Өлең, жыр, ақындар

Проэмбриональдық және эмбриональдық кезеңдер

Проэмбриональдық (грекше рrо — дейін, embryon — ұрық) кезеңі организмдердің жеке дамуында гаметогенез процесінде жыныс клеткаларының пайда болуымен байланысты. Жоғарыда көрсетілгендей, жануарлардың аталық жыныс клеткалары құрылымы бойынша басқа клеткалардан (соматикалық) айтарлық айырмашылығы болмайды, ал жұмыртқа клеткаларының маңызды ерекшелігі сол, онда сарыуыздың көп болуы. Жұмыртқа клеткаларындағы сарыуыздың мөлшері мен оның орналасуын негізге ала отырып, оларды үш типке бөледі, атап айтқанда:

1. Изолецитальды клеткалар. Бұл жұмыртқа клеткаларында клетка ішінде бірдей орналасқан аздаған сарыуыз болады. Изолецитальды жұмыртқа клеткаларын тікентерілілер (теңіз кірпілері), төменгі сатыдағы хордалылар (ланцетниктер), сүтқоректілер өндіреді.

2. Телолецитальды жұмыртқа клеткалары. Бұл жұмыртқа клеткаларында вегетативті бір полюсте жинақталған сарыуыз мөлшері көп. Мұндай жұмыртқа клеткалары моллюскаларда, бауырымен жоғалаушылар, қосмекенділер, құстар өндіреді. Мысалы, бақаның жұмыртқа клеткалары 50% сарыуыздан тұрса, тауықтардың жұмыртқа клеткалары (тұрмыста тауық жұмыртқалары) 95% сарыуыздан тұрады. Телолецитальды жұмыртқа клеткаларының екінші анимальды полюсінде цитоплазма мен ядро жинақталған.

3. Центролецитальды жұмыртқа клеткалары. Бұл жұмыртқа клеткаларында сарыуыз аз, бірақ ол орталық орында алады. Мұндай жұмыртқа клеткаларының шеттерін цитоплазма алып жатады. Центролецитальды жұмыртқа клеткаларының мысалы ретінде буынаяқтылар өндіретін жұмыртқа клеткаларын айтуға болады.

Проэмбриональды кезеңге, сонымен қатар, белсенді синтезделетін РНҚ молекулаларының жинақталуымен байланысты гаметалардағы метаболизмдік процестердің өтуі тән. Эмбриональды кезең немесе эмбриогенез (грекше: embryon -ұрық, genesis — даму), жұмыртқа клеткасының ұрықтануын көрсететін аталық жэне аналық жыныс клеткаларының ядроларының жанасуынан басталады. Ана құрсағында дамитын организмдерде эмбриональды кезең ұрпақтың дүниеге келуімен аяқталса, ал дернәсілдік және дернәсілдік емес даму типтерінде эмбриональды кезең ұрпақтың жұмыртқа немесе ұрықтық қабықшадан шығуымен аяқталады.

Эмбриональды кезеңде зиготаның сатыларын бөліну, бластула, гаструла, ұрық жапырақшаларының дамуы, гистогенез бен органогенезді ажыратады. Жоғарыда айтылғандай, сүтқоректілер мен адамда уақыт факторын есепке ала отырып, ұрықты ұрық мүшелерінің қалыптасуына дейінгі аралықты эмбрион, ал бұдан кейін дүниеге келгеніне дейін ұрпақ деп атайды. Адамда эмбрионның дамуы (ұрық) екінші айдың аяғында аяқталады. 9 аптадан бастап ана құрсағында дүниеге келгенге дейін организмнің одан арғы өсуі мен дамуымен сипатталатын үрпақтық кезең болады.

Зигота туралы мәлімет

Сүтқоректілерде зигота бір аталық жыныс клеткасының жұмыртқа клеткасына жетіп, оның дамуын инициациялауынан басталатын ұрықтану нәтижесінде пайда болады. Активтенген аталық жыныс клеткасы бар жүмыртқа клеткасында бірқатар физиологиялық және химиялық процестер жүреді, протоплазманың орын ауыстыруынан жұмыртқа клеткасының билатеральды симметриясының қалыптасуы, сонымен қатар жұмыртқа клеткасының басқа аталық жыныс клеткаларымен жанасуын болдырмайтын плазмалық мембрананың қайта құрылуы жүреді. Одан соң екі клетканың ядроларының жанасуын қамтамасыз ететін ядролық мембрананың бұзылуына әкелетін жұмыртқа клеткасы мен спермияның плазмалық мембраналарының қосылуы жүреді. Жұмыртқа клеткасының ұрықтануы ондағы белок синтезінің белсенділенуінен басталады. Клетка ядролары қосылады, хромосоманың диплоидты жиынтығы қалыпқа келеді. Осылайша, шын мәнінде, бір клеткалы организм қалыптасады.

Бөлшектену. Моруланың пайда болуы. Бөлшектену зиготаның (ұрықтанған жұмыртқа) дамуының бастапқы кезеңін көрсетеді. Жұмыртқа клеткаларының центроильдары бар болғандықтан, олар мысалы, адамдарда ұрықтанғаннан 30 сағат өткеннен кейін зигота митоз жолымен бөлшектене бастайды. Адамда бөлшектену ұрықтанған жұмыртқаның Фаллопий түтігімен қозғала бастауымен басталады және жұмыртқа клеткасының үстіндегі сайшаға түседі. Алғашқы сайша екі клетканың-екі бластомерлердің, екіншісі-төрт бластомерлердің, үшіншісі-сегіз бластомерлердің және т.б. пайда болуына әкеледі. Зиготаның бірінен соң бірінің қатарланған бөлшектенуінен пайда болған клетка тобы морула (грекше morum -тұт жемісі) деп аталады.

Морула сатысын жынысты жолмен көбейетін барлық көп клеткалы жануарлар өтеді. Қандай түрге жатуына қарай бөліну әрқалай жүреді. Радиальды (омыртқалылар, тікентерілілер), билатеральды (гребневиктер, кейбір хордалылар) жэне спиральды бөлшектену (немертиндер, сақиналы құрттар, көптеген моллюскалар) деп ажыратылады, бөлшектенудің бұл түрлері бөлшектенудің жазықтығына байланысты. Сондықтан олардың морулалары эртүрлі санды клеткадан тұрады. Сонымен қатар клеткалардың бір бөлігінен трофобласт деп аталатын құрылым қалыптасады, оның клеткалары ұрықты қоректендіреді және ферменттердің көмегімен оның жатыр қабырғасына енуін қамтамасыз етеді. Адамда моруланың жатыр қабырғасына ұсталуы ұрықтанудан 7 күннен кейін болады. Трофобласт клеткалары кейінірек ұрықтан босап қалады және жатыр ұлпаларын сұйықтықпен толтыратын көпіршікті құрайды.

Бөлшектенудің өзіне сай сипаты онда клеткалардың айтарлықтай өсімі болмауымен түсіндіріледі. Сондықтан бұл сатының биологиялық мәні ірі клеткадан (жұмыртқа клеткасы) цитоплазманың ядроға қатынасы төмен кішірек клеткалардың пайда болуымен сипатталады. Нәтижесінде бластомерлердегі цитоплазмалық жиынтықтардың көрінісінің өзгерісі жүреді, ол ядро үшін жаңа цитоплазмалық орта жасайды.

Зиготаның бөлшектенуі бластула (грекше blastos — өскін) деп аталатын көп клеткалы құрылымның қалыптасуымен аяқталады. Бұл құрылым бластодерма деп аталатын клеткалардың бір қабатынан тұратын көпіршік формалы болады. Енді бұл клеткаларды эмбриональды деп атайды Көлемі жағынан бластула жұмыртқа клеткасына ұқсас. Бөлшектену кезінде ядролардың саны өседі, ДНҚ-ның жалпы көлемі ұлғаяды. Бластула сатысының аяғында, сонымен қатар мРНҚ мен тРНҚ-ның аздаған мөлшері синтезделеді, бірақ жаңа рибосомалар мен рибосомалық РНҚ гаструляция басталғанға дейін табылмайды, ал табылып жатса, онда ол өте аз мөлшерде болады.

Гаструляция туралы мәлімет

Гаструляция (грекше: gastre — тамыр қуысы) бластуланың қалыптасуынан кейін жүретін эмбриональды клеткалардың жылжу процесі, ол ұрықтың екі немесе үш (жануардың түріне байланысты) қабатының немесе ұрық жапырақшаларының қалыптасуымен жүреді. Гаструляция алмасу жиілігінің бөлшектенумен салыстырғанда 2-3 есе ұлғаятындығымен сипатталады. мРНҚ, рРНҚ, рибосомалар мен белоктардың синтезі тез арада өседі. Изолецитальды жұмыртқалардың дамуы (гаструляция) бластуланың ішіне вегетативті полюстің инвагинациясымен жүреді, нәтижесінде қарама-қарсы полюстар жанасады, ал бластоцельдер (бластула қуысы) біршама жойылады, тіпті, мүлдем жойылады. Ұрықтың сыртқы қабатының клеткалары немесе сыртқы ұрық жапырақшасы эктодерма (грекше ectos — сыртынан, derma — тері), ал ішкісі -энтодерма (грекше: entos — ішкі) немесе ішкі ұрық жапырақшасы деп аталады. Мұндағы пайда болған қуысты гастроцель, немесе бірінші ішек деп атаса, оған кіре берісті бластопор (бастапқы ауыз) деп атайды.

Екі ұрық жапырақшаларының дамуы губкалар мен ішекқуыстыларға тән. Бірақ хордалыларға гаструляция кезеңінде эктодерма мен энтодерманың арасында пайда болатын (90 — сурет) үшінші ұрықтық жапырақшаның мезодерманың (грекше mesos — ортаңғы) дамуы тән. Гаструляция одан эрі дамуға қажет алғышарт болып табылады, себебі ол клеткаларды мүшелерді қалыптастыру мүмкіндігін ашатын қалыпқа келтіреді. Үш эмбриональды бастауларға жіктелген ұрықтық материал дамып келе жатқан ұрықтың барлық ұлпалары мен мүшелеріне бастама береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз