Қазақ жырын құрметтер қауымға Фариза Оңғарсынова есімі кең танымал. Поэзия аталатын өміршең өлкеге алғаш беттеген сапарынан-ақ өзгеге ұқсай бермейтін өз әуені, болмыс бітімі бөлекше жыр құйылысымен дараланған Фариза ақынның жүрек сырын жібектей есіп жеткізер есті, еңселі лирикаларынан адуынды асаулық пен текті тарпаңдықты мөлдір мұң мен асқақ пафосты сарынды сезініп түйсінген сайын ақын көңілінің айтпағын бүкпесіз, ашық айтуға машықтығы тәнті етіп, тебіренте түседі. Ақын қасиетіндегі осы бір турашылдық пен бүкпесіз ақиқат өрімдері өрісті жырларға құлаш ұрып, өз творчествосының кемелденіп, толысқан бүгінгі шағында жаңа қырларымен түрленіп, ажарлана түсуі Фаризаның өз стилінің қалыптасқандығын, өз әуенінен айнымағандығын танытқан. Сол бір пікір ақынның таяуда жарық көрген «Жүрек күнделігі» жыр жинағымен жүздескенде тағы да ой шарпып, көңіл төрінен қоныс тепкендей болып еді.
«Жүрек күнделігінде» ақынның жиырма жылғы творчестволық еңбегінен елес берер лирикалық өлеңдері іріктеліп алынған. Негізінен өлеңдер сарынында махаббат әуені басым болып отырады десек те, ақынның адамгершілік, өмір, достық сезім, адалдық, туған ел, ана, өнер тақырыптарын барынша мол қамтып, солар бойынша ой толғауға ұмтылыстары айқын із тастайды.
Маңғыстау!
Мұнарларың шаншылса аспанды ұрып,
тайталаса алмай қалады асқар бұғып.
Жанартаулардай лапылдап отты алауларың
жанары жасық жандарды жасқандырып.
Ақын жырында жаңарған, жасарған мұнайлы Маңғыстаудың жұмыскер, күрескер портреті сипатталады. Әр жолдағы екпінді, салмақты сөз тіркестері Маңғыстаудың бүгінгі еңбеккер бейнесін аша түсуге қызмет етумен бірге өркенді, өрісті Қазақстан өндірісіне лайық, үндес келер әуендік сипатпен сабақтастық байқатады.
Осы жырдағы:
Осынау асқақ жандарға замандас болып,
мен асылы тектен тек тумаған екем!
— деуі де соншалықты үйлесімді өзін-өзі ақтай аларлық қуаттылықпен түйінделеді.
Бір жасайын мен бүгін
кетпей қойған бәйге ғой көкейімнен,
жете алмаған жігітті төпейін мен.
Жорғаңды қой.
Қайда әлгі Бәйге торы —
не де болса бір зулап өтейін мен!
Міне, екінші бір жырдағы ерлік пен екпінділік әуені тағы да ой тұсап, көңіліңді көгендейді.
Ақынның қай өлеңіне үңілсек те, оның пәрменді қуаты, қарымы мол арқауы бос селкеулігі жиі ұшырасар бозөкпе әуеннен ада-күде арылған, адуынды әуенге толы өз үнін естисің. Ақын бүгінгі ракеталы дәуірде езіліп егілген салпыетек жырлардан бойын аулаққа салар тегеурінді қалпымен жай тасындай қырланған алапат сезім топанында күн кешіп, сыр шертуді аңсайтындай әсерге бөлейді.
Тілеп тұрдым тек қана қуаныштан
бұзылғай деп ұйқы мен тыныштығым, —
деген жыр жолдарынан ақын философиясының мәнін аңғарып, шынында да қуаныш, қызықтан бұзылған тыныштық ғұмырға кім де болса іңкәр-ау деген ойға бөленесің. Ақын тапқырлығына іштей ризалық білдіресің.
Болғанмен жырым-жаһұт, әнім асқақ,
алмастай өнерімнің әрі қашпақ -
шырқайтын сандуғаш үн сайрай алмай
жыр көшін бара жатса жабы бастап,
— деген түйіндеуден атақты Майраның характері ашылып, ажарлана түссе,
Өлең деген өлкеге ғашық еткен
сен жүргенде мен қалай сайрамайын?
Алтындарын ардақтар Отаны бар,
Апа, сенің өзіңнен айналайын!
— деген тебіреністі түйіндеуден Фаризаның ақын апасы Мәриям Хакімжановаға деген сіңілілік адал алғыс, шексіз құрметі танылып тұрғандай. Фариза ақын шеберлігі, тапқырлығы оның өмір шындығының өзінен бастау алып, сол бойынша үлкен өмірлік арнаға бет түзер ой сораптарымен тамырластығынан болар.
Сен келгелі шуақсыз таңым бар ма —
оранды әлем ақ сәуле — сағымдарға.
Сенің титтей тірлігің қымбат енді
өмірімнен, өзімнен, жарымнан да!
Бұл - жас ана монологынан алынған жалғыз шумақ. Қаншалықты қуатты, отты түйіндеу! Сәбиді сүйген, өз өмірінің бүтін адамзат ұрпағының жалғасы — баланы қастерлеген аналар ғана осылай айтар-ақ дейсің.
Ойландырады, сендіреді! Жер бетіндегі осындай аналар үшін өмір сүріп, күрескің, еңбек еткің келеді. Поэзия күші де осында.
Фариза жырлары, әсіресе махаббатты көксеген соның отына өртеніп аязына тоңғандай, жүрек сезімін бере алған жырлары бейтарап қалдыра алмайды. Бірге толғанып, бірге күйзелесің, бірге егіліп, бірге шаттанасың.
Несіне тіктің көзіңді
сүйілмей қалған ерінге...
Сарғая күтіп өзінді,
сағына түссін дедің бе? —
дегенде әдемі наз, жарасымды еркелік:
Мені осынша батырып құса-мұңға,
сен де қатал жандарға ұсадың ба...
Кіріп келсең әйтеуір оңдырмаймын,
қалмасам тек тұншығып құшағыңда, — деген сағыныштың отты әуеніне ұласып барып:
Кезім жоқ сені ойламай көзімді ілген,
Сені аңсап елжіредім, егілдім мен!
Ризамын тағдырыма сен арқылы
махаббат деген күшті сезіндірген,
— деген мәртебелі биікке самғап шығатын ақын жырлары, сөз жоқ, ұлы махаббат сезімінің биіктігін, асқақтығын алға тартады. «Жүрек күнделігіндегі» жырлар тақырыбы жағынан лирикалық әуенге құрылған десек те, жырлануы жағынан алуан әуенді, сан сырлы болып келеді. Сайып келгенде, солардың бәрінен де Фариза ақынның сыршыл жүрек лүпілінің тым тереңнен қайнап, буырқанып шыққан мөлдір көңіл-күйін, өмірге, ортаға деген өзіндік позициясын терең танып, түйсінеміз. Жырынан ақынның ой елегінен екшеліп шыққан өз түйсік-талғамы тереңнен тербеткен жүрек толғаныстары бой тастап отырады. Поэзия аталатын ұлы көште өзіндік теңдеп алған көші-қоны бар Фариза ақынның «Жүрек күнделігі» оның шабытты шағының шаңқай тұсын дәлелдейтін келісті де кесек дүние болып шыққандығымен қуантты.
Көкшетау. 1981 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі