— Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде төрт түлік малға бай Көкше деген батыр арқада өмір сүріпті. Жаугершілік заманда бұл далада қоныс, құдық, жайылым-жайлау үшін алыс-жұлыссыз өткен күн аз болған ғой, тәйірі. Көкше де бесіктен белі шыққалы бел шешіп дұрыстап бір ұйықтамаған ел қамқоры батырымның нағыз өзі болған деседі. Бұл шеті Ұрымнан, мына шеті Қырымнан қиқулап тиген талай жау батырдың соққысына шыдамай осы өлкенің сайы мен жырасына жер жастана беріпті. Ноғайлы-қазақтың әлі де айрылмаған, татулықтың қаймағы бұзылмаған дәуірінде Көкше батырдың атағы шығандап Мұз еліне, шарықтап түз еліне, қалықтап Оғыз еліне кетіп жатады. Содан не керек, Көкше батырдың өзі мен жеті ұлы найзаларының қыл құйрығын желбірете көтеріп шыққанда қарсы келе жатқан жаулары мысы басылып, жатып қалады екен.
Хош. Батырлық қай кезде де бағаланған ғой. Шебінен шапқыншы өткізбесе, шеніңе шолғыншы жеткізбесе, ел тыныштығын күзеткен арыстың абыройы артпағанда не қылсын. Арқадағы сары көдесі ұйысқан, көк шалғыны жапырылмаған, боз бедесі желкілдеген, бидайығы жайқалып, мия, майсасы билеген, қолат-қойнауға, бұлақ-бастауға, өзен-көлге жағалай, жапсарласа қонып, ойда он отау, қырда қырық орда құрып, емін-еркін сайраңдаған ел сол бейбіт тірлігі шайқалар деп күдік ойламаған ғой. Үйір-үйір жылқы, қотан толы қойды айдап тастап, иіріп бағып, сары уыз қымызды сапырып ішіп, сары ала қазыны кертіп жеп, кекірік атып, күміс әнді көкке созып, күмбірлеген күйді көкжиектен асырып, мәре-сәре ғұмыр кешіпті деседі.
Соның бәрі Көкше батырдың арқасы көрінеді.
Көкше десе, бұлт бүркеніп, жай атқан, жасын төккен, сел қаптатқан көк әп-сәтте ашыла қалады екен. Көктен нұр құйылып, шуақ шашылып, мейірім төгіледі екен.
Көкше десе, қыраулы қыс құрсауын босатып, қарын көпсітіп, ызғарын бәсеңдетіп, боранын жуасытып, үскірігін азайтып, ызғырығын тыйып, жуасып, жүнжіп сала береді екен.
Көкше десе, арқыраған асау өзен тыншып, өткел ашып, ұшар басы көк тіреген асқар тау аласарып, асу береді екен.
Көкше десе, Ай аспаннан сығалап, жұлдыздар жоғарыдан телміре төніп, өкпек жел самал боп сипап, қара бұлт мамық боп төселіп, сүңгі мұз май боп еріп, дүние түгел еміреніп, иісініп, тұшынып сала береді екен.
Өзі де жан біткеннің алыбы болыпты. Күлгені — күннің күркірін жасырыпты. Жүргені —күншілік жерге естіліпті. Бір төбеге жамбас басып, қарсы алдындағы екі төбені олай-бұлай орнын ауыстырып, ермек қылады екен. Жеті ұлы да жеті жұртты билеген, жеті жұртты қорғаған керемет дәу болыпты. Шебіне жау келмей, қотанына дау араласпай, жайлауынан шаң шықпай бұйығыланып отырып қалған кездерде сол жеті ұл бірін-бірі іздеп келіп, белдесіп — күш сынасып, сайысып — білек сынасып, кезенісіп — жүрек сынасып, талайдан бері сірескен қардағы күш пен кеудедегі сесті ыдырата сейілтіп, бой-бой босап, мүше-мүше арсаланып, байырқалап қайтады екен. Тепкі көрсе де тектіде өкпе болмайтыны белгілі. Әлгілердің ең көркемі де, ең алғыры да, ең қырғиы да Тоқырауын деген Көкше батырдың кенже ұлы деседі. Сайысқа түссе, алты ағасын дуадақтай домалатып, белдескенде бесеуін бұлқынтпай бүктеп, алтыншысын арқалап жығады дейді. Жетеудің жұлқынысынан жер дірілдеп, көл шайқалып, тау қозғалатын көрінеді. Көкше батыр Ұлытауға басын сүйеп, Кішітауға аяғын көсілте тіреп, сұлап жатып, ұлдарының аударыспақ-төңкеріспек "ойынын" қызықтайды екен. Найзадан найза шыдамай, қарағайдың қарсы біткен бұтағы қақ айрылғанда, қақыраған үнінен құлақ тұнардай болыпты. Жебеден жебе таусылып, қырда қарағай, ойда орман азайып, өзен мен бұлақты балақтай өскен тал-шілік құрып бара жатқан соң, аруағыңнан садаға кетейін Көкше батыр балаларына тал-дараққа қол созуға тыйым салыпты. Мұртының қылын жұлып беріп —ұлдарына найза ғып ұстатыпты. Кірпігін жұлып беріп жебе жасатыпты.
Қармаса шеңгелі толатын, ұмсынса ұрымтал жерден дөп тиетін, түйресе іліп түсетін, сермесе жұлып түсетін, толғаса толғауыт бұзатын, ырғаса аймауыт бұзатын қыл-найза жеті батырдың бірін-бірі ойнап шабақтап, айлап сермескенде қандарын шып-шып ағызып, жотаға бұрқ-бұрқ тамызады екен. Жосалы жота, күрең бел сол шабақтасудың әсері деседі көне көз қариялар. Қасиетті қан тамған туған жердің әр тасының, топырағының әр түйіршігінің киелі болуы, біле білгенге содан ғой.
"Тектіде кек болмайды", демеп пе ем. Әлгі алпамсадай Тоқырауын ағаларын домалатып ойнап, аунатып байлап, қыран-топан жайғап жүрсе де, бір де бірі қыңқ деп үлкендік танытып, қыңыр тартып, қырсыздық білдірмепті. Қара көзден от шашқан құба жүзден нұр төккен ініні қаумалап ортаға алып, ең үлкені мергендіктің сырын ашып, екіншісі сезгіштіктің сиқырын кеудесіне құйып, үшіншісі ептіліктің есебін сабақтап, төртіншісі жылпыңдықтың жыңғыл-жыңғылына жаттықтырып, бесіншісі бекемдікке баулып, алтыншысы арбауды үйретіп, Тоқырауынды топ бастар көсем серкеге әбден лайықтаған-ақ екен. Ұлдарының ұлылықты ұйымшылдықпен ұғынған зердесіне исінген Көкше батыр насыбайды қос танауға кезек шекіп, көк пен жерді түшкіріп тулатып, пысқырып дабылдатып рақаттанып қалады екен. "Күш атасын танымас" деп қарқ-қарқ күлгенде Ұлытау дірілдеп, Кішітау қалшылдап, тау мен дала бірнеше күн бойы жаңғырық қуалап азан-қазан боп кетіп, баяулап тыншиды екен.
Хош. Жеті ұлдың желкілдеген найзасы қара бұлтты шұрқ-шұрқ тесіп, жеті жақтан жеті қорғандай бой көрсеткенде, ойда одыраңдағанның құты қашып, қырда құтырынғанның сұсы басылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқа салған бейбіт өмір орнапты. Отаулар ойын-сауыққа бөгіп, ана әлдиі әлемді алақанында аунатыпты. Бұта сайын бота байланып, тобылғы түбінде тоқты-торым көлеңкелеп, қыр жағалап, құрық сүйреткен, қылқан қырыққан бозбастардың құраулаған даусы қиян далаға қиқулап кетеді. Арқаның тарлауы мен бөтегесі, қияғы мен көдесі, жоңышқа мен көк жусаны, майсасы мен миясы төрт түліктің тұяғы талмай таптаса да, тапжылмай ұйысып, таласа тырмысып, қаулап өсіп, бұлағы бұрқырап шапшып, қайнары қайнап атылып, өзені өзек бойлап, көлі көпіршіп толқындап, берекені белден бере берген ғой.
Бұл кезде Көкше батырдың да шау тартып, көзі кіреукеленіп, тізесі дірілдеп, кірпігі іріңдеп, отырыңқырап қалған кезі екен.
Хош. Содан ескі кездіктің жанымаса өтпейтінін, алмас қылыштың қыннан суырылмаса тот басарын пайымдаған батыр ақырғы рет сілкініп, ақтық рет айқасып, құрыс-тырысын жазбақ ниетке бел буғанын ағайын-туған, ауыл-аймақ тегіс сезіп қойыпты. Алыстан аламан іздеген адамның жан амалдаған бейбіт тірліктен баз кешетінін түсінген момынбас жұрты қарт батырды райынан қайтаруға мықтап күш салады.
"Бейбіт елдің берекесі бірлігі. Қылышты қолда қырғын жүреді. Қырылып, ел бүлінеді. Бұзылған ниетке бұзылған арман лайық. Ниетіңізден қайтыңыз", — деп үзеңгілестерінің бірі сөз бастаған екен.
"Тәубаның басы татулық. Тіленіп жау таппай, елжіреп дос табайық. Қан киесі қасірет. Қасиетті қасіретке айналдырмайық, батырекесі", деп екіншісі қоштай жөнеледі.
"Ор қазба көр қазасың" дегенді ұмытпайық. "Ай тұтылса алапат, Күн тұтылса — кесапат". Айды алқалап, Күнді қалқалап күнелтейік. Дау табу да оңай, жау табу да оңай, аужай табуға тырысайық. Елге келмеген ылаңды еліктіріп әкелгеніміз болар ма", деп тағы бірі есілгенде, орта тұстан орта бойлы тұстасы сөз қосыпты.
"Елірмеге жел үрме", "Сайланғанды қайрама", деген тізгін қақпамыз бар, құрдас. Айран ұрттап, қой құрттағанымызды көпсінсең өзің білесің. Дүрілдеп тұрып, дүрілдетіп тартып кетсең батырлығыңа байлағанымыз. Жылқы қайырып, үнем айырып жүргенімізді көпсінсең оны да өзің білесің.
Жең түріп, жеңсіз киінсең тағы да батырлығыңа жүгінгеніміз. Шаруа күйттеп, құда киіттегенімізді жақтырмасаң өз еркің. Жау тілеп, найзаңды білесең және батырлығыңа жығылғанымыз. Бірақ ошақ қаңыратып, от сөндірердей қылмысымыз бар ма еді? Қатынды тұл, қалқайғанды құл ететіндей кінәміз қалың ба еді? Жүген ұстап, жұрт сипалап жылап қалар жұртыңды жәукемдеткенде не ұтасың? Ұл-қызыңды жәудіреткенде не табасың? Құндызыңды селдіреткенде не ұтасың? Шабуылыңа жабылып еріп, шандуылыңа сан рулап қосылармыз-ау. Тосыларымызды да, жөңкіле жосыларымызды да ескерсеңші. "Қиянат басы құрдымның басы" дегенді өткендер уағыздап кетпеп пе еді?! Қырылып жатсақ-қыңыратқымас едік. Қырғындауға құмартуымыз қалай?! Атқан таңды азсынсаң —батқан күнге зәру болмаспыз ба?! Өліммен ұзарған өмір жоқ. Кебінмен үзілген өмір көп. Соған неге ынтықтың, құрдас? Ел ішінен аулақтап, жер шетіне барам деуің қай үрдіс? Баталы ердің елі опалы, көлі қопалы еді ғой. Батаңды жұтып, еліңді арытып, көліңді тарылтайын дедің бе? Елдің иесі өзің болғанда, сүйенішің киең емес пе? Текті ата тентек ұлын тыйып ұстайтын. Текіректетіп текетіреске айдамайтын. Шеңгелден қан, көмейден ұран, кеудеден кек ағыз деуің қай сыбағаң? Аққан қан сұраусыз ба? Аттандаған ұран жаңғырмас па? Ашынған кек қарсы атылмас па? Соларды неге діттемейсің?" дегенде Көкше батырдың басы еңкейіп, сүйек-сүйегі босап, иіні түсіп, көзі жасаурап сала беріпті дейді. Қайтсін, елім деген ердің уәлі сөзге қабырғасы қайыспасын ба. Аталы уәжге майыспасын ба. Бой-бой босағанда, екі көзден аққан жас сақал бойлап сіркіреп, Ұлытаудан төмен зырлаған ғой. Өзен боп аққан ғой. Сонда әлгі көз жасы, жылау жасы шықтамшыдай мөлт-мөлт тамыпты. Сол жылаушықтар Ұлытаудың теріскей екі өңіріне қосыла жарысып, екі өңірді ыстық лебімен аймалап ағып, исінтіп кете барыпты. Бүгінгі "Үлкен Жыланшық", "Дулығалы Жыланшық" өзендері Көкше батырдың қос көзінен аққан "Үлкен жылаушық", "Дулығалы жылаушықтар" болған деседі. Бірақ кейін жыланы көп болғандықтан "Жыланшық" атанған ғой.
Хош. Батырдың бағын, абырой-атағын көре алмайтындар іргесінен орын теуіп, іріткі салудан ол уақытта да кенде болмапты деседі. Апыр-ай дейім, жақсының етегіне жармасып, шылбырына оралып, тұнығын лайлап, адалын арамдайтындардың заман сайын шапанын айналдырып киіп, өзгеріп ілесіп отыратынына таңым бар-ау. Сондай бәле басы біреу Көкше батырдың да ауылында жүрсе керек. Намаздыгердің көлеңкесіндей сорайған, қатқан қараның аты ұмытылып, көрші-қолаң Ұзынтұра атап кеткен көрінеді. Көкшеден кейін бойының сорайғанына мәз болып, өзін өзгеше қадір тұтады екен, әйтпесе қауқар-қайраты шамалы-ақ болыпты.
Дүниеде күншілдік қиянат, қызғаншақтық қасірет. Батырдың батпандай бағасын барша жұрттың аузынан естігенде Ұзынтұраның беті бедірейіп, бүйрегі безеуленіп, өкпесі қабынып, жүрегі алқынып қалады екен. Оның үстіне батырдың уылжыған тоқалына үздігіп жүріп, қыбын тапқан ба, Көкшені біржолата құртудың барлық айла-шарғысын шарқ ұрып іздейді ғой. Ұзынтұраға елдің берекесі не, бейбіт тірлігі не қарны тойса, құшағы жылынса, жетіп жатыр.
Көкшенің тұстастарының жетесіне жеткізген кеңесіне ойысып, ұйып, илігіп қалғанын байқаған Ұзынтұра ырғай мойнын ырғап созып, өндіршектей жөнеліпті.
— Уау, батыр! Аламан барда ел аман болғанын естігеніңіз бар ма? Елі аманның аламаннан қорыққанын естігеніңіз бар ма? Ел шебі, жер шеті деген не? Жаңадан жер алса, ел шебі ұзамай ма? Жер шетінен жау тисе, ел шебі бұзылмай ма? Шеп деп шек қойып епсектеудің несі сән? Сойылды қол соға ма, жол соға ма? Жөнім деп жолыңызды бөгесе, шебім деп қолыңызды бөгесе, батырлығыңыздың бәсі не? Арқандап ұстап, тұсаулап баққан сәуріктен қай жеріңіз артық? Биіктегі басты билік деп төменге тартса, күйкілік күпсініп кетіп жүрсе қайтеміз. "Елірмеге жел үрме", деді жаңа. Айтсын-ақ. Бірақ соның әу бастағы "жел үрлесін" қайда қоямыз. "Сайланғанды байламаны" неге ұмытамыз? Арынды басқанша, қаруды асынсақшы. Аймауытты жарқыратып, торғауытты кисекші. Сөйтіп анау бері жөңкіген "күңнен туған күндерге" қарсы барсақшы. Еділ атты патшасының басын кесіп алсақшы. Сөйтіп ерлік қылсақшы. Әйтпесе батыр деп бедел тұтып жүргеніміз бұл жолдан бөгелсе, былайғы ел: "Бас сауғалап бұғынып қалды. Еділ патшадан қорқып, тығылып қалды", деп қауесет таратып жіберсе, батырдың бағын байлағанымыз ба, бағасын арттырғанымыз ба? деп тырнадай мойнын созғанда, Көкше батыр екі алақанымен жер тіреп белін көтеріпті. Найзасына сүйеніп, иығын өсіріпті. Ежелден халық айтатын: "Батыр аңғал" деген сөз рас. Қыздырманың қызыл сөзі көкірегін қыз-қыз қайнатқан аңқау жан ақырып айбат шақырып, күркіреп қайрат жинапты деседі.
Ер туласа тоқтамас, ез туласа қоп-қораш. Көкше қатуланған соң жеті ұл қаһарланады. Жеті жұрт жиналады. Күнді шаң жабады, күлді жел суырады. Күлкіні өксік басады. Көріктіден әр қашады. Амал не, мал бағып, жан күйттеп амалдап отырған ел аламан іздеп ала-күлік бүлінеді. Ала мініп тебінеді. Қона жүріп бөлінеді. Ана әлдиі зармен жалғасады. Дала ән-күйі зармен алмасады.
"Жол көп пе, қол көп пе" деген мәтел сол кезде туыпты. Арқаның сауыры мен бауырын, қыраты мен қыраңын, сайы мен саласын, жалы мен белін, ойы мен ойпатын, үстірті мен адырын, ылдиы мен еңісін, өрі мен төрін шиырлап, шимайлап жатқан сүрлеу мен соқпақ, шұбырынды мен сорап, жым мен жолдар сол Көкше батырдың қолының табанының табы, тұяғының мөрі деседі. Әрине, байқағанға қолдан жол көп. Қолдың жолы қасқая тартса, ұры сүрлеу, сатқын соқпақ сыңараяқтап қана із тастайды-мыс. Сондай сүрлеуді Ұзынтұра да қалдырған ғой. Бүгінгі "Ұзынтұраның үркек сүрлеуі" содан қалыпты.
Хош. Көкше батыр ел шебінен өтіп, Еділ патшаның жеріне жетіп еру жасапты. Алмасын қайрап, қылышын шыңдап, жебесін егеп, кіресін үшкірлеп, торғауытын жамап, дулығасына үкісін қадап, жасағы жасанып жата берсін. Енді Ұзынтұраның жайына көшейік.
"Арамның адымы тұтам" — дейміз. Тұтамның да тұтқиылда ұтары болады. Ұзынтұра ұзап шыққан соң, атты кезек алмастырып, күншығысты қасқа маңдайға беріп салдыртып отырып, Еділ патшаның елінен бір-ақ шығады. Ентігіп жетіп, демігіп сөйлейді.
"Еділ патша, басыңнан бағың, астыңнан тағың ұшқалы тұр. Атылғалы арыстан келеді. Жарғалы жолбарыс келеді", дейді.
"Уай, Еділ патша, елің қанға бөккелі тұр, далаң шаңға бөккелі тұр. Селдетіп жауын келеді. Долданып дауыл келеді", дейді.
"Уау, Еділ патша! Қалаңды өрт алғалы, балаңды дерт шалғалы тұр. Жаланып заманақыр келе жатыр. Жасанып Көкше батыр келе жатыр", дейді.
Ә дегенде Еділ қатты сасып, құты қашып, бетін басып қалса керек. Ұзынтұра тағы да мәймеңдепті.
"Уа, Еділ батыр! Ерден ердің қауіпі бар. Көкшенің аты болмаса, заты әбден тозған. Қаусаған сүйектің қауқары шамалы. Қабынып өкпеңді суытпа, алқынып жүрегіңді шошытпа. Тізесі ісініп, белі босаған. Қабырғасы қайысып, тарамысына ілінген. Жілігі —кемік, жігері боркемік шалдан не тілейсің. Жағалассаң жығасың. Салыссаң сұлатасың. Найзалассаң түйрейсің. Додалассаң илейсің. Бұғалықтассаң сүйрейсің. Қам жеме, қапыда дәл үстінен дөп түсірем", дейді.
Еділ де ел қамқорын игілігім деп ұстанған батыр болса керек. Төрт тараптан қол жинап, аз ғана емес мол жинап, кешікпей аттанып кетсін.
Көптігіне сеніп, көкірекке нан пісіріп Көкшекең әдеттегідей ертәуілін ілгері шығармай, күзетші-сақшысын қарауыл төбеге қондырмай бейқам жатқан ғой. Көкжиектен белдеуленіп таң белгісі сызат беріп, Шолпан жұлдызы өңін алдырғанда, ұрандаған айқай шу аспан мен жердің арасын алып кетіпті. Күн күркіресе, ондай қорқытпас. Жер сілкінсе, одан артық үркітпес. Көкшенің қолы шошып оянып, үрпиісе өре түрегеледі ғой. Батырдың өзі де бас көтеріп алып, алдымен шығысқа қарапты: қызыл шапақтың асты найзасының масағы жарқыраған қолдан көрінбепті-ау, тау суы тасқындап құйылып келе жатқандай. Жалт бұрылып желке тұсына үңіліпті қызарған күннің сәулесі дулыға мен аймауытта шағылысып қара өрт қаптап келе жатқандай болыпты-ay. Оң қапталда он сан қол. Сол қапталда сондай түмен. Барар жер, басар із қалдырмай айнала шеп құрып, қабат-қабат көп құрып, темір құрсауға мықтап орап алған екен де.
Көкше батыр қапыда қан құсарын сезеді. Иіліп топырақ уыстамақшы боп еңкейсе —саусағы батпайды, қарманса уысы толмайды. Өгей өлке тасын төсеп, ту сыртын тосқан ғой.
Содан батыр:
— Қасиетті далам-ай! Күпірлік кеудеме кіріп, жылуымды ұрлап, шырағымды үрлеп сөндірген екен-ау! Aһ, жалған дүние-ай! "Қадір білмегенді қайғы илейді", дегенің осы екен де. Кіндік қан тамған топырақтан жырақтап, әруақ аттап кеткенімді кеш ұққанымды қайтейін-ай! Ердің сәні елімен, жердің сәні көлімен екен-ау. Кілең баршынды қыршынынан қидыруға бастаған екем-ау! Он екі құлаш оқ тістеп серт бергенде, мерт болуды іздеппін. Жырақ тұрақ табам дегенше, тұрақтан жұмақ жасасамшы. Шаңырақтан өрген әнді шыңғыртқан шермен көмер боппын-ау! деп іштей толғанып қалып, алып денесін тік шаншып ілгері үзіліп шығады. Екі иыққа қонған қара бұлттың етегін қанкүрең жақындатып күн арқан бойы көтеріледі. Қос бұлт төмендегі қос қолға қос қанаттай боп көрінеді ғой сол сәт.
Көкше батыр ыңырана дыбыстапты. Аузындағы бу бұлт боп төгіліпті. Қабағындағы ызғар сірне мұз боп шашырапты.
— Уай, Еділ батыр! Аспан ортақ, Ай ортақ, Күн ортақ. Ел сенікі, жер сенікі. Алысқанды да, тырысқанды да намыс жебейді. Жердің үстімен келіп, астымен қайту бар. Қырланып келіп, қыдырып қайту бар. Ол кездескен адамына байланысты. Құдірет құдіретті көріп кідіреді. Байламай жүгендеп, айдамай шідерлеп қойдың. Пірі қашқанның сұры қашады. Ниеті бұзылғанның тілегі үзіледі. "Аламан іздеген алапатқа жолығар", деуші еді. Жолығып та, торығып та тұрмын. Мен айбаттансам, Айды тұтушы ем, сен көлеңкеңмен Күнді жасырдың. Қапымды таптың. Жазықсыз қан төгілмесін. Орынсыз көбе сөгілмесін. Ортақ Айды сен де олжалама, мен де олжаламайын.
Ортақ Күнді сен де батырма, мен де батырмайын. Қасқайып қарсыма өзің шық. Менің жеңілгенім елім жеңілгені болсын. Сенің жеңілгенің елің жеңілгені болсын. Тұрасың ба осыма?
Еділ еңсегей бойын егеп ырғап, еңсе тіктепті деседі. Көкшенің басы Еділдің иығына әрең теңесіпті. Еділ иек қағыпты сонда.
— Тау төңкеріп, көл шайқаған, Көкше батыр! Бұлт бүркеніп, дауыл айдаған, Көкше батыр! Қонағым деп қой соярымды білмей тұрмын. Тамырым деп тай соярымды білмей тұрмын. Белдесіп, елдестік іздегенді көрмеп едім. Сермесіп, септестік іздегенді көрмеп едім. Сайраған ізіңнен жайраған жайлауымды танымай қалдым. Балтаңмен күзелген орман-тоғайлы қойнауымды танымай қалдым. Ылайлы көлден балық қашты. Жылаулы елден халық қашты. Бұланым маңып кетті, ұланым лағып кетті. Бүтінім бұзылды, түтінім үзілді. Сынғаным тұтылмаса қайтем, сөнгенім тұтанбаса қайтем?
Иә. Ай ортақ, Күн ортақ, Асыл ортақ. Айды қорғалатып, Күнді құлақтандырып, асылды жасытып бұл қай келуің? Төс түйістірмек болсаң, топан суындай төгілуің қалай? Түс шайыстырмақ болсаң хабарсыз келіп, ұрланып тығылуың қалай? Қас іздесең, желдіртіп жаушы жөнелтетін тайынбас жаһангерлігің қайда? Дос іздесең, күлдіртіп елші жөнелтетін мойымас кемеңгерлігің қайда? Не мәрттігіңді, не жомарттығыңды сезбедім-ау батыр. Аранға айдаған қарттығыңды сыйлайын ба, арамға иланған қырттығыңды сыйлайын ба. Даналық қарттықта, аналық мәрттікте емес пе еді? Ақ басқа ақыл ұяламаса, қақ басқа ұрып кеткенде не қайыр, бұрылып кеткенде не қайыр, деп ойсырай күрсінгенде бұлт түңліктей желпілдеп, Күн доптай домалап, тау жаңғырығып, тал шулапты.
Көкше батыр де жетесіз жан емес. Жүйелі сөз сүйегінен өткенде, тізесін бүгіп, кісесін шешіп, мойнына сала беруге ыңғайланады ғой.
Соны көргенде, Еділ батыр бір-ақ аттап келіп, иықтан көтеріп, Көкшені табанына тұрғызыпты.
— Иілме! Сынба, батыр! Тізеңнің бүгілгені ниетіңнің түзелгені. Жетеді! Мен қайрамайын, сен қажалма. Сездім сырыңды. Татыңнан арылып, тозаңыңды сілкімек болыпсың. Ендеше, сертіңе жет. Серпініңді баста! деп кейін шегініп, қасқая қарап тұра қалыпты.
— Белдесеміз бе, сермесеміз бе? дейді тастүйін түйілген Көкше батыр.
— Таңдау ағадан, дейді тағы да Еділ батыр.
— Жебелесеміз бе, жентектесеміз бе? — дейді екіленген Көкше батыр.
— Таңдау ағадан, дейді тағы да Еділ батыр.
— Салысамыз ба, табысамыз ба? дейді шамырқанған Көкше ақтық рет.
— Таңдау ағадан, дейді Еділ етегін қағып қана.
Сонда Көкше сылқ босап, қабағын қос саусағымен шымши көтеріп, Еділ батырға сығалай қарап қалады ғой: "Апыр-ай! Асып түсе берді-ау. Қашсам, аттатар емес, қусам, шалдырар емес. Иіліп тұрып, илікпеу не теңім. Жөнімен жеңсе де, жолымды кеспей тұр. Ағалықты бағалайтындай қай қадірімді өткізіп едім. Шалалықты балалатқан қиянатымды ғана жеткізбеп пе едім. Үш рет қинадым. Үш мәрте үлкендігімді сыйлады. Үш қабырғам сөгілді, үш мүшелім кеміді. Ағалық менде емес, Еділде екен. Еділ әділ екен. Әділетімнен жаңылған екем".
Күрсінген Көкше найзаны тасқа шанышқан екен — тауды үңгіп, үңгір жасапты. Қылышты қыратқа шапқан екен қақ бөліп, асу жасапты.
Қос қолды аспанға жайып, ақ сақалды заңғарға қадап, Көк Тәңірге құлдық қылыпты дейді.
— Бұралып сіңген тамырдың бек иесі Көк Тәңір! Айналасын су алған, ортасы дөңес өмірдің нақ иесі, Көк Тәңір! Шалғыны белден даланың тап иесі, Көк Тәңір! Жайсаң менен қараның жан иесі, Көк Тәңір! Ақыл-ой мен зерденің тақ иесі, Көк Тәңір! Құжынаған пенденің хақ иесі, Көк Тәңір! Жалбарынам зар илеп. Мұңлығыңа құлақ сал. Қарабетке жасын ат! Қарғысыңды аяма. Құрбандыққа мені шал! Қара жерді қақырат! Қарық болып құриын! Қалың жұртты жылатпа! дегенде дүние сарт-сарт, жарқ-жарқ атылып, гүрсілдеп, зіркілдеп, селкілдеп кетіпті дейді.
Дем арасында түнек орнап, аспан шатынап, көк түнеріп сала бергенде, Еділ батыр жалма-жан шалқалай кетіп, он саусақты шаңытқан аспанға тарбита жайыпты.
— Маңдай сипар кендіктің бек иесі, Көк Тәңір! Бет жыртыспас елдіктің нақ иесі, Көк Тәңір! Жүректе өсер мейірдің тап иесі, Көк Тәңір! Досқа деген пейілдің жан иесі, Көк Тәңір! Адасқанды кешпесең жасыныңды маған ат! Өкінгенді көрмесең қаһарыңды маған төк! Жазалайтын да өзің! Тазалайтын да өзің! деген кезде түнек түріліп, аспан ашылып, арсыл-гүрсіл басылыпты. Сонда дейді Көкше батыр тізеден қара жерге кіріп кеткен екен. Еділ батыр еңкейіп келіп Көкшені ырғап-ырғап жіберіп, суырып алыпты. Суырып алыпты да, төсіне төсін тигізіпті, маңдайын маңдайға сүйгізіпті азамат ер.
— Армысың, Аға! депті. Бір аттап шегініп, қолын қусырып, белін бүгіпті.
— Бар бол, Еділ бауырым! Бар бол, кең бол, суат бол, қуат бол! деп дыбыссыз жылап, босай еңіреп Көкше батыр иіп қоя беріпті-ау.
Жас тамған жерге көл орнапты. Дымқыл тиген жерден өзен ағыпты. Тұмантқан сызды ауадан қоректенген тұл далаға тоғай өсіп, ну орман ұйысып тайгаға айналыпты.
Таңдап-таңдап тай сойып, қоралап әкеп қой сойып, бұғалықтап ұстап, бұлан бауыздап, қырман басып, дән қауыздап, Еділ ер Көкше батырды ордасында қонақ етіпті. Алдымен қымыранды мұздатып беріпті. Ащыласын деп тұз қатық беріпті. Майға бөктірген бидайды қойыпты. Құйрық қосқан жай бауыр, буға ұстаған май бауырды тосыпты. Ұсақтап турап қолдаманы (қуырдақ) көлденеңдетіпті. Асты-үстіне түсіп сыйлау одан кейін де, оған дейін де болмаған деседі.
Хош. Екі батыр бірін-бірі қимай қоштасады ғой. Құшақтасқан екеудің шарпысқан лебінен дауыл тұрып, ентіккен демінен жел көтеріліпті.
Еділ ер Көкше батырды түстік жерге шығарып салады. Тұнжырап қалады.
— Елің ел-ақ еді, Көкше батыр. Деміңнен аңызақ есті-ау. Сезігім келмесін-ақ, сергелдең енбесін-ақ, — деп күрсініпті дейді.
Батырдың да өз түйсігі ойсыраған кеуденің қуысынан бас көтеріп тұрған еді, жыландай арбаған ғой.
"Демің аңызақ" деді-ау. Сезді-ау Еділ ер бірдеңені. Кеудем күйіп, денем ысып, сүйек-сүйегім еріп барады-ау. Бір кәдіктің бары рас. Өзіммен кетпей, өзгеге жетер ме екен? Еліме сергелдең келгенше, шерленген денем күйіктен күлге айналсын да, дерттен құмға айналсын да", деп ah ұрғанда даланы керімсал жайлап, айшылық жерге аңызақ андыздап кетіпті дейді.
Күпірлік пенденің іштен сорған шемені ғой. Сыртына шыққанда запыран боп төгіліп, көлді булантып, жасылды тоздырып, бұлақты бітеп, қайнарды қамап, өзенді тарылтып, көз біткенді суалтып жібереді екен. Көкше батыр ел шебінен ұзап, жер шетіне аламан іздеп шыққан сәтте, Пірі қашып, Тәубасы жоғалып, Күпірлігі күшейіп сала берген, деп көнекөз қариялар айтады. Кеудедегі Күпірлікті бұрын Пірі буындырып, Тәубасы тізгіндеп отырады екен. Пірі мен Тәубасын өзі иектеп қуған соң, құнысып жатқан Күпірлік құтырмағанда қайтсін. Құтырынып көлге соқтығысып, сапырып шайқапты. Толқындатып жайқапты, үрлеп бұлтқа айналдырыпты. Кептіріп буға айналдырыпты. көз біткенді бітепті, тамшыны тандырға тығыпты. Шық байланбаса, талшық айналар ма. Жасыл біткен нәрінен айрылған соң, жасыл шөп, жасыл жапырағын жоғалтқан жер сәнінен айрылыпты. Ол аз болғандай-ақ, бір кезде Көкше батыр қуып жіберген Бетпақ дәу төбе-төбе құм арқалап келіп, Арқаның пұшпағына жетіп, сайға сеуіпті, қырға сеуіпті. Тау-тау үйіпті, желіп жүріп құйыпты.
Хош. Көкше батыр еліне жетіп, есеңгіреп құлапты, еңіреп жылапты. Аңқасы кепкен жан, көзден аққан қан алдынан тосыпты да отырыпты. көлі шөлге, нуы құмға, мәуесі мүкке айналыпты. Тұлпары тулақ болыпты. Арысы әруақ болыпты. Тұлғалысы шөгіп кетіпті, тұлымдысы семіп кетіпті. Қойы қояндай азып, байы дәруіштей тозыпты. Түңлігі жырым, туырлығы құрым болыпты.
Көкше үш күн, үш түн түнеріп отырып алған екен. Содан қара қобызын алдына өңгеріп, ой боздатыпты дейді. Өксіген үн шығандап қырға кетіпті, шырылдап Сырға жетіпті. Өкінген зар аспандап көкке атылыпты, ықылықтап жер бауырлапты. Бебеулеген күрсін тауда жаңғырыпты, тамырда бүлкілдепті.
Қыл қиғақ кескілегенде, қыл ішектер қиғылық салыпты-ау. Асудан арман іздеп, қиядан қиял қуыпты. Іргелес елден ізгілік күтіп, мүдделес елден үміт тосыпты. Ызыңдаған жел ізгілік іздеген сарынды үзіп кетіп, жеткізбепті дейді. Тозаңдатқан дауыл үміт сауған сазды бұзып кетіп, өткізбепті дейді.
Сонда қыл қиғақ қыңсылапты-ау. Қыл ішек талмаусырапты-ау. Талықсып тоқтапты-ау.
"Қайраным кеткен екен, дәуренім өткен екен. Тағдырмен ойнап, бұлдырап құрығаным ба, дегбірден айрылып, құлдырап өшкенім бе? Ел қарғаса да, жер қарғамасын, зар тоқтап шер қорғаласын. Қалған ғұмырды ел мен жер қорғаны қылайын", деп Көкше батыр қобызын тастап, орнынан ыңырана тұрыпты дейді. "Ендігі жерде қолым қаруға, тәнім сауытқа тимесін", деп үстіндегі жау-жарағын Ұлытаудың төңірегіне жұрт көзінен жасырып көміпті дейді. "Келер төл, өсер ұрпақ игілігіне жаратсын", деп жез дулығасын жасырған жер Жезқазған тұсы болса керек. Аймауытын Жәйремге, қылышын Қаражалға, асыл тасты алтын, күміс жүзік, сақиналарын Арқаның сауыры мен бауырына тығыпты. Қола масақты жебесі мен найзасын Саяқ пен Қоңыратқа қалдырып, Бетпақ дәуге қарсы бет алады ғой.
Аңызақ айдап, құм бүріккен Бетпақ дәу Көкше батырдың келе жатқанын біліп, одан сайын долданады. Күнді құм тұтады. Аспанды тозаң алады.
Сол кезде Көкше батырдың Көк Тәңірінің жазасымен қара жерге тізеден кіріп шыққан аяғы жансыздана бастаған екен. Бетпаққа қарсы ақырып аттай бергенде, бүгіліп ұшып түседі ғой. Жансыз аяқтары шіріп түсіп, екі жерде қалады. Атылып, шапшып әрекет еткенмен Көкше батыр тұрып кете алмайды. Әлі құрып тыпырлап жатып қорланған батыр бар пиғылымен Көк Тәңірге былай деп жалбарыныпты:
— Киелінің киесі, күйген ердің иесі, Көк Тәңір! Жаралы ердің үкімі, қаралы елдің әкімі, Көк Тәңір! Кісілік танытқанды кісәпір қылған, Көк Тәңір! Күпірлік жасағанды мүсәпір қылған, Көк Тәңір! Күпірлік жасаған ақырғы мүсәпір де мен-ақ болайын. Кішілікті ұмытқан ең соңғы кісәпір де мен-ақ болайын. Қатемді түсінсем кеңшілігің қайда? Кінәмді мойындасам емшілігің қайда? Ел мен жерде жазық не? Тау мен көлде жазық не? Бүрістіріп елді азғырғанда, тырыстырып жерді тоздырғанда құдіретіңе сыяр ма? Қасиетіңе саяр ма? Тұрғызбастай құлаттың, бауырыма сұлаттың. Енді тұрғызба онда. Қара жеріме қаныммен сіңейін. Тамырына тарайын. Деміммен жылытайын. Теріммен суарайын. Далама ғұмырлық нәр болайын. Сусағанға сусын, шөлдегенге әл болайын. Тіршілік қайта оянсын, құлазыған жер жасыл нілге боянсын. Бетпақ дәу Сары Арқаға беттей алмайтын көл қыл мені! Көл, көл, көл!..
Сонда дүние бір сәт тым-тырыс тына қалыпты. Артынша-ақ түнере қалыпты. Замат ию-қию азынапты. Астан-кестен от ойнап, жасын атылып, жарқылдап барып, қалт тыйылыпты. Аспан жадырап, бұлт түріліп, шуақ жамырап, жан-жануар тіріліпті дейді.
Қос аяқ түскен жерде қос көл Алакөл, Сасықкөл пайда болыпты. Бұл көлдердің аталуы да кейін басқаша әңгімеленеді. Ал Көкше батыр Көкше теңізге айналыпты. Толқыны тулап, шағала құсы шулап, айдыны жарқырап, қамыс-құрағы жайқалып, буы бұрқырап, ақ көбігі шайқалып кең тыныстағанда, көмейге кептелген ән бұрынғыша шарықтап, шанақта булыққан күй қайта қалықтап даладан тауға өрлеген екен, таудан далаға көлбеген екен.
Сонда дейді мысы құрып, десі қайтып, сесі қашқан Бетпақ дәу күншіл бетпақтықтан сеспей қатыпты. Тырайып жатыпты. Бетпақ дәудің денесі қалған алап бүгінде Бетпақ дала аталынып кеткен көрінеді.
Көкше теңіз көк төсін сауып, жер сауырын суарған соң туған өңірдің құмы қайтадан нуға айналып, бастау-бұлаққа жан кіріпті, тандыры кепкен Арқаның тамырына қан жүгіріпті. Шөпке шық байланып, бетте нұр ойнапты. Еміренген елі кешегі ерін, бүгінгі көлін ардақтап, атын аңызға арқау етіп әнге де қосыпты, жырға да қосыпты.
Хош. Әлгі Бетпақ дәуден туған, арамдық пен аярлықты қос аттап қуған Ұзынтұра елінің еріне деген ықыласы мен құрметін көре алмай, қызғанғанда өті қабыныпты дейді. Ниеті тарылыпты дейді. Олай ойланып, бұлай толғанып, ақыры қастандыққа бұрылыпты дейді.
"Сенің қадіріңді тасытып, құныңды асырған суың мен нәрің ғой, Көкше. Ендеше суыңды сор, нәріңді зәр қылайын. Содан соң жаныңа ел, жағаңа аң жоламас", деп Ұзынтұра екі төбе тұзды қоржынының екі басына толтырып алып, долырып жетеді ғой. Иығындағы иіндеген қоржынды жерге қойып, маңдай терін сыпыра сүртіп солықтап, Көкше теңіздің көлеміне анықтап көз жіберіпті. Ол шеті мен бұл шетіне қанша сүзілсе де жанары жетпепті-ау. Жарықтық Көкше жайылып шалқып, шығандап дәуірлеп кеткен ғой.
"Сені мен бөлектеп құртайын, қылдай беліңнен қырқайын", деп Ұзынтұра кесе көлденең түсіп жата кетеді де, қоржынды жұлқып қалады. Сонда қос төбедей тұз төңкеріліп, Көкше батыр Көкше теңіздің аяқ жағына сау етіп төгіледі-ау. Қиыршық тұз құм болып себіледі-ау.
Әлқисса, Көкше батырдың Тау еліне ұзатқан Іле атты асқан көрікті, сымбатты сұлу, ақылы дария, мінезі келісті жалғыз қызы болған дейді. Желдің суылынан хабар алып, күннің жылуынан хабар алып отыратын сәуегейлігі және күшті екен. Суылға құлақ түріп, жылуға мойын бұрып жіберіп, Іле сұлу әкесінің бар жағдайын білген ғой, мүсәпір халін сезген ғой. Енді кешіксе нәрі сорға айналарын ұғынып, Көк Тәңірге жалыныпты дейді.
Көк Тәңір Хан Тәңірі тауына қонжиып алып, қолын сілтеп-ақ қалады. Сол-ақ екен Іле сұлу Іле өзені боп бұрымы бұраңдап, сылдырап аға жөнеледі. Тастан тасқа секіріп, сайдан сай қуалап еңістегі Жусан далаға жеткенде, Бетпақ дәудің жиендері Сарытау мен Мойын дәулер кес-кестеп алдын бөгеп, тынысын тарылта бастаған екен. Бір кезде сыртынан сүйініп, сыртынан сұқтанып жүрген Ботабөрім, Құрғақшолақ, Ақсүйек, Тесік сынды жас батырлар, Айтаудың әр қырқасына тіккен қарауыл шатырларынан Іленің мүшкіл халін танып қалып, әрқайсысы арындаған өзен боп жөңкіліп тасып, бұйра жалдана арқырап жетіп Ілеге қосылады ғой. Содан жас сарбаздардың тың қуаты үстемелеген соң, Іле сұлу арынын арттырып, қарқынын күшейтіп, қос жағасындағы қос дәуді қағып-жығып тыпырлатып талдырып, Көкше теңізге күркіреп кеп құлдилайды ғой. Әлсіреген атаға ып-ыстық демімен шарпып дем берген дейді. Қарындастарының қайырымдылығы қайсар ер ағаларын да иітіп, ерлікке бастайды. Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аякөз балалары өзенге айналып, Көкше теңізге оңтүстігінен құйылып, Мойынты, Жәмші, Тоқырауын атты ұлдары да көлдің теріскейінен құлдилап, бұрынғыдан да әруақтандырып жіберген деседі. "Көкше батыр Көкше теңізді бөлектеп құртамын, қылдай белінен қырқамын", — деген Ұзынтұраның үстінен су жүріп кетіп, тұншығып өледі. Ол ара бүгінде Ұзынарал дейтін төрт шақырымдық жіңішке қылтаға айналған. Қарғыс атқанды ғасырлап атсын деген Көк Тәңір Ұзынтұра Ұзынаралды жан-жануардың аяғымен таптатып, тұрмастай етіп тұралату үшін теңіздің арғы-бергі бетіне жаяулап, сыңарсоқпақтап өтетін көпір қылған деседі. Әне, жауыздық жазаланып, сатқындық соққы алады дегеннің ақиқаты. Елінің ерін күндеген, жерінің көлін тілдеген қара ниет жан не көмілмей, не жер бетінде көрінбей тізеден келер су астында өкшенің нәлі мен тұяқ пен тағының тепкісін күні бүгінге дейін жеумен келеді.
Ал Мойын мен Сарытау дәулер не болды деймісің? Олар да өз кесірінен құтылмаған. Іленің лебіне шыдамай жалп-жұлп жығылған кездерінде бірі Мойынқұм боп, екіншісі Сарытауқұм боп шөгіп-шөгіп қалған. Кей-кейде ашына ысылдап аңызақ атып, ысқырынып құм боранын зуылдататыны болмаса, бас көтерер дәрменнен баз кешіпті-ау. Қашаннан зұлымдықты ізгілік, өшпенділікті мейірім, жауыздықты жақсылық жеңетіні әлемге аян. Көкше батыр Көкше теңіз кейіннен Балқаш теңізі боп шалқып, балығын тулатып, бақасын шулатып, шағаласын шарықтатып, тұманын қалықтатып, бұлт төсін арда еміп, Арқаның сауыры мен бауырына нәр беріп, Бетпақтың бетін қайтарып ел ырысының қайнар көзіне айналыпты...
— Шынында да қызық хикая екен, деп Алмас тамсанып қойды. Жер-су аттарының қойылуында мән бар-ау, папа?
— Иә. Әр өңірдің жер-суға, тау мен төбеге қойылған атауларына байланысты әр түрлі аңыз-әңгімелер өте көп, Алмас. Халық арманы көксеген қиялын жақсылықпен ғана сабақтастырып отырған ғой. Жерұйық іздеген ата-бабалар өздері өмір сүрген өлкенің әр пұшпағын қадірлеп, қастерлеп қаншама аңыз, ертегі шығарған. Көкше теңіз хикаясы сияқты аңыздар әр жерде де кездеседі. Сасықкөл, Алакөл туралы да, Жыланшық, Қоңырат туралы да небір тамаша аңыздар бар. Соларды ұғу, білу, түсіну сендердің міндеттерің, балам.
— Папа, осы аңыздағы Еділ Аттила ма, Көкше батыр Ер Көкше ме?
— Халқымыздың ғибрат алар хикаясы, тәлім алар тәрбиелік аңыз-әңгімесі көп, балам. Соның бәрі жақсылыққа, адалдыққа үндеуінен ғой. Ал бұл аңыздағы Еділ Аттила емес. Көкше батыр Ер Көкше емес. Аттила мен Ер Көкше екі дәуірде өмір сүрген адамдар ғой. Бұл аңыздағы Көкше де, Еділ де кезінде елі үшін еңіреп өмір сүрген азаматтардың жиынтық бейнесі болар.
— Шынында кешегі Көкше батыр бүгінгі Көкше теңіз халқына әлі де қызмет етуде, деп Алмас көлге назар ұзатты.
— Ал енді осы Көкше теңіз Балқаштың қандай көл екенін білемісің?
— Балқаш тұйық көл. Құятын өзені біраз болса да, өзінен ағып шығатын бірде бір өзені жоқ.
— Сынған тағадай шығыстан батысқа созыла беріп, түстікке қарай еңкейе қалатын көлдің ұзындығын айтып берші?
Алмас басын шайқады.
— Көлдің ұзындығы 600 километрге жетеді. Енінің ең жалпақ тұсы 65-70 километр. 1400 километр болатын жаға сызығын жаяу адам қырық күнде, атты адам жарты айда әрең айналып өтер еді. Ал енді осы көлдің алып жатқан алабының мөлшерін есептеп көрші.
— Ұзындығы 600 километр. Жалпақ жерінің ені 60-70 километр...
— Иә. Ендеше көлдің алабын екеулеп есептеп шығайық. Ұзындығы 600 километр, орташа енін 30 километр деп алсақ...
— Онда көлдің алабы 18 мың шаршы километр болғаны ғой, деп Алмас жүйріктік танытты.
Балқаш теңіз деңгейінен 343,7 метр жоғары орналасқан. Тереңдігі 2-5 метрден 25 метрге дейін жетеді. Ұзынарал қылтасы көлді Батыс және Шығыс деп аталатын екі бөлікке бөледі. Балқаштың шығыс бөлігіндегі бір литр судағы минерал тұздардың мөлшері 5 граммнан астам болғандықтан, ащы суды ішуге жарамайды. Батыс бөлігіне құятын тұщы сулы Іле, Тоқырауын өзендерінің әсерінен бұл тұстың бір литр суындағы минерал тұздардың мөлшері 2,5 грамдай ғана, яғни ауыз суға әбден жарайды.
Балқаш көлінің теріскейіндегі шөлейт даланың ауа райы аса құбылмалы. Өгей анадай тым қатал. Ол ентелеп құлаған Бетпақ даланың жаздағы аңызаққа толы отты лебінен де болар, қыстағы ызғарлы демінен де болар.
Жазда жауын-шашыны сирек. Көкжиектен түнеріп бұлт көтерілсе-ақ екпіндеп жел еседі. Ол бұлт шоғырын олай бір қуып тастап, бұлай бір айдап тастап, ыдыратып-ақ жібереді. Зәуіде әлгі түнерген аспаннан жаңбыр сіркіресе, тастаққа қақ иіріп, құмдаққа қорасан дағындай қожыр-қожыр із ғана тастайды. Нәрі, ылғалы шамалы. Құнары аз, тамары жоқ даланың құрғақ жазы, қытымыр қысы бұл өлкені Октябрь революциясына дейін маңайындағы жұртқа өгейсітіп тастаған. Алты ай жазда тырс етіп тамшы тамбаса, сұрапыл дауылы құм боранын айдаса, мал бағып, жан күйттеген шаруа адамына қайдан қолайлы бола қойсын.
Көл жеті ай шамасы апрельден ноябрьге дейін мұз көрпесін сыпырып, айдынын жарқыратып, толқынын шулатып жатады. Сарыарқаның ұсақ шоқылы тау сілемдерімен ұштасып жатқан теріскейі биік жарқабақ болып келіп, көптеген жыра-жылғалардың ескі арнасымен тілім-тілім жарылып, сойдақтанып қалған. Әсіресе самолеттен дәл төбесінен қарасаң, табанында су тұрмақ қақ жылтырамайтын құрғап қалған өзендердің ескі арнасынан көз тұнады. Шілдеде май ерітіп, ми қайнатардай күн ысып кеткенде жан біткенге көлеңке қуалатар ыстық 40 градуске жетсе, декабрь, январь айларындағы аяздың қаһары 30-45 градустан да асып түсетін кездер болады. Көктемі мұнарлы, күзі тұманды. Оның үстіне жер бетін жабатын қар да бір тегіс жаумайтындықтан, тоңның қалыңдығы 1,5-2 метрге дейін тереңдейді.
— Папа, кен жыныстарының осы өңірге қалай пайда болғанын аңыз өзінше түсіндірген ғой. Ол, әрине, адамзат өмірінің сәби кезеңінің түйсігі. Ал осы Сарыарқаның қай пұшпағын қазбасын, қай сайын шұқымасын пайдалы қазбаның мол қазынасы табылып та жатыр, ел игілігіне пайдаланып та жатыр. Сол кендердің түзілуі, құрылуы жайлы ғылым не айтады?
— Онда әңгімені тым әріден бастайтын болдық. Аздап аялдалық, анау төбеге қарай машинаңды бұр.
Шөл басып, жусан исін емірене жұтып, әкелі-балалы екеуміз тақыр төбенің дәл үстінде көсіліп жатырмыз. Қарсы алдымызда көз ұшына дейін көкпеңбек боп көсіліп кетіп, көкжиекпен астасқан көл жатыр.
— Жердің геологиялық тарихы туралы естігенің бар ма? Естісең, жер тарихының ірі төрт эраға бөлінетінін, әр эраның дәуірлерге, әрбір дәуірдің заманға, ал заманның ғасырларға жіктелетінін білсең, ұғынуың оңай, Алмас.
Жердің ең көне эрасы архей. Гректің "архаюс" ескі деген сөзінен алынған ұғым ол. Бұл кезде құралған жер қабатын ғылымда архей группасы деп атайды. Архей эрасы жер қабаты қатайғаннан бастап, ең алғашқы тіршілік иесі мен өсімдіктің жер бетінде пайда болуына дейінгі уақыт аралығы.
Жердің екінші эрасы палеозой. Бұл да гректің "өмір" және "ескі" деген екі сөзінен түзілген ұғым.
Палеозой эрасы кембри, силур, девон, карбон және пермь деп аталатын бес дәуірден тұрады. Бұл атаулар ел, жер, қала, шөгінді жыныс аттарына сәйкес қойылған.
Жердің үшінші эрасы мезозой. Грекше "орта өмір" деген ұғымды білдіреді. Бұл эра —триас, юра, бор атты үш дәуірге бөлінеді.
Жер тарихының ақырғы эрасы кайнозой. Бұл сөзде гректің "жаңа өмір, жаңа заман" деген ұғымының баламасы. Кайнозой үшінші және төртінші дәуірлерге жіктеледі. Біз, балам, сол төртінші дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Геология ғылымы Жердің жасын нешеде деп жүр?
— Бір жарым миллиард жыл шамасы дейді.
— Дұрыс. Соның бір миллиард жылдан астам уақыты архей эрасына, 330 миллион жылы палеозой эрасына, 110 миллионы мезозойға кетсе, кайнозой эрасы басталғалы 56 миллион жылға созылыпты. Біздің қазіргі төртінші дәуірімізге де бір миллион жыл шамасы толыпты. Ал жер бетіндегі адам осы төртінші дәуірдің екінші жартысында пайда болғаны ғылымнан белгілі.
Жер шары алғашқыда балқыған ыстық заттардан тұрғанын өзің де білесің. Кейін жердің үстіңгі қабаты қатайып суыған. Ал ішкі қабаты әлі күнге дейін балқыған ыстық қорытпадан құралған. Оның айқын бір дәлелі әлемнің әр тұсынан от шашып, алау атып, жалын дария ағызып жататын жанартау вулкандар. Жер қабаты мен тау, төбелерді құрайтын заттарды ғылымда таужыныстары деп атайды. Айналамыздағы сусыған құм да, батпақты саз да, тарғыл тас, қожыр жартас та — тау жыныстары. Тау жыныстары әр түрлі минералдардан құралады. Кварц пен дала шпаты құмнан да алынады, граниттен де алынады. Құрамы ма біртектес. Құмның кварцы, граниттің кварцы деп бөлінбейді. Анау су да минерал. Мынау саз да минерал. Ең ақыры қолыңа жұққан мұнай да минерал. Табиғаттан тыс құдірет жоқ. Табиғат жаратылысы бермейтін минерал тағы жоқ. Бақ іздеп, таққа таласқандарды да, атақ іздеп, шатақ қуғандарды да, үнем іздеп, қанағат айырғандарды да қызықтырған ғажайып қазына, асыл тастар лағыл мен ақық, сутас пен алмас, меруерт пен гауһар, жақұт пен замартас бәр-бәрі минерал. Қорғасынды құйып алатын галенит, мысты қорытып алатын малахит, халькоприт, азурит те тағы да осы минералдар.
— Папа, сонда минералдар қайдан шығады? Қалай пайда болады?
— Әлгінде айтып кеттім, жер қыртысы балқыған заттардан құралған деп. Алғашқы сұйық күйдегі балқыған массаны магма деп атайтынын өзің де білесің. Ал магманың суынып, қатайып қатты күйге ауысқан түрі тау жыныстарына айналған. Магма жер бетінде тау жыныстарын түзсе, жер қыртысының арасында сыналанып қалып, кристалдық жыныстарды құрайды.
Дүниеде өзгермейтін, құбылмайтын, ауыспайтын ештеңе жоқ. Оған ортаның әсері, табиғаттың ықпалы, жаратылыстың шарпуы тиіп, өзгертіп, құбылтып отырады. Сандаған ғасыр бойы жел тауды мүжиді, күн қыздырады, жаңбыр шаяды. Жартас үгіліп құмға айналады. Құм иленіп сазға айналады. Табиғаттағы заттар бір күйден екінші күйге ауысады. Магмадан минералдар солай түзіледі.
Сарыарқаның бауыры мен сауыры, төбесі мен шоқысы, қыры мен қыраты палеозой эрасында дүниеге келген тау жыныстарының жиынтығы. Ал ойпаты мен ойынан мезозой, кайнозой эраларында пайда болған жыныстарды кездестіруге болады.
Алмас, сен анау көлді көріп тұрсың. Ал енді мойныңды былай бұр. Сарыла созылып, сарғая ұзап, салғырт мүлгіп дала жатыр ғой. Ал палеозой эрасында осы қалғыған, мұнарын қалқытқан даланың орнында ұшы-қиырына көз жетпейтін телегей теңіз тулаған. Телегей теңіз толқығанда сусып түстікке, шапшып теріскейге өрлеген. Телегей теңіз бірде тартылып, бірде қайтадан кең жайылып, арнасына сыймай, аумағын көбейтіп, айдынын кеңейтіп, батысында Тұран ойпатын түгел қамтып, Арал, Атыраумен араласып, шалқып жатқан. Осынау ұлы теңіздің әр тұсынан ауық-ауық дүмпіген жер қыртысы вулкан атып, магмасын шашыратып жатқан. Жылдар зымырап, ғасырлар жүгіріп, дәуірлер алмасқан ұзақ уақыт ішінде Арқа алқабы төмендеп шөгіп, теңіз тереңдеп, жер қыртысына тау жынысының қалың қабаты текшеленген ғой. Үздіксіз атқылаған лава, балқыған магма осы ұлы теңіздің ана тұсынан от бағанын өрлетіп, мына тұсынан жалын — алауын жарқыратып Сарыарқаның тұла бойы тұлғасына таусылмас байлық, бітпес қазынаны жинай берген, сықап толтыра берген.
Палеозой эрасында карбон (таскөмір) дәуірі болды дедім ғой. Бұл дәуірде ұлы теңіздер тартылып, суы сорғып, батпақты сазға, қопалы шымға, орманды жынысқа өріс ашқан. Мынау ұлы далаңдағы телегей теңіз де тартылып, орнына қалың орман, ну тоғай өскен. Кейіннен сол орманның жер қабатына сіңген шөгіндісінен көмірдің мол қоры жиналған. Оның ақиқат куәсі Қарағанды мен Екібастұз көмір орындары.
— Ал, вулканның әсері қандай болды?
— Әсері аса ғаламат. Әлгі карбон дәуірінде әсіресе жиі атқылаған лава жер астынан әр түрлі металды ілестіріп шығарған ғой. Сол әр түрлі металл мол байлық Арқаның бүгінгі жер асты ырысы алтыны мен күмісі, қорғасыны мен мырышы, темірі мен вольфрамы, мысы мен қалайысы, молибдені мен марганеці.
Сарыарқаның үш өңірінде үш үлкен атақты кен орны бар. Қорының молдығымен, кенінің құрам байлығымен батысында Жезқазған, түстігінде Қоңырат, теріскейінде Бозшакөл ерекше көз тартады. Осы үш алыптың ортасына көмірлі Қарағанды орналасқан. Осыларға жалғас, жапсарлас ірге тепкен Жәйрем мен Қаражалды, Қайрақты мен Ұзынжалды, Ақжал мен Ақшатауды қоссақ атақты Өспен кенді белбеуі асыл қазынасымен көлбеңдейді-ау, балам. Туған жердің әр тасына сүйініп, әр шоқысына иіліп тәжім етпеске дәтің шыдар ма. Қайдан шыдасын. Тасында асыл, тауында құдірет, бауырында құт, өңірінде өмір жатыр ғой...
— Папа, Балқаш көлі туралы мәліметтер баспасөзге қай кезден бастап жазылған?
— Кейбір елдердің жылнамаларында Көкше теңіз туралы деректер өте ертеден бар. Шетелдік жиһанкездер бұл көл жайында орта ғасырларда өз қолжазбаларында азды-көпті мағлұмат қалдырғаны және мәлім. Ал орыс саяхатшылары Балқаш көлін жан-жақты зерттеуді өткен ғасырдың ортасында қолға алып, соның нәтижесінде Европа жұртшылығы осы көл туралы ести бастады. Москвадағы табиғат қоғамының мүшесі, саяхатшы Г.С. Карелиннің (1841ж.) және Санкт-Петербург Ботаника бағының ғалымы А.И. Шренктің (1843 ж.) еңбектері Балқаш көлі туралы жазылған алғашқы қарлығаштар.
1852 жылы көктемде қырық адамнан құралған әскери топограф А. Нифантьев бастаған қарулы отряд Омбыдан шығып, Балқаш көліне бет алады. Жаз бойы көлдің жағалауларын, шығанақ, қойнау, түбектерін, су ортасындағы аралдарын шарлап, көлдің біраз бөлігін картаға түсіреді. Судың ағыс бағытын анықтап, тұзының мөлшерін есептеп, тереңдігін өлшейді. Осы зерттеудің нәтижесі ретінде Балқаш көлі мен Іле өзені туралы жазылған экспедиция мүшесі В. Кузнецовтың мақаласы 1856 жылы "Императорлық орыс география қоғамының хабаршысында" жарияланады.
Одан кейін де көлді жан-жақты зерттеп, балығын аулап, арнайы кәсіпшілік ұйымдастыруды көздеген бірнеше экспедиция шығып, біраз барлау жасаған.
Ежелден ну қамысы аң мен құстың, төңірегі әр түрлі кеннің, суы балықтың ен байлығы болған бұрынғы күңіренген Көкше теңіз, бүгінгі жаңғырған Балқаш көлі Ұлы Октябрь революциясынан кейін ғана түбегейлі зерттеліп, қойнын ашып, қазынасын күреп беріп, ырысын шалқытып, дәуірлеп сала берген.
Әңгімемен отырып байқамаппыз ғой. Күн еңкейіп қалыпты. Жиналайық, балам.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі