Өлең, жыр, ақындар

Шерменде қашан туған?

— Анау кісі ғұлама ғалым.

— Жаналық бірдеңе ашты ма?

— Сұрағының сиқын! Әрине, ашты. Бізде қазір сауатсыз халың былай тұрсын, көзі ашың қаратаяқтарыңның өзі ғылымды керексініп жүрген жоқ. Ал мына ғалымымыз аса маңызды бір шаруа тындырып, әдебиетіміздің тарихына теңдессіз үлес қосты.

— Ол не шаруа?

— Он бесінші ғасырда Шерменде деген ақын болған...

— Естігем жоқ.

— Кейінгі ұрпағына қалың жинақ қалдырған. Оның аты көптеген еңбектерде аталады.

— Онда тұрған не бар?

— Әдеби зерттеу кітаптардың бәрінде де Шерменде төртінші майда туды делініп жүр. Ал ғұлама оны мүлде жоққа шығарды.

— Қайтіп?

— Алты жүз беттік кітап жазды.

— Өз пікірін сол кітабында дәлелдеген бе?

— Жоға. Тым күрделі мәселені бір кітаппен реттей алмайсың. Бірінші том — кіріспе. Ғұлама ол томында Шерменденің төртінші майда тумағанын ғана айтқан.

— Сонсоң?

— Сонсоң — екінші томында ма, үшіншісінде ме, әлде төртінші томында ма — ол төртінші майдың қате екенін қалт жібермей дәлелдеген. Ал Шерменденің қашан туғанын бесінші, алтыншы томдарында хабарламақшы.

— Сонда ол жиыны неше том жазбақшы?

— Ол жағы әлі белгісіз. Әзірше жазып үлгіргені бір том. Соның езіне тура он бес жылын сарп етті.

— Не дейсіз? Он бес жылын?

— Әрине! Ғылымның не екенінен сіз мүлде бейхабар екенсіз ғой.

— Сонда ол қалған томдарын қашан жазбақшы?

— Егер құдай ғұмыр берсе, енді бір он бес — жиырма жылда екінші томын бітіріп қалар. Қазір ол алпыс төрт жаста.

— Егер әлгі, жаман айтпай...

— Онда оның ісін басқа оқымыстылар жалғастырады, үзілген жерінен ары қарай жаза береді.

— Сізге бір сұрақ қоюыма бола ма?.. Мен сіздің айтқандарыңызды мұқият тыңдап отырмын. Сіздің сөзіңізге қарағанда, Шерменде ақын төртінші майда тумаған көрінеді. Сонда ол қашан туған?

— Міне, әдебиетіміздің тарихын тәртіпке келтіріп алу үшін бірден-бір қажет негізгі фактінің өзі осы. Шерменде майдың төртінде емес, үшінен төртіне қараған түнде туған. Мәселе түнгі сағат он екіге жетпей шешілгендіктен, оның туған күні үшінші май болуы керек. Әдебиет тарихшыларының бәрі осыны білмей шатасып, Шерменде төртінші майда туды деп жұртты адастырып келді.

— Ғұламаның жаңалығы соны анықтағаны ма?

— Ол аз ба? Атамзаманғы ақынның туған күнін анықтау ақиретке барып келгенмен бірдей...

— Ғұламаңыз онысын бірер сөзбен айта алмаған ба? Алты жүз бет кітап жазып азаптанғаны несі?!

— Мәссаған! Жаңалығын жә деп айта салса, оның ғалымдығы, былайғы жұрттан артықшылығы қайда? Ғалым — жоқ сөзді көп сөз етіп айта білгендігімен ғалым. Ол бас-аяғы бес сөзді бес жүз бетке соза алады. Ғұлама мен миғұланың бір-бірінен айырмашылығы да сонда.

— Солай-ақ делік, сонда Шерменденің төртінші майда емес, үшінде туғанын сіз қайдан білесіз? Кітапты оқыдыңыз ба?

— Сұрағыңызға болайын! Ғалымның өз кітабында не айтқысы келгенін кім ұға алушы еді! Ғылымның күрделіленіп кеткені соншама...

— Жарайды, жақсы, ал сонда сіз қайдан білдіңіз?

— Кітапты оқуын оқыған жоқпын. Маған оны өзі айтты... Сонсоң, ғылыми еңбек дегендер ешқашанда оқу үшін жазылмайды.

— Онда не үшін басып шығарады?

— Мұрныңызға ғылымның иісі де бармайды екен-ау. Айталық, бір еңбек басылып шықты делік, жұрт оны жапатармағай сатып алып оқыды делік, түгелдей түсінді делік. Сонда ол еңбекте не қадір-қасиет қалады? Қазір ғалымдар өз еңбегін елге таратуға әсте құлшынбайды, кітаптары сөрелерде шаң басып жатса да айылдарын жимайды. Есіңізде болсын: автордың беделін, әлбетте, бірен-саран кісілер ғана оқитын, немесе ешқашан ешкім оқымайтын, оқыған жұрт әрең түсінетін, немесе ешқашан ешкім түсіне алмайтын кітаптар ғана көтереді.

— Ғажап екен.

— Таңданарлықтай не бар мұнда? Ешкім ештеңе түсіне алмайтын етіп жазу оп-оңай дейсіз бе? Міне, сіз екеуіміз мылжыңдасқалы тура бір сағат болса да, бір-бірімізді жап-жақсы түсініп отырмыз. Кәне, егер қолыңыздан келсе, ешкім түсінбейтіндей етіп бес минут сөйлеп көріңізші. Кәне?

— Қиын ғой.

— Қиын ғой дейсіз. Мүлде мүмкін емес! Бес минут сөйлеу бір басқа да, сандырақтамай бес жүз беттік кітап жазу — бір басқа. Есі ауысқандар да күні бойы көки алады. Бірақ олар өлсе де ғалым бола алмайды. Бес жүз беттік еңбек жазу оқымыстының ғана қолынан келеді. Келгенде қандай десеңші. Оқып ештеңе түсіне алмай мәңгіресің де отырасың. Оның есесіне, айналайын бауырым, бүкіл үрім-бұтағыңды жауып жіберіп іздесең де ол кітаптан емге бір әріп қатесін таба алмайсың. Ал есі ауысқан бейбақ екі сөздің басын құрап жаза білмей сорлайды.

— Шерменде ақынның төртінші майда тумай, үшінен төртіне қараған түнде туғанын ғұлама қалай дәлелдегенін білер ме еді.

— Ол дәнеңені дәлелдеп әуре болмайды. Жинағындағы бір өлеңде Шерменде: «Мен дүниеге кеше менен ертеңді жалғай келдім» деген. Соқырға таяқ ұстатқандай емес пе? Кеше менен ертеңді қай уақта жалғай аласың? Әрине, түн ортасында. Етістіктен өзгерген «жалғай» деген сөз істің әлі аяқталмағанын, алдағы уақта ғана аяқталатынын аңғартады. Демек, Шерменде түн ортасы бола бергенде, яғни сағат он екіге бес минут, немесе екі минут қалғанда шыр ете түскен. Бұдан оның туған күні майдың төрті емес, үші деген қорытынды өзінен-өзі шығады.

— Оныкі дұрыс-ақ дейік, бауырым, бірақ сонша әуренің қажеті қанша?

— Қажеті қанша? Пәлі! Бір ғұлама үш том еңбек жазады да, Шерменденің үшінші май күні жиырма үш сағат отыз минутта туғанын дәлелдеп береді. Екінші ғұлама оған: «Шырағым, шатаспаңыз. Шерменде жиырма үш сағат отыз минутта емес, жиырма үш сағат отыз бес минутта туған» дейді де, бес том еңбек жазып тастайды. Сөйтіп, ақыр аяғында, Шерменденің туған жері мен күні әбден анықталып шығады.

— Ғафу етіңіз, мен әлі де түсініңкіремей отырмын. Шерменде майдың үшінде емес, төртінде, жиырма үш сағат отыз минутта емес, жиырма үш сағат отыз бес минутта туса да мейлі. Одан келіп-кетер не бар?

— Баға жетпес боздағым-ау, әдебиетіміздің тарихы осындай оқиғалардан құралады емес пе? Ғұламалардың біреуі: «майдың үшінде» дейді, екіншісі: «майдың төртінде» дейді, сөйтіп айтыс қызады. Қайсысының кітабы бәрінен қалың да түсініксіз болса, соның сөзі өтеді.

— Одан кімге, қандай пайда бар?

— Жарқыным-ау, сондай мәселемен шұғылданғандар профессор-ассистент болып шығады. Жанын шүберекке түймей-ақ даңққа бөленеді, қағанағы қарық сағанағы сарық боп өмір сүреді, кейінгі ұрпаққа аты қалады. Ғалымдар болмаса, мысалы, біз Шерменденің қай күні, қай сағатта туғанын білмей өтер едік. Сол тәріздес басқа да көптеген жәйттерден махрұм болар едік. Надандықтың шырмауында сорлап жүрер едік. Адамзат қашанда айтыспен көркейеді. Көдедей кеп ғалымдардың бірі, әлбетте, ойда жоқта бір идеяны қылтита қояды. Екіншісі оған атойлап қарсы шығады, сөйтіп ию-қию басталады да кетеді. Үшіншісі карап түра ма: «екеуіңде де ес жоқ!» деп ол да кіріседі. Біздің ғылым, міне, осылай өркендеп келеді.

— Дұрыс-ақ! Байыптап ойлап қарасаң, ғалымдарсыз біздің күніміз қараң екен. О, тоба! Надандық жайлаған мынау жалғанда ақиқаттан адасып қалай тірі жүрміз?! Ғалымдар болмаса, бұ күнімізге де зар болады екенбіз. Ақын Шерменденің қашан туғанын білмей кете барады екенбіз. Оны бәріміз де төртінші майда туды деп жүре береді екенбіз. Жо-жоқ, мұндай дүниеде өмір сүру екіталай. Ғұламаларсыз не күн көріп жаритынымызға менің тіпті ақылым жетпейді!

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз