Өлең, жыр, ақындар

Көшеде шашлық сатушыларға нұсқау-кеңес

Егер дүние жүзінің жұртшылығынан арғы-бергі замандарда жер бетінде жарық көрген таңдаулы әзіл-күлкілі шығармаларды атап беруді сұрар болсақ, бүгінге дейін бас-аяғы бес-он ғана кітап барын көрер едік. Ал мен әңгіме еткелі отырған шығарма бүгінге дейінгі ең әйгілі әзіл-әжуа дүниелердің бәрін белден бір-ақ басып кете барады. Әзіл-әжуа әлеміндегі нағыз ұлы шығарманың осы уақытқа дейін елеп-ескерілмей жатқанына өз басым жағамды ұстап таң қаламын.

Бізде алуан түрлі ресми жазбаларды, оның ішінде мемлекеттік департаменттердің, муниципалдың ведомстволар мен мекемелердің нұсқау-кеңестері мен басқа да документтерін оқитын әдет жоғы баршамызға аян. Нұсқау-кеңес болып табылатын жаңағы шығарманың оқырмандар қауымының назарына ілікпей келе жатқаны да тек сондықтан. Иә, әзіл-сықақ шедеврін әзірше ешкім оқымағаны өкінішті-ақ! Шіркін-ай, егер оған айқайлатып ат қойса, ішіне сурет салып түрып сүлу мүқабамен басып шығарса, оның тіпті біздің тақыр кедей елімізде де ондаған мың данасы әп-сәтте тарап жоқ боларына бәс тіге аламын! Содан кейін ол көптеген тілдерге аударылар еді, қазір бізбен сөйлеспей, бізді менсінбей, бізді танығылары келмей отырған европалықтар мен американдықтар бұл ғажап шығарманы оқи сала бізге құшақтарын жайып әлек болар еді!..

Әлбетте, сіздер: бұл ұлы шығарманың авторы кім? — деп сұрайсыздар. Өзін өзі мақтаған — өлімнің аз-ақ алды болса да айтпасқа лажым жоқ, оны коллективті түрде жазған, яғни оны дүниеге әкелген он бір автордың бірі — менмін. Демек, оның даңқының он бірден бір бөлігі — менің еншім!

Жазушылық еңбекке ешбір қатысы жоқ оптик-ғалым мені юморлық шығарманың авторы дегенге тірі пенденің сенбесі хақ. Оған тіпті өзім де таң қаламын. Айтпақшы, менің қалған он әріптесімнің ешқайсысы да әдебиетші емес. Соған қарамастан біз, басқалар емес, — мына біз, екі ауыз сөздің басын құрап қалам тартып көрмесек те, кәдімгі жазушы боп шықтық. Бәріміз бас қостық та, шедеврді жасадық та тастадық. Коллективтік ақыл дегеніміз, міне, осы! Оған юмор да жарасады!..

Мен Германияда торт жыл оқыдым, сонсоң Америкаға барып, онда инженер-оптик болдым. Оптика — кең тынысты ғылым, оптикалық техника сан салалы. Мен — шынылардың фокустық қашықтықтарын есептеп шығаратын маманмын.

Ондай есеппен бүкіл дүние жүзінде небәрі сегіз-ақ адам шұғылданады. Оптика ғылымында ондай сала барынан ә дегенде менің де хабарым болған жоқ.

Мен сонау бала кезімнің өзінде оптика дегенді армянның топик деген тағам атымен үнемі шатастырып жүретінмін де, мені бәрі мазақтайтын. Бірақ, бертін келе мұғалімдерім менің сол оптикадан бәйге бермес білімдарлығымды таныды да, ат төбеліндей сегіз ғалымның біреуі боп шыға келдім. Ол сегіздің ішіндегі ең жасы мен болдым. Менен кейінгі жасы — менен қырық тоғыз жас үлкен алпыс сегіз жасар әріптесім болды. Ғылым әлеміндегілер мені «оптибала» деп атады, мен бұл атымды мақтаныш еттім, өйткені, ол менің ұлтымды даңққа бөледі! Менің ғылыми зерттеулерім екі рет алтын медаль алды. Менің ғылыми еңбектерім техникалық университеттерде оқытылды. Өзім сабақ беріп, айына үш мың доллар қаратып жүрдім.

Шынылардың фокустың қашықтығын есептеу дегенді түсінбей отырсаңыздар, бір-екі ауыз сөзбен айтқанда — біз, өзімізден миллиондаған сәуле жылдары алыс тұрған, жай көзге көрінбейтін жұлдыздардың жарың таратуын анықтайтын телескоп шыныларының қасиеттерін есептеумен шұғылдандық.

Европа мен Америкада білім алып, мемлекеттік конкурс емтиханын тапсырып болған күні біздің үкімет менің Түркияға қайтып оралуымды, «міндетті қызмет» мерзімін өтеп шығуымды талап етті. Ал мен қызмет істеп жүрген ғылыми қоғам, мен сабақ беріп жүрген университет мені жібермеуді ойлады. Олар мені тіпті біржола сатып алуды, сөйтіп, «міндетті қызметтен» мүлде азат етуді көздеді.

Сол екі ортада оның бәрін әкем естіп, маған ашуланып хат жазыпты.

«Егер сен анық менің ұлым болсаң, өз Отаныңа қайт та, туған еліңе қызмет ететін бол, — депті ол. — Бейшара халқымыз сені тойындырды, киіндірді, адам қатарына қосты. Ал сен Отан алдындағы борышыңды өтеуден бас тартасың, шақырса келмейсің, патриоттың міндетіңді сезінбейсің. Жоқ, егер сен менің ұлым болсаң, ондай ессіздікті қоясың!..»

Келесі бір хатында әкем: «Қайыршылап алатын пенсиям құрысын, баласы сөзін тыңдамайтын әке болғаным құрысын!» депті.

Мен әкеме ащы ішектей шұбалтып хат жазып, Отаныма алыста жүріп-ақ мол пайда тигізетінімді, білімімді өз елімде ештеңеге жарата алмайтынымды түсіндіріп бақтым.

Ол хатыма әкем екі парақты толтырған қарғыспен жауап қайтарып: «Сен есектің қодығысың... Сен сияқты қайырымсыз неме маған ұл бола алмайды!..» — деп түйіпті. Сонсоң өзімнің стамбулдық досыма хат жазып, менің жайымды тым болмаса сол түсінер, жөні түзу ақыл-кеңес беріп жәрдемдесер деп сендім.

«Сен Америкаға емес, Отаныңа керексің. Сені патриот деп жүруші едім, шынымен алданғаным ба?!» — депті досым.

Сөйтіп миым ашып жүргенде шешемнен хат келді. «Ұлым, әкеңнің оң қолы мен оң аяғы тартылып, сал боп қалды. Сен түсіне кіре бересің...» — депті шешем.

Жұлдызы да, аспаны да, шынысы да, оптикасы да құрысын! Бәрін тастадым да, Отаныма қайтып оралдым.

Күш-жігерім тасқындап жүрген кезім еді, әйгілі Атлантша аспанды арқалап кететін қуатым бар еді. Туған Түркиямды штангаша төбеме тік көтеріп алып, жұлдыздардың тұп-тура ортасына апарып қойғым келді!..

Қандай білім алғанымнан хабардар болған чиновниктер мені қайда қоярларын білмей екі ай бойы бастары қатты. Мен жұмыс сұрап бара берген соң, бір күні әлгі сіңбіруге мұршалары жоқ чиновниктердің біреуі:

— Ойланып жүрміз, ұлым, ойланып жүрміз... — деді. — Сен ғұлама ғалымсың, саған, әрине, орын тауып береміз. Сондықтан, шырағым, бізді мазалап келе бермегенің жөн! Бізден кетерде, сен ғой, кім болып келейін деп менен ақыл сұраған жоқсың. Өз бетіңмен кеттің, өз бетіңмен телескоптың маманы болдың. Телескоптың түбін түсіріп оқып кел деп саған ақыл берген жоқпын. Енді не істе дейсің, өзің айтшы? Саған бола телескоп фабрикасын салайық па? О, алла! Басым қатып болдым! Бұл жарың дүниеде мамандық аз ба екен: сен дәрігер немесе тіс салғыш, не химик, инженер неге болмадың? Қырсыққанда қымыран іріп, телескопшыл бола қалармысың!..

— Оныңыз рас, әпендім... — деп міңгірлегеннен басқа амалым қалмады.

— Жұмыс тапқан күні өзіміз хат жазып хабарласармыз, — деді ол, қош айтып тұрып.

Үйге кіре берсем-ақ болды:

— Ақшам таусылып, ажалым таяп келеді, сені үйлендіріп, немере сүйіп өлсем деймін, — деп әкем отырады.

— Менде де ақша жоқ, жұмыссыз жүргенге кім қызын береді! — деймін әкеме.

— Сен Америкада оқыдың, ал сондайларға күйеуге шықсам екен деп жанталасып жүрген қыздарда қисап жоқ, — дейді ол. Қисап жоқ қыздардың біреуін күштеп алды да берді. Әкем байғұстың пенсиясына ауыз ашатындардың саны арта түсті. Сөйтіп, жүргенімде құрып қана кеткір әйелім аңдаусызда жүкті болып қалды...

Бір күні мені мемлекеттік тоқыма фабрикасына қызметке алды. Тоқыма деген пәлені түсімде де көрген жоқпын ғой десем:

— Сен мамансың, инженерсің, бұндағылардан бәрібір артық білесің... — дейді.

Жұмысқа кірістім. Жалақым жан сақтауыма же- тетін емес. Қой, «Сен Америкаға емес, Отаныңа керексің» деген баяғы досыма барайын деп ойладым. Ол муниципалитетте кеңесші екен.

— Достым, сенің тіліңді алып Отаныма қайтып келдім. Бірақ келгенімді қайтейін, пәтерақымды төлей алмай сотталатын түрім бар. Мен қайтадан Америкаға кетемін! — дедім.

— Кетпе, сен еліңе пайда келтіруге тиіссің, — деді досым, муниципалитет кеңесшісі.

— Пайда келтірмейін деп отырған жоқпын. Ел міне десең, мен де — міне.

— Жарайды, бірер күн шыда, жалақысы тәуір бір жұмыс тауып берермін.

Шынында үш күннен кейін досым телефон соқты:

— Жұмыс таптым, ай туа кірісуіңе де болады.

— Ол нендей жұмыс? — деймін.

— Сенің мамандығыңа, былайша, онша сәйкес емес, — деді ол, — бірақ ақшасы көп. Біздің муниципалитетте, зират басқармасы мен сыпыру-тазалау басқармасында екі орын ашылды, соның қай ұнағанына орналас.

— Өй, қалжыңың бар болсын...

— Қалжың емес, — деді досым. — Зират басқармасындағы жұмыс жеңілдеу.

Тоқыма фабрикасы не, зират басқармасы не, — маған бәрібір, екеуінен де ештеңе түсініп жатқам жоқ. Ендеше зиратына да барып көрейін.

Зират бастығының кабинеті тап-тұйнақтай екен: көне шкафы, столы, екі столшасы, үш креслосы бар. Таңертең келемін де, тырп етпей отырамын, түскі үзіліске де шықпаймын, өйткені, онда түскі үзіліс атымен жоқ.

Бірінші жалақымды алған күні ашудан өле жаздадым. Муниципалитет кеңесшісіне жетіп бардым:

— Әй, достым! — дедім. — Тоқыма фабрикасында мың лир алып жеткізе алмағанда, мына сегіз жүз лиріңмен қалай жан сақтамақпын?

— Жалақыңа қарама, — деді кеңесші, — ол ой мөлшермен беріле салатын дүние. Сені комиссия мүшесі етіп тағайындайды, ақшаның көкесін сонда көресің.

— Ол не комиссия? — деймін.

— Сенің мамандығыңның бізге керек болуы мүмкін.

«Ақырында Отаныма пайдам тиетін болды-ау!» деп қуандым мен.

Бір күні таңертең столымда сөзі машинкамен жазылған, муниципалитет председателі қол қойған қағаз жатқанын көрдім. Сірә, әлде сегізінші, әлде тоғызыншы көшірмесі болса керек, жазуы тіпті көрінбейді. Басқаларға көрсетіп сұрап жүріп білсем, — мені комиссия мүшесі етіп тағайындаған екен... Муниципалитеттің он бір қызметкері бас қосып, «Көшеде шашлық сататындарға арналған нұсқау-кеңес» жазып шығуға тиіс болыппыз.

«Көшеде шашлық сататындарға арналған нұсқау-кеңесті» жазуға тиіс комиссияның он бір мүшесі жұма күні муниципалитетке арнайы бөлінген мәжіліс бөлмесінде бас қоссын делінді. Мен тоғызға тура бес минут қалғанда келдім. Тоғыз, тоғыз жарым, он болды — ешбіреу жоқ!... Он бірге он минут қалғанда мүшелердің біреуі келді. Таныстық. Оның мамандығы дәрігер екен. Муниципалитеттің жабдықтау басқармасында істейтін көрінеді.

— Ашығын айтқанда, көшеде шашлық сататындарға нұсқау-кеңес дайындаудың сізге қатысы бар шығар, ал инженер-оптик мендегі шаруалары не? — дедім оған.

— Ғафу етіңіз, ол шашлықшыларда менің не шаруам бар? — деп дәрігер ренжіңкіреп қалды.

— Сіз дәрігерсіз, ондай нұсқау-кеңестерді дайындауға пайдаңыз тиеді ғой, — дедім.

— Мен ортопедпін — деді дәрігер. — Сіздіңше қалай, аяқтың шыққан буынын салатын, сынған сүйегін құрайтын дәрігердің көшеде шашлық сататындарға қатысы бар ма?

Енді мен ренжідім. Алайда, дәл сол сәтте комиссияның және үш мүшесі келе қалды да, бәріміз таныса бастадық: үшеудің біреуі — отставкадағы полковник, муниципалитет бау-бақша басқармасының кадр бөлімінің меңгерушісі; екіншісі — сахна көркемдеуші, муниципалитет кадр басқармасының жалақысы мол қызметкері; үшіншісі — техникалық түсініктер бөлімінің чиновнигі, ол бұған дейін он жыл дантист болыпты.

— Түк түсінсем бұйырмасын, — дедім мен сахна көркемдеушіге, — шашлықшыларға нұсқау-кеңес дайындауда менің қандай роль атқаруым мүмкін? Мен зират басқармасының қызметкерімін, мамандығым — инженер-оптик.

— Сіз комиссия жұмысына алғаш рет қатысады екенсіз ғой? — деп жымиды сахна көркемдеуші.

— Иә, бірінші рет.

— Ал мен екінші рет. Ә дегенде қолыңнан келмейтін сияқтанады. Сонсоң оп-оңай болып кетеді. Мысалы, мен мұның алдында «Тағалы малды қала арқылы айдап өту және жолды пайдалана білу жөніндегі нұсқау-кеңес» комиссиясына мүше болдым. Міндетімді жап-жақсы атқарып шықтым. Ештеңе етпейді, қорғанбаңыз.

Комиссия мүшелері сағат он бірде ғана түгел жиналды. Мен мал дәрігері мен суретшінің ортасынан орын алдым.

— Бұл тапсырма менің мамандығыма мүлде жанаспайды, — дедім сол жағымда отырған мал дәрігеріне.

— Бұл іске ынтаңыз болса, сол да жетеді, — деді ол. — Біз талай нұсқау-кеңес дайындадық, бәрі де ешбір түзетусіз қабылданды.

— Шын ба? — дедім таңырқап. Мен көршімнің сөзіне күмәнданайын деген жоқ едім, ол сонда да ашуланып қалды.

— Шын ба деген не сөз?! — деді ол ежірейіп. — Мен де, мына отырған әріптестерім де — өз ісіміздің мамандарымыз. Біздің қолымыздан сонда шашлықшыларға арнап нұсқау-кеңес жазу келмейді деп ойлайсыз ба?

Шамкөс мал дәрігерімен сөз таластырғым келмеді де, үндемедім.

Сол әредікте қарсымда отырған отставкадағы полковник сөз бастады:

— Құрметті әріптестер! Комиссиямыздың председательдігіне өзіміздің дәстүріміз бойынша қадірлі Атыф-бейді ұсынсам, қарсы болмассыздар деп ойлаймын.

Атыф-бейдің муниципалитетте қызмет істеп келе жатқанына жиырма бір жыл болды деп естігенмін, ал онда қаланы көркейту және тазалау бөлімінің меңгерушісі екенін өзі айтты.

Көне дәуір философиясы пәнінің мұғалімі, қазірде сумен жабдықтау бөлімінің қызметкері:

— Бейәпенді сіздің қарсылығыңыз жоқ па? — деп маған қарады, бөлмеде менен басқа ешкім жоқтай-ақ.

— Жо-жоқ, бейәпенді, жоқ, — дедім, сасып қалып. — Мен инженер-оптикпін, зират басқармасынанмын, менде нендей қарсылық болуы мүмкін?

— Демек, сіз Атыф-бейдің бізге председатель болуына қарсысыз ғой?

— О не дегеніңіз, бейәпенді! Мен сонша кіммін мұнда?! — деп бажылдадым.

— Сіз жаңа мүшесіз...

— Мен тіпті қуана құптаймын. — дедім көңілденіп, — Атыф-бей болса да, басқа біреу болса да, мейлі, мен толық қолдаймын.

— Мырзалар! — Атыф-бей жағалай қарап алып сөйледі. — Өздеріңіз білесіздер, (мен ештеңе білсем — бұйырмасын), муниципалитеттің қаулысы бойынша, қала ішінде, көшеде шашлық сатуға баяғыда-ақ тиым салынған болатын. Бірақ, муниципалды полицияда кадр жетіспейтіндіктен, қала күн санап өсіп, тез кеңейіп бара жатқандықтан, сонымен байланысты нақты бақылау жасау мүмкін болмай отырғандықтан және жұмыссыздықтың көбеюінен көшеде шашлык; сатушылар саны еселеп артып, қала көшелеріндегі жүрісті қиындатып барады, оларға қарсы күресу де мүмкін болмай барады. Муниципалитеттің председателі — жоғары мәртебелі мырза осыны ескере отырып, мына алдарыңызда тұрған қызметшілеріңіз — мені шақырып алды да: «Бізге келіп түскен ақиқат ақпарларға қарағанда, муниципалитетіміз біздің тиым салғанымызға қарамай көшеде шашлық сатып жүргендерге қарсы күресті күшейте алмай отыр. Сондықтан біз қайткен күнде де олардың бетімен кете берулеріне тиым салуға, оларға санитарлық бақылау жасауға, жалпы жан-жақты қадағалап отыруға, көше саудасы тәртібін реттеуге, басқа да барлық шараларды қолдануға міндеттіміз. Осы айтылғандарды ескере келіп, тиісті нұсқау-кеңес жазып шығуды бұйырамын», деді. Бүгін біз, зиялы мырзалар, сол нұсқау-кеңесті ойласуға жиналып отырмыз...

Атыф-бей әлдебір ресми документті айтып жаздырып тұрған кісіше әр сөзін мақамдап, нүкте-үтірлерін аңғартып сөйледі; кейде өзеуреп мәңкілдеген ұзақ сөйлемдерінен ештеңе ұғу да мүмкін болмады.

— Меніңше, мәселе түсінікті! Алайда оны мықтап желдетіп алуымыз қажет, — деді орманшы-инженер, алым-салық мекемесінің чиновнигі.

Оның «желдетіп алуын» түсінбедім де, жанымда отырған суретшіден — денсаулық сақтау басқармасының чиновнигінен:

— Ғафу етіңіз, желдетіп алғаны қалай? — деп сұрадым.

— Онысы көшеде шашлық сататындарды шаңға аунатып алу деген сөз, — деді ол күлімсіреп.

Менің аңырып қалғанымды байқады да, түсіндіруге кірісті:

— Ол әлгі, былайша, біз шашлықшылар туралы айтарымызды армансыз айтып аламыз. Әркім өз білгенін түгел айтады, сонсоң жинақтап нұсқау-кеңес жазамыз. Мырзалар! — деді суретші жан-жағына қарап. — Меніңше, мәселе түсінікті!

Жиналысымыздың председателі Атыф-бей сол кезде сағатына қарап алып:

— Негізгі мәселе бойынша жарыссөзді кешкі мәжілісімізде одан әрі жалғастыру үшін түскі үзіліс жариялау қажет деп санаймын, — деді.

Мәжіліске бау-бақша басқармасы атынан қатысушы отставкадағы полковник:

— Дұрыс-ақ! — деп қуана дауыстап, креслосынан атқып тұрды.

Атыф-бей шығып бара жатқан комиссия мүшелерінің соңынан айғайлап:

— Мырзалар! Кешкі мәжілісіміз сағат үште, яғни он бес ноль-нольде басталады! — деді.

— Егер мен сәл кешігіп қалсам, ештеңе пәле бола қоймас, — деді ортопед, жабдықтау басқармасының қызметкері. — Мен әріптестерім құптаған барлық шешімді алдын ала қолдаймын, әйтсе де, мәжіліске кешікпеуге тырысармын.

Комиссия мүшелері көңілді тарасты. Олардың соңдарынан тұнжырап мен де шықтым...

Комиссияның бірнеше мүшесі түскі үзілістен кейін, сағат төрт шамасында, қайтадан жиналдық.

— Мырзалар! — деді Атыф-бей. — Біздің қаланың көшелерінде шашлық сатушылардың мүлдем бейқам жүретіндігі антисанитариялық және антигигиеналық жағдайға ұрындырып келеді. Соны ескере отырып, муниципалдық нұсқау-кеңес жазу арқылы шашлықшылардың арасында нақты тәртіп орнату өте қажет.

Сахна көркемдеушісі — муниципалитет кадрлар басқармасының өкілі оны құптап:

— Нұсқау-кеңесті атам заманда-ақ жазу керек еді, біз сәл кешірек кірісіп отырмыз... — деді.

— Сіз өте дұрыс айттыңыз, мәртебелім, — деп отставкадағы полковник, бау-бақша басқармасының өкілі, оны киіп кетті. — Алайда, мырзалар, меніңше, біз аса маңызды бір жәйтті естен шығарып алыппыз.

Мәжілістің бұлайша іскерлікпен басталғанына қуанып, полковниктің айтарын ынталана тыңдауға кірістім. Отставкадағы полковник күн күркірегендей етіп жөткірініп алды да, сөзін жалғастырды:

— Бұл нұсқау-кеңесті де, басқаларын да баяғыда жазу керек екендігі өзінен-өзі түсінікті. Дегенмен, бұл сияқты мәселелерді бүгінгі талап деңгейінде, яғни, батыстың бүгінгі цивилизациясы деңгейінде шешу үшін бізге бірінші кезекте өзіміздің ұлттық интеллигенциямыздан шыққан кадрлар қажет болды. Ал ондай кадрларды даярлау, мырзалар, тіпті де оңай болған жоқ! Оған осы отырған өздеріміз-ақ мысал бола аламыз: біздің әрқайсысымыз, мырзалар, мамандықты Европада немесе Америкада алдық. Атап айтқанда, мысалы, ғафу етіңіздер, мына мен Бағдатта әскери атташенің көмекшісі болып істедім. Бүгінгідей нұсқау-кеңес дайындау үшін бұдан он жыл бұрын өздеріңіздей оқымысты он шақты кісіні іздеп табу мүлде мүмкін емес еді. Иә, мырзалар, бүгінде біздің еліміз талайларды басып озып, көп ілгерілеп кетті!..

— Оған титтей де күмән жоқ! — деп мал дәрігері, баспасөз жөніндегі муниципалдық басқарманың өкілі, айқай салды да, мен бірдеңе айтар немесе қарсы шығып жүрер деп қауіптенгендей-ақ, маған сұстана қарап:

— Сіздің пікіріңіз де осындай ғой, ә?! — деді.

Сасып қалдым ба, әлде не сұрағанын аңғармай қалдым ба, әйтеуір:

— Не дейсіз? — дедім.

— Мен сіздің пікіріңізді білсем деймін. Сізше қалай, біздің еліміз көп ілгерілеп кетті ме, жоқ па? — деді мал дәрігері.

— О не дегеніңіз? Әрине, ілгерілеп кетті! Тура зулап кетті!

— Мырзалар! Ат-арба келмеске кетті! — деп қойды полковник. — Қазірде Стамбулда жүйрік троллейбустар тіпті трамвайды да ығыстырып барады...

Сол әредікте ортопед келіп кірді де, пальтосын жүре шешіп барып отырып:

— Кешіріңіздер, бір шаруа боп бөгеліп қалдым. Негізгі мәселелер талқыланып бітті ме? — деді.

— Жарыссөз жаңа басталды, — деді орманшы-инженер, алым-салық басқармасының чиновнигі.

— Сонымен, мырзалар, мәселенің басы ашылды, — деді Атыф-бей. — Ал енді...

— Бір ауыз сөз! — деп қалды мал дәрігері. — Сіз рұқсат етсеңіз, елеп-ескерер мынандай бір жәйт бар... Меніңше, біз көшеде шашлық сататындардың мәселелерімен әлі жөндеп шұғылдана қойған жоқпыз, ол мәселелермен, өкінішке қарай, түңғыш рет бүгін осында, комиссия мәжілісінде, бетпе-бет келіп отырмыз. Еліміз бізден көше шашлықшыларына арналған нұсқау-кеңесті күтуде. Мен мұны, құрметті әріптестер, оңай шаруа дей алмаймын. Бұл тақырып бізге таныс емес десем, қателеспеспін деп ойлаймын, өз басым, егер сіздерге шынымды айтсам, көше шашлықшыларының мәселелерімен ғылыми тұрғыда айналысып көрмегендігімді мойындауға тиіспін. Иә, менде ресторанның шашлықшыларына байланысты біраз мағлұматтар бары рас, бірақ, көшеде шашлық сату мәселесі — одан мүлде басқа дүние...

Оған менен басқа жұрттың пікірі қажет еместей-ақ маған жалт қарап:

— Солай ғой, құрметтім? — дегені.

— Иә... е-е... — деп сасқалақтап қалдым.

— Осыны ескере келіп, — деп мал дәрігері сөзін қайта жалғады, — біздің әрқайсысымыз бұл мәселеге мұқият дайындалуға тиіспіз. Қажет нұсқау-кеңесті табан астында жөндеп жазып тастай алмайсың. Сондықтан жарытпайтын жарыссөзді доғарайық. Әйтпесе, жете білмейтін нәрсе туралы айтқандарымыз дилетанттық пікір болады да шығады.

— Біз аса маңызды мәселені қолға алдық, — деді орманшы-инженер. — Алланы алдамай шынымызды айтсақ, бұл мәселеден бәріміз де махрұмбыз.

— Сіз менен әлдеқайда үлкенсіз, — деді ортопед мал дәрігеріне, — былайша айтқанда, комиссияларға менен бұрын қатысқансыз дегенім ғой. Сонда сіздің дилетанттық пікір дегеніңіз немене? Бұл болмайды, мырзалар! Жұрт бізден нұсқау-кеңес күтіп отырғаны рас болса, бас қоспас бұрын мәселенің бүге-шігесін әбден зерттеп алуымыз керек.

— Меніңше, — деді председателіміз Атыф-бей, — мәселенің жөн-жобасы айқындала түсті. Сондықтан келесі жолы, былайша айтқанда, неғұрлым дайындалып келуіміз шарт.

— Мырзалар, бұл табылған ақыл емес пе,ә? Біз мәселеге қатысты әдебиеттерді, басқа да жазбаларды ақтарып шығуға тиіспіз.

— Сонымен, — деді Атыф-бей, — бүгін жұма, ертең — сенбі. Сенбі, әлбетте, жарты күн, оның ертеңінде — жексенбі... Мырзалар, дүйсенбіге дейін әрқайсысымыз өзіміздің нақты дәлелімізді ортаға салатындай болып әбден дайындалайық, ал дүйсенбіде түстен кейін, сағат төртте... иә он алты ноль-нольде осында кездесеміз.

Одан кейін Атыф-бей әдеби жинақтың мұқабасынан ұшырасатындей әдемі өрнекті әріптермен былай деп жазды: «Біздер, төменде қол қойғандар: көшеде шашлық сататындарға арнап нұсқау-кеңес жазу тапсырылған он бір маман — муниципалитет комиссиясының мүшелері: ...болып бас қосып өткізген талқылаудың нәтижесінде... күні... деген шешім жасадық».

Актіге бәріміз қол қойдық та тарадық.

Түні бойы жайсызданып шықтым. Түсімде қақпанға түсіп қалып, содан босай алмай жатырмын. Сөйтіп, қара тер боп ояндым да, көше шашлықшыларының мәселесін шешуге қалай дайындалуды ойлап тағы да басым қатты. Таңертең тұра сала муниципалитеттегі кеңесші досыма тарттым.

— Әй, достым, мына шаруа менің қолым емес екен, тезірек құтқарғын... — дедім.

— Е, неге? — деп жымиды ол.

— Негесі бар ма, — дедім, — көшеде шашлық сататындармен өмірі істес боп көрген жоқпын, олардың кәсіптерінен мүлде бейхабармын. Олардан бір шашлық алып жеген емеспін. Сонда оларға не деп нұсқау-кеңес жазбақпын? Тіпті керек болсам, муниципалитетке дүрбі, көзілдірік, телескоп туралы нұсқау-кеңес жазып-ақ берейін. Ал шашлығыңды асқазаным қорыта алар емес!..

— Сен түймедейді түйедей етіп отырсың, — деді досым. — Қалай болғанда да біздің муниципалитетке сол нұсқау-кеңес ауадай қажет. Оны мамандарымыз дайындауға тиіс. Әлде, сеніңше, кім көрінгенге тапсыра салайық па? Әрине, өйте алмаймыз! Нұсқау-кеңес өзіңдей оқымыстылардың қолынан шықса ғана оның тағлымы мол болуы мүмкін...

— Ол рас қой, — дедім, — бірақ менің Европа мен Америкада оптиканы зерттегенімді өзің білесің.

— Мен Европада шашлықты көшеге алып шығып сатпайтынын да білемін. Сонда қалай, оларға көшеде шашлық сатуды үйрет деп Европа мен Америкаға кісі жіберейік пе, әлде олардан шашлық сатуды ұйымдастыратын маман шақырайық па? Шынымды айтсам, бізде қаттырақ жөтеліп қалсақ та шетелден маман шақыртатын бір жаман әдет бар. Өзімізге жетпей жатқан ақшаны өзгелерге шашамыз!.. Сен қиқақтағанды қой... Сен өз еліңнің азаматы, көзі ашық адамы екеніңді ұмытпа! Ұқтың ба?

Достым ақылға сыймайтын ештеңе айтқан жоқ. Расында бұл нұсқау-кеңесті жазуды бөтен біреулерге тапсырғанша онымен өзіміз шұғылданғанымыз жөн.

Мен үйге келе сала кітаптарды, энциклопедияны аударыстырып, шашлық пен шашлықшылар жайындағы білімімді толықтыруға кірістім.

Жексенбі күні кешке асқазаным астаң-кестең болды, өйткені, күні бойы зыр жүгіріп шашлықшыларды іздедім, қаңғыбас шашлықшылар сатып жүргеннің бәрін алып жеп көріп, мәселенің мән-жайын білумен мықтап шұғылдандым. Шашлықшылар люля-кебаб та, кофте де сатады, оларды бір жапырақ нанның үстіне салып, немесе қалайы тарелкеге салып береді, кейде тіпті газет жыртындысына орап та бере салады. Көшеде тамақ сататындар тамақтың үстіне сарымсақ, түрлі-түрлі шоп салып беретінін, неменеге орап беретінін білмейтін едім. Сөйтіп, менің байғұс асқазаным көше аралап шашлық сататындардың бәрінің қолынан «дәм татып», жиып алған «мағлұматтарын сұрыптауға» мұршасы болмай, таң атқанша есі шықты.

Біз дүйсенбі күні түс ауа тағы да бас қостық.

— Түгел жиналдыңдар ма? — деді Атыф-бей.

Жағалата санап жіберсек, — он екенбіз. Ал нұсқау-кеңесті дайындауға тиістіміз он бір болатын. Атыф-бей тексеріп шықты.

— Электрмен жабдықтау басқармасының өкілі жоқ па, қалай...

Көне философия пәнінің мұғалімі — сумен жабдықтау басқармасының өкілі:

— Ол әріптесіңіз өткен жолғы мәжілісте де болған жоқ, — деді.

— Ол әріптесіміз ауырып жатыр, оның қағазы бар, ол келе алмайды, — деді дантист, техникалық түсінік беру бөлімінің өкілі.

— Оны шақыру керек, акті мен протоколға қол қоюға тиіс, — деді Атыф-бей.

— Сол да сөз болғаны ма, ол үшін мен-ақ қоя салайын, — деді дантист.

— Жоқ, болмайды! Мырзалар, бұл іске немқұрайды қарамауымыз керек, әйтпесе ертең қаржы бөлердегі тексерісте шиі шығып жүруі мүмкін, — деп наразылық білдірген Атыф-бей өткен жолғы мәжілістің протоколын дантиске ұсынды, дантист оны алып, жоқ әріптесі үшін қол қойып қайтарды.

Жанымда отырған орманшы-инженер — алым-салық басқармасының өкілі маған:

— Ылғи осы! Ә дегеннен-ақ қашқалақтап, жұмыстан жалтарып жүргені, — деп сыбырлады.

— Кімді айтасыз, құрметтім? — дедім, білгім келіп.

— Мәжіліске келмей жүрген қуды айтамын, — деді орманшы. — Ол чиновник әуелде футболист еді. Атақты футболист болған соң оны электрмен жабдықтау басқармасына алды. Өзіңіз айтыңызшы, футболист электрден не түсінеді?..

— Көшеде шашлық сатудан мен бейбағыңыз не түсінсе, ол да сондай бірдеңе түсінетін шығар, — дедім.

— Құрметтім, сіз тым болмаса мәжіліске үзбей қатысып жүрсіз ғой, ал ол әлі төбесін де көрсеткен жоқ, — деді орманшы.

Атыф-бей қоңырау соғып, бізге кофе мен шай әкелуді өтінді. Асқазаным әлі де «мөңкіп» мазасызданып отырған мен газ-су ғана ішпек болдым. Бізге жұмсалған шығынды өзі есептеп отыруға міндетті председателіміз дәптеріне оны да жазып қойды.

— Мырзалар, пікірлеріңізді айта отыруды өтінеміз, — деді Атыф-бей, мәжілісті ашып.

— Сіз рұқсат етсеңіз, мен айтайын, — деді отставкадағы полковник, бау-бақша басқармасының өкілі.

— Сөйлеңіз, полковник мырза, — деді Атыф-бей.

— Мен көше шашлықшыларының мәселесін өз тәжірибем мен танымым тұрғысынан талдадым, — деп бастады полковник. — Қадірменді мырзалар. «Ат-арбаларға арналған нұсқау-кеңесті» дайындағанымызда менің ұсынысым ол мәселені әлі нүктесінен жылжытып, тірілтіп жібергенін өздеріңіз білесіздер. Бұл жолы да сондай ұсыныс жасамақпын. Біз көше шашлықшыларын ә дегеннен тәртіпке шақыруға тиіспіз. Тәртіп — тәрбиенің ұйтқысы. Яғни муниципалитет біреуге көше аралап шашлық сатуға право берместен бұрын оның тиісті әскери міндетін өтеп запасқа шыққандығын куәландырып әскери басқарма берген документін талап етуге тиіс. Одан соң...

— Сізге бір сұрақ бар, — деп суретші, денсаулық сақтау басқармасының чиновнигі қыстырыла кетті. — Міндетті әскери қызметтің маңызы бізге түсінікті, ал запаста деген документтен келіп-кетер не бар? Ештеңе де жоқ! Өйткені, ол кісіні тексеріс-дайындыққа қашан шақырары белгісіз: біреуді жасы қырықтан асқан соң шақырады, екінші біреуді өле-өлгенше шақырмайды. Сонда біздің әлгі запаста жүрген, тексеріс-дайындыққа шақырылмаған, бірақ шашлықпен аралатпа сауда жасағысы келетін отандасымыз не істемекші? Егер оны әскери қызметке мүлде шақырмай қойса ше, саудаға жолай алмай сорлап жүруі керек пе?! Өйтетін болсаңыздар, отандастарымыздың ешқайсысы шашлықпен аралатпа сауда жасай алмайды да, Адам правосының декларациясы да, Конституция да аяққа басылады...

Суретшінің сөзі маған ұнап кетті, — жарайсың, жігітім, қатырдың!..

Осы тұста сөзге дантист — техникалық түсінік бөлімінің өкілі араласты:

— Мына мен шіркін әу баста әскерде тіс дәрігері болдым. Әйтсе де, өкінішке қарай, мынау әріптесімнің пікіріне қосыла алмаймын. Бұл жерде Адам правосының декларациясы мен Конституцияның қажеті қанша?.. Ешқандай қатысы жоқ! Өздеріңіз ойлаңыздаршы: Конституция мен шашлықшылардың арасында қандай байланыс бар? Болса, мүмкін, оны мына әріптесім түсіндіріп те берер бізге? Ал мен Конституциядан шашлық деген сөзді оқыған емеспін.

— Құрметтім! — деді суретші. — Мен де запастағы офицермін. Бірақ мен тексеріс-дайындыққа әлі шақырылған жоқпын дейік, сонда, қалай, шашлық сатқым келсе де сата алмаймын ба?

— Әрине, сата алмайсыз! — деп күрілдеді отставкадағы полковник.

— Сатамын! — деді суретші.

— Сатып байқа! — деп ақырды полковник.

— Байқасаң байқа! — деп суретші де қасқайды.

— Әзірше, әрине, сата аласыз, ал кейін, нұсқау-кеңес жазған соң, көре жатамыз, — деді дантист.

— Полковник, сіз әскерде неше жыл болдыңыз? — деп дауға орманшы да килікті.

— Онда сенің не шаруаң бар? — деп ежірейді полковник.

— Жай, білгім келгені де...

— Жиырма жеті жыл...

— Тексеріс-дайындыққа шақырылдыңыз ба?

— Жоқ.

— Ендеше, жоғары мәртебелім, сіз де шашлық сата алмайтын болдыңыз.

— Мәселе менде емес...

— Әрине, бірақ...

— Сонда маған көше аралатып шашлық сату ғана қалды демекшісіз бе?

— О не дегеніңіз, полковник мырза!

— Шыныңызды айтыңыз!

— Солай-ақ делік...

— Маған тіл тигізбеңіз!

— Қойыңызшы, полковник.

Бір шатақтың боларын сезген Атыф-бей араға түсе қалды:

— Мырзалар! Қазір біздің басқа әріптестеріміз де өз ойларын ортаға салады. Кәне, соларды тыңдалық. — Ол маған қарады. — Міне, сіз, құрметтім, бұл мәселе жайында нендей ойдасыз?

— Меніңше, — дедім (Полковник түнеріп, қабағын түйіп, маған тесіле қарады), — әскери міндет — өте маңызды іс... (Полковник менен көз тайдырар емес). Әскери міндет — қасиетті борыш... Әскери міндет — еліміз бен халқымыздың алдындағы ең қасиетті борышымыз:

— Жә, жетер, әскери міндетке қарсы боп отырған кім бар? — деді суретші, төзімі таусылып.

— Әскери міндет, — деп мен соза бердім, — сондықтан... Әрқашан... не ғой... Меніңше, шашлықшылардың бәрі де әскери міндетін қыңқ етпей атқаруға тиіс. Алайда... сонымен бірге әлгі көше шашлықшыларының бәріне әскери міндетті запаста атқаруды жүктеу керек.

— Дұрыс! Енді менің қарсылығым жоқ! — деп қалды полковник.

— Ал біз не деп отырмыз? — деді суретші.

— Сіз... Сіз шашлықшы болғысы келетіннің бәрі әскерден қашсын деп отырсыз...

— Мырзалар, — деді Атыф-бей, — менің ұғуымша, бәріміз де көшедегі шашлықшылар міндетті әскери қызметін өтеуі керек деп отырмыз-ау деймін, ә?

Оған жауап ретінде бәріміз де қолымызды көтере қойдық.

— Мырзалар, — деді Атыф-бей, — алтыға екі минут кетіп қалыпты, жарыссөзді ертең жалғастырамыз, осымен бүгінгі мәжілісті жабық деп жариялаймын.

Біз өткізген мәжілісіміздің протоколына қол қойдық. Ал кешегі футболист, бүгінде электрмен жабдықтау басқармасының өкілі үшін дантист қол қойды.

Келесі күні біз сағат онда жиналуға тиіс болдық.

Бұрынғы атақты футболист тағы да келмей қалды. Отставкадағы полковниктің көшедегі шашлықшылардың бәрі біркелкі форма киетін болсын деген ұсынысы жарыссөзімізді тағы да тұйыққа тіреді. Анығырақ айтқанда, шашлықшыларда біркелкі форма болуына ешкім де қарсы шыққан жоқ, тек отставкадағы полковник: олар формаларын жұмыстан тыс уақытта да киетін болсын деп қарысып отырып алды. Сонсоң Атыф-бей мәселені дауысқа салып еді: бесеуі дұрыс деп, бесеуі бұрыс деп, кәдімгі итжығыс болды.

— Біздің комиссия құрамында он бір кісінің болуы кездейсоқтық емес, — деді сонда Атыф-бей, — ол, міне, дәл мынандай жағдайда қажет еді, бірақ, амал не, электрмен жабдықтау басқармасынан жіберілген әріптесіміз келмей қалды да, бәрімізді дағдарысқа ұшыратты. Беске-бес болып безеріп қалдық. Енді қайтпек керек?

Ортопед-жабдықтаушы ұсыныс енгізе қойды:

— Ол — менің баяғыдан бергі досым. Бір ойын үстінде ол жарақаттанып қалып, мен оны емдеп, ақыры екеуміз дос болып кеткенбіз, содан бері сырласпыз, ол форма дегенге о бастан қарсы. Егер рұқсат етсеңіз, мен ол үшін дауыс бере салайын.

— Онымен біз де доспыз, — деп дантист дүрсе қоя берді. — Ал сіз ағат сөйлеп отырсыз. Футболист формасыз қалай ойнамақшы? Кәне, өзіңіз айтыңызшы, футбол ойыны кезінде командалар неге әртүрлі киінеді? Пәленбай жыл ішінде біздің ұлттық формамызды жиырма екі рет киген спортшының енді келіп формаға қарсы шығуы мүмкін емес!

— Мен сіздерден форма мәселесін талқыламауды талап етемін! — деді полковник, ызғарланып.

Ортопед:

— Ал қаңғыбас шашлықшыларға... — дей бергенде, полковник:

— Қаңғыбас, қаңғыбас! Форманың аты — форма! Көк езулене бермеңдер! Қысқарт! — деп ақырды.

Өрт шығып кетпеуін ойлаған Атыф-бей араша тілеп:

— Бұл мәселені әлгі келетін әріптесіміз келгенше қоя тұралық, — деді.

Полковник тағы да бірнеше ұсыныс енгізді: мысалы, көшеде шашлық сататындардың арбалары әрі біркелкі, әрі бір түсті болсын, ал өздері муниципалитет белгілеп берген жерге ғана бәрі бірге түнеп жүрсін дегенді айтты.

— Құрметті полковник, сіздің бұл ұсыныстарыңызды біз ескеретін боламыз, — деді Атыф-бей. — Ал сіз енді бау-бақша басқармасының өкілі ретінде сол тұрғыдан да ұсыныс жасасаңыз екен!

— Жарайды! — деді полковник жадырап. — Көше шашлықшыларына паркке кіруге тиым салу керек! Парктер мен қоғамдық бау-бақшалардың қақпасына: «Шашлықшылардың кіруіне болмайды!» деп жазып қою керек!

— Жекеменшік бау-бақшаға ше? Онда кірулеріне бола ма? — деді мал дәрігері, баспасөз бөлімінің өкілі.

— Құрметтім, біз муниципалитеттің бау-бақшасын айтып отырмыз...

Орманшы-инженер — алым-салық (басқармасының өкілі біраз сөйлеп, ақырында: орманнан баукеспе ұрылардың тәсілімен тақтай, отын, салма ұрлауға жол бермеу үшін көше шашлықшыларына ағаш затын алуға арнайы рұқсат берілсін, ал муниципалитет оны қатты бақылап отыратын болсын, сондай-ақ: көше шашлықшыларынан жол ақысы, жер ақысы, ағашты пайдалану ақысы алынатын болсын, оларға ресми бақылау жасалсын және баж салығы салынсын деген ұсыныстарын енгізді...

Көне философия . пәнінің оқытушысы — сумен жабдықтау басқармасының екілі шашлық сату жұмысына бастауыш мектеп көлемінде білімі бар азаматтар алынсын деген ұсыныс жасап, онысымен бүкіл халқымызға жаппай бастауыш білім беру ісін насихаттады. Сумен жабдықтау тұрғысынан келгенде, көше шашлықшыларының әрқайсысының арбасында кемінде бір шелек су болуы міндет дегенді айтты.

— Бастауыш білім алған дипломы болғаны дұрыс-ақ, — деді сахна көркемдеуші, — ал бір шелек суды не қылады? Өртенген шашлығын сөндіре ме?

— Тәрелкелерін жуады, құрметтім, — деді бұрынғы философ.

— Кешеде шашлық сататындар тәрелке алып жүрмейді ғой, шашлыгын да, кофтесін де нанға салып береді...

— Тәрелкелері болмаса, — қолдарын жуады...

— Шырағым, Стамбулда жазда үйіміздегі шүмектен су ақпай у-шу боп жүреміз, ал шашлықшыларға суды қайдан табамыз?

— Сонда сіздіңше қалай, шашлықшылар сусыз жүрмек пе? Оларға су керек емес пе?

— Олардың өнімі — құрғақ өнім..

— Демек, өртеніп кетуі мүмкін...

— Яғни, су...

— Тоқтай тұрыңыз!..

— Менің сөзімді бөлмеңіз...

— Сіз әуелі ұғып алыңыз...

Жабдықтау басқармасының өкілі — ортопед көшеде шашлық сату правосы: қолында денсаулығы жайында анықтамасы бар, төбесінен табанына дейінгі сүйегі түгелдей көрсетілген рентген суреттері бар кісіге ғана берілсін деп ұсыныс енгізді.

— Сонда бүкірлердің көшеде шашлық сатуларына болмай ма? — деді мал дәрігері.

— Болмайды...

— Неге?

— Эстетика! Қаланың сәнін бұзбау үшін, туризмді дамыту үшін бүкірлердің, ақсақ-тоқсақтардың, қолы шолақтардың шашлық сатуларына үзілді-кесілді тиым салу керек!

— Өй-дәйт дерсің!..

— Әй, құрметтім, мен — ортопедпін, сонда бұл мәселені мен жақсы білем бе, елде сен жақсы білесің бе? Маманның пікірін сыйлай білген жөн. Мен ғылыми тұрғыдан айтып отырмын, демек, менің сөзіме құлақ қою керек. Содан соң... муниципалитеттің, оның ішінде жабдықтау басқармасының қызметкері ретінде ұсынарым: шашлықшылардың дайын өнімінде еттің, тағы басқаларының қанша болуы қажеттігін нақты мөлшерлеп беру керек.

— «Тағы басқалары» дегеніңіз немене?

— Оған Стамбул шашлықшыларының тәжірибесінен бір мысал айтайын. Стамбулдың қулары кеуіп қалған нанды су бүркіп жібітіп, кәдімгі қамырша илейді, бір түйір де ет қоспайды. Сонсоң қамырдан котлет жасап, қырық жылғы майға пісіреді. Онысы қызыл күрең люля-кебаб пен кофте болады да шығады.

— «Қырық жылғы май» дегеніңіз немене тағы?

— Мен шіркін бұл жерде табаданның түбінде қалып күйіп кеткен майды айтып отырмын. Қалдық май күйе-күйе қаққа айналады да, табаданның түбіне жабысып жатып алады. Табадан неғұрлым ескі болса, люля-кебабы мен кофтесі соғұрлым тәтті болады. Кейбір шашлықшыларда ата-бабаларынан мұраға қалған табадан да бар, май да бар. Менің бұл кәсіптің құпиясына қаның екеніме көздеріңіз енді жеткен шығар, ә?

— Жетті, жақсы, ал бірақ бір түйір ет қоспастан наннан люля-кебабты қалай пісіреді? Ол мүмкін емес!..

— Мүмкін еместен мүмкін етіп пісіреді.

— Мен жеп көрдім: иісі тіпті қуырдақтың иісіндей.

— Иісі ғажап! Себебі көше шашлықшылары нанды кез келген дүкеннен ала салмайды, ет дүкенімен іргелес тұрғаннан ғана алады. Еттің иісі нанға сіңіп қалатынын біледі. Оның үстіне нанды түнде шкафқа сиырдың сүйегімен бірге салып қояды. Міне, сондықтан шашлықшылардың люля-кебаб пен кофтеге қанша ет салуға тиіс екенін нұсқау-кеңеске жазып бекітіп беруге міндеттіміз.

— Айтпақшы, ет мәселесі — өте күрделі мәселе! — деп баспасөз басқармасының өкілі, мал дәрігері қопақтап қойды.

Ол кеше шашлықшылары қасапшылардан жасырып алып жүрген жылқы, есек-қашар еттерін шашлыққа қоспайтын болсын, өйтсе, — мұсылманшылықтан шығады деген пікір айтты.

Мен сіздерге сан сағатқа, талай күнге созылған жарыссөзіміздің қыры мен сырын айтып беруге тырыстым. Өз басым сол сағат, сол күндерде маған да пікір айтуға тура келер деп мазасызданып жүрдім. Арамызда шашлықтың маманы жоқ болғандықтан мәжілісіміз тез бітер, комиссияның бірер мүшесі сөйлер де, нұсқау-кеңесті жазып бере салармыз деп ойладым. Бірақ ол үмітім бекер болды.

Мәжілістің әр күнінде біздің әрбіреуімізге жүз лир қаламақы берілетін болды да, біз соны ақтау үшін ұсақ-түйек жәйттің бәрін талқылап табандасып отырып алдық. Өйткені ақшаны тектен-текке алуға бір де біріміздің ар-ұятымыз бармады! Әрқайсысымыз өз мамандығымызға, мекемеміздің мақсатына орайластырып неғұрлым көп ұсыныс жасауға тырыстық. Өмір үшін өлімнен де тайынбауға бел будың. Әркім өз позициясын, 03 ұсынысын қызғышша қорыды, елеусіз жәйттің өзін екіленген жарыссөзге айналдырдық. Мысалы, денсаулық сақтау басқармасынан келген суретші мен сахна көркемдеуші көше шашлықшыларының арбасы қай түске боялуы керек, арбаларының доңғалақтары қандай формада болуы керек деп бірде күні бойы қызыл кеңірдек боп айтысып, ақырында үндері бітіп, сөйлей алмай қалды.

Әлбетте, біз мәселенің аса маңызды екенін түсіне білдік те, оны байсалды түрде талқыладық.

Мен, біріншіден, муниципалитеттің зират басқармасының қызметкері, екіншіден, инженер-оптик болуым себепті мәселеге қай жағынан кірісуді білмей көп қиналдым. Зират жағынан кірісейін десем, — шашлыққа араласа алар емеспін. Араласа алған күннің өзінде де қарық болмайтын сияқтымын. Сондықтан зираты құрысын дедім де, оптика жақтан көз жібердім. Сөйтіп, мен шашлықшылардың арбаларына үлкейткіш шыны орнату керек деген құнды ұсыныс енгіздім: ондай шыны, біріншіден, тұтынушылардың товарды дұрыстап көріп алуларына көмектеседі, екіншіден, тұтынушылардың тәбетін күшейтеді. Содан соң ондай шыны арқылы товарға реклама жасау да оңай. Шынының екі есе үлкейтіп көрсететінін, ешбір қоспасыз нағыз асылын қолдану қажеттігін айттым. Талқыланған нұсқау-кеңеске, өкінішке қарай, бұдан басқа ешбір ұсыныс енгізе алмадым. Яғни, өзіме төленген қаламақының қарымын қайтармағанымды күні бүгінге дейін сезініп жүрмін.

Комиссия мүшелерінің мәселеге ерекше мән бергендері, күн сайын алған жүз лирдің бодауын тез қайтаруды ойлағандары соншама, жүз он жеті пункттен тұратын: «Көшеде шашлық сататындарға арналған нұсқау-кеңесті» он алты жұмыс күні ішінде жан-жақты талқылап болып, жап-жақсы етіп жазып шықты.

Нұсқау-кеңесіміз аса зор еңбек болды, өйткені, комиссияның әрбір мүшесі өзінің күнделікті қызметіне өмірі жұмсап көрмеген білімін, тәжірибесін, күш-қуатын соған жұмсады. Соның нәтижесінде біздің нұсқау-кеңесіміз тірі жанға титтей де қажеті жоқ ерекше бір ғажап энциклопедия болып шықты.

Мұны муниципалитеттегі кеңесші досыма барып айтқанымда, ол мені:

— Оқасы жоқ. Көшеде шашлық сататындар қашанда өздерінің білгенін істейді. Алайда нұсқау-кеңестің болғаны жақсы, керегінде қолдана қоямыз. Нұсқау-кеңестерің қандай тамаша боп шыққан, қарашы, міне, үлгі етіп көрсетіп отыратын-ақ нәрсе! — деп жұбатты.

Сөйтіп, біз — комиссияның он бір мүшесі — он алты күн тер төгіп, жүз он жеті пункттен құрап «Көшеде шашлық сататындарға арналған нұсқау-кеңесті» жарық дүниеге әкеліп, ақысына 17600 лир қаламақыны сусылдатып санап алдық. Электрмен жабдықтау басқармасының өкілі — біздің футболшы әріптесіміз — ақырғы екі мәжілісімізге қатысып, шашлықшылардың арбаларына орнатылатын электр шамдарды күндіз жақпаса да жарық болады деген таңғажайып тапқырлық пікірімен бәрімізді тамсандырды.

Айтпақшы, көңіліңізге мұң ұялай қалған немесе ішіңіз пысқан сәттерде, әлде неге ашынып қаныңыз қарайған кездерде, — әрине, оның бетін ары қылсын ғой, — біздің «Көшеде шашлық сататындарға арналған нұсқау-кеңесімізді» дереу тауып алып оқығайсыз. Көңілсіздіктен кірпік қаққанша сейілесіз де, күлкіден ішегіңіз түйіліп құлап қаласыз.

Енді өзім туралы айтсам: мен нұсқау-кеңес дайындайтын тағы да бес-алты комиссияның мәжілістеріне қатыстым да, сәті түскен бір күні қайтадан Америкаға тайып тұрдым, бірақ бұрынғы мамандығыма сай жұмыс таба алмай сандалдым. Мен нұсқау-кеңес жазысып жүрген уақытта ондағы оптика ғылымы мен техникасы шырқап шыңнан асып кетіпті. Менің білімім түкке жарамай жайына қалыпты. Білімімді толықтырып оқи түсуге жасым да, қалтам да жетпейтін болды, сонсоң ешкікөзденіп еліме қайттым. Мен қайтып келгенше әлгі кеңесші досым басқа жаққа ауысып кетіп, маған муниципалитеттің есігінен де сығалатпай қойды.

Санап саусағым жетпейтін семьямды асырау үшін бір көшенің бұрышына шоқитып дүкен орнаттым да: көзілдірік, дүрбі, оттың, автоқалам мен қолшатыр жөндеуді кәсіп етуге кірістім.

Әупірімдеп жүріп жатырмын.

Біздің Түркияда: терең білімді, бай тәжірибелі, тіпті талантты адамның өзін, мейлі,ол жап-жас болса да,оны мамандығына орайлас қызметке жолатпайды. Әрқашан солай.

Ал мені нұсқау-кеңес әзірлейтін комиссияға осы күнге дейін неге шақырмай жүр, а?

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз