(хикаят)
Каспий теңізінің 1877 жылы құрастырылған лоциясында былай делінген: "Маңғыстаудан бастап, Атрекке дейінгі жағалаудың ешбір жерінде бұлақ суы атымен жоқ, тек Красноводск шығанағының солтүстік бөлігіндегі биікте жатқан Балкия бұлағы ғана болмаса. Егер ол күллі жағалаудағы бірден-бір бұлақ аталмаса, оны еске алудың да қажеті болмай қалар еді, өйткені бұл бұлақтың беретін суы тым аз мөлшерде".
Лоцияға карта қосақталған. Онда Қарабұғаз шығанағының орнында ақ таңлақ тұр.
Үлкен совет энциклопедиясында Қарабұғаз шөлдерінде су тек көктемде ғана алақандай саздақты табандарда қақ, шалшық түрінде болады деп айтылған. Көшпелілер соларға барып, малын суарады. Осынау как сулары тез құрғап қалады, сол себепті де көшпелілер малдарын солтүстікке қарай айдайды, Темірге жақын жерде шөптесін дала созылып жатады.
Ғалымдар Қарабұғаз қасынан табылған құдықтардың суы жөнінде өте сыпайы жазады: "Суы тұщылау", "тұзды", "дәмі жағымсыз" деп келеді де, ең соңында турасына көшіп, "сасық", "ішуге жарамайды" деп бір-ақ кеседі.
Ежелгі саяхатшылар сол маңайдағы балқашты, гүлстан жайлар туралы жазады. Шығыс елдерінің күллі тарихы сияқты, олардың хикаялары аңыз секілді, анық емес, бірақ оларда ақиқат шындықтың дәнегі болуға тиіс.
Ақырында Семенов-Тянь-Шаньский Каспий сыртыңдағы шөлдер туралы — суын жоғалтқан елдер ретінде сөз етеді.
Су болған. Шығанақ жағалауындағы тауларда шашырап жатқан көптеген өлі құдықтар бұның куәсі десе болғандай. Олардың түптерінде қазір жарылып кеткен саздан өзге ештеңе де жоқ.
Инженер Ронкин 1927 жылы Умчалл мүйісі жанынан бірнеше құрғап қалған шыңырау құдықтарды тапқан. Олардың қабырғалары теп-тегіс етіп қашалған тастармен шегенделген екен. Құдықтар қасында мал суаратын тас науалар жатыр екен. Оңтүстік жағалаудағы құдықтардың бірсыпырасы қазақтар мен иомудтар арасындағы соғыста көміліп тасталған.
"Қарабұғаз сүлфат" шығанаққа келген кезде су мүлде болмаған. Тек Солтүстік түбекшеден аздаған ауыз суы бар құдықтарды табады. Сол құдықтардағы тұщы су жұп-жұқа қаймақ тәрізденіп жатыр. Ондай құдықтардан суды асқан сақтықпен абайлап қана алатын. Оны сәл араластырсаң болды, қас қағымда тұзданып кетеді. Бекдаш маңындағы мұндай құдықтар тәулігіне жиырма бес мың шелек су беретін.
1931 жылдың өзінде бес жүз мың тонна сүлфат өндіріп, шығанақ жанынан ең бірінші шағын кент салған (тіпті асфальттанған тротуары бар) трестке және болашақ комбинатқа су керек. "Периодикалық минералдың" әлемдегі ең бай кені бар жерден суды тартып алған табиғаттың өрескел қатесін түзету қажет.
Су іздеу басталды. Әуелгі кезде бұл мүлде сенімсіз іс болып көрінді. Тіпті бұл араның карталарының өзінен қуаңшылық лебі еседі де, кісі шөлдей бастайды.
Көшпелілер сарықұмның қойнында әманда су барын кәміл біледі. Істің тетігі — құм астынан сол суды сыртқа шығаруда. Шөлден көзі қарауытып, өліп бара жатқан көшпелі жақын жердегі сары құмға жетуге ұмтылады, онда су әрқашанда тайыздан табыла қояды. Бірақ сазды шөл — ажалдың мекені. Онда ешқашанда емге су табылмайды.
Умчаллда сары құмдардың орасан зор кеңістіктері жатыр. Сол арадағы жетпіс метр тереңдіктен ылғалы тұщы құм табылған. Шығанақтың оңтүстік-шығыс жағындағы алпыс шақырымдай жерден, Үлкен Балхан таулары ішінен, тәулігіне жиырма бес мың текше метр ғажайып тұщы су беретін қайнарлар табылды. Ал комбинатқа тәулігіне сексен бес мың текшеметр су қажет. Үлкен Балқандар әлі зерттелмеген десе де болады. Онда су әлдеқайда кеп болуға тиіс. Сол тауларда, бұның үстіне шағын-шағын бөгеттер салу арқылы көктемгі жаңбыр суларын жинап, су қорын үш еседей молайтуға болады.
Керуенбасыдардың айтқанынан қағазға түскен көне қолжазбаларда шығанақтың солтүстік-шығыс мүйісіндегі Қарынжарық аңғарында жүз жиырма түйені бірден суаруға болатын бұлақтар жатқаны сөз болады. Со бір сай-жыралардан аса мол жерасты су көздерін табуға болатыны туралы деректер баршылық.
Өткен күндер болашақпен үндесіп-тілдесіп жатады. Қоңыраттан Ембіге баратын керуендерді бастаушылар өздерінің кейінгі жолдастары — керуенбасыларға бағыштаған жазбаларды қалдырған, сірә, сол ақ көңілді кісілер, керуендер әлі де мың жыл бойы жүреді деп ойласа керек. Қазір сол жазбаларды айырып оқу қолға алынды, ғылыми институттардың қызметкерлері, өзара күлісіп қойып, түйенің қанша су іше алатынын анықтауда, сол себепті де ежелгі су көздерінің қанша су бере алатыны есептелуде. Біздің химиктеріміз қарабұғаз мирабилитін қолдан сусыздандыру ісімен шұғылдануы барысында, қалдықтар ретіндегі заттардан алынатын дәмді тұщы су қоры комбинаттың да, сол сияқты шөлде өсіп жетілетін бірінші қаланың да суға деген мұқтаждығын едәуір дәрежеде азайтады деп есептейді. Сол қаланың бір орамы салынып та біткен, енді ол Қарабұғаз порт деп аталады.
Дегенмен де су аз еді. Ол болашақ Қарабұғаздың халқына жететін, бірақ комбинатқа жетпейтін. Сондықтан да қуатты тұшытқыштар құрылысы салу белгіленген еді. Бұл бәрінен де сенімдірек болмақшы.
Таяудан бері Ленинградта техникалық мақсатқа тұзы әлсіз теңіз суын пайдалану жұмысы басталған-ды. Тәжірибе сәтті жүріп жатқан. Егер ол табыспен аяқталса, онда тұшытқыштар қажет болмай қалады. Онда өндіріс үшін Каспий суы пайдаланылады, ал жарамды ауыз су молынан жетеді, оны жоғарыда айтылған бұлақтар беретін болады. Су проблемасына байланысты мамандар арасында талас-тартыс басталып кетті. Олардың азғана бөлегі Қарабұғаздың аты аталғаннан тыржиып шыға келеді. Сол мамандардың пікіріне жүгінсек, Қарабұғазда тек сүлфат өндіру ісі ғана жүргізілуге тиіс, оны өңдеу ісін Дағыстанға көшіру қажет. Қарабұғазда комбинат салуды ол мамандар бос қиял деп атайды. Су жоқ, жақын жерде отын жоқ, жасыл ағаш және жоқ, қайнаған ыстық — міне, осының бәрі оларға игерілуге келмейтін ауыртпалық болып елестейді. Сәті түскенде, енді қазір ондай мамандар аз.
Кәсіби сенбестіктерін ысырып тастаған мамандар, керісінше, аса қиын ауыртпалықтарды игеру, шөл-баябаннан суды, мұнай мен фосфоритті, көмірді тартып алу қажеттілігінің өзі комбинатты Қарабұғазда салудың пайдасына шешеді. Комбинат шөлге, оны өлімші халге жеткізетін соққы береді. Суды, мұнайды өндіру, көмір кенін игеру істері комбинат айналасында көгалды алқаптар жасауға жол ашады. Шөлге жоспарлы түрде шабуыл жасау осы арада басталады. Көгалды алқаптар көлемі артып, шөл шегіне береді, судан айырылып қалған өлке енді оны қуаң шөлден қайтарып алады. Ал, су молшылығы болса, күн шұғыласы құйылған осынау жерді ел естімеген дәрежеде гүлдендіруге қол жетеді.
Әзірше, гидрографтар Умчаллдың құмдарынан, Үлкен Балқан тауларынан, Қарын жарықтың аңғарлы сайларынан, Бекдаш өңірінен ежелгі құжаттардан су іздеп жанығып жатқан кездерде, нағыз суды Бакуден пароходтар түрімдеріне құйып жеткізуде.
Трест Каспий кемешілігінің екі жақсы пароходының түрюктерін су тасуға арнап, қайта жасады. Бірақ сарышаян оттан қалай қорықса, кемешілік те шығанақтан дәп солай қорқады, сол себепті де бұл пароходтарды басқа рейстерге жібереді, ал суды кәрәсін сасып тұратын "Фрунзе" мен "Дзержинскийдің" түрімдеріне құйып тасиды. Каспий кемешілігі бүкіл Қарабұғазды сусыз қалдырудан жүзі жанбайды. Каскемнің кінәсінен трест жұмысшыларының су пасгін бір күнге тиісті екі шелектен — шелектің төрттен біріне дейін кемітуге тура келген жайттар да болған.
"Фрунзе" мен "Дзержинский" — өздерінің қайда, қашан жүретінін білмейтін ғажайып пароходтар.
Мен сол кемемен Қарабұғазға бару үшін, Красноводскіде "Фрунзені" он күн бойы күттім. Ал, ол тап сол кездері Гасан-Кули маңында қаңғырып жүрді және сол "ұшқыш голландықтың" Красноводск суларынан қашан келетінін әлемде тірі жан білмейтін.
Порттың капитаны жабырқаңқы пішінмен мені мүсіркеген болады. Ақырында мен порт басқармасының өз адамы болып кеттім.
Мен тіпті басқарманың табалдырығы алдында он жыл бойы отырған күзетші — түрікмен қалай келмей қалса, мәселен, менің келмей қалуым да тап солай сезілетін болды ғой деп күмәндана бастадым. Маған олар үйреніп алды. Мені өз атыммен және әкемнің атымен атай бастады. Мен порт жаңалықтарының бәрін білетін болдым, "Теңізде жүзушілерді сақтандыру" деген қаһарлы жазуы бар тақтаны мұқият оқып, көңілге тоқып алдым. Ауа райы туралы ресми хабарлар да ілініп қойылады.
Мен Каспий теңізінде жылына үш-ақ күн тыныш болады екен деген қатал қорытындыға келдім, бұл кейіннен тәжірибе жүзінде дәлелденді де.
Ақырында түнде маған қуанышты хабар жеткізді: "Фрунзе" келді деп. Мен дереу кемежайға қарай ұмтылайын, бірақ еріншек вахтенный маған бұның Қарабұғазға барар-бармасы белгісіз деп ескертті. Бәлкім, қазандарын тазалау үшін, Бакуге баруға тура келер деді. Ертеңгілік "Фрунзенің" тап сол Бакуге баратыны анықталды.
Мен қайтадан порттың басқармасына бара бастадым, бірақ бір өзгешілігі "Фрунзенің" орнына "Полтораңкіні" күте бастадым, бұл да Гасан-Кули жағалауында жүрген сияқты. Порт капитаны бір күрсініп, енді мені "Полтораңкі" де бағытын өзгертуі мүмкін, сол себепті де бәрінен дұрысы Бакуге барып, кемені сонда күткеніңіз жөн, өйткені Бакуде күткен көңілдірек қой деді.
Мен дауыл жөніндегі ескертпелерді қайтадан оқи бастадым, тіпті телефон кезекшісі шығып кеткен сәттері, мен, сол үшін жауап беретін болдым. Со телефонный кесірінен менің қолым екі апта бойы ауырды. Мұнда телефонды, шарманка сияқты, ұдайы бұрап отыруға тура келеді, оң қолың талған кезде, сол қолыңмен бұрайсың және ең кемі жарты сағаттан кейін, ашуына мінген телефоншы әйел:
— Соншама бұрап, өрт шықты ма? Трубканы іліңіз, — деп әкіреңдеді.
Кемешіліктің Қарабұғазға қызмет етуінің сиқы осындай. 1931 жылы ол, жерқазғыш машинаның базасы ретінде, "Ян" пароходын шығанаққа енгізді. "Ян" тайыз қайраңға ошарыла отырып қалды да, оны сол арадан шығара алмай қойды. Ол сол қайраңда жеті ай тұрды, су оны "жеп" шірітіп, шұрық тесік етті. Борттың тесіктерін цемент құйып бекітті, бірақ су оны жеміріп қояды. Пароходтың шіріген жерлері бөлшектеніп, іріп түсіп жатты.
Қарабұғаз суы тек алюминийді ғана іріте алмайды. Темір кемелер бұл пәледен тек тынымсыз қозғалумен ғана құтылады. Ол аз тұра ма, әлде көп тура ма, әйтеуір бәрі-бір оның корпусын шіріте бастайды.
Кемешілік әйгілі қайраңды — Қарабұғаздың маңдай-сорын зерттеп қарау үшін капитандар комиссиясын жіберді. 1931 жылдың жазында қайраңның тайыздап қалғаны сондай, оны тіпті моторлы қайық та кесіп өте алмайтын еді. Капитандар қайраңды тереңдетіп қазуды ұсынды, бірақ оған қарсы химиктер өре түрегелді. Олардың сезіне қарағанда, бұл қайраң каспий суының шығанаққа ағып құйылуының табиғи реттеушісі. Химиктер, қайраңды тереңдету судың ағып құйылуын өзгертпей қоймайды, сол себепті де Қарабұғаздың режимі бұзылады, ал бұл өз ретінде мирабилиттің тұнып шөгуіне қолайсыз әсер етуі мүмкін. Бұдан кейін теңізшілер қайраңды жанай, жарма канал тартып, пароходтардың өтуі үшін, оған шлюз орнату керек десті.
Қайраң мәселесін шешу үшін, Ғылым академиясы жанынан айрықша комиссия құрылды. Ол, қайраңды тереңдету Қарабұғаз суының құрамын, қасиетін өзгертпейді, өйткені бұл қасиеттер тек теңізден ағып келетін суға ғана байланысты емес, сонымен бірге ол шығанақты қоршап жатқан жер қатпарындағы сулардың да, сол топырақта болып жатқан химиялық процестердің де әсеріне, ауа температурасы мен және басқа да көптеген жағдайларға байланысты екенін анықтап, шешіп берді.
1931 жылдың ерте көктемінде Мәскеуде Қарабұғаз жөніндегі конференцияның мәжілісі өтті.
Қаланы қалың тұман басып қалды. Тұманмен аралас мұздай жаңбыр себеледі. Мәскеу күнінің ызғары мен дымқыл сызына қарамастан, қарақұм күні қақтаған адамдар Үстірттің қатыгез сарматтық қатпар-қабаттарында буырқанып-бусанып, түтінденіп жататын ғажайып шығанақ жайын жыр қылып айтты. Үстелдерге жүздеген фотосуреттер жайылып тасталды. Тіпті фотоаппараттардың өзі күннің әлегіне ұшырап қалған тәрізді — сол суреттерде шөл құмы, аспан, түз, шығанақ, күн шұғыласы — бәр-бәрі лапылдап, жалтылдап жатты.
Қарабұғаз жөніндегі конференция тек қана ғылыми және өндірістік мақсатта өтті, бірақ ол, сырттан қараған кісіге, шөлге жорық жасауға әзірленіп, табиғаттың енді төзуге болмайтын өрескел қателеріне қарсы, ымырасыз күрес жүргізуді жариялаған штабтың отырысына ұқсайтын еді.
Осынау конференцияның үзік-созық жазбаларын мен өзім жүрген жердің бәріне алып жүретін болдым. Оған Ембінің қоңыр шаң-тозаңы, Қарабұғаздың түз-соры қонды, ол тот басып, өше бастады, енді ескі пароходтың кают-компаниясында мен соны қайта көшіру үшін, жазбаларды айырып, анықтауға тырысып отырған жайым бар. Пароходтың қызыл иілме рулін артынан біреу жұлқып тұрғандай-ақ, ол да бұлтылдап-қалтылдап жүріп келе жатты. Жазу өте қиын болды. Даяшы маған көз қиығын салып, бір қарады да, жинаушы әйелге бәсең дауыспен:
— Калькулятор! — деді.
"Қарабұғазды өнеркәсіптік жолмен игеру, — деп жаздым мен, — Каспийдің шығыс жағынан жаңа қуатты индустриялық орталық жасау, едәуір мөлшерде Түркменияның бүкіл шаруашылық жағдайына, бүкіл өміріне әсер етеді. Оның жерінің оннан тоғызы Қарақұм астыңда көміліп жатыр. Біз партияның шет аймақтарды индустрияландыру жөніндегі ұранын жүзеге асырамыз". "Қарабұғаз шығанағы ақ алтынның теңізі болып табылады".
Осымен мен жазбаларымды қарау жұмысын аяқтадым. Даяшы ішкі кейістігін білдіріп, шамдарды сөндіріп, ауыр терезелерді тарсылдатып жаба бастады. Менің жазбаларымды жинап, кетуіме тура келді.
Біздің пароходымыз Қарабұғазға шолулардың тұщы суын тасиды екен, содан ба әйтеуір одан осы уақытқа дейін таза судың дымқыл иісі аңқып тұр. Бұл пароход, теңізбен емес, мөлдір тұщы көлде, жұлдыздар арасымен жүзіп жүргендей болып елестейді.
Үйреншікті көз тұндырар түн барлық румбалардан түтіндетіп шығып жатыр. Гүл дүкенінің терезелерінен түнге қарай тарайтын леп сияқты, жылы жел Персия жағалауынан желпіп тұр. Ол өзімен бірге жаңғақтың қолмен езген жапырағының, жамыраған қалың ағаштар мен дымқыл құм иісін жеткізіп жатыр.
Кеме артынан айналмалы винттің жылтыраған ізі түн жарым түнегінде гулеп қалып жатыр. Сол жақтағы салқындай бастаған шөл-баябан үстіне орасан зор жұлдыздар ағып түсіп жатыр. Олардың жарығы шығыста, батыстағыдан гөрі, әлдеқайда жаркын еді. Шөлдің құрғақтығы олардың жарығын айқындай түскен тәрізді. Батыста жұлдыздар ылғал ауада буланып тұрғандай көрінеді және олардың ішінде әйнек ыдыстағыдай жылтылдаған бір сұйық кілкілдеп тұрған секілді.
Менімен бірге Прокофьев, мәскеулік химик қыз бен инженерден гөрі дәрігерге ұқсайтын, тірліктен шаршаған ақшашты инженер әйел келе жатты.
Қыз палубада әлденеге алаңдап жүр. Теңіз желі оның көйлегін көлбеңдетіп, кеменің арт жағына тігілген туды желбіретіп, арқасынан қағып жұбатып тұрғандай.
Төменгі палуба су бетіне күңгірт жарық жолағын түсіріп келеді. Онда шәйнектер шылдырлап, қайнақ суы құйылып, балалар қуана күліп жатыр. Онда құрлықтағы орнықты тіршілік бар. Ондағы адамдар өздерін пароходта емес, пойыздағыдай сезінеді. Пароходты батысқа, Еуропа жағалауына байсалды күйінде, баппен әкеле жатқан штиль — тыныштықтың тым-тырыс үнсіздігіне олар әсте құлақтарын тосып, аңшысын аңламайды.
Шайқау атымен жоқ, пароходтың ауыр корпусын бірде көтеріп, бірде сәл-пәл төмен түсіріп, теңіз емін-еркін тыныстап жатыр.
— Міне, біз осы бір өлкені түгелдей аралап шықтық, — деді Прокофьев. — Біз ыспа құмды, құнарсыз жерді көрдік, тұзды суды іштік, Қарабұғаздың не екенін білдік. Бәрі қаз қалпында. Бірақ осынау жерлердің болашағын көз алдыңызға елестетуге қиялыңыз жете ме? Тексеру қызық-ақ. Осыны жол серік әйелдерден сұрап көрелікші. Химик қыз ойланбай-ақ жауап берді.
— Бакудегі мейрам күні сияқты, ыстық, шулы да дуды, көңілді болады. Маған каспий пароходтары қатты ұнайды. Олар сары түске сәтімен боялған. Қыруар сары пароходтар екі жаңа порт салынатын жерде, — әлгі Бекдаш пен Қаршыда түтіндерін будақтатып тұрады әлі: Болашақ ауылшаруашылық көрмесінде, Қарабұғаздың әлемдегі ең тәтті, хош иісті қауындары үшін, Хоробрых бірінші дәрежелі сыйдық алады. Жел қозғауыштары шығанақтың қою суын сорып алып, бассейндерді толтыра бастайды. Академик Иоффе ең бірінші Күн машинасын қатарға қосады, ал сіз бен біз кешке таман портқа барып, жайдарманың саясында ең дәмді суға мұз салып, апельсин сөлін араластырып ішетін боламыз. Қазан вокзалынан "Мәскеу — Қарабұғаз, Ташкент — Красноводск арқылы" — кестесі бар пойыз сапарға шығады. Шығанақтан курорт ашады, өйткені бүкіл Одақта одан артық суға түсетін жер жоқ. Сізге енді осы да жетер.
Инженер әйел мүлде басқаны ойлапты.
— Біліп қойыңыз, — деді ол, — мен Шығыста өсіп жетілдім. Қарабұғазға мен трест бастығының қараша үйінде тұңғыш жазу машинкасы тықылдай бастаған кезде келдім. Содан бері екі жыл өтті, бірақ қазірдің өзінде шығанақты танымай қаласыз. Міне, мен енді қазір болашақ комбинат сияқты нәрселер — көне Шығысқа, исламға, осынау тас болып қатып қалған өмірге жай отыңдай соққы береді деп ойлаймын. Комбинат күллі көшпелі тұрмыстың "миын" тазалап жөндеп, сол сұмдықтың ішкі сарайын ашып, түбірімен құртады. Көшпелілердің бір өлеңі болатын, онда: "Көшпелі бұл пәниден шаң-тозаңдай ұшып өтеді. Тірі жан оның аты-жөнін білгісі келмейді, және оның қайғы-қасіретінің салмағын да ешкім білмейді", — делінеді. Осының бәрінің тамырына балта шабылады.
Прокофьев үн қатпайды.
— Сіз не, ештеңе ойлап таба алмай отырсыз ба? — деді химик қыз.
— Жоқ, — деді Прокофьев. — Ойдан шығарудың түкке де қажеті жоқ, өйткені ақиқат болмыс менің ойдан шығарғанымның бәрінен де асып түседі де, өзім ұятқа қаламын ғой. Мен қиялға шорқақпын. Міне, енді не ойлайды дейсіз бе? Сіздер энтропия дейтін қорқынышты заңның бар екенін білесіздер. Ол жер шарында жылу энергиясынан басқа, ешқандай энергия жоғалмайды, бірақ энергия біткеннің бәрі сол, жылу энергиясына айналады — дейді. Әлем кеңістігіне сәуле таратуы нәтижесінде жер үздіксіз жылу энергиясын жоғалтып отырады. Осынау заңды ашқан ағылшын физигі Томсон, соған арналған кітабын өте тұманды сөздермен аяқтайды. Ол энергияның ұстап қалуға болмайтын ыдырауы жүріп жатыр және біраз уақыттан кейін, әлбетте, өте ұзақ уақыттан кейін Жер бетіне өлі тыныштық орнайды, сөйтіп ол мәңгілік молаға айналады — дейді.
Хош, сонымен, Қарабұғаз бен адамдардың қарғысына ұшыраған шөлдер энтропия заңын өлтіреді. Өзінің жылу энергиясын ешбір мақсатсыз әлемдік кеңістікке беріп жатқан Жер, — ана жаққа, — Прокофьев қолын оңтүстік жаққа, барша әлем мұнартып, жұлдыздар өрттей лаулап жатқан жаққа бір сермеді, — ал қуаң шөлдерді
— Қарақұм мен Қарабұғазды — біз күннің энергиясын түтып алатын бірінші резервуарлар жасауымыз керек, бұл — өзіміз әлемдік кеңістіктен алатын баяғы энергия ғой. Біз шығынымызды теңестіреміз. Бұл — әсіресе надан адамдардың көз алдында ғарыш заңдарына батыл қарсы шығу. Дәп осы арада біз күн энергиясын сорып алып, оны қоюландырып, электр тогына, жылуға, жарыққа, кез келген басқа энергияға айналдырамыз, содан кейін осынау өлке, өмірде ешқашанда, ешбір бау тап осылай болып гүлденіп көрмеген деңгейде көркейіп гүлденетін болады.
Шөлді игеру — өте ауыр іс, әсіресе, егер адам оны өзінің айлық жалақысына бола игеріп жүрмін деп ойласа. Шөлдегі сіздің жұмысыңыз — даңқтың ісі, жаңа адамдардың асыл ұрпағының ісі, — бұның өзі шынында да солай — ендеше моншақтаған терінен кісі теңізге шомылғаннан кейін қалай арылатын болса, ауыртпалық та сізден тап солай ұшып түседі. Бұдан шығатын қорытынды: ешқашанда алыс көкжиегіңізді көзіңізден таса етіп қоймаңыз. Естерін ізде болсын, алысты көрмейтіндер ғана зарлауық келеді. Өз қиялыңызға еркіндік беріңіз. Оның күші ғажап. Өз бойларыңыздағы уақытты сезу мен болашақты сезу қасиеттерін баулып, жетілдіріңіздер. Осынау қос кұндылыққа ие болсаңыз — онда сенен өткен бай жоқ...
Біз жел мен теңіз дегі кернеп кеткен каютада жатып ұйықтадық.
Кемпірқосақтың түрлі-түсті әйнегінен тұратын қалалар бейнесі түнімен түсімнен шықпай қойды. Осынау қалалар теңізден баяу көтеріліп, шығанақтардың айналы айдындарында үйме-жүйме хрустальдар мен жып-жылы жұмсақ жарық тізбегі болып, шағылысып тұр. Солардың үстінен нұрланып таң атып келеді. Осынау арайлы таңнан алақанмен езілген жаңғақ жапырағының, қалың ағаштардың, шоллар суы мен Маңғыстау жусанының жұпар иістері аңқып тұр.
Мен оянып кеттім. Прокофьев Қарабұғаз сүлфатынан жасалған әйнектің қасиеті туралы инженер әйелмен тәжікелесіп отыр екен. Мен палубаға шықтым. Біз Апшерон маягінен оралып, өтіп бара жатыр екенбіз. Баку үстінде түн тыныштығы тамылжып тұр, ал шығыста, Қарабұғаз үстінде жұлдыздарды сыпырып тастап, аспан қабағы көкпеңбек теңіздей болып, жарқырап ашыла берді — ал Хорезм шөлдерінің үстінен сансыз көп ғажайып күндердің біреуі көтеріліп келе жатты.
Аударған Әбілмәжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі