Өлең, жыр, ақындар

Астана күніне арналған құттықтау, тілектер

Тамаша мереке – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Біз Нұр-Сұлтанның қалыптасуының куәгерлері және осы ауқымды зор жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін көзбен көру бақытына ие болып келеміз. Өз қаласына ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын адамдар – елордасының басты байлығы, олар күнбе-күн өз жұмыстарын атқара отырып, Нұр-Сұлтанныңқалыптасуына орасан зор үлес қосуда. Астана күні мерекесінде сіздерге және отбасыларыңызға шын жүректен зор денсаулық, игілік, табыс және бақыт тілейміз.

*** *** *** ***

Бүгін – Астана күні. Жас елорданың мерекесі әрбір астаналықтың жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шындай түсуде. Қарыштап дамыған жаңа Астананың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ.

*** *** *** ***

Жас елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таң қалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын таранған әз Астанамыз жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдіміз.

*** *** *** ***

Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Нұр-Сұлтан – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес. Нұр-Сұлтан – болашағы жарқын қала. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!

*** *** *** ***

Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы Нұр-Сұлтанның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріңізге, ерен еңбектеріңізге, азаматтық қоғам құруға белсене қатысқандарыңызға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға ат салысқандарыңызға алғысымызды білдіреміз. Сіздерге бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін. Сүйікті қаламыз – ару Нұр-Сұлтан көркейе берсін!

*** *** *** ***

«XXI ғасырдың табалдырығында біз өз таңдауымыз – көне Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы мәлімдейміз. Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының айқындамасы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болу құқығы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік-жігері бар. Осы таңдауға дәйім лайық болайық»
Нұрсұлтан Назарбаев

*** *** *** ***

Нұр-Сұлтанның қазіргі күн санап биіктей түскен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын байқағандайсың. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне де барлық қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем  қызыға көз тігуде.
Қазірдің өзінде көптеген саяси және экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған оның ертеңгі болашағының да зор болары күмәнсіз.

*** *** *** ***

Нұр-Сұлтан.

Бұл сөзге қазақ түгіл, төрт-күл әлемнің еті үйренгендей.
Нұр-Сұлтан сөзі тілге оралғанда шаһар ретінде жаңа-жаңа бойын тіктеп, еңсе көтеріп келе жатқан Елордасы көз алдымызға келе қалады.
Ол – жай қала ғана емес. Елорда. Кеше ғана Тәуелсіздігін алып, буыны енді қатайып келе жатқан Қазақ мемлекетінің астанасы.
Нұр-Сұлтан қазіргі күні көздің жауын алады. Қарап тұрып сүйсінесің. сүйсініп тұрып, шүкіршілік етесің.
Нұр-Сұлтан – бұл қазақтың, мерейі, мәртебесі. «Мерейіміз таси бергей, Нұр-Сұлтанымыз ажарына ажар қосып, сұлулығынан танбағай» деген шынайы көңіл тұла бойды кернейді.
Нұр-Сұлтан дүниежүзіне мәлім. Мұнда әлемнің талай мемлекеттерінің серкелері бас қосып, пікір алмасып, маңызды шешімдер қабылдап жүр.
Нұр-Сұлтан – ел мақтанышы. Мұнда қызмет ету де, білім алу да – бақыт.
Нұр-Сұлтан – жаңа қала, жаңа шаһар. Ол келешекте бүгінгіден де құлпырып, көркейе беретіндігіне сенім.

*** *** *** ***

Бүгінгі заманның талабына сай сәні мен салтанаты келісіп, бірлігі мен ынтымағы жарасып, көкке самғаған зәулім биік ғимараттары бар, Есілге қонған аққудай, бұл әлемде ең жас Нұр-Сұлтандай көркем қала бар ма? Бұл – жеңістің кілтін достықпен тапқан нартәуекелдің қаласы. Арманы асқақ, асуы биік жандардың салған қаласы. Елінің бір күндігін емес, халқының 100 ғасырлық бірлігін ойлап, Елбасының салған қаласы. Еуразия кіндігіне орналасқан алты Алаштың бас қосқан қасиетті мекені, кемел келешегі бар жаңа Нұр-Сұлтан бүгінде әлемдік саясатта ықпал жасайтын, Қазақстан жайында түсінік қалыптастыратын, қазіргі заманның ең ірі геосаяси жобаларының бірі. 
Халықаралық дәрежедегі спорттық ойындар мен әлемдік ауқымдағы басқосулар өтетін, сәні мен салтанаты келіскен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ХХІ ғасырдың көркем сәулетті қаласы – Нұр-Сұлтан арман емес, ақиқатқа айналған, қиял емес, азғана уақыт аралығында қолымыз жеткен шынайы тарихи жетістік.  Кең болсын Қазағымның керегесі,  Кетпесін Алла берген берекесі. Алаштың баласына нәсіп болған Құтты болсын, Астана мерекесі.

*** *** *** ***

Н.Назарбаевтың ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзі – Құрметті қазақстандықтар! Астана күніне арналған мерекелік шараларды қала көгіне Қазақ елінің Көк байрағын желбіретумен бастайтын дәстүріміздің барлығын білесіздер. Қазақтың көк Туын Сарыарқаның самалына тербелтіп, көкке көтеру – үлкен мағынаға ие. Қазақ елінің аспан түстес Көк байрағында алтын күн­мен астасқан алып қыран қанат керген. Осынау терең мағыналы нышанда кешегі тарихымыз бен бүгінгі биігіміз, ертеңгі ерен істеріміз түгел тоғысқан. Оған біз Қазақ елінің аспанын бұлт шалмасын, қыран бей­нелі мәртебесі шырқап, көкке шарықтап, күнге жетсін деген асыл мұратымызды сыйғыз­дық. Қазақ баласының мыз­ғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры тереңде жатыр. Халқымыз үшін көкке көтерілген байрақ – қасиетті нышан! Ел шетіне жау келсе, біздің батыр бабаларымыз осы байрақтың түбінен табылған. Азаттық жо­лындағы арпалыстарда ерлеріміз елдіктің туы еңкеймеуі үшін жандарын құрбан қылған. Ел иесі – ерлеріне «туың жығылмасын» деп бата берген. Біз – бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары, осы бата бойына дарыған ұрпақпыз! Егемендік алғаннан бері Көк байрағы­мызды аласартпай, еліміз тыныш, еңсеміз биік болып, өсіп, өркендеп келеміз». Біз биікте желбіреген Көк байрағымызға күлімдеп қарай алатын жағдайдамыз. Шекара­мызды шегендедік. Еліміздің қақ ортасына елордамызды тіктік.  – Бұл күндері Астана жастық мерей­тойын атап өтуде. 15 жыл бұл – бүкіл халқы­мыз­дың шабытты еңбегінің 5 мың 475 күні! Шаһарлардың да, адамдар сияқты, өз тарихы, өз тағдыры болады. Жасөспірім Астананың тарихы – шындыққа айналған ұлттық ұлы арманның шежіресі. Осы жылдар бойында еліміздің барлық өңір­лерінен жүздеген мың қазақстандықтар елордамыздың салынуына және еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосты. Сондықтан да әрбір қазақстандық үшін Астана – өзінің жан-жүрегіне жақын жаңа Отанымыздың бір бөлшегі. Біз оны өз қолымызбен жаңадан тұрғызудамыз! 15 жыл ішінде бас қаланың өңірлік жалпы өнімі 45 есе өскен екен! Сөйтіп, бұл шаһардың шығаратын өнімінің ауқы­мы қазір 2,7 триллион теңгеге жеткен. «Бү­гінде Астана бүкіл Қазақ­станның инно­вациялық өзегі болып табылады. Бұл жерде отандық өнеркәсібіміздің Қазақстанда ешқашан болмаған жаңа салалары дүниеге келді. Бұлар – тепловоздар, вагондар, тікұшақтар, қозғалтқыштар жасау сала­лары». Инновациялық салалар қата­рында бас қаладағы жоғары білім беретін бір де бірегей ғылым ордасы да аталады. Астанадағы жаңа жоғары оқу орын­дарында еліміздің инновациялық ин­дустриясы үшін кадрлар даярланады. Астана жаңа мәдени орталыққа айналды. Мұнда «Қа­зақстан», «Астана-Опера» секілді бүкіл әлем үшін бірегей концерттік залдар бой көтерді. Астана – барша қазақстан­дық­тардың бірлігінің символы! Сондықтан оның 15 жылдығы – Қазақстан халқының жал­пыұлттық мерекесі. Астана еліміздің барлық өңірлері үшін «дамудың үлгісін көрсетті»: «Бүгінде бар­лық облыс орталықтары, барлық қалалар Астанаға қарап, бой түзейді, оған ұқсауға тырысады. Олардың барлығында жаңа нысандар салынады, қалалар абаттанып, ажарлануда.  – Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын! Азат аспанында алтын қыран қа­лықтаған мәңгілік еліміздің бола­ша­ғы баян­ды болсын! 

*** *** *** ***

Қажетті сілтемелер (қарап көріңіз):

Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз