Жұмыс іздеп көше кезіп келемін. Тағдыр менен мүлде теріс айналып кетсе керек. Кісінің сөйтіп жігері құм боп жүргенде басына неше түрлі ой ұялайтыны бар. «Шіркін-ай, әйел болсам ғой, — деп ойлаймын, — жұмыс іздеп мұнша тентіремес едім».
Құрыған ойлардың құрсауына түсіп, Долмабақша жаңқа беттеп келе жатырмын. Стадионға жақын көшелерде — құмырсқаша құжынаған жанкүйерлер, ине шаншар жер жоқ. «Мынау ығы-жығы халықтың арасынан өтіп стадионға жету де бір қиямет шығар», — деп ойлап қоямын. Сеңше соғылысқан жұрт мені біресе ілгері, біресе кейін лықсытады. Енді бірде еш жаққа аяқ баса алмай, ұршықша айналып тұрып та қалдым.
Дүлей толқыннан тірі шығуым мұң болуға айналды. Айқаспай ақымақ болдың демеңіздер: табандатқан бір сағат бойы жағаластым, бірақ босқа арам тер болдым. Күнімнің батқаны, дәмімнің таусылғаны осы екен дедім.
Сол сәтте ысқырық естілді. Ысқырық болғанда қандай, — төбе құйқам шымырлап кетті! Тас керең боп туғандар да естіген шығар-ау оны!.. Іле-шала көшедегі құжынаған халық сиқырға ұшырағандай боп қақ жарылды. Аршылған жолда қолына ысқырғыш ұстаған біреу келе жатыр. Үңіле қарадым. Тәңірім-ау, мынау біздің Мұса ғой!
— Мұ-са-а-а! — деп дауыстадым.
Жайшылықта оған, әлбетте, «Әй, Мұса, достым!» — деп айғай салар едім, ал бұл жолы мені құдіретті ысқырғыштың мысы басты.
Мұса жалт қарады да, жүгіріп келіп қолымнан ұстай алып, дедектетіп сүйрей жөнелді. Алдымызда шоғыр көріне қалса-ақ шырқырата ысқырады, — жұрт тым-тырақай боп бізге жол береді. Әп-сәтте стадионның қақпасына да жеттік. Мұса тағыда шырқырата ысқырды. Билет тексеруші жолымыздан ыршып кетіп:
— Кіріңіздер, кіріңіздер! — деп бас шұлғып қала берді.
Есіктен есен-сау өткенімізге шүкіршілік етіп:
— Мұса, — дедім мен, — сен физкультура басқармасының бас директоры болғансың ба? Саған жұрттың бәрі неге жол береді?
— Мені қоя тұр. Оданда өз жайыңды айт. Қазір не істеп жүрсің?
— Ештеңе істеп жүргем жоқ. Жұмыс іздегеніме бесінші ай. Еркектерді ешкім жұмысқа алар емес. Әйелдің көйлегін киіп алып іздесем бе екен деп ойлаймын. Қасымды қырып, ерінімді бояп қойсам қайтер еді? Бір есептен, қожайындардікі де дұрыс. Алқам-салқам еркектерді қоя тұрып, мен де жұмысқа сұлу сылқымдарды қабылдаған болар едім. Өйту — ақымақтың ісі емес. Берген жұмысыңды еркек те, әйел де жап-жақсы істей алары хақ. Алайда, көз алдыңда сүп-сүйкімді әйелдердің бұрала басып жүргеніне не жетсін!
— Сен мүлде түңілген екенсің, — деді Мұса.
— Түгілмегенде ше, жұмыссыз бес ай сандалу оңай ма?
Ойын басталып кетті де, біздің әңгімеміз доғарылып қалды.
Футбол аяқталысымен орнымыздан тұрып, шығар есікке қарай беттедік. Мұса ысқырып қойып жол аршып келеді.
Көшеге шығып, алаңға бардық.
— Таксимен кетелік, — деді Мұса.
Таксимен дейді-ау, ол келе қояр ма? Алаңға жиналып такси аңдығандар қарақұрым. Бос машина келе қалса-ақ атойлап бас салады.
— Мұса, біз мына сиқымызбен кезекте кемінде екі күн тұрармыз, — дедім.
— Саспа, — деді ол. Қалтасынан ысқырығын суырып алды да, өтіп бара жатқан таксиді тоқтата қойды. Ентелеп тұрғандардың бірде-біреуі бізбен бірге отырамыз демегеніне мен таң қалдым.
Таксиге міндік.
— Мұса, сен жол қатынасы полициясының бастығы болғаннан саусың ба? — дедім.
Ол сұқ саусағымен ернін басты: демің ішіңде болсын дегені.
Нишанташта таксиден түстік. Мұса жол ақысын төлеу үшін әмиянын алып еді, шофер бір тиын да алмай азар да безер болды:
— Басқан ізіңізден садаға кетейін! — деді.
Міне, қызың!
— Әлгі шофер танысың ба? — деймін, таңданып.
— Жоқ.
— Мұса, шыныңды айтшы, сен осы полиция бастығы емессің бе?
Ол тағы да ернін басты.
— Мен оны-мұны сатып алайын, сонсоң үйге барамыз.
Ет дүкенінің алдында кезекте тұрғандардың ұшы-қиыры көрінбейді. Айқай-ұйқай, у-шу. Кейбіреулер төбелесе жаздап жағаласып тұр.
Біздің Мұса ысқырды деңіз! Кезекте кеңірдектесіп тұрғандар жым болды. Тым-тырыс! Дүкенші атып шықты да, Мұсаға құлдық ұрды:
— Келіңіз, кіріңіз.
— Бір килограмм, тәуірінен, — деді Мұса.
— Тағы не бұйырасыз?
— Ми бар ма?
— Оны жете ме?
— Жетер.
Дүкенші мұқияттап тұрып қағазға орады. Мұса әмиянын аша беріп еді, дүкенші:
— Мырза, мен сізден ақша алмаймын. Ешқашан алмаймын! — деп зар қақты.
— Мұса, сен қала бастығы болғаннан саусың ба? — дедім, екеуіміз сыртқа шыққан соң.
Ол жауап бермеді, ернін басты да қойды.
— Бұны ертеңге сатып алдым, — деді ол сәлден кейін, — ал бүгін ресторандардың біріне барып тамақтанайық. Саған ештеңе керек емес пе?
— Жоқ.
Біз әуелі жеміс-жидек дүкенінде, сонсоң азық-түлік дүкенінде болдық. Мұса ысқырып кіреді де, құшағы толып мықшыңдап шығады. Еш жерде тым болмаса он пара да төлеген жоқ.
Аларын алып болған соң бір таксиді тоқтатты да, екеуміз оның үйіне бардық. Азық-түліктерімізді қалдырып, өзіміз казиноға тарттық. Ол шофер да жол ақы алмады.
Казинода ине шаншар жер жоқ екен. Мұса ысқырғышын алып аузына апара бергенде үкідей ұшып даяшы-күтушілер де, қожайын да жетіп келді.
Қас қағым сәтте сахнаның алдына бізге арнап стол әкеліп қойып, не қажет деп сұрамай-ақ үстін неше түрлі тамаққа толтырып тастады.
— Мұса, осы сен ревизор емессің бе? — деймін.
Ол жауап қатпайды. Саусағын шошайтты — болды.
Оның әйтеуір бір мықты екенін сеземін. Тек кім боп істейтінін түсіне алмай далмын.
Саз естілді. Әнші әйел ән бастады.
Рақатқа батып біз отырмыз. От көрген көбелекше бізді шыр айналып күтушілер жүр. Нағыз жұмақ!
Кенет ту сыртымыздан шу шықты. Мастар ілінісіп қалыпты. Олар пышақтарына жармасып үлгіргенше Мұсаның ысқырығы шыр етті. Арыстанша алыса кетпек болғандар сүтке тиген күшікше сүмірейіп-сүмірейіп отыра қалды.
Біз екі жүз лирдің тамағын іштік. Бірақ қожайын ақша алмаймын деп безек қақты. Тым болмаса он пара да алмады.
Мен Мұсаның үйіне қонаға бардым. Ертеңінде жексенбі болатын. Таңертең Мұса дәмдеп тұрып тамақ жасады. Ішіп болған соң кетуге айналып едім, Мұса жібермеді.
— Бір апта осында бол, — деді ол. — Мүмкін оны-мұны бірдеңе істеп үйренерсің.
Мен бір апта қонақ болдым. Екеуіміз күні бойы қыдырып көңіл көтереміз. Тойғанымызша тамақ ішеміз. Тегін тамақ.
— Сен атақты адам болғансың ба? — деп қоям Мұсаға.
Ол үндемейді. Бір күні өзінің де төзімі таусылды-ау!
— Мен саған құпиямды айтайын. Бірақ, сен елге жайып қойма, — деді.
— Тірі жанға айтпаймын.
— Құдай атымен ант бер!
— Бердім!
— Серт бер!
— Бердім!
Менің антым мен сертіме сенді де, ысқырғышын алып сүйіп, маңдайына басты.
— Бұл жай ысқырғыш емес, сиқырлы ысқырғыш. Бір күні мен Қаракөйде такси тосып тұрдым. Кезегім жетпей әбден сарылдым. Қолымда шынжыр баулы осы ысқырғышым бар. Шынжырынан ұстап иіріп ермек етіп тұрғанмын. Бір кезде мұны аузыма салып, оқыс ысқырып қалғаным. Сол-ақ екен, біреу жүгіріп жетіп келді. Сірә, жай киіммен жүрген полицей болса керек. Келді де, қазықша қаздия қалып:
— Не бұйырасыз? — деді.
Мен:
— Мына жерге тәртіп орнатыңыз, — дедім де, өз жөніме кеттім.
Бір тұста көшенің қарсы бетіне өткім келді. Ал қайшыласқан машина жол берер емес. Не істеу керек? Ысқырғышымды алдым да шырқыраттым. Машиналар шиқ-қиқ етіп тоқтай-тоқтай қалды, мен асықпай аяңдап өтіп шықтым. «Мынау ғажап болды-ау!» деймін. Ысқырып қалсаң, — бітті: ойың орындала береді екен. Оның себебін де түсіне қойдым. Бізде мәселенің бәрін ысқырық шешеді ғой. Ысқырып қалса, — кеме жүзе жөнеледі, ысқырып қалса, — поезд тұра ұмтылады. Ысқырып қалса, — өртке бергісіз ұрыс-жанжал да су сепкендей басылады. Ысқырықты естіген кім болса да, сол маңнан қарасын батыруға асығады. Мен қазір бір ысқырып қалайыншы, мына алаңда құжынап тұрғандар жердің астына түсіп кеткендей жоқ болсын. Бізде мәселенің бәрін ысқырық шешетініне көзім әбден жетті сонда. Содан бері осы ысқырғыштың арқасында күн көріп жүрмін. Мұны сен құдай ақыға ешкімге айта көрме.
Өйтсең, менімен бақкүндестер көбейеді де, сорлап қор боп қаламын.
Құпияңды тісімнен шығармаймын деп Мұсаға серт бердім. Ешкімге айтпаймын дегенім ешқашан жазбаймын дегенім емес қой. Ал енді менің де сіздерге бір өтінішім бар. Менің бұл жазғаным оқыған жерлеріңізде қалсын... Мұсамен қоштасып былай шыға бере мен де бір ысқырғыш сатып алдым. Тәксім алаңына барып ысқырып кеп қалып едім, — біреулер мені бассалып ұстап алды. Ертеңінде газет атаулының бәрі мені масқаралап: «Жалған ревизор тұтылды!», «Жалған полицей қолға түсті!» — деп жар салды. Құдай куә деп айтайын: менің ойымда титімдей де арамдық жоқ болатын. Гәп ысқырғышта емес, ысқыра білуде екен. Қолың дірілдеп, көзің жыпылықтап жасқана ысқырсаң, — құриды екенсің. Мен соны ұқтым.
Сонымен, сіздерден өтінерім: қалай ысқыру керектігін ешқашан, ешкімге айта көрмеңіздер. Өйтсеңіздер, — ысқырғышпен жан сақтап жүргендерге жаманшылық жасауыңыз мүмкін.
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі