(Мақатаевтың екі томдық шығармалар жинағының жарық көруіне орай)
Алып қашпа уақыттың зымыран жүйріктігіне не шара бар?! Біреулердің жүзінен әрін ұрлап, біреулердің жанынан жалын ұрлап көзге көрінбей шапқылап бара жатқан дүние жалған арқалы ақын Мұқағали Мақатаевты өмір құшағынан жұлып алып, қайта оралмас мәңгілік сапарға әкеткеніне де он жылға жуықтап қалыпты. Мұқағали дүние салған сол бір жылдарда өмір аспанының шырқау көгінде, мәңгілікке орнағандай, сайран салған қазіргі тірілердің бірсыпырасы бүгінде көкжиекке құлдилап, алданымпаз көңіл отауынан біржола жырақтапты. Бұл жылдар ішінде әдебиет жайлауының көкорайлы қонысын бетке алған аттылы-жаяу талайлар Поэзия отауын маңайлап, кейбіреулері төрге озып үлгеріпті. Уақыт-мықтының жасайтыны осы — өзін қалай да мойындатады. Осының бәрі — сол Уақыт құдіреті, өмір тылсымының заңдылығы. Кезінде тұлғасымен көк тіреген кеуделі құзды кез келген жалаң аяқ жүгіріп шығар төбешікке айналдырып, қол жетпес аруды кемиек кемпір қалыпқа түсірген безбүйрек заңдылықтың әділет таңбасындай екінші жағы бары ғана талайына ұлы таланттың тауқыметі жазылған сиректер көңіліне медеу Мұқағалидың:
«Ауғанын, ауысқанын күн бесінге,
Сұм жүрек біледі ғой...
Білмесін бе...
Ей, менің күншуағым, мүмкіндік бер,
Шығатын күндеріммен тілдесуге», — деп
поэзия аспанында «Бағы жанған Расулша шарықтауға бір сәт құсбегінің торындағы лашындай» лажсыз сезінгенмен, өзгені де өзінше сүйе алатын абзал халқының өз ақынын түбінде табатынына берік сенуі де сондықтан.
Тірісінде қыбырлаған көп торының қамауынан шыға алмай, басқалар сауырын қыздырып, толып-тасқан тіршілік күнгейінен жайбарақат жатып рақат нәрін жұту бұйырмай, таланттың тылсымды әлемі мен өмірдің күйбеңді кикілжіңінде бала-шағаны асырап, бейнет кешумен ғұмыры сарп болған талант иесінің өнері ғана қатыгез уақыттың тезіне түскен сайын, бабына келген жараудай құлпырып, құбыла түседі. Ғұмыр жолы мәңгілікпен өлшенер құдіретті өнер ғана осылайша жұрт армандар жастығын жаңғыртса керек. Өмірдің мәні мен адамның құнын атақпен, тіршіліктегі орнымен өлшеудің далбасалығын айқын дәлелдейтін бұлтартпас құбылыс — осы. Қолдан құдай жасап, қаншама қампитқанмен, Өнер мен Өмір беттескенде — дақпырт пен қолпаштау, алтындаған асыл киім құдіреті былай қалады.
Мұқағали Мақатаев творчествосына осындай бақыт кешпей бақытқа ие болар ғұмыр бұйырған. Әуелі біреу жақтырып, біреу жақтырмай, әр кітабын шығару үшін шашы ағарып, жүйкесін жіңішкертіп, жүрегінен жас тамызған ақынның ірілі-ұсақты туындылары жыл сайын әр шумақ, әр жолына дейін, тереңде жатқан маржандай, сан қырынан сәулелі ұшқын шашып, құпиясын бірте-бірте аша түскендей, бейне «Әулиешоқының» бірде көз ұшында сұңғыла көкке найзадай шаншылып жаныңды арбар, бірде көгілдір аспан әлемінің жайма-шуақтығына қарамастан, жанарыңды жас толғанша қадасаң да, құпия сағымға оранып ап, көрінбей қояр қастерлі құдіретіндей дерсің!
Қазір Мақатаевты жақсы көрушілер, «ол тірісінде маған пәлен деген» деушілер көбейіп келеді. Бұларды екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағылар — ақын шығармаларынан өзі іздеп жүрген жан нәрін алып, сол нәрді жұтқан сайын тұла бойының сәуле түсіп көрмеген түкпірлеріне жан біткендей, осыны сезіне бастаған соң ақынның кітаптарын жастығының астына салып, көз майын тауысқанша ой мен сезім ләззатына бататындар. Ал екінші топта — көкірек көзі ашықтың жас-кәрісіне қарсы шығуға өз абыройының талайынан қорқатындар. Сонымен, Мақатаев жырларына деген жаппай махаббаттың сыры неде? Жыл өткен сайын бас-аяғы тап-тұйнақтай, ешкім ешқандай кінә арта алмайтын, бірақ тұнып жатқан қаныңа бит шаққандай әсер етпейтін бір сарынды ақыл үйрету мен «өйтсем — ұят болады», «бүйтсем — жұрт күледі» деген жасанды ізет пен жылмағай әдептілік қағидасынан туған «әсем» жырлар тасқынының арасында бөлекше жарқылдай түсуінің қандай құпиясы бар?
Бұл құпия — ең алдымен, табиғат берген талант құдіретінде болса керек. Қолына қалам ұстағанның бәрін, Менделеев кестесіндегі элементтердей, бір отауға сыйғызып, бір өлшеммен салмақтауға қаншама тырысқанымызбен, арқыраған өзен қаншалық сулы болса да, теңіз еместігі секілді, табиғат-ана жаратқан болмыс бәрібір өз деңгейін танытары хақ. Мақатаев жырларының құдіреті — осындай таланттан туғанында. Біз, сауатты заманның оқымысты ақындары, жырды тумаймыз, әп-әдемі етіп әшекейлеп, өрнектеп, қашап қиюластырып жасауға машықтанғанбыз.
Ал Мақатаев әр өлеңін — өмірге адам әкелген анадай — туған, босанған. Ол жырлардың бірінің мұрны пұшықтау, енді бірінің балтыры қайыңдай болмауы мүмкін. Бірақ олар тастан қашалған әдемі мүсін емес, тұла бойында тулап жатқан қан, лүпілдеген жүрек, сәбидің тәніндей үлбіреген сезім, бір сөзбен айтқанда — олардың әрқайсысында өмір бар. Ал өмір бар жерде жалғасу, жаңғырығу, мәңгілік бар. Сүйіну мен күйіну, рақат пен өкініш, күлу мен күрсіну бар. Бұлар барда — жек көру мен жақсы көру бар. Әйтеуір, немқұрайдылық жоқ. Өйткені өмір дегеннің өзі, сайып келгенде, осы екеуінен тұрады ғой. Бұл — бір.
Екінші ерекшелік — Мақатаев жырларындағы лирикалық кейіпкерлердің адам баласының бойы мен болмысында үңілмейтін қалтарысы, көрмейтін, сезінбейтін пәлесі жоқ. Адам баласының жан-дүниесі — табиғаттың өзіндей құпия әлем болса, сол әлемде Мұқағали кейіпкерінің баспаған нүктесі кемде-кем. Адамзаттың өзі-өзіне айтпайтын сезім мен жан күйінің шындығын айтады. Айтқанда қалай айтады?! Шынайы поэзия тілімен, поэзия жанымен айтады. Онда сені алдарқататын, жұбаурататын жылы сөз жоқ — бар шындықты ащы зәрімен, тәтті балымен қоса ақтарып айтады. Өмірдің көлеңкелі сайларын айналып өтіп, күнгейлі беткейіне ғана құрақ ұшпайды.
«Тұйыққа келіп,
Тіреліп тұрмын бір түрлі.
Көзімнің нұры көңілімде қалды іркулі.
Жылай да алмаймын, күле де алмаймын,
О досым!
Тауып әкелші ұмыт қалдырған күлкімді», —
немесе
«Не күйде жүргенімді сезесің бе?
Мен сөніп баратырмын, сенесің бе?
Қан майданнан оралған жауынгермін,
Жарадан сау-тамтық жоқ денесінде...»
Адам баласы — жаратылысынан өзімшіл. Өйткені ол өз «менін» мойындату үшін өмірге келеді. Сондықтан оның табиғаты өзін де, өзгелерді де мойындамауға ұмтылады. Ал Мұқағали болса осының бәріне қарама-қарсы: өзгені былай қойғанда, өз бойындағы адамдық кемшілігі мен осал жеріне ата жауының көзімен қарап, өзін-өзі әшкерелейді:
«Аршалы сай!
Неғылған көркем едің!
Сол түні неге мені өртемедің?
Сол түннің қияметін есіме алсам,
Сенен де, өзімнен де жеркенемін».
Өз бойындағы олқылық пен кемшілікті мойындау — үлкен ерлік. Көбіміздің қолымыздан келмейтін ерлік. Біз мақтануға бейім тұрамыз. Демек, мақтануға бейім болмыс басқаларды мақтауға да үйірсек — әрине, шын жүректен шыққан ризашылық сезім емес, әншейін қолпаштау, ішінен жиіркеніп, сырт айналып түкіріп, алдына келгенде көңілінің кеңдігін алдарқатып «сен жақсы да мен жақсымен» күн өткеруге дағдыланған. Өмірдегі осы көлгірліктің өнер әлеміне енуі — халықтың соры. Себебі өнер — халық мұраты. Ал халық мұратына көлгірлік көрсету де, керісінше, сол мұраға татитынына кезінде қатыгездікпенен қараулық көрсету де — қылмыс. Тірісінде, таланты буырқанған дер шағында елемегенсіп қанша тұқыртқанымызбен, немесе арқасынан сипасаң, алдыңа қисая кетіп, сонан соң асыр салып өз құйрығын өзі қызықтайтын бала мысықтай еркелеткенімізбен, халық дананың жігіт көкірегі, жылдар өтсе де, өзі танып алады. Бірақ біздің нағыз өнер мен оған еліктеушілерді дер шағында тануға тырыспайтынымыз өкінішті. Тірі кезінде Мақатаевтың асқар тұлғасын төбе құрлы көре білмеген, жылы сөзімен творчествосына қамқорлық көрсете алмаған біз өлгеннен кейін жылап, еңіреген болып мақала жазамыз, сөйтіп, халық көкірегінен абыройлы мекен табуға тырысамыз. Осының бәрін басынан кешіріп, жанымен сезінген ақын жосаланған жүрегінен жыр сорғалатқан; адамзат болмысын әбден біліп, соның бір өкілі — өз болмысын әшкерелей отырып, бәріміздің табиғатымызды алдымызға жайып салудан жалтармаған. Өмір тек ойсыздар үшін ғана төрт жағы құбыла, көкжиектен күн сәулесі көрінген даңғыл жол; анау, тұлғасы заңғар көкпен тілдескен, мәңгі мұзды алып таудың баурайында не тіршілік болып жатыр, болмаса жолдың екінші жағындағы сыңсыған орман арасында қандай өмір бар, онан әрі аспаннан басқа биіктік жоқтай сезіндірер ұшы-қиырсыз жазық даланың үнсіз тірлігінде қандай құпия бар — айдау жолдың бойындағылар үшін осының бәрі бір, олар поэзия құдіретін сезіну бұйырмағандардай бақытты. Олар қашан да көп болғандықтан дүниенің бәрі өздеріндейлерден тұрады деген қағиданы тұтынады. Демек, жалпақ жалғандағы жақсы-жаманды, қараңғы мен жарықты түгел шолып, аспан астындағылардың бәрін сезінетіндер табиғаты оларға жат, ала қарғадай сирек — ендеше айдау жолдың екі езуіндегі таптанды көктен қанағат алмай, тұяқ баспаған шалғынды ғана іздейтіндерге қиынырақ. Мұқағали Мақатаев жырларында лирикалық кейіпкердің:
«Тілегім қайда менің көкке өрлеген?
Жүрегім қайда менің кек кернеген?
Жүремін неге бұлай бөктерде мен?
Білмеймін...
тек терлегем, тек терлегем.
Апырым-ай, бәрі бітіп қалғаны ма?
Жеткізбей арманыма, алдағыма.
Аяй көр, арманым-ау — ардағым-ау,
Үзілген үмітімді жалға мына», —
деп, қырқылмас құрсауда бұлқынған арыстандай жан ұшыра арпалысуы да сондықтан. Өйткені оның жаратылыс берген болмысы өзіне дейінгі, өзімен тұстас басқалардай тіршіліктің байырғы құбылысының бәрінен қанағат ала алмайды; тауға, тасқа шапқылағанымен, қоршауда қалған үйіріне бәрібір өзі оралатын асаудай бас үйренгісі де жоқ; шілдедегі көлеңкеде де сәби тәніндей діріл қағар жанымен ақпанға да, аңызаққа да жалаң төсін айқара ашып қарсы жүреді. Өзіне бұйырмаған бұйығы тірлікке де қызығады. Қажығаннан қызығады. Бірақ өз табиғатынан шығу мүмкін емес.
«Өмір өтіп барады ертеңменен,
Қайтем оны?
Жанбаған, өртенбеген.
Өзімнен өзім бүгін жиіркенемін,
Өмірде еш нәрседен жиіркенбеп ем».
Цивилизация дәуірі табиғат тылсымдарын қаншама талан-таражға салып, құпияларына қол жүгіртем дегенімен, жаратылыстың шым-шытырық әлемі бәрібір өзінің қалтарыс-бұлтарысты түкпірлерінен ешқашанда ада қылмай, қайта барған сайын құпия құдіреттің шарбысына орана түседі. Мақатаев поэзиясы да, алғаш бір сыдырып қарағанда, түйе жүн шекпен жамылған аңғал-саңғал қыр қазағының жан дүниесіндей қарапайым, кейде тіпті тым қарабайыр боп көрінгенмен, қайталап оқыған сайын, әлдебір беймағұлым ойларға батырып, адам жанының сан торапты құпияларына бастайды. Әлгі қарапайым деген жолдар, ентікпей еркін шығатын иек астындагы төбе құрлы көрініп, жақындаған сайын биіктей беретін құдіретті құздай дерсің. Бір таудың сілемдері қаншалық шұбатылғанмен, бір тасы екіншісін қайталамайтынындай, ақынның мол творчествосындағы өркеш-өркеш жырлар да жеке-жеке тұратындай ерекше, бірінен-бірі бөлек. Ақынның (жалпы творчество адамының) өсуі деген үлкен процестің бір тармағы осы болса керек. Біздің көбіміздің түбімізге жетіп жүрген — бір жайлаудың шұрайын көктем, жаз, тіпті күз бойы тұяққа тілдіріп, сонда да соны көгал іздеп, ат тұяғын талдыра жер қарауға бетімізден басатынымыз, сөйтіп, тамыры қырқылған жердің ақ шаңдағын қоныстанып мәз болатынымыз. Мақатаев:
«Армандаймыз, аңсаймыз, қиялдаймыз,
Мына думан өмірге сыя алмаймыз.
Бос қиялмен өтпесек жарар еді,
Көктемеген егінді жия алмай біз.
Өзімізді себебі жиі алдаймыз,
Өзімізден-өзіміз ұялмаймыз», —
деп, әр кітаптан келесі кітапқа келгенше, сан түрлі соқпақтарды өткеріп, мазмұнның да, тақырыптың да соны қонысын аласұрып іздеумен кеткені — кезінде ешқайсымыз үндемегенімізбен, сол үндемеуімізбен «осынау сәуле шашқан кең өлкеде, сірә, мен қаламын-ау көлеңкеде» деп ақынды өзіне-өзі күмәндануына мәжбүр етіп, «өзіндей өгейсіген мұңдыларға ақтарылғысы келетін» сәттерін көбейткенімізді бүгін өкіне-өкіне ойлағанымызбен — творчестволық өсу ақиқаты. Ал өсу дегеннің өзі, сайып келгенде, қанағатсыздықтан туады. Әдетте, біздің халықтың ұғымында бұл сөз «араны ашылған», «тойымсыз» деген ұғымдардың баламасы ретінде, құлаққа да, көңілге де жағымсыз естілері бар. Бірақ біздің әңгімемізде ақын жанының ылғи ұмтылуы, жеткен жерін қанағат тұтпай, жаңа биіктерді армандауы. Қанағаттану — тұралау, әлгіде айтқан сартап жайлаудың шаңдағында шыр айналу. Ал Мақатаев болса:
«Бәрі де бар...
Басымда бәрі де бар.
Жан емеспін жарымжан дәріге зар.
Жетпейтіні жүректің әні болар,
Жетпейтіні — досым аз, сырласуға,
Өмірім аз, жетпейді бір ғасырға», —
деп, өлең-өзеннің дауыл құшқан тасқынды кеудесінде арпалысып жүріп, от шашып, шоқ бүріккен көкірегін бір жеңілдетуді армандап дос үйінің қоңырауын қаққанда есігін ашып, кері жаба салатын «жанашырлардан» өрт көңілі құздан құлай жүріп, әйтеуір, алға — анау жан біткен жете бермес тылсымды айдынның төріне ұмтылады. Аңқылдаған ақ көңіл ақынның сәби жанын «жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген, жақыныңның жат боларын кім білген» дегізген орта мен өмір — өздері-ақ өсіріп, өздері-ақ есейткен. Ақын жылай жүріп, тағдырына нала айта жүріп, өлең өрдің биігіне жарақаты мен жан азабына қарамай өрмелей берген.
«Жақсылықтың қимайсың қалдығын да,
Қарғысың ба, қалдырған жарлығың ба?
Мен дегенде жыландай жиырылып
Керісінше істейсің барлығын да», —
деп тағдырын тілдеуі де осындай өзек жыртар өгейсітудің салдары екені анық. Осылайша, «дауыл ұлып, толқын ұрған өмірдің кемесінде шайқала жүріп» тіршіліктен маза көрмей кілем тоқып, гүл өрген, біресе асқар таулардың шыңына ақша бұлт боп қонақтап, біресе қара жерге аспандай төніп, түнере жүріп ақындық дегеннің жазылмас дерт екенін ұққан, сол дерттің жан шыдатпас қызуына күйіп жүріп те:
«Мазалай бер, мазала, тыным берме,
Әбігерге сала бер ұрын кел де.
Желпіп жібер шаттықтың шәйісімен,
Бүкіл мына ғаламның мұңын бер де!» —
деп, әлі де бәрі аздай, істеген іс өнбей, түк бітірмей сенделме күй кешкендей қанағатсыз сезім иіріміне тереңдей берген, шулы жағалаудан жалғыз жырақтай берген. Жалғыздықтың, оның үстіне тылсым кешкен қатерлі сапар үстіндегі жалғыздықтың қасіретін қай сөзбен айтып жеткізерсің?! Көрсеқызар, жылтырақ пен жымысқы пыш-пышқа үйірсек көңілдердің жетесіне жете қоймас сөз құдіретінен жырақ аралда жатқан жоқ па?!
«Сағым боп аққан сан жылдар,
Сарсаңға мені салдыңдар.
Тағдырлас маған тағдырлар,
Қай жаққа кетіп қалдыңдар?
Сайрандап күнде келетін,
Саялы баққа барабар.
Сан етін ойып беретін
Қай жақта жүрсің, ағалар?!»
Жарық дүниеден жан таппай, өлең жалынын басар жер таппай, осылай жалғыз сенделген ақынды сенім ғана алға жетелейді, аумалы-төкпелі өмірдің алмағайып өткелдеріндегі серігі де — сенім.
«Шыныменен дос жоқ-ау,
Дос жоқ менде.
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?
Осылай бір байламға келдім бүгін,
Қарадым да сүйіскен қос кептерге.
Сәл сабыр ет, ей, достым, жасымағын!
Доссызбын деп мен неге ашынамын?
Дос көп менде қашаннан, досым — халқым,
Қараймын да мен соған басыламын».
Ақынның алып жүрегі алданбаған. «Кішкене асудан да кедергі-кеселсіз өту бұйырмай, тірлігіндегі бар бақыты арманы мен сенімі» ғана болған Мақатаев творчествосының жан дүниесін тұтастырып, күрт кетірер күйректіктен, жел-құзға төтеп бермес желбуаз желпілден қорғалап тұрған алтын діңгек — ақынның жырларындағы туған халқына, ол қаншама көрсеқызар, қаншама құлап түскіш көңілшек болғанмен, деген сенім. «Мақатаев жырларында күйректік мол» дегенді тойған ешкідей тырсиып тұрған шаттық пен «қарның ашса — тамақ іш» деген пәлсапаға тойынып алған біраз жұрт күңкілдеседі. Өздеріне сенімі жоқтар өзгенің бәріне де күдікшіл, күңкілшіл келеді. Меніңше, Мақатаевтан асқан оптимист ақын жоқ.
Ал Мақатаев жырларындағы трагедиялық сарын неден, қайдан туған?
Өмірдің өзі әрбір есі бар мақұлық үшін күрделі кұбылыс екенін бізге дейін бастарынан кешірген естілер айтып кеткен. Әңгімеміздің басында біз де құр қалуды ар көріп, шолып өттік. Ал жер бетінде, арыстанның арыстан болғаны үшін көзін тырнағысы келіп, оның алып басына шапшыған мысықтай мияулағыштар тұқымы барда саны сирек арыстан құдіреттілерге тіпті қиын. Күш айбарын сынасар өзі теңдес алыптар да аз емес, бажылдаған ұялас мысықтар жан-жағынан құжынап, бірі — тірсегіне, екіншісі — омырауына жармасып әбден ығыр қылары бар. Әдебиет пен өнер майданында да дәл осы көрініс бағзы заманнан өшпес құбылыстай жалғасып келеді. Ондайлар өздері данышпансу үшін шын дананың бәрін құртуға бар.
«Сынауға тіптен құмар кім көрінген,
Әйтеуір, кінә тауып бір жерімнен.
Сырласып отырамын ондайда мен,
Мазасыз кұндеріммен, түндеріммен.
Өтсе өтсін,
Басыма бақ бұйырмай,
Тіл кесілмей тұрсын тек, жақ қиылмай».
Мұқағали Мақатаев ақынды да осылай күйзелдіріп, оған айлакер, арамзалардың, алаяқтардың аяғын көктен келтіріп матайтын Ақиқат атты елді, оған апарар жолды іздетіп сандалтқан, алауыздық сепкен арамдарға Ақиқаттың ақ сүңгісін қадайтын сәтті аңсатқан осы өзіміз періштесіп жүрген ортаның көрінісі емес пе еді?!
«Бірін-бірі толқындай атқылап жүрген тірлікте орнына қорқып жатып, орнынан қорқып тұрған» ақынның творчествосы үшін соғар қайран жүрегін сәт сайын солқылдатып тепкілеген, немесе тепкілеткен, қала берді осылай сезінуге мәжбүр еткен біздің бүгінгі жыламсырағанымыз не үшін, кімге қажет? Өзінің жүрегі жалындап, ақындық шабыттың дер шағында жүрген кезінде туған күнінде дуылдасып, ағалар төр басында отырып, іні-қарындастары сайып қырандай алып-ұшып жүгіруге жарамағанымыз:
«Тойланбаса,
Тойланбасын,
Не етейін,
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін», —
деуге мәжбүр етті емес пе?!
Мұқағали Мақатаев жырларында жалпы халық, партия, Ленин, Отан тақырыбы ерекше орын алады. Бұл тақырыптағы туындылары ақын идеалының мөлдір шыңы, оның болашаққа деген сенімінің қуатын аңғартады. Оның «Мавр», «Ильич», «Большевиктер» және де басқа туындылары азаматтық тақырыпқа жазып жүрген көпшілігіміздің жырларымыздан анағұрлым еңселі де астарлы, себебі, оның әрқайсысында жерошақ айналасында жүріп бос қызықтамай, шындықтың қайнап жатқан қазанына батып, саяси-қоғамдық күрестің биік парасатын ынты-шынтымен ұғынудан туған ойлы жолдар, түйдек-түйдек қуатты шумақтар жатыр. Қазақ әдебиетінде Ленин, Маркс туралы мұнша әзірлікпен, түсінікпен ішкі тебіреністен туған күрделі шығармалар болған емес.
Мақатаев творчествосы — кең де күрделі дүние. Ондағы махаббат, әйел, табиғат, туған жер, ұрпақ секілді творчество тақырыптарының әрқайсысы өз алдына зерттеп, үңілуді қажет ететін, түрен салынбай жатқан даладай тың.
Менің бұл жазып отырғаным ғылыми-зерттеу еңбек емес, өзімнің Мақатаевтың «Жазушы» баспасынан жарық көрген екі томдық шығармалар жинағын оқып шыққаннан кейінгі ой-пікірлерім мен ақынға деген, оның аруақты жырларына деген сезімімді білдірер мақала ғана.
Мен биыл жұмыс бабымен Шымкент облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарында болғаным бар. Өзбекстанның Гагарин қаласына да аз мезгілге соқтым. Жүрген жерімнің бәрінде де кітап дүкендерін араладым. Жұрттың аузындағы «Мұқағалидың екі томдығы шығыпты, ала алмай қалдық», «Үлкен таныстықтың күшімен әйтеуір алдым-ау», «Шымкенттегі кітап базасында бір танысым бар еді, соған барып қайтпасам» деген үзік-үзік сөйлемдерден ақын жырларының су мен ауадай қажеттігін аңғарасың.
«Жазушы» баспасы жақсылық жасаған. Жақсы жырға сусаған халық Мақатаевтың екі томдық шығармалар жинағын алып, құмардан шыққандай, баспадағыларға шын алғысын айтуда. Осы томдарды оқып шығып, өз толғанысымды жазу үстінде маған біраз ойлар келді.
Кітаптардағы ірілі-ұсақты шығармалардың жазылу жылдарын көрсетуге болатын еді. Бұл — ұрпақтар үшін қажет. Жүйрік жылдар екпініне ілестіріп кешегі мен бүгінгінің бәрін тарихқа айналдыруда. Қолжазбалары мен көз көргендердің бар кезінде өлең, поэмалардың жазылу даталарын анықтау мүмкіндігі молырақ кезде, аз-мұз қиындықтан қашпау керек еді.
Мақатаев шығармаларының арасындағы «Жан азасы» секілді шоқтығы биік, көлемді де көркем туынды — ақын дүние салғаннан кейін ғана жарық көрген «Райымбек, Райымбек!» поэмасы. Осы поэма екі томдық шығармалар жинағынан орын алуға тиіс еді.
Үшіншіден, Мақатаев туралы естеліктер жинағы мен творчествосындағы ерекшеліктерді, ақын табиғатын ғылыми тұжырымдайтын әдеби еңбектерден кітап шығару да ерте емес. Біз көбінесе той өткесін даңғыра соғып жүретін халықпыз. Мақатаев қана емес, орны бар, өз биігі бар деген қазақ өнер иелері туралы естеліктер кітаптарын шығарудың ұрпақтар үшін тәрбиелік мәні зор болар еді.
Төртінші бір ой — халқымыздың әдебиеті мен өнері тарихындағы үлкен-үлкен тұлғаларға — Сүйінбай, Сүгір, Құрманғазы, Дина, Сара, Ақан, Біржан, Ахмет, Кенен, Бейімбет, Қасым, Тайыр, Мұқағали, тағы басқа — ескерткіш салуды ойластырған артық болмаса керек.
Қазақ топырағы қашан да талантты тұлғалар туғыза білген. Тек олардың әрқайсысын тым болмаса өмірінен кейін қастерлеу, әлем жұртының мұрасына айналар творчестволарын өз дәрежесіне көтеру — тірі ұрпақ парызы. Олар өз жасайтындарын халқы үшін, туған топырағы үшін жасап кеткен, ескерткіштерін де өздері қолдан құйып кеткен. Ал оларды жарқыратып көрсете білу — бізге сын.
Мұқағали Мақатаев — осындай, ұрпақтар ілтипатына лайық тұлға. Ол «алабұртқан таңдар мен қарауытқан таулардан, қасы мен досынан, тіпті жоғалып кеткен замандардан да, арман мен сағыныштан да» поэзия пырағын іздеумен ғұмырын жастай сарп етіп, ақындық бақытқа талпынып қол сермеумен өтсе де, өз халқына, туған жұртының ұрпағына деген сәуле-сезімді жүрегінен өшірмей кетті.
«Жылдардың ұзаруда тізбектері,
Жыл өтті,
Бара жатыр күз де өткелі.
Қыс та өтер,
Қыспен бірге мен де өтермін...
Бақытым жүрсе болды іздеп мені», —
талант тылсымы мен тіршілік тауқыметін қалжырай жүріп сең кешкен, сең кеше жүріп жарқ еткен сәуле біткенге бақытым деп жан ұшыра ұмтылған ақынның ағыстар мен толқындар иірімдерінен тұратын жан дүниесі барлық достары безінгенде де, өксіктен өртеніп езілгенде де жыр жолдарынан ғана жанашыр тауып, салқын ақыл мен сарабдал сана да тоқтата алмай, ақыры өртті сезімін кімге төгерін білмей өртеніп кеткен, сол жан өрті, жүрек алауы барған сайын көкжиекті тұтас шарпып, жылуын аймаққа таратуда.
Мұқағали ұмтылған бақыт сол алауды біржола межеге алып келе жатыр.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі