Біздің елде... (Жоқ, бұлай бастауға болмайды). Елімізде... (Бұл да ойнамай тұр: бұлай басталған әңгіме сәтсіз аяқталады... авторы да опа таппайды).
Мына біздің елде... (Жоқ, басқа тақырып құрып қалғандай, өзімізге мұнша мән бермеген жөн. Жазуға болатынды ғана жазу керек...)
Түркияда... (Достым-ау, бүйтіп бірден дүңк еткізбей, жұмсақтап орағытып бастасаңызшы!)
Сіздерге өзімнің журналистік өмірімнен бір оқиға айтып берейін десем, бастай алмай қор боп отырғанымды қараңызшы.
Бірде... (Осының дұрыс сияқты. Ғұмырың жетсе, қалай жазуды әлі-ақ үйреніп кетесің) бірде мен оны-мұнымды шығарып жүретін газет жабылып қалды. («Жабылып қалды» дегенің сәтті табылды, өйткені, газетті кім жауып тастағанын жұмбақтап қойдық, ол енді әлгі ашылмаған қылмыстар қатарына жатқызылады да, бірте-бірте ұмыт болады.)
Әңгімемді жалғастырайын.
Газетіміз бір қатенің кеселінен жабылып қалды. Ол қатені бағаламауға, тарихтан лайықты орнын бермеуге болмайды.
Сіздер республика дәуіріндегі баспасөзіміздің тарихына енген үлкен екі қатенің жайын, сірә, естіген де шығарсыздар.
Соның біреуі мынау.
Газеттің бірінші бетінде әрқайсысы екі бағанаға берілген екі фотосурет шықты. Бірінші суретте жәрмеңкеде бәйге алған, мүйіздеріне лента байланған сиырлар бейнеленген, екіншісінде — мемлекет қайраткерлері делегациясының Европаны аралауға аттанғалы тұрғаны көрсетілген. Бірақ осы екі суреттің түсінік сөздері ауысып кетіпті. Делегация мүшелері бейнеленген суреттің астында: «Жәрмеңкеде жоғары награда алған сиырлардың иелеріне бәйге берілді. Суретте: жергілікті асыл тұқымды сиырлар» делінген. Келесісінің түсінігі: «Суретте: біздің делегациямыздың Европаны аралауға ұшқалы тұрған сәті» делінген. Біздің газетте бұл сияқты былықпайлар толып жатады, бірақ оған дейін ешбір сиырды ешқашан үкімет делегациясымен шатастырып көрген жоқ едік.
Ал мен айтқалы отырған қатенің ешбір малға қатысы жоқ. Бірінші қатем оншама мән берерлік те емес. Алғашқы қызметіме құлшына, құмарта кірісіп, бұйырған жәйтті бассалып жазып жүрген кезім. Бір күні газеттің бас редакторы, ол қазір депутат, мені шақырып алды да:
— Мен бүгін кешке бір концертке шақырылған едім, бірақ бара алатын емеспін. Одан сын мақала жазу керек. Сен бәрін де бұрқыратып жазып жүрсің ғой, сол концерттен материал бере аласың ба? — деді.
Баяғыда бір помещик жалшысынан: «Сен біздің баланы баға аласың ба?» деп сұрағанда, жалшысы тұрып: «Тәйір-ай, сол да сөз бе екен? Керек десең, сайтанның да сирағын сындырып берейін!» депті. Мен де сондаймын... Концертті сынап жаза алмайтындай маған не болыпты сонша? Бірақ «до» мен «си»-ді, скрипка мен виолончельді бір-бірінен айыра алмаймын. Оның үстіне: концертке баруға мұршам болмай қалды. (Ол кезде газетте небәрі он-он бес журналист істейтінбіз. Ал қазір бір ғана спорт бөлімінің өзінде сонша кісі бар).
Бас редактор маған программаны ұсынып:
— Мынаны көр де бірдеңе жаз, — деген.
Оның көңіл күйіне қарағанда, концертті мақтау қажет тәрізді. Программаны бірнеше рет оқыл шықтым. Ол тіпті қытай тілінде жазылса да ептеп ұғармын-ақ деп едім, — болмады. Концерт... аллегро... опус... до минор... соло... Чайковский... дегендей, мен өмірі естімеген сөздер көп.
Аллаға сиынып алдым да, мақаланы жазуға кірістім... «Концерт ғажайып болды, оның ғажайып болғандығы соншама, жазып жеткізу мүлде мүмкін емес. Ә дегеннен ақырына дейін құдіретті музыкаға тәнті болдың. Пианистканың ойынын тұп-тура сиқыр дерсің. Рояльдің дауысына еріксіз таңдай қақтық. Музыка — жан азығы деген анықтаманың ақиқаттығын мен тек осы жолы ғана ұқтым. Опус-екі менің бұған дейін тыңдаған барлық опустарымнан асып түсті, опусты дәл бұлай орындағанды мен ешқашан естіген емеспін... (Осы тұста маған миғұлалар менің өзімді миғұла деп жүрмесін деген ой келді де, ептеп сын пікір қыстыра отыруды жөн көрдім.) Опус-екінің орындалуын кейде опус-екі жарым деп қарауға да болатын еді. Ал до минор ше? Тіл жетпес сиқыр емес пе?! Алайда бұған дейін тамаша қалпында тұрған рояльдің енді аздап қана ақауы бары байқалғандай болды...»
Ол кезде біздің газеттер халықаралық оқиғаларды баяндауға көп орын бермейтін, бүгінде бізді ондай хабарлармен мол жабдықтап тұрған Америкамен қазіргідей тығыз байланысымыз жоқ болатын. Ал елдің ішкі жағдайынан неғұрлым жиі жазылатыны — концерттер мен лекциялар туралы хабарлар еді. Менің мақалам газеттің ең елеулі, ең көлемді материалы болды, журналистік тірліктегі ең бірінші ірі табысым болды. Сөйтіп, біздің газет сол күні басқа газеттерге шаңын да көрсетпей кетті. Басқа газеттердің бәрі де концерт жайында бірінші беттеріне бірер жол ғана хабар беріп, оның кейінге қалдырылғанын айтыпты. Ал мен қойылмаған концерт туралы мақала жазуда дүние жүзіндегі тұңғыш сыншы боп шыға келдім.
Сондай екінші табысымнан кейін жұмыссыз қалдым...
Стамбулға бір шетелдің мемлекет қайраткері келмекші екен. Газет секретары сол мемлекет қайраткерінен аэродромда интервью алуды маған тапсырды.
— Байқа, — деді ол маған, шыға бергенімде, — өткен жолы делегаттардың айтпағанын айтты деп былықтырып, бәрімізді масқара етпедің бе, тағы сондай болып жүрмесін!
Ол жолы мен кінәлі емес болатынмын. Біздің елімізден аттанып бара жатқан шетел делегациясының бес мүшесінің бір де бірі түрік тілін білмейді екен, сонсоң қайтейін, олар үшін пікірді өзімнің айтуыма тура келді.
(Ол кезде «ун» дегенге тілі келген журналистердің бәрі француз тілінің, ал «йес» дей алғандар — ағылшын тілінің маманы болып саналатын.)
Менің жазуымша, мен делегация мүшелерінен: «Біздің еліміз туралы пікірлеріңіз қандай?» — деп сұраймын.
Олар былай деп жауап қайтарады: «Сіздің еліңіз қысқа ғана уақыт ішінде адам таңданарлық прогреске қол жеткізді. Сіздер шын мәнінде ғажайып жаңалықтар жасадыңыздар. (Бізге шынында неге ғажайып жаңалық жасамасқа?) Сіздер Европа елдері арасында лайықты орын алып отырсыздар. Сіздер қарышты қадаммен ілгерілеп барасыздар. Сіздің еліңізде өткен жолы келгенімізден бергі мерзімнің өзінде небір ұлы өзгерістер болыпты».
Менің түбіме жеткен пәле осының соңғы сөйлемі болды. Делегация мүшелерінің ешқайсысы Түркияда бұрын болып көрмепті!
Иитервьюімде жазғанымдай, одан соң делегация мүшелерінен: «Сіздерге біздің елде ең ұнаған нәрсе не болды?» — деп сұраймын. Олар: «Айран құйған қияр салаты, сүрленген ет қосып пісірген жұмыртқа, сондай-ақ, шала тұздап сақтаған бітеу қияр. Сіздердің әйелдеріңіз заманымызға әбден сай екен», — дейді.
Бұл жерде айта кететін бір жәйт — мен интервьюді бастан-аяқ ойдан шығара берген жоқпын. Ескі газеттердің тігінділерін алып ақтардым да, шетел делегацияларының мүшелеріне әдетте қандай сұрақтар қойылатынын, олардың не деп жауап қайтаратындарын көріп, айнытпай көшіріп шықтым...
— Тезірек жөнел, әйтпесе кеш қаласың, — деді секретарь.
— Жолға аңша қайда?
— Ертең бухгалтериядан аласың...
Мен ең әуелі Бабаәлідегі «Балқан» асханасына бардым да, котлетке сықиып тойып алдым. Котлеттің қызуымен «Мессерет» сыраханасына барып жайғасып, сол жерде отырып-ақ интервьюімді жазып тастадым. Интервьюім газет қызметкерлерінің бәріне қатты ұнады.
Келесі күні басқа газеттер: самолеттің сынып қалғандығы себепті делегация Стамбулға келе алмады деп хабарлады. Одан, әрине, менің интервьюімнің құны кеміп қалған жоқ. Бірақ іші тар қызғаншақтар мені газеттен қуып жіберді.
Бұл оқиғаны бір кешкі газеттің қожайыны естиді де: «Көрмеген кісісінен интервью алып жүрген ол журналист ерекше талантты екен, өзін біздің газетке шақырыңдаршы!» — депті. (Самолеті сынып кешіккен шетелдіктерден сырттай интервью алатын жас журналистер қазірде де бары ешкімге құпия емес. Мен өз жаңалығымның жалғасып келе жатқанын, лайықты ізбасарларым барын мақтаныш етемін!)
Сонымен, кешкі газетте істей бастадым. Оның штатында төрт тілші, алты қайшы бар екен. Әбден тозып, жүзі желініп қалған екі қайшыны жаңа екі қайшыға айырбастап алды. Сөйтіп, торт журналист сол алты қайшымен жұмыс істей берді. Қалада бізбен бәсекелес және бір кешкі газет бар көрінеді. Бір күні бастығымыз бізді жиып алды да:
— Біздің газеттің жағдайы қиын. (Тираж азайып кеткенде «біздің газет» деп, ал тиражы өсе қалса, «менің газетім» дейтіні бар). Қалайда бірдеңе ойластырмай болмайды, — деді.
Алла аузыма сөз салып:
— Бәсекелес газет күндізгі сағат бірде шығады, егер біз сағат төртте шықсақ, тиражымыз көбейер еді, — дедім.
Менің арам ойымды түсіне алмаған кейбір қызметкерлер: бұрын шыққан газет күнделікті жаңалықтарды да бұрын жариялайды, деп қарсы дау айтты. Алайда бастық мені қолдап:
— Мынаның айтқанын да байқап көрелік, — деді.
Біз сағат бірде шыққан газеттің барлық жаңалықтарын қайшымен қиып алып, ептеп түзетіп, өз газетімізге желімдеп отыратын болдық. Сөйтіп, екі жаңа қайшының, төрт ескі қайшының көмегіне сүйендік те, өнбес кісінің қолынан әрең келетін жұмысты емін-еркін атқара бастадық. Қайшы қайраушы шалға төлейтіннен басқа шығын шығармайтын болдық.
Бір күні бізбен бәсекелес газетте мынадай хабар басылды: «Артин деген азамат үйінің жабығына қадалған жалаудың сапқа оратылып қалғанын байқады да, оны жазып дұрыстап қою үшін секіріп саптың үшкір темірлі ұшынан ұстай алып, тартылып жоғары шықпақшы болды. Оның салмағын көтере алмай сап сынып кетіп, Артин бейшара бесінші этаждан құлап мерт болды. Жалау оның тура үстіне құлап түсіп, айқара жауып қалды», — депті. Газет қайғылы оқиға болған үйдің адресін де айтыпты.
Мен ол хабарды дереу қиып алдым да, біраз тұздықтап, тақырыбын «мен мұндалатып», өзіміздің газетке бере қойдым. «Ержүрек Артин байғұс шәйт болды» деп атадым. Біреулер: мұсылман емес кісіні «шәйт» деуге болмайды деген соң, мен Артиннің дер кезінде сүндеттелгенін айтып хабарыма толықтыру енгіздім.
Төккен тердің төлеуі қандай болды дейсіз бе? Мені жұмыстан қуып шықты. Өйткені, бәсекелес газетте келесі күні мынадай хабарлама жарияланды:
«Бір журналист, анығырақ айтсақ: бір жамаушы, біздің хабарларымызды күнде түп-түгел ойып-қиып алады да, өз газетіне шығарады. Біз ұрлықшыны тұп-тура ұлыттық. Кешегі нөмірімізде Артин дегеннің құлап өлгені жайында жазып едік, ол соны бассалып көшіріп ала қойды. Ал біз айтқан кісі өмірде болған да емес, құлаған да емес...»
Әйткенмен, ол шатаң менің атымды журналистер әлеміне кең жайып жіберді. Біраздан соң мен үлкен газетке қызметке шақырылдым. Онда да көзге түсуге құлшындым. Ақырында көктен тілегенім жерден табылды. Газет иесі мені шақырып алып:
— Ішкі істер министріміз пойызбен Стамбулға келе жатыр. Басқа газеттер бұдан бейхабар. Дәл қазір Хайдарпаша вокзалына тарт та, одан интервью ал, — деді.
Бәйге өзімдікі шығар деп үкідей ұшып вокзалға жетіп барсам, — журналистерден аяқ алып жүргісіз. Сөйтсем, пойыз біржарым сағат кешігіп келе жатыр екен. Дереу таксиге міне сала Пендикке тарттым. Пойыз Пендикке келіп тоқтасымен біз мүлде күтпеген іс болды. Министр пойыздан түсті де, өзін қарсы алған чиновниктер бар бәрі барып автомобильге отырды. Жанталасып жүріп қасына жақындадым да, бастығымның оған ыстық ықыласпен сәлем жолдағанын айтып үлгірдім. Иіліп-бүгіліп тұрғанымды ұнатып қалса керек, ол мені өз машинасына отырғызып алды. Шофердің қатарына жайғастым да, министрден біздің газет үшін лебіз білдіруін өтіндім... Басқа газеттердің жылпостары Хайдарпаша вокзалын айналып жортып жүре тұрсын! Олар менің сарқытымды ішсе де жетер!..
Ішкі істер министріміз өзіне дейінгі министрлері айтып өткен жәйттерді қайталап шықты. Халықтың өсуіне полицейлердің өсуі ілесе алмай келеді. Барлық азаматтар полицияға көмек көрсетулері керек. Мұны министр өз атынан баса өтінеді. Полицейлердің санын көбейту керек. Тәжірибелі полицей кадрлар даярлау керек... Біздің полиция участоктарымызда кісі сабау ешқашан болған емес және болмайды да... Еліміздің еш жерінде тәртіпсіздік жасаушылық атымен жоқ... Полицейлердің жалақысын өсірген жөн. Оларды қазіргі заманға сай жаңаша киіндіру қажет... Бұдан соң министр тиым салынғанына қарамастан кейбір полицейлердің ұзын мұрт қойып, сақал өсіріп жүргендерін көргенін айтты.
Министрдің мәлімдемесі ертеңінде тек біздің газетте ғана жарияланды. Сондай аса маңызды істе біз бәсекелестеріміздің бәріне жер соқтырып кеттік. Бірақ, сол күні газетіміз жабылып қалды. Неге жабылғанын осы уақытқа дейін тірі жан білмейді. Менің бұл мәлімдемем біздің баспасөзіміздің тарихынан өз орнын алар деп ойлаймын. Ішкі істер министрінің мәлімдемесі жарияланған күнгі газетке бір қылмыс жөніндегі хабарлама және тиражды өсіру үшін бір былапыт романның үзіндісі берілген болатын. Солар: министрдің мәлімдемесі, кісі өлімі туралы хабарлама және былапыт роман үзіндісі — бірімен бірі баспаханада араласып кеткен күйінде басылып шықты. Әдейі жасалған әрекет екендігі аңғарылатындай. Ол қоспа материал менде әлі күнге сақтаулы. Бір үзінді келтірейін:
«Құрметті ішкі істер министрінің біздің газетке арнап жасаған мәлімдемесі.
Бақылау-тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатымен әйгілі баукеспе ұрылардың бірі Зырыл Шәкір есімді құрметті ішкі істер министріміз кеше жүйрік пойызбен Стамбулға келді. Соның алдында ғана жасаған қылмысынан кейін ішкі істер министрі Пендикте пойыздан түсті де, біздің газетке арнап байсалды мәлімдеме жасады. «Маған хабарлағанындай, — деді ол әуелде, — менің ашынам семіз Меляхат басқа да біреулермен байланысты көрінеді. Мен оны көптен бері бақылауға алып жүрмін. Бүкіл елімізде темірдей тәртіп орнатылды». Қазір анықталып отырғанындай, құрметті ішкі істер министрі қиын-қыстау кезеңде жантүршігерлік қылмыс жасады, полиция агенттерінің мүлде жетіспейтінін ескертті. Ол өзі өлтірген әйелмен алты ай бойы ойнап-күлген. Түнде аяқ астынан үйіне қайтып келіп, іштен Жанетаның дауысын естіп қалады. Есіктің кілт сұғатын тесігінен сығалап қараса, — Жанета тыржалаңаш тұр! «Франк, сүйіктім Франк, мені өмірде бірінші рет құшқан еркек сенсің!» — деп бажылдады ол. Кенет, бейнебір жынданған жанша, біздің тілшіміздің сұрағына жауап ретінде ол: «Жұртшылығымыздың полицияға көмектесуін өтінемін» деді. Бұл мәселені өз газетіңізде жақсылап жазатын болыңыздар, деді ол одан соң, мен іс-әрекеттері күдікті семіз Меляхатты үш ай бойы бақылап жүрмін. Кеше түнде үйге мас боп келе жатып тексергенімде ұзын мұртты, сапсиған сақалды бірнеше полицейді көрдім. Полицейлердің мұртын дереу қырып таста деген бұйрықты естіген Морис шошып кетті. Қолындағы Жанетаны Франк ағай құшақтап көтеріп алғанын көргенде төбе шашы тік тұрды. Франктың жүні көдедей кеудесіне бетін басқан Жанетаға: «Біз полицейлеріміздің жағдайын жақсартуды ойластырып жатырмыз», дегенді айтты. Тілшіміздің киім жөніндегі сұрағына жауап бере келіп, ол былай деді: «Жанетаның іш киімі мен төстартқышы жерде шашылып жатты. Франк Жанетаны итеріп қалды да, мына киім ыңғайсыз деп айқай салды. Полицейлер әрқашан мұнтаздай тап-таза боп қырынып жүруге тиіс. Киімнің неғұрлым жетілдірілген формасын шығару ойластырылуда. Қылмыс жасаған қарақшы қашып құтылуға тырысты, бірақ құрметті ішкі істер министрі нан кесетін пышақты ала ұмтылды, одан арғысы есінде жоқ».
Біздің газеттің осы былықпай мақаланың кесірінен жабылып қалғанын ешкім білмейді. Бұл нөмірді газетті шығарған қызметкерлерден басқа тірі жан оқыған жоқ, тіпті бастығымыздың өзі де оқыған жоқ. Бәрі де: газет басмақаласында үкіметті қатты сынаған шығар, сол үшін жауып тасталған шығар, деп топшылап жүр.
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі