Өлең, жыр, ақындар

Алаңдағы сағат

Уақыт — үш жарым шамасы.

Жұт жеті ағайынды деген рас. Мен жұмыссыз жұтап, соқыр тиынсыз сопиып отырмын. Оның үстіне — ғашықпын. Оның үстіне — мені екі кісі сотқа беріп сорлатқалы жатыр. Шын бар-ау, егер азап-сор лотереясы шығарылып ойнала қалса, дәл бұдан асқан ірі ұтыстың болуы екіталай. Ол ол ма, бұ жарық дүниедегі ауру атаулының қарғыс атқан ең жексұрыны — геморрой болса, ол да маған бұйырды.

Маған қарсы қозғалған сот ісі немене десеңіздер, — дәл сонда сіздер қызығатындай дәнеңе жоқ. Тек прокурордың мені түрмеге тұп-тура жиырма екі жыл қамап қоюды талап еткенін білсеңіздер болғаны.

Одан да өзімнің қалайша жұмыссыз қалғанымды айтып берейін.

Аптасына жүз лир жалақы беретін бір жерде жұмыс істеп жүрдім.

Бір күні қожайыным:

— Жұмысымыз жидіп барады, сенің жалақыңды елу лирге шегермесем болмайды, — деді.

Келесі аптада:

— Жұмыс мүлде оңбай кетті, сенің жалақыңды жиырма бес лирге шегеремін, — деді.

Арада ай өтер-өтпесте:

— Саған енді аптасына он лир ғана жалақы төлеймін, — деді.

Мен таңданайын дедім. Әй, менің бұл қожайыным жалақымды ақырында неше лирге дейін шегере алар екен, ә? Ал ол ақырында:

— Саған соқыр тиын да төлей алмаймын, — деді.

— Оған несіне налисыз? Жалақысыз-ақ істей беремін ғой, — дедім.

Сол-ақ екен:

— Жалақысыз жұмыс істейтін миғұладан не қайыр! — деп барқырап жөнелді.

Сөйтіп, мені шығарып жіберді.

Менің орныма аптасына жүз елу лир төлейтін болып басқа біреуді алды. Маған берген мінездемесіне: «Жұмысты жалақысыз-ақ істейді», — деп жазып қойды да, содан бері мен жұмыс таба алмай жүрмін.

Ақшаның әлегін бір-ақ ауыз сөзбен айтып беруіме әбден болады. Ішім ұлып, ішегім түйіліп қалғалы бүгін, міне, екі күн.

Бәрінен қиыны махаббаттың машақаты боп тұр. Менің ғашық болғаным — он сегіздегі қыз, бүкіл Стамбулға әйгілі еркешораның нақ өзі. Оның суқаны сүймейтін жалғыз еркек — менмін. Ол менің бір де бір хатыма жауап қайтарған жоқ.

Мен геморройымды да, жиырма екі жылға жаппақшы прокурорымды да, жұмыссыздығымды да, ішімнің ұлып жүргенін де ұмытып кеттім. Зар жылаған жүрегім басқаның бәрін ұмыттырды. Асылып өле салғым келді. Ғашығымды аңдып жүріп ұстап аламын да, ақырғы мұңымды шағамын. Егер ол: «сенің қиқағыңды көтере беретін ессіз қыз мен емеспін» десе, мен де қарап қалмаймын, оның сілекейін малданатын сорлылардың бірі емес екенімді айтып саламын. Мен оны өлтіруді ойламаймын да, оған қырық жерден пышақ салмаймын да. Бірақ өзімді өзім өлтіріп тыныш табамын.

Бір күні баспалап тосып жүріп оны көшеде қарсы кездестірдім де.

— Мелек, сүйіктім... — дей беріп едім, ол сөзімді аяқтатпастан:

— Ертең трамвайдың Баязид аялдамасында кездеселік, — деді.

Қуанғанымнан жүрегім жарыла жаздады.

— Ах! — дедім, аузымнан жалын бұрқ етіп, жүрегімнің тұсын қос қолдап басып. — Өңім бе бұл, түсім бе?! «Ертең» дедің бе, сонда қашан, сүйіктім?

— Тура онда. Трамвайдың Баязид аялдамасында, — деді де, сәулем сылаңдап кете барды.

«Сағат онда, сағат онда!» — деп күбірлей бердім, күбірлей бердім.

— Не деп күбірлеп тұрсың? — деп қалды әлдекім.

Ескікөз жолдасым екен.

— Ей, бауырым-ай, көресіні геморройдан көріп тұрмын ғой, — дедім.

Ол маған визит карточкасын ұсынды.

— Ертең маған кел, мен бір дәрі берейін, ауруыңнан ада-күде айығып, тура ойнақтап кетесің.

— Қай кезде барайын? — дедім. — Сағат онда бара алмаймын, бір жерде аса маңызды шаруам бар.

— Ендеше он бірде кел! — деді ол...

«Бұл қыз мені бақытты етеді екен, — деп ойландым мен. — Көптен үздігіп күтіп жүрген жауабымды алумен бірге геморройыма шипа дәрі де табылатын болды. Махаббаттың құдіреті шексіз-ау!»

Мен: «Шіркін, махаббат! Шіркін, махаббат!..» деп күбірлеп келе жатып, баяғыда өзіммен қызметтес болған бір танысыммен соғылысып қалдым.

— Ие, жұмыс таптың ба? — деді ол.

— Жоқ, — дедім күмілжіп.

— Ертең маған кел, жұмысқа орналастырамын, аптасына екі жүз лир алатын боласың, — деп төбемді көкке тигізді.

Қуанғанымнан жынданып кете жаздадым.

— Сағат онда бара алмаймын, он бірде де... — деп күбірледім.

— Ендеше он екіде кел. Әрі бірге тамақтанамыз.

Бұл өмірдің бір айналдырса шыр айналдыратын қырсығы ғана емес, бір желпінтсе желкеніңді түсіртпейтін қызығы да бар екен. Қыз менің бақытым болды. Алаңның тап ортасына тұра қалып: «О, махаббат, сен қандай құдіретті едің!» деп аспанды теңселте айғайлағым келді.

— Сәлем бердік! — деді тағы бір танысым.

— Сәлем алдық! — дедім мен.

— Сірә, қалтаң тесік-ау, ә? — деді ол.

— Оны қайдан білдің?

— Ақшадан жұрдай болғанда кісі өзімен өзі сөйлесетінді шығарады.

— Таптың. Менде соқыр тиын да жоқ!

— Ертең маған кел, бес жүз лир берейін. Кейін, байығанда қайтарарсың.

— Сағат онда бара алмаймын, сағат он бірде де, он екіде де...

— Екіде кел!

Жарты сағаттың ішінде осынша жақсылыққа кім кенеліп көрді екен! Қуанғанымнан билей жөнелдім.

— О, достым! — деп келіп біреу бассалды.

Қарасам, бала кездегі досым! Көріспегенімізге талай жыл болған. Ол бірдеңе деуге оқтала бергенде-ақ мен:

— Сен адвокатсың ғой? — дедім нық үнмен.

— Оны қайдан білесің?

— Мәселе солай боп тұр. Маған адвокат керек. Сен менің қорғаушым боласың.

— Иә, мен адвокатпын. Сен сотты болып жүрсің бе?

— Иә, жағдай онша емес.

— Ертең маған бюроға кел, ісіңді қолға алайын. Сенен ақы сұрамаймын.

— Ертең сағат екіге дейін қолым тимейді.

— Үште кел!

Жанымды жағамнан алған жоқшылық-таршылық атаулыны түгел ұмыттым. Таңның атуын тағатсыз тосып әлекке түстім. Таң сызат бере төсегімнен ыршып тұрдым. Не автобусқа, не трамвайға төлейтін көк тиыным жоқ оның үстіне трамвайдың Баязид аялдамасына дейін жаяу баруым керек. Менің үйім, дәлірек айтсам: мен жалдап тұрған үй сымақ Левенд кварталында. Сүйіктіммен кездесуіме дейін өз есебім бойынша әлі екі-үш сағат бар. Әйтседе, уақытты тағы бір анықтап алмаққа Левенд автобус аялдамасындағы сағатқа қарадым. Өз көзіме өзім сенбей, екі көзімді де сүрткілеп қайта қарадым. Мәссаған! Он бес минутсыз он! Автобусқа, тіпті таксиге міне шапсам да, құс боп ұшсам да жетіп үлгірер емеспін. Шыбын жаным шырқырап кетті. Екі өкпемді қолыма алып жүгіріп келемін. «Сорлы басым-ай! Екі жыл соңынан қалмай сорлап жүріп әрең иліктірген қызбен кездесуге кешігіп қор болдым-ау!» — деп ойлап та келемін.

Зулап келе жатқаным соншалық, егер соңымнан қуа мылтық атса, ей, оның да оғы маған жете алмас еді. «Қара басып ұйықтап қалғаным ба? Үйден ерте-ақ шыққан жоқ па едім?» деп ойлап қойып, машиналарды басып озып зымырап келемін. Сирағымда хронометрім болса, жолдағы жұрт менің алыс қашықтыққа жүгіруден дүниежүзілік рекорд жасап келе жатқанымды көрер еді. Әзірейілдің өзі де шаңыма ілесе алар емес!

Меджидиекөйге жеткен бойда алаңдағы сағатқа қарадым. Тұп-тура он екі! Мәссаған, безгелдек! Левенд пен бұл екі ортаға тасбақа да бір-ақ сағат жүрмес пе еді! Мен екі сағат он бес минутта әзер жетіппін! Тротуарға жата қалып, асфальтті басыммен төкпештей бастадым. Жаны ашып жапырлай қалған жұрт мені көтеріп тұрғызды.

— Сізге не болды? — деседі.

Менің көз жасым — көл.

— Кешігіп қалдым! — деп күңірендім. — Әне, сағат он екі. Ал сағат онда менің аса маңызды кездесуім бар болатын.

— Қайдағы он екі? — деп таңданды әлдекім, — Алаңдағы сағат тоқтап қалғалы қай заман! Ол түнгі он екіні көрсетіп тұр.

— Қазір сағат нешеу?

— Сегізден аса қойған жоқ!

Әрі қуанғанымнан, әрі қалжырағанымнан тротуарға қайта сылқ ете түстім. Кездесуге кешікпегеніме шүкіршілік еттім. Жын қаққандай жүгіремін деп, суға малып мылжалап алған тышқандай болдым. Геморройым да үзіп әкетіп барады. Аштықтан көзім қарауытып, басым зеңгіді. Есімді жинай алмай біраз жаттым.

Амал не, ақыры сүйретіліп орнымнан тұрдым. Мазасыз махаббатым демеп тұрғызды. Аяқ басар шамам жоқ. Шишлиге ілбіп әрең жеттім. Алаңдағы сағатына қарадым да, жандәрмен ұмтылдым. Онға жиырма минут қана қалыпты. Тағы да құйындатып жөнелдім. Геморрой да, аштық та, қажығаным да адыра қалды. Жол-жөнекейгінің бәрін қағып-соғып қаңыратып кетіп барамын. Қарсы алдымнан қаралы көш кездессе де қаң жарып өте шыққандаймын. Бір тұста бір мотоциклдің үстінен қарғып кеттім. Кедергілі қашықтыққа жүгірген жаяу бәйгедеймін. Харбиеге жеткенше және бір рекорд жасаған болармын. Екі арада үш-төрт минут қана өтсе керек еді, бірақ Харбие алаңындағы сағат жеті жарым боп тұр! «Аспандағы күн тоқтап қалды ма, әлде мына сағат тоқтап қалды ма?!» деп аң-таң болдым. Сағатқа тесіліп тұрып қарадым: ол тоқтамапты, минуттық тілі ілгері ырғып түсті. Сағат ілулі бағанға мас кісіше сылқ етіп сүйене кеттім. Көзім бұлдырап, жүрегім айныды. Ары қарай не болғанымды білмеймін. Есім кіре бере сағатқа қарасам, сегізден үш минут кетіпті.

Орнымнан әупірімдеп әрең тұрдым. Сүйіктіммен сұхбаттасуыма дейін әлі екі сағат бар. Ілгері қарай ілбідім. Басым айналып, геморройым шанышқылап, ішек-қарным қобыз тарта бастады. Оқасы жоқ, бәрі де оңдалады. Сағат онда сәулешіммен жолығамын. Сағат он бірде дәрі алып ішемін. Сағат он екіде әлгі жолдасым мені тамаққа тойғызады және жұмысқа орналастырады! Сағат екіде анау жолдасым маған қарызға ақша береді. Ал сағат үште адвокат жолдасым менің істеріммен ақы-пұлсыз шұғылданады да, барлық шаруамды реттеп, жанымды тыншытады!

Мен Тәксім алаңына жеттім. Сағатқа қарадым. Не көрдім десеңізші! Он болыпты. Тұп-тура он! Көзімді тарс жұмып алып тағы да тұра жүгірдім. Құстай ұшып келемін, күбірлеп келемін.

«Сәулешім! Бірер минут болса да кешігіп келші! Қыз дегендер кездесуге кеш келгенді, жігіттерге тосқызып қойғанды жақсы көруші еді ғой! О, қымбаттым, тым құрыса он минут кешігіп келші!»

Қарсы ұшырасқан топ-топ жұрттың ара-арасынан, асты-үстінен өтіп зымырап келемін.

Көлденеңдеген машиналардың бергі есігінен зулап кіріп, арғы есігінен атылып шығамын.

Жұрт аузын ашып қалып жатыр.

— Бәйгеге қосылған желаяқ шығар, — деді әлдекім.

— Жоқ, спортшыға ұқсамайды. Киімі келмейді.

— Ә, онда бақылаушыдан қашып безіп бара жатқан алаяқ саудагер болды.

Көз алдым бұлдырап кетті. Екі рет омақаса құладым. Уақытты өлтірмеу үшін екеуінде де екпініммен домалай түрегелдім де, жүгіре бердім. Сөйтіп, Қаракөй алаңына жеттім. Алаңдағы сағатқа қарадым: алты жарым! Е, бәсе, осылай болса керек еді! Мен таң атар-атпаста шықтым емес пе. Қазір сағат ең ары кеткенде жеті ғана болуы керек. Әлі үш жарым сағаттай уақытым бар. Үсті-басымды дұрыстап алайын. Әйтпесе, мына алба-жұлба күйімді көрсе, қыз байғұс талып та қалар.

Мен Қадыкөй жағасына, көпірге қарай аяңдадым. Таза ауада біраз серуендеп, сергіп алуым керек. Барып көпірдің бір жақтау тақтайына жантайдым. Енді біраз жер жүгіргенде он екі мүшем борша-борша боп, мүлде шашылып қалғандай екенмін. Сірә, үш кило, жоқ, бес кило салмаң жоғалтқан шығармын. Таң атқаннан бергі тауқыметтерім есіме түсіп, басымды көтердім. Айлақтың сағатына көзім түсті. Онға он-ақ минут қалыпты!

Бөгемеңдер мені! Жолдан былай тұрыңдар! Менің жанымда тіпті реактивті самолеттеріңнің өзі тасбақадай-ақ!.. Көпірдегі сабылыс сап тыйылды. Біреулер айқайлап, ысқырып қалып жатыр. Полицейлер соңыма түсіп берді. Қуып жетпекші ғой, — дәмелерінің зорын! Атып оқ та жеткізе алмассыңдар! Қас қағым сәтте Эминеню алаңынан бір-ақ шықтым. Ондағы сағат — екі жарым! Соры қалың маңдайыммен тротуарды сүзе құладым. Жын буғандай боп жер тепкілеп жатырмын. Енді не болдым? Қыздан да, дәріден де, тамақтан да, жұмыстан да құр қалдым. Бәрінен қиыны: қарызға аңша берейін деген қайран жолдасыма баруға кеш қалдым, Ендігі бар-жоқ үмітім — адвокат жолдасым. Соған кешігіп қалмасам екен! Тағы да тұра жүгірдім. Сиркеджиге қалай жеткенімді өзім де білмеймін. Вокзалдағы сағатқа жалт қарасам, тұп-тура тоғыз!

Бір танысым кезіге қалды.

— Саған не болды? — деді ол. — Жерден шыққандай жалба-жұлбасың ғой?

Сәулеммен жолыға алмай сорлап келе жатқан бейбақ басым өкіріп жылап жібере жаздадым.

— Не болғанын сұрап қайтесің!.. — дедім. Бастан-аяқ бәрін айтып бердім.

— Достым, сен бекер налисың, — деді ол, тыңдап алған соң.

— Неге бекер?

Ол сағатына қарады:

— Сенің әлі жарты сағат уақытың бар! Қазір тоғыз жарым ғана.

Еңсем езіле бір күрсініп алдым да, ары қарай жылжыдым.

Баязидке жақындаған сайын аштығым да, шаршағаным да, ауруым да бірте-бірте ұмытылып, жүрегім тағы тулай бастады.

Сөйтіп, ақырында трамвайдың Баязид аялдамасына жеттім-ау. Аялдамадағы сағатқа қарасам, — сегізден жиырма минут кетіпті. Университет есігінің оң жағындағы сағатта — онға он сегіз минут қалыпты. Ал сол жағындағы сағатта — тура тоғыз жарым.

Сүйіктімді тосып тұра бердім. Оның маған бақыт әкелгенін, соның шарапатымен жұмыс та, ақша да тапқанымды, енді екеуіміздің үйлене алатынымызды айтпақпын. Кездесуге барып жүргендерден байқағанымды істеп бір сағатқа жуық уақыт ысқырғыштап ары-бері жүрдім, сонша уақыт үнсіз ойланып, екі аяғымды кезек-кезек суытып тұрдым...

Алаңдағы сағатқа тағы қарадым, — жиырма минутсыз тоғыз. Ой жетегіне еріп кетсем керек, бірталай тұрып қалғанымды аңғардым... Тағы да ысқырынып ары-бері жүре бастадым. Төңірегімде біреу-міреу бар-ау деймін. Сәлден соң сағатқа қарасам — тұп-тура жеті! Мәссаған!.. Бұл не сиқыр, ей? Мына сағат не сандырақтап кейін кетіп тұр, не шынында жеті боп қалды. Университет қабырғаларындағы сағаттарға көз салдым. Бірі үш жарым дейді, екіншісі — тоғыз... Түк ұқсам — бұйырмасын!

Көшеде кетіп бара жатқан біреуге:

— Ғафу етіңіз, сағатыңыз неше болды? — дедім.

Оным ұйқысынан шошып тұрған қызылкөз екен.

— Сен, немене, соқырмысың?! — деп барқ етті — Әне, банктің сағаты, әне, аялдаманың сағаты. Әне, екі босағада екі сағат ілулі тұр.

Мен жылы орныма қайта оралдым: ысқырынып, екі аяғымды кезекпен суытып, күбірлеп тұрмын. Төңірек қараңғылана бастады.

Ал сағат тілдері онға әлі жиырма бес минут барын көрсетуде. Сірә, күн тұтылған шығар. Мен аялдамаға іргесі тиіп тұрған парк қашасының түбіне барып жайғастым...

Көзімді ашып алдым, есінедім, керіліп-созылдым. Сонсоң дереу ұшып тұрдым да, сағатқа жалт қарадым. Он екі. Сәулем қайда, мен қайда! Тым болмаса енді тамақтан құр қалмайыншы деп ойладым. Сағат он екіде кел деген жолдасымды іздеп жөнелдім. Барсам, — бөлмесі тарс жабық.

— Бұл неге жабық? — дедім.

— Жексенбі күндері жабық болады, — дейді.

Сәулешім екеуіміздің кездеспек күніміз жұма болатын. Яғни мен парк қашасының түбінде тұяқ серппестен екі күн ұйықтағанмын ғой. Эминеню алаңына асыға ұмтылдым. Ондағы сағатқа қарасам, — сегізге әлі жиырма бес минут бар... Таңертеңгі сегіз бе, кешкі сегіз бе? Сағаттың сырын қайсыңыз жете білесіздер, а?

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз