Сананы тұмыс билеген заманда адам баласының рухани қалыптасу процесінде көркем әдебиеттің алатын орны жайлы ой қоғамды да, қоғамды билеуші қайраткерлерді де елеңдеткен емес. Қазақ халқының тарихында да, бірегей хандар тұсында болмаса, ұлттың ұлт екенін дәлелдейтін тума таланттардың қадір-қасиеті бірден бағаланып, өз деңгейінде құрметтелген кезі жоқ.
Шығармалары туған халқымен, ананың тілімен бірге жасайтын, жаратылыс атты ұлы күш табиғи талант құдіретін берген өнер иелері әдетте елеусіз, қақ-соқтан, қоғамдағы топтар мен таптардың тартыс-тіресінен оқшау жүреді, не шығармасын, не өзін көлденең тартып, көлденең тұрмағанды көзіне ілмейтін шабуылдаған жұрттың назарына ілініп қалуды, күндік бедел жинап, арзан дабыр мен атақ-абырой алуды ар санайды.
Осындай түста ұлттың рухани, мәдени өмірбаянында шығармашылығы түкке тұрмайтын көк езу біреулер шен-шекпенге оранып алады, белсенді, белді суреткер болып шыға келеді. Мұның бәрі қоғамды билеушілер өресінің адамзаттың санасы мен мәдени деңгейі өсіп жетілген бүгінгі шынайы өнер биігіне көтеріле алмай, алғашқы қоғамдық құрылыс заманының дүниетанымы дәрежесінде бола тұра, ұлттық тұлғалар тағдырын өз шамаларымен шешуінен. Қай кезеңде болмасын, «халық жақсы көреді», «халықтың сүйікті жазушысы» деген тіркестер жиі айтылғанмен, қоғамдағы өресіз басшылық бәрібір өз мөрін тек өзінше басатынына куә болып келеміз.
Шерхан Мұртазаевтың жазушылық тағдыры соқпағына көз жүгіртсем, мен осындай тұжырым-ойларға тірелемін.
Ұмытпасам, 1982-жыл ғой деймін, бірде «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына өлеңдер апардым да, Шерхан ағамызға сәлем берейін деп (ол кезде редактор сол кісі болатын) бас редактордың бөлмесіне келдім. Алдындағы бір кітаптық қолжазбаға қарап, ойланып отыр екен. Көңіл-күйі онша емес көрінді. Әншейінде де жарқылдап, жеке басының жетістігіне желпінбейтін кісі екенін білемін. Менің сұраулы жүзіме көзі түсті.
— «Қызыл Жебенің» үшінші кітабы «Жұлдыз көпірді» бітіріп, «Жұлдыз» журналына беріп ем — баспай, кері қайтарып берді. Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовке секретариатта талқылатыңыз, үкімет пен партияға тіл тиетін жері жоқ десем, «орысшаға жолма-жол аударма жасап әкеліңіз, әйтпесе қазақша оқи алмаймын» дейді. Тұтас романды қапелімде орысшаға қалай аударам... — деп Шерхан ағамыз сыр шерткендей болды. Жазатын адам үшін жазғанын шығара алмаудан өткен қасірет-күйініш жоқ екенін өзім де жақсы түсініп қалған кезім болатын. Дәл соның алдында «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан әйелдері», «Лениншіл жас» басылымдарында байқаусызда ғайыптан тайып жарияланып кеткен менің топтама өлеңдерім Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде едәуір сөз болып, «Жазушы» баспасынан шыққалы жатқан «Сұхбат» атты жинағымды бас редактор Есет ағамыздан бастап, қатардағы редакторлар Ұлықбек пен Иранбекке дейін лупамен қарап, Ғабит Мүсіреповтың алғысөзіне, Әбділдә ағамыздың кітабымды талқылауға арналған редакциялық кеңесте менің өлеңдерімді қорғап сөйлеген сөзіне ешқайсысы құлақ аспай, құрдымға құлағалы тұрғандай күйде жүрген кезім еді. Мұндайда Марина Цветаева айтқандай «өзіңе, өз творчествоңа деген «тәкаббар сенімің сенімсіз тұңғиыққа батып», жазатын адам біржола тұншығып тынардай қауіпті көңіл күйін кешеді.
— Аға, «Жұлдыз көпірді» мен басайын... «Пионерге», — дедім. Сол сәтте ағамыздың түңілген көңіліне бір сәуле себуге тырысып айтуын айтып қалсам да, қазақ балаларының көлемі инеліктің қанатындай журналын бұл кісі менсіне қоймайды ғой деген көңілімдегі күдікті ойды көзім аңғартса керек:
— Рахмет, айналайын... Журналыңның жалғыз бетіне бассаң да, ризамын. Тек... саған да рұхсат ете қоймас, — деп Шерхан ағамыз төмен қарады. Бірер күннен кейін «Жұлдыз көпірдің» біздің журнал көлеміне лайықталған 10-15 бетін алып, Орталық комитеттің баспасөз бөлімін басқарып отырған Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаевқа бардым. Журналға басқым келетінін, басылымның әр санындағы шағын хабарға деген ой електерінен өткізіп отыратын цензураға ескертуін өтіндім. Ол кісі көз жүгіртіп оқыды да:
— Саясатқа жат ештеңесі жоқ секілді ғой «Жұлдыз» қорқатындай, — деді. — Журналыңызға баса беріңіз.
«Қызыл жебе» романы жазылып жатқанда, алғашқы шағын үзінділері газет беттерінен көрінген жылдары «Мұртазаев халық жауын дәріптеп жатыр» деп біраз жазушы ағайындарымыздың алаөкпе болып жүгіріп, Орталық комитетке арыздан жаңбыр жауғызып, мінбе тисе, «Қызыл жебенің» бас кейіпкерін де, авторын да қазақ атаулының қас дұшпаны деп дәлелдемек болғандары біздің жадымызда шежіредей жатталып қалыпты...
Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаевтың «Лениншіл жаста» редактор болған жылдарында Жұмекен, Әбіштерден бастап, бұл күнде әдебиетіміздің бір-бір белгілі қаламгері атанып жүрген ақын-жазушылар тобын тәрбиелегенін, «Жалын» журналына, «Жұлдызға», «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып қызмет атқарған кездерде де тек таланттардың шығармаларын басуға, соларға қол ұшын беруге тырысқанын, ол кісі бұл күндері басқарып отырған қазіргі «Егеменді Қазақстан» газетінің де халық арасында беделді басылымға айналып отырғанын осы таңда әркім өз әлінше айтып жатқанмен, қазақтың әдеби сынында Мұртазаев-жазушының орны өз деңгейінде, өз мәнінде айтылған жоқ.
Әр жазушы әдебиетке әртүрлі жолмен, әр түрлі деңгейде келеді. Әдебиетке Шерхан-жазушы жалғыз өлеңімен немесе алғашқы шағын әңгімесімен жарық жұлдыздай жарқылдап келген жоқ. Мысалы, Әбіш Кекілбаев жиырма үш жасында жазған «Шыңырауымен» қазақ прозасына ерекше құбылыс болып келсе, бұған дейін «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттеріндегі очерк, мақалалары арқылы аты елге жақсы таныс Шерхан «Белгісіз солдаттың баласы» повесі, «Қыз бен бота» атты әңгімесімен елеусіз ғана ептеп басып әдеби прозаға келді деуге болады. Мәселе жазушының қай шығарманы қай жаста жазғанында емес. Тарих ұрпақтары жазушының жасын талғамайды, шығармасын таңдайды. Таңдайына татыса ғана, тамсана ләззәт алады. Ләззәт ала отырып, өзінің рухани деңгейін өсіріп, дүние таным кәкжиегін кеңейтеді.
Шерхан Мұртазаевты жазушы ретінде танытқан «Қырық бірінші жылғы келіншек» әңгімесі мен «Мылтықсыз майдан» повесі. Жазушы о бастан түймедей ойдан түйедей роман жазуға бой ұрып, көпірме сөздің көбігімен оқырманын қоректендіруге жоқ. Керісінше, жинақы сөйлем, сырбаз сөзбен сурет салады. Өмір суреттері еді олар.
Жазушы мен оның жылдастары жүріп өткен соқпақтарға түскен біздің ұрпақ та ол суреттерге қанық еді. Әкесі майданда, жас ананың жұбаурап өткен өміріне өзегі өртене куә болған жасөспірімнің күрсінісін жасырған жамау көңілі біздің қайсымызға таныс емес?!
Шерхан-жазушының алғашқы әңгіме, повестеріндегі ең басты ерекшеліктер: адам баласының жан күйзелісін, ыза мен кектен тығырыққа тірелер шарасыз күйін аса шебер суреттеуі; қазақы мінез-құлық пен табиғат көріністерінің адам жанымен астасып қаз-қалпында сөзбен бейнеленуі. Мына бір суретке көз салыңызшы:
«Жол қатқақ. Шынының сынығындай қабыршақ мұз кездеседі. Наурыз болса да, әлі ызғар бар. Таяуда ғана алтын күрек жел соғып, қалған-құтқан үрінді қарды сыпырып-сиырып әкетіп, сай-сайда гүрілдеп қызыл су жүрген. Енді су тартылып, көк қылтияды. Бәйшешек жұмыртқаны жарып шыққан балапанға ұсап, жердің қабыршақтанған топырағын тесіп шығып, шоқ-шоқ болып тұр».
Шерхан-жазушы бұл шығармаларында философиялық тұжырымдар жасамайды немесе ұнамсыз құлықтыларды шымшылап әзіл-оспақтың астына алмайды, кейіпкерлерін көркемсурет галереясындағы көріністей көз алдыңнан тізбектейді.
Баласы Орақ туғанда кіндігін өз қолымен көмген табалдырыққа көз алмай қадалатын паралич соққан Арай кемпір, мылтығының аузын төмен жіберіп, ақ есектің үстінде шалғы мұрты салбырап әлдеқандай болып шіренген Бадырақкөз, еріні піскен шиедей албыраған Тотия келіншек, көрген қорлығын ішіне түйіп, жас болса да, жасамыстай күй кешетін Барысхан бала, өгіз арбамен кетіп бара жатқан атасының соңынан әлдебір сұмдықты алдын-ала жүрегімен сезгендей, құлазыған жүзбен қарап күрк-күрк жөтеліп тұрған кішкентай Сүлеймен, плотинаның кілтін өз бетінше ашып, арманына жетіп құлаған қиқар шал Бұзаубақ, құдай берген бойы 2 метрдей болса да, сұрау белгісіндей еңкейген Аталық ақсақал...
Осылардың әрқайсысы Мыңбұлақ маңындағы Ақсай ауылында ғана емес, қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі ірілі-ұсақты ауылдардың бәрінде де болған, бәріміздің сол жылдардағы көнекөз таныстарымыз. Әдебиеттегі сыншылар айтатын типтік кейіпкерлер деген осылар болар деп ойлаймын.
Қырғыз ауылындағы қолдары сидиған Нұралы шал құшағына қысқанда, әкесі майданға кеткелі еркек атаулыдан мұндай мейірім көрмеген бала Барысханның мына бір күйі балалығы соғыс отына шарпылған ұрпақтың қайсысының басынан өтпеді...
«Бұл үнсіз тұншыққан жылауда толып жатқан шағым бар еді: әкейдің жоқтығы, Қайрақбай қарауылдың сиырын колхоздың жоңышқасына түсті деп, шешемді былапыт сөзбен балағаттағаны; қыстың ұзақ, боранды түндерінде үрпек бас үш бала Айшаның бауырына тығылып бір көрпенің астында боранның ұлыма дауысын тыңдап қорқып жататынымыз: Жуанқұл бастықтың жұмыртқаны ұрлап жейді деп Ақжол дейтін күшігімізді атып өлтіргені; тамыздың айсыз түнінде Борандының элеваторынан қайтып келе жатқанда, есегі жүйріктер озып кетіп, мен елдің ең соңында жалғыз қалып, жол-жөнекей терең-терең сайлардан өткенде үрейден тынысым тарылған кезде, Евгеньевканың бұзық балалары жалғыз өзімді ортаға алып сабағаны; сонда менің, жүзін көрмесем де, сыртынан медеу тұтып жүретін Медет деген бауырымды іздегенім — бәрі-бәрі мына шалдың алдында ақтарылған арыз еді. Үнсіз, тілсіз арыз. Кәрі көкірек соның бәрін айтпай-ақ түсініп қойды. Мені бауырына қысып, көпке дейін егіліп тұрып алғаны да сондықтан».
Шерхан-жазушының «Бұлтсыз күнгі найзағайы ма», «Мылтықсыз майданы ма», «Табылған теңізі ме», жоқ, көздің жасындай мөлдіреген, кесенің түбіндегі ұрттасаң, жұта бергің келетін саумал қымыздай дәмді «Интернат наны», «41-жылғы келіншек», «Шекшек шырылдайды», «Айырбас», «Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар», «Сусамыр» секілді шағын әңгімелері ме - Жаратылыс атты ұлы суретшінің қыл қаламынан шыққан Өмір деп аталатын полотноның қан-сөлімен, бұлақ-сорымен жұлып алынған қиындысындай шынайы.
Жазушы табиғаты, Жаратылыстың басқа да тірі организмі секілді, өседі, өшеді. Жазушы шеберлігі де қайралған қылыштай шыңдалады. Өтпейтін пышақтай мұқалып, сарытап болған жайлаудай өрісі бір деңгейден ұзамайтын жазғыштар көп.
Ылғи өсу, бір кезеңнен екінші кезеңі биік тартып асып түсіп отыратын жазушы сирек. Сол сиректердің бірі — Шерхан Мұртазаев. Бұған дәлел — оның қазақ прозасындағы «Абай жолы», «Қан мен тер», «Менің атым Қожа», «Үркер», «Боран» шығармаларымен қатар тұратын «Қызыл Жебе» романы. Ол әдебиетіміздегі кесек дүние. Кесектігі — таңдап алған тақырыбының өтімділігінде емес. «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» қағидасы өнер табиғатына жүрмейді. Қазіргі жалпыдай білімді дәуірде әр кезеңде болып тұратын зәру нүктені басып, жұрттың көңілінен шығуға әуестеніп алған жазушылар болады. Әдетте олардың көркем шығарма деген дүниелері газеттік публицистика немесе проблемалық очерктің о жақ бұ жағында болса да, көркемдік талғамын күнделікті күйбең тірлік күстендірген оқырман ауырған жеріне тиіп кеткеннің бәрін дәрі деп қабылдайлы.
Ал «Қызыл жебенің» жөні бөлек.
Самарқанның саудагер сартына екі қой беріп сатып алған сонау Қоқан хандығы тұсындағы көне шеберлер жасаған, бір кезде бұлбұл үніндей сыңғырап ашылып, сыңғырап жабылатын сандықтың қажалып біткен сүлдеріндей қалжыраған тірліктің опасыздығына бас имей, әділет іздеп дүниеден өткен, болмысынан батыр Рысқұлдың кесек бейнесі бұл фәниде алдын — ала періште не сақабаларынан хабар бермей келе қалса, Құдай тағаланың өзіне де көзі түспейтін, құрығының арқасында құдіреті күшейген Саймасай болыстан Орта Қараш тұсындағы шөккен нардай қырқада тұрып жалғыз оқпен шалқайып тұрып кек алған тұста емес, Шолақ Шабдардың үстінде отырып кішкентай Тұрарымен қоштасқан сәтте бүкіл ішкі жан тынысымен, бар болмыс-бітімі ашылады. Әйтеуір менің қабылдауым солай.
— Тұрар, жігерім! — деді даусы дірілдеңкіреп. — Сенен несін жасырайын. Кетіп барамын. Жолым ауыр. Бірақ қандай бір күн туар, нендей бір ауыртпалық болар, еш заман әкеңе күмән келтірме. Мен де бір адасқан жанмын. Кімдерге қиянатым да болды, ал, арам болған жоқпын. Өсерсің, ақыл кірер, сонда түсінерсің сорлы әкеңнің қан жұтып, қаһар кешкенін. Жеңешеңді ренжітпе. Түйметайға қарап жүр, қарғам. Ал, үйге бар. Қуғын келіп қалар».
Қай заманда да Рысқұлдарын сандалтқан аз халықтың тағдыры да, болашақ ұрпаққа айтар ұлағаты да, өкініш өкісігі де осы бір асығыс қоштасқан, тамағыңа лықсытып әкеліп бір түйіншекпен қылғындыра өксітетін қимас сәттегі үзік-үзік айтылған осы бір сырда бүкіл романның өзегі жатқандай көрінеді маған.
«Қызыл жебені» алғаш қолыма алғанда, Шерхан ағаны адам ретінде де, суреткер ретінде де өз басым ерекше қадір тұтқандықтан болса керек деп ойлаймын, қобалжып, күдік буындырған көңілімді босата алмағаным әлі есімде. Мұхтар Әуезовтың әлемдік мұраға татыр әйгілі «Қараш-Қарашынан» кейін сол бір тұс қалай баяндалар екен деген қорқыныш еді менің көңілімді буындырған.
Қазақ даласының эпопеясы арқылы ұлы перзенттер туатын айдай сұлу ақылгөй аналары, елдік пен кеңдіктің кемеңгеріндей бабалары, пасықтары мен пысықтары, аз күн атқа мінсе, ақыл-есінен адасып, жанындағы жандайшап жылмаңдар мен жылпостар қазған жылымға түсіп ақыры құрып тынатын атқамінерлері, кісі қызығатын қылығы, пыш-пышы мен былығы мол қазақ деген халық бар екенін әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің бүкіл бір әңгімесіне арқау болған Саймасай болыстың ажал сәті Мұртазаев-жазушының романында өмір бойы мұқалмай, әділетсіздіктің тоғышар бойкүйездігі мен ожар озбырлықтың опасыздығын нысанаға алар Қызыл жебе ғұмырының увертюрасы!
Көп қызылкөздің «осы жерде бір сүрінерсің бәлем» — деп Мұртазаевқа кіжіне дәметкен тұсы да осы бір көрініс еді. Жоқ, қызылкөздердің көмейі Қараш жотасына шамырқанған дала қазағының ызалы кегіне қақалып қалды!
— Саймасай! Мен Рысқұлмын. Көкірегіме запыран симай кетті. Соның бір түйірін сенің кеудеңе түкірсем деймін. Сен көзінен сорасын ағызған сорлылар үшін! Сен сөлін сорған жарлылар үшін! Қызыл жебенің қаны үшін!
Мылтық даусы гүрс еткенде, әуелі қою түтіннен түк көрінбеді. Дәрінің иісі бұрқ етті. Сәлден соң шалқалай құлаған болыстың бір аяғы үзеңгіден шықпай, үріккен Қалдықызылдың сүйреткісінде үйдей дене үлпек қарды сыпыра, артында қап-қара жолақ сызық қалдырып бара жатқанын көрді.
— Бүткіл өмірің, қара сызық еді сенің, Саймасай! — деді Рысқұл маяның тасасындағы Шолақ Шабдарға асыға беттеп бара жатып».
Беу, дүние-ай десейші!.,. Сан мың қолды аузына қаратқан дуалы сөздің қасиетті мінберіндей күміс ер-тірліктен жұлдыз тағдырлы әркімнің қалай, қашан ағып түсерін бір Алланың өзі біледі... Тек... әлемді жарқырату үшін қараңғылықты ысырып, өзін-өзі өртеп жіберетін жұлдыздай тағдыр әр адамға берілсе ғой!
Мен жазушы Шерхан Мұртазаевтың «Қызыл жебе», оның үшінші кітабы «Жүлдыз көпірге», болмаса халқымыздың ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмырының соңғы кезеңіне арналған, әлі баспадан шыға қоймаған «Тамұқ» кітабына әдеби талдау жасаудан аулақпын. Менің айтайын дегенім — халқымыздың ұлы перзенттерін шаңға көмген мылқау Мезгілді, қараңғы түнекті жарқыратқан Жұлдыздай ысырып тастап, ұрпақтарға табыстырған жазушының бұл шығармалары әдебиетіміздің өмірбаянындағы жарқын беттер екені.
Ұлылығыңды өліміңмен көрсетпесең, көңілі толмайтын елдің зиялы ұрпақтары Мұртазаев-суреткердің бұл шығармасынан талай-талай ғылыми еңбектер жазар.
Сонау алпысыншы жылдары алдымен журналистік қару-жарағын сайлап алып барып Әдебиет отауының табалдырығын елеусіз ғана аттаған Мұртазаевтың драматургияға келуі қалғып-мүлги бастаған театр дүниесін дүр сілкіндірген оқиға болғаны рас.
Оның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» драмалары әдетте жылтыраған сылдырмақтарының сылдырына арбалып, ақ шарбыға оралған Аспарадай буалдыр көрінетін Өмірдің қан аралас шындығының терісін тірідей сыпырып, көрермен көзіне жас толтырды.
«Сталинге хатты» қатарынан үш рет көріп, «Казахстанская правда» газетіне мақала жазғаным, газеттің сол кездегі редакторының орынбасары Радионов мақаламды жібермей, екеуміздің біраз жерге барысқанымыз әлі есімде.
Адам баласының табиғаты деген қызық-ау. Басқалардан ғұмыр бойы көрген жақсылығын тез ұмытады да, ренжіген, өзінің ойлағаны болмай өкпелеген сәттері жалбыршақ қарынның бір қыртысына тығылып, кісінің ішінде жатып алады. Жоғарыдағы оқиғаны дәл осы мақалаға қыстырмай-ақ қоюға болар еді. Бірақ жұрт білсін деп әдейі жазып отырмын. Қазақтың шарана төлді елдің көзіне түсірмеуге тырысатыны тәрізді, біз ылғи үбектеп шындықты жасырып-пысырып жүреміз. Ал, бұл, ақиқатына үңілсек, — өмір, керек десеңіз, бір халықтың, оның азаттығы мен елдігінің туын көтеріп жүрген азаматының тағдырына қатысты жәй.
Қашан да нағыз суреткер өз қаламынан шыққан дүниенің қай-қайсысын болмасын көлеміне қарай көктей салмайды. Ірі-ұсақ дүниелерінің бәрін суреткерше өрнектейді. Мұртазаев-жазушының қаламынан шыққан қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет», «Жанпида» шығармаларының қазақша аудармаларын осы тұста елемей кетуге болмайды. Бізде, шынымызды айтсақ, аудармаға көңіл бөлінбейді. Көңіл бөлінбейтіндіктен, аудармалар өз деңгейінде қазақшаланбайды. Классик жазушылардың шығармаларын әркім, шамасы жететін-жетпейтініне қарамай, қазақ тіліне аударып жатады. Осындай ахуалдың кеселінен керемет аударылған дүниелер елеусіз, атаусыз қалады. Ал қазақшаға аудару үстінде аудармашының көп жәйді үйреніп тер төгетіні, көркем сөз игілігін байыта түсетіні, оның суреткерлік шеберлігі толысатыны айдан анық. Оның үстіне өз деңгейіндегі көркем аударманың әдебиет қорын толықтырар байлығы мол.
Бұл жолда шынайы суреткердің өнер киесінің алдындағы ар тазалығы басты роль атқарады. Аудармаға өзінің төл перзентіндей сезіммен қараған Мұртаза-аудармашының кейде автордың өзінен асып түсіп отыратын, қазақша жазылған көркем шығармадай оқылатын «Боранды бекеті» мен «Жанпидасы» Шыңғыс ағамызды онсыз да жақсы көретін қазақ оқырманын «Айтматов қазақша да мықты екен-ау» деген ризашылық, ықыласқа бөлейді.
Мықты жазушылар әдетте аудармамен айналысуға уақытын да, қуатын да қимайды. Бұл заңды көңіл-күй: сезімі мен күшін, мезгілін біреудің шығармасына бергенше, өз дүниесін жазуды ойлайды.
Шерхан-жазушы өз шығармаларын жаза жүріп, жарты қуатын Шыңғыс туындыларын аударуға қиды.
Көбіміз заман кеңіген сайын өз қара басымыздың қамы мен қамытынан аса алмай жүргенде, аударма саласында осынша еңбек етуге тек әдебиеттің үлкен биігін ойлай алатындардың ғана тәуекелі жетеді.
Уақыт кезеңдерінің күндік ұранын айқайласып өмір сүруге біздің көбіміздің етіміз үйреніп бара жатқандай: күні кеше олай сөйлегендер бүгін былай сөйлеп, тапа-тал түсте жағаңды ұстатып таңдандырады. Күні кеше біреулердің сойылын соғып, соғым жеп жүргендер бүгін түтінді ауылдың тұсынан сайрайды.
Барлық кезеңде, бар патшаның тұсында, жалпаңдамас, жылмаңдамас бір жол бар. Ол — ақиқат жолы, шындық соқпағы. Шындық соқпағының шытырманы көп: жан-жағынан анталаған арқар мүйіз жалаңтөс жалаңаш құздар, тікені мен бұтағын ажыратып болмас қараған тектес өсімдіктер, оның ара-арасында бұқпантайлаған, бір қауіпті кереметтер...
Шерхан Мұртазаев даңғыл жолмен дабырлы да дүбірлі тірлікке бас қойып, қамсыз ғұмыр кешер мүмкіндігінің бәрін Қызыл жебедей дір-дір еткен шындық соқпағының қатерлі сапарына айырбастап, бір сәт те сыр бермей жел өтіндегі құзар шыңға тура келе жатыр. Біреулер бұл соқпақпен жүруін жүрсе де, о бастағы болмыс-қасиетін шапынының өңін айналдырғандай оңдырып, шындығының қадірін қапелімде жоғалтып алады.
Суреткер ретінде де, Азамат ретінде де адалдық, бауырмалдық, жығылып жатқанға жанашырлық секілді о бастағы адами қасиеттерінен танбай, тасып тасқындамай немесе сарқылып суалмай, өз-өзінен оқшауланбай, Көксайдың жолындағы іші қуыстанып, беті кеуектенген күртіктей опырылмай, шындықтың соқпағы тағдырлас болмыспен келе жатқан Шерхан ағамыз бүгінгі таңдағы іші де, сырты да қырық құбылып жатқан заманда менің көзіме сонау ертеде, қазақты Қазақ атандырған дәуірде туып, қазіргі қазақтарға үлгі етер тұлға боп көрінеді.
Мен бұл мақаламды қарындастық ілтипатпен аяқтап, былай дегім келеді:
Өмірдің сәттері көп жанды азаптар,
өнегем аздау ұрпақтарға мақтар.
Сонда да шүкір деймін қалғанына
даламда қадау-қадау нар қазақтар.
Маңайға жуықтатпай жай қараны,
тірексіз оты жасты қайрар әлі.
Сіз де бір — алтын қазық. Ол қазыққа
қанатты арғымақтар байланады.
«Шерханның шәкірттері екен білдей!» —
деп қарар ел бізге деп, бекер жүрмей,
дардаймыз өзімізше, қадірімізді
жүрсе де біреу біліп, екеу білмей.
Туғанда даламызға жаңарар шақ,
Сізге сын, біз түтіндеп шала жансақ.
Елдіктің Сіз көтерген шаңырағына
арман не бір уық боп қадала алсақ.
Бұл қазақ сан құзырдан күйік шеккен,
қырық ру қырандарды жиып шеттен,
Шер-аға, Сіз ғанасыз бұл қазақта
жерлестік, жүз дертінен биік кеткен.
Ойыңыз — ел мүддесі, дарын қамы,
Сіз жоқсыз даурығуға, дабырға әлі.
Сөзі ірі, ісі майда көп мықтының
өңі — жас, қырық қыртыс қарындары.
Заманның кешсеңіз де сын мұздағын,
бір сәтке бұзбадыңыз шындық заңын.
Періште болсам бір сәт кеудеңізге,
тағар ем көктің жақұт жұлдыздарын.
Шығады үнім ерек неге менің?
Кезеніп жауға Қызыл жебелерін,
арманда кеткен ұлы бабалардың
жұлдызды көпірімен келеді елім.
Аршыған шөл даланың сан бұлағын
ұлына ел арнар нәрін бар мұраның,
қазақтың әр ауылы отыр бүгін
Сізге деп қалған бір-бір арғымағын.
Мінгізер қызға жорға, балаға — тай,
аталар дәстүрінің ғаламаты-ай!
Мен бүгін ақ тіледім: бақытыңмен —
халқыңмен жаса бірге, нар ағатай!
1992
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі