Өлең, жыр, ақындар

Жүрек шамы

Қою қара шашты, дөңгелек жүзді, жазық маңдай, айқын ашық жанары тіктеп қараған кезде жан әлеміңді ерітіп жіберердей жылы леп сезілетін, қыр мұрын, күле қарағаны — елбасының тенис кортыннан терін сығып шығып келе жатқан қалпына егіз тамшыдай ұқсас реңді жігіт осы Бекежан қырықтың қырқасына ілінсе де жүзін әжім сызбаған сұлу қалпында, орта бойлыдан сәл биіктеу нұсқалы денесін ширақ қозғап күтіп тұрған шетелдік жүйрік көлігіне мінді. Жүргізушіге қатқыл үнмен: ал кеттік! — деді. Жанынан бір елі қалмай, ауызы дамыл таппай, шығарып сала келген баяғы кластас досы, бүгінгі осы ауылдың көне көз бағбаны — Мирасқа «ал, хош!» — демеді. Ашу ма, асығыстық па, әлдене буындырғандай болып бұрылып жатпады. Тетігін бұрап қалса ұшып тұрған жүйрік мәшине орнынан ытырыла қозғалған кезде соңына қос уыстай топырақ шашты. Әлгі кластас досының үстін дөңгелектен ұшқан ақ шаң көміп кетті. Ол шіркін бүріскен күйі қалды. «Ұят болды-ау, — деп күйзелді ішінен Бекежан, — шығарып сала келген ол байғұстың жазығы не, әне бір жар басында қарқылдаған аш қарғадай ауыл басшысына ренжідім деп баяғыдан бергі досына «ал, хош» деместен, тоң-торыс күйінше бұрылмастан шаңға көміп жосылтып жөнеле бергені — әбестеу енді. Қайта қайрылып, көлігінен түсіп кешірім сұрауға кеш. Жеңіл көлік бұлым белдерге бұлдырай шығып ұшып келеді. Бұрын ашуын ішке бүге білетін. Әсіресе шетелмен байланыс жасайтын «Бест» компаниясын ашқалы бері, алдына ағылып тау аударғандай алпауыт та, сіңіріне ілінген аш-арық та келеді, бәріне сыр бермей әбес кеткенін кешіріп, жетпей жығылғанын демеп, осының бәрі көпшілік үшін жасалып жатқан көпке ортақ іс қой деп көнтерілі мінезге түсіп үйренген еді. Астына сексеуіл жаққан қазанша қайнамайды. Құм ішінен көзі ашылған кәусар бұлақтай шымыр-шымыр шығатын шыдамды мінезгі тізгін бергелі қашан. Келіншегі Ғалия кеше күле әзілдеп: «Бәке, осы сен жасыңа жетпей мінезің ірілеп, егделеніп кеткен секілдісің. Тым ауырсың, Абай атамның: «жасқа жас, ойға кәрі едің деген сөзі еске түседі», — дегені. Ғалияның «Абай атам» деп ұлы ұстазды өзіне іштей жақындатып сөйлегенінің себебі бар: нағашылары Қарауылда туып-өскен, қазақшалап айтса — Абай ұрпақтарынан тараған ұрпақтарынан тараған тұқым болып келеді. «Жасқа жас, ойға кәрі едің» деп ұстаз өзінің перзенті Әбдірахманға қаратып айтып отыр. Ал, Ғалияның астарлап, әріде қалған алып аталарының сөзін келтіріп отырғаны — мінезіндегі терең мағыналы иірімді мегзегені.

Айтып-айтпады, ойда жоқта шоқ басқандай ғып шоршытып түсірген ауыл белсендісінің қылығы. Жар басында қарқылдаған аш қарғадай даусы неткен ащы еді. Құдды Шекспир трагедиясында ханзадаға, бекзадаға ілесіп, аузына не келсе — соны соғып қалып жұртты күлдіріп жүретін майрампаз секілді. Оқиға қалай басталып еді, басынан бастап естүсірсінші...

Бірінші мамыр күні елге барып қайтуды ойластырды. Ел дегені туған жері — мына тұрған Шамалған. Өзенінің тастай суына шомылып, құмына табанының мөрін басып, балдан тәтті балалығын осында өткізген. Не ғажабының барын білмейді, сыртта жүрсе өз-өзінен арқаланып, иығы биіктеп тау секілденіп сезінеді де, туған жеріне жақындаған сайын — төмендегеннен төмендеп баяғы бала қалпына қайта түседі. Сыртта «пәленшекең, түгеншекең» деп дабырайтып көрсететін жұрт аулына тақаса болды, көлденең көк аттыға дейін «о, өзіміздің бала ғой», — деп кішірейтуге құмар.

Қызметі өсіп қаншама істің бетін қайырды, әсіресе баяғы партияның уағында қаржы министрлігінде, Алматы облыстық атқару комитетінде, Алматы облыстық парткомда істеп жүргенде талай кісіге қол ұшын беріп, өмір өткелінен аман-есен сүрінбей өтуге көмектесті, нешеме жасқа ағалық ақылын айтып ығына алды. Қай-қай облысқа іссапарға шықса да алдынан қайыры тиген кісілер қуана қарсы алатын әдет шығарды. Мейманасы тасып, мәртебесі өсті. Содан бері де баспаған тауы, бармаған жері кем. Қай-қай елге төбе көрсетсе де азды-көпті жасаған еңбегінің игілігін сезеді. Енді міне, тағы да «өзіміздің бала» деген сөзді естігелі еліне елжіреп, емпеңдеп келеді... Партияның уағында ғой жұрт бірінші мамыр десе бар шаруасын жинап қойып, бар тәуірін иығына іліп көшеге шығатын, сейілдейтін, я қонаққа баратын, я қонақ шақырып желпініп қалатын.Нарық заманы басталғалы мереке деген жайына қалып, жұрт тырбанып тіршілікке көшті, көбі құлақ десең — көзін көрсетіп, ес кетіп, жан шыққандай күн көрудің қамымен тепеңдеумен жүр. Мана ертеңгісін, туған аулына көрші жатқан селодағы айтқаны қате кетпейтін бірер кісіге берген уәдесі есіне түсіп, тағы бір шаруаның орайын ойластыра келейін деп; бүгін түске таман жаны тынбай осылай қарай шығып кеткен.

Сәл жүрген соң күмісше жылтырап Шамалған өзенінің ирек ағысы шалынды. Жиегі жарлауыт, әрі құмшауыт болып кезек алмасады.

Сәмбі тал сәукеле киген бойжеткенше бүгіледі. Аулақта қарауыл қараған қара ағаштар ауыр қыстан енді-енді оңалып, бойына жылу еніп бүр жара бастаған. Түстік беттегі жота бұрындары асық шашып жібергендей ақтылы қойдан қыбырлап жатушы еді, соңғы үш жылда жанармай үшін деп, қосымша бөлшек үшін деп, жәрдемақыға деп ұжым басшылары малды қалаға тасып баспа-бас айырбас жасап түгесіп тынған. Былтырдан бері мал аяғы баспаған көгілдір жотаның үсті қар астынан жаңа аршылған сарғыш шөптен бұралып тұр. Тіпті мал ауызы тимеген десе де болғандай.

Таныс сүрлеу үлкен тас жолдан солға бұрылып, өзен жағалап барып қырға қайқайды. Белдің белін орай асып түсіп жатқан аққайрақ ылдиға құлдилады. Шағын ауылдың төбесі көрінді. Көше елі көшіп кеткендей жым-жырт, тым-тырыс. Ит екеш итке дейін асулы қазан, бықсыған ошақ болмаған соң тышқан аулап аулаққа безіп жоғалған секілді. Өрлеп барып сары қыштан соғылған шүйкедей кеңсеге бұрылды. Бекежан басқа жер болса «жөн сұрап келші», — деп шоферін жібере салар еді, туған жердің қасиеті, лебі иығынан басып, көліктен лып түсіп аяңдап кеңсеге беттеді. Есігі жабық, терезесін тықылдатып еді, сырпылдата басып, тық-тық жөтеліп қарауыл шал шықты. Алақанымен күн сала қарап: «Қай баласың?» — деді. «Бекежанмын, ақсақал, көрші ауылдағы Пірімқұлдың баласы боламын», — деді үнін көтере дауыстап. Ертерек айтып құтылғысы келді, бәрібір қытымыр шал тұқым-тұяғыңды түгел тінтіп сұрап алмай жөндеп жауап бермейді. «Ә, асық ойнап бірге өскен Пірімқұл еді, жүйрік ат пен беті жылтыр келіншек десе жанып түсетін сері болды сенің әкең». «Ақсақал, ұжым басшысы қайда?». «Ә, сұрап тұрғаның Заманай ма, ол осы елдің бар сорпа бетіне шығар жақсыларын жинап туған күнін тойлап жатыр, үйінде, анау көше басындағы қос қабатты, көк шатырлы үй сонікі». Қарауыл шалмен қоштасып, бұрылып көлігіне келді.

«Мұнысы несі» деп ойлады мәшинеге мініп жатып. Нағыз жер жыртып,егін салатын, тырбанатын мезгіл. Шаруа ұжымы болса — мынау, көтерем сиырдай тұралап жатқан, қора-қопсы қираған, шөп басын әлі сындырмаған ел азаматтары жиналып алып, шарап ішіп, бас мүжіп, аула ішінде топырласып отырғаны ерсі-ақ. Жалпы бұл көкең туған күні жаңа жылға, я болмаса айтулы бір мерекеге дөп келіп жататын басшыларға күмәнмен қарайды. Дәл сол бірінші қаңтарда, я бірінші мамырда жарық дүниеге келе қалғанына сене бермейді. Жұрт көзіне құм шашу, әншейін-ақ жиын-той жасауға желеу іздеу деп түсінеді. Ойлағаны дөп келді. Жүйрік көлік лездің арасында көше басындағы көк шатырлы үйге жеткізді. Қақпа алдында қасқыр ит абалайды. Көлігінен түсіп, костюмін түзеп, жартылай ашық қақпаға тақағаны сол, аңдып тұрғандай үй иесі Заманай алдынан жүгіріп шықты. Мұның келе жатқанын екінші қабаттан, алыстан шолып байқап қалған болды.

— Әп-бәрекелде-е-е! Болар істің басына жақсы келер қасына деп, қолға түспейтін ірі кәсіпкер Президенттің келе қалғанын қарай гөр. Әй, Алматыны үш айналып іздесем ұшыра алмас едім. Құдай айдап көктен өзі түсті. Қанекей, мында жүре қалыңыз! Қонақтар жиналып жаңа асқа отырғыл ыңғайланған еді.

Апалақтап жүріп үй иесі әлденеге сүрінді, жер тіреп барып түрегелді. Әйеліне жекіді. Жолдағының бәрі аспаз, қызметші, күтуші, алыпкел, шауыпкел кәкір-шүкірлер екен, алтынға малып алғандай сылқ-сылқ күліп сары келіншек — Заманайдың зайыбы шықты. «Қайным-ау, — деп әтір иісі бұрқырап келіп мұның мойнына оратылды, — көптен көрмей сағынып жүргенде... жүрші... төрлетші...» Былайғы сырт көз мыналардың арасында құпия гәп бар ма деп ойлар бәлкім, ыңғайсыз болды тегі, бұл не деген асып-төгілген ықылас, ілтипат деп Бекежан іштей қысылып ұялып барады. Жан қалтасынан орамалын алып самайынан сорғалаған терін сүртті. Әңірейген кең қонақ бөлмесіне енді.

— Нағыз егін егіп, жер шұқитын кезде ауылдың игі жақсыларын жинап алып туған күн тойлап жатқандарыңа жол болсын, — деді Бекежан. Ойындағысын бүгіп қала алмайтын әдеті, үй иесінің көңіліне келеді деп қымсынуды білмейді.

— Е, несі бар, май шығатын болса, отыз жыл бойын жер шұқып, қой қайтарумен өткіздік қой. Біз де бір адамға ұқсап демалайықшы, иығымызды көтерейікші дедік.

Бекежан маңайына барлап қарады: жиналғандар өңшең жекеменшік фирмасы, ұжымы бар, ішкі есебін, көшін түзеп алған, ақшалы, қалталы осы ауданның шөпке шығары. Терін сығып күн көрген кісі көрінбейді. Терін тамшылатып, белін бүгіп еңбек ететіндер түгел сыртта; бірі жанармай іздеп қалаға сабылып, бірі базарға малын жетелеп, күнкөрістің қамымен сірісі шиқылдап жүр. Ал, мыналар күн көзіне шықпай, көлеңкеде, жылы жерде жанды күткен жайсаңдар мен игі жақсылар.

— Қазақ десе өзімізге таяқ болып тиеді. Мына кеудені қысқан нарық заманында бір-бірінің қалтасын сығалап, тойшылап, жыр-жырлап жүрген, әй, бізден басқа ешкім болмас. Мынау енді нағыз ерсі нәрсе!

Айтпайын десе де аузынан шығып кетті. Турасын айтамын деп туғанына жақпай жүрген серінің сөзі осы.

Үй иесі су тиген қарақұртша бүрісіп, тырысты.

— Е, мына сөзің қай сөз, қалта қағу үшін жиналыппыз ба осында, не болсы соны айтады екен, тәйірі, бейнет бізден қалған: қашанғы «жетпейді, жетпейді» деп өмір жасымызды өксітеміз!

— Қайным-ау, тойға келіп тұрып табағымызды тепкендей сөз айтпа, біз ешкімнің несібесіне қол сұғып отырған жоқпыз, — деп алтынға малып алғандай келіншек жанарын қиғаштай қарады.

Төбесімен үйді тірегендей алпауыт жігіт, бұрын ауданда тері, жүн базын басқарушы еді, бұл күнде ірі іскер деп естиді, екі қолын қалтасынан алмаған күйі ырқ-ырқ селкілдей күліп, төбеден түскендей етіп былай деді.

— Мына заманда жер шұқитын ақымақтар, басы істемейтіндер ғана. Нағыз бизнес иелері ауадан ақша жасаудың айласын таба біледі. Кәлланы істеткен жөн, құрбым.

Былайғылар алпауыт жігіттің сөзін жөн көріп шиық-шиық, қиық-қиық етіп күлкіге түйіліп өліп қалыпты. Мына сайқымазақ қылық Бекежанның шымбайына шындап батты. Кісімен тілдескен кезде қолды қалтадан алып сөйлесуге болар еді ғой, сыртта белін бүгіп, ащы терін төгіп жүргендердің бәрін ақымақ санап шиқылдасып күлуге ұялған жөн еді ғой. Мынау не енді! Жарытып оқыған бір кітабы жоқ, түкпірлеп ізіне түскен еш ғылымы жоқ, өңшең шиқылдақтар, мұның сөзін теріс көріп тырқылдасып, мырсылдасып алып барады. Осынау әңірейген кең сарайдай екі қабатты үйде классикалық көркем әдебиетін іздесең — емге таппайсың. Өңшең шетелдік шытырман оқиғалы, эротикалы кітаптарды ас үйге, ауыз үйге самсатып жинапты. Асханада бес мұздатқыш, екі желдеткіш, екі теледидар, қонақ үйінде есік пен төрде — екі теледидар, үстіңгі бөлмелердің бас-басына теледидар, көретін, есітетін аспаптарға сүрініп жығылғандайсың. Әлгіде осында келе жатып көрді, кеңсе алдында бүкшиіп, өткен-кеткеннен бір жапырақ нан сұрап екі қайыршы отыр, ауыл бейне елі көшіп жоғалғандай құлазыған қалпы. Мыналардың тамағынан қайтіп ас өтеді. Қалайша алтын, күміске малынып, француз әтірін жағынып, байлығына мақтанып сылқ-сылқ күліп, қайдағы жайдағыны еске түсіреді. Семіздікті қой көтереді, мына марқасқалар халық үстіне шолжаңдап азғана семіргенін көтере алмай: кедейлер — ақымақтар, байып алғандар — даналар деп қалай-қалай кергиді!

— Біле білсеңдер, сіңірі шыққан кедейлердің бәрі ақымақ болмаған, хан сарайында тұрсам еңсемді байлық басады деп қала шетіндегі жертөледе тіршілік кешіп әйгілі трактаттар жазған әл-Фарабиді, бас-аяғы жиырма жыл ішінде қарызшылар мен арызшылардын қашып жүріп жетпіске тарта шедевр туғызған Бальзакті қайда қоямыз, олардың байлығы — кедейлігі, жетіспеушілігі емес пе еді. Дүниеге мастанған дүмшелердің ел есінде қалғанын естіген емеспін! Ақылы зерек кісілер байлығына емес, білгеніне, түйе түскеніне қуанушы еді.

Төбесімен үй тірегендей болып шіренген аудан іскері бұрқ ашуланды.

— Ау, Зәке! Мын қонағың дүниеге мастанған дүмшелер деп мұқатып тұр

ғой, жаңа заманның бизнес иесі ме десек: бұл жүрген қиял ақын, я болмаса бас терісі келіспеген фермер шығар, сөзі түйеден түскендей төбемізді тесіп барады!

Үй иесі екі оттың ортасында қалғандай сыңай танытты.

— Шыдайық, бұл өзі астанада аса жайлы, кең пәтер, тоғыз қабаттық қонақ үйі, «Көңіл ашар» атты мейрамхананы, ұжымдық шаруашылық, жекеменшік пәтер салған, шетелмен тығыз байланыс жасаған, мейрамхана ашқан ірі іскер, компания президенті. Ауылға арзан бағамен бидай тұқымын тауып беремін деген соң, келсең — кел, бізде Қанжуған төбенің сары сазынан басқа дәнеме жоқ дегенмін, қызынбайық!

— Жоқ, мына бізді адам екен деп менсінейін деп тұрған жоқ қой!

Бекежан осынау өз буына өзі семіріп ел үстіне шолжаңдап үйренген ауыл белсенділеріне қаны қарайды.

— Сонда мені адамшылығыма қарап емес, астанадағы мейрамхана, пәтеріме, қалтамдағы долларыма бола бағалайды екенсіңдер ғой. Сөз болғандарыңа! Мұндай тоғышар орта, жиіркенішті дастарханға отыра алмаймын. Ал, сау болыңдар!

Деді де тұрып жүре берді.

Жар басындағы аш қарға секілденіп үй иесінің үні құлақты кесті.

— Қанша баймын, мырзамын десең де бізден асып кете алмайсың! Көрші селодағы туысқаның айналып келіп мына біздің қолымызға қарайды!

Ауладан өтіп, қақпаға қарай тақап қалған кезі болатын. Дүлей ашу көтеріп кетті. Аяқ астынан жалт бұрылып, соңында сәумеңдеп тілінің бізін аямай сұғып келе жатқан үй иесіне шүйліге төнді. Жағасынан қармап жерден лып көтерді. Түсін суытып бетіне бетін тақады: «Бос шелектей киіз кәллаңа құйып ал: ешқашан байлығыма мақтанған емеспін, орталарыңа сыйғызбаған — сендердің дымбілмес кещелігің, тоғышарлығың; өтіріктен өтірік «туған күнім», «баламның оқуға түскені», «әйелімнің төркіндегені» деп жоқ сылтауды судай сапырып жұрттың қалтасын қағып үйренген жаман әдеттерің! Әйтпесе халықшыл, жұртшыл болсаң: неге іштеріңде я бір диқан, я бір бағбан жоқ! Әне бір дүмшең адамшылық — ақшада деп сандалып ит жынымды көтерді. Жоғал арман!» — деді де саусағын жазып әлгіні босатып қоя берді. Бейне батпақ арасынан суық бақа ұстағандай жиіркенді. Машинаға отырды да жүргізушіге «кеттік» — деді. Желдей ескен шетелдік көліктің жүрісі жайлы. Білетіндер: жүйрік аттың қос құлағының арасында кісінің делебесін қоздырып, қанын ойнататын жыны болады деседі, жүйрікке мінген кісінің көңілі өсетіні содан. Жылдамдық үдеген сайын әлгіде көтеріп кеткен ашуы сап-сап басылып, бел асқан соң сабасына түсті. Масатының түгіндей құлпырып жатқан оң мен солына, алыстағы қар жамылған ақбас алатау жоталарына көз салды. Қараған сайын көзге нұр құйғандай, қос қолтығына қанат бітіргендей неткен сұлулық, мөлдір тазалық, бейкүнә тәкаппарлық десеңші! Қорғасындай зілді ауаны құныға жұтады.

Ойхо-о-ой, дүние деген! Кісіге құс қанатындай шабыт бітіріп зау биікке көтеретін де, таспен бастырғандай бір уыс қып бүрісетін де — мына жер бетінде қыбырлап тіршілік кешкен адамдардың өздері-ау. Әлгідегі ауыл басшысының ойы неткен пәс еді. Жинаған дәулетіне мәз сорлы маңайындағы жақынын, баласын, әйелін өзімен қоса құрдым батпаққа тартқандай тоғышар, пәс етіп құртыпты. Әжептәуір оқу бітірген, тәуір киінген баласы ұшыраса кетсе — екі сөздің басын құрастыра алмай: «пәленше түген мәшине мініпті, досым Еуропаны кезбелікпен аралап қатыпты», — дегеннен басқа әңгімесі жоқ, жүре жалтақтап, ыржалақтап жігеріңді құм етеді. Сол Заманайдың әйелі осыдан бес-алты жыл бұрын мектеп директоры еді, сөзі де түзу шығатын, енді ұшыраса кетсе — «Қайным-ау, бриллианттың бәсі өсіп пе, президенттің әйелі сәруар тас түсті лала көйлек киіп шықты ғой теледидарға, көрдіңіз бе!..» Осы да сөз болып па!

Адам да бейне оңғақ көйлек. Бүгін бір түрлі болса, ертесіне тысы айналып қалыбы өзгеріп көзге ұрып тұрғаны.

Бұл ойласа: кісінің жан дүниесі бейне үлкен қап секілді. Адамның жас кезінде әлгі қаптың іші таза сақталады. Жылдар өте, есейе келе біреуден қулық, біреуден сұмдық үйреніп, келесіден жәбір-жапа көріп, өмірдің не қилы тезінен, тепкісінен өтіп, әлгі қапқа әртүрлі нәрселер жинала береді. Жинала бермек. Көп кісі қаптың қампайғанына мәз. Толысып, кемелденіп келе жатырмын деп ойлайды. Ал, шын мәнінде әлгі қапқа жиналған нәрсенің көбі қоқсық, кәкір-шүкір бірдемелер болып шығады. Уақытша қажет секілді көрінгенімен кейінше түкке алғысыз, ештемеге жарамсыз, көңіл алдар қоқсықтар. Қай жерден оқығанын ұмытып қалыпты: будда монахтары әртүрлі оқиғадан, әрқилы жағдайдан кісінің жан дүниесіне жиналған әсерлерді, естеліктерді, түйсіктерді бейне қаптың ішін тысына айналдырған секілденіп ауық-ауық қағып-сілкіп тазартып отырады екен.

Жан әлемді бөгде әсер, бөтен түйсіктен тазартудың үлкен өнері бар.

Әйтпесе кісінің жан дүниесіне лас, кір, қоқсық, қажетсіз нәрселер тола түседі, әлгі қап зіл тартып ауырлай береді. Адам өз ортасынан, жақсы зиялылардан ажырап қалады. Қапты тазартуды орысша — просветление дейді, қаптың қоқсыққа толуы — тоғышарлық болар, сірә.

Әркім өмірді өз білгенімен сүреді. Өз биігінен, өз шошағынан көреді. Бұл Бекежан көз жеткізген шындық бар: шеті мен шегіне көз жетпейтін қиыр сахараны жалғыз кезген жолаушы секілденіп мақсатына өліп-өшіп ұмтылған кісінің жан әлемінде түптің-түбінде шырақ жағылатын секілді. Шырақ жағылмаса: ол кісі өз отына өзі күйіп өледі. Шырақ жағылғанның белгісі — әлгі адамның нұры бетіне шығады. Нұры бетіне шыққаны сол: маңайына ізгіліктен, жақсылықтан жылу таратып, назарына алған кісіні сөзіне, лепесіне иландырып, әр ортада иығы өсіп, мейірі төгіліп тұрады. Мұндай адамды көрген кісі армансыз.

Ойы онға бөлініп отырып байқамапты, Ақсай аңғарына іліккені сол, алқап масатыша жасылданып, белге көтерілген кезде түтінге тұншығып жатқан үлкен қала лықсып аяғының астына түсті. Терістік беттен жер бауырлай жылжыған нөсер бұлты шалынды. Аспан мен жердің астасқан тұсынан жарқ етіп жасын шағылды. Байлық адамды бұзады деген не сөз ол деп ойлады Бекежан. Мінекей, қырықтың қырқасына шықты, өмірден біраз тәжірибе жинады, жолдас жоғалтты, дос тапты, жас кезінде біраз жетіспеушілікті, кемтарлықты өткерді; бозбала шағында шалыс басып шыңырауға құлай жаздады, ақыл берер айналайын адамдар табылды; енді міне, басына бақ үйіріліп, қорасына дәулет жиналып, биік төбенің басына шыққандай болып, маңайына қараса: біреу іскер, бизнес иесі болғанның жөні осылай деп арын, адамшылығын саудаға салып өкпесі тесілердей өліп-өшіп дәулет жинаған болып жүр.

Біреу ғасырлар бойғы қазақты өзге ұлттан өзгешелеп келе жатқан тілін, салтын, мінезін, өзіндігін — өзгенің қоқсығына, арқасынан қағып «мой партнер» дегеніне — айырбастап қарадай кіріптар халге түскен;

Біреу әлі де лауазым басқышына, мәрмәр үйде шенеунік болып жан баққанға мойнын созып дәмелі;

Біреу опасыз жалғанға я уақытынан ерте келіппін, я мезгілінен кеш қалыппын деп өкініш уын жұтып қым-қуыт тіршіліктен түңілуге бет алған;

Келесінің нұры бетіне теуіп, жарқырай күліп, отбасының сәнін келтіріп балаларын шындап тәрбиелеуге көшкен, қай жерде жүрсем де — ортама, қазағыма пайда келтірсем деп үміт отын маздата жағумен жүр. Өзі де осы соңғылардың санатында секілді. Іншалла, тоғышар, киіз кеуде етпегеніңе шүкір. Сабасына түсіп, санасына сәулелі ойлар сүзілді.

«Горный гигант» деп аталатын үлкен селоның дәл кіндік ортасына, қалың баудың арасына орын тепкен екі қабатты қызыл қыш кеңсесіне маңдай тіреді. Күн демалыс болғасын ба, қора іші, кеңсе майы тым-тырыс. Қақпаны ашқан айдаушының алдынан қарауыл жігіт шықты. «Сау саламат барсыз ба, көңіл күйіңіз қалпынша ма!» — деп бәйек болып, я орысша емес, я қазақшаға келмейтін сәлемдесу рәсімін жасап ыржалақтай күледі. Аяғына оралып жағына сөйлейді. Бұл байғұс бір заманда республика спортының мәртебесін көтеріп, неше мәрте халықаралық жарыстарға қатынасқан еркін күрестен спот шебері, әйгілі балуан. Соңғы бір жарыста кілемге төбесімен түсіп, аздап миы шайқалып, шаригі ауысып я орысша емес, я қазақша емес болып алған. Ісіне ұқыпты, қатын-баласы жоқ. Осы мекен-жайдың сырмінез қарауылы, бөгде кісі түгілі маңайдан тышқан жорғалатпайды.

Екінші қабатқа көтеріліп батыс беттегі ат шаптырым кең бөлмесіне енді. Костюмін шешіп ілді. Үстеліне тізе бүгіп, суырмасынан іс қағаздарын қобыратып суырды. Көйлегінің жеңін түрініп, еңсесін салып, аз-кем ойланып, әлгі қағаздарды сүзіп отырып қалды. Әр адамның өмірі бір-бір кітап. Кітап жазған кезде нағыз дарынды жазушылар әлгі шығармасын қолжазбада, терілімде, гранкада түзетіп, үстінен қарап, тіпті өле-өлгенше түзетіп жөндеп өтеді. Былайғы саналы адам да сол секілді. Өз өмірін әлгі кітап секілді өмір бойына жақсартуға, шыңдап шығаруға, әдемі сүруге жанын салады. Қолжазба секілді үстінен қараумен шаршайды. Ерте дүние әдебиетінде өмір бойына еңбегі жанбай өткен кісіні Сизиф деп атайды, ал өмір бойына шөлі қанбай, кенезесі кеуіп өткен бейнені тантал деп марапаттайды. Нағыз адамның бойында Сизифтің де, Танталдың да қасиеті болуға тиіс; өйтпеген жағдайда адамның ақыры азғындауға тоқырауға бет бұрады. Үңіліп ойланып отырса, бір бастаған ісінің ұштығына жетемін деп шаршап шұғылданса: мұның жетемін деген биігі әлі мұнарт боп тым жырақта тұрған секілді, бүгінгі бітірген ісі ертеңіне жарамай жатады, ендеше бұл Сизиф емей немене. Кей түндері түсіне сары сағым құшағына көмілген сусыз, тұлдырсыз шөлге шығып кетіп, өз ортасын, жасыл алқабын таппай жүргендей сезінеді. Шөлдеп, аңқасы кеуіп оралады. Келіншегі Ғалия шымыр-шымыр көбігі шапшыған бесті қымыз әкеліп ұсынады, толғап-толғап жұтады, шөлі қанбайды.

Жанындай жақсы көретін қызы Ақмарал шетелдік қалбырға құйылған шәрбат сусынын алдына тосады, анық шөлдегенде олдағы мейір қандырмайды. Былдырлаған беймаза немересі Ануар: «Ата, бүлдірген салып бөктірген балмұздақтан өткен дәмді сусын жоқ», — деп қолына қолақпандай етіп қаймаққа қатырған тәттісінен ұстатып, көзін қызықтырады. Тамсанып, тамсанып сілекейі шұбыра жалайды. Бұл көкең балмұздақты бірер жалап немересіне қайырып береді. Шөліркегендей сезініп тамсана түседі. Шөлді қойшы, бүгінгі, кешегі ісіне көңілі толып, мейірі қанып, ауыз толтырып, «мен осыны бітірдім, тындырдым» деуге ешқашан жүрегі дауаламайды. Сонда бұл Тантал емей немене.

Мықтылық — қанағатсыздықтан туады. Қанағатсыздық жақсы мағынасында өзімшілдіктен өріс табады. Дүниені дөңгелеткеннен дөңгелетіп ілгері жылжытатын ілгерімпаз кісілер — сол баяғы өзімшілдер ғана. Басқалар бар ғой, маған не жетпейді, осыған да қанағат дейтін кісілер тобырға ғана жаратылған, олар топ бастамайды, тобыр көбейтеді. Аз ғана табысқа қол жеткізсе, шетел компанияларымен тізе түйістіре отырып көміліп қалған кенішті ашса, төбе боп үйіліп жатқан отқа берік қызылтопырақты зауытқа жөнелтсе, құр текке үйіліп жатқан қара тастан тонналап әк шығарса, көзін құм басып қалған шипалы суды қайта ағызып миллиондаған декалитр шипасуды емге пайдаланса, ат аяғы талған иесіз жонға бұралтып күздік бидай еккізсе, құрылыс жабдығын жер-жерден келтіріп тұрғын үй, диірмен, сүт комбинатын салғызса - сол бойына жұққан тынымсыз, тойымсыз мінездің арқасы, атыңнан айналайын, былайғы мыңдаған оқырманға ұнамсыз, өзіме ұнамды Сизиф, Тантал бейнетқорларды қарадай жүріп пір тұтқанынан, аруағына сыйынғанынан, солардан аз да болса қасиет ауысқанынан... Бекежан жазбаларын ретке келтіріп, есеп-қисабын түгендеп, кеңсесінде сарылып күн батқанша үңіліп отырды. «Қараңғы жерді күн иектейді», — деп қарауыл жігіт келіп жарық жаққанда барып, селт етіп еңсесін көтерді. Күн батқанын сезді. Қағаздарын қаттап, жүйелеп, белінен ұстап үстелге ұрғылап, суырмаға сүңгіте бастады.

Осыдан аттай үш күн бұрын, 28 сәуірде балаларының ортасында, отбасында бас құрап туған күнін өткізген. Дәмді мәжіліс, әдемі әңгіме үстінде мол-мол тілек айтылды, аздап тост көтерілді Ғалия өзінің ең жақсы көріп ұнатып жейтін сүзбе бәлішін жасап, буын бұрқыратып алдына тартты. Сонда перзентінің үлкені Ақмаралбылай деп тілек айтқаны есінде: «Папа, өзіңізге өзіңіз тым қатал болмаңыз, бізді мәпелеп өсірдіңіз, жеткіздіңіз, былай қарасақ — адам жанына қажеттінің бәрі бар, өзіңізді шаршата бермей, сақтаңыз, ә» — деді. Қыз деген бауырмал. Сизиф секілді түнді күнге, күнді түнге алмастырып дүниені ұмытып істейтін өлермендігін айтып отырғаны. Жылы жүрегіне іштей елжіреді. Әлем тілдері университетінде үздік оқитын ұлы Бекболаттың айтқаны: «Ақшаңыз мол болсын, ақшаңыз мол болуы үшін бастаған ісіңіз жүрсін деп тілеймін, папа! Бұл заманда ақшасыз, қалтасыз адамды — адамға санамайтын, көзге ілмейтін салт шықты, ренжімеңіз, қалтаңыз қалыңдаған сайын адамдықбиігіңіз де жұртқа көріне түспекші», — деді. Бұл көкесі ұлына сауал қойып, анықтап сұрады. «Адамшылық биік пе, адамдық биік пе айтып тұрғаның?..» Бекболаты бірбеткей беттілігінен танбады. «Айтып тұрғаным: адамдық биік. Қанша жақсы болсаңыз да сіңірі шыққан кедей, мүсәпір болсаңыз бұл заман сізді адам деп есепке алмайды». Мына сөзді естіген Бекежан іштей қымсынып, біртүрлі қолайсыз тіксініп қалды. Ұлының айтып отырғаны: маңайындағы көрген-білгенінен түйгені, өлшеп-пішкені, өзінше ой түйіндегені. Ащы да болса шындық, түлен түртіп ашуланған жоқ. Үшінші тілекті Ғалия айтты: «Аман болшы, — деді үні дірілдеп, жанарына аздап жас алғандай болып отырып, «Газеттен, радиодан жаманшылықхабарды көп естиміз. Анау өйтіпті, мынау бүйтіпті деген, әйтеуір аман болшы. «Өлдің Қонай, қор болдың дегендей: аплатын болып ел ұстап, жер төңкерсең де — бес күн жарық тіршілікке жетпейді. Көбіміз тойған соң секіреміз, барлықтан құдайымызды ұмытамыз, өзге ешетеменің қажеті жоқ, өстіп күңгірлеп, мазалап, кейісіп, күлісіп, бар екеніңді білдіріп қасымызда жүргеніңнен артығы жоқ, Беке».

Текті тілек демей не дейін!

Тақауда қолы қалт етіп босай қалғанда Абай ақынның қара сөздерін оқып отырып, ішінен дәмді, мәнді ой сүзгені бар. Қалай еді! «Дүниенің әдемілігі, қызығы ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылық адамды хайуанға айналдырып жіберетіні болады. Құранда жазылған: кімде-кім дүниеде кісіге жақсылық жасауға қолым қысқа болмасын, я бөтеннен тіленіп, жалынып сұрамайын деп емес;

өзіне өзгешелік беру үшін ғана малға махаббатын ауларса — ол табылған дүние храм. Өнер — өзі де мал, өнерді үйренбек — өзі де ихсан. Жаратқан иенің жолы деген өлшесіз шексіз жол, оның шетіне ешкім жетпейді. Сол жолмен жүруді шарт қылып алған кісі — мұсылман, толық адам. Маған ғана құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген нысапсыздық нұрыңды бұзады. Я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан жақсылық, шапағат қылмақ ниетің болса — ол жаратқан иенің жолы.

Біреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше үлкен дәулет деп біледі. Бар ақылы өзін-өзі базарға салып көзіндегі ақымақтарға «бәрекелде, осындай болар ма едік» дегізбек.

Біреулер: осындай болар ма едік деп талаптанар, біреулер: осындай бола алмадық деп күйінер, мұнан не пайда шықты. Сонша әуреленіп сыртыңды бір өзің сүйген қауымына ұқсатарсың. Сыртқа қасиет бітпейді, Алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді, айнаға табынып ақыл сөйлейді, ақыл өссе — түпсіз терең жақсылықты сүймектікпен өседі. Өзгеше боламын демектің түбі мақтан. Біреуден асамын деген әрбір мақтан күншілдік туғызады, күншілдік күншілдікті қозғайды. Жаманшылық ниеттен, істен, бойды жинап алмақтық адамға нұр бітіреді. Өзін-өзі өзгешелеп, артық көрсетпек, адамның нұрын, гүлін бұзады.

Кісіні қор тұтпақ, қысастық қылмақ, кемітпек дұшпандық шақырады. Кімге достығың болса — достық достықты шақырады...» Ұстаздың асыл ойын есіне түсірген сайын тынысы тереңдеп шөлі қанған, көкірегі ашылған кісі секілденіп аруақтана түсті. Ұйқысынан оянған кісідей серпіліп орнынан көтерілді, іс қағаздарын жинастырып, аығыс костюмін киіп сыртқа беттеді. Бөлме жарығын өшіріп, басқышпен төмен түсіп, есік алдына шықты. Қарауыл жігітке кілтті берді. Ымырт үйіріліп, тау баурайына жұлдыз өріп шығыпты. Мәшинесіне мінді, мана кеңсеге келгенде жүргізушіге пұрсат беріп, «жүре бер!» — деген. Жеңіл жүйріктің руліне өзі отырып, от беріп, ылдитөмен көшеге бұрылды, сырғығаннан сырғып орталық даңғылға түсті.

Түнгі қала жарқырай шашылған алып жұлдызқұртқа ұқсады.

Зиялы қауым мекені саналатын Төлебаев көшесінің жанындағы еңселі үйге келіп маңдай тіреді. Бес қабатты үлкен үйдің ауласында балалар шуласып доп қуалап жүр, есік алдындағы отырғышта көзтаныс қария отыр. Көлігінен түсіп, әлгі үлкенмен бас изесіп амандасып ішке енген. Есікті Ғалия ашты. Қабағында қалқыған мұңды сезді. Қолтығындағы пәпкісін әйелінің қолына берді. Костюмін, аяқ киімін шешіп оң бүйірге бұрылып қолын шайды. Соңынан көлеңкеше ілескен әйел әлденені тілі ұшына бүгіп айта алмай жүрген сыңайлы, қабағындағы білінер-білінбес көлеңке соның себебі. Төргі бөлмеге өтпес бұрын қалт кідіріп қабырғадағы айна алдына тұрып бой-басына қарап алды, қашанғы сезімтал әдетімен әйеліне жалт бұрылып: «Не жағдай болып жатыр?» — деді.

— Екі бірдей жаңалық күтулі, — Ғалия, — біріншісі: көптен хабар күтіп жүрген шетелдік әріптестерің келіссөз жүргізіп, шарт жасасуға әдейілеп жер түбінен ұшып жетіпті, «Рахат паласқа» орналастық, ертең ертеңгісін сәрілік шайға шақырамыз: тілмәшін, көмекшісін, сарапшысын ілестіріп сағат онға келсін, төрт адамға сәрілік кофеге тапсырыс беріп қойдық деп жаңа әлгіде телефон шалды.

— Екінші жаңалық: көңілсіз әңгіме. Көрші жатқан аулыңнан енгезердей елші келіп отыр, өзі де, сөзі де ұсқынсыз, — деді. Әйелінің қабағындағы кірбің осы елшінің келуіне байланысты екенін сезді. Жөткірініп, төргі бөлмеге енді. Мамық креслода сақалы күйектей, еңгезердей, басына шошақ бөрік киген, үлкен кісі отыр. Елдегі жасы үлкен кісілерді түгелімен білуші еді, мынаны жыға тани алмады, тұсалып тұрды-тұрды да бас изеп сәлем мезіретін жасады. Әлгі үйіліп отырған кісі мұның бетіне аңтарыла қарап отырды-отырды да тілін төсеп сөйлеп жөнелді.

— Шырағым, мені танымай тұрсың-ау, баяғы бала кезінде баудың, қырманның қарауылы, талай сирағыңнан таяқтаған Саяқбай көкең боламын ғой, сақал өсіріп бөрік киген соң танымай тұрсың, бұл күнде партбилетті үкіметтің өзіне тапсырып ауыл мешітін ұстаймын, әулиелі жердің шырақшысы боламын, — деп бір деммен мән-жайын түгел баяндап берді.

Ғалия дөңгелек үстел үстіне шай жасай бастады. Келген кісінің тұла бойы ағып тұрған сөз көрінді. Күрең шайға тамағын жібіткен соң тайпалған жорғаша теңселіп жөнелді.

— Шырағым, бұл келісім — тосын келіс. Елің елші ғып жібері. Ел болмағы елшіден, жау болмағы жаушыдан дегендей, бүгін ертеңгісін барып ауыл басшысы, қожалық жетекшісі, бетке бел ғып ұстап жүрген Заманай батырды беделді кісілердің көзінше ұрсып, сөгіпсің, ренжітіпсің, сүйегіне сөзден таңбасалыпсың... соның пәле-жаласына күйіп келіп отырмын.

Бекежан ұрттаған шайына шашалды, әуелгіде ештеме түсінбей шаршады.

— Елші кім, жөнелтуші кім, ақсақал.

— Елші қарсы алдыңда отырған мына көкең!

— Ал, мақұл дейік. Бұл елшінің еңіреп жүріп бітіретін ісі не болғаны сонда, ақсақал.

— Әлгіде айттым ғой: ауламыздың бетке ұстары, бел ағасы Заманай батыр ауыл шалдарымен ақылдасып, баталасып мына көкеңе нығыздап тұрып тапсырма берді. Бар, мән-жайды түсіндір! Еліміздің бел ғып ұстап жүрген аяулы адамын жұрт көзінше «тоғышарсың, дүние қабысың, тезек дүниенің тезегін салған боқташақсың» деп арына тигізіп сөзайтыпты... адалдап жайып қойған дастарқанынан аттап кетіпті... тілімен жүрегін тырнапты... Осы жайдытүп көтеріп жеткіз, миына сіңір, алдынан өт: я ел маңына бұдан былай аттап баспайтын, ағайынның бетін көрмейтін болып біржола кетіссін, я шаруа қожалығының басшысы, жұрттың бел ғып бетке ұстап жүрген жақсысын үйіне шақырып, айыппұлын төлеп, қазақшылық жолмен кешірім сұрасын; екінің бірі дейді ағайын.

Мына сөзді есітіп отырған Бекежан мырс күлді.

— Қазақшылық жолымен кешірім сұрасын дейді ғой.

— Я, көрші ауылдың бетке шығарлары солай ұйғарып отыр, қазақшылық жолымен ағайынның алдынан өтіп үйіне шақырып кешірім сұрасын дейді.

— Өзге жол жоқ па?

— Басқа жол жоқ.

— Жер кеуіп кетпей тұрғанда жыртып, топырақ мәйегіне дақыл салып, шаруа жасап, қамбасын толтыру жолын ойластырып әрекет қылудың орнына өңшең шошақ бөріктілер бас құрап шуласып мәслихат жасап, іштерінен елші етіп сені аттандырып отыр ғой. Ендігі ойлары қала мен ауыл арасында сабылып жүріп ет жеп, шай ішіп, костюм-шалбар кию болыпты ғой... қазақ болғандарыңа бүйтіп! Қашан өзге елге ұқсап етек жинар екенсіңдер, өз қолдарың өздеріңе жетер екен, қайран жұртым!..

— Мен айтсам: жасың кіші баласың, кішірейіп, ашу үсті наз айта салыппын, аузымнан шығып кетіпті, үйге келіп дәм-тұзтатып, бата жасап, бет сыйпалық ағайын деп мәмілеге кел, келісімге мойынсұн, шырағым.

— Ақылыңыздың жеткен жері осы ма, ақсақал!

— Менікі ел мен елді бітістіру, шырағым.

— Қазір бөстегіңді көтер, әйтпесе милиционер шақырып қараңғы үйге жаптырып тынамын, қанымды қайнатқандарың жетеді, өңшең жерге қарап жетімсіреген мондыбас миғұлалар, жоғал әрман!..

— Әй-әй, байқап сөйле, елшіні ренжітуге болмайды!

Бөрікті шын сасайын деді. Бекежанның ашуы жанартауша бұрқ етті. Жалпы табиғаты көнтерілі, жуас адамның ашуы қиын, көбіне көтерілмей, сыр бермей көніп, төзіп жүре береді, бір көтерілсе, бүлінсе — алдында алып тұрса да көзге ілмейді, түлен түртіп дүлейге айналып шыға келеді. Қалш-қалш тітіреп, сазарып, көгеріп, өзін қоярға жер таппай креслода жарбиып отырған бөріктіні жағасынан алып бір-ақ жұлқып сыртқа лақтырып жібергенін біледі. Құлағы шыңылдап, төске балға ұрғандай әлдене зың-зың етіп, өзгесі есіне кірерлі-шығарлы. Есік алдына әлдене дүрс етті. Көшеде күшік шабаланды. Бөріктіні ауыз үйдің есігінен лақтырды ма, әлде ашық тұрған терезеден тысқа бір-ақ атты ма, оншасын біле бермейді. Әйелінің даусы ғана құлағына еміс-еміс естіледі. «Ау, Бекежан, көзіңе қан толды ма, әлде жынданғаннан саумысың?.. төрімізде төбедей болып отырған ақсақалды сыпырғы секілді сілкіп-сілкіп, сыртқа бір-ақ атқаның неғылғаның!» Бұның құлағы кейде бітіп, кейде ашылып, қаны басына шапшып ештеме сездірмейді. «Атасына мың нәлет! — дейді сабасына түсе қоймай, тордағы арыстанша теңселіп; Өл де бар маған! Сүйегі неғып қирап қалмайды! Бүйтіп елші болғаныңа, еркек боп бөрік киіп жүргеніңе!..».

«Бас-басымызға би боп, өз жүрген жолымызды даңғылға санап, кеудемізге нан пісіп бұлайша беталды мөңіресіп жүре берсек: қашан, қалай жұрт қатарлы ел боламыз. Бір жағымыз ішерге тамақ таппай ашығып жатсақ, келесі тобымыз топырлатып той істеуден артылмасақ — жетіскен екенбіз. Ел ішінің тозып бара жатқаны осындай іри-тіри берекесіз тіршіліктен, біреуді-біреу ес көріп қарамаудан, басымыздың бірікпеуінен! Салыстырып қарасыншы: шетел әріптесінің тірлігі әні — жер түбінен пайданың көзін іздеп ұшып келіп отыр, ал мына аңғал, аңқау, тоғышар қазақтар әлі күнге бір-бірінен бәсін арттырып, қажасумен, ырғасумен уақыт оздырып жүр. Бүйтіп ел болғаныңа, сайқымазақ өңшен!».


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз