Өлең, жыр, ақындар

Отелло

БЕС ПЕРДЕЛІ ТРАГЕДИЯ

Аударған: Мұхтар Әуезов

ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:
Венецияның дожы — (герцог дәрежесіне).
Брабанцио — сенат мүшесі. Дездемонаның әкесі.
Грациано — Брабанционың інісі.
Лодовико — Брабанционың туысқаны.
Отелло — Мавр нәсілді Венецияның әскери қызметкері.
Кассио — Отеллоның лейтенанты.
Яго — Отеллоның прапорщигі.
Родриго — Венеция дворяны.
Монтано — Кипрдің бұрынғы әміршісі.
Шут — Отеллоның қызметкері.
Дездемона — Отеллоның әйелі.
Эмилия —Ягоның әйелі.
Бианка —Кассионың (ашынасы).
Сенаторлар.
Офицерлер, солдаттар, матростар, шапқыншылар, жаршылар, музыканттар, Кипр адамдары, халық.

Уақиға біріншісі Венецияда, қалғандары Кипр аралында болады.

БІРІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Венецияның көшесі. Түн. Родриго, Яго шығады.

Родриго.
Жөнел! Жоғал!
Өкпелеймін мен саған.
Алтынымды қалтамнан
Өз мүлкіндей көруші ең.
Ұятың қайда, біліп жүріпсің.

Яго.
Япырай, тыңдамаған өзің ғой.
Осынау істі білгендігім шын болса,
Бетіме түкір дедім ғой!..

Родриго.
Өлердей өшім сол деп ең.

Яго.
Өтірік айтсам оңдырма,
Мені соған лейтенант етем десіп ед.
Беделі бар үш адам ед кіріскен.
Құдай ақыңа, сол орынға татушы ем,
Бірақ ол паңдығына басыпты,
Құлаққа ілмей сөздерін
Мақтан сөзбен тасыпты.
Сөйтіп келіп,
Үшеуін бірден тойтарып,
«Таңдап алған офицерім бар» депті.
Онысы кім десеңші?
Рас, ол есепке жүйрік-ақ,
Микеле Кассио деген бір флоренциялық.
Өлердей сүйген сұлуы да бар екен.
Жалғыз-ақ соғыста эскадрон да бастап көрмеген.
Әскер тәртіп ісінен,
Барлық білген шамасы.
Шүйке ететін қатындай
Жаттағаны құр солдаттың боқтығы,
Соғыс жайын тоғы киген серінің
Бәрі де сондай білер-ақ.
Тілде бар да, істе жоқ.
Қасиетін көрдің бе?
Бірақ соны таңдапты.
Ал мен,
Отеллоның өз көзінше қырғында
Родоста да, Кипрде
Язішілер
Жерінде де болып ем.
Жолымды міне шот қағушы кесіпті.
Сағаты соғып, ол лейтенант болғанда,
Е, тәңірі, мен маврдың прапорщигі ғана болмақпын

Родриго.
Мен жендеті болар едім өйткенше.

Яго.
Қайтерсің. Қызметтің соры осы:
Достықпен, сәлем хатпен өсіред.
Бұрынғы болса ретімен
Бізге де кезек келер ед.
Ал, ойлаңыз өзіңіз,
Маврды мен сүйерлік Жөні қайсы, қанеки?

Родриго.
Қызметін неге етесің?

Яго.
Ендеше сабыр етіңіз,
Қызметін өзіне қарсы жолдармын.
Екінің бірі бек болмас,
Адал жалшы тек болмас.
Аз емесін білесіз,
Адал құл да, жорға құл,
Құлдығы мен қорлығын ғана сүйем деп
Мырза мінген есектей,
Әл-қуатын сарп қылып
Жем үшін күн кешетін.
Қартайса қаңғып кететін.
Сойса дейім сол құлды.
Бірақ басқасы да болады —
Қимылы мен қабақта ғана шырай бар
Жүрек сыры ішінде бекем жататын.
Мырзаны құр сыртымен
Ырзалап жүріп сылайтын,
Қуаты жетсе,
Өзіне ғана тартатын
Адам осы десеңші.
Міне, өзімді сондай санаймын да.
Сондықтан — Сіз Родриго болғандай,
Мен мавр болғанда, Әсте Яго болып қалмас ем.
Оған деген қызметім — Өзіме де қызметім.
Қарыздарым, сүйгенім сол деген боп,
Мақсатымның бетін ғана бүркеймін.
Барымды сыртқа шығарып,
Сырым, жүзім, жанымды
Шыныменен көрсетсем,
Онда жүрек деген немені
Қолыма ұстап, қарғаға шоқытып жүрсемші,
Үйтсем мен — мен болмаспын

Родриго.
Бақытын-ай көнтек ерін неменің!
Дегеніне жеткені-ай!..

Яго.
Оятыңыз әкесін,
Шабыңыздар қуалай!
Алаң сайын ләнеттеп,
Қыз туғанын жиыңыз!
Алтын сарай елде екен.
Шақтырыңыз шыбынға.
Беті қайтпас бақты екен
Талатып сұрқын бұзыңыз.

Родриго.
Қыздың үйі мінеки
Салайын мен айғайды.

Яго.
Иә, өкіріп те зар қақсап,
Халқы қалың қалада
Өрт шыққандай етіңіз.

Родриго.
Ей, әй Брабанцио, синьор Брабанцио!

Яго.
Ояныңыз, синьор!
Жау бар, жаулар, ұры бар,
Тексеріңіз тезірек.
Үйің, қызың, пұлың тегіс бар ма екен?
Ей... жау, бар жаулар!
Жоғарғы терезеден Брабанцио көрінеді.

Брабанцио.
Бұл неткен шу құтырған?
Немене боп қалып еді?

Родриго.
Үй, жаныңыз түгел ме екен, синьор?

Яго.
Берік пе екен қақпаңыз?

Брабанцио.
Бұл не деген тергеулер?

Яго.
Құрып қалсын! Таландыңыз! Масқара-ай! Киініңіз.
Жүрегіңіз өртенді. Жан шығарға жеттіңіз! Қазір осы сәтте кәрі, қара бір қошқар тоқтыңызды қашырып жатыр... Ал болыңыз, ұйқыдағы халықты қоңырау соғып жиыңыз, әйтпесе сайтан иектеп, немерелі боларсыз! Қамдан деймін тезірек!

Брабанцио. Жынданғанбысың өздерің!

Родриго. Құрметті синьор, менің дауысымды таныдыңыз ба өзіңіз?

Брабанцио. Сіз кім едіңіз?

Родриго. Менің атым Родриго.

Брабанцио.
Сүйкімсіз қонақ!
Үй маңына жолама дегенім қане!
Менің қызым саған жоқ деп
Тұп-тура айтпап па ем?
Улы араққа масайрап,
Енді келіп құтырып
Қас ниетпен қарайып
Тыныштығымды бұзбақ па ең!

Родриго.
Синьор! Синьор!

Брабанцио.
Есіңе мықтап салайын,
Дәрежеме күшім сай
Сыбағаңды берермін.

Родриго.
Сабыр етіңізші, сударь!

Брабанцио. Талау деймісің? Бұл Венеция. Менің үйім лашық емес.

Родриго. Мархабатты синьор. Мен шын пейіліммен келдім ғой.

Яго. Сударь, сіз бір қара басқыр адам екенсіз. Әзәзілден әмір алса, құдайын ұмытатынның дәл өзі екенсіз. Біз сізге достық ете келсек, өзімізді сұм демексіз. Тегі қызыңызға берер тұқымды айғыр шауып, бар немере, шөбереңіз кісінеп түрегелсін дейсіз ғой. Тегі желіскерден, кер торыдан туысыңыз болсын дейсіз ғой.

Брабанцио. Былапыт, арсыз, сен кімсің?

Яго. Синьор, мен қызыңыз бен мавр екеуі дәл қазірде қос арқасы бар хайуанға ұқсап беттесіп жатыр дегенді айта келген кісімін.

Брабанцио.
Бір құнсыз, сұмырай екенсің!

Яго.
Ал сіз болсаңыз — сенатор екенсіз.

Брабанцио.
Тартасың жазаңды.
Родриго, сені білуші ем ғой.

Родриго.
Барды айтайын, Бірақ жалғыз сұрауым:
Осы сіздің жеті түнде, айдай қызыңды
Қасына жалғыз жалдама қайықшы қосып,
Өзге жасауыл, күзет қоспастан
Маврдың құшағына жібергеніңіз анық па?
Солай демеске шарам жоқ.
Егер біле тұра өзіңіз көнген болсаңыз.
Онда біз адастық сізді текке ренжіттік.
Ал егер білмеген болсаңыз, әдеп лайық қой.
Онда сіз босқа ұрсасыз.
Иланыңыз, Сіздің жақсы атағыңызды қорлауға,
Менің ар-ұятым жол бермес еді.
Ал қызыңыз сіздің — әке еркіне қарамай!
Зор айыпқа батыпты,
Ар, ақыл, көрік, тағдыр баршасын
Қаңғыған, елсіз, бөтен
Жат біреуге ұсыныпты. Біліңізші тезірек,
Үйіңізде қыз болса,
Сізді алдаған күнәма
Осы елдегі зор жазаны тартайын.

Брабанцио.
Шақпақты ендеше
Әкел жарықты.
Оят барлық құлдарды.
Шошып едім түсімнен,
Тіпті ауызға алсам, жан түршігед.
Жарық қайда! Жарық! (Жоғары кетеді.)

Яго.
Қош болыңыз, кетейін.
Бұнда қалсам амалсыз,
Ұлықты шаққан болармын,
Ол лайықсыз және қатер ғой.
Сенатты мен білем ғой.
Аз кінәлар да тоқталар.
Отеллоны жазалауға батпайды.
Жан саясы бәрінің
Осы жолғы жорықта сол ғана.
Бұндай іске сенаттың,
Онымен тең жаны жоқ.
Сол себепті мен міне —
Тозақтан бетер сүйсем де маврды,
Өмірдің көніп күшіне,
Достық туын бейіліме белгі деп
Ала ұмтылған боламын.
Бірақ ол белгі ғана.
Тауып аламыз — десеңдер,
Қуғындарың қонақ үйге беттесін.
Сонда қасында мен де боламын.
Қош тұрыңыз. (Кетеді.)

Брабанцио қызметшілерімен жарық ала шығады.

Брабанцио.
Сор бекер болып па ед — жоқ
Бұл сұмырай өмірде.
Өкініш қана маған қапты.
Ал қайда дейім айтсаңшы, Родриго,
Көрдің бе өзін? Сорлы балам.
Маврға... Бүйткен әкелікті қайтейін!
Таныдың ба өзін? Не деген алдау!
Сізге не деді өзі? Фонарь әкел.
Шақыр барлық туысқанды
Не, келісіп те қойып па?

Родриго.
Солай ма деймін.

Брабанцио.
Үйден қайтіп шықты екен.
Атадан азған.
Әкелер, көрініске алданып,
Қыздарыңа сенбеңдер.
Тазалық, жастық баршасын
Алдайтын сиқыр аз ба екен.
Бұндай жайды, Родриго,
Оқығаның бар ма еді?

Родриго.
Әрине, оқып ем.

Брабанцио.
Шақыр інімді.
Бүйткенше сізге тисе етті.
Шап жан-жаққа. Білесіз бе,
Маврменен екеуін
Қай арадан ұстаймыз.

Родриго.
Табармын деймін.
Жасауылды жиып ап.
Жүрмейсің бе соңымнан?

Брабанцио.
Бастаңыз ендеше,
Әмірім жеткен жерлерде
Елдің бәрін оятам.
Ал қаруды, ей,
Барлық қарауыл басы оянсын.
Жүрші, досым. Еңбегіңді ұмытпан.
Бәрі кетеді.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Венеция. Басқа көше.
Отелло, Яго және факел (жарық) ұстаған қызметшілер шығады.

Яго.
Соғыста адам өлтірсем де,
Арсыздық деп білемін.
Өлтіруге тектен-тек
Сорым сол,
Қаталдығым жетпейді.
Болмаса ма?
Бүйірінен сан рет сапы салар ек...

Отелло.
Салмағаның абзал да.

Яго.
Жоға, өтірігін, сұмдығын.
Асқақ сөйлеп әулігіп.
Тілін сізге тигізген.
Көре тұра иттігін,
Жорғалыққа жайым жоқ,
Салып-ақ қала жаздадым.
Айтыңызшы жалғыз-ақ,
Алғаныңыз шын ба өзі?
Білесіз бе және де.
Сенатор дегдар мұнда сүйікті
Оның өзі тегінде
Дож сөзінен салмақты.
Сізге қаптап жүрмесін
Жұмсап барлық амалды
Мазаңызды алмасын.
Заң да оның соңынан
Күшігіндей ермесін.

Отелло.
Келтіре берсін залалын.
Өлкеге еткен еңбегімнің салмағы,
Оның етер арызынан астамырақ.
Және де намысыма шіркеу етпей мақтанды.
Шахзадалық тегімді де ашармын,
Тең сөйлесіп көрермін.
Ұлы баққа жеткенде,
Еңбегіммен,
Орнымменен жеткемін.
Білесіз бе, Яго!
Ғашығым сүйікті Дездемона болмаса,
Өміріме тұсау сап,
Түз құсындай емін-еркін күнімді
Теңіздегі хан қазынасына бермес ем.
Мынау неткен оттар?

Яго.
Әкесі ғой тобын ертіп келе жатқан.
Үйге енсеңіз қайтеді?

Отелло.
Жоқ, тапсын мені.
Дәреже, еңбек, ақтығым
Кепілім болмай қайтеді?
Солар ма өзі?

Яго.
Жоға, құдай үшін.
Кассио және факел ұстаған бірнеше полицейлер шығады.

Отелло. Дож қызметкерлері, қасындағы менің лейтенантым, қайырлы түн, достарым! Не жаңалық айтасың?

Кассио.
Есенсіз бе, генерал,
Дож жіберді,
Тығыз бұйрық тапсырып,
Бөгелместен жетсін дейт.

Отелло.
Немене екен онысы?

Кассио.
Тегі, Кипр болар себебі
Тағы пәле бар білем.
Кемеден бірі, артынан біреуі,
Taп он екі шапқыны
Бүгін түні кетті ғой.
Сенатордың көбі де
Дож қасына барыпты.
Асығып сізді іздетіп
Пәтерден де таба алмай,
Үш тарапқа шапқыншы,
Сізді іздеумен кетіпті.

Отелло.
Мен ризамын, тауыпсыздар...
Үйге кіріп екі сөз Айтайын да ерейін. (Кетеді.)

Кассио (Ягоға).
Өзі бұнда неғып жүр?

Яго.
Түнде құрғақта жүрген бір кемені басыпты.
Олжасы бойына сіңсе,— бұл бақытты болмақшы.

Кассио.
Мен ұқпадым!

Яго.
Қатын алыпты.

Кассио.
Кімді?

Отелло кіреді.

Яго.
Құдай біледі... Жүрдіңіз бе, генерал?

Отелло.
Жүріңдер.

Кассио.
Тағы бір отряд сізге келед.

Яго.
Брабанцио!.. Сақтаныңыз, генерал! —
Ниеттері жаман ғой...

Брабанцио, Родриго шығады. Қастарында факел ұстаған, қару асынған жасауылдар.

Отелло.
Тоқтаңыздар!

Родриго.
Синьор, міне мавр!

Брабанцио.
Ұста шапшаң ұрыны.

Екі жақтан сапылар жарқ-жарқ етеді.

Яго.
Родриго, сіз бе едіңіз?
Алдияр, сударь!

Отелло.
Тарт сапыны,
Шық тиіп, тат басады оларды!
Синьор, сіздің қарудан да
Үлкендікке етерлік
Ілтипатым молырақ.

Брабанцио.
О, қуарған ұры,
Қайда тықтың қызымды?
Оңбаған, сиқырыңмен алдың ғой!
Ақылы сау адамға
Аярлық сырың мәлім ғой.
Болмаса сендей, момын қыз,
Бақытты жас нәресте.
Венецияның бай да сұлу бектерін
Тастап, батып мазаққа,
Күйедей қара жүзіңе,
Жан шошынар кейпіңе
Кетті деуге кім сенер?
Тексерсін елдің төресі,
Күндей айқын, әрине,
Сұм, сиқырлық қолданып
Қызға ішірткі ішкізіп,
Еркін алып қойыпсың. Тергесін сот,
Мүмкін бе екен, жол ма екен?
Тұтқын ғып сені байлаймын
Жан көрмеген жәдігөй,
Сыбағаңды беремін.
Ұстаңдар! Егер болмай егессе,
Өз обалы өзіне.

Отелло.
Тарт қолыңды!
Мен дегендер тапжылма!
Соғыс болса бар рөлім
Суфлерсіз-ақ ойнар ем.
Қайда жауап берейін?

Брабанцио.
Абақтыда,
Жауапқа, cенi жолымен,
Шақырғанша заңды сот,
Сол арада боласың.

Отелло.
Сіз айтқанға бағынсам,
Дож әмірін қайтемін?
Бұнда соның елшісі
Мемлекеттің ісімен
Мені шақыра келіп тұр.

Офицер.
Рас еді бұл, Синьор,
Дож кеңесте, шақырған болар сізді де.

Брабанцио.
Дож кеңесте?
Жеті түнде?
Ал ендеше алып жүр,
Ісім оңар тегінде.
Дож да, сенат та, өзге досым да
Бұл істі ортақ дерт көрер,
Болмаса, жазасыз бұны жіберсек,
Әрі кәпір, әрі құл
Әміршіміз боп кетер...

Кетіседі.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Мәжіліс залы.

Дож бен сенаторлар өзді-өзі орындарында. Арттарында жасауыл, нөкерлер

Дож.
Хабарларда қайшылық көп.
Шыны қайсы? Күмәнді...

1-сенатор.
Дәл емес.
Бірақ маған
Жүз де жеті кеме десед...

Дож.
Маған жүз қырық деп жазыпты...

2-сенатор.
Маған екі жүз депті.
Мөлшерменен айтқан ғой.
Себебі анық болмағанмен
Нағыса да түріктердің кемесі
Кипрге беттеп баратқаны ап-анық.

Дож.
Кеңесуге сонысы да жетерлік.
Дәл-мәл дейтін несі бар,
Ең аяғы даусызы,
Төніп тұрған қауіп бар.
Матрос (сахна сыртында).
Ей, ей, жібер дейім...

Матрос кіреді

Қызметшілер.
Кемеден келген шапқыншы!

Дож.
Не бар, сөйле! Матрос.
Жау кемесі Родосқа беттепті,

Анджело синьор.
Сенатқа соны білдір деп Бұйырған еді!

Дож.
Міне өзгеріс!

1-сенатор.
Мүмкін емес,
Мағына жоқ. Жорта сүйтіп
Біздің көзді алдамақ,
Осы арада ойға сап,
Түрікке Родос емес
Кипрдің қажеттігін байқасақ,
Барлығын да танимыз.
Және алу да оңай Кипрді
Қорғаны болсын, қамқоры болсын бәрі де
Родостай ма? Осының бәрін екшесек:
Ең керегін таңдамай,
Өзі нәрлі, өзі оңайын баурамай,
Әрі қатер, әрі пайдасызға басатын
Түрік ондай аңғал деймісің?

Дож.
Әрине, ойдағысы Родос емес.
Қызметшілер.
Тағы шапқыншы!

Шапқыншы кіреді.

Шапқыншы.
Қадірмендер,
Родосты беттеп баратқан
Түріктердің кемесі,
Сондағы бір көп кемеге қосылды.

1-сенатор.
Айттым ба? Қанша кеме?

Шапқыншы.
Сандары отыз. Қазір енді ап-ашық,
Бұрылып алып келеді
Тұпа-тура Кипрге,
Әрі адал, әрі ер
Синьор Монтано қызметшіңіз
Тағзыммен осы хабарын
Жеткізумен сіздерді
Шек қылмаса екен дейді.

Дож.
Енді анық Кипр болды,
Шаһарда Марк Лукезе бар ма екен?

2-сенатоp.
Ол Флоренцияда.

Дож.
Қайтсын жылдам, жазыңыз.

1-сенатор.
Брабанцио келеді. Қасындағы ер мавр!

Брабанцио, Отелло, Яго, Родриго, қызметшілер кіреді.

Дож.
Ер Отелло, тығыз керек боп тұрсыз.
Қарсысына баруға
Басылмастай жау түріктің. (Брабанциоға)
Байқамаппын сізді мен,
Есенсіз бе, синьор?
Сіздің көмек, сіздің кеңес қажет еді.

Брабанцио.
Маған қажет сіз едіңіз, тақсырым!
Кешіріңіз. Қызмет пен іс пе еді
Мені орнымнан тұрғызған?
Қамы ма еді жалпының?
Жоқ, өз басымның қайғысы
Селдей басып барады,
Өзге барлық қайғыны
Жалғыз осы жұтады.

Дож.
Немене? Не болды?

Брабанцио.
О, қызым, менің!

Дож бен сенаторлар.
Өлді ме әлде?

Брабанцио.
Маған жоқ,
Қолды болды, бұзылды.
Ішірткімен, сиқырыменен бұзыпты.
Сап-сау балам алданар ма?
Қызым саңырау, соқыр, жынды емес,
Сиқырдан басқа себеп жоқ!

Дож.
Кім де болса сол бұзақы
Қызыңызды алдаумен,
Сізді-дағы қор еткен, естісін
Біздің заңның барлық қатал жазасын.
Өкімін дәл өзіңіз айтыңыз,
Аямаңыз маған десе,
Балам болсын дәл менің.

Брабанцио.
Тақсырым,
Алғыс айтам, мынау мавр!
Өзін тығыз осында
Мемлекеттің ісімен
Сіз шақыртқан ба едіңіз?
Дож бен сенатор.
Қап, бәрекелді-ай.

Дож (Отеллоға).
Бұл айыпқа сіз не дейсіз?

Брабанцио.
Жалғыз-ақ бәрі шын болсын!

Отелло.
Құрметті ұлық синьорлар!
Тегіс кемел мырзалар!
Шалдың қызын әкеткенім рас еді,
Үйленгенім және рас.
Басы қатты болса да соңы тәтті.
Күйдіргенім қайсы?
Сөзім топас болар,
Бейбіт күннің биязы сөзін білмеймін,
Жеті жастан бұл күнге дейін,
Жалғыз соңғы тоғыз айы болмаса,
Білгенім тек — солдат қосы.
Тыныштық жайды жақсы айта алмаймын,
Әңгімем ерлік, тартыс, соғыс еді.
Сіздерге де жақпаспын
Айтқаныммен жайымды,
Бірақ рұқсат етіңіз,
Бояусыз тура айтайын
Бақсылық емес, махаббаттың толқынын,
Ішірткі, сиқыр, жәдігөй
Деген айып тақпақ қой.
Қызын немен алды екем.

Брабанцио.
Қызым менің
Бұзар емес,
Өзі момын, ұялшақ
Еді барынша, енді сол
Тегіне, жасына, еліне, намысына да қарамай
Көрсе шошыр немені сүйді десе кім сенер.
Орынсыз бос сандырақ.
Мінсіз асыл адасып
Теріске әдейі басты деу.
Білемін, дозақы қылық айламен
Жетіп отыр бұл іске. Ант етемін
Ішірткімен, қан қоздырып
Ішкізген сұм дәрімен
Буып отыр бұл оны.

Дож.
Ант етулер аз болар
Анық айқын айғағы жоқ уақытта.
Болар деген болжал ғой.
Кінәнің көбі елес қой.

1-сенатор.
Айтыңызшы, Отелло,
Заңсыз, зорлық жолымен
Жеңдіңіз бе жас баланың жанын сіз.
Әлде өтінішпен алдадыңыз ба
Жүрекке тартып жүрегін?

Отелло.
Өтінемін.
Қонақ үйден әйелімді алдырыңыз,
Әке алдында айтсын менің жайымды.
Егер жалған айтқан болсам,
Қызмет емес, маған деген сенімді де
Тегіс қайтып алыңыз:
Және де өкім етіңіз
Тірлігім де жоқ болсын.

Дож.
Келсін дереу Дездемона.

Отелло (Ягоға).
Сіз еріңіз, жол білесіз,
Яго мен бірнеше қызметшілер кетеді.
Ол келгенше — күнәлі шын сырымды
Тәңірі алдыңа айтайын
Қатал жиын естісін
Сүйікті сұлу махаббатын қалай алды екем.
Мені ол қалай жеңді екен.

Дож.
Сөйлеңіз, Отелло! Отелло.
Әкесі мені ұнатып, шақырып
Әрдайым сұрап айтқызып
Бастан кешкен соғыс
Қыспақ, шабуыл жайын тыңдаушы ед...
Мен балалық күннен бастап ап
Сол әңгіме айтқан шаққа шейін тізуші ем.
Қатері көп істермен
Құрғақтағы қауіп пенен теңізде
Тосқан ажалды да айтушы ем.
Жауыз жаулар тұтқын етіп алғанын
Құл ғып сатып, қалай азат болғаным
Барлығын да айтушы ем.
Жаһан кезген жолымды,
Шөл даланы, тас үңгірді,
Кек тіреген алып құзды айтушы ем.
Бір-бірінің етін жейтін каннибал мен
Бас дегені иығынан
Төмен біткен антропофакты айтқанымда
Дездемона құштар болып тыңдаушы еді.
Әлдеқалай шаруамен шыға қалса,
Тыңдағалы сөздерімді
Ісін жылдам бітіріп
Асығып қайта келуші ед.
Соны байқап, көзін тауып, орайлап
Шала есіткен, бастан кешкен жайларды
Айтып бер деп өзі сұрайтын
Етіп см. Сұрауымен сөз қозғап
Жас шағымның қасіретін айтқанда,
Талай рет көзінен жас ағып ед.
Барымды айтып болғанда,
Соған орай мені сүйеп күрсініп
Қайран боп, ғажап екен, ғажап деп
Жан ашиды, жан ашиды деп келіп,
Естімесем нетуші ед деп, Бірақ сіздей
Болсам нетуші ед деп
Алғысын айтып ед.
Және тағы тұспалдап:
Мені сүйген адамым
Өз жайынан осындай халді баяндаса,
Мені жеңер ед дегенде, мен іштегі сырды аштым.
Ол ғазабым үшін сүйгенде
Мен мейірбандығы үшін сүйіп ем.
Осы менің барлық сиқыр дегенім
Өзі де әні келеді екен. Айтсын дәлін.
Дездемона, Яго және қызметшілер кіреді.

Дож.
Мұндай хикаяға менің қызым да ерер ед.
Қадірлі Брабанцио.
Жамандыққа жақсы жағынан қараңызшы.
Тіпті құр қол болғанша
Сынық та болса құрал тәуір де.

Брабанцио.
Қызым өзі сөйлесін,
Егер аз да болса өзінің еркі,
Сол десе — кінәм үшін өлейін;
Бер келіңіз, шырағым,
Осынау ұлы жиында
Кімнің тілін алмақсың?

Дездемона.
Әке, мойнымда екі қарыз бар.
Тірлігім де, тәрбием де сізбенен,
Өмір менен тәрбием
Сізді сыйлауменен өсірді,
Қызыңыз боп тұрғанда
Қарыздар ем мен сізге.
Бірақ енді, міне — ерім бар,
Бір кезде менің өз анам
Әкесі емес, сізді құрмет еткендей.
Мен де қолды беремін маврға — менің еріме.

Брабанцио.
А, ендеше тәңірі оңғарсын. Қойдым мен.
Қайтемін, тақсыр, ісімізге көшейік.
Қыздан да асыранды ұлды сүйер ем.
Ал мавр! Кел бері!
Қолың жетіп қоймаса,
Жұлып алам деп едім, енді
Шын пейілмен сыйлаймын.
Сізше, асыл қазынам!
Өзге балам жоғына дән ырзамын,
Сенің қашуың қаталдыққа үйретті ғой,
Оларды кісендеп қояр ем. Мен болдым, дож!

Дож.
Рұқсат болса, сіз үшін бір сөз айтайын:
Сізден кешірім алуға,
Асықтар үшін сеп болар!
Дәруі жоқ болғанда,
Қасіретке дауа жоқ.
Бәрі мәлім болғанда,
Үміт шетке таяды.
Көздің жасын қайғыға серік еткенде,
Тек қайғыға қайғы қосамыз.
Келмеске неге жылаймыз?
Егер дертке шыдасақ,
Дертті күлкі етпесек,
Ұры артынан жирене қарап күлкі еткен
Пәленің де көп салмағын жеңетін.

Брабанцио.
Сөйтіп, сіздің өсиет бойынша,
Кипрден де айрылып,
Күлкіні медеу етерміз,
Өсиет сөзді қайғыдан жырақ кісі айтар:
Сөз оған — пәле қаза еміндей;
Бірақ қасіретті шындап тартқан жан болса,
Оның тапқан өтесіні
Қорлық пенен шыдау ғой.
Мынадай соз удай болсын, балдай болсын,
Екі жаққа бірдей ғой —
Кім тілесе сол алад,
Сөз, сөз ғой құр!
Әйтсе-дағы сенбеспін.
Жүректегі жараны
Құлақ жазар дегенге,
Қатты өтінем сіздерден,
Мемлекет ісіме көшейік.

Дож. Түріктер қалын кемемен Кипрға беттеп бара жатыр. Ол аралдың әскер күшін жұрттың бәрінен артық білетін сізсіз, Отелло. Ол жердегі әмірші берік адам болғанмен, істің түбін абырой, атақ шешеді. Сол атақ сізде ғой. Сөйтіп жана бақытыңыздың шырайын бұзар болса да, осы қиын, ауыр сапарға сіз баратын боласыз.

Отелло.
Сенаторлар, машық деген әмірші
Соғыстың тас төсегін
Маған құс төсекпен тең еткен.
Жайнап тұрған қызық күтем
Қатал күннен, әзірмін.
Соғысқа шығам түрікпен.
Тағзым етіп сіздерден
Сұрайтыным жалғыз-ақ
Әйелімнің үй-жайын,
Нөкері мен азығын
Туысына сай етіп
Орнымен жайлап беріңдер.

Дож.
Тілесеңіз егер де
Тұра тұрсын әкесінің үйінде.

Брабанцио.
Жоқ, мен көнбеймін.

Отелло.
Мен де.

Дездемона.
Мен де. Онда барғым келмейді.
Күйік болып әкеме,
Ыза қылып нетемін.
Мархабатты дож,
Сөзіне ілтифат етсеңіз,
Өз басыңыз пана боп,
Ығыңызға алыңыз.

Дож.
Сонда нені тілейсіз?

Дездемона.
Бір болам деп маврды мен сүйгемін,
Оны ойнақы тағдырым
Дүниеге паш етті. Жаным менің
Ерлігіне табынған.
Жаны болса Отеллоның
Міне тұрған жүзінде
Ерлігі мен абыройына осының
Тағдырымды, жүрегімді арнағам.
Осы жерде әлсіз гүлдей
Мен қалып, ол майдан кетсе,
Өзім сүйген қасиетін көрмеймін.
Сүйгеніммен жырақта
Болған күнде ауыр ғой,
Жібер деп бірге өтінем.

Отелло.
Сол тілегін беріңіз деп жалынам,
Құдай куә, нәпсінің көп арманын
Ойлап сұрап тұрғам жоқ,
Құмарлықтың қызығы да ойда жоқ.
Сөнген ондай жас жалын —
Сұраймын жалғыз, алсын деп ол тілегін,
Зинаһар, ойламаңыз бұнымен
Бірге боп, ауыр зор істі
Бүлдіреді екен деп!
Жоқ! Егер ойнақы Амур
Қанаты жеңіл махаббаттың періштесі,
Ой көзімді суалтып,
Қайратымды ұрласа,
Сөйтіп еңбегімді ермек жояр күн болса,
Онда менің дулығамды
Қазан етсін қатындар!
Барлық пәле жиылып,
Атағымды қор етсін.

Дож.
Қалсын ба, сізбен ерсін бе
Оны өзіңіз шешіңіз.
Іс асығыс,
Жауабы да асығыс;
Жолға бүгін жүресіз.

Дездемона.
Бүгін түнде ме?

Дож.
Иә,

Отелло.
Дән ырзамын.

Дож.
Біз ертемен, тоғызда тағы бас қосалық.
Отелло, сіз офицеріңізді қалдырыңыз,
Жол қағазбен басқа да
Дәрежеге лайықты
Бар керекті ап барсын.

Отелло.
Менің прапорщигім
Адал, таза адамым. Соған
Әйелімді алып жүруді тапсырам,
Және, ұлық құрметті, өзіңіз
Жіберетін зат болса,
Барлығын да жеткізед...

Дож.
Құп ендеше,
Ал сау болыңыз баршаңыз.(Брабанциоға.)
Қадірлі синьор,
Ерлік өзі сұлулықта ғой білсеңіз.

1-сенатор.
Қош, мавр, Дездемонаны күтіңіз!

Брабанцио.
Уақап бол бұған, мавр!
Әкесін міне алдап тұр,
Болар ма екен адал жар!
Дож, сенаторлар, қызметшілер тегіс кетеді.

Отелло.
Кепілім менің өмірім! Сенімді Яго,
Дездемонаны саған ғана тапсырам,
Өтінішім, әйеліңді қосып қасына
Қайырлы сағатта жеткіз аман екеуін.
Жүр, Дездемона, жалғыз сағат
Махаббат пен тыныштық үшін тиіпті.
Уақытқа бағыну қарыз біздерге.
Отелло. Дездемона кетеді.

Родриго. О, Яго!

Яго. Не айтасың бекзадам?

Родриго. Енді мен қайттым?

Яго. Барасың да жатып ұйықтайсың.

Родриго. Бөгелместен суға кетіп өлемін.

Яго. Өйтетұғын болсаң, онда мен біржолата сүймейтін болармын сені.
О не дегенің, әй, ақылсыз?

Родриго. Өмір сұм болса, тірі жүру ақымақтық, өлім емшің болса, өлмек лайық.

Яго. Әй, жаман-ай! Мен міне жиырма сегіз жыл бойы дүниені болжап, панда мен залалды айыратын болғалы, өз пайдасын жақсы білген адамды көбген емеспін. Желдіаяққа құштар боп, суға кетіп өлем деуден бұрын мен болсам, әуелі адам басыңды павиандай маймылға айырбастаған болар ем.

Родриго. Енді қайтейін? Білемін, осыншалық сүюім ұят, Бірақ сомы жеңер қайратым жоқ.

Яго. Қайрат! Садағам! Қандай болсақ та біздің өзімізден. Біздің тәніміз — бақша, тілектеріміз — бағбан. Сол бақшаға тікен егеміз бе, жем жапырақ, немесе хош иісті шөп егеміз бе, бірін ғана егіп, немесе көбін егеміз бе, жалқаулықпен өнімсіз етеміз бе, бейіш салып көркейтеміз бе, бәрін де өзі әмірші әрі түзеуші де — жалғыз біздің өз еркіміз. Өмір таразымыздың бір басында, құмарлық жағын жеңдіріп әкетпей, дәл бастырып тұратын ақыл болмаса, біздің жаратылысымыздағы қан менен осалдық бізді қор етер еді. Бізде түпсіз тілек, қомағай нәпсі, қу құмарлықты тежеп отыратын ақыл бар ғой. Сол себепті сіздің махаббат дегеніңізді мен қолмен еккен жат ұрпақ деп санаймын.

Родриго. Мүмкін емес!

Яго. Ол құр ғана тән құмарлығы және қайраттың қажығандығы. Қой, еркек бол. Суға кету! Мысық пен соқыр күшіктерді суға тоғыт! Мен сенің досыңмын дедім. Шын айтам, саған болысуға достығымның арқауы нық берік. Оған соң қазір өзге уақытта қолдан келмес істер істей аламын. Қалтаңды ақшаға толтыр да, бетіңе сақал жапсырып өзгеріп ал да, осы жолға бірге жүр. Есіттің бе, қалтаңды ақшаға сықап ал! Дездемонаның маврға деген махаббаты ұзақ болмас. Қалтаны ақшаға сықап ал. Маврдікі де көпке бармас. Қыз құлшынып бастаса да, құбылып қайтқанын көресің. Жалғыз-ақ қалтаңды ақшаға сықа. Бұл мавр дегендердің де тілектері айнымалы болатын. Қалтаңды ақшаға сықап бер, бүгінгі балдай тәтті ертең зәрдей ащы көрінер. Қыз жастығымен өзгереді, мынаның денесіне тойып болған соң, таңдау жолында адасқанын ұғады. Өзгені керек етеді, керек етеді, сол себепті сықай бер қалтаны. Әйтеуір басыңды жоймақ болсаң, суға кеткенше, бір шебер жол тапсаңшы тым құрмаса. Қолға түсер сумманың бәрін тоғыт. Егер баспана жоқ жабайының құлығы мен бас уәдесі, Венецияның сайқал қызының жалған серті менің қолымнан асып, дозақ күшін өзіне табындырып кетпесе, сен ол әйелмен мауқыңды басасың. Сол себепті төк ақшаны, суға кету не деген сандырақ! Түкке тұрмайды. Бос қалып суға кеткенше, одан да құмарыңа жет те дарға асыл

Родриго. Егер түбіне сенсем, сен менің үмітімді ақтар ма едің?

Яго. Маған шәк қылма. Ақшаңды төк. Мен көп айттым ғой саған, енді тағы, тағы айтайын — маврға өшпін. Өшігетін жөнім бар, сенің де себебің олқы емес. Кел екеуміз бірігелік те кек алалық. Сен дегеніңе жетсең, өзіңнің құмарың қанады да, менің айызым қанады. Уақыттың құрсағында көп сыр жатыр, жарыққа шығар. Марш, қозғал, бас аяқты, ақша тап. Ертеңгі күн бүгіннен гөрі көп берейін деп тұр. Қош бол.

Родриго. Ертең қайда жолығамыз?

Яго. Менде.

Родриго. Мен ерте келемін.

Яго. Барыңыз, қош болыңыз. Байқа, Родриго!

Родриго. Не дейсіз?

Яго. Өлім жайлы жарым сөз де болмасын, білдіңіз бе?

Родриго кетеді.

Яго.
Әрқашан да ақымақтар менің қазынам.
Шеберлікті текке неге кетірем.
Бұл құзғынмен уақытты
Босқа неге өткізем.
Маврға да мен өшпін,
Менің төсегімде
Мен істейтін жұмысты
Атқарады деседі.
Білмеймін, рас па екен?
Бірақ мен дәлін білген кісідей
Сезікпенен іс етем.
Өзі мені жақсы көред
Ойдағымды орындауға бұл жақсы.
Кассио сұлуша жігіт... Ойлау қажет;
Соның орнын алса және істі
Қос қулықпен тындырса!
Бірақ қалайша десеңші?
Үндеме, уақыт өтсін,
Отеллоға сыбырлап,
Әйеліңмен ашына ғой деу керек.
Өзі сұлу, өзі майда Кассио,
Әйел затын аздыруға жаралған.
Мавр болса пейілі ашық, өзі кең,
Адалмын деген көрініске сенгіш-ақ,
Ноқталап ап, өсектейін жетекке алу
Оп-оңай...
Таптым! Ұрық бітті. Түн мен тамұқ Дүниеге бір сұмдықты туғызар.

Кетеді. Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Кипрдегі теңіз порты. Жағадағы ашық алаң. Монтано мен екі дворян шығады.

Монтано.
Теңізден ары көзге ілінген зат бар ма?

1-дворян. Түк жоқ. Теңіз шауып тулап тұр. Су мен аспан арасында Желкенді көріп болмайды.

Монтано.
Құрғақта дауыл қатты еді.
Мұнараны былай сілкіп көрген жоқ.
Ашық теңіз бетінде,
Сондай соққы болғанда,
Таудай толқын ұрғанда,
Қандай кеме шыдасын?
Не жаманат естір екеміз?

2-дворян.
Түрік кемесі жойылды деп естірміз.
Көбік атқан жағаға барып көріңіз.
Долы толқын бұлтты барып қуғандай.
Шабынып тұрған телегей
Жалы шапшып жаланып,
Жарқыраған жұлдызды ұрып тұрғандай.
Терістік пен түстіктің
Аумас оты сөнгендей.
Дәл мұндай боп құтырғанын көрмеп ем!

Монтано.
Я. Тығылмаса жағаға
Біткен болар түріктер,
Мынаған шыдап тұра алмас.
Үшінші дворян шығады.

3-дворян.
Достар, соғыс бітті!
Жойқын дауыл жайын тапты түріктің.
Бар талабы құрыды.
Венеция кемесі
Жаудың барлық кемесінің
Ойран, талқан болған жайын көріпті.

Монтано.
Япыр-ай, шын ба екен?

3-дворян.
«Веронец» деген кеме келіп тоқтады.
Ер маврдың лейтенанты
Микеле Кассио келіпті.
Мавр өзі жолда дейді,
Кипрге ұлық болып бекіпті.

Монтано.
Қуанамын, сай бастық

3-дворян.
Бірақ түріктердің қазасын
Қуанып айтқан, Кассиода кейіс бар.
Маврдың жанын тілейді,
Қатты дауыл үстінде
Көз жазысып қалыпты.

Монтано.
Сақтай гөр!
Қызметінде болып ем,
Әрі солдат, әрі бастық,
Ей, жүріңдер жағаға,
Жаңа кеме көріп ап
Теңіздегі Отеллоға көз салып,
Сонан алыс көкжиекте
Су мен аспан қосылған жерді шолайық.

3-дворян.
Жүрейік тез,
Әр минөтте келіп қалу мүмкін ғой.

Кассио шығады.

Кассио.
Алғыс айтам Кипрдің бар еріне
Маврды сондай зор тұтқан! Иә, тәңірі!
Дүлей жаудан өзің пана бола гөр!
Қауіпті теңіз ортасында айрылдым.

Монтано.
Кемесі берік пе еді?

Кассио.
Кемесі мықты, кемеші де
Сенімді де шебер ед.
Сол себепті үмітім
Әлсіремей өседі.

Сахна сыртында дауыстар: «Желкен, желкен, желкен» деседі. 4-ші дворян шығады.

Кассио.
Мынау не шу?

4-дворян.
Барлық қала қаңырап
Жағаға тегіс жиылып,
«Желкен» десіп дауыстайд.

Кассио.
Үмітім зор — сол әміршім!
Зеңбірек даусы естіледі.

2-дворян.
Амандасқан салют қой,
Осы тегі дос болар!

Кассио.
Өтінемін, барып біліп,
Кім келгенін айтыңызшы.

2-дворян.
Барайын.

Монтано.
Үйленіп пе еді генералың, лейтенант?

Кассио.
Иә. Сәтіменен үйленді,
Мақтау, сырлау жете алмастай
Бір қызға.
Табиғаттың көркем еткен бір жаны
Барлық қасиет бір өзіне жиылған.

2-дворян шығады.
Ал, анау келген кім екен?

2-дворян.
Отеллоның прапорщигі,
Яго дей ме, немене?

Кассио.
Бақытты екен, оңайлықпен жетіпті,
Дауыл, толқын, дүлей жел,
Жартас пенен қайраң да
Қас етуші ед кемеге,
Нұрды көріп, сұм қылығын қойған да,
Жол берген ғой перизатқа.

Монтано.
Ол кім?

Кассио.
Ол біздің, командирдің командирі.
Ертіп келген ер Яго;
Күткен кезден
Бір апта ерте келіпті.
Я тәңірі, Отеллоны сақтай гөр,
Желкеніне өз деміңмен жел соқтыр,
Кемесімен жағаға жетіп қуантсын,
Тезірек кеп құшағына жарын ап,
Бәріңізге қайрат берсін жаңадан,
Кипрді де мәз етсін.

Дездемона, Эмилия, Яго, Родриго. қызметшілер шығады.

О, көріңдер мінеки,
Кемедегі асыл заттар келеді,
Арал халқы, тізеңді бүк!
Бақытты бол, ханшайым!
Мейірімі түсіп тәңірінің,
Жәрдемшің болсын әрдайым.

Дездемона.
Алғыс айтам мен сізге.
Жарымнан не білдіңіз?

Кассио.
Әлі келе қойған жоқ.
Бірақ білем,
Аман-сау, қазір жетеді.

Дездемона.
Әй, қорқамын...
Не ғып бөлек кеттіңіз?

Кассио.
Теңіз бен аспан алай-түлей алысып,
Екі айырды, еріксіз.

Сахна сыртында айқай, «желкен, желкен» деседі.
Естисіз бе, желкен дейді?
Зеңбірек.

2-дворян.
Жағаға кеме тіл қатты,
Келе жатқан дос болар.

Кассио.
Біліңізші хабарын.

2-дворян кетеді.
Есенсіз бе, мейірімді поручик! (Эмилияға)
Саумысыз?
Мейірімді Яго, біраз ғана
Еркіндік етсек, ұрыспаңыз.
Тәрбиеміз, тағзым ет деп бұйырад.
Қолынан сүйеді.

Яго.
Тілін маған сыйлағандай
Ернін сізге көп сыйласа,
Мырза, сіз де тояр едіңіз.

Дездемона.
Сөзуар дейсіз бе?

Яго.
Өте-мөте.
Әсіресе ұйықтар кезде сөзі көп.
Рас, сіздің алдыңызда
Тілін тияды, оған кепілмін,
Бірақ сол кезде ішінен сусындап тұрады.

Эмилия.
Тіпті бекер айтасыз.

Яго.
Әрине, сіздер көшеде — суретсіз,
Қонақ үйде — қоңыраусыз, ас үйде — мысық.
Ұрысарда — әулие, күйген кезде — сайтансыз.
Шаруа деген — ойыншық, анық шаруа төсекте.
Дездемона.
Түу, ұятсыз, жалақор.

Яго.
Өтірік айтсам түрік болайын. Тура айтайын:
Сіздер үшін түру — ойын, жату — іс.

Эмилия.
Маған мақтау айтпай-ақ қойыңыз.

Яго.
Айтпаспын.

Дездемона.
Мені не деп мақтар едің?

Яго.
О, ханым, айтқызбаңыз.
Сынамастан қоя алман.

Дездемона.
Тіпті жақсы! Жағаға кісі кетті ме?

Яго.
Иә, ханым!

Дездемона (шетке).
Көңілсізбін, сыртпен ғана
Іштегіні бүркеймін. (Ягоға)
Ал мені қалай мақтайсың?

Яго.
Ойлаймын-ақ, Бірақ ойым басыма
Желімдей жабысып қалыпты,
Миға да солай тартып тұр, Бірақ қиял
Ақырында тапқандай:
Ақылды боп, сұлу болсам,
Сұлулығым қазына, ақылым соны сатқандай.

Дездемона.
Мақтау-ақ!
Ал ақылды боп, кейіпсіз болса нетеді?

Яго.
Қара қыз боп, ақылды болсам,
Ақ жігіттің сұлуын тауып алмасам.

Дездемона.
Бұнысы тағы оңбады.

Эмилия.
Ал сұлу боп, ақымақ болса нетеді?

Яго.
Ақымақтық пен сұлулық болса іс нәзік:
Ақымақтықтың жәрдемімен бала бітеді.

Дездемона. Бұның бәрі қабақтағы ақымақтарды күлдіретін санасыз, ескі қылжақ қой. Ал өзі ақылсыз, өзі кейіпсіз болғанға не мақтау айтар едің?

Яго.
Кейіпсізде ақылсыздың мінезі
Ақылды сұлу әдетімен десе бірдей.

Дездемона. О, қараңғы надандық! Ең жаманды барлығынан асырдың. Ал, шынымен мақтанға тұрарлық, қасиетіне жауыздықтың өзі де мойындарлық әйелді не деп мақтар едің?

Яго.
Егер әйел сұлу да болса, момын келсе,
Шешен де болса, суырылмаса,
Ерінің мүлкін көрінгенге шашпаса,
Көңілі қарсы болса да «я көндім» десе,
Ыза қылған кісіден өш алу оңай болса да,
Ұмытуға, кешірімге кең болса,
Сол сұлудың ебі шебер,
Ойы жүйрік, ойдағысын ішке бүгіп,
Дарытпайды қандай жігіт болса да.
Қатын сол да, соны алса...

Дездемона. Иә, не керекке жарар ед.

Яго. Есер ұлдар көп тауып, сыра құйып тұрар ед.

Дездемона. О, бишара, құнсыз сөз екен. Осы күйеуің болса да сөзін тыңдамашы, Эмилия. Сіз не дейсіз, Кассио. Барып тұрған былапыт, бейпіл ауыздың дәл өзі емес пе осы?

Кассио. Тілі топастау екені рас, сударыня! Бұның үгітшілігінен гөрі солдаттығын ұнатарсыз.

Яго (шетке). Алақанына қол тигізеді екен, солай, жақсы, сыбырлас. Өрмекшінің торымен Кассиодай үлкен шыбынды шырмайын. Иә, иә, жымия түс сөйтіп. Сені мен сол сыпайылығыңа шырқармын. Сіздікі жөн, әрине. Мұндай қалжың сенің лейтенанттығыңды алып қоятын болса, онда сүйсінгеннен қолыңды сүю жарамас. Бірақ сіз білікті мырза боп көрінуді білесіз. Бек жақсы! Тамаша, сүйісіңдер. Айналдыруы шебер! Өз қолын тағы да сүйіп тұр ма? Осы қолың махаббатың ағарлық шүмек болса.

Керней үні.
Мавр! Керней үнін таныдым.

Кассио.
Иә, дәл өзі.

Дездемона.
Жүр, алдынан шығайық.

Кассио.
Әні, өзі де келеді.
Отелло мен нөкерлері шығады.

Отелло.
О, жауынгер асылым!

Дездемона.
Отеллом менің!

Отелло.
Қуанам да қайранмын,
Менен озып кепсіңдер. Қуанышым!
О, дауыл арты бұндай тыныштық болғанда
Тағы соғып асау жел
Ажалды да айдасын.
Кеме толқын тауына
Шығып алып құлдилап
Құлай берсін тозаққа.
Енді маған өлім де
Зор бақытпен тең болар.
Жаным толы шаттыққа
Қорқатыным жалғыз-ақ,
Осындайлық бақытты
Берер ме тағдыр ұзақ қып.

Дездемона.
Неге, құдай-ау!
Махаббат пен қуаныш
Өсу керек күн санап.

Отелло.
Әмин, иә құдай-ау!
Қуаныштан сөйлеуге де мұршам жоқ.
Дем біткендей. Неткен бақыт!
Мынау, мынау ғана бөгесін. (Сүйіп.)
Жүректегі бірлікті.

Яго (шетке).
Бірлігің бүгін жақсы екен,
Тиегіңді тайдырып, күйлеріңді бұзармын
Намысыммен ант етем.

Отелло.
Жүріңіздер сарайға.
Соғыс бітті, суға кетті түріктер.
Ескі достар бұнда қандай жайда екен?
Кипрде сіз асыл қонақ боласыз
Мені мұнда жақсы көріседі. Қуанышым!
Мен орынсыз сөз сөйлеп,
Сүйсінгеннен сандырақтап барамын.
Мейірімді Яго, пристаньға бардағы,
Сандықтарды алғызып,
Қамалға капитанды ап келші.
Өзі нағыз ер екен,
Қасиетін хош тұттым.
Дездемона, жүріңіз!
Кипр сізді күтеді.

Яго мен Родригодан басқалары кетеді.

Яго. Біраздан соң мені пристаньнан табасың. Мұнда келші. Осы ғашық болған шағында тегінде жоқ болса да нелер сұмдар жақсы мінез істей алады деуші еді, ер болсаң мені тыңдашы. Лейтенант бүгін түнде сарай ішінде күзетте болады. Ең әуелі Дездемона оған барынша ғашық деп біл.

Родриго. Соған ба? Мүмкін емес.

Яго. Жап аузыңды, сөйт. Тыңдай бер сиді. Білемісің, басында маврдың мақтаны мен бөспе әңгімесіне құлшына құмар боп еді ғой, ал сол былшылды үнемі сүйе берер деймісің? Жүрегің дана ғой, сенбессің оған. Оның көзі тою керек. Ал ана жағына қарап не құмары қанады? Құмарлық барып махаббат ойнағымен басыла ма — сонда оны қайта жандырып алу үшін сұлу пішін, майысқан жастық, биязы, әсем сыр керек. Бұның бәрі маврда жоқ. Сол сипатты іздеуде ол әуелі өзінің нәзік жүрегі алданғанын сезеді, басында тойып болып, содан соң маврдан жеркеніп. жек көретін болады. Осының бәрін оған табиғаттың өзі үйретеді, жана біреуді таңда дейді. Бұл айтқаным айдан айқын, табиғат заңы. Ал, мырза, осыған илансаң, енді осындай олжаға Кассиодан оңай тұрған кім бар? Ол өзі сөзге сумаң. Өзі де сыпайы, тәрбиелі, ақ жарқын мінездің астарында өліп талған, сұмырай құмарлық бар. Дәл осы! Taп осы! Ол нәзік құмарпаз. Және орайын тапқыш. Өзінде қасиеттен дәнеңе болып көрмесе де, ол зор қасиет иесі боп құбыла да, көріне де біледі. Қулығы да әзәзілдей, оның үстіне бұл сұмырайдың өзі сұлу, өзі жас. Санасыз жастықтың көзін тартарлық сипаттың бәрі өзінде. Сұмдық исі мүңкіп тұр, әйел де соны сезіп-ақ қалды.

Родриго. Мен мұныңа сене алмаймын. Бұл әйелдің жаны абзал.

Яго. Тұрмысы абзал! Оның ішкен шарабы жүзім суы емес пе? Абзал болса, бұл маврды әсте сүймес еді. Абзал бүйен! Жаңа ана жігіттің алақанымен қалай ойнағанын көрмедің бе? Соны шын байқамадың ба?

Родриго. Байқадым, Бірақ ол жай ғана сыпайылық қой.

Яго. Жоқ, сол бұзықтық екеніне мен кепілмін. Былық пенен арам ниеттің ымы-жымы, құлақ күйі сол. Екеуінің еріндері сондай жақындасып, демдері араласып тұрды. Ниеті жаман, Родриго! Сүйтіп екі тілек жоқ рұқсат етіңіз. Венециядан алып келген де менмін ғой. Бүгін кешке күзетте тұрыңыз. Сізді қою міндетін мен өзім алайын. Кассио сізді білмейді ғой. Мен сізге жақын жерде жүремін. Бір есебін тауып Кассионы ашуландырыңыз. Оған дабырлап сөйлеген сөз бе, әскерлік намысына тию ме, не кезіне қарай басқа бірдеме ме, әйтеуір өзіңіз сылтауын табарсыз.

Родриго. Жақсы.

Яго. Сударь, ол өзі шадыр, күйгелек. Тіпті ол сізді таяқпен салып та қалар — сөйтетін етіңіз. Сонда маған Кипрдің халқын біріктіруге болады. Содан соң бұрынғы тәртіпті қайта орындату үшін Кассионы орнынан алу қажет болады. Сөйтіп құмарыңа жетуге төте жол табасын. Менің көмектесуіме де рет табылады. Ал бөгетті сондай пайдалы түрде құлатқан соң, сіздің рақатыңызға кедергі қалмайды.

Родриго. Қисыны табылса, мен бұны орындайын.

Яго. Табылатынына мен кепілмін. Біз қазір қорған ішінде кездесеміз. Оған шейін мен әлгінің нәрселерін жағаға шығартайын. Қош.

Родриго. Қош.

Кетеді.

Яго.
Кассионың сүйгеніне бек сенем;
Әйел сүйсе ол да шын.
Ал мавр — өзін сонша жек көрсем де,
Ақкөңілді адал жан;
Дездемона жарына
Жақсы күйеу болғандай.
Әйелін мен де сүйемін,
Құмарлықпен емес-ау,
Өзге күнәм зор болса да,
Біресе кегім үшін демекпін.
Күдігім бар, құмары күшті мавр.
Төсегіме мінді білем. Осындай ой
Ішімді удай кеміреді.
Қатыныма қатын орай еткенде,
Сонда ғана жүрегімді тыншытармын.
Ол болмаса, маврды
Сондайлық бір қызғанышпен қайнатып
Ақылына ие болмастай етермін.
Бұны істеуге қосамын деп ап жүрген
Жарамаса Венеция төбеті
Кассионы ұстармын. Оның өзін
Маврға сұм ғып көрсетем. Бір қаупім
Кассио менің өзімді де
Ұрмасын. Ал мавр менің оны есек етіп
Тыныш жанын жынды еткенім
Үшін мені мақтап сүйер де.
Долбар солай піспей тұрсын.
Іске асқанша жауыздың
Біраз қалғып тұратын.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Көше.
Жарлық қағазды ұстап жаршы шығады.
Артында халық.

Жaршы. Біздің бекзада, сайыпқыран генералымыз Отелло түрік кемелерінің түгел жойылғандығына барлық халық болып зор мереке жасайық дейді. Тілегендер билесін, тойға арнаған оттар жақсын, әркім өз қалауы бойынша сауық құрсын дейді. Өйткені бүгін жалғыз жауды жеңу емес, генералдың үйлену тойы да болғалы отыр. Осыны жария қылып отыр. Қонақжайдың баршасы да әзір, еркін кіріп тойлауға қазіргі сағат бестен он бірге шейін тегіс ашық. Иә, тәңірі, Кипр аралы мен оның бекзада генералы Отеллоға жар бола гөр!

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сарай залы.
Отелло, Дездемона, Кассио, қызметшілер шығады.

Отелло.
Микеле, күзетке уақып болыңыз!
Тартымды боп үйреніп
Қызуды тежей білейік.

Кассио.
Істер іске Яго бұйрық алып ед,
Сондағы мәні-жөнін
Өзім тағы қарайын.

Отелло.
Яго сондай таза жігіт,
Қайырлы түн. Ертең ерте
Сөйлесерміз. Жүр, жарығым!
Сонда бітті енді бізге
Жемісін татар шақ бітті.
Қайырлы түн.

Отелло, Дездемона, қызметшілер кетеді. Яго кіреді.

Кассио. Хош келіпсің, Яго, бізге қазір қарауылға бару керек.

Яго. Қазір емес, лейтенант, әлі он болған жоқ. Біздің генерал өзінің Дездемонасына ынтық боп тұрғандықтан бәрімізді ерте босатты. Ол үшін кінәлауға болмайды, бүгін әлі қызықтаған жоқ қой. Ал әйелінің тәттілігі қайыңды да қызықтырғандай ғой.

Кассио. Иә, тамаша әйел.

Яго. Өзі ойын үшін жаралған, осыған да кепілмін.

Кассио. Әрине, сондай уыз, нәзік жан ғой.

Яго. Көзі қандай десеңші! Көңіліме сырласуға шақырып тұрған сияқтанады.

Кассио. Шақырғыш көздер! Бірақ сопымен қатар момын көздер.

Яго. Сөйлеп тұрған шағында махаббатты шақырып тұрмай ма?

Кассио. Әрине, мінсіз асыл.

Яго. Жарайды, төсектері бақытты болсын. Жүріңіз, лейтенант. Менде аз ғана шарап бар еді. Кипрдің біраз ерлері қара маврдың саушылығы үшін соны ішпекші еді.

Кассио. Бүгін болмайды, Яго. Шарапка мен әлсізбін. Тәрбиеміз бойынша уақыт өткізудің өзге бір жолын тапсақ жарар еді.

Яго. Жоға, олар біздің достарымыз ғой. Бір ғана жұтым. Сіз үшін өзім ішейін.

Кассио. Мен бүгін кешке сол бір жұтымды ішіп ем. Шарапты шебер істепті. Сонда да айналам өзгеріп кеткен тәрізді. Әлсіздігіме наразымын, Бірақ сол әлсіздікті тағы сынауға батылым бармай тұр.

Яго. Бұл қалай, мырза! Бүгін сауық түні ғой. Біздің достар да тілеп отыр.

Кассио.
Қойшы, олар қайда?

Яго.
Әне, есік сыртыңда. Шақырыңызшы өздерін.

Кассио.
Ал жарайды, болсын-ақ.

Кетеді.

Яго.
Ал енді бір кесені
Тағы да болмай ішкізем,
Қабаған қызу төбеттей-ақ әулігер,
Родригодай есуас болса,
Құмарлықтан ақкөз боп,
Дездемона құрметіне
Сан кесені төңкерді.
Өзі қазір күзетте.
Ер Кипрдің намысын
Өле жыртып күзеткен
Үш жігітті ісіп-кепкен
Өлердей ғып сілейттім.
Олар да қазір күзетте.
Мас айуандар тобында,
Кассионың еппенен
Аралға тілін тигізем.
Келе жатыр әнеки
Жалғыз-ақ ойдағыдай шықса екен.
Кемем есіп кеткендей,
Оңнан желі соқса екен.

Кассио, Монтано, дворяндар келеді.
Арттарынан ширап алып қызметшілер кіреді.

Кассио.
Құдай ақыңа, мені мас қып қойыпты.

Монтано.
Азғантай-ақ, антым анық, биттей-ақ.

Яго.
Әкел тағы шарапты. (Әндетеді.)
«Ал, қанеки, стақандар шоқ-шоқ!
Ал, қанеки, стақандар шок!
Солдаттарда ақымақтық жоқ!
Неткен өмір? Болымсыз,
Ішсін ерлер болсын тоқ»
Әпкел шарап, қызметші.

Кассио. Құдай ақыңа әсем өлең.

Яго. Өзін Англияда үйренгем. Ондағы адам ішкілікке па ғой. Датчан, неміс, жуан құрсақ голландық, — ей, ішсеңдерші - ағылшындарға ілесе де алмайды.

Кассио. Сөйтіп сіздің ағылшындар келістіре ішеді екен.

Яго. Датчан ләйліп мас болғанда, ағылшын жай жеңіл ғана ішіп отырады. Ол немістен де терлемей-ақ оза береді, ал екіні құмыраны әкеп қойғанша, голландықты құстырып та болады.
Кассио. Генералдың саулығына!

Монтано. Ол үшін мен де ішемін, қалыспаймын, лейтенант.

Яго.
О, сүйікті Англия! (Әндетеді).
«Стефан король жақсы ер еді.
Теңгеге шалбар тіктірген.
Шығыным асып кетті деп,
Тігіншіні тілдеген.
Стефан король нағыз ер,
Сен болсаң құнсыз дүлейсің.
Жауыздық деп әшекейді білеміз.
Онан-дағы көне кафтан кигейсің...»
Ей, тағы шарап!

Кассио. Ал мынау ән әлгіден де әсемірек!

Яго. Тілесеңіз тағы да айтып берейін!

Кассио. Қажет емес, өйткені ондай мінез істеген адамды орнына лайық адам деп білмеймін. Жарар — бәрімізден жоғары тәңірі бар, соның жарататын жаны бар да, татымайтын да жағы бар.

Яго. Оныңыз рас, сүйікті лейтенант.

Кассио. Менің өз жайым болса, генерал мен басқа дәрежесі зор жандар ренжімесін деп өзім тәңірі жәрдемін көретін шығармын деп сенемін.

Яго. Мен де өзім туралы сол ойдамын, лейтенант.
Кассио. Бірақ, рұқсат етсеңіз, менен кейін көрерсіз; лейтенанттың жаны прапорщиктікінен бұрын құтқарылғаны лайық болар. Ал бұны осымен доғарайық та, сіздің істеріңізге көшейік... Иә, құдай, күнәмызды кеше гөр. Мырзалар, ісімізге кірісейік. Мені мас екен деп ойламаңыздар, мырзалар. Міне, мынау менің прапорщигім, мынау оң қолым, ал мынау сол қолым, мен мас емеспін. Тапжылмай тұрып, жақсы сөйлей де аламын.

Барлығы. Тіпті жақсы деңіз...

Кассио. Сөйтіп тіпті жақсы ма, ендеше мені мас деп ойламаңдар.

Кетеді.

Монтано.
Балконға барайық, мырзалар, күзет қояйық.

Яго.
Көрдіңдер ме жаңағыны
Патшаға солдат болар ед.
Бастыққа да жарар ед,
Бірақ әне — айыбы.
Сонысы құрғыр қасиетімен

Барабар.

Кассионы айтамын,
Қорқатыным, Отеллоның сенімі
Жаңағыдай күйінде,
Сор болмаса аралға.

Монтано.
Осылай жиі бола ма?
Ұйқы алдында күнде осылай

Яго.
Бесігін шарап тербелтсе,
Күні бойы ұйқы жоқ.

Монтано.
Генералға
Айтып қойсақ қайтеді.
Көзі көрмей, ақпейілдік әдетпен
Кассионың ерлігін ғана бағалап,
Байқамай қалар залалын.
Солай емес пе?

Родриго кіреді.

Яго (ақырын Родригоға).
Ал, не бар, Родриго?
Барсаңызшы лейтенанттың ізімен.

Родриго кетеді.

Монтано.
Қап, бекзада маврдың
Орынбасар қызметін
Өкініш екен беруі
Сондай мінді адамға.
Ең адалы маврға
Бұны айту болар.

Яго.
Жоқ, Кипр маған тисе-дағы көнбеспін!
Жақсы көрем Кассионы
Жазып алу ниетім.
Анау неткен дауыстар?
Сахна сыртында «құтқар» деген айқай.
Родригоны қуып Кассио шығады.

Кассио. Малғұн, сұмырай!

Монтано. Не боп қалды, лейтенант?

Кассио. Оңбаған! Маған менің міндетім жайын оқытпақ! Мен бұл оңбағанды бөтелкеге айдап тығамын.

Родриго. Мені тығамысың?

Кассио. Оттамақпысың, сұмырай! Родригоны ұрады.

Монтано. Лейтенант, мен өтінемін, өтінемін, мырза, қолыңызды тыйыңыз.

Кассио. Қоя беріңіз, мырза, әйтпесе тісіңізді сындырармын.

Монтано. Қойыңыз, сіз массыз ғой!

Кассио. Mac?
Екеуі төбелеседі.

Яго (ақырын Родригоға).
Барыңыз, ұқтыңыз ба,
Шақырыңыз халықты.

Родриго кетеді.
О, рақымды лейтенант, о, мырзалар!
Уа, келіңдер! Ей, Монтано! Лейтенант!
Уа, келіңдер, халайық! Жақсы-ақ екен күзет те!

Қоңырау қағылды.
Кім екен ол даңғырлатқан? Сайтан, ей!
Оятты-ау енді қаланы! Лейтенант жетті!
Өшпес таңба болды ғой...
Отелло мен қызметшілер шығады.

Отелло.
Не боп қалды?

Монтано.
Қансырадым. Өлімші болдым жарадан.
Құлап түседі.

Отелло.
Тоқтат жаның барыңда!

Яго.
Тоқтаңызшы, лейтенант! Монтано! Мырза!
Міндет пенен орынды да ұмытып! Доғар!
Міне жандарал! Жетті! Масқара!

Отелло.
Бұ не, неден шықты бұл пәле?
Түрік пе едік бірімізге-біріміз
Кәпір мінез іс етер?
Христиан сіздерсіз.
Тастаңыз бұзық шатақты,
Құтырғанын қазір дереу тыймаған
Тіршіліктен түңілсін;
Қыбыр етсе — өледі.
Қорқынышты қоңырауды тыйыңдар!
Аралға үрей салады.
Не болып ед бұл жерде?
Адал Яго, өлердей құп-қу болыпсың.
Кім бастады, айт, білдір бәрін де.

Яго.
Мен білмедім. Барлығының достығы
Төсектегі жастардай-ақ
Тәтті еді. Міне әп-сәтте...
Әлде, жұлдыз естен айырды ма?
Лезде қылыш суырып,
Арандасып тұрғаны
Айту киын пәле басы не екенін.
Аяғымнан мұнда мені келтірген
Адал істе айрылсамшы бүйткенше.

Отелло.
Микеле, нағып естен жаңылдыңыз?

Кассио.
Кешіріңіз... Айта алмаймын...

Отелло.
Ер Монтано, әдеп пенен
Берік мінез жас шақтан
Елге мәлім еді ғой.
Есі бардың аузында
Құрметті еді сіздің ат. Мынау қалай,
Қадірлеген атыңыз не болады?
Жаман атты жанжалқойға
Айырбасқа салдыңыз ба?
Жауап беріңіз!

Монтано.
Ер Отелло, жарам ауыр,
Айтсын Яго офицерің.
Сөйлеу қиын. Үндемеймін көргенімді.
Біле алмадым жалғыз-ақ,
Бас қорғауым айып па?
Сөз бен істе күнәм не...
Зорлық көрсем, бой сақтау күнә ма?

Отелло.
Ант етейін,
Ақылымды, менің ақылымды қан билеп,
Ашу есті жеңіп ап,
Өзіне жол салғандай,
Ал егер мен қозғалсам,
Не қолымды көтерсем,
Ашуымнан кез келгенің өлесің.
Айтыңыздар ұрыс неден басталды,
Бастаушы кім?
Осы арада айыпты боп табылған
Егізімнің дәл сыңары болса да,
Мәңгілікке кетіседі менімен.
Дәл қорғанның ішінде
Ортасында үрей болған халықтың
Түн ішінде болымсыздан
Шу жасау!.. Өздері және күзетте.
Сұмдық! Бастаған кім, айт, Яго?

Монтано.
Достығыңмен бұра тартып жасырсаң,
Әлденені шынға қосып жамасаң —
Сен солдат емессің.

Яго.
Сөкпе мені,
Лейтенант Кассионы ренжіткенше
Қырқылсын дермін тілімді.
Бірақ сенем — аузымдағы бір шындық
Оған залал келтірмес.
Болған істер мынадай:
Монтаномен тұр едік,
Бір адам қашып шығып айқай салды.
Оны қуған қылышы бар,
Кассио екен ызалы.
Сонда мынау дворян
Кассиоға жақындап,
Арашаны сұрап ед,
Қашқанды қуып мен кеттім,
Шошытар деп ем қаланы,
Айтқаным келді.
Бірақ жүйрік неме екен
Жеткізбеді. Содан шапшаң қайтып ем,
Өйткені қылыш дауысы мен
Кассионың ұрысқанын да есіттім,
Бұрын ондай қарғыс сөзін
Білмеп ем. Қайтып келсем
Әп-сәт еді — көз алдымда
Қырық пышақ, барлық жайы
Өзіңіз кеп айырғандай.
Бұдан артық түк білмеймін.
Есі ауатын кім де болса болмай ма?
Кассио аздап тиіп кетсе,
Ашуда досқа да қол тимей ме?
Анық сенем, сонау қашқын
Шыдамастың сөз айтып
Тіл тигізген Кассиоға.

Отелло.
Мен білемін,
Адалдықпен сүйгендіктен,
Жұмсартпақсың Кассионың кінәсын.
Сен маған қымбатсың, Кассио,
Бірақ енді — қызметімде сен жоқсың.
Дездемона мен қызметші әйел шығады.
Қараңдаршы, сүйгенім де оянған!.. (Кассиоға.)
Өзгеге мысал болсын.

Дездемона.
Немене, не болған?

Отелло.
Жайласты бәрі, сәулешім,
Төсегіңе барып жат. (Монтанаға)
Мырза, емшіңіз өзім боламын.
Көтерсеңдерші.
Монтаноны алып кетіседі.
Яго, қаланы сен тынышта,
Арсыз айқай шошытқанның бәрін бас.
Жүріңіз, Дездемона,
Қарызы ғой солдаттың
Тәтті ұйқыдан шеруменен тез тұру.

Яго мен Кассиодан басқалары кетеді.

Яго. Немене, жарадарсыз ба, лейтенант?

Кассио. Иә, тегі ешбір дәрігер көмекші де бола алмас.

Яго. Не дейсіз? Құдай сақтасын!

Кассио. Абыройым, абыройым, абыройым... ол абыройдан айрылдым ғой! Бойымдағы өлмес деген қасиеттен айрылдым, өлексем ғана қалды. Абыройым, Яго, абыройым!

Яго. Мен, тап шыным, сіздің етіңізге жара түсті ме деп ем; абыройды жоғалтқаннан да, анадан келетін залал көбірек қой. Абырой деген еріккендік, бір жалған масыл ғой. Көбінесе бейнетсіз тауып, орынсыз айрылып жүреміз ғой. Сіз өзіңіз айрылдым деп көпке таратпасаңыз, генералды жұмсартудың есебі табылады: ол сізді ашумен қуып отыр, жазалағанда ызамен емес, есеппен жазалап отыр. Кісі жазығы жоқ өз итін күшті арыстанды қорқытам деп ұрмай ма, сол тәрізді. Жалына беріңіз, сонда сізге қайта ойысады.

Кассио. Мен жалынсам, жек көр деп жалынармын, болмаса ашушаң, маскүнем, тентек офицер ала ғой деп тамаша бастықты тағы да түңілтпейім бе? Ішіп алу! Тотыдайын тақылдау, төбелесу, мақтаныш, ант ішу, көпірте сөйлеп, көлеңкеңе көсемсу. Әй, арақтың жасырын күші-ай, сенің өз атың болмаса — әзәзіл деп ат қойдық!

Яго. Қылыш алып қуғаныңыз кім? Жазығы не?

Кассио. Өзім де білмеймін.

Яго. Қойыңызшы!

Кассио. Есімде бұлдыр нәрселер бар, Бірақ анық түгін білмеймін. Ұрысқанымды білемін, Бірақ себебі есімде жоқ. Е, тәңірі, адам өзінің ақылын ұрлайтын жауды өз аузынан неге кіргізеді екен? Осы рақат, шаттық, ойын-сауық үстінде айуан боп кететін себебіміз не?

Яго. Қазір сіз әбден ретке келдіңіз. Қалайша айықтыңыз?

Кассио. Мастықтың әзәзілі ашудың әзәзіліне орын берді. Мені өз-өзімнен жиренту үшін, бір мінім екіншісін жетектеп келді.

Яго. Жетті, сіз аса қатал сопы екенсіз. Әрине мезгіліне, орнына және бұл жақтың жағдайына қарағанда, мен бұл халдің болмауын барынша тілер ем. Бірақ болары болып қалған соң ендігіні өзіміздің пайдамызға қарай бұру керек.

Кассио. Мен орнымды өзіме бер десем, ол сен маскүнемсің дейді. Бір емес, гидродай он аузым болса да, соның бәрін тиярлық жауап осы ғой. Есі дұрыс адам боп, содан есуасқа, айуанға айналуды қайтесің. О, жұмбақ тағдыр! Әрбір артық кесе — қарғыс, ішіндегі — әзәзіл

Яго. Болды, болды! Жақсы шарап дұрыс пайдаланса әдемі, жақын дос. Сүйікті лейтенант, мен білемін, менің сізді сүйетініме сіз сенесіз?

Кассио. Менің оған кезім жетті, мырза, мен маспын!

Яго. Сізге де барлық басқа адамша, кейде мас болуға болады, досым. Енді сіздің не істейтініңізді айтайын. Біздің генералдың әйелі де генерал Соның сұлулығын тамашалап, мәз болуға генерал берілген дегенім ғой. Барыңыз да тұп-тура әйеліне айтыңыз. Жалына беріңіз, ол сонда орныңызды қайта алуға көмек етеді. Ол сондай кең, сүйікті, мейірім, рақымы мол, тіпті өтінішті тілегіңнен артық орындамаса мін санайды. Еріменен екі араңыздағы үзілген жақындықты септеп жібер деп жалыныңыз. Бәс қылайын, қандай асылды атасаңыз да мен барымды қояйын, осыдан соң генерал екеуіңіздің достығыңыз бұрынғыдан да сонағұрлым жақсы болады.

Кассио. Сіз маған асыл кеңес бердіңіз.

Яго. Сізді шыныменен сүйгендіктен, әсіресе адал тілеулестіктен айтамын.

Кассио. Мен бұған сенемін. Ертең рахымшыл Дездемонаға болысыңыз деймін. Осы жолы тағы айныса, мен өз бақытыма сенуді мүлде қоярмын.

Яго. Оңыңыз рас. Қайырлы түн, лейтенант, маған күзетке бару қажет.

Кассио.
Қайырлы түн, адал Яго.

Кетеді.

Яго.
Сұм деп мені кім айтар.
Адал таза кеңесім.
Айқын жолмен маврды
Өзіңе тарт дегесін?
Дездемонаны жақсылыққа ойыстыру оңай ғой,
Мырзалығы кең табиғат мырзадай.
Көндіру маврды да оп-оңай.
Оның жаны махаббатпен тұсалған.
Керек болса діннен кешіп,
Сауаптан да безе алад.
Байлау шешу өз еркінде сұлудың
Тілесе тәңірісіндей ерінің
Әлсіздігін біледі.
Мен сұм ба екем,
Жақсылыққа жетерлік
Кассиоға жол көрсетсем?
Уа, дозақтың құдайлары?
Әзәзілге қараңғы куә керек болса,
Әуелі аспан періштесін жіберед,
Мынау да сол. Аңқау, ақымақ
Жәрдем сұрап барған кезде сұлуға.
Ол маврға асылмай ма,
«Кассио ойнас үшін керек деп»
У құямын құлағына мен сонда.
Неғұрлым зіл сап сұраса,
Соғұрлым күдігі асар маврдың.
Осылайша жақсылықты қара майға былғап ап,
Сол сұлудың рахымынан тор тоқып,
Барлығын да шырқармын.

Родриго шығады. Жә, қалайсың, Родриго?

Родриго. Мен мұнда аңға апармай, байлап қойып, үріп тұрсын деген ит тәріздімін. Ақшам боса, көбі кетті. Бүгін түнде дүре жедім. Тегі ақыр аяғында бар ақшадан айрылып, бар еңбекті сарп қып, біраз ғана тәжірибе мен біраз ғана ақыл тауып, Венецияға тек қайтармын деймін.

Яго.
Сабырсыздың сорлысы-ай!
Ілезде жара жазған бар ма?
Сиқыр емес, ақылменен емдейміз,
Ақыл ісі мезгілімен піспей ме?
Жаман ғой? Кассио да ұрды ғой, ә?
Сен сонымен Кассиодан құтылдың.
Күн көрмей де өсу бар,
Жеміс ерте бас жарса, ерте пісед,
Сабыр ет! Таң атыпты.
Ермек пенен іске сағат жетпейді.
Үйіңе қайт, пәтеріңе Бар.
Көбін кейін білесің. Ал, жөнел!

Родриго кетеді.
Екі жұмыс алдымда:
Әйелімді әзірлеп, ханымнан
Кассиоға болысуды сұрату.
Өзім ертіп Отеллоны
Алып келіп Кассионың үстінен
Жалынып тұрған дер кезінде түсірем.
Осы долбар
Бөгелместен бар қулықты орындар.

Кетеді.
Шымылдық.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Сарай алды.
Кассио мен музыканттар шығады.

Кассио. Тартыңдар осында. Ақысын өзім төлеймін; Құттықтаңдар генералды.

Күй. Шут шығады.

Шут. Немене, мырзалар? Аспаптарың Неапольға барып па еді, мыңқылдап қалыпты ғой?

1-музыкант.Қалайша, сударь, қалайша?

Шут. Е, бұл сіздің махаббатыңызға лайық үрмелі аспаптар емес пе?

1-музыкант.Әрине, мырза, үрмелі...

Шут. Құйрық қыстырғаны сол ғой?

1-музыкант.Қыстырғаны қалай, мырза?

Шут. Тап маған мәлім. Өзге үрмелі аспаптардікі тәрізді деймін. Бірақ мырзаларым, міне ақшаңыз. Генералға сіздің музыкаңыздың ұнағаны сонша, ол тіпті шулағанын қойса екен деп жалынып жатыр.

1-музыкант. Жақсы, мырза, біз ендеше қояйық.

Шут. Егер сіздерде естілмейтін музыка болса, соға беріңіздер, әйтпесе жұрттың музыкаға мұршасы жоқ.

1-музыкант. Біздің ондайымыз жоқ, мырза.

Шут. Ендеше кернейлеріңді қабына тығып, жөнеліңдер! Барыңдар, жөнеліңдер, жоқ болыңдар.

Кассио. Ей, тыңдашы, досым!

Шут. Жоқ, мен досыңызды тыңдамаймын, өзіңізді тыңдаймын.

Кассио. Өтінейін, ілгішіңді қойшы. Міне біреу алтын ақша сенікі. Егер Генералдың ханымына қызмет етуші әйел оянса, бір ауыз сөзбен

Кассио деген келіп тұр деңізші. Істеймісің осыны?

Шут. Тұрып жатыр, мырза, егер мұнда келер болса, мен айтып байқайын.

Кассио.
Баршы, досым.

Шут кетеді, Яго кіреді.
Дер кезде қалай, Яго, келдіңіз?

Яго.
Сіз жатпаған ба едіңіз?

Кассио.
Жоға, біз таң ата
Айрылдық қой. Енді сіздің
Әйеліңді шақырттым. Яго,
Дездемона данаға
Тіл қатуын сұраймын.

Яго.
Оны қазір жіберейін,
Ебін тауып маврды да
Әкетейін, сөз бен іске
Жол кең болсын.

Кассио.
Мен барымша ырзамын.

Яго кетеді.
Еш уақытта
Осындайлық сыпайыны
Флоренциядан да көрмеп ем.

Эмилия келеді.

Эмилия.
Есенсіз бе, лейтенант,
Қайғыңызға ортақпын.
Өтер бәрі тезінен!
Генералмен әйелі де сөйлесті,
Болысқаны сіз еді. Мавр
Анау жаралыны — Кипрдегі жақсы деп
Туысы да мол деді;
Сақтық үшін лайық деп
Тайдырса да сізді өзі;
Сүйетінін тағы айтты.
Болысқанның жөні жоқ
Орайы келген сағатта,
Өзім қайта алам деді.

Кассио.
Өтінейін мүмкін болса,
Лайық келсе, бір-екі ауыз
Тіл қатар ем сол ханымға
Оңашада.

Эмилия.
Хош келіпсіз, кіріңіз.
Тырысайық, сіздің көңіл
Тынышталсын.

Кассио.
Қарыздармын мен сізге.

Кетеді

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сарай бөлмесі.
Отелло, Яго және Кипр ақсүйектерінің өкілдері шығады.

Отелло.
Бұл хаттарды капитанға табыс ет,
Яго, құрметпенен
Сенатқа тегіс жеткізсін.
Қорғанға қарай барамын.
Сонда кел.

Яго.
Орындаймын, генерал.

Кетеді.

Отелло.
Қорған жаққа барайық та, мырзалар!

Офицерлер.
Әміріңізге біз әзір.

Кетіседі.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сарай бақшасы.
Дездемона, Кассио, Эмилия шығады.

Дездемона.
Илан, асыл Кассио, барымды мен,
Бар айламды сенің үшін жұмсармын

Эмилия.
Бәсе, бәсе, ханшайым! Өз басының қайғысындай.
Күйеуім де қамыққан.

Дездемона.
Адал жан ғой! Сеніңізші, Кассио,
Күйеуіммен екеуіңді
Бұрынғыдай дос етем.

Кассио.
О, ханым!
Кассионың не күн туса басына,
Өмірлікке адал құлың боп өтед.

Дездемона.
Білемін. Алғыс айтам. Генералды
Сіз ежелден сүйесіз.
Ол да сізге, салқындығын азырақ
Саясатпен сақтайды.

Кассио.
Қорқатыным,
Тіпті ұзаққа созылып
Кетпесе игі ед саясат,
Аяқталмай кетпесе;
Мен алыста, орным жатта болғанда
Ұмытпаса меніменен қызметімді генерал.

Дездемона.
Күдіктенбе. Эмилия куә ғой,
Кепіл болам, орның қайта тиеді.
Достың сертке мен берікпін:
Орындаймын; күйеуімнің мазасын ап,
Ұйқысы мен шыдамын да тауысармын,
Төсегін мектеп, тамағын өсиет
Етермін және барлық жұмысын
Кассионың жұмысымен қосармын.
Көңіл көтер, илана бер,
Сенің досың өлсе-дағы
Бұл жұмысты тастамас.

Отелло мен Яго шығады.

Эмилия.
Мырзам келе жатыр.

Кассио.
Қоштасайын, сөкпеңіз.

Дездемона.
Жоқ, сөзімді тыңдап ал.

Кассио.
Жоқ, бүгін болмас.
Тыныш емеспін:
Бұным маған зиян ғой.

Дездемона.
Ендеше тілегенің дәл болсын.

Кассио кетеді.

Яго.
Мынау маған жақпайды.

Отелло.
Сен не дедің?

Яго.
Жоқ, әшейін... білмеймін, генерал.

Отелло.
Әйелімнің жанынан, анау кеткен Кассио ма?

Яго.
Кассио емес, генерал.
Сене алмаймын,
Сіз жақындап келгенде
Қашты деуге ұрыдай.

Отелло.
Мынау сол сияқты ғой.

Дездемона.
Ал, Отелло, қалайсың?
Арызшымен сөйлесіп ем осында,
Ашуынан қайғы шеккен жан екен.

Отелло.
Ол кім екен?

Дездемона.
Е, лейтенантын Кассио. Рақымды досым,
Күшім болса сізді қозғар,
Өтінер ем татулас деп сонымен.
Сізді сүймес ол болғанда
Айып етсе біле тұра,
Адал жанды танымаған болармын.
Қайтарып ал кызметіңе.

Отелло.
Ол осында болды ғой!

Дездемона.
Иә, сондай мүләйім.
Қайғысын шақты маған кеп.
Жан ашиды. Алшы қайта, сүйіктім!

Отелло.
Жоқ, Дездемона, кейін тегі көрермін.

Дездемона.
Қашан дейсің?

Отелло.
Жақындатам, жаным, сіз үшін.

Дездемона.
Қашан, бүгін кешкі тамақта ма?

Отелло.
Жоқ, бүгін емес.

Дездемона.
Әлде ертеңгі аста ма?

Отелло.
Ертең үйде болмаймын, —
Қамал жақта қызметім бар.

Дездемона.
Ендеше ертең кешке,
Әлде сейсенбі күн таңертең,
Түсте болсын, түнде болсын,
Тіпті сәрсенбі күн ертемен бе,
Өтінемін, үш күндік бір мезгіл айт,
Өкініші мол екен, қинамашы.
Анығында соғыста
Жақсыларды өзгеге үлгі ет десе де,
Бұның еткен кінәсына
Ескерту де жетерлік.
Айтшы сүйтіп, қашан келсін?
Мен босам, сіз тілеген қай тілекті,
Қайтарам деп іркілер ем.
Не дейін.
Сіз туралы мен қатаң сөз сөйлесем,
Ара түсіп, сізді ақтаумен болатын
Сол Микеле Кассио еді.
Енді маған
Қайта алғызу қиын бопты. Мен барымша.

Отелло.
Жетер. Келе берсін қашан болса,
Сізге менің бермесім жоқ.

Дездемона.
Бұл тіпті де сый емес.
Бұның бәрі қолғабыңды қи дегендей,
Асыңды іш те, қымтана жүр дегендей.
Дәл өзіңнің жай қамыңды жегендік
Ал егерде мен шындап
Махаббатты сынар болсам,
Онда ауыр да қиын болар
Тілегімді орындау.

Отелло.
Сізге менің бермесім жоқ!
Енді менің тілегімді орындап —
Аз уақытқа бара тұршы.

Дездемона.
Көнбесіме бола ма?
Қош тұрыңыз, Отелло.

Отелло.
Өзіңе мен тез оралам, Дездемона.

Дездемона.
Жүр, Эмилия. (Отеллоға)
Барлық сіздің
Тілегіңіз білсін.
Әрқашан да көнемін.

Эмилия екеуі кетеді.

Отелло.
Пәлі! Бас кетсе де
Сүйдім сені,
Тек түңілсем —
Дозақ орнар.

Яго.
Мархабатты генерал...

Отелло.
Не айтасың Яго?

Яго.
Сіз үйленбек болғанда, сырыңызды
Білмеп пе еді Кассио?

Отелло.
Бәрін білген. Оның несін сұрадың?
Жай, бір ойдың шешуі...
Қастан емес.

Отелло.
Неғылған ой, Яго?

Яго.
Екеуінің таныстығын білмеуші ем,

Отелло.
О, ол талай рет, бізбен бірге болатын.

Яго.
Солай ма еді! Солай ма еді!

Отелло.
Солай ма еді! Солай ма еді! Одан не таптың?
Әлде адал емес пе?

Яго.
Ол адал, генерал!

Отелло.
Иә, адал, адал!

Яго.
Менің долбарымша...

Отелло.
Нені ойладың?

Яго.
Нені ойладың дейсіз бе?

Отелло.
Ойладың дейім! Құдай ақыңа жаңғырықтай.
Ойына бір тажал орнап
Тығылғандай.
Долбарың не?
Кассио кетіп қалғанда
«Мынау маған жақпайды»
Деген сөзіңді мен есіткем.
Ол немене?
Содан кейін, махаббаттың жайында
Ақылшым сол болған-ды, дегенде,
«Солай ма еді» дедің бе,
Қабағыңды шытынып,
Ішіңе бір сұмдық ойды
Бүккендей боп көріндің,
Сүйгенің мені шын болса,
Аш соныңды.

Яго.
Сүйгенімді өзіңіз де білесіз.

Отелло.
Мен сенемін.
Адалдықпен сүйгеніңді білгеннен,
Өлшеусіз сөз айтпасыңды білгеннен,
Әсіресе, тұспалыңнан қорқамын.
Сұм адамға — ол бір тәсіл
Адал жанға — ол іштегі,
Жүректегі айып қой,
Ол болымсыз емес қой.

Яго.
Лейтенант адал, сенемін, Ант ішуге әзірмін.

Отелло.
Мен де.

Яго.
Көрінісің қалай болса,
Бар шының да сол болсын.
Арам болсаң, адалмын деп құбылма.

Отелло.
О, не, көрінісің қалай болса,
Бар шының да сол болсын.

Яго.
Сүйтіп мен сенемін, Кассио адал

Отелло.
Жоқ, мұнда бір мән бар.
Айтшы маған өз-өзіңе айтқандай:
Немене бар ойыңда?
Сұмдық ойды
Сұмдық сөзбен айтып бер.

Яго.
Кешіріңіз, —
Міндетімді адал қылу
Қарыз болған күнде де
Ықтияр бар ғой құл құрым.
Ойды айту ма?
Ойым сұмырай болса қайтем?
Қай сарайға кезінде,
Кезептік барып кірмейді?
Қандай таза жүректе
Қосарда күдік жүрмейді?
Таразының алдында,
Әділдікпен, сол-дағы
Қатарласып тұрмай ма?

Отелло.
Досыңа қарсы сөз дейсің, Яго;
Оны өзіңе жат санап,
Жаман деген ойдасың.

Яго.
Мүмкін менің
Тұспалдарым қата болар.
Шынды айтайын, зор мінім —
Қиянатты көп қазам.
Тырысам деп көбінше
Жоқ жерден де мін табам.
Өтінішім сондықтан,
Данасыз ғой.
Жаманымнан жиреніңіз,
Болымсыз, бұлдыр байқауыма
Сенбеңіз, секем алмаңыз.
Сіздің тыныштық, рақатыңыз,
Менің намыс, тәжірибем,
Адалдығым — баршасы
Ойдағымды сізге ашуға жол бермес.

Отелло.
Не дейсің сен?

Яго.
Ер мен әйел абыройы
Асыл зат қой, әміршім,
Ақша ұрлаған — жоқты ұрлайды:
Тек абыройымды ұрлаушы, өзі болса
Алғанымен байымас,
Мені және жарлы етер.

Отелло.
Құдай біледі, ойыңды тани бастадым

Яго.
Жүрегім қолыңызда тұрса да білмессіз,
Жасырып тұрсам, қайдан танисың?

Отелло.
А!

Яго.
Қызғаныштан сақтаныңыз, әміршім,
Жасыл көзді жамандық
Жемін мазақ етеді.
Алдаған ер барды біліп,
Сиқыршыны жек көре алса бақытты
Шыны қарғыс, сескене жүріп сүю ғой
Сүю мен күю ғой.

Отелло.
О, ғажап!

Яго.
Ырза кедей, бармен тең,
Өмір бойы қорқынышы — жоқтық болса
Тұттай сорлы бірінші бай.
О, тәңірі, нәсілімді
Қызғаныштан сақтай гөр!

Отелло.
Сен не дедің?
Тірлік қызғаныш болсын дейсің бе?
Әрбір туған айменен
Күдік ассын дейсің бе?
Жоқ, бір сескенсем,
Барды бір-ақ шешермін.
Жанымды сенің
Бос, орынсыз күдігіңе билетсем,
Тек ақымаққа мені айырбас ет.
Әйелімді еркін әнші, биші деп
Көз тартатын жақсы, сәнді дер болсаң,
Мен қызғаныш етпеймін.
Тазалық барда, Бұның бәрі кіршіксіз.
Дәрежем аз болса да,
Қызғаныш пен күдік жоқ —
Көре тұрып таңдаған. Жоқ, Яго;
Сескеніп, көріп, көз жетсін!
Көзім жетсе талғау жоқ,
Қызғаныш пен махаббат та бір-ақ өлер!

Яго.
Мен ризамын, енді ғана сүюменен,
Құрметімді батылырақ көрсетем.
Қарыз, әмір еткендіктен айтайын,
Дәлелді емес айтарым.
Кассиомен болғанда, әйеліңді бағыңыз,
Қызғаныш та, сенім де емес!
Тек қырағы болыңыз!
Осыншалық асыл таза бір жанды
Алдансын деп қоя алмас ем. Бағыңыз дейім!
Венеция маған мәлім.
Ері білмес ептерін,
Онда аспанға ғана сездіред.
Адалдық, айыпсыздық емес-ау,
Тек жасыра білуде.

Отелло.
Не дейсің сен?

Яго.
Сізге ерерде алдады ғой әкесін...
Көзіңізден қалтырап қорыққан тәрізді еді,
Сүйте жүріп сүймеп пе ед.

Отелло.
Иә.

Яго.
Білмейсіз бе?
Соншалық жас болса да —
Сондайлық епті еді ғой.
Әкесінің көзін сондай бояумен
Ол кеп — сиқыр деді ғой.
Ашуланбаңыз.
Сізді сүйген айыбымды
Көп өтінем, кешіріңіз.

Отелло.
Сенімен мәңгі табыстым.

Яго.
Байқап тұрмын, сізге қозғау салыппын.

Отелло.
О, жоқ, жоқ!

Яго.
Сөйттім бе деп қорқамын.
Сүйгендіктің белгісі ғой.
Айтқанымды түсінсеңіз,
Сіз қиналдыңыз ғой.
Қорыта барып байлағанша
Сөзімнің мәнін ұлғайтпаңыз,
Құр ғана бір күдік қой.

Отелло.
Олай етпеспін.
Егер олай бола қалса,
Сөзімді сұмдық тапқаны ғой.
Талабым тіпті ол емес,
Кассио менің досым ғой.
Сіз қиналдыңыз ғой, көріп тұрмын.

Отелло.
Онша емес.
Өзім білем, Дездемона күнәсыз.

Яго.
Тек оның өмірі мен сіздің сенім ұзақ болсын.

Отелло.
Ал, әлде табиғат өзі алдар ма?..

Яго.
Бәсе, мәні сол ғой —
Сізге батыл айтамын;
Көп күйеуді кейін серіпті
Өз елінің, өзі түсті бегінен.
Табиғатта, бар нәрседе қисын бар.
Түу, бұл — таңдаудың ісі,
Бұзылған ой, нас қиялға ұқсайды...
Кешіріңіз, сөз қылғаным ол емес,
Қорқам Бірақ салқын оймен
Нәпсі басып, сізді теңеп
Өз тегімен байқағанда
Өкініп қалып жүрмесе.

Отелло.
Жарайды, қош, қош,
Тағы білген жайың болса — айтып жүр,
Әйеліңе айт, аңдысын. Бар.

Яго (кетіп бара жатып).
Қош айтамын ибамен.

Отелло.
Неге үйлендім?
Адал Яго көріп жүр,
Айтқанынан білгені көп әрине.

Яго (қайта оралып).
Аса терең бойламаңыз бұл ойға
Өтінемін, асықпаңыз уақыт білсін.
Кассионы қызметіне қайта аларсыз,
Міндетіне берік қой.
Бірақ, тегі, алыс болса бар жайын
Мақсатын да тез білер ек.
Әйеліңіз жабысып
Жалынар ма екен байқаңыз.
Көп сыр сонда ашылар. Әзірше,
Сезікшілге мені санап,
Шыны сондай болсам керек,
Таза деп соны біліңіз,
Өтінемін осыны.

Отелло.
Мен өзіме берікпін.

Яго.
Қош айтамын ибамен

Кетеді.

Отелло.
Адал адам, жете білед
Адам жанын,
Мінездердің мәнін ұғуда.
Жайын болсаң, сұңқарым,
Балақ бауың жүрек қылым болса да,
Жіберермін ыққа қарай,
Бұйырғанын ілерсің.
Қара деймісің?
Судырлақтар секілді
Сыпайы сөзім аз ба әлде? Әлде,
Мосқал болдым ба?
Бірақ сондай кәрі емеспін.
Кеттің. Мен алдандым.
Жұбанышым — жирену ғана болғанда,
Некенің бір қарғысы —
Нәзік заттың сезімі емес,
Құр сыртына иеміз.
Өзім сүйген нәрсенің
Жалғыз түгін татырғанша басқаға
Тасбақадай жер астына кірсемші.
Бек дегеннің жарасы
Жабайыдан ашты екен.
Өлімдей қайтпас қу тағдыр
Бесікте өкім шығарып
Алданған ер етпек қой.
Дездемона мен Эмилия шығады.
Дездемона әнеки.
Егер мені бұл алдаса,
Тәңірі өзін күлкі етер. Сенбеймін.

Дездемона.
Отелло,
Сіз шақырған аралдағы жақсылар)
Күтіп отыр, ас әзір.

Отелло.
Иә, айыптымын.

Дездемона.
Дауысыңыз сонша әлсіз ғой,
Әлде сырқат па едіңіз?

Отелло.
Иә, мына жерде,
Маңдайымда шаншу бар.

Дездемона.
Ұйқы шала болған ғой. Кәне,
Мықтап танып берейін
Әлі әзір-ақ жазылады.

Отелло.
Орамалың тым кішкене...
Орамаңды қағады, түсіп қалады.

Дездемона.
Аяныш болды-ау, сырқатыңыз бүгінгі!

Отелло, Дездемона кетеді.

Эмилия.
Орамалым тапқанымның жақсысы-ай,
Бұл маврдың ең алғашқы сыйы ғой.
Ерепейсіз күйеуім,
Сан жалынып, ұрлап бер деп айтушы ед,
Бірақ оған махаббаттың белгісі
Қымбат еді, ері-дағы сақтамағын
Шарт етіп еді.
Тастамайды жанынан.
Тіл де қатып сүюші еді.
Ойынынан үлгі алам.
Соны берем Ягоға
Ол не қылмақ екенін
Білмесем де,
Күйеуімнің бір тілегін табайын.

Яго келеді.
Мұнда неғып жалғыз тұрсыз?

Эмилия.
Қой, ұрыспаңыз! Сізге деген нәрсем бар!

Яго.
Нәрсе? Бос нәрсе екен...

Эмилия.
Немене екен?

Яго.
Иә, ақымақ қатын екен?

Эмилия.
Барың сол ма?
Ендеше дәл мынадай орамалға
Немене сый бересіз?

Яго.
Қай орамал?

Эмилия.
Қай орамал?
Отеллоның әйеліне бергені,
Ұрлап бер деп талай сұрап едің ғой.

Яго.
Сен сөйтіп ұрлап алдың ба?

Эмилия.
Ол оқыста түсірді
Мен осында едім,
Алып тұрмын мінеки!

Яго.
Міне жақсы бойжеткен! Әпкел!

Эмилия.
Мұны қайтпек едіңіз?
Ұрла деп неге сұрадың?

Яго.
Сізге бәрібір.
Орамалды жұлқып алады.

Эмилия.
Аса қажет болмаса, қайтарыңыз?
Жоғалтқан соң сорлы әйел
Ақылынан адасар.

 Яго.
Білмеймін де. Маған қажет.
Бар.

Эмилия кетеді
Кассионың үйіне орамалын тастайын,
Мавр тапсын. Қызғаншаққа болымсыз-да
Дін сөзіндей дәлел ғой.
Маған болса, септігі бар.
Уымнан мавр өзгерді.
Күдіктің тегі анық-ау.
Болар-болмас дәмі болад басында,
Бірақ қанға жеткенде
Күкірттей боп өртейді.
Бәсе білгенін!
Көріңіздер әнеки!
Отелло келеді.
Мандрагор да, мақта болса,
Дүниенің барлық ұйқы дәрісі де
Кешегі тәтті ұйқыңды
Енді саған қайта бермес.

Отелло.
А, мені алдау ма!

Яго.
Қалайсыз, генерал?
Жә, қойсаңызшы соны!

Отелло.
Жоғал! Жөнел! Азапқа салдың сен мені.
Құдай ақыңа, дәр күмәнда болғанша
Алданып жүрсем жақсы еді.
Яго.

Қойыңызшы, генерал!

Отелло.
Құмарлық сыйын жасырып жүре бергенде
Мен еш нәрсе сездім бе?
Біліп пе едім? Ойлап па едім?
Азаптан аман, ұйқы да тыныш, рақат ем,
Кассионың сүйген ізін,
Аузынан да байқамап ем.
Шын тоналу, тоналғанды білген жерде.

Яго.
Естимін де қиналамын.

Отелло.
Білмей жүрсем, бір қол солдат
Кезегімен көрсе-дағы қызығын,
Бақытты күйде қалар ем.
Енді мәңгі қош бол, сабыр!
Қош, ырзалық!
Қанатты әскер, сен де қош!
Даңқ құмарды ер дегізер соғыста
Кісінеген ат пенен азынаған керней де,
Қозғау салар дабыл менен сырнай да,
Патша туы, бар таланттар, сен де қош!
Салтанат, атақ, соғыс мақтаны!
Зеңбіректер, сендер де,
Қош болыңдар, бітті бәрі,
Енді жоқсың Отеллоға.

Яго.
Мүмкін емес, генерал?

Отелло.
Оңбаған, дәлелдеуге міндеттісің
Сүйгенімнің Сұмдығына көзім жеткіз,
Не болмаса, ант етейін барыммен
Қайнаған ашу алдында
Тіл қатқанша,
Ит боп неге тумадың деп айтармын.

Яго.
Сұмдық!

Отелло.
Көзіме көрсет, ол болмаса
Күдік тұрар жер қалмастай
Ашып бер!
Болмаса қоштас өмірмен!

Яго.
Құрметті генерал!

Отелло.
Оны босқа қаралап.
Мені азапқа салған болсаң,
Дұға оқыма, тәубе қылма!
Сұмдыққа сұмдық қоса бер,
Аспан жылап, жер түршіксін:
Басыңды анық жояр жерің
Сол ғана.

Яго.
Иә, тәңірі, панам бол!
Адамсыз ғой? Жан мен сезім
Бар емес пе? Құдай кешсін.
Қызметімнен шығайын.
Ақымақ екем.
Адалдық айып болыпты.
О, сұмырай дүние!
Көр, көрші міне,
Шыншыл, адал болу қауіп болыпты.
Сабақ алдым, рахмет,
Достығымнан реніш тапқан сағаттан.
Қызмет маған азап болар.

Отелло.
Жоқ, тоқта: сен адал боп қала аласың.

Яго.
Мен ақылды болайын.
Адалдық — деген ақымақтық,
Қолданғанды қор етер.

Отелло.
Антым анық,
Өз ойымша әрі таза —
Әрі айыпты әйелім.
Өз ойымша, сенің сөзің әрі өтірік, әрі шын.
Көзім жеткіз.
Оның аты әулиедей таза еді,
Былғаныпты, бүгін менен қара бопты.
Қанжар ма, дар ма, у мен от па...
Шыдамаймын. Жалғыз ғана білу қажет.

Яго.
Ашу сізді буып түр ғой, байқаймын.
Осы жайды айтқаныма өкінем.
Білмексіз бе?

Отелло.
Енді не? Білмей қоймаймын!

Яго.
Мүмкін, Бірақ қалай білсек, бастығым?
Тұрпайылау болса да ұстаймыз ба,
Басып жатқан кезінде?

Отелло.
Ажал! Қарғыс!

Яго.
Ондай күйде көре қою
Онай болмас. Құтырып па
Бөтен көзге көрінгендей
Бір төсекте. Қайттік енді?
Не етсек екен? Не дейін?
Сізді қайтып сендірем?
Дәл текедей арсыз болып,
Мауығып тұрса маймылдай.
Әлде ұйыққан қасқырдай.
Немесе мас есуастай
Болса-дағы көрсетер ме?
Ал егерде белгі менен тұспалдарға
Сене алсаңыз, солар сізді
Жеткізеді бар шынға,
Бәрін-дағы білесіз.

Отелло.
Арамдығын айқын көрсет әйелімнің.

Яго.
Жақпай-ақ тұр өзіме,
Белшеден бір-ақ батқан соң.
Достық пенен адалдық деп сандалып
Тағы айтайын.
Жақында бір Кассиомен бір жатып ем,
Бірақ тісім қан қақсап
Ұйықтамадым.
Шала жансар жандар бар ғой
Кейбір ісін түсте көкіп жататын,
Кассио соның өзі екен.
Сөйлеп жатыр байқасам: «Сақ бола жүр,
Дездемона, білдірмейік махаббатты»
Деп тұрып қысып қолымды
«Сәлем» деп те дауыстап,
Ерінімді жұтып қойғандай
Жабысып кеп сүйгені-ай.
Аяғын әкеп бөксеме сап,
Сүйіп, жылап, күрсініп.
«Маврға сені бұйырған,
Қарғыс атсын тағдырды», — дейді.

Отелло.
Сұмдық!

Яго.
Бірақ бұл әшейін түс қой.

Отелло.
Түс былықты ашып тұр. Түс болса да
Күдік дерттей болды ғой.

Яго.
Әлсіз болған дәлелді
Нығайтқандай болып тұр.

Отелло.
Талқан етем мен оны!

Яго.
Жоқ, сабырлы болыңыз.
Ісін көрген жоқпыз ғой.
Әлде тіпті адал болар. Айтыңызшы,
Әйеліңіздің қолынан
Бүлдіргендей оюы бар.
Орамал көрген бе едіңіз?

Отелло.
Ол орамал — менің алғаш берген сыйым-ды.

Яго.
Біле алмадым, бірақ бүгін сондай орамалмен
Шек жоқ сол кісінікі,
Кассио сақалын сүртіп тұрды ғой.

Отелло.
Орамал сол...

Яго.
Орамал сол ма, басқа ма, —
Бір белгі тағы қосылды.

Отелло.
Қуарғанның қырық мың жаны болса етті?
Бір-ақ жанға кегім қайтіп қанады.
Көзім жетті. Бәрі де рас, қара міне.
Махаббатты желге шашып жіберем:
Кетті әнеки.
Қап-қара кек, шық дозақтың түбінен!
Махаббат, тәж бен тақты бер,
Аяу білмес ашуға!
Оқ жыландар қадалған
Көтерілсін бұл кеудем.

Яго.
Сабыр етіңіз!

Отелло.
О, қан ішем, қан, қан!
Өзгертіңіз ойыңызды, шыдаңызшы!

Отелло.
Жоқ, Яго, қоярым жоқ!
Теңізге тулап құярда.
Бетін бұрмай құлшынып.
Мұз тасқынын төгетін
Понт суындай болып ап —
Қан-жынттанып айқын ағар ойдағым.
Бәрін келіп жалмағанша
Әділ жайын жалғыз кек
Жалтармас та, сүюге де бұрылмас.
(Тізесін бүгіп отыра қап)
Осы сөзден қайтпаймын деп,
Мәрмәрдай, мынау аспан астында
Осыны мен ант етем.

Яго.
Тұрмаңыз. (О да жүгініп)
Мәңгі-бақи зор иемнің алдында,
Асылып тұрған осы аспанның астында,
Ыза шеккен Отеллоның жолына
Бойындағы ақылын, қолын, жүрегін
Аямасқа ант қып Яго береді.
Бұйрық берсе,
Маған десе қан төгілер іс болсын,
Өкінбестен барамын.
Екеуі де тұрады.

Отелло.
Достығыңды — сөзбен емес,
Шын жүрекпен қабыл алдым.
Керегіме қазір және жұмсаймын.
Кассионың өлді деген хабарын
Білдір, Яго, осы үш күннің ішінде.

Яго.
Өледі, досым, оны тілесең,
Ал әйелді өлтірмеңіз.

Отелло.
Қарғыс тисін нас қаншыққа!
Жүр-ей бірге! Ойлап алып шешейін.
Сұлу жігіт әзәзілдей,
Тез өлтіру есебін.
Енді сенсің — лейтенантым.

Яго.
Мәңгі сізге тиістімін.

Кетіседі.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Сарай алды. Дездемона, Эмилия, Шут шығады.

Дездемона. Лейтенант Кассионың жайы қайда екенін білемісің, Шут?

Шут. Мұндай сұрақтарға жауап берер жайым жоқ.

Дездемона. Неге?

Шут. Әскери адамның мекенін айту бекерлік, ол үшін басыңмен жауап берерсің.

Дездемона. А, қойшы! Қайда тұрады!

Шут. Оның қайда тұрғанын айту, менің қайда жатқанымды, яғни шатқан... шатқанымды айту болады.

Дездемона. Бұл не сандырақ!

Шут. Қайда тұратынын білмеймін. Сондықтан иә онда, иә мұнда тұрады деу, ол өз сорыңа өтірік айту болады.

Дездемона. Сіз өзгелерден сұрап, анығын біле аласыз ғой.

Шут. Мен бар дүниені мүңкір-нәңкірдей сауал, жауап дегізіп қояйын.

Дездемона. Соны тауып, осында жіберіңіз. Мен күйеуімді оның пайдасына ойыстырдым, ендігінің бәрі жақсы бола береді деңіз.

Шут. Бұл адам ақылының шамасынан тысқары нәрсе емес, сондықтан орындауға тырысайын.

Дездемона. Қайда жоғалттым екен бұл орамалымды.

Шут кетеді.

Эмилия. Білмеймін, ханым!

Дездемона.
Бүйткенше алтын салған
Асыл қалтам жоғалса етті.
Ер маврым сенгіш-ті,
Қызғаныштың Сұмдығынан
Алыс бола тұрса да,
Осы жайдан күдіктену мүмкін еді.

Эмилия.
Қызғаншақ емес пе?

Дездемона.
Байқауымызша, отанның
Күні сондай сезімдерді жойғандай.

Эмилия.
Әне өзі де келеді!

Дездемона.
Қызметіңе қайта алғанша Кассионы
Мен соңыңнан қалмаймын.

Отелло шығады.
Саушылығың қазір қалай?
Отелло.

Өте жақсы! (Шетке)
О, мекерлік қалай қиын еді?
Сіз қалайсыз, Дездемона?

Дездемона.
Жақсы!

Отелло.
Қолыңызды беріңізші. Дымқыл екен.

Дездемона.
Кәрілік те, уайым да.
Әлі бұған мәлім емес.

Отелло.
Қоя берсін ісі көп,
Мырзалығы ол жүректің
Дымқыл, ыстық... Мұндайлық қол
Ораза-намаз, құлшылықты,
Қысымшылық азаптарды тілейді.
Мұнда жас, сүйікті жын бар ғой,
Бүлініп тұр ғой. Жақсы қол Береген.

Дездемона.
Мұны айтуға болады.
Жүрегімді сізге берген осы қол ғой.

Отелло.
Қол мен жүрек бұрын ғана берілетін,
Ендігі жерде — қолды ғана бергізед.

Дездемона.
Біле алмадым.
Ал, сіздің берген уәде қайда?

Отелло.
Қай уәде, сүйіктім?

Дездемона.
Сізге кел деп Кассионы шақырттым.

Отелло.
Қатты бір тұмау қинап тұр.
Орамалың бере тұршы.

Дездемона.
Міне, Отелло.

Отелло.
Әлгі мен сыйлаған ше?

Дездемона.
Жаныма салмай шығыппын.

Отелло.
Жоқ па?

Дездемона.
Жоқ, шын жоқ, Отелло!

Отелло.
Бекерлік екен.
Анама сол орамалды
Цыған қатын беріпті.
Өзі бақсы, кісі ойын да оқиды екен,
Соның айтқан бір сөзі
Осы орамал әкемді,
Сүйдіріп те, көндіреді деген екен
Егер тегі жоғалтып
Не сыйланса біреуге,
Әкем айнып, басқаға ауып
Кетеді депті.
Өлерінде сорлы анам,
Орамалды тапсыр деп ед
Әйеліңе үйленгенде.
Сүйткен едім. Сақта,
Жауынгердей жақсы көр,
Егер оны, не Жоғалтып, не сыйласаң,
Одан үлкен қаза болмас.

Дездемона.
Шын ба?

Отелло.
Иә, шын! Ол нәрседе сиқыр бар.
Айналғанын көріп алған Сивилия
Күннің жерді екі жүз рет
Орамалды, көріпкел болар кезеңінде кестелепті
Жібегін берер өзгеше құртты өсіріп,
Семіп қалған мүмиедей
Жүрегінен қыздардың
Қасиетін еппен алған.

Дездемона.
Мүмкін бе екен?

Отелло.
Иә, анық. Оны сақта сондықтан.

Дездемона.
Бүйткенше оны көрмесем етті!

Отелло.
А! Неге?

Дездемона.
Құдая, тәуба!

Отелло.
Сіз немене?

Дездемона.
Ол жоғалған жоқ.
Ал, тегі, жоғалса нетер еді?

Отелло.
Қалайша?

Дездемона.
Бірақ ол жоғалған жоқ.

Отелло.
Әпкел өзің!

Дездемона.
Әкелер ем, Бірақ әзір бермеймін.
Мені есімнен жаңылдырмақ айлаң ғой бұл
Өтінемін. Кассионы қайта алыңыз.

Отелло.
Орамалды бер деймін!
Сескеніп тұрмын.

Дездемона.
Түу, қойыңызшы...
Одан артық жан таппайсыз...

Отелло.
Орамал!

Дездемона.
Бар тілеуің мәңгілікке
Сізден күткен жан екен.
Қауіпті де сізбен бірге кешіпті.

Отелло.
Орамал!

Дездемона.
Кінә сізде қалады ғой.

Отелло.
Жоғал! Жоғал!

Кетіп қалады.

Эмилия.
Өзі қызғаншақ емес пе?

Дездемона.
Бұрын білген емес едім;
Тегі, орамалда сыр бар екен.
Сорлы екенмін, жоғалтқаным.

Эмилия. Еркекті біз талай жылдар танымаймыз. Олар қарын біз асымыз. Аш кезінде жейді де, тойса құсып тастайды. Касссио мен менің байым келеді.

Яго, Кассио шығады.

Яго.
Басқа жол жоқ. Осы ғана көмекші.
Жол болғаны-ай! Барыңыз да жабысыңыз?

Дездемона.
Қадірлі Кассио, не жаңалық айтасыз?

Кассио.
Баяғы сол бір тілек, ханым! Өтінемін,
Тағы да дос боп болысып
Өміріме рақымын алып беріңіз.
Жүрегіммен зор тұтқаным сол еді.
Егер реніш кешпестей боп
Жүзі маған жылынбаса,
Өткен қызмет, әзір қайғы,
Болар еңбек баршасы да
Түк болмаса, енді анығын білсем екен.
Онда амалсыз көнемін де
Бақ дегеннің қайырын
Басқа жолдан тілеймін де.

Дездемона.
Асылзада Кассио,
Менің сөзім өндімей тұр.
Ерім қатты өзгеріп жүр.
Егер көңіл өзгергендей,
Жүзі дағы өзгерсе —
Танымай да қалар ем.
Тура айтам деп
Ашуына кез болсам да,
Сіз үшін мен тілегенді
Мен үшін, түбі тәңірі алдында
Періштелер тілесін деп айтар ем.
Сабыр етіңіз,
Қолдан келген барды жұмсап,
Өзім үшін етпесімді етермін.
Соған ырза болыңыз.

Яго.
Немене, ашулы ма?

Эмилия.
Жаңа ғана кетіп қалды.
Өзгеше боп қиналғандай.

Яго.
Ашулана білуші ме ед? Топтар түсіп
Қатар-қатар солдатын
Қасындағы інісін,
Жоқ қылғанын көріп ем...
Ашулана білуші ме ед?
Пәле бар ғой мұнда бір,
Барайыншы өзіне,
Жүректе бір себеп бар ғой.

Дездемона.
Бәсе, баршы.

Яго кетеді.
Әлде бір іс бар ма екен
Венеция мен Кипрде әлде,
Құпия жауын танып,
Соған ойы күйді ме екен.
Ерлер ашуының себебі үлкен болғанда
Болымсыз бір, ұсаққа да қаптағыш.
Бір саусағың ауырса,
Сан дененің бәріне де тарайды:
Ерімізді періште санау жөн емес,
Күйеу болған кезіндегі
Қас-қабақты күтпеу керек. Эмилия,
Маған ұрыссаңшы!
Бағына білмес тентек боп
Қатал деп оны сөгіппін,
Жалғаншы күнә тауыппын
Оны бекер мінеппін.

Эмилия.
Тек мемлекет ісі болсын.
Қызғаныш сұмырай күдігіне
Себепші ғана болмасын.

Дездемона.
О, қасірет! Сылтау етер не қылдым.

Эмилия.
Қызғаншақ жауға оны демеңіз:
Сылтаусыз да қызғанбастан тұра ма,
Қызғаншақ болса — себеп сол
Қызғаныш — сұмырай
Өз-өзінен жүкті боп, өзін-өзі табатын.

Дездемона.
Отеллоны сұмырайдан сақта, тәңірім

Эмилия.
Әмин, ханым!

Дездемона.
Өзіне барам. Кассио, күте тұрыңыз,
Көңілді болса, тырысып
Сіз айтқанға көндірермін не қылса.

Кассио.
Ханым, алғыс айтам барынша.

Дездемона, Эмилия кетеді, Бианка шығады.

Бианка.
Кассио, досым!

Кассио.
Қайдан жүрсіз?
Халіңіз қалай, әсем сұлу Бианка?
Антым анық, беттегенім сіз едіңіз, сүйіктім!

Бианка.
Кассио, мен де пәтеріңе келемін.
Жеті күн де жеті түн, апта болды, келмейді.
Сүйгенім сіз сол жүз алпыс сағаты
Дәл жүз алпыс күннен ұзақ болғаны-ай.
О, шерлі себептер!

Кассио.
Кешіріңіз, Бианка, мен
Бейнет басты боп жүрмін
Оңашада енді өтермін
Бармағанның қызығын,
Еркетайым, Бианка.
Дездемонаның орамалын береді.
Үлгісін алыңыз.

Бианка.
О, қайдан келген?
Жаңа бір дос сыйлады ма?
Келмеуіңнің себебін де сеземін.
Осыған жеттік пе? Иә, жарайды!

Кассио.
Жарайды!
Сұм тұспалды сайтан қақсын!
Жат ішіне қайтадан.
Қызғануды таптыңыз ба?
Сүйгеніңнің сыйы деп?
Белгісі деп!
Құдай ақыңа, Биянка, бекер!

Бианка.
Ал енді кімдікі?

Кассио.
Білмеймін. Үйден таптым
Оюы әсем. Қайтарғанша,
Түбі, қайтаруға тура келер,
Осындай ғып тігіп берші. Ал, барыңыз,

Бианка.
Барыңыз? Неге?

Кассио.
Генералды тосып тұрмын. Жарамайды.
Қызбен тұрсам лайық емес.

Бианка.
Қалайша? Айтыңызшы.

Кассио.
Сүюмен емес себебі.

Бианка.
Иә, сүйгендіктен себебі.
Бір аз ғана ұзатыңыз.
Және, қонаға ерте келесіз бе?

Кассио.
Аз ғана жерге ұзатайын:
Осы арада күту қажет
Бірақ артыңнан тез жетемін.

Бианка.
Ал, не дейін, көнбесіме шарам жоқ.

Кетіседі.
Шымылдық.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Сарай алды. Отелло мен Яго шығады.

Яго.
Солай дейсіз бе?

Отелло.
Солай деймін, Яго.

Яго.
Сөйтіп ұрлап сүю?

Отелло.
О! Арам.

Яго.
Ал, жалаңаш күйде бір сағат
Төсекте доспен жазықсыз жатса нетеді?

Отелло.
Жалаңаш, төсекте, жазықсыз?
Бұл шайтаннан асқан сайқалдық қой?
Үйтіп пәк боп шыққанда
Шайтан күлер, аспан да азар.

Яго.
Үлкен ісі болмаса — жазық аз ғой.
Бірақ егер, әйеліме бір орамал сыйласам.

Отелло.
Сонда ше?

Яго.
Сонда орамал оған тиісті, әрине,
Кімге болса сыйлауға да еркі бар.

Отелло.
Ары да оған тиісті, әрине.
Оны да сыйласын ба?

Яго.
Әйелдің ары — бүркеулі зат;
Көбінде сол, әрі бар да, әрі жоқ.
Ал бірақ орамалды қайтеміз?

Отелло.
Құдай ақыңда, соның жайын,
Ұмытқанға құмар ем.
Сен айттың да — ой соншама.
Топалаңның үстіне
Топырлаған қарғадай
Жаман белгі түйілді.
Орамалым сонда екен.

Яго.
Е, қайтушы еді?

Отелло.
Онша жақсы да емес.

Яго.
Ал, сізді мінеп, сөккенін
Есіттім десем не дейсіз.
Бар ғой сондай не қулар,
Жалынып жүріп жабысып
Әйелді алдап,
Құмарын басып
Алған соң
Көрінгенге көкімесе болмайтын.

Отелло.
Немене, бірдемені айтып па еді?

Яго.
Айтты-ау, Бірақ не керек.
Танып кетсе тағы еркі.

Отелло.
Нені айтты?

Яго.
Айтқаны, әйелмен... не айтқанын да білмеймін.

Отелло.
Не дейсің? Не дейсің?

Яго.
Жаттым дейді...

Отелло.
Қасында ма?

Яго.
Әлде үстінде ме — оны ықтиярыңыз білсін.

Отелло. Қасында жатқан? Үстінде?.. Әйелге жала жабарда үстіне мінді дейміз. Қасында жатқан ше? Не деген былық! Орамал... сырын айту... орамал!.. Қылмысы үшін, барын айтқызып, дарға асу. Жоқ, әуелі дарға асу, содан соң сырын ашу... Қалтырап барам... Осыншалық тұңғиыққа, адам табиғаты себепсіз үңілер ме еді. Сөз емес мені сенделткен. Түу! мұрындары, құлақтары, еріндері — не дейді? Сырын айту! Орамал! О, малғұн! (Есі ауып құлап түседі.)

Яго.
Қимылда.
Менің дәрім! Осылай күтер
Ақымақтың аңқауын,
Бекзада, таза ханымдар да
Осылайша, ақ та болса күйетін.
Ах, генерал! Отелло! Генерал!
Кассио келеді.
"А, Кассио да келіпті.

Кассио.
Бұл не мынау?

Яго.
Генералдың ұстамасы ұстап тұр.
Кеше бір болып еді.
Бүгін тағы мінеки.

Кассио.
Самайын сылап көріңіз.

Яго.
Қой! Ол несі!
Ұстамаға бөгет ету болмайды.
Әйтпесе аузы көбіктеніп,
Алас ұрып кетеді.
Тоқтаңызшы, қозғалды ғой.
Аз ғана шыға тұрыңыз,
Есін жиып, тұрып кетсін,
Кейін сізбен сөйлесетін сөзім бар.

Кассио кетеді.
Генерал, аман ба екен маңдайыңыз жарадан?

Отелло.
Күлгенің бе?

Яго.
Күлгенім? Ант етейін ойдағым
Еркек болып, тағдырына
Көнсе деймін мен сізді.

Отелло.
Сор маңдай ер — сұмырай бір айуан да.

Яго.
Айуандарға солардай,
Шетінен толы қалалар.
Сыпайы бір сұмырайлар...

Отелло.
Айтты ма өзі?

Яго.
Еркек бола біліңіз.
Сақалдының бәрі де өзіңіздей
Қамыт қақты жиегінде;
Көптің ортақ төсегін
Ант етіп жалғыз мендік деп
Жүретін талай миллион бар. Сіз жақсысыз.
О, дозақшы жауыздық,
Адал төсек үстінде
Мінсіз деп құшсаң бір қарды
Мазағы ғой әзәзілдің.
Білген артық;
Сүйтіп білем өзімді,
Оның да жайын білемін.

Отелло.
Мен білемін, сен естісін.

Яго.
Былай барып тұрыңызшы,
Бойға шыдам жиыңыз.
Сізді қайғы құлатты ғой,
Мұндай пәле сізге мүлдем жат еді.
Келген еді Кассио, сіздің жайды
Сыпайы сөйлеп жөнелтіп ем,
Қайта бір сөк, сөйлесем деп
Келмекші еді. Тығылыңыз. Байқаңыз.
Мазақ, мысқыл ма, әлде арсыз кекесін бе
Шығар ма екен жүзіне.
Бәрін-дағы қайта айтқызам. Әйеліңмен
Қалайша, қашан, қай жерде,
Қаншама рет көрісіп жүр,
Тағы қашан көрмек екен.
Бар қимылын байқаңыз. Сабыр!
Болмаса ашу билесе,
Еркек емес болғаның.

Отелло.
Ескер, Яго,
Шын құбылам — Бірақ ескер, Яго!
Қан ішер болам.

Яго.
Әне соның жаман болмас,
Бәріне әлі мезгіл бар.
Ал енді сіз жалтарыңыз.
Отелло шетке кетеді.
Кассиомен қазір мен
Бианканы сөз қылам,
Өзін сатып ол қатын
Ас пен киім табатын.
Кассионы Сол жануар сүйіпті.
Сайқалдардың жазасы —
Аңди жүріп өзгені,
Өзі торға түсетін.
Естігенде ол жайын,
Күлмей тұрмас Кассио
Әне өзі де келеді.
Күлсе болды!
Кассио келеді.
Жыны қозар Отеллоның.
Жөн білместік қызғанышы
Кассионың күлкісі мен қимылынан
Қисық ойлар ойлатар. Ну, лейтенант!

Кассио.
Айрылғанда өлдім десем,
Несіне сол шенді айтасың?

Яго.
Іс болады, жабысыңыз Дездемонаға. (Күбірлеп)
Егер күші жетер болса Бианканың,
Мұратың тез болар еді-ау.

Кассио.
Ах, сорлы-ай, десеңші!

Отелло.
Көрдіңдер ме күліп тұр.
Сондай асық көрген емен.

Кассио.
Байқауымша, сол бәлекет шын сүйеді.

Отелло.
Өтірік танып күліп тұр.

Яго.
Естисіз бе?

Отелло.
Енді үйіріп айтқызбақшы —
Қане солай, қане, жақсы.

Яго.
Соның өзі
Сізге тием дейді ғой?

Кассио.
Ха, ха, ха!

Отелло.
Асқақтаймысың, ақсүйек?
Асқақтаймысың?

Кассио. Мен соны алам ба! Бұл не? сатымсақ қызды ма? Өтінішім болсын, аз да болса менің ақылымды аясаңшы. Тақа біткен жынды деме. Ха, ха, ха!

Отелло. Солай, солай, ұтқан кісі күлет те.

Яго. Шыны, сыбыс көп, сіз алады деседі.

Кассио. Жоқ, шыныңды айтшы!

Яго. Өтірік айтсам сұм болайын.

Отелло. Мені есептен шығарғансыз ғой? Жақсы.

Кассио. Ол сыбысты сол маймылдың өзі таратып жүр. Алады деп сенгені менің уәде бергенімнен емес, өзінің асық болып, құр үмітпен жұбанғаны.

Отелло. Яго маған ымдайды — әңгімесін енді бастады.

Кассио. Сол жаңа ғана осында кепті, қайда барсам қалмайды. Жақында теңіз жағасында бірнеше венециялықтармен сөйлесіп тұр ем, бір сәтте әлгі қуыршақ келе бере, Құдай ұрсын, былай кеп мойныма асыла түспесін бе...

Отелло. «О, қымбатты Кассиом» — деп, немесе басқа сондай бірдеме деп, аһ ұрып де — қимылы соны көрсетіп тұр.

Кассио. Жабысып, асылып, бір жылап, бір сүйреп, тағы жұлқып та қояды! Ха, ха, ха!

Отелло. Ендігі айтып тұрғаны — әйелдің менің төсегіме қалай жетектеп апарғаны ғой. О, тұмсығыңызды көріп тұрмын, Бірақ соны тастайтын итті көрмей тұрмын-ау!

Кассио. Иә, менің оны тастауым керек.

Яго. Құдай біледі, мынау тап сол.

Кассио. Міне саған сасық күзен! Сайтаны құрсын! Иісті майлы сасық күзен!

Бианка келеді.
Айтыңызшы, осыншалық ізге түсіп не болды?

Бианка. Сайтан түссін ізіңе? Жаңа ғана маған берген мына орамалдың мәнісі қалай осы? Осыны алған мен не деген есуаспын! Өз үйіңнен тауып апсың, ал мен кім қалдырып кеткенін білместен, үлгісін көшіріп алмақпын ба? Бұл, бір қаншықтың сыйы ғой, мен соның үлгісін алмақшымын ғой! Мә, сол байталыңыздың өзіне беріңіз. Қайдан алсаңыз да мен үлгісін көшірмеймін.

Кассио. Ну, Бұныңыз не, Бианка сүйіктім, Бұныңыз не?

Отелло. Ант етейін, орамал тегі менікі.

Бианка. Егер бүгін кешкі асқа келем десеңіз келіңіз: ал егер келмеймін десеңіз — онда басқа, тілеген кезіңізде келіңіз. (Кетеді.)

Яго. Барыңыз! Барыңыз!

Кассио. Рас, бару керек — болмаса көше бойы үре береді.

Яго. Сіз кешкі асына барасыз ба?

Кассио. Барамын деймін.

Яго. Ендеше мен сізбен сонда кездесемін; сізбенен сөйлескенге қатты сүйсінем.

Кассио. Рақым етіңіз, келесіз бе?

Яго. Барыңыз, абыржымаңыз, келемін.

Кассио кетеді.

Отелло (шыға беріп). Бұны қалай өлтірем, Яго?

Яго. Өзінің осалдығыңа қалайша күлгенін байқадыңыз ба?

Отелло. О, Яго?

Яго. Орамалды көрдіңіз бе?

Отелло. Орамал, өзі менікі ғой?

Яго. Анық өзі, ант берем, әлгі жеңілтек сіздің әйеліңізді тіпті титтей сыйламайтынын айтсаңызшы. Ол бұған орамалын берсе, бұл оны өзінің жезөкшесіне береді.

Отелло. Бір емес тоғыз жыл бойы ұдайы созып өлтірер ем мен бұны. Әсем әйел! Сұлу әйел! Нәзік әйел!

Яго. Жоқ, сіз оны ұмытуың керек.

Отелло. Шірісін ол әйел, қаза тапсын, қарғыс атсын осы түнде, өйткені ол өледі. Жоқ, жүрегім менің тас болыпты, ұрсам қолым ауырады. О, бар дүниеде одан абзал жан жоқ еді; патшаның қасында жатып қызметін істер жан еді.

Яго. Бірақ, сіздің тағдыр ол емес қой.

Отелло. Құрып кетсін! Құр ғана бір айтқаным ғой, іске шебер, музыкаға қандай ғажап еді. О, ол өзінің әнімен жайын жыртқыш аң болса да жуасытар еді. Соншалық зор, соншалық кең ақылы мен қиялы бар еді.

Яго. Бәсе, сонысы әсіресе жаман ғой.

Отелло. О, мың есе, мың есе, жаным!.. Оман соң мінезі қандай сүйікті.

Яго. Иә, орасан сүйікті.

Отелло. Иә, әрине. Бірақ соншалық аяймын, Яго! О, Яго, соншалық аяймын, Яго!

Яго. Егер сіз оның осалдығына соншалық ынтық болсаңыз, күнә Сұмдығыңды істей бер деп қолына рұқсат хат беріңіз. Бұл тегі сізге батпаса, өзгеге тіпті жанаспайды да ғой.

Отелло. Өне бойын шапқылап өлтірем. Маған қиянат етпек қой.

Яго. Иә, бұнысы сондай масқара!

Отелло. Менің офицеріммен!

Яго. Онысы әсіресе масқара!

Отелло. Яго, бүгін кешке, маған бір у тауып берші. Оның денесі мен сұлулығы мені тағы да естен тандырмас үшін, мен онымен сөз қатпаймын. Дәл бүгін кешке, Яго.

Яго. Умен өлтірмеңіз, төсекте, өзі арам еткен төсекте тұншықтырып өлтіріңіз.

Отелло. Жақсы, жақсы; бұндай әділ өкім өзіме де ұнайды, тіпті жақсы.

Яго. Ал, Кассионы маған қоя беріңіз; қалғанын түн жарымында есітесіз.

Отелло. Жақсы.
Керней даусы естіледі.
Бұл не қылған керней үні?

Яго. Венециядан тіл келген! Әне, Лодовико. Дождан кепті. Қасында сіздің әйеліңіз.
Дездемона, Лодовико, қызметшілер кіреді.

Лодовико. Есенсіз бе, генерал!

Отелло. Есенсіз бе, құрметтім! Лодовико. Дож бен барша сенаттар сізге сәлем жолдады.
(Пакетті береді.)

Отелло. Рақымынан мен садаға. (Пакетті ашып оқиды.)

Дездемона. Не жаңалық, туысқаным?

Яго. Кипрде сізді көргеніме шат болдым. Қош келіпсіз.

Лодовико.
Рахмет. Кассионың халі қалай?

Яго.
Жүр...

Дездемона.
Генералмен аралары бұзылды.
Сіз осыны түзерсіз.

Отелло.
Сіздің сенім берік қой?

Дездемона.
Отелло?

Отелло (оқиды).
«Жіберіңіз егер сіз...»
Лодовико.
Сізге айтқан жоқ. Хат жайы ғой.
Сөйтіп бұлар араз ба?

Дездемона.
Қапа қылады. Мен барымша
Тыймақ едім.

Отелло.
Дозақ оты!

Дездемона.
Отелло?

Отелло.
Есің бар ма?

Дездемона.
Ашуы ма?

Лодовико.
Әлде ашуын хат келтірер.
Жаңылмасам бұған қайт деп,
Кассиоға істі табыс ет деген.

Дездемона.
Білесіз бе, мен осыған шат болар ем.

Отелло.
Ә, солай ма?

Дездемона.
Отелло?

Отелло.
Есіңіздің кеткеніне мен шатпын.

Дездемона.
Отелло?

Отелло.
Дозақы! (Ұрып жібереді.)

Дездемона.
Жазығым жоқ!

Лодовико.
Венецияға ант етсем де көрдім деп,
Адам сенбес, генерал, өрескел ғой!
Жылап тұр ғой. Кешірімін алыңыз.

Отелло.
Дозақы!
Әйелдің көз жасынан
Буаз болса қара жер,
Әр тамшыдан бір айдаһар бітер ед.
Жоғал менің көзімнен!

Дездемона.
Кетейін, сізді қинамай. (Жүре береді.)

Лодовико.
Көнбіс жар ғой!
Өтінемін, генерал, қайырыңыз!

Отелло.
Ханым!

Дездемона.
Отелло?

Отелло.
Сізге керек қой?

Лодовико.
Маған керек?

Отелло.
Қайтар деген сіз, емес пе,
Қайту оның еркі, мырзам,
Келіп тағы кете де алады.
Жылай-жылай жүре де алады.
Мырза, көнбіс дедіңіз ғой,
Аса көнбіс. Жылай бер! —
Оқыдым... — Азапты шебер ойнайды... —
Қайтсын деген бұйрық. — Жоғалыңыз!
Кейін өзім шақыртам —
Бұйрықты орындаймын,
Венецияға қайтамын. — Қане, кетіңіз!

Дездемона кетеді.
Кассиоға істі берем. Енді, мырза,
Асқа рақым етіңіз. Хош келіпсіз.
Текелер де маймылдар! (Кетеді.)

Лодовико.
Сенаттың мінсіз дегені,
Жаны таза жамандықтан
Адалдығын кездейсоққа алдырмас,
Тағдырға да бойсынбас —
Деген мавр осы ма?

Яго.
Ол өзгерген.

Лодовико.
Есі қалай? Миында зақым жоқ па екен?

Яго.
Бұның бары осы ғой.
Біле алмадым.
Тәңірі иіп өзгеріп,
Өзгеше біреу болса екен,
Бірақ әзір болмай тұр.

Лодовико.
Қайтып қана қатынды ұрды!

Яго.
Әрине нашар, Бірақ мен
Сол ұрғаны, бар жамандық
Арты болса деп тілер ем.

Лодовико.
Әрқашан да осы ма?
Әлде хатқа қиналып,
Осындай оғат басты ма?

Яго.
Е-ей!
Көрдім, білдім дей берсем,
Әділ емес. Көрерсіз.
Мен айтпай-ақ оның ісі
Сырын ашар. Көз салыңыз,
Болған істі байқаңыз.

Лодовико.
Өкінемін, сырын білмей адасыппын.

Кетіседі.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сарай бөлмесі.
Отелло, Эмилия шығады.

Отелло.
Сөйтіп түкті көрмедің бе?

Эмилия.
Естіген де, сезген де емен.

Отелло.
Ал, Кассиомен бір болғанын көрдің бе?

Эмилия.
Онда да түк сұмдық жоқ.
Сөздерінің мен білмейтін түгі жоқ.

Отелло.
Сыбырласқан да емес пе?

Эмилия.
Емес деймін.

Отелло.
Сізді шетке қаққан жоқ қой?

Эмилия.
Еш уақытта.

Отелло.
Ол-пұлына жұмсады ма?

Эмилия.
О, жоқ, жоқ!

Отелло.
Неткен ғажап.

Эмилия.
Ақтығы үшін өз жанымды
Кепілдікке беремін.
Сіздің ойыңыз басқа ма?
Алдамшы ойды айдаңыз.
Соны ойлатқан аярдың
Басына аспан құласын.
Егер осы арам болса —
Барлық жерде бақыт жоқ,
Барлық қатын есектей былық болғаны.

Отелло.
Шақыршы өзін.

Эмилия кетеді.
Еркін! Сөз айтушы қатынның
Бәрі осыны айтар ед...
Сарқынды, сайқал!
Арам сырдың құлпы менен кілті осы.
Ал, намазда, жерден
Бас алмайды, өзім көргем.

Эмилия, Дездемона шығады.

Дездемона.
Не тілейсіз?

Отелло.
Бері келші, көгершін.

Дездемона.
Не қыл дейсіз?

Отелло.
Көзіме қараңыз! Тура қараңыз.

Дездемона.
Қорқыныш қой қырыңыз!

Отелло (Эмилияға):
Ханым, енді сіздің міндет:
Ынтымақтарды қалдырып,
Есік жап та, біреу келсе
Не жөткіріп, не қақырын.
Аяр! Аяр, шық шапшаң.

Эмилия кетеді.
Дездемона.

Айтыңызшы, тізе бүгіп өтінем.
Не мәні бар сөзіңіздің?
Зәрін сезем, Бірақ мәнін ұқпадым.

Отелло.
Сен кімсің?

Дездемона.
Адал, таза жарыңмын.

Отелло.
Осыныңа ант ет те,
Жаныңды өртеп, әзәзілге
Матап бер — күнәңді асыр!
Тазамын деп антың бер.

Дездемона.
Құдай куә!

Отелло.
Құдай куә, дозақысың жалғаншы.

Дездемона.
Отелло, кімге, қалай, Кіммен жалған етіппін?

Отелло.
О, Дездемона, кет, жоғал, жоғал!

Дездемона.
Қасірет күні! Жылайсыз ғой, япыр-ау, —
Көз жасың менен болды ма, Отелло?
Әлде айыпты әкем бе екен
Сізді қайта шақыртқан?
Жазалама ол үшін,
Сенің жатын — маған да жат,

Отелло.
Тәңірі маған түйіліп
Жіберер болса азабын,
Төксе-дағы басыма
Қайғы, сордың нөсерін,
Белшемнен батсам жоқтыққа,
Өзім тұтқын, үміт типыл болса да,
Жанымның бір жерінен
Тамшыдай сабыр табар ем.
Жан жоқ меңіреу дөңбектей.
Табашылар жиренішпен түртсе де —
Соған-дағы шыдар ем; жақсы.
Бірақ мынау, жүрек сақтар жерімде
Не тірлік, не өлім бар,
Өмірдің шын тас бұлағы
Ақпаса, Бірақ суалар.
Осыдан қайтып қуылам!
Әлде шалшық көлдей боп,
Бақалардың ойнағы боп қаламын!
Түсіңді бұз, сабырлық,
Нәзік ерін періште едің,
Енді сұмдық дозақтай бол.

Дездемона.
Ерім мені таза дер деп сенемін?

Отелло.
О, иә.
Шіріген етте құрты қайнар,
Қасапханадағы шыбындайсың.
О, сен бір усойқы
Түрің көркем, иісің аңқып
Құмарлықты қоздыратын,
Тумасаң нетті бүйткенше.

Дездемона.
Япырмау, менің күнәм не?

Отелло
Қағаз, кітап не керек?
Жазылар сөз «сайқал» болса? «Күнәм не!»
Ұятсыз, «күнәм не» дейсің.
Ісіңді сенің атасам,
Бетім оттай жалындап,
Ұятым күлдей сөнер ед.
"Күнәм не". Күнәңнен аспан қысылып,
Ай да көзін жұмады.
Арсыз жел де, жолындағы барды сүйген
Естуден де ұялып Тығылыпты тереңге.
Күнәң сенің немене! О, бұзық!

Дездемона.
Құдай ақыңа сөзің бекер!

Отелло.
Бұзық емессің бе?

Дездемона.
Емеспін, иманыммен ант етем.
Денені сақтап ер үшін,
Арамдықтан пәк болу
Құтқарар болса бұзық аттан —
Бұзық емен, жарым, сен.

Отелло.
Сөйтіп, сайқал да емес пе едіңіз?

Дездемона.
Ақтығыммен ант етем.

Отелло.
Мүмкін бе екен?

Дездемона.
Құтқар бізді, я тәңірі.

Отелло.
Кешіріңіз ендеше.
Отеллоға әдейі тиген
Венеция сайқалы деп ойлап ем.
(Даусын зорайтып.)
Тоны айналған періштесіз,
Күзетің дозақ есігі, я!

Эмилия кіреді.
Сіз, сіз, сіз, сіз!
Біз болдық. Мынау еңбек ақыңыз.
Есікті ашып, сырды бүгіп қалыңыз.

Кетеді.

Эмилия.
Япыр-ау, ойы қандай мырзаның,
Ханым, сізге не болды?
Немене, менің асылым?

Дездемона.
Шала көрген түсім бе?

Эмилия.
Әміршіме не боп қалды кенеттен?

Дездемона.
Кімге дейсің?

Эмилия.
Әміршіме деймін ғой.

Дездемона.
Ол кім?

Эмилия.
О, ханым, әміршіміз біреу ғой!

Дездемона.
Сөйлеспеші менімен. Ол мұнда жоқ.
Жылауға да мұршам жоқ,
Барымды тілмен айтар ем.
Түнде маған, ұмытпай,
Неке күнгі ақты жай.
Шақырып берші, Ягоны.

Эмилия.
Неткен заман!

Кетеді.

Дездемона.
Осыншалық қор етті-ау!
Азғантай айып болса етті,
Қай мінезім сезік салды?

Эмилия, Яго келеді.
Әміріңізге әзірмін, ханым.
Сізге не болды?

Дездемона.
Сөз жоқ. Жас баланы үйреткен
Кейде сипап сөкпей ме.
Ол да сөйтсе нетуші ед.
Мен әзір шын, бала емес пе ем.

Яго.
Ханым, нені айтасыз?

Эмилия.
Япыр-ау, ол сайқал деді.
Сондай сұмдық сөз тастап
Жүрегіне дақ салды.

Дездемона.
Маған лайық ат па, Яго?

Яго.
Қайсы?

Дездемона.
Сол, әлгі — ерім берген ат.

Эмилия.
Сайқал деді; мас қайыршы болса да,
Таныс қызын бүйтіп сөкпес.

Яго.
Неге былай етті екен?

Дездемона.
Білмеймін. Мен ол емес қой? Рас емес

Яго.
Жыламаңыз, жыламаңыз, қасірет күн!

Эмилия.
Салтанатты көп күйеуге бармастан
Тастағанда әкесін, досын, отанын.
Тапқан аты сайқал ма!
Кім жыламас!

Дездемона.
Тағдырым менің сор-дағы!

Яго.
Сорлы неме —
Неменесі ұстап қап еді?

Дездемона.
Құдай білсін.

Эмилия.
Бекер болса дарда өлейін
Дәл осыдан болыпты,
Ойлап тапқан бір сұм бар.
Қуарған бұзық, сұмырай,
Шен қуған бір жорға құл! Осыным
Бекер болса дарға асылам.

Яго.
Түу, жоқ, ондай адам болмас-ақ.

Дездемона.
Егер сондай бар болса,
Күнәсын кеш, жасаған!

Эмилия.
Жендет кессін тілеуін,
Кемірсін дозақ сүйегін,
Мұны сайқал деп отыр,
Қайда, қай кезде, қандай қылмыс етті екен?
Не жөні бар?
Сұрқия, жауыз, қуарған.
Оңбаған ғой алдап жүрген маврды.
Тәңір-ау, неге сол Сұмды
Етін ашып, қолыңа дырау қамшы алып
Жалаңаштап, иттей дүрелеп
Күншығыстан күнбатысқа қумайсың.

Яго.
Қой айқайды!

Эмилия.
Түу әрмен! Сондай неме
Сіздің де ойды былғаған,
Маврменен сезікті деп мені де.

Яго.
Жындысыз ба, барыңыз!

Дездемона.
Жаным, Яго,
Қайтсем ерім қайтады?
Барсаңызшы, досым-ау,
Жарық күнім суалсын,
Не қылмыспен жазғанымды білмеймін.
Міне бүктім тіземді.
Егер оның махаббатын,
Сөзбен, іспен, ойыммен,
Көзбен әлде сезіммен
Кірлетіп шетке қарасам,
Егер бүгін, иә бұрын
Мәңгілікке сүймес болсам,
Қайыршы етіп қуып шықсын—
Кетсін менен, қуаныш! Ашу қатты.
Ашуы оның өмірімді жоқ етер
Махаббатым былғанбас.
«Сайқал» деген сөзді айтам
Айтамын да жиренем,
Сол айтқандай етерлік —
Дүниенің мені аздырар күші жоқ.

Яго.
Тынышталыңыз. Бәрі-дағы басылар.
Қызмет жөнде реніш бар,
Сізге әшейін тиген ғой.

Дездемона.
О, сол ғана, тегі, болса еді!

Яго.
Мен кепілмін.

Керней үні.
Музыка асқа шақырады!
Венеция елшілері тосып тұр.
Барыңыз, жылай көрмеңіз. Оңдалады.

Эмилия, Дездемона кетеді. Родриго келеді.

Родриго. Сені өзіме әділет істеп жүр деп айта алмаймын.

Яго. Ал, әділетсіз не бопты?

Родриго. Күн сайын маған бір сылтау айтасың, Яго, сөйтіп енді байқасам, тілегіме жақындаудың орнына, қисынды жердің барлығынан алыстатып барасың. Құдай ақыңа мен бұдан әрі шыдамаспын. Бұл күнге дейін ақымақ боп көтергенді, ендігәрі тып-тыныш көтере де алмаспын деймін.

Яго. Мені тыңдауға қалайсыз, Родриго?

Родриго. Тыңдағаным онсыз да көп еді, Бірақ сіздің сөзіңіз бен ісіңіз шалғай жатыр.

Яго. Сіз тіпті мені орынсыз кінәлайсыз.

Родриго. Жоқ, кінәм тіпті орынды. Мен бар мүлкімді сарп қылдым. Дездемонаға бермек боп менен алған асылдардың жартысының өзі де бір сопы қатынды сатып аларлықтай болып еді. Сіз маған, ол қабыл алды және маған күтсін, тез арада жақындасуымызға сенсін деп айтты дедіңіз. Бірақ мен әлі күнге түк көргем жоқ қой.

Яго. Жақсы, айта беріңіз, тіпті жақсы!

Родриго. «Тіпті жақсы», «айта беріңіз!» Мен айта бере алмаймын, мырза. Тіпті де «жақсы» емес. Барымменен ант етем, масқара! Ақымақ болғанымды сезе бастадым.

Яго. Тіпті жақсы.

Родриго. Ал, мен айтсам, түк те «тіпті жақсы» емес. Мен Дездемонаға барымды айтам; ол менің асылдарымды қайтарып берсе, ынтық болудан бас тартам да, орынсыз соңына түскеніме ғафу өтінемін. Ол болмаса — біліп қойыңыз, есесін сізден қуам.

Яго. Сіз болдыңыз ба?

Родриго. Mен іске мықтап бекінгеннен басқа түк те айтқам жоқ.

Яго. Қазір мен сенде қайрат барын таныдым, сөйтіп осы сәттен бастап, сен туралы өз ойымды түзей бастаймын. Қолыңды берші, Родриго; сен мені дұрыс кінәладың, Бірақ сонда да тағы айтам, сенің ісін жөніңде еңбегім адал.

Родриго. Ол сезілген жоқ.

Яго. Мен түсінемін, әрине, сезілмегені рас және сіздің сезіктенуіңіз ақылдан, дұрыстықтан тыс емес. Бірақ, Родриго, сенде менің әсіресе сенетін бір нәрсем — қайрат, еркектік, ерлік бар болса, соны бүгін кешке білдірші. Егер ертең түнде Дездемонаны жайламасаң, мені осы жарық дүниеден қу, жазаның ең ауырын ойлап тапшы.

Родриго. Бұл қалайша болғаны? Ақылға сыя ма, мүмкін бе екен?

Яго. Мырза, Венециядан Кассионы Отеллоның орнына сайлаған бұйрық келді.

Родриго. Рас па осы? Онда Отелло мен Дездемона Венецияға қайтады ғой.

Яго. О, жоқ. ойда жоқ бір нәрсе бөгемесе, ол Дездемона сұлуды қасына алып, Мавританияға келеді. Ал, бөгелетін жалғыз шара Кассионы тайдыру.

Родриго. Тайдыру деп нені айтасыз?

Яго. Тайдыру деген — Отеллоның орнына ала алмастай ету деген, яғни миын шағу.

Родриго. Сөйтіп осыны мен істесін дейсіз бе?

Яго. Иә, егер өзіңізге пайда менен теңдік керек болса, соны істейсіз. Ол осы кеште бір салдақының үйінде, мен де сонда барам. Өзіне келген жаңа құрмет жайын ол әлі білмейді. Егер сіз оның өзтқанын күзетпек болсаңыз, мен мезгілін он екі мен бірдің аралығына апаруға тырысармын. Сіз сонда оны оп-оңай аласыз. Мен сізге болысу үшін, жақын жерде болам, сөйтіп ол ортамызға түседі. Ну, таңданбаңыз бұған, жүріңіз. Мен оның өлімінің қажеттігін соншалық жақсы дәлелдейін, сіз тіпті өзіңізді оны жоюға міндетті деп санарсыз. Кеш боп барады, әлдеқашан тамақ мезгілі болды. Ал іске кірісейік.

Родриго. Мен әлі бұл істің барша дәлелдерін естуім керек.

Яго. Сіз оған қанасыз.

Кетіседі.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сахнадағы басқа бөлме.
Отелло, Лодовико, Дездемона, Эмилия және қызметшілер кіреді.

Лодовико.
Өтінемін, зорламаңыз өзіңізді.

Отелло.
О, рұқсат болсын. Маған жүрсем пайдалы.

Лодовико.
Қош болыңыз, ханым, сізге рахмет.

Дездемона.
Әрдайым сіз үшін біз шатпыз.

Отелло.
Жүріңіз мырза.
О... Дездемона!

Дездемона.
Отелло!
Отелло. Шапшаң барып төсекке жатыңыз, мен тез ораламын. Күтушіңізді қоя беріңіз; байқаңыз, осы айтқаным орындалсын.

Дездемона.
Баршасын орындаймын.

Отелло, Лодовико, қызметшілер кетеді.

Эмилия.
Ал, енді қалай? Жұмсарған сияқты ғой.

Дездемона.
Үйге жылдам қайтам деді. Маған жат деп бұйырып, Сізді үйіне жібер деді.

Эмилия.
Мені ме?

Дездемона.
Әмір солай. Сол себепті, Эмилия.
Түн көйлегімді бер-дағы қош бола тұр,
Келтірмейік ашуын.

Эмилия.
Білмесең нетті осыны!

Дездемона.
О, жоқ, махаббатым барды ақтайды:
Ашуы, зілі, кейісімен —
Мынаны ағыт — бәрібір маған сүйікті.

Эмилия.
Сіз бұйырған жамылғыны төседім.

Дездемона.
А, бәрібір. Ай, тәңірі, неткен ақылсызбыз.
Егер сенсіз өліп кетсем,
Жамылғыдан кебін істе.

Эмилия.
Қойыңызшы!

Дездемона.
Күтуші болған анама
Варвара деген кәрі еді. Асық екен;
Сүйгені қуып тастапты.
«Үйеңкі» деген бір ескі
Шыншыл әнді айтып,
Үнемі айтып өліп ед.
Сол әні бүгін кеш бойы
Көкейімнен кетпейді.
Сүйене тұрып айтқым келеді,
Сол Варвара бишарадай! —
Ал, болшы!

Эмилия.
Шапаныңыз керек пе?

Дездемона.
Жоқ, мынаны ағыт, —
Ал, ана Лодовико, сымбатты жас

Эмилия.
Иә, тіпті жақсы екен.

Дездемона.
Өзі жақсы сөйлейді.

Эмилия. Венецияда осының төменгі ернін бір сүйген үшін Құдысқа жаяу барудан бас тартпастай бір әйелді білуші ем. Дездемона (әндетеді).
«Тал түбінде ол отырды күрсініп,
Әндетейін үйеңкіні.
Қайғы, жүдеу, сүйенеді ол сорлы...
Әндетейік үйеңкіні, үйеңкіні.
Ойнап ақты мұз бұлақ.
Әндетейік үйеңкіні, үйеңкіні,
Ащы жастар құмды өртеді...»
Оны қой. (Әндетеді.)
«Әндетейік үйеңкіні, үйеңкіні»,
Бол тез: қазір келеді. (Әндетеді.)
«Әндетіңдер — үйеңкіден алқаң болсын...
Оны сөкпе — сүймеген соң кінә жоқ...»
Жоқ, мынаны әр таман...
Тоқта: біреу қақты ма?

Эмилия.
Жоқ, тек жел ғой.

Дездемона (әндетеді).
«Қыз айтқанда «опасыз» деп, ол «ұлыма» дегені.
Әндетейік үйеңкіні, үйеңкіні.
Мен талаймен кезгенде, сен талаймен ұйықтай бер».
Қайырлы түн. Көзім қышиды.
Жас ағайын дей ме екен?

Эмилия.
Түк етпейді!

Дездемона.
Солай десед. Ерлер, әттең ерлер!
Шыныңды айтшы, Эмилия.
Сұмдықпенен ерді алдайтын
Әйелдер бары рас па екен?

Эмилия.
Ну, әрине, бар.

Дездемона.
Дүние-мүлкін берер болса, сен осыны істер ме едің.

Эмилия. Сіз ше?

Дездемона. О, жоқ жарық аспан — куәм болсын.

Эмилия. Мен жарықта істемес ем, қараңғысы жақсы ғой. Дүние-мүлкі зор ғой: аз күнәға қымбат баға болат та.

Дездемона. Көнбес едің. Шын емес пе?

Эмилия. Шынға келсем істер едім, Бірақ істеп алып, соған көңілім соқпай істеген кісі тәрізденер едім. Әрине, мен ондай істі, әлде көр-жер үшін істемес ем. Ал, Бірақ, дүние-мүлкі үшін көнер ем! Өз күйеуін мысалы патша ету үшін, кім оны бұл жағынан сор маңдай етуге қимас еді. Құдай үшін мен тіпті дозаққа түсіп шығуға да көнер ем.

Дездемона.
Дүние-мүлкі үшін де
Соны істесем, көр болғаным.

Эмилия. Тегі жамандық, дүниеде болған кезде жамандық қой. Ал, егер өз ісіңіз үшін бар дүниені алар болсаңыз, әлгі жамандық та өз қолыңыздағы дүниеде болат та, ендеше сол жаманды тезінен жақсыға айналдыра қоймас па едіңіз.

Дездемона. Сондай әйел барлығына сенбеймін.

Эмилия. Толып жатыр, тіпті өздері жанын салған дүниені лық толтырардай, көптен-көп. Азуына әйелдің кінәлы болар ерлері.
Міндетіне шабан тартып,
Бізге деген жақсылықты жат етекке төгеді.
Біресе сұм қызғанышпен, ысып, ұрып, егесіп,
Сыбағалы табыстан да бермейді.
Адал да болсақ, бізде зіл бар,
Кекті біз де білеміз.
Біліп қойсын барлық ер.
Әйел де иісті сезеді.
Көре де тата біледі,
Ащы менен тұщыны
Олар да ердей айырады.
Неге бізді айырбасқа салады?
Құмарлық қой?
Солай болар.
Нәпсісі ғой билейтін?
Осалдық қой кінәсы?
Әрине соя Сол құмарлық бізде де бар.
Нәпсі рақат тілейді
Қуантсын бізді, болмаса
Жамандыққа үйретіп, жапа табар өздері.
Дездемона.
Қош, қош. Одан да тәңірі үйретсін
Жамандықтан жаман болмай артуды.

Кетеді.
Шымылдық.

БЕСІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС

Көше.
Яго, Родриго шығады.

Яго.
Тығыл мұнда, тез, келеді,
Жалаң қылыш, жаңылмай шап.
Бол, бол! Қорықпа, мен де ұзамаймын.
Өсу, өшу — осы арада.
Ескер, бәлкім барыңмен.

Родриго.
Сен ұзама, жаза бассам қайтемін.

Яго.
Қасыңдамын. Ер бол да бар орныңа. (Шетке кетеді)

Родриго.
Қызыққандай ісім емес;
Бірақ сөзі орынды.
Бірі кемір! Ұмтыл сапы — ол өлед.

Яго.
Болымсыз бұл бөрткенді
Қаси-қаси қабарттым.
Өлтіре ме Кассионы,
Әлде өзі өле ме,
Жоқ ете ме бірін бірі —
Бәрі маған пайдалы.
Тірі қалса Родриго,
Дездемона сыйы деп
Мен алатын асылдар мен ақшаны
Қайта бер деп жабысады.
Болмау керек бұлайша.
Аман қалса Кассио, —
Әр күні асып мерейі.
Мені сұм қып барады. Және мавр.
Ұстап берер мені оған;
Онда менің өлгенім;
Қаза тапсын, әне өзі.

Кассио шығады.

Родриго. Тасырыңан таныдым, мынау, сол ғой! Өл, жауыз! (Ұмтылып қарманады.) Кассио.
Жау сапысын маған сапсың,
Бірақ тоным осал депсің,
Сенікін мен сынайын.
(Сапысын суырып Родригоны жаралайды.)

Родриго.
Өлтірді!
Яго арттан келіп, Кассионың аяғын жаралап қашып кетеді.

Кассио. Ей, халайық! Жарадармын! Қан төгіс! (Құлайды.)

Отелло келеді.

Отелло.
Кассио ғой. Сөзіне Яго жетіпті.

Родриго.
О, мен қуарған!

Отелло.
Әрине, ол солай-ды!

Кассио.
Кел! Әкел жарықты! Дәрігер әкел!

Отелло.
Сол! Әділ Яго, ер де, таза,
Сонша сезіп дос жарасын,
Маған үлгі беріпсің —
Сүйгенің өлген, сұлуым,
Сізге де тағдыр таянды.
Бұзығым, мен де жетейін.
Жүректен сиқыр қуғаймын.
Төсекті қанмен былғаймын.

Кетеді.

Лодовико мен Грациано келеді.

Кассио.
Күзет жоқ! Жүрген жан да жоқ! Қан төгіс!

Грациаио.
Бұнда бір пәле болған ғой! Ыңырсыған біреу ғой!

Кассио.
Көмек етші!

Лодовико.
Естисіз бе?

Родриго.
Жауыз оңбаған!

Лодовико.
Ыңырсыған екеу, үшеу, — түні тастай.
Жорта істеген болмасын? Қатер болар,
Көмексіз жалаң барғасын?

Лодовико.
Естисіз бе?
Жарық алып Яго келеді.

Грацио.
Жарығы мен қаруы бар,
Көйлекшең біреу келеді!

Яго.
Бұл кім? Не шу? Жат айқай!

Лодовико.
Біз білмейміз.

Яго.
Сіздерге айқай жетті ме?

Кассио.
Көмек етші Құдай үшін!

Яго.
Не боп қалды?

Грациано.
Мен білсем, осы маврдың
Прапорщигі емес пе?

Лодовико.
Болар. Өзі ер жігіт.

Яго.
Сіз кімсіз, неге қатты ыңыранасыз?

Кассио.
Яго? Жаралады бір сұмдар.
Маған көмек беріңіз.
О, лейтенант! Қай жауыздар!

Кассио.
Соның бірі жатыр білем,
Қозғала алмас өзі де.

Яго.
Сұмырай, азғын. (Лодовико мен Грацианоға).
Сіздер кімсіз? Жүріңіздер көмекке.

Родриго.
О, көмек бер!

Кассио.
Біреуі сол!

Яго.
Қанішер, қал, оңбаған! (Родригоны сапылдайды).

Родриго.
Жауыз Яго! Сұм төбет! О!

Яго.
Қараңғыда қастығын!
Қайда қанқор ұрылар?
Қала қандай жым-жырт ед,
Қан төгіс, ей, қан төгіс!
Сіздер кімсіз — ел ме, жау ма?

Лодовико.
Кім десеңіз, еркіңіз.

Я го.
Лодовико мырзасыз ба?
Лодовико.
Иә, мырза.

Яго.
Кешіріңіз. Кассионы жау жаралап кетіпті.

Грациано.
Кассионы?

Яго.
Ал, қалайсың, туғаным?

Кассио.
Аяғымда жара бар.

Яго.
О, жасаған!
Жарық әкел, көйлегіммен таңайын.

Бианка келеді.

Бианка.
Ей, немене? Айқайлаған кім өзі?

Яго.
А? Айқайлаған кім өзі?

Бианка.
О, қымбатты Кассио!
Кассио, жаным Кассио!
О, Кассио!

Яго.
О, сайқал! Сезігің бар ма, Кассио,
Кім екен мұнша қандаған?

Кассио.
Сезігім жоқ.

Грациано.
Мұндай күйде көргеніме аяймын.
Іздегенім сіз едіңіз.

Бианка.
Япырау, талып кетті ғой! Кассио! Кассио!

Яго.
Орайтын бер. Әкеліңдер көтергішті,
Апарайық тезірек.

Яго.
Сезігім бар, мырзалар,
Бір пәледен аман ба екен осы сұм.
Сабырлы бол, Кассио.
Ал, әкелші жарықты.
Таныр ма екен мынаны?
Япыр-ау, досым, жерлесім ғой,
Қымбаттым менің, Родриго?
Жоқ? Өзі ғой! О, Родриго!

Грациано.
Не дейді, венециялық па?

Яго.
Сол, мырза. Таныс па едіңіз?

Грациано.
Әрине.

Яго.
Синьор Грациано, кешіріңіз.
Өтінемін мен сізден.
Қан үстінде қапы болды кешерлік.

Грациано.
Дән ырзамын мен сізге.
Қалайсың, Кассио?
Көтергіш әкел. Көтергіш!

Грациано.
Родриго!

Яго.
Сол, сол!
Көтергіш пе, жақсы болды-ау!
Көтергіш әкеліседі.
Дос-жар жандар алып барсын
Мен дәрігерге жетейін (Бианкаға)
Қам жегенді сіз қойыңыз
Кассио, мынау өлген жан
Менің жақын досым еді,
Қысқандарың бар ма еді?

Кассио.
Жоқ, мен тіпті таныс та емен.

Яго (Бианкаға).
Сіз неліктен қуардыңыз?
Апарыңдар үйіне.
Кассио мен Родригоны әкетіседі.
(Бианкаға). Неге осынша қуардыңыз?
Көзі үркіп тұр көресіз бе?
Байқаңызшы қадала —
Әлі бәрін білеміз.
Қараңызшы осыған! Көресіз бе?
Жоқ, тіл үндемей тұрғанда
Айып өзі сөйлейтін.

Эмилия келеді.

Эмилия.
Не боп қалды? Яго? Ах, не болған?

Яго.
Кассиоға қараңғыда
Бұзықтарға қосылып
Жабылыпты Родриго,
Өзгелері қашып кетті.
Өлімші жара Кассио да,
Родриго мүлдем өліпті.

Эмилия.
Ах, бейшара мырза!
Ах, қадірлі Кассио!

Яго.
Бұзылғандық салдары.
Кассиодан білші сен,
Кеше кімде болды екен? (Бианкаға.)
О не, неге қалтырайсың?

Бианка.
Менде болған. Менің түк те қалтыраған жерім жоқ.

Яго.
Сіз деңіз! Ах, солай ма?
Ну, еріңіз соңымнан.

Эмилия.
Өл де маған, түу, сайқал!

Бианка.
Сайқал емен; тазалығым,
Тілің шайпау, дәл өзіңнен кем емес.

Эмилия.
Түу! Менен бе!

Яго.
Жүр көрейік, соры бар
Кассионы қайтті екен (Бианкаға).
Сіз жүріңіз, жаңадан
Тағы бір ертек айтарсыз. (Эмилияға.)

Эмилия,
Сарайға бар — мырзаларға айт.
Түсші алдыма. Тілеймін. {шетке).
Дәл осы түн өзімді
Не жоқ қылып, не көмегін етеді.

Кетіседі.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сарайдағы жатын бөлме Дездемона төсекте, ұйқыда.
Шам жанып тұр. Отелло кіреді.

Отелло.
Себеп бар, жаным, себеп бар!
Жарқыраған жұлдыздар,
Айтпасам да себеп бар.
Қан ағызбан, жара салман,
Қардай аппақ,
Ұлпадай майда етіңе.
Бірақ өлмей болмайды — басқаларды алдайды.
Өшсін шамы... тағы да — өшсін...
Сені өшірсем, жанған жалшы —
Өкінсем тағы қайтадан
Қайтара алам бұрынғы отты...
Бірақ сөнсе сенің отың,
Сән дүние әсем заты —
Білмедім оғын Прометей
Шырағыңды қайта жағар.
Гүлді жұлсам —
Өсер нәрін қайтара алман;
Сембей қалмас;
Үзбестен бұрын иіскейін. (Сүйеді.)
Демі тәтті. Әділ жаза қылышын да
Сындырар ед тағы, тағы!
Өлген соң да осындай бол — өлтірем де
Тағы да қайта сүйемін. Тағы да, соңғы жол!
Тәттім ажал болғандай. Жылаймын,
Бірақ көз жас қазадай.
Тәңірі дертін беріпті,
Сүйгенім өзі жазалап...
Міне өзі де оянды.

Дездемона.
Бұл кім? Отелло, сіз бе?

Отелло.
Иә, Дездемона.

Дездемона.
Жатасыз ба, Отелло?

Отелло.
Түнгі намаз оқып па едің, Дездемона?

Дездемона.
Иә.

Отелло.
Рақымды тәңірі кешпестей
Күнәң бар ма еске алатын?
Тез дұға қыл сол үшін.

Дездемона.
Япыр-ау, жарым, не демекші болдыңыз?

Отелло.
Намаз оқы, қысқа оқы. Былай тұрам,
Өлтірмейін әзір емес күйіңде,
Сақта, Құдай, өлтіруден жаныңды.

Дездемона.
Өлтіру... дейсіз бе?

Отелло.
Иә.

Дездемона.
Есіркей гөр, а Құдай!

Отелло.
Әмин; бар тілеуім.

Дездемона.
Өлтірмейсіз, мұндай сөздің артынан!

Отелло.
Мм...

Дездемона.
Сонда да сізден қорқамын суықсыз ғой.
Жарқылдайды көзіңіз. Қорқам...
Айыпсыз-ақпын, неліктен
Бірақ, тегі, қорқамын.

Отелло.
Күнәңді ойла.

Дездемона.
Менің күнәм — сізді сүю.

Отелло.
Иә, өлесің сол үшін.

Дездемона.
Сүйген үшін өлтіру сұмдық болар.
О, неге ерінді тістейсіз?
Қанды ашумен қиналыпсыз.
Жаман белгі; Бірақ сенем,
Беттегені мен болмаспын.

Отелло.
Үндеме де ұсына бер.

Дездемона.
Иә, жақсы. Не қыл дейсің?

Отелло.
Мен сүйетін, саған берген орамалды
Кассиоға сен бердің ғой.

Дездемона.
Жоқ, жаныммен ант етем.
Сұраңызшы өзінен.

Отелло.
Көгершінім, жалған анттан
Сақ бола гөр — өлер халде отырсың.

Дездемона.
Дегенмен қазір өлмеспін?

Отелло.
Қазір!
Сол себепті тәуба қыл.
Бірақ, тегі, ант ішіп танар болсаң,
Байлауымды бұза алмайсың
Еңіресем де соңынан.
Сен өлесің.

Дездемона.
Есірке мені, жасаған!

Отелло.
Әмин!

Дездемона.
Аяңызшы сіз-дағы. Еш уақытта сізді мен
Ренжіткен жан емеспін.
Кассионы сүйсем мен,
Жазықсыз күйде сүйгенмін.
Сыйлар берген жерім жоқ.

Отелло.
Ант етейін, қолында көрдім орамалды.
Жаннан безген!
Жүрегімді тас еттің.
Құрбандық дер ісімді.
Қанқорлық деп атамақсың.
Орамалды өзім көрдім.

Дездемона.
Ендеше тауып алған да.
Орамалды берген емен,
Шақыртыңыз осында:
Келіп шынын айтып берсін.

Отелло.
Ол айтып болған.

Дездемона.
Не деп еді?

Отелло.
Сеніменен жақын екен.

Дездемона.
Қалай! Бұзық түрде ме?

Отелло.
Иә.

Дездемона.
Ол айтпайды мұндайды.

Отелло.
Үні өшкен соң айтпайды
Адал Яго текке еткен жоқ.

Дездемона.
О, қорқыныш бәрін де ашты.
Қалайша, ол өлген бе?

Отелло.
Әр тал шашы жаны болса
Бас-басынан кек алар ем.

Дездемона.
О, ол алданған, мен де біттім!

Отелло.
Шық, сайқал, өз көзімше
Жас төгесің ол үшін!

Дездемона.
Қусаңыз да өлтірмеңіз.

Отелло.
Өлсін сайқал!

Дездемона.
Ертең өлтір.
Күндік өмір беріңізші.

Отелло.
Қарсыласпақ болдыңыз ба...

Дездемона.
Жарым сағат тым құрыса!

Отелло.
Мұрсат қажет емес.

Дездемона.
Тым құрыса дұға оқиын!

Отелло.
Кешіккенсің. (Тұншықтырады).

Эмилия (сахна сыртында).
Мырза, ей, ей, мырза!

Отелло.
Бұл не? Айқай ма? Өлді ме?
Жоқ, әлі әбден өлмеген бе?
Қатал да болсам рақымым бар, —
Азап тартсын демеймін.

Міне, міне! Эмилия (сахна сыртында).
Ей, мырза, мырза, мырза!

Отелло.
О, кім?

Эмилия (сахна сыртында).
Жалғыз ауыз сөзім бар.

Отелло.
Эмилия? Қазір — бұл үзілді, —
Кассионың өлімін айта келген ғой.
Айқайлары мол еді. Қозғалмайды,
Табыттай тыныш болыпты.
Кіргізсем бе екен? Жақсы ма?
Бұл не? Қозғала ма?
Жоқ. — Қайтсем екен?
Кірсе әйелмен тіл қатады.
Әйелім менің! Әйелім?
Әйелім енді жоқ болды!
Шыдатпайды! О, қасірет сағат!
Ай мен күні қабатынан
Өзгеше боп тұтылғандай.
Шошынған жер сол күйден
Қақ айрылып жарылғандай.

Эмилия (сахна сыртында).
Жалынамын, сөйлесіңіз менімен.

Отелло.
Сені ұмытып кетіппін, кір, Эмилия.
Қазір, ақырын. Шымылдықты тартайын.
Қайдасың сен? (Есік ашады. Эмилия кіреді).
Бұнда саған не керек еді?

Эмилия.
Мырза, сұмдық, адам өлген!

Отелло.
Жаңа ма?

Эмилия.
Жаңа, жаңа.

Отелло.
Ай жолынан ауысқан ба,
Әлде жерге үңіліп кеп
Барлық жанды құтыртқан ба?

Эмилия.
Венециялық Родригоны
Өлтіріпті Кассио.

Отелло.
Не дейді? Өлген Родриго ма? Қалайша?
Кассио да өлген бе?

Эмилия.
Жоқ, өлген жоқ.

Отелло.
Ол қалайша өлген жоқ? Өлім болмай,
Кектің үні өшкен бе...

Дездемона.
О, жазықсыз өлдім ғой!

Эмилия.
Япыр-ау, мынау кімнің дауысы?

Отелло.
Мынау кімнің дейсің бе?

Эмилия.
Бұл, бұл ханымның үні ғой.
Қайдасыңдар! О, тіл қатыңыз бір ауыз!
О, Дездемона, есіл ханым!

Дездемона.
Жазықсыз өліп барамын.

Эмилия.
Кім өлтірген сізді бұл?

Дездемона.
Ешкім емес. Өзім... Қош.
Сәлем айт жарым Отеллоға. Қош. (Өледі).

Отелло.
Бұны өлтірген кім болар?

Эмилия.
Япыр-ау, кім біледі?

Отелло.
Есіттіңіз. Мен емес деп айтты ғой.

Эмилия.
Айтқаны рас — қостай алам.

Отелло.
Дозаққа кетті жалғаншы боп,
Оны өлтірген мен.

Эмилия.
Ендеше ол періште,
Сіз қап-қара малғұнсыз.

Отелло.
Жолдан тайып сайқал болған.

Эмилия.
Жала жаптың сен малғұн.

Отелло.
Айтқаны судай өтірік ед.

Эмилия.
Сен,
Жыландай шапшаңсың.
Ол тәңірідей таза еді.

Отелло.
Е, Кассиомен бірге жатқан
Сұра өзіңнің байыңнан.
Шектен асқан ісімменен
Дозақтың төрін алмас па ем.
Бәрін байың біледі.

Эмилия.
Менің бе?

Отелло.
Сенің байың.

Эмилия.
Қиянатын біле ме?

Отелло.
Иә, Кассиомен болыпты.
Егер адал болғанда
Тәңірі маған лағыл тастан
Бар мүлкін салса,
Бір басына алмас ем.

Эмилия.
Менің байым!

Отелло.
Иә, алдымен сол айтты.
Ол адал жан, арам істің
Сұмдығынан жиренеді.

Эмилия.
Менің байым ба?

Отелло.
Не қақсайсың!
Айттым ғой сенің байың деп.

Эмилия.
О, махаббатқа қастық күлген,
Менің байым бұзық деген!

Отелло.
Соның өзі,
Сенің байың, ұғасың ба?
Менің досым, сенің байың,
Менің адал, адал Ягом деймін.

Эмилия.
Айтыпты ғой. Ендеше оның қаскөй жаны
Бір түйірден күн-түн сайын шірісін!
Жалған айтқан.
Бұның бәрі, таңдаған сұмын сүю ед.

Отелло. А!

Эмилия.
Не сұмдықты істей бер!
Нұрдан садаға,
Өзің онан садаға.

Отелло.
Тоқтаңыз — ақыл сол болар.

Эмилия.
Қанша қастық етсең де,
Шыдамымның жарымына жетпейсің. Ақымақ,
Мәңгі!
Сұм надан! Бітіріпсің ісіңді...
Бір өлтірмей, жүз өлтір,
Сапыдан қорықпай барды ашам... келіңдер!
Ханымды мавр өлтірген.
Ей, ей, мұнда қан төгіс!

Монтано, Грациано, Яго, басқалар келеді.

Монтано.
Мұнда не хал?
Сіз немене, генерал?

Эмилия.
Келдіңіз бе, Яго, сіз? Жақсы екенсіз,
Сізге жапса, бір өлімнің жаласын.

Грациано.
Иә, не болған?

Эмилия.
Ер болсаң, сұмның бетін аш,
Қаралаған сен деп тұр.
Мен білем сен емессің ит емессің...
Айт, болмаса жарылады жүрегім.

Яго.
Ойдағымды айтқаным рас; түк қоспадым.
Өзі ұйғарған жайы да.

Эмилия.
Жүрісі бар деп те айттың ба?

Яго.
Айттым.

Эмилия.
Сұрқия, сұм, жалған айттың;
Міне жаным, жалған, жауыз, жалған!
Жақыны Кассио ма?
Кассио болды дедің бе?

Яго.
Иә, Кассио мен ол әйел,
Тый өзіңнің тіліңді.

Эмилия.
Жоқ, тыймаймын — сөйлеймін.
Бұнда ханым өліп жатыр.

Барлығы.
Сақта, Құдай!

Эмилия.
Сіздің жалған жалаңызбен өлтірген.

Отелло.
Таң болмаңыз, мырзалар,— бәрі де шын.

Грациано.
Ол жат шындық!

Монтано.
О, сұмдық іс!

Эмилия.
О, жауыздық, жауыздық!
Ойлаймын, сезем жауыздықты...
Осылай болар деп едім...
Қайғыдан өлем жарылып,
Жауыздық, әттең жауыздық!

Яго.
Жынданып па ең? Жөнел қазір үйіңе!;

Эмилия.
О, мырзалар, сөйлеймін, рұқсат бер.
Көнуші ем бұған, енді бітті,
Әлде Яго, үйге-дағы қайтпаспын.

Отелло (төсекке құлап бара жатып).
О! О!

Эмилия.
Еңіре, құла төсекке!
Өлтіргенің сүттей таза
Періштенің өзі еді.

Отелло.
Онда осалдық бар еді.
(Тұрып, Грацианоға.)
Аз білуші ем сізді, ағай.
Қарындасыңды тұншықтырған қолдар мынау.
Сұмдық дерсіз бұл істі.

Грациано.
О, сорлы Дездемона,
Абзал екен әкеңнің де өлгені:
Сенің некең қазадай боп
Қарт көңілін қайғы жеп ед.
Тірі болса қасірет шегіп,
Періштеден бет бұрып,
Күпірлікке басар ед.

Отелло.
Қасірет қой Бұның бәрі,
Бірақ Яго біледі:
Кассиомен былығып
Жүз жерде жүз бүлдірген.
Мойнына алды Кассио;
Сүйген еңбек орайына
Сыйға берген нәрсені
Мен берген жүрек белгісі —
Соны көрдім қолынан,
Ол орамал болатын
Әкем берген анама.

Эмилия.
О, тәңірім, қайдасың?

Яго.
Тоқтат!

Эмилия.
Тоқтамаспын! Жырлармын!
Желдей мол ғып сөз төгем.
Тәңірісі ме, адамы ма,
Сайтаны ма — бәрі де
Жерлесін мені — барды айтам.

Яго.
Бар, үйге бар!

Эмилия.
Тапжылмаймын.
Яго Эмилияға сапы салмақ болады.

Грациано.
Масқара!
Әйелге сапы салмақшы!

Эмилия.
О, ақымақ мавр,
Орамалды мен оқыста
Тауып алып берген едім байыма.
Көп жабысып сұраған еді оны бұл —
Болымсызды сұраудан
Артық еді жабысуы ұрла деп.

Яго.
Құрыған сайқал!

Эмилия.
Өзі берген деймісің?
Жоқ, мен тауып
Берген едім байыма.

Яго.
Өтірік Бұның, сұм қадам!

Эмилия.
Ант етем, шыным, шыным, мырзалар!
Пәңгі қанқор! Есуасқа осындай
Жақсы қатын не қажет?

Отелло.
Аспандағы нажағай —
Дауылға ғана керек пе ең?
Әй, сұмырай жауыз-ай!

Ягоға ұмтылады. Яго Эмилияның сыртынан сапы сапын қашады.

Грациано.
Құлады ғой. Өлтірді ғой қатынын.

Эмилия.
О, қасына жатқыз ханымның...

Грациано.
Әйелін жайлап, қашты ғой.

Монтано.
Мұндай жауыз бола қоймас.
Сіз ұстаңыз Маврдан алған сапыны.
Шығармаңыз, есікке ие болыңыз,
Өлтіріңіз болмаса.
Мен қуайын ол жауызды.
Қуарған төбет сол екен.

Отелло мен Эмилиядан басқалары тегіс кетеді.

Отелло.
Енді менде ерлік те жоқ.
Жаман бала қылышымды ала алад
Бірақ намыс тазалықсыз тұра ала ма?
Ерсін тегіс бәрі де.

Эмилия.
Әнің нені сездірген ед?
Естисің бе? А? Аққу болып көрейін
Әнімменен өлейін (Әндетеді.)
«О, үйеңкі, үйеңкі» —
Ол таза, о, мавр сен сүйгенісің.
Қатал мавр, иманыммен ант етем,
Айтқаным шын... өлемін. (Өледі).

Отелло.
Басқа да бір қауым бар,
Суы жеткен испан қылыш, —
А, әне келді.
Ағай, мені шығаршы.
Грациано (сахна сыртында).
Қарсылассаң, қан боласың.
Қаруың жоқ, күшке бой ұсын.

Отелло.
Ендеше кір, сөйлесем.
Болмаса, құр қол ұмтылам.
Грациано кіреді.

Грациано.
Не керек еді?

Отелло.
Қаруым бар.
Бұдан артық ешбір сапы
Солдат белін сәндемеген.
Бір күндерде
Мынау қол, мынау сапымен
Сіздің мынау бөгеуіңнен молырақ
Қысылғаннан жол салған ем.
Бірақ мақтан орынсыз.
Тағдырына кім ие?
Енді бәрі өзгеше —
Қаруым болсын, қорықпаңыз,
Менің жолым біткені осы.
Кеменің де тоқырауы осы.
Шегінесің бе? Бос қорқыныш.
Қамыс оқтал Отеллоға
Сонда-дағы шегінер.
Қайда барсын?
Сен қандайлық сорлы едің.
Көйлектен де ағырақ.
Махшар күні кездесерміз —
Назарыңмен сонда мүлдем
Ойран еткен жауымды,
Әзәзілдер ап кетер.
Пәктігіңе ұқсаған
Сұп-суықсың, бөбегім.
Қуарған итпін!
Қуандыр мені, сайтандар,
Нұр жүзінен аулаққа,
Құйындай ғып ұшырып, шыжылдатып өртеңдер,
Тоғытыңдар түпсіз отқа.
О Дездемона! Өлген. О, о!
О, о!

Лодовико, Монтано және зембілде Кассио келеді.
Офицер Ягоны тұтқын ғып әкеледі.

Лодовико.
Әлгі есуас сорлы қайда?

Отелло.
Бұрын Отелло дейтін бе? Мұндамын.

Лодовико.
Ана біреу жылан қайда?
Бері тақа доңызды!

Отелло.
Аяғына қарасам — жоқ, ертегі!
Сайтан болсаң, өлтіре алман. (Ягоны жаралайды).

Лодовико.
Ал сапысын.

Яго.
Қан ақса да, тірімін.

Отелло.
Өкінбеймін; тірі қалсаң сол абзал
Білемін ғой, өлім — бақыт екенін.

Лодовико.
Отелло, сен асыл едің соншалық,
Арам құлдың Сұмдығынан сорладың.
Енді атыңды кім дейін?

Отелло.
Жә, не десеңіз еркіңіз.
Таза қанқор дейсіз бе,
Өйткені бәрін істеткен
Жауыздық емес, намыс еді.

Лодовико.
Залым өзі Сұмдығын мойындады.
Осыменен Кассионы
Өлтірмекті ойлап па ендер?

Отелло.
Иә.

Кассио.
Жазығым жоқ еді, генерал!

Отелло.
Сендім, кеш деп өтінем.
Білсеңдер екен, мынау жын
Шырмады екен неге менің
Жаным менен денемді?

Яго.
Білгеніңіз білген сол Бұдан былай
Бір ауыз сөз айтпаймын.

Лодовико.
Тәубең бар ма?

Грациано.
Тіліңді жаза шештірер.

Отелло.
Солай! Дұрыс!

Лодовико.
Мырза, жайды түсінесіз.
Сіз түк нәрсе білмейсіз ғой.
Хат табылды
Родригоның жанынан.
Екіншісі мінеки.
Біреуінде Родригоның
Өлтірмегі жазылған.

Отелло.
О, жауыз!

Кассио.
Неткен былық, не сұмдық!

Лодовико.
Кінәға толған бір хатты
Тауып алдық қалтасынан Родригоның,
Жібермек білем Ягоға.
Сол кезде барып мына сұм
Тыныштандырған тәрізді.

Отелло.
Қанішер сұм!
Ал, Кассио, қайдан барды сізге менің
Әйелімнің орамалы?

Кассио.
Үйден таптым.
Жаңа мынау мойындады,
Өзгеше бір мақсатпен
Әдейі әкеп тастапты.
Жетіп отыр мұратқа.

Отелло.
О, мен ақымақ!

Кассио.
Родригоның хатындағы бір кінә,
Қарауылда меніменен ұрыстырған..
Тағы да Яго болыпты.
Менің істен қалуымның
Себебі де осыдан.
Жаңа Родриго есін жиып,
Құтыртқан да, өлтірген де Яго деді.

Лодовико.
Бұл үйден сіз бізбен бірге кетесіз,
Әкімдігің алынды,
Кассио билейд Кипрді,
Мынау құлға келер болсаң,
Шебер жаза ойлап тауып,
Ұзақ азап табар болсаң —
Қолданамыз дәл соны.
Республика қылмысыңды білгенше
Тұтқында бола тұрасың,
Жүр, алып жүр!

Отелло.
Тоқта. Екі-ақ сөз бар кетерде,
Жұрт біледі, біраз жүрдім
Венеция қызметінде.
Жетті. Өтінішім — мынау сорды жазған кезде,
Сол қағазға, жаманымды асырмай,
Әлсіретпей барды да,
Кім едім, соны айтыңыз,
Айтыңыздар қатты сөгіп,
Ессіз сүйген жанның жайын.
Қызғанышқа онша бейім
Болмаса да, бір тұтанып
Шекке жетіп қалғанын.
Есалаң индус секілді
Патшалықтан құны артық
Гауһарын атқан дегейсіз.
Бүгін көнбіс көзімен
Нәзік шерді білмесе де бұрында,
Жастар ақты ем дәрідей,
Арабстан ағашынан ағатын.
Барды айтыңыз,
Қосымша жалғыз мынау-ақ:
Алеппада бір күні,
Сәлделі жауыз бір түрік,
Ұрып жатып Венеция адамын,
Боқтағанда мемлекетті —
Ұстай алып тамақтан
Кестірілген сол итті
Орып едім былайша.
(Өзіне-өзі сапы салады).

Лодовико.
Қанмен тынды-ау!

Грациано.
Барлық сөздер орынсыз.

Отелло.
Өлтірмес бұрын сүйіп едім,
Ақыры бір сүйіп өлем. (Төсекке құлап өледі).

Кассио.
Сезіп ем — қару жоқ па деп ем —
Зор-ақ еді-ау жүрегі.
Лодовико (Ягоға).
Спартаның төбеті,
Ашықтықтан, дауыл, теңізден,
Сұмдығың сенің асып тұр.
Көп қасірет жүктерін,
Анау төсек үстінде.
Сенің ісің — көрген көзді улатар,
Жабыңыздар. Үйді күзет, Грациано.
Маврдың мүлкін сіз аласыз
Мұрагері сізсіз ғой. (Кассиоға).
Әмірші мырза,
Залымға сот белгілеп,
Азап кезін атаңыз,
Аямаңыз. Мен болсам
Жүрем, қасірет хабарын
Жеткізем сұмдық тамамын.

Шымылдық.
Соңы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз