Өлең, жыр, ақындар

Бейтаныс әйелдің хаты

Тауда өткізген үш күндік демалысынан кейін таңсәріде Венаға келіп жеткен белгілі беллетрист Р., вокзалда газет сатып алып тұрып, оның шыққан күнін көзі шалғанда бүгін өзінің туған күні екені есіне түсті. «Қырық бірінші», — деген ой жылт етті, әрине, бұл жасқа толатыны оны аса қуанта қойған жоқ. Қынжылтпады да. Газет беттерін сытырлата жылдам аударыстырып өткен ол такси ұстап, өз пәтеріне бет алды.

Қызметші бұл жоқта екі адам келіп-кеткенін және телефонмен бірнеше шақыртулардың түскені туралы баяндап, жиналып қалған хат-хабарларды подносқа салып әкеп берді. Жазушы хат-хабарларға енжар ғана көз жүгіртіп, жіберушісінің аты-жөні қызығушылығын оятқан бірнеше конвертті ашты; бейтаныс қолтаңбамен жазылған және бұған тым көлемді болып көрінген хатты шетке қарай ысырып қойды.

Қызметші шәй әкеп берді. Креслоға жайғасып отырған ол тағы да газетке көз жүгіртіп, өзіне жолданған каталогтарды бір қарап шыққан соң сигарасын тұтатты. Сосын  барып шетке ысырып қойған хатты қолына алды.

Хат отыз шақты беттен тұрады екен; бейтаныс әйелдің ойқы-шойқы жазуынан оны асығыс жазғаны көрініп тұр, хаттан гөрі қолжазбаға ұқсайды. Ішінде  ілеспе хат жоқ па екен деп, Р. конвертті аударып-төңкеріп тағы бір қарап шықты. Бірақ конверттің іші бос екен; және онда да хаттағыдай сияқты — жіберушінің не аты, не мекенжайы көрсетілмепті. «Қызық екен», — деп ойлады ол хатты қайтадан қолына ала беріп. «Мені ешқашан білмеген жан, саған», — деп, таңырқай оқыды ол бастапқы, өзіне қаратылған өтініш не тақырып екені белгісіз сөздерді...

Бұл кімге қатысты айтылды екен? Бұған ба әлде ойдан шығарылған кейіпкерге ме? Кенеттен қызығушылығы оянып кеткен ол хатты дереу оқи бастады.    

«Менің сәбиім кеше қайтыс болды — үш күн, үш түн бойы мен құйттай, бейкүнә өмірді сақтап қалу үшін арпалыстым; оның титімдей денесі күйіп-жанып жатқан қырық сағат бойы мен оның төсегінен қарыс адым ұзамай, қасында болдым. Мен оның оттай ыстық маңдайына мұз қойып, тырбаңдап жатқан титімдей қолдарын күні-түні уысымнан шығармадым. Үшінші күні кешке қарай әлім құрып, қалжырай бастадым. Көзім еркімнен тыс, өздігінен жұмыла берді. Тақтай орындықта отырып, үш, бәлкім, төрт сағаттай ұйықтаппын, ал сол кезде оны ажал келіп алып кетіпті. Енді, міне, сүп-сүйкімді, байғұс балам, өзінің тар төсегінде, мен көзімді ашқан кезде көрген қалпында жатыр; жаңа ғана келіп, оның көзін жапты — оның ақылды, қоңырқай көздерін жауып, қолдарын ақ көйлектің үстінен айқастырып қойды; төсектің төрт жағында, биікке қойылған төрт балауыз шам жанып тұр...

Мен ол жаққа қарауға да қорқамын, тіпті орнымнан қозғалуға да қорқып отырмын, өйткені, балауыздың жалыны лыпыл қаққан сайын көлеңкесі оның бетіне, жымқырылған ерніне түсіп, бет-әлпетінде әлдебір қимыл-қозғалыс пайда болғандай болады да... мен оның өлмегеніне, тап қазір оянып, маған өзінің былдырлаған бал тілімен жүрегімді елжіретер әлдебір сөздерді айтатынына сенуге бармын. Бірақ мен оның өлгенін білемін, өзімді босқа үміттендіріп, өзегімді өкініш өртемеуі үшін... оған қарағым келмейді. Иә, білем, баламның кеше өліп қалғанын білемін — енді мен үшін бұл жалғанда өмірді ойынға айналдырып, алаңсыз күн кешкен, тіпті менің бар-жоғымды да білмейтін сен ғана барсың. Сен ғана, мені ешқашан білмеген және өзім  өмір бойы сүйген жан, сен ғана...

Мен бесінші балауызды жағып, оны саған хат жазып отырған үстелімнің үстіне қойдым. Өліп  қалған баламды жалғыз күзетіп отырып, жүрегімді құрсаулаған қайғы-мұңнан қалайша зар илемеймін; және осынау қорқынышты сәтте сенен басқа кіммен сөйлесем, себебі мен үшін қазір де сен қашанғыдай өмірімнің мәні емессің бе! Бәлкім, мен сенімен анықтап сөйлесе алмайтын да шығармын, мүмкін сен мені түсінбессің де — ойым шатасып, шекем солқылдап, тұла бойым сырқырап барады. Ыстығым көтерілген сияқты; бәлкім, мен де мысықтабандап, үйден үйге тарап жатқан тұмауға шалдыққан шығармын, онда, тіпті жақсы болар еді, өйткені мен балама барар едім де бәрі де оңай шешілер еді. Кейде көзім қарауытып кетеді, бәлкім, бұл хатты тіпті аяқтай да алмаспын, бірақ, сенімен, мені ешқашан танымаған сүйіктім, тым болмаса бір рет, жалғыз ғана рет сөйлесу үшін  бойымдағы бар күшімді жинаймын.

Өзіңмен ғана сөйлескім келеді, алғаш рет саған бәрін де ақтарып салғым келеді; сонда өмір бойы тек сендік болсам да, өзің ешқашан білмеген менің бүкіл өмірімді танып, білесің. Бірақ сен менің құпиямды — маған жауап беруге мәжбүр болмауың үшін — мына денемді біресе қалшылдатып, мұздатып, біресе күйдіріп-жандырып бара жатқан безгек шындығында да түбіме жетіп, өлсем ғана біле аласың. Егер де тірі қалатын болсам, мен бұл хатты жыртып тастаймын да, тағы да, осы кезге дейінгідей, тіл қатпай, үнсіз өмір сүрем... Бірақ, егер ол сенің қолыңа тисе, онда саған өлген әйелдің өз өмірі туралы, ең алғашқы саналы сәтінен соңғы сағатына дейін саған тиесілі болған өмірі жайлы айтатынын біліп қой. Бұл сөздерімнен қорықпа, өлген әйел ештеңе де — өзіне деген сүю сезімін де, жан ашушылықты да, жұбатуды да талап етпейді. Сенен бір-ақ нәрсені — саған қарай сүйрелеп, жанымды қинаған азапты сезіміме сенуіңді тілеймін. Жазғанымның барлығына да илан, осыны ғана жалбарынып сұраймын: жалғыз баласынан ажал айырған сәтте ешкім де жалған сөйлемейді...    

 Мен саған өз өмірім, ақиқатында, сені танып-білген күні ғана басталған бүкіл өмірім туралы айтып беремін. Ол күнге дейінгі өмірім мен баяғыда-ақ жүрегімнен жұлып алып тастап, есіме түсіргім де келмейтін адамдарға толы, тозаң мен өрмекшінің торы басқан жертөле сияқты әлдебір көмескі әрі күңгірт еді. Сен пайда болған кезде он үш жаста болатынмын және де сенімен бір үйде, менің өмірімнің соңғы тынысы — осы хатты ұстап тұрған тап қазіргі үйіңде тұратынмын; тап сол сенің пәтеріңе қарама-қарсы есікте тұрдым. Біз, шенеуніктің қарапайым жесірі (ол ылғи да аза тұтып, қара киіммен жүретін) мен тыриған арық жасөспірім, сенің есіңде қалмаған да болармыз, өйткені біз тақыл-тұқыл тірліктен шықпай, елеусіз ғана күн кешетінбіз. Сен, бәлкім, біздің есімімізді естімеген де шығарсың, өйткені, біздің есігімізде аты-жөніміз жазылған тақтайша ілінбеген-тін және ешкім, ешқашан бізді іздеп келмейтін, тіпті ешкім бізді сұрамайтын да еді.

Бұның бәрі бұдан көп бұрын, он бес, он алты жыл бұрын болған-ды, сондықтан, әрине, ол сенің есіңде жоқ екені анық, сүйіктім; бірақ мен - о, мен әрбір ұсақ-түйек жайды қайта-қайта еске алам, өзің туралы алғаш рет естіген күн, алғаш рет көргенім, сол сәттер бүгін ғана басымнан өткендей көз алдымда. О, мен үшін тұтас бір әлемнің есігі айқара ашылғандай болса — оны қалай ұмыта алам! Бәрін де басынан бастап айтып беруге мұрсат бер, сүйіктім, маған ширек сағат уақытыңды қи да, сәл тағат тауып, өмір бойы өзіңді соншалықты төзіммен сүйген жанды тыңдашы.        

Сен біздің үйге көшіп келгенге дейін сенің есігіңнің ар жағында жағымсыз, қазымыр, ұрысқақ адамдар тұратын. Өздері кедей бола тұра, олар көршілерінің жоқ-жұтаң өміріне тыжырына қарайтын. Бізді де, өздерімен ешқандай ортақ ісіміз болуын қаламағандығымыздан, жек көруші еді. Отағасы ішкіш болатын және әйелін тоқпақтап, күн көрсетпейтін; біз ұдайы құлап жатқан орындықтар мен ыдыс-аяқтың гүрс-гүрс етіп қираған  дыбысынан түн ортасында шошып оянатынбыз; бірде шашы жалбыраған әйел үсті-басы қан-қан болып баспалдаққа жүгіріп шыққан-ды; маскүнем болса аузынан небір сұмдық сөздер борап, соңынан қуып келе жатты, бірақ тап осы кезде басқа пәтерлердің тұрғындары шығып, полиция шақыртамыз деп қорқытты.

Анам әуел бастан-ақ бұл жұпты айналып өтіп жүретін, маған да олардың балаларымен араласуға тыйым салған-ды, ал олар болса, соным үшін орайы келген кездің бәрінде менен кек алушы еді. Көшеге шықсам, артымнан небір ғайбат сөздерді айқайлайтын, тағы бірде жұмбаздалған қармен аяусыз атқылағандары сонша, бетімді осып кетіп, қан-қан болды. Бүкіл үйдің сол адамдарды жек көргендері сонша, бірде әлдебір жағдай болып, — ұрлық жасағаны үшін күйеуі түрмеге түсіп қалды-ау деймін, олар буыншақ-түйіншектерін алып, үйден шығулары керек болғанда, — біз бәріміз де «уһ» дедік. Екі-үш күн бойы жалға тапсыру туралы хабарландыру ілініп тұрды, сосын ол алып тасталып, пәтерді үй басқарушысы арқылы әлдебір жазушы — жалғызбасты, орнықты, байсалды мырза жалға алғаны туралы хабар тарады. Мен сонда алғаш рет сенің есіміңді естігенмін.

Тағы екі-үш күннен кейін сылақшылар мен әрлеушілер, ағаш шеберлері мен тұсқағаз жапсырушылар келіп, пәтерді оның бұрынғы тұрғындары қалдырған күл-қоқыстан тазарта бастады. Олар балғаларын тоқылдатып, сыпырып, тырналап, жуып жатқанда анам көршілердегі бассыздықтар әйтеуір бітетін болды-ау деп қуанып жүрді. Көшіп келіп жатқаныңда сені көре алмадым, барлық жұмысты қызметшің — жұрттың бәріне жоғарыдан төмен қарап, бар шаруаны іскерлікпен, айқай-шусыз басқарып жүрген орташа бойлы, орнықты, маңғаз, бурыл шашты камердинер өз бақылауында ұстады. Ол біздің бәрімізге де ұнап қалды, біріншіден, біз жақта камердинер деген сирек кездесетін құбылыс еді. Тағы бір себебі — оның қызметшілер дәрежесіне түсіп, олармен досжарлық әңгіме-дүкен құрмаса да, өзін жұрттың бәрімен барынша сыпайы ұстайтыны еді. Менің анама ол бірінші күннен бастап-ақ әйелге деген ерекше құрметпен бас иіп, тіпті кішкентай қыз — маған да жылыұшырай қарап, үлкен адамдай салмақпен көз салатын.

Сенің есіміңді ол қашанда ерекше ілтипатпен, тіпті пір тұта атайтын, содан да болар, бұнысы — қызметшінің өз мырзасына деген жай ғана адал берілгендігі емес екендігі бірден байқалатын. Оның әрдайым сенің қасыңда болып, қызмет ете алатынына қызыға әрі қызғана қарасам да, әлгіндей қасиеті үшін осынау қарт Иоганды мен қалай жақсы көрдім десейші!

Сүйіктім, мұның бәрін тәтпіштеп, ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай айтып отырғанымның себебі — өзіңнің мен сияқты қорғаншақ, жалтақ, момын баланың сана-сезімін әу бастан-ақ қалай билеп алғаныңды түсінсін дегенім ғой. Өміріме өзің енерден де бұрынырақ сенің айналаңда әлдебір ғажайып пен құпияның, байлықтың шұғылалы сәулесі шашырап, көз арбап тұрғандай-ды; біз, қиыр шеттегі кішкентай үйдің тұрғындары, сенің көшіп келуіңді асыға күттік.

Кішкентай, тар әлемде тұратын адамдардың бірдеңені білуге қаншалықты қызыққыш болатынын сен білмейсің ғой. Бірде, мектептен келе жатып, үйіміздің алдында жиһаз тиелген фургон тұрғанын көргенде менің саған деген қызығушылығым қалай лап ете қалғанын білсең! Ауыр заттардың көбін жүк тасушылар жоғарыға шығарып үлгіріпті, енді жекелеген, шағындау нәрселерді тасып жүр екен; мен соның бәрін көру үшін есіктің алдында аялдадым, өйткені сенің заттарыңның барлығы мені таң қалдырды: бұған  дейін мұндай заттарды көрген де емес едім — ол жерде үнді құдайларының мүсіндері, италиялық орындықтар, аса үлкен, ғажайып картиналар бар еді, ал содан соң, соншама көп әрі әдемі кітаптар пайда болғанда, мен тіпті өз көзіме өзім сенбедім. Оларды әуелі есіктің алдына қат-қаттап жинастырып, сосын сол жерде қызметші әрқайсысын аялай қолға алып, шаңын қағып шықты. Қызығушылықтан жарылардай болған мен барған сайын ұлғайып, өсіп бара жатқан кітап үйіндісін айналшықтап біраз жүрдім; қызметші мені қуалаған жоқ, бірақ ынталандырмады да, сондықтан мен теріден жасалған жұмсақ мұқабасын ұстап көргім келіп тұрса да, бір кітапқа қол ұшын тигізуге батпадым. Батылымның бар жеткені — кітаптардың аттарын қарау болды: бұл жерде французша, ағылшынша, ал кейбіреулері тіпті түсініксіз тілдерде жазылған кітаптар бар болып шықты. Мен оларды сағаттап қарап тұра беруге бар едім, әттең, анам мені үйге қайт деп шақырды.

Міне, содан кейін, сені білмей жатып, кешке дейін сен туралы ойлаумен болдым. Менің өзімде де қағаз мұқабасы тозып біткен он шақты арзанқол кітабым бар болатын, мен оларды өте жақсы көретінмін және үнемі қайта-қайта оқып жүретінмін. Енді, осынша тамаша кітапты оқып шыққан, сонша тіл білетін әрі асқан бай, әрі білімді адам қандай болады екен деген ой басымнан шықпай қойды. Маған ондай оқымысты қиял жетпестей ерекше жаратылған жан болуы керектей көрінді. Сөйтіп, ойша сенің портретіңді салуға тырыстым; қиялымда сені бізге жағрафиядан сабақ беретін мұғалімдей көзілдірік киген, ұзын ақ сақалды, бірақ одан гөрі мейірімдірек, сұлуырақ, жаны жұмсағырақ адам ретінде елестеттім. Неге екенін білмеймін, бірақ өзіңді қарт адам ретінде елестетсем де сенің сұлу болатыныңа сенімді едім. Сол түні, өзіңді білмей тұрып-ақ сені алғаш рет түсімде көрдім.

Келесі күні сен көшіп келдің, бірақ қаншама сығалап қарасам да жүзіңді дұрыстап көре алмадым, бұл менің бойымдағы қызығушылықты одан әрмен қоздырды. Әйтеуір, үшінші күн дегенде көргенімде сенің бала қиялымдағы «қарияның» бейнесіне мүлде ұқсамайтын басқа адам болып шыққаныңа айран-асыр қалғанымды-ай! Мен көзілдірікті, ақкөңіл қария туралы ойлап жүрсем, сен — тап бүгінгідей, ешқашан өзгермейтін, жылжып өткен жылдар еш белгісін қалдырмайтын қалпыңда жарқ ете қалдың! Үстіңе ақшыл-қоңыр түсті әсем спорт костюмін киген сен аяғыңды бозбаладай жеп-жеңіл басып, саты аралата секіре аттап, баспалдақпен көтеріліп келе жаттың. Қалпағың қолыңда екен, мен сенің жап-жас жүзің мен әдемі сарғыш шашыңнан көз ала алмай таңдана қарадым. Сенің соншалықты жас, көркем екендігің, сұңғақ бойың мен сымбаттылығың қатты әсер еткені сондай — мен тіпті қорқып кеттім, имандай шыным. Және сол алғашқы сәтте-ақ сенің бойыңдағы, мені де, басқаларды да ылғи таң қалдыратын мына жайды, — сенің екі түрлілігіңді: бір жағынан албырт, жеңілтек, ойындар мен оқиғаларға шым батуды ұнататын бозбала, солай болғанмен де, өз шығармашылығына талабы қатаң, парызына адал, оқымысты әрі білімдар адам екеніңді бірден сезінгенім ғажап емес пе? Сенің — жарқын, түрлі-түсті жағымен сыртқы әлемге қараған, ал басқа, қаракөлеңке жағын өзің ғана білетін екі түрлі тірлігіңді басқалар сияқты мен де дәл түсіндім; осы бір аса тереңге жасырылған қосарлы тірлігіңді, тұрмысыңның терең құпиясын, мен, саған ғашықтықтан басы айналған он үш жасар жасөспірім қыз, бір қарағаннан-ақ сезіндім.

Мен үшін, әлі сәбиліктен арыла қоймаған жан үшін, қандай ғажайып, қандай көз арбайтын жұмбақ болғаныңды енді түсінесің бе, сүйіктім?! Жұрт кітап жазатыны үшін, маған жат әлемдегі атағы үшін пір тұтатын адам, жап-жас, бозбаладай алаңсыз жиырма бес жасар жігіт болып шықты! Сол күннен бастап біздің үйде, менің қарабайыр балалық әлемімде сенен басқа ештеңенің мәні болмай қалғаны, мен өзімнің қайсарлығыммен, он үш жасар қыздың табандылығымен тек сен туралы, сенің өмірің туралы ойлағанымды айту қажет емес те шығар.

Сені әбден зерттедім, сенің әдеттеріңді, үйіңе келетін адамдарды зерттедім, мұның бәрі менің қызығушылығымды қанағаттандырмақ түгілі одан әрмен күшейте түсті, өйткені сенің қосарлы тірлігің келушілеріңнің әртүрлілігінен де айқын байқалатын. Өзің қатарлы жастар, дос-жар адамдар келетін, сен олармен қалжыңдасып, күліп отыратынсың; алба-жұлба киінген студенттер келетін; кейде автомобиль мінген әйелдер келетін; бірде опера театрының директоры, атақты дирижер келді, мен оны алыстан, дирижер таяқшасын ұстап тұрғанда көргенмін; әлі коммерциялық мектепке барып жүрген жап-жас бойжеткендер келетін, олар қысылып-қымтырылып, есіктен жылдам кіріп кетуге тырысушы еді, жалпы алғанда, келуші әйелдер көп, аса көп болатын. Мен бұған бас қатырмайтынмын, тіпті бірде таңертең, мектепке бара жатып, сенен қалың бетперде таққан әйелдің шығып кетіп бара жатқанын көргенде де аса мән берген жоқпын. Мен бар болғаны он үш жаста едім ғой, сондықтан сені аңдытып, ізіңді бақтырып қойған әуесқой қызығушылықтың сүйіспеншілік екенін білген де жоқ едім.

Бірақ өзіңе жан-тәніммен, мәңгілікке берілген күн мен сағатты өте жақсы білемін, сүйіктім. Мектепте бірге оқитын құрбымыз екеуміз біраз қыдырыстаған соң, қақпа алдында әрнені бір айтып, әңгімелесіп тұрғанбыз. Осы кезде автомобиль келіп тоқтап, ол жүрісін баяулатпай жатып, сен одан мені әлі күнге сүйіндіретін өзіңе тән ептілікпен жылдам секіріп түстің. Мен еркімнен тыс есікке ұмтылдым, ойым — оны алдыңнан айқара ашу еді, екеуміз сол жерде соқтығысып қала жаздадық. Сен маған шуақты, өзіңе арбаған сиқырлы көзқараспен қарадың да жылыұшырай жымидың — иә, тап солай, маған жылыұшырай жымиып, достық пейілді жұмсақ үнмен ақырын ғана: «Көп рахмет, фройлейн» дедің.

Бар болғаны осы ғана, сүйіктім; бірақ сол сәттен, өзіме шуақты, жылыұшырай көз салғаныңды сезінген сәттен бастап мен сендік болдым. Кейінірек, көп уақыт өтпей-ақ, мен осы бір аймалай, шақыра, арбай және сонымен бір мезгілде шешіндіре қарайтыныңды, туа бітті еліктірушінің көз салуын қасыңнан өткен әр әйелге, дүңгіршектегі әр сатушыға, алдыңнан есік ашқан әр қызметші әйелге сыйлайтыныңды білдім, - бұл көз салудың сенің еркіңнен тыс екенін және ешқандай сезімді білдірмейтінін, бар болғаны әйелдерге көзің түскенде көзқарасың өздігінен шуақты және елжіреуік бола қалатынын білдім. Бірақ менің, он үш жасар баланың мұнан хабары жоқ еді, — мені тура от шарпып өткендей болды. Елжіреген көзқарас маған ғана арналған деп ойладым, сол сәтте менің, бейкүнә жасөспірімнің бойында әйел табиғаты оянды және ол әйел мәңгілікке сендік болып қалды.

— Бұл кім? — деп сұрады құрбым. Мен оған бірден жауап бере алмадым. Тіпті өзімді күштеп те атыңды атай алмадым: бір сәтте сенің есімің мен үшін құдіретті мағынаға ие болып, құпияма айналды. — Жай, біздің үйде тұратындардың бірі, — деп ыңғайсыздана былдырладым. — Ал неге қызарып кеттің? — деп, құрбым балаларға тән қатыгездікпен мысқылдай күлді. Мені мазақтағаны аздай, құпиямды біліп қоя ма деген ойдан бетім ду ете түсті. Қысылғанымнан оған дөрекі мінез көрсетіп: — Ақымақ! — деп айқайлап жібердім. Ашуланғаным сондай — оны қылғындырып тастауға бар едім, ал ол одан әрмен мысқылдап, қарқылдай күлді; ақыры, ызадан әрі дәрменсіздіктен көзіме жас тұнып, одан теріс айналдым да жоғары жаққа жүгіріп шықтым.

Сол сәттен бастап мен сені сүйдім. Әйелдердің саған — өздерінің еркесіне, бұл сөздерді жиі айтқанын мен білемін. Бірақ, ешкім де сені сол кездегі мендей, бейнебір басыбайлы құлың сияқты адал беріліп, өзін-өзі ұмытып сүймегеніне илансаң екен; мен өмір бойы, қазірге дейін сол күйдемін, өйткені дүниеде баланың құпия махаббатымен, сондай адал да албырт, үркек те нәзік,  ешқашан да ештеңені талап етпейтін және, санадан тыс болса да, ересек әйелдің өз сезімінің жауапсыз болмауына қалайда қол жеткізгісі келіп ұмтылатын махаббатымен ештеңе де теңесе алмайды.

Тек ешкімі жоқ балалар ғана құштарлығын жан адамға білдірмей, өз бойында бүркей алады; басқалар өз сезімдерін құрбыларына ақтарып, сырларын айтып, жеңілдейді, — олар махаббат туралы жиі естіп, оқыған және оның барлық адамдардың маңдайына жазылғанын біледі. Олар махаббатты ойыншықтай көреді, алғаш шеккен темекісін көрсетіп, кеуде қағатын ұлдардай оны мақтану құралына айналдырады. Бірақ мен — менің шексіз сенетін ешкімім жоқ еді, ешкім маған жөн айтып, сақтандырмаған-тын, еш тәжірибесіз әрі аңқау едім; сондықтан өз тағдырыма құзға құлағандай құладым. Ішімдегі буырқанып қайнаған, қаулап өскен сезімнің бәрін, құштарлығымды, ойымды, ... барлығын тек саған, менің қиялымдағы кейіпкеріме бағыттайтынмын.

Әкем баяғыда көз жұмған, зейнетақымен күнін көріп, байғұс жесірдің күйін кешкен байғұс анаммен жақын емес едік, жеңілтек мектептес құрбылар маған ұнамайтын, өйткені олар мен үшін аса биік сезім, асқан зор құштарлық болып табылатын жайды жеңіл ойынға айналдыратын, — сондықтан да әдетте жаныма маза бермей, өзім қанша басып тастасам да бәрібір бас көтеретін сезімдерім саған қарай ұмтылатын болды. Мен үшін сен — саған қалай түсіндірсем екен? — бөлек-бөлек алғанда кез келген салыстыру тым тар, — сен мен үшін бәрі болдың, менің бүкіл өмірім болдың. Болған жайдың саған қаншалықты қатысы болса, мен үшін соншалықты мөлшерде ғана маңызы болатын, өмірімдегінің бәрі де сенімен байланысты болса ғана бір мәнге ие болатын.

Сен менің бүкіл өмірімді өзгерттің. Осы уақытқа дейін немқұрайлы, сабақ үлгірімі орташа ғана қыз — ойламаған жерден сыныптағы үздік оқушыға айналдым; мен жүздеген кітаптар оқыдым, түннің бір уағына дейін оқитынмын, өйткені, сенің кітаптарды жақсы көретініңді білдім ғой; сен музыканы да сүйеді деген болжаммен мен анамды таң қалдырып, кенеттен рояльда ойнауды үйренуге барымды салдым. Сенің көзіңе алқам-салқам киіммен түсіп қалмауым үшін көйлектерімді жиі тазалап, жамап-жасқайтын болдым. Анамның ескі көйлегінен тігілген алжапқышымдағы жамаудан қатты қысылатын едім. Егер ол жамауды байқап қалсаң, маған жирене қарар деген ойдан жаным шошитын. Сондықтан  баспалдақпен жүгіре шығарда кітап толы сөмкемді сол жақ бүйіріме қысып алсам да, сен ол жыртықты көріп қояды ма деген ойдан қан-сорпаға түсетінмін. Бірақ... менің қорқынышым неткен күлкілі еді десейші — өйткені сен ешқашан, ешқашан дерлік маған қарамайтын да едің ғой!

Сонда да: мен күнұзаққа сені күтумен, сыртыңнан бақылаумен болатынмын. Біздің есігімізде сенің есігіңді көретіндей кішкентай, жезбен жиектелген тесік болатын. Бұл тесік (құдай үшін, күле көрме, сүйіктім, мен тіпті бүгін, қазір де сол тесіктің қасында өткізген сағаттарым үшін ұялмаймын!) — менің бүкіл әлемге қарайтын терезем болатын; тастай суық кіреберіс бөлмеде, анам сезіп қалар ма екен деп қорықсам да, мен қолыма кітап ұстап ап, әр кешті тосқауылда өткізетінмін. Сол кездегі күйімді саз  аспабының нәзік ішектеріне, сенің жақындауың дірілдете түсетін ішектерге теңеуге болар еді.

Мен сені көзімнен таса етпеуші ем; қалт еткізбей, асқан ыждаһаттықпен сені аңдитынмын. Бірақ саған бұл — әр күніңді таусылмас төзіммен санап, өлшеп, барлық сапарларыңда бірге жүрсе де, естілмейтін жүрек соғысындай тықылмен миллион рет тықылдағанда бір рет көз жүгірте салатын қалта сағатыңның серіппесі қаншалықты керілетіні сияқты еш  байқалмайтын жай еді. Мен сен туралы бәрін де білетінмін, сенің барлық әдеттеріңді, галстуктарыңды, костюмдеріңді білетінмін; мен сенің таныстарыңның барлығын білетінмін және көп ұзамай-ақ оларды ажырата алатын болдым, мен оларды өзіме ұнайтындар және жек көретіндер деп бөлетінмін; он үш жастан он алты жасқа дейін бар есі-дертім сенде болды.

Ах, қаншама ақымақшылыққа бардым десеңші! Мен сенің қолың тиген есік тұтқасын сүйетінмін, үйіңе кіріп бара жатып лақтырып жіберген темекінің тұқылын теріп алушы ем және де ол сенің еріндерің тигені үшін-ақ мен үшін қасиетті болатын. Кешқұрым, сенің қай бөлмеңнің шамы жанып тұрғанын көру үшін,  әйтеуір үйде бар екеніңді сезіну үшін түрлі сылтау тауып, сан мәрте далаға жүгіріп шығатынмын. Ал сен болмаған кездерде, — Иоганн сенің сары шабаданыңды ұстап, баспалдақпен түсіп келе жатқанын көрген сайын жүрегім қорқыныштан қысылып кететін, — менің өмірім ұзақ апталар бойы тым-тырыс болып, бар мәнінен айрылатын. Ол күндері ішім пысып, болмайтын нәрсеге ашуланып, қабағымнан қар жауып, анам жылағаннан қызарып кеткен көздерімнен ішкі торығуымды байқап қоя ма деген қорқынышпен үй ішінде теңселіп жүретінмін.

Саған айтып отырғанымның бәрі де — баланың күлкілі істері екенін білемін. Олар үшін ұялғаным жөн болар ма еді, бірақ мен ұялмаймын, өйткені, менің саған деген сүйіспеншілігім ешқашан сондағы да бала жүректің алып ұшқан сезіміндей албырт та кәусар болған емес. Менің бет-жүзімді де дұрыс білмейтін едің, өйткені баспалдақта бетпе-бет келіп қалғанда, адамды өртеп жіберетіндей көзқарасыңнан ығып, назарымды төмен салған күйі қасыңнан зу ете түсетінмін. Үстін от шалған адам ғана суға қарай тап осылай жүгіретін шығар, — сонда да мен саған есі-дертім өзің боп күн кештірген сезімім туралы сағаттап, таңды таңға ұрып айтып бере алар едім; сен баяғыда-ақ ұмытып кеткен жылдардың әр сәтін көз алдыңа келтіріп, өміріңнің күнтізбесін жайып салар ем; бірақ сенің мазаңды алып, шаршатқым келмейді, қинағым келмейді. Тек бала шағымның ең қуанышты оқиғасы туралы ғана айтып берейін, өтінерім, мені мазақтап күле көрме, өйткені ол ешқандай мәні жоқ болса да, бала үшін — мен үшін — шексіз бақыт еді.

Бұл, бәлкім, жексенбі күндерінің бірінде болған-ды; сен сапарлап кеткенсің, сондықтан қызметшің өзі жаңа ғана қаққан ап-ауыр кілемдерді есіктен кіргізбек болып жатты. Қарияның күші жетпегені анық, біраз қиналды, сол кезде бойымды әлдебір батылдық билеп, қасына келдім де, «көмегім керек пе?» деп сұрадым. Ол таң қалды, бірақ көмегімнен бас тартқан жоқ, сөйтіп мен — шіркін, оны қандай сөзбен жеткізуді білсем ғой, демімді ішке тартып, жан-дүнием дірілдеп! — пәтеріңнің ішін — сенің әлеміңді, жазу үстеліңді, оның үстінде көгілдір хрусталь вазада тұрған гүлді, шкафтарың мен картиналарыңды, кітаптарыңды көрдім... Мен сенің өміріңе ұрлана көз салып қана үлгірдім, өйткені өзіңе адал Иоганн жақынырақ барып, үңіліп қарауға рұқсат етпес еді, әрине. Бірақ осы жүгірте көз тастауым арқылы тұрған үйіңнің тұтас ауанын бойыма сіңірдім және бұл менің өзің  туралы өңімдегі де, түсімдегі де шексіз қиялдарыма қанат бітірді.

Бұл оқиға, осы бір қас қағым сәт, менің балалық шағымның ең бақытты мезеті еді. Ол туралы мен саған, о, мені білмейтін жан, тым болмаса, қасыңда бір адамның ғұмыры өрттей лаулап жанып, өшіп бара жатқанын сезінуің үшін айтып бергім келген. Осы оқиға туралы, сосын басқа, бірінші оқиғадан кейін көп ұзамай-ақ болған тағы бір сұмдық оқиға туралы айтып бергім келген. Өзіңе айтқанымдай, сен үшін мен бәрін де ұмытқанмын, анамды да байқамайтынмын, ешкімге, ештеңеге де назар аудармайтынмын. Сөйтіп, бір қартаң мырзаның, анамның жамағайын туысы, Инсбруктан шыққан көпестің біздің үйге жиі келіп, біразға дейін отырып қалатынын аңдамай қалыппын. Мен бұған тіпті қуанатынмын, өйткені ол ара-тұра анамды театрға апарушы еді, ал мен ол кезде жападан жалғыз қалып, сен туралы қиялдарға беріле алатынмын, сені аңди алатынмын; ал мен үшін бұл — нағыз рахаттың өзі еді, жалғыз бақытым болатын.

Бірде анам әлдебір салтанатты кейіпке еніп, мені өз бөлмесіне шақырып алды да, бір маңызды әңгіме бар екенін айтты. Менің зәре-құтым қалмады, — ол күдіктеніп жүрген жоқ па екен, әлденені сезіп қойған жоқ па екен деген ойдан жүрегім тарсылдай жөнелді. Ойыма алғаш келгені сен туралы, өзімді әлеммен байланыстырып тұрған құпиям туралы ой еді. Бірақ анам өзі қысылып, қызараңдап тұрғандай; ол мені диванға ертіп апарып, қасына отырғызды да, бауырына басып, қайта-қайта өбектеп сүйіп (бұрын ешқашан олай етпейтін), әйелі қайтыс болған жамағайыны ұсыныс жасағаны және өзі, ең бастысы, мен үшін оның ұсынысын қабылдауға бел буғаны туралы айта бастады. Менің жүрегім одан әрмен дүрсілдей жөнелді, анамның сөзіне мен бір ғана жайды — сен туралы ойлап тұрып, жауап қаттым: — Бірақ біз осында қаламыз ғой? — дедім мен тілім күрмеліп. — Жоқ, біз Инсбрукке көшеміз, онда Фердинандтың тамаша вилласы бар. — Бұдан әрі мен ештеңені естіген жоқпын. Көз алдым қарауытып кетті. Талып қалғанымды кейін білдім.

Анамның есік сыртында күтіп тұрған өгей әкеме менің кенет тәлтіректеп, қолым ербеңдеп, еденге құлап түскенімді сыбырлай айтып жатқанын естідім. Одан кейінгі күндері не болғанын, менің, қауқарсыз баланың, ересектердің билеп-төстеген шешіміне қарсы қалай күрескенім туралы айтып бере алмаспын. Тіпті қазір де, ол туралы жазғанымда қолым дірілдеп отыр. Мен өз құпиямды аша алмайтын едім, сондықтан да олар менің қарсыласуымды әшейін қырсықтық, асаулық ретінде қабылдасты. Бұдан кейін менімен ешкім сөйлеспеді де, бәрін де өз беттерінше кесіп, пішіп жатты. Көшуге дайындалу үшін мен мектепте болатын кездер пайдаланылды; күн сайын үйге келгенімде тағы бір заттың сатылғанын немесе әлдекімдер алып кеткенін көретінмін. Менің көз алдымда біздің пәтеріміз, ал онымен бірге менің өмірім де тас-талқан болып бұзылып жатты; солайша тағы бірде мен жиһазды орап-буушылар келіп, қалған нәрсенің бәрін де алып шыққанын көрдім. Қаңырап бос қалған бөлмелерде жөнелтуге дайындап қойған сандықтар мен анам екеумізге арналған екі жиналмалы керует қалды: біз бұл жерде тағы бір рет түнеп, ертесімен Инсбрукке кетуіміз керек болатын.

Осы соңғы күні мен өзіңнен қашықта өмір сүре алмайтынымды айқын сезіндім. Өзімді құтқаратын жалғыз сен деп ұқтым. Сол кезде басыма нелер келіп-кеткенін, осынау іштей арпалысып, жанұшырған жағдайымда ақылға салып ойлай алдым ба, жоқ па, мен оны ешқашан да біле алмаспын, бірақ аяқ астынан — тап сол кезде анам бір жаққа кете қалды — мен орнымнан атып тұрдым да, сол қалпыммен, үстімдегі мектепке киетін көйлекпен сенің үйіңе  бет алдым. Жоқ, мен жай ғана беттеген жоқ едім, әлдебір алапат күш мені есігіңе қарай дедектетіп ала жөнелді; қалш-қалш етіп, сіресіп қалған аяқтарымды әзер қозғап келе жаттым. Осы сәтте мен бәріне дайын едім — нені тілейтінімді өзім де нақты білмесем де, аяғыңа жығылып, мені қасыңда қалдыр, мейлі қызметші етіп, тіпті, күң етіп қалдыр деп жалбарынғым келген!

Он бес жасар қыздың бұлайша құлай берілуіне күлетін де шығарсың; бірақ, сүйіктім, егер менің тастай суық кіреберісте, қорқыныштан қаққан қазықтай мелшиіп тұрғанымды, сонда да болса, әлдебір алапат күшке бағынып, дір-дір еткен қолымды бейнебір денемнен бөліп алғандай әзер көтергенімді, ешқашан бітпестей болып көрінген ішкі арпалыстан кейін қоңырау түймешесін басуға өзімді көндіргенімді білсең, сен күлмес едің. Шар ете қалған қоңырау үні, одан кейінгі мүлгіген тыныштық — денем мұздап, жүрегім тоқтап қалғандай, тек қана келе жатқан сенің аяғыңның дыбысы естілер ме екен деп тың тыңдаған шалажансар қалпым әлі есімде.

Бірақ сен шыққан жоқсың. Ешкім де шыққан жоқ. Сірә, сен үйде болмаған шығарсың, ал Иоганн да әлдебір заттарды сатып алуға кеткен болар. Солайша, құлағымда қоңыраудың шар еткен дыбысы жаңғырығып, мен ілбіп кері қайттым, қаңырап бос тұрған пәтерімізге жеттім де, әлім құрып, әлдебір буылған жүктің үстіне құлай кеттім. Төрт аттам жерге барып-қайту бірнеше сағат бойы қарды оппылап жүруден бетер шаршатты. Бірақ, соның бәріне қарамастан, мені бұл жерден әкетпей тұрып, сені көру, өзіңмен сөйлесу туралы тілек барған сайын лаулап, өрши түсті. Ойымда басқа ештеңе де болған жоқ, ант етейін, сенен басқаны ойламағандықтан, мен әлі ештеңені де білмейтінмін; бар болғаны сені тағы да бір рет көріп, жақындығыңды сезінгім келген.

Түні бойы, осы бір ұзақ, қорқынышты түн бойы мен сені күтумен болдым, сүйіктім. Анам төсегіне жатып, ұйықтап кете салысымен мен кіреберіс бөлмеге зып беріп, сен келе жатқан жоқ па деп тың тыңдай бастадым. Түні бойы, қаңтардың аязы қарыған ұзақ түні бойы күттім. Денем дел-сал болып қатты шаршадым, тізе бүгетін орындық та жоқ еді; сондықтан мен, есіктің астынан жел улеп тұрған суық еденге жаттым. Бар болғаны жұп-жұқа көйлегіммен жерге жатқан мен әдейі көрпе де жамылмадым, өйткені көзім ілініп кетсе, келгеніңді білмей қалармын деп қорықтым. Қатты қиналып, аяғымды бауырыма алып, суықтан тұла бойым дірілдеп жаттым; қараңғы бұрыштың суықтығы сонша, сәл де болса жылыну үшін орнымнан қайта-қайта тұруға тура келді. Бірақ мен тағдырымды күткендей болып, сені күтуден бас тартпадым.

Ақыры, — бұл, шамамен түнгі екінің не үштің кезі болар, — мен төмендегі есіктің тарс етіп жабылғанын, сосын баспалдақпен асыға көтерілген аяқ дыбысын естідім. Тап сол сәтте мен жаурағанымды ұмытып, ыстықтап кеттім, сенің алдыңнан жүгіріп шығып, аяғыңа жығылу үшін есікті сәл ғана аштым... Ах, ақымақ басым, сонда мен не істер едім! Аяқ дыбыстары жақындай түсті, балауыз шамның жарығы көрінді. Дір-дір еткен мен есіктің тұтқасына жабысып қалғандаймын. Сен бе әлде басқа біреу ме?  Иә, бұл сен едің, сүйіктім, бірақ жалғыз емес едің. Құлағыма қыстыға шыққан күлкі, жібек көйлектің сусылы және сенің ақырын ғана күлгенің келді — сен үйіңе әлдебір әйелмен келе жатыр едің... Ол түннен қалай тірі қалғанымды білмеймін. Таңертең сағат сегізде мені Инсбрукке алып кетті; қарсыласуға әл-дәрменім қалған да жоқ еді.

Менің сәбиім кеше түнде қайтыс болды — егер әлі де тірі жүретін болсам, тағы да соқа басым қалады... Ертең қара киімді әлдебір адамдар келіп, өздерімен бірге табыт әкеліп, оған менің жалғызымды, байғұс балапанымды салады. Бәлкім достар келіп, гүлдестелер әкелер, бірақ, табыттың қасындағы гүлдің не мәні бар? Мені жұбатып, әлдебір сөздерді айтар, сөздер, сөздер, толып жатқан сөздер... олар менің жанымның жарасын жаза алар ма екен? Бәрібір жалғыз қалатынымды білемін. Адамдар арасындағы жалғыздықтан қорқынышты ештеңе жоқ қой. Мен мұны он алты жас пен он сегіз жасымның арасында Инсбрукте бейнебір тұтқында жүргендей, өз отбасымда ешкімге керек емес жан сияқты күн кешкен, өтпестей болған екі жылда түсінгенмін.

Өте сабырлы, көп сөзі жоқ өгей әкем маған жақсы қарайтын; анам менің алдымдағы абайсыз жасалған бір кінәсін жуып-шайғысы келгендей, барлық тілектерімді орындайтын; жас жігіттер менің көзіме түсуге тырысып, менің күле қарауыма зар болатын, бірақ мен асқан табандылықпен оларды елемей, ешқайсысын жолатпайтынмын. Сенен алыс жерде бақытты болғым келген жоқ, өміріме риза боп күн кешкім жоқ-ты. Мен өзін-өзі қинау мен жалғыздықтың түнерген әлеміне әдейі, еркіммен қамалдым. Сатып әперген жаңа көйлектерді кимейтінмін; концерттер мен театрларға барудан, серуенге шығудан бас тартатынмын. Мен тіпті үйден шықпайтын болдым — осынау өзім екі жыл тұрған шағын ғана қаланың он шақты көшесін ғана білетініме сенесің бе, сүйіктім? Мен қатты қайғырдым және қайғыра бергім келді, менің таусылмас қайғым — сені көрмеудің ащы запыраны әрбір тамшысымен өмірімді улай түсетінін еш елемедім. Және де мені бұл құштар күйімнен ешкімнің арылтпауын тіледім, сені ойлап қана күн кешкім келді.

Үйде бостан-бос, жападан жалғыз отырып, өзің туралы ұсақ-түйек естеліктерді, әрбір кездейсоқ кездесуді, әрбір сарғайып күткен кезімді мың рет елестетіп, іштей ойлаумен болатынмын; осы бір түкке тұрмайтын жағдайларды өз қиялымда қайта-қайта сахнадан көргендей айналдыратын едім. Және өткен сәттерді қайта-қайта еске алғаннан балалық шағым, сонау алыс жылдарда сезінген жайлардың бәрі де жадымда жатталып қалғаны сонша, қазір де олар күні кеше болғандай, жанымды толғандырады.         

Сол кезде өмірімнің бар мәні сен болдың. Сенің барлық кітаптарыңды сатып алатынмын; газетте атыңның аталуы мен үшін мереке еді. Кітаптарыңды қайталап оқи бергеннен оларды жатқа білетініме сенесің бе? Егер де мені түнде келіп оятып, әлдебір кездейсоқ жолдарды оқып берсе, оны мен қазір, он үш жыл өткенде де, мүдірмей әрі қарай жалғастырар едім; сенің әр сөзің мен үшін дұға сияқты қасиетті еді. Бүкіл әлем сенімен байланыста ғана елестейтін; Вена газеттерінен концерттер, премьералар туралы олардың қайсысы сені қызықтыруы мүмкін деген оймен ғана оқитынмын. Ал кеш түскенде өзіңді көріп отырғандай, әр қимылыңды бағып, көзіммен ұзатып салатынмын: міне, залға кірдің, міне, орныңа келіп жайғастың. Концертке келгеніңді бір-ақ рет көрсем де, бұл суретті көз алдыма мың рет елестеткен шығармын.

Жалғыздықтан жапа шеккен баланың іштей булығып, өзін-өзі аяусыз азаптаған сезімі туралы ешқашан ештеңені сезбек түгіл, бұл туралы ойына да кіріп-шықпаған адамға мұның бәрін айтудың қажеті не? Айтқандай, ол кезде мен әлі бала ма едім? Оны айтудың қажеті не? Мен он жетіге, он сегізге толдым, — көшеде кезіккен жас жігіттер маған көз сала бастады, бірақ бұл менің ашуымды келтіретін. Сенен басқа біреуге деген сүйіспеншілік немесе махаббат ойыны мен үшін еш мүмкін емес-ті, тіпті ондайды ойға алудың өзі сатқындық сияқты көрінетін. Саған деген құштарлығым өзгеріссіз қалды, бір өзгешелігі — балалық шақтан кейінгі сезім бұрынғыдан әлдеқайда жалынды, әйелге тән нәзік және шынайы сипатқа ие болды. Бойындағы көзсіз сезім жетегіне еріп, есігіңнің қоңырауын басқан қыз баланың қиялындағы нәрсе енді менің ойымдағы: өзімді сыйға тарту, саған берілу деген жалғыз тілекке айналды.

Айналамдағылар мені ұяң, момын деп санайтын, тіс жарып, сырымды ашпайтындығымнан  сыртымнан жабайы деп атайтын. Ал менің бойымды билеген нақты шешімім барған сайын беки түсіп, өршіп келе жатты. Барлық ойымның, талпынысымның бір-ақ мақсаты болды: Венаға, саған қайту. Және бұл ойым, мінез-құлқым қаншалықты ақыл-ойға сыймайтын әрі түсініксіз болса да мен бұған қол жеткіздім де. Өгей әкем ауқатты адам болатын және маған туған қызындай қарайтын еді. Бірақ мен қасарысып, өз күнімді өзім көруім керек деп қоймадым. Ақыры Венаға кетіп, бір туысымыздың көйлек сататын дүкеніне жұмысқа тұрдым.

Күздің тұман басқан кешінде әйтеуір Венаға келіп жеттім-ау! Менің адалдың алдымен қайда бет түзегенімді білесің бе? Шабадандарымды вокзалда қалдырып, трамвайға секіріп міндім де — ескі үйімізге қарай құстай ұштым. Маған ол тасбақа аяңмен келе жатқандай көрінді, тыпыршып, әр аялдамаға тоқтайтыны жынымды келтіріп, ақыры жетті-ау. Сенің терезелеріңдегі жарықты көргенімде жүрегім ән салып қоя берді. Мені соншалықты салқын қарсы алып, мазасыз даңғазасымен құлақ тұндырған қаланың өңі енді ғана жылығандай болды, асқақ арманым болған сенің жақындығыңды сезініп, кеудеме жан кіргендей. Бақыттан жайнаған жанарымды терезеңнен жарық себезгілеген жұқа әйнек қана бөліп тұрған кезде де өзімнің сен үшін таулар мен далалар, өзендер мен көлдердің ар жағындағыдай алыс та бөтен екендігім ойыма келген де жоқ-тын. Мен сол жерде тұрып, жоғарыға үздіге қарадым; онда шам жанып тұрды: ол — туған  үйім, сен, менің бүкіл әлемім еді. Бұл сәтті екі жыл бойы сарыла күткем-ді, міне, ол да туды. Мен ұзақ, жылы, мұнарлы кеш бойы, жарық сөнгенше сенің терезеңнің алдында тұрдым. Сосын барып өзіме тұрақ іздеуге кеттім.

Әр кеш сайын терезеңнің алдында ұзақ тұратынмын. Сағат алтыға дейін дүкендегі шаруалардан босамайтынмын; жұмыс қатты қалжырататын; бірақ осы бір тынымсыз қарбаласқа қуанатынмын; өйткені ол ішімдегі жан қинайтын алаңдаушылықты бір сәтке болса да ұмыттыратын еді. Дүкен терезесіндегі темір жақтаулар тарс жабыла салысымен сенің үйіңе қарай жүгіретінмін. Жалғыз тілегім — сені көру, кездесу; алыстан да болса жүзіңе көз салу болатын! Бір аптадай уақыт өтті, ақыры мен сені кездестірдім, қапияда, ойламаған жерден кездестірдім. Мен үйіңнің алдында терезеңе қарап тұр едім, тап осы кезде сен көшені кесіп өттің. Кенеттен мен қайтадан он үш жасар балаға айналып кеткендей болдым — қаным басым шапшып, маған көз салса екен деген аңсарлы тілегіме қарамастан, басымды салбыратып, қасыңнан зу етіп өте шықтым. Сосын өзімнің осылай қашқанымнан ұялдым, — мен енді оқушы емеспін ғой және өзіме не керек екенін жақсы білетінмін: мен сенімен кездесудің ретін іздеп жүрдім, осыншама ұзақ, ... сағынышпен өткен жылдардан кейін мені таныса екен, көзіне ілсе екен, сүйсе екен деп тілейтінмін.

Бірақ сенің көшеңде қыстың бораны мен Венаның сүйектен өтетін қара суық желіне қарамастан әр кеш сайын тұрсам да, мені ұзақ уақыт бойы байқамадың. Кейде мен сағаттап босқа тұратынмын, ал кейде сен үйіңнен достарыңмен бірге шығатынсың, екі рет қасыңда әйелдерді көрдім; міне, тап сонда енді өзімнің кішкентай қыз емес екенімді сездім, қасыңда емін-еркін келе жатқан бөтен әйелді көргенімде жүрегімді аямастай осып өткен бейтаныс сезімнен өзіңе деген сүйіспеншілігімдегі әлдебір жаңалықты, өзгерісті байқадым. Бұл мен үшін күтпеген жай емес еді: мен кішкентай кезімнен-ақ сенің қасыңда үнемі әйелдер болатынын білуші едім ғой, бірақ, дәл қазір бұл жай менің жанымды қатты ауыртты, содан да мен басқа әйелмен ап-айқын жақындығыңды байқатқан көрініске қинала қарап тұрдым. Бірде, — бала кезімдегідей қырсықтықпен әрі тәкаппарлықпен, бәлкім, мен қазір де сондай шығармын, — ашуландым да сенің үйің жаққа бармай қойдым; бірақ сол кештің қандай азапты болғанын еске алудың өзі ауыр! Келесі күні дегбірім қашып, терезеңнің алдына жеткенше асықтым. Сосын... мен үшін жабық өміріңнің алдында зая өткен ғұмырым сияқты, терезеңнің алдында  ұзақ тұрып... ұзақ күттім.

Ақыры, сен мені байқайтын да күн туды. Мен сені алыстан көзім шалып, бұл жолы бетпе-бет кездесуден сытылып кетпеу үшін бар күш-жігерімді жидым. Сол кезде көшеде әлдебір арбадан жүк түсіріліп жатқан, сондықтан да сенің тап менің қасымнан өтуіңе тура келді. Сен маған селсоқ көз тастадың, бірақ менің қадалып қарап тұрғанымды байқаған сәтте бет әлпетің өзгеріп — о, мұны еске алу қандай қиын! — бір кездері мені, баланы, ғашық әйелге айналдырған әйел затына  еліттіре, елжірей, сонымен бір мезгілде көзіңмен шешіндіре қарайтын көзқарас пайда болды. Бұл көзқарас мені бірер секундқа тұрған орнымда шегелеп тастағандай — мен көзімді ала алмай қалдым, алғым да келмеді, — міне, сен қасымнан өтіп те кеттің... Жүрегім аузымнан шығардай дүрсілдеп, жүрісімді еріксіз баяулаттым да, еріксіз бұрылып қарадым: сен тоқтап, менің соңымнан қарап тұр едің. Маған соншама ұмсынып, қызыға қарауыңнан мені танымағаныңды түсіндім.

Мені сонда да, кейін де таныған жоқсың; сен мені ешқашан танымайтынсың. Сол сәттегі жан дүниемнің құлазуын қалай жеткізсем екен, сүйіктім? Өйткені тағдырымның маңдайыма не жазғанын: мені ешқашан, демім біткенше танымай өтетініңді алғаш рет тап сонда сезіндім ғой. Көңілімнің құлазып, өмірден түңіліп кеткенімді қалай жеткізсем екен! Білесің бе, Инсбрукте, болашақта Венада кездесетініміз жайлы ойлаумен өткен екі жылда, көңіл-күйіме қарай нешетүрлі: біресе қуанышты, біресе ренішті жағдайларды елестетінмін. Ойша бәрін де бастан кешкенмін: көңіл күйім жоқ кезде мүсәпірлігім, өңсіздігім, өзіңе жабысып қоймағаным үшін мені жирене итеріп тастайтыныңды ойлап жүрегім сыздайтын.

Маған деген суықтығың, жақтырмауың, немқұрайлығыңнан көрген  барлық азапты ойша бастан кешірдім, бірақ өзіңнің махаббатыңа лайық емес екенімді қатты сезінетін сол бір торыққан сәттерде де, өзім үшін өліммен тең — менің бар екенімді мүлде байқаған жоқсың деген ой миыма кіріп-шыққан емес. Енді мен, — о, сен мені түсінуге үйреттің ғой! — ер адам үшін қыздың, әйелдің бет-жүзі, көп ретте бар болғаны бірде құмарлықты, бірде балалық тәлпіштікті, бірде қажуды көрсететін айна сияқты қаншалықты өзгермелі екенін, айнадағы бейне сияқты біресе айқын көрініп, біресе жоғалып кететінін енді түсінемін ғой; сондықтан да өткен жылдар әйел жүзінің әрін тайдырып, киім киісін өзгерткенде, ер адамның оны тануы қиын.

Тағдырына мойынсұнғандар ғана — шын дана жандар. Бірақ ол кезде мен тым жас едім, сондықтан сенің ұмытшақтығың ақылға сыймайтындай көрінетін. Оның үстіне өзіңді үздіксіз ойлағандықтан, сен де мені жиі еске аласың әрі күтіп жүрсің деп дәмеленіп, соған иланатынмын; егер мені бір сәт те есіңе алмайтыныңды, сен үшін ешкім емес екенімді білер болсам, қалай өмір сүрер едім! Сондықтан мен туралы ештеңе есіңе түспегенін, екеуміздің өмірімізді жалғайтын болар-болмас, үп етсе үзілердей нәзік естеліктің де жоқ екенін көрсеткен бұл көзқарасың — алғашқы соққы, тағдырымның алғашқы қатыгез хабаршысы еді.

Ол жолы мені танымадың. Екі күннен кейін тағы да кездескен кезде көзтаныс адамдай қарағаныңда, бәрібір мені, өзіңді сүйген жанды, таныған жоқсың, бар болғаны осыдан екі күн бұрын, тап осы жерде кездескен әп-әдемі он сегіз жасар қызды таныдың. Сен әдемі жымиып, маған жылыұшырай әрі таңдана қарадың. Тап сол жолғыдай қасымнан өтіп бара жатып, сәл кідірдің, — мен дір-дір етіп, жаным рахатқа бөленіп, сен маған тіл қатса екен деп жалбарынып тұрдым. Алғаш рет сен үшін кеудесінде жаны бар адам екенімді ұқтым; сенен қашпай, жүрісімді баяулаттым...

Кенеттен сенің маған еріп келе жатқаныңды сезіндім, артыма қайырылып қарамай-ақ қазір сүйкімді даусыңды еститінімді, алғаш рет маған тіл қататыныңды білдім. Соны күтіп, тұла бойым ұйып қалғандай шымырлады, ал жүрегімнің тарсылдағаны сондай, демімді алу үшін тоқтауға сәл қалдым, бірақ, бұл кезде сен мені қуып жеткен болатынсың. Бейнебір байырғы таныстардай, (ах, сен менің өмірім туралы ештеңе де білмейтін ең ғой) маған әдеттегідей көңілді қалпыңмен, оп-оңай тіл қаттың. Сен ешқашан да менің өмірім туралы ештеңе білмейтінсің! — адамды баурап алатын еркіндікпен тіл қатқаның сонша, мен тіпті жауап қатуға күш таптым. Осылайша бұрышқа дейін жеттік. Сосын сен кешкі асты бірге ішсек қайтеді деп сұрадың; мен «жарайды» дедім. Саған «жоқ» дей алар ма едім, сірә?

Екеуміз кешкі асты шағын мейрамханада іштік — оның қай жер екені есіңде ме? Ах, сен бұл кешті тап осындай басқа кештерден ажырата да алмайтын шығарсың... Өйтетіндей мен саған кім едім? Сансыз көп оқиғалар тізбегіндегі бір кездейсоқ буын ғана... Онда мені есіңе түсіретін не бар еді? Мен сөйлемедім десек те болады, — қасыңда отыру, даусыңды естудің өзі соншалықты зор бақыт еді. Осындай қымбат сәттен айырылып қалмау үшін сұрақ қоюға да, бір ауыз сөз айтуға да қорықтым.

Менің өзіңмен кездесем деген үмітімді ақтағаныңды, асқан әдептілік танытып, биязы қалпыңмен сөйлескеніңді, алғашқы минуттардан бастап емін-еркін, жаймашуақ әңгіме-дүкен құрғаныңды ризашылықпен еске аламын; егер де мен баяғыдан-ақ есі-дертіммен, тұрған бойыммен сендік болмаған болсам, осы бүгінгі қалпыңмен-ақ мені өзіңе баурап алған болар едің. Ах, иә, бес жыл бойғы үмітімді алдамай, менің қаншалықты ұлы арманымды жүзеге асырғаныңды сен білмейсің де ғой!

Біз дастарқан басынан тұрғанда күн кешкіріп қалған болатын. Мейрамханадан шығып келе жатқанымызда менен: «асығыс емессің бе?», «уақытың бар ма?» деп сұрадың. Өзіңнің соңыңнан еріп жүре беруге дайын екенімді жасыра алар ма едім! Уақытым бар дедім. Сонда сен бірер сәтке кібіртіктеп, әңгіме-дүкен құруға үйге кіресің бе деп сұрадың. — Әрине! — дедім мен ішкі сезім жетегімен. Дедім де асыға берілген жауабымның сені біртүрлі күйге қалдырғанын: ыңғайсыздандырғанын не қуантқанын білмедім, бірақ таң қалдырғанын байқадым.

Қазір мен сенің таңданысыңды түсінемін: әдетте, әйелдердің іштей қалап тұрса да, берілуге дайын екендігін жасыратынын, шошып кеткендей немесе ызаланғандай түр көрсететінін, сосын ғана, қиылған өтініштер мен ант-су ішулерден, үйіп-төккен уәделерден кейін ғана, келісетіндерін білемін. Мұндай ұсыныстарға махаббатты кәсіпке айналдырғандар, жезөкшелер ғана немесе өте жас, мүлде тәжірибесі жоқ қыздар ғана толық келісім беретінін мен білемін. Бірақ менің жауабым (бұған қалайша күмәндана алдың) — бар болғаны мың күндік мұңды күндерді бұзып-жарып шыққан сағыныштан түзіліп, сөзге айналған тілегім еді.

Қалай болған күнде де сен таң қалдың, маған деген қызығушылығың оянды. Маған ұрлана, таңдана қарап қойып отырғаныңды байқадым. Сенің ішкі сезімің, адамды тап басып танитын қасиетің осынау сүйкімді, аңғал қызда әлдебір жұмбақ бар екенін бірден сездірді.  Бойыңда қызығушылық оянды, әлденені білгің келген сақ сауалдарыңнан сан сұрақтың жауабын табуға тырысып отырғаныңды байқадым. Бірақ мен тіке жауап беруден жалтарып кеттім: өз құпиямды ашқанша саған ақымақ қыз болып көрінуді жөн санадым. Біз сенің үйіңе көтерілдік.

Кіреберіске қадам басып, баспалдақпен көтерілгендегі алабұртқан сезімімді түсіне алмайсың десем, сүйіктім, кешір мені; бұл ішпей мас еткен, булықтырған азабымен рахат сыйлаған бақыт еді. Мен қазір де оны көзіме жас алмай еске түсіре алмаймын, ал көз жасым құрғағалы қай заман! Бірақ өзің ойланып қарашы, ол жерде бәрі де менің ес-түссіз махаббатымды, бала күнімді, тұңғиық мұңымды еске салатын еді ғой: өзіңді сан рет күтіп отырған кіреберіс, аяғыңның дыбысын тыңдайтын баспалдақ, жан-тәніммен бір көруді аңсаған кезімде сыртыңнан аңдып қарайтын кішкентай «көзше»; есігіңнің алдында жатқан кішкентай кілемше — ол жерде мен жалбарына сыйынып, талай рет тізерлеп отырғанмын, құлыптың сырт-сырт етіп ашылатыны — ол дыбыс қанша рет орнымнан тұрғызып еді!

Балалық шағым, менің күйіп-жанған құштарлығым осынау тар кеңістікте ізін қалдырған; өмірімнің бәрі осы жерде бұғып отырғандай; енді міне, алай-дүлей соққан борандай үйіріп әкетіп барады: орындалды! Бар арманым орындалды — міне, мен сенің үйіңде, біздің үйімізде өзіңмен бірге келе жаттым! Ойлап көрші, бұл бір қарағанда еш мәні жоқ сияқты, бірақ  басқаша айта алмас едім, — мен үшін барлық өмір, сенің есігіңе дейінгі өмір — қарабайыр тірлік еді, ал оның ар жағында ертегі-өмір, Аладиннің патшалығы басталатын; Ойлап көрші, мен мың сан рет осы, жаңа ғана табалдырығын аттаған есікке мөлиіп, көзім байланып отырғанмын, сонда ғана сен осы қайталанбас сәттің мен үшін қаншалықты қымбат болғанын сезінесің; иә, сезінесің, тек ақыр аяғына дейін түсінбейсің, сүйіктім!

Мен сол күні түнеп қалдым. Тәніме саған дейін бір де бір еркектің қолының ұшы да тимегені сенің ойыңа кіріп те шыққан жоқ. Оны білуің де оңай емес еді, сүйіктім, — мен саған еш қарсыласқан жоқпын, өзіңе деген құпия махаббатымды сезіп қоймасын деп, бойымды қысқан ұятты да ысырып тастадым. Өйткені, сені үркітіп алмауым керек еді. Өйткені сенің жеңілтек, кездейсоқ, бүгін бар, ертең жоқ сезімдерді жақсы көретініңді білемін ғой. Сен басқалардың тағдырына араласуға қорқасың. Өзіңді бүкіл әлемге бөлшектеп таратып, өзің ешқандай құрбандықты қабыл алмайсың. Қазір мен: ең алғаш берілген адамым сенсің десем, жалынамын, басқаша ойлап қалма, жаным! Мен сені кінәламаймын, сен маған өтірік айтқан жоқсың, алдап-арбап, уысыңа түсірген жоқсың — өзім, мен өзім келдім саған! Тағдырымның дегенімен құшағыңа құладым.  Ешқашан, ешқашан да саған кінә артпаймын, керісінше өмір бойы риза болып өтемін — өйткені сол түнгідей рахатты бастан кешкен емеспін, тап сол түндегідей бақытты болған емеспін! Қараңғы түнде көзімді ашып, сенің қасымда жатқаныңды сезінгенімде, бақыттан қалықтап ұшып жүргендей, өзімнің жұлдызды аспанның астында жатпағаныма таң қалумен болдым. Жоқ, мен ешқашан ештеңеге өкінген емеспін, сүйіктім, осы түн бәрінің қарымын қайтарды. Қараңғы түнде сенің тынысыңды тыңдап, өзіңнің дәл қасымда жатқаныңды сезініп, бақыттан жылағаным есімде.

Таңертең кетуге асықтым. Дүкенге кешікпей баруым керек еді, сосын, қызметшің келмей тұрып кеткім келді, — оның мені көргенін қаламадым. Киініп, алдыңда тұрғанымда сен мені құшақтап, бетіме үңіліп ұзақ қарадың; жадыңда алыс, бұлдыр естеліктер жылт етті ме екен, әлде бақыттан бал-бұл жанған жүзім сонша сұлу болып көрінді ме екен? Сосын сен ерінімнен сүйдің. Мен сені әлсіз ғана итеріп, есікке бұрылдым. Сен: — Гүл алғың келмей ме? — деп сұрадың. — Мен: — Иә, — дедім. Сен жазу үстеліңде тұрған көгілдір хрусталь құмырадан (о, мен бұл құмыраны бала күнімде бөлмеңе кірген кезімнен бері білемін) төрт тал раушан гүлін шығарып, маған ұсындың. Мен одан кейін бірнеше күн бойы сол гүлдерді сүйіп жүрдім.

Біз тағы да кездесеміз деп келістік. Мен келдім. Тағы да ғажайып түнді бастан кештік. Сосын тағы бір, үшінші түнді сыйладың. Сосын жол жүруің керектігін айттың — мен бала кезімнен осындай саяхаттарыңды жек көретінмін! — және келген соң бірден хабар беретініңді айттың. Мен оны поштадан алатын болдым; атымды да айтқым келген жоқ, — құпиямды сақтағым келді. Сен қоштасарда маған тағы да раушан гүлдерін ұсындың.

Сосын екі ай бойы күн сайын хабар күттім... күту азабын, торығуымды несіне тізбектейін? Мен сені кінәламаймын, өзіңді осы әдеттегідей қалпыңда - күйіп-жанған әрі ұмытшақ, еліккіш әрі адалдықты сақтамайтын қалпыңда және бүгін де сол өзгермеген қалпыңда сүйемін. Сен баяғыда-ақ оралған болатынсың, оны мен терезеңнен төгілген жарыққа қарап білдім, бірақ сен маған келдім деп жазған жоқсың. Бүгінгі, соңғы сағатым соғыларда, өмірімнің бәрін арнаған сенен келген бір жапырақ қағаз да жоқ менде. Мен күттім, төзімімді сарқа күттім. Бірақ сен шақырмадың... бір ауыз сөз жазбадың...

Менің балам кеше көз жұмды — бұл сенің де балаң болатын. Бұл сенің де балаң болатын, сүйіктім — сол үш түннің бірінде бойға біткен нәресте; мен мұны ант етіп айта аламын, өлім алдында тұрғанда адам өтірік айтпайтынын білесің. Бұл біздің баламыз еді, ант етемін, өйткені мен саған берілген сәттен бастап, бала дүниеге келгенге дейін маған бір де бір еркек қолының ұшын да тигізген жоқ. Сенің қолың тиген тәнім өзіме қастерлідей көрінетін. Мен үшін бүкіл әлем болған өзің мен өмірімде жылт етіп жоқ болатындардың арасында өзімді  қалай бөлшектер едім? Ол біздің баламыз еді, сүйіктім, менің түпсіз тұңғиық махаббатым мен сенің алаңсыз, есепсіз, тіпті есің кете  аймалап-өпкеніңнің жемісі, сәбиіміз, ұлымыз, жалғыз баламыз еді.

Бірақ сен менен мынаны сұрайтын шығарсың, сүйіктім, — бәлкім, үрейлене, бәлкім тек таңдана — осы жылдар бойы баламыз туралы ләм демей келіп, енді ғана, ол мәңгілік ұйқыға кетіп, мына қараңғы бөлмеде жатқанда, енді қайтып келмеске кетерінде ғана неге айтып отырғанымды сұрайтын шығарсың. Ал мен оны қалай айтар едім? Сен маған, айтқаныңа еріп, еш қарсылықсыз берілген, үш түндік ермегің болған бейтаныс әйелге, еш сенбес едің; кездейсоқ кездесудің бейтаныс қатысушысы болған мына менің өзіңе, көбелек сезімді адам-ау, саған, адалдық сақтағаныма еш сенбес едің, содан бұл баланың өзіңдікі екенін мойындасаң да, көңіліңде күмән қалар еді...

Ешқашан, тіпті менің сөзім шынайы болып көрінсе де, көңіл түкпіріндегі, өзің сияқты бақуатты адамға бөтен біреудің баласын бақтырып қойғаным туралы жымысқы ойдан арыла алмас едің! Маған сезіктене қарап, арамызда сырт көзге білінбейтін, әлдебір ... бұлыңғыр сенбеушілік орнығар еді. Сосын... мен сені жақсы білетін едім ғой; тіпті сені өзіңнен де жақсы білетін шығармын, сондықтан да, алаңсыз, жеңіл қатынастарға бейім, махаббаттан тек ойынды іздейтін саған кенеттен әке болу, біреудің тағдыры үшін жауапты болу оңайға соқпайтынын түсіндім.. Бостандыққа үйренген басың маған байланғандай сезінер едің. Сосын... өзіңді байлап қойғаным үшін еркіңнен тыс мені жек көріп кетер едің. Бір сағатқа ма, бірнеше минутқа ма, сенің мойныңа ілінген қамыттай болар ем, сөйтіп, жиреніш туғызар едім, — ал мен өзімдік өр сезіммен, сенің мен туралы өмір бойы алаңсыз, сүйіспеншілікпен ойлағаныңды қаладым. Мойныңа масыл болғанша, бәрін өзім көтеруді артық көрдім, өзіңе іңкәр болған әйелдердің ішінде сен сүйіспеншілікпен әрі ризашылықпен еске алатын жалғыз жан болғым келді. Бірақ, өкініштісі сол, сен ешқашан мен туралы ойлаған емессің, әшейін ұмытып кеттің.

Жо-жоқ, мен сені мүлде кінәламаймын, сүйіктім! Жазбамнан ащы запыран өкініштің ізін байқасаң, кешір мені. Менің демсіз сәбиім, біздің сәбиіміз қасымда, лыпылдап жанған балауыз отының астында жатыр; мен Құдайға жұдырығымды түйіп, оны қанішер деп қарғадым, ақыл-ойымнан адаса бастадым. Наламды кеш менің, шағынғанымды кеш! Сенің мейірімді, қайырымды жан екеніңді білемін ғой, кез келген адамға қол ұшын беруге дайын екеніңді, тіпті, өтініш еткен бейтаныс адамдарға көмектесетініңді білемін. Бірақ сенің мейірімділігің өзгеше, ол баршаға арналған, және кез келген адам одан қолына сыйғанынша алуға ерікті; ол — шексіз, ұлан-ғайыр, бірақ, кешір мені, ол жалқау, ол қайта-қайта ескерткенді, өтінгенді күтеді. Өйткені сен қуана көмектескің келетіндіктен емес, шақырғанда, өтінгенде көмектесесің, ұялғаныңнан, әлсіздігіңнен көмектесесің. Сен — мұны ашық айтуыма рұқсат ет — кедейшілікке, қайғыға тап болған адамды өзің сияқты бақытты жандардан артық деп ойламайсың. Ал өзің сияқты адамдардан, тіпті олардың ең мейірімдісінен бірдеңе сұрау өте қиын.

Бірде, бала кезімде, «көзшеден» сығалап тұрып, сенің есігіңді қаққан қайыршыға садақа бергеніңді көрдім. Ол аузын ашпай жатып оған ақша бердің және көп ақша бердің, бірақ мұны, бейне бір ол тезірек кетсе екен дегендей асығып-үсігіп істедің; маған сен біртүрлі оның көзіне қараудан қорқатындай көріндің... Сол бір асығып-үсігіп, қайыршыдан қысылып, ризашылығын тыңдауға да басыңды ала қаша жасаған көмегің көз алдымда қалып қойды.

Саған ешқашан ештеңе айтпауымның себебі, міне, осында. Әрине, айтсам, ол бала өзіңдікі екендігіне сенімді болмасаң да сенің маған көмектесетініңді білдім, тіпті мені жұбатар едің, ақша берер едің, көп ақша берер ең... бірақ соның бәрін де іштей осы бір жағымсыз жайдан тезірек құтылсам деген тілекпен істер едің; тіпті, ол баланы туудың қажеті жоқ деп үгіттер едің деп те ойлаймын. Ал мен бәрінен бұрын осыдан қорықтым — өйткені, сен қаласаң, мен бәріне көнер едім, сенің сөзіңді ешқашан жерге тастай алмас едім.

Бірақ бұл бала мен үшін бәрі-тін, өйткені ол — сенің ұрпағың еді ғой, бірақ, мен жанымда қалдыра алмаған бақытты, сен маған мәңгілікке сыйлап (мен солай деп ойлап ем) бұл — менің тәнімде бүр жарған, менің өмірімнен ажырағысыз СЕН едің. Міне, әйтеуір,  саған қолым жетті, бойымда сенің өміріңнің бүрлеп келе жатқанын сезіндім, оны тамақтандырып, әлпештеп, сүйіп, рахатқа бөлене алатын болдым. Жаным осындай рахатты күтіп сарғайып еді. Міне, сондықтан да, сүйіктім, жүрегімнің астында сенің балаң жатқанына соншалықты бақытты едім — енді менен еш тайқып қашып кете алмас едің.

Сүйіктім, мен бірақ бақытты айларды ғана бастан кешкенім жоқ; бұл кездері адамдар тарапынан талай сұмдық пен азапты да көрдім. Маған оңай болған жоқ. Соңғы айларда дүкенге бара алмадым, өйткені туыстарым менің бойымдағы өзгерісті байқап, үйге хабарлар еді. Анамнан ақша сұрағым келген жоқ, сондықтан өзімдегі бірлі-жарым бағалы заттарды сатып күн көрдім. Босануға бір апта қалғанда кір жуушы әйел соңғы бірнеше кронымды ұрлап алып, менің босану панажайына жатуыма тура келді. Ол жерге аса мұқтаж, тақыр кедей, іздеуші-сұраушысы жоқ жандар ғана келетін, сенің балаң сол қайыршылық ұйығында дүниеге келді.

Панажай адам тұрғысыз болатын — бәрі де бөтен, ол жерде жатқан жалғызілікті жандар — біздер де бір-бірімізге жат едік әрі бір-бірімізді жек көрдік; бізді хлороформ мен қан сасыған, ыңырсу мен шыңғырудан құлақ тұнатын палатаға ортақ бақытсыздық, ортақ азап айдап әкелген-ді. Жас дәрігерлердің көрпемізді мысқылдай ашып, қорғансыз әйелдердің тәнін ғалымсымақ кейіппен түрткілеген арсыздығынан, күтуші әйелдердің тойымсыздығынан, жезөкшелер мен ауру адамдармен бірге болуға мәжбүрлігімнен зардап шеге отырып, мен қорғансыз адамның басына түсетін қорлауды, ұят пен кемсітуді солардай-ақ бастан кештім; о-о, ол жерде адамның қымсынып, ұялуын көзбен жеп, сөзбен жерге көме салады екен.

Сенің адам екеніңді білдіретін есімің жазылған тілдей қағаз ғана, ал керуетте жатқандар — зерттеу жүргізуге қойылған азапты тән дерсің; үйінде, өзін сүйетін, қамқор күйеуіне перзент сыйлайтын әйелдер жалғызілікті, қорғансыз әйелге зертхана үстелінде жатқандай болып бала туудың қаншалықты ауыр екенін білмейді! Тіпті қазір де, егер кітаптарда маған «тамұқ» деген сөз кездессе, мен ыңырсып, шыңғырып жатқан әйелдермен аузы-мұрнынан шыққанша толтырылған сасық бөлмені еріксіз еске аламын.

Мұны айтқаным үшін кешір мені. Бірақ мен мұны алғашқы және соңғы рет жасап отырмын; енді ешқашан да бұл жайды аузыма алмаймын. Мен он бір жыл бойы үндемегенмін, жақында мәңгілікке үнім өшеді; бірақ, тым болмаса бір рет өзіме мүмкіндік беріп, қазір демсіз жатқан баланың маған қаншалықты қиындықпен келіп, өмірімнің бар бақыты болғанын айтуым керек. Мен ол жайды баяғыда-ақ ұмытқанмын, баламның өскенін көріп, күлкісін естіп, қуанғанда ұмытқанмын; бірақ қазір, ол өлген кезде, азабым қайта басталды, сондықтан да бар даусыммен шыңғырып, айқайламай тұра алмаймын, тым құрығанда бір рет қайғымды жеңілдетуім керек қой.

Бірақ мен саған кінә артпаймын, тартқан азаптарымды  мән-мағынасыз еткен Құдайға ғана налам бар. Ант етемін, мен сені кінәламаймын, тіпті ашу қысқанда да саған қарсы шықпағанмын. Толғақ қысып, тәнімнің дал-дұлы шыққанда да, ауыр азаптан жанымды қоярға жер таппаған сәттерде де Құдайдың алдында сені айыпты еткен жоқпын; мен ол түндердің болғанына ешқашан өкінген емеспін; өзімнің саған деген сүйіспеншілігімді қарғаған емен! Сені сүйіп, кездескенімізге ризашылығымды айтумен өмір сүрдім. Егер де панажайдағы сұмдық сәттер қайталанатын болса және алдымда не күтіп тұрғанын білетін болсам да, мен осы қадамды тағы да жасар едім, сүйіктім менің! Мың рет солай жасар едім...

Біздің баламыз кеше қайтыс болды — сен оны ешқашан білген жоқсың. Ешқашан, тіпті кездейсоқ кездесуде де өзің өмір берген кішкентай періштенің жүзіне көзің түскен жоқ. Мен сенен ұзақ жасырынып жүрдім; байқаймын, балам болғандықтан сені әлдеқайда байсалды сезіммен сүйетіндеймін, әйтеуір, енді сезімім маған бұрынғыдай жан азабын тарттырмайтын. Өзімді ұлым мен екеуіңнің арасында бөлгім келген жоқ, сондықтан да мен өзімді, өмірі менен тыс өтіп жатқан бақытты ерке жан — саған емес, өзімді қажет ететін, өзім асырауым керек болған, құшағыма алып, құшып, сүйе алатын балама арнадым.

Осы, түп-тамырымен мендік болған екінші «сен» пайда болғалы бері саған ессіз ынтықтырған тағдырдың аяусыз билігінен босаған сияқтымын; тек анда-санда ғана үйіңнің жанына барып кететінмін. Және осы жылдар ішінде, сенің әр туған күніңе мен ақ раушан гүлдерін жіберетінмін. Тура біздің сезімге толы алғашқы түнімізден кейін сен сыйлаған гүлдердей. Осы он, он бір жылда тым болмаса бір рет ол гүлдерді кім жіберетінін өзіңнен сұрадың ба? Бәлкім, бір кездері өзің тап осындай раушан гүлін сыйлаған жанды есіңе алған шығарсың? Жауабың маған белгісіз және енді оны ешқашан да білмеспін. Жылына бір рет қана сол кездесуді еске алса екен дегеннен басқа тілек болған жоқ менде.

Біздің  байғұс баламызды сен білген жоқсың — оның бар екенін жасырып қалғаныма енді ғана  өкініп отырмын, өйткені сен оны жақсы көрер едің. Сен біздің байғұс баламызды білген жоқсың,  оның мені және бүкіл әлемді шуақты сәулеге толтырған ойлы, қоңыр көздерімен — сенің көздеріңмен! — күлімдей қарағанын көрген жоқсың. Ах, ол сондай көңілді, сүйкімді сәби болатын! Оның бойынан сенің пысықтығың, ұшқыр, албырт қиялың мен мұндалап тұратын. Сен өмірмен ойнайтындай, ол да сағаттап әлденемен беріле ойнайтын, сосын ұзақ уақыт бойы қабағын түйіп ап, кітаптарына шұқшиып отыратын. Ол күн өткен сайын сен сияқтанып бара жатты. Оның бойынан саған тән екіұдайылық — байсалдылық пен жеңілтектіктің қоспасы ап-анық байқала бастады, ол саған ұқсаған сайын менің оған деген сүйіспеншілігім де өрши түсті.

Ол өте жақсы оқыды, французша сөйлегенде аузы дамыл таппайтын, дәптерлері тап-тұйнақтай болатын, өзі де әп-әдемі еді, әсіресе, қара барқыт костюмін немесе теңізші күртешесін кигенде көз ала алмайтынмын! Қай жерде жүрсек те ол көзге түсуші еді, Градо жағажайында қыдырып жүргенде әйелдер тоқтап, оның ұзын, сарғыш шашынан сипайтын; Земмерингте шанамен сырғанап жүргенінде өткен-кеткеннің бәрі оған сүйсіне қарайтын. Ол сондай сүйкімді, мейірімді әрі жаны мейірімге толы нәзік бала еді. Өткен жылы ол Терезианум интернатына оқуға түсті, сондықтан, он сегізінші ғасырдағы паж балалардай нысанды киім киіп, қылышын асынып жүріп еді, — ал қазір оның үстінде жейде ғана бар, еріндері көгілжім тартып, қолдары кеудесіне қойылған күйі жатыр байғұс бала.

Бәлкім, сен менен баланы осындай байлыққа қалай бөледің, жоғары санаттағы адамдардың жеңіл, алаңсыз өмірінің барлық қуаныштарын қалай бере алдың деп сұрарсың? Сүйіктім менің, мен сенімен қара түнектің ішінен тілдесіп отырмын, сондықтан да ұялмаймын, саған оны да айтамын, тек сен шошып кетпе, сүйіктім, — мен өзімді сататынмын. Мен көше көбелегі, жезөкше болған жоқпын, бірақ мен өзімді сататынмын. Менің бай достарым, бай көңілдестерім болды; әуелі оларды мен іздегенмін, — сосын олар мені іздей бастады, өйткені мен — сен оны байқадың ба? — өте көрікті болатынмын. Өзім берілген адамдардың барлығы маған риза болатын, олар маған бауыр басып қалушы еді, бәрі де мені сүйетін, тек сен ғана мені сүймедің, сен ғана, сүйіктім!

Міне, шындықты айттым, қалай, мені жек көресің бе енді? Жоқ, сен мені жек көрмейтініңді білемін, менің неліктен бұлай істегенімді, сенің балаң үшін солай істегенімді түсінетініңді білемін. Сонау бір кезде, босану панажайында мен қайыршылықтың сұмдық бет-бейнесін көргенмін, кедей адамды таптап, қорлайтынын, мына өмірде оның құрбандыққа шалынған адам екенін ұққанмын. Сондықтан да сенің балаңның, пәк, ғажайып балапаныңның шыңыраудың түбінде, қарасирақтардың арасында, көшенің жабайылығы мен пасықтығын көріп өскенін қалаған жоқпын. Оның қаймыжықтай еріні дөрекі сөздер айтқанын, аппақ, нәзік тәніне кедейлердің түрпідей киімі тигенін қаламадым. Сенің балаңда бәрі де болуы керек — байлықтың, жер бетіндегі игіліктің бәрі болуы керек, ол сенің биігіңе көтеріліп, сенің өмір сүру деңгейіңе жетуге тиіс.           

Сондықтан, сондықтан ғана мен өзімді сататын болдым, сүйіктім. Мен үшін бұл құрбандыққа бару емес еді, өйткені, ар-намыс немесе масқара дейтіндердің мен үшін мәні қалған жоқ-ты; сен, менің тәнім тиесілі болуға тиіс жалғыз адам, сен мені сүймедің, қалғанының барлығы мен үшін бәрібір еді. Еркектердің аймалаулары, тіпті олардың шынайы сезімдері мені селт еткізбейтін. Өзімнің жауапсыз махаббатымды еске алып, кейбіреулерін шынайы құрметтеп, қатты аясам да, жүрегім толқымайтын.

Араласқан адамдарымның бәрі де маған құрметпен қарап, қолдарынан келген жақсылықтарын аямайтын, бетімнен қақпай еркелететін. Бір граф, қартаң тартқан жесір адам, мені туған қызындай жақсы көрді, тексіз баланы, сенің балаңды Терезианумға орналастыру үшін талай табалдырықты тоздырған да — сол. Ол менің өзіне тұрмысқа шығуымды үш, төрт рет сұрады, — мен қазір графиня атанып, Тиролдағы ғажайып сарайдың иесі болып отырар едім, баланың оны жан-тәнімен жақсы көретін әкесі, ал менің байсалды, бекзат, мейірімді күйеуім болып, еш алаңсыз күн кешер едім. «Жоқ» деуім оның жанына батса да, мен келісім бермедім. Бәлкім, мен қателескен де шығармын. Келіссем, тып-тыныш күн кешіп, құлыншағым құлдыраңдап қасымда жүрер ме еді, бірақ, мұны да саған айтпасыма болмас — мен байлаулы болғым келген жоқ, кез келген уақытта саған еріп кетердей еркін болғым келді. Көңілімнің түкпірінде сен мені шақырады, тым болмаса, бір сағатқа шақырады деген арманым бұғып жататын... Сондықтан, осы бір ықтимал бір сағат үшін, басым бос болып, шақырған сәтіңде келуім үшін, мен бәрінен бас тарттым. Балалықтан көзімді ашқаннан бергі барлық ғұмырымның сенің сондай қалауыңды күтумен өткенін айтсаңшы!

Және ол сәт туды да. Бірақ сен оны білмейсің, сондай сәт екенін сезген де жоқсың, сүйіктім! Сен мені бұл жолы да таныған жоқсың, — сен ешқашан, ешқашан да мені танымайтынсың! Мен сені бұрын да театрда, концерттерде, Пратерде, көшеде кездестіретін едім ғой — көрген сайын жүрегім дүрсілдеп, әлденені күтетінмін, бірақ сен маған қарамайтынсың: сырт кейпім қатты өзгерді ғой, жасөспірім қыз әйелге айналды; мені жұрт көрікті, келбетті десетін; үлде мен бүлдеге оранып, қошеметтеген табынушылардың ортасында жүретін әйелге қарап, алакөлеңке жатын бөлмеңде көрген ұяң қызды қайдан таныр едің! Кейде менің қасымда келе жатқан еркектердің біреуі сенімен иіліп амандасатын; сен де құрмет көрсетіп, маған көз тастайтынсың, бірақ бұл салқын көзқарас әдептіліктің, бір сәттік қызығушылықтың белгісі ғана еді; бұл мені білмейтін, бөтен, жат көзқарас болатын.

Әлі есімде, осы мені танымауың (ал мен оған үйрене де бастағанмын) жаныма аяусыз жара салған-ды... Бұл театрда болып еді, мен ложада өз досыммен, ал сен көрші ложада отырдың. Увертюра ойнап, жарық сөнді, сондықтан бетіңді көре алмадым, бірақ дәл қасымнан, тура баяғы түндегідей тынысыңды естіп отырдым. Міне, сен  қолыңды, нәзік, жұп-жұмсақ қолыңды біздің ложаларымызды бөліп тұрған барқыт бөгеуілге қойдың. Сол сол-ақ екен, бойымды осы бір бөтен, бірақ бір кездері өзімді аймалаған соншалықты сүйікті қолды сүйіп алғым келген тілек биледі. Музыка әуеніне елтіген мен осы буырқанған сезімге бой бермеу үшін өзімді әзер тежеп отырдым.

Бірінші актіден соң мен досымнан бұл жерден кетейік деп өтіндім. Қараңғы жерде — сенімен соншалық жақын және шексіз алыс күйде отыра алмадым.

Бірақ бір сәт туды, менің бәрі де шешіліп қойған өмірімде ол сәт тағы бір рет туды. Бұл осыдан бір жылдай бұрын, сенің туған күніңнің ертесіне болды. Бір қызығы мен күні бойы сені ойлап жүрдім, өйткені сенің туған күніңді ылғи мереке сияқты атап өтетінмін. Таңертең ерте тұрып, ақ раушан гүлдерін сатып алдым да, өзің ұмытып кеткен сәттерді еске алып, әдеттегідей, саған жібердім. Күндіз ұлыммен серуенге бардым, сосын оны Демельдің кондитер дүкеніне, ал кешке театрға апардым; мен оның да, жастайынан, ештеңені білмей-ақ, осы бір жұмбақ мереке күнін есте сақтауын қаладым. Ертеңіне кешке мен екі жылдан бері кездесіп тұратын сол кездегі досым — Брюннан келген жас фабрикантпен концертке бардым; ол мені қатты жақсы көретін, қамқорлық жасап, өзімді де, баламды да сый-сияпаттың астында қалдырса да, үйлену туралы ұсынысын қабыл алмағанымды түсінбей дал болатын; шынында ол құрметке лайық жан еді және оның шексіз адалдығына басқаша жауап берген жөн еді. Концертте біз таныстарымызды кездестіріп, бәріміз бірге Рингштрассе көшесіндегі мейрамханаға кешкі ас ішуге бардық. Әзіл-қалжың айтып отырып, мен Табарен би залына баруды ұсындым.

Әдетте, мұндай жерлерге шақырғанда мен бастартатынмын, өйткені ондағы ішіп алған адамдардың у-шуы, масаң қылжақтары жиіркендіретін, бірақ осы жолы әлдебір ақылға сыймайтын, құдыретті күш маған осындай ұсыныс айтқызып, оны баршасы қуана қолдады. Неге екенін білмеймін, алдымнан бір ғажайып күтіп тұрғандай, мені сол жақ тартты да тұрды. Менің бар қалауымды орындауға үйреніп қалған серіктерім сол бойда орындарынан тік көтеріліп, бәріміз Табаренге бардық. Онда ішкен шампаннан ба,  бойымды  бұрын ешқашан болмаған көңілділік биледі.

Мен үздіксіз шарап іше бердім, айтылып жатқан жеңілтек мағыналы өлеңдерге қосылдым — енді болмағанда, ортаға шығып би билер ме едім немесе залды басыма көтеріп күлер ме едім. Бірақ, жүрегімді мұздай леп немесе отты дем қарып өткендей кілт тоқтадым — мен сені көрдім: көрші үстелдің басында достарыңмен отырған сен маған сүйсіне, алып-ұшқан тілек толы көзқараспен, менің болмысымның ең тұңғиық қойнауына дейін өтіп, дірілдететін көзқараспен қарап отыр екенсің. Он жыл ішінде сен маған тағы да өзіңе ғана тән ақыл-еске бағынбайтын құштарлықпен қарап отырдың. Менің тұлабойым дірілдеп, қолымдағы бокалды түсіріп ала жаздадым. Қуанышыма қарай, біздің үстел басында отырғандардың ешқайсысы менің бұл күйімді байқаған жоқ. Ол күйім қарқылдаған күлкі мен гүрсілдеген музыкаға көміліп қалды.

Сен маған көз алмай қадалып, жанарыңның от-жалынымен өртеп бара жаттың. Ал мен болсам, сенің ақыры мені танығаныңды, әлде кезекті, жаңа бейтаныс әйел ретінде қарап отырғаныңды түсіне алмай, дал болдым. Бетім оттай жанып, достарымның сұрақтарына қалай болса солай жауап беріп отырдым. Өзіңнің көзқарасыңның мені толқытқанын байқамауың мүмкін емес еді. Басыңды сәл-пәл ғана изеп, сен маған вестибюльге шық деп белгі бердің. Сосын жұрттың бәріне әдейі естірте есеп айырысуды сұрадың да, достарыңмен қоштасып, мені күтетініңді көзқарасыңмен білдіріп, сыртқа шықтың. Мен жан дүниемді билеген толқынысты баса алмай, тұла бойым қалш-қалш етіп, айтарға сөз таба алмадым. Тап осы кезде ортаға шыққан бишілер жұбы өкшелерін үздіксіз тықылдатып, мерекелер сәніне айналған биді орындай бастады да, жұрттың назары соларға ауды. Сол сәтті пайдаланып, мен орнымнан тұрып, досыма «қазір келем» деп ескерттім де, сенің соңыңнан шықтым.     

Сен вестибюльде, киімілгіш бөлменің қасында мені тосып тұрдың; тақап келгенімде жүзің жайнап кетті. Күлімсірей, маған қарсы асыға адымдадың — сенің мені танымағаныңды ұқтым; өзің құмартқан әйелден сонау жасөспірімді де, бойжеткен қызды да көрмедің; сені маған ұмтылдырған тағы да бір жаңа, белгісіздікке қызыққандай қызығушылық еді... «Мен үшін бір сағат уақыт таба алар ма екенсіз?» — деп сұрадың сен. Сенімді, еркін сөйлеуіңнен сенің мені бір кешке сатып алуға болатын әйелдердің бірі ретінде қабылдап тұрғаныңды түсіндім. — Иә, — дедім мен, осыдан он жыл бұрын алакөлеңке көшеде ұяң қыз жаны дірілдеп айтқан бір ауыз сөзді қайталап. «Біз қашан көрісе аламыз?» — деп сұрадың сен. — «Қалаған уақытыңызда», — деп жауап бердім еш ұялмай. Сен маған, сонау кештегі, осындай асығыс жауабыммен айран-асыр еткен кездегідей, таңдана қарадың. — Қазір де бола ма? — деп, сәл батылсыздау сұрадың. — Иә, — дедім мен, — жүр, кеттік, — сөйттім де мантомды алу үшін киімілгіш бөлмеге беттедім.

Сонда ғана киім алатын нөміршенің досымда қалғаны есіме түсті. Қайта оралып, оны сұрау ұзынсонар түсіндіруді талап етер еді; бірақ сенімен бірге өткізетін бір сағатты, өзім қанша жыл армандаған бір сағатты құрбанға шалғым келмеді. Бір сәт те кідірместен, кешке киген көйлектің үстінен шәлімді жамыла салдым, сосын мантоны да, мені соншалық жақсы көріп, қамқорлық жасап жүрген адамды қаншалық ұятқа қалдырғанымды да ойламастан, тұманды түнге қадам бастым. О, мен бұл қадамымның қаншалықты ұятсыздық екенін, екі жыл бірге тұрып, асырап-бағып келе жатқан көңілдесінің әлдебіреудің жетегінде кеткені ер адам үшін аяусыз соққы боларын, ендігі тірлігімнің тас-талқаны шығатынын жақсы түсіндім, — бірақ, тағы да сенің ерніңнен бал татуға, сенің өліп-өшкен сөздеріңді естуге деген алып-ұшқан, аңсарлы тілекпен салыстырғанда, мен үшін достық дегеннің, тіпті, өмірдің өзінің құны жоқ еді... Мен сені солай сүйгенмін: енді, бәрі де өткенде, бәрі де құмға сіңгендей жоқ болғанда, саған мұны айта алам. Мен, егер де сен мені өлім-қалімде жатқанымда шақырсаң да, соңыңнан еруге күш табатын сияқтымын.

Кіреберісте экипаж тұр екен, біз сенің үйіңе бардық. Тағы да даусыңды естігенімнен, жақындығыңды сезінгенімнен алғашқы кездесуіміздегідей мас болып, бала күнімдегідей бақыттан басым айналды. Арада он жылдан астам уақыт өткенде тағы да баспалдақпен көтеріліп келе жаттым. Жо-жоқ, өзімнің сол сәттерде бәрін де екіұдай сезіммен: өткен шақта және осы шақта сезінгенімді айта алмаймын. Сенің бөлмең көп өзгермепті: тек бірнеше картина, кітаптар, аздап жаңа жиһаз қосылыпты, қалғанының бәрі де маған таныс еді! Ал жазу үстелінің үстінде раушан гүлдер — осынша жылда есіңе бір алмаған, тіпті қазір де, ол сенің қасыңда болып, өзің оны аймалап, құшып-сүйген кезіңде де танымаған қызды есіңе алсын деп, мен туған күніңнің қарсаңында жіберген гүлдерім салынған құмыра тұрды.  Бірақ, қалай дегенмен де, гүлімді сақтайтының, сенің айналаңда «менің» бір бөлшегім бар екенін, махаббатымның лебі қалықтап тұрғанын көру мен үшін қуаныш еді.             

Сен мені құшағыңа алдың. Тағы да... ұзақ түнге қасыңда қалдым. Бірақ бұл жерде де сен мені танымадың. Аймалауларыңнан тәнім балқып, бақытқа бөленгенімде... сен үшін сүйікті әйел мен сатып алған әйелдің арасында айырмашылық жоқ екенін көрдім. Сен тояттау үшін болмысыңдағы ысырапшылдықпен әйелге алаңсыз беріледі екенсің. Түнгі  мейрамханадан әкелген әйелге өзіңнің соншалық елжіреп, еркелеткенің, қас-қабағыма қарап, асқан мейірімділік әрі құрмет көрсете тұрып, екеуара рахатқа бөлену үшін еш қымсынбай, соншалық құштарлық танытуыңнан мен осыдан он жыл бұрынғыдай бақыттан басым айналып жатып, табиғатыңдағы өзіңе ғана тән екіұдайылығыңды: бір кезде мені, әлі балалықпен қоштаспаған өндірді мойындатқан махаббат ойынындағы асқан өнеріңді таныдым. Тап осындай, екеуара қатынастағы бір минуттың билігіне соншалық лапылдап жанып беріліп, өз жанының аса қастерлі тұңғиықтарын басқа жанға мырзалықпен ашатын, бірақ, кейіннен, осының бәрі де, өкінішке қарай, ақылға сыймастай ұмытшақтығының арқасында өшіп қалатын бір де бір адамды кездестірген емеспін.

Бірақ мен де сені ұмыттым. Сол жерде, қараңғы бөлмеде, сенің қасыңда мен кім едім? Ес-түссіз ғашық қыз ба, сенің балаңның анасы ма немесе мейрамханадан әкелген бөтен әйел ме едім? Ах, сол бір рахатты түнде бәрі де таныс, бұрын да бастан өткен байырғы жай, сонымен бірге сусаған шөліңді қандырардай жаңа еді! Мен сол түннің бітпеуін тілеп, жалбарынып жаттым.

Бірақ таң атты; біз кеш тұрдық, сосын сен өзіңмен бірге таңғы ас ішуге шақырдың. Біз көзге көрінбейтін қызметкерлер дайындаған шәйді ішіп отырып, әр нәрсені бір айтып, емін-еркін әңгімелесіп отырдық. Сен тағы да менімен жай ғана, шын пейілмен, ыңғайсыз сұрақтар қоймай, бірдеңелерді білуге ұмтылмай сөйлестің. Кім екенімді де, қайда тұратынымды да сұраған жоқсың; сен үшін мен кездейсоқ, еліттірер қызық оқиға; ауада түтіннің тез тарап кететіні сияқты, жадыңнан жылдам өшіріліп қалатын минуттық құмарлық иесі едім. Сен таяу арада Солтүстік Африкаға екі немесе үш айға созылатын саяхатқа шығатыныңды айттың; қорқыныштан менің тұла бойым дірілдеп кетті. Құлағымдағы «Бітті бәрі, бәрі өтті де ұмытылды!» деген ызың қуанышымды торығумен алмастырды. Сол жерде сенің аяғыңа жығылып: «Мені өзіңмен бірге ала кет! Сонша жыл өтті ғой! Мені қашан танисың?!» деп шыңғыра жылағым келді. Бірақ мен соншалықты ұяң, қорқақ, жасық, әрі құлай беріле сүйіп, саған бағынған жан едім! Содан да бар болғаны: «Өкінішті-ақ!» дедім. — Сен күлімсірей қарап:  «Сен, шынымен өкініп отырсың ба?» деп сұрадың.

Осы жерде мен кенет бойымды билеген сезімге беріліп шыдамай кеттім. Орнымнан тұрып, бетіңе көз алмай ұзақ қарадым. Сосын: — «Мен сүйген адам да ылғи осылай кететін» дедім. — Мен саған, сенің көзіңе тіке қарап тұрдым. «Қазір, қазір ол мені таниды!» Мен қорқыныш пен үміттен дір-дір етіп күтіп тұрдым. Бірақ сен күлімсіреп: — «Саяхаттардан қайтып оралады ғой» деп жұбаттың. — «Иә, — деп жауап бердім мен, — оралады, бірақ бәрін ұмытып оралады».

Бәлкім, мұны айтқанда менің дауыс ырғағымда әлдебір өзгешелік, ынтықтық болды ма, енді сен де орныңнан тұрып маған таңдана әрі мейірлене қарадың. Иығыма қолыңды салып: «Жақсы нәрсе ұмытылмайды, мен сені ұмытпаймын», — дедің де, менің бейнемді мәңгі жадыңда сақтағың келгендей, көзіңді көзіме қададың. Осы бір әлденені түрткілеп іздеп, менің бар болмысымды өзіне сіңіріп алатындай болған көзқарастың тұла бойымды көктей өтіп бара жатқанын сезгенімде, мен, әйтеуір көзіңді тұмшалаған тұман енді ыдырайтын болар деп ойлағанмын. «Ол мені таныды, ах, таныды мені!» Осы ойдан жаным шат-шадыман күй кешті.

Бірақ сен таныған жоқсың. Иә, сен мені таныған жоқсың және бұрын-соңды сен үшін мен тап қазіргідей бөтен болған емес едім, әйтпесе... әйтпесе, бірнеше минуттан кейінгі істегеніңді қалай істер едің? Сен мені сүйдің, сосын тағы да құшырлана сүйгенің сонша, босап кеткен шашымды қайтадан жөндеуіме тура келді. Сосын, айнаның алдында тұрып кенеттен... — мен сұмдық ойдан әрі ұяттан құлап қала жаздадым, — менің муфтама екі ірі қағазды білдірмей тыға салғаныңды көрдім. Шыңғырып жібермей өзімді қалай ұстағанымды, сені қалай жағыңнан салып жібермегенімді білмеймін, — сен осы түн үшін маған, өзіңді бала күнімнен сүйген маған, өз балаңның анасына ақша төлеп жаттың! Сен үшін мен бар болғаны Табареннен келген жезөкше ғана едім, одан басқа ешкім де емес! Сен маған ақша төледің! Мені ұмытып кеткенің аздай, сенің қорлауыңды көруім керек екен!

Мен жанталасып заттарымды жинай бастадым. Тек кетсем екен, тезірек кетсем дедім, — болған жай жанымды аяздай қарыды. Қалпағымды алдым, ол жазу үстелінде ақ раушангүл, менің раушангүлдерім салынған құмыраның қасында жатыр еді. Тап осы сәтте бойымда маған күш бермейтін аласапыран бір тілек бой көтерді: мен тағы бір талпыныс жасап көргім келді: — «Ақ раушангүліңнің біреуін маған бересің бе?» — «Әрине, берем», — деп жауап бердің де сол сәтте-ақ құмырадан гүлді суырып алдың. — «Бірақ, оны саған әйел... сені сүйетін әйел сыйлаған шығар?» «Мүмкін, — дедің сен, — білмеймін. Оны маған беріп жіберіпті және кім жібергенін білмеймін. Оларды сол үшін жақсы көрем». — Мен саған тесіле қарадым. — «Мүмкін, ол да сен ұмытқан әйелден шығар»!

Сен таңырқай қарадың. Мен көзімді алмай қарап тұрдым. Көзқарасым «Танысаңшы мені, танысайшы енді!» деп жан даусымен, жалына шырылдап тұрғандай еді. Бірақ сенің көзқарасыңда тек мейірім мен бейхабарлық қана бар еді. Сен мені тағы бір рет сүйдің. Бірақ таныған жоқсың.

Мен есікке қарай асыға адымдадым, өйткені жылауға шақ тұр едім, ал саған көз жасымды көрсетпеуім керек болды. Қатты жүгіргенім сонша, кіреберісте қызметшіңмен соқтығысып қала жаздадым. Ол жолдан ытқи секіріп шығып, алдымнан есік ашты, ал тап осы сәтте — сен естисің бе? — осы қас пен көздің арасындай қысқа сәтте менің жас толы жанарым қартқа түскенде, оның көзінде бір сәуле пайда болды: бала кезімнен бері көрмесе де, Иоганн мені таныды. Мен оның алдына тізерлей отыра кетіп, танығаны үшін қолынан сүйгім келді... Бірақ бар болғаны муфтадан мені масқаралаған ақшаны суырып алып, қарттың қолына тыға салдым. Ол дірілдеп, маған шошына қарады — осы сәтте ол, бәлкім, мен туралы сен өмір бойы білгеніңнен артық ой түйген болар. Барлық адамдар, бәрі, бәрі мені жақсы көретін, бәрі де мейіріммен қарайтын, тек сен ғана, жалғыз сен мені есіңде сақтамапсың, сен ғана мені бір де бір рет таныған жоқсың!

Менің баламның, біздің баламыздың демі үзілді, енді өмірде сенен басқа сүйерім жоқ. Бірақ мен үшін — мені ешқашан танымайтын, көрмей қасымнан өтіп кететін, тасты басқандай таптап кететін, мені ұдайы айырылысу мен мәңгілік күтуге мәжбүр ететін — сен кімсің? Бір рет мен сені, өмірі ұстатпайтын сені, балам арқылы ұстағандай болғанмын. Бірақ ол сенің балаң еді: ол қатыгездікпен мені тастап кетті де саяхаттауға аттанды, ол да мені ұмытты және енді қайтып келмейді.

Мен тағы да жалғызбын, қашанғыдай жалғызбын, менде ештеңе жоқ, сенен ештеңе қалған жоқ: бала да, сөздер де, бір жапырақ хат та, естелікке қалдырылған зат та; егер де сен менің есімімді естісең ол саған бейтаныс ат  болар еді. Сен үшін өлі болғандықтан, енді несіне өзіме өлім тілемеймін; сен менен кеткенде, маған неге кетпеске? Жоқ, сүйіктім, мен сені кінәлап отырған жоқпын, өз қайғымды қуаныштан нұрланған үйіңе аударғым келмейді. Қорықпа, енді сенің мазаңды алмаймын, кешіре гөр, балам өлген сәтте мен жанымды жегідей жеген жайды айтуым керек еді. Тек бір рет қана бәрін сарқа айтып, — сосын тағы да қара түнекке сіңіп, өмір бойы өзіңе тіл қатпағандай, үнсіз қалам.

Бірақ тірі кезімде сен сірә да менің аһ ұрған күрсінісімді, қиналып, ыңырсығанымды естімейсің,  тек өлген кезімде ғана осы өсиетті, өзіңді басқалардың бәрінен артық сүйген және сен ешқашан танымаған, өмір бойы күтіп, ақыры, сенің шақыруыңды ести алмаған әйелдің өсиетін аласың. Бәлкім, сен сонда мені шақырарсың, сонда мен алғаш рет саған деген адалдығымды бұзармын: себебі мен молада жатып сені ести алмаймын ғой. Мен саған, өзің маған ештеңе қалдырмағандай, портретімді де, ешқандай естелік зат та қалдырмаймын; сен мені ешқашан танымайтын боласың, ешқашан да. Өмірдегі тағдырым осындай болды ғой, өлімімде де солай болсын. Өмірімнің соңғы сәтінде... сені шақырмаймын, мен кетіп барам, ал сен менің атымды да, түрімді де білмейсің. Менің өлімім жеңіл болады, өйткені алыстан сен оны сезбейсің. Егер менің өліміме сенің жаның ауыратын болса, мен өле алмас едім.

Мен енді жаза алмаймын... басымды көтере алар емеспін... тұла бойым ұйып, сүйектерім қақсап, ыстығым көтеріліп бара жатыр... қазір менің сәл жатуыма тура келетін сияқты. Мүмкін, жақында бәрі де бітетін шығар, мүмкін тағдыр тым болмаса бір рет мені аяп, мен сәбиімді алып кеткенін көрмейтін шығармын... Мен енді жаза алмаймын... Қош, сүйіктім менің, қош бол, саған ризамын. Болған нәрсенің бәрі де жақсы болды, не болса да мен... соңғы демім біткенше саған риза боламын... Бойым жеңілдеп қалды — мен саған бәрін айттым, енді сен өзіңді қаншалықты сүйгенімді білесің, жоқ, тек қана сезесің, сонымен бірге, менің махаббатым сенің мойныңа жүк болып артылмайды. Менің  жоқ екенім с аған онша батпайды — мен үшін сол жұбаныш. Сенің тамаша, жарқын өміріңде ештеңе де өзгермейді... менің өлімім оған еш көлеңке түсірмейді... мен үшін сол жұбаныш, сүйіктім.

Бірақ... сенің туған күніңе ақ раушангүлдерді енді кім жіберетін болады? Кім? Ах, құмыра бос тұратын болды ғой, жылына бір рет желпіп өтетін менің өмірімнің самал желі — ол да тарайды енді! Сүйіктім, тыңдашы, өтінемін... бұл менің саған айтар алғашқы да, соңғы тілегім... оны орындашы: жыл сайын туған күніңде — бұл әркімнің өзін ойлайтын күні ғой, — раушангүл сатып ал да көгілдір құмыраға салып қойшы. Өтінемін. Солай етші, сүйіктім, басқалар өздеріне жақын адамдардың жаназасын шығаратыны сияқты, осыны жасашы. Мен енді Құдайға сенбеймін, жаназа шығарудың да керегі жоқ, мен тек саған сенемін, сені ғана сүйемін және ах, жылына бір рет қана... сенің ішкі дүниеңде өмір сүргім келеді... сенің жаныңда ешкімге білдірмей және естіртпей өмір сүргенім сияқты... Өтінемін, осыны орындашы, сүйіктім, бұл менің саған айтқан алғашқы өтінішім және ең соңғысы да осы... ризамын саған... сүйем сені, сүйемін... қош бол...

Ол қалтыраған қолымен хатты шетке ысырып қойды. Сосын ұзақ уақыт ойға шомып отырып қалды. Үзіп-жұлып әлдебір елестер еске түсті — көршінің баласы туралы, бойжеткен қыз туралы, түнгі мейрамханадағы әйел туралы бұлдыр естеліктер ойға оралды, бірақ естеліктер анық емес, су астында жатқан тастай бұлдырап елестеді. Көлеңкелер біресе жиналып, біресе ыдырап тарап жатты, бірақ жинақталып, бір бейне туындаған жоқ. Ойында бірдеңе тұрды, бірақ оның не екенін есіне түсіре алмады. Мұның бәрін ол жиі-жиі түсінде, қатты ұйықтап жатып, түсінде ғана көргендей көрінді.

Кенеттен көзі тап алдында жазу үстелінде тұрған көгілдір құмыраға түсті. Ол бос тұр еді. Ұзақ  жылдардан бері бірінші рет мұның туған күнінде бос тұр еді. Ол селк ете түсті; оған көзге көрінбейтін есік айқара ашылып, тып-тыныш бөлмесінде басқа әлемнің суық желі ұйытқып өткендей көрінді. Ол... өлімнің демін және ... мәңгілік махаббаттың демін сезінді; жан дүниесінде әлдеқандай түйсік көзі ашылып, ол бос қиялдай, алыстан, өлімсірей естілген құштарлыққа толы әуендей болып өтіп кеткен өмірі туралы ойлады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз