Менің кейіпкерім, мына өмірдің жолаушысы — Мағазбек кәрия бүгін таң алакеуімнен тұрды. Кейінгі кезде онсыз да кұс ұйқылы болып жүйкесі жұқарып жүрген үлкен кісінің уайымы көп. «Колхоздың қара күші» аталып, белін бүгіп, білегін түріп бейнет кешкенде соңымда «пәленшенің ісі» деген ірілі-уақты тірлігім қалса дейді. Мына шуылы мол, ызғуыт тіршілікте соңыма ерген жалғыз перзентім жыламай жүрсе дейді. Кісілігіме кір жұқпаса дейді. Өмірдің көбін өткеріп, артынан алды жуықтап, жақсылар бұрылған үлкен жолға тақаған кезде оқыс сүрінбесем дейді. Осындай «дейді-дейдімен» ой мүжіп, аяғына керзі етігін сұғына салып, мақталы шапанын жүре буынып, табалдырықтан бүгіліп сыртқа аттады. Аппақ қарға жанары қарықты. Түнімен жауған жылбысқының соңы елең-алаңда жапалақтаған қарға айналып, дүниені бүркеп салыпты.
Қаңтардың қызылшұнақ аязы жер бетін осыдан мың, миллион жыл бұрынғы момақан, сәби қалпына қайыра түсіргендей, аппақ қар бесікке бөлегендей, үп еткен желдің өзі қурай басын шалса-ақ азынаған үн естіледі, есік алдындағы қос қара ағаш алып денесімен сықырлап, әлсін-әлі бұтағындағы қарды сілкеді, белінің құрысын жазады. Үйге келген кісінің еңсесі биіктесін деп есік алдын, басқышты әдейі биік жасатқан еді. Өзі ірі кісі биікке көтерілгенде соншама сорайып шалынды. Я күн шыжып тұрсын, я аяз қақап тұрсын таң алакеуімнен көтеріңкі жерге шығып, бас киімін қолына алып, алыс мұнарт тауларға қарап: «ассалаумағалейкөм, бабаларым, аруақтарыңа бас идім»,— деп қашықтағы мұнарт нұсқаларға басын иіп сәлем беру қашанғы әдеті. Бұл жолы да сөйтті. «Бас идім» деген сөзді қоңыр үні іріп, іркіліп барып, дұғасындай болған сөзді әзер-мәзер айтып шықты. Маңайына қарады. Жайшылық кезде қарақоңыр, ашуланған кезде жасылданып, көгеріп шыға келетін жанары тым-тым алысқа ұзақ сүзілді. Таудың арғы жағына бой салып, өкшесін көтеріп қарағысы келді. Иә, кісі үмітпен өмір сүреді. Бір адам бақытын байлықтан табады, бір адам бейнеттен табады, келесі кісі бақытын перзенттен табады. Мына Мағазбек кәрияның бары да, бақыты да — соңына ерген жалғыз перзенті, еліктің лағындай болған үркегі, жылуы, күншуағы— Сәулесі еді, білім іздеп, біраз болды, алыс астанаға кеткен.
«Көке, емтиханды жақсы тапсырсам да конкурстан өте алмай қалдым»,— деген тілдей хаты келді.
«Көке, кешкі дайындық курсына түсу үшін құрылысқа кірдім», — деді;
«Көке, дайындық курсын тамамдап оқуға түстім, дәм жазса, жол болса қысқы демалысымда, қаңтардың басында барып қаламын», — деген хаты жақында келді.
Көкелеген көкешім-ау әншейін... Күте-күте көз талып, көңілге кір түсті ғой әбден... Рас, арманның аулы жырақ, аты дардай: сол жырақтың сағым ойнаған көгілдір көкжиегіне қайтсем де жетемін деп желідегі құлындай тыпыршыған жас немені ауылда арқандап ұстап тұра алмады. Ұстап тұрғысы да келмеді.
Есік алдынан, басқыштан төмен түсті. Аяқ сүрлеуді әзер тауып, ауданнан келетін тас жолды тұспалдап, еңкеңдей ілбіп аяңдай берді. Үлпілдеген қармен қоса үрмек ой кешіп келе жатқан секілді. Несін жасырады... сырт көзге соншалықты сыр бермесе де ішкі өзегі өрт алған кәрі ағаштай құлауға қалған. Дәрігердіц сөз әлпеті жаман ғой. Маңайына жолап кетсе болды. «Мақа, жүрмеңіз, жұмысты қойыңыз, жатыңыз, жан бағыңыз»,— деп ойбайын салады. Қойны-қонышына дәрісін толтырады. Пәлен жыл өмір бөліскен қосағының не болса соған сықсыңдап жылап, етегіне сүріне беретіні секем алдырады. «Осы шынымен қартайдым ба?», — дейді Мағазбек жұрт көзінен өзіне деген есіркеу, мүсіркеуді сезсе-ақ: бейне айна алдынан өткен арғымаққа ұқсап. Ешкімге керексіз болып қалғаным ба? Адамның адамгершілігі өзгеге керектігімен өлшенеді емес пе. Бұл Мағазбек өзгеге керек болмаса да соңына ілескен жалғызы, көз ұшында бұлдыраған меже-қазығы, күншуағы, жасыл аралы — Сәулесіне керек шығар.
Өмір деген үлкен жол. Әркім өзіне бұйырған жолды әрқалай жүріп өтпекші, біреу сүрінеді, біреу өкпесі өшіп, өзегі талады: келесінің шөлде қалған жолаушыдай қаны қоюлап, жанары талып орта жолда өмірем қабады. «Өзімше, өзгеше ғұмыр кештім» деп малданған кісі бөгденің сүрлеуімен уақыт оздырғанын біліп санын бір-ақ соғады. Мына Мағазбекке салса — алыстағы асқар тауына бағыт алған сары сораптан, сол жолда ұшырасқан ақ, адал бейнетінен ешқашан бойын тартпаған секілді, осылайша жүре берсем, ұмтыла түссем — түптің түбінде жетіп жығылармын дейді.
Күн көтеріле жаяу борасын жүгіріп, маң далада мың сан ақбас жылан ирелеңдеді. Алыстағы еңселі таулар жақындап келіп, төбесіне төнеді. Үлкен жолдың бойына жақындап қалды ма, қос қапталдан сап түзеген қара ағаш, қарағайлар ереуілдеп көрінгені, аяқ астындағы қар кірш-кірш етеді. Оймен келе жатып байқамапты, көкірегіне сырыл еніп әжептәуір ентігіп қалыпты. Тершіген мандайын алақанымен сыпырып, аз-кем кідіріп, жотадан бері құлаған кос айыл жолдың бойын сүзіп ұзақ-ұзақ қарады, әрі-беріден жанары жасаурады. «Күншуағым-ау, жүрегі жылы перзентім-ау, — деді іштей күбірлеп, кемсең қағып. — бүгін де калбақтаған қараңды көре алмай кетемін бе?».
Сағыныштан дерттенген кісіні емдеп жазатын дәрі ойлап табылған жоқ па әлі.
Перзентін іздеп жаншыла соққан жылы жүректі каңтардың аязы тоңазытпас па.
Асқар ала таудың күнгей бетінде маң далада, үлкен жолдың бойында жалғыз қара қалтаң-құлтаң қарғаға ұқсап мына күн екіндіге еңкейгенше ілгері-кейін ілбіп жүрді де қойды. Ауыл жақтан шакырып ешкім шыкпады. Ақ көбікте құс салып саят құрған Матай өңірінің кәнігі аңшысы жота үстінен дүрбі салып әлгі қарайған-ның карға да емес, мал да емес, еңкеңдеген егде кісі екенін әзер айырды. Айырғаны бар болсын: «Аязды кеште жалғыз жүргені несі», — деп жүрек басы тоңазыды.
Әлгі жаяу жол бойында күн батқанша сенделді. Қыстың қызылшұнақ қысқа күні көкжиекке жетіп, тоң майша еріп, көгеріп батып құрыған мезетте әлгі кісі бүкшие түсіп, келген ізімен шағын ауылға қайыра бет түзеді.
Аққұлақ іңір ілбіген жаяуды әп-сәтте жұтып үлгерді. Тау қапталын, үлкен жолдың ұзына бойын қаңтардың аязды әлем-жәлем түнін айтып болмас сағыныш дерті меңдеді. Жолаушысын күтіп жол қалды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі