Нобельдік сыйлық бақилық болған кісіге берілмейді.
34 жасында гендік инженериясы — адам тегі туралы зерттеуіне Нобельдік сыйлық алған Кембридж университетінің профессоры, халықаралық «Адам тегі» ғылыми-зерттеу жобасының тұңғыш жетекшісі Джеймс Уотсонның қыртысты қалың еңбегімен танысып шыққан бойым. Біраз сөзін күнделігіме түсіріп алдым. «Ұстазың — бірбеткей, тік сөйлейтін, мінезі жаман, атаққұмар адам болсын, өзіндік беті бар, өзіндік шындығы бар адам ғана сені жағаға алып шыға алады», — дейді ғалым. «Сізге бір нәрсе үйрете алатын кісімен ғана достас, осы межені алға ұстап өмірім өтті, досы аз адамға айналдым»... «Оқиға болғанын бәрі айтып бере алады, әлгі оқиғаның неліктен солай болғанын айтуға тырыс», — деп жөн сілтейді білімпаз Уотсон. «Жексенбіге жұмыс істеп дағдылан», — деп ой салады ұлы генетик.
Онсыз да сенбі, жексенбіде қағазға қадалып жұмыс істейтін қашанғы әдетім. Тағы да баяғыдан көкейде жүрген ойымды кестелеуге қолыма қалам алдым.
Қазақша «ат — биеден, алып — анадан туады» деген сөз бар. Былайғы жұрт жөні келгенде осы мәтелді айтуын айтса-дағы, түп тамырына, мәнісіне үңіле бермейді. Көне кітапты оқып, ескі әңгімені көп білетін кәрияны тыңдап отырсаң — атам қазақ мәтелді тегін айтпаған. Кісі ағзасындағы қанға тарту, яғни, тектің тұқымнан тұқым қуалап, жалғасатындығын әлдеқашан біліпті. Текті құрайтын нуклеин қышқылының молекулалық түзілімі, жалпақ тілмен айтсақ: қандағы хромосом түйіршігінің қасиет-сырын, табиғатын баяғыдан таныған. Тұқымының тұздай құрып кетпеуінің қамын жеген. Жеті атаға дейін қыз алыспауының мәнісі осы ма дейміз.
Қара орман қазакем әлімсақтан бері тек түзілімінің үзілмей келе жатқан қадым қасиетіне бола әлгідей мәтел шығарған. Ғасырмен, дәуірмен таласатын көріпкелдік жасаған. Ұрпақтан ұрпаққа ұластырып тек қасиетін сақтай біліпті.
Жарықтық аналарымыз-ай десеңші!
Кешегі өткен заманда арқа жұртында жеті дуан ел — керей іші Мүсет биге жығылады екен. Бір ауыз сөзіне тұрған. Мүсет би не айтса — орындалып, дәурені жүріп тұрды деседі. Жеті атасынан би болған. Ел іші бидің назарынан жасқанып, кебісін қойып, жығылып-сүрініп атын ұстауға ұмтылады екен. Жүрген-тұрғанын жастарға үлгі-өнеге еткен.
Сол Мүсеттің әкесі алдына азғана мал біткен жуан жіліктің бірі екен. Тілі пысық, мінезі шақар кісі ауылды басына көтеріп мазалап жүреді. Маңыраған малдың буына пісіп, ары-бері шапқылап, барған жерде атынан түспей шіреніп, ауыл үйді ығыр етіпті. «Әкең... шешеңді...» деп, боқтаусыз сөз сөйлемей, өткен-кеткен жолаушыға қамшы үйіріп, жосық үйретіпті.
Әлгі Мүсет кішкентай бала кезінде әкесі еркелетіп ойнап отырмайды ма. «Өзіме тартқан қарағым-ай!» — деп әлсін-әлсін нығыздай беріпті. Үйге кіріп-шығып ас қамымен жүрген әйелі: «Иә, сіздің балаңыз-ай!» — депті. Тірлігімен бола беріпті. Үйде бала оқытатын зерек молда отыр екен. Шіренген бай бірауқымда ісіп-кеуіп шығып кеткен кезде молда жігіт үйдегі әйелден әлгі сөзінің мәнісін сұрайды. Сонда қушыкеш байының шақыр мінезінен ығыр болған әйел шынын ашыпты.
— Тісіңізден шығара көрмеңіз. Шынымды айтайын. Алдына азғана мал біткен шақар байдан жақсы адам шықпайтынын әуел бастан сездім. Амал іздедім. Арғында Қызжәнібек есімді сері барын білесіз. Өзімнің өнеріммен Қызжәнібектен алған олжам осы бала еді, — депті әйел.
Тектіден тұқым алған әйелдің амалының арқасында кейінше керейді уысында ұстаған Мүсет би туған ғой. Бұл тарихи шындық.
Сөз — сөзден туады, сөйлемесе — неден туады. Мінекей алып анадан туады дегеннің мысалы осы.
Қазақтың арғы-бергі сөз білетін кәрияларын жасынан көп тыңдаған адаммын. Оның үстіне әкем Досжан: «Ойнай берсең — көйлегің жыртылады, үлкенді тыңдасаң — ойыңа ой қосылады» деп, бала кезімнен жанынан тастамай, ертіп жүруші еді. Құрдас-құрбыларым төбемді көргеннен қолын шошайтып, мазақтап: «Шал, шал әнекей!» — деп аузы-басын қисаңдатып, шиқылдап кеп күлетін. Намыстанып қаламын. Ызадан жарылардай болып, нарт болып қызарамын. Бұрылып кетуге әкемнен сескеніп, басымды төмен саламын. Үлкен кісінің соңынан салпақтап ілесе беремін.
Шалдар бас құрған жерде әңгіменің төресі айтылады. Соның бірі төмендегіше.
Қазаққа аты шыққан Жаяу Мұсаның елінде: «Баласы сол Бошатайдың деп айтады, Білмесе оны қазақ неге айтады!» — деген өлең айтылады. Тіпті жас кезінде Мұсаның өзі осы өлеңді әнге қосып айтып жүріпті. Шындығын тексеріп келсек — Жаяу Мұсаның әкесі — Байжан, шешесі — Нағжан.
Анасы ел ішіндегі ұрғашының көріктісі, ауылға сөзін жүргізген, жарқылдаған жанартауша жанып тұрған жан болыпты. Бетіне анау-мынау кісі туралап қарай алмаған. Тойда, жиында арқаланып ән салып, жұртты көтеріп кететін арқасы бар көрінеді. Мұны-дағы ескі сөз білетін кісілерден естіп білеміз. Ел ішінде Нағжан ақкелін аталып, аты шығыпты. Байжан болса ат арқасына асылып зорға мінетін, ынжық, босбелбеу кісі болыпты. Тура сөзін айта алмапты. Көбіне пәруалы сөзге ақкелін — Нағжан кірісіп кететін дейді.
Енді кешегі өткен Мұса дұшпаны бетіне келе алмайтын өткір, өнерлі болып өсті. Есімі дүркіреп иісі қазаққа жайылды. Өзін ғана емес, дүйім жұртқа Шорманның Мұстафасын келеке ғып, есімін әні арқылы тарихқа таңбалады. Сыры неде?.. Мұсаның шын тегі кім еді?.. Үңіліп қарасақ: дүниеден жарқылдап өткен өнерлі келіншек бір жақсымен айқасып, маңдайы жарқыраған өнерлі ұрпақ қалдырған. Кешегі тірі сөзбен жарық дүниені тербетіп өткен Жаяу Мұсаның тегін — Нағжан сұлу ғана біліп өтті деседі. Сондайда ғой:
Баласы сол Боштайдың деп айтады,
Білмесе оны қазақ неге айтады, — деген өлең жолдарының астары, мәні тым тереңде деп айтатынымыз.
Кешегі аласапыран заманда, Алтай-Қарпық елінде Әли есімді болыс өтіпті. Сөз білетін, сөзге тұратын жан екен. Мырзалығымен елге аты шығыпты. Бейсенбай есімді тілінің түрпісі бар, қу тілді қушыкеш құрдасы болады. Әли қалың ел бас қосқан жиында есе бермей, кеуделеп кеткенде шыдай алмай құрдасы араға килігеді ғой.
— Шата мырза, шегіне сөйле, Шата мырза! — деп алдын кескестей беріпті.
Жиын тарқап, оңаша қалған кезде Әли болыс құрдасына жатып ренжіпті. Қамшысын білемдей ұстап қалшылдап сөйлепті.
— Әй, құрдас, әкесі белгілі кісіні шата дегенді сенен көрдім. Жайыңа неге қарап тыныш отырмайсың. Жандаралға шағынып, жын-шайтаныңды қағып алайын ба осы?!
Бейсенбай тілі қышып сөйлеп кетіпті.
— Өз бетінше жол тауып жүре алмайтын, он үйге билігін жүргізе алмайтын жаман Құлшомбайдан сендей бала туа ма, өзің ойлашы, құрдас!
— Неғып көкіп сөйлейсің? Шешемнің етегін күзетіп жүрген сен бе едің? Айт қанекей!
— Айтсам — айтайын, ашу — дұшпан, ақыл — дос, текке қалшылдайсың, болыс-еке!
— Не тапсаң-дағы тіліңнен табасың!
— Болыс-еке, сен Кенесары-Наурызбайдың Наурызбайынан пайда болғансың. Сенбесең елдің өсегіне құлақ сал, сақал-шашыңды алғызып айнаға қара!
Сонда сұлқ түскен Әли болыс:
— Әкем жаман кісі болмапты ғой, — деп отырып қалыпты.
Сөзден сөз туады, ойдан ой өрістейді.
Ертеде Арқадағы Айдабол — күлік ішінде Иманбай есімді әрі сақы, әрі шешен, ақын кісі өткен. Иманбайдың әкесі Шалабай деген болыпты. Шалабай өз шаруасын ғана білетін, ауыл арасынан аттап шықпаған момын кісі. Сауаты шала. Ісі шала. Базарға, жәрмеңкеге мал айдаса — арзанға сатып ұтылып бармаған тістеп, өкініп оралады екен. Ел ішінде сөз жата ма. Сол елде Қантай есімді атқамінер кісі өтіпті. Қантай ескіше сауатты, медресе оқыған, құран қатым шығара алатын көркем кісі көрінеді. Қожа, молда десе — батасын аламын деп, ит өлген жерден ат арытып барып, қол жайып батасын алып, мәзденіп, сопы сықпытына түсіп, өз заманында дәуірлеп өтіпті.
Үлен бір жиында Иманбай шырма-шату шиеленіскен бір дауды ұтымды шешіп, жақсы атанады. Жақын жұрағаты тың қалады. Бір болыс сайлауында оязға сөзін өткізіп жанына ертіп жүретін атқамінер досын болыс қылады. Қорасына мал толады. Алыс-жақыннан ақыл сұрап іздеп келушілер молығады. Кімсің — Иманбай аталады.
Сол Иманбай бір оңашада шешіліп отырып сырын айтып қалыпты.
— Әуелі әкем Шалабайға разымын. Екінші: аузы дуалы Торсықбай көріпкелге разымын, — депті.
— Бұл сөзінің мәнісін түсінбедік, — депті досы қарап отырмай тиісіп.
Сонда Иманбайдың айтқаны төмендегіше.
— Әкем Шалабайға ризамын дейтінім: шешемді қарамады, қорымады. Екінші Торсықбай көріпкелге ризамын дейтінім: батасын ал деп әкем бала күнімде Торсықбайға жылда бір қой жетектетіп жіберуші еді, — депті.
Құрбасы сөз төркінін түсініп ішінен тыныпты.
Көне қолжазбаларды ақтарып қарап отырсақ Мәшһүр Жүсіп қолжазбасы сақталған 1177 нөмірлі пәпкінің 135-146 беттерінде осы оқиғалардың ізі сайрап жатыр. «Әкесі басқа адамдар туралы» деген жалпы тақырып қойылған. Ізі бар деп тұрғанымыз: әлгі оқиғалар қолжазбада барынша қысқартылып, түйіні ғана жазылған. Өзге де көлденең сөздер көп араласқан. Қараңыз: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы, Мәшһүр Жүсіп, Шығармалары, 9 том, Павлодар, 2006 жыл, 259-261 беттер. Осынау әңгімелер ел ішіндегі аңыз, қиссаны өз заманында мейлінше мол жинаған абыз атамыздың құлағына жеткен. Қаламына іліккен. Қазақтың бағзыда өткен игі жақсылары туралы ауызша тарих осылайша сөйлейді. Уәжді сөздің қисыны жіпсіз жетелейді.
Тек туралы ары қарай мысал келтіре беруге болады. Бала жастан оқыған «Аяз би» ертегісі әлі күнге есімізде. Сол ертегіде жадыңнан жуылмайтын ерекше оқиға бар. «Апырмай, құстың, шөптің, өзінің жамандығына дәлел айтты. Сен жаман болмадың ғой! Қайта сен бір данышпан болып жүрме. Ал, сен менің өзімді сынашы: Мен неше атамнан бері хан екенмін? — дейді хан айбаттанып.
Жаман:
— Жақсы! — деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып: — Тақсыр, ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансың, Сіздің қара басыңыздан басқа жеріңізде хандық жоқ! Сіз нағыз наубайдың баласысыз, — дейді.
— Апырай, мына жаман не дейді! Халқым, мен хан баласымын деп жүр едім, шақырыңдар анамды! — дейді. — Неде болса шынын айтсын. Әйтпесе, ашумен мына жаманның басын кесемін! — дейді хан ашуланып.
Шешесі келген соң, хан шешесіне жаманның сөзін айтты. Шешесі терең күрсініп, сөзге кірісті.
— Е, шырағым! Жасым сексенге келгенде біреудің қанын жүктеп неғылайын. Бір сыр бар еді, оны тәңірінің өзі білетін еді, мен білетін едім. Мынау жаманың біліпті, енді айтайын. Атаң сенің зәрлі хан еді. Менен бұрын он тоғыз әйел алып, кілең қыз тапқаны үшін бәрінің де ішін жарып өлтірген екен. Сол үшін де «Зәрлі хан» деп ат қойған еді. Жиырмасыншы әйелі етіп мені алды. Мен де екіқабат болған соң, жалғыз жанымнан қорқып, тәуіптерге қаратып едім. «сенің ішіңде қыз», — деді. «Қыз тапсам мені де өлтіреді ғой», — деп көп қайғы жедім. Сол күндерде аспазшы наубайдың әйелі де екіқабат екен. Оның да тамырын ұстатып қарап едім: «Оның ішіндегі ұл!» — деді. Жалғыз жаның үшін сол жерде өзіме ой келді. Ол әйелді оңаша шақырып алып, барлық мұңымды айтып, қазынадан табақтап алтын беріп: «Ақыреттік дос болайық, ұл тапсаң, ұлыңды маған бер, менің қызымды ал. Бірақ бұл сырды ешкім білмесін!» — деп жалындым. Әйел табақтап алтын алып, бір жағынан мені аяп, сол ерде уәдесін берді. Туар кезімде Зәрлі хан аңда еді, екеуіміздің толғағымыз бір күнде келіп, бір сағатта босанып, сырды ешкім білмесін деп, басқа біреуді де жолатпай, біріміздің баламыздың кіндігін біріміз кесіп, сол қолыммен қызымды беріп, оң қолыммен алған шырағым сен едің! Енді бұл күнде бұл жаманың оны біліпті, — деп шешесі сөзін аяқтай алмай жылап жібереді.
Хан ойланып отырып:
— Менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдіңіз? — деп сұрайды Жаманнан.
— Мен жақсы-жаман болса да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы — жал мен жая аузыңызға түспей, нан мен көже түсіп, мені келісімен аспазшыға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шынжырлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, — деп жауап береді — жаман атын жамылып уәзірлердің атына мінгесіп келген Аяз би ақсақал.
Жиналған жұрт таңғалып жағасын ұстайды.
Дүниеде таңғалатын жәйіттер көп-ақ.
Өмір деген ну жыныс қалың тоғай. Бәз бірде сол жыныс тоғайдың ішіне енгендей боласың. Айналып адасасың. Ең қиыны — адамды танып алу. Көп кісінің бетіне қарап жыға тани алмайсың. Сырын білмейсің. Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал деген Абай ақын не деген данышпан деп ойлайсың.
Осы күні нешебір мәртебелі лауазымның бас айналғандай биігіне шығып алып, маңайына жан баласын жуытпай отыған әкімді, министрді көргенде — өзіңнің қалт-құлт етіп жер басып жүргеніңе қарадай қорланып пұшайман боласың. Әлгі биіктегі алпауытпен ұшырасып сөйлесе қалсаң — бала кешіп өтетін шалшық судай тап-тайыз пайымына көз жеткізіп, қарның ашып қалады. Осыған керісінше, қарапайым тіршілік күйттеп, маңдай терін күніге жүз сыпырып, белін бүгіп еңбек етіп жүрген бәзбіреумен тілдесе кетсең — хан қайырылып құлақ салғандай ақылды сөз айтады. Абыз ақынның сөзіне қарап кісіні ал деп тұрғаны, сірә, жабы аттай бейнет кешіп жүрсе-дағы ел ішінде — шашасына шаң жұқтырмас жүйріктердің бар екенін мегзегені-ау деп білесің.
Аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тағы бір оқиғаны көлденең тартып өтейік.
Тақауда Ресей президенті Дмитрий Медведев мұхиттың арғы жағындағы АҚШ еліне ұшып барып, алпауыт елдің президентімен ұшырасты. Әрі ырғасып, бері ырғасып келіссөз жүргізіп, Дүниелік сауда ұйымына Ресейдің өтуін жылдамдату жайын тілге тиек етті. Екі өгіз сүзіссе арасында шыбын өледі дегендей, шыбынның кейпіне түсіп неғыламыз. Қос алып империяның президенттері түйінді сөзге табан тіреді, бір-біріне жүзін ашып, ымыраға келді.
Айналып келіп айтайын дегеніміз: бәз баяғы тектің әңгімесі. Аталарымыз айтып кеткен алып — анадан туады деген сөздің астарына үңілу. Әлгі кездесуден жазушы көзімен байқап қалған үзік сырды тілге тиек еткелі отырмыз.
Кездесу кезінде, Вашингтонда әуе айналып жерге түскендей аптап, 38 градус ыстық. Асфальт баланың еңбегіндей былқылдап, көше күйіп тұрды. Американдықтар жүз жылда болмаған ыстық десіп, бақадай аузын ашып, сусын іздеп тентіреп сенделіп жүрген көрінеді.
Президенттер салқын саялы дөңгелек залда Таяу шығыс, қырғыздар туралы, ядролық қарудың жайынан сөз қозғап сабақтайды. Сұрапыл қаруды белімізге байласақ сұмдық болып шыға келеміз дескен Иран мен Солтүстік Кореяны неғыламыз десіп бас шайқасады. Сөйтіп отырғанда түс болып қалады.
Барак Обама мырза Ресейден келген қонағын түскі дәмге шақырады.
Артық айтып, кем түсіп неғыламыз — түскі ас — қонақасы мәзірін «КП» тілшісі Елена Кривякинаның ізімен жүруді жөн санадық.
Сонымен Обама Ақ үйде қамалып отырғанша сыртқа шығып, мейрамханадан ас ішелік деп сартмезіреті — сыпайгершілік жасайды. Ресей перзиденті мақұл дейді. Сыртқа шығады. Жанып тұрған ыстыққа шыдай алмай екі президент костюмін шешіп, көйлекшең лимузинге отырады.
Обаманың көңіліне ұнайтын тақау жердегі, көше бұрышындағы құйтақандай мейрамхана. Түс уағы болғасын ба — кісі аяғы ығысып кетіпті. Әрі арзан, әрі тамағы дәмді жерге жұрт шыбынша үймелейтін әдеті. Хош делік! Ыстыққа шыдамаған президенттер кіреберіс есікке тақау тұстан орын қамдайды. Жайғасады.
Бір ғажабы: екі алпауыт елдің президентіне келдің-ау, кеттің-ау деп жатқан жан баласы болмайды. Екі елбасы тіркесіп-ұшқасып аядай мейрамханадан орын алады. Тіркесіп-ұшқасып тапсырыс беретін терезе ойығына тақайды. Обама: «Сіз мәртебелі меймансыз!.. орындыққа жайғасып отыра беріңіз... ас-ауқатты өзім-ақ әкелейін...» — демейді. Я сыпайылық сақтап, я болмаса жұтынып тұрған көмекшісін жұмсамайды. Беті ашық сөреге ығысып келіп ас мәзірін өздері таңдай бастайды.
Медведев пияз, салат, қызанақ қосқан бургер алып, табақшаға салады. Құйтақандай чеддер ірімшігін таңдайды. Сусынға кола алады. Обама болса — ащыны тәуір көреді екен: саңырауқұлақ аралас, қызылдәрі ұнтағы себілген, пияз қосқан бургерді ұнатады. Шөкімдей ғана чеддер ірімшігін, тамақ жібітетін салқын шай алады.
Бір кісіге тиесілі картоп фриін президенттер тең бөлісіп, өзді-өзіне тиесілі табақшаға қидалап кесіп салады.
Тілші жоғарыдағы ас-ауқатты тізе келіп, 20-25 доллардан аспайтын ас мәзіріне ерекше мырзалық танытып Обама өз қалтасынан төледі дейді.
Осынау дастархан мәзірі Медведевтің бір кездегі қонақжай пейіліне Обаманың қайтарған қарымтасы, мырзалығы еді деп тәптіштейді тілші. Обама Мәскеуге келгенде зайыбы Мишель мен екі қызын қосып төбесіне көтере сыйлап, кремльді аралатып, қонақ еткен еді дейді. Кремльдің Қысқы бағында ас та төк дастарқан жайылған. Сылт еткен жүрісі білінбейтін қызметші аяғынан таусылған. Дүниенің дәмді асынан нән үстел қайысып кеткен. «Сол бір қонақжай дастарқанды қыздарымыз ешқашан ұмытпайды», — деп Обама дәм үстінде әлсін-әлі айта берді дейді.
Түскі ас мәзірі аяқтала Обама мырза Ресей президентіне еңсеріліпті.
— Мына мейрамханадағы гамбургерді сіз де ұмытпайтын боларсыз!
Қол басындай бургерге қылғынып, бей-жай болып отырған Медведев не десін.
Тас төбеден күн жанады. Тақұл-тұқыл ас мәзірі қолға жұғады. Иықтаса тізе бүккен тілмаш жігіт галстугіне қылғынып, президент алдындағы аядай табақшаға қол созуға қысылады. Кісінің қабағын аңдып ол отыр. Оң мен солда арзан асқа шыбынша қаптап қара сирақ кісілер жүр.
— Мұндай бұрышта бірінші рет түстік ішуім, — деп жауап береді Медведев. — Мына ас-ауқат асқазанға жақпауы мүмкін, әйтсе-дағы дәмі жақсы, әрі Американың рухын сезеді екенсің!
Бұдан артық енді не десін!
Барак Обаманың анасы американдық еврей келіншек — Стэнли Энн Данхэм бойжеткен — кениялық жігітпен кездесіп, көңілі құлап, отбасын құрып, көп ұзамай кішкентай Барак дүниеге келеді. Дәм-тұзы жараспай көп ұзамай ажырасып кетеді. Қарадомалақ Барак анасының әлдиімен өседі. Ес білгеннен — ержеткенге дейін: «Балам, білімді болсаң ғана жарыққа шығасың, адам боласың», — деп құлағына құйып шаршаған. Барак анасының ақылымен, жетелеуімен, желкелеумен орта білімді үздік тәмамдап, қиналып жүріп елдегі ең мәртебелі университетті жоғары балмен бітіреді. Жетілу, кемелдену, іздену қалыбы әкесінен емес, жатырынан ауысқан.
Кейінше аңғарсақ дейді түскі ас мәзірін баяндаған баяғы «КП» тілшісі: Америка президенті жүгіріп бара жатып жейтін, тұра қалып асайтын — суық гамбургер... салқын шай... көбігі қыжылдап қолқаны қапқан колаға құмар көрінеді... осыны сезіп Медведев Америка рухы дегенді дөп басып, дәл айтты ма деп түйеміз. Сірә, болса болар!
Осынау түскі ас мәзірінен, Барак Обама мырзаның қонақжай мінезінен — баяғы Аяз би айтқандай кімнің кім, кімнің тегі қайдан екенін білуге болады-ау деп түйеміз.
Кісі аяғы салбырап аспаннан түспейді, я болмаса жерден өніп шықпайды. Тектен, нуклеин қышқылы түзген гендік формуладан бас құрап барып, жарық дүниеге жапырақ жаяды. Ғұлама ғалымдардың бар — жоқ болып кетпейді, жоқтан — бар болмайды; барша гәп тек, ұрық пен тұқымның тағдыр бұйыртқан түзілімінен деген қағидасы — дүние дүние болып жаралғалы адам баласын жарыққа сүйреп келеді. Өркениетке басқыш болып, пендесін қолтығынан демеді. Жарық жалғанның бал-шырынына жерік ете білді.
Көрген көз, естіген құлақта жазық жоқ. Тек туралы тағы бір мысалды көлденең тартып көрелік.
Баяғыда... өткен ғасырдың ортасында... кәрі Қаратау ішінде... Ботасоқты, Ақүйік аңғарын жайлаған елде Доскей есімді кісі өткен. Неше ықылым оттан, судан, сталиндік зұлматтан, ерте көктемгі су тасқынынан, қақаған қысқы аяздан шүйкедей ауылды аман-есен сақтап қалған. Бейнетіне сенген... Ұрынып істейтін... Бір сөзді... пысы басым... сыпа кісі болыпты. Сыпалығы сол — айдалада атпен келе жатып бекерге түкірмейді екен. Шаң болсын, болмасын — қалпағы мен шапанын үйге кірерде қағып кіреді екен. Әйелі: «Киімді қағумен тоздырып тынасың», — деп әрдайым кеиді-міс. Ауласында көлденең шөп жатпайды. Айрықша таза, кірпияз. Сүйегі болат, сөзге сараң, уәдені — құран сөзіндей көреді. Текті азамат білегінің күшімен арық қазып, егін егіп, қазан түбін қырнаған ашаршылықта бір қауым елді асырап шыққан. Ұлы Отан соғысы жылдары броньмен босатылып, екі тау арасының малы мен жанына иелік еткен. Тышқақ лағын шашау шығармаған. Жетім мен жесірге көлеңкесін түсіріп кісі қатарына жеткізіп жіберген. Кімсің — пәленше!.. Доскең жүрген жерге шөп шығады... Доскей сөйлеген сөздің пәтуасы ауыр... деген аңыз әлі күнге ел ішін жайлап алған.
Сол Доскейдің ұлы Ұстабай, Ұстабайдан — Айсәуле есімді қыз дүниеге келеді. Айсәуле бойын түзеп бойжетіп, кәмілетке толғанда — арғын ішінде бәсентиін — сабыр әулетінен тараған жігітке тұрмысқа шығады. Өзіндей өрім бозбаламен отбасын құрады. Әлгі Айсәуледен — Әбілмансұр есімді ұл дүниеге келеді.
Құданың құдыреті дейміз ғой! Қарап отырып қайран қалатын жәйіт бар.
Текті тұқымнан ауысқан мінез шіркін арада жарты ғасыр өткенде, бейне, жер астынан өніп шыққан көк шөптей алдымыздан тағы қылт етіп көрінгені ғой. Мәнісі төмендегіше.
Әлгі Әбілмансұрдың бір жарым жасқа жетер-жетпес, апыл-тапыл аяғына мінер-мінбеген уағы. Тәмпіштанау, қарадомалақ сәбидің жүріс-тұрысы, бет-әлпеті, кісіге көз салғаны, айтқан нәрсені — қағып алатыны, тазалығы — баяғы бақи жалғанға озып үлгерген Доскейдің қатесіз көшірмесі. Бағзы бабаның қыр астында қалған балалық шағын қойшы... сәби шағы дерсің! Мына кішкентайың киім-кешегі әр жерде шашылып жатпай, жиналып, қатталып тұрғанын қалайды. Кигізген киімді назар салып, байыздап қарайды. Кіреберісте бей-берекет шашылып жатқан аяқкиім, шарқай көрсе — саусағын шошайтады. «Жинап қойыңдар» — дегені бұл. Әлгілерді бас-басына парлап, табалдырықтан ішкері емес, сырт жағына тізіп қойғанда барып көңілі көншиді. Осымен тынса қанекей! Үй иесі —қуырған жүгері секілді саудыраған ақкөңіл, аңқау атасына кішкентай сәби саусағын шошайтып, алақанымен құлағын басып көрсетеді.
— Қабырғадағы қақсап тұрған нән теледидарды өшір деп тұр мына кішкентай! — деп, атасы қынжыла-қынжыла, қинала-қинала теледидардың тетігін бұрап сап тияды. Ас ішіп отырған үй іші тынши қалады. Дабыр-дұбырмен бас ауыртып отырып ас ішуге үйренген атасы: «Болмас, болмас», — деген қалпы шаруасына атылып шығады.
Кішкентай Әбілмансұр тамақты үнсіз отырып ішкенді ұнатады.
Үлкен шешесіне қаратып, саусағымен ауаны шаншиды.
— Кішкентайдың күн сәулесі түсіп тұрған пердені ашып қой дегені бұл, — деп үлкен шешесі апыр-топыр терезеге ұмтылады.
Сол мезетте есік сарт ашылып, көршінің қолы бос сөйлемпаз әйелі енеді. Өсек сөзге желдей есіп, қайдағы-жайдағыны теріп айтып, құлақ сарсылтады. Кішкентай неме қыңқылдап кіші дәретке сұранады. Біраздасын үлкен шешесін мазалап, ұлы дәретке шығады. Шаруасын тәмамдап, жерде жатқан кітапты алып, сөреге тырмысып тізіп қоймақ болады. Іш киімі сыпырыла жаздайды. Көрші әйелге жалтақ-жалтақ қарайды. Біраздасын тосын мінез шығарады. Шоңқитып отырғызып қойған үстел жиегінен домалай сырғып, жерге түсіп, есік жақтауына ілінген көрші келіншектің сөмкесін ала салып, апыр-топыр аяңдап келеді. Аузы жалпылдап, өсек сөзге желдей есіп отырған көрші келіншекке сөмкесін ұстата салып:
— Қош, қош! — деп құйтақандай саусағын бұлғайды.
Көрші келіншек қайран қалып жағасын ұстайды.
— О, тоба, мына немерең мені үйден қуып жатыр!.. кете қалыңыз деп тұр! — деп бейпіл ауыз келіншектің аузына құм құйылды. Сап тиылады.
Состиып түрегеліп, кішкентай сәбиге я өкпелерін, я ұрсарын білмей... сасқан үйрек артымен жүзеді дегендей... нарт болып қызарып, сөмкесін алып, бірсін-бірсін шегіншектеп шығып жөнелді. Үй іші құлаққа ұрған танадай тынши қалады. Сырттан торғай шырылы естіледі.
Кішкентай Әбілмансұр жападан-жалғыз мүлгіп отырып ойға шомғанды ұнатады.
Сонда деймін-ау!
Кішкентай қарадомалақтың жүріс-тұрысы, қимыл-қалпы, тазалыққа жақындығы, дүниеге ой көзімен қарауы, тілі шала шықса-дағы үй ішіне мәтібійсіп: «ананы өйт... мынаны бүйт... үйді шашпа... тазалық сақта... әр зат өз орнында тұрсын!.. көпірме сөзге жел бере көрме!.. бейпіл ауыз көп сөйлейтін келіншекпен қажасып отыра берме» дегені — ауызбен айта алмаса-дағы ыммен, мегзеу, қабағымен танытуы, мінез қыры, дүниені көруі, тазалығы, кірпияздығы, кей-кейде ұзақ мүлгіп отыратыны — баяғы жер түбінде өмір сүрген, бұл күнде бақи жалғанға озып үлгерген Доскей сыпаның құйып қойған сыңары!.. двойнигі... кішкентай қалыбы... көлеңке нұсқасы ғой деп таңғаласыз! Қарап отырып жағаңызды ұстайсыз.
Дүниеде мұндай да керемет болады екен-ау деп бас шайқайсыз.
Адам кезегімен жарық дүниеден өтеді. Аты ұмытылады, жәй төмпешікке айналады. Дүние көшкен керуен. Әйтсе де текті адамның қасиеті, мінезі түптің-түбінде қаннан-қанға, буыннан-буынға алмасып, тек қуалап, жарық дүниеден ұшты-күйлі өшіп жоғалып кетпейді. Тұқым қуып, қайта айналып келе беруімен дүниені ұстап тұрады екен. Жарық жалған осынысымен мәңгілік көрінеді.
Мәуелі ағаштың желі ұшырған тұқымының жылдар өте, уақытысы келе, әйтеуір бір топырақ астында көміліп жатып-жатып, мезгілі жеткенде — жарық күннің сәулесінен оянып жерді тесіп шығатыны секілді. Тұқым, тек адам ағзасынан буын қуалап, атадан — әкеге, әкеден — балаға, баладан — немереге, немереден — шөбереге жалғасып еш жоғалмайды. Ұмытылмайды, тозаңға айналмайды.
Бұл да болса Жаратқан иенің бұзылмас заңы, сірә, адамдар арасына — табиғат анасына тарта тусын деп қалдырып кеткен өсиет-аманаты! Дөңгеленген дүниенің бұлжымас түзілімі. Құрылымы-дағы. Болмыстың тек қуалауы, жарық жалғанды шыркөбелек айналуы деп түсінсек болады!
Нәйлә
Алла сақтасын! Әйелдер зина жасап күнәға кірген екен. Күйеуінің көзіне шөп салып, басқа еркектен бала туу- недеген сұмдық. Алла Тағалам мұндай сұмпайылықтан сақтасын!