Өлең, жыр, ақындар

Ақыл сатамын

Тақауда Түркістан базарына барып қайтқан Тарзан-Мүтәліп досының әңгімесін естігелі Ұстабай мүлдем қиялшыл болып алды. Ұзақ-ұзақтан түбінен ой теретінді шығарды. Кейде көкесінің әлденеге жұмсаған дауысын естімей қалады. Оқыған сабағы көпке дейін санасына сіңіп, миына дарымайды. Алдындағы тамағының суып қалғанын соңынан бір-ақ біледі.

Бүгін ертеңгісін ғой, апасы көрші кемпірдің үйіне жұмсаған. Жүгіріп келе жатып апасының әлгі аманат тапсырмасын тарс ұмытсын. Әрі ойлайды, есіне түспейді, бері ойлайды, жадында жоқ. Әйтеуір әлденені «алып кел» дегені ғана құлағында қалыпты. Ақырында өзінше долбар жасайды. Сұратқаны қымыз құятын қызыл қауақ болар деп ойлаған. Соны басына көтеріп алып келген.

Апасы кейіп ала жөнелді.

— Ақпа құлақ болып бітіпсің! — дейді. — Әйтпесе жаңа ғана таптап айтып жіберген тебен иненің орнына қаңғырлатып қауақ әкелермісің!

Қауақты иесіне қайыра әкеле жатып Ұстабай қатты можыған.

«Мені ақпа құлақ, қияли қылған Тарзан-Мүтәліптің базардан айтып келген әңгімесі».

Әңгіме төмендегіше еді.

Тарзан-Мүтәліп көкесіне ілесіп Түркістанның атышулы жексенбі базарына барады. Екі тау арасында өскен жабайы қыр баласы аузын ашып қайран қалған. Былай қараса көгендеулі, қосақтаулы, иірулі, топтаулы, матаулы ірілі-уақ сығылысқан мал. Былай бұрылса қызылды-жасылды жайма: кілем, текемет, алаша, бау-басқұр, матаның не ықылым түрі — көзді суырып тартады. Қол алысқан, алқын-жұлқын құнжыңдасқан алыпсатар делдал. Кісі аяғының көптігі сонша — бірауқымда қол созымда бара жатқан көкесінен көз жазып қалады. Осы мезет әлдебір сампылдаған жасамыс жігіт дәп қапталынан өте береді. Әлгі: «Ақыл сатамын!.. Ақыл сатамын! Үш сомға!.. Үш сомға ақыл сатамын, алып қалыңдар!» — деп сарнап бара жатыр дейді.

Тарзан-Мүтәліп қызығып кетеді. Әттең қалтасында көкесі пісте алып шақ деп берген қара бақырдан өзге қаражаты жоқ екен. Сонда да әлгі ақыл саудалаған жігіттен қалғысы келмей соңынан ентелеп ере түседі. Жұрттың бәрінде ақыл мол ма, әлде ешкім ақылға кенде емес пе — бірен-саран қыр қазағы болмаса әлгіге ешкім елең етіп назар аудармайды дейді. Сол екі арада көкесі іздеп тауып мұны қолынан жетелеп сыртқа алып кетіпті. Қапелімде әлгі жігіт ізім-ғайым жоғалыпты.

Досының базарда бастан кешкен оқиғасы осы ғана.

Тыңдап тұрып, қарап отырып Ұстабай қайран қалғаны.

— Сондағы ақылы не болды екен? — деп бұл ежіктейді.

— Ит біліп пе! — дейді Тарзан-Мүтәліп.

— Үш сом берген кісі ақылды болып шыға келмекші ме сонда? — дейді бұл.

— Ит біліп пе?

— Бір пәстің арасында кемеңгер болып кетсең қандай керемет!..

— Ит біліп пе!

Досының иіс алмас аңқаулығына, қаперсіздігіне күйінеді бұл. Қап, базарға өзім де ілесіп бармаған екенмін деп өкінеді. Әйтеуір әлгі әңгімені естігелі ойда жоқ қиял бітті.

Бүгін ғой сабақтан келген соң аттың ақырын тазартып, аула сыпырды. Шаруа жайғап болған соң шуаққа маңдайын төсеп біраз мүлгіген. Әлгі жігіттің көл-көсір ақылын сатып алсам ғой, — бүйтіп күнде мектепке барып, мұғалімдерге кіріптар болып жүрмес едім деп қиялдаған. Бүйтіп аттың ақырын тазалап, саңылтыр жинап, аула сыпырып жанталаспас едім. Салқын үйде, қақ төрде шәниіп жатар едім. Ұйқыға армансыз қанар едім.

* * *

Базардан ақыл сатып алған екен дейді бұл.

Кешқұрым жұмыстан келген көкесіне:

— Ала сиыр мен бәйге ат ұстауды қоялық, — деп кеңес берер едім. — Бүгіннен бастап сиырды ауыл кеңеске етке өткізейік, атты жылқыға қосып қоя берейік, — дейді және бұл. — Себебін түсіндірейін: жекеменшік мал ұстасаң-ақ қып-қызыл бейнетке батқаның. Мысалға, жаз шыға басқа балалар секілді балық аулап, ойға-қырға қаңғырып кету жоқ; аптап астында тыртыңдап шөп шауып жүргенің. Ол шөпті және қораға тасып әуресің. Күз түсе — кесек қалап, балшық илеп, қора жөндеп шала бүлінесің. Қыста боранмен алысып малдың астын тазалайсың, қар күрейсің, шөмеледен шөп тартасың, суарасың, айдап шығасың, қайыра әкеліп байлайсың, тарайсың, суытасың, жалпуыштайсың... бір тынбайсың ғой, бір тынбайсың!.. Осынша қалың бейнеттің баршасы не үшін дейсіз ғой: түптің түбінде Бәйге күреңнің жылына бір мәрте тақым созып түсетін бәйге шабысына, ала сиырдың шайға қататын аз ғана сүтіне бола екен. Ендеше басқаның аты озсын, өзгелер-ақ уыз бен сүтке тоя берсін. Бізге тыныштық керек. Қара шай ішіп-ақ күнелтерміз, ат шабысын телевизордан көрерміз. Оның есесіне жан алқымнан алған қауырт бейнет жоғалады, ұйқы қалың, өзіңе өзің қожасың; қайда барамын десең де қолыңды тұсайтын, жолыңды кес-кестейтін әлгідей шаш етек шаруа жоқ.

Көкесі айтады: ел ішінде отырған соң мал ұстамай қалай күн көреміз деп. Керегіңді дүкеннен сатып ала қоятын қала іші емес.

Ұстабай айтады: түптің түбінде қала мен ауыл тіршілігі теңелуге тиіс. Қала кісілері ерте жатып, кеш тұрсын; шөлдесе шырынсу ішіп, зеріксе телевизор көрсін: ал ел адамдары бейнетке белшесінен батып жүрсін деген ешқандай заң-зәкүн жоқ шығар, көке.

— Дұрыс екен-ау, — дейді көкесі. — Маңыратып мал ұстап, малмен мал болмай-ақ жайбарақат тірлік кешуге болатын шығар. Ұжым шаруасынан артыла алмай көншоқайым қатып жүріп бәйге ат ұстау не теңім; әлде маған ендігі жетпей жүргені өткінші даңғаза мен дақпырт болып па. Қойдым, тараттым, құрттым малды, — дейді көкесі, — ақылыңды тыңдадым.

Көкесі Ұстабайдың ойда жоқта базардан ақыл сатып алғанын қайдан білсін...

* * *

Ұстабай шекесінен күн өтіп мүлгіп-қалғи бастаған соң орнынан тұрып үйге кірген. Үй іші қоңыржай салқын. Апасы ас әзірлеп қойыпты. Апыл-ғұпыл асығыс тамағын ішті де, өз бөлмесіне өтті. Мұнда жарты қабырғаны алып тұрған төрттаған стол, қырылдауық радио, тау болып үйілген кітап. Орындыққа құйрық басып «Қазақ тілі» оқулығын ашты да, шылаудың ережесіне көз жүгіртті. Жеңіл-желпі сыпыртып өте шықпай, жаттап алғаны жөн. Өйтпесе болмайды, алда сынақ бар. Оның үстіне кейінгі кезде жалқау балаларға ілесіп, ауыл қыдырамын деп жүріп мұғалима апайды ренжітіп алғаны батады.

Әсіресе, кешегі сабақ үстінде айтқан кейіс сөзі есінен кетпес.

— Ұстабай, сені ақылды бала ғой деп жүрсем, бұл неғылғаның? Ережені оқымапсың, жаттығуды жазбапсың — сөйте тұра өтірік жауап беріп, құтылып кеткің келеді, — деген апайы.

Сонда ғой тақта алдында сүмірейіп тұрып сүмек боп терлеген. Сұмдық ұялған. Партаға құр қауқары келіп отырған. Әсіресе сүйікті апайының «ақылды бала ғой деп жүрсем» деген сөзі жанына батып кетті. Самайын қос қолымен сығып отырып ойлаған: шынымен ақымақ болған екенмін деп.

Әттең осындайда сатып ала қоятын қосымша ақыл табылса ғой. Қалай басталып еді өзі?

Көршінің ұзынтұра жалқау баласы ыржалақтап келіп мұны ойынға шақырған. Әуелгіде оқитын сабағым бар деп азар да безер қашып еді. Көк шалғынның үстінде аздап күресейік дегенге аңқау басы көніп қалыпты. Балағын түрініп, жалаңаяқ далаға шыққаны сол — ойыннан өзге күллі мұқым дүниені тарс ұмытыпты. Бірнеше майда балалар ілесіпті. Кеукеулепті. Ауыл сыртындағы көкала майсаңға барып, есі кеткенше асыр салыпты.

Қазір ғой бұл көкең ойлайды.

Ақымақ болмасам — көйлегім жыртылғанша әлгі ұзынтұрамен күресер ме едім деп.

Қаңғыбас итті өкпеміз өшкенше қуғанымызға жөн болсын деп.

Ақымақ болмасам — кішкентай балалармен күн байығанша ызғысып, шулап асыққа таласар ма едім.

Ұзынтұрамен қосылып моншаның терезесінен ішке үңілгеніме не жорық.

Сатып ала қоятын, санама сана қосатын үстеме ақыл болғанда, сөз жоқ, өйтпес едім-ау.

Ұстабай қарап отырып үлкендердің ұстамдылығына, ойға алған ісін орындамай тынбайтынына қайран қалады. Үлкендер секілді жүріп-тұрсам, тірлік қылсам деп қиялдайды. Тегі таң қалатыны мына көкесі, ана мұғалима апайы кім көрінгенмен доп қуып, асық ойнап дедектеп кетпейтіні. Қолы істі үйіріп әкететіні. Дүниедегі не ықылым жаңалықты біліп отыратыны. Содан бұл көкең ойлайды: ересектер әлдеқашан өміріне мол жетерлік қылып ақыл сатып алған деп, кішкентайларға ештеңе қалдырмаған деп.

Әйтпесе мұғалима апайы да мұнымен қосылып «Қазақ тілін» ежіктеп үйреніп жүрген болар еді ғой.

Көкесі де қолы қалт етіп босай қалғанда көшеге шығып қаңғырған итті қуысар еді, балалармен асыққа таласар еді, балағын түрініп ұзынтұрамен жалаңаяқ жарысар еді.

Ұстабай қиялдап отырып аңғармапты: терезеден көрді, ала сиыр босанып, аулада жайылып жүр. Желкілдеген көк майса жоңышқаны жалмап құртатын. Апыр-топыр тұра салып, сыртқа қалай атқып шыққанын өзі де білмей қалды.

— Өк-өк, қарасан келгір!

Жолда жатқан шыбықты ала салып, ала сиырды сүркілдетіп қуа жөнелді. Бас жібі шешіліп кетіпті. Қатты сабанға қақалып тұрған сиыр былқылдаған жоңышқаға аузы тиген соң мүлдем құтырынбасын ба. Айнала үйіріліп қашып қанекей ұстатсыншы. Өңкілдей жортып, іші шайқалып, көк ала майсаның біраз жерін таптап кетті. Ұстабайдың зығырданы қайнап қолындағы шыбықпен жон арқадан шықпыртты-ай келіп. Сүйретілген бас жіпке әзер қол іліктірді. Қатты ентігіп, барып-келіп, тамның көлеңкесіндегі ашаға тұқыртып байлап тастады. «Атауыңды жегір... қарасан келгір... өл де бар маған!» Уһ, деп ентігін басып, анадай жердегі жаңғырыққа құйрық басқан. «Мал ұстаған дұрыс қой, әйтсе де осындай бейнетін қалай ұмытарсың, қалай көре-тұра тыныш ұйықтарсың», — деп іштей налиды Ұстабай. Терін саусағының сыртымен сыпырады.

Қалалықтарға ұқсап малсыз өмір сүрейік деген ойын көкесіне айтуға тас-түйін бекінді.

«Қазақ тілі» оқулығындағы шылаудың ережесін әлі түбегейлі жаттамағаны тағы есіне түсті. Және байыз тауып қаперсіз отыра алмады. Орнынан самарқау тұрып, үйіне қарай бет түзеген.

Көрші үйдің ауласынан көлең еткен көгілдір көйлекті көріп қалды. Жүрегі ойнап қоя берді. Өз класында оқитын Гүлбаһрам сұлу сол. Неге екені беймәлім, ерте көктемнен бері қыздың тана көзіне көзі түссе-ақ жүрегі ойнап шыға келетін мінез тапты. Жаһанның сиқыры қыз үнінде ме деп ойлайды содан. Гүлбаһрамның нәзік үні, сыпайы жүрісі, неге екені белгісіз, дегбірін алып бітеді-ай. Содан жанары арбалып қалады. Қазір де аласа шарбақтан баспа қып сығалап тұрғанын Гүлбаһрам сезіп қалды білем, сыңқ етіп күлді де:

— Ұстабай, турникке қанша мәрте тартыла аласың? — деді.

Сөйтті де үйіне қарай бұрылып жүре берді. Үйіне еніп кетті. Бұл көкең меңірейген күйі қала берген. Әлден уақытта барып есін жинағандай болып солбырайып кері бұрылды. Бөлмесіне кіріп, белі кеткен кәртамыс диванға сылқ етіп отыра кеткен.

«Анық ақымақпын», — деп ойлады Ұстабай. «Ақымақ болмасам — өткен жолғы денешықтыру сабағындағы қылығыма жөн болсын. Ұлдар мен қыздар бірлесіп спорт залында жаттығу өткізген. Турникке тартылудан жарыс жүрген. Әдетте, ауыл қызы турникке шорқақ. Бір-екі тартылып жерге топ ете түсуден аспайды. Қынама спорт костюмін киген осы Гүлбаһрам турниктің бел теміріне ырғып қол жеткізе алмай әбден қысылған. Екі беті дуылдай қызарған. Сол мезетте сезімтал қыз Ұстабайға жаутаңдай қарап, көмек сұрағандай сыңайда еді. Бұл көкеңнің ойында дәнеңе жоқ, делебесі қозып кетіпті. Қыздың белінен қапсыра ұстап демеп жіберудің орнына келеңсіз мінез көрсетіпті. Мақтануды ойлапты.

— Былай тұршы, — деп Гүлбаһрамды ысырып жіберіп, турникке өзі ырғысын. Мысықша тырмыссын. Алқын-жұлқын он мәрте тартылып болып, ендігі кезекте шыркөбелек «білезік» жасауға кіріскен. Шәңбірек ата безектеген. Сөйтіп жердегілерді қайран қалдырған. Бірауқымда алақаны дуылдай ашып, екі иінінен дем алып жерге топ ете түскен. Құрбылары дуылдасып мақтап жатыр. Қарайды: топ ішінде Гүлбаһрам жоқ, байқайды: мектепке қарай майда басып кетіп барады.

Қыз көзінше бас айналғанша мақтанғанына жөн болсын ендеше?! Жылы-жылы сөйлесіп пікірлесудің орнына белтемірге жармасып сереңдегенім қалай? Басқа бала болса Гүлбаһраммен қосылып сабаққа әзірленер еді, киноға шақырар еді... Ал мен ше? Гүлбаһрам ашық раймен қасыма тақаса-ақ болды, алқын-жұлқын жүгіремін келіп, кім көрінгенмен белдесіп күресе кетемін, турникке жармасам, жағаласам, жынды адамша тоңқалаң асам...

Гүлбаһрамның алдында, сөйтіп, дұрыс сәл ғана мінез тапсам қанекей. Қыз алдында мысқалдай ғана ақылды болсамшы. Ендеше әлгі Тарзан-Мүтәліп айтып келген «сатылатын артық-ауыс ақыл» тап мына маған қажет.

Гүлбаһрамға жақсы көрінем десем — ертерек ақыл сатып алғаным құп.

Өстіп отырғанда іңір үйіріліп, қас қарайды. Ұстабай тапжылмастан мөлиіп шылаудың ережесін жаттап үлгерді. Арқасынан тау түскендей жеңілейіп, іштей желпініп қалды. Өмірі түгесілмейтін колхоз жұмысынан көкесі оралды білем, ауыз үйдің едені дүңкілдеп кетті.

Бейне тағалы ат жүргендей, тегі. Көкесінің аяғынан үнемі керзі етігі түспейтін, керзі етіктің табанында зілмауыр нәлі болатын. Қонақ үйдің шамы жағылды. Әлдекімдер дабырласып сөйлесіп, төрге озды. Түкпіргі бөлмеден бұл да шығып, келгендерге төбе көрсеткен, сәлем берген.

Көкесімен ілесе келген перме бастық Саймасай екен, өзі ерекше көңілді.

— Оу, Досекеңнің дәуі шықты, уағалейкөмүссалам, бопты-бопты, сабақ қалай, Бәйге күрең бабында ма, айтшы қане! Онды бітірген соң қай оқуға барасың? — деп шұбыртпалай жөнелді-ай.

— Сот болам дейді бәтшағар, — деп мына тұстан көкесі демдеді.

Саймасайдың жанары аларып, ірімтіктеніп кетті.

— Соты несі?

— Кәдімгі заң-зәкүнді езіп ішкен, қылмыскердің ісін шешкен пірколол дағы.

— Ай, дүниеде үш нәрсені суқаным сүймейді де. Бірі — қожа-молданы, екіншісі — сары масаны, үшіншісі — сотты... Ай, бекер өйтесіздер. Өткен жолы айтпап па едім: қой жегіш мал доқтырдың, немесе тақтай сатқыш құрылысшы прорабтың оқуына барсын деп. Айтпады деме — ағаңның ақылын алмайды екенсің, күн көруің қиын болады, қарақан бастың қамында кетесің.

Ұстабай қарап отырып айран-асыр.

— Басеке, — дейді көкесі. — Балам құрылысшы болса — көлденең көзден жасырып тақтай сатып, не мал доқтыр болса — ұрлықты қой жеп күнелту керек пе екен? Ақ жүріп, адал еңбекпен-ақ өмір сүреді де.

Саймасай іздегені жаңа табылған жоқшыдай санын сарт еткізіп бір-ақ соқты. Үй шаруасымен кіріп-шыққан апасына шұқшия қарасын.

— Ұғып қой, Досеке! Бастығыңның басы істейді. Тап мына менен тәлім алсын. Осыдан бес жыл бұрын оқу бітіріп: «Елім, жұртым» деп аңқылдап келгенде қандай едім, қазір қандаймын. Шібидей шіңкілдеген дауыстан өзге не қауқарым бар еді? Қалтамның түбі тесік, аңқылдаған алаөкпе біреу болатынмын. Енді мінекей, көріп тұрсың, іншалла, бұйырған нәпақаны теріп жеп, біреуден ілгері, біреуден кейін, майдақадам, маң-маң басып жүріп жатырмын. Алдыма келген несібені теппеймін, ағайынның, алыс-жақынның ымы-жымына мидай араласып кеттім.

Ұстабайдың көкесі басынан қалпағын шешіп тершіген маңдайын көсіп-көсіп сүртеді. Мына әңгіменің түп төркініне түсінбегендей сыңай танытады.

— Басеке, осы жасыма дейін «ымы-жымы» деген сөзге түсіне алмай-ақ келемін.

— «Ымы-жымы» деген кәдуілгі қазекемнің төл сөзі емес пе, қалайша киіз құлақ бола қалдың?

— Тап шыным, санама сіңбей-ақ қойды.

— Ендеше жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін керзі етігің сартылдап жүргені — сол ымы-жымы деген сөзді сезбеуіңнен. Өкпелеме, бетке айтқаныма. Алда-жалда менікі тегін ақыл, санаңа құйып ал: өзің кетпен арқаласаң да мына балаң — «ымы-жымы» деген сөзді білетін болсын.

Қойшы әйтеуір, перме бастық Саймасай кешкі масадай ызыңдап біраз әңгіме айтқан. Көкесіне, одан артылып бара жатса бұған су тегін ақылын үйретуге жанын салған. Ақырында, өңшең киіз құлақ, саңлаусыз адам екенсіңдер деп шын түңіліп, шайға да қарамастан тайып тұрған. Есікті тым қатты жапқан. Апасы шыр-пыр. Көкесіне кейіп жүр.

— Қисық-қыңыр мінезің-ақ қалмайды сенің, — дейді. — Үйге келген кісімен сонша өңештеспесең қайтеді? Е, сенікі-ақ дұрыс дей салсаң бірдеңең бүліне ме?

— Арам ниетіне күйем ғой.

— Ненің адал, ненің арам екенін қайдан біліпсің, жазған!

— Баланы кісі ақысын жеуге баулығанына күйем ғой.

— Адалдықтан мүйізің шықса жүрсің ғой көн шоқайың сыртылдап, шыр бітпей.

Көкесі ә деп қолын бір сілтеп, жалғыз атын жайғауға кетеді.

Ұстабай аң-таң.

Шай сораптап отырып ойлаған: көкеме де аздап ақыл керек екен-ау деп. Әйтпесе перме бастыққа ұқсап неге делдиген шляпа киіп, галустук тағып жүрмейді. Кекірелеп сөйлемейді. Ертеден қара кешке кетпен шауып, арық қазып, су суарғанша неге ат үстінен ширатылып жұртқа жарлық жасамайды. Сөз жоқ, көкесіне де қосымша ақыл керек. Перме бастық айтқандай су тегін болмаса да аздап — ақшаға, саудаға...

Ыстық шайға ел-сел терлеп отырып қиялдаған: ертерек ересек болсам, мектепті тамамдасам деп. Үлкен оқуға түссем. Осы елдің кәдесіне ассам. Ақылыма ақыл қоссам. Сонда ғой түйенің жарты етіндей әлгі перме бастықтың «тегін ақылына» қызықпас едім. Жұрт үстінде жөн-жосықсыз шолжаңдатпас едім.

Өстіп отырып жетесі босаған кетпендей былқ-сылқ етіп қалғып кетіпті. Апасы сүйреп, төсегіне жатқызыпты.

* * *

Түс көріпті.

Адамның көптігінен ортасы шүңейттенген Түркістан базарында жүр екен дейді. Сампылдаған сатушы, делдал саудагер, алыпсатар, қызықшыл топ. Дүниенің көптігінен ағаш сәкілер майысып кетіпті. Байқайды, бұл көкеңнің қолында үш сомы бар — әлденені шарқ ұрып іздеп жүр. Мал сатып жатқандарға барады, жоқ; қауын тіліп отырған диқандарды жағалайды, жоқ. Ақырында жеңіл ала шапан киіп, белін тұсаумен буған бітене қара жігітке ұшыраса кетеді. Әлгі: «Ақыл сатамын, ақыл сатамын!» — деп дабырлап келе жатқан. «Ағатай! — дейді бұл. — Маған сатыңызшы, аздап керек болып жүр еді». Бітене қара бұған оқшырая қарайды. «Саған ақыл не керек?» — дейді. «Сабақты оқи-оқи әбден жалықтым», — дейді бұл. «Кітап бетін ашпай-ақ бәрін біліп тұрсам... артылғанын апайға үйретсем... Гүлбаһрамға үйретсем... Тоқ етерін айтқанда, ақылым аздық қылып жүр. Өмір сүруге даярланып, оқып-тоқып, ми ашытып жатпай-ақ бірден кісі болып шыға келсем», — деп Ұстабай шынын айтқан. Бітене қара ха-ха-халап күліп, мұның ұсынған ақшасын санап алады. Ендігі мәурітте қалтасынан ағаш шыбықтың басына орнатқан қораз кәмпитті ұсынады.

— Жоғалтып алма, — дейді бітене қара. — Аузыңа салып сорып жүр.

— Ақылыңыз қораз кәмпиттің ішінде ме? — дейді бұл.

— Түгесіп алма. Жайлап сор, — деп анау топқа сіңіп жоғала береді.

Ұстабай қолындағы қораз кәмпитті аузына салып сорып жүр екен дейді. Базардағы құжынаған жұрт шаруаларын тастап бұған аңтарылып қарап қалыпты. Сыбыр-күбір сөйлесіп мұны иегімен мегзейді. «Дардай жігіттің кішкентай балаға ұқсап кәмпит сорып жүргенін қарашы», — деседі. Базардан шығып ауылға қайтқан. Биыл дала ақ шанаштай болып кеуіп кетіпті. Алыстан көгілдір сағым мөлдірейді. Кенезесі кеуіп, шөл қысып әлгі қораз кәмпитті үздіксіз сора беріпті; жаңа байқады, еріп таусылуға айналған. Май топырақты бұрқылдата кешіп мектепке келген екен. Мұғалима апай ұшырасып: «Ұстабай, сабаққа кіргенде кәмпит сорып жүруге боллмайды», — деп ескерту жасайды. Сөйтсе құрбыларының көзінше малжаңдап қораз кәмпит сорып жүріпті ғой. Сұмдық ұялады. Қыздарға күлкі болдым-ау деп күйзеліп жатып оянып кеткен.

Базардағы бітене қара мені алдағаны ма сонда деп ойлаған. Ақылыма ақыл қосудың орнына кішкентай балаға ұқсап, жұрт көзінше кәмпит жеп жүргеніме жөн болсын. Бәлкім ақыл қосатын кәмпит орнына жаңылысып, ақыл азайтатын кәмпитті беріп жіберген болар. Бәлкім...

* * *

Апыл-ғұпыл төсегінен тұрып киінді, жуынды. Көкесі мен апасы жұмысқа кетіп қалыпты. Қауақтан кәрлен кесе айран құйып ішті, сөмкесін сүйретіп сыртқа шықты. Күн көкжиектен жаңа ажырапты. Асықпаса сабақтан кешігеді. Ауыл балалары топ-тобымен шұбап, қыр үстіндегі мектепке тырмысты. Орта жолда бос мойын болып бара жатқан Тарзан-Мүтәліпті қуып жеткен.

— Апай ауырып қалса қандай тамаша болар еді, — дейді ол. — Кеше велосипед тебемін деп сабаққа мүттем әзірленбеппін.

— Велосипед бәле боп жабысты саған.

— Бір мінсең үстінен түскің келмейді-әй. Әуелгіде үйді екі айналып шықсам қоярмын, сабаққа отырармын деп едім. Делебем қозып, көше аралап кетіппін. Күн батып қас қарая үйге бір-ақ оралыппын.

— Әнеукүнгі базарда ұшырасқан жігіт шынымен «ақыл сатамын» деп пе еді?

— Деуін деді ғой. Әттең, ақшам болғанда сатып-ақ алар едім.

— Әшейін балдарды алдап жүрген шығар.

— Неге? Ересек кісі өтірік айтушы ма еді?

— Кеше апамнан сұрап едім, ақыл сатылмайды дейді ғой.

— Мен айтсам сатылады. Базарда өз құлағыммен естідім. Әттең, ақшам болғанда ғой...

— Оның сатқалы жүргені қораз кәмпит болмасын.

Тарзан-Мүтәліп мынаның есі дұрыс па өзі дегендей бағжия қарайды.

— Ай, бүгін апай ауырып қалса ғой!.. — дейді ол.

Екі дос қоңырау соғыла іркіс-тіркіс тізбектеліп мектепке енген. Тарзан-Мүтәліп армандағандай апай ауырып қалмапты. Журналын қолтықтап ізбе-із класқа енді. Сәлемдесті. Тарзан-Мүтәліптің ұнжырғасы түсіп кетті. Апайдың назарын бағып, шықпа жаным шықпамен қыпылдап отыр. Бүгін апай да қас қылғандай журнал бетіне ұзақ үңілді. Сосын көзілдірігін алып балаларды жағалай шолып өтті. Тарзан-Мүтәліп жанарымен жер шұқиды.

— Ал, үй тапсырмасын қайсың айтасыңдар?

Ұстабай қолын көтерді.

— Қане, тағы кім жауап береді?

— Сарыбаев айтсын ендеше.

Тарзан-Мүтәліптің солбырайып, сомпайып орнынан көтерілгені қызық. Үні жер астынан шыққандай тым бәсең естіледі.

— Апай, аздап әзірлене алмадым, — дейді.

— Себеп?

— Сәл-пәл тұмауратып, — дейді.

— Сенің «аздап», пен «сәл-пәлің» таусылмас, сірә. Бүгін кешке үйіңе барып сөйлесемін. Отыр!..

Екі дос түс ауа оман арықты жағалап, үйге қайтып келе жатты. Күн жанып кетіпті. Даланы күйген терідей көңірсіте түсті. Ыстыққа шыдай алмай Тарзан-Мүтәліп бірер мәрте басын арықтағы жылы суға шым батырып жіберді. Домалана ызғып кішкентай інісі қарсы шықты. Сөмкесіне жармасты. Бұлар екі сөмкені де кішкентай қарадомалаққа арқалатты. Бала әрәдік кейіндеп қалып қояды да, тап-тап басып қайыра қуып жетеді. Сөзі шегедей.

— Велосипедке мінгізесің бе?

— Зілдей болып доңғалағын тесесің, есекке мінсең бойың тез өседі.

— Иә, алдайсың.

— Нанбасаң Ұстабайдан сұра. Былтыр мектепке есекпен қатынаған. Биыл зіңгіттей болып өсіп кетті.

Қарадомалақ Ұстабайға бір, ағасына бір жалтақ-жалтақ қарайды.

— Ендеше кеше сары қызды неге мінгіздің?

— Әй, мынау не дейді-ей?..

— Қызбен ойнап жүр деп көкеме айтамын.

— Алда ғана жүгермек! — деп қарадомалаққа тап берген. Ол да әккі қу екен. Екі сөмкені май топыраққа аунатып тастап зытып жөнелді. Бортаңдаған неме желдіаяқ көрінді. Лезде дуалды бойлап, шарбақты айналып көзден ғайып болды.

Шаң-шаң сөмкені көтеріп жатып Ұстабай серігіне көзінің итімен қарады. Жол айырымда үнсіз ажырасты. Болмашыға ілінісіп қайтем деп ойлады. Есекке мінген шал басы қақшиып басып озды. Бұрымы аш беліне түскен қыз су алып барады. Гүлбаһрамға ұқсайды екен. Көзі тозаңдап үйіне келсе жан жоқ, ертеңнен колхоз шаруасында жүргені. Ас үйден қатқан нан кеміріп, суып қалған қылаң шай ішті. От жағып, самауырын қойып шай қайнатуға ерінді. Басын табаққа салып ыстық ішетін кеспе көжені аңсады. Бөлмесіне келіп іші түскен диванға жата кетті. Ойдың олжасына кенелді.

Ертерек есейсем қанекей деп ойлаған.

«Ылғи бір бәле көлденеңдейді де тұрады, ылғи бұрыс кетемін. Әйтпесе мана сабақ үстіндегі қылығыма жөн болсын. Математика сабағы еді. Гүлбаһрам тақтаға есеп шығарып тұрған. Қапелімде мұны түлен түртті. Тақтаға саусағын шошайтып: «Апай, әне бір жерінен қате кетті!» — деп тақ ете түсті. Гүлбаһрамның жүзі ду-ду қызарды. Қатесін түзетіп, әрі қарай шұбалтып жаза бастаған. Бұл: «Апай, теңдеуі ауысып түсті!» — деп тағы шошаңдады. Гүлбаһрам оқты көзімен жалт қарады да, жыларман болып орнына барып отырды. Есептің аяғын бұл көкең барып тамамдады. Қазір ойласа ғой — сондағы қылығы тым ерсі-ақ енді. Қыз алдында мақтанғысы келді ме, әлде қырағылығы ұстады ма — шошаңдап бітіпті ғой тегі. О несі?! Орайсыз мінез көрсеткенін үзілісте бір-ақ білді. Әлгіде ғана үйірсектеп елпілдеп жүрген Гүлбаһрам өкпелеп қалыпты. Қыз көзін көзбен ұстау қиын, тегі. Жанарына жақ лықсып, теріс айналып кетеді. Қараптан-қарап пұшайман хал кешкені.

«Өзіме де обал жоқ», — деп можыған Ұстабай. «Бүйтіп көзге күйік болғанша көз көрмес, құлақ естімес жаққа құрысамшы. Ылғи бір пәле көлденеңдейді де тұрады».

Кітап оқып, қағаз жазуға саушылығым келмейді деп директорға арыз жазсам ба екен!

Гүлбаһрамның алдына барып бүгінгі қылығыма кешірім сұрасам ба екен?

«Базарға барып әлгі жігіттің артық ақылын сатып алайын» деп өзін-өзі іштей уатты.

Белі ұйып қалыпты. Сықырлай орнынан көтеріліп сыртқа шықты. Бәйге күреңді суарып келуі керек. Ала сиырдың асты тазалаусыз әлі. Самаурынға ағаш бұтағаны жөн. «Ақылым болса ғой — иә түсер ем, иә түспес ем бұл халге», — деп, ішінен іріп жүріп атты суарып байлады. Сиырдың астына күректеп құм септі. Былыққан үй шаруасымен жүріп күнді еңкейтті. Бір мәурітте белін жазып, сыртқа сүзілген. Тарзан-Мүтәліп кілең абалаған иттердің ортасында қос аяқты жүйрігін жүйткітіп барады екен. Қазанды шақырлата қырып отырып тезірек жексенбі болуын тіледі. Ертерек базарға жетсем деп ойлады.

Көптен күткен жексенбіге ілінді-ау әйтеуір.

Көкесінен сұрап алған үш сомды төрт бүктеп төс қалтасына салып Ұстабай базарға келген.

Кісінің көптігінен базар ортасы шұқырайып кетіпті. Есіл-дерті ақыл сататын жігітті табу. Күн иыққа келгенше іздеді. Екшелеп сұрау салудың мәнісін тағы білмейді. Күн шақырайып түске тырмысқанша аяғынан тозып сандалды. Қыздырманың тіліне еріп әншейін ақымақ болып жүрмейін осы деп және толқиды. Кенет «Ақыл сатам!» — деген дауысқа құлағы елең еткен. Іші шұрқ етті. Дауыс шыққан жаққа қарай ығысып жөнелді. Төбедей жігіт жан-жағына алақтап: «Үш сомға!.. үш сомға!..» — деп сампылдап келеді екен.

Ұстабай түп етектен жармасты.

— Ағатай, маған сатыңыз!

Төбедей жігіт үстінен қарайды.

— Әкел ақшаңды!

Ұстабайдың үш сомын қағып алды. Сөйтті де саусағымен іліп ымдап оңашалап әкетті. Ұйлыққан топтан жырақтау кеткен. Төбе жігіт көзін жартылай қыса түсіп, ернін мұның құлағына тақады. Тілін төсеп сөйлейді екен, өзінше соқалап сөйлеп кетті.

— Құлағыңа құйып ал, балақай. Піскен қабырғаның басынан емес, ұшынан тістесең еті солайымен сыпырылып аузыңа түседі. Ұғып ал. Айтар ақылым осы.

Ұстабайдың қазан бұзарлығы бар-тын.

— Осы-ақ па? — деп төбе жігітке ежірейді.

Анау да ішінен күлімдеген жылым жан екен, ләм деместен бұрылып жүре берді. Тағы: «Ақыл сатамын!.. Ақыл сатамын!» — деп дауыстап барады. Қуып жетіп жанжал шығаруға қорықты. Айқай салып әділет іздеуге, арашашы шақыруға ұялды. Аяғы жерге батқандай болып тұрған жерінде тапжылмастан аңырайып қала берді. Құлағында сол дауыс. Ой, пәлі-ай, бұл тіршілік не болып барады тегі?!

Ұстабай түс ауа ауылға қайтқан. Базардан шығарда қалтасының түсінде қалған бақыр тиынға қуырған пісте сатып алған. Автобусқа төлейтін ақшасы қалмапты. Колхоздан ауданға сепараттың көк сүтін тасып жүрген түйелі арбаға ілесті.

Таныс шал ләм деместен мұны арбасына мінгізіп алды.

Маң-маң басқан қоспақтың жүрісі мүттем өнетін емес. Қиырсыз кеңіс. Таспадай созылған шаңдақ жол. Шақырайған күн. Шалдың ыңылдап салған ескі мақамы әрі-беріден бесікке салып тербеткендей әсер етті. Ұстабайдың басы кеудесіне домалаңдап қалғып-мүлги бастады. Кірпігіне тас байланып келе жатып жаңа басталған ұзақ ғұмыры, алыс арман, қиял көкжиегі туралы ойлады.

Ұстабайдың көзіне осынау өмір әлгіде аралаған ығы-жығы базарға мейлінше ұқсап көрінді. Сол базардың иірім ортасында өзі жүргендей сезілді.

Әуелгіде Ұстабай ойлаған: көз майын тауысып кітап оқымай-ақ, тіршіліктен тәлім-тәжірибе үйренбей-ақ өмірдің ең бір қызық, аса мазмұнды орта шеніне топ ете түссем деп.

Бұрысы мен бұралаңы мол жолды қойып, төтесінен тартсам деп. Сөйтсе соның бәрі бекершілік болыпты.

Бұл өмірге кәдуілгідей ынты-шынтыңмен келген екенсің — ендеше асығып, аптығудың, жұрттың алдын ораудың қажеті жоқ екен. Басқалар секілді бәрін де басынан бастағаны жөн. Мейлі адассын, мейлі торықсын, қателессін, опық жесін, Гүлбаһраммен өкпелесіп жүрсін, бәрібір өз сүрлеуімен жүруге тиісті. Не болса да маңдайға жазғанын көріп алады, көнбіс аталады. Арман көкжиегіне ерінбей-жалықпай алаңсыз аяңдайды. Еңбек етеді.

Күн батып, қас қарайғанда ауыл шамы алыстан жылтырап, көзіне оттай басылды.

Албарқын аспан тіптен төбеге тиердей болып аласарып кеткендей.

Ұзақ әйтшу, итарқы ырғаңмен ауыл шетіне де іліккен. Түйе әлденеден үркіп, табан жолдан тайқып шығып кетті. Ербиіп жол тосып тұрғын Тарзан-Мүтәліп екен. Арбакеш шал: «Пәдәріңе нәлет-ау, қарақшыға ұқсап неғып жол тосып жүрсің?» — деп кейіп жатыр. Ол шіркін шал сөзін елең қылатын емес, ыржалақтап арба қауынан асылып, Ұстабайға қос қолын созады кеп. Ұстабай жерге түсті, үстінің шаңын қақты.

— Күні бойы жолыңды күтіп көзім төрт болды, — дейді аптығып. — Кездестің бе? Сатып алдың ба?..

Ұстабай «нені» деп сұрамады. Сөйтсе құрдасы Тарзан-Мүтәліпке де артық-ауыс көлденең ақыл керек болып жүр екен ғой. Оның да мұғалима апайдан ұрыс естігісі келмейтін көрінеді. Жақсы оқысам дейді екен. Оның да үлгілі, тәртіпті пионер болғысы бар екен. Велосипед теуіп, көшеде құр босқа селкілдеп жүремін деп әбден жалығыпты.

Ұстабай жалғыз досының сырын түсінді де, іштей елжіреп, оны шын жақсы көріп кетті.

Мінбелеп тұрған досын қолынан тартып былай шығарды да, алақанына бір уыс қуырған пісте салды.

— Базардың қуы бізді алдап келіпті, — деді Ұстабай. — Босқа әуре болыппын, бекерге қиылдап ойымды тауысыппын.

— Ай, ағыл-тегіл артылып бара жатқан қандай ақыл деп едім-ау бәсе, — деп Тарзан-Мүтәліп мүлде басылып қалды.

— Ақыл сатылатын болса ана дәндәку Алтынбала, мына Саймасай елден бұрын жүгірер еді, алдымен қам жасар еді ғой.

Екі дос қатар аяңдап ауыл сыртындағы қырқаға шыққан. Самаладай жымыңдаған үйлер аяқ астында қалды. Ал қара көк астында көсіліп жатқан кең дала, білемденген бел-белестер, тіршілік сарыны, алдағы жүрілмеген жолдар мен аспаған асулар, қиындық, қапалық бәрі-бәрі жүрекке жақын, соншама ыстық сезіліп кеткені... өмірдің бал дәмі таңдайларына тепкені...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз