Оны тұңғыш рет облыстық ақындар айтысында көрді. Алғашында көзіне Халелінің нақ өзі секілденіп кеткен. Адамның адамға егіздің сыңарыңдай ұқсай беретіндігін ол осы жолы білді. Бірақ есін тез жиды. Өрекпіген көңілін басып, қызыққа жиналған қалың топтың арасына сіңіп кетті. Қаланың ең көрнекті жеріндегі қызыл тастан қаланған әсем сарайға да мұның тұңғыш рет келуі болатын. Рас, Маңғыстау өзінің кір жуып, кіндік кескен жері. Туған топырағы осы бір әсем қаладан көп алыс та емес. Оның алғашқы үйлері салынып біткенде-ақ мұның ата-анасы осында көшіп келіп, жергілікті тұрғындардан алғашқылардың бірі болып, иен тұрған пәтерлердің бірінің кілтін алған. Иә, сол кезде салынып біткен үйлерге қоныстандыратын адамды көп іздеп табу үшін сарсылатын еді ау жұрт. Қазір айтсаң, күлкілі секілді. Ал мынау сарай салына бастаған кезде... Ол кезде Хансұлу тұрмысқа шығып, мұнайлы ауданға кеткен.
Ол өзімен-өзі болып ұзақ жүрді. Әйнек қабырғаларды жағалап, сырттағы үйлерге, ағаштарға, ерсілі-қарсылы жүрген адамдарға көз салды. Жоғарыда самсаған люстраларды тамашалады. Бір бүйірдегі жұрт кіріп-шығып жатқан есікке жақындап еді, үлкен залдың қабырғаларын жағалай қойылған көп аквариумды көрді. Сол арада титімдей балықтардың қимылын қызықтап, біраз аялдады. Осы аквариумдар бөлмесінің есігінен шыға берген. Кенет... оны тағы көрді. Ұзын бойлы. Иықты да келбетті. Енді аңғарды, шетелдік джинси киіпті. Этикеткасы сонадайдан көзге түседі. "Қазір тіпті көзәйнектердің де этикеткасын алмай киетін болғаны несі екен? Әлде басқа елден әкелінгенін көрсету үшін бе екен?! — деген ой басына оралды. Сол-ақ екен, сәнқойлау құрбысының: "Кешегі кеште джинси киген жігіттер көп болды", — деген сөзі есіне түсіп кетті. Мынау да сондай "күштінің" бірі болар деп мырс етіп, теріс айнала берген.
Көп кешікпей көпшілік ішке кіріп орналасты да, айтыс басталып кетті. Айтыс дегенің қызық болады екен. Екі жақтың бір-біріне айтқан шымшыма сөздері, өз ауданының намысын қорғап, еңбек адамдарын мақтан етуі Хансұлуға әбден ұнады. Ақындардың бірі мұның бұрынғы аулынан екен. Бұрынғы деп отырғаны — өзінің келін болып түсіп, кетіп қалған жері. Сондай ауылдас ақынның қарсыласы кенет мұның құлағы шалған бір жайды айтқанында алдымен көпшілікке қосыла мәз болды да, іле өзінен-өзі қуыстанып, қызарып кетті.
Хансұлу өстіп өзінен-өзі қысылып отырып, айтысушылардың орындарынан тұрып, бір-бірімен қол алысып жатқандарын бір-ақ көрді. Іле-шала айтысты жүргізуші:
— Келесі айтысушылар дайындалғанша облысымыздың белгілі өнерпазы, геолог Қайырболат Аманжоловтың орындауында бір күй тыңдаңыздар, — деп хабарлады. Сол-ақ екен сахнаға... ол шыға келді. Үстіндегі манағы киімдері жоқ. Оюлап тігілген ұлттық киім киіпті. Басында — құндыз бөрік. Ол мұның көзіне тағы да оттай басылды. "Қазақша киім сондай жарасады екен. Оркестрге қатысып жүргенінде Халел де осылай киінуші еді... Оған да осылай әсем үйлесетін..." Бір мезет Хансұлу ойына әлдене түсіп кеткендей, жан-жағына қарап абыржи көз салды. Сөйтті де өзінен төрт-бес орын әрірек, шет жақта отырған он екі-он үш жасар баланы көрді. Қолында бір шоқ қызғалдақ Әлдекімге бергелі күтіп отырған болса керек. Хансұлу ойланбастан соған қарай жылжыды. Құлағына жігіт тартып отырған күйдің сазы келді. Бірақ көңілі онда емес.
— Әй, бала, гүлді кімге әкелдің? — деп сыбырлады оның жанындағы бос орынға отыра қалып.
— Ақмаралға. — Бала көзін сахнадан алмаған күйі жауап берді. Оның домбырашы өнерін беріле қызықтап отырғаны белгілі еді.
— Сен былай істе, Хансұлу бір қолымен баланың қолындағы гүлді алуға ыңғайланып, екінші қолымен оған ақша тықпалады.
— Ақмаралға басқа гүл алып кел. Ал мынауыңды маған бер, жарай ма?
— Ағам ұрсады, гүлді Ақмаралға ғана бер деген...
— Ұрыспайды! — Хансұлу оның ағасының ұрыспайтын адам екенін білетін жандай қайырып тастап, жалына түсті. — Сен жақсысың ғой. Мен ана ағаға беруім керек еді, үлгермей қаламын ғой гүл алып келуге! Бара ғой енді.
— Бала босай қалды.
— Менің өзім де осы ағаға гүл сыйлағым келіп отыр еді. Алыңыз!
— Гүлін ұстата салды. Сол кезде күй де аяқталып, жұрт дуылдата қол соғып кетті. Хансұлу да жеделдете басып, сахнаға беттеген...
Ертеңіне жергілікті теледидардан Қайырболатты Хансұлу үшінші рет көрді. Көркемөнерпаздар үйірмелері мүшелерінің концертінде өнер көрсеткен.
— Мына жігіт кешегі айтыста күй тартыпты ғой, Хансұлу, сен көрдің бе! — деді оныншы класта оқитын інісі баласын тамақтандырып отырған бұған бұрылмаған күйі, өзге біреуден сұрап отырғандай. Онысынан-ақ өзінің бейтаныс жігітке гүл сыйлағанын оның естіп келіп отырғанын және жақтырмай қалғанын біле қойды. Әйтсе де түк білмегенсіп:
— Мен қайсыбірін танимын? Көрсем көрген шығармын,- деді әдейі жайбарақат. Інісі мырс ете түсті. Бірақ үндеген жоқ. Тек сәлден соң тұрып бара жатып қана:
— Бұрынғының әйелдері күйеулері қайтыс болған соң бір жылға дейін қара жамылады деуші еді, қазіргілер жарты жыл болмай жатып қызық іздейтін болыпты ғой, — деп қалды.
Інісінің бұрынғының әйелдері ері өлгенде қалай аза тұтатынын біле бермейтінін, әйтсе де өзінің осы халін ұнатпайтындықтан тиісіп тұрғанын Хансұлу жақсы түсінді. Соңғы кездері реті келе қалса өз наразылығын білдіре қоюға әзір тұрған оған бұл жолы да дәйекті ештеңе айта алмай, отырып қалды. Көмейіне тығылған реніш жасын үнсіз жұтып, тамағын жаңа ішіп болған кішкентай ұлын кеудесіне қыса берген.
— Ей, сен өз жөніңді біл деп қашанғы айтамын?! Жиырма үшке жаңа шыққан жұрттың қызы әлі үйінде жүр. Бұл сонда он жетіде бір гүлі ашылмай жатып басына қара жамылып отыруы керек пе еді? — Әдетінше шешесі ара түсе кетті. Шешесі сөйлей бастағаннан тұрып кетіп, есікке барып қалған Еркін тағы да бұрылмаған күйі кідіре түсті де:
— Он сегіз жасында үйден қашып кетпей-ақ сол жұрттың қызынша жиырма үшіне дейін үйде жүрсе кім қумақ еді? Олай болғанда сіз де елде жоқ заңды шығарып, біреудің адамын үйге әкеліп отырмас едіңіз, — деп, шыға жөнелді.
— Қап, мына ұлды-ай! Не істесем екен мұны, ә?! — Шешесі аһылады да қалды.
— Мен сөйтуді де құдайдан сұраппын ба?! Мен сөйте гөр, жасаған, деп тілеппін бе?! Бесіктен белі шықпай жатып біреудің азғырғанына көнсе, оған да мен айыптымын ба?! Уыздай күйінде біреудің босағасында қалай қалдырмақпын?! — Әкесі шай ішіп отырған кесесін төңкере салып, теріс айналды. Әйелі қояр болмаған соң:
— Болды енді, істеріңді істеп алып сонша күңіренбей! Маза бер! — деп дүңк ете түскен. Хансұлу кішкентайын көтеріп, келесі бөлмеге кетті. Көзінен парлаған жас екі бетін жуып бара жатыр...
... Ол кезде Хансұлу, шынында да, он сегізге жаңа толған бүлдіршін қыз болатын. Жай ғана күлімсіреуден асатын тасыраң мінезі жоқ адамға қашан көрсең де иба сақтай жылы қарайтын мойыл көзді, жас шыбықтай балғын денесі сүп-сүйкімді оның кімге болса да ұнауы мүмкін еді. Бірақ Халелден басқа оның ойында ешкім қалмапты.
Сол күні ата-аналары мен мұғалімдерінен жасырып биге барып жүрген оныншы кластың үш-төрт қызы мұны да қояр қоймай ертіп кеткен. Оның үстіне Октябрь мерекесі күндері болатын. Киноға бара-бара жалыққан, түрлі кешкі бас қосуларға баруға анасы рұқсат етпейтін Хансұлу онша көп қарсыласқан жоқ. Анасын тұңғыш рет қыздармен киноға барып қайтамын деп алдап, үйден шыққан. Сол күні Халелмен танысып қайтты. Екі жүз шақырымдай жердегі аудан орталығында тұрады екен. Армия қатарынан оралғанына көп болмапты. Мерекеге байланысты облыстық байқауға қатысатын бір топ көркемөнерпаздармен бірге келіпті. Өзі шофер көрінеді. Хансұлу оны бірден ұнатты. Сол жылы қыс бойы Халел түрлі жұмыстарын сылтауратып, кейде демалыс күндері де жиі келіп тұрды. Мектеп бітіру кешіне шақырған Хансұлудың ұсынысына да қуана келісті.
— Сол күні таң атқанша қыдырамын, — деп уәде берген бірде бұл, әншейінде бірер сағаттан артық уақыт бола алмағанына қынжылып. Сол бір күнді екеуі де асыға күтіп еді... Сол бір таңды қол ұстаса қарсы алған екеуі енді қайтадан ажырасуға дәттері шыдамай, сол күнгі автобуспен жігіттің аулына аттанып кеткен...
Соншама асығулары да тегін емес екен. Бәрі аяқ астынан болды. Бір күні Халел жұмыстан келіп, есіктен кіре құлап түсті де, содан қайта тұрмады. "Жүрегі ауырады екен, өзі білмей жүріпті", — дейді дәрігерлер. Жасқа әлі тола қоймаған ұлын құшақтай Хансұлу сөйтіп қала берді.
Хабар тиісімен мұның ата-анасы да жеткен. Келулері орынды-ақ еді. "Жалғыз күйеу балалары емес пе, екеуі де келіпті. Оларға да оңай дейсің бе?! Қызымыз әлдекімге кетті деп әуелде ренжігенімен, мұндайда қайдан шыдасын?!" — деп, көпшілік риза болысып қалған. Әжептәуір беделді қызметтер атқаратын ата-анасының алғашында қызының мектеп бітірер бітірместен үйден қашып кеткеніне қатты ренжігені де рас болатын. Осы күйлерін немерелі болғаннан кейін барып әрең мойындағандай жағдайлары бар еді. Халел қайтыс болардан екі ай бұрын ғана қыздарының төсек орнын әкеліп беріп қайтқан. Осы келісте олар бұл үйдің есігін екінші рет ашқан. Әуелде бір көңілдері суып қалған құда-құдағиларының бұл келісіне сол себепті де ауыл адамдары ерекше назар аударған. Бірақ олардың ризашылығы ұзаққа бармады.
— Көзімнің ағы мен қарасындай екі баламның бірі еді. Жат жұрттық бала ғой деп, басқа түскенге көніп жүруші едік. Енді оны бұл үйде қалдыра алмаймын жесір қатын атанып, жетім бала болып отырғанына төзе алмаймын. Бұларға қарап отырған жоқсыздар, басқа да балаларыңыз бар екен. Құда-құдағи, рұқсат беріңдер. Мен балаларымды алып қайтамын. Сөйтіп анасы келген күннің ертесіне-ақ қаралы жандардың алдына үлкен мәселе қойған. Алғашында мұндайды көрмеген жұрт аңтарылып қалып еді, ауылдың сыйлы кемпірлерінің бірі сөздің байыбына тез барып:
— Қарағым, бұл сөзіңе түсіне алмадық. Хансұлу сіздің балаңыз емес пе?! Ең болмаса кәделері өткенше артын күтсін дегенге барып, бірінен соң бірі сөйлеп кеп берді.
— "Естімеген елде көп" деген осы екен-ау, бұл қай сөзі?!
— Үйбай-ау, ең болмаса қырқы өтсе бір сәрі-ау!
— Ері өлген әйелдің өзі қалай кетеді?! Оның үйі осы емес пе?
Бірақ анасының шешімі берік екен. Ендігі сөзді естігісі келмегендей, орнынан тез тұрды да, басы салбыраған күйі орамалымен бетін басып отырған мұның иығынан бір нұқыды:
— Тұр, бар да жинал! Тәжікелесіп отыратын уақыт жоқ! - деді зілмен. Ана сөзін жерге тастап, бөтен елдің алдында жігерін жасытуға Хансұлудың батылы қайдан жетсін?! Сүйретіліп орнынан тұрды. Сүйретіліп жүріп, киім-кешегін жинады. Сүйретіліп жүріп, баласын киіндірді.
— Қарағым-ау! Шынымен бізді тастап кеткенің бе?! Шынымен, Халелімнің отын өшіргенің бе?! — деп, аңырап келе жатқан анасын көрді бір кезде.
— Құдағи, енді жылатпаңыз қызымды! Осы жылағаны да жетеді қалған өміріне! — Анасы оны иығынан құшақтай қайтадан кері шығарып жібергеніне де бақырайып қарап тұра беріпті.
— Неғып тұрсың мелшиіп!? Болсаң, баланы ал да машинаға бар. Қазір мебельдерді тиейміз!
— Мама! — деді ол осы арада тұңғыш рет анасына тіке қарап. "Кейін де алмаймыз ба?!" деген сұсты сұрақ тұр еді көмейінде.
— Бар! — Анасы оның не айтқысы келгенін сезді. Бұған алара қарады да, қайтадан бұйырды. — Қайта-қайта әуре болып жүретін жайым жоқ. Машина дайын тұр, біржола алып кетеміз. — Хансұлу кеудесінің терең түкпірінің тағы да бір үлкен наразылықтың ұшқынын аңғарып қалды. Осы кезде ананың қатқыл қолы оны итермелеп, далаға алып шығып еді. Жұлқысуға дәрмені жоқ келіншек еңіреген күйі алға түсті.
Осылайша, қаралы үйді одан сайын қан қақсатып бұлар кете берді... Ең болмаса қырқын өткізіп кетсемші! Жылын күтейін деп неге айтпадым?! Не деген ынжық болғанмын?! Анам — ақ болсын, бірақ неге бір рет менің пікірімді тыңдамады?! Мен де бала емеспін ғой! Мен де ана емеспін бе?! Енемді зар еңіреген күйі кеудеден итеріп жатқанда, дәтім қалай шыдады? Баласынан айрылып, қан жұтып отырған жандардың үйінен үңірейтіп, дүние-мүлкін ала қашқанымызға жол болсын!
Хансұлу баласын бауырына басқан күйі ұзақ отырды. Ара-тұра көзінен ащы жас тамып-тамып кетеді. Бір кезде өзінен-өзі қатты қорланып, еңіреп жылап жіберді. Оның жылағынан қорқып баласы да шар ете қалып еді.
— Қойдым! Қойдым, көкешім! — деп, оны әлдилей орнынан тұрды. Бетіне қарап еді, ұлы да әлі кемсеңдеген күйі өзіне қарап қалған екен. "Жылама, мама!" — дейтін секілді сәби көздері.
* * *
Қолына кішірек қара чемодан ұстаған, енді ғана апыл-тапыл жүре бастаған сәбиін жетелеген Хансұлу қаланың орталық микроаудандарының біріндегі бес қабатты үйдің алдында таксиге мініп жатты.
— Автостанцияға жеткізіп салсаңыз болды, — деді ол орныға беріп, жөн сұраған шоферге. Он шақты минуттан кейін таксиден түсіп қалды. Чемоданын жанына қойып, баласын қолына енді ала берген оны:
— Мен көмектесіп жіберейін, — деген бейтаныс үн тоқтатты. Қараса, дәл жанында Қайырболат тұр.
— Чемоданыңызды алып жүруге рұқсат етіңіз, — деді ол аңтарыла қараған мұны сөзіме түсінбей қалды ма дегендей. — Көмектесіп жіберейін.
— Рақмет. — Хансұлу оған "чемоданым міне тұр" дегендей сәл шетке ығысты.
— Қайда баратын едіңіз?
— Геологтар поселкесіне.
— А, онда жолымыз бір болды.
Сәлден кейін бұлар автобусқа келіп отырды. Қайырболат Хансұлумен қатар орналасып, сөзге тартты.
— Геологтар поселкесінде кімнің үйіне бара жатырсыз?
— Қалай кімдікіне? Өз үйіме барамын...
— Солай ма? Кешіріңіз, мен бұрын біздің ауылдан сізді көрмеген секілді едім. Сол себепті туыстарының үйіне бара жатқан жоқ па екен деп ойлап қалғаным. Сізді тіпті баласы бар адам деген ойымда жоқ еді.
Хансұлу өзін жігіттің танып қалғанын сезіп, қызарып кетті.
— Менің гүл сыйлағанымды айтасыз ғой. Өнеріңіз ұнаған соң ықылас білдіруді борышым деп есептеген едім. Оның үстіне менің күйеуіме қатты ұқсайды екенсіз. Ал менен қайда бара жатырсыз деп сұрауыңыз жөн. Менің мұнда үйім бар деп айтуға хақым да жоқ шығар, — осыны айтты да, мүдіріп қалды.
— Түсінбедім. Егер үйіңіз болса, бұлай деуіңізге не себеп?
— Мүмкін, сіз оны білмейтін шығарсыз. Мен Халел деген жігіттің келіншегімін.
— Сіз... Хансұлумысыз? — Қайырболаттың көздері үлкейіп бара жатыр еді.
— Иә, — деді Хансұлу күрсініп. Сосын: "Менің атағым жайылып болған екен", — деп күйіне ойлап қойды.
— Біржолата келе жатырсыз ба?
— Иә, қуып жібермесе, сол үйдің босағасында қаламын. — Бұл жолы Хансұлудың үні нық шықты.
— Мүмкін қалмассыз. Арада бірер жыл өткен соң өз қызыңдай етіп біреуге ұзатуы да мүмкін ғой, а? Ондайлар аз ба? — Қайырболаттың өңіне куақы күлкі жүгіре қалыпты. Бұған сынай да, күле қарайды. Хансұлудың өңі де сәл жылығандай. Бірақ үндеген жоқ Олай болса қарсылығым жоқ дейтіндей.
Автобус бірқалыпты дүрілмен әлі ағызып келеді. Хансұлу кеудесін кернеген әлдеқандай бір жайлы сезімді сезінген сайын, алдында қамсыз пысылдаған бөбегінің маңдайын құшырлана иіскеп қояды. Ал алдында қанша қарасаң да жалықтырмастай жарқыраған түп-түзу асфальт жатыр. Көзіне өз ошағының түтіні елестеген Хансұлу қайта-қайта тесіліп, көкжиекке қарай береді. "Қашан жетер екем", — деп асығып келеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі