікті ойының тас-талқаны шығарын еш болжамапты. Сасып қалды. Сасқанынан аузына жарытымды сөз түспей, жоқ-барды теріп танауының астынан бірдеме деген болды. Состиып тұрған келіншектің жанына жетіп барып құшағына икемдеп, иілтпекке әрекет жасады. Ішкі серпіні ширығып тастай қатайып алған келіншек жібімеді. Қазықша қақайып тұра берді, сабан тыққан тұлып секілді.

— Кешірерсіз! — деді келіншек сырт киімін киініп жатып.

Жасбай анық састы. Сасқан адамның сөзі қайбір оңған.

— Түн ішінде қайда барам. Күні ертең суретімді алатын клиент табам. Ақшаға гүрп ете түсеміз. Дүкенге жүгіріп барып жартылық әкеле қояйын, Аймекеш!

Суретші аузынан шыққан сөзінің сөз сиқы жоқ екенін соңынан барып сезді. Келіншек қиғаш қарап тұрып мырс етіп күлді. Бүлінген көңіл жөнделмеді. Тасқа түсіп быт-шыты шыққан құмыра бүтінделмеді.

Бұдан кейінгі болған оқиғаның оқырманға еш қызығы жоқ.

Айменкеш жылы киініп вокзалға жамбаспұл төлейтін жаңа пәтерші іздеуге шығып кетті.

Жасбай түн ішінде мойнына асқан мольбертін салақтатып, түртінектеп, баяғы көзтаныс жазушының үйіне келді. Ас үйде үңірейіп отырып болған оқиғаны жазушы жолдасына әрпін қалдырмай түгел баяндап берді. Суретшінің көкірегі қарс айрылғандай болып, үзілдіріп айтып берген оқиғасын сабырмен тыңдаған жолдасының не дегенін естісең ғой.

— Өнерді дұрыс ұстай білмеген кісі қор болады өстіп. Ақымақсың!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз