Өлең, жыр, ақындар

Келіншек асу

Бұл осыдан оншақты жыл бұрын болған оқиға еді. Тұрсынбала қара күздің суығында елең-алаңнан атқа қонып таудың күнгей бетін жайлаған алыс ауылға жол аламын деп ойлаған жоқ еді. Бәрі ойда жоқта болды. Аспан бозарып, ақырап аяқталып әне-міне асу бекиді деп отырған кезде жолға шығу қауіпті-тін. Астындағы қазанат езулей тартып, ауылдан шыққысы келмей тастақты жолды еріне басады. Жас келіншекті кісі құрлы көретін емес, Тұрсынбала ызаланып бірер қамшыны артық сілтеп те жіберді, қазанат қамшы сүймейтін: ақырында адамға қызмет етіп, мойынсұнып үйренген табиғи түйсігі оянып, ауыр пысқырып, қаршылдатып аяңға басқан. Жоңға жеткенше жол қырға тырмысады, одан әрі Ақсүмбенің асуы, асудан күн батпай өтіп алса қауіп жоқ, малшылардың шұбырынды ізімен күнгей ауылы асқа отырған апақ-сапақта жетіп барары кәміл. Жүрек басын әлдебір беймәлім үрей буып босатпай қойғаны. Күйеуінің түндегі шымбайға батып, жан тырнаған сөзі есіне түскенде осы беталысым дұрыс дегендей, бойының дірілін басып қайыра ширықты.

Күйеуі Жүзжасар — отыздың үстіне енді шыққан, жасына қарамай ерте қартайып, сақал-мұрт өсіре бастаған бітене кембағал жігіт еді. Жасында көкпарда аттан жығылып сол аяғын сындырған, содан сылтып басатын. Оның үстіне әке тәрбиесі қосымша болды ма, оныншы кластан әрі оқымай, дүние жиып, мал табуға ерте кірісіп кеткен. Жүзжасардың әкесі аудандағы мал өнімдерін даярлайтын мекеменің агенті болып көп жыл осы елдің тері-терсек, жүн-жұрқасын жиған. Ылғи Жүзжасарға «дүниенің қадірін білмейсің» деп кейіп отыратын. Тұрсынбала келін болып түскенде жарты тайыншаның етін алып той жасаған, жыл өткенде ауыр дерттен қайтыс болды. Әкенің артында қалған біраз дәулет, қоралы мал Жүзжасардың басын айналдырған жоқ. Қайта шаруаны бұрынғыдан да мығымдап ұстап, көрші-қолаңнан әкеден қалған қарызды өсімімен сұрап зар қақсатты. Ауыр жұмысқа жарамаймын деп ауыл дүкенінің қарауылы болды. Тұрсынбала оныншы бітірген соң қаладағы дәрігерлік училищеде оқып жүрген, әні-міні алты айдан соң оқу бітіріп диплом алатын еді, осы Жүзжасар кезікті, ата-анасының сөзі қамшы болды. Бұйрықтан ба, тағдырдан ба төмілжіп басына шашақты салы салып Жүзжасарға қалыңдық болып түскенде «бұл құдайда да көз жоқ екен» деп бармақ тістеген құрбылар да табылды. Әзірге араларында перзент жоқ. Үйде қаңтарылып қарап отырмайын деп ауыл басшыларына айтып жүріп медпункте орналасқан, ауырған-сырқаған кісілерге дәрі беріп, укол салып «қолы жеңіл келін» аталып қалған.

Жүзжасарға осы жаз бойы тыным болмады, пайданың көзін таптым деп, Шу бойынан ши тартуға ертемен кетеді, іңір үйіріле келеді. Шу бойы қашаннан солқылдаған ақ шиге бай. Мал баққан қазақ жайлауда киіз үйсіз отыра алмайтыны мәлім. Киіз үйдің сыртынан қаптайтын шыптасы, қаусырма есігі ақ шиден жасалады. Мұны білген Жүзжасар ертелетіп атқа қонар, түс әлетінде Шу бойына жетер, атынан түсер, беліне шидем орап, қолғап киер. Толықсып өсіп тұрған зау биік шидің он шақтысын беліне орар, қатты жұлқып, күтір еткізіп жұлып алар. Кешке дейін қыруар ши жұлады, қабықтайды, түбін жерге ұрып баулап буады. Атына теңдеп ауылға алып келеді. Бума-бума шиді жаз бойы жонға көтерілген күнгей қойшыларына сатып шыққан. Бір үйлік ши — бір тоқты не алпыс сом ақша. Күнгей елінде, Сыр бойында ши өспейді, қамыспен үй қаптау қазақ рәсімінде жоқ. Сондықтан басындағы киіз үйін жұмыртқадай аппақ етіп, көрік беріп, сән қосатын жеңіл шыпта шиге қатты қызығады.

Жүзжасардың әуелгі есебінде Шу өзенінің су тегін жабайы шиі осы жазда екі мыңдай ақшаға айналып қалтасына құюға тиіс-ті: күз түсе шамалысы кем шықты. Малшы қауымның қолы айлық жалақыға екі-үш айда бір-ақ тиеді. Көбісі шиді несиеге алған. Жиып-теріп күзде бір-ақ құтыламыз деп жүрген. Әнеугүні қазанатпен жонға шығып қайтқан, бірер малшы күйек салу кезегі ерте келіп ылдиға асығыс түсіп кетіпті, соңынан қуа берейін десе артындағы шаруасын, түнгі күзетін ойлап бозарып-сазарып қабағы түсіп қайтып келген. «Әтаңа нәлет, арқа-арқа шиімді алып жер қаптырмақ мені, осыдан қолым босасын, демалысым тисін, жер түбіне көшсең де тауып алармын», — деп кіжінген.

Демалысын алған күні қатты ауырып қалғаны. Алдында ғана малдың қысқы қорасын жөндеймін деп күні бойы тас қалаған, там сылаған. Содан бейнет алып ұрды білем. Бір түнде ұрты солып, көзі әңгел-шәңгел болып төсек тартып жатып қалды. Тұрсынбала ем-дом жасап бәйек болып жүгіріп жүрген. Кеше түнде ғой.

— Білемін, ертерек тырапай асып өлсін деп жүрсің, білемін ойың бұзық, ниетің арам, — дейді кеудесінен итергендей етіп.

— Жазған-ау, не сандалып жатсың? Одан да мына дәріні ішіп терлесеңші.

— Мал-мүліктің бәрі өлсем саған қалады, сосын күнгейдегі жылқышы жігітпен ойнап-күлесің, жетілесің, жетісесің.

Тұрсынбала жан тырнаған мына сөзден сағы сынып ошақ басына отыра кетіп жанарымен жер шұқыған. Қараптан-қарап жатып зәрін шашқан қосағының қисық мінезіне налыған. «Құдай-ау, осынша жерлейтіндей менің не жазығым бар?» деп іштей үгітілген.

— Не ішем, не киім демейсің: сандық толы сенің киімің, қамба толы қазы-қартаң. Соның бәрі оңайлықпен табылып жатқан жоқ. Алақанақы, табан терім ол. Ана күнгейдің қарабай қойшылары шиімнің ақшасын бермей тайып тұрған. Талағаны, тонағаны емей немене?!

— Кісі ақысы қайда кетер дейсің? — дейді Тұрсынбала. — Келер көктемде тағы жондағы жайлауға көшіп келеді ғой, ақшаны сол кезде-ақ алармыз.

— Ойбай, келер көктемге дейін кім бар, кім жоқ?! Алақаныңда тұрмаған ақшаға сенім қайда? Келер кездескенде таныса жақсы, сені қайдан көрдім деп тұрса қайтпексің?!

— Жұрттың бәрі өзіміздей. Кісіге сенбей қалай күн көрмексің? — деді Тұрсынбала.

— Ол ақылыңды езіп маңдайыңа жақ. Ешкімге сеніп күн көре алмаймын, — деп қалшылдайды Жүзжасар. — Жанымды жеп қойды түге. Адал еңбегіңді айдаладағы біреулер талап, тонап әкетіп жатса қайтіп тыныш жатарсың?!

— Мен-ақ барайын ендеше, — деді Тұрсынбала. — Ертең қазанатпен асудан асып күнгейге барып қайтайын. Жолдағы асу болмаса алпыс шақырым жерге қиналмаспын. Жолды білемін, ши алған қойшыларды танимын.

Жүзжасар таппа тыйылып үнсіз қалды. Жас келіншекті күні тұтамдай қараша айының аяғында алыс жолға қайтіп жіберемін деп қиналмады. Қайта іштей барса-барсын деп ойлады. Бір күн ары, бір күн бері, астында жараулы ат, барып қайтсын. Күйік үстіне күйік қосыла бермесін. Тыныш жатып ауырайын. Малды жайғауға ертеңді-кеш көршінің баласы көмектесер.

Қар түсіп, асу бекімей тұрғанда барып қайтайын деп бекінген Тұрсынбала. Асу бекісе-ақ келер көктемге дейін екі ел арасында қатынас үзіледі, келім-кетім кісі тыйылады. Мынаның көз алдына дүние бітіп жатысы сол, қыстай құлағымның құрт етін жеп қояр сосын. Аш құлақтан тыныш құлақ, ақшасын әкеліп беріп жанын тындырмасам май кеміктей мүжіп бітері анық.

Осы оймен Тұрсынбала атқа қонған... Елең-алаңнан оянып жолға қамданған келіншегін көріп Жүзжасар бәсең үнмен ернін жыбырлатқан. Тұрсынбала ауырып жатқан қамкөңіл күйеуін аяп кетіп жастығын биіктеткен, әлдебір үмітпен еміне қараған.

— Асудан атыңды жетелеп шық, — деді. — Ақшаны санап ал, — деді.

Тұрсынбала түршіге тітіркеніп бойын жиып алған.

«Өзіңді сақта», — деп құшағына қысар, бетінен сүйер деп ойлаған. Нешеме тас болса да көзіне жас алар деп дәмеленген.

Қазанат жол сырына жетік, тек Жүзжасар шілдеде тоқтай шауып аяғына жем түсірген. Содан бері етінен арылып, сүйегі шығып көтеріле алмай қойған. Үстіндегі үлпілдеген жас келіншекті қаңбақ құрлы көрмей елпектей аяңдайды. Жыланша иреңдеп ағып жатқан Раң өзенінің арнасынан шыққанда күн көкжиектен арқан бойы көтерілген. Ерте шыққаным жақсы болды деп ойлады Тұрсынбала, жолды жүрген ұтады, түс аумай тұрып асудың арғы жағы жеңіл, ылдиға қарай жүріс те жылдам, ай жарығымен-ақ Ақкүйік өзенінің бойындағы ауылды тауып барады.

Жаз уағында Қаратаудың қос сауырын мекендеген күнгей мен теріскей елі жайлауға шығып құрдай қатынап, мидай араласып жатады. Қонысының қыр астынан үрген итін айырып, дүбірінен-ақ иесін танып құдандалы-жекжат болып қапталдаса күн кешеді. Күзде күнгей малшысы лықсып Сыр бойына түседі де, Теріскейліктер Шуды қыстап кетеді. Сонда ғой Қаратау кәрің, бейне, сахара үстінде көлденең жата кеткен жолбарысқа ұқсайтын: күнгей елін арқаның сусыма саршұнақ боранынан қалқалап, теріскейге түстіктің жазғы ми қайнатқан аптабын жібермей — табиғат шебер күншілік жердің өзіне қос ыңғай ауа райын сыйлауы қызық. Алты айы қыс жон арқадағы аралық құлазып елсіз жатар еді, онда тек азуын қайрап аш бөрі, азынап ұлыған жынды жел жортар еді.

Тұрсынбала күнгейдегі Ақкүйік өзенін жайлаған қарапайым бағбанның қызы еді. Әкесі күнгей еліне ертеде ауып келген кірме, әрі тақуа діндар адам болатын. Кітап сөзі десе ішкен асын жерге қойып елігіп, елітіп тыңдар еді: сол сөзді тағылым тұтып орындауға жан-тәнін салар еді. Кешегі жылан жылы бір үзім нанға зар болып жүріп осы Жүзжасардың әкесіне кезіккен секілді: саудагер бақалшыдан өзек жалғаған өмір сүретін бес күндік нәпақаны өлердегі сөзін айтып қарыз алған деседі. Жүзжасардың әкесі қол ұсынымға келген дүниені қақшып алатын айлакер жан, әрине. Әлгі нәпақасын бұлдап, салмақтап: «екі дүниелік қарызым» депті: «өлі мен тірінің дәнекері» депті: «перзент өссе, қыз жетілсе атастырған жолымыз» депті; әйтеуір аш құрсақ, ақылы азайған ата-анасынан ақыреттік ант су ішкізіп уәдесін алыпты.

Айналайын өкімет жетім мен жесірді жетілдіріп, жетілгенді масайтып марқайтты емес пе? Тұрсынбаланың әке-шешесі де ұжымның белсендісіндей бейнеттен бойын тартқан жоқ, қайда науқандық шаруа, қайда иір мойын қиындық — тірсегі майысып сонда жүріпті. Абыройсыз болмапты, күнгей ауылының кетпені — киелі бағбаны болып айтақырға балапандатып бау тікті, дүйім жұртқа мәуе жегізді, кімсің — пәленше атанды. Өстіп жүргенде Тұрсынбаланың жүрек аурулы шешесі қайтты. Үй тіршілігінің бар ауыртпалығы тобылғыдай таралып өсіп келе жатқан өспірім қызға түсті. Ақылшысы да, панашысы да қолынан кетпен түспейтін бейнетқор әке; бір жақсысы момын әке «оқимын», «жетілемін» деген қызының бетінен қақпапты. Қайырымды мінезі есіне түссе әлі де көкірегіне сәуле құйылғандай әсер алады. Орта мектепті аяқтаған соң аудан орталығы Мейрамқалада жақында ашылған дәрігерлік училищеге түсіп алаңсыз оқып жүрген. Ойда жоқта оқиға болды.

Қатты шөліркеп құрбысымен базарға барып қарбыз жеуге келіскен. Ол кездегі Мейрамқала базары адамның көптігінен ортасы шүкейттеніп жататын қарақұлақ қазан іспетті еді. Теріскей мен күнгейдің игі жақсылары осы нахана базарда бас түйістіретін. Екі қыз қолбала қарбыз сатып алып шеткерілеу сәкіге жайғасып шөл басып отырған, айналшықтап жүрген қабық жинағыш бала ғой деп ойлаған. Маңайын шыркөбелек торыған пәкене бойлы жалпақ бет, құнжиған қара кісі Тұрсынбаланы көзімен ішіп-жеп барады. Удай ащы жанарынан тіксініп, кетіп қалғысы келіп оқтала берген.

— Қарағым, сәл кідірші. Бір жерде көрген секілдімін, кімнің қызысың? — деп кәріқыз шөбіндей жабысты.

— Күнгейдегі Қожантай бағбанның... — дей бергені сол-тын.

— Өзім де солай ойлап едім! — деп сұмдық қуанды. — Ел шеті, жер өтінде жүріп кейінгі балалардың өсіп-жетілгенін білмей қаламыз. Әкеңмен жалаңаш төс түйістірген дос едік.

Бейтаныс кісі жылы-жылы сөйлеп қыздарды айналдырып әкетіп барады. Арғы-бергі жақсылардан тартып нәсият айтты: өмір сүремін деген адамға бұл дүниенің көлдариядай мол қазына екенін, тақуалық етіп томсыраям деген кісіге аңызақ кептірген айтақыр екенін айтып қыздарға кенішті мәслихаттың көзін ашқан. Ақыр соңында сақилық танытып: «Көйлек тіккізіп ки», — деп Тұрсынбалаға елде жоқ табиғи кездеме сыйлаған. Алмайын десе болмады. «Әкеңдей адамның қолын қақпа, батасын бұзба», — деп сай-сүйекті сықырлатқан. «Тап өзіңмен түйдей құрдас Жүзжасар деген балам бар, танысып қайт, жіберемін еліңе». Сол кезде ғой жас қыз пәкене қараның алыстан салған сыңар ұрт қармағын сезбепті, елігіп етегін ілдіріпті.

Жазғы демалысқа шығып елге оралса — әкесі тың мінез ашқан, тосын пікір тапқан. Бұрын: «Қанатыңнан қақпаймын, заманың жақсы, оқы, өс адам бол», — деп отырушы еді. Бұл жолы: «Бәрі де пешенеге жазулы, қанша талпынсаң да, ұмтылсаң да жазмыштан асып кете алмайсың», — деп жөн-жосықсыз нығыздасын. Ақырында: «Қиыншылық жылдары шешең екеуімізді ажалдан алып қалған қайырымды кісіге уәде берген едім», — деп әңгіме төркінін әріден тартты. «Теріскей елінде адал еңбегімен күн көрген, пенденің бетіне келмеген, құдай берген несібені тел емген досым бар-ды; сол келіп құда түсіп кетті, жан дегенде жалғыз ұлы бар екен, сені сұрайды», — деп ашығына көшкен.

Әуелде ойлаған: өзін ажалдан алып қалған адамның меселін жыға алмай әкем шаршаулы, уақыт өтер, ақылға келер, ұмытылар бәрі деп. Ақкөңіл әкенің тақуалығы тарқар деп.

Бекер үміттеніпті, босқа күтіпті. Күн өткен сайын әкенің сыңарезу тақым тартысы үдемесе кеміген жоқ. Пәкене қараның жалғызы — Жүзжасар атын лоқылдатып таудан асып апта сайын салып ұрып келіп тұратынды шығарды. Бөтеннің үйі ғой деп ұялыс тауып, имену жоқ: нақ әкесінің мекен-жайында жүргендей өзімсініп, өктеп, малын жайғап, ауласын сыпырып таптындырмайды. Қыздың қас-қабағын аңдиды. Томпаңдап қолды-аяққа тұрмайтын оңтай, іспен жігітті әкесі де іш тартып жақсы көріп кеткен секілді. Тұрсынбаланың құлағын жеп қойды түге. Ертеңді-кеш: «Осы жігітке шықсаң бағың ашылады, қадірің артады, бақалшының мол дәулеті өздеріңе бұйырады», — деп қадалып отырып алатын болды. Бұған да рай, ықылас білдірмес еді, қайсарлығы мен намысы жетті түбіне.

Есік алдында жер тепкілеп ағатын асау бұлақ болатын. Су алуға барғанда көршінің бейшең ауыз келіншегімен ұшырасып қалды. «Әке қыз-ау, Қожантай үйіне күшік күйеу кіргізіп алыпты деген рас па осы?» — деп жорта білмегенсініп тілімен жүрек тырнап өткен. Қапелімде тұтығып ештеме айта алмай қалды. «Күнгейдің отын жағып, күлін шығарып жүргенге қайдан білейін», — деп монтанысып жөніне тайып тұрғаны. Ызадан жарыла жаздап қос шелек судың жарымын жолай шайқап төгіп аулаға енсе: «Әкел, әкел қолдасып жіберейін», — деп Жүзжасар қарсы ұрып құлдыраңдап келеді. Қолындағы шелекті аударып төгіп, танауы қусырылып жігіт жүзіне тұңғыш тіктеп қараған.

— Намысың болса түнде алып қашасың мені! — деген.

Арғы жағы тұман арасында ұшқан бозторғайдай бағыт-бағдарсыз, беймаза күндерге ұласып кете барған. Жүзжасар екеуінің арасында дәнекер болған сүйіспеншілік дейін десең — ертеден қара кешке бір тынбай гүлден гүлге қонып, нәр жиып омартаға тасыған бейнетқор арадай бөгде таусылмайтын күйбең шаруасынан өзге қызық көрмепті. Жүзжасар екеуін табыстырған ортақ мүдде, баянды мақсат дейін десе — әке сөзі, жар адалдығы, отбасы тыныштығы секілді екі-үш себеп-салдар, бейне, көзге көрінбейтін торға ұқсап барша ерік-күшін шырмап болмай кетті содан. Бұл фәниде қосағың болуға көндім деп Жүзжасардың қолынан ұстаған екен — енді неге де болса бастығын, бейіл бұрып өтуге мойынсұнған. Нешеме түндер сан дөңбекшіп, ұйқысыз өткізіп, санасын сығып көкірегіне тұндырған сарқынды ойын да, сабырға жеңдіргені бұл.

Аңғарғаны, аттың аяңы сұйылып ирелең, бұралаң тау жолымен ілбіп қана келеді. Күн де шекеге шығып шақырайып тұр. Қазанатқа қамшы басып, сумаңдата жөнелген, күн барында Күмістінің асуынан асып алған жөн, әйтпесе аттың аяғын алдырары кәдік. Биік төбені айнала беріп теріскей беттегі қиыр көкжиекке көзі түскен, әлдебір кілегей көксұр бұлт алыс көкжиекті тұмшалап қымтап алыпты, жүрегі шым ете қалды. Бұлт шыққан шалғай тұстан ұшпа жел қуып жетті, бүйрегі шаншудай қадалып ызғырығы өтіп барады.

Тау шатқалы ілгерілеген сайын баспалдақша биіктеп жалғызаяқ жолды шылбырша сүйрете қашып асуға іліктірер емес.

Тұрсынбала қарап келе жатып өз-өзінен қамыртып дауыс көтеріп жылағысы келді... Неге?.. Қалай?.. Білмейді, әйтеуір көкірегіне жиналған зіл запыранды төккісі келгені ме, әлде туған қарасын көргесін бе, ет жүрегі езіле босағаны рас-ты.

Үлкен аңғарды кесіп өтіп Раң өзенін соңына тастағанда келіншек бойын беймәлім үрей кезді. Құлазыған елсіз мекенде аты да елеңдеп елегізитін секілді. Оның үстіне артында қалып бара жатқан тау өзенінің сықылдаған сарыны тым ащы шықты. Қия беткей асуға қоңызша қыбырлап тырмысқан саяқ жолаушыны «қайт, қайт деп қоймай шақырып жатқандай ма, әлде беймәлім қатерден сақтандырғаны ма — өзен дыбысынан қашып құтылғандай болды. Ақырында ащы үн шатқалға жұтылып сап-сап тыйылды. Ақсүмбе асуы баяғы заманда жол аңдыған суытаяқ, жортар, баукеспе, ұры-қарылардың соқпағы болған деседі. Бұл күнде жаз жайлауға шыққан малшылар көкпаршылап, тойшылап теріскей мен күнгей арасына құрдай қатынап шұбырынды ізге айналдырып жіберген.

Асуға тырмысқан жол көз ұшындағы зау биікке шыққанша біресе түстікке, біресе терістікке ойысып, бейне, із тастаған аңдай бұлдырайды кеп. Қия бетке тіке шығу мүмкін емес. Орта жолға жеткенде қазанат қос бүйірін соғып, барып-келіп қатты деміккен. Оның үстіне төменге, шүңейт етегінде құлдырап ағып жатқан жіңішке өзенге қараса-ақ басы айналып, жүрегі лоблыды. Көлікті жетегіне жаяу алды. Аттан түскені жөн болыпты, үй орнындай жалпақ қара тастың үстінен өткенде жануар тайғанақтап, төрттағандап әрең өтті; ұшып кетуі кәдік екен.

Қия беткеймен сыңар соқпақпен сақ басып келе жатып жоғарыдағы зау биікке де, төмендегі құзар шүңейтке де қарамауға тырысты. Қазанат та ізін аңдып дақ-дақ басып баяу ілбиді. Кәнігі жолаушы Ақсүмбеден түн ішінде ай жарығымен аса береді-міс дегенді естіген, әйтсе де төбесінде шақырайған күн, аяғының астында қара жер болғанына шүкір-шүкір деп, тағдырына мың тәубе айтып келеді. Буынынан әл кетіп, қара саны қатты сырқырасын, кеудесі күйіп-жанып ашысын. Соңындағы жылқыдан тер сүмектеп, бүйір соғып барып-келіп ентігеді.

Әп-сәтте ашқарақ жел азынай ұлысын, басындағы жаулығын жұлқып тартып бұрымын шашсын. Асудың қыр арқасына аяқ іліктіргенін сезді: әл-дәрмені бітіп, өкшесі өшіп қатты шаршаса да қуанышы зор. Күн барында ғазауат қия, қиын жол артта қалды әйтеуір. Желмен жұлқысып жүріп бөктерге буған күзгі плащын алып киді, жаулығының ұшын бұғағының астынан тартып байлап алды.

Пышақтың қырындай ұзын жол үстінде ықтасын аз екен, долы дүлей бет қаратпай қиыршық шашады. Атты көлденең қойып, сауырына тізе бүгіп аз-кем тыныстаған. Қиян тауда ат пен адам серіктесіп, бірін-бірі қара тұтып, ұйлығысып тұрғаны қызық. Көп аялдауға және болмайды, күздің күрмеуге келмейтін қысқа жіптей күні күнгей бетке құлдырай еңкейіп бара жатқан, ойға қарай домалатқан отты шар секілді нарт болып қызарған.

Тұрсынбала атының тартпасын қайыра тартып жатқан, кенет қолы сусып, шекесіне мұздай тер шығып қалшылдап қоя бергені. Жаңа әлгіде өзі өткен түпсіз аңғар ішінде ірімтік-ірімтік болып қою бұлт жатыр. Қайдан келіп, қалай жиналғаны белгісіз. Бейне, үлкен шарада быжынап ашыған айрандай ішінен көпіршіп, ернеуінен асып төгілуге сәл-ақ қалған. Жүрегі көтерілгендей бойы зіл тартып, атқа қонды да сыңар соқпақпен ойпаңға құлады.

Әрәдік артына жалтақтай қарайды: біледі — әлгі заңғар қыспақ ішінде көпсіп қайнаған бұлт селі сәл лептен көтерілсе асу үстіне шығарын; асудан бері ақтарылса-ақ бұрқыраған жынды боранға айналарын. Табиғаттың алмағайып күшіне дауа жоқ, әрине. Іштей жындыкеш желдің басылғанын жалбарына тіледі, уақыт өткен сайын, белден-бел асып сорғыған сайын зәресі ұшып келеді. Ботасоқтының адырынан сытыла беріп шыдай алмай соңына бұрылып көз салған. Ірімтік бұлт селі асу ернеуінен бері асып төгіле бастапты. Бойын үрей жайлағаны сонша — тамағына жас тығылып, жүрегі ойнап ат жалына құлай кетті.

Есті жануар танымал жолмен тақымынан шыға жаздап суырыла аяңдаған: көз алды қарауытқан екен дейді, күн батқанын сезді; ер лықсып ат қолдауын ұрып кібіртік қақтырған. Шап тартпаның босағанын байқады. Аттан түсіп азынаған желмен алысып тартпаны қайта тартқанын біледі. Одан өзгесі өң мен түстің арасында өткендей буылдыр, бұлдыр дүние болды да кетті. Атына қайта қонып тізгін қақты. Асу ернеуінен әлгіде ғана асып төгілген бұлт селі соңынан қуып жетіп жұтып жіберді. Тұман мен бұлт аралас қоймалжың ақ көбік кірпік үйіріп түк көрсетер емес. Бейне, ат-матымен тиянағы жоқ түпсіз шыңырауға құлдырап құлап бұлт көбігінен қорықпас еді, аяқ астындағы алға суырылған сан тарау соқпақтан адаспас еді; азынап, ұлып соққан суық жел естен тандырып барады. Ендігі мәуретте қар түйіршігі қылаулады. Ботасоқты жымынан өтіп Үшайрықтың апан сайына түскенін аңғарған.

Үшайрық — кіші, орта, бас болып бөлінетін табаны ратпа шүңейт, ұзындығы отыз-отыз бес километрге созылатын сора сай. Басы бір шатқалдан шыққанымен аяғы өзінше, өзгеше бағыт алып әр тарапқа созылып кетеді. Өзі түскен орта айрықта оңды-солды сумаңдаған сыңар езу соқпақ жол ұшырасты. Қайсысымен жүрерін білмей әуелгіде қатты сасқан. Бекер қобалжыпты; сонша соқпақ шүңейттің қос қабағына кезек ойнап ауытқып отырса да сайдан мүлде шығып кетпейді екен. Әйтеуір қыла табанымен құлдай берсем күнгейдегі ел қарасына ілінем ғой деп іштей тоғайған.

Жел манағыдан бетер үдеген секілді. Қиыршық қар бетке бытырадай шып-шып тиеді. Алай-түлей арпалыстан лоққы көріп біраз жерді алдым ғой деп ойлаған. Сәлден соң алдын орар Қарасүйір қойнауынан бұрылып, кілтеңнен асып, аңғардан шықса ауыл да қашық емес. Аспан мен жер астасып, араласып қараңғылық қоюлай түскені.

Қарасүйір қойнауы жуғарақта жол кеспеді.

Бір мезетте Тұрсынбаланың жүрегі зірк етіп, осы келе жатқаным Бас айрық болмасын деген күдік көңілін құртша кемірді. Мұздай терге малшынды. Қалай ғана бұрыс кетіп басқа айрыққа түстім екен деп үрейі ұша күбірледі. Жаздыгүні талай жүрген жолды қалай шатастырдым десеңші. Сай басталғанда соқыртеке ойнағандай көз үйіріле қоймаған кез еді ғой! Әлде астындағы елпеңдеп келе жатқан атынан болды ма екен? Қияасудың қиындығы соңынан қуып жеткен бұлт селі жаманшылық қатерге бастаған шығар бәлкім. Білетіндер Бас айрықты ең ұзын сай деп атайтын. Оның құйымшағы ылдидағы елді мекенге соқпай шөлге маңып шығандап кететін.

Тұрсынбалада әлі де үзілмеген нәзік жіптей үміт бар-ды. Мүмкін, Орта айрық осы болар деп дәмеленген. Мүмкін, тағы бір қойнауды айналсам, жаңа бір қысаңнан құтылсам, көзіме Қарасүйір шоқысы шалынар деп ойлаған.

Тұрсынбала жас кезінде ажал аузынан қалған налалы оқиғаны есіне алды. Онда үйі ұжым орталығынан жырақта, жылқышы ауылымен қоңсылас отыратын. Әкесі ат қорада арық жылқыларды бағатын. Жылқышының Досай, сосын Қосай есімді екі ұлы болатын. Әуелі мінгіш атқа екі бала, қыр арқасында Тұрсынбала қаздай тізіліп мінгескен. Орта жолда манағы өзен, ертеңгісін бозаның түсіндей беті көгіс тартып жатқан су қызылкүреңге боялып сар-гүр етіп арнаны алып кетіпті. Тәуекел деп атты тасқынға салып жіберген. Жер жағдайына сыр мінез жылқы аяғын санап басып бұрқырап жатқан өзенге түскен, жайпауыт тұсты су бетінен байқастап, ақырындап алға жылжыды. Алқын-жұлқын қарғын суы әуелі ат тірсегінен асты, тізені, қара санды қапты, үзеңгіні жалады. Бұларда зәре жоқ. Өзеннің жарымынан ауған соң су бірте-бірте лықсып төмен түсіп сулаған жүрек басылғандай болған. Жағалауға құрық тастам жер қалған. Аяғын шүңейтке сұғып алды ма, кенет бесті кілт етіп сүрініп: тартпа күрт үзілді де үш өспірім су бетіне төгіліп түсті. Ер бауырына ауған ат ай-шайға қарамай өзенді малтып жағаға шығып кетті.

Үрейден есі шыққан Тұрсынбала әуелде аяғы жерге тимей қамзолының етегі ебедейсіз жайылып қалқи жөнелген. Қолсозым жерде кішкентай Қосай қылқыңдап барады. Іштерінде ересегі Досай, тік тұрғанда қарғын суы кеудесіне келген, қатты ұмтылып әуелі Қосайды қармады, жағалауға сүйреді. Тұрсынбаланы тау өзені кеудесінен итеріп аяғын жерге тигізбей дедекдетіп ылди төмен әкетіп барады. Қойнау бұрылысында гүрілдеп жататын тік жар құлама болатын, соған ілігу — өмірмен қоштасу. Әзірге ебедейсіз үлкен қамзол қалытқыдай қалқытып суға батырар емес. Осы мезет жанын салып ышқынып, ұмтылып Досайдың жеткенін көрген, шалғайынан шап беріп ұстап жағаға қарай сүйрегенін білген. Сәлден соң аяғы жерге тиіп өзі де жығылып-тұрып алға тырмысты. Әл-дәрмені бітіп, сүмектеп жағалауға жетті-ау әйтеуір. Ажалдың апан аузына жұтылып бара жатқан жерінен құтқарып қалған Досайды құшақтап өксіп-өксіп жылағаны есінде. Ауылға бос келген атты көріп, зәресі ұшып жаман шобырды бүйірге тепкілеп: «О, тоба!.. О, бауырым!..» деп гөй-гөйлеп көкесі жеткен.

Осы оқиғаны есіне түсіріп келе жатып кездейсоқ кездескен қатерден, тосын үрейден құтқарып қалар сондай бір қайырымды пенде кезіксе екен деп іштей жалбарына тілеген. Бұл күнде Досай қайда? Тұрсынбала екеуінің арасында мектепті бітірер жылы, махаббат па, басқа ма, онысын білмейді, әйтеуір араларында көзге көрінбейтін жіптей жылы көзқарас, жарасымды ілтипат туған. Оңашада ұшыраса қалса жүректері лүпілдеп үнсіз ұғысушы еді. Ашық-жарқын мінезден саппа тыйылып, сыпайы, сұлу қалыпқа түсер еді: ішпей-жемей тоғайып, сезімге мас болып уақыттың қалай өткенін білмес еді. Әскерге аттанарда ауыл шетіндегі үйіне әдейілеп соғып қоштасып шыққан. Кейін әскерде жүріп бұған хат жазды. Ұяңдығы жеңді ме, әлде шайтан азғырып жеңгетай ойдың жетегінде кетті ме, жарытып жауап та қайыра алмапты. Сол хатты бойтұмардай қадірлеп кейінге дейін сақтап келіп, Жүзжасарға шығарда альбомымен қосып жыртып тастап еді. Досай әскерден оралған соң әке жолын қуып қолына құрық алып жылқыға шыққан. Ылдида үйлі-жайлы болып, басына жеке отау тігіп тұрып жатыр деп еміс-еміс еститін.

Келіншек шын адасқанын білді.

Қар үдей жауып табан жолды көміп үлгеріпті. Енді сайдан шығып, ұйытқыған боранмен алысып жүріп жол іздеудің қажеті шамалы. Бәрібір қанша іздегенімен Орта айрықты таба алмас еді, ықтасыны мол сай табанымен соралап жүре бергеннен басқа амалы қалмады. Әйтеуір сайдың сарқылар тұсы бар шығар, жүре берсе бір жерден шығар, ел табылар, жүрек орнығар.

Маңдайын тұтас көргісіз қараңғылық тұмшалады, күн батқанын сезді. Денесі қалш-қалш тоңып дірдек қақты, әсіресе, аяғындағы жұқа сақтиян етіктен ызғар өтіп барады. Үйден жылы киініп шықпағам екем деп өкінді: бір жағы Жүзжасардың көңілі орнықсын деп, бір жағы қатты қапаланып алды-артын ойлап парықтамай кете беріпті. Жүріп келе жатырмын деп ойлаған. Енді аңғарса, астындағы аты әлденеге тұмсық тіреп сілейіп тұр. Ызғыған жел, түнек түн, сабалаған қар, ойда жоқта жүрістен тыйылған ат келіншектің зәресін ұшырды. Даусын шығарып айқайлап меңіреу дүзде әлдекімді шақырғысы келді, үні шықпады. Бүйтіп отыра берсе мұз болып қатып қалатын.

Қалшылдаған бойын әзер игеріп оң аяғын үзеңгіге тіреп сыпырылып жерге түсті. Аттан айырылу — ажал екенін біледі, тізгіннің ұшын білегіне байлап алды. Ақырын басын сипалап жүріп аңдады, есті жануар үйдей үлкен жартастың ығын паналапты. Тас қалқасында жел азынап соқпайды екен, қар да түспепті, бет тырнаған ызғырық та бәсең. Үстіндегі жеңіл плащты бүркене түсіп бүрісіп жүрелей жайғасты.

Қанша отырғаны белгісіз; тілсіз үрей, тас түнектен құтылармын, таң атар, боран басылар деп дәмеленген. Аяқ-қолы сырқырап қатты тоңғанын біледі, бейне, бетпаққа милағандай қалың ұйқы құшағына енгенін біледі: одан арғысы жадында жоқ. Бір дем ары, бір дем бері санасы бұлдырап сансыз елестің ішінде жүзіп жүргендей алакүлік хал кешті. Әуелгіде таң атса деп тілеген. Бара-бара бұл дүние түннен ғана жаралғандай, өмір бойы таң атпастай көрінді. Бейне үлкен үйдей тастың ығын паналап, бүрісіп тоңып нешеме айлар, нешеме жылдар отырғандай сезінді өзін. Мүмкін, елсіз жапанда жалғыз тоңып үсуге айналған әлсіз жанды әлдекім ажал тырнағынан ажыратып алар. Жылт еткен ұшқындай өмір сәулесі әлі сөне қоймас, жас демі үзіліп бітпес. Осы атыраптың бүлкілдеп жортқан бөрісіндей күнгейді бес саусағындай білетін жылқышы Досай құтқарып қалар мүмкін...

Келіншек есінен танып кеткен. Қара түнек ақ түтекке ауысты.

Бас айрықтың құйымшағында жалғыз үй қыстауда отырған Досай боран басталмай тұрып қарауындағы жылқыны ықтасыны мол қойнауға қайырып салып үйіне ерте оралған. Қорадағы арық-тұрақ саяққа шөп шашты, атының ерін алып отқа қойды. Күн суытқалы қора-қопсыны жөндеп, шөптің біразын аулаға үйіп, етек-жеңін жинап, шаруасын тап-тұйнақтай етіп мығымдап ұстап жүрген. Қапелімде шала бүлініп істейтін жұмыс та қалмапты. Жылы үйіне кіріп, келіншегімен, балаларымен күңкіл-шүңкіл сөйлесіп бой жадыратып біраз отырған. Күндізгі сүркілден қатты қажыпты, ерте жатып, ерте тұратын малшының әдетімен ас іше сап жастыққа бас қойған.

Бастырылғандай, ауа жетпегендей кеудесі қысып тынышы кетті. Әуелгіде жатарда тоя жеген жылқы етінің әлегі шығар деп ойлаған. Бұрын төсекке жамбасы тисе-ақ қор ете қалушы еді, әрі дөңбекшіп, бері дөңбекшіп жанындағы келіншегін оятты. «Жазған-ау, бүгін саған бірдеме көрінген шығар», — деп жазғырып жатыр. Әлденеше рет тұрып терезеден үңіліп ұлыған боранның үніне құлақ салып қайтты. Түн ортасы ауа көзі ілініп бара жатыр екен дейді: әлдекім ап-анық атын атағандай болды. Басын оқыс көтеріп селтиіп отырып тың тыңдаған, сырттағы желдің уілінен басқа дыбыс естілмеді, жүрегі жаншыла соқты.

Таң алдында болар сәтке мызғып кеткен-ді: тым алыстан әлдекім атын атап шақырғандай сезілді... таныс дауыс секілді... селк етіп оянып кетті. Енді ұйқы болмасын білді. Іштүйнек болған адамша жан тырнаған беймәлім дерттен мүлде шөгіп, шөмиіп отырғаны сол еді. Жайылып жатқан келіншегі оянып қитығына және тиді.

— Елсізде жүргенде әулиенің шалығы тиген шығар саған?!

— Не болса соны көйітпей, тұр енді!.. Отты жақ!.. Шай жаса!.. Мен атты

ерттеп келемін, — деп атып тұрып әуім-сәуім киінді де есікті сарт ұрып шығып кетті.

Келіншек артықтау кеткенін өзі де сезіп, жіті киініп, төсекті жинады, от жағып, шай қойды. Досай саяқтарды қорадан шығарып, атын ерттеп, үйіне қайыра енгенше бәрі дайын болған. Дастархан жиегіне тізе бүккен жылқышының түрі әлем-жәлем еді. Келіншегі тырс етіп үндеуді қойды. Досай қалтыраған қолымен аузына апарған шайды іше алсыншы енді, тамағынан ас өтпей қойды. Нанға түйілді. Орнынан оқыс тұрып саптамасын, шидемін киді, алыс жолға шығардағы әдетімен қосауызын алды. Соңынан ілесе шыққан әйеліне сөз айтпастан атқа қонып, қыр асып жөнелді.

Қайда жол алды?.. Неге бастады?.. Өзі де білмейді.

Кешегі қыр асырып айдап салған жылқысының бағытымен Бас айрықты өрлеп сар желіп келеді. Малын уайымдап бас ауыртпайды. Жер сырына, табиғат мінезіне жетік атпал айғырлар үйірді ит-құсқа бермей, шашау шығармай ықтасынға бастайтыны мәлім. Ақылды айғыр — жылқышының түздегі көзі. Әйтсе де Досайдың көңілі қобалжи берді, тұла бойы тоңғандай түршігіп, атына қамшы басты. Алыстан кісінеген саяқ жылқының дауысын еміс-еміс естігендей болды. Ақырында терең сай табанында алқын-жұлқын кісінеп тұрған жалғыз атты, қасында бүрісіп отырған әлдебір қараны көрді.

Тұрсынбала Досай жылқышының жылы үйіне кіргенде барып есін жиды.

Досайдың өзін алдына алып қыстауға әкелгенін де, жылы үйге кіргізбей тұрып аяқ-қолын әбден ысып жан кіргізгенін де білмейді. Көзін ашқанда мейірім меймілденген қоңырқай жанарды көрген. Асты-үстіне түсіп бәйек боп желпіп жүрген Досайдың әйелін, бір бұрышта үрпиісіп үймелеген Досайдың қарадомалақ балаларын байқады. «Татар дәм-тұзым таусылмапты, — деп іштей үнсіз солықтап жүзін қабырғаға бұрып әкеткен. — Өмір, шіркін, неге сонша ыстық болдың екен? — деп қамырыққан. — Қалай ғана адастым десейші?! Мүмкін, асу басындағы қиын жолда ғана емес, өмір бастауында да адасқаны шығар. Мүмкін, тағдыр өзіне ең қиын соқпағын, құзар асуын сыйлаған болар. Соның бәрімен күресуге, жеңіп шығуға жүрек түкпірінде аялап келген сүйгенін табуға дәті жетер ме? Әйтеуір бір ажалдан қалған екен, Досаймен қыл үстінде табысқан екен — ертеңі ылғи ашық, сәулелі боларына іштей сенеді. Дүниеде қайырымды, жақсы адамдар көп екеніне қуанып ет жүрегімен езіле мың мәртебе тәуба айтады. Тіршілік жақсылармен ғана тәтті екен» деп түйді.

Тұрсынбала күн санап оңалып оншақты күнде аяғынан тұрды.

Бір күні Досай жылқысынан ерте оралған, күн май тоңғысыз ақ шыңылтыр ашық болатын. Атын отқа қойып, сырт киімін шешіп, үйге енген. Жарығы мол бөлмеде екі әйел көйлек пішіп отыр екен; дәлірек айтқанда, әдемі айшықты жібек матаны Тұрсынбала жалаңаш иығына төгілдіре жамылып түрегеліп тұр да, келіншегі жүрелеп етегін тепшіп отырған. Алдында ғана әйелдер әлденеге күліскен секілді.

Тұрсынбаланың қобыраған қою бұрымы, ашық тік түскен толық маңдайы, мойыл қара көзі, ұшы қайқылау түзу танауы, үлбіреген жұқа еріні, үшкіл иегі, мәрмәрдан қашағандай аппақ әдемі мойыны барша сұлулығын ашып көз сүрінтті. О-о-о!.. Тұрсынбала күнгейдің сұлуы деп ел бекер айтпапты, теріскейге ұзатылғанда талай жігіт бекерге сан соқпапты. Қазіргі тұнық тұлғасы үлкен кенепке салған келісті суретке ұқсады. Жанарымен аймалап аңыраған жігіттен именіп келіншек әрі айнала берген. Досай әбестеу кеткенін сезіп кілт бұрылып үйден шыға жөнелді.

Екі әйел де жылқышы жүрегінде бүлік кеткенін қапысыз түсінді.

Қыстау алдындағы қыратқа қарай маңып бара жатып Досай ойлаған: қылқұйрық соңынан қидулап жүріп жабайы өскен қызғалдақтай қадірлімді қолымнан шығарып алыппын деп. Көзімді шел басыпты. Қадіріне жетпеппін. Үркек, нәзік жанның жүрек түбіне үңілудің орнына айдалаға лағыппын; менсінбеді, түсінбеді деп сырттай бекер жазғырыппын.

Досай даланы кезіп көп жүрген. Алыстан қалың қарға омбылап, баяу жылжып, жылқышы қыстауын бетке алған вездеход машинасын көрді. Орталықтан шыққан басшылар секілді. Ұжым басшылары соғым соятын уақыт жетсе өстіп бір-бір вездеход жалдап қияндағы жылқышы қыстауына қарай өретін әдеті. Әлде әнеугүнгі қатынаған кісіден айтып жіберген хабар теріскейге жетіп үлгерді ме екен?

Машина үйін басып кете жаздап барып тоқтады. Ішінен таныс шофер мен бейтаныс бір мойын бітене кісі түсті. Досайға қол ұсынып амандасып жатыр, теріскейден жеткен Тұрсынбаланың қосағы Жүзжасар екен.

— Асу бекіп қалған, содан әрісі Созақ, берісі Шымкент арқылы сартылдап, жол соғып ауданға пойызбен келіп дүниені шырқ айналып жеткенім осы, — дейді даудырап. Тұрсынбала күйеуімен ет жақын адамдай жылап көріскен жоқ, ерін ұшымен сәлемдесті де қойды. Жүзжасар ештеңені мәнзүр қылатын емес, нақа әйелі от алуға көршіге кетіп содан көп кешігіп жаңа ұшырасқандай сыңайда.

— Әй, бейнетке бастайын десе қиын екен. Осы жолға әйелі құрғыр оқыс аттанғанда ішімнен жаратпап едім. Мінекей, енді өзі де өлім аузынан қалды, мені де шаш етектен шығынға батырды. Пойызы да, мәшинесі де удай қымбат, ақшаның соры. Пай, пай, пай!.. Ши сатып ішек майлап шыр бітеді деп дәмеленген менде де ми жоқ. Ал, Тұрсынбала, не тұрыс бұл, киін, қамдан, тамақтан соң кідірмей аттанып кетейік. Атты амал жоқ, көктемде аламыз.

Тамақтан соң шынымен аттанып кетті.

Машинаның кабинасына, шофер бала мен Жүзжасардың ортасына отырып жатқан келіншектің жанарынан мөлт еткен тамшы жасты көрді. Сол тамшы — «адасқан екенмін», «ендігі тағдырға мойынсұнар мен жоқ» деген қайсарлықтың, келешек үміттің ащы жасы еді. Иегін қағып жалт етіп қоштасып жатыр. Жүзжасар ұмытқаны есіне түскендей кабинаның ішінен мойнын қылқитты.

— Жолдарың түссе, қолдарың тисе теріскейдегі үйге соғыңдар, бізде де көңіл мен көже табылады.

Машина ауыр ырғалып қозғала берді. Келуі қандай тосын, кездейсоқ болса кетуі де сондай жылдам еді. Нақа Досайдың кеудесіне бөгде біреу қолын салып жүрегін суырып алып кеткендей — жан дүниесі босай құлазыды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз