(хикаят)
Уақытқа мойынсұнбайтын асқан сұлу, я қаһарлы патша, я дегдар данышпан болмайды.
Ақшаның соңына шам алып түсіп түптің-түбінде «бар адам» атануға болар; жаратқан ие бойыңа дарытқан дарынды үзбей жетілдіріп, бейнетке батып, атақтыларға салысып жүріп атынды шығаруға болар; көңілің ауған сұлудың соңынан қалмай қойсаң-күндердің-күні әлгі ұрғашыға құшағың толар; қаражатың жетіп жатса, жақсы емші тапсаң-саушылықты түзетіп алуға болар. Дүниеде ақшамен, атақпен, бақ-дәулетпен сатып алуға, орнын толтыруға болмайтын жалғыз нәрсе бар, ол-уақыт.
Сол уақыт-шіркінмен сайысқа түскен астрофизик Айтуар Мағзұмұлының жүрегі бүгін, түн ортасында оқыстан сыр берді. Я қысып, я шаншып ауырмайды. Ауа жетпей тұншығып бара жатқан секілді ме, қай-қайдағы құбыжық көзіне елестеп, сағым боп келе қалатындай ма, жүрек соғысы жиілеп... суық тер шылқып ағып... қиналған соң...езі есепте тұратын Президенттік емдеу Орталығынан жедел жәрдем дәрігерін шақыртты.
Жетіп келген білгіш дәрігер қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын тыңдап отырды-отырды да басын шайқады. Қалың кітабын ашып қарады. «Сіздің жүрек соғысыңызда сәйкессіздік бар, ауруханаға алып кетеміз», — деді. Басы бір қисайса-құламай тынбайтын нағыз қырсықтың өзі екен. «Ау, күні ертең үлкен ғылыми симпозиумда сөйлейтін сөзім бар»... «Ау, көкешім, тұра қал!.. Сәрсенбі күні Президенттің қабылдауына жазылып қойғам, ондағылар: «Сізді үлкен кісі сағат 15.00-де қабылдайды, әзірленіңіз, тезірек не мәселе көтеретініңіз жөнінде түйіндеме жазып өткізіңіз!.. — деген», енді жүрек ырғағы бұзылған екен деп жыл бойына сарыла күткен мәртебелі ұшырасуды кейінге ысыра алмаймын ғой, көкешім!...»
Қауын бас, осылай келіп сүзіліп қарағаны-ақ кісінің өңменінен еткізіп жіберетін қарасұр қайыстай дәрігер мұны төсегінен жұлқа көтеріп киіндіре бастады. Бәйек болып жүгіріп жеткен күтуші қызға мына жақтан зілдей етіп дауыстайды. «Кісіні іші босаған қаптай қылмай, буып-түйіп жеңіл киіндіріңіз... ас-ауқаттың қажеті жоқ... қолтығынан демеңіз!.. үндемеңіз!..» — деп дедектетіп, икемдеп ала жөнелгені. Ендігі ащылысатын адамым осынау қауын бас болсын деп бұл көкең іштей зығырданы қайнап кіжінеді-ай.
«Сіздің саушылығыңыз үшін біз жауап береміз, Айтуар Мағзұмұлы, бүлк етпеңіз, еш саспаңыз».
«Ау, аптаның аяғында Лондонға, Кембридж университетінде баяндама жасауға шақыру күтіп отырғам, хабар келсе, шабаданды жинастыру ғана қалған».
«Еш саспаңыз, бүлк етпеңіз!... Жеңіл мәшинеге мініңіз!»
Сонымен емдеу Орталығының саңғыраған сары қыштан өріп, түнікесін ақ қаңылтырмен жапқан, күншығыс алапты түгел алып жатқан ауруханасынан бір-ақ шықты. Жалғыз кісілік палатаға жатқан. Аяқ асты түкті кілем, аспалы шам, кең экранды теледидар, ауа реттегіш, салқындатқыш, тоңазытқыш, жанға қажеттінің бәрі бар. Ақ төсекке көсіле кетіп, аспалы шамға қарап жатып ойға шомады, таң бозы білініп қалған ба, көше жарығы берсін-берсін өше бастады. Медбикенің аяқ тықыры естіледі. Әлгі қауын басқа сөзі өтпегенге Айтуар іштей ызалы әлі.
«Қырсыққанда қымыран іриді дегеннің кері осы. Мына ақ халаттылар әулеті енді тұтымынан еш шығармайды, жаналғыш әзірейлі періштесіне ұқсап, төңіректегені төңіректеген. Кембридж университетіне әзірлеген баяндамасы ағылшын тіліне аударылып, компьютерге теріліп, қалтасына дискет болып түскелі қашан! Қара құрдымның тақауда табылған формуласы ол — дағы дискетте. Енді келіп мыналар ақ төсектен тұрып кетпе, тырп етпе, жазу жазба!.. Үлкен кісінің қабылдауына еш асықпа! — дейді-әй»...
«Жүрек соғысыңызда сәйкессіздік бар!»
«Ой, бар бол, бар болғырым!.. жүре-бара сәйкестендіріп алармыз. Ең тәуір дәрі-дәрмегіңді сал, қолы жеңіл медбикені жеткіз!... Сәрсенбінің сәтті күніне дейін аяғыма мінейін!..»
Қауын бас, түсі суық, көрінен тұрып кеткен аруақ секілді жедел жәрдем дәрігері мұның сөзіне келгенде-киіз құлақ, көп нәрсені қалың қағазына ұзақ шұқылап жазып, осындағы қиқымдай көп дәрігердің біріне тапсырып, пәпкесін қолтықтап ол-дағы сытылып жоғалады. Айтуар кең палатада өз ойына өзі көміліп жалғыз қалады.
Есік тықылдады. Айтуар жастықтан басын көтеріп алды. Талшыбықтай бұралған бойжеткен сыпайы сызылып ішке еніп келеді. «Емдеуші дәрігеріңіз боламын, тақауда Алматыдан ауысып келдім, аты-жөнім Досова Әсем»,-деп таныстырды өзін. Үні рюмке соғыстырғандай сыңғырлап естілді. Ішкі әлемі қыз үнін естігенде кәдімгідей жылып қалды.
Көзі ақық тасын қондырған танадай мөлдіреп, кірпігі қимылдап сүзіліп қарағаны-ақ кісіні арбап алатындай. Күлімсіреп сөйлеген кезде танауы желпілдеп, құлындай тыпыршып, бір орнында тұра алмайды. Жүзі тіс тиген кезде аппақ сүті шығатыншіреп піскен апорт алмадай. Жаңа сүттене бастаған жүгері собығы секілді, кісінің жанарын магнитше тартып, уылжып, ішіңді май ішкендей елжіретіп жіберетіні керемет енді! «Асыл қазына салған құмыра ғой мынау, — деп ойлаған Айтуар,-әттең... әттең... сендей асылды абайлап ұстаса ғой! Қосағың өзіңді еркек кіндіктен қызғанып жүріп, құм салған құмырадай ғып, әр нәрсеге бір ұрып, ақырында қиратып түкке алғысыз етіп тынбаса жарар еді-ау!».
— Күйеу бала бар ма, қарағым?
Бойжеткен жанарын мөлт еткізіп төмен салды, құдай біледі, құмыра іші шайқалды.
— Оны неғыласыз, ағай.
— Біле жүрейік дегенім ғой.
— Басым бос. Жүрегіңізді тыңдап жіберейін, — дей салып, жалма-жан фенандоскопты кеуде тұсына, арқасына қойып айналдырып тың тыңдаған сыңайлы. Бес тал кекіл шашы көз алдына түсіп, әлгі сауалдан іштей секем алып, бойжеткен өз-өзінен шындап сасып, ойын бір нүктеге жинай алмай қысылғанын сезді. Ләм деп үндемейді. Сыр бермейді. «Құмыра тасқа түсіп шағылмаса қанекей», — деп тіледі Айтуар. Өз ойымен өзі алысып жатып, дәрігер бойжеткеннің қалай бір ізбен сызып шығып кеткенін білмепті. О, құданың құдіреті деген!
Сол екі арада медбике жетіп кеп: «Эхокардиограмма аспабына апарамын, арба алғызайын ба, әлде аяғыңызбен жүріп барасыз ба»,-деді. Айтуар намазшам көлеңкесіндей солбырайып, ұзарып тұрған медбикенің жүзіне аңтарыла қарайды. «Арба алғызайын ба, әлде жүріп барасыз ба?».. «Өз аяғыммен барамын», — деді Айтуар. Сөйтті де шиыршықтап есілген жібек жіптей пісенде, пысық қыздың соңынан жайлап басып ілесті. Жүрек тыңдайтын білгіштер төменде, бірінші қабатта, солға бұрылған жерде екен. Ішке еніп шешінді. Ақ сұрып шымылдық дір ете түсіп: «Еніңіз, сәкі үстіне шалқаңыздан жатыңыз!»-деді манағы Әсем бойжеткеннің таныс үні. Ұзын сәкі үстіне сулатып салып үйірсектеп, икемдеп алып барады. Сүйрік саусақ жүрек тұсына сулы мақтаны лып-лып жүргізіп, жалаңаш кеудеге резеңке түтік түймесін сырт-сырт қондырып шықты. Әтір иісті тыныс алғаны сезілді.
— Сабыр сақтаңыз!
— Қыз көрсем жүрегі құрғыр атқақтап кететін әдеті.
— Шынымен солай секілді, мана әлгіде жүрек соғысыңыз басқа еді, енді мүлде басқаша, түсінбедім, қызық екен...
Әсем бойжеткен кардиограф тетігін іске қосты. Дабыл дөңгелегі сыр, дір етіп жылжып жөнелді. Сүті шыққан апорт алмасы иіліп кеп төбесіне төнеді. Жанарын жумады. О, тоба деген! Жүрек соғысы кардиограф аспабынан кәдуілгі қалпынан он, жүз есе күшейіп естілді.
Жұлқына, бұлқына соққан тіршілік иесінің дыбысы тар бөлмені жаңғыртып жіберді. Енді бірде диірмен тасының зыр айналған сарыны секілді. Шуылдаған қан ағысы өзен құламасына келеді. Келесіде гүр-гүр еткен долы үнді ашулы жолбарыс дыбысына ұқсап кетеді. Кеуде торын бұзып шығып, бостандыққа, ұлы далаға ырғып жөнелгісі бар ма, кім біледі. Шері, мұңы, уайымы осылайша дүрліктіріп, дүрілдеп кеудені ұрып мазалағаны мазалаған. Кеудесін жайлап алған мұншалық ұлы дүбірді алғаш естуі!
Кеуде қуысында еш дамылсыз жұлқынып тулап жатқан шіркінді тыңдаған сайын қайдағы-жайдағы ойға тізгін береді.
Дүлей жүректің жұмысы еш толассыз, әрі тым қауырт. Күндіз-түні, жылдар бойы бір пәске кідірмей, дамыл таппай тіршілік иесіне жаратқан иенің пәрменін жеткізіп әлек. Сабыла жортқан ұлы жорық сарбазына ұқсайды. Сабыла желіп күнді батырады, таңды атырады. Қалтылдаған қыл көпірдің үстімен жүріп келе жатқан даршыдай. Мүлт кетсе — шыңырауға тайып құлардай, мәңгілікке із-түссіз жоғалардай. Лүпіл қаққан ұлы жорық иесінің дүбіріне құлақ салып қайдағы-жайдағы ой кешеді сабазың. Эхокардиограф үні күшейген үстіне күшейіп барады. Төбеден дүрлігіп нөсер көшіп жатқандай ғой.
Кеуде қуысындағы жұдырықтай бұлшық ет-тіршілік иесі ұлы құдірет!
Сол құдіретке лайықты өмір сүріп жүрміз бе? Мақсаттың межесі қандай? Әлде ішкенге, жегенге, күлгенге, ләззат ойынына, дәулет жиғанға мәз болып уақытты текке өткізіп жүрміз бе? Иман атты ыстық сезімге, ынтық лебізге жете алдық па? Әлде өмір сүргеннің жобасы осы ғой деп айдалаға текке лағып жүрміз бе? Таразының алдындағы ант мезгілге, жаратқан иеге аманатын қайтарып берерде — жүрек басына шүкіршілік сезімі толады ма? Мың сауалға — бір жауап. Ет жүректің жауабы: лүп-лүп, дүрс-дүрс, лүп-лүп...дүрс-дүрс!.. өзінен-өзі тіл бітіп сөйлеп жөнелген дүлдүл шешен секілді.
Жүрек: шаршамайтын шайтан емеспін. Көктегі жаратқан ие мен жердегі тіршілік иесінің жалғастырар антеннасы, сезім сымы, ұят қызылы боламын.
Айтуар: тіршілік көзі өзің ендеше!
Жүрек: жанды туғызған жаратқан ие жұдырықтай пәрменіме сеніп: «Жанның қабы бол!» деп тапсырып кеткен. Әйтсе де жердегі пенделер-сендер — өзімді дүниенің күнәсі, ласы, итырғылжың, ұрыс-керісі, ызасы, наласы, жаласы ластайды ғой деп таза ұстаудың орнына-құлша жұмсап қадірімді кетірдіңдер!
Айтуар: көктегі құдіреттің көзі екеніңді білмедік қой! Адамшылықты мына пенделер айдаладан іздеп алақтай, жалақтай бергенше-айналып кеп өзіңе жүгінсекші, жарықтық! Дүм-дүние әлеміндегі үзіліссіз ұлы ырғақ пен өз қимылыңның арасында жанға сезілмейтін ұйқас, ұнасым, жарасым бар дегені рас шығар.
Жүрек: шындығы сол!
Айтуар: ұлылық пен пендешілік қатар езіңде. Дүниені бүлінуден, азғындаудан сақтайтын шындықты өзіңнен іздесек адаспайтын шығармыз.
Жүрек: ұстаз сөзі есіңде ме? «Ауру жүрек ақырын соғады жай, өз дертін тығып ішке, білдіре алмай; Кейде ыстық тағы да қан басады, кейде бір сәт тұншығар үн шығармай» Жүректі тыңдап тәлім алып, үйренетін уақыт жетті емес пе, пенделер-ау!
Айтуар: апырмай, бір минөт бір кісінің өміріне ұқсас деген рас екен-ау.
Жүрек: дүниедегі ең қымбат қазына — уақыт. Сол уақыттың парқын, нарқын сезіне түсу үшін біз бейшарадан жаманшылық — қара құрдым іздеп жүрсіз бе, әлде жарық сәуле түсіріп жақсылық іздеп жүрсіз бе, соны бағымдап, өлшеп-пішіп алғаныңыз жөн әуелі.
Айтуар: сонда өмірден алдамшы бола алмайсың, ол білдірмей ұрламақ қызығыңды деген ұстаз сөзі расқа шықты.
Жүрек: қайғы келсе-қарсы тұр, құлай берме; қызық келсе-қызықпа, оңғаққа ерме. Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл, деген ұстаз сөзін күбірлей қайталап, әлем кеңістігіне, ұлы гармонияға менің көзіммен үңіле түс, пендем!
Айтуар: құлдық ұрдым өзіңе!
Осы мезет — эхокардиограмма аспабын қалт жібермей қадағалап, лүпіл қаққан жүрек үнін, тәңір пәрменін қағаз таспаға жазып ап тұрған Әсем дәрігер мұның, кейіпкеріміздің жүзіне үңілді. «Өз-өзінен күбірлеп сөйлеп жатқаны несі» деп ойлаған болуы керек. Жанары мөлдіреді. Еріні уылжып піскен шиедей үзіліп, езе тістегеннен қаны шыға үлбіреп, жәудірегеннен жәудіреп төбесіне төне түседі. Лебінен жылы жауын жұпары еседі. Қарап жатып елтіп қалды.
Сұлу бикеш сыбырлай тіл қатты. Әуелгіде не деп тұрғанын естімей, қан қысымынан құлағы құрғыр бірде ашылып, кейде киіз құлақ боп бітеліп, ерсі аңтарылғаны. Жаны шырқырап сүмек боп терлеп қысылғаны. Құлағы пәске дыңылдап ашылғаны, естіген сөзі:
— Жүрек соғысыңыз дұрысталды. Әлгіде ғой атша тулап қарадай шошытқан.
Айтуар тап осы жаңа ғана өз жүрегімен езі іштей шүйіркелескенін бүгіп қалды. Сырын айта беруді ыңғайсыз сезінді. Тағы үндемей жата алмады. Үзіліп піскен апорт алмадай сөлі сыртына тепкен көрікті бойжеткеннің қиылып қарағаны-ақ ішін өртеп алай-түлей еткені.
— Өз жүрегімді өзім тыңдап бір жасап қалдым. Мына тепсінген тегеурінмен әлі біраз іс тындыратын секілдімін!
Бойжеткен сыңқ етіп күлді. Бетінің сүт шұқыры ойылды. Эхокардиограмма тетігін сырт өшірді. Бөлмені жайлаған лүпілдеген, дүрсілдеген дыбыс, енсіз тар арыққа симай ытырылған тау суындай қан ағысы сап тиылды. Қаракөлеңке бөлмені салбыраған тыныштық басты. Дәрігер бойжеткен дірілдеген қобалжыңқы үнмен сөзін сабақтады.
— Алыс галактикадан дыбыс тартқан қабылдағыш секілді жүрегіңіз, ағатай.
«Ағатай» деген сөзді тосын дауыс ырғағына салып, құбылтып айтқаны. Діріл аралас па, қою мұң бар ма, кім білген. Әйтеуір бұрын-соңды естіп білмеген тосын сөз сырлы әуендей сезілгені. Бойжеткен жүрек соғысы жазылған ащы ішектей шұбалған қағазды көтере ұстап үңіле қарайды, ироглиф оқыған бітікші ғұламаға келеді. Өз ойымен өзі әуре.
— Қайран қаламын! Сіздің жүрек жазбаңыз ешкімнің жүрек соғысына ұқсамайды. Айға шапшып атқақтап тұрады-дағы бір пәске ырғағы бәсеңсіп нашарлап қалады. Аяқ астынан үркек асаудай тыпыршып шыға келеді. Қалыбы жоқ. Қан қысымы жасыңызға сай емес. Қапелімде жүз жасаған кәріге ұқсап жер бауырлап бәсеңсіп қалады. Түсінбедім. Ұлы ырғақпен жалғаса, үндесе соққан біз білмейтін сыр бар ма деуім содан...
Айтуар дәрігер болжамына қапелімде не десін. Кеудесін көтеріп, сәкіден сыпырылып түсіп, киіне бастады. Қай-қайдағы тосын ой иектеді. Тәжірибелі дәрігер тегін айтпайды. Асау жүректің қалыбы өзгерген, жүрек қабы ұлғайған, алыс әлемдік гармониядан сыр тартатын локатор ұстағыш антеннаға ұқсап, әлдебір тосын күш, сырттағы ықпалға үрейді алып іштей бағынғаны бағынған.
Дәрігер бойжеткен жібек пердені сыр ашып жіберді. Күн нұры кірсіз әйнектен лақ ете құйылды. Жанары қарығып кібіртіктеп қалды. Ұрғашы бойында кісіні шырмап, матап алатын магнит өрісі бар ма, Айтуар кібіртік қағып өз-өзінен кеткісі келмей тосылғаны.
— Жүре беруіңізге болады, профессордың пікірін қоса жазып жеткізіп береміз.
— Үнің кәусар толқынындай соншалық таза, жүзің хат жазатын аппақ қағаз, өзіндей періштені алғаш көруім.
— Әлдекім сезіп қалар...
— Имандай шыным, мына ағаңның жүрегін мана антеннаға теңеген өзің емес пе едің. Сол антенна қабылдаған әсер-сезімді айтамын!
— Шынымен бе? — деп дәрігер қыз жанарын кең ашып бұрылып қарады. Әппақ жүзіне алау жүгіріп, екі бетінің сүт шұқыры тағы ойылды, таңданғаны сыңайы керемет енді.
— Бүгін үйықтай алмайтын шығармын. Көп ұзамай ауруханадан шығамын. Шығар алдында тағы тексеріп көрмейсің бе? Нендей мінез бен сезімді қабылдағанын анықтап білейік, қарақат көзім!..
Аңырып қарап қалған дәрігер бойжеткен есін енді жиғандай болып, көзіне құлаған ұлпа шашын сүйрік саусағымен лып серпе тарап, еңсесін тіктеді. Есікке жылыстады. Есік сыртынан аяқ дыбысын естіп елікше елеңдеді.
— Тексереміз.
— Жүрегіммен тілдестіргеніңе рахмет, қалқам.
— Ағатай, — деді Әсем бойжеткен әлдебір құпияны жеткізгісі келген сыңаймен, сыңқ еткен сынық үні оқыс шықты. Ұзын кірпігін жиі қағып, әрі қысылып, әрі асығып: — Сіздің жүрегіңіз еркіңізден тыс сыртқы дүниемен, өзге әлеммен байланысатын секілді, алыс-алыс жер-жиһанмен тілдесе ме-ау... Құдайым-ай! Қалай айтсам екен, әйтеуір абай болыңыз! Жүрек әлеміңіз оқылмаған қиын кітап секілді...
Мына сөзді естіген Айтуар ауыр жүк арқалаған кісіге ұқсап, дәрігер бойжеткенмен қош айтысып, бөлмеден теңселіп шықты. Есік сыртында бұлардың сөзіне құлақ төсеп тұрған дәрігер жігітпен соқтығысып қалды. Әлгі қызарақтап кешірім сұрайды келіп. Екінші қабаттағы бөлмесіне көтерілмей, бүйірдегі жарма есікті ашып, сыртқа сытылды. Тас алаңшада дән шоқыған суық торғайға назар жығып пәске кідірді. Аспанның шырайы ашық. Әлгі бой-басын зіл тартқызған магнит өрісі, қыз әсері бірсін-бірсін бойын босата бастаған секілді.
«Дуалап қойды» деген осындай-ақ болар, сірә, деп ойлады. Табиғат — ана мына пендесінің басына нендей нәубет төндіргелі, тексергелі дәт қылды десеңші, бәрі-бәрі бір алладан.
2
Айтуар аурухана терезесінен сыртқа көз салған. Аспан ірімтіктеніп аласарып кетіпті. Сәуір айының ортасы болса да көк көтерілген жоқ. Биыл қыс әрі қарлы, әрі ызғарлы боп ұзаққа созылды, тоң жібімей, тал ағаштың ұсқыны салбыраңқы. Әйнекті ашып жіберіп таңғы самалды құныға жұтты. Кеудесіне қорғасын құйғандай зіл тартқанын сезді.
«Әрбір таңға қуан, ол саған кейде қуаныш, кейде реніш әкелуі мүмкін, әйтсе де теңселген көңіл қайығыңнан бір пәс еңсе көтеріп, жаратқан иенің саған сыйлаған және бір күніне ризашылығыңды білдір», — деген әкесінің сөзі құлағында қалыпты. Дүниеде мың-миллион халық бар. Соның бәрі таң жарығымен төсегінен патша болып тұрып, күнкөріс қамымен күн еңкейгенше қыбырлаған тіршіліктің құлына айналады. Біреу бұйырған ырзығымды тауып жесем, жоққа мәзір, барға қанағат деп белін бүгеді; келесі шыққан тауым бұдан да биік болса деп, біреудің басынан аттап, біреуді баспалдақ қылып, алысып-жұлысып өңмендеп биікке өрмелейді; үшінші — осы істеп жүрген қылығыммен патшаның назарына іліксем дейді; төртінші-жаратқан иенің құзырына шалынсам дейді; мың-миллион пенденің ұмтылған межесі, шығар тауы да мың-миллион, бірін-бірі еш қайталамайды. Әйтсе де кеудедегі тәтті жанды — Алланың аманатын өзіне қайтарар кезде о, жаратқан ие, аларыңды-қинамай ал!., деп тәубалайтыны бекер емес.
«Қиналу» дегеннен шығады.
Өзі білетін үлкен газеттің бас редакторы қатты ауырып төсек тартып жатып қалды дегенді есітіп, «көңілін сұрап қайтайын»,-деп, іссапардан орала салып ауруханаға келген. «Беті бері қарамайтын болған соң үйіне шығардық», — десті ақ халаттылар әулеті. Аяндап, көңіл жықпас жолдасының үйіне бұрылған, бас сұққан. Ауыз үйден жанары гүп боп ісіп кеткен жолдасының зайыбы есік ашты. Саусағымен ерінін көлденең басып: «Әлгіде ғана тынышталды», — деді. Екі бүктеліп отырып жасын сығып еңкілдеп кеп жылағаны. «Жарқыным-ау, не боп қалды, дәрі керек пе, әлде емшілік көмек қажет пе?» — деп бұл көкең жігі-жапар, тегі шошып қалды. Жайлап басып аяқ киімін шешіп, ас үйге озды. Үй иесі-келіншек ұсынған орындыққа тізе бүкті. Келіншектің иығы көпке дейін басылмай селкілдеді, әлден уақытта барып тілге келді. «Білмеймін... біліп, білмей істеген күнәсі көп пе, әлде жаратқан иенің тірі жазасы ма жіберген, бауыры екеуміз түнімен аурумен алысып шықтық. Айтатыны: — «Өлмеуім керек!... жазылмайтын дауасы жоқ дертке қалайша тап болдым!.. Әлі жаспын, әлі көргенімнен көрмегенім көп, өлгім келмейді!..» — деп түн ішінде төсегінен атқып тұрып, есікке жүгіріп, далаға қашып, есімізді шығарды әбден»...
Мына сөзді естіген Айтуар қарадай түршікті. Айықпас дертке тап болған жолдасын сұмдық аяды. Түн ішінде, мынадай асыл жиһаз тірелген айпара үйде, сұлу жарының жанында құлын даусы құраққа шығып, «өлмеуім керек!» — деп түсі суық ажалдан үркіп, есі шыға есікке жүгірген жолдасының жандалбаса әрекетін ойша елестетті. «О пақырдың осыншалық қиналғаны несі» деп іштей шімірікті.
«Ендеше тыныштығын бұзбайын, өкше ізіммен айналып кері қайтайын», — деді Айтуар. Көңілін сұрап жанын қинамайын. Онсыз да алланың пәрменіне мойынсұнбай жатқан пақырды қалай жұбатпақпын деген оймен ішкі бөлмеге енбей, келген ізіммен кері шығып қайтып кетті. Ту сыртынан шарасы шүпілдеген жасқа толы келіншектің қос жанарын сезді. Сол жолдасы көзі жұмылғанша қасына тақаған кісілерге арыз айтып, еңіреп: «Өлмеуім керек!» — деп арпалысып өтіпті деседі.
Шырайы ашық, маңдайы жарқыраған аппақ таңды құп алып іштей шүкіршілік етті.
Ықтимал шындыққа салыстыру арқылы көз жеткіземіз.
Тақауда Жапонияға, Нагоя қаласындағы халықаралық көрмеге қатысып, іссапардан оралған. Астанадан көтерілген алып ұшақ жолай Сеулге қонып, күншығыс еліне дейін жеті сағат ұшты. Дөңгеленген дүниені озық технология, ақпараттық жаңалығымен таңқалдыра түсіп өркениеттің көш басында бұлдырап ұзап бара жатқан күншығыс елінің — қорғасын қосып өрген қамшының өзегіндей салмақты салт-дәстүрі өз алдына бір төбе, қиыр даладан келген қазақтарға әйтеуір бір нәрсесі ойсырап жетпей тұрғандай сезілгені. Дыбыстың жылдамдығына парапар, атқан оқша сорғыған поезына енеді. Төбелері вагонның төбесіне тиіп, я жазылып отыра алмай, я екі аяқты еркінше көсіле алмай, таршылыққа түскені. Ығысқан халықпен ілесе еніп қонақ үйіне жайғасқан. Жуынатын суы минөтпен ағады. Мезгілінде беті-қолды шайып үлгеруге ұмтыласың. Желдеткіші азон аралас теңіз ауасын күніге екі жарым сағатқа үрлейді. Әжетханаға енсең — санаулы минөттің ішінде шығып іш босатып үлгеруің қажет. Бес күн жүрген сапарында бір түйір нан жемеді. Ылғи теңіз өсімдігі, теңіз жәндігі жылбысқыланып алдынан шығады. О, тоба деген! Аяғыңды созсаң-тапшанға тіреліп, түрегелсең-төбең ұстынға тиіп тегі қысылған кезде... көз алдыңа қазақтың қиыр даласы, уақытқа сыймайтын жүріс-тұрысы, ақшамен, ақымен өлшенбейтін көлдей дастарқаны елестегені. Бір ай жүрсең, екі ай жүрсең еш түгесілмейтін, ұшы-қиыры көз жеткісіз ұлы кеңістік перзенті-далапықтың пейілін де жаратқан ие кеңге салып далитқан екен-ау деп ойлады!
«Уай, жаратқан ие, аш қылсаң-аш болайын, азапқа түссем — азаптанайын, жалғыз сұрайтыным: пейілімді тарылта көрме!» — деп отырушы еді жүз жасаған Жәмила шешесі. Айтуар айтса-шеше сөзінің мәнісін жаңа түсініп отыр. Жастайынан кітапты көп оқыды. 12 ғасырдың аяғында Мервтен Пекинге жолаушылап еткен қытай кезбесі Чань Чун: дүниеде қонақ келсе — қуанатын, мейманына қолындағы барын ұсынатын, жамбасақы алмайтын халықты көргенім осы деп жазыпты. Марко Поло иен даланың шеті-шегіне жете алмай әбден титықтаған кезде... керуеннің түйесі шөгіп, өгізі шөлден қаталап өліп, көзіне ажал елестегенде... далалықтар келіп аузына су тамызғанын тамсана тәптіштейді. Ватикан кезбесі Плано Карпини жазады: жер шетіне жетеміз деп сіңірімізді созып, өзегіміз талғанда ас-суын алдымызға тартты, қоналқыға қонуға пұрсат сұрағанда — жамбасымызға жұмсақ төсегін салды. Көлігіміз тұралап қалғанда астымызға бір-бір сәйгүлігін сыйлады... мұның бәрі су тегін. Кезбені ақы-пұлсыз су тегін күткен халықты көргеніміз осы деп тамсана жазады... көзін жұмып, аузын ашып қайран қалады... әкеміздің үйінде бүйтіп еркелемеуші едік деп жер әлемге аңыз қылады-әй! Осыдан келіп «неге бұлай» деген сауал көлденеңдейді.
18-ғасырдың аяғында Орынбордан Бұхарға қазақ даласының үстінен басып сапар шеккен ағылшын монахы Джон Кэстлер: далалықтарға орыс рублі, швед кроны, неміс маркасы, ағылшын фунт стерлингі жүрмейді екен, оларға жүретін-пейіл ғана, пейіліңіз ашық, ниетіңіз таза болса-далалықтар күндей жарқырап төріне шығарады, ал тымырсық лас ойдан арыла қоймаған кісіге кірпідей жиырылады екен деп төгілдіреді. Кейіпкеріміз Айтуар қазақ даласын кезіп, азды-көпті із қалдырған нешеме кезбенің кітабын парақтады, қолжазбасын сүзді, ғасырлар тереңіне үңілді. «Осы даладан опа таппадық, ит қуғандай бездірді», — деген бір ауыз сөз оқыған жоқ. Керісінше: бал татыған қымызын, жусан иісі аңқыған шұбатын іштік, домалап жастық, жайылып төсек болған қонақжайлығына талып жығылдық, ең ғанибеті-пейіліне берген халық екен; Ай!.. екі жалғанда төрі де, көрі де тарылмай өтеріне бас тігеміз дейді әлгі ағылшын монағы әрі суретшісі. «Куәлік беремін» демейді, «бас тігемін» дейді. О заманда жалған сөйлеп, өтірік куәлік берген кісінің басын алатын болған ғой. Жер әлемді жаяу-жалпы аралаған жатжерліктің «бас тігемін» деп жазуының астарында үлкен мән жатыр... Алыс қиыр, құс қанаты талатын шексіздік, терең аспан, әрәдік көкжиектен түйдектеліп сорасы ағып жететін нөсер бұлты, жаз жайлауға үдере көшкен ауыл жұртында қалған қарауылы-балбал тастар; осы дала үшін жан беріп, жан алған батырлардан қалған мықтың үйі — оба тастар, сағаналар; қара күзде қыстауға құлаған төрт түлік малдың көптігінен — қараған кісі көзіне, бейне, сары даланың өзі жер бауырлап жылжып келе жатқандай көрінер еді. Кеңдік! Сол кеңдікке кеуде кере тыныстап, алшақ адымдап... несібесін мол қамтып... биік ойлап... көсіле жатып... қалың ұйықтап... әлемдік гармонияның аянын жүрекпен сезіп... дауыстап амандасып... кісінің жүзіне тіктеп қарап... ғұмыр кешкен мына далалықтар мәңгі өлмейді! Ілгергі тілеуі, үміті еш үзілмейді.
Кісінің пейілі қандай болса-соған лайық ырзық-несібе береді. Жол қандай болса-соған лайық жолаушы жүреді. Халық қандай болса-Алла тағала соған лайық патша береді.
Далалықтардың тегін адам еместігін жоғарыдағы кезбелер мен монахтар ғана айтты деймісің?! Абай ақын 1886 жылы баяғыдан бергі билер мен қазылар іске асырып келген «Жеті жарғы» заңына шұқынып отырып біраз өзгеріс енгізеді. Құн өндіру мен жесір дауын елеп-екшеп жөн-жобаға келтіргендей болып еді. Қауырсын қаламын сырғытып кеп қазақтың қонақкәде салтына келгенде кідіріп қалады. Ұлы ұстаз еріксіз: «Апырмау! — дейді қатты кейіген қалыппен, — кездейсоқ келіп түскен қонақты құдайыңдай жақсылап күтпедің деп айыпқа жыққан заң дүниеде жалғыз қазақта шығар! Далалықтарға жазылған заңның баптары зілдей, мойынға байлаған қорғасын зәкір іспетті. Сол заңды былайғы тіршілікке көшіріп көзге елестетіп көрелікші.
Шаруақор қазақ тербеліп аққан дария жиегінде қосын тігіп қайық аузында отырады. Күздің қабағы салыңқы, сүметілген сүмелек жауыны ертеден қара кешке еш толастамай сүмектейді келіп. Я арғы жағаға, я бергі жағаға өтуге бел бұған жолаушының аяғы басылып болмайды. Біреуі намазшам көлеңкесіне ілесіп, қайыққа отырып әлгіде қарасы батса, сүмелекше сүметіліп түн жарымы ауа тағы бір тобы келіп жетеді. Су отын бықсып өшіп көзді ашытады. Қара қазандағы быламық отбасындағы қарадомалаққа әзер жетеді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған уағында, түн ішінде, сүмелекке малмандай су болып, қайық күткен жолаушылар сүметіліп кіріп келе жатады. Жалғыз емес, екі-үшеу.
— Құдайы қонақпыз!» — дейді әлгілер есікті серпіп ашып еніп келе жатып.
— Құдайы қонақ болсаң — жоғары шық, түн ішінде маздатып жағатын отын-су, мал аяғы алыс, қазандағы бидай быламыққа ауыз былғайсыңдар», — деп отағасы сырын жасырмайды.
Әлгілер шидем шекпенінің суын сорғалатып, кереге басына іледі, саптамасын ыңқылдап отырып әзер шешеді. «Әрірек ығыс-ай!»-деп балаларды үркітіп жіберіп, төрге жайғасады. Алақанын төсеп отқа жылынады. Отағасы жөн сұрайды.
«Қай ел боласыздар, танымадық қой!» — дейді.
Түнгі жолаушылар түнеріп қабағын еш ашпайды.
— Төменгі жақтың қаңлысымыз, базаршылап барамыз, жаңа әлгіде арғы жағаға өткізетін қайыққа үлгере алмай қалдық, ертеңгі қайықты күтеміз, қайық аузында отырған соң — қазақтың еншісі бөлінбеген қонақасысы осы үйден де табылар деп үйіліп түсе қалдық, отағасы».
Мына сөзді естіген отағасы қарап отырып қысылады. Әсіресе «құдайы қонақпыз» дегендері қарадай өлтіріп барады.
— Несіне жасырайын, меймандар, қаймана қазақты күтіп алардай жөн-жоба білетін орта шаруаның адамы едім. Күнара, тіпті апта сайын қайық күткен кісілер үйіме дүмеп келіп үйіліп жатып, «құдайы қонақпыз» деп әбден титығымызға жетті. Бүйрек майы бүтін жалғыз ешкіні кеше келген қонақтарға сойдық, енді соның жетім лағын пышаққа ілмесек — өзге соятын ештеңеміз болмай тұр, пірәдарлар!»
Түнеріп, түсін жылытпай отырған қайық күтушілер тегі шалқаяды, нақа осынау үйге өткізіп қойған қарызы һәм аманаты бар секілді. Біраздасын барып қайық күткендердің үлкені тілге келеді.
«Құдайы қонақпыз» деп келген қазақты құдайыңдай күт деген салтымыз бар емес пе. Жерге қарап күңірене бергенше әлгі тіске басарыңды сой, ең болмаса ұйқы шақырар болсын!»
Амал жоқ, отағасы іргедегі шошалаға барып, ішінде енесін іздеп безілдеп тұрған лақты пышаққа іледі. Әйелі байғұс қолды-аяққа тұрмай томпаңдай жүгіріп л акты мүшелеп бұзып қазанға салады. Қайық күткендер одан-бұдан әңгіме қозғап отырып лак етінің пісуін күтеді. Ақыры сарғая күткен табақ та келеді. Күздің сүмелегіне ұшырап сусоқты болған қандылар лақ шіркіннің етін жеп, сүйегін мүжіп, жілігін кеміріп, сорпасын ішіп, таң алдында ұйқыға бас қояды. Ертесіне... қайыққа отырып жөнеліп кетпейді... жолай, жолайрықта отырған ауыл биіне соғады, жұқалап, ыңырсып отырып сөз бықсытады.
— Осы елді баяғыда қоқаннан қорғап мерт болған Қараман батырдың тұқымы едік, дарияның арғы бетіндегі қалаға базаршылап барамыз... кеше түнде... адасып жүріп... әне бір қайық аузында шошайып отырған жолым үйге «құдайы қонақпыз» деп түсіп едік... отағасы бақыртып лақ сойды, еті шикілеу болды ма? Ішімізді алып кетті... оңбай жүдедік!.. өстіп қазақтың қонақ күту рәсімін аяқасты қылдық»-де-е-е-еп мөңіреп сөйлейді. Мына сөзді естіген ауыл биі шоқ басқандай шошып түседі, ерніндегі насыбайын жұтып қояды.
— Ол кім-әй! Руымыздың сүйегіне оңбастай ғып таңба салған? .. әкеліңдер алдыма сүйреп! — деп пәрмен береді. Ауылдың екі иығын жұлып жеп жүрген аларман, шабарман, атарман жігіттері қойсын ба, әлгі қайық аузында отырған бейшара отағасыны дедектетіп желкелеп жеткізеді. Ауыл биі қарадай шатынап сөйлейді.
— Құдайы қонаққа лақ сойғанды қай атаңнан көріп едің? Жоқ болса-көршіңе жүгір, қарызға ал, мына Қараман батырдың ұрпақтары сүйегімізге мін сап отыр, сараңсың, қонақ күтуді білмейсің, сарт боп кеткенсің деп, енді неғыламыз, пәдәріңе нәлет-ау!»
— Ақсақал, күзден бері бес-алты тұяқты қайық күткендер жеп бітірді, үйімде үнем жоқ, бар болып, бермей қалсам-айып өзімде, жоққа жүйрік жетпей қор қылды ғой, ақсақал-ау!» — деп отағасы жұдырығымен мандайын тоқпақтап өкіре жылайды.
— Күн кешкіріп қалар, жолымыздан қалмайық, жөнімізді табайық», — деп қаңлылар шапанын қағып, сусып кетуге айналады. Ауыл биі қыран құсша саңқылдайды.
— Мына құдайы қонақтарыңның қайтар жолына бір-бір шапан әзірле, жерден қазсаң да тауып әкеліп қойыңды сой... «жаздым-жаңылдым» деп қонақасы беріп күтіп, бас мүжітіп, иығына шапан жауып шығарып саласың. Айыпқа кескенім осы!..»
— Әб-бәрекелді, биінің сөзі-сөз-ақ екен, бұл қоңыраттардың елі-ел-ақ екен! Қайтар жолда, пәлен күні қайық аузындағы жолым үйге түсіп, қонақасысын жеп, шапанымызды киіп аттанармыз!.. алла разы болсын, әб-бәрекелде-е-е-е!» — деп қаңлылардың қарасы ұзай береді.
Маңдайын тоқпақтап бой-бой болып үгітіліп отырған қайық аузындағы отағасы: «Бидің пәрменін қалай орындаймын?».. қыр соңымнан көлеңкеше ілесіп қалмай қойған кедейліктен қайтіп құтыламын?.. әлгі қаңлылардың бас-басына шапанды қайдан табамын-ай?» — деп жер тіреп еңіреп отырып қалады... «Қонақты-құдайыңдай сыйла, құдайы қонақтың несібесі егіз жаратылған» деген сөз содан қалған... Мына көпті, осынау оқиғаны, күздің сүмелегі секілді сұрқай суретті көз алдына келтіріп елестетіп отырған Абай ақынның дауысы еріксіз шығып кетеді.
— Бұл болмайды! — дейді, уай, пәлі-ай, жөн, жосық, салт, дәстүр дегеннің ұлығы, ұятсызы болады осындай, билер — дала судьясы, айтты-бітті, үкімі талқыға түспейді, әйтсе де бейшара қазақты түп етектен ұстап кері тартатын дәстүрдің тозығын сілкіп тастап, салт-сананың озығын алсақ болмас па!» Осыны айтқан Абай ақын қауырсын қаламын сусылдатып, жәдитше жазуды маржандай тізіп, әлгі жарғыдағы бапты қайта жазып шығады. Төмендегіше төгілдіреді.
«Қайық аузында, үлкен жолдың жиегінде, базар маңында отырған қазаққа «құдайы қонақты дұрыстап күтпепсің» деп салынатын ат, тон айып алынып тасталсын,» — деп жазды, көкірек көзі ояу ақын — өзімен тұстас, өзінен жүз жыл кейінгі келетін қазақтың жайын ойлап. Қазақ төрт мың жылдан бері нешеме ұрпақ ауысса-дағы қонақтан пейілін тартпаған. Көкірек көзін, алақанын қушитпаған. Даласы кеңнің-пейілі кең, дастарқаны кеңнің-несібесі егіз деп; өзге жұрт ой бақса-бұл қой бағып, өзге ел есігіне құлып салса — бұл жіппен байлап, көңілдің көркін ойлап, домбырасын күйлеп, сөз сауып алшаң басып жүре беріпті ғой!
Осы қазақты қайтсем жұрт қатары ел етемін деп үңіле ойланған Абай қауырсын қаламын өлерінен аз күн бұрын қайта ұстаған көрінеді. Көз жұмар кезінде басында болған Fабитхан молда солай деп жазады. Қатырма тор көз дәптерге түскен сөз төмендегіше. «Төңкеріліп құбылған жұрт-бір сағым, жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар, ар мен ұят ойланбай-тән асырап, ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар; аңқау, албырт, сенгіш, көрсеқызар қазағын былайғы заманда сағымша құбылмай, бүгінге ғана мәз болмай, ертеңгі күнді ойлаңдар» деп уағыз айтып, уай, пәлі-ай! .. «ауру жүрек ақырын соғады жай», — деген қалпында қан қысымы көтеріліп, жүрек қабы жарылып бақи жалғанға жөнеліп жүре беріпті. Қауырсын қаламы саусағының арасынан сусып түсіпті. Бидай қуырып, үгіп, жасаған қоңыр сия тізесінің басына төгіліпті. Fабитхан молда жаңа әлгіде ғана, сонадай жерде дәрет алып отырғанда Абай үйінің сыртына сары сағымға оранып келіп көлденеңдей кідірген, тізгін-жүгені түрулі, үстінде иесі жоқ ақбоз атты көрген еді.
Көрген бойда жүрегі атқақтай соғып, жаманшылықты сезген. «Мына иесіз ақбоз аттың ойқастауы тегін емес, Абай ағаның жанын алып кел деп жіберген жаратқан иенің елшісі болмасын», — деп үйге қарай тура келіп жүгірген. Киіз үйдің түсірулі шыпта есігін серпіп ашқан. Бір кебісі сыртта қалып, келесі кебісі ішке домалап, ентігіп «аллалап, тобалап» жеткені сол-ұстазының суып бара жатқан, бір жамбастап құлай жығылған денесін құшақтай өкіріпті. «Ағеке-е-ем-ой-й-и-и! Бізді тастап қайда кетіп барасың, аға-ке-ем-ой-и-и!» — деп зарлаған үні жайлау үстін желпіп, елді үрпитіпті. «Аға-еке-ем-ой-й», — деген Ғабитхан молданың әжептарқы үні әлі күнге сары даланы күңірентіп жер әлемді көшіріп жүргенге ұқсайды.
Күні кеше бастан кешкен оқиғаны есіне алды... Жапонияның Нагоя қаласынан шаршап оралған Айтуар әшейінде басы жастыққа тисе қор ете қалатын әдетінен жаңылып, арғы-бергіні ойлап, түн жарымы ауғанша кірпігіне шөп тірелгендей көзі ілінбей қор болды ғой.
Астана төріндегі даланың кеңдігін ойлады, ұлтының көл дариядай пейілін таразылады, ұлы ұстаздың өлер алдында өсиет қып жазып қалдырған бес-алты ауыз елең жолын күбірлеп қайталады.
Тұрып кеп, терезені ашып еді. Қыс ызғары қайта қоймаған ба, денесі тоңазыды. «Мазаңыз болмай кетті ғой, ауырып жүрсіз бе?» — деп көрші бөлмеде құс ұйқы боп жатқан күтуші қыз сыбырлады. «Әлде жапон сұлулары көз алдыңызға елестеп еске түсті ме?» «Қайдағы сұлу!.. қайдағы күншығыс елі!.. ұшырасқан, жолбасшылық еткен кілең бойы тапал, бүйрек бет, тәмпіш танау, кекілін қиған, қысық көз бикештер. Астананың арулары оларды ой жағынан да, бой жағынан да он орап алады! Қаны таза арғымақ жылқыдай аяқ тастағаны, мықын ойнатқаны — көзді арбаған тірі жаза». Осыны айтып күтуші қыздың қызғаныш сезімін сейілткісі келді. Әйтсе де: «Түн ішінде күтуші қызбен ызғысып жатқаным жөн бе, бәрібір терең түсінбейді», — деп, сөзін жұптады. Терезені жауып жатып: «Жүрегім аблығып еш басылмайды, ертеңгісін дәрігер шақырайықшы», — деген.
Жүрегі құрғыр бұрын мұнша атқақтап аузына тығылмаушы еді.
Ертемен, таң бозы беліне шақырған дәрігер көшпелі кардиограмма қобдишасын қолтықтап ала келіпті. Қасында ақ үрпек тауық балапанындай орыс қызы бар. Сұлата жатқызып, жүрек соғысын тыңдаған, онымен коймай кардиограмма лентасына жазып алған жазуды оқып қауын бас дәрігер біраз ойланып басын шайқады. Көзілдірігін алып сүрткіштеп әлектенді.
— Странно! — деді.
— Не болса да ашығын айтып өлтірсеңші, — деген Айтуарды, төсекте сұлап жатқан үлкен ғұлама жігітті жаңа көргендей оқтаулы көзімен ата қарады, қауынға ұқсас басын шайқады.
— Странно... мұндай... тап бұлайша дүрліккен жүрек соғысын алғаш ұшыратуым.
Жедел жәрдем дәрігерін кейінше сұрап білді, есімі Оспан екен, сөзін сағызша созып, тұрды-тұрды да, «ауруханаға алып кетеміз», — деп шұғыл шешім қабылдады. «Ау, көкешім, тұра қал жұлмаламай, дәрі беріп, ептеп көріп... қолтығымнан демегенің — жетеді, жұмысым шаштан асады, қаншама қағазға қол қоюым керек. Шетелдік іс сапардың есебін жазып өткізгенім жон». «Бұл сөзге құлақ асатын «странно» жоқ!.. қауындай басын шайқай-шайқай Айтуарды жедел киіндірді, қолтығынан демеп, сыртқа, төменгі қабатқа жетеледі.
«Странно» жігіт сол жетелегеннен мол жетелеп әкеліп қала төріндегі өңірейген Президенттік емдеу Орталығына бір-ақ түсірді. Жеке бөлмеге жатқызып, ақ халаттылар әулетінің қолына тапсырды. «Еш аямаңдар, талапайын шығарып тексеріңдер!.. мұндай жүрек соғысын естісем құлағым тас керең болсын!» — деді Оспан есімді жедел жәрдем дәрігері.
Түптеп ойласа «странно!» деген сөзді қайталағыш Оспан мына жатқан өзінің маңдайына жазылған елесі, двойнигі, сурет-сұлбасы секілді елестегені.
Дүниеде бәрі бір-бірімен байланысты, әр адам әлемдік гармонияның бөлшегі. Бөлшектен бірлік құралады.
Бір кісі я оқыстан опат болса, я ұлы гармонияға нұқсан келетіндей әрекет жасаса-ырғақ бұзылады. Өзгеше полюстен ерекше қозғалыс басталмақ. Көп кісі себепті сырттан іздейді, өз ішіне үңілмейді.
Астрофизик Айтуар Мағзұмұлы ақ төсекте көсіліп жатып ой ішінен ой тереді. Достық -достық шақырады, жақсылық-жақсылыққа апарады, әрбір адамды атом деп алатын болсақ, ол да өзінше тартылыс күшіне, магнит өрісіне бағынады. Өзі құралпы аттас молекулалар іздейді. Іздеп жүріп я сорға бастайтын, я қуанышқа кенелтетін айрықша тартылысқа түседі: адамның дамыл таппайтыны-өзі құралпы молекула іздегеннен. Мұны қазақы тілмен айтсақ: бақытқа апарар жол деп атайды.
Бақыт деген біреу үшін үлкен лауазым, әдемі келіншек, оңды-солды жұмсайтын мол-мол ақша. Келесіге күні бойғы сүркіл бейнеттен кейін, ошағының басына келіп сүріне жетіп, бала-шағасының қасында жастыққа шынтақтай жатып ыстық-ыстық шай ішу ғана. Дегдар софының бақыты-пайғамбар ғалейкссаламның шапағаты сіңген Меккеге жетіп мінәжат қылу. Жас сұлу үшін тұн төсегіне көміліп, естен танып, құштарлық құшағына жығылу, ләззат ойынын ойнау. Қазбагер ғалымның түсіне кіретін кемел шағы-обалар мен молаларды қазып жүріп тағы бір Алтын адамға кезігу. Мың сан адамның бақытқа апарар сүрлеуі де мың сан түрлі. Шетсіз, шексіз дүниенің шеңберінен шығып, жайбарақат көңіл көншітіп, жеттім... болдым...тойдым... місе тұттым... дейтін кісіні ұшырату қиын, шөп арасынан ине іздегендей текке түгесілетін әрекет.
Сонда мұның жүрегін асау атша тулатып, жөн-жосықсыз ырғақ, ұйқасқа салып алып бара жатқан не пәле бұл?! Көзін сүзіп қарағаны-ақ кісіні тірідей өлтіретін баяғы эхокардиограммаға салған сұлу бойжеткен келіп, қан қысымын өлшеді, о жер, бұ жерін жылы алақанымен сипалап шұқылап көрді. Айтуар мына мөлдіреген дәрігерді айнаға ұқсатты. Ұшырасқан кісінің арғы-бергісі, не айтқалы тұрғаны, қуанғаны, ренжігені тұнық көл бетіндей жұқа қабағына шағылып, түгел көрінеді екен. Ойы орнықпай тұрғанын біліп қойды мінезді бойжеткен.
— Астрологияға, жұлдызнамаға сенесіз бе? — деді сыңқ еткен сыпайы үнмен, — бүгін күн сәулесі құйын боп ұйтқыды дегенді естігем, жүрегіңізге сол әсер етпесе — неге бұлай ырғағынан жаңылғанын білмедім, түсінбедім.
— Төсегімнен тұрғызып осында әкеліп салған двойник-дәрігерім Оспан: «странно, странно», — деумен ол кетті, сонда қалай, жүрек-менікі емес, я аттың, я қасқырдың жүрегін алмастырып алған боп шығам ба аяқ астынан?
— Күннің ұйтқуы басылған соң бәрі орнына келеді, уайым етпеңіз.
— Күні құрғыр басылар-ау, өзіңдей мөлдіреген қызды көрсем дегбірім қалмай, қояншығы ұстаған дертті кісіге ұқсаймын!
— Қашаннан бері солайсыз, — деді бойжеткен көзін төңкеріп, сыңқ етіп.
— Итім біліп пе. Кеше ғана Жапониядан іссапардан титықтап оралғам. Күншығыс елінде көріпкел, дуакеш, әулие-әмбилер басымды дуалап жіберді ме дейін десем — барғаннан тентіреп, поездан поезға мініп, құйрығымыз қоныс таппай, бір үзім тіске басар нан таппай, ашқұрсақ болып оралғанымыз кеше.
— Гейшаға массаж жасатып үлгердіңіз бе?
«Мына айна — бойжеткен қайдағы-жайдағы наным, сенімге жетелеп алып бара жатқан жоқ па осы, сөзін иіп келтіруі ерсі, жан дүниемді кезбедей еркін аралап сейілдеуі жаман» деп іштей қауіп ойлаған.
— Гейша қызметін көрдіңіз бе?
— Әрине көрдім!.. Күншығыс еліне күнде соғып жүрген жоқпыз. Білегін жыланша иіп құйған көк шайын іштік, көмейден сызылтып салған әнін естідік, аздап қол-аяғымызды созып сіресіп қалған сарысуды үзгені есімде...
ләззат ойынын ойнауға бағасы удай қымбат, жалынып-жалпайып, «белсіз едім» деп әзер құтылғам...
Дәрігер бойжеткен күлген жоқ, майда жымиды. «Солай болғанын мана алғаш тілдескенде-ақ сезгем», — деді.
Мөлдіреп, көзін сүзіп қарағаны-ақ ішін өртеп барады. Саусағына саусағын тигізіп еді, тартып алмады. Үкіше үрпиіп тұра берді. Осы мезет есік тықылдап артынша: «Странно-странно», — деп бөлмеге ентігіп алқын-жұлқын Оспан енді. Өзіне, аяқ астынан жүзі қызарып өртеніп шыға келген бойжеткен дәрігерге кезекпе-кезек аңырайып қарайды келіп. «Кешірерсіздер!.. Мана айтуды ұмытып кетіппін, есіме жаңа түсті, бұл пациенттің жүрек соғысы жылқыға келеді. Әкем ат ұстайтын атбегі еді, ермек үшін студент кезімде, сол аттың алқымына басымды қойып жүрегін тыңдаушы едім», — дейді Оспан дәрігер. «Странно!» Бұл сөзді қасындағы уылжып піскен үрпиіп тұрған бойжеткенге қаратып айтты.
«Гейша қыздың дуасынан аман секілді... Күн сәулесінің құйыны жанап өтті ме! Әлде, мына Оспан даудырақ айтқандай жылқының жүрегі абайсызда алмасып кетті ме!? Құдайым-ау, осы мен не деп сандырақтап кеттім»... деп бет-жүзі шарайнадан аумайтын әдемі бойжеткен аспабын жедел жинап, бөлмеден ата жөнелді. Соңынан есік сарт жабылды. Мына көз алдында қойылып жатқан қиын спектакльге қарап, қайран қалып, аңырайып тұрған Оспан дәрігер ыржиып кеп күледі. «Ағасы, оқыс кіріп келгеніме айып етпеңіз! Қайдан білейін, бұлай боларын»,-дейді танауының астынан міңгір етіп. «Бұл өзі ойда жоқ оқыс оқиға! Айып етпеңіз енді! Студент кезімде аттың жүрегін тыңдап таңданып жүрген бейбақ басым... қайдан білейін... ойыма оралған жайды айтып шыға қояйын деп аяқ астынан кіріп келіппін...» деп міңгір етіп, шегіне басып, бөлмеден шығып ізі сұйылды.
Айтуар Мағзұмұлы қайран.
Осындай да ойда жоқ оқиғалар болады екен-ау бұл фәниде деп ақ жаймалы төсегіне сылқ құлады. Аяғын созып көсіліп жата кетті. Басына келген әуелгі ой кеңдік туралы еді. «Кеңдігіңнен айыра көрме, жаббар ием», деп іштей бас иеге елжірей тәубалады.
3
Жүрек бекерге туламапты. Аурудың «себебін таппай қоймаймыз» десіп, Бас дәрігер заманына сай жетілген сан түрлі аспап арқалаған маманның басын құрап консилиум... кеңес... мәслихат... дөңгелек үстел дегенді топырлатты-ай келіп. Өзі де шаршады, өзгенің де сілесін қатырды.
Мынау деген білгіш маман: «Осылай болар», — десе, бұл жоба келесі маманның ойымен үйлеспей, ол-дағы басы қисайып басқа жаққа құламай тынбайды. Келесі кезектегі қалың сөмкелі кардиолог профессор дөңгелек үстелде көсіле сөйлеп жұртты қарадай есінен тандырды. Ол аз болғандай-ақ жиналыстан соң бұл жатқан палатаға бұлтша түйіліп еніп, басына келіп, тізе бүгіп көзілдірігін төндіре киіп, көп қағаздың ішінен айтуы жоқ асыл зат іздегендей сарғайып кеткен дәптерін шығарып, ұлы емшілерден дәйек пен дәлел оқыды. Баяғы жүрек соғысын жазып алған Әсем дәрігер: «Бұл жүректің космостық ұлы гармониямен байланысы бар, дүние өзгерсе-жүрек те өзгереді», — деп сөз қозғаса болды, әлгі сөмкелі профессор қалшылдап-дірілдеп шыға келеді. «Мистика миыма кірмейді!.. залалды сусын, зәрлі шарапты көп ішкен, ақырында өстіп тырапай асқан», — деп өре түрегелді. «Ендеше күніге лас су ішіп, шаңға, түтінге шашалып жүрген Теміртау домнашылары неге ауырып домалап жатпайды», — деп қасарысады Әсем сұлу. Дау өршіп, қырғиқабақ өрті тұтанады.
— Бәрі жаратқан иеден, біреуді сопақ, келесіні томпақ етіп жаратқан да бір алла! Бұл жігітіміз ұрғашының соңынан көп сүмеңдеп, күнәға белшеден батқан!
— Оны қайдан білесіз? — деп шырт сынады Әсем.
— Неге білмеймін? Менің білетінім көп, — дейді тас кенеше қадалған жерінен қан алған келесі сақалды эколог профессор.
Консилиум-дөңгелек үстелге емшілікпен айналысып жүрген эколог діндар профессорды қиылып отырып шақырған болатын.
— Кісінің сыртынан ғайбат айту күнәнің ауыры, — дейді Әсем.
— Омай деген! Айтсам-шындықты көзге шұқып айтамын. «Ойнасқор» дегенім — жігіттің жанары танаша жарқырап еш орнында тұрмайды-әй.Осындағы қыз-келіншек маңайына магнитше тартылады. Мына жасқа дейін еркекқос, кісікиік болып неғып жүр ендеше! Бұл жігіт туралы өсек сөзді көп естимін. Тіл-ауызым тасқа. Аспан әлеміне тереңдеп үңіле бергенше-жерге, аяғының астына қарап отбасын құрап алса ғой... мұсылман тыныш, кәпір тоқ болар еді.
Аз айт, көп айт, ендігі бір жобада шеткерілеу отырған Оспан дәрігер шығады тілін төсей сөйлеп.
— Эколог діндар профессордың сөзі жобаға келеді. Әйтсе де бұл пациенттің жүрегі оң жағына қарай ауысып біткен. Бәлкім, жатырда әуел баста қос ұрық қатар жетіліп, келе-келе бірі екіншісін жеп жойып жіберген болар. Сақалды эколог діндар профессордың айтқаны бір жобаға соғады ма, қалай.
— «Сақалды» емес, кәдімгі «эколог профессор», — кәдімгі табиғат-ананың нашарлап адам ағзасына кері эсер етіп жатқанын зерттеген ғалым, — деп Байпатшаев түзету жасады.
— Доплер эффектісіне салып тексерсек қайтеді, профессор-еке?
— Сен немене, «сақалды, сақалды» деп өзімді кекетіп кемсітесіз, жігітім! Әлгі айтқан Доплеріңді де алла тағала жаратқан. Мына қасқа бас қалың сөмкелі кардиолог профессор дүниенің тарылғанын нарық заңына тіреп бірдемені құрастырып жаза салған. Тілін төсеп сөйлеген сені де алла жаратқан!
Әсем ару үстелге еңсесін салып, алақанымен бір пәске құлағын басып ой ішінен ой терген. «Уақыт кейде-жұбаныш, кейде-жендет. Қалай ұстау кісінің өзіне байланысты. Қартейіп өлетіндер санаулы ғана, көп адам өзі жасаған күнә, жүрекке түсірген салмақ, ішкі жанған отынан опат болып жатады. Өзіңнің әлдекімнен биік, ақылды екеніңді сезіну — кемелденудің басы. Мінез-қынаптағы қылыш, я кісінің басына іс түскенде, я қатты қиналған кезде жалаңаштанады. Өзім осы күндері үстімдегі лыпамды сыпырып жалаңаштанып жүрген секілдімін, кім көрінген үңіліп кеп қарайды. Дәрігерлер көп қараған сайын — именуді, ұятты жерімді жасыруды ұмытып кететін ауру секілдімін. О, құданың құдіреті!» Құлағынан қос алақанын алып, маңайына көз салып қараған еді. Мына жұрт қалай-қалай дестелейді десеңші! Дөңгелек үстелге айтысуға бас құраған секілді.
«Мұндай пәтуасыз жиыннан бөстегімді көтеріп шығып кетемін. Бірің өліп, бірің қалыңдар», — дейді эколог діндар профессор.
— Ау, мырзалар, алланың сөзін айтып таласатын бұл дінтану үйірмесі емес қой. Қысыр сөзді қойып, әуелі ана төсек тартып жатқан азаматтың халін ойлайық, ақылдасайық, мырзалар, — деп Байпатшаев үстелді тықылдатты. Алдындағы құмырадан су құйып ішті. Әйтсе де алдамшы тыныштық көпке созылмады. Жедел жәрдем дәрігері Оспан неге екенін кім білген, атының басын Әсем бойжеткенге бұрып сөйлегені.
— Аптадай уақыт өтті, науқастың диагнозын қоя алмай әлі ырғасып жүрсіңдер. Шетелден маман кардиолог шақырайық. Әсем қарындас көзін төңкеріп қарағаннан өзге өнері қалмапты. Бір амалын қарастыралық!
— Менің көзімде неңіз бар? — деп шарт кетті бойжеткен.
— Әлгі астрофизик ауруханаға түскелі мұқым өзгердің, мінезің, жүріс-тұрысың баяғы сезімтал секемшіл сыршыл бойжеткенге мүлде ұқсамайды, жүз сексен градусқа өзгергенсің.
— Мына кісімен бір ұжымда істей алмаймын, — деп Әсем ару бетін басып, жасын сығып отырып қалды.
— Диагнозға Доплер әсері дөп келетін секілді, — дейді сөмкелі кардиолог профессор қағазын сөмкесіне тоғытып салып жатып,-әйтсе де мына сақалды діндар профессордың табаны тиген жерге екіншілей аттап баспаймын. Дүниені алақұйын қылып бүлдіріп жүрген осылар, нашар мен момынның көзіне сағым пердесін тұтудан тайынбайды бұлар. Маймыл-бір заманда азғындаған адамзат ұрпағы, жердің домалақ болмағы, таулардың бұлт секілді көшіп жүрмегі бір алладан деп көлдей-көлдей мақала жазатынын қайтерсің қарап жүрмей!
— Сенің домалақ басыңа ми орнына қағаз қиқымын толтырып қойған жаратқан ие сол!
— Мырзалар, осы жерден кергілеспей, ащыласпай бітімге келіп шығуға болмас па! Президенттік емдеу Орталығы деген атымыз бар, күні ертең Досайұлы естісе шаңымызды қағып, шөміштен, қаржыдан қысатынын естеріңізден шығармаңыз, мырзалар. Өстіп қалтамыз теңгеге толып, тайраңдап, гөләйттап жүргеніміз сол кісінің арқасы!
Жоғарғы лауазым иесінің есімін естіген зиялы қауым су сепкендей басылды, қараптан-қарап жалтақтап қалды. Шынын айтса, мына үлкенді-кішілі білгіштердің қарадай қампиып өз буына өзі пісіп, қағаз жолбарысқа ұқсап отырғаны сол — Әмірші Досайұлының, мына Байпатшаевтің пәрмені мен үстелінің арқасы. Солар шешкен қаптың аузы кең болмаса — бұл мырзалар мүлде бәсеңсіп, көптің бірі, әншейін момынның сұры боп қалар еді. Бірі ойға, бірі қырға тартып сұңқылдамас еді. Бұл шіркіндер түс ауа басталған дөңгелек үстел жиынын-консилиум кеңесін әрі итеріп, бері жығып, пәтуаға келе алмай күнді еңкейтті. Ырғасумен екі сағат лезде өте шықты. Эколог діндар профессор: «Аурудың тамырын тағы бірде ұстармын, құптан намазым қаза болып бара жатыр», — деп тәспісін шұбалтып сызып жоғалды. «Мұндай консилиумға шақырмаңдар мені, Доплер әсері миына кіріп-шықпайтын әлгі діндар эколог әпендімен әкеліп ырғастырып... мазақ қылдыңдар... қорладыңдар... Президент әкімшілігіне әлі-ақ құлақ қағыс қыламын осы оқиғаны», — деп нән сөмкелі кардиолог профессор қағазын жинап қайтуға бет алды. Бас дәрігер Байпатшаевты профессордың: «Президент әкімшілігіне айтамын» деген сөзі қарадай үрпитті... дереу жеңіл мәшинесін, шоферін шақырып алып ғалым кісіні үйіне жеткізіп салуға пэрмен берді.
«Мәшине керек болса айтып тұрыңыз, ағасы!.. Сіздей ғалымды ары-бері тасығанның өзі бізге биік дәреже», — дейді қалбаң қаға жәркеленшіп. «Жаяу-ақ жылыстай беремін, сенің мәшинеңе қарап қалған күнім жоқ, осы күні кәрі-жастың бәрі мешіт жағалап, құран қолтықтайтын болыпты. Ау, жетпіс жыл бойына мешітке бармасақ та жын-шайтан болып кеткеніміз жоқ қой!.. кітап жаздық, шәкірт ұстадық, ғылымды ілгерілеттік, мен білсем: рухы әлсіз, дүниеге табан тірері жоқ қуыскеуде адамдар өздерінің мүскін шалажансар халін бүркеу үшін жаратқан ие жолына бұрылады. Сондағысы: «кінәлі біз емес, өстіп миғұла болып жүргеніміз, бас десе — құлақты көрсеткеніміз, бәрі-бәрі-бір алладан, саңлауы бар кісі секілді едік», деп себеп айтып құтылу. Осы күні кілең жатып ішер жалқау мен кітап иісін сезбейтін миғұла діндар көбейді. Экологияны зерттеп миы ашыған әлгі сақалдыны қойшы, ана жоғарғы оқуды үздік бітірген Әсемге, орысшаны қосып сөйлемесе-іші кебетін жедел жәрдем дәрігеріне не жосық! Омай деген, сақалдымен айтысып отыруға уақытым жоқ, бір грамм уақытым жоқ».
«Ой, пәлі-ай! Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі. Мына кеудесіне бір-бір өзімшілдік қабын байлап алған өркөкірек... өктемсіген... өзім білемдер-қырға қарай мөңіреп; ана жер әлемнің беталды домалап кетпей, қалыпты ырғағымен дөңгелеген тағы бір заңын аштым деп, сау адамның басына сақина байлап сірескен сыпайы астрофизик Айтуар-ойға қарай меңіреп; тегі басымды қатырды. Тозған жүйкені тыншытып, босаған шегесін бекітіп алуға еш мүмкіндігі жоқ. Былай қарасаң: білдей бастық, Президенттік аурухананы алақанында ұстап, бұйырған несібесін бір кісідей теріп жеп жүр, ал, ішіне үңіліп көрсең-жәй әншейін «жау қай жағымнан келіп қалады» деп сыбырлап сөйлеген, күні-түні «осы қызметтен іншалла тайып кетпесем игі еді» деп, іші бықсыған түтін, сырты бүтін «қағаз жолбарыс әншейін. Елден келген ағайыны: «Бір баламды қағаз жазып күн көретін қызметке іліндірсейші», «бір баламды қала құжатына тіркеуге қол ұшын берсейші», — деп аптасына телефон соғады, «мақұл-мақұлмен» сары езу болады әбден. Ағайыны ойбайлаумен шаршайды. Істемейін демейді, істете алмайды. Бұл күнгінің адамы-түлкінің құйрығы. О заманның арыстан мінез айбаттылары түгесіліп құрыған. Көрмеймісің — әлгі сөмкесі салақтаған, түскі шайы мен тіске басарын қағазға орап өзімен бірге алып жүретін, бөтен жерден жалғыз шәшке шай ішпейтін, жан баласына жадырап отырып сырын ашпайтын, қағазбасты, кітап сөзі өтіп кеткен қасқа бас кардиолог профессордың қарадай қоқанлоқысын».
«Президент әкімшілігіне арыз айтамын, тоз-тозыңды шығарамын»дейді. «Қарай гөр, мәселе қайда жатыр. Монтанысып жүргенімен бұл шіркіндер аяқ астында бұғынып жатқан бір-бір бомба, абайлап сөйлемесең — абайсызда жарып аласың!»
Осыны ойлап ішінен жидіп отырған орталықтың Бас дәрігері оқыс дыбыстан селк ете түсті. Есік тықылдады, ашылды, табалдырықтан хатшы қыздың сұлбасы көлбең етті.
— Эколог профессор кіруге рұқсат сұрайды.
— Жоқ!... қазір аппарат бас қосуына шығып кетуім керек, бір минөт те уақытым жоқ!.. айтылар сөз әлгіде айтылды емес пе!.. — деп орнынан ытырыла түрегеліп, кері бұрылып, төргі демалыс бөлмесіне еніп жеңіл плащын алып, жеңін жүре сұғынып кері бұрылғаны сол еді. Жын ба, шайтан ба, қалай жылп етіп еніп үлгергені белгісіз, әлгі сақалды діндер бөлмесінің ортасында бетпе-бет ұшыраса кеткені. Шошып кетті. Көз жанары шатынап кері шегінді. Әлгі иегінде шошайған бес тал сақалы бар, жымсиған, әйел пішінді эколог діндар профессор сұқ саусағын ерніне көлденең басып:
— Үндемеңіз!.. Құпия кепті сыбырлағалы келдім. Деміңіз ішіңізде болсын, ана жүрек қабы өзгеше соққан ғалым жігіт пен дәрігер бикеш әмпай секілді. Мен бірдеме білсем ләззат ойынын ойнап үлгерген!
— Не дейді!
— Айқайламаңыз, аптықпаңыз, басеке! Ойнап қоймаса да ойнап қойғалы жүр.
— Құдайдан қорықпай қалай аузыңыз барады, пірәдар? Әсем таңдаған теңін тауып, тақауда тұрмыс құрғалы жүр, үйлену тойына шақырған қағазы міне жатыр. Күйеу баланың жібі түзу, кітап қорғаған, ғылым жазған есі дұрыс кісі. Айтуар секілді аспанға алақтаған астрофизик емес ол!
— Деміңіз ішіңізде бол сын. Айтпады демеңіз. Бүгінгі жастар ләззат ойынына шегара, шектеу қоймайды. Келешек күйеу бала қайдан біліп жатыр-болар істің болып қалғанын.
— Не дейд?!
— Әлгіде сіз шығып кеткен соң... тамырын ұстап байқайыншы деп... аурудың палатасына еніп, дертті жігітті шұқылап қарай бастағам... тамырын ұстағам. Дәрігер бикеш еніп көзімен бозбаланың көзін осы-ла-а-ай ұстаған еді. Жүрек соғысы шала бүлінді, «ойнап қойдық!.. ойнап қойдық!».. деп белгі берді жігіт жүрегі.
— Не дейді! Барыңыз-барыңыз, қараңызды батырыңыз!
Бас дәрігер нақа суға батып бара жатқан адамдай қос қолын сермелеп, эколог діндарды итермелеп бөлмесінен шығарып жіберді. Жедел киініп сыртқа сытылды. Табалдырық түбінен бұрыла салып: «Аппарат жиналысына барамын, бүгін келмеймін», — деді. Есікті қатты жапты. Төменгі қабатқа түсіп, ұзын залмен жеделдете басып келе жатып: «Бұл дүние не болып бара жатыр», — деп ойлады, — ауру, кесел баяғы оқыған, жаттаған кітаптағыдай емес, мың-миллион жылдан бергі ғылымға белгілі жүрек лүпілі мүлде өзгерген бе... біреу космос ырғағынан дейді... біреу күнәға белшеден батқаннан дейді... көзі бозарып, аурудың кебін киіп, саудың тамағын ішіп, шіренген, астрофизиктің жүрек тереңіне үңіліп көр білгіш болсаң!».. Жедел жәрдем дәрігері бетпе-бет ұшырасып қалды. Танауының астынан міңгір етіп: «Странно, — деді жанаса беріп-бұл пациенттің жүрегі өзгеше жаратылған, басеке!».
— «Өзгеше жаратылғаны» қалай?
Асығыс болса да еріксіз кідірді.
— Ғалым жігіт сәби кезінде.. анасының жатырында жатқанда... тойыс, ұрық адам ағзасына ұқсағанда... әуел баста егіз жаратылған. Ұрық өсе келе мықтысы әлсізін жеп қойған. Егіздің сыңары қалған. Байқайсыз ба, жүрек те жұрттыкі секілді сол бүйірде емес, ауытқып барып, бауырдың астына орнаған. Көлемі де үлкен. Қос жүрек өсе келе бір жүрекке айналған. Метаморфоза! Үрдіс, өзгеріс, төңкеріс, Бас дәрігер мырза!
— Есің дұрыс па өзіңнің? — деді Бас дәрігер.
— Делқұлы ғып тұрған өзіңіз емес пе!
— Делқұлы боп жүрген өздерің бет-бетіңмен ауа жайылып, бұра тартып. «Екі жүрек келе-келе бір жүрекке айналған» деген не сөз ол? Жоғал.. .жөнел... демал!..
Деді де жедел басып сыртқа шықты. Ала бұлт желге жайған жаңа шайылған кір секілді.
4
Жеңіл мәшинеге отырғанда білді, қолынан, қолтығынан түспейтін Президенттік емдеу Орталығының есебі, келешегі, бағдарламасы салынған пәпкіні ұмытып, үстелінде қалдырып кетіпті... қайтып баруға мұрша қайда... «Уақыт тапшы, жылдамдыққа бас!» — деп пәрмен жасады. Жүйке тамыры шіреп бұралған домбыра ішегіндей ме, көңіл құлағы бұрала түссе — дың етіп үзіліп кетуі кәдік. Мәшинеден түскенде байқады-плащының жаға түймесі үзіліпті, жедел басып, есік қапталында тұрған күзетшіге куәлігін көрсете салып, жоғарғы қабатқа көтерілді. Ентігіп қалды. Іс басқармасы бастығының көмекшісі есік аузынан күтіп алды. «Ау, қайда жүрсіз?.. Аппаратный мәжіліс басталып кетті», — деді, нақа «поезд жүріп кетті» деген вокзал кезекшісіне ұқсап. Ішке сұмдық қобалжып енді. Лауазымды кісілер басы құралып, әлдебір шұғыл шараға бас шұлғыса қалыпты. Басқарма бастығы ала көзімен ата қарады бұған. Шеткі орындыққа тізе бүккені сол: «Байпатшаев мырза, апта бұрын ауруханаға түскен астрофизиктің дөп диагнозын қоя алмай, ем қонбай жатыр деп естідім бе? Үлкен кісі сұрап жатыр. «Диагнозын қоя алмай... таба алмай...» деген не сөз ол? Түсіндіріңізші?» — деп төтесінен кеудесіне тірегендей ғып сауал қойды. Бастықтың мұрты көзіне кірпіше тікірейіп тұрғандай көрінді. Бұл көкең селтиіп орнынан тұрегелген.
— Бүгін мәртебелі консилиум шақырдық. Пікір бір арнаға тоғыспай тұр, Әмірші Досаевич!
— Түсініп тұрғаным жоқ. Сіз осы үлкен емдеу Орталығының бас дәрігерісіз бе, әлде мешіттің мәзіні болып істейсіз бе. Молда, мүфти, көріпкел, тәуіп, балгер, бақсы, құмалақшы, жауырыншы дегендерді шақырып жинап алып ақылдасатын көрінесіз. Сигнал түсті үстіңізден. «Бір арнаға тоғыспай тұр» деген не сөз ол? Әлгіде айттым. Науқастың халін үлкен кісі сұрады деп. Естіп тұрмысыз? Үлкен кісі! Президент! Республикада маңдайымызға ұстаған аса дарынды астрофизик, ашқан жаңалығы Нобелдік сыйлыққа ұсынылып жатыр. Емдеу Орталығына піл түссе де көрер көзге кішірейтіп...бүргедей етіп... түкке алғысыз ғып... су аяғын құрдымға жіберетіндерің қалай осы?! Кешегі күні ұлы жазушымыз Әуезовты дұрыстап емдей алмай, Мәскеуге, Кунцево ауруханасына жібердік... әлгі ауруханада профессор табылмағандай, пышағы шолтаңдаған тәжірибесіз жас хирург алып сойды да тастады; геология корийфейі Сәтбаевтің қалай дүниеден озғанын білесіз бе... тымау ма, қабыну ма, асқынып жүрекке шапқан деп сенімсіз дәрілерді уыстап ішкізе берген, гемодезді шөлмектеп қуя түскен... ақыры дәрі метостазына ұшырады!.. Кешегі қызыл большевик Смағұл Сәдуақасов ойда жоқта қалай қаза тапты? Білесіз бе? Білмейсіз. «Іш сүзегі» деп асқазанына лай су айдап қабынып тұрған соқыр ішегін жарған да жіберген! «Ал дүниенің толайым мықты құрал-жабдығын удай қымбатқа сатып әпердік, Орталықты тағы бір сондай орталық салғандай қаржыға қайта құрастырып жөндеп бердік, мынау деген ығай мен сығай проссорларды қол астыңызға тарттық... Сонда қалай? Маңдайымызға ұстаған астрофизикті «диагнозын таппадық... емдей алмадық...» деп баяғы гөй-гөйді қайталап Кунцевоға жіберейік ендеше! Олар әр күнгі емдегені үшін он мың доллар сұрайды... берерміз-ау, төлерміз-ау!.. аурудың арты қандай боларын тағы ойланып көрдіңіз бе? Сонша қаржы шығарып Израильге жіберіп емдеткен білікті сенаторымыз Қаратаев мамыр айында елге әзер жетіп, табалдырығына сүріне жығылып, апта ішінде о дүниелік болғаны есіңізде шығар. Байпатшаев мырза, неғыламыз!
Бас дәрігер су боп ағып сүмек боп терлеп тұрған.
— Жөндейміз, Әмірші Досаевич!
— Адамды жөндемейді, емдейді, Байпатшаев мырза. Күні ертең емдеу есебіңді мына үстелімнің үстіне қоясың, осы күнге дейін әрі бай, әрі патша болып еркелегенің жетер енді! Үлкен кісіге үстіңнен докладной жазамын. Барыңыз!
Бас дәрігер — Байпатшаев басқарма кеңсесінен теңселе басып есінен танып шығып бара жатып: «Өлген жерім осы болар» деп ойлады.
Осы лауазымға іліну-мұхитта жүзген кемеге қайықпен қуып жеткендей, тау басына арба сүйреп шығарғандай аса ауыр соққаны рас. Бұл күнде тастаған таяқ дәрігердің төбесіне тиеді. Оңтүстік жақтан ат басын бұрған мамандардың қалтасы томпақ, тілдесіп, ұшырасты дегенше-мынау деген небір мықтымен жең ұшынан жалғасып шыға келеді. Солтүстіктен келген маман дәрігердің қалтасы жұқа болса да орысшаға ағып тұр, сөйлесе кетсең-кітап сөзі қайсы, өз сөзі қайсы, айырып білу қиын-ақ. Бұл көкең кешегі осынау Ақмола медициналық институтын бітіріп, кілең, кеудесіне нан піскен орыс, еврей білгіштерін паналап, солардың қолына су құйып жүріп, әуелі санитарлық-эпидемиологиялық стансаға бастық болды. Ондағы орынбасары-еврей келіншек жоқтан-бардан кінә іздеп, басқан аяғын аңдып үстінен компромат жинап тоңқалаң асыруға шақ қалып еді. Құдай қолдап, қалалық аурухананың орынбасарлық орны босап, соған ауысқан. Жыл жарым істеді ме, істемеді ме, жардай болып семірген қасқа бас орыс Бас дәрігері аяқ астынан кінә іздеп мұның астына су жіберуге айналды. Астыртын естуінше, бұл көкенді «қазақ ұлтшылы... білімі шала-шарпы... қазақ медбикелеріне іш тартады...» деп астыртын ақпарат жинап, мұның орнына ашына келіншегін қоюды ойлап жүріпті. Сол екі арада Ақмола-астана хұзырына ие болды. Лауазымды кісілер көшіп келе бастады. Орыс Бас дәрігері қаланың сыртына саңғыратып салған екі саяжайын, қала орталығындағы баласына, жиеніне алған үш үйін сатып, «Мәскеуге көше қаламын», — деп аяқ астынан шала бүлінді. Бір жазда бар жиғанын сатып көшіп ізі сұйылды. Құлағы тыншып, құлдыраңдап, орынбасарлық қызметті дөңгелетіп жүрген. Алматыдан желтоқсанның қақаған боранында көшіп келген білгіш мамандар ә дегеннен сыр берді, арқаның ақ боранын, салқын, сызды, тізеден батпақ көшелерін жерсінбеді; бірінің астмасы асқынды, бірінің бүйрегі сыздады... сөйтіп аяқ астынан жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан Президенттік емдеу Орталығына Бас дәрігер қажет десті. Сарапшыларға құжаттарын өткізе салған еді. Ойда жоқта осы отырған Әмірші Досайұлы шақыртыпты. «Әй, аты-жөніңе келсек, осы елдің әрі байы, әрі патшасы секілдісің, қысқы соғымды кертіп жеп аюға ұқсап ініңде ұйықтап жатқаныңды білемін, Орталыққа бастық болсайшы!» — деді. «Қолымнан келе ме, жоқ па, еш білмеймін», — дейді бұл жүрексініп. «Үйреніп кетерсің, жауапкершілігі аспантаудай әрине, мұнда әрбір тиының есептеулі, жоғарыдан аңдып отыратын көз бар, ең бастысы-шен-шекпенділерге қажет дәріні, құрал-жабдықты жердің астынан тауып кел десе де тауып келесің!» «Білмеймін ғой жөн-жобасын», — деп жүрексініп алакөңіл болып жүргенде осы орынға бекітті де жіберді. Білдей Бас дәрігерлікке. Құдай басқа салмасын! Қарауында үш жүзден астам ақ халаттылар әулеті, есепшотына құйылып жатқан ақшаның есебі жоқ. Байқамаса болмайды. Баяғы жардай семіз Бас дәрігердің айласына көшті. Кадр бөлімінің бастығын жіңішкелеп бөлмесіне шақырып алды.
«Жұмысқа алынған, келісім-шартқа отырған барша кісінің бас-басына компромат жина бүгіннен бастап».
Кадр бөлімінің бастығы түсінбей қалды.
«Басқан аяғын андып, жұмысқа кешігіп келгенін, ертерек сұранып кеткенін... өкшесі қисық болса... аурудан әлденені дәметсе... тіпті әжетхана қағазын жөнсіз пайдаланса... қойшы әйтеуір, қалың дәптер ашып, жаза бер, жаза бер. Әйелімен ажырасқаны, ажырасайын деп жүргені болса-түртіп қой. Ауруханада не көп-басы бос бойжеткен көп, солармен әзілдескен, мықынын мытыған, ләззат ойнаған дәрігерді көзден таса қылма. Періште болып жүрген бірі жоқ, бірде болмаса-бірде жаңсақ сөйлейді, лауазымды кісілерді сырттай өсекке таңады, бірін қалдырмай қағазға төгілдір. Күндердің күнінде керегі болады».
«Байпатшаев мырза, айтып тұрғаныңыз құлдың сөзі ғой. Айдың-күннің аманында бірге істесіп жүрген кісілердің үстінен қалай донос, өсек, кір, қоқыс жинаймын? Президент Орталық клиника деген атымызға лайық па осымыз?».
«Бұл заманның кісілері біреуге ор қазбаса, өсек айтпаса-жүре алмайды. Есіл-дерті бастықты орға омақастырып құлату. Өзімнен бұрынғы бастық ылғи компромат десе дүниені ұмытып, ішкен асын жерге қоюшы еді. «Жөні былай ғой» деп жоба үйретсең -жау боп шыға келеді. Бір кітаптан оқығаным бар: жұмақта жүрген пенделер бір күні балшәрбат тамақ, тегін ләззаттан әбден жалығып іштері пысып жиналыс ашып: «Қой, бұл жұмаққа жарылғыш қойып қиратайық», — десіп жаратқан иеге жазықты болыпты».
«Байпатшаев мырза, көрінгеннің басқан ізін аңдып, тырнақ астынан кір іздеп үстерінен пәле жинауға арым жібермейді».
Бұл көкеңнің қарап отырып көзі бозарды.
«Шынымен айтып тұрсың ба, кадр бөлімінің бастығы?»
«Шыным, жұрт үстінен кәкір-шүкір, майда сөз, өсек-аяң, газет қиындысы, түсініктеме, арыз, шағым жинауға арым бармайды.
Жұрттың есігінен қалай сығалап жүремін? Әжетханасына қалай кіремін! О, тоба! Осы жасыма дейін «қол астындағы кісілердің үстінен білдірмей компромат жинап пәпкіге сала бер, күндердің күні керек болады» деген бастықты бірінші көруім!.. Сақтай гөр, жаратқан ие! Жаратпай жүрген қызметкерді әлгідей етіп қорламай-ақ «шырағым, істесе алмаймыз», — десең-өзі-ақ бөстегін көтереді. Бәрі сотқа шағынып жарытпайды».
«Ендеше арызыңызды жазыңыз! Бүгіннен бастап боссыз!».
Кадр бөлімінің бастығы-осы мекемеде он жылдан бері істеп, шашын ағартып, көз майын тауысып еңбегін сіңірген денсаулық сақтау ісінің үздігі-жаңа бастығының жүзіне сүзіліп кеп ұзақ қарады. Байпатшаевтің жанары желді күнгі теңіз бетіндей мұнартып, біртүрлі бозғыл тартып, іріп тұрған. Айнадан көрді. Байпатшаевтің өзі де оқыс тіксініп қалды. Алдында жатқан қағаздың бірін алып, «өз еркіммен босанамын» деп өтініш жазған кадр бөлімінің бастығының бетіне жүзі күйіп қарай алмай, үнсіз түнеріп отырып-отырып, арыз бұрышына сойдақтатып қолын қойды...
Президенттік емдеу Орталығының Бас дәрігері Байпатшаев жоғарыдағы оқиғаны өз құзырындағы ауруханаға жеткенше көз алдынан тәспінің тасыңдай тізіп өткеріп шықты. «Сонда қалай?» — деп ойлады. Қайыры болмай басталған, жұрттың наласын арқалаған қызметтің арты өстіп сұйылып кете ме? Наласы емей немене? Жұмысқа кіріскен күннен көп уақыт өтпей жүрегінде иман-таразысы бар-ау деп сеніп жүрген кадр бөлімінің бастығын қызметтен қуды. «Тапсырылған міндетті жүрдім-бардым орындайсың... жаныңды салмайсың»... деп жүріп беті жылтыр терапевт келіншекті, уролог жігітті босатты. Жетеғабіл өзгеріс, ауыс-түйіс жасады. Үстінен арыз айтқан, әділетсіздік көрдік деген дәрігерлерді жүре тыңдады. Өзінен жоғары басшылары: «Бұл қалай, Байпатшаев?» — десе... құлашын кең ашып, қос алақанын қанатша жаяды... «Қайт дейсіз, басеке!.. Елде бұрын болмаған сойқан реформа жүріп жатыр, бұл орталыққа жоғары айлық алу үшін емес, реформа жасау үшін келдім», — дейтін уәжі дайын.
— Бас дәрігер бола салып, сүттей ұйып істеп жатқан ұжымды құйын соққандай қылды дей ме! Жүректің қан тамырына шунтирование сердце... ми қабығы ісігі... метаболизм дерті күрт өсіп, шетелге жолдама жазып жөнелту жиілепті!.. — деп Әмірші Досайұлы ескерту жасаған.
— Сүттей ұйып істеп жатқан ұжым дегені шылғи өтірік. Дардан қашқан, қырдан қашқан өңкей өзге ұлт өкілдері жайлап алыпты.
— Байқап, тіл табысып істесеңізші, Байпатшаев.
— «Қазақ кадрын кісі қатарына қоспайды, астыртын шеттетеді, тұрақтатпайды бұрынғы басшылар» деген өзіңіз емес пе еді.
— Енді ұжыммен тіл табысып істеген жөн ғой. Жұмыстан жіберген кемшіліктің бәрін әлгі көп айтылып жүрген ұлт араздығынан көріп, ұйтқыта берсеңіз, бәрімізге қатер. Айтар едім: адам жанының инженері бұл күнде жазушы емес, дәрігер.
— Реформа жүргізбесем тағы болмайды. Ескі әдіс — аузы бітпейтін жара секілді.
— Байқаңыз, көрінгенді жау көре бермеңіз!-деген Әмірші Досайұлы.
Осымен жоғарғы лауазымда отырған басшының сөзі тамам. Бұл көкең біліп, білмей істеген барша күнәсін, байқамай жасаған қателігін, жаңсақ басқанын үйіп-төгіп әкеліп «реформа» дегенге сүйеп сол жолым құтылып кеткен. Қазір есеп жазса да, сөйлесе де сөзінің аяғын реформаға әкеп тірейді. «Реформасыз» тамақ ішпейді. «Реформа» деген сөзді сан қайталап жүріп қалалық мәслихатқа депутат болып сайланды. «Реформа» дегенді түбін түсіріп айта берген соң Астанадағы медициналық академияға бір мезгіл профессор есебінде дәріс береді. Бұдан былай «реформа» деп жүріп елбасының қабылдауында болып шықпақшы, Президент әкімшілігінің жігіттері қабылдау тізіміне енгізіп қойды. Жатса да, тұрса да айтатыны — реформа, түн ішінде шошып оянса-реформа деп түрегеледі. Танауының астынан жәй ыңылдап: «реформа» дегенді тілінің үшына ұстап ауруханаға жетті. Мәшинеден сүйретіліп шаршап түсті. Кеңсесіне бұрылмады. Бүйірдегі клиникалық ауруханаға енді, есік алдындағы кезекші жігітке: «Кім көрінгенді кіргізе бересің, түнде медбикемен ләззат ойынын ойнайсың, мәселеңді қараймын әлі», — деп ызғарын төгіп сұмдық шошытты. Ана байғұстың сасқанынан тілі күрмеліп қалды. Екінші қабатқа көтеріліп, оңға бұрылып, Айтуар жатқан бөлмеге енді.
Атағы жер дүниені дүңкілдеткен зерделі ғалым, әрі физик, әрі астроном, жер әлемнің жарты сыйлығын алып үлгерген милы жігіт ақ төсекте ұзыннан түсіп сүлеленіп жатыр ғой деп ойлаған. Бә-әлі! Бөлме төріндегі шағын үстелді иемденіп бүгіліп бірдеме жазып отыр. Үстіне ескертусіз енген бас дәрігерді әуелгіде танымай қалды. Жүзін көтеріп, басын изеп, сәлем мезіретін жасады.
— Ау, Айтуар Мағзұмұлы, неғып отырсыз? — деген даусы еріксіз шығып кетті.
— Отырсам да, жатсам да басым бос болмайды ғой менің. Үлкен жарылыс осыдан неше миллиард жылдар бұрын болғанын есептеп басым қатты түнімен.
— Ау, галактикадағы үлкен жарылысты неғыласыз? Бүйте берсеңіз өз жүрегіңіз жарылып тынады ғой! Соғысы да бөтен, орналасуы да өзге, кәдуілгі жүрекке мүлде ұқсамайды.
Айтуар орнынан солбырайып түрегелді. Жағы қырланып жымиды. Нақа айдан аяғы салбырап түскен періште кейіпте.
— Қайтсем де үлкен жарылыс қай шамада, нендей жобада өткенін болжап білуім керек.
— Ау, өздерің емес пе, Эйнштейн есімді ғұлама есептейтінін есептеп, болжайтынын болжап кітап жазып тындырып кетті деп жүрген. Жалпы былай! Дос жылатып айтады: қойыңыз... саушылықты сақтаңыз... ғылымның түбіне жетемін деген нешеме ғалымдар мен ұстаздар қияли болып, жындыхана тұрғынына айналған. Сіз де мына түріңізбен көп ұзамай бір жоба болып қаларсыз.
— Кәдеге аспаған саушылықты неғыламыз салмақтап.
— Түсінбедім, Айтуар Мағзұмұлы!
— Түсіндірейін. Осыншалық шетелдік қымбат дәрілерді салып, шетелдік білгіштерді шақырып қорғап қалған саушылықты былайғы өмірімде лауазымды үстелді күзетіп, сол үстелден тас қып ұстап айрылмаудың қамын ойласам, бастығыма бағынышты көрінсем... жалынышты жүрсем... өзімнен төменгі кісілерді ықтырып жексенбіге аңға шықсам... монша жақтырсам...бәденді ұрғашыны оңашаласам... қонаққа барып карта ойнасам... көршіммен сағаттар бойына шахмат бәсекесіне түссем... ішсем... ондай саушылықтың қажеті қанша! Арзан саушылықпен-ақ тырбанып, жығылып-сүрініп өмір сүре берсемші! Өзіңіз есептеп айтып едіңіз, есіңізде ме: «әр емделу күнім, денсаулығым мемлекетке аса қымбатқа түсіп жатыр», деп, сол қымбатқа келген саушылықты қымбат нәрсеге жұмсағаным айып па!
— Бәлі деген! Осыған дейінгі ашқан жаңалығыңыз мемлекетке миллиардтаған пайда түсіріпті. Сол да жетеді бір ғұмырға.
— Түсінбедіңіз. Менің жаратқан иеден сұрап алған уақытым аса қымбат. Ол өз басымның игілігіне жұмсала ма, өзгенің игілігіне жұмсала ма-бәрібір, әрбір минөтім, сағатым алтынға парапар дедім ғой сізге! Сол себептен саушылық алладан, күтімім дәрігерлерден, ішіп-жемім мемлекеттен деп, «аһ, құдая» деп, шалжайып, алаңсыз жатып жан баға алмаймын!
— Сізге дауа жоқ, — деп Бас дәрігер Байпатшаев өкше ізін айналып палата есігін сарт жауып шығып кетті.
Бөлме ішін қоңыр тыныштық жайлады.
5
Айтуар Мағзұмұлы орындығынан тұрып, қос қолын қайшылап, сермеп қанын жүргізді. Аяңдап әйнек алдына тақады, аула сыпырушы шал кіре берісті сыпырып бүкшең қағады. Өтіп жатқан базбір кісілер әлгі шалды басып өте шығатындай, айналып қарамайды. Кілең менмен, тәкаппар шенеуніктер. Қайта айналып келіп, зіл тартқан басын ұстап, төсегіне қисайды. Қор ете туспеді.
Уақыт субстанциясы туралы ой кешті.
Уақыт-жанды, жансыздық баршасына ықпал етеді, біріне кері әсерін тигізеді, яғни тоздырады, құлатады, қартайтады; келесіге оң әсерін тигізеді, дүниеге жаңа ұрпақ әкеледі, жаңа жарық ағынына жойқын жосық береді; қызылды-жасылды тосын спектр сәулесін сызады. Ал, керісінше, жанды-жансыз уақытқа ықпал ете алмайды. Ұстаз айтқан: сағаттың шықылдағы емес ермек, я, алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір әншейін. Уақытты өз ырқына бағындырып кідірткен, я болмаса ықырарын, пәрменін жүргізген дүниеде ғалым болған емес. Эйнштейн, Ньютон, Стивен Хинг корифейлер сағаттың шықылдаған үніне әсерленіп қана, дүниені төңкерген сұрапыл заңдарды ойлап тауып қана өмірден зар кешіп өтті. Көз жұмарында сол шіркіндер көкжиекке қызара сіңіп бара жатқан күнге қарап жарықты қимай кемсең қағып жылаған шығар-ау!
Шынның жүзіне үңіліп қарасыншы. Өзгелер я қарынның қамын қамдап қазы, уылдырық жеп... я байлықтың соңына шам алып түсіп, я ораза, намазын қаза қылмай, Меккеге барып мінажат қылғанда... бұл Айтуар патшаға ұқсап нәрлі тамақ ішейін, бизнес иесіне ұқсап есепшоттағы ақшаны миллиардқа жеткізейін, иманды боп, сауапты ойлап алла тағаланың мұғжизасына ілінейін демей, бүкшиіп қағаз жазып, сексиіп есеп шығарып қарадай жанын қинап торығады. Бұл да болса уақыт-опасызға іштей, сырттай қарсы шыққаны. Пәске болса да уақытты уысымда ұстасам ба деген далбасасы, әрекеті!
Сонау... сонау.. соңында бұлдырап қалған студенттік шақта шықылдаған сағатқа салысамын, үлгермесем де пәске кідіртетін шығармын деп сайысқа түсіпті. Уақытқа сәл де болса пәрменімді жүргізем бе деп ғылым жолына түсіпті. Кандидаттығын 25 жаста, докторлығын 30 жаста қорғапты. Уақытқа сәл де болса белгі қалсын деп кітап жазыпты. Уақытым текке өтпесін деп маңайына милы жігіттерден жолдас-жора жинапты, өзінен жасы көп кіші әдемі қызға қырындапты, өстіп жүріп ата жауы секілді уақытқа әбден өштесіп, кектесіп алыпты. Әлгі өрімдей бойжеткен бір түнде әлдекіммен астыртын сөз байласып қашып жоғалғаны. Ізін сұйылтты сөйтіп. Уақытқа өші кеткені сонша-бұрынғы жазған кітабы оқулық ысабында жылма-жыл қайта басылып оқырманға жетіп жатса-дағы, онысын місе тұтпай, жаңа кітап жазсам дейді, атағы аспандап, ашқан жаңалығы Нобель сыйлығына ұсынылса, еленсе дейді, есепшотындағы ақшасы былайғы өміріне жетіп жығылса-дағы, шетелдік алпауыттан кем болмасам дейді, өзгенің өзімшілдігінен өзімдікі басым түссе дейді, өзге ғалым минөтіне отыз ауыз сөз айтса, өзім қырық бес ауыз сөз саптап үлгерсем дейді.
Сондағысы-опасыз уақытпен салысу. Мезгілінен бұрын ойлау, мезгілінен бұрын ұйықтау, мезгілінен бұрын тұру. Қолынан келсе-ұлы гармония иесіне жалбарына үн қатып қалу. Бұл сырын фәни жалғанда түсінетін де бар, түсінбейтіндер тағы толып жатыр. Әлгі Бас дәрігерге осы сырын ертегідей етіп жүз қайталап айтқанмен-мұрнына иіс бармайды, мың салса-бір баспайтын жауыр ат секілді.
Жүрегі шаншып ауырғандай болып, шекесі зіл тартып төсегіне қисайды. Коридордан біреу тық-тық басып келіп, есігін тықылдатты. Күтуші қыз екенін сезіп, басын шұғыл көтеріп, шағын үстел үстін толаймен алып кеткен қолжазбасын жинады.
6
Мұса пайғамбарға келген Тәуратты, Дәуіт пайғамбарға келген Зәбүрді, Иса пайғамбарға келген Інжілді, Мұхаммед пайғамбарға түскен Құранды үйіндегі кітапханасынан алғызып, ертеңді-кеш басына жастап жатып ерінбей қайыра бір оқып шықты. Інжіл мен Құранды бұрын да оқыған. Ертеректе, аспирант кезінде орысша аудармасымен танысқан Зәбүрмен Тәурат жадында көмескілене бастапты. Айтуардың өзге оқырманнан ерекшелігі — образбен, бейнемен елестетіп оқиды. Қасиетті кітаптың ішіне енген жанама кейіпкері болып, я таңдайы кеуіп қиыр шөлді кезіп, я мәуесі малынған жеміс ағашының түбінде көлеңкелеп отырған машайық тақуа кісіге ұқсайды. Жаратқан иенің жырақтан жеткен ырғағын, ұнасымы мен жарасымын, жұпар лебін сезгендей болады. Ұлы иенің нұр шапағаты діріл аралас сезіліп, жүрек түбіндегі ыза.. ашу...кекесін... қызғаныш...күйініш...жек көру... астамшылық, өзімшілдік секілді мың сан сезім санасынан кір секілді жуылған сайын, бойы жеңілдеп, бейне теңіз тереңінен көтерілген жауһарға ұқсап, нұрлана түсетіні ғажайып. Мұндайды ақындар «нұры бетіне шалқып» деуші ме еді. Әрәдік үстіне екпіндей еніп жүрек соғысын тыңдап, қан қысымын өлшейтін Әсем дәрігер қарап отырып таң қалады.
— Сізден бір нәрсе сұрасам айып етпейсіз бе?
— Сұра-сұра, — дейді Айтуар «Тәураттың» соңғы бетін жауып жатып.
— Осы сіз біреуге ғашық боп жүрсіз бе?
— Өмірге ғашықпын. Мұны қайдан білдің, қарындасым?
— Қазір тулай соғып тұрған жүрегіңіз «енді дәрі беремін ғой» деп қайта айналып соқсам-жайбарақат, қайтқан теңіз секілді ауытқып соғатын секілді. Қалай айтсам екен... — деп біртүрлі даусы іріп жүзін төмен салды.
Сүтке тамған бояудай ағы, қызылы ап-айқын бөлектеніп албырап өртеніп тұрған бойжеткенге лып иіліп қыздың бетінен өпті. Әсем «кетәрі, ұят болады» деген жоқ. Күшті магнит өрісіне тап болған қалайы қасықтай қалтырады, икеміне көніп, құшағына жұтылды. Иісі танау жаратын әтір жағыныпты, шиедей еріні пісіп үзілгелі қалған.
Сөлі сыртына тепкен шиені таңдайына басып талмап тұра бергісі... мәңгілік нәрді сора түскісі келіп... өліп-өшіп... біраздасын... бойының табаға салған сары майдай еріп бара жатқанын сезді. Әсем бойжеткен балқып бара ма-көз алдында дүние төңкерілгендей болып ақ төсек жиегіне тізесін бүкті, ақ халат өңірі ашылып, кеседей төңкерілген қос анары көзге қомақты шалынды.
Жігіт темір керует алдына сырғып түсіп тізерлей кетіп, жалма-жан, қарсы алдында үрпиіп отырған сөлді ерінді, жұпар иісті ұрғашыны құшағына икемдеді, ақырын жастыққа қисайтты. Бойындағы лапылдап тұтанған өртті сөндіре алмай, сөндіріп неғылсын, Әсемнің аппақ санының арасына жасырынған күнтимесін көргісі келіп еді. Осы мезет Айтуардың құлағына шайтан сыбырлады.
Шайтан сыбырлағаны емей немене. Бір дем ары, бір дем бері балқып бара жатқан ұрғашыға тосын сөз, оғаш сауал қоюға болмайтынын біледі... біле тұрып шайтанның азғыруына ілесіп ағат сөйледі.
— Басың бос па? — деді.
Құшағына көміліп балбырап бара жатқан жас дене үстіне су шашып жібергендей дір етті. Бойын жинап үлгерді.
— Басым бос, — деді деміге сыбырлап, — осынша көрікпен... оқығаны, тоқығаны жетеді... басында үйі-күйі бар бойжеткеннің әлі күнге отбасын құрмай жүргеніне таңқалатын адам көп!...
Айтуар қолға ұстаса-үгітіліп тұрған піскен шие — денені бала сурет салып шимайлаған аппақ қағазша умаждады. Сүмек боп ағып терледі. Әлгіде ғана көлбеңдеген қытайы жібектей үлпілдеген аппақ сан... бірте-бірте көз алдынан бұлдырап қашықтай түсті. Жұмақтың алтын қақпасын ақырындап ашып, от боп жанған қызыл шырағданды көтере ұстап, еңкейіп, қақпа ішіне енбекші еді. Әлгі сөзден жұмақ қақпасы тарс жабылды. Төңкерілген аппақ сан... сағымға айналып... көз алдынан қашықтай түсті. Қашықтатқан — шайтанның сапалағы!.. әлгідегі оқыс сауал!.. Бойжеткен қыстыққан қалпы солқылдап жылап жіберді.
— Әсем, жаным, көңіліңе алмашы менің сөзімді. Көрік — тәңір дәулеті! Тәңірден мықты, ұста емеспіз осыншалық көрік берген өзіңе!..
— Мені құртып жүрген өзімшілдік, ағатай, — деп қыз манағыдан бетер солқылдап жылағаны.
— Жас толған жанарыңнан садаға кетейін!
— Өзімшілдік дерті атақты ғалымға, саясаткерге, мәртебелі лауазымды кісіге, ақын-жазушыға, суретшіге, өзге де толып жатқан өнер иелеріне жарасар-ау, ал шынымды айтсам қыз балаға, өмірде өз бақытын іздеп жүрген ұрғашыға кесір боп жабысатын мінез екен!
Айтуар көзін жұмып, суға ағып бара жатып тал қармаған, жағаға шыққан, тапыққан кісіге ұқсап бірауқым ойланып жатып қалды.
Әлден уақытта бойын жинады.
Жаратқан ие ең әуелі мың-миллион мақұлыққа, соның ішінде адамға мол-мол етіп сезім берген, оң-солын танитын, жауын айыратын, досын түсінетін табиғи түйсік сыйлаған. Сол сезіммен адам баласы аң мен құсқа еліктеп ішсем... жесем...ұйықтасам...ұрпақ шашсам... деумен миллиардтаған жылдар бойы улап-шулап құр текке топырлап ғұмыр кешіпті. Дүниеге Дәуіт пайғамбар келіпті. Қарайды, мына екі аяқты пенделер өзге төрт аяқты, жер бауырлаған, ұшқан, қыбырлаған, тырмысқан тіршілік иесінен пәлендей айырмасы жоқ; бар білгені-ішсем...жесем...ұрпақ өсірсем... сонда әлгі пайғамбар шыдамай кетіп, биік таудың басына шығып:
«Уа, жаратқан ие, адамзатты өзге мақұлықтан бөлекше ете гөр!» — деп күңіреніп тұрып алыпты.
«Уа, жаратқан ие, адамзат өзге мың сан мақұлықпен бытысып, шатысып, мидай араласып араласып кетіпті, адамды өзіңнің сүйген құлың ете гөр!»
Қасқырша ұлыған құлазыңқы үн ұлы кеңістікте шарлап, шалдығып жүрген гармонияға, бас иенің құзырына еміс-еміс естіліпті. Әлгі дауыс сай-сүйегін сырқыратыпты. Сонда жаратқан ие ойлап-ойлап пайғамбардың тілегін қабыл қылыпты.
«Зілдей етіп ақыл берем, — депті, — сезім — жеңіл, ақыл-ауыр, байқаңдар, қолдарың қалтырап, қабырғаң сықырлап қайысып жүріп әлгі ақылды жерге түсіріп алмаңдар!».
«Уа, жаратқан жаббар ие, бұл ақылды қойны-қонышқа, қалта, жеңге жасырмай, санаға сіңіріп ұстаймыз, қам жемеңіз!» — депті Дәуіт пайғамбар күңіреніп жалбарына сөйлеп.
Адам ағзасына барша жан-жануардың сезгірлігі, құштарлығы, ашу-ызасы, ішкі уайымы, сүйіспендігі сіңгені баяғы сол алғашқы болмысынан көрінеді. Ақыл адамға кейінше қоныпты. Көп адамның зілдей ақылды алып жүре алмай, түсіріп алып, ұмыт қалдырып, көбіне сезімнің жетегінде кететіні-сол баяғы мақұлық табиғатына тартқанынан деп жобалайды. Ылғи сезімнің жетегінде жүру-адамды мақұлық мінезге тартып кетеді, амалға жүгіндіреді баз бірде.
Астрофизик, дүлей дарын иесі Айтуар бір пәске ақыл аулынан қашықтап, сезім оты лапылдай өршіп, құштарлығы қоса оянып жын иектеген бақсыдай аяқ астынан аласұрып кеткені. Өзін-өзі ұмытып үлгерді. Піскен өріктей уылжыған Әсемді құшағына қайыра көмді. Жанарына жұмақ есігі елестеді. Бөлме бұрышында масаты жапқан диван болатын. Бойжеткен қанаты суланған торғайға ұқсап дір-дір етіп, диван жиегіне жетіп тізерлей кетті. Жұмақ есігінің арғы жағында доғаша иілген кемпірқосақ, торғай шырылы, жасыл жота, жұпар иісті самал жел желпіп қарадай есеңгіретті. Қақпаның есігін қатты қақты ма, кім білген! Бойжеткен балқып бара жатқан жүзіне салқын су шашып жібергендей бойын дереу жинап алды. Құшағынан сусып шығып, өрт боп жанған жүзін жігіттің иығына асты. Оң қолымен түріліп кеткен етегін түсірді. Бір ысып, бір суынды. Көп ақындар жұмақты жер үстінің көгалына, бұрқыраған бұлағына, мәуесіне, етегін жел көтермесе-еркек түрмеген бойжеткенге теңеп, әсірелеп қиялдан шығарған әдеби әлем екеніне осы жолым шындап сезді, көз жеткізді. Үркек үр қызы ыстық демімен құлағына сыбыр етті.
— Ағатай, келесіде! .. — деді.
— Өртеніп барам...
— Келесіде!
Осыны айтып қобыраған шашын жөндеп, лып түрегеліп, қабырғадағы шарайна алдынан бұлаң етіп бір қарай сап, палатадан шығып жөнелді. Айтуар ұйпаланған төсегіне кескен томардай гүрс құлады. Жатып ойланды. Алла тағаланың періште мен шайтанды қоса қабат жаратуында терең мән жатқанын осы жолым шындап сезді. Бірі зұлымдыққа, асығыстыққа сүйресе, бірі сабырға, тоқтамға шақырып шыж-көбелек болып жүргені. Түкпірлеп ойланса: жаңа әлгіде шайтанның сапалағына ілесіп, жоқ жерден сауал қойып, балқып бара жатқан, от боп жанған сезімнің үстіне ақыл ұрығын шашып жіберіп, бойын жинап алғаны. Әсем бойжеткеннің-асылдап ұстаған, осы жасына дейін жан баласын есігінен енгізбеген алтын қақпасына ойда-жоқта кіріп алып, талқандап, ішін ластап, сайран салып рәсуа еткенде... былайғы құштарлықтың ыстығы, іңкәрлығы азаяр еді... былайғы өмірі өз-өзінен жиіркенішті сезілер еді... қайта құдай сақтады! Грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Мәңгілік заңы» деген романында діндар поп пен жазушы шығарманың кейіпкері ролінде аурухананың бір палатасында жатып пікір сайысына түседі. Адамның жаны оның денесінен жүз есе ауыр, пенде өз жанын өзі көтере алмай, ақыр соңында басқалар көтерісіп жүреді дейді діндар поп. Ұшқары ой осы!
Ақылға салса-ауа мен ағашты таразы басына қосарлап кірге салғандай шендестіруге келмейтін нәрселер осы. Кісінің наласы, ызасы, өштігі, реніші, өкпесі, жек көруі-жан әлемін ауырлататыны, ал мұның керісінше-жақсы көруі, сүйіспендігі, мейірімі, жақсылығы, шапағаты, жымиюы-кісінің жан әлемін жеңілдететіні кәміл. Күнаға белшеден батқан, жүрек басын кір шалған кісіні көріп: «мына байғұсқа обал болыпты-ау!.. көтерісейінші... біраз күнәсін өзіме бөлісейінші», — демейді пенделер. Пенденің пендешілігі сол-жақынға жақсылық тілеуден гөрі жамандық жасауға бейім. «Пәленше жазылмайтын ауруға душар болыпты» десең-аузымен «обал-ай!» деп тұрып, іштей қанаттанып қалады; жер беті бақталас, бәсекелес пенделерге біреу болса да кемиді деп қуанады. Адам өз жанын өзі көтереді, оның жанын өзгелер көтеріспейді. Керісінше, жанына желеу болудың орнына-сөгеді, ренжітеді, күнәға батырады, ызасын келтіреді, қателестіреді... орға итереді... содан шыбын жан шіркін шырқырағаннан шырқырап ауырлай түседі. Жаны ауырлаған адамның денесі тез тозады; жылдам қартаяды, ауруға ұшырайды, кездейсоқ апатқа бейім болады.
Дүниеде өз жанын өзі ауырлатпай жақұт тасындай жарқыратып ұстайтын дегдар, ақылды кісілер болады, әйтсе де олар некен-саяқ!
Жан — дәнекер, әлемдік ұлы гармония пәрменін қара жердегі адам жүрегімен жалғастырып жататын антенна!
Жаратқан иенің жердегі көзі, жүрекке салып берген қазынасы. Ақын айтқан: жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы. Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы, дегендей, қазына байлықтың бәрі жүректен шығады.
Жердегі пенде езгенің зіл батпан ауырлаған, көтере алмай шаршаған жанын көтеріспейді, көп болғанда мейірім шуағын төгіп, жылы сөз айтып жұбатып жеңілдетуге себепкер болады: көбіне ілік іздеп, пендешілік шаруасын айтып, мазасын алып, қарғап-сілеп, жүрегіңді жаралай түседі. «Туысқаның, достарың — бәрі екіұшты, сол себепті досыңнан дұшпан күшті».
Адамзат-көрсеқызар,
тән асырап, ертеңі жоқ,
Бүгінге болған құмар.
Шынын айтсақ, базарға шығып алып, өз жүрегін өзі пәршелеп, шетінен кесіп, кірмен өлшеп, сатып отырған адамды алғаш рет өлеңге қосып сынаған ұлы ұстаз Абай. Сосынғы өз жанын өзі базарға шығарып шайтанға сатқан пендені жырлап, әдебиетке ұлы «Фаусты» әкелген неміс ақыны Гете. Жаратқан ие мен жердегі пенденің жүрегін алқын-жұлқын жалғастырып арғы-бергіге дамылсыз аян беріп тұрған — жан-жаратқан иенің радары, сезім ықыласы деген заңды ойлап тапқан дүниедегі дегдар ғалым Айтуар. Түптің-түбінде дүниені төңкеріліп қарап болып құрып кетуден сақтайтын сұлулық дейді орыс жазушысы Достоевский. Дін тарихы, аян беру, телекинез, мистика, интелект карта, бақи философия, адамдардың ара қатынасы-ауыс-түйіс банкісі, діттеген ойдың межесіне жету идеясын алып, одан-бұдан жамап-жасқап құрастырып кітап жазып жүрген Бразилия жазушысы Пауло Коэльо: «Дүниені құтқаратын махаббат, сүю бар жерде күю бар, күю бар жерде опық жеу бар», — дейді.
Біздің кейіпкеріміз Айтуар айтар еді: дүниені құтқаратын жаратқан ие, өзі құрастырады, күл-паршасы шығып күйреп кетуден өзі сақтайды, сүйген қулы-адамның жүрегіне салып берген жан күндердің-күні болғанда, адамзат өзін-өзі құртып жіберуге шақ қалғанда-ұлы иеге жалбарынып «құтқара гөр!»-деп хабар береді. «Жете көріңіз» дейді!
Заманның заманында адам баласының азғындап, құрып кетуіне арашашы болатын жүрек қана, әлгі жүректегі улы күш — қасиетті әріппен жазылатын Жан ғана.
Әсем бойжеткеннің ыстық құшағынан шығып, талықсып жатып ой теңізінде жүзген кейіпкеріміз Айтуар жүрек толқынын баса алмай, тағы бір оқыс оқиғаға бас тікті.
7
Әрбір таң адам баласына сыйлаған жаратқан иенің несібесі.
Мың, миллион кездейсоқ жағдайдан айналып келіп әкесі мен шешесінің ләззат ойыны опалы шығуы — жаңа ұрыққа қыбырлатып жол ашқан, галактика кеңістігінен тағы бір жұлдыз пайда болған; әлгі ұрыққа қыбырлап жан бітуі-мың-миллион жағдайдың айналып келіп жалғыз өзіне бұйырған сыйы. Дәп осы жаратылыс, дәл әлгі құбылыс тіршілік жатырында тербеле түсіп жарық дүниеге нәрестенің келуі-тағы сол аллатағала бұйрығы, сәби несібесі! Мың-миллион жайбасар, аңқау, адал, кеңқолтық қазақтың бірі болмай, тегі мен тегеуріні мықты перзент болып туылуы тағы сол бұйрықтан. Дүйсенбай, Сәрсенбай, Бейсенбай есімін алмай, таң алдында, жұлдыз жамырай туды ғой деп «Айтуар» қойылуы да тегін болмас. Домаланған дүниеде тарих керуенін үзіп алмай, ілгергі асуға керуен бұйдасын тартқан ғылым-білімде қаншама жаңалық ашылып жатыр, сол жаңалықтың жұлындысын зерттеп мәртебелі сыйлықты иеленуі-тағы сол кездейсоқтық. Дәл осы заң кестесін бұл емес, басқа бір қазақтың қарадомалағы ойлап табуы әбден мүмкін ғой. Өзінің орнында өзге лауазымды кісі — жүрегі орнықпай, Президенттік емдеу Орталығына түссе қайтер еді?! Уағында мынау деген сері мен сыпа жігітке ішін жылытпай, қабағын ашпай, «отырған қыз орнын табар» деп, тұрмыс құрар уақтысын өткізіп алған кардиолог бойжеткеннің жылан арбаған торғайдай жігіт ағасы жасындағы Айтуардың құшағына ойламаған жерден топ ете түсуі, бал ернінің дәмін татқызуы-тағы сол бұйрық пен тағдырдан.
Алла тағаланың мың бір атының бірі-бұйрық, бірі бұйыру.
Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді. Пайғамбардың табан ізі түскен, шапағаты сіңген Меккеге қажылыққа жылына мың-миллион адам барады, мың-миллион кісі алла тағалаға мінажат етіп садақа, пітірін береді. Сол мың-миллионның тәубасының ішінде біреуінің ғана қажылығы қабыл болады. Жаратқан иенің қаперіне еніп, көкірегіне жарық сәуле түсіп назарына ілігеді. Аспан әлеміндегі галактиканың шеті-шегі жоқ иен қиырында жалғыз ғана жұлдыздың сәулесі жанады, сол сәуле жерге жеткенше миллиардтаған жылдар жылжып, алла тағаланың «өзім» деген пендесінің көкірегіне жетіп сіңеді. Мұны көне қазақта — ғайыптың ісі дейді.
«Адамдар бір-бірінен көреді, бәрін жасайтын өзім». Мұны айтқан жаратқан ие деседі.
Себептен салдар туады, салдар оқиғаға жетелейді, оқиға мінезді байытады, байыған мінез күшейе келе, зорая түсе бет қаратпайтын дүлей дарынға айналады. Ел мен елді ығысқан қойдай үррит-соқ қып, қарсы келіп шендескенін басын кесіп, атқа мініп, жарақ ұстауға жарайтынды ғаскері ғып жер әлемді жаулап алған Шыңғысхан: «Оу, бет-бетімізбен өзімдікі дұрыс деп дүрдие берсек-ортақ өркениетке өмірі жете алмаспыз...бірігейік...әлдіні құшағымызға алып, әлсізін малай етейік», — деп атқа қоныпты. Дүниені алақанда ұстау үшін қаржы қажет деп зарлап өткен Наполеон Бонапарт; Кремльдің тас қабырғасынан шықпай-ақ пиғылы теріс, мәртебелі билік басқышына аяқ салған большевик-бишікештерді «халық жауы» деп бір-бірлеп көзін жойған Сталин; өзге де өзімшіл патшалар, ғадалет сезім иесі пайғамбар, бәрі-бәрі, тегіннен-тегін туа қалған дүлей емес, халық назарына, сосын жаратқан ие назарына түскен тайфун-мінез иелері!
Айтуар ойлайды: жүрегім қақты, қан қысымым көтерілді деп жатып қалмағанда үйіндегі қызметші қыз жедел жәрдем шақырмас еді, «странно!..странно!..» деп басын шайқап, өзі білмесе де өзгені өре тұрғызуға шебер жедел жәрдем; есімін енді есітіп отыр, ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, әйтсе де қадалған жерінен қан алатын қатыбезер Оспан дәрігермен таныспас еді... себептен-себеп туып әлдеқандай ғайыпқа, тылсым, кие, дуа секілді тосын күшке имандай ұйып сенетін, уылжып пісіп сабағынан үзілгелі қалған әдемі бойжеткен — Әсемге көз салмас еді... сарғайған қағаз толы сөмкесін салақтатқан кардиолог профессор тақауда академик атағын алыпты деген жылы хабар естіді. Айтпақшы «көз салу» дегеннен шығады.
Сенбінің алакөбең кешінде бөлмесінің есігі тықылдап, Әсем келіп кірді.
— Әсем, кел төрлет, жарығым!
Бойжеткеннің жүзі өрт шарпығандай қызарды, бұл жерде «өрт шарпығандай» деген сөз сәл артықтау, жүзінде батар күннің қызыл жұқанасы қалқып қалыпты.
— Бұл ауруханадан кетуім керек секілді, ағатай. Жұмыстан мүлдем босанам деп арыз жаздым.
— Түсінбедім, Әсем. Мынау деген дәрігерлер, профессорлар сенің орныңа жете алмай жүр. Есің дұрыс па өзіңнің!
— Шынымды айтсам — есімнен адасып қалдым.
Бойжеткен жанарынан мөлт еткен жас жүзінен төмен жүлгеледі. Сүртуге шамасы жоқ. Іштей егіліп жылап тұрған жанның сиқы осы.
— Түнеукүні жүрегіме шоқ сап қойдыңыз. Сол шоқ сыртқа шығуға жол таппай түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырды, енді бітті... бүлінгенімді бүгін болмаса ертең жұрттың бәрі білетін болады. Сіз ауру емес, өзім ауру секілдімін. Құр жүрген сүлдермін!
Осынау көркем, тәкаппар, үріп ауызға салғандай құлын мүшелі бойжеткеннің айтып тұрғаны күнара ақындар, әртістер аузына жиі алатын күйдім-сүйдімнің үйреншікті әләулайы емес, періштенің аузына салған сөзі екенін жігіт ішкі бір терең түйсігімен сезді. Сезгені сол, ерік жігері серіппедей серпіп түрегеліп кетті. Жалма-жан бойжеткеннің жанына жетіп барды. Әсемді құшағына күреп алды. Жас шылаған көзінен, үлбіреген ернінен көме сүйіп от жалынымен шарпыды. Қыз қарсыласуға шамасы келмей, көзін жұмып, ернін тосып тұрды-тұрды да солқылдап өксіп жіберді. Бұрын-соңды еркектің құшағына енбеген бойжеткен алай-түлей дүрілдеген құйын ішіне түскендей, «құрыған жерім осы!» — деп өзін бейне құдыққа құлап бара жатқандай сезінді. Әлгідегі қыз аузынан шыққан «бүлінгенім» деген сөз бәрін бүлдірді. Шындығында қыз солқылдап жылайтындай, еркек өліп-өшіп өңмендейтіндей қирап бүлінген ештеме жоқ еді. Бір жеті бұрынғы, аурухана палатасында, жеке бөлмеде, оңаша қалған кезде... диван жиегіне сулатып салып... шығарма жазылған кіршең қағазша умаждағаны есіне түсті. Умаждағаны болмаса, бөтен оқиға болған жоқ. «Кейінше... кейінше...» деп үздіккен бойжеткен үні, құлағына сыбырлағаны жадында қалыпты. Апаш-құпаш кеште санасы шайдай ашылып, ішкі өзегін жалын өртеп, демінен от жалын шарпыды. Айтуар шыдап тұра алмады.
— Өзім өршіткен отты өзім өшіремін, — деді күбір етіп.
— Қалайша? — деп Әсем жанарын мөлт төңкерді.
— Бүгін болсын болатын іс... үйіңе жүре бер... жуынып-шайынып алып екі сағаттан кейін пәтеріңе бас сұғамын.. шошыма... арты жақсы болады...жүре бер...
Әсем үнсіз, тілсіз кері шегініп бөлмеден сытылып шығып кетті. Сезім дүлейі қозғаған жүрегі атша тулап, аблығып, жігіттің қан қысымы көтерілді ме, білмейді, төсегіне қисайды. Аппақ киінген дәрігер бойжеткенді бауырына қысып, бал ернінен өпкендегі жүрегі құрғырдың соғысы... туласы... жұлқынысы мынау! Құдай басқа салмасын... екі бөлмелі пәтерде, оңаша, үлде мен бүлдеге оранып тыныш қана тіршілік кешкен сұлу бойжеткенге барғанда ғой — қан ойнаған, шайтан шаттанған азапты тозақ сонда басталмасын. Талып жығылмасыншы! Талып жығылса-қайта тұру жоқ онда. Күлге аунап күйі келген бурадай тырапай асып, аяғы аспаннан келіп, анық масқарасы шықпасын!
Бәденді бойжеткеннің ақ халатқа малынып, әтір иісі бұрқырап, құшағын ашып қарсы алғаны... бұған аздап шарап құйғаны... ал алып қоялық, ағатай!.. деп үні іріп бұзылғаны — елестеген кезде жүрегі құрғыр қараптан-қарап бүлінгені. «Қан қысымыңызды өлшейін», — деп бас сұққан кезекші дәрігер тамыр соғысын өлшеп көре сап жанары аспандап шыға келді. Медбикені жүгіртіп дәрі салды ма, әлдекімге ұялы телефон арқылы хабарласты ма... «о-о-о!.. странно!.» деген дауысы дәлізді күңірентті. Аяқ асты «консилиум шақырымын», — деп шала бүлінгені түсініксіз. Аттан салған Оспанды әкетайлап-көкетайлап әзер тоқтатты. Сағатына қарады, манағы бойжеткенге жолаушыға ұқсады. Әйгілі мүсінші Микеланджело Бунаротти ерінбей қашап келтірген мәрмәр мүсіндей аппақ қардай құйылып түскен жұмыр сан көз алдына жарқ еткен мезетте хирург-жігіт қалжырап қалды. Өмір бойына сүріне-жығылып жетсем-ау деп, шөлімді қандырсам-ау деп армандаған қос аңғардың арасында сылдыр қағып ағып жатқан кәусар жиегіне жетер-жетпесте дәрмені бітті... әлсіреп тынды... Бұл көкең шөл қандыруға шамасы жоқ, аппақ жотаны құшып-сүйіп, жылап аққан бұлақ қабағына басын сүйеп... бой жасаған ауру кісіге ұқсап терең тыныстап, барып-келіп әбі-тәбі күйде ұзақ жатты.
Талай жылдар соңына шам алып түсіп, салыспайтын жерде салысып, санаспайтын тұста санасып, бірде ол, бірде бұл бәсін арттырып тайталасқан уақыт шіркін бір пәс кідіріп қалғанға ұқсады.
«Уақытты пәске болса да кідірттім, жеңдім» деп ойлады Айтуар. Уақыт таразысы — сағат емес, жүрек екен. Әзірге көз жеткізген шындығы осы.
Құлағына талып-талып тым жырақтан қыз үні жетеді. «Қайдасыз, ағатай!»
8
Адам әуелі маңайындағы дүниені өзгертуді арман етеді, ол қолынан келмейді. Келе-келе өзім өзгерсем деп армандайды, оны да орындай алмайды. Өзім қолым жетпеген биікке балаларым жетсе, ұрпағым өзімнен гөрі мықтырақ болса, биік жерде отырса дейді, онысы да ойдағыдай болмайды. Туысқан-тұқымымды жақсылыққа, баршылыққа жеткізсем дейді, онысы да орындалмайды. Ақырында есік пен төрдің арасын жүгіріп өткендей қысқа ғана ғұмырын тұтамдай етіп, қалай аяқтарын білмей қараптан-қарап сенделіп кетеді. Бәріне кінәлі опасыз уақыт деп сөгеді.
Өзіміз опасыздық еттік пе, әлде, уақыт опасыз ба?!
Аурухана төсегінде айға жуық жатқан Айтуардың көзіндегі, жүрегіндегі уақытты сөйлетіп көрелік ендеше. Астрофизик жігітіміз ойлап-ойлап аспан әлемінің аса бір құпия құлпы-қара құрдымға сіңетін уақыт пен тартылыс күшінің кілтін ашты. Кілтті табамын деп жүріп Ұлыбританияның Кембридж университетін тамамдады, ғылым соңына шам алып түсіп, отбасын құруға уақыт таппады; әлгі құпияның формуласын жазсам, заңын ашсам деп көп шаршады. Орыс, қазақ, ағылшын тілінде «Қара құрдым ұлы гармония да» деген кітабы шықты. Өзі басшылық ететін ғылыми орта әлгі еңбегін Нобель сыйлығына ұсынды. Шетте жүрсе де еміс-еміс мәртебелі сарапшылар салмақтап жатыр деп естиді. Көзге көрінбей, желкесінде тұратын жазымыш періштесі: «Формуланы тағы бір тексер!... Лабораторияға жүгін!.. телескопқа үңіл!.. ұйқыны қой, күлкіні доғар, жаза түс!...» деп әлме-әл асықтыра түседі.
Асыққанда қайда барады, бағытын өзі де білмейді. Қай межеге ат басын тірейді, түкпірлеп болжай алмайды. Күні-түні бүгіліп отырып, саусағын сүйел етіп сүйкектете түседі. «Сонда ғой бұл Айтуарға не жетпейді? Аппақ төсекте көсіле аяқ созып, қалың ұйықтап, ертеңгілік онға дейін манаурап аунақшып неге жатпайды? Өзі қатарлы кардиолог профессорға ұқсап сықата қағаз салған портфелін салақтатып алшаң басып мұңсыз, қамсыз неге жүрмейді? Таң алакеуімнен, торғайдан бұрын оянып, есеп шығарып, миы шайқалғандай болып қатты шаршаған кезде-Гетенің «Фауст» кітабын ала сап парақтап, бұрын да пәленбай рет оқыған тұстарға қайыра көз жүгіртіп, аш күзенше бүгіліп отырғанына жөн болсын-ай! Осыншалық өзін-өзі неге азапқа салады? Қинап қойған қай құдай!»
Жалғыз жауап: уақытпен салысу ғой.
Рентген сәулесі секілді уақыт шіркінді мысқал болса да кідіртсем, аз да болса-уақытқа із қалдырсам деп пенде шіркін тістеніп жүріп ғұмыр кешеді.
Маңайындағы өзгелер не істеп жатыр десейші: Сақалды эколог діндар профессор: «Іншалла, жер бетінде күнәкар пенделер азаймаса-суішкілігім азығым таусылмайды», — деп ойлайды. «Көбейсе көбейе түссіні.. Қайтсек күнәмізді жуамыз», — деп жылап-еңіреп алдыма келеді әлі, аяғыма жығылады бәрі. «Тіршілікте зина жасама, күнәлі іспен айналыспа, темекі тартпа, арақ ішпе, ойнас жасама, жалған сөйлеме, кісіні алдама» деп күні-түні уағыз айтып көпшілікке жеккөрінішті болғанша, «жаратқан иенің жердегі көзімін, сүф-ф-ф», — деп, дұға оқып, бақара сүресін сан қайталап: «Күнәкәрді күнәсінен арылтам», — деп кафедрада шартта жүгініп отырсам, гакил аяттарды сан қайталасам-атақ-абырой биіктеп, теңге-тебін өзінен-өзі құралмас па!» деп ойлайды сақалды эколог профессор.
Салақтаған былғары сөмкелі кардиолог профессор кеше ғана академик боп сайланды, алақандай көкшіл тысты куәлігін алды. Ең әуелі сол куәлігін көстеңдетіп жүріп Президенттік емдеу орталығына тіркелді. Беделді журналдың ақылдасар алқасына мүше болып енді. Ел ішіне көп тарайтын жұқалтаң журналдың Бас редакторы журналист жігіт мінезі шадыр, асау аттай қиқар еді. «Алқа мүшесі ете алмаймыз, жазған мақалаңыз бізге келіңкіремейді», — деп сылтау айтып басы қисайған. Сұмдық дау өршіп сол арада, редакцияда ырғасу басталды.
«Пәленше дегенді алқа мүшесі етіпсің. Көптің бірі-кандидат. Доктор болса бір сәрі! Жерлесің, руласың болған соң енгізіп отырсың!».
«Ол кісі жиі-жиі мақала жариялап тұрады».
«Тройболизммен айналысады, азғантай қазақты жүзге, руға бөледі деп министрлікке хат жазамын!».
«Жазсаңыз-жазыңыз. Журнал үкіметтікі емес, ЖШС етіп барлық акциясын өзім сатып алғам».
«Өкіметті құлатқан, мемлекетті қиратқан, халықты теспей сорып байып отырған кілең сүлік сенсіңдер! Сүліктен құтылмасақ қанымызды, барымызды теспей сорады, сүлесоқ қылады, қиратады, жалаңаш қалдырады, бармысың аруақ, қайдасың жаратқан ие!.. Арамызда сүліктер құрымай ел болып жарытпаймыз!..»
Түбі терең көл секілді әлгі даудың аяғы сарқылмай, екінші күнге созылып, үшінші күнге аяқ басқанда биттің қабығындай журналдың Бас редакторы қан қысымы көтеріліп, жүрегі шаншып ауырып жедел жәрдем шақырды. «Ауруханаға апарамыз ба, қайтеміз,» — деп жұрт шуласып жатқан кезде-кардиолог академик мес қарын сөмкесін салақтатып редакция бөлмесінен сызып жоғалады. Тройбализммен айналысады, пиғылы жат, мемлекеттік тілге жаны ашымайды, маңайына кілең жөйіт жәркеленші әмпайларын жинап алған, мына түрімен қазақты көгертпейді», — деген мағынада арыз жөнелтем деп бұрқылдап бара жатты.
Ой, пәлі-ай! Түсініксіз тұлға, жедел жәрдем дәрігері Оспанның ойы мүлде кереғар полюсте. Жұрт ылдиға қарап мөңіресе, бұл көкең терістікке қарап танау шүйіреді. «Реформаның жүру, жүрмеуі-қазақ тілін түсініп, қазақша ойлауда жатыр», — дейді өзінше жоба сызып.
— Баяғы жоңғар шапқыншылығы, алқакөл-сұлама заманы қазақ тілінің басына қайтып туды деп тұжырады. — Нанбасаңыз-қараңыз, ағайын!»
«Қазақ тілін сақтау — түптің түбінде ұлттық қауіпсіздікке келіп тіреледі. Жер бетінен ұлтымыз жоғалып кетпесін десек-қазақ тілін сақтағанымыз жөн. Қазақстанда тұратын кәріске бәрібір, тілінің ұстынын ұстап отырған жүз миллионнан астам Корея мемлекеті бар. Мұндағы азын-аулақ неміске бәрібір, ұлы Гете, Шиллер, Гессесін әптиектей ғып шығарып, неміс тілін дүниеге дүңкілдетіп оқытып жатқан Алмания мемлекеті мықты; Қазақстандағы азғана еврей, шамалы әзірбайжан, таздың шашындай украин «тіліміз құрып бара жатыр» деп мұңая қоймайды, өйткені шекараның арғы жағында миллион-миллион қарақұрым қабырғалы — Украина, Әзербайжан, ивритше бұлбұлша сайраған Израиль мемлекеті жалына қол апартпайтын асау, олар-дағы ана тілін ешқашан өлтірмейді. Сорлағанда-қазақ тілі сорлайды, Арал теңізіне ұқсап жылма-жыл табаны жалаңаштана түседі!».
Келешек өркениеттің бас бұйдасын ағылшын тілі ешкімге ұстатпайды; экономиканың бас билігі-орыс тілінде; араб тілі-дініміздің тұғыры, рухымызды бір жобада ұстаймыз десек-Мухаммед ғалейкіссалам пайғамбардың тілінен ірге бөліп кете алмаймыз. Әлем таныған өркениет-ағылшынша, экономика-орысша, рухани сана-арабша, қазақ тілі-қой бағып, құрт қайнататын ауыл арасының әжік-күжігі рөлінде жүріп, бара-бара, жүре-жүре он бес-жиырма жыл ішінде өліп тынады. Банкир, іскер, ақшалы алпауыттар орысша сайраса; мұсылман дінін ұстаған ағзам көкелер мешіт, медреседе арабша құйқылжытса, елші, жаушы, алыпкел, шауыпкел, барыпкел, ел мен елге жүріп тұратын ақсүйек зиялылар ағылшынша сөйлесе: қазақ тілінің кімге қажеті бар, өлмегенде несі қалды?! Әжік-күжік, сыбыр-күбірмен су аяғы құрдымға кетеді-дағы».
«Қазақ тілін өлтірмейік десек: халықтың қажетіне айналғаны жөн».
«Өлтірмеудің жалғыз жолы-қазақ тілін интернетке енгізу, компьютер арқылы қазақ тілін оқыту. Ұлт тілін үйренудің оңтайлы әдісі-өзі жасаған интернет әліпбиі. 20-ғасыр басында жәдитше — төте оқу әліпбиін енгізген Ахмет Байтұрсынов атасына еліктеп, сол кісінің әдісіне үндес етіп күнделікті қолданысқа лайық, үйренуге оңай әліпби жасады мына Оспан көкең».
Соңғы бес-алты жыл өмірі компьтер әліпбиін жасауға кетті. Өзі жедел жәрдем дәрігері, күндіз-түні ойлайтыны хал үстінде сүлеленіп төсек тартып жатқан ауыр науқас-қазақ тілін сауықтыру, ұлт рухын ояту. Түсінбеген жұрт мұның сыртынан: «О, Оспанды қойшы!.. басының бір шаригі түсіп қалған, я заманынан қалып қойған, я уақытынан оза туған түсініксіз жан», — деп ойлайды. Дастарқан басында, жиналыс үстінде ешкім мұнымен бетпе-бет келіп айтысуға қорқады. Бұл көкеңді арғы-бергі ғылым жаңалығынан, мемлекеттік тіл жөнінен сайысқа түсіп, тіл безесіп жеңе алмасын сезеді, «бәледен машайық қашыпты», — деп сырт айналып безіп жоғалады.
Оспан-екеңнің келесі арманы: өстіп еркекқос, етекбасты болып жүре бермей, үйленіп алуды ойлайды. Көңіл кілті біреуге бұрылады. Ол — басы бос бойжеткен Әсем. Кешегі күнге дейін сәлемі түзу, сөзі сыпайы, сіз-біз десіп сыйласып жүруші еді. Әне бір асторфизик ғалым жігіт ауруханаға ауырып түскелі нілдей бұзылды, мінезі 180 градусқа өзгерді. Бойжеткеннің жан әлемі жанартауға ұқсады. Кейінгі күндері сол жанартау бықсып өшіп я сөнуге бет алды, я от-жалыны кемігендей құбыла өзгеріп шошытады. Бұрын театрға, Конгресс-Холда өтетін концертке қолтықтасып бара салушы еді, туған күн, жаңа жыл, наурыз мерекесіне бастары қосылып биге шақырса-бұрала басып, денесінің қызуы шарпып кеп құшағына лып енуші еді. Дүниені ұмытып қалқып ұшып билейтін. Кейінгі кезде Сарыарқаның сіркіреп жауған жауынына ұқсап алыстап кетті. Жанарын төмен салды:
— Жоқ, бара алмаймын», — дейді.
— Бұрынғы Әсем болудан қалдың, көзіңнің асты қалқыған көлеңке!.. Не боп қалды, жаным-ау».
— Ештеме?!»
— Сезіп тұрмын ғой жан әлеміңнен дүлей жүріп өткенін. Ана аспан әлемін зерттеймін деп ақыл-есі суала бастаған Айтуар басыңды дуалап бір пәле істегенін сезіп жүрмін. Сау сиырдың жапасы емеспін. Қиялиді қыр астынан түсінем. Оның жүрегі орнында емес, оң жағына ауытқи біткен, Эйнштейннің ықтимал теориясын ілгерілетем деп басының бір түсіп қалған «.
— Оны қайдан білесіз?»
— Мен білмейтін нәрсе жоқ жер үстінде. Компьютердің құлағында ойнаймын, интернет жүйесіне қазақша әліпби енгіздім. Соқырішекті жармай, операция жасамай, қатырып-семдіру әдісін ойлап таптым. Осы Орталықтан бөстегімді көтеріп, өз алдыма жеке дара клиника ашып алайын десем, әттең-әттең өзіңді қимаймын. Сенің қараңды бір күн көрмесем жүре алмаймын ішқұста болып!». « — Менің көңілім суыған».
— Кімнен, жүрегі оң жағына біткен, аспандағы қара құрдымды зерттеймін деп қарадай алақтап миы айналған әлгі Айтуарға аудың ба?.. О, жаратқан ие, жер үстінде әділет бар ма, жоқ па? Қиялиден құтылатын заман қайда?!»
Әсем бойжеткеннің жанарынан тамшы жас мөлт тамады. Сырт айналып ұзын залдың түкпіріндегі бөлмесіне еніп, жұмсақ диванға тізе бүгіп, бетін басып ал кеп жыласын, ал кеп солқылдасын. Көз жасы саусағының сыртын жуып кетті. Өксіп-өксіп көп отырды. «Кеше қандай еді, бүгін қандай?.. Докторлық диссертациясын жазып бітіріп, «Адам аурасына космостық гармонияның ұлы әсері» деген тақырыпты індете, зерттеп, жақында жинақ етіп шығарып үлгерген еді. Енді аз күнде, шілде түсе-академик жетекшісі «мақұл» десе-ғылыми кеңесте қорғап шықпақшы. Енді ше?.. Бәрі быт-шыт, көңілі елі көшіп кеткен, құлазыған жұрт секілді... жым-жылас... тым-тырыс. «Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер» деген сөз расқа шықты. Бұрынғы бұратылған, қасы-көзі қиылған, кісіге ажарын ашып күле қараған бойжеткеннің орнында қазір ғой мүлде бөтен, ештемеге қызықпайтын, ертеңінен үміт етпейтін, елжіреп, іші-бауырыңа кіріп, елп етпейтін, құр қауқар, бақшадағы қарға үркітер тұлып сұлба қалғандай, жұмысқа көңілсіз келеді. Ауруларды селсоқ отырып тыңдайды, қан қысымын өлшейді, «мақұл-мақұлмен» басын изеп жөпелдеме шығып кетеді. Бөлмесіне еніп «ауру тарихын» толтырады. «Қайтсем екен» деп күрсіне ойлайды, бірінші бөлмеге, Айтуарға соғып хал-жағдайын біліп шықсам ба екен?.. жоқ, алдымен бас дәрігердің, орынбасардың Бас сұққанын күтсем бе екен?.. Аға медбикені шақырып алған, қолы епті, көңілі жүйрік медбике бойжеткен сырын айтқызбай түсінеді. Өз-өзінен күлмең қағып тұрып: «Системасын қойдым, дәрісін бердім, бақылауды үзбеймін», — дейді-ай. «Кімді?»..қалай?..» деп сұраған жоқ.
Осы мезет ішкі телефон зың етеді. Құлағына көтереді. Орталықтың Бас дәрігері Байпатшаев ызғарын төге сөйлейді.
— Ана бірінші палатадағы ауру я екеуміздің басымызды жұтып тынады, я аспанға ұшып жоғалады! Қайтеміз? «Ем-домға шамамыз жетпейді» деп жұқалап... жайлап.. көңіліне тимейтіндей... жан баласы сезбейтіндей... ғып шетелге жөнелтіп жібереміз бе, әлде тағы бір консилиум шақырамыз ба?.. Ай, ана Айтуар пәледен оңай-оспақ құтыла алмаспыз!
— Шақырсақ-шақырайық!
— Кімді? Қайтіп?!.. Әлгі сақалды эколог діндар профессор мен қызыл көз академиктің басын қоспайықшы! Екі өгіз сүзіссе арасында жүріп біз өлерміз. Үстімнен арыз бар ма, қайдам. Президент әкімшілігінің іс басқармасының бастығы тулақша қағып, шаңымды сілкіп алды. Ай, Әсем! Неге үндемейсің? Бір пәле болды ма араларында? Ауруды о ғып, бұ ғып шетелге жіберейік десем, басың қисайып еш көнетін емессің!
— Арамызда ештеме болған жоқ. Жіберсек — жіберейік, емдесек — емдей берейік!
— Сөз болғанына! Қуырдақша қуырып өлтіріп барады деп айтып тұрмын ғой манадан.
— Ол кісінің жүрек соғысы космос құбылысына байланысты деп ойлаймын. «Экология әсерінен титығы құрыған» дегенге сенбеймін. «Күнәні көп жасаған» деген сақалды экологтың сөзі сандырақ. Ғылым қуып, кітап жазып ойы ешқашан босамаған ғалымның күнә жасауға уақыты қайда!
— Тағы бастадың ба баяғы әніңді, — деп Бас дәрігер қақылдап жөтеліп, өз-өзіне келе алмай, ойбайын салып, телефон құлағын лақтырады-ай. Әсемнің басына ыстық қан шапшиды. Жанарынан ытқыған жас мөлт тамады. Жазып отырған қағазы былғанып, суланып шыға келгені. Қаламсабы сынып, сиясы төгілгені. Осы мезет жел кернеген әйнек сарт ашылып бөлме іші алай-түлей дүрілдеп кетеді. Етегі түріліп жөңкіліп күркілдеп келіп қалған түйе өркеш бұлтты терезеден жаңа көрді, ыршып түрегелді.
Құпия консилиумға жөппелдеме шақырылған сақалды эколог діндар профессор қолын суға шайып жатып іштей: «О, тоба!» — деді. Құдіретіңе бас иемін алла тағала! Қазақша құранда ең көп айтылатын үш сөз бар: олар-нұр, жұпар, көркем. Алланың нұры шығар жер дүниені жылытып тұрған, әйтпесе күн дегенің космос кеңістігіне домалағаннан домалап шок боп жанып сіңіп кетпес пе еді! Тіршілік иелеріне жарығын, сәулесін себу шапағат төресі! Айтуардың жүзінен нұры төгіліп тұр, күнәкар деуге қалай аузы барады. «Тіфә-тіфә! Әне бір дәрігер бойжеткеннің бетінен нұры тамып, аяқ астынан көкейіне күрт түсіргені ғой қараптан-қарап. Алла тағала әлгі ұрғашыны соншама нұрлы етіп жаратты, еркектер құшып, сүйіп мауқын бассын дегені болар. Қар үстіне тамған қан секілді, үзіліп піскен алмаға келеді. Сол бойжеткенді көрсем-ақ жүрегім атқақтап соғып, дегбірім таусылып, демігіп шыға келетінім несі екен. Тіфә-тіфә!..» деп сақалды діндар өз-өзінен шошиды.
«Екінші жиі ұшырайтын сөз-жұпар. Бәлкім жұмақтың баламасы болар, әлгі дәрігер бойжеткеннің бойынан ерекше жұпар аңқып, Сарыарқаның сары самалындай жұтқан сайын естен тандырып қарадай өлтіреді-ай! Көзіне жұмақ есігін елестетеді. Құранда жиі ұшырайтын үшінші сөз-көркем. Көркейіп жүру, көрік-тәңір дәулеті деу, жаратқан ие уағызында мол. Көркем кісіні бас ие өзіне ұқсатады; ұнасымы, жарасымы жұғады дейді. Іш сарайы нұрға толып, көркемделіп, жұпары аңқып жүрген пендеге жаратқан ие үйіп-төгіп бере салады».
Сақалды эколог діндар профессор түн ішінде, қымтанып қалың ұйықтап жатып түс көріпті. Құдды өңіндегідей тегі. Құдай берейін десе өстеді: дәрігер бойжеткен бұрала басып келіп намаз оқып отырған мұның жанына тізе бүгіпті. Тізесі баланың басындай жалаңаштаныпты. Эколог діндар қолын жүгіртеді. Әлгі бойжеткен: «Ұят емес пе!» — дейді демінен жұпар иісі аңқып. «Кітапта сұлуға көз салғанды күнә демейді. Денесі қызып үздігіп бара жатады. Сол екі арада қас қылғандай, бірер қызыл жағалы жерден өніп шыққандай, тап желкесінен төне қалғаны. «Талтүсте мыналарың не?»-дейді әлгілер әңкілдеп. Алда ғана, ғашығыма қолым жетті ме, бал шекерге ерінім тиді ме, тимеді ме дегенде!.. Әлгілер: «Профессор ағай, сақалыңыз сапсиып бойжеткенді оңашалап жатқаныңыз қалай».. тұрыңыз, милисаға жүріңіз», — дейді сұп-суық үнмен үрпитіп.
«Е, милисасы несі? Қызыл жағалыға жәбір көрген, шпанаға жем болған кісі жүгінеді».
«Дәрігер қызды талтүсте оңашалап жатырсыз».
«Әй, шырағым, буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзеді ме! Құшағыма қалай жұтылғанын өзім де білмей қалдым».
«Бұлтарып, жалтарып қылмыстан құтыла алмайсыз! Жұртты жинап ақылдасамыз», — деп әлгі әпербақан ұр да жық немелер өзді-өзі салғыласып тұрғанда... діндар профессор «кешкісін бесті қымызға қанып жатқан, құшағына кірген жұмыртқадай бәденді қызды бауырына тартып, құшырланып иіскепті... ой, рахат-ай!..» Оқыстан ояна келсе — төсегі ылғалданып, дамбалы дымданып болар іс болып қалыпты.
Белін қолымен басып түрегеліп, шапанын жүре иығына іліп, ауыз үйге шығып жуынып-шайынуға дәт қылды. Түсіндегі ләззат ойыны көз алдынан көлбеңдеп еш кетпейді; «мықынды, сөлді ерінді бойжеткенді қашан құшып-сүйер екем, көнтулақтай қатыны құрғырдан әбден мезі боп жерідім» деп іштей іриді. Крандағы тастай су қолын қарып кетті. Бүйірдегі бөлмеде тастай қатып ұйықтап жатқан әйелін май құйрықтан келістіріп бір тепті. «Дәрет суын жылытып қой деп қаншама қақсадым», — дейді күңіреніп. Сол екі арада шәкірт бала жетіп келіп: «Шақырып жатыр», — деді. Пәдәріңе нәлет-ау, пәске кідіріп, түсіндіріп айтсаң-ішің кебе ме сенің!» «Ауруханада жатқан ғалым үлкен кісіге консилиум шақыртыпты, тез жетсін,» — деді. Пәдеріңе нәлет-ау, үлкен кісі деп тұрғаның Президент пе, әлде барды-жоқты құрастырып көн кітап жазған, аспанға қарап аңырып жұлдыз санап, былайғы жұрт түсінбейтін есеп-қисап шығарған Айтуар ма? Әб-бәсе, сол қияли ғалым десеңші! «О, тоба, сол ғалым жігіт қолы жүріп тұрғанда я байлыққа, я майлы асқа, я мықынды бикешке көңіл бөлмейді, пысқырып қарамайды деген өсек сөз бар; көрген-баққаны сорайған дүрбіні көк тереңіне көздеп қойып жұлдыз санау деседі... Жөнелдім ендеше, Президенттік емдеу орталығының ауруханасында өтетін мәртебелі консилиумға».
Эколог діндар профессор жан қалтасынан ұялы телефонын алып, жеңіл мәшинесін шақыртты. Лып лықсыған жеңіл жүйрігі есік алдына кідірді. Шофер бала жүгіріп шығып кабина есігін ашып, профессор-екеңді ішке өткізді, есігін ақырын жапты. Мәшинені айналып өз орнына тізе бүкті, қожасының сілтеген жағына жүйткіп жөнелді.
«Я, құдая, көрсеткеніңе шүкір», — деді іштей күбірлеп сақалды діндар, — үлкен кісінің шарапаты тиіп, сонау Мекке-Медине жақтағы ешкімге белгісіз бір жапырақ кішкентай елдің қаржылай көмегімен Нұр-Астана мешіті салынды, ішіне кірген де арманда, кірмеген де арманда, сайын сахараның бетімен жүзген желкенді аппақ кемеге ұқсап көз тартады, исі мұсылманның төбесі биіктейтін ғажайып ғимарат. Әсіресе бес мыңға жуық намазға жиналған жұрттың алдына шығып құлқуалланы екі-ұш мәрте қайырғанда бойынан арам тер шығып, жеңілдеп қалады, қолтығына ғайыптан қанат біткендей болады. Жұма намазын қаза қылмайды.
9
Президенттік емдеу Орталығы, неге екені белгісіз, бүгін өзгеше дүрлігіп кетіпті. Кезекші дәрігер халатының өңірі ашылып, етегі құс қанатынша жайылып сабылысы қауырт, медбикелер аяғының ұшымен басады, тазалық сақшылары мәрмәр еденді ертеңгісімен бері екі-үш мәрте жалтыратып сүртіп шыққан. Ауыздарын ашса: «Келе жатыр!.. Бәрімізді бір шыбықпен айдайтын көрінеді!..» Әсіресе аурухана Бас дәрігері Байпатшаев есік пен тор алдын жол қылды, тегі шыдамы таусылған соң төменге түсіп үлкен бастықты есік алдынан күтті. «Ең әдемі, көрікті медбикені қасыма ілестіріп, гүл ұстатып қарсы алсам қайтеді» деп бір оқталды. Құшағын толтырып гүл шоғын алып шыққан орынбасары — дәрігер келіншектің кеуде шұқырының көз құлағандай ойығын көріп: «Омырауыңды жапсаңшы!» — деді. Айтып ауыз жапқанша болған жоқ, қара мойыл «Мерседес» есік алдына тұмсық тірей кідірді. Ұмтылып жетіп-мәшине есігін я өзі ашқаны, я ішіндегі бастықтың ашқаны-есінде жоқ, дегбірі қалмай қолын ұсынды, сәлемдесіп басын екшеді, орынбасар келіншек мәртебелі кісіні гүл шоғына көмді. Түсі суық бастықтың жуан даусы гүр етіп: «О-о-о!» — деді. Келіншектің көз сүрінгендей кеуде ойығына қарап тұрды-тұрды — дағы жүзі жылыды, бұрылып ішке аттады.
Бас дәрігердің бөлмесіне еніп сырт киімін шешті, айна алдына тақап сұйық шашын тарады, айналып Бас дәрігерге бұрылды. «Бастаңыз, жоқ пәлені төндіріп ұзаққа созбаңыз!.. Президенттің бақылауында тұрған тұлға болған соң саушылығын сараптап анықтайтын мәртебелі алқаға қатысқалы келдім!..»
Қос алақанын бір-біріне үйкеп, пышақша жаныды. Бас дәрігер үлкен бастықты бастап жорғалай басып сызып жөнелді. «Мұнда жүріңіз!» — деді. Төменгі қабатқа түсіп, қарсы беттегі емен есікті ашып кіріп келгенде-көркем перде тұтқан кең зал, емен үстел, былғары тысты орындық, гүл салған әсем құмыра, үстелдегі ұшталған қалам, ақ қағаз, бейне, жас қалыңдық отауындай көз жауын алғаны. Ақ халатты әулеті дүрк көтеріліп бас изесіп сәлемдесті, орын-орынға лып жайғасты.
Шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнады. Байпатшаев бір бет қағазды алып бетіне тақап, науқастың жай-күйін, ем-домын судыратып оқып шықты. Ұстаз алдында тақпақ айтқан шәкіртке ұқсады. Президенттік іс басқармасының бастығы Әмірші Досайұлы қарындашын үстелге тықылдатты, қозғалақтап, қою үнмен сөз сабақтады.
— Мына меморандумнан ештеме түсінбедім, — деді аса ызғарлы нақышпен, — «жақсы» дейсіз, жақсы болса-сары жамбас болып неге жатыр? «Құбылмалы» дейсіз, неге құбылтпай-қалыпқа түсірмейсіз? Баяндамаңда бір сөйлем қалып қойған секілді. «Қолымыздан келмей жатыр» деген сөйлем.
Бас дәрігердің шыбын жаны шырқырап кетті.
— Дүниелік қолда бар ем-домды қолданып жатырмыз, айнып шыға келетін жын ұрғандай жүрек соғысы демесек, саушылығы қалыпқа түсіп қалды, Әмірші Досайұлы.
— Бар пәле экологиядан, Астананың суы ауыр, тұнбасында ауыр метал көп, радиация мөлшері қалыптағыдан артық,-деді қақшаң етіп түрегелген сөмкелі кардиолог академик сөмкесін сарт ашып, — ағайындар-ау, өстіп әрі тарт, бері тартпен ырғасып жүргенде есімі дүниені дүңкілдеткен астрофизикті тырапай асырып тындырамыз ғой, АҚШ-қа, Хьюстондағы Майкл де Беки мырзаға, жүрек клиникасына жөнелтуіміз керек, бүлінген жүрек ырғағын бір түзесе-солар түзейді.
— Әрі тарт, бері тартпен жүрген өздеріңіз! Еш пәтуаға келмейсіздер, үстімізден арыз жазып, мазамызды алып әбден шаршаттыңыз, — деп Бас дәрігер сөмкелі академикке барысша атылды, қайтсе де азуын басып қалмақ.
— Шындықты айтса қорқасыңдар. Ол м арыз емес, мәлімдеме әншейін. Мәлімдеменің көкесін көрсетейін, — деп қалшылдап, дірілдеп сөмкесін ашып ішінен ащы ішектей шұбалған қағазды суырып жатыр, — осы орталыққа бар-жоғы екі жүз адам тіркелген, ал ақ халат кигендер мыңнан асады. Мынау деген шетел клиникасында бір ауруға екі дәрігерден келеді, сендерде бір науқасқа бес дәрігерден. Бұл-бұл ма? Шетелден қып-қызыл алтынға сатып алып келген, қан тамыры арқылы жүрекке операция жасайтын аспаптар неге қаңтарылып тұр, істететін маман жоқ! Бұл — бұл ма. Хирургтерің баяғы земский фельдшер деңгейінде қалған... Білімі бары-жоғы белгісіз терапевт ше?
Зәрені ұшырып, тас төбеден талай сұмдықты төндіріп сарнай берер ме еді, мына тұста отырған мінезі ауыр, түсініксіз маман Оспан атқып тұрды орнынан.
— Қанымды қарайтпа қақбас, тұспалдап тұрғаның мен бе екем! Земский врач болсам да академиктен артықпын!
— Ағатайлар, қойыңыздар, — деп мына тұстан Әсем шыр етті, — емдеуші дәрігер — өзім, бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Айтуар Мағзұмұлының жүрегі қалыпқа келеді әлі. Шетелге жіберуге қарсымын. Баяғы классик жазушы Әуезовтің полип ісігін лезде сылып-ақ тастайды деп, шетелге жібердік, аяғы өлігін қарсы алдық. Кешегі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасовты шетелге жібердік, аяғында у берді ме, іш сүзегі өтті ме, тіпті моласын да таппай қалдық. Қаныш Сәтбаев ағаны Мәскеуге Кунцево ауруханасына асығыс апарып тығатындай алып бара жатқан ауруы жоқ еді, асқазан рагы асқынып кеткен деп, артынша «алып кетіңдер өлігін» деп хабар жіберді. Қазақтың маңдайына біткен біртуары Шоқайды, Аймауытовты о ғып, бұ ғып белгісіз себеппен су аяғы құрдымға жіберді, шетінен тізіп жер жастандырды сөйтіп. Айтуарды шетелге жөнелтудің қажеті жоқ, жүрегім жаманшылықты сезеді!
Шырқырап сөйлеген ғажайып сұлу бойжеткенге Әмірші Досайұлы арбалып қалды, қымс етуге мұршасы жоқ. «Жер үстінде осынша көркем, нұрлы ұрғашы болады екен-ау, қалай байқамай келгем... көзіме қалай көрсетпеген?..» деп аш өзегіне ашы дәрі түскендей тебіреніп, теңселіп, қос қолымен басын құмыраша шеңгелдей ұстап шайқап-шайқап жібергені.
— Беу дүние-ай! Мына бойжеткен бекер шырылдап тұрмаған шығар.
— Әмірші Досайұлы, ауруды шетелге Де Беки мырзаға жөнелткен ләзім, — дейді сөмкелі кардиолог.
— Жіберуге болмайды, мемлекеттің қыруар қаржысын желге шашып. Ол клиниканың тәулік емі-он мың доллар тұрады, теспей сорады.
— Жіберу керек, ақша артық па, азаматтың басы артық па?
— Жіберуге қарсымын!
— Күні ертең ұшаққа салып АҚШ-қа жөнелткен жөн, шығынды мемлекет мойнына алады. Ұрыста тұрыс болмайды, мырзалар, — дейді кардиолог.
— Осы бізді жын иектеді ме, әлде Алланың пәрменін ұмытып үлгердіңдер ме? — деп түкпір жақтан, терең бұрыштан сақалды эколог діндар профессор күңіреніп түрегелген кезде, былайғы ығай ма сығай мамандар іштей тіксініп, үркіп қалды. Бейне жер астынан сақалды саудыраған аруақ тіріліп шыға келгендей сезілді, қатты шошынды. «Мына пәлені консилиумге шақырған қай жынды?» — дегендей Әмірші Бас дәрігерге оқты көзбен зәрлене қарады. Атқақтап соққан жүрек тұсын алақанымен сипалады, сорғалаған самай терін сүртуге мұршасы болмады.
— Иә, мырзалар, жаратқан иені ешкім ауызға алар емес қой. Мен білсем: бұл бетпақ жас кезінде күнәні мөлшерден тыс көп жасаған, жүректі зіл тартқызған сол күнәлары. Дәрімен жазылмайды, Бұқардағы Көкілташ медресесін тауысқан қари кісіге оқытып, бойын босатып еңсесін көтерген соң Меккеге кіші қажылыққа жіберіп алғанымыз жөн. Бір түзелсе-күнәдан арылып барып түзеледі.
Жұрт тым-тырыс мөлиісті, сақалдының сөзі төбеден тас түскендей есеңгіретті. «Бұл не сонда?» Мәртебелі білгіш маман бас қосқан ғылыми консилиум бе, әлде әр жерден бас құраған өңкей шаригі ауысқан, қалыбын жоғалтқан, қиялидің, әпербақан әпендінің жиыны ма? Қырық ру қайдағы-жайдағыны жинаған Бас дәрігердің басындағы бес грамм миы азайған! Амал жоқ көнесің!.. көнген соң әр тарапқа мөңіреп сөйлейсің!».. Осыны ойлап әбі-тәбі күйге түскен, парт болып қызарған мәртебелі лауазымды бастық Әмірші Досайұлы орнынан түрегеліп кетті.
«Оңаша айтатын шаруам бар еді, былай шығыңызшы», — деп Әсем бойжеткенді саусағымен іліп сыртқа шығарып әкетті.
Былайғы отырғандар аң-таң. Іс басқармасы бастығының көрер көзге осынау ерсілеу қылығы мыңдаған жылдар сүйекке сіңген қазақы кісілік салтқа жатқызайын десе-оған келмейді; бұрынғы сал, серілер болса ғой-көңіл құртын қоздырған ұрғашыны жұрт көзінше жеке дара бөліп әкетпейтін. Ішін тесіп бара жатқан сөзі болса, әуелі былайғы ақсақал, қарасақалдан пұрсат сұрап барып оңашалап сыр бөлісетін. Еуропалық әдет-ғұрыпта ғой ең әуелі қызмет бабының, лауазым портфелінің мүддесі көзделеді, көңіл құрты, көз сұғы келесі кезекке ығысады. Мына Әміршінің қылығы я қазақы емес, я батыстық Еуропаша емес, былыққан бірдеме болып шықты.
Консилиумға әдейі келген шетелдік ғалым науқастың шұбатылған жүрек жазбасын желпілдетіп, тілін шайнаған сиыр секілденіп әр нәрсенің басын шалды. «Пациенттің жүрегі дәстүрлі сол жаққа емес, оң жағына он градустай қисая біткен, күре тамыры өзгеше, ендеше жүрек қалыпты табиғи жөнімен жатпаса, қан тамыры созылып кетсе-өл деймісіңдер!.. ауру паталогиясын мүлде басқа полюстен іздеген жөн»... — деп төгілдіргенде бар ғой төрдегі түнеріңкі Байпатшаевтың таңқалғаны сонша-аузын ашып аңырайып отырып қалды. Бейне аяғының астындағы жер төңкеріліп бара жатқандай. Ауа жетпей тұншығып, қос қолын ербеңдетіп келесі сөмкелі кардиолог профессорға сөз кезегін берді. Тілін шайнап ағылшынша сайраған шетелдікке: «Сабыр сақтаңыз!.. пәске кідіріңіз!..» — деді. «Мен айтсам: пациенттің жүрек соғысы, ойда жоқта атқақтап шапшып шыға келуі, әлсіреуі космос ырғағынан», — деп қызбалады сөмкелі кардиолог жыны ұстағандай қалшылдап, — мына жазбаға қараңыздар!.. Күн шарпуы күшейген кезде-пациенттің жүрек соғысы жиілейді, жұлдыз біткен ауысып, жетіқарақшы шалқайған мезетте — пациент шалажансар кепке түседі, салыстырып үңіліп көріңдерші!»
— Сонда қалай, жұлдыздар мен пациент жүрегінің ырғағында байланыс бар деп ойлайсыз ба, профессор мырза?
— Одан өзге себеп таппадым. Астрофизиктің жүрек қалыбының бұзылуы-ішкен су, жеген астан, радиациядан дегені әншейін сөз. Сақалды эколог діндардың күнәні көп жасағаннан дегені әншейін айдалаға мөңіреу. Ағайындар-ау, зайырлы ғылыми дәйек пен дәлелге жүгінелік, міне қазір дүние төңкерілгендей медицинада орасан зор ғылыми жаңалық ашылғалы тұр!.
Ана тұстан сақалды діндар шапшып шыға келеді.
— Көктен түстің бе, көкешім! Сақалымды сыйламай, шетелдік милаумен қосақтап жамандап тұрғаныңа жөн болсын!. Мына жазба, сызба, нобай-нұсқа дәлел емей немене! — деп қалың портфелін қарбызша жарып ішінен қағазын суырып үстел үстіне шашып жіберді, сызба, жазбалар нән үстелді көмді, — жердегі мәселені түзей алмай жүріп, барша дәйек пен дәлелді бұлттың арғы жағына сілтеп құтылып кетпексіңдер!.. Мемлекеттің ақшасын текке жеп семіріп жүрсіңдер!
Осы мезет сөмкелі кардиолог шарт кетіп сақалды эколог діндарға: «Ә, сені ме!» деп, ойпырмайдың шапшаңы-ай, жолбарысша атылып дәп қасына, сақалына қолы көстеңдеп жетіп-ақ қалғаны. «Зиялы қауым, білгіш ғалымдар екі сөзге келмей аяқ астынан бір-бірінің жағасына жармасып, төбелесіп жатса — бетке шіркеу масқара осы емес пе! Әлгі Әмірші Досайұлы қыз көрсе-құбыла өзгеретін теке мінез мардымсыз-ау, өзімді қарадай отқа тастап жер жұтқандай қайда жоғалды «, деп іштей кіжіне-кіжіне Бас дәрігер:
— Қойындар, ағатайлар! — деп екі ғалымды ажыратуға ұмтылды.
— Барша күнә мен кемшілікті космосқа сілтеп құтылып кетпексіңдер, журнал бетін бермей жұлдыз-жорамал дегенді шығарып жүрген өңшең шайтанның сапалағы, — деп сақалды эколог діндар қалш-қалш дірілдейді.
— Ғылымның жеті атасын экологияға тіреп тіршілікті құрдымға кетіріп жүрген өңшең өтірікші! — деп сөмкелі кардиолог профессор айылын жияр емес. Мүйізі қағылғанша сүзісетін көктемгі бұқа секілді, жанары атысып қанталап кетіпті.
— Ағатайлар, сабыр сақтаңыздар! Әй, әліпби авторы Оспан, неғып мөлиіп отырсың? Қызыл ала қан болмай тұрғанда ажырат мыналарды!
Осы мезет есік сықыр етіп ашылып, ішке қырындай жылжып, Әсем дәрігер енді. Жылаған ба, орамалымен бетін, көзін көлегейлеп алыпты. Төмен қарап тұқшыңдап кеп шеткі орындыққа тізе бүкті. Жартылай ашылған халатының өңірін жылдам жауып үлгерді. Соңын ала қара көзілдірік киген таяқ жұтқандай сірескен Әмірші Досайұлы келіп кірді. Әлгіде, осы бөлмеден шығар кезде көзілдіріксіз еді. Жағаласуға шақ қалған сақалды мен сөмкелі үстеріне асығыс енген лауазымды шенеунікті көріп тіксініп қалды. Желі толған қапшық кеуделер пыш басылды. Бас дәрігер көмейіндегі сөзін жұтып жұдырығын аузына кептеп жөткірініп алды. Әйнектің арғы жағынан нөсер гүрілдеді. Жұрт аңтарылып терезеге бұрылды. Әлгіде ғана аспан мөлдіреген ашық еді, қарадүрсін сабалақ бұлттың қайдан үйіріліп төне қалғаны белгісіз. Үнсіздікті Әміршінің май жаққандай жұмсақ қомақты үні бұзды.
— Мырзалар мен ханымдар, әйгілі астрофизикті емдеуге шетелге жөнелтеміз бе, әлде осында қалдырамыз ба? Ашығын айтыңдар. Қаржыға тірелген мәселені өз мойныма аламын. Айтуар Мағзұмұлы Қазақстанда екеу емес, жалғыз, көздің қарашығындай сақтаған ләзім.
Сырттагы нөсер сабалап қоя берді, қаттылығы сонша-терезе әйнегінен сұқ саусақтай су құлап ақты.
— Дауысқа саламыз ба, қайтеміз? — деді Бас дәрігер орнынан қопаңдай қозғалақтап.
— Ендеше шетелге жіберейік деген кісілер қол көтерсін, — деді Әмірші Досайұлы.
Үлкен бөлменің әр тұсынан шошайған қолды санай бастағаны сол, қапелімде көз алды тұманданғандай болып, мүдіріп қалды. Жанары терапевт бойжеткеннің жанарымен ойда жоқта ұстасып, еріксіз тұсалды. О-о-о! Қыз жанарында не жоқ дейсіз... ашыну, үрей, өтініш, жалыныш, сүйіспендік сағыныш... бәрі-бәрі алмаса келіп жан әлемінен алай-түлей буырқанып сыртқа шығар дүлей мінезге айналған кезде-құдіреттей күшке айналып, әлгі жанар, тұнжырағаннан тұнжырап, кеудесіне мылтық ұңғысын тірегендей шыбын жанын шырқыратып тұрып алды. Көзмылтықтың шүріппесін басып қалса-бұл көкеңнің гүрс құлары анық еді. Алмағайып мезет көпке созылмады. Біраздасын барып есін жиған Әміршінің көмекейі бүлкілдеді.
— Осында, өзімізде емдейміз, — деді ақырын ғана, сұлқ үнмен. Іші босаған қап секілденді. — Байпатшаев мырза, пікір сабақтаған кісілердің бір сөзін қалдырмай хаттама түсіресіз. Мәтінді компьютерге теріп, қатесіз етіп, мөр басып, қол қойып, күні ертең қолыма тигізесіз! Жоғарыға өзім жауап беремін, өзім мойныма аламын.
Жиналыс біттіге санап, жан-жағына байыппен қарап, орындық арқасына ілген костюмін алып, жеңін қайыра сұғынды. Есікке беттеді. Табалдырық түбіне жете беріп, қалт кідіріп, терең түкпірде тұқшиып отырған бойжеткенге бұрылып қарады. Қыз жанарын ұстай алмады. Соңына ілесе шығып, кеу-кеулеп, «ал, хош» деп ығысқан ақ халаттылар әулетінен сытылып, есік алдына шықты. Сызып келіп кідіре қалған жеңіл жүйрігіне отырды. Дыбыссыз жөнеле берді.
Осы мезет. Аспан асты қақ айрылғандай болып күн күркіреді. Алып қала сабалаған нөсер астында тоңған балаша бүріседі. Көптен бергі қапқысы кеп арс-гүрс еткен жойқын нөсердің сықпыты бөтен. Көше бойы қызыл қарғын. Аурухана бөлмесінде, ақ төсек үстінде арыстай болып жалғыз жатқан Айтуардың жүрегі жаманшылық сезді ме: аблыға дүрлігіп, лүп-лүп етіп, торға қамалған жолбарысқа ұқсап жұлқына соққаны.
10
Бұл дүние не болып барады! Бүлінген өзіміз бе, әлде бүлінуге бет алған жарық жалған ба? Бас жібін босатып, көлігін былай шығарып ызғыта айдап жіберіп, қыр басынан ылдиға домалатқан бос арба секілдіміз. Пәске кідіріп, алды-артымызға қарауға, байыздауға мұрша қайда!.. енді болмаса әлімжетті біреу көк желкеден қондырардай, ылдитөмен құлдырағаннан құлдырап, біреу дөңгелегінен, біреу күпшегінен, келесі үстіндегі жүгінен айрылып сай табанына бір-ақ ұрады, күл паршасы шығып шашылып тынады. Өстіп: «Жұмыс көп, жұмыс көп... еш қол тимейді!» — деп жүріп күндердің күні осы жүрген баршамыз тырапай асатын шығармыз.
Айтуардың ойы бөлінді, есік ашылып, палатаға сүметіліп көлеңке кіріп келе жатты. Кейіпкеріміз тіксініп қалды. Әлгі көлеңке жөткірінді, қарлығыңқы үні құлақ қажады.
— Арбаң аман ба-ей?
— Қирағанын құрастырып берейін деп пе ең?
Даусынан таныды, осыдан жиырма жыл бұрын мектепте бірге оқыған құрбысы, әдебиетті сүйетін, ақын боламын деп өлең сөздің ырғағына теректі, қызды ұйқастырып, үлкен қалада газет-журнал редакторларымен басы піспей, екі иығын жұлып жеп жүр деп естіген. Бұл болса о бастан математикаға жүйрік еді, физика, астрономия ғылымының соңына шырақ алып түсіп, қорғады, жаңалық ашты. Түбінде аспан төріндегі қара құрдым біздің галактикаға тақап келеді деген тұжырымы, дәйектеме теңдеуі ағылшын тілінде кітап боп шығып; тақауда Нобель сыйлығына ұсынылды. Астанада қарқарадай ғып астрофизика институтын ашты. Жаңа байқады, үстіне кірген сыныптас досының көз жиегіне әжім түсіпті. Жалма-жан қалтасынан қағаз суырды, онысы жұқа кітапша болып шықты. Тысына жамыратып жұлдыз салыпты.
— Мынау жыр кітабым, өзіңе сыйлағалы әкелдім, — деп заматында қол қойып берді. Айтуар қол басындай кітапшаны аударып-төңкеріп қарап шықты, алғысын айтты. «Қуаныштың үлкен-кішісі болмайды, тасыған шабытың құтты болсын», — деді. Ақын досы қоңыр үнмен әңгіме бастады.
— Бұл кітапшаны астыңа мінгізген атқа балап әкелдім, мінгізгенім, Сарыарқаның төсінде сайран салсын дегенім! Алматыда атымды шығара алатын емеспін. Қиқымдай халтурщик қамап, тонап, жеп қоятын секілді. Жазғанымды сынауға сыншы жалдайды, «қияли, қияли» деп жұмысқа алмайды. Шүу қарақұйрық деп салып ұрып Астанаға келдім содан, айлығы тәуір қызмет тауып бер, пәтер алуға көмектес. Әйелім: «Осы жерден көшпеймін», — деп жер тепкілеп, Алматының батыс бетіндегі Шаңырақ ықшам ауданынан қарға адым шығар емес. «Екі бөлмелі пәтерге қол ұшын беремін, бестегіңді көтер, көш», — деп біздің үйдегі құрдасыңа хат жазып бер, аттың басын арқаға бұрайын. Оңтүстік астанада тұра берсем пияншік боп, жындыханаға түсіп құритын секілдімін, екі иығымды жұлып жеп жүріп».
«Үлкен қалаға тіркеуге тұрғыз... жалақысы тәуір қызметке кіргіз... пәтер алуға қол ұшынды бер... өйт...сөйт...өткіз... жеткіз» деген бұйрық райлы етістік құлағын қажығалы сонша-қарадай жанын қоярға жер таптырмай жіберді. Қан қысымы көтерілді ме, құлақ түбі шыңылдады. Төсегіне құлады. Шалқасынан жатқан күйі жұқалтаң көкшіл кітапты парақтады. «Бір жұлдыз бар-құрдымға тартады, бір жұлдыз бар-зіл салмағын артады...» «Қоя қал, көкешім! Пәлендей құшырып тұрған поэзия емес, әйтсе де санасына жылт еткізіп ерекше сәуле сызды. «Зіл салмағын артады» деген оралымда мысқалдай ой жатқан секілді. Дүниелік физикада Ньютоннан, Эйнштейннен кейінгі милы ғалымдар «тартылыс күшін магнит өрісі секілді салмақсыз субстанция» деп келді. Тартылыс қаншалық әулетті, зор болған сайын жұлдыздың тығыздығы артады, ал тығыздық заттың үлкенді, кіші формасына қатысты; атомдар өзгермейді», — деп топшылады. Қазақта жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді деген сөз бар. Мына поэзия әлемінде жұлдызын жандыра алмай жүрген орташа ақынның ортақол өлең жолы үлкен жоталы ойдың бастау бұлағы болғалы тұр-әй. Нанбасаңыз: формулаға жүгініңіз, тартылыс күші тығыздыққа ғана әсер етіп қоймайды, белгілі мөлшері салмаққа айналады. Сол салмақты Эйнштейннің тұрақтылық заңына, Ляпуновтың орнықтылық заңына бұрып тексерсе неғылады. Мінекей, жұлдыздың тартылыс күші арта келе салмағы да ауырлай түспекші.
Сұлу қызға сұғын қадаушылар көбейген сайын бойжеткеннің бәсі артады, құны еселейді.
Кісінің жақсы, сәулелі шарапаты артқан сайын оның уақытын жеп, мазалайтын кісілер еселеп көбейеді.
Ұлы галактикадағы черная дыра-қара құрдым әлемдегі теріс аураны жинаушы күш, жер дүниедегі кір, лас, теріс нысандарды бойына сіңіре-сіңіре салмағы сұмдық артады. Бір заманда әлгі салмақ зорая-зорая қысымы еселеп сұрапыл ұлы жарылысқа ұласады. Түптің-түбінде үлкен жарылысты туғызатын қысым әсері. Бұрындары байқамай, шартылықтан шықпай жүргеніне қайран қалады ғой! Тартылыс пен қысым қосылып салмақ құрайды!
Жалма-жан жастықтан басын жұлып ап, қалың тысты дәптерін ашып, жиегінде қыстырулы қаламсабын суырып, сусылдатып жаза бастады. Құлағы тарс бітеліп, ой санасы өзгеше дүниенің есігін ашып, ептеп басып ішіне енгендей хал кешкені. Көгілдір әлем, шексіздік, бірін-бірі кері тепкен, бірін-бірі тартылыс күшімен сүйрей жетелеген мың сан жұлдыз маңдай алдында шырақ боп жанып жазмыштың жазуына айналып, қасиетті кітап сөзіндей — жаңаша, өзгеше көзбен оқитын оқырманын күтеді! Ой-хо-ой, дүние деген! Құдыретіңе, адам санасы шеті-шегін игеріп болмайтын сыр-сымбатыңа тәнтімін ғой!
Бір жобада құлағы ашылып, ойын бөліп, маңайына қараған сыңайлы еді. Ақын досы әлі самбырлап сөйлейді, қолын сермелеп өлең оқып отыр екен. Сөзінің аяғы тіршілік мұңы баяғы.
«Өткіз...жеткіз...менен қайтпаса-Алладан қайтар... осы жолым қол ұшыңды бермедің бар ғой — жындыханаға түсем, қаңғып кетем! Балаларымның, әйелімнің обалына өзің қаласың. «Қол ұшын бермеген кісәпір мінезді Айтуар қылығы өз-өзіме қол жұмсауға мәжбүр еткен» деп ұрпағыма хат жазып кетем. «Уа, аруақ, арқасы бар ақыныңды желеп-жебейсің бе, әлде көрінгеннің көзтүрткісі, телпекбайы етіп езіп-жаншып жоқ етіп жібересің бе?!»
Зарлаған ащы дауыс төске балға соққандай құлақ шекесінде ызың-ызың етіп тұрып алғаны. Әлгіде ғана әлдебір формуланың, салмақ пен тартылыс күшінің ара қатынасы — Айтуар эффектісі-атымен бас құрап, шимайланып шығып келе жатқан. Мына қайдағы-жайдағы аруақты тебіренткен сыныптасының суық үні ойын онға бөліп, шырма-шату тұйыққа тіреп, есебінің күл-паршасын шығарды. Соқыр кісіше түртінектеп пендешілік шеңберден шыға алмай қалды.
Сырттан әлдекімдер үйіліп келе қалған секілді.
Бұ дүниеден бөлініп о дүниеге, шарттылыққа, қиял әлеміне көшіп үлгерген дертті кісіні қаумалап, о жер, бұл жерін шұқылап... өлшеп.. сұрап...мазасын алды, әлденеге көз жеткізбекші ме, кім біледі. Мына Айтуар түк түсінсе бұйырмасын-ай! Қаумалап келгендердің ішінде Бас дәрігер Байпатшаев бар, дауысы жер астынан шыққандай құмығып, күңгірлеп естіледі.
— Мына жарқанатша жарбиып отырған кім-әй? Палатаға бөгде кісіні кіргізбеңдер, карантин деп қанша қақсаймын!
— Бұл менің жаналғыш мүңкір-нәңкір періштем, — деді Айтуар.
— Неге жаналғыш болам, жансызға жан беретін ақынмын, — деп сыныптас досы қоқыраяды.
Байпатшаев костюмінің иығы түсіп, көйлегінің жағасы кірлеп, сақал-шашы кірпі боп өсіп өлімсіреп отырған ұсқынсызды «ақын» деуге аузы бармады. «Осынша жүдегені несі» деп ойлады. Аптадан бері ас ішпеген болар, көзінің асты көлкілдеп ісіп, жағынан боздағы шығып кетіпті. Баяғының ақындары екі бетінен нұры тамып, шырайланып, ұрғашының көз құртына айналып жүруші еді, 21-ғасырдың ақыны жүдегеннен жүдеп түкке алғысыз, әсерсіз боп қалады деп тегі ойламапты.
— Ғұламаны тезірек емдеп жазып беріңдер. Қыруар шаруа күтіп тұр. Мені қызметке қойсын, үйдің өшіртіне жаздырсын, әйеліме, балаларыма хат жазсын... ой-о-о-ой! — деп шақша басын шарадай етіп шайқайды-ай.
Байпатшаев қарадай күйіп кетті.
— Есің дұрыс па өзіңнің?
— Е, дұрыс. Жындыханадан шығып келді деп пе ең!
— Дұрыс болса-жөніңе көш, көкешім. Бұл ғалым ағамыз жазылып шықса, Лондонға барып Кембридж университетіне дәріс оқиды. Токио мунципалдық кеңесіне жер шарының бұрынғы домалақ күйінен ауытқып, сопақша қалыпқа түсіп бара жатқаны туралы семинар өткізеді... күншығыс еліне жол алмақшы... ауыл арасының кәкір-шүкірімен айналыса алмайды, өл де бар маған! Сен түгілі бізбен тізе түйістіріп отырып шай ішуге уақыт таппайды.
— Е, атақты болса атағы өзіне, қызғанбаймын, қарсы келмеймін. Осындағы қала әкіміне кіріп пәтер алып беруге кісілігі жетеді деп ойлаймын.
— Ойбай, бұл кісі өлсе де басын кішірейтіп қала әкімінің алдына бармайды. Президентпен, Премьер-Министрмен жеке сөйлеседі. Телефон шалса болды, министрлер костюмін жүре киініп жүгіріп жетеді. Сенің кәкір-шүкір шаруаңды бітірем деп алтын уақытын зая жіберіп, текке сенделуге, шіренген шенеуніктің алдына кіруге зәредей мұршасы жоқ. Қанекей, осымен хош айтысайық, — деп Бас дәрігер жарбиып отырған ақынды тұрғызып алып, итермелеп, ысырмалап сыртқа шығарып жібереді.
«Құлағымның түбінде күңгірлеген... дүбірлеген... мазасыз ызың не болды екен» деп ойлаған төсегінде жатқан Айтуар. Аспанды бұлт торлап алған ба, әлде алыстан күн күркіреді ме. Көзінің үстіне шарайна төңкеріп қойғаны несі екен. Мынадай мазасыз дүбірлі ортада қиын есеп шығарамын деп дәмеленген өзімде ес жоқ! Әлгі шарайнадан қасына тақаған дәрігер, медбике, созылған қол, майысқан білек сағым боп шалынып қалады. Жаңа байқады: шарайна деп жорығаны — төне үңілген жақсы көретін бойжеткеннің жанары екен. Үстінен үңіле қараған шарадай көзден айықпас ұлы уайымды көрді. Төңкерілген шарайна-көзден мөлдір жас мөлт тамады.
Әсемнің үнсіз бүгіліп, үстіне төне түсіп жылап отырғанын жаңа сезді.
Дабырласып, сабылысқан өзге дәрігер, медбике ойда жоқта осынау оқыс суретті көріп қапелімде ауыздарына құм құйылды, саппа тиылды. Шалқасынан сұлап жатқан арыстай азамат... ештемеге мән бермейді, ойын бөлмейді, өзімен-өзі... емдеуші дәрігер — Әсем бойжеткен жігіт төсегінің жиегіне тізе бүгіп, доғаша иіліп, науқастың бетіне төне үңіліп... жүзін жуған мөлдір тамшы жігіт бетіне тырс-тырс тамады... Өксігенді, солқылдап жылағанды күнде көреміз ғой-ал мынадай дыбыс шығармай егілгенді алғаш көруі. Былайғы жұрт аяқтарының ұшымен басып бөлмеден шығып-шығып жөнелді. Жігіт пен бойжеткен оңаша қалды. Бірауық ишарамен ұғысып, көзбен тілдесті.
Қыз жанары: неге үндемейсің, пірім-ау!.. Тәуірмісің, өзіңді-өзің қалай сезінесің? Жалғыз ауыз тіл қатшы!
Жігіт жанары: әлгіде тартылыс күшінің салмағын тапқан секілді едім, шулап жүріп ойымды бекер бөлдіңдер.
Қыз жанары: шетелге жібереміз, емдетеміз, жауапкершіліктен құтыламыз, қаржысын таптым, Де Беки клиникасымен сөйлестім деп Әмірші күнде телефон шалады өзіме. Шыбын жаным шырқырап келісім бермей жүргенім қарадай жынына тиеді, саған деген шексіз ықыласымды іштей сезеді.
Жігіт жанары: бет-жүзің сопайып, азып кетіпсің, уайым етпе, періштем!
Қыз жанары: тырс етіп үндемейсің, сыр бермейсің, күн ұзаққа төбеге қарап жатасың да қоясың. Сөніп бара жатқан шырағдан секілдісің!
Жігіт жанары: жыламашы, жасыңды тишы!
Қыз жанары: қалай тиям, пірім, құдіретім-ау! Әлде шетелге емдетуге жібергеніміз жөн бе?..кесіп-пішіп жүрегіңнің әмірін айтшы, құдіретім!
Жігіт жанары: тәуір болып кететін секілдімін.
Қыз жанары: ұмытып үлгеріппін, құдіретім, әлгіде Стокгольмнен жеделхат алыпты хатшыңыз, телефон шалды: Айтуар Мағзұмұлы астрофизика ғылымына енгізген фундаменталді зерттеулері үшін сыйлық мәресінің екінші турына өтті, сарапшылар бірауыздан дауыс беріп, үшінші айналымға жіберіпті. Құттықтаймын, құдіретім! Бар болшы тек!
Жігіт жанары: Әмірші есімді әзәзіл азғырушы шығыпты жолымды кес-кестеп. Түсімде көрдім: қолыңнан қатып ұстап қайың тоғайының ішіне сүйреп сіңіп бара жатыр. Көк шалғыннан ақ балтырың жарқ-жұрқ етеді. Дауыстасам-естімейсің!
Қыз жанары: айнымауға ант еткем. Тынысыма, деміме, денеме айналып үлгердің ғой. Кәрі әжем айтатын: қалқам, сенің басында бөтенге көрінбей қорғалап ұшып жүретін торғайың бар, ару боп тудың, ару боп өлесің дейтін жарықтық.
Жігіт жанары: ару-көп ұрғашыдан ілуде біреуіне қонатын кепиеті, қасиеті; сүйіспендік құлы, махаббат жолына бас тігетін айнымас жан. Басыңда көзге көрінбей шыр айналып ұшып жүрген торғай соның белгісі, сүйіктім.
Қыз жанары: жылдам жазылшы!
Жігіт жанары: жаббар ием жар болсын!
Осылайша жанармен тілдесуден кейін Әсем кісі сенбестей болып өзгеріп, көрер көзге бұрынғыдан бетер сұлуланып, құлпырып кетті. Көрген жұрт жүзін бұрып өтеді, бір ауыз тілдескеннің өзін былайғы еркек атаулы жарты күнгі ырзық, несібеге теңейді. «Бүгін мен Әсем дәрігермен сөйлестім, жүзі жарқырап қолын ұсынып сәлемдесті», — деп мақтанып отыратын Парламент Мәжілісінің депутаттары көбейді. Тегі ауруы білінер-білінбесте-ақ: «Тексеріле шығайыншы, көріне салайыншы», — деп клиникаға ат басын бұрушы жігіт аяғы жиіледі. Келе салып Әсемді іздейді. «Дәрі жаздырып алмақшы едім», — дейді; «Бүгін Конгресс Холлда үлкен концерт, соған алдыңғы қатарға екі билет ала салған ем»; «ертең түгенше министрдің туған күні, шақырып қоймай жүр, Әсем қарағым мөлдіреп қасымда отырса... күлсе-сол үйдің төрін жарқыратып жібермес деймісің».
Әсем көктемгі қауызы ашылған қызғалдақ-еркек біткен бұрылып мойын тамырын үзіп көзбен сүйіп өтеді. Қолын созып үзіп алып иіскегісі келеді. Көз жауын алып құлпырған сайын көз сұғын қадап соңына түсуші жігіт көбейеді. Палатаға, бөлмеге осылай күлімсіреп кіріп келгенде бұлт арасынан жарқырап күн шыққандай сезілуші еді.
Ақыры шілденің орта шенінде бойжеткеннің қызуы көтеріліп, шекесі түсіп, барып-келіп мұрттай ұшты. Ауруханаға түсті. Клиникадағы құрбы-құрдас, жора-жолдас, әріптестің қабағы түсіп кетті. Жұма намазын күңірентіп Hұp-Астана мешітінде оқып, ығысқан жұртты шығарып салып, кең төрде, кілем үстінде жартылай көзін жұмып, малдас құрып отырған сақалды эколог діндар профессор «Әсем дәрігер ауырып қалыпты» деген хабарды естіген жобада жалғыз ауыз сөз айтты.
— Көз тиген!
Ізденуші шәкірті көлеңкеше ілесіп мысықтабан жылжып келіп, жанына тізерлеп, пірінің аузына құлақ салған еді.
— Көз тигенді көзбен ғана емдейді. Дәрі-дәрмек шипа боп жарытпайды. Нанбасаңдар, аптаның аяғында барып көріңдер, бойжеткеннің өңі сарғыштана бастайды, көзінің асты көгеріп іседі, арғы жағы бір-ақ қадам...
Мынаны естіген шәкірті еріксіз жағасын ұстап: «Астафыралла!» — деп қалды. «Жарықтық, бір амалын жасай көріңіз!.. ел, халық болып алақанына ұстап үкідей үлпілдеткен бойжеткенді өзім де бір мәрте көргем, шырайы түнімен көз алдыма елестеп ұйықтай алмай шыққам.. әй, өзі де Әсем десе-Әсем ғой, қарақаттай мөлдіреп тұр-ау, мөлдіреп!.. Тұнық бұлақ секілді, сімірсең еш мейірің қанбайды». Мына сөзді естіген сақалды эколог «шәкіртін аяқ астынан жын иектеді ме» деген кісіше-ажырайып кеп қарады. «Не деп көкіп отырсың, бетпағым, шапанымды, күнқағарымды әкел!.. мәшинені шақырт», — деді ала көзімен ата қарап.
Көп ұзамай сақалды діндар эколог профессор бар тәуірін үстіне іліп, қолтығына француз әтірін сеуіп, басына масаты қалпағын киіп, жылжып жеткен жеңіл мәшинеге келіп отырды. «Президенттік емдеу орталығында істейтін Әсем бойжеткенге тарт, жылдам», — деді. Нақа ұрын түскелі бара жатқан, қайын жұртына асыққан күйеу жігітке ұқсады осы жолым.
Астананың аспаны аласарып кетіпті. Әшейінде салбырап, емізіктеп шыға келетін шуда бұлты ызым-ғайып. Әлде шаң, әлде бу, әлде тұман, дүм-дүниеге бозамық перде тұтқандай таяқ тастам жерден арғысы көрінбейді. Жүргізушіге қарап бұрқ еткені.
— Әй, сен қайда қаңғып барасың?
— Ауруханаға!
— Ауруханадан өзге жерге аттап бассаң адасып кетемісің! Мына адреске тарт, — деп жүргізушіге тілдей қағаз ұстатты.
Әлгіде, мешітте дәрігер бойжеткеннің суретін елестетіп, жайын ойлап аласұрған мезетте шәкірті Әсемнің үйінің адресін сұрастырып тауып, жазып алып, ұстазының қолына ұстатқан. «Интерконтиненталь» қонақ үйінің оң бүйіріне жапсарлас салған тоғыз қабаттық әсем ғимаратқа жеңіл мәшине жылдам-ақ жетіп келді. Мәшинеден түсіп бірінші қабаттың кең фоэсіне енді. Ала киім киген бозбала көлденеңдеді. «Шырағым, осы жерден пәтер алған қарындасыма кіріп шығамын, аты-жөнім мынау, куәлігім мінекей», — деп өз жайын түсіндірді. «Есіктің кодын теріп, телефон шалмайсыз ба?»..
«Үлкен кісіге шұқынып код теріп жату ыңғайсыз, қабаттың есігін аша сал өзің, кейімес!.. ренжімес.» Бозбала лифтіге шығатын темір есікке сақалды экологті өткізіп жіберді. Діндар профессор мысықтабан жүріспен бесінші қабатқа көтеріліп, 32-пәтердің қоңырауын басты. Әлден уақытта емен есік сырт ашылып, арғы жағынан ақ үрпек орыс қызы көрінді. Қапелімде бұл көкең сасып қалды. Адресті қате көрсетті ме деп ойлады.
— Әсемнің оқымысты ағасы болам, көңілін сұрап шығам, — деді тілін орысшаға әзер келтіріп.
— Она болеет, не может вас принять!
— Қабылдаудың еш қажеттігі жоқ. Көңілін сұраймын да шығамын, — деп бар білген орысшасын балдырлап, қыздың кеудесінен итергендей болып, ішке еніп, аяқ киімін шешіп, басындағы қалпағын шешуді ұмытып, төргі бөлмеге жылжыпты. Жоғалған асылын іздеген жоқшыдай маңайына алақ-жұлақ аңтарылып қарайды. Бойжеткен іргедегі ақшаңқан төсегінде, ақ жамылғы астында, қол-аяғы, төңкерілген кеседей төсі айқын шалынып көсіліп жатқан. Көзінің асты көгістеніп, танауы қырланып, сылынып қалыпты.
Алғашында жатын бөлмесіне рұхсатсыз енген, екпіндеген еркекті бойжеткен Айтуар болар деп ойлаған. Айтуар ғана әй-шайға қарамай бөлмесіне баса-көктеп кіруші еді. Бұл ренжімейтін. Бәз-баяғы әдетінше жанарын жұмып, иегін әнтек көтеріп, үлбіреген тамағын тосты. Айтуар пірі, серісі мұның жұп-жұқа тамағына тұмсығын тығып құныға иіскейтін. Бұл жолы өйтпеді. Шие ернінен, албырып өртеніп жатқан жүзінен шөпілдетіп кеп сүйді. Көзін ашып алған бойжеткен жылан көргендей кеудесін көтеріп алқын-жұлқын ытырылып кері шегінді.
— Кімсіз? — деді.
— Қандай қаныпезердің көзі тиді саған! Албастылар, күнәкарлар қоя ма көз сұғын қадамай. Мен ғой, қалқам! Әсемім! Ғұлама діндар ағаңмын. Алланың ақ жолындамын. Ауырып жатып қалды дегенді естіген соң, жаным тынбай, Байпатшаевтан адресіңді жазып алып, көрейін, жайынды білейін деп жеткенім қазір! Мәриям сүресін жеті мәрте оқып бойыңды ұстап тұрған көздің уын қайтарамын. Көзге дәрі-дәрмек шипа болмайды. Қу жанымды шүберекке түйсем де дару іздеймін. Әсемім, әдемім, алланың сүйген құлы, бойыңды тартпа! Ниетім адал!
Бұдан басқа да көп сөзді айтып, қазақы тілге тайпалған шешен екенін осы жолым шындап сезді... Кәлимаға тілін келтіріп... қулқуалланы үш мәрте қайталап... жәннат тұрғынының бал татыған тәтті лебізін естірте күбірлеп... әрі-беріден қыздың қарсы алдына қос тізерлеп жүгіне кетіп, көзін жұмып, әлденені қоймай сұңқылдағанда-жарға арқасын сүйеп шаншылып отырған Әсемнің бойы жіпсіді. Сақалды профессор бір заматта барып-келіп, барып-келіп: «Тұншығып барам», — деп костюмін шешті. Жүрелеген күйі көзін жартылай жұмып жағасының түймесін ағытты. Жатқа оқып төгілдіріп Қамар сүресіне түскенде: «Талып барам, сусын әкел», — деп қолын ербеңдетті. Ас үйдегі қызметші орыс қызы көрбілте мақау, өздігінен сезіп, білу деген жоқ; төбесінен дүңк еткізіп айтсаң ғана істейді екен. Әсем төсегінен сыпырылып түсіп, тәлтіректей басып ас үйге шықты. Іш көйлекшең, омырауы ашық-шашық, дірілдей жылжып ақырын сөйлеген бойжеткеннің сұрын көріп, қызметші қыз өзінше жобалады. Болар іс болып қалған екен деп ойлады. Мұздатқыштан шипалы суды лып иіліп алып берді. Үй иесінің умаждалған түріне, жүзінен сүмектеген тері тамшысына көзі түскен қызметші қыз: болар іс болып қапты, аяғына тұрғызсын бейбақты, деп іштей тәубалады.
Әсем аяғын санап басып, төргі бөлмеде, шартта жүгініп, жанарын жұмып қуллқуалласын қайталап, ну орман ішіне енгендей қасиетті сүренің ырғақты ұйқасына сіңе батып...өзге дүниені тарс естен шығарып... шариғаттың текті ырғағына жан дүниесімен балқып барып-келіп отырған діндар кісіге созған білегі дірілдеп сусын ұсынды.
Сақалды діндар эколог профессор стақанды тісіне соғып, шашалып, салқын суды өңіріне төгіп алды. Қасиетті сүренің ішіне дендеп енген сайын бұ дүниенің сезім-түйсігінен мүлде адаланып, өзге өлкенің шетіне шыққан жолаушыға ұқсады. Пендешілік сезім-түйсіктен айрылғаны сонша-қарсы алдында нұры шалқып, құлын мүшесі түгел көрініп, төсінің кесесі төңкеріліп, аппақ тоқ саны жоталанып, іш көйлекшең дірілдеп тұрған ұрғашыға еш қозбады. Нәпсісін тиып, түйсігін өшіріп, ғакил әлемнің періште халінде, момақан күйде есігін қақты.
«Алланың сүйген құлы, көрік-тәңір дәулеті, сол дәулеттің иесіне қаныпезердің көз уыты қадалды, бойын босат, шырмаудан шығар!..» — деп бозарып-сазарып тебіренді.
«Көркем болып туылғаны, жұпар шашып тұрғаны, сыртқы сұрқай дүниеге нұрын шашпағы-бір алланың пәрмені, момынның мысқылдай кінәсі жоқ», — деп шатынай шаншылды.
«Жерге қарап топырлап жүрген топырақ пенделерге сұлулықты сездіре жүру-осы қыздың құзырында», — деп таусыла сөйлеп тәубалады-ай, тізерлей жүгініп қасиетті сөздерді ерін ұшымен сыбырлап сан қайталады. Жанарының шарасы жасқа толды.
«Бұ қыздың көркем болып туылмағы, нұр шашпағы, бойынан жұпар аңқып жүрмегі — бір Алладан, алланың пәрмені — хақтың жолы, хақ жолына көлденеңдеп көз алартушылар — мінафихтер, жолынан аулақ кет!., бойын босат, уа, пәруардігар періштелер!..»-деп қолын көкке сілке лақтырып күңіренген кезде бөлменің аспалы шамы дірілдеді. Әсемнің көзіне солай көрініп кеткені. Жаңа аңғарды.
Сақалды діндар профессор ел-сел болып терледі... жылап отырған жоқ, о дүниелік хақтың көз жасы жанарынан еріксіз жүлгелей акты. Көрер көзге дүние дөңгеленіп, мына аядай бөлме далиған далаға ұқсап кеңейгеннен кеңейіп сұлуланып көрінгені.
Жүрек басын топ қылып ұстап тұрған әлдебір зіл бірсін-бірсін босата бастағанын сезді Әсем.
«Жазылып келем», — деп іштей лүпілдеді Әсем, шынымен жарықтықтың күңірене теңселіп, тебірене оқыған сүресі қабыл болды. Алладан сауап сұраған сақалды жүзінен сорғалап аққан ащы жасы жүрегіме жетті. Шипагерлік баянды жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Көз» деген тарауында осылай тәптіштелген. Оқып шыққан. «Үлкен кісінің алдында жынды адамша іш көйлекшең ебіл-дебілім шығып жартылай жалаңаш отырғаныма жөн болсын!» — деп ойлады Әсем.
Енді ғана есін жиған Әсем бойжеткен кеудесіндегі төңкерілген қос мәрмәр кесені қолымен көлегейлеп, іш көйлегінің тізеге жетпеген жерін төменге жеткізем деп тартқылай түсіп, төсек іргесіне шегінді. Ұяттан өртенді. Ұят қызылы жүзін шарпып, жанарын жас шылады. Маңайына жалтақ-жалтақ алақтап, әлгіде ғана шешіп тастаған ақ жібек көйлегін іздеді. Осы мезет қояншығы ұстаған кісідей сақалды ғұлама қалшылдап-дірілдеген күйі төрт тағандай еңбектеді. Әсем қызды киіне салып қашып кетеді деп ойлады ма, әлде басқадай ойы бар ма, кім біледі, нақа ес-түсінен айрылған адамша аһылап-үһілеп... жетіп кеп... қыздың жалаңаш башпайынан сүйіп-сүйіп алды.
Әсем қарап тұрып қайран қалды.
«Арылдың!.. жазылдың!.. әзәзілдің, мінәфихтың тұла бойыңа жабысқан көзі босатты, қалқам!.. нұр боп шалқы! ..жұпарың аңқысын!.. дүниенің көркіне айналып көркейіп жүре бер!..»
Осыны айтып еңсесін жазып, сорғалаған көз жасын жейдесінің етегімен сүртіп, сақалды эколог діндар кісі тізесін басып қалтырап түрегелді. Қозғалғанда буыны сытыр-сытыр етті. Жерде жатқан костюмін алып сұғынып еді, теріс киіпті. Қайта шешіп, өңін айналдырып асықпай киінді. Түймеленді. Шетелдік қалпағы төсек астына домалап кетіпті. Еңбектеп жүріп оны-дағы тауып алды, алақанымен ұрып шаңын қағып, басына ілді. Ауыз үйге беттеді.
Бейне ішкі өзегін суырып тастаған ұшқат ағашы секілді. Осы үйге кіргелі бергі жан алып, жан берген арпалыс, алапат хал, от боп өртеніп, су боп суыған мінез қалпы момынды мүлде шаршатып әлсіретіп сілікпесін шығарыпты. Сытыр-сытыр, сықыр-сықыр етіп сүлеленіп есікке беттеді. Әсем бойжеткен дауыстап кідіртті.
— Жарықтық! — деді.
Серпілген бойжеткен жаңа ғана құлындай тулап шыға келіпті. Денесімен дене боп құйып үйлескен ақ жібек көйлегін киіпті. Профессор жанары сұлулыққа сүрінді. Әсем бұратыла басып қасына тақады, танауына тіл жеткісіз хош иіс жетті, жұпар аңқыды. Бойжеткеннің екі көзі мөлдіреп, тамып түсер шық тамшысы секілді.
— Жарықтық, менің жанымды алып, орнына Айтуарды аман сақтап қалуға бола ма?
— Біреудің жанын біреуге аманат етуге болмайды, — деп діндар профессор тосын сауалға тұсалды.
«Алда ғана әзіз періштем-ай» деді іштей толқып, — жер бетіне жақсылық ұрығын сеуіп, жарық шашып жүрген некен-саяқ періштенің дәп өзі екенсің ғой! Жаңа әлгіде әрқилы періштелер құлағыма төніп: «Сүй, сүй!..» деп сыбырлаған соң бойым балқып, жалаңаш башпайыңнан ерін тигізіп сүйіп алғаным бекер болмапты. Өкінбеймін! Сүйкімдінің аяғын құшып сүйгенімді жасырмаймын! Көркемдікке, көрікке мас болғанымды айтам, өлеңге қосып жырлап шығам!.. Алда ғана әзіз періштем-ай, сенің жаның кеудеңде емес, ұшып шығып әлі күнге сүйген, сүйсінген азаматыңды жағалап жүр екен ғой!..».
— Азаматың жазылады, періштем! Жаныңды садақаға қимай қоя түр әзірге.
Апыл-ғұпыл кері шегініп, есікті ашып, сыртқа аттады. Бой-басы зіл тартып, шекесі шағып ауырғандай ма. Тәлтірек қағып төмен түсті. Әсем қыздың ағзасына жабысқан көз уыты бойжеткен бойынан шығып, өзіне ауысқандай ма, қалай.
11
Айтуар «ауруханадан ертең шығасың, шетелге, Хьюстондағы жүрек клиникасына жол аласың» деген күні таң алакеуімнен оянды.
Таң бояуы біліне қоймаған бестер шамасы. Жылдам киініп, аяғына спорт кедасын сұғынып, аулаға шыққан. Күзетші жігіттің: «Күн салқын, тоңып қаласыз», — деген сөзіне құлақ қоймады, көгалды аулаға өтіп, кеудесін керіп терең-терең тыныстады. Темірқазық жаққа, зеңгір көк төріне назар салды. Алыс жұлдыздар жіп сәулесін сөндірмей жылт-жылт жанып, тіршілік белгісін сездіргендей, ғажайып сырын, қалыбын қапысыз таниды-ау деген астрофизикпен сәуле арқылы сәлем мезіретін жасағысы келгендей. «Геометрия кеңістікке бағынышты, физика сәуле мен гравитациялық кеңістік теңдеуіне бағынышты, — деп ойлаған Айтуар,-әйгілі Эйнштейн тапқан Е-тс2 теориясын қара құрдымға теліп тексеретін уақыт жеткен секілді, мұндағы Е — энергия, тс-масса, 2-бос кеңістіктегі сәуленің жылдамдығы. Үш жыл бойына Эйнштейн — де Хааза эффектісіндегі теорияны қара құрдымға иіп келтіріп зерттеулер жүргізген; магнит өрісіне тап болған дене мен магнитсіз дененің қара құрдымға батуы, екінші сөзбен айтса: магнит өрісінің қара құрдымдағы хал-күйін анықтауға сұрапыл қиял күшін жұмсағаны текке кетпеді. Дүниеде, ұлы кеңістікте қара құрдым көп пе, әлде магнит өрісінсіз бос кеңістік көп пе?.. Эйнштейн -де Хааза эффектісін әрі қарай тереңдеткен жағдайда осынау сауалға жауап табылар еді.
Әлемдік тартылыс заңы ешқашан жоқтыққа жұтылмайды. Бірде-бұл, бірде — ол; бірде -Әсем, келесіде-Айтуар, тартылыс сәулемен қосылып бос кеңістікке лағып кеткен мезгілде Айтуар мен Әсемнің ұлы сүйіспендік сезімі күйреп таусылады, «махаббатсыз -дүние бос» деген сол. Кеудесі сүйіспендік отынан арылып, суыған күні жігітіміздің ойы азаяды, қиялының қанаты қырқылады, жүріп-жүріп... бақи дүниені таразылап... тәттіні тәтті деп, ащыны ащы деп айырмайтын көрбілте, мондыбас кепке түсіп... таңның атуы, күннің батуы еш қызықсыз көрініп, татаусыз тіршіліктен тезірек кетуге асығады. Махаббаты сөнген сұлу қыз сүйіспендік отынан босап қалған кеудесін көтере ұстап-көзге ұрғызып ерекшеленем, айрықша көрінем, еркек біткенді үйіріп әкетемін деп қанша әуреленсе-дағы баяғыдай болмайды.. жүріп-жүріп... бір ысынып, бір суынып... әркімнің бой жылытар төсегіне айналады.
Ол күндердің беті аулақ! Жүрегінің соғысы қалыпқа түспей, бірде асау атша тулап, келесіде сұлқ түсіп құлазып, әрең-әрең тіршілік аулынан хабар беретін қалыбы жоқ, дәрігерлердің айтуынша: жүрегі жұрттікіндей сол жағына емес, оң жағына ауыса біткен, паталогиясы мүлде бөтен, дүлей дарын иесі Айтуарды-түптің-түбінде-төсегінен тұрғызып, бетін бері қаратып аяғына мінгізген дәрігер бойжеткеннің өртше лаулап дегбірді алған сүйіспендік оты еді. Жанап кетсе-ақ жалыны шарпиды. Жұрт көзінен тасаланып, аяғының ұшымен басып, палатаға жетіп келіп құлағына дейін нарт қызарып жігіт құшағына жұтылатын. Шие ернінің сөлін жұтқызатын. Жалма-жан халатын ашып жіберіп, анарының қарақошқыл ұшынан сүйгізетін. Айтуардың басын кеудесіне қысып тұрып, үзіп-үздігіп:
— Пірім, тәуір болшы, жанымды алшы керек болса, құлдығың боп өтейін!» — дейтін көзінен тырс-тырс тамған ыстық жасын жұтып тұрып.
— «Жазылшы тезірек!»
Өрттей ыстық осы өтініш жігітке кәдімгідей күш-қуат берді, қос қолын тіреп сүйенер таяғы секілденді.
Кеше ертеңгісін алыс аспандағы бір шоғыр жұлдыздың сәулесін көріп, іштей тілдескен секілденіп, тұрып-тұрып, жүріп-жүріп өз-өзінен күбірлеген-«күн тартылысынан сәуленің қисаюы ғылымдағы үлкен жаңалық». Қисайған сәуле уақытқа тәуелді. Эйнштейннің тұжырымы: материя тығыздығы мен кеңістіктің қисық радиусы-уақыт; бұған салса-материяның тығыздығы мен гравитациялық тартылыс күшінің байланысы-уақыт. Ньютонның классикалық механика заңын әуелі Майкельсон тәжірибесі тереңдетсе, сол ғылымға Эйнштейн түбегейлі төңкеріс жасады; уақытты төрт өлшемді кеңістікте қарастырған Г.Минковскийді мына жатқан Айтуар тереңдетті.
Ертеңгілік таза ауаға шығып, терең аспан төріндегі жұлдызбен тілдескен кейіпкеріміз бөлмесіне ене сап, бас жағынан қалың дәптерін алып ұзақ шимайлады. Бұл жерде «шимайлады» деген сөз — әдеби аллегория. Укол салуға, қан қысымын өлшеуге енген медбике көзімен қараса-дәптердегі ұзынды-қысқалы сызбалар, есеп-қисап, латынша формула нобайы әншейін-ақ шимай болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де әр жазбаның астарында ұлы гармонияның сыры, құпиясы кәдуілгі кісі тіліне айналып, ақ қағазға иретіліп түскені қызық. Ғайыптың ғаламаты осы! Шеке тамыры бүлкілдей соғып, бас қазаны қызып, қан қысымы көтерілгенде барып қарындашын лақтырып жіберіп, шалқалай сулап жастығына сұлқ түсті. Кішкене қоңырау шалғышты басады. Дыбысты естіген кезекші медбике жалма-жан жетіп кеп білегіне укол салды. Толқыны жарды ұрған теңізше дүрліккен жүрегі сап-сап басылып қалады.
12
Талығып жатып көз ілініп кетіпті. Есік жапсары жайлап ашылып жылы жүзді, өткір жанарлы, орта бойлы кісі еніп келеді. Жиырма алты жасында ықтимал теориясының тұңғыш формуласын жасаған, отыз бес жасында сол теорияны түбегейлі дәлелдеп шыққан, қырық екі жасында фотоэффект заңдарын ашқаны үшін, әрі физика теориясына соны серпін әкелген еңбегі үшін Нобелдік сыйлық алған Альберт Эйнштейн кәдуілгідей кіріп келе жатты. Өңіндегідей тегі. Айдай анық. Кеудесін көтеріп, көрпесін серпіп түрегелмекші еді. Альберт ақсақал қос мұртын жыбырлатып шуақтана жымиды. Жанына келіп төсек жиегіне тізе бүкті.
«Жата бер, — деді бұған түсінікті тілде, — еш қам жеме! Халіңді білуге бұрылдым».
«Ау, Альберт ақсақал, әлдеқашан, өткен ғасырдың 55 жылы Принстонда көз жұмған едіңіз, құр сұлба-суретке, аруақ-көлеңкеге айналып неғып жүрсіз? Бақи болған адамның бұл жарық дүниеге тіріліп қайта оралуы классикалық физикада қарастырылмаған еді ғой».
«Шұрқ етпе, бауырым, космология, теология ғылымында айтылған: осы күнгі көзі тірі кісі мен өлі аруақтың бірер ауыз тілдесуі туралы».
«Альберт ақсақал, қабағыңыз қатулы, ренжіп жүрсіз бе-мына біздей мардымсыз шәкіртке. Адам ағзасындағы уақыт әсерін зерттеймін, қара құрдымның терең-терең табиғатын ашамын деумен басым қатты әбден, жынды болуға айналдым. Мінекей, отыздан астым, қырықтың қырқасына таман аяңдадым, әлі дұрыстап отбасын құрастыра алмай келем; нешеме теория аштым, кітап жаздым, о-о-о, Эйнштейннің А және В коэфициентінің өзі аттай төрт жылымды жеді-мына қазаққа түсіндіремін деп».
«Аптықпа, саспа, шәкіртім. Қан қысымың тағы көтеріліп кетпей тұрғанда жалғыз сауал қоямын да табанымды жалтыратам. Квант электроникасын езіп отыруға уақытым мүлдем жоқ».
«Сұраңыз, сұраңыз, Альберт ақсақал!».
«Пәлсапалық сауал қоямын. Ақшаң жетеді, атағың таудай, жұмақ секілді әдемі көрікті тіршілік бағының ішінде уайымсыз, қайғысыз ғұмыр кешуіңе әбден болады, еңбегіңді еліңе сіңірдің, Президенттің көзіндесің, есімің дүниеге дүңкілдеп шықты... ендеше уақытпен осыншама салысып, есе даулағандай
— салғыласып жаныңды қинап не жының бар?»..
Айтуар терең ойдың ұйығына батты.
«Шынымды айтсам: уақыттан ұтылып, жеңіліп қалмайын деп жанталасып жүрмін. Сіз айтқандай-тырбанып, тер төгіп, құлшынып еңбектене берсем ақша табылады; соңына түссем — небір көрікті сұлудың құшағына ене аламын; ауырып едім дәрігерлер -қаумалап, жан таптырмай емдеп жатыр; қара құрдымға сіңген уақыттың тылсым сырын, рентген сәулесі секілді адам ағзасынан сіңіп өткен уақыттың залалы мен салмағын өзім шешпесем — ешкім түбіне жетіп тексере алмайтын секілді. Адамзаттың бәрі түптің-түбінде уақыттан жеңіліс табады. Осының жұмбағы неде-тексеріп, таразылап, түбегейлі жауабын жазып кетсем деп едім. Бәз бірде өзімді-өзім уақыты таусылып бара жатқан кісідей сезінемін. Уақытпен салыса, есептесе, беттесе жүрсек қана ұтамыз! Өйтпесек оп-оңай жоқтыққа жұтыламыз».
«Ия, уақыты таусылып бара жатқан кісі секілденіп».
Мына сөзді естіген Альберт ақсақал еңсесі езіліп бірауқым үнсіз ошарылып отырып қалды.
Біраздасын барып еңсесін жазды. Айтуардың көзіне ұлы мұхит жағасында су шайған, өкірген толқын шайнап, жел мүжіген көне шоқы елестеді... «Апырмау, мезгілі жеткенде мына алып ойдың асқар тауы-Альберт ақсақалға ұқсап бір-бір төбешік, бір-бір шошақ болып қалармыз туған жердің төсінде», деп іштей тебіренді. Шалдың қою мұрты жыбырлап, қозғалақтап кетуге бет алды. Бірсін-бірсін сұлба-суретке айналып сықыр еткен есік дыбысы білінбей, тұманға жұтылған шоқы секілді... ұлы ұстазы әуелі көзден, сосын көңілден ғайып болды.
Айтуар мең-зең қалпы, қайраңға шығып қалған балық секілді, ауа жетпей тұншыға жаздап жатып қалды. Көз алдына қайдағы-жайдағы алыс дала, жер шетіндегі өкірген көкала мұхит, толқынға бір батып, бір шығып, қалтылдай жүзіп келе жатқан қаңсыған кеме елестегені.
Есігі сарт ашылып:
— Құдайым-ау, бөлмеде ауа жоқ қой, әйнек көзін ашсаңдар неғылады! — деп Әсем бойжеткен кіріп келе жатты. Дереу пердені түріп, әйнек көзін ашты, желдеткішті іске қосты. — Ауруды ауасы жоқ қапырық бөлмеге қамап құртыпсыңдар! — деп кезекші дәрігерге ұрысты. Медбикеге кейіді-укол салған аспабыңды, тіреуіш қаданы жинап алып кетпепсің деп. Тынысы кеңіп, жаңа ғана шырқырап ұшып жоғалуға айналған жаны енді-енді ағзасына қайыра еніп, кірпігі қимылдаған жігіттің бетіне үңілді.
— Қалайсыз, пірім? — деді үстіне түсіп кете жаздап.
— Не сұрайтыны бар, Альберт ақсақалдың соңынан ілесіп кете жаздап, барып-барып, комаға түсіп, әрең тірілдім ғой, періштем.
«Шынымен айтып тұрсың ба» дегендей Әсем қасын кере жанарын кең ашып қарады. Төсек жиегіне тізе бүгіп, қит етсе ұша жөнелетін құсша қонақтады. Айтуар оң қолын қыздың тізесінің үстіне салды. Шалқасынан жатқан күйі. Бойжеткеннің тоқ саны, үлбіреген денесі тоқ өткендей дір ете қалды. Үркіп, сілкініп туламады. Екеуі де бірауқым үнсіз ошарылды.
Әсем тізесінде жатқан жігіттің салалы саусақтарын алып сипады, ұлпадай сүйрік саусақ жанына майдай жағып барады. Мұншалық түбіттей үлпілдеген саусақты түңғыш сезінуі. Қолын сылап, сипап отырды-дағы ендігі мезетте жігіттің оң алақанын көтерген күйі апарып бетіне басты. Қыз жүзі от боп жанып кетіпті. Алақанын тартып алғысы кеп оқталды да, ол ойынан тез айнып, бірте-бірте саусағын жоғарылатты. Ып-ыстық жасқа шыланды.
«Әсем, неге жылап отырсың?» — деп сұрамады.
Тіл қатса-ақ осыншалық әсерлі қалып, ыстық тапқа қойған сары майша еріген көңіл, түбіттей түтілген саусақ жойылып кететіндей көрінді. Қыз бетін сыйпалай төмендеп, шалқасынан жатқан күйі, көзі жұмулы... жүрек жортулы... саусақ ұшын бойжеткеннің ерніне әкелді. Әсем бойжеткен жігіт саусағын ерініне ыстық-ыстық басып үнсіз өпті.
Саусақпен сүйісу-ләззат ойынының шоқтығы. Жігіт саусағы мен қыз еріні әлсін-әлсін түйісті.
«Осы өзім тап қазір жұмақ төрінде шалжайып жатқан шығармын» деп Айтуар іштей тебіренді. «Мұнан асқан жер үстінің жумағы болмас, қалай ғана асып-тасып, тәкаппарлық асау өзен секілді пендешілік арнамды бұзып кетпей жатырмын?»
Жырақтан жетім бұлт күркілдей жөтелді.
Соңғы аптада жүрек соғысы қалыпты ырғаққа түсіп келеді. Бас дәрігер Байпатшаев мәз: елде жоқ қытайдың шөп дәрісін тауып, жүйелі түрде ем жүргіздім, өгіздің мүйізінен кептіріп, ұнтақтап жасаған биовитамин ауруға әлме-әл күш беріп, қалыпқа түсуіне көп жәрдем жасады деп. «Жүрек соғысы сұрапыл ұрыс даласындағы сүргін салып соғыс ашып жараланған патшадай, жоқ жерден омақаса құлаған, ойламаған тұста ат ойнатып аблығып шыға келген шатақ қолбасшы мінезіндей-қиын еді, бір ізге түсірдім. АҚШ-қа, Хьюстондағы де Беки клиникасына жөнелтпедік» деп; «өзіміз-ақ емдедік» деп газетке, теледидарға дамылсыз сырсұхбат беріп дуылдатып жатты. «Қытайдың шөп дәрісін, өгіз мүйізінің ұнтағын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабынан оқып білдім» деп төндіріпті. Шын мәнінде, тереңдей ойлаған пендеге Айтуардың сол жағына емес, оң жағына таман ойыса біткен ерекше жүрегінің, дәлірек айтса-жүрек қабының -«өгіз жүрегі» паталогиясына айналып кетпеуіне, жүрек қабының кеңейе түспеуіне, Астананың үстінен дүрлігіп жабайы нөсер өткен сайын қан айналымының қалыпқа келуіне, Бірден-бір себепкер Әсем арудың айтуы жоқ сүйіспендігі еді.
Бұл сырды екеуінен басқа ешкім білмеді. Шалқасынан жатқан Айтуардың салалы саусақтарын алдына алып, бір-бірлеп санап, үлпілдеген ұлпа ернімен сүйіп отырған сұлу бойжеткен-осы қазір аспаннан түсе қалған періштеге ұқсады. Қыр мұрыны, керіле сызылған қара қасы, құйылып біткен ақшыл маңдайы, пәс сайын жүзіне алау боп жүгірген ұят қызылы, үркектігі, ұлпа еріні — қыл қалам иесі Ерболат Төлепбай кенепке келістіріп салған періштеге келеді.
Бірауықта Айтуар махаббат мастығынан есін жиды.
— Жүрек қабымды «өгіз жүрегіне» айналып кетуден сақтап, қан қысымымды қалыпты жағдайға түсірген сенің сүйіспендігің, Әсем. Бұрын-соңды әйел затында осыншалық құдіретті күш бар деп ойламаппын. Бағалай алмасам, бағаңды білмесем — кешір ару періштем!
Әсем үнсіз ғана жігіттің салалы саусағын бір-бірлеп ерніне баса түсті.
— Әуелгіде беті жылтыр, бөксесі шымыр көп ұрғашының бірі ғой деп ойлағам. Сол ойыммен от басып ала жаздадым. Әсіресе соңғы консилиумда Хьюстонға, «операция жасатуға жібереміз!.. жібермейміз!» дескен қым-қуыт арпалыста шырылдап жүріп ара түсіп жеңіп шыққаның есімнен кетпейді. Пышаққа түскен жүрегім қайта тірілер ме еді, әлде мәңгілік сөніп қара құрдымға жұтылар ма еді. Жаратқан ие сені өзіме кезіктірсе — дертіме шипа, жаныма дару болсын деп ұшыратқан шығар-ау. Сені бергеніне мың да бір шүкіршілік!
Әсем үнсіз, ұлпа ернімен салалы саусақты сүйе берді, сүйе түсті.
— Әлгіде, сен келердің алдында қараңғы бөлмеде қамалып жатып Эйнштейннің рухымен тілдестім. Жаратқан иенің назары түскен әулие адам ғой, түсіме тегін енбеген шығар. Будан да зор биікке шығып, бақыттың тәтті бал шарабынан қанып ішермін деген үмітім бар. Ол шарап-сенің сүйіспендігің!
Қыр астынан желе жортқан жетім бұлттың гүрілі естілді. Сіркіреген жауын тамшысы әйнекті шертті.
— Кеудемді сүйеші, — деді Айтуар. Қолын бойжеткен алдынан тартып алып, шалқасынан жатқан күйінше оң бүйіріне аунап, тұруға қам жасады. Әсем бұратыла иіліп, жігітті қаусыра құшақтап, түрегеліп, кеудесін тіктеді. Белі жел өтіндегі тал шыбықтай майысады.
Кең дәлізден әлдекімнің дабырлай сөйлеп, тақап келе жатқаны естілді. Асықпаса болмайтын еді. Палатаның есігі тарс жабық тұрса да дәрігер әулеті мазасыз, тықылдатып қағуы кәдік. «Екі кештің арасында есікті іштен кілттеп алып оңашалана қалғаны несі», — деп күдігіне алады. Күдік жүрген жерге өсек үйір. Өсек сөзді дауылша үдетіп әкететін әріптестері жетеді. Аурухана-өсек пен өмірдің арпалысы.
Айтуар осынау көзін ашып-жұмып маңғаз тұрысында — теңіз жағасына шығып алып алыс сапарға аяқ салар кеме іздеген кеме капитанына ұқсар еді. Көк толқыны дүрліккен дүниенің алыс-жақынын ойша болжап, ертеңгі барар жерін көзбен шолып қасқайып тұрған теңіз көкжалы ше. Бұйра шашы, өткір жанары соған келеді. Оң бүйіріне қата жармасып тұрған ару бойжеткеннің белінен орай құшақтап өзіне тартты. Тал шыбықтай бұралған белі денесіне дене боп жабысты. Кеме желкеніне ұқсады.
Айтуар — алысқа сапар шегуге дәт қылған кеме капитаны, Әсем-сол кеменің желкені болар, сірә.
Сүйген жігітінің бар ауыртпалықты, ауруды жеңіп шығып, дімкәс-дертті бой-басынан сыпыра сылып, дәтке қуат түрегелген мезетін көріп бойжеткен іштей тобалады. «Жаббар ие, жар бола гөр», деп күбірлеп тәңіріне жалбарынды. Бетінің ұят қызылы өртеніп тұрып Айтуарға жалт бұрылып былай деді.
— Бар байлығымды арнадым өзіңе, пірім!
13
Адамда арман таусылған ба!
Ойда тұрған кісі биікке шықсам деп ұмтылады, биікке жетіп алған соң шыңға өрмелеуге дәт қылады; жұрттың көзін суыра тартқан сұлуды жар етсем дейді; сәнді үйім, лауазымды портфелім болса дейді; байлықтың соңына шам алып түсіп ақша табады, дәулет арттырады; енді баяғыдан бетер ұйқысы азайып, қимыл-қозғалысы, жүгірісі жиілейді; балаларым шетінен мықты кісі болса, үлкен кісінің маңайындағы бір-бір тәуір орынды иеленсе деп тілейді. Өстіп жүргенде өмір шіркін бір күнгідей болмай өте шығады. Уақыт, бейне, уыстағы қатты қысқан құм секілді, жұдырығыңды қатайтқан сайын тезірек сусып түгесіле түседі.
Ауруханадан шыға салып баспаханадан келіп түскен «Қара құрдымдағы уақыт» атты кітабының қалыпталған терімін оқып, қатесін шығарды. Үшінші күні «басуға рұқсат» деп қол қойып берді.
Әсем екеуі неке сарайына барып арыз береміз деп келіскен мезгіл кеше кешкісін еді, кітаптағы кеңістік пен гравитациялық тартылыс күшінің ара қатынасының теңдеуін таппай, жанталасып отырып, есінен шығып кетіпті. Ертеңгісін қалыңдығы өзі келді. Есіктен кіре бере ұмтылып жетіп бойжеткеннің бетінен сүйді, төргі бөлмеге өткізді.
«Түнімен отырып таптым!-деді тасып қуанып, — Толық кітап болып шығады енді. Теңдеуі дұрыс шықпағанда бар ғой — жарым-жарты кітап болатын еді.»
Әсем кеше кешкісін неке сарайының алдында екі сағаттай текке күткенін айтуға оқталып еді. Жігіт өз-өзінен киіп сөйлеп кетті.
— Келгенің жақсы болды, Әсем. Мына басуға қол қойылған верстканы баспахана директорына дереу жеткіз. Қателерін түземейінше станокке салмасын! Қадап тұрып айт! Тексер! Сосын түнеукүні ауруханаға түсер алдында костюмімді химчисткаға өткізген едім, кешкісін телефон соғып: «Алып кетпесең-жетімханаға жібереміз», — деп қорқытты, жолай ала салшы. Астана теледидарына соқ, мына сырсұхбат жазылған бейнетаспаны берерсің, тұра қал, Әсем!.. айтып біткенім жоқ. Кеше Лондоннан, Кембридж университетінен жеделхат алдым, «осы аптада лекцияны текке жіберсеңіз, келісім-шартты бұзамыз» депті, ұшақ кассасына соғып мына ақшаға Лондонға билет алшы!.. тағы нені ұмыттым! — деп шекесін бүре ұстап отырып қалды. Кең бөлмені бір пәс үнсіздік басты.
Кеше неке сарайына жігіттің келмегеніне бойжеткен соншалық ренжіген жоқ, ренжіп неғылсын.
— Өзіңіз не істейсіз? — деді қыз жұмсақ үнмен, — мен ғой мына шаруаны тындырамын деп кешке дейін қаланы шарлаймын, сіз не істейсіз?
— Мен бе? — деп Айтуар жұлып алғандай еңсесін жазып ұша түрегелді. — Түске дейін қадалып отырып уақыт субстанциясының әрқилы ортадағы теңдеуін түземін, сосын Бәйтерекке шығып топырлап келетін шетелдік қонақтарға жиырма минөт аспан әлемі туралы әңгіме айтып беремін... ағылшын тілінде... Сыртқы істер вице-министрі апта бұрын коймай шақырып келісімімді алған еді, — деді де ойына әлдене түскендей сөзін кілт үзді. Басын оқыста тасқа ұрып алған бала секілденді. — Әсем, осы сенің жасың нешеде?
— Жиырма жетідемін.
— Дәл мүшел жас. Әрбір мүшел жаста жүрек соғысы қалыпты ырғағынан ауысып өзге жылдамдыққа түседі деген рас па осы!?
Кеше Шанхайдан қытай профессоры келген екен: дәріс оқып, трактатын езіп, мыжып, мырыңдап бір сағат уақытымды текке жеді. Эхокардиограммаға түсіп, уақыт тауып өзіңнің жүрек ырғағыңмен менікін салыстыра салшы!
Әсем қарап тұрып сықылықтап кеп күлді. Аңырып аузына келген сөзін жұтып қалған Айтуарды құшағына ап, құшырлана сүйіп-сүйіп алды.
— Мақұл, дегенің болсын. Лондоннан келгеніңше жүрек жазбамды салыстырып қояйын. Ал, неке сарайына Лондоннан оралған соң барып арыз береміз бе?
— Әрине.
— Ендеше курьерің болып қаланы шарлап қайтайын. Теңдеулеріңді түзе бер, Бәйтерек биігінен ұшып кетпе,-деп Әсем бойжеткен қағаз, дискет сықастыра салған ауыр портфелді белі қайыса көтеріп үйден шығып кетуге бет алды. Сыртқы есікті ашқанда байқады — тал шыбық секілді, бұрын көрмеген, денесімен дене боп жабысқан аспан түстес көгілдір көйлегі, құлағындағы жылт еткен алтын сырғасы құп үйлесіп, көзді суыра тартады. Аш белі қылдырықтай боп үзіліп түсердей. Төсі бұлтиып бұрынғыдан көп ұлғайыпты. Қарап тұрып Айтуардың құштарлық оты тұтанғаны.
«Неге әлгіде бас салып бауырыма басып, құшып-сүйіп мауқымды баспадым!.. суық күйде, солбырайып тұрып жұмсап жібере салдым» деп жан әлемі ұлығандай өкінгені.
Есігі тарс жабылды.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген. Тезек дүниенің тезегін теріп өліп-өшіп жүріп, тезек салған бір-бір қапқа айналғанымызды білмей қаламыз ғой. Әсемнің соңынан құрық алып түсіп, құлын мүшесін бауырына басуға өліп-өшіп жүрген ана Әмірші Досайұлы бойжеткен ару не тілесе-я қала ортасынан үш бөлмелі пәтер алып бер, я үлкен аурухананың Бас дәрігері ет деп емеурін білдірсе-ақ құлдық ұрып заматында орындауға дайын ғой. Ал ана бас дәрігер Байпатшаев: «Көңіліңді берсең болды, әйеліммен ажырасам, орталықтағы төрт бөлмелі жиһазы тірелген үйден шабаданымды ғана алып шығамын, өзіңнің жолыңа бәрін қиямын», — дейтін көрінеді. Басқан ізін сүйіп алуға ана сақалды эколог діндар әрдайым әзір. Уай, пәруардігер дүние, мына ару бойжеткен мұның жолында не істемеді, нендей асылын құрбан етпеді десеңші!»
Ойда жоқта әлсіреп, жүрек соғысы ауытқып ауруханаға түскенде — зыр жүгіріп жүріп, айтып тауыса алмас маман білгіштерді шақырып, жиын сайын хаттама толтырар хатшысы болып, барша тексеруден өткізді. Өзге білгіштер: «Қолымыздан келмейді, Хьюстондағы де Беки клиникасына жіберелік, сонда жатып пышаққа түссін», — дескенде — бір білгішпен айтысты, келесіні ез пікіріне иіп көндірді, үшіншіні «ағатайлап» жүріп жүрегін жібітті, әйтеуір көз алдында жатып ем-дом алуға алып қалды. Дүниенің бұл білмейтін дәрісін тапты. Өліп-өшіп жақсы көрді. Оттай ыстық сүйіспендік ләззаты барып-келіп жатқан жігіт жүрегінің тоңын жібітті, қасиетті Лаухыл Махфузда жазылғандай-жаны мен жаны қосылды, екі жан бірге болғанда-айтып болмас орасан күш дүниеге оралды; шын сүйіспендіктің дәмін, балын жұтқан жігіттің ұлы гармония ырғағына ілесе алмай, бағытынан жаңылып, қиғаштай әлсіреп құрдымға батып бара жатқан бетінен-ару қыздың шарапаты, лүпіл қаққан жүрегінің жұпар нұры, материяның тығыздығы мен гравитациялық тартылыс күшінің байланысын ашқан заңы-түптің-түбінде дүлей ғалымды анық ажалдан құтқарып қалды. Шындыққа салыстыру арқылы көз жеткізуге болады. Чарльз Дарвин адамның арғы тегі маймыл, адамдар маймылдан эволюциялық жолмен жетілген деп 1859 жылы дүм дүниеге әйгіледі. Осыдан он екі ғасыр бұрын пайғамбар галейкіссаламға түскен Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық».. деп 49-сүренің 13-аятында мәлімдесе; «расында сендерден сенбі күні шектен шыққандарыңды білесіңдер, сонда оларға: «Маймыл болып, қор болыңдар» деген едік. Сонда ол жазаны, ілгері, кейінгілерге үлгі әрі сақтанушыларға насихат қылдық»-деп 2-сүренің 65, 66-аятында анықтап келтірген. Он екі ғасыр бұрынғы құранның аятында, аянында-маймыл — азғындаған адам ұрпағынан бөлініп шыққан қор болушылар, алланың қарғысына ұшыраушылар деп қасиетті хатқа түскені-таң қалдырады! Ендеше бір алланың мархаметімен ару Әсемнің жүрек лүпілі өз жүрегінің ырғағына, ұйқасына үндескелі өзгеше күшке ие болды, дауасыз дерт иығынан сыпырылып түсіп, бойы жеңілдеп, бой жасап, жер тартып бара жатқан ауыр халінен мына жарық дүниеге кері бұрылды. Кісілік қалпына жарқырап қайыра түсті.
«Бисмилләһи ир-рахман ир-рахим» деп кәлимаға тілін келтіріп, жұмыс кабинетіне еніп, ұзынша емен үстелге шөмиді. Қаламды қолы қатты ұстап ақ қағазды алдына жайғаны сол: формула, теңдеу өзінен-өзі маржандай тізіліп түзіле берді. О, құданың құдіреті! Бұрындары әр сөзін, әрбір теңдеуін, әр сөйлемін сықап құрастыруға сағаттар бойына сарсылып отырушы еді, әрі-беріден белі бүгіліп, сүйегі сырқырайтын. Қаны қоюлап ақпай қалғандай сезілетін, көз алды бұлдырап кететін. Бұл жолы әлдебір қасиетті, әулетті күш алыстан күбірлеп аян беріп, саусағын сүйрелеп «жаз...жаз!».. деп, қарындашын жетелеп ой сәулесінің соңынан сүмеңдетіп қойған секілді. Қадалған үстіне қадалып отырып кестелеп төгілдіре түсті.
Шексіз әлем шексіздігіңе болайын-құдіретті ырғақтың бір бөлшегі болсаң.
Бұл бөлшек бір күндері уақыт уысына симай ұлғайғаннан ұлғайып үлкен жарылысты туғызары хақ. Бөлшек пен шексіздік, кеңістік пен қара құрдым арасында құрдай жорғалап, бірде сұрапыл күшке еніп, келесіде қылдырықтай жіңішкеріп, кейде сәуле шапшаңдығына шаң беріп, бәз бірде сәуле жылдамдығынан асып түсіп, миллион-миллиард тіршілік иесін ұлы гармонияға бағындырып қойған алланың аянын формулаға, санға, теңдеуге түсіргендей өзгермелі хал кешті. Өзіне солай сезілді, сүмек боп өлердей ағып терледі.
Түс әлетінде үстелден саудыраған құр қаңқа түрегелді.
Төсегіне жетіп киімшең гүрс құлады. Шашылған күйі шалқалап жатып ойланды. «Жүрегімді шаршатып алмасам жарағаны». Тауға, қия жартасқа өрмелеген альпинист секілді қиял-құздан тайып кетпеуді ойлады. «Енді тайсам-құлағаным, құрығаным» деп іштей мүжілді төсекте шашылып жатқан құр қауқар-Айтуар. Енді мүлт кетсе-ару бойжеткеннің оттай ыстық құштарлығы, жанын жалдаған махаббаты шырқырап, ара түсіп құтқарып қала алмайды. Бұдан былай қол ұшын созуға, құтқаруға Әсемнің құдірет-күші жетпейді. Ұрғашының жеті жаны болады десе-дағы әр нәрсенің шектеуі бар, төзім шеңбері мәңгілік емес, енді болмаса-келесіде морт сынуы мүмкін.
Осыны ойлап Айтуар төсегінен тұрды.
Сағатына қарап еді, Индиядан, Неаполдан келген дін өкілдерін, Қытайдан келген ғалымдарды ілестіріп, дәлірек айтса-соларға ілесіп, Бәйтерек мұнарасына шығып аспан әлемі туралы әңгіме айтып беретін мезгілі тақап қалыпты.
Ырши түрегеліп, әр жерде шашылып жатқан киімін теріп ап, жылдам киініп, үйінен ытырыла шығып, такси ұстады. Жеңіл мәшине қаланың оңтүстік шығысынан он үшінші даңғыл арқылы батысқа сорғи ақты. Межелі жерге мезгілінен он минөттей кешеуілдеп жетті.
Ұйлығып тұрған шетелдіктер арасынан сыртқы істер вице-министрі суырылып шығып, ренжи тіл қатты.
— Қайда жүрсіз? Бұлар әншейін кезбелер емес, ресми мемлекет қызметкерлері ғой, қазақстандықтар әр істі кешігіп бастап кешігіп бітіреді екен деп іштей кейімес пе?!
Айтуар лауазымды кісінің қағытпа сөзіне соншалық мән бермеді. Сонадайдан шетелдік әріптестеріне ағылшынша аңқылдай сәлем беріп, жылы амандасты, өзін таныстырып, сөз арасына күлкілі әзіл қыстырды. Әріптестер ду күлді. «Бәйтерекке шығалық, мырзалар, ханымдар! — деді қоңырқай жүзді әйел, еркегі аралас топқа нұрлана жымиып, Гималай бұлтын енесіндей төл емген ұлы таудың перзенттеріне жазық даланың жазықты ұлынан ғафу өтініш! Жақсылап құлақ қойыңыздар. Мінекей, тоқсан жеті метрлік биіктікке көтерілдік, астымызда құжынаған қала. Үстімізде төңкерілген аспан. Асқар ала тау туралы қасиетті құранда жазылған», — деп қолын аспанға сілке лақтырып, ұшы-қиырсыз кең далаға көз сұғын қадай түсіп, жанары кеңдікке талып, ендігі кезекте — аузына қарап аңырып қалған меймандарға ойысқан еді. Үнділік әйелдің оймақтай жүзіне, жылт-жылт еткен көзіне тұсалды. Неге екені белгісіз әлгі әйел сұқтанып қарап қапты, аспанға емес, өзіне.
«Жиырма жетінші сүренің сексен сегізінші аятында: «Тауларды көріп тапжылмай тұр деп ойлайсың. Шындығында ол бұлт секілді жүреді. Бұл әр нәрсені берік жасаған алланың шеберлігі. Күндіз-түні ол жасаған нәрселеріңді толық біледі», — деп баяндалған. Ал, енді он алтыншы сүренің он бесінші аятында: «Сендерді теңселтпеу үшін жер жүзінде асқар тауларды орналастырды», — деп келтіреді. Сүредегі «бұлт тәрізді жүреді», «сендерді теңселтпеу үшін» деген сөздің мәніне зер салыңыздар: таулар жылжиды, жүреді, ұлғаяды, кішірейеді, ал, жұмыр жерді мекендеген мына біздер теңселіп қулап кетпеуіміз үшін аяғымыздың астындағы қара жерге шаршағанда арқамызды сүйеп, биіктікке бой салып осу үшін аспан тауларды жаратыпты: бәрі біздің қамымыз! Мына біз секілді пенделерге бой салып биікке шақырған, бұлт секілді жүретін тауларға — жаратқан иенің көзімен, биіктегі аспан әлеміне-улы ырғақтың нұр сипатты сәулесі арқылы назар салайықшы:
Жер-әлемдік тартылыс күшінің формуласы шығады».
Деп ағылшынша дестелеп уақыт, көк төсіндегі шамшырақтар, тартылыс табиғаты туралы төгілдіре сөйлеген кезде-жылт-жылт еткен мөлдір жанарлы үнді келіншегі білегіне қата жармасты. «Басым айналып бара жатыр», — деді күбірлеп. Домаланған сари ораған балғын денесінен, демінен от жалын еседі. Кісіні есеңгіретер ыстық демді тұңғыш сезінуі.
— Әңгіме тамам, мырзалар, ханымдар, төменге түселік, — деп дауыстады. Тәлтірек қаққан үнді келіншегін сүйемелдеп лифтіге енгізді, ол келіншек білегінен қатып ұстап жіберер емес. Жанаса беріп лифт ішінде, тар жерде жұмсақ төсін төсіне тіреді. Айтуардың құлағына сыбыр етті, самайына еріні тиді, жігіт жүзіне ду етіп қан шапшыды.
— Ағылшыншаны қайдан жетік үйрендіңіз?
— Кембридж университетінде оқып жүргенімде.
— О, өзім де сол университетте оқығам.
— Шынымен бе-ей, бір жерде көрген секілдімін. Жоқ, менің бітіргеніме жеті жыл болып қалды. Сіз әлдеқайда жассыз, тақау арада оқыған боларсыз. Шетелдік қыз, бозбала, көп қой онда!
Лифт лық етіп төменгі қабатқа кідірді, қонақтарды сыртқа төкті. Біраз кісі сандықшаға сыймай жоғарыда қалып қойған. Бес-алты адам әріптестерін тосып, төменде үйіріліп тұрған. Үнді келіншегі Айтуардың білегіне қайта жармасып асыға сөйлейді.
— Кешке «Интерконтиненталға» келіңіз, он жетінші нөмірге, аспан әлемі туралы армансыз сөйлесейік.
Айтуар сағатына қарап, шетелдік меймандардан рұқсат сұрап, күні ертең Лондонға ұшатынын, кешкі ресми қонақасыға қатыса алмайтынын мәлімдеп, мәртебелі меймандардан кешірім сұрады, сусып кетуге бет алды. Үнділік келіншек мұның білегінен қолын әзер ажыратты.
— Қазір лифтіден шығатын мәнжубас пәкене профессор жетекшіміз Гималайдың мәңгі мұзы еріп түгесіле ме, түгесілмей ме деп бес кітап жазған, алтыншы кітабының үзіндісін оқып үш күнде миымды айналдырып жіберді, көргім келмейді... кешке келіңіз!.. сіздей ашық аспан секілді ашық-жарқын жігітті алғаш көруім!.. өкінбейсіз... өкпелеймін...
Айтуар топтан сытыла шығып, тапырақтай жүгіре басып барып, зәулім үйді айнала беріп ал кеп лоқсысын, ал кеп құссын, ішіндегі кешелі бергі ішкен ас-ауқатты запыранымен түгел тастады. Ішін басып отырып қалды. Шекесі солқ-солқ сығып алып барады.
Аяғын созып жіберіп, үй іргесіне арқасын беріп жүрелей отырып, терең-терең тыныстады. Қалтасынан орамалын алып бетін, аузын сүртті. Ұзақ отырды.
Көше сыпырушы шал тақап келіп, маскүнем болар деп ойлады ма, кім біледі, мұның жүзіне ұзақ-ұзақ үңіліп қарады. Қатып киінген, су жаңа костюмінің өңірі былғаныпты, көйлегі шаң-тозаң. Қара жерде көсіліп отырғаны несі деп таңқалады. Басын шайқады. Бір уақытта қолын «ә» деп бір сермеп, сыпырғышын ысқырта ығысып жөнелді.
Айтуар әлден уақытта кеудесінен жүзін көтеріп бұлт жүзе бастаған зеңгір көкке қарады. Бұлт арасынан жылт-жылт етіп көрінетін көзіне ерекше ыстық жұлдызды іздеді. Жұлдызы тезірек көрінсе ғой деп тілегені — Әсем бойжеткен болатын. Қиналғанда қол ұшын берер, кеудесіндегі жаны бірге — жалғызын, жарылқаушысын, жарық жұлдызын іштей өксіп сағына ойлады. Әлсіреп, күші кеміп таусылмай тұрғанда... дәп осы араға келіп жетсе ғой деп тіледі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі