...Қоңыр күз болатын. Көкжиекті торлаған қара сұр бұлттар түйдек-түйдек жөңкіліп, аспан төсіне шапшиды. Жел көтеріліп, ағаштардың сарғыш жапырақтары оңды-солды ұшып жатыр. Осындай бір қоңырқай кеште қалалық балалар үйіне бір топ белгілі адамдардың келе қалмасы бар ма. Ішінде белгілі мұнайшы, Социалистік Еңбек Ері Төреғали Қадыров ағамыз да бар.
Келгендердің көбі бейкүнә сәбилерге көп назар салмай, директормен сәлемдесті де, бөлмелерді аралауға бет алды. Ал Батыр ағамыз болса... бір бұрышта отырған бүлдіршіндерге келіп, құшақтап, маңдайларынан сүйіп, сонан соң жан қалтасына қол салып, балаларға ақша ұстатты. Ағаның мына тосын қимылына әрі таңданып, әрі сүйсінген мен оның жанына келіп, бетіне үңілгенімде көз қиығынан моншақтап аққан жасты көрдім де, басымды көтеріп алып, шетке ығыстым. Балалармен қауышып, әбден мауқын басқан соң, өзі жаныма келді.
— Інім, мен де осындай тағдырды бастан кешіргенмін.., — деді. Төреғали аға сегіз арыс Адайдың Қырықмылтығынан тарайды. Мұңалдан қуып мені іні дейді. Кейіннен сәті түскенде ағамның үйіне барып, кең әңгімелесіп, мән-жайға қанықтым. Өзі көршілес Түркмен елінің Ташауыз жерінде дүниеге келіпті. Әкеден екі, шешеден алты жасында айырылып, тұлдыр жетім қалған Төреғалиды жергілікті түркмендер сол жердегі балалар үйіне тапсырады. Бұғанасы қатпай жатып тағдыр ауыртпалығы мойнына түскен сәби ол жерден де жайлы мекен таппай, 1941 жылы Көне Үргеніш қаласының шалғай ауданында тұратын нағашысы Ермағамбеттің үйіне қашып барады.
Ермағамбеттің ер баласы болмаған. Сол үйде бес жылдай тұрады. Ауылдың сиырын бағады. Балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келген ол жоқшылық пен қиыншылық зардабын бір адамдай-ақ тартып өседі. Бірақ боркемік емес, алғыр, еті тірілігі арқасында 15 жасында Небиттау қаласындағы ФЗО-ға кетеді.
ФЗО-дағы өмір, әрине, басқаша. Киім мен тамақ өкіметтің есебінен. Оқуға келген өзі сияқты құрбы-құрдасы көп. Тез танысып, достасып кетті. Мұнда негізінен мұнай өндірісіне қажетті жұмысшы мамандар даярланады екен. 6 айдай оқып, ұңғылардың жерасты жабдықтарын жөндейтін оператор мамандығын алып, «Вышка» деген жердегі «26 Баку комиссары» атындағы кәсіпшілікке мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.
Жастайынан қиыншылықты көп көріп өскен Төреғали жұмыстың ауыртпалығын бұйым құрлы көрмеді. Қандай іс болса да үйіріп әкетті. Сондықтан да болар, 1949 жылы оны осы сала шеберлерін даярлайтын Баку қаласындағы алты айлық курсқа жіберді. Оны тәмамдап, өз кәсіпшілігіне қайтып келгесін шебер, көтеру-түсіру механизмінің жүргізушісі болды.
Төреғалидың бойындағы бір қасиеті — жұмыс талғамайтын. «Бұл менің міндетім емес», — дегенді білмейтін. Қандай жұмыстың ыңғайы келіп қалса да атқара беретін. Жастығына қарамастан, кәсіпшілік басшылары, қоян-қолтық араласып бірге еңбек етіп жүрген жолдастары оған қай кезде де сенім арта қарайтын, үміт күтетін. Әскери борышын өтеуге кәсіпшілік болып шығарып салды.
Өмірдің ащы-тұщысын жастайынан татып, шыңдалып өскен Төреғали әскер өміріне де тез бейімделді. Барған соң ұзамай-ақ оны кіші командирлер даярлайтын оқуға жіберді. Сөйтіп взвод командирінің орынбасары болды. Әскерде жүрген талай жасты тәрбиелеу ісіне атсалысты, өзі де айнымас дос тапты. Әсіресе Қазақстанның Құлсары жерінен келген Еркебай деген жігітке бүйрегі бұра берді. Екеуі бос уақыттарында ауылды, кластас достарын, кәсіпшілігін еске алып, ұзақ әңгімелесетін. Алыстағы ата-баба мекені жайлы әңгімені де алғаш рет осы Еркебайдан естіген. Жүрегіне содан сағыныш ұялаған...
Әскердегі күндер де өте шыққан. Жігіттердің бәрі де туған жерлеріне, атамекеніне ораламыз деп қуанысты. Ал Төреғалидың кімі бар!?
— Екеуміз аз ғана күн жолдас болдық, үйренісіп қалдық. Күтіп отырған ешкімің жоқ, одан да елге жүр. Ол жақтағыдай жұмыс бізде де бар, — деген Еркебай бұған соңғы күндердің бірінде.
Төреғали ойланды, ойланды да келісті. Сөйтіп ол енді Кең Жылыойға бет түзеген. Құлсарыдағы мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Тауманов Қадыр деген бір иманжүзді адам екен. Мән-жайға қаныққан соң сөзге келген жоқ, жұмысқа алды. «Кәсіпшілікке, үйреніскен қызметіңе жіберемін. Онда Әлім Бақтыбаев деген бастық ағаң бар, сол кісінің қарамағында боласың», — деген.
Кәсіпшілік басы ығы-жығы, адам көп. Бірақ басы артық, бос жүрген жан көрінбейді. Әлден уақытта асығып-үсігіп Әлім ағасы да келген. «Іздеген адамың осы», — деген соң, жанына барып шаруасын айтты. «Сені бірден бригадаға жібере алмаймын. Ұңғылардың жерасты жабдықтарын жөндеу күрделі жұмыс. Әуелі үйреніс, сосын көре жатармыз» — деген ол, мұны су дайындайтын басқа бір жеңіл-желпі бөлімшеге жіберген.
Арада жылжып уақыт өте берді. Төреғали күндегі әдетінше жұмысқа елдің алдымен келіп, өзінің тиісті шаруасын тап-тұйнақтай етіп атқарды. Қажет болып жатса кешкілік те қалып істей береді. Әйтеуір уақытпен де, өзгемен де санаспайды. Үйреніскен кәсібім еді деп, ұңғы жөндеуге де сұранбады. Оның бәрі күтпеген жерден өзінен-өзі шешілген.
Көрші цехтың бір ұңғысынан бірде ашық фонтан атты. Алғашында бұған жөнді мән берілмеген, бұл мұнайшыларды кейіннен әжептәуір әбігер қылды. Ұңғы басына адам көп жиналды. Басқарманың кәсіпшіліктің бар басшысы осында. Аудандық партия ұйымының да өкілдері бар деп естіген. Абыр-сабыр болып жатқан көпшіліктің жайына бұл да келіп, фонтанды ауыздықтау ісіне қызу кірісіп кеткен... Не керек, сол жолы көзге түсті. Бірер күннен кейін оны аудандық партия комитеті актив жиналысына шақыртып, бірінші хатшы Өтеп Балғымбаев (қазіргі Премьер-министр Н.Балғымбаевтың әкесі) мұның өткендегі апатты ауыздықтаудағы еңбегіне біраз мақтау айтып, сыйлықтар тапсырған. Бұл Төреғалидың өмірінде алған алғашқы сыйлығы еді. Осыдан кейін-ақ мұның өміріне іргелі жаңалықтар ене бастаған. Көп ұзамай сол өңірдегі бір қойшының Нұрсұлу есімді қызына үйленді. Кең Жылыой осылайша оған өз құшағын жайып, бақыт сыйлаған.
Төреғалидың өз ісіне берілгендігі сонша, апта сайын 1800-1900 метр тереңдіктегі 4-5 мұнай ұңғысын жөндеп, іске қосып отырды.
Бірде күтпеген жерден оны басқарманың мамандар бөліміне шақыртып, Гурьевтегі «Ембанефть» мұнай бірлестігіне баруы керек дейді. Себебін айтпаған, бірақ қолына еңбек кітапшасын ұстатып, оң сапар тілеген. «Сізді мұнай өндірісінің бесаспап маман жұмысшысы ретінде Монғолияға жібергелі отырмыз. Достас елдің шаруасына да қол ұшын беру қажет болып отыр», — деді оған мамандар бөлімінің бастығы. Келіссең отбасыңды көшіріп кел. Осы жерден шығарып саламыз».
Монғолиясы несі? Бармаған, көрмеген жері, жат ел... Қалай болады деп, алакөңілдеу күйде қонақүйге келсе, ылғи өзі танитын жігіттер жүр. Арасында Хасен Тәжиев те бар. Бұл бір өзіне етене жақын көретін, сырлас адамы еді. Досына әлгінде мамандар бөлімінде болған әңгімені жеткізіп, ақыл сұрайды. Досы да, өзгелер де бұған «Жат елде жүріп көрдің ғой, одан да бәріміз жұбымызды жазбай іргемізде тұрған Маңғыстауға барайық. Біз қазір сонда керегірек секілдіміз», — демесі бар ма. Бастапқыда Төреғали ол сөзге онша мән бермеген. Сосын жақын досы жалынғандай болып: — «Төреғали, мен де өзің сияқты жалғыз жігітпін. Туысым жоқ. Сенің ата-бабаңның кіндік қаны тамған жерге жалғыз кетіп барамын. Менің жанымда бол. Мүмкін ол жақтан өз ағайын-туғандарыңды тауып аларсың, қарға тамырлы қазақ емеспіз бе», — дегенде кәдімгідей ойланып қалған. «Оның да қисыны бар екен-ау. Неге мен ата-баба қонысын іздемей, Монғолияға асып кетуім керек!? Тіпті ата-баба жеріне оралу менің парызым емес пе», — деп ойлаған. Осы ойға келуі мұң екен, ол қайтадан басқа еш жанға жолықпастан, үйіне де ақыл салмастан Маңғыстауға бара жатқан жолдастарымен бірге Форт-Шевченко қаласынан бір шығады. Бұл 1957 жылғы ақпанның 3-жұлдызы екен...
Ол кезде байырғы Маңғыстауда мұнай, газ барлау тресі құрылған екен. Барлау-іздестіру жұмыстарына осы жерден басшылық жасалынды. Оның басшысы мұнай өндірісінің білікті маманы О.А.Бердіғожин.
Құлсарыдан келген жігіттерді осы Орынбай Адайұлының өзі қабылдап, Төреғалидың құжатымен танысқан ол: «Сен сонау Қызанға тракторлар мен басқа да техника құралдарын жеткізуші механик боласың», — дейді Қызандағы экспедиция басшысы. Алайда Хасан бас болып таныс жігіттері мұны азғырды. Механиктік саған қол емес. Жолды білмейсің. Қызанға техника апарамын дегенше далада қалдым дей бер. Мұндай жұмысты жолды білетін, елді білетін адам істеу керек. Ақыры Құлсарыдан бірге шыққан екенбіз, ақырына дейін бірге болайық», — деген соң, ақкөңіл Төреғали соларға еріп Қызанға келеді. Имағанбеттен үй салып, сол жердегі экспедицияға тұрақтайды, Бозашының құйқалы жонына алғаш рет болат бұрғы (бойлатады. Сонда ол Талап Құрбановтың, кейіннен Салық Ырысқалиевтың бригадасында бұрғышы болып, бірнеше ұңғы қазады.
* * *
Қызан мен Түбіжіктегі барлау-іздестіру жұмыстары бүкіл кең байтақ түбектің өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Бұрын төрт түлік малдың қам-қарекетімен жүретін ауылдың қара домалақтары енді өндіріске бет бұрды.
Төреғалидың бригадасында Тұщықұдық, Қызан сияқты басқа да алыс ауылдардан келген жігіттер әр мезгілде еңбек етті. Ол болса жастарға мұнайшылық кәсіптің қыры мен сырын меңгеруге тәжірибесін де, білімін де аяған жоқ.
Төреғалидың жақсы атағы шығып, абырой-беделге ие болған кезі — 1960 жылы Өзен кенорнына келіп, жұмыс жасаған жылдары еді. Осы күні мұнайлы қаладан оның маңындағы Қызылсайға қарай жүретін жол бойында Өзен кенорнынан алғаш мұнай алынған № 1 ұңғының орны тұр. Бұл жерді құрдастары әзілдеп «Төреғалидың төбесі» деп атайды. Олай деулерінің де мәнісі бар. 1961 жылы желтоқсан айында П.Кулесякиннің бригадасы қазып жатқан осы ұңғыдан Өзеннің алғашқы өндірістік мұнайы алынды. Сонда Төрағаң әлгі бригадада бұрғышы болатын.
Өзеннің мұнайы оңайлықпен алынған жоқ. Алғаш мұнай іздеушілер «Қызылсайда» жертөледе тұрды. Ауыз суды тасып ішті. Жұмысқа трактор сүйреткен шанамен баратын. Жұмыстың ыңғайына қарай адамдар кәсіпшілік, бригада бастарына күндеп, апталап қалып қоятын. Осы бір қиын кезеңдерде Төреғалимен бірге жұмыс жасап, бүкіл Маңғыстау, соның ішінде Өзеннің байлығын игеруге мол үлес қосқан Р.Өтесінов, Қ.Мырзағалиев, мұнай-газ барлау экспедициясы кейіннен бұрғылау жұмыстары басқармасы болып құрылған кезде еңбек етіп, ел мен мұнайшылар құрметіне бөленген Н.Марабаев, Н.Бекбосынов, Қ.Шалабаев, М.Қайырлиев, К.Дәуітов сияқты азаматтардың сіңірген еңбегін — мектеп пен өзге де оқу орындарындағы, ұжымдардағы кездесулерде үнемі айтып жүреді. Және сол кездегі алып Одақтың астанасы Мәскеуге әлденеше рет барып, мұнай-газ өнеркәсібі министрі Байбақовтың қабылдауында болған күндер, еліміздің алып мұнай аймақтары Тюмень мен Татариядан келген әріптестерімен ой бөлісіп, тәжірибе алмасқан кездері әлі күнгі көкейінде сайрап тұр.
Алғаш топтық қондырғылар, мұнай қазандары бой көтерген кәсіпшіліктер, Гурьев мұнай өңдеу зауытына жіберілген алғашқы мұнай эшелоны, жапан түзде салынған жаңа қала — бәрі сол алғашқы фонтаннан бастау алған болатын. Сонау алпысыншы жылдары Төреғали қазған үш-төрт ұңғыдан басталған кәсіпшілік қазір іргелі өндіріс орнына айналды. Мұны көргенде оның бойын мақтаныш сезімі билейді.
* * *
Өзен кенорын игерудегі және мұнай өндірісі саласындағы көп жылғы өнегелі еңбегі үшін 1970 жылы Т.Қадыров Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Расында да, Төреғалидың мұнай өндірісі саласына еңбегі сіңген жан. Осы салада 50 жыл жұмыс жасаса, соның 41 жылын Маңғыстаудың қара алтынын игеруге жұмсапты. Айтса айтқандай, тек Өзеннің өзінде оның қазған ұңғылары бір кәсіпшіліктің қорына жуықтайды. Өйткені ол Өзенде 28 жыл бұрғышы болды ғой. Бұрғылау жұмыстары және басқа да салаларда еңбек ететіндердің көбі Төреғалидың шәкірттері. Ағой Раушанов, Қойшыбай Үсенов, Өтеш Дүйсенбаев, Аташ Өтебаев, Сайлау Жылқыайдаров сияқты белгілі азаматтар Т.Қадыровтың мектебінен өткен. Алғаш оқу бітіргендер оның бригадасына келіп бұрғышылық, мұнайшылық кәсіптің қыры мен сырын меңгерген. Қаталдығы мен аңғалдығы, әскерилігі мен қажыр-қайраты қатар жүретін ақкөңіл ағаларын бұл азаматтар да құдайдай сыйлайды.
Т.Қадыров қазір зейнет демалысында. Құдай қосқан қосағы бақилық сапарға аттанғаннан бері келін-баласының қолында отыр. Немерелері бүгінде осы қаланың коғамдық өміріне белсене араласады. Өзі де жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Оған «Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы» атағы берілген.
Жуырда оның үйінде болып әңгімелесудің және бір сәті түсті. Қазақстан мұнайының 100 жылдығы турасында да айттық. Сонда ол:
— Менің өмір жолым өзіңе белгілі, інім, еңбек еткен жылдарым жеміссіз болған жоқ. Өмірімнің бар қызығы жұмыс деп білдім. Талпындым, қатарымнан кем болғым келмеді. Бүгінгінің жастарына айтарым — қиындықтан қорықпау керек. Бейнетсіз рахат жоқ. Қазақ елінің болашағы өз қолдарыңда. Жеріміздің асты толған байлық.Сол байлықтың шын мәніндегі қожайыны болыңдар. Сол үшін жатпай тұрмай еңбек ету қажет, — деген-ді. Ол бір рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, екі рет облыстық Кеңестің депутаты болды. Омырауында «Алтын жұлдыз», «Ленин» ордендері және медальдар жарқырайды. Бұл оның адал еңбегінің айғағындай, тіршілігінің мерейіндей сезіледі...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі