Көпшілік тарих ғылымын қазіргі кезге дейін марксизм парадигмасында қабылдайды. Ал біз білуіміз керек: ХХ ғасырдың ортасынан бастап Батыста «антропологиялық бетбұрыс» деп аталатын парадигмалды құбылыс орын алуына байланысты әлеуметтік тарих, мәдени антропология, микротарих, психотарих, діл тарихы және т.б. бағыттар қарқынды дами бастады. Замануи университеттерде тарих ежелден мәдениеттану, әлеуметтану, психология және т.б. көптеген сабақтас ғылымдармен біріктірілген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғары білікті тарихшыларды дайындау заман ағымына ілесуде. Бакалавриат, магистратура және докторантураның оқу жоспарлары мен бағдарламаларына жаңа перспективалық курстар, соның ішінде пәнаралық көзқарасты көрсететін курстар енгізілуде. Белгілі тарихшылар, ғылым докторлары мен профессорлар тарапынан дәрістердің жаңа курстарын әзірлеуде, соның арқасында отандық тарих ғылымын дамытуда, оның теориясы мен әдістемесін жетілдіруде сапалы серпіліс байқалады.
Пәнаралық синтездің бір көрсеткіші болашақ жас тарихшылардың «тарихи психология», «діл (менталитет) теориясы» сияқты бағыттар бойынша жаңа білімдер кешенін игеруі болып табылады. Психология тарихы мен халықтардың санасы контексінде зерттеуге байланысты бұл бағыттар Батыста қалыптасып, соңғы онжылдықтарда Ресейде сәтті дамып келеді.
Неліктен тарихшылар психологияны білуі керек және тарихи өткенді жақсырақ зерттеу үшін бұл ғылымдарды қандай тұрғыдан біріктіру қажет? Белгілі жәйт, тарих ғылымы халықтар арасында болған соғыстар мен әлеуметтік қақтығыстармен де айналысады. Қазірдің өзінде, яғни өркениетті ХХI ғасырда Ресей мен Украина арасындағы жауластық біздің көз алдымызда басталады... Өкінішке орай, адамзат тарихында көптеген қақтығыстар, геноцидтер, терроризм орын алады. Ал сол соғыстардың себептері мен факторларын тереңірек талдау үшін психология ғылымының жетістіктерін де пайдалану қажет. Сондай-ақ қазақ халқы өз тарихында Ашаршылық, миграциялар, қуғын-сүргін, ұлттық кодтан айыру сияқты тым көп қасіреттерді басынан өткергені даусыз.
Кезінде атақты психолог К.Юнг, сонымен бірге АҚШ пен Батыс Еуропаның «трансперсоналды психология» (transpersonal psychology) саласының кейінгі сарапшылары әр адамда сананың жеке құрамдас бөлігінен басқа, тұлғадан тыс (орысша:«добиографический») көмескі компоненттері бар екенін дәлелдеген болатын, атап айтқанда, ол – пренаталдық (құрсақтағы кезең) және «ұжымдық» этникалық сана. Көбінесе ұжымдық сананың осы «қоймаларында» жинақталған жағымсыз ақпараттар қазіргі ұрпақтарының сана мен мінез-құлықта «жаңғырық» жасай алады (ата-бабалардың алған психологиялық жарақаты, іске аспаған агрессия және т.б. түрінде). Кейде қазіргі адамдар бойында бейсаналық, түсініксіз эмоциялар немесе суицидтік тенденциялар пайда болуы мүмкін, олардың себептерін белгілі бір адамның жеке психологиясы мен өмірбаянынан ғана емес, сонымен қатар генетикалық код, тұтастай этностың психикалық проблемаларынан іздеу керек.
Жалпы, біз кәсіби тарихшылардың XX-XXI ғасырдың басындағы әлеуметтік психологияның, трансперсоналды психологияның негіздерін білу қажеттілігі туралы айтып отырмыз. Сонымен, КазҰУ-да тарихшыларға арналған бакалавриаттың оқу жоспарында «Тарихи психология» базалық курсы оқытылады. Жас докторанттарды даярлауда білім сапасына көп көңіл бөлініп, «8D02206 – Тарих» мамандығы бойынша докторантураның оқу бағдарламасына соңғы жылдары «Тарихи психология контексіндегі қазақ ділі (менталитеті)» пәнін енгізіп, сынақтан сәтті өтті.
Пәнаралық сипаттағы «Тарихи психология контекстіндегі қазақ ділі» курсының мазмұнында алғаш рет қазіргі психологиядан, діл теориясынан, мәдени антропологиядан заманауи білімдерді қазақ тарихы материалдарында қолдануға талпыныс жасалады. Курстың ерекшелігі жаңа әдістемеде, дереккөздерінің әртүрлілігінде, шетелдік зерттеулерді кеңінен пайдалануында.
Тарих динамикасында қазақтардың ұжымдық ой-санасын, мінез-құлық модельдерін зерттеуде қазақ фольклорының материалдары, көне түркі мифологиясы, көшпенділердің ауызша тарихы, ақын-ағартушылар шығармалары белсенді түрде пайдаланылатына көңіл аударғанымыз жөн. Сонымен бірге түркілер мен қазақ халқының менталдық тарихының негізгі сипаттамаларын белгілеу мақсатында синтез, критикалық өңдеу, герменевтика, т.б. тәсілдер қолданылады.
Бұл курстың қызықты идеялары – көшпелі жауынгердің көне түркі менталитетінің ислам факторы мен сопылық ағымның әсерінен аздап өзгеріп, күрделенді деген идея; Ресейдің аймақты отарлау және жаңа модельге күштеп бейімделу дәуірі ұжымдық сана үшін жағымсыз және сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер де әкелетін фактор болды деген тезис. Сондай-ақ мынадай маңызды қорытынды шығады: халықтың ұжымдық менталитеті өте-мөте консервативті құбылыс болғанымен (Юнг психологиясынан «ұжымдық бейсананың» күші туралы белгілі), соған қарамастан, тарихи контексінде қарастырған кезде ұжымдық сананың белгілі трансформациялары мен модернизациясы орына алатыны анықталады. Сондықтан Абай және «Алаш» ағартушылары белгілі бір кезеңде ескірген әдет-ғұрыптар мен ескі менталитетті қайта қарап, жаңашылдықты ұстамдылықпен қабылдауға шақырды.
Назира Нұртазина,
тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби ат.ҚазҰУ
Қамза Айнұр,
PhD докторант, Әл-Фараби ат.ҚазҰУ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі