Жер бетіндегі әр халықтың өз баспанасы болған. Мысалы, орыс халқының ағаш шеберлері шыршаның немесе қарағайдың бөренелерінен қиып үй салған. Төбесін теп-тегіс тақтаймен шатырлап, оған ағаш аттың бейнесін оюлап орнатқан. Керегесіне қойылған тіреу мен терезе жақтаулары да өрнектелген. Украинада, Карпат тауының көкорайлы бауырайында тұратын гуцулдар бук ағашының жуан бөренелерінен үй салады. Мұнда бук ағаштары өте көп. Шетін кестелеген жарғақ кеудешелі сал айдаушылар кесілген бөренелерді буып-буып, тау өзенімен төмен қарай ағызады. Гуцулдар үйінің жанынан қой қора тұрғызады. Оны «пана» деп атайды. Гуцулдардың үйлері кірсе шыққысыз әдемі.
Қабырғаның бір бөлігін кілем тәрізді гүл суретімен әшекейлейді. Ернеулерде өрнекті қыш табақшалар ілулі тұрады. Ал үйлерінің пеші, бұрыш-бұрышы мен бұғаты жасыл, сары, көгілдір түсті жылтыр қыш тақталармен қапталады. Гуцулдардың киімі де әдемі: әр түсті маталардан құрастырылып, кестемен көмкеріледі.
Чукчалар сонау қияндағы Чукот түбегінде тіршілік етеді. Олардың өз тілінде бұл өңір «чау-чу» яғни «бұғылы жер» деп аталады. Шынында да, бұл өңірде бұғы жыртылып-айырылады. Суық өткізбейтін жылы киімсіз бұл өңірде өмір сүру мүмкін емес. Бұғы чукчалардың мінсе — көлігі, кисе — киімі, сойса — азығы, терісі — яранга деп аталатын жып-жылы үйі.
ЯРАНГА — бірнеше қада ағаштың басын қосып байлап, үстін ішіне айналдыра тағы да бұғы терісін ұстап, шаршы бөлме жасайды, ас ішетін, жататы бөлме осы. Ал қостың іргесі — шошала, әрі тамақ пісіретін ас үй қызметін атқарады. Темір пеште — лаулаған от үстіндегі шөңкеде бұғы еті шымырла қайнап жатады. Бұғышыларды ярангадан басқа ағаштан құрастырған немесе тастан қалаған қыстақтары болады. Оны көбінесе бұғы өрісінің маңына салады.
Жапонияда жер жиі сілкінеді. Сондықтан мұнда үйді жеңіл материалдардан тұрғызады. Ондай үй жер сілкінісінен құлаған күннің өзінде аса қауіпті емес. Адамды басып қалмайды. Құрылысқа көбінесе жеңіл, жұқа тақтайша пайдаланылады. Үй қабырғасын кейде май сіңген жылтыр қағаздан да жасайды. Ал бөлме-бөлмені бөліп тұрған қалқан қабырғалар жылжымалы келеді. Суық түскен кезде темір пешті пайдаланады. Ондағы шоқтың қызуы үйді лезде жылытады. Мереке күндері әр үйде алуан түсті қағаздан, жасалған шырақтар ілінеді. Келген қонақты үй иесі, міңдетті түрде, дастарқанға шақырады. Қонақтың қолына шанышқы іспетті екі ши ұстатады. Ал еден үстіне төселген жұмсақ көпшіктер орындық қызметін атқарады. Қонақ аттанар кезде үй иесі оған қағаздан жасалған тырна сыйлайды. Өйткені олар тырна адам баласына бақыт әкеледі деп сенеді.
Кавказ тауы бөктерінде орналасқан ауылдардағы үйлер «САКЛИ» деп аталады. Тастақты тау беткейіне саты-саты етіп, қашап салған бұл үйлер сырттан қарағанда жарқабақтағы жапырлаған құстар ұясын елестетеді.
Канаданың қиыр солтүстігі қыс айларында өте суық, ол Поляр шеңберінен әрі жатыр. Осынау қатал табиғат қойнауында ИГЛУЫН паналап, канадалық эскимостар ғұмыр кешеді. Иглу — үйдің бір түрі, ол үлкен-үлкен кесек қардан қаланады. Ішіндегі ұйықтайтын сәкіге дейін қардан жасалады. Терезе орнына мөлдір мұз қаланады.
Бамбуктан жасалған үйлерді Вьетнам, Лаос, Кампучия, Малайзия елдерінен көруге болады. Бір ғажабы оның қабырғасы мен тіреуі, баспалдағы мен бөлмеаралық қалқалары, тіпті үй ішіндегі жиһаздарына дейін бамбуктан жасалған. Үйдің төбесін де осы ағаштың жапырағымен жабады.
Нигерия — Африка елі. Онда күн ыстық, әрі жиі-жиі дауыл соғып тұрады. Қатты дауылдар кейде пальма жапырағымен жабылған үй шатырын да ұшырып әкетеді. Жаңа ғана тұрған үй шатыры құйын көтерген түндіктей әп-сәтте жоқ болады. Ал үйдің қабырғасы қозғала қоймайды. Нигерліктер оны талдан тоқып, іші-сыртын саз балшықпен домбаздап сылап тастайды. Еденге қамыстан тоқылған төсеніш төсейді, ас ішетін ыдыстарын асқабақ қабығынан жасайды.
Индонезия Үнді мұхитындағы аралдарға орналасқан. Ол аралдардың ең үлкені — Суматра. Бұл өңір үнемі жасыл желекке бөленіп тұрады. Күні ыстық, ауасы ылғалды. Индонезия жайында: "жауыны-нөсер, ағашы бүлтпен тілдескен, көбелегі құстай, үйлері ағаш аяқты ел" деген аңыз тараған. Маусым кезінде шелектеп құйған жауын бойы толастамайды. Қайда барсаң телегей-теңіз су, ми батпақ. Ал үйлерінің іші құп-құрғақ. Олай болатын себебі — тіреу үстіне салынған үй жер сызынан биікте тұрады, әрі оған жылан да өрмелеп шыға алмайды.
Шөбі шүйгін, суы мол өрісті сағалаған шопандар қауымы қора-қора қойын айдап, жаз бойы көшіп жүреді. Олардың киіз үйі көшіп-қонуға лайықталып жасалған. Оны шапшаң тігуге немесе қолма-қол жығып, арбаға артып жүріп кетуге болады. Алайда киіз үйдің тігуі мен жығуы кез келген адамның қолынан келе бермейді.
Жер беті қандай кең? Бір жақ бетінде — түн, екінші жақ бетінде — таң. Бір қиырында — жаз, екінші қиырында — қыс. Ана жақта — шөл, мына жақта — шалқыған мұхит. Ана өңірде — сыңсыған орман болса, мына өңірде шыбық та өспейді. Бір аймақта ми батпақ, енді бір аймақта таулар тұр... Жер беті әр алуан, соған орай әр аймақтағы адамдар тіршілігі де ор қилы. Қиыр Солтүстіктің тұрғындары жылы киімсіз өмір сүре алмайды. Ал тропиктік аймақ тұрғындары көйлекпен жүріп те ыстықтайды. Аралдарды мекендейтін адамдар өз нәпақасын мұхиттан алады. Ал орманды қоныстанған кісілер аң аулауды кәсіп етеді. Бір халық үшін нан — негізгі тағам, екінші бір халықтың негізгі қорегі — күріш, адамдар өз баспаналарын да әр түрлі үлгіде салуды ерте замандардан дәстүрге айналдырған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі