Өлең, жыр, ақындар

Жойылып бара жатқан ана тілім

Тіл мен ойдың біртұтас екендігін ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойған. Адам баласының нені қалай ойлатыны, қандай дәрежеде пайымдайтыны оның әрбір сөзі арқылы айқындалмақ. Сондықтан да, қазақ баласының кімді болса да бірауыз сөзінен танып-білуінің өзінде терең мән бар. Белгілі бір тұлғаның қаншалықты ақылды немесе ойсыз пенде екендігін, ең алдымен, оның аузындағы сөзі анықтап береді. Жай әдеттегі бір сұхбаттасудың өзінде көңілге қонымды, жадыңда сақталар, «шынымен де, солай екен-ау» дегізер ойлы сөз айта білген адамды ақылдың кені деп тануға болатын сияқты.

Қазіргі таңда сөздің қадіріне жетуді, қазақ тілінің тазалығын сақтауды назардан тыс қалдырып жүргендейміз. Бірқатар жұрттың қазақша сөйлегеніне разы боламыз да, тілді оңды-солды қойыртпақтауына кейде кешіріммен қарай саламыз. Түптеп келгенде, тілді шұбарлау оны білмеуден де қатерлі. Бүгінгі күні жаһандану дегенді алға тартқан ірі державалар өз саясаттары мен дәстүрлерін сөз саптауларымен, түрлі атауларымен қоса қажымай-талмай тықпалап жатыр. Мұндай жағдайда біз жердің бүтіндігі үшін шекарамызды қалай күзетсек, ана тіліміздің тазалығына да дәл солай қырағылық танытуымыз керек.

Әсіресе, балаларды балабақшадан, мектептен бастап, ең алдымен, өз ана тілінің қаймағын бұзбай, таза сөйлеулеріне баулудың маңызы айтарлықтай. Қазіргі күні ЖОО қазақ топтарында білім алып жатқан студенттер, қазақ мектебінде оқитын, тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастар мен жасөспірімдер сабақтан тыс уақытта өзара орысша сөйлеседі. Таяу болашақта ана тілімізден мүлде көз жазып қалуымызға осының өзі жетіп жатыр. Енді, осы қасірет аз болғандай еліміздің ресми органдары «үштұғырлы тіл» дегенді желеу етіп, «Әлем тарихы» секілді кейбір пәндерді қазақ мектептерінің өзіне орысша оқытпақ. Егер біздің ұрпақ әлем елдеріне Ресейдің терезесінен қарап, дүниежүзінен тек орысша мәлімет алатын болса, онда тілдің де, елдің де болашағы жоқ деген сөз.

Онсыз да әлем тұтасуға бет алған бүгінгі күні ғылым мен технологияның жетілдіріле түсуіне орай тың жаңалықтар көп ашылып, өмірге дендеп еніп жатыр. Сонымен бірге жаңа атаулар, шет тіліндегі түрлі сөздер де тілімізге ентелей еніп жатқанда, ана тіліміздің тазалығына бұрынғыдан да сақ әрі аса жауапты болуымыз талап етіліп отыр. Ол үшін «тау қопарып, тас үгітудің» қажеті шамалы. Ең бастысы, әрбір қандасымыз шет тілінен енген атаулардың қазақша баламасын біліп, соны тұрақты қолданса да жетіп жатыр. Ешбір қажеттілігі жоқ жерге шет тілінің терминдерін тықпаламасақ, тіліміздің шұбарланбауына соның өзі біздің қосқан қомақты үлесіміз болар еді.

Қазақ тілінің өзге тілдермен салыстырғанда сөздік қорының өте бай екендігін мына бір мысалдан-ақ көруге болады. Айталық, біз табынатын орыс тіліндегі «головный мозг», «носовое мозг», «спиноя мозг» деген сөздерді қазақтар ешқашан бір ғана «ми» сөзімен қосақтап, жұтатпайды. Керісінше, «ми», «мұрынбоқ», «жұлын» деп жеке-жеке өз атауларымен атайды. Әр затты тек өз атауымен ғана атайтын қазақ тілінің қазынасы өте бай екендігіне көз жеткізетін дәлел де, мысал да жеткілікті. Оның өзі жеке бір тақырыпқа арқау болатын әңгіме. Мұндай бай тілді мұртын бұзбай таза сақтауға толық мүмкіндігіміз бар дегенді ғана ерекше атап көрсеткіміз келеді.

Бастысы, қоғам өміріне жаңадан еніп жатқан ғылыми-техникалық түрлі атаулардың қалай аталып, жазылуы керек екенін терминкомдағылар дер кезінде көпке жедел жариялап, БАҚ арқылы дереу санаға сіңіріп, қалыптастырып отырсақ, тіл тазалығына қосқан елеулі үлесіміз сол болар еді.

Белгілі бір елдің ана тілінің шұбарлануы сол ұлттың тарих сахнасынан жойылуының белгісі екендігі ғылыми түрде дәлелденген қағида. Тілді таза сақтаудың, оның мәңгілік өмір сүруінің басты тетігінің өзі айналып келгенде, мемлекеттің ұлттық саясатына келіп тіреледі. Ғылым, техника, медицина саласының барлық атауларын қытайшалап алған ханзулар бүгінгі күні әлем өркениетінен артта қалып қойған жоқ. Керісінше, қарыштап дамып келеді. Олардың ұлттық тілін қаптаған диалектілерден арылтып «путуң-хуа» етіп біртұтастандыруы, көнеден келе жатқан «ханжы» аталатын таңбалы жазуларын сақтаулары– жаһанданудың қандай нөпіріне болсын, төтеп беретіндей мүмкіндік тудырып отыр.
Ал біздің түркі тілдес татар бауырларымыздың жарыққа шығарып отырған газет-журналдарын оқып, телеарнасына құлақ түріп көріңіз. Екі сөзінің бірі орысша. Оны оқыған, көрген түркі тілдерінен мүлдем бейхабар кез-келген орыс еш тәржімасыз-ақ түсінерліктей. Тілге деген әу бастағы немқұрайдылықтың соңы, ақыры, оны жоғалтуға, ауыр қасіретке әкеліп тірейтіндігінің бір мысалы осы болса керек. Негізі, әр ұлт өкілі өз ана тілінің қадірін біліп, таза сөйлеуге, қандас бауырлар өзара ана тілінде ғана қарым-қатынас жасауға машықтанса, бұл дегеніңіз аса көп қаржы-қаражат талап етпейтін, қыруар күш пен еңбекке мәжбүрлемейтін оп-оңай-ақ дүние.

Жалпы, тіл мен мәдениеттің адам баласының өмір сүру философиясы екендігі баршаға мәлім. Әрбір ұлт үшін табынып-сиынуға тұрарлық аса қастерлі алты түрлі дүние бар:

Біріншісі, жаны мен тәнінің қауіпсіздігін сақтайтын елі мен жері; екіншісі, өмір сүру үшін күнделікті қолданатын азық-түлігі. Біз үшін бұл ата кәсібіміз төрт түлік малымыз болып келді, әлі де солай. Үшіншісі, бізді өзге ұлттардан айыруға болатын, қайталанбас ерекшелігіміз – ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміз. Кез-келген ұлтты жаулаған отаршылар сол елді ана тілінен айыруға тырысады. Жазба мұраларын өртейді, тарихи ескерткіштерін қиратады; Төртіншісі, имандылық мұраттары мен ағартушылық тетіктері. Мұның түп негізі – дәстүрлі діни сенім-нанымында. Бесіншісі, елдің күш-қуатының кепілі болатын ұлттық бірлігінде. Алтыншысы, жоғарыда аталғандардың барлығын тұтастырып, сақтайтын мемлекеттік және үкіметтік билігі.

Тәуелсіздіктің 25 жылында бірқатар жоғымызды түгендеп, іргемізді бекіткенімізбен жоғалтып жатқандарымыз да баршылық. Ең өкініштісі, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе бере тұра өз тұғырына қондыра алмай келе жатқандығымыз.

Ағылшын тілін жетік білсек, орыс тілін тастамасақ, ұшпаққа жететіндей-ақ желпініп жүрміз. Жат жұртқа табынудың салдарынан біз, шын мәнінде, қазақы қадір-қасиетімізді, бай тілімізді, өміршең әрі қайталанбас дәстүрлі мәдениетімізді жоғалтып барамыз. Өзгелердің көздеген мақсаттарының өзі тіліміз бен мәдениетімізден айыра отырып, өздерінің ықпалын арттыру болса керек.

Әлем тарихында бүгінге дейін бөтеннің мәдениетімен алға шыққан бір де ұлт жоқ. Белгілі бір ұлттың халық ретінде сақталуының өзі оның өзгеден тілі, дәстүрі, мәдениеті арқылы дара дербес тұруында ғана. Ал бөтенмен былғанып, оған мидай араласып, қойыртпақталып кетсе, шаруасы бітті дей беріңіз. Бұл – әлемде қалыптасқан шынайы жағдай. Бөтен жұрттың тілін қабылдаған ұлт ағзасына донордың бүйрегін бе немесе өзге бір дене мүшесін алмастырып салған мүгедек адам секілді. Ондай жандар үнемі ем алып, екпе егіп отырмаса, өмір сүре алмайтыны белгілі ғой.

Олай болса, тіліміз бен мәдениетімізді сақтауды ең қарапайым қадамдардан бастауымыз керек. Қазақ тілінің әдеби нормасы мен стилін бұзушылардың қатарында БАҚ қызметкерлері біз өзіміз тұрмыз. Газет-журнал журналистері бұл тұрғыдан келгенде, имантараздау. Ал телевизия журналистеріне дауа болмай тұр. «Қылмыскер темір торға тоғытылды», «Жарылыс нәтижесінде бес адам дереу өліп кетті» деген дүбәра сөздер тележурналистердің еншісінде. Негізі, суға тоғытушы еді. Кейін қой тоғыту деген науқан пайда болған. Ендеше, тоғыту үшін «темір торың» сұйық зат болуы керек емес пе? Орыс тілінен жолма-жол аударылған «нәтижесінде» сөзін жағымсыз мағынада алмастыратын «кесірінен», «салдарынан» дейтін сөздер даяр тұрғанда сіріспе тәржімаға жабысып қалудың еш жөні жоқ. Ана жолы бір телеарна «суық соғыс» деп ұрып жатыр. Егер әдеби басылымдарды оқитын, зердесі бар редактор болса, бұрыннан қалыптасқан «қырғи-қабақ соғыс» деген тамаша атауды майын тамызып жазар еді ғой. Осы іспетті көптеген қыңыр-қисық, қотыр-мылжың сөз-сөйлемдер қазақ тілінің тұнық айдынын лайлап бітірді.

Тілді қуат көзімен салыстырып жатады. Расында, қазақ – қазақ болғалы пайда болып қалыптасқан білім мен пайымның жинақталған энергиясы ана тілімізде ғана болса керек. Тілдің арқасында ғана ата-бабамыздың өсиеттері, ырым-тиымдары, салт-санасы бүгінге дейін сақталды. Ендеше, біз күш-қуатты да, білім-ғылымды да ана тіліміз арқылы ғана аламыз.

Сапалы білімді орта мектеп бағдарламасындағы негізгі пәндерді ағылшынша, орысша оқыту арқылы береміз, тілді солай жаппай меңгертеміз деп ойлаудың өзі жұмсартып айтқанда, тым аңғалдық. Мұндай ессіз тірлікті тоқтату керек. Әрине, қоғам үшін көп тіл білетін адамдар керек. Мысалы, барлау немесе тыңшылық қызметіндегі мамандар, шекара, полиция, қорғаныс, ғылыми-зерттеу, ақпарат құралдары қызметкерлері, дипломатиялық міндет атқарушылар, сыртқы сауда саласының өкілдері секілді тұлғалардың әлем тілдерін жетік білгендері абзал. Ал балабақшадан бастап халыққа жаппай ағылшын тілі мен орысшаны тықпалаудан ұтарымыз шамалы. Қарапайым ғана тұрмыстық қызмет көрсететін сантехник, монтер, аспаз, етік тігуші үшін ағылшын тілін жетік білгеннен кәсіби шеберліктері артып, еңбек өнімділігі өсіп кетпейді ғой.

Олай болса, мектеп бағдарламсындағы жалпы білім беретін базалық пәндерді ағылшын және орыс тілінде емес, қазақ баласы өз ана тілінде сапалы алғаны тиімді болады. Жалпы, қоғамдағы әрбір ірі өзгеріс міндетті түрде мемлекеттің араласуымен ғана өмірде жүзеге асырылады. Сондықтан, өз мемлекетінің заңды тілі әрі байырғы халқының ана тілін қорғауды ең алдымен мемлекеттік органдар өздері бас болып қолға алғандары жөн болмақ.

Табиғатпен етене жақын араласып, кең байтақ даланы мекендеген қазақ секілді ұлт пен бір сайдың бойында ну орманда пайда болған халықтардың сөйлеу ғана емес, ойлау жүйесінде де елеулі айырмашылықтар болады. Белгілі бір идеяны біз әртүрлі бағытпен жеткізе аламыз, астарлап, бейнелеп, тұспалдап дегендей. Ал сөйлеу жағынан келгенде, қазақтан асқан шешен де шебер ұлт жоқ. Қазақ жыр-дастандарының қаншалықты терең мән-мазмұнға негізделетінін мұнда дәлелдеп жатудың өзі артық деп білемін. Қазақтың бірауыз мақал-мәтелінің, қысқа да нұсқа қанатты сөзінің өзі Батыс ойшылдарының бірнеше том туындыларында айтылған ғахлиясына татитын тұстары бар.
Қазақ мақалдарының көңілге қонымдылығы, ұмытылмай есте сақталатындығы, дәлме дәл, ұтқыр болып келетіндігі біздің тіліміздің қаншалықты шұрайлы екендігін дәлелдейді.

Біз қазақ тілімізді түзеп, жөн-жосығымын өз мәртебесін иелендіруіміз үшін алдымен, бұқаралық психологияны жөнге келтіруіміз керек. Ресей отаршылары жаулап алған кезден бастап біз ұлттық ойлау ерекшелігімізден айырыла бастадық. Хандық дәуірде, тіпті одан да бұрын қазақ қоғамында дала демократиясы болды. Түрмесіз, сотсыз, полицейсіз мамыражай бейбіт қоғам құра білдік. Жер қайысқан қой мен мыңғырған жылқы айдаған қазақта материалдық мұқтаждық болған жоқ. Бай мен кедейге бөлінген таптық күрес те атымен болмады.

Қазақтың тентегі мен сотқарының өзіби-шешендер айтқан бірауыз сөзге тоқтайтын ақылды еді. Сөз қадірін қазақтай білген халық әлемде санаулы шығар, сірә! Ол тұста шынымен де, қазақ қоғамының рухани санасы өте жоғары деңгейде болғанын тарих беттеріндегі деректерден анық аңғаруға болады. Қысқасы, тарихи сана оянып, азаттық идеясы қалыптаспайынша тілдің де тағдыры өз жөнімен шешім табуы неғайбыл.
Бүгінгі таңда біз ғана емес, жалпы адамзаттың ойлау жүйесі азғындыққа қарай құлдилап, анайылыққа бейімделіп барады. Әлемде адам айтса нанғысыз үрейлі қылмыстар жасалып жатыр. Оның неше атасы Интернет арқылы кеңінен тарап, жас ұрпақтың санасын улап барады. Оған қарсы жасалатын басты тосқауылдың өзі айналып келгенде, ана тіліміздегі құнды әдеби мұраларымызды игеру, жастарды ежелгі және қазіргі әдебиетіміздің озық үлгілермен тәрбиелеу болмақ. Ол үшін жастарды өз ұлтының болмысымен тәрбиелейтін, ана тілімен сусындататын мемлекеттік жүйелі саясат керек.

Бірақ, тіл саясатын ұшы-қиырсыз өтіп жататын жиындар, тіл жанашырларының жоғары жаққа мезгіл сайын жолдайтын ашық хаттарымен белгілей алмаймыз. Онымен іс бітпесі анық.

Қазақ тілінің ақы иесі айналып келгенде, тіл мамандары мен тіл білімі саласының ғалымдары. Олардың артында өздері оқытып, тәрбиелеген қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері деген ірі күш тұр. Ең алдымен, сол күшке жататын мамандар сапалы дайындалуға тиіс. Олардың ізін басқан журналистер қауымы деген тағы бір зор күш иелері бар. БАҚ түрлерінің барлық құрылымдары солардың қолында.

Газет-журнал, телевизия, FM радиолар, баспасөз хатшылары, PR-менеджерлер, кеңсе ісін жүргізушілер, аудармашылар, дипломаттар, философтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, жазушылар, сахна мен экран өнерінің қайраткерлері әртістер, сыншылар, саясаттанушылар секілді сан мыңдаған қандастарымыз өз ана тілін көздің қарашығындай сақтауға қабілетсіз деуге бола ма?!

Осыншама күшіміз бен мүмкіндігіміз бола тұра тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерзімінде тым құрығанда жарымжан жарнамалар мен дүбәра аудармадан құтыла алмай-ақ қойдық. Көше толған «Біз ашылдық» дегендей күлкі тударатын жарнама есті тандырса, әр мекеменің есігінің тұтқасын ұстай алсаңыз «Өзіңе», «Өзіңнен» деген былдыр-батпақ сөз өңменіңнен өтеді. Қазақта «ары-бері», «тарт-итер» деген көңілге қонатын әдемі сөздер жыртылып айырылатын еді ғой.

Жас журналистеріміз ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржандарын оқыса, тілдері түзелер еді. Қазақтың ең кең тараған бір мақалын жиырма жыл бойы айтып-жазып ұқтыра алмадық. Бәрі келісіп алғандай-ақ «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» деп былжырайды да тұрады. Дұрысы, «ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі» деп үндестігімен үйлесім тапқан тамаша бір қанатты сөз. Айта алмасақ, несіне қолданып, киелі сөздің құтын қашырамыз?

Қазір халық арасындағы ықпалы аса зор жандар шоу-бизнес өкілдері мен әзіл-сықақ театр әртістері болып отыр. Сахна мен тойдағы асабалық «өнерлерін» мидай араластырып жіберген, онысын еш дайындықсыз сахнаға сүйреп әкеліп, көрерменге еш ұялмастан ұсынатын осы сайқымазақтар да тілді шұбарлаудың, қорлаудың неше атасын көрсетіп жүр. Сахнаға еш қысылмай-қымтырылмай «беттің арын белдеуге түйіп» шыға келіп, ойларына не келсе, соны айтуды бекзат өнерді қорлау демеске өзге лажы жоқ. Екі сөзінің бірі орысша, қазақшасының өзі тұрпайы болып келетін әзіл-сықақ театрлардың көбейгені соншалық, соңғы кезде аттарының өзі адам жаңылдыратын болды. Өнер ошағының атауының өзі «Базар жоқ» дегендей құлаққа түрпідей тиетін тым тұрпайы болғанын бұрын-соңды естімесек, енді, күнде көріп, мәре-сәре болатын жағдайға жеттік.

Біз қазақша білмейтіндерден бұрын қазақтілділердің арасындағы тіл бұзушылықты жөнге салуды да естен шығармауға тиіспіз деген тұрғыдан мұның бәрін сөз еттік.

Енді, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толықтай қамтамасыз ету, өз тұғырына қондыру секілді өте өзекті мәселеге қатысты кейбір ойларымызды ортаға салайық.

Ұлтымыздың рухани-тарихи мұрасы әрі байырғы жұрттың қазіргі күнге дейін қарым-қатынас құралы ретінде қазақ тіліне Конституция арқылы мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Ата-бабадан асыл мұра болып қалған ана тіліміз біздің ғана емес жалпыадамзаттық рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі және асыл құндылықтарының бірі.

Он сегіз мың ғаламда тіл атаулы көп. Миллиондаған, тіпті миллиард адам сөйлейтін ірі тілдермен қатар санаулы жандар ғана өзара қатынас жасайтын тайпалық деңгейде қолданылатындары да бар. Алайда мәселе тілдің үлкен-кішілігінде емес, әр тіл адам баласы үшін өзінше құнды. Әр тілдің артында адамзат мәдениеті, тарихы, өнері, ән-жыры, ауыз әдебиеті, ақыл-ойы, еркіндігі секілді құндылықтары бар. Әлемдегі мыңдаған тілдің бір бөлшегі әрі елеулі өкілі, әрине, біздің қазақ тіліміз.

Зерттеулерге қарағанда, бүгінгі күні әлемде әр 14 тәулік сайын бір тіл жойылады екен. Тілдің өлуі бүкіл бір мәдениеттің, тұрмыстық салт-сананың құрдымға кетуі деген сөз. Әрбір елдің мемлекеттік саясатындағы ана тілінің, ұлттық мәдениетінің орны ерекше. Себебі адамзат мәдениетінің өзі белгілі бір мемлекеттің ең негізгі саясатын, ресми көзқарасын, ұлттық позициясын оның өз тіліне деген құрметіне қарап таниды. Сондықтан да ел басқарған тұлғалар неше жерден полиглот болса да, ресми сапармен барған барлық елде өз мемлекетінің ана тілінде ғана сөйлейді.

Әлемде тәуелсіз дербес елдер мен халықтар бар кезде сол мемлекеттердің ана тілі мен мәдениеті мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Әрине, белгілі бір елдің тілдік ортасының қамтитын аумағына қарай өз ерекшеліктеріне сай тілдік саясаты айқындалары мәлім. Айталық, 1990 жылдардан бері қарай ағылшын тілін өзінің төл мәдениеті ретінде қабылдағандардың саны 350 миллион адамға жетсе, екінші тілі ретінде санайтындар 400 миллионға жуықтаған.

Олай болса, адам ресурстары мен экономикалық әл-ауқаты жағынан алдыңғы қатардағы елдер өз тілдерін баршаға таратып, жаһандандыруға тырысса, керісінше, тұрғындар саны аз, шағын мемлекеттер өз тілдері мен мәдениеттерін ғаламданудың нөпірінен қорғауға барын салып жатқанын аңғару қиын емес.

Біз үшін де маңыздысы – ұлттық ерекшелігімізді жоғалтпау, тарихымыздың, мәдениетіміздің, ана тіліміздің қаймағын бұзбай сақтау. Қазіргі күні ағылшын, орыс, қытай тілдеріне түрлі деңгейде қажеттілік туатыны рас. Ғылым-білім, техника, бизнес дегендей әлеуметтік қарым-қатынастың барлық саласын қамтыған көптілділік мәселесінің еліміз үшін шынайы талапқа айналғанын да жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ мұның бәрі қазақ тілін құрбандыққа шалу есебінен жүргізілуіне түбегейлі қарсымыз.

Жаһандану үдерісінде шет тілдік білім беру саясатын жүзеге асырғанда мемлекеттік әрі ана тіліміз – қазақ тілінің мәдени тұтастығын бұзбауды және қоғамдық дамудың шынайы бағыт-бағдарына сай тілдердің тепе-теңдігін сақтайтын ахуалды қалыптастыру – Қазақ үкіметінің басты саясаты болуы тиіс. Тіл туралы заңдарымыздың өзі жат тілдердің интервенциясынан ана тілімізді қорғайтын тетікке негізделгені абзал болмақ. Заңда мемлекеттік тіл аясында ұстануға тиіс басты бағыт қазіргі қазақ тілінің әдеби нормасын сақтай отырып, түрлі атауларды ғылыми негізде лайықты тағайындау, ресми түрде бекіте отырып, жүзеге асырғанда, тіл органдарының кәсіби кеңесіне жүгінуді қалыптастыруы керек. Азаматтық, қылмыстық кодекстерді бұзғандар заң алдында қалай айыпталса, тіл заңын бұзғандар да дәл солай жауап беруі міндеттелгені қажет деп білеміз.

Елімізде қазақ тілінен өзге ешбір шет тіліне басымдық берілмегені абзал болар еді. Ол үшін аударма ісі мамандарын тек қазақ тілінің базасында ғана дайындап шығаруды меншік нысандарына қарамастан барлық ЖОО басшыларына, ғылыми кеңесіне талап ету керек.
Бізде ғылыми-практикалық мәслихаттар өтіп, тіл жайында түрлі қарарлар қабылданып жатады. Бірақ жүзеге асырылуы ілуде бірі ғана шығар. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз өзге елдің бодандығында болса да көзінің қарашығындай сақтап келген ана тілімізді тәуелсіздік алған соң өз тұғырына қондыра алмасақ, елдігімізге сын.

Жыл сайын ақпан айының 21-ін ЮНЕСКО тарапынан «Халықаралық ана тілі күні» етіп атап өтеді. Қыркүйек айының соңғы аптасында біз де тілдер мерекесін тойлаймыз. Көптеген игі шаралар ұйымдастырылады, қалыптасқан жақсы дәстүрлеріміз де баршылық. Енді оның тиімділігін арттыру, ықпалын күшейту мәселесін уақыт оздырмай, қолға алуымыз өзекті болып отыр.

Ол үшін ең алдымен, жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, нұсқаулықтар, кітап, құралдарда қазақ тілінің ережелері, стильдік талаптары, әдеби тілдің нормасы қатаң қадағалануы бәрінен маңызды деп есептейміз. Ана тіліміздің тектілігін, әсемдігін, көркемдігін дәл осы нысандарда барынша сақтап, шешендігі мен шеберлігін мейлінше жеткізе білсек, жас буынның тілдік әлеуетінің арттырылуына баға жетпес үлес қосқан болар едік.

Еліміздің қоғамдық-экономикалық тұрақты дамуын және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тіл саясатын қалыптастыратын ғалымдар кеңесін құрып, Президент жанында жұмыс істетуді ұсыныс еткіміз келеді. Аталмыш кеңес мемлекеттік тіл туралы заңдылықтарға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді, тілді қорғауға қатысты құқықтық актілерді дайындауды, ана тіліміз бен шет тілдері арасындағы мәселелерді, саясатты сабақтастырумен, үйлестірумен айналысса, қанеки!

Сондай-ақ, оны кейін Тіл саясаты жөніндегі ұлттық кеңес етіп кеңейтіп ұйымдастырсақ, тіпті де нұр үстіне нұр болар еді. Сол арқылы тіл ұйымдарының функцияларын, іс-қызметтерінің бағыт-бағдарларын белгілеп, ана тіліміз бен шет тілдерінің оқу стандарттарының мазмұнын ұлттық ерекшелігіміз бен әлемдік нормаларға сай жетілдірсе.

Мемлекеттік тіл туралы жаңадан арнайы заң қабылдап, оның орындалу барысын Парламент палаталарындағы тұрақты комитеттер арқылы талқылап, елімізде ана тіліміздің басымдығы мен билігінің үстемдігін арттыратын өзгерістер енгізілгені абзал.

Жарыққа шығарылатын барлық басылымдар мен құжаттардың тілдік, стильдік сапасын жаңа сатыға көтеру үшін меншік нысандарына қарамастан барлық баспаханаларда білікті баспа редакторларын жұмыс істететін ереже бекітілуі қажет. Ана тіліміздің құндылығын арттыру, жас буынның тілдік білімін жетілдіру үшін ЖОО-ға, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік оқу орындарына және мемлекеттік қызметтерге қабылданатын үміткерлердің жаппай қазақ тілінде ауызша және жазбаша емтиханнан өтуін заңдастырсақ.

Қала және елді мекендердегі ұйым, мекемелердің атаулары, күре жолдар бойындағы жазбалар тек қазақ тілінде ғана болуын да қалыптастыруымыз керек. Жарнама, түрлі атаулар, ақпарат құралдары мәтіндерінен бастап, оқулықтар, әдеби басылымдарға дейінгі барлық жазбалардың тілдік сапасына, стиліне тұрақты бақылау жасап, кеткен қателерді дер кезінде жөнге келтіріп отыратын тіл сақшылары да ауадай қажет-ақ.

Аягоз Арыстанбаева
“Тұран” университеті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз