Өлең, жыр, ақындар

Дауыс галереясы

Хроместезия деген ғылыми термин бар. Бұл дегеніңіз үннің, нотаның түсін айыра білетін дара қасиет. Қайталап айтайық, үннің түсін һәм бояуын көру. Бұл күнде біз осы сезімнен жұрдаймыз. Сол жұрдайлығымыз ғой, арамызда жүрген дәстүрлі әннің дарабозы Мейірхан Адамбековтей таланттың таудай қадірін сезген жоқпыз.

Әніне сүйсіндік, тебірендік, тол­қы­дық. Бірақ толық ұғына алмадық. Құлақ құлыққа, жүрек құлыпқа түс­кен­діктен емес-ау. О бастағы кез келген көшпендіге тиесілі хроместезиядан айрылдық. Сосын қасиетті, қастерлі дүниелерді ұғудан мақрұм қалдық.

Ертеде бір күйші күй тартып отырса «енді қайтсін?» деп бір кейуана ағыл-тегіл жылады дейді. Хроместезия ма? Болмаса Кетбұғаның күйін тыңдап отыр­ған Шыңғыс хан­ды ойлаңыз. Көз алдына қандай түс, қандай бояу келді десеңізші? Бұған қол сілтесеңіз, тағы бір қызық айтайын. Әр түстің өз дыбысы бар. Ғылыммен дәлелденген. Мысалы, қызыл түс 480-405 ТГц, жасыл түс 600-503 ТГц, сары түс 530-510 ТГц. Бірақ бұл дыбыстар біз естімейтін диапазонда. Егер адам әннің түсін айырып, түстің дыбысын ести алатын халде болса әлем қалай болар еді? Ұлы Моцарт та, Леонардо да Винчи де бір адамның бойына сыйып кетер еді ғой. Одан бұрын біз суретшілердің көрмесіне барып картиналардың музыкасын тыңдап қайтқан болар едік. Ал ән кешіне барып, әлемдегі ең шаһқар картиналарды көріп... әттең, адамзаттан бұл дәуір өтті. Ән бояуы бойын жасырды. Эстраданың ессіз есерлерінің күні осыдан кейін оңынан туды. Амал нешік, лайға аунаған торайша тоңқаңдап билеп жүрміз солардың даңғырына...

Інжілде «бірінші сөз жаралған» депті. Құранда Алла жер-әлемді жаратарда «бол» деп айтты дейді. Будис­тер­дің иогашыларына неге иогада «оум» дейсіңдер десе, олар, «бұл – дүниені жаратарда Құдайдың айтқан сөзі» деп түсіндіреді. Әзірге дүниенің жа­ралуы туралы дауда діндер бір-бі­рі­нен алыс­тап кете қойған жоқ. Осы­ның бәрі ды­быс­қа жүгініп, ымыраға келетін секілді түбінде...

1680 жылы ағылшынның Роберт Гук деген ғалымы зерттеу жүр­гі­зіп­ті. Ол қатты дискі пішіндес зат­тың үс­тіне ұн шашып, оны скрипка ыс­қы­шымен ысқылаған. Бірінші үн, яғни дыбыс шығады. Артынша тақта бетінде шашылған ұн тербеліс әсе­рі­нен ғажап суреттер сала бастайды. Еврейдің, христианның, мұсылманның, буддистің діни ғибадатханаларындағы басты орнаменттердің кескіндемесі. О, ғажап! Дәуіттің жұлдызы дейсіз бе, Исламның жұлдызы дейсіз бе, инь мен янь дейсіз бе, адам хромасомасының су­реті дейсіз бе, ғалам дейсіз бе, дү­ние­де не бар, соның барлығы дыбыстың бейнесі.

Олай болса қазақтың оюлары – ән мен күйдің ғажайып көшірмесі, затқа айналған бейнесі! Мәселе бұл қай күй? Бұл қандай шифрлы код? Біз айтып, түсін­діре алмай жүрген ұлттық код деге­німіз осы болар?! Өзімнің ақындық қия­лыма бір күйші домбыра шертіп отырып, транс үстінде ақ текеметке күйін абайсыз қотарып алғандай әсер сыйлайды.

Ал енді жоғарыдағы дүние жаралуы туралы аяқсыз қалған абзацқа оралсақ. Қиямет күні Сұрапыл (Ысырафил) періште дүниені ойран ету үшін сүр үрлейтіні уәде етілген. Яғни ол да дыбыс. Жердегі тірлік Алланың «Кун фаякун» деген сөзінің дыбысынан басталып, сүрдің үнімен аяқталады. Дүние дыбыс­тан басталып дыбыстан бітеді. Яки дыбыстан тұрады.

Иә, солай... Бізді өркениет құртты. Көліктің шуы, интернет, теледидар, есекше бақырған, әтешше шақырған әумесер әншісымақтар біздің құлақтың құтын алды. Әйтпесе дәл қазір Мейірхан ағамыздың әнін тыңдап, даусы шашқан бояумен ғажайып бір кескіндеме сызып отырмас па едік?! Қадірін дер кезінде білмес пе едік? Аяздың терезеге өрнек салуында да осы стихия болса керек. Өйткені әр ұшқын қардың да дыбысы бар дейді ғалымдар. Қар қиыршығындағы кристалдар, бейнелер сол дыбыстың болмысы. Егер осының бәрі сурет салатын болса, әншінің даусы неғып өрнек салмасын?! Салғанда да біздің жанымызға, қан түйіршіктерімізге салады. Мысалы, еуропалық яки канадалық бір егде әйел «мені бейдауа обырдан жазды» деп Димашты іздеп келді. Ақтөбеге. Берісі Қарағандының, әрісі Қазақстанның қалың бұқарасы Мейірхан Сәйдіұлына эсте­тикалық емі үшін борыштар. Мейір­хан ағаның айтқан әнін екінші еш­кім нәшіне келтіре алмайтынына көз жеткен, көңіл сенген. Мейірхан аға орындаған ән Одиссейдің садағы секіл­ді. Өзінен басқа ешкім ие алмайтын.

Арқаға (екі мағынасында да) аяздай батқан қайғы жанымызға жабырқау сурет салды. Ондайда өзінің «Кезімде қадірімді сезбес мынау, қарғам-ау, бекер маған кездестің-ау» деген қоңырқай түсті әні мен «Сағындым ғой» әнінің сары бояуына көміліп, енді жылаймыз, енді өксиміз. Одан не қайыр? Мейірхан ағамыз қайтқан күні сонау Үшқиян елінен, Маңғыстаудан Светқали Нұржан көкеміз телефон шалып, «Әй, өзіміз де итпіз ғой. Адамның қадірін білмейміз. Мәңгі жүретін секілді. Қарағандыға барып жүргенде неге іздеп бармадым деп бармағымды шайнап отырмын», дейді. «Аға, сізге өкпе жоқ қой. Қарағандыда жүріп те қадірін білмей қалдық», деп біз булықтық. Бұл шындық еді. Мейірхан аға секілді тау тұлғалы адамдар өлместей көрінеді ғой...

Мұхтар Әуезов қайтқанда Ғабең: «Қазақ­та ат тұяғын тай басар деген сөз барын білесің. Бірақ бұл сөз саған кел­мейді. Сенің орның қазақ әдебие­тін­де мәңгі үңірейіп тұрады» деп бақұлдасыпты. Бұл сөз Мейірхан ағаға да келмейтін секілді. Қаншама шәкірті болса да. Қазақ руханиятында орны үңірейіп тұр. Сыбырлап қана сырын айтатын, шымшып ұстап шынын айтатын ағамыз жоқ енді. Тағдырға тәбділ бар ма? Дүниеден ғажап әнші ғана емес, ғажайып суреткер өтті. Адамзат музыка галереясын көру қабілетінен айрылған қасіретті ғасырда...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз