Өлең, жыр, ақындар

Тіл - адамдардың қарым-қатынас құралы

Тілдік қатынас - тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір- бірімен қарым-қатынас жасауы, қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу, яғни адамзаттың тіл арқылы сөйлесім әрекетін меңгеруі тілдік қатынас дегенді білдіреді. Бұл жерде сөйлеу тілі деген тіркесті ерекше бөліп айтуға тура келеді. Өйткені ол ауызекі сөйлеу деген мағынаны емес, жалпы адамзатгың сөйлесу құралы, сөйлеу құралдарының қызметі, адамның тілі, адамның тілдік қатынас құралы деген қоғамдық-әлеуметтік мәні бар ұғымды жеткізуі тиіс. Сондықтан осындай нақтылы ұғымды білдіру үшін, біз сөйлесім тілі деген тіркесті қолданамыз. Себебі, «сөйлесім», «сөйлеу» түбірі арқылы жасала келіп, сөйлеу процесінің тек адамзатқа тән екенін дәлелдейді. «Сөйлеу» деген сөздің өзі адамның ойын жарыққа шығару қасиетін білдіретіндіктен, көбінесе біржақты әрекет ретінде қабылданады. Ал «сөйлесім», «сөйлеу» түбіріне ортақ етістің «с» жүрнағы қосылу арқылы жасала келіп, бір-бірімен тілдік қарым-қатынас нәтижесінде іске асатын ортақ құбылысты көрсетеді. Тілдік қатынас жүзеге асу үшін, айтылған не жазылған хабардың не қабылданып, оған жауап қайтарылуы, яғни істің ортақ атқарылуы - басты шарт. «Сөйлесім» - осы басты шартты және ортақ тілдік әрекетті ағартатын сөз.

Сөйлесім тілі - тек адамзатқа ғана тән әрекет, тек адамдар ғана тіл арқылы сөйлей алады, ұғыныса алады. Ал басқа жануарлар т.б. бәрінде дененің бір мүшесі ретінде, анатомиялық-физиологиялық жағынан тіл болғанымен, олар сөйлеу мүшелеріне тән қызметпен қамтамасыз етілмеген, яғни олар тірлігі бар құбылыс болғанынымен сөйлей алмайды.

Тілдік қатынас сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу, қарым-қатынас жасау дегенді білдіре келіп, адамның екінші біреуге жеткізейін деген ойын жарыққа шығаруды көздейтін, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттар жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді.Кейде адамдар белгілі бір шартты келісімдер немесе белгілер арқылы тілсіз-ақ ұғынысады. Бұл да - адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. Осыдан басқа да адамдардың бірін-бірі түсінісудің көптеген жолдары бар.Мұндай семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары мен жалпы бет-әлпеттің өзгеруі арқылы үғынысуы сияқты қаншама көп белгілер бар. Тіптен дене мүшелерінің (қолдың, аяқтың, иықтың т.б.) әр түрлі қимыл-әрекеті Кезінде өзін неше жаққа жүгіртуге болады. Ауладан естілген қатты айқай немесе есікке берілген қоңырау, соны ести сала екінші адамның оған қарсы әрекет жасауы (далаға жүгіріп шығуы, не есікті ашуға ұмтылуы) бүл да белгілі бір әрекетті, қабылдап-түсінуді қажет ететін құбылыстар.

Жоғарыда айтылған үлгілерінің барлығы өмірден, қоғамнан тыс бола алмайды. Мұндай қарым-қатынастар адам үшін қызмет етеді, адамдардың өзара түсіністігіне жол ашады. Сондықтан олар да адамдардың қарым-қатынасына, байланысына (коммуникацияға) жатады. Өмірдегі мұндай ұғынысу, түсінісу тілсіз қарым-қатынас деп аталады.

Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі - тілдік қатынас, екіншісі - тілсіз қатынас. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың сәйкес жақтары: олардың екеуі де, біріншіден, адамдардың бір- бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет етеді.

Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір дерек, ой, мағлүмат хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін.

Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен емес, сырттай болуы да мүмкін, әрбір адамның белгілі бір хабарды ұғып, соған қатысты іс-әрекет жасауына мүмкіндік туады. Алайда тілдік қатынас адамдардың бір-бірімен ұғынысуында, ойын еркін, толық жеткізуінде ерекше қызмет атқарады.

Тілдік қатынас - тілсіз қатынастан әлдеқайда күрделі және бөлек. Сондықтан да тіл білімі - адамдардың қарым-қатынас қүралы тіл туралы және сол қарым- қатынасқа негіз болатын тілдік қатынас туралы ғылым. Лингвистикадағы тілдік қатынас мәселесін жан-жақты қарастырып, белгілі бір тұжырымға келген автордың бірі - Э.П.Щубин.

Э.П.Щубин шет тілдерін оқытудың қағидалары мен әдістемелерін сөз ете отырып, жалпы тілдік қатынастың құрамын, олардың атқаратын қызметін, оқытудың мақсаты мен мазмүнын, тілдік құралдарды анықтауға тырысады. Оның бүл проблемаға қатысты өзіндік пікірлері бар. Ол көзқарастардың ұтымды жақтары да, субъективтік жақтары да кездеседі. Ең алдымен, ерекше орын алатын тілдік қатынастың негізгі мазмұны, мәні, мағынасы болып табылатын - хабарды іс жүзіне асырушылар, хабарға тікелей қатысушылар. Олар мынандай құрамда тұрады:

Белгілі бір ақпаратты, деректі хабарлайтын -Баяншы.

Ақпаратты жеткізетін - Тұлғалар.

Ақпаратты немесе дерекеті - Қабылдаушы.

Баяншы - сыртқы объективтік әсерді, өмірді сезінуден, пайымдаудан туған санадағы ойды түрлі тілдік амал-құралдардың, тұлғалардың көмегімен екінші біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру үшін тілдік байланысқа қатысушы, тілдік қарым-қатынасқа түсуші.

Тұлғалар - хабарлаушыдан шыққан дерек туралы басқа адамның санасында ұғым тудыратын, оған ақпараттың түсінікті болуын қамтамасыз ететін, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде қызмет атқаратын қатысымдық бірліктер.

Қабылдаушы - белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның мәнін тілдік тұлғалар арқылы түсініп, ой мен пайымдау арқылы өз санасына өткізіп ұғынудың нәтижесінде тілдік қатынасты ары қарай іске асырушы.

Әдебиет:

1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зертгеулер. - Алматы. 1999. -581 б.

2. К.Қожахметова «Ұлт тағдыры мен қыз бала тәрбиссі - біртұтас». «Ұлт тағылымы» журналы 2005 ж.

3. Б.Тойлыбаев «Ұлттық тәрбиеде жеке түлғаның қалыптасуы». «Ұлт тағылымы», 2004, №2.

4. К. Оразбекова. «Тіл - ұлттық сана-сезімнің теориялық-әдіснамалық негізі». «Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында» кітабы, A., 2008 ж.

Мақала авторы: Рысалды Маратқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Сара

Пайдама жарады, рахмет!

ү

хаха го мнау

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар