Біз екеу едік. Қойтастың қалың бұйратын қақ жара, Қонай шоқысын бетке алып, жүріп келеміз, жақын болатын сиқы жоқ. Ұры-қарыдан да қауіпсіз, қарайған көрінсе жүрегіміз өрепки бастайды. Әзір ел қарасы көрінбейді. Жүрген сайын «Қонай» шоқысы көз ұшында бұлдырап, артымызда қалып барады. Алдыңғы жақтан екенін айырғысыз көгілдір, мұнар ма, ала бұтаның түтіні ме, әлде ел ме, әйтеуір бір мұнартқан көріне бастады. Жолдасым жершіл болса керек. «Мен білдім, мына көрінген Нілді өзені», — деді.
— Қалай білдің? — дедім.
— Көрмейсің бе, осы келе жатқан жеріміз жылқының өрісі. Қарашы, жердің оты шайылып қалғанын. Әнеки, қарақұмақтар да жатыр. Енді ел онша қашық болмауға керек. Анау мұнартқан Талдының өзені, түнде өзен сөйтіп тұрады, — деді.
«Ахметтің сөзі рас» дегендей, астындағы шабан торысы да ұмтыла жүрді, жүрген сайын елдің таяу қалғаны сезіле берді. Анда-санда маңқылдаған төбеттердің даусы еміс-еміс естіле бастады. Ай бесіндіктен төмен түсіп, жұлдыздардың да жадыраған кезі еді. Бір уақытта аттар селк етіп құлағын тіге қойды. Ахмет оны менен бұрынырақ сезіп, тымағын қолына алды да «аттандаған» дауыс естіледі, — деді.
Қай жақтан? — дедім.
— Міне, мына жақтан! — деп оң қол жақты көрсетті.
Тыңдап тұрыстық... біз тұрған жерден қашықтау сияқты. Масаның ызыңындай ғана өлусіреген дауыс естілді. Анықтап білейік деп кідіре тұрдық... Бір кезекте дауыс жақындап, анықталғандай болды. Дүбірлеген тасыр-тұсырмен жер жаңғырықты. Азынаған ащы дауыс «аттандап» құлақтан өтті, бұдан әрі тұра беруге мен шыдамадым, жүрегім аттай тулап, кеудеме сыймады. Буындарым қалтырап, дір-дір етті. Кідірген сайын тасыр бізге қарай таянған тәрізденді. Ауылда Мекеш пен Қайдауылдың төбелескенін көргенім барды: Қайдауылдың басы төрт жерден жарылып, бет-аузы қып-қызыл қан боп, кірпік қағып жатқаны, қаспақ тұмсық, қара домалақ балалары басында үрпиісіп жылап отырғаны көзіме елестеп кетті:
— Аха, жүр кетейік! — дедім.
— Сабыр қыл, байқайық, әлі алыста, — деді ол.
Тағы да біраз кідіріп тыңдап едік, аттан даусы қойылып, жамыраған сез естілді. «Түсіріп алған екен, жүр» - деп Ахмет жорта жөнелді. Лез болмай жылқыға да келіп қалдық. Жылқы ішінде жиырма-отыз кісі жүр екен, «елміз сауға» деп Ахмет іштеріне кіріп кетті. Менің сөзбен ісім болған жоқ, тамашаға қарап тұрып қалдым...
Тұрғандардың ортасында екі жігіт қатарынан сұлап жатыр. Екеуінің де басы қып-қызыл қан, бауырдай боп қатып қапты. Аяқ жақтарында жатқан қос ақтабан сойылға дейін қызыл қанмен бояулы, оның үстіне біреуінің аяғы сынып, жинап ала алмай жатқан көрінді. Мен қапелімде екеуін де өліп қалған екен деп едім, сөйтсем, тірі екен. Анда-санда ыңырсып, тіл қатып жатты. Тірі екенін білген соң, қастарына жақындап, халін сұрап едім, біреуі қабағын тыржитып, қажыған, қалжыраған дыбыспен «көріп тұрсың ғой» дегеннен басқаға келмеді.
Сөз жақтырмайтынын көрген соң, оқиғаның жайын көптің әңгімесінен естідім. ІІІоқша сақал, шапатерлеу келген қара кісі, жасы қырық - қырық бестер шамасында болар, қасындағылар «Жәке» дейді. Жәкеңнің айтуына қарағанда, соққыға жығылып жатқан екеудің бірі — Бәлкен байдың Шойын деген жылқышысы екен. Екінші жатқан — Төкіш мырзаның жігіті болып шықты. Төкіш өткен қыс жері мұздақ болып қалып, екі елдің шекара жері Қараөзекте жылқыларын қостап шығарады. Бәлкен ол жерді қашаннан бауыр басып жүр екен. Кісі жіберіп Төкіштің қосына «көшесің» дейді. Қос кеше қоймаған соң, үш-төрт ат, айғырды ұстатып алып, басқа жылқыларын қуып тастапты... Араздықтың бас пәлесі нем. Содан бері Төкіштің көкейінен кекті алу шықпай жүріп, бүгін бес-алты жігітті барымтаға аттандырған. Барымташылар кешке жақын «Қос емшектің» келіп бекініп жатқанын жылқышылар көріп қалады. Жаудың бесеуі бірден бытырамастан тіле қосып отырған, Шойын жеткен соң, араларын ашып ортаға алып қапты. Бес сойыл бесеуі бірден тиіп ат-матымен Шойын сол жерде тоңқалаң аса жығылады, бір аяғы аттың астында қалып, жіліншігін сындырып жібереді.
Міне, мен көрген сынық аяқ қара жігіт — Шойын. Оның қасында жатқан ілмиген сұрша жігіт Көкіштің жігіті екен. Түсірген жерде арттан жеткендер ұрып қалтыратып тастаған сияқты. Жиылып тұрғандардың арасында әлі де ашуы қайтпағандары нұқып кетіп жүрді. Жау түсіріп, көңілі көтерілген ел жамырай сөйлеп, ауылдарына бет алды. Қанға көміліп, жарамен күптелген қос азаматқа, қабақ шытқан жан шамалы көрінді.
Ахмет екеуміз Талдының аяқ жағында отырған нағашыларға бұрылдық. Жеткенше екі жігіттің судай аққан қаны көзіме елестеп, кім үшін төгілді? Не үшін төгілді? деген ой есімнен кетпеді. Байлардың малы үшін қырқысқан екі жалшыны аяп та, қарғап та келе жаттым... Ой аяқтағанша ауылға да жетіп қалған екенбіз...
1937 жыл.
Мазмұны
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі