Өлең, жыр, ақындар

Поэзия патшайымы

Әрбір шоң таланттың әрқашан ұлттық ырыс, ұлттық қазына болып келетіні ежелден мәлім. Біз бұл жерде тауып айттық, жаңалық аштық дей алмаймыз. Біз небәрі тек осынау мәңгілік ақиқаттың теңдесі жоқ формуласын, соның өміршең бір шынар-шырайын көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың әлемі — Поэзиясы өзінше бір шоқтандырып, сәулелендіріп, нұрландырып келеді десек әсте артықтығы жоқ. Қайта керісінше, мың-мыңдаған оқырмандарының бірі ретінде кенеттен ғайыперен пәруана пірге қол бергендей тым құдыреттеніп, тым асқақтап, сол мезет адамдық тағдырымызға риза екендігімізді, сөйтіп жалпақ жаһанға жар салатынымызды, өзіңе аян, бірақ та өзгеге жүмбақ мейлінше бір күй кешетінімізді әсте жасыра алмаймыз.

Қандай азап сезіну, сезу деген!
Сол азаптан әзірмін безуге мен.
Жанның ағыстарымен салыстырсаң,
түк еместей бұрқанған теңіз, кемең.
Сені мен Мен — қайтеміз өзгені біз,
жақындамай, тілдеспей өздеріміз
теріс қарап тұрып-ақ сезінеміз —
жауырынға біткен бе көздеріміз?!
Болмақ емес біздерде ашық, өкпе,
мен — тамыры, сен — қайың — басы көкте,
жазатайым қурасам — сен құлайсың,
қасиет пе, бұл әлде қасірет пе?
Алмайды ешкім сезімді ақы-пұлға,
Әлсіз оған даңқың да, уақытың да.
Менің бақыттылығым сол жалғанда —
Қасіреттен тұрады бақытым да! — дейді ақын Фариза.

Ал өлеңнің өнебойындағы әрі өмірлік, әрі көркемдік шындық қандай ғажап, қандай қуатты! Өнер иесінің бүкіл тіршілігі — драмасы мен трагедиясы, пенде ретіндегі болмысы мен дерті өлең өрімінде қалайша біртұтас шыққан! Сезім мен ойдың, ой мен сезімнің бірде тамырға, бірде жапыраққа алма-кезек ұласып жатуы лирикалық туындының ғажайып көркемдік үйлесімін көрсетіп тұрған жоқ па!

Асылы, әу бастан микеще не мәңгүрт, пасық ішмерез не қаншыққыжыл дуайпат болмасаң, бас имеуің, табынбауың әсте мүмкін емес.

Төрт аяғын тең басқан өлең келісіміне бас имей көр!

Төрт қабырғасы түгел өлең құдыреті мен сиқырына табынбай көр!

Асылы, Бақытын — Қасірет немесе Қасіретін — Бақыт көретін ақын шындығы мен шыншылдығына парапар келетін, шендес келетін не бар екен деп сол замат ойша шарқ ұрасың, шарлайсың. Өлеңді қайта оқисың, сөйтіп қайта сүйсінесің. Бірақ, бәрібір ақын құдыретіне тең түсетін ешнәрсе таппайсың. Мұны тек Фаризадай шынайы талант, Фаризадай шоң ақын ғана айта алады екен.

Ақындық сапарында, яғни күні бүгінге дейін жемісті шығармашылық ғұмырында өзінің поэзиялық болмысын қанжоса жүрегімен, тоғызыншы баллдай буырқанған — шамырқанған сезімдерімен, шарболаттай суарылған ой-пайымдарымен ылғи да толассыз айтумен, жырлаумен келеді екен.

Ендеше Фаризаға неге бас имеске!
Ендеше Фариза ақынға неге табынбасқа!

Фариза Оңғарсынованың ірі ақын екендігіне әуелде күмән болғанмен, кейіннен күмән туған емес. Таланттың танылу процесі ұзақ болмағанмен, қалтқысыз мойындалуы, мэтрлер санатына қосылу барысының едәуір созылатыны және рас. Ақын Фариза осы биікке әлдеқашан көтерілген деп білеміз.

Міне, сондықтан да біз Фаризадай ірі ақынымызды, шынайы ақынымызды, сөз жоқ, ұлттық ырысымыз, ұлттық қазынамыз деп батыл айтуға тиіспіз. Тәуелсіздіктің қазір елімізге, біздерге, ой-санамызға түсірген шипалы-шұғылалы бір нұры — бір сәулесі деп білеміз. Оның үстіне күні кешеге дейінгі қоғамдық дәуірлердің бойымызға сіңіріп кеткен бодандық пен қосүрейлік, кіріптарлық пен жарамсақтық сияқты құлақкесті әлеуметтік-психологиялық эмбриондарға, пасық пиғылдар эпидемиясына қарсы жаппай пәрменді вакцина жүргізу ісі мемлекеттік дербестігіміз нығайған сайын рухани-әлеуметтік тұрғыдан неғұрлым күшейе түседі, неғұрлым арта түседі деп үміттенеміз. Соған сенеміз. Сол үшін де жұмыла күресуге тиіспіз. Соған өз үлесімізді қосуға міндеттіміз.

Ақынның бір бақыты мен бір соры — оның көзі тірісінде аңызға айналып кетуі. Бақыты — мың-мыңдаған қарақұрым оқырмандарының көңіл іңкәрінің төрінен орын ала білуінде. Соры — бәйгеге түскен қаламдастарының, әріптестерінің ат төбеліндей азғантай тобының не тұзы кем, не ашытқысы асып, бықырып кеткен туындылар беруіне тікелей өзі «кінәлі» екендігінде. Бұндай «кемталанттардың» (А. Сүлейменов) еркіне, ырқына салсаң, ірі таланттарды танудың өзі — бейне солардың қапияда, ойда-жоқта жалаңаяқ шоқ басқанындай. Мұны мүрдем кеткен пендешілік бишаралықтың, саналы түрде сасық жеңіске жеткен жетесіз пиғылдың тұлданған дақпырты ғана демеске шараң жоқ... Осы арада бір жәйтті жол-жөнекей айта кеткен жөн тәрізді. Уакытша қиянаттың опа бермейтініне, түптің-түбінде қарымта зауалы қайтатынына дәлел.

Бұдан аттай он жыл бұрын осы жолдардың авторы «Сын пернесі» атты кітабына енген бір мақаласында: «Мәселен, Сент-Бев жоғарыда айтқан Марселина Деборд-Вальмор туралы: «Она уже поэт, она — сама поэзия» десе; ал Павел Антокольский Марина Цветаева жайында: «Марина Цветаева — никогда не поэтесса. Она — поэт» деген қанатты афоризмдерге айналып кеткен батыл да әділ тұжырымдарды Фариза Оңғарсынова творчествосына қарата айтсақ, ақиқат аулынан алшақтамасымыз кәміл» — деп жазған еді. Әрі салыстырмалы, әрі тұспалмен айтылған осы пікірімізді алқалы мәжілісте қазіргі атышулы қаламгер бір ағамыз мысалға келтіріп, мейлінше мәнерлеп оқып, жалғыз оқпен екі қоянды атып алғанына әрі мәз болып, әрі сол пікірді Фаризадан қияметтей қызғанып, ер-тоқымын бауырына алып, олай мөңкіп, бұлай тулағанынан мейлінше хабардармыз. Фариза ақынның шығармашылығын мансұқтау, көркем сынға топырақ шашу, қотыраш-батыраштықпен сәті мен жолын тауып сыншыны бір мұқатып қалу, қасақана түрде мұқатып қалу, қасақана түрде аяқтан шалу ол қаламгерге әрқашан түк те емес. Сыншы сол жолы ала алмаған сыйлығын кейін бәрібір алды. Бірақ та осынысы арқылы сол қаламгердің бір жолға уақытша ғана пендешілік айызын қандырғаны қандай даусыз болса, о заманда-бұ заман келіге су түйген немесе күбіге қара су піскен ысқаяқ шығайбайлық-қуыскөкірек пасық болмысты жарапазан менменшілдікті нақты көрсететіні де сондай даусыз ақиқат.

Мақала авторы осы пікірін бүгін де қайталап айтады. Сол салыстыруды, сол тұспалды тек бар болғаны үстемелеп, нақтылай түседі. Фариза Оңғарсынова, сөз жоқ, ірі ақын. Сөз жоқ, Фариза ақын — тұнып тұрған өміршең поэзияның өзі болып табылады. Өйткені, ол өзінің бүкіл шығармашылық еңбегімен, шынайы талантының ірілігімен — Поэзия Патшайымына айналған бақытты тұлға!

Қазақ қыздарының — қарындастарымыздың, әпкелеріміздің, сіңлілеріміздің бәйшешек сезімдерін, қызғалдақ шақтарын немесе әжелеріміздің, қарындастарымыздың, сіңлілеріміздің, яғни арғы-бергі тарихтағы қазақ әйелдерінің толғауы тоқсан тағдырларын мейлінше зор сүйіспеншілікпен, мейлінше зор тағзыммен, мейлінше зор шындықпен, мейлінше зор шабытпен асқақ та сұлу жырлаған ақын Фариза Оңғарсынова, шын мәнінде Поэзия Патшайымына айналған сирек тұлға — дара тұлға!

Оған ақынның сонау «Сандуғаш» (1966) жинағынан бастау алып, «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Асау толқын», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Сенің махаббатың», «Шілде» (таңдамалы), «Сұхбат», «Жүрек күнделігі» (таңдамалы), «Дауа», «Өсиет», екі томдық таңдамалылары арқылы жалғасқан, күні бүгінге дейінгі «Шашы ағарған қыз» атты кітаптарында көшелі көрініске, дербес көркемдік әлемге айналған құлын мүсін лирикалары, парасатқа тұнған поэмалары, принципті көзқарастары айқын мақалалары-эсселері толық дәлел болады. Поэзия Патшайымы атану үшін жоғарыда аты аталған өлең жинақтарының, кітаптарының кейде жекелей де, кейде тұтастай да кемел кепіл бола алатынын қалың оқырман қауым өте жақсы біледі. Өйткені, олардың өзі ақынның осынау көркемдік әлеміне шынайы тәнті болғаны сонша, ақын Фаризаны — үнемі Поэзия Патшайымы ғой деп еркелетеді.

Көзі тірісінде аңыздың ақиқатқа, ақиқаттың аңызға айналған нақты бір көрінісі де осында емес пе! Асылы, мынадай:

Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба —
өзің болдың әйтеуір бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең — бұлқынбадым —
әлде аймалауыңа құнықтым ба.
Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып-ұшып бара ма-ау жүрек мүлде...
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін, кеште ме еді —
тек ұққаным — жан бірге, тілек бірге.
Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі.
Сезінгелі, сені ойлап, көз ілгелі...
Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде?
Онда өтіп кетпегей тез ілгері.
Сол сәтте
Бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
Шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың.

немесе:

Білемін:
сүйем сүйсем әйтеуір құлап-талып,
дүниенің барлығы жырақ қалып.
Сені мен мен түсінер жай туралы
көргенім жоқ ешкімге сыр ақтарып.
Сені аңсаймын көзімнен жас ағыла,
көбейді ғой бұл күнде шаш ағы да.
Сыр ашпаймын еш жанға. Шағынғанда
біреу сенің орныңды басады ма…
Сезім қолдан
ешқашан жасалмайды,
жасағандар ұзаққа аса алмайды. —
не алдасып бір-бірін күн кешеді,
мен ондайға көнбесім қашан да әйгі.
Мен сондаймын.
Сүйсем егер ғұмырлық сүйіп кетем,
басқаларға жүрегім тұйық мекен.
Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын
сезіміммен көңілді биіктетем, — деген лирикалық өлеңдерді тудырған ақынның дүрбелеңі де, дүмпуі де жетіп артылатын осынау өмірде аңызға айналмауы, сүйіспеншілікке бөленбеуі, Поэзия Патшайымының тек өзіне бұйырған бәсіре тағына көтерілмеуі мүмкін емес қой!

Адам жан-дүниесінің, әсіресе әйел жан-дүниесінің бүкіл болмысы біз саналы түрде толық келтірген осынау екі өлеңде қаншама шыншылдықпен, қаншама тереңдікпен, қаншама осалдықпен, қаншама нәзіктікпен, қаншама өршілдікпен, қаншама қайсар-жігермен, қаншама ынтызар, қаншама үмітшең, қаншама күрескер шабытпен берілген, жырланған десеңші!

Ақын Фаризаның қазақ поэзиясына әкелген шынайы да тосын жаңалығы, өзіндік дербес поэтикалық қолтаңбасы — осынау лирикалық туындылардың бүкпесіз ақтарыла білу, бүкпесіз сырласа білу, бүкпесіз сенім арта отырып, бүкпесіз сендіре білу құдыретінде — талант сиқырында жатыр деп білеміз. Әрі қатқыл, әрі өткір, әрі асау, әрі мойынсұна отырып — әрі аялап, әрі мәпелеп, әрі жұбатып, әрі жігерлендіріп отырып сенің адамдық болмысыңды, тағдырыңды, іс-әрекет, ой-пиғылыңды, бастан кешкенің мен тіршіліктен күтеріңді, яғни бәрі-бәрін бір қауызға тамаша сыйдырып, бір дәнге ғажап сіңіртіп, дарытып көрсете білуінде жатыр.

Ақындық шеберлік пен құдыреттің тамыры да, нәрі де, құпиясы да, кілті де — Фариза өлеңдерінің өз өнбойында өзгеше бір келісіммен көрініс тауып жатуында.

Осыдан болса керек, ағылшынның үлы ақыны Джон Донның: «Мало назвать человека малым миром. Человек состоит из большего числа частей, чем мир» — деуінің көкейге кона кететінін ақын Фариза өлеңдері мейлінше әдемі дәлелдеп бере алады. Жоғарыдағы үш өлең осыны көрсетеді.

Ақын Фариза өз өлеңдері арқылы қазақ лирикасында күні кешеге дейін сартап болған баяндаушылық, тізбелеушілік монологқа сүйенген авторлық "меннің" — лирикалық кейіпкердің өрісін тарылтып, өресін төмендетіп, эстетиканың қаражаяу критерийлерін тас-талқан етті.

Ақын Фариза өз өлеңдері арқылы қазақ поэзиясына Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтың буыны батыл әкелген драматизм мен трагизмге толы лирикалық әуенді, философияны одан сайын байыта түсті. Ол өзінің дербес көркемдік әлемімен солардың қалқасында, тасасында, ығында қалып қойған жоқ. Ой орманы мен сезім селінің шығармашылық ықпалына малтығып қалып, тұншыққан да емес. Әріптес ағаларының өкшесін баса жүріп, өлеңдегі өз өлкесін тауып, өз күмбезін тұрғызып, өз көркемдік әлемін оқырмандарына тамаша көрсетті, тамаша мойындатты, әрі табындырды. Қазақ поэзиясының бір Антейі — Әбділда Тәжібаевтың кезінде Фариза өлеңдері турасында жазған мақаласын оқысаңыз, бұған көзіңіз жете түседі.

Сондықтан шығар, аңызға айналған ақын Фариза Оңғарсынова өзінің Поэзия Патшайымы атты рухани Тағы мен Тәжін лайықты түрде заңды алып отыр дейміз. Өйткені, ұлы Мұқағали Мақатаев:

Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!
Дүниеде ақындардың бәрі жалғыз, — деп бекер айтпаған. Бұл жолдардың өмірлік тиесілі нақты ақиқаты да әсте күдік тудырмайды.

Елін сүймегендерден,
жерін сүймегендерден,
өзін туған халқының
жанын ұқпағандардан,
әндей терең мұңымды,
сүтін емген тілімді
сезіп білмегендерден
жаным жылап, сенделгем, —  деген ақын Фаризаның енді бірде:
Ертеңдерді, жерді ойлап,
адамды ойлап, елді ойлап;
Жер күрсінсе көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,
Күнмен бірге күлмесем,
Мен осылай жүрмес ем,
Өнер дертін білмес ем! —

деуінде қаншама шындық, қаншама мақсат, қаншама қуат, қаншама парыз жүгі жатыр! Фариза ақын кемел лирикалық туындыларын, меніңше, өзінің бойына жаратылысынан сіңірген, әрі төл ұрпағы ретінде мұрагерлік етіп, тіршілігінде жалғастырып келе жатқан ана махаббатымен, яғни әйел затының пешенесіне ырыс-несібе ретінде Тәңірі өзі сыйлаған аналық махаббатпен жазғандықтан Поэзия Патшайымына айналып отыр деген пікірімізді мейлінше меншіктеп, мейлінше қадап айтуға, мейлінше мақтаныш тұтып айтуға бір оқырманы ретінде құқымыз бар деп білеміз.

Бұған Поэзия Патшайымының — Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың шырқау көркемдік әлемі нақты дәлел.

2000 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз